«АБАЙ ЖОЛЫ» ЭПОПЕЯСЫНДАҒЫ ҰЛТТЫҚ САЛТ-ДӘСТҮР ТАҒЫЛЫМЫ


Осы еңбегімді Абаймен туыстас атам Мұратхан Ахметжанұлы
мен апам Тайтөлеу Сейілханқызының рухына арнадым.

ТАБАЛДЫРЫҚ

Руда ЗАЙКЕНОВА, Филология ғылымдарының докторы, профессор

«Абай жолы» – қазақ өмірінің энциклопедиясы» деп баға берген академик Қ.И.Сәтбаевтың: «Егер сен ХІХ ғасырдың ІІ жартысындағы қазақ халқының өмірін, тіршілігін, тарихын, әдет-ғұрпын білгің келсе, М.Әуезовтің «Абай жолын» оқы» деген пікіріне зер сала қарасақ, халқымыз үшін Абай мен Мұхтарды танудың маңызы зор екендігі айдан анық.
«Абай жолы» туралы көптеген шетелдік мәдениет және әдебиет қайраткерлері тамсана толғанып, тамаша пікір айтқан. Мысалы: Орталық Африкадағы Камерун халқының француз тілінде жазатын жазушысы Бенджамин Матип: «Мен бұрын қазақ туралы мүлде естімеген едім. Ал қазір жақсы білем, өйткені М.Әуезовтің тамаша кітабын ағылшын тілінде оқыдым. Қазақ неткен ғажап халық?! Және бұл «Абай жолында» қандай керемет жазылған. Осындай өлмейтін шығармасы бар бақытты қазақ халқына қызыға қараймын» десе, орыс жазушысы Константин Федин: «Мұхтар Әуезов өзінің «Абайымен» менің қазақ халқы туралы түсінігімді толықтырды, мен енді ғана хош иісті са­мал ескен даланың жұпар ауасын жұтып, қазақ болып кеткен тәріздімін», – дейді. «Манас» эпосы мен М.Әуезовке табынған Шыңғыс Айтматовқа шетелдіктер: «Сен өзі қырғызсың ба, қазақсың ба?» дегенде «Бұл менің халқымның символы және мен осы арқылы халқымды басқаға ұялмай таныта алам» дейді екен. Ал орыс жазушысы Николай Погодин «Біз үшін Әуезов – екінші Абай. Ол бұған дейін болмаған өз ұлтының өмірінен классикалық шығарма жазып, батырша қорғап шықты. Мұны аңызға толы қаһармандық ерлік деп бағалау керек» деді.
«Бұл кітап толғануға жетелейді, бұл – қазақтың «Илиадасы». «Абай поэзиясы – күңгірт күшке қарсы қолданылатын қару» деген мазмұнда басқа елдің көрнекті қаламгерлері қаншама көп пікір айтқанын көреміз.
Абай жолы» роман-эпопеясын түсіну – бұл қазақтың ұлт болып қалыптасқан көшпелі қоғамынан бастап, ХХ ғасырдың басына дейінгі қазақ өмірі мен тұрмыс-тіршілігін танып-білу деген сөз. Образ галареясын сомдап, олардың алуан түрлі характерін ашудағы жазушының негізгі мұраты – ұлттық құндылықтарымызды екшеп көрсету. Ал тіл байлығы дегеніміз – қазақтың ескілі-жаңалы сөздерін көп білу ғана емес, әр сөзге жан бітіріп, қалауын тауып, өз орнында дұрыс қолдана білу. Сондай-ақ ерте замандағы өмір шындығын көркем шындыққа айналдыру үшін ең алдымен сол кезеңнің тілімен сөйлеу керек. Сонда ғана тарихи шындық пен көркем шындықтың аражігі ажыратылады. Тіл шеберлігі деп осыны айтады. Суреттеп отырған заман ахуалын өте жетік білу және сол заманды бүкіл болмысымен сөйлету – М.Әуезов салған көркемдік дәстүр. Бұл тұрғыдан алғанда М.Әуезовтің қазақ әдебиетіне, оның ұлтшылдық танымы мен көркемдік әлеуетін арттыруға қосқан үлесі ұшан-теңіз.
Бұдан шығатын қорытынды ұлт, ұлт тағдыры яғни ата-баба еншісі, белгісі, таңбасы, айбыны, ырысы, киесі, рухы, қасиеті, мақтанышы, арысы, білігі туралы алғашқы түсініктің бастау көзі тым тереңде жатқандығын көрсетеді.
Моңғолияға еңбек сіңірген мәдениет қайраткері, Әлемдік Шыңғыс хан академиясының мүшесі, жазушы Шынай Рахметұлының «Моңғолия қазақтарының ата-тек шежіресі» (1997) деген кітабында: «Туыстас немесе көршілес бірнеше отбасы бір қоныста отырса – ауыл, ауылдас, көрші; іргесі алшақтау болса – жерлес. Қандас – жеті атадан құралғандар (бір атаның кіндігінен тараған), бір ата 13 атадан асса – ру. Бірнеше ру қандастықпен я бір мүддемен біріксе – тайпа. Бірнеше тайпа қоғамдасып, жүз болып қауымдасады. Тайпадан іріленсе халық немесе ел, оның мемлекет ішінде өзге ұлт, ұлыстармен саясат теңдігі болса – ұлыс; дербес шекара, саяси-экономикалық тәуелсіздікке қолы жетсе – мемлекет; тілі мен дәстүрі, мәдениеті, өзіндік мекен-жері, әлеуметтік рух, жігері, этникалық ерекшелігі ортақтасып, дараланса – ұлт болады» деп жазылған пікірі құнды. М.Әуезов ұлттық құндылықтарымызды айқындауда осы этникалық топтар арқылы қазақ қоғамының тарихи шындығын көркем шындыққа айналдыра білді.
Роман-эпопеяның 1-томы 1942 жылы, 2-томы – 1947 жылы «Абай» деген атпен жарияланып, бұлар 1950 жылы «Ақын аға» деген атпен жеке кітап болып басылған. 3-томы (1952 ж.), 4-томы (1955 ж.) «Абай жолы» деген атпен жарияланды. Жазушы романға «Телғара» деген де атау бермек болған, бірақ кейіннен тұтас күйінде «Абай жолы» деп алғанды жөн көріп, қазіргі уақытта роман-эпопея осы атпен танымал.
Роман-эпопеяның әр томы шыққан сайын орысша аудармасы да іле-шала шығып отырған. Басқа тілдерге де көп аударылды. «Абай жолы» 1971 жылы 200 томдық «Әлем әдебиеті кітапханасына» енді.
Қолыңыздағы еңбекте «Абай жолы» роман-эпопеясы байырғы ұлттық құндылықтарымыз тұрғысынан сөз болатындықтан, әдеби шығармадағы көтерілген мәселелер салт-дәстүр, әдет-ғұрып мазмұнын терең түсінуге, шығармадағы авторлық идеяның өмір шындығымен байланысын ұлттық мүдде тұрғысынан ашуға, көркем шығармадағы кейіпкерлер жүйесін жинақтау мен даралау арқылы өмір шындығын тануға, ғаламдық тақырыптарға креативті (жасампаз) ой қосуға, ұлттық құндылықтарды анықтау, талдау, сыни тұрғыдан баға беруге құлшыныс туып, өзіндік ой қорытуға жетектейді деген сенім артамыз.
Табалдырық – 1924 жылдың аяғы 1925 жылдың басында М.Жұмабаевтың ұйымдастыруымен Мәскеуде құрылған «Алқа» атты жасырын ұйым бағдарламасының кіріспесі. 1929 жылы М.Жұмабаев, А.Байтұрсынұлы, М.Дулатұлы Ж.Аймауытұлы, Е.Омарұлы, Х.Болғанбайұлы бастаған бір топ қаламгер, ал 1930 жылы М.Әуезов, Қ.Кемеңгерұлы тағы бірнеше азамат ұсталады. 1929 жылғы НКВД тергеушілерінің басты сұрағы «Табалдырық платформасына қандай қатысыңыз бар?» деп басталады екен. Мағжанның «Жорық басылар, жаңа тұрмыс орнар, абылайша қалып, бәріміз сыятын боз орда тігілер. Бұл – келешек. Әзірге баспана – Абылайша… Оқушы, жақсы келдің, «Табалдырықты» атта. Төрге шық, «Алқаға кір!» деп жазғанындай ғайыптан тірі қалған Алаш арыстарының соңғы тұяғы М.Әуезов ордасына хош келдіңіздер!

«АБАЙ ЖОЛЫ» РОМАН-ЭПОПЕЯСЫНЫҢ  І КІТАБЫ БОЙЫНША ТАЛДАУ

«Қайтқанда» деп аталатын І тарау Ахмет Риза медресенің түлегі 13 жастағы болашақ ақынның туып-өскен аулына қайту сапарынан басталады.
Бұл жерде Абайдың жас мөлшеріне назар аудару керек. «Сағаттың шықылдағы емес ермек… Бір минут бір кісінің өміріне ұқсас» (1896) деп келетін өлеңінде ақын:
Күн жиылып ай болды, он екі ай – жыл,
Жыл жиылып, қартайып қылғаны бұл.
Сүйенген, сенген дәурен жалған болса,
Жалғаны жоқ бір тәңірім, кеңшілік қыл, – дейді.
«Күн жиылып ай болды, он екі ай – жыл» дегенде әрбір 30-31 күннен кейін жаңа ай туады, ал жердің күнді айналып шығуына кететін уақыт «жыл» деп аталады. Бір жыл 12 айға бөлінетіні бәрімізге белгілі. «Жыл жиылып» дегенде Абай жыл санауды айтып отыр. Жыл санауға мүшел алынады. Бір мүшел 12 жылдан тұрады. Өте ерте заманнан келе жатқан қазақтың жыл есебінде тышқан жыл басы болып саналады. Бұдан кейін сиыр, барыс, қоян, ұлу, жылан, жылқы, қой, мешін, тауық, ит, доңыз кезекпен жыл атауына ие болады. Осы он екі жыл толық айналғанда бір мүшел толады, бірінші мүшел – 13 жас. Бұл бәлиғат жас деп аталады. Осыған 12 жылдан қосыла береді. Мәселен 24, 36, 48, 60, 72, 80 жастан бір күн асқанда мүшелге кірген боп саналады. 25, 37, 49, 61, 73, 81 жасқа толған күні мүшелден шыққан боп есептеледі.
Міне «Жыл жиылып» дегенде Абай тышқан бастатқан жыл иелерінің әрбір мүшелі туралы пәлсапалық түйін түйіп отыр. Өйткені жыл иелерінің жыл басы атану үшін жиылғаны туралы қазақ халқында ғана емес, әлемнің басқа халықтарында да небір тамаша аңыз-ертегілер бар. Қазақтағы «Түйе бойына сеніп, жылдан құр қалыпты» деген мәтел «жыл жиылу» ертегісінен шыққан. Әрбір мүшелге толған сайын жас кезеңдеріне қарай жастық, жігіттік, орта жас, қарттық, кәрілік деп бөліне береді. Сағат шықылдағы тоқтаусыз айналғаны сияқты уақыт та білінбей өте береді. «Қартайып қалғаны бұл» дегенде Абайдың ұлғайған шағындағы көңіл-күйі көрінеді. Романда Абайдың осы алғашқы мүшел жасынан бастап, жарты ғасырға жуық өмір жолы тұтастай сөз болады. Данышпан ойшыл Абай Құнанбайұлы (1845-1904) жылан жылы туып, ұлу жылы өмірден өткен.
Роман басталғанда ұры-қарысы көп, «жау жатағы» саналатын Есенбай жырасының тұсына келгенде Абай «шапан-бөркін айналдырып киіп, мұрны мен аузын қызыл орамалмен таңып алып», ұрыға ұқсап келіп, жорға Жұмабайды бір үркітіп алғанына басында мәз болғанымен, жол қысқарту үшін әдейі істегенін айтып, басын иіп, кешірім сұрайды. Міне жуан атаның тұқымы болса да, балалықпен жасаған оғаш ісіне қысылғандай, жорға Жұмабайға ерекше ілтипат көрсетіп, сыпайы кешірім сұрай білуі де адами дағдыға тән сипатты көрсетеді. «Ғайыпқа бұйырмаңыз» деп сызыла томпиып тұрған бай баласының іс-қылығына риза болған Байтас: Сенің мынауың, менің: «Көшкенде жүк артамын сары атанға, айтамын не бетімді Ойке апама?!» деген өлеңім сияқты болды-ау! – дейді. Бір жылдары өзі сері, өзі әнші, өзі сұлу Байтас ала жаздай ел қыдырып, сауық-сайран салады. Енді үйіне қайтатын кезде қасына ерткен жолдастарының бірнешеуін жұбайына алдын-ала жібереді. Бір-екі күн бұрын жеткен осы сәлем-өлеңнен кейін Ойкенің өкпе-реніші тарқап, Байтас келгенде алдынан өзі шығып, атын байлайды. Абай ішінен «алдаған екен ғой» деп бағамдағанымен, отбасының шырқын кетірмеуді ойлаған қарапайым қазақ әйелінің керемет кеңдігін, дархан мінезін көреміз.
Төрт түлік мал сүйсіне жейтін көде, селеу, бетеге, жусан, изен, бозшөп, саршөп т.б. шөп түрлері өсетін дала концептісі романда ерекше түске ие.
Әкенің балаға деген қарапайым қамқорлығын көрсететін бір нәрсе – Құнанбайдың жолаушылар мінетін атқа дейін мән бере қарауы. Байтастың мінгені бәйгеден дәмелі – Құнанбайдың қара жал бурыл аты. Жұмабайдікі – Құнанбайдың Найманкөк деген үлкен ақкөк аты. Бұдан Құнанбайдың сұлтан болса да, ағайын адамдарға артық салмақ салмауды көздеп, өзі мініп жүрген мықты аттарды әдейі сайлап бергенін байқаймыз.
Ауылға келгенде амандасудың символикалық күрделі формасы ритуалдық тәртіппен орындалады. Абай «көп iшiнен, ең алдымен өзiнiң шешесiн көрiп, соған қарай жүре берiп едi, шешесi анадай жерде тұрып: «Әй, шырағым балам, әуелi аржағыңда әкең тұр. Сәлем бер!» деген сөзінен сәлемдесу рәсіміндегі ритуалдық реттілікті байқаймыз. «Кезек өз шешесіне келгенде, ол сүйген жоқ. Қатты бiр қысып, бауырына басып тұрды да, маңдайынан иiскедi. Абайдың әкесiндегi тартымды салқындық шешесiне де көптен берi мiнез болған. Бала осыдан арғыны күтпеушi едi. Бiрақ, бауырына басқанның өзiнде де Абайдың жүрегiн қатты-қатты соқтырған аса бiр өзгеше жақындық бiлiндi. Ана құшағы!.. Ұлжан көп ұстаған жоқ.
– Әжеңе бар, әнеки! – деп үлкен үйдiң алдына қарай бұрып жiбердi. Кәрi әжесi Зере бәйбiше, таяғына сүйенiп, ұрсып тұр екен.
– Жаман неме, маған бұрын келмей, әкеңе кеттiң-ау! Жаман неме! – дей берiп, қасына, құшағына немересi барғанда, «жаман неменiң» артынан лезде:
– Қарашығым, қоңыр қозым… Абайжаным…– деп кемсеңдеп, жылауға айналып кеттi, – дейді. Бұл жерде Зере (шын аты – Тоқбала Бектемірқызы) Абайға неге өкпелеп тұр? Өйткені Құнанбай оның баласы, өкпелесе де, ұрысса да, «Кәрі әже» атанған Зереге ғана жарасады. Ал тек төрелер ғана сайланатын аға сұлтандық үлкен дәрежелі қызметті атқарып отырған Құнанбайды бар Тобықтының атқа мiнерi қажы атанғанша, «мырза» деп атаған. Құнанбай – Абайдың ғана әкесі емес, бүкіл Тобықтының билеушісі. Сондықтан уақыты тығыз болса да, өзін күтіп тұрған әкеге ритуалдық тәртіп бойынша алдымен сәлем беруге тиіс.
Өзіне талай ертек айтып беріп, тәрбиелеген әжесі Зеренің құлағы естімей қалғанына уайымдаған Абайдың «Емдесе» қайтеді деген сөзіне «Үшкірсе кейде ашылып қалады. Үшкірген жағады» дейді әжесі. Ауыл әйелдері де «Мына балаң молда боп келді ғой үшкірт балаңа» деп кеу-кеулеген соң, Абай әжесінің құлағына «Йүзі – раушан, көзі – гәуһар» деп басталатын үш шумақты өлеңінің бірінші және үшінші шумағын айтып, үш рет «суф-суф» деп үшкіреді.
Үшкіру – қазақ тұрмысында ежелден келе жатқан табиғи болмыстан тысқары күшке сенуден туған ғұрып. Қазіргі тілмен айтқанда бұл – магияның емдік және сақтану түрі. Аластау, ұшықтау да осыған жатады. Аластау – ауру адамды жанып тұрған отты айналдырып жүргізу. Үйді аластау – адыраспан немесе аршаны жағып үй ішін айналдырып шығу. Ұшықтау – ауру адамды аластау. Бұған тұз, қара қойдың өкпесі, тауық сияқты заттар мен ұшынған жеріне байланысты әртүрлі нәрселер қолданылған.
Адамды немесе малды бір улы жәндік шаққан кезде (жылан, бүйі, шаян, қарақұрт т.б.) соның уын қайтару үшін бақсылардың арнайы айтатын арбау өлеңдері көбінесе халыққа түсініксіз, жұмбақ болған. Бұл жағдайды жақсы білетін М.Әуезов алғашқы шумақтарды түсінбей қалған жұрттың:
Ұшады бозша торғай көдені ықтап,
Басасың аяғынды нықтап-нықтап.
Кәрі әжем естімейді, нана берсін,
Берейін өлеңіммен шын ұшықтап, – деп тағы бір шумақ қосқанда ғана қарап тұрғандар да, әжесі де Абайдың қалжыңдап тұрғанын түсініп, Тонтай нағашысының өлерінде «Жазыла-жазыла қожа-молдалардан да ұят болды, енді өлмесек болмас» деген сөздерін еске алып, «нағашысына тартыпты» деген сөздерді айтқызады. Тонтай – Ұлжанның әкесі Тұрпанның ағасы. Абайдың нағашысы – Қонтай-Тонтайлар Арғынның атақты Шаншар руынан шыққан шешендер. Аталары шақпа тілді, шетінен отауызды юморист болғандықтан, Шаншар деп аталса керек. Бұл жерде М.Әуезов «үйдің жақсы болмағы – ағашынан, баланың жақсы болмағы – нағашыдан» деген халықтық ұғымды жеткізіп тұр. Соңғы шумақты жазушы шәкірт баланың ақындық қабілетінің ертеден танылғанын білдіру үшін әдейі қосқан. Абай шығармаларында бұл өлең жоқ.
Нағашы – шешесінің төркіні. Нағашы жұрт – шешесінің туыс-ағайындары. Нағашы апа – шешесінің туған анасы, нағашы ата – шешесінің туған әкесі. Төркін – шешесінің туған ауылы мен туыстары.
Осы кезде Абай үлкен үйге шақырылады. «Абай есіктен кіре, үйде отырған үлкендерге ашық дауыспен, айқын етіп сәлем берді. Үлкендер де мұның сәлемін дауыстап» алады. Яғни бұл – сол кездегі қалыптасқан тәртіп бойынша «Ассалаумағалейкум» деп сәлем бергенде «Уағалейкумассалам» деп жауап қайтарады. Егер сәлемді өзі ғана еститіндей, міңгірлеп берсе, үлкендер де іштей жақтырмағанмен, аузын жыбырлатып, қоя салады. Сондықтан сәлемді Абай сияқты беру керек.
Үйде Құнанбай мен Майбасар, Жұмабайдан басқа осы өңірдегі Тобықтының белгілі үлкендері: Байсал, Бөжей, Қаратай, Сүйіндік және Байсалдың немере інісі – бала жігіт Жиренше бар. Осындай шағын топ жиналғанда, бұл «бір үлкен істің, оқшау істің белгісі» екенін «Абай бала күнінен сезетін». «Абай келіп отырысымен анау үлкендер бұдан: қала жайын, оқу жайын, саушылығын сұрастырды. Өзге үлкендер ішінде Абайға, әсіресе, көңіл бөлген – сөзуар, жарқын жүзді Қаратай. Ол Абайды көре отырып, Құнанбайдың өзге жас балаларын да еске алып, Абайдың бірге туған інісі Ысқақты мақтайды. Бірақ «Құнанбай ол сөздерге көп шіміркенген жоқ. Қайта, теріс көргендей мойын бұрып, Абайға қарап: «Одан да, не күтсеңдер де осы жаман қарадан күтсеңдерші!» – дейді. Егер Абай жұрт анық еститіндей, айқын етіп, сәлем бермесе, үлкендер де оның хал-жағдайын қадалып, сұрамас еді.
Әкесі «жалғыз өзі ұзақ сөйлеп отыр. Зор даусында ыза мен зіл бар. Кейде Абайға қызық көрінетін бір мақалдар, мәтелдер айтылып кетеді»…Кейде ұғымсыз сөзден іші пысып, әкесінің пішін тұлғасына қарап, қадалып қалады. Тегінде ертекші, өлеңші, не басқа әңгімеші адамға талай уақыт тапжылмай тесіле қарап қалу Абайдың кішкентай күнінен бергі әдеті еді. Адам пішіні әрдайым бұған бір тамаша, өзгеше қызық сурет тәрізденетін. Әсіресе, әжімі мол үлкендер пішіні бір қызық хиқая тәрізді. Ол кей адамның айғыз-айғыз ажымынан, салбыраған ұртынан, қыртыстанған маңдайынан, немесе бояуы оңған көздерінен, әр алуан сақал-мұртынан – өзінше неше түрлі жанды, сызаты көп сипаттарын көргендей болатын. Қына басқан, сызаты көп тас па? Я селдір тоғай ма? Не, көде-көкпек пе? (Шөп түрлері Р.З.) Кейде мал мен аң бейнесі ме? Бәріне де ұқсап кетіп отыратын адам мүсіндері болады…
«Тобықты көп рулы көп ел болғанымен барлық үлкен шеңберінің таразысы осы отырған бес-алты адамның руларымен өлшенеді. Әсіресе, ру басы осы адамдардың өздерімен салмақталады. Бөжей – қалың Жігітектің адамы. Бұрын орталарынан Кеңгірбайдай теріс азу, мықты биі шыққан ел. Бертінде, ұрыншақ, қолшыл болып және барымташы жортуылшы жігіті көп шықты. Шетінен сөзуар Жігітек. Байсал да сондай мол ру – Көтібақтың тұрғысы. «Тоқпақ жалды торы» деп атағанда үйірі қалың айғырдай, көптігінен атанған. Бұл, әсіресе, мал көбейтіп, жерді мол қамтуға тырысатын, көптігіне сеніп, анау-мынаудан онша қысылып, қымтырыла қоймайтын ауылдар. Сүйіндік – осы ағайынды елдер ішінде ең азы Бөкеншінің кісісі. Мал, дүниеге шағыны да осылар. Бөкеншінің кірмелеу туысы – Борсақ. Жаңағы бұлар сөз қылған Қодар – сол Борсақ болатын. Құнанбай болса – Ырғызбай руынан. Бұл, бас жағына келгенде Жігітектен де, Көтібақтан да аз. Бірақ, әрі малды, әрі көптен бері Тобықтыны билеп-төстеп келе жатқан ауылдар. Туыс жағын алғанда, Бөжей мен Сүйіндіктен көрі, Құнанбайға Байсал жақын. Сойыл соғарға келгенде, қолға, санға келгенде Құнанбайдың мықтап сүйенетіні сол Байсал елі – Көтібақ. Оны әлі күнге өз ырқынан шығарған емес. Қаратай болса, бұлардың барлығынан алыстау. Ара ағайын тәрізді Көкше деген рудың атқамінері. Аз да болса, пысық және шөре-шөреде жүргендіктен бір мүшеден қалмай ілесіп отыратын. Осы отырған ру басылардың мінезі, артта жүрген үлкенді-кішілі атқамінер, ақсақал, қарасақалының бәріне де мінез, тәсіл бола жүреді. Құнанбай қасындағы қой көздеу, сұлуша Майбасар старшын болды да, өз достарынан да, Құнанбайдың жақындарынан да ажырай бастады. Қазір, Құнанбай алдында, жастан бергі дағдысы бойынша үндемей отырғанмен, бұл – ерен бүлік, сотқар адам. Құнанбайдың ұлықтығына бақмасы (мақтаншақ. Р.З.) болған Ырғызбайдың басы осы. Бүгін Бөжейлердің Құнанбаймен іштей суысуына себепші болған да осы – Майбасар. Бұдан екі ай бұрын зықысы әбден шыққан ел Бөжейді салып, Құнанбайдан: «Майбасарды орнынан түсір» деп тілеп еді. Құнанбай Майбасар мінезін білсе де түсірмеді. Ол өзінің қара күші, зілі сияқты болатын осындай бір Майбасардың жүруін мақұл көрді. Үлкен бір есебі, «Анау жұртты шақар айғырдай мойын салып қуып ықтырған уақытта, ел арыз айта өзіме келеді, өз бауырыма қайырып беріп отырады» деп топшылаған».
Бұл тарауда басты орын алатын – Қодар мен Қамқа оқиғасы. Біз Шәкәрім Құдайбердіұлының «Қодардың өлімі» атты поэмасы арқылы расында атасы мен келіні арасында шариғатқа ғана емес, жалпы адамзат баласына жат келетін байланыс болғанын білеміз. Ал «Абай жолында» күнәнің бәрі Құнанбайға аударылғанымен, шариғат жолы бойынша екеуінің жазасы – өлім. Бұл жерде Құнанбай орындаушы ғана. Құнанбай орнында басқа адам отырса да, дін-шарихат үкімі де, халық үкімі де осы. Бөкенші мен Борсақ рулары жерінен айрылса, бұл – тентектерін тиып ұстай алмаған ру басыларына қолданылған жаза. Қай заманда болмасын дін-мұсылман жат санайтын мұндай әрекетке кешірім жоқ.
Құнанбай Байсал, Бөжей, Қаратай, Сүйіндік, Майбасар бастаған жүз қаралы жиын алдында Қодар мен Қамқаны түйенің өркешіне асады. «Түйенің ар жағына Қодармен тең қып асқан Қамқа, түйе тұрысымен, бір сәтте үзіліп кетті. Оны бәрі көріп тұр. Қодар бір жиырылып, бір созылып, тез өле алмады. Батырға біткен зор денесі, созылған уақытында, бұрынғысынан да ұзарып нар түйенің бойына теңелгендей, аяғы жерге тиер-тиместей болды. Түйені тұрғызып бірталай ұстап тұрғанда, жиын әлі үн қатпады. Екі жанның өлім азабын өз үстіне арқалап тұрған түйе де үнсіз». Түйені шөгергенде «Қамқа серейіп сұлқ түсті де, Қодар өлмеген екен, бүктетіліп» түседі. Бұдан кейін Шыңғыстың үлкен биігінің бірі Қарашоқы құзынан Қодарды құлатып, барлық жиналғандар, соның ішінде Қодардың Жексен сияқты туыстары да қосылып, жансыз денеге тас лақтырып жатқанда ойда-жоқта Абай мен Жиренше осы оқиғаның үстінен түседі.
Қодар мен Қамқа өлімінен кейін Абай қызуы көтеріліп, қатты ауырып қалады. Абай бұл оқиғаны бастан-аяқ көрмесе де, неге ауырады? Өйткені жазушы өнер адамына тән ақын жан-дүниесін танытуы қажет. Мұстафа Шоқай туралы фильмді көрсеңіздер Мұстафа фашистер лагеріне түскен қазақтар өмірінің азапты тағдырын көруге жүрегі шыдас бермей, өмірден үзіледі ғой. Бұл – тарихи шындық. «Осы бақытсыз бейшаралардың жан азабын көргенше өлгенім артық» деп жұбайы Мария Яковлевнаға жазған хатында келтірілген. Бірақ М.Шоқай сол плендегі көптеген қандастарының аман қалуына себеп болады. Ал М.Әуезов бұл жерде адамзатқа тән адамгершілік деген ұғымды таныту үшін Қодар мен Қамқа оқиғасына әдейі Абайды араластырған.
Осы кезде Абай мен анасының құлағына «Ойбай, бауре-ем! Ойбай, бауре-ем» деп ат қойып келе жатқан «ерекше бір жат, суық үн» естіледі. Біз келесі тарауларда өлік жөнелту ғұрпына арнайы тоқталатындықтан, мұндағы ғұрыптық сөз тіркестеріне тоқталмаймыз. Десе де, төмендегі үзіндіден сол кезеңге тән байырғы қазақ тұрмысының тіршілік-тынысы анық танылады.
«Бұл елде кісі өлгенде алыстап ат қойып шабатын еркектердің салты бар. Сонда осылайша: «ойбай баурым» деп шабады. Үйдегі екеуінің де жүректері су ете түсті. Кәрі шеше бұл дауысты естіген жоқ. Ұлжанның көңіліне алғаш қорқыныш үстінде кеп қалған ой: «Осы үйдің біреуі жазым болды ма, әлде Құнанбайдың өзі жазым болды ма?» деп еді. Шошып, елең еткен бойында құлағын сыртқа бұрды. Үркіп қалғандықтан аңғара алмапты. Тасырлатып шапқан ат даусы жоқ. Өзі жақын жерде және жаяудың үні. Абай бұрын біледі. Даусын әдейі жуандатып зорайтып айғайлағанмен, баланың үні. Тіпті, дәл тентек Оспанның үні екен. Ол даладағы ойыннан қайтып келе жатып, «жаман ырым» анау-мынау дегенге қарамастан, қаннен-қаперсіз өтірік жылауды үдетіп:
– Ойбай, бауырым Қодар!.. Ойбай, Қодар, – деп, санын сабап шауып келді.
Қодардың өлімі барлық ауылға да, оған да естілген. Жаңа, кешке жақын, бұлақ басындағы бір тақырға жиналған өзі құрбы балаларды бастап осылай ат қоюды көп ойын қылған. Тақырдың ортасынан шұңқыр қазып, соған бір қу сүйекті әкеп бейітше томпайтып көміп қойып жан-жақтан андыздап «ат қойып», ұзақ шуласқан. Ұлжан Абайдың сырқатының үстінде өзін жаңағыдай жаман шошытқан Оспан мінезіне қатты ашуланды…
Оспан әкесі ұрғанда жыламаса да, шешесі ұрған уақытта тіпті жылауық. Әке жылағанға қарамайды. Ал шешесіне қарсы кейде бұның емі бар. Бас қорғаудың жылауы. Қазірде де бақырып, бар даусымен шырқап, азан-қазан қылды. Шешесінен босап барып сол жақтағы биік сүйек төсектің үстіне секіріп шығып, етпетінен жатып ап жылады. Бірақ, бұл жолы қанша жыласа да, оған қайысып, уатам деген шеше жоқ. Оны біледі. Сондықтан аяқ кезде көзде жас болмаса да, өтірік анда-санда бір бақырып қойып жатыр. Өзі де жылауынан жалыға бастады. Енді тағы да ойнақы тентек мінезіне бой ұрып, жылаған боп жатып, әредікте қысқа ғана:
– Ойбай, бау-рем! – деп қояды. Бір-екі рет қайырып көзінің астымен шеше жаққа қарап жатыр, қозғалған кісі көрінбейді. Сондықтан тағы бір бақырып қойып, соның артынан және бір тың бәлені шақырып, жынды ұлғайтты.
– Ойбай, бау-рем Абай! – деп қойып, сұнқ етті. Абай басы ауырып жатса да, еріксіз күліп жіберді…
Шешесі тұрып алып ұмтылайын дегенше, Оспан есік алдында қайқаңдап, шеткі үйлер жаққа қарай зыта жөнелді…
«Абай осыдан бірталай, ұзақ ауырды. Алғашқы күндер біреу «ұшынған» деп, біреу «соқпа» деп, тағы біреуі «сүзек» деп, әртүрлі топшылағанмен, дәл басқан ешкім болған жоқ. Әсіресе, ем істелген жоқ. Жалғыз-ақ, алғаш жығылған күннің ертеңінде, әжесінің бұйрығы бойынша, бір қартаң қатын, күн батарда Абайды далаға алып шығып, жаңа сойған қойдың өкпесімен қақты. Бетіне су бүркіп, үшкіріп:
– Кет, бәлекет, кет! Көш, баламнан, көш! – деп, батып бара жатқан қып-қызыл күнге қаратып қойып, бірдеме ем істеген болды. Ұшықтағаны еді». Жоғарыда айтылған ұшықтау рәсімі романда «қойдың өкпесімен» орындалады.
Абай аурудан толық жазылмағанмен, жайлауға көшу басталады. Оншақты күн көшу барысында «үлкен үйлер тігілмей – «ұраңқай», «абылайша», «жаппа», «итарқа» деген неше түрлі кішкене, тар, аласа күркелер тігіледі. Әркім өзі сүйген үйшігін тұрғызады. Жалпақ ел, бар ауылдар осы жайлауға көшу сапарында балалардың «ауыл-ауыл», «күрке-күрке» деген ойынын ойнап жүрген сияқтанады» дейді жазушы.
Ұраңқай – баспана түрі. Бұл негізінен киіз үйдің бірқатар бөліктерінен ғана құралады. Ұраңқай – артық-ауыс уықтарды немесе ағаштарды қатарлап қойып, бастарын түйістіріп, киізбен қымталған жылы қос. Мұны күз айында жиі пайдаланған.
Абылайша, Абылайдың қара қосы – керегесіз, уықтан тігілген шағын киіз үй. Киіз үйдің байырғы дәуірдегі прототипі болып табылатын уақытша баспананың бұл түрі Абылай тұсындағы жаугершілікпен байланысты қайта жаңғырып, яғни абылайша аталған.
Жаппа – тігуге және жинауға оңай болу үшін көші-қонда пайдаланатын уақытша баспана. Керегелерді немесе уықтарды түйістіріп үстін киіз үйдің туырлығымен жауып қоятын күрке.
Итарқа – екі керегенің басын қоса салып, киіз жаба салатын көшіп-қонуға жеңіл баспана түрі. Иттің үйшігіне ұқсас болғандықтан, итарқа аталған.
Аурудан әлсіреген Абай атқа міне алмайды. Жүк артқан түйеге мінгізуге «жүк құлап, түйе жығылса, мерт болады» деп шешесі оған да мінгізбейді. Абай Кәрі әже мен Ұлжанға ортақ жалғыз арбаға мінеді. «Тегі бұл ел көшпелі болғандықтан, арба дегенді білмейтін. Тобықты ішіне ең алғаш келген арба осы Зеренің – Құнанбайдың кәрі шешесінің көк арбасы десе де болады. Құнанбай аға сұлтан сайланған сапарында шешесіне: «Көшкенде осыған мін!» деп, Қарқаралыдан әдейі әкеп еді», – дейді жазушы. Бұл қазіргідей асфальт төселінбеген таулы-тасты жерге лайықталған осы шағын күймеге Зере әжесі мен 13 жастан асқан Абай отырады. «Ақынның алғашқы ұстазы – табиғат» деп Гете айтқандай Абайдың көз ашып көргені – жаз жайлауға, күз күзеуге, қыс қыстауға көшкен кездегі туған жерінің төрт маусымдағы тамаша табиғаты мен көш қызығы. Оның бала күннен жан-дүниесімен сезініп, түйсініп өскен осы күнелту салты, дәстүр-дағдысы, сауық-сайраны, той-думаны жылдағыдай қайталанып, «қызығы бітпес қанбазардың көшкеніндей» сезінетін бала Абайға осы көш «ең бірінші рет соншалық мазасыз бейнет боп» өтеді. Құнанбай аулы көбірек отыратын қонысының бірі – Ботақан ошағына жиырма шақты күн жүріп жеткенде ғана Абай ауруынан айыға бастайды.
Абай әуелi ауыра бастағанда, ұйықтай алмай жатып, әжесiнен әңгiме сұрағанда оның ойланып отырып: «Е-е… Бұлдыр-бұлдыр күн өткен. Бұрынғыда кiм өткен? – деп, кiшкене тақпақтап бастайтыны да қызық. Соны ұғып қалған Абай келесi жолы әңгiме сұрағанда әжесiн тiзесiнен ақырын қағып:
– Е-е… Бұлдыр-бұлдыр күн өткен. Бұрыңғыда кiм өткен?– деп, тағы да әңгiме тiлегенiн бiлдiрушi едi. Абайдың Зере әжесі өте шебер әңгiмешi адам болған. «Әңгiмесiнiң барлық жерiн дәмдi қып, қызықтырып айтады»…
Осындай күндердің бірінде Барлас ақын (Дулат Бабатайұлы) мен оның шәкірті Байкөкше жыршының келуі Абайдың ақындық өнерге сусындап, халық даналығымен еркін тыныстауына үлкен жол ашады. «Қобыланды батыр», «Қозы Көрпеш-Баян сұлу», «Ақбала-Боздақ» жырлары мен Асанқайғы, Бұхар жырау, Марабай мен Жанақ, Шортанбай, Шөже, Сабырбай, Балта, Алпыс ақын өлеңдерімен қатар өз өлеңдерін де жатқа оқыған Барлас пен Байкөкше Абай өтініші бойынша тура бір ай жатады. Мұның тағы бір себебі – Дулат пен Зере Найман руынан тарайтын бір елдің адамдары. Кетерінде Дулат Бабатайұлы:
Шырағым, ер жетерсің,
Ер жетсең сірә не етерсің?
Алысқа шырқап кетерсің,
Шындасаң шыңға жетерсің, – деген бата береді.
Бата – алғыс. Бата беру – алғыс айту. Мұсылман қауымы намаз оқығанда, тамақ ішкеннен кейін қол жайып, тәңірден тілек тілейді. «Бата жүру – бата беруге лайықты жағдай. Құр аяққа бата жүрмейді».
Абайдың шешесі Ұлжан екі ақынға шапан жауып, ат мінгізіп жібереді. Міне осы қарым-қатынастың барлығында атадан балаға мирас боп келе жатқан ұлттық тәрбиесі, сауықтама (көркем), сарындама (ғұрып) фольклоры, дәстүр-дағдысы, жөн-жоралғысы анық көрініс тапқан.
«Қат-қабатта» деген екінші тараудағы басты оқиға – жер дауы. «Қайтқанда» бөлімінде қазаға ұшыраған Қодар – Борсақ руынан шыққан, ал Бөкенші – Борсақпен ағайындас ру. Құнанбай осы екі руды Қодар мен Қамқа оқиғасынан кейін жазалау ретінде жайлы қонысынан айырып, жерлерін «әдейі басқаның мекеніне» айналдыруға күш салады. Құнанбаймен көп арбасқандықтан тәсілін түкпірлей танитын Бөжей: «Бөкенші, Борсақ, қашан айттың деме, шылбырды Қодар мойнына салған жоқсың. Бұйырса, осыменен өз мойныңа да салған боларсың, жазған!» деген сөзі айдан-анық келіп, жерінен айрыла бастаған Борсақ пен Бөкенші рулары Құнанбай мақсатының түп негізін сонда ғана түсінеді.
Қодар мен Қамқаның жерленуіне байланысты ел аузында «мұндай кесепаттың дүйім елге пәлесі жұқпасын деп өртетіп жіберді» (М.Қ.Түңлікбаев, Ел тарихы – ел аузымен. – Семей, 2020, 116 б.) деген қауесет болғандықтан, оқырман М.Әуезовтің «Абай жолында» қалай берілгенін білгені дұрыс. Кітапта Қодар баласы Құтжанның қасында жерленеді.
Бұл тараудағы бізге керегі Құнанбай аулының абысын, жеңге, келiн атаулысының сыбаға әкелуі. Бұл – қазақ аулында ежелден бар машық. «Өзге жұрттан бөлініп көшкен бұл бір топ ауылдар – шетінен Ырғызбай руы. Ұзын саны жиырма шақты ауыл. Көпшілігі Ырғызбайдың тоқалдары мен Өскенбайдың тоқалдарынан тараған туысқандар болатын. Осы абысын, жеңге, келін атаулының бір машығы – жылына екі мезгіл Құнанбай үйлеріне сыбаға әкелуші еді. Бір сыбаға көктемде. Қыстай қыдырып араласа алмай жүрсе, жазғытұры ең алғаш сыбайлас қонғанда, Зере отырған үлкен үйден бастап осы Күнкенің үйіне де бір-бір келеді. Қыстан сақтап шыққан сүрілерін әкеледі. Екінші рет, қазіргідей қыстау-қыстауға айырыла көшерде әкелетін».
Түсіндірме сөздікте «Сыбаға (зат.) – заттан, астан бір адамға арналған үлес» деген анықтама берілген. Романда сыбаға жылына екi мезгiл әкелінетіні айтылған. Бiрі – көктемде, бірі – күзде. Қыстың күні соғым басына шақыра алмай немесе шақырған адамы келе алмай қалған жағдайда осы екі мезгілдің бірін таңдап, туған-туыстарына, құда-жекжат, жамағайын ағайындарына сыбаға әкелу жасы үлкен адамы бар үйде әлі күнге дейін сақталған. Өз өмір тәжірибемнен бір мысал келтірейін.
Мен ақын, сатирик, сазгер, атбегі, этнограф Қажытай Ілиясұлы деген қазақтың біртуар тұлғасымен 30 жыл отастым. Бақи дүниеге өтер шағында орнынан тұра алмай ауырып жатқан Қажекеңе менің жанашыр қамқоршым, туысқаным Мария Жұмақанқызы, Смайлова Данияр Молдахмет деген баласы мен Ләззат келінінен сыбаға беріп жіберіпті. Олар кеткеннен кейін «саған арнайы сыбаға әкепті» десем, үні әрең шығып, халі кеміп жатқан Қажекең: «Ішінде жамбас барма екен, қарашы» деді. Қорқып кеттім, болмай қалуы да мүмкін ғой. Қарасам, жылқының келіскен қазы-қартасы мен жамбастың бір бұрышы, омыртқа мен жіліктің бір басын салған екен. Табаққа сап, «Міне» деп әкеп көрсеткенімде, Қажекең риза боп, «білерлігі бар адам ғой» деп сыбырлап еді. Мұндаймен ешкім байымаса да, бірақ сыбаға әкеле білудің де өз жөн-жоралғысы болатынын қаншама осындай адамдармен араласып жүрсем де, мен Қажекең әрекеті арқылы алғаш сезінген едім.
Қазақ дағдысында көбінесе бұл машық жазғытұрым кезінде қыстан шыққан сүрiлерiн әкелуден басталады. Ел ішінде «Үйіме қонып, әкеңнің сыбағасын жеп кет» деген де сөз бар. Бұл – мәртебесіне қарай малдың кәделі мүшесі салынған сыбаға дәстүріне байланысты шыққан сөз. Сыбағаға малдың кез-келген сүйегі салынбайды. Бас, жамбас, омыртқа, белдеме, ортан жілік сыбағаға жатады. Әл-ауқатының жеткеніне қарай осы сүйектердің бірі міндетті түрде салыну керек. Қол жіліктері сыбағаға тартылмайды. Ал сыбағаға арнайы шақырған жағдайда жылқының қазы-қартасы, басқа да сүйектерімен қоса, қонақ санына байланысты осы жіліктердің бәрі салынады. Қой сойған жағдайда басымен қоса, сан жіліктері түгел салынады. Ішек-қарынның ішінен сыбаға табаққа ұлтабар қосып, ұсыну да бар. Ет тураушы ұлтабардың ұшын келінге ұсынады. Қой басының кәдесін тарата білетін адам бастың құлағы, таңдайы, көзін үлестіріп болғаннан кейін бастың жігін пышақпен-ақ қолма-қол ажыратып жіберіп, қойдың құйқасы мен миынан ұсақтап турап, мипалау жасайды. Құйқасынан тазартылған қойдың басын төңкеріп, төбесіндегі жігіне үшкір пышақты салып, бір-екі ырғап жіберсе, ми тұратын жердегі сүйек сылқ етіп, ажырап кетеді. Тұздық құйылған мұндай мипалаудан сол жерде отырғандардың барлығы да ауыз тие алады. Ұлтабарды жамбаспен бірге тарту рәсімі де бар. Өйткені көп жағдайда мипалауға жамбастың майын, яғни құйрық турайды. Ал қой басының жағы тартылмайды, оны мипалауға турап жіберуге болады. Сонда бір табақ ет шығады.
Бұл тарауда қыстау-қыстауға айырыла көшерде Зере мен Күнке отырған үйге сыбаға әкелінеді, яғни күз мезгілі деген сөз. Оны Құнанбайдың екінші шешесі, Зеренің күндесі Таңшолпан әкеп отыр. 
«Сыбағаны Күнкеге әкеп отырғанымыз жоқ. Балам да болсаң бас болдың, саған әкелгiзiп отырмын. Ертең қыстау-қыстауға кетемiз де, қыс бойы iнге кiргендей жатып қаламыз… Жыл айналғанша амандық тiлеуiм, балама берген батам. Содан басқа бiзде не болушы едi! – дейдi.
М.Әуезов бес жасында Дінәсіл әжесімен Абай аулына бару себебі – әжесінің сыбаға апаруына байланысты. 1928 жылғы «Өз жайымнан мағлұмат» атты өмірбаянында жазушы: «Қазақ жазушыларынан, әрине, Абайды сүйемін. Менің бала күнімнен ішкен асым, алған нәрімнің барлығы да Абайдан. Таза әдебиет сарынына бой ұрғанда маған Абай деген сөз қазақ деген сөзбен теңбе-тең түскендей кездері бар сияқты. Абайды сүюім үнемі ақылдан туған, сыннан туған сүйіс емес, кейде туған орта, кір жуып, кіндік кескен жерді сүюмен барабар болатыны бар» деп жазады.
Жолда» деген үшінші тарау Зере әженің бесік жырынан басталады.
Бесік – жаңа туған балаға сапалы ағаштан арнайы жасалатын төсек. Бесік жыры – баланы тербеткенде айтылатын жыр…
Бұл жерде баланың бесікте жатқан кезінен бастап айтылатын бесік жырының бала тәрбиесі үшін қаншама маңызы бар екенін байқаймыз. Абайдың ойға шомуына да себеп – әжесі айтатын мазмұнды, мақамды бесік жырының әсері. Қазақ фольклорында Абайдың әжесі – Зере, Мұхтардың әжесі – Дінәсіл, Шоқанның әжесі – Айғаным сияқты дана әжелер арқылы бесік жыры атадан балаға жалғасып, біздің заманымызға дейін жеткен.
Құнанбай айналасы да Абайдың ерте есеюіне зор ықпалын тигізген. Осы тарауда Құнанбай үстінен Бөжей жазған арыз-шағымға байланысты Абай отызға тарта нөкер ерткен әкесімен бірге Қарқаралыға барады. Аға сұлтан Құнанбайдың айналасында әрбір жұмысқа жауапты сенімді адамдары мен тілмаш болады. «Тегінде, Құнанбай қолында Ғабитхан сияқты татардан, Ызғұтты сияқты қырғыздан, Бердіқожа сияқты қожадан келген, тіпті шеркестен де келген жеке адамдар немесе тұтас ауыл, топтар көп болушы еді» деп жазады жазушы. Міне бұған қарап, Абай өскен ортаның қандай дәрежеде болғанын білеміз және бұл адамдардың көпшілігі ертекші, әңгімешіл келеді. Ғабитхан –Абайдан бастап, бүкіл Құнанбай ауылындағы балалардың алғашқы сауатын ашқан молдасы. Құнанбай оған өзіне тақау жерден қора салып беріп, қыстың күні де балаларын оқытқызса, жазда бала оқыту үшін арнайы киіз үй тігіп берген. Яғни кішігірім медресеге ұқсас орын ұйымдастыра білгендіктен, Құнанбай аулының үлкен-кішісі шағатайша жазылған жыр-дастандарды тегіс оқи білген. Ахат Шәкәрімұлы «Құнанбай туралы» деген мақаласында: «Құнанбай жалпы қазақ балаларын оқытуға, оның ішінде нашар адамдардың балалары оқуға Қарқаралы қаласынан құдайы қылып, медресе салдырып, Хасен деген адамды оқытушыға тағайындап, қазақ балаларын оқыттырған… Олар Құнанбайға не алғыс айтпады дейсің?» деп жазады (Абай туралы естеліктер, 390-б.). Бұл жерде Құнанбай салдырған мешіт медресе қызметін қоса атқарған деген ой түюге болады.
Ғабитхан молда өзін Ырғызбаймын деп санаған, «ноғайсың» десе, ашуланып қалады екен. Ал Ызғұтты (1830-1887) сөзге ұста, тапқыр, қарулы, ержүрек және жолы жеңіл болғандықтан, Құнанбай қажыға барғанда жанына осы асыранды баласы Ызғұттыны ғана ерткен. Кейіннен Ызғұтты қыстауы «Кіші қажы» ауылы атанады. Осы бала ауылға алғаш келген бетте жолы ашық, жүрген жері құт-берекеге айналғандықтан, шын аты ұмытылып, «Ізі құтты» атанған. Шын аты – Бақыбай. Негізінде Ызғұтты – қырғыз емес, Құнанбайдың Тайбала деген қарындасының бауырына басқан баласы. Тайбаланы Өскенбайдың көзі тірі кезінде атастырған жеріне Құнанбайдың келісімінсіз Зере ұзатып жібереді. Өйткені олар Найманның Матай руынан шыққан Зеренің туыстары болып келеді екен. Ал Құнанбай бұл некеге қарсы болады. Түскен жеріне қадірін өткізе білген Тайбала «жақсы болса ұл болар, жаман болса, құл болар» деп жалғыз ағасына осы баланы 7-8 жас күнінде өзінің бодауы (өтемі, борышы) үшін Құнанбайға бергізіп жібереді. Ал қазақ әдет-ғұрпында ағайынды адамдар бірінің баласын бірі бауырына салып, өз баласындай мәпелеп өсіру дағдылы іс болған. Бұл – туысқандықты одан әрі нығайту және береке-бірліктің ең жоғарғы көрсеткіші. Ызғұтты өлер-өлгенше өзін Құнанбайдың баласымын деп есептеп, қандай істе болмасын әкесінің ең сенімді серігіне айналған. М.Әуезов мұны Ғабитхан сияқты тікелей пана сұрап келген адамдарға Құнанбайдың қамқор бола білгендігін ашу үшін әдейі қырғыз деп алса керек. Ал Құнанбаймен замандас Бердіқожа – Әуездің әкесі. Бердіқожаны Ақтайлақ би Түркістаннан қожа-молдаларды арнайы алдырып, қазақ ауылдарына бөлген кезде Құнанбай осы Бердіқожаны ғана таңдайды. Бірақ қожа-молдаларды бастап келген Бердіқожаның әкесі Саяқып Ақтайлақ биден ыңғайсызданып, келісім бермейді. Бірер жыл өткенде Ақтайлақ би мен Саяқып қайтыс болғаннан кейін Құнанбай Аягөздегі найман ішіне қайта барып, екі иығына екі кісі мінгендей көркем Бердіқожаны туған-туысқанымен көшіріп әкеліп, жайлы қоныс, көп мал бергізеді. Құнанбайдың кіші әйелі Нұрғаным – осы Бердіқожаның қызы. Ал Бердіқожаның баласы Әуез – Абай өлеңдері мен қарасөздерін жаттату арқылы М.Әуезовтің алғаш сауатын ашып, араб әліпбиін үйреткен атасы. Сонда Нұрғаным Мұхтарға туыстық жағынан апай болады.
Абайдың халық даналығын бойына сіңіріп өсуіне Құнанбай айналасын­дағы адамдар әсеріне нақты бір мысал келтірейік: «Ғабитхан соңғы күндерде әрбiр кеште үй iшiне «Мың бiр түн» хикаяларын айтуды машық қып алған. Бүгiн де кешкi шайдан соң, Ұлжанның қозғауы бойынша, кеше бiтпей қалған бiр қызық әңгiмесiне «Үш соқыр» хикаясына кiрiстi» дейді (94-б.) .
Осы сапарда Абай Қарқаралы қаласында өз қаражатымен Құнанбай салдырған сол атыраптағы ең бірінші мешіттің ашылу салтанатына қатысады. Жұрттың көзінше аға сұлтанды марапаттап, екі дүниенің берекесін тілеп, бата берген Хасен хазіретке Құнанбай бір ат, бір түйе беріп, үйіне апартып салады. Қазақы жөн-жоралғы тұрғысынан келгенде бұл Құнанбайдың мырзалығын көрсетеді. Қазіргі уақытта той-томалақта ең бірінші бата берген үлкен адамға сый-сияпат жасап, иығына шапан жабу рәсімі әлі де сақталған. Батаны бала бермейді, тек жасы үлкен қадірменді ақсақалдар ғана береді.
«Ұзақ намаздың артынан түнгі ас» Құнанбай пәтерінде беріледі. «Үлкен-үлкен төрт бөлменің бұл сағаттағы қарекеті қалын топыр, қан жайлаудағы бәс пен астан бір кем емес… Ауызүйде ешкім үн шығарып сөйлемейді. Құнанбай жігіттеріне Ызғұтты үйреткен тәртіп сол болу керек. Үш есіктің тұсында қазірде Жақып, Майбасар, Ызғұтты – үшеуі тұрып ап табақ жақындай бергенде, қонақүйдің есігіне қарайды да, табақшыларды үндемей нұсқап, рет-ретімен кіргізіп жібереді».
Қан жайлау – жайлаудың ең қызған шағы деген мағынада қолданылады. Қазақ салтына тән қызықты дәстүрдің (қонақкәде, ас-су, той-думан, бәйге, өнер жарыс т.б.) барлығы осы кезде орындалады. Бұл – жайлаудың «Өзенi тұнық, бұлағы тастай суық, көгалы ұшан-теңiз, ұзыны мен көлденеңi бiрдей құнан шаптырымдай» құрағы жапырылмай, шөбі жайқалып тұрған кезінде ел-жұрттың қыстаудан түгел көшіп келетін тұсы. Тілімізде қан жайлаудан басқа сар жайлау, кер жайлау деген де тұрақты сөз тіркесі бар. Бұлардың барлығы да қазақтың күнелту салтына орай жазғы қоныс жайлаудың өзін мезгілімен пайдалана білгендігін көрсетеді.
Кер жайлау – жайлаудың ең алысқа тау ішінің биік шатқалдарына ұзаған тұсын меңзейді. Мұнда мал қоңды болу үшін оңаша күтіледі, жол қатынасы қиындайтындықтан, той-думан аз болады.
Сары жайлау – жайлаудың той-думаны азайып, тұяқ таптамаған жері қалмай, шөбі жапырылған тұсы. Бұл кезде ел ақырындап, етекке түсе бастайды.
Ой жайлау – б.з.д. 3-7 ғғ. сақ мәдениетіне жататын «Ойжайлау қорғандары» туралы да деректер бар. Халық ақыны Кенен Әзірбаевтың «Ойжайлау – шөбің шүйгін, суың – дәрі» деп келетін «Ойжайлау» деген өлеңі көзі қарақты оқырманға белгілі.
Қазіргі уақытта жайлау концептісін «ұлы дала» термині» ауыстырды. Бұл тақырып М.Әуезов сияқты және онымен қаламдас, замандас болғандардың шығармаларында ғана көп кездеседі. М.Әуезовте дала концептісі – селеу дала, жусан дала, бетегелі дала, салқын дала, жазық дала, көк дала, жым-жырт дала, сар дала, мол дала т.б. толып жатқан эпитеттер арқылы таңбаланып беріледі.
Белгілі ақын, сатирик, сазгер, атбегі Қажытай Ілиясұлы «Жайлау таңы», «Жайлаудағы шаңқай түс», «Жайлау кеші», «Жайлау түні» деген жайлау концептісіне төрт өлең арнапты. Себебі ол ҚХР-да туып-өскендіктен, 1960 жылға дейін ондағы қазақтың көшпенділік ғұмырын тікелей өз басынан өткізген… Ал Қазақстан бұл кезеңде түбегейлі отырықшылыққа ауысып кеткен.
«Абай жолында» «Қан жайлау» деген сөз «Балбаланың жаман атын қан жайлау бiлмесiн десең қайт былай! Жiгiт болсаң, тым құрса, қыздың абыройын төкпе! Болмаса, мен дәл осы босағада жанжал салам! Бол! – дедi. (2-том, 70-б.); «Кеше ғана балалығы мен жiгiттiк жастығының жасыл шөбi сарғаймас алтын бесiгiндей болса, сол қызықты қан жайлау қазiр суық қабыр ызғарындай аяздап, қырауытып тұрған тас табытындай» (2-том, 224-б.) деген бірнеше жерде қолданылады.
Құнанбай мен Бөжей дауы арғынның беделді биі, Абайдың бәйбішесі Ділдәнің атасы, қаз дауысты Қазыбек бидің ұрпағы Алшынбай арқылы шешіледі. Қарқаралы округінің әміршілері Құнанбай мен Майыр (орыс чиновнигі), тағы да басқа әр рудың атқамінерлері жиналған үлкен жиында Алшынбай бидің ұйғарымы бойынша қыз берісіп, қыз алысып құда болуға келмейді, өйткені – ағайын, сондықтан жақындық қайта жаңғыру үшін «Бөжей Құнанбайдан бала ауысып, бауырына салсын. Сүйтіп иістерін аралассын» деген шешім шығартады. Бұл жерде осындай дау-шар болғанда, ежелден келе жатқан дәстүр бойынша татуласудың бір жол-тәртібін көреміз. Абай бұл байламды басында түсінбей, Оспан мен Смағұл бауырларының бірін береді екен деп ойлайды. Сөйтсе мұндай жағдайда ер бала берілмейді, қыз бала берілуге тиіс екен. Жоғарыда Зере әжесі бесік жырын айтып, аяғының арасына көрпе қойып, тербетіп отыратын үш жастағы көзі қарақаттай, аппақ Кәмшатты Бөжей бастаған топ, зарлатып алып кетеді. Өйткені Құнанбай да, Бөжейде де бүкіл Қарқаралы округі игі жақсыларының орыс-қазағы жиналған дуан шешіміне қарсы тұра алмайды. Бұл қазіргі жоғарғы сот үкімі сияқты. Кәмшаттың «от басып алғандай» «Апа, Апа! Әже!» деп шырылдап жылағаны Бөжейлер аттанып, ұзап кеткенше «…отқа өртеніп не суға жұтылып бара жатқан жанның зарындай боп, ызың-ызың естіліп тұрды» деп тарау аяқталады. Бұдан Кәмшат тағдырының өте аянышты болып аяқталатынын алдын-ала түйсінуге болады.
Бауырына басты (салды) – 1) құшақтады, аймалап төсіне басты; 2) Асырап алды, бала қылып алды. «Бөжей Құнанбайдан бала ауысып, бауырына салсын» дегенде «асырап алсын, бала қылып алсын» деген мағынада қолданылған.
«Шытырманда» деген төртінші тарауда – Құнанбай тапсырмасы бойынша ел ісіне араласа бастаған Абай арқылы қазақ ресми келісім-шарт тәртібі жүйесімен танысамыз және әр рудың тізгінін ұстап отырған Сүйіндік сияқты игі жақсылардың әңгімесі арқылы сол өлкедегі ел мен жердің тарихына, тапқыр сөздер мен ұтымды айтылған жауаптарға қанық боламыз. Қолы бос уақытында Абай Фирдауси, Низами, Физули, Науаи, Бабыр сияқты шығыс классиктерінің шығармаларын оқудан бас алмайды. Қаладан қайтқанда екі қоржын кітапты Құнанбай Ғабитхан молдаға арнайы алдырған. Осы кітаптарды Ғабитхан арқылы әкесінен сұратып алып, Абай бір қыс кітап оқиды. Бұл жерде кітапты Абай алдырып отырған жоқ, әкесі алдырып отырғанына мән беру керек, яғни Құнанбайдың өзі де – кітап оқыған деген сөз. Бірақ М.Әуезов кедей-шаруаны ғана биікке көтерген кеңес өкіметінің қатаң тәртібіне амалсыз бағынса да, ретін тауып алпауыт бай Құнанбайдың да кітап оқығанынан хабардар етіп отыр.
Абайдың ел ісіне араласуы «бес қасқа» атанған мықты бес ұлы бар Құлыншақ аулына барудан басталады. Құнанбай арнайы жібергендіктен, Құлыншақ Абайды баласынбай, жақсы қарсы алады. Абайдың келген шаруасы – Борсаққа тиесілі Бетқұдық деген қыстау Ақперді деген кісінің иелігіне өткендіктен, Құлыншақ иеленіп келе жатқан жерге қонбаса екен, өйткені биыл пішен шауып алатындығын жеткізу. Құлыншақ:
– Ақперді, Ақперді, Ақперді, Ақпердіге құдай бақ берді» деген кезде Абай:
– Бақ берген емей немене,
Борсақтан қалған аз жерді,
Менікі деп тап берді деңіз, – дегенде Құлыншақ күліп: «Тек осынынды Ақперді есіткей етті» деп ырза боп қалады. Сөз арасында Құлыншақ: «Айыпқа мал бермеді деп Бөжей жағы қомсынады, білем. Сол кішкене қарындасыңның күтімі де келісті емес деп есіттім-ау? Айғыз байғұс соны сезіп қайғырады ғой» деген көңілсіз әңгіме бастайды. Абай Құлыншақ жетектеген сөздерге ілеспей, азырақ үндемей отырып, балаларының неге «бес қасқа» аталғаны туралы сұрайды. «Қасқа» дегені батыр деп айтқаны дейді ғой мыналар» деп Құлыншақ баласына қарайды. Абай Құлыншақтың бар ойы «Бөкенші, Борсақтан жер олжа қылмадым» деген арман екенін танып, ішінен наразы боп аттанады. Әкесіне Құлыншақтың көнгенін айтса да, өкпесін айтпайды. Абайдың қасына еріп барған Қарабастан Құнанбай тағы сұрап, баласының әрекетін жіті бақылайды. Көрдіңіз бе Құнанбай Абайды жалғыз жібермейді, қасына ересек адамның бірін қосып береді әрі іс-қимылын да тексеріп отыр.
«Одан да не күтсеңдер де, осы жаман қарадан күтсеңдерші» деп Абайға баға берген Құнанбайдың бірыңғай ел ісімен болмай, бала тәрбиесіне де мән бере қарап, әрқайсысын сырттай бақылап отырғанын көрсетеді.
Осының ертеңінде Абайға тағы да сол Қарабасты қосып, енді Тоғжанның әкесі Бөкенші мен Борсақ руының басшысы Сүйіндік аулына жібереді. «Сүйіндіктің аппақ үлкен үйі жылы екен, іші тола тірелген жүк, буулы тең мен сандықтар. Оның ар жағы екі босағаға шейін текемет, алаша, түскиізбен қоршалыпты» деген суреттеуден көшкелі отырса да, бай ауылдың бір көрінісі көрінеді.
Мұнда әкесі тапсырған алық-берік шаруаны айтқаннан кейін көбінесе әңгіме Қарауыл, Шыңғыс деген атаулардың шығу тарихы, Құнанбай әкесі Өскенбайға Көкшетау жеріне барып «ұлы дүбір» үлкен ас бергенде Сүйіндік айтқан сөздер мен кейбір жер дауына айтқан билігі туралы сөз болады. «Жұрттың бәрі көшіп, сонау Көкшетауға барып, ұлы дүбір мереке жасады ғой. Сонда Бөжей мен Майбасар келіспей қапты. Майбасар – старшын. Жуантаяқтың бір ұрылары Наймандағы Бөжейдің нағашыларына барып, көп жылқысын әкеп, қырып тастапты. Соның қуғыншысы келіп Бөжейге: «Есемді әпер!» дейді ғой. Бөжей Майбасарға асылады. «Ақылдастыр, малын әпер!» дейді. Соған Майбасар: «Сандалып, не айтып жүрсің?» деп, ренжітіп тастайды. Бөжей өкпесінің басы осы еді ғой…».
Екеуара әңгіме жарастықта өткендіктен, Сүйіндік Абайдың шай ішіп отырған кесесін өзі алып беріп, үлкен құрмет көрсетеді. Бұл үйде де Кәмшаттың жағдайының төмен екендігі тағы айтылады.
Қазақ салты бойынша үйге келген адамның шынысын жасы үлкен сыйлы адамға ғана болмаса, үй иесі алып ұсынбайды. Қонақасыға аса мырза атанған Сүйіндік «Жеп-іш, Абай» деп жас балаға үлкен пейіл танытуы – қазақтың «Қой асығы демей-ақ қолын толса, сақа тұт, жасы кіші демей-ақ, ақылы асса, аға тұт» деген халық даналығының жарқын көрінісі. «Ет артынан Сүйіндіктің көптен сауғызып отырған қысырларының сары қымызы да келді. Оны да жақсы әңгімелесіп, ұзақ отырып ішісті».
Қонақасы – қонаққа арналған дәм, мәзір, тағам. Дәстүрлі қазақ қоғамында үйге тосын келген немесе арнайы шақырылған қонақтың қадір-құрметіне, жас мөлшері мен туыстық қатынасына қарай сойылған малдың мүшелерінен сыбағалы табақ тартады.
Қысырдың сары қымызы – бұл шөп буыны қатқан күзден бастап, қысыр қалған (тумаған) биелерден қыс бойы сауылатын қымыз. Қуаты да, емдік қасиеті де күшті болады.
Бұл тараудың бір ерекшелігі – Абай Бөкенші Сүйіндіктің екінші әйелі Қантжаннан туған Тоғжанмен танысуы және кейіннен жақсы досына айналған Ерболмен кездесуі.
Енді Құнанбай Абайды осымен өзімен өкпелі үшінші адам Байдалыға жұмсайды. Бұл ана екеуі сияқты емес, Бөжеймен тізе қосып, әрдайым жаулықты мықты ұстап отырған адам. Абай өзін «шытырман ішіне жалғыз, құралсыз, әлсіз күйде» кіріп бара жатқандай сезінуі арқылы тараудың неге «Шытырманда» деп аталу себебін ұғамыз.
Байдалы Абайларды жылы шыраймен қарсы алмайды. «Байдалының Қаршығалы, Қопа деген қоныстарына Сүгір мен Сүйіндік қоса қонсын, бірге жайласын» деген Құнанбай сәлемін жеткізеді. Байдалы келісім бергенмен, Құнанбайдың «айналып келіп тек қана Жігітекке (ру аты)» тиісетінің айтып, кінә тағады. Бір кезде Байдалы ызғар шашқан өңін лезде өзгертіп, байсалды қалыпқа түседі. «Ашуы мен сабырын оңай жұмсап, оңай тежеп, оп-оңай бұрып салып отыратын шын ұстамды адамды» Абай осылайша алғаш рет көріп, таң қалады. Ол Базаралының әкесі Қауменнің үйіндегі Қаратай, Бөжей, Байсал бас қосқан бір отырыста «Мырза кім» дегенде Қаратайдың «Мырза – Құнанбай», «Шешен кім?» дегенде «Шешен – Құнанбай», «Жақсы кім» дегенде «Жақсы – Құнанбай» дейді. «Онда неге алысып жүрміз» дегенде Құнанбайдың «не қылайыны» жоқ қой. Сондықтан кетіп жүргем жоқ па?» дей келе осы сөзді осы қалпында жеткіз деп сәлем айтады.
Абай бұл сөзді әкесіне сол қалпы жеткізеді және әкесінің не деп жауап қайтаратыны да қызықтырады. Құнанбай:
– Қаратай жүйрік қой. Жер таниды. Айтқаны шын болса керек. Бірақ өз топшылауым бойынша, адамның қай мінезі қасиеті болса, сол мінезі міні де болады. Мен өмірде ұстаған нәрсемді берік ұстанам. Жақсылық – кісінің айнымас табандылығында деп білемін. Соның түбінен мін шығатын кез де болатын шығар! – деп, үндемей түнеріп отырып қалды… Адам бенде ғой! Бенденің жоқ-жітігі толған ба? – деді. Қияласа да өз мойнына кінә алып отыр. Бұл кезде Абайға әкесі жадағай көрінбеді. Кінәға, дауға жүйрік Байдалы сияқты емес. Ол шешендіктен көрі басқарақ түкпірі бар жан сияқты. Оңай жан емес. Қабат-қабат шың сияқты…»
Абайға Құнанбайдың «жадағай» сияқты емес, тереңнен топшылайтын адам болып көрінуі аға сұлтанның басқа игі жақсыларға қарағанда әлдеқайда озық екенін танытады.
Ойландыратын жауап естіген Абай арқылы қазақ арасында қандай шаруа болмасын игі жақсылардың бір ауыз сөзімен шешіліп, түйіні күрмеулі көп мәселе жадырап отыратынын топшылауға болады.
Абай Кәмшат жайын Ұлжан мен Зереге ғана айтады. Аналарының тапсырмасымен, енді Абай Бөжей аулына аттанады. Бөжей ауылы Қопа деген жайлауға қонған күні Абай қасына Ғабитхан молданы ертіп, Кәмшатқа келеді. Астында жыртық жаялық, басында жыртық шапанның жеңі, қол-аяғы шидиіп, құп-қу шөлмектей боп әлсіз жылап жатқан баланы көргенде Ғабитхан молда:
– Ей, мазлума! Нилер ғазап көргенсің сен Бейгүн-ай мазлума! – деп жылап жібереді. Мінез көрсетсе, Кәмшат үшін пайда емес, қайта оның азабын арттыра түседі. Сондықтан Абай ашуын тежеп, бәйбіше берген қымызды да ұрттамай, тез аттанып кетеді. Абай Кәмшаттың әл үстінде жатқандығын үй-ішіне тегіс хабарлайды.
– Қайтейін, мен қайтейін.?.. Кеше исі Арғынның игі жақсысы бұйырды! – деп Құнанбай шешесі Зереге қарап, шарасыз күйге түседі. Ертеңінде Құнанбай жорға Жұмабайды жіберсе, Айғыз да өз тұсынан бір адам жібереді. Бірақ Бөжей кінәсін мойындамай, Құнанбайдың өзіне өкпе айтады. Аз күннен кейін Кәмшат қайтыс болады. Құнанбай мен Айғызға хабар айтпай Кәмшатты өздері жерлей салады. Жазушы мұның бәрі қатыгездіктің, өшпенділіктің, білместіктің, надандықтың белгісі екенін тәмпіштеп жазады. Бірақ көп ұзамай, Бөжей кенеттен науқастанып, «жанкүйер ағайынын шақырып, арыздасып жатыр… Байсал, Байдалы, Түсіптер жыласып арыздасыпты дейді!», «Науқасының бетінен ағайын шошиды деді!», «Жазым боп кете ме қайтеді?» дегенді естиді.
Арыздасу (етістік) – бірінші мағынасы бірнеше адамның бірінің үстінен бірі арыз жазып, шағымдануы деген мағына берсе де, «бақилық болғалы жатқан адамның жақындарымен қоштасып, кешірім сұрауы және олардың бұдан кешірім сұрауы» деген екінші мағынасы үстемдік алып кеткен. Қазіргі уақытта арыздасу екінші мағынасында көбірек қолданылады.
«Суық сыбыс анық боп», Бөжей төсекте бес күн жатып қайтыс болады. «Науқасы қатқыл келген соқпа ғой!» деп табылады. Байдалы бастаған топ тағы да Құнанбайларға хабар бергізбейді. «Әншейінде қаншалық қиян-кескі араз боп жүрсе де, «торқалы той, топырақты өлім» дегенге келгенде, араздық ұмытыла тұратын», – дейді жазушы.
Қасиетті құндылықтың шырқы бұзылады. Бірақ Зере мен Ұлжандар Бөжейге арналған құрандарын, «тие берсінін» өз үйлерінде, өз балаларына, Абай мен Ғабитхан молдаға оқытады. Шелпектерін пісіртіп, дастарқандарын жайғызып, бір жеті бойында өз үйлерінде аза қылып отырысады. Қазақ үшін мұның бәрі қадім заманнан үзілмей келе жатқан жөн білгендік, өлген адамға құрмет көрсету болып саналады.
Қазақ салты бойынша адам қайтыс болған соң, оған арнап бөлек үй тігеді. Үй тігіліп болған соң, бөтен жасау-жабдық кіргізбей, «қонақ суы» берілген яғни бір қабат жуылған мәйітті сүйек төсекке әкеп салғызады. Жерлер алдында үш рет жуылып, иіс су себіліп, кебінделеді. Беті киіз не кілеммен жабылған соң, қазаға жиналған мұсылмандар жаназа намазын оқиды. Жаназасын шығарғанша адам сүйегі осында болады. Бұл үйді «Қаралы үй» деп атап, оң жақ босағасына ұзын найзаның басына ту іледі. Оның түсі жас мөлшеріне қарай ақ не қызыл болады. Осыны қазақ «қара» деп атайды. Бұл жерде «қара тікті» дегенді қара мата тігіп қойды деп ұғынбау керек, яғни киіз үйдің босағасына ақ не қызыл ту тігіледі. «Кісісі өлсе қаралы ол» деген Абайда кездесетін өлең жолының осындай терең мағынасы бар. Түсінікті болу үшін романнан мысал келтірейік:
«Осы күннің ертесіне суық сыбыс анық болды. Бөжей қайтыс болды деген қаралы хабар жетті. Бұл уақытта Құнанбай, Ұлжан, Зере, Абай, Оспан, Тәкежан таңертенгі шайын ішіп отырған еді. Бұны Құнанбайға ешкім де арнайы хабаршы жіберіп естіртпеді. Бұған ол қатты қапа болды. Зере көз жасын бір төгіп алды. Абай болса жүрегі аузына тығылғандай күй кешті… Байдалы сүйекті орналастырып болысымен,сол өлік үстіне тіккен ақ үйдің оң жақ белдеуіне өз қолымен әкеліп қара тікті. Жаназасын шығарғанға шейін өлік осында болмақ. Байдалы ескіге жүйрік Сүйіндікпен ақылдасады. Сүйіндік: жас кісі өлсе туы қызыл болатынын, кәрі өлсе туы ақ болатынын айтып келеді де, «Бөжейдей орта жасты кісіге – бір жағы қызыл, бір жағы ақ болуы керек» дегенді айтқан. Қара тіккен Байдалы халық атынан Бөжейдей арысына ас берем деген ырымын жасады» (1-кітап, 97-б.).
Бұл жерде «Қара тікті» деген сөздің мағынасын анық түсінеміз. Осы сияқты ұсақ детальдерге дейін романда тегіс баяндалады. Бұл қазақ халқының ертеде өлген адамға қалай құрмет көрсеткенін, қалай атқарғанын білдіреді.
Жаназа – мәйітті соңғы сапарға шығарар алдында, қыбыла жаққа бет бұрған ер адамдардың аяқтан тік тұрып, жаназа намазына ұюы, дұғаға ниет етуі.
Құнанбай қатты қиналып, ақыр аяғы кешпес қатал ызаға кетеді. Қазақ салты бойынша қандай жаманат болмасын, Құнанбай сияқты ел ағаларына хабаршы жіберіп, арнайы естірту шарт. Естіртпесе, ол адам бармайды. Тіпті қазіргі уақыттың өзінде ажырасып кеткен ерлі-зайыптылардың біреуі қайтыс болған жағдайда, ол адам келсін-келмесін арнайы естіртіп жатады. «Ағайын арасының ежелгі айнымас заңы бойынша жаназаға шақырар деп» «саба, сойыс, үй қамдап» қанша күтсе де, Бөжейдей жұрт жоқтаған жанға топырақ сала алмай қалған жалғыз Құнанбай айналасы болды» деп бұл тарау аяқталады.
Бұдан оқырман Құнанбай мен Бөжей айналасының түсінік-түйсігін танып, өзінше ой қорытуы керек. Бір жұтта жоқ болатын мал бермеді деп өкпелеп, Кәмшат сияқты бейкүнә сәбиді өлімге қиған және шариғат жолынан тыс әрекет еткен Бөжей айналасы қатыгез бе, әлде Ғабитхан, Ызғұтты сияқты талай адамды өз баласынан кем көрмей тәрбиелеп, қора-қопсы салып беріп, тіршілік етуіне жағдай жасап отырған Құнанбай қатыгез бе?
Өлік жөнелту ғұрпына байланысты романда қазаны естірту, жоқтау айту, дауыс салу, қаралы ту тігу, қаралы атты күзеу, көшкенде қаралы аттың ер тоқымына қайтыс болған кісінің киімін жауып қойып оны бос жетекке алу, ас беруде қаралы атпен көрісу, қаралы туды жығу деген рәсімдердің барлығы орындалады. Бұлардың көпшілігі қазіргі уақытта ұмыт болып кеткенмен, жаназа шығарудың, қонақасы берудің ырымдары сақталған. Өлік жөнелту қазақ үшін үлкен сын болған. Сондықтан «Өлім бардың малын шашам, жоқтың артын ашам» деген мәтел қалыптасқан. Ұлттық құндылықтарға жататын бұл мәселе туралы да кейінгі жас ұрпақтың хабары болғаны дұрыс деп ойлаймыз.
Мазлума (арабша) – әйел жынысына ғана қаратылып айтылатын міскін, байғұс, бишара әйел деген мағынада. Мазғума емес – дұрысы мазлума (арабтанушы Масхут (Мақсұт) Шапихов).
«Бел-белесте» деген бесінші тарауда – жер дауы төңірегіндегі дүрбелең одан әрі жалғасады. Қазақ тұрмыс-тіршілігінде көштің орны ерекше, бұл үлкен мереке саналған. Мұндағы мән беретін нәрсе – қаралы көштің өзіндік сән-салтанаты болатындығы. Жаз жайлауға шығу уақыты болғандықтан, ағасы Тәкежанның ұсынысымен Абайлар бүлдірген теруге шығады. Сол кезде алдарынан Бөжейдің сырт киімі жабылып, кекілі күзелген (кесілген) қара көк атын орталарына алып, басқадан ерекше қара киінген бәйбішесі мен екі қызы бастаған қаралы көш өтеді. Басқалары басына жұқа қара желек жамылған. Он бес түйелі көштің сәні балаларға өзгеше көрінгендіктен, өтіп кеткенше, тосып тұрады. «Өңшең сәнді киінген қыз-келіншек пен егде тартқан бәйбішелер. Мінген аттары ылғи семіз жорғалар мен келісті бедеулер. Әйелдердің ер-тұрманы, тоқым, құйысқан, өмілдірік, жүгендері тегіс жалпақ күміске малынған. Жарық күнге шағылысып, жарқ-жұрқ етіседі. Бар түйенің үстіне артылған жүктерді жапқан өңшең қара кілем, қоңыр алаша, қара ала текемет көрінеді. Жүкті түйелердің екі жағы сол үлкен қара жамылғыларымен баяу ғана желпіне түсіп, өзгеше бір ауыр тыныс алып келе жатқан тәрізді».
Бұл суреттеуде «қаралы көштің» де өзіндік сыр-сипаты болатындығын көреміз.
Қазақ ат кекілін ешуақытта кеспейді, не сүзіп қояды немесе түйеді. Мұны білмей, жылқының екі құлағының арасындағы бір топ қылын кескен жағдайда жаман ырым саналады. Бөжей мініп жүрген аттың кекілі күзелуі ол адамның бұл пәниде жоқ екенін білдіреді. Сүзу – атты бәйгеге қосар алдында кекілін үлкейтіп шанду. Түю – атты сынауға даярлау. Адам араздасып, бір-бірінен мүлде қол үзіп, кетіскенді білдіретін «Ат кекілін кесісті» деген сөз тіркесі осындай салт-дағдыдан шыққан. Бұл сөз «Ат құйрығын кесісті» деп те айтылады. «Кекілін кескен кер атым-ай» деген ән тексі дұрыс емес. Дұрысы «Кекілін түйген кер атым-ай» болуы керек. Халық даналығына жете көңіл аудармай, қалай болса, солай құрылған қазіргі мазмұнсыз ән мәтіндері өсіп келе жатқан жас ұрпақты шатастырады.
«Жылқыны күзеу тәртібі: Тайдың кекіл, құйрығын түте күзейді, Байталды тұғылды тұсынан жік шығарады, Құнанға жалын күзеп, шоқтық қалдырады. Құйрығын күземей, жай ұшын қалдырады» (Қажытай Ілиясұлы).
Кекіл мен айдар қоюдың қазақ тұрмыс-тіршілігінде маңызы зор. Сол себепті де көз тимесін деп қарапайым халық баланың маңдай шашын алмай, кекіл қойған. Ал айдар төре тұқымдарына ғана тиесілі. Айдар – ер баланың төбе шашын өсіріп, моншақ араластыра өріп қою. Кенесарының інісі Наурызбай батырдың ұзын айдары болғаны тарихтан белгілі.
Бөжейдің қыздары мен оның айналасы Абайларды көргенде қаралы дауыс сап, жоқтау айтады. Қаралы дауыс – өлген кісінің артын күткен ет жақындары айтатын жоқтау. Дүниеден озған адамға дауыс айту салты қазақ өмірінде ерекше орын алған. Мұны жоқтау деп атайды. Жоқтау – өлген адам туралы әндетіп жыр айту.
Бұл топтың ішінде Абайдың ғашығы Тоғжан бар. Абай оны танып, ерекше күйге түседі.
Бөжей ауылы Құнанбайлар отырған жақын қонысқа көшіп келгендіктен, Құнанбайға қарасты 20 ауылдың үлкендері қымызы мен сойыс малдарын дайындап, қаралы үйге көңіл айту үшін түгел жиналады. Құнанбай бастаған топ Бөжей аулына тайлы-тұяғы қалмай, Бөжей үйіне бата оқырға барады. Бата оқыр – өлген адамның үйіне барып, құран оқып көңіл айту. Бата қылу – өлген адамға құраннан аят оқып, бағыштау. Сойыс – қайтыс болған адамға арналып союға дайындалған мал. Бұл салтқа орай: «Құнанбайдың үлкен үйі үш саба, бір ту бие, бір тай сойыс апарады және «азаға салғаным» деп Зере мен Ұлжан түйе апарады». Апарған заттарынан-ақ, Құнанбай аулының мырзалығын, Бөжейді өкпеге қиғанмен, өлімге қимағанын көрсетеді.
Ауыл шеті көрінгенде Құнанбай шоғырын алдына салып, лек-лек болған аттылардың қалың тобы сар жазықты айғай-шуға батырып, оң жақтағы биік қара адырды бөктерлеп «Жәнібекке қарай ат қойды». «Бұл елдің ежелгі ырымы бойынша өлімге бата оқи барудың ең үлкен шарты осылай алыстан айғайлап: «Ойбай, баурым!» деп, жылай шабу болатын». «Ойбай бауре-ем!, «Аға-екем!» «Асқар белім!», «Құт берекем!» деп «кекселеу кісілер шырқап жылап, үн салып келеді. Атшабар Жұмағұл мен Тәкежан болса, аттарының екі жағына кезек қисайып, құлап кететін кісі тәрізденіп, ауытқып жосытады».
Ат қойды – дәстүр бойынша қаралы үйге (ауылға) еркектердің алыстан «ой, бауырым!» деп қатты дауыс шығарып, шауып келуі. Бұл жерде бір топ еркектің лап беріп, «Ой, бауырымдап» шаба жөнелуі – ат қою деп аталады.
Осылайша «Дүркірей ағылып, шулап шапқан топ Жәнібектің көк майса кең саласында жыпырлай қонып отырған сансыз көп ауылдардың үстінен шыға келді… Шауып келген үлкендердің аттарын анадайдан жүгіре-жүгіре шығып, ұстап-ұстап алып, иелерін қолтықтап түсіріп, еркектерге көрістіргелі жетектеп әкетіп жатқан көп-көп ықшам жігіттер бар. Барлық бата оқыршыға сондай бір-бір күтуші тап келгендей, мол жеткендей болды… Отырған әйелдердің алдына жылап келген еркектер тізе бүгіп отыра кетіп, құшақтасып көрісіп жылайды. Үй іші осындай жаппай көріс үстінде бірқатар жыласып ап, енді тегіс ажырасып, жағалай отырысты. Еркектер бұл кезде ақырын жыласып отыр да, әйелдің де көбі басылып қалды. Тек Бөжейдің қатыны мен бес қыз ғана зарлап отыр. Арманын, жесір қалғанын, ерте айрылғанын айтып бәйбіше жылап, жұртты егілдіре түсті де, ақыры саябырлап барып тоқтады».
Бұдан кейін Бөжейдің екі қызы «анда-санда «аһ» деп, жалын атып қойып, сұңқылдап зарлап» өзгеше жоқтау айтқанда Құнанбайға да кінә таға кетеді.
Жау боп шықты Ырғызбай
Айыпқа бердің бір қызды-ай, –
деп бір кетіп және бір сәтте:
Оның аты Құнанбай,
Жүйріктігі құландай
Шұбарлығы жыландай… – дегенде Құнанбай тістеніп ап, сыр бермей шыдап береді.
Сол кезде Құнанбаймен ағайындас Сары апаң деп атайтын кісі:
Мына да қарлар не дейді?
Жақсыдан жаман көбейді.
Ескінің асыл көзі еді,
Ұрлап та көмдің Бөжейді, – деп айғайлап айтып тастайды. Екі жақ бір-біріне деген өкпесін осылайша әйелдер аузымен жеткізеді. Бұл да – қазақ арасында ежелден келе жатқан өкпе-ренішті білдіретін бір машық. Өйткені қазақ баласының кез-келгені жастайынан өлең-жыр, мақал-мәтел жаттап, тартымды жауапқа машықтанып өседі. Бұл жерде «Сары апаң» атанған қарапайым қазақ әйелінің кесек образын көреміз. Романдағы мұндай әйелдер образы – бір төбе. Осындай қысылтаяң жерде еркектер айта алмайтын ретті сөзді әйелдердің айтып жіберуі дағды болған. Сондықтан ондай ақылды әйелдер құрметтеліп, сөзін елге тыңдата алатын болған. Жұрт сыйлаған. Мұндай қасиет Абайдың шешесі Ұлжанда да болған. Романда Ұлжан образы үлгі-өнегеге толы. Қайтарда Құнанбай «Күтсең Сары апаңды күтсеңдерші» деп оған деген ризашылығын бір-ақ ауыз сөзбен білдіреді.
Күз айының белгісін жұрттың жазғы үлкен киіз үйлерді қоймаға тастап, кішілеу қоңырқай үйлер тіге бастағанынан байқауға болады. Бұдан қазақтың жазда ақ шаңқан әдемі жеңіл үй тіккенін, күзде киізі қалың арнайы дайындалған үй тіккенін байқаймыз.
Неге қазақ жылдың төрт маусымына лайықтап тұрғын үйлерін дайындаған?
Бұл үшін Абай өскен елдің жер жағдайы, табиғаты, күнелту салтымен таныс болу керек. Мысалы: «Шыңғыстан аса соғатын қатты жел бар. Көктемде бұл жел игілік желі. Қарды қағып, бөктер мен шиді қарайтып кететін жел. Қыстыгүні де Шыңғыс желі шаруаның досы. Тау ішімен бөктерде бір жұмадай, он күндей үзілмей соққанда, қыс қысталаңын сейілтіп, мал жайылысын кеңейтіп, шаруаның арқасын жазып кететін. Бұл өзі оңынан соғатын жел. Сондықтан, оншалық көп суық әкелетін жел емес. Бірақ, соғуының қаттылығы тым ерекше болады. Бөктерде қиыршық тастарды ұшырып соғатын қара жел. Шөп атаулыдан да қой оты – мық жусан мен ұсақ, тырбықтай бетеге болмаса, өңге бойшаң тамыры босаң шөптерді жұлып, ұшырып әкететін әдеті бар. Тегінде Шыңғыстың асыл шөбі – мық жусан. Бұл – қойдың ырысы. Ал қыстау атаулы қойға жайлылық жағынан бағаланады. Қойдың құты Шыңғыс болған соң, көп елдің жақсы қыстау іздегенде тығылатыны да сол Шыңғыс».
Тағы да Құнанбай жағы мен Жігітек арасында кикілжің басталады. Әңгімеге арқау болған штрих Майбасардың атшабарын жігітектің бір жігітінің сабап кетуі. Майбасар – Өскенбайдың бір тоқалынан туған Құнанбайдың інісі. Құлыншақпен болған келіссөз мәмілеге келмегендіктен, Құнанбай бөлініп кетеміз деген Жігітекті тоқтату үшін тағы шабуылға шығады. Жіберген жігіттері басқа көшпен бірге байқамай қаралы Бөжей көшіне де тиіседі. «Бөжейдің қаралы көшіне шауыпты. Өлі аруақты қорлапты» деген сөз желдей есіп, шартарапқа тарайды. Енді Байдалы мен Сүйіндік қол жинап, Тоғжанның әкесі Сүйіндік Түсіп деген туысқанын Қарқаралыға арыз айтуға жөнелтеді. Үш күнге созылған «Мұсақұл соғысында» Құнанбай жеңе алмайды, Жігітек жағы күресуге, белдесуге жарайтындығын көрсетіп барып аяқталады. Арада тып-тыныш 10 күн өтеді. Келесі күні Түсіптің арызы бойынша Чернов деген шенеуник пен Қарқаралыдан ілескен қазақтар Майыр дейтін көмекшісімен және бір топ қарулы жігітпен Құнанбай аулына түседі. Екі жақтың дауы – баяғы жер мәселесі. Арыз-шағым өте көп болғандықтан, ұлықтар Құнанбайды қалаға алып кетеді. Құнанбай кеткеннен кейін Жігітек жағы Қаратаймен ырғаса жүріп, 15 қыстауды қайтарып алып, тынышталады. Мал да беріледі. Бұдан кейін Құнанбай үстінен арыз түспейді. Ал Абай бұл кезде айналасындағы үлкендердің барлық шама-шарқын танып болған еді. Ендігі ермегі қолына домбыра алып, мөлдір күйлер, сұлу әндер шерте бастайды. Тоғжанды еске алады.
Ал Құнанбай ісі Омбыға жеткендіктен, сол жаққа баруға тура келеді. Алшындай Майырды паралап тастағандықтан енді ол қысыла бастайды. Құнанбайдың бір құдасы Тінібек те көп көмектеседі. Майыр Керекуге жеткеннен кейін Құнанбайды өзі түскен үйге шақыртады. Барлық қағазды Құнанбайға көрсетеді. Ал Құнанбай пешке от жаққызып, өзі Майырдың қолын артына қайырып ұстап Қаратайға барлық арызды жақтырып жібереді. Өтірік мас болған Майыр бұлар кете салысымен, үй иесі Сергей екеуінің келісімі бойынша есік алдындағы ескілеу сарайды мініп келген шанасымен бірге өртеп, Сергей қағаздың өртенгені туралы акт жасап береді.
Бір қыс сапарда болған Құнанбай елге қайтқанда енді сұлтан емес, Майбасардың орнына елге старшын болып оралады. Өйткені бұл кезде сұлтандық билік жойылып, старшын, болыс, майыр деген билік түрлері ғана сақталады.
Абай былтырғы Тоғжан аулына барғанда қайтарда танысқан Ербол деген жігітпен ойда-жоқта ұшырасып қалады. Жұғымды жігіт Ербол Тоғжанның жеңгесімен сөйлесе жүріп, Абай мен Тоғжанның жолығуына мүмкіндік жасайды.
Құнанбайды жалғыз Ырғызбайлықтар ғана емес, Топай, Жуантаяқтың көп ауылдары зор құрметпен қарсы алады. Алда Абай, Оспандардың ұрын бару рәсімдері мен үйлену тойы Тәкежанды қосып, бірге атқарылмақ. Өйткені «Құнанбай өз басының жалғыздығын осы жолы қатты аңғарыпты. Аға, ініде серікке жарар медеу жоқ. Баланы ойласа, бәрі де жас және бір өкінгені – көп баланы үйлендіріп, немере сүйетін шағына жетсе де, сол қызықты өзіне-өзі іркіп, кешендетіп кепті. Енді сүйтіп, балаларының қызығын көрмек. Бұған Зере бастаған бар шеше қуаныш айтқаннан басқа түк қарсылық білдірген жоқ. Қызық көру дегеннің белгісі не, арты не? Ол ержеткен балаларды үйлендіру, содан әрі немере сүю. Толып жатқан, шексіз бақыт сияқты елестейді». Құнанбай Алшынбай мен Тінібек құдаларынан және «Тасболат руының ішінде Байтас басынан қатты тілеулестік» көргенін айта келіп, Байтастың жас қызын Оспанға айттырғанын «Сөйтіп тентек Оспанға Байтастың Еркежан деген қызы қалыңдық боп аталыпты. Үй іші, әсіресе, шешелер күліп, мәз боп, Оспанның аяғына тұсау түскенін өзіне естірту, түсіндіру жайын ойлап» күліседі. «Осы байлаумен қатар, Құнанбай енді Ұлжанның басқа екі баласы туралы да жаңалық айтты. Оның біреуі – Тәкежан туралы. Былтыр ұрын барып келген Тәкежан енді осы жақында үйленбек. Қайны болса, бар малын алған. Енді несіне созады? Соның отауы түссін. Екінші, әсіресе, осы отырған барлық үй ішіне шынымен үлкен қам болатын нәрсе – Абайды қайындату. Өйткені «Алшынбайдың жазғы жайлауы ары шалқып, ұзап кетеді. Бару-келудің жолы алыстап, мойны қашықтаған соң, жүріс ауыр болады». Сондықтан көктем айы болса да, бес-алты күн ішінде қам жасауды, «Төркініңе өзің бастап бар балаңды!» – деп, Алшынбай аулына баруды Ұлжанға бұйырады.
«Осы әңгіме шыққан соң, үй ішінің барлық кеңесі, ақыл, мәслихаты сол Алшынбай аулына ұялмай, орнына сай ғып бару турасында болды. Байлаған байлауын көп ырғап, көп көпсіте бермейтін Құнанбай сол жерде баратын кісілер жайын, апаратын аяқты мал, жыртыс жайын, ақша, пұл, күміс қазына жайын кесіп-кесіп, өзі айта бастады… Өйткені жыртыс болсын, толып жатқан ырым, ілу болсын, барлығын да осы арада бір сөйлескен соң, екшеп алысу керек. Ұлжан соның бәрін атап айтып, анықтай бастаған. Баратын қара малды айтқанда: жетпіс жылқы, отыз түйе аталды. Құнанбайдың құласы мен жирені деп, жұрт аңыз қыла береді. Алшынбай аулынан аяры жоқ. Сол себепті: жылқының ішіне бір құла айғыр, бір жирен айғырдың үйірі кірсін. Басы сол болсын дескен. Осыдан арғы үлкен әзірлікті тілейтін – жыртыстың бұл матасы. Оған дәл осы түнде Семей қаласына Ызғұтты мен Құдайберді жүретін болды. Қалада Тінібекпен ақылдасып отырып, төрт күннен қалмай барды алып, қайта жетуге бұйрық болды». Үлкендердің осы кеңесіне бала атаулыдан жалғыз Құдайберді ғана қатысады. Өзге балаларды қатыстырудың өз тәртібі бар.
Үйір – Бір айғырдан тарайтын жылқы малының атауы. Бір үйірде кемінде 20-30-дан біркелкі жылқы болады. Бұл жерде Құнанбай жылқысының бір үйірі 35-тен айналып тұр.
Үйлену ғұрпының қалыптасқан дағдысы бойынша екі жақтың ата-аналары балалары тарапынан да дау-дамай тумау үшін келісімін алу керек.
«Оспанға Айғыз бен Ызғұтты екеуі келіп отырып:
– Саған қалыңдық айттырдық! – дегенде, ол басында ұқпай қалып, қайта сұрап:
– Қалыңдық деген не? Қатын ба? – деді. Ызғұтты бұған ұғындырып кеп, қалай көретінін сұрағанда, Оспан бөгелместен:
– Е, алам… әкел! Маған қатын керек!» – дейді.
Абайға бұл хабарды шешесі Ұлжан айтады. «Сол сәтте Тоғжан есіне түсіп, оның алдында қылмыс жасағалы тұрғандай» сезінген Абай «аса бір суық нәрсеге қақтыққандай, тіксініп» аңырып қалады. Ұлжан баласының пішінін жақтырмағанмен, ішінен: «Ұялғаны шығар» деп ойлайды. Сөйтіп Құнанбай Абай мен Оспанды бір мезгілде ұрын жіберіп, бір жазда Тәңірберген үшеуін үйлендіріп, әрқайсысының еншісін бірдей етіп бөліп, жеке отау етіп шығарады.
Енші – баланың өз алдына үй болып бөлінгенде алатын мал-мүлкі. Енші алу – ата-анасынан бөлініп шығу. Енші беру – бөлек шығару.
«Абай бірнеше күн қатты толғанып, жапа-жалғыз ойланып жүрді. Қалыңдық деген мұнда бар. Сол сияқты айттырған күйеу Тоғжанда да бар. Қайындамай, үйленбей қалу мүмкін емес. Ата мен ананың әмірінде. Бармаймын деп айтарлық сылтауы жоқ. Бар жүрек, бар қиялы Тоғжанмен туысып тұрса да, мынау тұсауға көнбеске шара жоқ. Осындай іші бір жақта, сырты бір күйде болған, аса бір қиын, енжар күйде Абай қайнына аттанды» деп тарау аяқталады.
«Өрде» деген алтыншы тарау Алшынбай аулына Абайдың ұрын баруынан басталады.
Ұрын бару – жігіттің қалыңдығымен оңаша кездесу салты. Негізінде атастырып қойған қалыңдығымен оңаша кездесу салтына мол сыйлықпен жігіттің жеңгелері мен жақын-жуық ағайындары, достары ғана барған. Қыз беретін жақ күйеуге арнайы үй тігіп, екі жасты жеке орналастырған. Ұрын барғанда қалыңдық жағы ойын-сауық ұйымдастырып, күйеудің риза болып аттануына аса мән бере қараған. Осы ұрын баруда күйеу мен қалыңдық бірін-бірі ұнатпай қалған жағдайда мәселені екі жақтың үлкендері шешкен. Бірақ мұндай жағдай сирек орын алған. Ал мұнда Абайдың ұрын баруы жер шалғай болғандықтан, некеқияр салтымен қоса жасалады.
Некеқияр – үйленушілердің ерлі-зайыпты болуын заңдастыру тәртібі. Бұл қыз жақта орындалған. Қазақ мұны «ақ неке» деп қасиет тұтқан. «Ақ некелі жарым» дейтін себебі – неке қию дәстүрінен шыққан сөз. Қазір бұл салт заман жаңғыруына орай мүлде басқаша сипат алып кетті.
Аталмыш салт-дәстүрді орындау үшін Ұлжан 30-шақты адаммен өзі бастап, бас құдалыққа еркектердің үлкені, Құнанбайдың ең үлкен баласы іспетті Ызғұттыны алады.
Бас құда – құдалықты бастап баратын беделді, жөн білетін жасы үлкен адам.
Әкелген қалың малдың басы – Алшынбайдың өзіне арналған кесек күміс бесік жамбы. Бұл киітке орай ілу деп аталып еді. Киіт – құдаға тартылатын арнайы сыйлық. Қазақ тұрмысында ақша орнына қолданылып, әртүрлі формада қорытылған күміс жамбы жөн-жоралғының басы саналған. Жамбының формасы мен көлеміне қарай «айтұяқ, қойтұяқ, тайтұяқ» деген түрлері болған. Ұлжан апарған жамбы – осы аталған жамбылардың ең төресі. Келген жылқы, түйеден басқа жыртыс матаның өзі екі атан түйеге артылады. Оның ішінде бірер сандық келінге жасау тігілетін батсайы, мақпал, манат, дүрия, шағи сияқты қымбаттарға толы болса, өзге теңдер – шапан, камзол, көйлек, шаршы сияқты құда-құдағилар сыбағасы.
Ал Ділдәға қай кезде арнайы құда түскенін білу үшін романнан үзінді келтірейік:
«Осыдан он жыл бұрын Алшынбай ауылына Құнанбай кеп құда түсіп, Ділдәні Абайға айттырған уақытта, бас құда Құнанбайға киіт деп Алшынбай аулы күміс тартқан. Ол күмістің аты – тайтұяқ, мына бесік жамбыдан кіші еді. Тегінде, есептесіп келсе, әдет бойынша ілу мен киіт құн жағынан қарайлас болатын. Бірақ Құнанбай оны есептемей, Алшынбайға өз бергенінің дәл өзін жібермепті», – дейді. (231-б). Сонда бұл құдалық Абайдың 4-5 жас кезінде орындалған. Жігіт жағынан келген адам – «бас құда», күйеудің және қыздың әкесі – «бауыздау құда» деп аталады. Романда суреттелетін «құдалық» өте қызықты, мән-мағынасы жоғары, қазақтың ұлттық болмысын тап басып суреттейді.
Қыз айттыру дәстүрі – әр түрлі болған. Егер ұл мен қыз әлі жас, мүмкін әлі дүниеге келмеген күнінде адамдар бірін-бірі жақсы білетін, дос, жолдас, дәрежелерінде тең адамдар, бірінікі ұл, не қыз болса құда болуға келіседі. Бұл атастыру деп аталады. Тумаған балаларымен құдаласу – «бел құда», бесіктегі балалары барлар құдаласса – «бесік құда» деп аталады (Кенжеахметұлы С., Қазақ халқының салт-дәстүрі, 2007, 24 б.).
Ілу – күйеу есік аша келгенде әкелетін қалың малдың басы. Қыз әкесі берген киіт сыйдың қарымтасы, қаруы.
Құдалық, Құда түсу, Құдаласу – жастары сәйкес келетін ұл-қыздары бар ата-аналардың бүгінгі тілмен айтқанда – келісім-шарты, уағдасы (уәдесі). Тіпті ұл-қыздары тумай жатып, әйелдерінің аяғы ауыр кезде әлі дүние есігін ашпаған нәрестелерді атастыру – бел құда деп аталады. Ал дүние есігін ашқаннан кейін бесігінде атастыруды бесік құда деп атаған. «Қозы Көрпеш – Баян сұлу» жырындағы Сарыбай мен Қарабайдың құдалығы бел құдаға жатады. Екі ата-ана уағдаласып, балаларын бір-біріне атастырғаннан кейін құда немесе баласы қайтыс болып кетсе де, құдалық бұзылмайды. Қазақ салтында құдалықты бұзу күнәға жатады. Сондықтан артында қалған ағайындары құда орнына жүреді, ал балаға атастырған қызды әмеңгерлік жолымен ағасы не інісіне ұзатады. Қазақта құда-құдағи, әмеңгер деген сөз тек құда болған адамдар мен туыстарына ғана қаратылып айтылады, бөтен адамдарға бұл сөз қолданылмайды. «Күйеу жүз жылдық, Құда мың жылдық» деген сөз осындай уақыт кеңістігінен туған. Күйеу ұзаса 100 жасайды, ал құдалық жалғаса береді. «Жол мұраты – жету, қыз мұраты – кету» деген мақалдың да үлкен мағынасы бар. Өйткені қазақ алыс жолға сапар шеккен жолаушыны жолынан қалмырмауға, ал қыз баланы ұзатылып баратын жерінен бөгемеуге ұлттық талғам-түсінік тұрғысынан қараған. Сондықтан бұл екі нәрсеге қарсылық күнә болып есептелген.
7-8 күндік жол жүрген Алшынбай құдалары ауылға бірден сау етіп жетіп бармай, бір шақырым қалғанда, Тәкежан мен Мырзахан сияқты жасы үлкенірек жігіттерді хабар айтуға жібереді. Ал «Абай мен Ербол және үш жігіт аттарынан түсіп, қарсы алушы қыз-келіншектерді тосып қалды», яғни күйеу тобы негізгі топтан бөлектеніп, жаяу барады деген сөз. Абай қасына жиыны 12 жігіт ертеді.
Ежелден келе жатқан әдет бойынша күйеу жігіт бас киіміне үкі тағып, қызыл манат шапан мен биік өкше етік киіп ел бірден танитындай, ерекшеленуі керек. Абай бақсы-құшнашқа ұқсап кетем деп кигісі келмеген кезде, «Кәрі әже әншейінде Абайдың дегеніне көне берсе де, бұл тұста ырық бермей, қатты бұйрық» етеді:
– Ата-бабаң жолы осы. Барған елің сені кінәламайды. «Әкесі – күйеу, шешесі – қалыңдық болмаған ба?» деп, бізді мінейді. Ки! – деп, дәл аттанар жерде Абайға жаңағы күйеу киімінің бәрін кигізеді. Ауылдан шығысымен Абай «Тобықтыға күйеу емеспін ғой» деп Ұлжаннан рұқсат сұрап, құдаларға тақағанда киетіндігін айтып, күйеу киімін шешіп тастайды. Соның өзінде «әлдеқашан үйленген» қасынан бір елі ұзамаған Жұмағұл атшабар қанша айтса да, кимей қойғанмен, Алшынбай аулының келіншектері «Қой шырағым! Тобықты тымағын аулында киерсің. Біздің аулымызда күйеу тымағымен жүр» деп бұйыра айтып, қайта кигізеді.
Абайларды тосып алған «ақ жаулықты келіншектер, үкілі бөрікті қыздарға» еріп келген «балалар күйеу жігіттердің аттарына екіден, үштен мінгесіп ап, шаба-шаба» жөнеледі. «Күйеу атымен күл тасы» деген әдет бойынша Абай мінген ақ жал аттың енді «көзі ашылмайтыны мәлім» болады.
Қазақ әдет-ғұрпында бас киімнің үлкен орны бар. Ер адамның қай рудан екені бас киімінен белгілі болған. Өйткені әртүрлі ру таңбасы сияқты бас киімнің де әр руға тән тігілу үлгісі болған. Қыз бен келіншекті де, бәйбішелерді де бас киіміне қарап бірден ажыратқан.
«Құда-құдағи келген күні түнде-ақ барлық кең жазық сый құдалардың қандайлық мырзалықпен келгенін біліп қалған. Сол түннің өзінде Алшынбайдың барды аямай, мырзалыққа мырзалықпен орай етіп, көсілетіні мәлім болған. Құдағи мен күйеулерге арналып үш үлкен аппақ үйлер оңашарақ тігілген екен. Сол үйлердің қонақасысы: қысырдың семіз тайынан, құнан қой, ту қойлардан, үйіткен марқадан басталды. Алшынбай Ұлжан отырған үйдің есігін аштырып, тысқа семіз асау құла тайды көлденең ұстап тұрып, қонақтардан бата тілетті». («Абай жолы», 1-кітап, 231-б.). Бұл да сыйлы қонаққа жасалып отырған үлкен құрмет болып табылады.
Қонақасы – қонаққа арнайы дайындалатын тағам.
Қазақ қандай мал болмасын сояр алдында келіп отырған адамдардың ішіндегі ең үлкені сыйлысынан бата сұрап барып, бет сипағаннан кейін ғана малды бауыздаған.
Абайға арналған үй сипатына көңіл аударайық: «Күйеуге арналған үй өзге үйлерден де ерекше шатырдай аппақ екен. Ішінде жүк, сандық көп емес. Кең болсын деп, бос қойыпты. Бірақ үйдің керегелері көрінбейді. Уықтың қарына шейін жағалай тұтылған, ылғи су жаңа жібек кілем. Ашық түсті бояулары да, ұсақ шебер өрнектері де үйдің ішіне қызыл, жасыл көрік беріп тұр. Есіктен төрге шейін жайылған тақыр алаша, манат мақпал мен оюлап сырған үлкен-үлкен сырмақтар. Соның үстінде қабат-қабат жаңа көрпе, кестелі жастықтар. Үлкен бұйымынан – оң жақта әдемі сүйек төсек тұр. Он бес қатардай жібек көмкерудің үстіне құстөсек, үлкен ақ жастықтар, шағи көрпелер жиналыпты. Көкшіл-қызғылт ені бар шілтері шымылдық биік төсектің жоғары жағын перделеп тұр».
«Абайдың бұл келісі: ұрын келу деп, жыртыс сала келу деп, кейде есік көре келу, қол ұстау деп те аталады. Ең алдымен алғашқы келіс осы. Өзге келістердей емес, күйеу бұл жолы алғашқы күндерде талай нәрсеге көндіге білу керек. Сол өзгешеліктің үлкені – қалыңдықты оңай көрсетпеу. Екі жақтан табысқан ата-ана әуелі осы келудің үлкен тойын жасау керек… Сол тойдың артынан барып қана қол ұстау кеші болады».
Қол ұстатар – күйеу бала киіз үйдің сыртында тұрып, үй ішіндегі қыздың киіз үйдің жабығынан бір-біріне қолдарын ұстау салты.
Сөйтіп, Абай алғашқы күн ғана емес, тағы екі күн өткенше де өз қалыңдығы қандай екенін, кім екенін көре алған жоқ. Бірақ бұл күндердің бәрі «үздіксіз шырқаған ән, мәз-майрам күлкі, дамылсыз шашу. Тоқтамай әкелініп жатқан қымыз, шай, жиюсыз дастарқан» болады. Үшінші күн той басталады. Тойға 50-60 үй тігілген.
Қазақтың қонақ күту салты мен неке қию рәсімін білу үшін романнан үзінді келтірейік: «Алшынбай аулынан бір шақырымдай жоғары, қалың көк шалғынның ортасына ұзыннан-ұзақ екі қатар боп тігіліпті. Ас пісірген жер ол үйлердің маңында емес, жаңа Абайлар шыққан ауылдың шетінде. Қазір сол ас басынан анау алыстағы қонақ үйлерге қарай күтушілер жосылып жатыр. Күтушінің бәрі де ат үстінде. Бастарын ақ шытпен керте байлап алған аспазшылар жиырма шақты жігіт. Бір өзге салтанаты: осы жігіттердің бәрі де жорға мініпті… Сол жиырма кісілік күтуші қонақ үйлерге қарай Алшынбай аулынан ағыза жөнеліседі. Қолдарына қос табақ алған жігіттер тізгіндерін ауыздарына тістеп алыпты. Арттарында егде тартқан жай шапқыншы сияқты үлкен күтушілер бар. Олар табақшылардың атын қамшылап айдап, қуып отырады. Ыңғайлы, шапшаң табақшылар ат үстінен көсілтіп кеп, табақтарының сорпа-тұздығын төкпестен ұсынып, қонақ үйлердің алды-алдына тұра-тұра қалысады. Үй алдында тұрған нағыз күтуші ақсақал, қара-сақалдар сол табақтарды шапшаң алып, үй ішіне сүңгітіп жатыр. Сөйтіп қазаннан жаңа түскен ет, бір қолдан бір қолға лып-лып етіп, салқындамай, тоңазымай лезде жетіп тұр… Тыстағы ойын: ат шабыс, көкпар, серке тарту, теңге алу, балуан күрестіру – баршасы да осы күні болды», – дейді. Сөйтіп «Күйеу келген той дәл бір астай болды… Әкелген қалыңмалына сай Алшынбай да көл-көсір қылды!» деп жұрт мақтасып тарасады.
Күтушілерді есептемегенде, көлеміне қарай бір үйде 20-30 адам орналасып, бес адамға бір табақ тартылатын болса, 50-60 үйде қанша адам жиналғанын есептей беріңіз.
Қалыңдықты көру үшін күйеуге бірнеше міндет жүктеледі: «ентікпе», «балдыз көрімдік», «есік ашар», «күйеу табақ», «сүтақы», «ат байлар» т.б. сый-сияпаттарды қалыңдықтың жеңгелері үлесіп алу үшін, бөліп-бөліп атқарады. «Құйрық бауыр» асату да – тойда орындалатын салт.
Ентікпе – «Сені күтіп жүгіреміз деп ентігіп қалдық» деп қыз жеңгелері «ентікпе» сұрайды. Оған сыйақы беріледі.
Балдыз көрімдік – балдызға берілетін сыйлық. Қалыңдықтың сіңлілері мен іні-бауырлары күйеу жігітке балдыз болады. Күйеу оларға жезде болады. Туыстық байланысына қарай қыздан туса, жиен балдыз, бауырынан туса, немере балдыз деген де ұғым бар. Салт-дәстүрге сай жезде мен балдыз арасында әдемі қалжың, жарасымды әзіл қазақ ішінде кең етек жайған.
Көрімдік – қазақ салтында жаңа киім киіп, мүлік aлғанда, жаңа үйге кіргенде, жетістікке қол жеткізгенде туған-туысқан, жора-жолдастарының жасайтын кәдесі. Жаңа туған балаға, жас келінге, ботаға тағы басқа алғаш көрген сәтте көрімдік сұрау халықтың ежелгі және лайықты дәстүрі. (С.Кенжеахметов).
Есік ашар – күйеу жігітті қыздың жеңгелері есік ашып, үйге арнайы құрмет көрсетіп кіргізеді. Сол үшін сый беріледі.
Күйеу табақ – малдың төсі салынған табақ. Оны күйеу жігіт жеп, кәдесін жасайды.
Кәде – берілетін сыйлық.
Сүтақы – күйеу баланың қайын енесіне беретін сыйы.
Атбайлар салтының да екі түрі бар. Жас отаудың шаңырағы көтерілген соң ағайын-туыстар оған шашу шашып, «керегесі кең болсын», «босағасы берік болсын» деген тілек айтады. Байғазы береді. Ет жақыны босағаға жылқы байлайды. Мұның аты – «атбайлар». «Атбайлардың» екінші түрі – кәде. Құда-құдағилар келгенде немесе күйеу қалыңдығын алуға келгенде олардың жеңгелері алдынан шығып түсіріп алып, атын байлайды. Бұл «атбайлар» деп аталатын той салты. Оған арнайы кәде беріледі. Ол кәдеден тағы бір әйел тәбәрік сұрайды. (Салт-дәстүрлер кітабы, Атамұра 2011ж.).
Тәбәрік (теберік) – қарт адамдардың тірі кезіндегі киген киімін, ұстаған асыл заттарын жұғысты болсын деген ырыммен бөлісу. Естелік үшін алынатын қастерлі зат деген мағынада да қолданылады. Ауыспалы мағынасы – олжа, үлес, сыйлық. Олжалы адам кәдеден үлес бермесе, дәстүрді сыйламағандық болып саналған.
«Құйрық бауыр» салты бойынша екі жақ келісіп құда болған жағдайда оларға «құйрық бауыр» туралған арнаулы сый табақ әкеледі. Әкелуші әйел «бауырдай жақын, құйрықтай тәтті-дәмді болыңдар» деп тілек білдіреді. Одан барлық құдалар ауыз тиеді. Құйрық бауыр қазақ дәстүрінде құда болудың заңды белгісі болып саналады. «Құйрық бауыр жедің бе, құда болдым дедің бе» деген мәтел бар.
Қазақ халқы «Балалардан үлкенге – сәлем, қуантқанға – сүйінші, соғымнан – сыбаға, егіннен – кеусен, малдан – көгендік, балаға – базарлық, кішіге – байғазы, сәбиге – көрімдік, көрші қонғанға – ерулік, жетім-жесірге – қолқайыр, мүсәпірге – садақа, алғашқы қымыздан – қымызмұрындық, соңғы қымыздан – сіргежияр, сағынғанға – сәлемдеме, қуанышқа – шашу шашып» салт-дәстүрімізді ұмытпай, сақтай білген. (Кенжеахметұлы С. «Қазақ халқының салт-дәстүрі», 2007)…
Осы күні кешке Абай ең алғаш рет қалыңдығын көреді. «Күйеудің үйіне бұл кеште халық сыймай, кернеп кеткен. Қазір мұнда Алшынбай, Ұлжан, Ызғұтты бастаған екі жақтың үлкендері, бас құдалары лық толы. Абайлардың алдына шымылдық түсіріліп, үлкендерден жастар жағын бөліп тұр. Үй ішінде сөйлессе де, күлсе де, ашық үн қататын, сол төрдегі үлкендер. Шымылдық ішінде тек сыбыр мен ақырын күлкі ғана бар. Онда да өз аулына еркін қыздар күледі. Осы жаймен біраз отырған соң, есік жақта үлкен қозғалыс басталды. Босағаға жақын отырған келіншектер түрегеліп, шымылдықты есікке қарай созып тұрған уақытта, тыстан бір топ қыздар кірді. Солардың ортасында басына қызыл жібек шапан жамылған, бетін түгел бүркеп алған – қалыңдық бар. Абайлар Ділдәнің бойын ғана көрді. Ол кебісін шешіп жатқанда, сырт сымбаты талдырмаш, бірақ аса сұңғақ бойлы, биік көрінді. Абайдың төменгі жағынан орын босатылған-ды. Қалыңдық осы араға келіп, шапанын басынан алмай, күйеуге азырақ сырт беріңкіреп, қырындау отырды. Абай амандасармыз деп ойлап еді. Қалындық бетін бұрған жоқ. Сондықтан екеуі амандаса да алмады. Ділдә келісімен ас жасалып, төр де, шымылдық іші де ас жеді. Бірақ күйеу мен қалыңдық көп дәм татқан жоқ. Сол астың артынан төрде отырған, түсі Абайға көрінбейтін бір молда неке оқыды. Суық су құйған бір кесе төрдегі жұртты жағалап кеп, Абайға ұсынылды. Абай ұрттады да, Ділдәға берді. Астың артынан екі жеңге ақырын күлісіп кеп, Абай мен Ділдәнің алдына қарсы отырып, екеуінің де он қолдарын алып, біріне-бірін ұстаттырды. Екі қолдың арасында бір қабат сусылдаған жібек жүр. Сол арқылы ұстатады екен. Абай Ділдәнің жіңішке саусақтарын көбірек ұстап қап еді. Алдында отырған бір жеңге ақырын мысқылдап, Абайдың қолын тарта беріп:
– Тоқта, жабысып қапсың ғой! Бері кел! Шаш сипа! – деді. Жақын отырған қыздар күліп жіберді. Жеңге Абайдың қолын өзі көтеріп апарып, Ділдәнің арқасындағы қос бұрымына тигізді. Әлі де Абай қолының астында жаңағы жібек жүр. Сол жібекпен Абай бір-екі рет сипап өтті. Қол ұстату, шаш сипату деген атақты ырымдар осы. Шаш сипардың алдында күйеу жақтан берілетін үлкен сыйы болады. Жаңағы Абайды мысқылдаған ашық жеңге сол шаш сипарды Ұлжаннан бір сыбаға ғып алған екен».
Шаш сипар – алғаш рет есік көре келген күйеуге қыздың жеңгелері қалыңдықтың шашын сипату салты. Шаш сипатқан адамға сыйлық беріледі.
Некеқияр мен той салтының бәрі өткен соң, үлкендер тегіс дауыстап бата беріп, тілектерін айтып, күйеу мен қалыңдықты оңаша қалдырады. Екі жеңге төсек жайғайтын болғандықтан, Абай жалғыз өзі далаға шығып кетеді. Ділдәнің ең жақын жеңгесі оны бөлек далаға ертіп шығады. Орын дайын болғанда Абайды шақырып, үйге кіргізеді. Абайдың сырт киімін іліп, «етік тартар» ырымын жасайды. Абай оған ақша тастайды.
Біруақытта үйге кірген Ділдә: «Қырылдаңқырап шыққан қатқыл дауыспен «Ар жатшы!» – дейді. «Талай күннен бері сан ырымды жасап, мәпелеп, аялап келген екі жардың ең алғаш тіл қатысқаны осы еді. Абай үркіп қалғандай қатты серпіліп, ірге жаққа бір-ақ аунады». Бұл жерде сен аға сұлтан Құнанбайдың баласы болсаң, мен жеті атасынан бері билік құрған Қазыбек бидің шөбересі Алшынбайдың қызымын деген өр кеуде тұрғандығын аңғарамыз. Негізінде Ділдә – Алшынбай бидің Түсіп деген баласынан туған немересі.
Ұлжандар он күн өткен соң қайтып кетеді де, күйеулер бес күндей кейіндеп барып аттанады. Айрылысар кезде Абай мен Ділдә бір-біріне үйренісіп, оқта-текте қалжыңдасып та қояды. «Бірақ іштей екеуі де бір-біріне қабыспайды, салқын күйде қалысты». Үлкендер зор меженің бірі деп білетін өмір белі – ұрын бару болса, Абай 15 жасында сол межеден асады.
Абай мен Ербол Қарқаралы елінен көптеген жаңа ән-жыр үйреніп қайтады. Абайды бар жолдасымен қонақ қылған Құдайбердінің үйінде Тобықты елі бұрын естімеген «Топайкөк», «Шырайлым», «Аққайың» сияқты әндерді алғаш тыңдайды. Ол жақта Абайлар салған «Көкқаулан», «Мақпалқыз» сияқты әндер Қарқаралыға бұрыннан белгілі ескірген ән болып қалғанын айтысады. Құдайберді – Құнанбайдың Күнкеден туған тұңғыш баласы, Шәкәрімнің әкесі. Абайдың кейіннен өз жанынан ән шығара бастауы – осындай тың дүниелерге, халықтық сарындарға жете көңіл аударып, үйрене білгенінің нәтижесі.
Бұл тараудағы тағы бір басты оқиға – Бөжейдің асы. Бүгінде ұмытылып бара жатқан бұл салт-дәстүрге романнан нақтылы мысал келтіре отырып, кеңірек тоқталамыз. Астың уақыты белгіленгеннен кейін алдын-ала ел-жұртқа сауын айтылады. Бұл – қазақтың ежелден келе жатқан салты. Бір ауылда, елде үлкен ас, үлкен той болатын болса, алдын-ала (бірнеше ай, тіпті бір жыл бұрын) жан-жаққа хабар жіберіліп, адамдарды соған шақырады. Бұл сауын айту делінеді. Бұған әр жүз, әр ру мұндай асқа не тойға саба-саба қымызын, той малын ала келіп, батыр, балуан, ақын, әнші, күйшілерімен өнер көрсетеді және бәйгеге жүйрік аттарын қосып, астың, тойдың жақсы өтуіне жан-жақты қолдау көрсетеді. Жиынға қымыз әкелгендердің ыдысына сойылған малдың жіліктерін салып жібереді. Ас беріліп жатқан болса, жілік алып қашу болады.
Осы тараудағы тағы бір басты оқиға – Абайдың Бөжей асына ат салысуы. Абай ең алдымен діндар әкесіне «кітапшылап сөйлеп, парыз, уажіп» дегендерді айтып, «ас жалғыз Жігітекке сын емес. Бірнеше дуанның еліне сауын айтып отыр. Ағайынмен, адаммын дегеннің бәріне сын. Өлімінде оқшау қап ек, енді тым құрыса, мынау асына ат салысайық! – деп көндіріп алған соң, Жігітек басшысы Байдалының өзіне келіп, үй тіккізу үшін бөлек орын сұрайды және жиынға келетін ең қадірлі, ең сыйлы деген бір дуан елдің қонағын беруін, өтінеді. «Бұл асқа Қарқаралының Арғыны, Жетісудың Жалайыры, Садыр-Матайы, Семіз-Найманы, Ылдидың Уақ, Бурасы, Дағандының Керейі бар, талай үлкен рулар келмек. Бәрі де алыстан келеді. Бірақ, осы топтардың ішінде, әсіресе, ала-бөтен, жолы басқа бір топ бар. Ол Найманнан келетін Бөжейдің нағашылары». Бөжейдің нағашысын таңдаған Абай зор дайындыққа кіріседі. Байдалы Жігітек тарапынан Ербол, Жиренше, Базаралыны көмекке береді. Абай тарапынан бұл іске Ұлжан, Ізғұтты, Құдайберді бел шеше кіріседі.
Абай тіктіретін он үйге – отыз-отыздан үш жүз кісі түсетін үй болмақ. Сол үйлерге арналған ішкі жасау, көрпе-жастық, ыдыс-аяқ баршасы үйлермен бірге келеді және он үйдің ертеңді-кеш ас азығы, бар сойысы, барлық күтімі Абайлардың өз мойнында. Ас ошағын да өздері жайлайды. Бірыңғай үлкен аппақ үйлер тігіліп, бие сойылып, қой үйітіліп, бауырсақ пісіріліп қарбаласып жатқан жұрт. Сойылатын малдың еті үйде дұрыс сақталу үшін ас ошағының басына бес-алты қоңырқай үй тіктіреді. Құдайбердінің ұйғарымы бойынша он үйге арнап, он сегіз байтал, үй басы екі еркек қой дайындалды. «Ұлжан ас ошағының басында үлкен қиындық барын, ақыл керек екенін айтып» қасына Айғызды, Қалиқаны, Сары апаңды және бірнеше күтушілерді алып, ұн, шай, тәтті-дәмді дегеннің бәрін қамдатады. «Осы маңдағы жиырма ауылдың бар үлкендерін Абай мен Ұлжан тегіс шақыртып ап», тағы кеңес жасайды. Астың басы бір басқа. Осы ауылдың өзінде қалып, үнемі айдаушы боп отыратын аса мықты кісі осында керек». Құдайберді ол міндетті өз мойнына алады. Оған Жақып, Жұмағұл, Ырсай сияқты үлкен туысқандар айғайшы болмақ. Ырғызбайдың осындай көпшілігі бас қосқан кеңесінде Зере сөйлейді:
«Байлауын байладың. Енді, түге, жат жиынның алдында жас балаларымның жақсы талабын жер қылмаңдар. Өліге еткен қызметтен бастарың кішіреймес. Араз-құразды ұмытыңдар адам болсаң! Тірісінде алғыс алмасаң, енді тым құрыса, өлі аруағынан қарғыс алма. Балаларым мен келіндерім, сендер де төбеңмен жүр! Отымен кіріп, күлімен шық қонағыңның! Ердің сыны шабуыл мен шаптығуда емес – кішіпейіл, мейірде! Шалдықсаң да, қабақ шытпа! Қуанып, жарқырап жүріп күт! Дабырайып, желігіп те кетпеңдер! Жым-жырт, момын жүріп күтіңдер! Болмаса мынау ағайынның төрт көзі түгел отыр ғой міне, өл де маған! Бірі қырт, бірі дарақы мақтаншақ, бірі ұр да жық, даңғой атанғанда – осындай көп жиын үстінде масайып, оспадарлық қылам деп, сондай атақ алатын!» – дейді. Бар Ырғызбайдың анасы ретінде Зереге дау айтуға ешкімнің батылы бармайды. «Өзінің ашуы әлі қатты. Томырылып кетсе, тіпті Құнанбайды да қорқыту қолынан келеді. Оны Майбасар талай көрген. Енді ыза болса да, амал жоқ. Зере сөзін бітіргенде, Майбасар қасындағы Ұлжан жеңгесін түртіп қойып, ақырын күңкілдеп:
– Қап, мына тентек кемпір ме! Исі Ырғызбайдың ақсақал, қарасақалын жиып ап, қылып отырғанын қарашы. Енемізді әбден ұрды-ау, масқара-ай! Даңғой дегені ғой, дәл мен осының! – деп еді. Қасында отырып, сөзін естіген жұрт күліп жіберді». Мылжың деп отырғаны – Жұман қырт. Ол да «Ой, сығыр мұндар, білмей отырмысың? Мылжың деп, қырт қып, жазған, мені айтат та! – дегенде, жұрттың бәрі тағы ду күледі. Ал «Мақтаншағын айтса – Құнанбайдың ұлықтығын бу көріп, осы Ырғызбай шетінен бөспе болатын». Адам атына жамалатын жақсы-жаманды қосымша ат міне осындай жиын-тойларда көрініп отырған. Десе де сүйкімсіз образдар болса да, М.Әуезов солардың өз кемшілігін өзіне мойындатқызу арқылы сол кездегі қазақ қоғамының сүттей аппақ рухани жан тазалығын танытып отыр. Ал қазіргі уақытта жастардың көпшілігі кемшілігін айтса, жатып кеп ренжиді және ешуақытта ешнәрсені мойындамайды. Неге жұрт Бөжей асын өткізуге бір адамның баласындай жұмыла араласып кетеді? Өйткені қанына сіңген салт-дәстүр, әдет-ғұрып ережесін барлығы да жақсы біледі. Бұл астың жақсы-жаманның қай-қайсысына болмасын үлкен сын болатындығын кез-келгені түсінеді. Сондықтан да күніне араласып жүрмеген сырын білмейтін сырттан келетін елге күлкі болмаудың, оғаш қылық көрсетіп ұятқа қалмаудың қам-қарекетіне бәрі де бір кісідей атсалысады. Камерун жазушысы Бенжамин Матип «қазақ неткен ғажайып халық» деп таңырқаса, осындай ұлттық рухтың асқақтығын, береке-бірліктің бекемдігін түйсіне алғандықтан айтса керек.
ХІХ ғасырда өмір сүрген тарихшы, «Тауарих хамса» кітабының авторы Құрбанғали Халид: «Ас беру әр халықта бар: сарт ас берсе – палау, ноғай – түрлі тағам, қазақ ас берсе – ет пен қымыз береді» деп жазған. Міне сондықтан да қазақ үшін ас мәзірінің сәні – ет пен қымыз. Жиын барысында қымызды Ботақан ошағынан күнбе-күн кешіктірмей жеткізіп тұру осы артта қалған ауылдың, кәрі-жастың бәрі кепіл болуы шарт деген байлам жасалады.
Көрнекті жерден орын алған салтанатты үйлерге кімдердің түсетіндігі елдің бәрін қызықтыра бастайды. Бұл үйге Жетісу жақтан келген Бөжейдің нағашы туыстары келеді. Тағы бір топ Сыбандар жиынын бастап ақын Қадырбай келеді. «Қонақтар төрт тараптың бәрінен қырық-елуден, жиырма-отыздан, лек-лек болып» келе бастағанда, әр топтың алдынан кереші күтушілер шауып шығып, сәлем беріп, жөндерін біліп, үлкендер тұрған төбеге қарай бастап әкеледі.
Қадырбай – атақты Сабырбай ақын, Ақтайлақ бидің баласы, Қу дауысты Құттыбай бидің немересі. «Найманның Қаракерейінің Бес байысынан тарайтын Сыбанның Жанкөбек деген ұрпағынан 17 ақын шыққан деген сөз бар» (өнертанушы Жарқын Шәкерім). Сабырбай Ақтайлақұлы (1793-1880) – сол 17 ақынның соңғысы. Жазушы алғашқы томынан кейін Кеңестік ценцураға байланысты ақынның шын атын өзгертуге мәжбүр болған. Романда сөз болатын Қуандық (өз атымен алынған) – осы Сабырбайдың ақын қызы.
Кереші – бәйге аттарды жолға шығарып салып, келген ретін анықтайтын адам. Дағды бойынша алыс елдің сый қонақтары әуелі ас иелеріне сәлемдесіп, асқа береке тілеп барып, қонақ үйлерге түсуі керек. Күтушілердің әрқайсысы өзді-өз үйлеріне алатын қонақтардың ру-руларын алдын ала білетіндіктен, «Абай жігіттері: Жиренше, Ербол, Базаралы, Мырзахандар да сол қонақ тосушылардың тобында жүр».
Басында жүздеп келген қонақтар күн батар шақта мыңға жетіп, одан да асып кетеді. Жігітек, Көтібақ, Бөкеншілер тіккен үйлердің бірталайы өз қонақтарын қабылдап, қарсы алып жатыр. Абайдың қонақтары ымырт жабылар кезде ғана көрінді. Бөжейдің шешесімен туысқан нағашы ағасы ақсақалды, келбетті қарт төбе басында, өзге қонақтардан бөлекше белгі жасап, атынан түсіп, барлық үлкендермен құшақтасып амандасады. Нағашы тобы мен Найман тымақты қалың топты жататын үйлерін көрсетпек боп Ызғұтты мен Сүйіндік алға түседі. Абай Жетісу жақтан келген Семіз Найман, Жалайыр, Матай, Сыбаннан жиылған Бөжей нағашысының елу-алпыс адамын қонақ үйлерінің қасында қырық-отыз жігітпен тосып алады. Бұл жерде Жетісу жағынан келген дегенді Талдықорған өңірі деп ұққан жөн. Өйткені аталмыш рулар сол өлкені мекендейді. Нағашылар жақындасып келгенде, Абайлар барлық жігіттермен сәлем беріп, аттан түсіріп алып, Абай «қош келдіңіз, нағашы» деп қол қусырып тағзыммен қарсы алады. Сүйіндік Абайды Құнанбайдың баласы екенін айтып, таныстырғаннан кейін Ақсақал нағашыны қасындағы үлкенірек кісілермен іріктеп отырып, Абайлар дәл ортағағы ең жасаулы үйге кіргізеді. «Арғы шеті – Аягөз, Қоңыршәулі, Ақшәулі де, бергі жағы осы Шыңғыстың сілемін мекендейтін» Найманның Сыбан елінен келген тағы да бір қалың топты Абайлар қабылдайды. «Әуелі қымыз. Содан соң шай… Содан әрі атпен тартқызған табақ-табақ ет!» келеді.
Сыбан жағынан келген қонақтардың үлкені атақты Қадырбай ақын болады. «Қадырбай өзі де келгеннен бергі сар қымыздан, дастарқан мен ыдыс-аяқтан, шай үстіндегі тәтті-дәмдінің молдығынан әр жайды топшылап отырған. Әсіресе, түрілген жас қазының қатарында жүрген үйіткен қойдың етінен – мынау үйдің сыйын өзге үйлердің сыйынан басқаша деп бағалаған. Ас атаулының бәрінде болатын жалпы құрғақ сыйдан бөлек жатыр. Енді осы сыйды басқарып жүрген Құнанбайдың бір жас баласы деген соң, Қадырбай сол бала өз қастарына келгенде ілтипат жасады. Абайға:
– Бері кел! Отыр, балам! – деп шақырып ап, өз қолынан қымыз ұсынды. Қызғылт қоңыр сақалы бар, келбетті, ақсары Қадырбай Абайға аса бір келісті кісі көрінді. Бұл қонақ Абайдан әке-шешелерінің саушылығын сұрастырды. Көрсетіп жатқан сый-құрметіне алғыс айтты». Абай өздігінен сөйлемей, тек Қадырбай сұрағына жауап беріп қана отырады.
Міне жоғарыда Зере әже айтқандай ас пен той – қазақ үшін үлкен сын. Мұндайда күтуші жағы ғана емес, қонақтар да аузын бағып, бастап келген үлкеніне бағынады. Бұл ежелгі ата-баба салты бойынша қатаң сақталады. Осындайда мылжыңдығымен көзге түсіп, Жұман қырт атанған Жұман мен оның балалары «Құнанқырт», «Дөненқырт», «Бестіқырт» – романда сатиралық кейіпкерлер тобын құрайды. Бұл атау Жұман балаларының жас мөлшеріне қарай беріліп отыр.
Ал Қадырбай болса, Абайды сөйлеткісі келіп:
– «Осы Барлас ақын маған бір әңгіме айтып еді. Күнекеңнің оқудан қайтқан бір жас баласы бар екен. Өзі өлеңқұмар екен. Ұлжаннан туған. Зеренің қолындағы баласы десе керек еді. Сол әлде сенбісің? – деді. Абай ұялыңқырап күлді де:
– Барлас ақынның біздің үйге кеп азырақ қонақ боп кеткені бар еді, – деп, Қадырбайдың жүзіне тура қарады.
Қадырбай күлімсіреп қойып:
– Балам, ендеше сен көңіліңе алма, әкеңмен мен құрдаспын. Сондықтан еркін сөйлей берем. Айтпағым: өлең дегенді аса бір сүймейтін кісі сенің әкең еді. Сен неғып өлең сүйгіш боп жүрсің? Осының жөнін айтшы? – деді.
Үй іші Қадырбайдың қалжыңына күле бастады. Абай өзі үй иесі болғандықтан сыпайылық жасап, аз сөйлермін деген. Бірақ мына Сыбандар шет елдің адамдары сияқты емес. Тобықтының өз ауылдарының адамындай кең отыр. Жауап айтқысы да келеді. Айтар сөзі де даяр сияқты. Тек қонаққа кеп отырған үлкен кісімен жауаптасса, әдепсіздік болар ма екен? – деп екі ойлы болды. Өзі байқамастан тамсанып, басын шайқап еді. Қадырбай шалып қалған екен.
– Кәне, бірдеме айтқалы отырсың ғой. Ұялма, айт! – деді.
– Ендеше, Қадеке! Әкесі құрдастың баласы құрдас дейді ғой. Оғат айтсам ғафу етіңіз! Бірақ аса бір көңілі керен кісі болмаса, өлеңді сүймейтін жан бола ма? Менің әкемнің де сүйетін өлеңі болар. Жалғыз-ақ сіздің есіңізде қалғаны, әлгі бір «Шұбарым, арғымағым, кер маралым, өз заңынша бол кендік жандаралым!» – деген өлеңді жақтырмай, сынап сөйлеген сөзі болмаса! – деді де, ақырын күліп қойды.
Үйдің іші тегіс елең етіп, Абай жауабын баққан Қадырбай қатты қарқылдап күліп жіберді.
– Япырай, мына баланың өзіме соғуын қарай гөр. Сен бұл әңгімені естіген екенсің-ау, ә? – деп, үй ішіне жағалай қарады. – Мынаның айтып отырғанын көрдіңдер ме? Бұл менің Солтабайға (Барақ сұлтанның әкесі. Р.З.) айтқан өлеңімді нұсқап отыр. Күнекең соны естігенде, маған: «Несіне жалына бергенсің?» деп, сын айтып еді. Балам, сен дауыңды тауып айттың! – деп, тағы күлді.
Абай осыдан әрі үндеген жоқ. Тегінде соңғы кезде барлық үлкендерге талас сөзде соқтығыңқырап сөйлегенді қатты ұнатушы еді. Өзі қоймай сөйлеткен соң, Қадырбайға айтқанына да өкінген жоқ».
Қадырбай Абай ісіне, қайтарған жауабына, әкесін қорғап айтқан тапқыр сөзіне дән риза болып, батасын береді.
Бір түнеген қонақтарды күтудің ең ауыры – келер күн. Табақ тартуға өңшең күміс ер-тоқыммен ерттелген жорға аттарды сайлап, күтуші жігіттер бастарына тегіс біркелкі жібек орамал байлайды. «Ас ошағынан екі арада бұлар қос табақтан алып, қатар ызғытып жөнелгенде, өлке бойы жайнап кеткендей болады», – деп суреттейді жазушы. Енді бәйге, күрес, ат үсті сауық басталғанда, Абай елікпейді. Өйткені алыстан келген қонақтардың кешкі сыйына дайындалуы керек. Тек Ербол ғана хабаршы боп тұрайыншы деп қатты қызыққаннан кейін қасындағы көмекші адамдардан соны ғана босатады. Бәйгеге 150 ат қосылып, берілетін сыйлықтың бәрі тоғыз-тоғыздан. Бөжей нағашылары бәйгеге қосу үшін арнайы әкелген бір баран, екі қылаң жүйріктері де 150-аттың есебіне кіреді. Басқа да қонақтардың да жүйрік аттары есепке алынады. 1-ші бәйге – түйе бастатқан тоғыз, екінші бәйге – Ұлжан әкелген тайтұяқ күміс жамбы бастатқан тоғыз. Балуандар бәйгесі де сондайлық – тоғыз-тоғыздан. Мұны түсіну үшін 1885 жылы Абай төбе би болып сайланатын Қарамола съезінде бекітілген ереженің 56-бабына назар аударайық: «Тоғыз деген айыптың малға шаққан саны мынау: Бірінші түйе бастатқан тоғыз – 1 түйе, 2 бие, 2 құлын, 2 құнан, 2 тай; Екінші – Орта тоғыз яғни ат бастатқан тоғыз: 1 жуан ат, 2 тай, 2 тайынша, 4 бойдақ қой; Үшінші – аяқ тоғыз: 1 дөнен өгіз, 2 тайынша, 3 бойдақ қой, 3 тоқты». (Абай туралы естеліктер, 414-б.). Бұл жерде бізге керегі түйе бастатқан тоғызға не жататынын білдік. Яғни түйеден басқасының бәрі – жылқы. Бірақ мына нәрсені ескеру керек – бұл тоғыздарды айыпты болған адамдардың міндетті түрде орындайтындығында. Ал ас пен тойда келген жерінің алыс-жақын қашықтығына және осыны өткеріп отырған адамның дәулет байлығына қарай мал саны өзгереді. Мұны бас сыйлықтан басқасы түгелдей (жылқы, қой, ешкі-лақ, мата т.б.) біріңғай тоғыз-тоғыздан (тоғыз қой, тоғыз ешкі) болады деп түсінбеу керек. Мұндай ас пен тойларда ірі байлар ұстаған үйіріне қарай жылқының біркелкі түр-түстісінен таңдап ұсынған. Мысалы Құнанбай Абайды ұрын жібергенде екі үйір жылқының 35-ін бірыңғай құла, келесі 35-ін бірыңғай жирен жылқыдан жібереді.
Кешқұрым қонақтарды әуелі салқын сары қымызбен азын-аулақ шөлдерін бастырып алғаннан кейін «екі иіндерінен бусана түсіп тыныс алған сабадай-сабадай сар самауырлар» кіргізіп, шай бергізеді. Бұдан кейін ет тартылады. «Бұл он үйдің бүгінгі бейіл құрметі кешегісінен асып түспесе, кем болған жоқ». Үшінші күні түскі асты ертерек бергізеді. «Найманнан келген кәрі нағашы Абайды шақыртып алып, бейілденіп бата беріп, үлкен алғыс» айтады.
Қонақтардың алды аттанғанымен, ең жақын ағайындары үшін ас әлі аяқталған жоқ. Өйткені астан кейін жасалатын ырымдар болады. Ол – Бөжейдің тұлдаған аттарын сою, үй ішінде былтырдан жиылған септі тарқату, қаралы теңді бұзу. Бастығы нағашылар болып, барлық Тобықтының қалың жұрты Бөжейдің үйіне жиналады.
«Байдалы белдеудегі қараны суырып алып, Байсалға берді. Ол ырымын істеп, қараны жерге сұлатты да, табанымен басып, сындырып тастады. Ас өтті. Қаралы жыл толды. Енді азалы күндер бітті дегеннің белгісі. Байдалының тапсыруымен, Сүйіндік қалың елді бастап, ақ үйге кірді де, қаралы теңдерді бұзды. Бұ да жаңағыдай белгі. Осы уақытта Бөжейдің әйелі мен екі қызы он жаққа теріс қарап отырып ап, дауыс айтты. Үй ішіндегі барлық жиын үндемей жыласты. Бөжейдің аруағына арналған соңғы дауыс, соңғы көз жасы осы. Енді ең соңғы құран оқылып болған соң, жиын тегіс тысқа шығып тұрғанда, тұлдаған екі ат келді. Қатты семірген күрең мен қара көк асаусып кетіпті. Екеуін де Бөжейдің туысқандары жыласып тұрып жықты да, Байдалының өзіне бауыздатты. «Жаңағы қараны жыққан Байсал, септі бұзған Сүйіндік, енді мынау тұл атты бауыздаған Байдалы – үшеуі де кейін «жол» алады. Бұлар осы қауымның әрі үлкені, әрі Бөжейдің үзеңгі жолдастары. Сондықтан, ас артынан болатын ырымның үшеуін сол үш кісіге орындатудың айрықша мәні бар. Тұл аттың етін жемей кетуге тағы болмайды» дегендегі жол-жоралғы романда нақтылы іс-әрекет үстінде түгел орындалады. Абайлар тамақ ішіп болғаннан кейін алыстан келген Бөжей нағашылары мен көшбасшы Байсал бата бергеннен кейін ғана аттануға рұхсат етіледі.
«Байсал қараны жерге сұлатты да, табанымен басып, сындырып тастады» дегеннен кейін оны әйелдер міндетті түрде отқа жағып жіберетін болған. Бірақ ол үшін «жол» берілмейді. Бұл барлық жамандық осы жанған отпен кетсін деген ырымды білдіреді.
«Жол алады» – арнайы қонақасы асып, сыйлық (мал, киім, зат т.б.) беріледі, жол – салт-дәстүрі ретінде беретін сыйлық. Бұл сөздің бірінші мағынасы – машина жүретін жол, 2 – бір сызыққа түскен сөз, сөйлем тізімі, 3 – идея, бағыт (партияның жолы), 4 – сыйлық. Қазіргі уақытта жиі қолданылатын «орамал тон болмаса да, жол болады» деген мәтел М.Әуезов жазып отырған мағынасынан шыққан. Осы сөзді білетін адамдар «жолымды бер» десе, атқарған ісіме қарай «ақымды төле» деген мағынада. Сондай-ақ ауызекі тілде «Өз жолыңды біл», «Жол менікі» т.б. деген сөздер осы жөн-жосыққа байланысты айтылады. Бұл оның бай-қуатты адам екеніне қарай орындалады. Бірақ қалай да мұндай жауапты істі атқарған адамдар құр қол қалмау керек.
Рәсімнің бәрі орындалып, ас ішіліп болған соң, Байсал Абайды қасына шақырып, маңдайынан иіскейді. Қарқаралыға барғанда Абай ажарын ұнатып, келешегінен «үлкен дәме ғып» Бөжейдің бата бергенін айта келіп: Жақсы ағаның зор дәмесін әмсе өстіп ақтағайсың! Ақтарсың деп білемін! Ақтар-ақсын, шырағым. Тек өмір деген ит, жаңсақ бастырмаса екен! Өрісің алда! Бетің дұрыс! Дәл осы бетіңнен жарылғасын! – деп бата береді. «Байдалы, Сүйіндік, Құлыншақ та жақсы бейілмен қостап, бірге бата қылысты. Абай ешнәрсе айтпады. Тек қана үлкендерге еріп бата қылып:
– Рақмет! Батаңызға рақмет! Дегеніңіз келсін, Байсал аға! – деді. Осыдан соң үй ішімен қоштасты да, Ерболды ертіп атқа мінді». Осындай үлкен іс атқарылған жағдайда ауыл ақсақалдары ұйымдастырушыларға міндетті түрде бата береді. Кез-келген іс атқарылған кезде үлкендердің ризашылығын, ақ батасын алуды тосу керек, бірден тұра жөнелмейді.
Ұйқы қысқаны соншалық Абайлар үйге келе сап, төсекке құлайды.
«Екі түн, бір күн ұйықтамаған Абай осы қалың ұйқының уағында өзінің қандайлық абыройлы, атақты, жақсы жігіт атымен оянғанын білген жоқ-ты», – дейді жазушы. Өйткені қазақта кез-келген адамға ас берілмеген. Осындай дүбірлі ас өткеннен кейін қазақ ортасында қандай жағдай орын алатынын білу үшін М.Әуезовтің өзіне жүгінейік: «Анығында Бөжейдің асы бір Тобықты емес, тіпті бұл өңір, бұл атырапта талайдан болмаған ас делінді. Молшылық, сый-сияпат, рет сыпайылық, барлығы да үлгі-өнеге берерлік бопты. Бүгінгі күн осындай ғып дақпыртын көрген кәрі-құртаң, жігіт-желең, қатын-бала, әрине, бұл уақиғаны оңайлықпен ұмытпайды. Әңгіме етулері жаз бойы емес, күзге де, қысқа да созылады. Дағды бойынша, мезгіл өтіп, уақыт алыстаған сайын, бұл астың айналасына талай қоспа әңгіме, жаңсақ жамаулар да жабысады. Сөйтіп, келесі жылдарда осы аста жыққан балуан, осы аста бәйгеден келген жүйрік, осы аста жақсы айтылған қалжың, жақсы сөзбен көрінген шешен жандардың аты оқшауланып, ұмытылмай ере жүретін болады. Бұлай болатын себеп бар да, себепші бар. Ол сол ас берушілерден шығады. Ас өлік үшін ғана емес, әсіресе, тірілер үшін керек. Олар өлімді сылтау етіп өздерінің абыройын, атағын, мақтанын, айдынын да асырады. Сондықтан асты кім болса сол жасамайды, тек жуан, бай, құдіретті күштілер ғана жасайды. Өмірде кедейдің асы деген ас болмайтын себебі де сол. Ал атақтыға, жуанға, мықтыға жасалған ас сол өліктің артқы тобын тағы нықтап, мықтай түседі».
Міне қолынан іс келетін бай-қуатты адамға Абайдың сол уақытта жаңа үйленген жап-жас жігіт болса да, халыққа пайдалы істі атқаруы кейінгі жас ұрпаққа үлгі-өнеге. Қазақта ас кез-келген адамға берілмеген және оны кез-келген адам жасай алмаған.
Жалпы роман-эпопеяда өлік жөнелту ғұрпына байланысты қазаны естірту, жоқтау айту, дауыс салу, қаралы ту тігу, қаралы атты күзеу, көшкенде қаралы аттың ер тоқымына қайтыс болған кісінің киімін жауып қойып оны бос жетекке алу, ас беруде қаралы атпен көрісу, қаралы туды жығу деген рәсімдердің барлығы орындалады.
Бөжей асынан кейін Жігітек аулымен татуласқан Абайға Сүйіндік аулына баруға жол ашылады. «Талайдан бері Тоғжан жақтан Абайға тәуір сәлем әкеле алмай жүрген Ербол, қазір де сөз бастамай тұрып, әуелі Абайдың басындағы тымағын жұлып алды да:
– Шүйінші! – деді. Екеуі де іштерімен танысып, күлісіп жіберді.
– Жол болайын деп тұр, не қыласың! – деп, Ербол демігіп күліп тұрып: – Сүйіндіктің кіші баласы Әділбек бүгін қайнына жүрді. Ұрын кетті. Қасына Сүйіндік, Асылбек – бәрі де ере кетіпті. Көптен бір сөйлесе алмай жүр ем» (Абай жолы, 1-кітап, 136-б.)
Шүйінші – қуанышты хабар әкелушіге берілетін сыйлық. Шүйінші сұрау – қуанышты хабар естірту.
«Тоғжан үйінің үлкендері жүріп кеткен соң, құрбылары жиылып бастаңғы істетіп жатыр. Әділбектің тоқымқағары да осының ішінде. Қызығымызға ортақ болыңдар! – деп, (136-б.) бірнеше қыз-келіншек Абай мен Ерболды шын шақырады.
Бастаңғы салты – қазақ жастарының дәстүрлі сауығының бірі. Үйде өздері ғана қалып, үлкендер жолаушылап кеткенде ауылдың қыз-келіншектері сол үйге жиналып, ойын-сауық ұйымдастыруды бастаңғы деп атайды.
Тоқымқағар – жолаушы кеткен адамды тез келсін деп әйелінің ауылдастарын шақырып, сый беретін кәде.
Осы сапарда Ербол мен Абай екеуі тура алтыбақан теуіп, ойын ойнап жатқан той үстінен түседі. Тоғжан «Топайкөк» әнін айтады. Абайлар келген соң, «Ақсүйек», «Серек құлақ» деген ойын түрлері ойналады.
«Серек құлақ» ойнында бір-екі жігіт қасқыр болып, «қой» аламын деп қыз-келіншектерді алып қашады. Екі жақта қызу тартыс болады. «Ебі шебер қасқыр» болған Ербол Абай мен Тоғжанның оңаша тіл қатысып қалуына осы ойын арқылы жағдай жасайды. Абай Тоғжанның құрбысы Керімбаламен және ең жақын жеңгесі Асылбек ағасының әйелі Қарашашпен танысады. Қазақ салтында қыз бен жігіттің бір-бірімен кездесуі тек жеңгелер арқылы ғана атқарылған. Жеңге – ағаның әйелі. Ербол қанша тырысқанмен, екеуінің оңаша қалуына жағдай жасай алмайды. Абайдың Тоғжанмен кеңірек сөйлесіп, екеуі бір-бірін қалтқысыз сүйетін ғашықтар екенін аңғартуына Тоғжанның жеңгесі Қарашаш қана мүмкіндік жасайды. Бірақ басқа ауылға тойға кеткен ағалары қайтып келгенде «суық сөз естіп, сезіктенген бе» ауыл айналасына «өлердей сақ аңду» қояды. «Онсыз да араздығы көп» екі елді «енді мынадай іспен өшіктіру – аямастық» деп сезінген Абай амалы құрып, қасірет шегеді. Өйткені Тоғжанның атастырылған жері бар. Бұл салттың бұзылуы ел ішінде үлкен жанжал тудыратыны сөзсіз.
Ақсүйек – екі түрлі мағынада қолданылады. Бірі – хан, төре, қожа әулеті қасиетті тұқым – ақсүйек деп есептеледі, екінші мағынасы – ойын түрі. Қараңғы түскенде ойынды бастаушы жігіт қатты екпінмен сүйек лақтырады. Соны тапқан адамға сый беріледі. Бұл ойын да қыз бен жігіттің оңаша сөйлесуіне мумкіндік туғызған.
Көп ұзамай Абай әке-шеше ұйғаруымен Ділдәні алып келеді. Әрхам Кәкітайұлының «Абайдың өмір жолы» атты естелігінде Құнанбай Ұлжаннан туған Тәңірберді мен Ысқаққа айттырылған қыздарды Ділдәмен бірге бір жазда түсіреді де, үшеуіне бірдей етіп екі жүзден қой, елуден жылқы, он түйеден енші беріп, жеке-жеке отау ғып шығарады (Абай туралы естеліктер, 66-б.). Ал М.Әуезов романда бұлардың 80 жылқыдан енші алғанын жазады (Екінші кітапта) және мұнда Ысқақ емес, Оспан айтылады.
Әрхам – роман кейіпкері Абайдың бауырында өскен Кәкітайдың баласы. Осы романды жазуға 30 жыл ғұмырын жұмсаған М.Әуезов Әрхамның әкесі Кәкітаймен де, Ділдәмен де, Әйгеріммен де, Көкбаймен де, Тұрағылмен де, немерелерімен де, Қатпа Қорамжанұлы сияқты Абайдың қамқор болған кісілерімен де, тіпті жауларымен де, ауызба ауыз сөйлесіп, дерек жинаған. Сондықтан көркем шығарма болса да, М.Әуезовке көбірек сенуге тура келеді. Сондай-ақ Абаймен қоян-қолтық араласқан Көкбай Жанатайұлының, Кәкітай Ысқақұлының, балаларынан Әйгерімнен туған Тұрағылдың және немерелері Уәсила Мағауияқызы мен Тұрағылдан туған Мәкен Мұхамеджанованың естеліктерінің маңызы зор. Мәкен Тұрағылқызы әжесі Әйгерімнен үйренген 20 шақты әнін 1930 жылдары М.Әуезовтің басшылығымен нотаға түсірткізген.
Абай Ділдәні әкелуге кеткенде Құнанбай «бес қасқа» атанған Құлыншақтың екі баласын Жетісуға жер аударып, бір баласын кепілдікке қойып, «баламды ұрдың, інімді масқараладың» деп айып-анжыны да баса салыпты. «Абай қайтып келгенде жұлысқан тартыс жоқ. Бірақ ауыл үй, ағайын арасы тағы да томсарған наразылыққа, бітеу жараға толы екен» деп аяқталады алтыншы тарау.
«Қияда» деген жетінші тарауда 16 жастағы Абай әке атанады. Ділдә (түскен жылдың келесі көктемінде Ақылбай (1861-1904) деген тұңғыш ұлы, екі жыл өткенде Күлбадан (1863-1932) деген қызы дүниеге келеді.
Осы кездегі Абай портретіне назар аударайық: «Бойы ортадан биіктеу. Сүйегі ірілеумен қабат, бұлшық еттері де толып, бар мүсіні балғын, кесек тартыпты. Бет пішіні де денесіне лайық дөңгеленіп, ірілеп қалған. Ұзынша қырлы мұрны көтеріңкі, үлкен. Жазық биік маңдайы шекесіне таман келгенде дөңкілдене түсіп, кең кесілгендей. Қыс суығынан бет, мұрны тотықса да, келбетті маңдайы ақшылданып, айқындап тұр. Отты сұлу көздерінің ақ, қарасы әлі де тап-таза. Көзінің сыртқы шарасы томпақтау және ұзынша біткен. Жіп-жіңішке боп кең созылған ұзын қастары мен ойшыл отты көздері Абайды өзге жұрттың ішінен оқшауырақ етіп тұрады. Әлі ұзармаса да, теп-тегіс боп, тебіндеп шығып келе жатқан қоңырқай мұрты бар. Барлық тұлғасы сай келген қарасұр жігіт, сонау сұлу болмаса да, ұнамды, сүйкімді» (280-б).
Қар өте қалың түсіп, қыс қатты болғандықтан, бүкіл Арқа өңірінде малға жұт келеді.
Жұт – малдың аштықтан қырылуы деген сөз. Қазақта «жұт жеті ағайынды» деген мәтел бар. Ырғызбай елі жайлап отырған жайлы қоныстағыларға Құнанбай өзі бас-көз болғанмен, оларға да жұт оңай соқпайды. Жидебайға тақау орналасқан Дәркембай бастаған жатақ ауылдың 50 үйі Абай ауылына қопарыла келіп, көмек сұрайды. Бұларға көмектескісі келмеген ағасы Тәкежан мен жеңгесі Қаражанға Абай қатты зекіп, ұрсады. Өзі бас болып, ел-жұртты ұйымдастыра білгенінің арқасында «елу үйдің мың жарымдай қойы мен барлық ірі қарасы» аман қалады. Негізінде барлық ауылда мал шығыны болады. Тек ешкімге көмектеспегендіктен, Тәкежанның ғана бір тоқтысы шетінемей, қыстан аман шығады. Жалпы жұт болғанда қазақ ауылдарының бір-біріне көмек қолын созып, өз малынан артылған пішен, маяларынан үлес беруі заңдылық. Өйткені барлық мал жұтқа ұшыраса, жаппай ашаршылық, қайыршылық, ұрлық-қарлық басталады. Сондықтан да төрт түлік малдың өсіп-өнуіне ерекше мән берген қазақ байлары аштыққа жеткізбей, жұтқа ұшыраған ауылға көмек қолын созып отырған. Абай аулын кеп паналаған кәрі-жастың барлығы Зере мен Ұлжанға кетер кезінде ұлан-ғайыр алғыс айтады.
Құнанбай Қаратайдың ақылымен Бердіқожаның қызы Нұрғанымға құда түседі. Қыздың әкесі қарсы болып, бергісі келмегенмен, балалары үгіттеп әсіресе Бурахан көндіреді. Осы тарауда М.Әуезов қожалардың қайдан, қалай ауып келгендігі туралы айтып өтеді. «Құнанбай тегінде жігіттің денелі, бітімділігін ұнататын. Бурахан аса сұлу және денелі жігіт еді. Соның тұлғасын тамаша етіп, бір күні: «Бір үйдің ішіне жүз кісі кем адамды жиып, соның арасына Бураханды кіргізіп, отырғызып қойса, аналардың кемдігі көзге көріне ме?» деген. Нұрғаным М.Әуезовке апай болып келетінін сөз басында айтқанбыз. Ұлжан Құнанбайдың бұл ісіне қарсы болып, наразылық білдіреді. Бірақ Ұлжанды көре алмай, үнемі атысып жүретін Күнке күңдесі бұл жағдайды пайдаланып, Құнанбай жағына шығып кетеді. Сондықтан да Нұрғаным Күнке отырған Құнанбайдың Қарашоқыдағы үйіне келін боп түседі.
Абайды «Жалғызым» деп еркелеткен асыл әжесі, айналасына өте қадірлі, мейірман адам болған Зере (1785-1873) ауру іліне салысымен, көп жатпай 88 жасында қайтыс болады. Дене күші бітсе де, ойы сап-сау Зере әже әлсіз үнмен: «Өнегем болса, тірлігімде көрсете алдым ба, жоқ па? Өсиетім болса, құлағым, тілім барында айтып болдым ба, жоқ па?.. Бүгін мынау әлім біткен шағымда, не дәме етесің екеуің! Не күтіп маған телміресің?.. Анаңды күт… Ішімнен шыққан жалғыз еді ғой. Жалғызға топырағым бұйырсын! – деген сөздерді айтып, Ұлжан мен Абайдың алдында таң ата өмірден үзіледі. Жалғыз деп отырғаны Құнанбай екендігі белгілі.
Зерені жерлеген күні кешкісін Абай әжесінің төсегіне отырып алып, «дағдылы «Құран хатымды» молдаға оқытпай», құран аударуға өзі кіріседі.
Құран аудару – аруаққа арнап, құранды бастан-аяқ оқып шығу деген сөз. Құнанбай мұндайда үш-төрт аударып тастайды екен. Абай жылдам оқи білсе де, «Жай аударады екенсің!» деген әке сынына жауап қатпай, әжесін есіне ала отырып, жетісіне дейін құранды әдеттегі молдаларша сыдыртып оқып шықпай, әжесіне сауап болсын деп «өзгеше ықыласпен, асықпай, соншалық мүлгіп, мінажат қып» екі рет аударып шығады. Осы арқылы Абай әжесіне үлкен сауапты іс жасайды, өйткені өз баласының құран аударуы – ата-ана үшін үлкен құрмет, мейір, рақым, алғыс. Жетісі өткен күні Ұлжан көзіне жас алып отырып, өз-өзінен: «Анаң, ана-ақ еді-ау жарықтық! Осы кісінің өсиеті, тәрбиесі болмаса, мен де бір түйіліп қалған қу түйіндей үндемес қатыбас болар ем. Сен екеумізде қарызы бар еді. Тым құрса аруағы ырза болсын. Артын жақсы күтейік!» – дегенде Абай шешесінің де қартайып, дертке шалдыққанын байқайды. «Екі шер бір қосылып, бір жырға, бір зарға» айналғандай Абай сарыуайымға түседі.
Осы кезде Абайды Тоғжанның аға-жеңгесі Асылбек пен Қарашаш Ерболды жіберіп, арнайы қонаққа шақырады. Мұны қазіргі уақытта «көңіл жұбату» шайы дейді. Бұл уақытта Тоғжан атастырылған жеріне ұзатылып кеткен. Бұл сапардағы ерекшелік –Абайдың Қарашаштың төркіні сыбан еліндегі Қадырбай аулына баруы.
Төркін – тұрмысқа шыққан әйелдің туған ата-анасы мен жақын туыстары. Абайды Қадырбай ақын аулы үлкен құрметпен қарсы алады. Мұнда Абай «Қадырбайдың ақын қызы» деп атанған Қуандықпен танысады. Түр-тұлғасы Тоғжанға ұқсайтындықтан, әрі айтыскер ақын қызбен Абай арасында жақсы сыйластық, айрылмас достық, үлкен түсіністік орнайды.
Қауменнің баласы Базаралының інілері Балағаз бен Абылғазы Құнанбай аулынан бастап, басқа бай рулардың жылқысына барымта жасап, найман еліне өткізіп жіберіп отырады.
Барымта – кектескен екі ру елдің билердің келісімінсіз бірінің жылқысын бірі айдап алып кетуі. Барымтаға қарулы, шабандоз, қамшыгер, епті, тастай қараңғы түнде адаспайтын мықты жігіттер сайланған. Барымта жасаушыларды барымташылар деп атайды.
Романда 6-7 жігіттен тұратын азғана топ «екі дуан елдің жуан-жуан жерлеріне құйындай» соқтығып, «ұялас бөрідей» тиеді. Жоқ қараушылар жабыла атқа мініп, іздегенмен, әрқашан: «Ұшқан шыбын, жорғалаған қоңыз жоқ» деп қайтып келеді. Құнанбай әр ауылға қарапайым елеусіз адамды жансыз етіп жіберіп, ұрыларды өзі іздете бастайды. Ал ұрылар «Алған жылқыларын әсте маңайлатпаушы еді. Жалғыз-ақ, бір-ақ жол ғана Абылғазы ашқарақтық істепті. Найман жігіттерін алысқа ұзатып, қуғыннан құтқарып болған соң, елсіз судың басында бір семіз тай сойып» соның бір ғана телшесін өз үйіне әкеп, асып жейді.
Телше – жылқының майлы сүбе қабырғасы. Мұны қазақ телше қазы деп атайды. Балағаз үйінен жылқы етінің исін сезген кемпір мұны Құнанбайға хабарлайды. «Балағаздар ісін Құнанбай өз ішінде ұрлық деп бағалаған жоқ, тамырлы, түбірлі наразылық, қарсылық» деп біледі. Сөйтіп Жігітек руынан шыққан Қараша, Қаумен ауылдарының бәрі ұры атанып, Балағаз бастаған топ қана емес, сол ауылдың 30-шақты адамын Тәкежан болыс пен Майбасар екеуі қаладан әскер шақырып, түрмеге тоғыта бастайды.
Бұл кезде Жидебайда жатқан Абай ел ісіне араласпай, оқшау жатып, күй тартып, домбыра сарынымен сырлас болады. Қадырбай ақын «Өткен заман талай шерін тастап кеткен» дегендей «Саймақтың сары өзені», «Қос қыздың жылағаны», «Боз торғайдың шырылдағаны» сияқты баяғы сарыны көп жайды баян ететін музыкалық шығармаларды еске алып, «Ақынның аңсауынан, әншінің ырғағынан, күйшінің кер толғауынан» соны көреді.
Сарын – әсерлі, әдемі үн деген мағынада қолданылады.
Бірақ Балағаздар дауы Абайды тыныш жатқызбайды. Еріксіз Базаралының өтініші бойынша бұл іске араласуға тура келеді. Осы істі қолға алған қаладағы ең атақты Ақбас атанған қарт адвокаттың үйіне барып, тілмаш арқылы сөйлеседі. Абай тілмаштан төрт қабырғаны түгел алып тұрған кітаптардың тысы әдемі біреуі туралы сұрағанда тілмаш «поэт» деген сөздің мағынасын жеткізе алмай, «әнші» деп аударады. Сөйтіп екеуі бір-бірін түсінісе алмайды. «Япырм-ай, бұл кісі болса, білімді адам. Біз де бір жұрттың сөз ұғарлық басы бар жастарымыз дейміз. Адамға адамды жанастыратын тіл-ау! Сол болмағандықтан, бірімізге біріміз оп-оңай ұғындырарлық жайларды қиын асудай көріп отырғанымызды қарашы! Қазірде екі адамзат емес, екі мақлұқ тәріздіміз. Мұжықтың мәстегі мен сахараның түйесі кездескендей ме, қалай? – деді. Ербол күліп жіберді. Абай сөзін Ақбастың білгісі келді. Тілмәшқа Абайдың өзі де: «Осы сөзімді жеткізші» деген. Ақбас Абайдың сөзін түгел естіп болды да, күліп жіберді. Рас, бұл дұрыс айтады! Мәстек түйеден үркеді. Түйе де оған жоламайды».
Мәстек – аласа бойлы жылқы тұқымы.
Осыдан кейін Абайдың Ақбас адвокатпен қарым-қатынасы жақсара түседі. Адвокат арыз беріп отырған адамдар мен Абайдың тегінің бір болып шыққанына да таң қалып, өзіндік ой қорытады. Аз күн ішінде Абайдың әсерімен Қаумен, Үркімбай, Базаралы, Қарақан сияқты айқын жаламен тізілген бір топ адам босатылып, Балағаз бастаған оншақты адамның «өмірлік каторгаға» кесілген жазасы жеңілдетіліп, Үркітке жер аударылады.
Үркіт – бұл сол кезде Ресейге қараған Байкөл маңында Солтүстік Сахалинге жақын Қиыр Шығыстағы жер атауы. Кеңестік кезде Қиыр Шығыс республикасы атанған. Астанасы Чита қаласы болған. 1922 жылы жойылып, Ресейге қайта қараған. Қазіргі – Иркутск.
Абайға бұл қылмысты істің тигізген бір пайдасы орыс тілін үйренуге дендеп кірісуіне себеп болады. Өйткені Ақбас адвокат сияқты терең білімдар адамдармен пікір алмасып, халқын бодандыққа айналдырып отырған ірі империяның ішкі саясатын, психологиясын, әдебиеті мен мәдениетін танығысы келеді. Бұл кезде Абайдың әкелік сезімін оятқан үшінші баласы Әбдірахман (1869-1895) дүниеге келеді. 20-дан енді асқан жас жігіт Ұлжан мен Ділдәдан рұхсат сұрағанда екеуі де «Аяғыңа оралғы боламыз ба? Жолың болсын! – деп қарсылық танытпайды. Тек Ұлжан Архаттың Орда деген жерінде Мамай руы қыстайтын Тойғұлының аулына бара кетуін өтінеді. Себебі «Әкелерің құда түсе кетіпті. Осы ауыл тегіс барсын деген екен. Мен қайдан сүйретіліп жүрейін. Бірақ сен бармасаң тағы да бізге ренжиді. Жолшыбай аз аялдап кете берерсің! – дейді.
Абай мен Ерболдар келгенде Құнанбай мен оның қарт серіктері: бастығы Қаратай, жорға Жұмабай, Жақып сияқтылар Тойғұлының лық толы үйінде әңгіме-дүкен құрып отырады. Бір әңгіме арасында Қаратай: «бүгінгі заманның азғанын, бүгінгі адамның құнарсыз боп, жұтаң тартып бара жатқанын» айтып кейістік танытып отырады.
Абай осы тұста бір-екі рет сөз айтқысы келіп, киліге беріпті:
– Бұрынғы заманның жақсылығы со ма, қатар отырған бір туысқан елдер бірін-бірі шауып, шаншып, сойқаннан арылмаушы еді. Кемпір-шал, қатын-бала тыныштықпен ұйқы ұйықтап, түгелімен асын іше алмаушы еді. Осы тұрған Сыбан мен Тобықты арасында, Тобықты мен Семей арасында жалғыз-жарым қатынаса алмаушы еді. Алып кетеді, жұлып кетеді деп, ылғи ғана жасанып жүруші едіңдер… Сол заман да жақсы ма екен? – деген.
Қарттар көнген жоқ. Ол күндерден әртүрлі қасиеттер тауып: барлықты, байлықты да санады. Бұрынғы адамның бітімді келетін, ірілігін де айтты.
Көпшіліктің сөзіне Құнанбай қосылып кеп, тағы бір салмақты дәлел тастады:
– Дәурен ұзаған сайын, ақырзаман белгісі қарқыңдай бермек. Адам құлқы өзгеріп, азғындай түседі. Біздің заманымыз өзге, өзгені қойғанда, пайғамбар заманына жақынырақ. Бір табан жақын болса, ілкім артық та болар!.. – деген.
Абай осы сөзге іле жауап берді. Қазіргі күйде бұнын көңілі, шабыты келген ақындай боп, шарпысуды, қаржасуды тілеп отыр. Жайнап сергіген ойы да қиынға, биікке мегзегендей болатын.
– Жақсылық пен игілікке алыс-жақын жоқ. Алатаудың басы күнге жақын. Бірақ басында мәңгі кетпес мұз жатады. Ал, бауырында неше түрлі гүл, жеміс, неше алуан нәубеттер өседі. Жан-жануарлардың баршасы содан қуат алады. Сіздер пайғамбарға Абуталыптан жақын емессіздер. Ол әкесі еді. Бірақ Абуталып кәпір болатын! – деді.
Үй тола жұрт күле беріп, басылып қалды. Құнанбай қатты зекіп қалып: – Жә, тоқтат! – деді».
Бұл мысалды келтіріп отырғандағы себеп Құнанбайдың Абайға тағатын атақты үш міні осы отырыстан кейін оған оңаша айтылады. Негізі ел аузында Құнанбайдың Абайға айтты деген мынадай сөзі бар: «Жақсылықты қайтара алатынға жаса, қайтара алмаса, айта алатынға жаса». Осындағы терең ой романда жан-жақты ашылады. Абай мен Құнанбай образын қатар тануда төмендегі мәтіннің үлкен маңызы бар.
Үйден шығысымен Құнанбай Абайды шақырып алып, оңашада сөз қозғайды. «Сен оқыдың да, білім алдың, ұстаз көрдің. Біз надан өстік. Бірақ сол білімің жұрт алдында ата сыйлауды неге білдірмейді саған? Көп көзінше таласып кеп, әкеңді сүрінткенде не мұратқа жетпексің?..» дей келе, «Үлкен алдында жас қарызы, ата алдында бала қарызы – әдеп пен сый» екені туралы біршама әңгіме айтады. Абай кінәсін біліп: «Ол кінәңіз орынды. Айып менде екені рас. Ғафу етіңіз!» – дейді. Бұл сөзді айтқызуға себеп болған нәрсе Құнанбай қасындағы үлкендердің заман мен заман арасын салғастырған әңгімелері. Олар келе жатқан заманға көңілі толмай, өз замандарын мақтайды.
Құнанбай «Сенің бойыңнан үш түрлі мін көрем. Соны тыңда» дегенде оған қайтарған Абайдың жауабы арқылы қаншама қиын жолдан өтіп, қияға шыққан ғұламаны көреміз. Құнанбай сөзіне назар аударайық:
«Ең әуелі, арзан мен қымбаттың парқын айырмайсың. Өзіңдегі барыңды арзан ұстайсың. Бұлдай білмейсің. Көп күлкіге, болымсыз ермекке асылыңды шашасың. Жайдақсың! Жайдақ суды ит те, құс та жалайды.
Екінші, дос пен қасты сараптамайсың. Досқа досша, қасқа қасша қырың жоқ. Ішіңде жатқан сыр ұшығы жоқ. Жұрт бастайтын адам ондай болмайды. Желбегей жүрген кісінің басына ел үйрілмейді.
Үшінші, орысшылсың. Солай қарай ден қойып барасың. Дін, мұсылман жат санайтынын ескермейсің! – дейді.
Бұл жерде Құнанбай баласының басындағы жаңа заман ықпалын дөп танып, дәл тауып айтып отыр. Енді Абай жауабына назар аударайық:
«Осы үш айтқаныңыздың үшеуіне де дау айтам, әке. Өзімдікі дұрыс деп айтам. Ең әуелі, жайдақ суға теңгердіңіз. Қолында құралы бар жалғыз-жарымға ғана пайдасы тиетін шыңыраудағы су болғанша, құралды, құралсыз, кәрі, жасқа түгел пайдасы тиетін жайдақ су болғанды артық санаймын.
Екінші, ел алатын тәсілді айттыңыз. Ел билейтіндердің мінезін айттыңыз. Менің білуімше, ел бір заманда қой сияқты болған. Бір қора қойды жалғыз қойшы «айт» десе өргізіп, «шайт» десе жусататын болған. Бертін келе, ел түйе сияқты болды. Алдына тас лақтырып «шөк» десең, аңырып тұрып барып, бетін бұратын болды. Ал қазіргі ел бұрынғы көрбалалықтан, нашар, момындықтан сейіліп, көзін ашып келеді. Ендігі ел жылқы сияқты болды. Аяз бен боранда, жауын-шашында топ не көрсе, соны көруге шыдаған, жанын аямаған, қар төсеніп, мұз жастанған, етегін төсек, жеңін жастық қылған жылқышы ғана баға алады. Жан ашыры бар, жақсылық пайдасы бар ғана кісі бағады. Үшінші орысты айттыңыз. Халық үшін де, өзім үшін де дүниенің ең асылы – білім-өнер. Сол өнер орыста. Мен барлық тірліктен ала алмаған асылды содан алатын болсам, ондай жер жатым бола ма? Жатырқап, қашықтауым надандық болса болар, бірақ қасиет болмас, – деді. Құнанбай тыңдап болды да күрсініп қойды. Шарасыздық ажары білінді. Бірақ үн қатқан жоқ. Сөз осымен біткен еді. Абай қоштасты да, жүріп кетті».
М.Әуезовтің 1933 жылы «Абайдың туысы мен өмірі» деген мақаласымен салыстырғанда, Құнанбайдың Абайға таққан үш міні және Абайдың қайтарған жауабында аздаған өзгеріс бар. Мысалы орысшылсың дегенге: «Заман орыстікі, ол жеңген, біз жеңілген елміз. Ендігі күнде алысатын дұшпанның айласы мен әдісін білмесең, алысқа шығудан мағына жоқ. Орыстың өнері мен ебінен үлгі алуға керек», – депті. Құнанбай бұл жауабына қанағат қылып тоқтап: – Ақыры не болса да, бетіңнен жарылқасын, өзің білген бетіңмен жүріп көрерсің депті».
Бұл жауап сол кездің заман тынысымен салыстырғанда, айна-қатесіз шындық. Ал осыны Асан қайғыдан бастап, Абайға дейінгі, одан кейінгі Алаш арыстары аңсаған азаттық идеясына тек 1990 жылдардан кейін ғана қол жеткізген бүгінгі ұрпақ қалай түсіне алар екен? Өйткені қазір іргеміздегі Ресей мен Қытайды қойып, ағылшынша тіл үйрену маңыздырақ болып барады. Ал әке мен бала арасындағы бірінші-екінші сұрақ-жауаптың астарында терең пәлсафа жатыр. Негізі екеуінікі де – дұрыс.
Бұл тарау әке мен бала арасындағы ойлы сұхбаттан кейін: «Қияға қадам басқаны рас. Бір күндерде жалын құздың басындағы тақыр құм мен тастақты жарып, әлсіз нәзік шешек атып, жас шынар пайда болған. Сондай бір гүл шашқан. Енді бұл күнде сол шыңға шыққан жалғыз шынар балғын тартып, жас қуатқа толыпты. Қазір оған қыс пен аяз да, тіпті тау дауылы да қатер болудан қалған-ды», – деп түйінделеді.
Қорыта айтқанда, М.Әуезовтің «Қайтқанда», «Қат-қабатта», «Жолда», «Шытырманда», «Бел-белесте», «Өрде», «Қияда» деген 7 тараудан тұратын «Абай жолы» роман-эпопеясының Бірінші кітабында Абайдың 13 жастан 23 жасқа дейінгі өмір жолы толық қамтылып, қазақтың ХІХ ғасырдың 2-жартысындағы әдет-ғұрып, салт-санасы кеңінен көрсетіледі. М.Әуезов – «Әдебиет тарихы» (1927) деген еңбегі арқылы ауыз әдебиетін класификациялау мәселесіне алғаш ғылыми талдау жасаған адамдардың бірі. Ол қазақ фольклоры туралы арнайы зерттеу жұмыс жазғандықтан, халықтың ежелгі салт-дәстүрін, әдет-ғұрпын жетік меңгерді. Сондықтан да 1942 жылы «Абай» деген атпен шыққан бірінші томынан бастап, Абай образы арқылы қазақтың тағылымды дағдысы, эстетикалық талғамы, мінез-құлқы, мейірімі мен қайырымы нақтылы іс-әрекет үстінде шебер көрсетілді.

Пікір қалдыру