«БІЛМЕЙ МҰНЫ ЖАЗҒАН ЖОҚ…»

(Абай өлеңдерінің көшірмелеріне текстологиялық-мәтіндік талдау)

Тұрсын ЖҰРТБАЙ

3. «ӨЛЕҢ ДЕГЕН ӘР СӨЗДІҢ ҰНАСЫМЫ…»
(Өлеңнің құрылымы мен мағынасына өзгеріс әкелмейтін жекелеген сөздердің орын ауысып қолданылуы)

(Соңы. Басы өткен санда)

III мәтіндік-мағыналық жүлгеге: Өлеңнің құрылымы мен мағынасына өзгеріс әкелмейтін жекелеген сөздердің орын ауысып қолданылуы – жатады.
Бұл өзі канондық мәтіні академиялық тұрғыдан әбден зерттеліп, тұрақты мәтіні қалыптасып, текстологиялық тұжырымы жасалған Гетенің, Пушкиннің басылымдарынан да орын алған таныс әрі шетін мәселе. Мұндай ауыс-күйістер, әсіресе, шығармашылықпен айналысатын адамдарда, соның ішінде ақындарда жиі кездеседі. Өйткені, олардың өздері де «сөз өнерінің дертіне» шалдыққандар. Көңіл-күйіне, ырғағына, өзі түйсінген әсер мен ішкі көркем талғамына сәйкес сөздердің, тіркестердің орынын ауыстырып айта береді. Кезінде орыстың белгілі ақындарының жаттауындағы Пушкиннің өлеңдерінің мәтінін салыстырғанда, қанша ақын байқауға қатысса, мәтіннен соншама айырмашылық шыққан. Мұның өзі: Пушкиннің түпкі көркем идеясы мен емеуірінін ашып, сол арқылы «бір өлеңнің тарихын» зерттеу саласына жаңа бір қозғалыс тудырған болатын.
Мұны еске салып отыруымыздың себебі, Ш. Марсековтің бұл көшірмесі ақын Шәкерімнің қолжазбасына негізделуінде. Ал, өзі де ақын, астарлы софылық көркем ойдың шебері, Абайдың өлеңдерімен жазылған бетте танысып, жаттап, көшіріп алған Шәкерімнің де жазбасында ақындық еркіндіктер ұшырасуы мүмкін.
Мысалы: Ш. Марсековтің қолжазбасындағы: «Көтеріп кім көңілді болады ермек», – деген жол, 1909 жылғы және 1995 жылғы жинақта және 1909 жылңы жинақтың көшірмесінде: Кім көңілді көтеріп болады ермек; ал 1961, 1968 жылғы жинақтарда: Кім көңілді көретін, болады ермек, – деп берілген.
Әрине, алғашқы екі көшірме қолжазбаның арасындағы сөздердің орын ауыстырып қолданылуы, өлеңнің мағынасына еш қылау түсірмейді, тек өлеңнің ішкі екпіні мен ырғағына ғана әсер етеді. Ал, оған әсер етіп отырған – Шәкерімнің ақындығы. Ал, 1961, 1968 жылғы жинақтардағы «Кім көңілді көретін» дегендегі «көретін» сөзі – нағыз ауытқудың, бұрынғы мәтіндерді жаңылыс оқудың салдары. Міне, мұны міндетті түрде Абайдың келер басылымдарында өзгерту керек деп есептейміз. «Көңілді көретін» деген ұғымның еш мағынасыздығы дәлелдеуді қажет етпесе керек.
Ал, енді осындай өлеңнің бір жолындағы сөздердің орын ауыстыруы, сол арқылы өлеңнің ырғағына, екпініне, тез жатталуына, бейнелік сипатына, өлеңнің ішкі динамикасына әсер етуге ұмтылған өзгерістер Ш. Марсековтің қолжазбасында барынша мол. Әсіресе, мұндай өзгерістер әнге лайықталған өлеңдердегі көркемдік сипат – көркемдік ерекшелік деңгейіне көтерілген. Мұның басты себебі, ол заманда, қазақ кез-келген өлеңді әуенсіз айтпаған. Сөз басында дауыс көтеруге келмейтін тіркестердің орынын ауыстырған.
Мысалы, кейінгі қолжазбалар мен жинақтарда «Қыран бүркіт на алмайды салса баптап» деп беріліп жүрген өлең, Ш. Марсековтің қолжазбасында бірден дауыс көтеріп айтуға ыңғайлы дауысты дыбыстардан тұратын «Не алмайды» деген тіркесті алдыға шығарып: «Не алмайды қыран бүркіт салса баптап» деп жазылған. Әрине, «Қырран» деп қырылдап дауыс көтергеннен көрі, «Не алмайды» деп дауысты аспанға қарай көтерген әлдеқайда жеңіл. Сонымен қатар, өлеңнің ішкі ырғақ пен буын динамикасына сәйкес поэзиялық туындыларда баяндауыш, етістік дегендер өлең жолдарының басында келе береді. Бұл осы жанрдың басты ерекшеліктерінің біріне, өлеңді – өлең ететін, сөз ырғағына, ішкі қозғалысына екпін беретін заңдылығына жатады.
Мысалы, Шәкерім нұсқасынан көшірілген Ш. Марсековтің қолжазбасында «Қараша, желтоқсан мен сол бір екі ай» деген өлеңнің әр жолының басында анықтауыш, баяндауыш, етістік тіркестері тұр. Мысалы: «Жерімді ерте барсам жеп қоям» деп», «Отын жоқ отыруға үзбей жағып», «Жылытып тоңған иін, тонын илеп», «Бар болса кемпір-шалы қандай қиын», «Кедейдің қай жерінде тұрсын күйі», «Тоңбайды қар жауса да бай баласы» – дегендегі қарамен терілген сөздерді келесі тіркеспен, мысалы: «Қар жауса тоңбайды бай баласы» – деп ауыстырып, енді оқыңызшы. Өлеңнің екпіні мүлдем босаңсып, кібіртік тартады.
«Қыс» атты өлеңнің бас-аяғы дерліктей осындай экспрессивті екпінге құрылған. Дәйек:
Қыс келіпкәрі құдаң әлек салды; Қызарыпаязбенен ажарланды; Ақ ордаалты қанат үй шайқалды; Жүгірген әуес көріп жас балалар; Домбығып беті-қолы үсік шалды; Қажымас қар тепкенге қайран жылқы; Құруынатитығы аз-ақ қалды; Тұмсығын қыспен бірге салды қасқыр; Қор қылма, малшыларым, итке малды; Қайрат қыл, ұйқы өлтірмес, бұз қамалды.
Енді, осындағы қарамен терілген тіркестердің орынына көлбеу терілген тіркестерді алдыңғы қатарға шығарып: «Титығы құруына аз-ақ қалды», «Малшыларым, қор қылма итке малды» – деп оқып көріңіздерші. Өлеңнің құрылымы, ырғағы, екпіні, қозғалысы мүлдем басқа. Демек, Ш. Марсековтің қолжазбасындағы мұндай өзгерістерді жай ғана мәтіндік айырмашылық деп емес, көркемдік ерекшелік, ақындық талғам, саналы түрде қолданылған әдеби тәсіл деп қабылдау керек. Сонда, осы үлгіде көшірілген өлеңдерді міндетті түрде Ш. Марсековтің қолжазбасына бейімдеу керек пе? Онда, Абай өлеңдерінің төрттен бірінің мәтінін өзгертуге тура келеді. Мүмкін, мәтіндік түсінікпен шектелген лазым ба? Анығы, зерттеушілер үшін қалайда қажетті үлгі.
Жай көшірмеші емес, ақындық талап, шығармашылық шеберхана тұрғысы­нан көшірілген. Ал міндетті түрде өзгертілуі тиіс мәтіндер мен өлеңдер арнайы тілге тиек етіледі.
Осындай, орындары ауысқанмен, өлеңнің мазмұнына өзгеріс әкелмейтін орыны ауысқан сөздердің қатарына мына үлгілер жатады:
«Қартайдық, қайғы ойладық, ұйқы сергек»: Ш. М. 1909 жылғы жинақ пен 1909 жылғы жинақтың көшірме қолжазбасында Хүкімші шалдар мәз боп жатыр ма онда – 1995 ж. жианқта: Хүкімші шалдар мәз боп отыр ма онда.
Ш. М: Қазағым, қайран елім, қалың жұртым – Жинақтарда: Қайран елім, қазағым, қалың жұртым;
Ш. М (Көңілім қайтты достан да…): Қор болып қолдан беріп алалмай жүр – Қолдан беріп, қор болып алалмай жүр;
Ш. М (Көңілім қайтты достан да…): Ісіне естілер де қуанбай жүр –Естілер де ісіне қуанбай жүр;
Ш. М. (Адасқанның алды жөн, арты соқпақ): Қас кермек, қоразданбақ, мойнын бұрмақ – Жинақтарда: Қас кермек, мойнын бұрмақ, қоразданбақ;
Ш. М. (Бір сұлу қыз тұрыпты хан қолында): Білдірмей жас қайғысын жұтады екен, Бұлардың ортасында махаббат жоқ, Қашырар тұсап қойып бұқа ма екен? – Жинақтарда: Жас қайғысын білдірмейжұтады екен, Ортасында бұлардың махаббат жоқ, Тұсап қойып қашырар бұқа ма екен?
«Жазғытүры». Ш. М. : Жылы жел Ай, жұлдызға хабар беріп, Қуанып жан-жануар тойға елеріп…Жер күлімдер өзіне шырай беріп – 1909, 1995 ж. ж. жинақтарда: Ай, жұлдызғажылы жел хабар беріп, Жан-жануар қуанар тойға елеріп …Жер күлімдер, өңіне шырай беріп ; Ш. М. : Біреуі біреуіне қосылыспай – Жинақтарда: Біреуіне біреуі қосылыспай; Ш. М. : Жер түрленіп, толықсып, тоты құстай – Жинақтарда: Жер толықсып, түрленер тоты құстай; Ш. М. :Сүйіп, желпіп тұрады жан лебізін – Сүйіп, жылып
Бұл айырмашылықтардың түпкі себебі анық болғандықтан да, оны талдап жатпаймыз. Әркім өз шешмін қабылдар. Оның үстіне бұл – Абайдың шығармаларының терминологиясымен айналысатын комиссяның құзырындағы мәселе.
Абайдың өлеңге қоятын: «Өлең деген әр сөздің ұнасымы…», – деген талабы да осындай мысалдардан келіп туындаса керек.

4. «СӨЗІ ТӘТТІ, МАҒЫНАСЫ ТҮЗУ КЕЛСЕ…»
(Мағынаны өзгертетін, сол арқылы өлеңге басқаша мазмұн беретін сөздер)

IY мәтіндік-мағыналық жүлгеге: өлеңнің жолдарындағы мағынаны өзгертетін, сол арқылы бүкіл өлеңнің мамұнына басқаша мазмұн беретін айырмашылықтар жатады.
Мысалы: Ш. М: Ұрлық, қулық қылдым деп қағар көлбек, Арамдық пен жамандық жасырылмас – Жинақтарда: Арамдықтан – жамандық көрмей қалмас.
Көрініп тұрғанындай, бір өлеңнің екі жолы – екі түрлі мағына береді. Ш. Марсековтің қолжазбасының мағынасы: арамдық пен жамандық ешқашанда әшкересіз қалмайды. Сондықтан да, сақтан! Ондайға барма – дегенді білдіреді. Ал, кейінгі басылымдардың мазмұны басқаша: істеген арамдығыңнан түбінде бір жамандық көресің, алдыңнан шығады – деп ескертеді. Қай мәтінге басымдық берген дұрыс? Өлеңдік екпін, ырғақ, буын саны тұрғысынан алғанда қайсысы барынша үйлесім табады? Осы екі жолдың қайсысы: ұрлығымды жасырдым, қулығымды асырдым – деп жылмың қағып жүрген алаяққа ескерту жасап тұр? Яғни, қазақы мәтелмен айтсақ: «Ұрлық түбі – қорлық», «Өтіріктің құйрығы бір тұтам», «Арамдықтың адымы қысқа» дегенге қайсысы сай келеді? Әркім, қалағанын таңдауға қақысы бар. Ерік сіздерде. Біздің бұл орайдағы міндетіміз, теориялық талдау емес, текстологиялық салыстыру болғандықтан да, барды назарға ұсыну. Мұндай тәмсілдердің біразы мынадай.
Ш. М: Мал мен бақтың кеселі ұя бұзар – Жинақтарда: Мал мен бақтың кеселін ұя бұзар.
Бірінші нұсқаның емеуіріні: кесірлі бақ пен кесірлі байлықтың кеселі – үйіңе, ағайынға, ауылыңа, еліңе тиеді, ұяңды бұзады – дегенге саяды. Ал, екінші нұсқаның астары: қонған бақ пен келген байлықтың берекесін кеселді ұя – сенің өзің, үйің, ортаң кетіреді, кесірленбей, келген бақ пен дәулетті ұқыпты ұстай біл – дегенді білдірсе керек. Мағыналас, бірақ, мағынасы, астары бір емес. Кесірлі бақ пен дәулет келсе – бойыңды аулақ сал. Қазақы мағынасы; «Бүлінгеннен бүлдіргі алма». Ал, берекелі бақ пен байлықтың қадірін кетірме десе керек Абай. Қазақы мағынасы: «Бақ пен дәулет ұстай білгенге қонады, яғни, бап тілейді». Екеуі де дұрыс. Ал, қайсысы Абайдың өз сөзі? Мәселе, міне, осыны тануда. Ал, оған ешкімде кепілдік бере кесіп-пішіп айта алмайды. Бірақ, шешім қабылдау керек.
Ал, осы топтық жүлгеге жататын, өлеңнің ұзына мазмұнына өзгеріс әкелетін мағынасы өзге, яғни, мүлдем басқа мағына беретін сөздермен ауыстырылған мәтіндік айырмашылықтарға ерекше көңіл бөлу керек.
Мысалы:Ш. М (Қазағым, қайран елім): Өз басына би болған өңкей қиқым – Жинақтарда: Бас басына би болған өңкей қиқым.
Мұндағы «Өз басың» мен «Бас басыңа» деген сөздердің мағынасы мүлдем басқа. Өз басыңа өзің би боп, өзіңмен өзің әлек боп, көпке қосылмай, көптің тілін алмай, көптің шырқын бұзу бір басқа. Оның кесірін жеке өзің көресің, кетсе – жеке басыңның сүйкімі кетеді. Ал, «бас басына би болу», бұл берекесі кеткен елге берілген баға. Өте мағынасы кең, өте ауыр мінездеме. Екі сөздің жүгі де, емеуіріні де, өкініш-ызасы да, оның зардаптары да басқа. Әрине, «бас-басыңа» деген мәтін өзгертілмей, қабылдануы тиіс.
Мұндай мағыналық салмақ түсіріп тұрған да, икемге жеңіл де сөздер бар. Оны талдау арқылы бағамдау қажет. Солардың бір парасы мынадай:
Ш. М (Көңілім қайтты достан да…): Қыстауың қып-қызыл о бір пәле, Оралып ешбір шарннан (?) оңалмай жүр – Жинақтарда: Қыс қыстауың қып-қызыл о бір пәле, Оралып ешбір шаруаң оңалмай жүр.
Әрине, танылмаған мәтіннен көрі, сөздің мағынасына кірігіп тұрған «шаруаң» деген сөз – орынында тұрған сөз.
Ш. М (Көңілім қайтты достан да…): Сабылтып, күнде алдырып, із жоғалтып – Жинақтарда: Сабылтып, күнде ұрлатып, із жоғалтып.
Бейнелік әсерге жүгінсек, «алдырып» пен «ұрлатып» деген сөздер – күнделікті тіршілікте ауыспалы мәнде қолданыла беретін бір мағыналас сөздер. Бұл арада өз малыңды «ұрлатып алдың» деп тұр ма, жоқ, біреудің малын күнде ұрлап алдырып отырсың, ұрлап алдырттың деп отыр ма? Егерде, түпмәтіндегі «із жоғалтып», яғни, ізіңді жасырып дегенге сүйенсек, онда «күнде ұры жіберіп, ұрлап алдырып, ізіңді жасырып жүрсің» деген мағына анық шығады.
Соған пейіл берейін десең, түпмәтіндегі: «Байлар да мал қызығын көре алмай жүр, Жаз жіберіп, күз атына міне алмай жүр. Сабылтып, күнде ұрлатып, із жоғалтып, Ызаменен ыржиып күле алмай жүр» – деген шумақты оқығанда, мұнда өз малына өзі ие болмай, күнде ұрлатып ап, ізін таба алмай, ызадан жарылып кете жаздап жүрген байдың мүшкіл күйі суреттелгені ойыңа оралады.
Онсыз да екіұшты мағына беретін мәндес сөздің қайсысын негізгі жинақта қалдыру керек, Абайдың өзі айтқандай, қайсы сөздің «мағынасы түзу»? Менің алғашқы пайымдауым бойынша, «ұрлатыптың» өзі «түзу сөз» әрі мағынасы ашық сияқты. Ал, түпмәтінге тірелгенде, еріксіз «алдырыптың» алдына жығынды болдық.
Ш. М (Көңілім қайтты достан да…): Кісі екен деп ұлықтан ұялмай жүр – Жинақтарда: Кісі екен деп үлкеннен ұялмай жүр.
Қазақы әдеп пен жөнге жүгінсек, әрине, «үлкеннен ұялмау» көргенсіздікке жатады, ол кез үшін барып тұрған тәрбиесіздік. Дегенмен де, осы өлеңдегі кексінді-ызаның түп төркіні сұм заман мен сұрқия «жұрттың сөзіне» қатысты екенін, әуелі байдың, содан кейін саудагердің, содан кейін биліксіз «азған елдің» берекесін бұзған «ала жылан, аш бақа күпілдектер» екенін айта келіп, солар елді жөнге салатын «ұлықтың өзін кісі екен деп қымсынбай жүр – деп ызамен сынап отырғанын ескерсек, онда, шындығында да, бұл мәтінді «Кісі екен деп ұлықтан ұялмай жүр» деп оқыған дұрыс. Өлеңнің бар мазмұны мен баяндау құрылымы да, ойды тарату ағымы да соған мәжбүр етеді.
Бұл өлеңді жазған кез – Абайдың «досынан да, дұшпаннан да көңілі қайтқан» кез, ілгеріде айтылған «Көжекбайдың атала заманы» болатын. Тіпті, бұл өлеңді алты ай мырзақамақта отырған күндері де жазуы мүмкін. Ал, Күнту мен Базаралы, Көжекбай, Үзікбай (Ұзақбай) Бөрібаевтар елден үсті-үстіне «приговор» – қылмыстық іс қозғалуы тиісті арыз жазып жатқанда, қаладағы ояз бен адвокаттар ғана арашаға түсіп, жер аударылудан сақтап тұрған кез. Ұлықтардың басу айтқанына көнбей ерегесе арыз боратқан «ала жылан, аш бақа күпілдектерге» қарата Абайдың «кісі екен деп ұлықтан ұялмай жүр» деуі бұл арада орынды.
Сөздің өзгеруіне «ұлықтар» тап жауы болған кеңестік кездің кесірі тиген бе деп те деп жорамалдаймыз. Әйтпесе, «азған елдің» әдептен жазған жастарының «сәлемді – борыш, қарыз, ел сөзін – қулық, арыз» деп ұстанған сұрықсыз қылығына осы өлеңнің соңғы шумағында: «Жасы кіші үлкеннен ұялмай жүр …Қандай жан сырттан сөз боп, сыналмай жүр» – деп жекелеп тоқталған Абай, «Өлең деген әр сөздің ұнасымы» деген Абай, алдыңғы «кісі екен деп үлкеннен ұялмай жүр» деген ойын төрт шумақтан кейін сөз бе сөз қайталамаса керек-ті.
Ш. М. (Адасқанның алды жөн, арты соқпақ): Есте жоқ кеселді істен биттей қорықпақ – Жинақтарда: Әсте жоқ кеселді істен биттей қорықпақ.
«Есте жоқ, ойда сақталмаған кеселді істен» кім неге қорқуы тиіс? Одан көрі: кеселді істен қорқу деген әсте ойларында жоқ – деген «сөздің ұнасымы» келіп тұр емес пе?!.
Ш. М. (Адасқанның алды жөн, арты соқпақ): Бір аш өкпе(?) шапаны сондай шап-шақ –Жинақтарда: Бір аршөкпе шапаны сондай шап-шақ.
Әрине, «бір аршөпке» – шидем шапан деген дұрыс. Ш. Марсеков көшірген кезде «р» әрпі түспей қалуы да мүмкін.
Ш. М. (Адасқанның алды жөн, арты соқпақ): Қарсы алдына жымырып келтірем деп – Жинақтарда: Қас алдына жымырып келтірем деп.
«Қарсы алдына» дегенді – қарсы алдыңда тұрған адам деген мағынада да көз алдыңа елестетуге болады. Сондықтан да, жинаққа «қас» деп қысқартып алған болуы мүмкін. Ал, осы тымағының құлағын жымырып, шекесіне келтіріп қисайта кигенді қалай атауға болады? «Маңдайының алдына түсіріп киді», «қарсы алдына жымырып киді» дейміз. Бірақ, «қас алдына түсіріп киді» демейміз. Демек, бұл арадағы «қарсы алды» деген сөз – қарама-қарсы тұрған нәрсені емес, шекесінің қақ ортасына келтіріп киген тымақты мекзейді.
Ш. М. (Бір дәурен кемді күнге…): Дейміз бе еш нәрседен қорғалалық –1909 жылғы жинақтың көшірмесінде: Дейміз бе еш нәрседен құр қалалық; –Жинақтарда: Дейміз бе еш нәрседен қорғаналық.
Үш нұсқада үш түрлі жазылған сөздің мағынасы да үш түрлі. Егерде, осы жолдың алдындағы «Жастықта көкірек зор, уайым жоқ» деген сөзді қаперге алсақ, онда өр кеуде жас неден қорғанады, мүмкін, «еш нәрседен қорғанбалық» шығар деп уәж айтқан болар. Бұған қарағанда 1909 жылғы жинақтың көшірмесіндегі: «Дейміз бе еш (Әр-?) нәрседен құр қалалық» деген әлдеқайда үйлесімді, Абайдың тілімен айтсақ, «ұнасымды».
Ш. М. (Бір дәурен кемді күнге…): Ойда бар өлең айтып ән салалық –1909 жылғы жинақтың көшірме қолжазбасында және Жинақтарда: Бар ойы –өлең айтып ән салалық.
Жинақтағы сөздің етек-жеңі жинақы көрінеді.
Ш. М. (Бір дәурен кемді күнге…): Көңіліне зор қуаныш бір балалық – 1909 жылғы жинақтың көшірме қолжазбасында: Көңіліне зор қуаныш бір балалық –Жинақтарда: Көңіліне зор қуаныш бір бадалық.
Осы арада Абай «бір балалық» деп бозбалалықты мекзеп отырған жоқ па? Сонда: «Қызды ауылға қырындап үйір болса, Көңіліне зор қуаныш, бозбалалық»– деген ұғым шығады ғой. Ал, енді Жинақтардағы: «бадалықты» – парсы сөзі, мақтаншақтық» – деп түсіндіргенінің өзі түсініксіздік тудырады. Бозбалалыққа балама таба алмай, Абай парсыдан балама іздеді деу – берісі қисынсыз, әрісі – әсіре сөз. Менің түйсінуімше: «Дейміз бе әр нәрседен құр қалалық» – деген жол өлеңнің мағынасына барынша үйлеседі.
Ш. М. (Ғылым таппай мақтанба): Оны бойға жисаңыз – Жинақтарда: Оны ойға жисаңыз.
«Ой» дұрыс па, «бой» дұрыс па? Ұзына аңысы мағыналас. Бірақ, ойдың аты – ой, бойдың аты – бой (адамның ұзын-қысқалығы емес, ішкі жан дүниесі). Әдетте, «оны ойға алсаңыз», «бойыңызға тоғытсаңыз, бойыңа сыйса»деген тұрақты сөз тіркестері ауызекі сөзде ауыспалы мағынада айтыла береді. Ал, мына арада қайсысы «түзу сөз»? Біз жіп таға алмадық. Мүмкін, «Ойға» тоқтаған лазым шығар.
Ш. М. (Ғылым таппай мақтанба): Көсем де өткен не бұлбұл – Жинақтарда: Көсем де өткен не дүлдүл.
Осының алдында: «Шешен де өткен не бұлбұл» деген сөз бар. Соны қайталмай, шешенді – бұлбұл, көсемді – дүлдүл деп алған сөздің ұнасымын келтіреді.
Ш. М (Сабырсыз, арсыз, еріншек): Пысық деген ат шықты – 1909 жылғы жинақтың көшірме қолжазбасында және Жинақтарда: Пысық деген ант шықты.
Бұл арадағы «Ат» – атақ. Ал, «ант» – рухани намысқа қатысты ұғым. Анттың сұрауы ауыр, екі дүниелік мағынаға ие, ал, атақ –желмен ұшып кететін жеңіл ұғым, фанилік өтпелі ғана көрініс. Абай қай сөзді тәмсіл етіп отыр? Бұл сөз «пысық» – адамға қаратыла айтылғандықтан да, бұл арада «ат» – атақ деген сөз қисынға келетін сияқты.
Ойды қалай шайқасақ та: «Еңбегі жоқ еркесіп, Бір шолақпен серкесіп» дегенге «анттың» еш қатысы табылмады. Шолақ аттың құйрығын шолтаңдатып, екі ауылдың арасына далақтап шауып жүргендердің бар алатын атақ-абыройы: «Пысық деген атын шығару». Демек, Ш. Марсековтің сөзі – «түзу» сөз.
Ш. М (Сабырсыз, арсыз, еріншек): Көрінгеннен ұялмай – Жинақтарда: Көргендерден ұялмай.
«Көрінгеннен ұялмау» – кез-келген бейсауат адамнан ұялмау, қымсынбау. Ал, «Көргендерден ұялмау» – әдепсіз ісіңді, жағымсыз қылығыңды көрген таныстардан ұялмау. Екеуінің әдеп-ізет парқы екі басқа. Мәтінге жүгінсек: «Қалаға шапса демалмай, Өтірік арыз көп берсе, Көргендерден ұялмай». Біздің ойымызша, Жинақтардағы «көргендердің» мысы «көрінгеннен» гөрі басым.
Ескерте кететін бір жай, осы «Сабырсыз, арсыз, еріншек» атты өлең: «Кісі үйінде күй таңдап» деген жерден үзіледі. Сонымен қатар, өлеңнің соңына «34 ж. ІІІ/5-күні» деген белгі қойған. Әрі қарай «ХІ» бөлім деп бөлек жазып: «Ақылы бар кісіні, Айбаттайды, даттайды» – деген жолдармен бастайды. Ал, бұл өлең барлық басылымдық жинақтарда тұтас туынды ретінде дербес ұсынылады.
Ш. М. (Бөтен елде бар болса): Үйде отырып ескенде – Жинақтарда: Үйде отырып өскенде.
«Өскен» деген сөз екіұшты мағына береді. Ал, «ескенде» деген сөз –ешқандай емеуірінсіз-ақ, есіп-сөйлеп, өтірікті судай сапырып отырған адамның нақ кейпін көз алдыңа әкеледі. Дұрысы – «ескенде». Бұл, міндетті түрде академиялық басылымнан орын алатын мәтіндік өзгеріс деп есептейміз.
Ш. М: Ішім өлген, сыртым сау – 1909 жылғы жинақтың көшірме қолжазбасында: Ішім ауру, сыртым сау.
«Аурудан» көрі «өлген» бейнелі әрі әсерлі сияқты.
Ш. М. (Бай сейілді, бір пейілді): Елде жақсы қамалды – Жинақтарда: Елде жақсы қалмады.
Біз бастабында «Елде жақсы қалмады» дегеннің дұрыстығына еш күдіктенбеп едік. Бірақ, Абайдың осы өлеңді жазған кезінде өзінен бастап біраз ел адамдарының «мырзақамаққа» алынғанын ойға алған соң, мүмкін сол кезде жазылғандықтан да «Елдегі жақсы қамалды» деп отырған жоқ па екен? – деген күмән туды. Бұл сөзді «Бір өлеңнің тарихы» әдістемесі бойынша талдап барып, соның нәтижесіне қарап уәж айтқан дұрыс шығар.
Ш. М. (Бай сейілді, бір пейілді): Оттай шала – 1909 жылғы жинақтың көшірме қолжазбасында және жинақтарда: Отты шала.
Егерде, «отты сөндірмей шала тастадың» десе – «Отты шалаға» мойынсынар едік. Бірақ, одан кейінгі «тайса аяғың» деген сөз «отты шаланың» мағынасын ашпайды. Ал, Ш. Марсековтің қолжазбасында бұл «отты»: «Елің – ала, Оттай шала» деп алдыңғы сөздің анықтамасы, үстемесі ретінде қолданған. Демек, «ұнасымы» бар.
Ш. М. (Бай сейілді, бір пейілді): Бұл дүниенің ісінен, Жақсы құрбы – Жинақтарда: Бұл дүниенің ісіне, Жасы құрбы.
Түпмәтінде: «Жақсы құрбы, Жаны тұрғы, Дос па деген кісіге» – сырыңды мақтанып ашқаныңнан не пайда? – деп сұрақ қояды. Сонда, «Жасы құрбы» ма, «Жақсы құрбы» ма? Біздің түйсінуімізше, сенген, жақсы құрбыңа сырыңды ашқаныңнан не пайда? – деген тіркес мағыналы сияқты. Әйтпесе, «бейілі шикі, ақылы күйкі» жасы құрбының, құрдастың бәріне сырыңды аша бер – демесе керек.
Ш. М (Бойы былғаң…): Еш көмектің – 1909 жылғы жинақтың көшірме қолжазбасында: Еш көмектің – Жинақтарда: Аш көмектің.
Әрине, «Аш көмек» емес, «еш көмек» екені түсінікті. Көмектің «аш» пен «тоғы» болмайды. Сондықтан да, Ш. Марсековтің қолжазбасына жүгінген абзал.
Ш. М. (Антпенен тарқайды): Кім анттан шалқайды – 1909 жылғы жинақтың көшірме қолжазбасында: Кім анттан шалқайды – Жинақтарда: Кім антын шайқайды; Ш. М. (Антпенен тарқайды): Пысықтар шайқайды – 1909 жылғы жинақтың көшірме қолжазбасында. және Жинақтарда: Пысықтар шалқайды.
«Ант» шайқайтын сабадағы қымыз емес. Антынан тайды дегеннің екінші бір ауыспалы мағынасы «берген антынан шалқайды», яғни, қайтты. Ал, пысықтардың шайқауы да мүмкін, шалқаюы да мүмкін. Мына арада пысықтар өзінің теңдесімен «таласып», бір-бірін шайқайды деп тұр. Демек, Ш. Марсековтің «шайқауы» – шайқау.
Ш. М (Қарашада өмір тұр): Шалықтап, шалқып, жанбай ма? – Жинақтарда: Шалықтап, шалқып, шатпай ма?
Егерде, бұл арада әңгіме шарықтау, өршелену, өрекпу туралы болса, онда «жанбай ма» деген сөз орынды. Ш. Марсеков өлеңнің мазмұнын солай түсініп, «жанбай ма» деп қолданып отыр. Ал, «алдадым», «ұрдым», «қырдым» деп шалықтаса, онда «шатқаны» қисынды.
Тағы да ескерту, осы шумақтан кейін М. Лермонтовтан аударылған: «Қайтсе жеңіл болады жұрт билемек» деген мүлдем басқа ырғақтағы өлең еш белгісіз жалғастырылып жазылған. Сондай-ақ, қолжазбаның 18-бетіндегі осы өлеңнің соңына «Жас өспірім замандас» деген өлең жалғаса жазылған.
Ш. М. (Жас өспірім замандас): Сабыр, ар жоқ, аял жоқ, елде жөнді – 1909 жылғы жинақтың көшірме қолжазбасында және Жинақтарда: Сабыр, ар жоқ, аял жоқ, ілді-жұлды.
Қалай болғанда да, «ілді-жұлдыдан» көрі «сабыр, ар жоқ, аял жоқ елде жөнді» дегеннің мағынасы басым тартып тұрғаны анық әрі түсінікті.
Ш. М. (Жас өспірім замандас): Антын сатып, ант ұрып іздегені – 1909 жылғы жинақтың көшірме қолжазбасында: Антты сатып, ант ұрып іздегені – Жинақтарда: Арын сатып, ант ұрып іздегені.
«Ар» мен «ант» ауыспалы, бейнелі мағынада қолданыла береді. Бірақ, сөздің алдында: «Дін ісін, құдай ісін айыра алмас» деп тұрғандықтан да, шариғи рауият бойынша «антты сатудың» жазасы «арын сатқаннан» ауыр.
Осы өлең «ХХІІ бөлім» деп көрсетілген «Аш қарын жұбана ма майлы ас жемей», – деген өлеңмен жалғасып кетеді. Қолжазбалар мен басылымдардың арасында пәлендей өзгеріс шамалы.
Ш. М. (Аш қарын жұбана ма майлы ас жемей): Мал кетер, мазаң кетер, абиыр бас (?) – Жинақтарда: Мал кетер, мазаң кетер, ар бұйырмас.
Жинақтардағы мәтін мағыналы.
Ш. М. (Малға достың мұңы жоқ малдан басқа): Оларда да шара жоқ алдамасқа – Жинақтарда: Аларында шара жоқ алдамасқа.
Екі сөз де мәтінмен үйлеседі. Дегенмен де, «Аларында» дегеннің қисыны қиысып тұр.
Өлең жолдарындағы мағынаны өзгертетін, сол арқылы бүкіл өлеңнің мамұнына басқаша мазмұн беретін айырмашылықтардыңбір парасыосындай. Өзге мәтіндер салыстырулар барысында көрсетіледі.

5. «ҚАДІРІН ЖАҚСЫ СӨЗДІҢ БІЛЕР ЖАНҒА…»
(Өлеңнің мағынасын өзгертпейтін, тек сөздердің орыны ауысып қолданылған айырмашылықтар)

Y мәтіндік-мағыналық жүлгеге: мазмұны өлеңнің сол жолдарына ғана қатысты, тұтас өлеңнің мағынасын өзгертпейтін, тек сөздердің орыны ғана ауысып қолданылған айырмашылықтар – жатады.
Мысалы: Ш. М: Кім білер рас сөздің қасиетін, Ақылсыз шынға сенбей, жоққа сенбек – 1909 жылғы жинақтың көшірме қолжазбасында: Рас сөздің кім білер қасиетін; Жинақтарда: Рас сөздің кім білер қасиетін.
Бұл айырмашылықтардан Абайдың өлеңдеріне мағыналық, мазмұндық, көркемдік нұқсан келмейді. Ал, өлең теориясына қатысты өлеңнің ішкі құрылымы, ырғақ, екпін, ой ағысы мен жүйесі т. б. сияқты мәселелер қақында пікір қозғауға болар деп ойлаймын. Мұндай айырмашылықтар мынадай мысалдардан байқалады:
Ш. М (Қартайдық, қайғы ойладық, ұлғайды арман): Мен қазақтан кегіңді ап берем деп – Жинақтарда: Мен қазақтан кегіңді әперем деп.
Қанша айырмашылық жоқ, өлеңнің мазмұнына зияны тимейді – дегенімізбен де, осындағы «ап берем деп» пен «әперем дептің» ырық райы, яғни, сөздің екпіні мен дығы бірдей емес. «Әперем» деген сөз немкеттілеу, жұмсақ айтылған, жай ғана «әперемін» деген орындалуы, орындалмауы неғайбыл уәденің бірі. Ал, «ап берем!» деген бұйрық райда айтылып тұр. Сөздің астарынан жігер, нақты уәде, сөзсіз орындайтынын білдіретін сенім бар. Мұны «жақсы сөздің қадірін білетін» әр адам «әперем» мен «ап беремнің» арасындағы сөздің дығын жаңылмай түсінеді және сол сөз айтылған кездегі дауыстың нық немесе босаң шыққанынан-ақ, бұл уәденің қалай аяқталарын сезе қояды. Ендеше, «ап беремінге» тоқтаймыз ба, жоқ, «әперемге» қанағат тұтамыз ба?
Ш. М (Сонда): «Кісіні тоқтау айтқан шет көрем» деп – Жинақтарда: «Тоқтау айтқан кісіні шет көрем» деп.
Бұл сөздердің ауыстырылып жазылуынан мағына өзгермейді, тек «Кісіні тоқтау айтқан жек көрем» – деген жолдағы басты тұлға кісі, кімді жек көреді – кісіні. Неге? Егер «тоқтау айтса», алған бетінен қайтарса. «Тоқтау айтқан кісіні жек көрем» – дегенде: алған бетімнен қайтпаймын, егер кім де кім тоқтау айтса, оған көнбеймін, қарсы шығамын, жек көріп кетемін! – деген ләм бар, яғни, бұл арадағы басты назар сол адамның алған бетіне, шешіміне аударылған. «Кісі» екінші лекте қалған. Сонда, лирикалық кейіпкердің көкірегіндегі ыза-дық кімге бағытталған? Біздің ойымызша, «кісіге» және ол кісінің кім екені оған мәлім. Сол кісімен жауласып кетуге де дайын.
Ендеше, сөздің кімге арналғанын білдіру үшін Шәкерім ақынның немесе Ш. Марсековтің «кісіні» алға шығаруында осындай бір логикалық қисын бар – деуге болады. Мүмкін, Абайдың өзінің түпнұсқасы солай шығар. Екі нұсқаға да ешкім кепілдік беріп, шешім қабылдай алмайды. Бірақ, Абайдың өлеңі қалайда жариялануы керек. Енді не істемек керек? Бір тоқтамға келіп, қай нұсқасын неге қабылдағанымызға түсініктеме беру керек. Сөз мәдениетін сақтау дегеніміз осы.
Ш. М: Не алмайды қыран бүркіт салса баптап – Жинақтарда: Қыран бүркіт не алмайды салса баптап.
Бұл сөздің орындарының ауыстырылу себебін ілгері де айтып өттік. Бұл арада тек, осы екі нұсқаны жай ғана дауыстап оқуыңызды өтінеміз. Қай нұсқаны мүдірмей, әр сөзге екпін түсіріп оқыдыңыз? Әрине, алдыңғы жолды оқығанда дауысыңыздың ашық шыққаны анық. Ендігі шешімді сіздің өзіңіз қабылдаңыз.
Ш. М: Қайран ел осыменен жүр далақтап – Жинақтарда: Қайран ел осынымен жүр далақтап.
«Осыменен» мен «осынымен» дегеннің арасында өлеңнің – өлеңдік тегіне кібіртек әкелетін бір кілтипан бар. Қазақтың маңдайалды ғалымдары ұсынып, көрнекті ақындар редакторлық жасаған басылымдардың бәрінің қолынан өткен жинақтардағы осы өлеңді оқысаң, өлеңнің тең ортасына келгенде, «осымен» деген ашық дыбысты екпінді сөзді «осынымен» деп мұрыныңымен міңгірлей оқып, кібіртіктеп қаласың. Өлеңге: «Тілге жеңіл, жүрекке жылы тиіп, теп-тегіс жұмыр келсін айналасы» – деп талап қойған Абайдың өз өлеңінің ырғағы пен мақамы, буынының буыны бұзылып тұрғаны келіспейді-ақ. Мұндай мысалдарды Ш. Марсековтің қолжазбасына сүйеніп өзгерткеннің ешқандай да әбестігі әрі қиындығы жоқ.
Соның ішінде, мазмұнға өзгеріс әкелмейтін, өлеңнің ырғақ-екпінін ғана өзгертетін ауыстырулардың қатарына мына мысалдар жатады:
Ш. М (Көңілім қайтты достан да…): Үлкеннен жасы кіші ұялмай жүр, Нәпсісін сұрамсақтар тия алмай жүр – Жинақтарда: Жасы кіші үлкеннен ұялмай жүр, Сұрамсақтар нәпсісін тия алмай жүр.
Бұл жолдардың мазмұнына жоғарыда түсініктер берілді. Бұл арада біз негізгі назарды өлеңнің ырғақ-екпініне аударғымыз келеді. Ал, негізгі ой салмағын қай сөз, бұл арада, кім көтеріп тұр. Үлкендер ме, жасы кішілер ме? Әрине, әдеп бойынша, әуелі «үлкен», содан кейін «жасы кішілер» аталуы тиіс – дедік ілгеріде. Егерде, «жасы кішіні» алға шығару керек болса, онда «жасы кішілер үлкеннен ұялмай жүр» деп көпше түрде қолдану керек. Сонда, «көпшілікті», яғни, «жасы кішілерді» алға шығарудың әбестігі болмайды. Ең бастысы, бұл арадағы басты лирикалық тұлға – Үлкендер. «Жасы кішілер» соларды сыйлауы тиіс. Абайдың өзі айтқан, «жақсы сөздің қадірін білетін адамдардың» түйсінуінше, сөз бен ой қисыны солай.
Ш. М. (Бір дәурен кемді күнге…): Жұмыс қып болмаған соң мал табарлық –Жинақтарда: Болмаған соң жұмыс қып мал табарлық.
Бұл мысалды, сөздердің етістіктер арқылы ауыспалы мағынаға ие болуының бір тәмсілі ретінде ұсынып отырмыз. Сырт қарасаңыз тек етістіктердің орыны ғана ауыстырылған. Екі сөз де іс-қимылды білдіріп тұр. Ендеше, неге ауыспалы мағына береді дейсіз бе? Мәтіннің мазмұнының ырқына қараңыз: «Ұрлық қылар, тентіреп тамақ асырар, Жұмыс қып…», яғни, сол ұрлық пен тентіреуді мал табарлық жұмыс етіп алған. Енді, мәтінді басқаша мәнерде келтірейік: «Ұрлық қылар, тентіреп тамақ асырар, Болмаған соң…». Сонда не «болмаған соң»? «Мал табарлық жұмыс болмаған соң», еріксіз ұрлық қылып, тентіреп тамақ асырайды».
Аңғарып отырғаныңыздай, «ұрлық пен тентіреуді» жұмыс қып, кәсіп қып алу бір басқа, «жұмыс жоқ болған соң еріксіз ұрлау, ел қыдыру» бір басқа. Екеуінің кәсібі бір болғанымен, пиғылдары ұқсамайды. Бірі – ұрлықты ерікті түрде, бірі – амалсыз мұқтаждықтан істеп тұр. Мен, осы етістіктердің орын ауыстырылуының себебін осылай түсіндім. Ал, сіздің пайымдауыңыз қандай, ол әзірше бізге беймәлім.
Ал, енді, мына мәтіндік айырмашылықтардың мағынасы ашық, тек өлеңнің екпіні мен ырғағы ғана өзге. Қай нұсқа «тілге жеңіл, жүрекке жылы тиеді», оны патша көңілдеріңізге салып екшеп көріңіздер.
Ш. М (Жігіттер, ойын арзан…): Нәрсе ғой екі түрлі сыр мен сымбат – Жинақтарда: Екі түрлі нәрсе ғой сыр мен сымбат;
Ш. М (Жігіттер, ойын арзан…): Болмақты қиянатшыл естен кеткіз –Жинақтарда: Қиянатшыл болмақты естен кеткіз;
Ш. М (Жігіттер, ойын арзан…): Біріңді – бірің ғиззат, құрмет қылыс – Жинақтарда: Біріңді – бірің ғиззат, құрмет етіс;
Ш. М (Жігіттер, ойын арзан…): Болмасын қатыныңда оның көзі – Жинақтарда: Қатыныңда болмасын оның көзі.
Ш. М. (Ғылым таппай мақтанба): Айтатын сізге қаупім бұл – Жинақтарда: Сізге айтатын қаупім бұл;
Ш. М. (Ғылым таппай мақтанба): Ғұлама Дауани– Жинақтарда: Ғұламаһи Дауани.
Ш. М. (Сегізаяқ): Есітіп үнін, Білсем де жөнін – 1909 жылғы жинақтың көшірме қолжазбасында: Есітіп үнін, Білсем деп жөнін – Жинақтарда: Естісем үнін, Білсем деп жөнін.
Бұл да ән әуенінің ырғағымен қағазға түскен сөздер. Бұл сөздердің жазылуын тілдік заңдылыққа жүгіндірсе болды. Жиианқтардағы мәтін жинақы, жатық оқылады.
Осыдан кейінгі «Жаяуы қапты» деп басталатын 8 жол Ш. Марсековтің қолжазбасында жоқ.
Ш. М. (Қайтсе жеңіл болады жұрт билемек): Көрсетпе сасқаныңды ешкімге бір – Жинақтарда: Сасқаныңды көрсетпе ешкімге бір.
Иә, етістіктердің өлең жолдарында ауысып қолданылуы, сөздің бас-аяғына шығуы, өлең сөздің теориясы тұрғысынан алғанда, үлкен мәселе. Өйткені, поэзияның құдіретті сиқырының бірі ішкі үндестік пен ырғақ-екпінінде, бір тіркеспен бірнеше мағыналы емеуірін танытуында. Мұны Абайдың өзі: «Сөз қосарлық, орайлы жарасымы» – дейді. Сол жарасымды ішкі мақамға түсіретін сөздің тұздығы, кәдімгі, етістік. Жаңылмасам, орыстарда да, қазақтарда да мұндай пікір білдірілген еңбектер болуы керек. Болмаса, ондай еңбек алдағы уақытта сөзсіз жазылатынына кәміл сенеміз.

6. «ТАБА АЛМАДЫҚ БІР АДАМ, БІЗДІҢ СӨЗГЕ ЕРГЕНДІ…»
(Оқу, не көшіру барысында жаңсақ жазылған сөздер)

YI мәтіндік-мағыналық жүлгеге: қолжазбалар мен 1909 жылғы жинақты ажыратып оқу барысында, не көшіру барысында мағынасы жаңсақ кеткен сөздер – жатады.
Мысалы:Ш. М. (Қартайдық, қайғы ойладық, ұйқы сергек): Өзімнің еткенімнен болды демей, Жеңді ғой деп шайтанға болар көмек – Жинақтарда: Өзімнің иттігімнен болды демей.
Расында да, назар аударатын сөздер. Абай: өзінің алаяқ істерінен көрмей, көкбеттік долы ерегеспен арандатуға ерік бергендерді айтып отыр ма, жоқ, сол мінезді «иттік» ретінде жек көре әшкерелеп отыр ма? Егерде, өлеңдік қуат, өтімділік тұрғысынан келсек, «иттіктің» иттігі басым. Ал, қаншама үңіліп оқысақта, Ш. Марсековте «е» әрпі анық түсіп тұр. Сондықтан да мұны ескермеуге болмады.
Ал, мына жолдардан «кеңестік ақжүрек редактордың» қаламының табы сезіліп тұрған сияқты:
Ш. М (Қартайдық, қайғы ойладық, ұлғайды арман): Бәрі алады кезінде көп берем деп – Жинақтарда: Бай алады кезінде көп берем деп.
Осы екі нұсқаны оқи отырып: өзі бай болса, ол кедейдің несін алады және неге алады, әлде, кредит-несие дәметіп тұр ма? Бұдан көрі «бәрі алады» – дегеннің қисыны бар ғой, яғни, осы өлеңде Абай қазақтың сұрамшақтығын сынап отыр емес пе! – деген ой келеді. «Жаз жіберіп, күзде атын міне алмай», «Мал қызығын көре алмай жүрген» (Абай) байғұс байды соншама мүсәпір еткеннен көрі, «бәрі» дегеннің қатарына «нәпсісін тия алмай жүрген сұрамсақтарды» (Абай) қосып отыр десек, шындыққа жақын, не шындықтың өзі емес пе? Ендеше, байға тағылған орынсыз айыпты, мәтіндік оқу кезіндегі жаңсақтыққа жатқызып, «бәрі алады» деп өзгерткен лазым. Сонда, Абайдың ойы нақтылана түседі.
Ал, мына жолдардағы мәтіндік айырмашылықтарда мазмұндық және көркемдік кілтипан бар.
Ш. М (Қыран бүркіт не алмайды): Тиіп-қашып ыза қып ұстатпаса, Қуанар сонда иелері ыржақтап – Жинақтарда: Тиіп-шығып ыза қып ұстатпаса, Қуанар иелері сонда ыржақтап.
Олжалы қыран алған түлкісі үшін қоразданып, иесіне «тиіп-қашып», оған ұстатпай «ыза қылуы» аңшылық өнерге тән бейнелі әрі психолгиялық сәт. Бағанағы «көк тәңірісі мен жер тәңірісінің арбасқаны» сияқты, енді олжалы мен олжасыздың, жеңімпаз бен тұтынушының арасындағы қиғылық басталып тұр. Ақынның – ақындығы да, осындай болмашыдан ой тудыру. Ал енді осы «тиіп-қашып, ыза ғып», иесінің ындынын кептіріп, идіріп тартып жүрген құстың: «Тиіп-шығып ыза қып ұстатпай» жүр дегенін қалай түсінуге болады. Неге және неден немесе кімге және кімнен «тиіп-шығып» жүр?
Бұл қос сөз, қалай болған күннің өзінде де, «тиіп-қашып» дегеннің нақты мағынасын бермейді. Демек, бұл өлеңді о баста қағазға түсірген Шәкерім де, содан кейін оны көшірген Шериаздан да поэзиядан және оның бейнелік сыпатынан хабары болғандықтан да, осы арада «тиіп-қашыпты» орынды қолданып отыр демекпіз. Тіпті, Абайдың түпнұсқасының өзі де дәл осылай болуы мүмкін. Ендеше, бұл мәтіндік өзгеріс сөзсіз қаперге алынуы тиіс.
Осы жүлгеге жататын, бірақ мағыналық тұрғыдан қате кеткен сөздер де бар.
Мысалы: Ш. М (Көңілім қайтты достан да…): Қарсылық күнде қылған тілі тентек – Жинақтарда: Қарсылық күнде қылған телі-тентек.
Біз, о баста, «телі тентектің» дұрыс жазылғанына еш күмәніміз жоқ болатын. Алайда, мәтіндерді екі-үш рет салыстырып, өлеңді тұтас және шумаққа бөліп, одан жол бойынша ой ағымын шыжымдап оқығанда, бұрын аңғармаған мына жол назарымды елең еткізді: «Бектікке біреу бекіп тұра алмай жүр (Дұрыс, бұл Абайдың мырзақамақта жатқан кезі, Елдегі болыс та, уездегі ояз да тұрақтамай, ауысып, тергеу ісінің ұзаққа созылған кезі), О-дағы ұры-қарды қыра алмай жүр (Ұрыны неге «қырады», мүмкін тыия алмай жүрген шығар. Шығар емес, солай!). Қарсылық күнде қылған телі-тентек, Жаза тартып ешбірі сұралмай жүр». Тентек, яғни, не барымташы, не қарақшы, не ұры болса, онда неге жауапқа тартылмай жүр?
Міне, осы арада, «телі-тентек» деген сөзге күмән келтірдік. Ілгеріде, осы өлеңді Абай «мырзақамақта» отырғанда жазуы мүмкін деген болжам айтқамыз. Бұл өлеңнің әр жолында Абайдың тура сол кезде басынан кешкен тауқыметі өмірбаяндық дерекпен пара-пар деңгейде рет-ретімен баяндалған. Ендеше, Абай «күнде қарсылық көрсетіп жатқан телі тентекті» емес, күнде арызды боратып жатқан, орыстан адвокат, сот жалдап, ояздың алдын босатпаған Бөрібаев сияқты «тілі тентектерді» – арызқой, жалақор, пәлеқор «тілімен улаған ала жыланды» айтып отырған жоқ па екен деген ой келді.
Егерде, солай болса, онда сол оқиғаның қоздырушысын – арызқойдың нақ өзін білетін Шәкерімнің де, Ш. Марсековтің те «тілі тентек» деп жазғаны дұрыс болып шығады. Өйткені, Күнту, Базаралы, Көжекбай елден Абайдың үстінен арызды үсті-үстіне ұйымдастырып, қалада адвокат жалдаған Үзікбай (Ұзақбай) Бөрібаевқа жіберіп отырған. Олардың иыққа шыққаны сондай, ояздық сот пен ояздың өзі де тоқтата алмаған. Оны архив деректері де растайды.
Біздің пайымдауымызша, Абайдың «Жаза тартып ешбірі сұралмай жүр» дегенінің астары осында. Демек, арызды «телі-тентек» емес, «тілі тентек» ұйымдастырып отыр. Иә, ойға алатын өмірлік тауқымет бұл.
Ш. М (Қайғы шығар ілімнен): Итше еттен тілемей – Жинақтарда: Итше індет тілемей.
Иттің «ет тілеуі» мен «індет тілеуінің» арасында айырмашылық қандай анық болса, бұл сөздерді академиялық басылымға кіргізу мәселесі де сондай анық деп ойлаймыз. Ит – ет тілейді, індет тілемейді.
Ш. М. (Не іздейсің, көңілім…): Антұрған көп бұл емес – Жинақтарда: Антұрған көп пұл емес.
Бұл арадағы «бұл» мен «пұл» бір ұғым емес. «Пұл» – ақша, екінші «бұл» бөз, мата мағынасында. Ал, мына жердегі емеуірін «бұл қорлықтан өлімнің өзі ғана құтқаратын іс» дегенді емексітіп тұрса керек.
Ш. М. (Патша құдай, сиындым): Кіреден мойны кесілсе – Жинақтарда: Кердең мойын кесілсе.
Бұл арада, «кіреден» деп керуенмен келген «Самарқанның бөзін» – «сары қамқаға» – «тонға», алтынды – жезге айырбастамайтын сауданың парқын білмейтін жұрттың «кіреге, кірекештерге» – кіре тартқан керуенге пұлдан жығынды болып, құн төлейтінін айтып отыр. Тұсында, «Қызыл бұзау» деген атпен мұқым қазақ даласын қан қақсатқан, Құнанбай, содан кейін Абай тоқтатқан кесепатты іс болатын. «Кіреден (саудадан) мойын кесілсе» деп анықтап айтып тұр. «Кердең» деген де соның бір жанама баламасы. Қайсысы өмір сүруге бейім?
Ш. М. (Сегізаяқ): Ұста, жетсе (!) бұйрығың – Жинақтарда: Ұста, жетсін, бұйрығың.
Бұл өзі бұрыннан талқыға түсіп жүрген сөз болатын. Себебі, «ұста, жетсін бұйрығың» деп бұйрық берген «Жетсін» деген бұйрық рай мәтіннің мазмұнына үйлеспейтін. Ал, бұл жолдың мағынасы: надандықпен тілді алмайтын, тыңдамайтын күшті болсаң, екі кеменің – ғылым мен надандықтың құйрығын қатар ұстап көрші, қақ айырыласың! – дегенді білдіріп тұр. Сондықтан да, дәрменің жетсе «Ұста!» дегенді жетекке алу лазым.
Ш. М. (Адамның кейбір кездері): Көңілде арман басылса – Жинақтарда: Көңілде алаң басылса.
Сонымен, көңілді кернеп тұрған «арман» ба, «алаң» ба? Бұл ақындық шабыт туралы өлең. Шабыттың қанаты «алаң» емес, «арман» емес пе. Содан кейін: «Тәңірінің берген өнері»…
Ш. Марсековтің қолжазбасы бойынша: Күн бұлттан ашылса – 1909 жылғы жинақ пен 1909 жылғы жинақтың көшірме қолжазбасында және Жинақтарда: Көк бұлттан ашылса.
Қайсысы дұрыс: күннің көзі көлегейлеген бұлттан ашылса ма, жоқ, көктің (бұл арада аспанның деген мағынада) бұлттан ашылғаны ма? Бір қарасаң, екеуі де ауыспалы мағынада айтылып тұрған бейнелі сөздер. Негізгі ой – аспан ашық болса дегенге саяды. Нақты ұсыныс айту қиын. Мүмкін, теориялық тұрғыдан талдаса, бір мәнісі анықталар. Ал, дәл қазіргі біз тәпсірлеп отырған мәтіндік салыстырулар ондай еркіндікті көтермейді.
Ш. М. (Адамның кейбір кездері): Күрсініп ойға сөз салар – 1909 жылғы жинақтың көшірме қолжазбасында: Күрсініп ойға сөз салар – 1909 жылғы жинақ пен Жинақтарда:: Көрініп ойға сөз салар.
«Күрсініп» дегеннің – «көрініп» деп жазылып кетуі осы 1909 жылғы жинақтағы Кәкітай айтқан көп қатенің бірі сияқты. Әйтпесе, «Көрініп ойға сөз салар» дегеннен көрі «Күрсініп ойға сөз салар» дегеннің өлеңдік те, мазмұндық та сыпаты анық басым тұр.
Ш. М. (Не іздейсің, көңілім…): Біләткенің бәрі ақша – Жинақтарда: Б…байы – ақша.
«Б»-ның қасындағы көп нүктені ажыратсақ: «Біләткенің байы – ақша» болып шығады. Бұл сөзден және оның орнына қойылған көп нүктеден келіп тұрған зиян жоқ. Бірақ, түпмәтінді білген дұрыс және «байы ақша» деген ұғынықты, дәл қолданылған сөз деп есептейміз.
Мұндай жаңсақ оқылған немесе жаңылыс жазылған, мағынасыз сөздердің қатары біршама. Әрине, оны міндетті түрде «мағыналандыру» керек. Қалай? Ол – мүлдем басқа теориялық тақырыптың арқауы.

7. «ТАППАЙ АЙТПА ОҒАН ДА АЙТАР СӨЗДІ…»
(Жазылуы толық ажыратылып оқылмаған, мазмұндық ұғымы анық емес тіркестер мен сөздер)

ҮІ мәтіндік-мағыналық жүлгеге: барлық қолжазбалар мен басылымдарды салыстырып оқу барысында да жазылуы толық ажыратылып оқылмаған, мазмұндық ұғымы анық емес, сөздің түбірлік тегіне күмән тудыратын, екіұшты дүдәмал ойда қалдыратын тіркестер мен сөздер –жатады.
Мұндай сөздер мен тіркестер барлық жазылымдарға тән. Бізден бұрынғылар да толық ажырата алмаған, немесе оларға ауыз екі тілде түсінікті, бізге ұғыну қиынға соғып отырған диалектикалық сыпаттағы қолданысқа түскен сөз бен архаикалық ұғым да болуы мүмкін. Ондай сөздер мен ұғымдарды мүмкіндігімізше бүгінгі үлкейткіш құралдар мен амал-тәсілдерді пайдалана отырып оқуға ұмтылдық. Бұл ретте күмән мен күдік қалдырмайтын жаңа оқылымдар да болды, сонымен қатар әр түрлі жорамалдан басқа нақты сенімді нәтиже бермеген жайларға да тап болдық.
Мысалы, төмендегі жолдардағы айырмашылықты және ол сөздің нақты мағынасын қанша үңілсек те өзіміздің ойымыздағыдай ажырата алмадық. Қолжазбаларда да, басылымдарда да осы бір сөздің түпкі тегі маған бұлдыр жазылған сияқты көрінеді де тұрады. Оқып көріңізші:
Ш. М. (Қартайдық, қайғы ойладық, ұлғайды арман): Жалаңқаймен (жалаң­қаймын-?) жат мінез жау алады – Жинақтарда: Жалаңқая жат мінез жау алады.
Кітаби басылымдардың барлығында да, бұл сөзге: «Жалаңқая – жалаңдап жүрген жегіштер», – деген түсінік берілген, яғни, жалмаңдап жүрген жалмауыз. Ал, Ш. Марсековтің қолжазбасын біздің түбірлеп тұрып оқуымызша былай ажыратуға болады: «жалаң» – деген сөз анық, содан кейінгі «қай»-да анық, «й»-ден кейінгі «м» әрпі ме, «е» әрпі ме, ажыратылмайды. Өйткені, араб қарпінде ол екеуінің сүйретіле жазылуында онша парық жоқ, ал соңындағы «н» әрпі анық түскен, сондықтан да, басылымдарда оқылып жүргеніндей, сөздің соңы «иа»-мен де, «я»-мен де аяқталмайды.
Біз, дыбыс үйлесіміне салып, сөздің түбірі «жалаңқай» ма! – дегенге тоқталдық. Зады, бұл сөздің ауаны – «жалақой» дегенге қарай жақын тартатын сияқты. Сонда: ең соңында сенің барыңды жалақор мен жылаңқы, жат мінез жау бопсалап әкетеді – деген мағына туындауы мүмкін. Анығын алла және Абайдың өзі біледі.
Ескерту: бұдан кейінгі екі шумақ Ш. Марсековтің дәптерінде жазылмй қалған. Қолжазбадағы келесі шумақ: «Бұзыларда ойламас бет көрем» деп» – деген жолдан басталады.
«Қартайдық, қайғы ойладық, ұйқы сергек»: Ш. М. : Ал(?) адамзат тірлікті дәулет білмек – Жинақтарда: Адамзат тірлікті дәулет білмек.
Осы жолдағы бірінші жазылған «адамзат» деген сөзге қосылған қосымша бір сөз бар екені анық бедерленіп тұр. Бірақ та тура сол екі әріп өте көмескіленіп, өшіп кеткен. Қалпына келтіріп оқуға барынша тырыстық. Сонда, бұл екі әріптің сұлбасы «ал» деген сөзге келетін сияқты. Қалай болғанда да, «ал» деген сөз осы жолдың ырғағы мен буынын толықтырғаны анық.
«Сабырсыз, арсыз, еріншек»: Ш. М. : Шығынға әбден батады, Исе бұл болмаса үшін (немесе: Әсте болма сау ісін). Аударылып қонысын, Алыстан дәм татады – Сол болмаса ойы(і)сі, Аударылып қойысы (1909 ж. ж. ). Бұл болмаса онысы, Аударылып қонысы (1995 ж. ж. ).
Иә, кейде бір осындай ешқандай қисынға келмейтін, икемге көнбейтін сөздер мен тіркестер сирек те болса ұшырасады. Бұл тек Абайдың мәтініне ғана емес, қолжазбадан қотарылған шығармалардың барлығына ортақ жағдай. Шешуі оп-оңай, қарапайым болуы әбден мүмкін. Ол үшін сөз өнеріне деген сәл ұшқыр түйсік керек.
Ш. М. : Өткен адам, өткен жан, Ақыл іздеп әз леп (-?) – 1909 ж. ж. : Өткен адам, өткен жан, Ақыл іздеп (а, ә)изарли(е)п (-?)– 1995 ж. ж. : Өткен адам, өткен жан, Ақыл іздеп ізерлеп.
Қалай оқылса да, кім оқыса да, осы бір шумақ пен осы бір «әз леп»-тің қыбы табылмай келеді. Кәдімгідей мәтіндік мәселе.
«Өзіңе сенбе, жас ойшыл». Ш. М. : Олардың қайғы еш бірін, Аман қойған жоқ шығар. Ойлап, байқап көр көзін, Тарттырмап па дүние зар? – 1909 ж. ж. : Олардың да еш бірін, Қайғы аман қойған жоқ шығар. Ойлап, байқап көр түрін, Тарттырмап па дүние зар? – 1995 ж. ж. : Олардың да еш бірін, Қайғы аман қойған жоқ шығар. Ойлап, байқап көр түрін, Таттырмап па дүние зар?.
Осы аралас мәтінді өлең жолдарының ішінде, қайсысы «тілге орамды, сөзі жарасымды», оны анықтап-таңдау – ғылыми-көркем, сыни паймдаулардың еншісіндегі мәселе, анығы – «таттырмап па еді» деген тіркесті – «тарттырмап па дүние зар» деген жолдармен сөзсіз ауыстырудың қажеттігі. Өйткені, барлық түпнұсқалық көшірмелерде, оның ішінде академиялық басылымның осыған дейін сүйеніп, өзгертіп келген 1909 жылғы жинақтың өзінде «Тарттырмап па еді дүние зар» деп анық жазылған. Мұндағы барлық өзгерістер қабылданып, дәл осы сөз неге кәдеге жарамай қалған? Қазақ ұғымында «дүниенің зарын» татып көрмейді, «дүниенің зарын» тартады. Бұл, сөзсіз ескерілуге тиісті ләм.
«Менің сырым, жігіттер, емес оңай». Ш. М. : Рақымдылық пен әділ сұра деп жалынар – 1909, 1995 ж. жинақтарда:. Рақымдылық пен әділ сор(сұра) деп жалынар (1909, 1995 ж. ж. ); Ш. М. : Өлген (!) жанның қиялын ұға алмайды – 1909 ж. ж. : Олкан жанның қиялын ұға алмайды («Үлкен» деп те, «өлген» деп те ажыратуға болады – Т. Ж. ) – 1995 ж. ж. : Үлкен (?) жанның қиялын ұға алмайды.
Мұндағы «сора» мен «үлкенді» -«сұра» мен «өлген» деген сөз деп ажыратып, академиялық басылымға кіргізген әділ шешім болмақ деп есептейміз.
Ш. М. (Көлеңке басын ұзартып): Кім алдады, кім тоқпақ Салды, соны санайды» – Жинақтарда: Кім алдады, кім таппақ, Салды, соны санайды.
Ш. Марсековтің қолжазбасында: Кім алдады, кім тоқпақ салды, соны санайды», – деп дұрыс жазылған. Ал басылымдардағы «кім таппақ, салды соны санайды» деген жолдар мағынасыздыққа ұрындырады.
Ш. М. -те («Ұяламын» – дегенің көңіл үшін) және 1909 жылғы жинақ пен 1909 жылғы жинақтың көшірме қолжазбасында: Және сүйгіш адамзат, көрсеқызар – Жинақтарда: Жаңа сүйгіш адамзат, көрсеқызар.
«Жаңа сүйген адамзат» емес, «және», сонымен қатар адамзат сүйген – деген мағынаны береді.
Ш. М. (Болды да партия): Ойымнан у бөліп – 1909 жылғы жинақтың көшірме қолжазбасында: Ойымнан ой бөліп – Жинақтарда: Ойымнан ой бөліп.
Әрине, «Ойымнан у бөліп, Қозғадың қанымды» – деген сөздің қисыны келмейді. У – қанды қалай қоздырады, керісінше, жансыздандырмай ма. Ендеше, дұрысы: «Ойымнан ой бөліп».
Ш. М. (Болды да партия): Өзіңнен асырдың, Сұм тілеп қарыңды (арсызды – Т. Ж. ) – Жинақтарда: Ұрыңды асырдың, Сұм тілді қарыңды.
Ескерту: Ш. Марсековтің қолжазбасында екінші шумақтың соңғы: «Жоқтамай ұмыттым, Ақыл мен нәріңді», – деген екі жолы, ал 1909 жылғы жинақтың көшірмесінде: «Өзіңнен асырдың, Сұм тілеп қарыңды» немесе «Ұрыңды асырдың, Сұм тілді қарыңды» – деген екі жол жоқ. Сонымен қатар, 1909 жылғы жинақта «өзіңнен» немесе «ұрыңнан» деген сөздің жазылуы да екіұшты. Бұл сөз – «аоринкнан» деп таңбаланған. «И»-дің алдында бір нүкте артық түскен. Бұл оның алдындағы «р»-дың үстіне түсуі тиіс нүкте сияқты. Егер, солай есептесек, онда бұл сөзді «өзинкнан», яғни, «өзіңнен» деп оқыған және солай қабылдаған дұрыс. Әйтпесе, «ұрыдан» кімді асырады? Бұл шумақтан, сонда «Сұм тілекті қарыңды» өзіңнің басыңнан асырып алдың, енді соны амалсыз жасырдың – деген ой туындаса керек.
Ш. М: «Ұяламын» – дегенің көңіл үшін – 1909 жылғы жинақ пен 1909 жылғы жинақтың көшірме қолжазбасында: «Ұяламын» – дегенің көңіл үшін – Жинақтарда: «Ұялма» – дегенің көңіл үшін.
Барлық түпнұсқалық үлгілерде «Ұяламын» деп тұр. Ал негізгі басылымдарда неге «Ұялма» деп мүлдем кері ұғымға өзгеріп кеткен? Түсініксіз. Өлеңнің мағынасы да «ұяламын» дегенді тілеп тұр.
Ш. М. («Ұяламын» – дегенің көңіл үшін): Жігері жоқ, маңызы жоқ, жеңіл үшін – 1909 жылғы жинақта және 1909 жылғы жинақтың көшірме қолжазбасында: – Жігері жоқ, маңызы жоқ, жеңіл үшін – Жинақтарда: Жігері жоқ, маңызы жеңіл үшін.
Жинақтарға көшірілген кезде «жоқ» деген сөз жазылмай қалған болуы мүм­кін. Бір кітаптан бір кітапқа көшіп жүретін мұндай «ұры қателер» басылым атаулының бәріне тән. Мұны, баспагерлер тілінде «соқыр қате», «ұры жол» дейді. Ендігі басылымдарда сол «қашаған сөзді» қайырып үйіріне қосу керек.
Ш. М. («Ұяламын» – дегенің көңіл үшін): Ар мен ұят ойланбақ, тәнін асырап, Ертең мен бүгінге болған құмар. Туысқаны, достарың бар – бәрі екіұшты – Жинақтарда: Ар мен ұят ойланбай, тәнін асырап, Ертең жоқ, бүгінге болған құмар. Туысқаны, достарың – бәрі екіұшты.
Осындағы ұқсас «ойлан» деген түбір сөзге қосылған «бақ» пен «бай» деген жалғаулардың нәтижесінде: ойланбақ – ойланбай – деген антоним, яғни, қарама-қарсы мағыналы ұғым туып тұр. «Ойланбайға» жүгінсек: ар мен ұятты ойланбай-ақ тәніңді асыра» – деп кекетіп айтқан боп шығады Абай. Әлде, «Ертеңі мен бүгінге құмар адам, тәнін (өзін) асырай жүріп «ар мен ұятты, ойланбақты» (ойланып істеуді) естен шығармау керек – дейміз бе? «Туысқаның, достарың бар – бәрі екіұшты» дегенде бір буын артық тұр. Егерде бұл жолды Ш. Марсековтің мәтінінің негізінде: «Туысқаның, досың бар – бәрі екіұшты» деп алсақ, сонда: «Ар мен ұят ойланбақ, тәнін асырап, Ертеңі мен бүгінге болған құмар. Туысқаның, досың бар – бәрі екіұшты, Сол себепті досыңнан дұшпан күшті» – десек, не Жинақтардың жүлгесімен: «Ар мен ұятты ойланбай, тәнін асырап, Ертеңі жоқ, бүгінге болған құмар. Туысқаның, досың бар – бәрі екіұшты, Сол себепті досыңнан дұшпан күшті» – десек, «айналасы жұп-жұмыр, теп-тегіс келген» шумақ шықпай ма? Бірақ, бұл Абайдың мәтіні емес, құрама мәтін. Ондай еркіндік ешкімге берілмесе керек. Оны тек Абайдың текстологиясы жөніндегі арнайы комиссия ғана шеше алады.
Ш. М. (Жалындап оттан жаралып): Қулық пенен қу жолдан – 1909 жылғы жинақта: Қулық пенен құбылған – 1909 жылғы жинақтың көшірме қолжазбасында: Қулықпенен құбыл(д)удан – Жинақтарда: Қулық пенен «құбылдан».
«Қулық пенен қу жолдан» жалыққан жақсы адам ба, немесе «Қулық пенен «құбылдан» жалыққан жақсы адам ба? Әйтеуір, «құбылған» емес, ал «құбылуданның» бір буыны артық. Екі сөздің де жетіскен сүйкімі жоқ. Бірақ, біреуін таңдау керек.
Абайдың ақындық рухының ызалы азаны – «Сегізаяқ». Ойы да, сөзінің астары да, образы да, кекесіні мен наласы да, ашуы мен ақылы да араласқан, құрылымы мен ырғағы да күрделі туынды. Мұндағы әр сөздің астарында тілді ойып түсетін тотыияйын бар. Мәтіндік салыстыру барысында да сондай бір екіұшты ойға жетелейтін мағыналық айырмашылықтар байқалды. Тереңдеп талдамасақ та ой ұшығын аңғарта отырып назарға ұсынамыз.
Ш. М. (Сегізаяқ): Пайдасыз тақыл, Байлаусыз ақыл – Жинақтарда: Пайдасыз ақыл, Байлаусыз тақыл.
Жә, бұл арада орындары ауысқан сөздерді орынына қою үшін әр сөзді бөліп-бөліп талдауға тура келеді. «Тақыл» – «Тақылия» мен «Нақылия» ілімі­нің ішіндегі «Тақылиясы» – «Тақылы». Уағыздың бір парасы. Абайдың бұл арада сол «Тақлидиді» – «Тақылды», құрғақ теорияны айтып отырғаны анық. Сондықтан да, дін ғұламасы Шәкерімнің қолжазбасында құрғақ теорияны «Пайдасыз тақыл» деп сеніммен қағазға түсіріп отыр. Ақыл – сөздің байлауы, яғни, түйіні. Демек, «байлаусыз ақыл да» адамды өзгерте алмайды. «Атадан баланың ойы өзге» болып отырғаны да сондықтан. Ендеше, бұл арада: «Пайдасыз тақыл, Байлаусыз ақыл» – дегенді ойланбай қалпына келтіру керек.
Мұндағы сөздердің орын ауыстырып тұруының басты себебі, «Сегізаяқтың» ән ретінде кеңінен таралуында. Сондықтан да, әр айтушы, не көшіруші өзі жаттаған, не айтқан мәтінді қағазға түсірген. Бір ізге түсіру қиын емес.
Ш. М. (Сегізаяқ): Не болады құр қу жақ, Жол азығым мол емес, Кеш деп қайтар жол емес – 1909 жылғы жинақтың көшірме қолжазбасында: Не болады құр қу жақ, Кеш деп қайтар жол емес, Жол азығым мол емес – 1909 жылғы жинақ: Не болады құр қу жақ (Құр қожақ – деп те оқуға болады), Жол азығым мол емес, Кеш деп қайтар жол емес – Жинақтарда: Не болады құр қожақ, Жол азығым мол емес, Кеш деп қайтар жол емес.
Өлеңнің мағынасына жүгінсек: базарың қайтып, ажарың тайған соң «құр қу жағыңа» сүйенгенмен не бітеді – деген ой айтылады. Ал, базарың, ажарың тайған соң «құр қожақтан не шығады» дегеннің жалпы аңысы түсінікті, бірақ, нақты ұғым емес. «Құр қу жақтың» мағынасы – «құр қожақтан» әлдеқайда мағыналы әрі әсерлі. Ал, орындары ауысып тұрған «Кеш деп қайтар жол емес, Жол азығым мол емес» – деген жолдарды «құр қу жақтың» өзі шешеді. «Қу жақ» бірдеңе шығарады, ал «құр қожақтан» не шығады?
Ш. М. (Қуатты оттай бұрқырап): Оянбай, қайран жұрт, Бола қалдың тым жым-жырт – Жинақтарда: Оянбай, қайран жұрт, Ұялмай, қал жым-жырт.
Осындағы «Ұялмай, қал жым-жырт» деген жол «Оянбай, қайран, «жұрт» деген сөздегі салмақты көтере ала ма және неге ұялмай жым-жырт қалуы тиіс? Бұл «ұялмаудың» бір себебі қалайда болуы тиіс қой. Одан көрі: Оянбай, тым жым-жырт бола қалдың – деген сөздер қарабайырлау болса да, түсінікті сияқты.
Ш. М. ( Сұм дүние тонап жатыр…): Желікпен жерге тықпас кісің бар ма – 1909 жылғы жинақ пен 1909 жылғы жинақтың көшірме қолжазбасында: Жемеген, жерге тықпай кісің бар ма?– Жинақтарда: Желікпен жерге тықпас кісің бар ма.
Барынша зейін қойып оқысақ та, 1909 жылғы жинақтың көшірмесінде: «Жемеген, жерге тықпай» дегентіркестер анық жазылғандықтан да, назардан тыс қалдыра алмадық. 1909 жылғы жинақтағы және оның көшірмесіндегі сияқты: Жерге тықпай «жегеннен» көрі, Ш. Марсеков пен Жинақтардағы: «желікпен жерге тыққан» әлдеқайда қисынды.
Ш. М. (Көк тұман – алдыңдағы…) және 1909 жылғы жинақ пен 1909 жылғы жинақтың көшірме қолжазбасында: Шырақтар, ынталарың: «Менікін» де – Жинақтарда: Шырақтар, ынталардың: «Менікі» де.
Осы Абай шығармаларының ішіндегі ең түсініксіз, талдауға келмейтін жолдардың бірі осы «Шырақтар, ынталардың: «Менікі» де» – деген түсініксіз жол еді. Тіпті, жай сөйлем ретінде де жігі бірікпей тұр. Біз, Ш. Марсековтің қолжазбасымен таныспай тұрып осы жолдың тұсына: «Сөз қиыспай тұр. Мүмкін, дұрысы: «Ынталарың менікінде» шығар», – деп жазып қойыппыз. Ол пікірді жазып та айтқамыз. Бірақ, қосымша дәлел табылмай, мысымыз құрып жүрген. Енді, ол пікірді ашық және дәлелдей айтатын себеп табылды. «Мені» мен «менікінің» мағынасы» екі» (басқа) екенін ойлы оқырман ажырата түсінеді. «Мен» – бақилық мәңгілік, «Менікі» – фанилік тән, жалған дүние. Ендеше, Абай: Шырақтарым, Мәңгілік «Менге» емес, өтпелі «Менікі» дегенге неге құштарсыңдар – деп тұр. «Менікі» деп айт», – деп тұрған жоқ. Ендеше, Ш. Марсековтің нұсқасын сылтаусыз қабылдау қажет.
Ш. М. (Көк тұман – алдыңдағы…): Мақұлыққа жаның ашып, ішің күйсін – 1909 жылғы жинақ пен 1909 жылғы жинақтың көшірме қолжазбасында жәнеЖинақтарда: Мазлұмға жаның ашып, ішің күйсін.
«Мазлұм» мен «мақұлыққа» келетін болсақ, онда бұл екі сөздің мағынасын түсіндіре салыстыруға тура келеді. «Мазлұмға» – «зұлымдыққа ұшыраған адам» деп жаңсақ түсінік берілген, керісінше, нағыз зұлымның өзі. Ал, «мақұлық» деп рауияттар мен «Қиссас-ул-әнбияда» жалпы жер бетіндегі жан иесін, оның ішінде адамды да қосып айтады. Сонда, адамның жаны зұлымға «ашып, іші күйуі» тиіс пе, тіршілік иесіне «жаны ашып, іші күйуі» тиіс пе?
Ш. М. (Көк тұман – алдыңдағы…): Көптің бәрін көп деме, көп те бөлек, Көп жеңіп көк итті күнде жемек. Әділет пен мархабат – көп азығы – 1909 жылғы жинақ пен 1909 жылғы жинақтың көшірме қолжазбасында. және Жинақтарда: Көптің бәрі (1909 жылғы жинақ пен 1909 жылғы жинақтың көшірме қолжазбасында (бәрін)көп деме, көп те бөлек, Көп ит жеңіп көк итті күнде жемек. Ғадаләт пен мархабат – көп азығы.
Оңбаған жалғыз «көк итті», әрине, көп жеңеді, егер көптің өзі ит болса, «көк итті» жеңгеннен не «әділет», не «мархабат» шығады?
Осындай түсініксіз тіркестің бірі мынау:
Жинақтарда:(Жақсылық ұзақ тұрмайды): Сыпыра батыр, сұм құрбәт; Ш. М және 1909 жылғы жинақта: Сыпыра батыр, сым қыр бат (?); 1909 жылғы жинақтың көшірме қолжазбасында: Сыпыра батыр, сұмырай, қырт (!).
Осындағы ең сенімді, көңілді қанағаттандыратын мәтін 1909 жылғы жинақтың көшірме қолжазбасындағы «Сыпыра батыр, сұмырай, қырт»! Қырттықпен адамның мазасын алатын қырттар бұрын да, қазір де бар. Ал, басылымдық жинақтарда, құрбәт– дегенді: «Жақын, туысқан, көрші. Бұл жерде жаман ағайын, жаман көрші мағынасында», – деп түсіндіріпті. Бұл түсіндірменің қаншалықты өлең мазмұнымен қабысып тұрғанын сеніммен айта алмаймыз. Әйтеуір, бір селкеулік бар сияқты көрінеді де тұрады.
Ал, қай сөзді Абайдың академиялық басылымына негіз етіп алу керек, оған қандай түсініктеме беру керек, ол жағын текстологиялық комиссияның дәргейіне қалдырамыз – дей тұрсақ та, көшірме қолжазбаның мәтіні ерекше назар аударуға тура келеді. Оның бір орнықты себебі, алдағы мәтіндік салыстыруларда анықталады. Ал, осындай, мәтіні анық ажыратылмаған сөздер де біршама.

8. «БӨТЕН СӨЗБЕН БЫЛҒАНСА СӨЗ АРАСЫ…»
(Бір қолжазбада бар, екіншісінде жоқ сөздер мен өлең жолдары және шумақтар)

YIII мәтіндік-мағыналық жүлге: бір қолжазбада бар, екіншісінде жоқ, не керісінше кездесетін мәтіндік сөз, жол, шумақ айырмашылықтары да жатады.
Солардың қатарына мына жолды жатқызуға болады:
Ш. М. (Қартайдық, қайғы ойладық, ұлғайды арман): «Мен қапсам тап бір же­рің­ді бөксерем» – деп – Жинақтарда: «Мен қапсам бір жеріңді бөксерем» – деп.
Бір қарағанда, буын, ырғақ, екпін заңдылығына сүйеніп, бірінші нұсқададағы «тап» деген сөздің басы артық деуге болады. Расында да, екінші дәйектің ойы нақты, сөзі ширақ. Алайда, одан бірінші мысалдың мазмұны мен емеуіріні, сұсы басым. Мұнда, әйтеуір бір жерін бөксеріп тастамайды, «тап сол жерін», яғни, жанды, ұятты жерін бөксерем – деп бопса көрсетеді, яғни, мұнда, ісектің дөңгеленген май құйрығын тартып кететін қасқырлық жыртқыштығын көрсетіп: «Мен қапсам тап бір жеріңді бөксерем» – деп» – нақты қауіп төндіріп тұр. Көрсетілген екі сестің ашу-ызасы екі басқа. Біріншісі – қауіп төндіріп тұр, екіншісі жай бопса.
Ш. М. (Не алмайды қыран бүркіт): Күйкентай үстінде жүр шықылықтап – Жинақтарда: Күйкентайы үстінде шықылықтап.
Бұл арада өлеңнің ырғақтары мен екпіні ауысқанымен, буын саны сақталған. «Ы» мен «жүр» сөзі бір ғана буынды құрайды. Ал, осы жолдағы қимыл иесі кім? Ш. Марсеков өзінің қолжазбасындағы «күйкентай адамның (иесінің) үстінде ұшып жүр» деп, «жүр» деген сөз арқылы мекзейді. Ал, жинақтардағы мәтінде бұл салмақ «күйкентайы» дегендегі тәуелді «ы» септігіне түсіп тұр. Ол күйкентайдың ұшып жүргенін «Қарқылдап қарға қалмас арт жағынан» деген анықтауыш тіркес арқылы іс-қимылды суретпен білдіріп тұр және ол ұшып жүрген жабайы күйкентай емес, оның – иесінің күйкентайы. Сөйтіп барып өлеңнің мазмұны қимыл, сурет араласа ашылады.
Барлық басылымдарда «Бөтен елде бар болса» атты өлеңге қосылып басылып келе жатқан: «Ел бүлігі тобықты» атты өлең Ш. Марсековтің қолжазбасында жеке «ХІІІ бөлім» ретінде дербес белгіленіп, жаңа жолдан басталған.
Ш. М. Қайран сөзім қор болды-ау, Тобықтыңның езіне – Жинақтарда: Қайран сөзім қор болды, Тобықтыңның езіне.
Мұндағы «Ау» деген екі әріп үлкен күйінішті арқалап тұрған өкінішті мағынаға ие. Әсерді, ренішті үстемелеп тұр әрі ол жұртқа өзімсініп өкпе айтып тұр. Қайсысының поэтикалық қуаты күшті, қайсы мәтін академиялық басылымға лайық? Міне, бұл араға әдебиет теориясының мамандары араласуы тиіс. Әйтпесе, жәй мәтіндік салыстырумен шеше салу – әдебиеттану ілімі үшін сын. Мұндай мысалдарды мына екі қолжазбадан ондап-ондап, топтап-топтап келтіруге болады. Біз, ол дәйектерді салыстыру, талдау барысында мәтіндік шикізат ретінде түгелдей келтіреміз. Қазір, бір-екі тәмсілмен тиянақтаймыз.
Ш. М. (Бір дәурен кемді күнге бозбалалық): Осы елде сөзді ұғарлық бозбала жоқ, Жақсы айғырда бие жоқ ат туарлық – Жинақтарда: Осы елде сөзді ұғарлық бозбала жоқ, Үзілмес үмітпенен бос қуардық.
Қолжазба мен Жинақтардағы соңғы шумақтың екінші жолы мүлдем басқа. Қайсысы дұрыс? Біріншісінде, яғни, қолжазбадағы мәтін – қазақы қарабайыр, қарапайым образ. Екіншісі, еуропалық поэзияның ықпалы бар емуірінді салыстыру. Мәтіннің мазмұнына жүгінсек: «Осы елде бозбала жоқ сөзді ұғарлық, Жақсы айғырда бие жоқ ат туарлық». Екі жол бір-бірімен қабысып та тұр, айтар ойы жарысып та тұр. Ал, енді: «Үзілмес үмітпенен бос қуардық» – дегеннің аңысы да, бейнелеу тәсілі де басқа, ақынның көңіл-күйі де өзгеріп сала берген. Іле европалық үлгіден айнып шығып, өзінің ойын: «Әйтеуір ақсақалдар айтпады деп, Жүрмесін деп аз ғана сөз шығардық», – депқазақы қара өлеңнің шапанын киіп шыға келеді. Не десек те, қайсысына тоқтасақ та, түсінік бермей болмайды.
«Жігіттер, ойын арзан, күлкі қымбат» деп басталатын өлең Ш. Марсековтің қолжазбасында: «Ары бар, ұяты бар, үлкенге сен, Өзі зордың болады ығы да зор», – деген жолдармен аяқталады. Ал, өзге басылымдық жинақтардың бәрінде үзбей басылып келе жатқан соңғы: «Қазақтың қайсысының бар санасы, Қылт етерде дап-дайын бір жаласы. Пысықтықтың белгісі – арыз беру, Жоқ тұрса бес бересі, алты аласы», – деген шумақ Р. Марсековтің қолжазбасында жоқ.
Егерде, осы шумақтың мазмұнын (қазақтың жағымсыз мінезі туралы) өлеңнің алдыңғы ұзына мазмұнымен (жастарға насихат, өсиет ретіндегі) арасындағы байланысын салыстырып көрсек, шындығында да, мына шумақтың оқшау сөз екені байқалып қалады. Зады, соны білген Шәкерім, немесе, одан көшірген Шериаздан Марсеков аңғарып, қолжазбаға қоспаған сияқты. Немес, кейінгі көшірушілер өзге өлеңнің жолдарын осы араға жаңсақ қосқан. Ойланатын мәселе, әрине, мүлдем алып тастаудың орайы тағы жоқ. Мүмкін, ескерту арқылы түсініктеме берген дұрыс шығар.
«Сабырсыз, арсыз, еріншек»: Ш. М. : Өзін өзі күндейді, Жақынын жалған мінейді. Ол арсыздықтың белгісі, Бірін бірі жүндейді. Ұятсынбай ойланбай, Қой дегенге тіл алмай, Өз сипатын біле алмай, Көрінгенді түйрейді – 1909 жылғы жинақтың көшірмесінде: Ол арсыздық белгісі, (…), Ұятсынбай ойланбай, Қой дегенге тіл алмай, (…), Іс қылмай ма ол кісі? – 1995 ж. ж. : Ол арсыздық белгісі, (…), Ұятсынбай ойланбай, Қой дегенге тіл алмай, (…), Іс қылмай ма ол кісі.
Бұл арада екі-үш жол жинақтарда қалып қалған.
«Сабырсыз, арсыз, еріншек» атты өлең: «Кісі үйінде күй таңдап» – деген жолмен аяқталады да: «Ақылы бар кісіні айбаттайды», – деген өлең дербес шығарма ретінде бөлек жазылған. Ал, барлық басылымдық жинақтарда бұл екі өлең біртұтас туынды есебінде жеке басылып келеді. Біз де қолжазбаға сүйеніп дербес бердік.
«Ішім – өлген, сыртым – сау» атты өлеңге жалғасқан: «Жетілсең де жетсең де, Керек күні бір бар ау», – дегеннен кейін «Қажымас дос халық та жоқ, Айнымас дос қайда бар», – деген дербес өлең жалғасып жазылған. Біз рет санын жақшаның ішіне алып, тақырып қойып, жалғастыра келтірдік. Өйткені, келесі белгіленген бөлім саны сол ретпен жалғаса көрсетілген.
«Бай сейілді, бір бейілді». Осы өлеңге жалғасып жазылған мына бір шумақ басылымдық жинақтарда жоқ. Ол келесі «Босқа ұялып» деп басталатын өлеңнің басы ретінде берілген. Қолжазбадан орын алғандықтан да біз де оны мысал ретінде келтіруге міндетті болдық.
«Қарашада өмір тұр». Ш. М. : Момыннан жаман қорқақ жоқ, Алдамшы болмай бақ қайда? Момыннан жаман қорқақ жоқ – 1909 ж. ж. : «Қу, пысық» – деген ат қайда. Арсыз болмай атақ жоқ, Алдамшы болмай бақ қайда? – 1995 ж. ж. : Момыннан жаман қорқақ жоқ, «Қу, пысық» – деген ат қайда. Арсыз болмай атақ жоқ, Алдамшы болмай бақ қайда?.
Бұл жолдың ортасындағы: «Қу, пысық» – деген ат қайда. Арсыз болмай атақ жоқ, Алдамшы болмай бақ қайда?» – деген қос тармақ Ш. Марсековтің қолжазбасында жазылмаған. Содан кейін, осы өлеңнен ырғағы, буыны, тақырыбы мүлдем басқа «Қайтсе жеңіл болады жұрт билемек» атты өлеңі жалғастырылып жазылған.
«Жас өспірім замандас қапа қылды». «Бір семіз ат болады оның құны» – деп бұл өлең аяқталғаннан кейін мүлдем басқа тақырыптағы «Талай сөз бұдан бұрын көп айтқанмын» – деген басқа өлең басталып кетеді.
«Туғызған ата-ана жоқ». Осыдан кейін еш бөлу-ажырату белгісінсіз «Бір сұлу қыз тұрыпты хан қолында» атты өлең жалғаса жазылған. «Деген сөз: «Бұқа – буға, азбан – дуға» (1909 ж. ж. ), – деген жол Ш. Марсековтің қолжазбасында жазылмаған.
«Ал, сенейін, сенейін» атты бұл өлең алдыңғы «Жүрегім, ойбай, соқпа енді» деген өлеңге қосылып жазылған. Ал, 1909 жылғыдан көшірілген нұсқада ««Лермонтовтан» деп дараланып көрсетілген. Ол үлгі кейінгі барлық басылымдарда сақталған. Ш. Марсековтің нұсқасында міндетті түрде зер салатын және ескеруге тиісті мәтіндік айырмашылықтар бар. Соның ішінде мына шумақты қаперге алып, басылымға қабылдау керек деп есептейміз. Өйткені, мұнда кітаби басылымдардағы шатасқан жолдар барынша өз мағынасы бойынша дұрыс берілген:
Ш. М. ( Ал, сенейін, сенейін): Жазылар, көңіл, жазылар, Дүниеде рахат табылар. Жақсы адам деген құр емес, Байқағанға бар шығар. Өткен адам көрген түс, Не қылса да бір болар – 1909 жылғы жинақ пен 1909 жылғы жинақтың көшірме қолжазбасында және Жинақтарда: Жаралы, көңіл, жазылар, Дүниеде рахат бар шығар. Жақсы адам деген құры сөз, Емес шығар табылар. Өткен өмір – көрген түс, Не қылғанда бір болар.
Кәкітай Ысқақов айтқан, 1909 жылғы жинақта кеткен көп қатенің бірі осы болса керек. Өйткені, әуелгі қателіктің – сөздердің шатасып басылуының түбі сонда жатқаны анық байқалады. Осынау бір «сөзжұмбақтың» дұрыс шешуін қалай шығаруға болады? Шима-шату шатысып, матасып кеткен осы бір мазмұнды үш шумақтың ішінен сөзі мен сөзі, ойымен ойы, қисыны мен қисыны байланысып тұрғаны – бірінші шумақ. Сондықтан да, сөздері қисынымен ретті қойылған Ш. Марсековтің нұсқасына назар аудару керек деп есептейміз.
Ең басты кінірат, екі мәтіннің де сөздері бір-бірімен тайталасып, қайшыласып тұр. Сондықтан да, жолма-жол салыстырып, ең алдымен мәтіннің мазұнын ортақ бір ретке келтірейік. «Жаралы көңіл жазылар, Дүниеден рахат табылар». Иә, азаптың уытын қайыратын бір рахат табылып қалар деп тілейік. Енді, осыны «дүниеде рахат бар шығар» деп шын тілектің көңіл жібін босаң есуге бола ма. Жинақтардағы мәтін неге бұлай екіұшты мағына береді. Ш. Марсековтің қолжазбасындағы үміт сәулесін жалғап тұрған: «Жақсы адам деген құр (сөз) емес, Байқағанға бар шығар, сөзсіз табылады» деген үмітті тілек.
Ал, Жинақтардағы: «Жақсы адам деген құры (бос) сөз, сондықтан табылмайды» – деген жолдар ол тілектің жолын кесіп тастаған. Қандай болған күнде де, екі нұсқаның мазмұны анықталды. Ш. Марсековтің мәтінінде – ертеңнен үміт күтеді, жақсыға сенім артады. Ал, Жинақтардағы мәтін: жаралы көңілің жазылса да, дүниенің рахаты табылмайды, өйткені жақсылық және жақсы адам бар деген бос сөз» – дейді ашық мағынада. Енді, осы екіұдай ұғымның басын: «Өткен адам – көрген түс» немесе, «Өткен өмір – көрген түс, Не қылғанда бір болар» – деген бұлдыр мәтін қоса ала ма?
Мәселе, «адам» мен «өмірде» емес, «не қылғанда бір болады» деген жолдың бұлыңғыр мағынасында. «Жазылса да, жазылмаса да, жаралы көңілді не күтіп тұр? Өлім бе, өмір ме? Түпмәтін нені мекзейді, шешім де соған тікелей байланысты. «Табылар деп сенейін» – деп келеді де, кенет: «Деп нанып ем, «Маған нан», Не таптым мен нанғаннан» – деп үмітсізденіп сала береді. Тура осыған дейінгі өлең жолдарында, соның ішінде біз салыстырып отырған шумақта сенім мен үміт бар болатын.
Мұны, өлеңнің жалпы психологиялық көңіл-күйінің аңысына орай: Не болса, ол болсын, әйтеуір, құдайдың бір жазғаны болар» – деген мәністе «ойдың қос жарылуы» ретінде ғана түсінуге болады. Ал, енді осыдан кейін екі нұсқаны екшеп отырып, негізгі мәтінді таңдаған дұрыс шығар деп ойлаймын.
Ш. М. (Жалындап оттан жаралып): Жарқылдап арай жайды айдар – 1909 жылғы жинақтың көшірме қолжазбасында: Жарқылдап жазғы жайды айдар – 1909 жылғы жинақта: Жарқылдап рағи жайды айдар – Жинақтарда: Жарқылдап рағит жайды айдар.
Төрт нұсқа – төрт түрлі мәтін. Бейнелі ұғым тудырушы түбіртек сөз – арай, рағи, рағит және жаз. Біз, Ш. Марсековтің қолжазбасында «рай» деп «й» әрпі анық жазылып тұрған соң «арай» деп алдық. Зады, бұл өзі «рағй» болуы да мүмкін. Ал, рағи немесе рағит не мағына береді? Сөйтсек, Жинақтарда: «Рағит – дін ұғымында нажағайды билейтін, күнді күркіретуші періштенің аты» – деп түсініктеме беріліпті. Ендеше, арайды да, жазды да жөніне қалдырып, Рағитты алғанымыз орынды. Өйткені, «арай» мен «жаз» «жалын мен оттан жаралмайды», өйткені, ол – найзағай періштесі Рағитке тән қасиет.
Ш. М. (Жалындап оттан жаралып): Жаңбыр жерге таралып, Жасанып шығып гүл жайнар – 1909 жылғы жинақтың көшірме қолжазбасында: Жаңбыр жерге таралып, Жасарып шығып гүл жайнар – Жинақтарда: Жаңбыры жерге таралып, Жасарып шығып гүл жайнар.
«Жаңбыр» дұрыс па, «Жаңбыры» дұрыс па? Біреуге тәуелді болатындай кімнің «Жаңбыры»? Рағиттың жаңбыры. Рағит найзағайлы отты қамшысымен шайтанды шықпыртып қуып жүр. Қай жерге шайтан тығылса, сол жерге Рағиттың оғы – жай, найзағай түседі. Бұл, бізге бала кезімізден таныс тәмсіл. Дегенмен де, «жаңбыр жерге таралып» дегенде табиғилық басым.
«Қуатты оттай бұрқырап». Бұл өлеңде салыстырып-талдап барып қабылдайтын мәтіндік екі кілтипан бар. Мысалы, төмендегі екі шумақтың сөздері бірдей емес. Әр шумақта әр қалай.
Ш. М. : Қайран тіл, қайран сөз, Наданға қадірсіз. Болады көңіл мұз, Ойласаң әмірсіз– 1909 ж. ж. : Қайран тіл, қайран сөз, Наданға қадірсіз. (…), (…) – 1995 ж. ж. : Қайран тіл, қайран сөз, Наданға қадірсіз. (…), (…).
«Қуатты оттай бұрқырап». Ш. М. : Оянбай қайран жұрт, Бола қалдың тым жым-жырт. Деп білдің бе бұл бір қырт, Бере бердің бәрің сырт– 1909 ж. ж. : Оянбай қайран жұрт, Ұялмай қал жым-жырт. (…), (…)– 1995 ж. ж. : Оянбай қайран жұрт, Ұялмай қал жым-жырт. (…), (…).
Демек, бұл екі шумақтағы төрт жолдың жолдардың жинақтарда жазылмауы – 1909 жылғы жинақтан кеткен мәтқапылық. Екінші, Шәкерімнің қатирасынан көшірілген Ш. Марсековтің бұл қолжазбасының барынша түпнұсқаға жақын әрі сенімді екенін көрсетеді. Кәкітай Ысқақұлы айтқан, сол 1909 жылғы жинақта кеткен қателерді түзетіп, толықтырып жазғанын дәлелдейді.
Ш. М. (Қуатты оттай бұрқырап): Ән салар, Сыналар, жатқа алар – Жинақтарда: Ән салар, жатқа алар.
«Сыналар» деген сөз Жинақтарда жоқ. Өлеңнің ұйқастық құрылымы мен буын саны бойынша артық көрінген сияқты. Біздің ойымыз, тура осы «сыналар» деген сөз жетпей тұр. Оқыңыз: «Ақылмен ойлап білген сөз, Бойыңа жұқпас сырғанар. Ынталы жүрек сезген сөз, Бар тамырды қуалар. Ән салар, Сыналар, Жатқа алар, Түбінде құр қалар». Қай жері, қай жолы артық?
Ш. М. (Есіңде бар ма жас күнің), 1909 жылғы жинақ пен 1909 жылғы жинақтың көшірме қолжазбасында: Есіңде бар ма жас күнің, Көкірегің толық, басың бос. Қайғысыз, ойсыз мас күнің, Кімді көрсең – бәрі дос – Жинақтарда: Есіңде бар ма жас күнің …Кімді көрсең – бәрі дос.
Ш. Марсековтің қолжазбасындағы бірінші шумақтың ортасындағы: «Көкірегің толық, басың бос. Қайғысыз, ойсыз мас күнің» – деген екі жол басылымдық жинақтарда жоқ. Неге алынып тасталған, түсініксіз. Әрине, академиялық жинаққа сөзсіз қосылуы тиіс. Сонымен қатар бұл, Абай өлеңдерін көшіру барысында, Ш. Марсековтің қолында 1909 жылғы жинақтан да басқа нұсқаның, яғни, Шәкерімнің қолжазба қатирасының болғанын дәлелдейді.
Барлық басылымдық жинақтарда беріліп келе жатқан «Сұм дүние тонап жатыр есің (Ш. Марсековте солай, «ісің» емес – Т. Ж. ) бар ма?» атты өлеңнін: «Ет жүрексіз ерніңнің айтпа сөзін, Тіл үйренген нәпсінің қу мінезін. Тілде – сүйек, ерінде – жиек бар ма, Шымылдық бет көрсетпес шынның жүзін», – деген бір шумағы Ш. Марсековтің қолжазбасында да, 1909 жылғы жинақта да жоқ. Демек, ол шумақ жинақтарға кейіннен қосылған.
Ш. М. ( Сұм дүние тонап жатыр…): Дәмі қайтпас, бұзылмас тәтті бар ма – 1909 жылғы жинақ пен 1909 жылғы жинақтың көшірме қолжазбасында. – Дәмі қайтпас, бұзылмас тәтті бар ма – Жинақтарда: Демі қайтпас, бұзылмас тәтті бар ма.
Әрине, «дәмі» орнында тұрған сөз. Жинақтардағы «демі» жаңсақ оқылған. Бұған ойланып жатудың еш қажеті жоқ.
«Ғылым таппай мақтанба»:1909 жылғы жинақта да, Ш. Марсековтің қолжазбасында да:
«Сізге ғылым кім берер, Жанбай жатып сөнсеңіз», – деген екі жол жоқ.
1909 жылғы жинақта көрсетілген бөлімдердің орындары Ш. Марсековтің қолжазбасында ауысып көшірілген. Мысалы «Қуанбаңдар жастыққа» атты «VIII бөлім» ретінде көрсетілген өлеңнен кейін VI және VII бөлімдер көшірілген, яғни, олардың рет саны бұзылған. Зады, көшірмеші жаңылып кетіп, не ұмытып кетіп барып, соңына өзінің қате кеткенін білдіру үшін бөлім санын көрсетіп тұрып қосқан сияқты.
«Сенбе жұртқа тұрса да қанша мақтап» атты өлеңге «Адам бір боқ көтерген боқтың қабы» атты өлең бөлім ретінде көрсетілмей, жалғаса жазылған.
«Жақсылық ұзақ тұрмайды». Жинақтардағы:«Жер қорығыш желгек шал, Желіп жүріп боздайды»– деген екі жол 1909 жылғы жинақ пен 1909 жылғы жи­нақтың көшірме қолжазбасында да, Ш. Марсековтің қолжазбасында да жоқ.
«Жазды күн шілде болғанда» атты өлеңнің қолжазба нұсқасында: «Шұрқырап жатқан жылқының», – дегенбір жол жазылып барып, қайта өшірілген. Бұл – көшірушінің алдында қандай да бір қолжазбаның, не кітаптың болғанын дәлелдейді. Ал мына шумақ барлық басылымдарда жоқ.
«Жаз». Ш. М. :Көңілі жақсы жайланып, Бай да келер ауылға, Аяңшылы жылпылдап. Сабадан қымыз құйдырып, Ортасына қойдырып, Жасы үлкен бір бөлек, кеңесіп, күліп сықылдап. Жалшы алғанда жас бала, Жағалайды шешсін, «Ет әпер» – деп қыңқылдап.
Зады, буржуазиялық көрініс ретінде бір редактор қысқартып жіберіп, кейін қаперге алынбай, ұмыт қалған сияқты. Міндетті түрде негізгі мәтінге қосылуы тиіс. Мұны талап етуге де болады. «Аяңшылы жылпылдап. Сабадан қымыз құйдырып, Ортасына қойдырып, Жасы үлкен бір бөлек, Кеңесіп, күліп сықылдап. Жалшы алғанда жас бала», – деген жолдар 1909 жылғы жинақ бойынша 1995 жылғы академиялық басылымда қалпына келтіріліпті.
Ш. Марсековтің қолжазбасында да және 1909 жылғы жинақта да, 1909 жылғы жинақтың көшірме қолжазбасында да өлеңнің соңғы шумағындағы: «Өткен күннің бәрі ұмыт, Қолдан келер қайрат жоқ» – деген екі жол жоқ. Біздің ойымызша, осы екі жол жаз туралы өлеңнің ұзына мазмұнына кірігіп тұрған жоқ. Өзге бір өлеңнен ауысып келген өлең жолдары болуы мүмкін. Жалпы өлеңнің тақырыбы мен мазмұнын, ақынның көңіл-күйін аңдасақ та, шындығында да, тура осы екі жол артық тұр. Тіпті, әуел бастағы түпнұсқада болмауы да мүмкін.
Ш. Марсековтің қолжазбасындағы «Сопысып сен, һахшылсып, һахты ұмытсын» – деген өлең «Босқа әуре боп келдің бе тағы мұнда» атты ұзақ өлеңнің ішінен бөлініп алып, шашыранды түрде іріктеп, үш-ақ шумағын дербес өлең ретінде жазған. Неге бұлай іріктеп жазылғаны түсініксіз. Не жалпы мәтінді ұмытып қалған, не әдейі іріктеп алуы да мүмкін. Анығын Алла біледі. Әйтеуір, жиыны 15 шумақ өлеңнің 3 шумағы ғана қағазға түскен. Екі шумақтан кейін араға дәптердің бір жолын ашық тастап, «Лермонтовтан аударылған», – деп көрсетіп, үшінші шумақтан бастап жазған. Бұдан кейін араға тағы да 12 шумақты тастап кетіп, соңғы екі шумақты ғана іріктеп көшірген.
«Нұрлы аспанға тіресіп өскенсің сен». Ш. М. : Нұрлы аспанға тіресіп өскенсің сен, Мен-мен, кердең, қайғысыз қар көңілмен. Жасарып, жазғытұрым жердің бетін, Бой жеткен жасыл шөппен, егінмен тең – 1909, 1995 ж. жинақтарда:. Нұр­лы аспанға тырысып өскенсің сен, Мен-мен, кердең, қайғысыз ер көңіл­мен. Жазғытұрым жасарып, жердің бетін, Жасыл шөппен, бой жеткен егінмен тең.
Сөздері араласып, жолдары ауысып кеткен жерлерді мағыналық ретіне орай жүйелестірген лазым. Сонымен қатар, Ш. Марсековтің қолжазбасын­дағы:«Өлейін деп өлмейді, өлерлік жан …Өмір қайда, сен қайда, соны да ойлан» (Жинақтарда: – ойла), – деген жолдардан кейін келетін мына төмендегі: «Жұрт айтқан сол ант мезгіл келсе керек, Менде пенде, амалсыз көнсем керек. Қайран дос, қызығы зор қайран тату, Сендер өлдің, мен-дағы өлсем керек», – деген «Ант мезгілі» туралы шумақ 1909 жылғы жинақтың көшірме қолжазбасында да және өзге жинақтарда жоқ. Бұл шумақ басқа бір аударма өлеңнің ішінде жүр.
Бұдан басқа да кездеснетін: бір қолжазбада бар, екіншісінде жоқ, не керісінше кездесетін мәтіндік сөз, жол, шумақ айырмашылықтары мәтіндік салыстыруда толық беріледі.

9. «ОНАНДАҒЫ БІР ЕСТІ, ІШКІ СЫРЫН АҢҒАРСЫН…»
(Саналы және жүйелі түрде жасалған мәтіндік өзгерістер мен ауыстырулар)

IX мәтіндік-мағыналық жүлгеге: өлеңнің ішкі құрылымына, ырғағына, буыны мен екпініне, көркем әсеріне қатысты саналы және жүйелі түрде жасалған мәтіндік өзгерістер мен ауыстырулар жатады.
Бұл мәтіндік өзгерістер (айырмашылық емес) арнайы және мәтіндік, теориялық тұрғыдан жан-жақты зерттеуді талап етеді. Өйткені, көшіру барысында жасалған сөз бен сөздің орынының ауысуы жай ғана жаттанды түрде жазылып кетпегені, керісінше, мақсатты түрде орындалғаны, сол арқылы өлеңнің құрылымына, көркем әсеріне, ырғағына, екпініне ықпал етуге ұмтылғаны анық танылады. Егерде, Ш. Марсековтің қолжазба көшірмесін жай қатардағы көшірме ретінде қабылдасақ, онда мұны кәдімгі қатардағы мәтіндік айырмашылық ретінде қарастырар едік. Ал, бұл көшірмеде ол жүйелі түрде жүргізілген көркем мәнер ретінде беріледі. Сондықтан да, көшірменің бұл ерекшелігін қатардағы ауыс-күйіске жатқызуға келмейді.
Оның басты себебі, қолжазбаның Шәкерімнің дәптерінен көшірілуі. Өзге-өзге, Шәкерім – Абайдың өлең жазу мәнерін, өлеңдерінің шығу тегін, таралу жолын, сонымен қатар поэзияның ішкі заңдылықтарын жақсы білген. Сондықтан да, бұл дәптердегі өлеңдердің, кей сыпаттарда, түпнұсқалық деңгейге барынша жақын нұсқалық мәнге ие екеніне мойынсынуға тура келеді. Себебі, біз қанша сенімді түпнұсқа дегенімізбен де, Мүрсейіттің қолжазбасы да көшірме. Ол кейде жатқа көшіріп, хатқа түсіруі мүмкін. Ал, Шәкерім ол өлеңдерді Абайдың тікелей өзінен алған, немесе, Абайдың өз қолжазбасынан көшірген. Сонымен қатар, Абайдың өлеңдерінің орынын ауыстыратындай еркіндікке бармаса керек. Барған күннің өзінде де, өлеңнің ішкі заңдылықтары мен ырғақтық, буындық ерекшеліктерін ескерсе керек-ті.
Сонымен, Ш. Марсековтің қолжазбасындағы сөздердің орыны ауыстырылып, өлеңнің ішкі ырғақтары өзгерген өлеңдердің қатарына «Қансонарда бүркітші шығады аңға», «Қараша, желтоқсан мен сол бір екі ай», «Өлең сөздің патшасы, сөз сарасы», «Шоқпардай кекілі бар қамыс құлақ», «Қақтаған ақ күмістей кең маңдайлы», «Нұрлы аспанға тырысып өскенсің сен» т. б. мен «Масғұт» дастаны жатады. Байқап отырсыздар, мұндағы өлеңдердің дені ертерек жазылған және халық ауызында жатталып, жиі айтылатын дүниелер. Бұған қарап, жатқа айтушының ықпалына түскен, сондықтан да дауысты, ашаң дыбысты сөздер мен тіркестерді ән мақамына орай алға қарай ауыстырып жіберген деуге бола ма? Мүмкін. Мүмкін емес, толық мүмкін. Онда, соған қарап мәтіндердің орынын ауыстыру керек пе?
Мысалы, Шәкерімнің нұсқасынан көшірілген Ш. Марсековтің қолжазбасында «Қараша, желтоқсан мен сол бір екі ай» деген өлеңінің әр жолдарының басында анықтауыш, баяндауыш, етістік тіркестері тұр. Мысалы: «Жерімді ерте барсам жеп қоям» деп», «Отын жоқ отыруға үзбей жағып», «Жылытып тоңған иін тонын илеп», «Бар болса кемпір-шалы қандай қиын», «Кедейдің қай жерінде тұрсын күйі», «Тоңбайды қар жауса да бай баласы» – дегендегі қарамен терілген сөздерді келесі тіркеспен, мысалы: «Қар жауса тоңбайды бай баласы» – деп ауыстырып, енді оқыңызшы. Өлеңнің екпіні мүлдем босаңсып, кібіртік тартады. «Қыс» атты өлеңнің бас-аяғы дерліктей осындай экспрессивті екпінге құрылған. Дәйек:
Қыс келіпкәрі құдаң әлек салды; Қызарыпаязбенен ажарланды; Ақ ордаалты қанат үй шайқалды; Жүгірген әуес көріп жас балалар; Домбығып беті-қолы үсік шалды; Қажымас қар тепкенге қайран жылқы; Құруынатитығы аз-ақ қалды; Тұмсығын қыспен бірге салды қасқыр; Қор қылма, малшыларым, итке малды; Қайрат қыл, ұйқы өлтірмес, бұз қамалды.
Менің ойымша, бұл өзгерістер академиялық басылымның түсініктемесінде қалай да көрсетілуі тиіс. Ал, оның мәтіндік-теориялық мәселесі зерттеушілерге тиесілі дербес әңгіме. Біз, ішінара, үлгі есебінде төрт-бес өлеңнен мысал келтірумен шектелеміз:
Жинақтарда: (Қансонарда): Көре тұра қалады қашқан түлкі – Ш. М: Қалады көре тұра қашқан түлкі; Жинақтарда: Аузын ашып, қоқақтап, тісін қайрап – Ш. М: Қоқақтап, аузын ашып, тісін қайрап;
Жинақтарда:(Қақтаған ақ күмістей…): Аласы аз қара көзі нұр жайнайды – Ш. М: Аласыз қара көзі нұр жайнайды; Жинақтарда: (Қақтаған ақ күмістей кең маңдайлы) Аузын ашса, көрінер кірсіз тісі – Ш. М: Көрінер аузын ашса, кірсіз тісі; Жинақтарда: Қолаң қара шашы бар жібек талды – Ш. М: Шашы бар қолаң қара жібек талды; Жинақтарда: Қасиетті болмайды ондай жігіт – Ш. М: Болмайды қасиетті ондай жігіт;
Жинақтарда:(Шоқпардай кекілі бар…): Теке мұрын, салпы ерін, ұзын тісті – Ш. М: Салпы ерін, теке мұрын, ұзын тісті; Жинақтарда: Шідерлігі жуандау, бота тірсек…Екі көзін төңкеріп, қабырғалап, Белдеуге тыныш тұрса, байлап көрсек – Ш. М: Жуандау шідерлігі, бота тірсек…Төңкеріп екі көзін, қабырғалап, Тыныш тұра ма, белдеуге байлап көрсек; Жинақтарда: Тығылмай әм сүрінбей жүрсе көсем, Иек қағып, еліріп басса әсем. Шапса жүйрік, мінсе берік, жуан, жуас, Разы емен осындай ат мінбесем – Ш. М: Тығылмай әм сүрінбей жүрсе, көрсем, Еліріп иек қағып, жүрсе әсем. Шапса жүйрік, мінсе берік, жуан, жуас, Осындай разы емен ат мінбесем; Жинақтарда: Шапқан атқа жеткізбес бөкен желіс – Ш. М: Жеткізбес шапқан атқа бөкен желіс;
Жинақтарда: (Өлең сөздің патшасы): Бөтен сөзбен былғанса сөз арасы, Ол – ақынның білімсіз бишарасы – Ш. М: Былғанса бөтен сөзбен сөз арасы, Ол – білімсіз ақынның бишарасы; Жинақтарда: Ақындары ақылсыз, надан келіп – Ш. М: Ақылсыз ақындары, надан келіп; Жинақтарда: Терең ой, терең ғылым іздемейді, Өтірік пен өсекті жүндей сабап – Ш. М: Терең ғылым, терең ой, іздемейді, Өсек пен өтірікті жүндей сабап.
Жинақтарда: (Күз): Білмеймін тойғаны ма, тоңғаны ма – Білмеймін тоңғаны ма, тойғаны ма; Жинақтарда: Қайыршы шал-кемпірдей түсі кетіп, Жапырағынан айрылған ағаш, қурай – Ш. М: : Шал-кемпірдей қайыршы түсі кетіп, Айрылған жапырағынан ағаш, қурай; Жинақтарда: Қай ауылды көрсең де, жабырқаңқы – Көрсең де қай ауылды, жабырқаңқы.
Жинақтарда:(Қараша, желтоқсан мен…): Ерте барсам жерімді жеп қоям деп – Ш. М: Жерімді ерте барсам жеп қоям деп; Жинақтарда: Отыруға отын жоқ үзбей жағып, Тоңған иін жылытып, тонын илеп –Ш. М: Отын жоқ отыруға үзбей жағып, Жылытып тоңған иін, тонын илеп; Жинақтарда: Кемпір-шалы бар болса, қандай қиын – Ш. М: Бар болса кемпір-шалы, қандай қиын; Жинақтарда: Қай жерінде кедейдің тұрсын күйі? – Ш. М: Кедейдің қай жерінде тұрсын күйі?; Жинақтарда: Қар жауса да, тоңбайды бай баласы – Ш. М: Тоңбайды қар жауса да, бай баласы.
Жинақтарда:(Қыс): Кәрі құдаң – қыс келіп, әлек салды – Ш. М: Қыс келіп, кәрі құдаң – әлек салды; Жинақтарда: Аязбенен қызарып ажарланды – Ш. М: Қызарып аязбенен ажарланды; Жинақтарда: Басын сіліксе, қар жауып, мазаңды алды – Ш. М: Қар жауып басын сіліксе, мазаңды алды; Жинақтарда: Алты қанат ақ орда үй шайқалды. Әуес көріп жүгірген жас балалар, Беті-қолы домбығып, үсік шалды – Ш. М: Ақ орда алты қанат үй шайқалды. Жүгірген әуес көріп жас балалар, Домбығып беті-қолы, үсік шалды; Жинақтарда: Қар тепкенге қажымас қайран жылқы – Ш. М: Қажымас қар тепкенге қайран жылқы; Жинақтарда: Қыспен бірге тұмсығын салды қасқыр. Малшыларым, қор қылма итке малды – Ш. М: Тұмсығын қыспен бірге салды қасқыр. Қор қылма, малшыларым, итке малды; Жинақтарда: Ұйқы өлтірмес, қайрат қыл, бұз қамалды! – Ш. М: Қайрат қыл, ұйқы өлтірмес, бұз қамалды!
Жинақтарда:(Жазғытұры): Жазғытұры қалмайды қыстың сызы – Ш. М: Қалмайды жазғытұры қыстың сызы; Жинақтарда: Жаздың көркі енеді жыл құсымен, Жайраңдасып жас күлер құрбысымен – Ш. М: Енеді жаздың көркі жыл құсымен, Жас күлер жайраңдасып құрбысымен; Жинақтарда: Күлімдесіп, көрісіп, құшақтасып, Шаруа қуған жастардың мойыны босап – Ш. М: Көрісіп, күлімдесіп, құшақтасып, Жастардың шаруа қуған мойыны босап; Жинақтарда: Сыбдыр қағып, бұраңдап ағады су– Ш. М: Бұраңдап, сыбдыр қағып, ағады су; Жинақтарда: Ұшқыр атпен зырлатып тастағанда – Ш. М: Зырлатып ұшқыр атпен тастағанда; Жинақтарда: Қыз бұраңдап, жабысып, қылады наз – Ш. М: Жабысып, қыз бұраңдап, қылады наз; Жинақтарда: Безендіріп жер жүзін тәңірім шебер, Мейірбандық дүниеге нұрын төгер…Анамыздай жер иіп емізгенде – Ш. М: Жер жүзін безендіріп тәңірім шебер, Дүниеге мейірбандық нұрын төгер. Жер иіп анамыздай емізгенде; Жинақтарда: Шаруаның бір малы екеу болып – Ш. М: Бір малы шаруаның екеу болып; Жинақтарда: Кемпір-шал шуақ іздеп, бала шулар – Ш. М: Шуақ іздеп кемпір-шал, бала шулар; Жинақтарда: Жыршы құстар әуеде өлең айтып, Қиқу салар көлдегі қаз бен қулар –Ш. М: Әуеде жыршы құстар өлең айтып, Көлдегі қиқу салар қаз бен қулар; Жинақтарда: Ай, жұлдызға жылы жел хабар беріп, Жан-жануар қуанар тойға елеріп …Жер күлімдер, өзіне шырай беріп – Ш. М: Жылы жел Ай, жұлдызға хабар беріп, Қуанар жан-жануар тойға елеріп…Өзіне(!) жер күлімдер, шырай беріп; Жинақтарда: Біреуіне біреуі қосылыспай – Ш. М: Біреуі біреуіне қосылыспай; Жинақтарда: Жер толықсып, түрленер тоты құстай – Ш. М: Түрленер жер толықсып, тоты құстай; Жинақтарда: Сүйіп, жылып тұрады жан лебізін – Ш. М: Сүйіп, желпіп тұрады жан лебізін.
Жоғарыда айтып өткеніміздей, келтіріліп отырған бұл мысалдарды кәдімгі мәтіндік айырмашылық деуге келмейді, өйткені мұнда көркемдік-құрылымдық жүйе бар. Ол еркшеліктер дербес тақырып ретінде тиянақты талдауды қажет етеді. Сондықтан да, біз, осы үзінділердегі өлеңдік құрылым, ырғақ, екпін, ой екпіні, ішкі динамика сияқты теориялық мәселелерге тоқталмай-ақ, жасалған өзгерістердің бейнелік-мағыналық астар-шырайына назар іліктіре кетеміз.
Көркем сөздің басты міндетінің бірі – көркем суретпен бейнелеу, көріністі, құбылысты әсерлеп жеткізу, сол әсерлі көрініске тіршіліктің тынысын қосу. Бұл, өлеңнің – өлеңдік қасиетінің бірі. Барлық дәлелге тоқталмай, мысалдың соңғы жолдарынан бірер дәйек келтірейік. Бұлақты елестеткенде, ең бірінші оның бұраңдап, бұратылып аққаны көз алдыңа келеді, содан кейін барып сылдыраған үні құлаққа естілгендей болады. Дыбыс – ағыстан барып шығатын үн. Ендеше: Сыбдырқағып, бұраңдап ағады су– дегеннен көрі «Бұраңдап, сыбдыр қағып, ағады су» деген барынша табиғи үйлесім. Ай, жұлдыз – аспандағы, жел мен адам – жердегі құбылыс. Ендеше, жел мен адам – аспандағы Ай, жұлдызға қарап тұрып хабар береді. Сондықтан да, өлең жолының басында ең бірінші хабар берушінің тұрғаны үйлесімді. «Жыршы құстар» қайда жүр? Әуеде. Ал, олардың аспанға көтерілгені бейнеленді ме? Жоқ. Өйткені, олар әуеде жүр. «Дүниеге мейірбандық нұры төгіле ме, жоқ, мейірбандықтың нұры дүниеге төгіле ме? Әрине, мейірбандықтың нұры дүниені махаббатқа бөлейді. Толықсыған жер тотықұстай түрленеді, яғни, жер – түрленіп, көгеріп барып толықсиды. Мысалға алынған өлең жолдарындағы ауысқан сөздердің астарында осындай көркемдік-суреткерлік кілтипан жатыр.
Демек, бұл өлеңдердегі ауысқан жолдарда, Шәкерім сияқты эстет ақынның кірпияз талғамы бар. Сондықтан да, Абай өлеңдерінің текстологиясы сөз болғанда, Ш. Марсековтің қолжазбасындағы өзгерістерді қалыс қалдыру – сөз өнеріне, соның ішінде Абай поэзиясына қиянат болмаса да, обал. Ал, барлығы да тура осы қолжазбадағыдай болсын деп талап ету – тағы да қисынсыз. Амал бар, ол – осы қолжазбадағы нұсқаны түсініктемеге қосып жариялау. Бұл, текстологиялық талапқа толық сай келетін шара.

10. «СЫРТЫН ТАНЫП ІС БІТПЕС…»
(Қолжазбалар мен жинақтарда әр түрлі сөзбен жазылған мәтіндер)

X мәтіндік-мағыналық жүлгеге: әр қолжазба мен жинақтарда әр түрлі сөзбен жазылған мәтіндер жатады.
Бұл айырмашылықтар, барлық мәтіндік ерекшеліктерге сай, ең бір көлемді әрі түбегейлі, арнайы талдауды қажет ететін дербес тақырып болып табылады. Ол өзгешеліктер текстология іліміне қатысты барлық ерекшеліктерді қамтиды. Салыстырмалы-талдау жұмысы орфографиялық, сөздік, терминдік, сөйлемдік, тіркестік, мағыналық, көркемдік, жазу мәнері, қолтаңба, тарихи лингвистика сияқты ілімдік саламен ғана өлшеніп қалмайды, сонымен қатар әдеби теориялық тұрғыдан да жан-жақты талдауды талап етеді.
Біз, әрбір мәтіндік айырмашылықтарды салыстырмалы түрде назарға ұсына отырып, ішінара діттеген тұстарға ғана, яғни, Абай шығармаларының басылымына тікелей қатысты мәтіндерге орай, әр өлеңдегі айырмашылықтарға ішінара шағын түсінік берумен шектелдік.
Мысалы:Ш. М (Қартайдық, қайғы ойладық, ұйқы сергек): Адамзат тірлікті дәулет білмек, Ақыл таппақ, мал таппақ, адал еңбек. Екеуінің бірі жоқ, ауыл кезбек; 1909 жылғы жинақтың көшірме қолжазбасында. – Ақыл таппақ, мал таппақ, алал жүрмак, Екеуінің бірі жоқ, ауыл кезбәк; Жинақтарда: Ақыл таппақ, мал таппақ, адал жүрмек, Екеуінің бірі жоқ, ауыл кезіп.
Ш. Марсековтің қолжазбасындағы бірінші жолдағы «адамзат» деген сөзге қосылған қосымша бір сөз бар сияқты. Буын саны жетпей тұрғаны да соны аңғартады. Бірақ та тура сол жол өте көмескіленіп, өшіп кеткен. Қалпына келтіріп оқудың еш орайы келмеді. Ал, екінші жолдағы «Еңбектің» үсті жұқа сызықпен сызылып, оның орынына «жүрмек» деген сөз қосылып жазылған.
Енді осы әр нұсқада әр қалай жазылған мәтіндердің қайсысын қабылдаған жөн? Әрине, жинақтардағы дайын мәтіндерді сол күйінде қалдыра салғаннан оңтайлысы жоқ. Бірақ, бұл абайтануға адалдық болып есептелмейді. Қиын әрі шешуі күрделі болса да осы үш нақсқаны салыстыра отырып, өлеңнің мазмұнымен «орайлы, жарасымды», «мағынасы түзу келетіні» (Абай) қайсы, соны анықтау қажет. Біз де тереңдеп, қазымырлай салыстыра талдауға ұмтылмаймыз. Тек, ойымыз түсінікті болуы үшін мәтіннің мазмұнын қысқаша ғана тәпсірлеп өтеміз.
Сонымен, адамзаттың тірліктегі мақсаты – ақыл таппақ, мал таппақ, содан кейінгі мақсаты не? «Адал еңбек пе» (Ш. М. ), «алал жүрмек пе» (1909 жылғы жинақтың көшірмесі), әлде «адал жүрек» пе? (Жинақтарда). Үшеуі де керек харакеттер. «Адал жүрмекті» еш күмәнсіз мақұлдауға болар еді. Бұл, Абайдың өлеңіне кейіннен редакторлық жасаған адамдардың «мал табу» де еңбек, сондықтан да екі еңбек қатар келмейді деп өз жанынан қосқан «ұйқасы» емес пе екен? – деген орынды күдік ұялатады. Әйтпесе, «адал еңбек» пен «адал жүрмектің» мағынасы «адал жүрекпен» бірдей. Ал, осы айтқанын Абай келесі жолда: «Екеуінің бірі жоқ, ауыл кезіп (кезбек – Ш. М. ), Не қорлық құр қалжыңмен күн өткізбек?» – деп санап береді.
Абай айтып отырған «екеуі» қайсы, әрине, «ақыл таппақ, мал таппақ». Ал «адал еңбек» те, «алал немесе адал жүрмек» те, сол екеуінің анықтауышы, яғни, серігі. Егерде, осы арада ол кезде жазу үлгісінде жоқ тыныс белгісін пайдаланып: «Ақыл таппақ, мал таппақ – адал еңбек» деп жазып көрсек ше! Мағына да, іздеген «екеуміз» де орнына келеді. «Адал жүріп ақыл тап, мал тап» деп қисындырсақ та орынды. Егерде, Ш. Марсековтің қолжазбасындағы «еңбектің» үсті жұқа сызықпен сызылып, оның орынына «жүрмек» деген сөз қосылып жазылғанын ескерсек, онда «адал жүрмекке» тоқталуға мәжбүр боламыз. Мүмкін, сол дұрыс та шығар, кім білсін. Ал, «кезіп» пен «кезбектің» қайсысы дұрыс? Бұл, «сөздің орайлы, жарасымына» (Абай) байланысты шешілетін талғам мәселесі.
Жинақтарда:(Қажымас дос халық та жоқ): Айнымас серт қайда бар – 1909 жылғы жинақтың көшірме қолжазбасында: Айнымас дос қайда бар.
«Айнымас» деген сөз, көп ретте, адамдық қасиетке қаратыла қолданылатын сөз. Екіншіден, «серт» айни ма? Ол жансыз «ұғым» емес пе.
Ш. М. (Аш қарын жұбана ма майлы ас жемей): Қаз бұраңдап жылы жүзін асқа сатқан, Ант ұрғанға қосылма, кетсін қаңғып – 1909 жылғы жинақтың көшірме қолжазбасында: Ант ұрғанға жолама, кетсін қаңғып – Жинақтарда: Бұраңдап жылы жүзін асқа сатқан, Ант ұрғанға қосылма, кел, кет қаңғып.
Әрине, жаңылтпаш сияқты «кел, кет» дегеннен көрі, оған қосылма, «жолама, кетсін қаңғып» деген әлдеқайда жатық әрі түсінікті. Сұрақ; сонда «кел, кет, қаңғып» деген жұмбақ сөз жинақтарға қайдан келген? Қайдан алған?
Ш. М. (Бір сұлу қыз тұрыпты хан қолында): Бетімді шал сипаған құрт жесін деп – Жинақтарда: Етімді шал сипаған құрт жесін деп.
Шал қыздың «етін сипай ма», «бетін сипай ма»? Қайсысының «жарасымы» басым?(
Ш. М. (Бір сұлу қыз тұрыпты хан қолында): Күндесі бәйбішемен болады араз – Жинақтарда: Кінәсіз бәйбішемен болады араз.
Ш. Марсековтің қолжазбасындағы «күндесі бәйбішемен болады араз» дегенге ешқандай түсініктің қажеті жоқ. «Айналасы жұп-жұмыр, тегіс келіп» тұр. Ал, «кінәсіз бәйбішемен кім араз болады». Әрине, тоқалы, күндесі. Бірақ мына арада «кінәсіз бәйбіше меә, «кінәсіз күндес» пе? «Күндес» деген сөзді алап тастаса, «бәйбішеде» мағына қалмайды.
Ш. М. (Болды да партия): Құрметті қош тұттым – 1909 жылғы жинақтың көшірме қолжазбасында: Құрбыдай қош тұттым – Жинақтарда: Құрбыдай қош тұттым.
Кімді қош тұтты? «Жасың мен кәріңді». Қалай қош көрді? Тең құрбысындай еркелетіп, әзілдеп пе, жоқ, құрметтеп пе? Біздің ойымызша: «Құрметтеп қош тұттым, Кәрің мен жасыңды», – деген тіркес «сөз жарасымын келтіріп» тұрған сияқты. Ендеше, Ш. Марсековтің қолжазбасына бойсынып, оны қабылдау лазым.
Ш. М. (Сегізаяқ): Надандар бахар ала алмас – 1909 жылғы жинақтың көшірме қолжазбасында: Надандар баға ала алмас – 1909 жылғы жинақ пен – Жинақтарда: Надандар баһра ала алмас.
Маған, бастапқыда Хаткер-кәтіптің (1909 жылғы жинақтың) көшірмесіндегі: «Надандар баға ала алмас» – деген жолдар барынша жатық көрініп еді. Ойлана келе, «баға» – «баһраның» (үлгінің) мағынасын толық бере алмайтынына көзім жетті. Демек, «бахар» емес, «баға» емес – Баһра.
Ш. М. (Сегізаяқ): Қайраттан, бекін – Жинақтарда: Қайраттан, беркін.
Беркін – әдеби тілде қолданылмайтын көнерген сөз. Тіпті, ауыз әдебиетінде де ұшыраспайды. «Бекін» – барынша жатық.
Ш. М. (Сегізаяқ): Тоздырар адам баласын – Жинақтарда: Аздырар адам баласын.
«Аздырар» деген сөз әнге де үйлеседі, дыбысталуы да ырғақты, дауысты ашады.
Ш. М. (Сегізаяқ): Табылар адам жөндерге …Өзіңе болар жендетің – 1909 жылғы жинақ пен 1909 жылғы жинақтың көшірме қолжазбасында: Табылар кісі жөндерге …Өзіңде (!) болар жендетің.
Біз, Ш. Марсековтің қолжазбасымен таныспай тұрып, талдаған еңбегіміздің бірінде, Абай: «Қулықты көргіш, Сұмдықты білгіш, соны жөнге келтіретін бір кісі» шығады («табылады»). Сонда үш-төрт жылғы жаман қылығың, қылмысың (әдетің) өзіңе жендет (пәле) болып, жазаңды берер – деп отыр. Сондықтан да: «Өзіңе болар жендетің» емес, «өзіңде болар жендетің», ол жендет – сенің өзің істеген қылмысың, – деп отыр – деген мағынадағы пікір білдіріп едік. Сол ұстанымда қаламыз. Өйткені, ол пікірді Ш. Марсековтің мына қолжазбасы дәлелдеп отыр.
Ш. М. (Сегізаяқ): Жүз кісі сұмға – Жинақтарда: Жөн кісі сұмға.
Сонымен, «жүз кісі» ме, «жөн кісі» ме, қисыны қайсы? «Мыңмен жалғыз алысқан» бір кісіні білеміз, ол Абайдың өзі. Ал, енді «бір сұмға» жүздің шамасы жетпей жүр ме, жоқ, жөні дұрыс бір адамның шамасы жетпей жүр ме? Егер, бір адамды ғана арандатып тыныш тапса, ол қалай «сұм» атанады?
Ш. М. (Сегізаяқ): Сөз қуар білгіш – 1909 жылғы жинақ пен 1909 жылғы жинақтың көшірме қолжазбасында және Жинақтарда: Сөзуар білгіш.
Екеуі де бір мағыналас сөздер.
Ш. М. (Сегізаяқ): Алғағанын зор қылмақ – 1909 жылғы жинақ пен 1909 жылғы жинақтың көшірме қолжазбасында: Алқағанын зор қылмақ – Жинақтарда: Алдағанын зор қылмақ.
Қолдаған адамын, яғни, «алғаған», «алқаған» адамын зорайтып көрстеуі дұрыс, ал «алдаған» адамын қалай және неге зорайтып көрсетпек? Сәл, мағыналық қайшылық бар.
Ш. М. (Сегізаяқ): Қорқытқан елің – Жинақтарда: Қорқытқан сенің; Ш. М. (Сегізаяқ): Сен аңдып оны, Ел аңдып сені – Жинақтарда: Ел аңдып сені, Сен аңдып оны.
Бұл арада жолдардың орыны ауысқан.
Ш. М. (Сегізаяқ): Жалғыз өзің – Жинақтарда: Бір жалғыз өзің; Ш. М. (Сегізаяқ): Сырласың сырттан айналар – 1909 жылғы жинақ пен 1909 жылғы жинақтың көшірме қолжазбасында: Сырласың сырт айналар – Жинақтарда: Сырласың сырт айналар.
Ш. М. (Қуатты оттай бұрқырап): Болады көңіл мұз, Ойласаң әмірсіз.
Бұл екі жол осы қолжазбадан басқа өзге ешқандай басылымда жоқ.
Ш. М. (Өлсем орным қара жер…): Өлең шіркін өсекші, сыртқа жаяр – 1909 жылғы жинақ пен 1909 жылғы жинақтың көшірме қолжазбасында: – Өлең шіркін өсекші, жұртқа жаяр.
«Сыртқа жаяр» да, «жұртқа жаяр» да орынды. Көз үйренген «жұрттың» орынында қалғаны лазым сияқты.
Ш. М. (Есіңде бар ма жас күнің), 1909 жылғы жинақ пен 1909 жылғы жинақтың көшірме қолжазбасында: Қасиет кетті, дос кетті – Жинақтарда: Махаббат кетті, дос кетті.
«Қасиет» сөзі «махаббатқа» неге өзгертілген? Себебі – белгісіз.
Ш. М. (Көк тұман – алдыңдағы…): Малға сат, байға сат қылығыңды, Ылай-ылай оймен тұнығыңды – 1909 жылғы жинақ пен 1909 жылғы жинақтың көшірме қолжазбасында. және Жинақтарда: Ылайла ылай оймен тұнығыңды.
Осы «Көк тұман – алдыңдағы келер заман» атты өлеңдегі Ш. Марскеовтің қолжазбасына қатысты мәтіндік өзгерістердің, «Ылай-ылай оймен тұнығыңды» деген жолдан басқасының барлығы да, академиялық басылым кезінде өте ықтияттылықпен қаралуы, екшелуі, ескерілуі тиісті. Өйткені, ондағы түзетілген сөздер мен тіркестердің дені осы уақытқа дейін абайтанушылардың арасында мағыналық тұрғыдан алғанда күмән тудырып келген мәтіндер болатын.
Ш. М. (Көк тұман – алдыңдағы келер заман): Үмітті сәуле күтіп көз қадалған – 1909 жылғы жинақ пен 1909 жылғы жинақтың көшірме қолжазбасында және Жинақтарда: Үмітті сәуле етіп көз көп қадалған.
Мысалы: «Үмітті сәуле етіп көз көп қадалған» дегендегі «көп» сөзі буын мен ырғақты бұзып тұр, «сәуле етіптен» көрі «сәуле күтіп» деген әлдеқайда ұғынықты.
Ш. М. (Көк тұман – алдыңдағы…) және 1909 жылғы жинақ пен 1909 жылғы жинақтың көшірме қолжазбасында: Келер, кетер, артына із қалдырмас – Жинақтарда: Келер, кетер, артына түк қалдырмас.
«Артына түк қалдырмас» дегеннен «артына із қалдырмас» деген әрі жатық, әрі мағыналы.
Ш. М. (Көк тұман – алдыңдағы…): Әркімнің бар мақсаты өз еркінде…Саяз жүзер сайқалдарға ғапыл қылар – 1909 жылғы жинақ пен 1909 жылғы жинақтың көшірме қолжазбасында және Жинақтарда: Әркімнің мақсаты өз керегінде…Саяз жүзер, сайқалдар (1909 жылғы жинақ пен 1909 жылғы жинақтың көшірме қолжазбасында– сайқалдарға) ғапыл қалар.
Жинақтардағы: «Әркімнің мақсаты өз керегінде» дегеннен көрі «Әркімнің бар мақсаты өз еркінде» деген әлдеқайда мағыналы. «Саяз жүзер сайқалдарға» – күфірлерге ақихат та, дін де тереңіне бойлатпай, «ғапыл қылады», яғни, өкіндіреді. Ал, ол өзі «сайқал» – дінсіз күфір болса, онда ақихат пен иманнан құр қалдым деп несіне өкінеді? Иә, сұрақ қойылды, толық жауап – толық талдауды қажет етеді.
«Қалың елім, қазағым, қайран жұртым»: Ш. М. : Тиянақсыз, билеусіз байқұс құлқың – 1909 жылғы жинақта: Тиянақсыз, билеусіз байқұс қилинк – 1909 ж. ж. көшірмесі: . Тиянақсыз, билеусіз байқұс сылтың (?) – Тиянақсыз, билеусіз байқұс қылпың (1995 ж. ж. ).
1909 жылғы жинақта бұл сөз бе сөз: билаусыз, қилинк – деп оқылады. Мұны «қылпың» деп ажыратқан, ал А. Жақыпов қолжазбасында оны «байлаусыз байқұс «сылтың» – деп ажыратқан сияқты. Қолжазбадағы бұл сөзді ежіктеп оқысақ «ітслің», не «сілің», «л»-дің үстіндегі бұлыңғыр ноқатты қосып оқығанда «сілтің» болып шығады. Біз соңғы ажыратылымға сүйеніп «сылтың» деп алдық. Өйткені, мына жазуда «қ» әрпінің еш сұлбасы жоқ.
«Өзгеге көңілім тоярсың». Ш. М. : Мына сөзге ой салсын – 1909 ж. ж. : Мойын салсын, ойлансын – 1995 ж. ж. : Мойын салсын, ойлансын (1995 ж. ж. ).
Кәкітай Ысқақов айтқан 1909 жылғы жинақтағы «көп қатенің» бірі осы сияқты. Өйткені, мәтіннің түп мағынасының өзі: Мендей ғарып кез болса, менің мына сөзіме ой салсын, – деп ашық мекзеп тұр. Әрине, «мойын салсын» дегенді назар аударсын – деп тұр деп те түсінуге болады. Бірақ, сөздің тура мағынасынан ауытқып тұр.

11. «ҚИСЫНЫМЕН ҚЫЗЫҚТЫ БОЛМАСА СӨЗ…»
(Ш. Марсековтің қолжазбасындағы Абайдың өлеңдік мәтіндеріне үйлеспейтін сөздер)

XI мәтіндік-мағыналық жүлге: көшірушіден бе, жоқ, әу баста жаттау барысында кеткен бе, немесе, нағында солай түсініп жазған ба, ол жағы белгісіз, алайда, Ш. Марсековтің қолжазбасында Абайдың өлеңдік мәтіндеріне үйлеспейтін сөздер сирек те болса кездеседі. Солардың дені мыналар:

«Қартайдық, қайғы ойладық, ұйқы сергек»: Ш. М. : Жас қартаймақ, бейнет қума (?), туған өлмек – Жинақтарда: Жас қартаймақ, жоқ тумақ, туған өлмек.
Әрине, бұл арада Ш. Марсековте «қума» деген сөз анық жазылса да, оны көшіру барысында кеткен жаңсақтықтың қатарына жатқызу керек. Өйткені, бұл сөз өлең жолын мағынасыздандырып тұр.
Ш. М. (Бір дәурен кемді күнге…): Демеңдер ойнас іске жұбаналық – Жинақтарда: Демеңдер өнбес іске жұбаналық.
Әңгіме аңысы: «Бар ойы – өлең айтып, ән салалық, Біреуді қалжың қылып қолға алалық. Қызды ауылға қырындап үйір болып» – деп жүрген ойын-сауыққа құмар, әсіре бозбалалыққа әуес, еңбексіз «орынсыз ыржаң мен қылжаңды» машық еткен жастарға арналған. Сондықтан да, бір реттен алғанда, Абай осы «қызды ауылды қырындағыштарға: «Демеңдер ойнас іске жұбаналық» – деп тұрған жоқ па, егер солай болса, онда Ш. Марсековтің нұсқасы дұрыс болғаны ғой деген ойға қаласың. Сөз қисыны де соны мекзейді. Оның үстіне, Шәкерім де, Ш. Марсеков те «ойнас» пен «өнбестің» мағынасын біледі. Білмесе, мәтінге сенбесе, мына анайылау сөзді көшіріп жазбас еді – дегің де келеді. Бірақ, қалай екенін білмеймін, Абайды бала да, дана да оқиды, жаттайды. Сонда, шындық та болса, мына анайылау сөзді қалай көптің көзінше, әсіресе, шәкірттердің алдында айту – әбестікке жатпай ма – деп тәлімсіген ой жадымыздан кетпей қойды. Сондықтан да, Жинақтардағы мәтіндерді жақтағым келіп тұр. Мұным, Абайдың сөзіне қиянат па, сауап па, оны білмеймін. Анығын ағайын, ел-жұрт өзі шешер.
Ш. М. (Жігіттер, ойын арзан…): Біріңді бірің ғиззат, құрмет қылыс– Жинақтарда: Біріңді бірің ғиззат, құрмет етіс.
Екеуі де бір мағыналас етістік. Өзгертсе де, өзгертпесе де көркемдікке де, мағынаға да көлеңке түсірмейді.
Ш. М. (Сонда): Жаңғырар жеңсік құмар жаққа созар – Жинақтарда: Жаңғырар жеңсік құмар, жатқа қозар.
Осы екі мәтіннің де мағынасы бұлдыр. Жеңсікқойлықтың, нәпсіқұмар­лықтың тез тозатынын мойындайық, ал, Ш. Марсековтің қолжазбасындағы сол жеңсікқұмарлық «жаңғырар, «жаққа сөзар» дегеннің мағынасы не? Жеңсікқойлық – сол нәпсінің ауылына қарай жол бастайды – дегенді білдіре ме? Ал, Жинақтардағы «жатқа қозар» деген сөз нені емексітіп тұр? Әлде, «Күнде көрген бір беттен көңіл қайтар, Қылт еткізбес қылықты тамыршы озар» – дегендегі нәпсілік сезімді аңғартып, анайы айтқанда, «Біркудің әйелі біреуге қыздай көрінер», соған құштарың ауар, ләпсің шабар – деп тұр ма? Ендеше, Жинақтардағы нұсқа қалуы тиіс.
Ш. М. (Жігіттер, ойын арзан…): Толқынын жүрегіңнің қандай таныр – Жинақтарда: Толқынын жүрегіңнің хаттай таныр.
Қандай астар іздесек те, «қандай танырдан» көрі «хаттай танырдың» мағынасы анық.
Ш. М. (Сонда): Шу дегенде көрінер жүйрік артық – Жинақтарда: Шу дегенде көрінер сұлу артық.
Осы жолдың келесі жалғасындағы: «Көбі көпшіл келеді ондай қаншық» деген жолға жүгінсек, «сұлу артық» деген сөздің өз орынында тұрғанына көзіміз жетеді.
Ш. М. (Көжекбайға): Туысқанға кекшілі, Жас баладан бекер-ді – Жинақтарда: Туысқанға кекшілі, Жас баладан бетер-ді.
Маған Ш. Марсековтің «бекер-дісі» бекер сөз сияқты боп көрінеді.
Ш. М. (Желсіз түнде…): Тамаққа кіріп сүйегі – Жинақтарда: Тамаққа кіріп иегі.
Әрине, «тамаққа кіріп иегі»! Ш. Марсеков бұл арада жаңылыс басқан.
Ш. М. (Сегізаяқ): Көп айтса көнді, Жұрт айтса көнді – Жинақтарда: Көп айтса көнді, Жұрт айтса болды.
Ш. Марсековтің екінші «көндісі» қайталау, Жинақтардағы «болды» орынды қолданылған.
«Көңілім қайтты достанда, дұшпаннан да»: Ш. М. :Есіне естілер де қуанбай жүр – 1909 жылғы жинақта: Ісіне естілер де қуанбай жүр – Жинақтарда: Ісіне естілер де қуанбай жүр.
Әрине, «ісіне» деген сөз дұрыс. «Есіне» деген сөз жаңсақ көшірілген
Ш. М. (Сәулең болса…): Имансыздық намазда – Жинақтарда: Имамсыздық намазда.
Бұл, осы Ш. Марсековтің қолжазбасынан байқалған мағыналық тұрғыдан кеткен екі-үш үлкен қателіктің біреуі. Себебі, намаз оқу – имамның міндеті. Қызылбастар намазды имамсыз, әр қайсысы өз бетінше дербес оқи береді. Мұның жай-жапсарын дербес бір мақаламызда толық түсіндіргеміз. Бұл арада қайталап жатпаймыз.
Ш. М. (сонда): Жан-жағынан күңіреніп – Жинақтарда: Жан-жағынан күркіреп.
Сел – «күңіреніп» ақпайды, «күркіреп» ағады.
Ш. М. (Жігіт сөзі): Қарап тұрман жүз қабат – Жинақтарда: Қарап тойман жүз қабат.
Жігіт сүйген сұлуына «жүз қабат қарап тұрмайды», «жүз қабат қараса да тоймайды».
Ш. М. (Қыз сөзі): Салмағыңнан шаншылып – Жинақтарда: Салмағыңнан жаншылып.
Жігіт шаншыла қадалуы мүмкін, ал қыз «жаншылады».
Ш. М. (Бай сейілді): Елде жақсы қамалды – Жинақтарда: Елде жақсы қалмады.
Екіұшты мағынасы бар айырмашылық бұл. Оның жай-жапсарына ілгеріде түсінік берілген.
Ш. М. (сонда): Жақсыға бір берекелі – Жинақтарда: Жақсыға бір іргелі.
«Жақсының берекелі» болғаны да жақсы, бірақ, мәтіннің мына арасына «іргелі» деген сөз орнықты орынымен жарасымын тауып тұр.
Ш. М. (Ем таба алмай): Мен қам едім – Жинақтарда: Бейқам едім.
«Қам» едім дегеннің мағынасы «бейқам едім» дегеннен анық әрі түсінікті емес.
Ш. М. (Көзінен басқа ойы жоқ): Сөз ұғарлық кім кісі – Жинақтарда: Сөз ұғарлық кем кісі.
«Кім кісідені» көрі, «сөзді ұғарлық «кем кісі», яғни, адам аз деген түсінікті.
Ш. М. (Жастықтың оты…): Кел(з-?) күйінер жігітке – Жинақтарда: Гүл көрінер жігітке.
Егерде, Ш. Марсековтің қолжазбасында: «Сұм, сұрқия, қу заман, Кез күйінер жігітке» деп келсе, сөзсіз қостар едік. Өйткені, сұм заманға кез болғанына кез-келген жігіттің күйінері анық. Мүмкін солай шығар деген дәмемен қолжазбаға аяусыз үңілдік. «З» емес, «Л» анық жазылған. Дегенмен де «кез» шығар деп ойлаймыз. Өйткені, жетпей тұрғаны «л»-дің төбесіндегі бір нүкте (. ). Ал енді, сол «сұм, сұрқия, қу заманның» жігітке несіне «гүлдей» боп көрінетініне тағы түсінбедік. Дұрысы сол: «Кез күйінер жігітке» шығар.
Ш. М (Мен ішпеген…): Мен ішпеген су бар ма? – Жинақтарда: Мен ішпеген у бар ма?
Әрине, У! Ақылдың азабының уытын кез-келген су қайыра алмайды.
Ш. М. (Тоты құс түсті…): Сүймек, сезбек, киінбек – Жинақтарда: Сүймек, сезбек, кейімек.
«Киінбектің» бұл арада орынсыз қолданылған сөз екені өз-өзінен білініп тұр.
Ш. М. (сонда): Замана оны билемек – Жинақтарда: Замана оны илемек.
Заман «илей ме», «билей» ме? Бұл арада, «илейді». Өйткені, Осының алдындағы жолда: «Заманды қай жан билемек?» деген сұрақ белгісі тұр. Бір шумақтағы ұйқас екі рет қатарынан қайталанбаса керек. Онда, «ол ақынның білімсіз бишарасы» (Абай) болады. Ал, Абай бишара емес, дана ақын!
Осы жүлгедегі айырмашылықтардың қатарында ойласып барып, шешім қабылдайтын мынадай мәтіндер де бар:
Ш. М (Жігіттер, ойын арзан…): Тату болса ырыс үстіңдегі үй – Жинақтарда: Тату болса райыс үстіңдегі үй.
Жинақтарда: «райыс – рахат» – деп түсініктеме беріліпті. Ал, Ш. Марсеков қолданып отырған «ырыстың» рахаттан қай жері кем әрі өлең жазылып отырған тілдің өз сөзі. Сондықтан да, бұл араға араб сөзінің киліге қоятындай жөні жоқ сияқты.
Ш. М. (Сонда): Бірі күйтке таласып, бірі арам қып – Жинақтарда: Бірі көйтке таласып, бірі арам қып.
Бұл сөздер де, оның мағынасы да көшпелі тіршілікпен бірге келмеске кеткен көне сөздер – архайзм болып табылады. Өйткені, осындағы «күйіт» пен «көйт» – «арам» деген сөзбен өзара тікелей байланысқан ұғымдар. Көшпелі қауымның заңы бойынша, ұсақ мал, яғни, қой мен ешкі қазан айынан бастап күйтке жіберіледі. Қошқар мен текенің күйегі алынады. Сонда, қой-ешкілер күн жылынып, жер қарая бастағанда, көк шыққанда, сәуірден бастап жамырай төлдейді. Одан ерте, ақпан мен наурыздың басында туған төлді «армыза, арам төл» дейді. Себебі, күн аяз, жер қар, шөп таусылған. Төл туған бетінде шаранасымен қатып қалады. Өлтірмес үшін еріксіз үйге кіргізіп алуға тура келеді. Қазақтар үшін бұл әрі намыс, әрі азап. Намыс болатыны, өзін-өзі сыйлайтын мал иесі тамыз-қыркүйек айында қошқар мен текелеріне күйек салады. Әйтпесе, қысты күнгі арамызадан азапқа қалады. Ал, күйіт кезінде қошқар мен текесіне ие болмаған адам – ең сүйкімсіз адам. Сол үшін ауыл арасы, ағайын арасы абыройсыз дау-шарға, жанжалға қалады. Абайдың: «Бірі күйтке таласып, бірі арам қып, Төбелескен, дауласқан, жанжал-керіс», – дейтіні де сол. Бұл, абыройсыз іс үшін абыройыңды төгесің, асық үшін таласқан бала сияқтысың – деген сөз.
Ал, енді сөздің мағынасына келетін болса, дұрысы – күйіт. «Көйт-көйтті» күйіт маусымы біткен соң, қашпай қалған ұсақ малын тексеру үшін қошқар мен текені отарға жіберіп, иіс алдырғанда тұщындыру үшін айтады. Ол кезде елдің ішіндегі «күйіттің» таласы аяқталып, «көйт-көйттің» кезі келген кез. Енді, қай саулық пен ешкі «арамыза» табады, соны анықтауға көшеді. Сондықтан да, мына мәтіндегі негізгі сөз – күйіт. Абыройсыз дау-жанжал күйіт кезінде басталады. «Арамызаны» анықтаған кезде: «Айттым емес пе күйіттің кезінде. Міне, мынау арамыза табады. Енді оны қыстан қалай аман шығарамын?!» – деп кеңірдегін кесіп керілдесу басталады. Абай, «Жау болып досқа, Таласып босқа, Қор болып, құрып бара жатқан елінің» жағдайын осы бір абыройсыз науқан кезіне теңеп айтып отыр.
Ш. М. (Сонда): Татулығы құрысын, ойыны құрсын– Жинақтарда: Татулығы құрысын, ойынымен.
Мағынасы: жас бала ойынның басында тату, аяғында қату болады. Жыласып тарқайды. «Ата-анасы» әлгі «күйіттің кезінен» де бетер («жаман») бұрқылдасады. Соны мысалға ала келіп Абай: сөйткен «Татулығы құрысын», сөйткен «ойыны құрсын, Дәл соларға ұқсайды мына заман» – деп өз заманының өгей істерін мінейді. «Ойынымен» деген сөз өлеңнің әсерін, дығын әлсіретіп тұр.
Ш. М. (Патша құдай, сиындым): Кіреден мойын кесілсе – Жинақтарда: Кердең мойын кесілсе.
Абайдың айтып отырғаны жай «мойынә, немесе «кердең», яғни, кесірлі «мойын» емес сияқты. Өлеңнің аңысына қарағанда Абай: «Самарқанның бөзіне» «саудыраған сары қамқаны» (тонды) айырбастағысы келмейтін, «самородный сары алтыннан» «саудыраған жезді» жақсы көретін «кеселді түйін шешілсе» – дейді. Бұл арада Абайдың: кіреден – керуеннен есепсіз қарыз алып, борышқа батып, «кіреден (несиеден) кесілген мойынды» айтып отырғаны анық. «Сауданың ебі мен заттың құнын білсе, сөйтіп, «кесірлі түйін шешілсе, кіреден (несиеден) құтылса – дейді. Ал, мойынын несие кесіп отырған адам, қайтып кердеңдесін. Екіншіден, «кердең мойынның кесілгені» кімге керек? Абайға ма, жоқ, несиесін ала алмай жүрген саудагерге ме? Демек, осы «кіренің жағдайымен» жақсы таныс Шәкерім де, Шериаздан да дұрыс жазып отыр демекпіз.
Ш. М. (Жігіт сөзі): Сіздей жардың қызығына, Жалғанда, сірә, жан тоймас – Жинақтарда: Сіздей жардың жалғанда, Қызығына жан тоймас.
Орыны ауысқан «Жалғанда» мен «Қызығынаның» қайсысы өлеңнің ырғағы мен буынына қызмет етеді. Соны анықтап, таңдау жасау керек.
Ш. М. (Сонда): Демің күйіп сүйгенде – Жинақтарда: Демің тиіп сүйгенде.
Әрине, сүйгенде қыз «деміңе күйеді» және «дем-ауа, леп тиіп» деген тіркес те қиыспайды.
Ш. М. (Білектей арқасында…): Дүпілдеп қан соғады жүрегіңе – Жинақтарда Лүпілдеп қан соғады жүрегіңе.
«Дүпілдеп» те қимыл, қозғалыс, толғаныс бар, «лүпілдеп те» ыстық әрі ұяң сезім басым.
Ш. М. (Бай сейілді): Бас пен аяқ бір есеп – Жинақтарда: Бас пен аяқ бір қысап.
Түбіріне үңілсек: есебің – қисап (қысап емес), қисабың – есеп. Қазақтардың, «Екі есеп, бір қисап» дейтіні сол. Сондықтан да, біздің ішіміз «есепке» бұрады.
Ш. М. (Көзінен басқа ойы жоқ): Халықтың түсер сәулесі – Жинақтарда: Хахтықтың түсер сәулесі.
Халықтың ықыласы түседі, хаһтың (Алланың) разылығы болады, Алла жар болсын – деген игі тілеудің баламасы. Абай қайсысын ымекзеп отыр?
Ш. М. (Сонда): Сөз болмайды өзгесі – Жинақтарда: Сөз болмайды өңгесі.
«Өңгесі» деген сөз – өлеңнің, яғни, поэзияның тілі емес.
Ш. М. (Жастықтың оты…): Талаптың аты арсындап Жинақтарда: Талаптың аты арындап.
Түп түбірі бір сөз. Бірақ, мына арада екі қарама-қарсы мағынаға ие боп тұр. Арындаған ат – жегіннен бұзылған ат, ал арсындаған-аршындаған ат – зар күйіне келіп, сар желіп тұрған ат. Демек, арындаған талап – шаршаған, жалыққан талап. Арсындаған талап – үдете шапқан талап. Абай, талаптыны шабан, арбадан бұзылған атқа теңемесе керек.
1909 жылғы жинақтың көшірме қолжазбасында (Жақсылық ұзақ тұрмайды): Сыпыра батыр, сұмырай, қырт – Жинақтарда: Сыпыра батыр сұм құрбәт.
Біз, сөзсіз, «сұмырай, қыртты» қолдаймыз. Оның мәнісі кейініректе айтылады.
Ш. М. (Қарашада өмір тұр): Шалықтап, шалқып, жантайма – Жинақтарда: Шалықтап, шалқып, шатпай ма.
Әрине, «шатпаймадан» – «жантайма» сыпайы мағынаны ашады. Мәнісі: «шалықтап, шалқып» кеп, өзгені еліктіріп ап, жеме-жемге келгенде: өздерің біоліңдер, мен айтып құтылдым – деп жауапкершіліктен қашып, жантая кететін тәуекелсіз адамды айтады.
Ш. М. (Балалық өтті…): Балалық өлді, білдің бе…Кәрілікке төндің бе? – Жинақтарда: Балалық өтті, білдің бе…Кәрілікке көндің бе?
Егде тартқан адам «балалықтың өткенін» өлеңге қоспаса да біледі, өлеңге қоспаса да кәрілікке де көнеді. Ал: «Балалық өлді» – «Кәрілік төнді» дегенде образ бар, жазмыштың үкімі бар. Бойыңды тітіркендіреді, ойыңды шіміркендіреді. Ал, бұл күй – өнердің басты талабы.
Ш. М: (Қажымас дос халық та жоқ): Айнымас дос қайда бар – Жинақтарда: Айнымас серт қайда бар.
Бұл туралы ілгеріде айтып өттік. «Дос – адам, айуы мүмкін. Серт – ұғым. Ол өз бетімен «айный» алмайды.
Ш. М. (Сонда): Күнде өзімшіл ептінің, – Жинақтарда: Күнді өзімшіл ептінің.
«Күнді» деген сөз – «Күнде» деген сөздің жаңсақ жазылуынан кеткен кәдімгі көп қатенің біріне жатқызып, түзпете салу керек.
Ш. М. (Әсемпаз болма әр неге): Ұстаздық қылған жалықпас – 1909 жылғы жинақ пен 1909 жылғы жинақтың көшірме қолжазбасында: Ұстаттық қылған жалықпас – Жинақтарда: Ұстаздық қылған жалықпас.
Мұндағы «Ұстаздық» деген анық та қанық сөз 1909 жылғы жинақта араб тіліндегі «з» мен «т» әрпінің өте ұқсас, ауысып түскен бір нүктеден кеткен жаңсақтық екені бұрынғы пікірімізде толығынан талданғандықтан, бұл арада тоқталып жатпаймыз.
Ш. Марсековтің қолжазбасында басқаша жазылған, бірақ оны жинақтарға өзгеріс ретінде кіргізуге болмайтын жаңсақ сөздер бар. Олар мыналар:
Ш. М (Қазағым, қайран елім): Өздеріңді түзелер, дей алмаймын, Өз қолың­нан кетпесе өз ырқың – Жинақтарда: Өз қолыңнан кеткен соң енді өз ырқың.
«Өз қолыңнан кетпесе» деген сөзден Абайдың өлеңі 1995 жылғы басылымда әзер құтылды. Енді оған қайырылып келудің еш уәжі жоқ.
Ш. М. (Қарашада өмір тұр): Талаппен үстіп, талпынып …Өзгені естіп сөз демес – Жинақтарда: Талаппен ұшып, талпынып …Өзгені әсте сөз демес.
«Осылай талаптанды» дегеннен көрі «ұшып, шарықтап жүріп талаптанды» деген әлдеқайда асқақ.
Ш. М (Қарашада өмір тұр): Өзгені естіп сөз демес – 1909 жылғы жинақтың көшір­ме қолжазбасында: Өзгені әсте сөз демес –Жинақтарда:Өзгені әсте сөз демес.
Демек, «талаппен ұшып» және «әсте» деген дұрыс. Алайда, Ш. Марсековтің қолжазбасында әр әріп анық жазылғандықтан, ескермей кетуге болмады. Сонымен қатар, «Қарашада өмір тұр» өлеңі: «Момыннан жаман қорқақ жоқ, Алдамшы болмай бақ қайда» – деген екі жолмен аяқталады. Осы екі жолдың арасына келетін: «Қу», «пысық» деген ат қайда. Арсыз болмай атақ жоқ» – деген негізгі ойды білдіретін екі жол жазылмаған. Мұны біз, жаңылыс жазылмай қалған – деген уәжбен ғана түсіндіреміз.
Ш. М. (Не іздейсің, көңілім…): Шарқ тыныштық бермейсің – Жинақтарда: Шарқ ұрып тыныштық бермейсің.
Ш. Марсековте«ұрып» деген бір сөз жазылмай қалған. Ол жай ғана мәтқапылық болса керек.
Ш. М. : Өткен адам, өткен жан, Ақыл іздеп әз леп (-?) – 1909 ж. ж. : Өткен адам, өткен жан, Ақыл іздеп (а, ә)изарли(е)п (-?) – 1995 ж. ж. : Өткен адам, өткен жан, Ақыл іздеп ізерлеп.
Қалай оқылса да, кім оқыса да, осы бір шумақ пен осы бір «әз леп»-тің қыбы табылмай келеді. Кәдімгідей мәтіндік мәселе.
Ш. Марсековтің қолжазбасында Абайдың өлеңдік мәтіндеріне үйлеспейтін сөздер сирек жаңсақтықтыңдені осылар.

12. «ҚАДІРІН ЖАҚСЫ СӨЗДІҢ БІЛЕР ЖАН БАР…»
(Абайтанушы-мәтіншілер ажырата алмаған, не жаңсақ оқыған сөздер)

XIIІ мәтіндік-мағыналық жүлге: екі қолжазба көшірмеде дұрыс жазылған, тіпті, барлық абайтанушы-мәтіншілер ажырата алмаған, не жаңсақ оқыған, не тиісті мән берілмей бір жинақтан бір жинаққа ауысып келе жатқан, сондықтан да жаңа академиялық басылымда міндетті түрде ауыстырылуы тиіс мәтіндік айырмашылықтар.
Соның ішінде, төмендегі төрт-бес мәтінді оқығанда, біз, айларға созылған салыстырулардың азап-қазабын ұмытып кеттік. Осындай марқадам таптырған күй үшін де, рахат күй кешкен сезім үшін де, Абайдың бес-алты сөзінің қалпына келуі үшін де сол жанкештілікке қайтадан барып, сол азап-тозақты қайтадан бастан кешуге, қиындығына тағы да төзуге тәуекел етер едім – деп есептеймін.
Бұл дәйектер, қолжазбаның түпкі иесінің ақындық қасиетке ие екендігін, яғни, Шәкерім нің қолжазбасынан көшірілгенін дәлелдейтін айғақ деп те есептеймін. Ол қуаныш пен жұбаныштың себебін осы арада түсіндіре кетейін. Менде, арасында шыққан кезекті таңдамалыларды есептемегенде, Абайдың негізгі 1909, 1922, 1933-1934, 1939-1940, 1945, 1955, 1957, 1961, 1968, 1977, 1995 жылғы баспадан шыққан ғылыми жинақтарының бәрі де бар. Әр жинақтың мен үшін өз орыны, өз міндеті бар. Әр басылымнан орын алған әр өлеңнің тұсына сол басылымның өзім таңдаған ерекшелігіне орай тиісті ескертулер, белгілер, мәтіндік болжамдар, Абайдың өміріне қатысты деректер мен пікірлер жазылып отырады. Мысла, 1961 жылғы жинаққа негізінен өмірбаяндық, тағдырлық, Тұманбай ақын редактор болған 1968 жылғы жинаққа Абайдың тек «жүректің» баламалары мен мағынасына қаратылған теңеулерінің тұсына белгі қойылған, не ескертулер жазылған. Алайда, барлық басылымдардың барлығындағы оншақты сөзге үнемі «?» белгісі қойылыпты, кейін олар леп белгісіне жалғасыпты. Демек, соншама жылдар бойы сол сөздер менің жегімді жеген болып шығады ғой. Ақыры, мәтіндік талдауларды қолға алғанда ең бірінші соларды шүйкеледім. Онда да шешілмеген түйіндер қалған. Ал, мына Ш. Марсеков пен А. Жақып ұсынған 1909 жылғы жинақтың көшірмесінен кейін ол түйткілдердің негізінен шешілгені мені ерекше мардымсыған қанағатқа бөлегенін жасыра алмаймын. Жеңілінен бастайын.
«Қартайдық, қайғы ойладық, ұйқы сергек»: Ш. М. Ар ісі – ақылға ермек, бойды жеңбек – 1909 жылғы жинақта: Ер (ар-?) ісі ақылға ермек, бойды жеңбек Жинақтарда: Ер кісі – ақылға ермек, бойды жеңбек.
Сабыр мен ақыл – тек ер адамға ғана тән мінез емес, ол әр адамның адамдық өлшемінің кепілі, яғни, ардың ісі. Ал, Ш. Марсековтің қолжазбасындағы «ар ісі» деген мәтін сөздің «жарасымын» (Абай) келтіріп, мағынасын ашып тұр. 1909 жылғы жинақтағы қырым-татары жазу үлгісіне сәйкес «а» әрпінің астына «и» әрпінің сызықшасы қосылып жазылғандықтан да, «е» деп оқылып кеткен сияқты. Мұны, ешқандай дүдәмалсыз «а» деп сеніммен оқуға болады.
Жинақтарда (Қалың елім, қазағым…): Тиянақсыз, байлаусыз байғұс қылпың, Не түсер құр күлкіден жыртың-жыртың.
Сұрақ пен леп белгісінің жиі қойылғаны – осындағы «қылпыңның» неге «қылпың» екенін түсінбесем керек. Сөйтсем, қадыми араб, шағатай, татар-шағатай, қырымшақтардың шағатайын, Байтұрсынов әліпбиін және қазақ емілесін еркін меңгерген – 1909 жылғы жинақты түсініп аударған Хаткер-кәтіп бұл сөзді Шығыс Түркістанда өмірге келген, Нұртаза Шалғынбайдың жіңішкелік белгісі қойылған жазу үлгісіне түсірген, өзінің 1909 жылғы жинақтың көшірме қолжазбасында:
Тиянақсыз, байлаусыз байқұс құлқың (!), Не түсер құр күлкіден жыртың-жыртың, – деп мәтінге түсіріпті.
Міне, Абайдың сөзі енді орынына келді. «Қырық қырттың басы қосылса да», оларды қыр асқызбай тұрған жай қылтың-сылтың, «қылпың» емес, құлқы! Өйткені, олар «қылтыңдап-сылтыңдап» сүйретіліп жүрген жоқ, оларда «бірлік жоқ, береке жоқ, шын пейіл жоқ», бірігіп қыр асайық деген шынайы құлық, ынта жоқ. Берекесін қашырып тұрған да сол «бас басына би болған» берекесіздік, «тиянақ табайын» деп «шешім-байлау» жасайтын құлық жоқ. Менің ойымша, бұл сөзді ары-бері ырғаудың еш мағынасы жоқ. Онымыз, тура осында айтылған «құлықсыздық», қыр артылдырмайтың «қылпыңның» нақ өзі болып шығады.
«Малға достың мұңы жоқ малдан басқа». Ш. М. : Оларда да шара жоқ алдамасқа – 1909 ж. ж. : Оларнида (Олардада-?) шара жоқ алдамасқа – 1995 ж. ж. : Аларында шара жоқ алдамасқа.
Қандай да бір қарсы уәж келтіргенмен де: «Оларда да шара жоқ алдамасқа», – деген жолдың барлық мәтін-мағынасы өлеңнің мазмұнына сай екендігін мойындауы керек.
Сұрақ пен леп белгісі қойыла-қойыла шимайға толған кітаптың бетінің бірі: «Бір дәурен кемді күнге бозбалалық» атты өлең басылған айқара парақ екен. Иә, бұл өлеңнің мәтінінде көптеген болбырлық пен жаңсақтықтар, мүлдем қате оқылғаны көрініп тұратын, мағынасыз сөздер бұрын тіпті көп болатын, 1995 жылғы басылымда біраз азайыпты. Ал, бірақ біздің тарапымыздан леп пен сұрақ белгісінен барынша көп енші бұйырған: «Той болса тон киелік, жүр баралық, Бірімізді біріміз аударалық, – дегендегі «аударалық» деген сөз еді. Өкінішке орай, Ш. Марсеков өзінің қолжазбасында осы сөзді: «Той болса тон киелік жүр баралық, Бірімізді біріміз аңғаралық», – деп жазып барып, соңынан қара сиямен бастырып кетіпті.
Неге? Сұрақ шешілмей қалды. Бірақ, осы сөзде бір кілтипан барын көрсетіп кетті, шығар жолын нұсқады. Бұрыннан ұстанып, ұсынып жүрген «аңғаралық» деген сөздің тізгінін одан да сенімді әрі қатты ұстауға жол ашып кетті. Өйткені, тойға уәделесе тон киіп барған бозбалаларға: «Бір жерде бірге жүрсең басың қосып, Біріңнің бірің сөйле сөзің тосып», – деп ақыл берген Абай, енді онда барған соң біріңмен-бірің аударыспақ ойнап, алысып-жұлысыңдар дей ме? Ойға қонбайтын мәтіндік жаңсақтық. Сол сияқты, кейінгі еш басылымда назарға ілінбеген, Абайдың өлең шумақтары мен жолдарының санатында жоқ жолдар бар.
Мысалы, Жинақтардағы «Сабырсыз, арсыз, еріншек» атты өлеңнің бірінші шумағы: Өзін өзі күндейді, Жақынын жалған міндейді. Ол – арсыздық белгісі, – деп келеді де, әрі қарай: «Ұятсынбай, ойланбай», – деген басқа ұйқасқа ауысып кетеді. Өлеңді тиянақтайтын ұйқас бір де бір жинақта жоқ. Ал, Ш. Марсековтің қолжазбасында:
Ш. М: Өзін өзі күндейді, Жақынын жалған міндейді. Ол – арсыздық белгісі, Бірін бірі жүндейді, – деген бір жолмен дербес шумақ тиянақ тапқан.
Ал, бұл жолды міндетті түрде академиялық басылымға қосу керек. Бұл еңбек – жай көшірмешілк емес, Шәкерім нің шығармашылық, ал дегдар Шериазданның еңбегі, сол екі дегдардың абайтануға қосқан жаңалығы. Біздікі – себепкерлік. Келесі мысал:
Ш. М. (Көжекбайға): Қайдан ғана біледі, Келер менен кетерді. Ауыр менен жеңілдің, Арасымен өтерді? – Жинақтарда: Қайдан ғана біледі, Ауыр менен жеңілдің, Арасымен өтеді.
«Келер менен кетерсіз» осы шумақтың ортасы үңірейіп тұрғаны анық. Ендеше, «ұмытылған» бұл жолды басылымға сөзсіз қосу керек.
Ш. М. (Жазғытұрым): Сүйіп, желпіп тұрады жан лебізің – Жинақтарда: Сүйіп, жылып (?) тұрады жан лебізің.
«Адам тіктеп қарай алмайтын күннің көзінің» лебізі «жылып» тұра ма, «желпіп» тұра ма? Әрине, желпіп тұрады.
Ш. М. (Жазғытұрым):: Қырда – торғай сайраса, сайда – бұлбұл, Таудағы үнін қосар байғыз, көкек – Жинақтарда: Қырда – торғай сайраса, сайда – бұлбұл, Тастағы үнін қосар байғыз, көкек.
Торғай – қырда, бұлбұл – сайда, ал байғыз бен көкек қайда болады? Үшінші кеңістікте, әрине, тауда. Өйткені, қырда да, сайда да тас болады.
Ш. М. (Көзінен басқа ойы жоқ): Жүректің көзі ашылса, Халықтың түсер сәулесі – Жинақтарда: Жүректің көзі ашылса, Хаһтықтың түсер сәулесі.
Хаһ пен халық философиялық, танымдық, ұғымдық, кеңістік тұрғысынан алғанда мүлдем басқа өлшемдегі категориялар. Қайсысы дұрыс. Бұл арада санада екшеуге тура келеді.
Ш. М. (Жастықтың оты жалындап): Досыңа достық – парыз (!) іс, Дұшпаныңа әділ бол – Жинақтарда: Досыңа достық – қарыз іс, Дұшпаныңа әділ бол.
Парыз бен қарыздың парқы – киелі мен киесіздің парқымен бірдей. Ендеше, бұл сөзді таразыға тартып, салмақтаудың қажеті шамалы. Дұрысы әрі терең мағыналысы: Досыңа достық – парыз іс.
Ш. М. (Қызарып, сұрланып): Жаныңда жапырақ, Үстіңде жұлдыздар. Елбіреп-қалтырап, Жігіт пен ұл қыздар – Жинақтарда: Жаныңда жапырақ, Үстінде жұлдыз да, Елбіреп-қалтырап, Жігіт пен ол қыз да.
Мүлдем басқа пейзаж. Ғарыштық шендестірулер. Ғарыштық өлшемдегі ғашықтық сезімдер.
1909 жылғы жинақтың көшірме қолжазбасында: Бар дей месіздей бір, Адамның баласы – Жинақтарда (Көзімнің қарасы): Бар демес сендей бір, Адамның баласы.
Абайдың көзі тірісінде жастардың сүйікті әніне айналып кеткен бұл әннің сөздері ән әуеніне байланысты созылған кезде «бардеймесіздейбір» деп қосылып айтылатындықтан да, «бардемес» болып, бар адам жоққа айналып кеткен. Ал, мына сауатты кәтіп «бар дейме» «сіздей бір» деп түзеп жазған, және «сен» деп зіркілдеп тұрған жоқ. Біз жас кезімізде де, қазір де «сіз» деп айтамыз. Осы өлеңнің аяғындағы: «Ер емес қымсынар, Әркім-ау ұмсынар» – деген абсурд тіркес барлық жинақтардан орын алған. Егер, «Қыз емес қымсынар» десе – орынды-ақ, әкем-ау, жігіт, жігіт болғанда ер, ержүрек жігіт несіне қымсынады? Егерде, Ш. Марсековтің қолжазбасындағы: «Ез емес қымсынар, Әркім-ақ ұмсынар (ұмтылар)» – деген қос жолды алсақ, барлық күмәннің күлі көкке ұшады.
Ш. М. (Аш қарын жұбана ма майлы ас жемей): Қазбұраңдап жылы жүзін асқа сатқан, Антұрғанға қосылма, кетсін қаңғып – Жинақтарда: Бұраңдап жылы жүзін асқа сатқан, Антұрғанға қосылмай кел, кет, қаңғып.
«Қазбұраңдап» – бейнелі образ. Ал, «кел, кет, қаңғып» деген сөзжұмбақтан көрі «кетсін қаңғып» деген қысқа да нұсқа әрі түсінікті.
Ш. М. (Адамның кейбір кездері): Дүние кірін жуынып, Күрсініп ойға сөз салар – Жинақтарда: Дүние кірін жуынып, Көрініп ойға сөз салар.
«Ойдың көзіне» көрініп, ауызға сөз салатын кім? Күрсініп барып, ойдың көзі ашылмай ма? Ендеше, қарабайырлыққа ұрынып қажеті бар ма?
Ш. М. (Қуатты оттай бұрқырап): Оянбай, қайран жұрт, Бола қалдың, тым жым-жырт! – Жинақтарда: Оянбай, қайран жұрт, Ұялмай, қал жым-жырт!
«Ұялмай» мен «Бола қалдың тым жым-жырттың» арасындағы айырмашылық – «Ұялмай» дегендегі ызалы таба мен «Бола қалдың тым –жым-жырт» дегендегі терең аяныш! «Тәуекел мен батыр ой, Өткір тілді найза етіп» алған жұрт «ұятсыз» ба, жоқ, соншама шамырқанып кеп, неге «жым-жырт бола қалдың?» – дегісі келді ме, Абайдың? Көп – безбен, көңіл таразы.
Жинақтарда: (Көлеңке басын ұзартып): Жай жүргенді уерд қылып, Тыныш өлсеңші тегінде – Ш. М: Жай жүргенді өрт қылып, Тыныш өлсеңші тегінде.
Жинақтарда: «Уерд (арабша) – жай жүрген адамды қиыншылыққа ұшырату» – деген сөз деп түсініктеме берілген. Шериаздан кәтіпке қарасақ, ешқандай араб сөзіне түсініктеме берудің қажеті жоқ көрінеді.
Ш. М. (Бөтен елде бар болса): Сондай кесел туысқан, Қай жерінен болады, Көңілге де ол тыныс? Жалығуды жалақормен, пәледен, Жұрт ұмытты бір жола – 1909 жылғы жинақтың көшірме қолжазбасында: Көңілге медеу ол тыныс; Жалығады пәледен; Жинақтарда:: Сондай кесел туысқан, Қай жерінен болады, Көңілге медеу ол тыныс? Жалығуды пәледен, Жұрт ұмытты бір жола. Жалынбай тұрар күні жоқ.
Егерде мәтіннің мағынасын анықтай түсіну үшін: «Жұрт бір жола нені ұмытты» – деп сұрақ қойсақ, онда: «Жалақор мен пәледен жалығуды ұмытты», – деп қайырған жауап толымды болады. «Пәледен жалығуды ұмытты» – десек, өлеңнің мазмұны шолақ қайырылып қалады. Бұл арада көркемдік талапқа сай мәтіндік теориялық талдау қажет-ақ. Шешім де сол пайым мен көркемдік талапқа байланысты қабылдануы тиіс.
Осы «Көжекбайға» арнаған «Бөтен елде бар болса» атты өлеңнің үшінші бөлігіндегі: «Ісі кетер шалысқа» – деген жолдан кейін «32 ж. 5/ІІІ-ж. » деп өлеңді көшірген күні жазылған. Содан кейінгі» «XIII бөлім» – «Ел бүлігі тобықты» – деген дербес өлең басталып кетеді. Ал, барлық басылымдарда бұл өлең «Көжекбайдың» соңына қосылып берілген. Шындығында да, тақырып ауаны өзге аранаға ауысқан «Ел бүлігінің» жеке берілгені дұрыс-ақ сияқты.
Ш. М. (Ел бүлігі тобықты): Ел нұсқасы кетті ғой – Жинақтарда: Ел нұсқыны кетті ғой; Ш. М. (Ел бүлігі тобықты): Қалған жан жоқ ұялмай – Жинақтарда: Қылған жан жоқ ұялмай.
Бұл арада, еш нұсқасыз Ш. Марсековтің «нұсқасы» мен «қалғанын» алу керек. Бұл, оқу барысында кеткен жәй корректуралық жаңсақтықтан басқа ештеңе де емес. Өйткені, «елдің нұсқыны» деген сөзді біз осы мәтіннен басқа әдеби шығармаларда кездестірген жоқпыз. «Елдің ұсқыны» болса бір жөн. «Қылған жан жоқ ұялмай» дегендегі «қылған» деген сөздің бұл араға қыстырылатын реті жоқ тіпті. «Қалған жан жоқ ұялмай – деген барынша түсінікті әрі мағыналы.
Ш. Марсековтің қолжазбасындағы «Ішім өлген, сыртым сау» атты өлең: «Жетілсең де жетсең де, Керек күні бір бар-ау» – деген жолдан кейін, барлық басылымдарда дербес жарияланып жүрген: «Қажымас дос халық та жоқ, Айнымас дос қайда бар», – деген өлең жалғаса жазылған. Ондағы айырмашлықтар мынадай:
Ш. М: Мен қам едім – Жинақтарда: Бейқам едім.
«Бейқам едім» жатық әрі мағынасы анық сөз. «Мен қам» едім деген нақты мағына бермейді. «Қам көңіл» деген тұрақты тәркес бар. Бірақ, «мен қам едім» дегеннің мағынасы оған жуымайды.
Ш. М: Ішім жалын, Сыртым мұз – Жинақтарда: Кейде өртендім, Кейде мұз.
Біздің ойымызша, Ш. Марсековтің нұсқасы барынша бейнелі сияқты.
«Заман ақыр жастары» атты өлең мен оған қосылып жазылған «Қайғы шығар ілімнен» деген өлеңдердің арасынан пәлендей мәтіндік өзгешеліктер байқалмайды. Тыныс белгісі, орфография туралы мәселе бұл арада қозғалуы мүмкін емес. Соларға қоса «Қайғы шығар ілімнен» деген өлең де тіркеліп жазылған.
Ш. Марсеков көшірмесіндегі «Бай сейілді, бір пейілді» атты өлең барлық басылымдарда беріліп жүрген «Ем таба алмай» деген дербес өлеңнің: «Сөз аша алмай, Бендеге» деген жерінен аяқталады да, оның жалғасы жаңа жолдан «ХҮІІІ бөлім» деп белгіленіп, «Босқа ұялып», – деген өлең ретінде басталады.
Ал, мына сөздің қайсысы орынды, өзіңіз аңғарыңыз.
«Қыз сөзі»: Ш. М. Ең қор адам болар ма – Жинақтарда: Ит қор адам болар ма.
Қай қыздың ауызына «ит, қор» деген сөз түседі? «Ең, қор адам болып қалармын» – десе, құдай жөні. Бұл арада «ең қор адам» дегенді сөзсіз қабылдау керек дейміз. Ешқандай ойланып-толғанбастан өзгертетін сөздің нақ өзі осындағы мына «ит».
Абайдың «Масғұт» дастанындағы негізгі мәтіндік айырмашылықтардың дені жоғарыда тәпсірленіп өткен он екі жүлгелік ерекшеліктің аясына жатады. Соның ішінде, кеңестік заманның идеологиялық қысымы мен цензурасының салқыны сезіліп тұрған төмендегі «жаңылыстарға» қосымша түсінік бермесе де, олардың неге өзгертілгені «түсінікті» болар еді деп ойлаймын. «Масғұт әңгімесі». Ш. М. : Хан қаһар, қара халық қастық қылса – 1909 ж. ж. : Хан қаһар, қара халық қастық қылса – 1995 ж. ж. : Хан қаһар, қара кісі қастық қылса.
Әрине, «қара халықтың» адамға қастық ойлауы кеңестік ұранға қарама-қайшы, ол «халық жауына» тән қылмыс болып табылады. Сондықтан да, не құрастырушы, не баспа редакторы «қара халық» дегенді еріксіз «қара кісі» деп өзгерткен. Сонда ол, қара нәсілді адам болып шыға ма, жоқ, еш жазығы жоқ «қара адам» болып шыға ма, оған мән бермеген. Ал: «Көптің аузын күзетсең күн көрмейсің», «Единица кеткен соң, Не болады өңшең ноль» – деген Абай үшін «қара халық» – ол кәдімгі тобыр. Сондықтан да бұл сөзді қалпына келтірудің еш айып-шамы жоқ.
«Масғұт әңгімесі». Ш. М. : Бұл сөздітұпа-тура айтқаным жоқ – 1909 ж. ж. : Тұпа-тұрсақ бұл сөзді айтқаным жоқ – 1995 ж. ж. : Топа-торсақ бұл сөзді айтқаным жоқ.
Осы «топа-тұрсақ айтылатын» қандай сөз екенін абайтанушылардың барлық толқыны түсінбейақ кеткен шығар. Тек, ұзақ дастанның ішіндегі оқиғаға қатысты сөз болғандықтан да, арнайы талдаудың назарынан тыс қалып келе жатқан шетін тіркес еді. Абайтанушылардың ең беделді тобы қатысқан 1995 жылғы басылымда бұл сөзді ауызекі айтуға бейімдеп, «топа-торсақ» деп сәл қырнаған екен. Ал, енді Ш. Марсековтің қолжазбасының септігімен ол сөзді «тұпа-тура айтуға» деп өзінің әуелгі мағынасында жазуға толық мүмкіндік туды деп есептейміз. «Масғұт әңгімесі». Ш. М. : Қызыр риза болғаннан соң бата берді – 1909, 1995 ж. жинақтарда:. Разы болғаннан соң бата берді.
Иә, Қызыр пайғамбардың аты– «Разы» деп өзгертілген. Бұл – құдайсыз қоғамға тән табиғи шара. Енді, Абай бейнелеген Қызыр пайғамбардың өз атын өзіне қайырып беруден басқа әділетті шешім жоқ.
«Масғұт әңгімесі». Ш. М. : Ендігіге не сұрақ бұл заманда?–1961 ж. ж. : Ендігіге не сұрау бұл жалғанда? – 1995 ж. ж. : Ендігіге не сұрау бұл заманда?.
«Бұл заманға не дауа бар» – деген сөзді: Кеңестік заманға қарата айтып отыр екен демесін – деп, құрастырушылар, не баспа редакторы «бұл заманды» үйреншікті«сұм жалғанға» ауыстыруға мәжбүр болған. Академиялық басылым Абайдың өз «заманын» өзіне қайтарып берген. Енді бұл сөзді біз де: «Ендігіге не сұрау бұл заманда?», – деп өз замынымызға қарата қолдана алатынымыз қандай рәуіш. Ш. Марсековтің қолжазбасынан алған үлкен үлесті олжамыздың бірі де осы болмақ.
Ескерте кетерлік жағдай, «Масғұт әңгімесінің» үш нұсқасында да (1909 жылғы жинақ және оның көшірмесі мен Ш. Марсековтің қолжазбасында): «Сол Масғұт халифаға уәзір бопты», – деген жолдан бастап аяғына дейінгі шумақтар жоқ. Бұлар жинақтарға кейін қосылған.
Сөз соңында, Абай шығармаларының текстологиясына қатысты бізді таңдандырған да, сүйіндірген де екі мәтіндік жаңалыққа тоқталамыз. Бірінші тәмсіл мынау:
«Жақсылық ұзақ тұрмайды»: Ш. М. : Сыпыра батыр, сым қырбат (?-Т. Ж.) – 1909 жылғы жинақта: Сыпыра батыр, сұм қырбат; 1909 жылғы жинақтың көшірме қолжазбасында: Сыпыра батыр, сұмырай, қырт (!)– Жинақтарда: Сыпыра батыр, сұм құрбат (?-).
Міне, Абайдың мәтінтану іліміне қосылған жаңа бір табыс 1909 жылғы жинақтың көшірме қолжазбасындағы: «Сыпыра батыр, сұмырай, қырт!» – деген жол. Дәлірек айтсақ, соның ішіндегі «сұмырай, қырт!» деген тіркес! Абайдың жинақтарын оқып отырғанда, осы бір «Сыпыра батыр, сұм құрбат (?-)» деген дүрегей тіркестің соңына қаншама сұрақ пен леп белгісі қойылды десеңізші. Сөйтсек, барлық басылымдар 1909 жылғы жинақтағы үлгіні тікелей қабылдаған екен. Ал, онда: «Құрбат – жақын, туысқан, көрші. Бұл жерде жаман ағайын, жаман көрші мағынасында» – деп түсініктеме берілген. Мұндай сөзді біз білмедік және оның мағынасын «Түсіндірме сөздіктен» де таба алмадық. Ешкім түсіндіріп те бере алмаған. Міне, енді 1909 жылғы жинақтың көшірме қолжазбасындағы «Сұмырай, қырт» деген тіркесті оқығанда бәрі де өз орынына келді. Бұл нұсқа – барлық нұсқалардан әлдеқайда түсінікті әрі жатық. Сөзсіз академиялық басылымнан орын алуы тиіс.
О, оо! Ендігі сөз – бүкіл абайтанушылардың төрт толқынының бірдей көзін шырмап, ойын торлап, оп-оңай, бірақ шешілмейтіндей матауында ұстаған сөз. Осы сөздің тұсында қойылған сұрақтар мен леп белгісі, түрлі жорамалдар мен оқылған үлгілер адасудың үлгісі боларлықтай тәжірибеге пара-пар екен. Әсіресе, Абай шығармаларының түпнұсқасы ретінде бағаланатын 1909 жылғы қырымшақ мәнерінде терілген жинақ пен Мүрсейіттің қолжазбасы, тіпті, біз үміт еткен Ш. Марсековтің көшірмесі де ол мақсаттың алыстап кеткенін аңғартқан. Бірақ, күткен істің сәті кездейсоқ, бірақ телміріп іздеудің арқасында көзге ілінді. Алғашында, сенбей, қайта айналып, «шыр айналып» біраз жүріп барып көңілге тоғайттық. Ш. Марсековтің, А. Жақып ұсынған кәтіптің қолжазбасындағы «Алланың өзі де рас, сөзі де рас» атты рух ұранын 1909 жылғы жинақтың түпнұсқасымен әріптей салыстырып отырып, көп мәтіндік айырмашылықты белгілей келіп, тордың бір көзінен өтіп кеттік. Түйсік қайта айналдырып алып келді. Енді ежіктеп оқып, сөзді «шыр айналдырып» оқып тұрмыз. Сөз де, көз де шыр айналады. 1961 жылғы жинақты алып, енді қойылған белгілермен баспақтап жылжыдық. «Шыр айналып» жүріп тура сол араға «шыр айналып» келіп, кәтіптің қолжазбасына қарадым. Міне, менің абайтанудағы жаңалығым осы! Бұрын ешкім бұл мәтінді былай оқымаған. М. Мағауинше желпінсем, тіпті, ұлы Мұхтар Әуезовтің өзі де дәл осындай таратып оқи алмаған болуы мүмкін. Ол – барлық қолжазбалар мен басылымдардан орын алған:
«Мүмкін болса әуелі иманды бол, Пендеге иман өзі ашады жол. Шыр айлан да, таза ойла бір иманды, Мүнәфиқ намаз қылмап па, мағлұм ғой ол!», – деген шумақ.
Абайдың «Алланың өзі де рас, сөзі де рас» деген өлеңінің 13 шумағы. 1909 жылғы жинақты қазақ әрпіне мүлтіксіз түсірген шығыс түркістандық кәтіп Абайдың сөзін «Құран» сөзіндей қастерлеп, терең түсініп, ақылмен ажыратып, «шыр айналдырмай», «шырайландырып» қағазға түсірген екен. Рахмет, жаныңыз жәннәтта болсын, қаламыңыз – каламның сауабына бөленсін. Осы бір «шыр айлан да, иманды таза ойла» деген сөздің мағынасын түсінудің мұғжизасы сол қариден басқа ешкімге бұйырмапты. Ақыры, «терең сөздің түбіне телміріп отырып» менің көзім түсті. Тіпті, «шыр айналып иман ізде» дегенде – зікір сал деп отыр ма. Әлде, софылардың бір орынында тұрып: «Лә-илла-һа ил-лал-ла» деп пәленбай сағат шыр айналатынын бейнелеп тұр ма? – деген күфірлікке де барып едік. Сөйтсем, иманның өзі сияқты әрі жеңіл, әрі сауапты, әрі оңай болып шықты. Оған дейін көзім байланып келсе керек. Оқыдым:
1909 жылғы жинақтың шығыс түркістандық қари көшірген нұсқасында бұл қасиетті иман жолы:
«Мүмкін болса әуелі иманды бол, Пендеге иман өзі ашады жол. Шырайлан да (!!!), таза ойла бір иманды, Мүнәфиқ намаз қылмап па, мағлұм ғой ол!», – деп жазылған екен ғой!
«Шыр айнал» демейді, иманның нұрымен шырайың кіріп, яғни, шырайланып, иманды таза ойла! – сонда, сен мүнәфиқ емес, толық мүһмин боласың! – депті ғой Абай ғарифу-алла!
Осы бір сөздің, иманның мағынасын ашу үшін де соншама жыл азап тартқа­ным үшін өзімді шын мархабатты, марафатты, мағрифатты сезіндім. Сол үшін де Балқаш Бафиннің жары Никара Мұхамеджанқызы Юсупова-Бафина ұсынған Ш. Марсеков пен ақын Аманжан Жақып ағамыз ұсынған шығыс түркістандық кәтіптің қолжазбаларының сырын мүһмин оқырмандарға жеткізгім келді. Артық-кемін алғап-талғап аларсыздар. Алла разылығын берсін. Әмин.
Жә, енді, тәфсірді созбаймын, оның шүйке тамырын мәтіндік жүйкелеулерден танып-білерсіздер. Көзі қарақты, ынталы зиялы түсінетіндей үлгіде барынша қарапайым салыстырулар арқылы мәтіндік шикізатты назарларыңызға ұсынамын.

12. 12. 2019 – 15. 04. 2020. Астана.

Пікір қалдыру