МӘСКЕУДЕ ӨНЕР КӨРСЕТКЕН САҢЛАҚ СКРИПКАШЫ Қазақ өнері мен мәдениетінің бірінші онкүндігіне 90 жыл
1936 жылы 17-26 мамыр аралығында Мәскеуде Қазақ мәдениетінің онкүндігі өткізілді. Бұл қазақ халқының өнері мен мәдениетін бүкіл Кеңес Одағына танытқан тарихи оқиға болды. Онкүндік қазақ мәдениетінің дамуына жаңа серпін берді. Осы шараны ұйымдастыруға және оны жоғары деңгейде өткізуге сол жылдары Қазақстанның Халық ағарту комиссары болған Темірбек Қараұлы Жүргеновтің зор еңбек сіңіргенін атап өту керек. Осы мәдени шараға қатысқан, Аққұмның перзенті Әлім Алматтың естеліктеріне тоқталып, шынайы тарихи бағасын беруге тырысамыз.
«Жаңа мәдени бетбұрыс»
Жабасақтың біртуар перзенті Темірбек Жүргенов (Қараңыз: Қазақ совет энциклопедиясы, 4-том, 531-бет; Ақтөбе энциклопедиясы. 441-бет, «Темірбек Жүргенов», «Сарыарқа» б. 2018. 12, 199-бет., Кәртен Б. Қас үлектен туған кәтепті…// 27.11. 2014. aqtobegazeti.kz) қазақ жеріне келісімен қысқа ғана уақыт ішінде үлкен өзгерістер жасады. Жүргеновтің арқасында көптеген мектептер, театрлар бой көтерді. Қазақстанға келместен бұрын Темірбек Жүргенов Өзбек ССР-ның халық ағарту комиссары болған кезде Қазақ АССР-нің бірінші хатшысы Мирзоянның өтінішімен оған Ғабит Мүсірепов келеді. Келгені себебі Қазақ АССР-ның Мәдениеті мен Оқу-Ағарту ісінің тұралап, құрдымға кетіп бара жатқанын жеткізіп, осы саланы қолға алуың сұрайды. Ғабит Мүсірепов он күн әңгімелесіп, ақыры Темірбек Жүргеновті елге қайтуға көндіріп, Қазақстанға алып келеді (қараңыз: Ильясова, К.М. Тағдыр-тарих: скрипкашы Әлім Алматтың күнделікті өмірі, 45-бет). Мирзоянның алдына келген Темірбек Жүргенов 3 шарт қояды.
– Мені байдың тұқымы деп тіл тигізіп, қудаламайсыңдар!
– Менің салама бөлінген қаражатқа басқа салалардың өкілдері көз алартпауын қадағалайсың!
– Мені Өлкелік партия бюросына кіргізесің!
Темірбек Жүргеновке сенім білдірген Мирзоян осы 3 шартты да қалтқысыз орындайды. Темірбек те оның сенімен абыроймен ақтап, бүкіл қаражатты оқу-ағарту ісіне жаратады.
Қолымыздағы «Ильясова, К.М. Тағдыр-тарих: скрипкашы Әлім Алматтың күнделікті өмірі» кітабында және Б.Мырзабай мен А.Алматовтың 2018 жылы «Сарыарқа» баспасынан шыққан «Темірбек Жүргенов» атты еңбегінде былай деп жазылған:
айталық, осы кезде Қазақстанда сауатсыз адамдардың үлесі – 38% болса, қазақтар арасында көрсеткіш – 43% құрады. Қазақ ауылдарындағы бастауыш білім беру деңгейі балалардың тек 50-60% құраған.
Сонымен Л.Мирзоянның тұсында Т.Жүргеновтің оқу-ағарту, мәдениет, ғылым, өнер салаларындағы қат-қабат шаруалары басталып кетеді. Совет билігінің репрессиялау саясатының алдында оқу демалысына шыққан Ғалымжан Алматыға келіп, Файзолла ағасымен бірге Темірбек Жүргеновтің үйіне сәлем беруге барады. «О, қара бала, жақсы келдің, – деген Темірбек аға Файзолла ағайға «Огонёк» журналын көрсетеді, журналда «Ғ.Әбсәламов – Өзбекстанның ең үздік оқығаң, талантты музыкант баласы» – деп жазылған екен (қараңыз:Ильясова, К.М. Тағдыр-тарих: скрипкашы Әлім Алматтың күнделікті өмірі, 46-бет).

«Тектінің тұяғы»
1917 жылы сәуір айында Жабасақтың Аққұм жайлауында дүниеге келген қазақтан шыққан тұңғыш кәсіби скрипкашы – Ғалымжан Әбдісаламов (қараңыз: Н.Сүйін – «Скрипка тағдыр. Аққұмда аунап өскен бала…» // 16.01.2026. aqshamgazeti, Ыстамбұлда Әлім Алмат есімді қазақ сарбазы тұрады.., «Тәлкекке түскен тағдыр»… // 2016. Қазақстан Ұлттық телеарнасы) – Мәскеудегі онкүндікке қатысқан екен. Бұл туралы «Огонек» журналының 1936 жылғы шығарылымында бар болып шықты. Аққұмның перзенті Ғалымжан 1936 жылғы декадада К.Байсейітова, Ш.Жиенқұловамен бірге өнер көрсетеді, сонда және С.Сейфуллиннің қазақ әдебиетіндегі қызметінің жиырма жылдық мерейтойына қатысты жеке суреттері «Қазақ театры» атты мақалада жарияланған. Үш жасында әкесінен айырылып, жетім қалған Ғалымжанды атасы Төремұрат тәрбиелейді. Оның нағашы жағы да осал болмаған. Әжесі сол уақыттағы Басықара қопасын жайлаған Қара деген аса дәулетті адамның ауылынан екен. Өз анасы Қанымша Саудақызы Ақсақал-Тәуіп болысын ұзақ уақыт басқарған Тоқа Сәтбай ауылының қызы болған. Ғалымжанды 5-6 жасында атасы Төремұрат Қарақайдан Басықара қопасындағы Қара нағашы атасының ауылына ертіп апарады. Темірбек нағашысы Ташкенттегі оқуынан ауылға демалысқа келіп жатқан кезі екен. Барғанда нағашы атасы Қара:
– Ғалымжан, сенің нағашың кім? – деп сұрапты. Сонда Ғалымжан:
– Сіз тай беретін нағашымсыз, Темірбек аға қалам мен қағаз беретін нағашым, – деп жауап беріпті.
– Оу, мынау қандай ақылды бала, әкеліңдер тайды, мінгізіндер, – деп Қара нағашысы мәз болыпты. Міне, Ғалымжанды «тектінің тұяғы» деуге болады (қараңыз: Ильясова, К.М. Әлім Алмат: Өмірі мен өнері, 16-17 бет.).
«Тағдырын түбегейлі өзгерткен…»
Әлім Алматтың (Ғалымжан) естеліктерінде: «1931 жылы ағасы Файзолла бай-болыстың балаларын түбінде оқудан шығарады деп Шалқар арқылы пойызбен Ташкентке келіп, сол кезде Өзбекстанның Наркомпросын басқарған Темірбек Жүргеновке жолығады. Темірбек Ғалымжанға ең алдымен білім алу керектігін айтады. Нағашысы кім болғысы келетінін сұрағанда – математик немесе инженер деп жауап беріпті. «Қазақта математик көп, сен домбыра тарту білесің ғой, музыка училищесінде скрипка аспабында ойнауды үйрететін оқу бар» – деп, өнер жолына түсіріп, тағдырын түбегейлі өзгертеді. Ол заманда қазақ жерінде математик дайындау қиын кезең еді. Сондықтан Темірбек нағашысы музыка саласына оқуға кеңес беріп, оқуға түсуге көмектеседі, сөйтіп жиенін өнерге, музыка саласына бейімдейді.
Әлім Алматтың өмірі мен тағдырын түбегейлі өзгерткен Темірбектің оқу-ағарту, өнер саласындағы қызметін замандастары жоғары бағалаған. Мысалы, С.Сейфуллин «Біздің Жүргенов – іскер нарком» десе, Л.Мирзоян «Жургенов – железный нарком» деп республиканың өзге басшыларына үлгі еткен. Ол бір жыл өтер-өтпестен, 1934 жылы Халық өнері қайраткерлерінің І-слетін ұйымдастырып өткізеді, сондай-ақ маңызды қаулылар («Музыкалық театрларға кадрлар даярлау туралы іс-шаралар туралы»; «Ұлттық өнерді дамытуға байланысты іс-шаралар туралы») қабылдауға мұрындық болады (қараңыз: Ильясова, К.М. «Әлім Алмат: Өмірі мен өнері», 22-23 бет.).
Темірбек Жүргеновтің Мәскеуде өткен Қазақ әдебиеті мен өнерінің онкүндігін өте жоғары деңгейде ұйымдастыруына қысқаша тоқталып өтелік.
Онкүндік 30-жылдардағы қазақ өнерін байқаудың биік шыңы болып бүгінде тарихқа енді. Оның жоғарғы дәрежеде өтуі, жасырмай айтқанда, Темірбек Жүргеновтің арқасы еді. Ол болмайтынды болдыратын, сөзді тікелей іске айналдыра білетін, жауапкершілік пен тәртіпті берік сақтайтын аса үлкен қайраткер екенің танытты. Күні-түні ұйқысыз қызмет етті. Қызметтес болған адамдар оның мазасыз тіршілігін жиі еске алатын. Дайындыққа 3 ай уақыт кетті. Жүргенов дайындықты күнделікті тексеріп отырды. Жалпы тарихи деректерге сүйенсек, Мәскеуге 300 өнерпаз барған екен.
«Тірі қалғаным Темірбек ағайдың арқасы…»
Темірбек Жүргенов хабарласып:
– Ғалымжан, сен енді Ташкенттен Алматыға ауысасың, – деп мені Ахмет аға Жұбановқа жіберді. Алматыдағы музыка училищесінің скрипка класында оқи жүріп, 70 адамдық домбыра оркестрінің құрамында 6-7 бала (4 қазақ, 1 татар, 2 ұйғыр) дайындыққа (репетиция) қатысып жүрдік. Ахмет ағай музыка тарихынан сабақ берді. Ғанбар Медетов деген күйші мен Абыл ағай (А.Маханов) есімде, көпшілігінің аттарын ұмыттым. Темірбек аға Мәскеуде өтетін 1936 жылғы 10 күндік қарсаңында бізге, балаларға арнайы костюм тіктірді. Шешеміз бізді – Ұзақбай ағаның (Ұ.Құлымбетов), Темірбек ағаның үйлеріне жиі апаратын. Ұзақбай ағаның Мәскеуде оқитын інісі (Жолмұрат Құлымбетов), қыздары, Темірбек ағаның Кәпназар деген інісі, Жұманазар деген баласы болатын, мен оларға домбыра тартып беретін едім. Мәскеуде болатын Қазақ өнерінің 10 күндігі қарсаңында таңертеңгі 9-дан бастап дамылсыз репетиция болып жүрді. Темірбек аға сол репетицияларға жиі қатысатын.

Опера театры «Қыз Жібек» операсымен барды. Есімде қалғаны — Күләш Байсейітова, Қанабек Байсейітов, Құрманбек пен Шара Жандарбековтер. Үлкен театрдағы ложада отырған И.Сталиннің сол жағында 3-4 адамнан кейін Темірбек аға отырды. Концерттер зор аншлагпен өтті. Соңынан И.Сталин, Л.Мирзояндардың қатысуымен зияфат (банкет) берілді. Күләш ән салды. Алматыға оралған соң театрдың завхозы балаларға тіктірген костюмдерді өзімізде қалдыруды сұрауымды өтінді. Мен олардың өтінішін орындап, Темірбек ағаға жеткіздім. Темірбек аға костюмдерді өзімізде қалдыруға нұсқау бергенде қуанышымызда шек болған жоқ. 1937 жылдың жазында «халық жауларын» жаппай ұстау басталды (қараңыз: Б.Мырзабай мен А.Алматов – «Темірбек Жүргенов», «Сарыарқа» б. 2018. 412-бет.).
Темірбек Жүргенов пен Әлім Алмат секілді көптеген қазақ өнер майталмандарының арқасында Қазақ АССР-нан Қазақ ССР болып, 1991 жылы 16 желтоқсанда Қазақстан Кеңес өкіметінен тәуелсіздігімізді алдық. Оған қоса Қазақ Өнері осы тарихи оқиғадан кейін жаңа белеске көтерілді.
1936 жылы Мәскеуде өткен Қазақ өнері мен мәдениетінің онкүндігі – ұлт тарихындағы айрықша белес, қазақ халқының рухани әлеуетін әлемге танытқан тағылымды оқиға болды. Бұл онкүндік аясында қазақтың дәстүрлі ән-күйі, сахналық өнері, әдебиеті мен би мәдениеті кеңінен насихатталып, қазақ өнерпаздарының кәсіби шеберлігі жоғары деңгейде бағаланды. Осы арқылы қазақ мәдениеті тұңғыш рет үлкен саяси-мәдени орталықта мойындалып, ұлттық өнердің жаңа кезеңге қадам басқаны айқын көрінді. Бұл тарихи шараның маңызы тек сол кезеңмен шектелмейді. Оның әсері бүгінгі тәуелсіз Қазақстанның мәдени дамуынан да айқын байқалады. Онкүндік қазақ өнерінің іргесін бекітіп, кәсіби театр мен музыка саласының қалыптасуына жол ашты. Соның нәтижесінде қазіргі таңда әлемдік деңгейде танылған өнер ұжымдары мен дарынды тұлғалардың шығуына негіз қаланды. Тәуелсіз еліміздің мәдени саясаты, ұлттық құндылықтарды жаңғырту бағыты да сол кезеңдегі бастамалардың заңды жалғасы іспеттес. Сонымен қатар, Мәскеудегі онкүндік қазақ халқының өзін-өзі тануына, ұлттық мақтаныш сезімінің оянуына зор ықпал етті. Бүгінгі күні бұл рухани сабақтастық ел бірлігін нығайтып, мәдени мұраны сақтауға деген жауапкершілікті арттырып отыр. Осындай тарихи оқиғалар арқылы біз өз тамырымызды тереңірек түсініп, болашаққа нық қадам жасаймыз.
Қорытындылай келе, 1936 жылғы мәдени онкүндік – қазіргі тәуелсіз Қазақстан мәдениетінің дамуына негіз болған, ұлттық рухты асқақтатқан ұлы оқиға. Ол – ел тарихындағы мақтанышпен айтылатын, ұрпаққа үлгі болатын алтын мұра.
Асқар РАХЫМЖАНҰЛЫ, тарихшы





