АЗАТ РУХТЫ СӨЗ

Тәуелсіздік тұсында қазақ жазушылары тоталитаризм қыспағынан босап, еркін тыныстауға бет алды. Тәуелсіздік жазушыларға сөз бостандығын алып келді. Сөз бостандығы қазақ жазушыларына кеңестік дәуірде еркін бара алмаған, кең қозғай алмаған тақырыптарға қайта үңілуге мүмкіндік берді. Ұзаққа созылған қоғамдық өзгерiстерден кейiн қол жеткен тәуелсiздiк қаламгерлерге шығармашылық еркiндiк алып келдi. Мұндай дербестiктiң ең алдымен ұлттық мәдениетке зор ықпалын тигiзгенi белгiлi. Қаламгерлер мұрағаттарда көп жылдан берi қапаста жатқан тарих беттерiн ашып, бұрын-соңды есiмi аталмаған, олар жайында мүлдем естiмеген хандар мен патшайымдар, би шешендер мен жыраулар, батырлар мен ел аналарының басынан өткерген зұлматты жылдарға жан бiтiрдi. Соңғы жылдары әдебиетке ұлт қаһармандары қосылуда, қазақ тарихында есімдері белгілі тарихи тұлғалардың өмiр жолы көркем шығармаларға арқау болуда. Еліміз тәуелсіздік алғаннан бергі уақытта қазақ әдебиеті дамудың жаңа белесіне көтерілді. Әдебиетте біржақты бағаланған халықтың сан ғасырлық тарихының көркем шежіресі жасалып, жас ұрпақтың ұлттық санасын оятатын тарихи тағылымды шығармалар қатары көбейді.
Соңғы ширек ғасырдағы әдебиетте Тоныкөк, Мүде хан, Шыңғыс хан, Бейбарыс сұлтан, Есім хан, Абылай хан, Кенесары хан, Шу батыр, Қабанбай батыр, Райымбек батыр, Шақантай батыр, Жарылғап батыр, Бердіқожа батыр, Мама батыр, Сырым батыр, Балуан шолақ, Оспан батыр, Есенгелді би, Жарылғап би, Шоң би, Халел Досмұхамбетов, Мұстафа Шоқай тәрізді ұлт көсемдерінің жарқын бейнесі сомдалды.
Ұлттық әдебиетте қазақ халқының тарихынан үлкен орын алатын Тұмар ханымнан бастап, Домалақ ана, Мүде ханның ақылды жары, Көшім ханның жары Сүзге ханым, Бөрте, Бопай, Күнімжан ханымдар, Сырым батырдың жары Ұлбала, Қабанбай батырдың жары Гауһар, қызы Назым, Абылай сұлтанның қызы Айтолқын, Бұланбай батырдың қызы Айбике, Данай және Бәкей қыз тәрізді қазақ батырларының жігеріне жігер, қайратына қайрат, намысына намыс қосқан дана да дара, ержүрек батыр қазақ аруларының көркем галареясы жасалды…
Бұл мақалада біз отыз жыл белесінде әдебиетіміздің поэзия, проза жанрындағы жетістіктеріне қысқаша тоқталмақпыз.
1991 жылы Кеңестік империяның таратылуы, Қазақстанның тәуелсіздігінің жариялауы қоғамның барлық саласына, соның ішіне ұлттық әдебиетке де өзінің оң ықпалын тигізді. Елміздің егемендік алуы ел басына күн туған қиын-қыстау заманда туған жерден үдере көшіп, әртүрлі себептермен шекаралас жатқан елдерде мекендеп қалған қандастарымыздың Отанына оралуына мүмкіндік туғызды. Осы уақыт аралығында Елбасының жүргізген көші-қон саясаты жырақта жүрген бауырламыздың туған жерге оралуына жол ашты. Соңғы жиырма жылдан астам уақыт аралығында Өзбекстан, Қарақалпақстан, Қырғызстан, Монғолия, Қытай Халық Республикасы тәрізді елдерден туған жерге келген миллионнан астам бауырларымыз қоғамның әр саласында қызмет етіп жатса, олардың бір парасы ұлттық әдебиет төңірегінде өнімді еңбек етіп келеді…
Соңғы отыз жылда қазақ поэзия қандай жетістіктерге жетті дегенге көңіл аударатын болсақ, шағын лирикамен бірге кең құлашты эпикалық поэмалардың қатары көбейді. Ақындар тарихи поэмаларына қазақ тарихынан үлкен орын алатын тарихи оқиғалармен бірге ұлт тарихында орны ерекше ұлттық қаһармандардың бейнесін жасады. Атадан балаға аңыз-әңгімелер арқылы жеткен әфсаналарды тірілітіп оларға жан бітіру арқылы қазақтың өткен тарихының көркем шежіресі жасалды. Қазақ әдебиеті қаншама хандар мен батырлар, билер мен шешендердің көркем бейнесімен толықты. Көркем шығармаларда аңыз-әңгімелерді, ертегілерді ретіне қарай пайдалану бұрыннан келе жатқан дәстүр. Қазақ әдебиетінде қалыптасқан осы дәстүр тәуелсіздік тұсында да өз жалғасын тапты.
Қазірі қазақ поэзиясын әлемге танытқан шығармалардың бірі – Ғ.Жайлыбайдың «Қара орамал» поэма-реквиемі. Ақын бұл тақырыпқа ХХ ғасырдың отызыншы жылдарындағы жеке басқа табынудың салдарынан жаппай қудалаудың құрбаны болған боздақтар туралы тарихи мәліметтерді жинаумен, үлкен дайындықпен келген. Ғ.Жайлыбай Ахмет Игүнекидің «Жамандық жасасаң да, жақсылық жасасаң да жауапсыз қалмайды», «Андре Жидтің «Шындыққа жеткен адамға емес, оны іздеп жүрген адамға сеніңдер» деген ұлағатты сөздерін эпиграф ретінде алу арқылы оқырманға ой салған. Сонымен бірге ол ГУЛАГ-тың құрамында 61 лагерь болғаны, «Карлаг»-тың солардың ең ірілерінің бірі болғаны жөнінде айтылған. «…КСРО НКВД лагерьлерінің Бас басқармасына қарасты қапастар мен түрмелерде жалпы саны 4 миллионға жуық сотталғандар отырса, олардың 1-1,5 миллионнан астамы «Карлагтан» өткен, – деген деректің өзі-ақ бұл лагерь туралы мол мағлұмат беріп тұрғаны анық. Сонымен бірге ақын жер атауларының тарихи оқиғаларға негізделгендігіне назар аудара отырып, сол өңірдің кешегі аласапыран күндерінен хабар береді. «Степлаг», «Карлаг», «Қоңыртөбе» («Долинка»), «Қарабас», «Просторный», Шерубай-Нұра өзені тәрізді жер атаулары, «Ақой», «Бұрма», «Батық», «Жартас», «Жалаңашкөл» (Қызжылаған), «Бидайық», «Дәрия» сынды КарЛаг нүктелері, Ахметжан Сармантайұлының «58-статья» күйі, Ирина Борхманның «Үзілген сапар» картинасы, «Мамочкино моласы», «Гармоншы. 1973», «Алжир тұтқыны Гертруда Платайстың естелігі» тәрізді дерек көздерін тиімді пайдаланумен «Карлагтың» адам құйқасын шымырлатар шындығына жан бітірген.
2001 жылы Қазақстан Жазушылар одағы мен «Қазақмыс» компаниясы Қарсақбай мыс қорыту зауытының 80 жылдығы мен Республика күні мерекесіне орай еліміздің өндіріс орындарының Тәуелсіздік жылдарындағы жарқын келбеті, отандастарымыздың бойындағы патриоттық рухты жаңғырту мен кеншілер өмірін бейнелейтін тың әдеби-көркем туындыларға байқау жариялады. Бұл байқауға үлкенді-кішілі бірсыпыра ақындар қатысып, ірілі-ұсақты шығармаларын байқауға қосты. Жезді өңірін жырлаған бір топ шығармалардың ішінен Ж.Бөдеш «Қаныштың картасы» атты поэмасымен байқаудың жеңімпазы атанды. Сонымен бірге Б.Жақыптың «Қарсақбай», М.Рәштің «Қарсақбай хикаясы», И.Тасқараұлының «Жезқазғанға тағзым» атты поэмалары көркемдік жетістігімен көзге түсіп, байқаудың таңдаулы туыдылары қатарынан орын алды. Аталған поэмалар ХХІ ғасырдағы қазақ поэмасын лирикалық поэма, естелік толғау – эссе сынды жанрлық түрлерімен байытты.
Қазіргі қазақ поэмасындағы бүгінгі өмірді көркем бейнелеген шығармалар қатарында Ж.Бөдештің «Жол киесі», Б.Ысқақтың «Өміршең – өнер өзегі», Н.Айтұлының «Көгала үйрек», А.Мұхаметқалиқызының «Донор және тек», «Алтынның буы», М.Бектемірованың «Тәуелсіздік – тірегім» атты поэмаларын атауға болады. А.Мұхамедқалиқызы «Алтынның буы» поэмасында бүгінде адам баласының ниет-пиғылы бұзылып бара жатқанына жаны күйзеледі. Ол өзінің замандастарын ар-имандылыққа шақырып, дүниенің соңына түсер тоғышарларды шенейді. Қазіргі поэмадағы тағы бір шоғыр ақындардың өздері куә болған оқиғалардың көркем суретін жасап, қазіргі қоғам мен замандастарымыздың жарқын бейнесін жасауы. Ә.Смайыловтың «Баспана туралы баллада», «Жан дауысы», «Менің меккем» поэмаларына қазіргі замандастар бейнесі негіз болған…
Сан ғасырлар бойы аңсаған тәуелсіздігімізді қазақ ақындары шаттана жырға қосты. Сарыарқадан бой көтерген Астана қаласының сән салтанаты тәуелсіздіктің символы ретінде бейнеленді. Тәуелсіздікті жырға қоспаған ақын жоқтың қасы. Қазіргі таңда әнұраннан кейінгі орында ресми шараларда көп орындалатын патриоттық әннің бірі – А.Ахметбектің «Көк тудың желбірегені». Осы өлеңнің сөзіне ақын-сазгер Ермұрат Зейіпхан ән жазып, бүгінгі таңда балабақшадағы балалардан бастап, күллі қазақ әнді сүйіспеншілікпен орындап келеді.
Көк тудың желбірегені
Жаныма қуат береді.
Таласқа түссе жан мен ту
Жан емес,
Маған керегі –
Көк тудың желбірегені, –
деп, ақын айтса айтқандай, өскелең ұрпақты патриоттық рухта тәрбиелейтін өлеңнің тәуелсіздігіміздің мәртебесін асқақтатыны даусыз.
Шағын лирикадағы мәңгілік тақырыптардың бірі – махаббат болса, бұл – тәуелсіздік тұсындағы негізгі тақырыптардың бірі ретінде көрінді. Адам, жанының түрлі сезім күйлері, атап айтатын болсақ, анаға, балаға, сүйген жарға, отанға, елге, жерге, Аллаға деген махабаттардың ішінде Жаратушыға деген сезім күйлерді жырлау – тәуелсіздік тұсындағы поэзияның негізі жетістіктерінің бірі. Тәуелсіздік тұсында жарық көрген жыр жинақтарды қарап отырғанда қазіргі поэзиядан үлкен орын алатын діни сарындарды ерекше атау керектігіне көзіміз жетті. Кеңестік дәуір тұсында қол үзіп қалған ұлттық әдебиеттегі дәстүр еліміз егемендік алған соң, дінімізбен бірге жалпыадамдық құндылықтар мен мәңгілік мұраттар көркем әдебиетке қайта келді. Бұл жылдары ақын-жазушылардың барлығы дерлік имандылыққа бет бұра бастағандықтан, олардың арман-аңсарлары туындыларынан да көрініс тапты. Темірғали Көпбаев өзінің «Алла берді» деген лирикасында:
Өміріңді кім берді?
Алла берді,
Сеніміңді кім берді?
Алла берді.
Иманыңды кім берді?
Алла берді?
Дидарыңды кім берді?, –
деп жырласа, ақындардың ішінен діни тақырыпта көп жазатын Қ.Елемес пен Д.Байтұрсынұлы есімін атау ләзім. Себебі, бұл ақындар замандастарына ой салуда, имани сөз айтуда өз қолтаңбаларымен ерекшеленді. Осы уақыт аралығында Қ.Елеместің «Жұлдызды түн», «Жетінші аспан», «Жарық», Д.Байтұрсынұлының «Күнәсіз мекен», «Топыраққа сіңген нұр», «Мәңгілік мекен», «Ләтипа лүпілі», «Сенің арқаң» атты жыр жинақтары шықты. Құл-Керім «Ең жақсы сөз» өлеңінде бір сөзді әр тармақта қайталау арқылы оқырманның көңілін сол сөздің астарына үңілуге шақырады:
Дүниенің бар болуы – Ләә иләәһә илаллаһ.
Тілеулердің нар болуы – Ләә иләәһә илаллаһ.
Дүниенің жақсы сөзі – Ләә иләәһә илаллаһ.
Ақиқаттың нақты сөзі – Ләә иләәһә илаллаһ…
Отыз тармақтан тұратын өлеңнің жиырма сегіз жолы осы үлгімен берілсе, соңғы «Адам, сені шақырамын «осы сөзді айт, тыңда!» деп, Осы сөзсіз, адам саған, екі әлемде дым да жоқ!..» деген екі тармағы адамзат баласына үлкен ой салып, осы сөздер арқылы оларды имандылыққа шақырып тұр. Келтірілген мысалдардан көріп отырғанымыздай ақын жырларының негізгі лейтмотиві – Аллаға құлшылық, Аллаға мінәжат. Ақын поэзиясындағы осындай ерекшелігі жөнінде А.Әбдірасілқызы: «Оның мінәжаттарының өзі еркіндігімен, ерік күшінің, жігерінің молдығымен ерекшеленеді. Бұл – сопылардың парасатты көнбістігінен де өзгерек, махаббат пен парасаттың шарпысуынан туған бір сезім», – деген болатын. Егер көңіл-күйдің шынайылығын, әуеннің асқақтығы мен сезімнің тазалығын тек көркем шығарма ғана жеткізе алады десек, онда оның элементтері негізінен діни сипаттағы шығармаларда жиірек кездесетінін жоққа шығара алмаймыз. Діни сюжеттер поэзияның дамуы үшін өте керек, өйткені онда адамдар арасындағы имандылық пен қайырымдылық, ақаусыз әлем мәселесі барынша таза күйінде көрініс табады.
Т.Әбдікәкімұлы, М.Райымбекұлы, А.Елгезек, Е.Жүніс шығармала­рындағы қалыптасқан дәстүрмен ұштаса бермейтін, ұлттық құндылық­тармен үндеспейтін мазмұндық және формалық ізденістерді қазіргі поэзиядағы постмодернистік ізденістер қатарында атауымызға болады. Тарпаң мінезді Маралтай ақынның өзіндік айтары бар. Сондықтан да ол керек жерінде Қожа Хафизге де наразылық танытып, оған қарсы өз пікірін ашық білдіреді. Қожа Хафиз секілді сұлудың бір меңіне күллі қаланы сыйға тартуға бармайтын Маралтай ақын «Бір мең тұрмақ қос меңі үшін сұлудың, Таразымның түйір тасын қимас ем» дейді. Бұл – өз елін, Отанын сүйген шын патриоттың жүрегінен шыққан үлкен сезімнің белгісі. Себебі ол өз елін шынайы сүйген отаншыл азамат. Оның отан, туған жер туралы өлеңдерінің ішінен шежірелі Тараз, шағалалы Шардара, ару қала Алматыға арнаған өлеңдерін ерекше атауға болады. Осылардың ішінде қазіргі оңтүстік астана атанған Алматы қаласына арналған шоғырлы өлеңдерінің орны бөлек.
Тәуелсіздік тұсындағы қазақ поэмаларының бірсыпырасына астананың Сарыарқаға көшірілуі, сол тұстағы Елбасының көрегендігі, бүгінгі Астананың келбеті, ұлы көштің нұрлы көшке ұласуы тәрізді тарихи оқиғалар негіз болған. Н.Айтұлы «Бәйтерек», Ш.Сариев «Елбасы сыйлаған барыс», Т.Әбдiрахманқызы «Елтұтқа», К.Ахметова «Теңдiк үшiн мұхитқа қайық салдық», М.Райымбек «Көшбасшы» поэмаларында егемен елдің азаттығын, Қазақстанның елордасына айналған Астанасын, бүгінгі көркейген қазақ елін жырға қосты. Шаттық сезімге құрылған мұндай шығармаларда көтеріңкі леп басым.
Тәуелсіздік жылдары қазақ романы жаңа мазмұнмен толыға түсті. Олардың қатарынан кешегі ауған соғысы да орын алды. Ә.Таразидің «Жаза» романы ауған соғысы туралы жаңаша ой қозғайтын туынды. Соғыстан қайтпаған мыңдаған боздақтардың қаны не үшін, кім үшін төгілгеніне бүгінде жауап беру қиын. Жазушы қан кешіп келген солдат басындағы психикалық ауытқу арқылы мақсатсыз соғыстың жеңісі де, жеңілісі де мақсатсыз болатындығын ХХ ғасыр соңындағы әділетсіз соғыстың жазасымен түсіндіруге тырысқан. Өмір шындығын әлемдік тәжірибемен ұштастырған жазушы қазақ романын бір сатыға көтерді.
Кеңестік дәуірдегі өмірдің қайшылықты жақтарын сынға алған шығарманың бірі – О.Сәрсенбаевтың «Шеңбер» романы. Жазушы бұл романында кеңестік дәуірдің күнгейіне емес, көлеңкелі жақтарына үңілді. «Бір аяғымыз социализмде, бір аяғымыз коммунизмде тұр» деп халықты өз саясатына имандай сендірген кеңестік идеологияның астарына үңіле білген жазушы сол коммунизмге не себепті жете алмай, аяғымыз көктен келгендігін түсіндіруге ден қойған. Тәуелсіз Қазақстанның ХХІ ғасырдағы шипасы жоқ дертіне айналған қасіреттің бірі – сыбайлас жемқорлық болса, сол жемқорлықтың бүгіннен бастау алмағанына назар аудару арқылы оның кеңестік дәуірдің түбіне жеткендігін көрсеткен. Алайда бүкіл елді соқыр сенімге сендірген соқыр қоғамда болып жатқан кездейсоқ оқиғалардың барлығы жинақтала келіп, қоғамның жазылмайтын дертін көрсетсе, тәуелсіздік тұсында болып жатқан осындай өлімдердің де артында республиканы емес, әлемді бағындырған миллионерлердің тұрғандығын еске салады. Жазушының кеңестік дәуірдегі жебірлердің әрекетін сөз ету арқылы бүгінгі белең алған сыбайлас жемқорлыққа шипа іздегені анық.
Ал, Алдан Смайыл «Тамұқтан келген адам» атты романында психо-трагизм әдісін пайдаланды. Жазушы адам, табиғат, қоғам, ұлт тарихы төңірегіндегі сан сауалдарға жауап іздеуде психологиялық, философиялық ойларға жетелейді. Өмір мен өлім жайында психологиялық астармен, трагедиялық ойлармен философиялық тұжырым жасаған жазушы көркемдік-эстетикалық ізденістерімен қазіргі қазақ прозасын байытты.
Әр алуан тақырыпты көтерген жазушылар ел өміріндегі негізгі мәселелердің бәрін де қамтуға тырысты. Қазақ халқының өзіне ғана тән бауырмалдық, туысқандық, қонақжайлық сынды ұлттық қасиеттерінен айырыла бастауын ұлт қасіреті етіп көрсеткен шығарманың бірі – К.Ахметбековтың «Қасiрет» романы. Өткен ғасырда қала тұрғындары безбүйрек болып көрінетін, ал қазіргі таңда ауыл қазақтарының өзі туысқан мен бауырға қайырымы жоқ қатыгез болып бара жатқаны ащы болса да шындық. Жазушы қазаққа жат мінез-құлықтардың қайдан, қалай пайда бола бастағандығына, оның жұқпалы дерттей қаулап өсіп бара жатқандығына күйіне отырып, оған шипа іздейді.
Тәуелсіздік тұсындағы қазақ романының мазмұнын байытқан тағы бір топ қаламгерлер шығармаларына ХХ ғасыр басында туған жерден үдере көшкен бауырларымыздың еліміз егемендік алған соң атамекенге оралуы, олардың бастан кешкен қасіретті тағдыры арқау болды. Осы тақырыпта жазып жүрген Қ.Жұмаділов пен Ж.Ахмадидың романдарын бұл жылдары Қ.Шабданұлының «Қылмыс», Х.Оралтайдың «Елім-айлап өткен өмір», З.Сәніктің «Сергелдең», Ж.Самитұлының «Қаһарлы Алтай» Т.Рыскелдиевтің «Ұлы көш» романдары толықтырды. «Қаһарлы Алтай» мен «Оспан батырда» Шығыс Түркістандағы халық көтерілісінің басшысы Оспан батырдың күрескерлік тұлғасы өзі өмір сүрген дәуірмен бірлікте қаралса, аталған шығармалар сыртта жүрген бауырларымыздың басынан өткен зұлмат жылдарға жан бітіріп, «мың өліп, мың тірілген» қазақ халқының қасіретті жылдардағы жанкешті тіршілігінен мол мағлұмат берді. «Қайда барсаң Қорқыттың көрі» дегендей, ешкім оларды маңдайынан сыйпап, енші бөліп бермегені, керісінше өмір үшін арпалыса жүріп ұлттық құндылықтарымызды сақтап қалғаны нанымды суреттелді.
Бұл жылдары жазылған шығармалардың бірсыпырасы – өмірде болған тарихи тұлғалардың көркем бейнесін жасаған тарихи-ғұмырнамалық романдар. Жекелеген қайраткерлердің өмірі арқылы сол тұстағы қоғам өмірінен хабар берген шығармалар қатарында Р.Тоқтаровтың «Абайдың жұмбағы», Б.Имановтың «Амангелді», Ә.Таразидың «Мұстафа Шоқай» романын атауға болады. «Абайдың жұмбағы» қазақтың ұлы ақыны А.Құнанбаевтың, «Амангелді» ұлт-азаттық көтерілістің басшысы Амангелді Имановтың, «Мұстафа Шоқай» романы түркі әлемін тұтастандыру жолында орыс отаршылдарымен күресіп өткен М.Шоқайдың күреске толы өмірінен хабар беретін туындылар.
Келесі қатарды О.Сәрсенбаевтың «Шамшырақ», И.Жақановтың «Ықылас», З.Қабдоловтың «Менің Әуезовім», Д.Досжанның «Мұхтар жолы», «Абай айнасы», «Алыптың азабы», Р.Тоқтаровтың «Абайдың жұмбағы», Е.Әкімқұловтың «Қалдаяқов – ән патшасы», А.Жақсыбаевтың «Иса ақын», Т.Мәмесейіттің «Таңжарық», Т.Әсемқұловтың «Біржан сал», Е.Төлеутайдың «Жүсіпбек Елебеков» тәрізді өнер және өнер иелері туралы романдары толықтырады. Әр дәуірде өмір сүрген өнер майталмандарының қилы тағдыры ұлттық өнеріміздің соқпақты жолдарынан мол мағлұмат береді.
Қазақ жазушылары өткен тарихпен бірге қазіргі қоғам шындығын көркем бейнелеуде роман жанрын замандастарымыздың көркем бейнесімен толықтырды. Б.Тілегеновтің «Тұйық өмірдің құпиясы» атты роман-естелігінде ұзақ жылдар мемлекеттік қызметтер атқарған автор күллі КСРО-да болып жатқан ірілі-ұсақты оқиғаларды Мәскеудегі ЦК-ның қалт жібермей қадағалап отырғандығын кеңестік дәуірдің ешкім біле бермейтін құпия сырларымен сөйлеткен болатын. Д.Досжанның «Ақ орда» романында Қазақстан Республикасының тұңғыш Президенті Н.Ә.Назарбаевтың көркем бейнесі сомдалды. Жазушы мұнда қалыптасқан классикалық дәстүрден гөрі ой мен ой ағынына ауысып авангардтық тәсілді ұстанды. Бұл жылдары қаламгерлер өмірдің күнгейіне қарағанда көлеңкелі тұстарына баса назар аударды. Р.Ниязбековтің «Көсем» романында Қазақстан Республикасын ұзақ жыл басқарған Д.А.Қонаевтың өмір жолы негіз болса, мемлекет және қоғамқайраткері А.Асқаров өмірінің соңғы жылдарындағы тауқыметті тағдыры «Тауқымет» романына негіз болды. ХХ ғасырдың соңғы ширегіндегі қазақ елін әлемге танытқан Желтоқсан оқиғасы туралы романдарда тоталитаризмнің жазықсыз құрбаны болған Қ.Рысқұлбековтің бейнесі типтік дәрежеге көтерілді. Сонымен бірге Г.Бельгердің «Тұйық су», Т.Әлжантегінің «Қым қиғаш тіршілігі», Ғ.Құлахметовтің «Үйірі жоқ көкжал», Т.Нұрмағамбетовтің «Мешкей», Қ.Жиенбаевтың «Даңқ түрмесінің тұтқыны», «Ән салуға әлі ерте», С.Досжанның «Қасірет пен тағдыр», «Үзілмеген үміт» романдары бүгінгі күннің оқиғаларын арқау етуімен ерекшеленеді.
Қазіргі әдебиеттен үлкен орын алатын келесі тақырып – ХХ ғасырдың қасіретіне айналған Семей полигоны. 1989 жылы құрылған «Семей – Невада» антиядролық қозғалысына биыл 30 жыл толып отыр. Сәуле Досжанның «Қасірет пен тағдыр», «Үзілмеген үміт» дилогиясының негізгі арқауы – Семей жеріндегі, Абай еліндегі қазақ қасіреті. Бұл тақырыпты жеткізе жазған ақындар да, жазушылар да жетерлік. Қырық жылдай сынақ алаңына айналған Абай мен Шәкәрім елінің үш-төрт ұрпаққа жалғасқан зардаптарын О.Сүлейменов («Семей – Невада»), М.Сәрсеке («Семей қасіреті»), О.Бөкей («Желтоқсан желі» пьесасы), Б.Мұқай («Заманақыр», «Өмірзая» пьесалары), М.Мағауин («Жаздыгүні шілде болғанда» әңгімесі), Р.Нұрғалиев (повесі мен мақалалары), Т.Әбдікәкімұлы (өлеңдері), Р.Сейсенбаев (прозасы), Е.Жақыпбектің («Жарың өлік», «Тірі жесір» өлеңдері мен поэмасы), Ұ.Есдәулет («Заман-ай»), Б.Жақып («Тамыздың жиырма тоғызы»), Б.Ыбырайым («Апат белгісі»), Р.Мұқанова («Мәңгілік бала бейне», «Қыз жылаған»), Н.Ораз («Жылқының көз жасы»), т.б. қаламгерлер үлкенді-кішілі шығармаларында әр қырынан суреттеді.
Қазіргі романдарда жаңашыл әдеби-көркем үрдістердің қалыптаса бастағандығын М.Мағауиннің «Жармақ», Х.Әдібаевтың «Созвездие близнецов», А.Жақсылықовтің «Сны окаянных», Т.Әсемқұловтың «Талтүс», А.Кемелбаеваның «Мұнара», Д.Амантайдың «Тоты құс түсті көбелек»,  «Шайыр мен Шайтан», «Гүлдер мен кітаптар», М.Омарованың «Ана-ғұмыр», А.Әлменбеттің «Мимырт» тәрізді туындыларындағы көркемдік-стильдік ізденістерден байқалады. Мұхтар Мағауиннің «Жармақ» романы соны құбылыс ретінде танылып, әдебиетші қауымның жоғары бағасына ие болды. Адам жанының екіге жарылуы ұлттық әдебиетте бұған дейін болғанмен, автор ұлт тағдырына қатысты өзекті мәселелерді алдыңғы планға шығарғандығымен ерекшеленеді. Ал, Т.Әсемқұлов, Д.Амантай, А.Кемелбаевалар осы романдарымен «Сорос-Қазақстан» қорының ұйымдастыруымен 2000-жылдардың басында өткен «Қазіргі заманғы Қазақстан романы» атты әдеби байқаудың жеңімпаздары атанды. Д.Амантайдың «Гүлдер мен кітаптар» романы әдеби сында қарама-қайшы пікір тудырды, бірінші топтағылар жазушы тілінің қасаңдығына, көркемдігінің төмендігіне, мағынасының ауырлығына назар аударса, екінші топтағылар философиясының тереңдігі, көп қатпарлы болғандықтан түсінуге қиындығы, алыстан орағытатындығы жөнінде айтты. Жазушылар Д.Исабеков бұл шығарманы «роман емес» дегенде, Г.Бельгер керісінше осындай шығармаларды шет тілдеріне аудару керектігін ұсынды. Ал, қазіргі әдебиеттегі модернизм мен постмодернизм поэтикасы туралы Б.Майтанов, З.Серікқалиев, Г.Бельгер, Ә.Бөпежанова, Т.Әсемқұлов, Л.Сафронова тәрізді ғалымдар өз зерттеулерінде біршама түсінік берді.
Ал, А.Алтайдың «Алтай новелласы» мифке құрылса, Т.Нұрмағамбетовтің «Мешкей» романында сатираның, С.Досжанның «Үлкен үйдегі үрей» романында мистиканың басым болуы жазушылар шығармаларындағы түрлік ізденістерді көрсетсе, Шоқан Әлімбаевтың «Данышпандық формуласы», Досжан Өтековтің «Мон-Тандр құпиясы», Жүніс Сахиевтің «Қимайтын әлем», «Көктен келген көшпенділер», «Марстан шыққан жаңғырық», «Шолпанға көшкен ауыл», «Космотарих куәсі» тәрізді фантастикалық туындылары қазақ романын түрі жағынан байытты.
Жоғарыда аталған мәселелер тәуелсіздік тұсындағы қазақ романының көркемдік-эстетикалық жетістіктерін көрсетсе, алдағы уақытта осы жанрдың көкжиегін кеңейту барысында бірсыпыра кемшіліктерге көңіл аудару керек. Біріншіден, жазушылардың дені тарихи тақырыптарды қаузаймыз деп, бүгінгі өзіміз өмір сүріп отырған қоғамның көркем суреттері екінші планда қалған. Әңгіме, повестер мен поэмаларға ұшқыштар (Т.Әубәкіров), спортшылар (Б.Саттарханов), өнер майталмандары (А.Әшімов), қоғамның әр саласындағы замандастарымыздың өмір жолы негіз болып жатқанын еске алатын болсақ, романның бас қаһарманы ХХІ ғасыр кейіпкерлері болуы жетіңкіремей жатыр. Екіншіден, бірсыпыра романдарда жазушылардың прозадан публицистикаға ойыса бастағаны байқалады. Үшіншіден, жаңадан тіркес жасаймын деп қазақтың шұрайлы тілін орынсыз бұрмалаушылық кездеседі. Төртіншіден, оқырманды жалықтыратын ұзақ-сонар, тәптіштеп баяндаулардан қашу керек. Міне, осындай стильдік кемшіліктерден арылғанда ғана қазақ романының болашағы жарқын болмақ.
ХХ ғасырдың соңы мен ХХІ ғасырдың басындағы қазақ повестері де дамудың жаңа үрдісінен табыла білді. Бұл жылдары Қ.Исабаев, Т.Әбдіков, Т.Нұрмағамбетов, Ж.Ахмади, К.Сегізбаев, Ә.Асқар, М.Ысқақбай, Н.Ақыш, А.Алтай сынды жазушылар қазақ повестерін тың шығармалармен байытып, жаңа табыстарға қол жеткізді.
М.Ысқақбайдың «Ғашық боп көрмеген келіншек» повесінде балалы-шағалы жандардың курортта демалып жатып бір-біріне өлердей ғашық болып қалған хикаясына кезігеміз.
Тәуелсіздік жылдарындағы қазақ повестерінің ішіндегі шоқтықты шығарманың бiрi – Ә.Асқардың «Өр Алтай мен қайтейiн биiгiңдi» повесі. Ш.Мұртазаның «Романға бергiсiз повесть» деп бағалаған шығармасындағы негізгі оқиға жүз үйлі «Раздольное» совхозының орнында «өрт тиген қамыстай селдіреп қалған» жеті үйдің тыныс-тіршілігі арқылы ХХ ғасырдың тоқсаныншы жылдарындағы күллі қазақ ауылдарының көркем бейнесі жасалған. М.Мағауиннің «Қисық ағаш» повесі қазақтың кешегісі мен бүгінін бір көшенің екі жақ бетінде екі түрлі өскен ағашпен көрсету арқылы ой салады. Символдық мәнге ие болған қарағай мен қарағашты қатар суреттеу бір орта, бір қоғамның өзінде екі түрлі тәрбие алуға болатындығын байқатады. Сондықтан да сапта тұрған сарбаздай тартылып, бой түзеген қарағай мен қиқы-жиқы өсен қарағаштар тәрізді адамдардың ішкен суы мен жұтқан ауасы бір болса да бір-біріне ұқсамайтынына назар аударады.
Қазақ әдебиетіндегі әйел-ана, махаббат тақырыбына көп қалам тербеген Б.Нұржекееев «Қыз сезiм» атты повесінде өзіне таныс ғашықтар хикаясына және оралды. Жазушы мұнда қыз сезімін кәмелеттік жасқа жаңа ғана іліккен Ләззәт есiмдi бойжеткеннiң жүрек тынысымен ашуға ден қойған. Бұл повестің бұған дейін жазылған құпияға толы жұмбақ келіншектерден басты ерекшелігі қыз сезімін ашуға ұмтылуында. К.Сегiзбаевтың «Арасан» повесі Қазақстан Республикасы тәуелсiздiгiнiң он жылдығына арналған байқауда екiншi жүлдені иеленсе, Т.Әбдiковтің «Парасат майданы» повесіне Қазақстан Республикасы Мемлекеттiк сыйлығы, Қазақ ПЕН-клубының Мұхтар Әуезов атындағы халықаралық сыйлығы берiлдi. Қоғам өзгерісін тез қабылдап, оған дер шағында үн қосқан К.Сегiзбаевтың «Арасан» атты повесінен екі нәрсені аңғаруға болады. Оның бірі – нарықтық тәртiптiң қоғам экономикасын құлдыратуы, екiншiсi – жеке меншiкті дер шағында түсінгендердің өмір ағымына қарай тез икемделуі. «Парасат майданы» повесіне ХХІ ғасыр, яғни қазіргі заман шындығы арқау болған. Бұған дейін жазылған әңгіме, повестерінде мәңгілік категорияларды бірінші орынға қоя білген жазушы мұнда да Абайдың «толық адамын» шарқ ұрып іздейді. Авторлық ұстаным повестің бас кейіпкері Күнделік иесі арқылы жинақталған. Күнделік иесі екі аяқтылардың хайуаннан қандай айырмасы бар деген сауал тастап, одан шығар жолды қарастырады. Ақпарат құралдары мен мерзімді басылым беттеріндегі адам ата жаралғалы құлақ естіп, көз көрмеген сұмдықтардың ХХІ ғасырда жасалып жатуы оқырманға да ой салады. Д.Досжанов «Жан тәтті» хикаятына кеңестік дәуірде тыйым салған тақырыптардың бірі болып табылатын ислам дінін негіз еткен. Қазақ халқы ислам дінін қабылдағанға дейін де бір құдіретті күш иесінің бар екендігін сезініп, жаратушы Алланы мойындаған. Тілі мен дінінен айырып, мәңгүрт етуді көздеген кеңестік идеологияның атеистік тәрбиесінің өзі қазақтың атадан-балаға беріліп келе жатқан наным-түсінігін өзгерте алмады. Жазушының ислам дінін насихаттап, жаратушы Алланың ұлылығын мінәжат арқылы түсіндіруді көздеген повесі тәуелсіздік тұсындағы қазақ повестерінің табысы болса, бұл қазақ прозасына мінажат жанрының ене бастауының мысалы. Осындай повестердің қатарын Т.Ахметжанның «Сұлу мен суретші», «Айсәуле», «Тозақ оты», «Сұлу мен суретшi», «Нобель сыйлығы» шығармалары толықтырады. «Сұлу мен суретші» атты романтикалық повесіне өнер, өнер адамдары туралы оқиғаға құрылған. «Ақжаймаға қып-қызыл қан тамды…» деп басталған хикаяттың алғашқы жолдарынан романтикалық үн байқалады. Екі аяқты пенделердің ар-ұяттан безуі, ауырдың үсті, жеңілдің үстімен жүріп күн көруі, адамшылықты мансап пен даңқтың, дақпырт пен даңғазалықтың жеңуі арқылы өмір жайлы философиялық түйін жасаған. «Айсәуле» атты повесіне Ақжан мен Айсәуле арасындағы ұлы да үлкен сезім негіз болса, «Тозақ оты» атты повесінде ХХ ғасырдағы 1928 жылғы ірі байларды, 1929 жылы ауқатты шаруаларды тәркілеуден кейінгі Қазақстаннның түкпір-түкпіріне әп-сәтте жайылып, жан біткенді тұтас жалмаған ашаршылыққа жан бітірген. Қазақстанның бірінші басшысы Голощекиннің Қазақстанды Қазан төңкерісі айналып өтіпті, Қазақстанға «Кіші Октябрь» жасаймын деген сандырағының тұтас бір халықты жойып жібере жаздағанын тәуелсіздік тұсында ғана біліп, жазып жүрміз. Сол шындықтың шалғайда жатқан қазақтың кішкене ауылында қалай жүзеге асқанына «Тозақ оты» атты повестен қаныға түсеміз.
Автор «Нобель сыйлығы» повесіне ию-қию шулаған, тынымсыз тіршілігі бір сәт те саябыр таппаған үлкен қала тіршілігін алған. Оған негізінен ұлттық салт-сана, әдет-ғұрыпты, адамшылықты ұмыта бастаған қала қазақтарының тіршілігі түрткі болғандай. Оқиға Көктің жетінші қабатындағы Иран бағынан басталады. Жұмақ дүниеден басталған оқиғаның негізгі кейіпкерлерінің бірі – ар-ұят періштесі. Ол қазіргі өзіміздің арамызда жүрген ХХІ ғасырдағы замандастарымыз бен жұмақтан келген ар-ұят періштесін бетпе-бет қоя отырып, өмір мен өлім беттескен сәтте адам өмірінен қалтасына түсетін көк қағазды артық санаған дәрігердің жалғыз баласына жедел жәрдем көрсетпегендіктен көз алдында дүниеден өтуі арқылы қазіргі екі аяқты пенделерді адамшылыққа, имандылыққа шақырады. Әңгіменің «Нобель сыйлығы» деп аталуы да тегін емес. Бұл қазіргі арамызда жүрген замандастарымыздың атақ-даңқ үшін жаратушының өзімен күресуге даяр тұрған екі аяқты пенделерге айтар дау да жоқ тәрізді. Талаптан Ахметжан хикаятының талдауы бүгiнгi прозаның жаңа өрiске бет алып отырғанына айғақ. Сондай айғақтың және бiрi – жазушы Т.Нұрмағанбетовтың «Айқай» повесі.
Бұл жылдары қазақ повестеріне біршама үлес қосқан жазушының бірі – Н.Ақыш. Оның «Жатақхана қыздары», Ұры қыздың тағдыры», «Алтынбек», «Саяқ жауынгер», «Сезім жетегіндегі жігіт», «Құз хикаясы», «Рақымсыз көктем» повестері тәуелсіздік жылдарының жемісі. Жазушының бұл повестері замандастар бейнесін әр қырынан аша білуімен қазақ прозасына белгілі бір үлес болып қосылды. Қай тақырыпқа арналса да, жазушының шығармалары жинақылығымен, ойының айқындығы және сюжетінің тартымдылығымен әдебиеттегі көркемдік талаптарының деңгейінен шығып жүр. Бұлардағы басты көркемдік шешім жеке адам мен қоғам арасындағы қайшылықтарды ашып көрсету арқылы көрініс табады.
Тоқсаныншы жылдары «Жатақхана қыздары» тек жатақханада тұратын студент жастарды емес, барша оқырман қауымның көңілін өзіне аударды. Сондықтан да қазақ жазушыларының ішінде әйел жанын Б.Нұржекеевтен кейін жақсы игерген жазушылар қатарында Н.Ақышты айтуға негіз бар. Себебі оның тоқсаныншы жылдардан бері жазылып келе жатқан әңгіме, повестерінің көпшілігіне күнделікті өмірде арамызда жүрген қара көз қыздарымыздың өмір тіршілігі арқау болып жатады. Олардың бірі арды аттамаған ибалы қазақ қыздарының көркем бейнесі болса, енді бірі үйден қырық қадам шыққан соң, білгенін істеп жүрген замандастарымыздың жиынтық бейнесі.
Жазушы, аудармашы Н.Қамидың «Көк қақпа» жинағына «Шал», «Темірқазық», «Хан Мөде» сынды 2000 жылдың бер жағында жазылған хикаяттары енген. Оның қалам тартқан тақырыпты тыңғылықты түрде жете зерттейтіндігіне «Хан Мөде» повесі нақты мысал. Жазушы тәуелсіздігіміздің жиырма жылдық торқалы тойын тойлағалы отырғанда осы тәуелсіздіктің қалай келгендігін «бүгініңді білемін десең, өткеніңді түгенде» дегендей, кешегі тарихымызға көз жүгіртеді…
Тоқырау жылдарындағы және тәуелсіздік тұсындағы қазақ ауылдары мен қала тіршілігінің тұрмыс-күйі Қ.Найманбаев, Д.Досжан, С.Елубаев, С.Балғабаев, М.Асылғазин, С.Асылбеков, Н.Ақыш, Д.Әшімханов, Т.Мәмесейіт, т.б. жазушылардың әңгімелеріне негіз болды. Аталған жазушылар ауыл қазақтарының трагедиялы хал-күйін нақты мысалдармен шынайы бейнелей отырып, жер асты байлығының қазаққа бұйырмай жатқандығына күйінді. Пейілі кең, көңілі дархан, қонақжай да бауырмал қазақтың ұлттық қасиеттеріне үңілу арқылы ұлттық характерлерге ерекше көңіл бөлді. Ауыл мен қала тіршілігін параллел суреттеумен бүгінгі ауыл өмірі мен қала тынысынан біршама хабар берді.
Кейiнгi кездерi әңгiме жанрына көбiрек қалам тербеп жүрген жазушы Қ.Түменбайдың «Көз» деп аталатын әңгiмесiндегі сүрбойдақ атанып, жаңа үйленген жас отаулардың терезесiн аңдитын Дәуренбай есiмдi жiгiттің іс-әрекеттері ерiксiз күлкi үйiредi.
Әңгiме жанрында үздiксiз еңбек етiп келе жатқан жазушы Н.Ораздың «Аяқталмаған ертегi» әңгiмесiнде автор Алматыда тұратын Сағындық есiмдi ғылым кандидатының екi күндiк өмiрiн суреттелсе, «Оңаша арал» жалғызілікті әйелдер мұңынан сыр шертеді. Оның «Түнгі жалғыздық» әңгімесінің де сағыныш пен мұңға құрылғанын ескеретін болсақ, жазушы осындай қайғы мен мұңға толы әңгімелерінде адам жанына үңілуде психологизмді терең игергендігін байқатты. Ол «Біз, ол, «Мерседес» және махаббат» атты әңгімесінде ауылдың жайма шуақ өмірі мен қаланың тынымсыз тіршілігін бір-біріне қарама-қарсы бейнелеу арқылы олардың арасындағы айырмашылықты көрсеткен. Ауыл тұрғындарының аңғал, адал, еңбекқор болып, қала тұрғындарының безбүйрек, эгоист, дүниеқоңыз болып келуі олардың қоршаған ортаға қарай икемделуін аңғартады. Жазушының «Жылқының көз жасы» әңгімесі Семей полигонына арналған. «Жын жайлаған меңіреу өлкенің» трагедиялы күйінен хабар берген жазушы бүкіл адамзат баласын алаңдатқан Семей полигоны туралы әңгімелерге өз үлесін қосты. Бұл тақырыпты Р.Мұқанованың «Мәңгілік бала бейне», «Қаралы төбе», Д.Рамазанның «Соңғы дем» әңгімелері толықтырды.
Қазақ әңгімелеріндегі көркемдік ізденістер А.Кемелбаева әңгімелерінен де байқалады. Діни-философиялық негіздегі «Ғибадат» әңгімесінде публицистикалық сарын басым болса, бірінші жақтан баяндалған «Құс» әңгімесі философиялық ой-толғамдарға құрылған. Модернистік, постмодернистік ағымдарды жете меңгерген жазушының алғашқы әңгімесінде дін тақырыбы көтерілген. Ол қасиетті Құран сүрелерінен мысалдар келтіре отырып, жалғанды жаратушы Алланың ұлылығын мойындайды. Алла тағалаға жасалған құлшылық оған деген шексіз сүйіспеншіліктің белгісі болса, бұл әңгіме о дүниенің бар екендігіне сендіре отырып, ақырзаманнан Аллаға жасаған құлшылық қана алып қала алатындығын нанымды бейнелеген туынды. Екінші әңгімедегі зулаған көлік астында тапталып жататын құс пен қаңғыбас иттердің өлексесіне көпшілік мән бере қоймауы мүмкін, алайда жазушы олардың да Алла тағала жаратқан тіршілік иесі екендігіне көңіл аудартады. Осы ой «Тобылғы сай» әңгімесінде жалғасын тапқан. Автор тек қана жан-жануар емес, барша тіршілік иесін бір Алланың жаратқандығына сендіреді. «Қоңыр қаз» әңгімесінде адам баласының дертіне құстардың арасынан шипа іздеген жазушы «Қияда» әңгімесінде Түсіпхан өліміне қатысты ұлттық салт-дәстүр мен әдет-ғұрыпқа көңіл бөлумен күнделікті өмірде кездесетін жайттардан өмір мен өлім жөнінде философиялық түйін жасайды.
Д.Рамазан «Көкжал» әңгімесінде адам мен қасқыр арасындағы тар­тысты бейнелеу арқылы табиғаттың тылсым күштерін бағындыру мүм­кін емес екендігін еске салса, «Алланың елшісінде» дін тақырыбын көтер­ген. Д.Рамазанның «Көкжал» әңгімесі тәуелсіздік жылдарындағы «қазақ әңгімесінің көкжалы» ретінде танылған туынды. Қазақ әдебиетінде М.Әуезов­тің «Көксерегінен» бастау алған қасқыр бейнесі тәуелсіздік тұсында Ж.Ахмади­дың «Кезінгеннің кезі», «Ажал аузында», «Кие», А.Алтайдың «Қызыл бөлтірік», Д.Рамазанның «Көкжал» әңгімелерінде жалғасты.
ХХІ ғасырда әңгіме жанрына тағы бір топ жас буын өкілдері келіп қосылды. Олардың қатарында мерзімді басылым беттерінде әңгімелері жиі жарияланып жүрген Қ.Аманжолұлы, Қ.Әбілқайырұлы, М.Омарова, Л.Қоныс, Ә.Қоспағарова, Б.Дәулетбаева, Л.Имашева, А.Мантаева, Ж.Мамырәлі, М.Мұқашев, Б.Сарыбай, т.б. қаламгерлерді атауға болады. Қ.Аманжолұлы әңгімелерінен психологизмді терең игергендігін байқасақ, Қ.Әбілқайырұлында мұң басым. Шабыт фестивалінде проза жанры бойынша үшінші орынды иеленген Л.Қоныстың «Ібілістің көңілдесі» атты психологиялық әңгімесінде дамыған технологияның адамзаттың санасын уландырғаны сыналса, «Құрқылтай ұясы», «Тиын» әңгімелеріне қазіргі замандағы өмір шындығы негіз болған. Ә.Қоспағарованың «Ол» әңгімесіндегі ақын жігіттің өзін қоршаған ортадан, төңірегіндегі адамдардан жиреніп, шарқ ұрып тазалық іздеуі Р.Мұқанова әңгімесімен үндестікті байқатады. Шетел әдебиетіндегі мистикалық үрдісті үлгі тұтқан М.Омарова магиялық сарынға құрылған «Жұмбақ», «Жол үстінде» әңгімелерінде ұлттық таным мен модернистік ағым жүйесін ұштастыруға ұмтылған. Б.Дәулетбаеваның күнделік іспеттес, хат үлгісімен келетін новеллалық желімен жазылған «Аспан әлемі» әңгімесінің де айтары мол. Мұнда автор күнделікті өмірде кездесетін кереғар жайттарды шенеп отырады.
Тәуелсіздік жылдары қазақ жазушылары әңгіме жанрында қалыптасқан дәстүрді жалғастыра отырып, мазмұндық, түрлік ізденістерге барды. Бұл жанр кеңестік дәуір тұсында тыйым салынған дiни-философиялық, эротикалық, интимдiк әңгімелермен толықты. Б.Нұржеке, Қ.Жұмадiлов, Т.Ахметжан, Н.Ораз, т.б. жазушылар адам жанының iшкi иiрiмдерiне үңілуде психологиялық әңгімелер қатарын көбейтті. Дәстүрлі ұлттық таным тәуелсіздік тұсындағы әңгімелерде батыс әдебиетінде қалыптасқан әр түрлі ағымдармен жалғасты. Сондықтан да қазақ әңгімелерінде постмодернистік ағымдар пайда болды…

Гүлжаһан ОРДА

Пікір қалдыру