Тұрсын ЖҰРТБАЙ. АБАЙДЫҢ ӨМІРБАЯНЫ

Абай – көшпелі өркениеттің соңғы иінді сарқытын уызына қана еміп өскен нысаналы тұлға. Оның балалық, жастық шағы қалыптасқан, ержеткен және саналы шығармашылық өмірі – сол көшпелі өркениетке тән тіршіліктің, танымның, мәдениеттің, салт-сананың, рухани өмірдің, заң мен дәстүрдің, билік пен қоғамның, қоғамдық қайшылықтың, тұрмыстың, көзқарастың алмағайып арбасқан тұсы болып табылады. Шығармаларындағы ұлы тоғыс пен толғаныстарды былай қойғанда, оның жеке өмірінің өзі ірі-ірі рухани және дүниеауи трагедиялық сипаттарға толы болатыны да сондықтан. Абайды толық түсіну үшін оның өскен ортасын және сол тұстағы бодандық пен толықтай басыбайлы отаршылдыққа бет алған, түңілдірген, қазақ елінің басынан кешкен заманы мен тұйыққа тірелген тағдырын жан-жақты әрі тереңдеп саралау қажет.

ҚҰНАНБАЙ – АБАЙ немесе «ШОШЫНҒАН ЖҮРЕК»

Қорқытпай орнықтыр,
Шошыған жүректі.
Абай.

Қандай дарашыл, тәуелсіз тұлға болса да, Абайдың соншама тар, тартыс-ты, «соқтықпалы, соқпақсыз» жолмен жүрмеуге амалы да жоқ еді. Ол туралы М.Әуезов кеңестік қысымға мойынсынбаған кезде жазған «Абайдың туысы мен өмірі» атты зерттеуінде: «Әрине, бұл күндердегі (бала кезіндегі – Т.Ж.) Абайдың көңіліндегі иманы әкенің сөзі. Содан ұғыну бойынша әкесінің жауын – жау деп, досын – дос санайды» [1.119] , – деп жазған болатын.
Міне, бұл – Абайдың дүние құбылыстарын қабылдауы мен оның көркем әлемінің қалыптасуына тікелей әсер еткен өмір шындығы болып табылады. Өйткені, бір ғасырдан астам уақыт бойы абайтануға қатысты барлық өмірбаяндық еңбектерде Абайдың қырыққа дейінгі, тіпті кейінгі кездегі өмірлік деректері бұрмаланып, қате жазылды. Тіпті, арнайы дәрістердің өзінде Абайдың жеке өмірі М.Әуезовтің «Абай жолы» роман-эпопеясындағы Абай образын сомдауға қолданылған көркем шындық пен көркем тартыстың негізінде түсіндіріліп келді. Соның ішіндегі, ең үлкен бір қателіктің бірі: Құнанбай мен Абай, яғни, әке мен бала бір-біріне қарама-қарсы бағытта қарпысқан жанкешті тұлғалар ретінде, яғни, «жаңа заман мен ескі заманның» бітіспейтін күресі ретінде көрсетіліп келді. Бұл, қалайда Абайды «шынжыр балақ, шұбар төс» Құнанбайдан ажыратып алып, оның ұлы мұраларын қалайда сақтап қалудан туған, заман ырқымен айтылған жалған бопса.
Турасына көшсек, Абай өзі қырық бір жасқа келгенше Құнанбайдың ығында жүрді. Ол әкесі Құнанбайды:
Ол сипатты қазақтан,
Дүниеге ешкім келмепті.
Өлмейтін атақ қалдырып,
Дүниеге көңіл бөлмепті, –
деген «мырза» сипатында қабылдап, қадір тұтты.
Шығармашылық психологиясына қатысты теориялық қисындардың барлығында: ұлы адамдардың даналық мәйегін ұйытқан басты себеп – «бақытсыз балалық» пен балалық шағында басынан кешкен трагедиялық түршігу – деп бағалайды. Ал, адамдардың арасындағы мұндай жантүршігерлік қатыгездік пен қоғамдағы түңілісті оқиғалардың бір емес, бірнешеуін Абай өз үйінің, аға сұлтанның босағасында басынан өткізді.
Аяр заманның арбауымен Абайдың жас қиялын арбаған, көркем қабылдау мен көркем ойлау жүйесін қалыптастырған оқиға қазақтардың он жылға созылған ұлт-азаттық көтерілісін бастаған Кенесары Қасымұлының ерлік трагедиясы еді. Қазақ даласын кеңінен қамтыған Кенесары көтерілісі туралы Нысанбайдың, Досқожаның жоқтау, қоштасу жырларын Абай ес білгенінен бастап естіп, сол оқиғалардың куәләрінің әңгімесін тыңдап, олардың баларымен араласып өсті. Кенесарының талқандалған әскерінің қалдықтарының біразы Құнанбайдың ауылына паналап, сіңіп кетті. Кенесарының кесілген басы, кесілген бастың торсыққа салынып Омбыға апарылуы, ақыры ол бассүйектің генерал Горчаковтың бұйрығымен күмістелінген күлсалғышқа айналуы туралы әкесі Құнанбай айтқан хикметті хикаялардың үрейлі елестері Абайдың сәби жүрегін тітіркенткені, бара-бара бұл әсер қыр елінің қырық құбылысты қиссаларымен қосылып, оның көркем қиялын тербетуі сезімшіл жүрекке көркем нәр бергені табиғи.
Өйткені, тура сол Кенесарының бассүйегін қырғыздың Қалығұл биі Омбыдағы Батыс Сібір әскеи генерал-губернаторы Горчаковқа торсыққа сап апарып берген кезде Құнанбай аға сұлтандыққа сайланып, Омбыда ант берді. Содан кейінгі мырзақамақта жатқан жылдары губернатордың кеңсесінен ол бассүйекті көруі де мүмкін. Көрмеген күннің өзінде ол бассүйектің шершеуленіп, күмістеліп, патшаға арналып сыйшақшаға айналуы туралы әңгімелерге барынша қанық болғаны анық. Ал, өзі шешен, өзі намысшыл, өзі қазақтың жоғын жоқтаған, ішінен Кенесарыға тілеулес болған Құнанбай, «сөйлеу үшін жаратылған машина ғана емес, тек бұрамағанда ғана тоқтайтын сағат» сияқты «төсектен тұрысымен-ақ сөйлей бастайтын, содан көзі ұйқыға кеткенше толассыз сөйлеп беретін» Құнанбай, «минут сайын ақыл сұрап, қазақтар оған келіп жататын, қос қолын мықынына таянып, екі-үш сөзден кейін-ақ шариғаттан үзінді келтіріп, абызша сұңқылдап кететін, жадында сақтау қабілеті таң қаларлық, үкіметтің барлық указдары мен жарлықтарын кітаптан оқып отырған адамша жатқа айтатын». Құнанбай мұсылмандықтың иман жолына қарсы қасақана жасалған мұндай жаһилдік һаракетті отбасында отырып айтпауы, ондай әңгімені өзіне ізбасар ретінде үміт етіп тәрбиелеп жүрген Абайдың естімеуі мүмкін емес.
Ол оқиғалар санасына намысты ой ұялатып, Кенесарының не үшін күрескенін түйсікпен сезініп, есейген сайын тереңдей түсінгенін, тіпті көркем идеяға айналғанын, кейін, өзінің де қуарған бассүйектің қадірі туралы «Ескендір» атты дастан шығаруы, сол дастанда: қолына түскен қу бассүйекті әлемді билеген Ескендірге ұстатып тұрып (бұл арада, Абайдың емеуіріні бойынша Ресей патшасына деп қабылдаңыз): «Бұл не еткен мазағы деп аң-таң қалдыруында», оған ғұлама Аристотельдің ауызымен:
Бұл адам көз сүйегі, – деді ханға,
Тоя ма адам көзі мың мен санға?
Жеміт көз жер жүзінде тоймаса да,
Өлсе тояр көзіне құм құйылғанда.
Кәпір көздің дүниеде араны үлкен,
Алған сайын дүниеге тоя ма екен?
Қанша тірі жүрсе де, өлген күні,
Өзге көзбен бірдей-ақ болады екен, –
деп жауап бергізуінде үлкен поэтикалық астар бар.
Кенесарының бассүйегін алдыртып, қу бассүйекті мысымен баса алмаған ашулы жаһангерге Абай, Ескендірге берген Аристотельдің жауабы арқылы: Дүниені жауласаң да, қан мен көз жасына тоймаған сенің араны үлкен кәпір көзіңнің қанша тірі жүрсең де қадірі болмас!, – деп ызалы ой толғайды. Мұндай астарлы, көркем емеуіріндерді ежелден өлең-сөзге қунақы қыр жұрты еш қиындықсыз тез түсінген. Бұл, әдеби әдіс-тәсіл кеңестік жазушылардың да оңтайлы амалына айналып, авторлық идеясын жағымсыз образдар арқылы жеткізуді «социалистік реализмнің» бір қыры ретінде пайдаланды. Абай бұған да қанағаттанбай, жас ақын досы Көкбайға (Сабалақ» (Абылай), «Наурызбай-Қаншайым» атты дастан жаздыртуы, «Кесікбас» атты еуропалық романды қарасөзбен баяндап таратуы – Кенесары тақырыбы оның аңсарлы идеясы болғанын анық аңғартады. Абайдың:
Ішіп терең бойлаймын,
Өткен күннің уларын…, –
дегендегі есіне алып, қанып ішкен уының алғашқы тамшысы осы.
Бала кезінде сондай қорқынышты оқиғалардан шошынған Абай бес-алты жасқа дейін үндемей, екі көзі бақырайып, үлкен-кішінің сөзін тыңдап, құмығып қана отыратын болған. Зере әжесінің шақыруымен келіп: «Сен нетерсің, нетерсің, Шындасаң шыңға жетерсің!» – деп өлеңмен ұшықтап, жырмен бата берген «зар заман» ағымының ұлы жырауы Дулаттың толғаулары сол көңіл ауанының құлақ күйі болғаны сөзсіз. Дулаттың сол батасынан кейін ғана Абайдың тілі шығып, бір сөйлеп кетсе, мақалдап, нақылдап барып тоқталатын болған-мыс делінетін тәмсіл сөз және М.Әуезовтің: «Жас күнінен-ақ, Абайдың өмірі әлденеше қиқы-жиқы шиырға түскен. Ішкі балалық дүниесін оңды-солды соққыға алатын, теріс қалыпқа кептейтін ерекше күйлерге, заңнан тысқары қалдерге ұшыраған. Өзінің дене қуаты мен ой қуатына лайық келмейтін салмағы зор міндеттер басына түскен соң, Абай жаратылыстағы зеректік, талаптылық сияқты өнерінің барлығын осы жолға салған», – деп мағлұмат беруі соның айғағы. Ал, бала Абайды таңдандырған Құнанбай сол кезде қандай еді және қандай тарихи іс-мінезімен көрінді?
Құнанбайдың тарих алдындағы таңбалы да табалы тұсының бірі – оның Кенесары Қасымов бастатқан ұлт-азаттық көтерілісіне қатысты қарама-қайшылыққа толы әрекеті. Сонымен қатар, 1846 жылы Кенесарының Жетісу өлкесінен аластату туралы Вишневскийдің әскери экспедициясына қатысуы. А.Янушкевичтің «Күнделіктерінде» оның нағыз «зәбір сұлтанына» тән қаһары барынша қанық жеткізілген.

Би Құнанбай Өскенбайоғлының мөрі

Абайдың бала кезіндегі жүрегін қозғап, санасын тітіркенткен екінші бір оқиғаға қатысты қалайда назар аудармай кетуге болмайтын мынадай деректер бар.
Құнанбай – Бөжей қақтығысы 1846 жылы, қазан, қараша айында өткен. 1846 жылғы «Барақ бітімінде» Құнанбай Бөжейге үш жасар қызы Кәмшатты, үш бесті ат, топ-топ мата және 3 қойтұяқ алтын жамбы беріп, айыбын өтеген. Бірақ, күтімсіздіктен, кейбір деректерде, күң орынына ұстап, күлтөбеге аунатып, қинауға ұшыраған Камшат қыз қыршынынан қиылады. Дау қайта ушығады. Камшаттың аянышты өлімі жас Абайдың да қабырғасын қайыстырады. Қазақ әдеті бойынша жылға жуық жоқтау мен жылаудан көз ашпаған аналарының зар-мұңы оның да жүрегіне улы кек боп ұйыды. Сол жоқтаулардағы зарлы дауысты Абай өле-өлгенше ұмыта алмапты. Тіпті, сол жоқтауды Абай ақындық көңіл-күйіне де айналдырып алған сияқты. Жүзден сәл қалыңқы өлеңдерінің он бесінің жоқтау болып келуі, соның ішіндегі:
Көз жұмғанша дүниеден,
Иманын айтып кеткені-ай!..
Қызыл балақ қыранның,
Балапанын дерт алды.
Жеміс ағаш, бәйтерек,
Балдырғанын өрт алды.
…Көп жасамай, көк орған,
Жарасы үлкен жас өлім,
Күн шалған жерді тез орған,
Күншіл дүние қас өлім,–
деген жолдардан Камаштың қамкөңілді-қайғылы нәсібі аңғарылады.
Бұл оқиға мен ажал тырнағының жүректе терең із қалдыруының тағы бір себебі бар: осы қақтығыстың дауына жиналып отырған билер мен даугерлердің келесіне Құнанбай алты-жеті жасар Абай мен төрт-бес жасар інісі Ысқақты үнемі қатыстырып, екеуін бір бұрышта отырғызып, даугерлердің сөзін тыңдаттырып қоятын болған. Олардың не түсінгендерін білу үшін, мәжіліс соңынан екеуіне сұрақ беріп, өзінше тексереді екен. Келеге түскен кеңес пен егесті тумысынан тұйық Абай ұйып тыңдайтын көрінеді. Билердің шешіміне орай өзінің балалық ойын да қосып айтады екен: «Ежелден адамға сыншы Құнанбай балаларын да сынап, байқап жүріп, жас Абайдан зор үміт күтеді екен. Ауыл адамдарымен кеңескенде: «Мырза, балаларың ер жетіп қалыпты, қайсысы жақсы болады деп ойлайсыз», – деп сұрағанда Құнанбай: «Не күтсеңдер де, мына жаман қарашұнақтан күтсеңдерші», – депті деген аңыз бар».
Міне, ерікті-еріксіз күйде, аналарының жоқтауы мен әкесінің дауын тел ести жүріп Абай да есейе береді. Бірақ «Мұсақұл» оқиғасы ескірмейді. Уақыттың етегімен ілесіп, енді Абайдың алдынан шығып, оған қарсы «қара дүлей» (смерчь) боп соғады.
Тура осы кезде, яғни, Абайдың 10-15 жасының арасында, патша үкіметінің аяр арандатуымен, Абай түгіл Құнанбайдың өзінің жүрегін тітіркендіріп, билік пен дүниеден баз кешуіне бастаған, ақыры қыр елінде естіп-білмеген сұмдық оқиға – бес адамның Аякөзде көптің көзінше дарға асылуына Құнанбай себепкерлік еткен «ел шошыған» оқиға өтеді. Бұл оқиғаны Абай өз көзімен көрмеген. Бірақ «үкілі почтаны» тонаған 5 адамның ісінің аяқталуы туралы Семейдегі оязға есеп беруге келгенде, сонда медреседе оқып жүрген, ой-санасы ашылған, қарақты Абайға өзінің «қылмысын өтеу» үшін қандай күнәға барғанын айтып бергені анық. Сөйтсек, оның мынадай астарлы қатпары бар екен.
Құнанбай неге Омбы түрмесінен жазасыз босатылды, үкім неге шығарылмады? Жылға жуық тергеу астында болғанда, шынымен де қылмысы дәлелденбегені ме? Өзі тергеушінің иығынан басып тұрып, атқосшысы Мырзаханға тергеу қағаздарын пешке өртетіп жіберуімен «тындым» болғаны ма? Ендеші, осы жолдың авторының өзі көзімен көрген мыңдаған беттік тергеу қағаздары архивте неғып сақталып қалған? Бұл, әрине, адам сенгісіз сылтау, мұны жандармерея тілінде «аңыз», қазақы тілде «бопса» дейді. Ал, мұның нақты себебі туралы Құнанбай, Абай айналасын өте жақсы білген, атасы Жиренше сол оқиғалардың ішінде жүрген сенімді әрі табанды абайтанушының біріқ көрнекті ғалым Әбіш Жиреншин мынадай тосын дерек ұсынады. Осы оқиғаны М.Әуезовтің өзіне айтып берген, Мұсылманқұл Жиреншиннің немере інісі Әбіш Жиреншин былай баяндайды: «Құнанбай үш жыл бойы үй түрмесінде – мырзақамақта болған, яғни, өз ауылынан басқа жаққа шығуға не сайлауға құқысы болмаған. Сол кезде тобықты руының бір топ адамдары Верный бекінісі мен Семей қаласының арасына қатынайтын, қазақтар «үкілі почта» деп атап кеткен ақша таситын почтаны тонап, күзетіп келе жатқан хорунжийді өлтіріп кетеді. Оқиға Шыңғыстың шығыс тұсындағы Архат тауының бөктеріндегі Алшын бекетінде өтеді. Семей губернаторы: барлық болыстарды жиып, қылмыстыларды тауып беріңдер – деп жарлық шығарады. Олар қарсы сөз айта алмайды, қарулы топтан сескеніп, тіс ашпайды. Құнанбай жандаралға: егер де өкімет мұның бұрынғы қылмысын кешіріп, баяғы хорунжийлік шенін қайтарып беретін болса, онда ұрыларды тауып берейік – деп тілек білдіреді. Оның бұл ұсынысын губернатор қабылдайды.
Сөйтіп, Құнанбай өзінің үзеңгілес ескі танысы, Аякөздің аға сұлтаны Барақ Солтабаевқа қолқа салады. Барақ екеуі Қытай шекарасынан өтіп, ондағы абақ керейді билеп отырған төре тұқымдары Шотан мен Бопанайға барады. Олар көкше руынан шыққан Табылды, Үдербай, Жүндібай, Түңлікбай, Мәмбетей деген ұрыларды ұстап береді. Оларды патша өкіметі Аякөз қаласында қарала ағашқа дарға асып өлтіреді. Құнанбайдың айыбы түгел кешіріліп, ояздың «ерекше тапсырма жөніндегі құпия көмекшісі» қызметін атқарады. Міне, Құнанбайдың сот тұзағынан құтылуына оның осындай «қызметі» себептер болса керек». Ескерте кететін жай: мұндай қатыгездікті күтпеген Құнанбай: «Сотсыз неге өлім жазасына кесесіңдер. Бізді күнәға батырдыңдар», – деп қарсылық білдіріп, әскербасымен араздыққа барған.
Әскербасының рапортын көрсетіп, жазалы қылып, оны келесі бір арандатуға тартпақ болған әккі оязға Құнанбай да мысын бастырмай, қаймықпай қарсы шығып: «Маған жабылмайтын жала бар ма осы? Партия қылатын кім – Құнанбай, ауыл шабатын, барымта алатын кім – Құнанбай. Кім айдалсын – Құнанбай айдалсын, кім абақтыға жабылсын – Құнанбай жабылсын. Құнанбайдың жақсылық ісі ұлыққа көрінбейді. Кім Құнанбайды жала жауып, жамандап көрсетсе, соның сөзі мақұл болады. Енді, Құнанбай жолкесер болып қараланады. Ақшаның буымен арақ ішіп, мас болып, өз қызметкерлерімен төбелесіп, таяқ жеген көпесті сабап, тонаған да Құнанбай болады. Құнанбайдың өз мүлкі өзіне жетеді. Басқаның мал-мүлкінің Құнанбайға қажеті жоқ. Құнанбайға екі аяғын басып тұратын екі алақандай жер бересіңдер ме, жоқ, бермейсіңдер ме? Болмаса – Құнанбайдың көзін құрту керек пе сендерге! Онда неге арандатпай, сотсыз кісіні дарға асып, құдай алдында мені күнәға батырмай, ақ күйімде неге ажал бұйыртпайсыңдар. Не, менің дегенімді – істеңдер, не өздерің дегендеріңді істеңдер. Ендігі арандату мен бопсаға Құнанбай көнбейді, – дейді.
Осы жолғы оязбен болған беттесуде Құнанбай өзінің атақ-абыройын толық қорғап қана қоймайды, сонымен қатар «ояздың «ерекше тапсырма жөніндегі құпия көмекшісі» қызметіне тағайындалып, қыр қазағына иығын алдырмайтындай сұсқа, бүкіл оязға өкілеттігін жүргізетін «құпия, ерекше» өкілет иесі ретінде иықтанып қайтады.

ОҚУ-ТОҚУ немесе «ОЙЛАНУ ҮШІН ИЛАНУ»

Сөзіне қарай кісіні ал,
Кісіге қарап сөз алма.
Абай.

Міне, Абайдың, медресеге барып, хат танып, ғылым тілін біліп, сана танымы ашылғанға дейінгі өмір ортасының оның бақталайына тартқан сыйы осындай. Оқумен өткен үш-төрт жылғы өмір оның өзінің де, туған ұлтының руханиятына да соны бетбұрысты парасат табалдырығының есігін ашты. Бұл, шын мағынасындағы ұлы тарихи мүмкіндік еді. Ол бетбұрысты жасатқан да, ондай тарихи мүмкіндікті берген де, тағы да сол Құнанбай.
Тумысынан зерек, ата-тегіне тән шешендік дарыған, тіршілік құбылысын нағашыларынан ауысқан ойлы мысқылмен қабылдайтын, өзі де алға ұмтылып, Құнанбайдың: «Алдыма кісі түсірмеймін – деуші едім. Маған біткен саған да біткен екен» – деген сынына сай, тең құрбыларына дес бермеуге тырысатын Абай қабілетті, намысты, алғыр да ұғымды ұлан боп жетілді. Можан қалыпты, көп қатарлы, топтан жұлқына озып шықпайтын мінезсіз адамды көңіліне тоғытпайтын аға сұлтан Құнанбай, мұны өзге ұлдарынан ерекшелеп: «Не күтсеңдер де мына қарашұнақтан күтіңдер» – деп бағалаған Құнанбай мұны үлкен өмірдің ғылым-білім бәсекесіне дайындап, «шын мағынасындағы тарихи мүмкіндік» беріп тұрғанын жас Абай да түсінді. Сол кезде-ақ, ол мұндай жоғары деңгейдегі қатаң талапты білім бәсекесіне дайын болатын.
Құнанбай – діни-ілім мен жалпы білім дәрежесіне жоғары талап қойып, талғаммен қараған, шынайы шариғи ғылымға бастайтын мағрипаттың жолын таңдай білген алғыр, ақылды, тақуа адам болған. Мәртебелі дін ғұламаларымен кездесіп, сұхбаттасқан кездерінде санада саралаған парасат-пайымының арқасында: Алғашында берген Ғабдулжаппар (Бір деректе – Абдулла) деген татар имамының медресесінің «ғылым арқылы Алланың адамнан жасырған құпиясын» танып білуге бастайтын ақылия мағрифатынан алыс, жаттанды-нақылия бағытындағы ескі танымдағы оқу орыны екенін, Абайдың оны бойына тегін тоғытпай жүрмегенін бірден аңғарады. Семейдегі 15 мешіттің имамдарының уағызы мен мұғалімдерінің дәрісін үш ай бойы тыңдап, бақылап жүрген Құнанбай, Ахмет-Риза мешітіндегі Камалетдин (Камараддин, Камәли) атты жас хазіреттің дәріс-уағызын тыңдап, риза болады: «Мына жас мұғалімнің оқуы тура, ұғынықты, ғылымның тамырын бірден ұстататын мағрифат жолы екен», – деп, Абайды сонда ауыстырады.
Міне, Құнанбай осы шешімі арқылы, Абайды білім-ғылымның таза бастауымен сусындатты, оның ақыл-ынтасын ғылым-білім мен адамзаттық парасат-танымға аударды. Сөйтіп, көшпелі өркениеттің бір жас өкілі исі адамзатқа ортақ өркениет әлеміне қанат қақты. Соған мүмкіндік жасаған дегдар Құнанбайға қандай құрмет-тағзым көрсетсе де һам уәжіп, һам сауап.
Ғылымға, дүниетану іліміне, әдебиет әлеміне «тура бастайтын», жадидтік бағыттағы Маржани медресесінің тұңғыш түлегі Камалетдин (Камариддин, Камәли) хазіреттің оқытқан жолына түскеннен кейін, Абай: «Өздерінің мөлшерлі дәрісін оқып шығып, қолы босаған уақыттарында халфелік білім алуға жақындап қалған ірі шәкірттердің тобына қосылады. Бәйіт айту, «Мұхаммедие», «Зарқұм», «Суһфат-ул ғазизи» сияқты жырлы, күйлі кітаптарды қосылып әндетіп оқиды, думан-сауық құрып, көңіл көтеруді әдетке айналдырады. Тумысында ақындық таланты бар Абай мына ұйқасымды, мұңды, күңіренген үнді қатты тамашалап, бар ынтасын қойып тез үйренеді. Соларға қосылып өзі де бәйіт айтатын болған». Әрине, татардың жыршыл-сыршыл «малыйларына» (бозбалаларына) қосылып, ғашықтықтың буына елітіп:
Иүзі – раушан, көзі – гауһар,
Лағилдек бет үші әһмар,
Тамағы қардан әм биһтар…
Сүлеймен, Ямшид, Искандәр,
Ала алмас барша мүлкигә, –
деп шығыр (ғашықтық өлең) шығаруы махаббаттан дәмелі жас үшін табиғаи құштарлық.
Сол құштарлы екпінмен, енді күншығыстың ақын-жазушыларының, ғалымдарының шығармаларымен таныса бастайды: араб, парсы, шағатай, түрік тілдерін білуге құмарланып татар тіліне аударған мұсылман ғалымдарының еңбегін тауып алып, үзбей оқиды. Тіпті, жаз демалыста қырға шығарда керекті кітаптарын алып келіп, бос мезгілдерінде оқуды әдетке айналдырады. Абайдың Шығыс ақындарын пір тұтып:
Физули, Шәмси, Сайхали,
Навои, Сағди, Фирдауси,
Хожа Хафиз – бу һаммаси,
Мәдәт бер ия шағири фарияд, –
деп, «өлеңіне отты қуат пен медет тілеп» жүргені де сол ақындық шалықтың шабыты иектей бастаған алғашқы мезет болса керек.
Бұл жастық шалықтау барған сайын байсал тартып, таным мұхитына тереңдей береді. Жадидтік мектептің бағыты мен оқу үлгісі де соны талап етеді.
Жадидтік бағыттағы ілім – бүкіл ислам әлемін, түрік дүниесін жаңа ойлау жүйесіне көшірген, сол ілімді Абайдың игеруі арқылы Біртұтас алаш идеясын қалыптастырған ұлы бағыттың бірі болып табылады. Төрт шадиярдан кейін ислам дүниесінің ақыл-ойы қадыми (ескіше ойлау) мен жадиди (жаңаша ойлау) болып екіге жарылады. Мұны, дүние танудағы «ақли» және «нақли» бағыттары деп атайды. Бірінші бағыттың мақсат-талабы – дінді ғылымға негізделген ақыл жолымен танып ұстану. Жадидшілер: «Құранды» түзету – күнә, бірақ шариғаттың кағидаларын түсіндіріп, оның астарлы сырын ашып, мүһминдерді дұрыс жолға бағыттап, заманға үйлестіре қолдану парыз – деген тұжырым жасады. Діни философия, табиғаттану, таным тұрғысынан ислам әлеміне жаңа түсінік әкелген Әл-Ғазали өзінің сыни пікірімен өз заманында өте жоғары бағаланған ғұлама болды. Ибн Рушд өзінің «Қарсылыққа қарсылық» атты зерттеуінде Әл-Фарабидің «Табиғат матбуғатын» білімнің көзі деп бағалап: «Жаратылған дүниені танымаған – Жаратушыны тани алмайды», – деп тұжырым жасаған болатын. Бұл: Әл-Фараби мен Ибн Рушдиден басталып, Әл-Ғазали, Софы Аллаяр, ғұламаһи Дауани, Маржани назарын салған: Алланың (Құранның) сөзін сөйлеп. онын мағынасын сабырлы парасатпен мүһминдерге жеткізу және заманына қарай амалын тауып пайдалану керек – деген ұстаным болатын. М.Әуезов Ахмет-Риза медресесінде Абайдың Әл-Фарабидің ілімінен тәлім алғандығы туралы: «Ислам ғаламында грек философиясынан келген неолплатониктердің көп әсері бар еді. Мұсылман философтарында Бағдаттағы Әл-Фараби сол жолда еңбек жазған. Кейін Аристотель философиясы да арабтар арқылы мұсылманшылық мәдениеті көлемінде көбірек өріс алып, тараған болатын. Көп мұсылман елдерінде де және орта ғасырдағы Европа елдерінде де аттары мәлім болған мұсылман философтары Әбк-әли ибн Сина, Ибн-Рушди сияқтылар бар-ды. Ал атақты философтар өз замандарында исламның апологеттері аталған тар көлемнен шығып, үлкен ізденгіш ойлар айтқан» – деген мағлұмат береді.
Міне, осы тұрғыда, жәдидшілер касаң қағидаларды сынап, дінді ғылыми арнаға бұруға ұмтылды. Түркі дүниесінде Ұлықбектен кейін жадидтік жолды ұстағандар болмады. Ал, екінші бағыт – діни накли (нақыл) бағытты ұстанды, яғни, діни ғұрыпқа (фундементализмге) сүйенді, жаттанды уағызға (схоластика) бойсұнды. Олар ғылымды жоққа шығарды. Тек Құран аяттарында аян етілгенге дейінгі дүние құбылысы мен әдет-ғұрыпты мойындады.
Сөйтіп, екіұдай жол қалыптасты. Ал, Абайдың шәкір ретінде оқып жатқан медресенің рухани тұтқасы Шағабутдин Маржани болса, ол – ислами ойлау жүйесі мен ғибадатына түбірлі өзгерістер әкелген, мұқым түркі дүниесі үшін де түбірлі тарихи таным мен тамырлы тұжырымдарға негіз қалаған, жадидтік көзқарасты қалыптастырған ұлы тұлға еді. Жәдидтік – жаңашыл бағыт ұстап, Қазаннан «Ғалия» медресесін ашты. Бұхара, Самарқан, Стамбул, Мысыр, Таяу Шығыс сапарларындағы исламияттағы қате түсіндіріліп келген қағидалар қақында пікір бақастығына барды. Оның жәдидтік ілімі қазақ елінің арасына Семейдегі, Омбыдағы, Троицкідегі, Қарқаралыдағы мешіттерде дәріс берген шәкірттері арқылы кеңінен тарады. Ал, шәкірттерді осындай «күйлі күйге» түсірген кітаптарды Камалетдин хазірет ұстазы Шағабутдин Маржанидің кітапханасынан алды. Маржани медіреселерінде: «араб, иран әдебиет тарихы мен қоса, матеметика, химия, логика ғылымының міндетті түрде оқылуын талап етілді. Сондықтан да, бұл медресенің Абайға әсері күшті болды».
Ол «күшті әсердің» қандай екенін Маржанидің оқу-әдістемелік бағдарла масындағы мына ұстанымы мен ғылыми тұжырымы анық мағлұмат береді: Маржани тарих ғылымын, дін тарихын, ең алдымен, Әбілғазының «Түркі шежіресінен» өзге еңбектердегі әсіреәфсаналық (мифтік), аңыздық, қиял-ғажайыптық, жалған қадыми қисындардан ажыратып, нақты тарихи шындықтарды саралайтын ғылыми жүйеге түсірді. Шығыс ғұламаларының беделі оңып, «әлқиссалық» баяндар басымдық алып тұрған сол бір талқылы тұста түркі қауымының өзінің тектік тағдырына сыни көзқараспен қарауға мүмкіндік берді. Өмірлік мұратына айналған тарихи еңбектерін сол тұстағы Шығыс пен Еуропа ғылымының барлық жетістіктерін негіз ете отырып жазды. Ол өзінен бұрынғы Мұхамед ибн Ысқақтың (767 жылы өлген) «Халифтар тарихын», Мұхамед ибн ал-Уакидидің (747-823) «Үлкен тарихын», ат-Табаридің (838-923) атақты «Тарихын», ал-Масудидің (956 жылы өлген) «Тарихын», ал-Хатиб ал-Бағдадидің (1071 жылы өлген) атақты адамдардың өмірі мен сөздіктер жинағын, ортаазиялық шежіреші, тарихшы Әбділкәрім ас-Саманидің (1113-1167) «Тектер кітабін», Ибн Фадланның «Дешті қыпшақ даласына саяхатын», сонымен қатар Мысыр, Басра, Йемен, Мерв, Самархан, Бұқара, Ресей оқымыстыларының тарихи жазбаларын мұқият саралады. Соның нәтижесінде «дүние жүзі әдебиетінде тарихты философиялық тұрғыдан алғаш рет пайымдаған» (Гибб) тунистік ғұлама Әбдірахман ибн-Халдуннің (1332-1402) «Мукаддима» атты шығармасын ұстат тұтып, өзінің де тарихи еңбегін солай атайды. Дауанидін философиялык көзкарастарын Ш.Маржани терең тәпсірлеп, ғакли ғылым мен накли сөздердің мәнін тереңдеп ашады.
Міне, Абайдың діни көркем көзкарастарының бір тамыры – ол жасынан жаттап, сусындап, талдап ойына сіңірген осы жадидтік ілім болып табылады. Абайдың «Қарасөздері» мен өлеңдеріндегі»: «Алланың елшілеріне – нәбилерiне және ғылыммен ақиқатқа көзі жеткен хакимдер шариғаттың қағидаларына заманға сай өзгерic енгізбек»; Тек: «Алланың өзі де, сезі де рас» (Абай) екендігіне кәміл сенсең болды. «Пиғылыңа – иманың күзетші», «Шариғат: Ойланбай илан – десе, Абай: илану үшін ойлаймын» – деген пікірлері сол жадидтік білімнің ғибыраты болып табылады.
Ал, сондай «иман күзетшісінің» бірі, Абайдың рухани ұстазы – Софы Аллаяр. Исламияттық көркем қабылдау мен сыни ойлау жүйесін қазақ сахарасында орнықтыруға, соның ішінде Абайдың дүниені көркем қабылдау мен көркем ойлау жүйесіне Софы Аллаярдың мәснәуилері тікелей әсер еткен. Қадым мен жәдидтік ағымдағы көзкарастарының аралығында «өткел» болған Софы Аллярдың туындыларын Абай жатқа білген. Тіпті, сол «күйлі кітаптарға» Құнанбайдың өзі де ден қойып, ынтасын сала тыңдаған. «Медреседе оқып жүрген кездерінде жаз болып елге қайтқанда қаладан ала қайтатын кітаптары тағы сол ақындар еңбектері. Үй ішіне оқып беріп отыратыны да солар болған. Өзі оқымаса да балаларын оқытып, Абайды мұсылманша оқытып жүргенде, соңғы баласына сопы Аллаяр сияқты ақындарды көп оқытып, өзі де тыңдай жүреді». Өзі де ғұлама деңгейіне көтерілген шақта Абай Софы Аллаярдың әр нәрсенің себебі туралы айткан:
Тама бір парча болса, бермегіл рай,
Болур бір парчадин йүз перде бежай –
Дәмету – бір перде болса, оны ашпа,
Бір пердеден кейін жүз перде тағы ашылады –
деген жолдарын өзінің сөзінде жиі айтып отырған және оның:
Бір қайғыны ойласаң,
Жүз қайғыны қозғайды, –
деген өлең жолындағы ой үзігінен Софы Аллаярдың ықпалы анық танылады.
Жоғарыдағы шымылдық-перде софылық поэзияның емеуірінінде: «Себепсіз дүние жоқ. Үміт дүниесі тіпті шексіз. Дәметіп бір шымылдықты ашсаң, оның ар жағынан жүз шымылдық тағы ашылады. Білім мен ғылым да, дәме мен нәпсі де, себепті мен себепсіз де сол сияқты шексіз, жалғаса береді», – деген мағынаны білдіреді. Мәскеудегі қоғамтану саласындағы ғалымдардың бір пікір таласында софы Аллаяр мен Абайдың осы сөзін келтіріп, өзінің пікірін дәлелдегенде, ғұламалар орындарынан тұрып, қол соғып, Мұхтар Әуезовке қошемет көрсетіпті. Мұның астарында шығыс даналарының «Қарсылыққа қарсылық», «Жоқты жоққа шығару» сияқты сопылық философиясының тәмсілі жатқаны анық.
Ахмет-Риза медресесінде Абайдың алған біліміне М.Әуезов: «Абай араб – мұсылман мәдениетін кең зерттей отырып, Табари, Рабғузи, Рашид ад-дин, Бабыр, Әбілғазы Баһадүр хан және басқалар сияқты Шығыс ғалымдарының тарихи еңбектерімен де танысты, мұсылман дінінің барлық шариғат негіздерін біліп алды. Абай Шығыс елдерінің бағзы замандағы тарихымен ғана танысып қойған жоқ, ол сонымен қатар Таяу Шығыстың өз тұсындағы мәдениетін де өте жақсы білді. Татардың тұңғыш просветитель-ғалымы Шаһабуддин Маржанидің еңбектері де оған жақсы таныс еді. Абай сол кезде туа бастаған панисламшыл жалған діни-саясат ағымының ықпалы қалай күшейе бастағанын сезіп, біліп отырды. Египет жазушысы Мұхамед Табдуку, Жалаладдин Ауғани таратқан панисламизм ағымының идеясы бірте-бірте өршіп, бұл ағым Ресейдегі мұсылмандар арасына да жайылды. Алланың құлы болу, айға табыну, халфелерге бағыну сияқты ұстаған бұл ағымды қазақ елінің қажы-молдалары, феодал-бектері де жақтады. Бұл ағымды жақтаушылардың газеттері, журналдары да болды. Соның бірі – әйгілі пантүрікшіл Исмаил Гаспиринскийдің басшылығымен Бақшасарайда шығатын «Тәржіман» газеті Абай заманының өзінде-ақ қазақ даласына көп тарады», – деп Абайдың түпкі білім қайнарын астарлай түсінік берді. «Иассауи, Бақырғани, софы Аллаярф сияқты ғұламаларды, панисламизм мен пантүркизмді сынаған болып отырып, олардың ойларын жеткізді. Кеңестік-коммунистік иделолгия тұсында қудаланып жүріп, шындықты жеткізудің ол үшін бұдан басқа амалы да жоқ еді.
Сөйтіп: «Математика, химия ғылымын оқып, сол пәннің медіреседе оқылуын талап еткен, өзі медіресе салғызған, орыс мектебіне мұсылманша сабақ берген, сөйтіп, орыс мектебіне көңіл бөлген, Абайға әсері күшті болған Маржанидің» ықпалымен орыс мектебінде өз еркімен оқиды. Медреседегі оқыған пәндері мен білім аясын салыстыра бағалағанда, бұл сол кездегі діни орталықтардың (жамиғаттың) деңгейіндегі бағдарламаға сай келеді.
Сонымен, «Бұл танысу, Абайға дін жолынан да басқа білім-өнер жолы бар екенін, адам өміріне пайдалы сара ғылым барлығын танытады. Онымен қабат өнер білім орыстың оқуымен табылатынына көзі жетеді. Ол өзінің балаң кезінде қиялын тербеген бұл ойын тұлғаланған тұсында: «…білім, өнер керек екен. Соны үйренейін, не балама үйретейін деп оның ойына жақсы түседі. Орысша оқу керек, хикмет те, мал да, өнер де, ғылым да – бәрі орыста зор. Залалынан қашық болу, пайдасына ортақ болуға тілін, оқуын, ғылымын білмек керек. Оның себебі: олар дүниенің тілін білді, мұндай болды. Сен оның тілін білсең, көкіреук-көзің ашылады. Әрбіреудің тілін, өнерін білген кісі онымен бірдейлік дағуасына (күреске, таласқа – Т.Ж.) кіреді, аса арсыздана жалынбайды. …Орыстың ғылымы, өнері – дүниенің кілті, оны білгенге дүние арзанырақ түседі. Бірақ осы күні орыс ғылымын баласына үйреткен жандар соның қаруымен тағы қазақты аңдысам екен дейді. Жоқ, ондай ниет керек емес… Қазаққа күзетші болайын деп, біз де ел болып, жұрт білгенді біліп, халық қатарына қосылудың қамын жейік деп ниеттеніп үйрену керек», – деп жазды.
Сөйтіп, үшінші жылдың ортасында, «Жаңа жылдың аз күнгі демалысынан кейін қырдағы әкесіне ақылдасып рұқсат алмай, Семейдегі «городская приходская» дейтұғын орысша оқуға түсіп, оқи бастайды».
Бұл Абайдың әке рұқсатынсыз, өз бетінше жеке қабылдаған алғашқы азаматтық шешімі еді.
«Ендігі қалған 4-5 айдан бір жылдық оқу мөлшерін (программасын) оқып білуге барынша ыждиһат сала кірісіп, май айының ортасында өте жақсы (отлично) деген бағалау қағазын алып шығады».
Абай тек сол бір жылда ғана емес, соған дейінгі қалада жүрген үш жылдың ішінде орыс әліпбиін танып, оқып, түсініп, жаза алатындай мағлұматы болған. Тіпті қосымша дәріс те алған болуы мүмкін. Әйтпесе, бір жылдың ішінде үш жылдық мектептің программасын тауысып, шығарма жазып (ол міндетті сынақ болған) емтихан тапсырып, мектепті бітірген туралы куәлік алуы мүмкін емес.
Осы арада, М.Әуезовтің өзінің «Абайтанудан» берген еркін дәрісінде айтқан, бұрынғы деректерге өзгеріс әкелетін, Абайдың ресми білім алуы мерзімі мен ол білімнің деңгей-дәрежесін анықтайтын: «Бала Абай сабақты әуелі үй молдасынан оқиды. Кейін Құнанбай сегіз жасар баласын Семейге апарып, Ахмет-Риза деген имамның тәрбиесіне береді. Сол шаһарда бес жыл тұрып, он үш жасынан шейін оқуды үзбей оқығанда зейінді Абай көп сауат ашады. Ақындықтың ерте білінген қозғауы да осы кезде басталады. Кітаптан оқыған келісті жырды, жыршыны сүйе бастайды… Шығыстың ақындық бұлағына, классик(алық) тұнық поэзиясына ден қояды», – деген бір мағлұматты қаперге алсақ және оған ден қойып сенсек, онда Абайды діни гиминазияның толық курсын бітірген оқымысты деп тануымызға тура келеді. Қалайда, сол деңгейде білім алып шыққаны анық.
Ақыл-парасатты, қақтығыста сыналған қатал билік иесі Құнанбай, енді оқуы мен тоқуы ерте жетілген Абайдың сол білгенін өмір тәжірибесінен өткізіп, сынамақ болып, қырға алып кетеді.

5. АБАЙ немесе АҚЫЛ МЕН АШУДЫҢ ШЫРАҒЫ

Жасымда албырт өстім ойдан жырақ,
Айлаға, ашуға да жақтым шырақ.
Абай.

Ол кезде, қыр қазағы үшін ең биік мақсат пен жететін лауазым – би атану, старшын, болыс сайлану. Одан өзге қыр баласының барар жері, ұшар аспаны, қонар тұғыры, бүкіл қазаққа ортақ мақсат үшін күресетіндей пәрмен де, дәрмен де жоқ болатын: 1822 жылғы низамнан кейін хандық жойылып, таусылып бітпейтін «санақ, этнография, жер картасы сызу, халық санын алу» сияқты таусылып біпейтін барлау экспедицияларының «ғылыми нәтижесі» арқылы бірінің мүддесі біріне қосылмайтындай етіп жіктелген, болыс-болысқа бөлшектенген «қызығы кеткен ел бағу, қызуы кеткен сөз бағу» (Абай) ғана қалған. Абайды күтіп тұрған өмір майданы осы еді. Одан басқа баратын кеңістік те жоқ болатын.
Сол кезде, көп қуғын мен сүргіннен, арандатулардың бойын арылтып алған «ояздың құпия істер жөніндегі қату кеңесшісі» Құнанбай Өскенбаев «шариғатпен, орыс ғылымымен қаруланған» Абайды өзінің қолындағы сенімді зұлпұһары ретінде «қайрап алып, қалың жауына сермейді» (Мәди). «Сол 13 жасынан былай қарай қажының жауын жаулап, бірде жеңіп, бірде жеңіліп отырады», «15 жасында-ақ балалық қылмай, үлкендерден білімі артылады. Ел ішінде жұртты ауызына қаратып, бұрынғы төрелермен билікке (дау-шарды шешуге) түсіп, әкесіне үлкен көмегін тигізді. Тұрғылас елдің жақсылары Абайды баласынбай, Абайдың сөзіне ден қоя бастады. Ол уақыттағы ең атақты адам – ел үлгі аларлық би болған. Бірақ, бидің заманы өтіп кетіп еді», – деп Абайдың жас кезіне қарата Кәкітай мен Тұрағұлдың мінездеме беретін тұсы да осы 15 пен 25 жастың арасы.
Өзі айтып, мойындап, өкінген және солай істеуге мәжбүр еткен Абайдың алғашқы араласқан ісі және ең бастысы және зауал иесі – Құнанбай мен аталас жігітек руының арасындағы, соның ішінде оның тізебасары Базаралымен арадағы жанаяспас жанкешті тартыс. Құнанбай аға сұлтандықтан түсіп, тікелей ел билігінен кеткенімен, үкіметке еңбегі сіңген хорунжий атағымен-ақ, тобықтыны тобықтай иіріп отырған және ол иірімге Абай да екпіндей кіріскен.
Демек, Абай өзінің бір жасында өткен «Мұсақұл соғысының» бейбіт майданының 25 жыл бойы жауынгері болған. «Жігітек-Базаралы» оқиғасы­ның қарымтасын қайтару барысындағы оязға жөнелтілетін мағұматтар мен рапорттарды Құнанбай тікелей Абайдың өзіне жаздырып, Абайды аралық тілмәш, аралық би ретінде іске араластырды.
Құнанбай мен Абайға қатысты өмірбаяндық деректерде бұл қақтығысты ұйымдастырушы – Кеңгірбайдың немересі Бөжей Ералыұлы деп жаңсақ көрсетіледі. Қашан дүниеден өткенше, яғни, 1846 жылғы «Мұсақұл соғысынан» бастап, 1853 жылы Құнанбай аға сұлтандықтан түсіп, Бөжей өлгенге дейінгі (1853) тартыстың басты тұлғасы Бөжей болуы тарихи шындық. Ал, Бөжей бұл дүниеден өткеннен кейінгі қақтығыстарға Байсал, Сүйіндік, Сүгір, Түсіп, Әбді, Дәркембай, Байғұлақ, пен қоса Күнту, Бесбесбай, Балағазы, Базаралы сияқты жігітектің жілікті жігіттері араласа бастайды. Базаралы ажарлы, алымды, шешен және батыр мінезді барымташы, жігітек жұртының қолбасшысы болған, кекшіл, тәуекелшіл жігіт. Жұрт ауызындағы: «Базаралының бақытын ұрлығы мен ұрғашы байлады», – деген сөз ол туралы нақты мінездеме болып табылады және тура осы мінезді өзгеге емес, Құнанбайдың өзіне көрсетеді. Ақыры «Абай жас күнінде әкесімен жауласқан Жігітектің 17 кісісі Сібірге айдалғанын көреді».
Бұл кезде Абайдың: қазақтың «әдет-салты мен …ділмәрлығын» білетін, «ақыл-ойға, шешендікке ерте ер жеткен», «ақылмен болжайтын сөз бен іске келгенде иығы озық тұратын», «біреудің тоқтатқан жерінің ар жағынан есік табатын», «біреудің «таптым» дегеніне сын көзбен қарайтын», «жеткен жеріне қанағат қылмайтын», одан асып түсуге тырысатын», «батыл, кеуделі жасөспірім» екенін ұзақ жылдар бойы Семейдегі Абай мұражайында істеген Ж.Құлбаевтың мына дерегі растайды. Бұл тәмсіл Абай мен Құнанбайдың, ел арасының психолгиясынан барынша қанық аңыс беретін болғандықтан да толық баяндап келтіреміз:
«Бұл оқиға күздің боқырау мезетінде болған екен. Тобықтының Мәмбетей руындағы Төлебай, Ибақ, Қайранбай дейтін білікті кісілерге Құнекең сәлемші жіберіп: – Аякөзден 11 қарулы солдат алғыздым. Жігітектің азаматтарын итжеккенге айдатамын. Құдаларым біраз кісімен келіп, жауымның мысын қалай басқанымды көзімен көрсін, – деп шақыртыпты. Мәмбетейлер жиырма кісі боп келіпті. Солдаттар таң қараңғысында жігітектің ауылын қамап, 17 азаматын тұтқындапты. Екі тұтқынды бір түйеге мінгестіріпті, жалғыз Базаралыны ғана жеке түйеге мінгізіп, қалаға айдап жүріпті. Тек, соның ішінде, Тұрлы деген жігітектің мойнына арқанды орап байлатып, бір солдатқа жіптің ұшын ұстатып жетектетіп, екінші бір солдатқа желкесінен найза тіретіп, жаяу жүргізіпті.
Күн ысып кетіпті. Өң бойынан тер құйылып, діңкесі құрып келе жатқан сорлы Тұрлының қасынан Мәмбетейлер өте бергенде: – Әй, Төлебай, Ибақ! Құдайдан қорық – Құнанбайдан қорық. Қайда барып күн көреміз? Ақ қой сойып, ақ бата тілескен, құдай дескен құда емес пе ек! Мына қылтұзақтан амалың бар ма?, – деп тұра қапты. Төлебай мен Ибақ – Тұрлыға да құда екен. Төлебай сөзден ұялып, казак-орыстың бастығына кеп: – Мына Тұрлыны атқа мінгізуге болмас па екен?, – десе, айдауыл мұны Құнанбайға барып хабарлапты. Құнанбай атын көлденендетіп арттағыларды тосып тұрыпты. Бетінің түгі бозғылданып, тік тұрып кеткен екен дейді. Төлебайға: – Ей, Мәмбетей балалары, осы екі көттіліктеріңді бір қоймадыңдар-ау!, – деп ажырая қарапты. Төлебай ештеңе дей алмай, тосылып қалса керек. Сонда Қайрамбай саңқ етіп: – Ей, Төлебай, Ибақ! Біз Құнанбайға келгенде осыны естиміз деп келіп пе едік! Өз қорлықтан – жат қорлық! Тарт!, – деп тұра жөнелгенде Төлебай мен Ибақ бірге кетіпті.
Мәмбетей тобы үн шығармастан 5-6 шақырым алыстағанда арттарынан шаң шығыпты. Таяғанда Абайды таныпты. Абай бұларға тоқтамастан өте шығып барып аттан түсіп, тосып тұрыпты. Мәмбетейлер жеткен соң, Абай тымағын алып, қолына ұстап тұрып Төлебайға: – Әке, бұл не қылғаныңыз, ақ жаулықтыша қашып. Не бізге кінә қойып, не мойныңызға кінә алып кетіңіз, – деп ауылына қайтып баруын сұрапты. Ибақ құдасы Құнанбаймен кетісуді ұнатпай: – Төке, Абайжандікі жөн ғой. Өскенекеңнің (Өскенбайдың – Т.Ж.) ауылындағы үлкен шаңыраққа қайта түсейік!, – деп Құнанбайдың әкесі Өскенбайдың ауылына, яғни, Зере әженің ауылына беттепті. Жолда Абай құрдасы Қайранбайға салмақ салып, райынан қайтарады. Зере әже отырған үйге түсіпті. Абай бір құлынды сойғызып, мәмбетейлердің күтімін өзі басқарыпты. Құнанбай бұлардың үстіне келмепті. Таңертең Құнанбай мәмбетей адамдарын өзі отырған үйге шақыртыпты. Жұрт жайғасқан соң:
– Төке, қартайғандығым ба, ашу үстінде аузымнан бір оғат сөз шығып кетті-ау! Жасыңыз үлкен еді. Кешірім етіңіз! Айыбыма белдеуге ат байлатып қойдым, мынау үстіңізге жапқаным! – деп, иығына жамылып отырған орман ішікті Төлебайдың иығына жауыпты.
– Жә, өзге жігітекті көлікке мінгізіп, Тұрлыны жаяу айдатуымның мәнісі бар еді. Ағайындармен араздық басталған соң, көрінеу де, көмескі де малымды ұрлады. Білсем де – білмеген, көрсем де – көрмеген боп, әйтеуір, шығынға шыққан мал ғой деп жүріп жаттым. Өзге-өзгесін қайтейін, егіздің сыңары Құсқарала деген атым бар еді. Жылқының суреті болатын. Соны осы Тұрлы ұрлап сойып алды. Жігітек ішінен күмән ұстатып, үлкен жиында би алдына салғанымда: оны жігіттер өлтіреміз – деп қорқытып, күмәнім тайқып кетті (кешірдім). Сонда осы Тұрлы жұрт көзінше:
– Ей, Құнанбай, енді менен көзіңнің құнын сұра! – деп айқай салды. Осы сөз ішіме шемен боп қатып еді, – дейді.
Осыдан соң екі жақтың да кірбіңі тарқап, Мәмбетейлер ырзалықпен аттаныпты. Тек артқыға сөзі мен зілі қалып, жігітек пен ырғызбайдың арасына сына түсіпті-міс». Делінеді.
Иә, әфсана ұзақ. Бірақ, Абайдың сол кездегі және өмір бойы шыр­ғаланған ығыр тартыстың психологиясын тап басып береді. Бірінші, Базаралының бірінші рет «итжеккенге» жер аударылуы оқиғасының ішінде әкесі Құнанбаймен бірге белсенді қатысушы, яғни, бұйрықты орындаушы болған Абай екендігі бұл әфсанадан анық аңғарылады. Екінші, ағайын арасындағы араздықтың арам тамыры – қыр қазақтарының ата дәстүріндей боп кеткен, тіпті, кейде ер жігіттің сыналатын «шыңдалу мектебі» деп саналатын барымта мен сырымта. Үшінші, ағайын ішіндегі тамыры үзілмейтін тең атаның арасындағы «ерді күнде өлтіретін» бақталастық пен күндестік. Төртінші, жеке адамдардың арасындағы қысастық пен қастандық. «Бетіме кісі қаратпаймын, ұрлықты тиямын, шариғат жолын қатаң ұстанамын, қатал, бірақ әділ жазалаймын» деп ел тізгінін ұстаған Құнанбай 25 жылға созылған арамшөпті отап кеткісі келеді. Бесінші, біз үшін ең бастысы, осы деректе, Абайдың сөз ұстап, өзіндік билік ырқына ие болып, әкесінің бетіне тура келмесе де, оның орынсыз қатал мінезі мен «неғылайынсыз» батым байламына қарсылық білдіріп, Құнанбайдың ырқынан тыс өзінше арағайындық бітім қабылдауға ұмтылған әділ би ретіндегі шешімі баяндалады. Бұл оның өміріндегі бетбұрысты мезеттің басы.
Ал, Құнанбай болса, бұл өзінің билік тұғырындағы соңғы тұяқ серпуі екенін білді. Енді, ол билік тізгінін бірте-бірте босатып, балаларына, соның ішінде Абайға ұсына берді. Ел билігін Абай қолына алған соң Құнанбай да тартыс сақнасынан сырттай береді. Оның бұдан кейінгі өмірі «тәубеге» түсе бастайды.
Құнанбай Мекеге жүрер алдында Сібірге жер аударылған 17 туыс­қанының обалын ойлағандай болып, айтқан: «Мен жасымда Алладан былай тіледім: «Өзіме бақ бер! Бақ берсең, дәулет бер! Дәулет берсең, билік бер!.. Сол үш тілегімді алдым. Әттең, сонда ағайындарымның татулығын тілесем, оны да беретін еді. Бар қазақ сөзімді ұйып тыңдағанда, бауырымдағы ағайыным қадірімді білмеді. Бауырыма кіріп, бауырымды тіліп отырды. Бая-шая қылды», – деген өкініш-өсиеті өзінің бүкіл ғұмырына берген берген бағасы да еді.
Бұл арада, әділетті қалпына келтіру үшін айта кететін бір үлкен шындық бар. Абайдың қалыптасқан ғылыми өмірбаяндарда Құнанбайға үш үлкен «заңдық айып» тағылады және Құнанбайдың Абайға таққан үш мінін – Құнанбайдың өзінің бойындағы міні ретінде түсіндіреді. Шындығында, бәрі де өмірдегі болған тосын оқиғаларға дәстүрлі заң баптарына орай қолданылған қатал жазалау шаралары еді. Тар заманның тар қыспағында тап болған бір оқиға – екінші, одан үшінші оқиғаға жалғасып, салмағына орай оның көтерер жазасын да ауырлатып, алғысынан гөрі қарғысын қоюлатып, Құнанбайды шыңырауға батыра бергені анық еді. Біз соның ішінде, Құнанбайдың қаталдығы мен әділеті араласқан негізгі үш тосын оқиғаға ғана тоқталамыз.
Құнанбайдың мойнына отыз жас мөлшерінде адам құнын арқалатқан, зұлым да қатыгез оқиға – Құнанбайдың Қодар мен Қамқаны түйенің өркешіне дарға асқызуы. Иә, бұл өмірде болған оқиға, жазаны шариғат жолымен жүзеге асырған – Құнанбай. Өте қатал да тосын үкім. Бірақ, жалғыз ұлы өлген соң жесір қалған келінінің қойнына барып, ақыры елсізге алып қашып кетіп, әуейі болған Қодардың қылмысын қалай ақтауға болады? Солардың соңынан ере кетіп, әуейілік құрған бозөкпелер мен бойжеткен қыздарға кім тиым салады. Атасы мен келінінің арасындағы қасиетті сыйласымдықты зинақорлыққа айналдырған Қодар мен Қамқаға қандай сот кешу береді? Егер мұндай бейбастаққа үкім кеспесе, қазақ жұрты азып, тозып, ар-ұяттан айрылмай ма? Бір елдің тізгінін ұстаған Құнанбай оны билер келесіне салып, ашық сот жүргізіп, жазаға тартуын қандай заң жоққа шығара алады. Бұл – қасиетсіздікке үкім, ұрпаққа ескерту, ұлттың ұятын қорғау. Ел иесі ретінде сондай шешімге барғаны үшін де Құнанбай жазықты ма?
Үрім-бұтақтың жүзіқаралық індетке ұшырамауы үшін жасалған қатал да әділетті кесім. Егер Құнанбай өзінің қатаң қимылы арқылы жастардың жүрегін тітіркендірмесе, дарға асылардың алдында қымсынудың орнына: «Соңғы тілегім – Қодарды бір иіскетіңдерші», – деп қылымсыған Қамқа сияқты қарлардың көбеймесіне кім кепіл.
Бұл оқиға мөлшермен 1835-1843 жылдардың аралығында, Абай тумай тұрған кезде өткен.
Жан ашуын шақыратын екінші бір ең бір дертті оқиғаны сұрақ қоюдан бастайық: ата мен келіннің, әке мен баланың ар ұятын, қыршында кеткен әруақтың ар-ұятын айғыздатпағаны үшін де Құнанбай жазықты ма? Бұл – қарғайтын емес, алғайтын қасиет. Үмітей мен Әмір туралы қысқа қайырайық. Қазақ жеті атаға толмай өзара қыз алыспайды. Ал Әмір мен Үмітей бір әкеден туған ағайынды екі кісінің ұлы мен қызы, Құнанбайдың өз немерелері. Ырғызбайлылығынан сескенген жұрт олардың бұл «серілігін» Құнанбайдан жасырады. Екі әйелі, бала-шағасы бар Әмірдің астамсып кеткені сондай Үмітейдің ұзатылып барған жеріндегі шымылдықтың ішін босатпайды. Бұл – басыну ғана емес, қанша Ырғызбай тұқымы, сал-сері болса да арсыздық еді. Сүйекке таңба! Бұл оқиғаны махаббат хикаясы ретінде суреттеген М.Әуезовтің өзі: «Абай Әмір мен Үмітей үшін мына жұрт өсегінен қысылып кетті… Мыналарға да, өзіне де ауыр болады-ау деп қысылу үстіне ұялып та барады», «Шолақтеректегі ел бұл келіске сұмдықтай қарады. Сол ауылдардың аталық, елдік абыройын таптағандай көрді», «Үмітей болса бұған сіңлі (анығында қызы – Т.Ж.), есепті еді. Айғыз сол өз төркінінің тойынан ашуланып қайтты», – деп емеуірін танытады. Тіпті Құнанбайдың ата жауының өзі Қаратай да: «Сені мен менің өлер күнімізде бетке таңба түсті. Сені аяғанмен айтпай тына алмадым. Өзге кімге айтушы ем!» – деп қипақтайды. Абайдың өзі: «Бұларды шариғат та қосады»,– деп арабтардың немерелес туыстарына үйлене беретінін меңзейді.
Ендеше Құнанбайдың: «Менен туған арам қан, бәдбақыт нәсілдерім мына екеуі. Жаратқан ием, я Кәрім Алла, менің қолымнан өлтіртпедің. Бендең болған бар тілегім сол болсын. Ал мына екеуін! Жібер өзіңнің ақ бұйрықты ажалыңды. Уын, зәрін өзгеге жаймай тұрғанда, жой көздерін, жоғалғырлардың!» – деп, қолының сыртымен теріс батасын беруі – сауап! Осы үшін де Құнанбай ақ некелі махаббатты қорғағаны қатыгез боп шыға ма?! Егер атасы мен келінінің, ағасы мен қарындасының әуейілігіне тыйым салмаса – Құнанбай – Құнанбай бола ма, ел билей ме? Үрім-бұтағының азғындық жолына түсуіне қалай жол беріп қояды. Құнанбайдың бұл қаталдығы – қатыгездік емес, қатал да әділ үкім!
Құнанбайға тағылған үшінші айып – «дін жолындағы құлшынысы». Соның ішінде немересі Әмірді «салалы саусақтарымен шеңгелдей қылқындыруы». Жазушы М.Әуезов бұл оқиғаны Әмір мен Үмітейдің әуейілігі тұсындағы теріс батамен қабаттаса суреттейді. Рас, Құнанбайдың «діндарлығы мен ел билеу жөніндегі ірілік, мықтылығы, алысты болжағыш ақылдылығы, мінезінің суықтығы, қаттылығы, сонымен бірге мырзалығы, намаз оқушы кедейлерге ат, киім беруі, әншейін орта қалыптағы қазақтан кесек болғандығы», «ақыл мен сөзге, келелі кеңеске билік, байлауға келгенде көпті тоқтатып, орта жүздің басты билерінің қатарындағы кісі боп саналғаны» ақиқат жайлар. Бірақ Мекеден келген соң «дүние ісіне араласпай тек жатқан», Алладан ақ өлім мен иман ғана тілеп, фәниден уаз кешкен тірі әулие Құнанбай, жат емес, туған атасы Құнанбайдың намазын бұзу үшін таңғы мінәжатқа ұйып отырғанда жынды емес – әумесер, сал-сері емес – сайтан, бала емес – қос қатыны, үш баласы бар әке – Әмір жайнамазды аяғымен баса отырып aп, «Жалаңбұт» атты көргенсіз күйді тартып, саусағын, тілін шығарып, бет-аузын қисандатып:
Сыпыра бойдақ, сылқылдақ,
Буыны жоқ – былқылдақ.
Сұлу келіншек, сұлу қыз,
Кез келсе – Әмір сылқылдат.
Сылқылдат, Әмір сылқылдат!, –
деп ән айтқан есерсоқ немересінің «алқымынан, жалаңаш мойнынан сығымдап қысып кеп буындырып, өзіне қарай сілке тартып, қинамағанда» Құнанбай не істейді!
Әмір – Біржан сал да, Ақан сері де, Үкілі Ыбырай да, Әсет те емес. Алланы, атаны, ана сүтін сыйлаудан қалған «қасиетсіз арам қан!». Сондықтан да «Қызарып атқан таңда, мынау зауал таңда… аталық қарғысын айтуы» да орынды. Қайта осыншама қорлық пен мазаққа көнген Құнанбай көмпіс, шыдамды, сабырлы жан. Жайнамазды аяғымен басу – бетіне түкірумен пара-пар басыну. Өзгеге шыдаса да азғындыққа шыдамаған жан ашуы, айтқан лағынеті!
Міне, осы үш оқиға үшін Құнанбайға қарғыс қамыты кигізілді.
Дүние аударылып-төңкеріліп түсіп отырған осы оқиғалардың барлығы да Абайдың ер жетуіне, көзқарасын қалыптастыруға тікелей әсер етті. Абайдың осы тұстағы әрекетіне: «Әкесімен жауласқан кісіге сол әкесінің салмағына жақын салмағы бар мықты жігіт, бетті, жүйрік, ер жігіт болып өсті. Қолы мен тілі жұртқа қатаң тие бастады. Сонымен қатар, аз уақыттың ішінде жұрт қанағат қылған жақсы шешен, білгіш деген кісілердің барлығын да оңайшылықпен місе қылмайтын зор көкірек, өз қайратына қатты сенген тәкаппарлық біте бастады», – деп мінездеме береді М.Әуезов.
Абай өзінің тіршіліктегі харекеті арқылы жар басына келіп тіреліп тұрған көшпелі өркениеттің бетін құрдымнан бұрып, жаһандық, империялық «араны үлкен кәпір көздің» сұғы қадалған қазақ қоғамына өзгеріс әкелгісі келді.
Сол жолда барын да, арын да, жанын да салды. Өз сөзімен айтсақ, сол жолда: «Ақылға да, ашуға да шырақ жақты», сол жолда «Өзін тым зор тұтып заманды түзетпек болды. Бірақ, Көп наданмен алысып, өзіне көмек таппады,. Әдетіне қарысып, ешкім сөзіне көнбеді. Бәрі бірдей еліріп ап, түрлерінен жан шошырлықтай болды. Кейін шегініп кекигенде, бірін де ұстай алмады». Неге? Себебі: «Өз сөзінен басқа сөзді ұқпайтын, Ауызымен орақ орған өңкей қыртың мен Бас-басына би болған өңкей қиқым, елдің шырқын бұзды». Қалай бұзды? «Жұрт барымта мен партияға құмар» боп, соның буына «бәрі мас болған», «сыпыра елірме, сұрқия, көп пияншік ештеңені ұқпады». Себебі: «Татулық пен тыныштықты – Қорлық көрді, кемдік көрді». Керісінше, «Ұрлық пенен қулықты – Қызық көрді, өңі енді». Не үшін? Өйткені:«Мал мен бақтың кеселі – ұя бұзды», яғни, бақ, тақ, байлық үшін бәсекеге түсіп, елінің шырқын, бірлігін «ұясын бұзды».
Сөйтіп, 1865-1877 жылдардың арасында Абай өзінің:
Жасымда албырт өстім, ойдан жырақ,
Ақылға ашуға да жақтым шырақ, –
дейтін ең салбурынды кезеңіне қадам басты.
Абай ел билігіне араласқан кезде тобықты елінің ішкі-сыртқы беделі, яғни, әкесі Құнанбайдан қалған негізгі «мұра» қандай еді? Ол туралы Семей облыстық басқармасының Дала генерал-губернаторына берген «Семей облысының ішкі жағдайына шолу» атты жылдық есебіндегі мына мәлімет толық мағлұмат береді: «Тобықты руы мен Қарқаралы уезіндегі қазақтар өзге облыстың уездеріндегі қазақтарға қарағанда… өздерінің тағылық әдеттерін (барымтаны айтып отыр – Т.Ж.) бұрынғыға қарағанда азайтқанымен де, көршілеріне күш көрсетуін тастаған жоқ. Өздерінің көрші облыстарына (Жетісу, Сырдария, Ақмола) барымтамен жорыққа аттанып, мал ұрлау – олардың күнделікті үйреншікті ғадеті. Әрине, көршілері де есесін жібермейді, олар да тиісті қарымтасын қайырады. Облыстағы 85 болыстың ішінде, талан-тараж бен барымта тұрғысынан алғанда, тобықтының төрт болысы ең атақтысы болып табылады», яғни:
Ел бүлігі тобықты,
Көп пысыққа молықты…
Қазақтың малын сапырып,
Көп бәлеге шатылып,
Кесепатқа жолықты.
Өзінен шыққан жақсылар,
Түзей алмай зорықты.
Ел ішіндегі жағдайды осылай мысқылға алған Абай, тура жиырма жасқа жеткенде сол «ең атақты төрт болыстың» ішіндегі ең атақты болыстың өкілетті өкілі (болыстыққа кандидат, бүгінгі ұғыммен, орынбасар) міндетін атқарды. Сол кезде «Абай от тілді, шешен, халық өмірі мен әдет-салтын, қазақ даласындағы атақты билердің әр істі шешкендегі төреліктерін жақсы білетін ділмәр атанады. Өзінің білуге құштарлығы мен зерделігінің арқасында, қазақтың ғұламаларының халық аузындағы сөздерін, мақалдарын, ертегілер мен нақылдарын меңгереді. Абай «Әкесінің жолын қуып, Россияға бет бұрады. Ендігі жерде ел билеу, қызмет істеу, зор атаққа ие болу, биік мақсатқа жету тек патша чиновниктерінің қыбын табу арқылы ғана болатынын, ол үшін орысша оқу, хат тану – осының бәрінің қажеттігін өзге феодалдардай емес, алыстан болжап білді».
Ол қалай «болжап білді» және қалай қылмысы дәлелденбейтін «қылмыстыға» айналды? Сонымен: Абай «саналы өмірінің 18 жылын ресми ел билігіне арнады.12 жыл – болыс, 6 жыл – би (старшын – Т.Ж.) болды. Ол 1866 жылдан бастап Күшік-тобықты елінде болыстық қызмет атқарды. Мұны, 1866 жылы 30 маусымда және 13 шілдеде Абайдың: «болыс басқарушысы Құдайберді Құнанбаевтің (қазір марқұм болған) Сергиополь округтік приказына жолданған жауабына» қатысты жазып, соңына: «Болыс басқарушысы И.Құнанбаев, хат жүргізуші В.Иванов» деп қолы қойылған» рапорт толықтай растайды. Демек, дүниеден өткен ағасы Құдайбердінің міндетін Абай сайлаусыз, тағайындаусыз заңды түрде жалғастырған, яғни, толық болыстық құқыққа ие болған. Бұл деректі Тұрағұл Ибраһимұлы Құнанбаев өзінің «Әкем туралы» атты естелігінде: «Менің әкем 20 жасында Құдайберді деген ағасына кандидаттыққа бір сайланған екен. Құдайберді өлген соң араз жағы жасы толымсыз деп көрсетіп, түсіп қалған екен», – деп растайды. «Қыр ережесі» («Степное положение») бойынша, болыстың жасы 25-тен, бидің жасы 35-тен кем болмауы керек. Соны білген Құнанбай, Тәңірбердіні –25, Абайды – 24, Ысқақты – 23 жасқа келді деп ауылдық есеп кітапшасына тіркетіп қойған еді. Демек, Абайдың нақ жасы, арызда көрсетілгеніндей, болыстық міндетті атқаруға сай келмейтін. Бұл кезде Құнанбай Өскенбаев сол Күшік тобықты елінің заңды түрде сайланған биі еді. 1866 жылы 8 шілде күні ояздың атына: «Күшік тобықты болысына жаңа болыс сайлауын Абай Құнанбаев қасақана өткізбеді» деген арыз түседі.
Сөйтіп, қызметтің дәмін толық татпай жатып 1867 жылы ақпанда, яғни, жиырма екі жасында Абай тұңғыш рет жауапқа тартылады. Барлық оқиғаның себепті себебі анықталған соң, қылмысты іс тоқтатылады. Ол осы жылдары биліктің талысты тартысын ғана емес, өмірдің талқысын да басынан кешті. Болыстықты тізгін ұшынан жалғастырған туған ағасы Құдайберді 1866 жылы «ұзаққа созылған сырқаттан» қайтыс болды. Өзінің айтуынша, «жанына батқан ең жас өлім» (әрине, балаларының қазасын көргенше) осы болыпты. Бұған ілесе одан да жас өлімді – інісі Халиолланың өлімін көрді. Құнанбай Абайды оқудан шығарып алғанда онымен: «Кейінгі балаларыңды оқыт» деп уағдаласқан сөзі бойынша Халиолланы орысша оқытады. Қара қазақтан шыққандарды оқуға қабылдамайтын болғандықтан да, Құнанбайдың аға сұлтандық лауазымы туралы куәлік алдыртып, Омбының кадет корпусына түсіреді. Сол Халиолла ерекше қабілетті, өжет, білімқұмар, талапты жігіт боп өседі. Оқудан қайтар жолда Құнанбайдың құдасы Тінібайдың немересі Айғанымды алып қашады. Ұсталып, сотқа тартылып, қыз құсадан өледі. Халиолла барша туысына, некелесуге батасын бермеген Құнанбайға да, Абайға да өкпелеп, Шыңғысқа соқпай Омбы шаһарына кетеді. Әбіш Жиреншиннің жазуынша: «Омбыға… сол барғаннан қайтпай науқастанып (естеліктерде құсадан) қайтыс болған. Өлер алдында Халиолла ата-бабасының тарихы мен өз өмірінен ұзақ өлең жазып кетіпті. Жоқтау айтқан әйелдер сол өлеңді дауысқа қосып айтқан көрінеді. Құнанбай Халиолланың сүйегін қос аттың ортасына салдаулатып маталған сырықпен алғызады. Сүйек келгенде Зере бәйбіше Халелдің заттарын немерелеріне өз қолымен үлестіріп береді. Сонда өзге немерелерінің біреуі – қылышын, біреуі – белдігін алып, таласып жатқанда, Абай үндемей қарап тұрады: «Қарағым, Абайжан, қайсысын аласың?», – дегенде: «Әже, маған анау үйіліп тұрған кітабын беріңіз», – деп зат алмай, ғылым, әдебиет жөніңдегі кітаптарын қалап алады.
Абай 1866-1869 жылдардан кейін, араға үш жыл үзіліс салып барып 1872-1874 жылдардың арасында екінші рет болыс болған. Ал, кей деректерде айтылып жүргеніндей, 1869-1871 жылдарда болыстық қызмет атқарғандығын айғақтайтын архивтік документтер әзірге ұшыраспады. Сонымен, үшінші рет Абайдың 1872-1874 жылдар арасында болыс болғаны анық. Алайда, алғашқы екі кезектегі болыстықтан көрген пәле-жалаға бойы түршіккен Абай келесі сайлауда бас тартады. Оның үстіне, тергеу астында болған айларында «Абай ұлық атаулының талайын көріп, адвокаттармен де, тілмәштармен де, заң қызметкерлерімен де танысып, олардан: қыр тартысын ұлық пен заң шеңберіне қалай үйлестіруге болады, ұлықтың өзімен қалай арбасуға болады, заңның қандай бүркеншік баптары бар, соның барлығын сұрап, түсініп, енді соны жүзеге асырудың амалын да қарастырады. Сол орайда қалыс қалған орыс тіліне қайтадан оралып, кітапханаға барады. Бұрынғы азды-көпті білгенін есіне түсіріп, орыстың тілін жаттайды. Қалада жатып азын-аулақ тіл білген соң, кітап оқуға кіріседі. Ендігі өміріндегі үлкен орынды кітап алады. Бір жағы – ел сөзі,ел жұмысымен жатса, екіншсі, Семейдегі қала кітапханасының кітаптары үшін де Семейде қысқы айларда ұзақ уақыт жатып, өз-өзінен қармана бастайды. Құнанбайдың оны «орысшыл деуі Абайдың өз басына іс түскенде «ұлықшыл» болғанын көрсетеді.
Мұндай ғылым мен танымның ләззатынан бас тартудың өзі де қиын. Сондықтан да, ел билігінен бойын қашық ұстауға тырысуы табиғи. Бірақ, биліктің де өзіндік құштар-құшыры бар. Мұның үстіне, бұл кезде Қоңыр-көкше болысындағы «партия тартысы» ушығып, қағанағы жарылып кеткен уытқа айналып еді. Оған Абайдың өзінің тергеушіге берген: «Мен Арқат (бұрыңғы Қоңыр-көкше-тобықты) болысының басқарушысы міндетін көпшіліктің сайлауы бойынша атқардым. Мен Күшік-тобықты (қазіргі Шыңғыс) болысының адамы едім. Алғашында халықтың өтінішімен және арнайы талап етулері бойынша Арқат болысының басқарушысы етіп бұйрықпен тағайындалдым. Сол жылы көпшілік емес, бүкіл ел бір ауыздан мені болыстыққа сайлады. Мен бұл қызметте 1875 жылдан 1878 жылға дейін істедім. Семей облыстық әскери губернаторы қол қойып, бекітті. Үш жылдық мерзімім біткен соң болыстықтан бас тарттым. Көпшіліктің рұқсаты мен ризашылығын алып, қызметтен босадым», – деген түсінігі толық растайды.
Міне, осы тұста, 1876 жылы Қоңыр-көкше болысының дәулетті қазағы Үзікбай Бөрібаев Абайдың үстінен арыз жазады. Оны бірден Омбыдағы корпус жандаралына тікелей жолдайды. Бұл тергеу бірде асқынып, бірде басылып отырып, тура 8 жылға созылған. Арыз бен тергеу екпіні Тобықты ішіндегі саяси-рулық һал-ахуалға байланысты бірде екпіндеп, бірде саябырлап отырады. Семей облыстық басқармасының жалпы іс бөліміне жоғарыдан кеп түскен тергеу қарқыны бастапқыда пәрменді жүргізілген. Біз бір-ақ жүлгені қаперге алып, тұжырымды тұстарын ғана, Абайдың шын мәнінде жазықсыз екендігіне көз жеткізу үшін ғана назарға ұсынамыз. Арыз алғаш түскенде Абай сол Қоңыр-көкшенің болысы болатын.
Бұл істің мән-жайының қысқаша мазмұны былай: Семей уезіне қарасты Қоңыр-көкше-тобықты болысының қазағы Үзікбай Бөрібаев 1876 жылғы 21 қыркүйекте генерал-губернатор мырзаға Қоңыр-көкше-тобықты болысының басқарушысы Ибраһим Құнанбаев пен ауыл старшыны Мұса Аюбаевтың үстінен жазған арызының мазмұны мынаған саяды:
Бірінші: болыс басқарушы Ибрагим Құнанбаев Күшік-тобықты болысының адамы. Ендеше, Қоңыр-көкше-тобықты болысын неге Ибрагим Құнанбаев билеуі тиіс? Соңғы болыстағы 2 000 адамның ішінен лайықты болыс сайлауға әбден болар еді. Екіншіден: Ибрагим Құнанбаев старшындар мен билердің мөріне заңсыз иелік етіп, әр түрлі жарлық пен үкім шығарып, оған рұқсатсыз мөр басады. Үшінші, оған № 9 ауылдың, старшыны Мұса Аюбаев көмектесіп отырады. Мұны растап бес елубасы қолхат береді. Төртінші, Құнанбаев пен Аюбаев елден сый-сияпат, яғни, пара алған: Нұрлыбай Қодаспаев – бағасы елу сом тұратын дөнен жорға силаған; Көжекбай Жанатаев – бағасы 45 сомдық бір түйе, 40 сомға бағаланатын бір жылқы; Бейсен Телебаев – 15 сомға бағаланатын бір бие; Қабыл Шағырбаев – 20 сомға бағаланатын бір бие; Лаубай Тойғұлов – біреуі 50, екіншісі 45 сомға бағаланатын екі ат; Қиясбай Ибенов бағасы – 25 сомдық бір айғыр; Боран Биболов – бағасы 60 сомдық бір ат берген. Аты аталған адамдар жоғарыдағы жайларды ант бере отырып растауға әзір. Бөрібаевтың өзіне белгілі дерек бойынша Құнанбаев пен Аюбаевтың алған мал-мүлкінің құны 3511 сом 44 тиын. Бесінші, Құнанбаев әрбір сияз сайын елден 140 бас қой жиған. Алты рет өткізілген сиязда жиыны 840 бас қой алынған. Өзінің арызын осылай аяқтай келіп, Бөрібаев соның барлығына Мәртебелі Мырзаның назарын аударып, заңсыздыққа тиым салу үшін Қоңыр-көкше-тобықты болысының басқарушысы Ибрагим Құнанбаев пен № 9 ауылдың старшыны Мұса Аюбаевтың қылмысты әрекеттерін тексеру үшін тергеу жүргізуді сұрайды. Бұл екі арызға қоса: «1876 жылдың 2 желтоқсаны күні: Біз, Қоңыркөкше-тобықты болысының № 9 ауылының, ақсақалдары, барлығы 30 қазақ таңбаларын басқан, мөр қойған.
Семей әскери генерал-губернаторы Семей уезінің бастығы болыс Құнанбаевты қалаға шақыртып, мырзақамақта (каталажкада, гаупвахта) ұстайды. Тергеушінің сұрағында Ибраһим Құнанбаев арызда айтылғандарды жоққа шығарып жауап береді (Бұл жауап әр тергеу сайын қайталанатындықтан да, біз ең соңғы нұсқасын істің соңғы шешімі тұсында назарға ұсынамыз).
Арызды әуелі – болыс, содан кейін биле кеңесі қарайды. Істің мән-жайын толық білетін қазақы ортаның бопсасы мен ояздың қысымына шыдамаған Ү.Бөрібаев шындығына көшеді. Ол: Қазақтарға арыз жазып беретін Семейдегі бір орысқа (адвокатқа) жолығып, одан көмек сұрадым. Ол маған арызды тура Генерал-губернатор мырзаның өзіне тікелей жолдауға кеңес береді. Қайсысына жазса да ақыны бірдей алатынын айтты. Мен соған келістім – дейді. Алайда, тергеуші арыздың мән-жайымен толық таныстырған кезде Бөрібаев: Абайдың пара алғаны туралы арыз жазушы адамға ештене айтқан жоқпын. Тек қана сияз кезінде келген адамдарды тамақтандыру үшін болыстың мал жинайтынын айттым. Ал өзге айыптауларды арыз жазушы адвокат: Үлкен лауазымды адамның назарын аударасың – деген желеумен старшын Аюбаевты қосып жіберді – деп мойнына алмайды. Міне, Абайдың:
Құтырды көпті қойып, азғанасы,
Арызшы орыс – олардың олжаласы.
Бірде оны жарылқап, бірде мұны,
Қуды ұнатты-ау Семейдің бұл қаласы, –
деген өлең жолдарынығ астарында осындай өмірлік шындық жатыр еді.
Ақыры, тергеуде жауапқа тартылған 37 қазақтың бірде біреуі Бөрібаевтың куәлігін растамайды. Керісінше: Бөрібаевтың арызындағы айтылғандардың барлығы жала, олардың заңға қарсы іс-әрекеті болуы мүмкін емес – деп жауап береді. Тергеуші онымен де шектелмей, әр старшындағы 600 қазақтан жауап алады, бірақ олардың бірде біреуі Бөрібаевтың арызын қостамаған. Ал, Ибраһим Құнанбаев, шағым иесінің айтқандары өтірік екенін, сондықтан да жалақорлығы үшін және ел арасына іріткі салғаны үшін Бөрібаевты жауапқа тартуды – өтінеді.
Семей уезінің бастығы: тергеудің қорытындысы туралы Губернаторға (Істің анық-қанығын білу үшін ұзақ та болса толық беруге мәжбүрміз): «Осы уақытқа дейін Қоңыр-көкше-тобықты болысына сайланған бірде бір болыс өзінің 3 жылдық мерзімін толық өтеп көрген жоқ. Мысал үшін өткен 1872-1874 жылдардың арасындағы үш жылды алып қарайықшы. 1-боп Уандық Алатаев сайланды, ісі сотқа берілді. 2-боп Итбай Қуандышев сайланды, ол да жауапқа тартылды. 3-сайланған Дүтбай Уандықов та сотты болды. Жүсіп Қожамқұлов орнынан алынды. Ақыры бұл 3 жылдықты бесінші болыс Жүзжасар Қарымбаев аяқтап шықты. Бұлардың барлығы да осы болыстың қазақтарының жалақорлығынан, күндестігінен сотқа тартылды, бірақ та бәрі де соңынан ақталып шықты. Мұның себебі: ел арасындағы беделі бар адамдардың өздері болыс болғысы келді немесе жаңа сайланған болыспен (Абаймен – Т.Ж.) өш болды.
Қазір бұл болыста сотқа тартылған бірде бір адам жоқ. Осындай берекесіздікті болдырмау үшін бұрынғы ояз бастығы Измаилов басқа болыстың өздері ұнатқан бір адамын болыстыққа таңдауын өтініп, өзі бұл орынға өзі де өзгелер де жақсы білетін Ибрагим Құнанбаевты ұсынды. Ол өте зерек, ақылды адам болатын. Бұл жағынан алғанда Измаилов көрегендік танытты. Қоңыр-көкше-тобықты болысының халқы Измаиловтың ұсынысын бір ауыздан мақұлдап, бұрынғы Күшік-тобықты болысының есебінде тұрған Құнанбаевты Қоңыр-көкше-тобықты болысына басқарушы етіп сайлады. Құнанбаев болыстық еткен екі жарым жылдың ішінде бұл болыс үлгілі тәртібімен көзге түсті. Оған дейін күн сайын барымта қақтығысы өтіп, кісі өлімі жиі болатын. Ал соңғы жылы Құнанбаевтың арқасында бірде бір адам тергеуге тартылмады.
Бізге Бөрібаевтың атынан арыз келіп түскенін білген соң Құнанбаев өзін болыстықтан босату туралы өтініш берді. Ол басқа болыстың кісісі болғандықтан да, басқарудың өте қиындығын айтты. Біздің қолқалауы-мызға байланысты қызметін одан әрі жалғастырған еді. Бөрібаевтың генерал-губернатор мырзаға арыз жазғанын естісімен болыстықтан босату жөнінде тағы да өтініш берді. Оның бұл әрекеті – Бөрібаевтан қорыққандық болып шығатынын дәлелдеген соң барып, арызын қайтып алды.
Бөрібаевтың арыз беруінің түп төркіні мынау: болыстың ішінде рулық тартыстар өтe қатты, сондықтан да әр партия өзінің адамын сайлағысы келеді. Ал Құнанбаевтың қызметтен өзінің бас тартып жүргенін білмейді. Олар алдағы уақытта өткізілетін сайлауда Құнанбаевты қатыстырмас үшін Бөрібаев арызды әдейі жазған. Арыздың барысында Құнанбаевтың ісі сотқа тартылып, тергеуге алынады да, үш жылға сайланатын болыстықтан айырылады деп есептеді. Ол тек уездегі ғана емес, бүкіл облыс көлеміндегі ең үлгілі болыс. Қоңыр-көкше тобықты болысына басқаруға келісім беруі – тек өзгелерді сыйлағандығынан ғана. Ал Бөрібаевқа келетін болсақ, оны қызмет бабындағы адамға өтірік арыз жазып, жала жапқаны үшін жауапқа тарту керек», – деп мәлімдеді .
Мұның мәнісін Абайдың: «Үш жылға болыс сайланады. Әуелгі жылы: «Сені біз сайламадық па?» – деп елдің бұлданғанымен күні өтеді. Екінші жылы кандидатпен аңдысып күні өтеді. Үшінші жылы сайлау жақындап қалып, тағы болыс болып қалуға болар ма екен? – деп күні өтеді», – деген сөзі толық аңғартады.
Тергеудің қорытындысы № 560 қатынас арқылы Семей әскери губернаторына жолданды. Онда: «Бөрібаевтың жалған айып тағуы қазақтардың өз арасындағы қырқылжыңның кесірі. Зады, Құнанбаевқа қарсы партияның қастандық әрекеті болу керек…» – деген тұжырым жасалды. Абайдың:
Орыс айтты: «Өзіңе ерік берем» – деп,
«Кімді сүйіп сайласаң, бек көрем» – деп.
Бұзылмаса оған жұрт түзелген жоқ,
Ұлық жүр: «Бұл ісіңді кек көрем» – деп, –
деген өлең жолдарының шындығы, міне, осында жатыр.
Сонымен, 1876 жылдың шығысы мен 1877 жылдың кірісі арасындағы өліара кездегі тергеу толас табады. Бірақ ол алдамшы саябыр еді.
Келесі болыстық сайлау алдында арыз бұрынғыдан да еселеп жазылады. Семей уезінің бастығы 1878 жылы 17 март күні Үзікбай Бөрібаевтың арызы бойынша іс жүргізген тергеушінің қойған сұрақтарына бұрынғы болыс Ибрагим Құнанбаев:
«Мен Арқат (бұрыңғы Қоңыр-көкше-тобықты) болысының басқару­шысы міндетін көпшіліктің сайлауы бойынша атқардым. Мен Күшік-тобықты (қазіргі Шыңғыс) болысының адамы едім. Алғашында халықтың өтінішімен және арнайы талап етулері бойынша Арқат болысының басқарушысы етіп бұйрықпен тағайындалдым. Сол жылы көпшілік емес, бүкіл ел бір ауыздан мені болыстыққа сайлады. Мен бұл қызметте 1875 жылдан 1878 жылға дейін істедім. Семей облыстық әскери губернаторы қол қойып, бекітті. Үш жылдық мерзімім біткен соң болыстықтан бас тарттым. Көпшіліктің рұқсаты мен ризашылығын алып, қызметтен босадым.
Қазақ Үзікбай Бөрібаевтың: Таймақ көлді тартып әперді, – деген жаласын мойындамаймын, өзімді кінәлімін деп санамаймын. Мен болыстық қызметіме кіріскен кезге дейін бұл жерге ешкім иелік етпейтін, жергілікті халықтың бәріне ортақ, бос жер болатын. 1876 жылы қазақ Мұса Аюбаев, онымен менің ешқандай туыстық жақындығым жоқ, маған келіп қыстаулық жер сұрады. Соған орай мен өзімнің болыстық міндетімді пайдаланып, оның бұл өтінішін ел сайлаған билердің сиязына айттым. Олар Таймақ көлді берді, бұл шешім жарлықтарды тіркейтін журналға жазылды. Менің бұған тікелей қатысым жоқ. Болыстық міндетін атқарған мерзім ішінде ешкімнен ақшалай да, малдай да пара алғамын жоқ. Оны Арқат болысының билері берген шешім дәлелдей алады. Егерде мен жалған приговор жазып, не өтірік шешім шығарсам, онда қандай да болмасын сол приговорлар заттай айғақ, қылмысымның дәлелі ретінде осы іске тіркелген болар еді ғой. Тіпті, өзге-өзге, айыптаушының өзі сол жасаған приговорлардың біреуін арызына қоспай ма. Егер де мұндай заттай айғағы болмаса, онда таққан айыбы өз-өзінен өтірік боп шығады емес пе.
Сияз кезінде ешқандай сойысқа қой жинаттырғам жоқ. Сияз өтіп жатқан кезде тамақ үшін қойды көпшіліктін өзі сойған. Сияз тұсында қанша қой сойылды, білмеймін, оны санап жүргем жоқ. Қалай дегенмен де, Бөрі­баевтың арызындағыдан әлдеқайда аз болуы керек. Қызмет бабын жеке басымның пайдасына шешіп, халықтан пара алмадым. Егер де дәл соны істегім келсе, маған ешкім де ештеңе демес еді. Өйткені мен бөтен адаммын, оның үстіне менің орныма сайланған болыс ондайға жол бермес еді.
Өтіп бара жатқан жас солдаттардың тобына арнап қой жинағаным рас. Ұзын саны 300-дей. Ол қойлардан түскен ақшаға киіз үй мен отын сатып алдық, одан қалған қаражатты болыс басқарушысы Шымырбай Биболовтың қолынан қолхат алып, табыс еттім.
Үзікбай Бөрібаевтың ауылына ешқашан барған емеспін және татула­сайық деп сөз салған емеспін. Өйткені, Бөрібаевпен ешуақытта іс басты боп көргемін жоқ, сондықтан да араздықтың болуы мүмкін емес.
Таймақ көлді қайтарып беремін деп уағдаласуым қисынға келмейді, өйткені мен болыстықтан кетіп қалдым, ондай билік менде жоқ.
Керісінше, уезъ бастығы тергеу жүргізген соң оның өзі маған келді. Әңгіменің ішінде Әлжан болысының биі Қаратай Жалбин мен Қожакен және Шыңғыс болысының қазағы Байқұлақ Базиев бар, солардың көзінше кешірім сұрап, жалған айып таққанын мойындады. Мен Бөрібаевтың бұл сөзіне: «Егер де шын жүрегіңмен кешірім сұрағаның рас болса, онда сені арыз жаз деп арандатып жүрген адамның атын ата. Өйткені, сен Бөрібаев, мойны жуан біреудің қолшоқпары болып отырғаныңды білемін. Сенің өзіңнің маған жауласуың мүмкін емес, тым құрығанда бетпе-бет келіп көргеміз жоқ», – деп жауап берді. Зады, Абайдың:
Жаны аяулы жақсыға қосамын деп,
Әркім бір ит сақтап жүр ырылдатып, –
дегендегі мекзегені осы Ү.Бөрібаев болса керек-ті.
Иә, Абай: «Арыз жаз» – деп арандатып, «ырылдатып ит сақтап жүрген» адамның атын білетін. Үзікбай Бөрібаевтың арызы 1878 жылдың шілде айында тағы да жабылады да, 5 жыл қайта қозғалмай жатады. Бұл – судың бетіндегі ғана тыныштық еді. Ал Шыңғыс елінің ішіндегі су асты ағысы буырқанысқа толы болатын. Енді:
Барып келсе Ертістің суын татып,
Беріп келсе бір арыз бұтып-шатып.
Елді алып, Еділді алып есіреді,
Ісіп-кеуіп, қабарып келе жатып, –
дейтін Үзікбайлар бұта түбін қалқалап қалды да, оның орнына қыр көкжалдары өзіне үйреншікті ру майдандарына ашық шықты.
Бұл аралықта Жігітектің жігіттері де жетіліп, атқамінер атанады. Күнтудың да ішкі-сыртқы шарттары түгелденіп, Құнанбай ұрпақтарымен, оның ішінде Абаймен жағаласуға жарап қалады. Өмірлік әлеуметтік шындыққа келсек, аға сұлтан әрі қажының тұқымдары да, оның ішінде Абайдың өзі де соған қақпайлап алып келді. Тобықтың үш болысын бірдей билеп-төстеген Құнанбай ұрпағының ішінен билік тізгінін ұстамаған: «Бәкем (Құдайберді – Т.Ж.) баласы еді. Ендігі болыстықты соның тұқымына беремін», – деп Абай інісі Шәкәрімді болыс қояды.
Сол арада Итжеккенге айдалып кеткен Базаралы қайтып оралып еді. Кектенген кекшілдің: «Көрешегіңді көрсетемін Құнанбай тұқымы» – деп кәрленіп келгені анық. «Сонымен, Бөжей заманынан бергі жаулықты мықтап ұстанған Базаралы Сібірден қашып келеді. Күнтудың болыстығына сеніп, орайы келсе ескі кегін қуып көрмек боп келеді. Осы сияқты әр алуан түрде құралып келген уақиғалар алыстың (тартыстың – Т.Ж.) түйінін шиелендіре түседі. Тартыс – қырда да, ойда да қозады». Базаралының аянбас майданының кесірінен «алты ай мырзақамақта» болған Абай да ашынып, тиянақты дайындалып шықты. Абай, енді «бұрынғыдай тең түсемін деген ойды ойламайтын болды… Жауласқан елге істейтін «емінің» бірі – қаттылық, аямайтын, шошытып жіберетіндей ірі кек болуы» тиісті деп шешті. «Сондықтан да, Абай ашу мен қаттылыққа шырақ жақты. Бойына қуат кіріп, елді меңгеріп ала бастаған сайын қырына алған кісіге бөрідей тиді. Бұл істері ел ортасында қыр құралымен (қазақы әдет-ғүрып жолымен – Т.Ж.) бір іске асса, ойда орыс ұлығы арқылы тағы да сол бетпен өркендей береді». Яғни, «Жау жағадан алғанда, Жан көрінбес көзіме», – деп, «көзіне жан көрінбейтіндей» қаһармен кіріседі.
Оқиға 1874 жылы, яғни, Құнанбай Меккеге кеткен жылы өршиді. Тергеу ісі жүріп жатқан кезде «Абай Итжеккенге айдалатын болыпты» – деген дақпыртқа нанған Базаралы Абайдың Тәңірберді деген туған ағасының бір қос (800-850) жылқысын барымталап алады. Талап алумен ғана шектелмейді, Қарауыл өзенін жоғары-төмен қоныстанған жігітек жұрты топты жылқыны (екінші деректе – 1 000) бір түннің ішінде сойып алады. Абай да облыстық басқарманың өзін ақтау туралы шешімімен қуаттанып, есе қайыруға шұғыл кіріседі. «Күнтуды өтірік шағымдары үшін болыстықтан түсіріп, орынбасарын сайлатады… Тәкежанның әр жылқысына екі бестіден төлеу кестіреді. Тәңірбердінің шығынынан кірісі асып түседі. Бірақ соған орай Жігітек тегіс кедей боп, тұралап тұрып қалады. Сол жылдары көшуге жарамай, қыста-қыстау басында ошарылып жатақ боп отырып қалады».
Ашынған Базаралы мұнымен де шектелмей екінші рет жығынды болады. Базаралының туысы Әбдінің қызы Зағипа Абайға хат жазып, бас бостандығын алып беруді өтінеді. Ушыққан оқиға да Базаралының қатысуымен аяқталады. «Екі жақ жасанып ұрысып, найзаға адам шаншылып, қан шығарысып қалады». «Найза ұстаған батыр, сері әрі сұлу, әрі тілді шешен, барымтаға тақымы мықты ірі жігіт, «ұры да емес, ұры емес те емес» – деп жүрген Базаралы мен Нұрғанымның жаманаты Абайды бұрынғыдан да қатты ызалы араздыққа бастайды.
Сол заманда «Тобықты ішінен сырт елге аттары мәлім болған» төрт-ақ адам болған. Ол – Құнанбай, Бөжей, Базаралы және Абай. Абай – Базаралыны жауапқа тартып, біреудің 850-ге тарта жылқысын бір түнде қырып салғаны және ұрыға тиым салам деген уәдесінде тұруы үшін оны екінші рет итжеккенге айдатты. Базаралыны түйеге мінгізіп қалаға әкетіп бара жатқанда, Абай келіп һалін сұрапты. Сонда Базаралы:
– Жаздыкүні қолшатырдай кемеге мені мінгізген сенде не арман бар, менде не һал бар, – депті. Кейін Базаралы шау тартқан шағында ақыл тоқтатқан Абай кешірім сұрамақ боп сәлем бере барады. Абай сөз арасында:
– Орысша үйрендіңіз бе, Базке?, – деп қалады. Сонда Базаралы:
– Е, шырағым-ай, өзімнің көкмилығым болмаса, тәуір-ақ тіл білетін жерге жібердің ғой, – депті. Қысылған Абай:
– Базеке, мынау атыңды өзің кетерде тасқа байлап кеткенбісің, неткен жақсы, күйлі, – дегенде:
– Е, бір қысырақты астына мініп жүрмеген кісі жігіт пе, тәйірі, – дейді өзінің Нұрғаным үшін де жазаланғанын меңзеп.
Тосылып қалған Абай сыртқа шыққан соң: «Қайран, Базекем-ай. Кешпеген екен ғой», – депті.
Абай Базаралының барымталаған жылқысының құнын орыс әкімшілігіне бергізбей, тоғай бойындағы уақ пен бура найманның билеріне кесім жасатады. Ол кесім – Жігітекті жұтатып кетті.
Кейін басына бұдан да ауыр іс түскенде Жігітектен кек қайырмақ болған ағайын-туысқа Абай: «Мен алғаш атқа мінгенде, Жігітектің дәулеті де, дәурені де өзімізбен тең, жайы келсе артықпыз деп жүрген ел еді. Солардың қанша жандарының айдалып, байлануына, бірінің артынан бірі барамын деп, шұбап жүріп бейнетке, қазаға ұшырауына себеп болған шығармын. Рас, өздерінің ұрлық, зұлымдықтарынан да болған шығар, бірақ, менің қатты зәрленіп соңына түскенімнен де болды», – деп өкініп, осы оқиғаны есіне алған. Ал бұл тұста, Бөжей-Құнанбай, Базаралы-Абай арасындағы 40 жылға созылған қақтығыс өзінің шырқау шегіне енді ғана бет алған еді.
Оның өмірінің бұл он жылы:
Ендігі жұрттың сөзі – ұрлық-қарлық,
Саналы жан көрмедім сөзді ұғарлық.
Осы күнде осы елде дәнеме жоқ,
Мейір қанып, мәз болып қуанарлық, –
деген өкінішті нәтижемен аяқталды.

Тұрсын ЖҰРТБАЙ

Жалғасы келесі санда.

Пікір қалдыру