ТЕРГЕУ
Телефон шылдырлаған сайын жүрегі аузына тығылады. «Теміржан, сені сұрайды» десе зәресі қалмайды. Кейде телефонды өзі көтергенде орысша сөз естілсе тіптен шошып кетеді. Бәрінен де жаманы – күпті көңілмен қорқынышты хабарды үрейлене күту екен. Серік о баста-ақ ескертіп қойған: «Сенің суретің бар. КГБ шақырады. Сақ бол» деп. Әсіресе мұның «эмоцияға салынбауын» көп тәптіштеп, «Өзіндік пікіріңді білдіруші болма!» деп қайта-қайта тиянақтады.
Иә, бұл тергеуге шақыруды күтіп жүрді. Қорқып күтті. Қорықпағанда. Бір алапат ауан бар. Күдікке ілінбеген жан кемде-кем. Көп адам шақыртылды. Студенттерден де, зиялы қауымнан да, қарапайым жұмысшылардан да ұсталғандар көп. Олардың тағдыры не болары белгісіз.
– Сіз мені тыңдап тұрсыз ба? Кешікпеңіз, – деді.
– Жарайды.
Біртүрлі тамағы құрғақсып кеткендей. Содан ба, үні тым құмығып шықты. «Жарайды» деді. «Бармаймын» деп шіренерлік халі бар ма. Бірақ телефонды қоя сала-ақ, бірден:
– Мені КГБ шақырып жатыр, – деді түк болмағандай.
Кабинет толы жанның біреуі сөйлесейші. Бәрі үн-түнсіз. Үдірейісіп отыр. Үрейленіп отыр. Ақырында дабырласып кетті.
– Сен көзге түсіп қалғансың ғой.
– Бүлдірген ештеңең жоқ, оны-мұны сұрап, жібере салар.
– Әншейін бопсалағаны болар.
– Иә, қорқыту үшін шақыртқан шығар.
– Абдырама барғанда. Сен кісі өлтірген жоқсың. Алаңға барғаныңды жасырып, әуре болма, онсыз да біледі. Не айтсаң да ойланып айт, сөзіңе абай бол! Бір айтқан сөзіңнен танба! Тансаң, өзгертсең – құрисың!
– Сен – журналиссің ғой, көру үшін бардым де. «Тәртіпсіздік, ұрыс-керіс болмасын» деп жұртқа басалқы айттым де. Не айтқаныңды біреу тыңдап жүрді дейсің бе, солай дей бер. Өз пікіріңді айтам деп қағынба! Кейде өзеуреп кететінің бар ғой, өйтпе! Пәленбай мың адам жиналып, жабылып жүріп дәлелдей алмаған шындық пен дұрыстықты тергеушінің алдында отырып сен дәлелдей алмассың. Босқа арандап қаласың! Тергеушілермен ерегісіп, дәлелдедің не, дәлелдемедің не – бәрібір. Оларға да тапсырма берген. «Кінәлілерді тезірек тап!» деп күнде желкесінен шұқып отырса… жанын салмағанда қайтсін! Кейбір кеуекбастар осы оқиғаны алдын-ала ұйымдастырған тірлік деп ақымақ болып жүр. Ұйымдасса… Бұдан да күшті болар еді! Біздің халық ұйымдаса алмай сорлап жүр емес пе.
– Бүкіл қалада төбелес боп кетпесе екен деп қорыққанымыз рас қой. Соны айт. «Екі жақта да түсінбеушілік болған шығар» де.
– Қой, ойбай, «Екі жақ» дегенді айтпа. «Екі жақ» деп! Бәлеге қаларсың! Одан да «Жұрт бір-бірін түсіне алмай қалды ма» дей сал.
Бұл қауым – жанашыр қауым. Он жетісі күні қаны қызып, ақырында шыдай алмай алаңға барған. Істің ақыры жаманға айналғанын көргенде өртеніп кете жаздаған сабаздар. Мэлс Байсамбаев бірер европалықпен сөзге келіп қалады. Әріптестеріне «Немене, табалап тұрсыңдар ма?!» – деп зірк етеді. Аналар қарап қала ма: «Қайтіп тұрғанымызда шаруаң қанша!» – деп шаптығады. Жайшылықта ондай неменің аузын аштырмас еді. Қазір өйтерлік күш жоқ. Бүгіндері европалыққа, әсіресе өзін орыспын дейтін екіаяқтыға абайлап сөйлемесең бәлеге қаласың. «Еліргендердің біреуі» деген жаманатты жамылып, заң орындарының да, қоғамның да қырына ілігесің. Сондықтан қазақтардың бұғуы көп. Бірақ Мэлс бұғып қалмайды. «Құтырмай жүріңдер!» деп айтып тастайды. Сол екі күн кімнің кім екенін көрсетіп берді. Әсіресе аңқылдақ қазақтың көзі ашылды. Дос көрген «қонақтарының» да, Серікшелеп айтқанда «дыруктарының» да сын сағатта қандай жауыздыққа баратынын жақсы біліп алды. Теміржанның көп қандасының ішіне қан қатқан. Бүгінгі сыңарезулеген саясаттан қорқып, бір жағы сырттай сыпайылық сақтағанмен, қандай жайға да тек ұлттық тұрғыдан қарайтын бір өзгеше ауан пайда болды. Әлдеқандай шаруасы әлдекімге тірелсе әуелі кім екенін біліп алады. Қандасы болса қанына тартуы керек, ал орыс («жексенбі», «аққұлақ») болса – жат пиғылды адам. Теміржан он сегізінші желтоқсанға дейін оларды дос көріп келмеді ме. Сөйтсе… Дос санап жүрген «қонақтары», «дыруктары» мұның басына іс түсіп еді, әңгір-таяқ ойнатып шыға келді! Өлсе ұмытар ма! Өлсе кешер ме! Ендігі бар ғұмырын досы кім, дұшпаны кім – соны айтып өтуге арнар. Тек соған мына алмағайып заман мүмкіндік бере ме. Аузыңды аштырмайды. Құлашыңды жаздырмайды. «Күші жеткен алып та жығады, шалып та жығады» деген рас екен, «күштінің арты диірмен тартты» да, қазақты төмпештің астына алды, тіпті бір-біріне айдап салып қор қылды…
Ал адамдар ызақор болып кетті. Әрі үрейлі еді. Көбісі сақ. Тым сақ. Теміржанды да сақтандырған. Бұл-дағы бұрынғыдай емес, сақ жүретін болған. Жау сыртта емес, өздерінің ортасында екенін білгендіктен өзін жинақы ұстай бастады. Әркімнің ауанын байқайды. Әсіресе үкіметтің қырына іліккен жігіттер мен қыздардың жайына көбірек құлақ түреді. Көп әңгіме естіді. Сырлас замандастары, ақындар Мейірхан Ақдәулетов пен Аманхан Әлімовтің жайына да жақсы қаныққан. Өлесі болып таяқ жеген Аманхан бәлеге шатыла жаздады. Мейірханның екі қабырғасы сынды, партиядан да, жұмыстан да шығарылғанда қаншыл азаматты бірде-бір қазақ қорғап қала алмағанын есітті. Актер Тұңғышбай Жаманқұловтың өлімші болып таяқ жегені аздай, күн сайын тергеуде жүргенін де білген. Музыка радакциясындағы композитор Хасен Қожахметовтен де жауап алып жүр екен. Жалпақ жұртқа аты белгілі азаматтар да, аты ауылдан шықпаған адамдар да – шетінен қудалана бастаған. Қазақ телевизиясының әр түрлі редакцияларында істейтін бір топ бойжеткен қыспаққа алынды. Жақында партбюрода мәселелері қаралмақ. Еңбек кітапшаларына арнайы белгі соғып, масқара қылып жұмыстан шығарады. Одан әрі заң орындары айналысуы мүмкін. Егер коллектив немесе партбюро қорғап қала алса жұмыста қалуы да ғажап емес.
Теміржан осылардың бәрінен хабардар. Бұдан басқа да көптеген жаманат хабар дүңкілдеп естіліп жатты. Небір белсенділер шықты білегін түрініп, белін таянып. Әсіресе осы Телерадиокомитетке қарасты коллективтен шыққан қызылкөз бәлелердің екпіні жаман. Рыжкова, Валяева, Дарюхина дегендер «бұзақылардың көптеген бейбастақтығын» көзімен көргендерін айтып, куәлікке жүре бастапты. Қазақтар ондай мысықтілеу пысықайларға сыртынан кіжінгенімен ашық қарсы келе алмады. Көп қазақ өзге ұлт адамдарына, әсіресе европалықтарға секемдене қарайтын болған. Тіптен етене араласып жүрген жақыны немесе әріптесі болмаса кез-келген қазаққа да сене бермейді. Бұрынғыдай іш ашысу жоқ. Тек күнделікті жұмыс жайын сөз еткен болады. Бәрінің де ішінде улы жара бар. Оны «жара» деп айтуға тыйым салынған. Сол жара ушығып барады. Емі жоқ бәлекет сияқты. Ол тек бауыр-жұрт «шақырылмаған қонақтардың», «дыруктардың» үстемдігінен біржола азат болғанда ғана жазылуы мүмкін. Әзірше кек қайтарудың да, азаттықтың да ауылы алыстап кетті. Кекті де, азаттықты да ойлатпады сұм заман… Қаһары қатты заман шіркін аямас бетке ауысып, қысастана өшігіп, қысып барады. Сол зұлматтың нәубетінен өзге замандастары секілді Теміржанның да екі өкпесі сығылған.
Онсыз да намыс пен қорлықтан өртеніп өлгелі жүргенде мына шақырту – қаһарлы қыспақтың қаусырықты ноқтаны қыса түскен зілі секілді сезілді. Көңілі алабұртып, жұмыстың аяғына дейін абыржумен жүрді. Не істеп, не қойғанын білмейді. Өмірінде КГБ дегенге барып көрмепті. Әсіресе, мынадай тым шетін мәселеде, алмағайып кезеңде тыңшылар ордасына бару… Теміржан үшін тым қорқынышты да қауіпті еді. Алапат өрттің бет қаратпас жалыны күйдіріп жібермесе жарар еді!.. Талайлар сол отқа өртеніп кетті. Түк жазығы жоқ жандар. Солардан әулие емес шығар. Босқа күйіп кетпесе неғылсын! «Машина апатынан өлу – ең бір абыройсыз, мағынасыз өлім!» деуші еді Теміржан. Егер осыдан қырсық шалып, абақтыға айдалса – нағыз абыройсыз, қасиетсіз жаза сол болар. Жазықсыз жапа шегеді!.. Бұған салса мұны тергеуге шақыртудың еш қисыны да, жөні де жоқ. Бірақ шақыртып отыр. Яғни бір қисын тапқаны, бір жолға сыйғызғаны. Бұл күндері қисыны бар ма, жоқ па, заңға қайшы емес пе, әсіресе адамгершілік пен ізгілікке бұрыс емес пе, әдепсіздік емес пе, ар-ұят не дейді – бұл жағына бас қатырып жүрген ешкім жоқ тәрізді. Ар-ұят жайына қалып, өмір шіркін кеше мен бүгіннен ғана емес, ертеңнен де тұратыны мүлдем ұмытылып кеткендей. Адамдар ақырзаманда тірлік кешіп жатқан сияқты… Әсіресе «шақырылмаған қонақтар» және соларға жәреукеленген азғындар мен пысықайлар келешекті біржола жылы жауып қойғандай. Теміржанның жауы солар екен. Осыған көзі жетті. Бірақ жау да болса адам ғой. Өзі секілді екіаяқты ес иесі. Ертеңін ұмытқаны қалай? Саясаттың сойылын соқсын, бұрынғы қараулығы мен үстемдігін баянды ете түссін, алайда ертеңді ұмытуға бола ма? Әділет үні бес ғасырдан кейін болса да естіледі. Әйтеуір бір айтылады ғой. Ерте ме, кеш пе — айтылмай қалмайды. «Бұ дүниенің қысастығы о дүниеге кетпейді» деген бар. Сол зауалды неге ойламайды бұлар?
Ондай күнді көре алмаспын, оған ғұмырым жетпес деп ойлайды. Өйткені, таңның өзі түгіл, нышаны да жоқ. Қараңғылық қоюланып бара жатқандай. Қорқынышты көңілі Теміржанға осындай улы ойларды да көп ойлатқызады.
* * *
Дүние шіркін жазалау машинасының алдында жаны қалмай қалтырап тұрғандай. Кім-кім де сол аяусыз тажалдың тырнағына ілігіп қалмауды ойлап жанталасып жүр. Мұның да іліккісі жоқ. Құтылғысы келеді. Ажал-машина бұған да ауыз салыпты. Баяғыдан-ақ тісін қайрап жүр екен. Тек айдаһар болып жұтудың, пәршелеп тураудың сәтін ғана күткендей. Тағатсыздана тосыпты.
Осыларды ойлағанда зәресі ұшады.
Батыр емес еді. Шешесі Бибісара да, нағашы атасы Атшабар палуан да аса жүректі кісі болғанмен, анасына долылығы тартты демесеңіз, көп қыры әкесіне келеді. Алайда « қорықпас келін қой басынан қорқады» дейтіндей де адам емес, не болса содан үркектеп тұрмайтын. Әрдеңеге байыптап қарап, парқын білуге тырысады. Сөз ұқпас, аяушылығы жоқ дүлейліктен аулақ жүреді. Құдайым мына бес күнгі тірлікте ештеңені қасиет тұтпайтын жауыздармен ұшырастырмай-ақ қойсын деп тілейтін. Студенттік кезде шулы қаланың қараңғы көшесінде келе жатып сондай есіріктердің қолына түсіп қала жаздағаны бар. Ондайларға сөз ұқтыра алар ма, ұят-аятты айтып, ойлантып, бетін қайтара ала ма, босқа қор болар, мазаққа ұшырар. Тас қараңғыда жол тосқан жымысқылар дүлейліктің заңымен ғана әрекет етеді. Сондықтан олардан шапағат күтпе. Аяушылық күтіп иегің қышымасын. Ел көзінен тасада ойына не келсе соны істеуден тайынбайды олар. Теміржан, міне, сондайларға ұрынып қалмауды тілейтін. Ал мына аса шетін жайдан – жаппай жазалау қауіпті құбылысқа айналған заманның қарау пиғылынан тіптен қатты қорықты. Бұл пиғыл – қараңғыда қапысын тосқан қарақшыдан да қатерлі, одан да қаһарлы, айлалы, зұлымдығы одан әлдеқайда асып түседі. Амал-айласы да. Екеуі де дүлей. Бірақ анау жасырын әрекет етсе, мынау «Ал қайтесің! Сенен келген керді көріп-ақ алайын!» дегендей, бәрін көрсетіп істейді. Тал түсте. Ашықтан-ашық. «Басынам, қайтесің!» дегендей. Мұның дүлейлік екенін айта алмайсың. Айтпақ түгілі, сөйтіп ойлайтыныңды білсе басыңа бәле төнеді. Көзің жұмылғанша көрге өзіңмен бірге кірер жаманат таңылады. Сол бәле тағдырың болып жармаспақ. Бәлелі тағдырыңмен өзіңді ғана емес, күллі туыстарың мен жолдас-жораларыңды да сорлатасың. Ең қорқыныштысы – жазықтыға балап, соттай қалса «мемлекетке қарсы шығып, отанға опасыздық жасады» деген аса ауыр айып тағылады. Сонда Теміржанды өзінің жақындары, тіптен балалары да түсінбейтін болады, түсінбек тұрмақ жек көріп кетуі мүмкін. Мемлекетке қарсы шықпағанын, отанға опасыздық жасамағанын қайдан білсін. Ол бейбақтарға «солай да солай» деп насихат етеді. Турасын айтқанда, азғырады. Иланбай қайда барады. Бұл-дағы осы уақытқа дейін не болса соған ұйып, бас шұлғып келді ғой. Мәселен, «біздің өкімет – ең әділ өкімет, біз – балажан елміз, дүние жүзіндегі бейбітшіліктің тірегіміз, халықтар – бір-бірімен дос» деген сөздерге шынымен-ақ сенді. Сол сенімі діліне айналып кете жаздады. Ал көкесі: «Өкіметтен опа күтпе. Өзінікі деп аузы бір қисаймасын, аузы қисайса халыққа жөн бе, жөн емес пе, оған пысқырмайды да» деуші еді. Қалай дәл айтқан! Өкімет дегеннің шын бетін Теміржан енді көрді. Күллі халықты бір-біріне аңдытып, бір-біріне қара күйе жаққызып қойды. Міне, бұған да қатер төніп тұр. Қара күйе жұқса өмірі кетіре алмассың. Ақтығыңды дәлелдеуге мұршаң келмес. Ондай масқара атаққа ұшырап, өмір сүруі неғайбіл. Өзіне-өзі қол салуы мүмкін.
Теміржанның осындай жаһал ойы да өзімен бірге ере келіп еді. Есік аузында сымбатты күзетші тұр екен. Жылы жүзді қазақ жігіті. Амандасқан соң жөнін айтып еді, анау ештеңе білмейтін болып шықты. Бұл қуанып кетті, күзетшіге қарап жайдарылана күлді.
– Біздің әзілкеш жігіттердің бірінің тірлігі болды-ау. Тоқсынның шығарып жүргені болар. Әркім-әркімнің дауысын салып ойнайтыны бар еді, – деп арқасын кеңге сала бастады.
Ал күзетші ләм деген жоқ. Бұл болса одан сайын көңілденіп, ананы сөзге тартқысы келді. Тегінде қағылез жан еді, аяқ астынан қуанып, желпініп шыға келді. Алайда қасындағысы елігер емес. «Ешқандай шақырту болмаған ғой. Неғылады мені тергеп. Тоқсынның ойыны да» деген ойды малданғаны соншалық, сол Тоқсын Құлыбековтың өзінің де басына іс түсіп, пұшайман болып жүргенін ұмытып кетті. «Суға кеткен тал қармайдының» кебін киген сорлының көңілі түртінектеген соқыр күшік секілді ме, әйтпесе, қанша жерден әзілқой болса да белгілі әзілкеш Тоқсынның да бұл күндері қалжыңдайтын жағдайы жоқ. Тұңғышбай Жаманқұловтың ісіне байланысты республикалық прокуратураға қайта-қайта шақыртылып, басы қатып, қорқып жүргенін жақсы білетін. Тегінде, Тоқсын – барынша ақжарқын, жайдарман жігіт, сол мінезін ойлап үміттенді ме, әйтеуір мына тірлікті «соның ойыны» деп тұжырды. Сол өз тұжырымына кәдімгідей-ақ сеніп қалды. Содан да ғой, күзетшінің «Күте тұрыңыз, адам шығып қалар» дегеніне соншалық мән бере қоймағаны. «Кім шығар дейсің. Қазір-ақ қайтам ғой» деп ойлап, көңілді күйін бұзбай, кідіріп қалды. Мұны шақырмаған! Не істемек шақырып? Тоқсынның ойыны бәрі де. «Ой, сабаз-ай, шығармайтыны жоқ.» Өстіп өзін-өзі қуантып тұрғанда іштен бір қазақ жігіті шығып, «Сіз – Момпайұлысыз ғой» дегенде үндеместен қатты да қалды. Тасып тұрған көңілі су сепкендей басылды. (Әкесінің екі аты бар: Бірі – Асан. Екіншісі – Момпай.)
Әлгі жігіт абажадай үлкен кабинетке кіргізіп, отырғызып қойды да өзі шығып кетті. Үрей буып бұл қалды. «Бәрі рас екен! Суретімнің бар екені де, тергейтіні де рас боп шықты!» деп шошыған.
* * *
Бір сәт «қой, абдырай бермейін» деп өзін-өзі сабырға шақырып, нықтанған болады. Бірақ ішкі қорқынышын жеңе алар емес. Дүлейліктің қандай масқараға ұшыратарына әбден көзі жетіп еді. Соның зілі мен айбары-ақ зәре-құтын қашырып барады.
Бүгін – туған күні, отыз үшке толды. Осы жасына дейін бір рет те тергеуге түсіп көрген емес. Жайшылықта да «Құдайым милиция мен дәрігерге күнімді түсірмесін» деп тілек етуші еді. Дәрігердің алдына талай мөлиіп барғанмен, милицияға күні түспепті. Оларға пенде болған жері жоқ. Қоқырайған кепкісін де суханы сүймейтін, көргенде қарадай тыжырынып тұратын сол милициясы да былай қалып, одан да зорымен ұшырастырған тағдырдың қырсығын қараңыз! Теміржан үшін КГБ деген – тылсым күш, үрейлі бірдеңе болатын. Ал күллі дүние мемлекет ішіндегі мемлекет деп білетін бұл жұмбақ та қатерлі мекеме Теміржан сияқты ашықауыздарға ғана емес, небір тісқаққандарға да тылсым бәлекеттей сезіледі. Айналып кеп соның шеңгеліне түсті. Және қандай күдікпен, қандай іске байланысты келіп отыр! Тырнақ астынан кір іздеп ұшынып тұрған заман болса мынау! Егер сол тірлікке қатысқаны және ішбұрғаны үшін КГБ айыпты дейтін болса, онда шынымен-ақ айыпты. Айыпты болғанда қандай! Қатысқаны да, ішбұрғаны да, тіпті жүрегі жарыла жаздап қуанғаны да рас. Рас, бәрі де рас. Жалғыз бұл ғана емес, талай жазықсыз жандар айыпталып, қара есекке теріс мінгізілді. Таяққа жығылған да көп, өлім құшқан да аз емес. Солардан әулие ме, көптің бірі болып ит қорлыққа түсер, сотталып су түбіне кетер.
Осындай қорқынышты ойларға малтығып, тұралап отырғанда әлгі жігіт кіріп, бір кішкентай кітапшаны мұның алдына ысырып қойды.
– Әуелі мұқият танысып шығыңыз. Өте мұқият қараңыз! Мына беттерді жақсылап оқыңыз!
Көрсеткен тұсты оқи бастап еді, суық, жат сөздер маңдайдан соққандай бедірейіп тұр. Тек ақиқатын айтуға міндеттейді. Бір өтірік қосса – қылмыскер! Бұрынғы қылмысына қылмыс жамалады!
Мыналардың беті қатты, сұсы жаман. Ескертулері қатаң. Теміржан жұтынып, тамағы құрғап, шошына берді. Жүрегі аузына тығылғандай. Бәрі де «бұлтақты қой, мойныңды бұрап жұлып аламыз!» деп ашықтан-ашық кәрленіп тұрғандай.
Шапшаң ойлайтын жігіт еді. «Бұларға керегі қандай шындық екен? Масқара болып қан жұтқан жастардың таяқ жегенін көрмедім деуім керек пе? Жоқ, әлде, ақкөңіл, ақкөз бауырларын ұрған жаналғыштардың аюандығына сүйініп тұрдым дейін бе!» деген ызалы ой да бұрқ ете түскен.
Мұндағы шүйліккіш немелерге қандай шындық керек екенін түсінбей дал. Әрі-беріден соң, ақиқат дегеннің не екенін пайымдаудан қалғандай еді. «Қиналғанда мені ойла» деп еді Серік досы. Жандәрмен күйге түсті. Серікпен қоса Сәниязбектің де бейнесі елестей кетті. Әсіресе Серік құрдасы бір жайды қайта-қайта айтып, қадап тапсырған. «Бала емессің ғой. Істің ыңғайын байқаған шығарсың. Түсінсейші. Ойлан жақсылап. Кез-келген мемлекет өзіне қарсы шыққанды да, бұра тартқанды да оңдырмайды. Жігіттердің арасынан алғаш қар лақтырғандар да, күндіз дүрлігіп жүргендер де – салпаңқұлақ арандатушылар. Түнге қарай оқпен жусатып сала ма деп қорқып едім. Бұрын талай атқан! Бір арандатушы қарды да, ағаштың сынығын да лақтырмай, Үлкен Үйге қарай бір оқ шығарса бітті, онда оққа – оқ! Қырып салар еді! Қайта Құдай қақты, оқ қолданбады бұлар. Халықты ойыншық қылып отыр. Баяғыдан осылай. Қай заманда да осылай. Соны орындаушы, ұйымдастырушы КГБ да, түптеп келгенде, ойыншық әншейін. Сол ойыншық басқа ойыншықтармен ойнайды. Мысық пен тышқанның ойыны сияқты. Тек мүдделерге орай мысық пен тышқанның орны ауысып тұрады. Сол көп ойыншықтың бірі – сенсің. Ол жерге адам емес, ойыншық болып баратыныңды ұмытпа. Жауап алып, тергейтін де адам емес, ойыншық, робот-пенде. Құлағын бұрасаң жүреді, сөйлейді. Олардың құлағын бұрайтындар да ойыншықтыр. Адам өмірі – ойыншықтардың ойындары. Сен де соларға сай ойыншық болуға, робот-пенде болуың керек. Адаммын деп ойлаушы болма. Біздің тілмен айтақанда, әртіс бол. Әйтпесе, құрисың! Әсіресе, өзіндік ойы бар адам болып көрінсең құрдымға құладың! Тындым дей бер! Сондықтан шын пікірімді айтам деп сорлап қалма. Сені тергейтіндер де қайбір жетіскеннен сөйтер дейсің. Оларды да қысады. Жоғары жақ өткендегіні ұйымдастырушыларды қайтсек те табамыз деп емеуірін білдірді. Бастық атаулы сол емеуірінді орындауға жанын салады. Тиісті орындар күнді күнге, таңды таңға ұрып безілдейді әлі. Ондайда қайтуің керек? Қосақ арасында күйіп кетпеуді ойла. Босқа сотталып кетсең кейін ақталғаның кімге дәрі? Өміріңді өксікпен өткізесің! Өйтіп қор болғанша қалай да тұзаққа түспеудің амалын тап. От басып қалма. Сен ешкімді ұрған жоқсың, рас қой.»
Серік досы бұдан басқа да талай жайды тәптіштеп еді. Әсіресе көп қадап айтқаны жаңағы болатын. Әкесінен ерте айырылып, кейбір әлімжеттіктердің тірліктегі арғы-бергі тамырларын қатарларына қарағанда ертерек сезген, табиғатынан зеректігі мен ширақтығы бұл қаламдасын көп замандастарынан мойын оздырып тұратын. Тіршіліктің оны-мұны жайларында да, шығармашылық ізденістерінде де осы Серік Байхоновқа арқа сүйейтін. Шын жанашырлығын сезгендіктен сөйтетін.
Ал Сәниязбек әріптесі қазіргі кейбір тергеулердің қалай жүріп жатқанынан кәдімгідей хабардар екен. «Сонда бір ағай істеуші еді. Сол кісіден естігенім. «Көп жігіттер абдырап қалады екен. Өмірі тергеу көрмеген де. Не айтып, не қойғанын білмейді. Біреулері өз-өзінен қорқып, қасындағысын қаралап шыға келеді. Кейде шамалы доңайбатқа шыдамай, жанындағысына күйе жаға салады». Ал біреулері керісінше «Бізді неге шеттен келген біреу билеуге тиіс?» – деп ерегісіп отырып алады. Өйтіп ерегіскендер бірден құрыққа ілініп кетіп жатыр. Көзсіз тегі, компромисс дегенге жоқ. Тым аңқау, ақкөз барып тұрған. Сол сорлылар босқа күйіп кетіп жатыр. Өзін жақсы, сабырлы ұстаушылар да жеткілікті. Ондай сабаздар небір тісқаққан тергеушілерге де ішін алдырмай жүр. «Бізде жыланның аяғын көрген қулар да бар, соларды да аяғына отырғызбайды» – дейді ағай. Е, бұл нәубет қазаққа бір ауыр сын болды-ау. Ауыр сын! «Жазалаушы араластырғаны, қару қолдандырғаны, жасақшыларды құтыртқаны» – Қалдыбайға минус! Мүлт кетті ол! Қатты қателесті! Беделі түсті! деген Сәниязбек. Бұл ішінен «Ой, соның беделін ұрып қойыппын!» деп тыржың еткен.
* * *
Алматыға аяқ басқаны жетпісінші жылдың жазы ғой, сонда байқағаны – аз болған соң ба, кейбір үлкен кісілер облыс-ауданын да, ру-тайпасын да емес, телефонмен сөйлескенде аты мен ұлтын ғана айтады, мәселен, Пәленше деген қазақ қой дейді немесе Пәленше ағаң, Пәленше інің деп жатады. Алматыдағы көп қазақ орыстарды бұрыннан-ақ «жексенбі» деп астарлаушы еді. Ендігі жерде «декабрь» десек түсініп қояды деп ойлап «желтоқсан», ал Горбачевті Таз, Қалдыбай дейтін болған. Жазушы Тұрдыбек Алшынбаевтың әкесі сияқты қарттар тілі келмей, әуелден-ақ Қарғашөп дейтін. Совет Одағы секілді алып державаның билігінде аз күн ғана болған Андропов та, жаңалық әкелдім, Бетбұрыс жасаймын деп елеуреген таз Горбачев те алғашында арақ ішуге қысым жасап көрген, осы кезде аңқау қазақтың – Алшынбай ақсақалдың «Айналайын Қарғашөп келіп, араққа тыйым салғаны дұрыс болды-ау» деген сөзі айналаға біраз уақыт мәтел болған. Аңқау ақсақал түгілі саясат деген сайқалдың майын ішкендердің өздері де бұл арамзаның пиғылының түбінде нендей сұмдықтар жасырын жатқанын білмейтін. Әсіресе қазақ халқына деген «күл болмасаң бұл болдың» қандай масқарасы болатынын қайдан білсін. Сәниязбек арнайы жазалаушылар, танктер әкелінгенін, елді ұрып-соққанын «қару қолданды» деп тұр еді. Арматура, сапер күректерін жаппай қолданғанмен ату құралы қолданылған жоқ. Мұны әдейі қадап айтып отырмын. Танктер өңкиіп тұрды бірнеше гимараттардың алдында. Бірақ оқ атылған жоқ. Иттерге талату болғаны – шындық. Желтоқсыншыларды айдалаға, аязды далаға апарып, топырлатып тастап кеткендері – шындық. Бұл енді нағыз жауыздық еді.
* * *
Рас, көргені көп жігіттер бұған талай нәрсені айтты. Босқа қорықпай, құр ерегіспей, өзін сабырлы да сырбаз ұстауын дұрыс көрген. Не болса да тәуекел енді.
Ал тергеушілер мұны біржола ұмытып, өзді-өзі болып кеткендей. Бір кезде жылтырбет жақындап келді де:
– Неге шақырғанымызды сезерсің? – деді.
Оның әп дегеннен-ақ сыпайылықты жиып қойып, бірден сеннен бастағанын бұл жаратпай қалған. Бірақ наразы күйін сездіруге батпады.
– Жоқ, – деді тіке қарап. Қаршадайынан қалыптасқан бір мінезі, кімге де болсын көзіне тура қарап сөйлейтін. Сол ауанның әдеті.
– Сен мемлекетке қарсы шыққансың!
Орнынан атып тұра жаздап, өзін-өзі ұстап қалды. Ұмсына беріп;
– Мемлекетке?! – дегенде дауысы қатты шықты.
Теміржанды долы ашу буып алды. Қанын ішіне тартып сұп-сұр болып кетті. Сұрапыл ашуды тергеуші де сезді ме, әйтеуір тықақтап ештеңе дей қоймады. Ал бұл болса, «Мына ит шынымен-ақ дүлей екен!» деп қатты түйіліп, үндей алмай, булығып отыр. Қаһарына мінгенде өстіп сазарып қалатыны бар. Мұндайда бірдеңе деп сөйлесе бүлдіріп алуы мүмкін. Тістеніп, сазарған күйі қатты да қалды.
* * *
Мына сырбазсынған тергеуші Теміржан жайында не білгендей. Әсіресе ішін білмейді ғой. Отан мен мемлекетті әлдекімдердей екі бөліп қарамайтын. Көп жағдайда бір ұғымға балайтыны бар. Содан да ғой – «мемлекетке қарсы шыққансың» деген сөз оған «отаныңды саттың» деген сұмдық айыптаудай естіліп, сазарып шыға келгені. Отанын сатуды азғындықтың ең сорақысы деп түсінетін Теміржанға әлгі айып тым ауыр тиген. Есітем деген сөзі ме бұл! Естіместі естіді. «Отанды саттың дейді. Отанды!..» Отан деген бұл үшін… Қырық төртке келгенше ұл перзент көрмеген жан көкесінің «А, Құдайым, бала бер! Бала бер де мені ала бер!» деген мұңлықты күйі, тұңғыш ұлы армияға кетерде нанның шетінен тістетіп, сол нанды төріне сақтап, Батырының аман-есен келуін күндіз-түні Құдайдан тілеп ұйқысы да, тірлігі де шала болған, тұңғышы әскерден оралғанда ері Жасыұзақты итеріп жіберіп, ең әуелі өзі құшақтауға жанталасып ұмтылған, аңырап көріскен Ұлжан әпкесінің зарлығы, арқасында келе жатып шашынан тартып әлек салса да, өмірінде бір рет те кейіп, не ұрсып көрмеген жалғыз бауыры Ажымаханды аялаумен жүрген апасы Күлжанның қарлығаш болмысы, бауыр-жүрегі, сүйген жарының өзімсінген ерке-назымен жүрегін жарып шыққан перзенттерінің тәтті қылықтары, адамның жанындай достарының жанашырлығы мен тілеулестігі, жүрегінің бойтұмары болған Тәжік Қызы, есті көкіректі аналық мейірімі мен биік парасатымен тәнті қылған Домалақ Ана, сағындырған жусанды қыр, сол бір ертегілер әлемінде қиқулай шапқан тойшылар, көкпаршылар, қалың додадан суырылып шыққан Торқасқаның үстіндегі көкесінің жалындай лаулауы, жалғыз ұлы Бауыржан соғыстан келгенде кебісін кие алмай толқыған қайран Момыш қарт, күллі даланы әнмен тербеген Біржан салдар, енесінен бір елі ажыраса дүние қараң қалардай көзі жәудіреп боздай бастайтын жас бота, жусанды қырда ойнақ салып шапқылаған көп құлын, сол жусан мен көке деген ұлы сөзді сағынумен ғұмыр кешкен Фараби мен Бейбарыстай бабалары… Барлығы да жанына балаған қимастары. Көп жақсылар. Жақсылықтар. Ғажайыптар. Бұл асылдарын қалай сатпақ?! Өлсе өлер, бірақ сатқындыққа бара алмас. Сатам деген саңылаусызды өз қолымен буындырып өлтірер. Отан – бұл үшін киелі болатын. Киесінен айырылып жын ұрып па! Киесінен айырылса екі дүниеде оңбас! Мұнда бұ дүниенің азабын тартса, о дүниеде тозақ отында шыжғырылар.
Осындай түсінік еді. Содан да ғой, әлгі айыптаудың жанды жеріне тиген сұрапыл соққыдай болғаны.
Тергеуші шынымен-ақ дүлей екен. Әлде түк те байыптамайтын топас па? Мемлекет, отан деген аяулы ұғым – әлгі «Көлбай» да, тіпті Мәскеу мен Алматының Орталық Комитеттері де емес екенін расымен-ақ білмегені ме? Сол мықтылардың жосықсыз басынуы көңіліне қонбаса, сол жосықсыздықты айтса отанға опасыздық жасаған бола ма? Мына жылтырбет шынымен-ақ солай кінәлап отыр ма? Әлде көрсеткен қыры ма? Айласы ма екен? Тамырын басып көру үшін айтып отыр ма?
Сынау үшін айтқан-дағы. Отанның парқын білмейтіндей соншалық түйсіксіз емес шығар.
– Неге үндемейсіз? Айыбыңызды мойындайсыз ба?
– Айыбы несі! Қандай айып?
– Сен мемлекетке қарсы шықтың! – Тергеуші жеп жіберердей нығырта сөйледі. Көзі де шақшырайып кетіпті. Бұл алғаш көргендегі көркем рең де жоқ, көгіс түске ауысқан, жанары суық тартып кетіпті, әйнектей жылтыр, соншалықты жат. Теміржан да жұлып алғандай шақ ете қалды:
– Сіз байқап сөйлеңіз! Әр нәрсенің орны бар! Мемлекет – ойыншық емес! Не болса соны айтып басты қатырмаңыз!
Мемлекет деп дәл қазір бұл Отанды меңзеп отыр еді. Ол ойын анау түсінді ме, түсінбеді ме? Анығын қапелімде аңғара алмаған.
Мына неме Отан деген киелінің қасиетін қайдан білсін. Бұл үшін өзін сүйіндірген тау-тас, Сырдың тоғайы, ұлы дала, бала күнде талай аунаған көк майса, күлімкөз бойжеткендер мен қайсар жігіттер, әзілкеш жеңгелер, өзімсініп тұратын ағалар мен інілер, бұрын жүрексіне қараса, шешесі қойылғалы ыстық тартып кеткен ауыл қорымы, күн көзінде керіле маужыраған күшік пен емшек іздеп түртінектеген марғау (мысықтың баласы), енесінің маңынан шырқ үйіріліп шықпайтын ботақан, сыңғырлай кісінеген нәзік үнді құлынның еркелеп олай-былай шапқылауы, көкпарлы жазықтар мен жусаны ырғалған белдер – міне, осы тақылеттес аяулы әлем – Теміржанның Отаны. Мемлекеті еді. Осынау аяулыларына бұл бейбақ қалай қарсы шықпақ? Қалай сатқындық жасамақ?!
Қатты шамырқанған. Сол күйін сезді ме әлде басқа ойы бар ма, мұның «Не болса соны айтып басты қатырмаңыз!» дегеніне тергеуші түк шамданған жоқ. Бір бәлеге арандату үшін жөнге сыймас қайдағы жоқты айтып түлкібұлаңға салғаны ма? Өстіп ашуландырып алу о бастағы мақсаты емес пе екен?
Теміржанның жүйрік ойы осындай күдікке де барып қалған. Тергеуші сөз арнасын дереу басқа бетке бұрып жіберді. Он алтысынан он жетісіне қараған түні қайда болғанын, үйіне қонған-қонбағанын, біреулерге қонаққа барған-бармағанын сұрады. Үйіне қонған. Соны айтты. Ешкімдікіне барған жоқ. Анау мұның сөздеріне күманданған секілді. Бұл болса «Бар айтарым осы, сенсең де, сенбесең де өзің біл, сенбесең шарам қайсы» дегендей иығын қушитты.
Тергеуші енді Көлбайдың Қазақстанға басшы болып келгенін қайдан естігенін тықақтай сұраған.
– Радиодан, – дей салды бұл.
Ал шындығында жұмыстағы жігіттерден естіген. Жұмыстағылардан десем «олар кім?» деп басты қатырады, сол жігіттерді де шақырып әуре етер» деп ойлаған. Анау ләм демеді. Басын изеді де қойды. Осы кезде екі жігіт сарт етіп кіріп келді. Біреуді азырқанып, енді көп болып жабылып көрейік деді ме екен, әйтеуір келе сала сұрақтың астына алды. Амандық жоқ, саулық жоқ:
–Шынын айтпай отыр ма? – деп қадала кетті.
Ал екіншісі үндеген жоқ. Бұған көзін төңкеріп қарады да қойды.
Өзінің жүзі таныс. Атын да біледі. Жиенқұл. «Жабылайын деген екен!» деп ілкі сәтте шошып кеткен. Жиенқұлды көріп сәл жеңілейіп қалды. Бірақ бұл үшін оның сөзі жақсы болып шықпады.
– Неге айтпасын, айтады ғой. Бар шындықты айтады.
Үні соншалық жұмсақ. Тіпті мүләйім. Қимылы да бипаз. Әлгі қараторы жігіттің қимылындай ожар емес. «Бүлінген ештеңе жоқ» дегендей аспай-саспай қозғалады. Аярлық па, ашу ма? Шынымен-ақ бүйрегі бұрып тұрғаны ма? Қанша айтқанмен, бүкіл Телерадионы осы жігіт қадағалайтын. Өз қорасынан «ілікке ілінген бәлекет» шыққаны оған да жақсы емес. Кім біледі, бүйрегі бұрса бұрып-ақ тұрған шығар. Теміржан осылайша жақсылықтан үміт етіп тұрғанда Жиенқұлмен бірге келген қараторы жігіт зірк ете қалды:
– Күндіз қайда болғаныңды айт! Міне, қағаз. Жаз осыған! Тек шыныңды жаз! Өтірік айтам деп әуре болма! Бәрібір шыныңды айтқызамыз! Айтасың! Айтпай көр!..
Мына зіркіл бұған шыбын шаққан құрлы әсер еткен жоқ. Қорқыныштан ада-күде құтылыпты. Ашуланбады да, шамданбады да. Өзін соншалықты сабырлы ұстап, нық сезінген қалпы әлгіден көз айырмай қарады да отырды; байқайды, қара торы жігіт мұны қалпақпен-ақ ұрып алғысы бар. Теміржанды бір қарпуға да келмес мәнжубас көргендей. Дауыс ырғағы мен сөз саптасы, тіпті тоқ жүзі де сол пиғылын анық айтып тұрғандай. Бұл ішінен; «О, сорлы! Езуіңді жырып кетер! Қалпақпен ұрып алар мәнжубасты тапқан екенсің!» деп тіптен менсінбей қалған. Қараторы жігітке іштей кектеніп алды. «Осы зіркілдегеніңді ұмытпа! Алдыңа бір келтірермін! «Жоқ, мен дауыс көтерген жоқпын» деп мөнтеңдерсің! Мөндетермін сені!..» Тереңге бұққан аса зілді кек еді бұл. «Дүниені бүлдіріп жүрген тап сен сияқты әпербақандар!» дегенді аңғартып, әлгіге күстаналай қараған.
Кейінгі екеу бөлменің бұрышына барып тұрып алды, бейне мұны ұмытып кеткендей. Өзара ақырын сөйлесіп тұр. Ең әуелгі әдемі жігіт қайтадан шұқшия бастаған. Осының сұры бөлек. Әлгі қарадай зіркілдемегенмен, қазымырланып, таптап сөйлеп, біртүрлі сыздап отырады екен; сол күйімен-ақ мысыңды басқандай. Теміржанды да мысы басты. Содан ба, өз-өзінен жүрегі суылдап қорқа бергені. Бірақ ішін алдырған жоқ. Ішін алдырмауға да, сездірмеуге де тырысты. Қаншама күндер мен түндерде көңілінде әбден саралап алып, талай пысықтаған, көкіректе жаттаулы сөздерінен бір танбады. Небір қысылтаяңда сөз табатын, нелер ортада болып уәждесетін, талайлармен сырласатын, біреулермен кейде салғыласып та кететін кәсіпқой журналист емес пе, жауаптары табиғи шыққан секілді. Әйтеуір өзіне солай көрінген. Ал анау иланып отыр ма, иланбады ма, бұл жағы Теміржанға мүлдем белгісіз. Бедірейген неме түк сыр бермейді. Жігіттің жүзінен бірдеңе аңғару мүмкін емес. Жылтыраған әдемі жүзінен ашу да, қобалжу да, тіпті ой да байқалмайды. Міз бақпайтын салқын қарасы, тұқыртып сөйлейтін сызды дауысы әлемет сұсты да ызғарлы. Осы қалпында ешкімді де айналып-толғанып көрмеген тасбауыр жандай әсер етеді. Теміржан бір сәт «Мына жылтырбет туған баласына да еміренбейтін безбүйрек шығар, тегі» деп іш жиып қалған. Қимылында да, үнінде де, жүзінде де түк өзгеріс жоқ. Бір қалыпты. Құдай ақына, бұл бар шынын айтса да, тіпті аяғын құшып жыласа да, керек десең, ашынып боқтап жіберсе де осылай мізбақпай отыра беретін сияқты. Сызды, суық бітім – тума болмысындай. Осындай бедірейген бітімі Теміржанды қатты шошытты. «Қадалған жерден қан алмай қоймайтын қатыбас бәле-ау өзі!» деп қауіптенді.
Жазушылармен байланысының қандай дәрежеде екенін сұрады. «Мәселен, Шона Смаханұлы, Ақселеу Сейдімбеков, Сәбетқазы Ақатаевтармен байланысың бар ма?» деп үш қаламгерді бөле-жара атады. Бұл сұрақтан іші қылп ете түсті. Халқына жаны ашымайтын қаламгерді қолыңа шырақ алып іздеп таппассың. Жұртының жыртысын жыртпас жазушы бірде-бір елде жоқ шығар-ау. Бәрінің де туған халқы дегенде шығарда жаны басқа. Теміржанның түсінуінде, қазір аттары аталған азаматтар да сондай бір қарлығаш көңіл жандар. Өзі ішінен құрмет тұтып жүрген қадырменділері. Ал мына сұрқиялардың үшеуін бөлек атап, шұқшия қалуында бір гәп бар. Көп жағдайда ымыраға бара бермейтін, конспирацияға да жоқ, жан сырын айтып та, жазып та жүрген сабаздар еді. Кезінде олардың пейілдеріне дос сүйінді, дұшпан күйінді. Іші тар пасықтарға күйік те болған. Әйтеуір бауыр-жұртқа деген қарлығаш көңілдері ешкімді де бейтарап қалдырмаушы еді. Басқаларды білмейді, Теміржан олар жайында осылай ойлайтын.
Сәбетқазының жайын ең алғаш рет ақын досы айтып еді-ау. Бұлар Абай жүз қырық үштегі Баспалар үйінде істейтін. Теміржанның «Мектеп» баспасында, қайран Жұмекеңмен өткен шуақты шағы. (Шәмші екеуінің «Менің Қазақстаным» деп атойлағаны қазақ атаулының жүрегіне жол тауып, жансеріктеріне айналғалы да талай жыл өткен.) Ақын досы – «Жалын» баспасының қызметкері. Араларында айтылмайтын сыры жоқ ескі достар елең еткізер жаңалықты дереу бір-біріне жеткізуге асығатын. Тіпті ұсақ-түйек жайды да бүгіп қалған жері жоқ. Күндердің күнінде сол досы:
– Бір ғалыммен таныстым. Авторымыз ғой. Ойлары – керемет! Өзі философ. Нағыз сен танысатын адам екен. Ендігі келгенінде танысып ал, – деп қатты тамсанды. – Құдай біледі, сен ырза боласың! Тура сен іздеген адам!
Кейін сәті түсіп сөздерін тыңдады ғой. Теміржанға көп ойлары ә дегеннен-ақ ұнады. Содан бері іштей құрмет тұтатын. Кезінде Мұрат Әуезов секілді замандастарымен бірге «Жас тұлпар» ұйымын құрып, ол талаптары енді-енді аяқтана бергенде жолы қырқылған екен. Сонда-дағы алған бетінен қайтпаған азамат. Қайтсем еліме бір пайдам тиеді деп жарғақ құлағы жастыққа тимейді. Сол беймазалығы әсіресе қатты ұнайтын. Әлдекімдердей креслосында мүлгіп отыра беруге жаны қас. Мына жылтырбет соны сұрап өзеуреп тұр. Тегінде оларға да тықыр таянған секілді. Күдікке ілінген-ау.
Теміржанның ұшқыр ойы талай жерге барып қайтқан. Қиялдан жүйрік не бар, аттары аталған үш арыстың жайын демде-ақ ой көзімен шолып үлгерді. Бұл шақтарда, мұның ерекше қастерлейтіні – үшеуінің ішінен Шона Смаханұлы еді. Әуелгіде қазақша фамилиясы үшін-ақ ішбұрып, сырттай өзімсініп жүретін. Кейінірек Шөкеңнің ұлттық проблемаларды, әсіресе қазақ мектептерін көбірек аштыру идеясын айтып та, жазып та жүргенін, сол ниетінің үдесінен шығу үшін тынбастан жүгіргенін білді де елгезектігі мен қайсарлығына тәнті болған.
Орынбасар ағасы айтады-ау. Көпке танымал бір кісінің үйінде біраз жақсы мен жайсаң бас қосып, шырайласып отырған. Біреу ел қамқорысып, аспандап сөйлеп, есіп отырады. Шөкең «Балаларың қай мектепте оқиды?» деп сұрағанда әлгі неме аузын аша алмай қалады. «Не бетіңмен сөйлеп отырсың?» деп бастап, Шөкең жаңағыны сөзбен жеп қойды» деп еді Орекең.
Шонадан да атақты, одан да беделді, ашығын айтқанда, әр қылығы мен сөзі документке айналған, шіренгенде қара жерді ойып жібере жаздайтын небір қазақтар жұмған аузын да ашпай, бостан-босқа табақ босатқанына болып-толып мәз болып жүргенде бұл қандасының «Қазақ баласына қазақ халқының тәрбиесі, өнегесі берілсін» деп жаны тынбай шырылдауы астаналықтар өмірінде ерекше шоқтықтанып көрініп тұрушы еді. Ақселеу Сейдімбековті өткен тарихты асқан парасаттылықпен, риясыз жанашырлықпен пір тұтып, зерделейтіндігі үшін-ақ жақсы көретін. Осы адамда тереңге бұққан бір бұла күш бар-ау деп түсінеді. Заманы мен Отаны келіссе көшбастар серке болар ма еді деп үміт етеді. Үшеуі де көңіліндегі қимастары еді.
Қанша жерден ұшқыр десе де өз ойына алданып қалған екен. Үнсіздік созылып кеткен бе, қалай.
– Біз сен жайында көп білеміз. Мінезіңнің қызбалығы да, тапқырлығың да белгілі. Көп жерде жауапты тез айтасың. Бала күннен солай ғой. Ал қазір… – деп тергеуші сәл бөгеліп қалды да: – Құбылып отырсың! – деп бұрынғыдан да суық тартып кетті. Біртүрлі зәрленіп алғандай.
– Құбылғаны қалай?
– Құбылған деген сол, шын мінезіңді көрсетпей отырсың. Роліңді қоя тұр. Ішіңді жасырғың келеді. Белгілі жай ғой, бәрін сезіп отырмын. Мәселен, жауап беруге асықпайсың. Сабырлы боп көрінгің бар. Бұрын мұндай емес ең, шапшаң болатынсың. Қайтесің шаршап! Біздің басымызды қатырып! Роль ойнамай-ақ қой, артистіктің керегі не? Сендейлердің талайын көргенбіз…
Бұл қатты таңданды. Әр басқан ізіне дейін біліп отырыпты-ау. Сол қылығы бұған қызық көрініп, күліп жібергені. Айтқандары дұп-дұрыс. Бұл өзі бала күннен-ақ дайын жауаптың жаратылысынан еді. Бір қатесі жоқ. Тегінде көптен-ақ аңди бастаған ба, қалай. Таң қалғанын қойшы, қызық көріп күлгені несі десейші. Күлетіндей, жетісетіндей дәнеңе де жоқ қой. Мыналардың оңай жау емес екенін соқыр түйсікпен бұрыннан сезетін. Бірақ бәрін шетінен жіпке тізіп жүр-ау деп ойламапты. Сөйтсе, бұл шіркіндер мұның қай жерде қалай түшкіргеніне дейін білетін болып шықты. Сонда мұның жүрген-тұрғанынан, айтқандарынан нені біліп, нені білмейді екен? Шынымен-ақ түп-түгел біліп жүр ме екен, ей? Ерте бастан, баяғыдан-ақ күдіктілер қатарына қосып қойғаны ма? Қашаннан бері қырына алды екен? Неге өйтті? Бүлдірген ештеңесі жоқ. Теміржанның өзіне салса, бұра тартқан кезі жоқ секілді. Ешқашан.
– Сонымен, жаңағы адамдармен байланысыңыз?.. – Тергеуші сөзін қасақана аяқтамай, тоқтап қалды. Қалай түсінсең, солай түсін, неге жорысаң да өзің біл деп сынағандай.
Теміржан енді жауапқа іркілмеді. Сөзі де, үні де құбылмай, байсалды шықты. Еш астарсыз тура сөйлеген.
– Мен – әдеби-драмалық хабарлар бас редакциясының қызметкерімін. Біздің жұмысымыз ақын-жазушылар мен артистерге тіреліп жатады. Көпшілігін білемін. Етене, жақын білемін десем де болады. Әсіресе творчестволарын. Ал сіздің «байланысыңыз» – біртүрлі түсініксіз. Сәл томпақтау ма, қалай? Құдды бір «сыбайластар» дегенді аңғартқыңыз келгендей. Әлгі аталған кісілер – белгілі азаматтар. Жалғыз маған ғана емес, халыққа қадірлі адамдар.
– О жағын маған айтпай-ақ қой.
«Енді не деймін сізге?» дегендей, Теміржан аңтарылып қолын жайды.
– Ақылдасып тұрасыңдар ма? Мәселен, осы… – дей берді де оқыстан кідіріп қалды. Қабағы түйіліп кетті. Бұл құбылыстың мәнін Теміржан бірден аңғарған. 17-18 күндердегі «тарихқа» не деп жіп тағарын білмей кідірді. Шынтуайтында, ішінен өзіндік бағасын әлдеқашан беріп қойған. Бірақ онысын өзгелерге білдіруге де, тіпті сездіруге де болмайтын. Әсіресе бұған аңғартпауға тиіс еді. Тергеушінің өз ішінде қандай баға берерін Теміржан секілді күдіктілер мүлдем білмеуге тиіс. Бұл болса, оның өз ішінен баға бергенін білді, бірақ сол бағаның қандай екенін білмейді.
Ақыры анау сәл кібіртіктеп барып, сөзін жалғады:
– Оқиға… Ана оқиғаны айтам… сол жайлы ақылдастыңдар ма? Пікір алыстыңдар ма? Бұрын болсын? Кейін болсын?
Теміржанның ойы бүгін ұшқырлық танытқандай еді. Онсыз да шапшаң ойлап, тез тұжыратын жігіт «байқамай қисынсыз бірдеңе деп қалармын» деп жауапқа асықпағанмен, қиялы ой мен қырды бірдей кезіп кеткен. Әп дегенде «Қу екен мынау!» деп ойлады. Мұның түсінуінде, оқиға деген – тым кең ұғым, жалпы атау. Кез-келген құбылысты оқиға дей салсаң, сыя береді. Қазіргідей алмағайып заманда сақтық шарасына да жарап жатыр. Ауқымы кең оқиға сөзімен бар тірлікті бейнелеуге бола береді. Ғашықтар сырласып тұрғанда, жеңгесі емес, ағасы көріп қойса да – оқиға. Біреуді біреу өлтіріп кетсе де, машина апаты болса да, су тасыса да, өрт алса да – оқиға. Доцент пен студенттің арбасқаны да, тіпті достығы да, ауылын сағынған егде кісінің пәленбай жылдан соң елімен қауышуы да, әлдекім сүйгеніне зарығып жүріп қосылса да, біреудің бетіне біреу түкірсе де – оқиға. Қысқасы, оқиға деген ұғымға сыймайтын тірлік жоқ. Теміржан осылай түсінетін. 17-18 күндердегі құбылысты бұл-дағы өз көңілінде бағалап қойған. Әлдеқашан! Халықтың булығып кеп бұрқ еткен толқуы деп пайымдады. Сол толқуды дүлейлікпен басып-жаншуды қатыгездікпен жазалау деп тұжырған. Сол қасиетті толқу мен қатыгездікпен жазалаудың бүгіндері аты көп. Әркім әртүрлі айтады. Біреулер дауыстап айтса, біреулер сыбырлап айтады. «Наразылық», «Қырғын», «Бұзақылық», «Революция», «Анархия», «Тәртіпсіздік», «Мемлекетке қарсылық», «Басбұзарлық», «Экстремистердің бұзақылығы», «Толқу», «Қозғалыс», «Көтеріліс», «Нашақорлар мен бұзақылардың тәртіпсіздігі», «Басып-жаншу», «Жазалау», «Қыру», «Орыстар мен қазақтардың арпалысы», «Бұлқыну», «Тұяқ серпу», «Демократия», «Ұлт-азаттық көтеріліс», «Қантөгіс», «Елірмелердің төбелесі», «Ұлт-азаттық қозғалыс», «Әділетті талап», «КГБ-ының эксперименті», «Еврейлердің шағыстыруы», «Азаттық күресі», «Қорлау», «Басыну», «Ұлтшылдық көрінісі», «Азаттық қозғалысы», «Ояну», «Бас көтеру», «Әлін білместің әлегі». Әйтеуір аты көп. Ал енді осы құбылыстардың қайсысын да оқиға деп атасаң келе береді. Сонда «құда да тыныш, құдағи да тыныш». Мына ішінде ит өлген залымның оқиға деген жалпы атауға жармасуы – сақтанған түрі. Бұған да жан керек екен. Яғни бұл-дағы Теміржан секілді қақпақылға түсіп қалудан қорқады. Сол сыры ашылды. Бірақ өз ішінде бұрыннан-ақ баға беріп қойғаны белгілі. Оқиға деп пайымдай қоймаған. Қанша жерден сыр алдырмас ішмерез болса да шын бағасын байқамай айтып қала жаздады ғой. Сол күйін бұл жазбай таныды. Иә, оқиға деген кімге де болса жеңіл, кез-келген уақытта, кез-келген жағдайда бұлтарып кете алады. Егер осындай алмағайып заманда шыныңды айтсаң басыңа бәле тілеп алуың дмүмкін. Әсіресе, Теміржан. 17-18 күндердегі тірлікті «Халықтың қасиетті толқуы және оны қатыгездікпен жазалау» деп пайымдайтынын айтса не күйге ұшырар еді? Құрдымға кетпей ме! Тергеуші де сақ. Бұл екеуі ғана емес, көп жұрт бүгіндері сақтыққа көшкен. Тіпті әсіре сақ десе де болғандай. Екі күнгі тарихты бағалауын ашық айтудан тыйылып, сыбырлауға көшкендер көбейді. Тіпті сыбырлап айтушылар да соңғы күндері некен-саяқ кездесетін болды. Әркім бас амандығын күйттеп, үндемеуге айналды. Қауым шіркін көрсе де көрмеген, білсе де білмеген, күйсе де күймеген рай танытқысы келеді. Амалсыздың күнінен сөйтіп жүргенін Теміржан сезбейді емес, сезеді. Осы ыңғайды сезгенде «қорғанған түрі ме әлде басылып қалған тірі өліктердің сүйекке кеткен жасықтығы ма?» деп дал болатын. Бірақ, қанша қазылып ойланса да жауап таппай, шаршап қойып еді.
– Сіз де қызықсыз, – деді жай ғана, – әлі болмаған «оқиға» жайында қалайша алдын-ала пікір алысамын? «Бұрын болсын» дегеніңіз енді…
– А, солай ма, – деп анау қасын керді. – Сөзді көбейтпейік. Сіз 16, 17, 18 күндері кімдермен сөйлестіңіз? Мәселен, жаңағы адамдармен сөйлестіңіз бе? Телефон арқылы болсын, жолығып болсын дегендей.
– Сөйлессем сөйлескен шығармын. Сөйлеспесем сөйлеспеген шығармын. Есімде жоқ. Сөйлесуім де мүмкін, сөйлеспеуім де мүмкін.
– Бұл не сонда? Бұл не деген сөз? Қалайша есіңде жоқ?
– Есімде жоқ. Күніне пәленбай автормен сөйлесеміз. Оның қайсыбірі есте тұрады.
– Дегенмен… Ойланыңыз… ондай оқиға болған күні кімдермен не сөйлескеніңіз ұмытылуы мүмкін емес қой. Қисыны келмейді.
– Сізге солай көрінген шығар. Ал менің шынымен есімде жоқ. Телефонымыз бір босамайды. Сөйлесеміз де жатамыз. Күнде солай. Бәрін есте сақтау қиын. Тіпті мүмкін емес.
Теміржан осы жолы анық өтірік айтып еді. Ол екі күнді өмірі ұмытпас. Барша көрінісі, арпалысы, тыныс-лебі – бәрі-бәрі жүрегінде… Кімдермен сөйлескенін де, кімдердің үйлеріне барғанын да ұмытқан жоқ. Ол екі күнді қазақ ұмытар ма. Әсіресе Теміржандай қаншыл адам ұмыта ала ма.
Он жетісі күні күндіз Шона Смаханұлымен сөйлескен. Бәрі есінде. Көңілі өсіп, аспандап тұрып «Алаңдағы ғажапты көргіңіз келмей ме?» деген. «Ойбу-у, қарағым-ай, аңқау екенсің ғой. Барсам болды, дереу ұстап әкетеді. Онсыз да аңдуда жүрген адаммын ғой» дегенде шошып кеткен. Ол кісіні өкіметтің неменеге аңдытып қойғанын түсінбеп еді. Шөкеңнің ізін де, сөзін де баққаны рас екен! Міне, алдынан шықты!
Теміржан осы сәттерде әлгі кісілерге бостан-босқа кесірім тиіп кетпесе еді деп ойлаған. Жауапты да нақтыламай, екіұшты қып қойғаны сол ниеттен болатын. Сөйлестім десе оларды да шақыртып, не жайында сөйлестіңдер деп бастарын қатыруы мүмкін. Бұның ойланбай айта салған бір ауыз сөзі сол қадырменділерге бәле болып жабысуы ғажап емес. Ал егер сөйлескен жоқпын десе мына қулар олармен бұрыннан сөйлесіп, Шонамен тілдескенін біліп алған боп шықса ше? Шөкең «Жұмыс жайында сөйлескенбіз» дей салған болар. «Халықтық толқу туралы сөйлестік» деп өмірі айтпас-ау. Сонда екеуін беттестіріп, «Смаханұлы сенімен сөйлестім деп отыр ғой» деп қадала қалса да қыспақтан шығарлық саңылау қалдыру керек еді. «Мүмкін сөйлесуім де. Анық есімде жоқ. Бұл ағаның есінде қалуы – орынды, өйткені көп адаммен сөйлеспеген шығар. Ал біздер, редакторлар, күні бойы телефондамыз. Сол себепті де есімізде тұрмайды» демей ме.
Теміржанның мұнысы өзінше бір амал-айласы еді.
Тергеуші де жалықпайтын неме екен. «Байланысты әшкерелемек» болып неше түрлі қияға салған. Бірақ Теміржан артыққа баспай қойды.
Ал көңілі бар болғыр қауіптен де, қорқыныштан да арыла алмай-ақ қойғаны. Алайда, қанша дегенмен, өлер жерін білетін жігіт емес пе, бостан босқа абдырамай, өзін жинақы, сергек ұстауға тырысты. «Сөзімнен де, қылығымнан да мүлт кетпеуім керек» дегенді мықтап ұстанған. Қандай сұрақ қойылмасын, әзір-жауап болып тақ еткізбей, асықпай, байыппен жауап беруді о бастан-ақ діттеген еді. Әзірге жаза баспаған секілді.
Түйсігі алдамаушы еді, аңғаруынша, осылар әлдеқандай сценарий бойынша әрекет етіп отырған тәрізді. Мәселен, «Оқиғаны» ұйымдастырушылар мен олардың сыбайластарын қалайда тезірек табу керек!» деп түйілгендей. Мына жігіттің шұқшиюы сондай ыңғайды қапысыз аңғартып тұрғандай. Жөні келместің де жөнін келтіргенсіп, мұны қалай да айыпты қылып шығармақ. Бұл шынымен-ақ жазықты ма, жоқ, бекер күдікке ілінді ме – ол жағы есеп еместей. Теміржанның өзіне салса түк кінәсі жоқ. Тіпті алаңға барып, сондағы шерушілерге ниеттес болса-дағы – айыпты емес. Бірақ мұндайды ашық айтпақ түгілі, сездіруге де болмайтын. Сездірсе – қатер! Ондай-ондайды білетіндей-ақ болды ғой. Нағашысы Темірше Сарыбайұлының «Ыстақан туралы жыр» деген өлеңі бар. Өмірде болған нақты оқиғаға құрылған. Әліпбек деген өте еңбекқор, момын адам отызыншы жылдары күнде болып жатқан жиыннан әбден жалығады. Жұрт екі күннің бірінде керілдеседі де жатады. Біреулерді қоштап, марапаттаса, екінші біреулерді жерден алып, жерге салған заман. Бір күні стахановшылар қозғалысын сөз қылған жиын өткізіліпті. Дуылдасқан жиын ұзаққа созылып кетеді. Әліпбек шыдап-ақ отырады. Әбден ығыры шыққан соң, орнынан тұрып:
– Шырағым, өкіл, бұл ыстақан деген бітпейтін жыр болды ғой өзі. Неғылған неме өзі? – демей ме. Көп ұзамай сол үшін «халық жауы» атанып, он бес жылға кесіліп кете барады. Он бес жылда көрмеген азабы қалмайды сорлының. Жүрекшайлы болған бейбақ кәдімгі стаканды да стакан деп өмір бойы айтпай кетіпті. Нағашысы екеуі көрді, стакан демейді. Сол байғұстың бірауыз сөзден тағдыры тәлкекке ұшырап, өмірі өксумен өткен. Мұндай-мұндай тарихтардың талайын білетін Теміржан да бір ауыз сөзден, бір оқыс қылықтан мүлт кетпейін деп барынша жинақы отырды. Қазіргі кезең – аңдаусыз басқан әр қадамың, абайсыз айтқан әр сөзің сор болып жабысқан алмағайып кезең. Ойламаған жерден өз қылығың мен сөзің өзіңе қақпан боп сарт ете қалуы мүмкін. Қақпанға түскен қасқырдай жанкештілікпен аяғыңды шайнап қалдырып, ақсаңдап кете алмайсың, бірден тұтыласың, жымысқы көздер қапыңды жібермейді. Заманы осылай болып құбылса бұл не істей алсын. Қаһары қатты үкімет ноқталы басын өлімге бұйырса да тырп ете алмас. Онда талайсыздығы болғаны да. Құдайым ондай талайсыздықтан сақтасын. Бірақ Құдай да «сақтансаң – сақтаймын» демеуші ме еді. Ендеше сақтанғаны жөн. Жауын жаумай су болар босбеулік кімге опа бергендей. Өзін бекем ұстасын. Аузынан сөзі, қойнынан бөзі түскен қазақты беті қатты заман да, көрсе де көрмеген, білсе де білмеген, күйсе де күймеген болып жүрген қауым да лақтырып тастайтын секілді. Аямайды. Мүсіркемейді. Осыны білсең басыңды көтере жығыл. Тұтылмауға тырыс. Өзгелердің де тұтылмауына септігіңді тигіз. Әсіресе, жақсы көрген, ішбұрған азаматтарыңа күдік келмейтіндей жауап тап.
Бұл – шын ділі болатын. Қанша жерден қорқып отырса да діліне берік болған соң жауаптан жаңылмады. Жылтырбет жаңағы үш кісімен «байланысына» қайта айналып кеп соға береді. Тегі көп шұқшиды. Қалайда бір ілік тапқысы бар. Мұртты қазақ та бір келіп зіркілдеп кеткен. Жиенқұл сол бойы көрінбей қойды.
* * *
– Сен «Тоқал алам» дейді екенсің. «Жалпы қазақтар тоқал алуы керек қой» деп жүретінің бар. Бұл не сөз?
– Айтам. Онда тұрған не бар?
– Онда тұрған не бар! – деп кекетті анау. – Ол сөзді не мақсатпен айтушы ең? Әзілдеп айтушы ма ең, жоқ, шындап па?
– Ойнап та, шындап та. Мақсат дейсіз, ә… – деп ойланып қалды. Бірақ көп бөгелген жоқ. – Мақсатын… Мұны мен түсіндіре алмаймын.
Ал ішінен «түсіндіруге тырысармын-ау, алайда сендей кеще бәрібір түсінбейді. Түсінбегені сол, бұра тартып әлекке түсер» деп қыжыртып отыр. Сол ойын сыпайылап жеткізсе «мен айтқанмен, сіз түсінбейсіз» болып шығар еді де болмашы нәрседен шамдандырып алып, бәлеге қалармын деп тартынды.
– Сонымен, «Тоқал алам» деп айтатының рас қой?
– Рас.
– Бірақ мақсатын түсіндіре алмайсың. Солай ма?
– Иә.
– Сен – профессионал журналиссің. Сөйте тұра өз ойыңды түсіндіре алмасаң не болғаны? Ендеше бұл жұмыста неге жүрсің?
– Бұған да жауабым жоқ.
Ел арасына жайылған анекдотта айтылмай ма. Бір жерде он сегізінші ғасырдың жігіті тұр дейді. Күймесі бар. «Ойпырмай, қыз жеңгесі бір жөнді жауап әкелсе болғаны да» деп кәдімгідей қобалжып тұр. Тағы бір жерде он тоғызыншы ғасырдың жігіті тұр дейді. Күймесі жоқ. «Осы жолы қыз менімен дұрыстап сөйлессе болар еді-ау» деп, оның да жүрегі лүпілдеп тұрады. Тағы бір тұста жиырмасыншы ғасырдың жігіті тұр. Күймесіз. Өзі өлесі мас. Шашы өсіп кеткен. Өз-өзінен құлағалы тұр. «Ойпырмай, өткендегідей тағы да жарамай қалар ма екем?» деп уайымдап тұрған көрінеді.
Қыздан қадыр, ерден бел де, бедел де, намыс та кеткен бұралқы заманды дәл бейнелеген. Рас, анайылау, әйтсе де, шындықты дәл айтады. Арақтың, аурудың, лас ауа мен нәрсіз тамақтың, ластық, бейбастақ тұрмыстың кесірінен әлсіз тартқан еркектердің көп екені белгілі. Ол неме қайбір бай болып жарытқандай, қайбір әке болып қатыра қоймақ. Қайбір азамат болып заманды жырғамақ. Уайымы бір басына жетіп-артылады. Арақ, асса бір күндік желік – ойлайтындары. Әртүрлі автомобиль апатынан да, әскердегі былықтардан да, жалпы былайғы жанжал-төбелестің де құрбаны осы еркектер жағы. Түрмеде жүргендердің көпшілігі де осы бейбақтар. Көп азамат бүгіндері жар сүйіп, бала тәрбиелеудің қызығынан гөрі мансап пен құмарпаздықты артық көреді. Айналып келгенде, ұрғашының саны басымдау болып кетіп отыр. Жесірлер, бойдақтар, кәрі қыздар – жағымсыз қоғамдық құбылысқа, тіпті қоғамдық дертке айналды. Ол бейбақтардың кейбіреулері пысықайлардың сәті түскенде аптасына бір не екі рет соғатын көңілдесі болғанға мәз. Мәз болатын түгі де жоқ екенін жақсы біледі. Бірақ қайтсін енді. Басқа лажы болмаса. Барға қанағат деп жүріп жатыр. Тоқал алуға заңмен рұқсат етілмеген соң қарым-қатынасы көп жағдайда жасырын болып келеді. Өздерінше құпия. Өздерінше романтика. Ал енді өмір бақи жасырынып тірлік кешу – тозақ емей, немене. Ғашықтар жас күндерінде көптің көзінен тасаланып, оңаша кездессе жастығына жарасар, ол – шын қызықшылық, нағыз шынайы романтика – сол. Ал мына кәрі қыз бен қырма сақалдың немесе елу мен алпыстардағы «жігітсымақтардың» оңаша пәтер мен қонақүй нөмірінде құпия ұшырасып тұруы – қасірет. Бұл өзі бірен-саран ғана көрініп қалатын кездейсоқ факті де емес. Қоғамдық құбылысқа айналып, жаппай сипатқа дейін асқынған көргенсіздік. Тексіз қылық. Одан кәрі қыздардың бала туып елді жарытып жатқаны да шамалы. Туа қалғандарының көпшілігі сәбиін шырылдатып тастап кетеді. Не өз қолымен балалар үйіне өткізеді. Жұрттың пыш-пышынан қорықпай, өз бауырында өсіретіндер – некен-саяқ. Бірақ сол некен-саяқтың көпшілігінің көрген күні – күн емес. Жүзі төменшік. Әкесін сұраған балаға да, елге де не айтарын білмей далбасалайды. Сорлылардың іші түтін. Ұлы сөзде ұят жоқ, еркек ретінде де, асыраушы, қамқоршы, жанашыр, арқасүйеуші ретінде де өзіне сенген еркектер екінші әйел алсын. Ашық түрде. Заң рұқсат берсін. Бұрынғы ата-бабабалар жесірін де, балаларды да қаңғыртпаған ғой. Бөтендерге телмеңдетпеген. Соны неге жалғастырмасқа? Бүгінде үш баласы бар жесірдің бір баласы – нағашысында, біреуі – бұрынғы өзі келін болып түскен елінде, үшіншісі – басқа босағада өзімен бірге телмеңдеп жүргені. Бала байғұс ол жерге өмірі сіңісе алмайды. Кірме деген ат мәңгі өзімен бірге ере жүреді қарғыстың қара таңбасындай болып! Ал енді осы да жетіскен тірлік пе? Немесе «өз еркім – өзімде» деп ешкімге тимей бәлсініп отырады. Көрінген көз сүзеді. Жесірдің бәрін күстаналай алмайды, алайда отызға жетпей-ақ жесір қалған сорлының екінші рет түтін түтетпей, еріккеннің ермегіне айналғанына зығырданы қайнайды. Бұрынғының бәрі бірөңкей жаман емес. Бұрынғы болмаса, бүгіннің аяғы аспаннан түсе қап па. Ол кезде жесірдің өзі лайық көріп, таңдаған қайын, қайынағаларының біріне қосқан ғой. Малға жығып бірнеше қатын алғанды бұл әрине қостамайтын. Ал әлгі бала мен жесірді қаңғыртпауды ойлаған үрдісті айналып кететін. Жеме-жемге келгенде, ананың ықпалы басым болатын адамзат қоғамындағы ең бір данышпандық, тапқыр да ұтқыр шешім деп пайымдаушы еді. «Соны неге ұстанбаймыз?» деп кеййтін. Бір некелікті міндеттеген европалық-христиандық қағиданы көзсіздікпен ұстануға жан-тәнімен қарсы. Бір замандарда көп еркекке бір әйел болса, келе-келе көп әйелге бір-ақ күйеу болатын кезең туған. Бәрі де замана талабы еді. Қажеттіліктің ықпалы. Ондайды жаугершілік салдары деп те түсіндіреді кәрі тарихтың кей парақтары. Еркек азайып, әйел көбейген соң солай етуге мәжбүр болған адамзаттың кей қауымы. Бүгіндері күнде-күнде қырылысқан жаугершілік болмағанмен, еркекке келген нәубет жаугершілік кезеңдегіден асып түспесе кем емес. Ал енді сол жосықсыз нәубеттің ақыры тексіз баланың көбеюіне әкеп соқты. Өсте-өсте күллі адамзат тексіздерге айналып кетпесе еді деп те қорқады. Әрі халықтың қалыпты өсіміне де кесірін тигізіп отыр. Әсіресе, қазақ сияқты жері ұлан-байтақ, саны аз, шөкімдей ғана жұртқа тіптен ауыр соқты. Ана болар пәленбай қыз қу тізесін құшақтап сорлап жүр. Сөйтіп қазақтың болашағын қырқып отыр. Ащы да болса шындық осы.
Әрине, халықтың қасіретін жеңілдетудің бірегей жолы екінші әйел алуда ғана деп білмейді. Әйтеуір шамалы болса да септігі тие ме деген дәмесі бар. Сондықтан «тоқал алу» идеясын әр жерде-ақ айтып жүретін. Халық санын қайтсек көбейтеміз, қарындас қауымның қайтсек жүзі жарқын болады деген ниетінен туған ақадал ойы ғой. Бұл ниетін енді дәл осы жерде мыналарға айтса сөз көбейіп кететін түрі бар. Әрі қайткенде де қазақтың мерейін үстем қылар тірлік деп түсініп, мына жылтырбет әңгімені басқа бағытқа бұрып әкете ме. Одан да үндемегені дұрыс. «Үндемеген үйдей бәледен құтылады» деген. «Тоқал алудың мақсатын түсіндіре алмаймын» дегені де сондықтан еді.
Тергеушісі бар болғыр асықпайтын сабаз екен. Ал бұл болса біртүрлі тызығып отырды. Не болса-дағы тезірек болса еді деп жаныққан. Әсіресе бұған нендей айып тағатынын білгісі келіп тыпыршып еді. Сырттай сабыр сақтағанмен, іші – алай-дүлей, күмәні көп, үрейден де арыла алмады. Нақты қандай кінә қоятынын тезірек білсе ғой, анық біліп алып, өз басын тезірек арашалап алса. Бар ниеті – осы. Ал кей сәтте қатты ширығып, жанығып кетеді; «Бүйтіп сағыздай созып діңкемді құртқанша бір жағына шығармай ма? Не бүк, не шік. Азар болса сотталармын. Тезірек бітіріп, қамаса қамап-ақ тастасын! Басты қатырып мылжыңдай бергенше!..» деп кіжінген. Тіпті бірер мәрте орнынан атып тұра жаздағаны бар. «Оттамай, түрмеңе жіберсең жібер!» деп айқайлап жібере жаздап барып, тілін тістей қойды. Әйтеуір, өзін-өзі ұстап қалуға қуат тапты. Бірақ зығырданы қайнайды. Тулаған асаулығыңды да, ет пен терінің арасындағы бұлаңдаған еркелігіңді де көтермейтін жат ортаға түскенін сезіп, дәрмені құрып отыр.
* * *
Бүгін желтоқсан айының отыз бірі. Айдың ғана емес, жылдың да ақырғы күні. Ескі жылды өз жөнімен шығарып салып, жаңа жылды лайығымен қарсы алу секілді тірліктер мына сабаздың мүлдем қаперінде жоқ секілді. Бұл болса жаңа жылдың босағадан аттағалы тұрғанын ойлап қойған. Алайда аналар мұны ондай-ондайды ойламайтын адамдай көретін сияқты. Бейне «бұған былтыр, биыл, келер жыл, жалпы уақыт, мереке-мейрам неге керек?» деп есептейтіндей. Теміржанға қылмыскер немесе қылмысқа белгілі бір дәрежеде қатысы бар адам деп қарайтыны анық еді. Мұндай қарау пиғылды сезбеді емес, сезді. Сезді де мына замандасынан түңіліп кетті. Ішіне қан қатқандай. Жылтырбетті өлердей жек көріп отыр. Содан да ғой «бұлардан жақсылық күтуге болмайды!» деп түйіп, қалайда шалдырмауды, мүлт кетпеуді ойлағаны.
Азапты түн созылып барады. Теміржанды қай-қайдағы қорқынышты ойлар қаумалай берді. Екі жылдың арасын тұтқын болып жалғастыра ма әлде бәле-жаладан аман, азат адам ретінде жалғар ма екен? Күмәнді көңіл үрейге бейім секілді. Үркектеп тұр. Сексен алты мен сексен жетіні кім болып жалғастырады? Тергеушінің сол дұшпандық пиғылын танып, кейде өлердей ыза болады. Жылтырбеттің шүйлігуіне қорланып та қалады. Бірақ бәріне төтеп бақты, төзіп бақты. Әсіресе мыналардың бостан-босқа сұраққа шақыртқандары намысын шоқтай қарыған. Өзін айыпсызбын деп білетін. Сондықтан жазықсыз жанды тергеуге шақырып, ата жауындай шүйлігуі – азғындық көрінген. Мұндай азғындықты сезіп тұрып айта да алмады. Тілі жетеді, ыңғайын да келтірер еді, тек хақысы жоқтай кібіртіктей берді. «Бетке айтамын деп басыма бәле тілеп алармын!» деп қорықты. Дауласа қалса «өз обалың өзіңе!» деп ерегісіп, мына жылтырбет жарға итере салудан тайынбас. Жалғыз жылтырбет қана емес, аналар да әрбір сөзін, әрбір қимылын бағып қалған бәлекеттей көрінген. Анда-санда бой көрсетсе де сондай рай байқаған. Жүзтанысқа балап, Жиенқұлды ес көргені болмаса оның бұған іші бұрып жатқаны да шамалы. Кейде сол көз танысынан да күдіктеніп қалады, осынау тыңшылар ордасын бұрынғыдан да жатырқап, кешпестей болып жеккөріп кетті. «Пәленбай мың адам жиылып жүріп дәлелдей алмаған шындықты тергеушінің алдында жалғыз өзің дәлелдеймін деп әуреленбе. Тіпті дәлелдедің не, дәлелдемедің не, бәрібір. Әйтеуір ерегістен саған пайда жоқ» деген қызметтестерінің достық ескертулерін еске алады да өзін сабырға жеңдіреді.
Бір мезгіл мұндағы тыңшы байғұстарды да кешіруге, түсінуге тырысады. «Қайтсін байғұстар, «кінәлілерді табыңдар!» деп бұйырған шығар. Сосын тыртаңдамағанда қайтеді. Бұлталақтай алмайды. Қиқаңдап көрсін, мойнын бұрап жұлып алсын. Қалайда кінәлілерді тауып, тезірек соттың қолына беру керек. Кім біледі, тым құрыса табуға тырысқан боп көріну керек шығар» деп ойлап, өзін-өзі жұбатқансиды. Онымен жұбаныш тапқан көңілі тағы жоқ. Ұзамай-ақ айнып шыға келеді. Мына замандастарының беті қатты. Аяқ алыстарына қарағанда «тырысқан боп көріну» үшін емес, жауға шүйліккендей рай танытады. Бар ықыласы « дұшпанды әшкерелеуге» құлаған секілді. Кейде тіпті жеті атасынан қалған өші-кегі бардай құмбылданып кете ме, қалай. Тыңшылар мұны жау көрсе, бұл-дағы оларды досқа баламайды. Бөтенсіп, жатырқауы көп.
Тергеуші – адам ғой, оны қойшы, итті айтсайшы, сол жануар да қолжаулық болған соң бұл заманға не дерсің. Секен балдызының (Түстікте қайны деп те айта береді.) күйініп отырып айтқаны бар. «Абайдың бойымен келе жаттық та ИНЯЗ-дың (Шеттілдер институты) жатақханасына он шақты жігіт бұрылдық. Тобымызды көбейте түсейік деген ой еді. Төрт-бес жігіт пен отыз шақты қыз көшеде бізді күтіп қалған. Бір кезде у да шу болып кеткені. Жатақханаға жетіп қалған жерімізден кері қарай ұштық. Келсек… Сұмдық-ай! Қаптаған ит! Солдаттар қыздарды итпен қуып жүр! Мұндай масқараны кім көрген? Мынадай сұмдықты көргенде адамның көзіне қан толып кетеді екен. Сонда көрдім, ит дегенің қорыққанда қаша алмайды екен. Құйрығын бұтына қысып, адамның аяғына тығыла береді сорлылар. Солдаттардың аяғына тығылады. Тіпті өздері жаңа ғана қуған, талаған қыздардың аяғына ұмтылғаны жанұшырып. Біздің аяғымызға да тығылғысы келді. Бес-алты қызды талаған екен. Біз аяғанымыз жоқ. Бір итті талға асып тастадық, біреуін табанда ұрып өлтірдік. Иттерін алып, солаттар безіп құрыды ақырында.» Сонда Теміржан ойға қалып еді. «Итті де қолжаулық еткені-ау, ә! Ол сорлының жазығы не екен. Ит қып үргізу, ит боп қабу деген осындайдан шықты ма екен? Сайқал саясаттың ол-дағы құлы болып шықты айналып келгенде. Адамды да, итті де арсылдатып, алыстырып қойған бұл заманға не дауа!»
* * *
– Фамилияңды сәл ғана өзгертіп айтса да ашуланады екенсің ғой?
Бұл сапар сәтке де кідірген жоқ.
– Фамилиям жөнінде талай рет қолайсыз күйге түскенмін. Біреулер буын-буынға бөліп, олары аздай, о-ны, а қып айтады. Сонда құлаққа өте ыңғайсыз естіледі. Сосын мен ашуланам. Былай, – деп буын-буынға бөліп айтқанда анау басын шайқады. – Фамилиямды ыңғайсыз қып айтқанға қуануым керек пе? Мәселен, біреулер Олжас дегенді Алжас дейді, «Жынданып кет» деген мағына ғой. Осылай айтқан дұрыс па сонда?
– Жоқ, мен сенен басқасын сұрап отырмын. Анығын айтасың ба, жоқ па? Әлде есіңе түсірейін бе?
– Басқасы несі? Ненің анығын айтуым керек? Түсінбедім.
Теміржан өтірік аңқаусыды. Тергеушінің нені меңзегенін шынымен-ақ білмейтін жандай. Әйтпесе, іші сезіп тұр. Фамилияға байланысты осы сұраққа о баста кімнің пыш-пышы түрткі болғанын да шамалаған. Бұл туралы мыналардың біраз жайды білетіні расқа шықты. Тіпті қалай түшкіретініне дейін біліп алған ба, сайтандар! Басқан ізін аңдыған екен де! «Тоба-а, мұншалықты ықттияттылықтарына не берерсің. Сол пысықтық пен тиянақтылықты басқа бір пайдалы нәрсеге жұмсаса ғой. Зымияндыққа қор болған есіл еңбек-ай! Мұндай ит тірлікпен ел қайтіп көгерсін! Бір азаматы бір азаматын аңдып күн көрсе. Бала-шағасын сонымен асыраса. Сөйтіп жүріп бұл салпаңқұлақтар «отанға қызмет етіп жүрміз» деп ойлайды… Сұмдық қой бұл! Өз қандасының, отандасының ізін бағып, тыңшылық еткені аздай, өзгелерді де ит тірлікке бейімдеп азғыра ма?» Мына жылтырбеттер астыртын сұрастырған, әйтеуір амалын тауып көп жайға қаныққан секілді. Немесе әріптесі осындай алмағайып кезеңді пайдаланып қалмақ болып жанталасты ма? Ана Жанарай, бұл қызметке жаңадан ғана орналасқан, фамилиясын айтқанда ұлы демей, -ов дегені. Бұл қатты шамданды. Бірден бетін қайрып тастады. Әйел екен-ау демеді, бастықтығына да қараған жоқ, жеп жібере жаздап, қатты айтты.
– Неге «ов» дейсіз! Бұдан былай есіңізде болсын! Менің аты-жөнім – көрінгенге қолжаулық емес! Егер екінші рет бұзып атасаңыз!.. – Дауысы тым салқын шықты. Көзі де өңменнен өтердей сұсты еді. Бастығы қашан басын изеп кешірім сұрағанша қадалып тұрып алды. Ол байғұс ыңғайсызданып қалып, көзі жыпылықтап, ақырын ғана:
– Прости, – деп құтылып еді.
– Сен ойнатпа адамды! – деді тергеуші. Бір өзгермейді сабаз. Сол сұп-суық қалпы. — Түк білмегендей аңқаусыма.
–Не білуім керек сонда?
– Нені сұрап тұрғанымды жақсы білесің.
– Ойбай-ау, не болса да ашып айтпайсыз ба?
Сен «ов» десе ашуланасың ғой? Солай ма?
– Ашуланбағанда. Фамилиямды көрінген бұзып айтса, бұзып жазса. Кім де болса ашуланады.
– Сен неге «ов» болмай, «ұлы» деп жүрсің?
– Әкемнің есімі дедім ғой әлгінде. Мен – сол кісінің баласымын, ұлымын. Ұлы екенім рас қой енді. Онда тұрған не бар?
– Онда тұрған не бар! – деп кекетті анау.
Басын шайқады да:
– Сіз сотталасыз! – деп қойып қалды.
Теміржан селк ете түсті. Тергеушінің үні соншалықты сенімді шығып еді. Тіпті анық сотталатынын хабарлағаннан да жаман, құдды үкім оқығандай әсер етті. Нық дауыспен айтылған зәрлі сөз басып тастады да бұл бейбақты үрей билеп алды. «Мен – ақпын, адалмын. Қолымды қандаған жерім жоқ. Бәле ойлаған емеспін. Айыпсызбын.» Өз түсінуінше осылай еді. Бірақ бұл сөзін тыңдар құлақ жоқ екенін тыңшылар ордасына келген беттен-ақ түсінген. Енді анық көзі жетті. Қылаяғы фамилиясының қазақша болғандығын да ілік қып тағу – қайтсе де айыпты етіп шығарудың амалы екенін жақсы білді. Егер бұл ежелгі дүниедегі грек патриотындай күллі елді қасиетті азаттық күресіне үндесе не болар еді? Өйтіп жарияға жар салдырмақ түгілі, соны ойлап, сол қайсар да қаһарман гректің бостандықшыл рухын пір тұтарын білсе де мыналар оңдырмас. Ия, бұлар уәж тыңдамайды.
Мына жылтырбеттен біржола түңіліп кетті де енді сөз шығындағысы келмей торығып отырып қалды.
* * *
– Сен былай ет. Түнде қайда болғаныңды, күндіз не істегеніңді түгел есіңе түсір. Жақсылап есіңе түсір. Айтпақшы, он алтысы күні түнде үйіңе қонбағансың.
– «Қонбады» деп кім айтты? Үйге қондым.
– Оны қалай дәлелдейсің?
– Дәлелдеудің қажеті не. Тіпті қажет боп бара жатса дәлелдеудің түк қиындығы жоқ. Балаларым, әйелім біледі.
Тергеуші орнынан тұрып, айналшақта жүріп алды. Оқты көзімен ата қарағанын тұла бойымен сезініп, қатты тітіркенді. Ұзамай сыздап сөйлеп, орнына қайтадан жайғасты. Бұл енді көп нәрсені шынымен-ақ рет-ретімен айта бастаған. Тіпті шерушілердің арасымен қалай өткенін де жасырған жоқ.
– Жұрттың айқайлап жатқанын есіттің ғой. Сен арасымен өткен кезде не деп айқайлап жатыр еді?
– Әйтеуір айқайлап жатты. Дәл не сөз екенін аңғара алмадым, – деп жалтарды. Қандай сөздер сөйленіп, нендей айқай-ұран болғанын, бәрін болмаса да шет жағасын білетін. Әдейі бүгіп қалды. «Қай сөздің тұсында өткенімді білмесін» деген өзіндік амалы еді. Тергеуші қадалып, өлермендене шұқшиса да бұдан артыққа баспай қойды. «Алыстан анық естілмейді екен. Бір жағынан көпшілік қосылып дауыстағанда түсініксіз естіледі» деп қояды. Қауымның бірауыздан қосылып ұрандатқан кей сөздерін түсінбей қалғаны рас та болатын. Бірақ бәрін емес.
Жолы болған соң сол арадан өтті. Түстік үшін асханаға барды. Тамақ ішіп, жұмысына қайтты. Басқа түгі де жоқ. Осы сөзден айнымады. «Кімдермен бардың? Кімдерді көрдің?» дегенге де «Таныс ешкімді көрмедім» деумен болды. Өстіп отырып ақыры мүлт кетті. Бір сөздің тіліне көпше түрінде оралмасы бар ма! Анау да қай жерден сүрінер екен деп аңдып-ақ отыр екен, сарт етіп жармаса кетті. Жармасқаны сол:
– Қасыңда өзің танитын біреулер болған сияқты ғой. Неге жасырасың? – деп талақтай жабысты. Жаза басқанын заматында-ақ түсіне қойды, абдырамады.
– Өзіңіз де жақсы білесіз, журналистердің сөйлеу дағдысы солай болып келеді. Бұл өзі – мамандыққа байланысты ерекшелік. Талай байқаған шығарсыз, мәселен, журналис хабар жүргізіп отырып, «Біз ауылға барған едік», «Сол еңбеккердің комбайнын көрдік», «Қоштасып, жүріп кеттік», «Осымен хабарымызды аяқтаймыз» дейді. Сонда ауылға барған да, комбайнды көрген де, қоштасып жүріп кеткен де, хабарды аяқтаған да – жалғыз адам. Бірақ көпше түрде сөйлейді. «Мен өйттім, мен сөйттім» деуге болмайды. Оған рұқсат та жоқ. Бұл – журналистик этика мен әдепке тән кішіпейілділіктің бір көрінісі. Бұлай сөйлеу көп журналиске дағды болып кеткен. Жұмыс жайында ғана емес, былайғы тірлікте де солай сөйлеуді, солай айтуды әдет қылып алған. Дәл сол жолы мен танитын ешкім болған жоқ. Өзім бардым деп айттым ғой. Қайтқанда да жалғыз-тұғым. Көпше түрінде сөйлегенде, айдалада бір өзім жүрген жоқпын ғой. Танымасам да көп адам болды. Оларды да өткізбей тұрды. Содан бәріміз агропромның арт жағындағы кішкентай жолмен өттік. Мен де сол көптің ішінде емеспін бе. Асханаға барарда елден ерек агропромның артымен өткен жалғыз мен ғана дейсіз бе. Көп жүргіншінің бірі боп өттім.
Жылтырбет үндемеді. Қателеспесе, сөзіне сенген сияқты. «Журналистік дағдының» есіне сарт ете қалғаны жақсы болды-ау. Құдайдың қарасқаны шығар. Мына тыңшылар ізінен қалмай аңдыса да дәл сол сағатта қасында таныстарынан біреу-міреу болған-болмағанын анық білмейтін сияқты.
Ал Теміржанның жанында сол күні нағашысы, ақын Темірше жүрген. Оны өлсе айтар ма! Тіпті «Сарыбаев бар емес пе еді» десе де, «Байқамадым» демекші. Теміршемен де алдын ала келісіп қойған: «Бір-бірімізді ол маңда көрген жоқпыз» десіп.
Теміржан мына тыңшылардан біржола түңіліп, безіп отыр еді. Қалайда бас амалдауды ойлаған. Өз амандығын ғана күйттемей, Теміршені күдікке іліктірмеуді де діттеді. Содан болар, ендігі жерде әр сөзін бағып сөйлегенде бұрынғыдан да сақ, бұрынғыдан да сергек отыруға тырысты.
– Сонымен таныс ешкім көзіңе түспеді ғой?
– Жоқ, көзіме түспеді.
– Бір өзің бардың?
– Ия.
– Жұмысқа қай уақытта келдіңдер?
– «Келдіңдері» несі? Қай уақытта келгенімді айттым ғой. Тамақтанып болдым да алаңнан өтіп қайттым. Ол кезде жұрт алаңға емін-еркін кіріп-шығып жатқан. Мен де өттім. Бекерге айналып жүрмеймін ғой. Төтесімен жүріп жұмысыма бардым.
(Кейін, абыр-сабыр басылып, жұрт шамалы ес жия бастаған соң, Темірше нағашысы айтқан: «Мені ұстап бермесіңді білем ғой. Бірақ сөзден жаңылысып қалмаса болғаны!..» деп қобалжыдым.»)
– Кешке қалай қайттың?
Қызық. Осыны атүсті сұрағаны. Бұл-дағы атүсті жауап берген. Тергеуші көп шұқшимады да. Тегінде, «үш әріптің» жансыздары мұны күндіз көрген де, кешке көре алмаған болса керек. Әрі күндізгідей емес, кешке адам толып кетті ғой, біреуді біреу айырып болмастай еді. Жұмысынан тіке қайтқан деп ойлаған секілді. Қайталап сұраған жоқ. Ал шұқшиды бар ма, онда үйіне тым кеш оралғанын жасыра алмас еді. Бірақ кісі өлтірген жоқ, біреу-міреуді ғайбаттаған емес. Алайда жылтырбеттің ақтығыңда да, адалдығыңда да шаруасы шамалы; алаңда түнде де болдың ба, соны көрдің бе, бітті – жазықтысың! Тек Құдай қағып, жұмысынан уақытылы қайтты деп ойлағанын айтсайшы! Әйтпесе, кім біледі.
– Міне, қағаз. Асықпай бәрін жазып шық. Түнде үйде болсаң — болғаныңды, болмасаң — болмағаныңды жаз. Таңертең жұмысқа келгеннен қайтқанға дейін не істеп, не қойғаныңды түгел түсір. Ештеңені қалдырма. Тек шындық болсын! Өтірік қосам деп әуре болма! Бәрібір білеміз! – Осыны айтты да тергеуші кетіп қалды.
Жүрекшайлы болып қалған ба, қалай, «Тағы қандай бәлені ішіне түйіп кетті екен?» деп әлгінің ұшты-күйлі құрығанынан шошыды. Жазғанда да жаза баспауды ойлаған. Әдетінше тым тез жазды. Малтығып отыратындай да дәнеңе жоқ. Неше күннен бері жұптап жүрген сөздерін лыпылдатып түсірді де қойды. Жазуы тым нашар әрі мүлдем түсініксіз болатын. Әдемілеп қайта көшіруге кіріскені де сондықтан. Әрі «Мына черновойды өзім алармын» деп ойлаған. Асықпай көшірді. Жазуын орталап қалғанда жылтырбет те көрінді, бұл оған жай қарады да қойды. Ісін жалғастыра берген. Бейне бар ықыласымен көшіріп жатқандай. Бірақ бар есіл-деті – әлгі тергеушіде. Ол болса қадамын санап басып кең бөлмені бір айналып шықты да желке тұсына аялдады, сыртынан қадалып тұрғанын сезді. Сонда да жазуын тоқтатқан жоқ. «Жазып болдым» дегенде ғана қасына жайғаса беріп, түсініктемеге қол созды. Дереу ұстата қойған. Жылтырбет тегі бипаз қимылдайды. Бұл енді столда жатқан «черновигін» асықпай алып, қалтасына сала бергені сол, бипаз деп отырған тергеушісі барысша атылып, қолынан қағазды жұлып алғаны! Қимылына көз ілеспестей. Құдды құрбақаның тілі дерсің! Теміржан болса жылтырбеттің өзгеше шапшаңдығына әрі таңғалып, әрі мына қылығын мүлдем түсіне алмай, аңырып қалды.
– Әкел бері! – дегенде жылтырдың жан дауысы шықты. – Мұны не қылмақсың?!
– Неғылғаны несі? Мен – қаламгермін. Бар жазғанымды жинап жүремін. Сол үшін керек. Бұл – «черновой вариант», анадан еш айырмасы жоқ, салыстырып қараңыз да өзіме қайтарыңыз. Ескерткіш болады.
– Жоқ, берілмейді! – деп кесіп тастады.
Бұл түкке түсінбей, иығын қиқаңдатты. Шынында да жазған қағаздарын мүмкіндігінше жинап жүретін әдеті бар. Сол әдетіне басқаны рас. Қанша жерден нашар жазылып, өзгелердің оқуына қиын тигенмен, өзіне түсінікті ғой. Әрі ішкі есебі де бар: «Тергеуі құрғыр талай күнге, тіпті айларға созылып кетсе, осы жазғандарымды қайталай түсіруге, басқа бірдеңелерді көлденеңнен қосып жаңылыспауыма септігі тиер. Оған қоса, күндердің күнінде шығарма жаза қалсам, осы түсініктеме де кәдеге жарап қалар» деп ойлаған. Осындай мақсатпен «черновигін» өзіне қалдырмақшы еді. Егер істің беті бері қарап, оңғарылып, мына жылтырбетпен тіл табысып жатса растатып, бұрыштама соқтырып, қол қойдырып алудан да дәмелі еді.
Сөйтсе, бұл – нағыз иісалмас аңқау екен! Қолынан жұлып алып, шоңқитты да қойды. Бәрінен де өз жазғанын өзіне бермей қорлағаны жаман болды. Бірақ мына ортада мұның қай сөзінің де өрге баспасы анық. Сөзі өтпейді. Назы жүрмейді. Осыны біліп, өз-өзінен булығып, тығылып, отырды да қалды. Пұшайман болып отыр. Анау тіпті салыстырып та көрмеді. Бір сәт «Оқыса айырмасы жоғына көзі жеткен соң қайтарады» деп үміттенген. Тергеуші оқымақ түгілі жүзін де бұрған жоқ.
Бұл мүлдем жер болып қалды.
* * *
– Таңертең қай көшемен келдің?
– Оны сұрағансыз. Таңертең емес. Онға таман деп айттым ғой.
– А-а, сұрап па ем? – деп аңқауси қалды. Шамалы кідіріп барып, тағы бірдеңені көңірсіте бастаған. – Бір милиционердің шәпкісін неге көзіне түсіріп жібердің?
Мынасы қып-қызыл жала еді. Жылтырбеттің ойын әрине білмейді, ал өзі нақ осының анық жала екенін жақсы біліп отыр. Мұны айыптаса алаңға барғандарға тілектес болдың әрі өзің де бардың деп айыптай алмақ. Басқасы – бос былшыл. Сондықтан өзге жайларды көлденең тартқанда соншалықты абыржи қоймайтын. Бұл жолы да сөйтті. Өзін еркін сезінгені соншалық, күліп жіберді. Анау шамданып:
– Неге күлесің? – деп қабағын түйген. Сонда-дағы айылын жиған жоқ.
– Қызық екенсіз. Милиционердің шәпкісін көзіне түсіріп жібергеннен бірдеңе өне ме? Соны істейтін бала дейсіз бе? Әлде бұзық деп пе едіңіз?
– Шәпкіні көзіне түсіргеннен ештеңе шықпасын дейік. Ал енді қайткенде бірдеңе шықпақ?
– Мен қайдан білейін.
Бұл – Теміржанның еш бұлталақсыз кәдімгі шыны болатын. Расында да «бірдеңе шығару үшін» не істеу керегін мүлдем білмейді. Елдің азаттығын армандағанда ылғи да грек патриотының қайсарлығын ғана ойлай беруші еді. Қазақстанның өз қолы өз аузына жеткен тәуелсіз мемлекет болуы үшін нендей әрекет, қандай талап керегін бұрын да анық бажайлай алмайтын, қазіргі кезде тіптен есінен танып қалғандай жайы бар. Алапат жазалау машинасы азаттық бермек түгілі ол жайында ойлатпайды да. Егер мұның ішін білсе бірден оққа байлар ма еді. Бауыр жұрты қазақтың тәуелсіздігін армандағанмен соған жетудің жолын білмей сансырап жүр емес пе. Тіпті анық білген күнде де мына жылтырға ол жолды айтып неғылсын. Айтпайды. Сырласары – бұл емес. Білмейтіні – ақиқат. Сол ақиқатты айтты.
– Сені Тимур деп атамай ма? Жолдастарыңның арасында Тимур деушілер бар ма?
– Жоқ. Ешкім олай атамайды. Айтқызбаймын. Азан шақырып қойған өз атым бар емес пе.
Мұртты жігіт келді. Атын Алтай деді ме, Қалтай деді ме, ұмытып қалыпты. Бірден дікеңдеп ала жөнелді.
– Мынау не деп бұлтақтап отыр? Шынын айтты ма? – деп зірк-зірк етеді. Жылтырбет қағазға үңіліп отыр еді, сол күйі:
– Шынын айтқысы келмей отыр, – дегені.
– Неге айтпайсың шыныңды? – деп шақшырайды кейін келгені.
Талай көркем жігітті көріп жүр ғой. Ал мынаның рең-басы келісті-ақ екен. Сұңғақ бойлы, кеуделі, денесі тіп-тік, көзі жанып тұр, қап-қара мұрты мен нарттай қызыл жүзі еріксіз назар аудартқандай. Жылтырбет – көксұр, Жиенқұл ақсары, бұл қызылшырайлының нағыз өзі-тұғын. Мынадай келісті кейпі тыңшылық кәсібіне де, қазіргі оспадар қылығына да мүлдем қабыспастай еді. Бірақ тіршілікте қоңсы қонбас не жоқ дейсің, бұл-дағы көп қайшылықтың бірі шығар. «Мынадай көз суырған келбетті бола тұра соншалық әпербақан болғаны несі?» деп тыжырынған. Үнсіз тесірейіп отыр. «Сұлулық, сүйем сені, бойыңда жылылығың болмаса да» деп Ұлықбек ақын айтқандай, Теміржан да әдемілікке қашанда тамсана қараушы еді. Сол кіршіксіз түсінігіне қылау түсірген мына жаналғышты жақтырмай қалды. Тіпті атарға оғы жоқ еді.
– Әй, неге сөйлемейсің? Тілің байланып қалды ма?!
– Не сөйлеймін?
– Шыныңды айт!
– Сұрағанның бәрін айттым.
– Жоқ, айтқан жоқсың! – деді нығарлап. – Қонаевтың түскенін қашан есіттің? Кімнен есіттің?
– Радиодан.
– Радиодан? Соқпа өтірікті! Одан бұрын есіткенсің!
Қалай естігені, шынында да мүлдем есінде жоқ. Жұмыстағы жігіттерден естіді-ау осы. Шынтуайтына келгенде, Қонаевтың орнынан түскеніне тіптен мән бермеген. Бәлкім, содан да шығар, әйтеуір ұмытып үлгеріпті. Мұның қитықты жері – қарттың қызметтен кетуі емес, орнына қайдағы біреудің сарт етіп келуі.
Жаңалық атаулыны әуелі радио хабарлайтынын ойлап, «Радиодан» дей салған. «Содан есіттім десем сенімді болар» дегенді де ойлап еді.
– Қайдан естігенімді айттым ғой, – деп шегелей түсті.
– Жоқ, сен радиодан да бұрын есіткенсің.
– Қызық екен. Одан бұрын қайдан естимін?
– Сен өйтіп ойнатпа! Қайдан, кімнен есіткеніңді айт! Әйтпесе құрисың! Шыныңды айтасың да үйіңе қайтасың. Немесе өстіп қасарысып отыра бер. Қамаймыз да тастаймыз. Қайсысы жақсы?
– Мен білгенімді айтып отырмын.
– Жоқ, сен түкті де айтқан жоқсың! Қай жерде отырғаныңды білесің бе өзің?
– Білем, – деді бұрынғыдай емес, етек-жеңін қайтадан жинақы ұстап.
Жылтырбеттен қорыққаны болмаса мына зіркілдектен онша қауіптенбеген. Құр айқайдан басқаны білмейтін әпербақанға жорып, арқасын кеңге салғандай еді. Енді айылын жия бастады. Бос айқайға ұқсамайды, сенген бірдеңесі бардай – шіркіннің арты дүмді ме, немене? Тіпті айыпты қып шығарар фактісі болмаса да белден басып жүре беретін дүлей секілді. Кәдімгі ұрдажық қолшоқпар. Қолшақпар кімнің қолында ойнамайды! Беті қатты тоңмойын ба.
Теміржан осыны ойлап қорқа бастаған.
– Білсең өзіңді дұрыс ұста! Құдалыққа келген жоқсың! Сұраққа дұрыстап жауап бер! Ойнатуын бұның!
Әуелгі жазбасын алмақ болған қылығын әлденеге жорыды ма, әлде жазған түсініктемесіне көңілі толмады ма, жылтырбет зәрлене қарады. Мына жебір қарасты көріп зәресі ұшты: «Құрыған жерім осы екен! Мыналар жабылып жүріп қалайда су түбіне жібермек!..» Онсыз да жанын шүберекке түйіп отырғанда біржола тындыра салайын дегендей, сөзі де зәрлі:
– Бұл жігіт қиқақтап отыр. Бұлтақтайды. Жұртты ақымақ қылғысы келеді!
Төбесінен төніп, жебірлене қарап тұр. Тегі көз айырар емес. Жанары суық, түрі тым сұсты, қанын ішіне тартып көксұрланып алған. Мұнымен қандас емес, қайта атажауындай – өшігіп, қысастанып, қадалған да қалған. Бейне «осы отырған қалпында жерге қағып жіберсем бе!» деп дүлейленіп тұрғандай.
Мұртты жігіт те онымен қосарланып:
– Қане, шыныңды айт! – деп ақырып жібергенде селк ете түсті.
Тыңшылардың кеңсесіне алғаш келгендегі айқай құр доңайбат секілді сезілген. Ал қазіргісінің тереңге бұққан жойқын ашуы бардай. Аямас беті аңғарыла ма, қалай.
Қорыққаннан есі шығып кетті. Қайта-қайта жұтына бергеннен бе, тамағы кеберсіп қалыпты. Тіпті бірдеңе деуге үні шықпайтындай. Тағдыры осылардың қолында: бүк етсе де, шік етсе де ешкім ара түсе алмайды. Алшы тұрғызу бұлардың тірлігі емес. Қайтсе де істің бетін жаманға бұрар. Ақ дегендері – алғыс, қара дегендері – қарғыс. Ешкім ажыратып ала алмас, ақтап та, қорғап та береке таптырмас. Нендей уәж айтсаң да құлақ аспайды. Кетті су түбіне! Тірі жетім болып балалары, тірі жесір болып әйелі жүрер зарлап! Ал өз өмірі өксумен, бармағын шайнаумен өтетін болғаны да! Талай ісі қараң, талай арманы адыра қалар! Дүние опасыздық етті! Барлық ағайын-тумасы мен жолдас-жораларына кесірі тиеді! Мұның жақындығы оларға бәле болып жабысады! Бәрі жиылып сонда Теміржанды қарғайды!.. Ал өмір бойы армандаумен келген ел тәуелсіздігінің өзі түгілі, нышанын да көре алмай, құл күйінде, тірі өлік болып өтеді өмірден! Тірі өлік болып! Бір өлік келді-кетті. Одан дүние өзгермес те қирамас…
* * *
Көзі қарауытып, денесі босаңсып, әлсіз тарта бастады. «Құлап қалмасам жарар еді!» деп қорыққан. Неше күнгі ашу-ыза, уайым-қайғы, күптілік, қорқыныш, пәленбай сағатқа созылған тергеудегі арбасу – ашқұрсақ отырған, онсыз да дімкәс жігітті тұралата бастаған. Тұла бойынан сұмдық әлсіздікті анық сезінді. «Құлап қалмасам болды! Құлап түсіп, мыналардың табасына қалмайын!..» деп, өзін-өзі мығым ұстамақ болып жанталасты. Осы сәтте Жиенқұл да кіріп келе жатты. Ол тіпті жақын кеп тоқтаған. Үні де жұмсақ шықты. Сол жұмсақ үн Теміржанды демеп жібергендей болды.
– Көрген-білгеніңді, не істегеніңді айтсаңшы. Жайлап айта бер. Сен біреуді ұрған жоқсың, кісі өлтірген жоқсың. Соны айтпайсың ба енді, – деді. Жанарында жылылық бар. – Асып-саспа. Біз – жаналғыш емеспіз ғой.
Осыдан соң ғана ес жия бастады. Бел алудың белгісі ме, ана екеуіне алара қараған. Егер жаңағы жан беріп, жан алғандай арпалысты сәттің үстіне Жиенқұл кіріп келмегенде, кім білсін, сүмірейіп отыра берер ме еді. Онда аларып қарау қайда, пұшайман болып бұғып, бас көтеруге де жарамас. Ойы да әлгіндегідей емес, жүйеленген секілді. «Саспау керек, қорықпау керек. Тек маған ғана келген нәубет емес қой. Бекем болайын» дегенде көз көргендері мен жақын сыйластарының да қазіргі кезде тағдыры қыл үстінде тұрғаны еске түсті. Осынау тыңшылар ордасына келген алғашқы сәттерінде «Қылжақбас Тоқсынның тірлігі ғой» деп дәметпестен дәметіпті. Далбасалаған көңілдің суға кеткен тал қармайдының кебін киіп емексігені ғой, әйтпесе Тоқсынның да «Тұңғышбайдың ісіне байланысты» қайта-қайта Республикалық прокуратураға шақыртылып, басы қатып жүргенін Тоқсын замандасының өз аузынан естіген. Тұңғышбайдың жайын да сұрастырды. Ол-дағы тергеуден тергеуге түсіп сансырап жүр. Ауруханаға түсіп, система салынғанда да (аспалы укол) қылқиып жетіп барған тергеуші сұрақты жаудырғанын естіді. Қазақ дәрігері аурудың үстіне кіргізгісі келмей жанұшырса да әлгі неме белден басқанға ұқсайды. Әупіріммен аман қалған Аманхан құрдасының да еңсесі түсіңкі екенін көзімен көрген. Бет-аузы көнектей, қабырғасы сынған Мейірханды сол күйінше жиналысқа салып, көптің жерден алып, жерге салғанын да білмей қалған жоқ. Әншейінде «Халық үшін жаным құрбан!», «Мен болашақты болжай аламын!» деп ерсініп, ақылдымсып жүретін небір ағалары жас ақынды жаудай талапты. Үкіметтің ығына жығылғысы келіп, жанынан қорқып сөйтті ме, жоқ әлде шын болмыстары солай ма, қателесті ме – әйтеуір қатты кеткен. Партиядан да, жұмыстан да айдап шыққан. Сонда Ақселеу Сейдімбеков қана: «Қақтығыс болғаны біздің саяси мәдениетіміздің төмендігін көрсетеді, бейбіт, ұйымдасқан түрде болуы керек едіге» саятын уәж айтыпты. Әжептәуір нарталапты төбелеске айналдырмақ болған арандатушыларды да, сол арандатушыларға иек сүйеген үкіметтің қатыгездігін де айыптаған ыңғай сездіреді. Осының бәрі де Теміржан естіген жайлар. Ақселеуді де күдіктілер қатарына қосып, ізін де, сөзін де аңди бастапты. Бұдан да қайта-қайта сұрады. Сейітқұл Оспанов пен Байбота Серікбаевты да қайыра-қайыра шақырып, «үш әріптің» кәдімгідей-ақ қадалып жүргенін естіген. Теміржанның осынау жолдастарының, тек солар ғана емес, мыңдаған қазақтың тағдыры қыл үстінде тұр. Жаудың пиғылы белгілі болды. Қолынан келсе бірді бірге айдап салып, күллі қазақты қылғындырып ұстамақ. Қанжарды алқымға тақағандай бір алмағайып хал. Бір-біріне аңдытып, жаға жыртыстырып қойды. Қаралау, аңдысу, арбасу, сату, табалау деген алыс-жұлыс майданы сорлы қазақтың жасығын да, асылын да қанды шеңгелімен бүріп бара жатты…
Жиенқұлдың әлгі жұмсақ үні сәл демеу болғанымен, қауіп сейілмеген. Қайта сол қауіп бұлты қоюлана түскендей. Замандастарының да өзі секілді бір аяғы тұзақта шалулы екені есіне түскенде нәубет төніп қалғандай болып, біртүрлі жасып, жүнжіп қалды. Ойы да тұманданып кеткен. Күтіммен ғана жүрген дімкәс жігіт қуаты кеміп болдыра бастады. Рухы солып, барлығып қалған. Өстіп жаншылып отырғанда «Сен куртка кимейсің бе?» дегенді қапелімде аңғара алмай қалғаны. Бірдеңе күңгірлегендей болған. Бірақ соны тап басып ажырата алмады. Әлдебір техниканың алыстан естілген тырылы ма, әлде адам үні ме, малдың даусы ма, әйтпесе әлдеқандай ыдыстың сынып түскені ме? Анық емес. Бұл не пәле? Сиырдың мөңірегеніне келе ме? Жоқ, ит қыңсылады ма? Бір сәт өзінің қайда отырғанын шатастырып алды. Біреулердің өзін тергеп отырғанын, соларға жауап беруге тиіс екенін бағамдай алмады. Ештеңе түсінбегендей аңырайып Жиенқұлға қараған, ол: «Маған емес, анаған қарап сөйле» дегендей ақырын ғана иек қақты. Бейшара болып отырған Теміржанға Жиенқұлдың жүзінен иман сезілді ме, әйтеуір осы екі арада ес жинап үлгергендей еді. Жиенқұл мен мұртты жігіт кетіп қалды. Жылтырбет қағазға шұқшиып алған. Теміржан болса өзімен-өзі іштей арпалысып отырды да қойды. Құлағы шыңылдап барып басылды. Әлгіндегі күңгірлегендей болған нәрсенің не екенін есіне түсіре алмай пұшайман болып отыр. Әлде мыналар бірдеңе сұрады ма? Жоқ, өз ойы ма? Ештеңенің байыбына бара алмаған соң ләм деместен тым-тырыс отырып қалды. Әрі жылтырбеттің де бұдан сөз дәметкен сыңайы байқалмайды. Алдындағы бейбақты мүлдем ұмытып кеткен секілді, әкесінің өсиетін оқығандай қағазға шұқшиыпты да қаллыпты. Теміржанға сонысы дұрыс болды. Әлгіндей емес, сергиін деді. Өзін баққан сұқкөздің шаншудай қадалып тұрмағанын сезгеннен бе, әйтеуір кәдімгідей ес жия бастаған. Серпіліп, ширай түсті. Ия, бірдемені сұраған. Анық – сұрағаны. «Не екен ол? Дайындалып отыру керек еді. Қап! Не болды екен, ә?» Бірақ қанша ойланса да қандай сөз естігенін есіне түсіре алмай-ақ қойғаны.
– Сен осы куртка киюші ме ең? Курткаңның түсі қандай? Сен өзі қайталатқанды жақсы көреді екенсің. Тілазар бала секілді не әдет бұл?! Ондай еркелікті көтере алмаймыз. Бұл жер – еркелейтін жер емес!
«Е, әлгі сұрағаны осы болды ғой» деп біртүрлі қуанып кетті. «Мыналары – түк емес, ойыншық сұрақ.»
Өмірінде куртка киген емес. Ұнатпайды. Аласа бойына мүлдем жараспайтын пәлекет. Осыны ойлай бере күліп жіберді. Күлкісі әрі оқыс, әрі оғаш шықты ма.
– Неге күлесің? Күлетін түк те жоқ! – деп жылтырбет тыжырынып қалды.
Теміржан сонда-дағы айылын жиған жоқ. Орнынан жайлап тұра берді. Өле алмай отырып, әліне қарамай күлгені, одан орындықтан ақырындап көтерілгені тергеушіге тым тосын қылықтай көрінді де көзі шақшырайып шошып кетті. Тергеуге түсіп сорлаған міскін ағынан жарылып күлуші ме еді! Бірдеңенің шалығы ұрды яки есінен шатаса бастады немесе мүлдем ақкөкірек таза жан. Бүгіндері адал, таза адам табыла ма. Жасы беске толмаған періште бала болмаса екі аяқтыдан таза жан кездестіру – күмәнді болып қалды ғой. Жылтырбет Теміржанның екі қылығын да ақылы ауысқанға жори бастағандай, көзі бағжаң етіп, онсыз да қарасұр өңі одан сайын көгеріп кетті. Атылатын мысықтай бар зәрі мен дүлей күшін жүзіне ғана емес, қос қолына да жинағандай жұдырығын столға қатты тіреп алыпты. Алдындағы «жынды» қит етсе серіппедей атылмақ. Соған әзірленгендей. Теміржан кідірген де жоқ еді.
– Міне, бойым. Осы бойға, осы денеге куртка кисем не болам? – деп тағы да күлді. – Бала сияқты, жо-жоқ, ергежейлі сияқты шәлтиіп қалмайм ба!
Қандай денеге қандай киім жарасарына мән бермеген тергеушіні мазақ қылғандай. Сол күйін аңғартқандай болып іле-шала күңк ете қалды:
– Қайдағы бір суқаным сүймейтін киімді айтып!
Тергеуші енді қайтып бұл тақырыпты қаузамады. Столды ақырын ғана тықылдатып қойып, тесірейіп қарап отыр. Ойында не бар, тағы қандай бәлені таппақ болып отырғанын Теміржан, әрине, білмейді. Бірақ оның мығым түрінен де, зәрлі қарасынан да қымсынған жоқ. Әдді жетсе, өзін қалайда еркін ұстуға тырысады. Ең болмаса, солай көрінбек болып тыраштанған. Ал іші… өзіне ғана мәлім жай – қорқулы еді. Қазіргі кейпі – «Бөрі арығын білдірмес, сыртқа жүнін қампайтар.» Әлгіндегі күлкі де, орнынан тұруы да бір сәттік қана алдамшы дүние болып шықты. Енді байқады, оң аяғы білінер-білінбес дірілдеп тұр екен. Қатты қорыққан болды ғой! Тұла бойын ессіз қорқыныш біржола меңдеп алыпты. Дірілі басылмады. Бұл күйіне бір жағы намыстанып та отыр. Теміржан өзінің жүрек жұтқан батыр емес екенін жақсы білетін. Бірақ соншалықты сужүрек те емес еді ғой. Неге бұлайша үрейлене береді? Он сегізінен бергі көзімен көрген қанды жазалау жүрекшайлы қып тастады ма. Анығын білмейді. Аяғының дірілін де, көңілін буған ессіз қорқынышты да алдындағы пәлекетке сездіргісі келмей, өзін-өзі қайрап, доңайбат жасаған болады. Бұл әрекеті нәтижелі көріне ме, жоқ әншейін далбаса тірлік пе – ол жағын да айыра алар емес.
Аяқтағы дірілді де, көңілдегі үрейді де сезіп отыр ма немесе жай сынағаны ма, әйтеуір жылтыр бет үн-түнсіз күйі, кірпік қақпай әлі бағып отыр. Өстіп сұғын қадап отырып, бір кезде оқыстан:
– Сөйле, жігітім! – дегенде, Теміржан селк ете қалды. Дірілі де сап тыйылды. «Не сөйлеймін?», «Сені кімдердің Тимур дейтінін айтпадың ғой. Әлгінде айтайын деп тұрған сияқты ең», «Қашан?», «Осы жаңа ғана», «Мүмкін емес өйтуім. Өйтпейтінім – мені өмірімде ешкім олай атаған емес», «Несіне бұлталақтай бересің?! Бәрібір сайратамыз. Сайрағанда қандай! Талайды сайратқанбыз! Босқа басты қатырма!». Тергеушінің үні соншалықты сенімді шықты. Жүзі де ызбарлы еді.
* * *
Азапты түн созылып барады. Екі жылды бейшара күйде, тозақпен жалғастырмаса болғаны да. Теміржанды бір торығу сезімі иектеп алғаны. Ит қорлыққа түскеніне налыған. Өкпе-ренішін, наласын тыңдар жан жоқтай. Пешкінің өзі кімге дәрі, сөзі кімге дәрі. Қақпақыл болған басы бар. Қыл үстінде тұрған тағдыры бар. Иә, бұл – пешкі. Жалғыз бұл ғана емес, бүгіндері күллі қазақ пешкіге айналған. Мазаққа ұшырады. Көрінген табалайды, талапайға салады. Мықтысынған мына жылтырбет те пешкі. Сорлыны үргізген де қойған. Өзі тым үргіш неме екен. «Біз – осындаймыз!.. Итпіз шетімізден! Мен де итпін! Мынау да ит! Бар қазақты ит қып қойған, ит қып бір-біріне үргізіп қойған құдірет-ай! Кейбір ішкі түйсігіміз, ілуде бір пікіріміз өзгеше болса болар, бірақ түптеп келгенде, бәріміз де итпіз! Көпек итпіз шетімізден!..» Осынау улы ойдың әсері ме, қатты торығып, онсыз да жатырқай бастаған дүниеден мүлдем түңіліп кетті. Бұрын да дүниеге іш бұрып жүргені шамалы еді. Желтоқсанның он сегізінен бергі қанды қасапты көргелі бері сұм дүниеге әбден көңілі қалып, есі кіресілі-шығасылы күйде. Өмірді өгейсіреді. Бұл өйтейін деген жоқ-ты, өмірдің өзі мұны сыртқа тепті. Жалғыз мұны ғана емес, барым деп жанына балаған халқын сыртқа тепті. Содан бері іші суық. Бәрінен теріс айналған. Ал қазір тіптен суып, оңалмасқа бет алғандай. Мұның тергеуге түскені де қорлық. Ананың үргені де қорлық. «Өстіп ит қорлықпен өткен өмір-ай!..» деген заһардан жаман тозақы ой жанын жеп барады. Содан ба, әйтеуір тергеушіге де түңілген, қажыған жүзбен қарады да қойды.
Мұның үндемегенін мойындағаны деп ұқты ма, жылтырбет тесірейіп отырды-отырды да, кенеттен:
– Тимур! – деп дауыстап жібергені.
Теміржан болса әбден сілелеп шаршап еді. Діңкелеп шаршаған бейбақ қажыған көзбен тағы бір қарады. «Қор болдық-ау!» деп жаман торыққан. «Құр елес қуып, бір-біріміздің жағамыздан ала кетуді Құдай біздің жұрттың маңдайына жазып қойған екен!» Ине жұтқан иттей дүниеге сияр емес. Безіп құрыса. Ең дауасы – өліп құтылса сауап болар еді-ау.
Бұл сорлы бір емес, талай рет өлімді артық көріп, бейіл берген-ді. Бірақ тәуекел ете алмай қор болды ғой. Талай рет оқталған…
– Мені ешкім олай атамайды. Ататқызбаймын, – деді сүлесоқ қана.
Күн бата басталған осынау мағынасыз арбасу жүйкесіне тиіп діңкелеткені сонша, Теміржан жауап бергісі келмеді, тіпті үн қатқысы жоқ. Тек бостан-босқа егестіріп алармын деп амалсыз сөйлеген.
Әлгі екеуі қайтып келген соң бұлар тергеуге үш жақтап кірісті. Үшеуі де «Тимур» төңірегінде мұны көп айналдырды. Көп қайталанған бөстекі сұрақтар Теміржанның әбден зықысын шығарды. Ана сорлылар да қалай да мұны Тимур еткісі келгендей қатты өзеуреді. Мына түрлеріне қарағанда әлдеқандай бір «дәу» «Тимурды тез табыңдар! Жандарың барында табыңдар! Әйтпесе!..» деп жаналқымға алған секілді. Үш сорлы сол «дәудің» бұйрығын «жандары барында» орындап тастамақ болып битін салып отыр. Әкелерінің кегін қайырарда бүйтіп өңмеңдемес. Жасық шіркіндердің жанынан қорқып сонша тыртаңдағандары… Замандастарының осы дүлейлігі Теміржанға тым ауыр соқты. Замандас болғанда да бір ұлттың адамдары ғой… Сөйте тұра жанымыз бөлек екен деп бір-бірін жауға ұстап беруден тайынар емес. Неге? Мұндай азғындықтың сыры неден өрбіді? Тіпті, бұлардың неге жаны бөлек болуы керек? Жаны бір емес пе. Қаны бір. Бір болу керек қой – қан да, жан да. Жер бетінде қазақ болмаса бұл үш тыңшының кімге керегі бар? Олардың бас амандығы кімге дәрі! Осыны білсе төртеуінің де жаны бір екенін, төртеуі де бір кемеде келе жатқанын неге аңғармайды? Әрқайсысы өз басын күйттеп, жан сақтау үшін нелер иттікке басуы, әсіресе мұны ортаға алып, жаудай талап, сол қорлықтары аздай-ақ, қалайда айыпты қып көрсетіп, қас дұшпанға ұстап бермек болғандары – қандастың тірлігі емес. Қандастың тірлігі бұлай болмаса керек-ті.
Бұл Тимур болмай-ақ қойсын, мыналарға бәрібір; қалай да «Тимурмын» деп мойындатқысы келеді. Сол пиғылдың күштеуімен ой бір өзеуреді дейсің! Өздері жалықпайтын да, шаршамайтын да саппастар екен. Өзеуреп, жанын қояр емес. «Тимурда басы қалғыр иттер-ай!» деп зығырданы қайнағанмен, күресерге дәрмен жоқ, бармақ тістеумен отыр. Тілі – күрмеуде. Мына сойқандар үшін мұның сөзі уәлі де емес, уәж де емес. Бұл қандастарына салсаң Теміржанды «Бір милиционердің шәпкісін көзіне түсіріп жіберіп, сол бұзақылығымен мемлекетке, Отанға опасыздық жасаған, қарсы шыққан әлдеқандай бүлікші» етіп шығарғысы бар. Қалайда қолдан Тимур жасап, құрдымға батыра салардай. Соған шындап ден қойды ма, үшеуі де бірден-бірге өршелене түсті. Түрлері жаман. Сөздері зәрлі. Ниеті қарау. Қараулық қапасында сорлы қазақ әбден діңкеледі…
* * *
Оң-солын танығаннан-ақ Сталинді жек көріп өсті. Жек көргенде де атарға оғы жоқ еді. Әсіресе әкесі; «Істәлін деген тажал болған» деп төндіре сөйлеп, әбден құлағына құйып қойған. Талай шырғалаңды басынан өткерген қақсал жанның сол сөзінің шындық екенін есейе келе пайымдай бастады да, ақырында қатыгез диктаторға кешпестей болып мүлдем жауығып алды. Теміржан мұртты безбүйректің тірлігін ой елегінен өткізеді де өткізген сайын түңіле түсетін. Мұның естіп-білуінше, алып елді апат жайлаған – барлығы да қатыбастықтың кесірінен. Елдің өзі де, рухы да опат болды. Сол нәубетті біліп отырса – өзі істеткені. Ендеше қылмыскер емей немене. Ұлылық ауруына шалдыққан сол немеге ақкөздікпен сенген замандастары кейде дау айтып шыға келеді. «Қайсы бірін біле берсін, айналасында жүргендердің, бергі жағындағылардың бүлдіргені де бәрі. Көсемнің атын жамылып…» Ондайда Теміржан: «Халықтың жайын білмесе сол білмегендігі үшін қылмыскер» деп бет бақтырмайды. Енді біреулер «Сталин үшін алға!» деп оққа қарсы ұмтылғандарды көзбен көрдік» дейді де сол арқылы «Соғыс кезіндегі еңбегі керемет болды ғой» дегенге меңзейді. Бұл бәрібір алған бетінен қайтпайды. «Гитлер тұтас бір халықты фанатик қылды. Ал Сталин Совет Одағындағы барлық халықтарды фанатик қылды. Сонда не бұл? Мен Сталинге сенгеннен, оны сүйгендіктен елді қорғауым керек те, егер сенбесем, сүймесем – елді қорғамауым керек пе? Біздің комитеттің төрағасын құрметтесем, жақсы көрсем жақсы жұмыс істеуім керек те, жек көрсем, жақтырмасам жұмысты нашар істеуім керек пе? Төраға оңбаған ба, шошқа ма, әңгүдік пе, асыл ма, жасампаз ба, онысына қарамай-ақ жақсы жұмыс істеуге тиіспін. Солай істеуге міндеттімін. Елдің басшылығында шошқа отыр екен, ит отыр деп елді қорғамауым керек пе? Басшысы шошқа, ит болмақ түгілі ібіліс болса да Отанды қорғауым керек қой. Шошқа басқарса да Отан – Отан ғой. Ал әлгі шошқа үшін еңбек еттік. Сол үшін жан аямай соғыстық деп ойласа жұрттың надандығы, көрсоқырлығы, топастығы.»
Теміржанның шын түсінігі осылай болатын. Мұндай түсініктегі Теміржанға аналардың «Сен мемлекетке қарсы шықтың!» дегені сұмдық қорлау еді. «Отанға, мемлекетке, халыққа қарсы шығып, сатып кеттің!» деп ұққан. Басқаша пайымдауы мүмкін емес те еді. «Іріген ауыздан шіріген сөз шығар» деп!.. Осылары шыны ма екен өзі? Әлде доңайбат па? Адам бірдеңені қасиет тұтуы керек қой. Әйтпесе… Отан – киелі ұғым… Киеге қарсы тұрса мұны Құдай ұрар! Отан үшін кім қан төкпеді! Мұның ата-бабаларының қаны мен тері… Бәрінің де бар тілегі осы Отанның үстінде өтті ғой…» деп жаны ышқынған.
Сәлден соң салпаңқұлақтар «Бір милиционердің бетіне неге түкіресің?! Сол түкіруіңмен мемлекетке қарсы шықтың!» деп тағы бір бәленің басын қылтитты. Долылық буып алды. «Өлсеңдер өліп кетіңдер, бір милиционер мемлекет те емес, Отан да емес!» деп іштей қаны қайнап-ақ отырды. Мына тергеушілер жалғыз милиционерді мемлекетке балайды екен. Түсініктерінің түріне жыны келген. Бұлар Отан мен мемлекетке балаған «бір милиционерге» бір рет те түкіріп көрмесе неге «түкірдім» деуі керек? Адамның бетіне түкіру – ауыр жаза, ерекше қорлау, әрине. Алайда бұл ешқашан ондай сұмдыққа барған емес.
Қарап тұрса, уақыт пен дүние ғана емес, қорлықтың да шегі жоқ екен. Осыған анық көзі жетті. Әйтпесе, қанға бөктіріп ұрып-соқты, қар үстінде тулақтай сүйретіп итжемеге салды, неше түрлі азапты көрсетті, түрмеге тықты. Енді келіп «Отанды саттың!» деп күйдіріп отыр. Отанды сататындай басына не күн туыпты? Нендей күн туса да ондай азғындыққа бармас. Бара алмас. Тіпті қолынан да келмейді ғой. Басқа қолынан келгенмен ондай арамдық қолынан келмейді. Ол – анық. Мына дүлейлер мұның ол табиғатын қайдан білсін. Еш шімірікпестен, беті бүлк етпей «Мемлекетке қарсы шықтың!» дейді! Мемлекет деген – Отан! Бұлар да оттай береді екен!» деп күйінген. Бір сәт «Оттамаңдар!» деп айқайлап жібере жаздағаны да содан еді. Іші осылай уытты болғанмен, сыртқа түк сездірмеуге тырысқан. Әсіресе көзіндегі сұрапыл ашуды байқатып алмайын деп жүзін төмен салып еді.
Негізі, бұл күндері Теміржан өзін-өзі ұстауды кәдімгідей-ақ үйреніп қалған. Талай күннен бергі көрген сұмдықтары мен естіген масқаралық жайлар ашықауыз болудың ақыры сорға соқтырарын жақсылап түсіндірген.
* * *
– Айтпақшы, осында келетініңді біреу-міреуге айтып қойған жоқсың ба?
– Бүкіл коллектив біледі, – деді ақырын ғана.
– Білгені қалай? Саған «Ешкімге ештеңе айтпа!» деп едік қой», «Аузымда сөз тұрмайды», «Мұнда болғаныңды ешкімге айтпайсың!», «Өтірік уәде бере алмаймын.», «Неге?», «Айттым ғой, аузымда сөз тұрмайды деп. Жалпы мен ашық адаммын. Тұйықтықты жаратпаймын.», «Бізге неге ашылмайсың?»
Бұл үндеген жоқ. «Салғыласқандай болмайын» деп сақтанған. Әрі «Ішімді ашып, сырымды ақтарардай сендер қай қимасым едіңдер?!» деген қыжылы да бар. Бірақ ондай жатырқаушылығын сездірмеуге тырысты.
– Сен әлі сайрайсың! Сайрағанда да біз сұрамаған жайларды да жырлап бересің! Қалай жырлайсың еще!
Мұндай зәрлену қанша рет қайталанды, анық білмейді. Әйтеуір көп. Ылғи зіркілдеу. Әбден зықысын шығарды. Біресе қорқытқысы келіп айбарақ қылады, біресе алдап түсірмек болып аярлыққа басады, арбайды, енді бір мезгіл сырласқан түр танытады, кейде жаны ашығансиды. Мұны қалайда «сайратпақ». Бұл «сайрай» алмай булығып отыр. Не деп сайрамақ? Қалай сайрамақ? Сырласатындай, бұлар ақкөкірек оқырманы емес қой. Іш ашысып шүйіркелесердей қимас достары да емес.
– Қонаевтың түскеніне қалай қарайсың? Оның орнына келген адамға қалай қарайсың?
– Осы тірлік менің пікіріме қарап қап па. Қалай қараушы ем, ешқандай да қарамаймын.
– Мұны қалай түсіндік?
– Қалай түсіндірсем екен? – деп сәл дағдарып та қалды. Мүлт кетпесем жарар еді деп қобалжыған. – Менен тым алыс. Өте биік мансап қой. Ал комитет төрағасы, мекеме директоры немесе бас редактор ауысып кетсе бір сәрі. Менің қызметіме жақындау адамдар. Ал Қонаевта, оның орнында шаруам қанша.
– Осы сөзіңе бізді шынымен-ақ сенеді деп отырсың ба? Өйтіп басты қатырма! Сен – әйтеуір біреу емессің, идеология қызметкерісің. Біріншіден, өзіңнің позицияң болуы керек. Екіншіден, сол позицияңды жұртқа айтуың керек. Яғни сенің сөзің миллиондарға жетеді.
Теміржан қарсыласын бағып-ақ отырған. Оның қай қияға тартқанын да анық аңғарып еді. Ал қарсыласының «Енді не дер екенсің? Аузыңа құм құйылды ма, бәлем! Шыныңды ақтарарсың-ақ!» деген сенімі бардай. Бірақ олардың күткен жағына беттемей қойды. Тіпті маңынан жүргісі жоқ.
– Мен саяси қайраткер емеспін. Саяси шолушы да емеспін. «Идеология қызметкері» дейсіз, оның да түр-түрі болады, сала-саласы бар дегендей. Әрі журналист аузына не келсе соны айта бермейді. Рұқсат жоқ өйтуге. Бар жұртқа ортақ позиция деген бола…
Сөзін аяқтатпай киіп кетті.
– Үйретпе бізді! Сенсіз де білеміз. Құқ етпейтін кещелермен сөйлесіп отырмын деп ойлайсың ба? Ондай ойыңды қалтаңа салып қой.
– Өмірімде бастық болған емеспін. Бастық болуға қызыққан да емеспін. Бастықтардың жай-күйіне назар аударғым келмейді.
– Өй, сен не айтып отырсың? Әңгіме қатардағы көп бастық туралы емес. Республиканың басшысын айтамыз. Сен аңқаусыма өйтіп! Республиканың басшысы, білдің бе?!
– Болса қайтейін.
Аналар тосылып қалды. Дағдарып, аңырып отыр. Көңілдерінде «Мынаның есі дұрыс па?» деген күмән да бардай.
Теміржан шынымен бастықтардың жай-күйіне мүлдем мән бермейтін. Тіпті республиканың да, одан арғы күллі Совет Одағының да басшыларының аты-жөнін толық білмейді. Ал көпшілігінің фамилиясын да білген емес. «Күнде ауысып жатады. Қайсыбірін біле бересің. Бір бастық кетеді, бір бастық келеді. Үйреншікті жай. Атын біліп неғылам. Атын жаттап басымды қатырардай қай қимасым еді солар. Ары кетсе екі-үш жылда ауысады» дейтін. Бұл мінездің қалыптасуына адам аттары мен телефон нөмірлерін жаттауға шорқақтығы да себеп болған. Атынан гөрі түр-түсімен айтуды қолай көреді. «Ана ұрты салбыраған жалпақбет ше. Семіз», «Әлгі жылмиған қытай секілді ме», «Жиналыста қақшиып отыратынды айтасың ба» дейтін. Қазақстанның кейбір үлкенді-кішілі тізгін ұстарлары жайында қойған аты осындай болып келетін. Ал Мәскеудің дөкейлерін ныспылағанда «Бүкірді айтам», «Қисық ауыз ба», «Таз ба», «Түймекөз ғой» деп отыратыны бар. Фамилиясын да, есімін де атамайтын. Орыстың дағдысымен өмірінде бірде-бір рет әкесінің атын қосарлап айтып көрген емес. «Қайдағы біреуді айту үшін үш атты айту – қандай азап! Ол бір – Абай не Толстой болса екен-ау. Көрінгеннің үш атын жаттар жайым жоқ» деп қолын сілтейтін.
Әлгі сұраққа жауап бергенде де сол мінезіне басқан. Дәл осы арбасу сәтінде Қонаевты «Ұзын бастық», «Шал», «Қарт» деп бойшаңдығы мен егделігін ойлағанмен ауысып жатқан көп бастықтың қатарына қоя ойлаған. Содан да ғой жауабының соншалықты сенімді шыққаны. Әсіресе «Болса қайтейін» дегені бар шыны еді. Мұның қитықты жері – Қонаевтың орнынан түскені емес. Тіпті де ол емес. Ол жөнінен ақиқатын айтты. Ең қитықты жері – осы орынға қайдағы біреудің қойылғаны. Онсыз да басынып келген қазақты «Ал қайтесің, мынаны істедім!» деп мазақ еткендей. Бұл мазаққа қарсылығы бар. Атойлаған қарсылық. Келімсектің бастығынан да, басқасынан да құтылу – арманы екенін бұлар қайдан білсін. Ал енді сол келушіге қалай қарайды? Міне, нақ осыны әлі айтпай отыр. Мүмкін болса айналып өтуді ойлаған. Бірақ мыналар тықақтап қояр емес.
– Жарайды. Ал орнына келген, – деді де оқыс кідіріп барып жалғастырды: – кісіге ше?
– Оған қалай қарауым керек? Уақыт көрсетер. Тегінде ол да көп бастықтың біреуі. Ал мен бастықтарға мән бермеймін. Мұны айттым ғой… Сосын… – деп, алдындағы екеуіне тура қарады. Әлденені айтсам ба, айтпасам ба дегендей бөгеле берген.
Аналар да не айтар екен дегендей ықылас танытты. Бұл шақта Теміржанның жабырқау, шаршаулы жүзі шыншыл реңге ауысып алған. Үні де мұңды шықты. Сол үннен бейне өз бейшаралығын ғана емес, мына замандастарының да сорлылығына налығандай сарын байқалады.
– Сосын… менің көзқарасым дүниені тіреп тұрған жоқ қой. Егер менің пікірім, бір ауыз сөзім соншалықты құдіретті болса, сондай адам болсам… – Осы тұста қабағы кіржиіп кетті. Ақырын ғана күрсінді. – Бұл жерде бүйтіп отырмас едім. Сіздер де бүйтіп отырмас едіңіздер. – Маңдайын тіреп отырып қалды. Осы сәтте не түспеді ойына. Бауыр-жұртының тағдыры небір сорақы сурет болып елестеп, ауыр қасірет еңсесін езген бейбақтың көз алдынан қызыл-жасыл ұшқындар ерсілі-қарсылы зуылдап аға бастады.
Олар үндеген жоқ. Теміржанның «Мен де, сендер де, күллі қазақ тегіс ырылдасып, төменшіктеп, қорланып тындық қой» деген наласын аңғарды ма, ләм демеді.
Бұл шынын ақтарып еді. Тергеушілер де соңғы сөздерін шындыққа жорығандай ма, қалай. Әлде есі ауысқанның мылжыңына балады ма, белгісіз. Бірақ бір-біріне риза көзбен қарасып қалған.
* * *
– Жалпы осы оқиғаға қандай баға берер едің? Көзқарасың қандай? Қалай қарайсың?
– Төбелес болғанынан қорықтым. Әсіресе осы қақтығыс бүкіл қалаға жайылып кете ме деп зәрем ұшты. Өйте қалса осы қақтығыстың ішінде бала-шаға да, кемпір-шал да, жазықты да, жазықсыз да майып боп кетуі мүмкін. Ал мұндай қақтығыс ешкімге де жақсы емес.
– Сонда қалай? Бұзақылық, тәртіпсіздік жасағандарды тәртіпке шақыру саған ұнамай ма?
– Мен олай дегем жоқ. Мен қақтығыстан, төбелестен қорықтым. Бұл жерде жастар кінәлі немесе кінәсіз, оларды тәртіпке шақырғандар кінәлі немесе кінәсіз деп отырғаным жоқ. Менің айтайын дегенім, жаппай төбелес басталып, үкімет те, жастар да, тіпті барша халық та жағдайға ие бола алмай қала ма, бүкіл қала қырылысып кетпесе еді деп қорықтым.
Жаппай анархияға айналмаса еді деп қатты қорыққаны рас. Қалада он сегізінен бері қарай неше алуан суық хабарлар дүркіреп тұрды. «Көп адамды бауыздап тастапты!» «Орыс бала бақшасын қиратыпты!» «Қазақ мектебін талқандап кетіпті! «Айнабұлақта қырғын төбелес боп жатыр екен!» деген үрейлі қауесеттер аза бойын қаза қылып, еріксіз солай ойлатқызған. «Кімнің кім екеніне қарамайтын алапат басталмасын!» деп зәресі ұшып еді. Ондай қырғын қай халыққа да, қай топқа да абырой әпермейді, ажал қаптырады, бар жұртқа да жақсы емес. Астана анархияға ұрынса, қырғын тапса, бар қауымның қабырғасын қайыстырар, әсіресе қазақтың сорлап қалары анық. Ұлт сорлайды. Өзге ұлттардың қаймағы мұнда жиналған жоқ, әрі олардың кейбіреулерінің артында тіреп тұрған бір емес, бірнеше елі бар. Атажұрты бар. Сол атажұртында сыңсып отырған іргелі елі бар. Ал қазаққа ондай қырғын сұмдық соққы болар еді. Қазақтың қаймағы осында жиналған. Солар құрыса не болмақ? Серік те: «Үкіметтің кімдікі екенін де, кімге қару ұстатып талтаңдатып қойғанын да көрдің ғой!» дегені де ой салған. Ондай аласапыранда қарусыз қазақтың көбірек қырғын табары қолмен қойғандай айқын. Осыларды ойлап қатты қорыққан. Бірақ бұл арада «Қырғын болса, әсіресе қазақтар сорлайды-ау!» деп иманы ұшқанын жасырып қалды. Тереңін ашар жері бұл емес екенін жақсы біледі. Қазіргі Теміржан – бұрынғы аңғал, ашықауыз Теміржан емес. Әсіресе он жетінші желтоқсанға дейінгі Теміржаннан мүлдем алыстап кеткен. Тіптен бөлек жан. Жау басып алған елде тірлік кешіп жүргенін, өзінің де, туған жұртының да тірі өлік екенін бүгіндері жақсы біліп болған. Сондықтан көп ашыла қоймады. Жау ортасында жүргенде бой тасалауды ойлаған. Арты диірмен тартқан күшті жау тым қаһарлы екен; аямас бетін көрсетті. Барынша айлалы, әзәзіл екен; бұларды өзді-өзіне аңдытып, табалатып, көзге шұқыттырып қойды. Тегі ес жиюға мұрша берер емес. Сол күштінің қолынан бұларды айырып алатын да ешкім жоқ. Халық сорлы – әрі кәріп, әрі жетім. Төменшіктеп, бұғып, жасып қалды. Ез болған жұрт бір-бірін жағадан алып, күшті жауға қайтсем жағынам деп өзара қырылысып жатыр. Мыналар да сол кепті киді. Мұның үш қандасы дұшпанның айбарағынан именіп, қолшоқпар болып шыға келген. Қолшоқпар болмай көрсін, мойнын бұрап жұлып алсын. Көзіне көк шыбын үймелетіп, шырқыратар. Жанынан қорыққан сорлылар айналып кеп мұны қысады. Жауға битімді салып қызмет қылсам, табанын жалап, иті болып үрсем, жаным қалар деп дәмететіндей. Кім біледі, салпаңқұлақ немелер оларды емес, мұны жауға балайтын шығар. Оған дос та, мұң да – басқа болар. Мүмкін, мүмкін… Біздің сорлы жұртқа ондай жетесіздік таңсық емес. Бүгінде итшілеп болса да тірі жүргенің орынды қылықтай көрінеді.
Осылар өзі жандарынан қорқып қана шүйіліп отыр ма? Әлде шыны ма екен? Қайсысы болса да елдің атына ұят-ақ. Сүйеккке таңба.
Басқаны қай бетімен мінегендей. Бәлкім мұның бой тасалағаны да сатқындық шығар. Бойын да, ойын да жасырмай, бар ділін ақтарып салып, қасқайып тұру керек пе еді? Оған ерлігі жетпеді. Барды арылып айтып қасқайып тұру – ерлік пе, көзсіздік пе, есерлік пе, байыбына бара алмады. Мүмкін қызды-қыздымен өзін-өзі ұстап беру ғана шығар. «Эмоцияға салынба! Шын пікіріңді білдірме!» деген жақындарының сақтандырулары дұрыс болар. Бірақ тым әсіресақтық емес пе? Тәуекел деп айтып-айтып тастағанда…
Бірақ тәуекелі жетпеді. Жаны үшін бұл-дағы амалға салды. Сондағы тапқаны – бойтаса қылу.
«Осы бойтаса қылғаным да халыққа ұят келтірмесе жарар еді!» деп жаман құлазыды.
Теміржан көпке дейін іштей можып, өзімен-өзі болып, үнсіз қалып еді. «Байқамай шынын айтып қойғанына қиналып отыр» дегенге жорыды ма, аналар да сұрақ беріп қыстаған жоқ. Үнсіз. Әлде… мұнымен қандас екені, барлығы да маңдайының соры бес елі талайсыз жұрттың перзенттері екені естеріне түсті ме? Кім біледі, «әсіресе қазақ сорлайды-ау!» деген қауіпті олар да ойлады ма екен? Бірақ осынау кең кабинеттегі төрт қандас бір-біріне риясыз көңілден ашыла алмай, әрқайсысы өз ішімен болып, тым-тырыс қалып еді. Сырқалтаңды ақтару түгілі, аңдаусыз айтқан бір ауыз сөзің өзіңе бәле болып жабысуы мүмкін. Бұл – тағдыры тәлкекке түскен бейбақ халықтың барлық ұл-қызына еншілі сыбаға, адым аштырмас, еңсе көтертпес, құшақ айқастырмас зұлмат. Төрт замандас бір-бірін жатырқап, тіпті бір-бірін жау көргендей ме, қалай. Нені сараласаң да өз көңіліңде ғана сарала. Көкірекке түй де қой. Сыртқа білдірем деп басыңа бәле тілеме. «Өзіміздің қазақ қой» деп сене беруге болмайды. Көңіл ауанына салынып отырып сыр алдырып қойсаң, күндердің күнінде, қырсықты бір сағаттарда, әсіресе басыңа іс түскенде кез-келген екі аяқты пенде айтқанынан тайқып, күшті мен аярдың сөзін сөйлеп шыға келсе. Сөйтіп опық жегізуі мүмкін. Құдай да «Сақтансаң сақтаймын» деген. Ендеше аузыңа берік бол. Айтылуға тиіс сөз ғана айтылуы керек. Өзге пікір іште тұншыға берсін. Ішің жарылып бара жатса да сөйтесің. Жан керек болса сөйтесің. Әйтпесе…
Тергеушілер де осындай-осындайларды ойлап торығып қалған секілді. Бұдан ары ырғасуға Теміржан ғана емес, жауап алушы үшеу де қорыққандай. Талайды көрген қақсал жігіттер емес пе, жауап берушінің шын болмысын олар да танып үлгерген секілді. Танығанда да ешкімге, әсіресе туған халқына зияны жоқ, қайта бауыр-жұртына қарлығаш көңіл адам екенін аңғарған. «Көп айтса көне кететін» ерме де, фанатик те емес екенін сезгендей. Тек қатты қорланған, еңсесі түсіңкі, жаны жаралы әрі өлердей қорыққан. Енді айналып келіп өз басындағы қасіретті де шерлі күйін бұларға да жұқтырды ма. Қалай дегенде де Теміржаннан бірдеңе көшті әлде жұқты. Не ауысқанын атын атап, түсін түстеп бере алмайды. Алайда бірдеңенің көшкені анық. Өзгергені де ақиқат.
* * *
Қасындағылардың нендей болжамы барын білмейді, Теміржанның түйсінуінше, тергеу жарым жолда тоқтап қалды. Ал түйсігі осы уақытқа дейін алдап көрмепті. Қаһарлы тергеу әлі алда. Бұл анық. Соны ойлап қорқынышы қоюлана түскен. Не де болса бүгін бітсе екен деп тілеп-ақ еді. Тағы да күптілік, тағы да қауіпке қамалу… Алмағайып тағдырының жарға жығылар сағатын үрейлене күту… Бұл сорлының сыбағасына тигені осы!
Өзі де әбден шаршап, қалжырап бітіп еді. Ит сілікпесі шықты. Түртіп қалсаң құлап түсердей. Сағат алтыға таман келіп еді. Қазір он екіге таяп қалды. Қайта шыдаған-ақ екен. Күтіммен ғана жүрген, өзі дімкәс, өзі жүдеу көңіл қапалы жанның алты сағаттық арпалысты арбасуға жарағаны. Бір сәт осыны ойлап шүкірлік еткендей болды. Бірақ өлердей шаршағанын сезініп, ендігі жерде мына тыңшылардың көзінше құлап қалмауға, тіпті қимылын қожыратпауға тырысты. Еңкеймей, тәлтіректемей, тік, ширақ жүруді ойлаған. «Бөрі арығын білдірмес, сыртқа жүнін қампайтар» ниетпен орнынан жайлап түрегеле берді. Біртүрлі буыны кетіп қалғандай. Тіктелгенде көзі қараутып кетті. Орындықтың арқалығынан ұстай алғаны абырой болды. Әйтпесе, кім біледі, әлсіз дене икемге көнбей құлап түсер ме еді. Тіпті қайта еңкейсе де, теңселіп кетсе де – өлім ғой. «Мыналарға таба болмай, аман кетсем… Осыдан аман кетсем!..» деп тістеніп алды.
Ит сілікпесі шыққан қапалы қазақ іші қалтырап, жүзі бозарып, әл-дәрмені құрып, жүдеп-жадап есікке қарай беттеді.
Темірхан
МОМБЕКҰЛЫ-ТҮРКІСТАН





