«ЖАЗУШЫ – АДАМЗАТТЫҢ КӨКІРЕК КӨЗІ…»
«Жұлдыздың» шеберлік мектебінің» бұл жолғы қонағы – 1869-1954 жылдар аралығында өмір сүрген даниялық жазушы Мартин Андерсен-Нексе.
Бьернстьерне Бьернсонның айтуынша (1832-1910 жж.. өмір сүрген норвег жазушысы, 1903 жылы Нобель сыйлығының лауреаты атанған – аудармашы), өзгелер көңіл бөлмек түгіл аңғармай-ақ қасынан өте шығатын жәйттерге зер салып, санасының сүзгісінен өткізетін адам ғана жазушы бола алады. Жазушы – адамзаттың кез-келген ұсақ-түйекке дейін қалт жібермейтін көкірек көзі. Адамдар жазушының арқасында гүлдердің, құстардың жағдайына қанығып, тағдырынан теперіш көріп тентіреп жүрген бейбақтардың, балалардың, кедейлердің тұрмыс-тіршілігіне үңіле алады. Жазушы, сонымен ғана шектеліп қалмай, болмыстағы барша ұлылықты да көре алса оңды болар еді, бұл үшін оған алысты шолатын көрегендік пен өз ұстанымын әлсін-әлсін қайта қарап отыратын мазасыздық керек; сонда ғана өзгелерді соңына ертіп, өмір туралы толғануға, дүниенің сырын ұғынуға жетелей алады. Жазушы болу – іс жүзінде, өзіңнің түк білмейтініңді ұғынып, соны білуге деген құлшыныс қана!
Мен әдебиет әлемінің табалдырығынан аттаған кезде күнделікті өмір, қарапайым адамдардың тұрмыс-тіршілігі мен психологиясы тәрізді тақырыптарды ешкім елемейтін. Жазушы ерекше тұлғаларды өмірге әкеліп, әдеттен тыс жәйттерді көрсетуге тиіс болатын. Сондықтан олар оқыс әрекетке барудан тайынбайтын тәуекелшіл адамдарға қатысты сюжет іздеп шарқ ұрады. Ақыры сюжетті өмірдің өзінен алу керек, сирек кездесетін, іс жүзінде ешкім керек қылмайтын, көп ұзамай ұмытылып кететін ерекше оқиғаларды жанталасып іздегеннен гөрі күнделікті өмірге зер салған әлдеқайда артық деген ой біреудің басына келгенге дейін солай болып келді. Өмірде болып жатқан жәйттердің бәрі жазушы үшін материал бола алады, тек сол өмірмен жанды байланысқа түсе білуің керек.
Қазіргі кезде күнделікті өмірден алынған тақырыптар мен сюжеттердің бәсі артып, сыншылардың да, білімді азаматтардың да назарына ілігіп тұр. Қарапайым адамдар да кітап оқуға ықылас танытып, әдебиет пен өмірдің ара қашықтығы қысқара бастады. Өмір аяусыз қатал, бірақ өмір сүргенге жететін ештеңе жоқ!
Шынайы болмыс жазушының еңбек тәртібін қатаң ұстануын және қиялының жүйріктігін талап етеді. Өмірде еш мақсатсыз қалбалақтап жүре алмайсың; мәселе өз ойыңды жұрттың бәріне жайып салуда емес. Өмірдің өзі алдыңа тосқан толып жатқан міндеттердің арасынан, – өмір дегеніміз сол міндеттерден құралады, – алғаш қолыңа түскен әдеби шешімді ала салуға болмайды. Нақты өмірде алдыңнан шыққан мәселенің бір ғана шешімі дұрыс болып шығады, әдеби шығармада сол шешім табыла қалса халықтың басым көпшілігі оған дереу үн қосар еді. Сонда ғана ондаған мың адам авторды шын көңілімен қолдап, алғаусыз құрметтейтін болады. Жазушы болмыстың тереңіне бойлаған сайын оқырмандармен байланысы нығайып, олардың шынайы ризашылығын туғызады.
Адамның қоғамнан тыс өмір сүрмейтіні қандай жақсы! Кейде жұмысқа селқос кірісесің, қаламыңды қолыңа амалсыздан аласың, бірақ жұмысың сәтті шығады. Кім қыстады сені, не түртпектеді? Осы істі қолға алып, алдыңнан шыққан қиындықтарды жеңіп шығуға жетелеген не нәрсе? Әлде бұл жерде тылсым сыр, ертегідегі қазынадай тартып тұратын құпия бар ма? Кейде тұйыққа тірелесің, шығар жол жоқ, кенет соның шешімін түсіңде көресің, ал соны ояу кезіңде он ойланып, жүз толғансаң да таба алмай қойғансың. Содан кейін бәрі ретке келіп, қаламың жүйтки жөнеледі. Түсіңде түпсанаң көмекке келеді дейді. Ол қандай құдірет? Өз басыңнан өткен оқиғалардың сұлбасы ма әлде ата-бабаларыңның немесе замандастарыңның санасында сақталып қалған дайын тұрған шешім бе? Былай да болады: жас кезіңде жазғаныңды шолып отырып, ұзақ жылдық тәжірибе арқылы келетін тұжырым сол кезде қалай ойыма келді, қалай жаздым оны деп таң қаласың. Бірақ көптеген жағдайда шығармашылық жұмыс болашаққа бағытталады. Жазушының жұмысы сәтті болуы көп нәрсеге байланысты.
Міне, бастаған шығармаңды аяқтап шықтың, не туралы екенін білсе өзгелер де жаза алар еді соны, әйтеуір өздері солай дейді. Сөйтсең, бұл сенің ең үздік туындың екен! Ия, қаламыңды бір өзің емес, сенімен қабаттасып өзгелер де ұстап отырады. Сондықтан, азды-көпті сәтті шыққан шығарма атаулының бәрі бірлесе жұмыс істеудің нәтижесі.
Егер жазушы қоғамнан бөлек өмір сүріп, оқыстан пайда болған, аспаннан салбырап түскен әлдебір құбылыс болса, – оның шығармашылығына ешкім көңіл аудармас еді. Ал егер оның қандай да бір қадірі болса, бұл оның жалпақ жұрттың, қалың бұқараның арасынан шыққанының жемісі, жалпы халықтың өкілі болғанының арқасы; қаламгер неғұрлым табысты болып, қадірі арта түссе, соғұрлым көп адам жақын тартады. Ірі жазушының айтқаны – бүкіл адамзаттың сөзі.
Гауһар тастың ұсақ түйіршігінің құрылымы мен ірі кесегінің құрылымы бірдей, екеуі де заттарды сығымдай түсетін ауқымды қозғалыстың әсерінен пайда болған. Әдеби шығарманы өмірге әкелу барысында материалды мейлінше сығымдаудың маңыздылығы осында жатыр. Бірақ соған қалай қол жеткізуге болады?
«Күнделікті өмірдің жыршысы» кітап кемірген жаттампаздан да, «үлгілі шәкірттен» де өсіп шықпайды; олар көбінесе мұғалімді тыңдай бермейтін, күнделікті өмірдегі толып жатқан міндеттерді ойлаудан қолы босамайтын, қалтасы жол бойындағы күресіннен тауып алған неше түрлі заттарға толы шәкірттерден шығады, – «байыпты адамдар» ондай кәкір-шүкірді жерден көтеріп алуға арланады. Меніңше, жазушыны сипаттаудың озық үлгісін Ханс Кристиан Андерсен өзінің «Ақымақ Ханс» деген ертегісінде көрсеткен. Ханстың ақымақтарға тән әдеті болатын, – өзгелердің бәрі түкке тұрғысыз қоқыс деп есептейтін: жарылып кеткен ағаш шәркей, қарғаның өлексесі тәрізді ұсақ-түйек заттарға қайран қалып, шын көңілмен сүйсінеді, – осы әдеті оны ақыры жеңімпаз етіп шығарады. Әрине, оған ханшайым ретінде көрініс беретін өмірдің өзі көмектесті. Егер ол топас хатшылармен ғана жұмыс істесе, алысқа ұзай алмас еді. Адамзаттың алдындағы аса зор, бәлкім ең ауқымды жауапкершілік өзгеге емес, жазушыға жүктелгені тегін болмаса керек.
Аударған Нұрлан ҚАМИ





