Азап арқалаған ана


Інжу

Інжу бойы-басын түзеп, сәндене бастады. Протезі де қажамай, өзіне сәнді үйлесе кетті. Нұрсұлуды қалай атарын білмей жүрді көпке дейін. Бір күні екеуі ауруханаға бірге барғанда Аяжан «Нүкетай» дегенде бұл әпкесін елжірей құшақтап «апа» деді. Өз апасынан басқаны олай атамайтын басы неге олай деді? Өзі де түсінбейді. Әйтеуір, сол күннен былай апа деп кетті. Бұрынғыдай емес, еркелеп, назданатынды шығарды. Нұрсұлу да бұлар десе шығарда жаны басқа. Ауруханада табысқан бір аяғына темір тіреу қойған болашақ жездесін де жақсы көріп кетті Інжу. Осылай, титтейінен бірге тауқымет тартып келе жатқан Аяжанға күйеуге ти деп ақыл бергені үшін бе, жоқ әлде мүгедектер де отбасын құра алады деген сенімі үшін бе, әйтеуір сол сөзді айтқан әпкесін қатты құшып, сүйіп алды.
Осы сөздерден кейін өз алдынан да бір сиқырлы есік ашыларына сенімді еді. Инстаграмдағы ең әдемі түскен суретіне жауап жазушылар да көбейді. Бір күні тәуекел етіп сол жігіттердің біреуімен кездесуге шықты.
Темір (Тимур) қалада тұрғанына екі жыл болғанын, ата-анасы алыс ауылда тұратынын, өзі жұмыс істейтінін, бұйырса биыл оқуға түсетінін әңгімеледі. Інжу де өз халінен хабар берді. Ұзақ жүріп, Алматыны тамашалауға протезі түскір мұрша бере ме? Мұның ұзақ жүрмейтіндігі қандай қиын. Шіркін, аяғы өзінікі болса ғой, ана қыздар секілді жүгіріп жүрсе ғой! Мына жұпар шашқан көктемнің жапырақтары бүр жарған шуағы мол сәулелі бақта емін-еркін аралап, секіріп, жүгіріп…
Үйге қып-қызыл шақа болып қажалған тобығын әзер сүйреп келді. Бар болғаны жарты сағатта! Түу, енді бұл аяғы тәртіпке келгенше қанша күн керек? Жігіт телефон шалғанда асығыс киіп, аяғын бекер қинады-ау? Жыларман болды. Тұзды суға тұқыл аяғын тығып қанша сағат отырды. Бір тәуірі Тимур көлік ұстап, үйге дейін жеткізді. Әйтпесе тіпті қиналғандай екен.
Тимур, Тимур. Жауырыны қақпақтай. Бұлшық еттері бұлт-бұлт ойнайды. Спортқа қатысатын шығар. Неғып ұяла қалдым. Бәрін сұрап алсам ғой. Өзі де көп сөйлей қоймайды екен. Тек сансыз сұрақтарды жаудырғаны болмаса. Е, мейлі, алда да күн бар ғой. Інжу тізесіне ноутбугін қоя салып, парақшасына кірді. Жоқ! Әлі ештеңе жазбапты. Неге? Мұның мүгедек екендігін көрген соң сөзінен айныған шығар? Онда неге көлік жалдап үйге дейін әкелді? Кездескенше сау боп тұр деді? Қолын қысып, белінен орай ұстап сүйемелдеп түсірді? Інжу оның қасынан тез кеткенін қалады. Апам көріп қойса ұяламын деді. Жүрегі кетпесе екен, кетпесе екен дегеніне қарамады. Енді аз тұрса аяғының ауырғанына шыдамай, жылап жіберер ме еді. Енді міне, инстаграммға үңіліп отырғаны. Қой, үйіне әлі келіп болмаған шығар. Келген бойда хабарласар. Әй, одан не пайда? Мына аяғы жазылғанша хабарласпағандары да дұрыс шығар. Дегенмен, ерледің, Інжу! Қорықпай өз мініңді айттың. Неке сақинасын кигізетін саусағы да жоқ. Қайтесің. Түсі адам терісіндей болғанымен жансыз салбыраған саусақтар аялай ұстағаныңды да сезбес-ау. Оң аяғы мен оң қолы көбірек жапа шегіпті-ау. Осы кезге шейін оған мән бермейді екен. Қой, ас бөлмеге барып шәй қояйын, апам да келіп қалар. Ой! Қап, бір аттауға зар болып қалармын депті ме?
Тимур да ер екен. Апасы жұмыста болғанда үйге келіп жүрді. Кейде жалдаған пәтеріне апарады. Негізі көшедегі көп жүрістен осынысы Інжуге қолайлырақ.
Бір жолы Інжудің туған күнінің қарсаңында пәтеріне апарды. Екеуі ұзақ отырды. Өзі романтикалық кеш деп атапты. Кинода көргеніндей әр жерде балауыз шамдар. Нәзік музыкалық әуен. Еденде отырып тамақтанды. Демі жап-жақыннан шыққан жігітті кеудесінен итере алмады. Үрей тұла бойын түгел жайлады. Не дегені тіпті есте жоқ. Ыстық-ыстық еріндерінің табы денесін түгел өртеген. Қорқыныш буған денесінің селкілін баса алмаған. Көз жасы көл болған. Осындай бірдемені басынан кешеріне дайын еді. Бірақ, үрей уысынан шығармайтыны несі?
Ертеңінде туған күнін апа-жездесі ортаға алып тойлады. Бұл түк те қуана алмады. Бұрынғыдай риясыз күліп еркелей алмады. Қайта бір нәрсені бүлдіріп алған баладай бір жаман сезім өзіне пана болып отырған Нұрсұлу мен Жаңайдың жүзіне тура қарауға жібермейтін сияқты. Осылардың бірдеңесін ұрлап алған жандай қуыстансын келіп…
Осы сезім ұзаққа созылды. Тимур анда-санда төбе көрсетіп, романтикалық кеш туралы айтып, мұны кейде пәтеріне апарып жүрді. Пәтерді бірде аннан, бірде мұннан жалдайды екен. Мекен-тұрағы тез өзгере береді. Інжу бұған да үйренді. Бір күні: «Ата-анаңмен қашан таныстырасың?» – деді. Өзі аяғым ауырлап қалды ма деген күдігі пайда болған кезі болатын. Жігіті биыл да оқу бұйырмағанын, жұмысы да оңбай жүргенін сөз етті. Сірә, ауылға қайтатын шығармын деді.
– Мен ше? Мен не істеймін?
– Не істегені қалай?
– Үйленеміз деп…
– Ондай уәде бергенім есімде жоқ.
– Сонда үйленбейтін адамдар біз сияқты қарым-қатынаста бола ма?
– Қандай қарым-қатынас дейсің? Ашып айтшы? Ха-ха-ха!
Жігері құм болған, абдыраған Інжу састы. Мынау өзін мазақ етіп тұрғаннан сау ма? Жылап жіберді. Тұла бойы түгел дірілдеп, жүрегін қорқыныштың темір саусақтары шыбын жанын шырқырата аямай бүрді.
Тимур бір уыс болып бүрсиіп кеткен Інжуді арқасынан сипап жұбатты. – Ата-анам алыста ғой. Сені достарыммен таныстырайын, – деді. Бұл біртіндеп жылауын қойып, аз-кем көңілденді. Мен сені онда әпкеммен таныстырайын деді. Тимур ат-тонын ала қашты. Кейін-кейін, елден ұзамай анам келеді. Сонда таныстырамыз. Сонда мен сіздердікіне ашық танысуға келемін.
Мына сөзден кейін Інжу тіптен көңілденді. Манағы үрей, осы кезге шейін жанын жай таптырмай келген күдік кейін серпілді. Сыңғырлай күлді. Мен екіқабат сияқтымын деп назданды. Жігіті үнсіз қалған соң сәл бұлқынып басын көтеріп, жүзіне үңілді. Түрі бұзылып кетіпті.
– Сен ренжіме. Әлі ештеңеге қолым жеткен жоқ. Не қалада пәтерім жоқ. Сендердікінде тұру тағы қиын. Не алып жатқан білімім жоқ. Аяқ астынан әке атану оңай ма? – деді.
Рас-ау…Тимур деген қандай ойлы жігіт еді! Бар кінә өзінен. Осыларды бұрын неге ойламаған. Елде сиыр сауу, от жағу қиын ғой. Ел жақта келін болу оңай дейсің бе?
Аяжан мен жездесі пәтер жалдап бөлек шыққандары кеше. Қалада пәтер бағасы удай дейді. Жалғыз жәрдемақыдан басқа табысы жоқ жандарға қиын. Америкадан оқу бітіріп Демеу келгенше қашан? Ал ол үйленгісі келмейді деп кім айтты. Онда оған да өз отбасын асырау керек болады. Ай сайын алатын жәрдемақысы он күнге ас-ауқат алуға ғана жететін Інжу қалай күн көрмекші? Мейлі, бір жөні болар. Бастысы Тимуры жанында ғой, әйтеуір!

* * *
– Алло-алло!..
– Тыңдап тұрған капитан Қамбаров.
– Ммағаннн… милиция…
– Қаттырақ сөйлеңіз, естілмейді. Бұл өрт сөндіру мекемесі.
– Өөөрт!
Бір ауыз сөзге өкінішін, қорқынышын, наласын сыйғызған дыбыс өшіп қалды. Адасып түскен қоңырау екен деп тұтқаны орнына қоя берді де, елу төрттегі капитан қалт кідірді. Телефондағы түсініксіз дыбыстар кідірткен еді. Жас қыздың айқайы, жалынғандағы шырылы төбе құйқаңды шымырлатар еді. Жақында ғана өзінің он төрт жасар жиенін сондай педофильдің қорлағаны есіне түскен капитан дереу ымдап телефонды тыңдауға қосқызды. Қай жерден келіп түскен қоңырау екенін анықтауды тапсырды. Полициямен жалғасты. Дыбыстың бәрін жазып алуды тапсырды. Өзі де полициямен қабаттасып қаланың қақ ортасындағы пәтерге жүйткіді.
Сот процесінде жаңағы жазып алынған телефондағы үндер бұлтартпас айғақ болды. Свитердің мойнынан сөндірместен сүңгіте салған ұялы телефон қыз өмірін сақтап қалған еді. Есікті бұзып кіргендегі аюандық көрініс тіптен жиркенішті болатын. Кімнен екіқабат екендігін дәлелдей алмасын деп достарына көмекке келген Миша мен Артур протезді жұлқа шешіп лақтырып, ауызын скочпен жапсырыпты. Тіпті сотқа бермес үшін ваннаға тұншықтырып өлтіруді жоспарлапты. Сонда кім екендігі жұмбақ болып қалады. Бейшара қыз өзіне өзі қол жұмсаған деп істі жаба салады.
Нұрсұлу бұл оқиғаға өзін кінәлады. Тек Аяжанмен әуре болып жүріп Інжуге назар аудармапты. Енді ертең келгенде Демеудің алдында, о дүниеге барғанда марқұм кіші шешесінің алдында не дейді? Іші әлем-жәлем өртенген әйел елдің көз алдында бүк түсіп, бірден он жасқа қартайды. Бәрінен бұрын психологтың көмегі осы Нұрсұлуға керек еді. Қыздардың беделін ойлап ері Жаңайға да тіс жармады. Жоқ сенбеді. Өзін мысқылдап күлуінен қорықты. Тфу, не деген өмір. Басында бағымды ашады деп етегінен ұстаған ері еді-ау. Енді міне, ата дұшпанындай аяғын сәл шалт басса табалап шыға келеді. Қаптаған проблеманың ортасында бәрін тек өзі шешуі керек мәселелерді жалғыз арқалап ерік-жігері сөне жаздап Нұрсұлу тұр.

* * *
Нұрсұлу үйге жақындағанда жүрегі алып-ұшып, берекесі кетті. Екі баспалдақты бір аттап соншалықты асыға басты. Абдырап кілтін құлыпқа әзер тықты. Құлағына Душанбеде тұрып жатқан Ақбөпесінің «аталап» шыңғырған дауысы шыңылдап тұр. Сырт киімін де шешпестен апалақтап бөлмелерді аралады. Жүрегі алдамапты. Інжу екі бүктетіліп ыңырсып жатыр. Дереу жедел жәрдем шақырды. Содан кейін барып Інжудің басын көтерді. Толғақ сияқты. Медеудің штангасының дәу темірін сүйрелеп есіктің түбіне әкеліпті. Ақ жайманы жыртып, есіп тұзақ дайындапты. Есіктен асып та қойыпты. Тек қыл мойнына салуға ауырсынғаны бөгет болса керек. Нұрсұлу еңіреп жүріп сіңлісін ауруханаға апарды.
Інжу кейін еске алады:
Соның бәрін тістеніп, күшеніп жүріп істедім. Мына сұмдықтан солай құтылармын дедім. Сотта кірмегенім қара жер. Кісілердің маған мүсіркеп, жауығып, жек көріп қарағанына төзе алмадым. Ертең Демеу келгенде не бетіммен қараймын дедім. Хайдар ішімде тепкілеп ол да жанұшырып жатты. Бәрін дайындап, тұзақты қолыма ала бергенде ішімнің бүргені сондай, әуелі есімнен танып қалдым. Әлдене лақ ете түсті. Киімімді ауыстырғым келді. Көрген адам жиркенбесін деген ой болды. Бірақ денемді ұстап тұра алмадым. Сонда сізді шақырып шыңғырдым. Сіз тез келдіңіз. Есіктің алдында тұрдыңыз ба?
Ой, Құдайдың құдіреті-ай! Бәрін өзі үйлестіруші ғой. Жеті айлық шарана да анасының өзін құртуға бекінгенін сезіп жанталасқан болып тұр-ау! Сонда бір минут кешіксе екі өмір қыршынынан қиылатын еді.
Хайдар! Сүп-сүйкімді нәресте уілдеп бесікте жатыр. Шалықтап күліп қояды. Аяжан өз қызымен бірге емізіп өсіріп жатыр. Інжу босанғанда сүті болмады. Інжудің өз жаны аман қалғанға ғана қуанды Нұрсұлу. Әйтпесе Калифорниядан Демеу келгенде не бетін айтады. Анасын да құдай алып кетті бір жыл бұрын. Бәрін бірдей, бар қайғыны көтере ала ма жас жігіт?
Өзі де бүк түсіп қатты ауырды. Әйтеуір Жаңай екі аурухананың арасында тамақ тасып шапқылап, бойларын әзер-мәзер тіктеді. Әуелі жас сәбидің атын Қамбар қоямыз дескен. Хайдар деп атауды ұсынған капитан Қамбаров Әбілмәжін. Ол ескі түркі тілінде арыстан дегенді білдіреді екен. Ұқсас. Хайдар деп атаған сайын мені еске аларсыздар. Бірақ ол арыстандай айбатты болып жетілсін. Анасын қорғауға қашан да дайын тұрсын деді. Нұрсұлу он алтыншы ғасырда өмір сүрген тарихшы, айбынды қолбасы, мемлекеттік қайраткер, түркі әлемінің жарық жұлдызы – Мұхаммед Хайдар Дулатиды еске алды. Жақында оның кітабын оқығанын айтты.
Қамбаров елп етіп, оқуға сұрады.
– Қазақша. Оқисыз ба? Исләм Жеменейдің аудармасы. Жеті жүз беттей.
Нұрсұлу капитан Қамбаровқа бере қоятын ақшасы жоқ, сыйлай қоятын тәуір заты және жоқ. Сарт мезіретін де білдіре алмадым-ау деп қиналып жүрген. Осы кітапты сыйлайын деп шешті. Мына заманда кітаптың құнын түсінетін осындай жандардан айналмайсың ба?
– Маған бәрі бір. Тек үзіп-жұлқып оқығанан тұтас оқыған тәуір ғой дегенім. Ауылда өскен ұлмын, шежірені құлаққа құйып отыратын нағашы атам болып еді, жарықтық. Мына кітапты көзімен көргенде балаша қуанар еді-ау!
Капитан Қамбаров соттың әділ шешілуіне көп күш салды. Аққа құдай жақ деген. Оның соттағы белсенділігі қандай! Үшінші отырыста капитан Қамбаровтың жазбаша талабы бойынша елден Тимурдың әке-шешесін алдырды. Үш жігіттің екеуі жеңіл-желпі жазамен құтылды. Ал Тимурға түрме дәмін татуға тура келді. Қамбаров «сот қандай үкім шығарады, ол өз шаруасы. Мен қолыма түскенде сіздің балаңызды піштіремін! Ақта қыламын. Түсінесіз бе, ол сосын қатынға қарау түгілі ұрпақсыз өтеді!» – деп, жігіттің ата-анасына кіжінді. Айтып тұрғанда олар емес Нұрсұлудың жаны түршікті. Түріне қарасаң айтқанын істемей тынбайтын жанның келбеті.
Шынында да пәк қызды алдап-сулап қолға түсіреді де, өзі қолданып болған соң ол бейшара перзентінің әкесін кімнен сұрарарын білмесін деп тағы екі еркекке зорлауға ұсынады. Қандай қаскүнемдік! Және «Сен сияқты бейшара мүгедекті, қол-аяғы кем қызды қандай ата-ана келінім деп қабылдайды!» – деп қорлайтынын қайтерсің! Сонда, әу бастан-ақ бәрін жоспарлы түрде істесе нағыз жауыздық емей не?
Нұрсұлу өзін кінәлап қоярға жер таппайды. Бар ойы Аяжанның бақытында болып, оның аяғын басқанын қызықтап, жар сүйгенін қызықтап, бөпелі болғанын қызықтап жүріп, басқа нәрселерді байқамай қалғанына өкінеді.
Еркіннің Қостанайда тұратын, өзі аяғынан мүгедек болғанда күйеуін күтуден қашып ажырасып кеткен әйелі олар пәтерге бөлек шыққанда іздеп келіп, «Мына үйіңді бөліп бер. Мен сенің екі қызыңды бағып отырмын. Алимент төле!» – деп қиғылық салғаны. «Еркін басқа әйелге үйленді. Алматыда шалқып тұрып жатыр» деп біреулер жеткізіпті. Қайран қызғаныш. Күнде телефон шалып Аяжанның мазасын алыпты. Өз көзімен жағдайларын көріп кетсе де, жалдап отырғандары бөтен біреудің пәтері екендігін білсе де… Пенде деген тойымсыз ба еді? Қу құлқынның соңынан ғана кеткен қазақтың қайран ұрпағы-ай! Қайда барып тірелер екен?
Әр ұрпақтың өзіне тиесілі бір жүгі бар екен-ау. Әкесіне, әкелеріне Ұлы Отан соғысы сияқты қасіретті бастан кешіруді еншілепті. Маған ауылдан қалаға келіп, қазақы салт-дәстүрді бойымда сақтап қалуға, өз кескін келбетімді заманға сай дамыту сияқты қиыншылықты жеңу тиіпті. Ал саған, бізден кейінгі ұрпақ – ең қиыны – өз нәпсіңді жеңу бұйырылыпты. Сенің де азабың шаш етектен. Көзге көрініп тұрған жауға бірдеңе істерсің-ау, ал қан тамырыңдағы жауыңды қалай бұғалықтарсың?

Кемпір өзінен көрсін
Осы заманның ащы шындығы

Бәрі Нұрперзенттің өлімінен басталды. Нұрперзент – Жұпар апаның жалғыз ұлы. Иә, алдында үш жас үлкен апайы Нұргүл бар. Ол Нұрперзенттің қаза болғанын түнгі үште естіді. Шырт ұйқыдан оятқан үн іні өлімін естіртті. Жамансорда тұратын Нұрперзент деген ініңіз деп тастай етіп айтты. Қапелімде ұқпады. Өлгені несі? Неге өледі? Қалай өлді? Денесінің тоңазығанынан есін жиса, телефон гук-гук деп жерде жатыр. Терезе жап-жарық. Сонда үш сағаттай тас еденде естанды хәлде жалғыз іш көйлекпен отыра бергені ме?
Тез есін жиып, жұмысынан сұранып, керек-жарағын алып, машина жалдап жолға шықты. Иә, енді осы шаңырақтың естияры өзі. Аңырап қалған анасын өзі жұбатуы керек. Інісінің келіншегі екі кішкентайды құшақтап жылағаннан басқаға дәрмені жоқ. Бағы жанбаған ол бейшараны өзі жұбатпаса кім жұбатады? Өзінің үйелмелі-сүйелмелі екі ұлы және бар. Оларға білім әперуі, үй етіп шығаруы, ой-хой, ойлай берсе шеті-шегі көрінбес қыруар міндет өзінің талша мойнында. Жылауға, босаңсуға болмайды. Қолғанаты, інісі жоқ дегенге көңіл шіркін сенер емес.
Келінінің жоқтауына жиналған ел түгел еңіреді.
«Жер соқтырып кеттің-ау, не уылжыған жас емеспін. Ең болмаса қырықтан асырып кетпедің, Нұрперзент-ау!» – деп, аһылағанда жыламаған жан қалмады. Рас-ау, байғұсқа тіпті обал десті.
Нұргүл тау-кен инженері мамандығын қызыл дипломмен бітірген жылы тұрмыс құрған. Суреттей сұлу жас жұбайларға көз тигені белгісіз, сөз тигені белгісіз – әйтеуір жас шаңырақ шайқалды. Екі ұлын жетектеп елге оралды. Шыны аяқтың шылдырынан селк етіп шошып отырған хәлдегі, рухани жүдеген қызының әрі қарайғы тағдырын ойлаған әке жиендерді өз атына жаздырып алып, қызына қалада жұмыс істеуді ұсынды. Әрі бұл ауылда дипломына сай қызмет те жоқ еді. Содан былай Нұргүл белін бекем буып, баяғы жарты сағат көрмесе сағынып тұра алмайтын сымбатты жігітін емес, ұлдарын азамат қатарына жеткізу қамына кірісті. Алғыр қыз жақсы жұмыс істеп, қосымша берілетін сыйақыға балаларына ойыншық, кітап, киім алатынына көзі жетті. Жұмыстан басқаға мойын бұрмады. Тек Жармұқан шалдың: «Қызымның басы әлі жас қой, теңін кездестіріп қалар…» деген ойы орындалмады. Жас әйел апта сайын азық-түлігін сөмке-сөмке қылып туған үйіне құстай ұшатын. Сол әдет анасын қолына алған соң да жалғасты. Жамансорда туған інісінің екі кішкентайы бар ғой…
Анасын қолына қашан алып еді?
Баласы өлген соң Жұпар апа жалғыз жәрдемақыға екі ұлды жеткізу қиын боларын ойлап, бұрынғы елге сыйлы кезін бұлдап, беделін сала жүріп келінін жұмысқа кіргізді. Мекемеден-мекеме қоймай жағалап жүргенде айтқан уәжі: «Білімі жоқ болса да басы жас, қолының қайраты бар. Сонысына жалынсын. Елмен аралассын, орта көрсін. Менің зейнетақым неге жетеді? Бір күні қисая кетсем ана жас балаларын қалай жеткізеді» деген-ді. Бұл ұрпақ қамын ойлаған ана жүрегінің қамқорлығы болатын. Жұмысқа араласып, ысылады деген келіннің басқа тараптан басқа бағытқа бұрыларын қайдан біліпті?… Өмір-ай…
Нұргүлдің екі ұлының үлкені диплом алып, кішісі енді оқуға түскен кезі тұғын. Әдеттегідей апта соңында азығын көтеріп Жамансорға келсе, анасы сыбырлап сөйлейді. Қарлығып, үні мүлде шықпай қалған. От жағылмайтын бөлек бөлмеде жалғыз отыр. Төсектен тұра алмай қалғалы (полиартрит) осы бөлмеде төсек үстінде бір уыс болып отырады да қояды. Шалы бар кезде жаздық ас бөлме сияқты етіп жалғанған бөлме еді. «Ана жақта әлдекімдердің күбірлеп сөйлескендерін, жүріп-тұрғанын естимін. Шақырып келтіре алмаймын», – деп жылайды кемпір.
Нұргүл көз жасын анасына көрсетпеуге тырысып, машина шақыртып: «Атырауға әкетемін, емдетемін» – деді.
Жұпар апа кішкене тәуірленген соң: «Үйіме кетемін. Қыздың қолында тұрады деген не сұмдық? Анда келін бар, екі немере бар. Үйіме апар»-ға басты. Қызы шыдамай алып келсе, келіні Айжан есікті ашпайды. Не үйді кілттеп қашып кетеді.
Бар пәле сол ауылдағы бір еркектің: «Екі балаң жас. Мені әке деп кетер-ау. Бірақ кемпір тұрғанда мен саған күйеу болып сіңбеймін-ау. Кемпірден құтыл», – дегенінен басталыпты.
Бұл кезде Нұргүлдің екі ұлы үйленіп, бір-бірден перзент сүйіп, қалада тұрып жатқан. Нұргүлдің азық-түлік әкеліп, үйге кіре алмай, шешесімен сыртта, сәкі үстінде отырып сөйлесетінін көріп жүрген көршілері қызды жақтайды. Ал даңғарадай үй өлмелі кемпірге неге керек дейтіндер келінді қолдайды. Тамам елді шулатқан сот солай басталған.
Иә, «келініне күн көрсетпейтін кемпірді» сот залына көтеріп кіргізді. Көтеріп жүрген Нұргүлдің кенжесі Мұрат. Кезінде осы жиен немересін әжесінің өзі қасынан қалдырмай, ел көрсін, тумаларын танып өссін деп жанына ертіп жүруші еді. Енді аяғы басуға келмей қалғанда қолына алып, үшінші қабаттан өзі көтеріп түсіреді, өзі көтеріп шығарады. Міне, жеңіл машина жалдап, қаладан пәлен шақырым жердегі аудан орталығында өтетін сотқа әкеліп отыр.
Ердің құнын екі ауыз сөзбен шешетін баяғының билері қайда… Соттың неше қайталама отырысына қатынасып, бір әрпі қисық түссе, мәселені басынан қайта қарайтын, ісі бітіп болмайтын дауда жүр. Және бір себебі (мүмкін шын себебі де сол шығар) сот шенеушіктеріне жалақы істің біткеніне қарай емес, уақытына қарай төленеді. Сондықтан шенеушіктер үшін өлмелі кемпірді немересінің көтеріп келе беруі, сот өткен сайын оның жұмысынан сұранатынына несіне қинасын?
Бастабында жауапкер сотқа келмей қалса іс талапкердің, яғни Айжанның пайдасына шешіледі. Яғни «енесі күн көрсетпейді» дегені дәлелденеді. Жауапкер айыпты болып танылады деген қауесетпен кірісіп кеткен еді. Сиырқұйымшықтанып, бітіп болмай діңкелетіп тұр. Қызды-қыздымен екі жақ болып дауласып, бара-бара жауласып, газет бетінде талқыланып, естіген жанның жағасын ұстатты.
Келінге: «Бұл күйеуіңнің туған анасы еді ғой, не жаманшылық көріп едің, екі балаңның тілекшісі емес пе» – деген біреу жоқ. Нұргүлге: «Бұл жалғыз ініңнің еті тиген жары еді. Екі бауырыңның анасы ғой. Тілі шайпау, тәрбиесі кем екенін әуелден білуші едіңдер. Сен сабыр сақта!» – деген ешкім болмады.
Атырауда, қызының үйінде отырған, дұрысы төсектен тұра алмайтын мешел күйдегі тоқсаннан асқан жасындағы кейуана барған кісіні дауыс салып қарсы алады. Әндете сөйлеп елді сағынғанын айтады. Мұңын шағады. Ұлын жоқтайды. Шалын айтады. Есер көңілі құрығыр еліне барып, өз үйінде отырса болғаны – баяғы дәурені қайта оралардай, оқушылары апалап сәлем бере келіп өзін таппай жүргендей аңсайды да отырады.
Мәселе әу бастан-ақ үйдің дауы емес, ардың соты болуы керек еді. Мүгедек енеден қандай жолмен болса да құтылуға тырысқан жас келін туралы болуы тиіс тұғын. Қайтерсің, ақша-мүлік туралы ғана ойлайтын заманда ар мәселесі тасада қала береді да!
Қазір қалай?
Қалай болсын, келін сол баяғы Ұлы Отан соғысына қатысқан, неше сан ұрпақты тәрбиелеп еліне еңбегін сіңіріп алған атасының үйінде отыр. Ертеректе, сот орындаушысы іздеп келіп таппай кететін кемпір ше? Келіні: «Қу аяқ кемпір тұра ма, жүрген де қыдырып қызының үйінде» – дейтін енесі ше? Иә, Жұпар кемпір өзі сұмдық санайтын қылық – сол баяғыша қызының қолында. «Мына төсектен тұрмағаныма он жыл болды-ау» деп, тобан аяғы жатқан жерді көрпенің сыртынан ұрғылап қойғаны болмаса… Төсегі жұмсақ, тамағы дәмді. Тек екі немере әжесінің «құлыным, балапаным» деген қамқор үнін естімей өсіп жатыр. Кемпір де баяғыдай «өлсем өз шалымның үйінен шығарыңдар» деп көкіректеніп өңмендеуін қойған. Шеркөкірек шерменде ене тек жалғыз ұлдан қалған екі немерені бір көріп өлуді армандайды. Бір көріп өлсем-ау…
Келіннің айтары: кемпір баласынан бұрын өлмеген өзінен көрсін! Өзінен!
– Ау, қазақтар, қайда кетіп барамыз?!.

Кішкентай жүректің үлкен қасіреті

Жас әйел зырылдаған машина үніне ілесіп нәзік дауысымен сызылта ән салып отыр. Жалғыз ұлы даладан жүгіріп кірді де, шешесінің мойынына асыла кетті:
— Мам, а, мам! Мен қашан мектепке барамын?
— Барасың, құлыным! Сен де мектепке барасың. Дәу жігіт болып өсерсің. Құлыншағым сол, құлдырыңдаған!
— Әсет, Маржан, Абылай — бәрі мектепке кетті. Мен қашан барам?
— Кейін, балапаным.
— Папам келген соң ба?
Тігін машинасы зырылдауын кілт тоқтатты. Құлаққа ұрған танадай тыл­сым тыныштық баланың тынысын тарылтып жіберді. «Папам» дей беріп еді…
— Қақылдап қалдың ғой, қараң өшкірдің баласы! Қарасы батсын ол алқаштың!!!
Әп-сәтте дауысы бұзылып, мінезі өзгеріп шыға келген шешесінен қорыққан бес жасар Асхат дереу ас үстелінің астына кіріп кетті. Мамасы мұндайда қолында не тұрса, соны мұның басына жібере салудан тайынбайды.
Қапелімде не істеп кіналы болғанын ұқпай қалған Асхат көздері жыпылықтап жылап жіберді. «Мектепке барам» деу жаман ба? Мамасы бүйтіп ашуланатын болса мектепке бармай-ақ қояр. Не боп кетті өзі?
Әсеттің сөмкесі көк. Ішінде кітабы көп. «Әкем әкеліп берді» деп мақтанып кеше үйдің сыртында бәрін бір-бірлеп алып Асхатқа көрсеткен. Сонда Асхаттың да мектепке барғысы келіп кеткен. Тек «Бұл — құпия. Апам біліп қойса ұрсады. Кірлетесің» — деп ұрсады. Ешкімге менің көрсеткенімді айтпа!» деген соң ғана үндемеген. Шіркін, өзіне де сондай әдемі кітаптар, пеналь, дәптер әперсе ғой… Ал бүгін Маржан Әсет пен Абылайдың қолынан ұстап алып мектепке кетіп барады. Бұған шекесінен қарайды. Кеше ғана бұған: «бақшаны бірге суарысайықшы, шелектің құлағынан ұсташы, арам шөпті сен де жұлсайшы» демегендей-ақ…
Мамасы неге «қарасы өшсін» дейді екен? «Қарасы батсын!» әкесін суға кетсін дегені ме екен? Биыл жазда өзі де суға кете жаздады. Оның қандай қорқынышты екенін бұл білмей кім біледі?
Әкесі суға кетсе Асхат сағынбай ма? Неге үйтіп айтады екен? Онсыз да көп-көөөп болды ғой Асхаттың әкесін көрмегеніне. Күнде таңертең көзін ашқан бойда әкесін іздейді. Тек қазір мамасына сұрақ қойып мазаламайды. Көзімен іздейді. Іздейді де не киімі, не өзі көрінбеген соң үлкен кісіше бір күрсініп алып, үндемей киімдерін кие бастайды. Енді міне, апасының ашуынан қорқып жылағанына әкесін сағынғаны қосылып үлкен кісіше еңіреп отыр. Балапаным-ай, қайтейін…
Көрші тәте келіп еді, екеуі біраз сөйлесіп, мұның шешесіне қосылып ол да жылап алды. Енді, міне, екеуі әлденеге күліп жатыр. Үстелдің астындағы мұны бері шығуға шақырғанмен Асхат әзір шығуға қорқып отыр. Балмұздақ әперемін десе де шықпайды Асхат. Жемейді Асхат. Енді бар ғой әкесі келгенше осы арадан шықпай отыра береді Асхат. Отырады.
«Онда ма, онда өзіңе сақал-мұрт шығады» дейді көрші тәте. Мейлі. Шықсын. Бәрібір отыра береді Асхат. Отырады.
— Әне, шыға бастады! — дейді көрші тәте.
Асхат еріксіз бет-ауызын сипады. Өтірік! Өздері мәз. Үлкендер неге өтірік айтады осы! Мен үлкейіп, папа болсам бар ғой ұлымды қасымнан бір сәт те қалдырмас едім! Қалдырмаймын!!!

Азап арқалан ана

Дігідік. Ді-гі-дік. Жүріс бәсеңдемегенімен екі жақтан жарыса жүгірген тау сілемдері жасыл жұлдызқұрттай иреңдеген вагондарды таптап кетердей ентелеп келіп, келіп… кейін шегінген тәрізденеді. Жер бедері де біртіндеп өзгеріп, боз түс жасылға ауысқан. Жолаушылар біртіндеп діттеген жеріне жетіп, купеде екеуміз-ақ қалдық. Арықша келген ақсұр әйелдің жасы нешеде екенін болжап болар емес. Оң жақ шекеліктен бір уыс ақ шаш төгіліп тұр. Әлде әдемілік үшін… жо-жоқ, сән қуып бояғанға ұқсамайды. Жұп-жұқа бет терісі кебеу. Әсіресе, маңдайы жиырылғанда бірінің үстіне шыққан толқындар аяныш шақырады.
Ол мен жаққа бұрылып қарап қойып тамағын кенеді. Орынымнан лып етіп ұшып тұрдым да, алдына бір қауын домалаттым. Ойым — еркін отырып, әңгімесін бүкпей айтқызу.
– Мына бір қауынды жегім келіп тұрғаны, — деп қойдым. Ол дереу қағаз дастархан төсеп жіберіп, қауын тіле бастады.
– Ертең асыққан Алматымызға жетеміз. Сосын жөн-жөнімізге кетеміз. Ұйқым келер емес. Кейде пенде қызық. Бір көрген жанға ақтарылғысы келіп тұрады…
Мен Дүрия дәл бұлай өзі ақтарылып сыр ағытар деп күтпесем де, басталған сөзді үзіп алмауға барынша тырысып, қолдап қоямын.
— Иә, иә, кей сөзді туысыңа айта алмайсың, — өсек болады. Сыйласыңа айта алмайсың — жеткізіп айта білмесең, дұрыс түсінбей, жек көріп кетуі де ғажап емес. (Өзім ойлап келемін, екі күн бойы үндемей келіп-келіп енді не айтпақшы?)
– Төркінімнен келемін. Байғанинде тұрады. Ақтөбеде.
— Түу, сонша алысқа ұзатылыпсың ғой?
Өзі төркіндеп, мамыражай сағыныш құшағында келе жатқан жанға мүлдем ұқсамайды. Ол елеусіз күрсініп қойды.
– Кезінде қашқандай болып кеткенмін. Қыздың кенжесі болдым. Шешем менен кейін де бір ұл туды. Тоғыз баламыз. Қазақтың отбасын өзің білесің. Үлкендері кішілеріне қарап, шешелеріне қолғабыс жасап өсе береді. Мені де өзімнен үлкен апайым, 12-13-тердегі қыз кезінде көтеріп жүріп құлатып алыпты. Тас төбемнен шаншыла құлап, үш тәулік бойы шырқырап жылаппын. Бесіктегі баламын. Сол кезде желке омыртқама зақым келіпті.
Ол сөзін үзіп, осы тыңдап отыр ма өзі дегендей бетіме барлай қарады. Иә, қол-аяғы ұзындау, дене тұрқы қысқалау көрінген. Бойы екінші полкаға жетер-жетпес. Кенет төгіліп тұрған шашын қолымен жинап, маған қырын қарап тұрды. Сырт көзге байқала бермейтін сәл күдіс желкесі сымбатын бұзып-ақ тұр. Мен қапелімде не дерімді білмей, қауын тіле бердім.
– Шешем марқұм сүті көп болды ма, әлде менің денсаулығым мықты болсын деді ме, мені ініммен егіздетіп емізіпті. Аяғым өте кеш шығыпты. Інім шауып жүргенде мен енді-енді апыл-тапыл басыппын. Шешем мені қаншалықты жақсы көрсе, бауырларым мені соншаалықты жек көріпті. Көресіні інімнен көрдім. Түйіп қалып, аңдаусызда талай рет тырапай асыратын. Мазақтап, оңашада қолымдағыны тартып алатын. Қазір ойласам, онікі балалық ессіз қызғаныш сияқты. Ал ол кезде … мені бәрі жек көреді … тез көзімді құртсам екен … дегеннен басқа ештеңе ойланбағанмын …
Арада жылдар өтіп, тұрмыс тауқыметі жаныштап, жаным қысылғанда мен дәл сол інімнің үйіне бардым. Әкемнің ініме: «Сен ұрыншақсың. Бірдеңеге ұшырап жүрерсің. Қалыңдықты өзім әперем. Қара шаңыраққа ие бола алатын келін керек» деп жүріп таңдап әперген қызы тәуір тәрбие көрген жан болып шықты.
Әуелі: «Қайдан келген «Кутузов әйел» деп бажырая қарағанынан қорқып қалсам да, кейін: «Апатайым Алматыдан іздеп келіпті» – деп қуанып, ауыл-аймақты шақырып, тікесінен тік тұрып күтуінде мін болмады. Кішігірім той жасады. «Жиенжандап» ұлымды қолды-аяққа тұрғызбады. Ұлым Ерзатым да аң-таң. Оңашада: «Мам, осынша туысымыз барын маған неге бұрын айтпағансың?» — деп бұртиып қояды.
Дүрия терең күрсінді.
Қыз біткен кемпір атанса да төркіні туралы сөз болса, көзі жайнап шыға келер еді?..
Көз демекші… Дүрияның көзі қазақта көп кездесе беретін қоңыр да емес, сирек кездесер шегір де емес… Сол екеуінің ортасындағы бірдеңе. Түсін ажыратып болмайтын бірдеңе. Салқын көзқарас. Тіпті, қалай суреттерімді де білмеймін. Тереңде әлде бір мұңның жібімес тоңы қатып жатқандай. Үнсіздік ұзаққа созылып барады. Мен әңгімені қалай жалғап жіберерімді ойлап далмын. Біраз үнсіздіктен кейін тағы сөйлей бастады.
– Қашқандай болғанымды айтқам. Шешем байғұс тыңдамасымды көрген соң, қарызданып, қауғаланып жолыма ақша жинап, Адматыға аттандырды. Жоғарғы оқу орынына түсе алмадым. Тігіншілік курс бітірдім. Сол кезде «Шебер» деген бір дүкен болды. Ақауы бар маталарды өте арзанға сататын. Неше түрлі қымбат сортты мата тауып алуға болады. Содан өзіме лайықтап сәнді көйлектің түр-түрін тігемін. Оқып жүріп-ақ тапсырыспен киім тіктім. Яғни, ақша бар. Қою қара шашымды тегістеп қиып, иығыма түсіріп қоямын. Кекілді, қыр мұрын, оймақ ауыз сүйкімді қызбын. Қатып киініп алдым. Несін айтасың, тоты құстай таранған айтулы сұлулардың бірі болдым да шықтым. Сөйтіп жүріп таныстым. Қалалық жігітке тұрмысқа шықтым. Бізге қаланың қақ ортасынан екі бөлмелі пәтер әперді. Ой, өзімді сондай бақытты сезінген кезім еді-ау!
Тек бір айыбы – күйеуім ішеді. Бірде енешкамыз бізді өзінің туған күніне шақырды. Ерзатымның жүгіріп жүрген кезі. Әдемілеп көйлек тігіп апардым. Оным енемізге қатты ұнап, бірден киіп алды. Ерзатқа да ұнаған болуы керек: «әйей бабушка» деп, құшақтай алғаны. Қағып жіберді. Шапалағы қатты тиді ме, бала ұшып кетті. Басын соқты. Көгеріп, үні шықпай қалды. Алдында да «мама» де, «баба» деме, қартайтып жібересің, — деп ұрсатын. Ақшыл көйлекте шоколадтың қоңырқай майлы дағы қалды.
— Министерстводан пеленшекең келуші еді, қап-қап! — деп, енешкам өлердей өкінді.
Пәленшекеңі пәлен сағат күткенімізбен келе қоймады. Бірақ бай дастарханнның бар әңгімесі біз болдық. Күйеуімнің үш айдай арақ ішпей жүрген кезі еді. Орнына маған ішуге тура келді. Тәрбиесіз балам, ынжық күйеуім (дәп бір ол өздерінің баласы еместей), ақыр аяғы дипломсыз мен—жалпы осы зиялы қауымның сәнін бұзған біз құбыжыққа айналдық.
— Арақты тастап, байып кетпекші шығар?
— Темекі тартпаса, қызға қырындамаса, – еркектіктен қалды десеңші!
Мен «қыз» деген сөзді естігенде күйеуіме күдікпен жалт қараппын. Күйеуім күлді де, менің қарсыласқаныма қарамай алдына көтеріп алды. Өзі екі метр. Мені кей-кейде, оңашада алдына алып «мышонок мой» деп еркелететін. Алақанына салып аялайтын. Дастархан шу етті.
— Масқара, мына бетпақ баламыздың басын дуалап тастапты!!!
Күйеуім үшін іштім дедім ғой. Түсі ашық қызғылт вино тәп-тәтті болатын. Бұрын татып алмаған соң ба, соның өзіне басым айналып, өз ісіме есеп бермеген болуым керек. Енешкам үшін билегенімді білем. Оным — испан биі мен үнді биінің будандасқан қимылы шалт бірдеңе болып шыққан сияқты. Бір жеті бойы өзіме-өзім келе алмай, көк запыран құсып есім шықты. Кейін білсем — ішкенім қызуы 43 градус тәтті ликер екен. Таңым бар — еркектер неге сонша араққа құмар? Менің бір ішкенде бір апта өмірім зая кетті.
Менің отбасымның берекесі кетуінің басы осы болды. Ашық жауласу басталды. Бақсам, күйеуім жасынан араққа үйір болған соң, тезірек үйлендіріп, басқаларынан оқшау ұстау саясатымен біздерді бөлек үй қылып жіберіпті. Біз, сол баяғыша ата-енемнің айтқанымен жүріп жаттық. Бастапқыда оларға, күйеуімнің ата-анасына ұрғанын, ұрысқанын айтып шағынатынмын. Кейін байқасам, менің сөзімнің өңін айналдырып, екеумізді бір-бірімізге айдап салады да отырады. Ол мені қойып өзінің туған ұлы Ерзатты ұратынды шығарды. «Тексіз!» деп ақырғанда төбе шашым тік тұрады. Бір жолы қолы қатты тигені сондай, балам басын батереяға оңдырмай соқты. Араша түсем деген мені екі бүктеп баламның манежіне лақтырды. Бітпес соғыстың аяғы ажырасумен тынды. Екі бөлмелі пәтерді айырбастай алмай әлі жүрміз.
Кезінде қымбаттығына қарамай алтын кесте тігу курсын бітіріп алғанмын. Ойым — көп ақша табу. Бір көйлекті 300 теңгеге тігем. Ал бір сантиметр ою үшін 30 теңге аламын. Алақандай ою үшін 3000 теңге табуға болады. Ақша үшін алдымдағы кесте көрінбей бұлдырағанша отыруға бармын. Көзім нашар көре бастады. Бәрібір ақша жиналар емес.
Ұлым, құдайға шүкір, он үшінде әкесінен биік болды. Терезенің темір торын алғызып тастадым. Сырттағы ұрыдан үйдегі ұрушының үрейі үстем болды. Соңғы жолы да терезеден қашып шықтық. Ұлым терезеден секірген мені қолына көтеріп алды. Бірінші қабатта тұрғанымыз мұндай жақсы болар ма? Таяқ та жемес едім, әрі қымбат, әрі асыраушым болып отырған тігін машинамды ала қашам демегенде?…
Күйеуім тігін машинамды «балталап қиратамын!» деп қоқаңдайтын. Тапсырысқа алған қымбат маталарды қайшымен қиқалап кесе салу, сөйтіп мені қарызға батырып, тақырға отырғызу оған түк емес. Сол жолы көк желкеден тиген соққыдан терезе түбінде алақанын тосып тұрған баламның қолына жансыз денеммен түсіппін. Ауруханада ес жидым. Көзіме операция жасады. «Жөтелмейсің. Түшкірмейсің. Қатты күлмейсің. Т. т. б.» толып жатқан тиым.
Ерзатым оқуда озат. Аайкидомен айналысып, Астанада өткен алғашқы спартакиядада күміс медаль әкелді. Өз ауласының «атаманы.»
Нағашыларының ауылында, «жиенжандаған» бір топ балалардың ішінде Ерзатым темекіні аспанға қарата ұстаған күйі «норкомандар осылай тартады» деп бөсіп тұр! Мәссаған безгелдек!
– Балам, сен Алматыдан келген күміс медальді жұлдызсың! Жұлдыздың жүзі жарқын болуы керек! Күміс медаль алу екінің бірінің қолынан келе бермейді. Жаман істермен жұлдызың былғанып, жаман значокке айналады,—дей беріп, өзім де күйеуімнің туысқандарының сөзін, әсіре даңққұмар ісін қайталағандай өз сөзіме өзім қақалып тоқтадым.
— Өзіңіз айттыңыз ғой, отызға келген соң спорт қалады деп. Сонда папам құсап арақ ішіп, темекі тартпаймын ба? — деп, Ерзатым қар-р-рап тұр!
Ол қап-қараңғы терезеге қадалып үнсіз қалды. Дыбыс шығаруға батылым бармай мен дағдардым. Біраздан соң Дүрия маған мен түстеп үңіле айтып бере алмай отырған көздерімен тесірейе қарап:
— Маған «Сіз» дейсіз. Мен көзіңізге 50-55-тегі адамдай көрінем бе?
—И, и … жоғ-ә … Әншейін, сіз деген сыпайылық, сен деген анайылық дегенім-дағы. — Сөзім онша сенімді шыға қоймағанын өзім де сездім.
– Құжаттағы жасым 35. Бірақ өзімді мың жасаған мыстан кемпірдей сезінемін. Сколатит үңгірін көргеніңіз бар ма? Жаздың 45*С ыстығында ішінен ызғар есіп тұрады дейді ғой. Төбесінен төмен салбыраған сұңгіге еденінде өсіп шыққан тамшылар айқасып, аран-аран айдаһардың тісіндей болады екен. Менің ішім тап сол сияқты.
Төбемнен тоқпақтаған суық сөздер, қарғыстар. Оған өзімнің ішкі қарсылығымнан туған көк сіреу мұз. Енді ешкімге, ешқашан жібімейтін шығар.
Екеуміз қосылғанда Қыз Жібек пен Төлегендей болмасақ та жақсы көрдік қой бір-бірімізді. Сол сезімді қайда, қашан жоғалттық? Өткен жолы ажал көзімді ғана емес, өзімді алып кетсе не болар еді? Мына өмірге мен неге келдім? Не тындырдым? Он үштегі ұлыма не өнеге, тәрбие бердім? Бірдеңе ұқтыра алдым ба? Масқара болғанда ұлыма үлгіге қоятын еркек жоқ екен маңайымда.
Кімді айтам? Алқаш ұлы бар екенін елден жасыратын екі жүзді, тек кариерасын ойлайтын қайын атам ба? Атын атай қалсақ кіріміз жұғып кетердей шошитын қайын ағам ба? Бұл жерде тағы «әкең өлсе де, әкеңді көрген өлмесін» қазақтың мақалы тағы жүрмейді. Өз баласын «тексіз!» деп сабайтын әкенің алқаш достарынан не үміт, не қайыр?
Өзімді өзім әйел, нәзік жыныстың өкілі ретінде сезінбегеніме, назданба-ғаныма мың жыл өткен шығар? Қате қайдан кетті? Өмірім неге бұлай аяқталуы тиіс? Артыма бұрылып қарасам — ештеңе тындырмаппын. Арақпен күресім — анау, жоқшылықпен күресім — мынау, бәрі жеңіліспен аяқтала беріпті.
Күйеуімнің маған бірінші қойған кінасы — ауруыңды жасырдың дегені. Әрине, анасы айтқан соң… Көзіне шұқып көрсете берген соң. Ау, бесіктегі кезінде ауырғанын кім есінде сақтапты? Мен тек соны анамның айтқанынан ғана білем. Жаңа өзіңізге көрсеттім. Денемде кемістік барын ғана байқаймын. Күні кешеге дейін омыртқам ауырған да емес. Жас кезімде сүт, айран, қымызды көп ішкізетін. Содан ба?
Тіпті жұрт ауыра беретін тұмау да менен айналып өтетін. Дені сау қыздар сияқты жүгіріп, секіріп жүрдім. Күйеуім ұрмағанда омыртқам да ауырмаған. Мына бір уыс шаш соның қолында кетті. Орнына осы ақ шаш… шықты.
Мені қойшы, таусыншақ өмір өтті ғой. Енді ұлымды бұл тозақтан қалай құтқарамын?! Сіз спонсор дейсіз… Күміс медальді ұл жалғыз ол емес. Кім алмай жатыр дейсіз? Сол жолы «Астанаға барамын» деп қуанған ұлымның жолына ақша таппай қиналғаным есімнен кетпес. Қақпаған есігім қалмады. Ең болмаса жылы сөзбен арқадан қағуға жарамаған галстуктілерге не дейін? Ең болмаса бір азамат: «Ерзат-ау, сабағың қалай? Тағы неше медаль алдың?» деп телефон шалып, баламның тағдырына сырттай болса да көңіл бөліп… — үні тарғыл тарғыл шығып: — жалғыз ұл … – Құмығып барып дыбыссыз қалды.
Иегі дір-дір етіп, қап-қара түн үңілген терезе жаққа бұрылды. Біраз уақыт өтті. Мен тырс етуге батпаймын. Түк үн қатуға дәрменім жоқ. Ақыры Дүрия бері бұрылғанында бетіндегі бұлшық еттер селт етпес гранитке айналған екен. Қашаулы тас мүсін дерсің.
— Маған жылауға да тиым салынған. — Ендігі үні мығым. — Бір жолын табуым керек! Қалай да табуым керек!

О дүниеден оралу

Менің күйеуім арақ ішеді. Үйде де, түзде де. Кәдімгідей ішетіні соншалық бір күні алдынан да, артынан да бірдей кетіп өле ауырды. Аядым. Ата-анамды тастап қашып келген байым ғой. Әлпештеген ата-анамызды тастай қашқанда келетін жеріміз осы ғой, қатындар-ау! Содан, не басыңды ауыртайын, алды-артынан бірдей қан-қызыл кофе сияқтанып кеткенде қорқып жедел жәрдем шақырдым. Ол бейшара, әлгі жедел жәрдемнің дәрігерін айтам, «ала алмаймыз» деп кергісін. Жынданып кеттім. Айқайға бастым. Жұма күні болатын. «Көмектеспейтін болсаң, неге дәрігер атын жамылып жүрсің? Мына бес баламды сен бағасың ба? Осыдан алмай көр, үстіңнен шағым түсіремін!» – деп айқайлап жатырмын. Әкетті. Бара не түрлі аппараттарын жалғап, дем алдыруға, дәрілерін құюға кірісті. Есін жиған күйеуім маған қарап мөлиеді. Аяп кеттім. Ертеңінде тағы келдім. Көзінде сұрау бар. Балаларын көргісі келе ме, ата-анасын көргісі келе ме? Түсінбедім. Сосын ойладым. Ата-анасын іздеп жатқан шығар. Жәутең-жәутең етеді. Қой, әке-шешесіне айтайын. Ертеңгі күні өліп кетсе, ішінде арман кетпесін.
Енеме айтсам «е» деді де қойды. Атама айтсам бетін теріс бұрады. Ойбай-ау, таяқ жесем мен жедім. Боқтық естісем мен естідім. Қу жанымды қуырдақ қылып жүгіріп жүрмін. Ау, бала солардікі ғой! Ішіп жек көрінішті болса, болған шығар. Бірақ қазір өлім ауызында емес пе, кішкене жібісе қайтеді?
Қашып келдім дедім ғой. Артымнан анам келгенде айтты: «Қызым, өзің қалап келдің. Енді сен осы үйдің адамысың. Әй, көргенсіздің асыраған қызы-ай дегізбе. Біздің сүйегімізге таңба түсірме! Өлсең, сүйегің осы үйден шықсын!» Бітті. Басқа сөз жоқ.
Ойбай, алып кетем деген айбарағы жоқ. Ішіме сыйған бала сыртыма сияды деген байбаламы жоқ. Тап солай деді. Сондықтан таяқ жеп бетім көгерсе де «өзім есікке соғып алдым, байқаусызда» дей саламын. Жыбыр еткенді жеткізбеймін. Таяқ жеуім де қызық.
Бірге тұрып жатқанымызға алты ай толғанда үйде бір қыз пайда болды. Бақсам, қайын әпкем екен. Басқа қалада тұрады. Келе тиісті. «Мынау ма алғаның, мен таныстырған қыздан қай жері артық? Сыпырғыш неге түрегеп қалған. Осы үйдің ырысы кетсін дейсің ғой! Көрпенің тұйығын төмен қаратқанды қай ата-бабаңнан көрдің? Шаңдатпай сыпыр! Неге маған ала көзіңмен қарайсың. Қатынжандысын. Бірдеңе демейсің бе, өстіп төбемізге шығарып қоясың ба?» Кетті, әйтеуір, тырнақ астынан кір ізделген міндер. Бір еркек пайда болды. «Келін, көжең неге ащы? Бауырсағың қатып қалған ба?»
Сөйтсем, менің енем бұл кісінің екінші әйелі екен. Ана ағай-апайдар басқа әйелден туған бауырлары екен. Енемнің жалғыз ұлы бұрынғы байынан.
Үйдегілердің бәрі жұмыста. Мен балабасты болып үйде отырмын. Ат шаптырым аула сыпырудан басталған жұмыс кеште ертеңгі күнге қамыр ашытумен барып бітеді. Самаурын үш-төрт мезгіл қайнайды. Арасында балаларға жүн шұлық тоқу бар. Көмірді қораға кіргізу де менің мойынымда. Отын жару мен жинау бар, әжептәуір алыс жерден екі шелекпен су тасу және бар. Ой, Алла-ай, бәрін қалай үлгергенмін деп қазір таң қаламын. Анда-санда күйеуім көмектескен болады. Әлгілер ескерту жасағанша. Көбіне-көп жұмысынан шаршап, болдырып келеді. Башмак көтеру оңай емес. Жо, әлгі темір жолдың, рельстің бойына екпіндеп келе жатқан составты тоқтату үшін қойылатын башмагы ғой айтып отырғаным. Бәлен тонна келетін ауыр составты тоқтатуға қоятын тірек. Бас жағы сүйірлеу, рельске тірегенде поезды тырп еткізбеуі керек. Әсіресе, қыста қиын. Сондай башмактың бірнешеуін иығына іліп алып пәлен шақырым салпақтайды. Қырық градус суықта қатып қалмау үшін деп ішеді. Үйде әлгі ызғыма сөзді естімеу үшін іше..
Енді қайтем, өз күйеуіме өз жаным ашиды дағы. Бірде қайынбикем ызыңдап қоймай қойған. «Қатыныңды жөнге сал» Екі кештің арасында бес минутқа далаға шығып кеткен. Ішіп келді де мені таяқтың астына алды. Әлгі қайынбикем енді маған ара түскенсіп, байыма, өзінің інісіне: «Оңбаған алқаш! Қой енді. Өлтіріп аларсың» деп шырылдады. Содан кейін шын мас болып, өтірік мас болып бірде батырып, бірде өтірік «жөнге салған» болып, мені төмпештеп тұруды әдетке айналдырды. Оңашада өзі ұрған жерін өзі сүйіп, «әншейін, көз қылам ғой. Қатты батып кетті ме, кешірші» деп те қояды.
Е, тірі. Тірі болған соң ғой осылай сайрап отырғаным…

Маркиза БАЗАРБАЙҚЫЗЫ

Пікір қалдыру