Әлия ТАУКЕНОВА. Қойнауына құт қонған Баянауыл

«Бұл уақыт жан тыныштық іздейтін, қызық қуатын уақыт емес, қызмет қылатын, еңбек сіңіретін уақыт. Ойлаңыздар: халық біз үшін емес, біз халық үшін туғамыз, олай болса, мойынымызда халықтың зор борышы, ауыр жүгі жатыр». Ұлт көсемі Жүсіпбек Аймауытов «Абай» журналына жариялаған «Ұлтты сүю» мақаласы бүгінгі күнде де өзекті һәм өткір. Жоғарыда келтірілген мағыналы ой әлі де өміршең. Халық алдындағы кешегі Жүсіпбектің, басқа да ұлт көсемдерінің, халық зиялыларының мақсат-міндеті, борышы – халықты ағарту, кешегісін електен өткізе отыра ертеңге жол ашу, өткенін құрмет тұту. Міне, бүгінде қазақ кешегісінен айнымай, үлгі алу арқылы жарқын болашаққа жол бастады. Тарихымызды тану таным көкжиегін кеңейтеді. Кешегі зиялылар мен одан ерте дәуірдегі түркі тілдес халықтың, тамырымыздың тарихына бойлау бүгін де халықтың нысанасы. Тарихты тану бір бөлек те, оны өзгеге үлгі қылу, жас ұрпаққа өнеге ету үлкен ерлікті, қажырлы қызметті талап етеді. Тарихи тұлғаларымызды ел жадында жаңғырту үшін келелі істер легі жалғасын табуда.
Баянауыл өңіріндегі көне тарихи-табиғи ескерткіштер өткен ғасырдың екінші жартысында яғни, 1960 жылдары Шоқан Уәлиханов атындағы археологиялық этнография институтының аға ғылыми қызметкері, академик Әлкей Марғұланның басшылығымен қолға алынды. Атап айтсақ, археологтар Мир Қадырбаев, Кемел Ақышев және де басқа ғалымдар шәкірттерімен келіп, зерттеу жұмыстарын жүргізді. Бүгінгі таңда академик Марғұланның ізбасарлары зерттеу жұмыстарын ауқымды жалғастыруда. Баянауылдың киелі жері ерте дәуірдегі адамдардың да құтты мекеніне айналғанын археологиялық-этнографиялық зерттеулерден білуге болады.
Баянауылда 2000 жылдың басында Елбасының «Мәдени мұра» бағдарламасының аясында сол кездегі аудан әкімі Қорабай Шәкіровтың басшылығымен жасалған жұмыстар «Рухани жаңғырудың» толқынына килікті. 2006 жылдары Мұса мырза мешітінің жанында «Баянауылдан шыққан қасиеті болған адамдар» орнатылған тас газет бетіне жарияланған. Діни қайраткерлердің 120-дан аса тізімі, аудан өңіріндегі балбалтастар көшірмелері, қалаберді, елге еңбегі сіңген тұлғаларға қойылған мүсін-ескерткіштер келер ұрпақтың өзінің туған жерінің тарихын, өткені мен кеткенін білуге жол ашады. Рухани жаңғырудың баннерлар мен билбордтар, тіптен, жалаушалар мен суреттер арқылы емес, құнды дүниелерді жаңғырту, кешегімізден үлгі алу арқылы көрініс беретінін былайғы жұрт жете түсінуі шарт.
2000 жылдардың басында Қорабай Шәкіров, Асқар Лекеров, Алтынбек Құрманов, Төлепберген Алдабергенов, Рамазан Нұрғалиев, Бауыржан Адамбеков, Шәкрат Шалбай, Қайрат Сарбасов, Болат Рахметов, Қайыргелді Әбілғазин, Өзікен Жәмінов және сол кездегі ауылдық округ әкімдері қасиетті адамдарға тас қою жұмыстарын жүргізген. Тарих таразысын теңестіріп, кешегіден үлгі алуға бағытталған игі шара былтырғы жылдан қайта қолға алынып, биыл тастары орнатылды. Елбасының бастамасымен жүргізілген шараға сол кездегі әкімдер, облыс әкімі Болат Бақауов пен аудан басшысы Оразгелді Әліғазыұлы қолдау танытып, нәтижесінде ұлттық мұратқа сай игілікті істер ұлт алдындағы аса зор жауапкершілікпен жүзеге асырылуда.
Өлкетанушы Алтынбек Құрмановтың бағыт-нұсқауымен 2018 жылы аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі ауқымды істі, сакралды орындарды белгілеумен айналысып бастады. Оның түп-тамыры – халықты тарихпен беттестіру. «Павлодар облысы бойынша сакралды орындардың 70 проценті Баянауыл өңіріне тиесілі. Бұған ауданымызда қасиетті орындардың картасын жасағанда көзіміз жетті. Басқасын айтпағанда, республикалық жүз сакралды орынның үшеуі Баянауылдан. Атап айтсақ, Қоңыр әулие қасиетті үңгірі, Жасыбай батырдың зираты, Мәшһүр Жүсіптің кесенесі», — деген өлкетанушы Алтынбек Жұматұлы қасиетті орындарға да сипаттама берді.
Мәртебелі оқырман, халықтың рухани азығына айналсын деген ниетпен Баянауыл ауданының сакралды картасына орай қасиетті жерлердің белгі тасы орнатылды. Ғұламалар мен ұлы тұлғаларымыздың, көне дәуірдің мол мұрасын айқындайтын таныс болыңыздар. Әуелі көне дәуірдің, түбі бір түркі халықтарының сыр тұнған тарихи қорымдары мен орындарынан бастағанды жөн санадық…
Ертедегі темір дәуіріндегі жерлеу кешені. Сабындыкөл аймағында Баянауыл-Қарағанды тас жолының бойында орналасқан. Бұл көне қорым осы өңірде, яғни қола дәуірінде өмір сүрген адамдардың жерленген орны болып табылады. Кешенді зерттеу 2016 жылы Сұлтанмахмұт Торайғыров университетінің археолог ғалымы Виктор Карлович Мерцтің басшылығымен жүзеге асты. Және алдағы уақытта да ғылыми тұрғыда толығынан зерттеліп, айналымға кіреді. Ол жерден табылған заттар мен бұйымдар университет ғалымдарының зертханаларында.
Байбақы бұлағы. Көне дәуірдегі жерлеуі, археологиялық ескерткіші. Жасыбай-Торайғыр тас жолының бойында, Кемпіртастың солтүстік-шығысындағы Байбақы бұлағы. Бұл қорым Павлодар мемлекеттік педагогикалық университетіне қарасты академик Ә.Х.Марғұлан орталығының (Марғұлан центр) басшысы Тимур Нұрланұлы Смағұловтың жетекшілігімен зерттелуде. Болашақта осы қола дәуірінен толыққанды хабардар ететін қорымды ашық аспан астындағы музей етіп жасау жоспарлануда. Қорымнан табылған адам қаңқасы және қыш ыдыстарды, көне заттарды осы орталықтың ғалымдары зерттеу үстінде.
Торайғыр сақ қорғандары. Сақ-сармат дәуіріне жататын бұл кешенді де Ә.Х.Марғұлан орталығы ғалымдары зерттеумен айналысуда. Болашақта осы сақ қорғаны ашық аспан астындағы музейге айналдыру жоспарда. Баянауылға демалуға келген туристер мен жергілікті тұрғындардың тамашалауына мүмкіндік жасалмақ.
Ауданда сакралды орындар анықталып, оларға тас белгілер орнатылып жатқандығын газетіміздің өткен нөмірлерінің бірінде сүйіншілеп жазған болатынбыз. Ал, енді олардың әрбіріне орнатылған тастар жөнінде ақпарат беріп, құрметті оқырман, өздеріңізбен таныстырып отырғанымыз да сіздерге белгілі.
Абылай хан ордасы. Абылай хан қазақ ордасының ең ұлы хандарының бірі. Елді біріктіріп, шекарамызды жау шебінен сақтауда қол бастаған хан біртұтас қазақ елін қайта біріктіріп, ішкі-сыртқы саясаттың данышпан үлгісін жасаған билеуші. Абылай ханға қатысты Арқа өңірінде жер атаулары баршылық. Соның бірі Баянауыл жерінде. Ғылыми тұжырымға сүйенсек, академик Манаш Қозыбаев өз еңбегінде 1734 жылы Абылай ханды Сабындыкөлдің жағасында ақ киізге отырғызып, хан көтергенін жазады. Баянауылдағы даңқтылар аллеясындағы тасбелгіден де соны көреміз. Ал, енді Абылай хан Баянауылды 3-4 жыл қоныс қылған. Және Қызылжарға (Петропавлск) орыстардың бекініс салып жатқанын ескерген Олжабай, Малайсары батырлар Абылай ханды Көкшетауға қоныс аударуын өтінген. «Бүгін Қызылжарға бекініс салған орыс ертең Көкшетауды да алады. Жаудың өтінде болғаныңыз дұрыс», — деп айтқан екен. Сол 3-4 жыл жайлау қоныс қылып, ордасы болған жер бүгінгі күні «Ханның, төренің қарағашы» деп аталады. Жыр-дастандар мен аңыз-әпсаналардан бұл жерді Абылай ханнан бұрын Есім, Тәуке хандардың жайлау қылғанын естіп, оқып жүрміз. Мысалы, Жамал қожа Әлқожаұлының жырларында мұндай деректер келтіріледі.
1756 жылы Баянауылдың теріскейінде Абылай ханның жайлауда отырғаны Құлжадан шыққан керуенбасы татар, ұйғыр саудагерлерінің Тобыл воеводасына жазған рапортында анығынан көрсетілген. Бұл құжат Омбы қаласы А.С.Пушкин атындағы кітапханада Катанаев қорында сақталған. Бұл турасында Қарқаралы, Семей өңірін зерттеуші, өлкетанушы Б.Нәсеновтың кітабында да кездеседі. 1756 жылы Баянауылдың теріскейінде отырған Абылай хан көршілес Жасыбай көлінің жағасындағы «Тас қораны» қоныс қып отырған Олжабай батырды Шүршіт (қытай) әскеріне қарсы аттандырады. Бүгінгі күні Қарағанды облысы, Осакаровка ауданына қарасты Шүршітқырған жері осы жорыққа байланысты болған. Сол 1756 жылы Баянауылдағы жайлауынан Көкшетауға көшкен Абылай хан өзінің үлкен баласы Тоғым төрені Баянуылдағы ордасына тастап кетті. Тоғым төреден қазақ халқының алғашқы салалы тарих ғылымының докторы, академик Ермахан Бекмаханов осы жерде дүниеге келген. Ол – Абылай ханның тікелей ұрпағы.
«Жалпы, біздің халықта ел билеген хан жайлауда болсын, қыстауда болсын ол жер ханның ордасы саналады. Және ол әулет бөтен жерге қоныс салмайды. Бұл әңгіме-әпсаналарды ұлы ғұлама Мәшһүр Жүсіп Көпейұлының шәкірттері болған Иманғали Мәненұлы, Алдажар Әбдіразақұлы, Әнапия Әубәкірұлы, Жанайдар Асылбекұлы қариялар бастары қосылғанда тілге тиек қылушы еді», — дейді Алтынбек Жұматұлы.
Абылай хан ордасына қойылған тас белгі Баянауыл мемлекеттік ұлттық табиғи паркі Жасыбай бөлімшесіне қарасты аумақта. Үш жүздің басын біріктіріп, ел болып жиылудың жолын көрсеткен даңқты тұлғаны былайғы жұрт біліп, құрмет тұтуға тиіс. Сакралды орныдарды белгілеп, тас орнату жұмысы да осы бір игілікті іс жолында жасалған жұмыс.
Шоң би. Қамар Қасымов. Баянауылда Абылай ханды алғашқы хан көтерсе, ал, ХІХ ғасырда патша империясы қазақ даласына қарыштап кіргенде алғашқы қара халықтан шығып, аға сұлтан болған – Шоң би Едігеұлы. Шоң би Едігеұлы жөнінде ұлы ғұлама Мәшһүр Жүсіп Көпейұлының, басқа да ақындардың орыс мұрағаттарында кеңінен қамтылған. Және Шоң би жөнінде жазған Қалмұқан Исабаевтың «Серт» романы ол кісінің ұлы даланың данагөй кемеңгері болғанын айғақтап тұр. Әдебиетші Адольф
Янушкевич күнделік дәптерінде былай деп жазады: «Шоң сұлтан емес, бірақ ірі адам. 
Ол орыстар осы жерге келер алдында өмір сүрген. Ақылы, әділдігі және күш-қуатының зорлығы арқасында ол өз ортасында үлкен беделге ие болған. Оның әмірі анау-мынау ханнан артығырақ пәрменді жүрген. Қылмыскерлерді өзі жазалаған, оларды кейде асау атпен сүйреттіріп, аяусыз түрде өлтірткен…», — деп жазса, «Қазақтың өзін-өзі басқара алатындығын дәлелдеймін деп Шоң шықан. Бүкіл қазақ аренасына осы сертпен шыққан жалғыз би – осы», — дейді Қалмұқан Исабаев өз зерттеуінде. Міне, осыдан-ақ Шоң бидің қара қылды қақ жарған әділдігін байқаймыз.
Баянауылдағы Шоң бидің қыстауына келер ұрпақ біліп жүру үшін белгітас орнатылды. Шоң би Түркістанда жерленген.
Шоң бидің қыстауы халық шебері Қамар Қасымовтың да туған жері. Қамар Қасымов 1893-1966 жылдары өмір сүрген. Ол – қазақ арасынан шыққан кәсіби шебер, Қазақстанның еңбек сіңірген өнер қайраткері. Алғашқы Құрманғазы оркестрі құрылғанда бүкіл ұлт аспаптарын өз қолымен жасап шыққан және Моңғолияның ұлт аспаптарын қалпына келтірген Қамар Қасымов жасынан қолөнер бұйымдарын жасаумен шұғылданған. Қамар Қасымовтың өз қолымен әшекейлеп, өрнектеп жасаған музыка аспаптары Қазақстанның Орталық және Ықылас атындағы Халық музыка аспаптар мұражайларының қорында сақтаулы тұр. Оның зираты Алматы, Кеңсайда. Қамар Қасымовтың тас белгісі Торайғыр ауылдық округіне қарасты Шоңның қарағашында.
Едіге бидің билік тасы. Едіге би Төлебайұлы XVIII ғасырдағы қаз дауысты Қазбек би, Бұқар жырау, Абылай хан заманының биік тұлғасы. Едіге би жөнінде ұлы ғұлама Мәшһүр Жүсіп Көпейұлының еңбектерінде кеңінен қамтылған. Мәшһүр Жүсіп жазбаларында «Бұл біздің қазақта үш Едіге болған. Бай Едіге, батыр Едіге, би Едіге», — дей келе, бай едіге кіші жүзден, батыр Едіге Тоқтамыс заманында өмір сүргенін, зираты Ұлытауда жатқанын және би Едіге Шоң, Торайғырдың әкесі екеніне тоқталады. Заманында үштің біріне іліккен Едіге би Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұламада Сыр мен Шу бойындағы елді Арқаға әкелген рубасылардың бірі болған. Ол заманда Баянауылдың шұрайлы жерін қалмақтар қоныс қылып, көшіп келген елді Далбадағы Қарағайлы бұлаққа тоқтатыпты. Арып-ашып келген ел 5-10 жыл есін жиғанша осы арада болады. Соңынан Олжабай батыр елдің басын біріктіріп, Баянауылды қалмақтардан босатты. Ел үлкендерінің әңгімесіне құлақ ассақ, сол заманда Едіге би түйеге мініп, билік тастың үстіне ақ киізді төсетіп, елді жиып, жастарды жанып, жауға қарсы үгіт-насихат жүргізген. Сол заманнан бізге жеткен тас ескерткіш Жаңатілек ауылдық округіне қарасты Қарағайлы бұлақта тұр. Бұл жер қазір Баянауыл мемлекеттік ұлттық табиғи паркі аумағы.
Құрманбай абыз тасы. Құрманбай абыз Байқонақұлы – ХІХ ғасырда өмір сүрген даланың дарынды тұлғасы. Үлкен ислам дінінің білгірі. Елді ауызбірлікке шақырып, ауырып-сырқағандарын емдеп, қатарға қосқан қасиетті адам.
Құрманбай абыз жөнінде мағлұматтарды жинақтап жүрген Мұхамет-Қайыр Шәріпов дала дарыны турасында бізді мол мағлұматпен сусындатты. Құрманбай абыз Байқонақұлы 1829 – 1901 жылдары өмір сүрген екен. Баянауыл ауданының Далба (казіргі Жаңатілек ауылдық округінде) туып-өсті. Қызылжар қаласындағы медресені ойдағыдай аяқтап, оқуын әрі қарай Бұхарадағы «Көкілташ» медресесінде жалғастырған. Бұл жерден араб, парсы тілдерін жете меңгеріп, Жаңқозы – Қараман абыз екеуі Сирияда Шам (Дамаск) қаласында оқып, терең білім алған.
Мұхамет-Қайыр ағаның айтуынша, Құрманбай абыз ауруларды сауықтырушылық тұқым қуған қасиетке ие болған. Күні бүгінге дейін ауырған, науқас адамдар абыз атаның басына қонып, сауығып кететіні өмір шындығы, тылсым керемет. Құрманбай абыз Қ.Сәтбаевтың дүниеге келерін болжаған және азан шақырып «Ғабдулғани» деп атын қойған қасиет иесі. Құрманбай абыздың бір кереметі Мәшһүр Жүсіп есімімен байланысты айтылады. Бірде елді аралап ұзақ жолға шыққан Мәшһүр Жүсіп Құрманбай абыздың зиратының қасынан өтіп бара жатып, абыздың аруағын сынамақшы болыпты. Сол себепті Мәшһүр Жүсіп өзінің көшіріне: «Құрманбай абыздың зиратының қасында өтіп бара жатқанда тоқтамай-ақ қой, керісінше атты қамшылап, тездетіп жүр» — деп бұйырады да, өзі дұға қайырмай отыра береді. Сөйтіп, зират сыртынан жылдамдатып өте бергенінде трашпенкенің доңғалағы үзіліп түскен екен. Мәшһүр Жүсіп: «Ә, Құрманбай! Бір доңғалақтық шамаң бар екен әлі, жарайсың!», — деп күліпті де, көшіріне: «Әй, енді тоқтаймыз, абыздың аруағына дұға қайырамыз» — деп, арбадан түсіп жаяулап кері жүріп дұға қайырыпты. Сосын арбасына бет алғанда арбаның дөңгелегі мен басқа саймандары шөп арасынан табыла кеткен екен…
Құрманбай абыз Жаңатілек ауылынан 16 шақырым қашықтықта жерленген. Тас белгі сол жерге қойылды.
Тотия ана зираты. Тотия ана жөнінде аңызға бергісіз әңгімелер бүгінгі күнге дейін ел аузында сақталған. Далба тауларының ең биік шоқысы осы ананың есімімен аталады.
Тотия ана ХVII-ХVIII ғасырда өмір сүрген. «Ол Қара батырдың жолдасы. Бұлар Бабыр мен Құнияздың әке-шешелері. Қалың елге билік айтқан, үлгі болған, елдегі дау-дамайларды шешкен киелі адам», — дейді Мұхамет-Қайыр Шәріпов.
Тотия ана зираты Далба тауларының ең биігінде орналасқан. Далбаның ең биігі – Тотия. Тотия анамыз кешегі жаугершілік заманда өзінің бір ауыз сөзімен елін апаттан аман алып қалыпты. Арғын-Айдабол Бабыр анасы дүниеден өткенде анасының бір күндік сүтін ақтаймын деп ақ жуғызып, арулатып мәйітті арқалап алып осы таудың басына көтеріп апарып, жерлеген екен. Содан бері сол тау Тотия деп аталады. Анаға құрмет тағзым ету орны бұл. Теңіз денгейінен 1060 метр биіктікте Жаңатілек ауылынан оңтүстікке қарай 17 шақырым жерде. Тас ескерткіш осы жерге орнатылған.
Баянауыл – ғұламалардың отаны. Оған себеп іздеп жатудың өзі артықтық етер. Байтақ далада бабала ізі сайрап жатыр. Тек елеп-ескеруді қажет етеді. Тарихи тұлғаның бірі – Олжабай батыр.
Олжабай Толыбайұлы (1709-1783) – жоңғар басқыншылығына қарсы күрескен қазақтың атақты батырларының бірі. Әкесі Толыбай атақты «Ақтабан шұбырындыда» босқан елді жау өтінен қорғап жүргенде оққа ұшады. Осы кезде он үшке жаңа толған Олжабай нағашысы Қаратай батырдың қолына барып, сонда тәрбиеленеді. Халықтың шежірелерінде, ауызша әңгімелерінде Олжабай туралы өте көп айтылады, өлең жыр, дастандар да баршылық. Онда Олжабайдың батырлығы, тапқырлығы, мергендігі ерен сүйіспеншілікпен сөз болады. Оның есімі он сан орта жүзге ұран болған. Халық жырларында: «Олжабайлап» жауға шапқанның жеңбейтіні болмаған. Үрей туғызатын ұранды пайдаланып, өзгелердің де жауға «Олжабайлап» шабатын кездері болған көрінеді. Ол Қабанбай, Бөгенбай, Малайсары секілді батырлармен бірге тізе қоса отырып, ата жауға қарсы талай жорыққа қатысқан. Оның ерлігінің ерекше көрінетін жері Баянауыл баурайындағы қалмақтармен болған шайқасы.
Олжабай батырдың тас қорғаны.
Олжабай батыр ХVIII ғасырда Баянауыл жерін жоңғар басқыншыларынан азат еткенде жау әскерін тосып алу үшін жауынгерлеріне тас қорған жасатқан. Осы жерде жан алысып, жан берісіп су орнына қан ұрттап, бүгінгі елдің сақталып қалуына себепкер болған талай боздақтар жер құшты. 1973 жылы Баянауылдағы туған жері Жасыбайға келген академик Ә.Х.Марғұлан зерттеу жұ­мыс­тарын жүргізіп, қару-жарақтардың қи­ран­­дылары – садақ жебесінің ұштары, най­за­ның ұшы, дулығалардың қалдықтарын тапты.
Олжабай батыр Толыбайұлы 1709 жылы Түркістан маңында дүниеге келген. Сары­арқаны жоңғар-қалмақ басқыншы­лары­нан азат еткен ұлы қолбасшылардың бірі. Қыстауы Баянаула Жасыбай көлінің маңында болған. 1783 жылы Ерейментау жерінде жайлауға көшіп бара жатқанда дүние салып, мүрдесін ауа райының қолай­сыз­дығына орай Түркістандағы Қожа Ахмет Яссауй кесенесіне жеткізе алмағандықтан сол жерге жерленген. Бүгінгі күні батырдың зираты Ақмола облысы, Ерейментау ауданы, Олжабай батыр ауылдық округінде.
Олжабай батырдың Қарауыл төбесі.
Олжабай батырдың тас қорғанының сыртында адам қолыменен жасалған биік төбешік тұр. Қорғандағы жауынгерлерге қиян-кескі ұрыста бағыт сілтеуші жауынгер тұратын қарауыл төбе. Бұл жерде де талай жауынгер оққа ұшты.
Олжабай батырдың тас қорасы.
Баянауыл жерін жаудан босатқан Олжабай батыр Жасыбай көлінің күн­шы­ғысында аласа тау-тастың ығында тастан қонысын салдырған. Және осы жерде батырдың қару-жарақ қоймасы болған. Бүгінгі күні бұл жер Олжабай батырдың тас қорасы деп аталады.
Жалаңтөс асуы.
Баянауылдан Жасыбай демалыс аймағына баратын тас жолдың бойында үлкен асу бар. Ол асуды бүгінгі тарихты біле білмейтін халық «Серпантин» деп атайды. Негізгі тарихи атауы – Олжабайұлы Жалаңтөс батырдың асуы. Сол алмағайып заманда Жасыбай батыр қаза тапқан соғыста Жалаңтөс те осы жерде қаза тапқан. Ал, Жасыбай батыр зираты Баянауылдың күншығысында, батырдың есімімен аталатын көлмен екі аралықта. Ол жерді Жасыбай асуы дейді. Бүгінгі Жалаңтөс асуындағы Жасыбай батырға қойылған мүсін тас жолдың Жасыбай демалыс аймағына апаратынын меңзейді.
Баянауылдан түлеген дарындылар өңірдің ғана емес, күллі қазақтың бет түзер құбыласы, һәм мақтанышы мен айбары. Даланың дарынды тұлғаларының әрбірі ұлт үшін ұлы құбылыс болып есептеледі. Халықтың қамы, ұлт болып қалыптасып, өзіндік бағытты бағамдауы ардақты азаматтардың, есіл ерлердің ерен ерлігі. Бүгінде барыс еліміз арыстарын ұмытпауы керек!
Ә.Марғұланның ата қонысы. Жасыбай елді мекені «Дулат бидің қара бұлағы» қазақ археология этнографиясының атасы сегіз ғылымды қатар алып жүрген академик Әлкей Хақанұлы Марғұлан 1904 жылы осы жерде дүниеге келген. Әлкей Марғұлан әйгілі он сан орта жүзге ұран болған Олжабай батырдың ұрпағы. Шежіре кестесі: Олжабай батыр-Дулат би-Марғұлан-Хақан-Әлкей болып келеді. Әйгілі ғалым 1973 жылы Баянауылға келгенінде өзінің кіндік қаны тамған Дулат бидің қара бұлағындағы қыстауына қада қадап кеткен. Сол қарағайдан қиып қадаған белгі күні бүгінге дейін тұр.
Жаяу Мұсаның туған жері – Жасыбай елді мекені, «Орман батырдың Қарақуысы». Әйгілі халық композиторы, әнші XIX ғасырдың екінші жартысында Санкт-Петербург, Балтық жағалауы, Польша елдерінде болып, нота және скрипка аспабын үйреніп, елге келген соң қазақ әндерін алғашқы рет срипкада орындаған. «Дала Поганиниі» атанған дауылпаз жыршы Жаяу Мұса Байжанұлы 1835 жылы осы Орман батырдың Қарақуысында дүниеге келген. Ал, 1929 жылы қазіргі Жаңатілек ауылдық округіне қарасты Ақшоқы қыстағында дүниеден өткен. Орман батыр әйгілі Олжабай батырдың туысы болады.
Олжас Сүлейменов. Жасыбай елді мекені, «Орман батырдың Қарақуысы» – қоғам және мемлекет қайраткері әлемге белгілі ақын, жазушы Олжас Омарұлы Сүлейменовтың ата қонысы. Олжас Сүлейменов Жаяу Мұса Байжановпен туыс болады.
Осы орайда Мәжһүр Жүсіп Көпеев арқылы жеткен әңгіменің бірін тарата кетейік. Ол бойынша Абылайхан батырларының бірі Олжабай батыр ұрыстардың бірінде өлімші болып жараланады. Олжабай жан тапсырар алдындағы қаумалаған сарбаздарына «Мені жетінші ұрпағымнан күтіңдер. Ол үлкен ақын, білгір ғалым болады» деген екен деседі. Омар Сүлейменов осы Олжабай батырдың алтыншы ұрпағы болғандықтан, жетінші ұрпағы болатын өз балаларының дүниеге келуін тағатсыздана күтіп, үлкен үміт артады. Сондықтан балаларының есімдерінде ұлы бабасына ұқсатып тұңғышын Олжар деп атаса, екінші ұлына да тосын естілетін Олжас есімін береді. 
Әміре Айтпакин. Жасыбай елдімекені және Жамбақы қыстауының аралығындағы «Дүрман тоғайында» 1861 жылы дүниеге келген. Қазақ халқынан шыққан тұңғыш дипломды дәрігер. 1889 жылы алғашқы Томск қаласында ашылған Император университетінің дәрігерлік факультетіне түскен алғашқы қазақ түлегі. 1894 жылы күміс медальмен бітіріп шыққан. Павлодар, Баянауыл, Қарқаралы уездерінде учаскелік дәрігер қызметін атқарған. Қарқаралы өңірі Қоянды жәрмеңкесінде фельдшерлік бөлімше ашып, даладағы алғашқы тиф ауруын тоқтатқан дәрігерлердің бірі. Жылқы малының сүтінің, қымыздың емдік қасиетін анықтап, және парашок түрінде сақталуын ашқан диссертация қорғаған алғашқы дәрігер. 1907 жылдары Өскемен, Зайсан, Катон-Қарағай өңірлерінде учаскелік дәрігер қызметін атқарды.
1919 жылы Өскемен қаласында Атаман Анненковтың жендеттерінің қолынан қапылыста дүние салады. Зираты Өскемен маңындағы Ахмерова селолық округіндегі ескі қабірістанда.
Ермахан Бекмаханов туған жері «Ханның, төренің Қарағашы». Алғашқы салалы тарих ғылымының докторы. 1915 жылы өзінің атамекені Ханың Қарағашында дүниеге келген. Әйгілі Абылай ханның үлкен баласы Тоғым төреден тарайды. Е.Бекмаханов 1940 жылдардың ішінде ұлт-азаттық көтерілісінің көсемі қазақтың әйгілі ханы Кенесары Қасымовты жазғаны үшін 25 жылға бас бостандығынан айырылып, айдауда болды. Ақталғаннан соң ғылыми дәрежелерін қайтадан қорғап, ұлттық ғылым академиясының академигі дәрежесіне дейін көтерілді. 1966 жылы дүниеден өтті. Зираты Алматы кеңсайында.
Серікбай Бейсембаев 1912 жылы «Ханның, төренің Қарағашында» дүниеге келген. Тарих ғылымдарының докторы, профессор. ҚазақКСРО ғылым академиясының академигі. Ермахан Бекмахановпен анасы жағынан туыстығы бар. Әкесі Бейсембай ақсақал он қолынан өнер тамған ағаш шебері болған. Кезінде Ақбеттау болысы Әбужүсіп Боштаевқа бөренеден он екі бөлмелі сәнді үй тұрғызғанын елдің үлкендері тілге тиек етеді. Серікбай Бейсембаев 1989 жылы Алматыда дүние салды. Зираты кеңсайда.
Шапық Шөкиннің туған жері. Қазақ энергетикасының атасы, халық қаһарманы Шапық Шөкин 1912 жылы өзінің ата қонысы «Риза қонысында» дүниеге келген. Алты жасында әкесі дүние салып, үлкен ағасы сол кезде Баянауылдың орманшылығында істейтін ағасы Ризаның қарамағында болды. Әйгілі ғалым Қазақстан, Ресей, Қырғызстан жерлерінде үлкен гидро-электро станцияларының негізін қалады. Атап айтсақ, Қазақстандағы Қапшағай, Бұқтырма, Ақсу, Екібастұз станциялары осы ұлы ғалымның жобасымен іске асты. 2003 жылы Алматыда дүние салды. Зираты Кеңсайда.
Хамза Жұматовтың туған жері – «Досқараның» қонысы. Медицина ғылымдарының докторы. ҚазақКСРО ғылым академиясының академигі. Қазақ вирусология ғылымының атасы. Хамза Жұматов 1912 жылы өзінің атажұрты «Досқараның қонысында» дүниеге келген. Бірнеше мемлекеттік сыйлықтардың лауреаты. 1972 жылы Алматыда дүние салды. Зираты Кеңсайда.
Сапар Жұматов. Қазақ халқынан шыққан алғашқы елші, халықаралық деңгейдегі дипломат.
Шәкен Айманов. Ата қонысы Айманбұлақта. Қазақ киносының атасы. Қайталанбас образдардың негізін қалаған. Алматы қаласындағы Райымбек даңғылы бойындағы орталық зиратта жерленген.
Жолдыбай тас. Жолдыбай қорығындағы петроглифтер. Павлодар мемлекет­тік университетінің ғалымы В.К.Мерцтің зерттеуінде осы тастағы көне дәуірдің суреттері сол заманда өмір сүрген адамдардың тыныс-тіршілігінен молынан хабар береді. Аңшылық кәсібі, жануарларды қолға үйрету және көшіп-қонып жүрген елдің бағыт-бағдарын айқындап тұрғанын көреміз. Бұл тастағы жазулар көне темір, қола дәуіріне жатады. Жаңатілек ауылдық округі, Мұрынтал.
Түркілердің табыну орталығы. Археологиялық зерттеуде түркілердің табыну орталығы сол замандағы Алтай тауларынан батысқа жөнкіле көшкен елдің басын біріктіретін және тәңірге табыну дәстүрін орындайтын нысан болып табылады. Жалпы, мүсін (балбал тастардың) тұрған жерінде адам мүрдесі жерленбейді. Ол жерлерде тек қана сол замандағы дәстүрлі тәңірге табыну орны болып саналады. Құндыкөл ауылдық округі, Керегетас жазығы.
Жұмбақ қыз тасы. Көне түркі-қыпшақ заманына жатады. Елдегі аңыз-әпсана әңгімелерге зер салсақ, Жұмбақ қыз тасы тәуліктің бір мезгілінде, яғни түске қарай күннің көзі түскенде тастағы қыздың бейнесі күліп тұрады деседі. Ал, күн ауғаннан кейін бұл сурет көрінбей кетеді. 1960 жылдары академик Ә.Х.Марғұлан бастаған археолог-ғалымдар атап айтсақ, Мейір Қадырбаевтар осы өңірде қазба жұмыстарын жүргізіп, көне түркі заманынан да бұрынғы дәуірдің қоныс орындарын ашқан. Естуімізше, табылған жәдігерлерді археолог-ғалымдар Алматыға алып кеткен. Кейбіреуі республикалық мұражайда тұрған көрінеді. Дегенмен, әлі де бұл өңірде мүсін тастар баршылық. Оларды зерттеп, ғылыми айналымға енгізу ғалымдардың еншісінде. Қызылтау ауылдық округі, Тағыбай бұлағы. БМҰТП Қызылтау қорығы.
Арғымақ тас. Арғымақ тас суреттері көне дәуірдің мәдениетіне жатады. Арғымақ тас петроглифтері көне темір, қола дәуірлерінің еншісіндегі дүние. Арғымақ тас аталуы тастағы бейнелерде арғы бабаларымыздың арғымақ жылқыға мініп, аң аулап жүргендері бейнеленген. Ол бейнелерде бұғы, бұлан сықылды түз жануарлары және түйелердің суреттері салынған. 1960 жылдары академик Ә.Марғұланның экспедициясы зерттеу жұмыстарын бастаса, бүгінгі таңда Әлекеңнің шәкірттері Сұлтанмахмұт университетінің және Павлодар мемлекеттік педагогикалық университетінің археолог-ғалымдары зерттеу жұмыстарын жалғастыруда. Баянауыл мемлекеттік ұлттық табиғи паркі аумағында.
Құлан әулие үңгірі. Бұл үңгір әулиелі Қызылтау жоталарының ең биігінде орналасқан киелі жер. Ел аузындағы аңыз-әпсаналар мен ескілікті әңгімелерге зер салсақ, Құлан әулие үңгірі Нұх Пайғамбар заманынан басталады екен. Нұх Пайғамбар заманында жер бетін топан су басып, Нұх пайғамбар жан-жануарларды аман алып қалу үшін үлкен кеме жасайды. Аңыздағы Құлан, Қыран, Қоңыр есімді әулиелер кемеге орналасамыз деп келгенде симай қалса керек. Содан, үш әулие бөренелерден сал жасап, кеменің соңына байлайды. Солтүстіктен соққан желден салдары үзіліп, үш әулие үш жерде қалған екен. Су қайтқанда Қоңыр әулие Баянауылдағы өз есімімен аталатын үңгірде, Қыран әулие Баянауыл тауларының шыңында, ал, Құлан әулие осы биік Қызылтаудың жотасындағы үңгірде қалған деседі. Жалпы, елдің айтуынша, Кеңес үкіметі орнағанға дейін бұл тауларда жабайы жылқы құлан мекендеп, жаздың ыстығында осы үңгірді көлеңкелейді екен. Аштық, жұт жайлаған заманда осы жануардың түрі жоғалып кетті деседі. Осы құлан әулиеге қатысты әлі де аңыз-әпсаналар баршылық. Тарихшы ғалымдар зерттесе, талай оқиғаның елге жететініне сенімдіміз. Орналасқан жері – Қызылтау ауылдық округі.
Міне, әзірге анықталған және тас белгі орнатылғаны осы орындар. Бұл игілікті іс мұнымен тоқтап қалмақ емес. Өздеріңізбен таныстырған киелі жерлер – тарих айдынындағы атаулы орындар. Баянауылдың ну орманы мен «менмұндалаған» шыңдары, биік құздары, әр тасы – кешегі қазақ-жоңғар шапқыншылығының куәсі. Елді біріктіріп, жауға қарсы тойтарыс беруде қол бастаған хандар мен батырлар дүбірі сайрап жатыр бұл жерде… Тарихты тану, іздену арқылы үлгі бола білу жұмыстары осымен тоқтап қалмақ емес. Өткен жыл осынау үлкен жетістікпен аяқталды. Келер жыл бұдан да ауқымды мәселелердің түйіні шешіліп, өткенімізді жаңғыртып, ұлықтау жолында нық қадамдар жасалып, асуларға жетелейді деп сенеміз.
Бұл өткен жылдың атқарылған ауқымды һәм игі жұмысы. Өнегелі іс ауданның мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің қолға алып, нәтижелі аяқтаған жүйелі жұмысы. «Киелі орындарды абаттандыру, қоршау, оған белгі қою жұмысы табандылықты, қызу еңбекті талап етеді. Сакралды орындарды тану әрі таныту мақсатында аудандық бюджеттен 3 млн. теңге қаржы бөлініп, 28 нысанға тас белгісі орнатылды. Бұл іс өңірге туристерді көптеп тартуға сеп болмақ. Одан бөлек, өңір тарихын білі әр тұрғынның борышы», — дейді Баянауыл аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Қайрат Сарбасов.
Қасиеті мен киесі қонған құтты орындарды танып-біліп, құрмет көрсете жүрейік, оқырман! Кешегімізді ертеңге мұра ету – сіз бен біздің борышымыз. Бүгінгі күнде сакралды орындарды анықтап, оларға тас белгі орнату тек бүгіннің еншісінде қалатын іс емес. Келелі зерттеу жұмыстары ұрпақтың қамы, жан азығы, рухани байлығы үшін жасалуда. Олай болса, кешегімізге құрметпен қарап, ертеңге табыстай білейік!
Баянауыл.

Пікір қалдыру