Бақытбек Бәміш. Ақ Буралы Бұқарбай батыр
Әлқисса
Аруақ десем аунар Арлан-бабам,
Аруақ шақыруда арланбағам!
Әдірем қалды кейін қарғы баулы –
Сахара сағымына ау салған заман.
Алмастай қыннан шыққан жарқын айым,
Тыңдаушым болса егер жалпы дайын.
Жарқырап жай отындай бұлтты жарып,
Алтайы арғымақтай арқырайын!
Жан алып жан беріскен ғасырыңды,
Жырлайын Ақ буралы батырыңды.
Аңырып, ауып түсіп қалмағайсың,
Қыса отыр, ал қанеки, тақымыңды.
Иірсем түсе қалған алшыдайын,
Үйірсем жарқыратқан жер шырайын,
Тіл деген ол бір тұлпар, көзіңді тік,
Қара үзіп келе жатқан жалқы дайын.
Талайлы тұлпарларды шоқ табанды,
Тағдыры талай жерде ноқталады.
Соларды бір жырлаймын деп жүргенде,
Уақыт алға озып тоқтамады…
Намысты ұл аз тумаған қазағымнан,
Бағзылық арғы тегі таза ғұңнан.
Еркіңше еншіңді ал мендік емес,
Ерліктің шежіресі ғазалымнан.
Түйелер
«Есіңде ме, сондағы өңкей алып буралар,
Қаңтарда қалшылдап асуларда жататын.
Түйелі қалың қол далалардан өтіп,
Қатар шауып ұлы құрлық үстінде
Садақ жебелерін зуылдатып ататын…».
Омарғазы Айтанұлы
Қанша жыл, қанша ғасыр санасаңдар,
жете алмай түп тегіне сана самғар.
Желкенді жер қайығы жез бұйдалы,
оралған жер түбінен қара атандар.
Жеткізген талай жерге жүгіңді артып,
күймелі керуеннен күй үні аңқып.
Үрлесең сартап болған сары жолдар,
іздесең көктейді екен бүршік атып.
Сөйлейді жолбарыс жон, салқын белдер.
Төгілген қомдығынан алтын, зерлер,
жырласам қасиетін түйелердің
сүйсініп, маңдай жіпсіп, Калқым терлер.
Қобызы түйелерім, боз даланың,
Тыңдаймын тым алыстан боздағанын.
Киелі жануарым, замананың
жеткізген келешекке жолдағанын.
Жолында жануарды жүк қалмаған.
Коммунист деп аталған жұт жалмаған.
Жоғалған көз ұшынан кілең толқын,
Сағымдар арасынан бұлтты арбаған.
Жандының сай сүйегін сырқыратып,
Күңіне, күшігіне жұлқылатып.
Қазақты тұсап, матап ұстау үшін,
Түйені қырған дейді, жылқыны атып…
Жолда – хат, соғыста – ат, жүкте – атан,
Жазылған маңдайына тағдыр қатаң.
Жарықтық, түйелер-ай, тар заманда
қазаққа талай жерде тиген пайдаң.
Сүйеймін ойға батып иегімді,
Атпайды астам болса кие кімді?
Қалдырмай қара жолда түйелерім,
Әкелген Түркістанға сүйегіңді…
Қайдасың, алыптарым, түйелерім,
Сүрінсем тірелерім, сүйенерім.
Жазықтың киесі де, иесі де,
өзіңсің келмейсің бе, сүйеді елің.
Қанша жыл, қанша ғасыр санасаңдар,
жете алмай түп тегіне сана самғар.
Желкенді жер қайығы жез бұйдалы,
оралған жер түбінен қара атандар.
Жеткізген талай жерге жүгіңді артып,
күймелі керуеннен күй үні аңқып.
Үрлесең сартап болған сары жолдар,
іздесең көктейді екен бүршік атып.
Түс және төрт түйе
Беймәлім ертең қандай таң атады?
Ақпарат нені әлемге таратады?!
Жаратқан бақытты ана құрсағына
Нұр құйып бір мықтыны жаратады?…
Көрінді күн түбінен Қайғы Атаның,
Қанатты құстай ұшқан Ақ Атаны!
Ақ атан Алтай барды, Арқа барды,
Жеткенде Жеті суға арқаланды.
Аралдың дәмін татып,
Байқоңырға боздап кеп бурыл басын шайқап алды.
Қымтаған шегір тұман батысымды.
Қураған қарақшының басы сынды.
Ұнатпай Ақ бас Атан жынын шашты,
Алшайып көсіп аяқ жатысымды…
Сидырып құшағына кеңістікті,
Теңдеген қос қомдыққа тең-тең жүкті,
Тіреп тұр Абылайдың Ақ Бурасы,
Сары Арқа, сары аяз терістікті.
Құзындай Оқжетпестің қос өркеші,
Өңірдің өзі батыр, өзі еркесі.
Қақпайды қас-қабағын қарауылдай,
Өткеннің өзегінде көлеңкесі.
Байқасам бапсыз жерге бақ тұрмаған,
Қазаққа көрші бар ма, қас қылмаған.
Сары аяз Сахалинге жеткен шақта,
Сахара сары ізін де бастырмаған.
Тайлақ туып, байталың құлындар ма?
Ер тумай Абылайдай тыным бар ма?
Киелі мекеніңнің кілті емес пе,
Абылай аты сай ғой Қызылжарға!…
Мәңгілік түстігіңде тұрайын деп,
Сойқанды соқтыққанға қылайын деп.
Айбарлы Алатаудың бөктеріне,
Шөгерді Ақ түйесін Райымбек.
Тұратын жақсылыққа ұдайы үндеп,
Бірлігің берік қамал, құдайың деп.
Қазақтың алма бақты астанасы,
Шөкен жұрт Ақ түйесі Райымбек.
Керіліп керуеннің жолы жатыр,
Торғын жол басын тіккен талай батыр.
Мөп-мөлдір Ақ атанның жанарынан,
Айтылар ақтарылып талайға сыр…
Мәңгілік қазағымның мекені бұл,
Жеткенше жер бетіне заман ақыр….
Көгерткен көсегені алсындатып,
Алтайға адам түгіл ай, күн ғашық.
Бойында Ұлы Ертістің Бұқарбайдың,
Бурасын жын буады қалшылдатып.
Қалыңдау арғы беттің қарқын, легі,
Алтайдың сырқырайды алтын белі.
Қайнайды Ақ бураның асыл қаны,
Соққанда күн шығыстың салқын лебі…
Көремін бура үстінен Бұқарбайды,
Бұқарбай аймауыты жұқармайды.
Алам деп айдақардың алқымынан,
Ақ жыны Ақ Бураның бұрқырайды.
Төрт тұсым:
Жерұйығым –
Бұлды аймақ.
Аруақ.
Кие.
Бура.
Арлы қайрат!
Қынынан суырылған ақ қылыштай,
Ояндым:
Абылайлап!…
Бұқарбайлап!
Көшпенділер
Орыс патшасы салдырған бекіністерді шапты, керуендерді тонады, патша солдаттарының қолынан бір кісі өлсе, оның құнын екі есе қайтаруға тырысты. Осылай кіші жүздің көп рулары атқа қонса, орта жүздің жігіттері де бос қалмады. Әбілмәмбет ханнан гөрі енді олар өз араларынан шыққан Баян, Малайсары, Бөгенбайым, Бұқарбай, Олжабай, Елшібек секілді батырлардың жасағы боп, тұс-тұстан жоңғар қонтайшысының үстемдігіне қарсы шықты.
Ілияс Есенберлин. Көшпенділер. Жанталас. (роман), 226 – бет.
Ғаламторлық нұсқасынан.
Түсімде Ілияс кеп тіл қатады,
Бір күйді күңіренген тыңдатады.
Қолына қауырсынан қалам ұстап,
Түзетіп жатқан сынды мың қатаны…
Ол заман ел де, жер де шерге күпті,
Көк, жасыл шығармаған жерге түкті.
Шығарып айды аспанға «Көшпенділер»,
Сусаған ақиқатқа елге жетті.
Тірілтіп көк түркілік төтемдерді,
Тіксінтіп коммунистік «көсемдерді».
Хандарды қайта қойған тұғырына,
Ілияс, жүрек жұтқан Есенберлин.
Жанданды Ұлы таудың шоқылары,
Шошынды шоқындыдан оқығаны.
Тыныстап тың ауамен Арқа жатты,
Қозғалып құланиек топырағы.
Ілияс қайдан алды мұндай күшті,
Опырған ортан белден орақ тісті?!
Атағы елден шығып шетке кетті,
Жаңалық – жақсы, бірақ қорқынышты.
Қазақта хан болыпты, батыр бопты.
Хан тіккен көк тіреген шатыр бопты.
Белгісіз тарихтың беті ашылды.
Болмаса қайдан табад ақыр жоқты.
Шапқылап өресіздер айтақтасын,
соңынан итін қосып, тайтақтасын.
Ақыры ақиқатқа тізе бүккен,
Тіл тістеп, бармақ шайнап, шайқап басын…
Хандар кім?
Арғы Жошы, Әз Жәнібек,
Хақназар, Есім, Қасым мықты тірек.
Әз Тәуке, Әбілқайыр һәм Абылай,
Хан Кене,
қаһарлы хан, түкті жүрек…
Байтағын жардай сүйген батырлары.
Қаһарлы найзағайдай қарқындары.
Кімдерді қызықтырмас Тәңірінен,
Шашылған кең далаға алтын тары.
Бір мезет жәдігөйлер тыныш тұрған,
Қазақты қалмақпенен шығыстырған.
Сақадай сай болатын Арқада ерлер,
Жоңғарды талқан қылып, ығыстырған.
Батыстан бас көтерді қорын қалмақ,
Оқ беріп, оқ жыландай орыс алғап.
Алтайдан жүз жыл бұрын ауып келіп,
Ноғайдың жерін алған салып салмақ.
Жау қайда, қайда десіп қорын қалмақ?
Қазақтың келе жатыр қаны қайнап.
Орыстың айтағымен жылан ұстап,
Қалар-ау, сорлы қалмақ, сорың қайнап…
Арқадан атқа қонған батырлары:
Ер Баян, қарт Бөгенбай, Малайсары.
Олжабай, Елшібай мен жау қайдалап,
Керейдің күркіреді Бұқарбайы…
Мөлдіреп «Елтоқ көлі» арта қалды,
Ормандар үйір-үйір арқа жалды.
«Керей су» керей елі өскен жер», – деп,
Ерәлі сұлтан бәлкім есіне алды…
Солай деп сыр шертеді
«Көшпенділер»,
Солай деп аты қалған көл сендірер.
Бір күн де ерді тарих ұмытпайды,
Бүлдірмей сақтап жатар көмсең де жер.
Елім-ай
Баяғы өткен заманда,
Айнала тұман, алаңда.
Алаңдап жатқан ұйқысыз,
Байтақ мынау далаңа,
Тәңіри көршің қағынып,
Отаршылға жағынып,
Жеті тұстан шапқанда,
Бұқа бумен атқанда,
Жай түскендей жан біткен,
Сая таппай сасқанда,
Жабылып жарты әлемнің терезесі,
Шағылып шаңырағы, керегесі,
Туралып турлығы боз үйлердің,
Кеткенде бейғам елдің берекесі.
Аспаннан жаңбыр емес қан жауғанда,
Желікен жетімсіреп дау қалғанда.
Бүркеніп қазаныңды қартың қалып,
Тимеді көктен көмек ауған жанға.
Бесік қап гүлін теріп өскен белде,
Еңіреп Қаратауға көш келгенде,
Ел ерге, ал ерлерің жерге қарап,
Көкірек от боп күйіп, өртенгенде.
Кепкен ел көнін жаспен суарады.
Безкелдек, безді шөлдің дуадағы.
Келіннің шүйіншілеп оң қабағы,
Күткен ер қашан келіп қуанады?
Көрінбей жылт еткен бір жарық алдан,
Сазайын тартырғанды сары жалған.
Жұртында үркін елдің жас шымылық,
Ұртында «Елім-айдай» зары қалған.
Өкпесі өктемдіктің қабынғанда,
Ханнан да, хал кеткенде тағыңнан да:
Жарылды Бұлантының жанар тауы,
Қапыда қан жұтқызып қағынғанға…
Ұран
Тал шөбі, туған жердің қиығы үшін,
Арнаған ар, намысын қилы күшін.
Биіктен Бабалардың аруағы,
Бақылап жүрген сынды салып түсін.
«Рухты, намысты ер, ұлың барда,
Тұралы тұлпар болар құлын барда,
Отырсың қол қусырып, неге бұғып,
Алатын ата жаудан құның барда?!», –
Дегендей алыс көктен тірі аруақ,
Жүреке ұялайды нұрлы шуақ.
Қашанғы қашып жаудан құтылмақшы,
Қайтарым беретұғын келді уақ…
Әр ру, әр бір жүзден шықты ерлер,
Би, төре, шешен тілді мықты зергер.
Бас қосты, бақталастық әдірем қап,
Болашақ, болмағанын тарих тергер.
«Басшым, – деп, батырым», – деп намысты ұлды,
Барша алаш баласына таныстырды.
Тұсында жүрегінің алақаны,
Батырлар көзінде от жанып тұрды…
Бастаса елдік жолға есіл ері,
Жылжиды тоқтап тұрған көш ілгері.
Көрсеткен озық ерлік батырлардың,
Айналды Ұлы Ұранға есімдері.
Жетесін қиып иттің жемтік етіп,
бергеннің жауға жығып жерді кетіп.
Ұранды ұландардың күш-қуаты,
Тұрғаны ел байрағын желбіретіп.
Жекпе-жек
Аспанды алған торлап ал қызыл үн.
Жасырған жер бетінің бар қызығын.
Шықпайды кім болса сол жекпе-жекке,
Жандырар ер жігіттің бақ жұлдызын.
Шығады жекпе-жекке жүрек жұтқан,
Шалымын, қарымын да қадір тұтқан.
Жылқыдан таңдап мініп қазан атын,
Тандырып ақыл-естен жауды ұтқан.
Батырдың қан жүгіріп ажарына,
Не өмір, не өлім тұнып назарына.
Жан-тәнін ар жолына айырбастап,
Ұмтылар күтіп тұрған ажалына.
Ат әккі, ат үстінде ер айлалы.
Ентіккен елеуіреп ел, аймағы.
Батқанда тұлпарлардың тұяғы алмас,
Бұрқырап шығып жатар жер айраны.
Бұл жерде жеке бастың мүддесі жоқ,
Ат тігіп, атан берер жүлдесі жоқ.
Қай батыр қақы сұрап, бәлсіп тұрар,
Үйінің тіліп жатса іргесін оқ.
Ұлиды айға қарап қасқыр шыңнан.
Барам деп жауға менде жас құлшынған.
Түлеген көкіректе жалғыз арман,
Ел-жерін азат ету басқыншыдан.
Шеп тұрар артта қоштап, ұран тастап,
Даусы мен сұсұменен жауды жасқап.
Екпіні елдік мақсат ерекше ғой,
Әкетер желкілдетіп Туды асқақ.
Намысын, бес қаруын қайрап кекпен,
Арыстар аждаһадай айбат шеккен.
Ажалдай «Аттан!» десе атылғай тұр,
Қандары бойындағы қайнап кеткен.
Мүмкіндік көкжал текті мықтыларға.
Артады ауыр салмақ жүкті нарға.
Жекпе-жек! Жаңғырықты жердің беті,
Бұқарбай Ақ Бурамен шықты алға.
Ақ буралы Бұқарбай,
Батыр еді бұ қандай?!
Жау десе жанып шығатын,
Қылыштай алмас мұқалмай.
Кісі еді қара, ол мысты.
Бөлек бітім, болмысты.
Таңнан тұрып шайқасса,
Шаршамайтын мол күшті.
Таудай биік, тұлғалы,
Шыбық құрлы шұрғаны
көрмейді екен
Екі рет
Тұрмайды екен ұрғаны.
Түйілгенде қас, қары,
Түрегеліп қастары,
Дулығасын көтеріп,
Кетеді екен шаштары.
Жаланған өңкей аш бөрі,
Жанындағы ғаскері.
Жас он беске толғанда,
Жау түсірген жас пері.
Ұлы үстірттің ұланы,
Сұңқардай шапшаң қыраны.
Алпыс екі айлалы,
Ақ тұйғындай қырағы.
Арғы атасын сұрасаң,
Алтын тонның жағасы,
Ағынды судың сағасы,
Он екі Ата Абақтың,
Абадан ноқта ағасы –
Ителіден Күйікті,
Күйік те ер сүйікті.
Қиядан шолып жауына,
Қырғи құстай тиіпті.
Тектіден текті тумаспа,
Атаның жолын қумаспа.
Қасарысқан жауының,
қанымен қарын жумаспа!
Қырын қарап сұм жалған,
Ашпай қабақ сұрланған.
Қалмақты бұзған Бұқарбай,
Қалмақ, орыс, қоқанмен
Қырқысып жүріп қырық жыл,
Шар болаттай шыңдалған.
Ат жалын тартып мінгеннен,
Ат үстінде күн көрген.
Ат көтермес алыпты,
Бұрын-соңды кім көрген.
Бұқарбайдың төтесі,
Жетік туған жетесі.
Жекпе-жекке шыққанның,
Шылқымапты шекесі.
Аласарып асқары,
Арқырап ағып аш қаны,
Алачтаған қалмақтың,
Аударылып астары,
Домалаған толағай,
доптай болып бастары.
Қатары қарт Бөгенбай,
Қазақта батыр жоқ ондай.
Қопалы жердің қыртысын,
Қопара соққан борандай.
Ерке Батыр
Би, батыр, Хан алдында кеңесінде,
төменге отырғызып төресінде,
Бұқардан соң Бұқарбай сөйлейді екен,
Бұзылмай қалған тарих ел есінде.
Бұқардан жас шамасы кіші дейді,
Салмақты сом денелі кісі дейді.
Керейдің сөзге шешен ноқта ағасы,
Қайыстай қаралтым түсі дейді.
Бермеген ер намысты тірі қолдан,
Аруақ әр кімнің де пірі болған.
Атаулы Абылайдың жиырма бес,
Бұқарбай батырының бірі болған.
Қаймықпай еркін жүзген атағынан,
Орданың да жасқанбай жасағынан.
Абылайдың шөгеріп Ақ Бурасын,
Ақ атаны қасына қатарынан.
Бірбеткей мейлі адуын, есер десін,
Қатал ғой Хан қолында кесер кесім.
Даты жоқ айта алмаған Ханға дейді,
Хан да оның қайтармаған меселдесін.
Атанған Ерке батыр сондықтан да.
Көңілі ел Ер бекіспей орныққан ба?
Ұйысып,
кетпей лағып бет-бетіне,
оңы мен олжа түскен солды ұққанға.
Күмбірлеп көмейінен күй төгілген,
Береке, үзілмеген, би төрінен.
Керейде он екі абақ орта жүзде,
Бұқарбай шыққан батыр Ителіден.
Табады ақиқатты тура жүрген,
Түйе де бір қайық қой құмда жүзген.
Шыдамай аттың белі Бұқарбайға,
Соғысқа бурыл басты бура мінген…
Бұқарбай батырдың Ақ бурасы
Тәңірі берген құзырет.
Ұран бір Ұлы құдырет!
Қабылан жүрек, қан ойнап,
Құтырынар қызып ет!
Желсіз күнде желбіреп,
Тіл бітеді Ақ Туға!
Жағаны жындай пергілеп,
Жұлынады Ақ Су да!
Ұшып-қонып алтын бақ.
Сары аязда салқындап,
Бұқарбай мінген ақ маңдай,
Шабынады Ақ Бура.
Қабағынан қар жауып,
Қағынады Ақ Бура.
Ауызынан атқан ақ көбік
арындап көшкен ақ бұлтқа
айналады Ақ бұйра.
Ширатылып жыландай
жібектен ескен Ақ бұйда.
Мал да болса ақылды,
Жау дегенді біледі.
Даңғыраның дауысындай,
Дүпілдейді жүрегі.
Атылғанда Ақбура,
Ашынғанда Ақбура,
Екі көзі қан қызыл шоққа
айналып кетеді.
Екі қоңы лапылдап отқа айналып кетеді.
Азбан аттар ілеспей,
Қусырылып өлкесі,
Жерді сызып өр төсі,
көрінеді үрейдей
Үйдей боп екі өркеші.
Мұзға айналып қу басы,
Шұбатылып шудасы,
Туырлықтай жайылып,
тік тұрғанды майырып, иілдіріп кетеді.
Төбедегі Тушыны,
Төмендегі Ушыны сүйіндіріп кетеді.
Балуан білек Бұқарбай,
оңға қолын бір сілтеп,
солға қолын бір сілтеп,
Сауытын тырдай сыпырып,
кебіндерін кесірдің киіндіріп кетеді.
Мысымен-ақ дұшпанның
шығарады далдұлұн.
Тысыменен талқан қып
шығарады қан-жынын.
Бірде айналып диюға,
Бірде айналып құйынға
өріледі шаншылып.
Жемтіктері жендеттің,
табанында жаншылып.
Тоқтату да сұмдықты айналады қиынға.
Қас-қағым сәтте қан шығып,
Қас-қағым сәтте жан шығып.
Ақ Бураның оралған шудасына жебелер қурай сынды сытырлап
сырт-сырт сынып жатады.
Ортан белден оқ кесіп опырылған найзалар отын болып лапылдап
бырт-бырт жанып жатады.
Қанға иленген қар батпақ,
бауырында қалбақтап
иленеді балшықтай
Айдарлының жосасы қанжығадан атқақтап именеді қаншықтай.
Қаталағанда қан ішіп,
қанды тойып ас-суға.
Қара нор қолды жапырып
ұмтылғанда қақ жарып
Еңірей ұшқан Ақбура,
Ұқсайды екен Аққуға!
Тап сол кезде, сол мезет,
Шөккен құздар қозғалып
түрегеліп кетеді.
Өктем мұздар елжіреп түгел еріп кетеді.
Өзен-сулар қызарып
аққан екен жұлқынып,
Қара туы қалмақтың
қалған екен жыртылып.
Кезең, асау, белдерге,
керең, терең шөлдерге
Ұлы Таудың тасынан тапжылмас
балбал қағады.
«Бір» деген Сөзден батырлар
бір-бір тұмар тағады.
Ертіске, – дейді, –
Еділім еңіреп келіп қосылды.
Әлімсақтан осындай қалған
бір кесек жосынды:
Атырауға бір шетін,
Бір қанатын Алтайға,
Бір қанатын Қаңғайға
жайған Ұлы қосынды.
Хан Шыңғыстың кезінде,
Содан арғы Күлтегін
жиған дейді, жасағын.
Ұлы Дала төсіне бүкіл түрік бірігіп
сиған дейді, қас-сағым.
Бір жақсы адам қазағым
көре қалса тосынды,
«Қандай ана тапты екен»
деуші еді осы ұлды.
…Бір қалмақ қара айғырмен қарсы шапты.
Садағын әудем жерден толғай тартты.
Ақырып Ақ Бура ағып келген сәтте,
Қалмақ та, қара айғыр да қатты састы.
Кім көрген мұндай сұмдық жыны барды,
Айласы адамнан да артқан малды.
Ақ бура қаба тістеп қылтасынан,
Бір санын қара айғырдың жұлып алды.
Адам мен мал айласы жарысуда,
Ұғысып жаумен бірдей алысуда.
Дұшпанның мұны көріп, сағы сынып,
Қалтырап, кеткен еді салы суға.
Майданның төрт түстігі түгел қауіп.
Суырған ақ қылышын ебін тауып,
Бурабай құлап бара жатқан жаудың,
Сарт та сұрт іліп алды басын шауып…
(Қызыққа мұндай сойқан қанасың ба?!).
Есіне жануардың нанасың ба?
Өтті ғой не бір ғажап оқиғалар,
Қазақтың жазиралы даласында.
* * *
Болмайды қарсы тұрар бұған батып.
Кірді ерлер зор майданға ұрандатып,
Кешегі қаныпезер ата жаудың,
Айдарын қанжығадан бұлаңдатып.
Қазақтың қара жалды батырлары.
Соғысып жан аямай жатыр бәрі.
Қаңбақтай ұшырады бір-бір басты,
Қанды езу қару ілген алтын қары…
Жерінен қуып шығып құл қылмақты,
Орнатты ел басына бұлбұл бақты.
Бірдей сөз Бірлік деген жеңіспен деп,
Төріне Ұлы Таудың қазық қақты…
* * *
Иілтіп басынғанды зорлық құрып,
Ормаға оңы менен солды ұқтырып,
Еліне Ұран болған Ер Бұқарбай,
Ел-жұртын ескі жұртқа орнықтырып.
Арты мұз, талайының шығысы уыт,
Тағдырдың суын кешіп жылы-суық,
Өтіпті дүниеден тоқсан жаста,
Мың алты жүз тоқсаныншы жылы туып.
Ұланым тұрса деймін Бұқарбайлап,
Ұшына ақ найзаның үкі байлап.
Ерлердің ел аманда аты аман,
Көгімде жайнап тұрар мәңгі Байрақ!
…Білеме, бүгінгі жас киелісін?
Бабасы қас жауына бір елісін
бермеген қасиетті құт мекенді
Мәңгілік ұжымағы, сүйенішін.