АПАТ

Аллаһуакбар….
Қалта телефоны кенеттен күңірене жөнелді.
Жігіттің қолы жастық астына лып етіп, лезде дауысын өшіріп үлгерген. Оянып кетпеді ме дегендей бұрылып келіншегіне көз салды. Тым-тырыс. Жайшылықта сабырға шақырып, сабасына түсіретін азан дауысы бұл жолы тым жайсыз естіліп, неге екені белгісіз жүрегі атқақтап кетті. Тақтаны сықырлатпай, ақырын шалқалай аударылды. Баяу тыныстап біраз жатты. Сонда да мазасы болмай, амалсыз көзін ашты.
Жау тигендей жайрап жатқан шағын бөлмеге әруақтың елесіндей бозамық жарық түсіпті. Түнек құрсауы босаңсып, тұс-тұстағы мүліктер жан біткендей қарауыта бастады. Бұрыштағы ескі киім ілгіштің үстіне албасты мініп алған сияқты. Шашы алба-жұлба, бойы сырықтай бір пәле көрден шыққан көрқаптай үрейлі елес береді. Бұлт басқан бұлыңғыр таң себезгілеген болмашы сәуле қанқызыл пердеге тұтылып, еркін енуге қаймыққандай.
Тынысы тарылып, әлсіз деміккен Есбол еңсені басқан сүреңсіз көріністі серпігісі келгендей орнынан атып тұрды да, пердені жұлқи ысырды.
Аңсағаның осы болса, ал, армансыз қарап қал дегендей үй ішіндегі бар мүкәммал айқын көрінді. Әлгінде «албасты» дегені келіншегінің кеше алған жалбыршақты орамалы мен жылтыр қара көйлегі екен. Еріксіз мырс етті. Ол жерге қалай барғаны белгісіз, «егіз баланың тақиясы» да киім ілгіште салбырап тұр. Бұлардың иесі қайда дегендей Есбол енді жұбайына қарай бұрылды. Теріс қарап тымырайған қалпы бүктетіле жатыпты. Жұдырығы түюлі. Қобыраған қою шашы аузы, мұрынын жартылай жауып қалыпты. Жылаған ба, әлде бояуы езілгеннен бе, өртенген шыршыдай ірі кірпіктері қайқиып тұр. Қабағы түюлі. Соның өзінде сұлу. Есбол еппен бұрылды да, білдіртпей шашын ысырып, келіншегінің жүзіне үңілді. Сәл бұртиған еріні өкпелеген баланың еріні сияқты. Пісте танауы пыс-пыс етеді. Сондай тәтті ерін. Жұқа жамылғы астынан мінсіз құйылған мүсіні, қос анары бұлтияды… Есбол ұйқы құшағында балбыраған келіншегін құшақтап, ернінен сүйіп алғысы келді де, райынан тез қайтты. Тыжырынып, маңайын түртінектеді.
Әуелі қолына телефонын ұстады. Асықпай еденнен шолақ шалбарын алып киді. Қалтасында темекісі бар-жоғын тексеріп, содан соң балконға беттеді.
Асүйге кіре бергенде үш жасар ұлын басып кете жаздады. «Баланың төсегін босағаға тым жақын салғаны несі?» деп кейи жүріп көрпесін жапты. Оятып алмауға тырысып, еппен әрі аттады да, терезені ашып, шылымын тұтатты. Ескі ағаш орындыққа отырды. Танауынан түтін бұрқ етіп, ойға шомды.
Тұңғышы Мансұрдың бұлай бөлек жатқанына да біраз болыпты-ау. Жалғыз баланы «жеке отау» қылғандағы келіншегінің мақсаты – басқа емес, сәбидің санасына «психологиялық сызат» түспеуі үшін екен. Бала ата-ананың ренжіскенін көрмеуі тиіс. Ал бұлардың соңғы уақытта қабақ шытыспаған күні бар ма?.. Күні кеше-ақ, төсіне басын қоймаса, ұйықтай алмайтын келіншегі бүгіндері мауығы басылған мысықтай бұны қасына маңайлатқысы жоқ. От құшақтың қызуы қамыстың шоғындай тез басылғаны ма сонда?
Зарина екеуінің арасындағы «бітіспес дау» неден басталып еді өзі?
«Бала бақытты болып өсуі керек» дейді ол. Немене, бұл бақыттан безіп пе екен?
«Ішкеніңді ұлыңа көрсетпе» дейді… Мақұл, оған көнді делік. Татып алмағалы қашан?..
«Үйге ешкімді ертіп келме» дейді. Мұнысы енді артықтау талап.
Әсіресе сыныптастарымен қаны қас! Баланың психологиясын бұзады, былапыт сөйлейді дейді. Қатын алдым екен деп бірге өскен құрбы-құрдастарынан қалай іргесін аулақ салмақ? Онсыз да әріптесі жоқ. Кісікиік көршілерін танып та үлгермейді. Ағайын-туыспен де аяқ-табағы араласып жатқаны шамалы…
Ах, Зарина, Зарина. Бұл дегенде шығарға жаны бөлек еді. Тіпті баласынан да қызғанатын сияқты. Есболдың үйленгеннен кейін достармен басқосуда сыныптасы Ақмаралмен селфи жасағанын көріп, асылып өліп қала жаздаған еді ол. Сондай сұлу, сүйкімді. Қолынан келсе, күйеуін ханның ұлындай қылып ұстағысы келеді. «Ақша тап» деп қыстағанда да негізгі көздегені – сол. Өскен, жүрген ортасына лайық болғанды кім қаламайды дейсің. Сымбатты келіншекті мыстанға айналдырып бара жатқан да әлгі сыртқы әлемнің талабы екенін сезеді.
Зарина екеуі екінщі курста танысып еді. Заң факультетінің студенті Есбол бірде университетішілік көркемсөз оқушылар сайысына қатысқан. Ұзын бойлы, сымбатты, қою қасты, аққұба өңді, көзі жайнап тұрған сері жігітке ешкім тең келе алмады. Мұқағалидың махаббат ғазалдарын түйдек-түйдек оқып, көрерменді бірден баурап алды. Әлде мұның қоңыр дауысы құлағына жақты ма, әлде мұзбалақ ақынның өлеңдеріне шөліркеген бе, соңғы сында студент қыздар «тағы оқысын» деп шулап қою берді. Бұған да керегі сол-тұғын, әй бір айызы қанғанша сілтеді-ау. Келесі сәтте күллі аудитория, тіпті қазылардың өзі сілтідей тынып, аузына аңтарыла қарап қалған-ды. Есбол өзін бақыттың ұшар шыңында тұрғандай сезінді. «Етекке» көз салғанда, көз алмай қарап отырған қызды байқады. Ақша жүзі албырап, басқа дүниені ұмытқандай, ессіз, ынтызар сезімі мөп-мөлдір көздерінен ұшқын боп атады. «Не деген сұлу, әттең, не оқып жатқанымды түсінбейді-ау» деп те ойлап үлгерді. (Ауылдан келген жігіт үшін ол кезде қаланың көрікті қыздарымен ана тілінде сөйлесу бір арман еді).
«Ендігі оқитын өлеңімнің барлығын осы қызға арнаймын» деп түйген Есбол ішінен. Қырсыққанда ойына дені түзу бір шумақ өлеңнің түспей-ақ қойғаны. Амал жоқ, мана басында оқып кеткен Мұқағалидың өлеңін қайталады.
«Мен нағыз махаббатты армандаймын,
Мен оны жоғалтып та алғандаймын.
Ақ қаздар арасынан аққуымды,
Ажырата алмаған сормаңдаймын», – деп тебіренген сәтінде, бейтаныс сұлу қыздың жанарынан білінбей аққан жасты байқады. «Құдайға шүкір, қазақша түсінеді екен» деп ойлағаны сол еді, жүрегі кеудесін тепкілей жөнелген.
Сол жолы Есбол бірінші орын алған. Сол жолы Есбол Заринамен танысқан. «Қазақша түсінбейді» деп ойлаған аруының филология факультетінде оқитынын, диалект сөздерден курстық жұмыс жазып жүргенін білген.
Сол таныстық достыққа ұласты. Диплом алысымен үйленді. Ол кезде Есбол әлемдегі ең бақытты адам еді. Аққуым деп таңдағаны ақ қазға айналар деп кім ойлаған…
Таң атпай қайдағы жоқты ойламауға тырысып, телефонын ашты. Әуелі сыныптастар чатына кірді. Чаттағы жазбаларды көзімен жүгірте шолып шыққанда ұққаны – ауылдан Аманқос келе жатыр екен.
Аманқос! Есболдың есіне әскери комиссариатқа алғаш барғандары түсті. Ауданның бұзақылары дәретханаға тақай бергенде тосыннан тап берсін… «Шалбарларын былғай жаздаған» су жүректер тым-тырақай қашқанда, абдырап, «қоршауда қалған» мұны қорғап, жалғыз жұлқысқан сол сабаз еді ғой. Ел жаққа, туған жерге жолы түссе, елпілдеп қарсы алатын құрдасы да – сол. Арнап сойған тоқтысының жамбасын мүжіп отырып, «қалаған уақытыңда кел, төр сенікі, досым» деп талай бөскен бұл. Досының қона жатып қонақ болатын реті бар-ақ… Өткен жылы да дұрыс күте алмады.
Тіліне тікен біткен екі-үш құрдасы бұған тікелей бағыттай жазыпты.
«Стористарыңда қатының екеуің қашан көрсек те «крутой» жерде жүресіңдер. Әбден жұлдыз болып, бізді менсінбеуге айналдыңдар ма?» – деп түйрей өтіпті сыныптасы Жұлдызай.
«Аманқосты шақырып жатсаң, бізді де ұмытпа!»
«Бәлен жыл болды, үйіңнің есігі түгілі тесігін көрген жоқпыз».
«Сұлу қатыныңды қызғанасың-ау деймін».
Аудиожазбаларды одан әрі тыңдауға жүйкесі шыдамады.
«Бұлардың бәрі бірігіп, мені тілдеуге келісіп қойғаннан сау ма!» деп кіжінді жігіт. Қаны басына шауып, телефонын терезеден лақтырып жібергісі келді. Алайда, «жирный клиентпен» уәделесіп қойғанын ойлап, әзер деп басылды. Сыпыра боқтап, беттеріне айтып тастайын деп еді, уәж таппады. Олардікі де жөн сияқты. Дегенмен, мұны да түсінуі керек қой. Өмір өзінікі. Кіммен араласқысы келсе де өзі біледі. Осы тұжырымының дұрыстығын дәлелдегі келгендей, ләм деместен сыныптастар тобынан шығып кетті. Шығуын шыққанмен, бейнебір жүріп бара жатқан көліктен түсіп қалғандай жан-жағына жалтақтай қарады. Бұлт жапқан аспан, сұр қабырғадан өзге түк көрінбеді.
Бар өшін содан алып, шылымын шайнап тастардай қатты тістеледі.
Есбол үйдің үлкені еді. Қалғандарына бас-көз болып жүрсін деді ме, атасы Есбол деп есім беріпті. Өскен-өнген әулетте, бірде бар, бірде жоқ – алайда сыйластықтарына сызат түспей өсті. Бір түйір дәмді бөліп жеді. «Атасының баласы» болғандықтан ба, бұл дегенде бәрі елжіреп тұратын.
Ол қайтадан түндегі әңгімені есіне алды.
– Бақытжан көкенің тойына бармай-ақ қойсақ қайтеді? – деген кеше Есбол Заринаға жалынғандай бір үнмен.
– Не үшін? – деді келіншек жалт бұрылып. Дауысында таңғалу бар.
– Онсыз да шақырған қонағы көп, – деді жігіт немқұрайлы тіл қатып, – бізді кім түгендеп жатыр дейсің.
– Барамыз! Небір әншілер болады дейді.
– Одан бізге не пайда? Сол жұлдыздарың сені күтіп отырғандай…
– Жындысың ба өзің? Бір орын отыз мың теңгеден дейді.
– Онда конвертті де қалыңдау апаруға тура келеді.
– Апар онда.
– Өзі ақша жоқта.., – деп жігіт «осы жолы көнші, айтқаным орынды ғой» дегендей өтіне сөйледі.
– Ақша жоғы несі? Кеше ғана алпыс мың бар емес пе еді? Әлде тоқалыңа бердің бе?
– Туу, қайдағыны айтпашы. Жақында пәтерақы төлеу керек қой. Өткен айда да «Отбасы банкке» ақша сала алмадық. Машинам да бұзылып жүр.
Заринаның көзінде ашу оты тұтанды. Жамылғысын серпе ысырып, ұзақ ұрысқа бекінгенін білдіре, басын көтеріп, бұрыла қарады.
– Жоқтан басқа айтарың жоқ. Сосын да сен сорлы болмағанда кім сорлы болады, – деп шаптықты.
– Түш, көршілерден ұят болады, – деді Есбол алақтап, – Мансұр естіп қалады.
– Естісе – естісін. Не үшін мен ұялуым керек. Қатын-балаңды қаңғытып, асырай алмасаң – ұялмақ түгілі жерге еніп кет! Құры бар!
Есбол ернін тістелеп, ашуын зорға ірікті. Ызаланғаны сондай, ысылдап, аузына сөз түспей, тісін шықырлата берді. Ал Зарина болса қалай тілдесем де қақым бар дегендей тоқтаусыз шаңқылдады (Бұрын ондай емес еді).
Бақыты ашылмаған бейбақ екеніне өкінді. Жұрт құсап шетелге шыға алмағанына күйінді. Кім көрінгеннің босағасын жағалап, итшілеген тұрмысына налыды. Жалғыз баласын ақылы студияға беруге шамасы келмеген шарасыздығы үшін өзегі өртенді. Көлікті де несиеге алып, оны өзі төлеп жүргеніне кіжінді. Жоғары жалақы алса да, әріптестері сияқты малынып киіне алмайтынына қорланды. Әкесі алпысқа толып, ат шаптырып той жасағанда, басқа бауырлары миллионнан қосылып, өзінің жүз мыңды әрең бергенін айтып өксіді. Соның бәріне себепкер аузынан «ақша жоқтан» басқа сөз шықпайтын күйеуі кінәлі екен.
Есбол көзінің жасын бір сығып алып, қайта күлімдеп шыға келетін келіншегінің кешірім сұрауын күтіп біраз жатты. Бірақ бұл жолғы үзіліс ұзаққа созылғасын, сөзді өзі бастады.
– Ақша бары бар ғой, – деді Есбол кінәсін мойындағандай жуаси сөйлеп.
– Енше неге кежегең кері тартып отыр? – деп зірк етті Зарина.
– Тек Кенжетай ағамның қызы…Сәлима…
– Оған не жау тиіпті?
– Ауруынан айығар түрі жоқ. «Сбордан» да бәлендей ештеңе түспепті (Қазір жұрт қайырымсыз боп барады ғой). Шетелге қаратпаса болмайтын сияқты.
– Қаратсын, әке-шешесі бар емес пе? – деді келіншек бұдан арғы сөзіңді тыңдағым келмейді дегендей долдана теріс бұрылып.
– Әке-шешесінің шамасы кеп тұрса, мен тіпті араласпас та едім. Мәселе сонда ғой. Олар бар малын сатып бітіріп, қайыр сұраудың алдында тұр.
– Өзің жетісіп тұрғандай.
Біз ауымызды отқа қақтап отырған жоқпыз. Құдай берерін тауыспасын. Тойға бармай-ақ, сол ақшанының шетінен шамалап Кенжетай ағама берсек. Сауап қой.
– Сауабыңды шайнап басыңа жақ. Сенің мешітке барғаның да сор болды ғой. Мен Мира жеңгемен келісіп қойдым. Абысындар қосылып қоржын апарамыз. Оған бөлек қосыламыз. Оның ақшасын мен өз ақшамнан баяғыда беріп қойғам.
– Қанша?
– Елу мың!
Есболдың «қанша?» деген дауысы қатты шығып кетті. Зарина оған айылын да жимады. «Түш, көршілерден ұят болады. Мансұр естіп қалады» деді өтірік мүләйімсіп.
Саған дауа болмас дегендей қолын бір сілтеген жігіт, жарықты өшірді де, тақтаға оқ тиген жаралы жауынгерше сұлап түсті. Сол қалпы тырп етпеді. Окопта қарсы жақтың бас көтеруін күткен солдаттай, әр қимылын аңдып жатқан келіншек, біраздан соң ұйқыға кеттіге балап, теріс қарап жамылғысын бүркенді. Шамалыдан соң бірқалыпты пысылға көшкен.
Есбол етпетінен жатып, көзін жұмды. Алайда ұйқы келер болмады. Миы дың-дың етіп, құлақ түбі шыңылдап қоя берді. Ол аздай ас үйдегі ескі тоңазытқыштың дүбірі «бас көтерді». Осының дыбысын жайшылықта, күндіз неге байқамаймын деп таңғалды жігіт.
Атасы Бекқали бірнеше ағайынды еді. Бақытжан – кіші інісі. Жасынан қалаға кетіп, оқу оқып, қызметке ілікті. Бүгінде дөкей бизнесмендердің бірі. Бекқалидан үш ұл. Үлкені Есболдың әкесі – Сәрсен. Одан кейінгісі Дулат, кішісі Кенжетай. Заринаның «Мира жеңгем» дегені – Дулаттың екінші әйелі. «Ол саған жеңге емес, абысын» деп қанша айтса да ұқпайды, бұған еріп «жеңге» деп кеткен. Дулат та, Мира да Бақытжан көкесімен серіктес, кәсіпкерлер.
Бақытжан көкесінің ауылға келуі үлкен той есепті еді. Есбол көкесін асыға күтетін. Өйткені, ол тек «Джиппен» келеді. Бір ғажабы, әр сапарында көлігінің маркасы да, түрі де өзгеріп отырады. Онда атасының бар кезі. Атасы мен әжесі қазақы жолмен кенжесінің қолында емес, өздері жеке тұратын. Екі үй көрші. Көкесі елге келсе, бірінші ағасының шаңырағына бас сұғады. Онсыз да күнұзаққа шалдың үйінде жүретін Есбол Бақытжан көкесіне сәлем берер-берместен машинасына қарғып мінетін. Басшының қабағын баққан жүргізуші баланың қолын қақпайды. Мұндайда көрші-көлемнің «құрт-бақаларының» қаптап кететін әдеті. Төбесі көкке жеткен Есбол оларды да топырлатып мінгізіп алатын. Өкініштісі, көкесі көп аялдамайды. Сойылып, дайын тұрған малдың етінен дәм ауыз тиеді де, шәйға қарамастан тайып тұрады. Атасы «түйе іздеп кеткелі» бері тіпті де ат ізін салмайтын болды.
«Бұл жолы шақырғаны, шамасы сол шалдың әруағын сыйлағаны шығар. Әлде үйдегілер келе алмайтын болды ма екен» деп ойлады Есбол. Әйтпесе, осы қалада бәлен жыл жүргенде босағасын аттамақ түгілі, телефонмен сөйлесіп те көрген емес. Қайта бұдан Зарина жақсы. Мира жеңгесімен еріп барып, айына бір рет үйін тегін тазалап, көмектесіп қайтады. Әр барғаны – бір жыр. Салтанатын айтып тауыса алмайды.
Ал Кенжетай ағасы ше? Тоңазыған жандүниесін сәуірдің шуағындай жылы сезім шарпып өтті. Есболдың студент күнінде топ бұзыққа соқтығысып, аяғы төбелеске ұласып, істі болғаны бар еді. Заң факультетінде оқитын інісінің оқудан шығып қалғалы тұрғанын естіген Кенжетай, бір сиырын сатып, ушыққалы тұрған істі ың-шыңсыз тындырған-ды. Осы бір келеңсіз жәйтті әкесі білмей де қалған сонда. Сонда Кенжетай ағасы жанұшырмағанда бұл диплом ала алмас еді.
«Есболда шаруаларың болмасын, бұл – менің інім» деуші еді Кенжекең. Оған ата-әжесі де мәз.
Жаз шықса бітті, алқам-салқам көк тракторына мінгізіп алып, қайда барса да ертіп жүреді. Шөп тиейді, отын тасиды. Ара-тұра балық та аулайды. Жеңгесі де сондай елпілдеп қалған қарапайым. Барын қайныларының аузына тосып, құрақ ұшып күтеді. Сәлима тұңғыштары еді. Тым пысық, өте зерек боп өсті. Бір айтқан тақпағыңды сол сәтінде-ақ жаттап алатын. Есбол қарындасын көркемсөз оқуға баулыды.
Мектепте апта сайын алғыс хат алып келетін қызын Кенжетай қашан көрсең де айналып, толғанып отыратын.
Сәлима да әке үмітіне лайық бала болды. Орта мектепті қызылмен аяқтап, университетті де үздік бітірді. Кенжетай ағасы қызының Есболдың үйінде жатқанын қалап еді, оған Зарина ыңғай бермей, бөлменің тарлығын сылтау қылып құтылған. Табиғатынан еті тірі қыз бәрін айтпай түсінді. Ағасын қыстамай, құрбыларымен бірге пәтерге шығып кетті. Жақсы жұмысқа тұрып, өмірі жаңа бастала бергенде, айықпас кесел жабысты. Әуелі аяғынан басталған болмашы ісік, тұтас денеге шапты. Енді міне, бір шаңырақтың отының алды, суының тұнығы, үлбіреген қызыл гүлі қыршынынан қиылғалы тұр. Кенжетай қолдағы бар малын, күнкөрісі ескі тракторына дейін сатып, жұрттан жылу жинап жүр. Алпамсадай, атан жілікті кешегі ағасы бүгінде арса-арса. Онсыз да тыриған әйелін тірі әруақ дерсің.
Көз алдына кімге де болсын тура қарап, қаймықпай тұратын қарындасы келді. «Түбі мені осы қызым асырайды» дейтін ағасы танауынан шертіп.
Басқа қайраны қалмаған Есбол, жынұрғандай төсегінен атып тұрды.
«Мен қайтсем де Бақытжан көкенің жетпіс жас тойына барам, – деді ол ішінен, қазір-ақ жетіп баратындай жұлқынып, – барам да, айғай салам. Ей, сендердің естерің дұрыс па? Ана жақта Сәлима хәл үстінде. Бауырларың Кенжетай қайыр сұрап жүр. Ал, сендер, сендер мұнда бес жүз адам шақырып, бәлен миллионға той жасайсыңдар! Бұларың қазақшылыққа жата ма? Адамгершілік пе осы? Біз осылай ахаһаулатып тойлап жатқанда, анау бала өліп кетсе ше?..»
Соңғы сөзін дауыстап жіберіп, өзі шошып кетті. Жүрегін басып, төсегіне қайта жантайды.
Бәрібір олай ете алмайтынын білді. Басқа-басқа қойнындағы қатынына сөзі өтпей отырып, ел сыйлаған көкесіне не дей алар? Керек десең оның да әйелі бар, азамат болған бала-шағасы бар. Өз ортасы, өз өмірі бар. Сол ортаның салтымен өмір сүреді. Мейлі жалын, мейлі қарға, бәрібір «қойдың қарғысы қасқырға өтпейді». Есболдың жанайқайын Бақытжан естір ме! Әйелінің айтуынша, прокурордың өзіне звондап тұрғызған жұмысынан шығып, «таксовать етіп кеткеніне» наразы көрінеді.
Есболдың университет бітіргеннен кейін алғашында құзырлы органға тұрғаны рас. Қатарының алды болып отау құрды. Қайын жұрты да алғашында көп көмектесті. Алайда сырты сұлу өмірдің сұрауы көп екен. Ажарлы келіншек уақыт өте талап қоюдан танбады. Жас прокурордың айлығын місе тұтпады. Ақыры, бірде күліп, бірде жылап, басын әбден айналдырып, жеке кәсіп бастауға көндірді.
Алайда Бақытжан көкесіндей бизнесмен болу мұның қолынан келмеді. Ақыры, несиеге «Кобальт» алып, таксист боп кеткенін білмей де қалды. Жігіт өз отбасы, өз өмірі жайлы ойламауға тырысты. Оның көз алдына шіріген бай көкесі мен үлбіреген бүлдірген, жап-жас Сәлима қатар келді.
Жә, Бақытжан ол – Бақытжан. Дулатқа не жоқ? Сәлима – туған інісінің баласы емес пе? Екі қыз, бір ұлының өз қолы өз аузына жетті. Дүмді жермен құда болды. Бұрынғы әйелі элиталы ауданда төрт бөлмелі пәтерде тұрады. Өзі қарқарадай екі қабатты үй салып алған. Жыл сайын жаңа көлік ауыстырады. Жұрт көзінше олардан керемет ешкім жоқ секілді. Ал хәл сұраса қалсаң, жер бетінің бар мәселесі – солардың басында. Кәсібінің дөңгелемей тұрғанын, несиесін әзер төлеп отырғанын айтып жылағанда, өзің қолыңдағы соңғы тиыныңды беріп құтылғың келеді.
«Жұрттың тойында, ішкі шаруасында нем бар» деп ойлады Есбол ыңыранып. Тойға бұл да барғысы келмейді емес-ау, бірақ жан-жарынан жасырған тағы бір «былығы» бар. Кіші інісі Нияз құмар ойынына кіріп, бүкіл шоттары бұғатталып, далада қалғанын білгесін, Заринаға білдіртпей 2 миллион теңге несие алып еді. Темекі тартпайтын, ішімдіктен татып алмайтын, тәртібі тастай, қызыл дипломды жігітті аяқ астынан құмаройынға әуей болады деп кім ойлаған. «Осы жолы құтқарсаң болды, көке, өзім жауып берем» деп зар жылаған бауыры, қазір телефонын көтермейді. Қайда екені белгісіз. Бала-шағасының аузынан жырып, басқаның қарызын төлеп жүргеніне төртінші ай. Әйелі де әлденеден сезіктенетін сияқты, қызғануы күшейді. Бітпейтін ұрыстың бір себебі сол сезікте жатыр ма, кім білсін.
Нияздың жайын үйіне айтайын десе, әке-шешесін аяйды. Байғұс шешесі оны естісе, төсек тартып қалар… Топты малдың соңында қара шаңырақты қорып, қалаға беттемей қойған байғұстардың бар үміті сол Ниязда еді ғой. Анасының Зарина десе жаны қас. Әйтпесе, бір емес, екі үй алатын малы бар. Қалаға кеп, ұлының қолында немере бағып шалқып отырса да болар еді. Оны ойлайтын олар жоқ, тыртыңдап, қу бейнеттен айрылмайды. «Ех, Нияз, Нияз, осыдан қолыма түс. Дымыңды шығармай бауыздармын…»
Ұзақ түн тісін шықырлатып шыққан Есбол талықсып барып ұйықтап еді. Көзі іліне бергенде телефоны «азан шақырып» қоя бергенін қарасаңшы…
… Екі темекіні қатар тартқан жігіт тоңазытқышты ашып, тістейтін бірдеңе іздеді. Баланың йогуртынан басқа талғажау болар ештеңе табылмағасын, су ішіп оразасын ашты.
Үйден шығып, көлігін қыздырды. Индрайверге қосылып, жұмыс істеуге әзірмін деп тіркелді. Алғашқы клиент те жақын маңайдан табыла кетті. Түні бойы «ащы суды» аямай сілтеген екі келіншекті машинасына әрең мінгізіп, орнынан қозғала бергені сол еді, телефоны тызылдап қоя берді. Кенжетай ағасы екен. Жүрегі бір бәлені сезсе де, тапсырысты аяқтамай жатып көтергісі келмеді. «Жәй, шұғыл дәрі керек болған шығар» деп жұбатуға тырысты өзін. Жарты сағаттық жол жеткізбей қанын ішті.
– Сұлу жігіт екен, ә? – деді келіншектердің жастауы Есболды иегімен нұсқап.
– О, шынымен де! – деді толықтауы бұған бар денесімен бұрылып. –Бізбен бірге жүр, жігіт.
Есбол ернін тістелеп, басып шайқады.
– Бөтен ешкім жоқ, үшеуміз ғана, армансыз сілтейміз.
– Жатпайсың ба жеңгелеріңді құшақтап.
– Уақытым жоқ, – деп күңк етті бұл.
– Әлде «бір жерің істемей ме?» – деп сылқылдады жастауы. Жігіттің қаны басына шапты. Жүзі күреңітіп, рөлге жабысып, үндемей отырып алды.
– Ақша проблема емес, – деді етжеңді келіншек. – Сендей жігіттерден не жалько.
– Бір күнде қанша табасың өзің? Давай, екі есе төлейміз, – деп иығына қол жүгіртті жастауы.
– Не болды сонша қайғырып таң атпай. Өмірден ләззат ала білу керек!
– Бұл жігіт «өмірдің қызығы» дегенді түсінбейтін болуы керек!
Сылқ-сылқ күліп, былқ-сылқ еткен екеуді сүйрегендей қылып шығарып, телефонын құлағына тосты.
«Сәлимадан айрылып қалдық, – деп кемсеңдеді Кенжетай ағасы. – Үйді алам деушілер табылғасын ауылға кете қойып едік. Енді бізді алып кетпесең, таксиге шама жоқ…».
…Жиырма минуттан соң қала шетіне шыққан сұр «Кобальт» батыс жақты бетке алып зулап бара жатты.
Жолда келе жатып Есбол әдетінше флешкасындағы уағыздарды қосты.
«Мен Мансұрымды өзім ойлағандай мықты азамат қылып өсірем. Зарина дұрыс айтады. Баланың білімінен ақша аямау керек. Көп ұзамай жеке үйіміз болады. Сосын қызымыз, одан кейін тағы бір ұлымыз, одан кейін тағы бір қызымыз дүниеге келеді. Біз коттедж аламыз. Қайтадан прокуротураға жұмысқа тұрамын… Мен қартайып әкем сияқты шал боламын. Ал, Зарина… Зарина сол жап-жас қалпында қалады» деп тәтті қиялға берілді жігіт.
Ол уағызда айтылып жатқан хор қыздары Заринадан сұлу емес деп ойлап, жұмсақ жымиды. Қолы рөлде екенін ұмытып, бір сәт көзін жұмып, рахат әлемге елтіді. Көзін ашса, ғажайып әсерден айрылып қалардай…
…Сол күні әлеуметтік желінің бетін жүк көлігіне соғылған жеңіл машинаның сау-тамтығы қалмаған бейнежазбасы шарлап жүрді. «Не деген жантүршігерлік апат?!. Жүргізушісі ұйықтап кетіпті» деп шулап жатты бәрі.
Әулеттегі бір күндегі екі өлімді ағайындар еске алмай тұра алмады. «Әттең, Бәкеңнің тойымен қатар кеп бара алмадық. Оның үстіне ауылға жерлейді екен. Обал-ай, екеуі де тым жас. Ауырған баланыкі енді Құдайдың салғаны. Інімізді айтсаңшы, болашағынан үміт күттірген жігіт еді. Айтуға аузың бармайтын апат қой», – деп өкіне бас шайқады туыстар той үстіндегі бір үзілісте жолығып қалғанда.
«Әсіресе, ана келін баланы айтсаңшы. Он екі де бір гүлі ашылмай жатып жалғыз қалды. Обал ғой», – деп қайталай берді Дулат. Бұл кезде Бақытжан төрде сыйлы қонақтарымен виски ішіп отыр еді.

Абылай МАУДАН,

Қостанай қаласы




ПІКІР ЖАЗУ