МИ ҚАЗАНЫН ҚАЙНАТТЫМ ҚҰЖЫРАМДА…

Ақ періште әлемім

Біздің әлем – періштелер әлемі,
Қанаты аппақ кіршіксіз де әдемі.
Мәңгі көктем, жазирасы жап-жасыл,
Еш өлшеммен өлшенбейтін көлемі.

Біздің әлем – періштелер әлемі,
Жан жүректі қуаттайтын қорегі.
Көкзеңгірден әрі асатын биігі,
Тебірентер теңіздейін тереңі.
Жұмбақ тылсым – дерегі.

Ұстап қолмен көре алмайсыз заттайын,
Бұлт үстінде билеп тұрар ақ қайың,
Қызғалдақтар көрінбей-ақ көздерге,
Көз қариды жайнап жатқан шоқтайын.

Күміс шашып, өр серпісе өзені –
Өлең атқан жанартаулар өзегі.
Мамыражай мезгілдердің маусымы –
Мәңгі жастық, мәңгі көктем кезеңі.

* * *
Бір қанаты –тазалық, бір қанаты – сұлулық,
Сұлулыққа төсін төсеп аппақ айдын өбеді.
Біздің әлем – қырандардың мекені,
Қалықтаса, қанатынан нұр сәулелер төгілген,
Ақ лебінен маржан жырлар өрілген.
Жамандықтар өз-өзінен жерінген.

Өз-өзінен оқылады ортада
Шәкірім мен Абай абыз өлеңі.
Періштелер әлемі – жұмбақ сиқыр жан емі…
Әлеміме елең етпе, елең ет,
Қанатынан алтын нұрын себелеп,
Көл үстінде инеліктер билесе,
Жыр жазады ақ қанатты көбелек.
Бұл әлемнің түстері де керемет,
Керіледі кемпірқосақ ән салып,
Хор қыздарын қарсы алып…
Көз суырған сұлулық, не керек…
Аққулармен бірге айдында жүзеді,
Ұя салып, қара ағашқа дегелек.

…Сіздің жақта деп естігем, сөздің құны көк тиын,
Ақиқатқа жету – одан-дағы көп қиын…
Желге ұшар, жел сөз, дейді өлеңді,
Керек қылмас биік зеңгір өреңді,
Бойлай алмас тереңді,
Төбе жақта дүрбелең дейді тағы да,
Тесердейін тарсылдатар еденді.
Қалай көрем төбемді…
Айтатыным көп енді…
Түсінер ме екен олар,
Періштелер мекен еткен әлемді…

Менің өлеңім
жазыла салады…

Бұлақтың сылдырлағанындай,
Құрақтың сыбдырлағанындай,
Сәуленің суда ойнағанындай,
Тылсымның күй тыңдағанындай
Гүлдердің күнмен жайнағанындай,
Бұлбұлдың бақта сайрағанындай,
Қазанда мидың қайнағанындай,
Сарғайып таңның атқанындай,
Қызарып Күннің батқанындай,
Құстардың оралып отанына,
көктемін тойлап жатқанындай,
Көзі бардың көзін суырып,
Сәмбіталдың үкісін таққанындай,
Орманның ойға батқанындай,
Ағаштардың бір түнде білінбей
бүрлегеніндей,
Алма бағының шағаладай боп
гүлдегеніндей,
Айдында аққу таранғанындай,
Айнаға сұлу қаранғанындай,
Аспанда Айдың оянғанындай,
Мың бояулы Алматының
мың түрлі бояуға боянғанындай,
Алтын алқапта дәннің піскеніндей,
Өріктің төгіліп, түскеніндей,
…жазыла салады.

* * *
Топ-топқа бөлінгенге қосылмадым,
Өсек айтып әйелше жосылмадым.
Ми қазанын қайнаттым құжырамда,
Аман болсын мал-жаным қосымдағы.

Ағы емес, ақ гүл ғой шашымдағы,
Уәжсіз сөз басымнан асырмадым,
Мен біреуді ешқашан кемсітпедім,
Және де жол бергем жоқ,
ойнақтап кеп, үлекше басынғанын.
Айтарымды айтпасам, басылмадым.
Сөздің құнын білмеске қадір тұтып,
Күн нұрындай шашудай шашылмадым,
Райханша Күн шықпай ашылмадым.
Қара жауын астында қара жолмен,
…ұзай бердім, тобырдан қасымдағы..

Өлең десе, ортада тосылмадым,
Ортаймадым,
… кеткенім жоқ, тасып жаным..
Тұттым-дағы қасиет сөз өнерін,
Осы ғана бақ дедім басымдағы

«Бәлду, бәлду –
бәрі өтірік!»
(Марқұм Есенғали ақын әруағына)

…Тырналар қала үстімен ұшты айналып,
Үш рет неге айналды ? –
Ұшты ойланып…
Ұшты олар қиқу салып – көз ұшында,
(Аспан төсін айғыздап, қақ айырып),
Қанатына қызыл іңір – түс байланып…
Құстарды сүйіп ұлы махаббатпен,
Сырларын тасқа жаздың шапағатпен.
Кеттің бе, көжиекке сіңген тырналар тізбегімен,
Көк жүзінде қалықтап құсқа айналып…
Өлеңменен, қаламменен, ғаламменен,
«Ойнайтының» бара ма, түске айналып…
Көк пе, Жер ме кіндігінен көзалдымда,
Шыр айналып, алдыма түсті айналып…
… Жер үсті қара боран қысқа айналып.
Жүзі толып, Айың да байып болып…
Қасқалдағым,
ұштың ба ғайып болып.
…Көздің жасы аққандай
Жайық болып,
Өткізсем деп қайғыдан аққайыңдар,
Сыңсығандай, кетсек деп қайық болып…
Мәңгілік дей беретін Жасыл ғалам,
Үмітпен адам өмір асыраған,
Айтыңызшы рас па осы, тосып алам,
«Бәлду, бәлду – бәрі өтірік!»
деп көп айтушы еңіз,
әзіл-шыны аралас… Асыл ағам.
Орманымды өрт шалды,
қарлығашты қар шалды,
Өкпе ісіп… қалайша басыла алам?
Өлеңіңе қайыңдай шырыны аққан,
Ғашық еді, ғайша – ғалам –
қалайша жасыра алам.!
…Басын иіп барады ғасыр оған,
Басын шайқап қарады ғасыл оған…Құрақ ұшып, жай беріп жасыл алаң.
…Неге айттың екен,
айтпайды ғой мұны,
тосын адам, деп:
«Бәлду, бәлду – бәрі өтірік!»

* * *
Көк те, Жер де
онда өмір сүруде,
Жылау, құлау, күлу де,
Қуану да, жұбану,
Бұлт етегін түру де,
Қарсылықпен қарсыласу,
Додаларда қамшы басу,
Қиындыққа жан шыдату,
Тамшылармен тамшыласу,
Сағынышпен шөлді басу,
Отқа, шоққа
жан шыдату – бұл не?
Тіршілікке төзу шынында –
Шыныдай ма ең-ау, тым нәзік –
Шыңылдайды ғой шының да…
Мен дүниені көріп қалып ем,
Ол сенің –
тұп-тұнық қарашығыңда.
Хрустальдай сыңғырлаған
Сұлулық – сенің ол жан асылыңда–
Жансарайыңда.
Жансарай
жанашырым ба…
Қарашы әне, жауып жатыр қар –
…Жазды өткерген уақыт та келді.
Аққардай махаббаты бар –
Жастығыыыым,
Сен қандай бақытты едің..!

* * *
Гүл шашып өмір жолыңа.
Бағыңа нұрын төккен Күн –
Бақ болып қонып қолыңа,
Құс болып ұшып кеткенмін.

Қадірін білмей уақыттың,
Ортайған күнің – ол да обал.
Бағасын білмей бақыттың –
Алтыннан асық қолда бар.

Көгінде сонау асыр сап,
Жалт еткен жасын – өткен күн.
От болып жанып лапылдап,
Күл болып ұшып кеткенмін.

Оттан көйлек кидім де

Өмір, өмір осы ма еді бар мәнің,
Қалықтайды көк жүзінде арлы әнім.
Қан саулаған жүрегімнің жарасын,
Қансырадым – таңбадың…

Арда қалма ақбозымдай арманым,
Ай тұяқты ақбозатым арымағын.
Бір өлеңге ілініп тұрғандай ма
тірлігім,
Бос кеңістік, тек ауаны қармадым…

Өлең отын қаладым да лауладым,
Шырпы тиген қамыстайын
қауладым.
Өшірем деп әуре боп жүр өлермен,
Өрши-өрши өшпейтұғын
өрттен әсте аумадым.

…Тым, үлкейіп кеткен еді аумағым –
Өлерменнің аралап жүр бау-бағын.
Тау да, жел де маған дем беріп,
Тілім – жалын, арқамда – шоқ,
аунадым.
Өлең отын қаладым да қауладым…

* * *
Көрінгенге бас иіп ашылмадым,
Түлкілері айтақтап
Үлектейін ұялмай ойнақтаса,
Білместік-ай, дедім де ашынбадым.

Жарып шыққан өндірдей өзегімді
Өбектедім
опалысы осы деп өлеңімді,
…Бердім әзір, күткізбей кезегіңді,
Тере бергін өзің-ақ, …. – ді
….мін, бәрін де кеш сезеріңді!
Бұза алмайды арнамды ағып жатқан,
Бұра алмайды ешкім де өзенімді…

Теңіз өзі соғып берді кемемді

Өмір өзі жазып берді өлеңді,
Өлең өзі қазып берді тереңді.
Тау толқынға
соғып-соғып басымды,
Теңіз өзі соғып берді кемемді.

Таулар өзі тұрды маған қорған боп,
Кейде дана, кейде ойлы орман боп.
Тәңір өзі теңіз-ойды кештіріп,
Теңіз ойдан тапқан рас, олжам көп.

Жазмыш өзі жазып берді тағдырын,
Қиынынан қиыстырған жалғызым…
Сәуір өзі сәтті болып туды да
Ырыс етіп төгіп берді жаңбырын.

Көптен күткен…
үзілтіп шын кешіккен
Бақыт өзі кіріп келді есіктен.
Шаттық өзі шашып беріп шашуын
Сәтсіздіктер өзі қашты өшіккен.

Қарлығаштар қалықтайды би билеп,
Сүйіншісін үлестіріп үйді-үйге.
Көктен түскен көк тас еріп, сол күні
Көктем өзі түсіргенді бұл күйге.

Мүлде осылай болмайтындай – тілеп көр,
Бірін-бірі өзі тапты жүректер.
Кірпік ілмей босағамды күзетті
Дос көңілі… жылы-жылы тілектер.

Өмір өзі жазып берді өлеңді,
Тамыр өзі қазып берді тереңді.
Толқын-тауға
соғып-соғып басымды,
Теңіз өзі соғып берді кемемді.

Көктемді көкірегінен итермейді
Сіз бізді ешқайда, ешқашан қуа алмайсыз,
(Ниетіңізден осы расымен «ізгі» ұялмайсыз, )
Көктемді көкірегінен итермейді –
жазирасы жасыл, әтірі жұпар, гүл-мекен.
Кім кімге сонда күлді екен,
Күлгені – үп десе ұшатын үлбіреген нәзік үр ме екен,
Жазғаны жібектей жасыл жыр ма екен,
Түсіне сол түн қандайлық сұмдық кірді екен..?
Төбеттер неге шабаланып сонша үрді екен,

Сіз бізді шығара алмайсыз өңіңіз түгілі түсіңізден,
Шығарсаңыз, қаласыз ен далада – қу мекен.
Бір шынарыңыз құлайды, бір шырағыңыз өшеді,
Бір орман бұлбұл көктеммен бірге көшеді.
Қабырғаңыз сынады, шарбаққа сүйенесіз,
Темекінің түтініне тұншығасыз, –
«Осыны осылай ғып кім туды екен?»
Сен менің атымды шығара да алмайсың,
Өңмеңдесең де өшіре де алмайсың.
Есімім – ел жұрттың аузындағы дәмдей,
Үнім – сағынтып салатын жауһар әндей…
Сіз бізді таптай алмайсыз, тұлғаңыз рас пілдей ме?
Шаптай да алмайсыз, сырт көз – сыншы күлмей ме?
Мысықтың баласындай мыжи салатын кім едің,
Өзіне көп алған қылығыңа қазір күлемін.
(Кеш енді – ешқашан «кет» дей алмайсың,
Өмір – өзен кері ақпайды, (осыны да бір есіңе алғайсың.)
Мәңгілік жасыл жазирада қайыңдай бұралып билеп жүремін.
Ғажайып мәңгілік көктем әлемінде
Бар болатынымды білемін.

* * *
Сіз бізді ешқашан соттай алмайсыз,
(Жоқ болсақ, сеземін, жоқтай алмайсыз…)
Сұлулықты, нәзіктікті адам соттай ма?
Сұлулық Сіз үшін ойып түсірер шоқтай ма?
Бұлбұл сайраса, тыңдамаушы ма еді, тоқтай қап,
Қайыңға балта шапқанның қиналар,
Тәңірінің таңы ұзаақ атпай қап…
Өзі өртенеді – шетені гүлдеп,
райхан гүлі жайнаған,
Құстары ән сап,
сандуғашы сайраған,
Қайыңы шырынын ағызған орманға от қойған…

 

                                            Баян Бекетова,
ақын, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері,
«Құрмет» орденінің иегері




ПІКІР ЖАЗУ