Әбубәкір Қайран. Өсімқор

Тасбақа өсімқордан азған екен,
Тарбиып тас қапаста қалған екен.
                                                             Тәмсіл

Енді аттанайын деп атына қарай беттеп еді, кәрі қара жорғасы түп құйырығын жоғары көтеріп, тезек тастап тұр екен. «Оу, мынау жақсы ырым ғой! – деп ойлады Тауман, – О, жасаған ием, жолымды қыла гөр! Арамдардың аңдыған‑баққанынан сақтай гөр!».
«Әуп, бисмилла» деп ат үстіне қонып алғаннан кейін‑ақ көңіл‑күйі көтеріліп кеткендей болды. Қара жорғаны есебін тауып тақымына басқаннан бері өзіне осындай бір желік пайда болған. Қамшы салдырмай тайпала жөнелгенде, жануардың жүрісі жан қуантады‑ау, шіркін!
Тауман: «Жүйрік аттың құлағында шарап болады» деген сөз рас‑ау» деп, пенжегенің қалтасынан «Шипр» иіссуының шынысын шығарып, содан насыбай атты.
Аудан орталығы болғандықтан, өзі тұратын ауылдың аумағы да үлкен. Үйінің шетте болғаны қандай жақсы – ешкімнің көзіне түспей‑ақ, көңілін аудармай‑ақ иен кеңістікке шыға келді. Қара жорғаның тізгінін қағып, бар екпінімен ызғытып келеді. Барар жеріне дейін осылай тайпалта берер еді, амал қанша, жолсыз жермен жүргеннен соң алдынан кескестеген қалың ши мен шенгел, қарағанның кесірінен жел тұрғызған екпіні басылып‑ақ қалды. Бағанағы аспандап келе жатқан көңілі де күрт төмендеп кеткендей. Оған себеп – осы сапарға өз ырқынан тыс шыққаны.
Барлық бәле анау қызы құрғырдың қашып кеткенінен басталды емес пе?! Күйеуге! Соноу ит арқасы қиянда тұратын біреуге!
Кеше түс ауа мұның үйіне сүйегі саудыраған қақпыш шалды орталарына алып, бір еркек пен бір әйел жетіп келді. Үшеуі бірдей есіктен еңкейіп кіргенімен қоймай, етпеттерінен түсе жаздап иілгенін көргенде, Тауманның есі шығып кете жаздады.
– Ассалаумағалейкүм, Тауман бауырым! Құдайдың өзі бұйыртып, аруақ­тың өзі желеп‑жебеп, Ғайып‑Ерен қырық шілтеннің қолдауымен сіздің қызыңыз біздің ұлға бұйырыпты. О, Тауеке, қызыңызды алдыңыздан өтпей алып кеткенімізге кешірім сұрап, аяққа жығылуға келіп тұрмыз. Балалардың көңілдері жарасып, қол ұстасып, бақытты болашақтарына бет түзеген екен, енді біз оларға еш қарсылық көрсете алмаймыз ғой, Тауеке. Ашуыңызды басыңыз, құшағыңызды ашыңыз! – деп, тілмәр шал ентігіп барып, зорға тоқтады. Тоқтап қалған жоқ, шапанының кең жеңі көлбең‑көлбең етіп, ентелеп кеп бас салғанда, қақпыш шалдың құшағына қалай сүңгіп кеткенін Тауманның өзі де білмей қалды-ау. Сүйегі қаусап тұрғандай болып көрінгенмен, шалдың қолы мұндай қарулы болар ма – оңнан, солдан екі рет төс қағыстырғанда, Тауманның тынысы тоқтап қала жаздады.
Жамал кемпірі жаулығының ұшымен көзін сүрткіштеп, сықсыңдап жыла­ғандай болып еді, келгеннен бері тықыршып, саусақтарын созғылап тұрған қызыл келіншек оған қарай тұра ұмтылды.
– Апа, апатай‑ау, сабыр етіңізші. «Бидайдың барар жері – диірмен» дегендей, қызыңыз да барар жерге барды ғой. Ақ жол тілеңіз!– деп, кемпірдің қасына жетіп барып, қолына жабысты, – Қане, апатай, мүбәрак қолыңыздан бір сүйейінші!
Бағанадан состиып тұрған мұртты еркекке де жан кіріп, шалдың құшағынан босаған Тауманның иығына асыла кетті.
– Армысыз, бармысыз, құда! Осы сәттен бастап құдай қосқан құда болдық. Мен – күйеу балаңыздың ағасымын. Ендігі жерде сізден жақын кімім бар менің?! – дегенінде, дауысы бұзылып, көзінен жас та шығып кеткендей болды.
Тауман қазір солардың сылдырлаған сөзіне жайылып түскеніне жыны ұстап, өзін‑өзі жерлеп келе жатыр. Япырау, неге сонша босаңдық танытты? Ондай нашарлығы жоқ сияқты еді ғой. Аналардың өздері де аяқ астынан жетіп келіп, есін шығарып жіберді емес пе! Әйтпесе, алдын ала біліп отырса, шаңдарын қағар еді біраз. Бәрінен де жиырма бес жыл бойы алақанына салып аялаған… Иә, иә, өбектеп өсірген қызының қалың малын да атай алмай қалды‑ау!.. Құдай‑ау, осы… Сол қыздың байға тиіп кеткенін ести қалған сәтінде өне бойы шымырлап, қатты қуанып кеткендей болды‑ау, өзі. Сонысы бет жүзінен білініп қалмады ма екен? Білініп қалса… Не деп ойлайды аналар? «Осы қыз отырып қалатын болды. Кететін байына кетіп тынса екен» деп күнде қыңқылдап жүрген кемпірі де көңілденіп қалды‑ау деймін, бозарған жүзіне қан жүгіріп, аяғы аяғына тимей, қолы қолына жұқпай, қуырдағын да қуырып жіберді, сәттің арасында дастарханын да жайната қойды. Жап‑жаңа құдалары да жайнаң қағып, сүйегі саудыраған шал да, мұртты құда мен қызыл келіншек те тос сайын тартынбай ішіп, кемпірдің сандығында көптен бері қамалып жатқан тәуір арақты да таусып тастады. Бір қажетті адамдар келе қалса, дастарханға қоямыз ғой деп сақтап жүрген арақ еді ол да. Құдаларға бұйырды. Е, ішсін!..
Аяққа жығылып келушілер бұларға «Келесі сенбі күні келе қалыңыздар, бес‑алты туған‑туыстарыңызды ерте келіңіздер!» деп, өз ауылдарына шақырып кетті. Өздері осы облыстың алыс ауданында тұрады екен, төрт жүз‑бес жүз шақырым дей ме?!. Ой, Алла‑ай, осы қыз тұла бойы тұңғышы ғой. Мінезі – шатақ. Екі‑үш жылдан бері қаладағы бір балабақшада аспаз болып жұмыс істеп жүр. Інісі екеуі пәтер жалдап тұрады. Асхананың ішінде жүрген соң, қарны тоқ қой, әйтеуір. Өйтіп‑бүйтіп анау‑мынауысын пәтеріне де ала баратын шығар. Е, енді, міне, тұрмысқа да шықты. Бұл да бір біткен іс болды‑ау, өзі! Ал, анау ұл… өзі оқуды да дұрыс оқымады. «Табаны жалпақ, жарамсыз» деп әскерге де алмады. Енді жүр, әне… базарда арба сүйреп. Е, басы аман, дені сау болса, ол да бір шүйкебасты алар, өстіп еңбектене берсе, үйілі‑күйлі болып та кетер.
Тауман демін тереңдете тартып, ауыр күрсінді. Жорғасынан жаңылғандай болып, аяңға ауысқан, тіпті, желкілдеп тұрған көкпеңбек ши қияқтарына да ауыз сала бастаған қара жорғасына қамшыны басып келіп жіберді. Заулай жөнелген жорғаның үстінде шалқая отырған Тауманның ерні жыбыр‑жыбыр етеді. Аузынан: «Ана қатын жүз мың әкел деді, ә! Жүз мың!..» деген сөздері ысылдап‑ысылдап шығады.
Қара жорғаға қамшыны тағы бір салып жіберіп еді, алдыңғы тұяғын көкпек іліп қалды ма, немене, аттың оқыстан оқыс сүрініп‑ақ кеткені! Тауман ерден ұшып кете жаздап барып, ат жалын құшып, зорға дегенде аман қалды. «О, Алла! Өзің сақтай гөр!» деп күбірлеген ол атының сүрінгенін жаман ырымға жорығандай болып, жан‑жағына жалтақтап қараумен келе жатыр. Жаңа бұл ат үстінен ұшып кетсе… басымен шаншылып түсіп… мойын омыртқасы үзіліп кетсе… жиған‑тергені… шабадандағы бүкіл ақшасы кімге қалар еді? Көмілген жерінде қалады‑ау мәңгі! Бұл өзі дұрыстап ойланатын нәрсе екен! Көмген жерін бәйбішесіне көрсетіп қойса ма? Ой‑бүу! Сол пәтшағардың аузына сөз тұрушы ма еді. «Астыңдағы атыңа сенбе, қойныңдағы қатыныңа сенбе» деген. Әне, жаңа ғана көрді ғой, өмірі сүрініп көрмеген қара жорғасының қалай сүрінгенін. Қатын да сондай!
Осы Тауман ешкімнен кем қалмайын деп, жас кезінен‑ақ жанталасып ақша жинаумен келе жатыр емес пе?! Сол үшін көрмеген бейнеті, тартпаған азабы бар ма?! Кең, биік қорапты арбасына шабан болса да жуан тұғырды жегіп алып, жаз бойы қыстауларды аралаушы еді‑ау.
Малшылар жайлауға шығып кеткен соң иен қалатын қыстаулардың іші‑сырты мен маңайына дейін толып жатқан арақ‑шарап бөтелкелері, ескі‑құсқы киім‑кешектер, сүйек‑саяқ, бұрыш‑бұрыштарда қатталып қойылған немесе тапталып жатқан тері‑терсектер… Осылардың бәрінің қып‑қызыл ақша екенін кім біледі дейсің! Ал, Тауман біледі. Білгенде қандай!
Жаздың ұзақ күнінде қыстауларды аралап, кең қорапты лықа толтырып алғанша кейде күн де батып кетуші еді‑ау. Кешкі салқынмен түнгі ауада жол жүрген қандай рахат! Ауыр арбаны жайымен сүйреп келе жатқан жуан тұғыр анда‑санда пысқырып қояды, арба сықырлайды, оған тиелген жәшіктегі бос бөтелкелер сыңқыр‑сыңғыр күліп, сырласып жатқандай әсер етеді. Сол бөтелкелер мен сүйек‑саяқтардың үстіне қабатталып салынған тері‑терсектерді астына төсеп аспандағы жұлдыздарға қарап, әлдеқандай тәтті қиялдарға батумен Тауман жатушы еді‑ау, шалқасынан түсіп. Жуан тұғыр қоңыр ат жарықтық сол мимырт жүрісінен бір танбай, тоқтамай, терлемей үйдің қақпасына тұмсығын бір‑ақ тірейтін.
Тауман ертеңінде жүк тиелген арбасын қайта жегіп алып, жергілікті жұрт «жіпсериа» деп атайтын, өзі жұмыс істейтін мал шикізаттарын қабылдайтын мекеменің ұлан‑ғайыр дуалына қарай беттеп кететін. Кең, биік дуал‑қорғанның іші толған жидіген тері-терсек пен қаңсыған сүйек‑саяқ болғандықтан, оның маңынан өткенде, адамдар мұрнын алақандарымен басып, әуелі, кейбір сезімтал жылқылардың өзі пысқырынып, құлақтарын қайшылап, бұл дуалға қарай аяқ басқысы келмей, бұлтақтай беретін. Тауман қорғанның ішіне арбасымен кіріп, осында тапсыратындарын саудалап болған соң, одан түскен ақшасын етігінің қонышында жүретін қомақты әмиянына ықтияттап салып қоятын. Одан кейін арбасын сықырлатып, бөтелкелерін сылдырлатып шыны ыдыстар қабылдайтын орынға қарай бет түзейді.
Тауман ол кезде тапқан ақшаларын аузы екі жерден құлыпталатын ескі, ескі де болса қалың терімен қапталған ауыр шабаданға енді ғана жинай бастаған. Оны кемпірінен жасырып, үйдің бір елеусіз бұрышына тығып қоятын. Жылдар бойы тынбай жинады‑ау сол ақшаны…
Ойлаған ойының осы тұсына келгенде, Тауман тағы да қара жорғаны қамшылап‑қамшылап жіберді. Бірақ, бұл жолы тізгінді босатпай, жорғаны жәбірлеп қамшылады. Тісін шақыр‑шұқыр қайрап: «Күйіп кетті ғой! Күйіп кетті ғой сол миллион да!» деп күбірлегенінде, көзінен екі‑үш тамшы жастың ытып‑ытып кеткенін өзі де сезбей қалды.
О, жалған‑ай десеңші! Сол миллионды арнайы келген тексеруші, тінтушілерден де аман алып қалып еді. Ол кезде Кеңес дәуірі ғой. Мұның үстінен біреу: «Тауман деген жүн‑тері қабылдаушы ел мен жұртты есеп пен таразыдан жеп, ақша жинап жүр. Үйін тінтсеңіздер, мол ақшаның үстіне түсесіздер» деп, ішкі істер бөліміне домалақ арыз жазып жіберіпті. Бұл туралы өзінің ымдас‑жымдас серіктесі Сәлім жеткізді. Тауман тығулы шабаданын дереу Сәлімнің үйіне апарып, тығып қоюын өтінді. Көп ұзамай‑ақ қып‑қызыл пагондары мен қызыл жиекті қалпақтары Тауманның зәресін алып, тінтушілер де келді. Үй мен қораның астаң‑кестеңін шығарып қанша тінтсе де, ақшаны таппады. Бұдан кешірім өтінгенсіп, тінтушілер келген жақтарына қайқайғанда ғана, Тауманның тоқтап қалған жүрегі қайта соққандай болып, Сәлімнің үйіне қарай жөнелген. Шабаданды Сәлімнен алып тұрып, жасаған жақсылығы үшін он сом ұсынғанында, әлгі тамыры: «Он сомыңды әрі тарт. Сенің сан жетпейтін арам ақшаңнан өзімнің қалтамдағы адал бақырым артық» деп қолын итеріп жіберген.
Сонда не дерін білмей кетіп бара жатқан мұның жауырынына қадалған оқты көзі бүкіл арқа‑басын өртеп жібергендей болып еді. Өзінің тілінің аштысын‑ай! Тауманның іші сезді – ол он сомды азырқанып, оның үстіне мұның мол ақшасын қызғанып та тұр.
Сол жылдың басында ақша өзгереді екен деген сыбыз тарап кеткеннен кейін, Тауманның жүрегі бір жамандықты сезгендей болып, кеудесіне симай дүрсілдей беруші еді, бекер емес екен. Айдың, күннің аманында, бір‑ақ күнде кеңестік ақша құнын мүлдем жоғалтып, әжетханаға апаруға да жарамай қалғанын ойласа, осы күнге дейін өне бойы дірілдеп кетеді. Бар ақшасын адам баласының көзіне көрсетпей, жасырын жинап жүрген Тауманды былай қойғанда, бүкіл ел‑жұрт банкке салған ақшаларының түкке татымайтын жұрнағын ғана алды емес пе?!.
Сол жылы Кеңес өкіметі құлап түсті де, Қазақстан тәуелсіз бола қалды.
Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары ебіл‑дебілі шыққан жұртпен қатар Таубайдың шаңырағы да таршылық пен жоқшылық көріп, бірталай уақытты өткізді‑ау. Дегенмен, қырыққа енді ғана жақындап қалған енгезердей жігіт ағасы емес пе – анда, мұнда күзетші болып жүріп, бұл жұмысқа әбден кәнігіленіп алды. Сөйтіп жүргенде жақын маңнан алтын кені табылып, өндіріс орны ашыла қалды да, солар тәжірибелі күзетшілер іздестіріп жатқан соң, бұл да өтініш бере салып еді, бетін қайтармай, жұмысқа қабылдай қойғаны. Он бес күн – жұмыста, он бес күн – үйінде. Әскерде шекарашы болып жүргенде жақсы атағы шығып, мақтау, марапат қағаздарын көп алғаны, ату, алысу тәсілдерін де бір кісідей білетіні қандай жақсы болған! Аға сержант деген әскери шені де бар. Алтын кеніне күзетшілікке бірден қабылдай қойғандары да содан ғой.
Алтын кенінде жауапты қызмет істейтін азаматтармен сыйласып, сырласып жүріп күзет бастығы болып алғаны да рауа болды емес пе?! Арасында алтын ұрлаумен айналасатындар да бар екен. Солар да мұның тым епті, пысық жігіт екенін сезе қойып, өз қатарларына қосып алды.
О, жасаған ие! О, қорғап‑қолдаушы аруақтар‑ау! Алған алтындарының бәрін бойына сіңіріп, буда‑буда ақшалы қылған сендердің желеп‑жебеулерің емей, немене! Тәубә! Тәубә!
«Көп жортқан түлкі терісін алдырар» деген тәмсіл сөздің мәнін ұғынып, қалтасы қалыңдаған соң, сол алтын кенінен кетіп үлгергені де өз ақылдылығының бір белгісі емес пе?! Бұл кеткен соң көп өтпей‑ақ әлгі алтын ұрлағыштар ұсталып тынғанда, Арасанға ат айтып, Қорасанға қой айтып, мың да бір рет тәубасына келгенін, сірә, ұмытар ма?! Өзінің өрісін кеңейткен сол бір ұрлық алтындарын ойлап кетсе болды, осы күнге дейін денесі түршігеді.
Алтын кенінен кеткен соң, жамбасында жатқан көп ақшаны одан сайын молайта түсу үшін көп ойланды. Бүкіл қарапайым қауымның қал‑жағдайлары құлдырап кеткен уақытта, қажетті заттардың бәрі қымбаттап, құны аспанға шығып кеткен кездерде, бұл істің де орайы өзінен‑өзі келе қалды ғой. Осы кезден бастап өсімқорлық жолына түсіп, жалынып‑жалпайып қарыз сұрағандарға бір ай мерзімге бес пайыз өсімімен қайтаратын етіп, сұраған ақшаларын берді де отырды. Қарыз алушылардың сенім‑хаттары папка ішінде тігулі тұр.
Есеп‑қисап жүргізетін жуан‑жуан дәптерлері де бірнешеу. Күн сайын кем дегенде бір адам мұның үйіне алақанын жайып келіп тұрғаны. Енді қайтсін! Ауылды жерде екі қолға бір жұмыс табу дегенің қол жетпес бір арман болып қалғалы қашан. Жұрттың бәрі азын‑аулақ малының бетіне қарап отыр. Мал!.. Е – е! Сол малды бағып‑қағу да, бірін екі етіп өсіру де оңай болып па?! Осы Тауман үйінде жатып‑ақ біліп отыр. Мойны жуан, қабырғасы қалыңдар шүйгін жерлер мен ауыл маңындағы жайылымдардың бәрін жекешелендіріп алған. Ауылдың малы жеп қоймасын деп өз жерлерін темір шарбақпен қоршап қойғандар да бар. Оны айтасың, жоғары жақта отырған анау бір мықты өзі жекешелендіріп алған бүкіл жерінің ауыл жақ бетіне тереңдігі бір жарым метрлік ор қаздырып тастапты. Әнеу бір күні қарыз сұрай келген бір байқұс айтып отырды ғой – бір сиыры мен бір тайыншасы сол орға құлап өліпті. Бүйтіп пұшайман болып отырғандар бұл ғана емес, жетіп артылатын көрінеді. Жығылған үстіне жұдырық» деген осы да.
Мал мен жер туралы ойлаған соң есіне түсіп келеді – өсімқорлықпен айна­лысқаннан бері мұның өзінің айы оңынан туып, ақшасы ғана емес, малы да көбейіп кетті. Өз басы мал соңында жүруді түк ұнатпайтын болған соң, соның бәрін маңайдағы фермерлердің малына қосып тастаған. Сұраған, ақысын ақшалай да, малдай да төлей салу бұған түк емес. Шүкір Аллаға, сиыры да, қойы да баршылық. Қарыз алғандардың көбі дер кезінде ақшалай қайтара алмай, қашқалатап, сасқалақтап жүріп, жанына қысым түскен соң бір‑екі қойын немесе бір қарасын мұның қорасына өздері жетелеп әкеп тастайды. Осы былтыр ғана баласын үйлендірген анау бір жесір әйел бұдан алған қарызы тым өсіп кеткен соң, үлкен әжесінен мұра болып қалған, тап‑таза күмістен соғылған бұрама білезігін мұның қолына әкеліп тапсырды ғой. Е, сол білезік қана дейсің бе, осындай жолмен келген не түрлі қымбат сақиналар мен сырғалар, тіпті, жастардың неке жүзіктеріне дейін Жамал бәйбішесінің қобдишасында толып жатыр. Той жасаса да, ас берсе де, әуелі, қонақ келе қалса да жаны қалмай тұра жүгіретін осы қазақ деген халықтың алды‑артына қаратпайтын алаңғасарлығын ойласа, Тауман танауының астынан мырс‑мырс күледі. Неге күлмесін?! Қалай күлмейді?! Мысалы, астына мініп келе жатқан мына қара жорғаны Зияда шал алған қарызының өсімі басынан асып кеткен соң… көзінен жасы сорғалап тұрып бере салды емес пе?! Жасы жетпістен асқан сол ақсақал жалғыз ұлынан туған жалғыз немересін сүндетке отырғызып, ұлы дүбір той жасады. Көкпар тарттырды. Жігіттерді аударыспаққа түсіріп, теңге алдырды. Той қарсаңында ұлы кредитке кіріп, шалдың өзі бұдан жүз мың теңге несие алып еді. Ақыры не болды? Не болсын?! Алған қарызын уақытында қайтара алмады. Тауман да тақымдап сұрамады. Тек уақытынан үш ай өткізіп қана хабарласып еді, «шыдай тұрыңыз» деп безек қақты. Тауман тағы да екі айдай күтіп, төзімі таусылған соң Зияданың өзі берген сенім хат пен есеп‑қисап дәптерін көтеріп, қарыздар шалдың қақпасын қақты. Шал төсекте жатыр екен. Тым жүдеу. Күркілдеп жөтеледі. Кеудесі көтеріліп‑басылып демігіп жатқандай. Үйде келіні мен немересі ғана бар екен. Олар аталарының маңында шыр айналып жүр. «Тауман аға, атам қатты ауырып жатыр еді. Мазасын алмай‑ақ қойыңызшы!» деп жалынды келіні. «Келін‑ау, мені бір еріккеннен келіп отыр деймісің. Атаңның қарыз алғанына жыл боп қалды ғой» деді Тауман қабағын түйіңкіреп.
Келіншектің сөзін құлағына ілместен, Зияда шалдың қасына барды. Амандасып болған соң өзіне орындық қойдырып, жайласып отырып алды. Дәптерін ашып, ең бірінші өзінен қарыз алудың алғы шарттарын мәнерлеп тұрып оқып берген соң, жүз мың теңгенің бұл күнге дейін қаншаға өскенін ай сайынғы есеп‑кисап арқылы ұғынықты түрде дәлелдеп берді. Даму пайызы тіпті шарықтап кеткенін естігенде, шалдың келіні шалқасынан түсе жаздады. Зияда шал аппақ сақалы көкке шаншылып, екі көзі тесірейіп төбеге қараған күйі сұлқ жатыр. «Ақсақал, не айтарыңыз бар?» деді шыдамсыздана бастаған Тауман. Шал көзін кілбитіп мұның бетіне қарады. «Қарағым Тауман! – деді сонсоң, – Біздің жағдайды өзің де біліп отырсың. Мына замандағы жұмыссыздық пен қымбатшылықтан бүкіл ауыл жүдеп кетті ғой. Кететіндер кетіп жатыр. Біреу қала сағалап, біреу базар жағалап. Біздің ұл біреудің үйін салып, біреудің дәретханасын қазып дегендей, жалдамалы жұмыстармен айналысып, содан тапқанын талғажау етіп жүр. Одан басқа не амал бар? Айналдырған бес‑алты ірі қарамыз бен оншақты ұсақ малымыз бар еді, содан екі бұзаулы сиырымыз бен төрт‑бес тоқтышақ қана қалды. Менің пенсиям бар. Жаман емес. Өмір‑бақи тыным таппай еңбек еттім ғой. Әйтеуір, нан мен шәйға жетіп тұр…
Шалдың ұзақ гөй‑гөйінен жалыға бастаған Тауман оның сөзін бөліп: «Ақсақал, тоқ етерін айтыңызшы, қарызды қайтарасыз ба, қайтармайсыз ба?» – деп, дік ете қалды.
Шалқасынан жатқан Зияда Тауманға оқты көзін қадап, үн‑түнсіз біраз жатты да: «Менің қара жорғамды білесің бе?» деді. Тауман: «Білемін ғой, білемін. Бәйге бермейтін атақты жорға ғой!» деп, орнынан қозғалып‑қозғалып кеткенде, астындағы орындық сықыр‑сықыр етіп, ол да сөйлегендей болды.
«Ендеше, – деді шал сырғауылдай сұқ саусағын шошайтып, – Біліп қой, бір аяғым – жерде, бір аяғым көрде жатқанда сен сияқты өсімқордың берген қарызын а дүниеге арқалап кететін адамың мен емеспін. Баяғыда‑ақ қайтарар едік, күйіміз болмай қалды. Ана жалғыз ұл да бүкіл тапқан табысын кредитіне салады. «Кредит» деген де сен сияқты өсімқордан кем емес. Уақытын өткізіп алсаң болды, өсе береді, өсе береді. Енді менің бір‑ақ амалым қалды. Астыма мінген жалғыз атым қара жорға ғой. Соны саған қарыздың өтеуіне беремін. Ата‑бабаларымның басына барып, құран оқып қайтайын деп, кеше ғана таудан алдырып едім. Қорада тұр. Менің басымды көтер» деп, екі қолын бірдей Тауманға созды.
Тауман Зияда шалды қолтықтап қораға кіріп еді, байлаулы тұрған қара жорға бұларды көріп осқырынып, қос құлағын қайшылап, жер тарпи бастады. Сірә, ашығыңқырап тұрған болуы керек, алдындағы қураған ши шөптің сағыдары ғана қалыпты. Бұлардың қасына шалдың келіні мен немересі жетіп келді. Зияда қара жорғаның шылбырын шеше беріп еді, келіні тез ұмтылып барып, атасының қолына жармасып: «Ата, қара жорғаны бермейміз! Мына кісінің қарызын төлейміз ғой! Төлейміз! Мен кредит аламын! Мен кредит аламын!» – деп шырылдады. Екі көзінен тарам‑тарам жас сорғалап тұр. «Құлыным‑ау, мұның не? Бұл аттың қызығын көрудей‑ақ көрдім емес пе?! Енді осы қара жорға да сендердің алаңсыз өмірлерің үшін шалған ақ малым болсын! Ал, қош бол, қара жорға!» – деп Зияда аттың кекілінен сипап, маңдайын маңдайына төседі. Оның да кәрі көзінен жас сорғалап, үш‑төрт тамшысы әжімді бетін сызып келіп, әппақ сақалына сіңіп жоғалды.
Тауман атты алып, қорадан шыға берейін деген сәтте шалдың немересі де шыңғырып жіберіп, жүгіріп келген бойда қолынан шылбырды жұлып алды. «Бермеймін! Қара жорғаны бермеймін!» – деп айғайлап жылағанда, қара жорға да елеңдеп, екі көзі шатынап, Тауманның бетіне тура қарап тұрғандай болып көрінді.
Қияңқы баланы атасы зорға тыныштандырған соң, шал: «Басындағы ноқтаны осы қара жорғаға арнап, өз қолыммен таза қайыстан жасап едім. Енді сенде болсын» деді.
Жорғаны жайдақ мінген Тауманның үйіне бара жатып ойлағаны – осы аттың жасаған жасы туралы болды. «Әй, біраз жасқа келіп қалған ғой» деп күбірлейді, әдеттегісіндей. Санасы сабыр таппаған соң, бұрын жылқышы болған Хамиттың үйіне барып, қара жорғаның жасын біліп беруді өтінді. Хамит аттың аузын арандай етіп ашып жіберіп, тістеріне қарап: «Он төрт‑он бес жасты жасап тастаған жылқы» деп, езуіндегі насыбайды саусағымен алып, алысқа шертіп жіберді. Аттың қартайып қалғанына қатты қапа болып тұрған Тауман: «Насыбайыңыздан бір атым» деп алақанын жайды.
Тауман үйіне жеткенше, үйіне барған соң да: «Қақбас шал қарызының өтеуіне маған кәрі атын берді» деп дамылсыз боқтанумен болды…
Ой үстінде келе жатқан адам жол ұтқыш келеді – Тауман алдыңғы жағына қараса, Бестерек деген межелі жеріне жақындап қалыпты. Езуіне күлкі үйіріліп, екі бетіне қан тепкен қара жорғалы жолаушы атқа тақымын қысып қалды. Қара жорға тайпала жөнелді.
Амал қанша! Атын бір терекке байлай сап, көмбесінің көмілген жеріне жетіп барса… өз көзімен көргені – үйінді топырақ пен үңірейген қуыс қана!..
Тауман өсімқордың үптеліп кеткен ақша толы шабаданы дәл осы кезде Сәлімнің жертөлесінің бір бұрышында тығулы жатқан болатын.
Әттең‑ай десеңші! Қадам басқан сайын қатты сақтанып, жан‑жағына жалтақтап жүретін Тауман өсімқордың бір аңғалдық жасағанына өзі тұрмақ өзге біреулер де қатты өкінер ме екен? Осыдан отыз жыл бұрын, соноу Кеңес заманының ақырында, сырты терімен қапталған ауыр шабаданын тінтушілерден аман алып қалған Сәлімге жасаған жақсылығы үшін он сом емес, мың сом ұсынғанында, мына Тауман дәл бүгін жер соғып қалмас еді ғой. Сол күннен бастап сол Сәлімнің қыр соңына түсіп, аңдумен жүргенін бұл байқұс білмейді. Білмей де өтетін шығар. Біле қалған күнде де, одан не пайда!

Пікір қалдыру