Ақылбек Шаяхмет. Дүбірлеткен даланы өмір өтіп барады

Белгілі ақын, жазушы, драматург, көсемсөзші-журналист Ақылбек Шаяхмет жетпіс жасқа толып отыр.
Махмұт Қашқари атындағы түркі әлеміне сіңірген еңбегі үшін халықаралық сыйлықтың, «Алаш» халықаралық әдеби сыйлығының лауреаты, Мұхаммед Хайдар  Дулати атындағы халықаралық әдеби сыйлықтың және тәуелсіз «Алтын қалам» сыйлығының иегері болған қаламгерді мерейтойымен құттықтап, оның жаңа жырларын оқырмандар назарына ұсынып отырмыз.

Редакция

Ғарышкер ойы

Ұшқанда алысқа,
Шыққанда ғарышқа
Қатты таң қалдым.
Биік таулардың
Онша биік емесін аңғардым.
Көп кісі көрмеген,
Сырын да білмеген
Ұшпаққа шықтым мен.
Терең теңіздің
Онша терең емесін ұқтым мен.
Жаныма ең ыстық
Не деген кеңістік?
Жұлдыздар аспанда асылған
Тарыдай шашылған.
Орны бар Айдың да, Күннің де,
Тіпті Жердің де
Құйттай шар екенін көрдім бе?!
Сонда мен кіммін?
Жетпейді түйсігім…
Дәнмін бе бір түйір?
Шегі жоқ, шеті жоқ ғаламда
Жаратқан не міндет жүктеді адамға?!
Сауалдың жауабын табу да тым қиын…
Бұл жайды ұқпасам,
Алланың көңілінен шықпасам,
Бағам да бір тиын.
Сарғайған жапырақ

Сап-сары қабірдің жанында
Қап-қара бір уыс топырақ…
Өмірге құлшынып,
Жас шыбық тұр шығып.
Бұтақта қалтырап жапырақ.
Жаз – жасыл, күз – сары,
қыста әппақ,
Түр-түсін өзгерткіш жапырақ
ақымақ.
Бұтақта мәңгілік тұрмайды
салбырап,
Суықта түседі саудырлап,
Өткенін аңсайды
Сұп-суық қара жер қойнында жатып ап.
Сауықты, сайранды күндері ойлаған
Басымнан ешқашан кетпес деп осы бақ.
Қарасаң үңіліп,
Үстіне қап-қара топырақ шашырап,
Жатыр ғой үгіліп
Бір кезде жап-жасыл,
Ал енді сап-сары, шіріген жапырақ.

Қолшатыр
(этюд)

Жауын шайып тазарған,
Айнадай боп жол жатыр.
Қайтты ма екен базардан,
Екеу кетіп барады,
Көтергені қолшатыр.

Көзбен шолып жан-жақты,
Келе жатыр еркесі,
Болар, сірә, салмақты,
Ер жігіттің қолында,
Азық-түлік сөмкесі.

Су ағады тағдырдың,
Тарам-тарам жолындай.
Өтіндегі жаңбырдың,
Қолшатыры әйелдің –
Өрмекшінің торындай.
Шар қайрақ

Болатын бізде шар қайрақ,
Қайраудан ол да талмайды-ақ,
«Қайратың аз ба?» – деуші еді,
«Қайрағым қайда?» – деуші еді,
Қалжыңбас ағам күнде ойнап,
Көңіл көліне шым бойлап.

Зырылдап тұрса шар қайрақ,
Беретін жеңгем бал қаймақ.
Шалғының жүзін жанитын,
Пышақты жазбай танитын,
Қайрақты бірде жоғалтып,
Қалғаны бар ғой сор қайнап.

Орақ та қалды қайраусыз,
Болғандай бейне жайлау сыз,
Жақсы көретін жеңгемнің,
Апыр-ай!
Жұрттан кем бе едің?
Бұзауы қалды байлаусыз,
Сиыры қалды айдаусыз.

Күндердің күні болғанда,
Табылды қайрақ сол маңда.
Болса да көне, қаралау,
Қолданған жанға жағады-ау.
Әйелі болса сүйкімді,
Еркек те тұрақ табады-ау.
Қимағанменен өңгеміз,
Келмеске кеткен жеңгеміз
Сипамас енді кекілді-ау.
Ерлерді баптап, қайрайтын,
Еркіне мүлдем қоймайтын,
Әйелдер қайрақ секілді-ау…

Экспромт

Келдім.
Сырын біліп үлгірместен
алыс пенен жақынның,
Жаттым. Тұрдым.Отырдым.
Сендім.
Не келеді қолынан бұл пақырдың?
Көрдім.
Арасында босаға мен төрдің,
Түсіндім бе қасиетін жердің,
Үдесінен шыға алдым ба елдің?
Қолда барды бердім.
Біраз жерге жеттім,
Енді не еттім?
Кеттім.
Кетпегенде қайтейін?
Тағдыр салды.
Көндім.
* * *
Жидек тердім сайда,
Көзді салдым Айға,
Мініп алып тайға,
Етпей мүлде қауіп,
Кетіп барам шауып.
Қайда?

Кімнен, неге қашам,
Емес көңіл босаң,
Аяқты аңдап басам.
Көз аңсаумен талған,
Қол жеткізер арман
Қашан?

Емес өмір оңай,
Ағарғанша самай,
Келер, кетер талай.
Теперіш те көрдім,
Бабын табам елдің
Қалай?
* * *
Қар жапқан шыңның басына шығып жаңа мен,
Биіктен төмен қарап ем.
Өзім де қатты таң қалдым,
Кісі екенін таныдым сонда мен әрең
Етекте қаптап, қыбырлап жүрген жандардың.

Содан соң төмен түскен соң,
Сағынып таудың самалын,
Бұлақтың суын
ішкен соң,
Жоғары жаққа
қарадым.
Биікте тұрған кісі ме, тас па, құс па, әлде?!
Ажырата алмадым…

* * *
Артқа қарасам
Тапталған қар жатыр.
Алға қарасам
Ұзақ жол жатыр.
Шегінбе!
Бөгелме!
Көз қорқақ, қол батыр…

* * *
Көрсетем деп қайратты,
Жай теректі жайратты.

Бұтақтары қырқылды,
Тамырлары жыртылды.

«Жер көгеру керек!» – деп
Құйды нөсер шелектеп.

Жапырақ жайып жақсы үміт,
Желкілдеді жас шыбық.

Ол да аспанға қарайды,
Жай түспеуін қалайды.

* * *
Жетіскен көңіл жоқ,
Ажалсыз өмір жоқ,
Шегінер жерің жоқ –
Тар.
Саспастан сөз баста,
Басы артық ой қоспа,
Алдыңа көз таста –
Жар.
Барлығы сатулы,
Ұмытқан татуды,
Қабақтар қатулы –
Қар.
Жақын қып алысты.
Туыс қып танысты,
Сақтайды намысты –
Ар.

* * *
Тудым.
Тырбандым еңбектеп,
Жүрдім
Жатқанда жер көктеп.
Білдім
Әр күнді жарық деп,
Сүрдім
Өмірді еңбек деп.
Бардым
Көп жерді көрмекке,
Қандым
Тұщы мен кермекке.
Салдым
Білім мен күшімді,
Алдым
Қорлық та, құрмет те.
Бердім
Барымды еліме,
Ердім
Дінім мен діліме.
Тердім
Ойлардың маржанын,
Сендім
Келешек күніме.

* * *
Осындағы
Адамдардың бей-берекет сөйлеген
Басындағы
Ми ма,
Қи ма деп ойлаймын кейде мен.
Жүр елімде
Тағы да бір
Жаны да кір ант ұрған,
Жүрегінде
Ет пе, қан ба,
Әлде ауа ма толтырған?!
Жүрсе де алда
Жүрек сасып,
Миы да ашып кетсе егер,
Адам бар ма
Ет сасыса тұзды аямай кеп себер…

* * *
Адалдан да арам,
Халалдан да арам,
Асылдан да масыл,
Жақсыдан да жаман
Неге, неге?
К-ө-ө-ө-ө-п!
Бұзықтарға кісен,
Асауларға тұсау,
Қырсықтарға құрсау
Неге, неге?
Ж-о-о-о-о-қ!

* * *
Туып тұр сұрау мың,
Тепсінген мынау кім?
Айдардан жел есті.

Ұят та жоқ онда,
Сасыған харамға
Толтырған өңешті.

Болса да жақсы аты,
Мұраты, мақсаты
Көмескі.

Қайдағы-жайдағы
Ойлары, байламы
Тым ескі.

Сөзіне сенетін,
Соңына еретін
Ессіз емеспін.

* * *
Дүбірлеткен даланы
Өмір өтіп барады,
Екі көзім –
Төрт.
Қабырғалар сығылса,
Жан алқымға тығылса,
Келер. Төнер.
Дерт.
Жанашырың қалмаса,
Жанған оттай лауласа,
Қаулар. Жалмар.
Өрт.
Атқан шақта
нұр-таңым,
Аман болсын ұрпағым!
Жаса! Жайна!
Серт!

* * *
Достарым көп пе,
дұшпаным көп пе,
білмедім…
Өзім де Қожанасырмын…
Айтам деп өкпе,
жақынды кейде
тілдедім,
Қаншама досты
қашырдым.

Көзіңе күліп,
сыртыңнан сені
сөз етер,
Өздері сүттей ақ болып.
Жан-жүйем іріп,
шекем де сонда тыз етер,
Құрулы қақпан
тап болып.

Жүрегім – жамау,
көңілдің тоны
шұрық тесік,
Шапаны сынды Алдардың.
Жан-жағым қамау,
кеткендей барлық
жұрт көшіп,
Осы ма сиқы жалғанның?

* * *
Айтқан сөзі,
Күлген көзі,
Жүрген жері лас.
Арам іші,
Кеуде тұсы –
Қатып қалған тас.
Жоқты бар қып,
Ізіңді аңдып,
Не демейді қас?!
Жөн десең де,
Көнбесең де,
Өмір осы – рас!

* * *
Бұл не ғажап, жерде осы
Орнаған ба басқа әлем?
Қыбырлаған пендесі
Соқыр.Мылқау.Таскерең.

Болса да өмір тепкісі,
Көрсетесіз төзім сіз.
Топырлаған көп кісі
Мисыз, ойсыз, сезімсіз.

Кеш дейтұғын кеш емес,
Ерте дейтін ерте емес.
Жыбырлаған
көп көмеш
Кесір, қисық, кеңкелес.

Бармағыңды тістейсің,
Көп олардың жақтасы.
Солай болса не істейсің
Басшы.Қосшы.Бақташы.

* * *
Минуттар желіп,
Секундтар еріп,
Күндерің кеміп, жылатып,
Желкеңе келіп
Тұрады төніп
Таусылмас демі уақыт.

Айдаған сені
Тағдырдың желі
Кетуі мүмкін құлатып,
Жайқалған бақты,
Жайдары шақты
Алмайсың қайта сұратып.
Бірде шөл қанбай,
Кейде жол болмай,
Бағыңды мұңға сынатып,
Бақытты күнің,
Жазылған жырың
Жүректе тұрар гүл атып.

* * *
Көк күмбезін қас қылғандай,
Алып қанат бүркеді.
Күн шуағын кешке қарай
Қараңғылық сүртеді.

Айды көріп бойы жылып,
Тағы жарық тосқанда,
Түн қойнынан жұлдыз шығып,
Шашырайды аспанға.

Көп ұзамай түн де өтеді,
Көзіңді ашып-жапқанша.
Тіршілікке не жетеді,
Атар таңың көп болса.

Көкжиекті бояйды енді
Түрлі түспен таңғы арай.
Түнді түріп күн келеді
Жаңа піскен алмадай.

Пікір қалдыру