АЛМАТЫДА – «АБАЙ КҮНІ»

Биыл ұлы Абай жылы. Алаш баласының ғана емес, адамзат ақыл-ойының темірқазығына айналған тұғырлы тұлғаның бұл мерейлі жасы ұрпағынан тойлаудан гөрі, ойлауды талап ететін секілді. Қазақтың көш-керуені Абайға қарап бағытын түзеу керек. Осы орайда жыл бойы қазақ қоғамында Абай болмысына, Абай табиғатына, Абай әлеміне жақындар өріс табар өнегелі іс-шаралар көптеп өткізілді. Бүгінгі әңгіме негізінен тәуелсіздіктің кіндігін кесіп, бесігін тербеткен Алматы қаласында өткен игі істер жөнінде болмақ.
Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының ұсынысымен Мемлекет басшысы 10 тамызды, яғни, ұлы Абай Құнанбайұлының туған күнін «Абай күні» деп белгіледі. Осыған байланысты Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі А. Мамин қол қойған үкімет қаулысы да шықты. Алдағы уақытта 10 тамыз – Абай күні болып мемлекеттік мерекелер күнтізбесіне енгізіледі. Сондай-ақ жыл сайын халықтық мейрам ретінде аталып өтілетін болды. Сүйінші хабарды жалпы жұртшылық жылы қабылдады. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен ел көлемінде аталып өтетін Абайдың 175 жылдық мерейтойы 10 тамызға белгіленсе де, COVID-19 пандемиясына байланысты мерекелік іс-шаралардың қалай және қандай деңгейде өтетіні белгілі еді. Зиялы қауым өкілдері заман талабына сай IT технологияларды қолдана отырып, тың, креативті бастамалар көтеріп, Абайдың туған күнін жалпыхалықтық деңгейде атап өтті. Ұлы ақынның мерейтойына орай бұл күн биылдан бастап тұрақты түрде тойланбақ. Өлең – сөздің патшасы Абай атамызға бұл сый-құрмет әбден лайық. Президентіміздің бұл шешімі ұлттық руханияттың үлкен қуанышы. Еліміздің тарихында, анығында, әлемдік тәжірибеде кездесе бермейтін ұлағатты оқиғаның куәсі болдық.
Ел Президенті Қ.Тоқаевтың «Абай және XXI ғасырдағы Қазақстан» мақаласындағы негізгі тұжырымдарының бірі: Абай мұрасы – біздің ұлт болып бірігуімізге, ел болып дамуымызға жол ашатын қастерлі құндылық, ендеше Абай жылы барысында бәріміз ұлт ұстазы алдында есеп беруіміз қажет. Расында, біздер осы уақытқа дейін абыз өсиетіне қаншалық құлақ астық, қай тұрғыда орындадық, нені түсініп, нені түсінбедік, қай кемшілігімізді, мінімізді түзей алдық. Олай болса, Абай күні әдеттегідей, қаржыны босқа шашатын жеңіл-желпі мағынасыз іс-шаралар шеңберінде емес, ұлт ұстазының алдында есеп беретін аса жауапты, қастерлі күнге айналуы ләзім. Абай сөзін игеріп, Абай мұрасын ұғынып, абыздың аманаттарын түбегейлі орындағанда ғана оңаларымыз күмәнсіз. Мынадай тәж-тажал індеттің үрейі сейілмей тұрған күрделі шақтың өзінде үміті ақ, тілегі таза, жаны жомарт жұртымыздың бірауыздан қолдауымен Абай күні мемлекеттік мәртебесі баршамыздың жүрегімізге ұялап, ендігі жаңа дәуірдің басы, толыққанды адам, өркениетті қоғам, мәуелі мемлекетке айналуымыздың негізі болатындығы кәміл!


Абай хакімнің бай мұрасын, оның асқақ тұлғасын биік тұғырға шығару бір күнге байланып қалмайтыны белгілі. Дегенмен дербес күн белгіленіп, Үкімет тарапынан қаулы қабылдануы қазақ баласының тағы бір жаңа белеске көтерілгендігін көрсетеді.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың жоғарыда айтып өткен «Абай – рухани реформатор» атты мақаласында көптеген өзекті ойларды қозғады: «10 тамызда ұлтымыздың ұлы ақыны, ойшыл тұлғасы Абай Құнанбайұлының туғанына 175 жыл толды. Бұдан ширек ғасыр уақыт бұрын Тұңғыш Президентіміз – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен Абайдың 150 жылдығы ЮНЕСКО деңгейінде өткізілген еді. Бұл торқалы той – сол тамаша дәстүрдің жалғасы.
Биылғы мерейтойға орай бірқатар іс-шара жоспарланған болатын. Бірақ әлемді жайлаған індетке байланысты соның көпшілігін онлайн форматқа ауыстырдық. Әрине сан сынақтан сүрінбеген халқымыз бұл дертті де жеңеді. Қиындық өтпелі, ал Абай мұрасы мәңгілік.
Менің тапсырмам бойынша Үкімет оныншы тамызды «Абай күні» деп белгілеп, мерекелер тізбесіне енгізді (бірақ жұмыс күні болып қала береді). Ұлы ақынны ң мұрасын ұлықтауға арналған іс-шаралар жыл сайын өткізіліп тұратын болады. Мәселе мерейтойда емес – тұғырлы тұлғаның туындыларынан терең тәлім алуда. Абайдың рухына тағзым ету – оның қағидатын ұстану, аманатына адал болу. Сонда ғана жас ұрпақтың санасына қастерлі құндылықтарды сіңіреміз.
Биылғы жыл халықаралық «Абай жылына» айналды. Әлемнің көптеген елдері оның шығармашылығына назар аударуда. Қазақстанның бастамасымен және ЮНЕСКО-ның қолдауымен ұлы ақынымыздың 175 жылдық мерейтойы жаһандық деңгейде аталып өтуде» – деп атап өтті Президент.


Ұлықбек Есдәулет, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының төрағасы:
– Абай – өз шығармаларымен қазақ халқының ақыл-ой, жан-жүрек қазынасын ғаламат байытқан дана ақын ретінде әлемдік өркениеттен ойып орын алған ренессанстық тұлға. Ұлы Абай сол биікке өзімен қоса туған ұлтын да өрлетіп, төр­летіп отыр. Темірқазығымыз, шамшырағымыз ұлы хакім екенін бүгінгі ұрпақ бағамдап қалды. Биыл Президент ұлы ақынның 175 жылдық мерейтойына орай, Абай жылын жариялап, елімізде қыруар шаралар өткізу көзделіп, қолға алына бастаған болатын. Алайда бүкіл әлемді бір қа­уызға сыйғызған пандемия індеті мерейтойдың да жолын кесті. Соған қарамастан елімізде онлайн режімде Абай туындылары оқылып, жатталып, талданып, зерттеліп, насихатталып жатыр. Тіпті халықаралық видеоконференциялар да жүргізілуде.
Мен Қазақстан Жазушылар одағы басқармасы атынан Президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа Абайдың туған күні 10 тамызды Абай күні деп атап, ұлттық мерекеге айналдыру туралы ұсыныс хат жазған болатынмын. Сол бастамамызды Мемлекет басшысы қолдап, Үкіметке тапсырма берген екен. Міне, көптен күткен қаулы шығып, Абай күні бүкілхалықтық, ұлттық мереке ретінде күнтізбеге еніп отыр. Тарихи оқиға! Үлкен қуаныш! Бұл поэ­зия мәртебесі, бұл қазақ тілінің салтанаты деп білемін.
Шетелде тұратын кейбір керауыз қандасымыз «Абай деген ақын өмірде болмаған аңыз адам екен. Оны Бөкейханов бастаған алашордашылар өз идеясын тарату үшін ойлап тапқан мыс» деген де арам ойлы лақап таратып, оны жақтаушылар да құйысқанға қыстырылып жатқан кезде, Мемлекет басшысының бұл шешімінен кейін сол арамза ауыздарға құм құйылатын болды. Еркін ойлы Алаш қайраткерлеріне қуат берген Абай, алапат атом жарылыстарының зардабымен күресте қалың еліне дем берген Абай, тәуелсіздік үшін күресте де, тәуелсіздік тұсында да жұртына бағыт-бағдар, қайрат-жігер берген Абай қазіргі індеттен арпалысып күйзелген халқын өз рухымен жебеп, жырымен емдейтін құдіретке ие.
Абай күні, Абай мерекесі құтты болсын!

Қуанатын да, сүйінетін де жаңалықты ресми құжатымен қоса ұсынғанды жөн көріп отырмыз. Премьер-Министр Асқар Мамин қол қойған Қаулыда:
«№495 4 тамыз, 2020 жыл.
«Қазақстан Республикасындағы мерекелік күндердің тізбесін бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2017 жылғы 31 қазандағы № 689 қаулысына толықтыру енгізу туралы «Қазақстан Республикасындағы мерекелер туралы» 2001 жылғы 13 желтоқсандағы Қазақстан Республикасы Заңының 4-бабына сәйкес, Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
1. «Қазақстан Республикасындағы мерекелік күндердің тізбесін бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2017 жылғы 31 қазандағы
№ 689 қаулысына (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 2017 ж., № 53, 343-құжат) мынадай толықтыру енгізілсін:
көрсетілген қаулымен бекітілген Қазақстан Республикасындағы мерекелік күндердің тізбесі:
мынадай мазмұндағы 22-1-тармақпен толықтырылсын:
«22-1. Абай күні – 10 тамыз».
2. Осы қаулы алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі А.МАМИН» – делінген.

Ерлан Төлеубай, сазгер:
– Арғы бетте жүріп, ата-жұртты аңсағанда, Қазақстанға жетуге асықтым. Көңіліме «атамекен» мен «Абайдың елі» дейтін ұғым егіз қозыдай сіңіп қалыпты. Екеуін екі бөлек қарау мүмкін емес еді. Мен бабалар мекенін, қасиетті Қазақстанымды Абайдың елі деп таныдым. Жиырманы орталап, отаныма оралғанда, әр қазақ баласының жүзінен Абайдың даналығын, Абайдың даралығын іздедім. Ақын-жазушылардың аузына үңілдім. Әне-міне Абайша толғайтын секілді, әне-міне Абайдың сарқынын сезетін секілдімін.
Иә, солай. Мен ата-жұрттан Абайдан қалған белгіні көруге асықтым. Абайдың жұрнағын сезгенше тыншымадым.
Таптым ба, таппадым ба, білмеймін…
Ақыры кеудемді Абайға деген аңсар тербеді. Сол аңсар ән болып құйылды. Бірнеше ақын сөз жазған, жаратпадым. Бір жолыққанда, Ғалым Жайлыбай ағама көрсетіп едім, екі-үш күннен соң мәтінін алдыма тастады.
Тектіден қалған мұрадай,
Көгімде жанған шырақ, Ай.
Тұнықта тұнған тұмадай,
Темірқазығым – ұлы Абай.
Жанарыма ыстық жас келді… Абай – көктегі шырақ. Ол – темірқазық. Сондықтан Абайды тек жоғарыдан іздеу керек. Әрине, өрең жетсе…
Осылай ұлы Абай атамыздың 175 жылдық мерей тойына арналған Ұлы Абай әнім дүниеге келді. Әннің сөзін қазақтың көрнекті ақыны Ғалым Жайлыбай ағам жазды, талантты әнші Бағжан Ерғайып бауырым орындады.
«Ұлы Абайдың» бағасын тыңдарман берер, ал мен Ғалым ағам мен әнші бауырым – Бағжан Ерғайыпқа алғыс айтамын!
Жоғарыда айтып өткеніміздей, биыл – қазақтың бас ақыны Абай Құнанбайұлының 175 жылдық атаулы мерекеге орай жуырда ақпарат кеңістігіне «Ақыл ойдың айнасы» деген ұранмен жол тартқан «Abai tv» телеарнасы жол тартты. Абайға қандай құрмет көрсетсек те артық етпейді. Себебі Хәкім Абай қандай құрметке болсын әбден лайық!
Жер-жерде «Абай күнін» лайықты дәреже-деңгейде атап өту қажет. Абай күндері көрші Ресейдегі Пушкин күніндей жалпыхалықтық сипатта өткізілгені жөн. Ол үшін әкімшілік бастамашы болып, арнайы қаржы бөліп, шын мәнінде халық ішінен Абайды сүйетін, шығармашылығын тануға ұмтылған, ақынға өлең-жырын арнаған әрі өз еркімен жиналатын азаматтардың поэзия алаңын ұйымдастыру керек. Абай күні маңызды мереке күніне айналуы керек.
Үкімет қабылдаған қаулыға сәйкес 10 тамызда «Абай күні» Алматыда алғашқы рет ресми түрде тойланды. Зиялы қауым өкілдері Абай ескерткішіне гүл шоқтарын қойды, ұлы ақынның мерейтойына арналған мерекелік жиын өтті. Салтанатты шараның басы Абай алаңында басталып, оған қала әкімі Бақытжан Сағынтаев, белгілі абайтанушы ғалым Мекемтас Мырзахметов, қаламгерлер Олжас Сүлейменов, Мұрат Әуезов, Роллан Сейсенбаев, Мұхтар Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының директоры Кенжехан Матыжанов сынды зиялы қауым өкілдері қатысты.
Қала әкімі Бақытжан Әбдірұлы дананың дара күнімен жиналған қауымды құттықтады:
– Абайдың туған күні ресми мереке болып белгіленді. Бұл күн қазақтың мәдениетін, әдебиеті мен поэзиясын бейнелейді. Президент жариялаған ұлы ойшыл және жазушының 175 жылдығы ақынның поэтикалық, философиялық еңбектерінің ғылыми-зерттеу жұмысын жандандырмақ. Абайдың мұрасы әлі зерттелу керек. Бұл ретте ұлы Абай айтқан принциптер, яғни еңбекқорлық, білімге деген құштарлық, адамзатты сүю мен ой тазалығы туралы пікірлері өзектілігін жоймайды,– деді қала басшысы өз сөзінде.
Бұдан кейін сөз алған, абайтанушы ғалым Мекемтас Мырзахметов хәкімнің еңбектерін насихаттау, оны болашақ ұрпақтың рухани құндылығына айналдыру бағытында атқарылып жатқан жұмыстарға тоқтала келе өз ойын былайша өрбітті:
– Күні кеше жарияланған Үкіметтің қаулысымен ресми бекіпті. Біз бұл күнді ұзақ күттік. Әділдіктің салтанат құратынына сендік. Тірісінде ақиқатты, әділдікті жақтап, ғылымды ту көтерген, соңына жақұттай жарқыраған қазына қалдырған жанға қатысты дүниелердің ешқайсысына біз немқұрайлы қарамауымыз керек. Бұл тұрғыдан алғанда қоғамда оның туған күніне қатысты екіұдай пікірдің болуы, екі түрлі датаның аталуы бізді қынжылтатын. Неге десеңіз, ұлы ақынның туған күні 10 тамыз екені айдан анық, еш талассыз шындық. Аға сұлтан Құнанбайдың анкетасында балалары туралы мәліметтер көрсетіледі. Сол жерде Абайдың туған күні деп 10 тамыз жазылған. Одан Семейге саяси қуғынға ұшырағандар келгені белгілі. Олардың пікірлері де мұны қуаттайды. Абайдың 1845 жылы, 10 тамыз күні Ералы жазығында туғаны айқын. Ол кезде Семей халқы көшіп-қонып жүрді. Олардың бір жерге отырықтануы өткен ғасырда ғана жүзеге асты. Шортанбай ақынның айтатыны бар ғой: «Әуелі бастан ханды алды, Қамалып қазақ сандалды», – деп. 1822 жылы хандық жүйе жойылған соң орыс губерниялары құрыла бастады. Олардың мақсаты белгілі еді. Әрине бұл ұзақ әңгіме. Біздің айтпағымыз, Абай сол тұста өмірге келді. Ұлы ақын өмірден өткен соң кеңестік саяси жүйенің ықпалымен қоғамдық-саяси көзқарастарынан бастап, өмір­баянына дейін бұрмаланды. Яғни туған күніне дейін өзгертілді. Осы күні аталып жүрген 23 тамыз қайдан шықты дегенге келсек, орыстарда ескі жыл мен жаңа жыл санауда 13 күндік айырма бар. Сол себепті ақынның туған күніне 13 күн қосылған. Бірақ бұлай жасауға болмайды. Оны кезінде біз жазғанбыз. Әрине, бұл жерде ақынның биографиясына терең бойламағанымды айта кеткен жөн. Мен көбінде оның рухани қазынасын зерттедім. Әуезов «Абайдың батысынан шығысы басым», – деген пікірде болған. Мен негізінен Абайдың шығысын зерттедім. Енді кешігіп болса да, ұлы ақынның туған күні ретінде 10 тамыздың бекігені құптарлық іс болды деп ойлаймын. Бұл сөзсіз солай болуы қажет нәрсе.
Ғалымның сөзіне қарағанда, алдағы уақытта Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына орай гуманитарлық пәндердің бөлінбес бөлшегі ретінде «Абайтану» курсын оқыту, сонымен қатар жаңа философиялық және саяси ұстаным тұрғысынан «Абайтану» оқулығы мен хрестоматиясы әзірленбек. Бұл бағытта жүргізілетін зерттеу жұмыстары еліміздің ғалымдары үшін де Абай әлемін тереңнен тануға мүмкіндік береді. Абайдың баға жетпес мол мұрасының тарихы, мәдениеті мен әдебиетін ту еткен халық үшін ұлттық санасы, руханиятының қайта жаңғыруының, қоғамның өркениет кеңістігіне ұмтылысындағы қозғаушы күші ретіндегі қызметі зор екені айтылды.
Шараның соңы жылдағыдай «Абай оқуларына» жалғасты. Жалпы ұлы ақынның шығармаларын жатқа оқу 1995 жылы 150 жылдығы қарсаңында басталған болатын. Содан бері бұл шара дәстүрлі түрде өткізіліп келе жатқаны белгілі. Бұл жолы да ақын өлеңдерін жатқа айтқан өлеңқұмарларға ақынның жаңадан шыққан кітаптары сыйға тартылды.
Ұлы ақынның асыл мұрасын насихаттау мен жас ұрпақ бойына сіңірудегі игі істің жалғасындай Алматы қаласының көптеген мәдени ордаларында Абай күнін атап өтуге байланысты жоспарланған шаралар өткізілді. Енді солардың бірқатарына тоқталайық.
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде ұлы ақынның 175 жылдығына орай ашылған тақырыптық залдың тұсаукесері өтті. Зал университеттің Ғылыми кітапханасында орналасқан. Онда ақынның өмірі мен шығармашылығына арналған арнайы экспозициялар, сондай-ақ Абай атамыздың панорамалық суреті бар.
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің ректоры Ғалымқайыр Мұтанов аталмыш залдың мақсат-міндеттері туралы айтып берді:
– Абай залы жастарды рухани жетілуге тәрбиелейді − Абайдың 175 жылдығы – мемлекетіміз үшін ерекше атап өтер мерейтойдың бірі. Соған орай, Қазақ ұлттық университеті ғылыми кітапханасынан Абай залын ашуды жоспарлап қойғанбыз. Соны енді Абай күнінде ресми түрде ашып, пайдалануға беріп отырмыз. Университетте жастар білім алып, маман болумен бірге халық үшін ерен еңбек ететін сауатты да, ойлы азаматтар болып қалыптасуы керек. Ал Абай − олардың рухани әлемін байытатын күш. Абайды оқып-түсінгендер «Атаның ұлы болма, адамның ұлы бол» дегеннің не екенін ұғары анық. Сондықтан өзін жетілдіремін деген жасқа Абай залының берері көп. Бұл жерде керемет кездесулер өтіп, соны көзбен көріп, мықтылардың сөзін санасына сіңіріп өсу − болашақты жасайтын бүгінгі ұрпақ үшін аса маңызды нәрсе. Біздің жастарымыз әлемдік деңгейде білім алып, ұлттың ұлы тұлғаларының өнегесін бойына сіңірсе, ол мемлекетімізді барлық жағынан жетілдірер күшке айналады. Біздің ұлы ақынның атына зал ашып, оған қатысты күллі дүниені осында жинап отыруымыз да сол − болашақ үшін титтей де болса пайдамыз тисін деген ойдың жемісі. Абай залы рухани орталыққа айналу үшін көп еңбекті қажет ететіні белгілі. Бұл тұрғыдан алғанда Халықаралық Абай клубымен бірігіп Абай шығармаларын толық күйде шығардық. Абайға, абайтануға қатысты барлық еңбекті жүйелеп осы залға жинадық. Сондай-ақ, Абай туралы фильмдер, Абайдың қара сөздері, М.Әуезовтің «Абай жолы» роман эпопеясы бастап т.б. көптеген еңбек түгелімен аудио форматқа түсіріліп, осында қойылған. Абайдың поэзиясы ғана емес, оның философиялық көзқарасы да біздің ұлтымыздың рухани дамуына зор пайдасын тигізетіні белгілі. Сондықтан біз ол тараптағы жұмыстарымызды одан әрі жалғастыра береміз, – университет ректоры.
Кітапхана директоры Калима Төлеубаева Абай залы туралы кеңінен сөз сабақтай келе:
– Зал 80 орынға арналған және заманауи аудио-видео құралдармен жабдықталған. Мұнда студенттер үшін дәрістер, кездесулер, конференциялар және басқа да ғылыми шаралар өткізуге болады. Сонымен қатар бұл жерде Абай шығармаларының, оның ішінде сирек кездесетін басылымдардың тұрақты көрмесі бар. Сондай-ақ Абай және оның шығармалары туралы аудио-видео материалдардың толық жинағы топтастырылған,– деп атап өтті тұсаукесер барысында.
Шарада ұлы ақынның Халықаралық Абай клубы мен ҚазҰУ бірлесіп басып шығарған шығармаларының толық жинағы ұсынылды. Осы шығарылым туралы Роллан Сейсенбаев әңгімеледі:
– Абай күні – қазақтардың мәдениеті, әдебиеті мен поэзиясы күні. Абай күні – қазақ халқының рухы. Бұл күн біз үшін әрқашан қасиетті болуы керек, өйткені бұл ұлы поэзия күні. Бұл күні Гете, Пушкин, Шиллер сияқты әлемнің барлық ұлы ақындары туралы айтуға болады. Олар адамдарды осы әлем кеңістігін танып білуге жетелейді. Абай – бүкіл өмірін қазақтарды ұлт етуге арнаған данышпан тұлға. Бүгін біз нағыз мықты ұлы мемлекет болу жолында тұрған қазақпыз. Биыл әлем екі айтулы күнді – ұлы ойшыл Әл-Фарабидің 1150 жылдығын және майталман ақын Абайдың 175 жылдығын атап өтуде. Қазақтың дархан жері адамзатқа өзінен тысқары жерлерде рухани және шығармашылық мұрасымен танымал болған ұлы перзенттерін сыйлады. Жақында әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-де Әл-Фараби орталығы ашылған болатын, ал бүгін – Абай атындағы зал ашылуда. Осының арқасында олар бізге, жас ұрпаққа жақындай түсті, бұл біздің рухани жаңғыруымызға деген сенімімізді күшейте түспек
Абайы бар, Абайды әлемге таныта алған Мұхтар Әуезовтей кемеңгері бар халық − бақытты халық. Бір кезде Әуезов, Сәтбаев секілді алыптарымыз бар кезде өзге жұрттар Алматыға білім іздеп келетін. Ащы да болса айта кету керек, Абайды танытарлық үлкен еңбек жасаудың орнына оның көзқарастарын ана дінге, не мына дінге тартушылық, шығармаларының мән-мағынасын ашудың орнына маңызы кем нәрселерді тілге тиек етушілік басым болып бара жатқан заманда көңілге медеу етерлік нәрсе таппай қиналасың… Бүгінгі қоғамды жемқорлыққа батқан деп айыптаймыз ғой, ал ол ұлыларымызды оқымаудан, солар айтқан асыл сөздің парқына бармаудан, соларды үлгі тұтпаудан пайда болған індет қой. Әйтпесе, Абайдың «Сый дәметпе, берсе алма еш адамнан» деген бір ауыз сөзін түсіне білген сауатты, зиялы адамдар абыройсыздыққа ұшыратар жаман әдеттен қашып жүрер еді. Бізде керісінше. Демек, Абайдың атын білгенмен сөзін білмейтіндер, сөзін білгенмен мағынасына бойламайтындар көп. Бірақ халық бар жерде үмітсіздік жеңген емес. Абайды әлемге таныту жолында істеліп жатқан ізгі істер жоқ емес, бар. Әркім қазағы үшін алға талпынып қадам басса, оның нәтижесі жаман болмайды. 1995 жылы Лондонда «Абай үйін» аштым. Содан кейін Абайды ағылшын, француз, неміс, араб, түрік тілдеріне мықты аудармашыларға аударттым. Ол кезде сол тілдерге аударатын мықты кәсіби аудармашылар бар еді. Кәзір ол деңгейдегі тәржімашыларды таппайсыз. Біз Лондонда аударма жасамастан бұрын ол іске түркологтарды тартып, оларға қазақ тілін үйреттік, оларға мықты жолма-жол аудармалар дайындап бердік. Оны көп тіл білетін өзіміздің мықты аудармашылар жасады. Олардың арасында елімізге келіп қазақ тілін оқып, игергендер де бар. Міне, осындай мамандар Абайды әлем тілдеріне аударып, танытып жатыр. Абай шығармашылығын насихаттауда істелетін істің бірі − ақын туындыларының текстологиялық жақтан зерттеліп, қалпына келтірілуі ғой, біз Абайдың мына соңғы басылымында текстологиялық жақтан көп жұмыс істедік. Негізі, ақынның текстологиясын ақын жасау керек. Сонда ғана жұмыс нәтижелі болмақ. Сондай-ақ мына он томдықтағы Абай туралы арнайы томдыққа күллі әлем қаламгерлерімен бірге М.Әуезов, С.Мұқанов, Қ.Жұбанов, Ғ.Мүсірепов, Т.Әлімқұловтың жазғандарын кіргіздік, – деді Роллан Сейсенбаев.
Ол он томдық басылымға орыс, ағылшын, француз және неміс тілдеріне аударылған туындылар кіргенін атап өтті. Жинақтың «Абай туралы сөз» атты жеке томы толығымен Абай туралы әдебиеттанушылар, ақындар, жазушылар және әлемге әйгілі ғалымдардың тұшымды тұжырымдарына арналған. Тұсаукесер соңында оқу ордасының студенттері мен оқытушылары Абай өлеңдерін оқып, ақынның әндерін орындады. Шараға қатысқан оқытушылар мен студенттерге жаңа шыққан кітаптар тарту етілді.
Елімізде жүргізіліп жатқан оқшаулану санитарлық талаптарына сәйкес «Абай күніне» арналған Алматыдағы өнер ордаларындағы шаралар онлайн жалғасты. Жалпы жиынтығы 25 әдеби, мәдени, танымдық, конкурстық, қойылымдық шараны құрайды. Мәселен, мультимедиалық дәстүрлі музыка орталығы «Мен жазбаймын өлеңді ермек үшін» атты тақырыпта Абай әндерінен онлайн-концерт және іліпәкет эстафетасын өткізді. Бұл шараның өтетіндігі орталықтың сайтында алдын ала хабарланғандықтан да концертті тамашалаушылар мен іліпәкет эстафетасына атсалысқандар қатары қалың болды.
Ал Ықылас атындағы ұлттық музыкалық аспаптар мұражайы ұйымдастырған онлайн-көрме «Ұлы даланың ұлы ақыны – Абай» деп аталды. Экскурция барысында мұражайда сақтаулы тұрған ақынның өзі ұстаған домбырасы көпшіліктің қызығушылығын тудырды. Мұндай жәдігердің мұражайда барын білмейтіндер оның қашан, қайдан әкелінгенін сұрап, көрермен мен мұражай мамандары арасында шынайы қызығушылықтан туындаған сұрақ-жауап орнады.
Өз кезегінде «Алатау» дәстүрлі өнер театрының әншісі Ж.Мұсағалиевтің «Мен бір жұмбақ адаммын оны да ойла» тақырыбындағы онлайн-концерті де көп көрермен жинай алуымен ерекшеленді. Мұндай ерекше шараны Жамбыл атындағы және Бегалин атындағы кітапханалар да ұйымдастырды. Алғашқысы «Абай – алаштың темірқазығы» аталған бейне-көрме болса, екіншісі «Абай – дана, Абай – дара қазақта» деген тақырыптағы онлайн-көрме, концерттік бағдарламаға ұласты.
Алматы қалалық білім басқармасы да «Абай күніне» бірнеше шара ұйымдастырыпты. Оның алғашқысы ақынның өлеңдері мен «Қара сөздерін» мәнерлеп оқудан конкурс болса, екіншісі facebook және instagram әлеуметтік желілеріндегі бейнероликтен тұрады. Бұл шараға Алматы қаласындағы мектептер мен колледждердің оқушылары да қатысты. Бұдан бөлек, Алматы қаласындағы бірнеше ғылыми-зерттеу институттарында ақынның шығармашылығын зерттеуге байланысты ғылыми-конференциялар мен семинарлар да өтті. Оған осы ғылыми-зерттеу институттарының магистранттары мен докторанттары қатысып, өз зерттеулерінің ерекшеліктерін ортаға салды.
Абай күніне орай Алматыдағы Радиоэлектроника және байланыс әскери-инженерлік институтының курсанттарымен қазақтың ғұлама, ойшыл ақыны, ағартушы Абай Құнанбайұлының мұрасына арналған әдеби-шығармашылық сағаты өткізілді.Шараның басты мақсаты – болашақ офицерлерді Абай мұрасына ортақтастыру, әйгілі ақынның идеясын кең насихаттау. Әскери оқу орнының бастығы генерал-майор Асқар Мұстабеков Абай Құнанбаев мұрасының ерекше маңыздылығына тоқталып келе, қазақ ақынының еңбектері әлем әдебиетінің шоқтығы биік туындыларымен қатар тұрғанын, оны кеңінен насихаттау – игілікті іс, келер ұрпаққа артылар зор аманат екенін айтты. Курсанттар Абай өлеңдері мен қара сөздерін қазақ, орыс, ағылшын тілдерінде жатқа оқыды, шығармашылығын талдап, домбырамен ән-күй шырқалды, ұлы тұлғаға арнаған өлең жолдарын жеткізді. «Абай өлеңдері терең ойға жетелейді, айналаңа басқаша көзқараспен қарауға үйретеді. Ұлы ойшылдың айтқан әрбір сөзі дөп басып айтылған, осы күнде де өзектілігін жоғалтпаған», – дейді курсанттар бірауыздан. Әскерилер ел Президенті Қ.Тоқаевтың Абайдың 175 жылдығын тойлау туралы бастамасын кеңінен қолдап, түрлі шараларға атсалысып келеді. Жыл басынан бері әскери оқу орынының көркем әдебиет кітапханасында «Абай мұрасы» атты көрме жұмыс істеп тұр. Оған данышпан ақын, ойшыл қазақ әдебиетінің шоқтығы биік ірі тұлғасы Абай Құнанбайұлының өлеңдер жинағы, қара сөздері жинақталған 1500-нан астам әдеби мұралары қойылды.
Бұл шарадан Қастеев атындағы мұражай да шет қалған жоқ. Олар мерзімді басылымдарда жарияланған Абай туралы мақалалардан көрме ұйымдастырып, соларды көрерменге онлайн форматта таныстырды.
Жалпы Алматы қаласы ұлы ойшылға арналған шараларды жоғары деңгейде өткізе білді.
Абай күні мен оны өткізудің мән-маңызы туралы әдебиеттанушы-ғалым Елдос Тоқтарбай былайшы ой өрбітті:
– Абай – қазақ ұлтының төлқұжатына айналған тұлға. Үкіметтің 10 та­мыз­ды «Абай күні» деп мемлекеттік мерекелер күнтізбесіне атау­лы күн ретінде белгілеуі – ерекше жаңалық. Руханиятымыз үшін айрықша оқиға. Мәселен, көрші Ресейде Пушкин күні, Өзбекстанда Науаи күнінің тойлануы – әлемдік мәдени кеңістікке белгілі еді. Осы секілді мысалдар көбірек келтіруге де болады.Өз басым Үкімет Қаулысын жақсы қабылдадым. Себебі, қазіргі таңда абайтану ғылымындағы ой-пікір, тұжырым биологиялық тұрғыда «қартайып» кетті. Абайтанушы ғалымдарымыздың алды – тоқсан, ең жас дегені – елу бесте. Сондықтан да Абай Құнанбайұлының тұлғасы мен шығармашылығын зерттеу, зерделеу мәселесі жаңа көзқарас негізінде қайта қарастырылуы шарт. Кеңестік билік кезеңінде идеологиялық цензураға ұшыраған тарихи тұлғалар мен оқиғалар өте көп. Олар – Қазақ елін азаттық пен дербестікке бастаған оқығандар. Міне, сол оқығандардың бәрі Абай тұлғасын ұлттық культке айналдыру мұратын қолдаған, ақын туралы тұшымды ой жазған, өшпес із қалдырған-ды. Анығында, біз сол арыстардың көбін білмейміз де. Шаң басқан архив қоймаларындағы абайтануға қатысы бар құжаттарды ғылыми айналымға шығарсақ, Абай тұлғасын ең алғаш болып насихаттаған арыстар туралы жаза бастасақ, көкжиегіміз кеңейеді. Тарихи санамыз жаңғырып, «Абай мен Алаш» тақырыбын біртұтас елдік идея деп ұғуымызға жол ашылады.Абайтану ғылымында шешілмеген түйткіл жеткілікті. Аса маңыздысы – хакімнің шығармашылық мұрасына толық текстология жасалуы, академиялық жинағының даярлануы.Енді жыл сайын Абай күнін ұлықтау арқылы жасөспірімдер мен қоғам өкілдерінің санасына ақын болмысын дәріптеп, оларды ізгілікке, адалдық пен әділдікке шақырамыз. Бұл – жауапкершілігі мол тәуелсіздігіміздің беріктігіне қызмет ететін рухани миссия.
Жас ғалым айтса айтқандай, Абай күні осындай игі істердің, ізгілік пен жақсылықтардың бастауы болса, мақсаттың орындалғаны деп білеміз!

Майра БАЙТУРЕЕВА,
тарихшы-ұстаз

Пікір қалдыру