Амангелді КЕҢШІЛІКҰЛЫ. АБАЙ АҚЫНДЫҒЫНЫҢ АЛТЫН БАСТАУЫ

Бір ғасырдан астам уақыт бойы ақын өмірі мен мұрасы талай-талай мүйізі қарағайдай ғалымдардың зерттеулеріне алтын арқау болса да абайтанудың соңғы нүктесі әлі қойылған жоқ. Бұл мақаламызда біз ұлы Абайдың сан қырлы шығармашылығының маңызды арнасы, жалпы адамзаттық және ұлт-тық құндылықтарды бойына сіңірген кемеңгер дүниетанымының қалыптасуына мұрындық болған алғашқы алтын бастауы – «шығысын» зерттеуге ықылас таныттық. Әрине, өткен ғасырда да оған көңіл бөлген ғалымдар болғанымен, ақын ойының кемелдене түсуіне игі ықпалын тигізген шығыстық қайнарларды зерттеу ісі тәуелсіздіктен кейін ғана қолға алынды. Күрмеуі көп күрделі тақырыпқа терең бойлаған профессор, филология ғылымдарының докторы Мекемтас Мырзахметовтың осы саладағы сүбелі еңбегін ерекше атап өткен ләзім. Әйткенмен, белгілі ғалымның «Абайдың шығысын әлі толық ашқан жоқпыз» деген сөздері әлі күнге өзекті.

Мойындауымыз керек, ділімізді, тілімізді, дініміз бен салт-дәстүрімізді жоғалта жаздаған аумалы-төкпелі заманда хәкім мұрасын ықыластана зерттеуге байланысты адымымызды аштырмаған тұсау көп болды. Зорлап таңылған сыртқы идеологиялық қысымның салдарынан біз амалсыздан атеистік, маркстік материалистік қоғамды қабылдадық. Құдайды жоққа шығарған қилы заманда «Алланың өзі де рас, сөзі де рас» деген данышпанның дінге көзқарасына, ақындық дүниетанымының қалыптасуына негіз болған шығыстық бастауларына терең үңіліп, егжей-тегжейлі талдауға жол берілмегені айтпаса да түсінікті. Егемендік алған соң Абайтанудың өрісі ұлғайып, хәкім шығармаларының қайнар көзі болған шығыстық бастауларға бір табан жақындай түстік. Советтік идеологиядан шідер үзіп кеткен мүмкіндіктің арқасында зерттеуші ғалымдардың алды ден қоя бастаған ақынның сопылыққа қатысты тұстарын тарқатып айту қажеттілігі алға шықты. Жалпыадамзаттық құндылықтардың ақын мұрасындағы алғашқы көрінісін шайыр-сопылардың асыл қазынасынан іздеу керектігі де бізді шығыс әлеміне жетелей түсті. Осыған орай Абайдың ақындық ізденісінің іргетасы болып қаланған алғашқы мектептерін – зерттеуіміздің негізгі нысанасына айналдырдық.
Ғалымдар Абай туындыларының шыңырау тереңдігімен ұштасқан шығыс мәдениетіне, әдебиетіне, философиясына қатысты бастаулардың үш арнадан тамыр тартатынын түсіндіріп берді. Атап айтсақ, олар ұлы ақынның дінге, шығыс классиктерінің мұрасы мен cуфизмге қатыстылығы. Хәкім дүниетанымының қалыптасу жолдарын жаңағы айтқан құндылықтар төңірегінен іздеу үрдісі әдебиетшілердің басты ұстанымы болып келгені аян. Келешекте де Абайдың шығысын зерттеушілер осы бағытқа көз тігетініне сенімдіміз.

Кемеңгер өмір сүріп, «мыңмен жалғыз алысқан» қоғамдағы отаршылдық өзгерістер ақын көзқарасына әсерін тигізбей қалған жоқ. Сондықтан да заман тынысына ерекше назар аударып, күні кешеге дейін көп зерттеле қоймаған орыс патшасының қазақ даласындағы дін мен ислам мәселесіне қатысты ұстанған қитұрқы саясатына мән берудің маңызы зор. Себебі ресей империясының дін саясаты жергілікті халықтың діни наным-сеніміне қайшы келіп, айтарлықтай өзгеріске түсіп, дәстүрлі діннің қазақ даласындағы, соның ішінде орта жүз аумағындағы ықпалы бірте-бірте төмендей бастады. Патша билігінен кейін тарих сахнасына шыққан Совет үкіметі жергілікті халықты дінінен, тілінен, салт-дәстүрінен айыруға білек сыбана кірісті. Әрине, мұндай асыра сілтеушіліктердің бәрі де зерттеушілердің Абай даналығының исламиятқа қатысты тұстарында дағдарып, мәселені бетінен ғана қалқып, «шымырлап бойға жайылатын» шығармаларының шындығы ашылмай қалды. Ендігі кезде осы ілім яғни, исламият ізінің Абай шығармашылығында көрініс табуын анықтау ләзім, өкінішке қарай бұл мәселе жабуы қазан күйінде қалып қойды. Көшпенділер өркениеті аяқталып, құндылықтар алмасқан өліарада пайда болып, етек алған дәстүрлі ислам мәдениетін түбегейлі өзгертуге бағытталған татар ағартушыларының «жәдидшілік» ағымы да Абай елін айналып өтпегенін ескермеуге болмайды.

Біз өз мақаламызда «Абай жолы» эпопеясының авторы Мұхтар Әуезовтің еңбектерін темірқазық етіп, орта ғасырлық сопылық жолына да үңіліп, ол жөнінде айтылған ғалымдардың зерттеулеріне, сондай-ақ, Сәбит Мұқанов, Қажым Жұмалиев, Мекемтас Мырзахметұлы, Сейіт Қасқабасов, Досай Кенжетай және ақынның көзін көрген замандастары мен туыстарының естеліктеріне сүйене отырып, айтар ойымызды айшықтап алдық.

Ключевые слова: Абай Құнанбайұлы, Қара сөздері, Мұхтар Әуезов, суфизм, Шығыс шайырлары, Фирдоуси, Низами, Науаи, Хафиз, Саади, ислам, діні мектептер, жадидшілік, медресе.

Кіріспе

Зерттеуіміздің құлақүйіне айналған тақырыбымыз хәкімнің «Шығысы» болғандықтан, «Абайдың шығысын діннен іздеңдер» деп қадап айтып кеткен Мұхтар Әуезовтің сөзіне айрықша мән бергелі отырмыз.
Бүгіні таңда Абайдың діни танымдары туралы да көптеген дүниелер жарық көрді. Бұл тараптағы ізденісте ақын шығысына жан-жақты үңілген ғалым Мекемтас Мырзахметұлының оны түркі дүниетанымымен ұштастырып, толық адам бейнесін ашуына ықыластана назар аударуы – абайтану ғылымындағы тың бетбұрыс. Өмірін ақын мұрасын зерттеуге арнаған ғалым Абайдың өлең өрнегіндегі шығыстық белгілерін қарап, өлшемдерін саралап, көп жаңалық ашты.

Дей тұрсақ та, әлі күнге дейін Абайдың шығысын тануда тайғанақтап, оны түйсігімізге түюде мүдіре беретініміз де рас. Советтік ғылымның біржақтылығымен күресе жүріп, жанкештілікпен жұмбақ тақырыпқа жол ашқан М.Әуезов: «Абайда Батыстан кірген белгілерден гөрі Шығыстың белгісі басымырақ, нығырақ1» деп жазып, онысы сол замандағы идеологияның ықпалымен үлкен сынға ұшырап, ақыр соңында Абай Шығысының есігі жартылай ашылған күйінде қалып қойғаны аян.

Әйтсе де Мұхтар Әуезов ұлы ақынның шығысын зерттей келе, келешекте ер-тұрманы түгенделер деген үкілі үмітпен мәселенің нобайын жобалап, бізге бағыт сілтеп кетіпті. Ал, жазушының кемеңгер Абайдың шығысын сынағандардың аузын жауып, тұнық тұманы ақиқатқа жуыспайтын бөтен пікірлерден қызғыштай қорғағанын ерлікке теңемеске амал кем. «Абайға шығыстан кірген бұйымдардың басы ислам діні2» деген Әуезовтың сөзі ақынның шығысын ең алдымен діннен іздеуіміз керек екеніне жөн сілтеп тұр.
Совет кеңістігінде ислам дініне тиым салынғанымен бірге, хәкім шығармаларындағы шығыстық белгілерге аса назар аудармай, батыс пен орыс ойшылдары, ақындары мен жазушыларымен үндестігін зерттеуге күш салынды. Бұл қадам қазақты ұлттық болмысы мен дүниетанымына жақын шығыс руханиятынан алшақтатып жіберді. Ұлттың өз дінін ұстануына тиым салынуы аздай, ежелден жеткен көненің көзіндей асыл мұраларымыздың мән-мағынасы бұрмаланып, халқымызды өткенінен жиренуге мәжбүрледік. Солақай саясаттың кесірінен болған санадағы өзгеріс бізді Абайдан алыстатып, зардабын әлі күнге тартып келеміз.

Бұл зерттеуіміздің мақсаты мен мәні ретінде хәкім Абайдың рухани бұлағының көзін ашпақпыз, қыр адамы болмысындағы өзгерістердің темірқазығына айналуының алғышарттарын анықтауды көздеп отырмыз. Оның туындыларында ғана емес өмірлік көзқарасы мен іс-әрекетіндегі жалпыадамзаттық құндылықтардың ақын жүрегіндегі көрінісіне үңіліп көрмекпіз.
Зерттеу нысаны – Абайдың өмірі, өсу жолдары мен қазақ сахарасындағы ислам тарихы мен патша империясының дін саясаты, татар дін ағартушыларының ықпалы, исламның сопылық мұрасы мен оның көрнекі өкілдері, сопы шайырларының ақын шығармашылығындағы іздері болмақ.

Зерттеудің негізгі міндеттері – Абай мұрасына жаңа көзқараспен қарап, осы саладағы алғашқы абайтанушылардың еңбектеріне баға беру, заман ағымына қарай айтылмай кеткен пікірлерін ой елегінен өткізіп, толықтырып, Абай шығысына қатысты болжам жасау.

Әділіне жүгінсек, біз Абайды ұлттың ұлы ақыны ретінде танығанымызбен, ислам мен көшпенділер дүниетанымындағы сопылық ойларын жалпы бұқараға өз дәрежесінде насихаттап, түсіндіре алмадық, шығармаларының сопылар поэзиясымен үндесіп жатқанын тілге тиек етуден тайсақтадық. Кезінде ақынның сопы інісі Шәкәрімнің «Ибрахим мырзаның тұрағы қазақ іші болғандықтан, қадірі азырақ білінді. Олай болмағанда данышпан, хакма, философ кісі еді. Қор елде туды да, қорлықпен өлді3» деп ғұлама ғұмырына нақты бағасын берді. Бертіндегі зерттеушілер совет идеологиясының ыңғайына жығылып орыс пен батысына қатысты жақтарын ғана қадап айтып, мұндай біржақты көзқарас хәкімнің шынайы болмысының көмескіленуіне себепші болды. Данышпаның көңілімізге жақын сәулелі сөздері көкірегімізде сайрап тұрса да жүрегімізге жуытпай өстік. Адамзаттың бәрін бауырына басуға ұмтылған ойшылдың ақындық жанын түсінуге қауқарсыз оқырмандарының көп болуы Абайдың биіктігінде, ұлылығында жатыр. Алайда сол ұлылыққа апаратын жолдың үзіліп қалып, нәзік сәулесін оқырмандарының кеудесінен өшіріп тастауы Абай мұрасына бір жақты қарауға әкеп соқтырды.

«Мен бір жұмбақ адаммын, оны да ойла4» деген ақын сөзі біздің ізденісімізге түрткі болып, абайтанушылар қатарына еріксіз жетелейді. Абайша ойлап, жүрегінің қат-қабат қалтарысына үңілу, рухани тамырларының лүпілін басып тынысын сезіну алдымен ақын әлеміне бастайды. Абай әлемі арқылы жаратылыстың төріне самғап, ондағы өз орнымызды табуға әсер етеді. Бұл ауыр жол. Абай – ұстаз, Абай – жолбасшы, Абай – қатал үкім шығаратын ардың соты да. Сондықтан да Абай кеңістігіне терең бойлай алмаған, хәкім әлемінің бір кірпіші болып тетігін таба алмай, шашылып қалған біз қасіретті жандармыз.

Ақынның бүгінгі оқырмандары жас Абайдың шығыс шайырларынан медет сұраған халіндей десе де болғандай:
«Физули, Шамси, Сәйхали, Науаи, Сағди, Фирдауси, Қожа Хафиз бу хаммаси, Мәдет бер, иә, шағири фарияд».
Сопы-шайырларының аруақтарынан демеу күткен бозбала сияқты, жылдар өте бере биіктеген Абайдың рухты аруағынан біздер де медеу сұраймыз.
Біз осы еңбегімізде Абайдың білім алған ортасымен, сол кездегі қоғамдағы өзгерістерге тоқталмақпыз. Хәкімнің сопылық сарынды өлеңдерінің құпиясын ашуға талпыныс жасап, ақын жүрегіндегі рухани кемелдіктің кілті арқылы «кемел адам» образын толықтыруға ат салысамыз. Оның жылдар өте бере сопылық жолынан ұзап та кетпеген, бірақ бұл жолды таңдамауының себебіне үңілеміз.

Бірінші кезекте ақынның алғашқы мектебі, қырда алған біліміне тоқталу қажет. Қырдағы білім беру саласына татар діндарларының келу факторы, оның исламиятқа қатысы, оларға дейінгі діни білім беру жүйесін зерттемей көп нәрсені түсіне алмаймыз. Неге екені белгісіз, «Абай мен оның әкесі өмір сүрген ортадағы ислам өркениетінің өкілдері кімдер еді?» деген сұрақ зерттеушілердің назарынан тыс қалып келеді. Сондықтан да сол дәуірдегі қазақ даласындағы ислам дінінің рөлі, оның жас Абайға ықпалына талдау жасау аса маңызды.
Абай және ислам. Сопылық жолы қандай жол? Сопы-шайырлары мұра­сының ақын шығармашылығында көрініс табуы, Абайша жырлануы, жалпы адамзаттық құндылықтардың ақын дүниетанымымен үндесуі, ғұламаның жеткен биігі туралы ойларымыз еңбегімізге арқау болмақ. Зерттеуімізде Абай және Шығыс шайырлары Физули, Шәмси, Сәйхали, Науаи, Сағди, Фирдауси, Қожа Хафиз мұраларына шолу жасауға да ниеттеніп отырмыз.

1.1 Ақынның алғашқы мектебі

Абай өмірбаянының Мұхтар Әуезов жазып қалдырған төрт нұсқасы бар. Ұлы ақын он жасқа келгенде әкесі Семей қаласына әкеліп, оқуға берген. Бұдан бұрын қырда да Абайдың біраз оқығандығы айтылады. Ақынды ауылында оқытқан молда туралы С.Мұқанов былай деп жазады: «Құнанбай Абайды Ғабитхан дейтін татар молдаға сабаққа береді. Ғабитхан Қазан жақтан 1850 жылдары солдатқа алынудан қашып, қазақ даласына келеді де, Балқаш көлінің шығыс жақ жиегін мекендеп отырған Керей руында Шүршіт атты байға көп тоқырайды. Келесі жылы Көкшетау дейтін жерде Құнанбай көршілес көп руларды шақырып, өлген әкесі Өскенбайға ас береді. Сол асқа Шүршіт Ғабитханды ала келіп: «Біздің ел дін жолына шорқақ, дінді жақсы ұстап тұрған Құнанбай, сен осының қолында қал», – дейді. Ғабитхан бұл сөзге көнген соң, Шүршіт Құнанбайға Ғабитханды қалдырып кетеді. Құнанбай Ғабитханды аулына алып келіп, қазір Ескі там аталатын жерге медресе салады. Абайды және ауылдың басқа балаларын сол медресеге сабаққа береді. Бұл-Шыңғыс тауының өлкесіне бірінші орнаған медресе. Ғабитханның мұсылманша білімі қаншалық болғандығы туралы сақталған материал жоқ. Бірақ Құнанбай Абайды одан екі-үш жыл ғана оқытып, Семейдегі медресеге жіберуіне қарағанда, Ғабитхан оншалық мол білімді адам болмау керек»5 .

Семейдегі алғашқы білім берген молдасы Ғабдұлжаппар деген татар. Артынан бұдан да шығарып, Қазанның «Маржани» медресесін бітіріп келген Ахмет Риза деген молдаға тапсырған. Осы медреседе үш жыл оқиды. Бұл мешіт-медресе 19 ғасырдың 50-жылдары ашылған.

Әлі күнге дейін жас Абайдың үш жыл діни медреседе үш ай орысша оқуымен білім алуы аяқталып, елдің тірлігіне ерте араласқаны айтылып жүр. Осыған орай «болашағынан көп үміт күткен баласын Құнанбай неге осы оқуға берді, татар молдаларынан басқа білім орындары болмады ма?» деген сұрақтың жауабын іздеу қажеттігі бар.
Абай өмір сүрген кезеңді еске алсақ, бұл көшпенділер өркениетінің тынысы тарылып, қазақ жеріндегі хан билігі құлап, ақ патша отарының салтанат құрған шағы болатын. Болашақ ақынның әкесі Құнанбайдың атағы дәуірлеп тұрған шағында орта жүзге отаршыл елдің азуы батып, ел билеудің аға сұлтандық жүйесі енген еді. Абай ержетіп әкесінің қолқанатына айналғанда 1868 жылғы Сібір қазақтарын билеудің жаңа жүйесі «Жаңа низам» ендіріліп, бодандық ноқтасы тарыла түсті. Осылайша ақын өмір сүрген орта «орыстанып», кейін қазақ даласының дәстүрлі рухани өмірі түбегейлі өзгеріске ұшырады. Абайдың әкесі мен бірге туыстас ағайындары патша өкіметіне қызмет етіп, шен алған елге белгілі тұлғалар болды.
Егер Абайға дейінгі қазақтың сөз қуған ақын-жыраулары арабша сауаттанып, асып кетсе Түркістан, Бұқара, Самарқандта білім алса, ендігі ұрпақтың танымында орыс-татар оқуының ықпалы артты. Ол кезеңде қазақ даласы «1822 жылдағы сібір қазақтарына арналып шыққан жарғы» бойынша округке бөлініп, «округтық приказдар» билейтін. Округтың бастығы – аға сұлтан, приказдың қалған екі мүшесінің бірі – өкімет чиновнигі (елдің көбі мұны «майыр» дейтін). Үшінші мүшесі – сұлтан атанады. Осы кезде Құнанбай аға сұлтан болады6. Баласына заманына сай лайықты білім беру әкесінің міндеті болса керек-ті. Басқа таңдау болған жоқ.

Абайдың медреседегі жылдары сусындаған ортаазиялық жадидизм мен оның идеялық негіздеріне тоқталмас бұрын ақынның он жасына дейінгі білім алған қырдағы діни мектептеріне шолу жасалық. Сөзімізге дәлел ретінде К.Ысқақұлының «Абай (Ибраһим) Құнанбайұлының өмірі» деген естелігіндегі «Абай 10 жастан 12 жасқа шейін қырда мұсылманша оқыды7» деген сөзі қырдағы оқудың не екендігін анықтауды талап етеді.

Абайтанушы ғалым Мекемтас Мырзахметұлы Абай тұсында «мектеп медреселерде, мешіттердегі уағыздарда Наху (араб тілі синтаксисі), Фихк (мұсылман правосы), қырық хадис, шарх Ғабдолла, ахлақ (этика) мантиқ (логика), ислам тарихы, суфизм ақындарының шығармалары негізгі оқулық ретінде қолданылатын еді8» деп айтады.
Бұл негіз Ысқақов Әрхам Кәкітайұлының «Абайдың өмір жолы» деген естелігінде де кездеседі. «Дін оқуының қырдағы оқудан өзгешелігі аз. Қырдан құран, қырық хадис, бақырған оқыса, мұнда да сол құран оқытады. Оған қоса Тухфатулмүлк, Мұхтасар деген араб тіліндегі кітаптарды оқытады. Құран аяттарын жаттатады, мешітке апарып бес уақыт намаз оқытады. Рамазан айларында тарауық айтқызады. Үш жылдай Ғабитқан молладан оқып, дін сабағын ұғынып қалған Абайға бұл онша қиынға түспейді. Тез арада алдыңғы шәкірттердің қатарына қосылып, мәжілістеріне қатыса бастайды»9.

Егер сол кезеңдегі діни мектептердің ортақ бағдарламасына көз жүгіртсек, онда алты жастан оқуға беретін болған екен. Демек Абай Семейге діни медресеге бармас бұрын, бірнеше жыл елдегі мектептен өткен деуге болады. Ол қандай мектеп? Бұл жылдар Абайдың өмірбаяндарында неге қарастырылмаған?

Бұлай сұрауымыздың себебі, сол кезеңдегі 1892 жылғы Санкт-Петербургтен шыққан Халық ағарту журналының қазан айында жарияланған санында Түркістан өлкесіндегі медреселер жайында мынадай мақала жариялаған. Онда «Түркістан өлкесінің империяға қосылғанына ширек ғасыр өткенін айтып, енді ондағы мектеп жайында біліп онымен айналысатын уақыт келді» деп жазады мақала авторы Керенский.10 Медреселердің құрылымын толықтай зерттеген автор, шәкірттердің алдымен араб тілін үйреніп, сосын әптиек (құран сөзі) оның соңында шаркітабын, (шариғаттар жинағы). Бұл жаттап алынғаннан кейін, парсы тілінде жырларды оқу керек. Шәкірттерді жасына қарай үш топқа бөлетінін айтып, жоғары топтың оқушыларының зеректеріне арифметика үйреткенін жазады. Автор мұндай мектептер санының көптігіне қарамастан, мысалы Ташкентте 167, Сырдария облысында 1402 деп келтірген, оқушылардың дені оқуын әрі жалғастырмай, медресеге санаулылар түседі дейді. Бұл мектептен өткендер, үлкен медреседе оқығандар ел ішінде болды әрине. Абайдың үш жылдық Семейдегі оқуы, оның ерекше қабілеттігін ескерсек, осы заңдылықтан туындаған деуге болады.

Абайдың жасынан зерек, ұғымтал болып өскенінің бір дәлелін Әрхам Кәкітайұлы мына естелігінде өрбітеді: «Өздерінің мөлшерлері дәрісін оқып шығып қолы босаған уақыттарында халфелік білім алуға жақындап қалған ірі шәкірттердің бір ермегі шығар, бәйіт айту, Мұхамедие, Зарқұм, Суффаттл ғазиз деген жырлы, күйлі кітаптарды әндетіп қосылып оқу, думан-сауық құрып, көңіл көтеру әдеті екен. Туысында ақындық таланты бар Абай мына ұйқасымды, мұңды, күңіренген үнді қатты тамашалап, бар ынтасын қойып тез үйренді. Соларға қосылып өзі де бәйіт, шығыр (шағири) айтатын болады».

Жасынан артық туған жас Абайдың дана Абай болып қалыптасуына осы мектептің тәрбиесі болғанын ескеруіміз қажет. Бұл арқылы кеңес заманында жарқырап шыққан тұлғаларымыздың «ауыл молдасынан білім алған» деп желдіртіп шыққан жолдардың астарында жүйелі діни білім болғанын түсінуіміз қажет. Хәкім Абайды адамзаттық ақыл-ойдың биік шыңына алып шыққан баспалдақ осы мектепте Ғабитхан молданың мектебінен бастап қаланғаны сөзсіз. Семейдегі орысша білім алған «городская приходская» школасы сол биікке бастаған баспалдақтың бірі ғана болса да маңызды сатысы. Ақын кейінірек жазған:
Жазу жаздық,
Хат таныдық,
Болдық азат молдадан.
Шала оқудан
Не жарыдық,
Қалғаннан соң құр надан?
Бағасыз жастық Бозбастық,
Адастық, – деуі үлкен ілімнің есігінен сығалап, жылдам жапқан білімге құмар шәкірттің сөзі десе болғандай. Жауапкершілігіне ерте түскен елдегі тірлік ілімі жолынан бұрып әкетіп, өмірдің мектебіне ауысады. Оның өкініші жоғарыдағы жырда қалса керек.

Демек, бұл діни мектептер Абай үшін жабылған болатын. Сол кезеңдерде Семейге жақын жердегісі Қаратаудағы Қарнақ, Түркістан, одан әрі Бұқара мен Ташкентте исламның үздік оқу орындары дәуірлеп тұрса да, орыс жайлап, өз заңдарын енгізген Абайдың өмір сүрген уақытында Арқада бұл ілімді қолдаушылар да ізденушілер де сирек болды. Оның басты себебі патшаның дін-білім беру саласына қатысты қазақ даласындағы үлкен өзгерістер еді.

Әрине, Ресей империясының саяси және экономикалық ықпалы артқан сайын ағартушылық идеологиясына да мән беруі отаршы ел үшін белгілі жайт. Алғашқы кезінде қолдарына қылыш емес құран ұстап келудің тиімділігін өздері де жақсы сезінді. Бұл істе қазақтың даласында саудасын жүргізіп, еркін шиырлап жүрген діндес татарларды тарту патшаға тиімді еді. Қыр қазақтарын тез ырқына көндіру үшін татар-башқұрт саудагерлерін соның ішінде молдаларын да Қырға жібереді.

Сол шақтағы батыс-сібір генерал-губернаторлығының ислам насихатының орталығы Семей қаласы болатын. Бір қаланың өзінде жылына 100 шәкірт тәрбиелеп шығаратын 9 татар мешіті бар-тын. Ресейдегі тарих және халықаралық қарым-қатынастар институты шығыстану факультетінің меңгерушісі, тарих ғылымдарының докторы Ю.А.Лысенконың айтуынша: «годных для распространения образования и религиозных знаний в среде киргизского населения». Большая часть окончивших медресе направлялась в Степь по приглашению казахов на должность аульных или волосных мулл [16, л. 9об].11 Яғни, қазақ тілінде айтқанда бұл сөздің мағынасы төмендегідей болады: (Қырғыз тұрғындарының ортасында білім беру мен діни білімді тарату ісіне жарайтындары. Медресені бітіргендердің басым бөлігі қырғыздардың шақыруымен ауылдық және болыстық молдалар қызметіне жіберілді). Абай білім алған Ахмет Риза мешіт-медресесі ислам мен түркі ғылыми әлемінде аса үлкен реформаторлық-жәдидтік ілімді қалыптастырған ғұлама Шаһабуддин Маржанидің ағартушылық бағытын ұстанатын оқу орны еді.

Егер бұл бағыттың пайда болу барысына үңілсек, оның басында ХІХ ғасырдың алғашқы жартысында Бұхар медреселерінде дәріс берген татар ағартушылары Ғабденнасыр Курсави (1776-1812) мен Шаһабуддин Маржани (1818-1889) тұр. Мұндай әрекеті үшін өлім жазасына кесілген Курсави еліне қашып кетіп аман қалады. Ілімді жалғастырған И. Гаспыралы (1851-1914) – ресей империясының түрік-мұсылман халықтарын ағартушылық ісіне атсалысады. Мұнда «Шариғат», «Тарихат», «Мағрифат» атты үш негізден тұратын тарихи, философиялық қоғамтану ғылымдарын тереңдетіп оқытты. Түркі, араб, парсы тілдері және шығыс поэзиясы мен сөз өнерінің заңдылықтары, математика, жағырафия, жаратылыстану пәндері негізгі дәріс ретінде жүргізілді. «Алланы – ғылым мен ақыл-сана арқылы тану керек» деген үрдісті оқу бағдарламасына енгізді. Медреседе Абай үш жыл ғана білім алғанымен бұл идея оның шығармашылығының негізгі алтын қазығының біріне айналғанын айту керек.

Біздің бұл ойымыз абайтанушы Тұрсын Жұртбайдың да назарынан тыс қалған жоқ «…Абай дінді – ғылым деп түсінген. Ғылым болғандықтан да ол өзінің пайымдауларына сол діннің ішкі таным заңдылығына мойынсұна отырып, уағыздың ой ырғағының ағынымен жүзе отырып пікір түйеді. Абай медреседегі біліммен шектелмеген. Ол өзі сенген діннің тарихы мен таным тамырын түбегейлі зерттеп, исламияттың ұлы ойшылдарының қатарына көтерілді12».

Соңғы кездері Абайдың білім алған қайнар көздері туралы зерттеуші ғалымдардың бұл жөніндегі пікірлері бір жерде тоғысады. Мысалы ғалым Серікбай Қосан бұл үш жылдық білімнің баршамызға мәлім Абайдың деңгейіне аздық ететінін айтады. «Әдетте, ислам шариғаты, араб-парсы тілдерінің грамматикасы, Құран тәфсірі, әбжат ілімі, тассауыф (сопылық тариқат), т.б. пәндерді игеру үшін Қазан, Ташкент, Бұхара секілді шаһарлардағы медреселерде шәкірттер 9-12 жылдай оқитыны белгілі. Осыған орай, Абайдың мезгіл-мезгілімен медреседен бөлек ел арасындағы оқымысты дамолла, ишан, хазіреттердің бірінен жеке дәріс тыңдап, жеткілікті сабақ алуы ықтимал. 14-15 жасында медреседен босаған Абайдай талапкер жастың ел істерімен ғана айналысып, оқусыз қарап жатқаны да иланымға көнбейді13».

Ғалым айтқан дамолла, ишан, хазіреттер кім деген сұрақтың жауабын беру өте оңай, әрі өте қиын. Ақын ғұмырбаянын жазған жазушы Мұхтар Әуезов бізге белгісіз себеппен, осылардың дәстүрлі дініміздегі ілімінен де жолынан да Абайды арашалап отырған. Мысалы: «Абай оқыған медреседе, панисләмистік, пантуркистік кертартпалық санаға толы кітапшыл молдасүрей ақындар ортасында Науаи, Физули, Фирдауисилер мүлдем естілмейтін. Олардың орнына софылық, мистикалық қараңғы схоластикалық сана-сарынды танытқан Қожа Ахмет Йассауи, Сүлеймен Бақырғани, Сопы Аллаяр тобы ғана жүретін»14 дейді. Бұл жолдар Абайдың шәкірттік ілімінің басты тармағын тағы да анықтап, осы мектептің өкілдері – дамолла, ишан, хазіреттердің ақын дүниетанымында ізі болғанын растайды.

Бұл уақытты қазақ даласындағы ислам дінінің ескі жолын ығыстырып жаңа бағытта өрістеп тарих сахнасына шығып, өз бағытын анықтаған кезеңі деуге болады. Абайтанушы Мекемтас Мырзахметұлы да «ислам діні кең өріс алған кезеңде болашақ ұлы ақын ауылында мектеп-медреседе оқып, алғашқы дүниетанымының қалыптасу кезеңі тұс келді. Әкесі Құнанбайдың Меккеге барып, елде мешіт салдырып, дін жолына түскені көз алдынан өтіп жатты15».
Бұл туралы ойларымызды кейінгі тарауларда тарқатып айтпақпыз. Әзірге, шәкірт Абайдың алғашқы ақындық, шығыс өлеңі мәнеріне жазған жолдары туралы қысқаша айта кетелік.
Олар – «Йузи раушан», «Физули Шәмси» және «Әліп-би» өлеңі.
«Иузи – раушан, көзі гәуһар
Лағилдек бет үші әхмар,
Тамағы қардан әм биһтар
Қашың құдрәт қол шиғә,
Өзәң гузәллаәра раһбар,
Сәңә ғашиқ болып кәмтар,
Сүләйман, Яшмит, Искәндәр
Ала алмас барша мүлкигә.
Мүбадә олса ол бір кәз,
Тамаша қылса йузмә-йуз
Кетіп қуат, йұмылып көз,
Бойың сал-сал бола нигә?»
Ұлы ақынның 1864 жылы он тоғыз жасында жазған өсиет, үгіт сарынды  діни біліміне негізделген өлеңі алғаш рет 1933 жылғы ақын шығармаларының толық жинағында жарияланған. Осы өлең төңірегінде М. Әуезов: «Абайдың жарияланбаған материалдары» жинағында мынандай үзінді келтіреді:
«Әліп би» мен «Иузи Раушан» айырмашылығы «Иузи Раушанда» жер үстінде көретін махаббат емес, сопылық сарында жазылған, «Әліп биде» сырт үлгісін сақтай отырып, әсерленген түрді алады. Мұнда адамның сезімінің шындығы басым емес, ақыл басым сияқты. Оны өлеңің аяғында көреміз16».
Әилиф би деп ай жүзіңе ғибрат еттім,
Би – бала й дәртіңе нисбәт еттім.
Ти – тілімнен шығарып түрлі әблат,
Си – сәнай мәдхыңа хұрмәт еттім.
Ләм, ләбіңнен ем қылсаң мен дерттіге,
Мем, меһіріңнен қалмас ед бар апатым.
Нон, нала ғып қайғыңмен күйдірдің көп,
Уау, уайлана ғишқында уайым жеп, …
Я, ярым, қалай болар жауап сөзің,
Мәт-қасың, тәштит-кірпік, сәкін-көзің…
Бір қарағанда бұл жырларда біз көргіміз келген шығыстың шынары бірден байқалмайды да. Бірақ бұл жырлар ненің әсерімен, кімдерге еліктеп жазылды? «Ғашықтық» шоғы жүрегінде жалындағанда ақын қанша жаста еді, алған білімі, жаттап оқыған жырлары қандай еді?» деген сұрақтарды түгендегенде ғана шығыс шайырларының ізіне адаспай түсеміз. Ең бастысы, «ғашықтық» шайырлар тілінде бір жаратушыға деген ықылас-пейілін білдіретінін есте сақтағанымыз абзал. Өкінішке қарай, сопылар тіліндегі бұл сөздердің мағынасын бүгінгі күні ғана біліп отырмыз. Шайырлар тіліндегі «биіктік, асқар бел» деп аталатын сөздердің астарынан «ұстаз» ұғымын да кеш түcінгенімізді айту қажет. Егер Абайдың алғашқы мектептері мен ондағы басымдық берген сопылық мәдениетті қатар қарастырғанда Абай туындыларының жүрек қазынасы ашылады.

1.2 Абай шығысының зерттелу жайынан

Асылында Абай жырларының шығыстық белгілері тек осы үш өлеңде емес, оның бүкіл дүниетанымында. «Алланың өзі де рас, сөзі де рас» дейтін ойларынан туындайтын жырларында. Қара сөздерінде. Хәкім Абай шығыс философиясын саралап, сар даласында жатқан қазақтың қай дінді қай жолды ұстамағы абзал деп ой пішеді. Шығыс сарыны – Ескендірде, Масғұтта бар. Діл, дін, болмыс, жаратылысты тиек еткен жырларында жатыр, қазақтың жаңа қоғамдық формациядағы қалыптасып келе жатқан бүтін болмысын жалпыадамзаттық құндылықтардың безбеніне салып, сол биіктен саралап үкім шығарды. Оны жоғарыда аталған мақалада Мұхтар Әуезов те біліп отыр. Бірақ, советтік биліктің бетіне қатты келе алмай, Абайдың шығысын да жоққа шығара алмай қиналған жазушы келер ұрпақ түсінсін дегендей құлыптаулы құпияның кілтін меңзеп қана кетеді.

Ұлы ақынның шығысын абайтану ғылымының енді өркендеп келе жатқан кездерінен тарту қажет болар. Оның даму барысын абайтанушының өзі «қателесе жүріп – іздендік, іздене жүріп – өстік17» деп көрсетті. Ал осы ғылымның бастауында тұрған мына мақалада шығысын басқа бағытқа бұра тартушылардың болғанын көрсетеді.
Осыдан бір ғасыр бұрын жазушы Мұхтар Әуезов «Абай мұрасы жайында17» деген мақаласында абайтану тұрғысында «жалпы қазақ әдебиетін тану тәрізді әлі жас ғылым» деп атап көрсеткен еді. Жазушының бұл мақаласын таңдап алуымызға не себеп? Өйткені осы мақалада жазушы Абайдың «шығысын» міні еткісі келгендерге жауабын беріп, келешекте қай бағытта іздену керектігіне жөн сілтейді.

Негізінде бұл мақаланың жазылуына түрткі болған мына жайт екен. 1951 жылы «Лениншіл жас» газетінің 14 қаңтардағы санында С.Нұрышевтің «Абай ақындығының алғашқы кезеңі туралы» мақаласы шығады. Автор «Ал шығысқа тарту, қазақ әдебиетінде шығыстың әсерін күшейту бұл ескілік еді» деп, Абай шығармашылығының қайнар көздерінің бірін жоққа шығармақ болады. Мақала авторының басты мақсаты «Абай творчествосының негізін шығыстан шығару бір кезде ұлтшылдық ұраны болды» деп жазады.

Әрине, ол кезде Абай мұрасын талдау арқылы жазушы Мұхтарды мұқатып алатын сол кездегі солақай идеологияның ұрда-жық сынының алды-арты бұл емес-тін. Сондықтан да жазушы хәкім мұрасы тұрғысында айтылған әрбір сөздің анық-қанығын айқындап, терең сипатты дүниелерін жазып, Абайтану ғылымына дамытып отырды десе болады. Одан бөлек, бұл мақала Абайдың шығысын арашалап алған жазушының пікірімен де құнды. Осы арқылы ақынның жас кезіндегі шығармашылығын айшықтап, оны былай деп келтіреді. «Ол (Нұрышев) – Абайдың мұрасынан алғашқы кезең дегенді жоқ ету керек дейді. Абай шығармаларын 1882 жылғы өлеңдерден, мысалы «Қансонарда» өлеңінен бастап қана тану керек дейді. Бұлай болғанда, Абай 37 жасынан ғана, бір-ақ күнде ақындықты, пайғамбарлық дарығандай, ағыл-тегіл бір-ақ бастады деуіміз керек18» деп пікір айтады. Заңғар жазушы шығыстың нұрына шомылған жас Абайдың жырларын қызғыштай қорғап, оның жүрегіндегі шығыс әлемінің жұлдыздарының жарығын өшіруге жол бермейді.

Жазушы айтпақ ойын бүркемелеп, шығысқа шаң жуытпайтын себебін болашақ ұрпаққа аманаттайтындай. «Абайда СопыАллаяр, Қожа Ахмет Ясауи неге жоқ? Солардың жоқ болуы Абайдың сол жас күнінде дұрыс бағытта іздене бастағанын жақсы аңғартып танытпай ма екен?» деп тоқтайды. «Осы жерде санаған ақын ішінде бүгінгі туысқан елдеріміз, советтік шығыс: азербайжан, тәжік, өзбек ақындарының классик үлгісіндегі қадірлі тобының ғана атын атап отырған жоқ па?»19 деп суға кеткен торының жалынан ұстап, жағаға шығарғандай әупірімдеп алып шығады.

«Абай тану мәселесін өзінің қыңыр-қияс, бұлдыр-бұраң есебіне қарай «бұрып пайдаланамын» дегендерге жұртшылығымыздың жол бермейтініне көзіміз кәміл жетеді20» дейді жазушы.

«Абайдың шығысын діннен іздеңдер» деп меңзеп кеткен Мұхтар Әуезовтің өзі Абайдың шығысын зерттеуге келгенде осылайша өз заманындағы кедергілерден аттап өте алмады. Жазушыға тұсау болған нәрселерді қайталап айтудың аса қажеті жоқ. Оны ғалым Мекемтас Мырзахметұлы «Абай және Шығыс» деген зерттеуінде басты кедергі – «БКП (б) ОК-нің 1949 жылы арнайы саяси идеологиялық мақсат көздей отырып қабылданған космополитизм туралы қауылысында жатты» деп атады. Қаулының «…онда ұсақ ұлттардың тарихи зердесін шайып, өткеніне қол үздіріп, бір ғана халықты мадақтап дәріптеуге құрылған империялық зұлымдық ой бүркемеленіп жатты21» делінген. Тек Абайды зерттеу ғана емес, мұқым қазақты тануда көлденең тұрған кедергі осы еді. Егер осы сөздердің байыбына барсақ, қазақ даласындағы ислам дінінің көрінісін байқаймыз. Оны Мекемтас Мырзахметұлы да Ш.Уәлихановтың мына сөзімен ауызға алады. «Нестор кезіндегі Рустағыдай, біздің сахарада қазір екі дінділік бар. Ескі Рустың кітапшаларындай біздің кітапшаларымызды да өз халқының ескі сөздерін қатты қуғынға ұшыратуда. Татар молдаларының, Орта Азия ишандарының және өз ішінен шыққан жаңа дінді жақтаушылардың ықпалынан біздің халқымыз күн санап жалпы мұсылмандық типке айналып барады22…» Рас, Абайдың заманы күрделі кезеңге тұспа-тұс келді. Осы кезеңде жасында оқыған шағатайша жазу бертінде татар тілінің әліпбиіне ұласып, жазу ерекшелігінде де ізін қалдырды. Абай қырықтың қырқасына жеткенше ізденісте болғаны анық. Діни мектептерінде дәріс алып, орыс әдебиеті арқылы ашылған Еуропа әдебиеті мен философиясының және исламның сопылық ілімінің де қаймағын қалқып ішкен Абайдың өз жолын салып, қазақ даласынан биіктеп кеткенін айта аламыз. Абайдың жолы жалпы адамзаттың құндылықтардың төріне жеткен ойшыл хәкімнің қазақы жолымен жалғастырған өзіндік ілімі. Осыншама қоғамдық өзгерістер мен діни қысымның ортасында Абайдың өзін-өз тануы, қазақты тануы Абайдың кемеңгер, ғалымдығының хәкімдігінің шынайы белгісі болып қалмақ.

1.3 Абай және ислам

Тарихтан белгілі XVIII ғасырдың 30-40 жылдары басталған орыс отаршылдығы алғашқы кездерде әскери бекіністерін салумен айналысып, көшпенді халықтың діни сеніміне бірден тікелей шабуыл жасаған жоқ. Алайда әскери-экономикалық жағынан аумақта бекініп алғаннан кейін барып 80–90-шы жылдары жағдай өзгерді. 1789 жылы Уфада Орынбор мұсылмандар діни жиыны құрылып, Ресей империясының мұсылмандарының тағдырын қазірше айтсақ, осы мүфтиятқа байлады. Бұл ІІ Екатеринаның жарлығы бойынша құрылған Ресей мұсылмандарының алғашқы ресми ұйымы болатын.

Дін ісін әкімшілдендіру Орынбор өлкесінің генерал-губернаторы О.А. Игельстромның бастамасымен жүргізілді. 1785 жылдың 27 қарашасында
О.А. Игельстром Сенаттың бұйрығын алады. Онда: «Снабжение разных родов киргизских муллами немалую пользу в делах наших принести может; почему вы и старайтесь определить оных, и изтребовать из Казани татарских людей надежных, дав им потребные наставления к удержанию киргизцев в верности к нам, и к удалению их от набегов и хищничества в пределах границ наших23» делінген болатын. (Қырғыздардың түрлі тайпаларын молдалармен қамтамасыз ету біздің ісімізде пайда әкелуі мүмкін; сондықтан да ондайларды анықтап және Қазаннан олардың бізге деген адалдығын сақтап қалуға және шекарымыздың маңындағы шапқыншылық пен жыртқыштықтан алыстатуға байланысты қажетті нұсқау беруге тырысып жатқан жоқсыз ба. Қазақ тіліне аударған және астын сызған біз А.К.)
Түбі бір түркі, тілі ұқсас алайда ақ патшаға шын ниетімен берілген татар-ноғай молдалары бұл іске тартылды. Олар қазақ даласына аттанбас бұрын, патша үкіметінің заңнамасы бойынша белгілі бір сынақтан өтіп, «указной молда» деген атақ алады. Осылайша қазақ даласында еркін жүруге құқық алған молдалар бір жағынан ресей өкіметінің ресми өкіліне айналды.

«Бұл саясаттың арғы жағында қазақ арасында дін жаю емес, дінді пайдаланып, қазақтарды патшаға мойынсал ету үрдісі жатқанын24» отаршылық кезеңді зерттеуші Бекен Қайратұлы да айтып өтті. Автор олардың қазақ балаларын орыс рухында оқытуға міндетті болғанына тоқталады. Зерттеуші татар молдаларының берген білім жайлы Шоқан Уәлихановтың мына сөзін келтіреді: «Бұлардың үйреткені өлі, схоластика және бірден-бір нақты ой-санаға құралмаған» деп сынағанын айтады.
Указнойлардың қазақ жеріндегі қызметі сол кезеңдердегі ақын мұраларында кездеседі. Ол туралы сол заманның ақыны Шортанбайдың:
«Ал мынау указной шыққалы,
Ұзатқан қызда неке жоқ,
Өлгендерде ысқат пенен құран жоқ25» – деген жолдары осы сөзімізге дәлел бола алады.
Ал Құрбанғали Халидтың «Тауарих Хамса» («Бес тарих») кітабында былай делінген: «Молдалар күймелермен желдіртіп, указдарын алып, мойындарына шынжыр баулы сағат салып тойлап қайтқандай болып келіп, кетіп жатты-Низам (ереже) бойынша туу туралы куәлік дәптер, туған, өлген, неке, талақ, сияқты-істі тіркеп отыру үшін арнайы қағаздарымен рұқсат алып келді. Бұл сөз біреуді мақтау, біреуді даттау емес, хақ сөз құлақ салуға керек. Қағаз алған молдалар сондай бір істер істеді: онымен не дінді, не дүниені ұстай алмайсың. Бір адам өлсе указной молда болмаса, яки оның атынан біреу бармаса «жаназа оқымай кейбір жағдайларда өлікті сасытып, обалына қалмайық деп біреулер жаназа оқып, қойса, ол адам қуғынға ұшырайтын болды. Оны – указной молда кайда жүрсе де тапсырып алып жазалатып, штраф (бодау) төлетіп, (айып төлетіп), әуре ететін болған соң, тіпті жаназаға ешкім жоламай, указной молданы кай көрге кіріп кетсе де іздеп табу ақы иесінің мойындарында үлкен бір борыш болды». Бұл «указнойдан» ыққан қазақтардың дерегі. Алайда патша үкіметі бұл іске өз көзқарасымен өз мүддесі тұрғысынан кірісті.

Осылайша отаршылардың ыңғайына қарай жығылып ислам діні де екіге бөліне бастады. Патша тарпынан шектеусіз мүмкіндік беріп қойған соң Қазан мен Уфадан ағылып келіп жатқан татарлардың саны да ықпалы да артты. Осы жылдардағы дерекке сүйенсек, тек Семей өңірінде ғана 9479 татар болыпты, осындағы 28 мешіттің 15-сі Орынбор мұсылмандары діни жиынына қарасты26.

Ал ХІХ ғасырдың орта тұсында патшаның қазақ исламиятына көзқарасы басқа деңгейге түседі. Бұл кездерде анықтап айтсақ, 60-жылдары патша әскері Қоқан ханын құлатып, Ташкент пен Бұқараны алып қаймағы бұзылмаған мұсылман елінің тізесін бүктірген еді. Діндес мұсылмандардың күшеюінен қорыққан патша бұл елді шоқындыруға ден қояды. Татарлардың басымдық алып, дала қазағының бұқар шапанын тастап, татар киімін киіп қолына құран ұстап мешітке баруы орыстарды сескендірді. Өйткені, жергілікті халықтың патша күткендей «орыстануы» емес «татарлануы» отаршылардың түпкі мүддесі емес-ті. Осыған орай тарих ғылымдарының докторы, профессор Анатолий Викторович Ремнев былай дейді: «Поворотным пунктом в имперской политике в отношении ислама в казахской степи стала деятельность Степной комиссии 1865–1868 годов. В числе прочих вопросов на комиссию была возложена задача выяснения степени распространенности ислама у казахов, а также возможности их христианизации. Предшествующая политика заигрывания с мусульманством и использования татар как культурных посредников была признана ошибочной. Теперь предлагалось принять активные меры к охранению древних казахских верований, поскольку их можно будет заменить со временем христианством.27 (1865-1868 жылдардағы Дала комиссиясының қызметі исламға байланысты қазақ даласындағы империялық саясаттың бетбұрысты жері болды. Басқа мәселелердің қатарында комиссияға қазақтар арасында исламның таралуы деңгейін анықтау, сондай-ақ, оларды мүмкіндігінше шоқындыру міндеттері жүктелді. Мұның алдындағы мұсылмандықпен ойнау және татарларды мәдени көпір ретінде пайдалану әрекеті саяси қателік болып мойындалды. Ендігі тұста, қазақтардың ежелгі наным-сенімдерін қорғауға байланысты белсенді іс-шаралар қабылдану ұсынылды, себебі, уақыт өте келе оны христиандықпен ауыстырып жіберуге болатын еді).
Осылайша татар молдаларының ықпалымен белең алып бара жатқан дала қазағының ислам дініне қарсы қоюға орыс тілін, орыс мәдениеті мен православ дінін насихаттау идеясы жүзеге асырылды. ХІХ ғасырдың 80–90-шы жылдары аймақта Қырғыз православтық миссиясы қызметі ұйымдастырылды. Оның мақсаты исламға қарсы насихат еді. Тарихшы-ғалым Ремневтің мына сөздеріне тағы да бір назар аударайықшы: «1880х годах степной генерал губернатор Г. А. Колпаковский так оценивал современную ему ситуацию в казахской степи:«…Старые нравственные устои народной жизни расшатаны, а новых еще не создано, естественно, что народ ищет духовной опоры в религии и поэтому прислушивается к проповеди вероучения Магомета, распространяемой купцами татарами и бухарцами28». (1880 жылы дала губернаторы Г.А.Колпаковский қазақ даласының ахуалын былайша бағалады: «…Халық өмірінің ескі адамгершілік негіздері құлдырады, ал жаңалары әлі жасалған жоқ, әрине, халық діннен рухани тірек іздейді, сондықтан көпестер татарлар мен бұхарлықтар таратып жүрген атын Мұхамедтің уағызына құлақ түреді. Аударып, астын сызған біз А.К).

Ақырында 1905 жылы Дала губернаторының «Дала өлкесіндегі ислам жағдайы жөнінде» бұйрығы шығып, дін таратушы татарларды қазақ жеріне жолатпау жайлы шешім қабыладанады. Бұл кезде әрине, ақын өмірден өткеніне бір жыл болған. Алайда осы қақтығыстар Абай өмірінің соңғы жылдарына, өлеңдерін жазып кемелденіп, айналасына шәкірттерін жинап қалыптасқан кезеңіне тап келді.
Келешегінен үміт күткен балаларын орыс оқу орындарына бергенімен, інісі Шәкәрімді шығыс ілімінің ізіне салғанына қарап, білім алуда да, дін мәселесінде де ақынның жеке ұстанымы болғанын байқаймыз. Оның бір мысалын мына өлеңінен түюге болады:
Жасымда ғылым бар деп ескермедім,
Пайдасын көре тұра тексермедім.
Ер жеткен соң түспеді уысыма,
Қолымды мезгілінен кеш сермедім.
Бұл махрүм қалмағыма кім жазалы,
Қолымды дөп сермесем, өстер ме едім.
Адамның бір қызығы бала деген,
Баланы оқытуды жек көрмедім.
Баламды медресеге біл деп бердім,
Шен алсын, шекпен кисін деп бермедім…
Қилы кезеңдегі жағдайға қысқаша шолу жасау арқылы, Абай өмір сүрген ортаның діни тартыстарын осылайша көз алдымызға елестетуге тырыстық. Шындығында да заманынан озып туған Абайға осындай соқтықпалы, соқпақсыз жерде өсіп, халқын соңынан ертіп, өзіндік жол табу мұраты тұрды.
Сол жолдың ақырына таяу өзінің қара сөзінде айтқанындай, «Бұл жасқа келгенше жақсы өткіздік пе, жаман өткіздік пе, әйтеуір бірталай өмірімізді өткіздік: алыстық, жұлыстық, айтыстық, тартыстық – әурешілікті көре-көре келдік» деп, енді қалған жасымда не қылмақпын деген сауалына өзі жауап береді. Ел-мал-бала, ғылым бағудан өзін азат етіп, «софылық қылып, дін бағудың» да реті жоғын айтып, «Не көңілде, не көрген күніңде бір тыныштық жоқ, осы елге, осы жерде не қылған софылық?29» деп түсіндіреді. Ақырында өмірден түйгенін қағазға жазып, таңдауды оқырман еншісіне қалдырады.
Бұл ретте Мұхтар Әуезовтің роман-эпопеясын «Абай жолы» атауының да құпиясы ашылғандай болады. Күрделі өзгерістер мен қайшылықтар орын алған, бұрынғы құндылықтар мен қоғамдық құрылымдар құлап жаңа тәртіп аяғынан тік тұра алмай шатқаяқтаған сәтінде дүниеге келген, сол кезеңнің ауыртпашылығын арқалап жүріп кемелденіп өскен, хакім дәрежесіне көтеріліп халықтың маңдайалды ұлына айналған Абай Құнанбайұлы шынымен де рухани қазығын айнымай тауып, өз жолының жауһарын жазып кетіпті.
Г.А.Колпаковский айтқан «Старые нравственные устои народной жизни», яғни, халық өмірінің көне құндылық негіздері дегені не еді? Исламның тағы бір құндылықтарын қырға алып келген кімдер еді? деген сұрақтың жауабын да қарастыруымыз керек.
Жалпы бүгінгі қазақ деп кең өлкені жайлап отырған елде ислам тарихының өзіндік тарихы мен дәстүрі бар. Тарихшы Тұрсынхан Зәкенұлы «749-жылы Орта Азияда арабтардың Омея хандығы құлап, оның орнына жаңадан Аббасидтер хандығы құрылды. Бұл хандық Орта Азияның оңтүстік бөлігін тездетіп өз ықпалына алуға ұмтылды. Арабтардың бұлайша күшеюі бұл аймақта Екінші Түркі қағанатының ықпалының жоғалуына байланысты болды. 745 жылы Екінші Түркі қағанаты құлағаннан кейін, Ашына түріктерінің бұл жерлерге орнатқан бақылауы жойылды. Осы сәтті пайдаланып аймақта өз үстемдігін орнатуды көздеген Араб, Түбіт (Тибет) және Таң жаулаушылары бір-бірімен бәсекелесе,  жанталаса қимылдады30» деп ерте тарихтан хабардар етеді.
Қазақ сахарасына ислам осы арабтардың Түркі қағанатымен бірлесе отырып, Таң империясын жеңгеннен кейін келді. Дін есігін аша келген Бабтардың ықпалымен ислам өркениеті өркендеп, орта ғасырда Яссауи, Бақырғани секілді сопылардың жаңа демімен гүлденіп, қазақтың хандық құрылымында айтулы орынды алды. Сол дін тұтастығын айтқан Құнанбайдың Меккеге қажылыққа барғанындағы сөзі көп айтылады. Ол Мәшһүр-Жүсіптің 1928 жылғы жазбасынан бізге жетті. «Біз мәскүп-сәскүбіңді де білмейміз, Бұқар тіл-сүқардікін де білмейміз, тіріміздің билігі алдияр ұранды төреде, өліміздің билігі Алда ұранды қожада, жайылуы мал сықылды, жусауы аң сықылды бетімен өскен қазақ деген жұрт боламыз – депті. «Қазақ дегенде жұрт болады екен-ау!» деп аң-таң қалысыпты. Тарих ақтарып, шежіре қаратыпты, таба алмапты. Көпте не жоқ, бір бурыл бас сөйлепті: – «Бұл тарих табылса, Бағдат шәрифте Имам Ағзам кітапханасы деген үй бар, жау таламаған, ешқайда шашылып бытырамаған, табылса, сонан табылады» деген соң Бағдат шәрифке желмая мінгізіп, кісі жіберіпті. Бұлар өз ортасынан Кіші жүзде Досжан халфені жіберіпті.Барған кісілер: – «Табылды, қазақ деген жұрт Әнес сақабадан өсіп-өніп, өрбіген екен» деп нұсқа көшіріп алып келіп, сонан кейін бұл жүз жиырма кісі ортасынан расхот шығарып, «Қазақ тәкиесі» деген тәкие салдырып, ол үйді Құнанбай атына жаздырып, «Мұнан былай қазақтан келген қажы осында түсетұғын болсын» деп сонан былай қазақ та ел-жұрт екендігі, пұсырман екендігі әйгіленген».31
Қазақ жеріне ислам аша келгендерді қазақтар, арабша есік деген мағына беретін Бабтар деп атады, кесенелері Қаратауда тұр. Күні бүгінге дейін өлісінің биілігі қолында болған қожалардың дені осы өңірде, Түркістан мен Сыр бойында жасаған. Олардың тобықтының ортасына қалай келгені туралы бір жақты мәлімет жоқ.
Марқұм Бекен Исабаев шежірешінің айтуынша: «Біздің үлкендерде қожа аталарына Кеңгірбай би: – Менің елім надан. Сақал-мұртын баса бермейді. Киімді олпы-солпы киеді. Арам өліп қалған малды «сенің өлгенің жаңа, менің көргенім жаңа» – деп, жей береді. Малдың бауыздаған қанын да қуырып жейді. Сіз бізге ұстаз болыңыз, біз мүридіңіз болайық!»– деп ертіп келіп, қожалар содан қалыпты деген сөз бар. Біреулер Бердіхан қожаға бұл сөзді Құнанбай айтып, Түркістаннан Қожаны сол кісі әкелді» дейді. Енді бір дереккөзінде «Шыңғыстауға Қожаларды Кеңгірбай би әкелді деген нұсқаны» айтады. Оған дәлел келтіріп, тобықтылар – мұсылман дініне Әнет бабаңнан бастап айрықша бой ұрған жұрт. Сондықтан да Тобықты басшылары Қараменде, Кеңгірбай – Төреден Абылайға бейім, Қожаларда Бақшайысты пір тұтқан32» дейді. Қаратаулық қожаларды Ақтайлақ бидің алып келгені де айтылады.
М.Әуезовтың өзі туралы жазған естелігінде «Тобықты іші ертеден соншалық діндар, соншалық надан да ел болмаған сияқты. Ӏшінен Құнанбай, Абай сияқты кісілер шыққан соң бос фанатизм, қараңғы наным азайып ақылға бой ұрғыш, көзі ашықтау ел сияқты болғанға ұқсайды. Сондықтан бұл елдегі қожа да, көптің ауқымына түсіп, бұрынғы ата кәсібінен жаңылып кеткен сияқты. Менің үлкен әкем 1918 жылы өтті. Өз әкем 1909 жылы өтіп еді. Бұлардың ішінде қайсысында да діндарлық, сопылық сияқты ерекше белгісі жоқ, қайта әр нәрсеге Абай үлгісімен, ақылымен қарауға тырысушы еді. Абайдың сондайлық ұстаздық, үгітшілік әсерін мен кішкентай бала кезімнен өз әкелерімнің қалпынан да анық көруіме болушы еді» деп жазады. Дегенмен, сар даланың көнесін, Абай заманының сарқыншағын көріп қалған жазушы: «Осы күні көп жұрттың қолжаулық қылып жүрген «қожалығын» мен он жастың шамасына келгенімде ғана көрдім. Бір жылы күзді күні ауылымызға біздің қожалардың Сыбан ішіндегі бір ағайындары екі қожа келеді. Бірі әкесі, бірі баласы еді. Бұлар келгеннен-ақ ауылымызға бір суық жат тәртіп ала келгендей болды. Бізді олардың үстіне ылғи тағзыммен сәлем бергізіп кіргізіп, жалаң аяқ кіргізбей, кемпір-шешеміз батасын ал деп, алдарында болымсыз қызмет істетіп, солар кеткенде қара қазақ болып кеткен біз сияқты бейбастық балалары үшін қысылғандай болып жүрді. Бала күнімде өз ауылымызға келіп кетіп жататын қонақтардың ішінде солардай ауыр көрінген қонақ болмаған сияқты. Бұл екеуі нағыз қожа сияқты болатын. Бастарында сәлделері бар. Қайта-қайта намаз оқиды, намазды өте ұзақ оқиды. Ас артынан ылғи құран зулатады. Біз екі-үш бала, бұлар отырған жерге көп жолағымыз келмей сырғалаңдап жүрсек те таңертеңгі намазда қолдарына ұзын-ұзын тәсбиқ алып «зікір» салған уақыттарында ылғи есіктен қарап қатты қызық көруші едік. Жат та, қызық та көрінетін. Солардан соң толық қожаны көрген емеспіз33».
Бала Мұхтардың есінде қалған бұл мезет дала исламының бір белгісінен хабар береді. Бәлкім, алдыңғы тарауда айтылған, діндегі түрлі қысымдардан кейін ескі бұлақ суалып қалған да болар, бірақ Абай да оның әкесі де заманында осы қайнардан керегінше сусындағаны анық. Қалай болғанда да тобықты елінде тұрақтап қалған қожалардың үлкен аталығы Хазірет Камаладдин шайх-Бақсайыс бабаның ұрпақтары. Қожалардың насабнамасы бойынша, (оның бірі Әуез атасының қолында болғанын, кейінен оның өртеніп кеткенін Мұхтар Омарханұлы да өз өмірбаянында растайды) Ол – сопылық ағымның ірі өкілі. Хазірет Камаладдин шайхтың даңқы «Бақсайыс әулие» деген атпен қазақ арасына ғана емес, бүкіл Орталық Азияға кеңінен жайылды. Қазақтың ұлы жазушысы Мұхтар Әуезов қожа нәсілінен, оның ішінде дәл осы Бақсайыс табынан шыққан34.
Дегенмен, бұл қаратаулық қожалардың ықпалы кем болды деген сөз емес. Татарлану мен шоқындыру саясатының арасында қыстырыла жүріп, шама-шарқынша қазақтың өлісінің де тірісінің де мұсылман жолымен жүруіне атсалысқанын жоққа шығара алмаймыз. Оларды ислам тарихынан іздегенде, алдымыздан Яссауи, Сопы Аллаяр, Бақырғани деген есімдер шығады.

Рас, бұлар сопылық ілімінің «әрифтері» (ойшылдары) еді. Орта ғасырдан бері келе жатқан Түркістан өлкесінің асыл ділі, ақ жолы еді. Өзбек шығыстанушысы Бахтияр Бабаджановтың пікіріне сүйенсек: «Исторически сложилось так, что в этом регионе суфии часто брали на себя миссию идеологов многовекового и сложнейшего процесса исламизации местного населения, затем становясь основными носителями и толкователями мусульманских законов и обрядов для большей части населения региона и, в особенности, для простых людей, среди которых суфийский шайх всегда оставался самым респектабельным лицом… В годы русской колонизации суфийские шайхи не раз становились идеологами и вдохновителями антиколониальных выступлений, которые чаще всего проходили под знаменем газавата (борьбы за веру)35. (Тарихи қалыптасқан жағдай солай болып, бұл өңірде сопылар жергілікті халықты исламдандырудың күрделі де, көп ғасырлық процесінің идеологтары миссиясын мойнына алды, содан соң аймақ халқының көпшілігі үшін, әсіресе қарапайым адамдар үшін мұсылман заңдары мен рәсімдерінің негізгі насихатшысы мен аудармашысы болды, олардың арасында сопылық шейх әрқашан ең құрметті тұлға болып қала берді. Орыс отаршылдығы жылдарында сопылық шейхтар бірнеше рет ғазауат туының астында (сенім үшін күрес) өткен отаршылдыққа қарсы күрестің идеологтары мен уағызшыларына айналды. Аударып, астын сызған біз А.К.)
Бұл жағдай Мұхтар Әуезов өмір сүрген совет заманында да орын алады. Алғашқы ұлт-азаттық көтерілістер, кеңеске қарсы қозғалыстардың басында дін басшылары ишандар жүрді. Бұл сопылық құрылыммен «мүршид-мурид» (ұстаз-шәкірт) болып қалыптасқан ұйым еді. Сол себепті де патша үкіметі кезінде де, Совет үкіметін орнатуда да соққы алдымен дін басыларына бағышталды. Егер Мұхтар Омарханұлы отаршылдарға қырын келіп тұрған ескілік жолдан саналы түрде бас тартпаса, Абайдың мұрасын да өзінің басын да қатерге тігерін біліп айтып отырғанын түсінуіміз қажет.
Бұл дегеніміз Абайдың сопылық іліммен хабары болмады деген сөз емес. Бүгінгі қара сөздері деп айтылып жүрген еңбегінің өзі үш кітаптан – «китабин ахилы» («Ғақлия»ақыл кітабы), «Китап тасдиқ» (иман кітабы), насихат, Сократ хакімнің кітабы деп аталатын үш бөлімнен тұрады. Оны кезінде баспаға берушілер заман ағымына қарай Абайдың қара сөздері деп жалпылама атпен жариялап жіберген. Ол туралы айтқан шығыстанушы ғалым Төрәлі Қыдыр Абай қолжазбаларының текстологиясын зерттеп, оның шығыстық белгілерін тануда айтарлықтай үлес қосты. Бұл еңбектер Абайдың хәкімдігінен, «жүрегінің перзентлері» халқына қалдырған ойшылдың өсиеті деп ұғынуымыз тиіс.

1.4 Абай мен сопы шайырлар

Қалай десек те, Абайдың шығысын қаншалықты зерттеуге талпынсақ та, оны ақын шығармалары тұрғысында талдаудың орнына кемеңгердің өзі қай дінді ұстанды деген сұрақтың төңірегінде айналсоқтауымыздың себебі бар. Мұндай ықылас еліміз егемендік алып, атеистік санадан арылып, өз ділімізге қайта оралу ниетінен туындап отыр. Біздіңше алдағы уақытта Абайдың шығысына, кемелденген кезінде жазған жырларына, артында қалдырған қара сөздеріне қарап-ақ, оның сопылықтан алыс жүрмегеніне тоқтасақ керек-ті.
Сопылық дүниетаным Абай поэзиясының қиян шыңының ұшар басы. Ендігі жерде Абайдың биігінен көлеңке іздемей, оның «шығысын» түсінетін, сол шыңның асқарын сезінетін оқырмандарды тәрбиелеген жөн болар. Абайдың шығысы сонда ғана ашыла түседі. Оны тану үшін әуелі исламның жауһары – сопылықты, сол арқылы мына жаратылысты сопыларша түсінуге тереңдей бастаймыз. Сонда ғана Абаймен үндесіп, ол айтқан әр сөздің мағынасына үңіліп, қабылдай аламыз.
Мысалы үшін, Абайдың «Махабаттсыз дүние бос» деген жолдағы «бос» бірде «дос» болып айтылып бүгінгі күнге жетті. Бір әріп, сопыша айтқанда «хәл» дегенінен хабар беріп тұр. Сопыша қарасаңыз, «дос», материалдық дүниеауи көзқараспен алсаңыз, «бос». Абай қайсысын меңзеді екен деген ой тереңдіктің түбіне жеткізбейді, сондықтан да оқырман оны өз жүрегімен қабылдап, көкірегімен тоқуы тиіс.

Жаратушыға деген махаббатын жырлаған, Алланың дидарына ғашық болғандардың ізі біздерді сопылық тарихатына бастайды.
Мекемтас Мырзахметұлы сопылық ілім негізіндегі дүниетаным Түркістан өлкесінде ІХ-ХІІІ ғасырлар аралығында жанданып, кең өріс ала бастағанын айтады. Ғалым Насафидің «Қожа Ахмет Ясауи» еңбегін мысалға алып «…сопылық ағым, дәуріштер пайғамбарлар заманында-ақ өмірге келген36» деген пікірді алға тартады. Суфизмнің қалай пайда болып, ислам әлеміне тарала бастауын ғасырлармен жіктеп талдаған, ирандық лингвист, Тегеран университетінің профессоры Али Акбар Деххода, (1879-1959) ислам туын желбіреткен пайғамбарымыз (с.ғ.с) дәуіріндегі ислам дінінің шырағы жанған алғашқы жылдарында сопылық туралы сөз де болмағанын айтады. Расында да одан кейінгі билік құрған сахабалар Әбу-Бәкір мен Омар кезеңінде ислам шекарасын кеңейтіп, жорықтармен өткен жылдары дін туралы басқа пікір болуы мүмкін емес-ті. Одан кейінгі төртінші халиф Осман Әбу Тәліб кезінде түрлі діни идеяларды дамытуға мүмкіндік ашылған заман туады дейді. Исламның алғашқы ғасырында мұсылмандар арасында айтарлықтай пікір алшақтығы болмағанын тілге тиек еткен Али Акбар Деххода өз еңбегінде мынаны айтады. «Суфий избирал уединенный образ жизни, для того чтобы предаться целиком изучению айатов Корана и рассказов о посланнике Аллаха (дбА), чтобы посредством непрерывного чтения молитв и повторения хором имени Аллаха заслужить Его благоволение. И между суфиями и остальными муслимами была лишь одна разница, что суфии придавали некоторым идеям большее значение, как, например зикру (т.е. непрерывному произнесению хором фразы «Нет Бога, кроме Аллаха»), и это для них имело значение не меньшее, чем совершение обязательной обрядовой молитвы салат; также они придавали большое значение упованию ( تو كل ) и возложению надежд на Аллаха в такой мере, что иные из них усилия раздобыть еду и поиски лекарств от болезней считали противоречащим упованию на Аллаха37». (Сопылар Құран аяттарын және Алланың елшісі (с.ғ.с) туралы әңгімелерді толық зерттеп, дұғаларды үздіксіз оқып, Алланың атын хормен қайталау арқылы Жаратушының ықыласына бөлену үшін жалғыз өмір сүру салтын таңдады. Сопылар мен басқа мүслімдердің арасында бір ғана айырмашылық болды, сопылар кейбір идеяларға көбірек мән берді, мысалы зікірге (яғни хормен «Алладан басқа құдай жоқ» деген сөзді үздіксіз айтуға) және бұл олар үшін міндетті түрде дұға етуден кем емес салт еді; олар сондай-ақ үмітке ( تول ) және Аллаға үміт артуға зор мән берді, сондықтан тамақ табу мен ауруға қарсы дәрі-дәрмек іздеуге күш салуды Алланың үмітіне қайшы келеді деп есептеді).

Мақаламызда сопылықтың даму тарихын түгелімен талдауды мақсат етпедік, ол туралы Тримингэм Дж. С. «Суфийские ордены в исламе». М., 1989, с. 17-36; 114-129) кітабынан, «Суфизм в контексте мусульманской культуры» ( 1990 г, М.: Наука. Главная редакция восточной литературы, 1989) жинағынан таныстық. Бертінде жарық көрген қазақ ғалымдары Досай Кенжетай мен Назира Нұртазина еңбектерінде де бұл мәселе жан-жақты талданған. Бұл еңбектердің маңыздылығы сол сопылық ағым туралы егжей-тегжейлі түсіндіріліп, оның пайда болуынан бастап ілімді алып келген алғашқы сопылардың мұрасы туралы жақсы айтылады. VІІ ғасырлардағы ілімнің дамуындағы күрделі белесті Тримингэм Дж. С. «Суфийские ордены в исламе» деген мақаласында кеңірек түсіндіреді. Осы кезеңде ханакалар ашылып, ол қоғамның маңызды орталығына айналады, «шейх – муршид» беделі артып, алдыңғылары мемлекеттік қызмет есебінде жүріп, қоғамның сыйлы адамдарына айналғанын білеміз.

Тақырыбымыздан тым алыстап кетпеу үшін, Али Акбар Дехходаның зерттеуіндегі мына деректеріне назар аударалық. Ол, хижраның V ғасырындағы сопылық ағымның ерекшеліктерін баяндай келе былай деп жазады: «в V в.х. началось проникновение суфийских идей в поэзию, и оно росло с каждым днем и углублялось, так что в VI–VIII вв.х. редко встретишь поэта, который не увлекался бы суфизмом». (Хижра бойынша V ғасырда сопылық идеялардың поэзияға енуі басталды және ол күн сайын күшейе түсіп, сондықтан да, хижра бойынша VІ-VІІІ ғасырларда сопылықпен әуестенбеген ақынды өте сирек кездестіруге болады)
Осы ғасырларда жас Абай әруағынан медет сұрап, аттарын тізбелеп айтқан шайырлар өлең жазу өлшемімен пайда болып, өздерінен кейін сан ғасырда, адамзаттың әр тілінде назиралап насихатталатын мол мұрасын қалдырады.

«Исламдық Шығыстың әдебиетінде, әсіресе араб пен парсы әдебиетінде дін философиясы бірқыдыру орын алады. Әбуғали-сина, имам Ғазали, имам Фараби, ибн-Ғарби, ибн-Тәймия сияқты мұсылман ғалымдары ислам дінінің философиясы туралы бірсыпыра кітаптар жазған. XIX ғасырда Россиядағы мұсылмандар арасынан шыққан Шаһабуддин Маржани да дін философиясымен шұғылданған. Абай осылардың бәрін оқыған да және жақсы түсінген. Араб пен парсы тілін жақсы білгендігі және сол тілдерде жазылған ислам дінінің теориясы және практикасы туралы кітаптарды оқығаны Абайдың шығармаларынан көрініп қалып отырады» деп Сәбит Мұқанов та айтқан.
Философия ғылымдарының докторы Досай Кенжетай, «Абай мұрасы – қазақ діни танымының айнасы» деген мақаласында Абай дүниетанымын қазақ мұсылмандық түсінігінің ерекшеліктері мен болмысын кескіндейтін көрсеткіш ретінде бағалайды: «Ол – ислам діні жолында таза имандылықты уағыздаған хәкім. Ал жалпы түркі әлемі секілді қазақ мұсылмандығының ерекшелігі сопылық дүниетаным болатын. Бірақ Абай тариқат жолына түскен суфи емес, ол – сопылық дүниетанымдық ойлау жүйесі арқылы өз қоғамын бақытқа жеткізу жолын іздеген, халқына жөн көрсеткен дана, хәкім38».

Ғалымның айтқанына алып қосарымыз осы ілімді саралай отырып, ақын оны түйсігіне ілді, өз дүниетанымымен қорытып оны «абайша» жырлады. Біздіңше, бұл ұстаным Абай өміріне негіз болды. Оның бір дәлелі Кәкім Ысқақұлының мына сөздері: «Әсіресе, ыхтихадқа бек махкәм еді. Не іс қылса да, не насихат айтса да, мынау – құдайшылыққа жөн, бүйтсе – адамдыққа жөн деуші еді39»

«Ғибадаттың ең үлкені: көңілдің тазалығы, адам баласына жаны ашырлық» деп, сыртымен сопысынып, тақуасынған кісіні қатты ұнатпаушы еді. «Мұндай адамдар халық үшін ғибадат қылады, хақлықпен, шын көкірегі емес, қара жұртқа құрметті болмақтан басқасы жоқ40», – деп еске алады Кәкім Ысқақұлы.

Хәкім 38-ші сөзінде, сопыларды да сынайды. «Бұл заманның молдалары хакім атына дұшпан болады. Бұлары білімсіздік, бәлки, бұзық фиғыл, әл-инсан ғәдду ләма жәһилгә хисап. Олардың шәкірттерінің көбі біраз ғарап-парсыдан тіл үйренсе, бірлі-жарым болымсыз сөз бахас үйренсе, соған мәз болып, өзіне өзгешелік беремін деп әуре болып, жұртқа пайдасы тимек түгіл, түрлі-түрлі зарарлар хасил қылады «һай-һой!» менен, мақтанменен қауымды адастырып бітіреді. Бұлардың көбі әншейін жәһил түгіл, жәһиләләр кібік талап болса, қайда хақ сөздер келсе, қазір нысапқа қайтсын һәм ғибраттансын. Рас сөзге ор қазып, тор жасамақ не деген нысап, құр өзімшілдік һәм әр өзімшілдік – адам баласын бұзатын фиғыл. Растың бір аты – хақ, хақтың бір аты – Алла, бұған қарсы қаруласқанша, мұны ұғып, ғадаләтпен тәптештеуге керек».

Осындай ойының басында: «Қиянат – хақиқат пен растықтың дұшпаны. Дұшпаны арқылы шақыртқанға дос келе ме? Көңілде өзге махаббат тұрғанда, хақлықты таппайды. Адамның ғылымы, білімі хақиқатқа, растыққа құмар болып, әрнәрсенің түбін, хикметін білмекке ынтықтықпенен табылады. Ол – Алланың ғылымы емес, һәмманы білетұғын ғылымға ынтықтық, өзі де адамға өзіндік ғылым береді. Оның үшін ол Алланың өзіне ғашықтық. Ғылым – Алланың бір сипаты, ол – хақиқат, оған ғашықтық өзі де хақлық һәм адамдық дүр. Болмаса мал таппақ, мақтан таппақ, ғиззат-құрмет таппақ секілді нәрселердің махаббатымен ғылым-білімнің хақиқаты табылмайды», деп толғанады. Ақынның сөзін тыңдай отырып, «ғылым мен білімнің» айналасынан орифтердің (ғұламалар) іліміне бастайтын жолды іздеді ме деп те қаламыз. Ойымызға:
Ойға түстім, толғандым,
Өз мінімді қолға алдым.
Мінезіме көз салдым,
Тексеруге ойландым.
Өзіме өзім жақпадым,
Енді қайда сыя алдым?
Қалап алған көп мінез,
Қалайша қылып тыя алдым?
Бойдағы мінді санасам,
Тау тасынан аз емес.
Жүрегімді байқасам,
Инедейін таза емес.
Аршып алып тастауға,
Апандағы саз емес.
Бәрі болды өзімнен,
Тәңірім салған наз емес…» өлеңі түседі.
Осы ретте сопылықтың ірі тұлғалары, ұлы ғұлама Жунайд Бағдадиидан жеткен мына тәмсіл еске түседі. Одан «Аллаға жету қанша жер?» деп сұрағанда, «екі қадам, біріншісі өзіңнен өтуің, екіншісі Аллаға жетуің» деген екен. Жүздеген ғасыр бұрын салынған, гүлденіп-күйреген кезеңнен де өткен, сонда да сәулесін шашып ілімі қазақ сахарасына да жеткен сопылыққа бастайтын бұл қос қадамның бірінен Абайдың аттамағаны анық. Ақынның қайшылықты сөздерінің бірі 38-ші сөзі Абайдың орта жолда, таңдау жасай алмай абдыраған хәлінен туындаған деуге болады. Олай деуімізге негіз бар. Оны Досай Кенжетай болса, «Абайдың дәуірінде сопылық жол әбден тозығы жетіп, өзінің таза рухынан алыстап, кім көрінгеннің құралына айналып, дін қоғамды ыдыратудың саясатына айналған болатын41» деп жазады аталмыш мақаласында.
Ендеше осы қалпындағы сопылық жолдың сарқыншағын сынауға Абайдың да қақысы бар. Ғалым Мекемтас Мырзахметұлы «ақын шығармашылығында, оның дүниетанымында суфизмнің белгілі дәрежеде белгі бедерлері болған ба, немесе өзіндік суфизм жөнінде пікір танымы бар ма» дегенде «сопылық әдебиеттің белгісі мен дүниетанымының көріністері де байқалатын тұстары баршылық42» деп жауап береді.
Ғалым жас кезінде жазған үш өлеңіне қоса, 1902 жылы кемелденген кезінде жазған «Алланың өзі де рас, сөзі де рас» деп аталатын атақты өлеңінде көрініс берген үш сүю немес иманигүл мәселесі кездейсоқ құбылыс болмаса керек-ті43» дейді.
Оқырманның есіне сала кетелік:
«Осы үш сүю болады иманы гүл,
Иманның асылы үш деп сен тахқиқ біл,
Ойлан-дағы үшеуін таратып бақ,
Басты байла жолына, малың түгіл…»
Мақалада ғалым Абайдың суфизмге қарым-қатынасын камили-инсани, толық адам жайлы ой толғаныстарымен жақындатады. «Исламият әлеміндегі «әл-инса ал камил» мәслесін мораль философиясы негізінде қалыптастырған әрі осы ілім саласын ғасырлар бойы насихаттап дамытушылар да сопылық әдебиет өкілдері болатын» дейді
Абайдың шығармасынан сопы-шайырларының ізіне түскендер, міндетті түрде сол ақынның шығармаларынан үлгі алды деп айтып жатады. Оның себебі де бар. Мұхтар Әуезов кезінде «Оған тілдері түсінікті болған соң Низами, Науаи көп әсер етті. … Өзіне ең жақын ұстаз етіп классик Науаи шығармаларынан үлгі іздейді» деген сөзінің ықпалы да болуы мүмкін. Алайда ақын шығармашылығын, оның аудармаларын оқи келе Абайдың өзіндік үні, өзі салған жолымен асыл мұраға қосқан үлесі де барын аңғарамыз. Мұндай ойды нықтаған, профессор Сейіт Қасқабасовтың зерттеуі Абайға басқа қырмен қарап, оның шығармашылығының әлеуетін бір дастанының көлемінде зерттеп бағасын береді.
«Шығыста Фирдоуси, Низами, Джами, Науаи: Батыста Лампрехт, Ламберу, Бернэ, Шатильонский, Шамиссо: ал Ресейде Жуковский жырлаған Ескендір Абайды да қызықтырған. Сөйтіп, ол «Ескендір» поэмасын жазып, әлемдік «Ескендір-намаға» өзіндік үлесін қосқан». Профессор ағамыз Ескендірдің образы мен жырдың сюжетіне қысқаша шолу жасай келе, «Абайдың «Ескендір» поэмасының сюжеттік түп-төркінін» табады да, Абайдың нағыз ұлыларға лайық диапазонына көзі жеткенін айтады. «Ол орта ғасырлардағы Шығыстың да, Батыстың да ұлы классиктерін білумен бірге көне дәуірдің жазба ескерткіштерін және жаңа замандағы аса көрнекті ақын-жазушылардың творчествосын бүкіл болмысын жақсы таныған45» дейді.
Бұл пікір біздерді Абайды сопы-шайырлар дүниетанымына шегелемей, өзіндік биігін анықтауға, өзіндік дауысын естуге бағыттайды. Десе де, сопы-шайырлардың табиғатымен біртуыс, үндес келетін тұстары басым. Оларды ортақ қазыққа байлайтын, жалпы адамзаттық құндылық, толық адам келбеті, иманигүлмен қауышатын Алланы сүю, барша адамзатты үлкен жүрегімен бауырына басу, әділеттілікті сүю. Абайдың осы бір әдемі сөзін еңбегін атап жазған, исламтанушы Қайрат Жолдыбайұлы «Шындығында, иман ақиқаты осы үш махаббаттан тарайды десек, артық айтқандық емес. Кейбір ғалымдардың Абай өлеңдерін қолжазбадан оқығанда бұл сөзді «имани гүл» – «толық адам» деп транслитерациялаған дұрыс деген пікірі де осыны аңғартса керек. Демек, «Имани гүл» бұл кемел иманға айтылған сөз.
Расында да,
«Алла деген сөз жеңіл,
Аллаға ауыз қол емес.
Ынталы жүрек, шын көңіл,
Өзгесі хаққа жол емес» деген жолдары кәміл иманның да, сопылардың махаббаты да ақынның өзінің дауысы да естіліп тұрған жоқ па?!
«Басты байла жолына, малың түгіл» деген ақын осы жолда адамзаттың қадірін кетіретін жаман әдеттерден аластау, жақсы мен жаманның арасын көрсетіп, жаратқанның тура жолына бағыттау міндетін еріксіз мойнына алған тұлға.
Абай бұл жолға үлкен жүрекпен ғана емес жоғары біліммен келді. Ұшқыр ойымен жалпы жаратылыстың құпиясын тануға талпынған жан, осы әлемнің мағынасы болып табылатын, жалпыадамзаттық құндылықтарды жәйдан жәй насихаттамасы анық. Аты атап тұрғандай жалпыадамзаттың құндылықтар деп кең мағынасымен алғанда бұл адамзат баласының нәсілі мен ұлтына, әлеуметтік жағдайы мен саяси-діни тіпті мәдениетіне де қатысы жоқ, уақытпен шектеспейтін, тұрған жерімен қатынасы да аз, адамның жасы мен білігіне де байланысты емес игіліктерді қамтиды. Сол себепті де жалпыадамзаттық игілік, құндылықтар болып қала беретіні сондықтан. Ол атақты Сократ, Аристотельдерден бастау алған. Бертінде Қытай, Еуропаның ғалымдары бас қатырып, сан мен санатын өзгертіп, әлі де бір ұстанымға келмегені белгілі. Өйткені адам баласының сан қырлы аспектілерін санамалай келе ортақ тұстарын табу, бір тоқтамға келу әрине күрделі нәрсе. Біздерде осы себепті жалпыадамзаттың құндылықтарды діннің мәңгілік сәулесінде қарап, талдағымыз келді.
Ислам әлемінде өскен, мұсылманшылықты жақсы меңгерген Абайдың басқа діндерге қатысты дүниетанымын білмек болғанымызда, Абайдың туысы мен өмірі деп аталған, Абай өмірбаянының алғашқы нұсқасына (1927-1933) үңілейік.
Абай өз дінін өз сенімін адаспай тапқан ақын. Бірде Семейге келген миссионермен пікір алысқан Абайдың сөзі былайша өрбіп: «Содан кейін Абай христиан дінінің нанымы бойынша «үш жүзді құдай» ұғымға қарсы дау айтады. «Бірлігіне үш жүзді болу сия ма, сол үш сипат бір жүзінде болса құдайлығына көп бола ма?» десе керек. Осы жиында Семейдің көп поптары Абаймен дауласпақ болған кезінде миссионер Сергей «Сендер қойыңдар, Ыбырайым Құнанбаев сендердің тісің бататын кісі емес46».-деген екен.
Біздердің жалпы адамзаттық құнылықтардың қайнар көзі туралы айтқанымызда, неге әріден алып отырмыз? Жоғарыда айттық, профессор Сейіт Қасқабасов Науаидің Ескендір-намасы мен ақынның Ескендірін, сонымен бірге сол кезеңдегі қиссалардың сюжеттік желісін салыстыра отырып, бірінде бар, бірінде жоқ компенеттердің дерек көздерін салыстырған. Ақырында «Жоғарыда айтқан, үшінші, яғни жұмаққа тап болып, сыйға адамның бас сүйегін алған Ескендір туралы баяндайтын сюжеттің тарихы қандай деген сауалға келсек, ол ежелгі дәуірдің аса құнды ескреткіштерінің бірі – «Талмуд» кітабына апарады47» деген байлам жасайды.
Әрине, Абайға бұл дүниелер еуропа аудармашылары арқылы жетсе де, ол өз дүниетанымы мен талғамына қарай өзінің нұсқасын алып шыққанын түсінеміз.
Алланың өзі де рас, сөзі де рас,
Рас сөз ешуақытта жалған болмас.
Көп кітап келді Алладан, оның төрті
Алланы танытуға сөз айырмас…
Распенен таласпа мүмин болсаң,
Ойла, айттым, адамдық атын жойма!
Әрине, дін адамзатттың асыл қазынасы болса, сол құндылықтарды дәріптеуші ақын мен өлеңі болуы заңды нәрсе. Адамшылықты жырлаған Абайға дейін де қазақ әдебиетінің төрінен орын алған жарқын жұлдыздары да талантты замандастары да болды. Саралап көз жүгіртсек, қазақтың тарихи әдебиетінің сарыны да негізінен діни сарындағы насихат, нақыл сөзге құрылғанын байқаймыз Абайдың да өз өлеңдерінің де алтын арқауы ой толғамдары нақыл сөздерге құралған. Қажым Жұмалиев оны жақсы танып «Абай өзінің әлеуметтік өміріндегі ролін жақсы түсінді. Ол өзін өз кезінің ақыны ғана емес, ұстазы деп білді. Сондықтан ол өмірдің барлық саласынан, жұртының бүгінгісінен де келешектегісіне де сабақ беруді адамдық борышым деп ұқты48» деп жазады. Абайды басқаларынан шоқтығын биіктетіп тұратын осы ұстанымы деуге болады. Осындай терең білім мен ақындық биік талғаммен адамзатқа ортақ құндылықтарды өлеңіне арқау етіп оны насихаттап қана қоймайды, өлеңімен халқының көзін ашып, түзеуге ден қоюы дер едік. Абай өзі тоқтаған, ислам дінінде Алланың сипатын Құранның 112-ші Ықылас сүресінде былайша береді: «Аса қамқор, ерекше мейірімді Алланың атымен бастаймын. (Мұхаммед Ғ.С. оларға) айт: Ол Алла, біреу ақ. Алла мұңсыз. (Әр нәрсе оған мұқтаж) Ол тумады да, туылмады. Әрі оған ешкім тең емес». Егер Алланың 99 көркем есіміне көз жіберсек, онда Адамзатқа өсиет етілген осы қасиеттерді танимыз. Асыл дінімізде топырақтан жаралған адам баласы Алланың құлы, және оған жаратқан ерік-жігер, іс-әрекетті таңдау қабілеті мен сенім берді.
Адам бойындағы асыл істі көрсетіп, не нәрседен қашық болып, қанағат, рақым, өнер-білім үйреніп, талап, еңбек терең ой, деп бес қазына істі айтып, адам болам дегенге үлгілі өсиетін айтқан Абай осы ойды көздеді. Барша адамзаттың жанын арашалауға асықты. Бүгінде 175 жылдық мерейтойын тойлап, ақын есімін ұлықтатқанда жадымызда Абайдың осы ұлық қызметі тұрады. Мойындаймыз, танимыз, үлгі аламыз, жырымен жүрегімізді тазалаймыз, осылайша жаратқанға жақындауға тырысамыз. Абайдың ұлықтығы да осында жатқандай.
Өйткені Абай ілімі, Абай жолы «алды тар, арты соқпақ» мына заманда жер бетіндегі жамандықпен күресіп, ізгіліктің отын жағып әлемді құтқаруда рухани қаруымызға айналуы тиіс. Осы жолды өсиеттеген Абай қазақты адамзаттық құндылықтардың игілігінде өмір сүріп, өркендеп жасауда бағдаршамымызға айналмақ. Абайтану ғылымы осымен де құнды.

Қорытынды

«Абай – зор кісі. Ол – зор ақын да, зор ойшыл да, зор қоғамшыл да, зор
күресшіл де. Оның осы бейнелерін түгел қамту, әрине, оңай міндет емес. Сондықтан Абайды толық зерттеу, толық ұғу – бір жылдың я бір ұрпақтың
ғана міндеті емес, ұзақ жылдардың, көптеген ұрпақтардың міндеті. Әйткенмен, әр ұрпақ өз қолына түскен материалға сүйене отырып, өз ой-өрісі жеткен пікірді айтуға міндетті»49. Абайтанушылар көшінің басында тұрғандардың бірі Сәбит Мұқановтың міндеттегеніндей, ақынның зор тұлғасын тануда оның алғаш сусындаған алтын бастауларына үңілдік.
Бүгінгі күннің зерттеушілері үшін Абайдың биігін ұлықтау емес, оның қазақтың топырағында өсіп, ата-ана тәрбиесін алып, қазақ сахарасында дәстүрлі білімімен сусындап, ұлттың ақылшысына, жол көрсетер ұлық тұлғасына айналғанын сезіп, түйсіну маңызды болмағын жақсы түсінеміз.

Жасыратыны жоқ, ақын мұрасы да Абай тұлғасы да биік таудың жотасынан көкке шаншылған қос шыңындай. Оқырманын қияға жетелеп, жанын бірден ашпай, жүрегінің жұмбағын шешуге меңзеп, соңғы сөзін бүгіп қалады. Биік шыңның бір қырында ұстарасыз, мұрты аузына түскен қыр қазағына әдеп үйреткен, жамандық атаулыға кәрін төккен сұсты жандай көрінетін. Енді бірінде бодандықтың тар ноқтасынан тартынбай, ащы мысқылмен отаршының әрбір қимылын бағып отырған әккі ойыншыға да ұқсайды. Енді бір сипатын бодан елдің сормаңдай жазуымен өзіміз қолдан жасап алғанбыз. Татьянаның қырдағы әнін салғызған, ақын орыс мәдениетінің бір бөлшегіндей болған келбетіне әлі нұсқан түскен жоқ. Орыс мәдениетіне қырын келгеннің бәрі қисық көретін әдетімізбен, Абайды барынша «орыстандырдық».
Абайды қу тақырда ғайыптан пайда болып, пайғамбарға уахи түскендей, бір күнде ақын бола қалғандай етіп қабылдауға да мәжбүрледік. Мұндай көзқарас Абайды ораған тылсым тұманында, адастырғандай әсер ететін. Абайдың үні мен өз жұрты арасында шыңырау орнап, ақын өлеңдері жаңғырып тұрса да құлағымызға жетпеді, жасқаншақтап жүрегімізді аша алмадық. Абайды түсінуге, түйсінуге өзімізді қораш сезіндік.
Кемшілігімізді көріп, бетімізге басқан Абайдың сөзін мойындадық, бірақ қабылдамадық, айтқанымен жүрмедік. Жүре келе, қазағымның да жүрегінде инедейін таза нәрсе қалмағандай хәл кештік.

Әрине, мұнан Абайдың асыл тұлғасы кішірейген жоқ, еліміз егемен болып, етек-жеңімізді жинай бастағанда кезінде ашылмай қалған бір қыры барын білген ғалымдар ізденіске бас қойды. Дәл осы, сан сипатындағы бір қырының жарқыраған сәулесіне бүгінгі ұрпақ аса мұқтаж.

Ол – Абайдың діні, өз дүниетанымындағы жаратушының демін жеткізетін жырлары. Мұндай құдіретке қол жеткізген Абайдың өмірі, ақынның алғашқы алтын бастаулары. Ендігі жерде ақынның сөзіне ден қойған халық, Абайдың ізіне еріп, жолына түсе алады. Сол сүрлеудің Абайды адастырмай табатына сенімі зораяды. Абайдың сындарлы замандағы тағдырын сезініп, таңдауына баға бере алады. Абайдың да жүрегі ашылып, оқырман жүрегіндегі шырақ маздай түседі.
Қаратаулық ишан-сопылардың ықпалы кеміп, қырдағы дін өзгеріске ұшырап, исламның «татарлану» үрдісінен де жақсылық іздедік. Сыртқы қысым күш алып, ескі құрылым шытынап, жаңасы қалыптастпай жолайырықта тірелгендегі Абайдың айналасына шәкірттерін жинап, руханияттың жалауын жықпай желбіретуін үлкен ерлік деп бағаладық. Мықтылығы сол Абай жолайырықта дағдарған халқының алдына шығып, жалпыадамзаттық құндылықтардан аттамауға шақырды.
Мына дүние үшін өркениеттер өзгерісі қалыпты жайт. Бір қоғам екіншісін құлатып, орнына басқасы келетіні тарихтан белгілі жайт. Абай сол өзгерістің отқа оранған жанартауында жаны күйіп жүріп, жол тапты. Қырдың өр баласы еңсесін басқан өркениеттердің дауылында жаншылып не болмаса жоғалып та кетпеді. Бар өркениеттер руханиятының өзегін танып, өзінің дүниетанымын байытып, қазақ баласының бүкіл ғұмырына жетер сөзін қалдырды.

Өткен тарихын білмегеннің болашағы жоқ деген сөз жиі естіліп қалады. Елдің өткен жолын бағамдап, бағалау да келешегінің дамуына ықпалы мол. Абайдың әкесі Құнанбай атқа мінгенде Шыңғыстауды жайлаған бір атаның төрт баласы бір-біріне жау болып, бұрындары еркін жайлаған қонысы тарылып жер үшін қырқысқан заман өтті. Жан алысты, жан берісті. Отарлап келген елдің заңын қабылдап қана, ру басшылары өздерінің құндылығынан да ажырап қалмауға барын салды. Бұрын-соңды ел билеу тәжірибесінде болмаған үрдістерді қабылдады. Өзгерістерге тез икемделіп, өзім деген отаршы елдің басшыларын да мойындатты. Абайды өз жолынан жаңылдырмаған бала кезінен алған білімі, ортасы мен діни бастаулары деп толық сеніммен айта аламыз. Жаратылысы ерекше биік талғамымен діннің дәнегін аялап күтіп, өркен жайғызып көктете алды.
Абай өмірбаянының алғашқы нұсқасында Мұхтар Әуезов Тұраштың Мұқыр оқиғасына байланысты әкесі туралы айтқан мына естелігін келтіреді: «Барша жамандықтан жамандық туады, жақсылық тумайды, мен жасымда «қарғағанымды жер қыламын, алғағанымды зор қыламын» деп ашуға да, айлаға да шырақ жағып түнегендей болғанмын. Дұшпанын жеңуге келгенде жолы болған адамның біріне қосыламын… сол жігітек қаншалық елдіктен кетіп кедей болып, торғайдай тозса да бүгін астымда жатып аяғымды шайнауға жарады. Бұл жаманшылықтан туған жаманшылық деп біліңдер. «Өлеміз», «өлтіреміз, бітім жоқ» деген сөз дұрыс емес. Мен бұл бітімсіздікті қостамаймын деп елді тоқтатты» дейді. Бұл Абай даналығының бір дәлелі ғана.

Орыс мәдениеті де қыр баласының дүниеге көзқарасын өзгертті. Әп дегеннен, отарлықтың қазығы қағылған Абайдың отаны Семей қаласы орыс мәдениетінің үлкен орталығына айналдырылғаны белгілі. Оны абайтанушы Асан Омаров: «Абай сол кездегі көқараспен қарағанда өте көп білімді алды. Ол заманда Семейде үлкен кітапхана болған. Ол жерде грек ойшыл­дарының, орыстың ақын жазушыларының кітаптарынан бастап әлемдік деңгейдегі үлкен кітаптардың қоры бар еді. Абай жастайынан сол кітаптарды оқып өсті. Кейін елден жыраққа шыққан, қажылыққа барған татар достары шығыстың айтулы ғұламалары мен ақындарының кітаптарын алып келетін. Шығыстың Низами, Науаи, Сағди, Қожа Хафиз, Физули сияқты ұлы ғұлама, классик ақында­рын оқыды. Мен бала кезімде Семейдің мешітіндегі қабырғаға жағалай  жинал­ған  көп  кітаптарды өз көзіммен көргенмін. Ол 1970  жылдар  болатын. Кеңес заманы келіп, кітаптардың бәрін құртқан кез еді. Ал Абай заманында оның қандай болғанын елестетіп көріңіз. Осынша кітаптың арасында отырған Абайға Семейден ұзап шшығудың қажеті де жоқ еді51» дейді.

Рас, ақындық өрлігімен кей сәттерде Жаратушының өзімен де сайысқа түскендей болады. Алайда, жазмыш басқаша алып келді. Өмірінің соңғы жарты жылында көзінің ағы мен қарасындай үміт еткен балалары көктей солып қайғыға батқанда шерлі жүрегімен жаратушысын таныды. Ауыр сынақ. Алайда жер бетінде ақын рухын сындыратын сынақ бар ма?! Тіпті өлімнің өзі өшіре алмайды.

Абай тағдырын шығысымен, исламиятқа қатысы тұрғысында қарап алғанымызда, осындай ойымызбен бөлісе алдық. Ауыр тағдырымен пенделік жаратылысымызға жақындай түсті. Одан да ғибрат көрдік. Бүгінде бір кездері, ағымдағы жайға қарай Әуезов қызғыштай қорып жақындата алмаған, Қожа Ахмет Яссауи, Сопы Аллаяр мен Бақырғанидың өлең құру үлгілерінің Абай шығармаларындағы көріністерін толық сеніммен растай аламыз. Ол туралы соңғы жылдары бірнеше еңбектер жазылып, оқырмандарымен жаңа Абайды қауыштырды. Бұл да Абайтанудың алтын бастауларының үлкен саласы болып іздеушілерін күтіп тұр. Ақынның шын тұлғасын «Абайдың адам көрмеген жанқиярлығы мен ерен кұбылыс саналардай ерекшелігі – отаршыл кемсітушілік бар жерде болмай қоймайтын тайсалудың орныңа тайталасты, жиренудің орнына үйренуді, жарамсақтыктың орнына жарастықты, мансап қуған баққұмарлықтың орнына білім қуған бәсекені сіңістіріп, ұлтымыздың рухани қайсарлығын атымен жаңа қасиеттерімен байқатқандығы50» деп Елбасы Н.Назарбаев осыдан ширек ғасыр бұрын дәл тауып айтқан еді.
Ал, ақынның 175 жылдығында ел Президенті Қ.Тоқаев бұл мәселеге былайша мағына берді: «Қазақ елі барда Абай есімі асқақтай береді. Оның асыл сөздерін рухани байлығымыз ретінде жоғары ұстасақ, туған еліміздің әлем алдындағы абыройы арта берері сөзсіз. Абай мұрасы – біздің ұлт болып бірлесуімізге, ел болып дамуымызға жол ашатын қастерлі құндылық.

Жалпы, өмірдің қай саласында да Абайдың ақылын алсақ, айтқанын істесек, ел ретінде еңселенеміз, мемлекет ретінде мұратқа жетеміз» деп Абай жылын қорытындылаған еді.
Бұл дегеніміз тағы да Абай мұрасының ұлт алдындағы атқарар тағы бір жаңа межесін білдіреді. Оған қол жеткізу үшін Абайдың жүріп өткен жолына қарап қайратымызды жанып жасымаудың, ыстық жүрек пен ақылдың үлгісін көреміз. Білім атаулыға ғашық болып, бір орында тұрып қалмай алға озуға, жалпы адамзаттық иігіліктерге қол созуға жетелейді.
Абайдай зор тұлғаның өмір жолының бастауында қырдағы діни білімнің орыны болғанына көз жеткіздік. Барша құндылықтардың осы дінмен ұштастырып қана игіліктерге жететінімізді шәкірт Абай үлгісінен байқадық.
Бүкіл даланың билігінің бір басы қолында тұрса да, ардан аттатапаған, біздіңше осы білімнің, сенімнің құдіреті. Халықты халық етіп, адамды өз жолынан аздырмайтын құдіреттің дәнегі білім мен ілімнен, ізденіспен келгенін түсіну біздерді Абайға жақындатата түседі, жан-тәнімізбен Абайша ойлап Абайша тоқтауға шақырады. Ақынның өзі де: «Мұндай болу қайда деп, Айтпа ғылым сүйсеңіз» деген жоқ па еді?!
Бүгінгі қазақ Абайдың жолын таңдап, өсиет еткен ілімін көкірегіне түйіп ізіне ерсе адаспасы анық. Абай мұрасы ілімнің шамшырағы. Ол ілім келешекте де ұлтты алған бағытынан адастырмай, қазаққа жол сілтейтін болады.

Пікір қалдыру