БІЗ(ДЕР)
Cоңы. Басы өткен санда.
Өнертапқыш
Жарсудағы білім ошағы жеті жылдық мектепті тауысқан соң, Зайсан қаласындағы жалғыз орта мектепке келгенбіз. Ұмытпасам, бүкіл ауданда үш-төрт-ақ орта мектеп бар. Солардың ең атақтысы да, беделдісі де қаладағы М. Әуезов атындағы онжылдық мектеп. Ол – аудан орталығындағы университет сияқты. Онда ауыл-ауылдан келіп оқитын балалар өздерін жоғары оқу орындарының студенттерінен кем сезінбейді.
Мен де оқығаннан оқып отырып, Қатипа шешейдің, Қинаят аға мен Мәрия жеңгейдің қамқорлықтарының арқасында сол үйден тапжылмай дәрежелі мектепке ауысқан соң, Жарсудың – Мұрат, Дулат, Әскербек, Зарқын сияқты біраз балалардың көлікті болып үлгіргендерін үлгі етіп, Көкеме қыңқылдап едім және менің ауызша айтқан арызымды әке-шешем де дереу қолдаған соң, сиырымыздың артынан ерген жалғыз тайыншасын сатып, салидол исі аңқыған су жаңа велосипед алып берді. Біраз жылдар өткен соң автокөлік алғандағы қуанышым «Прогресс» дейтін шайтан арбаға ие болған сәттегі қуанышыма қарағанда жіп есе алмас еді.
Ол кезде әкем тоғыз жасынан алпыстан асқанша түтін үзбей баққан қойын колхозға санап беріп, Жарсудан үй сатып алып, отырықшылық өмірді алғаш рет бастаған. Демек, бұрынғыдай әке-шешем қай жайлау, қай қыстауда отырса да, оған алып баратын көлікті іздеп жүрмеймін. Біріншіден, әке-шешеміздің тұрақты орны өзіміздің Жарсудың тұрғындары. Екіншіден, енді басымды қатырып, көлік іздеп жүрмеймін. Ешкімнен сұрамай-ақ қалаған жағыма қарай тартып кететін қос доңғалақты жүйрік көлігім бар.
Велосипедті сатып алып, доңғалақтарының желін үрлеп, кейбір бұрандаларын тартып дегендей, аз-кем даярлық жұмыстарын жасап алып, қалада тұрып жатқан Қалиолда атамның үйіне тарттым. Шайтан арба десе шайтан арба. Жарты адымдай саңылау болса жетеді, шайтандай зып беріп, өте шығады. Көше-көшені көктей өтіп, атамның үйіне келсем, Көкем де осы үйге келіпті. Жәния жеңгем аулада жүр екен, мені көріп, жымия күліп қасыма келді.
– О, көлігің қандай әдемі! Игілігіңе мін. Мә, аз да болса көптей көр, ырымы ғой, – деп ақшаға ғана тән әдемі исі бұрқыраған кесек үш сомдықты ұстата салғаны. «Рақмет» деп, лып еткізіп, қалтама сүңгітіп жібердім.
– Мына тұрған Жарсудағы үйге барғанда әркімге бір жаутаңдамасын деп велосипедін жаңа ғана алып бердім, – деп көкем үйде отырғандарға әңгімесін айтып отыр екен.
Мен шайға қарамай-ақ жүре беретінімді, себебі қаладан шығар жолда Мұрат пен Әскербектің тосып тұрғанын айттым. Әрине, су жаңа көлігімнің қызығын көргенше шыдамым таусылып бара жатқан соң айтқан сылтауым ғой. Әйтпесе, екі досым менің велосипед алатынымнан мүлде хабарсыз болатын. Үйден шыға салып, туған ағасы Қыдырмолданың үйінде тұрып, оныншы сыныпты оқып жүрген Мұратқа соқсам, көркемөнерпаздардың даярлық жұмысына қатысып, ауылға ертең баратын болыпты. Уәдеге берік Әскенім мені тосып отыр екен. Бұрынғыдай «Ласточкасымен» міңгесіп, ұшқасып кетпекші ғой.
– Ой, мәләдес! Енді ешкімге жалынбайсың. Қайта жаяулардың өзін жалындырасың. – Ол кәнігі велосипедші ретінде доңғалақтардың желін, оны аяқтың күшімен айналдырып отыратын шынжырдың тартылу деңгейін басып көрді. Сонан соң ғана техникалық байқаудан өткізіп тұрғандай «Жақсе-е-е» деп қойды.
Екеуіміз жиылып-теріліп, жолға шыққанша бір шай қайнатымдай уақыт өте шықты. Әнеки, осы уақыт ішінде қайдан шығып, қайда бет алғаны беймәлім, бір қара жел басталсын. Батыс жақтан тынымсыз «үрлеп» тұрған жел екпіні жаңа ғана ауылыма қарай зырласам-ау деген қиялымды орындатпауға тырысқандай кеудеден итеріп, адымымызды аштырмады. Ақыры болмаған соң Әскен екеуіміз де көлігімізді жаяулап сүйреуге тура келді.
– «Прогресіңнің» аяқ алысын тексере алмадық-ау, – деді досым, велосипед емес, жаңадан аяқ артқалы тұрған аттың жүрісін сынайтын кісі сияқты. Екеуіміз шайтан арбамен жарыса жөнелсек, бірнеше минутта жетіп баратын ауылымызға екі сағатқа жуық әрең жеттік.
– Егер жел ертең осылай соғып тұрса, онда оны өзімізге қызмет істетіп көреміз. – Әскеннің бұл сөзді не үшін айтқанын түсінбедім.
Үйге келген соң бұрынғы әдетіммен, алдымен Қатипа шешейге, Мәрия жеңгейге ауылдағы басқа да қарттарға барып, сәлем беріп шықтым. Әрине, ауылдың жалғыз көшесінде де шаң борап, жел гуілдей әндетіп тұрса да, әр үйге велосипедімді теуіп бармасам да, жетелеп бардым. Мынандай қара дауылда кім есік алдына шығып жүрсін. Өкінішке орай, «Сізге сәлем бере келдім» деп, олардың алғыстарын алған соң, «Көкем жаңа велосипед алып беріп еді, соны мініп келдім» дей алмадым. Бұл, әрине, мақтангершіліктің нағыз өзі немесе көрімдік дәметкендей сөз болар еді. Әрине, осынау «кішіпейілділік» әрекетімнің тым қолайсыз, табиғаттың маған қарсы жасаған қасақана қырсығындай көрінген. Тіпті, «Аға, велосипедіңізбен бір айналып келейінші» деп өтініш айтады-ау деген көрші-қолаңның кішкентай сумұрындары да інге тығылған тышқан сияқты үйлерінен шықпай қалыпты.
Батыстан тынымсыз үрлеп тұрған долы желдің ашуы ертеңіне сәл бәсеңсігендей көрінді. Көгілдір түсті шайтан арбамның ыстық-суығы басылмай тұрған соң, тағы да жүріп қайтпақ болып, кеше шаң-тозаңнан тазартып қойған көлігімді жетелеп кіре берістен шығып бара жатқанымда, тәтем көріп қалып: «Тым болмаса жанымызда жарты сағат отырмайды екенсің» деп реніш білдірсе де, «Тәте, қазір келемін» деп шығып кеттім. Кешегідей «Қайда бара жатырсың, қайт кейін» дегендей кеудеден итеретін долы дауыл болмаса да, желге қарсы ептеп жүруге болады екен. Сол баяғы жалғыз көшені құлдағанда, арқадан ақырын ғана итерген жел онсыз да елпек көлігімді елпең қақтырып, зырлата жөнелген. Ал қайтадан өрлегенде көлігім елпеңдегеннің орнына, доңғалақтарына қорғасын байлап қойғандай еріне қозғалып алға басқысы келмейді. Бірлі-жарым кезіккен аттылы-жаяулылардың бәрі де бұл ауылдағы балалардың бәрі де велосипедке ие болып, әбден көздері үйренгендей: «Ассалаумағайкүм-әликісаламнан» әріге бара бермейді. Біреуі тоқтап: «Көлігің құтты болсын!» десе қанеки. Ауылдастарымның соншалықты самарқаулығынан көңілім қалып, жүрегім салқын тартқан соң, Әскербектің үйіне тағы да соқтым. Олардың үйлері бізден бір-екі үйден кейін көршілес тұрғандықтан, әрі жалғыз ұлдарының ең сенімді жалғыз досы болғандықтан, досымның әке-шешесі Мұқатай ақсақал мен Әсия шешейге кеше кіріп сәлем беріп шыққанмын. Әскенге шешесінің арнаған тәтті-дәмдісін бөлісіп жеуге үйреніп қалғанмын. Бекер обалы қане, екеуі де еркелете сөйлеп, маған мейірлі көзбен қарайтын.
Дүйсенбіде болатын сабақты қарап, тұрған үйіміздегі сиырдың қорасын тазалап, үйге Жеменей өзенінен су әкелу үшін қалаға ертерек, түс ауа кетуіміз керек. Біз ғана емес, қалаға қайтатын тәмам велосипедші жарсулықтар түс ауа жолға шығып жатады. «Біз қай уақытта шығуымыз керек?» деген мәселені шешіп алу үшін де бұл үйге соққанмын.
Әскенім ұзындығы бір құлаштай, ені соның жартысындай фанер тақтайдың шет жағына таяу әдейі тесілген жерінен жіп өткізіп жатыр екен. Жанында колхоздың атақты ұстасы атанған әкесі жымия қарап, күліп тұр.
– Әй, не істеп жатырсың?
– Үндеме. Қызығын көресің, – дейді ол.
Мұқаң ақсақал маған қарап, соншалықты мейірімді жүзбен көзін қысып қойды да: «Өнертапқыш боламын дейді. Іздене білсеңдер, атақты өнертапқыштар сендерден артық дейсіңдер ме?» Демек ағамыз ұлының жасап жатқанын барынша қолдап тұрғаны белгілі болды.
– Саспа, саған да біреуін жасап берейін деп, әне, фонерді даярлап қойдым, – дейді Әскен бұрышта сүйеулі тұрған екінші жалпақ тақтайды нұсқап. Оның да екі жағынан екі-екіден тесік жасап қойыпты. Тесіктен өткізілген бауларын тұйықтап байлады да:
– Қане, екі жеңіме өткіз, – деді. Сонда ғана мен оның бұл жұмысының байыбына бардым. – Мұны велосипедтің «моторы» немесе «желкені» десе болады.
«Моторды» тексеру жұмысы қолма-қол іске асырылып, қарапайым шешім әкесі екеуіміздің тарапымыздан қолма-қол мақұлданды. Тек қана төмен қарай педальды баспай-ақ, зырылдай жөнелген «өнертапқыш» қайтарда тақтайын шешіп алып келді.
Екеуіміз Зайсанға жеткенше өздігінен зырылдайтын желкенді велосипедімізбен балаларды әбден таңғалдырдық.
– Желдің кеше қырсығын көрсек, бүгін рақатын көрдік, – дейді Әскен. – Желкенді қайықтардың желге қарсы қалай жүзетінін зерттеуім керек.
Ол оны зерттей алды ма, жоқ па – оны білмедім, алайда оның ержеткенде машина-трактордың тілін білетін жақсы инженер болғаны рас.
Көкем неге кітапқа құмартты
Сауатымды бірінші сыныпты шала оқып кеткен кезде-ақ үйдегі жалғыз кітап «Мың бір түнмен» ашқаным жоғарыда айтылды. Демек, кітаптың «дәмін» ертерек сезінгенмін. Бастауыш сыныптарда жүргенде үй шаруасы, кішкентай іні-қарындастарға қарау, одан кейін күнделікті сабағыңа даярлану деген сияқты міндеттер басқадай кітаптарды оқуға мұрша бермейді. Тек жазғы демалыс кезінде қозыңды бағып, қойыңды қайырып жүріп, қолға түскен кітаптарды оқып тастау әдетке айналған. Кітап оқиғаларының есте қалуына тағы бір себепші – замандарына қарай сауаттары ашылмай, «қараңғы» күйлерінде қалып қойған әке-шешеміз батырлар жырын, қиссалаларды, әндетіп оқығаныңды жақсы көрсе, «Абай жолы», «Ботагөз», «Қазақ солдаты», «Сырдария» сияқты қазақ жазушыларының романдары оқиғаларын әңгімелеп беруіңді қалайтын. Бұл әрине, менің де кітапты көбірек оқуыма мүмкіндік жасар еді. Жаз жайлауымыз совхоз орталығынан да, қаладан да тым шалғай. Сауырдың биік бір қыратында. Әке-шешемнің өтінішімен қаладағы дәрігеріне барғанда кітапханадан қиссалардың, батырлар жырының табылғанын алып келетін көктем жаз айларында көбіне ауруханада жататын. Содан да кітапқа дейтін «ашаршылық» үнемі болып тұратын десем қателеспеймін.
Ұмытпасам, мен алтыншы, жетінші сыныптарға көшкен жылдардан бастап көкем жаз бойы үйреншікті ауруханасына жатпай, бізді қуантып үйде жүрді. Тіпті, ауруы қайталап соғатын қыркүйек айында да әбден запы болған ауруханасына бармай, кесірлі дертін үйде қарсы алатын. Осы бір айдан басқа уақытта гармон, баян, домбырасын тартып, оған қоса әзіл-қалжыңын айтып, айналасын думандатып отырар еді. Шынын айтар болсам, ой-өрісінің ауқымы кең болғанымен, шұқшиып кітап оқып отырғанын көрмеппін. Бірде Зайсанға барып-қайтатын болғандықтан, қаладағы үлкен кітапханадан кітап ала келуін өтіндім. Әрине, «ана кітап, мына кітап» деп, бөгенайын белгілеп бермесем де, әке-шешеме оқып беретін қисса-дастандарды, өзіме жұрт көп оқыған тәуір-ау деген бірнеше кітап болса дегенді және көктемде балалардың біреуі «Данел Депаның Рабинзон Круз деген кісі туралы керемет кітап оқыдым» деп мақтанған еді, реті келсе оны да ала келуін айттым.
Екі-үш күннен кейін Ақжалды бусандырып, көкем де жетсін. Қоржынының екі басы да тоқ. Бірінде қант-шай сияқты азық-түліктер болса, бір басында үлкенді-кішілі әр түрлі кітаптар. Шетінен оқып жатырмын. Баяғыда өзім алғаш танысқан, әр хикаясы «Ей, ұлы бақытты патшам» деп басталатын «Мың бір түннің» екі томы, «Батырлар жырының» бір томы, Сұлтанмахмұт Торайғыровтың поэмалары мен өлеңдері, сонан соң маған есімі мүлде бейтаныс Жюль Верн дегеннің «Су астындағы сексен мың километр сапар» деген тоқпақтай томы және өзім арнайы тапсырған кітап та шыға келді. Ұят болғанда мен кітап авторының, кейіпкерінің аты-жөндерін мүлде қате жазып берген Даниэль Дефоның «Робинзон Крузо» деген мұқабасында жабайы адам сияқты киінген кісінің суреті бар кітабы көзіме оттай басылды.
Қаршадайымнан әйел мен еркек арасында болатын құпияны – қарым-қатынас туралы өзімнің де сауатымды ашып, білерімді ертеден ұлғайтқан сүйікті Шаһаризада шертер хикаяларға көңілім қанша ауса да, алдымен Робинзон деген кісімен таныспақ болдым. Мақтаса мақтағандай-ақ кітап екен. Алды-артыма қарамай, қозы жайсам да қолымнан тастамай, түннің бір уағына дейін тәтемнің: «Азғантай керосинді құртасың» дегенін де тыңдамай, бейшара Робинзонның елсіз иен аралдағы көрген азабын бірге тартып, бір жарым тәуліктің ішінде кітаптың соңғы бетін жаптым. Мұндай ғажайып әсерге бұрын-соңды бөленіп көрмеппін. Тіпті дәл сол Робинзон сияқты елсіз иен аралда жалғыз қалсам деп те армандадым. Әрине, ол сияқты мұхитқа кемемен сапарға шыға алмайтынымды, кеме қирап, иен аралдың жағасына барып қайырламайтынын, тіпті қазіргі кезде ондай адам аяғы баспаған аралдың болуы мүмкін еместігін әбден біліп, сезіне тұрсам да, өзімнің жасыл жайлауда жүрген өмірім кешегісі мен бүгіні ұқсас, бүгіні мен ертеңі еш қызықсыз, таңғаларлық оқиғасыз, босқа өтіп жатқандай көрініп кетті.
– Андағың не кітап? Тіпті кешелі-бері бас ала алмай қойдың ғой, – деді көкем.
– Ғажап, – деймін мен. – Осылай да осылай, иен аралда жалғыз қалған Робинзон деген кісі сөйтіпті де, бүйтіпті.
Ол да ересен қызығушылық танытқан соң, кітаптың оқиғасын бастан-аяқ айтып беріп едім, менің айтқанымның шындығын тексерейін дегендей аударыстырып отырып, өзі де оқуға кіріскен.
Мен бұл кезде мәдени ағартушы сияқты күндіз әредікте тәтеме «Мың бір түнді» оқып беруге кіріскенмін. Күндіз оқығанымды кешкілік әкейге –Жежеме әңгімелеп беремін. Өзім де қумын, балаларға айтуға да, естуге де болмайтын тұрпайылау тұсқа жақындағанда сипай қамшылап өте шығамын. Жежем «әліпті таяқ» деп білмесе де, батырлар жыры мен қиссаларды оқыған кезде шыдай алмай кететін болса керек, әрі қарай өзі зырлатып айта жөнелетін.
– Мұның бәрін қалай жаттап алғансың? – дегенде:
– Е, жас кезімізде көп тыңдағаннан болар, – дейтін.
Мен екі-үш кітапты оқып, әке-шешеме мазмұндап айтып берген соң, көкем қалаға тағы да керек-жарақ алуға аттанатын болып қалады. Және мен оқыған кітаптардың мазмұнын ықтияттап сұрап алады. Сонан соң бір киер киімдерін киіп, тойға баратындай болып аттанады. Бір аяғын екіншісімен тең баса алмайтын, «жарым жанды, жарты санды» дегендей, оның үстіне төсек тартып жиі ауыратыны бар, ағатайым неге қалашыл болып алды? Неге кітапханадан өзі құмарта оқып жүргендей әр түрлі томдарды әрлі-бері тасығыш? Мұның бәрі де кейіндері жауабын іздеп, басымда қамалған сауалдар ғой. Ойлайым-ойлайым, ағатайымның көзі түскен бұйырмаған бойжеткен кітапханашы болды ма екен? Не болғанда да қазақша аударылып үлгірген әлем әдебиетінің классиктерімен, қазақтың айтулы ақын-жазушыларының біразымен танысуыма ол сапарлары себепші болып еді.
Бір қызығы – бір-екі жылдан соң Әзікен жеңгем босағамызды аттаған соң, кітап тасу шаруасы тоқтап қалып еді.
Александр Дюманың кінәсі
Кітап оқыған, кітапқұмарлық неге жаман болсын. Өзің өмір сүріп жүрген ортаңды, тіршілігіңді ұмытып, басқа бір ортада, тіпті басқа уақытта, басқа дәуірде жүргендей сезінетінің бар. Қолыңа ұстаған кітабыңның соңғы бетін жапқанша болса да өзің әлі мектептің оқушысы екеніңді ұмытып, кітаптағы көзге көрінбейтін, бірақ жазушының айтуындағы бейнесі, мінез-құлқы, сөзі, іс-әрекеті бар, өзі жоқ кейіпкерлермен бірге жүру бақытына ие боласың. Ойша ғана.
Көкемнің бір-екі жаз соноу қаладағы кітапханадан қоржын-қоржын кітаптарды жайлауда жатқан бізге тасып әкеліп жүруіне не себеп болды? Ол, әрине, мен білетін, тіпті білуге құмартатын шаруа емес. Менің нақты білерім, ол әкелген әр түрлі кітаптар. Әке-шешемнің сүйсіне тыңдайтын жыр-дастандарымен, қиссаларымен бір сәтке болса да қиял әлемін аралатып, көңілдерін бірлейтіні, ал менің теледидар, радио, телефон жоқ заманда уақыт өткізер алданыш қана емес, қызықты оқиғаларды қуалап, бір замандарда адамдар бастарынан кешкен тіршілікті біліп қана қоюда емес, бәлкім, «Әттең, мен де осы сияқты дүниелерді жазсам-ау» деген алғашқы талпыныстың оянуына себепші болғаны ақиқат. Алайда, әр кітап оқиғасының тартымдылығы, дау жоқ, оны жазған кісінің шеберлігіне байланысты ғой. Ондай кітапты оқыған кезде ешбір мақсатсыз, тек қызықты оқиғаны қуалай бересің ғой. Мұхтар Әуезовтің «Абай» деп аталатын екі кітабын көк жайлаудың үстінде оқығаным есімде. Бұл кітаптың аяғына шыққанша менің де шыбын жаным Абаймен бірге қуанып, Абаймен бірге қиналады. «Бұл кітабың не туралы екен?» деген әке-шешеме де: «Жәй, бұрынғы өткен бір тарих қой» деп жасырғанымды білемін. Ондағы жаман ойым – әр тараудың оқиғасын мазмұндап айтқызар болса, екі томды бір жазда оқып тауыса алмаспын деген бақай есеп болатын.
Қашанда жақсы кітаптың оқиғасы әлі аяқталмай тұрғандай көрінеді ғой. «Абай өмірінің жалғасы жазылса ғой, шіркін» деп жүргенде бұл кітаптардың төрт томдық «Абай жолы» болып басылғанын оныншы сыныпта жүргенде, 1960 жылы қайтадан түгелдей оқып, сусындадық. Әйтеуір, қолдан кітап түспейтін. Бірде…
Иә, бірде әкемнің түнімен ыстығы көтерілді ме, әйтеуір, ұйықтай алмай шығыпты. Ертеңгілік құлқын сәріден шешем оятады. Түнімен қой күзетіп, ұйықтауға жататын уақыты да осы Күн көрінер, көрінбес алакеуім уақыт. Бұл біздің үйдегі жұмыс кезегі ауысатын уақыт сияқты. Таң енді атып, жерге жарық түсер-түспесте түнімен тыстағы ашық қорада жататын отарды ит-құстан күзететін шешемнің мені құшағына алып, жылы төсекке жантаяр уақыты болса, әкейдің қойды өргізуге шығатын кезі. Сол сияқты иелігіміздегі төрт иттің екеуі – Жетер мен Алыпсоқ түнімен тәтеммен бірге қой күзетіп, ұйқыға енді жатса, түнде қой үркіп, бұлардың қажеті көп бола бермейтін екі ит шұбатылып, орындарынан тұрып, олармен бірге «өреді». Төртеуіне де «Сендер сөйте қойыңдар» деп ақыл үйретпесек те, еңбектерін осылай бөлісіп, ішіп-жегендерін ақтайтын.
– Әй, әке, жежеңнің басы ауырып тұр. Қойды сен өргізіп келе қойшы, – дейді шешем. Қарасам, әкем де төсегінен тұрмапты. Ұйқымды қимасам да, әкем ауырып қалғанда қолғабыс жасайын деген оймен жылы төсегімнен ширақ тұрдым.
– Өй, айналайын, – деді жежем төсектен ептеп басын көтеріп. – Қойды төменге, Күркелі шатқалына қарай құлдат. Жандарал қиясынан әрі көп асырма. Еңістегі қалың бүргенге тұмсықтарын тығып алса, шығару қиын болады.
Мен әкейдің әдетімен іңірде үлкен шараға ұйыта қойған қойдың айранынан бір тостағанды сіміріп алдым да, жатарда керегеге қалдыра салған кітабымды қолтығыма қыстыра кеттім.
– Әй, ұл, тағы да андағы кітабыңа тесілемін деп, қойың шатқалға құлдап кетпесін. Ол жақта қасқырдың апаны бар дейтін. Байқа, балам, – деп мені шығарып салған тәтем де ескерту жасап жатыр.
– Байқаймын ғой, тәте. Бала емеспін, – деп бар жауапкершілікті жақсы сезінетінімді білдірдім. Кеше қас қарайғанша жайылса да бір тойып бермейтін қой шіркін әбден ашығып қалғандай қоныс шетіндегі шөпті жүре жұлып, біраз жерге жетіп қалыпты. «Маған ерсеңдер аш қалмайсыңдар» дегендей ұзын сақалы желбіреген қоспақ мүйіз ақ серке алдыға түсіп алып, басын жерге салмай, сумаң қағып, жортып барады екен. Қуып жетіп, «Өй, кемелек келгір!» деп, ақ таяқты жіберіп ұрып едім, шіркінге жан керек екен, шегіне қашып, көп қойдың ішіне кірді. Сусылдап келе жатқан отар да байырқалап, оты қаша қоймаған өріске кенеше жабысқандай көрінді. Артықтау кеткен пысықтығы үшін ескерту алған ақ серке де қателігін түсінгендей жайылып жүр. Отарды Жандарал қиясына жеткізбей-ақ байырқалатқаныма көңілімді бір тоғайтып алған соң, биік жартастың төбесіне шығып алып, ертеңгі салқынмен дөңкиіп-дөңкиіп жатқан жоталарға, жайлаудың төрт түлік қана емес, барша осындағы кісілердің де жанын рақатқа бөлер көрінісіне қарап біраз тұрдым.
Қия беткейге қиғаштай салып, арғы беттегі Көктекше арқылы Тазжайлауға бет алатын Жандарал қиясына қарсы тұрып ойландым. Көзіме сап-сары ала киімді қалың әскер осы жолмен шұбырып бара жатқандай елестеді. Әкемнің: «Сендей бала кезіміз-ау деймін, осы жолымен қиялап, ақтардың жандаралы (генералы) көп әскерімен қызылдардан қашып Қытайға өткенін көргендер бар» деген әңгімесі есіме түсті. Қазір әскерлер де жоқ, генерал да жоқ, алайда Көктекшеге қатынайтын бірлі-жарым жолаушылар мен аңшылардың сүрлеуі болып көне жолдың нобайы қалыпты… Ол оқиғаларды қойып, бүгінгі күнге оралдым.
Төңіректе күдікті ештеңе байқалмай ма дегендей айналаны өзімше барлаған түрім. Итқұс болса, күн баласы «қой жайысуға» шығатын Мұзгарка мен Дөңгежат дейтін екі итім де дыбыс беруге тиіс. Дөңгежат малды күзеткен түрі ме, әлде еріккеннен серуендеп жүр ме, отардың шет жағынан көрінеді. Ал Мұзгарка бәрін де қойып, мені күзеткенді міндетіне алғандай жер иіскелеп жүгіріп жүр. Бәрі де ерекше бір бейбіт көрініс еді.
Жалпақ тастың үстіне екпеттеп жата қалып, сүйікті кітабымды қолыма алдым. Александр Дюма деген жазушының «Граф Монте-Кристо» деген романындай шытырман оқиғалы шығарманы кезіктірмеген сияқтымын. Жаламен мұхит ортасындағы «Иф» қамалына қайтпастай, қайтып шықпастай болып қамалған Эдмон Дантес пен аббат Фарияның қамал қабырғасын жылдар бойы мардымсыз сайманмен үңгіп жүріп, екеуінің кезігулері жазықсыз жазаға ұшырағандар қапастан құтылар ма екен дейтін бір үміттің жанған жеріне келіп тоқтағанмын. Жалпақ тастың үстіне екпеттеп жатқан бойда оқуға кірісейін. Қойшы бала бәрін де – бүгін өзінің колхоздың бір отар қозылы саулығын бағуға шыққан міндетін де ұмытты. Дантестің қайтыс болған аббаттың орнына өтірік өлген болып, қапқа оранып, теңізге өзін лақтыртқан жеріне келген кезде төбемнен Күннің ыстығы өтіп бара жатқанын біліп жатсам да, аббат жасырған белгісіз аралдағы қазынаны Дантес тауып алса екен деген тілек адыра қалып, аузы байланған қаптан аман шықса екен деген тілек әрі қарай оқи беруге мәжбүрлеген…
«Апыр-ау, мен қайда жатырмын?» Бір сәтте Дантеспен бірге мұхит түбінен қапты пышақпен тіліп, су бетіне жанталаса шыққалы жатқан тіршіліктен алыстап, өзімнің қой жая шыққаным, жалпақ тас үстінде қаннен-қаперсіз кітап оқып жатқаным есіме түскені сол еді, қатты ұйқыдан шошып оянғандай орнымнан атып тұрдым. Отар жерге сіңіп, болмаса аспанға ұшып кеткендей жым-жылас. Бірер жапырақ нан берер ме екен деп жәркелештеніп, көбінде айналамда жүретін Мұзгаркам да қоймен бірге жоғалыпты. Мамин Сибиряктің әңгімесіндегі иттің мінез-құлқы ұнаған соң, сол сияқты ақылды болар ма екен деген дәмемен сол төбеттің атын беріп едім. Сенімімді ақтаса, қасымнан ұзап кетпес еді, тіпті ақылы жетсе мидан жұрдай қой шіркіндерді ешқайда жібермес еді ғой.
Еңістетіп жүгіріп келемін. Әр жерге шашылған жас құмалақтарға қарағанда, мүйізі сыңғыр ақ серке отарды Күркелінің мал түсе бермейтін шатқалына бастағаны анық еді. Айтқаным айдай келді. Мен Дантестің жанашыры болып, әр қадамын аңдимын деп, бақандай төрт-бес сағат уақыт өткенше қойлар шатқалдың табанына түсіп, қалың бүргенге сіңіп алыпты. Айғайладым, бақырдым, қолымдағы таяқпен кейбірін ұрдым да, жоқ, долана мен бүргеннің көлеңкесінен шығар түрлері көрінбейді. Амалым таусылып, діңкем әбден құрыған кезде жоғарыдағы биікте тұрған әкемнің дауысы естілді.
– Үйге қайта ғой! – деп айқайлады. Отарға да, ақ серкеге де, екі итіме де өкпем қара қазандай болып, күлбеттеніп, әкем тұрған биікке көтерілдім. – Әй, ұлым, әбден шөлдеген боларсың, сағат үштен кетіпті, үйге қайта ғой. Қойды кешкі салқын түсе шығарып аламын… Айтпақшы, анау тастың үстінде жатқан кітабыңды ұмытпай ала кетерсің.
Жежем отардың шатқалға түсіп, шықпай қалған себебін мен айтпай-ақ біліп тұр. Кешкілік орынға отырған кезде шешей: «Кітап десе бәрін ұмытатын болдың ғой» деп ескерту жасаған, мен: «Бұған Александр Дюма кінәлі» дедім.
Артымнан ерген інім бар
Тамыздың жайлаудағы тамылжыған күндері таңертең, кешке суыта бастайтын кезі жақындағанда-ақ мал шіркін тұмсықтарын көтеріп, ойға қарай жөңкіле жөнелгісі келіп тұрады. Сілбі шөп мал тұяғымен тозып, сарғая бастағанмен, алсындап қайта шыққан күреңсе жеген қой-ешкіге май болып жұғар нәрлі шөптің өзін менсінбей етектегі қара отты аңсағаннан шығар деп ойлаймыз. Тым болмағанда қыркүйектің алғашқы күндерінде біраз сай-саласының мал түспеген, жапырылмаған оты мол жайылымын пайдалану үшін Айғыркөмгеннен бір көш төменде жатқан Қиынсуға көшіп келгенімізге он шақты күн өтер-өтпестен тәтем мені мен әкемді үйге жолатпай, түскі асымызды көрші Біләл ағаның үйінен ішуге жіберіп, есесіне екі-үш өзі қатарлы әйелді шақыртып алған.
– А, Құдай, ұрпағымды пәле-жаладан сақтай көр, – деп әкем жиі қайталайды. Мен де іштей жеңгем аман-сау босанса екен деп тілеумен отырамын. Дегенмен ешкімге тілегімді айтпасам да жеңгем Әзікеннен маған артымнан еріп жүретін бір іні ерсе деген ниетімнің барын несіне жасырайын. Оның үстіне тәтем әкеме: «Келіннің домалана біткен ішіне қарағанда, ұрпағымыз «ат байлар» болады-ау деп ойлаймын» деген сөзі де жадымда жаттаулы жүр. Өйткені, көкемнен кейін екі ағам да жастай шетінегендіктен, не алдымда арқа сүйер ағамның, не артымда ертіп жүрер тетелес інімнің жоқтығы қатты сезілетін және ондай мұңымды кейде жеңгеме де айтсам керек.
Ертеңгілік шешем әкеме: «Малыңды ұлың өргізіп келсін. Келін бүгін мазасызданып отыр. Амандық болса, толғақ басталар» деген. Мен де «кенжем» деп, үстімнен құс ұшырмауға бар қадірі артқан жеңгемнің амандығын тілеп, малды өріске шығарғанмын. Отардың ертеңгі арыны басылған соң, өзім атыммен бір биіктің басына шығып алып, үй жаққа қарадам да тұрдым. Бір дөңнің үстінде дөңкиіп тұрған киіз үйіміздің шаңырағынан түтін будақтайды. Ертеңгілік тәтем керегеге іліп, кептіріп жүрген сүрілерін шығарып, жарысқазан жасап, ет асатынын айтып отырған еді. Шамасы жеңгемнің толғағы басталып, жарысқазан асылса керек. Әкем де байыз таба алмай жүрсе керек. Біресе есік алдында жатқан отындық қу қарағайдың бұтақтары мен өртеңдегі ұшқаттың ақсөңкелерін бұтап, біресе бұзауларды өріске айдап жүр. Үйге кіріп-шығып жүрген көрші әйелдерде де тыным жоқ. «Шіркін-ай, әйелдердің біреуі әкеме бір жақсы хабар жеткізіп, жота үстінде тұрған маған «сүйіншілеп» қол бұлғаса ғой» деп қиялдаймын. Бірақ ондай жақсылықтың нышаны байқалмаған соң, амалсыз күтуіме тура келді. Шауып барып, ұзаңқырап жайылып бара жатқан отардың алдын қайырмалап келдім. Күнге қараймын. Жаз соңы таяп қалса да, әлі ұзақ күн асығар емес. Талмау түс жақындаса болды, отарды үйге қарай қайырмалап, жусатсам деген ой ғой. Түсті жыл күткендей күтіп, тым шабан қозғалған күн жарықтық дәл төбеге тармыса бастады-ау деген кезде қойды үйге қарай қайырмаладым. Олар ашық беткейде жусады-ау деген кезде Ақжалмен желдіртіп келгенімде, есік алдында тұрған әкем:
– Жеңгең қиналып тұрған сияқты, балам. Жүр, екеуіміз Біләл атаңның үйіне барып, шай ішіп келейік, – деді. – Атыңның ертоқымын алып, тұсай сал. Біздің қолда не бар, Аллаға сыйынғаннан басқа.
Сол кезде жеңгемнің «Би Бәтима пірім-ау!» деген сыңсыған дауысы естіліп тұрған. Әжесінен қайран болмай, «жеңгетайым» деп жүрген әйелдің қолтығынан арқанға асылып, қатты қиналып тұрғанын көрген кішкентай Нәзигүл жаутаңдап келіп, атасының аяғына оралды.
– Жеңгетайың саған кішкентай бөпе әкеліп береді. Жылама, құлыным, – деп оны көтеріп алды. Біз келесі бір жотаның басында отырған Біләл ағаның үйіне тақай бергенде, үй жақтан: «Жеже, сүйінші!» деген дауыс естілген. Жаңа біз бері жылжырды қолына келсапты алып, үйді айнала жерді түйгіштеп: «Түсті ме? Түсті ме?» деп дауыстап жүрген Бікеңнің зайыбы Ғалия апайдың дауысы. Мен әкемнің құшағындағы Нәзигүлді арқама отырғыза салып, үйге қарай жүгіргелі тұрғанымда біз бара жатқан үйдің иесі Бікең де қуанышты дауысты естісе керек, үйінен шыға салып, бізге қарай жебей басып келеді екен. Әкей оны тосып, орнында тұрып қалды. Мен, әрине, оларды қайдан тосып тұра алайын? Кішкентай қарындасымды арқама қонақтатқан күйі үйге қарай жүгіре жөнелдім. Ғалия апай мені ғана тосып тұрғандай қарсы жүгіріп, бар дауысымен: «Әй, ұл, інілі болдың! Сүйінші!» деп айқайлады. Мұндайда үлкендер: «Қалаған сүйіншіңді ал» деп жататын сияқты еді, мен болсам қуанғаннан ондай сөзді айтуға да шамам келмей үйге ұмтылдым. Табалдырықтан аттай бергенде Құсыманның шешесі Әтима ма, әйтеу біреуі: «Көрімдігіңді бермесең көрсетпеймін» деп, тәтем ұстап отырған құндақтаулы сәбиді көлегейлей берді. Дүние есігін жаңа ғана ашқан қызыл шақа ағасын тұңғыш рет көріп, көріп емес-ау онымен кездескелі тұрғанында жұмысы жоқ, жарық жалғанның ауасын рақаттана жұтып, пысылдап ұйықтап кетіпті. Ал жеңешем болса, ауыр азапты сәтті жаңа ғана бастан өткізгенін ұмытайын дегендей төсегінде жатып жымияды.
– Ініңнің бауы берік болсын! – Мен оны емес, ол мені құшақтады. Маңдайы терлеп, ұйқылы-ояу жатыр.
– Көкеме қалай айтар екенбіз? Қалаға баратын да ешкім жоқ, – дедім мұндай жақсы хабарды алдымен сәбидің әкесі есту керек қой деген оймен.
– Е, өзі аман-есен сауығып шықса, жақсы сөз жатпайды. Естиді ғой, – деп Біләл аға жауап берді.
Ол жылдағы әдетімен өзі үшін өте азапты да ауыр өткел сияқты қыркүйек айы туысымен тура отыз күн төсек тартып, ауыратын уақыты таянғанда Зайсандағы ауруханаға барып таңылатын. Оның осынау кесімді уақыттан жаңылмай келіп жабысатын жұмбақты ауруының сырын білмесе де, қарсыласпай жатқызып, екі аяғы да неше жерден ісіп, ақыры жаралары жарылып, жаны терезе тапқан соң ғана ауруханадан шығаратын. Биыл да өзім екі атпен оны қалаға бес-алты күн бұрын апарып қайтқанмын. Сонда кетіп бара жатқанда: «Жеңгеңнің де күні тақап қалған сияқты. Мен келгенше не інілі, не қарындасты болып қаларсың» деп еді жайбарақат. (Кейіндері ойлап отырсам, бірде-бір малшының әйелдері қысы-жазы ешқандай дәрігердің көмегінсіз тек Би-Бәтима піріне сыйынып қана, өзімді дүниеге әкелгені сияқты ұрпақтарын өмірге әкеле беріпті-ау).
Кешкілік Қиынсудың жайлау жақ үстіртінде отырған үш-төрт қойшы шағын ғана қараша үйімізде отырып, шілдехананың ырымын жасады. Әкем енді көп ұзамай жұрттың бәрі де Ащылының бойына күзеулікке түскенде дүрілдетіп той жасайтынын жариялады.
– Бабаларымыздың «Адам дүниеге келсе де, дүниеден өтсе де қойдың соры» демекші, келінім аман-есен қол-аяғын бауырына алса деп екі жыл қозыламаған ту қойымды жақсылықта жейміз деген сөзім бар еді, амандық болса соның ақ майын ауыздарыңнан ағызамын, – деп көптен даярланып жүргенін де сездіріп қойды. – Бүгінше марқаның етіне риза болыңдар.
Сонан соң: «Нәрестенің біріншіден, құлағы ашылады, екіншіден, өскенде әнге жақын болады» деп, өзі бастап ән салды. Басқа әйелдер де қосылып, біраз ән салып, ыстық шай, ыстық сорпамен-ақ көңіл көтеріпті. Жежем бір сөз арасында: «Бұл жайлауда баласы қарақұлақтанып қалған кім бар? Мына балаға бесік іздеу керек еді» деп қалды. Сол кезде маған: «Бесікті өзім жасап көрсем қайтеді?» деген ой келген.
Сол күні-ақ екі-үш көршіні куә ғып, нәрестенің есімін де қойып жіберген. Әкейдің егер ұл туса, кенже ұлымның атына ұқсастырып қоярсың деп ойластырып жүрген есімі бар екен. Нәрестені қолына алып: «Сенің атың – Әмірбек!» деп үш дүркін дауыстады. Бікең ағамыз батасын беріп, алғашқы шілдехананың ырымы жасалды.
* * *
Ертеңіне шайымды ішкен соң ешкімге білдірмей алдын-ала даярлап қойған жеңіл-желпі ағаш шабатын шот пен өткірлеп қайрап қойған бәкімді алып, өзенді бетке алдым. Өзеннің шатқалына түспей-ақ бергі биік жағалаудың бойында ағаштардың неше түрі өсетін. Тіп-тік болып өскен жуанды-жіңішкелі мойылдың, талдың біразын кесіп алып, жіппен байлап, үйге беттедім. Керек-ау деген мөлшерден ағаштардың артығын босқа көтермейін деп кесіп тастағанмын. Жүгімді үйден алыстау бір қоралау жартастың түбіне түсірдім. Ондағы ойым – жасамақ жұмысым жүзеге аспай қалса, күлкі болмаудың қамы.
Сол күні-ақ қолда бар қос сайманыммен бесік жасауға кірістім. Қабығы аршылған бесіктің қос басын кептіру үшін иіп, қазыққа байлап, қоспаларды шегенің орнына бұрап жіпше жасап бекітетін шілік талшықтарын жастай бұрау үшін шымға апарып көміп келдім.
Мөлшері он шақты күннен кейін Әміріме арналған бесігім даяр болды. Көрген жұрт мені шебер екенсің деп жатты. Ал мен «шебер екенмін» деп мақтанбай-ақ қояйын. Алайда артымнан ерген жалғыз бауырым үшін жасаған бесікте аға-жеңгемнің бар ұл-қызы, одан басқа бір қойшының екі-үш баласы тербеліпті.
ЕКІНШІ САЛА
ЖЕТКІНШЕК ДЕЙТІН ЕЛДЕНБІЗ
Ашығып та көргенбіз
Құдай сәтін салғанда, кеңшар директоры көңілі түсіп, Венгрия еліне туристік сапармен барып-қайтуға ауданға келген үш жолдаманың бірін шаруашылық есебінен маған алып бергені бар. Айтайын деп отырған әңгімеме ой салған осы сапар кезінде катондық ұстаз Түркістанмен дидарласып отырғанда әңгіме өткен ғасырдың 20–30-жылдарындағы қазақ көрген ашаршылық нәубеті туралы өрбіді. Сөз арасында «ондай ашаршылықты біз де көргенбіз» деп қалдым. Ол кезде ашаршылық туралы әңгіме айтыла бермейтін. Ол сұмдық жылдар азабын әке-шешеміз көздерімен көріп, бастарынан өткізсе де, біздің білеріміз «шала пұшық» ұсақ-түйек әркімнен естіген әңгімелер ғой. Мысалы, әкем айтқан бір әңгіме есімде қалыпты. «Елді сол қалың ашаршылық жайлаған жылдардың бірі болатын. Салт басты, сабау қамшылы дегендей, Шұрық қыстауында колхоздың бір отар саулық қойын бағып жатқанмын. Наурыз айының басы-ау деймін, мал төлдей бастаған. Қойдың уызы мен сүтін ішкендер ашаршылықтан құтылады ғой. Содан ба екен, қой бағысамыз, сақманшы боламыз деп, ақысыз жұмыс істеуге келіп жатқандар баршылық.
Бір күні өрісте жаңа төлдеген бір қойды айналып келіп алармын деп бытырап жайып кеткен малды қайырмаламақ болып кетіп бара жатқанмын. Итім әлденеге үрген соң артыма қарасам, бір адам жығылып-сүрініп, қозылап тұрған қойға жақындап келіп қалыпты. Сөйткенше болған жоқ, жаңа туған жаңа туған қозыны бауырына басып, екпеттей құлады.
– Әй, кімсің? Нең бар, андағы қозыда, – деп, мен де жүгірдім, бірақ үлгірмедім. Қозының алқымын тісімен жұлып жіберіп, қанын сорып жатыр екен… Бір қарағанда бұл – нағыз жауыздық әрекет. Алайда, қу өмір үшін адам бәріне де барады екен…
Әкейдің осы бір қорқынышты әңгімесі есіме түсіп, «ашаршылықты мен де көрдім» деп қателескенімді біліп, тілімді тістедім. Бірақ сездірмеген болдым. Маған сол қасіретті жылдар туралы әңгіме айтып отырған Түркістан ағайым бетіме таңдана қарап қалды. Қашан да үлкен-кіші сапарластарының бәріне «сіз» деп қана қайрылатын әдетімен ол кісі:
– Сіз қайдағы ашаршылықты айтып отырсыз? – деді.
Екі күн, бір түн нәр сызбаған мен ол оқиғаны айтып беріп едім, ол:
– Қой, бауырым, ашаршылық дейтін нәубеттің беті аулақ. Халқымыз оған берер құрбандығын артығымен өтеген. Сіздің айтып отырғаныңыз ел басына еріксіз түскен «ашаршылық» емес, жеке адамдардың басына ойда-жоқта түскен жай ғана «ашығу» ғой. Сондықтан «ашығып та көрдім» десең болар, – деді.
Мен, әрине, қате сөйлегенімді білдім. Ұялғанымнан қалай ашыққанымды әңгімеледім.
1961 жылдың қысы қақап тұрған. Жарсудың бас жағындағы көшеде жаяу жүріп келе жатқан кісінің қатып қалған сүрі қарды басқан табанының шықыры көшенің төменгі жағындағыларға естіледі. Қызыл шұнақ аяз аузыңнан шыққан деміңді тоныңның көтеріп алған жағасы мен бөркіңе қырау ғып іліп, мұз ғып қатырып жатады. Күн жылы кезде шидің сақалы мен қамыс-құрақтың түбінен аз да болса қорегін айыратын сиыр малы мұндай аязда қораға қамалып қалады. Біздің Жарсу ауылы шаруашылықтарды біріктіріп, ірілендірген тұста бар болғаны «Қарабұлақ» қой кеңшары сиыр фермасының орталығы болып қалған. Бригадир бастығымыз Тақат ақсақал дереу трактормен Ертіске шөпке ертең ерте жүруіміз керектігін айтқан. Мына аязда шөп жеткізілмесе, сиырлар тілдерін тістеп қалатынын және өзіміздің қапысыз жылы киінуіміз қажеттігін тапсырған.
Қысы-жазы шынжыр табанды «ДТ» тракторымен кеңшардың ең жауапты шаруаларының алдында жүретін Сләмбек ағамыз таң бозынан тракторын оталдырып, қарағай сілегелерінен жасаған алып шанасын тіркеп даяр тұр екен. Қар басып жатқан маяларды аршып осы алып шанаға шөп тиейтін жұмысшылар Кеңесхан, Кәдірхан және мен – екі хан, бір бек, үшеуіміз трактордың аядай кабинасына біріміздің алдымызға біріміз отырдық. Жолға деп алған азығымызды тонымызға, оның сыртынан киетін тұлыбымызға орап, шананың шабақтарына байладық. Барар жеріміз алыс емес, қалың қамыс, шеңгел-шилерді қақ жара салған жолмен жайшылықта екі сағаттан асырмай жетіп баратын Қара Ертістің жағасы. Кеңшар пішеншілері жаз айларында дария жағасындағы қамыс-құрағы, өлең шөбі қалың өсетін шабындықты шауып, маялап кететін. Шөбі құнарсыздау болғандықтан, оны ауыл маңындағы қораға тасымайды, осындай қыс аяғы созылып, аяз күшейген кезде ғана таси бастайтын.
Артық әңгімеге жоқ айдаушымыз батыс жақ аспанның бұлыңғырлана бастағанынан қауіптенгендей солай қарай алақтап қарайды: «Күн бұзылайын деп тұр-ау» дейді. «Шөбімізді тиеп алғанша боран соқпаса болды. Жөпшөңкі қарға тоқтауды білмейтін шынжыр табандымыз бұзылмаса, қорқатын не бар дейсің» деп біз отырмыз. Кеңөткелге жете бере бүгінгі ауа райы үшін ұялғандай Темірсу жақтан қып-қызыл болып Күн шығып еді, біз Жайдаққа жете бере, ол да бұлт астына бой тасалады. Қардың алғашқы ұшқындары көлігіміздің әйнегіне келіп қона бастағанда, қалың қасат қарды қымтанып дөңкиіп жатқан шеткі маяға да жеткенбіз. Сләмбек ағамыз бұл шаруада кәнігілік көрсетіп, бөрене шананы ауашалау жерге ағытып тастап, тракторының қара түтінін будақтатып, маяны айнала жүріп қарын таптап, соңынан көлігінің тұмсығымен мая іргесін әр тұстан сүзгілеп еді, қар кесек-кесек болып, сырғып түсе бастады. Сонан соң шананы қайта тіркеп, маяның қасына қойып: «Қане, жігіттер, қазір монтансып, қар жауып тұрғанмен, соңы борандатып кетуі мүмкін. Таңертең қарға-сауысқанның безектей ұшып, шуылдағандары тегін болмаса керек. Тезірек шөбімізді тиеп алып, бір-ақ тамақтанайық», – деп өзі де мен айдаушымын деп қарап тұрмай қоянжын маяның төбесіне шығып, жалпақ ағаш күрекпен қасат қарды түсіре бастады. Мұндай маядан шөп алу ығын білмейтін кісіге оңай шаруа емес. Жазда тарақпен жал-жал ғып үйген шабылған шөпті тағы бір трактор иіріп әкеліп, маялай береді. Иірілген шөпті екі-үш жігіт қатар тұра қалып, сол жік-жігімен шанаға тиейді. Әрине, ондай ауыр салмақты көтерген кезде сынбайтындай етіп айырдың сабы ұзын да жуан ағаштан арнайы даярланады. «Ал, көтердік, бір, екі, үш» деп үш жігіт шұбатылған шөпті жуан-жуан үш-төрт жерден бекітілген шананың көлденең сілегелерінің үстіне шегелеген жіңішкелеу шабақтарының үстіне сұлата бересің. Күн райы бұзыла бастаған соң жұмысты тездету үшін Сләмбектің өзі де аянбай кірісіп жүр. Құшақ-құшақ болып ұйысқан шөптерді бірімен бірін бастырып, бүйірлерін тең ғып шығармаса, шана қанша үлкен болғанмен, бір мая шөпті түгел сыйдыру оңай міндет болмайды. Қар жауғаннан кейін аяз сынды ма, әлде ауыр жұмыстан кейін тондарын шешіп тастап кіріскен жігіттердің маңдайларынан терлері сорғалап, булары шалқыды. Бірер сағаттан асырмай шанаға тиелген шөп аспанға шығып, маяның жер табаны көрінді. Жуан сілегеден ноқталығы трос арқанды ұстау үшін шабылған бастырықты үш жігіт бірдей арқанмен тартып бекіткен соң, тиелген шөп қыздың жиған жүгіндей төртбұрыштанып, жинақыланып қалды. Біз келгелі қозғалтқышы өшірілмей күркілдеп тұрған трактор кабинасына тығылдық. «Тер қатады, тез кіріп, тез тамақтаныңдар!» деген тракторшының бұйрығын да орындадық. Күн қанша суық болса да, тон, тұлыптарға орап тастаған шөлмектегі сүтіміз бен піскен ет, нанымыз онша тоңази қоймапты. Жау қуып келе жатқандай қатты жұмыстан соң қарнымыз ашыңқырап қалған біз бар тамағымызды ішіп бола бергенде, ақырын соғып тұрған жаяу борасын күшейе бастады. Жер астына тығылған долы дауылдың тығыны ашылып кеткендей қарсы беттен ышқына соғып, шөп тиеген үлкен шанамыздың өзін қозғалтқысы келетіндей.
Ішіміздегі үлкеніміз Кеңесхан кабинада қалды да, Кәдірхан екеуіміз бастырыққа байланған арқанның бір шетінен ұстап, тиелген шөптің шетін үңгіп, ұя жасап алдық. Қатты жел ұямыздың шөбін жұлмалағанмен, тұлып тондар желді де, аязды да өткізер емес. «Жол болып, пәле-жаладан аман болсақ, ел орынға отыра ауылға барып қалармыз» деп мөлшерлейміз. Мынау ат құлағы көрінбейтін бораннан қай уақыт болғанын да біліп болар емес. Айнала ақшаңқан, ұлыған боран. Әйтеуір «қара айғырымыз» ышқына гүрілдеп келе жатыр. «Күн еңкейіп қалған болар, шөп тиеп болған кезде түс ауып қалған сияқты еді» дейді жанымда жатқан серігім. Бір мая шөп тиелген ауыр шана қайта-қайта шоқалақтай берген соң, ойыма бір күдік кірді де: «Әй, Кәдірхан, тақтақ жолға түссек, бүйтіп шоқалақтамасақ керек еді…» деймін мен. Ол да сондай ойда екен. Тұлыптың жағасын қайырып, құлақшынымды жел ұшырып кетпес үшін бауын байлап, ұямыздан басымды қылтитып едім, трактордың әншейінде бір шақырымдай жерді көрсететін өткір жарығы қатты желден бастарын иіп, жер сабалап тұрған шеңгел мен шиді қақ жарып келеді екен.
– «Ойбай-ау, жол қайда? Біз адасқан шығармыз!» деген ойымызды сыртқа шығарып үлгіргенше, тракторымыз ышқына гүрілдеп-гүрілдеп алды да, үні де, шамы да өшті. Жаңағы үрейлі ой шындыққа айналды. Бұғып жата беретін емес, екеуіміз де басымызды қылтитып едік, кабинадағы екеуі де дірдек қағып, тыста жүр екен. Бірақ сөздерін долы жел ала қашып, естіртпейді. Кеңесхан қол фонарды жағып, моторға жарық түсіріп тұрса, Сләмбек еңкейіп, әлденені бұрап жатыр.
– Мотордың суын ағызып жатыр, шамасы трактор бұзылған сияқты, – дейді жуырда ғана шоферлық курста оқып келген Кәдірхан техникалық сауаттылығын білдіріп.
Бұл сөз қауіп-қатердің шындап төнгенінің хабаршысы болғандықтан, іші-бауырымды қуалап кеткен суық ызғардай әсер етіп, үнім шықпай қалды. Не болса да «Құдай салды, біз көндік» деп екеуіміз пішеннің өзіне ғана тән бұрқыраған қышқылтым исіне тұмсығымызды тығып, бұғып-бұғып жатырмыз. Әне-міне дегенше бастырыққа байланған арқаннан ұстап, Сләмбек пен Кеңесхан дірдек қағып көтерілген.
– Жігіттер, жолымыз болмады. Мына ақ түтек адастырғанымен қоймай, тракторымыз сынып, қай қуыста қалғанымызды да сездіретін түрі көрінбейді, – деп үрейлі хабарын жеткізді. Шөпті суырып, бастырықтың екінші жағынан екеуі өздеріне ұя жасай бастаған. Осынау сәтсіздік үшін өзін кінәлі санағандай тракторшы тұлыбына оранып жатып қалды.
– Боран басылсын деңдер. Сонан соң бізді тауып алсын деңдер. Нөпірез соқыр кемпір түзге шығамын деп, Жиекке шығып кетіп, адасып өліпті деуші еді. Біз де көл жиегіне бұрылып кетсек керек, – дейді Кеңесхан қай кездегідей көңілді жүрер қалпын өзгертпей.
– Қарнымыз ашып қиналмасақ, жылы жерде жата береміз ғой, – дейді Кәдірхан.
Оның сөзінің шындыққа айналғанын көп ұзамай-ақ сезіне бастадық. Шамасы Күн батуға жақын қалса керек, онсызда ақтүтек бораннан айналаның бәрі алакөлеңкеліктің өзі бірте-бірте қою қараңғылыққа бата бастады. Менің ойымды құптағандай Сләмбек қолындағы сағатына сығырайып ұзақ қарағаннан кейін: «Күн жаңа ғана батса да айнала көзге түртсе түк көрінбейтін болып қалды ғой», – дейді күрсініп.
– Ал, бәрің ұйықтаңдар. Бізді бүгін ешкім де іздемейді. Іздесе де таппайды.
Оның бұл сөзінен әзірге жақсы хабарды күтуге болмайтынын сезгендейміз. Амалсыздан ертерек ұйықтауға тырыстық. Себебі бізді сарыуайымнан уақытша болса да құтқаратын, әрі тамақтанатын уақыттың өтіп бара жатқанын сездіріп, асқазанның ас сұрауын ұмыттыратын да осы ұйқы еді.
Бізден бұрын оянып, арқаннан ұстап төменге бір түсіп келген Сләмбек таңның атқанын, боранның әлі ұлып тұрғанын, тіпті шана мен трактордың ық жағын үрінді қардың басып тастағанын айтып, уайымымызды одан әрі үдете түскен.
– Оң мен солыңды ажыратып болмас ақтүтекте жолдың табаны болар деп, сәл ашықтау алаңды қуалаймын деп, Зайсан көліне қарай кеткен сияқтымыз. Ең жаманы ізімізді де қар басып қалды… Иә, жігіттер, не болса да шыдауға тура келеді. Төрт бірдей азаматын жоғалтып қойып, басшылар да қарап жатпайтын болар. – Сләмбектің осы соңғы сөзі ғана дәтке қуат бергендей үміт отын жылтыратты.
– «Қарның ашса да, шөлдесең де сорып отырасың» деп, тәтем бір уыс құртты тонның қалтасына салып ала кет дегенде: «Ой, тәте, мына тұрған Ертіске емес, жер түбіне бара жатқандай саудырлатып қатқан құртыңды қайтемін» деп, ақымақ басым алмай қойып едім, – деп, мен өкініш білдіріп едім, Кәдірхан да өз ойын айтты.
– Жігіттер-ау, мен ақымақ болғанда таңертең Бәтима жеңгем еті мол сорпаны жылытып бергенде, тойға бара жатқандай кекірейіп, дұрыстап та ішпегеніме енді өкініп жатырмын. – Қазір буы бұрқыраған бір табақ ет алдымыздан қашса, қайсымыз бұрын жетер едік? – Ол бір күліп алды да, тың ұсыныс айтты. – Тоңбасақ та, қарны ашқан адам «нервный» болатын сияқты ғой. «Ауру адам – ұрысқақ, аш адам – тырысқақ» деп атам қазақ білмесе айтар ма еді. Құтқарушыларымыз келгенше тамақ туралы әңгіме айтпауға уәделесейік. Онанда оқыған кітаптарымызды айтайық. Кітап оқымағандар білген ертегілерін, тым болмағанда анекдот айтсын. «Табылған ақыл» деп бәріміз қоштай жөнелдік. – Онда бірініші кезекті жолы үлкен, жасы да үлкен Сләмбек ағаға берейік.
– Әй, жігіттер, мен кітап оқып, білім қуалап кетсем, мына қара трактормен алысып жүрер ме едім?!
– Онда жеңгемізге қалай үйленгеніңізді айтыңыз. Біз сияқты бойдақтарға сабақ болсын, – деп Кеңесхан тақымдады.
– Жұрт қалай үйленеді, мен де солай үйлендім. Бір-бірімізді ұнатқан соң үлкен ағам барып, құда түсті. Болды, үйлендік.
– Сәке-ау, енді таратып айтсаңызшы. Үйлендіңіз, той жасадыңыздар. Ел тарқап, екеуіңіз ғана қалдыңыздар. Содан ең жауапты сәтте сіз сөзді неден бастадыңыз? – Кеңесхан тетелес ағасынан әлдебір құпияны біліп алайын дегендей әңгіме ауанын әркімнің «жеке шаруасына» қарай күргейлемек еді, көп әзілді білмейтін, тік жүріп, тік сөйлейтін ағасы морт кетті:
– Әй, көп сөзді қайтесің, сен қу қатын алған кезде ешкімнен ақыл сұрай қоймассың!
Кәдірхан екеуіміз мәз бола күліп едік, Кеңесхан да қосылды. Сләмбек қысқа әңгімесін былай деп түйіндеді.
– Мен бір досымның жасы ұлғайып бара жатқан соң жезделері бір қалыңдық тауып, онымен өздері сыр тартып көрсе, бойжеткен де «келсең кел» дейтін жасқа келіп отырса керек, қарсылық танытпайды. Содан жезделерінің кеңесімен досым кешкілік қыздың үйіне келсе, қыз ұн елеп отыр дейді. Сәлемдесіп болған соң, жігіт не айтарын білмей, босағада мелшиіп тұрса, қыз: «Отырыңыз, бұйымтайыңызды айтыңыз» дейді. Сөйтсе менің досым түйеден түскендей ғып: «Ұныңды шашып жіберейін бе, осы?!» депті… Сөйтсе аңқау балдызына жезделері: «Қызбен сөйлескенде тым ыздиып қалмай, қалжыңдап отыр» десе керек…
– Содан қыз не депті? – деп Кәдірхан басын көтеріп алды.
– Қайтуші еді? Қыз: «Айналайын, бұйымтайыңызды да айтпай-ақ қой, ұнымды да шашпай-ақ қой» деп жігітті үйіне қайтарыпты. Сөйткен аңқау досым да ақыры сол қызды алып, ешкімнен ақыл сұрамай-ақ қазір дәл өзі сияқты 3–4 баланың әкесі болып отыр.
Әншейінде бұйығылау, көп үндемейтін ағамыздың осынау қысқа ғана әңгімесі көңілімізді көтеріп, ойда-жоқта басқа түскен ауыртпалығымызды ұмыттырып жібергендей болды.
Кәдірхан жақында ғана «Мың бір түннің» бір томын оқыған екен. Оның ұзақ әңгімелері таңертеңгі шайды да, түскі асты да барынша аз ойлауға жәрдемдесті. Мен кешкі асты ұмыттыру үшін оқыған «Ханзада мен қайыршы» хикаясын әңгімелеуге кірістім. Хикаяны әңгімелеуді аяқтаған кезде күн батуға бет алып, аштық азабы мен уайымы мол иендегі екінші түніміз таяп келе жатты. Бұл кезде үздіксіз батыстан үрлеп тұрған жел тыныстап, айналадағы көз жетер жер анық көрінген еді. Бәріміз де шөп тиелген биік шананың үстіне тұра қалып, ақ ұлпа үріндіні тұмшалап жамылып жатқан шиі, шеңгелі, қамысы араласа өскен далаға қараймыз. Бірлі-жарым ұшып жүрген қарғалардан басқа тірі жан иесі көрінбейді. Не маңайда жайылған мал, малшылардың қыстаулары көзге түссе қанеки. Дәл бір мәңгі мұзды жамылған Антарктиданың бір қиырында қалғандаймыз. Аппақ қарға көзіміз қарыққанша айналаға қанша тесіле үңілсек те, ештеңені көре алмаған соң кішкене бой жазу үшін жерге түстік. Қалың қар, терең батпақ тоқтата алмайтын қара трактор жартылай қарға көміліп, мүсәпірдің күйін кешіп тұр. Шөп тиеген шананы сүйремек түгілі, өзін сүйрейтін басқа бір трактор керек сияқты. Әрі-бері бой жазып жүрмек болған ойымыздың жөні жоқ екенін жерге түскен соң көрдік. Серуендеп жүргенді қойып, қасат қарға санға дейін сүңгіп кеткен аяғыңды суырып алудың өзі күш екен. Өткен жылы да қыстың қатты болып, қардың қалың түскені соншалықты, дария бойын мекендейтін еліктердің бауырынан қарға тіреліп, тұрған бойы қатып қалғанын көргендер айтып отыратын.
Қар кешіп, трактор маңынан он, он бес қадам ұзап шығу мүмкін болмағандықтан, бәріміз де қандай жағдай болса да, сол шана үстінде жатып қарсы алудан басқа мүмкіндіктің жоқ екенін білген соң, арқанымыздан ұстап, шанамыздың үстіне қайта көтерілдік. Жаңа ғана бозамықтанып тұрған айнала біз ұямызға келіп орналасқанша қарая бастады. Сәкең сағатына қарап, кештің батқанын хабарлады.
– Иә, жарықтық Күн де ұясына қонды. Өлмеген қу жанды жетелеп, біз де ұямызға қонақтайық, – дейді Кеңесхан.
– Тек аш қарын ұйықтата қойса…
– «Тамақ туралы әңгіме айтпайық» дейтін ақылды сөзді өзің айтып едің, уәдені өзің бұзғаның ұят болды, інім, – деді Сләмбек. – Кітап, газет-журнал дегенді оқуға құмар болмасам да, бір жерден оқығаным бар еді, адам шөлге екі-үш күннен әріге шыдамаса, аштыққа жиырма шақты күнге шыдайды екен деген-ді. Әлі біздің кемінде он сегіз, он тоғыз күніміз бар.
Жиырма күн емес, үш-төрт күнге шыдаудың өзі қандай азап екенін білсек те, өзімізді зорлап ұйықтатпақ болып үнсіз жатырмыз.
– Бір қызықты әңгіме айтыңдаршы, көңіліміз бөлінсін, – деп Кеңесхан ұсыныс айтып еді, Кәдірхан: «Айтатын да, тыңдайтын да шама жоқ» деп қысқа қайырды. – Тұзы шығыңқы қара қуырдақты ойлап, рақаттанып жатырмын…».
– Бізге де қалдыр, – деген Кеңесханның әзілінен басқа үн қатпадық.
Күндіз ұйқыларын қандырып алған жігіттер жұмсақ пішен төсеніштері жамбастарына батқандай аунақшып, азапты түндерін өткізуге бет қойды.
– Жігіттер, аспанның ашылып, боранның басылғанын кеше таңға таяу-ақ байқағанмын. Аспанға және көз салып жатып, жұлдыздар жамырағанда-ақ жақсылыққа жорығанмын. Бүгін бізді қалайда тауып алады. Қой емес, қозы емес, шөп тиелген үлкен шана көзге түсуі қиын емес болар. Өзіміздің мына омбы қардан ешқайда аттап шыға алмайтынымыз ғана жаман, – деп Сләмбек көңілді әңгіме бастап еді, құтқарушылары жандарына қазір келіп тұрғандай, қабақтары түсіп кеткен жігіттер ұяларынан бастарын қылтита бастаған. – Айтпақшы, қатты сөйлемеңдерші. Омбы қардан әбден ашыққан екі елік келіп, шанадан шөп жұлып жеп тұр.
– Не дейді-ау. Қап, мылтық болғанда ғой, үйге жеткенде қара қуырдақтататын едік, – деп Кеңесхан өкініш білдіріп еді, Сләмбектің жауабы даяр тұр екен.
– Өзің екінші тәулік ашыққанға тоныңды пісіріп жердей болып отырып, қу жандарын құтқару үшін қорек іздеп жүрген жануарға тиіспек пе едің, бауырым.
Сөйткенше болмай, шананың үстінде адамдардың жатқанын дауысымызды естіп білсе керек, қоңыр сұр түсті қос елік орғып-орғып шыға берді.
– Аштықта адамдардан келер үрей жеңді деген осы.
Сәкеңнің бұл сөзінен кейін ешкім үндеген жоқ.
* * *
Тағы да іңір үйіріліп, жер бетін екінші түннің қараңғылығы тұмшалайды-ау деген кезде шеңгел мен шиі қалың өскен қарлы даланы азан-қазан ғып гүрілдеп келе жатқан тағы бір «ДТ-ның» сұлбасы көрінген. Оның соңынан ілесіп келе жатқан кеңшар директорының сары «УАЗ-игі» көрінді. Демек, қардың қалыңдығынан тоқтап қалуды көп білмейтін мынау жүрдек машина да жүре алмайтын болғаны ғой.
Құтқарушыларымыз көрінгенде-ақ үлкен жеңіске жеткендей бөркімізді бұлғап, уралап тұр едік, олар бізге қарай төтелей тартқан кезде төртеуіміз де домалап, қар үстіне түстік. Жеңіл машинадағы, трактордағы бастығынан бастап, жұмысшы жігіттерге дейін құшақтасып жатты. Біз аман қалғанымыз үшін қуансақ, директор жауапқа тартылмайтыны үшін қуанса керек.
Директордың машинасы келген ізіне түсіп алып, ауылды бетке алды. Шөп тиеген шананы, сынған тракторды жеткізуге келген тракторшыға қалдырып, ауылға алдымен жету үшін бәріміз жеңіл машинаға отырдық.
– Өздеріңді кеше келмеген соң түнімен іздесек те таба алмадық. Іздеріңді үрінді қар басып қалыпты. Атпен іздеген жігіттер алыстан қараларыңды көріп, ауылға шауып келіп хабарларыңды айтты. Шүкір, дін аман екенсіңдер, – дейді директор. – Сендер табылды дегенде есіміз шығып жүріп, екі күн, бір түн бойы аш екендеріңді ұмытып, азық та алмаппыз.
Бұл кезде машина ауылдың ең төменгі жағындағы Қатира апаның үйіне келген болатын. Ол кісінің есік алдында жүргенін көріп, машинаны тоқтаттырып: «Тәте, нан беріңізші!» деппіз.
Біздің ашыққан хикаямыз осылай аяқталған.
Құмарлық құрығы
Мектепті бітірген бетте «қалайда оқуға түсуім керек» дейтін қиялдың қанатына мініп, жұрттың көбінің негізгі бағыты Алматыны мен де бетке алғанмын. Алайда, журналист болғысы келетін ұл-қыздар әр облыстан топ-тобымен, үйір-үйірімен жетіпті. Құдай-ау, әр орынға 9–10 бала таласпақшы екен. «Тәуекел!» деп додаға араласып кеткенімізбен, үш пәннің екеуінен «өте жақсы», біреуінен «жақсы» дейтін жоғарғы деңгейлі нәтижеге жетсем де, айналдырған жиырма бес орынға кіл «бестік» алған бесеу-алтауы, сонан соң әскери борышын өтеп келгендердің жоғарылау балы барлары мен біраз еңбек өтілін жинағандар дегендей т.б. сылтаулары жетерліктері қабылданып, күлбеттеніп елге оралатын болдым. Оқуға түсе алмағандардың шын-өтірігі аралас айтатындары – «конкурстан өте алмадымды» бетке ұстап, мен де ауылға жеттім-ау.
Менің жолым болмағанына ең алдымен қуанған шешем Бәти марқұм: «Өй, құлдығым, жақсы болды ғой, көз алдымда жүресің!» деп аналық жүрегімен елжіреген. Айналайын анашым, өзінің де маңдайына жазылған ғұмырының көп ұзамай тұйықталарын сезді ме екен?..
Өмірде мұндай да қызық болады екен, отбасы жағдайымен оқуға бара алмай, екі жылдан бері машина айдаушы, одан кеңшар комсомол комитетінің хатшысы болып жүрген Мұратым, алдымен Семейдің медициналық институтына аттанып «өте алмай», менен бір күн бұрын жеткен Әскербек менің де қайтып оралғанымызға қатты қуанған. Мұрат: «Нешауа, алдымен мен сияқты өмірді көріп, сонан соң оқу іздегенің дұрыс болады» десе, Әскен: «Ауылда да біраз бірге жүретін болдық» дейді. Иә, басшылық қызметтің біраз дәмін татып үлгірген Мұратым комсомолдық жұмыстарға қызу кіріскені аздай, ауданның көркемөнерпаздарын облыстық олимпиадаға даярлау ісінде де жауапты міндеті бар сияқты. Сондықтан, онымен бұрынғыдай аралас-құралас болғанды қойып, сирек ұшырасамыз. Ал, Әскен екеуіміз күзгі егістік жұмыстарына, мал азығын әзірлеу, оларды қыста күтіп-бағу сияқты жұмыстарға бел шеше араласып кеттік. Адамның жолы болып, айы оңынан туайын десе оңай екен.
Кеңшардың үш жүзге жуық комсомол мүшесінің үлкен жиналысында бөлімше комсомолдарының жетікшісі ретінде мен де мінбеге көтеріліп, миллонер кеңшарымыздың бүкіл аудан алдында беделі дүрілдеп тұрған директоры, марқұм Қабақай Есенбаевты жатып кеп сынайын. «Сізге кеңшарымыз еттен, жүннен, сүттен мемлекеттік жоспарды асыра орындаса болғаны. Ал сол игіліктерді жасаушылардың жуан ортасында жүрген жастардың мәдени өміріне көңіл бөлуді мүлде естен шығарғансыз…» деген рәуішті сыни пікірімді ағытайын кеп. Жиналысты қорытындылап сөйлеген кеңшар директоры мені мақтасын-ай бір. «Қазіргі жастар ортақ іске жанашыр болу үшін «сен жақсы да мен жақсы» деп сипақтамай, басшыларға жағымпазданбайтын осындай батыл жігіттер қоғамды алға жылжытатындар. Біз де ет пен сүйектен жаралған пендеміз. Жағымпаздар «сенікі жөн» деген сайын, расында «менікі жөн екенге» сеніп қалуымыз мүмкін. Тура айтқан шындықтан кейін ғана кемшіліктер түзеледі» дегендей пікірін айтты. Онымен қоймай, оншақты күннен кейін «қара жұмыстан» алып, ірі қой фермасына есепші ғып бекітіпті.
Мектепте есеп-қисап пәндерінен де тәуір оқушы болғаныммен, өмірдегі есеп-қисаптың жөні бөлектеу екен. Әр ай ортасынан ауа бергенде, әр отарды аралап, мал санағын жүргізесің. Жаңа туған төлдердің бөгенайын толтырып, кірістесең, өлім-жітімді мал дәрігерінің актісін тіркей отырып шығыстайсың. Жаз айларында құрылысшылар мал қоралары мен малшылардың үйлерін жөндесе, ферманың өз пішеншілері таудың қолат-қойнауларына дейін шауып, қыстық мал азығын даярлайды. Бұлары аздай, малдың жеміне деп ферманың азды-көпті арпа-сұлыны күзде орып, дәнді қамбаға құятыны бар. Құрылысшы қанша жерге тас, кірпіш жинады, қанша шаршы метр жерге қара сылақ жүргізді, пішеншілер қанша гектар жердің шөбін шапты, жиналған маялардың әрқайсысы қанша текше метр, оны жинаған, маялаған кімдер, осы жұмыстарды атқару үшін трактор, машиналар неше тонна жанармай жұмсады, жемдік астық неше тонна болды – осындай зор міндет қылша мойынға талша болып түскен соң, амал жоқ, бәріне де көнуге, үйренуге тура келді. Қайта, ферманың ғана емес, ірі шаруашылықтың бұрын бас есепшісі болған Мұхаммед ағамыз ең аяғы есеп шотпен қалай есептеуге дейін үйреткен ұстазым болып алды. Кеңшардың бухгалтериясына ай сайын тапсыратын есебімді екі-үш айдан соң ескертусіз, тіпті басқа әріптестеріме үлгі етіп айтатын дәрежеге жетіппін. Бес-алты ай атқа мініп, ел аралап жүріп атқаратын шаруамды да ауыстыруға тура келді. Қарабұлақ ауылындағы малшылардың балалары үшін ашылған мектеп-интернаттың меңгерушісі деген лауазым еді бұл. Қырыққа жуық балаға арналған бұл мекемеде бір аспаз, бір еден жуушы және мен үшеуіміз ғана. Өзім де сол интернаттың бір бөлмесін иеленіп жатқан меңгеруші, әрі шаруашылық басшысы, әрі тәрбиеші дегендей біраз іске жауапты жан болып шыға келдім. Бұл кеңшардың иелігіндегі мекеме болғандықтан, кеңшар мен Қарабұлақ орта мектебінің басшылары менің қызмет ауыстыруым туралы оңай тіл табысқан болса керек. Тек кеңшар директоры Қабақай ағамыз ферманың тамыз айындағы есебін кімнің тапсыруы қажет екенін айтты. Әрине, ешқайда шықпай, бір ауылдың ішінде жүріп істейтін әрі педагогика деген ғылымнан хабарым болмаса да, оны да бір байқап көру керек болар деген оймен жаңа ұсынысқа қуана келіскенмін.
Сонымен, қойшыларды соңғы аралауға шыққанмын. Отарлардың көбі күз лебі біліне бастаған соң-ақ етектегі жазыққа қарай жылжып, қозы бөлу сияқты жұмыстарға кірісіп кеткен. Мен де кететінімді білгендей санақ мәселесін, басқа да есеп-қисап жайын алдын ала тиянақтап қойғанмын. Тек қана алғашқы қар түскенше төр жайлаудан бермен құлдай қоймайтын бойдақ қой баққандарға бара алмаған едім.
– Сенің жайлауға баратының жақсы болды. Мына жеңгеңді ерте кет. – Ферма меңгерушісі маған тың ұсыныс жасады. – Арғы жайлауға шығып көрмеп еді, сен жолбастаушы боласың.
Медбике деген мамандығы болғаннан кейін және осы қой фермасына бекітілген дәрігер, оның үстіне бір қойшының кішкене баласы науқастанып қалыпты деген хабарды естіген соң, ферма орталығында қалай жатсын. Екеуіміз ертеңгі шайымызды меңгерушінің үйінен ішіп, атқа мінгенбіз.
– Жеңгеңмен мүмкіндігінше қазақша сөйлес. Біздің елге келгеніне екі жыл өтсе де, қазақ тілінде әлі екі ауыз сөздің басын қосып сөйлей алмайды, – деп күйеуінің біз жүрер алдында берген тапсырмасы бар. Әрине, сүрініп-жығылған орысшамды айтып, мына көркіне көз тоятын орыс келіншекке күлкі болғанша, үйреншікті қазақшаммен жорта бергенім маған да оңай. Ағамыз көзі аспан түстес, шашы әкемнің ақжал атының жалынан да аппақ нағыз аруды әскери қызметте болған Ресейдің бір қаласынан екі жыл бұрын ала келіпті.
– Байғұс баланың тегі басқа, түрі бөтен дегенмен, кез келген қазағыңнан артық болмаса кем емес, – деп қойшылардың әйелдерінің әңгімелеп отырғандарын естіп едім. Әңгімешіл әйелдер қауымы оның екі жылдан бері бір шыр еткен нәресте көре алмай жүргеніне жанашырлық білдіріп отырғандарынан да құлағдар болатынмын.
Ол орысшалап, мен қазақшалап, әңгіменің жалпы ауанына ілескенімізбен, түсініскеніміз шамалы. Қатар жүрсем бетіне жалтақтап қарай бергеннен ұялып, көбінде соңынан еріп, ту сыртынан қалағанымша қарап, көз тойдырғым келеді. Тіп-тік болып, аттың үстінде отырып, тал шыбықтай бұратылған белі сулық сияқты сыртқы киімінің ішінен де көзді арбап, анық көрінеді. Анда-санда соңынан ілесіп келе жатқан маған жалт қарап, күлім қағып, орысша бірдеңе дегенде, қабағым дірілдеп, жүрегім атқалақтайды. Мектебімізде орыс тілі сабағын көбінде қазақ тілінде өткізу тәсілімен үйренген мен оның орысшасын «қатарыма жүрсеңші» дейтін болар деп шамалаймын.
Сөйтіп жүріп Қиынсудың шатқалына жеттік. Біраздан бері мал жүрмеген соң, су жағасындағы қызарып бөрткен таңқурайды көріп, ол: «О, малина!» деп қалды.
– Түсесіз бе?
– Да.
Жүгіріп барып, қолтығынан демеп, аттан түсірдім. Бір қолымен құшақтай аттан түсе беріп, бетінің бетіме жақындағаны сондай, аузынан шыққан демін жұтқандай сезіндім. Өзі де біртүрлі тәтті жымиды. Сонан соң қолын иығымнан алып, ат үстінде ұйып қалған денесін жазып, қимыл жасады да, айналасын бүрген қоршаған долана ағашының сыртына барып, денесін жасырды. Екі атты байлап, ақ кепкіме таңқурай тердім. Сапарласым да қып-қызыл болып мөлдіреп тұрған долананы теріп жеп жүр екен. «Біздің жерде жемістің неше түрі бар» деп мақтанғандай ашықтау алаңқайда өскен сиыр бүлдіргеннен бірер уыс, жартастарға өскен тікенді тошаладан да бірер уыс теріп, кепкіммен келіншекке ұсындым. Оны тағы да қолтығынан демеп, атына мінгіздім. Ол мен теріп берген жемістерді жеп отырып, алғаш рет қазақшалады.
– Оте татти!
– Иә, бұлар қазір әбден пісті ғой.
Сапарласымды туған жердің жемісіне тойдыруды әбден мойныма алғандай бағана Түйетастың ат тұяғын боярдай қалың өсетін бүлдіргені уақыты келгендіктен ағып кетсе де, көлеңкелеу жерлерден үлбіреп тұрған біразын тауып, теріп әкеліп бергенмін.
– Меники тойди! – дейді ол күлімсіреп, – саған спасибо!
Сасқанымнан «пожалуйста» деудің орнына мен де «спасибо» деппін.
Көлденеңсудың ба, әлде басқа бұлақтың суы ма, төмендеу сай ішінде аппақ орамалды жартасқа керіп қойғандай шағындау сарқырама көрінді. Сапарласымның мінсіз әдемі көзі жайнап кетті.
– Кеттик, – деп, астындағы торы жорғаны сайға түскен малдың сүрлеуімен жолдан бұра берді. «Су көрмегендей терең сайға түсіп несі бар?» деп ойлаймын. Жай ғана сапарлас емес, күйеуі сеніп тапсырған жолсерігі ретінде бірге аттанбауға хақым жоқ еді. «Қалада өскен қыз екен» дегенді естуші едім, алайда осында келгелі үйреніп алған ба, әйтеуір лып етіп, атқа мініп-түсуі, тіпті өрлі-еңістен атпен еркін жүре алатыны мені таңғалдырған. Тау етегіне тізіле өскен балапан қарағайдың ішіне кірген соң, аттан түсіп, оның айылын босатты. Бұл осы жерде біраз айналамын дегеннің белгісі еді. Мен де сөйттім. Екі атты да шылбырын ұзындау ғып байлап, ауыздықтарын алдық. Ол ердің үстіне төрт қабаттап салған аткөрпені – көлкемедей көрпешені алып, көк шөптің үстіне жайды. Мен оның не ойы барын түсіне алмай, мелшиіп қарап тұрмын. Сыртқы сулығын, кең дөдегелі ақ шляпасын шешіп қойды. Кеудешесінің сырмасын ағытып, оны шешіп тастады. Содан соң етігін, кеудеше көйлегі мен көбіне сыптай ғып киіп жүретін шалбарын сыпыра бастағанда, қанша қарағым келіп, ындыным құрып тұрса да, өзімді өзім зорлағандай теріс айнала бердім. Оның бұлақ суындай сылдырлаған үні естілді.
– Давай, раздевайся, – деді-ау деймін. Маған да шешін деп тұрғанын түсіндім. Теріс қарап тұрған бойы, Құдай ұрып, басымды шайқаппын. Сонан соң ол сыңғырлап күлді ме, әлде таңырқаған бір үн қатты ма, оны айыратындай менде хал жоқ еді. Шөпті сыбдырлатқан бір дыбыс шыққан соң орасан батылдық жасап, ту сыртыма ақырын көз салсам… Құдай көрсетпесін, сапарласым онсыз да мінсіз тұлғасының әр мүшесін бөле-жара көрсететін жұқа ғана лыпамен сарқырамаға қарай кетіп барады екен. Жалаң аяқ, жалаң бас, не жеңі, не балағы жоқ, етімен ет болып жабысқан киімі ұлығаусар аудандарды нобайлап қана көзден тасалағаны болмаса, қай дүниенің қайда екенін жасыруды мақсат етпейтіндей. Әйел затының суға түскенде киетін үйреншікті, тіпті ешқандай ұялуға, ұяла қарауға болмайтын киімі екенін кейінірек көріп, білгенге дейін, бұл мен үшін сұмдық әрі көрген кісінің жанын қинау үшін әдейі жасалғандай көрінгені рас.
Ол сарқыраманың астына барып, бір сәт тұрып шыққанына таяқ тастам жерде тұрып көз қарықтырдым. Шашыраған сарқырама суының тұтас көрінер аппақ түйіршіктері, олардың да ағырақ көрінер келіншектің тұлғасы, сәл қоңырқай көрінер қызыл лыпасы – осының бәрі біріккенде бір ғажайып сұлулықтың жиынтығындай көрініп, ой-санамды арбай түсіп еді.
Келіншек судан шығып, жаюлы жатқан аткөрпенің үстіне шалқалай жатты. Маған әлі де күлімсірей қарайды. Бірдеңе дейді. Шамасы сарқырамаға барып, менің де суға түсіп келуім керектігін айтқан болар. Бірақ мен сарқырамаға бір шайынып алғым келгенмен, шешінбедім. Балағы тізеге түсердей ұзын тізе киімімді көрсеткім келмеді. Оның үстіне адамның дегеніне көне бермейтін, өз ырқымен ғана әрекетке даяр тұратын бейбастақ бөлшегіңді әйгілемеу үшін қарақат терген болып, бүрген аралап кеттім.
Ол киімі әбден кепсе керек, мені дауыстап шақырды. Ақ кепкіме теріп әкелген қарақатымды жей жүріп, мен жетелеп әкелген торының айылын өзі тартып, ауыздығын салып, лып етіп атына мінді. Менің соншалықты ынжықтығыма, әлде он сегізден асқан жас жігіт емес, мүлде балаң, шикі мінезімді мазақ қылғандай, бетіме ерекше астары бар жымиыспен қараған. Мен де атымды әкеліп, айылын тартып, ауыздығын салдым да, мініп алып, соңынан ілестім.
Қызылит жайлауының үстіртінде бойдақ қой бағып отырған Айдарханның үйіне жеткенде мезгіл кіші бесін болып қалған. Ел ішінен оншақты күннен бері хабар ала алмай иен таудың ішінде жалғыз қалғандай сезініп отырған Айдекең өрісте жүріп, үйіне екі аттының келгенін көрген бетте отарын қалдырып, шауып жетіпті. Аман-сәлемнен соң біздің қонатынымызды білгеннен кейін, кешкілік асықпай сөйлесетінін айтып, шапқылап малына қайта кетті. Келіншегі Тоқтагүл ашық мінезді «салдыр-гүлдір», өз ойын кім болса да ашық айтатын жан болатын. Ол сүрі еттен қуырдақ турап отырып, бетіме қарады:
– Әй, қайным, сен сияқты қылшылдап тұрған ақ мылтық жігітке мынаның байы сеніп, құлындап көрмеген байталдай қатынын қалай ертіп жіберіп жүр? – деп түйеден түскендей дүңк еткізгені.
– Ой, жеңгей, оныңыз не? Біз екеуіміз де сенімнен қалай аттамақпыз? – дедім.
Сапарласым қазақшаны әлі дұрыс білмейді дегенмен, өзі келген екі жылдан бері кейбір сөздерді біліп қалғандықтан, болмаса Тоқтагүлдің әңгімесінің ауанын түсініп қалды ма, әйтеуір мінсіз бетінің ұшына қызғылт рең пайда болды. Бірақ ештеңе демеді. Тоқаң болса пікірін жалғастырды.
– Кесел біздің бастық жігітте деседі ғой жұрт. Ұялмай-ақ бір қызмет қып берсең, бәлкім, бір отбасына бақыт сыйларсың…
– Қойыңыз, жеңеше, сөзді бұл кісі ұғып отыр… Мен сыртқа шығып, төңіректі шолып қайтайын, – деп сырт қана емес, жеңешемнің сөзінен қысылып, есік алдындағы жотаға шығып кеттім. Айдекең де қораға ертерек келіп, қонақтарымен әңгімелескісі келді-ау деймін, отарын ауылға қарай қаптатыпты. Тар үйде Тоқтагүл жеңешемнің әлде әзілі, әлде шыны, маған бағыттаған, «шабуылына» жонымды тосып отырғанша деп, ауылға қарай қаптай жайылып келе жатқан қой жаққа бет алдым. Жаратылысынан момын, артық сөзге жоқ, мектеп жанындағы бес-алты баласын аудан орталығындағы интернатқа өткізіп тастап, бәйбішесі екеуі бір отар қойдың қамымен жүрген жандар. Айдекең аман-саулық сұрасып, өмірлерін осы өкімет малын бағуға арнап, зейнеткерлікке шыққан соң, қолдарын жылы суға малып, орталықта отырған әке-шешемнің тіршілігіне қызығатынын, өздерінің ондай күнге қашан жетерлерін армандайтынын айтты. Сонан соң біздің – ферма басшыларының төрт-бес отар бойдақ қой баққандарды етекке қарай неге көшірмей отырғанымызға реніш білдірді. Мен бұдан былай ферма басшыларының бірі емес, басқа жұмысқа ауысып жатқанымды, жайлауда қалған отарларды соңғы рет санауға келгенімді және сәлемін ферма меңгерушісіне міндетті түрде айтатынымды білдірдім.
– Мен де қойды ауылға қарай беттете бастағанмын. Көптен сағындырып келген қонақсыңдар, оның үстіне басқа қызметке ауысқалы отыр екенсің. Екеуіңе арнап мал союым қажет, – деген Айдекең.
– Ағатай, біз үшін бір тіршіліктің жанын алмай-ақ қойыңыз. Басқа жұрттың қызы мал сойып, құрмет көрсеткенді қайдан білсін. Үйде сүрі ет бар екен, жеңешем жаңа қуырдақ турап жатқан, – дедім мен. Ол біраз ойланып тұрып: «Бізден басқа отарларға да барасың ба?» деді.
– Иә, Көктомарда, Қарасай жүрегінде, Көлденеңсуда отырған екі-үш отарға да соғып, санақ жасауым керек.
– Е, бопты, бұлар бір-біріне жақын отырған ауылдар ғой. Олардағы шаруаң біткен соң, бізге міндетті түрде соқ. Өзің сойғызбаған малды бүктеп, әке-шешеңе беріп жіберейін. Өздерінің сыбағасы ғой, – дегеніне де көндім. Оның бұл пікірінен қайтпайтынын сездім және көп жылдар әкемнің інісіндей болып, жанында жүрген, енді ол кісі жасы келген соң орталыққа көшіп, отырықшылық өмірге бет қойғандықтын, ақжүрек жігіттің жасамақ жақсылығынан бас тартуды орынсыз көрген.
Отар үйге жақын беткейге келіп, байырқалаған кезде қойшы жігіт ағасына ілесіп мен де үйге келгенде, Тоқтагүл мені ренішпен қарсы алған.
– Қайным су қуырдақты жақсы көруші еді деп, бар өнерімді салып, ас дайындасам, қайда кетіп қалдың? Әлде бағанағы әзілімді ауырсындың ба?
– Тағы не деп әзілдеп едің? – деп Айдархан зайыбының бетіне күдіктене қарады. Жерге жайылған дастарқан үстінде табақта шала желінген қуырдақ, шарабы жартылай босаған шөлмекті және қойшылардың арақ-шарапқа әмбебап қолданатын қос қырлы стақандарына қарап, сапарласымның ақсары жүзіне қызғылт арайдың жүгіру себебін білдім. Онсыз да ақжарқын мінезді келіншек үй иесін орнынан тұрып, күлімдеп қарсы алды.
Қуырдақ қайта жылытылып, дастарқан қайта жаңартылды. Айдекең де ішімдікке жоқ екен, жеңешем менің жігіт жасына келгенімді, сондықтан заманның сусынынан аздап ұрттағанның түк айыбы жоқ екенін, шарапты ішкің келмесе, ер азаматтар ұнататын «ағы» да бар екенін біраз айтқанмен, бұрын көп үйір болып көрмеген шіркінді ішуден мүлде бас тарттым. Шараптың «қызығын» екі келіншекке қалдырып, қуырдаққа тойған соң, Айдекең екеуіміз сыртқа шығып, мал қораладық. Ағамыз әкеме деген сыбаға-қойын союды керосин фонардың жарығымен жайғастыруға кірісті.
Мен өзімше жатар алдындағы серуен сияқты үйден ауашаландым. Тау ішінің аспаны да аласа, жұлдыздары да жақыннан жымыңдайды. Жерге түсетін жұлдыздардың әлсіз жарығын күшейте түсейін дегендей Көктомардың биігінен айдың шекесі көрінді. Кейбір қойлардың пысқырғаны болмаса, бүкіл жайлау үстінде ұйыған тыныштық. Үй сыртындағы сайды өрлеп келіп, қырқаға шықпай аялдап қалған сабалақ қарағайлардың сұлбасы қарауытады. Сәменнің биігіне қыс түспей қалатындай асығыс жауып, туған айдың жарығынан шарқырай көрінген қардың лебі ме, ауа салқын тартты. Екі келіншек тон жамылып, үй айналған кезде сойған қойының ұшасын жіліктеуге кіріскен үй иесіне көмектескен болып жүрмін. Бір кезде Тоқтагүлдің:
– Әй, қайным, төсектеріңді салып қойдым. Кел, дірдектемей жата қалыңдар. Айдархан екеуіміз етті тұздап, жаямыз. Ішек-қарнын тазалап, бас-сирағын үйтеміз дегендей шаруамыз көп. Қазір итқұс та шығып тұр, қой күзетеміз… Ертеңге дейін үйге кіру жоқ, – деп маған қарап, көзін қысып қойды. – Төсектеріңді қатар салдым, жылы жатасыңдар…
Төрдің алдына салынған үлкен төсектің бір шетіне сапарласым жатып та қалыпты. Екінші шетіндегі бөлек тасталған көрпенің астына мен кірдім. Шындығында көрпенің астында жылу шамалы еді. Тоқтагүл кіріп, екеуіміздің сыртымыздан үлкен тұлыпты жауып жатып:
– Әй, қайным, мына қатын жеп қояды деп төсектің шетіне шығып кеттің бе? Тұлыптың астына қарай жылжы, жылы жатасың, – деді де төңкерілген үлкен кастрюльдің үстінде тұрған керосин фонарды сыртқа ала жөнелді. – Түндерің жақсы өтсін!
– Түн тыныш болсин! – деді сапарласым.
Мен де бірдеңе дейін деп едім, суықтан ба, әлде кеудені қысқан әлдебір күйдің тасқыны ма, тұла бойым қалшылдап жатып, ештеңе дей алмадым. Күндіз сарқырама жанында періште-мүсіннен алыстау жүріп қызынсам, енді дәл жанында жатқан кезде тұла-бойыммен отқа оранып, өртендім десем болар. «Адамды жаман жолға итермелерде шайтан екі иығыңа мініп алып, азғырады екен» деп отырар еді үлкендер. Бәлкім, ол пәлекет менің де иығымда отырған болар деп, екі иығымды ұстап-ұстап қойып: «Бисмилла, рахман-рахим» деп білген дұғамды қайталаймын. Сөйтіп, өзімді сабырға шақырдым, Себебі жаңа ғана «Көрпесінің астына кіріп барып, аймалай бастасам қайтер еді?» деген сұмдық бір әзәзіл пиғыл да кимелеген. «Егер ол мені масқара ғып айқайласа, оның бетіне, күні ертең маған сеніп, келіншегін қосып жіберген меңгеруші ағаның бетіне қалай қарармын» деген бітімшіл ой да келген. Қас қылғандай ол маған қарай аунап түсіп, тастай қараңғы үйде сипалап жүріп мұрнымды тауып алып, ақырын ғана шертіп қойды да: «Туниң тыныш болсин!» деді тағы да. Қайдан тыныш болсын, азды-көпті ғұмырымдағы ең азапты күн мен түнім осы сапарда болған шығар. Құтырынған қу сезімді сол от пен суға түсірер алғашқы сезім тасқыны дейтін ауыр сыннан аман құтылып, маған сенген жандардың алдында сүрінбей өткенім үлкен қуаныш еді.
* * *
Жетпіс дейтін бір биікке шықтым деп, елге барып, «Не бітіріп, не қойдым» дегендей жерлестеріме есеп беріп жүрген бір кеште саркідір тартқан, толық денелі орыс әйелі үзіліс кезінде таза қазақша сөйлеп:
– Қайным-ау, танымай тұрсың-ау деймін, – дейді бейтаныс әйел.
– Жоқ, – деймін шынында танымағанымды мойындап. Бірақ кісіге біртүрлі жылы қарайтын мынау аспан түсті көгілдір көзді бір жерден көргендеймін. Қашан? Қайда? Есте жоқ.
– Екеуіміздің жайлауға атпен бірге барғанымыз, марқұм Айдарханның үйінде қонғанымыз… – дей бергенде, мен оны шыт жаңа болып, құшақтап, бетінен сүйдім. Баяғы мүлде ұмытылған өкінішті еске түсірген сияқты…
– Апырм-ай, жеңгей-ай, мені сол жолы қаншалықты азапқа салғаныңызды білесіз бе? – Ол рақаттанып күліп алды.
– Сенің балалық, өте ұяң мінезіңді басында қызықтағандай едім, соңынан егескен сияқты болдым-ау деймін.
– Жеңеше, мен не болғанда да өзіме сенген жанның пейілін ақтағаным үшін өзімді бақытты сезіндім.
– Ерім, жарықтық, өле-өлгенше маған сенетін еді… – деді ол қоштасып тұрып.
Анамның соңғы күні
Қарабұлақтың интернатындағы бес пен жетінші сыпыптарда оқитын қырыққа жуық ұл мен қыздың жақсы оқитыны да, нашар оқитыны да, тәртіптілері де, ептеген бұзақылары да бір оқу жылының ішінде-ақ маған етжақын жандар сияқты болып кеткен. Білімім асып-тасып бара жатпаса да, орта мектепті тауысқан деген атым бар, балалардың сабақтарын қаратып, білмегендерін үйреткен боламын. Солармен бірге отырып, үш уақыт тамақтанамын. Ұлдар аулада доп ойнаса, бұзаулармен бірге жайылған тайынша сияқты өңкиіп, солардың жанында жүремін. Жатар бөлмем де бір шаңырақ астында. Менің тәрбиеші деген атым болса да, оларға «өйтпеңдер де бүйтпеңдер» деп зекіп, орынсыз ескерту жасап жатпаймын. Бір-бір үйдің еркесі болған кейбір тентек балаларды тәртіпке шақырып, жөнін көрсетудегі өзімнің жиі қолданатын, басқа ешкім пайдаланбайтын ерекше «педагогикалық» тәсілім бар. Әрі кабинет, әрі жатар орным сияқты бөлмеме ондай ұлды «жүре ғой менің бөлмеме» деп ертіп әкелемін де, күліп отырып, жасаған тәртіпсіздігі үшін жазалаймын. Дауыс көтеріп, ұрыспай-ақ «сенің мынандай қылығың үшін» деп, ішінен бір-екі рет түйіп-түйіп жіберіп: «Енді қайталасаң, бұдан да зорғысын көресің» деп, басынан сипап, шығарып саламын. Бір ғажабы, кісілік қалыпқа да, педагогикалық ережелерге де еш жатпайтын менің осынау тәсілім өз нәтижесін беріп те жатады. Жай уақытта барлығын да еркелетіп, «әкем-көкем» деп жүретін менің бұл қылығыма ренжіп, біреулерге шағымдануды да білмейді. Тіпті, өте жақсы оқитын белсенді ұл-қыздарды бастық етіп сайлап қойып, тәртіп, тазалық, уақытымен ұйықтап, уақытымен тұруды, былайша айтқанда, күн тәртібін қатаң бақылауды соларға жүктеп тастағанмын.
Менің тәрбиенің қандай түрін беріп жүргенімді қайдан білсін, мектеп директоры Бисаров ағамыз интернаттағы тәрбие, басқа да шаруалардың ойдағыдай екенін ұстаздар жиынында айтып, ризалығын білдіріп қояды. «Интернат айнасы» деген қабырға газетінің бірер санын шығарып, оған өзімнің арзанқол «Смена» фотоаппаратыммен түсірген суреттерді молдап жапсырғанмын. Директор соны көріп те ризалық білдіріп, ондай газетті мектепте де шығаруға жәрдемдесу қажеттігін ескерткен.
Оқу жылы аяқталысымен тағы да Алматыға барып, бағымды сынау ойда бар. Қолым қалт еткенде емтихан тапсыратын пәндерді пысықтап, жаттап алғандай болғанмын. Оқулықтардан тыс, осыларды сұрап қалады-ау деген оймен әдебиет пен тарих пәндеріне байланысты біраз деректерді оқыған боламын. Оларды қалайда дұрыс тапсырарыма сенімдімін, мен үшін алынуы қиын асудай екі пән-қамал бар. Ол – орыс тілі мен неміс тілі. Біріншісінен – диктант, екіншісінен – әңгімелесу. Екеуінен қанағаттанарлық баға алсаң жеткілікті. Несін жасырайын, орыс ұлтынан ауылымызда өзі қазақ болып кеткен Дашенка дейтін кейуанадан басқа жан баласын көрмегенмін. Орта мектепте жартылай орысша, жартылай қазақша оқытқан орыс тілінің иін қандыра алмай жүргенде, неміс тілі дегенге қайдан тісіміз батсын. ҚазМУ-ге алғаш барғанымда мектептес, әрі қалада өсіп, бұл тілдерді біршама ырқына көндіріп қалған марқұм Бекен Жапаров дейтін дос сүйрегендей ғып көмектескен еді. Ендігі сапарда бір Алладан басқа сенерім жоқ. Бәрібір тәуекел демекпін. Бекен болса, өткен жылы барып, сырттай оқуға түскен.
Оқу жылы аяқталуға тақап, интернаттағы ұл-қыздар үйлеріне қайтуға даяр отырған кез болатын. Мен де интернатқа берілген азық-түлік, басқа да керекті заттардың есеп-қисабын даярлап, кеңшардың бухгалтериясына есеп беруге даярланып жүргенмін. Балалардың әке-шешелерін екі-үш ай көрмеген соң, әбден сағынатындарын түсінемін. Содан да каникул бола салысымен кеңшар басшыларынан көлік сұрап, малшы ауылдарындағы үйлеріне тез жетулеріне барынша қамқорлық жасайтынмын. Себебі десем де болар, өзім де әке-шешемді бір апта көрмесем, сағынып қалар едім. Тәтемнің (біздің елде шешемізді осылай атайды) баяғы бала кездегідей маған арнап тығып қоятын тәтті-дәмділерін де, жежемнің (әкемді бүкіл ауыл осылай атайтын): «Ой, айналайын, келіп қалдың ба? Жақсы болды, ертең екеуіміз отындық тал қиып әкелейік» деп қауқылдап, қуанғанын да сағынатынымды несін жасырайын.
Интернаттағы соңғы сенбілердің бірі болса да, ұл-қыздарды белсенді көмекшілеріме тапсырып, жолға шықтым. Мен жұмыс істейтін Қарабұлақ пен әке-шешем тұрып жатқан Жарсу ауылдарының арасы төте жолмен алты жарым-ақ шақырым. Қысы-жазы төте жолмен көлік жүре бермейді, ал айналма жолмен жүретіндерді тосу үшін пәлен сағат уақытың кетеді. Сондықтан, көктем-күзде лайлы жолды аңдап басып, қыста қасат қарды омбылап жаяу тарта береміз. Бұл жолы да шаршап-шалдығып ауылға да жеткенмін. Қай уақыттағыдай әкем қаз-тауықтарына жем шашып, ал тәтем есіктің алдын сыпырып, тыста жүр екен. Өздерінше пысықсып бірдеңе істеген сыңаймен менің келер уақытымды білгендіктен, үйден шығып, жол тосып жүрген түрлері. Үйреншікті алқауларын айтып, екеуі де үйге менімен бірге кірді. Дүниенің бір шетін тіреп тұрғандай болып, «айналайындарынан» жалыққан сыңай білдіріп мен отырмын. Әкем кеңшар орталығында қандай жаңалықтардың барын сұрап білмек болып еді, тәтем шаршап-шалдығып келген менің аз да болса жантайып жатып, тынығып алуымның қажеттігін айтып, қарсы шыққан болатын. Сөйтті де ол сүзбе қатқан салқын бидай көженің бір шарасын әкеліп беріп:
– Мә, құлыным, шөлдеген шығарсың, өзің жақсы көретін бидай көжені ішіп алып, тамақ піскенше аздап ұйықтап ал, – деп дәл бұрынғы кездегі кішкентай ұлын еркелеткендей шашымнан сипады.
Бидай көжені ішіп алып, төсекке жантая кеттім. Ол жаныма жақындап отырып, бетіме мейірлене қарап, тағы да алақанымен басымнан сипай бастады. Мен де сәби кезімнен ержеткенше анамның алақанының жылуын, сол жылуы арқылы аналық пейіл-ықыласының әлемдегі ең бір рақатты сәтін сезінгендей күйде жаттым. Жай жатқан жоқпын, маужырап, ештеңе ойланбастан ұйықтап кетіппін.
Бірер сағаттан кейін оянғанда үйде жалғыз жатыр екенмін. Аз ғана ұйықтасам да демалып, тынығып қалыппын. Есік алдына шықсам өмірі тыныш тауып, бір жерде байырқалап отырмайтын әкем мал қамайтын ашық қораның күн жылыған соң жібіген сағдар аралас қоқысын айырмен жинап жүр екен. Тәтем мен жеңгем де есік алдында үй шаруасына кірісіпті. Әзікен жеңгем мені бір апта емес, бір жыл көрмегендей жүгіріп келіп, бетімнен сүйіп жатыр. Тәтем болса, есік алдындағы қазандыққа от жағып отыр. Кешкі ауылдың бейбіт тіршілігі. Өрістен қайтқан сиырлардың тұяқтары сыртылдап, өз үйлеріне қарай кетіп бара жатқаны, қой-ешкілердің маңырағаны, қолдарына шыбық ұстаған балалардың малдарын айдап бара жатқаны… – бәрі де мен үшін керемет сурет болып кеудеме жазылып жатқандай. Мен келгелі көкем – ағатайым көзге көрінбеген соң «Ол қайда?» деп сұрайын деп едім, тәтем ойымды оқығандай:
– Ағаң қалаға кетіп еді, кешкі автобуспен ол да келіп қалар, – деді.
Айтқанындай, көкем де келіп, әкеміздің зейнетке шыққалы бері көбейтпек болған, бірақ әр жылдың соңында өткен жылғы санынан артпайтын жиырма шақты қой-ешкісін қоралап, екі-үш сиырды жеңгем сауып болған соң, төрт көзіміз түгел кешкі асқа отырдық. «Ұлым сүрленген етті ұнатады» деп, арнайы кептіріп тығып қоятын сүрінің иісі танауды қытықтады. Нендей тағамды ұнатып, қайсысын жаратпайтынымды бес саусағындай біліп, зерделеп отыратын адам – тек қана анаң екеніне кім дау айтар. Біз етті турап отырғанда, тәтем кішкене ыдысқа салған өз сыбағасын ұсақтап турап, талмап отырды. Тұңғыш баласына босанғаннан кейін-ақ, отыз екі тістен түгел айырылып қалғанын білетінмін. Мен білгеннен бері бауырсақ, шелпегіне дейін турап, шайына салып жібітіп жейтін, ал ет, қуырдақ сияқты қаттылау тағамдарды бүгінгідей өзіне жеке ұнтақтап турап алып, талмап отырар еді. «Шіркін-ай, сол заманда, шешемнің жас кезінде дәрігерлер болғанда ғой, өмір бойы бұлайша азап көрмес еді» деп қиялдаймын. Қиялдадың не, қиялдамадың не, «Өмірлік адал серігім бар, біреуден ілгері, біреуден кейін жаралған ұл-қызым бар, Аллаға шүкір!» деп жүргені болмаса, бүкіл ғұмырын жоқшылықпен, азапты тіршілікпен өткізгенін, алпыс жастан енді асқан шағында бір ғасыр өмір сүргендей белі бүгіліп, беті-жүзін терең әжім сызықтары оңды-солды торлағанын ойлап, бір түрлі мұңға баттым. Бірақ та өзінің өміріне әбден ризалықпен қарайтын сияқты. Көкем мен жеңгемнің тұңғышы Нәзигүл мен одан кейін туған Әмірбекті өз әке-шешесіне қимай, емшек сүтін бермесе де, еміреніп өсірген қос немересін дүниеге өзі әкелгендей және соған өзі де сенетіндей. Екеуі апалап екі жағынан келіп, мойнына асылғанда ана жүрегінің қалай елжірейтінін көруге болар еді. Үшінші немересі – бір жастан жаңа асқан Айгүл ғана Қыдырбек мен Әзікеннің перзенті екенін олар ұялғандарынан мойындаған сияқты.
Екі немересінің бірін көтеріп, бірін жетелеп, оларды екі жағына жатқызып, ұйықтатуға кетіп бара жатқанда соңынан ұзақ қарап қалыппын. Бәлкім, қос немересі өмірге келгенше тек өзіме ғана бағытталған ана мейірімін, махаббатын мынау құйттай ұл мен қыз менен тартып алғандай көрдім бе, әлде… әлде осы бір суреттің мәңгілікке қайталанбайтынын қу жүрек сездірді ме… әйтеуір сол сәтте өзгеше бір күйде отырған едім.
Иә, бұл біздің әулеттің төрт көзіміз түгел отырған соңғы кеші екен.
Ертеңіне түске дейін әкейдің оны-мұны шаруасына қолғабыс жасаған болып, Қарабұлағыма ертерек жүретін болдым. «Интернаттың мен орындап кетуге тиісті шаруалары жетіп артылады, ертерек жүрейін» деймін. Әкем болса «Азамат ұлдың өзі біледі» деп еркімді өзіме біржола берген. Шешем болса, мен бұрын-соңды байқамаған ерекше бір көзқараспен: «Құлыным, бүгін жұмысыңа бармай-ақ қойшы. Қалайда сені жібергім келмей тұр», – деді. Кейіндері ойласам, үнінде өтінуден гөрі жалыну басымдау болған сияқты. Ананың ұрпағына деген асып-төгіліп тұрған ықылас-пейілін түсіне қоймаппын. Бар есіл-дертім – оқушыларымның алды малды ауылдарға тарап жатқанда: «Сау болыңдар, мен оқуға түсіп кетсем, жақсы оқып, тәртіпті болыңдар» деген «ұстаздық» тілегімді айтып қалуды және маған сенген мектеп басшыларының көңілдеріне ақау түсірмеуді ғана ойлаппын. Қайта, «Ой, тәте, өкіметтің жұмысына атүсті қарауға болмайды ғой» деп ақылгөйсігенімді қайтейін.
– Балам, интернатыңды тапсырсаң, тездетіп үйге қайт. Алматыңа аттанғанша осында жатып, дем ал, – деп әкем, «Құлыным, тілімді алмадың. Қайда жүрсең де аман бол», – деп анам, «Жарайды, жолың болсын», – деп аға, жеңгем, «Аға, сау болыңыз», – деп Нәзигүл мен Әмірбек дәл бір қажылыққа бара жатқандай жаяу жолаушыны шығарып салды.
Жарсудың жалғыз көшесінің басына барып, соңыма қарап едім, басқалары үйге кіріп кетсе керек, жалғыз тәтем ақ жаулығы желбіреп, мен кеткен жаққа қолымен күн сап, қарап тұр екен…
Лайланып қалған жолмен етігімді бұлғап, интернатқа келіп, кіре беріп едім, бір бала жүгіріп келіп:
– Ағай, сізді деректір шақырып жатыр, – деп жүгіре жөнелді. Интернат үйі мен мектептің арасы алыс емес еді, жеделдете басып жетсем, директор есік алдында тұр екен. Қасында бір-екі мұғалім бар. Папиросын бұрқыратып тұрған оның өңінен әлденеге қолайсызданғандай реңді байқадым.
– Бауырым, шешең ауырып қалыпты. Мына мектептің машинасымен бара қойшы, – дегені.
– Қалай, мен бағана ғана кеткенде сау еді ғой… – деп әлдебір жаманшылықты сезгендей көзімнен жас шығып кетті.
Әбден ескірген жүк машинасы салдыр-гүлдір етіп, Қарабұлақтан шыға бергенде, әлі ықылық атып отырған маған қараған шофер:
– Айналайын, сабырлы бол, бәріміздің әке-шешеміз мәңгілік мекендеріне аттанған…
Бар дауысыммен бақырып жіберіппін. Бұл бір болуы мүмкін емес, әсіресе менің анаммен мұндай қасірет-қайғының болуы мүмкін еместей көрінді. Сенбейін десем мектеп директоры, басқа мұғалімдердің өңдері неліктен келіспей тұрды, неліктен мына машина жүргізуші маған қазаны естіртіп, көңіл айтып отыр? Жо-жоқ – мұның бәрі тегін емес.
Тамағым қарлыққанша өкіре дауыстап, машинадан түскен кезде есік алдына киіз үй тігіліп, қараң-құраң адамдар жиналып қалыпты. Алдымен көкем жылап кеп, құшағына алды, әпкем, жеңгем де мені құшақтап, жылап жүр. Бәрі де мені уатқан болады. Мен олардың құшақтарынан жұлқына босап шығып, үйге қарай жүгірдім. Бірімен-бірі жалғасып жатқан айналдырған екі-үш бөлменің ең төргі бөлмесінің ортасына арыстай ғып шешемді жатқызып, бетін ақ матамен жауып қойыпты. Шатқаяқтап кеп, оны құшақтай келіп құладым. Малдас құрып отырған шалдардың ортасында жылап отырған әкемді көрдім. Әлдекім «Баланың басын көтеріңдер, мәйітті құшақтатпай» деп еді, молда болса керек, біреуі: «Тиіспеңдер, қайта шешесінің бетін ашып, көрсетіңдер, мауқын бассын. Көңілі суиды» деді.
Анамның әжім торлаған жүзін ашқан кезде, оның әлпеті аппақ болып, күлімсіреп жатқандай көрінді. «Тәте, тәтетай, анашым-ау, мені қайда тастап кеттің?!» деп бетінен сүйіп едім, тұла-бойым дір ете қалды. Беті сұп-суық екен. Бұл маған «Мен енді сендерге жоқпын» дегендей сезілді. Әлдекімдер сүйрегендей ғып орнымнан тұрғызғанда, қарсы алдымда еңкілдей жылап жежем тұр еді. Өзінің бурыл сақалынан көз жасы тамшылап тұрып, «Жылама, ұлым! Шешең енді бізге жоқ» деп кеудесіне қысты. Ғұмыр бойы тіршіліктен қолы босамайтын – жаяулап жүріп қой баққанда да, зейнетке шыққан соң да шалғы орақпен шөп шабуды, балтамен тал, шеңгел қиып, отын даярлауды үйренгенде де, сөйтіп жүріп, тыпырлаған тынымсыз тіршілігінің белгісі сияқты қышқылтым тер исі үзілмейтін әке қолтығына басымды тығып, еңірейін бір. Иә, мен үшін дүниеде түнімен қой күзетіп, таң атқанда келіп, әбден тоңазып қалған денесімен мені құшағына алған кездегі анамның аузынан шыққан ыстық демі мен әкемнің осы бір қып-қышқыл исінен артық қымбат дүние жоқ болатын. «Енді сол екі қымбатымның бірі ғана қалды-ау!» деген ой бүкіл жан-дүниемді өрт болып шарпып жатты.
– Сабыр ет, балам. Шешең марқұм ешкімге азабын тарттырмай, өзі де қиналмай кете барыпты, – деді көршіміз Әскербектің әкесі Мүқатай аға. – Естуімше, өзі сен кеткен соң-ақ жуынып-шайынып, шашын тарап, жаңа көйлегін киіпті. Сосын немерелерін шақыртып, бір-бір мекіреніпті де, жарықтық отырған жерінде қисая салыпты.
– Апыр-ай, нағыз қасиетті қаза ғой. Жаратушыдан бәріміз де тілейтін нағыз ақ өлім, – деді бір қария. Алайда, мен үшін «ақ өлім» деген сөз жұбата алмап еді.
Әлдекім мені әке құшағынан да айырып, тысқа ала жөнелді. Енді ес жиып, сабырға келемін бе деген ниетім болғанын қайтейін, «кәтелеп» келіп, екеуі – нағыз қос жетім Нәзигүл мен Әмірбек келіп, аяғыма оралғанда, ет жүректі адам болған соң, аспан төңкеріліп төбеге құлағандай болды…
Топырақ беті – суық. Пенде шіркін бәріне де көнеді. Тіпті анадан мәңгілікке айырылғанын мойындаған перзент те көнеді екен. Екі-үш күннен кейін тірі адамның тіршілігі болғандықтан, сүйретіліп интернатыма келдім. Бұрын у-шу болып жататын аула да құлаққа ұрған танадай тып-тыныш. Жүрексіне басып, ішке кірсем, балалар жататын бөлмелерде қаңқайып-қаңқайып темір кереуеттер сап түзеп тұр. Көрпе, жастық, матрастарға дейін жиып-теріп, менің келгенімді күтпей-ақ кеңшар қоймасына өткізіп жіберіпті. Алдыңғы күні сабақ аяқталған соң, тәрбиешіміздің шешесі өліп еді деп, мені тосып отырсын ба, балалардың бәрі тарап кетіпті.
Иен қалған интернат үйі менің көңілімнің дәл көрінісіндей еді. Өз бөлмемнің заттары ғана орнында қалыпты. Ешкімді көргім де, ешқайда барғым да келмеді, төсегіме құлап, тағы да иен қалған көңілімді жаспен жуып жаттым.
– Ағай, – деген дауыстан оянсам, бесінші сыныпта оқитын екі белсендім – Кәбира мен Зиза төбемнен төне қарап, жылап тұр. – Ағай, қайғыңызға ортақпыз.
Мен бұл әлемде жалғыз қалғанымды білдім. Анамның тәні жерге тапсырылса, рухын жүрегіме біржола қонақтаттым.
Көкемнің көріпкелдігі
Екінші рет Алматыға бағымды сынап аттанғалы жатқанда кеңшар басшылары көкемді Семей қаласына етке мал айдаушылардың бригадирі ғып аттандыруға шешім қабылдапты. Ол кезде Семейдегі атақты алып ет комбинаты Қазақстандағы жақын облыстардың ірілі-ұсақты мыңдаған малдарын айтпағанда, соноу Моңғолиядан отар-отар қара бас қазақи жүндес қойларды да Катон-Қарағай, Үлкен Нарын арқылы осы комбинатқа айдайтын. Малды Қалба жайлауының оты мол, суы мол жықпыл-жықпылына екі айдай бағып, семірткен соң, мыңғырған мал тасқынына көп араластырмай айдаған қой-ешкі, жылқы, сиырларын арықтатып, шаңды жолға қамамай, кезек ұстап, ебін тауып, комбинатқа өткізу үшін апарған сый-сияпат, конверттерін комбинаттың басшыларына ұсына білетін кеңшар басшыларының өздері дер кезінде келе қоятын көрінеді. Ал бригадирдің міндеті – Қалба жайлауынан жайлы қонысты иеленіп, мал айдаушылардың керек-жарақтарын тасып, шаруаны ұйымдастыра білуі қажет екен. Екі жылдан бері қыркүйектің басынан бастап, бебеулете жөнелетін үйреншікті ауруы қайталанбаған соң, кеңшардың жеңіл-желпі басшылық жұмыстарында таңылған, әрі өткен жылы осы шаруаны ойдағыдай орындаған сенімді адам ретінде ағайымды таңдаса керек. Көкемнің өзі де бұл шаруаға қуана келіскен сияқты. Ол өткен жылғы сапарынан кейін: «Жаз бойы әләулайлап, күліп-ойнап Семейге жеткенге дейінгі өмір рақат-ақ. Ал кезекке тұрып, малыңды өткізу үшін біреулермен ұрсысып-таласу бір азап. Одан кейін күндіз-түні қырғынға ұшырап жатқан жазықсыз хайуандарға адал ажалдың кезікпегені жаныңды қинайды. Мыңдаған тонна еттің контейнерлерге ет күйінде, колбаса, консерві түрінде, қазақы қойдың құйрық майлары тұздалып, бөшке-бөшке болып, Мәскеу, Ленинград сияқты ірі қалаларға эшалон-эшалон болып жіберілетіні ойландырады. Қайсыбір эшалон, не бірер вагон өнімнің Қазақстанның қай қаласына барады дегенді естімеппін» деп отырар еді.
Ағатайым маусым айының басында-ақ киім-кешегін жинап, жолға әзірленді. Мен де бірер аптадан кейін Алматыға аттансам, үйде жежем мен жеңгем және екі-үш ұсақ бала ғана қалады. Шешейдің қабір топырағы да кеуіп үлгірген жоқ. Аз уақыттың ішінде-ақ бір отбасының түрлі-түрлі себептермен осынша берекесі бек кетер деп кім ойлаған. Қанша жылап-сықтасақ та, шешейге Құдайдың ажалы келгені мойындатар табиғи ақиқат. Көкем болса бүкіл жастық шағын аурумен алысумен өткізіп, енді-енді ел кәдесіне жарар шақта мұндай мүмкіндіктен қалай бас тартсын. Әрі кетсе Жарсу, Қарабұлақ, Зайсан қаласынан асып, ешқайда барып көрмеген адамның ел көріп, ұзақ сапарға шығу-шықпасын отбасында талқыға салған ешкім болған жоқ. Тек әкей ғана:
– Айналайын, жол сергітеді, ойланбай-ақ барып қайт. Тек суықтап қалып жүрме. Өзіңді күткейсің. Қалтылдап қатарға енді қосылғанда, қатердің көп боларын естен шығармағайсың, – деген.
Ертеңіне-ақ атына мінген ол ет комбинатына айдалатын совхоздың ірілі-ұсақты малдарын санап алып, жолға салуға аттанып кеткен. «Сөйттім де бүйттім» деп әкесіне есеп бергендей болып, екі-үш күн үйге келіп қонып жүрді де, керек-жарағын қоржынына салып әкейдің батасын алды. Одан кейін жаутаңдаған, балаларының бетінен сүйді де, келіншегіне жеңіл-желпі шаруаларды тапсырды. Ең соңында мені құшағына алып:
– Кәдірім, сенің де жолың болсын! Мақсатыңа жетіп, қуанып орал, – деп атына мінді.
Кейіндері сапарлас болған малшылар айтады.
– Осы сенің ағаң тегін адам емес, ауданымыздың, басқа да аудандардың отар-отар қойлары, табын-табын сиырлары, қосын-қосын жылқылары Қалбаның қолат-қойнауларына жеткенше жолдың, жол ғана емес, оның айналасын да таптап, шаңын шығарады. Сонда дейміз де, ол Қалбаға жұрттан бұрын жетіп, жайласуға тырысатын. Бір-екі ай аялдап, малымызды қоңдандырар оты-суы мол жайлаудағы өзімізге берілуге тиісті жұртымызға жеткенше, малымыздың күйісі кетіп ыңқырағанмен, олардың тез қоңдануы үшін барын салатын. Біздің бар міндетіміз – малымыздың қоңын келістіріп өткізу. Бір қызығы, ет комбинаты қой болсын, ірі-қара болсын, неше бас мал өткізгеніңді санамайды екен. Неше тонна ет қабылдағандарын ғана қағазға түсіреді. Сондықтан өткізген малымыздың неғұрлым қоңды, салмағы ауырлау болғаны тиімді.
Қалбадағы жайылымға жеткен соң, оларды оттан, судан тарықтырмай, дұрыс жайылуына бәріміз де мүдделіміз. Өйткені, алар еңбекақымыз да, кеңшар есебіне түсірген табысымызға тәуелді. Содан да бригадиріміздің де артымыздан машиналарымен келіп, жай-күйімізді бақылап жүретін зоотехник сияқты басшыларымыздың да жар құлақтары жастыққа тимейді.
Тамыз айының ортасынан ауа берген кезде малымызды Семейге екі-үш күннен соң қыдырта жайып айдайтын болдық. Біздің мал өткізетін белгіленген күніміз оншақты тәуліктен кейін келеді екен. Сол күндердің бірінде бригадиріміз, сенің ағаң Қыдыкең ертеңгілік орнынан көңілді оянсын. Біздің керек-жарақ, азық-түлігімізді әкеліп, көші-қон жайын айтуға келген зоотехниктің машинасын сұрап алып, он-он бес шақырымдай артта қалған Көкпекті ауылына тартсын. «Сол жақта шаруам бар» деген соң, «Қандай шаруа?» деп біз сұрамадық.
Арада екі сағаттай уақыт өткен соң дүкендегі жеуге, ішуге болатын біраз затты қоржынына толтырып, келіп тұр.
– Бұның не? – дейміз.
– Бүгін жасайтын қуаныш дастарқанына қажетті дүниелер ғой, – дейді. – Ауылға барған соң үлкен той жасаймын.
– Оу, сенің туған күнің мамыр айында сияқты еді ғой, – дейді ежелдің ен күнінен бірге өскен ауылдас досы.
– Иә, менің туған күнім өтіп кеткен. Оның үстіне туған күн дегенді тойлағанды қойып, атап та көрген емеспін. Азабы көп тіршілігімнің қай күнін қуаныш қылғандаймын… – Ол жаңағы қуанышты жүзіне аз да болса мұң торлатып алғанын сезгендей езу тартып, қайта жымиған. – Жігіттер, онан да бір семіз қойды сойып, етті молдап аса беріңдер. Мен таяу маңдағы малшыларды қуанышыма шақырып келейін… Ал мұның қандай қуаныш екенін бәрі жиналғанда бір-ақ айтармын.
Әрине, бұдан кейін түсініксіз қуанышының мәнін сұраудың жөні жоқ еді. Біздің білеріміз – бүгін тау арасында отырып, думандататынымыз анық еді. Жаздың жылдай ұзақ күні зарықтырып барып, көкжиекке еңкейген кезде жақын маңдағы отарлар мен табындардың қасында бір-бір малшы қалып, қалғанымыз жиналып, көк шөптің үстіне үлкен шеңбер жасап отырған кезде шөлмектердің тығындары ашылып, жігіттер «Көңілашар» атап кеткен ащысу кеселерге құйылған.
«Осы сенің ағаң тегін адам емес» дедім ғой жаңа. Шындығында ол бізге қуанышының себебін айтқан кезде, оның сөзіне сенер-сенбесімізді білмедік, – дейді көкеммен Семей сапарында бірге болған ауылдасы: «Менің бүгін дала дастарқанын жайып, құрмет көрсетуімнің мәні – соңымнан ерген жалғыз інімнің қуанышын өздеріңмен бөлісу еді», – деген кезде бәріміз де: «Ие, ол қандай қуаныш?» деппіз. «Ол КазГУ-дің журфагіне оқуға кеше қабылданды» дейді.
Шынын айтқанда, көкеңнің өзі жиі айтатын «бір таудың қуысында, бір Алланың уысында» жатқан біз сияқты жанға ондай хабарды кім жеткізе алар? Алматыдан бір күннің ішінде құс болып ұшып жетпесе, ешкім де келе алмайды. Жеделхат келді дейтін пошта немесе телефон байланысы дегендердің болуы мүмкін емес. Көкең бізді таңырқатқан үстіне таңырқатып: «Түсімде көрдім. Қате болуы мүмкін емес. Бір нәрсені көбірек ойлап, қиналғандай болсам, оның жауабын көрген түсімнен білемін. Осыдан екі жыл бұрын осы оқуына іліне алмай қалғанын да түсім арқылы білгенмін» дейді. Оның түсі өмірдегі шындыққа сәйкес келе ме, жоқ па – оған басымызды ауыртқан жоқпыз. Түннің бір уақытына дейін: «Соңыңнан ерген жалғыз ініңнің студент болғаны құтты болсын!» деген тілек айттық. Кейін, малымызды өткізіп, елге келгенде, сенің шынымен оқуға түскеніңді естіп, таңғалдық қой…
Көкемнің сапарласы осы әңгімені айтқан соң, ағатайымның өзінен мән-жайды сұраймын ғой. Көкем былай деді:
– Е, далада дастарқан жайып, жігіттерді бір демалдырғаным рас. Түс көргенім де рас. Сол түсімде бейтаныс бір қарияның: «Сүйінші! Інің оқуға түсті» дегені де рас. Әрине, мен көріпкел емеспін. Алайда, екі жыл бұрын сол қарияның түсімде: «Ренжіме бауырым, ініңнің жолы болмады» деген сөзі дәл келген соң, осы жолғы қуанышты хабарына да жан-тәніммен сенгім келді. Бұл жолы да түсімдегі жақсы хабар шындыққа айналды. Көріпкелдің рөлін өте сенімді ғып ойнаған болуым керек, сапарлас жігіттердің көпшілігі-ақ мені айтқаны айнымай келетін бақсыдан кем көрмейді.
Жатса-тұрса әр қадамың үшін тілекші, жанашыр болатын Ағаң болғаны қандай бақыт.
Мен қалай студент атандым
Орта мектепті тәмамдап, кәмелеттік аттестаттарын қолға алған барша шәкірт атаулы бері қойғанда облыс орталықтарындағы, әрісі Алматыдағы әртүрлі оқу орындарын бетке алады. Әр он баланың бір-екеуі оқуға түссе, қалғаны еліне қайтады. Мен де екі жыл бұрын елге қайтсам да, тағы да тәуекел демекпін.
Менің жайым да белгілі: тәп-тәуір оқыған атым бола тұра, құрбы-құрдастардың бәрі түрлі мамандық аламыз деп жан-жаққа аттанып жатқанда, қалай қарап жүрермін? Ұзаса орта білімді есепші, бригадир, тәрбиеші сияқты бір істің тұтқасына жармасармын. «Журналист боламын» деп жалпақ әлемге жар салып алып, онда бармай қалсам ұяттың көкесі сол емес пе. Қазір ойлап отырсам, балалық па, шалалық па, журналистикада оқысам, нағыз ақын болуды меңгеретін шығармын деп ойлайтынмын.
«Шешінген судан тайынбайды» дегендей, тәрбиешілік жұмыстан іріккен жиырма бес сомға әкейдің бір семіз қойын сойып, саудалап, одан түскен қырық бес сомды қосып, мен де Алла деп автобусқа мінгенмін. Бір тәуір жері – КазГУ-дің заң факультетін бетке алған Сейсекенов Төлеген дейтін азамат екеуіміз автобусқа бірге міндік. Менен екі жыл бұрын оқыған Мұраттың сыныптасы орта мектепті қала мектебінде бітіргендіктен, орысшаға «жүйрік» болар, емтиханды бірге тапсырмасақ та, осы пәннен қажетті ақыл-кеңес берер деп үміттенемін ғой баяғы. Бірақ ол пәтерде тұрды-ау деймін, мен жатақханада, көп кездесе алмайтын болдық. Кездескенде өзі емтиханына даярланып, әуре болып жүргенде қалай мазаларсың…
Бірінші рет келгендей емес, пойыздан түсе салып, жүгімізді вокзалдағы сақтау камерасына қойып, бірден университетке тарттық. Құжаттарды өткізген соң, әзірге Чайковский көшесіндегі жатақхананың оншақты кісілік бөлмесінен орын берілді. Қуанышта шек жоқ, оқуға түскендей болып, бірден тұтқасы сынып, жіппен шандылған қоңыр чемоданымды алып, жатақханама орналасып алдым. «Мен осындай жердемін, ертең сағат онда университет алдында жолығайық» деп Төлегеннің жүгінің үстіне хат қалдырдым. Бөлмеде журналистикаға тапсыратын балалардан Жамбыл облысынан келген Канал Бабақов, семейлік Манар Құрманбеков, нүкістік Тәкен Садуақасов, павлодарлық Қажымұрат Смағұлов дейтін балалармен таныстым. Бәрінің де үміттері зор. Аттестаттарындағы бағалары мығым, оның үстіне бәрінің де, ол кездегі мизам бойынша оқуға қабылдану үшін қойылар басты шарт – екі жылдық еңбек өтілдері бар. Әрине, бір кемеге мінген жолаушылар сияқты емен-жарқын танысып-біліскенімізбен, күні ертең емтихандардан аман-сау өтсек, конкурста бір-бірімізбен бақталас болармыз деген әңгіме ойымыздың бір түкпірінде жатқан шындық болатын.
Бір-бір көнетоз темір кереуетті иемденген соң, түн баласы жалғыз үстел мен төрт орындық бәрімізге жетпейтін болғандықтан, сабақ оқитын орнымыз да осы меншікті кереуетіміз болатын. Түннің бір уағына дейін екінші болатын қазақ тілі мен әдебиетіне даярланамыз. Бірінші болатын жазбаша шығарма тақырыптары көбіне қазақ әдебиетінен келетіні заңды. Ертеңіне таң бозынан тұрып, бірер стақан қара шай, қара нанмен тамақтанып алып, «Коммунистік» даңғылының бойындағы жатақханамыздың жанындағы Амангелді Имановтың ескерткішінің айналасындағы шағын скверге барып орналасамыз. Оқығандарды қайталап оқи беру. Тіпті қай ақын, қай жазушы не жазып не қойды, біразын жаттап алғандаймын. Өзімше, тағы да «келсең кел» дегендей даяр едім.
Көптен күткен үміті мен күдігі басым бірінші тамыз күні де келіп жетті. Ақ көйлек, қара шалбарымды әдемілеп үтіктеп, қағаз-қалам, құжаттарымды алып, аудиторияға кірдім.
Талапкерлердің көптігі сонша, журналистика мамандығы филология факультетінің бір бөлімшесі саналатындықтан, екеуі қосылғанда емтихан тапсырушылар ат шаптырым акт залына әрең сыйды. Ең қуанарлығы – білетін тақырыптар келген соң алды-артыма қарайтын жағдай жоқ, тәуекелмен кірісіп кеттім. Қыңыр-қисық әріптерімді барынша әдемілеп, шығарманы берілген уақытынан көп бұрын тап-тұйнақтай ғып тәмамдап, емтихан алушыларға апарып бердім. Қалайда тәуір бағалардың бірін, құрығанда «жақсы» деп бағаланарына сенімдімін. Екі тәуліктен соң қабырғаға «қара тізім» ілінді. Талапкерлердің жартысынан астамын «жонып» тастапты. Кей қыздар сыңсып жылап жіберсе, ұлдардың қайсыбірі сазырайып, қайсыбірі ызғарлы суық жымиған болып, кетіп жатты. Тәубе дегізіп, бір бөлмеде жатқандардың негізіміз аман екенбіз. Кереуетіміз қатар қойылғандықтан ба, басқаларға қарағанда жиі тілдесіп, бірге тамақтанып жүрген семейлік, тіпті Абайдың ауылынан келген Манар арқамнан дүңк еткізіп бір ұрып:
– Қария, құттықтаймын! Алғашқы «қасқыр қақпаннан» аман шығыппыз, – деді. Денесі де, тұлғасы да шағын болғанмен, мық шегедей шымыр, әбжіл қимылдайтын жігіт болатын. Шын қуанып, екеуіміз құшақтаса кеттік.
Менің қуанышым екінші – тіл мен әдебиеттен ауызша емтихан кезінде су сепкендей басылды. Өзіме өзім нық сенген қалыппен емтихан алып отырған еркек дауысты, бұйры шаш әйел мен көзілдірікті жас жігіттің алдына келіп, өте бір кішіпейілділікпен сәлемдесіп, үстел үстінде төңкерулі жатқан билеттердің бірін көтердім. Әдебиеттен екі сұрақ, тілден бір сұрақ пен талдайтын бір құрмалас сөйлем. Түрегеп тұрып, шолып едім. Бәрі де ойланбай, даярланбай-ақ айта берер жеңіл сұрақтар. Тек сөйлем талдауды ғана аз ғана даярлықпен айту қажет сияқты.
Орныма отырып, аз-кем отырып, сөйлемді «жіліктеп» талдап алдым да, емтихан алушылардың алды босай салысымен, біреу қуып келе жатқандай асығып орнымнан тұрдым.
– Жауап беруіме бола ма? – дедім.
«Дайындалмай жауап берсем, білгірлігімді бағалайтын шығар» деген бақай есебім де жоқ емес.
– Немене, дайындалып болып қойдың ба? – деді жас жігіт.
– Әрине, дайындалмай-ақ білемін ғой, – дедім. Тағы да «Па, шіркін, мына талапкер шынында мықты екен» деп ойласын деген қиял ғой мені желпілдетіп тұрған.
– Ауыздығымен алысып тұр екен. Келсін, – деді еркек дауысты әйел. Осы сөзден кейін қағаздарымды көтеріп алдарына келіп отырдым. – Ал, сөйле.
Сөйлей жөнелдім. Ауызша сұрақтарға өзімше қапысыз жауап беріп жатырмын. Емтихан алушылар уақытты үнемдегілері келді ме, әдебиеттің екінші сауалы «Сұлтанмахмұттың «Кедей» поэмасының көркемдік қуаты туралы бір рақаттанып айта бастап едім, әйел кісі: «Біледі екенсің. Тілдің сұрағына көш» деп тоқтатты.
– Апай, поэманың көркемдік ерекшелігіне кішкене тоқталайыншы, – деймін қиылып. Мұның енді «өте жақсы» деген баға алу жолындағы таза жағымпаздық екенін өзім де ішей мойындап отырмын. Жігіт бетіме қарап жымиды. Апай да жымиды, алайда: «Келесі сұрақ!» деді бұйрық раймен. «Жазған құлда жазық жоқ», әрі қарай тілдің ережелерін мысалдарымен шегендеп тастадым да, сөйлем талдауға көштім. Апайым ара-арасында жеңілдеу ілеспе сауалдар қойып, берген жауаптарымның дұрыстығын басын изеп, білдіріп отырды.
– Баланың даярлығы жақсы екен. «Өте жақсы» дейміз бе? – деді жігіт.
Әлдебір тізімге үңіліп отырған апайым мен күтпеген сұмдық әңгіме бастасын.
– Бұл бала шығармадан «орташа» деген баға алыпты. Ондай бағадан кейін «өте жақсы» деген баға қоя алмаймыз ғой. «Жақсы» десек те тақиясына тар келмейді, – деп емтихан қағазына қаламын төндіре бастады. Маған ондай батылдықтың қайдан келгенін өзім де білмеймін, орнымнан ұшып тұрып, оның қолына жармастым.
– Апатай-ай, тағы сұрақ қойыңызшы, Екі жыл бұрын 14 балмен де түсе алмай кеткенмін. Ауылда екі жылдай қой бағып келгенмін, облыстық, аудандық газзеттерге шыққан, мінеки мақалаларым, өлеңдерім де бар, – деп, бірді айтып, бірге көшіп дегендей, сасқалақтап, папкаға жинап жүрген газет қиындыларын да алдарына қойдым. – Жалынамын, тағы сұраңыздаршы. Білмей қалсам, өз обалым өзіме. Барамын да кеңшардың бір отар қойын бағамын. Қайтып Алматыға аяқ баспаспын.
Көзімнен жас шығып, қолы-басым дірілдеп кетсе керек. Бұл менің әбден ашынған соң, жан дүниемде төңкеріс жасаған ащы шындығым еді.
Апай тілден, жігіт әдебиеттен бір-екі жеңіл-желпі сұрақ қойды. Менің мүдірмей жауап беруіме өздері де тілекші болғандай.
«Өте жақсымды» өңгеріп шықсам да, екі көзім қызарып, мұңайып шықтым. Тізіліп тұрған балалардың біреуі мені «құлап» шықты деп ойласа керек: «Немене, сұрақтары қиын болды ма?!» деді.
– Жоқ. Оңай болды, – дейміп.
– Онда неге жыладың? – дейді Манар аң-таң болып.
– Шығармадан «үш» алып қалыппын. Одан ешқашан үш дегенді алып көрмегенмін. Ал мынадан «бес» алдым.
– Ой, жынды! «Бес» алғанға жылаған сені көрдім, – деп жауырын ортамнан бір түйіп қалды. – Саспа, тарихтан да бүгінгі бағаңды қайталасаң, міндетті түрде қабылданасың.
Оның осы сөзінен кейін оқуға түскендей болып, сол күні алғаш рет езу тарттым-ау деймін.
Жасырып-жабары жоқ, сол бір кезеңдерде бірлі-жарым «бармақ басты, көз қыстылар» бәлкім болған да шығар, алайда бертінде емтихандарды жаңаша үлгіде қабылдағанға дейін «адам жетектеген адамдар» саңылау тауып, кезексіз алдыңды орап кетер «дерт» соншалықты қабындай қоймаған. Тіл мен әдебиеттен емтихан алып, маған таза кісілік тұрғыдан қолұшын созған кісінің белгілі ғалым, қоғам қайраткері Мырзатай Жолдасбеков екенін студент болған кезде ғана бір-ақ білдім. Алайда, «Сіздің сол жақсылығыңыздың арқасында оқуға түсіп едім» деп айтқан емеспін…
Конкурс кезінде есепке алынатын негізгі үшінші емтихан бұрынғыдай тарих пәні болатын. Ол емтиханнан да ойдағыдай өтіп, жоғарғы бағаға тапсырып, көңілді бір демдеп қойдық.
Бұрын үш емтиханнан жинаған бақандай 14 бала кәдеге аспай қалғанда одан бір цифры кем қазіргі еңбегім көңілді қалдырса, торыққанның көкесі сонда болар-ау деген үрей әбден иектеп алды. Ендігі алда тұрған қауіпті қос асу – ең қорқынышты сын. Олар – орыс тілінен диктант пен неміс тілінен әңгімелесу. Екеуінен «арық-тұрақ» үш дейтін баға алсаң жеткілікті. Бұл бағалар тек конкурсқа жіберу немесе жібермеу үшін ғана қажет, есепке алынбайды.
Орталау мектепте орысы жоқ, орысша сөйлейтін кісінің өзін сирек көріп өскен соң, қаладағы орта мектепте де орыс тілі пәнін жартылай қазақ тілінде оқитындықтан, сауаттылығымның өте төмен екенін жақсы білемін. Орысшам осындай болғанда, немісшемді жоқтың қасы десе болар.
Бір Аллаға сыйынып, орыс тілінен диктант жазуға келуін келдім. Жұрттың соңынан кірсем жаным қалардай болып тұрғанымда университеттегі ең үлкен аудиторияға талапкерлер лықа толып, бар болғаны алты бала сыймай қалдық. Құжаттарымызды қабылдап алған күннен бастап, осы оқу орнындағы жалғыз жанашыр танысым – факультет деканының алдында отыратын хатшы келіншек. Тұрымтай апай келіп, бізді басқа аудиторияға апарып, емтихан алушының қазір келетінін айтты. «Суға кеткен («кеткелі тұрған» десе де болар) тал қармайды» деп, ол кісіге:
– Апай, диктант алушыға айтыңызшы, көмектессін, – деймін ғой.
– Болмайды ғой, – деп жымиды. – Және ол кісіні танысам, айтар едім.
Бұл апайымды «жалғыз жанашыр танысым» деп меншіктеп жүруімнің де мәнісі бар. Үйреншікті журналистика биыл филологиядан бөлініп, өз алдына факультет атанған екен. Құжаттарымды арқалап, деканатқа кіргенімде, екі жыл бұрын да құжатымызды қабылдаған қара көз келіншек отыр екен. Есімін де білмейтінмін. Екі жыл бойы мені «Келе ме, келмей ме?» деп ойлап жүрген адам сияқты, бетіме күле қарап:
– А, Кәдірбек, келіп қалдың ба? – дегені. – Алдыңғы жылы емтихандарды сонша жақсы тапсырып, оқуға қабылданбай кетіп едің. Қорықпа, биыл жақсы тапсырсаң оқуға түсесің.
Кейін білдім, бұл апайымыз белгілі журналистің зайыбы, ең бастысы, абитуриент, студенттердің аты-жөндерін жатқа білетін ерекше қасиеті бар екен. Оның жадының өзгеше мықты екенін факультет түлектерінің бәрі де аңыз ғып айтып жүретінін кейіндері білдік.
Алты абитуриент шағындау бір аудиторияға кіріп, жайғасқанымызша Тұрымтай апайымыз шашы көгілдір күмістей жарқыраған әлде қыз, әлде өте жас келіншекті ертіп келді. Есімін айтып еді, естен танардай болып отырғанда есте сақтаудың қажеті шамалы еді.
Күміс шаштым біздің танау бұрын-соңды сезініп көрмеген әтірдің ғажайып исін қалағанымша иіскеп отырып, оның айтқандарын қағазға түсіріп отырмын.
Бір кезде әдемі иіс жанымнан бұрқырады. Қарасам, менің жазғаныма көзінің қиығын салып тұр екен. Бірдеңе деп орысшалады. Шамасы, менің аз да болса орысша білетініме күмән келтірсе керек. «Егер өзгеге зияны тимесе, өзіңе пайдасы боларына нақты көзің жетіп тұрса, аздап өтірік айтуға да болады» дейтін өз ұстанымым бар еді. Соны іске қосып кеп жібердім.
– Апай, я из Қытая. Руский не знает. Я хороши журналист, пәмәги бажалыста! – деп едім, ол сөзіме сонша сенсе керек, өз қаламыммен қателерімді үстінен жөндей бастады. Басқа балалар да: «Апай-апай, нам тоже помогите!» деп шулап қоя берді. Маған ғана жәрдемдесіп, қалған бесеуіне көңіл бөлмесе, ол – әділдік болмасын түсінсе керек, «Я – это одна буква…» дегендей ежіктеп оқи бастады. Соның өзінде диктантым аса қажетті «қанағаттанарлық» деп бағаланыпты. Әрине, есепке алынбайтын «жақсысы» мен «өте жақсысы» маған текке қажет емес еді.
Енді аса қауіпті соңғы асудың емтиханына да араға үш күн салып кірдім ғой. Аудиторияда даярланып, төрт-бес талапкер, емтихан алушы екі оқытушының алдында екеуі отыр. Ептеп құлағымды түрсем, емтихан тапсырып отырған көтерем арық қыз соноу Германиядан келгендей мұғаліммен емін-еркін әңгімелесіп отыр. Аузым ашылып қалыпты. Өзім қыл көпірдің алдында тұрып, басқаға таңырқап қайтейін, орныма жайғасып, алдын-ала дайындаған (дайындатқан деген жөн болар) туған жер туралы мәтінімді жаттай түсуге кірістім. Менің жауапқа шақырылар мерзімім жетсе керек, қабағынан қар жауғандай егде жастағы бір адам менің жауап беруім қажеттігін айтып, «ажал үстеліне» шақырып еді. Тағы бір ерлік көрсетіп, «сичәс, сичәс» деп, орнымнан қозғалмадым. Бұл жерде де өз есебім бар. «Шымшық сойса да қасапшы сойсын» дегендей, менен әрі кетсе екі-үш жас қана үлкендігі бар-ау деп мөлшерлеп отырған қара көз қазақ келіншектің қолынан көрейін не көрсем де деген ой ғой менікі. Орнымнан қозғалмаған соң «жаналғышым» алдында жатқан сигарет қорабынан бір талын суырды да, тысқа беттеді. «Құланның қасуына мылтықтың басуы» дәл келе кеткен соң мен жан дәрмен:
– Апай, сіздің алдыңызға барғым келеді, – деп ашық түрде мәлімдедім. Сол кезде ол да алдында отырған арық қыздың тиісті бағасын қойып жатқан. Шылым шеккіш келіп қалар деген үреймен мен де орнымнан тұрғанмын.
– Отырыңыз, – деді келіншек.
Отыра қалып, алдын ала жаттап алған туған жер туралы неміс тіліндегі бес-алты сөйлемді зуылдата жөнелгенмін. Әрине, онда Зайсан ауданында туғандығым айтылған кезде, апайым сәл күлімсіреп: «Зайсаннан келдің бе?» деп сұрады. Сол кезде шылым шегуге кеткен кісі де кіріп келе жатқан. Апайым:
– Жарайды, айтпай-ақ қой. Мына қағаздағы жазылған сауалдардың жауабын асықпай оқы, – деп ақырын айтты да, сұрақ-жауап жазылған қағазды алдыма қарай ысырды. Сонан соң қаттырақ дыбыстап: «Гуд, гуд» деді. Қағазға жазылған бірінші сұрақты өзі оқып, сұқ саусағымен оның даяр тұрған жауабын нұсқады. Мен тілім күрмеліп, екі-үш сөзді әрең оқыдым. Ол тағы да: «гуд, гуд» деді. Мен: «Апай, қинамай үшіңізді қойыңызшы» дедім.
Бір шешеміздің соғысқа кеткен екі ұлы майданда қаза тауып, күйеуі өз ажалынан өлген соң, «Құдай бере салып, жолдан тапқан» кенже ұлының қолына қарап қалған кезде: «Өзімнің пысықтығымның арқасында осы ұлымды тауып алмасам, мүлде қараң қалады екенмін ғой» деген екен. Сол кісі айтқандай, өтірік пен шындықты, оған қоса тәуекелмен тас жұтуды араластыра жүріп, асулардан аман-сау өтуім өз пысықтығымның арқасында болғанын жиі есіме аламын.
* * *
Студент атанып, жатақханаға орналасқан соң, неміс тілінен жанымды қинамай, «үш» қойып беріп, оқуға түсуіме себепші болған қара көз апайым шынында Зайсанның тумасы, неміс, ағылшын тілдерінің маманы Роза Қайырбаева еді. Ол жұбайы Серікқали екеуі жас отбасы ретінде біз тұрған жатақхананың бір бөлмесінде тұрады екен. Араласып кеттік. Ол:
– Талай дарынды талапкерлердің жолын немісше дұрыс сөйлей алмағандары үшін сол шварцмандар (бізден емтихан қабылдаған Шварцман деген университеттегі шетел тілдері кафедрасының меңгерушісі болатын) бөгеді ғой. Мен сенің зайсандық болғаның үшін емес, емтихандарды ойдағыдай тапсырғаның және оқуға түсу үшін жасаған тәуекелің үшін көмектестім, – дейтін. Мен де ептеп:
– Апай, оқуға тұяқ іліктірген өзіңіз. Енді маған немісше үйретем деп азапқа түссеңіз, маған ренжімеңіз, – деп жаяу әзілімді айтар едім.
* * *
Сөйтіп, аңсап келіп, оқуға қабылданудың азабын көріп дегендей, бес жылдық студенттік өмірді артта қалдырып, дипломды қалтаға басып алып, Ақселеу Сейдімбек, Болат-Канал Бабақов, Жұмағали Жұмәділов, Қожабек Жақсыбай және мен – бес жыл бойы бір бөлмеде жатып шыққан бес жігіт дипломымызды «жуу» үшін Алматының ең мықты дейтін «Қазақстан» мейрамханасына келіп, тартынбай шайқап отырғанбыз. Бір жыл Кеңес армиясының қатарында болып келсе де, бұрынғы бөлмелес достарының ортасына қайта оралған, әзірге 4-курсты ғана тәмамдап отырған Ақселеуге «диплом жуу» деген сылтауымыз болатын.
Бір кезде көрші үстелде сап-сарыала киімді полковниктің жанында баяғы орыс тілінен диктант жазуға көмектескен күміс шашты періште отыр. Оны сол емтиханнан кейін қайтып көрмеппін. Шамасы ҚазГУ-де жұмыс істемейтін болса керек. Аздап толысқаны болмаса, сол мінсіз сұлу қалпы. Ішке түсіп, алпыс екі тамырды қыздырған ашулы ішімдіктің әсері болса керек, әлде қыз, әлде келіншектің кезіндегі жақсылығы үшін ілтипат жасағым келіп, даяшыны шақырып алдым да, бір қорап әдемі конфет, бір шөлмек шампан шарабын сәлемдеме ғып беріп жібердім. Даяшы полковникке сәлемдемені жолдап отырған мен екенімді айтса керек, жез мұртты әңгіменің бетін ашып алу үшін ата қазға ұқсап, қоқилана басып жаныма келді. Мен өте кішіпейілдлікпен: «Жүріңіз, құрбыңыздың қасына барған соң, бұл сыйлықтың сырын айтайын» деп орнымнан тұрдым.
– Өй, мынау не бүлдіргелі жүр? – дейді достарым. Полковник те жүзінен жылылық лебін сездірмеген қалпы үстеліне қарай бет алды. Күміс шашты да бір сұмдық болмасын дегендей бетімізге үдірейе қарайды.
– Извините, я не знаю как вас величать, – деп әңгіме бастадым. «Бес жыл бұрын университетте аудиторияға сыймай қалған алты талапкерге диктант жаздырғаныңыз есіңізде ме?» деп едім, ол да бетіне қан жүгіріп: «Иә, иә» деді. «Біріншіден, сасқан соң Қытайдан келдім деп сізді алдағаным үшін кешірім сұрай келдім. Екіншіден, сол диктанттан сіз көмектеспегенде бүгін достарыммен мына дипломды жуып отырмас едім» деп ағымнан жарылып едім, жез мұртты полковнигім орнынан атып тұрып: «Я тоже поздравляю!» деп, құшақтап, иығымнан қысып қойды. Күміс шашты періште де орнынан тұрып, қолымды алды. Біз көп ойланбай, екі үстелді қосып, ортақ дастарқан жасадық.
– Бәсе, орысшаға тым «жүйрік» едің, оқуға қалай ілінгеніңді енді білдік, – деп, Ақселеу әзіл айтты.
Не болғанда да бес жыл бойы ұмытылмай жүрген өтірігімнен ақталсам және жасаған кішкентай, алайда мен үшін өмірлік мәні бар үлкен жақсылығы үшін алғысымды білдіріп, жеңілдеп қалған едім.
Қатерлерді көріппін қилы-қилы
Жұрт сияқты оқиғалы түс көріп, оны отбасына айтып, жортып отыратын қабілетім жоқ. Мен де түс шіркінді көруіндей көремін-ау, алайда, біріншіден өзара қабыспайтын, шым-шытырық оқиғаларды көрсем, екіншіден оянғанша оқиғаның негізі ұмытылып отырады. «Ақ қанатты Алматым» деген кітабымда нешінші бабам екені белгісіз бір қарияның елесі (оны Жебеушім деп атағанмын) түсіме еніп, ең бір маңызды қадамның қажетті, қажетсіздігін ескертіп жүретінін жазғанмын. Ол жаратылыстың қандай құпиясы екеніне жіп таға алмаймын және оның өз миымның, әлде сыртқы бір сананың әсерінен болатынын да білмеймін. Бәлкім, көкемнің иен таудың қуысында жатып, менің оқуға түскенімді сезініп, қуануы да сондай белгісіз құпиялы күштің әсері болар.
1963 жылдың шілдесі шіліңгір ыстығымен есте қалды. Бірінші курсты тәмамдар алдындағы емтихандарды неғұрлым ойдағыдай тапсыру үшін жан алып, жан беріп жатқан шақ. Үйінен мардымды көмек алмайтын біз сияқты кедей-кепшіктің балалары мемлекеттік шәкіртақысыз оқуды жалғастырамын деу мүмкін емес. Университеттің, әлде министрлік жасаған ереже бойынша сынақшадан (зачет) сүрінсең немесе емтиханнан «үш» деген сүйкімсіз баға алсаң, қайыршыға берген садақа сияқты 22 сомнан қағыласың. Одан айырылсаң, оқумен қоштаса бер. Шәкіртақы аз болса да, ол – тіршілігіңнің қайнар көзі.
Екі-үш пәннің емтихандарын ойдағыдай тапсырып, келесі дүйсенбіде тапсыратын ең қиын КПСС тарихына даярланып жатқанбыз. Партия тарихынан ұлығаусарын білесің-ау, алайда сөздерін бері қойғанда, екі-үш айда бір өтіп тұратын пленумдарын, онда қандай маңызды мәселелер қаралып, қай айдың қай күндері өткеніне дейін жатқа білуің керек. Сондықтан да күндіз күлкі, түнде ұйқыны ұмытып жатқанбыз. Аса маңызды сөздерді жаттап, пленум, конференциялар туралы қайта-қайта оқып, есте сақтауға тырысып жүрген кез.
Ұмытпасам, сенбі күні түннің бір уақытына дейін жатақхананың оқу залында емтиханға даярланып отырғанмын. Қалай қалғып кеткенімді білмеймін, бір уақытта кейіндері өзім Жебеушім деп атап кеткен қалың қара сақалды, орта бойлы кісі келіп, бүйірімнен түртіп оятады. Жүзінен көңіл күйдің – не қуанғанның, не ренжігеннің белгісі байқалмайды. Бұған дейін де оқуға түсерімді хабарлап, қуандырған қарияның дәл өзі. «Балам, – деді ол, – шаршадың ғой, барып дем ал». – Сонан соң сәл кідірді де, «Емтихандарыңды тапсырып болғанша ешқайда шықпайтын бол».
«Алғаш түсіме кіргенде «Оқуыңа түсесің» деп қуандырып еді, бұл жолы мені ояту үшін келді ме?» деп ойлаймын, ұйқымды қия алмай жатып. «Әлде ешқайда шықпауымды айту үшін келді ме? Ол кісі ескертпей-ақ қайда шығушы едім».
Ол басқа ештеңе айтпаған қалпы еденді сықырсыз басып, есіктен шыға берді. «Ата, тоқтай тұрыңызшы», деп үстелдегі кітабыма маңдайымды сүйеп жатқан мен орнымнан ұшып тұрдым.
– Өй, айтып тұрған атаң не? Байғұс-ау, қалайда «үш» алып қалмайын деп жүріп, сені оқу көтеріп кетті ме деп қорқа бастадым. – Мені түннің бір уағына дейін бөлмеге келмеген соң, қамқорлық жасап іздеп келген Ақселеу екен. Әрине, мен оған қас пен көздің арасында түсімде көрген елес туралы айтқан жоқпын, үндемедім. Айтсам, бірі атып, бірі қаға жөнелуге даяр тұрар бөлмелес достарым мені қай қиырға апарарын Құдай білер.
Үн-түнсіз бөлмеге келіп, киімімді шешуге де шамам келмей, кереуетіме қисая кеттім. Аз да болса ертеңге дейін көз шырымын алған соң, тағы сабаққа даярланбақпын.
– Әй, бауырым, ояна ғой! – Көзімді ашып алсам, бастауыш сыныптарда сабақ берген, әрі шалғайлау жамағайындығы бар, маңдайы кере қарыс, бұйра шаш, көз аясы кең Рияхан Әшімханов ағайым отыр.
– Мына достарың сенің түнімен сабақ қараймын деп, әбден шаршаған соң келіп жатқаныңа екі-үш-ақ сағат болғанын айтып, оятпауымды өтініп еді. Әдейі іздеп келген соң оятуыма тура келді. Кешір, бауырым! Бүрсігүні, дүйсенбіде емтихандарың екен, оны да естідім. Мен студент кезімде емтиханға бір күн қалғанда кітап бетін ашпай, таза ауада демалып, миды тынықтырып қайтатынмын. Ертең жұрттың біразы қала сыртына шығып демалады. Анау Есік көлінің жағасына барып, біз де демалып қайтайық. Жұмақтай жер ғой, шіркін. Студент кезімізде барып тұрушы едік, – деген оның жанға жағарлық ұсынысына елтіп қалғаным рас. «Осыған дейін бас алмай оқығаным да жетіп қалар. Барсам, барып қайтқаным да теріс болмас» деген ой дендей бастаған кезде, түнде түсіме кірген Жебеушімнің: «Ешқайда шықпайтын бол» деген сөзі өтініш емес, бұйрық райда айтқан сияқты еді. «Не болғанда да сол кісінің тапсырмасын орындайын» деп ойладым да, ұстазыма:
– Ағай, ол жаққа жексенбі күні жарты Алматы көшіп барады дейтін. Шұбырындыға ілеспей, мен дүйсенбіде емтиханымды ертерек тапсыруға тырысайын. Сонан соң барғанымыз жөн шығар, – деген ұсыныс айтып едім, ағайым да келісе кетті.
– Бәлкім, біз де барып қалармыз, – деді Канал.
– Дүйсенбіде көл жағасының нәпақасын көре жатармын, – деп ағайым апарған кафеден бір тойып қайттым.
Жексенбіде тағы да бас алмай кітап ақтарып отырғанда, оқу залына Канал келіп кірді. Өңі қашып, әлденеге қатты алаңдаулы сияқты. Онда отырған бес-алты балаға естіртпейін дегендей жаныма келіп, сыбырлай тіл қатты:
– Сені де, бізді де Құдай сақтапты. Жаңа радиодан хабарлады, Есік көлінде үлкен тасқыннан апат болып, біраз адам шығыны болған сияқты.
Әрі қарай сабақ қарауды қоя тұрып, көшеге шығып, тасқынның қалай болғаны туралы жұрттың әңгімесіне құлақ түрдік. Соңғы бірер апта бойы болған шіліңгір ыстық Алатаудың Жарсай атты мұздығынан мөлшерден артық еріген су оның етегіндегі көлдің ернеуін бұзып жіберіпті. Алапат тасқын қалалықтардың мақтанышына айналып, ең көрікті демалыс орны атанған Есік көліне келіп ақтарылып, оны бұзып өткен соң, етектегі ауылдарға лап қойыпты.
Дәл сол күні Есікке барып, аз уақыт демалған, тасқыннан ғайыптан аман қалған Ғалымжан дейтін студенттен мән-жайды сұрадық.
– Ойда жоқта мұндай заманақырдай сұмдық қас-қағымда басталар деген ешкімнің ойында жоқ болатын. Көлдің кәусардай мөлдір суына бірер сүңгіп шығып, жағадағы құмда қыздырынып жатқанбыз. Бір кезде гүрілдегендей бір дыбыс құлаққа жеткен соң, демалушыларды бақылап жүрген тікұшақ болар деген оймен аспанға қараймын. Бұлтсыз аспан мөлдіреп тұр, ешнәрсе көрінбейді. Сөйткенше болған жоқ, жаңағы гүріл жүздеген танк қатар келе жатқандай құлақ жарар үнге ұласа бере көлдің төр жағындағы тау жаққа көзім түсіп еді… Сұмдық-ай, таудың бір жотасы көл үстімен зулап, бізге қарай домалап келе жатты. Келе жатқан жоқ, көлдің суын жал-жал ғып итере аунатып, жақындай түскендей көрінді. Қыздырынып жатқандардың біразы қолына ілінген киімдерін ала салып, жотаға қарай ұмтылды. Мен де ес жинап, жағада жатқан көйлек-шалбарымды алғанша, су көл бетімен аунап келе жатқан қара қошқыл тау тас лақтырым жерге жетіп қалыпты. Аяқ киімімді алуға да шамам келмей, жалаңаяқ жотаға қарай ұмтылдым. Гүрілдеп-сарылдаған үрейлі үнге адамдардың шыңғырған дауыстары қосылғанда нағыз аспан асты қорқынышты үнге толды. Жүгіріп бара жатып, көл бетіне сәл мойын бұрып едім, көлде жүзіп жүрген адамдардың ербеңдеген қолдары аунап келе жатқан қарақошқыл таудың астына жұтылып қала берді. Биікке шыққан соң соңыма қарасам, лайлы тасқын Есіктің ернеуінен асып, төмен қарай жөңкіп барады екен. Шай қайнатым уақыт өтпей-ақ тірі қалған әйелдер мен балалардың үрейлене жылаған дауыстарынан басқа өлі тыныштық орнай қалыпты. Көл табанында тамырымен жұлынған үлкен ағаштар, аунап келген қойтастар, сонан соң қарасұр тасқынның орнында мүлдем жуасыған лай су ағып жатыр. Көл ернеуін жырып тастап, жазыққа ұмтылған алапат тасқынның бұзақы үні төменгі жақтан талып естіледі… Жігіттер, мен тірі қалғаныма енді-енді сене бастағандаймын. – Ол өз сөзі көмейіне кептеліп қалғандай, өңі бозарып, отырып қалды. Біреуден жәрдем сұрағандай жаутаңдап біраз отырды да: «Көп адам… балалар да… көп кетті» деп, еңкілдеп жылап жіберді.
Кеңестік кезеңнің саясаты бойынша, ешкімнің кінәсі болмаса да, табиғи апаттың шығындарын мейлінше азайтып көрсетуге тырысатын. Сол күні кешкілік ресми ақпарат беттері бүлк етпей, 3 адамның қаза болғанын хабарлады. Қисынсыз өтіріктерінен өздері де ұялды ма, әйтеуір, 2–3 күннен кейін ол цифрларын 32-ге дейін көтеруге мәжбүр болды.
Мен осынау хабарды естіп-біліп отырып, шығынның бұл цифрлардан әлдеқайда көп екенін білдім. Егер… егер мен де Рияхан ағайыма еріп, сол күні көлге кетіп қалғанымда, бәлкім сол құрбандықтардың бірі болып кете берер ме едім. Ең алдымен, менің ешқайда бармауымды қатаң түрде ескертіп кеткен, алайда ондай елестің болатынына өзім де сенер-сенбесімді білмей жүргенде оның соңғы сөзі таразы басын сол елес қамқоршының пайдасына қарай аудара бастағандай.
Рияхан ағайым ойда жоқта емтиханды сылтау ғып, сол күні сапарға шықпай қалғанымызды «сенің арқаң» деп келіп, ризашылығын білдіріп кеткен. Қалай болғанда да Жебеушім бе, әлде емтихан себепші болды ма, бір қатерден аман қалғаным ақиқат еді.
Ойлап отырсам, тіршілігімде талай қауіп-қатерді бастан өткізіппін. Бәрінде де Жебеуші бабам құтқарып қалды деуден аулақпын, алайда кездейсоқтық па, әлде маған жанашыр бір құдіретті күш бар ма, оны айта алмаймын.
* * *
Шамасы 3-сыныпта оқитын кезім. Қысқы он күндік демалысқа келіп, Қызылқырқа қыстауында жүргенмін. Көкем аудан орталығындағы ауруханада жатқан. Ұмытпасам, қыстауда әкейдің көмекші қойшысы Жатқанбай ата, кемпірі екеуі ғана қоржын үйдің екінші бөлмесінде тұрады.
Ертеңгілік әкей менен «Дүкені бар Мәдени дейтін қыстауға барып, азын-аулақ азық-түлік сатып әкеле аласың ба?» деп сұрады. Қаршадайымыздан ат құлағында ойнап өскен маған он шақты шақырым жердегі Мәдениге серуендеп барып – қайту тамаша мүмкіндік еді. Құлшына келістім.
Ұзақ жылдар әкемнің айнымас серігі болған, көкемді де, мені де далаға тастап көрмеген Ақжалды ерттеп берген соң, кідірмей жолға шыққанмын. Қойшының аты болса да жолға шықса, алды аяңдап, арты желіп, пысық жүрісті атым қаншалықты ұзақтыққа шаба алатынын мен білмеймін, бірақ көлікті артық қинамас үшін бірер шақырымға аз ғана көсілтіп алып, тізгін тежеу – ежелгі әдетім. Осылайша анда-санда бір жүгіртіп алып, желе аяңдап келе жатқанымда атым тізгінді шірей тартып, құйын-перен шаба жөнелсін. Ондай өнері жоқ хайуанды біреу қуып келе жатқандай бұл қай өнері деп тізгін тартсам, бағынар түрі жоқ. Жан-жағыма алақтап қарасам, бір қырында жатқан қыраттан бермен қарай мойнын жерге салып бір бура ұшып келеді. Қыраттың үстінде жайылып жатқан түйелер көрінеді. «Большевик» колхозының түйелері осы маңда жатады екен. Байқамаса, кісіге шабатын бурасы бар. Жараған бураның нағыз құтыратын кезі ғой» деген біреулердің әңгімесін естігенім бар. Ақжалым өте ақылды жануар екен. Өзіне, иесі – маған төнген қатерді сезіп, шаба жөнеліпті. Мәдени қыстауы бір белегірдің арғы жағында ғана болатын. Ұшыртып отырып, қақпасы ашық тұрған қой қораға атыммен бірге мен де кірдім. Бар пәрменімен көсіле шапқан бура да жетті. Аппақ көбіктен көрінбейтін басы-мойнымен ішке кіргенмен, баладай қос өркеші қақпаның маңдайшасына тіреліп қалды. Жануар атым да шошынса керек, тұла-бойын тер жуыпты. Мен де қатты қорыққаннан дірілдеп-қалшылдап кеткенімді білемін. Дауыстап жыладым ба білмеймін, есімде жоқ.
Атым екеуімізді қой қораға қамап алып, әкесін мен өлтіргендей мойнын созған күй орнынан тапжылмаған бураны үлкен кісілер келіп, сойылдап, бір жаққа айдап жіберді-ау деймін. Түс ауа мені қыраттан басқа жолмен шығарып салды. Бұл да аса қауіпті қатердің бірі еді…
Кәдірбек Сегізбайұлы
Жалғасын «Таңшолпан» журналынан оқи аласыздар.