АБАЙ ЕЛІНІҢ АБЫЗЫ (Деректі хикая)

Кәмен Оразалинн — 100 жас!

Кәмен аға! «Қазақтың ең қасиетті рухани төрінде азуы түскенше абыздықтың, адамгершіліктің, ел тілегін бірге тілесіп, ел мұңын бірге мұңдасып батагөй Абыз ата-ақсақалдықтың туын көтеріп келе жатқан тұрлаулы тағдырыңыз халқыңыздың қай ықылас, қай құрметіне де лайық».
Әбіш Кекілбаев

«Қадірлі ұстаз, сіз бізден әдебиет әлемінде таза болуды талап еттіңіз. Өзіңіз де туған әдебиетіңіздің алдында кіршіксіз таза да, адал да едіңіз……Жүрегі жаралы болса да, сіз тірлікте адамдығын, кісілігін, мәрттігін жоғалтпаған, асыл ұстазсыз!».
Роллан Сейсенбаев

Анықтама:
Кәмен Оразалин 1920 жылы маусым айында бұрынғы Семей облысы, Абай ауданының Қылышбек жайлауында дүниеге келді. 1939 жылы Семейдегі №11 орта мектепті, 1947 жылы Семейдің педагогикалық институтын қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Фин, Ұлы Отан соғысына қатынасып, үш рет ауыр жараланған. Жауынгерлік ерлігі үшін 22 жасында «1 дәрежелі Отан соғысы», «3 дәрежелі Даңқ» ордендерімен марапатталған. Бейбітшілік заманда «Октябрь революциясы», «Парасат» ордендерімен қоса 14 медальға, 4 рет ҚССР Жоғарғы Кеңесінің Құрмет грамотасына ие болды. «Қазақстанның Еңбек сіңірген мұғалімі», «Абай ауданының құрметті азаматы», «Абай ауылының ХХ ғасыр тұлғасы» атақтары берілген. «Жексен», «Ақжазық», «Көктем салқыны», «Абайдан соң» (4 кітап), «Абайдан соңғы арыстар» (3 кітап), «Абай ауылына саяхат» атты романдары мен деректі әңгімелері, көптеген мақала, очерктері жарық көрді. 2008 жылы дүниеден өтіп, Шыңғыстауда жерленді.
– 1 –

Ол – менің немере ағам, әкем Шәріптің ең кіші інісі еді. Өзінен үлкен төрт ағасы мен жеңгелері, жамағайын туыстар еркелетіп, Кенже атандырды. Барлық іні-қарындастары Кенже аға дейтінбіз. Бізбен тай-құлындай тебісіп, бірге оқып, бірге өскен кейбір балалардың «Кенже аға» дегені тіпті, жарасып тұратын. Ал алдыңда сабақ алған мыңдаған оқушылары қай қиырда жүріп, қандай биікке көтерілсе де, қартайып, ата сақалы аузына түскендері де ол кісіні көргенде, атын атамай, «мұғалім» деуші еді. Мұғалім! Бұл қасиетті лауазым оның есіміне жалғасып мәңгілікке қалды.
Кәмен – өзінің табиғи дарынымен талайды таңдандырған адам. Ол 1928 жылы әкесіне еріп, Қылышбек жайлауына барғанда ұлы ойшыл Шәкәрімді көреді. Оразалы мен Шәкәрім ежелден дос, сырлас адамдар еді. Сегіз жасар баланың домбырамен әндетіп, «Қалқаман-Мамыр» мен «Еңлік-Кебекті» жаңылмай, жатқа айтқанына, ұлы ақын риза болып, батасын беріпті. Ал 1943 жылы Мұхтар Әуезов 23 жасар Кәмен туралы: «Әкесінен көп сөз естіп, көп тоқыған баласы Кәмен. Мұның өзі оқыған, өзі жазушы… Әкесі білген әңгіменің көбін зор ынтамен айтады», – деп сүйсіне жазды. Шын мәнінде Кенже ағамыз ежелгі дала жырауларындай ғажайып зерденің иесі еді. Ол Абай өлеңдері мен қара сөздерін бүге-шігесіне дейін жадында сақтаған. «Абай жолы» романының төрт томынан кез келген тарауды мүлтіксіз жатқа айта беретін. Оған қоса елден естіген жүздеген оқиға, әңгімелерді ұмытпай, көкейінде сақтады. Бұндай сирек қабілет иесін бұрын-соңды кездестірген емеспін.
Мен өмірде талай ұлы адамдарды көріп, дидарластым. Солар туралы эссе, зерттеу еңбектерін жаздым. Тірлікте қасыңда жүрген аяулы адамның қадір-қасиетіне кейде мән беріп, бағалай да бермейсің. Олар өмірден озған соң көңілің құлазып, сағынатын кез болады. Кенже ағам ет жақын туысым ғана емес, рухани ағам, сыйласқан, сырласқан, кейде дауласқан, баға жетпес ақылшы досым еді. Сондықтан төмендегі жазбаларда ол туралы адал, шын, көзбен көрген, көргендерден естіп, көңілім сенген нақты оқиғаларды жазуға тырыстым.

– 2–

1932 жылғы тамыз айының соңында, Құндыздыдан шыққалы үшінші күні, таң атып, айнала жарықтала берген шақта олар табандары ойылып, Өкпетіден бергі жазықта, көзге түспес үшін, бұқпантайлап жүргеннен белдері талып, әзірейілдей көрінген Тошаладан өтіп, бұзау өрісі жердегі қалың қарағанның орта тұсындағы көгалды алаңқайға жетіп жығылған. Төбелерінен түспесе бұл жерден ешкім таба алмас. Жаяулап келе жатқан үшеудің бірі – он бір жастағы, аяқ-қолы шидей, денесі қалақтай аққұба өңді бала алаңқайға жеткен соң ғана жас келіншектің арқасынан сырғып жерге түсті. Жалаң табанына шөгір кірген бе, кім білсін, бірден көгалға отыра кетіп, аяғын сипалай бастады. Үшеудің басшысы – Шәріп, бойы ортадан биіктеу, жалпақ жауырынды, қайратты қоңыр шашы илікпей, кең маңдайынан бастап, әр талы найзадай тікірейіп өскен, жиырма төрт жастағы жігіт иығындағы аузы буылған салмақты қап-шықты жерге солқ еткізіп тастай берді.
– Әй, Күлән, – деді ол қыр мұрынды, ашық жүзді, келбетті жас келіншекке. – Алдымен бой жазып, аяғымызды суытайық. Жан-жағымызды барлаған соң, кезек-кезек ұйықтап алармыз.
– Жарайды, – деп келісті әйел. – Кенжемнің аяғындағы шәркейінің табаны түсіп қалыпты. Жалаң аяқ тасырқап жүре алмай келеді. Қазір соны тігемін.
Шәріп орнынан тұрып, биік қарағанның арасынан маңайды шолды. Арт жақта өздері кеше түнде өткен Өкпеті мен Ақшатаудың бел омыртқасындай иіліп Сарыжомарт жатыр. Жорғалаған тышқан көрінетін көде мен селеуден басқа қылтанақ өспейтін сары белге түн қараңғысында жеткен. Айналасы он шақырымдай жерден елеусіз өту үшін Өкпетінің беткейіндегі тобылғы, қараған, шилеуітті сағалап, жиырма шақырым жер жүрді. Соның өзінде қуғыншылардың қолына түсе жаздады. Әбден әккіленіп алған олар да қашқындардың жолын білетін сияқты. Әйтеуір, дес бергенде, бір түп тобылғының түбінде қояндай бұғып жатқан үшеуін түн қараңғылығында байқамады. Егерде қолға түссе «Колхоздан қашқан сұмырай», «контр», «Кеңес үкіметінің қас жауы» деп бар пәлені үйіп-төгері сөзсіз. Осыдан бір апта бұрын аштан бұратылып, алды өле бастаған колхозшылардың жағдайын айтпақ болған Шәріпті ауыл кеңестің бастығы үлкен Кәдір, есепші кіші Кәдір мен олардың атқосшысы Бәкір үшеуі жабылып сабамақшы болған. Қарулы Шәріп оларға бой бермей екі Кәдірді де ұрып жығыпты. «Кеңес үкіметінің өкіліне қол жұмсады» деп байбаламдаған екеуін колхоз бастығы Құлатай да қолдайды. Бірақ ауданнан келген өкілдің ақылы болса керек «Бір адам үш адамды сабады» дегенге кім сенеді, масқара боласыңдар деп тоқтатыпты. Содан бері олар Шәріпті қырына алған. Шәріп Оразалыұлы болса осыдан екі жыл бұрын он жеті жасар жас жұбайы Күләнді жетектеп, Аягөздегі ет комбинатындағы беделді жұмысын тастап, туған ауылындағы колхозға мүше болып кірді. Туып-өскен жері, кәрі әке-шешесі, ағайын-туыс та осында. Бірақ жолы болмады. Аш қасқырдай жалақтаған белсенділер жас жұмысшыдан сескенді ме, сыныққа сылтау іздей берді. Ел ішін аш-арықтар, қашқындар, жоқшылықтан ауған адамдар кеулеп кетті. Күн көріс қиындай түсті. Бірде түн ортасында Оразалы барлық балаларын жинап:
– Қарақтарым, – деді ұзақ ойланып. – Заман қиындап барады. Жетістірем деген кедейлер өкіметінің өзі халыққа жаудай тиді. Малын тартып алған соң, ел ішіне аштық кірді. Бәріміз үймелеп туған жерде отырғаннан мән кетті.
Ол кейіген жүзбен төмен қарады.
– Амал қанша, өлместің күнін ойламасақ болмайды. Балаларымның ішіндегі еті тірісі, бәрімізге тірек болар дегенім сен едің, Шәріп. Ауылға қайт-қаныңа қуанғанмын. Енді ойым өзгерді. Аңдыған жау саған қастандық жасамай тынбайды. Сондықтан ертең түннен қалмай келінмен бірге Аягөзге кет. Қастарыңа Кәменді қосып беремін. Оқуға талабы бар. Күні бойы құлағы қалқайып Абайдың сөздерін жаттайды. Ел сөзіне де – құйма құлақ. Білім қуса бірдеңе шыға ма деп үміттенем.
Ол шешесі Нұржанның етегіне оралып, еркелеп жатқан қалақтай ақсары балаға мейірлене бір қарады да:
– Қазір Абайды қаралаушы, Шәкәрімді қудалаушылар көбейді. Сендер оған сенбеңдер. Кешегі жүз жасаған аталарың Нәдір өмір бойы Құнекеңді сыйлап өткен. Менің әкем Тайсеміз Абай осы ауылға болыс болғанда жанына ерген сенімді адамы еді. Ал мына отырған шешелерің Нұржанның немере ағасы Уәйіс Сұпы Көшбикедегі дүрбелеңде Абайды сабамақ болған содырлардан қорғап, басын өлімге тігіп, денесімен жапқаны аян. Ендеше біз Абай әулетінен неге бой тартамыз. Әруағына сыйынып жүріңдер.
Түннің біраз уақыты өтсе де әкелерін алқа қотан қоршаған бес ұлы мен екі келіні үнсіз тыңдауда.
– Жол азыққа ана шидің арасына тығып ұстаған жалғыз тоқтыны сойып, терісіне дейін үйтіп алыңдар. Шешелерің азын-аулақ құрт берер. Біз елде отырмыз ғой. Қолдағы бар екі саулықтың сүтін талғажу етеміз. Өздерің аман жетіп, жұмыс тапқан соң қалған аға-інілеріңе де пана бол. Ал, қарақтарым, Шәріп, Күлән, жолдарың болсын! – деді.
Сол күннің кешінде Шыңғыстың бөктерін сағалап жүріп кеткен.
Шәріп назарын Тошала жаққа аударды. Бұл бір кесапатты жер. Арлы-берлі өткен босқындардың тамақтарын тартып алып, қарсыласқандарын өлтіріп, тіпті, кісі етін жейтін көрінеді деген қауесет тарағалы ол маңайға жергілікті адамдардың өзі бармайды. Осыдан бірер жыл бұрын жоғары жақтағы тау іргесінен «Ақшатау» колхозы құрылған. Тошала соның бір бөлімшесі болатын. Қазір «байтал түгіл бас қайғы» болған заманда ол қаңырап бос қалып, қарақшылар мен қашқан-пысқанның мекеніне айналыпты. Шәріп мойнын сәл созып, кешке жүретін бағытын болжады. Аягөзге дейін әлі қырық-елу шақырым жер бар. Екі күндік жол.
Осы сәтте шар еткен баланың ащы даусы шықты да қарағанның арасымен үкідей ұшып келе жатқан інісі көрінді.
– Аға, аға…– деп тұтыққан баланың өңі боп-боз болып кетіпті.
– Не болды?
– Ана жерде… екі адам…
Кәмен әлгібір әзірде отқа жағатын құрғақ шөпшік іздеуге кеткен. Шошынған күйі ағасының бауырына кіріп, дір-дір етеді. Шәріп жалма-жан қап- шықтағы ұзын сапты лөкет пышағын суырып алды. Кезінде ет комбинатында мал союға берген, жүзі лыпылдап тұр екен. Күлән лезде заттарын жинап, үшеуі бір уыс болып ұйысып, тына қалды. Ешбір дыбыс естілмеді. Аздан соң Шәріп бойын жинап, қаруын серт ұстап, үшеуі ажырамай, бала көрсеткенжерге келді. Екі адамның бірі шалқасынан жатыр. Екіншісі оған төнген қалпында тізерлеп отыр. Дыбыс беріп еді, селт еткен жоқ. Таяп келіп, тағы дыбыстады, екеуі де үн қатпады. Таяған сайын әлдебір қоңырсық иіс кеулей бастады. Сонда барып бұлардың өлік екенін түсінді. Тізерлеп отырған адамның бір қолы жатқанның кеңірдегіне қарысып қалыпты. Ал жатқанның бір қолында пышақ, екінші қолында бір күлше нан бар. Екеуі осы нанға таласып, өлген сияқты.
Шәріп әйелі мен інісін орындарына қайтарды да, өзі өліктерді жерлеуге кірісті.
Қатты шошынса керек, Кәменнен маза кетті. Денесі күйіп-жанып барады. Жеңгесі бәйек болып, шәугімге асқан бір жапырақ еті мен сорпасын түгелдей қайнысының аузына тосты, басын шәлісімен орап, ағасының кеудешесін үстіне жапты. Бүгін қалайда мына қарғыс атқан жерден кетпесе, тағы бір пәлеге жолығуы мүмкін, сондықтан Күлән баланың тез жазылуын тілейді.
Кәмен ұйқылы-ояу сандырақтай бастады. Көз алдына тау болып үйілген адамның қураған бастары елестейді. Олардың бірі күліп, бірі жылайтын сияқты. Осы көктемде Қарауыл мектеп-интернатында бесінші класта оқитын үш бала Жидебайдағы Абай атасының зиратына барып әруағына сыйынып қайтпақшы болғаны ойына оралады. Аштан бұратылып, жалаң аяқтарын қияқ кесіп Жидейбайға жете бере биік өскен түп-түп шидің арасында аштан өлген адамдардың ақ жем болған сүйектері кездескені, ал төрт құлақты бейіттің ашық жатқан тақтай есігінен кірмекші болғанда Абай мен Оспан қабірінің бас жағында, шамасы туысқан адамдар болса керек, бір-біріне сүйеніп отырған қалпы өлген үш адамнан жан ұшыра шошынғаны елестейді. Бұл бейбақтар да аталарынан медет тілеп, қыста келіп моланы паналаған сияқты, қатқан денелері көктем шуағымен енді жіпси бастапты. Үшеуі қорқа-қорқа ішке кіріп, аталарының аяқ жағына отырып, білген құрандарын ұзақ оқыды, әрқайсысы іштей үгітіліп Алладан, Абай атасының әруағынан «тірі қалсақ» деп тілейді, балалық армандарын айтады. Кәмен тағы бір талықсып кеткен шақта жаңағы қарағанның түбінде бірін-бірі өлтірген екеу тіріліп, Жидебай маңындағы бейбақтармен бірігіп алақандарын жайып,бұлардан қапшықтағы тамағын сұрайтын сияқтанады. Қатты шошынған бала көп ұзамай қан-сорпасы шығып терледі де, қалың ұйқыға кетті. Құдай дес бергенде, күн батардың алдында ғана сергіп көзін ашты… Ағасы барлық жүкті жиып, теріп иығына асып, жеңгесі буынын баса алмай тәлтіректеген қайнысын арқалап, үшеуі бұқпантайлап жолға шықты…
Аягөзге жетісімен олардың айы оңынан туды. Ет комбинатының басшылары Шәріпті байырғы жұмысшы ретінде өзі істеген мал соятын цехқа қабылдап, жаңадан салынып біткен, ішекше шұбатылған жатаған барақтан бір бөлмелі үй берді. Бұл дегеніңіз 1932 жылғы ашаршылықта ұшбаққа шыққанмен бірдей еді.
Қырда өскен Кәменнің көзіне Аягөз ғажайып қала болып көрінді. Тез әсерленетін қиялшыл бала темір жол бойымен әрлі-берлі ағылып жататын, ұбақ-шұбақ вагондарға, түтіні будақтап таңғы, кейде түнгі даланы жаңғырықтырып қышқыратын паравозға, Аягөз өзенінің үстінен салынған темір көпірге, қос қабатты үйлер мен бәрінен бойы озып, қаланың ортасында шөгіп жатқан алып пілдей дөңкиген депоға таңырқай қарайтын. Қала тұрғындары да біртүрлі мазасыз, абыр-сабыр, әлденеге асығып бара жатқандай. Ол барақта тұратын өзге ұлттың балаларымен тез танысып, достасып, көп ұзамай кітап оқуға жетілді.
Тұрмысы өте ауыр, ашаршылыққа ұшыраған Тарбағатай, Шұбартау, Шыңғыстау елінің Аягөзге жан себілмен жеткендері бір жапырақ нан үшін кез келген жұмысқа әзір болатын. Бұл кезде мал сою цехының бастығы дәрежесіне жеткен ағасы Шәріп қолынан келгенінше олардың бірін күзетші, бірін аула сыпырушы, енді бірін ішек-қарын тазалайтын орынға қара жұмысқа алып, жанын сақтауға көмектесті. Жұмыс табылмаған аш-арықтар комбинатты қоршаған биік дуалдың түбінде бұратылып әркімге көз сүзіп, тіленіп жатады. Қарауға дәтің шыдамайды. Бірде Шәріп жұмысқа кетер алдында ойнап жүрген Кәменді жанына шақырып:
– Бүгін халықтан тәркіленген ірі қара малды союға әкеледі. Сен білдіртпей барып, ана аш адамдарға ескерт. Түс ауа дуалдың астынан ағатын арықтың аузын тоссын. Бәрі топырламай, кезекпен келсін. Бір апталық нәпақа тауып қалар, – деді. – Басқа амалым қалмады, біліп қалса мен де құримын, аштарды да қуып тастайды. Өте сақ болсын.
Көп ұзамай мал сою цехына жүзден аса сиырды айдап әкелді. Кәменді әуестік жеңіп, арықтың аузына барған еді. Қан-жыны аралас жуынды сумен ағып келе жатқан ішек-қарын, іш май, турамшы еттерді көрді. Дуалдың маңайында жатқан қырық-елу аш адамда ес қалмады. Кешке үйге келген ағасы:
– Бір малды сойып, аштарға көмектесейік деп бастықтарға жалынып көрдім, бірақ діні, ниеті бөлек адамдар екен «Мәскеуге баратын ет» деп маңына жуытпады. Сорлыларға көмектесетін басқа жол таппадым. Бұл ұрлық емес, өз малдары ғой, өкімет тартып алған, – деді күйініп. – Әйтпесе, намысшыл қазақ қашан тіленші болып еді.
Ол осылай мал сою науқаны аяқталғанша бір қауым елді аштықтан аман алып қалды. Кәмен ағасын ерекше құрметтейтін. Беліндегі жалпақ қайыс белбеуінің екі жағындағы ілгішекте мал соятын алты-жеті пышақтың қыны жалт-жұлт етіп салақтап тұратын. Оның Ырғызбай, Кеншінбай сияқты жұмысшы достары да бес қаруын асынған жаугершілік заманның батырлары сияқты айбынды жүруші еді. Олар қатар келе жатқанда Аягөздің бірде-бір бұзақысы беттемей, тайқып кететінін талай көрді. Ал ол кезде Аягөздің маңайында қашқан-пысқандар, аштық қуып келгендер, арлы-берлі ағылған пойыздан түсіп қалған шпаналар, ұры-қарылар жыртылып айрылатын. Олар жаз күндері ет комбинаты мен қаланың арасындағы үш-төрт шақырым ашық даладағы сай-сайды, жыраларды паналап, өткен-кеткендерді тонаушы еді. Бірде мектептен келе жатқан Кәмен де солардың қолына түсіп, оңбай таяқ жегені бар. Сонда ағасы жұмыстан шығысымен достарын ертіп алып, бұзақылардың ордасына барып, бықпырт тигендей сабап, қуып тастағанын бүкіл қала аңыз қылып айтып жүрді.
Аягөзде оқыған жылдары Кәмен тез есейді. Ол өмірдің ащысы мен тұщысын, адамдардың қатыгездігі мен мейірбанын, туыстықтың жан қысылған шақтағы қадір-қасиетін, тіршіліктің құбылмалы сәттерін жас та болса терең түсінді. Осындай қиын-қыстау шақтағы адамдардың мінез-құлқын, іс-әрекетін, адамдық болмысын таныды. Өзі орыс тілін еркін меңгеріп, Пушкинді, Тургеневті оқуға жарап қалды.
Ағасы Шәріп сауатсыздықты жоятын курсты ғана бітіргеніне қарамастан алғырлығы мен еңбекшілдігінің арқасында қатарынан озып, қарапайым жұмысшыдан комбинат директорының орынбасарлығына көтерілді. Сол кез-де оған Семей облысында алғашқылардың қатарында «КСРО тамақ өнеркәсібінің үздігі» атағы берілді. Бұл марапат «КСРО-ның құрметті теміржолшысы», «КСРО-ның құрметті мұғалімі» атағымен тең болатын. Көп ұзамай Шәріп Оразалыұлы Семей қаласында жаңадан салынып біткен КСРО-дағы алып кәсіпорын – Ет комбинатына ұзақ мерзімді іс-сапарға жіберілді. Міне, сол сапарда ол жеткіншек інісі Кәменді ала кетіп, Жаңа Семейдегі мектептің интернатына орналастырады. Туысынан ұғымтал, құйма құлақ жаратылған бала-шәкірт мектепті үздік оқумен бірге Абай туындыларын түгелдей жатқа біледі. Әкесінен, ел ақсақалдарынан Абай, Шәкәрім, Мұхтар туралы әңгімелерді, Шыңғыстау өңірінің сан қилы аңыздарын зердесінде сақтайды.
Кәмен сұңғақ бойлы, сымбатты, аққұба өңінен зиялылықтың нұры танылатын, қайсар мінезді жігіт болып өсті. Ол мектептің соңғы класында қаланың қоғамдық жұмыстарына белсене араласып, домбыра тартып, ән салатын, құрбыларына арнап табан астында өлең де шығаратын. Оның алғашқы жырлары 1938 жылдан бастап облыстық «Екпінді» газетінде үздіксіз жарияланады.

– 3 –

1939 жылы Кәмен Оразалин Семейдегі №11 орта мектепті үздік бітірді. Бұл кезде ашаршылық пен қуғын-сүргіннен әбден тұралаған ел ептеп есін жиып, бойын тіктей бастаған шақ еді. Кеңестік идеология, ең алдымен, жастардың ойын билеп, өз артықшылығын насихаттап, «Отанды, елді сүю» деген қағиданы алға шығарып, соғыс өртін өршітуші капиталистік елдердің арам ниетін әшкерелеуге бет қойған. Кәмен де – өз заманының ұланы. Жоқтық пен ашаршылықты көп көрген жас азамат күнде насихатталып, санасына сіңген жарқын болашаққа ұмтылмай ма? Ол да өз қатарластарынан қалыспай жоғары оқу орнына түсіп, білім алып, халқына қызмет еткісі келеді. Бірақ жан-жақтан қоршаған қорқау күштер Совет елін тұншықтырып, нұрлы болашағына балта шаппақ. Туған елді, Отанды кім қорғайды? Ал көкірегін өлең кернеген арманшыл жас ақын бұндайда тыным табар ма? Ол мектепті бітірер-бітірместен Қызыл Армия қатарына алынып, кіші командирлер әзірлейтін курсқа бекітіледі. Заманында бұл қадам ерекше қастерлі болатын. Қызыл Армия жастарды отаншылдыққа, темірдей тәртіпке баулумен қоса санасын билеп, тәнін шынықтыруға барынша күш салып, қара бұлттай төніп келе жатқан соғысқа қарсы әзірледі.
Кәмен Сібірдегі әскери округке жүрердің алдында әке-шешесімен қош-тасып келуге комиссариаттан рұқсат алады.
– Барар жерің шалғай екен, кешікпей, уақытында келуге серт ет, – дейді олар. Кәмен уәдесін береді.
Соңғы бірнеше жыл оқу соңында жүріп, елін, ата-анасын сағынса да оларды көріп, мауқын басқан соң Кәмен қалаға тез қайтады. Ауылдастары, Шыңғыстың бір қиырында жатқан «Жаңа Еңбек» колхозының ауданға мәлімет таситын, аяқ артар, жалғыз күш көлігі – ұзын сирақ, мойны құрықтай, тыриған арық түйесі – «Егеубай атан» мен колхоз бастығының тақымында жүрген жирен қасқа айғырды жас сарбазды қалаға жеткізуге береді. Бұл – үлкен құрмет еді. Жол алыс, сапар – тығыз. Жолаушыны аман апарып, көлікті кері алып қайтуға сенімді серік керек. Ол жұмыс Төлеуқан ақсақалға жүктеледі.
Төкең – өз ортасында аты шулы адам. Ер мінезді, жаужүрек кісі. Кезінде бандалармен соғысқан, ауылдағы тұңғыш болшебек. «Болшебек тайдан қорқа ма?» – деп алпыстан асқанында асау үйретпек болып, мертіккені ел аузында. Бірақ шоқша сақалды, тоқпақтай ғана сары кісі ештеңеден қаймықпайтын, білекті сыбанып тастап, кез келген шаруаға кірісе беретін.
Сол Төкең екеуі Жаңа Семейге уақытында жетсе де Ертіс өзені мезгілінен бұрын түсіп кетіп, үш күннен бері дәу-дәу сеңдер жөңкіліп, қорғасындай суық судың толқыны көбік атып жатыр екен. Арғы жаққа шығатын басқа өткел жоқ. Тасқын басылмай паром да жүрмейді. Ал әскери комиссариатқа ертеңгі түс ауа жетуі керек. Уәде берді ғой. Кәменнің есі шығады.Осы кезде жағалауда не істерін білмей теңселіп жүрген Төкең:
– Әй, Кәмен, ер соңымнан! – деп саңқ етті. Өзі алды-артына қарамай жағалаумен жоғары өрлеп барады. Екі шақырымдай жүрген соң жадағайлау жиекке тоқтап, жан-жағына көз жіберді.
– Осы жерден ана аралға дейін, төтелей тартса, қанша жер?
– Өзеннің ені бір шақырымға таяп қалар.
– Ал осы жерден аралдың төменгі етегіне дейін қанша?
– Үш-төрт шақырым болар.
– Болды! Бүгін айғыр мен түйені тынықтырып, ертең сәске түсте өзеннен өтеміз. Оған дейін ағылған сең де сирей бастар.
Кәмен не айтарын білмей сасқалақтап қалды. Беті сабырлы көрінгенімен Ертістің астында сантүрлі ағыстар өзара тақайласып, ойраны шығып жататын. Талай адамның басын жұтқан қорғасын толқындар ғой. Бұл қатерден бас тартуға алды тар, берген серті бар, амал жоқ.
Ертеңінде Төкең артық-ауыс жүктерді Жаңа Семейде қалдырып, «Егеубай атанның» қомын, жирен айғырдың ер-тұрманын ұзақ тексеріп, айтқан уақытта өзенге түсті. Өзі түйеге, Кәмен айғырға мінді. Кәмен шылбырын Төкеңе ұстатып, түйенің ығында жүзуі керек. Билік Төкеңде.
– Төке-ау, айғыр мен түйеміз суда жүзуді білуші ме еді? – деді Кәмен үрейлі жүзін жасырып.
– Шыңғыстаудың тау-тасында қайдағы су, білмесе енді үйренеді де.
Екеуінің әңгімесі аяқталмай-ақ, оларды қуатты толқын үйіріп әкетті. Алғашқыда «Егеубай атан» құрықтай мойнын созып, ұзын аяқтары су астындағы тастарды тіреніш етіп, өзеннің ортасына еркін жетті. Жан беру оңай ма, шошынған жирен айғыр түйенің бауырына кіріп, кісінеген еді, Төкең шылбырын қатты тартып, ақырып жіберді. Есті мал екен есін тез жинап, түйемен селбісіп, өлместің қамын іздеді. Бұлар ағыстың ығымен аралды бетке алып жүзіп келеді. Қатерлі сәт өзеннің орта тұсынан басталды. Суы терең әрі тастай суық. Кесек-кесек мұз түйені бүйірінен соға бастады. Төкең басына істік қадаған ұзын сойылымен таяп қалған сеңнің бетін бұрып арпалысады. Бұл кезде Кәмен де ес жиып, жиреннің тізгінін берік ұстап, қолындағы ұзын сырықпен сеңді итеріп, Төкеңе көмектесе бастады. Армандай болған арал, біресе, жақындап, біресе, әулекі толқын оларды қақпайлап жағалаудан алыстатып әкетеді. Қалайда аралдың жағасына жету керек. Егер одан ағыспен өтіп кетсе, тасыған судың арнасы екі есе кеңіп, күші сарқылған жүргіншілерді ессіз толқын жұтып қоюуы ықтимал. Оны жолаушылар да, жануарлар да сезген сияқты.
Төкең астындағы «Егеубай атанды» тайлақ кезінен біледі. Колхозды бірге құрысқан сыралғы достар емес пе, жануар үстінде қалбиып отырған тоқпақтай сары шалдың қозы көш жерден естілетін ақырған даусы шыққан сайын одан күш алып, жағаға өршелене ұмтылады. Осы кезде ұзындығы төрт-бес метр сеңнің таяп қалғанын Кәмен бірінші көрді. Егер оған бетпе-бет жолықса тапап өтері сөзсіз. Төкең аңғарар емес. Кәмен жанұшырып «Егеубай атанның» бұйдасына жармасып, оның бағытын әрең бұрып үлгерді. Сең бүйірден соғып, бұларды жағалаудан бірталай қашықтатып кетті. Олар өзеннің ортасына қарай ығысқандықтан судың ағысы күшейіп, ірі-ірі сеңдер әзірейілдей төніп келеді. Аралдың жағалауы сүйірленіп таусылуға аз-ақ қалған. Астындағы жирен айғырдың басы ғана қылтиып көрінеді, ал Егеубай атан мойнын созып, жағалауға ұмтылады. Осы кезде үлкендігі киіз үйдің орнындай алып сең таяп қалған еді. Кәмен қас пен көздің арасында төніп келген мұздың үстіне қалай қарғып шыққанын, қолындағы сырықпен түйе мен атты бар күшімен жағалауға қалай итергенін еміс-еміс біледі. Төлеухан атасы әлденені нұсқап айқайлап жатыр. Ол ес жиып, көз тоқтатқанда – Егеубай атанның табаны жерге тисе керек, жирен қасқа айғырды сүйреген бойы жағалауға тырмысып барады екен. Ал өзі үстінде тұрған алып сең су астындағы құмға, әлде жақпар тасқа қайырлады ма, толқынның күшімен шырқ айналып тұр. Жағалаумен аралық жиырма метрге жуық. Түйе үстінде отырған Төкеңнің даусын енді естіді.
– Секір! Суға секір! Жағалауға малты, – деп тұр екен.
Кәмен Семейде оқыған жылдары аралға келіп, өзенге талай түскен. Суға малтуды да құрбыларынан қалыспай үйренген. Ол суға түскенде қатты ағыс еркіне көнбей, сүйрей жөнелді. Жан-дәрмен арпалысып, үш-төрт метр шетке қарай малтыған соң толқынның күші қайтып, судың жайдақтала бастағанын сезді. Құдай дес бергенде аралдың таусылар тұсында аяғы жерге тиді. Төкең қалбалақтап, үсті-басы малмандай болып, жүгіріп келеді екен.
– Қарағым-ай, амансың ба? – деді өкіре жылап. – Сенен айырылсам, елге не бетіммен барар едім?!
Екеуі көліктерінің жанына келді. Жирен айғыр мәңгіп, төрт аяғын жинай алмай тұрған қалпы дір-дір етеді. Түртіп қалсаң, құлап түсердей. «Егеубай атан» болса шөккен күйі үлкен көздері жәудіреп, тұмсығымен иесін иіскелей береді. Есті жануар жаны қиналғанда айқайымен демеу болған иесіне ризалығын білдіргендей.
– 4 –

Бір күннен соң Кәмен өз қатарластарымен Сібірге жол тартты. Екі ағасы, Шәріп пен Бұршақбай, алыс жолға шығарып салды. Өрімдей үш жігіттің сол сапарда Семейде түскен суреті ұрпақтарының төрінде тұр.
Қырда өскен Кәменге Сібірдің сақырлаған сары аязы мен қарлы бораны Шыңғыстың қатал табиғатынан көп айырмасы бола қойған жоқ. Тек ұшы-қиырсыз кең далаға үйренген жігіт жан-жағын тұмшалаған қалың орманнан кеудесі қысылғандай күй кешетін. Ал әскери тәртіп тым қатал еді. Совет Одағының әр түкпірінен жиналған жастардың көбі оған шыдай алмады. Кәмен болса намысқа тырысып, әскери өнердің қай түрін болса да тез игеруге ұмтылды. Ол кіші командирлер курсын бітірген кезде недәуір тәжірибе жинап, ысылған сарбазға айналды. Сондықтан әскери басшылық он бес адамнан тұратын жаяу әскер бөлімін басқаруды оған тапсырды.
Соғыс өртінің таяп келе жатқанын бәрі де жан-тәнімен сезетін. Сондықтан әскери тәртіп күн сайын қатайып, дайындық жұмыстары Сібірдің ну орманында да толасыз жүріп жатты. Кәмен сияқты білімді, озық командирлер іріктеліп, үгіт-насихат жұмыстарына тартылды. Ол 1940 жылы қысқа мерзімде Фин соғысына қатынасып, кейіннен іргелесе жатқан Хасан көліндегі шайқастардың жай-жапсарымен танысты.
1941 жылдың сәуір айында Сібірдің әскери округінің дайындығын тексеруге жоғарыдан бұйрық келеді. Тексеруге әскердің барлық түрлерінен бір-бір бөлімше ғана қатысатын болып, соларды жасырын түрде анықтау нәтижесінде 418-атқыштар полкынан №1 ротаның бірінші бөлімшесі алға шығады. Бұл – Кәменнің бөлімшесі еді.
Әскери сайыс жарты айға созылды. Ең соңында нысана ату шеберлігі сынға түсті. Кәменнің қарамағындағы 15 жауынгер қас пен көздің арасында әртүрлі қашықтықтағы нысаналарды жаппай атып түсіріп, өте жоғары бағаға қол жеткізеді. Бұл – ғажайып көрсеткіш еді. Округтік «Красноармейская газета» бөлімше солдаттарының жеңісін үздіксіз насихаттап, соңында Сібір әскери округінің штаб бастығы, генерал-майор П.Глинскийдің тексеру барысын қорытындылаған мақаласын жариялайды.Генерал Кәмен бөлімшесінің көрсеткішін «ғажайып құбылыс» деп бағалап, оны бүкіл солдаттардың арасында кеңінен насихаттауды бұйырды. Ал Кәмен болса Сібірдегі әскери қосындарды түгел аралап, бөлімше тәжірибесімен бөліседі. Сөйтіп оның жауынгерлік атағы Сібір қалаларын шарлап кетті.
Бұл кезде әскер қатарындағы мерзім де бітуге таяп, елге қайтуға әзірлене бастаған. Жас көңіл алып-ұшып, ұшқыр қиял қайда шарықтамады дейсіз. Арман көп, мақсаты – айқын. Ол – білім іздеп, университетке оқуға түсу. Көкірегін кернеген көп ойларын, жүректегі махаббат сезімін, көрген-түйгенін ақ қағаз бетіне түсіру. Абай салған адамгершілік, парасат, махаббат жолын сөз өнерінен іздеу…
Осының бәрі бір-ақ түнде тас-талқаны шықты. Таңға жақын бұрынғыдан ерекше үрейлі дабыл қағылды. Дыбысы да, айтары да жойқын, тайганың тынық жылы түнінде алаңсыз балбырап ұйқтап жатқан мыңдаған сарбаздардың тағдырын талқан еткен дабыл еді. Соғыс басталыпты…
Кәмен санаулы күндерден соң Батысқа жол тартты. Күні кеше ғана жиырма бірге толған балғын жігіт енді бір-ақ кеште есейіп, өзін өліммен шайқасуға бара жатқан он бес жауынгердің өміріне жауапты, Отан үшін от кешуге әзір кексе командирдей сезінді. Он бес жігіт – әртүрлі ұлттың өкілдері еді. Сібірдің ыстық-суығын, алапат бораны мен аязын бірге көрген, күні кешегі сынақ кезінде жұдырықтай жұмылып, мақсаттарына бірге жеткен жан аяспас достары болатын. Барлығы 1941 жылдың күзінде қан майданға бірге кірді. Алғашқы шайқастарда жаудың таңдаулы құрамаларына қарсы тұрды.

– 5 –

Кәмен 1941 жылдың күзі мен 1942 жылдың көктеміне дейінгі аралықта Сібір округі жауынгерлерінің қатарында соғысты. Бұл жау әскерлерінің шығандап тұрған шағы еді.
Шыңғыстау мен Сібірдің ақтүтек бораны мен сары аязында шыныққан жас сарбаз Мәскеуге өңмендейұмтылған жау әскерлерімен талай бетпе-бет келіп, өзінің шағын бөлімшесімен бірге табан тіресе қарсыласты. Ол айналасы бес-алты айда үш рет жараланды. Алғашқы екі ретте жарасы жазылар-жазылмастан ауыр жеңілістерге ұшырап, шегініп келе жатқан достарының қатарына өз еркімен қайта қосылды. Өйткені Совет әскерінде арнаулы әзірліктен өткен командирлер қатары сиреп қалған еді. Осындай қиын-шақта жаралы жүрсе де, олардың жауынгерлік рухы, әскери тәжірибесі қажет болатын.
1942 жылғы ақпан айында Днепр жағасындағы шайқас мәңгі есінде. Ол шабуыл басталар алдында партия қатарына өтті. Бұл – қан кешіп, өмірі қыл үстінде жүрсе де, жау ызғарынан қаймықпаған отаншыл жастың биік рухын танытатын қадам еді. Кескілескен ұрыс басталып кетті. Кәменнің бөлімшесі өзінен әлденеше есе көп, мұздай қаруланған жаудың жаяу әскеріне қарсы тұрды. Өрекпіп келген өктем жау көптігін көрсетті. Жан алып, жан беріскен қолма-қол шайқаста Кәмен сарбаздары түгелге жуық қаза тауыпты. Ал өзі ауыр жараланып, ес-түссіз жатқанда әскери медбикелер алғы шептен сүйреп, дала госпиталіне жеткізген екен.
Кәмен ес жиғанда ойпаңдау жерде жатқанын аңғарды. Жан-жағы толған жаралы адамдар – шыңғырған, ыңырсыған, сандырақтаған үннен құлақ тұнады. Алғы шеп жақын болса керек, автомат пен бесатардан атылған оқтың даусы дәл іргеден естіледі. Кәмен тұрып кетпекші болып ұмтыла бере құлап түсті. Екі аяғы бірдей жаралы, бір аяғының сүйектері сынып, сыртқа шығып кетіпті, басынан қан саулап тұр. Ол есін қайта жиған кезде жандарына әскери госпитальдің жүк машинасы келіп тоқтады.
– Араларыңда командир бар ма? – деген айқай естіледі. Кәменнің тіл қатуға дәрмені жоқ.
Сол кезде біреу айтты ма, әлде үстіндегі офицерлік киімі мен қан басқан портупеясынан таныды ма, санитарлық бөлімнің екі солдаты асығыс жетіп, сынығына қарамай, қол-аяғынан ұстап, жүк машинасының үстіне лақтырады. Он-он бес минут өтті ме, жоқ па, олар жарты шақырым жер ұзап шықпай жатып, жау зеңбіректері жаңағы Кәмен жатқан госпитальді атқылап, тас-талқанын шығарды. «Қырық жыл қырғын болса да, ажалды өледі» деген осы. Арнайы тапсырма алса керек, командирлерді тиеген машина жан ұшырып, тылдың терең түкпіріне қарай ұзай берді.
Кәменнің екі аяғы мен басына оқ тиген. Оған жедел ота жасалып, бас сүйек-тегі оқтың жарықшағы алынды, аяқтың сынықтарын қайта құрап, таңып тастайды. Денесінде әлі де бірнеше оқ қалғандықтан, Уфа қаласындағы әскери ауруханаға жөнелтіледі.
Жиырма екі жасқа енді толған жас жігіттің өмірден көргені, азабы мен тозағы көп еді. Ауруханада айлар бойы төсекке таңылған адамның ойына нелер келіп, не кетпейді?! Көз алдына аштан бұратылып, қынадай қырылған адамдар, бір үзім нан үшін бірін-бірі өлтірген ағайындылар, тамақ сұрап қол жайған сәби… Күні кеше Сібірдің ну орманында ойнап-күле жүріп міндетін бірге өткерген достарының жаумен шайқаста ерлікпен қаза тапқаны елестейді. Кәменнің көңілі құлазып, әлде нені аңсайды, кейде өзін кінәлі санайды. Осы адамдар жоқтаусыз кете ме? Олардың ерлігін, айтылмаған арманын, жүрек аңсарын кім айтады?
Уфадағы әскери аурухананың кітапханасы өте бай екен. Орыс, батыс әдебиетінің үздік туындылары білімге сусаған жастың көзіне оттай басылып, ол тән жарасын елемей, күндіз-түні оқуға бас қояды. Пушкин, Лермонтов, Толстой, Гоголь, Бальзак, Гюго туындыларын өресі жеткенше талдап оқып, тереңдеп түсінуге талпынады. Бұның бәрі жазушы болсам деген арманына қанат бітіріп, Абай атасы айтқандай, «өз өнері таяу тұрғандықтан» тез ұғып, көкірегіне тоқи береді. Кәмен осы ауыр жарақаттан майданға қайтып орала алмады. Дәрігерлердің шешімімен ІІ дәрежелі мүгедек ретінде, өз еркімен жүріп-тұра алмайтындықтан қасына бір медбикені қосып, 1942 жылдың күзінде Семейге қайтарады.
Туған жерін төрт жыл бойы көрмеген, сағыныштан өзегі өртенген жас алып-ұшып Шыңғыстауға жеткенде өзінің соғыстағы ерлігі үшін орденмен марапатталғанын да білмейтін. Ол атақ үшін емес, ар, намыс, туған жері үшін соғысты ғой. Кейіннен соңынан іздеп тапқан «І дәрежелі Отан соғысы», «ІІІ дәрежелі Даңқ» ордендері мен медальдар сол отты жылдардығы өмірінің айғағы болып қалды.
Қос балдақпен жүрсе де соғыс күйзелтіп, тозған ауылына көмегін тигізуге тырысады. Абай ауданының жастарын ақын, әнші, сері қыз Тұрсынхан Әбдірахманова басқаратын. Кәмен де сол тапқа қосылып, өзінің өлең, жырларымен жұрт көңілін көтереді. Ол аудандық, облыстық газеттерге очерк, әңгімелер жариялап, тұңғыш повесін жазуға кіріседі.

– 6 –

1943 жылдың жазы – Кәмен Оразалин өміріндегі естен кетпес сәт еді. Тағдыр оны өзі жан-жүрегімен құрметтеген, сондай болсам деп армандаған адамы – Мұхтар Әуезовпен табыстырды. Бала күнінен Абай жырларымен қоса Мұхаңның жазғандарын да егжей-тегжейлі оқып, тіпті, кей бірін жатқа айтатын. Кәмен, әсіресе, өткен жылы жарық көрген Абай жайлы романды қолынан тастамайды. Міне, сол Мұхаңның Аягөзден түсіп, қасында Сапарғали Бегалин, Есмағамбет Ысмаилов, жолдан қосылған Қайым Мұхамедханов бар, ат-арбамен Ақшатау, Шетті басып, Жүрекадырға таяп қалғанын естіп отырған. Мұхаң Абай жайлы романының жалғасын жазбақ екен. Сондықтан ақын өміріне қатысты жерлерді тағы бір аралап, көне көз қарттардың әңгімесін тыңдамақ. Әсіресе, Абай көп жыл болыс болған Құндызды өлкесіндегі оқиғалар, адамдар тағдыры, ақынның тұщы етіне ащы таяқ тиіп, жанын жаралаған Көшбикедегі оқиғаның егжей-тегжейін сұрап білмек. Ауыл басшылары көнекөз қарттардың басын қосады. Мұхаң бір қонып, аттанбақ екен, бірақ солардың ішінде қарт колхозшы Оразалы айтқан әңгімелер ерекше ұнап, тағы бір-екі күн аялдайды. Осы отырыстың бірәредігінде: – Ауылда өнерлі жастар бар ма? – деп сұрапты. – Бар болса, жолығайық!
Қарт мұғалім Қали Мақажанов Кәменнің атын атайды. Мен осы кездесуді ағамның өз аузынан сан рет естідім. Әр жолы көз алдынан күні кеше өткендей ерекше шабыттанып, әдетінше екі алақанымен бетіне ысқылап жіберіп, көздері күлімдеп рахаттана әңгімелейтін.
– Мұхаңдар мінген ат-арба ауыл ортасына келіп тоқтағанда жапырлаған жұртпен бірге сыртынан көрдім. Есім шығып қуанғаным сонша, басқа оқиғалар бұлыңғыр тартып, тек Мұхаңның сөзі, соғыс қажытқан ел мұңын естіп көзіне жас алғаны ғана есімде қалыпты. Мұхаңмен бірге мен де жыладым… Неге жыладым? – деп кейіннен ойланамын ғой. Бәлкім көрген азабым мен жан жарасы әсер етті ме, білмеймін. Мұхаңды сыртынан көрген соң маңына жуи алмай, үйге келіп жатқанмын. Медеу тұтатыным: әкем Оразалы сол кісінің жанында, болған әңгімені әкемнен естімекпін. Бір кезде үй сыртынан ат тұяғының тасыры мен келушінің даусы қатар шықты.
– Кәмен, Кәмен! Шық тез, Мұхаң шақырып жатыр, – дейді дегбірсізденіп. Тоққазы екен. Ағам Шәріппен бірге өскен, құрдас. Ол да майданнан жараланып қайтқан. Бір қолы шолақ. Ат үстінде жүргенде, әсіресе, шынтақтан кесілген қолының тұқылы шошаңдап тұратын. Өзі қалжыңбас адам. Мен істің мәнісін сұрамақ едім, аяғымның жарасына да қаратпай, зорлықпен мінгестіріп алды да, шаба жөнелді. Құтты Абай заманының әпербақан шабарманы дерсің.
Мұхаң бір ұзақ әңгіме айтып отырса керек, мені көріп: – Ә, осы жігіт пе? – деп басын изеді де іргелес отырған әкемнің жанын көзімен нұсқады. Өзі сөзін тоқтатпай жалғай берді. Әңгімелері ұзаққа созылып, бір таныстаған кезде ғана маған назары түсті. Қысылғаннан өңім бір қуарып, бір қызарса керек. Жұмсақ үнмен:
– Қысылма, қарағым, – деді. – Майданнан қатты жараланып қайтыпсың. Өлең, әңгімелер жазатын көрінесің. Білімің қандай? Кімдердің кітабын оқыдың? Орысша кітаптарды оқуға тісің бата ма?
Мен шамам келгенше жауап бердім. Мұхаң ықыластана басын изеді. –Жазушы болам десең талантпен қоса білім, табанды еңбек керек, – деді тағы. – Сен әзірге менің жанымда болып, мына үлкендердің әңгімесін тыңда. Кейін, кеңірек отырып сөйлесерміз.
Мен ол кісінің жанында үш күн жүрдім. Көбіне жұртты сөйлетіп, үнсіз тыңдайтын. Қолындағы қаламы толас таппай, естігендерін қойын кітапшасына жаза беруші еді. Анда-санда ғана жер, кісі аттары кездескенде қайыра сұрап, анықтап отыратын. Көбіне әкем сөйлейтін. Туып-өскен елі мен жерінің тарихын қызық дастан оқығандай мейірлене әңгімелейтін. Ара-тұра: – Осы жері қалай еді? Кәмен, сен айтып жіберші, – деп мені сөзге араластырады. Біраздан кейін Мұхаңа етім үйреніп, өзімді еркін ұстай бастадым. Соны сез-ді ме, әлде Мұхаң тереңірек танысын деді ме, әкем соңғы күндері ел-жер тарихын маған айттыратын болды. Бір әредікте Мұхаң жан-жағына тебірене қарап: – Анау көз алдымызда сағымға бөгіп жатқан Орда, Арқат, мынау селеуі теңіздей шалқыған Ақ дала, бәрінің төрінде жон арқасы күдірейіп, көлденең жатқан, арыстан сауырлы Шыңғыстай қасиетті өлкесі, Оразалыдай қазыналы қарттары, мерейлі халқы болмаса Абайдай данышпан қайдан тусын?! – деп қалды. Мұхаң жолға шығарынан бірер сағат бұрын мені шақырып: –Елің мен жеріңнің тарихын терең білетінің сүйсінтті. Абай атаң туралы романым жазылып біткенше кейбір жер-су деректерін сенен сұрап, пысықтап отырамын. Менің елдегі көз-құлағым енді сенсің, Кәмен, – деді. – Соғыс туралы жазып жатқан шығармаң біткен соң өзіме әкел. Жазушылық – ауыр жол. Оған ең алдымен табандылық, қайсар мінез керек. Білімге ұмтыл. Сенің бойыңда жазушыға тән қасиет бар деп сенем.
Мұхаң аттанып кеткен соң, көп ұзамай, «Социалистік Қазақстан» газетінің 1943 жылғы 17 қазандағы санында оның «Абай ауылында» деген очеркі басылады. «Өр көңілдің өжетін, ез көңілдің керенауын, бойкүйезін айтам десе, онда да Абай тап басып, таңба соғып, айтып кеткен болады. Сондайлық Абай үлгісін өсиет етіп айтып отыратын ірі әңгімешілер бар. Оның бірі – «Жүрек адырдағы» қарт колхозшы Оразалы, ол кісіден көп сөз естіп, көп тоқыған баласы Кәмен. Мұның өзі оқыған, өзі жазушы Отан соғысынан жаралы болып қайтқан жас жігіт әкесі білген әңгіменің көбін зор ынтамен айтады…», – деп жазды.
Мұхаң бұл сөздерін Құндыздыдан аттап шығып, Қызылтасқа жеткен сәтінен бастап, Шыңғыстаудың қойнау-қойнауында қонған әр үйде, зор ықыласпен сүйсіне әңгімелепті. Ондай сөз ел ішінде жата ма, өзі де ақын жанды, шешен сөзді, сұңғақ бойлы сері жігіттің абыройы арта түседі. Ол Мұхаңның қолдауынан қуат алып, кең көлемді шығарма жазуды армандайды. Күні кеше қан майданда көрген оқиғалар, жауынгер достарының ерлік істері көз алдынан кетпейді. Олардың оңаша сәтте айтқан арман-мұраттары, дұшпан оғынан үзілген қыршын өмірі жанын мазалайды. Сондай күндердің бірі еді. 1944 жылдың қысы болатын. Колхоз бастығы Кәкітай Ылдибаев үйіне шақыртады.
– Қарағым, Кәмен, ауданнан комиссия келе жатыр. Әскерге солдат жинап жүр, – деді. – Комиссия мүшелерінің бәрі – мына Шар ауданынан шақыртылған Ресей жақтан келген орыс дәрігерлері, ал бізден қосылғаны аудандық партия комитеті әскер бөлімінің бастығы Қалиақбаров деген, ісі сұйықтау, қаныпезер адам. Пара тілей ме, әлде өштесе ме, білмеймін, әйтеуір талай адамның обалына қалып, жасы асқан қарттарды да соғысқа аттандырғанын көрдік. «Сталин партиясының тапсырмасы» деп езеуреп, ешкімге дес бермейді. Сенде несі бар? Ауданнан естуім, соғысқа баратындардың тізіміне бірінші кезекте қосыпты. Шыныңды айтшы, жағдайың қалай? Мына түріңмен майданға жетпей, өліп қаласың ғой.
Кәкең аңқылдаған ақкөңіл, ер мінезді кісі болатын. Кәменнің екі аяғын шешіндіріп, өзі тексеруге кірісті. Бір аяғы толық жазылмаса да тіреуге жарап қалғанымен, екіншісі – кісі аярлықтай. Қираған сүйектері әлі кірікпеген, гипсты алған соң орны іріңдеп тұр. Ал тобықты жарып, дәл ортасына қадалған оқ сол қалпында. Оған кейін арнайы ота жасалуы керек. Оң қабағының үстінде, бас сүйекке қадалған жарықшақты да дәрігерлер әзірге қозғауға болмайды деседі, көзі көрмей қалуы, немесе жүйке жүйесіне зияны тиеді. Уфа қаласындағы госпитальдің дәрігерлері оны екінші дәрежелі мүгедектер қатарына қосып, «Соғысқа жарамсыз» деп ақ билет берген.
– Ит екен! – деді Кәкітай ызаланып. Ол біраз үнсіз отырды да әлденеге бекінгендей болды. – Көрерміз! Ал, сен Кәмен, ертең комиссиядан бұрын біздің үйде бол. Сұрай қалса, туысқанымын де.
Кәмен Қалиақбаровты білетін. Семейдегі №11 мектепте оқығанда ол шаруашылық жағында жүретін, елеусіз адам еді. Осыдан екі айдай бұрын Аягөздегі госпитальда емделіп, қайтып келе жатқанда тағы ұшырасқаны бар. Ол Кәменнің беліндегі сары сафияннан жасалған офицерлік портупеясына көзі түсіп, ерекше қызығып, майлы ішекше айналдыра бастайды.
– Інішегім, сен ана белдігіңді маған бер. Саған қажеті не? Семейге жиналысқа барғанда тағып жүрейін. Жолдас боламыз, «Ақ билетім» бар дейсің, пәлі, оның әншейін қағаз, қаққа бөліп лақтырып жіберу – мына біздің қолда. Талайлардың кеудесін басып, алдыңғы шепке жібергенбіз. Кәне, белдігіңді шеш.
Ол бір қорқытып, бір мипаздап, екі көзі күлімдеп, Кәменнің арқасынан қағып, белдігін сипалай береді. Портупея шынында да әдемі, Кәменнің бойындағы тұмардай қастерлеген бір заты еді. Сары сафияннан жасалған қалың, жалпақ белдігі, екі иығынан асыра тартқан қайыс тартпалары мен әбден ысқылап, тазартып қойған айылбастары жалтырап, жас жігіттің сұңғақ бойына ерекше айбат әрі сән беретін. Бұл портупеяны кіші командирлер курсын бітіргенде Сібір әскери округі, 418 полктің командирі өз қолымен тапсырған. Содан бері белінен шешкен жоқ. Қан майданда, үстіндегі киімінің тоз-тозы шығып, есінен танып жатқанда да қаны сіңген белдігін ешкім шешіп алмапты. Жан-жүрегін жаралаған отты жылдардың, өлім мен өмірдің ортасын көрген шақтағы қанды досы, жалғыз куәгері. Оны қалайша көлденең көк аттыға ұстата салмақ.
– Жоқ, – дейді Кәмен. – Әуре болмаңыз.
– Жарқыным, алдағы ақпан айында соғысқа адамдар жібереміз. Сол жақтың топырағы тартып тұрған жоқ па?! Ойлан!
Қалиақбаровтың зілді сөзі, өшіге қараған айран көзі жас жігіттің намысына тиіп, айқаса кетуге дәрмені жетпей, тұрып қалады.
Міне, сол Қалиақпаров жанында үш дәрігері бар «Жүрек адыр» колхозының бастығы Ылдибаев Кәкітайдың үйінде шалқып отыр. Көкірегі тым көтеріңкі. Кәкең өзі қадірлейтін қонақтар болмаса, ауданнан күніне ағылып келіп жататын бұндай комиссияларды үйіне түсіре бермеуші еді, бүгінгі қылығы бір жосын. Отынның тапшылығына қарамастан, қонақтар тоңып қалмасын деп отты үдете жағып, Шардан келген бір еркек, екі әйел дәрігерге құрмет көрсетуде. Өкініштісі, орысша білмейді. Айтар сөзі көкірегінде сайрап тұрса да, ымдағаннан артыққа бармайды. Тек әйелдерге «қарағым, қалқам» деп, жігітке «інішегім» деп тіл қатады. Қалиақпаров алғашында колхоз бастығының бұл ілтипатын өзіне көрсетілген құрмет деп қайта-қайта айтып, «Кім екенімді білдіңдер ме?» дегендей аңғар сездірген. Бірақ көп ұзамай, сезіктене бастады. Мына жоқшылық заманда аста-төк дастархан жасап, мал сойып, ештеңе сұрамай-ақ ықылас білдіріп жатқан қожайынға көңілі босаған дәрігерлер бірер стақан арақтан соң, тіпті, жайылып кетті. Ал Қалиақпаровтың дымы құрып, түнеріп, атарға оғы болмай, «Сталин жолдастың өсиетін» қайталай береді. Өзінің ниетін ашық танытып, айтқанымды істетемін деп әкелген дәрігерлері уысынан шығып барады. Осы кезде аздаған қазақшасы бар кекселеу әйел шетте, төсектің алдында отырған балдақты жігітке көзі түсіп: – Майдангер ме? Комиссияға келген бе? – деп сұрайды.
Осы сәтті тосып отырғандай Кәкең:
– Иә, дорогой! – дейді орнынан ұшып тұрып. Дайындап қойған Кәменнің құжаттарын қолына ұстата беріп:
– Мой… – дейді өз кеудесін түртіп. – Мой… Родной… Войной… Храмой!.. – деп бар білген орысшасын төгіп салады. Бәрі де түсінікті.
Дәрігерлердің үшеуі де Кәменнің Уфадан алған қағаздарына үңіліп, ақ билетін көріп, дәкемен таңулы аяқтарына көз жүгіртіп, бір-бірімен кеңесе бастайды. Істің насырға шапқанын байқаған Қалиақпаров та қарап қалмай, орнынан қораздана тұрып:
– Нельзя, не спешите! – дейді сызданып. – Райкоммен ақылдасамыз!
– Шолай, шолай, – дейді кексе әйел басын шайқап. – Инвалид… жарамайды!
Дәрігерлер Қалиақпаровтың сөзіне жауап та берген жоқ. Өздері әзірлеген құжатқа қол қойып, мөрлерін басты.
Ертеңінде, жол жүрер алдында Кәменге: – Жараңызды асқындырып алмай, дәрігерге жиі-жиі қаралыңыз, – деп кеңес берді.

– 7 –

Мен ағамды 1948 жылдан бері білемін. Өйткені осы жылы «Жүрек адырдағы» төртжылдық мектептің бірінші класына түскен соң, қысқы суықта үйіме қайтпай, Оразалы атамның жанында қонып қалатынмын. Кенже ағам әлі де қос балдақпен жүретін, жаңадан үйленген, ата-апаммен бірге тұрады. Жеңгем Лиза өрім талдай бұратылған, сұңғақ бойлы, көрікті, әнші әйел еді. Артқы қабырғасын биік дөңнің іргесіне тіреп салынған тас қораның түпкі жағында аға-жеңгемнің жатын бөлмесі бар. Бөлменің қабырғасы саз балшықпен айбақ-сайбақ сыланған. Соның бір бұрышындағы ала көлеңке жердегі қарабайыр столда ағам бас алмай қағаз жазып жатады. «Кітап жазып жатыр» дейтін үйдегілер. Жаңадан әріп тани бастаған маған кітап жазу дегеніңіз аспандағы айды қолымен ұстапты дегеннен кем әсер етпейтін. Сол жылы Кенже ағам «Жексен» атты повесін аяқтап, Алматыға жіберді. Өзі жазға қарай әке-шешесімен Қарауылға көшіп, орта мектепке мұғалім болып орналасты. Ол осыдан бір жыл бұрын Семейдегі педагогика институтын бітірген болатын.
Кенже ағамның бұдан былайғы өмірі біздің көз алдымызда өтті. Оның қуанышты шағы да, мехнатты күндері де, кейде торығып, шарасыз күйге түскен шақтары да болды. Соның бәрін ол өз жақындарынан бөлінбей, аға-іні, апа-қарындастары, дос-жарандарымен бірге кешті. Кенже ағам жаратылысынан ақкөңіл, жүрегінде кіршік жатпайтын, қуанса – балаша қуанып, ренжісе ашық ренжитін, артынан көңілінде кірбің қалдырмай тазарып шыға келетін адам еді. Ол көңіл күйдің қандай сәтін кешіп жүрсе де бойын тез жиып, жазу столының басында мауқын басатын.
«Жексен» кітабы 1950 жылы жарық көрді. Кітап ел арасында ерекше абыройға жетті. Әлі жарасы жазылып бітпеген соғыстың лебі, оның қайғысы мен қайраты, тапқаны мен жоғалтқаны бірдей тіршіліктің көрінісі жас жазушының көңіл әуенімен өрілген, романтикалық екпін бар.
Кітапты тұңғыш рет қолжазба күйінде оқып, пікір жазған Сәбит Мұқанов шығарманың ұнағанын айта келіп, негізінен алты түрлі қасиетін тізіп өтеді. «1. Сюжет құра білу; 2. Алған темаңа лайықты геройлар белгілеп, солардың сырты мен ішкі жан-дүниесін тәп-тәуір көрсете білу; 3. Табиғат бейнесін (пейзаж) көркем көрсете білу; 4. Шығармаңда соғыстың шындығын айту; 5. Отаншылдық, туысқандық мотивін дұрыс көрсету; 6. Повестің темасына лайық тіл табу.
Осы қасиеттеріне сүйене отырып «Қасиет» («Жексен») повесін мен негізі қаланып болған шығарма деп есептеймін…». Сәбит Мұқановтың пікірін әдебиетіміздің тағы бір классигі Ғабиден Мұстафин де бекіте түседі.
«Повесть бірсыпыра жақсы жазылған. Көпірме сөз, тайыз пікір аз… Қарапайым адамдардың жайшылықтағы, қысылшаң шақтағы жан құбылыстарын ар, намыс, махаббат, отандық қасиеттерін автор өзгеге ұқсамай өзінше берген. Повестің құрылысында, адамдарды, өмірді суреттеу тәсілдерінде қазақ әдебиетіне әлі енбеген жаңалық ұшқындары бар».
«Жексенді», әсіресе, жастар жағы қолдан-қолға тигізбей оқитын болды. Аудан мен қаладағы кітапханалар мен мектептерде оқушылар конференциялары өтіп жатты. Жас жазушыға хаттар жиі келетін.
Шынында да, кейіннен мен әдебиетті терең білетін достарым Әбіш Кекілбаев пен Рымғали Нұрғалиевтің «Жексенді» жас кездерінде өте сүйсініп, қызыға оқығандарын өз ауыздарынан талай естідім. Ал Әбіш Кекілбаев бір мақаласында «Әдебиет кім көрінгеннің бір сүйкеніп өтер жол бойындағы қу тұқыл емес, шын самұрықтар самғап жетіп қонатын ата-бәйтерек болуы керек екенін» айта келіп: «Әскерден кештеу оралған қос майдангер Әбдіжәміл Нұрпейісов пен Кәмен Оразалин шинельдерін шешпестен, біреуі Шалқарда, біреуі Шыңғыстауда, солдат өмірінен шығарма жазып, екеуі бір жылда – 1950 жылы – біреуі «Курляндия» атты роман, біреуі «Жексен» атты қомақты повесть жазып шыққаны айды аспанға шығарғандай айтулы оқиға болды», – деп толғанған екен.
Жазушының «Жексені» әдебиет аталатын ұлы әлемге жасаған алғашқы қадамы ретінде жүрегіне ыстық болса да жетпісінші жылы оған қайта оралып, өңдеп «Солдат махаббаты» деген атпен жариялады. Жаңа туындысын майданда қаза тапқан, өзін тәрбиелеп өсірген туған ағасы Шәріптің рухына арнап, әруақ алдындағы қарызын да өтегендей болды.
Кітабы шығып, көңілі өскен жас жігіт енді астанаға барып, әдеби ортада бақ сынамақ ойға келді. «Әдебиет – сөз өнерін ұстаған кілең жүйріктер бас қосатын жер, шын талантың болса сол бәйгеден озып шық» деген бір түйсік маза бермейді. Ал елдегілердің мінезі қызық. «Нағыз ақын, жазушы дегенің – құдайдың қалаулысы, олар мына шеті-шегі жоқ күйбең тірліктен биік, астананың төрінде толғана сөйлеп, шалқып жүруі керек» деген ұғым қалыптасқан. Орталарында жүргендер – өздері тәрізді қарапайым, жәй шобырлар. «Сен мықты жазушы болсаң, бұнда не бар, Алматыға кетпейсің бе!» – деушілер де табылған. Кімнің аузына қақпақ боласың.
Кәмен әкесімен ақылдасып көрді. Қарсылық жасаған жоқ. Тек: «Алматыда Мұхтар бар ғой, ағаң не айтар екен, соны тыңда» деді.
Жас көңіл тыныштық таптырмай, 1950 жылы Алматыға алып келді. Қолтығында баспадан таяуда шыққан «Жексені». Ойында енді жазылатын романның жоспары бар.
Мұхаң інісін жылы қабылдайды. Кітабына «Қайырлы болсын» айтып, байғазысына «Абай» романына қолтаңба жазып береді, елдің күйін, таныс-жақындардың жағдайын сұрастырады. Асықпай отырып, дастарханнан дәм татқан соң, жазу бөлмесіне шығып, оңаша әңгімелеседі.
– Ал, ендігі мақсат-мұратыңды айтшы, не ойың бар?
Кәмен ойша жұптап, дайындап алған сөздерін асықпай жеткізеді. Осылай да осылай, нағыз жазушы болу үшін білімді, ақылды, әдеби ортаға, Алматыға келуі керек екен. Мұхаң үнсіз отырып, біраздан кейін: – Кәмен, – дейді. – Сен әлі толық мағынасында жазушы болып қалыптасқан жоқсың. Бұл кітап-бастамаң. Алдыңда ауыр да мехнатты жазушылық жол жатыр. Алматыға келгенде не жазасың, кімдер туралы жазасың? Ойландың ба? Пәлі, Кәмен, сен Шыңғыстауда тұнып тұрған асыл қазынаның үстінде отыр емессің бе? Ол қазынаның мұрты да бұзылған жоқ. Өзіңнің әкең сияқты көкірек көзі ашық адамдардың сөзін тыңда. Шыңғыстың бауырында, Семей өңірінде өткен оқиғаларды көңіліңе тоқы. Ол елдің өткені де, кешегісі де, бүгінгі өмірі де сенің талмай жазатын тақырыбың емес пе? Әдеби орта, білікті адамдар дейсің! Пәлі! Абайдан артық саған қандай әдеби орта керек?! Абайдан артық қандай данышпанды іздейсің?! Ол да жаныңда, Жидебайда жатқан жоқ па?!
Мұхаң сәл алқынғандай, қолымен мұрнын саумалай бастады.
– Абай – мәңгілік. Оған бас иіп, зиратына дұға оқуға ағылған жұрт ешқашан толастамайды. Сонда Абайдың қасиетін айтып, өсиетін жеткізетін көкірегі ояу, білімді адам керек емес пе? Бәріміз жан-жаққа шашырап кеткенде Абайды жалғыз қалдырамыз ба? Сен Алматыдан ақыл іздеймін дейсің! Ал күндердің күнінде Абай туралы алматылықтар да, басқалар да Шыңғыстаудағы сенің сөзіңе ұитын болады. Абайдың қасында, оның нұрына бөленіп, шырағын жағып, еліңнің тарихын жазып отырсаң аздық етпес.
Мұхаң басы иіліп, үнсіз қалған Кәменге ойлана ұзақ қарады. Содан кейін столының үстіндегі қара телефонды тере бастады.
– Әй, Ғабиден, – деді ар жақтағы адамға. – Мен Мұхтармын ғой. Қазір менің қасымда жазушы Кәмен Оразалин отыр. Абай елінен. Менің інім. Иә, иә, өзің кітабын оқыдың ғой. Таланты бар. Саған сол жігітті арнайы тапсырайын деп отырмын. Мен ойда, қырда жүремін. Қалада болсам да, болмасам да, осы жігітке өзің қамқор болшы. Мұхаң телефонның тұтқасын қойған соң:
– Мен Семейден амалсыз кеттім ғой, – деді даусы сәл қарлығып. – Аумалы-төкпелі заман болды. Талай ақылды, білімді боздақтар да елде тұрақтай алмады. Абай жалғыз қалды. Ендігіміз жөн болмас. Абайдың рухы дәуірлей береді…
Кәмен осы әңгімеден соң елден көшу туралы айтпақ түгіл, ойланған да емес. Тұрмыс тауқыметі екі иінін езіп, жалғыздық жанын жеген күндер болды. Бірақ иілмеді. Атом бомбасын сынаған аласапыран күндер Абайдың денесін Шыңғыстаудан көшіру туралы жымысқы әрекетке қарсы ел ақсақалдарын жұмылдырды. Осыны сезген үш әріп өкілдерінің Шәкір Әбеновтің інісі, Қайым Мұхамедхановтың тілектес шәкірті деп желеулетіп, «Халық жауының» құйыршығы ретінде соттамақ болған қаскөй әрекеттері де өтті. Сағы сынбады. Кәрі әке-шешесі, өзінің бала-шағасы, соғыста қаза тапқан ағасы Шәріптің балалары, басқа да іні-қарындастары бар – үйдегі он бес адамды жалғыз өзі асырау да оңайға түскен жоқ. Мұғалімнің жалақысы несіне жетсін. Арпалысты, мойымады. Уақыт тауып, жазуын жаза берді. Алыста жатса да Мұхаңды медеу тұтты. Ал Мұхаң оны ешқашан ұмытқан жоқ. Атақты ақын Әбу Сәрсенбаев былай дейді:
«1956 жыл. Мұхтар аға Ғабдол екеумізді Жазушылар одағының фойесінде кездестірді де есендіктен кейін Кәмен жайлы әңгімеледі: «Жаңа еңбек әкелген екен. Жол жүріп бара жатып, кейбір тарауларын асығыс тыңдадым. Ал, мен бар ғой, осыдан қилы-қилы мінездерді, қиян-кескі тартыстарды… ауыл өмірінің шындығын аңғардым. Шұбалаңқылық та, шашырандылық та, көпсөзділік те баршылық… Сен екеуің бар ғой, қатал мейірбандықпен, аямай отырып өңдетіңдер, тұжыртыңдар, ширатыңдар… Бұл қолынан келеді Кәменнің, өзіне істетіңдер…».
Айтып отырғаны – «Ақ жазық» романы болатын. Колхоз өміріне арналған. Кәмен романдағы оқиғаларды көзбен көріп қана қойған жоқ, өз кейіпкерлерімен бірге өмір сүрді. Сондықтан да олар ешбір боямасыз, қаз-қалпында көркем образға айналды. «Бізді автордың … ауыл өмірінің ащы шындығын жақсы білетіндігі, сол шындықты көрсету әдісінде өзінше тың жол іздейтіні: жетістікті асырмай, көлеңкені боямай, сол тұстағы бар болмысты айқын көрсетуге тырысқан талпынысы сүйсіндірген-ді», – дейді Әбу Сәрсенбаев жоғарыдағы әңгімесін жалғастырып.
«Ақ жазық» романын жазушы кейіннен қайта қарап, көп қысқартып, «Аттаныс» деген атпен жариялады. Бұл роман қазақ әдебиетінің тарихында тың тақырыбын алғашқылардың бірі болып көтерген және елуінші жылдардағы ауыл өмірінің шындығын ашқан туынды ретінде бағаланды.
К.Оразалиннің көрнекті туындыларының бірі – «Көктем салқыны» романы. Кейіннен өңделіп «Кең байтақ» деген атпен бірнеше рет жарық көрді. Жазушы бұл шығармасында роман жанрын жан-жақты игеріп, айтар ой, қойған мақсатына еркін жеткен. Көркем тіл, шиыршық атқан сюжет, заман тынысы, соқталы, кесек образдар – бәрін табуға болады. К.Оразалин 1926-1928 жылдардағы ел өмірін, арпалысқа толы, кімнің әділ, кімнің арам екенін, кімнің дұрыс, кімнің бұрыс жолда жүргенін айқындау – өте қиын заманда өмір сүрген адамдардың тағдырын шығармасына өзек еткен. Жазушы – шыншыл. Ол өмір шындығынан алыс кете алмайды. Өйткені өмір ақ пен қараның ғана қосындысы емес, сан қилы тағдырлардың тоғысуы. Сондықтан да романдағы кейіпкерлерді жағымды-жағымсыз деп бөлудің өзі шартты түрде ғана. Нэпман Даражан, елді уысында ұстаған бұрынғы шонжар Қарабас, қашқын Жайпар, солардың қолшоқпары Сатымбет, жазушының іші бұрып тұратын кейіпкерлері Олжабек пен Қамқордан әлдеқайда басым әрі толымды шыққан. Бұл – сол кездегі кейбір сыншылар айтқандай, шығарманың кемшілігі емес, керісінше, заман тынысын тани білген, шынайы суреткердің көрегендігі еді.
«Көктем салқыны» – К.Оразалиннің мерейін өсірген, қазақ әдебиетіне олжа салып, ұжымдастыру заманын суреттеген шығармалар ортасынан ойып өз орнын алған туынды. Сонымен қоса, жазушы шығармашылығының тұтас бір белесін аяқтап, жаңа өріске шығарған баспалдағы. «Көктем салқынын» жазу үстінде Кәмен көркем прозаның қатпар-қатпар сырларын танып, өзіндік стилін қалыптастырды. Адамның ішкі жан толқынысын беру, көркем тілді орнымен көрікті пайдалану, суреттеп отырған оқиғаларға заманына тән ой, мазмұн қосу сияқты шеберлік сырларын игере отырып, өзінің жазушылық бейнесін қалыптастырды. Оның туындыларын, сөз мәнерін басқамен шатастыру мүмкін емес.
– 8 –

Ұстазы Мұхтар Әуезов дүниеден қайтқанда Кәмен Оразалин 41 жаста еді. Толысқан шағы. Алматыға Мұхаңды жерлеуге елден шыққан комиссияның құрамында келді. Мен ол кезде университеттің екінші курсында оқып жүргем. Бәрі көз алдымда. Аға қазасы оған қатты әсер етті. Мұхаңды жер қойнына бергенше және жетісі өткенше ұйқы көрмей орнын күзетті. Тек бір аптадан соң ғана әлденеге бекінген тас түйін қалпын көрдім.
– Сұлташ, – деді. – Мен үлкен іске бел байладым. Ендігі өмірім – соған байланысты. «Жығылсаң – нардан жығыл» дегендей Мұхаң туралы романдар жазамын. Ағаның өзі көрсетіп кеткен жол-нұсқа бар. Сол маған бағыт сілтейтін шамшырақ болады.
– Апырай, Кенже аға, қалай болар екен?! Көп бөгетке тап келесіз ғой. Мұхаңның айналасында үймелеп, оны өзімсініп жүргендер көп. Олардың бәрі де шабынып, бірі роман, бірі зерттеу жазбақшы. Ауылда жатқан сіз сол «жанашырлардың» тақымына толар ма екенсіз?!
– Мейлі. Мұхаң мені елден шығармай тегінге ұстады ма? Жолыққан сайын жастық шағын айта беретін, өзімен аралас-құралас болған замандастарын да атап, түстеп кетті. Мен солардың бәрімен сөйлестім.
Мұхаңның қалыптасуы құйындай ұйтқыған аласапыран уақытқа тұспа-тұс келеді. Бұл қиян-кескі тартысқа толы дәуір. Міне, мен соны жазамын.
– Жақсы. Бірақ сіздің алдыңызда асу бермес шың «Абай» романы тұрған жоқ па? Суреттейтін ортаңыз, жазатын адамдарыңыз ұқсап, жазғаныңыз ұлы шығарманың орташа көшірмесіне айналып кетпей ме?
– Жоқ, – деді Кенже ағам. – Ол жағын қатты ойландым, әлі де ойланам, уақыт жетеді. Абай дәуірі мен жазатын уақыттан – мүлде бөлек. Әрине, сабақтастық болады. Абай заманындағы адамдар ешқайда көшіп кеткен жоқ қой. Олардың ұрпағы сол өңірде өмір сүріп жатқан жоқ па? Абай салған – адамшылық, әділет жолы сайрап жатыр. Мұхтар да олардан тыс өмір сүре алмайды. Маған керегі Мұхтар сияқты сезімтал, ақылды, білімді, көреген жастың көзімен сол дәуірдің бейнесін беру. Қиян-кескі тартыс, осы ортада өз жолын іздеген талантты жастың өмірі, оның қатарында үзеңгілес жүретін адамдардың тұлғасы самсап тұр. Бәрі маған таныс, бейтаныс адамдар.
Кенже ағам шабыттанып ұзақ сөйледі. Байыптап қарасам, ол түйдек-түйдек ойларын маған айтып отырған жоқ, өзі үшін, өз көңіліндегі түйткіл, күдікті тұстарын тарқатып, айқындап алу үшін сөйлеп отырғандай көрінді. Сол күндері ол көптеген адамдармен жолықты. Олар Мұхаңды жас кезінен білетін Мұсатай Ақынжанов, Ғайса Сармурзин, Әбіш Жиреншин сияқты белгілі адамдар болатын. Менің есімде қалғаны – екеуміздің Мұхаңның тұңғыш қызы Мұғамиланың үйіне барғанымыз. Мұғамила әкесінің аузынан түскендей, толықша келген, қараторы өңді, сабырлы, қырықтар шамасындағы әйел екен. Бізді қуана қарсы алды. Үйін аралатып жүріп: – Бұрын Ләйла мен Асқар тұрған үй ғой, бұраулы жібіне тиіспей, жиһаздарына дейін маған қалдырып кетті, – деді мақтанышпен. – Ләйла бауырмал ғой, – деп қосып қойды.
Біз жайғасып отырған кезде бөлмеге аққұба өңді, қара көздерінің нұры әлі таймаған, талдырмаш денелі, ауыл әйелдерінше ұзын көйлек, қынама бел камзол киіп, басына шыт ораған ажарлы әйел келіп амандасты.
– Іздеген адамдарыңыз осы кісі, менің шешем – Райхан, – деп таныстырды Мұғамила.
Кенже ағам орнынан ұшып тұрып, «жеңгей» деп сәлемдесіп, Мұхаңа көңіл айтты.
– Иә, шырақтарым, әрі жеңге, әрі апаларыңмын ғой, – деді Райхан апа. – Ал Мұхтар халықтың ардақтысы емес пе? Бәрімізге ортақ.
Бұл – мұңды, қызығы мен қуанышы да бар, бірақ негізінен өкініш пен өкпеге толы әңгімелер айтылған күн еді. Біз сәске түстен қас қарайғанша отырдық. Райхан апа Мұхаңның «қыз көруге» жанына жеті жігіт ертіп алғашқы келгенін әзілмен айтса, екеуінің үйлескен жылдарын жүзі жадырап, қара көздері күлімдеп, ақшыл өңінде қызғылтым нұр ойнап, сағынышпен сөйледі. Кейуананың Мұхаңнан бір, балалары Мұғамила мен Шоқаннан тағы жазықсыз айырылып, зарлап жүрген қасіретті күндерін, панасыз, жоқшылық қыспағында өткен өмірін көмейіңе өксік тығылмай тыңдау мүмкін емес еді.
Блокноттан бас көтермей, естігендерін жазумен отырған Кенже ағамның қандай күйде болғанын білмеймін. Ал маған апайдың қайғылы, мұңды әңгімесі ерекше әсер етті. Көп күндер есімнен шықпай жүрді.
Осылайша 1961 жылдың маусым айынан бастап, жазушы өзінің 35 жылдық өмірін «Абайдан соң» романдарын жазып, шығаруға арнады.

– 9 –

Кәмен Оразалин әр түп көдесін, әрбір төбесін, тауы мен тасын, жазығы мен ойпатын жанындай сүйетін туған жерінің тарихы мен елінің жиырмасыншы ғасырдың басындағы, Абайынан айырылған тауқыметті тағдырын ой елегінен сан мәрте өткізіп, тебірене отырып жазуға кірісті. Талғам таразысы, ой мен сезім үлгісі – Абай, кейіпкері – асыл туған, сергек ойлы, сезімтал, білімді жас, күрескер тұлға – Мұхтар, үйренері – «Абай жолы». Бірақ Кәмен өз сүрлеуін, өз жолын іздейді. Оны тапты да.
Мұхаңның «Абай жолы» эпопеясы аса мұңды, қасіретті, ойлы күйде аяқталатын. «Шөл даланы жарып аққан дариядай игілік өмір үзілді. Сонау бір шақта тасты тақыр, жалтыр биік басына жалғыз шыққан зәулім өскен алып шынар құлады. Өмірден Абай өтті!» – дейтін. Содан соң «Эпилогта» Абай қабірінің басында адал жары Әйгерім мен шәкірті Дәрменнің жыры айтылушы еді ғой… «…Абай жаңаша жолға өтті. Ол өлмес қадам басты! Әйгерімнің әні мен соған оралып айтылған Дәрмен жыры Абай туралы кейін туатын бар өнердің басы еді. Жаңа туған әннен бастап Абай жаңа туысқа ауысқан…». Кәмен Оразалин «Абайдан соң» романында айрықша мінез, ерекше батыл қадамға барады. Ол шығармасын Абай өлген күннен бастап, Мұхаң айтқандай, «Абайдың жаңа бір туысын қабыл алып отырған Халық-ата, Халық-ананың» қасіретімен қоса оның жас өскін-мұрагерінің де дүниеде барын көрсетеді.
Роман өте ширақ басталады. Оның шағын-шағын әр тарауы бейне кинотаспада өтіп жатқан өмір-суреті тәрізді ұлы ақынын жоқтаған қалың елінің қасіретін көрсетеді. Олардың ортасында тілектес достары да, ниеттес жас қауым да, күні кеше ғана жауласып жаға жыртысқан дұшпандары да бар. Бәрінің құйылар сағасы – біреу, ол Абай дүниеден өткен Балашақпақ жайлауы.
Осы қарбаласта тек қазақ қауымына ғана тән сирек, тосын құбылысты жазушы айрықша шеберлікпен суреттейді.
«Жер қайысқан қалың боз күнмен шағылысып, сынапша толқып, домалана жүйткіп ақты. Шаңқан, боз аттылардың қарасын алты жүз бар-ау деп шамалаған ескі көздер де ұшыраспай қойған жоқ. Аттарына орай, адамдары да қылаң түстіден біркелкі киінгені байқалып тұрды. Мұндайлық көңілді де, көзді де тартарлық оқшау күй бұрын-соңды болып көрген жоқ деседі жұрт…».
Бұл – Абай қазасына қайғырып, аңырап жылап келе жатқан ежелгі дұшпаны Атымбай (Оразбай) еді.
«Абай науқас» деген хабарды бұрын естіп көрмеген ол күтпеген апатқа төбесінен жай түскендей болды. Шошынған бойда ажары қуарып, көкірегінен қолын айырмаған.
Ақыры: – Алла!.. Алла! – деп тәубеге түскендей, құлшылық ұрып сыйынды да, жер сабап ойбайлады:
– Құрттың ғой, құдай!.. Жалғыз қалдық, Атымбай! Нең қалды енді, кімің бар?!».
Атымбай (Оразбай) Абайдың өлімінен өзінің де күйрегенін сезеді. Ол мәрттік жасап, марқұмның артын күтуге отыз үй әзірлетіп, сойысқа арналған қоралы қой, үйірлі жылқысы мен қалың көші алты жүз адам ат қойғанда соңында келе жатқан.
«Міне, алыстан ат қойған қалың кісі іркес-тіркес жапырыла жүйткіген ағынмен толқыған теңіздей сапырылады. Тұтаса жөңкілген шоқ-шоғырлар, ілгерілі-кейінді лықси төгіліп, әп-сәтте Балашақпаққа құлап та қалған еді. Тай өзені мен Кеңқоныс, Ботақан ошағында отырған қалың ауылдарды қақ жарып, боз аттылар тұс-тұстан құйылғанда қатты айқайдан жосып шығысқан жылқылар да бұл өңірді дүрліктіре түсті. Ат тұяғынан өрт шығып кетердей қаңырығы кепкен далада ыстық жалын үрлеп тұр. Қолтығы сөгіліп, бүйірі су- алған елде қайғы сыры қара жерге де тіл бітіргендей көрініс атаулы дір қағады».
Жазушы Атымбайдың ішкі жан құбылысын суреттей отырып, оның морт, томырық мінезін де көзден таса қылмайды.
«Атамбай әйелдердің жоқтауын естігісі келмеді ме, мүлгіп тұрған көпшілікті тік біткен бұзақы көзімен сүзіп шықты… Атымбайдың дәл қазіргі келбеті жеңген адамның келбет кескіні сияқтанбайды, әбден мүжіліп біткен жан тірлігіндей өңі де суалыңқы, жүдеу. Бағана аттан түсіп, бері жүрген кезде нығыз көрінген денесі енді шағындалып қалғанға ұқсайды. Басы қалтыраған сайын, сақалы сілкініп қап, оның өксік күйін құптағандай болып тұр. Ауыл адамдары сөз орайын өзінен ғана күтіп отырғанын аңғарғанмен, асықпайды. Бөркін әнтек жоғары көтеріңкіреп, жан-жағына барлай қарап күрсінеді… Содан кейін ғана барып сөз орайын тапқан сияқты:
– Алыстық, жұлыстық, белгі қалмады. Жауласқан да жақыным бір өзің ең, Абай. Ақыры ұтылған мен болдым.
Бұдан соңғы сөзін жеткізе алмай, қыстығып барып үні өшті. Көптен кейін қайта тыныс тапқандай орнығып, жайғасты:
– Бітті біздің күніміз…
Ол қамшысын алдына тастай сап, солқылдап жылағанда жұрт күңірене егіліп, шулап кетті…».
Міне, бір дәуір, Абаймен жауласқандардың дәурені Атымбаймен аяқталып, жаңабір қаскөй топтар, бұрынғыларға қарағанда оқыған, заманға сай қулығы, зұлымдығы жетерлік топ пайда болады. Олардың басшысы – Шөпіш, қолшоқпары – Бәйтік, арасында соңынан ерген үлкенді-кішілі сотқарлары тағы бар. Абай дүниеден өтіп, Атымбай тізе бүккенімен ақынға қарсы жаулық оның өлеңдерін бастыратын кезде, тіпті, өрши түседі. Осы тұста Абай, Әуез ұрпақтары бір жақта, Шөпіш бастаған Тәкежан ұрпақтары қарсы бетке шығып, бітіспес жаулық жалғасын табады.
«Абайдан соң» романының төрт кітабы уақыт жағынан 1904-1917 жылдарды қамтиды. Бұл қазақ даласы қанды оқиғалар мен күреске толы заман еді. Патшалық Ресей отарлау саясатын қатайта түседі. Қазақтың шұрайлы жерлерін тартып алып, орыс мұжықтарын орналастыра бастайды. Бұратана халықтың дінін, тілін, мәдениетін жою саясаты барынша асқынған. Мешіттерді жауып, мұсылман дініндегілерді қудалап, шоқындыру, қазақтың білікті адамдарының соңына от алып түсу, ел арасында Қарақан сияқты капиталистердің пайда болуы, әртүрлі қалаларда білім алған жастардың көбеюі, Ресейдегі революциялық дүмпулер, ақтар мен қызылдардың шайқасы – осылардың бәрі роман кейіпкерлерін айналып өтпейді. Романнның бірінші томында жеті жастағы Мұхтар жыл сайын есейіп, оқып, білім алып, айналасындағы түрлі оқиғаларға ой көзімен қарап, келе-келе өзі де араласып, біртіндеп толыса бастайды. К.Оразалин бала психологиясын терең білетін, тумысынан ұстаз адам. Сондықтан да жас Мұхтардың кемелдену эволюциясын баппен, байыпты суреттейді. Мұхтардың төңірегіндегі әке-шешесі, ағасы Қасымбек, замандасы Қатпа, үлгі тұтар үлкендері Зекен (Тұрағұл), Кәрім (Шәкәрім), Кәдірбай (Кәкітай) сынды адамдармен қоса Мұсабай, Шөпіш, Бәйтік, Қарақан, ұры Ақжан сияқтылардың әсер ықпалы аз емес. Сұңғыла жас солардың істері мен әрекетіне байыптап қарап, көкірегіне түйе біледі.
К.Оразалин романдары – кең тынысты, әлеуметтік мәселелерді қамтыған, халықтың тұрмыс-тіршілігін, салт-санасын, әдетін, отбасылық қарым-қатынасты, ағайын-туыстықты жіліншігіне дейін шағып, энциклопедиялық ауқымда көрсете біледі. Бұл ретте тек «Абайдан соң» романының төрт кітабындағы ұлттық дәстүрлер жеке зерттеуге лайық. Роман кейіпкерлерінің сөйлеу мәнері де өзгеше. Ол сонау Абай дәуірінен үзілмей келе жатқан үрдіс. К.Оразалин сол дәстүрді шеберлікпен жалғастырады. Жазушы бейнелеп отырған заманы мен уақытына лайық ондаған кейіпкерлерді мүсіндейді. Олардың әрқайсысының іс-әрекеті мен мінез-құлқында, түр-түсінде қайталанбас ерекшелік бар. Кітаптың алғашқы томында қаскөй топтың серкесі Шөпіштің бейнесі ерекше көзге түседі. Ол – ата жолын қуған адам, Тәкежанның немересі. Абай баласы Зекен айтқандай, «атасы бір болғанмен, әр ұяда, әртүрлі қоректенген жануар». Ал ел ағасы Тәшен Шөпішті көргеннен «Зәлім атаулы мынаның қалтасынан аспайды-ау» деп болжайды. Шындығында Шөпіш іс-әрекеті ірі, қиқар, қиямпұрыс адам. Оның серіктері де өзіне сай. Соның бірі: «Иә, құдай!… Шоқпарға кезек, ат тізесіне бөгет бере көр!» – деп жасаураған көздерін сүртіп-сүртіп жіберіп, жылқыға шабатын, иесіз ауылдағы қалт-құлт етіп отырған кәрі ана Бибішті ат артына өңгеріп әкелетін қаныпезер Бәйтік емес пе?
«Шөпіш – бала көрсе-ақ әр жорамалға сап, бағдарлай жүретін әдеттің адамы. Өз ауылының жасөспірімдерін кейде қызыл шеке төбелеске соқтықтырып, жоғы жаңа табылғандай сүйсінетін. Ал жылқышыларды бір-бірімен шайқастырып ең жырынды, ең күшті дегендерін ғана түздегі қосына жіберуші еді». Сол әдетімен Мұхтарды сынамақшы болады.
«Қол бастайтын батыр болады деуге бет ажары олай деп тұрған жоқ. Сойылға жығылмайтын жанкешпе болатындай маңдай сүйегі қалың емес. Найзагер болуға жылпос, икемділік бітпеген, сылбыр. Дау-жанжалдың кесіп тастар біліктісі болуға жылтыр қабақ, жұқа ерін, үшкір иек кескінді көрмеймін. Кім болғалы тұр сонда?»деп кіжінеді. Ол кезде Абай сөздерін түгел жатқа айтатын Мұхтарды ауыл-аймақ «тіліне ғана емес, жұлынына сөз қаулап өскен бала» дейтінін Шөпіш қайдан білсін!
К.Оразалин «Абайдан соңды» жазарда ел өмірін, сол замандағы ірілі-ұсақты оқиғаларды, заманның аңғарын, кейіпкерлерінің өмір жолын, тағдырын жете зерттеумен қоса көп томды роман жазу үлгісін де әлемдік әдебиеттен оқып, игеруге ұмтылады. Ол Л.Толстой, М.Горький, М.Шолохов эпопеяларымен қоса өз көңіліне жаққан Р.Ролланның «Жан Кристоф», Стендаль романдарын, Мартин дю Гардың «Тиболардың отбасын», т.б. көптеген туындыларды зерттеп, олардан образ жасау тәсілін, романның құрылымын түзуді, басқа да шеберлік әдістерін үйренеді. Бірақ осылардың бәрінен де Кәменге рухани жақыны М.Әуезовтің өз шығармалары болатын. Ол Мұхтар өмірін жазарда сол Мұхаң салған жолды таңдайды, өйткені заманы әрбасқа болғанымен, үшеуінің де өскен елі, жері, жұтқан ауасы бір. Естіген оқиғалары, көрген адамдары да – ата, аға, бала ұрпақ болатын. Кәмен романдарын 17 бөлімге бөліп, әрқайсысына «Қазада», «Қарбаласта», «Қалада»… деп ат қояды да ондаған ұсақ тараулар арқылы оқиғаларын өрбітеді. Бұл Мұхаңды қайталау яки еліктеу емес, қамтыған уақыты, көрсеткен оқиғалары, қатысатын адамдары көп, сан салалы өмірді бейнелеудегі қолайлы тәсіл болатын. К.Оразалин ол тәсілді жетік игерген.
«Абайдан соң» романының алғашқы кітабы 1972 жылы әртүрлі тосқауылдардан соң қысқартылып, көптеген тарихи адамдардың аттары өзгертіліп жарық көрді. Шәкәрім сынды Алаш арыстарын айтпағанда Мұхтардың өміріне тікелей қатынасы бар Тұрағұл, Қаражан, т.б. аттарын атап, өмірін бейнелеуге тыйым салынған. Соған қарамастан роман жұртшылықтан жақсы баға алды. С.Бегалин, Ә.Сәрсенбаев, Ә.Нұршайықов, З.Қабдолов, Ж.Жұмаханов, М.Дүйсенов, т.б. жазушы мен ғалымдар жылы лебіздерін білдірді. Бұл кезде романның екінші-үшінші томдары да жазылып бітіп, өңдеу-жөндеу үстінде болатын. Сексенінші жылдардағы жылымық «Абайдан соң» романының тынысын кеңейтіп, алғашқы томдағы шектеулер азая бастағандықтан жазушы Қаражан, Тәуке батыр, «Жүзтайлақ» оқиғаларын көсіле жазады. Оқыған, білімді, жас Мұхтардың рухани ағасы Қасымбектің, Тұрағұл, Кәкітай, Шәкәрімнің образдары айқындала түседі. Бозбала Мұхтардың Кәмешке деген алғашқы ынтызар көңілін жазушы сүйсіне суреттейді.
«Ауыл қыздарының үлгісінде киінген Кәмештің үстіндегі ақ жібек көйлегі, қызыл күрең ләмбік камзолы ай мен шам жарығының арасында ерекше бір құбылған сәулемен қыз келбетін нұрландыра түседі… Оның талдырмаш денесімен үйлесім тапқан киімдерінде келеңсіз жамап-жасқалған басы артық әлеміштер жоқ. Қазіргі сәтте оның ақшыл жүзінде жүгіре қалған жұқалаң қызғылтым реңк қыз жүрегінің уыз белгісінен хабардар еткендей жан-дүниені толқытады. Сүйкімді құлағындағы үлкен де, кіші де емес дөңгелек алтын сырғасынан тамағына құлай түсіп тұрған үлбіреген сәуле бар. Сол сәуле қазір жұмырлана біткен тамағында лүпіл қағып ойнайды. Кәмештің аса сүйкімді ажары сүлулық атаулының бәрін бір өзінен ғана өрбітіп тұрғандай Мұхтарға бұрын беймәлім көктемнің арайлы таңы атып келе жатқан сияқтанды. Жаратылыс шіркіннің бұл таңғажайып құбылысына сүйсіне қарап қалған Мұхтар жүрегіндегі құпия бір сырдың оянып үлгергенін өзі де аңдаған жоқ еді…».
Мұхтар мен Кәмештің қызық пен махаббатқа толы, бірақ аянышты тағдыры романда кеңінен көрсетілген. Жазушы Мұхтарға алғашқы атастырылған қалыңдығы Әйкежанның, кейіннен әке-шеше батасымен, өз ықыласымен қосылған Райханның өмірін, олардың болашақ ұлы суреткердің тағдырында қалдырған ізін көркем бейнелейді. Бірақ шығармадағы лирикалық өзек негізінен Мұхтар-Кәмеш қатынасы арқылы өрбіп, соңында өксікті, өкінішті оқиғаларға ұласады.
Кәмен Оразалин – адам портретін оның мінез-құлқымен астастыра берудің шебері. «Қара жердегі ізінен адамның келбет-кескінін танитын», «ояу отырсаң да білдіртпей құлағыңды кесіп әкететін ұрысы, жанжалдассаң бір адамы он кісіге алғызбайтын жаужүрек батырлары бар» Мұсабай болыс Шөпішті «ұрының аты байланған қу қазықтан май сауып алатын» адам деп бағалайды. Жазушы осындай шеберлікпен ондаған кейіпкерін көз алдыңа келтіреді. Солардың ішінде Әйгерімнің, Тәукенің, бала Мұхтардың, Қасымбектің, Абай балаларының тұлғасы ерекше көркем мүсінделген.
Төрт романды түгел талдау үшін, әрине, кең көлемді зерттеу еңбегін жазу керек. Қысқаша айтқанда, қазақ әдебиетінің өткен ғасырындағы таңдаулы жүз романның (Р.Нұрғалиев) қатарына енген бұл соқталы еңбек өзіне лайық бағасын әлі де ала жатар. Бұндай алапат еңбекті, көп уақытты, мол білімді, қайсар талантты қажет ететін заманымыздың ұлы суреткері Мұхтар Әуезовтың көп жұртқа беймәлім балалық, жастық шағын, оның азамат, қайраткер, жазушы болып қалыптасуын көптеген дәлелдермен көркем бейнелеген туынды әзірге біреу-ақ. Кемшіліктері жоқ емес, оны да айту керек. Бірақ тұтас бір дәуірдің көркем шежіресін осы шығармадан табуға болады. Сондықтан оны елемей өту әдебиеттану ғылымының олқылығы дер едім.
– 10 –

М.Әуезовтың «Абай жолы» эпопеясының сәтті аяқталып, зор абыройға ие болуы елуінші-сексенінші жылдары қазақ жазушыларын дүр сілкіндірді. Шамасы келетіндер эпопея, немесе көптомды романдар жазуға ден қойды. Ғабит Мүсірепов «Оянған өлкенің» келесі томдарын жазуға кірісті, Сәбит Мұқанов Шоқан туралы эпопея жаза бастады, Ғабиден Мұстафин «Көз көргеннің» бірнеше кітап болатынын жариялады, Хамза Есенжанов «Ақ жайықтың», Әбдіжәміл Нұрпейісов «Қан мен тердің» эпопея екенін жасырған жоқ. Шерхан Мұртаза Тұрар Рысқұлов өмірінен, Сәкен Жүнісов Ақан сері өмірінен жазған көптомды романдарының алғашқы кітаптарын бастыра бастады. Тарихи тақырыпты тың көтергендей қопара келген Ілияс Есенберлиннің романдар циклының да әсері аз болған жоқ. Жас жазушылар Әбіш Кекілбаев пен Мұхтар Мағауин балалық шақтағы ауылда көрген-білгендерін жазып бітіп, енді тарихи тақырыпқа ауысты. Олар да бір-бір дилогия жазып тастады. Көп томды роман жазу – сәнге айналды.
Хош, бұлардың бәрі Алматыдағы әдеби қауымға әбден таныс, орталарында күнде көріп жүрген өз адамдары болатын. Жазсын.
«Ал сонау қиыр шетте жатып, бүйректен сирақ шығарып, көп томды роман жазбақшы болған Кәмен Оразалин кім? Басқа-басқа беймәлім тарихи тұлға емес, күні кеше бәрінің көзі көрген, ұстаз тұтқан ұлы тұлға Мұхтар Әуезов – басты кейіпкері болмақ. Сонда оның бейнесі Абаймен, романы «Абай жолымен» бәсекелес болмақ па?! Қой, ауылда жүрген қарапайым мұғалімге ондай ерлік арам болар! Адам шамасына қарауы керек қой?!». Осылайша долбарлай кінәлаған, қызғаныш пен күйінішке толы сөздерді бықсытқандардың көбі дәмесі зор, дәрмені жоқ адамдар еді. Иә, олар да Мұхаңды талай көрген, біледі. Жазып тастамақ. Жаза алмады. Мықтағанда азын-аулақ естеліктен аспады. Әсіресе, Алматыдағы Жазушылар одағының, «Жазушы» баспасының маңайында пікір таратып, өсек айтып, білгішсініп, селбесіп, сенделіп бос жүретіндердің өктемдік көрсетуі, менсінбеуге тырысуы – намысына, арына тиді. Көкірегін басып, жазуына бөгет болды. Кәмен олардың көбін білмейтін, танымайтын. Бұл орта оған тым жат көрінетін. Әкесіндей қамқор болған Мұхаң жоқ. Ол кісі болса жаңа шығармасын әркімнің көкпарға салып өктемсуіне жол бермей, кемшілігі болса «қатал мейірбандықпен, аямай отырып өңдетіңдер, тұжыртыңдар, ширатқызыңдар…» дер еді ғой. Жақсысына қуанып, жаңағы қызғаншақтар мен іші тарларға сес болар еді. Талантын таныған қаламдас жақсы ағалары Ғабиден Мұстафин мен Әбу Сәрсенбаев сынды көзкөргендер қартайып, аренадан шыққан. Олар Кәменді қорғады, қолында билігі барларға барып айтты. Бірақ бұл кезде талантты бағалау, үлкенді сыйлау жағы азайып кеткен шақ еді.
«Абайдан соң» романының алғашқы томы жарық көріп, ол жұрттан жақсы баға алып, енді екінші томын бастыруға келгенде қолдан жасалған қарсылықтар көбейіп кетті. Қисынды-қисынсыз сындар, орынды-орынсыз талаптар қойылып кітаптың шығуын кешеуілдетуге тырысатындар байқалды. Олар шығарманың ширығып, жақсара түсуінен гөрі, авторының бұл қысымға шыдамай, қолжазбаны тастап, Алматыдан кетіп қалуын іштей қалайтын. Кәмен өз басы тірі жанға зияны жоқ, жазушылар арасындағы топ пен тобырға қосылған адам емес. Сонда да оны күстаналап, әлдекімдермен байланыстырып, басынып, шетқақпай көрсеткендер табылды. Бірақ олар Кәменнің қайсар мінезін, табандылығын білмейтін. Оны кезінде аштық та, жоқтық та, соғыстағы бетпе-бет келген ажал да, Ертістің көктемгі тентек толқыны да ағызып әкете алмаған еді. Күн сайын етегінен тартқан тұрмыс тауқыметі де тоқтата алған жоқ. Ол қаражаттан тарығып, барар жері қалмаған соң менің жатақханама түнеп жүрген күндері болды. Мен стипендия алғанша нан мен суға қарап қалған шақ көз алдымда. Амалы құрып елге де қайтты. Ондағы топырлаған сегіз баланың ас-суын тауып, қысқы отын-суды, балаларын асырап отырған екі сиырдың шөбін түсіру – роман жазудан да қиын еді. Аты дардай жазушыны тақыр кедей деп кім ойласын. Алматыдан, Семейден Абай еліне келіп жататын жазушы, өнер қайраткерлері де бұрынғыша осы үйде түйісіп, осы үйден тарайтын. Кең пейіл Лиза жеңгем азын-аулақ дәмді асын балаларына да бермей, қонаққа сақтаушы еді. К.Оразалиннің қара шаңырағында Мұхтар Әуезов, Ғ.Мүсірепов, Ғ.Мұстафин, С.Мұқанов бастаған ұлы жазушылармен қоса Ж.Елебеков, К.Кенжетаев сынды әншілер, басқа да өнер мен ғылым саңлақтары, жалпы саны жүзден аса адам болғанын мен жақсы білемін. Кәмекең елге барып, біраз ес жиып, мұғалімнің жұқалтым жалақысын қалтасына басып Алматыға тағы келетін. Жазушының ауылда қалған бала-шағасын қаражаттан тарықтырмау үшін өмір бойы ұстаздық еткен Абай орта мектебіндегі шәкірттері мұғалімінің орнына кезек-кезек тегін сабақ беріп, жалақысын үйіндегі бала-шағасына жіберетін. Бұндай мейірім, өзіне деген шәкірттерінің сенімі оған қанат бітірді. Сондықтан ат-тұрманы сай болмаса да Алматыға тағы бет алды. Екінші томы шықпай жатқан он жылдық тартыста ол қарап жүрген жоқ. «Абайдан соңның» үшінші кітабын да аяқтап, төртіншісін жобалап қойған.
Сонымен қоса «Абай ауылына саяхат» атты деректі-публицистикалық әңгімелерден тұратын көлемді кітабын жазып бітті. Бұл кітап – Абай мен Шәкәрімді, Мұхтарды дүниеге әкелген өлкенің елі мен жерінің тарихын көркем тілмен, сұңғыла білгірлікпен, зор сүйіспеншілікпен сыр ғып шерткен тамаша туынды. Ол «Мектеп», «Жалын» баспаларында жүздеген мың тиражбен бірнеше рет басылып, тез тарап кетті. К.Оразалиннің бұл табысын да «Жазушы» баспасының басшылары елеген жоқ. Айтар уәждері таусылса да «Абайдан соң» кітабының дайын тұрған екінші томын жылдар бойы қамауда ұстап, жоспарға кіргізбеді.

– 11 –

1983 жылы Кенже ағам Алматыға тағы келді. Ол кезде мен үй алып, жағдайым түзеліп қалған, бір бөлмемізді босатып беріп, ас-суын қамдап отыратын болдық. Ұзақтау жатып қалса бұрынғыдай таршылық көрмесе екен дейміз.
– Мынау «Абайдан соңның» үшінші кітабы, – деді ағам жуандау бір папканы көрсетіп. – Ертең баспаға апарып тіркетем.
– Ойбай-ау, алдымен екінші томды шығарып алмайсыз ба?! Бұны көрсе «достарыңыз» қызғаныштан өледі ғой, әзірге айтпай тұра тұрыңыз.
– Жоқ! – деді ағам. – Жарылып өлсе де, ертең үшінші томның да біткенін айтып, тіркетемін. Билік қолдарында ғой, қолдарынан келсе өздері де жазсын. Менің не кінәм бар? Ә.Жұмабаев пен Е.Әукебаевқа жасаған қылдай қиянатым жоқ. Алыста жатқан маған құндары кеткендей неге өшігеді? Әлде Мұхаңнан ала алмай қалған кектері бар ма? Міне, он жыл болды, екінші томның қолдарында жатқанына, түрлі сылтау айтып, маңдарына жолатпайды. Алдағы жоспарға кірмесе, тағы 3-4 жылға шегінеді. Осының басын ашып алайын деп отырмын.
Қарлы жаңбыр сіркіреп тұрған көктемнің бір күні еді. Ағам ерте тұрып, «Жазушы» баспасына кетті. «Көз көрсе жүз ұялады» деген, күнде көріп жүрген жоқ, осы жолы кітаптың тағдыры шешіліп, жоспарға кіріп қалар» деген үмітпен баспа директоры Ә.Жұмабаевтың қабылдау бөлмесіне ерте барып отырмақ. Мен сол күні тұмауратып, үйде жатқанмын. Ағам түскі асқа келген жоқ. Жұмыс аяқталып, ел тарайтын уақыт та жетті. Әлі жоқ. «Жолаушының кешіккенінен үміттен» дегендей, кітабы жоспарға кіріп, дос-жарандарымен бірге жүрген шығар деп ойлаймын. Кеш бата қарлы жаңбыр үдеп кетті. Алаңдай бастадым. Осы кезде үйге бір аяғын ақсаңдай басып, күздік қалың пальтосынан су сорғалаған, басындағы құлақшыны мыж-мыж, өңі әлем-тапырық күйде ағам кірді. Шошып кеттім. Аяғындағы етігіне батпақ жұққан, іші суға толыпты. Пальтоның иығынан өткен су іш киімдеріне дейін жетіпті. Арық денесі дір-дір етеді. Алып кеткен қолжазбасын қойнына тығып алыпты. Тез шешіндіріп, құрғақ киімдерін кигіздік. Ас-суын, ыстық шәйін берген соң ғана тілге келді.
Ә.Жұмабаевтың қабылдау бөлмесіне дәл уақытында барыпты. Бастық әлі келе қоймаса керек. Бұрыннан танитын хатшы қыз жайдары қарсы алып, алдына шәй қояды. Кіріп-шығып жүрген бірлі-жарым баспа қызметкерлері де жазушыны танып, құрметпен амандасады. Бұған көңілі көтерілген жазушы жадырып, ісім оңға басар деп үміттенеді. Түске таяғанда директор да келіпті. Кәмекең елгезектікпен, жасы үлкендігіне қарамай, ұшып тұрып сәлем береді. Бойы шағын, тығыршықтай көк көз сары жігіт «бұны қайдан көрдім» дегендей оқшырайып бір қарап, сәлемін алмастан кабинетіне кіріп кетеді. «Жұмыс адамы ғой, әлденеге алаң болып келген шығар» деп оғаш қылығын елемей, «өзі шақырар» деген үмітпен тосады. Бірақ хабар болмайды. Кіріп-шығып жатқан өз қызметкерлері де, сырт адамдар да аз емес. Түс әлетінде директор кабинетінен шығып, Кәменге көз де салмастан үзіліске кетеді. Сол кеткеннен түс ауа бір-ақ оралып, «сен әлі отырсың ба?» дегендей жазушыға ұнатпай бір қарап, хатшы қызды ертіп ішке кіреді. Қайта шыққан қыз аянышты жүзбен:
– Ағай, бастық сізді қабылдай алмайды, – дейді. – Өзіміз хабар береміз, сол кезде келіңіз.
– Менің қайдан келіп тұрғанымды жақсы біледі. Арлы-берлі жүре беретін ауыл арасы жақын емес. Шаруамның мән-жайы да өзіне мәлім. Сөйлесуге жарты сағат уақыт табар. Жөнін айтсын. Тосамын.
Кәмен бөлменің елеусіздеу бір бұрышына барып, бастықтың пиғылынан тауы шағылып, ызаға булықса да, шыдамдылықпен тосады. Ә.Жұмабаев міз бақпайды. Билікке мастанып, құдайдың құлағын ұстағандай астамсыған директор өзіне тәуелді болып отырған адамды қинай түседі. Одан қандай рахат тапты, өзі біледі.
Бұл кезде Ә.Жұмабаевтың «Жазушы» баспасын басқарғанына он жылдан асып кеткен. Бұрын қатардағы журналист еді, кейіннен Орталық партия комитетінде сектор меңгерушісі болып, баспаға келген соң біраз кітаптарды қазақшаға аударып, жазушылар қатарына қосылды. Алғашқыда кішіпейіл, қарапайым еді, жылдар өте жұрттың қолпаштауы мен маңайында топ құрып, жасақ жиып жүретін кейбір ықпалды жақтастарына сүйеніп, «құлағына қол жуытпайтын асау, «кісілікті» адамға айналған. Ол Кәменді қабылдамайды. Жұмыс аяқталған кезде кетіп бара жатып, қабылдау бөлмесінде бір уыс болып шаршап, қалжырап отырған майдангер-жазушыға шекелей қарап:
–Сіз өзі сөз ұқпайтын адам екенсіз, – дейді ежірейіп. – Кітабыңыз жоспарға кірмейді деп өткен жылы айтқанмын. Сол сөзім-сөз! Әуезовтей адамды жазу үшін Әуезовтың өзіндей талант болуы керек. Ал сіз өлермендік жасайсыз.
Ол осы сөзі тауып айтқандай шикіл сары жүзі қызара бөртіп, шығып кетті.
Кәмен көшеге шыққан соң, қылмыс жасаған құныкердей еңсесі түсіп, қарлы жаңбырдың астында басы ауған жаққа қарай жүре береді. Бір кезде аңғарса, Гагарин атындағы көшемен төмен қарай құлдилап, Ташкент көшесіндегі қалалық зиратқа жетіпті. Қақпадан кіре бере ақ мрамордан қашалған Мұхаң (Әуезов) бейнесі бұрынғы тірі кезіндегі әдетінше қарсы алдынан тосып тұр екен. Кәмен ескерткіштің табанына төселген гранит тасқа отыра кетіп, қарлы жаңбырдың астында бойын жинай алмай, өксіп жылап жіберді. Қандай қиындық көрсе де жасып, өмірінде көзінен жас шықпаған еді. Бұл жолы қорланып, ызаланып, шарасыздықтан күйінеді. Мұхаңа көрген зәбірін айтып, әбден мұңын шағады. Ұзақ отырып, мауқы басылған соң біздің үйге жеткені сол екен.
– Апырай, Кенже аға, жас, қайратты кезіңізде осы ортаға көшіп келіп, қатарластарыңызбен бірге жүрсеңіз, әр кітаптың соңында азап шегіп, тауқымет тартып, қорлық көрмес едіңіз. Жазатын кітабыңызды ел сияқты қалада жатып та жазуға болар еді ғой, – дедім.
Кенже ағам үнсіз ұзақ ойланып отырып қалды. Кенет бұрынғы, соңғы көрген қиындықтарын бойынан сілкіп тастағандай, әдетінше екі бетін алақанымен ысқылап жіберіп, маған тікшие қарады. Жанары қызғылт шоқтай, кірпі шаштары одан сайын тікірейіп кетіпті. «Апырай, ішкі қуаты неткен мықты адам» деген ой келді.
– Әй, Сұлташым-ай! Мен Мұхаңның өсиетін орындап, елде қалғаныма ешқашан өкінген емеспін. «Қазыналы, мағыналы, мол тарихы бар елде отырсың. Соларды жина. Одан артық жазушыға не керек?» – деген Мұхаңның үні әлі құлағымда. «Абайдан соңды» аяқтасам, елден ұққан білімім, жиған қазынам әлі де бірнеше кітапқа жетеді. Семейдегі Алаш тарихы мұрты бұзылмай жабық жатыр. Ал менің қолымда ғажайып деректер, сол күндерді көзімен көрген ондаған адамдардың әңгімелері бар. Соны жазам. Күні туғанда, құдай қаласа, жарық көрер. Ал дерек жинауды, кейіпкерлердің тағдырын нақты зерттеуді Мұхаңның өзінен үйрендім. Қалада жүрсем оны білер ме едім, білмес пе едім.
– Мұхаң Алматыда, сіз ауылдасыз. Оны қалай үйрендіңіз?
– Ол кезде алыс аудандармен жедел байланыс тек рация арқылы болатын. Елуінші жылдардың басы болса керек, бірде аудандық партия комитетінің хатшысы М.Мұсаинов шұғыл шақыртты. Ол мені дереу рация тұрған бөлмеге апарып: «Осы жерде тос, қазір Мұхаң хабарласады» деді. Көп ұзамай рациядан Мұхаңның даусын естідім: «Кәменбісің? Пәлі, сенің кітабыңды Ғабиден мақтап жатыр. Біреулер «сынайды-ау, ұнатпайды-ау» деп жасқанбай, жаза бер…». Осы кезде рация сырылдап, қырылдап біраз үзіліс болды. Байланыс қайта орнағанда Мұхаң: «Кәмен, мен саған елдегі көз, құлағым боласың, тапсырмалар беріп тұрамын деп айтқанмын. Таяу күндері елдегі Тілеке, Ермұса, Рахымбай сияқты адамдарға жолық. Қиясбай қайда жерленген екен, жаназасына кімдер қатынасыпты, соны бір біліп бер. Одан соң Бөкенші мен Жігітектің арасындағы соғыс қай жылы, қай жерде болыпты. Кісі өлген дейді, рас па? Оразбай мен Керейлердің арасында Қарасудағы қақтығыстың мән-жайын толық анықтарсың» деген тапсырмалар болды. Мен Мұхаң айтқан адамдармен жолығып, басқа да куәлерді тауып, толық мағлұматты рация арқылы баяндайтынмын. Мұхаңның жоғын іздеп жүріп, дерек жинауды, анықтауды үйрендім. Өзіме қажетті талай оқиғаларды жазып алдым. Ұмытпасам, осындай тапсырмамен он шақты рет рация арқылы сөйлестік. Өзің де білесің, рацияда Қапиза деген әйел бертінге дейін қызмет істеді. Жолың болғыр, жақсы, ақылды адам еді. Сол кісі атом полигоны ашылатын болып, Абайдың мүрдесін Семейге көшіру туралы айтыс-тартыс басталғанда мені жасырын түрде Мұхаңмен талай рет байланыстырды. Мұхаңның ақылымен Абайды көрген, көзі тірі Әлімбет, Балғабай сияқты ақсақалдардың: «Ақынның өзі «мені есірке, тыныш ұйықтат, бақ сөзіме» деп өсиет айтқан. Абайдың мүрдесіне тиісуге болмайды» деген пікірін ұйымдастырдым. Бұл да үлкен әңгіме. Әрине, Мұхаң тірі болса мен мұндай азап көрмес едім.
Кенже ағам ертеңінде «Абайдан соңның» үшінші томының қолжазбасын оқып, пікір жазу үшін Жазушылар Одағына өткізді де, өзі елге қайтты. Арада бір жыл өтсе де, екінші том жоспарға кірген жоқ. 1984 жылы мені Орталық партия комитетінің мәдениет бөліміне қызметке шақырды. Осы кезде баспалардың 1987 жылы шығаратын кітаптарының жоспары Орталық партия комитеттің үгіт, насихат бөлімінде қаралып жатыр екен. Тәртіп бойынша, мәдениет бөлімінің көркем әдебиет секторы оған пікір айтып, өз ұсыныстарын ғана беретін көрінеді. Бөлімге келген «Жазушы» баспасының жоспарын алып қарадым. Кітап тізімде жоқ. Сектордың ұсынысына да кірмепті. Өзіммен университетте бірге оқыған досым, әдебиет секторының нұсқаушысы Ысқақбаев Маралға Кәменнің жағдайын айттым.
– Сектордың ұсынысы кетіп қалды. Әуре болма, өтпейді, – деді.
Біраз үгіттеп көріп едім, кергіп, маңына жуытпады. Одан кейін Төлен Әбдіковке жолықтым. Ол кино жағынан нұсқаушы болса да, әдебиет секторымен тонның ішкі бауындай аралас.
– Сен өзің жаңа келдің, ағаңның ісіне араласқаның әбестік болады. Басшылар білсе пәлеге қаласың, – деп қормалсып, қорқыта сөйледі.
– Кәмекеңнің кітабы туралы баспаның пікірі де мәз емес.
Бұның да әуенін таныған соң, достығымды алға тартып, сектор меңгерушісі Әбіш Кекілбаевқа кірдім. Әншейінде жайдары, әзілдесіп сөйлесетін Әбекем менің не үшін кіргенімді Ысқақбаевтан біліп отырса керек, өңі қабарып, ықылассыз сөйлесті.
– Біз баспаның шығармашылық ісіне араласпаймыз, Сұлтеке, – деді. –Кәмекеңнің кітабы туралы әңгіме олардың ішкі шаруасы.
Ә.Жұмабаевтың мықтымсуының түп себебін енді ұқтым.
– Әй, Әбіш, мен сендердің жыл сайын беріп отырған ұсыныстарыңды түгел қарап шықтым. Сонда Кәмен Оразалиннің шалымына келмейтін кейбір жазармандарды қалай қолдадыңдар? Кімнің кім екенін мен де жақсы білемін ғой.
Әбіш түнеріп отырды да: – Олардың бәрі ЦК-ға арыз жазған адамдар. Оны қарамауға хақымыз жоқ.
– Кәмен Оразалиннің кінәсі арыз жазбайтыны ма? Ә.Жұмабаевтың басынып, кітабын он жыл ұстап, өзін қабылдамай отырған себебі сол ма?
Екеуміздің сөзіміз жараспады. Менің көз алдыма ағамның шарасыздықтан зираттағы тас мүсінге мұңын шағып отырғаны келді. Бұл әділетсіздікке төзу қиын еді. Енді бел шешіп Мәдениет бөлімінің меңгерушісі Мәркен Шәйжүнісовке кірдім. Жағдайды жасырмай толық айттым.
Кәмен Оразалинді ол жақсы біледі. Шамырқанып кетті де әріптесі, Орталық Партия Комитеті үгіт-насихат бөлімінің меңгерушісі Д.Р.Бибиковқа хабарласты.
– Дмитрий Ростиславович! – деді. – Мен саған анау қиырдағы Шыңғыстауда жатып романдар жазатын, тірі жанға зияны жоқ майдангер-жазушы Оразалин Кәмен туралы айтайын. Сол кісіге көптен бері «Жазушы» баспасы қиянат жасап келеді. Екеуміз көмектессек қайтеді?
Мәркен Жақияұлы жағдайды тәптіштеп айтып, соңынан екеуі бір шешімге келді.
– Сен енді өз шаруаңды істей бер, араласпа! – деді маған.
Бірер сағат өтер-өтпесте менің кабинетіме Марал Ысқақбай кірді. – Ал, Сұлтеке, құттықтаймын! Әйтүп-бүйтіп, ретін тауып, ағамыздың кітабын жоспарға кіргіздік-ау, –деді кеңкілдей күлген болып.
Көп ұзамай зиялы жымиып Төлен келді.
– Сұлтеке, ағамыздан сүйінші сұрай бер, баспаның директоры ұяты бар азамат қой, Әбіштің сөзін жерге тастамаған сияқты.
Әбіш хабарласқан жоқ. Бірақ кейіннен К.Оразалин туралы бірнеше рет салиқалы пікірлер жазып, жылы лебізін білдірді.
Кітап жоспарға кірген соң баспаның тапсырмасымен екінші томды оқып, жабық пікір жазған жазушы Кәрібай Ахметбековке хабарластым.
– Кәрібай-дос, құдайшылығыңды айтшы, «Абайдан соң» қандай туынды екен?
– Адалын айтсам, жақсы роман, көркемдігі де, берер ғибраты да мол. Әсіресе, маған тілі ұнады, – деді ол. – Осындай шығарманың жолын кескендерді түсінбеймін.
Кәрібайдың пікірін кітаптың редакторы, көрнекті жазушы Шәрбану Құмарова да қайталады. Көп ұзамай, басқа да кемшіліктері айқындалса керек, баспа директоры Ә.Жұмабаев пен бас редакторы Е.Әукебаев қызметтерінен босатылды.
Сөйтіп, М.Шәйжүнісовтің көмегімен К.Оразалиннің көші түзелді. «Абайдан соң» романының екінші кітабы 1987 жылы, үшіншісі – 1989 жылы «Жазушы» баспасынан, төртінші томы «Ана тілінен» жарық көрді.
Мұхаң туралы эпикалық туындысы халқына жетіп, жақсы пікірлер естіген жазушы қанаттанып, жасының егде тартқанына қарамастан «Абайдан соңғы арыстар» атты үш томдық романдарын айналасы бес жылдың ішінде жедел жазып, жарыққа шығарды. Бұл «Абайдан соң» романының заңды жалғасы болатын.
К.Оразалин осы жеті томдық эпопеясы арқылы өткен ғасырдың алғашқы ширегіндегі қазақ халқының тұрмыс-тіршілігін, сан-түрлі өмір тартыстарын тереңнен толғап бейнелеген. Соңғы романдарда М.Әуезов кемеліне келген, толысқан, Алаш орда серкелерінің ортасында қалыптасқан күрескер тұлға ретінде көрінеді.
Кәмекең 85 жасқа толғанда «Абайдан соңғы арыстар» кітабының үш томын бірдей басып шығарған «Елорда» баспасының директоры Т.С.Дуанбек әлі бояуы кеппеген кітаптарды өзі Шыңғыстауға апарып, қарт жазушыны қуанышқа бөлеген еді… Бұл да заман өзгерісін танытса керек.

– 12 –

Кәмен Оразалин – тумысынан ұстаз адам. Ол 24 жасынан бастап Абай атындағы орта мектепте жарты ғасырдан астам уақыт сабақ берді. Мыңдаған шәкірт тәрбиеледі. Олардың ішінен ақын, жазушы, журналист, өнер қайраткерлері, аудан, совхоз, мекеме басшылары, мұғалім, дәрігер, инженерлер, т.б. көптеген мамандық иелері шықты. Бір ғажабы, ол кісіден тәрбие алған шәкірттері Абай, Шәкәрім, Мұхтар рухын бойларына терең сіңіріп, қай өңірде, қандай қызметте жүрсе де ұлы бабаларының ұлағатын жоғалтқан емес. Олардың арасында бүкіл елге танымал еңбек адамдары көп еді, ал ұры-қары, жемқор, адал жолдан тайған бірде-бір адам болған жоқ. Өйткені Кәмен ұстаздықты да жәй қызмет емес, шығармашылығының бір қыры ретінде ұстанады. Шәкірт-терінің зердесіне Абай өлеңдерін құя отырып, өз жүрегінің жылуын да аяған жоқ. Ол жасөспірімдер психологиясын терең білетін.
«Жоғары класта алдымызға Кәмен аға келді», – деп еске алады талантты ақын Төлеген Жанғалиев. –Ұзын бойлы, тұла бойында бір қырым артық ет жоқ, сидаң, аққұба өңді сұлу жігіт ағасы біздің көзімізге мұғалімнен гөрі өзіміз әдебиеттен оқып-біліп жүрген шешен-билерге көбірек ұқсаушы еді. Аңқылдап шешіліп, саңқылдап сөйлеп кеткенде өртке тиген дауылдай шалқитын. Әсіресе, Абай өлеңдерін айтқанда, Мұхтар шығармаларын қозғағанда маздаған шоқтай қызарып, жараған аттай екпіндеп кетуші еді ғой, жарықтық… Өлеңді өзіндік мәтінге салып, оқи жөнелгенде, шыны керек, сілтідей тына қалатынбыз… Сөйтсек, бұл да оның Абайға, Абай ұлылығына деген асқақ сезімі мен адал шәкірттік махаббатының белгісі екен ғой, кім білген…
Кәмен мұғалімнің сабақ беру тәсілі мүлде бөлек. Қазіргідей оқулықта бар дүниені оқытып үлгере алмай жүрген ұстаздар сияқты емес, ол кісі оқу бағдарламасында жоқ нәрсенің өзін шәкірт санасына сіңіруге тырысатын…». («Ертіс өңірі», 18 наурыз, 2009 жыл).
Кәмен Оразалиннің тағы бір талантты шәкірті, тележурналист Еркін Байғабылұлы «Ядролық зұлмат» атты кітабында:
«Абай атындағы мектептің түлектері Кәмен мұғалімнің Абай жастары ақынның кем дегенде жүз өлеңін жатқа білуі тиіс деген келелі өсиетін еш ұмытпақ емес. Ұстаздың сол талабының арқасында біз ұлы ойшылдың өлеңдерін бойымызға сіңіріп өстік. Сабақ барысында Абай атамыздың бір өлеңін бірнеше сабақ бойы тәптіштеп талдаймыз да, мазмұн-мағынасын түсініп алған соң, жаттауға кірісеміз. Сонда өлең тез жатталады.
Келесі сабақта мұғалім барлығымыздан өлеңді сұрап жатуға уақыттың көп кететінін біліп, бірден «Бүгін кім «бес» деген бағаны шаппай алғысы келіп отыр?» деп сұрайды. Шаппай «бес» алу деген – өлеңді айтпай бес алу деген сөз. Ұстаз саған сенім артады, аванспен бес қояды. Бірақ сенімді қаншалықты ақтап жүргеніңді алдағы кез келген сабақта тексеріп көреді. Өтірік қол көтерген болсаң, бесіңнің күл-талқанын шығарып, екі «екіні» бір-ақ қояды. Сондықтан өзіңе сенімді болсаң ғана шаппай «бес» аламын деп қол көтересің.
Кәмен мұғалімнің өлеңді сұрауы да қызық. «Күн ыстық, жаз, жан-жағың шалғын бәйшешек, сол жерді айтып жіберші», – дейді. Сол кезде «Жазды күн шілде болғанда, көкорай шалғын бәйшешек, ұзарып өсіп толғанда» – деп жалғап әкетуің керек. Ұстазымыздың осынау ғаламат әдістемесі Абай атындағы орта мектептің барлық түлектеріне өмірлік тағылым-тәрбие болды».
Кәмен Оразалин ұстаздық жолда да өз уақытынан озып кеткенін көреміз. Ол қазақтың ұлы ақынының үлгі-өнегесін шәкірт бойына терең сіңіру арқылы жас өскіннің болашағына ықпал ете білді. Соңғы жылдары Абайдың «толық адам» ілімін көп айтып жүрміз. «Абайтану» сабақтарын пән ретінде мектепте терең оқытып, жастарды тәрбиелеуде ақын өсиетін үлгі тұту туралы еліміздің Президенті Қ. Тоқаев та терең пікірлер айтты.
Абай – ұлттың бойындағы кемшілігін жасырмай, оның асыл қасиетін аршып, рухын көтеруге, алға басуына жол ашты. Абай сөздері, оның ойлары мен арман-мұраты біздің ұлттық идеологиямызда ерекше орын алатын, көнермейтін мұра, жол көрсетер бағдаршам тәрізді. Кәмен Оразалин – ұлы ақынның осы қасиетін ұстаздық жолында алғашқы болып іске асырған адам.
Абай атындағы орта мектепте М.Әуезовтың ұсынысымен 1940 жылдан бері үзбей сөз өнеріне бейім жастарға арналған «Абай ұрпақтары» атты әдеби қолжазба журнал шығып келеді. Бұнда жас талапкерлердің өлең-жырлары, әңгіме, очерктері, бір-бірінің шығармасына жазылған сын пікірлері жарияланады. Міне, осы журналдың 1950 жылдан бергі бас редакторы болған Кәмен Оразалин қанша жас өнерпаздың тұсауын кесті десеңізші! Олардың арасында кейіннен бүкіл елімізге есімдері әйгілі болған журналист-жазушы Рысхан Мусин, тарихшы-шежіреші Молдабек Жанболатов, ақын Мерғали Ыбраев, композитор Мұрат Ибраев, әнші-жазушы Жәнібек Кәрменов, жазушы Роллан Сейсенбаев, ақын Тыныштықбек Әбдікәкімов, ақын Төлеген Жанғалиев, жазушы-зерттеуші Бейбіт Сапаралин, ақын Мұратбек Оспанов, журналист, сазгер Мейрамбек Жанболатов, т.б. адамдар бар. Кәмен Оразалин – осыларды балауса кезінен қанатының астына алып, өнердің үлкен жолына бағыттаған рухани ұстазы.
«Менің журналистика саласына, дәлірек айтсақ, өнер жолындағы даңғылға түсуіме себепкер болып, бағыт-бағдар берген жан Кәмен аға еді. Мен ол кісіні Кенже аға дейтінмін», – дейді көптеген танымал әндердің авторы, журналист Мейрамбек Жанболатов. Сол Мейрамбек КазГУ-дің журналистика факультетіне сырттай оқуға түсіп, ауылға қайтуға намыстанып, Алматыда үйсіз-күйсіз, таныс-жақыны жоқ, қаражаты таусылып, шарасыз күйде жүргенде кезекті кітабын шығаруға келген Кенже ағасы тауып алып, ол күндізгі бөлімге ауысқанша, бірнеше ай қасында сақтайды. Екеуі қонақүйдің тар төсегінде қыстырылып жатып, бір тілім нанды бөліп жейді. Дәл осындай жағдай талантты шәкірті, композитор Мұрат Ибраевпен де болғанын көзім көрді. Ол да Кенже аға дейтін. Екеуі консерватория берген Мұраттың аядай жер үйінде бір төсекте жатып, маргарин майы жағылған бір тілім нан мен шәйді айлар бойы қанағат тұтты. Өнер қуған бұл жігіттер мейірімділік пен төзімділікті, еңбекқорлықты осы Кенже ағасынан үйренгені анық.
Ал даңқты әнші Жәнібек Кәрменовтың орны бөлек. Бесінші класта оқитын жұдырықтай сары баланың жаңа үйренген әндерін бозторғайдай шырылдап айтып, ұстазына сынатып отырғанын талай көрдім. Сырттан басшы аза- маттар, ақын-жазушы, өнер адамдары келсе Кәмен ағасы Жәнібекті шақырып, өнерімен таныстыратын. Әлі есімде, Шыңғыстауға Сапарғали Бегалин мен Жүсіпбек Елебеков келіп, Кенже ағаның үйіне түсті. Бұндайда әңгіме-дүкенге құмар ел ақсақалдары да бас қосты. Осы отырыста Кәмен Жәнібекті ұлы әншіге таныстырып: – Үміт еткен шәкіртім, сіздер де қамқор бол жүріңіздер, – деп тапсырды. Жәнібек екі ұстазының да үмітін ақтады.
Кенже аға табиғатынан мейірбан, алдына келген адамның меселін қайырмайтын, елгезек адам еді. Кейде жақсылық жасаймын деп шоқ басып, жазықсыз сөз естіген кездері де бар. Бірақ соған мойып, тыйылып қалмайды, тағы біреу үшін ақ тер, көк тер болып жүргені.
1956 жыл болса керек. Біздің әулеттен немере ағам Самар мектеп бітіріп, Семейдегі пединституттың қазақ тілі мен әдебиеті бөліміне оқуға бармақшы болды. Бұл баласы оқуға түспей қалса, әке-шешесі жұрт бетіне қарай алмай, ұялатын заман еді. Самардың шешесі Тәкеш тәтем, адуынды, мінезді кісі. Қыс бойы бордақылап, баласының жолына атаған ақ ешкінісойып, қайнысына әкеліп: – Әй, Кенже, – дейді. – Ана Қайым досың ғой, сәлем айт! Мына ешкінің етін соның үйіне апар. Қолымнан талай дәм татып еді, баламды оқуға түсірсін!
«Жазған құлда жазық жоқ». Кенже ағам бұрын қала көрмеген інісін жетелеп Семейге тартады. Ақ ешкінің етін Қайымдікіне қалдырып, өзін жатақханаға орналастырып, Қайымға шегелеп тапсырып, іс бітті деп қайтпай ма?! Екі-үш күннен соң Самар сүмірейіп келіп тұр дейді.
– Не болды?
– Құлап қалдым.
– Ал Қайым қайда? Көмектеспеді ме?
– Үйіне барып едім, өзімді ұрсып, қуып шықты.
Бұл оқиға төбеден жай түскендей әсер етті. «Балам оқуға түсті» деп мақтанышпен көрші-қолаңға шәй беріп жатқан Тәкеш тәтем ашуға тұншығып қайнысына келеді.
– Әй, суайт! Мені жерге қарататындай не кінәм бар еді?! Жарайды, балам оқуға түспесе, далада қалмас. Бәрінен де ақ ешкімді айтсаңшы! Аузынан үріп өсірген ақ-адал малым еді, қос пияншік, сендерге жем болды-ау! Қайтарыңдар ақ ешкімді! – дейді әлек салып.
Жауап таппаған Кенже ағам інісін ертіп, дереу қалаға аттаныпты.
Ол кезде мен Аягөздегі мектепте оқитынмын. Күзде Самардан хат алдым. Фотосын салыпты. «Студент болған жаман ағаңның сықпыты осындай» деп сыртына жазып қойыпты. Суретте шілденің шыжыған ыстығында ұзын қоныш керзі етік, ши барқыттан тігілген кең шалбар киген, кеудесінде қылшығы сыртына шыққан қоңыр күртешесі, басында мыжырайған құлақшыны бар жас өспірім бала қарап тұр. Ол өзінің емтиханға неге бармай қалғанын, артынан қайта тапсырып, студент атанғанын жазыпты.
Самар емтихан тапсыратын күні айтылған уақытта институтқа барса, есік алдында бір топ адам тұр екен. Институттың қызметкері қайтыс болып, соған жиналыпты. Дәл Самар келген сәтте ағаш табытқа салынған мәйітті іштен алып шығады. Ұйымдастырып жүрген еңгезердей орыс асықтырып: – Тездетіп автобусқа отырыңдар, – дейді. Жұрт жапа-тармағай автобусқа ұмтылған кезде «бармаса ұят болар»деп Самар да ілесе кетеді. Қала сыртындағы молаға мәйітті жерлеп, жұртпен бірге қонақ-асыға қатынасып, үлкен шаруа бітіргендей түс ауа институтқа келсе, тірі жан жоқ.
– Бұнысы несі? –деп Қайымның үйіне барады.
– Емтиханға неге келмедің? –дейді ашулы отырған Қайым.
– Ана өлген кісіні жерледік емес пе? – дейді Самар жайбарақат.
– Әй, онда сенің не құның бар?
– Өздері емес пе, жүр, жүр деп ертіп әкеткен.
– Сені адам болады деп жүрген Кәменде де ес жоқ. Емтихан бітті, енді кет! – дейді Қайым.
«Мыналардың бәрі жынды екен ғой. Бірі олай, екіншісі былай сүйрейді» деп Самар өзінше күйіп-пісіп, ауылға қайтады.
Семейге қайта келгенде сәтін салғанда филфактың орыс бөлімінде емтихан әлі басталмапты. Бірақ құжат тапсыру тоқтаған. Кенже аға институттың ректорына барып, өлдім-талдым дегенде рұқсат алады.
– Бір ауыз орысша білмейтін інің қалай оқиды? – дейді Қайым жаратпай.
– Алдымда он жыл оқыған баланың қабілетін білетін шығармын. Жақсы маман болып шығады, – дейді Кәмен сеніммен.
Айтқаны келді. Самар институтты үздік бітіріп, екі тілге бірдей жүйрік маман болды. Қалалық, облыстық партия комитетінде лауазымды қызметтер атқарды. Ал Кенже ағамның қалтасындағы азын-аулақ ақшасы Қайым мен орыс досы Перелыгинге бір-бір сапты аяқ сыра әперуге әрең жетіп, өзі аңқасы кеуіп, жол-жөнекей кездескен қөлікпен елге оралыпты.
Осы әңгімені анда-санда бәріміз бас қосқанда көңілденген Кенже ағам қызықтыра айтып, «арманда шейіт болған» ақ ешкіні, оны жоқтап, «өлген ешкімді қайтар» деп апшыны қуырған жеңгесі Тәкеш тәтемді бейнелеп, күлкіден ішек-сілемізді қатыратын.
Кәмен Оразалин бойына сіңген осы әдетін қартайып, зейнетке шыққан соң да қойған жоқ.
– Жасыңыз болса келді, дүниенің тұтқасын ұстап тұрған жоқсыз, алдыңа келгеннің бәріне елпектей бересіз бе? – дегендерге:
– Бұл да – аманат, қарағым – деуші еді. – Мен соғыстан екі балдақпен, құр сүлдерімді сүйреп, тірі қайтқаныма қатты қуанған ағам Шәріп майданға аттанып бара жатты. Ол ашаршылық кезінде өз туыстарын ғана емес, бір қауым жұртты ажалдан сақтап қалған, біздерге пана болған адам.
– Ал, Кәмен, мен кетіп барамын, тірі қайтам ба, жоқ па, бір құдай біледі. Ағаларыңның бәрі соғыста жүр. Артында қалған топты бала-шағасына пана бол. Қолыңнан келсе еліңе көмектес, – деп еді. – Мен оны қалай ұмытайын?! Сол аманатты орындап жүргенім ғой.
Бұл да сертке берік жазушының жан сыры, адамшылық бір қыры еді.
Ол облыста, ауданда үздіксіз өтіп жататын халықтық іс-шаралардың бел ортасында жүретін. Абайдың 140, 150 жылдық, Шәкәрімнің 140, 150 жылдық, Мұхтардың 60, 70, 80, 90, 100 жылдық мерей тойларында белсеніп еңбек етті. Тойдың абыройлы өтуіне өз үлесін қосып, келген мыңдаған қонақтардың алдында қазақша, орысша сөз сөйледі, ұлы бабаларының қадір-қасиетін түсіндірді. Оның саңқылдаған үні, ағыл-тегіл шешен сөздері арқылы ұлы ұстаздардың жарқын бейнесі талайдың көкейінде қалды. Бұл үн Шыңғыстауда жетпіс жыл бойы үзілген емес.
Кәмен Оразалин көзі тірісінде-ақ қаламдас, замандастарының жылы лебіздеріне ие болды.
Жазушының тырнақалды туындысы «Жексеннен» бастап үзбей қолдап, жақсы пікір айтқан әдебиетіміздің классигі Ғабиден Мұстафин: «Мен Кәменді кемінде отыз жылдан бері білетін шығармын, – дейді. – Осы отыз жылғы өмірінде оның адамшылық жүріс-тұрыстарында, сипаттарында бір жаман ісін, жаман сөзін, жаман мінезін естіген емеспін. Мен мұны жазушылық өнермен қатар қоямын. Бұл да биік дәреже, бұл да жақсы дәреже».
Көрнекті ақын Әбу Сәрсенбаев К.Оразалиннің шығармашылық жолына талдау жасай отырып, «Ол ауыл өмірінің жыршысы» деген тоқтамға келеді. «Ал «Абайдан соңның» бірінші томын … сүйсініп оқыдым. Тіпті бірінші тарауын көзімнен жас парлап отырып оқыдым. Сол тұсты Кәмен жақсы бейнелеген» дейді.
Атақты ғалым, жазушы Зейнолла Қабдолов: «… Оразалинді Оразалин еткен Абай мен Әуезов… Әрине, Әуезов үлкен тақырып. Бұл тақырыпқа кім-кім де қалам тербер, бірақ қалай болғанда да дәл осы тақырыпқа тың тұрғанда Кәмен Оразалиннің тұңғыш соқа салуыбатылдық қана емес, қаламгердің батырлығы дер едік» деп жазды. Ал Әзілхан Нұршайықов: «Шыңғыстаудан шыққан алыптардың жалғасы Кәмен Оразалин дей келіп,«Абайды Мұхтар арқалап әлемге танытса, әлем білген Әуезовты арқалауға иығын Кәмен тосты. «Алыпты алып арқалайды» деген сөз шындығы осыдан шығады». Әбіш Кекілбаев жазушыны «… Қазақ рухының екі бірдей пайғамбары жағып кеткен шапағат шырағын маздатып келе жатқан марқасқа азаматы, ұлттық әдебиеттің көрнекті қайраткері» деп бағалапты.
Балауса кезінен тәрбиесін көрген шәкірті, көрнекті жазушы Роллан Сейсенбаев: «Кәмен Оразалин үшін Мұхтар Әуезов ұлы ұстазы, асыл ағасы, қадірлі жерлесі, рухани көсемі болды. Бұл түркі дүниесінде сирек кездесер теңдесі жоқ табиғи жарасымдылық пен рухани бірліктің белгісі еді дейді. – Менің қанымда жүгірген сияда Абай, Шәкәрім, Мұхтардың рухы бар дегендей, Кәмен ұстазымның әдебиеттегі тазалыққа, естілікке, тәкаппарлыққа талмай үйреткен өнеге-ұлағатын естен еш шығарған емеспін.»
Барша ғұмырында адалдық пен адамгершілікті, мейірбандық пен еңбекқорлықты, ой биігін, сөз асылын қастерлеген, тірісінде ел Абызы атанған Кәмен Оразалин осындай адам еді.
Ақындық бар бойымда негізінде,
Халықтың бөлендім мен лебізіне.
Абайдың ұшып түскен ұшқынымын,
Өзгенің тең келетін теңізіне, – деп ағасы, ақын Шәкір Әбенов жырлағандай, Абаймен Мұхтардың ұшып түскен ұшқыны Кәмен Оразалин де өзінің қазыналы сөз әлемін халқына мұраға қалдырды.

Сұлтан ОРАЗАЛЫ

Пікір қалдыру