ЖАУЫНГЕР ЖАУһАЗЫНДАР

Қазақ тарихында намысын жатқа қолдан бермеу үшін атқа қонған арулар аз болмаған. Өткен күндерден көңілде қанша сыз қалғанымен, олардың ерлік істерінен қалған із бар. Ана – тіршіліктің бастауы, өміріміздің гүлі. Барлық адам Ананың алдында ғана тізе бүккен. Иә, сыйынатын болса өмірде құдірет, сыйынар ек Ана деген Тәңірге. Олар тіршілікке өмір нәрін сеуіп қана қоймай, жаугершілік заманда қолына қару алып, ерлермен қатар аянбай шайқасқан әрі ірі жеңістерге жеткен. Сондықтан біз Аналарды қашан да құрмет тұтамыз. Сыйынамыз. Төменде жаужүрек жауқазындар жөнінде тоқталмақпыз.

АЙБИКЕ АРУ

Ол – Абылай ханның жау тылындағы барлаушыларының басшысы. Оның қол астында бірнеше тыңшы болған. Айбике ұзақ жыл бойы «қолға түскен күң» бейнесіне еніп, қалмақ қонтайшының ордасында күтуші болады. Жаудың күші мен шапқыншылық ниеті туралы Абылай ханға, Қаракерей Қабанбай мен Қанжығалы Бөгенбай, Шақшақұлы Жәнібек пен Қыпшақ Тілеулі батырға астыртын құпия хабарлар мен мәліметтер жеткізіп отырады. Айбике қалмақ тілін өте жетік білген. Оның үстіне Тарбағатай мен Алтайдың таулы өңірлерінде, Зайсан мен Марқалы маңында кез келген уақытта атпен адаспай жол тауып жүре берген. Айбике жоңғар мемлекеті құлағаннан кейін өз еліне аман-есен оралады. Оның жер шолғыш қасиеті болған деседі.

ГАУҺАР БАТЫР

Қаракерей Қабанбайдың жары. Бәсентиін Малайсары батырдың туған қарындасы. Қабанбай батырдың қауіп-қатерге толы сансыз жорықтарында Гауһар ана ерекше табандылықпен қанды шайқастарға қатысқан. Тұңғыш қызы Назым да ерлік істерімен тарихта қалған.
1724 жылы қазақтардың сол кездегі астанасы Түркістан қаласына жоңғарлардың қалың қолы тұтқиылдан шабуылдапты. Осы шайқаста кіші жүздің ханы Әбілқайыр отыз мың әскер, орта жүзден Сәмеке жиырма мың әскер дайындап, Қабанбайдың бас сардарлығымен жоңғарға қарсы шабуылға шықпақ болып жатқанда Гауһар жоңғарлардың қоршауын ерлікпен бұзып шығып, Қабанбайға жаудың жағдайы жөнінде мәлімет береді. 1725 жылғы әйгілі «Бұланты» жеңісі осының нәтижесі еді. Кейін Гауһар Қабанбай батырға өмірлік жолдас болып, уақыт өте «Гауһар батыр» атанады. Гауһар батырдың азан шақырып қойған аты Майсара болса керек.

НАЗЫМ (ХVІІІ Ғ.)

Назым – Қаракерей Қабанбай мен оның жары Гауһардан туған. Әкесімен бірге жоңғар шапқыншылығына қарсы соғысқан.
1745 жылы жоңғар қонтайшысы Қалден Серен өліп, жоңғардың ішінде таққа талас басталады. Осы сәтті ұтымды пайдаланған Абылай хан Түркістан мен Сыр бойындағы қалаларды азат етуді мақсат етеді. Жоңғар тарапынан Қалден Сереннің ортаншы ұлы, тақ мұрагері Цевен Доржы шығады да, ол өзінің қалың қолымен Абылай әскерлерінен бұрын келіп, бекініп алады. Абылай Жаңақорғанды алуды Қабанбайға бұйырады. Зеңбіректен жауған оқтан көптеген сарбаздар қырылып, Абылайдың қолы еріксіз кері шегінеді. Не істерін білмей тұрғанда Назым қазақ жасақтарының оң жақ тұсынан Цевен Доржы тұрған төбеге қарай «Қабанбай! Қабанбай!» деп ұран тастап, суырылып шығады. Қыздың қолында не найза, не сойыл жоқ, бар болғаны қамшы ғана. Мұны көрген қалың қол шыдай алмай «Абылай! Ақ жол!» деп айқайлап, зеңбірекшілерді таптап өтеді. Жоңғар жеңілген соң Абылай қыздың осыншама ерлігіне риза болып, оған беліндегі сом алтыннан соғылған белбеуін сыйға тартыпты. Абылайдың жоңғарларды толық талқандауына жол салған сол жеңісі Назымның атымен байланысты аталады.

БОПАЙ ҚАСЫМҚЫЗЫ

Қазақтың 1838-1847 жылдардағы ұлт-азаттық қозғалысының ұйымдасты­рушысы Кенесары Қасымұлының қарындасы. Ол өзінің күйеуі Сәмеке мен оның туыстары сұлтан Сартеке және Досым Әбілқайыровты көтеріліске қатысуға шақырады. Олар келісім бермеген. Бопай 1837 жылы күйеуін және оның туыстарын тастап, алты баласын алып, көтерілісшілерге қосылады. Бопай зекет жинайтын және көтеріліске қосылмаған сұлтандардың мүлкі мен азық-түлігін тартып алатын 600 адамдық ерекше топты басқарады.
Кенесарының ірі шайқастарына қатысқан Бопай ана партизандық жорықтар жасаған, кеңестерге қатысып, ақыл қосқан.

ЖАПАЛАҚ

Тама Есет батырдың туған қарындасы. Ол соғыста мерген болған.

БОТАКӨЗ

Тама Есет батырдың қызы. Жапалақпен бірге жүріп, соғыс өнерін үйренеді. 1742 жылы Есет батыр мен Тілеулі батырды Әбілқайыр хан шақырып, екеуі Орынборға жол жүріп кетеді. Соны біліп алған жоңғарлар ауылдың жылқысын алып кету үшін шабуыл жасап, қуғыншыларды қырып салады. Ботакөз қолына қару алып, 150 сарбазбен шапқыншыларға қарсы шығады. Осы шайқаста Ботакөз қалмақтың қолбасшысы Қонды тайшыны атының үстінен жұлып түсіріп, сүйреп әкетеді. Мұны көріп қалмақтар бытырай қашып, көбі садақ оғына ұшады. Бұған қонтайшы қатты қорланады.
1749 жылы Барақ сұлтанның қолынан Әбілқайыр хан қаза табады. Оның орнына (тағына) баласы Нұралының отыру рәсіміне Әжібай би елдің бас көтерер бар азаматын ертіп, Орынборға аттанады. Соны пайдаланып, Еділ қалмақтары қорғансыз ауылды қанға бөктіріп, бүкіл малды барымталап айдап кетеді. Мұны естіген Есет Көкіұлының қызы Ботакөз аз уақытта өз руының жігіттерін жауға тойтарыс беруге шақырады. 150-дей сарбазды бастап, Ойыл өзені бойында қамсыз жатқан қалмақтарға аш бөрідей тиіп, кек қайтарады. Барымталап кеткен малды алып қайтады.

БАҚТЫ

Бақты – Алашорда көсемдерінің бірі, азаттық қозғалысының алыбы Мұстафа Шоқайдың әжесі, Торғай датқаның бәйбішесі. Ол ХІХ ғасыр ортасында әкесімен Түркістанды жаулаушы орыс отаршылдарына қарсы күресіп, барлаушылық қызмет атқарған. Оның тапқырлығы мен жүрек жұтқан батырлығы туралы аңыз әңгімелер көп.

САПУРА БАТЫР (ХАНТЕМІР)

Қалмақ шапқыншылығы кезінде Алтай-Тарбағатайды қытайлар иеленіп қалмақшы болғанда ерлігімен, тапқырлығымен аты шыққан. Оның Хантемір деген де аты белгілі болған.
Ал, кешегі Ұлы Отан соғысында ерлікпен қаза тапқан Әлия Молдағұлова мен Мәншүк Мәметова, қазақтың тұңғыш ұшқыш қыздарының бірі Хиуаз Доспанова, кешегі желтоқсан қозғалысында қайсарлығымен, өжеттілігімен есте қалған Ләззат Асанова сол апаларының заңды жалғасы.
Иә, жаужүрек жауынгер жауқазын қыздар көп шыққан халықпыз.
Біздің бір мақтанышымыз да осы.
Еліміздің әр өңірінде Өміріміздің гүлі, жанымыздың шуағы-Аналардың ерліктері мен мейірім-шуағы хақында көптеген аңыз-әңгімелер көп. Мұны Қаратаудың қарт тұрғындары әлі күнге дейін айтып отырады. Мақаламыздың жалғасы ретінде сонау Дешті Қыпшақ даласына жеткен бір аңыз-әңгімемен жалғастырғымыз келеді.
Бұл өзі тарихта нақты болған оқиға деседі. Өйткені, қарт Қаратаудың соңғы сілімдерінің бір төбесінде махаббаттың куәсіндей болып Ақбикеш мұнарасы қарауытады.
Ендігі кезекте осы әңгімені жалғастырып көрелік.

МАХАББАТ МАЗДАҒЫ
немесе
АҚСҮМБЕ–АҚБИКЕШ АҢЫЗЫ

Мен көрдім Ақбикештің мұнарасын,
Сомдап соққан, дегендей құламасын.
Арада төрт-бес ғасыр өткен шығар,
Мен емес, тарих айтсын бұл арасын…
Құлжабай Төлеуов,
халық ақыны.
Қасиет қонып, құт дарыған сахаралы Созақ өңірі талай тарихтың куәсі, сырлы шежіресі. Тарих – тақсырдың көнеден жеткен күмбір үніне құлақ түрсек, осынау сайын далада қазақ халқының алғашқы уығы қаланып, ордаларының бірі шаңырақ тіктеген. Қаратаудың теріскей бөктерінде көне дүниенің куәсі – тарихи қыстақ Созақ орналасқан. Көне кенттің басынан небір зұлмат заман өткен. Ең соңғысы әйгілі «Созақ көтерілісі».
Түбінде Теріскей табиғаты тамылжып тұрады дегенге мүлдем келмейді. Бір жағы көркем таумен ұштасып, екінші қиыры сусымалы құмға тіреліп жататын өңірдің ерекшеліктері мол. Осынау табиғаты тұлданып тұратын аймақта көзмоншақтай көркем, келісті, көк көрпеге оранған айрықша мекен бар. Бұл – Созақ. Ұлы Жібек жолының бойында жатқан шаһар кезінде үш жағынан бұлақ суларынан пайда болған өзендермен қоршалып, сырт жауларынан қорғануға аса қолайлы болған деседі. Осы табиғи қоршаудың аралығындағы аумағы 20 гектардай келетін төбенің үстіне екі қатар дуалмен қоршалған берік, төрт қақпалы қамал-қала салынған. Әр қақпаның дербес аты болған. Олар – «Қазы», «Малқара», «Мырза», «Бурахан» деп аталған. Белгілі жазушы Ільяс Есенберлиннің «Алмас қылыш» романында Әбілқайыр хан осы Созақта жерленген делінеді. Сөйтеді-дағы Жәнібек ханның қабірін Әбілқайырдың мәңгілік тыныштық тапқан жеріне жақындатады.
Ақсүмбе – қарт Қаратаудың теріскей бетінде, Қызылорда облысымен шектесер тұста жатқан байырғы мекен. Заманында ірі сауда орталығы болған, базары қыж-қыж қайнап жатқан қала. Осы қалаға сан сырын ішіне бүккен Созаққа соқпай жете алмас едіңіз. Біздің жол-жөнекей сол Созаққа сәл-пәл аялдап өтуіміздің сыры осында.
Қарағұр, Қаратау аталатын ауылдардан өтіп тау сілемдерін жағалай солтүстік-батысқа қарай жүре берсеңіз үлкен жотаның үстіндегі мұнара алыстан менмұндалап көрінеді. Осы мұнара жаугершілік заманның «көзі тірі» жалғыз куәгері. Бетбақдаланың Қаратау сілемдерімен түйісетін тұсындағы Ақсүмбе атты айшықты ауылда көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Сұлтанбек Қожанов дүниеге келген. Осы ауылдың іргесіндегі биік жотаның басында алыстан сағымға оранып, Дешті Қыпшақ даласының Эйфель мұнарасы – Ақбикеш бүгінгі жадау дүниеге қасқая қарап тұр. Кезінде ғұлама ғалым Әлкей Марғұлан осы өңірге келген сапарынан жазған еңбегінде: «Егер Теріскейдегі Ақбикеш мұнарасы құласа бүкіл Дешті Қыпшақ тарихы құлағалы тұр» деп мұңая қайғыруы көнеден жеткен жәдігердің құндылығын көрсетсе керек.
Біз осы Ақсүмбе қаласы мен Ақбикеш мұнарасына тарихына сапарлап көрелік.
1254 жылы кіші Арменияның патшасы Гетум-1 (1227-1269) қазақ жерінің бір қиянындағы Қарақорымда билік құрып тұрған Мөңкеге барып дәргейіне бас ұру үшін Созақ даласынан өтеді. Ұлы Жібек жолының солтүстік беткейіндегі сорап-сүрлеуді таңдап алған Гетум-1 сапары Мөңке ханға (Менгу) жеткенше егжей-тегжейлі хатқа түсірілген. Сол бір еркіндіктің саумал желі есіп тұрған кезеңде сахаралы Созақ жерінде гүлрайханмен көмкерілген төрт шаһар болғанын баяндайды ұлы жорықшы. Бұлар қазіргі Құмкент (бұрынғы атауы Қойкент), Шолаққорған (Ұрасоған), Созақ (Хұзақ) және Ақсүмбе қалалары. Сол кезеңдерде Ақсүмбенің атауы Хендахор болған.
Қазір сол Хендахор қаласының орны сақталған. Көне кентте қазба жұмыстарын жүргізген көрнекті ғалым Әлкей Марғұлан керамика қалдықтарын ежелгі түркі тайпаларының ең ірісі және ежелгісі кангюй-қаңлылардың керамикасына ұқсастығын айтып, жазып кеткен.
Хендахор қаласы моңғол шапқыншылығынан кейін бірте-бірте көне атауынан айырыла бастайды. Моңғолдар жота басында асқақтай қарап тұрған мұнараға өздерінше «Ақ сағым» деген ат береді. Бұл моңғолша айтылғанда «Ақ сүмэ» деп дыбысталатын еді. Осы тұста олардың найзаның ұшын «сүме» деп айтатыны еске түседі.
Белгілі шығыстанушы В.В.Бартольд осы Ақсүмбе жайлы жазған шығармаларының 3 томында (Москва қ. «Ғылым» баспасы. 1965 жыл) «Мұнараның бұлай аталуы мұнда будда дін-мәдениетінің байланыстығынан» деп көрсетеді. Белгілі ғалым Карл Байпақов «Қазақстанның ежелгі қайраткерлері» атты кітабында Ақсүмбеге 1390 жылдары Алтын Орданың ханы Тоқтамысқа қарсы жорық жасаған кезінде Ақсақ Темірдің әскері тоқтағанын жазады. Осы жерден олар өзіне қарсы жау әскерін бақыласа керек. Демек, әскери-қорғаныстық маңызы бар мұнараның басына от жағып, жаудың келе жатқанынан хабар беріп отырған. Осы маяк арқылы шайқас кезінде бәлкім басқа да маңызды хабарлар берілген шығар-ау.
Шараф ад-дин Али Иазди атты жылнамашы Әмір-Темір жорықтары туралы жазылған «Зафарнама-и-Тимури» кітабында «Темірдің қолы Отырарға келгенде, Темір бірнеше кісіні Қаратауға жіберіп, Әділшені іздетіпті.
(Әділше Бехрам жалайыр – Темірдің Қамар-ад-динге қарсы жіберген адамы, кейін өзіне қарсы шығып кеткен). Әділшені Ақсүмбеде ұстап, сол жерде басын кеседі. Дешті Қыпшақ жағын бақылайтын Қарашық (Қаратау тауының биік жотасында сорайып тұрған мұнара) бар деп жазады. Сондай-ақ осы «Зафарнамада» әйгілі Ақсақ Темірдің шатыр тігіп Ақсүмбеде түнегені айтылады.
Ақбикеш-Ақсүмбе орта ғасыр тарихшылары Хафиз Таныш, Мір Мұхамед әл Бұхари, Низам ад-дин Шами мен Шереф ад-дин Йездидің еңбектерінде кездеседі. Йездидің «Зафарнамасында» («Жеңіс кітабы») ол Әмір-Темірдің 1389-1390 жылдардағы Тоқтамысқа қарсы жорықтарын бақылап отыру үшін Қаратау шыңына салынған Қарауыл мұнарасы ретінде айтылады. Мұнараны бертінде В .Тизенгаузер, В.Бартольд, В.Воронина, Ә.Марғұлан, К.Байпақов сынды ғалымдар зерттеп, өз еңбектерінде жазған.
Мұнарлы мұнара жайына ойысайық. Ол Ақсүмбе ауылының оңтүстік-батысындағы Қаратау қойнауынан бастау алған Ақсүмбе аңғарының таудан шыға берісіндегі 200 метрдей биік жотаның үстіне тұрғызылған. Іргетасы таспен қаланып, жоғары жағы шикі қам кірпішпен өрілген. Топырағының ақ күрішке ұқсайтынын аңғарасыз. Мұны жергілікті тұрғындар сүтке иленген, арасына жылқының қылы, жалы салынған деседі. Сондықтан да дуалы берік, қабырғалары ақ болғанымен киімге жұға қоймайды. Мұнараның солтүстік-шығысында төбесіне шығатын есігі бар. Есіктен кірген адам жоғарыға басқышпен айналып шығады. Бірінші айналымнан өтіп, 3-4 метрдей биіктеген соң, бір адам еркін тұратын және айналаға ешқандай кедергісіз қарай алатын солтүстікке қараған терезе кездеседі. Осы терезеден айнала алақандағыдай анық көрінеді. Басқышпен одан әрі көтерілгенде 6-6,5 метрдей биіктікте оңтүстікке қараған екінші терезе кездеседі. Осы арадан оңтүстік беткейдегі тау аңғары мен оның қойнауы толық көрінеді. Одан әрі көтерілу мүмкін емес. Себебі, қазір басқыштар үгітілген. Екінші терезе мен мұнараның төбесіне дейінгі арақашықтық шамамен 5,5-6 метрдей.
Алаңқайдағы мұнараның осы құрылысы арқылы оның қарауылхана, шамшырақ ретінде тұрғызылғанын пайымдауға болады. Бұрандалы тепкешек жолдар арқылы жоғарыға көтерілген адамдар тымық күннің өзінде қатты желге ұшырайды. Жоғарыдағы терезелерден көз салғанда теріскей беткейдің ең кемі 40-50 шақырымдай жерін шолуға болады.
Ақбикеш жөнінде ел аузында сақталған аңыз көп. Соның бірі мынадай. Ақсүмбе елінің билеушісінің Ақбикеш атты жалғыз қызы болыпты. Әкесі өлгеннен кейін елді басқару ісі Ақбикешке тиеді.
Бірде барлаушылар жаудың жасағы келе жатқанын хабарлайды. Ақбикеш те қарап қалмаса керек. Дайындықты бастап кетеді. Тауға шығып жау келе жатыр деген жаққа көз тігеді. Ештеңе көрінбейді. Ал барлаушылар «қалың шаң көрдік» дескен. Осыны айтқанда барлаушылар «Біз жаңылысыппыз. Көргеніміз құстың саңғырығы екен» дейді. Сонымен, ақсүмбеліктер дайындықтарын тоқтатып, алаңсыз тірліктеріне көшеді. Бейқам жатқан елді жау шауып кетеді. Олардың көрінбеу себебі үнемі алғы жағына ұн шашып отырыпты. Артынша Ақбикеш жауынгерлерін жинап, жаудың соңынан түседі. Қуғыншылар тобында белгілі жауырыншылар, көріпкелдер, бақсы-балгерлер бар екен. Олар «жау біздің қуып келе жатқанымызды біліп қойды» деп сәуегейлік айтады. Ақбикеш сарбаздарын тоқтатып, аттардың ерін теріс қарата ерттеп мінуді бұйырады. Жаудың шапқыншылары: «Қуғыншылар кейін қайтты» деп басшыларына хабарлайды. Алаңсыз кетіп бара жатқан жауды олар оңай қуып жетіп, қиратады. Міне, осы жеңістен соң күзет мұнарасы Абикеш атымен аталған дейді көнекөздер.
Екінші аңыз былай дейді. Ертеде осы арада мекен еткен екі тайпаның ақсақалдары өзара қыз алысуға рұқсат етпепті. Алайда, бір-біріне ғашық болып қалған екі жас ата-бабалар заңын аттап өтеді. Мұнара қасына жерленген қыздың аты Ақбикеш еді дейді бір әфсана.
Тағы бір жеткен аңыз мынау. Ақсүмбе деген батыр калмақтың Ақбикеш атты сұлуын шапқыншылық кезінде олжалап әкеледі. Қыз қапаланып, құсалықтан қайтыс болады. Қалмақ аруы ақтық сөзінде «сүйегімді биіктегі мұнара маңына жерле. Рухым қарауылхана түбінен туған еліме қарап жатсын» депті. Батыр жігіт қыз уәдесін орындайды. Содан кейін мұнара Ақбикеш атанып кетеді.
Ендігі бір жорамалда Ақсүмбе деген батыр мен Ақбикеш атты ару жауға қарай бірге аттанған. Елін, жерін қорғауда екеуі де жау қолынан қаза табады. Қосыла алмай арманда кеткен қос ғашықтың құрметіне елді мекенге Ақсүмбе, мұнараға Ақбикеш аты беріліпті. Қалай дегенде де осы аңыздардың түбінде бір шындық бар. Биіктегі мұнара ғашықтардың мәңгі маздағындай арада жеті ғасыр өтсе де төмендегі төрткүл төңірекке қасқая қарап тұр.
Тарихшылар осы мұнараны XIII ғасырдың ескерткіші деп жүр. Бастапқыда оның биіктігі 25 метр, ені 18 метр болған. Енінің осындай көлемде болғанын ертеректе қаланған іргетас та куәландырады. Қазір биіктігі 11-12 метрге, ені 7 метрге жуықтайды. Арада өткен жеті ғасыр мұнараны қаншалықты мүжіген десеңізші.
Жылнамашылар заманында мұндай мұнаралар жалғыз болмаған деседі. Кезінде Қаратаудан Ұлытауға дейін от арқылы белгі беретін осындай жеті мұнара болған екен. Солардан қиратылмай бүгінге аман жеткені — Ақбикеш мұнарасы ғана. Қарағандылық этнограф-ғалым Жамбыл Артықбаевтың зерттеуінше, Ұлытауда осындай төрт мұнараның қиратынды орны бар.
Ғасырлар бойы төпеп жауған қар мен жаңбыр суынан, биік шоқы басындағы таудан соққан самал салдарынан мұнараның оңтүстік-батысының тең артысына жуығы мүжіліп, құлаған. Осы мұнара орналасқан төбенің етегінде ескі қорғанның орындары әлі де бар. Бекініс қазіргі Ақсүмбе елді мекеніне жалғасады.
Кезінде Оңтүстік Қазақстан (бүгінгі Түркістан) облысының 2006-2008 жылдарға арналған «Мәдени мұра» өңірлік бағдарламасында Ақсүмбе әскери-қорғаныстық және табынушылық сәулет ескерткіші ретінде тізімге енгізілген-ді. Мұнараны реставрациялау мен конвервациялау жұмыстарына облыстық бюджеттен едәуір қаржы бөлінді деп те естігенбіз. Бірақ ежелгі мұнараны бұрынғы қалпына келтіру жұмыстары жүйелі жүргізілмей келеді. Мұнараны бұрынғы пішініне жеткізу мүмкін емес. Дәл осы қалпында сақтап қалсақ та жаман болмас еді. Бұл үшін шеберлердің ұсынықты қолы керек. Қам кірпіштен салынған мұнара мүжілмес үшін бәлкім, сыртын конвервациялау керек шығар. Бір жылдары ауыл белсенділері мұнараны су өткізбейтін плащ-матамен қаптап та көрді. Бірақ, бұдан мұнараға тиген пайда шамалы.Тап осылай қамсыз отыра берсек, махаббат мұнарасынан айырылып қалуымыз бек мүмкін. Қалай дегенде де Ақбикеш мұнарасы көнеден бізге жеткен дара ескерткіш.
Орта ғасырдан бүгінге дейін жеткен ерекше мұнараның Қазақстан сәулет қорында алатын орны ерекше. Ақбикеш мұнарасы әлі талай ғасырлар Қаратаудың биік шоқысынан асқақтай қарап, бүгінгі ұрпаққа өз арманын жеткізіп тұрар. Ақсүмбе мен Ақбикеш тарихын бір-бірінен бөле жармай қатар зерттеу керек. Бұл келер күндердің еншісінде. Қазіргі таңда ақсүмбеліктер Ақбикеш мұнарасына махаббаттың символы ретінде қарайды. Соңғы кезде жаңадан отау тіккен жас шаңырақ иелері мәңгілік махаббат маздағына гүл шоқтарын қоюды дәстүрге айналдырып келеді. Осы үрдісті одан әрі жалғастырып, Қаратаудың сырлы шежіресін кейінгі жастарға кеңінен насихаттауымыз керек. Бұл тұрғыда талай зерттеу еңбектер жазыларына сенеміз. Мұны ғалымдар мен әдебиетшілердің, зерттеушілердің еншісіне қалдыра тұрып, зиялы қауым өкілдеріне, аудан басшыларына айтар базына бар. Аудан орталығы – Шолаққорғаннан Қаратау ауылына дейін асфальт жол салынғанымен одан әрі көлік шойнақтап, Ақсүмбеге жеткенше әбден шаршатады. Егер осы екі аралықта тақтайдай тегіс жол салынса, саяхатшылар жол-жөнекей тарихи-мәдени, орындар – Баба Түкті Шашты Әзиз, Ысқақ баб, Қарабура әулие кесенелерін, Шаян медресесін, Бәйдібек ауданындағы жерасты мешітін, алғашқы қазақ хандығы шаңырақ көтерген Созақ жерін, мұндағы Хақназар аталатын аймақты, Келіншектауды, Қаратау сілемдеріндегі таңбалы тастарды аралай келіп, Ақбикешке тұмсық тірер еді. Демек, Әзіреті Қаратаудың теріскей төскейі туризм кластерін дамытуға таптырмайтын өңір болып шығары сөзсіз.
Алдағы арман күндерде, ақ таңдарда қабырғалы Қаратаудың биік шоқысынан асқақ қарап тұрған Ақбикеш мұнарасына лек-легімен көтеріліп келе жатқан ғашықтарды, саяхатшыларды көргіміз келеді. Теріскейдің тарихқа тұнып тұрған әр тасы әлі талай сыр шертері ақиқат.

С.Дәніқұлұлы

Пікір қалдыру