Саулық негізі: себеп-сіз

 

 «Қыз тәрбиесі – ұлт тәрбиесі» деген халқымыздың тәрбиелік мәні терең даналық сөзі қыз баланың болашақ ана, отбасының ұйытқысы, ұрпақ тәрбиесінің негізін қалаушы екенін аңғартса керек. Жаратылысынан нәзік, тез еліктеп, тез көнгіш қыз баланың тәлім-тәрбиесіне, әдеп-мәдениетіне үлес қосуды мақсат еткен «Сенімен Болашақ» РҚБ Алматы филиалының кезекті семинар-тренингі Әуезов ауданындағы №141 ЖББМ қыздарымен өтті. 9-11 сынып оқушылары қатысқан семинарды директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Успанова Айгүл Қазбекқызы ашып, маңызын, мақсатын түсіндіріп өтті.

Филиал жетекшісі М.Мәулетқызы заманауи қазақ қызының иллюстрациясы арқылы қыздардың әлеуметтік және этноәлеуметтік рөлін талдап, көшбасшы бола жүріп ұлттық құндылықтардан да алыстамауын, болашақ ана, жар қазірден бастап сай болу керектігін жеткізді. Қыз баласына тән бұрынғы бабалар ұстанған тәрбиенің бүгінгі жолына, бағытына тоқталды. Ару, қылық деген сөздерге талдау жасай отырып, алшақтап бара жатқан тәрбие негізін тарқатып өтті.

Семинардың негізгі спикері физиолог, биолог, нутрицолог, «Сенімен Болашақ» РҚБ эксперт-жанашыры Еркежан Маратқызы қыздарға денсаулықты күту, дұрыс тамақтану, жеке бас гигиенасы және ерте жүктіліктің алдын алу туралы маңызды мәліметтер берді. Қыз балалардың физиологиялық және психологиялық ерекшеліктерін түсіндіріп, репродуктивті денсаулықты сақтау жолдарын жіктеп берді.

Қатысушылар өздерін толғандырған сұрақтарын қойып, маманнан пайдалы кеңестер алды.

Инабат Алжигитова, 9 «ә» сынып оқушысы:

— Қазіргі таңда ақпарат өте көп. Қайсысы дұрыс, қайсысы бұрыс екенін біле бермейміз. Тіпті қажетті төсеніштердің де пайдасы мен зиянынан хабарымыз аз. Бұл семинарда соның бәрі ашық айтылып, жан-жақты ақпарат берілді. Өзіме қажетті ақпараттарды санама тоқып алдым.

Жұмашева Ғазиза Қарағұлқызы басқаратын мектептің қыз тәлім-тәрбиесіне негізделген іс-шарасы өз деңгейінде өтті.

М.Маулина

 

 

 




ПІКІР ЖАЗУ