АЛҒАШҚЫ ХАЛЫҚ АҒАРТУ ИНСТИТУТЫ

Оразгүл Мұхатова

Қазақстан Республикасы Қызылорда облыстық мемлекеттік архивінде Қазақ халық ағарту институтының құжаттар қоры жинақталған. Қордың негізгі құжаттарына – ағарту институты президумы, өлкелік оқу орындары президумы кеңесінің, халыққа білім берудің мектеп кеңесі, мәжілістерінің хаттармалары, Қазақстан халық ағарту институты туралы ереже, оқу-өнді­рістік жоспарлар, оқытылған пәндер бағдарламалары, пәндер бойын­ша оқу-жұмыс жоспарлары, пәндерді оқыту әдістемесі бойынша бағ­дар­ла­малар, социалистік жарыстар бойынша келісім-шарттар кіреді. Мұнда құнды құжаттар да сақталған. Осы архив деректері бойынша 1920-1930-жылдардағы Қазақ халық ағарту институтының (деректерде орыс тіліндегі атауының аббревиатурасы қолданылады, яғни Казахский институт народного образования – КИНО) қызметіндегі назар аударарлық оқиғалар мен үрдістерді зерттеу – жаңа форматтағы Қазақстан тарихын дайындауда көкейкесті мәселелердің бірі.

Қарастырылып отырған кезеңнің деректік базасын Қазақстан Республикасы Қызылорда мемлекеттік облыстық архивіндегі 4-ші қор, яғни Қазақ Қызылорда ағарту институтының құжаттары құрайды.

Қазақ халық ағарту институты 1919 жылы арнайы орта оқу орны ретінде Орынборда ашылып, өз жұмысын бастады. Бастапқыда оқу орны «Қырғыз халық ағарту институты» деп аталды. Оқу орны жетіжылдық қазақ және ауылдық мектептеріне мұғалімдер даярлады, 1921 жылы институтта 140 студент білім алды. Оқу жоспары және білім беру бағдарламалары бойынша сабақ тек қазақ тілінде жүргізілді. Партия және совет органдары институттың материалдық базасын, оқушылардың тұрмыс жағдайын жақсарту, оқытушылармен қамтамасыз етуге зор қамқорлық жасағаны байқалады. 1923 жылы қазанда Қазақстан өлкелік партия комитетінің пленумы қазақ мектептеріне мұғалімдер даярлаудың нақты шараларын белгілеп, Орынбор халық ағарту институтына барлық жағдай жасау керектігін ерекше атап көрсеткен. Осыдан кейін институттың оқу-тәрбие жұмысы біртіндеп жақсара бастады, оқытушылар мен оқушылар ересектердің сауатсыздығын жою, ескі әдет-ғұрыптармен күрес жүргізу, советтік жаңа мәдениетті халыққа насихаттау жұмыстарына белсене қатысты (Қазақ Совет энциклопедиясы, 1975, 382).

1925 жылы институт Қызылорда қаласына көшірілді. 1925-1928 жылдары Сәкен Сейфуллин институтта сабақ берді, кейіннен ректор лауазымына дейін көтерілді. Қордағы көптеген құжаттардың арасынан Ташкент ағарту институтын Қазақстан аумағына көшіру, жетекшілерінің қашып кетуі, мүлкінің талан-таражға салынуы турасындағы Қазақ халық ағарту комиссариаты коллегиясына жолданған Тоқтыбаевтың баяндау хаты назар аудартады (Ф.4. Д.3:7). Құжатта Ташкент ағарту институтын Қазақстан аумағына көшірілуі біршама күтпеген әрі жылдам шешілген мәселе екендігі баяндалған. Алайда бұл иниститут үшін үлкен кемшілік екендігі жасырылмаған. С.Сейфуллин халық ағарту институты Қазақстанға көшірілмей тұрып қызметінен алынған, оның орнына Б.Сүлеев тағайындалған. Соңғысы институт көшіріліп жатқан тұста Стерльбицкийді ректордың орынбасары етіп тағайындап, өзі бұл жұмысынан қысқарып қалған. Осыдан кейін оқу орнының мүлкі жүйесіз басшылықсыз аулаға шығарылып, БК(б)П жергілікті ұйымының хатшысы Мамабаевтың айтуынша, сол жерде бірнеше күн тұрып қалған. Оның баяндауынша, институт мүлкі жаппай ұрланып, талауға түскен. Ол кезде нақты қандай мүліктің ұрланғаны белгісіз күйде қалыпты. Сондықтан көп ұзамай Қызылордада осы мәселемен айналысатын арнайы комиссия құрылған. Бұдан өзге Орынбордан көшірілген тоғыз жылдық мектеп Ташкенттен көшірілген жеті жылдық мектеппен бірге Жер мәселесі жөніндегі комиссариаттың және ауыл шаруашылығы банкінің ғимаратына орналастырылған (Ф.4. Д.3:7). Ағарту институтында мемлекет және қоғам қайраткерлері Сейітқали Меңдешев, Темірбек Жүргенов, Құдайберген Жұбанов, Молдағали Жолдыбаев сияқты алаш арыстары дәріс берген.

Айта кетерлік жайт, Кеңес Одағында ағарту институттарының бағдарламалары бір болғанымен, екі типке бөлінген: индустриалды педагогикалық және агропедагогикалық. Физика-техника, химия-биология, қоғамдық ғылымдар, тіл және әдебиет мамандықтары бойынша бөлімдерге, яғни біздіңше айтқанда, факультеттерге топтастырылған (Ф.4. Д.5:4). Қазақ ағарту институты қызметін бастар тұста оқу орнында жұмыс жасайтын қызметкерлердің міндеттері айқындалған. Онда оқу бөлімі меңгерушісінің, хатшының, есепшінің, шаруашылық бөлімі меңгерушісінің, кітапханашының, аспазшының, асхана жұмысшының, аула сыпырушының, атбегінің, тазалық сақтаушының құқықтары мен міндеттері жеке-жеке көрсетіледі. Мәселен, оқу бөлімі меңгерушісінің қызметтік міндеттеріне оқытушыларға триместрлер бойынша оқу жоспарлары мен бағдарламаларын дайындау үшін тапсырмалар беру, оқытушылардың жұмысын үйлестіру, ұсынылған жоспарлар мен бағдармаларды тексеру, оларға қорытынды жазу, оқытушылардың ұсыныстарын ескере отырып сабақ кестесін жасау, оқытушылар мен білімгерлердің сабаққа келуін қадағалау, сабаққа келмей қалған оқытушыларды есепке алу, оқытушыларды алмастыру, олардың сабақтарына кіру, қажет жағдайда ұсыныстар беру және т.б. (Ф.4.Д.2:17). Осындай бағытта өзге де қызметкерлер мен жұмысшылардың лауазымдық міндеттері айқындалған.

1927 жылдың 10 қыркүйегінде Халыққа білім беру Қазақ ағарту институты кеңесінің мәжілісі өткізілді. Күн тәртібінде сабақтарды оқу жоспары бойынша бөлу мәселесі талқыланды. Оқу бөлімінің меңгерушісі Қаржаубаев оқу жоспарын оқып, оған сәйкес оқытушыларға сабақтардың алдын-ала келісімге байланысты бөлінгендігін атап айтқан. Жекелеген курстардың топтарға бөлінгендігін айта келіп, Қаржаубаев әрбір курстағы студенттердің тізімін оқып берген. Мәселен, бірінші дайындық курсында 41, екіншісінде 44, негізгі бірінші курста 45, екіншісі курста 53, үшінші курста 26, төртінші курста 13 студент білім алатындығын атап көрсеткен. Осыған орай барлық курстардың пәндері жекелеген оқытушыларға бөлінген. Мәжілістің қаулысына сәйкес әскери дайындық пәнін оқыту екінші аптадан басталуға тиіс болған. Институттың талаптарына сәйкес келетін жаңа оқытушыларды қызметке шақыру да қаулыдан көрініс тапқан. Пәндер қаулы бойынша бөлініп, оқытушыларға бекітіліп берілген. Мәселен, кіші және жоғары топтардағы 6 сағат көлеміндегі қазақ тілі пәні Ахмет Байтұрсыновқа берілген. (Ф.4.Д.2:1). 1-ші кластағы қол еңбегі, сызу және сурет салу, КСРО географиясы пәндері де 1920-1921 жылдары Қазақ АССР-і халық ағарту комиссары болған А. Байтұрсыновқа қосымша бөлінген. Қол еңбегі сабағын әскери дайындық сабағымен алмастыруға болады делінген. Осы және негізгі ІІ-ші кластардағы қазақ әдебиеті сабағы Т.Жүргеновке берілген. Халыққа білім беру жүйесі пәні Ж. Сейдалинге, География, Елтану және еңбек мектебі теориясы мен тәжірибесі Т. Шонановқа, қоғамтану Жетісудың Алаш қайраткері О.Әлжановқа бөлінген. Алтыншы болып жекеленген пәндердің әдістері туралы мәселе қарастырылған. Қызылорда болыстық мемлекеттік архивінде сақтаулы құжаттарға сәйкес қазақ тілінің әдістемесі А. Байтұрсыновқа, математика Қаржаубаевқа, жаратылыстану Қасымовқа, география Т. Шонановқа, қоғамтану Әлжановқа жүктелген (Ф.4.Д.2:2). Өкінішке орай Қаржаубаев пен Қасымовтың есімдері көрсетілмеген, жай ғана жолдас деген сөз қосылған. Оқытушыларға пәндердің қосымша берілуі мамандардың жетіспеушілігімен түсіндірілген еді (Ф.4. Д.2:3). Осыған орай оқытушылардың жүктемесі көбейген. Орын алған ахуалды жақсарту мақсатында институтқа Байтасов, Кенжин, Сейдалин, Зайцева, Әлжанов сынды педагогтер қызметке шақырылған.

Ағарту институтында бірінші негізгі топ студенттері мынадай пәндерді оқыған: қазақ тілі, орыс тілі, математика, тап күресінің тарихы, жаратылыстану, КСРО географиясы, физика, химия, педалогия, қол еңбегі, сызу және сурет салу, денешынықтыру мен әскери дайындық, музыкалық сауаттылық. Ал екінші негізгі бөлімнің студенттері оқыған пәндер біршама басқа болды. Олар мына төмендегідей: қазақ әдебиеті, орыс тілі, математика, химия, физика, педалогия, халыққа білім беру жүйесі, саяси экономия, елтану, еңбек мектебінің теориясы және практикасы, материализм тарихы, қол еңбегі, әскери дайындық және денешынықтыру. Үшінші негізгі курс оқыған пәндер мынадай: қазақ әдебиеті, орыс әдебиеті және оның тарихы, математика, физика, педалогия, саяси экономия, экономикалық география, КСРО және РСФСР конституциясы, экономика, эволюция теориясы, мектептану, еңбек мектебінің теориясы мен практикасы, материализм тарихы, қол еңбегі, сызу, денешынықтыру және әскери дайындық. төртінші курста студенттерге химия, педалогия, әскери дайындық, саяси экономия, материализм тарихы пәндері оқытылды (Ф.4. Д.2:2).

Оқушылардың білімін тексеру бойынша пән комиссиялары құрылған. Мысалы, ағарту институты кеңесінің 1928 жылдың 16 наурызындағы мәжілісінде біліктілік комиссиясын ұйымдастыру арнайы қаралған. Комиссияның құрамына барлық пәндер комиссияларының төрағалары кіреді. Олар төртеу – оқушы ұйымдарының төрағалары, жергілікті БК(б)П және комсомол ұяшығынан бір-бір өкілден енгізілген. Өйткені институтта студенттерден құрылған белсенді топ жұмыс жасаған. Комиссия жұмысына оқу бөлімінің меңгерушісі жетекшілік еткен. Ал ректор оны басқаратын болған (Ф.4.Д.3:5).

Аталған архив қорында ағарту институты кеңесінің ағымдағы мәселелерді қарастырған мәжіліс хаттамаларының арасында ерекшеленетіндері де кездеседі. Мысалы, 1928 жылдың 16 наурыз күнгі мәжілісте бесінші болып жаңа алфавитте сабақ жүргізу туралы мәселесі қаралған. Мәселенің мән-жайымен таныстыру Шонановқа тапсырылған (Ф.4.Д.2:13). Қабылданған қаулыда «жаңа алфавитте сабақ жүргізу қажет деп саналсын және оқу бөліміне жаңа алфавитті енгізу комитетінің өкілдерімен, Шонанов жолдаспен қажетті сағаттар туралы келісімге келу ұсынылсын, сондай-ақ жаңа алфавитте сабақ оқытуды өзге пәндердің есебінен қарастыру мүмкіндігі ұсынылсын» деп жазылған.

Халық ағарту институты кеңесінің мәжілістерінде ағымдағы мәселелер тұрақты түрде қаралып отырылған. Мәселен, себепсіз сабақтан қалған, кешіккен студенттердің жағдайы арнайы қаралған. Институттың белсенді оқушыларының 1927 жылы 20 қарашада оқу бөлімінің меңгерушісі Қаржаубаевтың қатысуымен өткізілген мәжілісте оқушылардың сабаққа қатысуының төмендеуі қаралған. Оқу үдерісін қалыпты жағдайға түсіру үшін сабаққа келмеген, кешіккен және сабақ үстінде кетіп қалған оқушылардан түсініктеме алып, себептерін анықтау институт кеңесіне тапсырылған. Сабақтан үнемі қалатын оқушылардың тізімін оқу бөліміне тапсырып, шара қолдануды талап еткен. Алғаш рет қазіргідей 42 сағат жіберген студенттер оқудан шығарылған. Ал 12 сағат жібергендерге ескерту, 24 сағат жібергендерге сөгіс жарияланған. Сабаққа келмеу екінші рет қайталанатын болса, 12 сағат жібергендерге сөгіс, 24 сағат жібергендерге қатаң сөгіс, 42 сағат жібергендер институттан шығарылған. Осындай жағдай үшінші рет орын алған болса, 12 сағат жіберген студентке қатаң сөгіс жарияланып, оқудан шығарылған (Ф.4.Д.2:9). Институттан әлеуметтік жағдайы бойынша талапқа қайшы келетін студенттер де шығарылған. Мәселен, С. Сейфуллин, Қасымов, Қаржаубаев, Шустов, оқушылардан Утякова, Успанов, Байжанов қатысқан институт кеңесі президумының 1927 жылғы 5 қарашадағы мәжілісінде ағымдағы мәселелердің ішінде Әлиақпар Мұсабаевтың әлеуметтік жағдайы туралы мәселе қаралған (Ф.4.Д.2:5). Себебі Әлиақпар Мұсабаев сауалнамада әлеуметтік жағдайы туралы өзіне қарама-қайшы келетін мәлімет берген. Келтірілген мәліметтері әртүрлі болғандықтан, анығына жету қиынға соққан. Шындығында Әлиақпар комсомол қатарынан әкесі бай болғандықтан шығарылған. Әкесінің Қазақстанның әр ауданында малы болған. Әлеуметтік жағдайы туралы анықтамада тек Қызылорда болысындағы мүлкі көрсетілген. Сондықтан да кеңес Ә. Мұсабаевты оқудан шығару турасында қаулы қабылдаған. Ол әкесінің Қызылорда облысынан басқа жерде мал-мүлкі жоқ деген анықтама алып келгенде иниститутқа қайта қабылданатыны жөнінде айтылған. Қордағы құжаттар Ә. Мұсабаевтың ағарту институты студенттерінің қатарына қайта қабылданғандығын дәйектейді (Ф.4.Д.2:14). Сонымен қатар студенттер денсаулығының нашарлауына байланысты да оқудан шығарылған. Институт кеңесі президумының 1927 жылғы 26 қарашадағы мәжілісінде Даднева, Нысанғалиев, Қалижановтың өте көп көлемде сабақтан қалғандары, дәрігерлік комиссияға олардың денсаулықтарын анықтаудың тапсырылғандығы сөз болған. Қалижановтың 96 сағат жібергені атап айтылған, бірақ бұл жағдайдың оның денсаулығына байланысты орын алғандығы анықталған. 1927 жылы оған демалыс беріліп, сабақтарын денсаулығы толығымен жақсарғанда жалғастыра алатындығы жөнінде қаулы қабылданған (Ф.4.Д.2:7). 1930 жылдың 23 қазанында өткізілген институттың оқу бюросының белсенді студенттері және жұмысшы факультеттері тыңдаушыларының бірлескен жиналысының қаулысында оқу орнындағы қатаң тәртіпті ұстану туралы айтылған. Барлық оқушылардың сабаққа және жиналыстарға кешікпей келулері, қоңырау соғылысымен оқушылардың сабаққа кіруі, мұғалімнен кейін кірген оқушының кешіккен болып саналатындығы, қоғамдық жұмыстарға белсенді қатысуы тиіс екендіктері қадап жазылған. Сонымен қатар класта бас киімді шешу міндетті деп көрсетілген. Оқытушының рұқсатынсыз класта бір орыннан екінші орынға көшуге, сабақтан кетуге тиым салынатындығы, барлық тәртіп бұзушылықтарды класскомның міндетті түрде белгілеп отыратындығы баса көрсетілген. Үзіліс кезінде кластың желдетіліп, барлық оқушылардың сыртқа шығуы талап етілген. Класта темекі шегуге, қоқыс тастауға, түкіруге қатаң тыйым салынған. Арнайы түкіретін жерлерде ғана бұған рұқсат етілген. Ауылға және басқа жақтарға бару үшін институтты өзбетімен тастап кетуге жол берілмеген. Мұндай жағдай орын алса, оқушы «дезиртир» деп жарияланып, оған қатаң сөгіс берілген. Қаулыда осындай 24 оқушыға қатаң сөгіс жарияланған. (Ф.4.Д.4:20). Студенттердің барлығы бірдей пайдаланатын жерде, сабақ кезіндегі дәліздегі кезекшінің міндеттері туралы ереже ілініп тұрған (Ф.4. Д.4:21). Ережеде кезекшінің сабақ өткізуге кедергі жасайтын тыныштықты бұзу, жүгіру, қатты сөйлеу және т.б. болдырмауды қадағалау тиіс екендігі айтылған. Сондай-ақ кезекші дәліздегі тазалыққа жауап берген. Лас, қоқыс, ылғал тәрізді келеңсіздіктерге қарсы шара қолданған. Үлкен ыдыста қайнаған судың болуын да қадағалаған. Байқаған тәртіпсіздіктердің барлығын есеп дәптеріне жазып отырған. Сабақ өтпеген оқытушылар туралы мәселе де назардан тыс қалмаған. Осыған орай құрамында Мурзин, Қадырбаев, Қаржаубаев тәрізді оқытушылар бар арнайы комиссия құрылып, мәселенің анық-қанығы тексерілген.

Енді қордағы оқу бағдарламалары туралы мәселеге көшейік. Оқытушы Шонановтың «География» пәнінің оқу бағдарламасы 1927-1928 оқу жылына арналып дайындалған. Бағдарламаның кіріспе бөлімі «жалпы ұғымдар» деп аталады. Онда жер шары, күн мен түн, жыл мезгілдері, олардың жер бетіндегі тіршілік етуінің маңызы, мұхиттар мен құрлықтар, климаттық және жердің өсімдік белдеулері туралы түсініктер қамтылған. Негізгі бөлімі Еуропаның географиялық жағдайынан басталады. Еуропаның жер көлемі, жердің горизонтальды және вертикалды бөлшектенуі, климаты, топырағы және өсімдік жамылғысын қарастыру көзделген. Еуропаның өндірістік елдері – Англияны және Бельгияны, ауылшаруашылық елдері – Румыния, Венгрия, Италия, Пиреней, Балкан және Скандинавия елдері, аралас шаруашылықты елдер: Франция, Германия, Чехословакия, СССР-дың көршілері: Польша, Румыния, Литва, Латвия, Эстонияның халықшаруашылығын оқыту жоспарланған (Ф.4.Д.4:1). Бұдан әрі Азияны дәл Еуропа тәрізді қарастырып, оқыту көзделген. Азияны Шығыс, Оңтүстік, Батыс деп үшке бөлу арқылы білім беру діттелген. Осы жерден бірінші негізгі курсқа арналған бағдарлама аяқталады. Ары қарай екінші негізгі курс студенттеріне арналған бағдарламаны жалғасып, Африка, Америка, Австралия елдерінің географиялық жағдайын оқыту көрсетілген. Соңында қорытынды жазылған. Бағдарламаны Т. Шонанов 1928 жылы 8 сәуірде қайта басқан. Сызу пәні бойынша оқу бағдарламасын А. Байтұрсынов дайындаған. Ол халық ағарту институты І және ІІІ негізгі бөліміне арналған. Бағдарламада ең алдымен сызу туралы жалпы түсінік берілген. Мәселен, үш бұрыш, сызу қағазы, калька, линейка, траспортир, қарындаш, циркуль және т.б. Бағдарлама авторы тік сызықтарды, дөңгелектерді, үшбұрыш, квадрат, көпбұрыштарды сызуға жеке-жеке тоқталып, оқытылатын мәселелерді көрсеткен. Соңында жобалық сызу туралы ұғым және заттарды табиғи түрде сызуды оқыту мәселелерін ашып берген. Бұл бағдарлама да 1928 жылы 8 сәуірде қайта терілген. Бірқатар пәндермен қатар «Ана тілін оқыту әдістемесінің» оқу бағдарласы дайындалған. Пәнді оқытып, оның бағдарламасын дайындаған Алаш арысы Ахмет Байтұрсынов екендігі сөзсіз. Алайда 1927 жылдың 5 қазанында дайындалған бағдарламаның соңында оқытушы деген жерде Ахмет Байтұрсынұлының тегі жазылмаған (Ф.4.Д.4:9). Бір таңғаларлығы, грамматиканың, орфографияны оқытудың, оқуға үйрету, мәнерлеп оқу әдістемесі ерекше ыждахаттылықпен көрсетілген. Бағдарлама соңында стильдік ауызша және жазбаша жаттығуларды жасау көзделген. Бағдарлама соңында ағарту институты екінші сатыдағы еңбекшілер мектебіне мұғалім даярлайтындықтан және өзге пәндермен қатар әдебиеттің оқытылатындығын ескеріп, сол пәнді оқытудың әдістемесі қоса көрсетілсе деген Т. Шонановтың пікірі тіркелген (Ф.4.Д.4:9).

Сонымен қатар Ахмет Байтұрсыновтың орыс тілі пәні бойынша да білім беру бағдарламасын дайындағанын архив құжаттары дәйектейді. Ұлт ұстазы оны аптасына 4, 2, жалпы 82 сағат көлемінде оқытқан. Бағдарламаның кіріспе бөлімі «Сауат ашу әдістемесі» деп аталады. Онда мынадай тақырыптар қарастырылады: сауат ашу тарихымен танысу, сауаттылық әдістемесінің классификациясы, талдау және жүйелеу әдістері, олардың әрқайсысының артықшылықтары мен кемшіліктері, өзге тілдердегі дыбыстық әдістерді өзара салыстыру, сондай әдістерді «Жаңа қазақ әліппесі» бойынша сауат ашуда қолдану мүмкіндіктері, хат тануда дыбыстық және ауызша сөз әдістерін қолдану тәсілдері.

Бағдарламаның алғашқы бөлімі «Грамматика әдістемесі» деп аталады. Автор атауына сәйкес грамматиканы оқытудың тың мақсатын қарастыруды көздеген. Бұдан кейін тәжірибелік грамматиканың педагогикалық маңызы. Грамматикалық сабақтардың жалпы құрылымы. Грамматикалық сабақтың сызбасы. Дайындық әңгімесі және бақылау. Бақылаудан шығатын қорытындылар. Мысалдарды таңдау. Мәтінді талдау және жазба жұмысы. Грамматика оқулығының рөлі. Грамматика бойынша үлгі сабақтар деген тақырыптар енгізілген.
Екінші бөлімі орфографияны оқыту әдістемесіне арналса, үшіншісі оқуға үйретуге бағытталған. А. Байтұрсынов мәнерлеп оқу, өлеңдерді жатқа оқу, оқудағы дауыс ырғағы, рөлдер бойынша оқу, көркемдеп оқу тәрізді тақырыптарды кіргізген. Бір таңғаларлығы, тақырыптар ұтымды таңалып, ерекше ыждахаттылықпен көрсетілген.
Сөз орайында айта кетерлік маңызды мәселе, Ахмет Байтұрсынұлы 1920-1921 жылдары Қазақ АССР-і Халық Ағарту комиссары қызметін атқарған кезде тек мектеп қана емес, мектепке дейінгі білім беру мекемелері, яғни балабақша ашу ісіне де ерекше мән берген екен. Ағарту халық комиссариатының ұйымдастыруымен Жетісу облысында екі мыңнан астам бала тәрбиеленетін балабақша ашқан. Семей облысы аумағында тек қана 1920 жылдың өзінде 154 орыс мектебі, 120 ауыл мектептері мен 5 орыс-қазақ училищелерін ашты. Олардың жалпы саны 279 білім беретін оқу орындарын құрды. А.Байтұрсынұлы осы мақсатта Ағарту халық комиссариатының қорынан 264 645 рубль қаражат бөлгізген. Семей облысы аумағындағы мектептер азамат соғысы жылдарында барынша қиратылған еді. Нәтижесінде азамат соғысы аяқталғанға дейін бар болғаны 89 мектеп қана қалған болатын. Ұлтжанды тұлғаның қажырлы еңбегінің арқасында бұл көрсеткіш едәуір ұлғайып, мектептер саны 370-ке жетті. Ағарту халкомын басқарған жылдары Орынбор жерінен 150 оқушыға арналған мектеп-интернаты жұмысын іске қосты (ҚР ОМА. 81-қ., 1-т., 88-іс, 70-п.).

1921 жылы Семей қаласынан Ахмет Байтұрсынұлының «Оқу құралы» жарық көрді. Революцияға дейінгі уақыттарда дайындалып, 1914 жылы баспадан шыққан «Оқу құралы» оқулығында келтірілген мысалдар большевиктердің саяси ұстанымдарына сай келмегендіктен ол мұқият тексерістен өткізілді. Оқулықтан мін таппаған сыншылар оны пайдалануға ұсынды. Биліктің діттеген жерінен шықпаған оқулықтар бірнеше рет қайта басылып отырған.

Ахмет Байтұрсынұлы бастаған ұлт қайраткерлерінің оқулықтардың барынша заман талаптарына сәйкес болуына көңіл бөлді. Кеңес өкіметі орнатылған алғашқы жылдары араб емлесінде жазуға арналған пернетақтаның өзін табу өте қиын болды. Осы мақсатта Ағарту ісінің халық комиссары болған Ахмет Байтұрсынұлы осындай пернетақтасы бар жазу құрылғыларын алу мақсатында Қазан және Уфа қалаларында да іс-сапарда болған.

А. Байтұрсынов 1923 жылы «ашылатын мектептерге бөлінген ақша 2616 мұғалімдер мен кітапханашылардың жалақысына ғана жетеді. Балаларды оқумен толық қамту үшін 20 мыңнан аса мұғалім керек» екенін айтқан. Ол халықты, губаткомдарды, болыстық және ауылдық биліктерді мектептерді өздері ашуға, оларды ұстауға өз қаражаттарын жұмсауға және аса кедей отбасындағы балаларды тегін оқытуды қарастыруға шақырған. Шалғай және халық сирек қоныстанған елді мекендерде интернаттар және мектеп бөлімдерін ашуды ұсынған.(Қазақстан тарихы, 2010:383).

Жергілікті халық ағарту бөлімдері бірыңғай қазақ еңбек мектептеріне арнап жаңа оқулықтар шығару бағытында едәуір жұмыс істеді. Мысалы, бір топ методист мұғалімдер Сырдария және Семей облыстарының халық ағарту бөлімдерінің тапсыруы бойынша бастауыш мектептерде оқытылатын пәндерді, олардың бір аптадағы сағат санын анықтады. Бастауыш мектептерде мынадай пәндерді оқытуды ұсынды: ана тілі, арифметика, тарих, география, табиғат тану, мемлекеттік тілдердің бірі (орыс тілі), сурет салу, жалпы ән, қолөнер ісі, жалпы гимнастика (Сембаев, 1967:61). Губерниялық халық ағарту бөлімдерінің көпшілігі курстардың оқу жоспарлары мен бағдарламаларын мұғалімдердің жалпы білім даярлығына бейімдеп және мұнан бұрын өткізген курстардың бағдарламаларын есепке ала отырып, қайта жасады. Жаттығу сабақтарында мұғалімдер мемлекеттік ғылыми кеңес (ГУС) бекіткен бағдарламалармен танысты. Бастауыш және орта мектептердегі жағдай осындай болса, ағарту институттарында оқытушылар бағдарламаларды өздері дайындады.
А. Байтұрсыновтың замандастары мен пікірлестері 1920-жылдары мәдениет пен білім саласында ерен еңбек сіңірген ұлт ұстазының еңбегіне жоғары баға берді. «Халқын, өз ұлтын сүйген Байтұрсынов қазақтың тұңғыш лингвист-ғалымы. Ол қазақ тілі орфографиясының реформаторы, грамматикасы мен қазақ әдебиеті теориясының негізін салушы», – дегендері

осының айғағы.
Қорда оқытушы Петропавловский дайындаған геометрия, ІV курсқа арналған химия пәндерінің оқу-өндірістік жұмыс жоспары мен бағдарламасы тіркелген. Бағдарламада химия пәні бойынша практикалық сабақтардың тізімі берілген.

Архив қорындағы Халық ағарту институты «Еңбек мектебінің теориясы және практикасы» пәні бойынша дайындалған бағдарлама назар аудартады. Бағдарлама бірнеше тақырыптарға бөлінген. Алғашқысы «Педагогикалық жұмысты ұйымдастыру жүйесі» деп аталады. Мазмұны қысқаша мынадай түрде берілген: «Тәрбие жұмысының әдісі мен жүйесінің түсінігін анықтау. Оқыту әдісі мен жүйенің айырмашылығы. Сыныптық және пәндік оқыту жүйесі. Корреляция және оккорд жүйелері. Кіріктірілген оқыту жүйесі. Осы әдістердің салыстырмалы артықшылықтары. Мектеп жұмысын ұйымдастыруға арналған сыныптық және зертханалық жүйелер. Бұл жүйелерді қолдану тәсілдері» (Ф.4.Д.4:9). Көріп отырғанымыздай, оқыту және тәрбиелеудің аражігі ажыратылып, мұғалім үшін нақты бағыттар берілген. Қазіргі уақытта дайындалатын оқу бағдарламалары көп жағдайда мұғалімді былай қойғанда кез келген адамның өзін шатастырады. Әдіс пен жүйені ажырата алмайтындар турасындағы әңгіме өз алдына. Мұның өзі сонау 1920-1930-жылдардағы білім беру мен тәрбиелеудің негіздеріне қайта оралудың қажеттілігін айқындайды. Келесі тақырып «Педагогикалық жұмыстың есебі» деп аталады. Мазмұны – есептің мақсаты, міндеттері, маңызы, түрлері, күрделілігі; қазақ мектептеріне арналған жеңілдетілген есептің қажеттілігі, ұжымдық есеп, білім алушылардың жетістіктерін бағалау; шеңберлі дәптер, есептің жоспарлы жұмыспен байланысы, күрделі есептердің қажетсіздігі; көрмелер, олардың жағымды және жағымсыз жақтары түрінде көрсетілген. Үшінші тақырып «Мектептегі қоғамдық пайдалы еңбек» деген айдармен берілген. Бұл бөлімнің мазмұнындағы мектеп шеберханаларының міндеттері және оларды ұйымдастыру, ауыл мектебіндегі шеберхалар қандай болуы керек деген мәселе өз заманында да, қазіргі уақытта да өзекті. Оқушыға білім беріп қана қоймай, белгілі бір кәсіпке үйрету маңызды. Екінің бірінде жоғары білімі туралы дипломы бар, бірақ ортаң қолды мамандарға зәру қазақ елі үшін ойланарлық жайт. Кейінгі тақырыптары «Мектеп жанындағы жер учаскелері», «Құрал-жабдықтар және жазғы мектептер», «Оқулық», «Мектеп кітапханасы», «Жазу тәсілдері», «Мектеп өлкетануы», «Еңбек мектебінің бағдарламасы» деп жалғаса береді. Осылардың арасында ауыл мектептерінің жанына жер учаскелерін алу, жазғы мектеп деген тақырыптардың маңызы зор. Қазіргі кезеңде де ауыл мектептері ғана емес, қала мектептері жанынан аз ғана болса да жер алып, жеміс-жидек, көкөніс өсіру – оқушыларды еңбекке тәрбиелеп қана қоймай, экономикалық жағынан да көп нәрсеге үйретер еді. Ал жазғы мектептерді ұйымдастырудың пайдалы тұстарының мол екендігін уақыт өзі дәделдеп отыр. Бұл үрдістің тамыры ХХ ғасырдың бас кезіне сәйкес келеді. Өлкетану түйткілдерін алғашқылардың бірі болып сонау 1920-жылдары көтерген Телжан Шонанұлының мектептегі өлкетану бойынша өзі дайындаған бағдарлама енгізуінің де мәні бар. Бағдарлама авторының оқушыларды мектеп қабырғасынан бастап өлкетанулық ізденістерді жүргізуге баулу керектегі туралы ойы осы тұста анық көрінеді. Қордан денешынықтыру пәнін оқытудың Сосин дайындаған оқу жоспарын да кездестіруге болады (Ф.4..Д. 4:11).

1927 жылы 19 қарашада Бурабаев дайындаған «Қоғамтану» курсының бағдарламасы (Ф.4.Д. 4:16). Қазақстандағы 1920-жылдардағы зайырлы білім берудің мазмұны мен бағытын бірден байқатады. «Адамзат дамуының алғашқы даму кезеңдері» деп аталатын бірінші бөлімінен маркстік-лениндік ұстаным анық байқалмағанымен «Феодализм» деп аталатын екінші бөлімінен қоғамтанудағы маркстік-лениндік ұстаным бірден көзге түседі. «Тауарлы капитализм» деген бөлімнің атауынан-ақ нендей мәселелердің оқытылатындығын аңғару қиын емес. Бұл бөлімде төңкеріске дейінгі Қазақстандағы сауда капитализмінің элементтері, бұрынғы отар өлке атты сұрақтар енгізілген. Оларға қоса отар елдердегі ұлт-азаттық қозғалыстарды, ХVІІІ ғасырдағы орыс сауда капиталының басқыншылығына қарсы қазақ көтерілістерін оқыту назардан тыс қалмаған. Ең соңғы бөлімге «Өндірістік капитализм» деген айдар берілген. Мазмұнына сәйкес өндірістік капитализмнің дамуындағы сауда капиталының рөлі, Англиядағы өндірістік төңкеріс, өндірістік пролетариаттың өсуі және жұмысшы қозғалысының басталуы, жаңа экономикалық құрылым мен ескі саяси форманың қарама-қайшылықтары, Ұлы француз революциясы бірінші тармақшасы бойынша оқытылады. Екінші тармақшасы ХІХ ғасырдағы өндірістік капитализмнің дамуы, буржуазия мен пролетариат екі күрес күштері ретінде, еңбек заңнамасы, Англиядағы чартистік қозғалыс, І және ІІ Интернационал мәселелерін қамтыған. Үшінші тармақшасы өндірістік капитализм дәуірінің саяси формаларын, Англия, Франция, АҚШ-тағы демократия мәселелерін оқытуға арналған. Төртінші тармақшасы жалпы сипаттама және ХІХ ғасырдағы идеологияны қарастыруға бағытталған. Кеңестік идеологияның күшіне еніп келе жатқан кезеңде ХІХ ғасырдағы идеологияның оқытылуының астарында құйтырқы саясат пен большевиктік билік ұстанымдарының жатқандығы түсінікті.

Қорда сақталған барлық бағдарламалардың арасында кеңестік зайырлы білім беру мен ағарту жүйесінің мән-мазмұнын жұмысшы факультетінің «рабфак» оқытушысы Учковтың дайындаған, оқу-әдістемелік кеңесінің әдіскері Симакова бекіткен «Эволюциялық ілімнің негіздері» еңбегі ерекшеленеді (Ф.4. Д.14:44). Бағдарлама 42 сағатқа есептелген. Бағдарламаға сәйкес оқылатын дәрістердің кіріспе бөлімінде биологияның жаратылыстану ғылымдарының арасында алатын орны, пәні, биология ғылымының анықтамасы, практикалық және теориялық биология салаларындағы ымыраға келмес күрес, ғылымның таптық сипаты, биологияның, теориялық және практикалық мәселелеріндегі маркстік-лениндік бағыт пен әдістері, биолгия курсын оқытуды Маркс, Энгельс, Ленин еңбектеріне негіздеп құру айтылады. Бұл мәселелерді баяндауға екі сағат бөлінген. «Тіршіліктің пайда болуы» деп аталатын бірінші тақырып алты сағат көлемінде оқытылатын болған. Тақырып бойынша алдымен «Дін тіршіліктің пайда болуы туралы» – деген мәселе қойылған. Бұдан соң Пастердің еңбектері, бактериялар және олардың тарихи маңызы қойылған. Тіршіліктің пайда болуы және витамтикалық болжамдар, олардың дәлелсіздігі түсіндірілуі тиіс болған. Рихтер, Бомсен, Гельмгельцтің космозойлер туралы теориясы, Арренаус, Вернадскийдің панспермин теориясы, «мәңгілік өмір», «шынайы, о дүниелік өмір» теориялары ғылыми жамылғы ретінде қоса айтылады. Бұларға тіршілік туралы механикалық болжамдар қосылған. Тақырып шеңберінде тіршіліктің мәні, оның материялар дамуының өнімі, Энгельстің тіршілікке берген анықтамасы, материяның мәңгілігі және тарихилығы, өмірдің шектеулігі, мәселелері, т.б. оқытылуға тиіс болған. Екінші тақырып «Жануарлар әлемі эволюциясының жолдарын түсіндіру әдістері», үшінші – «Дарвинге дейінгі биологиядағы эволюциялық идеялар», төртінші – «Дарвин және оның ілімі», бесінші – «Адамның пайда болуы», алтыншы – Марксизм-ленинизм және дарвинизм» деп аталды. Әдебиеттер тізімі қарапайым емес, студенттерге Дарвиннің, Геккельдің, Ламарктың, Гартманның, Тимирязевтің, Кнаповичтің, Вейсманның және т.б. еңбектеріне қоса Маркстің, Энгельстің, Лениннің шығармалары ұсынылған. Қорда сақтаулы бағдарламалардан институт студенттері «Диалектикалық материализм», «Таптық күрес (феодализм), «Экономикалық география», «Индустриялық өндіріс», «Ленинизм негіздері» және т.б. пәндерді де оқыған. Барлық пәндер бойынша дайындалатын оқу бағдарламалары диалектикалық материализмге негізделіп жазылған. Бұл студенттер кез келген пән бойынша марксистік идеологияны белсенді меңгеруі тиіс дегенді білдірілді. Сондай-ақ барлық мамандықтар бойынша оқу материалдарының және бағдарламалардың сипаты мен міндеті педагогтерге дінге қарсы, интернационалдық, социалистік тәрбие берумен байланыстырылды (Ф.4.Д.17:28).

Оқу үдерісіне қажетті оқу жоспарлары, бағдарламалары, әдістемелік нұсқаулықтар циклдық бірлестіктерге мамандықтар бойынша топтастырылғаннан кейін ғана педагогикалық кеңестің бекітілуіне ұсынылған. Циклдық комиссиялар қоғамдық-гуманитарлық, физика-математика, жаратылыстану-география болып үшке бөлінген.
Дәрістерді оқумен қатар лабораториялық сабақтар жүргізілген (Ф.4. Д.17:49). Лабораториялық сабақтар мынадай түрде өтізілген: тапсырма тақырыбы бойынша жұмысты жоспарлау, тапсырма материалын оқушының өз бетімен өңдеуі, оқытушының ақыл-кеңесі, яғни консультациясы, оқушының атқарған жұмысын дербес есепке алу, өңделген тапсырма нәтижелері бойынша қорытынды конференция. Тақырып бойынша жұмысты жоспарлау кезінде оқытушы оқушылармен бірге тапсырманың мақсатын, міндеттерін, орындау тәртібін, өңдеуге жатқызылатын материалды анықтаған. Тапсырманы сапалы орындауға қойылатын талаптар айқындалған. Оқушының өзіндік жұмысы дербестік және жауапкершілік қағидаларына негізделіп, екіжақты: жеке және топтық сипатты иеленген. Әрбір оқушы тапсырманы толық өңдеп, оқытушының алдында жауап берген. Топтық жұмыста оқушылар тапсырманы бір-бірімен тығыз байланыса, көмектесе отырып орындаған. Орындаған жұмыстың нәтижелеріне барлығы бірдей жауапкершілікпен қараған. Кабинетте атқарылған жұмыстың кемшіліктері мен олқылықтарын оқытушы бірден көрсетіп, оларды дұрыстаудың жолдарын түсіндірген. Мұның өзі оқушылардың ұжымда бірлесе жұмыс жасау қабілетін қалыптастырған. Баға беруде оқытушы осы құзыреттілікке ерекше мән берген. Сонымен бірге орындаған жұмыстың көлемі, оқушы білімінің тереңдігі, тапсырманы дербес орындай алуы, сабаққа қатысуы, белсенділігі, ұсынылған әдебиеттерді оқуы, зерттеу жүргізуі немесе тәжірибе жасауы бағаланған. Кабинеттері толық жабдықталмағанына, оқу құралдарының жетіспеушілігіне, кітапхана қорының мардымсыздығына қарамастан оқытушылары сапалы білім беруге, ал оқушылары терең білім мен тәлім алуға ұмтылған. Кітапхана келіп түскен кітаптардың сапасы тексерілген. Кітап қоры аз болғанымен ағарту институты 11 газет, 19 журнал жаздырып алған (Ф.4. Д.17:50). Көріп отырғанымыздай, қазіргі уақытта жүргізілетін семинар сабақтарына ұқсағанымен ерекше тұстары да жеткілікті. Бәз біреулер айтатындай, құзыреттіліктер оқытудың кредиттік технологиясы бойынша емес, сонау кеңестік білім беру жүйесінің қалыптасып келе жатқан кезеңінде орын алған. Сабақ өткізу бойынша сол кездегі жүйеден аларымыз бар екендігі де байқалады. Әсіресе оқушының тапсырманы орындаудағы дербестігі, жауапкершілігі, зерттеу немесе тәжірибе жүргізуі қазіргі ғаламтордан дайын материалды көшіріп алатын, тапсырманы формалды орындайтын, кітап оқымайтын студенттерге үлгі боларлықтай.

Оқу үдерісінде тәжірибелерге де айтарлықтай көңіл бөлінген. Тәжірибенің екі түрі болған: қоғамдық-саяси және үздіксіз өндірістік. Тәжірибелерден студенттер жеті және тоғызжылдық мектептерде өткен. Соңғы курс студенттерін Мәскеу, Ленинград қалаларына экскурсияға апарған (Ф.4. Д.2:7). Сонымен қатар институтта студенттердің қоғамдық жұмыстарды атқаруларына барынша мән берілген.Осындай жағдайда білім берген институттың мамандар даярлаудағы жетістіктері қомақты болған. 1928-1929 оқу жылында І сатыдағы ауыл мектептері үшін мұғалім қыздарды даярлайтын екі жылдық дайындық курсы жұмыс жасаған. Болашақ мұғалім қыздардың саны 44 ке жеткен (Ф.4.Д.17:47).
1929 жылы қыркүйекте бұрынғы Ташкент халық ағарту институтынан екі дайындық және бір негізгі курс, барлығы 51 оқушы, қарақалпақтарды дайындайтын жұмысшы факультетінен 63 оқушы жіберілген. Қызылорда халық ағарту институтында 11 топта 373, (түзетілгені 326) оқушы білім алған. Әр топта орта есеппен 16-дан 40-қа дейін студент болған. І негізгі курсқа жетіжылдық, ал дайындық курсына төртжылдық мектепті бітіргендер қабылданған. Қабылдау кезінде оқушылардың әлеуметтік шығу тегі жіті тексеріліп, қатаң сараптаудан өткізілген. Осындай іріктеу арқылы қабылдау нәтижесінде 1929-1930 оқу жылында ағарту институтында, екі дайындық және үш негізгі топқа жалпы саны 167 студент оқыған. Алайда ағарту институты өкілінің Алматы қаласында 1930 жылы 10 мамырда өткізілген өлкелік педагогикалық кеңесінде жасаған баяндамасында тезисінде 154 саны 167-ге өзгертілген (Ф.4. Д.17:47). Ағарту институтының педагогикалық құрамында, штатта 9 және сырттан шақырылған 18 оқытушы қызмет еткен. Оқытушылардың білім деңгейі оларды тұрақты түрде қайта даярлаудан өткізуге мәжбүрлеп отырған. Оқытушылардың біліктілігін арттыру институттың әлсіз тұстарының бірінен саналған. Халық ағарту институтының басшысы комиссариат тағайындаған ректор болғаны мәлім. Оның жанында мектеп кеңесі жұмыс жасаған. Кеңеске оқу бөлімінің меңгерушісі, курс меңгерушісінің хатшысы, шаруашылық жұмыстары жөніндегі меңгерушісі, студенттік ұйымдардың: партия ұйымынан 1, комсомол ұйымынан 1, кәсіподақ ұйымынан 1, педагогикалық ұжымнан және жергілікті жұмысшы кәсіподағынан өкілдер енгізілген (Ф.4. Д.17:48). кеңес мәжілісі айына екі рет өткізілді.

Халық ағарту институтының мектеп кеңесінде 1930 жылғы 14 наурыздағы отырысының оқу үдерісіндегі кемшіліктер мен олқылықтар арнайы қаралған. Мәжіліс хаттамасында ғимараттардың бос болмауы, жарықтың жетіспеушілігі. сауатсыздықты жою, жұмысшы факультеттерінде мамандар даярлау және т.б. салдарынан кешкі уақыттарда оқытуды дұрыс жүргізуге қолбайлау болғанын көруге болады (Ф.4.Д. 8:14). Дегенмен студенттерді іс сапарларға жіберу тоқтатылмаған. Аса маңызды шараларды атқаруға тек партия қатарындағыдар, комсомолдар таңдап алынған. Студенттерді таңдап алу Әлжанов пен Әлімовке жүктелген (Ф.4.Д. 8:14). Өлкетану, орыс тілі және әдебиеті пәндері бойынша үйірме жұмыстары жүргізілмеген. Студенттерді әртүлі жұмыстарға: егін егуге, сауатсыздықты жоюға, шикізат жинауға айтарлықтай көп мөлшерде іс-сапарға жіберуге байланысты студенттердің білім алу мүмкіндігі төмендеген. Біліктілікті көтеруге арналған мұғалімдер мен жоғары курс студенттерінің әдістемелік баяндамаларын тыңдау жоспары орындалмай қалған. Түрлі себептерге байланысты бірқатар оқытушылар: Тілепбергенов, Шонанов, Станоткин, Асанбаев басқалармен алмастырылған. Алайда мұның себептері көрсетілмеген.
Жұмысшы факультеттерінде мамандар даярлауда да бірқатар қиын­дықтар туған. 1929 жылдың 27 желтоқсанындағы мектеп кеңесі мәжілі­сінде жұмысшы факультеттерінде білім алатындарды орналастыру мәселесі арнайы қаралған (Ф.4.Д. 8:7). Тыңдаушылар қыздар жатақха­насына, изоляторға, клубқа дейін орналастырылған. Студенттер жатақха­­насындағы бөлмелерді 12 адамға дейін толтыру шешілген. Тіпті кітапха­нашы Нығматуллиннің пәтеріне де тыңдаушыларды жатқызған. Осыған орай мамандарды мерзімінен бұрын дайындап шығару мәселесі де көтерілген.

Қазақ ағарту институты студенттерінің шәкіртақысы мәселесі де мектеп кеңесі мәжілістерінде қаралған. Мәселен, 1930 жылдың 12 сәуіріндегі мәжілісте бұл мәселе күн тәртібіне қойылған. Бір айта кетерлік жайт, осы кезде институт ректорынан өзге оқу ісінің меңгерушісі, педагогикалық кеңестің төрағасы, кәсіподақ ұйымының төрағасы өзге ұлт өкілдерінен тағайындалған. Жұмысшы факультетінде оқитындар 16, мұғалім қыздар даярланатын курстарда білім алатындар 20, институттың І және ІІ негізгі курстарының студенттері 30, ІІІ курс студенттері 35 сом шәкіртақы алған (Ф.4. Д. 8:16). Шәкіртақының ішіне студенттердің тамақтануы, киімдері, төсек жапқыларын сатып алу кірген. Кір жууға, моншаға түсуге арнайы қаржы бөлінбеген. Жалақысы бар қызметте жұмыс жасайтын, 40 және одан жоғары жалақы алатын студенттерге шәкіртақы берілмеген (Ф.4.Д. 8:13).
1930 жылдың 3 қаңтарында Әлжанов, Әлімов, Троицкий, жергілікті комитет төрағасы Шәріпов, кәсіподақ төрағасы Дадиев, комсомол ұйымы хатшысы Тұяқов, партия ұйымы хатшысы Тілегенов қатысқан мектеп кеңесі мәжілісінінде Нұралиев және Иралиев деген студенттерді оқудан шығару қаралған. Себебі олар «бай элементтері» болып саналып, ата-аналары астық дайындауға қарсы шыққан делінген. Ақ-қарасын анықтап жатқан ешкім жоқ. Кезінде Нұралиев тоғыз жылдық мектептен шығарылған. Сондықтан да екеуін халық ағарту институтынан оқудан шығару туралы қаулы қабылданған. Байжұманов деген студентті әкесі бай тұқымынан шыққан атқосшы болып еңбек еткені үшін оқудан шығарған (Ф.4.Д. 8:11). Қалжанов пен Бөлекбаевтың әкелері діни қызметкерлерге жататындықтан оларды да оқудан шығарып жіберген.

Кеңес өкіметі орнағаннан кейінгі уақыттарда мектеп жүйесінің жылдам өсуі мұғалімдердің қатарын көбейтуді талап етті. Ағарту институты өлкедегі ауыр әлеуметтік-экономикалық және күрделі саяси жағдай орын алған кезеңде қазақ мектептеріне мұғалімдер даярлаумен айналысты. Оқу орнының материалдық-техникалық жағдайын жақсартумен қатар қажетті оқытушы мамандарды да тартты. Институттың оқу үдерісі, оқыту әдістемесі кеңестік идеология және социалистік қоғам орнатуға қажетті мамандар даярлау талаптарына сәйкес келді. Жыл сайын даярланатын мұғалімдердің саны артты. Санымен бірге оқу сапасын арттыру мәселесіне де жіті көңіл бөлінді. Мұны архив қорында сақтаулы құжаттар дәйектейді. Институттың оқытушылары мен оқушылары Қызылорда облысының қоғамдық-саяси, мәдени-шаруашылық өміріне белсене араласты. Ауыл мектептеріне мұғалімдер дайындап қана қоймай жаңа кеңестік зиялы қауымның қатарын көбейтуге де үлес қосты. 1930-жылдары республикада педагог және мұғалімдер институттарының көбеюіне байланысты Қазақ АССР Халық Комиссарлар Кеңесінің 1933 жылғы 15 қазандағы қаулысы бойынша ағарту институты жабылды.




ПІКІР ЖАЗУ