БАЛАЛЫҚ ШАҚ БАЯНЫ

Смағұл ЕЛУБАЕВ

Құрметті оқырман! Төртінші сыныптағы немеремізге әжесі екеуміз биыл қыс бойы қазақ қаламгерлерінің балаларға арнап жазған кітаптарын оқумен болдық. Сөйтсек, балаларға арнап жазылған проза табу оңай шаруа емес екен. Бердібек Соқпақбаев, Сайын Мұратбековтен кейін балаларға арналып жазылған тұшымды шығармалар іздеп сенделдік. Сөйтсек, біз, жазушылар, қазақтың жас оқырманы алдында қарыздар екенбіз. Осы олқылықтың орнын толтыру үшін қаламгерлерге арнап үндеу жасағымыз да келді. Бірақ, үндеу көп ұранның бірі болып қалып қоюы да мүмкін екен. Ендеше не істеу керек? «Үндеу емес, шығарма жазу керек!» деген ой келді. Нәтижесінде, үш ай отырып осынау «БАЛАЛЫҚ ШАҚ БАЯНЫ» атты кітапты әл-қадарымызша, қолымыздан келгенше қағазға түсірдік. Шығарманы оқырман талқысына ұсына отырып, қазақ қаламгерлерін балаларға арнап кітап жазуға шақырамыз!

«КІНДІГІҢДІ ШЫНДАР ӘЖЕҢ КЕСКЕН»

Адам пенде, қашанда, өзінің балалық шағы туралы білуге әуес. Біз де солай болдық. Марқұм анамыз Ханбибіден көп сұрайтынбыз, балалық шағымыз туралы. Анамыз ер кісідей ірі сүйекті жұдырығы тоқпақтай қарулы жан болатын. Ауылда оны «Қара кемпір» дейтін. Анамыз сол бір соғыстан кейінгі ауыр жылдар туралы айтып отыратын.
– Сен бойыма біткелі екі айдың о жақ, бұ жағы, естен кетпес бір оқиғаболды. – деп, бастайды апам әңгімесін, маған қаратып.– Ол кезде біз Қарақалпақстанның Маңғыт дейтін қаласы маңындамыз. Баяғы кәмпеске кезінде ата жұрттан ауған елміз ғой. Ата жұртымыз – Жем бойы, Хантөрткіл, Оймауыт деген жерлер. Соғыстан кейінгі жыл. Әлі ішер ас, киер киімге жарымаған кезіміз. Ойлайтынымыз, тек, қутамақтың қамы. Әлі есімде жаймашуақ күзгі күннің бірі еді.Түс ауып бара жатқан. Әкең таңертең жаяу-жалпылап қалаға кеткен, күнкөрістің қамымен. «Келетін уақыты болды-ау!» деп, үйден шықтым. Алдымен ауыл алдындағы шағылға қарадым. Үйдің азын-аулақ ұсақ малын бағып балалар жүр. Олар әлі жас. Сен әлі жоқсын. Содан кейін қала жаққа бұрылдым… Қарасам…Құдай зекет!!! Анандай жерде әкеңді сүргітіп айдап мелиса келеді, үйге қарай! Зәре-құтым қалмады. Абат қаладағы пәбріктен бөз алып кеп жүретін. Сол бөзден мен киім-кешек тігіп сатам. Баяғы, күнкөрістің қамы ғой. Әкеңнің ұсталып қалғанын түсіне қойдым. Тәртіп болса қатаң. Өкімет затын алып сатуға болмайды. «Құдай-ау! Енді қайттым?!» деп, үйге бір кіріп, бір шығыппын. Сөйткенше, үй сыртында дүрсілдеп әлгілер де келіп қалды. Қарасам, әкең байғұста өң жоқ. Артында – мелиса. Мелиса– толықша келген ересек жігіт екен. Үстінде – пормасы. Екіншісі – арық бала жігіт. Әкеңнің бөз әкеліп жүретін бұлтиған қапшығы соның қолында. Қонақтарға жол беріп жатырмын «Кіріңіз!» деп. Төрге көрпеше жайып қойғам. «Шай қой!» деп, күңк етті әкең. Есік алдындағы мосыға қара шәугімді ала жүгірдім. Астына апыл-ғұпыл от жағып жатырмын.
Ашық есіктен бір көзім іште. Шомбал қара бастық төрдегі жастықты қолтықтай қисайыпты. Тапаншасы – белінде. Бала жігіт болса қаздиып төмендеу отыр. Абат байғұс босаға жақта тізе бүккен. Сөзді мелиса бастады.
– Сен… аман қалғың келсе… бір сиырдың пұлын әкел! – деді, Абатқа қарап. Сөз саптасынан ұқтым, қалпақ екенін. Абат байғұс шапшаң тұрегеп зыр жүгіріп ауылды аралап кетті. Бір кезде зыр жүгіріп қайтып келді. Бұл арада мен дастархан жайып, шай жасап қойғам. Қонақтар құрсаулы кеседен шай ұрттап отырған. Абат именшектеп дастархан шетіне кеп тізе бүкті. Жан қалтасынан бір уыс ақшаны алып мелисаның алдына қойды.
– Жолдас нәшендік! Мынау әзірше… жартысы! – деді, дауысы қалтырап.– Қалғанын… соң… жеткізем!
Мелиса аспай-саспай ыңыранып, қолына тиген бір уыс пұлды аударып-төңкеріп қарады. Содан кейін жан қалтасына салды.Тіктелді. Абатқа қарап:
– Әй, қазақ!!… Сен… арыстыбай болдың! – деді, бұйырып, иегімен есікті нұсқап.– Алға түс !
Төбемнен жай түскендей. Абатқа қарасам, онсыз да бадырақ көзі шақшиып мелисаға қарап қалыпты.
– Алға түс! – деді, мелиса қатқыл үнмен, орнынан серпіліп тұра беріп. Өре түрегелдік. Абат маған бір көз тастады да, босағадағы күпісін іліп алып есікке беттеді. Сол сәт мен қалай дауысым шығып кеткенін білмеймін, шаңқ еттім:
– Әй, інім, сабыр ет сәл, ең болмаса анау балаларымен қоштасып қалсын!!! – деп.
– Яқ!!! Яқ! Кеттік! – деп, мелиса бас шайқап, табалдырықтан аттай берді. Абаттың көзі қыр жақта– балаларда. Қатар тұрғанда әкең арықшалау, бірақ, мелисаға қарағанда бойшаңдау. Сол-ақ екен, әкең, кенет, шалт бұрылып мелисаны құлақ шекеден перді, ышқынып.
– Өй, әкеңнің ауызын… Мен сенің әкеңді өлтіріп пе едім?!– деп. Содан мелиса екеуі шарт та-шұрт алысты да кетті. Осы кезде есікке қарай екінші қонақ ұмтылған. Мен оған бас салдым, сыртынан шап беріп. Содан, әкең – сыртта, мен – іште, арсы-гүрсі жағаласып кеттік. Бір кезде мылтық шаңқ етті. Іле әкең мелисаны «гүрс» еткізіп құлатты есік алдына.
– Балдан! Балдан!! – деп, жанұшырдым. Көрші тұратын Балдан әжең ұшып жетті, ол кезде жас.
– Жіпті әкел!! Байла!! – дедім. Балдан бірден іске кірісті. Сөйткенше, Шындар әжең де жетті. Ол да жас.
– Жабыс аяғына!! – дедім. Шындар келіп менің шеңгелімнен босай алмай жүрген жас жігіттің аяғына жармасты. Бұ кезде Балдан етпеттеп жатқан мелисаның аяқ-қолын шандуға кіріскен. Шындар екеуміз екеулеп жүріп мелисаның жолдасын құлаттық. Аяқ-қолын байлап жатырмыз. Ашық есіктен көзім түсті, Абаттың бет-ауызы даладай қан. Мұрны бұзылған. Соң білдім, алысып жүргенде мелиса оның мұрнын қыршып тістеп алыпты. Ал, әлгі атқан оғы әкеңнің ішін жалап өтіпті. Ұрыста тұрыс жоқ. Жабылып жүріп, ақыры, мелисаны да, жолдасын да домалантып байлап тастадық. Айқай-шуға ауыл адамдары жиылып қалды. Сұпы қайнағаны Абат: «Мелиса шақыр!» деп, қалаға жүгіртті. Ол кезде сұпы қайнаға жас. Делеңдей жөнеді, әудем жердегі қалаға. Шешеміздің «сұпы қайнаға» деп отырғаны – атамыз Абылай. Әкемнің жалғыз ағасы.
– Енді… мен құрыдым!! – деді, біркезде байлаулы жатқан, көзі жұмулы мелиса жерді маңдайымен ұрғылап.
Есік алдында байлаулы жатқан мелисаны тамашалап балалар тұр. Ер кісілер болса жақындай беріп, байлаулы жатқан мелисаны көріп үркіп, серпіліп кеткен. «Пәлесінен аулақ!!» дегендей. Қайтсын, оларға да жан керек. Абат бір баланы жұмсап бұлтиған бөз қапшықты ауыл іргесіндегі каналға лақтыртты. Өзі қансырап босағада жатыр.
Сөйткенше, дүрр етіп мәшине де жетті, екі-үш мелисамен. Алдымен, байлаулы жатқандарды босатты.Тапаншаны алды.Содан соң:
– Ал, не болды?! – деп сұрады бізден. Біреуі жазып жатыр.
Біз шуылдап болған жәйді айттық. «Ауылдан жиналған ақша қалта­сын­да!» дедім мен. Басы салбырап кеткен «арыстыбай» мелисаның жан қалтасына қолды салып жіберіп, бір бума ақшаны суырып алдым. «Мына жұрттың ақшасы!!» деп. Жұрт шулап жатыр. «Рас!» «Жинап бергенбіз!!» деп. Мелисалар «арыстыбай» мелисаны да, Абатты да мәшинеге салып алып жүріп кетті. Абат ауруханаға түсті. Әпретсия жасапты мұрнына, оқ тиген ішіне. Сот Абатты ақтады, халықтан пара алған мелисаны айыптады. Сөйтсе, бұл парақор мелиса бұл ауданның мелисасы емес екен. Бұл ауданға көрші ауданнан «табыс» үшін келген екен. Сотта бұл мелисадан бізден де басқа зардап шеккендер табылып айыптап шықты. Сөйтіп, парақор мелиса сотталып кетті. Абат ақталды. Сондағы, Қарақалпақ сотының бізді ақтап шығарған үкімін ұмыта алмаймыз! Ондай жақсылықты қалай ұмытасың?! Әйтпесе, біз кімбіз, бір босып келген ауылмыз, сайда саны, құмда ізі жоқ! – дейді шешеміз тебіреніп. Біз оның ауызына қарап қалыппыз. Қоңыр дауысты, ер пішінді шешеміз, әңгімесін одан әрі жалғай түсіп. – Мінеки, Сары, /мені «Сары» дейтін/ сол төбелес болғанда сен менің бойымда едің. Әйтуір, түсіп қалмағаныңа шүкір! Мен сені айым-күнім толып көктемде босандым ғой, әлгі, қатын-қыздар мерекесінің ертесіне.
– Сосын? Сосын? – дейміз, жамырап.
– Сосын біз… Сен туғасын көп ұзамай көштік кеттік, Маңғыт маңынан. Қалаш деген жерге. Өкімет адамдары келіп мазалай бергесін, ауыл адамдарын тізімге алып. Бір түнде көштік те кеттік. Елсіз құмға қарай. Айтпақшы, Сары, сен сол Маңғыт маңында келдің дүниеге. Кіндігіңді Шындар әжең кескен. Сен туғанда, бір жәйт болды. Әлікүнге ойланам, о не болды екен деп. Түннің бір уағы-тын. Сені жылағанға оянсам, үйдің іші жап-жарық. Бірақ, тез өшті. «Бұ не болды екен?!» деп, сыртқа шықсам, тыс тастай қараңғы. Тып-тыныш. Аспан таза, бұлт жоқ. «Сонда әлгі жарық, ненің жарығы болды екен?!» деп, әлікүнге таң қаламын.
– Ағып өткен… жұлдыз шығар!! – дейміз.
«Қара кемпір» оған қанағаттанбайды.
Біз оның әңгімесін ары қарай тыңдай бергіміз келеді. «Қара кемпір» соны сезеді. Әңгімесін жалғай түседі.
– Сен Сары… айтпақшы… сол көшіп бара жатқанымызда… түйеденде түсіп қалғансың!!! – дейді, күлімсіреп. Біз,балалар, елең ете қаламыз.
– «Түйеден түскені несі»?!
– Балдан әжең, ол кезде жас, көш соңында келатқан… Қараса…жолда бір нәрестенің екі аяғы шошайып құмнан шығып тұр дейді… Суырып алады. Айқай салады. Бұрылсам… Балдан жүгіріп келеді… қолында – қызылшақа нәресте. Сөйтсем, жүк арасында ұйықтап жатқан сен…құндағың шешіліп…сыпырылып түсіп қалыпсың… түйеден. Құдайдың сақтағаны да, әйтпесе, құмға емес, тақырға түссең не болар еді, басыңмен?!…– дейді, шешеміз күліп.
Шешеміздің әңгімесі бойынша, сөйтіп, біз өмірге келмей жатып, екі рет өлімнен қалыппыз. Бұл нені көрсетеді? Бұл, баланы аман-есен өсіру дегеннің қаншалықты қиын екенін көрсетеді.

АЛҒАШҚЫ ҰЯТ

Шыр етіп өмірге келген сәбидің есі қай жаста кіреді?
Оны әркім әртүрлі айтады. Ал, менің есім 3-4 жаста кіре бастаса керек. Бұл 1951-ші жыл болар. Осы жылдан бастап көргендерім еміс-еміс есте қалыпты. Жаз болатын. Ауыл-үй құм арасында отыр.Таң алды оянып кетсем, ішкиімімде ылғал бар. Шошып кеттім. Енді кәйттім?! Бұнымды жұрт біліп қойса, қас масқара болдым емес пе?! Әзірше үйдегілер қаннен-қаперсіз ұйықтап жатыр. Мен ояумын. «Ендеше не жатыс? Тұр!» деді, бір ойым. Аяқ ұшымен ақырын басып сыртқа шықтым.Таң қараңғысы қою. Шығыс жақ өркеш құмдардың аржағында аспан бозара бастаған. Анадай жерде теңкиіп-теңкиіп түйелер жатыр, күйіс қайырып. Құм үстінде керіліп иттер жатыр. Құм арасында қарауытып отырған бір шоғыр ауыл. Мүлгіген қараша үйлер. Бәрі ұйқыда. Жалғыз ояу мен ғана, шерменде боп селтиіп тұрмын. Үй іргесінде кішкентай құмсақ қырқа бар еді, соған шығып келемін. Жалаңаяқ, жалаңбас, үстімде жейдем. Ішкиімім тезірек кепсе екен деймін. Сол үшін құмтөбе үстінде арлы-бері теңселіп жүрмін. Сусыма құм табанға майдай тиеді. Жалғыздан-жалғыз таң атқанша жүрдім. Абырой болғанда, менің сол түңгі ұятымды ешкім білмей қалды. Байқаса, жерге кіріп кететін түрім бар. Ол кезде жасым төрттің шамасы. Бұл неде болса балалық шақтан қалған бірінші естелік. Есте қалғаны ұят деген сезімге алғаш күюден шығар деймін. Содан, бүгінде, таң қаламын. Сол бір жапырақ бала «ұят» дегенді қайдан біледі екен деп!? Әлде, Аллатағала адамды жаратқанда осы сезімді онымен бірге қоса жаратты ма екен?! Адам мен малды ажырату үшін.

АЛҒАШҚЫ ҮРЕЙ

Анау-мынау емес 5 жастамын. Демек,бұл 1952 жылболса керек. Зыр жүгіремін. Өзіммен тетелес ағам Құбығұл 8 жаста. Ол маған қарағанда ересек есепті. Ересек дейтінім, үйдің оншақты ешкісін бағады. Бірақ, мені баласынып өзімен бірге өріске алып кетпейді. Бұнысына мен өкпелімін. Өйткені, мен де ол сияқты ешкі бағып, жұрт көзінде ересек көрінгім келеді. Ешкі бағатын Құбығұл үйде ерекше маңызды, құрметті. Шешеміз дастархандағы дәмдіні соның алдына ысырады. Ал, біз сияқты үйкүшіктерге ондай құрмет-қошемет жоқ. Сондықтан, мен де ешкі бағып абыройға ие болғым келеді. Бірақ, менің бұл арманымды елеп-ескеріп жатқан жан жоқ. «Өріске барамын!» десем, өре тұрегеледі бәрі, қарсы шығып. Мен де оларға іштей қарсымын. Мен, олар ойлағандай қолынан түк келмейтін боқмұрын емеспін. Іштей кіжініп « Мен сендерге өзімнің кім екенімді көрсетемін!» деймін. Сөйтіп, жүргенде біркүні Құбығұл ағам тағы да мені үйге тастап өріске кетті, ешкі бағып. Мен ызадан үйге әрең сыйдым, түске шейін. Түс бола бергенде зып беріп тайып тұрдым, үйден шығып. Бұта-бұтаны тасалап өрісті бетке ала жөнедім. Құбекең көрінеді, сонау алыс белесте жүрген. Бірақ, екіара соншалықты жақын емес. Өріске жеткенше арада Мажан ауылы дейтін көрші ауыл бар. Соны айналып өту керек. Мажан ауылының тайыншадай-тайыншадай төбеттерінен қорқам. Мен үшін бұ сапардың ең қиыны сол төбеттер Басқа қатер жоқ. Сол төбеттерге көрінбей өтсем болды, өріске жету түк емес.
Сонымен, бұта-бұта арасымен делеңдеп зытып келемін. Ешкі бағып жүрген Құбекеңе, қалайда, тезірек жету керек. Міне, қыр астындағы Мажан ауылының тұсына да жақындап қалдым. Жақындаған сайын қыр астындағы иттердің үргені естіле бастады. Көз алдыма андыздап келе жатқан тайыншадай төбеттер елестеп, бойыма үрей шапты. Кәпірлердің арсылдағаны қандай жаман! Жүрегім тарсылдап барады. Оларға көрінбейін деп сайды құлдап жүгіремін. Бірақ, сәл іркілсем болды, иттердің арсылы анық естіледі. Бұлар мені көріп келе жатқан сияқты. Әйтпесе неге үреді, өшігіп? Түп қарағанның тасасына тығылып тың-тыңдадым. Апыр-ай, арсылдағандары неткен жаман! Арсиған азу тістерін көріп тұрғандаймын. Кәпірлер қорғансыз баланы талауға асығып андыздап келе жатыр емес пе?! Зәрем зәр түбіне кетті. Өңшең тайыншадай төбеттер маған қарай атой салып келе жатқандай. Енді қайттым, ойбай?! Енді қайда тығылам?! Бас сауғалар пана жоқ, төңіректе. Ал, ана арсылдаған арландар әне-міне жетіп келетіндей. Енді, кім қорғайды мені? Құбығұл алыста. Ит біреу болса бірсәрі. Бұтаны алып жасқауға болар еді. Ал, мына анталаған көп төбетке қалай қарсы тұра аласың??! Бұтыңды – бұт, қолыңды – қол қылмай ма, кәзір!! Неде болса, қараған бұта түбіне қойып кеттім. Апыл-ғұпыл бой тасаладым. Жүрек пақыр атқақтап барады. Құлақ – сыртта. Иттер арпылдаған тұста. Бірде бақсам, иттер өзді-өзі қырылысып жатқандай. Қыңсылағандары естілді. Мен тырп етпей жатырмын. Ия, иттер, шынында да мені ұмытып, бірін-бірі кергілеуге кірісіп кеткендей. Мен бұта түбінде қалш-қалш етіп отырмын. Иттер біркезде бірін-бірі қуалап ұзай берген сияқты. Үндері алыстап барады. Маңдайымнан суық терім бұрқ етті. Жеңіммен сүрткілеймін. Жүрегім орнына енді-енді түсе бастады. Шауқымдасқан иттердің үндері ұзап барады.Тізем дірілдеп, ақыры, орнымнан түрегелдім. Басымды қылтитып жан-жағыма қарадым. Қауіп-қатер байқалмайды. Енді, ешкі жайылған өріске қарай өкшені көтердім.
Құбекең мал шетінде қаннен-қаперсіз дем алып жатыр екен. Бұта арасынан сопаң етіп шыға келген мені көргенде шошып кетті. Мен оған әлгі иттен қорыққанымды, әрине, айтпадым. Күлетін шығар деп. Қорқақты балалар: «Қорқақ, қораға тышқақ» деп, мазақтайтынын білем.
Кешке оншақты ешкімізді айдап ауылға қайттық. Шешеміз мені шарқ ұрып ауыл маңынан іздепті. Бірақ, мал соңында аман-есен келе жатқанымды көріп ашуын басты. Ұрыспады.
Сол күні мен де мал бағып келген маңызды кісі болып Құбекеңнің жанында отырып рахаттанып шай іштім. Үйдегілерге мен де қолымнан іс келетін жан екенімді делелдедім. Ал, манағы иттей болып иттен қорыққанымды, әрине, олар білмейді.

АҢШЫ БАЛА

Көшіп-қонып жүргенде балалардың оқу-тоқусыз қалғаны әке-шешеміздің қабырғасына батса керек. Шәудірбай оқусыз қалды. Енді тоғызға толған Жақсығұлды әке-шешеміз қиқаңдағанына қарамастан желкелеп отырып жер түбіндегі Шоманайға апарып тастады. Төлеубай деген нағашымыздың үйіне. Дала баласы Жақсығұл қалалы жерге үйрене алмай қиналды. Үйді сағынғанда тұт ағашының басына шығып алып отырады екен, көз жасы мөлтеңдеп, алыс көкжиекке қарап, ауыл-үй көріне ме деп.
Ауыл Парап деген жерде, «Қарақұдық» басында. Майдың соңғы күндері. Кешкі мезгіл. Теріскей тұста 5-6 шақырым жерде «Қожадәулет» деген станса бар. Сол тұстан қылтиып бір бала келе жатыр. «Жақсығұл!» деп шу ете қалдық. Оқудан келе жатқан Жақсығұлдың алдынан шуылдап жүгірдік. Құшақтап жатырмыз. Ол да сағынып қалыпты. Бірінші айтқаны; «Енді оқуға өлсем де бармаймын!» болды. Шешеміз дастархан жайды, ауыл-үйді шақырып. Сөйтсе, Жақсығұл бір қыста екі класты аяқтап, үшінші класқа «беспен» өткен екен. Оқуда жергілікті балалардан озып кетіпті. Әке-шешеміз соған мәз. Қалай қуанбасын, үшінші класқа өткен Жақсығұл біздің тұқымнан шыққан тұңғыш «оқымысты» болды.
Жұртқа сонау жер түбіндегі Шоманайдан мына баланың ауылды қалай тауып келгені қызық. Соны сұрады. Сөйтсе, Жақсығұл Шоманайдан бір таныс баламен Шаржауға дейін жөл-жөнекей «полуторкамен» жетеді. Танысы оны Шаржаудың ортасында тастап кетеді. Сөйтіп, бала Жақсығұл жат қалада жалғыз қалады. Стансаға қалай баруды білмей тұрса бір иманды мелиса кездесіп, бұны қолынан жетектеп апарып пойызға салып жібереді. «Қожадәулет» стансасына жақындай бергенде Жақсығұл пойыздан құм үстіне секіреді. Ауылдың қай тұста екенін біледі. Шағыл-шағылдың арасымен тартып отырады. Жол-жөнекей бір түйенің ізін көреді. Қараса, таныс із! Біздің ақсақ түйенің ізі! Сол із оны ақыры ауылға алып келеді.
Біздің Жетер деген тазымыз болды. Жетер десе жетер еді. Жақсығұл ауылға келгесін сол Жетермен аң аулауға шықты. Алғаш аңға шыққан күні-ақ тушадай бір семіз қоян алып келді. Сондағы қуанғаныызды көрсең! Құнжыңдап қоян сорпасын ішіп шала байыдық. Бір күні Жақсығұл таңнан тұрып тазысын ертіп тағы кетті аңға. Сол күні түс қайта салақтатып тағы бір олжа әкелді. Алдынан жүгіріп шықсақ, көтеріп келе жатқаны киіктің лағы екен. Біздің үйден Жақсығұлға дейін аңшы шықпаған ғой. Оның киік әкелгені кіші-ғырым той болды. Әке-шешеміз қазан көтеріп асқа ауыл-үйді шақырды. Сұпы атамыз бата берді. Жұрт жырғап қалды, киіктің жас сорпасын ішіп. Жастығына қарамастан, Жақсығұл ағамыз, сөйтіп, «аңшы бала» атанды. Жанына көмекші етіп өзіне тетелес Мақтымқұлды ертіп алады. Бұл аймақта ауылдан сәл шықсаң өріп жүрген киік. Жетердің арқасында Жәкең аңнан құрқол қайтпайды. Жалғыз біздің үйді ғана емес, бүкіл ауылды қарық қылды. Жәкең, сөйтіп, аңшы болды. Оқуды ұмытты. «Оқуға бар» деп, енді оны әке-шешеміз де мазаламады.

АЛҒАШҚЫ ТОЙ

Мінгеніміз түйе, біркүні апам екеуміз ауылдан ұзап алыс сапарға шыктық. Иен дала. Түйе байпаң-байпаң басады. Біресе бархан құм, біресе жазық даламен келеміз. Түйе үстіндегі мен, бейне бір дүниенің төбесінде келе жатқандаймын. Далиған көкжиек. Қайда қарасам да ұшы-қиыры жоқ. Мен үшін бәрі қызық. Жолға шыққанымыздың өзі қызық. Апамның арқасына жабысып алғанмын. Апам әндетіп қояды. «Әйтшу, әйтшу қара нар! Әжекем үйіне тура бар!» деп.
Біркезде, әйтеуір, бір шоғыр шағын ауылға жеттік, жазықтау дөң үстінде отырған. Еңселі бір үйге кірдік. Соң білдім, бұл үй – болашақ жеңешеміз Қалипаның үйі екен. Шешеміз Ханбибі бұл сапарда біздің үлкеніміз Шәудірбайға қыз айттыра шыққан екен. Үй иесі – Рабиға құдағи. Үлкен көзді, жаулығы кекірейген ажарлы кісі. Болашақ жеңгеміз Қалипа да кірпігі сабаудай, үлкен көзді ажарлы бойжеткен. Бұлар – шеркештер. Біз – табынбыз. Осы ауыл балаларынан мен тұңғыш рет «мектеп» деген сөзді естідім. Жақын елді мекеннен біреу келіп «балаларды мектепке беру керек» деп, кетіпті. Балалар соны айтып дуылдап жүр екен.
Көп ұзамай біздің ауылда той болды. Алдымен біз балалар шуылдап жүгіріп келіншек әкеле жатқан Шәудірбай ағамыздың алдынан шықтық. Ол кезде 17-18 шамасындағы ағамыз Шәудірбай ақ есектің белінде келеді. Әйелдер дуылдасып шашу шашып жатыр. Біз балалар шашу теріп жатырмыз. Осыдан басқасы есімде жоқ. Есімде ешнәрсе қалмағанына қарағанда, бұл тойдың, «той» деген тек аты ғана болса керек.
Біз, соғыстан кейін туғандар, жоқшылық дегенді көзбен көріп өстік. Бірақ, оның байыбына бара алмадық.
Бірде, Мажан ауылында бір үйге бас сұғып кедейлік дегеннің не екенін көзбен көргенім есте қалыпты. Балалардың әдеті емес пе, бейтаныс бір ауылға барса, үйлі-үйді адақтап сұғанақтанып жүретін. Сол әдетпен, мен де, ауыл шетінде оқшау тұрған бір үйге бас сұғыппын. Соң білдім, бұл үй бір кемпірдің үйі екен, отырып қалған екі қызы бар. Аты-жөні есімде жоқ. Тек көргенім есте. Кіргенім үй деген аты болмаса, күйкентайдың ұясындай ескі лашық. Үй ішінде ұсқынсыз, алба-жұлба киінген екі әйел көзіме түсті. Ескі жаулықты мосқалдауы шетте жүн түтіп отыр. Маған үнсіз салқын қарады. «Сені кім шақырды?!» дегендей. Мен ертегідегі мыстанды көргендей шошып, есік алдында үрпиіп тұрмын. Екіншісі жастау сияқты, үстінде қырық өрім көйлек, үй ішінде көлеңкедей қозғалады. Мені көріп ол да тоқтай қалды, жат суық қарап. Мен жалт беріп шыға қашудың ретін таппай, есік алдында тұрмын. Екі әйелде үн жоқ. Түстері суық. Маған не «келдің», не «кеттің» демейді. Соған қарағанда, бұл үй адам бас сұқпайтын қуыс болса керек. Соң есіттім. Үшіншісі түйе бағып кетіпті. Ол да кәріқыз дейді, отырып қалған. Ең қызығы, осы үш әйелдің бір қора түйесі бар екен. Және бұлар сол түйе соңында күндіз-түн салпақтап жүреді екен. Малды сатып, пайдалану дегенді білмейді екен. Сондай, дүмбілез тірлік нышаны мына жыртық-тесік лашық ішінен де көзге ұрып тұр. Іліп аларлық бұйым жоқ. Болса, тозығы жеткен кәкір-шүкірлер. Көрпе-төсек, ыдыс-аяқ дегендер ескі, лас, кір. Үйдің уық, шаңырақ, кереге дегендері ілініп-салынып әрең тұр. Мен, сөйтіп, бұл қуысқа қалай кірсем, солай шегіншектеп шығып кеттім.
Бала күнімде осы көргенім естен кетпейді. Бірақ, ол кезде біз бала болғандықтан, бұбайғұстардың бұндай күйге қалай түскенін, неге түскенін түсіне алмадық. Оны бертін келе білдік. Бала кезімізде сол көргеніміз, кешегі күллі қазаққа қоңыз тергізген ашаршылықтың елдің ішінде сайрап жатқаніздері екен. Сол зұлматты көріп есі ауған жандардың, әлі есеңгіреп жүрген кездері екен. Не өлі емес, не тірі емес күйде.
Ел басына түскен сол сұрапыл нәубет салдары өз үй, ошақ басымыздан да байқалатын. Үлкеніміз Шәудірбай ағамыз үйтіп-бүйтіп үйленді дедік.Үйленген ұлын қазақ, әдетте, отау тігіп, бөлек шығарады. Ал, біздің әке-шешеміз өйте алмады. Шәудірбай ағамыз үйленсе де бізбен бірге бір шаңырақ астында тұра берді.Үй ішіндегі жалғыз жаңалық; оң жақта бір шымылдық керілді. Жас жұбайлар түнде сол шымылдықтың ары жағында жатады. Ал, біз; Жақсығұл, Мақтымқұл, Құбығұл және мен, өңшең ұлдар болып төрде жатамыз, бір көрпе астында. Әке-шешеміз, сол жақта жатады, қасына кішкентай қарындасымыз Қарагөзді алып.Үй – бес қанатты. Ішінде назар іркілер нәрсе жоқ, жүк астындағы ақ киізбен қапталған жалғыз темір сандық болмаса. Сосын апамның «Зингер» атты тігін мәшинесі болмаса. Апам біз киетін киімнің бәрін осы мәшинемен тігеді. Еңбектеп жүрген мен, біркүні, іс тігіп отырған шешемнің сол тігін мәшинесіне саусағымды тығып алсам керек. Ине сол жақ қолымның бас бармағына кіріпті. Сол ине ізі саусақ ұшында әлі тұр, балалақ шақтан естелік болып.
Біркүні біздің үйде бір оқиға болды. Күндіз үй оңашада Қалипа жеңешеммен Мақпал жеңешем / Аталас ағамыз Нұртілеудің келіншегі/ екеуінің басы қосылып шүнкілдесе қалады. Әңгіме қыза келе екеуі ауыздарының суы құрып көрші ауылдағы Мажанның үйін мақтауға кіріседі. Осы сәт, көрші үйлердің бірінен қонақтан қайтқан шешеміз екі жас келіннің әңгімесін естіп, бұлар не айтып отыр екен деп, сырттан тың-тыңдайды. Сөйтсе, екі жас келін, өй, ауыздарының суы құрып, Мажанның үйі мен байлығын жарыса мақтап отырса керек. «Мына қаншықтардың сөздерінің түрін қарашы!» деп,«Қара кемпір» ашуға мінеді. Қолына ілінген бір шыбықты алады да, үйге сарт ұрып кіріп келеді. Екі жас келінді ошақты айналдыра жүріп қуып сабайды. «Мә, қу тоқалдар! Мә, сендерге Мажанның үйі!!!» деп.
Қайран жеңгелерім, сөйтіп, «сол оқиғадан өмірлік сабақ алдық» деп отыратын. Ендігі жерде «бір елі ауызға, екі елі қақпақ қоюды үйрендік» деп, отыратын. Қалған ғұмырларында олар «Қара кемпірдің» сыйлас, сырлас келіндері болып өтті өмірден.

ҚОРҚЫНЫШТЫ ТҮН

Біздің ауыл 1952 жылы ортасында Әмударияның бері жағындағы Бұрдалық деген шөлді мекенде көшіп-қонып жүрді. Бұл аймақтың теріскейі – Өзбекстан, түстігі – Түрікменстан, батысы – Қарақалпақстан. 1952 жылдың күзінде біздің ауыл Бұрдалықтан Әмударияның Түрікменстан жағына өтті. Қалай өтті дейсіз ғой! Алдымен, бүкіл ауылдың жүгін үлкендер бір «баржа» атты кемеге тиеді. Ауылдың шал-шауқан, қатын-қалаш, бала-шағасы да сол кемеге мінді. Кешке қарай дарияның ары жағына өттік. Жүктерді, адамдарды жағалаудың шағын жасыл алаңына түсірді. Елсіз жасыл жағалау үсті бейне пері қонғандай алажабыр. Қатын-қалаш от жағып, шай қайнатып, қазан көтеріп жатыр. Бұл өзі Керкі деген қаланың батыс тұсы екен. Оны соң бідім.
Ауылдың бас көтерген ер-азаматтары әлгі дәу кемемен кейін қайтып кетті, «кемеге тиеп жұртта қалған малдарды әкелеміз» деп. Әкеміз Абат, ағаларымыз Шәудірбай, Жақсығұлдар да бірге кетті. Олармен бірге бүкіл ауыл азаматтары кетті. Біз, балалар, шешеміздің жанында қалдық. Қараңғы түскенше екі көзіміз төрт болып әкеміз бен ағаларымыздың жолын тостық. Әмудария – ені жалпақ жойқын су. Сұсты. Лайытып жал-жал толқынданып ағып жатады. Қараңғы түскенше кеме келмеді. Түн бола ши бастары шуылдап, жел тұрып, ауа райы бұзыла бастады, дауылдатып, жаңбырлатып. Кемпір-шал, қатын-қалаш сарнап қоя берді. Үлкендердің айтуынша кеменің жолында суасты екі жартас бар-мыс. Кеме солардың тар қылтадан өтеді-мыс. Мына дауылда кеме сол қылтада жүрісінен сәл ауытқыды екен, суастыжартасқа соғылып, тас-талқан болады-мыс. Оны естіген біз, балалар, қараңғы түнде тасқа соғылып қираған кемені елестетіп, бебеулейміз. Бір-бірімізге тығылып, жаңбыр астында дір-дір етеміз. Осынау түн, біздің балалық шағымыздағы ең қорқынышты түн болды. Аспан асты алай-түлей. Аласапыран. Ышқынған дауыл, өкірген өзен, аспанда астан-кестен бұлт. Үлкендер; «Аспапыралла!!! МынауАқырзаманның белгісі ғой!!» деп, күңіренеді. Ешкім көз ілмеді, сол түні. Жұрт таң атқанша «Алла-лаумен!!» болды. Дауылды жаңбыр таң атқасын ғана басылды.
Күн де сығалады, шығыс тұста қарауытып аспанмен таласқан биік тау Памирдің иығынан.
Дарияның төменгі жағынан шыңғырып қойып біз күткен кеме де көрінді. Мал-жандары сау, дінаман келе жатқан әке, ағаларымызды көріп біз, балалар, мәз болып көгал үстінде секіріп жүрміз. Олардың кешіккен себептері: кемені түндегі аласапыран дауыл ықтырып төмен қарай алып кеткен екен.

АЛҒАШҚЫ ФОТО

Біздің үй сол жылы қысты Әмударияның түстік жағалуынан онша алыс емес Қарақұм етегінде өткізді. Біздің үй колхоздың бір отар ешкісін алды. Колхозға кірді. Паспорт алды. 8– ге толған Құбығұлды осы обадағы мектепке берді. Сол қысқа дейін әкеміз қазған «Абат» құдығы басында отырып, қыс түсе түстікке қарай Қарақұм арасына тереңдей көштік. Көш қозғалар алдында мен шешемнің қасында түйе үстінде отырғам. Төменде тұрған әкем маған қолын созды. Мен де қолымды ұсындым. «Өй, тоңып қалыпсың ғой!» деп, әкем менің қолымды алақанында ұстап тұрды. Менің қолым мұздай, оның алақаны қыз-қайнайды. Сол есімде қалыпты. Сондағы әке алақанының ыстығы есімде қалыпты.
Ендігі қонысымыз «Сарышейт» деген құдық басы болды. Биік құмдар арасындағы терең ойпат. Сол құдық басында қалқиып бір жалғыз ағаш өскен. Біз, балалар, сол ағаштың бұтағына шығып отырғанды ұнатамыз. Біз үшін бұл бір дүниенің қызығы.
Содан кейін біздің үй тағы да түстікке қарай жылжып Қарақұм каналының жағасына жетіп қонды. Біздер үшін, балалар үшін, бұл бір қызықты күндер болды. Есік алды анадай жерде айдын көл. Қоға, қамыс, жыңғыл, шырмауығы тұнып тұрған көл. Біз судан шықпаймыз. Қарақұм каналының ескі аты – Ұзбой екен. Құм арасын қуалап батысқа қарай аққан ескі өзен арнасы. Кей жерлерінде су жайылып көлдер пайда болады екен. Сондай бір көлдің жағасында отырмыз. Осы көлдің шығыс тұсында «Земнесос» деген кеме ескі өзен арнасын тереңдетіп, табанын аршып жатыр.Үстінде бірнеше кабина. Біржағында сорайған трубадан ылғи «тырқ-тырқ» топырақ атқылап тұрады.
Біркүні жағалауда ешкі бағып жүрген Құбығұл ағам екеуміз сол «Земнесосқа» қарап ауызымыз ашылып тұрып қалыппыз. Бізді байқаған бір орыс жігіті кабинасынан шықты. Қолында бір біз көрмеген нәрсесі бар. «Қару ма?» деп үрке бастадық. Бірақ, әлгі жігіт бізге қарай ыржиып күліп жақындай берді. Біз тұра қашуға әзір тұрмыз. Орыс «қорықпаңдар!» дегендей күледі. Ол бізді қатар тұрғызып қойып, қолындағы нәрсесін бізге қарай туырлады. Біздің зереміз ұшты. «Ататын болды!» деп. Бірақ, күліп тұрған адамнан қашу ұят. Сөйткенше, орыстың қолындағы нәрсе «тырс» ете түсті.Біз селк ете түстік. Орыс мырс күлді. Бізге «Бара беріңдер!» деп, ымдап.
Екі-үш күн араға салып жағада мал соңында жүрсек «Земнесос» үстінде көрінген баяғы орыс бізді шақырады. Біз үргедектеп жақындадық. Бейтаныс орыс күліп, біздің қолымызға бір төрт бұрышты қағазды ұстатты. Қағаз сурет болып шықты. Таң қалғаннан ауызымыз ашылып қалған. Бейтаныс ағаға алғысымызды айтып бас шұлғыдық. Сөйтсек, орыс ағай бізді фотосуретке түсірген екен. Бұл біздің өміріміздегі тұңғыш фотосурет болып шықты. Ізгі жүректі бейтаныс ағай түсірген сол сурет қолымызда әлі бар.

БАЛАЛЫҚ ШАҚ БАЗАРЫ

Колхоздың ешкісін баққан жылдар біздің үй үшін берекелі жылдар болды. Жоспардан артық төл берсең, колхоз сол төлдің жартысын өзіңде қалдырады екен. Мал басы құралып, біздің үй ішер ас, киер киімге жари бастады. Әкеміз бізге көрші балықшы Алексейден бір қайық сатып алды. Қармақ алып берді. Бұ жақта жаз ұзақ. Жаздың шақырайған күні ұзақ. Ұзақты күн адам да, мал да тырп етпей көлеңкеде жатады. Бірақ, біз, Құбығұл екеуміз ұйықтауды білмейміз. Шыжғырған күн астында жүреміз қайықпен, балық аулап. Көл суы мөп-мөлдір. Жүзіп жүрген балықтарды қайық үстінен көріп отырамыз. Су астында сары алтын сазандар жүреді, жалт-жұлт етіп. Жайынауыз жылтыр қара лақалар жүреді. Оларды көріп отыру дүниенің қызығы. Қармағымызға жарты құлаш лақа ілінді, біркүні. Қуанып үйге жеткенше асықтық. Сарыжағал төбе үстінде үй тұр, есігі күн шығысқа қарап. Жалғыз үй. Біздің үй. Сыртынан шымыраулы ши тартқан. Жел келіп тұрсын деп. Үзігі күн қаққан ақшыл брезент. Біз үшін мына дүниеде осы бір боз үйден артық мекен жоқ. Алыстап кетсек жеткенше асығамыз.
Біз, балалар, сол күні үйге жартықұлаш лақаны салаңдатып алып келгенде үйдегілер өз көздеріне өздері сенбеді. Біз олжамызбен насаттанып тұрмыз. Шешеміз біз әкелген лақаны жуып-шәйіп, есік алдында ошақта тұрған қазанға салды. Біз үшін бұл күн бір кіші-ғырым той болды. Жеңгеміз Қалипа ақ ұннан қамыр жазды. Киіз үйдің іргесін түріп тастап шүпірлеп отырған біздің ортамызға біркезде былқып піскен балықтың еті келді, жайпақ табақпен. Сорпасы қандай. Шешеміз асқан сол балықтың дәмі әлікүнге таңдайымызда тұр. Өмір бойы дәмі таңдайымыздан кетпейтін тағы бір-екі ас болды. Соның бірі – түйенің сүтіне илеп табаға пісірген ақ таба нан. Ондай дәмді нанды біз қалған өмірімізде кездестіре алмадық. Екіншісі – түйе сүтінен біздің ауылдың әйелдері ұйытатын қатық. Өкінішке орай, осы екі дәм біздің балалық шағымызда қалып қойды.
Бүгінде, Алматыда отырып, сонау алыс балалық шақта қалған, сол сарыжағал сабанды дөң үстінде тұрған үйді сағынамыз. Сөйтсек, ата-анамыз қасымызда, сол үйде өткен күндеріміз өмірдегі бір ең бақытты күндер екен. Бүгінде есейдік. Ата болдық. Қалада тұрамыз. Бірақ, әлікүнге, алыс балалық шақта қалған сол бір дөң үстіндегі боз үй еске түскенде жүрек сыздайды. Қиялға берілеміз. «Тағдыр бізді, тағы да, бір сәтке болса да, сол бір алыс дөң үстінде қалған үйге апарып, сол шаңырақ астында үйелменімізбен қайта қауыштырар болса, бұ жалғанда, бұдан өткен бақыт болмас еді-ау!!!», деп армандаймыз.

СӘБИЛІКТІҢ СОҢЫ

Біркүні біздің үй Ұзбойдың түстік жағалауына өтіп каналдан көп ұзамай кең дала ортасында оқшау тұрған бір ақ шағылға қонды. Осы қоныста қарсы алған көктем есімізде қалыпты. Мал төлдеп жатыр. Көктем жаңбырлы.
Мақтымқұл аға екеуміз ешкі бағып өріске жиі шығамыз. Таңертең кетіп кешке келеміз. Түсте өрісте жүріп шешеміз жанқалтамызға тығып жіберген нанды талғажу етеміз. Қанша алыс кетсек те ақ шағыл арасында тұрған үйдің төбесі көрініп тұрады бізге. Жер от. Күн жылы. Жаңбырдан кейін көк дүркіреп көтерілген. Әсіресе, найқалып қалың өскен бидайық, раң белуардан келеді.
Өрісте жүрген менің бір көзім ақ шағыл арасында төбесі көрінген үйде. Үй төбесінен түтін қалықтайды. Ол деген сөз – шешеміз бір нәрсе пісіріп жатыр деген сөз. Мен апамды сағынамын. Әкемді емес, ағаларымды емес, неге екенін білмеймін, шешемді сағынамын. Сағынғанда көз жасым мөлтілдеп кетеді. Жүрегім сыздайды. Тезірек үйге қайтқым келеді. Апамды көріп мауқымды басқым келеді. Бірақ, «шешемді сағындым» деп малшы адам малды тастап кете алмайды ғой! Кете алмайды. Сондықтан, кештің түскенін күтесін. Бірақ, Күн де жылжымай тұрып алады, батуға асықпай.
Бұл кез – менің жасым алтыдан енді аса бастаған кез. Сәбилікпен қоштаса алмай жүрген кез. Апамды сағынуым содан екен. Бүгінде ойлап отырсақ, алты жасқа дейінгі бала үшін ананың орны бөлек екен. Алтыға толмаған бала үшін анадан артық жан болмайды екен. Сол көктем осынысымен есте қалыпты. Сөйтсек, бұл, сәбиліктің соңғы көктемі екен.

КӨРБАБАНЫҢ БАСЫНДА

Жазда тағы да қоныс аударып, Көрбабаның қалың жыңғылды алқабының құмсақ шетіне келіп қондық. Көрбабаның басында бізден де бұрын келіп қонған қазақ ауылдары бар екен. Біз соларға қосылдық.Соның бірі Ыбарай ауылы. Ыбырайдың Пірекеш, Өтеген деген ұлдары бар. Өтеген менімен құрдас. Сондықтан, мен Өтегенмен ойнау үшін Ыбырай ауылын жағалайамын. Ыбырай – ­бетінде қорасан дағы бар, толық денелі, паң, кербез кісі. Сәнді, таза киінеді. Үйі де өзге үйлерге қарағанда таза, мол мүлікті үй. Радио дегенді біз алғаш сол үйден көрдік. Ыбырай үйінің сыртында ұзын сырыққа байланған сым – антенна. Сымның бір ұшы жерге көмілген. Сол сым көмілген жерге Ыбырай ылғи әспеттеп су құяды. Біз балалар, келіндері «Би қайнаға» атайтын Ыбырайдан сескенеміз. Ол үйге сирек бас сұғамыз. Өйткені, ол үйдің ішкі сән-салтанаты біздің үйлерден бөлек. Үй ішінен де шіренген кербездік сезіледі. Ал, сандық үстінде тұрған радионың болса, тіптен, күтімі бөлек. Әдемі шілтермен жабылған. Радио тыныш тұрмайды, қайдағы бір әуендерді айтады. Ара-арасында адамша сөйлеп кетеді. Біз,бірақ, оған жақындамаймыз. Көбінесе сыртта жүреміз. Біркүні Ыбырайдың Өтегені бізді тағы таңқалдырды. Бұ жолы белсебетімен таңқалдырды. Өтегенге әкесі қаладан үш дөңгелекті кішкентай белсебет әкеліп беріпті. Біз үшін бұл кішкентай емес, үлкен жаңалық болды. Біз Өтегенннің бақытына қызығып та, қызғана да қараймыз. Үш дөңгелекті белсебеттің иесі Өтеген біз үшін үлкен бедел. Ол қомпиып белсебетке отырады, біз болсақ, шуылдап оны артынан итеріп жүргеніміз. Соған мәзбіз. Өстіп менің Өтегенге кіріптар болып жүргенімді әкем сезсе керек, маған Ақкүре алып берді. Есектің аппақ қодығы. Ақкүресі бар менің енді беделім өсті, балалар алдында. Енді балалар маған жалтақтайды. Ақкүреге міңгізер ме екен деп. Сөйтіп, жүргенде Өтегеннің ауылы Барыс деген құдық басына көшті. Барыс құдығы біздің түстік жағымызда жеті-сегіз шақырым жер. Тура сол күні менің Ақкүрем жоғалғаны. Таба алмай қалдым. Ақкүремнің жоғалғанын мен Өтегеннен көрдім. «Мені мұқату үшін әдейі алып кетті» деп. Түнімен Өтегенге ызаланып жөнді ұйықтай алмадым. Таңертең тұра сала, шайымды іше салып ешкімге айтпастан көшіп кеткен Өтеген ауылының ізімен тартып отырдым, жападан-жалғыз. Барысқа дейін сайрап жатқан жалғыз аяқ жол бар. Сол жолмен ызғып келем. Екі бел, бір ойпаң сордан өтіп Барысқа да жеттім талтүсте, алаөкпе боп. Барыс құдығы теп-тегіс үлкен ақ тақыр ойпаңда. Құдық ақ тақырдың теріскейінде, су тартатын шығыры қалқиып тұр. Төңірегінде мал-қара. Құдыққа жақын қонған 5-6 үй. Ыбырайдың ауылы. Сыртта селт еткен жан жоқ. Ми қайнаған мынандай ыстықта жұрт тырп етпей үйде жататын әдеті. Ит екеш иттерге шейін көлеңкеден шықпайды. Бұндай түсте сыртта тек біз сияқты қағынған балалар ғана жүреді. Сондай балалардың бірін кездестіріп Өтегенді үйінен шақыртып алдым. Өтеген көзі қысық, толықша келген қара бала. Келді. Ә дегеннен «Ақкүре қайда?» деп, дүрсе қоя бердім. Өтеген «Білмейім!» деп, шошып кетті. Оның шошыған түрін көріп кінәсі жоқ екенін білдім. Егер, кінәсін мойындағанда жағасынан ала кететін түрім бар. Абырой болғанда, ол кінәсіз болып шықты. Енді, мен ыңғайсыз күйге түстім. Ол туралы жаман ойлағаным үшін. Іштей өкіндім. Өтегеннің үйінен су алдырып ішіп, ашуымды басып, келген ізіммен ауылға қайттым. Сонда менің жасым жетінің о жақ, бұ жағында. Бүгінде ойлаймын, «жеті жасар баланы, сонда, жеті шақырымға жүгірткен бұ неғылған намыс?» деп. Сол қылығыма әлікүнге таңырқаймын. Ал, Ақкүре болса ауыл маңынан табылды. Соң білдім. Сондағы мен жүгіріп барған Барыс деген құдықтың ары жағында Ауғанстан небары он – ақ шақырымдай жер екен.
Көрбабаның басында жұрт ес жинай бастады. Ес жинай бастағаны сол, той көбейе бастады. Сондай бір той біздің ауылда өтті. Сағидолла інісі Жұбайды үйлендірді. Сол тойда әкеміз шекарашылардан сатып алған біздің Мишкамыз бәйгеден келді. Оны жаратып бәйгеге қосқан да, шабандоз болып атқа шапқан да Жақсығұлдың өзі. Әлі көз алдымда. Бір шоғыр қауым қырқа басында тұрмыз. Бәйгеге қосқан аттарды күтіп. Кенет, қалтарыстан шаң бұрқ етті. Шаң ішінен қалтарыстан жер тістеп шапқан жатаған бойлы торы бие суырылып шыға берді. «Мишка!»деп айқайлап жібердік. Делебеміз қозып. Үстінде – бала жігіт Жақсығұл. Жейдесінің етегі делеңдеп келеді. Әлікүнге көз алдымда. Торы бие Мишка еңсесін салып алда келеді. Жұрт дүрілдеп кетті. Бізде, тіптен, ес жоқ. Мишка бәйгеден келеді деп кім ойлаған?! Танау ұшынан тер тамшылап Мишка бәйгеден келді. Аты бәйгеден келген адамның арқасы қозып кетеді екен!! Сол күні біздің арқамыз қозып, төбеміз көкке екі елі жетпей қалды.
Ал, өзі жаратқан аты бәйгеден келген Жақсығұл болса сол тойдан кейін сейістікке біржола берілді.
Осы тойдан кейін бәйгеге ат қосу қазақ ауылдары арасында, шындап, бәсекеге айналды. Сол тойдан бастап тойбастар, беташар, палуан күрес тәрізді ойын-сауықтар да жандана бастады.
Осылайша, кешегі алағай да– былағай, аумалы-төкпелі заманда атажұрттан ауған ел, алыс Ауған шекерасына жетіп тоқтап, енді, ес жия бастаған еді.

БАРЫС БАСЫНДА

Біркүні шекараға жақындап Барыс деген құдықтың басына барып қондық. Құдық үлкен ақ сор тақырдың теріскей жағы, ойпаңда. Ал, біздің үй болса бұл ойпаң сордың түстігін орап жатқан көлденең жусанды дөң үстінде. Көп ұзамай ауылда белгісіз бір ауру пайда болып балалар шетіней бастады. Қызылша екен. Баланың алдымен ыстығы көтеріледі. Сандырақтайды. Үстіне қаптап қызыл бөртпектер шығады. Көпұзамай көз жұмады. Енді тілі шыға бастаған 3-4 жастағы қарындасымыз Айкенже осы індеттен кетті. Сүйкімді болатын. Патефоннан естіген әндерін айтып, селтеңдеп билеп жүретін. Сол қаршадай қарындасымыздан айрылып қалдық. Сүйегі батыс жақтағы Бабадаш атты зиратқа қойылды. Ойпаң сор жер болатын. Сол зиратты астынан ізей су шығып басып қалмады ма екен деген ой мазалайды, бүгінде. Қаршадай Айкенже! Сонау дүниенің бір бұрышында жер қойынында қалдың, сөйтіп! «Мені неге ешкім іздемейді?» деп, жалғызсырап жатсың-ау! Біз сені ұмытқан жоқпыз, қарғам! Сен біздің күн сайынғы дұғамыздасың! Алыста Ауған шекарасында қалдың! Бірақ, тірі жүрсек, сені іздеп бір барармыз, қарғам!
Айкенжені жерлеп болғаннан кейін көпұзамай мен де ауырдым. Үйдің қозы-лағын бағып кешкісін үйге келсем ыстығым көтеріле бастағаны. Алдыма қойған шайдан ұрттадым да отырған жерімде құладым. Күйіп-жанып естен тана бастадым. Ертесіне біздің үйге ақ халатты жандар келді. Ақ халатты дәрігер дегенді өмірімде бірінінші рет көруім. Сөйтсек, біздің құдықтың басына Ашхабаттан вертолет келіп қоныпты. Дәрігерлер келіпті. Сол күні кешке ауылға «Жедел жәрдем де» жетті. Ауырып жатқан мені апаммен бірге, «Жедел жәрдем» алып кетті, әлдеқайда. Түнделетіп ауылдың батыс тұсындағы 40 шақырым жердегі Қараметнияз деген поселкеге жеткізді. Қарақұм каналын салып жатқан орыстар салған поселок екен. Поселок шетінде тұрған бір үйдің бөлмесіне жатқызды, матрасқа. Бір бөлмеде – мен, шешем, Пердегүл атты қызымен Алуаш жеңешем төртеуміз орналастық. Ине тығып жатыр, дәрі беріп жатыр. Сыртқа шығармайды. Есік алдында тапжылмай тұрған медбике-күзет тұр. Тамақты ішке әкеледі. Осылайша, шалқалап, тұлабойымды түгел бөртпек басып мен 40 күн жаттым. Дені сау апам мен Алуаш жеңгем тар бөлмеде 40 күнге әрең шыдады. 40 күнде қызылшаның беті қайтты. Бірақ, жараның денемде ізі қалды.
Бүгінде ойлаймыз, сонда сол жұқпалы індет тараған айдаладағы ауылға Ашхабаттан дәрігерлер келмегенде «не болар едік?» деп. Онда, шетінеген балалардың соңынан біз де аттанады екенбіз. Абырой болғанда, құдық басында бұрқ еткен індет дақпырты сонау Ашхабатқа жетіп біз тағы біражалдан аман қалыппыз.

Осы Барыс басында біздің ауылда бұрын-соңды болмаған тағы бір оқиға болды. Ауылда алғашқы соқпа там салынды. Оны Сағидолланың інісі Жұбай салды. Жетім өскен Жұбай отырықшы түрікпендерге жалданып жүріп үй салуды үйреніпті. Соның арқасында айдалада алғашқы балшық үйді сол салды. Қайнаған ыстықта балшық үйдің іші қоңыр салқын болып тұрады. Осылайша, там салып отырықшылыққа көшкен Сағидолланың абыройы көтерілді. Бұны көрген біздің әкеміз де балшық үй салуға кірісті. Бірақ, біздің әкеміз балшық үйді Барыс басында емес, батыс тұстағы Көрпе деген құдық басында салды. Өйткені, өкімет осы құдық басында биыл біз сияқты оқусыз қалған балалар үшін мектеп қабырғасын көтере бастаған еді. Көрпе басында бұрыннан колхоздың қоймасы болған. Қойма басында жалғыз үй қарауыл отырған. Мектепті соның жанынан сала бастапты.

КӨРПЕ ДЕГЕН ҚҰДЫҚ БАСЫНДА

Көрпе – шөл дала ортасында жатқан ойпаң сор шетінен қазылған құдық. Басында су тартатын шығыры бар. Құдықтан тартқан суды құятын төрт бұрышты цемент ауданы бар, астауы бар. Осы төңіректің малы осы құдықтан су ішеді. Суы ащылау, адам ішпейді. Ауыз суды бұндағы ауыл 9 шақырымдай теріскейдегі Қарақұм каналынан тасиды.
Біздің үй көпұзамай сол Көрпе құдықтың басына келіп қонды. Қасымызда Абылай атамның үйі бар. Әкеміз Көрпе басына көшіп келгеннен кейін Сағидолланың үйі тәрізді там салуға кірісті. Бірақ, біздің әкеміз салған үй Сағидолланың тамындай еңселі болмады. Жатаған, қабырғасын сылаған үсті жабық кепе болып шықты. Бірақ, біздер үшін, өмірде ештеңе көрмеген балалар үшін, бұл да болса бір оқиға болды. Сөйтіп, біз төрт бұрышты еденіне шыпта төсеген там үйде тұра бастадық. Киіз үй Шәудірбай ағамыз бен Қалипа жеңешемізге тиді.
Менен 8 жас үлкен Мақтымқұл ағамызбен бірге қой бағып өріске жиі шығамыз. Өріс Ауған шекарасына жақын. Орта жолда бір түнеп ертесіне түске таман жететін жерде. Екеуміздің астымызда екі есек, қалқиып қой соңында кетіп бара жатамыз. Баққанымыз қара қойлар. Қой алдында қоңыраулы серке барады. Құдықта суға қанған қойлар серкеге еріп өрісті бетке алып саудырап тартады. Ізімізге ерген Қарауыз атты төбетіміз бар. Біркезде сол жақ көкжиектен Ай туады. Ай жарығымен қоңыраулы көк серкеге ерген отар сауырап тартады, түстікті бетке алып. Түн салқынымен жолды өндіріп алу керек екенін мал екеш мал да біледі. Әйтпесе, күн шыққасын ыстықта жүру қиын.
Мен түн жамылып есек арқасында қалғып келе жатамын. Ұйықтап кетіп жерге томп ете түскенім де бар, бірнеше рет. Бұндай түнделетіп өріске мал айдағанда маған қиын соғатыны осы ұйқы. Маған ұйқыны жеңу қиын. Басым салбырап төсіме түсіп кете береді. Сондай да: «Шіркін-ай, мына ердің алдында бір маңдай сүйеп отыратын бір текше болса ғой!» деп, армандаймын. Сонда, есек үстінде рахаттанып ұйықтап кете бермеспе едім?! Ақыры, таң қараңғысында отар да тоқтайды. Сол-ақ екен, есектен қоржынды сыпырып алып жерге құлай кетемін. Құлаған жерде ұйықтап қаламын. Мақтымқұл ағам менің үстімді қымтап жүреді. Қамқор. Бірақ, тілі жоқ. Шешеміз: «Нәресте күнінде жастыққа бетімен жатып қалып тұншығып, содан тілі шықпай қалған» дейді. Таң ата қой өреді. Ізінен біз де ереміз. Сәске түсте қой өріске жетіп тоқтайды. Мақтымқұл биіктеу шағыл басына шығады. Қоянсүйек көлеңкесіне жүкті түсіреді. Плащты жерге төсейді. Брезент қалтадағы судан құяды, шойын таңқа құманға. Мен отын теріп әкелемін. Мақтымқұл от тұтатып су толы таңқаны отқа қояды. Ол қайнағаннан кейін ішіне шай салады. Содан кейін екі қалайы кружкаға бұрқыратып шай құяды. Әрине, дастарханда нан да, қант та, үйден алып шыққан қуырдақ та бар. Екеуміз, сөйтіп, төбе басында отырып маңдайымыз шыпшып шай ішеміз. Төбе басынан қойға қарап қоямыз. Отар жерге тас кенедей жабысып жайылып жатады. Итіміздің алдына да көмеш нан тастаймыз, көңілін аулап. Жаз Күні шақырайып көтеріліп келеді. Бірақ, көлеңкеде отырған біз былқ етпейміз. Әбден терлеп, ыстық шайды үнсіз ұрттаймыз. Көз алдымызда кең шөлістан.
Кең шөлістан ортасында отырып Мақтымқұл ағамыз екеуміз ішкен сол шайдің дәмі ерекше. Ондай шай сирек.
Кешкі намаздігер-намазшам шамасында қойымыз ендеп жайылып әудемжердегі шекараға жетеді. Шекараның ары жағында қой жайып жүрген ауған шопандары көрінеді. Застава кең жазықта тұр. Биік вышка басында үнемі қарулы солдат тұрады. Шекара маңының оты мол. Осы өрісте бір күн түнеп ертесіне кешке қойды айдап ауылға қайтамыз. Шөлдеген қойлар құдықты бетке алып тағы да саудырап тартады. Көксерке алда бара жатады, жез қоңырауы сыңғыр-сыңғыр етіп. Сол жез қоңырау сыңғыры әлі құлағымда. Бір ғажайып әуен.

АЛҒАШҚЫ АЛАМАН

Осы жазда сұпы атам Абылайдың үлкен ұлы Сәттіғұл ағамыз үйленді. Қаншайым деген келіншек түсірді. Осы тойда тоғыз жастағы мен тұңғыш рет атқа шаптым. Өзіміздің Мишкаға мініп. Әлікүнге есімде тойхана жанындағы төбе үстінен аттарды қатар тұрғызып қойып біреу «Шүу!» деді, қолындағы орамалды бұлғап. Ауыздығымен алысып тұрған жарау аттар ытқи жөнеді. Менің астымдағы Мишка да ырғыды. Жер тітіреп дүрілдеп барамыз. Аттың екпінімен алдымыздан жел тұрды, көзден жас парлатып. 20-30 ат қатар ағып барады, селдей қаптап. Ат басын тарту мүмкін емес. Бізді қаңбақ құрлы көрмей, жойқын ағыс алып барады, дүсірлеп. Сатырлап. Есім шығып кеткен. Білгенім тақымды қысып, тізгінге тастай қатып, ат жалына жабыса қалыппын. Дүние дүсірлеп, дүние гүсірлеп, ат тұяғы астында шыр айналады. Ырық бермес асау ағыс. Аламанға алғаш кірген бала жаны астан-кестен. Ол сол сәтте өлгенін білмейді.Ол сезімді бастан кешкен біледі. Оны сөзбен жеткізу қиын. Бұл айлау жарыс болды. Бірнеше айлау артта қалды. Соңғы айлау. Соңғы айлауға өте бергенде қыр үстіндегі халық аспанды басына көтеріп айқай-сүрен салды. Содан, аттың да, адамның да делебесі қозып кетті. Дүниені дүрілдеткен айқайдың, әсіресе, атқа әсері сұрапыл. Қансорпа болып келе жатқан жануарлар айғай шыққанда делебесі қозып кетеді. Құлаштап, қанат байлап ұшуға бар. Мен мінген Мишканың бір қызық мінезі бар. Өзінен озуға беттеген аттарға құлақ жымып айбат шегетін. «Алдыма түспе!!!» дегендей. Жарықтық, сонда өзінің озғанын қалайды екен ғой!
Соңғы айлауда абырой болғанда біз алға шықтық. Қыр басындағы халық та ес жоқ. Айқай-шу аспан астына сыймай барады. Ал, біз алда келеміз. Мен аттың басын жібердім. Мишка барын салып келеді. Жер танабын қуырып. Мен тебініп келемін. Өйткені өкшелеп келе жатқандар бар. Кенет… Кенет не болғанын білмеймін, астымдағы Мишка омақаса құлап бара жатты. Мен де ұштым ат үстінен. Енді бірде қарасам, жерде жатырмын. Мишка бір аунап, тұрып жатыр. Байқағаным ат аяғын інге тығып алған екен. Дір-дір етеді жануар, жанары оттай жанып. Тұра тізгінге жармастым. Бірақ жұрт мәрені айналып кеткен еді. Еңбегі еш болған Мишканы аяп кеттім. Көзіне көзім түскенде… көз жасым ыршып кетті…
Әлдекімдер жүгіріп келеді… айқайлап. Аттар мәрені айналған. Мен үшін дүниенің ойраны шығып… өкініштен өртеніп барамын. Бұдан кейін де талай атқа шауып, талай бәйгеден келдім. Бірақ, осы алғашқы аламанда ат-матыммен құлағаным естен кетпейді.

СОПЫ АТАМ АБЫЛАЙ

Әкеміз Абаттың бір әке, бір шешеден туған жалғыз ағасы Абылайды келіндері «сұпы ата» дейтін. Атамыз «сұпы» десе сұпы еді. Мал жинамайтын. Қолына мал түссе Құдай жолына атай салатын. Әкеміз Абат 5 жаста, Абылай 8 жаста екеуі тұлдыр жетім қалады. Одан бұрын шешеден айырылған болатын. Марқұм Елубай өлерінен бұрын екінші рет үйленеді. Ол әйелі жамағайын Егізбай молдаға тиеді. Сөйтіп, Абылай, Абат екі жетім кішкентайынан ағайынның малын бағып кісі есігінде жүреді. Бұлардың Егізбайға тиген өгей шешесінің ішінде кеткен Елубайдың үшінші ұлы Көптілеу туады. 8 жасар жетім бала Абылай Хантөрткіл /бұл жер бүгінгі Байғанин ауданында/ басындағы зираттағы әкесі Елубайдың басына барып жылап-жылап қайтады екен. «Сұпы» деген атқа соғыс жылдарында ие болыпты. Манғыттағы военкомат 45-ке келген Абылайды қайта-қайта әскер қатарына шақыра береді, соғысқа аттандырмақ болып. Абылай қашқақтап жүріп ақыры, «қоймады ғой» деп, қаладағы военкоматқа өзі келеді, жаяу. Қалаға жақындай бергенде аспаннан ысылдап шүйліккен бір қырғи сарыала қаздың мойынын қиып Абылайдың алдына топ еткізеді. Абылай атамыз таң қалады. «Құдайдың бұл да бір несібесі шығар!» деп. Сарылақазды қолтықтап воекоматқа кіреді. Кірсе бір орыс военкомат отыр дейді стол басында. Абылай атам сарыала қазды сол орыстың алдына қояды. Военкомат мәз болып; «Соғысқа бармай-ақ қойыңыз!» деп, бір қағазға мөр басып береді. Сөйтіп, Абылай атамыз сарыала қаздың арқасында соғыстан аман қалады. Ағайын-жұрт бұл оқиғаны Құдайдың қарасқаны деп біледі. Абылай атам содан «сопы» атанады. Жаз болса апталап – айлап аяқ жетер жердегі әулиелерді аралап кететін. Бала-шағасын інісі Абатқа тапсырып кете беретін.

ҚАСҚЫР АПАНЫНА КІРГЕН КҮН

Алты жасар қарындасым Қарагөздің ақ лағын біркүні түнде қасқыр алып кетті. Таңертең Қарагөз «Ақ лағым!» деп, бақырып жылап тұр. Аңшы Жақсығұл ағам қасқырдан кек қайтаруға бел буды. Алдымен ауылды айналып із кесті. Содан кейін ат беліне қонды да мені артына отырғызды. «Осовиакум» атты жеңіл мылтығын қолға алды.
– Бұл Көкшолақтың апанын білемін, кеттік! – деді. Осылай біз түстік жақты бетке алып жүріп кеттік. Көп жүрдік. Ауған шекарасына жақындағанда алдымыздан бір шоқ шағыл көрінді. Түс болып қалған кез.
– Көкшолақтың апаны осы шағылда! – деді, Жақсығұл ағам, алда көрінген шағылды нұсқап. Аттан түсіп, аяғын тұсадық. Мылтықты қолға алып Жәкең бүкектеп алға түсті. Мен соңынан ердім. Құм шағыл бұталы. Сол бұталарды тасалап бүкеңдеп төбеге көтеріле бердік. Қырқа басына шыға Жәкең бұта тасалап еңбектеді. Мен де еңбектедім. Біркезде Жәкең құм бауырлап жата қалды. Мен де жер бауырлап жата қалдым. Жәкең әлденені байқаса керек. Қадалып кеп қарайды алға. Қасына еңбектеп барып ол қараған тұсқа мен де қарадым. Біз шыққан қырқаның құлар асты шағын сай екен. Сайдың арғы беті тік жар.Тік жардан қазылған апан көрінеді.
– Көрдің бе?– деп, сыбырлады Жәкең.
– Нені?
– Апандағы қасқырды!
Мен шұқшиып қараймын. Апанның ауызында бірнәрсе байқалады. Бірақ, оның не екенін ажырата алар емеспін. Жәкең мылтығының құлағын қайырды. Менің жүрегім дүрсілдеп кетті. Жәкең жатып алып апанды нысанаға алды. Біркезде басып қалды. Мылтық шаңқ етті. Жәкең басын көтерді. Мен де қарадым. Апаннан бір қасқыр атып шығып бұрыла қашты. Жәкең мылтығын қайта оқтаймын дегенше қасқыр көрінбей кетті.
– Кеттік! – деп, Жәкең апанға қарай тұра жүгірді. Мен де жүгірдім. Ойпаңға түсіп, жарлауытқа көтерілдік. Апанның ауызына келдік. Апанның алды шашылған тері-терсек. Жәкең апанның ауызына келіп ішіне үңілді.
– Оқ тиіпті! Жатыр! – деді. Мен түсінбедім. Жәкең тізерлей қалып апанның ішіне үңілді. Мен кейнірек тұрмын.
– Жатыр. Өлген. – деді Жәкең.– Бері кел! Қара!
Мен үрке басып жақындадым. Апанның ішіне үңілдім. Апанның ішінде шамамен бір кісі бойындай жерде ары қарап сұлаған көкбурыл қасқырдың бөксе тұсын, кұйрығын, аяғын көрдім.
– Өлген. – деді Жәкең. – Алып шығу керек! Мен сыймаймын.Сен кір! – деді.
Менің түсім бұзылып кетсе керек.
– Қорықпа! – деді, Жәкең. – Өлі қасқырдан қорқасың ба?
Мен тосылып тұрмын.
– Бол! – деді. Жәкең, бұйырып. – Қасқырдың аяғынан тарт, мен сені аяғыңнан тартам!!!
Мен апанға кіруге ыңғайландым. Қараңғы үңгірге еңбектеп бас сұқтым. Апан ішінің өзгеше иісін сездім. Жүрегім тарсылдап барады. Бірақ, сыр беруге болмайды. «Аңшының көмекшісі» деген атым бар. Мен неде болса апан ішіне еңбектеп тереңдей бердім. Көріп келемін. Ары қарай сұлап жатқан қасқырдың бөксе тұс, аяғын, құйрығын көріп келем. Жақындадым. Артқы аяғына қол создым. Қолым аяғына тиген кезде денем түршікті. Бірақ, ұстаған жерімнен айрылмадым. Қасқырдың аяғы жып-жылы екен.
– Тарт! – дедім. Жәкең аяғымнан тартты. Мен қасқырдың аяғынан тарттым. Қасқырмен мені Жәкең апаннан суырып алды. Керіскідей қасқыр. Оқ өкпе тұсынан тиіпті. Сол жерінен қан аққан.
– Соның өзі! – деді Жәкең, қасқырдың артқы башайын ұстап ашып қарап.– Көкшолақтың өзі!
Есеңгіреп, қалтыранып тұрған мен оның не айтып, не қойып жатқанын ұға алар емеспін. Бірақ, бас аңшыға бұл күйімді білдіргенім жоқ. Жәкең қасқырдың терісін сыпырды. Сөйтіп, ауылға олжалы қайттық. Кішкентай Қарагөздің Көкшолақта кеткен кегін қайырдық.
– Қаншығын көрдің ғой, мана апаннан шыға қашқан?
– Көрдім. – деймін.
– Көрсең, сол Аққаншық енді біздің ізімізге түседі. Бүгін түнде тыныштық бермейді ауылға. – деді, аңшы Жәкең.
Сол түні шыннан да біздің ауылдан тыныштық кетті. Иттер таң атқанша шулап шықты. Көкшолақтан айырылған Аққаншық түнімен ауылды дүрліктірді.
Соңғылықта, біз, осы оқиға негізінде «Аншы бала» атты сценарий жаздық.

АЛҒАШҚЫ МЕКТЕП

Көрпенің түстік тұсында сол жылы күзде мектеп үйі бой көтерді. Екі бөлмелі ұзынша үй. Үлкен бөлмесі клас. Класта 6 парта бар. Едені топырақ. Кішкентай бөлмесінде мұғаліміміз Сүндетқали тұрады келіншегімен. Сүндетқали көзі бақырайған ұзынша бойлы ап-арық аққұбаша жігіт. Көрпенің батыс жағында отырған түйекеш Дәулетқали, Елібайдың інісі. Қалада оқып педучилище бітірген. Бұ жақтағы қазақтар арасындағы білімді адам сол. Сондықтан, қала үлгісімен басына ши қалпақ киеді. Үстінде жұқа боз костюм-шалбар. Аяғында – топли. Біз мұғалімнің жүріс-тұрысына таң қаламыз. Және одан қорқамыз. Тәртібі нашар балаларға ол қатал. Міндетті түрде жазалайды. Біз өңшең ер балалар оқимыз. Әлі ешкім қыз баласын мектепке берген емес. Балалар Көрпе басындағы мектепке алыс-жақын құдықтардан келеді. Көліктері – есек. Мектеп сыртында бір топ есек байлаулы тұрады. Біз сабақ оқып жатқанда, есектер дүниені басына көтеріп ақырып тұрады. Біз мектепте үлкеніміз бар, кішіміз бар, бәріміз бір класта оқимыз. Бәріміз де сабақты бірінші кластан бастадық. Арамызда бірінші класты 11, 12 жастан бастағандар да бар. Олар: Сарқытбай, Бақыт, Базарбай, Амандық, тәрізді «сақалды балалар». Мұғалім оларға осылай деп ат қойған. 9 жастағылар төртеуміз – мен, Өсер, Асан, және менімен аттас Смағұл. Бізден кішілер де бар, олар – Жұмабай, Ысқақ, Іляс, Алпамыстар. Мұғалім қатаң талап қойған. «Жастарың өтіп кетті, бір жылда екі клас оқисыңдар!» деп. Біз сабақты түрікпенше оқимыз. Өйткені кітаптың бәрі түрікпенше. Шынында да, біз, екі класты бір қыста аяқтадық. Өйткені, оқуға ынтамыз орасан болды. Мұғалім де қызыл сиямен «5» деген бағаны дәптерімізге арбитып қоятын. Соған мәзбіз. Мұғалімімізге өкімет мотоцикл берген. Ол сол мотоциклін тырылдатып той-домалаққа барады. Мұғалім – бұл елде моторлы көлікке мінген бірінші адам болды.
Бірде біздің үйдің көлеңкесінде бір топ кісі әңгіме-дүкен құрып отырды. Жерге кең алаша төселген, алаша үстіне жағалай көрпеше төселген. Ортаға кең дастархан жайылған. Самаурынмен жас келін Қаншайым шай құйып отыр. Кешкі кіші бесін шамасы. Жұрт көңілді. Бір шырайлы отырыс еді. Сыртта отырғандықтан алыс-жақын дала түгел көрінеді. Ауыл алдынан машина жолы өтеді. Сол жолмен мотоциклін тырылдатып келе жатқан мұғалім көрінді. Басында ақ ши қалпағы. Үстінде боз жұқа костюм-шалбар. Отырғандар мұғалімге төрден орын берді. Төрге отырғызып жұрт енді мұғалімнің ауызына қарады. Мұғалім радио тыңдайтын. Дүниеде болып жатқан оқиғалардан хабардар. Бұ жолы да күле отырып әлемдегі соңғы жаңалықтарды айта бастады. Біз, балалар, әңгіме тыңдап, дастарханның төменгі жағында отырмыз. Бұндай әңгімелерді түсінбейміз. Бірақ, осы отырыс барысында бір нәрсені байқадық. Жұрттың мұғалім сияқты оқыған, білімді азаматты ерекше құрметтейтінін байқадық. Ақсақалдардың өзі оны жас демей төрге шығарып бас шұлғып отыр. Сондықтан да, біз де іштей, өскенде осы мұғалім тәрізді көзі ашық азамат болуды армандадық.

ДОМАЛАҚ ТӨБЕ

Біз отырған шөл далада, біздің үйдің шығыс тұсында бір оқшау Домалақ төбе атты төбе бар еді. Біз, қозы-лақ баққан балалар, сол төбеге шыққанды ұнатамыз. Өйткені, осы Домалақ төбе басынан төрткүл дүние түгел көрінеді. Батыс тұсымызда өз ауылымыз, одан әрмен әудем жерде ақшанқан мектеп тұр, қасында қарауыл түрікпеннің тамы тұр, одан терскейге қарай жыңғылды ойпаң басталады. Ойпаң шетінде – құдық. Содан кейін назарыңды көтеріп құбылаға бұрсаң, шағыл арасында отырған шоғыр түйекеш Дәулетқали ауылын көресің. Ал, шығысқа бұрылсаң, 4-5 шақырым жердегі Барыс құдығының кең аңғары көрінеді. Құдық басында отырған Сағидолланың соқпа тамын көресің. Теріскейге қарасаң 8-9 шақырым жерде жал-жал шұбалып жатқан Қарақұм құмдарын көресін. Соның ішіндегі ең биігі Балташегені көресін. Мінеки, сөйтіп төрткүл дүниені түгел көресін. Сондықтан да, Домалақ төбеге шығу біз үшін мәртебе. Домалақ төбе біз үшін дүниенің төбесі тәрізді. Бұдан басқа жердің биігі болар деп, сірә, ойлаған емеспіз.
Маған осы Домалақ төбенің, әсіресе, бір жері ұнайды. Үстіне дүзген өскен үй орнындай құмсағы бар. Сол ұнайды. Күн ыстықта сол дүзген көлеңкесінде тап-таза құм үстінде көсіліп жатқанды ұнатамын. Жайылып жүрген қозы-лақтар қарап тұрады саған, ұрттары бұлтыңдап. Қозы-лақтың бырт-бырт, тысыр-тысыр жайылғаны жаныңды тербейді. Жамбасыңда – жұмсақ құм, төбеңде – жайқын аспан. Қалғып-мүлгіп жатасың. Саф ауа жұтып. Танауыңа түз шөптерінің иісі келеді. Бұдан өткен рахат жоқ. Егер, тағдыр жазып күндердің-күнінде сол Домалақ төбе үстіне тағы бір шығар болсам, сол дүзген түбіндегі құмсаққа бір аунап алар едім… Қалғып алар едім. Дүниенің рахаты сол болар еді… мен үшін.

МЕН ДАЛАДА ҚАЛҒАН ТҮН

Бұл жақта қыс болмайды. Қыста қар жауса, бір күн жатып еріп кетеді. Сондай алғашқы қар жауған күні мені өрістегі малшыларға жіберді, әке-шешем. «Азық-түлік апар» деп. Астымда көк есек, «өріс қайдасың» деп, тартып отырдым. Жалғыз емеспін. Ізіме ерген итім бар, аты Қарауыз. Көз алдымда қары еріп алақанаттанып жатқан шағылдар. Көпұзамай түстікке қарай кетіп жатқан күре жолға түстім. Жұрттың айтуынша бұл – ескі керуен жолы. Алыс теріскей жақтан келеді де біздің ауылды басып өтіп Ауғанға қарай асады. Қазылып кеткен терең жол, есекпен келе жатқаныңда төбең көрінбейді. Есегім митыңдап осы жолмен ұзақ жүрдім. Шопан ағаларым қостанып отырған жерді білуші едім. Жапан дүзде оқшауланып тұрған құм шағыл болатын. Мен сол шағылға күн еңкейе жеттім. Жетсем малшылар көшіп кеткен, қостың орны жатыр. Не істерімді білмей состиып біраз тұрдым. Ауылға қайтайын десем, малшы ағаларым азық-түліксіз қалады. Ақыры із кестім. Мал шығысқа қарай өріпті. Сол ізге түсіп митыңдап жүріп кеттім. Көп жүрдім. Малшылардың қарасы көрінер емес. Сонда да, сол бағытпен түстікке қарай тарта бердім. Біркезде Күн көкжиекке қонуға беттеді. Күн астында алыс жотада отырған ауыл көрінді. Екі үйлі түйелі ауыл. Мен бұл ауылды білмейді екем. Сондықтан, ол бейтаныс ауылға жолағым келмеді. Адасып жүрген байғұс бала болып көрінгім келмеді. Бір белестен бір белес асып тарта бердім, малшылар көрініп қалар деген үмітпен.Күн батты, қас қарайды. Бірақ, әлі көзге түскенмал да жоқ, малшылар да жоқ. Ең болмаса жылт еткен оттары да көрінбеді. Көзге түртсе көргісіз қараңғы түсті айналаға. Ақыры тоқтадым. Неде болса, осы жеткен жерімде түнейін деп. Бір бұтаның арасына қоржынымды түсірдім. Қоржыннан нан алып Қарауыз екеуміз жүрек жалғадық. Сөйтіп, отырғанда Қарауыз елең етіп түн ішіне қарай үрді. Қарасам түн жамылып бір салт атты келеді.
– Әй, бұ қайсың!? – деп.
– Мен ғой! – дедім.
– Әй, «менің» кім??
– Смағұлмын…
– Абаттың баласысың ба??
– Ие…
– Әй, бұнда неғып жүрсің??
– Малшыларды іздеп…
– Мәссаған!!! Жүр… Далада жатамысың?!! Жүр кеттік!!!
Сөйтсем, бұл келген Дәулетқали түйекеш екен. Оның баласы Өсермен доспын, бір класта оқимыз. Дәулетқали мені өз ауылына ертіп апарды.Мен:
– Итімді иттер талап тастамас па екен?! – деймін, Қарауызды аяп.
– Таламайды! – дейді, үлкен кісі.
Дәулетқали мені еңселі үлкен үйге бастап кірді. Үй ортасында гулеп жанған от. Жып-жылы. Рахат. Мен кәдірлі қонақ болып төрге шықтым. Дәулетқали даудырлап сөйлеп бәйбішесіне мен жайлы айтып жатыр. Қараңғы далада мені қалай тауып алғаны жәйлі. Мен ұялып жерге кіріп барамын. Сөйткенше, ортаға көлдей кең дастархан жайылды. Дәулетқалидың бәйбішесі Мұңсыз шай құйды, қалампыр қатып. Мұңсыз бойшаң арықша келген кербез қимылдайтын бекзат жан. Үстінде ұзынетек ақ көйлек, басында таза ақ жаулық. Мені іш тартып ықыласымен ұсынған ыстық шайы маңдайымды жіпсітті. Дастархан шетіндегі лампы үй ішіне мол жарық таратып тұр. Осы ошақ басында ұйыған бір мол шуақтың қайнар көзіндей. Біз бала болсақ та біраз нәрсені байқап отырмыз. Мұңсыз бәйбішенің сыпайы қозғалысы, шуақ таратқан ажарлы жүзі осы үйдің берекесі екенін байқап отырмыз. Құладүз жапанда сирек кездесетін тазалық, бекзаттық, тектілік көзге түседі.
Бірақ, сол күні біз бір нәрсені болжай алмаған едік. Мұңсыз құдағидың ауыл арасында сирек кездесетін осынау бекзат болмысы болашақта жазылатын романымыздың бас кейіпкеріне негіз болатынын болжай алмаған едік.
Дәулетқали ертесіне Өсер екеумізді ауылға қайтарды, «оқуларыңнан қалмаңдар» деп. Ал, өзі менің азық-түлік салған қоржынымды алып, Қосқақ жақтағы малшы ағаларымды іздеп кетті.

ЖЫРАУ КЕЛДІ АУЫЛҒА

«Қазақстаннан жыраулар келіпті!»
Деген дақпырт жаз шыға қазақ ауылдарына дүңкілдеп тарап жатты. Жұрт тайлы-таяғы қалмай алыс Қазақстаннан келген жыршыларды тыңдауға Барысқа қарай ағылды .Солардың арасында мен де кеттім.
Кешкі салқын түсе Сағидолланың там үйі сыртына құмсақ дөн үстіне кең алаша жайылды. Ортасына қос көпшік тасталды. Қалың жұрт сол алаша үстінде отыр. Біркезде қолдарында – домбырасы, екі кісі келіп төсекке шығып тізе бүкті. Қазақстаннан келген жыршылар осылар екен. Жасы үлкені ірі денелі қара кісі. Ұмытпасам аты – Мұрат жырау. Екіншісі – Ағдос жыршы. Ағдос бәкене бойлы сары кісі. Олардың алдына орамал жайылып аққұманмен шай қойылды. Ағдос домбырасын қолға алып өлең сөзбен өздерін таныстырды. Қызылордадан екенін айтты. Содан кейін шағын бір күлдіргі жырды төкпектетті. Жұрт күлкіге қарық болды. Көңілденген халық жыршылардың алдындағы орамалға ақша жаудырды. Ақша тау болып үйіліп қалды. Оны Ағдос орамалға түйіп жамбасына басты да сөз тізгінін енді жырауға берді. Мұрат ұшатұғын қыранша қомданды. Домбырасын қолға алды. Домбырасының үні бөлек. Кең тыныспен алысқа сілтейтін бір қоңыр гөй-гөй үн сөйледі. Жұрт сілтідей тынды. Мұрат жырау, ақыры, алыс көкірек түкпірінен шым-шымдап баяулатып қоңыр боздау үн шығарды. Қырық шақты жырды тізіп шығып таңдау хұқын көпшіліктің өзіне тастады. Жұрт шауқымдаса, дабырласа келіп, ақыры, пайғамбар немерелері Асан, Үсен туралы, олардың дінислам жолындағы күресі туралы «Мұхаммед– Әнафия» жырын таңдады. Жалғанның жарты бөлшегіндей ортада отырған дәу қара жырау асықпай шайланып алды да, домбырасының құлағын бұрады. Біркезде қара домбыра күмбірледі. Домбыра аламан бәйгеге дайын екенін білдірді.
Шығыс көкжиекте дөңгеленіп Ай туды.
Дәуқара жырау боздау үн, маңырау мақаммен бастады. Мақпал жұмсақ жуан қоңыр үн. Есте жоқ ескі заман көріністері көлбеңдей берді көз алдымызда. Әзіреті Әлидің каһарман ұлдары Асан, Үсен тіріле бастады. Жаугершілік заманның қым-қиғаш оқиғаларына жан бітті. Біздің ауызымыз ашылып қалған. Тырп ете алмай естен танып қалыппыз. Жырау келе-келе тұяғы қызған тұлпардай екпіндете бастады. Кәпірлерге қарсы майдан ашылған тұста бейне бір өзі де сол майданға кіргендей аламан жырдың апшысын қуырды. Делебесі қозып арқаланып төкпектетті. Жұрт құтырта қостап қиқу салды. Жырау одан сайын домбырасын төбелеп, шиыршық атты. Шырқау биікке шығып шарт сынды. Домбырасын тастай салды. Шай кесеге жармасты. Сол кезде тізгінді, енді, Ағдос жыршы алды. Ойнақы, күлдіргі мысалдарды термелеп жұртты үйіріп әкетті. Бұ кезде біршама шайланып, тынығып алған қара дәу жырау домбырасын қайта қолға алды. Аламан жырға қайта енді. Осылайша, біз таңның қалай атқанын аңғармай қалыппыз. Таң бозарып атқанша тапжыла алмадық. Ақыры таң да атты, жыр да бітті.
Бірақ, біздің бала жанымызды сол бір ұйқысыз түнде ұйқы-тұйқы еткен сол бір әсер ешқашан ұмытылған емес. Мұрат жыраудың кексе әуезі әлікүнге күмбірлеп құлағымызда тұр.
Сөйтсек, бұл біздің халық ауыз әдебиеті атты ұлы өнермен тұңғыш беттесуіміз екен.
Осы оқиғадан кейін біздің ауылда Қазақстанда басылып шыққан «Жеті жыр» атты кітап тарады, қолдан-қолға. Ол кітапта «Алпамыс», «Қобыланды», «Қамбар батыр», «Қыз Жібек», «Ер Тарғын», «Қозы-Көрпеш – Баян сұлу» «Айман – Шолпан» тәрізді жырлар бар еді. Ол жырларды ең бірінші болып біздер балалар оқыдық. Содан кейін үлкендерге оқып бердік. Біздің ауылда кітапқа деген құмарлық осылай басталды. Көпұзамай қолымызға түрікпен дастаны «Гөроглы», қарақалпақ жыры «Қырық қыз», өзбек жыры «Фархад-Шырын» түсті. Кітапқа, әдебиетке деген құштарлығымыз осылай басталды.
– Бұл ояну балаға не берді? – деген сұрақ тууы мүмкін.
Ендеше, өз басымыздан кешкенді айтайық. Біріншіден: кез-келген бала үшін кішкентайынан ауыз әдебиетімен ауыздану адам болып қалыптасудың алғышарты дер едік. Батырлар жырын оқу, тыңдау, ең алдымен, әсіресе, бізер үшін, ұл балалар үшін, баламасы жоқ байлық болды. Осы кітаптардың арқасында біз қабырғамыз қатпай тұрып Алпамыс, Қобыланды, Қамбар, Ер Тарғын тәріздіер болуды армандадық. Отан үшін жан қиятын жауынгер болуды армандадық. Жауырыны қақпақтай, жұдырығы тоқпақтай батыр болуды армандадық. Бірақ, біз кезімізде әкемізге тартып, өкіншіке орай, шілпиген арық бала болдық. Содан қорланатынбыз. Сол кемшілігімізді түзету үшін, соңғылықта, жоғары класта үзбей бокс, күрес үйірмелеріне қатыстық. Ұл бала үшін спортқа деген әуестік, кітапқа деген әуестіктен кем болмауға тиіс. Өйкені, спорт ұл бала болмысын ерлікке баулиды. Алпамыс, Қобыланды болуға ұмтыласың. Солардай, адамның арыстаны болу кез-келген жігіттің арманы емес пе?!

КИНО КЕЛГЕН КҮН

Біркүні ауылға кино келді. Ауылға болғанда да тура біздің үйге келді. Машинамен келген кісілер кешкісін үй сыртына төртбұрышты ақ мата керді. Жұртты жинады. Күн батысымен моторын дырылдатып киносын бастады. Киноның шаңқылынан шаңдақта жатқан түйелер үркіп, иттер үрді. Ал, біз, экран алдында топырлап отырған балалар, ақ матаның бетінде пайда болған адамдарға қарап ауызымыз ашылып қалды. Қалай таң қалмассың! Экрандағы адамдар тура тірі адамдардан бір аумайды! Сөйлейді. Билейді. «Астапыралла!!» деп жағасын ұстады кемпірлер. Ал, біз болсақ, балалар, қырғын қызыққа баттық. Бұндай қызықты көрмегенбіз ғой. Естен танып қалыппыз, экранға қарап. Өмірде көрмеген қала дегенді көрдік экраннан. Қабатты үйлер. Көшеде халық ығы-жығы. Қырғын қызық! Сөйтсек, бұл көріп отырғанымыз үндінің «420 мырза» фильмі екен. Әні қандай! Биі қандай! Есіміз шығып елтіп отырмыз, осы қызық бітпесе екен деп. Өйткені, біз, бір ғажайып әлемге сүңгіп кеткен едік. Қызықтың бәрі көз алымызда өтіп жатыр. Біздің өңіміз тұрмақ түсімізге кірмеген таңсық әлем. Қызықтың көкесі. Тек, осы қызық бітпесе екен дейміз. Бірақ, өкінішке орай, кино бітіп қалды. Келген кісілер керілген матасын жинап кетіп қалды. Бірақ, біздің жан-дүниемізді астан-кестен төңкеріп кетті. Ал, енді ұйықтап көр! Кино бізді оятып кетті. Біз білетін малшы ауылдан да өзге әлем, өзге дүние бар екенін көрсетіп кетті. Сол өзге әлем, өзге дүние есігін тезірек ашсақ деген, тезірек соны білсек деген арманымызды оятып кетті.
Біз, ауыл балалары, ертесіне сол кинодан көрген биді билеп, әнді айтып шулап шыға келдік. Радж Капур болып таяқтың бір ұшына шүберек байлап бұлғақтап билеп жүрміз, «Аварая!!!» деп сұңқылдап. Бұл ойынды бастаған – бізден ересектеу Құбығұл. Кинода ойнаған жігіттің аты Радж Капур екенін айтқан да сол. Өйткені, ол қаладан келген, көзі ашық, 4 класты бітірген, арамыздағы озық оқыған жан.
Өстіп біз өмірімізде тұңғыш рет «кино» дегенді көрдік.

АЙЛЫ ТҮН – АТ ҮСТІНДЕ

Сол бір айлы түн есте қалыпты. Бастан кешкен бір бақытты күн болды ма екен! Әйтеуір, есте қалыпты. Айт күндерінің бірі болатын. Айлы түн кешіп өңшең жігіт-желең, қыз-қырқын дуылдап ат үстінде келеміз. Үш күн айтта жастардың атқа отырып желпініп ауылдан-ауыл қыдыруы салт болып кеткен. Оны бұзуға болмайды. «Айт құтты болсын!» деп, кез-келген үйге кіресің. Кез-келген үй сені құшақ жая қарсы алады. Кез-келген үйдің дастарханы жаюлы. Бала кезімізде айт мерекесіндей көңілді мерекені көрген емеспіз. Бір кереметі, айт күндері таң атқанша қаңғып кетсең де сені ешкім іздемейтін, сөкпейтін.
Сол салтпен біз, бір топ атты жастар түн жамылып келеміз. Менің астымда – Сарытай. Биыл жазда әкем алып берген. Бір көзі шағыр, жорға. Сарытайды сұмдық жақсы көремін. Ол да мені жақсы көреді. Айлы түнде ат үстінде келе жатқандардың ішіндегі ең кішкентайы да менмін. Бірақ, кішкентай да болсам жалбақтап жұрттан қалмаймын. Қыз-жігіттердің өзара қалжыңдарын ұға бермеймін. Өйткені олар ересек. Мен баламын. Өзім, әйтеуір, сол көпшілік қатарында келе жатқаныма мәзбін. Тақымымда лыпыған Сарытай. Сол күшіме күш қосқандай. Көңілім лекіп келеді.Үздіксіз тұяқ дүрсілі, үзеңгі сылдыры. Аттардың үздіксіз пысқырғаны. Танауды қытықтаған қышқылтым ат терінің иісі. Құшырлана жұтасың. Жарықтық жылқы малының иісіне шейін ерекше ғой!
Осы топтың алдында келе жетқан Ақбоз атты Сәду ағамыз. Ішіміздегі үлкеніміз. Сәду қуақы тілді сылыңғыр арық қара жігіт. Өзіне Ақбоз ат бұйырғалы беделді. Ақбоз бұл елде жоқ араби ат. Биік бойлы серек аяқ. Қаз мойыны тік біткен. Қарауға көз керек. Сәду бұл Ақбозды шекарашылардан алыпты. Ақбозды алғалы Сәдудің де еңсесі биік. Екі езуі екі құлағында. Дауысы саңқылдап шығады. Жұрт соған құлақ түреді. Жарықтық Ақбоз бәйгеге қосса қара үзіп алда келетін жампоз еді. Мен Ақбоздың билеп басқан жүрісіне, биік, серек бойына қызығамын. Қарай бергім келеді. Ойпыр-ай, «Сәду қандай бақытты!» деймін. /Араға жылдар салып, осы атпен Алматы ипподромында шабармын деген ой, ол кезде, әрине, басыма да кіріп – шықпаған/
Алда келе жатқан Сәду желпініп қиқу салып аттың басын жіберіп-жіберіп те алады. Бірақ, ұзақ шаппайды.Түнде шабу қауіпті. Құлап, атың не өзің майып болуың мүмкін. Сондықтан, ат басын тежей береміз. Ат байғұстар болса делебесі қозып ауыздығымен алысып келеді.Түнгі салқынында ай астында жұлдыздай аққысы келеді. Бірақ, тізгінді жібермейміз. Маған осының бәрі қызық. Қалай қызық болмасын?! Тақымыңда сусылдап, сумаңдаған сәйгүлік келе жатса! Алдыңда айдала жатса. Ай астында айдала! Олбір жұмбақ әлем. Түнгі даланың сол жұмбағы әсіресе ат үстінде алабөтен сезіледі. Шіркін, осы бір сапар таусылмаса екен дейсің. Қыз-бозбала болып дуылдасып кете берсек дейсің. Сіздер, қыз-бозбала болып ай астында атпен жүріп көрдіңіздер ме?! Әрине, көрген жоқсыздар. Ендеше, өмірдің бір қызығынан құр қалыпсыздар! Бала кездеріңде құлынынан қолда өскен аттарың болды ма?! «Жоқ» дейсіздер. Онда сіздер, атқа деген адамның ғажайып махаббатынан құр қалыпсыздар!! Демек, мен сіздерге, өзімнің Сарытайды қалай жақсы көретінімді түсіндіріп бере алмайды екенмін. Өйткені, сіздер, қала балалары, ат дегеннің не екенін білмейсіздер! Білсеңіздер, қазақ баласы үшін атқа деген сезімнен артық сезім жоқ екенін білер едіңіздер. Нағыз қазақ атқа деген махабаттан басталады дер едім.Жылқы – құдіретті де қасиетті түлік. Қазақ өзінің кім екенін ат жалын тартып мінгенде ғана біледі. Ат пен қазақ – егіз ұғым. Елін қазақ ат белінде жүріп қорғаған. Қазақтың күші – атта. Сондықтан, атты көрсек аялайық! Маңдайынан сипайық, ағайын!

ЖАУЫРЫНЫ ЖЕРГЕ ТИМЕГЕН

Біздің бір жақын ағамыз Нұртілеу жауырыны жерге тимеген палуан болды. Ол өзі көп сөйлемейтін орта бойлы шақпақ етті сіреңке қара жігіт еді. Біз оны мақтан тұтатынбыз. Және оның жауырыны жерге тимейді дегенге имандай сенетінбіз. Сондықтан да, оның бір үлкен тойда түрікпен палуанынан жығылуы бізге әкеміз өлгеннен жаман ауыр тиді. Бұл оқиға біздің ауылдың батыс жағындағы Қызылша деген құдық басында болды. Қазақтың тойы атшабыс, күрессіз өткен бе!! Бұ тойға түрікпеннің түйе палуаны келіпті, қазақ палуанымен күресу үшін деген дақпырт дүңк етті. Облыстың бетке ұстар палуаны екен. Бұл әңгіме той қызығын одан бетер қыздырып жіберді. Қазақ, түрікпеннің күресін көру үшін тойдағылар топырласып төбе басына жиналды. Күрес өтетін төбе басында ине шаншар жер жоқ. Түрікпен палуаны сыйдиған, шақшабас ұзын серек жігіт екен. Беліне жіп байлап жалаңаш етіне шолақ шапан киіп ортаға ордаңдап шыға келді. Жұрт суық демдерін ішке алып, сілтідей тынды. Қазақ атынан біркезде ортаға Нұртілеу ағам шықты, қап-қара болып түнеріп. «Я, Барақ!!» деп, сыйынып жұрт тұр. Түрікпеннің түйе палуаны Нұртілеу ағамыздан жарты құлаш биік, әрі ірі. Жұртты шошытқан сол. Екеуі ортада кездесті де, бірін-бірі белдіктен шапа-шап ұстаса кетті. Нұртілеу ағам ә дегеннен түрікпенді төске ала көтеріп жамбасқа салмақшы болды. Бірақ, ұзын түрікпен оны оң аяқпен сырттан орап үстіне құлады. Көзді ашып-жұмғанша болмады, Нұртілеу ағам жерде жатты. Жұрт толқып кетті. Гуілдеп кетті. Айналып келгенде түйе палуан түрікпенге қарсы палуан денелі, жасы қырықтың үстіндегі жігіт ағасы Дәулетқалиды шығарды. Ірі денелі, ірі сүйекті Дәулетқали ұзын бойлы түрікпенді ә дегеннен бойына жуытпай еңкейіп қос-қолдап іштен тіреп алды. Іштен тіреп бойына жуытпаған Дәулетқалиға түрікпен түк істей алмады. Әдіс қолдана алмады. Ақыры, жұрт біраз тірескен екі палуанды ажыратып жіберді.
Сол күнгі жұрттың гу-гу әңгімесі Нұртілеудің неге жығылғаны жәйлі болды. Жаурыны жерге тимеген палуанның түрікпеннен жығылу себебін жұрт сан-саққа жүгіртті. Ақыры, себебін тапқандай болды. Оны Нұртілеу ағамның жанында болған жігіттер айтты. Нұртілеу ағам жолдас жігіттердің «күшіңді сақта» дегеніне қарамастан, сол күні түні келіншегі Ықпал жеңгеміздің жанына жатқан екен. Түрікпеннен жығылу себебі содан екен.
Осы оқиғадан кейін Нұртілеу ағамыз күресті тастап кетті, үзілді-кесілді.

ҚАЛИПА ЖЕҢЕШЕМ

Қалипа жеңешем келін боп түскенде мен 4-5 жастағы бала едім. Сондықтан болар, Қалипа жеңешемнің мені баласындай айналып-толғанатын жүреді. Қалипа жеңешем екі рет құрсақ көтеріп екі қыз бала тапты, бірақ, екеуі де ерте шетінеп кетті. Содан кейін құрсақ көтере алмады. Соның зардабын шекті. Зар қақсап жүрді, «бала», «бала» деп. Мені ол «Ақтөре» дейтін. Біркүні бала да болсам маған мұңын шақты. «Ақтөре, бізге бала болсайшы! Ағаң екеумізге, қиын боп жүр ғой!!!» деп. Сол сәтте мен оларға неге қиын боп жүргенін түсінбедім. Сондықтан, ұсынысын жауапсыз қалдырдым. Содан кейін ол да бұл әңгімені қозғамады. Бірақ, жеңешем бәрібір мені баласындай көретін. Баланың әдеті емес пе, кім басынан сипаса соны жағалайтын. Қалипа жеңешем менің бір шешемдей болып кетті. Табиғатынан мейірбан Шәудірбай ағамның да мен дегенде шығарға жаны жоқ. Аға болып қол тигізбек былай тұрсын, тіпті, өмірде бір рет жекіп те көрмепті. Содан болуы керек, мен осы аға-жеңгемді ылғи іздеп жүремін. Бұ жақта қыста мал алыс өрісте болады. Өйткені, суды құдықтан емес, қақтан ішеді. Шәудірбай ағам, Қалипа жеңешем, Мақтымқұл ағам үшеуі мал басында, қыста киіз үй тігіп сол өрісте отырады. Мен қысқы каникулды сол аға-жеңгемнің қасында өткізгенді ұнатамын. Құмсақ жарлауыт шағылды ықтасын етіп ойпаң жағына орналасқан құстың ұясындай қыстау әлі көз алдымда. Киіз үй. Іргесінде шарбақ қора. Бұл жақта қыс дейтін қыс та жоқ. Көбінесе күн ашық жалтыр болады. Мақтымқұл ағаға ілесіп өріске шығамын. Өрісте түсте Мақтымқұл аға от жағады. Мұздап қалған табананды жалынға қақтаймыз. Оттың жалынына қақтаған нан қандай дәмді, иісі бұрқырап тұрады. Қара таңқаны қайнатып, Мақтымқұл екеуміз қыр басында отырып буын бұрқыратып шай ішеміз. Қой шетінде отырып өрісте татқан астың дәмі қандай! Сенбесеңдер қой бағып, өрісте отырып, отқа пісіріп дәм татып көріңдер! Көздерің жетеді. Маған малшы өмірінің ұнайтын тағы бір тұсы бар. Мысалы, кеш түсіп отар қойды қораға қамап жатқан сәт ұнайды. Қойды қоралап болып, шарбақтың есігін жабасың. Бұл шопан үшін бүгінгі жұмыс күні бітті деген сөз. Бұ кезде қарасаң киіз үйдің түндігінен түтін шығып жатады. Бұл, Қалипа жеңешемнің кешкі ас қамын жасап жатқанын білдіреді. Біз, Мақтымқұл аға екеуміз үйге кіреміз, мал бағып келген маңызды кісі болып. Ортада от лаулап жанып жатады. От жылуына шомыламыз. От жылуы бетке ұрады. Аға-жеңгеміздің ыстық лебізіндей. Балаға керегі осы. Отбасының ықыласы. Отбасында махаббат шуағына бөленген бала – бақытты бала. Ондай бақытты бала өскенде де төңірегіне тек шуағын шашып жүретін болады.
Бала көтермеген Қалипа жеңешем соңғылықта Жақсығұл ағам мен Сайлан жеңгеміздің Жәнібек, Гүлсара атты ұл-қызын бауырына басты. Күллі аналық махаббатын осы екі балаға берді. Шәудірбай аға, Қалипа жеңгеміздің сол көл-көсір махаббатына бөленген Гүлсара мен Жәнібек өмірде қабақ шытуды білмейтін жайсаң жандар болып қалыптасты.
Демек, адам өмірінде бала кезінде отбасында алған махаббаттан асқан байлық жоқ.

КЕРКІ ДЕГЕН ҚАЛАДА

Біркүні бізді, құдық басындағы бастауыш мектепті екі жылда бітірген балаларды жинап қалаға алып кетті. «ТРЧ 45-45» деген су жаңа ГАЗ-51 мәшинесінің қорабына салып. Бізді жинап алып кеткен кісінің аты Джумаев, аудандық оқу бөлімінің бастығы. Қалаға біресе құмсақ, біресе шаңдақ жолмен 60 шақырымдай жол жүріп жеттік. Бұл Әмудария жағасындағы аудан орталығы Керкі деген қала. Моншаға түсірді. Интернатқа орналастырды. Біз 9 бала едік. Бәрімізді бір үлкен бөлме орналастырды. Әрқайсымызға темірторлы бір кереует тиді. Арамыздағы естиярымыз – Бақыт, Амандық, Сарқытбай. Олар бізден екі жас үлкен. Одан кейінгілермен мен құрдаспын. Олар; аттасым Смағұл, Өсер, Асан, Жұмабайлар. Ең жасымыз – Ысқақ. Ол менен 2 жас кіші.
Бізді бірден мақтаға салды. Бір айдай колхоздың мақтасын тердік. Мақтада жүріп мектептегі сарт балалармен күресеміз. Біз дала балалары күреске мықты болдық. Белдескенімізді баудай түсіреміз. Мен де бір сарт баласын жықтым. Мақта теру аяқталып мектепте оқу басталды. Мектебіміз интернаттан жаяу баратын жерде 400 дей бала оқитын мектеп. Екі қабатты ғимарат. Көп күттірмей қала балалармен қақтығыс басталды. Сабақ арасындағы үлкен үзіліс еді. Күллі мектеп аулаға шықты. Сарт пен қазақтың күресін тамашалауға шықты. Біздің чемпионымыз – Амандық. Қысқа бойлы тығыршықтай ала көз, қара бала. Оның қарсыласы – осы мектептің чемпионы бойшаңдау бір сарт баласы. Қала баласымен дала баласының жекпе – жегі қырғын қызық болды. Әлі көз алдымда. Екі бала жігіт бірін-бірі әтештей аңдып, бірін-бірі лақша лақтырды. Бір-біріне атылып ұмар-жұмар бола қалды. Ақыры, Амандық сарт баласын қоймады. Шаңға аунатты. Біз мәз болдық. Бірақ, бізді қоршап тұрған қалың сарттың салы суға кетті. Еңселері түсіп кетті. Келесі үзілістің кезінде соның зардабын мен шектім. Екінші қабатта класс алдында тұрғам. Дуылдаған балалардың арасынан, кенет, кешегі мақтада менен жығылған сарт баласы шыға келгені, жыланкөзденіп. Шақшырайып маған қарай келеді. Мен қапелімде қорғана алмай қалдым. Әлгі жыланкөз жақындай берді де бір нәрсені бетіме лақтырды. Ол нәрсе шым етіп көзімнің астына қадалды. Алып қарасам қаламсаптың перосы! Абырой болғанда, әйтеуір, көзге емес, бетке қадалған. Интернатқа келгесін, балалар менің жараланған түрімді көріп түгел үрпиді. Батыр мінез палуанымыз Амандық шыдамады. Ортадағы столға қарғып шықты. «Бұндай қорлыққа көнбейміз!!!» деді. «Дағми дастан, керек емес мыстан!» деді. Жұдырық түйіп ұран тастады. Жиналыстың ақыры «Кеттік!» деген сөзбен аяқталды. Киім-кешегімізді жинадық та, интернаттың есігін тарс жауып тайып тұрдық. Күре жолға шығып жол-жөнекей тоқтаған бір мәшинеге жармасып, «ауыл қайдасың!» деп, тайып тұрдық. Бірақ, бұл мәшине бізді жарты жолда тастап кетті. Ары қарай жаяу кеттік. Қарақұм каналынан өтетін «Девятка» дейтін көпір бар еді. Түнделетіп сол көпірден өттік. Бірақ, біздің ауыл алда әлі 30 шақырымдай жер. Жолымызда тұрған үлкен бархан құмның төбесіне шықтық. Бархан басында, жылы құмға көміліп батпақша бата қалдық.
Ертесіне тағы бір жол-жөнекей мәшинеге жармасып ел шетіне жеттік. Қала балаларымен сыйыспай біздің ауылға қашып келуіміз үлкендерге үлкен ой салды. Әкеміз Абат біздің әңгімемізді тыңдап болғаннан кейін:
– Е-е-е… Бұл жер бізге ел болмайды екен!!! – деп түйді.
Ал, бізді, көпұзамай районо бастығы Джумаев «ТРЧ 45-45» деген мәшинесімен түгел жинаптағы да қалаға алып кетті.
Бала күнімізде интернаттан қашқан осы оқиғаға сүйеніп, соңғылықта, біз «Бала ғашық» деген сценарий жаздық.

ҚАЛАҒА ҮЙРЕНУДІҢ ҚИЫНЫ

Осылайша бізді топырлатып әкеп интернатымызға қайта тықты. Интернатымыздың ауласының бір шетінде – асхана. Бір шетінде – жатаққана. Бір шетінде – дәретхана. Кең даладан келген бізге мынадай тар аулада тұру дүниенің азабы болды. Өйткені, бұнда біз үйренген кеңістік, таза ауа жоқ еді. Лажсыз тар аулаға қамалдық. Бұнда келгеннен бастап бізді шошытқан нәрсе ауладағы дәретхананың иісі. Осы бір сасық үйшікке күніне бірнеше рет лажсыз кіріп-шығасын. Кірген сайын сасық иістен тұншыға жаздайсың. Қаладағы күндеріміз осындай қорлықпен өтіп жатты. Рас, қалада мәдениет бар. Кітапхана бар, кинотеатр бар, монша бар, стадион бар. Бірақ, бізге қиыны рахаттанып жұтатын таза ауа жоқ. Кеңістік жоқ. Содан қиналамаыз. Әттең қанатымыз жоқ, болса ұшар едік-ау даламызға! Осы келеңсіздіктің бәрін сырттай елемей жүрген тәріздіміз, дуылдап. Бірақ, іштей иттей ұлумен жүреміз, ауылды сағынып. Интернаттың дәмін жатырқап, ауылдың асын аңсаймыз.
Біркүні байқасақ арамыздағы үлкендеріміз Бақыт, Сарқытбай, Амандық үшеуі біздерден жасырынып жексенбі сайын түстен кейін әлдеқайда жоғалып кетеді. Біз кішкентайлар: Смағұл, Асан, Өсер, Жұмабай, Ысқақ болып енді бұл ағаларымызды аңди бастадық. Аңдыған алмай қоймайды. Сөйтсек, бұл үш үлкеніміз бізден жасырынып қаланың түстік жағын бетке алып түстен кейін тайып тұрады екен. Ізіне түстік. Екі-үш көшеден кейін олар қаланың шетіне шықты. Біз де шықтық. Қаланың бұ шеті тура түрікпен колхоздарындай. Баулы, бақшалы, соқпа тамды үйлер. Бізден қашқан ағаларымыз бір кезде зып беріп сондай бір үйдің шарбағына кіріп кетті. Олар кіріп кеткен есікке біз де жеттік топырлап, сылқ-сылқ күліп. Шарбақтың есігі ашық тұр. Кірдік. Екі аттам жерде бізге белгісіз бір көк есікті үй тұр. Сыртын әкпен ақтаған үй. Енді, біз үшін ең қиыны жабық есікті тықылдату еді. Есікті қағуға батылымыз барар емес. Бұ қалада әлі бір үйдің есігін ашып көрмеген басымыз, жүрексініп тұрмыз. Бірақ, іште Бақыт, Амандық, Сарқытбайлар бар ғой! Ендеше, біз неге кірмейміз?! Ақыры, есікті тықылдаттық.
– Кіріңіз! Кіріңіз! – деген, іштен әйел дауысы шықты.
Біз көк есікті ашып жамырап сәлем беріп ішке кірдік. Сөйтсек, біздің қашқан үш ағамыз төрде отыр, рахаттанып шай ішіп. Бізге жаман көздерімен қарап қояды, қабақ астынан. Оң жақта жылы шырайлы жалпақ сары әйел самауырдан шай құйып отыр.
– Келіңдер! Келіңдер! – деп. Біз қысыла-қымтырыла дастархан басына тізе бүктік. Тығылысып әрең сыйдық. Үй иесі әйел бізге жылы шырай танытып кесемен шай құйып ұсына бастады. Бізде үн жоқ. Әйтеуір, бір қазақтың үйіне кіргенімізге мәзбіз. Шешеміздей мейірбан жанның қарсы алғанына мәзбіз. Шайды терлеп-тепшіп сораптап отыр. Бірақ, үн жоқ. Үй иесі әйел біздің жағдаймызды сұрап жатыр. Біз үшін төрде отырған ағаларымыз жауап беріп жатыр. Ең соңында үй иесі әйел:
– Келіп тұрыңдар, қарақтарым! Ұялмаңдар! – деп, бізге ылтипат білдірді. Біз жалпақ сары әйелдің аналық ықыласына дән риза болып шықтық бұ үйден. Маңдайымыз жіпсіп, мұрнымыз тершіп адам болып шықтық. Мынадай жат қалада мынадай мейірбан қазақтың үйі бар деп кім ойлаған!! Біз осындай үйден дәм татқанымызға мәзбіз. Соң білдік, бұл үй осы қаланың соты қазақ Сатовтың үйі екен. Бұдан кейін де бұл үйге талай келдік. Сатовтың үйіндегі шешеміз біз қанша келсек те жылы қарсы алатын. «Келіңдер! Келіңдер!» деп. Біз сол үйді, сол үйдегі мейірбан шешемізді өмір бойы ұмыта алмай келеміз. Соңғылықта ойлаймыз. Топырлаған тоғыз балаға сол үйдің есігі неге ылғи ашық тұрды екен деп. Сөйтсек, ол есік біздің алдымызда, біз қазақ балалары болғанымыз үшін ашық тұрыпты ғой!!! Солай, қазақ қай жерде де қазақ. Шетте жүрсе,тіпті, бауырмал бір-біріне. Сатовтың әйелі біздің әке-шешемізді танымайтын. Соған қарамастан бізге есігі ашық болатын. Қазақтың қазаққа деген бауырмалдығын осы қаладатағы бір рет көргенім бар.
Бірде асханада менің кезекшілігім келіп, көшенің арғы бетіндегі ауладан су алуға бардым. Артезиян құдықтан шелегіме су толтырып жатсам, бір әскери адам келіп менің түріме үңіле қарады. Мен шошып кеттім. Иман жүзді жас офицер екен, күле қарап тұр:
– Қазақсың ба?– деп.
– Ие!– дедім.
– Таста шелекті, жүр үйге!
Мен күтпеген кездесуге таң қалып, бір жағынан іштей қуанып, жаңа танысымның соңына ердім. Құстың ұясындай кішкене бөлмеге кірдік. Бір жас әйел столға шай жасап жатыр.
– Отыр! – деп, орындық ұсынды жаңа танысым.Мен отырдым. Ұялып барамын. Келіншек шай құйды. Жаңа таныс ағай сұрап жатыр, «ауылың қайда?» деп. Мен бейтаныс кісілер алдында қатты қысылып қысқа жауап қатып отырмын.
– Ауылыңда қыз көп пе? – дейді.
– Ие! – деймін.
– Болды! – дейді, офицер ағай.– Болды! Енді сенің аулыңа барамын да, сол қыздың біреуін алып келемін!
Соны айтып келіншегіне қарап рахаттана күлді. Келіншегі де күлді. Бала да болсам бұлардың бірін-бірі өте жақсы көретін жандар екенін байқадым. Төрт құбыласы тең, бақытты жандар екенін байқадым.
– Біздің үйге келіп тұр, бала! – деді, жаңа таныс ағайым мен тұра бастағанымда. Мен бас изеп алғыс айтып шығып кеттім.
Бірақ, мен ұялшақтықтан ол үйге қайта бармадым. «Барғанмен қалай сөйлесемін?» деп, қорқып. Балалық шақта Керкіде кездескен сол бір ғазиз жандар туралы бүгінде ойлаймын. «Қазақтың баласы» деп, маңдайымнан сипап үйіне алып барғаны қандай керемет! «Сол екі жас кім болды екен?» деп, ойлаймын. «Әттеген-ай! Сонда, олардың аты-жөндерін неге жазып алмадым екен!» деп, өкінемін. Аты-жөндерім жазып алғанымда ғой, бүгінде қалай да іздеу салып, тауып алар едім.Тауып алып «Сіздердің, сол, баяғы, бір сары баланың жүрегінде жаққан сәулелерің әлі өшкен жоқ!» деп, құшақтап, беттерінен сүйер едім.

АЛҒАШҚЫ БИ

Қыз-бозбалалар жиналып интернаттың асханасында біркүні би кешін ұйымтастырды. Даладан келген балалардың үлкені – Бақыт, Сарқытбай, Амандық. Яғни, бізге қарағанда жігіт болып қалғандар. Бақыт сол күні түфлиін ысқылап жылтыратып, шашын тарап, биге тыңғылықты дайындалды. Біз әлі боқмұрындармыз. Биден де, қыздан да дәмеміз жоқ. Сондықтан, біз тек қара көбейтіп қабырғаға сүйеніп тұрғандар қатарындамыз. Қыздардың бәрі орыс қыздары. Жоғары класта оқиды. Қазақ балаларының арасынан бірінші болып Бақыт ағамыз Лена деген қызды биге шақырды. Лена шықты. Ажарсыз қыз еді. Мұрны сояудай. Бірақ, мәселе, мұрында емес. Мәселе оның дала баласы Бақытпен билеуінде еді. Біздің көзімізде Бақыттың беделі өсіп кетті. Ол арамыздан шыққан бірінші бала еді, қызды биге шақырған. Жәй қыз емес, орыстың қызын шақырды. Бақыттың Сарқытбай, Амандық тәрізді құрдастары болса, қыздарды биге шақырмақ тұрмақ, маңына жолай алмай тұр. Ал, Бақыт болса кәзір маңғаз, ұзынтұра Ленаны аш белінен ұстап ортада жүр. Күрделі би емес. Тек, әйтеуір, бірін-бірі демеп ұстап жүр. Ол аз ба! Біз Бақытқа қызыға да, қызғана да қараймыз. Осындай дәрежеге біз қашан жетеміз деп. Бақыт болса маңғаз. Қызға тіл қатпайды. Өйткені, орысша білмейді. Әзірше, тек қыз құшағында жүргеніне мәз.
Өстіп, Бақыт, Сарқытбай, Амандық жігіт бола бастады. Біркүні қалаға шығып кеткен. Жатаққанаға ауыздарының суы құрып қайтып келді, «бір сұлу қыз көрдік» деп. Ол сұлу қыз қала орталығындағы мата дүкенінде сатушы екен. Үшеуі таң қалып сол қызды айтқанда, көрмеген біздің өзіміз қатты желіктік. «Ай десе ауызы бар, Күн десе көзі бар қызды» көруге асық болдық. Ағаларымыз, ақыры, біздерді қала орталығындағы мата дүкеніне алып барды. Орталықтағы бұл көшенің мәдениеті мүлдем бөлек. Тас төселген. Өңшең екі қабатты қызыл кірпіш ескі үйлер. Соң білдік. Бұл 19 ғасырда орыстар салған орталық екен. Күн ыстық. Ал, мата дүкенінің іші алакөлеңке, қоңыр салқын. Біздің көзіміз ала тақиялы, батсайы көйлекті, орта бойлы аппақ бойжеткенге түсті. Екі бетінің қаны тамып тұрған ала көзі жайнаған аппақ ару. Біздің көзіміз қызда. Матада шаруамыз жоқ. Ал, бізді бастап келген «жігіттер» болса, әдеп сақтап, қызға қарамай матаны шұқылай береді. Ақыры, келген «шаруамызды» осымен аяқтап, есеңгіреп есіктен шықтық. Сыртқа шығып ес жинап біраз тұрдық. Кете алмай. Бір қымбат нәрсеміз дүкен ішінде қалғандай. Содан кейін де, біз, балалар, қаланың ортасына келсек, осы мата дүкеніне кіріп шығуды әдет қылдық. Сондағы бар шаруамыз, ала тақиялы аруды тамашалап көріп шығу ғана. Басқа шаруамыз жоқ.
Бірақ, менде балалар білмейтін бір сыр бар. Менің жақсы көретін қызым бар класта. Аты Огулдурды. Түрікпен қызы. Біздің класта оқиды. Арықша келген алакөз қыз. Ол да ала тақия киіп жүреді. Көп сөйлемейтін, ақылды қыз еді. Қалаға жақын түрікпен обасынан келіп оқитын.
Сөйтіп, біздер бесінші кластан бастап қыздарға қарай бастадық. Жігіт бола бастадық.

ЖАҚСЫ СӨЗ – ЖАРЫМ ЫРЫС

Біз даладан келген қазақ балалары мектепте сабақты жақсы оқыдық. Матеметикадан сабақ беретін қатал мұғалім Худайбердиев бір күні күллі класқа дауыстап қатты ұрысты.
– Қараңдаршы, мына даладан келген қазақ балалары қалай шығарады есепті! Осылай оқу керек!! – деп. Есепке менің құрдасым, аттасым Смағұлдан өткен жүйрік жоқ еді.
Біркүні Худайбердиев ортаңғы партада отырған менің жанымнан өте беріп іркілді де, алдымда жатқан параққа үңілді. – Бу наме? – деді, қағазды қолына алып. «Бұ не?» дегені.
Параққа шұқшиып тұрды да мырс күлді. Басын шайқады.
Абатов, сен өскенде үлкен адам боласың! – деді, класқа естірте. Мен ол кезде «Абатов» болып жазылатынмын. Сонда, мұғалімнің қолына түскен қағазда не жазылған еді дейсіз ғой? Сол қағазда мен кластастарымның алған 5– терімен, өзімнің алған 5-терімді хатқа тізіп салыстырған екенмін. Менің алған 5-терім көбірек екен.
Бесінші класта болған осыбір жәйт есімде қалыпты. Неге, есте қалды екен деймін. Неге есте қалды екен? Бұ не мақтаншақтық па? Өзімшілдік пе? Әлде, пендешілік пе? Неде, болса адам пендеге тән осы осалдықтардан біз де құралақан болмаппыз. Өмір елең-алаңындағы оқиғалар ішінде есімізде қалғаны – өзімізге қаратылып айтылған даттау, немесе, мақтау сөздер екен. Солар жатталып қалыпты. Даттау мен мақтау! Осылар ұмытылмапты. Жаман ба, әлде, жақсы ма бұл? Сөйтсек, бұл жаман емес екен. Адам жақсылық пен жамандық арасын ажырата білу үшін мақтау сөздермен, даттау сөздердің есте қалғаны маңызды екен. Бұл туралы тағы бір мысал.
Біз бесінші класты аяқтап алтыншы класқа өткен жылы әке-шешеміз бір тосын шешім қабылдады. Төрт класты аяқтап ауылда жүрген Құбығұлды менің қасыма қалаға жіберді. Жұмыс істеп ақша тап деп. Бозбала Құбығүл қаладағы бір гаражға слесарьдің көмекшісі болып орналасты. Екеуміз бір сарттың ауласында кішкентай там үйді жалдап тұрып жатырмыз. Күйкентайдың ұясындай үйшік еденіне шыпта төселген. Тамақты өзіміз пісіреміз. Тамағымыздың дені быламық. Сондай біркүні екеуміз шыпта үстінде дәм татып отырдық. Мен бірдеңе дей бастап едім Құбығұл ағам жекіп тастады.
– Аузыңдағыны жеп болып сөйле!!! – деп. Жас үлкеннің айтқаны заң. Сол күннен бастап мен дәм татып отырғанда сөйлемейтін болдым. Мінеки, ескертудің пайдасы.
Дала қазақтарының кемшілігі, әсіресе, қалаға келгенде көзге түсіп тұрады. Біз интернатта жатқанда ауылдан келген ағаларымыз қонақүйге баруды білмей, «өзіміздің балалар ғой» деп, бізге келетін. Біздің бөлмеде түнеп шығатын. Талай рет таңертең тәрбиеші апай есіктен кіргенде соқталдай жігіттердің бала тәрізді терезеден секіріп түсіп қашып бара жатқанын көрдік.
Біз бәрібір сол аңғал ағаларымызды жақсы көретінбіз. Өйткені, Керкі тәрізді қалада біз көшеде не базарда кездейсоқ бір қазақты көрсек ізінен қалмай еріп жүретінбіз. Себебі, бұ жат қалада біз үнемі жетімсіреп жүретінбіз. Қазақсыз қалада қатты құлазитынбыз. Өз үйімізде емес, ылғи да, өзгенің үйінде жүргендей болатынбыз. Бұндай көңіл-күйді кісі баласының басына бермесін. Тәнің сау да, жаның сырқау. Осындай бейшара күйге түспеу үшін, адам өзінің ата-жұртында жүруі керек екен. Жат қалада біз осындай күйде жүргенімізді түсінген жалғыз біздің әкеміз болды. Сондықтан, ол жылы жаққа үйреніп, орнығып қалған жұрттың қарсылығына қарамастан «көшу керек» деген бетінен қайтпады.

ҚАЗАҚСТАНҒА КӨШУ

Бірақ, қаншама қазақстаншыл болсаң да қазақ үшін ағайын-туғаннан бөлініп көшу оңай емес. Абекең Қазақстанға көшуге жақын-жұрағатты көндіру үшін солармен қызыл-кеңірдек екі жыл айтысты. Колхоздың малын бағып тамағы тойып қалған жұрт қимылдауға құлықсыз болды. Өйткені бұл ел өз елінен аштық айдап келген ел еді, түрікпенге келіп тоқтыққа кенелді. Есі дұрыс ел бұндай бақытты басқа тебе ме? Ауыл ағалары Абекеңе: «Шырағым, енді ел болып ес жия бастағанда тағы шұбырамыз ба?! Қой!! Сағынып бара жатсаң сол Қазақстанға, өзің бара бер, бізді қайтесің?!» деді. Бірақ, әкеміз Абат алған бетінен қайтпады. Араға екі жыл салып 1961 жылдың көктемде Абекең көшетін қоныс іздеп алыс Қазақстанға жалғыз тартты да кетті. Ол Қазақстанд ажайлы қоныс іздеп ай жүрді. Ақыры Алматының Сарытауқұм жағындағы Ақши дейтін ауылды таңдап, сол ауылдан үй сатып алып қайтып келді. Жетісу жерін ауызының суы құрып мақтап келді. «Ел қандай, жер қандай!» деп. «Көшіп келетін болсаңдар жол шығындарыңды көтереміз!» депті, жергілікті совхоз. Бұл жаңалық жұрттың құлағына майдай жақты. Содан,т әжікелесе келе, ақыры, әкеміз Абат бастаған көшке оншақты үй еретін болды. Қалған ағайын көшуге асықпады. Тіптен, Абекеңнің өз ағасы Абылай да, інісі Көптілеу де ермеді. Абекеңе ерген оншақты үй ауыс-түйіс малдарын сата бастады. Азын-аулақ сауын түйелерін, жылқы малдарын алып ауыл жаз аяғында Әмударияның бергі бетіндегі теміржол бекеті маңына топтасты. Біркүні ауыл адамдары малдарын бір жүк вагонға тиеп, екінші жүк вагонға бала-шағасымен өздері мінді. Осылайша күздің басында екі жүк вагонымен біздің ауыл «Қазақстан қайдасың?» деп, теріскейді бетке алып тартып отырды. Біздің ауыл мінген салдырлақ екі вагон жыландай шұбатылған жүк пойызына тіркелген екен. Жүк пойызының жүрісі өнбейді екен. Кез-келген бекетте тоқтайды. Кез-келген пойызға жол береді. Бір қызығы қазақты сағынып қалған біздер пойыз тоқтаған сайын топырлап есікке ұмтыламыз. Қазақстан қазақтарын көргіміз келіп. Станса сайын өріп жүрген қазақтарды көріп таң қаламыз. Тіпті, олардың өздері жүгіріп келе жатады пойызға қарай, нан-пан, айран-сусындарын алып. Олардың түрін көріп, қазақтың дүниеде бар екенін көріп мәз боламыз. Кей стансада біз мінген вагонды салдырлатып бір пойыздан шешіп, екінші пойызға тіркейді. Содан кейін темір доңғалақтар дүрсілдеп алдымыздан жел есіп тағы да тартып отырамыз. Көз алдымызда – кең дала. Қанша қарасақ та көзіміз тоймайды. Ұшы-қиырсыз кеңістікпен жарысып, темір доңғалақтар дүрсілдейді. Біздер үшін, балалар үшін, бұл бір естен кетпес қырғын қызық сапар болды. Көзімізге түскеннің бәрі қызық. Әсіресе, Қазақстанның кеңдігі қызық. Айқай даламен отарба жарықтық күндіз-түн аңырап тартып келеді. Қазақ даласы түрікпеннің құмдарына ұқсамайды. Өзбектің бау-бақшалы өлкесіне де ұқсамайды. Қазақ даласы тек қазақ даласына ұқсайды екен. Осынысымен қызық. Пойыз ұшы-қиырсыз жалаңаш айқай даламен қышқырып қойып тартып келеді. Біз өткен күнмен түн есебінен жаңылдық. Пойыз «дүгідік», «дүгідік» деп тартып келеді. Қанша күн, қанша түн өткені белгісіз, ақыры, үлкендер «Жетісуға да жеттік» деді. Шамалған деген бекетке келіп тоқтадық. «Ойпырмай! Жетісуға жететін де күн болады екен ғой!» дейміз.
Пойыздан жапа-тармағай түскен жұрт «Астапыралла!» десіп, аңқайып тұрып қалды, түстік жаққа қарап. Сөйтсек, бәріміз ана тұрған ақшанқан Алатауға қарап қалыппыз. «Қар! Қар!» десіп. Тау басында жатқан қарды көріп айран-асырмыз. Өйткені, біздер, қар дегенді жаз тұрмақ қыста сирек көретін жерде өскен балалармыз ғой.
Бізді совхоздың жүк машиналары қарсы алды. Жұрт жүктерін машинаның қорабына тиеді. Көпұзамай Ақшиге қарай жүріп кеттік, жүк тиеген машина үстінде. Қазақстанға көшіп келгеніміз «рас па, өтірік пе?» дейміз. Түс көргендей халдеміз.

ЖЕРСІНУ ДЕ ОҢАЙ ЕМЕС

Әрине, біздер үшін, балалар үшін бәрі қызық. Бәрі жаңалық. Совхоз орталығындағы сегіз жылдық мектепке бардық. Жетінші кластан оқуды бастадық.Түрікпенше оқып келген біз қазақ тілінен алғашқы диктант жазғанда 2 алдық. Жергілікті балалармен бауыр басып кеттік. Бірақ, көшіп келген ағайын үшін жаңа қонысқа үйрену оңай болмады. Жаңа қонысты жерсіну мал екеш, малға да қиын соқты. Түн баласы аруана байғұстар боздап тұратын. Өріске шықса туған жеріне қашатын. Бір рет әкеміз Түрікпенстанға қашқан аруаналарды қуып барып сонау жер түбіндегі Отардан алып қайтты. Сөйтсе, аруаналар пойыз жолды жағалап тартып отырған екен. Аруаналар ақыры жаңа қонысты жерсінбей қашып – пысып жоғалып тынды. Сол жылы қыс та қатты болды. Жылы жақтан келген біздер бүрсеңдеп пеш түбінен шықпаймыз. Қазақстанның қысы қатты, әрі ұзақ болады екен. Пешке жағуға отын шыдамады. Біздер, балалар, құмырсқаша қыбырлап ауыл маңындағы ағаш біткенді үйге тасимыз. Біздердің отыннан қиналғанымызды көріп жергілікті жұрт қолұштарын бере бастады. Соның бірі көршіміз сары үйсін Сейіт молда еді. Көшіп келген ағайынның отыннан тарыққанын көріп өз есігі алдындағы зәулім теректі шауып берді. Көшіп келген қатын-қалаш арасынан: «Тып-тыныш отырған жылы орнымыздан қозғады» деп, біздің шалды қарғаушылар шыға бастады. Бұл біздің шалға ауыр тиді. Кейбір жақын ағаларымыз да қопаңдап «Жаз шыға Түрікпенстанға қайта көшеміз!» дейтін көрінеді. Соны естіген әкеміз бұлқан-талқан болды: «Иттің балалары, ауылдан бір табан аттап шығыңдаршы, кәне, тура сол жерде атып тастайын!» деп.
Өз ағасы Абылай мен інісі Көптілеудің көшпей ескі жұртта қалып қойғаны Абекеңнің қабырғасына қатты батты. Жаз шыға Түрікпенстанға тартты. Ескі жұртта отырған бауырларына: «Көшпейді екенсіңдер, ендеше, менің өлігіме де келмеңдер!» депті. Қалғандардан, алдымен Абылай қозғалды Қазақстанға. Ақшиге 8 шақырымдай жер қалғанда жүк көлігінің үстінде отырған сопы ата мәшиненің төбесін тоқылдата бастаса керек. Орыс шопыр зәресі ұшып тоқтай қалады, «Не болды?» деп. Сөйтсе, бәкене бойлы сопы атамыз мәшинеден секіріп түсіп шапан етегі делектеп иен далаға қарай жүгіріп барады дейді. Жүк көлігінің үстінде отырған сопының ортаншы ұлы Ілиястың әңгімесі:
– Шал жүгіріп барып бір кезде төбе үстіне жалп етіп отыра қалды. Отыра қалды да шұқшиып дұға оқуға кірісті. Дұғасын оқып болып асықпай кейін қайтты. Біз айран-асырмыз, түк түсінбей.
– Не болды? Не болды? – дейміз.
Шал үндемейді, көзі жұмулы, бурыл сақалын саумалай береді, әлдебір бір дұуғаны іштей күбірлеп. Не болғанын соң айтты. Дастархан басында ауыл ақсақалдары жиналғанда Абылай атам жергілікті ақсақалдарға қарата сұрақ қойды:
– Анау қырдың астында жатқан әулие кім? – деп.
Ауыл ақсақалдары бірінің бетіне бірі қарады.
– Ол Белағаш әулие! – деді бірі.
– Оу, ол неге елеусіз жатыр? Басы неге қарайтылмаған?– деді Абылай атам.
Жергілікті ақсақалдар «Не айтамыз?» дегендей бір-біріне қарасты. Абылай атам тағы сөйледі.
– Ұзын бойлы қара кісі екен… Мен дұға оқығанда анадай жерге алдыма келіп отырды.– деді.
Ақыры, жергілікті ақсақалдар әңгіме тиегін ағытты. Белағаш әулие, қайда, баяғы жаугершілік заманда осы елдің әйгілі пірі болыпты. Оның батасын алмай еш батыр майданға аттанбайды екен.
– Ау, сондай аруақтың басы әлікүнге қарайтылмағаны қалай?!
Беу, кәрия-ай! Әулие іздейтін заман ба еді, бұл?! – деп, ауыл ақсақалдары тосылып тоқырады. Белағаш әулие басына тек тәуелсіздік тұсында ғана белгі қойылды. Белгі қою ісін белгілі мемлекет қайраткері Серік Үмбетов басқарды, құрылысты ауылдан шыққан айтулы кәсіпкер Сыдық қажы Дәулетов жүргізді.
Әкеміз Абат бастап, ұлдары Шәудірбай, Жақсығұл, Мақтымқұлдар қостап ата кәсіп қой шаруашылығына қойып кетті. Ал, қалғанымыз болса көктемде түгел сақпанға шығамыз. Қозыны көп берсең өкімет төсіңе орден тағады екен. Өкіметке қозыны көп берген Шәудірбай ағамыз атақ-құрмет, ордендерге ие бола бастады. Ішінде Ленин ордені де бар. Сол кездегі облыс әкімі Асанбай Асқаров Іле ауданына /Ол кезде Күрті / келсе ат басын шопан Шәудірбайдың үйіне тірейтін. Ақжелең Абат ақсақалмен іні-ағадай болып кетті. Өкінішке орай, әкеміз Абаттың өмірі қысқа болды. Аты жаман ауруға шалдығып пайғамбар жасында өмірден өтті. «Ел көшірем деп, қатын-қалаштың қарғысына қалып еді, кім біледі, содан ба?!» деп, отыратын шешеміз. Әкеміз өлерінің алдында шешемізге: «Өмірімде иығыма бір жаңа кәстөм іліп көрмеппін, балалардан қалғанды киіп! Маған бір жаңа кәстөм алып берші!» депті. Осылайша, өмірден өтті әкем, «бала-шаға» деп, жар құлағы жастыққа тимей.
Әкеміз де, шешеміз де бес уақыт намазын қаза қылмаған, Құдай деген қарапайым жандар еді. Бала-шағасын, ауыл-аймағын атажұртқа алып келіп, бүгінде өздері ауыл сыртындағы зиратта мәңгі тынышталып жатыр. Жандары Жаннатта болғай!
Әкеміз Абат ақсақал дүниеден өткен жылы ауылымызға келген Асанбай Асқаров шопан ағамыз Шәудірбайдың үйіне ат басын тіреді. Өзі танитын ақжелең Абат ақсақалдың қазасына көңіл айтты. Сөйтіп, атышулы Асанбай аға біздің елге «Ұлық болсаң, кішік бол!» дегеннің үлгісін көрсетті.
Ал, атамыз Абылай болса, Ақшиге келерін келіп алса д, жаны жай таппады. Шошқа өсіретін орыспен көрші болғаны оның жанына қатты батты. Ақыры, совхоздың бір қора түйесін бағып таза далаға шығып көңілі көншіді. Жаз болса «Қожа Ахмет, қайдасың?» деп, Түркістанға тартып отыратын. Әріқарай Бұхардағы Бахауатдинді іздеп кететін. Әулиеден әулие қоймайтын. Бұхарға барған бір сапарында Қызыр Ілясты көрдім дейтін. Бір иман жүзді кісі келіп пойыз үстінде жаныма отырды дейтін. Бұхарға жақындағанда атамыз пойыздан түседі, әлгі жолсерігі де түседі. Атамыз баратын ауылға дейін такси ұстап екеуі бірге барады. Абылай атамыз танысының үйін тауып таксиді жіберіп ішке кіреді. Әлгі жаңа танысы да бірге кіреді. Дастархан жайылады. Бірақ әлгі жаңа таныс жолсерігі дәмге қол созбайды. Біркезде, Абылай атам безілдеп қоя береді. «Шиланым!» деп. «Әлгі таксидің ішінде шиланым қалыпты!» деп, ақша, құжаттарынан айырылғанын айтады. Сонда, иман жүзді жолсерігі бұны сабырға шақырады. «Құдай қаласа, таңертең қайтып келер жоғыңыз!» деп. Абылай атам сенер-сенбесін білмейді. Жолсерігі қоштасып жүріп кетеді. Ақша, құжаттарынан айырылған атамыз көрер таңды көзбен атырады. Таңертең шай үстінде отырса, есік ашылып кешегі таксист бала келіп тұр дейді. Қолында – бұның шиланы. Атамыз сонда барып түсінеді, кешегі жолсерігінің кім екенін. Жол үстіндегілерді жебеуші Қызыр ата екенін. Бұл оқиға сопы атамыздың басынан өткен осындай көп хикметтердің бірі ғана.
Жаңа қонысымыз Ақши ауылында жастар жаппай арақ ішетін. Бұл науқанға біздің ауыл жастары да білек сыбана кірісіп кетті. Бұны көрген сопы атамыз қайғыдан қан жұтты. Қолында аса таяғы, шапанының етегі делектеп көшеде жүріп кездескен жасқа: «Әй, балаларым!» деп, тұра қалып, үгіт-насихат айтатын. Қыз-бозбалалар оны үнсіз тыңдап, бірақ, сыртынан күңкілдеп: «Өй, осы шал да өлмейді екен!» дейтін. Шалдың киім киісі де өзгеше болды. Басында– ақ орамал, үстінде – қара тақия. Иығында – жеңіл шапан. Оның ішінде қазакай. Оның ішінде жағасын жіппен байлаған кең етек ақ көйлек. Бұтында – кең шибарқыт шалбар. Аяғында – мәсі. Мәсі сыртынан калош киеді. Тура ескіліктің қалдығы. Бірақ, осы киімі өзіне жарасатын. Осы қалпымен келе жатқанда бейне бір өткен заманның әулиесі адасып келіп көшеде жүргендей көрінетін. Сөзі де, киім киісі де ешкімге ұқсамайтын. Намаз уақыты келгенде кез-келген таза жерге тұра қалып, шапанын жайып жіберіп намазын оқи беретін. Осы әдетімен біркүні Ақшиде орналасқан жаңа аупарткомның алдындағы көгалға тұра қалып намазын оқи береді.Аудан басшылары ашық терезеден қараса… Ленинге ескерткіш орнатуға дайындап қойған алаңда «тірі ескерткіш» тұр дейді тәлтиіп. Екі құлағын ұстап, құбылаға қарап азан шақырып. Аупартком дүрлігіп кетеді. Арандату деп. Бірақ, намазын оқып тұрған шалды қуып жіберуге ешкімнің дәті бармайды.
Абылай атам шошқа баққан көршіден іргесін аулақтап ауыл шетінен басқа үй алды. Сол үйдің ауласында пәтер жалдап жас зоотохник Серік Үмбетов тұрды. Ол кезде Серік совхозда қарапайым жұмысшы болатын. Шал біркүні мал сойып ауыл ақсақалдарын жинап: «Мына балаға батамызды берейік! Ертең, Асқаровтың орнына баратын басшы осы болады! Сол кезде шарапаты тиеді ауылымызға!» дейді. Төбеден түскендей болған Абылай ата сөзіне жұрт таң қалады. Бірақ, батасын береді. Абылай атамның айтқаны келді. Баяғы бала Үмбетов, араға жылдар салып аға Үмбетовке айналды, Алматы облысын басқарды. Ауылға қамқорлығын аяған емес. Бүгінде Парламент депутаты.
Күртіге біркүні Қазақстан басшысы Дінмұхамед Қонаев келді. Жол шетінде түйе бағып жүрген шалды көріп сәлем беруге бұрылады. Қонаев анадайдан көлігінен түсіп түйе шетінде тұрған ақсақалға жаяу келіп сәлем береді. Екеуі тіл қатысады. Тақуа шалдың әңгімесі Қазақстан басшысына қатты ұнайды: «УАЗ көлігін алуға рұқсат берейін!» дейді. Бірақ, шал алғыс айтып көліктен бас тартады. Дінмұхамед Ахметұлымен түйе жетектеген Абылай атамыздың сондағы әңгімелесіп тұрған суреті сол жылы Кеңес Одағына кең тарайтын «Огонек» журналынада шықты.
Шал медресе бітірмесе де исламияттан мол хабардар болатын. «Хиссасул Әнбия» , Әбубәкір Кердері жырларын жатқа айтатын. Шалдың құлаққа майдай жағымды үнімен айтылатын осынау имани әңгімелерді тыңдап отыру бір ғанибет еді. Соңғылықта «Ақ боз үй» романын жазғанымызда Лабақ ахун атты әулие кейіпкер бейнесін біз осы өмірдегі Абылай атадан көшірдік. Ал, әкеміз Абаттың шапшаң да шытырлақ мінезі романдағы етікші Шырылдауық Шәріп бейнесін жасауға негіз болды. Ал, анамыз Қанбибі Шабанқызы ауылда «қара кемпір», «ақылды тентек» атанған, ер мінезді қайсар жан еді. Анамыздың осы бір сирек болмыс-бітімі романдағы Дәу апа бейнесін сомдағанда өз септігін тигізді.
Құрметті оқырман! Байқап отырғаныңыздай, әңгіме әдебиетке таман ауысып барады. Бұл заңды еді. Өйткені бізді әдебиетке алып келген соқпақ басы осы біздің балалық шағымыз өткен алтын бесік – ауылымыздан басталатын. Егер де, біздің балалық шағымыз осынау қилы тағдырлы көшпелі ауылда өтпеген болса, онда, соңғылықта, жазушы ретінде, 1920-30 жылдардағы халқымыз бастан кешкен ашаршылық туралы кітап жазу біздің қолымыздан келмеген болар еді. Бұл анық.
Біздің осынау тосын тағдырлы бала шағымыздың соңғы екі жылыАқши ауылында өтті. Бұл 1961, 1963 жылдар. Бұл жылдары біз 14, 15 жастамыз. Осы жылдар біз үшін қазақ әдебиеті атты әлем есігін айқара ашқан жылдар болды. «Абай жолы», «Қан мен тер», «Шұғаның белгісі», «Қорғансыздың күні» тәрізді шығармалар бізді қазақ қара сөзіне бұратала ғашық етті. Сөз өнеріне тәнті етті. Осы жылдардан бастап бізге құлақ шалған тосын ой, тіл жауһарларын қағазға түсіріп отыру әдет болды. Өйткені, сол жылдары біз қазыналы қарттарды көп тыңдадық.
Біздің ауылдағы әңгімешіл шал жалғыз Абылай атам емес еді.Қазыналы қарттар торқалы той, топырақты өлімдерде бас қосып әңгіме-дүкен құрып отыратын. Олар – Ораз шал, Егізбай молда, Әбу шал, Өтеп ата, Нұрғали, Балмұхан, Сейіт молда, Елібай, Рейім, Қонақбай, екі Аманғали, Айтмұқаш тәрізді ақсақалдар еді, Көптілеу, Бектілеу, Сақтап, Дүкенбай, Андалы, Сағат, Нұртілеу, Шәудірбай, Бегдәулет, Сәду, Тоқтарбай, Құлжан тәрізді ағалар еді. Ойлап отырсақ бұлар ауылдың қадымнан келе жатқан қазақы болмысын сақтаған буын болыпты.
Бүгінде ол ұрпақ өтті. Олармен бірге қазақтың түгел бір дәуірі өткендей болды.
Бүгінде ауылға барсақ, сол үлкен аға буыннан жырылып қалған жандай болып арамызда Жақсығұл ағамыз жүреді. Бұлардан кейін енді шалдықтың кезегі біздерге келе бастады. Бірақ, біздер, совет мектебінен өткен ұрпақ, мүлдем басқамыз. Шал десе намыстанамыз. Киім киісіміз де бөлек. Өткен буын өкілдеріне ұқсамаймыз. Өткен буын өкілдерінің білімі баста болатын. Біздің біліміміз компьютерде тұрады. Соның бір мысалы – ақшилік аға-досымыз Ахмет. Әлем ақпаратын компьютерден алып отырады. Міне, жаңа заман шалдары, осылар!
Бұл деген сөз, аға ұрпақ салған сара жолдан біз ауытқыдық деген сөз емес. Аға ұрпақ үлгісі біржола үзіліп қалды деген сөз емес.
Абылай атамыздың екі әйелінен өрген ұрпақтың үлкені Сәттіғұл ағамыз кешегі Құдайдан безген заманның өзінде жұрттан тасаланып үйінде намаз оқитын.
Абат ақсақалдың кенже қызы, қарындасымыз Қарагөз арамыздан шыққан тұнғыш қажы болды. Қажылық парызын бір емес, үш рет өтеп өтті өмірден. Ағайынды иманға, ынтымаққа шақырумен өтті.
Абылай атамның ортаншы ұлы Іляс болса бүгінде сопы әкесінің жолын қуып ағайынға үлгі боп абыройлы ақ жолда жүр.
Мінеки, ауылымыз өстіп имани тұрғыдан өзгеріп, жаңғырып келеді. Бұрын той-домалақ арақсыз өтпейтін болса, бүгінде бұ кеселден де біртіндеп ауылымыз арылып келеді. Иманға, мешітке бет бұрып келеді. Бүгінде ауылға барсақ құлағымызға әлсін-әлсі назан үні естіледі. Тәубе дейміз.

Пікір қалдыру