ТҮН ҚИЫҒЫНДАҒЫ КҮРДЕЛІ КҮРМЕУ (метатылсыми эссе)

Жалғыздың үні шығады

Әлемдегі ең күрделі кинодрамалардың бірі «Түнек» («Dark») деп аталады. Жарық пен түнектің терең жағына үңілгіңіз келсе Гётенің «Фауст» драмасына жүгініңіз. Рахымжан Отарбаевтың «Жалғыздық» деп аталатын әңгімесі де осы қатардан, шытырман да шүңетті музыка мен сезім сәулесінің өліарасында жасалған дүние. Бұл шығарманы режиссер Мұқанғали Томанов сахнаға шығарыпты. Үшбұрышты құбылыстан тұратын – адам өмірінің басталатын, өрбитін, таусылатын кезеңдері суреттелген. Рахымжанның драмасында адам болмысының ең кіші де ең алып деңгейлі елестері меңзелген. Жұмсақ бола тұра қатаң ғұмырдағы жұмақи әуен мен жуас естеліктер жиылған жердегі қадалған діңгек кермеге ілінген бүкіл трагедиялардан көрінетін өңшең суық өңдер арқылы Карпман (Каarpman үштағаны) үлгісі сияқты үш кеңістіктегі үш өмір көрініс береді. Театр деген мини-әлемде психологиялық және философиялық келісімдері сәйкескен қойылымдар бар. «Жалғыздық» – солардың бірі және қазақ әдебиетіндегі соны дүние.

Жақсы жазушы тумысынан
жақсы болып жаралады

Рақымжанның «нөл»-ден басталып, «нөл»-де өмір сүріп, «нөл»-мен аяқталатын бұл шығармасы ХХІ ғасырдағы таңғажайып туындылардың бірі әрі бадырайған өз қолтаңбасы. Мұнда сұлу сұйық, сыбай-сылтаң бос сөздің бірі де жоқ, кейіпкерлері түгел мұңлы, бәрі ашулы. Ең реңсіз кейіптерде де керемет сезім сәулелері жүреді. Ескірмейтін ақ сәулелер бояуы. Қаһарлы тағдырлар мен қиын көріністердің арасында күміс шуақтар ойнайды. Кеңістікті қағаз бетіне көшіріп, уысына қысып умаждап, мыжғылап отыратын хас жазушыда уақыт белдеуіне шырмалған логикаға бағыну деген ұғым атымен жоқ. Аптапты мистикалық сарын, лақпа музыкалық ой-жорық, мәйітханаға лақтырылған парақша-ғұмыр беттерінің бәрі де өзгеше. Рахаңның Алматыдағы жастық шағы – посткеңестік құрылымды сынай бастаған уақыты дәл осы кезге тап болғаны байқалады.
Қырғыз Республикасында – «Абай-сот»
Хош! Рақымжан Отарбаевтың пьсалары көршілес қырғыз елінде жиі қойылды. «Абай-сот» деп аталатын пьесасын (1995) Қырғызстанның халық ақыны (2004), драматург, жазушы әрі аудармашы Ернис Тұрсыновтың (1935-2014) тәржімасымен Қырғыздың Ел әртісі режиссёр Искендер Муратбекович Рыскулов сахналаған. «Әбутәліп әпенді» пьесасын да туысқан Қырғыз Республикасының Халық әртісі, белгілі қырғыз актері әрі талантты режиссері Бұсырман Одракеевтің аудармасымен осы режиссер сахнаға шығарды. «Нашақор» пьесасы Қырғыз Республикасының Халық әртісі, белгілі қырғыз актері, режиссері Бұсырман Одракеевтің (Бусурман Кожокулович Одуракаев) тәржімасымен жарыққа шықты. Қырғыз Елінің еңбек сіңірген әртісі, театр және кино актері Эгемберди Жайлобекович Бекболиевтің басқаруымен сахнаға шығарылған бұл туынды бүкіл қырғыз көрермендерін дүрліктірген. Бір пьесаның 500 рет қойылуы аз емес.
Сонау бір жылы Алматыдағы Әуезов атындағы театрдың кіші залында Қызылорда облыстық Н.Бекежанов атындағы қазақ музыкалық драма театрының көркемдік жетекшісі, белгілі театр режиссері Хұсейін Жүсіпұлы Әмір-Темір де «Нашақор» пьесасын сахналаған. Өмірінде наша түгілі бір атым насыбай иіскеп көрмеген Рақымжан Отарбаевтың «Нашақорды» жазуы мүлдем жұмбақ сырға толы. Дүниедегі осы зәһәрлі бәлекет яғни нашақорлар тұтынатын, бүкіл дүниені жаулаған, жалмаған кесапат (опиум-апин көкнәр) туралы аңыз бұрыннан көп. Бұл жайында Колумбиядағы ең ірі «Медельин» есірткі картелінің негізін қалаушы, есірткіні өзі ешқашан қолданбаған (немесе мүлдем татып көрмеген), 1980 жылдары «Forbes» журналының деректері бойынша әлемдегі ең қалталы байлардың тізімінде қасқайып тұрған, бар байлығы 30 миллиард АҚШ долларын құрайтын Пабло Эскобар (Pablo Escobar) да жаза алмас еді…

Көкірегінде қан майдан

Рахымжан Отарбаев соғыс тақырыбына да қалам сілтеген жазушы. Рахаң алғаш қалам тарта бастаған кезінде-ақ «Соғыстың соңғы бомбасы» (1980) атты шулы шығармасымен оқырмандар арасында «бомба жарған».
Жиырманың үстіндегі жас азамат үшін адамзат тарихындағы алапат қырғынды «Ұлы Отан соғысы» деп әсірелеп жүрген кезеңде сұм соғыстың кілтипандарына өңге мүйістен өзге көзқараспен үңілуі жаңалыққа тән еді. Рахаңның өзі жас шағында жазған соғыс туралы туындыларына онша мән бермейді екен. Осы тұрғыдағы сауалдардан бұлтарып-жалтара беретіні бәлкім кілтипанды кідіріс емес, қаламгердің ірілігі болар? Лев Толстой «Соғыс және бейбітшілік» (Война и мир) эпопеясын жазуды қолға алғанда 35 жаста екен. «Анна Каренинаны» 44 жасында жазған. Рахымжан Отарбаев мөлтең туындысы «Жұлдыздар құлаған жерді» 44 жасында тәмамдады.
Жазушының «Аяқталмайтын хикая» драмасында сонау соғыстағы қанкешті майданның жанкешті зардабы құм ішіндегі шағын ауылдың тұрмыс-тіршілігін қалай күйреткені туралы керемет тың ойлары ортаға салынған. Қырдағы ауылдың тұрмыс-тіршілігінің қыр-сырына осы хикаяттан қанығасыз.

Өтпелі кездегі тренд

Атыраудан келіп, ару Алматыда аңыратып жүргенде «Қазақ әдебиеті» газетінің тілшілігі бұйырып, «Құпия түн» әңгімесін жазған. Осы 1985-1989 жылдар аралығында құндылықтардың құпиясын ашуға, өзгерту жолында өте жіті еңбек еткені байқалады. Үздіксіз ізденіп, оқып-үйренуі, негізінен, осы жылдарға тұспа-тұс келеді.
Жалынды шағында жастардың «Жалын» әдеби-көркем, қоғамдық-саяси журналында бөлім редакторы болған (1989-1992) жылдары «Жәңгір ханды» жазды да осы туындысын өңдеп жеке кітап етіп 1992 жылы жарыққа шығарды.
Арғы жадтағы түйсігін азаматтық біліммен «жемдеген» жекен сәтінде «Аяулым Анфиса» (1989) пьесасын жазды. Жазу бырысында кеңестік кезеңдегі өз ұлтының жойыла бастаған рухын қайта жаңғыртып, сөніп бара жатқан шырағын қайта жаққандай әсерде болған. Жақсы жазатын жазушы шашыратып, бұрқыратып, жаңбырлатып береді, Рахаң «Аяулым Анфиса» туындысын сондай керемет шабытпен жазыпты.
Мен мұнда оқырман ретінде Ұлы Толстойдың «Соғыс және бейбітшілік» (Война и мир) романындағы ең керемет кейіпкер, ақиқат іздеген ізгілікті жан Пьер Безуховт пен жалған, жасанды мүддені қолдаушы жағымпаз емес, таза тағылымды арманға бет бұрған, сергек ойлы офицер Андрей Болконскийді; «Анна Каренина» (1873) романындағы аспан секілді асқақ таза жанды Левинді және өзіне адал жүректі, сезімнің рәмізіндей Анна мен Дарьяны жоғары бағалаймын.
Осы ноу-хау (know-how) жағы басымырақ, метатылсымы (metamystical) кейде тым кездейсоқ деуге келмейтін екі туындының ішкі психологиялық иірімдерін идіріп, саумалдатып баяндайтын жоғарыдағы төрт кейіпкерді өзіміз­ше сәл ғана салыстырмалы түрде бажайлап қарасақ, Рахымжан Отарбаев­тың шедевр өнер туындысын жасап кеткен талант екенін сезінуге болады.
Сонымен Рахымжан Отарбаевтың тарихи перспективалық (perspicere) классикалық туындысы – «Жәңгір хандағы» ханның образы да өз алдына бір бекзат. Басты кейіпкері – Фатима ханымның бейнесі (Жәңгір ханның жары, татардың атақты ғұламасы Мұхамеджан Хұсайыновтың ерке қызы) сұлу да зау биікте тұрғандай. Терең ілімге шын ынталы, жақсы жаңалыққа жаны құштар, дегдар да білімді, еуропалық әлемнен үлгі өнегелі Өг (Ög). Батыс халықтарының бірнеше тілін білген, класикалық музыканы да, өркениеттік субөнерді де айтарлықтай жақсы түсінетін сүмбіле ойлы талант, қазақы парасатты патшайым. Фатима ханым – хан ордасында жалпы өркениеттік су жаңа үдерісті өнер, еуропалық өрісі кең мәдениет пен сұрыпталған жаңашылдықты жасап үлгерген бірегей тұлға.
Ал енді «Аяулым Анфиса» туындысындағы бас кейіпкеріне тоқталайық. Едірей Матвеевичтің жесірі һәм төртінші реткі некелі жұбайы Анфиса – қызық кейіпкер. Бұл алдамшы өмірдің ащы-тұщысын көп татып, қызығы мен шыжығының дәмін көрген, әз жаны перуей, жүрегі жылы, бек адал да бойындағы арын жоғалтпаған жесірдің сәтті бейнесі керім көрсетілген. Әбутәліп әпенді мен арыз жазғыш, даукес Итемген сықылды аты да заты да сорақы, көзбояушылық жайлаған социдеологияға қайшы «дөрекі» атаулары да қызықты!

Жаһангер жазушы

«Бас» романы іш пен сыртта көп оқылды. Бұл – дүниені оймен де, жадпен де саралап, шарлау. Тар шеңберден сытылып шығып, қағандардың «бастарын» іздеуден туған пәлсафалық тағылымды туынды. Туынды сондай дәмді болса тамсанып, сәл ащылау болса жиіркеніп, тітіркенетін ғадет бар кейде. Афина билігіндегі «бастардың» кесілер қасіретінен ежелгі гректердің пірі, Ұлы данасы Сократ б.э.б. (410-399) у ішіп өлуге душар болған. Ал әрі ақын, әрі батыр Махамбеттің басы 17 жыл бойы темір жәшікте, құлыпты қорапта жатыпты. Оны жазып шығу ерліктің ерлігі еді. Рақаң сан түрлі кесапаттан, кедергілер мен бөгесін-бөгеттерден еш ықпады. «…Батырымыз бар – басы жоқ, тайқазанымыз бар – қақпағы жоқ!…» (Айгүл Құрманбек)  деген қанатты сөзін қалдырды.
«Бейбарыс сұлтан», «Мұстафа Шоқай» туындылары осы «Бастың» тура жалғасы һәм Рахаңның миының мөрі, өмірінің ізі болуы мүмкін. Қашан көрсең өз басындағы миын ақтарып салып қарап отыратын ғазиз да сұсты бейне. Ғаламның бүкіл сүгіретін қаламымен сызатын, оны аянбай көпке ұсынатын ұлылық тек қана суреткерлерде ғана болатын қасиет.

Рахымжан және жаңа подкаст

Рахымжанның бірнеше сұқбаттарын аударып, шегіндіріп қайта көріп шықтық. Әсіресе ақын Бауыржан Қарағыз, Ирак Елекеймен арадағы әңгімелері нағыз подкаст (broadcasting). Сырт көзбен ортаны ойып тұрып орып-орып алған сұқбаттарында: сорақы қылықтарға сынай қарайтын өткір де өзекті («сәл анайылау естілетін») толғанысты монологтары, көзқарастары өзгеше екенін енді-енді түсінуге тура келеді. Ол өмірінде біреуге ұнауды құптамады. Өз ойына өзі шектеу, цензура қоймады. Саяси сыңаржақ жағымсыз эмоцияларға, сорақы жемқорлыққа, ішқұртты қомағай әрекеттерге қарсы шығып, жағымпаздықты ылықсыта түйреп шүйлікті де. Әлемге аты шулы ағылшын жазушысы Джордж Оруэллдің әйгілі «1984» деп аталатын антиутопиялық романындағы «екі минуттық жек көру» (Two Minutes Hate) Рахымжан үшін қарапайым көрініс есебінде болды. Мысалы, әйгілі «Бас» романында социалистік жүйенің солақай құрылымына құл болғандардың жемқорлық ындынына, ұлтсыздығына, қырсыздығына күйінеді.
«Актриса» қойылымы бір сызықтағы шебер ирония, сахнадағы сатиралық ақиқат мәселесін түгел әжуамен көтерген мығым туынды. Бұл – жеңіл-желпі мюзикл шоумендік даңғазалардан өнер құндылығын құтқаруға негізделген сахнанаме, ғарыши ишарат. Жалпы нөлге теңескен құндылықтардың еңсесін тік көтеруге қатарынан озып, қарыса атсалысқаны ащы сарказмдарынан байқалады. Әдебиеттегі қаламгерлердің әсіре машыққа, әуесшіл-дәстүршілдігіне, құрғақ мадақ пен сорақы жікшілдікке, сыйлықтар төңірегіндегі құйтұрқы әурешілік пен әділетсіздікті шенеді. Темір күршекті жабық ымыра, жабайы манипуляциялаудың бет пердесін ашық әшкереледі. Өзгені жақтырмай, сыртқа тебетін құлдық психология, билікшіл топтағы залымдардың әрекеттерін сынады.

Уақыт ағып барады

Бұл күндері Рахымжанның біртүрлі бітімі, өзгеше бейнесі көз алдыма келеді. Маңдайындағы бұйра шашын ширатып, мыжғылап қойып, ақ өлең оқып отырған кеспірін, тіптен кейде қарғыстай ауыр-ауыр сөздерін де естіп қалғандай боламын. Бұрқыраған шылымын құшырлана сорып отырған мүсінді жігіттің бітімі тым бөлек-тін. Осы бір тәкаппар бейненің сәулелі ойынан, сәуегейлі лепесінен Ұлы Шекспирдің «Гамлет» трагедиясындағы «болу, болмау» қисынының лебі есіп, хас таланттың иісі сезілердей.
Рахымжанмен жора-жолдас болған кездегі жарқын жүздесулеріміз жаз ғұмырындай қысқа болғаны өкінішті. Жарты жылда қаншама жақсы күндерді кешірдік ғазиз бастан. Әлде осы дидарғайып сәттердің бәрі жапырақтың өліміндей жарақатты болатыны да тағдырдың сызығы ма екен?

09.09.2026

Сұраған РАХМЕТҰЛЫ




ПІКІР ЖАЗУ