ТІЛСІЗ ДҮНИЕ (Хикаят)

Тянь ДАЙЛИНЬ
(Дун Си),
Қытай жазушысы

Алғаш рет 1996 жылы жарияланған, үздік хикаят ретінде Лусюнь әдеби сыйлығына ие болған осы хикаяттың желісімен «Аспандағы ғашықтар» деп аталатын кинофильм түсіріліп, 2002 жылы Токио халықаралық кинофестивалінде жүлде алған. Шығарма неміс, ағылшын, француз, корей, вьетнам тілдеріне аударылған.

Ван Лаобин саңырау ұлы Ван Цзякуаньмен бірге арамшөп отап жүр. Кісі бойынан асып кеткен жүгерінің арасынан бірін-бірі көре алмайды, Ван Лаобин тыныстап, темекі тартқан кезде ғана Ван Цзякуаньның дыбысын естиді. Ван Цзякуаньның жүгері атызында шөпті бір қалыппен қырқа шалған дауысы ап-анық естіліп тұр, Ван Лаобин ұлының еңбекқорлығын білетін.
Қаулай өскен арамшөпті Ван Лаобиннің өткір отауышы шетінен сұлатып жатыр, тышқандар мен құрт-құмырсқа ін-илеуінен атып шығып, тұс-тұсқа безіп кеткен. Ван Лаобин қап-қара бір шоғыр төніп келе жатқанын байқады, қолындағы құралы араның ұясына тиіп кеткенін аңғарып үлгергенше быжынаған ара басын, бетін, мойнын бір-ақ сәтте басып қалды. Қатты ауырсынып, құлап түсті, жүгері атызында шыңғырып, дөңбекшіп, шыр айналды. Жиырма неше метр жерге дейін домалап барса да қара нөпір араның төбесінде тынбай ұшып жүргенін көрді. Ван Лаобин айқайлап, Ван Цзякуаньды шақырумен болды, бірақ ол саңырау ғой. Ван Цзякуань деген есім оған текке қойылғандай.
Ван Лаобин жерден уыстап топырақ алды да араларға шашып, соңғы рет жанталасты. Топырақ көкке шашылғанда аралар тарап кетті, қайтадан жерге түскенде тағы қаптады, шаң-топырақ Ван Лаобиннің бет-аузына саулай құйылды. Ван Лаобин көзінің шығып кетуге шақ қалып, шаншып ауырғанын сезді. «Цзякуань, тез құтқар! Цзякуаньның шешесі-ау, өлетін болдым ғой!» – деп зарлай берді.
Ван Лаобиннің жан айқайы су бетіндегі толқынның сап болғанындай тыным тапқан сәтте Ван Цзякуаньның шөп отаған дыбысы анық естіле бастады. Ван Цзякуань көп уақыт өткен соң шөлдегенін білді де әкесі жүрген жаққа беттеді. Жақындай бергенде аумақты жердегі ұзарып өскен жүгерінің жапырылып қалғанын көрді, әкесі үзілген жүгері сабақтарының үстінде шалқасынан жатыр, бет-аузы көнектей боп ісіп кеткен. Жып-жылтыр боп, қампиған жуан асқабаққа ұқсайтын бетінен күн сәулесі шағылысады.
Ван Цзякуань әкесін бас салып құшақтай алып, қарсы бетке қарата айқай салды: «Гоуцзы, Шанян, Лаохи!… Тез құтқарыңдар!». Жан айқайы екі жағада ұзақ жаңғырды. Біреулер оның шыңғырған дауысын естіп, маңайындағы жануарларды шақырып жатқан шығар деп елең қылмады. Ван Цзякуаньның бажылдап, жылағанын естіген Лаохи бір пәле болғанын біліп, Ван Цзякуань жүрген жүгері атызына қарап айғай салды: «Цзякуань, не болды?» Лаохи қайта-қайта айқайласа да жауап ала алмады, сөйтіп жұмысын жалғастыра берді. Кенет Ван Цзякуаньның саңырау екені есіне түсті. Содан жұмысын тоқтатып, Ван Цзякуань жаққа құлақ түрді. Ван Цзякуаньның желмен араласа жеткен озандаған даусын естіді: «Әкем өлейін деп жатыр, араның ұясын бұзып алыпты, ара шағып өлтіретін болды, ойбай!».
Ван Цзякуань мен Лаохи екеуі Ван Лаобинді кезек-кезек арқалап үйіне жеткізді де Қытай медицинасының білгірі шипагер Лю Шуньчанды шақырып келді. Лю Шуньчан келген соң Ван Цзякуаньға әкесінің киімін шешуді бұйырды. Ван Лаобин төсекте серейіп, тілсіз жатыр. Жиналғандар төсектің айналасына үймелесіп, Лю Шуньчанның қалай ем-дом жасайтынын бақылауда. Лю Шуньчан дәрі сықпасын Ван Лаобиннің бетіне, мойнына, білегіне, көкірегіне, тұтас денесіне жағып шықты. Жұрттың бәрі Лю Шуньчанның қимыл-қозғалысын қалт жібермей көріп тұр. Ван Цзякуань жұрттың назары әкесінің бұтына ауып, өзара сыбырласып-күбірлесіп жатқанын көріп, ыңғайсызданып қалды, төсекте әкесі емес, өзі жатқандай болды. Сосын төсектің бас жағынан орамал алып, әкесінің бұтын жауып қойды.
Ван Цзякуаньның әрекеті Лю Шуньчанды селт еткізді, науқастың денесін ұстаған күйі айналасындағыларға қарап күліп жіберді. «Цзякуань ақылды бала екен, құлағы естімесе де әкесін әңгіме қылғанымызды сезіп тұр. Не айтып тұрғандарыңды көздеріңнен, бет әлпеттеріңнен-ақ біледі», – деді.
Лю Шуньчан енді Ван Цзякуаньға тістеуік ұстатып, әкесінің аузын ашу керектігін ымдап ұқтырды. Ван Цзякуань тістеуіктің тісін шүберекпен айналдыра орап алды да әкесінің аузына еппен кіргізіп, қарысқан жағын абайлап ашты. Лю Шуньчан дәріні ішкізіп тұрып: «Цзякуань өте ыждағатты бала ғой, тістеуіктің тісін орау менің ойыма келмепті, мұны ескергені – әкемнің аузын ауыртып алмайын дегені ғой. Әттең, саңырау болмағанда шәкірт етіп-ақ алар едім!» – деп күбірледі.
Ван Цзякуань әкесіне дәрі ішкізіп болған соң тістеуікті шығарып, Лю Шуньчанға қарап: «Ұстаз!» – деп айқайлады. Айқайды естігенде Лю Шуньчанның есі шығып кетті де сәлден соң барып сабасына түсті. «Цзякуань, құлағың ашылыпты ғой, әлгінде айтқанымды түгел естігенсің-ау, өзің шынымен саңыраусың ба әлде өтірік істеп жүрсің бе?» – деп сұрады. Ван Цзякуань оның сөзін елең қылмастан бұрынғысынша тұра берді. Қасындағылар үрпиісіп, тіксініп қалды, айтқан мазағымызды Ван Цзякуань естіп қойды ма деп қорықты.
Арада он күн өткенде Ван Лаобин сауыққандай болды, бірақ көзі көрмей қалды, нағыз көрсоқырға айналып кетті. Жағдайдан хабарсыз әлдекімдер: «Жанарың жайнап тұрушы еді, қайтіп соқыр болып қалдың?» – десе ара шағып алды деп бәрін тәптіштеп айтып беретін. Тумысынан соқыр болмағандықтан есту және иіс сезу органдары ерекше жетілмеген еді, жүріп-тұруы қиындай берді. Ван Цзякуаньсыз қарға адым баса алмайтын болды.
Лаохидың тауықтары бірінен соң бірі өле берді, алғашында өлген тауықтарды үйіне әкеліп, бұтарлауға уақыт табатын, үйдің іші тауықтың жүніне толып кетті. Бірақ өлі тауықтың етін үш күн жеген соң Лаохидың еттен беті қайтып, жүрегі айнитын болды. Енді өлген тауықтарды көміп тастайды, кейде қыраттың үстіне тастап кетеді. Лаохидың өлген тауықтарды шөптесінге қарай көтеріп бара жатқанын көріп қалған Ван Цзякуань тауық обасы Лаохидың үйінен таралғанын білді. Сосын Лаохидың жолын тосып: «Барып тұрған ұятсыз екенсің, тауық обасы тарағанын жұртқа неге айтпайсың?!» – деп ұрысты. Лаохи ернін жыбырлатып, ақталып жатты, бірақ Ван Цзякуань естімейді ғой.
Ван Цзякуань ертеңіне әпкіштерін дайындап, үйіндегі тауықтарын базарға апарып сатпақ болды. Жолға шығарда Ван Лаобин оған: «Цзякуань, тауықтарды сатқан соң маған бір кірсабын ала келші», – деді. Ван Цзякуань әкесінің әлдене сатып әкелуді өтінгенін ұқса да нақты не сұрағанын білмеді. Ван Цзякуань: «Әке, не сұрап тұрсыз?», – деді. Ван Лаобин көкірек тұсынан бір төртбұрыштың нобайын ишаралап көрсетті. Ван Цзякуань: «Темекі алайын ба?» – деп сұрады. Ван Лаобин басын шайқады. Ван Цзякуань: «Онда дөкір пышақ па?» – деді. Әкесі тағы басын шайқады. Ван Лаобин қолымен басын, құлағын, бетін, киімін ысқылап, ишаралап ұқтырмақ болды. Ван Цзякуань аңырып тұрды да: «Әәә, – деді, — әке, білдім, саған орамал әкеп берейін бе?» Ван Лаобин басын қаттырақ шайқап: «Орамал емес, кірсабын», – деді.
Ван Цзякуань әкесінің ойын толық түсіндім деп бұрылып жүріп кетті. Артында байбаламдап әкесі қалды.
Ван Лаобин есікті сипалап тауып, күннің көзіне шықты. Күн сәулесі бойын қыздырып, киімінен шыққан қышқылтым тер иісін сезді. Танауына көк шөптің, жапаның иісі келді. Жіпсіп терлей бастады, күн сәулесі денесін күйдіре бастады, ұзақ отырсаң қақтап жіберердей болғанын сезді. Бүгін қолыңды созсаң болды, күнге тиіп кетердей ерекше ыстық екенін ұқты. Бұл күн ұзаққа созылды. Базардан қайтқандардың дырдуы құлағына жеткен. Ван Лаобин сол даңғаза-шудан Ван Цзякуаньның дауысын қанша ажыратып алғысы келсе де қайта-қайта күдері үзіле берді. Жолда әндетіп бара жатқан баланың дауысы естілді. Жүгіре ән салып бара жатқан бұл дауыс та жырақтап барып жоқ болды.
Ван Лаобиннің денесін күйдірген күннің қызуы қайта бастады. Күн батайын дегенін сезді. Біртіндеп жақындап келе жатқан радионың дауысын тыңдай бастады. Кенет Ван Цзякуаньның аяғының дыбысы радионың үнін басып кетті. Ван Лаобин ұлының үйге келгенін білмей қалыпты.
Ван Цзякуань орамал мен 100 юань ақшаны Ван Лаобинге ұстатып: «Алыңыз», – деді. Ван Лаобин: «Тағы не алдың?» – деп сұрады. Ван Цзякуань мойнынан радионы алып, Ван Лаобиннің құлағына тақады да: «Әке, көңіліңізді көтеруге септігі тиер деп шағын радио алдым», – деді. Ван Лаобин оған: «Құлағың естімейді, радионы не қылайын деп едің?» – деді.
Ван Лаобиннің қолындағы радиодан ыңылдаған әннің дауысы естілді. Бірақ өзі жабырқап қалды. Қолында орамал, ақша және радио, тек алғысы келген кір сабын жоқ. Ол: «кір сабынды алмаса да болады, әрине, бірақ Цзякуань неге кір сабынды орамал деп түсінді? Цзякуань ойымды түсінбесе алдағы күндеріміз не болмақ? Цзякуаньның шешесі тірі болса күйіміз тәуір болар еді-ау», – деп ойлады.
Бірер күннен кейін Ван Цзякуань радионы өзі ұстай бастады, дауысын барынша зорайтып, мойнына асып алып үй-үйді аралап жүретін болды. Ван Цзякуань қай үйге барса сол үйдің иті абалап, шу-шұрқан болатын. Қараңғы түнде де, біреулер түсінен шошынып оянған сәтте де радионың даусы естіліп тұрады. Радиодағы қарқылдаған, шиқылдап күлген үнді естіп, Ван Лаобин оны жазғырып, боқтап жатады: «Тасқұлақ-ау, бір ауыз сөзін естімейсің, радионы соншама саңқылдатқаның не? Батареясы отырып қалады, әкеңнің ақшасын зая қылғаның ғой бұл!».
Ван Цзякуань кешкі асын ішкен соң Се Сичжудың үйіне барып, олардың мацзян ойнағанын көруді ерекше ұнататын. Ван Цзякуаньның радионы бейне бір сәбиді құшақтағандай көкірегіне қысып, қорабын сипалай беретінін көрген Се Сичжу «анауыңның дауысын ести аласың ба?» – деп сұрады. Ван Цзякуань: «Дауысын естімесем де сипап біле аламын», – деді. Се Сичжу оған: «Қызық екен, радионың дауысын ести алмасаң осы сөзімді қалай естідің?» – деді. Ван Цзякуань жауап қатқан жоқ, ыржыңдап күле береді. Күлкісі басылған соң: «Олар менен радио не деп жатқанын ести аласың ба деп сұрай береді, ха-ха-ха!» – деді.
Ван Цзякуаньның маңайына әлдебіреулер топтаса бастады. Олар Се Сичжудың қақпасынан еніп, Ван Цзякуаньды қоршай отырды. Бір жолы радиода комедия айтылып жатқан. Ван Цзякуань жұрттың ішек-сілесі қата күліп жатқанын көріп қоса күлді. Се Сичжу: «Сен несіне күлдің?» – деген. Ван Цзякуань басын шайқады. Се Сичжу аузын Ван Цзякуаньның құлағына тақап әкеп: «Неменеге күлесің?» – деп бақырды. Ван Цзякуань әлденеден есі ауып қалғандай оған тесірейе ұзақ қарап тұрды да: «Сендер күлген соң күлдім», – деді. Се Сичжу: «Сенің орныңда болсам мұнда меңірейіп отырмас едім», – деп оң қолының сұқ саусағымен, сол қолының бас бармақ, сұқ саусағымен жиіркенішті бір әрекет жасап көрсетті.
Ван Цзякуаньның қызарып кеткенін көрген Се Сичжу бұл да ұялғанды біледі екен деп ойлады. Ван Цзякуань ызалана орнынан тұрып, қақпаға, қара түнек жаққа беттеді. Содан қайтып Се Сичжудың табалдырығын аттамайтын болды.
Се Сичжудың үйінен шыққанда Ван Цзякуаньның көкірегін құрт-құмырсқа жайлап алғандай болып, қатты назаланды. Мең-зең боп, он неше қадам басқанда аяқ астынан біреумен соқтығысып қалды. Денесінен жағымды иіс бұрқырап тұрған әлгі адам анадай жерге қаңбақтай ұшып түсті. Ван Цзякуань қолын созып, тұрғызып алды. Сөйтсе ол Чжу атайдың қызы Чжу Лин болып шықты. Ван Цзякуань қызды айналып өтіп, озып кетпек болған, Чжу Лин жолын бөгеді.
Ван Цзякуань ақырын ғана Чжу Линнің иығынан ұстады. Чжу Лин қарсыласқан жоқ. Ван Цзякуаньның қолы ақырын өрлеп, Чжу Линнің жып-жылы, әппақ тамағына жетті. Ван Цзякуань: «Чжу Лин, үлбіреген тамағың кандай әдемі», – деп қыздың тамағынан сүйіп алды. Ван Цзякуаньның ерні тыным таппай, дәмді тағамға аузы тигендей құшырланғанын естіген Чжу Лин әлдебір жағымды иісті сезіп, түсініксіз тәтті дәмді сезгендей болды. Чжу Лин мұндай құлақ құрышын қандырар, жағымды үндi ешқашан естімеп еді. Осы дауыс есін алып, бойын балқытып жіберді. Денесі жер бетінен қалықтай көтеріліп бара жатқандай болып, құлап қала жаздады. Ван Цзякуань оны құшағына қысып, ұстап қалды, бетін Чжу Линнің ыстық демі шарпып өтті.
Екеуі суға түсіп шыққандай, иық түйістіре түн құшағына сіңіп бара жатты, қараңғы түн әділдікті, теңдікті ұқтырғандай, ондайда дауыстың қажеті шамалы. Чжу Лин қолын созып, радионы сөндірсе Ван Цзякуань қайтадан қосады. Чжу Линнің ойынша, радио Ван Цзякуань үшін төрт бұрышты қобдиша ғана, мойнына асып алып жүргені болмаса салмағын ғана сезеді, дауысын естімейді. Чжу Лин радионы тағы да қолына алып, құлағына тосып, дауысын бәсеңдетіп тастады. Тұтас әлем аяқ астынан тыныштыққа шомды. Ван Цзякуань ерекше мәз. Чжу Линнің көкірегіндегі түймелерін ағыта бастады. «Сен менің радиомды ашсаң, мен сенің радиоңды ашайын», – деп сөйлеп жүр.
Қыстақ шамдары бірінен кейін бірі сөнді. Ван Цзякуань мен Чжу Лин шөп үйіндісінде маужырап ұйықтап кетті. Чжу Лин түс көргендей халде еді. Осы түннен бұрын әке-шешесі оны қия бастырмайтын. Таусылып бітпес тігіншілік жұмыстан өмірі қолы босамайтын шешесінің тұла бойы мейірімге толып тұрғандай көретінетін. Кейде ол бір тарелка шекілдеуік қуырып әкеліп, шам түбінде асықпай шағатын да дәнін Чжу Линнің аузына салатын. «Еркектер сондай жаман, шетінен сұмпайы!» – деп жиі айтатын, бойжеткен қыздың далабезер болуынан жаман ештеңе жоқ дейтін.
Чжу атайдың айқайынан оянған Чжу Лин ер адамның білегі көкірегін басып жатқанын көріп, шапалақпен бетінен аямай тартып жіберді. Дереу қолын ала қойған Ван Цзякуань екі беті оттай дуылдап бара жатқанын сезді. Чжу Линнің бөксесін бұраңдатып жалғыз кетіп бара жатқанын көріп, соңынан: «Оңбаған!» – деп айқайлады. Чжу Лин оның тілдегенінен рахат сезімге шомды. «Бүгін бәріне қарсылық көрсеттім, әке-шешеммен де қарсыластым, Ван Цзякуаньға да төтеп бердім. Әлгіндегі шапалағым Ван Цзякуаньның тапқан пайдасының есесін қайырғаным болсын!» – деп ойлады.
Ертесіне таңсәріде әлі төсегінен тұрмаған Ван Цзякуаньды біреу жұлқылап оятты. Ван Цзякуань аузынан түкірігі шашырап, білегін сыбанып алған, жұдырығын тас қылып түйген Чжу атайды көрді, ашуы мұны аямай сабағанда ғана тарқайтын сияқты. Қасында Чжу Лин бар, екі қолымен көкірек тұсын басып алған, иығы дір-дір етіп, солқылдап жылап тұр. Ұйпа-тұйпасы шыққан шашына шөп-шалаң жабысқан.
Чжу атай оған: «Чжу Лин түнде сенің жаныңда болды ма, Цзякуань? Болса, саған атастырайын, сендей саңырауды ұнатқан екен, текке бағын байламайын», – деді. Чжу Лин жылай-жылай қызарып кеткен жас толы жанарын жігіттен алар емес. «Айт, шындықты айт!» – дейді.
Чжу атай кеше түнде Чжу Линмен бірге болдың ба деп сұрап тұр деп ойлаған Ван Цзякуаньның зәресі ұшып кетті. Жалаң аяқ қар басып тұрғандай, аяғы дірілдеп қоя берді. «Жоқ, жоқ», – деп жанталаса басын шайқады. Сол мезет Чжу Лин оң қолын басынан асыра көтеріп, Ван Цзякуаньның сол жақ бетінен оңдырмай ұрып жіберді. Торсылдақ жарғандай шарт еткен дыбыс естілді. Қыздың алақаны ұйып кетті. Тәлтіректеп, қисайып кеткен Ван Цзякуань удай ашыған бетін алақанымен басты. «Чжу Линнің бұл шапалағы өткен түндегіден он есе қатты тиді. Расында Чжу Линді ашуландырып алған сияқтымын, шатақтың үлкені енді шығатын болды. Бірақ оның алдында қай жерде кінәлі болып едім? Не үшін жазықсыздан жазықсыз таяқ жеймін?» – деп ойлады.
Чжу Лин бетін басқан күйі бұрылып жүгіре жөнелді, шашы жайылып кеткен. Ван Цзякуань үйге кіріп әкесін іздеді. «Чжу Лин мені неге ұрады?» – деп сұрап үлгергенше Ван Лаобин шапалақпен тартып жіберді. Ван Лаобин оған: «Кім саған керең болсын депті? Дұрыстап неге жауап бермейсің? Жап-жақсы келіншек болғалы тұр еді, аузыңның салымы жоқ екен!» – деді.
Ван Цзякуань жылап жіберді. Сәлден соң бір имек шаппа пышақ тауып алды да сыртқа атып шықты. Біреуді өлтіргісі келіп жүгіріп келеді, бірақ жолын бөгеген тірі жан болмады. Осылайша қыстақтың сыртына қарай жүгіре берді, алдынан жолыққан тауықтар мен иттер тым-тырақай қашады. Ақыры бір ағаштың түбіне тоқтап, соның бұтақтарын шапқылай бастады. «Болды, жұрттың басын қатырмай-ақ өз түбіме өзім жетейін!» – деп бекінді. Кенет үйде соқыр әкесі қалғаны есіне түскенде барып жүрісі баяулай бастады.
Ван Цзякуань енді кеш батса болды, есігін тарс бекітіп алып, далаға аттап шықпайтын болды. Ван Лаобиннің айтуымен шам түбінде бамбук тіліп, әкесіне бойра тоқуға кірісті. Ван Лаобиннің айтуынша, ерлердің бамбук тіліп, бойра тоқуы әйелдердің тоқыма тоқығаны немесе аяқ киімнің табанын тіккені секілді іс, қолында жұмысы болса болды, түзге шығып пәле шығармайды, сойқан тудырмайды.
Үш түн бамбук тілікшесін тілді, үш күн бойра тоқыды, сонымен Ван Цзякуань бойраның нобайын келтіре бастады. Ван Лаобин бойраның бетін сипап үмітсіздене басын шайқады. Ван Цзякуань әкесінің тоқтамай қолын сілтеп тұрғанын көріп, әкем маған бойра емес, шарбақ тоқы деп тұр ма, бойраны дереу сөк дей ме деп ойлады да: «Жарайды, қазір сөгемін», – деді. Әкесі қолын сілтеуін тоқтатты. Ван Цзякуань әкемнің ойын дұрыс тауыппын деп білді.
Ван Цзякуань бойраны бар ынтасымен сөгіп жатқан осы түні Ван Лаобинге үстіңгі қабатта біреу жүргендей сезілді. Ван Цзякуань бірдеңе іздеп ақтарыстырып жүр ме деп ойлаған Ван Лаобин: «Цзякуань, төбеде жүрсің бе?» – деп айқайлады. Жауап қатқан ешкім болмады. Екінші қабатта дүние ақтарыстырған дыбыс қаттырақ шыға бастады. Ван Лаобин бұл Ван Цзякуаньның әрекетінен шыққан дыбыс па деп ойлаған. Оның үстіне жапсарлас бөлмеде басқа біреу де бамбуктан таспа суырып жатыр. Цзякуаньның назары бойраны сөгуге ауып кеткен, жоғарғы қабатта біреудің жүргенін білген жоқ.
Ван Лаобин төсегінен тұрып, сипалана жүріп ортаңғы бөлмеге беттеді. Алдымен дәрет сындыратын шелегіне шалынып жығылды. Талайдан бері төгілмеген кіші дәрет ақтарылып қалды. Ван Лаобиннің шалбарынан тартып бүкіл денесі малмандай болды. Үй ішін сасық иіс кернеп кетті. Орнынан тұрмақ боп ұмтылған, басын тақтайға соғып алды, шекесі шодырайып шыға келді.
Ван Цзякуань қолқаны қапқан сасық иісті сезіп, әкем орнынан тұрып дәрет сындырып жатыр екен деп ойлады. Дәреттің иісі талайға дейін тарқамай қойды, тіпті барған сайын мүңки бастады. Содан шамын көтеріп, әкесін көрмек болған. Төсектің түбінде үсті-басы шылқып, аузы ашылып, саусағымен төбені көрсетіп жатқан әкесін көрді.
Ван Цзякуань шамын көтеріп үстіңгі қабатқа шықты. Есікті бұзып ашыпты, он неше тал борша ет көрінбейді, борша асатын бамбук сырықтың өзі ғана иесіз қалған әткеншек сияқты желмен тербеліп тұр. Ван Цзякуань төменге қарап айғай салды: «Боршаны ұрлап кетіпті!».
Бесінші күні кешқұрым Лю Тинлянды әкесі Лю Шуньчан қолын байлаған күйі Ван Лаобиннің үйіне айдап келді. Лю Тинлянның мойнына ысталып қарайған екі борша ет асылыпты. Бұл оның ұрлағанынан қалған ең соңғы екі тал борша еді. Лю Тинлянның балтырынан бір тепкен Лю Шуньчан баласын Ван Лаобиннің алдына тізерлетіп отырғызып қойды.
Лю Шуньчан: «Лаобин, талай адамның дертін емдеп жазып едім, бірақ мына сүмелектің қолын тия алмадым. Неше күн бойы мұның үйге келген соң тамақ жемей жүргенін байқап, аңдығанмын. Сөйтсем, бұлар қырқаның арғы жағындағы орманда сендердің борша еттеріңді пісіріп жейді екен. Жалпы төрт адам, қазан-ошақ, май-тұзына дейін дайындап алыпты. Өзгесінде жұмысым жоқ, Лю Тинлянды алдыңа байлап әкелдім. Қалай жазалайсың, өзің біл», – деді.
Ван Лаобин: «Тинлян, қалған үшеуі кім?» – деп сұрады. Лю Тинлян: «Гоуцзы, Гуанван, Чын Пинчжинь», – деп жауап берді.
Лю Тинлянды басынан сипаған Ван Лаобинның қолы борша етке тиді, одан барып байланған қолын ұстады, байлауын шешті де: «Бұдан былай менікін ұрламаңдар, кете бер», – деді. Лю Тинлян орнынан тұрып кетіп қалды. Лю Шуньчан: «Қалайша оны оп-оңай қоя бердің?» – деп сұрады. Ван Лаобин оған: «Шуньчан, мен — соқырмын, Цзякуань болса саңырау. Олар менің дүниемді ұрламақ болса ұрлауы оп-оңай, мен оларға қарсыласа алмаймын ғой», – деп жауап берді.
Лю Шуньчан ауыр күрсінді де: «Бұл жағдайыңды өзгертпей болмайды. Цзякуаньға келіншек алып бер, бәлкім жағдайларың жақсарып қалар», – деді. «Оған кімнің тигісі келер дейсің», – деді Ван Лаобин.
Лю Шуньчан елдің науқасын емдей жүріп Ван Цзякуаньға қалыңдық қарастыра бастады. Алғашқы жолы Ван Цзякуаньға бір жесірді ертіп келді. Жесірдің бес жас шамасындағы қызы, құшағында жасқа толмаған сәбиі бар екен. Жүзі мұңлы, күйеуі ауырып қайтыс болған, жерін жыртып, егінін егіп беретін бір еркекке қыжалаты бар екен.
Жесірдің қызы ерекше ақылды, сүйкімді екен. Ван Цзякуаньды көре салысымен тізерлеп отыра кетті де басын жерге тигізіп тағзым жасады. Әуелі Ван Цзякуаньға қарап тұрып: «Әке!» – деп үш рет айқайлады. Лю Шуньчан: «Әттең Ван Цзякуань қыздың шақырғанын ести алмайды, әйтпесе, бұл құдалық негізінен бекіп қалар еді», – деп ойлады.
Ван Цзякуань қыздың басынан сипап, орнынан тұрғызды да тізесіндегі шаң-топырақты қақты. Содан кейін қолын қоярға жер таппай тыпырши бастады. Ойланыңқырап тұрды да әйелдің құшағындағы сәбиді көтеріп алды. Нәресте аузын ашып жылап жатыр. Ван Цзякуань оның екі бұтын ашып, томпайған шүметайын көрді. Оң қолының ортаңғы саусағымен қозғап қойып, жесір әйелге ыржыңдап қарай береді. Сәбидің шаптырған кіші дәреті қолына шашырағанын сезді. Сәби жылағанын қоя қойды. Ван Цзякуаньның алақаны ып-ыстық кіші дәретпен жуылды.
Ван Цзякуань жесір әйел мен қызы тамақ ішіп отырған әредікте бамбук тілікше тілгенінен қалған жіңішке бамбук таспалардан қарапайым сыбызғы жасап шықты. Аузына төсеп, бір-екі рет үрледі де сыбызғының дауысы шықты-ау дегенде қызға берді. «Тамағыңды жеп болған соң осы сыбызғыны тартып үйіңе қайта ғой, мені қайтып іздемеңдер», – деді.
Лю Шуньчан қыз баланың сыбызғы тартып, секеңдеп билей жүріп, келген жағына қайтып бара жатқанын көрді. Сыбызғы үні үзік-созық естіліп тұр, дыбысы ырғақты әуезге лайық болмаса да тыңдағанда бір түрлі мұңлы естіледі. Лю Шуньчан басын шайқады: «Әй, Ван Цзякуань, шынымен тәлейсіз жан екенсің!»
Кейін Лю Шуньчан тағы да бірнеше бойдақ әйелді Ван Цзякуаньмен таныстырды. Ван Цзякуань оларды кәрісініп немесе сиықсыз екен деп жақтырмады. Жүрегін бірде-бір әйел өзіне қарата алмады. Өзімен бірге тұрмыс кешіргісі келетін әйел затына тумысынан өш сияқты. Лю Шуньчан енді Ван Лаобинге келіп: «Лаобин-ау, саңырау басымен қашанға дейін қалыңдық таңдай береді? Одан да өзің шеш», – деді. Ван Лаобин: «Тағы да ептеп көрсеңші», – деді.
Лю Шуньчан бесінші әйелді Ван әулетінің шаңырағына ертіп келгенде күн әлдеқашан батып кеткен еді. Басқа ауылдан келген бұл әйелдің аты-жөні Чан Гуйлань. Оны бастап келемін деп Лю Шуньчан күншілік жол жүріпті. Лю Шуньчан шам жарығында үсті-басының шаңын қағып-сілкіп алды. Ван Цзякуань құйып берген күріш шарабын тоқтаусыз сімірді. Шарапты бірінен соң бірін көзгелдекпен тартып алған соң жүзі балбырап, қызара бөртіп шыға келді. Лю Шуньчан: «Лаобин, бұл әйелдің бөтен міні жоқ, тек сол қолы жарамсыздау, пәлендей үлкен ақау емес, сол білегін жаза алмайды. Бүгін түнде осында қонады», – деді.
Ван Цзякуань мен әкесі өткенде борша ұрланған күннен бастап төсектерін қосып бірге ұйықтайтын болған. Мұндағы ойлары ендігәрі үйге ұры түссе екеулеп төтеп беруге ыңғайлы болсын дегендері еді. Чан Гуйлань қонған осы түнде де Ван Цзякуань әкесінің қасына жатты. Ван Лаобин ұлын санынан, білегінен қайта-қайта шымшып, оған Чан Гуйланьмен бірге жат дегенді ишаралады. Бірақ Ван Цзякуань көнбей, кетпей қойды. Ақыры әкесінің тиісе бергеніне шыдамай орнынан тұрып кетті.
Ван Цзякуань төсегінен тұрғанымен Чан Гуйланьның қасына барған жоқ, есік алдындағы самалдықта сопайып отырды да қойды. Талай күннен бері тыңдамаған радионы мойнына қайтадан асып алды. Түн жарымынан асқанда самалдықта ұйықтап қалды, радио таң атқанша сарнап шықты. Осылай үш түн өткен соң Чан Гуйланьның өзі-ақ Ван әулетінің шаңырағынан қашып кетті.
Бастауыш мектеп мұғалімі Чан Фубао мен әйелі Яо Юйпин ұйқысынан оянбай жатып, біреудің есік қаққанын естіді. Чан Фубао есікті ашып еді, бір әпкіш су көтерген Ван Цзякуань екен. Чан Фубао көзін уқалап ашып, керіліп-созылып: «Қандай жұмыспен келдің?» – деп сұрады. Ван Цзякуань оның рұқсат беруіне қараған жоқ, суын көтерген беті үйге кірді де суды ежіреге құйды. Ван Цзякуань: «Бүгіннен бастап сіздің суыңыз менің мойнымда», – деді оған.
Ван Цзякуань әр күні таңертең Чан Фубаодың үйіне дәл уақытында су тасып әкеліп тұрды. Чан Фубао мен әйелі Яо Юйпин осыны не үшін істеп жүргенін, Ван Цзякуаньның не ойы бар екенін білмей дал болды. Ван Цзякуань суды тасып болғаннан кейін сабақхана терезесінің қасына барып, таңертеңгі сабаққа кіріскен оқушыларға қарап тұратын болды, кейде Чан Фубао немесе Яо Юйпин бір сағат бойы сабақ өтіп болғанша тұрады. Чан Фубао бұл менен сауатын ашып, білім үйренгісі келіп жүр ме? Құлағы естімейтін адамға қалай сабақ үйретемін деп ойлады.
Чан Фубао әлдебір сылтау айтып, Ван Цзякуаньның бұл әрекетін тоқтатпақ болған, бірақ Ван Цзякуань оның не айтқанын естімей қойды. Жарты ай су тасыған соң Ван Цзякуань бір күні Яо Юйпинге: «Яо мұғалім, Чжу Линге мен сені сүйемін деп, менің атымнан хат жазып беріңізші», – деп өтінді. Яо Юйпин сол жерде-ақ қолымен ишара жасап көрсеткен, Ван Цзякуань оны өзінше тұспалдады: «Яо мұғалімнің айтайын дегені: «Хат жазудың қажеті жоқ, Чжу Линге өзім барып айтсам болды», – деп тұр ма?» Ван Цзякуань: «Сізге елу әпкіштей су тасып бердім. Маған елу әріп хат жазып беріңіз, менің емеурінімдей етіп жазыңыз. Чжу Лин хатты кім жазғанын білмей-ақ қойсын, Яо мұғалім, жалынамын сізге», – деді.
Яо Юйпин бір жапырақ қағазды толтырып хат жазып берді. Ван Цзякуань әлгі қағазды аялай қойнына салды да сәті келгенде Чжу Линге бермекші болды.
Хат Ван Цзякуаньның қалтасында үш күн жүрді, Чжу Линге берудің ешбір реті келмеді. Жалғыз отырғанда хатты алып, мазмұнын түсінетін кісіше ұзақ қарап отыратын.
Төртінші күні Чжу Линнің әке-шешесі қыдырып кеткен, сол түні Ван Цзякуань орайын тауып, Чжу Линге хатты терезеден берді. Чжу Лин хатты оқып, Ван Цзякуаньға қарап күлімсіреді де терезеден қолын шығарып бұлғады.
Чжу Лин сыртқа шыққалы жатқанда қайтып келген әке-шешесі жібермей ұстап қалды. Ван Цзякуань сыртта сарылып ұзақ күтті. Сөйтіп тұрғанда Чжу атайдың ескі шақайы сарт етіп шекесіне тиді.
Яо Юйпин жазып берген ғашықтық хаттан нәтиже шықпаған соң бұл жұмысты Чан Фубаоға тапсырды. Чан Фубао жазып берген хатты амалын тауып Чжу Линнің қолына тигізген, бірақ содан кейін Чжу Линнің жадырап күлгенін көру түгіл, терезеден қолын бұлғағанын да көре алмады.
Ван Цзякуаньға хатты басқалардың жазып бергенін Чжу Лин алғашында-ақ білген. Қыстақтағы сауаты барлардың бәрін ойынан бір-бірлеп өткізіп шықты, сонда да хатты кім жазып бергенін таппай қойған. Яо Юйпиннің жазу үлгісі Чан Фубаоның жазу үлгісіне өзгергеннен кейін-ақ Чжу Линнің көңілі астан-кестен болды. Хат жазушының аты Ван Цзякуань емес, Чан Фубао болып өзгеріп кетіпті, Бұл қателік әдейі жіберілген бе әлде байқаусызда солай жазылып кетті ме – соны біле алмай дағдарды. Әдейі жазылған болса, іңкәрлік білдірген бұл хатта Ван Цзякуань ғашық жігіт емес, хат тасушыға айналады.
Чжу Линнің терезесінің сыртын төңіректеп жүрген жалғыз Ван Цзякуань емес-тұғын, одан басқа Гоуцзы, Лю Тинлян, Лаохи және Ян Гуандар да бар. Олардан басқа үміткерлер де кездеседі, бірақ олардың аты-жөнін айту ыңғайсыздау (Кейбіреулері әлдеқашан үйлену тойын жасаған, өзгелері мемлекеттік кадрлар). Гоуцзы мен басқалары Чжу Линмен бірге өскен, бастауыш мектепте, орталау мектепте де бірге оқыған, олардың Чжу Линнің жуан, мойылдай қап-қара бұрымын әдейі не байқаусызда сипағандарында еш күмән жоқ. Гоуцзы оның бұрымын сипаса жаңа оқу маусымындағы оқулықтың бетін ашқандай немесе үйімдегі балапанның мамығын сипағандай боламын дейді. Ал қазір Чжу Лин сол бұрымын кестіріп тастаған. Гоуцзылардың көретіні — ұзатылу алдында жүрген әдемі бойжеткен еді. Гоуцзы: «Осының бетін сипағым келеді», – дейтін.
Алайда Ван Цзякуань хат тапсырып, Чжу Линге ғашықтығын білдірген осы жазда Гоуцзы мен басқалары танаулары тасқа тигенін білді. Енді олар Чжу шаңырағының терезесінен тас, лай-батпақ лақтырып, қақпасына дөрекі сөз жазып кетуді шығарды, кейде адам ағзасының кейбір мүшелерінің суретін сызып кетеді. Ван Цзякуань да сәтсіздікке ұшырағандардың бірі, бірақ ол мұны сезбеді.
Гоуцзы бір күні Ван Цзякуаньның шыжыған ыстықта Чжу атайдың үйінің төбесіне шығып, қаңылтақ кірпіш төсеп жүргенін көрді. Гоуцзы Чжу атай мына кереңнің еңбегін пайдаланған екен деп ойлады. Ван Цзякуаньды қол бұлғап үй төбесінен жерге түсіріп алған Гоуцзы дедектеткен бойы Лаохидың үйіне қарай жүрді. Ван Цзякуань үйдің төбесі жабылып болмағанын ойлап, Гоуцзыға жұмысымнан қалдырмашы деп жалынды. Ван Цзякуань одан сытылып шықпақ боп қанша жанталасса да Гоуцзы қоярда қоймай Лаохидың үйіне алып келді.
Гоуцзы «дайынсың ба?» – деп сұраған, Лаохи дайынмын деді. Гоуцзы дереу Ван Цзякуаньның қолын артына қайырып ұстап тұра қалды, Ян Гуан сол мезет Ван Цзякуаньның басын бір шылапшын ыстық суға тығып жіберді. Жүнін жұлатын тауықтың кебін киген Ван Цзякуань: «Сендер маған не қылмақсыңдар?» – деп сұрады.
Гоуцзы мен Ян Гуан басы су-су Ван Цзякуаньды ағаш орындыққа отырғызды. Лаохи үйден ағылескер ұстара алып шықты да: «шашыңды алып, жалтыратып береміз, 100 киловаттық шам сияқты боласың, Чжу әулетінің қонақ бөлмесін, Чжу Линнің бөлмесін жарқыратып, нұрландырып жүресің», – деді. Солай деп қарқылдап күлген Гоуцзы мен Ян Гуанның қыспағында қалған Ван Цзякуань шашының уыс-уыс боп, сыпырылып түсіп жатқанын көрді.
Ван Цзякуаньның жарым шашын алған Лаохи енді Гоуцзы мен Ян Гуанға қарап: «Қолын босатыңдар», – деді. Ван Цзякуань басын сипап, шашының жартылай алынғанын білді де: «Лаохи, шашымды толық қырып таста», – деп жалынды. Лаохи басын шайқады. Ван Цзякуань: «Гоуцзы, шашымды алып тасташы!» – деді. Гоуцзы ұстарамен Ван Цзякуаньның шашын аламын деп құйқасын бірер рет тіліп-тіліп жіберді. Бақырып қоя берген Ван Цзякуань: «Ойбай, ауырттың!» – деп айқайлады. Гоуцзы ұстараны Ян Гуанға берді де: «Шашын алып бере сал», – деді. Ыржыңдап, ұстара алып келе жатқан Ян Гуан да Гоуцзы сияқты шашымды алам деп ауыртатын шығар деп қорыққан Ван Цзякуань орындықтан атып тұрды. Ұстараны жұлып алып, Лаохидың үйінен қашып шықты. Үйіне келіп бір айна тапты да қалған жарты шашын айнаға қарап тұрып сыпырып тастады.
Осының бәрін істеп болғанша күн батты. Ван Цзякуань басы жалтырап, Чжу Линнің үйінің төбесіне қайтадан шығып, қаңылтақ кірпіштерді төсей бастады. Гоуцзы мен Ян Гуан сол жермен өтіп бара жатып, төбедегі Ван Цзякуаньға айқай салды: Әй, жарқыраған шам!.. Түн болайын деді, дем алмайсың ба?» Ван Цзякуань олардың айқайын естімеді, бірақ Чжу атай анық естіді. Чжу атай төбеден қаңылтақ кірпіштің сынығын алып, оларға жіберіп қалды. Сынық кірпіш Гоуцзының төбесінен зу етіп өте шықты, ол безіп жоғалды.
Чжу атай түн жарымында төбеден су өтіп, оянып кетті. Жаңбыр жауып тұр, үйдің төбесі әлі толық жабылмаған. Жауын тас қараңғы түнде кірген жымсыма ұрыдай, Чжу атай үйінің қараңғы қуыс-бұрыштарына дейін білдірмей өтіп жатты. Чжу атай тап осыған алаңдап еді, басын көтеріп жоғары қараған, түнгі аспан қазанның түбіндей қап-қара екен, жаңбыр бет-аузына сатырлай тиді. Үй төбесінен: «Пластик жабынды әкеліңдер!» – деген дауыс естілді. Жауын дауысымен аралас шыққан бұл үн ғайыптан шыққандай, бір түрлі құмығыңқы еді.
Чжу атай жауынға далда боларлық пластик жабындыларды іздеп, үй төбесіндегі әлгі адамға берді. Барлық прожектордың жарығы қосылып, төбедегі адамға түсті. Жан-жақтан хабар алған жұрт жабылып жүріп әралуан пластик жабынды жеткізді. Жабындылар киімнің жамауы сияқты, төбедегі адам әр жерге жауып тастады.
Сөйтіп жаңбыр суының төбеден сорғалауы тоқтатылды. Үсті-басы малмандай болған бұл кісі – саңырау Ван Цзякуань еді. Баспалдақтан түскен оны Чжу атай пештің қасына әкеліп отырғызды. Көп өтпей-ақ Ван Цзякуаньның киімінен бу шыға бастады. Ыстық бу танауынан да үзбей шығып жатыр.
Ван Цзякуань пластик жабынды әкелгендердің арасынан Чан Фубаоны көрген. Лаохи сол кезде Ван Цзякуаньның басынан бір сипап, Чан Фубао мен Чжу Линнің көңілі жақын дегенді ишаралап көрсетті, Ван Цзякуань басын шайқап: «Сенбеймін», – деді.
Жұрт Чжу атайдың үйінен шығып, тарай бастады. От басында Ван Цзякуань ғана қалды. Лаулаған отқа киімін қарсалап кептіріп алғысы келді. Чжу Линнің оң көзінің қызарып кеткенін байқады, жаңа ғана жылап шыққандай. Чжу Лин көзін жыпылықтатып, әлденені ишаралағандай болды.
Чжу Лин сәл тұрды да сыртқа беттеді. Ван Цзякуань ере шықты. Бірақ Чжу Линнің не айтып жатқанын түсіне алмады. Маған бірдеңені ымдап жатыр деп ұқты. Чжу Лин: «Шеше, әлгінде пластик жабындыны жоғарыға әпергенде көзіме тозаң кіріп кетті, Юаньюаньға барып көрсетейін, төсегім жаңбырға малшынып кетті, түнде Юаньюаньның үйіне қонамын», – деді.
Ван Цзякуань біреудің Чжу Линді бұрышта күтіп тұрғанын көрді. Прожектордың жарығымен оның Чан Фубао екенін таныды. Олар жауында біраз жерге дейін барып, сиыр қораға кірді. Чан Фубао бір қолына қолшам ұстапты, екінші қолымен Чжу Линнің оң көзін ашып, кірпіктеріне үрледі. Ван Цзякуань көріп тұр, Чан Фубаоның аузы Чжу Линнің көзіне тиіп кетердей. Содан қас-қаққанша ол Чжу Линді көзінен сүйіп алды. Қолшам сөніп қалды. Ван Цзякуань ешнәрсе көре алмады. Чжу Лин көзін жыпылықтатып ымдап шақырғанда осыны маған әдейі көрсетпек болғаны ма деп ойлады Ван Цзякуань.
Жауын тоқтап, күн ашылды. Шағырмақ күнде төңкерілген қапақтай боп, басы жалтыраған Ван Цзякуань кетіп бара жатыр. Ол өзін-өзі жек көріп кетті. Әсіресе, құлағына өлердей өшікті. Жұрттың құлағы кәдімгідей-ақ, менікі құлақ емес деп ойлады. Осы ойға келген беті қылпылдаған ұстараны сол қолымен жоғары көтеріп, төмен қарай тартып кеп жіберді. Оң құлағының қалқаны жерге ұшып түсті. «Құлағым керексіз бірдеңе, бекерге көтеріп жүргенше итке тастайын», – деді.
Күз келді. Үп-үлкен жапырақтар жерге қалықтап қонып жатыр, бейне бір адамның алақанындай жер бетін сытырлатып ұрғылай береді. Ауыл түгелдей сырт-сырт еткен осы дыбысқа толы. Сансыз алақан жерге түсіп жатыр, бұрынғы мекеніне олар енді мәңгі орала алмайды, тек келер көктемде ғана бұтақтардан жас алақандар өніп шығады. Ван Цзякуань ағаштың жапырағы түссе келер жылы қайтадан шығады, ал менің құлағым енді қайтып өспейді деп ойлады.
Ван Цзякуань ағаш жапырақтарына қызыға қарайды. Таң атысымен қыстақ басындағы үйеңкінің түбіне келіп отырды. Маңайына қызғылтым жапырақтар төгіліп жатыр. Барбиған саусағымен әлгі жапырақтарды қармалап ұстап алмақшы болып, олардан көз алмай арпалысады. «Бұл не іздейді екен?» – деп ойлады Чан Фубао.
Қыстақ сыртынан біреу келді. Чан Фубао оны таяғанда бір-ақ таныды, көрші қыстақтағы Ван Гуйлинь екен. Ван Гуйлинь үйеңкі түбіне келіп, Ван Цзякуаньнан: «Не іздеп жатырсың?» – деп сұрады. Ван Цзякуань: «Құлағымды», – деп жауап берді. Ван Гуйлинь күліп: «Бұл жерден құлақ іздегенің қалай? Таба алмайсың, құлағыңды ит жеп қойған», – деді.
Ван Гуйлинь қыстаққа қарай жүрді. Чан Фубао жол жиегіндегі ағашты тасаланып, бұғып қалды. Чан Фубао «Не болса да ағаш арасында дәретке отырып алайын, мен тұрғанша Ван Цзякуань да кетіп қалатын шығар», – деп ойлады. Чан Фубао шалбарын көтеріп, ағаш арасынан шыққанда Ван Цзякуань жерден әлдебірдеңелерді әлі іздеп жүр екен, кететін түрі жоқ. Чан Фубао: «Сұмпайы!» – деп бір сыбап алды.
Чан Фубао қыстақ жаққа қарады. Ұзап бара жатқан Чжу Линді көрді. Ол: «Бәрін бүлдірген екенмін, дәрет сындырып отырғанымда Чжу Лин үйеңкінің жанына келген болды, ол жерде отырған мен емес, Ван Цзякуань екенін көріп, кетіп қалған ғой», – деп ойлады. Егер Чжу Лин тағы жарты сағат кешіккенде аудан қалашығына баратын автобусқа үлгере алмайтын еді.
Бес минуттай уақыт өткенде Чан Фубао оқушысы Лю Гофанның жолда жүгіріп келе жатқанын көрді. Лю Гофан үйеңкінің қасында біраз аялдады. Үйеңкінің үш тал жапырағын теріп алды да қыстаққа қайтып кетті. Лю Гофанның тарсылдатып жүгірген аяқ дауысы Чан Фубаоның көкірегін соққылап жатқандай болды. Чан Фубаоның дегбірі әбден қашып, тағаты таусылды.
Лю Гофаннан үйеңкі түбінде Ван Цзякуань ғана бар дегенді естігенде Чжу Лин ойын дереу өзгертті. Таңертең сағат тоғызда үйеңкінің түбінде жолығуға Чан Фубаомен уағдаласып, аудан қалашығындағы ауруханаға бірге бармақ болған. Жолға енді шыққанда Ван Гуйлиньнің келе жатқанын көрді. Ол: «Ван Гуйлинь үйеңкінің жанынан Чан Фубаоны көрді, Чан Фубао екеуіміздің ісімізді жұрт әлдеқашан жайып болды, бой тасалай тұрғаным жөн шығар, әйтпесе қыстақтан Чан Фубаоның, одан кейін менің шығып бара жатқанымызды көрсе Ван Гуйлинь не ойлайды?» – деп түйді де үйіне қарай кетті.
Чжу Лин байыпты бейнеде, байсалданып үйіне қайтпақ оймен есігінің алдынан өтіп бара жатқан Лю Гофанды тоқтатып алып, қыстақ шетіндегі үйеңкі ағашының үш тал жапырағын әкеліп беруді тапсырды. Лю Гофан қызғылтым жапырақтарды алып қайтып келді де ағаш түбінен саңырау Ван Цзякуаньның әлденелерді іздеп жүргенін көрдім деді. Чжу Лин: «Тағы кімді көрдің?» – деп сұрап еді, «Ешкімді көрмедім», – деп басын шайқады.
Қалашыққа бара алмаған Чжу Линнің сабыры таусылып, дегбірі қашты. Сезімтал шешесі Ян Фэнци қызының көптен бері етеккір тартқышын жумағанын дереу есіне алды. Ян Фэнци қызы Чжу Линнің құрсағын сипады, алақаны әлдебір дыбысты сезіп, селк ете түсті. Шешесі сөйтіп Чжу Линнің жүкті болып қалғанын бәрінен бұрын білді.
Әр күні жұрт Ван Цзякуаньның қыстақтан шығып құлағын іздейтінін, бірақ күн сайын құрқол қайтатынын көретін. Арада осылай жарты ай өткенде ел Ван Цзякуаньның әдемі бір қызды қыстаққа ертіп келгенін көрді.
Қыздың оң иығына асқан қара былғары сөмкесі бар, сөмке толы үлкенді-кішілі қылқалам. Қыстаққа кіреберіс ауызда Ван Цзякуань қыздың сөмкесін алып, иығына асып алды. Бойжеткен жымиып күліп, қолымен бірдеңелерді ишаралап келе жатты. Ван Цзякуань мұны маған рахмет айтып жатыр деп ұқты.
Қыстақ басына бой тұрықтары әркелкі көп адам жиналды. Олар бейне бір жерден өсіп шыққан бамбуктей арт-артынан топтала кетті. Мұнша көп адамның келгенін көрген Ван Цзякуань недәуір мардамсып қалды. Ван Цзякуаньды айрықша насаттандырғаны — әлгі қыздың ойын жеткізу әдісі еді. «Ол саңырау екенімді қайдан біліп қойды? Сөмкесін асып алғанымда сөйлеп жүріп, қолымен ишаралап қайта-қайта рахмет айтып еді ғой. Маған кездескені жаңа ғана, керең екенімді біліп қойыпты, қайдан білді екен, ә?».
Ван Лаобин сырттағы у-шудан бір мылқау қыздың Ван Цзякуаньға еріп үйге келе жатқанын тұспалдап білді, қақпаның ашылғанын естіді, тозығы жеткен қақпа шиқылына қоса Ван Цзякуаньның дауысы шықты. Ол: «Әке, қылқалам сататын бір қызды ертіп келдім, өте әдемі, Чжу Линнен де сұлу», – деді. Ван Лаобин сипалақтап орнынан тұрмақ болып еді, ұлы оны орындыққа қайтадан отырғызды. Ван Лаобин: «Қызым, қай жақтан келесің?» – деп сұрап еді, жауап болмады.
Қыз сөмкесінен бір жапырақ қағаз алып жайды. Ван Цзякуань қағаз шетінің жеміріліп тозғанын, қағазға үлкенді-кішілі жазулар жазылғанын көрді. Ван Цзякуань: «Әке, мына қыздың қағазын қараңызшы, көп жазу жазылыпты, не жазғанын білмеймін», – деді. Ван Цзякуань басын көтеріп, әкесінің қыбыр етпей отырғанын көрді, әкесінің көзі көрмейтіні сонда барып есіне түсті. «Әттең, көре алмайды екенсің ғой, мына жазулар көктемгі жаңа өнген ағаш жапырақтарындай өте әдемі!», – деді.
Ван Цзякуань қақпаға қарап қол бұлғап еді, бамбук сырықтай қаздиып тұрғандар қақпадан жапа-тармағай ішке кірді. Ван Лаобин шұрқыраған қалың адамның дауысын естіді. Біреуінің дауысы жоғары, бірінікі бәсең. Кәрісі де, баласы да аралас жүр. Ван Лаобин олар оқыған дауысты естіді:
— Менің атым Цай Юйчжэнь, қылқалам сатамын, үлкенінің бағасы бес юань, кішісінің бағасы екі жарым юань, орташасының бағасы үш жарым юань. Қаладағылар қазір қылқаламмен жазу жазбайды, компьютермен, қаламмен жазады, сондықтан қыстаққа қылқалам сатуға келдім. Мен мылқаумын, атайлар, ағайлар, көмектеріңіз болсын, балаларыңыздың жазу жазып машықтануына бірер қылқалам алыңыздаршы, жасаған жәрдемдеріңіз болсын!
«Мына жазуларды сен жаздың ба?» – деп біреуі сұрап еді, қыз басын шайқады. Қыз қылқаламды маңайындағыларға ұсынып еді, олар бейне суық қару көріп тұрғандай жылыстап шегініп кетті, қыз оларға жақындай түсті. Ван Лаобин топты адамның бытырай тарап кетіп жатқанын естіді. Ван Лаобин бұлар шыбын ұрғыштан қашқан шыбындардай безіп жоғалды деп ойлады.
Цай Юйчжэнь сөйтіп Ван әулетінің үйіне тұрақтап, көрші қыстақтарға қылқалам сатпақ болған. Барған жерінде елдің бәрі одан ат-тонын ала қашты. Тек қыз-қырқынға құныққыш еркектер мен кейбір бозбалалар ғана қылқаламға емес, оның өзіне қызығып жүрді. Еркектер бір қолымен қылқалам ұстап, енді бір қолымен Цай Юйчжэньның албыраған бетінен сипалайтын болды, Цай Юйчжэньнің жанында тұрған Ван Цзякуаньды тіпті адамсынып елей қоймайды. Олар қыздың бетінен сипап: «Бұл кім деп едіңдер, саңырау ғой, Цай Юйчжэньге ілескен сүмеңдеген ит емес пе!» – десіп жатты. Олар Цай Юйчжэньнің бетін ары сипап, бері сипап, әбден тояттағандай, қыздың жанынан кетіп жатты. Ешқайсысы қылқалам сатып алмады. Ван Цзякуань: «Мына қызға еріп жүрмесем, олар оның бетін сипағанды қойып, көкірегін де сипайтын шығар, сөйтіп төсектес болуға көндіретін сияқты ғой», – деп ойлады.
Ван Цзякуань сол жолы Цай Юйчжэньге жеті күн бойы еріп жүрді. Жиыны 10 тал қылқалам сатты, май-май, майда-шүйде ақша Цай Юйчжэньнің қалтасына түсті.
Күзгі күннің қызуы қайтқан сияқты. Цай Юйчжэньнің соңында келе жатқан Ван Цзякуань қыздың бойынан тараған әдемі иісті сезді. Күн ауып кеткен. Ван Цзякуаньның көлеңкесі қыздың көлеңкесін қуалап келеді. Қыздың шалбарына бір-екі түйір балшық жабысып қалыпты, қыздың жүрісіне ілесіп әлгі қатқан балшық та қозғалақтап келеді. Балшық жабысқан жер Ван Цзякуаньның көзін қызықтырып, тап сол жерді бір шымшымасам ба деп бекіді. «Басқалар шымшыса болады екен, маған неге болмайды?» – деп ойлады. Осылайша қым-қуыт ойға батып келе жатып даңғырлаған, тарсылдаған дыбысты естігендей болды. Сасқалақтап жан-жағына қараған. Маңайда ешкім жоқ. Әлгі дыбыс барған сайын жиілеп, қатты шыға бастады. Көкірегін жарып жіберердей қатты дыбыс. Кенет бұл дыбыс өзінің көкірегінен шыққан жүрек дүрсілі екенін түсінді.
Ван Цзякуань оң қолын батылдана созып еді, қыз тік секіріп, алға бір-ақ ұмтылды. Ван Цзякуань: «Қолдан сусып шыққан балыққа ұқсайды екенсің», – деді. Қыз жүрісін одан әрі тездете түсті. Олар жолда сақтана жүгіріп келе жатты. Ара-тұра күлген дауыстары да естіледі.
Олардың күлкісін жол шетінде ұйығып жатқан екі ит үзіп жіберді. Екеуі иттерді үркітіп алмайық деп ақырын жүрді. Цай Юйчжэнь шаршағанын сезді, аяғы аттап бастырмайды. Ол жерге отырып, иттерге қызыға қарады. Хайуандар олардың жетекшісі сияқты, еш шошынбастан еркелеп жүргендей. Күннің батар шапағы екі сары итке түсіп тұр. Көгалды алқап мүлгіген тыныштыққа шомған. Иттер жан-жаққа сақтана қарайды, екі иттің сегіз аяғы сәйкесе қозғалуда. Табандарындағы жапырақтардан сытырлаған дыбыс шығады. Цай Юйчжэнь иттердің қыңсылағанын естіді, олардың қыңсылы Цай Юйчжэньді елтітіп әкетті. Ван Цзякуань бойын осы дыбыс билеп алған қызды көтеріп алып, тоғайға кіріп кетті.
Қураған жапырақ, бұтақтар Цай Юйчжэньнің астында қалды. Жапырақтардың шірік иісі танауларына жетті. Бұл иіс Ван Цзякуаньға есінен адастыра мас етер шарап иісіндей сезілді. Цай Юйчжэньнің әлденелерді айтып жатқанын сезді. Цай Юйчжэнь: «Мені өлтіре сал», – деді. Осы сөзінен өзі шошып кетті. «Сөйлей алатын болдым ба? Қалайша сөйлеп кеттім?» – деп ойлады. Бәлкім аузынан сөз шықпаған болар. Бұл оның қиялы ғана болатын.
Жұмысын бітірген екі сары ит енді бұларға таяп келе жатты. Цай Юйчжэнь иттердің ауыз жаласып тұрғанын көрді, бірақ жанарлары суық екен. Екеуі жақын жерде бұларға қарап тұр. Ван Цзякуань олардың қарағанынан қуат, шабыт алғандай ерлене түсті. Цай Юйчжэньнің бет-аузы өзгеріп, бір түрлі құбылып кетіпті. Жанарынан екі тамшы жас үзіліп түсті.
Дәл осы түнде Ван Цзякуань әкесінің жанына жатпады. Әкесі оның мылқау қызбен бірге ұйықтағанын білді.
Чжу Лин дәретке шықса да шешесі Ян Фэнци қыр соңынан қалмайды. Қайда барса да сұрақтың астына алады. Чжу Линнен бала кімдікі деп сұрай береді. Осы сұрақ Чжу Линнің төбесінде шыр айналған арадай ызыңдап, қанша қашқалақтаса да зықысын шығарып, әбден шаршатты. Жіп-жіңішке бамбук таспа Чжу Линнің қолын, арқасын, балтырын шабақтап, осып түсіп жатты. Чжу Линге еркін тыныс алудың өзі мұң болды.
Чжу Лин тіпті сөйлеуге қорықты. Цай Юйчжэнь сияқты мылқау болсам шешем қайта-қайта тақымдап сұраққа тартпас еді. «Мылқаудың қалауы өзінде, сөйлеймін деп басын ауыртпайды», – деп ойлады.
Чжу Линге сәбидің киімін көрсеткен Ян Фэнци: «Әдемі ме екен?» – деп сұрады. Чжу Лин жауап берген жоқ. Ян Фэнци: «Алтын асықтай немеремді алдырып тастаймын деп ойлауға қалай дәтің барады? Бір сипағаннан-ақ оның мұрнын, аузын, тіптен шүметайын да сезіп білдім. Ана еркектің кім екенін айтсаң болды, жанын шығарсақ та бастарыңды қосамыз», – деді. Шешесі Чжу Линнің ойына мүлде кереғар шара қолданбақ.
Қыл аяғы балалардың өздері де Чжу Линнің аяғы ауыр екенін біліп қойды. Чжу Лин енді далаға шығудан қалды. Түскі демалыс кезінде бірнеше оқушы Чжу атайдың үйінің алдымен өтіп бара жатып, қақпаның саңылауынан іштегі Чжу Линді баспалап көрді. Чжу Лин темір торға қамалған аюдай мазасызданып арлы-берлі жүр екен. Есіктің саңылауынан біреудің тұрмысын аңдығанды олар қызық санайды. Тіпті үйлеріне барып, түскі ас ішуді де ұмытқан. Ван Цзякуань мен Цай Юйчжэнь осы жермен өткенде ғана олар сығалағанын қойды.
Оқушылар қызықтағанға құмартып алған сияқты, әлдеқандай бір сотанақтық жасағысы келді. Ван Цзякуаньды көре сала жан-жағынан қаумалап, айғайға басты:
— Ван Цзякуань бұзақы, антұрған,
Қызға тиіскенін жасырып, жалтарған!…
Цай Юйчжэньге оқушылардың айғайлап, секіріп жүргені ұнаған жоқ. Олардың у-шуы лақтырған тас немесе ескі шақай сияқты Ван Цзякуаньға тиіп жатыр. Ван Цзякуань оқушыларға қарап күліп қояды, сосын олардың ырғағына қосыла билеп кетті. Құлағы естімейтіндіктен, өзін қорлаған сөздер көңілін мүлде ауыртпайды. Оқушылар айғайлаған сайын екілене түскен Ван Цзякуань желпініп қойып билей берді. Самайынан тер аға бастады. Шыдамы таусылған Цай Юйчжэнь балаларға жұдырығын білеп, қуып жіберді. Ван Цзякуань оған ілесіп үйге қайтты. Екеуі біраз жол жүрмей жатып, әлгі оқушылар қайтадан топтасып алды. Енді олар: «Цай Юйчжэнь саңырауға тиіпті, туған баласы да саңырау, мылқау болады», – деп озандады.
Цай Юйчжэнь артына бұрылып, топты бастап жүрген оқушыны тұра қуған. Екі аттамай жатып тасқа шалынып ұшып түсті, мұрнын тас тіліп, қаны сорғалап қоя берді. Жерде жатқан күйі оқушыларға қаншама айғайламақ болса да ешқандай дыбыс шығара алмады.
Ван Цзякуань оны сүйеп тұрғызып: «Өзіңе қатыссыз істе не шаруаң бар еді?», – деді. Цай Юйчжэнь: «Ван Цзякуань бақытты екен, құлағы естімейді. Жүрегі жараланып жатқан жоқ. Ал мен бәрін естідім, қайғырдым, мұрнымды да жаралап алдым», – деп ойлады.
Әлгі бірнеше оқушының бастауымен Чжу Линді бас бағып аңдитындардың қарасы тіпті көбейіп кетті. Мектеп Чжу атайдың үйінен 300 неше метр жерде ғана. Мұғалімнің сабақ біткенін білдіретін ысқырығы шалынысымен оқушылар Чжу әулетінің үйіне қарай тұра жүгіреді. Чан Фубао жүгірген балаларды жолда тоспақ болып еді, оқушылар қағып жығып кетті. Қатты ашуланған Чан Фубао осы пәлені бастап жүрген төрт оқушыны оқудан шығарып: «Ендігәрі мектепке қарай аттап басушы болмаңдар!» – деді.
Қыс түскенде Чжу Лин үйден шықты. Ашық түсті қыстық киім қарнын бұрынғыдан да қампайта түседі екен. Үй-үйді аралап, кезіккен жанның бәріне: «Той жасайтын болдық», – деді. Жұрт одан: «Кіммен той жасайсың?», – деп сұраса: «Ван Цзякуаньмен», – дейді. Біреулер: «Ван Цзякуань әлдеқашан Цай Юйчжэньге үйленді ғой?» – десе Чжу Лин: «Олардікі үйлену емес, бірге тұру. Оларда махаббат жоқ, үйлену болып есептелмейді», – деп жауап берді.
Көп жұрт Чжу Линді ұятты білмейді екен, талайына Ван Цзякуань саңырау болып кездесті, сондықтан илегеніне көніп жүр. Оның орнында басқа біреу болса өйте алмас еді деп сөгіп жатты.
Қыстақтағы шаптол ағашы бір түнде гүлдеді. Шаптол гүлі нарттай қызыл еді. Оның қып-қызыл түсі қанның түсіне ұқсайды. Ван Лаобин есік алдында отырып: «Шаптолдың иісі шығады. Биыл шаптол неге ерте гүлдеді? Көктем мерекесі болмай ашылып кетті ғой?» – деді.
Талай жылдан бері таулы аймақта сурет түсірумен айналысып жүрген Чжао Кайин келіп, Ван Лаобиннен: «Суретке түсесіз бе?» – деп сұрады. Ван Лаобин оған: «Дауысыңызды тыңдасам, Чжао ұстаз секілдісіз, тағы келдіңіз бе? Көктем мерекесінен бірер күн бұрын ылғи да қыстағымызға келесіз. Суретке түсесіз бе деп сұрайсыз. Қазір суретке түскеннен не қайыр? Былтыр қыста дидарыңызды көре алушы ем. Биыл қыста көзім көруден қалды. Суретке түсіп қайтемін. Ана жастарды суретке түсіріңіз. Лаохи, Гоуцзы, Чжу Линдер жыл сайын суретке түсетін еді ғой. Чжао ұстаз, отырыңыз. Сөйлеп отырып сізге отыр демеппін ғой. Чжао ұстаз, кеттіңіз бе? Біраз отырмадыңыз ба?».
Ван Лаобин сөйлеп отырғанда Чжао Кайин әлдеқашан ұзап кетіп еді. Топты бала мен жаңа киімін ауыстырып суретке түсетіндер оған ілесіп бара жатты.
Шаптол ағашы гүлін Чжу Линге арнап ашқандай еді. Чжао Кайинды ертіп алған Чжу Лин шаптолды орманды аралап көп жүрді. Қызыл қауашақтар ұшқындаған қардай шашына, мақталы шапанына қонып жатты. Көңілі алабұртқан Чжу Линнің беті бал-бұл жанып, шаптол гүліндей құлпырып кеткен. Чжао Кайин оған: «Дұрыстап тұр, мына фотоаппарат сенің ыстық деміңе дейін түсіре алады», – деді. Чжу Лин: «Чжао ұстаз, суретті қалағаныңызша түсіріңіз, отыз неше рет суретке түсемін, фототаспаңыз таусылғанша түсе беремін», – деді.
Чжу Линнің айрықша күлкісі, албыраған жүзі сол жылғы шаптол ағашымен бірге естелік болып қалды. Кейін жұрт шаптол ағашын көрсе Чжу Линді еске алатын болды.
Чжу Лин суретке түсіп болған соң Ван Цзякуаньның үйіне келді. Чжу Лин қалың жаңбыр жауып, үйіне су өткен түннен бері Ван шаңырағының табалдырығынан тұңғыш рет аттады. Чжу Лин қатты шаршағанын сезді, есіктен кірген бойы Ван Цзякуаньның төсегіне келіп жатты. Өз төсегінде жатқандай-ақ Ван Цзякуаньның төсегінде жайланып жатып, тынығып алды. Арада көп уақыт өтпей-ақ Цай Юйчжэнь оның танауы шуылдап ұйықтап жатқанын көрді.
Чжу Линнің қорылына шыдамаған Цай Юйчжэнь оятып жіберді. Чжу Линге қолын сермелейді. Чжу Лин оның қолымен төсектен есікке дейінгі бағытты меңзеп тұрғанын көрді. Бұл маған осы жерден кет деп тұрғаны шығар деп ұқты да оған: «Бұл – менің төсегім. Қайдан келсең сонда кет өзің», – деді. Чжу Линнің сөзінен Цай Юйчжэнь именген жоқ, төсекті дүрс еткізіп бір шетіне отыра кетті. Төсектің тақтайы қозғалақтап, сықырлап қоя берді. Цай Юйчжэнь осы дыбыспен Чжу Линді шошытып, қуып жібермек болды.
Чжу Лин мына Цай Юйчжэньды жеңу үшін тоқтамай сөйлей беруім керек, ол айтқанды естиді, тек сөйлей алмайды деп ойлады. Ол: «Мен Ван Цзякуаньның баласын көтеріп жүрмін, осыдан екі жыл бұрын Ван Цзякуаньмен бірге болғанмын, сенің қайдан келгеніңді білмейміз, бұнда ұзақ тұруыңа болмайды», – деді.
Цай Юйчжэнь төсектен тұрып, жылаған күйі далаға шығып кетті. Біраздан соң Ван Цзякуаньды ертіп кірді. Чжу Лин: «Цзякуань, сен жақсы адамсың, кімнің баласына жүкті екенімді біле тұра маған сатқындық жасамадың. Бүгін саған басымды иіп, рахмет айтқалы келдім», – деді.
Чжу Линнің басын төсектің шетіне қарай игенін көрген Ван Цзякуань осында қонып қалғысы келіп тұр екен деп ұқты. Чжу Лин тәтті қиялының осылай әп-сәтте тас-талқан боларын ойламап еді. Ван Цзякуань оған: «Сен Чан Фубаоның баласына жүктісің, мені неғып іздеп келдің? Үйіңе қайт. Кетпесең жұртқа жария қыламын», – деді. Чжу Лин: «Садағаң кетейін, айта көрмеші, шешем мүлде білмесін. Қазір-ақ өлейін, бәріңнің құлағың тыныш болады», – деді.
Чжу Лин көрпеден аяғын шығарып, төсектің астына қарай созды. Аяғымен сипалап жүріп аяқ киімін әрең тапты. Ван Цзякуаньның сөзі шипалы дәрідей Чжу Линге тез әсер етті. Орнынан тұрмақ болып қанша ұмсынса да шермиген қарнымен орнынан тұра алмады. Ван Цзякуань оны сүйеп тұрғызды. Чжу Лин: «Мен саңыраумын, ешнәрсе естігем жоқ, ешкімнен де қорықпаймын», – деді.
Цай Юйчжэнь оның осы сөзін есінде толық сақтап алды. Чжу Лин: «Қазір-ақ өлейін, бәріңнің құлағың тыныш болады», – деді.
Цай Юйчжэнь сәлден соң Чжу Линнің қолына арқан алып, қыстақтың сыртындағы шаптолды орманға бет алғанын көрді. Батар күннің шапағы қырат басына құйылып жатыр. Чжу Линнің қолындағы арқан да алқызыл сәулемен астасып, құбылып кеткен. Бейне бір кешкі шапақ немесе шаптол гүлі қызылға бояп жібергендей. Цай Юйчжэнь ол туралы күндіз ғана осы жерде суретке түсіп еді, енді кешқұрым өлім іздеп жүр деп ойлады.
Чжу Лин кенет жалт бұрылып, ілесіп келе жатқан Цай Юйчжэньды көрді. Чжу Лин жерден тас алып, Цай Юйчжэньге лақтырды. «Ит сияқты неге еріп келе жатырсың? Нәжіс жейін деп пе едің?!» – деді. Цай Юйчжэнь боқтықты естіп іркіліп қалды, аз ойланып тұрды да, Чжу әулетінің үйіне қарай жүгіріп кетті.
Чжу атай жер сыпырып жүр екен, айнала шаң-топырақ, атайдың өзі шаңнан көрінбейді. Цай Юйчжэнь оған қос қолымен мойнын орап көрсетті, одан екі қолымен үйдің арқалығын меңзеді. Чжу атай оның ойын түсінген жоқ, жұмысыма бөгет болды деп мүлде жақтырмады. Цай Юйчжэнь көкірегін әлдене тырмалап жатқандай сезінді, дуалдағы жіпті алып мойнына салды да аяғын көтерді, денесі ұзарып кеткендей көрінді. Чжу атай: «Асылып өлгің келді ме? Өлгің келсе үйіңе барып өл», – деді де Цай Юйчжэньды сыпыртқымен құйрығынан сабалап, ауласынан қуып шықты.
Шай қайнатым уақыттан соң Ян Фэнци үй-үйді аралап Чжу Линді іздеді. Ян Фэнцидің тағатсыздана айқайлаған дауысын естіген Цай Юйчжэньнің одан әрі мазасы қашты. Қыстақ сыртындағы шаптолды орманды қолымен меңзеп, қолымен мойнын айналдыра орап, ымдап көрсетті. Цай Юйчжэньның осы әрекетін әлгіндегі қылықтарымен байланыстырған Чжу атай бір жағдайға тап болғандарын сезді.
Қолдарына алау ұстаған топты адам қыстақ сыртындағы қыратқа қарай шұбырып, Чжу Линнің атын атап айқайлаумен болды.
Бесінші күні таңсәріде Чан Фубао мектеп жанындағы құдықтан бұрынғысынша су алуға келді. Шелегі қалқыған бір нәрсеге тиді, құдықтан мүңкіген иіс шықты. Үйіне барып прожектор әкеліп, құдық түбіне жарық түсіргенде Чжу Линнің өлігін көрді. Сол жерде лақылдатып құсты. Қыстақтағылар арып-шаршағанына, едәуір жол жүретініне қарамай өзеннен су таситын, мектеп жанындағы құдық суын тек Чан Фубаоның үйіндегілер ішетін. Чжу Линнің өлгеніне бес күн өтті, олар бес күн бойы арам су ішіпті.
Сол күні таңертең мектепте сабақ оқытылмады. Содан кейін де бірнеше күн бойы Чан Фубаоның ойынан Чжу Линнің мәйіті шықпай қойды. Оқушылар оның сабақ өтіп жатып лоқсып құсатынын көретін. Ал Яо Юйпин құса-құса әл-қуатынан айырылып, сабақ өткізе алмай қалды.
Көктем шыға Чжао Кайин көктем мерекесінен бұрын түсірген суреттерін қыстаққа алып келді. Чжу Линнің суреттерін беріп, Ян Фэнцидан ақша алмақ болған. Ян Фэнци: «Чжу Лин өліп қалды, ақшаны содан ал», – деді. Танауы тасқа тиген Чжао Кайин марқұм Чжу Линнің суреттерін отқа тастамақ болып еді, Ван Цзякуань жұлып алды да: «Маған бер, ақшасын мен беремін, барлық суретті сатып аламын», – деді.
Сөйтіп жүргенде үйдің төбесінен түсініксіз бір дауыс шалықтап естілетін болды. Желдің азынағанына да, топты тышқанның қаңылтақ кірпіш үстінен жорғалап өткен дыбысына да ұқсайды. Бұл дауыс ылғи түн ортасында, жұрт ұйқыға кеткенде шығады. Осы дауыс бірнеше күн бойы Цай Юйчжэньнің мазасын алып бітті. Төбеге саты қойып шығып не жағдай екенін білгісі келсе де бара алмайды, көзге түртсе көргісіз қараңғыда жанын азаптаған әлгі дауыстан қатты үрейленеді.
Күндіз үй сыртындағы шаптол ағашына шығып, үйдің төбесін түк қалдырмай қарап шықты. Қиқы-шойқы қаланған сұрғылт қаңылтақ кірпіштерден, оларға түскен күн сәулесінен өзге еш нәрсе көре алмады. Бүгін түнде бұл дыбыс шыға қоймас деп ойлаған. Бірақ түн ортасы болғанда әлгі дауыс қайтадан шықты. Дәл ұйықтап бара жатқанда азынап қоя береді. Көрер таңды көзімен атырып, ертесіне шаптол ағашына тағы шықты. Төбедегі қаңылтақ кірпіштердің бірін қалдырмай қайта-қайта санады, сонда да дауыс шыққан жерді таппады. «Құлағым қағыс ести бастаған ба?» – деп ойлады.
Осы дауыс Ван Лаобинді де ығыр қылды. Бастапқыда ұйқысын қашырған дауысқа құлағын үйретіп-ақ бақты. Төсек шетінде отырып, түнімен темекі шекті, қайта-қайта дәретке отырды. Бірақ бара-бара әлгі дауыстан әбден запы болды. Әлгі үн басын әрлі-берлі арамен кесіп жатқандай күйге түсті. Енді ұйықтай алмасам жынданып кететін шығармын деп ойлады. Біраз ойланып, өзін байыпты, тыншу күйде сезінгендей болған соң ғана төсегіне жатты. Жатқаны сол еді, орнынан қайта тұрып, төсек басындағы майшамды сипалап ұстамақ болған, майшам жерге түсіп кетті. Шамның шағылған дауысымен бірге әлгі ғажап дауыс та өшті. Бірақ көп ұзамай әлгі дыбыс Ван Лаобиннің құлағына тағы да жетті.
Ван Лаобин тарсыл-тұрсыл дауыс шығарып, дыбысты өшірмек болды. Қорқорын барабанның таяқшасындай пайдаланып, төсектің тақтайын үзбей ұрғылады. Бейнетқор тоқылдауықтай болған оның төсекті ұрғылаған дыбысы онсыз да кірпік айқастыра алмай жатқан Цай Юйчжэньнің жүйкесін жұқартып бітті.
Тоқылдауықтың үні өшті. Ван Лаобин енді әдісін өзгертіп, сөзден сөз тауып, тоқтамай сөйлейтін болды. Цай Юйчжэнь оның барпылдап сөйлеп жатып ұйықтап кеткенін білді. Сөз орнын қорыл басты. Оның қорылын тыңдап жатқан Цай Юйчжэнь ашыққан адамдай, тағам иісін сезді.
Үй төбесінен шығатын дыбыс сол күйі естіліп тұр. Цай Юйчжэнь қолшамының жарығын төбеге түсірді. Қаңылтақ кірпіштерді көтеріп тұрған діңгектің басын, ағаш тақтайларды тексерді, бірақ дыбыс шыққан жерді таба алмады. Енді дауыстың үй төбесінен жерге көшкендей-ақ сандықтан, шкафтардан естілгендей болғанын сезді де олардың қақпақтарын ашып тексеріп шықты. Түк жоқ. Оның сандық пен шкафтардың қақпағын ашқан дыбысы енді ғана көзі ілінген Ван Лаобинді шошытып оятты. Ван Лаобин: «Өлгелі жүр ме едің? Әрең ұйықтап едім, оятып жібердің ғой!», – деді. Үй іші аяқ астынан жым-жылас бола қалды, Цай Юйчжэнь қорғалақтап, үнін шығара алмады.
Цай Юйчжэнь кенет Ван Лаобиннің шақырғанын естіді. Ол: «Мені сүйемелдеп сыртқа шығаршы, қайда жасырынды екен, әлгі дауысты іздейік», – деді. Цай Юйчжэнь енді Ван Цзякуаньды түртіп оятпақ болған, Ван Цзякуань бір қырына аунап түсіп, ұйықтай берді. Амал жоқ, Ван Лаобиннің төсегінің жанына келіп, сүйемелдеп тысқа алып шықты. Қараңғы түн. Жел соғып тұр.
Екеуі есіктің алдында тың тыңдады. Әлгі ғажайып дауыс үйдің артқы жағынан шыққандай болды. Үйдің сыртына өтіп, одан ту сыртындағы шаптолды орманға беттеді. Цай Юйчжэнь өз көзіне өзі сенбей тұра қалды – Ян Фэнциң шаптол ағашының түбінде жүресінен отырып, төңкерілген қыш тегенені таяқпен ұрып жатыр. Қыш тегенеден түп-тұнық дауыс шығады. Қолшамның жарығы Ян Фэнциге түсіп еді, ештеңені сезбеген қалпы көзін тарс жұмып, әлденелерді күбірлеп айтып жатты. Цай Юйчжэнь мен Ван Лаобин оның Ван Цзякуаньды қарғап жатқанын естіді. Ол: «Ван Цзякуань менің қызымды, Чжу Линді қастандықпен өлтірді, қарғыс атқыр Ван Цзякуань, түп-тұқияныңмен қоса құрып кет!» – деп отыр.
Цай Юйчжэнь қыш тегенені бір тепті. Тегене алысқа ұшып кетті. Ян Фэнци көзін ашып, күшті жарықты көрді де қорыққанынан орманнан сүріне-қабына қашып шықты. Ван Лаобин: «Мынау жынданған екен, өлгеннің айғағы жоқ. Енді Ван Цзякуаньға қан-жынын төгіп жатыр, аштан өліп, көштен қалғамыз жоқ, бірақ біз кінәлі болсақ лай суға тұншығып өлейік дедік. Қой, көшейік, осылардан аулақ кетейік», – деді.
Ван Цзякуань әкесін сүйемелдеп шағын өзеннен өтіп, қарсы бетке шықты. Цай Юйчжэнь кетпен, күректерін арқалап соңдарынан ілесті. Қыстақтың қарсы жағы, өзеннің бұл беті қалың қабір болатын. Цинмин мерекесінен басқа уақытта бұл жаққа ел келе бермейтін. Ван Лаобин өзеннен өткен соң талай жылдық естелігі бойынша атасы Ван Вэньчжанның қабіріне келді. Бұл жолды нық қадаммен, еш жаңылмай, соқырға ұқсамай басып келді. Ван Цзякуань әкесінің мұнда неге бастап келгенін түсінген жоқ.
Ван Цзякуань: «Әке, не істемексіз?», – деп сұрады. Ван Лаобин: «Бабаңның қабірін қаз, осы жерден жаңа үй саламыз», – деді. Цай Юйчжэнь ишаралап, Ван Цзякуаньға жер қазуды ұқтырды. Ван Цзякуань әкем маған қабірді әдемілеп, бүтіндеп қой деп тұр екен деп түсінді.
Ван Цзякуань дереу іске кірісіп, Ван Вэньчжанның қабірінің айналасын морлап, арам шөптерді жұлды. Цай Юйчжэнь кетпенмен қабірді көрсетті, Ван Цзякуань басын көтеріп, Цай Юйчжэньның кетпенмен қазуынан бабасының қабірі қопсып, жарымына жуық жері құлағанын көріп, қорыққаннан боп-боз болып кетті. Қатуланып, Цай Юйчжэньнен кетпенді тартып алды да топырақты қазылған жерге қайтадан үйді.
Ван Лаобин қабір қазған дыбыс естілмеген соң: «Цай Юйчжэнь, неге қазбайсың? Бұл жақсы жер, жаңа үйді осы жерден тұрғызамыз. Атам қайтыс болғанда ес біліп қалған болатынмын. Атамның мәйітіне екі фарфор ыдыс қоса көмілгенін көргем. Олар бағалы көне мұра. Соны қазып алып шық. Қазсаңшы. Цзякуань қаздырмай жатыр ма? Оған маған қара деп ұқтыр», – деді де жер қазудың әрекетін көрсетті. Қимылы шорт, шапшаң еді, тіпті бұйрық деп айтуға болатын.
Ван Цзякуань: «Әке, маған қабірді қаз дейсіз бе?» – деп сұрады. Ван Лаобин басын изеді. Ван Цзякуань: «Неге?» – деп еді, әкесі қаз деді. Цай Юйчжэнь жерде жатқан кетпенді Ван Цзякуаньға ұсынды. Ван Цзякуань кетпенді алмады. Өзеннің жағасына барып жүгініп отырып, қарсыдағы қыстаққа, көне үйіне қарады. Әр үйдің төбесінен шығып жатқан түтінді көрді. Таңғы аспан сүзілген көкпеңбек түтінмен астасып, ашық көк түске боялыпты. Біреу бір табын сиырды айдап қыстақтан шығып барады. Кімнің әтеші екен, бір әтеш Лю Шуньчанның үйінің төбесіне шығып алып, әрлі-берлі кердең басып жүр.
Ван Цзякуань артына қарап еді, қабірдің бір шеті тағы да қазылғанын көрді. Ескі топырақ жаңа топырақтың астында қалған. Цай Юйчжэнь шелпек кемірген құмырсқадай тырбыңдап қабірді қазып жатыр. Ван Лаобин жерден кетпенді сипалап жүріп тауып алды да еппен жоғары көтеріп, қайыра сілтеді. Кетпеннің ұшы тасқа тиіп, межелеген жерінен тайып кеткен. Өзінің аяғын шауып алуға шақ қалды. Ван Цзякуань: «Бұлар қабір қазуға шындап бекінген екен» – деп ойлады. Ван Цзякуань әкесінің қолынан кетпенді алды да көзін тарс жұмып, қабірге сілтеді, өзі мүлде қаламайтын жұмысты істеді. Екі көзім ашылмаса екен деп тіледі. «Егер әкемнің жанары сау болса иіс тұтандырғыш жағып, тәу ететін бұл жерге кетпен шаппас еді», – деп ойлады.
Қабір қазу жарты күнге жалғасты, ақыры қазып шықты, бірақ табытты да, сүйекті де таппады. Ван Цзякуань: «Қабірде ештеңе жоқ», – деді. Мұны естіген Ван Лаобин қатты тіксінді. Әлгінде ғана қазылған жерді сипап, бір уыс топырақ алып иіскеді. «Атамның жерленгенін өз көзіммен көргем, табытында екі әдемі фарфор ыдыс бар еді. Бір тал сүйек те таппағанымыз қалай?» – деп ойлады.
Жаз аяғында Ван Цзякуань мен Цай Юйчжэнь өзенннің қарсы бетінен екі бөлмелі, балшық кірпішті жұпыны үй тұрғызды. Көне үйдің қабырғаларын бұзып, қаңылтақ кірпіштерін түгел тасып алды. Бұрынғы үйдің қирандысы күннің астында ашық-шашық беті қала берді.
Ван Цзякуань көшетін күні ескі заттардың көбін тастады. Май басқан күбілерді шақты, бірнеше зіл батпан ағаш сандықты бұзды. Ескі дүниелерде алынбаған өші бар секілді. Алысқа сапарлайтын кісіше қажет деген дүниелерін ғана алды да жеңіл қамданып жолға шықты.
Әкесінің төсегін реттеп жатып, төсектің астынан әдемі екі фарфор құмыра тауып алды. Оларды лақтырайын деп жатқан, Цай Юйчжэнь келіп ұстап қалды. Фарфор құмыраларды орамалмен жарқырата сүртіп, Ван Лаобинге берді. Құмыраны алған Ван Лаобиннің түсі өзгеріп кетті. Ол: «Дәл осы, іздегенім осы ғой! Атамның табытына салынғанын анық көргенмін, қайдан пайда болды бұлар?» – деп сұрады. Үй көшірісіп жүргендер: «Ван Цзякуань төсегіңіздің астынан тауып алыпты», – деп еді, «Мүмкін емес», – деп кесіп тастады.
Ван Лаобин далада күншуақтап отыр, фарфор құмыраларды тас қып ұстап алған. Үй көшіріскендер дән тасыған құмырсқадай келіп-кетіп жатты. Олар Ван Лаобиннің жанынан өткен адамдардың аяқ тықырын естіп күліп отырғанын, қаңыраған үйге қарап екі езуін жия алмай отырғанын көрді.
Осы кеште Ван Лаобин ескі үйінен ұл-келінімен қоса біржолата көшіп кетті. Үй көшіріскендер үйді-үйіне тарады. Ван Цзякуань көне үйдің қазандығынан алау тұтандырып алды. Көзінен тарам-тарам жас ақты. Қолына алау ұстап алда жүрді, Ван Лаобин мен Цай Юйчжэнь соңынан ілесті. Ван Лаобин екі фарфор құмырасын құшақтап алған, Цай Юйчжэнь оны сүйемелдеп келеді.
Ван Лаобин жалғызаяқ ағаш көпірден өткен соң Цай Юйчжэньге алда кетіп бара жатқан Ван Цзякуаньды тоқтат, өзеннің бойында аяғымызды жуып алайық деді. «Екеуің де аяқтарыңды жуыңдар, кірдің бәрін жуып кетірейік, талайсыздығымызды жуып жоғалтайық. Өткендегінің бәрін жуып тастайық», – деп тұжырды ол. Үшеуі алау жарығымен осылайша аяқтарын жуды. Ван Цзякуань табанын аямай ысқылап, мүйізгек пен күстерін біржола сыпырып тастардай болып ысқылап жатыр.
Қыстақтағылардың бәрі үйлерінің алдында тұрып, Ван Цзякуаньдарды жағаға жеткенше көзбен ұзатып салды. Оларға Ван Цзякуаньның қолындағы алау еш сыбыссыз, жападан жалғыз қарсы бетке кетіп бара жатқан жынның отындай сезілді. Сол алаумен жаңа үйдің оты лаулай жанған соң көшу салты да аяқталды. Неше он жыл бірге өмір сүрген көршілері, міне, осылай, бір көршісінің қыстақтан көшіп кеткенін көрді.
Күздің бір күні түс әлетінде Лю Шуньчан таудан дәрі шөп қазып әкеліп, өзен жағасына төкті де асықпай жуа бастады. Өзен суы асығыс жолаушыдай, саусақтарының арасынан жылдам-жылдам ағып кетіп жатыр. Су бетінде қалқыған сарғылтым жапырақтарды, қуарған шөптерді қарап отырып, жанары қарсы жағадағы Ван Лаобиннің лаймен сыланған дауалына түсті.
Ол Ван Лаобиндердің қаңылтақ кірпіштерді төбеге төсеп жатқанын көрді. Ван Лаобин көшкенде үйінің үштен екісі ғана салынып біткен, ол кезде Лю Шуньчан оған: «Үйіңді толық салып болған соң көшсең де кеш емес қой», – деген. Бірақ Ван Лаобин берешегінен қашқан кісіше қарсы бетке көшіп кетуге асықты. Енді бос уақыттарында үйінің кем-кетігін бүтіндеп жүр.
Цай Юйчжэнь дөдегенің түбінде тұрып қаңылтақ кірпіштерді алады, Ван Лаобин сатыда тұрып, қол жалғайды, Ван Цзякуань қаңылтақ кірпіштерді төсейді. Кірпіштер қолдан-қолға өтіп, үйдің төбесіне төселіп жатыр. Үшеуі бір-бірімен жарасып қалыпты. Алыстан көрген адам бұларды мүгедек жандар деп ойламас еді, өйткені олардың кемтарлығын көре алмайды. Ван Цзякуань әкесі берген қаңылтақ кірпіштердің арасынан жартыкеш, сынықтарын алып лақтырып тастайды. Кейбірін өзенге лақтырады. Лю Шуньчан айдыннан судың шашырай көтерілгенін көрді, кірпіш сынығының суға түскен дыбысын ести алмады. Түс мезгілі, жұмыс даңғазасыз, шусыз өтіп жатыр. Күн сәулесі айдынға шуағын төгуде. Ван Лаобин мен ұлы, келіні үн-түнсіз, дыбыс шығармай жұмыс істеуде. Лю Шуньчан оларға қарап, дыбыссыз кино көріп отырғандай болды, құлағы естімейтін күйге түсіп қалғандай. Дыбыс болмағандықтан олар арғы дүниеден келгендерге ұқсайды немесе қағазға сызылған адамдардай сезіледі. Күн сәулесіне шомылып еңбек етіп, баяу қозғалып, қыбырлап жүрген ғажайып адамдардай еді.
Кенет Лю Шуньчан төбеден түскен қаңылтақ кірпіш Цай Юйчжэньнің басына тиіп, парша-парша боп сынғанын көрді. Цай Юйчжэнь басын шеңбектеп ұстап, отыра кетті. Цай Юйчжэньнің жарақаты ауыр деп ойлаған Лю Шуньчан жағаға қарап айғай салды: «Цай Юйчжэньнің басы ауыр жараланды ма, Лаобин? Барып тексеріп берейін бе? Шөп дәрі жапсырайын ба?» Ешкім жауап қатқан жоқ. Лю Шуньчанның айғайын естімеген сияқты.
Ван Цзякуань төбеден түсіп, Цай Юйчжэньді өзен жағасына арқалап әкеліп, бетінің қанын жуды. Лю Шуньчан: «Цай Юйчжэнь, жағдайың қалай?» – деп айғайлады. Жауап жоқ. Лю Шуньчан табанының астынан бір тас алып, өзен бетімен көлбете жіберіп қалды. Ван Цзякуань ойнақшып шапшыған шашыранды суға бір қарады да шөптің арасынан Цай Юйчжэньге дәрі шөп жұла бастады, жұлып әкелген шөпті аузына салып шайнап, оң алақанына түкірді де Цай Юйчжэньнің жарақатына жапсырды.
Ван Цзякуань қайтадан Цай Юйчжэньді арқалап, кері қайтты. Соқпақ жол қайқаңдау болғанымен Ван Цзякуань жүріп келе жатып секіріп-секіріп қояды. Серуеннен қайтқанда қалыңдығын көтеріп келе жатқандай мәз-мейрам. Ван Цзякуаньның арқасынан сыпырылып түскен Цай Юйчжэнь оны жауырынынан төмпештеп алды. Ебін тауып, сытылып кетпек болып еді, Ван Цзякуань құлашын жайып, жолын бөгеді. Цай Юйчжэньнің шарасы таусылып, Ван Цзякуаньның иығына қолын артты да оған ілесе секіре басып жүріп кетті.
Ван Цзякуань ыршып-шоршып бірер қадам жүрді де жалт бұрылып Цай Юйчжэньді құшақтай алды. Цай Юйчжэнь қаңбақтай көтеріліп, Ван Цзякуаньның құшағына құлай кетті. Ван Цзякуань үйге жеткен соң Цай Юйчжэньді көтеріп кіргізді. Ван Лаобин де сипалап жүріп есікті тауып, ішке кірді. Ван Лаобиннің қақпасы сыбырсыз жабылғанын көріп тұрған Лю Шуньчан «бұлардың бір күнгі жұмысы аяқталды, өздерін бақытты жандардай сезінеді екен», – деп ойлады.
Күз желі өзеннің екі жағалауын бойлап үй сыртындағы түнгі жортуылшыдай суылдай соғады. Ван Лаобин мен Ван Цзякуань әлдеқашан қатып ұйықтап қалған. Цай Юйчжэнь даладан тысыр еткен дыбыс шыққанын естіді, қабырғаға ілінген әлдебір дүниені жел ұшырып түсіргенге ұқсайды. Әсілі Цай Юйчжэнь даладағы дыбысты елегісі келмеген, қаңылтақ кірпішті төсеп болдық, үйіміз үйге ұқсап қалды, енді алаңсыз ұйықтасақ болады деп ойлаған. Бірақ далаға, бамбук сырыққа жайып қойған киімдерімді жел ұшырып кете ме деп қауіптеніп, орнынан тұрды.
Есікті ашып далаға шығып еді, суық жел бірден білінді. Қолшамын жағып, шексіз ұзарып кеткен таяқшадай жарықтың қараңғы түнді тіліп түскенін көрді. Жарық түсіріп, үйдің бұрышындағы бамбук сырыққа жайған киімдеріне қарай жүрді, киімдері жайған жерінде тұр екен, киімдердің жеңдері желмен қосыла, бір адамның білегін екінші біреу әрлі-берлі сілкіп, қайырып жатқандай қалбалаңдап тұр. Киімдерін жинастырып алмақ болған Цай Юйчжэнь қолшамын аузына салып, қолын бамбук сырыққа созған. Бамбук сырыққа қолы тимей жатып, дойыр білекті біреу сап етіп құшақтап, көтеріп алды да жырашыққа қарай жүгіре жөнелді. Екі белегірден асып, өзен жағасындағы шөпке жеткенде жерге құлап түсті. Цай Юйчжэньнің аузындағы қолшам опыр-топырда жерге түсіп кетіп, әйнегі шағылғанға ұқсайды, сөніп қалды, өзен жағасы қара түнектің құшағына оранды.
Әлгі адам Цай Юйчжэньнің киімін жыртып, емшек еметін күшікше көкірегіне тұмсығын үйкей бастады. Цай Юйчжэнь қанша айқайлағысы келсе де үні шықпай қойды. Көкірегі от қарығандай лаулап, ауырып кетті. Әлгі неменің сақалы бар екен, енді бұның шалбарын шешуге тырысып жатыр. Цай Юйчжэнь шалбарының ышқырын қос қолымен тас қып ұстап алып, шөптің арасында жанталаса қарсыласты. Зорлықшы одан бетер құтырынып, бір қолын босатып алды да қалтасынан пышағын суырды. Пышақты Цай Юйчжэньнің бетіне тақады. Цай Юйчжэнь амалы құрып, қарсыласуын тоқтатты. Шалбарының жыртылған дыбысын естіді, әуелі пышақпен тіліп, сосын жыртып тастаған сияқты.
Енді ол Цай Юйчжэньнің үстіне атша мініп алды. Жанталаса қарсыласқан Цай Юйчжэньнің шалбарының дал-дұлы шықты. Шалбардың ышқырын ұстағаннан қайыр жоқ деп ойлаған ол әлгінің бетін тырналап, шеңбектеп ұстай алды, ертең беті жараланған адамды оңай тауып аламын деп ойлады.
Екеуі ұзақ арпалысты, аяқ астынан Цай Юйчжэньнің дауысы шығып кетті: «Өлтіремін сені!» Осы сөзді ызаға булығып, жекіре айтқан. Анау Цай Юйчжэньнің үстінен атып тұрып, қаша жөнелді. Цай Юйчжэнь әлгінің қашып бара жатып: «Жынға жолықтым, ойбай! Мылқауға қалай тіл бітті?!» – дегенін естіді, бірақ кімнің дауысы екенін тани алмады.
Үйге қайтып келіп, майшамды жаққанда оянып кеткен Ван Цзякуань оның жаралы көкірегін, жыртылған шалбарын көрді. Дереу әкесін жұлқылап оятты. «Әке, Цай Юйчжэньге әлгінде біреу тиісіпті, шалбарын пышақпен тіліп тастапты, киімін де жыртыпты!», – деді. Ван Лаобин бұл кімнің істеген иттігі екен, сұрашы одан деді. Соның ізінше ол айта қалса да Ван Цзякуань естімейді ғой деп ойлап, ауыр күрсінді де іргедегі бөлмеге қарап: «Юйчжэнь, бері келші, қорықпа, бірер сұрауым бар, атаң ештеңені көре алмайды», – деді.
Цай Юйчжэнь келіп, Ван Лаобиннің төсегіне жақындады. Ван Лаобин одан: «Кім екенін көре алдың ба?» – деп сұрады. Цай Юйчжэнь басын шайқады. Ван Цзякуань: «Әке, ол басын шайқады, неменеге басын шайқайды?» – деп еді, Ван Лаобин: «Кім екенін көрмесең, денесіне жарақат түсіре алдың ба?» – деп сұрады. Цай Юйчжэнь басын изеді. Ван Цзякуань: «Әке, ол басын изеді», – деді. Ван Лаобин: «Қай жерін жараладың?» – деп сұрады. Цай Юйчжэнь екі қолымен бетін ұстады, одан иегін сипады. Ван Цзякуань: «Әке, ол бетін ұстады, содан иегін сипады», – деді. Ван Лаобин: «Қолыңмен оның бетін, сосын иегін тырнап алдың ба?» – деді. Цай Юйчжэнь әуелі басын изеп, дереу бас шайқады. Ван Цзякуань: «Ол басын изеді, сосын басын шайқады», – деді. Ван Лаобин: «Бетін тырнадың ба?» – деді. Цай Юйчжэнь басын изеді. Ван Цзякуань оның басын изегенін айтты. Ван Лаобин: «Иегін де тырнадың ба?» – деп сұрады. Цай Юйчжэнь басын шайқады. Ван Цзякуань: «Басын шайқады», – деді. Цай Юйчжэнь әлгі адамның сақал-мұрты бар дегісі келген, үн шығара алмады. Шыдай алмай, жылағысы келді. Ван Лаобиннің қалың да қатты сақал-мұртын көріп, қолын созып, Ван Лаобиннің сақал-мұртын сипады. Ван Цзякуань: «Ол сенің сақал-мұртыңды сипады», – деді. Ван Лаобин: «Юйчжэнь, әлгі адамның сақал-мұрты бар дегің келіп тұр ма?» – деді. Цай Юйчжэнь басын изеді. Ван Цзякуань: «Ол басын изеді», – деді. Ван Лаобин: «Цзякуань менің айтқанымды ести алмайды. Мен оның беті жараланғанын, сақал-мұрты бар екенін білсем де өшімізді қайтара алмаймыз ғой. Көзім соқыр болмағанда ана ит жердің астына кіріп кетсе де өз қолыммен ұстар едім. Балам, жәбірлендің-ау», – деді.
Цай Юйчжэнь зарыға еңіреп жылады, жылаған үні анық, ашық шықты. Ван Лаобиннің де соқыр жанарынан жас парлап қоя берді. Тарам-тарам сорғалаған жасы әжімделген бетін жуып, сақал-мұртына сіңіп жатты.
Күн болсын, түн болсын, Ван Цзякуань әрі-бері жүргендерден көз айырмады. Қолындағы таяғын үйінен сығаламақ болғандарға көрсете білеп қояды. Еркек атаулының бәрінен күмәнданады, тіпті күнде жағаға келіп шөп дәрі жуатын Лю Шуньчаннан да сезіктенеді. Қарсы жағадан біреу-міреу бұлардың үйіне көз тоқтата ұзақ қараса оған да ыза болып, содан күмәнданатын.
Ван Лаобин Цай Юйчжэньге өзендегі тақтай көпірді бұзып тастаңдар деп еді, Ван Цзякуань көнбеді. Көпірді бұзбақболған Цай Юйчжэньге қолындағы таяғын көрсетті, дәндеген иттің көпірден өтіп тағы келетініне кәміл сенді. Ван Цзякуань: «Мен оны күтемін», – деді Цай Юйчжэнге.
Ван Цзякуань сабырлықпен жарты айға жуық күтті, ақыры кек алар оңтайлы күн де туды. Ол біреудің жалғызаяқ көпірден өтіп, үйіне қарай баспалап келе жатқанын көрді. Ван Цзякуань әлгінің бет әлпетін анық көре алған жоқ, бірақ айдың жарығымен ақ жейдесі ағараңдап анық көрініп тұр. Ван Цзякуань терезені таяқпен үш рет қақты, бұл Цай Юйчжэньге берген белгісі еді.
Ақ жейделі әлгі біреу Ван әулеті қақпасының алдына келді де жан-жағына қарап алып, қақпаның саңылауынан ішке үңілді. Түк көре алмаған соң ақырындап Ван Цзякуаньның жатын бөлмесінің терезесіне таяп келді де өкшесін көтеріп, терезеден мойнын соза ішке үңілді. Сол мезет Ван Цзякуань қалтарыстан шыға келіп, әлгінің балтырынан таяқпен салып кетті. Анау күзді күнгі шегірткедей терезеден секіріп түсіп, тәлтіректеп жерге құлап түсті. Орнынан тұрып қашпақ болып еді, бұрышқа енді жете бергенде Ван Цзякуань: «Әке, тез ұр!», – деп айғай салды. Бұрыштан сілтенген сойыл ананың дәл басынан тиді. Анау басын құшақтап жерде дөңбекшіп жатты да атып тұрды. Жерден қолына тас алып үлгеріпті. Таспен Ван Цзякуаньды енді ұра берем дегенде Цай Юйчжэнь отынның арасынан атып шығып, әлгінің тас ұстаған білегінен таяқпен аямай соқты. Қолы сырқырай ауырған түнгі жортуылшының қолындағы тас жерге түсіп кетті.
Үшеулеп жүріп әлгі адамды жерге алып ұрды да тыпыр еткізбей қойды. Содан кейін барып қолшамның жарығын әлгінің бетіне түсірген. Ван Цзякуань: «Сен екенсің ғой, Се Сичжу! Мацзян ойнамайтын болғансың ба? Бұнда не іздеп келдің?» – деді. Се Сичжу аузын жыбырлатып, бірдеңе деп міңгірледі. Оның сөзін Ван Лаобин де, Цай Юйчжэнь де анық ести алмады.
Цай Юйчжэнь тексеріп еді, Се Сичжудың иегінде бірнеше тал сақал бар, бірақ селдірлеу, жұмсақ екен. Бетінде тырнақтың ізі жоқ сияқты. Цай Юйчжэнь: «Бәлкім жарасы жазылып кеткен болар», – деп ойлады. Ван Цзякуань осы ма деп сұрады. Цай Юйчжэнь басын шайқады, мен де анық ажырата алмай тұрмын демекші еді, кенет Ван Цзякуаньның көзі алайып, шарасынан шыға шатынап кеткенін көріп, дереу басын изеді.
Цай Юйчжэнь мен Ван Цзякуань шақырылмай келген Се Сичжуды көтеріп, өзеннен өткізді де жағаға тастай салды. Се Сичжудың қашып бара жатқанын көріп, өздері де кері шегініп ағаш көпірді бұза бастады, ағаш бөренелер мен тақтайларды суға лақтырды. Тақтайлар суға кеткен адамдай, батып-шығып көзден таса болып кетті.
Цай Юйчжэньнің намысы тапталған түннен бастап Ван Лаобин, Ван Цзякуань, Цай Юйчжэнь үшеуі өздерінің бірігіп, бір адамға айналғандай болғанын сезді. Әсіресе, сол түнгі төсек алдындағы әңгіме естен кетпес естелік болып қалды. Ол: «Мен сұрақ қоямын, Цай Юйчжэнь басын изейді немесе шайқайды, Ван Цзякуань көргенін айтып береді. Үшеуміз осылай сөйлестік, пікірлестік. Кеше түнде Се Сичжуға дес бермедік. Цзякуань саңырау, мен соқыр, Цай Юйчжэнь мылқау болса да біз Се Сичжуды жеңдік. Біз сау адам сияқтымыз. Біз егер бір адам болсақ, онда Ван Цзякуаньды ұрғаным — өзімді ұрғаным, Цай Юйчжэньге қол тигізгенім – өзіме қол тигізгенмен тең… Қазір көпірді Цзякуаньдар бұзып тастады, ана жақтағылармен енді қайтып араласпаймыз», – деп ойлады.
Іші пысқан күндері Ван Лаобин есік алдында отырып, қиялына ерік беретін. Оның ой, қиялы көп еді, бірақ жүзеге асыра алмайтын. «Осылайша ойланып, қиялдаумен өмірім өтетін шығар», – деп ойлайды. Ол Цай Юйчжэньге: «Ешкім келіп мазамызды алмаса өз есігімнің алдында, осылай жайбарақат отырғанымның өзін қанағат етер едім», – дейді.
Қыстақтағылардан оларға ешкім ат ізін салмады. Ван Цзякуань мен Цай Юйчжэнь өзеннің арғы бетіне өткісі келмейді. Цай Юйчжэнь: «Арамызды бір өзен бөліп тұрғанымен, олармен көңіліміз өте алыс. Біз олардан түбегейлі құтылдық», – деп ойлайтын.
Тек Ван Цзякуаньның жүрегін ғана кейде сағыныш кернеп кетеді. Жаз шыққанда балағын түріп өзеннен өтіп, шаптол үзіп жейді. Көбінесе түнде барады, ешкім оны көрмейді. Ең сүйіп жейтіны – Чжу Лин сүйеніп суретке түскен бір түп шаптол ағашының жемісі. Сол ағаштың шаптолы айырықша дәмді дейді.
Бір жылдай уақыт өткенде Цай Юйчжэнь сүйкімді бір ұл туды. Баланың жылаған дауысын естіген Ван Лаобин байыз таппады. Цай Юйчжэньнен: «Ұл ма, қыз ба?» – деп сұрады. Цай Юйчжэнь оның мүйізгектенген оң қолын ұстап, сәбидің шүметайына еппен тигізді. Ван Лаобин жұп-жұмсақ, үлбіреген шүметайды ұстап, қолынан тастамайтын найын ұстап тұрғандай болды. Ол: «Балаға әлемде жоқ ең әдемі ат қоямын!» – деді.
Ван Лаобин немересінің есімін қою үшін үш күн ойланды. Үш күн бойы бөтен біреу сияқты болып кетті, жарытып ас та ішпеді. Алғашында немересін Ван Чжэньго немесе Ван Гоцин деп атамақ болған, соңынан Ван Тянься, Ван Цзэдун деген есімдерді де ойлады. Тіпті Ван Бадань деген есім де ойына түскен. Көп ойланып, бас қатыра келе Ван Лаобин немеремнің аты Ван Шэнли болғаны жақсы деді. «Цзякуань, Юйчжэнь, мен – үшеуміздің дауысы ап-анық бір ұрпағымыз ақыры өмірге келді. Құлағы түрік, көзі отты, тілі жатық болып өссе екен, кейін ер жеткенде ешқандай қиындыққа жолықпай, бәрін жеңетін, осы дүниені бағындыратын жігіт болып ер жетсе екен!» – деп тіледі.
Адамдар таңертең, түсте немесе кешқұрым, күн райы тәуір күндері Ван Лаобиннің немересі Ван Шэнлиді төбесіне көтеріп тұрып, қарсы жаққа қарап: «Ван Шэнли!» – деп айғайлайтынын көретін. Кейде балақай атасының басына жіберіп қойса да қаперіне алмайды, немересін айналайын деп еркелете береді. Сөйтіп Ван әулеті қанағатқа толы шат күлкіге қайтадан бөлене бастады.
Бірақ Ван Цзякуань әкесінің ұлына әдемі ат қойғанын білмейтін. Ол ұлымен негізінен көзі арқылы тілдесетін. Ван Цзякуаньға күлкі деген мәңгі армандап болмас басы артық дүниедей сезілетін. Ол ұлының жымиып, бал-бақытты жүзбен өзіне қарағанын көргенде баламның аузынан кейбір дыбыс шыққан болуы мүмкін деп ойлайтын. Егер сол дауысты тыңдай алған болса, қалтасы ақшаға толғандай шаттыққа, тәтті сезімге кенелетін. Сонымен Ван Цзякуань ұлына өз алдына Ван Юцянь деген есім қойып алды. Ван Лаобин оның баланы бұлай атауына көп рет қарсы шықса да Ван Цзякуань ұлын қалай шақырарын білмеді, ол Ван Шэнли деген есімнің қалай дыбысталатынын білмейтін, сондықтан оны Ван Юцянь деп шақыра берді.
Күндер өте келе Ван Шэнли де үлкейді, әр күні екі есіммен шақырылады. Ван Лаобин оны Ван Шэнли дейді, немересі дереу жауап қатады. Әкесі Ван Юцянь деп шақырса да жауап береді. Бір күні Ван Шэнли Ван Лаобиннен: «Мені неге Ван Шэнли деп шақырасыз? Ал әкем неге мені Ван Юцянь деп атайды? Мен екі адам сияқтымын», – деп сұрады. Ван Лаобин оған: «Сенің екі атың бар, Ван Шэнли да, Ван Юцянь да – сенсің», – деді. Ван Шэнли: «Маған екі ат керек емес, әкеме айтыңыз, мені енді Ван Юцянь деп шақырмасын, Юцянь деген есімді ұнатпаймын», – деді де, әкесі Ван Цзякуаньға қарап жұдырығын түйді: «Ендігәрі мені Ван Юцянь деп шақырма, бұлай шақыруыңды қаламаймын», – деді. Ван Цзякуань аң-таң қалып, не жағдай болғанын білмеді. Ван Цзякуань: «Юцянь, маған неге жұдырығыңды түйесің? Әкеңді ұрайын деп пе едің?» – деді.
Ван Шэнли әкесінің үстіне жабысып, білегін тістеледі. Тістей жүріп: «Мені Юцянь деп шақырма дедім ғой, тістеймін сені», – деді.
Ван Лаобин шарт еткен шапалақ дауысын естіді, бұл Ван Цзякуаньның Ван Шэнлиді ұрған шапалағы екенін білді. Ван Лаобин: «Шэнли, әкең саңырау», – деді. Ван Шэнли: «Саңырау деген немене?» – деп сұрады. Ван Лаобин: «Саңырау деген сенің сөзіңді естімейтін адам», – деді. Ван Шэнли: «Ал шешем ше? Ол неге менің атымды атап шақырмайды?», – деді. Ван Лаобин: «Шешең мылқау», – деді. Ван Шэнли: «Мылқау деген не?» – деп сұрады. «Мылқау деген сөйлегісі келсе де сөйлей алмайтын адам. Шешең саған сөйлегісі келсе де айта алмайды», – деді Ван Лаобин.
Осы кезде Ван Шэнли шешесі әкесінің алдына барып қолымен бірдеңелерді ишаралап жатқанын көрді, Ван Цзякуань басын изеді де әкесіне: «Әке, Юцянь мектепке баратын жасқа толды», – деді. Атасы терең бір күрсініп: «Юйчжэнь, Шэнлиге сөмке тігіп бер, жазда оқуға берейік», – деді. Ван Шэнли атасына, әкесіне, шешесіне қарап, шошынған құстай, олардың түсініксіз іс-әрекеттері мен дауыстарынан тұңғыш рет қорқып кетті. Дір-дір етіп, жылап жіберді.
Цай Юйчжэнь жаз шыққанда Ван Шэнлиді қуана-қуана мектепке апарды. Ван Лаобин мен Цай Юйчжэнь тұңғыш рет сабақтан қайтып үйге келген Ван Шэнлидің дауысын көтере әндетіп жүргенін естіді: «Цай Юйчжэнь мылқау, байы оның саңырау. Баласы да болады саңырау я мылқау»… Цай Юйчжэнь жүрегінің найза сұққандай шаншып ауырғанын сезді. Көңілінің күні өшкен ол теріс қарап, қабырғасын қайғы қайыстырған қартаң жылқыдай, тұншыға егілді. Ұлының тілін алғаш ашқанда үйренгені осы сұм өлең боларын ойламап еді. «Мұндай мектепте бала оқытудың не қажеті бар? Біз олардан құтылдық деп ойласақ, әлі құтылмаппыз ғой!» – деп шерлі ойға түсіп кетті.
Ван Лаобин қорқорымен Ван Шэнлиді ұрмақ болып, бесінші ретінде ғана әрең тигізді. Ван Шэнли: «Ата, мені неге ұрасыз?» – деді. Ван Лаобин: «Сені текке өсіріппіз! Одан да соқыр, керең, мылқау болғаның жақсы еді. Сенің атың Ван Шэнли емес, Ван Бадань болғаны жақсы еді», – деді. Ван Шэнли: «Ван Бадань деген сенсің», – деді. Ван Лаобин оған: «Цай Юйчжэньнің кім екенін білесің бе?» – деді. Ван Шэнли басын шайқады. Ван Лаобин: «Ол сенің шешең, Ван Цзякуань сенің әкең», – деді. Ван Шэнли: «Бұл ән мені, үйдегілерді түгел балағаттаған ән екен ғой, ата, қайтуім керек?» – деп сұрады. Ван Лаобин қорқорын жинастырды да: «Өзің біл», – деді.
Содан бастап Ван Шэнли тіл қатпайтын болды. Оның соқыр, саңырау, мылқаудан ешқандай айырмашылығы қалмады.

1995 жылы 3 наурызда жазылды.
Қытай тілінен аударған
Серік Сұңғатайұлы




ПІКІР ЖАЗУ