АСПАНДАҒЫ АҚ КӨБЕЛЕКТЕР

Құмырсқаға тимеңдерші, іздегені өмір ғой.
Фирдоуси

Тағы да ақ көбелектердің соңынан қуып діңкелеп, аңқасы кеуіп оянған.

* * *
Оқтаудай көшенің оң қапталында иін тіресіп, итініп ұмтылған жүргін­шілер арасында батып-шығып, шығып-батып ұз-зақ жүрді. Беталысы базар-ды. Күндегісі осы. Шөл ғой шыдатпай жүрген…
Табанын қыздырып алғандар мұның шабан қимылын шаң қаптырғандай. Ертеңгі қызыл арай еркін тарап, күн қуатына мініп, шекесін шақты. Ақ кепкісін қышыған шекеге жығып, ажырайып зеңгір көкке қараған. Жүнделмеген жетім тайлақтай алба-жұлба жалғыз бұлт беталды маңып жүр. Тамыздың таңғы шығымен таңдай жібіткен қала торғайы да жұрттың ыңғайына шоқақтап, ұшып-қонып байыз таппайды. Бұл жазғанның да базардан дәмесі бар шығар. Әлден уақытта:
– Ой, дәурен-ай! – деген дауысқа мойын бұрған. Қайырылған ешкім көрмеді. Сарысу жиналған оң аяғын еркелете бастырып жанынан бір кейуана озып барады. Жетегіндегі жас қызға арзу-арманын айтқан сыңайлы.
– Мен де сендей болғанмын, – дейді жарықтық.
Қасындағы күмірә болғыры жыртаң қағып көзін жайнаңдатады. Жайнаңдатқан сайын көшенің арғы бетін тінтіп қарайды. Кеудеше мен етектің қабыспай тұрған тұсынан сығалаған жалғыз көз – кіндігі түскірі қарсы жүргіншіні көздейді.
– Сен де мендей боларсың…
Кемпір мен қыздың қарасы батқасын ғана есін жиды. Ой теріп, уайым арқалап, шексіздіктің құшағында кетіп бара жатқан жалғыз өзі дейсің бе? Әне, бәрі де…
Баяғы Дәурен дәу қаланың бетке ұстар базарында шалбар саудалаушы еді. Арық қатынның арты әзер сыярдай ғана орынға көздің жауын алдырып, ағын, көгін, қарасын жайып:
– Жәке, сізге сұмдық жарасады… Тәте, құйып қойғандай екен… – деп өз тауарына өзі тамсанып бітетін. Алушысы түскір де алуан-тын. Желпілдеген жасы, жер жетектеген кәрісі, сүйріктей сұңғағы, мимырт басқан мықыры, шілаяқ сидаңы, балпаң қаққан бөкселісі… Ақшаның бет-жүзіне қарамас сахиы, теңгенің мөрін жылап жалайтын сараңы… Ой-дөйт дерсің! Десе де, қалтаға құйылған тиынның сыңғыры жиылып кеп бұйра бас, ақсары өңді, ашаң, әдемі жігіттің пәтер жалдауына да, назқоңыр нәпақасына да, Жарбай ауылындағы жалғыз шешесіне де жетіп артылатын. Шалының қара шаңырағын жықпаймын деп төрттағандап отырған кейуананы айына бір барып сүйсіндіріп, ас-суын қамдап кететін.
Қайтарда «Құлыным-ау!» деп қасқа жолдың бойына дейін шығарып салғанда көлбеңдеген кең көйлегінің етегіне алтын шуақ үйіріліп, өзімен бірге жан тыныштығын, қанағат пен иманды қоса-қабат алып қалғандай болатын. Бұл қалаға кіре жанталасы басым, алқын-жұлқын беймаза өмірге сіңіп жүре берер-ді. Жанын бірге саудалаған бұл ұйыққа түспес еді… Әлимасы бар ғой. Кәдімгі базардың кіреберісінде су сататын, екі қасының нақ ортасында тарыдай ғана меңі бар қыз ше?.. Иә, иә, сол! Әр шалбарды өткізген сайын кеп су ішетін.
– Кербаланың шөлінен келдіңіз бе? – деді бірде ұяң жымиып.
– Жоқ, кең балақ, тар балақтың сорынан жеттім.
Сыңғыр етіп күліп жіберген. Жай күлкі емес, шыны ыдыс сынып, ауаға тарап кеткендей. Содан бастап су емес, сынған ыдыстың құлағыңды қуантар дыбысын іздейтін. Сыңғыр! Әне, көзге көрінбей шашырап барады. Аға-жеңгенің қолына қарап қалған жетім нарша екен. Жүзінде сәбилік пәктік ұйып, үркектеу жанарының түбінен ылғи да бір үміт сығалайтын. Құмары қанбай ішкен мұның кәусар күлкісін сол шығар үзбей-жұлмай аман алып қалған.
«Күзге салым той жасаймыз…» дескен.
«Жарбайдағы жалғыз шешені қолға көшіріп аламыз…» дескен. Тек, әттең…
– Көне зиратты тегістеп жіберіп, үстіне мына «Неке сарайын» салды. Алда көктемегірлер-ай! – деген таныс дауысқа қараған. Сарысу жиналған оң аяғын еркелетіп басатын кейуана екен. Бусанып алыпты, жауырыны бүлкіл қағады.
– Бүгін неке қидырғандар сұмды-ы-ық көп.
Елге жалғыз көз – кіндігін көрсетіп келе жатқан қыз «сұмдық» деген сөзді айызы қанып, сағызша созып айтты.
– Е, мал семірді. Жеміс-жидек пісті. Жұрттың күйегі түспегенде қайтеді?
Жетектегі қызды қаралай желік кеулеп көтеріліп-басылды.
– Өй, осы күнгі жастарда бәтуа жоқ. Түнде берген уәдеден таң алды тайып шығады… Тас лақтырым жердегі базары түскір жеткізбеді ғой.
Жолай дүкен біткенді сығалап, алды-артын орап жүргізбеуін көрдің бе қақбастың!..
…Тек, әттең!
Күнделікті шалбар саудасы қызған тұста:
– Базар қожасы шақырып жатыр. Тез жет! – деген хабар алған. Аң-таң боп тұрып қалыпты. Бетінің ұшынан қаны тамған көк көз жігіт ағасын ілуде бір көріп қалатын. Аста-төк байлығын базардың бүкіл қатын-қалашы аузының суын ағызып айтып тауыса алмаған.
– Несін айтасың, костюмін күніне екі мәрте ауыстырады.
– Қасқа-ау, айтып тұрған көйлек-дамбалың не, құрығанда аптасына бір жаңа машина мініп шығады.
– Әйеліне Парижден вилла сатып әперіпті. Онысы басқа иіссуды менсінбей, тек «Шанельге» шомылатын көрінеді.
– Жалғыз қызы бар. «Джиптен» түспейді. Отырып қалған, отырып.
– Ойбай, отырып бай таңдайды да. Жүзіқара-ау, сені мен мен дейсің бе?
– Пішту, негрге күйеуге шығып, тайпа көсемімен таласып, шетелден қуылып келсе көрер ем отырмағанын. Отырады! – десіп шулағанда араның ұясындай жерді азан-қазан ғып жіберетін. Тіпті бір-бірін сөзден жыға алмай, жағаласып кетуге бар.
Сол пышағы майдан кеппеген базар қожасы мұның қай қызметіне зәру боп қапты? Келімсек көп, оймақтай орнымнан айырылып қалмасам деп зәре-құты ұшқан. Шешесі де әр барған сайын: «Құлыным, тым биікке шыққанға сенбе!» – деп зарлап қалатын. Шалбар саудалаған бақалшы ұлы тап бір төре үйлердің төрін бермей жүргендей. Тілерсегі дірілдеп кең де жайлы кабинетке енгенде бетінің ұшынан қан тамған көк көз жігіт ағасы орнынан күлімсірей көтерілген.
– Кел, бауырым, кел! Өзіңді іні қылсам деп көптен көзім шауып жүр.
Аңырып бетіне қараған. Қожасының жанары мұның жүдеу иінін, қойны-қонышын тінткілеп жатыпты.
– Ассалау-мағалей-күм… – деді бұл одан әрмен сасып.
– Әлік алдым. Отыр. Деміңді бас. Шалбары құрысын! Құтыл! Бүгіннен бастап маған кеңесші бол. Қызым екеуің… Қызмет көлігің… ақшаң…
– Сатылмаған тауарым көп еді…
Қожасы саңқ етіп күліп жіберді:
– Әй, бауырым, ешкім жалаңбұт қалмайды, қорықпа, өзгелер өткізіп береді.
Дәурен көпке дейін есін жия алмаған…
…Батып-шығып, шығып-батып ұз-зақ жүрді. Беталысы базар-ды. Күндегісі осы. Шөл ғой шыдатпай жүрген… Көше қазағының бәтуасыз әңгімесіне құлақ түрген. Бірер әріптің обалына шығып мұрнынан сөйлейтін мықыр шал қасындағы ұзын сирақ, безеу бет баласына кіжінеді кеп:
– Былтыр піштірген қызыл өгізді сатып оқуға түсірдім. Мұғалімдерің зар сылайды балаң әлі күнге әріп танымайды деп. Ал керек болса… Қарғам сот болады деп шешең жүр ісіп-кеуіп. Біз баяғыда кітапты сеп қоятын ек. Сылқыбай деген атағыма кір келтірдің, сатыры саман ит!
– Түй, папа, қойшы енді! – дейді онысы…
Үйелмелі-сүйелмелі екі кеңесшінің бірі – әлгі оңбағыр қатындарға айтқызсаң, тайпа көсемімен таласты дейтін Сырғалы. Қызылшырайлы, еркекшора, еркін қимыл. Жанарының бояуы әкесінікіндей қою жұқпаған, аспан түстес көгілдір. Қарама-қарсы кеп тұра қалғанда тепсінген қос анары алқымыңды тіреп, аузыңа асатып жібергендей екен.
Сол күні Әлимасы:
– Бастық адам енді біздің суымыздан дәм татса жақсы, – деп бейкүнә жымиған.
– Қашанда сенің суатыңа құлаймын ғой, – деген бұл айғыр стақанды әдеттегідей төңкеріп жатып. – Күн жанып кетті. Айтпақшы, ертең театрға барайық. Жақсы спектакль жүріп жатыр деп есіттім.
– Барайық. «Мерседесіңе» мені мінгізесің бе? – Сақтанып, сыбырлап айтты.
– Әрине.
Сыңғыр ете түскен. Шыны ыдыс сынып, ауаға тарап кетті.
Іле қожасының кабинетіне енген. Төрдегі жігіт ағасы ләм-мимсіз, басын төмен тұқыртады. Жанында қаздиып, қырыққан серке бұттанып тұрған қызының қызылшырайы өңіп, аспан түстес көгілдір көзі ақайранданып кетіпті.
– Не? – деді салған жерден. – Не? Дырдай басшысың. Әкемнен кейінгі. Еще, тұра қап есік көзінен сиырдың сідігіндей сары су ішесің. Содан кейін сені қай базаршы сыйлайды? Не?! – Екі иінін қусырып, төменшіктей берген. – Тоңазытқышың толып, жарылып кетейін деп тұрған жоқ па? Не?!
– Жә, жә, – деп қызы қара дауылды көтеріп бара жатқан соң қожасы тұқырған басын тіктеді. – Жә, енді! Дәурен қарағым, ел-жұртпен аралас-құралас болған жақсы. Бірақ бұ қазақты бойыңа тым үйір ете берме. Балағыңа жармасса бітті, басыңа бір-ақ қарғиды. Құрып кетсін! Сырғалының жоқтап тұрғаны сенің абыройың ғой. «Жас-жастың тілегі бір» деген. Бір-біріңе осылай қамқор, сүйеніш боп жүріңдер. Мен сырттарыңнан сүйсініп, масаттанып отырайын.
– Кешіріңіз… Абайламай…
– Не?
– Сырғалы, қой енді! Ал, Дәурен, менің мынадай жоспарым бар. Біз базар аштық деп өз қазанымызда өзіміз қайнап мәз бола бермейік. Көрші облыстарда, Алматы мен Астанада жаңа, заманауи сауда орталықтары, шүкір, жеткілікті. Солардың озық үлгісін үйреніп, тың тәжірибесі болса іске асыруымыз керек. Жабайы сауда бүгін бар да, ертең жоқ. Халыққа мінсіз қызмет көрсету – парыз. Осы шаруаны Сырғалы екеуіңе аманаттағалы отырмын.
– Жарайды, аға. – Жуасып айтқан.
– Бәрекелді! Ендеше бүгін ұшыңдар. Міне, билеттерің.
– Қанша уақытқа? – Қызы мейірленіп, қызылшырайы мен аспан түстес көгілдір көзін қайтадан тапты. – Асықпай қыдырайық, әке!
– Бір ай… екі ай… үш ай… Еріктерің білсін…
…Батып-шығып, шығып-батып ұз-зақ жүрді. Беталысы базар-ды. Күндегісі осы. Шөл ғой шыдатпай жүрген…
Мұрнынан сөйлейтін мықыр шал қасындағы ұзын сирақ, безеу бет баласын әлі нықыртып барады:
– Сендей сігіт кезімде ат үстінен түспейтін ем. Есіл састық сендерге қор болған. Оқуды оқсатпасаң қатын ал дедім. Көрші Құдайбергеннің қызына құда түсейін дедім. Семіз деп… Оның несі саман? Басының пайдасын білмейтін ит-ау! Қыста – сылы, сазда – көлеңке…
– Түй, папа, қойшы енді…
– Өй, нәлет! Үріп ауызға салғандай-ақ бала еді…
…Қала сайын тоқтап, бір төсектен өрген. Ілкі сәтте қашқақтап бой тартқанда:
– Не? – деген таныс дауысты естіген. – Осы мырғамның бәрі салбырап аспаннан түспеген шығар?! Менің арқам. Саған өле ғашықпын. Не?!
– Жарайды енді… – деді. – Мен де… – Жалы жатып қалған екен.
– Жараса, су сатушы сұмырайдың көзін жоғалт! Барған бетте!
– Ым-м…
– Не?
– Иә дедім ғой.
Сонан соң… Жұп-жұмыр қос тақымның ортасында асау үйретіп жүргендей ме?.. Ұста дүкенінде шоқ көсеп, күмпілдетіп көрік басып жатқандай ма?.. Базар емес, құдды жаннат бағында сайран салғандай ма?.. Бойын алақызба есірік сезім меңдеп, Жарбайдан шыққан жалғыз ұлға әйтеуір тізгін бермей қойған. Қызығы тарап, қызуы басылмастай көрінген сапардан оралысымен салып-ұрып кәдімгі Әлимасына келген. Ығы-жығы кезек сирегенде ғана жанарын көтерді.
– Барсың ба? – Жай ғана жымиды. Шыны ыдыс сынбады. Айналасын көзге көрінбес мұңмен құрсаулап тастаған екен. Екі қасының ортасындағы тарыдай мең балалап, жүзіне құмырсқаның ізіндей білінер-білінбес боп жайыла бастапты.
– Жарбайдан апам келген. Сені іздеп жүр. Қол-аяғым сырқырайды дейді. «Бұ заманда бастық болған бала қолға тұра ма?..» деп уайым төгіп кетті.
– Ым-м…
– Қашан көшіріп аламыз? – деді үнсіз тұрып-тұрып. – Театрға да бармадық қой, Дәурен.
– Жақсы спектакльдер ойналып кетіпті…
…Батып-шығып, шығып-батып ұз-зақ жүрді. Беталысы базар-ды. Күн­дегісі осы. Шөл ғой шыдатпай жүрген… Алдынан тағы кезіккенін көрдің бе?
– Әдірем қал, – дейді кемпір мәз боп, қолын мықыр шалдан асыра сілтеп. – Қаладан тоқал іздеп жүрмін деуін. Басқа түгіл саған ақсақ мен ұстатпаспын.
– Өйтіп құтырма! Сөп сұлдырып қоярмын. Әлі күнге қымыз ішіп, сал-сая сеп сүрмін. Ә-ә… Давай, әдірісіңді айт!
– Қой, жазған! Балалардан ұят-тағы.
Ұзын сирақ, безеу бет бала мен күмірә болғыр қыз бұл кезде бір-бірін көзбен шағып жеп, ыржалаң қағып балмұздақ жалап тұрған…
…Сол күні жас отау тігеміз деген тілекпен мына тұрған «Неке сарайына» Сырғалыны жайнатып кіріп-шыққан.
– Бір ай тез өтіп, той тарқап, шетелге шығып келсек екен, – деп Сырғалы сарғайған.
– Африкаға ма? – Астапыралла, айдың-күннің аманында аузына түскен сөздің түрін қарашы.
Болашақ жұбайы батқан күннің бояқ сәулесіне малып алғандай күреңітіп кетті:
– Жоқ, Жарбайға. Арасы тым жақын деп есіттім.
Екеуі де абайсыз айыбын шайып жарыса күліп жіберген.
Түс ауа жаны жай таппай алып-ұшып жұмысына келгенде:
– Әлиманы «Жедел жәрдем» алып кетті!
– Су ішіп құлады!
– Суы несі, у ішіп жығылды!
– Ішкізді, ойы-бай, ішкізді!
– Ішінде жеті айлық нәрестесі бар! – десіп қатын-қалаш онсыз да алау-жалау дүниенің аспан астын жаңғырықтырып жатты. Көз алды дөңгеленіп жүре берді. Жалма-жан кері ұмтылған. Аурухананың есігі алдында Сырғалымен соқтығысып қала жаздады. Бұл қайдан жүр?!
– Не?! – деді қалт тұра қалып. Таңертеңгі қызылшырайы өңіп, аспан түстес көгілдір көзі ақайранданып кетіпті.
– Кес-кестеме!
– Не?!
Операция столының жанына бұза-жара жеткен. Тұп-тұтас аққа тұмшаланған кәрі хирургтің көзі шегірленіп кетті. Жанындағы екі мейірбике әзірейіл көргендей бажылдап жіберді:
– Тоқтаңыз!
– Сабыр ет!
– Біз қолдан келгеннің бәрін жасадық.
Беті әлгінде ғана жабылған мәйіт орнынан ақ нұр боп қайта көтерілген. Кәдімгі Әлимасы. Судағы бейнедей қалықтап кеп аңтарылып қалған мұның жанына жетіп тоқтады. Мұңайып, кінәлай қарап сәл бөгелді де, будай ыдырап төбеге сіңе берді. Қасында көктемгі алма ағашы гүліндей ақ көбелек қалт-құлт ұшып қоса кетіп барады…
…Батып-шығып, шығып-батып ұз-зақ жүрді. Беталысы базар-ды. Күндегісі осы. Шөл ғой шыдатпай жүрген…
Дембіл-дембіл алдын кес-кестеп басынды-ау бұлар. Ақсақ кемпір мен мықыр шал жоқ, зым-зия. Ұзын сирақ, безеу бет бала күмірә болғыр қыздың жалаңаш белінен қапелімде біреу тартып әкететіндей тас қып құшақтап алыпты.
– Жеп қояйын ба? – дейді.
Бәлекеттің қолының сырықтайын көрдің бе, жалаңаш белден асып, қыздың өңір тиегін сипалап жатыр.
– Тоясың ба? – дейді онысы көзін жайнақтатып.
– Тоймасам тағы жеймін.
Былтыр піштірген қызыл өгіздің обалына қалған, Алла, ашқарақ ит-ай! Жөнді әріп танымай жүріп, әкесін жолда қалдырғандай екен…
…Дәл неке қияр сәтте аспанға көтеріліп кеткен ақ нұр Дәуреннен басқа жан баласына көрінбей, судағы бейнедей сырғанап кеп Сырғалы екеуінің ортасына түсе берген. Бұ жолы мұңайып та, кінәлап та қарамады. Тұнжыр тартқан жанарында баяғы үміт оты өшіп, үрей мен мазасыздық шүпілдеп тұрды.
– Жо-жоқ, – дегендей ернін тістеп, жанұшыра бас шайқады. – Жо-жоқ!
Көктемгі алма ағашы гүліндей бір шөкім ақ көбелек ғайыптың ақ нұры мен Дәуреннің арасында қалт-құлт, қалт-құлт ұшып байыз табар емес. Көз алды бұлдырап, ақ гүлдер жауып кетті. Музыка болса кернейлетіп, Бекболат «Елім меніңді» аңыратып жатты.
Ес-түссіз талып құлаған…
Содан бері түсінде ақ көбелектердің соңынан қуып діңкелеп, аңқасы кеуіп оянады.
– Некесіз жаратылған сәби екі дүниеде де шырылдап әкесін іздеумен өтеді, – десін әлдекім базарға кеп кіргенінде. Біте қайнасқан үн. Айналасын тінте қараған, қап арқалаған құла тасқынның мұнымен ісі жоқ, тоғытылған қойдай ығып барады. Е, тәйірі-ай, жалғызының тойына кеп топалаңын көріп, Жарбайына бәйіт айтып жылап қайтқан шешесінің даусы екен ғой. Бала күнде естігені құлағында тіріліпті.
Кәдімгі Әлимасы тұратын орынға кеп (базар қожасы әлдеқашан тегістетіп жіберген) мешел болған баладай құйрығын төсей кетті.
– Су беріңдерші. Су! Су!
Ылғи отырып жатып айтатын осы бір ауыз жалынышты ләмінен бұ жолы да жаңылмады. Кімнен сұрағаны белгісіз. Өзі де жауап күтпес. Содан қас қарайғанға шейін тырп етпейді. Дағдысы осы.
Ақ көбелектер… Қалт-құлт еткен ақ көбелектер…

ЖАЛҒЫЗДЫҚ

Анам Шәменнің (Шәмсия) рухына

Күн көкжиектегі ұясын тастап шықты. Сынық сүйемдеп көтеріліп еңсесін тіктеді де, дүниенің бәріне мырзақол сахилықпен өзі жағып шыққан қызғылт сары бояуын енді біртіндеп өзі сүртіп ала бастады. Көктем қуатына мінгесін қысыр бұлттар саяқтың үйіріндей бұлтыңдап қашып байыз таппайды. Қос жағалауын толқын тілімен жалап, шымырлап Шора өзені кетіп барады. Үкілі бас қамыстың сыбдырынан үріккен ақ маңдай қасқалдақ бір топ балапанын қақпайлап қиялай жүзеді. Бар жаһанның салмағы өз иығына түскендей бір мақтаншақ әупілдек қалың ішінен «Әуп!» деп дауыс көтерді де, жым-жырт қалды. Арғы жағалауда жарбиып қаннен-қаперсіз жалғыз үй тұр. Үй іргесінде қабырғасын санап алғандай жетім құлын жүр. Онысы күншуақ жалғыздап суырып берген көгораймен қоймай тістесіп жатты. Қозы көш жерде қыр басынан, жапырық інгеннің жабуындай боп, күн жеп тоздырған молалар қарауытты.
– Кім бар, ей? Қайық әкел, қайық!
– Се-ні күт-кен еш-кім жо-оқ!
Жағалауда емініп тұрған үйелмелі-сүйелмелі қарындасы – ағасына, ұл – шешесіне, әйелі – есқара көріп күйеуіне назар бұрды. Күйеуі түскір көзін өзеннен секіртіп, жаңбыр кеміріп тастаған молаларға қарады. Өзара сүйеніш тауып, иін тіресіп қалған өлі ауылдың орта тұсынан ақ жаулықты біреу бас көтерген сынды.
Әлде қанатын қызықтаған ақ шағала ма? Жалт етіп жоғалып тасаға түсіп кетті.
– Кім бар, ей? Қайық әкел, қайық!

* * *
Күн тас төбеде әткеншек теуіп тұрды. Екі ұртын томпитып бақа шулады. Су жылынған соң сыңарын іздеп, күйек үзер дәме-дағы. Аллам-ау, балдыр арасынан басы ғана қылтиып жүріп айғырлық мұның не теңі?! Құры! Балауса құрақты пана тұтқан өрмекші шатыраш тор құрып ойнап еді, онысына қан-сөлсіз бытықанадан басқа жәндік ілінбей діңкелетті. Талтаңдап шауып, ақыры талықсып құрақтың сыңар құлағына жасырынды. Әупілдектің жамағайыны, жылтиып көкек көрінді. Қайық күтіп өндіршек созып тұрған төртеуді менсінбей, жалғыз түп бұтаға құйрығын төсеп қонды. Көңілшек қасқаның жатынын жұмыртқа қысып, жат ұя іздеп жүргені шығар.
– Кө-кек!
Даусы сүйкімді екен. Көктемнің кемпіршуағына арқа төсеп құтырып қал! Сенің шешең молада жатып, Шораны кешіп жете алмай зарығып тұрған жоқсың ғой…
– Кө-кек!
– Санашы, енді қанша ғұмырым қалды екен?
Тілін шайнап, бұтаға бұқты. Бұқ, бұқ! Қанша қалғанын өзім де шамалаймын…
Арғы бетте көгораймен айтысып жатқан жетім құлын бас көтеріп кісінеді. Жазған-ау, сен көкек емессің ғой… Бүйірі шығыпты. Жабағы жүні түсіп, бүйірі бұлтиған соң шешесі жатқан есіл қырды бұл да ұмытып кеткен. Есі кіргені кеше ғана.
– Кім бар, ей? Қайық әкел, қайық!

* * *
Күн батысқа еңбектей жығылды. Бұл күдер үзіп, оң алақанын төсеп, өзен суын сапырып ішті. Шөлдеген жоқ-ты. Тек өкпе-бауырын бір таба шоқ аққұмандай ғып бұрқ-сарқ қайнатып жатты. Ақмаңдай қасқалдақ бір қора бала-шағасын ертіп нарқамыстардың арасына сыналай енді. Шағын орамалын шаршылай тартқан ақ келіншектің әдемі жүзіне ұсақ-ұсақ діріл боп кеп кірбің қонды. Қаладағы саялы үйін аңсады. Жуылмай қалған кірін, жабылмай жатқан тосабын ойлады. Үлпілдеп тұрған үрпекбас ұл ойша Ыстықкөлде шомылып жүрді. Тау жағалай біткен нарша қарағайларды айтсаңшы! Арманыңа мінгізердей желкенін желбіреткен ақ кемелер ше? Қайыру бермей қашқан қиялын әрең тежеді. Ортада аунап аққан қайырсыз өзенге тағы да қараптан-қарап кектенді.
– Иттің өзі шыдамай, шынжырына буынып өлер жерде туып…
Қара шашы қалың біткен тана көз қарындасы Қырымның жайлы жағалауын сағынды. Сырты бүрленіп қатқан, іші қос алақанның қуысындай ұлу қабығын теріп, тереңіне сүңгісе… Жылаңқы өзен мен жағаға жармасып біткен қамыс-қоғаға қашанғы телміруге болады?.. Әкесі де қызық!
«Шешем мені жар басына туып кеткендей, шіли жар жағалап жүретінім не осы?! Шіли, шіли…»
Мұның сыртына шықпай тұншыққан осы сөзін қапелімде естіп қалғандай жалғыз үйдің есігі сырқырай ашылды. Топсасы тозған, өзі қырық жамау сиқалы екен. Қысыр жыландай қайқаң қағып іштен бір келіншек шықты. Басына бір тұтам қызыл орамал жабысып жүр. Өткел бермес Шораға емініп төрттаған боп қалған бұларға аңтарыла қарап аз-кем кідірді. Сосын жағаға қарай алдымен емпеңдеп орамалы жүгірді. Соңынан аяқ-қолы шашылып кеп ықтасында ілініп тұрған жаңқа қайыққа жармасты.

* * *
– Ұйықтап қалыппын. Періште тербеткен шығар, – деді қызыл орамалы қисық байланған қалпы. Ұялыс танытқаны. Өңі күнқақты, қарасұр екен. Сүйірлеу мұрны оң жақ сырғалығына қарай қиыс тартып тұр. Қоңыр күлгін көзі тұнжырап буланған. Е, байғұс, байдан ерте қол үзіп, құмардан шықпаған-ау…
– Құлақтан жастай қалғанмын… Жалғыз үй, жесір қатын, жетім құлын боп тірлік кешіп жатырмыз. Шүкірі таусылмаған бір қауым елміз, – деді самбырлап. Маңдай әжімі жазылып, ұл мен қыз күлістік атты. Суға сыңар аяғымен бойлап тұрған нар қамыс үкілі басын тербеді.
– Ал отырыңыздар! Қараңғы түсіп кетер.
Таяуын ағыстың ық бетіне құлаштай салған. Қайратына не берерсің, жаңқа қайық қарсы бетке жын қаққандай жөңкілді.
«Дүниеге сыңар кіндік боп жаратылған тек сен емессің, – дегісі келген. – Анау әупілдек, мынау моланы дара құшып жатқандар… Сосын…» Саңырауға айқайласа, толқында билеген жаңқа қайық аударылып түсердей қорықты.
– Қатып ұйықтап қалыппын, – деді өзеннің орта тұсына келгенде ентігіп. – Түсім бе, елес пе, бір кішкене қара домалақ кекілді бала «Апа, тұр! Мен келдім, апа!» деп жұлқылап оятып жіберді. Көзінде кіреуке мұң бар екен… – Сосын мұның жүзіне жалт қарап, есіне әлдене түскендей, әлдекімді шырамытқандай қимылсыз қалды. Жүйткіген жаңқа қайық тағы да ықтай бастады. – Қап, мына өр суын қарашы, әл бергісі жоқ.
Бір тұтам қызыл орамал екі иықтың ортасында ойнап, сырықтай таяумен тағы да арпалысып жатты.
Санасына сартап қып жылдар бұқтырып тастаған сағыныш біртіндеп бой көтерген. Ішіне шым-шымдап жүгірген жылу жаймен жылжып кеп жұтқыншағына қадалды. Құстың қоясындай бір түйіншек әрі де, бері де кетпей тұрып алды. Көзіне сақиналанып жас келген. Шарада шайқалғанмен төгілмеді. Кері жұтылып кетті. Кермек дәмі аузында қалып, құр тамсана берді. «Тым құрыса мына көңілін қайық қып төсеп жатқан бейшара әйелге бір ауыз жылы сөзімді қимағаным қалай?» деп ойлаған сосын. «Осы мен… Осы мен… мен бе?» деген дүдәмал сезім көптен бері иектеп жүрген. Дүниенің бәріне риясыз сеніп, аңғал көзбен қарайтын бейкүнә шағы, бәлкім, әлі күнге жалаң аяқ қыр кезіп жүрген де. Осы қырды… Балауса көңілдің бал құрағын аяусыз отап жіберген жастай киліккен қаланың ысы мен түгесілмес ызыңы ма? Әлде ойын да, арман, мұңын да өлшеулі қалыпқа салып, шемендей қатырып тастаған әлгі дулы да шулы ортасы ма? Бірақ бұл одан да қашып, кісікиіктеніп бітпеді ме? Жо-жоқ, қайтсе де бұл анық өзі емес. Көңілдің кірін, көздің сорын сыртқа шығармай ішіне құятын, сырты сырланып қалған басқа, тіпті басқа жан. Азан шақырып қойған аты ғана өзінікі. Соны куәге тартып жұртты алдап жүр. Әйтпесе, ширек ғасырдан бері қызылөкше боп өскен қырына, кешкен кемді күн қызығына, шешесінің мұны тоса-тоса тозаң боп кете жаздаған моласына бір соқпай қайтіп шыдаған?!
– Жеті түнде сескенбейсіңдер ме? – деді келіншек жағаға шыққасын даусын бәсеңдетіп. Иегімен өлі ауылды нұсқайды. Қолтығының астынан жетім құлын кісінеді. Үні жіңішке шықты. Уызына жарымай, емізікпен сүт ішкен жетімнің даусы қайдан жуан бола қойсын?..
– Рахмет! Ол қарақшысы жоқ жұрт қой.
– Қайтарда шай ішіп аттаныңдар. Жыңғылдың шоғын жайнатып қояйын. Су жағасы ғой. Үйде салқын сыз бар.
Ешкімнен жауап тоспайтын сүйексіңді дағдысы шығар. Қызыл орамалы қараңғыға сіңіп көрінбей кетті.
– Танымады ғой, – деді даусы әріректен құмығып естіліп. – Қайдан танысын, жатбауыр боп кетті ғой жазған бала… – Құлын оқыранды. – Жүр, үйге қайтайық!
Өзен беттен үрпекбас ұлының кекіл шашын үркітіп майда самал есті.
Расымен Жалғыз еді… Елегізіп аспанға қараған. Шексіздіктің шеруіне ылғи жалғыз шығатын ай да айналаға күміс тозаңын төгіп тұрды.

ЖАСЫРЫНБАҚ

Ақылдыға қайғы алдырсам деп едім,
Ақымақты ойландырсам деп едім.
Жұмекен

Осы жұртта ес бар ма өзі?
Таң торғайы шырылдағанда басталған қаңқу қара қарға қанатын жайып, қонар ұясына қайыра ұшқанда қиқуға ұласып, айналаң арқасы бар бақсыдай зікір салып, арпалысады да жатады. Берместің пұлын, көрместің көзін сұраған өңшең қайыршы қайдан ғана қаптап жүр осы? Жан-жағыңды желді күнгі қараша үйдің іргесіндей ұйтқытады кеп…
Әйтпесе, заманында көздемей лақтырған таяғы аспандағы айға барып қадалатын Бастық солардың гөй-гөйінен бұғынып, мекемесінен торғай адым аттап басуға зар болды деген не сұмдық?! Ертелі-кеш қос қолын қайырып әкеліп құйрықтың үстіне салып, ерсілі-қарсылы сенделеді де кетеді. Төсті жалаңаштап тұрып талай қағыстырған, сілекей алысқан есепсіз дос-жаран қырдан-қырға сырғып қашқан сағымдай із-түзсіз жоғалған. Етке өткізетін бордақының малындай өріп жүретін өңшең ірің майы үстінде сен тұр, мен атайын орынбасар атаулысы қайда қазір? Айтқаныңды ләппайлап естіп, аяңшыл аттай бүлкіл қағатын бейшаралардың дені бұл басқарған ұжымның төбесіне қорғасын бұлт төніп-төніп бергенде мұның керегіне жараған.
Банкроттың аты ауызға алына бастағанда пәле-жәленің үйірімен үш тоғызын солардың екі-үшеуінің мойнына қиып салып, баспасөзде қаққанда қанын, соққанда сөлін алдырып, мұхиттың арғы жағалауын жайлаған Мю-Тю-Хюмен ауыз жаласқан сыбайлас жемқор дегізіп, ұяты молдау бірі инфарктан өліп, алаяқтауы көршілес қалың орманына қарай құйрығын түріп қашып, орнын сипатпай кеткен.
Жыртыс аңдыған кемпірдей жыртиып, мұның есігін бір сығалап кетпесе, ішкендері бойына жұқпайтын басқарма, бөлім бастықтарының барынан жоғы. Тақасы қисайған өңшең иісалмас.
Мұндайда бас бағып, жан шақыратын орны – атақырдай кабинетімен еншілес, қалы кілемі көлдей боп төселіп жатқан, мамық креслоға бөккен демалыс бөлмесі. Оңашада өзімен-өзі аунап-қунап, кейде қунап-аунап алады. Бәрі жүйкеге түскен, жүрекке батқан зіл батпан салмақтан ғой.
Сүрленген сары ала қазының екі-үш дөңгелегін көмекейлетіп жіберіп, терлеп-тепшіп, таңдайда білінген жабысқақ шөлді көк шаймен басып… Есік баққан түймедей қызы түскір тамызып берген күрең жорға коньякті, е, онда да елу грамм… Осы түймедей қыздан-ақ дүниенің рахатын көрді.
– Түгеншеевич, – дейді бірде алтын тұтқалы емен есікті еппен ашып, көзін аударып-төңкеріп. Осы тұқымы көбейгірдің көзінің аласы жоқ шығар, бұған тек қарасы мен қарашығын көрсетеді. – Шетелдік фирма сырттағы шуды ішке естіртпейтін керемет аспап әкеліпті. Даладағы қаптаған елдің айқайын ести-ести қан қысымыңыз көтеріліп, кейде қос құлағыңызды мақтамен тығындап алып мәңгіріп, түһ, манаурап отырасыз. Сол азаптан сізді демде құтқарады. Өзіңізді өзіңіз аясаңызшы. Керексіз ғой…
И-и, қарашығым-ай! Үйдегі қатыныңнан бетер мәпелеп, қызылды-жасылды көбелектей боп ұшып-қонып жүргені сол.
Далада бомба гүрс етіп үсті-үстіне жарылса білінер, тфә-тфә, беті аулақ, одан басқасы енді жым-жырт. Дауласа ма, жауласа ма – бәрібір. Жан тыныштығын білмесе, шет ел бола ма? Жым-жырт!
Дегенмен ербиген екі құлақ пен бір-бір қызыл тілді бас-басына жекешелендіріп алған бұл пәтуасыз қазақ не деп тантымайды? Әріп танитыны арызды қардай боратып, піспектеп қоймаған соң бұдан он шақты ай бұрын таза костюмін сыпырып шешіп, ат арқасына қонғалы қылғындырып келе жатқан галстугін атып ұрып, маңдай сызығын қалыңдатып, қабырғасын қайыстырып, бұғана сүйегін майыстырып елімен жүздесуге шыққан. Оңашада кәнігі әртістердей айна бетінде әрлім-берлім дайындық жасап ойқастаған. Сөзімді «Халқым!» деп бастасам қалай болар деп бипаздап көріп еді, екі буыннан тұратын жәдігер мұның аузынан түскенде ойнақтап, салмағын жоғалтып алды. «Елім-жұртым!» деген еміреніп, ол да қалтасы қағылған, тауы шағылған көпшіліктің көңілін жібіткендей ем-дәріге айналмады. Әзірге бойынан киесі қашпаған осы үш атаудың бірін айта сала, беторамалмен көзімді жөпелдеме сүртіп, кемсеңдеп жіберсем деп ойлауы мұң екен, әйелі ұл тапқаннан бетер қуанды.
Апырым-ай, ескі аруақтар жар болып, қос қолтықтан демеп, осы жолы өңшең қызылкөз пәлелердің уысынан құтылсам, тағысын тағы…
Текшелеген байлығын қайда өткізерге білмей дал боп жүрген шетелдік инвестор қаңғып келіп қалып… Мұнай бағасы аяқ астынан аспандап кетіп… Тым құрығанда үлкен аварияға кезігіп…
Жанын аузына тістеп алып қашар бір айла табылар.
Қарақұрым ел зәуде бір жылт беретін, көбінесе теледидардың әйнегінен көсілетін өркешсіз нардай Бастығын көргенде, Бастығын емес-ау, оның үстіндегі арық сиырдың әукесіндей олпы-солпы жұмыс комбинезонын көргенде гу-у етіп бір басылды. Сынық жүзін, сырт киімінің сұрқын танып, бұ пақырдың да өзімізден айырмасы аз екен-ау дегендей, шатынаған көздер, әлем-тапырық жүздер, іркес-тіркес көкпарланып-шоқпарланғандар сәл-пәл жұмсарған.
Айна алдында жасаған мәнеріне бағып:
– Аяулы халқым, – дей беріп қалтасынан көлдей орамал алып кемсеңдеп, көзін уқалаған, кірпігіне шық ілінбепті. Ол үшін де ішкі дүниең езіліп, көңілің жасып, жүйке біткенің түгелдей босауы керек шығар. Қап, әттең, білсеші! Шырадай жанып, түбінде ұялы сайтан бұғып жатқан жанарын екі-үш мәрте сипап өтіп, бұдан да қайран болмаған соң, орамалды қолағаштай мұрынға түсірді. Қорқ еткізіп еді, е, табылды, суағардың пайдасын сонда молынан бір көрген.
– Бір терінің ішінде бірге толармыз, қоса солармыз, ең бастысы, жеті мүшеміздің амандығын тілейік, – деп тап бір жетінші қабаттан құлап, ғайып ерен қырық шілтеннің күшімен тірі қалған жандай жөңкіді. – Менің де күйім күй емес, ағайын! Өздерің үшін тоқым жастанып, толағай бастанып… Банкрот деген жеті басты жалмауызбен жекпе-жек жағаласып…
Бұл жалғанда ауыздан шыққан ыстық лептің буын-буыныңа түсіп, талма жерден ұратын құдіретіне жетер не бар? Аштықтан бұралған бір топ жас қатын сықсыңдап көзіне жас шақырды. Кемиек кемпір:
– Қайтсін-ай енді?! – деп уһілеп, бүктетіліп қалған белін су бүріккен қайыстай әрең жазды. – Дұрыс айтасың, қарағым, бір жағадан бас, бір жеңнен қол…
– Бір балақтан бұт та шығарайық онда, – деп күйектей сақалына түкірген шал топ ішінен тұсаулы аттай бұған шапшысын. – Зейнетақымды тап! Табасың қазір, зәнталақ!
Алжыған қақпас-ай! Төсегін қалың салып, пеш түбінде Алладан иман тілеп көсіліп жатпай, басын оқжыландай қайқаңдатуын.
Өзіне туралап атылғалы тұрған мына оқжыланның уын тағы бір жолы қайтармаққа ұмсынған бастық қатты қақырынып қалып орамалды оңтайлай бергенде, оң қолының ортан терегінде тұрған қорқордың басындай алтын жүзік, оның ортасын ойып қонған көгілдір жақұт күнмен шағылысып, алаөкпе елдің көзін жалт-жұлт, жалт-жұлт қарықтырсын. Мынау алтынның буы, пейіш тасы – жақұттың көгілдір нұры қуқыл тартқан өңдерді суық сәулесімен аймалап, әзәзілдей арбады. Абырой да асау ат сынды, туласа – жығады. Жыққаны емей немене, өң мен түстің ортасында аңтарылысып қалғандар алма-кезек ес жиысып, су иесі Сүлейменнің сиқырлы жүзігінің бойында әрбірінің бұйырмысты нәпақасы, бала-шағасының көз жасы жатқанын сезіп, ой-хой, дауыл күнгі қарағайдай теңселіп, шайқалыссын. Иегі пешке кепкен байпақтың басындай бір антұрған шешеннің ұлттық биін билегендей құтырынып…
– Ұлттық валютамыз Баксбайдың тоқалына айналып кетті.
– Абай атам здашқа да жарамай қалды!
– Құнсыз теңгеге көжеден көп әкімнің бірінің басын салмай ма… Ұлыны қорлатпай!
– Тексіз жерден би шықты, текті жерден құл шықты!
– Үкімет «Давай, бала тап!» дейді. Қап арқалатқаны аздай…
– Зауыт-фабриктен түтін ұшпайды!
– Жезөкшелік жайлады!
– Аштан өле ме? Қызметке тұрған жалғыз мүшесі сол болса…
Сол сапар байсыз қатынның өзіне мың қой айдатамын деп жалынып жатып он күнге мұрсат сұрап, тұзға сиіп ант беріп, ауыздығымен алысқан елді әупірімнің күшімен зорға таратқан.
…Кеңқолтықтау әкенің, кеңбалақтау шешенің мойнына бұршақ сап жүріп сұрап алған жалғызы-тын. Бағулы-қағулы, батпандай бауырсақты баудай түсіретін құрбыластарымен қосылып ала жаздай жалаң аяғына көктің нәлі жұғып, күстеніп, ләңгі теуіп, қозы-лақ қайырып, тай жарыстыратын. Десе де, көзіне түсе беретін шөкімдей кекілі бар, жиегі ақжемделген кішкене тақиясын төбесінен тастамайтын сары баланың бойына Тәңірім өзгеде жоқ ерекше қасиет дарытқан.
Малы өрістен қайтып, майдақоңыр самалмен әр ошақтың түтіні билеп, бейжай жататын ауылдың жүгірмек атаулысы кешқұрым жиналып, жасырынбақ ойнар-ды.
Иә, бір теректің басынан үріккен мың торғай құсап бет-бетімен безіп жоғалып, бас сыяр жерін сауғалайтын, соңынан шүрегейдей бір бала қызылсирақ боп сабылып іздейтін кәдімгі жасырынбақ. Алдымен аңдамай қолға түсіп қалғандары суырдай шақылдап таптырмай жатқан қуларға тілек қосып, «көкек» дегенде шық, «бүркіт» десек бұқ десіп, аттанға айқай үстеп, кешкі ауылды басына көтеріп, азан-қазан ететін. Өзі соншама сүйіп ойнайтын ойын үстінде қазіргі құзырлы Бастық-бала тығылған жерінен ғұмыры таптырып көрмеген. Қораның түкпірі, пішеннің қуысы, ескі сандықтың іші, төңкерілген қазанның асты, қарлығаштың ұясы, тышқанның іні, нақ бір жер жұтып кеткендей табаныңнан таусыл, жата қалып жалын, әкеле-көкеле – елесін байқатпас. Мұның қайда барып бас бағарын қорғасын құйған сақа беріп сұрағандар да айттыра алмаған.
…Суағарға барып былғанып шыққан орамал кепкелі он күн емес, ой-дөй, он айға таяды. Бұл да қарап жатпай, аттай шауып, атандай желіп дүниенің төрт бұрышын түгендеп, алақанын кең жайып, бірақ оған тышатын тірі қарға таппай тұралап оралған. Ашынған ел аштық жариялап, еңселі орданы қоршап, саржамбас боп жатысы анау. Өңшең қырсық шалғандар аузына тамызған суды алмай, кері түкіріп тастайды дейді.
Тұзға емес, шаптырып мұзға сисең де, бұ күнде сөзіңе иланатын жұрт қалды ма? Соңғы сенім жоғалған, ақырғы шыдам үзілген сол сәске түсте көзінің қарашығын ғана көрсететін түймедей қыз Бастығының кабинетіне өз етегін өзі шапалап теуіп, ентігіп кірген.
– Түгеншеевич! Халық ішке лап қойды! – Жым-жырт. – Түгеншеевич! Қолымызға түскенді түгелдей құртамыз дейді. – Жым-жырт. – Түгеншеевич!..
Есі ауып, алақ-жұлақ қаққан түймедей қыз атақырдай кабинетті, қалы кілемге, мамық креслоға көмілген демалыс бөлмесін жанталаса тінткілеген. Әлгінде ғана өркешсіз нардай шөгіп, ыңыранып отырған Бастығы зым-зия. Қызыл ағаштан қиып жасалған өңшең сүйегі текті жиһаз атаулының астан-кестенін шығарып түгел ақтарған. Көкке ұшты десең, терезе анау, атқан оқ өтпес. Жерге сіңді десең, емен паркетті еден мынау, сыңар ине шаншуға саңылау таптырмас.
Қайда? Қайда кеткен, Құдайым-ау?!
Жапандағы жалғыз құтқарушысы сол еді ғой.
Дәліздегі алқын-жұлқын жүгіріс пен қиқудан шыбын жаны шыжғырылған қыз сасып, бұрышта елеусіздеу тұрған бәкене шкафтың есігін ашқан. Сұмдық! Сұмдық болғанда да, қазақы ауызға сыяр жай сұмдық емес. Шкафтың ішінде… көзіне түсе беретін шөкімдей кекілі, төбесінде жиегі ақжемделген кішкене тақиясы бар сары бала бұғып отырды.
– Түгеншеевич!..
– Тс-с! Дура! Айқайлама! Мен жасырынбақ ойнап жүрмін. Жап есікті!

* * *
Осы жұртта ес бар ма өзі?

БІЗДІҢ АУЫЛДЫҢ АМАЗОНКАЛАРЫ

Теңіз тамағына төніп отырған үш үй еді. Иелері – тоқтасқан үш әйел. Бала біткен қалаға қашып құтылған. Малы түскір далаға қашып… Мал дегенде бар-жоғы он сиыр мен уақ жандық. Түс ауа есік көзіне самаурын көтеріп, алақандай ақ орамалын төбесінен тастамайтын Айман шықты. Артынша жалақ ернін бір жалап алып сөз бастайтын Қарғаш, соңынан қыли көзі ылғи қиғаш тартып тұратын Бибі көрінді.
– Әлгі аусыл тигірлер әлі жоқ па? – деді Айман даусын құбылтып.
– Шаяқ келгір! – деді қысқа қайырып Қарғаш. – Бұзауға да қайырылуды қойды.
– Қасқыр тартқыр! – деп оны Бибі қостады. – Осылар-ақ күнімізден бұрын қартайтты.
Жалын жұтқан пештей көлеңкенің өзі құйрық бастырар емес. Қыртиған қырат пен кең жазықта үзіліп, кері жалғанып сағым жүр. Қорадан жіңішке дауыс салып бұзау мөңіреді. Үй төбесіне мына аптап миын қайнатып тастаған қара қарға қонды. Көңілсіздеу қарқ ете түскен.
– Ақ шақыр, пенсиямыз келер, – деп Айман онысын жақсылыққа жорыды.
Қарғаш қолына балта алып, ағаш уақтады. Бибі керосин әкеп, шырпы тұтатты. Кішкене тұрбадан түтін ағып, ертеңнен бері жер тістеп жүрмей қойған уақытты жылжытты.
– Қалғып кеткен екем. Түс көрдім, – деді Бибі аузын баққан қос құрбысына қарап. – Баяғы қыз кезіміз екен…
– Содан басқаны көрмей-ақ қойдың-ау.
– Сағыныш шығар… Ол кезде қандай едік, шіркін?!
Иә, қандай еді? Үшеуі де толған айдай толықсып тұрған қыз еді. Мектеп бітірер жылы комсомол-жастар бригадасы құрылып, ұран көтерілген. Уәкіл қаптады. Әдемі сөз әуеледі:
– Еліміздің жас қайраты – сендерсіңдер. Ресейліктер Байкал – Амур магистралін салуға аттанды. Біз сендерді аязға үсіп қалмасын деп аяп, ауылға қалдырғалы отырмыз. Ер балалар екі жыл сиыр бағады. Қыздар сүт бұлағын ағызады. Абырой-атақ та, орден-медаль да сендердікі. Ал сосын жоғары оқу орнына түсеміз десеңдер, кез келгенінің өздеріңе есігі ашық. Құрақ ұшып қарсы алады. Тіпті өзіміз жетектеп алып барамыз. Партияның тапсырмасы сондай!
Мына сөзге елпілдеп тұрған қай жеткіншек шыдас берсін? Бәрі бас шұлғыған. Ата кәсіп, қолымызға құрық аламыз дескен.
Әнші болам дейтін Айман:
– Уәде бересіздер ғой?.. – деген ұяла тіл қатып.
– Неге, қалқам?
– Оқуға апаруға.
– Береміз.
Болашақ ұстаздықты арман еткен Қарғаш:
– Түсіресіздер ғой?.. – деген бетіне қызыл теуіп.
– Түсіреміз.
– Жарайды, сауыншы болайын. Сосын тігіншілік оқуға кірем, – деді Бибі.
– Кіресің. Арман – алда, сендер жолдасыңдар. Тайсалмай тура тартыңдар!
Бақташы болған балаларды біртіндеп әскер қатарына алып кетті. Жырта қарыс емшек тартып бармағынан бал ағызған қыздар…
– Кешеден бері жоқ. Қарауыл қамап тастаған шығар, – деді Айман. – Он сиыр бар шабындықты отап кетеді деп жүр ғой, жазған.
– Осы шолақтан-ақ көрдік көресіні.
– Шайға қанып ап іздеп шығайық. Осыдан қамағаны рас болса, әй, бәлем!..
Уәде берген уәкілдің бірі өсіп, бірі өшіп кеткен. Сиырдың емшегін сипап қалған бұлар не істесін? Алдымен Айман байға қашты. Қашты деген аты ғана. Көрші отырған трактористің үйіне қора айналып келіп кіре қойған.
Қарғаш қыз водовоз айдайтын жігіттің кабинасында кетті. Ал Бибі ауылға бейтаныс еркек беттесе болды: «Ойбай, мені алып қашайын деп жүрген сияқты…» – деп армандаумен кәрі қыз атанған…
– Бар пәле Әлидің қатынында, – деді Айман жоқ сиырлардың соңынан жолға шықсымен екі құрбысына. – Жатса төсекке сыймайтын бөксесін көтере алмай жүріп. Сорлы…
– Уәсила бар ғой… байы қарауыл болғалы көзінің еті өсіпті. Өткен жолғы тойда жібек көйлекті киіп ап… Мені көрдің бе дегендей көлбеңдеп алдымнан олай бір өтіп, былай бір өтіп… Қанымды бар ғой қайнатты!
– Жұрттың көзінше «Осы сендердің қанша сиырларың бар?» деп шұқшиғанын айтсаңшы!
– Қызғанады да.
– Шолақ байын ба?
– Сиырды да!
– Сол тойда Әлиді сен де қатырдың. «Жалғыз қолмен жасаған батаң қайсымызға жетер екен?» деп. Қыбым мұндай қанбас.
– Енді қайтейін…
Жас кезде бойға біткен ұшпа-қонбалық есейгенде де қалмайтын көрінеді. Күзге салым қонақ шақырып Әли семіз серкесін сойған. Аяғын байлап, пышағын қайраққа жанып-жанып тамақтан бір тартып жібергенде сол қолының бас бармағы аңдаусыз әлгінің аузына ілініпті. Азу тіске түсіпті. Малға да жан керек. Тыпырлап жатып шайнап тастапты.
Серке мен Әлидің бақырған даусы қатар шықты. «Қапелімде қайсысы қайсысын сойып жатқанын білмей қалдық», – деп көрші-көлем әлі күнге күліседі дейді. Қағына тиген де, бас бармақтың ауруы асқынып, ақыры қарынан кестіріп тынған. Ел-жұртқа Әли-шолақ атанған.
– Кешегі кеңшар қандай еді?! – деді өткен күннің сағынышы меңдеген Қарғаш жалақ ернін бір жалап қойып. – Мыңғырған мал, кең жайлау, арқа-жарқа жұрт…
– Жерді жекешелендіргенді кім көрген? Сатып алдым дейді. Осы жердің әлгі қожасын айтам. Саудаға түспеген бірдеңеміз қалды ма өзі? Бізді де сыртымыздан біреулер пұлдап жіберген жоқ па өзі?
Мына сөз Айманның зығырданын қайнатты.
– Сатып алғышын! Малды сонда қара тақырға жаямыз ба? Жайылымның бәрі солардікі. Жал-жаяның бәрі солардікі. Етін жеп, сүйегін бізге лақтырып… Осыдан әлгі қарауыл сиырларды қамап тастасын, ат үстінен жұлып алып атаукересін ішкізейін!
Айтса айтқандай, екі қыр асқанда анық көрді, ағаштан жасалған ашық қорада сиырлары қамалыпты. Ат үстінде ақ телпегі мыжырайып қарауыл тұр. Жұлынып келе жатқан үш әйелді көргенде аты тыпыршып, өзінің шолақ қолы шолтаңдап кетті. Бір сойқанның боларын анық сезді… Жер қожасы кеше келсе, осы он сиыр көк балаусаны кешіп жүр дейді. Өзі үйіне түскі шайға кеткен. Мызғып алам деп кешігіп жетті. Келе естімеген балағаты жоқ. Зікірін салып жүріп сиырларды ағаш қораға тоғытқан. Қақпасына темір шынжырды екі орап құлып салдырған. Бір бума қағазды қолына ұстатқан… Атын сауырға бір салып жылыстап жоғалайын десе еркектік намысы түскір жібермей, қашпайын десе бозбала кезінен білетін мына көксоққан үш әйелден қаймығып қаралай састы.
– Мынау өңіріне сәбидің алақанындай тағы да орден қадап алған ба? Тіпті жылтырап тұр ғой, – деп Айман қолын маңдайына төседі. – Бибі, баяғы осының әскерден келетін жылы есіңде ме?
Неге есінде болмасын, беліне бес жұлдызды доғасы бар белбеу тағынып қурайдай боп оралған. Бешпетінің екі өңірі тұтасып жалт-жұлт етеді. Қараған адамның көзі тұнады. Өзіне айтқызсаң солдат боп жүргенде көрсеткен ерлігі ересен екен.
– Қақаған қыста Сібір ормандары өртенді, – дейді сауыншы қыздарды таң-тамаша қалдырып. – Жалғыз өзім арпалыстым. Күндіз-түні. Жанығып жүріп сөндірдім.
– Алла-ай! – дейді қыздар мұны аяп.
– Бір жақсысы, бір ай бойы тойып шашлық жедім. Орман ішіндегі қабандар үйір-үйірімен өрт кезінде өз-өзінен үйтіліп қалыпты. Теңкиіп жатыр.
– Басқа солдаттар ше?
– Олар бұл кезде шекара күзетіп тұрды. Мына орденді сол жолы генерал өз қолымен әкеп қадаған, – дейді үлкендеу бірін сұқ саусағымен нұсқап. – Ал мынаны… Шекара бұзған шетелдік бандиттерді ұстағаным үшін маршал кеп тапсырған.
– Басқа солдаттар ше?
– Олар бұл кезде өртенген ағаштарды жинап жүрді. Ал мынаны…
Таңға дейін таусылмас жыр. Көбін былайғы жұрт естімесін деп Бибінің құлағына сыбырлап қана айтады.
Елін қорғаған мұндай ерге қай қыздың көңілі құламасын? Содан әне-міне деп жүргенде… Көрші ауылдағы Уәсиланы қолтықтап кеп кетті.
Шымылдығы желбіреп отырған Уәсиласы түскір Әлиге айтпай ауданға барыпты. Отан үшін жанын да, тәнін де аямаған еріне қызмет сұрапты. Пәтер дәметіпті. Қосымша ақы даулапты. Сол кезде батырының сыры ашылыпты. Бақса, Әлидің әскерге барғаны рас. Бірақ ат бағыпты. Бары-жоғы сол. Орден деп өңіріне тізіп алғаны дүңгіршектерде сатылатын значоктар екен.
– Қора басына қойған қарақшы құсап тұрысын қарашы, – деді Бибі жүзі әлем-тапырық боп. – Шығар сиырды!
– Шықпайды, – деді қарауыл көзін алып қашып.
– Қарай гөр мұны!
– Ол ненің ақысы?
– Жердің қожасы кеп акт жасады. Сиыр басына сегіз мыңнан. Сексен мың теңге төлеңдер.
– Сексен мың?!
Мұны айтқанда Айманның қолынан таяғы түсіп кетті.
– Міне, қағазы. Сосын пажалыста…
Қарауыл қалтасынан бұрқыратып қағаз суырғанымен бұларға беруге батпай, ағаш қораны айналып кетті.
– Орденің құтты болсын! – деді сөзден тосылған Қарғаш қарап тұрмай.
– Бұл – медаль!
– Ормандағы өрт үшін алдың ба?
– Жоқ. Тәуелсіздіктің 20 жылдығына берді.
– Не үшін? Үш әйелді зар қақтырғаның үшін бе?
– Давай, қысқа сөйлеу керек.
– Е, сөйлесейік, қашқақтамай келсеңші, – деп Айман аяқ асты жайдарыланып қарауылға таяды. – Медаліңнің көрімдігін берейік.
Сөйтті де шап беріп аттың тізгінінен ұстады. Ойбайына қарамай қарауылдың шолақ қолын шолтаңдатып ер үстінен сыпырып түсірді. – Әкел арқанды! – деді сосын алқынып. – Байла аяғын!
– Айғырлығы асты. Пішіп тастайық!
– Мә, кілт! Тек жіберіңдер! Мә, кілт! – деп үш әйелдің ұмар-жұмар астынан Әлидің жан даусы естілді.
– Пышақ қайда?
– Әкел бері!
Шалқасынан жатса да шапалап тепкілеген. Жалғыз қолмен жағаласқан. Жең жыртылған, жаға жұлынған. Әйтеуір, әупірімнің күшімен сытылып шыққан. Аты үркіп аулаққа кетіпті. Көзі қарайған мына үш әйелдің қолына қайтып түссе оңбасын білді. Білді де іргедегі қалың қамысқа қарай тұра кеп қашқан. Бибі мен Қарғаш сүрең сап соңына түсті.
– Қу, Бибі! Ұста, Қарғаш! – деп аттанға айқай қосқан Айман анадай жерде жатқан балта кілтті қолына алды. – Жіберме! Қайтармала! Мен малды жолға сала берейін.
– Құтылсам екен! Еркекке кеткен өшін менен алып… Бәрің сондайсың! – деп Әли бажылдаған қалпы өкшесі жерге тимей бара жатты. – Осыдан құтылсам екен!
– Қалың қамысқа сіңіп жоқ боп кетті. Алдымыздан ырылдап бір қасқыр қашты, – деп екі әйел артынша ентігіп оралды. – Байғұс мұншама қорқақ болар ма?
Қарауыл содан бері жоқ. Ел боп іздеді. Қалың қамысты жалғыз талдап тінтті. Таптырмады. Бір хабарын берген жанға сүйінші де ұсынды. Жын көтергендей. Жер жұтқандай. Бар қарғысын байын қуған үш әйелге бағыштап баққан Уәсила ақыры шыдап отыра алмай бұлардың үйіне беттеген.
Теңіз тамағына төніп отырған үш үйдің иесі бұл кезде көлеңкеде шай ішіп, шып-шып терлеп отырған. Тер шыққан соң сөз шықпай ма?
Кеше кешкілік бұлардың азын-аулақ уақ жандығына қасқыр шапқан. Күн енді байи бастаған ақ пен қызылдың арасы еді. Қораға беттеген қой дүркіреп кеп қашты. Қолдарына айыр-күрек ап бұлар да тұра ұмтылған. Айтақ салған. Құйрығы бір тұтам сұр қасқыр тіпті қаймығар емес. Үріккен қойдың соңында қалған кенже туған қозыны мойнынан тістеді де арқасына салып алды. Сосын борбайлап келе жатқан бұларға жалтақ-жалтақ қарап кете барды. Қыңар түрі жоқ.
– Сол аяғы молақ екен. Қақпанға шаптырған да, – деді Айман көлдей орамалмен терін бір сүртіп тастап.
– Қамыс ішінде кезігіп ырылдаған қасқыр сияқты, – деді Қарғаш.
– Көзі таныс. Әйтеуір біреудікінен аумайды, – деді Бибі екіұштылау етіп. – Өңменімнен өтіп кетті…
– Әлиді сонша қуғандарың не? – деді Айман бір сәт өз-өзінен қабарып.
– Өзің ғой, ұста, ұста деп…
– Ылғи да бізді айдап саласың.
– Суға түсіп кетті ме? Батпаққа батып өлді ме жазған?
– Түсімнен шықпай қойды, – деді сосын Бибі терең күрсініп. – Баяғы қыз кезіміз екен…
Әңгіме қайта қызған шақта алға өндіршек соза қалған Айман:
– Мына жалғыз жаяу кім? Уәсила ғой, – десін.
– Не дейд?!
– Қой, ойбай! – деп орнынан атып тұрғанда Бибі жанындағы самаурынды аударып кете жаздады. – Бұл неғып жүр?
Етегін шапалап теуіп жеткен бетте:
– Иә, үш құзғын отырсыңдар ма? – деп көк көз, қызыл мұрын, сары әйел екі бүйірін таянып талтайып тұра қалған.
– Отырмай қайда ұшамыз?
– Көшіріп жіберейін деп пе ең?
– Одан да келген шаруаңды айт!
– Байымды өлтіріп, тығып тастағансыңдар. Сендерден бәрі шығады. Әлидің қарауыл боп атқа мінгенін көре алмай іштерің қыж-қыж қайнаған!
– Өлтіргені несі? – деген Айманның алақандай ақ орамалы төбесінде ойнап кетті.
– Несін қызғанамыз? – деді Қарғаш жалақ ернің бір жалап алып.
– Қызығын өзің көрген жоқсың ба? – деп Бибі қыли көзін әдетінше қиғаш салды.
– Тап та тап! Өңшең бай құтаймаған бейбақ! Сендер кімнің қадірін білейін деп едіңдер?!
– Тіліңді тарта сөйле, – деп Айман енді анық қайратына мінді. – Әлимен екі күннің бірінде күл шашып төбелесетін сен емес пе ең. Менің байым өлсе – ажалынан өлді. Мініп зорықтырды дейсің бе? Сен қатынды ма? Осыдан қолымдағы немерем оқуын бітіріп келсін. Көзіңді көкшитермін.
– Ал бітірсін! Сонда пойыз айдайтын немерең маған билет кестірмей қоя ма? Мен қайда барып жатырмын?
– Өзің қызғаншақсың. Ішіңе шынашақ айналмайды, – деді күйеуі жас әйел алып кеткен Қарғаш басқа сөз таба алмай. – Қызыл сиырым күйлегенде бұқаңды бермей қойғансың. «Мә, бұқа, мә, саған!» деп қолыңды шығарып даланы басыңа көтердің. Өтірік деші?
– Сендердікі күйлемей жүрмес…
Қарғаш отырған жерінен атып тұрып Уәсилаға ұмтылған, Айман мен Бибі етегіне жармасып, қапелімде жіберер болмады…
Қарауыл содан бері жоқ. Ел боп іздеді. Қалың қамысты жалғыз талдап тінтті. Таптырмады. Бір хабарын берген жанға сүйінші де ұсынды. Жын көтергендей. Жер жұтқандай. Тек сол аяғы молақ сұр қасқыр ғана Уәсила жатқан терезенің алдына кеп таңға дейін «У-у-у…» деп ұлып шығады дейді.

ЖАЙЫҚ ЖЫРЫ

Жазушы Мереке Құлкеновке арнаймын.

«Не судите, да не судимы будете».
(христианская заповедь)

Еңсегей бойлы, аққұба жүзді, оң жақ бетінің ұшында бармақтай қалы бар теңге мұрт шал аяқты жай тастап, Жайық жағалап келе жатты. Таусылмастай көрінетін қызылды-жасылды тірліктің қым-қуыт базары тарқап, өмір-керуеннің қоналқысына тақап қалған жанға шымшып қашар ой әуес. Сол ой шіркінің де, қаншама түпсіз болса да, кешкен ғұмыр, татқан дәм, көрген-баққаныңның маңынан қазықтаулы аттай кібіртіктеп шыға алушы ма еді? Өткен күндер елесі қос тепкіге алып діңкелетіп, безгектен бетер дертке айналғанда осы Жайықтан сауға тілеп келмеді ме?.. Аты-жөні жоқ кеселдің аттай шауып, атандай желіп тұрғанда емес, басың ағарып, көзің қарайғанда жармасқанын айтсаңшы! Жарықтан қашып, түн жағалап, мысықтабандап келер жымысқы пәлекет талықсып, кірпік қамаспай калған шақта кәрі кеудеңе мініп қыспаққа алар. Қамшының сабындай ғұмырда бәзбір пендеге көрсеткен қиямет-қайымың, жөргек иісі танауыңды тұщытқан ұрпағыңның жатырына тартып жатсырап кеткені – бәрі-бәрі еселеніп келіп жаныңды шабақтап, бастағы құс көпшік, үстіндегі мамық көрпемен алыстырар. Жаныңдағы үйген көңдей боп жатқан үкікөз кемпірің күңкілдеп, жамбаспен жорғалай аулақ кетер. Алакөбеңденіп тұрған терезе пердесінің шетінен маңдайы қатпарланған, беті көкпарланған бір сұрқия мүсін сығалап тұрғандай иман-үрейіңді ұшырар. Таң алдында талып барып тыншығанда баяғы Тамара сұлудың: «Енді айғыр боп кісінеп секірші», – деген жалыныш һәм сүйсініске толы сайқал үні, енді бірде Никита Максимовичтің даусы беймезгіл шақырған байғыздай боп құлақ түбінен сұңқыл қағар…
Бұл жан пірім сәт жыл сайын теңге мұрт шалға алыстағы Жайық көктемімен бірге келіп, қоса кететін. Кеткені құрысын, кеудеңе жылдар бойы мысқалдап жинаған қымбат қазынаңды тонап жоғалғандай көңілің құлазып, басың кеуектеніп, сең соққан балықтай далбаса ұрып қаласың.
Теңге мұрт шал бір жұма бойы жағасын тынбай кезді екен, көзін сатып телміріп қарады, кәрі жүйкесін босатып тебіренді екен деп ағысынан жаңылған Жайық жоқ. Ұлы өзен суы толқын боп көтеріліп-басылып, үстіндегі желдің, астындағы ағынның екпінімен сырғи-сырғи мың сан тілге айналып, жағалаудың қос кемерін жалап кеміреді кеп. Шабдар бұлттың ара-арасынан құлаған күн сәулесі шашырап кеткен сынаптай жылтыл қағып, су бетінде құмары қаңбақ ойнайды. Ертеңді-кеш шабақ аңдыған теңіз шағаласы да мігір табар емес, қос топшысына дейін суға батып кетіп, істік тұмсығымен анда-санда сынық сүйем жемін тыпырлатып іліп шығады. Бірі олжасын ала қашып, қалғаны шаңқылдасып, қанатымен қағысып дүрелей қуады. Өзеннің бергі жағалауына байланған кеме үстіндегі жаздық жайдақ рестораннан музыка төгіледі. Қаныңды қыздырар, арқаңды қоздырар құдіретті саз. Бас сұққан сайын ішкенге мәз, жегенге тоқ жат ұрпақтың уайымсыз дырдуынан байыз таппай тезірек шығып кетеді. Бұл өңірдің тумасына түр-тұлғасы келмейтін шалдың екі жүз грамм, бір кеспесіне көніп алған жалқын сары даяшы келіншек те көп тостырып, зарықтырып көрген емес. Толқын санағандай өзенге мойын бұрып алып, торғайбас қорқорын баппен соратын мұның бір қырын үнсіз көзқарасынан қаймыққандай сүтті інгеннің өркешіндей тепсініп тұрған қос омырауын дірілдетіп, лыпып тұрады. Есеп айырысып жатып имене жымиып, ізет білдіргенсиді.
– Сіз әскери адамсыз ба? – деген бір жолы.
– Иә. Отставкадағы полковникпін, – деген бұл көзінің қарасын молайтып.
– Ым… Есіміңіз?
– Тайжан.
Басын тіктеп көтерген, кеудедегі бір-біріне еркелеп тұрған екі өркешті емес, аяқ басқан сайын алма-кезек билеп бара жатқан егіз мықынын аңдап қалды. Баяғы Тамарасы түскір де осы таразы табағындай теңселген пәлесімен талайдың ындынын құртып, сорына шыққан. Бір құрбандығы Никита Максимович-ті… Бір-бірін жалмап жұтып жатқан Жайық толқынындай болған жылдар-ай…
Танаудың суағар жолын көздеп кеп қона қалған теңге мұртын бас бармағымен әдеттегідей бір сипап, орнынан баяу көтеріле берді. Калининград жерінде әскери қызметте жүргенінде бір қазақ жазушысын жолықтырған. Ұзын бойлы, қарасұр келісті жігіт шашы желкесіне төгіліп тұрып не деп еді? Бет-жүзіңе қарамай кесіп сөйлер неме екен. «Пәнде азапты қолдан жасап алып, өз ойымен өзі арпалысып өтуге құштар. Өтірік күліп, жалған жылап, уһілеп жүріп бар ғұмырын тауысып бітеді», – деген мұның құрметін көріп отырып. «Бейшара бала көп оқып, миы ашып кеткен екен, қияли адамнан дені дұрыс әңгіме шыға ма?» деп түйген сонда бұл. Құдайы күлшедей екі елі кітабын сыйлады. Нәті бөлек үкікөз әйелінің алдында жерлесінің базарлығына көңілі толып, тырна сирақ фужерді қысып ұстап, құлаштап кеп мақтаған. Әлгі жалбыр шаш інісі: «Мақтау деген адамдардың арасында жүре беретін қарыз ақша секілді, берген екенсіз, алдым. Ретіне қарап кері қайтарармын», – дейді міз бақпай. «Қатын-баламның алдында мәртебемді көтеріп, қолма-қол неге қайтармайсың, иттің ғана күшігі-ай? – дегісі келген іштей булығып. – Аузыңнан шыққан жел әкеңнен қалған мұра ма, соншама бұлдайтындай?!» Енді ойласа, құлағына ұя сап қалған «я тебя обажаюдан» гөрі биігірек, жас та болса шерлі, тұйық та тұңғиық екен сол бала.
Алыстан тақасына мініп келгенде ішегінің қырындысына дейін ақтарар, арқалаған азапты ойдың салмағын бөлісер тым құрығанда аузы икемді жан таппағаны несі? Жазушы, шіркін, қоштасып жатып: «Жайық бойын жақсы білемін, кісісі көп те, адамы аз», – деп тағы бір жұмбақ айтқан. Қызып қалды деп ойлап, бұл қитықса да үндемеген.
Бәтір-ай, кісісі не, адамы не, айырмасы қайсы?
Бәлкім, бұл бұ жолы да жаңылысқан шығар.
– Ей, көшір бала, бармысың? – деген таңсық үн өзен бойлаған теңге мұртты шалқасынан кетіре жаздады. Алақтап айналасына қараған, үркіп қашып оқшау тұрған жалғыз-жалғыз қайыңнан, шабаққа таласып шаңқылдасқан шағаладан өзге ошаң еткен ешкім жоқ. Шеке қыздырған күн сағат санап сырғып, батысқа аунап барады. Тұла бойына енген ұсақ-ұсақ діріл соңы тізені дірдек қақтырған қалшылға ұласып, сана түкпірінен сарғайған суреттер тіріліп, қозғалысқа енді. Көз алды мұнартып, кең жол дәптердің сызығындай боп жатқан ирек-ирек толқындар бірде бірігіп, қайтадан пышырап, жан-жаққа қашып байыз табар емес. Жастық пен кәріліктің ортасындағы өмір сызығымен ойдан қырға шапқылаған ойдың табаны мұндай сырғанақ болар ма, иелік ете алмай сансырады. Алла атын атап ес жиғанда ішкі тылсымын қопарып кете жаздаған бұл дауыстың өзгеден емес, торғай адым жердегі өзеннен шыққанын аңғарды.
– Армысың, Ақ Жайығым? – деді сосын кібіртіктеп. – Баяғы көшір балаң өзіңе көріскелі келді. Сағынып…
– Жалған сөйлеме, ұлым! Сағынған адам менің кәусарыма алдымен балтырын емес, ғазиз басын шылар еді. Сен болсаң көсілтіп салып… Ой, рақат-ай деп…
Теңге мұрт шал өзінің келген бетте-ақ оңбай сүрінгенін, жазығына бір жеті бойы тызақтап жанын жидіткенін сонда барып түсінді.
– Жә, көшір бала, бозбас кезінде қос ат жеккен күймемен Жайықтан көктей өтіп, жұлдыздай ағып жоғалғанның басы сен емес, аяғы да өзіңмен бітпес. Түбі бір келеріңді, менен медет тілеріңді білгенмін.
Жайық толқынын қуалап қайтадан күн сәулесі ойнады.
– Әне, тынбай жүзіп жүрген адам басына зер салшы.
Жағалаудан құрық сілтем жерде әбден сарысүйек болған, қос көздің алақандай ұясы үңірейген, кеңсірігі соқыр тышқанның ініндей сәңірейген, жағы тұтас, бірақ тістен ада кісі басы толқыннан толқынға секіріп жүзіп келе жатты.
– Біреулер мұны Сарайшықта жерленген Бату ханның басы десе, екіншілер атақты большевиктің кәлләсі деп таласады. Мейлі ғой. Қыс кәріне мініп, мұз буыны бекімей бұ шіркінге мігір жоқ. Жан иесі кезінде Жаратқан ием алдында кетпес күнәкар атанған ба, қайдам, күндіз өрге, түн баласы ылди теңізге құлап, ерсілі-қарсылы жолаушылайды да отырады.
– Апыр-ай, ә? – Отставкадағы полковник сипайын десе мұрынның суағар тұсына кеп қонған теңгесін таба алмай абдырады. Ішін ірітіп бара жатқан дірілді тағы да басқысы кеп, күрсініп қап бас шайқаған. Мойны түскір тіреуіш болмай былқылдап, қалтақтап кетті.
– Пәнде деген осы. – Таңданба! Сен де құлатөбелдің бірісің.
Мұны айтқан Жайық па, жоқ, әлде тұсынан жүзіп бара жатқан сары кемік бас па, баяғы көшір балада оны бағамдар дәрмен сарқылып еді. Жарты жаһанда ат тұяғымен әшекей салған, қарсы кеп қару кезенгенді қамыстай орып, қоғадай жапырған Шыңғыс ханның немересіне ақырғы иек қағым, жантәсілім сәт Еуропа мен Әсияның еншісін жыртып-айырып бөліп жатқан ұлы өзеннің бойында жолыққан. Ғұмыр бойы ат жалымен арпалысқан Батудың қолы ауаны қармап, дем жетпей, көкірегі сырыл күйін ойнап жатып Ұлытауды мәңгілік қоныс еткен әкесі Жошы, Шыңғыстаудың сызды тасына жамбас төсеген атасы ұлы Қаһан, көкжиектің ар жағында қалған Қарақорым, мынау фәни дүниенің ойнақылығы жайында шерлі зарын төкті. Шықпас дейтін шыбын жаны өрмекшінің торына шындап қамалғанын біліп, сай-сүйегін мүжіп кемірген ішкі құсасын батпандап ақтарғанда, талайдың көз құртын домалатқан шаһардың алтын айшықты, күміс белбеулі салтанаты асқан төрт қақпасына дейін уәзірлер мен салалы саусақтары саздауға біткен құба талдай майысқан бақсы-құшынаштар шапанының етегіне сүрініп омақасып, сәлделеріне ие бола алмай қалды. Бірінің мәлике жүзін бірі тырнап жыртып, қан жоса болған гарем толы күйітті қатын қатты бұралған домбыраның ішегіндей шіңкілдеп қалған әтектерге қайырту бермей кетті деседі жылнамашылар. Айбатынан ай бұғып бұлтқа жасырынатын хандардың өзін қақпақыл қағып, бір қауызға сыйдырып жіберетін құдіреті күшті Алла әмірінен үстем не бар?
– Уақыт деген осы.
– Қателесесің. Уақыт емес, шексіздік де.
Қолындағы қорқоры адасып жүріп, аузын әрең тапты. Большевик болса болған да. Бостандық деген ғайыптан шыққан дуалы сөз кеуделерді қарашаның желіндей кернеп, кімді желіктірмеді? Ышқырында биті бар әке – бай-құлақ, бала – кедейсоқ, аға – ақ, іні – қызыл, өзге-өзге – бір шаңырақтың астынан, ортақ көрпенің ішінен өріп шыққан бір тұқымның өзі жік-жік боп алакөзденіп, әлі жеткеннің өңірі мен сақалынан сау-тамтық қалдырды ма? Оқыған зиялы – жау, иман үлестіріп жүрген молда-ишан – дұшпан, сонда кім дос еді бұл маңдайының соры бес елі қазаққа? Түрме есігін теуіп шыққан, еркіндіктің емшегін қақтап емгісі келген, сөйтіп, осы елді қауға тиген өрттей отаған қызыл атанған өңшең бұзақы ма? Е-е, ағың не, қызылың не, жасылың не, қайсысына шомылсаң да сыртқы бояудың жылтырақ түсі ішкі болмысыңмен үндесе алмаған соң бәрі әдірам екен. Жарлының таңдайын ағартып дәулетті етемін деп емес, керісінше, байды баудай қырқып, тұқыртып, қаратабан кедей-кепшіктің қатарына әкелем деп басталған төңкерістің ниетінің өзі қарау-тын. Осыған зер салып, дер кезінде мәу деген даусы жуан бір төбет табылды ма? Табылған. Бірақ замана желі ұйтқып соғып, оларды бір уыс топырақтай жан-жаққа шашқан. Демек, бар байлам атып-асуда емес, керт басымыздың кісілігінде екен. Теңге мұртыңыз да уағында табадағы шоқтай қып-қызыл еді, оңғақ неме екен… Екі қапталын бекіре балықтай жайпаған асау шақ алыстап қашып, кәрі кеудесі, нәлеті, күн жеп қаңсыған ағаш бөшкедей дүңгірледі де қалды.
– Көшір бала, сыр аш, сөйле!
…Ат құйрығын түйіп қашса-ақ, мылтық көмейіне күс пытыра құйын қуса қызыл атанған, адам түсінбес аласапыран. Еділ-Жайықтың қаусырма құшағында жусаған нәті жуас ел үшін қай-қайсысы да айықпас жұт, ақкөз әпербақан. Қашқаны да сор, қуған да сор. Бірінің тілерсегін бірі теуіп келіп, ат-көлік, атау кересін алып, қатынды қайтармалап, қырық үйден әрең тыю көріп отырған қызы түскірді қылмыңдатып өтеді…
Иә, сол бір жыл құсын күткен ерте көктемде Еділді қызыл, Жайықты ақ иемденіп, екі өзеннің ортасындағы кең көсілме жазық табан тіреп ырғасқан майдан даласына айналған. Сәуріктерге күн бермейтін мазасыз айғырдай үй үстін ала шапқын қып біткен жаттан иіні ығыр болған ел түйе қомдап суыт көтеріліп, Ашақ пен Қошалақтың иесіз құмына батып кетіп жатты. Қашқан жұттан құтылғанмен, қалақ басты еркектана қой құмалағындай қорғасыннан құтылмайды екен. Ағы қол ұшын бермедің деп, қызылы қатарымызды толтырып, тебінгі тіресіп тұрмадың деп, небір жазықсыз бейбақтың жемтігіне құзғын қонған. Әр қазанға бір көз сатқан бос мойын иттей былқылдаған саясатыңды қай қараңғы қазақ басына езіп жағыпты? Ұзынқұлақтан ақ патша тақтан ауып, «ханталапай» болып жатыр дегенді еміс-еміс еститін. Бірақ онысы әркімнің жорға өсегінен аспай, мықтаса ояз аттан құлап аяғын сындырыпты деген лақаптың деңгейінде жатты. Төңкерістің қызығын көрмеді, бұларға қырғыны келді. «Сауға», «Жан сауға» десті бықпырт тиіп. Айналасында қарасыны жоқ тұлдыр жетім Тайжан бір мүшелге үш жасты санап қосып тұрғанда делбе ұстаған көшір атанды. Тауқыметтің қамытын жалы жығылып қалған аттан бұрын киген мұның тай тепкен тайқы маңдайына көшір болғанда да ақтың полк басшысы, өзінен небәрі он шақты жас үлкен Никита Максимовичтің жанторсығы болуды жазыпты.
Никита Максимовичі аяқ асты күш алып, артынша тымып қалатын бұқпа соғысқа басы бүтін кіріп араласпайды. Тек ара-тұра аузынан: «Іңір қараңғысында ананы шап, таңның тәтті ұйқысында мынаны тырп еткізбей бас! Қолға түскен дұшпанның иығы зерлісін май құйрықтан теуіп жортақтатып алдыма әкел! Қалғанын, иманын айтқыз да, жерге көм, суға ағыз!» – деген қысқа-қысқа әмірі естіліп қалады. Бұйрығы күзгі найзағайдай шартылдағанмен, өзі уызына жарымаған тоқтыдай жаңғалақ. Әйтсе де, істіктеу мұрын, жасыл көз, қысқа қиылған сары балапан шашы әскери киіммен біртүрлі үйлесім тауып, қармаққа шаншар еті жоқ шынжаулығын жасырып, сымбаттандырып тұратын. Ал мінезін пәнде баласына бермесін, бірде мүйіз, бірде киіз. Езуіндегі күлкісін жия алмай жатып қамшы үйіріп жіберуі – қас пен көздің ортасындағы шара. Жар басына қонған жапалақтай боп үнемі күйменің алдында ат құйрығын иіскейтін мұның сол екі арада көк желкесіне жұдырық ойнап, жон арқасына төрт өрме қамшы да жауып үлгереді. Көп шатақ шүлдірлеген кәдімгі жез қоңыраудан шығады. Майдан даласын шет жағалай, сипай аралап жүргенде көшірдің жанқалтасында жататын қоңырау Жайыққа бет бұрып, Үйшікке өтерде қос аттың ортасындағы арыс ағашқа байланып, қыз күлкісіндей тәтті сыңғырымен айналасын арбап келе жатуға тиіс. Тіпті қала тұрмақ далада да қарсы кезіккен бейсауат жүргіншілер: «Ойбай, қоңыраулы күймемен төре орыс келе жатыр», – деп жолдан үрке қашып секиіп тұрмаса, Никита Максимовичтің ішкен асы – харамның есебі. Мұндайда денесі қызып, өзара омырау жарыстырған жүйріктерді дереу тежеп, домалап түсіп, қоңырауды байлай алмай қалатын көшір байғұс жазықты. Бірер мәрте тепкінің күші ат сауырын құштырып, оқыс үріккен жануар сыңарезулеп шауып, былқылдақ күйме шоқалақ санап секіріп, үйелеп жатқан төре орыс төбесін ұрып шырық қашқан.
Әсіресе, көзқыспасы бар Үйшіктің әзәзіл сұлуы Тамараға барарда Никита Максимович қандай сылаңқоразданар еді. Торпақ танау былғары етігінің жалтылына майсақ шаңның өзі қона алмай әуреге түсетін. Екпіндетіп кеп делбе тартқанда жез қоңыраудың үні буынын босатып, бұрала басып, жүзі жұмыртқаның сары уызындай үлбіреп, иыққа төгілген майдақоңыр шашының әр талынан әтір аңқып кеп жаңғалақ төремен кеуде үйкесіп өбісетін. Қарап тұрып мұның бойын ыстық бу шарпып жүре берер еді. Тәтті түс көргендей елегізіп, тобарсып шытынап кеткен ернін тіл қыдыртып жалайтын. Қойны-қонышыңды түгел тінтіп қарайтын мөлттей жанары қандай отты еді перінің?! Жіңішке сықылықтай басталатын күлкісі үдей келе есіңді аударып, қара тырнағыңа дейін жыбырлатып жіберетін. Аш мықыннан қапсыра ұстамаса айырылысып қалатындай боп екі әуес үйге енгенде бұл есін әзер жиып, күйменің артқы кебежесінде жатқан ұзынды-қысқалы ішімдікті, түйіншек-түйіншек ащылы-тұщылы дәмді түсіріп, сауыры мен алқымы ақкөбіктенген атты туарып, суытар-ды.
Үлкен бөлмесінің үш терезесі Жайыққа төніп тұрған, бөренеден қиылып салынған бау-бақшалы сәулетті үйдің шайдай түсте іштен ілінген есігі күн екіндіге құламай ашылмас. Тамара сұлудың сөресі мен мәресі қапелімде жеткізбес төсек жорғасынан әупірімнің күшімен түсіп, табалдырықтан қалқиып бері аттағанда, көшір бала жынын қақтырған бақсыдай боп мәңгіріп қалатын Никита Максимовичін көзін уқалап жатып әзер танитын. Кейде көлеңкеде мойны қылқиып мөлиіп отырған бұған қарап ыржалақ қағатыны бар.
– Оһ, бұдан гөрі қызылдармен соғысқан әлдеқайда жеңіл. Атасың да саласың. Оқ түгесілмейді…
– Тайжанчик, монша жақ, – дер еді Тамарасы көмкеріліп тұрған бау ішіндегі столға дастарқан жайып жатып. – Аяма, өрте ішін!
Қарсы табысып, бір-бірін ыстық деммен жемдеген қос әуес сол күні ішімдік атаулының ұзынды-қысқалы шынысын кезекпе-кезек бөкседен тебісті. Таңдайын жабысқақ шөл жайлап, қаны қоюланып қалған төренің белі қайтадан бекіп, күш алып, майда самалы сипап ескен жайлы түн қиялын жан-жаққа шаптырып, болашақта өзін тағатсыздана күтіп тұрған генералдық шеннің қызықтарын теріп айтып, ауыз жабар емес. Ол үшін мына өңмеңдеген тексіз қызылдарды Астрахань асырып қуалап, Царицынге жолатпай, талқандаса жетіп жатыр екен.
– Мә, қақ, – деп көңілденіп бұған сынық сүйем шұжық ырғытады.
– Қызыл әскер Үйшікке таяп келеді деседі, – дейді Тамара әңгімеге тамыздық тастап.
– Мына секілді дикарлар көмек беруде. Бірақ уақытша ғана…
– Олар жеңсе Тайжанчик дәу бастық болар.
Күйдірткі қаншықтай әңгі немені қолдан қоздыруын.
– Бұл, міне, мынандай бастық болады, – деп буынын арақ алған офицер балаң үйрегі мен ортан терегінің арасынан бас бармағын қылтитты. – Бері кел! Кәне, иіске, иіске тез… ым… Неге түшкірмейсің?!
Мына қорлықка төзбей кеткен көшір бала сонда омырау сүті тілінде: «Атаңа ғана нәлет-ай!» деген. Көзінен жасыл от тұтанып, әр сөзін әріптеп тұрып айтты.
Теңселе қолтықтасып, ақ бу атқан моншаға енген екеуі енеден тума шешінгенде лып етіп аулаға шыққан Тайжан дереу қос атты күймеге жеккен. Никита Максимовичтің әбүйір жабар бар лыпасын жалғыздап теріп жинап, құжаты, қоржынымен қоса күйменің артқы кебежесіне атып ұрған. Ыза мен қорқыныш кернеген бойы қалшылдап, моншаның кіреберіс тар қуысына кері бас бақты. Қос саусақ қатар сыятын кілттіктен сығалаған: бу тарап, сұйылыпты. Қолына сала құлаш ысқыш ұстаған Никита Максимович Тамараның жон арқасын ақ көбікке бөлеп езеді кеп. Қайраңда қалған теңіздің сары бауыр сазанындай бұлқынған сұлу құшыры қанып, қыңсылап, болашақ генералдың желігін көтереді… Көшір бала бекінген ойдың жетегінен шықпай жанұшырып белуардан шешінді де, ошақтың қырып алған қарамай күйесін маңдайдан кіндікке дейін баттастыра жақты. Қолына төрт өрме қамшыны буынтып ұстап, қайтадан еңкейе берді.
– …Енді айғыр боп кісінеп секірші.
Сауыры дір-дір етіп ағаш еденде төрттағандаған Тамара жалыныш һәм сүйсініске толы сайқал үнмен кейінге мойын бұрады. Итініп тұрған еркек үйелмелі-сүйелмелі қос санды өрлей-өрлей келіп тоғысатын жердегі алақандай қара гүлді иіскеп, жалап-жұқтай ма, тіпті өзін Қамбар атаның нәсілімін деп жорып, жұлып жегісі келе ме, о, жазған!.. Кісінеп еді, онысы мұрнын тестіріп жатқан жетім тайлақтың даусындай созыңқы, шынжау шықты. Көшір баланың көзі майланып, бойын есірік меңдеді. Қара гүлдің ортасы бірде құж-құж қайнап жатқандай, енді бірде күнбағыстың ши батырғысыз шекілдеуікке бөккен басындай боп елес берді. Қайтадан оқыранып, үйірге түсе берем дегенде есік шалқасынан ашылып:
– Тр-р-р! Уа, атаңа нәлет! – деген алапат айқай мен тобылғы сап төрт өрме қамшы жарыса сілтейді. Ауаны ысылдатып жауып кеткен соққымен қара түннің қойнынан өсіп шыққан қара албастыға дәт жетіп қарау мүмкін емес.
– Домовой! – деп ышқынды Тамара сұлу.
– Черт! – деген Никита Максимович, бақырған қалпы екі тіземен мөңкіп секіріп. – Прости нас!..
Батып кетер еді, сыярға саңылау табылмады. От аузы кіреберісте шүңкиген жалғыз пеш кімге пана болмақ? Қары талғанда барып қаңтарулы тұрған күйме есіне түсті. Тастақты көшеге кетпен соқтырып, жұлдыздай аққан қалпы Үйшікті қақ жарып аққан өзеннің үлкен көпіріне жеткенде соңынан ащы айқай шықты. Айқай да емес, қас қағым сәтте мүсәпірге айналған пәнденің шарасыз шыңғырысы болатын. Байғыздай шақырған сол дауыс қаладан қозы көш жер ұзап, Үркер маңып тас төбеге келгенше ерген де отырған.
– Айта бер, ұлым!
– Қызылдар арқамнан қақты, маңдайымнан сипады.
«Күлшелі бала» десті. Қатарына кіргізді. Содан иыққа қонатын жұлдыз аулап Ресейдің ішін үңгіп кете бардым…
Көп кешікпей большевиктер де Үйшікті алған. Сылаң қаққан Тамара сұлуға қызылдың командирі өле ғашық боп жатып үйленді.
– Никита Максимович ше?
– Ақтың қолы кеудесінен түйіп кетіпті… Біраз жыл Тамара мен байының ауласын сыпырып жан бақты. Кейіннен кемемен келген жүкті түсіріп, несібесін терген. Ішімдікке оңбай қамалды байғұс!
– Әлі тірі ме? – Теңге мұрттың даусы оқыс естілді. Жайық жайдары қалпында ыңғайтөкпе күймен жылжи берді.
– Татар дәмі түгесілген жоқ. Жүр, әне, ресторанды бимен қарқ етіп…
Дуылдаған ығы-жығы топтан іргесін аулақ ұстап, шеткері орындықтың біріне тізе бүккен. Кәнігі екі жүз грамм, бір кеспесі де көп тостырған жоқ. Қышқылтым шарапты дәмін алып, ұзақ сораптады. Ымырт үйіріле Батыстың даңғаза джазы құлақ шетін кеміріп еді, елден бұрын ентелеп ортаға үрпек сары шал шықты. Айқыш-ұйқыш тілік әжімнен ғана тұратын жүзі мың жыл бұрын олақ мүсіншінің қолымен қашалғандай. Көз ғана сынын бермейді екен, жасылы қайтпады. Екі қолы ербең қағып, қамшы астында өскен иттей имеңдеп, құйрығы билейді екен. Егер биге сеп десек… Тайжанның тынысы тарылып, өңір тиегін ағытты, жо-жоқ, өкпесі екен ауа сормай жатқан. Жүрегі екен ауыздығымен алысқан күймелі аттың тұяқ дүбірін қайталап тұрған. Алақанын кең жайып стол жағалап, көрсеткен өнеріне қайыр дәметкен шал жылжи-жылжи бұрынғы көшір баласының тұсына таяды.
– Никита Максимович, – деді бұл тұтығыңқырап.
Дәл өзі!
Бір уыс жасыл долларды жез қоңыраудың сыңғырын сүйетін баяғы төресінің қолына дірілдеп тұрып ұстатты. Сасып қалған Никита Максимович темпең қағып, ақысына тағы билегісі кеп құйрығын жыбырлатып еді, Тайжан ыммен тоқтатты:
– Кешірерсіз мені… Қалған ғұмырыңызды тарықпай өткізіңіз…
Айтпағы көп еді, көмейіне қоя кептеліп қалғандай құр тамсанып, жұтқыншағы бүлкілдеді.
Мұндай байлық түсіне де енбеген байғұс тек ойдым-ойдым жамаудан ғана тұратын шалбарының қалтасына тықпыштап, жарылқаушысын сүйгісі кеп еңкейіп, ернін шүйірген. Кенет мұның оң жақ бетінің ұшындағы бармақтай қалға көзі сүрініп, басын белеңі бар бестідей кегжең еткізді.
Ақ та, қызыл да, текетірес саясат та, тіпті Тамара сұлу да жоқ. Кеудеңді күйдірген ащы мұңың мен тәтті үмітің де көзден ғайып. Бәрінің орнын джазға еліккен өзіңнен туған өгей ұрпақ иеленіпті. Жұлдызды аспан мен Жайық және тынбай жолаушылаған сары кемік бас бар. Жалбыр шаш жазушы жігіт не деп еді? «Ей, аға, дүние жалған дейсіз, қате ойлайсыз. Дүние жалған емес, адам жалған. Дүние тұр ғой мәңгілік өсіп-өніп, жасарып, асқақтап. Адам өзінің опасыздығын, айнымалылығын соған жауып құтылғысы келеді», – деген.
…Аспан асты, жер үстінде басы артық бақ та, сор да, байлық та жоқ екен. Жаратқан ием бірінен жұлып алып екіншісіне беріп, жазған пәндесін ақымақ қып, әуре-сарсаңға түсіретін көрінеді. Бар-жоғы сол. Өмір деген бір елестің боямасыз өңін анық таныған. Ол ашық мойындаудан қаймығып, үнсіз бас изеді.

ЫСТЫҚКӨЛ
(Элегия)

Мыслями с Богом,
а телом-то с людьми.
Григорий Распутин

Ақшаңдақ аспанды тағы бір қыдырып шыққан күн көк-жиекке аман-сау жеткенімен, мынау шыж-быж дүниені қимағандай талықсып тұрып алды. Сынық сүйемдеп етектен жоғары өрмелеген қарабарқын көлеңкені бойына қапелімде дарытқысы келмей Алатаудың іркес-тіркес шыңдары өндіршегін созғылайды. Таудың тар құрсағында бұлқынған Ыстықкөл ғана толқыннан толқын тулатып, қызыл бояқ сәулені қоймай құмарлана жұтады. Ауызбірлігі кем ақша бұлт біткен желге жағынып, пышырап, ақ айдын бетінде кержалқауланып сырғанайды.
Көлдің иесіндей боп арша таяғына сүйеніп жағалауда бір шал тұрды. Азу тістен ада екі ұртына тоқылдақтың басы сыйып кеткендей екен.
Ал пері көшетін намаздыгер мен ақшамның арасында қасиетті көлді елбең-елбең елес кезіп жүрді. Елес… Көлдің айна бетінде шағылып қалған қартамыс шақтың хикаясы. Астын әлдилеген ағын, бетін тербеткен толқынға сеніп елес-жады өмірге енеді де, сағым боп ойнап қас қағымда жоғалады. Ащы ішектей әрең таусылған кешкен ғұмырын емес, ішіндегі қарашықтай ғана қадірлі жылт дәуренін өздері де аңсайды екен-ау! Желкесінің шұңқырын көрсетіп қашқан зәрезабының өзін келе-келе таңдайын ойған тәттіге қимас…
Бір толқынды қолтықтап мәңгіліктің тұңғиығынан Манас көрінді. Бойындағы бес қаруын дірдек қақтырып, маңайына су бүркіп сілкінді. Бәйтеректі бауырына басып отырған қырық қарға атқан тастан бетер ұяларын тастай қашты. Аулақта жүрген сәйгүлік кісіней шапшыды.
…Кемпіршуақ көктемде Алтайдан өкше көтерген қырғыз жұрты Кеген тауларын түйежарлап өтіп, Ыстықкөлге әупірімнің күшімен құлаған. Тізгінін Манасқа, ниетін Таласқа табыстап алға емініп баққанымен, жұмақтың төріндей мекенге жеткенше ат-түйенің арқасына ошақ орнындай жауыр түскен. Тер сіңген таралғы, тесілген тақым ше? Қырық күн шілденің құм қайнатар ыстығы жұлынған еркек, жыңғылдай қатынның өзінің қасын күйдіріп, кірпігін ақсіркелеп жіберген. Ұрттан ұртқа жүгірген сықпа құрты түскірдің дорба түбі қағылып, тіл қыдыртып жалай-жалай ерін жалағы – ол да азап. Көп азапты осылай үйірімен үш тоғызғып тырна мойнын созып келе жатқан елде бір шатақ шықпаса несі көш? Және ол шатақ сыбырдан басталып, сыбанған дауға айналмаса несі шатақ? Шапшып тұрар дауды саршұнақтай шақылдап қатын бастамаса несі қатын?
– Садағаң кетейін Көбеш ағам айтып еді-ау: «Келінжан, тау жағалап, тас басып кімге сеніп барасың? Омыртқадай байыңа ма, опал таудай Манасқа ма? Бірі – күйкі, бірі – даңғой. Елді апарып жарға жығады, көр де тұр! Қалмақтан көрген теперішіміз жоқ, алақанының ортасында отырмыз. Ас-тойынан қалдырмайды. Жайлауының шеті біздікі. Ақылың болса – барма… Бармыз ғой…» деп. Тақымымыз қажалды, тұяғымыз мұқалды. Жар емес пе мұнысы, жыққаны емес пе мұнысы?!
Басындағы қарқарадай күндігі күйелеш-күйелеш қара қатын көштің аяқ жағында келе жатып байғыздың даусына салып зарлап қоя берсін:
– Алтын тамырдай Алтайдан қара басып айырылдық!..
Өлігіңді көрейін, Манас!..
Апий, ой!..
Ұшып түскен жара құсап әр жерден шыққан қатын даусы бір-бірін іздеп тауып, айналаны әлем-тапырық қып жіберді. Омыртқадай байы оңбайтын қатынын өңірден ала кетіп, қапелімде көлік үстінен аунатып түсіргенмен, жерге басып отыруға дәрмені құрғыры жетпеді. Аузында бұрқыраған сөзі, бойында кернеген ашуы бар ұрғашы жаралы жыртқышпен тең екен, омыртқадай бай оңбай омақасты. Жай құласа да кешірім, жон арқадан солқ еткізіп түйіп кеп жібергенде қозы көш жерге дедектеп жүгіріп барып омақасқанын айтсаңшы! Ала шаң бұрқ ете түссін. «Шоқ, шоқ!» десті шап айылы мен шыдамы қатар үзілгелі тұрған үзеңгілестер.
Ұшы-қиыры жоқ көш-керуеннің маңдайында жүрген Манас астындағы ақкөбік болған Аққұласын ірікті. Қалың қырғызын жаттың жарқабағынан суырып алып еркіндіктің есер құшағына бастағанда естір алғысы осы болғаны ғой. Томпылдатып сабасаң қой-қойлары таптырмас, белі мықты бестісі не тоқтам айтар естісі жоқ ел дегенің осы екен. Тұр, міне, бәрі артында, екі иінінен таяқ шаншыған қарақшыдай боп ербиіп. Айыр қалпақтың астынан аспанға қараған, буалдырланып, өз-өзінен тозып, түсі өңіп кетіпті. Оңнан да, солдан да үзік-үзік сағым ойнады. Керегедей қаз-қатар қаланған жақпар тастар балбалдарға айналып, шексіздіктің құшағында жүзіп бара жатты. Жанындағылардың бәрі серттесіп, тілдерін қырқа тістеп алғандай ләм-мимсіз. Тартып міне берген соң, ат жалы да сұйылып қалыпты. Қаныкейге көз тіккен. Айыр қалпағымен көш соңын нұсқаған. Байғыз даусын барып өшір деген ишараты.
Сонда кеш туған айдың сынығындай Қаныкейі, алысқа ат шаптырып некесін қиған, іңірде салып төсегін сәскеде жиған, ақ бетін соңғы идіріммен жуған, сәмбі белін алтын қаусырмамен буған Қаныкейі бұған ғұмыр дағдысы – назданып емес, назырқанып қарады-ау! Бетіне тіктегенді бүккен, тау тасындай үлкен опал таудай Манастың сол сәт пәті қайтып сала берген…
Шарасыздықтың екі иіннен басқан салмағынан жаншылып тұрып, қолдан – сүйеніш, аяқтан – тіреуіш таппай тұрып, ең соңғы дәт – Алладан медет тілеп тұрып мұнар-мұнар батысқа көз тіккен. Өңіп кеткен аспанның, оңнан да, солдан да ойнаған үзік-үзік сағымның нақ ортасынан зарықтырып, айнадай жарқырап, жанарыңды қарықтырып осы Ыстықкөл көрінген. Айбарланып, арыстан жалданып айқайын салып еді-ау сонда!
– Қағылайын, Ыстықкөл!
Іле қиқулай төбеден мың сан торы ала қаз ұшқан. Қарағайлы орман сыңсып шуласқан. Дауылпаз ойнаған. Қобыз шаңқылдаған. Шайыр саңқылдаған. Бақса, құмырсқадай қарақұрым қырғызы екен аруағын көтеріп ұлы көлге жапатармағай ат қойысып бара жатқан.
Е-е, одан бері күңгір-күңгір не заман өтпеді?..
Жердің киесіндей боп жағалауда ер-тұрманы сайма-сай бір сәйгүлік жүрді. Шыққан шөп пен аққан судан басқаға жазығы жоқ бұл күлік Манастан тұл қалған Аққұланың тұқымы-ау, жарықтық…
…Абылай қонған ақ орда қаралай жұрттың мысын басқан. Баспай қайтсін, Арқадан ерткен аламан қолы, артынан ерткен шұбар ала шаңы жердің жүзін, күннің көзін алып ел шетіне келіп кірсе? Қырғыздың батыры мен бағланы тікірейгенмен, бай-манабы шікірейе алмай, өз етектеріне өздері сүрініп бір-біріне жаушы шаптырған. Ақыл тоздырып барып, ақыры Абылайдың алдына жетіп датқа жығылған. Сүйексіз қызыл тіл қызметке жүрген.
– Темір ноқта – қалың қытайға, қайыс ноқта – ормандай орысқа беліңді бермеген хан ием, хош келдің, – дескен.
– Қазақтың үш жүзіне ұран болған Абылай емес пе ең, ұрсаң жұдырығыңның қышуы қанбайтын бір уыс сарбағыш пен саяққа күш көрсету ұлық-дәрежеңе лайық па? – дескен.
– Мәлике жүзіңізді бір көруге зар боп отырғанда, Құдай қолдап, жолыңыз оңдап өзіңіз келдіңіз. Тарту-таралғымыз әзір, хан ием, – дескен.
– Ақ орданы тігеміз, ақ бетіне шаң тимеген аршын төс аруды иісі қырғыздың атынан қойныңызға саламыз. Сүйек жаңартайық. Болашақ күйеу баламыз бен қызымыздың қолүздігі деп түрікменнің бір үйір көкмойнақ ақалтекесін дігірлетіп тау қуысына қамап отырмыз.
Қабағында қатқан теріскейдің тоңы жібімей сазарып отырған ханның қойны-қонышын бірте-бірте ыстық леп аралап бара жатты. Алқа-қотан жайғасып, екі шалғайын тізеге басып түнерген төрелеріне жорғалата қараған. Бір биінің бет терісі қыбырлап, ерні жыбырлап, сұйық сақалы пышырап қоя берді.
«Ақ орда мен аруға, арғымаққа хан ием зәру дейсіңдер ме, ей?!.» дегелі қомданды-ау кәрің. Қаншама емінсе де хан иесінің шүңгіл жанарында шыңыраудың суындай жылтыл оянғанын байқап аузын бақты.
– Туысқан құшақтасам десе, жоқ, пышақтасамын деп шалқаюымыз әбестік болар. Ендеше, өткенге салауат…
Абылайдың ықыласы қарсы жақтан лебіз аулап отырған қырғыздардың айыр қалпағын алшысынан кигізді.
– Әп, бәрекелді!
– Айналдым ақылыңнан, хан ием!
Көгілдір таудың етегін басып, сықырлауығын көл бетке беріп он алты қанат ақ орда еңсе көтерген. Қалың қарағайлы қыратта тұрған хан тобының алдынан кешқұрым құйрығын теуіп ойнаған бір үйір ақалтекені қиқу сап айдап өткен. Ақ бетіне шаң тимеген аруы түскірі ғана асығар емес. Кекірігін аздырған астау-астау ет пен саба-саба қымызын құшақтап табалдырықтан күнде сүрініп кіретін қайын жұртына «Әлгі атаған қыздарың қайда жүр өзі?..» дей алмай зар.
Ал қырғыздар сасулы еді. Абыр-сабырда Алайға дейін ат шаптырғанымен, бұты бітеу ару таптырмай, таптырғаны бай-манаптың сынынан өтпей дағдартқан. Аттылы еңкейіп, жаяу шалқайып қарайтын су перісіндей сұлу бар деп сонау Нарынға адым оздырған, сіңір создырған. Әттең, байлы, балалы-шағалы екен деп оралысты.
– Байы қандай екен?
– Можантопайлау. Әрі тышқан боғын тығып тастайтын сараң көрінеді.
– Баласы нешеу?
– Үйелмелі-сүйелмелі екі сәби…
– Әйелді ажыратып әкеліңдер! Байына бір табын топаз айдатып қытай бетке қуып салыңдар.
Он төртінде атастырылып, қалған үш жылда екі нәресте көрген сұлуды күндіз-түні шауып ерулі атпен жеткізгенде:
– Жасаған ием мұндай да мінсіз қып пенде баласын жаратады-ау, – десіп қатын-қалаш қамыс басындай шуласқан. Тек әлгі байының бүлдірген жері болмаса…
Сұлу табылды, бірақ оны мына қалпында Абылайдың қойнына қалай салмақ? Таң атар-атпаста айбарлы хан бүйі шаққандай атып тұрып, «Уа, бүтін дүниең қалмаған не қылған жұртсың? Көрсетейін мазақты, орнатайын тозақты!» деп атқа қонса ше? Оны да көріп алар, ал айтысқан серт, алысқан қол, жеген құйрық-бауыр ше?
Осылай әйел – жерге, еркек – көрге қарағандай боп тұрған өлара шақта:
– Ойбай, Тәшкенде бір лолы кемпір бар. Жалғыз қызын жеті мәрте байға берген. Бәрі де «сақинасы сау» деп алыпты. Несін айтасың, о кәрі мыстанның білмейтіні болсашы, – деп ауыл арасынан бір құлағы түрік білгіш табылған. Құтқарушыдай көрінген лолы кемпір сөйлегенде имек мұрны сүйір иегімен бір түйісіп өтетін мейіздей қатқан құзғынның өзі екен. Сауда сыбырмен бітіп, ұзатылатын қызға іс тігетіндей өңірінен алтын инені алып, қытайдың жібек жібіне сабақтап жатып бейшара әйелге қона түсті.
– Тылағыңның екі езуінен екі іліп алып байлаймын, шыда, – десін. Таппайтын тәсілі жер астында екен кәрі мыстанның…
– Құсың құтты болсын, хан ием, – дескен жеңгелері ине-жіптен жаңа өткен «қызды» қолтықтап шымылдыққа ендіріп жатып.
– Кимешек киген бе, құлағының ағарып қалғаны несі? – деп Абылайдың атқосшысы күңкілдеген. Алақызба шақта онысын өзінен басқа ешкім естімеді.
Түнімен қызыл жеміне тояттаған хан таң торғайы ілкі шырылдағанда шапанын желбегей жамылып сыртқа шыққан. Қол созым жерде тау жусап, Ыстықкөл бусап жатты. Теңіздің аңқаңды ашар қышқылтым ауасы алдан желпіп қоя берді.
…Алып адымдап тұрған тау қарағайынан оза шыққан екі міскін бір-бірін өкшелеп көлге маңдай тосты. Абылай-елес толқыннан береке таппай шалт қимылдап, тереңдеп, ағынға өтіп кете барды…
…Жарық айы тұрмақ жамыраған жұлдызын да біреу теріп әкеткендей тамыздың мөлттей қара түні-тін. Алты қанат керегенің сыртында сайланған алты бірдей күзетші, сықырлауықтың көзінде жаланған жасақшы отырған. Төрде адалбақанға таяу ерін жастап, шапанын тарта жамылған Кене ханның кірпігі қамаспай қойды. Алакүлік ойды аулаққа қуғанмен өзекті өртеген өкініш жүрек басына шер боп ұйып тыншу бермес. Кешегі қырғында бауырын еркін жаза алмай шейіт кеткен қолын айтсаңшы! Өңшең саздауға біткен құба талдай солқылдап тұрған жас-ты. Артында – жау, алда – тау, қиялай кеп батпаққа қамалып шарасыз шабылмады ма? Арқадан алшаңдап кеп Алатаудың аңғарында ажал тапқандардың обал-сауабы кімге?
– Имандарың салауат болғай-дағы!
Кене хан жасып күбірледі. Сыпатайдың сатылғыштығын, Байзақ датқаның опасыздығын кінәлағысы келді ме? Орысты ойрандаймын деп қолғанат іздеп келіп қырғызға бекер соқтыққаны ма, ақ алмасы майырылып тұтқынға түсіп тұқырғаны ма, әлде Тайлақ пен Жаманқара батырларың тірі деп алдап, Наурызбайды итергендей ғып босаттырып жібергені ме, әйтеуір, бір дауасыз дерт солқыл қақтырып әкетіп барады. Жамбасына тас батқандай тағы бір аунап түсті.
Ат тұяғының дүбірі естілді. Маңқа төбет дауыс берді. Іле:
– Көке, – деді Наурызбай. – Көке, бармысыз?
Күзетшілер күбірлесті.
– Әттеген-ай, қара үзіп кетпегені-ай!
Кенесары астындағы қақпа алашаны білемдеп ұрды.
Наурызбай аяқ жағына сылқ етіп отыра кетті.
– Көке, өлсем сізбен бірге өлем! Соңыңызда қалып кімге тұтқа болмақпын?
Таң алдында кірпігі қамасқан. Маңқа төбет үрді. Төбет дегені қауқылдасқан қырғыздар екен. Күн сәскеге таяп қалыпты.
– Тайлақты өлтіргендері рас демедім бе? Түсімде көргем.
– Жаманқара батырдың да түбіне жетті.
– Бәрін қынадай қырған жауызды алшайтып жатқызып әспеттегені несі?
– Енді соқтықпаймыз деген ант алып босатайық. Қалың қазақ көтерілсе, не жаныңды қояды?
– Атаңа нәлет, не деп тантып тұрсың, ей? Алжып тұрмасаң антың не? Көтерілмек тұрмақ ұшып кетсін бұ ит қазақ!
– Әй, екеуі де егіз туған ер екен, қойындарына қыз салып тұқым алсақ қайтеді?
– Сал өз қызыңды! Қасқырды қандас етейін десең!
– Біреуінің өті менікі, белімнің құяңына жағамын.
Ақ сағымға бөккен өң мен түстей еді. Тайлақ пен Жаманқараның тұл қалған долы қатындары дауыс салып келіп тұщы етіне үш бұтақты айыр сұққылағанын біледі. Жылымшы бірдеңе алақанына құйылды. Меңірейіп отыра берді. Жанындағы Наурызбайын қайда алып кеткен?
– Әй, елдеріңде мені дұрыстап өлтіретін еркектана табылмады ма? – деді-ау әлден уақытта.
– Өтімді қыздарыңның көтіне құйыңдар!
Науанжанының ащы айқайы ауаны найзағайдай осып өткен.
Көз алдында қалың қолын бастап Сыпатай мен Байзақ датқа қашып бара жатты. Өзі қою шаңның ортасында қалыпты. Төбе тірер аспаны, аяқ артар қара жері жоқ, батысы мен шығысы айырғысыз бұлдыр-бұлдыр бір сағым мұны шырмап алып босатпай қойды…
…Ыстықкөлдің аспа-түспе толқындарында Наурызбай-елес ағасын қолтықтап ағыс кезіп, бас іздеп жүрді. Хан Кененің басын.
Көлдің иесіндей боп арша таяғына сүйеніп жағалауда бір шал тұрды. Азу тістен ада екі ұртына тоқылдақтың басы сыйып кеткендей еді, бұлтиып, қызыл шырайы сыртқа теуіп тұр. Жел толтырып алған екен антұрған…
…Әуезовтің елесі жайбарақат малти жүзіп жағалауға таяғанда күн батуға сынық сүйемдей қалған. Кең маңдайы жарқ етіп көрінді. Киіздей қою шашына күйе түскен шағы екен. Келісті жүзі ызаға бөккесін бе, күреңітіп, қарақошқыл тартыпты. Мұрнын бірер мәрте саумалап жіберіп, «Пәлі, қазаққа бар қадірім қатынға жоқ. Көрдім-ау осылардан көресіні!» дейтіндей. Десе дегендей-ақ болды. Түске салым Жазушылар одағынан келіп жазу столына құйрық басқаны сол еді, шар ете түскен шатақтың басталып жүре бергені. Есіктен ебедейсіздеу енген жұбайы екі мықынын таянып тұрып:
– Иә, ұлыңның бауы берік болсын! Фатиманы әрлі-берлі алып қашып жүріп ақыры Меркідегі туысқандарыңның қолына қатын қып түсіріпсің. Бітеу адам құсап тырсиып жүре бермей сүйінші сұрап біз пақырды да бір қуантып қойсаң нетті? – дегені. Түк естімеген жандай мойнын ішіне тартып, қаламын жүгірте түскен. Қайдан?.. Ойдағы-қырдағы жорға жүрісінің бәрін моншақ қып тізіп айтып, бел алып, өршіп кетті. Береке таппасын біліп, «Победасына» отырған қалпы Меркіні көздей тартқан. Аузынан түскен адал астай өзінен айнымай қалған Мұратын иіскеп, мейірін қандырып, пәруана тірліктің бітпес күйбеңін жеңбек болған. Аунап-қунап, тау басып, бұлаққа шомылып тыңайып қайтпақ-ты. Мұнда да нарттай қызарған даудың үстінен түссін. Төбесінен құс ұшырмаспын деген Фатимасы:
– Айдалаға әкелдің де тастадың. Битін сығып, қанын жалап күнін көрсін дейсің бе? Онымен қоймай, менің үстімнен тағы бір Ғалия деген қаншыққа көңіл артыпсың. Егіліп, еңіреп жазған хатың, міне, – деп, қолына қайдан түскенін, екі парақ оқушы дәптерін мұның бетіне тақап желпілдетті дейсің. Басындағы ақ кепкісі қонған төбесін сыйлағаннан ұшып кетпей аман қалған.
– Пәлі, қойшы енді соны! Болашақ шығармамның басты бір прототипі еді…
Даусы жіңішкеріп шыққан.
– Ә, біз жанама кейіпкерің екенбіз ғой. Көшір онда, кім көрінгенге телміртпей, Шолпан-Атадағы үйіңе! Сосын бұйдаңды басыңа түр де жүре бер!
– Валентина Николаевна хош көрсе…
– Оныңды да әспеттеме. Білеміз… Баяғыда өзің екі жыл қамақта отырғанда Ленинградына ойбайлап қашқан. Жанын аузына тістеп. Онда не бүлдіргенін өзің де естіген шығарсың?..
Сүйегін қаралай үңгіген сұңқылды одан әрмен тыңдауға шыдамы жетпеді. Қасиетті қаламымды ұстап қала ма деп ғазиз басын дауға берген қарғасы Мұратын бауырына қысып аз тұрды да «Победасына» қайта қонған. Ыстықкөлдің мейірімді құшағына асыққан. Шипалы суы бойыңды жеңілдетіп, ойыңды аршып, бар кір мен кінәратты қолмен сылып алғандай етеді-ау! Келе қазақы дамбалдан басқа лыпа біткенді сыпырып атып көгілжім тереңге құлаштай сүңгіген…
…Жердің киесіндей боп жағалауда ер-тұрманы сайма-сай бір сәйгүлік жүрді. Шыққан шөп пен аққан судан басқаға жазығы жоқ бұл күлік Абайдан тұл қалған тұлпардың тұқымы-ау жарықтық.
Иә, пері көшетін намаздыгер мен ақшамның арасында ақ айдын бетін елбең-елбең елес кезіп жүрді.
Арша таяғына сүйенген шал: «Өздеріне өмір берген әйел нәсілінен тірлігінде теперіш көрмеген, алданбаған еркек атаулы бар ма? Ұлы бол, ұры бол – бәрібір. Қаша-қаша ақыры пейіштің төріне тығылар», – деп кесім айтады. Беу, бәтуасыз дүние, беу!
Өзара өкшелей қуаласқан екі міскін шалдың жел жағын жанай өтіп көлге ұмтылған. Сасай бұқаның иісі аңқып қоя берді. Әйел сықылық атып сүңгиді, еркек көз жазып қалып қапелімде айналасына мекіреніп артылады. Толқын біткен күйлеп қашты.
– Баяғыда қашақ сиыр бұқаға шындап бір тоқтаған соң шалдар пышақпен сарпайының ұшынан қан шығарып тіліп жіберетін. Содан соң бұқа мүйізін шайқаса бітті, бел асып безіп беретін. Заң-әкені сыйлаймын, Заң-әкені. Әйтпесе… – деп шал енді сықылық шыққан тұсқа қарап жүзі жұқара-жұқара біздей боп қалған бәкісін жылтыңдатты.

* * *
Өн бойы өткен дәуреннің үзік-үзік елестерінен ғана тұратын қасиетті көл осыны айтып жырлайды, осыны айтып жылайды.

P.S. Кіресілі-шығасылы еспен біз де осы сөзді саған арнап жаздық-ау, Ыстықкөл!

 

Рахымжан ОТАРБАЕВ




ПІКІР ЖАЗУ