Тотияйын тілді тарландар

ЖАУДАН СЕСКЕНБЕГЕН БАТЫРДЫҢ ЖАЛАҢАШ ӘЙЕЛДЕН ҚОРҚУЫ

Өмірде үрейленбейтін, қорықпайтын, жүрегіне жүн байлаған пенде болмайтын шығар. Батырлық, ерлік деген нәрсе адам баласына тән болса, қорқу, қауіптену де сондай болса керек. Кеңес одағының батыры Мәлік Ғабдуллиннің де майданда жүргенде есінен кетпестей иманы ұшқан бір оқиға болыпты.
Сонау соғыстың бір толас тапқан кезінде Мәлік қасына екі жауынгерін ертіп, монша іздеуге шығады. Бір деревняға барып, тас монша жақтырып, буға шабынып қайтуға беттейді. Содан үшеуі атқа шананы жегіп алып жүріп кетеді. Алты-жеті шақырым жүргеннен кейін бір деревняның шеткі үйіне енеді. Баспана жып-жылы, кереует, жиһаздардың бәрі тұр, бірақ үйде жан адам болмайды. Қыстың күні болғасын даладан тоңып келген бұлар адамдары келгенше жылына тұруды ойлайды. Арада біршама уақыт өтеді. «Қой, бұлар жуық арада келе қоймас, басқа бір үйге барайық» деп орындарынан тұра бергенде, пештің ішінен сыбырлаған дауыс естіледі. Үшеуі үрейленіп, жалт қарайды. Сол кезде пештің ішінен тырдай жалаңаш әрі үсті-басы қып-қызыл, шашы жалбыраған бір әйел шыға келеді. Оны көрген, Мәлік бастаған үшеуінің иманы ұшып кетеді. Жалма-жан қаруына жармасады. Мынау жынданған немесе пері шатыс бірдеме шығар деп ойлайды.
Әлгі әйел «Қорықпаңыздар», – дейді де, төргі бөлмеге кіріп кетеді. Бір заматта әйел киімдерін киіп, бұларға амандасады. Әбден үрейленген үшеуі мылтықтарын кезеніп, әйелден көз алмайды, ол марту, жезтырнақ сияқты тап берсе, сол бойда атып тастамақ.
Бірақ, әйел жайбарақат: «Қорықпаңыздар, жігіт деген әйелден қорқа ма екен?», – дейді. Жон арқасы мұздаған, әбден үрейленген үшеуі: «Сен кімсің, адамсың ба, әлде жын-перісің бе?», – дейді. Сонда әлгі әйел: «Адаммын, бағана мына пешті қыздыра жағып ем, жаңа соған түсіп шыққан бетім… Жақын маңда монша жоқ, сондықтан біз көбінесе осы пешті қыздырып монша етіп түсеміз, суын бөлек ысытамыз. Бұл пештің ішінде шабынуға да болады», – дейді.
Әйелдің бұл сөзіне сенімсіздік білдірген бір жауынгер пешті тексеріп шығады да, іші ыстық және ішіне күлін алғаннан соң, сабан төселген дейді.
Содан кейін барып жүректері орнына түскендей болады.
Мәлік Ғабдуллин кейіннен осы оқиғаны жолдастарына айта келіп: «Қан майданда, қырғын соғыста селт етпеген жүрегім мына жалаңаш әйелді көргенде шәйтан екен деп, зәре-иманым ұшты», – деп мойындаған екен.

«ӘЙ, ҒАБИДЕН ИТ, АТАҢА НӘЛЕТ, БАС АЯҒЫҢДЫ…»
Бір жолы атақты жазушы Ғабиден Мұстафин Алматы облысының Нарынқол ауданын аралайды. Жолшыбай Ленин атындағы колхозға барады. Кеңседе бухгалтер ғана отырады. Ол жазушыны танып, үйіне ертіп апарады. Обалы не керек, асты-үстіне түсіп күтеді. Кішкентай ұл баласын әкеліп таныстырады. Атын Ғабиден қойған екен. Мұстафин бұл ілтипатына сүйсініп, риза болып қалады.
Шай ішіп болғаннан кейін, қора жақтан айғайлаған дауыс шығады. Жазушы құлақ салса, үй иесінің дауысы. Баласының жер-жебіріне жетіп: «Әй, Ғабиден, әкеңнің аузын, атаңа нәлет, қаңғыған ит, бас аяғыңды жылдам. Бұл хайуанды жұмсағанша өзім баруым керек еді», – деп күйіне айғайлайды. Соның бәрін тыңдап, не дерін білмей, ұялғаннан екі беті қызарып, үйде үлкен Ғабиден отырады. Әлгі қылығында шаруасы жоқ, үй иесі бір қойды жетектеп әкеліп, Мұстафиннен бата сұрайды. Сонда Ғабекең әлгі жігітке қарап: «Ниетіңе рахмет, бірақ балаңа менің атымды бекер қойған екенсің, мені балаңа қосақтап боқтап, дымымды қоймағаның не, мұндай қорлықты өмірі бастан кешпеген едім», – деп ренжіген екен.

АСТА-ТӨК ДАСТАРХАННАН БЕЗГЕН ОРЫС ӘЙЕЛ…
Сонау 1941 жылы соғыстың алдында, Гурьев пен Қосшағыл арасына жол салынады деген хабар бүкіл республикаға тарайды. Әрбір аудан өз сыбағасын бөліп алып, «кім бұрын бітіреді?», – дегендей социалистік жарысқа шығады.
Осы игілікті шаруаны қолдауға республикадан Күләш Байсейітова бастаған бір топ артистер келеді. Әр ауданда төрт-бес күн болып, концерт қойып жүреді.
Қосшағылдың ұзына бойына киіз үйлер тігіліп, қой сойылып жатады. Кейде Жем бойына барып, кейде Мақатқа, кейде Доссорға барып ән шырқайды. Күләштің «Гәккуі», Қанабектің қоңыр сазды даусы, Ғарифолланың дауылды термесі, Үрияның аспанға атылған үні, Серғалидың әуені жұртты таң-тамаша етеді.
Елге әйгілі өнерлі топ Қосшағылға жақын, Жем өзенінің бойында концерт беріп жатқанда, мынадай бір қызық оқиға болады. Күләштің тобында бұрын қазақ ауылының маңынан жүрмеген, қазақ елін көрмеген орыс әйелі болады. Бұл өзі бухгалтерия жағында істейтін әйел болса керек.
Сол әйел Күләшқа арыз айтып, «мені Алматыға қайтарсаңыз екен!», – деп өтініш жасайды.
– Неге қайтасыз, әлде ауырып жүрсіз бе? – дейді Күләш.
– Жоқ, ауырғаным жоқ, аштан өлетін болдым, – депті.
– Қалай аштан өлесіз? Күнде жиылмайтын дастархан, семіз ет, тау-төбе бауырсақ, ірімшік пен құрт, саба-саба қымыз, қымыран, табақ-табақ қуырдақ, – десе:
– Соның көптігі ғой мені аштан өлтіретіні, – депті жыламсырап.
– Қалай көп астың ортасында аш қалып жүрсіз? – десе:
– Маған Қанабек ағай кейін ішкен-жегеніңнің бәріне ақша төлейсіз, – деді. Содан бері нәр татпайтын болдым. Оған төлесем айлығым тұрмақ, шашым жете ме?, – дейді.
Мұны естіп Күләш ішек-сілесі қатып күледі.
– Ойбай-ау, біздің Қанаш ойнап айтқан ғой. Бұлар дастархандағы асына ақша алмайды, жей беріңіз, – дейді. Қанабектің сөзіне әбден сеніп, үрейленіп қалған әйел мына молшылыққа әлі иланбай, басын шайқай беретін көрінеді.
– Мүмкін емес, күніне үйме-жүйме, астау-астау ет, нан, қаймақ, қуырдақ, шарап ішеміз. Сонда бұл ағыл-тегіл тамақтың бәрі су тегін болғаны ма?, – деп, ішегін тартып, таңырқапты.
Содан Күләш әлгі орыс әйелге қазақ халқының әдет-ғұрпын, дастарханы кең болатынын зорға түсіндірген екен.

Әр жерден теріп, дайындаған Жұмабай ҚҰЛ




ПІКІР ЖАЗУ