ЕРТЕГІЛЕР ЕЛІНДЕ

1. ҚҰРБАҚА мен КӨЛБАҚА

Ертеде бір қаңғыбас Құрбақа болыпты. Ол күн жылынып, тіршілік жанданған сәттен бастап қолды-аяққа тұрмастан секектей айналаны кезіп, басы ауған жаққа кете барады екен. Сондай күндердің бірінде ойпаңда жатқан көлшікке тап келіп, құр-құр еткен дыбысқа елеңдей қалғанында сонадайда тұрған Көлбақаны көріпті. Тұрқы жағынан өзімен құралпылас, тек бұл сияқты ақшылтым емес, жасыл бояуы қанық анау бақа су бетіне шыққан үлкендеу жапыраққа қонақтап алып, ұп-ұзын тілімен шыбын-шіркей қағып отырыпты.
Оны көргенде өзімен ойнар серік таптым деп ойлаған Құрбақа:
– Әй, бері шықсайшы, екеуіміз ен далада асыр салайық, – депті қуана, әрі ана жәндікті зерігіп отыр деп ойлап.
Көлбақа еріне жауап қатыпты:
– Мен оразамды ашпай ешқашанда ойнамаймын.
Осылай деуін дегенімен оның да іші пысқан ба:
– Одан да сен менің қасыма жақында. Мұнда шыбын-шіркей жетеді, екеулеп қағып, тойып алайық, – депті жомартсына.
Сонда ғана шегі шұрқырап тұрғанын білген Құрбақа «мынау ақыл екен» деген оймен көлшікке секіріп түскенінде суға шым батып кетіпті де, жанталаса тырбаңдап жүріп әрең дегенде құрғаққа ілігіпті. Ілігіпті де шашалған қалпында:
– Көлшігің тым терең екен, жаныңа бара алар емеспін. Одан да сен бері шықсаңшы, тым құрымаса серуендеп қайтайық, – депті шарасыздық таныта.
Бұл кезде арғы жағына ел қонған Көлбақа жаңа танысының тілегін қабыл алып, көлшік бетіндегі шыбықтан шыбыққа, жапырақтан жапыраққа секіре жиекке жетіпті де, күннен қызынған бір тасқа табаны тигенде:
– Ойбай! – деп баж ете қалыпты, – Сендердің тастарың күйіп тұр ғой! Мұнда жанып кетпей қалай жүрсіңдер, өздерің?! Мен шыдай алар емеспін. Қой, пісіп қалмай тұрғанымда тұрағыма жетейін!
Ол қайтадан суға шолп еткенде Құрбақа ештеңеге түсінбей көзін жыпылықтатыпты.
Содан бері Көлбақа – құрғаққа, Құрбақа – Көлге қарап елеңдемейтін болыпты.

2. ҚОҚИ ҚАЗ бен ҚОҢЫР ҚАЗ

Ол кезде әлі адам аяғы баспаған алқаптағы үлкен қақтың қожасы Қоқи қаз еді. Қожалығынан да шығар, Қоқи қаңқылдаса маңайдағы құс атаулы іле-шала дауыс қосып, алда-жалда ол сілкінсе қаққа біткен қамыс басы жел шайқағандай ырғатыла шуылдасып айналаны азан-қазан етіп жібереді екен. Міне, осындай құдыретіне сенгендігінен де шығар оның жүрісі кердең, тұрысы маңғаз болыпты. «Қоқи» атын иеленгені де сол тұс болса керек.
Күндердің күнінде ол өзіне тиесілі аймақты аралап келе жатып, әлдеқайдан шыққан құмығыңқы қаңқылға ұқсас дыбыс пен әлденендей шуды құлағы шала солай қарай беттегенде өз көзіне өзі сенбей қалт тұрып қалады. Үйіне жете қоймаған ит күшігі бір қазды тістеген қалпы мына жерден ұзатып әкетуге тырмысса, қаз шеңгелден құтылуға жанталаса қанатымен жер сабалай қылғына қаңқылдауын жалғастырып жатыр екен. Обал-ай…
Мынаны көргенде бойын ашу кернеген Қоқи алға қарай тап беріпті де ұзын тұмсығымен күшікті бауырынан тістелей, қанатымен кеудесінен соққылап оны Қоңыр қаздан айыра, сонадайға қуып тастапты. Сонсын, күшіктің енді қайтпайтынына көзі жеткенінде зәбір көргенге жақындап, тектесінің ол жер, бұл жерлерін тексере бастапты. Әлден шамада ғана көңілі жайланғандай:
– Қауырсындарың сынғаннан аман, – депті көңілдене, – Ал, еті ауырса оның емшісі – уақыт. Ештеңе етпес, құс қайтарға шейін әлі-ақ құлан таза айығып кетерсің.
Жайдары жаз қызығы өткен-кеткенді ұмыттырып, күзге қарай Қоңыр қаз бүкіл жарасынан айығып, ұша алатын дәрежеге жетіпті.
Бірде, екеуі су бетінде қалқып жүргендерінде, алыстан талмаусырай жеткен үн оларды елең еткізеді. Көк жүзіне тесіле қарағандарында сүйірлей сап құра ұшып бара жатқан көшті байқайды. Қаздар. Бет алыстары – оңтүстік.
Мынаны көргенде Қоңыр қаз:
– Пәлі, қайтар мезгіл де жеткен бе?! – деп таңданысын жасырмайды, – Мен күз салқынының түсуіне әлі ертерек шығар деп жүрсем…
– Иә-ә, сен асықпағанмен мезгіл өз кезегін өткізбейді. Ендеше, қамданғаның жөн, – дейді Қоқи қаз жаз бойы серік болған Қоңырды қимаса да айырылысар шақтың келгенін пайымдап.
Қоңыр қаздың көмейіне өксік тығылады:
– Сонда сен не істемексің?.. Бізге ермейсің бе?..
– Мен сендерге ере алмаймын, өйткені аспанды жатырқап, жерді мекеніне айналдырған құспын. Ал, ұшпағанның биіктікпен қабысуы неғайбыл дүние. Олай болса, сендерді күзде шығарып салып, көктемде қарсы алып тұрсам маған сол олжа. Ал, қайыр қош!
– Қош бол, бауырым!
Сәл өткенде Қоңырдың көк жүзіндегі кезекті тізбек қатарын толықтырғанын байқаған Қоқи қаз иығынан ауыр жүк түскендей жеңілдеп, қамыс арасындағы ұясына қарай мамырлай басып кетіп бара жатыпты.

3. КЕСІРТКЕ мен ШЕГІРТКЕ

Қардың етегі қайырылып, жер қыза бастаған шамада ұясынан көтерілген Шегірткенің сайран шағы басталған уақыт болса керек. Айналада болса-болмаса балауса жетеді, бірінің сөлін сорса екіншісіне қонақтап әбден желіккен жәндік тойынғанын көтере алмас жағдайға жеткенде оған қапияда Кесіртке ұшыраса кетіпті. Тұрқы бір қарысқа жетер-жетпес, бояуы тақыр тектес ашаңдау жәндік ұзынша құйрығын бұлғаңдата Шегіртке отырған сояу шөптің түбіне жақындап:
– Уа, достым, қыстан қысылмай шықтың ба? – деп сұрапты аярлана жымиып.
– Не, қысылсам қырық жамау көрпемді жамап бермек пе едің? Ондай ойың болса қыста келмедің бе? – депті шегіртке ананың орынсыз сұңқылын жаратпай.
– Саған жаным ашығандықтан келер едім, бірақ сен қырық жамау көрпенің емес, қырық қабат тоңның астында жаттың ғой. Жарайды, өткенді қайтеміз, жазға іліктік қой, кел, ойнайық.
– Мен сенімен ойнамаймын.
– Неге? Мен соншама қорқыныштымын ба?
– Жоқ. Сен өтірікші сияқтысың.
– Қалайша?
– Қарның ашып тұрғанын жасырып тұрсың. Солай ма?
– Енді…
Кесіртке тұтығыңқырап қалғанда Шегіртке оны аяғандай сәл төменге түсе бастайды. Осыны пайдаланып қалмақ болған Кесіртке оған қарай жанталаса секіріп, жете алмағандықтан жерге домалаңдай құлағанда Шегіртке мырс етеді:
– Өзің бір шыдамсыз жәндік екенсің, сәл аялдасаң ауызыңа өзім барып топ ете түсер едім ғой.
Мынаны естігенде Кесіртке шынымен сеніп қалады.
– Онда мен көзімді жұмып тұрайын, сен түсе бер, жарай ма!
– Жақсы.
Кесірткенің шын ниетін енді білген Шегіртке қулыққа басады. Шөптің бойымен жоғары өрлей, қауіпсіз тұсқа жеткенде таңырқаған кейіпте ішегін тарта:
– Әй, мынау шынымен сұр жылан ба? Өзі неткен үлкен еді! – дейді дауыстай.
– Ә? Жылан дейсің бе? Қайда?! – дейді кесіртке апырақтай жан-жағына қарағыштап, әрі үрейден дірілдей.
– Әне, ана бұтаның түбінен бері жылжып келеді.
– Өзі тым үлкен дедің бе?
– Иә, сені он орап алғандай екен.
– Онда мен жоғалайын!
Кесіртке жүгіре басып ұзай бергенде Шегіртке:
– Әй, дос, қайда қаштың, ойнамаймыз ба? – дейді соңынан айқайлап. Бірақ кесіртке мойнын да бұрмайды.
Шегіртке осы күннен бастап Кесірткеден бойын аулақ ұстауға тырысатын болыпты.

4. КӨЖЕК пен БЕЗЕК

Ін ауызынан басын қылтита жан-жағына қарағыштап, қауіптің жоғын байқағанда сыртқа қуана атып шыққан Безек* бұдан әріде жер шолуға ыңғайланғанында арт жағынан әлдене тысыр ете түсіп, содан шошынған жәндік әлгіндегі шыққан жеріне қайтадан зып етіп кіріп кетіпті. Сонсын іште сәл аялдай қорқынышын басып, құлағына басқа тосын дыбыс шалынбағаннан кейін жасқаншақтай қайтадан жоғарыға көтерілгенінде сонадайдан әлденеге елеңдеген Көжекті көреді. Ол да әлдекімнен қорыққанынан бүктетіле зытып ала жөнеліп, ақырында соңында қуғыншы жоғына көзі жеткенде ентік баспаққа аялдаған сыңайда екі иығынан дем алып тұр екен.
– Көжек, а, Көжек, сен не, бірдеңеден шошынып қалғансың ба? – деп сұрайды Безек өзінің әлгіндегі әлсіздігін жасыра дауыстап.
– Жо-о-ға, кімнен қорыққандаймын… Жәй, әншейін… кешкі табиғатты қызықтап тұрғаным да, – дейді Көжек сыр бермегенсіп.
– Табиғатты қызықтап?.. Оны күнде көріп жүрген жоқсың ба?
– Сен кешегі мен бүгінгіні салыстырма. Өзің қарашы, айнала керемет емес пе!?
Безек біресе оң жағына, біресе сол жағына секек-секек ете бұрылып барып тоқтайды. Шынында бүгін маңай өзгеше құбылып тұр екен.
– Онда табиғатты бірге тамашаласақ қайтеді, ә? – дейді мына көрініске таң-тамаша болған Безек.
– Әлбетте! «Жақсыны – көрмекке» деген бар ғой. Олай болса, сұлулыққа жалғыз-жарымдап емес, екеулеп тамсансақ несі айып.
Ауада үп еткен жел білінбейді. Күнұзынғы аңызақтан зәрезап болған жәндіктер енді-енді жасырынған жерлерінен шығып, нәпақаларын айыра бастапты. Әне, ана тұста бір дөңкиген қоңыз тезек қалдығын домалатып бара жатса, сәл қиысында құмырсқалар көші ерсілі-қарсылы сабылып жүр.
– Шынында ғажап көріністер! – деп таңырқайды Безек, – Егер ойланар болсаң – тіршілік дегенің бір сәт те дамылдауды көтермейтін қозғалыс екен-ау!
– Әрине, қозғалыс.
– Егер сәл кешіксең бәрінен құр қалғандайсың ғой. Солай емес пе?
– Оған таласым жоқ.
– Әлгінде, тысырдан шошынған қалпымда ін ішінде қалып қойсам мынаның бірін де көрмеуім мүмкін еді, ә…
Безек ақиқатты ашып қойғанын түсіне тілін тістей қалғанында Көжек күліп жібереді:
– Несін жасырайын, ойда-жоқта сусып кеткен құмнан секем ала мен де безіп ала жөнелгенмін. Сөйтсем, оным – секектеген сенің аяғыңнан сусыған құм екен-ау, білсемші…
Мынаны естігенде Безек жерге аунай сықылықтайды.
– Ой, ішегім-ай! Пай-пай-ой, батырлығымызға болайын! Сырт жағымнан тысыр еткен не дыбыс десем, менен қорқып зытқан сенің дүбірің екен ғой! Бәсе деймін-ау, бәсе, мына ен далада қапияда пайда болар қандай аждаһа бар еді…
Сол күннен басталған Көжек пен Безектің достығы өмір бойы жарастығын жоғалтпағанына сеніңіздер.

———————————
*Безек – Қосаяқтың баласы.

5. АЛАБАЙ мен ДАЛАБАЙ

Ертеде шалғайда мал баққан бір малшының екі иті болыпты. Оның бірін – Алабай десе, екіншісін – Далабай деп атапты. Алабай – тұрқы ірі, мойны жуан, өзі өте күшті де, Далабай тәпелтек, сида, сыпсың ит екен. Олардың мінездері де дене бітімдеріне сай қалыптасқанға ұқсайды: Алабай салмақты әрі аңғал болса, Далабай сақ әрі жылпостау болып жетіліпті. Осынау айырмаға қарамастан бірінің кемшілігін екіншісі толықтырып, олар иесінің талабынан шығып отырғанға ұқсайды.
Негізінен Алабай қора маңынан көп ұзамай, анда-санда түздің ит-құсына сес қыла бір «Әуп» деп үріп қойып ұйықтағанды жақсы көрсе, Далабай жыра, сайларды қуалай ауылдан ұзап шығып даладағы тышқан, сарышұнақтарды аулай уақытын өткізуді әдетіне айналдырыпты. Иесінің оның атын Далабай деп қоюының сыры осында жатса керек.
Бірде, тағы да ұзап шыға, сарышұнақ інінің аузын бағып отырғанында, өзін үш қасқырдың қоршап алғанын ол байқамай да қалады. Тек аналар азу тістерін ақсита ырылдап, енді шабуға оқталғандарында мына құрсаудан құтылмасын сезе айлаға басуды қаперіне түйеді. Сондағы бар тапқаны, шалқасынан жата қалып «Ал, тойсаңдар жеңдер! Ал, тойсаңдар жеңдер!» деп айқайлай беру екен.
Ол заман мен бұл заманда опыр-топыр қарсыласпай, не жанталаса қашуға тырыспай беріле салар, «тойсаңдар жеңдер» деп өз еркімен сұлай кетерді көрмеген ана үш қасқыр әуелгіде абдырайды.
– Мынауың жарымес біреу шығар, – дейді бірі таңырқай.
– Дәу де болса – ауру, – дейді екіншісінің де көзі атыздай болып, – Әйтпесе «мені же» деп осылай ашылып-шашылып жатар ма еді…
Үшіншісі де гүр етеді:
– Қорқауға жем болудың қорқынышын білмеген иттің иттігі шығар мына жатысы. Бірақ, бәрібір жейтініміз анық.
Олар осылай тұрғандарында Далабай жерден басын көтере бере сұңқылдап ала жөнеледі:
– Неге етімнен ет жұлып алмай тұрсыңдар, ә? Әлде үшеуіңнің жұмырыңа жұқ болмайтынымды түсіндіңдер ме? Олай болса, мен сендерге отардан семіз бір қойды ертіп келейін. Екеуімізді қосып жәукемдесеңдер, бәлкім, тояттайтын шығарсыңдар. Солай ма?
Мына ұсыныс ұнаса керек үш қасқыр жарыса бастарын шұлғысады.
Әріде Далабай желе-жортып отырып Алабайға жетіп, жағдайды баяндайды және ананың өзімен еріп қасқырларға баруын өтінеді.
Мынаны естігенде Алабай:
– Сонда мені қой орнына құрбандыққа шалмақсың ба? Оның бола қоймас! – дейді ыр етіп, – «Кезеген аяқ боқ басар» деген сөзді саған талай айтқанмын. Ендеше, өзің шырмалдың, сол шырмаудан өзің шығуды амалда.
Ол қайтадан қалғуды ойлап көзін жұма бергенде Далабай күрсініп қалады.
– Жарайды, маңдайыма жазылғаны осы болса оны да көріп алайын. Тек, өкініштісі, күні бүгінге шейін азулымен дос болдым ба десем, жоқ, ұйқыдан өзгені білмейтін маубас әрі көлеңкесінен қорыққан боркемікпен қатар жүріппін-ау…
Кетуге бұрыла бергенде Алабай:
– Әй, тоқта! – деп шаңқ етеді, – Әй, бозөкпе, сен мені «көлеңкесінен қорыққан боркемік» дедің бе? Мен сені…
Тұтыға жатқан орнынан атып тұрады:
– Кәне, баста! Үшеу болмақ түгілі он үш болса да көрейін оларды!
Қулығының тағы да кәдеге асқанын көрген Далабай Алабайды бөрілер қалған жерге бастай жөнеліпті.
Екеуі межелі тұсқа жеткенде Далабай серігін бір бұтаның тасасына жасырып, өзі қасқырларды шақырады.
– Қасекелер, оу, Қасекелер, мені тоса-тоса тағаттарың таусылды ма? Кешігейін деп кешіккен жоқпын, мына қой дегенің нағыз қасақының өзі екен ғой. Сендерді сыйламағаны ма, табандап алға жылжымай әлегімді әбден шығарды, бәтшағар. Өздерің тезірек келіп осы жерде жәукемдей салыңдаршы, тәбеттерің ашылғырлар!
Мынаны естігенде күнұзын аш жүрген бөрілер бірін-бірі кимелей алға ұмтылысыпты. Дәл сонда алдарынан шыға келген Алабай оң жағынан жеткенді оңға, сол жағынан тақалғанын солға тістей лақтырып, айналаның шаңын қағыпты.
Сәл өткенде үш қасқыр жараларын жалай қыңсылап үш жаққа қашып бара жатады. Мұны көргенде Алабай:
– Ал, Далабай, бауыр, енді не дер екенсің!? – дейді мақтана.
Серіктесі жымысқылана жымияды:
– Не деуші едім? Аңқаулығың әлі қалмаған екен деймін де. Әйтпесе, сүйегі сүйегіне ілінген үш тырықты жеңдім деп айдалада күпінбес едің ғой…
– Мынау тағы не оттап тұр-ей?!
– Не естісең сол, серіктесім.
Алабай бассалмаққа ұмтылғанда Далабай жалт бұрылған бойы қаша жөнеледі. Бір жағынан ойнап, екінші жағынан ананың қуып жете алмайтынын білгендігінен қашқаны да…

6. КӨГЕРШІН мен КЕПТЕР

Олай бір, былай екі ұшып өз-өзінен мазасызданған Көгершіннің жанына келіп қонған Кептер:
– Аядай аулада серік таппай ішің пысқаннан саусың ба, тіпті бір орында байыз тауып тұрақтай алмай қойдың ғой? Олай болса, менімен бірге кеңістікке көтеріле, ұшы-қиырсыздық сұлулығынан ләззат алып қайтқаның жөн шығар. Сонда сабырға жүгінер едің, – депті жанашырлық таныта сөйлеп.
Тұрық жағынан өзіне келетін, бірақ қауырсындары көзді арбар әдемі бояуға қанықпаған, біріңғай сұрғылт түсті Кептерге сынай қараған Көгершін мырс етіпті:
– Сонда ол сұлулықтан алған ләззатың аш қарынға жұқ бола ма? Одан да жалғыздықтан жаным жүдеген менімен бірге оразаңды ашып алсаңшы. Қалғанын сосын көре жатармыз…
Мынаны естігенде бөтегесі бүлк еткен Кептер әлденені іздегендей жан-жағына алақтапты.
– Жыбырлаған құрт-құмырсқаны кейін түгендерсің, әзірге астауға жақында, – депті Көгершін оның ашқұрсақтығын сезе, сонадайдағы ішіне жем шашылған ағаш астауды нұсқай.
Ыдыстағы мол тарыны көргенде бірден бас қойған Кептер әп-сәтте тоят таба қанатын қомдап-қомдап қойыпты.
– Мәссаған! Сен телегей теңіз астың ортасында бақыт кешкен бір керемет құс болдың ғой! Бәсе, мына маңнан неге айналшықтап шықпайды десем… – депті сонсын ықылық ата.
Көгершін күліпті.
– Әркімнің өз несібесі өзіне тән бұйрыққа байланысты, Кептер, бауырым. Саған қанат бергенде нәпақасын алыстарға ұша жүріп айырсын деген шығар, ал маған қанат бергенде адамдар айналасында тіршілігін түзсін, көкке самғаса солардың көз қуанышына айналсын, қонса маңын паналасын деп жаратқан екен. Ендеше, қайда лағып, қайдан тұрақ іздегендеймін? Осы тірлігіме разымын мен.
Бас жағы қарақошқыл болғанымен мойын тұсындағы мамығы ақ та, қанат қауырсыны қызыл-күрең бояуға қаныққан Көгершінге көз қиығын тастаған Кептер ананың айтқанына қайырар уәж таба алмай қыбыжықтай беріпті.
– Жарайды, – депті мынаны көрген Көгершін өз-өзінен марқая, – Жүр, екеуіміз енді адамдар арасына барайық.
Бұл ұсыныстан Кептер шошыныпты.
– Адамдар арасына ма?! Олар ұстап алса қайтпекпіз?..
– Ұстағаны несі?
– Еріккендердің ойында не бар екенін қайдан білеміз? Балалар тас атып жараласа тіптен қиын болар…
– Қой-ей, қара аспанды төндірердей не көрінген өзіңе? Керісінше, балалар қолындағы тәтті тоқаштарынан үзіп алып алдымызға шашуға құмар емес пе! Тек, теріп жеуге үлгер.
– Шын айтасың ба?
– Сенбеймісің?
– Сене алмай тұрғаным…
– Ендеше кеттік.
Екеуі іркес-тіркес ауаға көтеріліп, елді мекеннің орта тұсындағы ашық алаңқайға қарай бағыт ұстапты. Көгершін өзіне таныс аймақта ештеңеге алаңдамай еркін ұшқанда, биік үйлердің ара-арасын жатсыраған Кептер қысыла-қымтырыла межелі тұсқа жеткенде алғашқы райынан қайта:
– Жүрегім дауаламай тұрғаны, – депті аулада жүргендерді тосырқай.
– Ендеше сен ана теректің ұшар басына қон да, бізді бақылай тұр. Күдігіңді қайырсаң сонсын да арамызға кірігерсің, жарай ма?
– Мен үшін осы дұрыс сияқты.
Көгершін алаңқайға қонған сәтте томпаң қаққан кішкене балалар оны қоршай қолдарындағы нан қиқымдарын құсқа қарай шаша мәз болысыпты. Сонадайдан бәрін бақылаған Кептер жиналғандардың Көгершінді ұстауға, оған тас атуға ниеттері жоқ екенін көргенде алаңдағыларға қызыға қарапты. Қарапты да, қорқынышын баса, топ ішіне қалай араласып кеткенін өзі де байқамай қалыпты.
– Балалар мейірімді екен ғой, – депті содан әріде Көгершіннің құлағына сыбырлай.
– Әрине, мейірімді. Әке-шешелері оларды тек жақсылыққа тәрбиелейді. Өзің қарашы, ересегі тұрмақ есі кіре қоймаған бүлдіршіндері де қолдарына тас алмайды. Солай емес пе? Ендеше, мейірім мен қайырымға жүгінген сәбилерге сүйсінген абзал.
– Әлбетте, Көгершінім, әлбетте. Бұдан былайда мен адамдарға сенетін боламын.
– Иә, адамзат баласына әрқашанда сенгенің дұрыс.
Алаңнан марқайып қайтқан екеуі Көгершін тұрағына жеткенде күнұзынғы бастан кешкен қызықтарын айтып тауыса алмағанға ұқсайды. Тек, қас қараюға айналған шамада Кептер:
– Енді мен қайтайын, – депті дауысы бәсең шығып. Оның жаңа тапқан досын қимай тұрғаны анық еді.
– Неге асықтың? Тектестеріңді сағынсаң, ертең де күн бар емес пе, барарсың. Ал, қазір бірге болайық та.
– Жоқ, – Кептер Көгершінді құшағына қысыпты, – Сен қолда өскенсің, ал мен түздің құсымын. Олай болса, өз ортама оралуым керек. Ал, қайыр-қош! Сағынғанда келіп тұрамын ғой.
– Аман-сау жүргін, Кептержан!
Көзден таса болғанша Кептердің соңынан қараудан талмаған Көгершін ендігі жүздесудің тезірек өтуін ойлай жатып ұйықтап кетіпті.

7. ҚҰЛЫН мен ҚОДЫҚ

Қырдан құлаған үйір ауыл сыртындағы желіге жақындағанда жылқылардың алдын орай олай бір, былай екі шапқылап дамыл таппаған шабдар Құлын кенет құлағын қайшылай осқырына тұра қалады да, жіңішке дауысымен кісінеп қоя береді. Жайбарақат жайылып жүрген Қодыққа көзі түскенін және ананың өріске шықпай ауыл маңын сағалағанына таңданысын танытқаны еді.
Бірақ, Қодық шабдардың мына қылығына елең етпестен өз тірлігін жалғастырады. Соған қапаланған Құлын енді оның жанына құлдыраңдай жетіп:
– Мен Құлынмын, – дейді өзін таныстыра, – Ал, сен кімсің?
Беймезгілде тыныштығын алғанды жаратпаса да Қодық жауап қатады:
– Мен Қодықпын.
Құлын таңырқайды.
– Қодық?.. Сен неге Қодықсың? Құлын бола салмайсың ба?
– Қодық болсам қалай Құлын болмақпын? Сен біртүрлі сөйлейді екенсің…
Мына сөзден кейін сәл іркілген Құлын енді ананың алды-артынан шығып, оны біршама бақылайды.
– Шынында сен Қодық сияқтысың, – дейді сонсын өзін-өзі сендіргендей, – Құйрық, жалың тықыр, бойың тәпелтек… Сонда сен түнде өріске шықпайсың ба?
– Біз ауыл маңынан ұзамаймыз.
– Ал, мен шүйгінге жайыламын, тұнықтан су ішемін. Сондықтан жүйрікпін.
Ол мақтана бастағанда Қодық мыңқ етеді:
– Мен де жүгіре аламын.
– Онда жарысып көрсек қайтеді, ә?
– Жарыссақ жарысайық.
Екеуі мәре жобасын айқындап алғаннан кейін бір-біріне белгі бере шаба жөнелгенде Құлын бірден алға шығып, ақырында белгілі тұсқа бірінші болып жетіп, қарсыласын сол жерде жадырай қарсы алады. Жай тұрмайды:
– Көрдің бе, көк шалғын мен тұнық судың пайдасын, – дейді желпініп, – Енді сен де бізбен бірге өріске шық. Сонда екеуіміз ен далада бірге ойнайтын боламыз.
– Енем жіберсе…
– Енең іздемес. Өйткені, ол түнде ұйықтайды ғой.
Қодық ойланып сәл бөгеледі.
– Бәрібір өйте алмайды екенмін. Себебі үлкенге өтірік айтқым келмейді. Ренжіп қалады ғой.
Мына сөзге енді Құлын ойланады.
– Иә, сен дұрыс айтасың, – дейді ақырында Қодықтың мойынын басымен жанай сипап, – үлкендерді алдаған жақсы емес. Сонда не істейміз, ә?
Қодық күрсінеді.
– Білмеймін.
– Ендеше не істейтінімді мен білемін! – дейді Құлын осы кезде қуана, – Күнде ертеңгілік сен мені осы жерде күтіп аласың. Сонсын екеуіміз жарысамыз, ойнаймыз. Келісесің бе?
– Әлбетте, – деп қостайды оны Қодық, – Оған шейін мен жүгіріп біраз жаттығып алайын. Сонда, бәлкім, сенен озып кетермін.
– Жаттық, жаттық. Мен де далада шапқылап өзімді-өзім баптай беремін. Ал, ертең кездескенше!
– Кездескенше!
Екеуі екі жаққа беттегенде ертеңгі күнді асыға күтетіндеріне сеніп бара жатқан еді.

8. ТОРҒАЙ мен ТОҚЫЛДАҚ

«Биіктерге самғаймын,
Қиырларды шарлаймын.
Тілін алам жақсының –
Мен ақылды Торғаймын».
Ертеңгілік ұясынан әндете ұшып шыққан Торғай көк бұйра тоғай шетіне іліккенде «тоқ-тоқ» еткен ерекше дыбысқа елеңдей құлағын түреді. Сөйтсе, жуан діңге жабысып алған бір құс ұзынша тұмсығымен ағаш қабығын дамылсыз шоқып отыр екен.
– Әй, мынауың не? Тұмсығыңды бұзып алсаң аштан қатуың мүмкін ғой, – дейді анаған жаны ашый, оның жанындағы бұтаққа қона беріп.
Бейтанысы шоқуын сәлге тоқтата бұған таңырқай қарайды.
– Мені танымайтын өзің қайдан келген керемет едің, ә?! Біле-білсең мені асырайтын осы кәсібім емес пе! Ендеше мазамды алмай жөніңе жүр, айналайын.
– Асырайтын деймісің? Сонда қатты діңнен не тапқандайсың? Одан да жұп-жұмсақ, тәп-тәтті құрт, құмырсқа ұстасаңшы.
Анау ащы мырс етеді.
– Ақылының түрін… Сол «жұп-жұмсақ, тәп-тәтті құрттарың» мына қабықтың астында жатқан жоқ па! Оның үстіне…
– «Оның үстіне» немене?
– Мен мына ағаштың сауабын аламын.
– Қайтіп?
– Уақытынан ерте шіруден арашалап. Мысалға, ағаш өзегіне құрт түссе түскен жерін кеміріп жеп қояды да дің солады. Ал, дің солса бұтақ, жапырақтары қурап, терек, қарағайлар тірлігінен айырылады. Ендеше, оларға неге қамқорлық жасамасқа. Солай емес пе?
Торғай таңырқайды.
– Оны білмеген едім.
– Енді біліп жүресің.
– Әрине білетін боламын. Басқаларға да айтамын.
– Міне, мұның енді ақыл.
Бейтанысы қайтадан жұмысына кірісуге ыңғайланғанында Торғай тоқтатады:
– Сонда сені басқаларға кім деп таныстырамын?
– Тоғайдағылар мені Тоқылдақ дейді.
– Мен Торғаймын.
– Бәрекелді! Ал, қайыр хош!
– Сәттілік!
Торғай енді бөгелмейді, Тоқылдақтың жақсы ісін жарнамалау үшін қанат қаға әндетіп бара жатады:
«Іс тындырған пайдалы,
Тоқылдақты таныңдар.
Тоғай түлеп жайнады,
Таза ауаға барыңдар».

9. АРДАҚ, ЖАҢҒАҚ және ТАС

Ертеңгілік базарға қарай беттеген бағбанның арбасы жолай кездескен ой-шұңқырлардан шоқалақтай жөнелгенде онда тиелген жәшік бетінде жатқан жұдырықтай жаңғақ әуелі орнынан сырғый жылжып, артынан қалбалақтай жерге ұшып түсті де, сол бетінде домалағаннан домалай жол жиегіндегі Тасқа соғыла бір-ақ тоқтады.
– Таң атпай мынау не қылған бассыздық! – деп барқ етті сол кезде тосын соққыны жаратпағанын жасырмаған Тас, – Бір мезгіл дем алайын десең осы, өңшең қуаяқтар дамыл бермейді!
Жаңғақ ыңғайсызданды.
– Айып етпегейсің. Мен базарға бара жатыр едім…
– Базарға ма? Таң атпай онда нең бар еді?
– Ештеңем жоқ. Алайда, бағбан атам солай шешкен соң, амал нешік, арбаға тиелгенмін. Қалғып отырғанымда аунап кетіппін. Ендігі отырысым осы…
– Ой, сорлы-ай!..
Тастың аяушылық таныта сәл жіби сөйлегені әсер етті ме, Жаңғақ енді ананың өне-бойын шола көз тастады.
– Жаңа, мен соғылғанда, бір жерің ауырып қалған жоқ па?
Тас мырс етті.
– Мен ауырсынатындай сен кім едің соншама? Одан да өзіңді түгендеп алсаңшы!
Жаңғақ олай бір, былай екі аунақшыды:
– Бәрі орынша сияқты, – деді әріде батылдана, – Біле-білсең менің қабығым өте қатты ғой. Адамдар дәмін татарда қабағымды шағып қана алады. Сондықтан анау-мынауды елең қыла қоймаймын. Әлгінде де сені ойладым. Рас айтамысың, ештеңе болған жоқ па?
– Астапыралла! – Тас ащы мырс етті, – Неткен өлерменсің өзің? Мен сені аясам, сенің маған жаның ашып отыр. Жаңғақ, жаным, қойшы енді бір мезгіл, әйтпесе…
– Әйтпесе не болады?
– Ашуланып кетіп өзімді-өзім ұстай алмай қалып жүрермін.
– Ойпыр-ой, қорқытқан түрін! Қорқып қалдым деген!
– Қорықпасаң келешекте қорқатын боласың.
– Қалай?
– Солай! Мен соғылсам сенің қабығың сынбақ тұрмақ шашылып қалар.
– Мүмкін емес.
– Емес пе, мүмкін бе, оны уақыт көрсетеді.
Мына сөзге Жаңғақ кәдімгідей намыстанды.
– Онда кел, жұдырықтасайық, – деді қызарақтай, – Кім жеңсе сол қатты деп танылсын, келісесің бе?
– Келістім!
Екеуі түйіле қалып, бір-біріне жақындаса бергенде жақын маңдағы үйде тұратын Ардақ үстерінен түсті.
– Мәссаған, айдалада айқайласып жатқан кімдер деп ойласам екеуің екенсіңдер ғой. Дауыстарың тіпті жер жарғандай ғой. Кәне айта қойыңдаршы, неге келіспей жатырсыңдар?
Тас не дерін білмей мүдіргенде Жаңғақ белсене:
– Айта қойыңызшы, тас қатты ма, әлде жаңғақ қатты ма? – деп сұрады бірінші болып.
Ардақ күлді.
– Е-е, таластарың осы ма?
– Иә, осыны анықтауға бекініп едік.
– Онда… – Ардақ бөгеліп сәл тұрды, – Былай істесек қайтеді: қаттылықтан не пайда, айналаға қандай пайда келтіреміз деп ойлансақ. Келісесіңдер ме?
– Сонда не істегеніміз орынды? – деп сұрады Жаңғақ.
– Иә, не жасасақ болады? – деп қостады Тас та енді сабырға келе.
Ардақ тағы біршама бөгеліс жасады.
– Таптым! – деді сосын қуана, – Жаңғақты құнарлы жерге отырғызамыз. Сонда ол мәуелі ағаш болып өседі де жемісін береді. Ол жемісті жеген балалар бізге рахметін айтады. Тамаша емес пе!?
Мынаны естігенде Тас:
– Сонда мен ше? Мен не істемекпін? – деді бұртия. Оның өкпелеп қалғанын байқаған Ардақ жұбатуға тырысты:
– Сенің пайдаң сол – сен Жаңғақ жетілгенше оны малдан және тәртіпсіз балалардан қорғайтын боласың.
Міндеті санасына жеткен Тас масайрап шыға келді:
– Әрине, қорғаймын!
– Бұл жауапкершілігі мол жұмыс. Сондықтан, әркезде сақтық керек.
– Мен өте сақ боламын! – деді қуанышын жеткізген Тас апырақтап.
Осыған келіскен үшеуі көп өтпей бау-бақша өсетін тұсқа қарай асыға басып кетіп бара жатты.

10. ҚОЗЫ мен ЛАҚ

Бір оттықтан шөп жеп, бір астаудан су ішіп жүрген Қозы мен Лақтың мінез-құлықтары әрқалай еді. Қозы қақ-соқпен ісі жоқ, күнделікті тірлігін ғана білетін момын болса, Лақ анаған да, мынаған да ұрына беретін ұшып-қонба, есерсоқтау жаратылған төл-ді. Басқасы басқа, шопан шөп салғанда оттыққа секіре шығып алып азық үстінде тайраңдайтыны оның желікпелігін көрсетсе керек.
Осыған орай бірде Қозы:
– Өзгелерге жұғымсыз қылықтарыңды қойсаңшы, – деп ескерткенде, Лақ:
– Ненің дұрыс, ненің бұрыс екенін маған үйретпе. Не істегім келеді соны істеймін, білдің бе! – депті қабағын шыта.
Ананың жөн сөзге тоқтамайтынын ұққан Қозы бұдан былайғы жерде одан бойын аулақ салуға тырыса, қашқақ жүруді әдетіне айналдырып алыпты.
Күн артынан күн өте, уақыт оларды көктемге жеткізіпті. Жер қыза, көк шыға ерте туған төлдер далаға шығатын шақ туыпты. Міне, дәл осы кезде есерлене тастан тасқа, жардан жарға секектеп жүрген Лақ абайсызда биіктен құлап, сирағын қатты жаралап алған екен.
– Қозы, көмектес!? – деп айқайлапты сонда ол сонадайда жайылып жүрген отарласынан, жарасын ауырсына, көмек сұрай дауыстап.
Мұны ойынға балаған Қозы алғашында ештеңе естімегендей елең етпепті.
– Құлың болайын, көмектесе көрші?! – депті Лақ тағы дыбыс салып.
Қозы өз бетімен жүре беріпті.
– Мен шынымен жараланып қалдым, көмектесіп жіберші… – депті Лақ енді жалынышты үнмен үзік-үзік маңырай.
Жайшылықта өктемдікке жүгінетін Лақтың аянышты үні Қозыға ой салыпты. «Ойпырмай, мына жалынысы тегін емес сияқты ғой. Шынында бірдеңеге ұрынған болса керек. Қой, барайын», – деп түйіпті ол өткен-кеткенді ұмыта. Ал, шын жағдайды бағамдағанда бірден қотанға қарай жүгіріп, онда аранды жөндеп жүрген шопанға мән-жайды айтып беріпті.
Шопан жаралы Лақты көтере үйіне алып келіп, әлденендей ем-шаралар жасап, артынан жараланған сирақты дәкемен таңып тастаған шамада жаны жайланғандай болған Лақ:
– Рахмет! – депті Қозыға алғысын жаудыра, – Егер сен болмасаң мен әлі далада жатар едім де, жарам асқынып, өліп қалуым мүмкін еді. Дер кезінде көмек қолын созғаныңа бек разымын. Саған уәде етемін: мен енді сен сияқты байсалды болуға тырысамын. Уәдем – уәде!
Ол айтқанында тұрып, сирағы жазылғанда бұрынғы есерлігін тастай, салмақты төлге айналып шыға келіпті.
Содан беріде Қозы мен Лақтың жұбы қайда да жазылмаған екен.

11. МЫСЫҚ пен КҮШІК

Қаланың көпқабатты үйлерінің бірінде дене тұрқы адамның жұдырығындай ғана Күшік тіршілік етіпті. Осы бітіміне қарамастан өзі ашушаң әрі шақар екен. Көзіне мысық атаулы түссе шәуілдей, соңдарынан қуалап, анау байғұстар талға өрмелей шығып кеткенде танауын жоғарыға көтере шаңқылдап тұрып алатын ғадеті оны айналасына әйгілі етіп жібергені анық-ты.
Сол аулада үрпиген жүні көзі-басын жапқан, қожырайған түрінен адам шошырлық, бойы бес жастағы баланың тізесін қағатын алып Мысық та болыпты. Ол жүрген жерде басқа тектестері аяқтарын аңдап баса, алыптың жел жағына шығудан тайсақтайтын.
Кереметі сонда, сол кезде әлгі алып Мысықтың жоғарыда айтқан шәуілдек Күшіктен өлердей қорқатын сыңайы басқалар үшін жұмбақ еді. Қорыққаны ғой, анау шәуілдей қуып бергенде жалма-жан тұра қашып, ауладағы ағаштардың басына шыға, содан кешке шейін түспей қоюға бар екен.
Міне, көпшілік түсіне алмаған осы қылықты тектестері өзара күңкілдескенде, өсекті құлағы шалған Мысық оның бәрін намыстанбастан қабылдап, миығынан күлетін әдет тауыпты. Сөйте тұра: «Сендерде жүрек жоқ-ау, жүрек жоқ. Әйтпесе, ол күшік емес пе! Бүгін бетін қайтарсаңдар ертең кім болғандай?» – дейтін көрінеді жайбарақат.
Күшіктің күшіктігі де сонда, ол үнемі өзгеден көргенін қайталауға құмар-ды. Мысалға, мысықтардың ағаш басына қалай өрмелейтінін білмекке неше мәрте діңге жабысып, неше мәрте құлап түскенін ешкім санамаған шығар. Әйткенмен, шындығы сол, құлап бақты. Биіктік онша болмағандақтан ғана сынықтан аман қалып, ауырған жамбасын жалаумен шектеле, ақсаңдай басып барар жағына кете барғанына ауладағылар куә.
Осылай күндер өте берген.
Бірде, алып Мысық ауланы аралап келе жатқанында, құлағына әлденендей тосын дыбыс шалынып жоғарыға жүз бұрғанында, қалай жеткені белгісіз, биіктегі бұтаққа жабысып алған Күшікті көзі шалады. Анау болса қорыққанынан діріл қаға, басын алдыңғы екі аяғының арасына жасыра қыңсылауын жалғастыруды ғана біліп отыр.
– Әй-әй, ақымағым-ай! – дейді Мысық мына көрініске мырс-мырс етіп, – Ақымақ болмасаң әлің келмейтінге тыраштанып әлек болар ма едің…
Ол ағашқа қарай беттей бергенде маңайға жинала қалған басқа Мысықтар шу-шу етіседі:
– Өзіне де сол керек!
– Титімдей қалпымен басқаны тітіркендірем деп қоқиланушы еді, ендігі отырысының түрін, не аспанда емес, не жерде емес…
– Мәссаған, жайшылықтағы батырсымақтың сықпытына қарасаңшы, сықпытына!..
– Қыңсыла, Күшік, қыңсыла!
Өзгелер шуласып жатқанда алып Мысық ағашқа бір-ақ секіріп шығып Күшікке арқасын тосыпты:
– Арқама мін. Мықтап ұста!
Күшік қалтырай арқасына жармасқанда және бір ырғып жерге топ ете түсіпті де:
– Айналайын, астамшылық ешкімге абырой алып бермеген, сондықтан еркелікті есерлікке алмастырып алмағайсың, түсіндің бе? – депті күле тұрып.
Күшік бұл жолы бұрынғы әдетіне баса шәуілдеп ала жөнелмей, керісінше Мысыққа басын сүйей:
– Рахмет, сізге! – депті бәсең үнмен, – Мен енді ақылды болуға тырысамын!
Әріде маңайдағы қыбырлағанның барлығы алып Мысық пен шәуілдек Күшіктің жарастығын көретін күнге жетіпті.

12. ҚАРҒА мен ҚАРАТОРҒАЙЛАР

Жел бағыты Оңтүстіктен орағыта бастағаннан-ақ ауаға жылымық кіріп, қыс бойы сіресіп жатқан қар көбесі сөгіле бастаған шамада әр-әр тұстан ашылған қыртысқа шүпірлеген Қараторғайлардың төбесінен қарқ-қарқ етіп ұшқан жалқы Қарға әндем шамада шеткерірек қона беріп:
– Әп, бәрекелді! Сендер де жеткен екенсіңдер ғой! Келіңдер, келіңдер. Менің қанатымның сусылымен шырайын ашқан көктемнің қызығын қызықтап қалыңдар, қызғанбаймын, – депті көтеріле сөйлеп.
Мына сөзге таң қалысқан Қараторғайлар біріне бірі қарасыпты.
– Сенбей тұрсыңдар ма? – депті соны пайдаланған Қарға тағы да қарқ етіп, – Сенбесеңдер қойыңдар. Бірақ, мен бірінші болып оралмасам көктемнің қарасын әлі көрмейтін едіңдер. Осыны біліп жүргендерің абзал.
Ол сүйір тұмсығымен өткен күзде астықты алқаптан қоймаға бидай тасыған көлік қораптарынан шашылған дән қалдықтарын шоқуға ыңғайланғанында Қараторғайларға тіл бітіпті:
– Сонда көктемді жеткізген сенің қанатыңның лебі ме? Өй, өтірігіңе болайын…
– Бір бөсіп қалмаса мұның іші кебетіні анық!
– Қажетсіз жерде қарқ етпесе ішкен-жегені бойына тарамайтынына мен кепілмін.
– Соқ, суайтым, соқ!
Қараторғайлар шиқ-шиқ күлісіп, енді басыла бергенде Қарға басын жерден әнтек көтере бере қанатын қомдай желпініп қалыпты:
– Сенбей тұрсыңдар ма? Сенбесеңдер сенбей-ақ қойыңдар. Бірақ, шындық қашанда шындық қалпында қалады – келер көктемде тағы кездесерміз. Сонда сендерді тап осы арада бірінші болып күтіп алмасам Қарға атым өшсін!
Ол ойқастай олай бір, былай екі жүріп барып тоқтайды.
– Торғайлар, сендер қорқақсыңдар – Топталып ұшасыңдар, топталып қонасыңдар. Сондықтан, жандарыңдағылардан әріге көз тастай алмайсыңдар және алысты көрмейсіңдер. Мына маған қараңдаршы, жалғыз жүріп жан бағамын. «Әй» дейтін ажам, «қой» дейтін қожам жоқ. Бағарым да, байқарым да сендерден әлдеқайда қомақты. Ендеше, келешекте білмейтіндеріңді менен сұрасаңдар айып емес. Осыны жадыларыңнан шығармаңдар. Ал, қайыр-қош!
Қарға қанатын қаға жоғарыға көтеріліп кеткенде Қараторғайлар қайтадан қауқылдаса бастайды. Біреуі:
– Өй, мақтаншақ! – десе, екіншісі іліп әкетіп:
– Бөспенің нағыз өзі екен! – дейді таңдайы тақ-тақ ете, – Әйтпесе, ол заман мен бұл заманда қара-құрым адамдар маусым басын біздің оралуымызбен айқындап жатпаушы ма еді!?
Дәл осы мезетте араларына Ата Қараторғайды алған және бір топ мына қыртысқа қонақтай қалады. Есендік-саулық сұрасқаннан кейін олар мұндағылардың жапанда не үшін дауыс көтерісіп жатқандарына пейіл қойғанда әлдекімнің баяндауымен жағдайға қанығып, соңында Ата Қараторғай тамағын кеней:
– Жаратылысы солай болса мойындамасқа шараң қайсы… Қарға жарықтықтар қашаннан мақтаншақтық пен даңғазалықтың жаршысы болған, алда да болып қала береді. Оған ешқандай таңырқаудың қажеті жоқ. Олардың туа бітті мінез бен дағдысын сендер түзей алмайсыңдар. Сондықтан, жоқты-барды сөз етуден аулақтап, өздеріңе бұйырғанды қанағат еткендерің жөн. Ал, көктемге келсек… Табиғат менің не оның қанатына байланып қалмаған, ол өз заңдылығымен жасаған. Олай болса, оны меншіктеймін деп далақтау есі кеткеннің әрекеті ғана, – дейді.
Үлкеннің ақылына бас иген Қараторғайлар ендігі тұста бос сөзді доғарып, жердегі дән қалдықтарын шоқуын жалғастырған екен.

13. ҚОҢЫЗ бен ҚҰМЫРСҚА

Бірде Құмырсқа жаңа шыққан күнмен таласа төңіректі болжап қайтпаққа илеуінен жалғыз шығып ормандағы діңі жуан қарағайға қарай беттегенде алдынан үлкен қара Қоңыз жолығып:
– Әй, шілтік, ну ішінде жападан-жалғыз мына жүрісің не? Біреу-міреу аңдаусызда басып кетіп, ана қылдырықтай беліңді үзіп жіберсе қайтпексің? Қаңғымай, аман-сауыңда илеуіңе оралсаңшы, – депті жанашырлық танытқан нышан байқата.
Мынаның келемеж екенін ұққан Құмырсқа:
– Мен шілтік болсам сен қауқиған қурай емессің бе, сондықтан несіне кергисің? Одан да өзің жайыңа жүрсеңші, сонда сен де пәле-жаладан аман боласың, – депті намысқа булыға. Әріде жолынан қалмауға ыңғайланғанында Қоңызға қайтадан тіл бітіпті:
– Мәссаған, сен маған дөң-айбат көрсетейін дедің бе!? Тілің мірдің оғындай екен! Оны тап қазір кесіп тастасам қалай болар екен, ә?
Ол ойланған сыңай байқата сәл бөгелгенде Құмысқа:
– Кесер жәндік «кесіп тастасам қалай болар екен» демейді, кесіп тастай салады. Ендеше сенде күш те, жігер де кемшін. Ал, қайыр-хош! – депті сапарын жалғастыруға қозғала беріп.
Бірақ, діттегені болмапты. Анаған қарағанда алыптай болып көрінетін денесіне сенген Қоңыз қайтадан алдын кес-кестепті.
– Асықпа, Құмырсқа. Мен әлі айтарымды толық айтқан жоқпын. Сен білесің бе, мен сендейлердің онын қаңбақ құрлы көрмеймін. Ендеше, тіліңді тарта сөйлегенің жөн, білдің бе! Қаласам тап осы сәтте таптап тастармын! Ал, мен таптасам сау тамтығың қалмайтынын өзің де білесің ғой! Солай, қылдырық белім!
Анау мардымсый танауын көтергенде Құмырсқа мырс етіпті.
– Сөзің – сөз ғой, одан танбайсың ғой, солай ма?
– Әлбетте.
– Онда бос даурықпадан не пайда, іске жүгінейік!
Ол өздеріне ғана тән қимыл-қозғалыс жасай, әлдеқандай дыбыс шығарғанда илеудегі құмырсқалар атойын салып маңайға жиналып қалыпты. Мұны көрген Қоңыз айылын да жимастан:
– Өңшең қу аяқтардың түрлерін-ай! Қазір бәріңнің көздеріңе көк шыбын үймелетейін! – деп қорбаңдай алға ұмтылғанында қыбырлаған, жыбырлаған құмырсқалардың бірі балаққа жармасса, енді біреулері жоғарыға өрмелеп, жай ғана өрмелемей жеткен жерлеріне біз тұмсықтарын сұға дүниені астан-кестең етіп жіберіпті. Дәл мұндай тегеурінді күтпеген Қоңыз енді бас сауғалауды ойлай мына тұстан безе қашуға жанталасыпты. Бірақ, мың-сан құрсаудан құтыла алмай ақыр соңында:
– Құлдарың болайын, қойыңдаршы! Енді сендердің жел жақтарыңа шықсам атым өшсін! – деп жалынуға көшіпті.
Қарсыласының тәубесіне келгенін көрген Құмырсқа әріде илеулестерін сабырға шақырып, аналар тоқтамға жүгінгенде:
– Қауқиған бойдың жұдырықтай жұмылған бірлік алдында қауқарсыз екенін көрген шығарсың. Сен денеңнің ірілігіне сенсең біз ұйымшылдығымызға, ауызбірлігімізге сенеміз. Сондықтан, алдағы уақыттарда астамдықтан аулақ қашқайсың, – депті Қоңызды ақылға шақыра.
Қоңыз басын изепті:
– Ағаттық менен, кешіріңдер!
Осы күннен бастап Қоңыз Құмырсқалардың алдынан кесе-көлденең өтпейтін болыпты.

14. ҚОЛШАТЫР мен ТАЯҚ

Қаладағы бір әженің қолшатыры мен қолға ұстайтын таяғы болыпты. Шатырын жаңбырлы күндері ғана пайдаланса, таяғын күнде жанынан тастамайды екен. Міне, осыны желеу еткен таяқ қолшатырға:
– Көрдің бе, әжеміз маған көбірек мұқтаж, сондықтан сенен гөрі мені жақсы көреді. Осыны біліп жүргейсің, – деп мақтанатын болыпты. Тіпті:
– Мен қаласам сені күресінге лақтырып тастауы да мүмкін, – деп күпсінуді әдет етіп алыпты.
Қолшатыр қарсыласайын десе таяқ сөзінің жаны бар, оның әже қолынан түспейтіні айдан анық, қарсыласпайын десе шыбын сияқты ызыңдап күнде маза бермейді, сонда не істесе болғандай?
Әрі ойланып, бері ойланып ештеңе таба алмайды. Таба алмағаннан кейін ананың сөзін үнсіз тыңдаудан аспастан, бәрін мойындаған кейіп таныта ілінген жерінде үнсіз салбырап тұра береді.
Күндердің күнінде қалаға қатты жаңбыр жауады. Қаттылығы сондай аспан қақ айырылардай күркіреп, көкте шатыр-шұтыр найзағай ойнап, айналаны сел етіп жібереді. Салдарынан батпақтаған адамдар көшеде жүре алмай, үйлеріне қамала кейістік танытумен шектеледі.
Міне, осы тұста қаладағы әженің де азығы таусылып, күн райына қарамастан дүкенге барып қайтуды ниет етеді. Сөйтеді де, амалы нешік, қолшатырын жазып, таяғын тықылдатып баспанасынан шығады.
Бір көше өткенде, тас төселген тұстан түсіп, лайсаңға кебісін малып алғанда күйіне:
– Құдайдың күні қашан ашылады өзі? – дейді өзіне-өзі тіл қатып. Сонсын қолшатырына алғысын білдіргендей: – Мына шатырым болмаса ендігі малмандай су болар едім-ау… – деп күбірлейді.
Тағы бір көшені айналғанда және де:
– Ту-у, осы шатырды кезінде ерім сыйлағанда «көрінгенге ақша жұмсайсың» деп кейістік танытып едім, енді қызығын көріп келемін. Жаның жәннәтта болсын, асыл жарым! – дегенді қосып жымиып қояды.
Осылай өз-өзінен сөйлеп жүріп дүкеннен аларын алғаннан кейін үйіне қайтқанда сыртқы есіктің құлпын ашып жатып қабырғаға сүйей салған таяғын ұмыта ішке өтіп кетеді.
Тек ертеңінде, сыртта қалдырғаны әженің есіне түсіп, орынына қойғанда малмандай су болған, әбден тоңған таяқ:
– Кешірші, – депті қолшатырға қарап кемсеңдей, – Мен енді саған астамшылық көрсетпеймін. Әжеге екеуіміз де қымбат екенбіз. Мұны ертерек білсем-ші.
Қолшатыр мағұрланады:
– Солай, таяқ досым. Әжеміздің ең жақыны қазір екеуіміз ғанамыз. Олай болса бірімізді-біріміз орынсыз қажамайық, келісесің бе?
– Әрине, келісемін.
Сол сәттен бастап қолшатыр мен таяқ татулықта күн кешіпті.

15. ЖҮК МАШИНАСЫ мен ТРАКТОР

Бір қыстақта жүк машинасы мен шынжыр табанды трактор болыпты. Трактор қар тоқтату, жер жырту сияқты ауыр жұмыстарды атқарса, машина шөп тасу мен көршілес ауылдардан жүк жеткізуді міндетіне алады екен. Әрине, мұндай шаруалардың басым бөлігінің науқандық кезеңдерде қауырттықпен жалғасатыны белгілі жағдай. Ал, жайшылықта машинаның жүрісі тоқтамағанымен, трактордың қаңтарулы тұрысы көбейіп, соны бетіне басар машинаның күңкілі өршіп кететін сәт жиі қайталанатын болса керек.
– Әй-й, тасбақа жүрісіңмен сен қандай береке тапқандайсың? Мен болмасам қалғаның ғой бір сайда үстіңді топырақ басып, теміріңді тот кеміріп, ақырында алқам-салқам қалпыңда ешкімге керек болмай, – дейді екен сондайда машина астамсып сөйлеп, – Мына маған қарасаңшы, ылғый жолдамын. Ел алдында қадірім жоғары. Басқасы-басқа, құлдыраңдаған балаға шейін қорабымда отырып серуендеуге құмар. Арман жоқ-ау менде, арман жоқ!
Мынаны естіген трактор: «Саған жүйіткуді, маған соқа тартуды жазса, амалымыз нешік, көнеміз де. Осыған тәубә дейік», – деп басу айтса, машина өрши түседі екен:
– Жазу-мазуыңды білмеймін, саған қарағанда бағым жоғары екенін мойындағайсың. Иеміз де еңбегімді бағалап, күнде сылап-сипаудан жалықпайды. Бір мезет көз салсаңшы, өн бойымда шөкімдей шаң жоқ қой, жоқ. Ал, сенің тұрсың мынау: үсті-басың батпақ-сатпақ. Қарауға ұялғандайсың. Жаным ашыйды…
Машинаның астам сөзіне жауап қайтарудан түк өнбейтінін түсінетін трактор мұндайда тілін тістеп тұра береді екен.
Күндердің күнінде машина тағы да жолға шығыпты. Аспанды қорғасын бұлт басып, көкте найзағай ойнап, нөсер жаңбыр құйып тұрғанына да қарамапты. Содан әжептәуір жол жүріп, ақыр соңында алатын жүктерін алған бойда кері оралып келе жатқанында дөңгелектері батпаққа батып, мидай далада жер бауырлай жатып қалыпты. Олай жұлқынса да, былай жұлқынса да лай шұңқырдан шыға алмай, әбден діңкелепті. Керісінше, дөңгелектері айналған сайын өзі батпаққа бата түсетінін байқағанында шарасыздықтан көзіне жас тығылыпты. Енді не істесе болғандай?
Әрине, тракторға сәлем жолдамақ керек. Қанша айтқанмен табаны шынжыр, күші жойқын сойқан ғой.
Бірақ… Трактор мұның әлсіздігін бетіне баса мазақ қылса қайтпекші? Намыстан жарылып өлмек пе? Ал, өлді делік, одан біреудің бірдеңесі кете қоя ма? Өзі ғана жайрап қалады да, тетіктері әркімнің қолында кетіп. Қой, не де болса шыдағаны жөн шығар…
Шыдасын дейік. Сөйткенмен, су астында қалып сүмеңдегеннен гөрі тұрағына жетіп алса мынадай ауа райында сол олжа сияқты ма, қалай өзі?! Әрине, олжа болары даусыз. Ендеше, орынсыз жерде қырсықпай, жалған намысты жеңе білген де дұрыс-ау.
Алайда, лайсаңға шым батып жатқан машинаның жағдайын түсініп, тракторға хабарды кім және қалай жеткізбекші? Ең құрымағанда ұшқан құстың да ұшыраспауын қарасаңшы…
Дәл осыны ойлаған уақытта алыстардан әуелі жылтыраған жарық көрініп, артынан айналаны көшіре гүрілдеген дауыс құлағына жетіпті. Сол сәтте машинаның жүрегі атқақтай жөнеліпті. Мәссаған, мынау трактор ғой! Ой, жарықтық-ай, серігінің бір пәлеге ұшырағанын сезіп жолға шыққан түрі шығар! Не дегенмен күштінің аты күшті ғой, батпағыңды мәу демей, белуарынан саз кешіп келе жатқанын айтсаңшы.
– Пах, шіркін, жүрісіңе болайын! – депті сүйсінгенінен машинаның дауысы шығып кетіп.
Трактор қас пен көздің арасында қатарласа беріпті. Қатарласыпты да:
– Сенің кешіккеніңнен сезік алып тартып бергенмін. Қателеспеген екенмін. Сәл шыда. Қазір шығарамын, – депті сенімді түрде.
Сөйтіпті де ырғай тартып, досын батпақтан сүйреп алып шығыпты.
Осы кезде өзінің бұрынғы әрекеттеріне ұялған машина:
– Мен қателесіппін, кешірші! Бұдан былайда екеуіміздің достығымызға ешкім сына қаға алмайды, солай ғой, ә?! – депті қызарақтап.
Трактор жымиыпты:
– Әлбетте, бауырым!
Сол күннен бастап машина мен трактордың арасында сенім мен қыл өтпес достық көпірін тұрғызыпты.

16. СОҚА мен МАЛА

Әуелгі баста Соқа өз бетінше, Мала өзінің қарым-қабылетіне қарай жеке-жеке жұмыс істепті. Ерте көктем мен күздің басында Соқа жер қыртысын аударып тастаса, кейінде Мала әлгі аударылған жердегі үлкен қиыршықтарды ұсақтап, ойлы-шұңқырлы тұстарды тегістеумен жүреді екен.
Бірде екеуі егістікте бетпе-бет кездесіп қалыпты.
– Таңның атысы, күннің батысында соңымнан салпақтаған сен кімсің? Тіпті, менен бір елі қалатын түрің жоқ қой? – деп сұрапты сонда Соқа жаратпаған сыңайда.
Мына сұраққа намыстанған Мала:
– Ертеден қара кешке шейін кем-кетігіңді түзеп жүргеніме алғыс айтудың орнына кісімсінгенің қай сасқаның? Қырып алсаң айтайын – Мен Маламын. Мала болғаннан кейін ертеңгі жерге сіңер дәннің анау қиыршыққа бір ұрынып, мынау түйірге тағы маңдай соққанын қаламаймын. Сондықтан, сен аударған жер қыртысын майдалаумен әлекпін. Білгің келгені осы болса білгейсің! – депті қызбалана.
Соқа миығынан күліпті:
– Ойпыр-ой, дайын асқа тік қасықпын десеңші. Бәсе, сыйдиған тістерін неғып сындырып алмай жүр деп таң қалсам аударғанымды амалдайды екенсің ғой.
– Иә, сенің күрек тісің жіберген кем-кетікті менің қырық тісім жайластырып абыройыңды асыратынын ұмытпағайсың.
Бұл тәжіке көктем мен күзде әсіресе өршіп кетеді екен.
Күндердің күнінде дихан бір жұмысты екі қайтара істеуден зиян шегетінін есептей келе Маланы Соқаның соңынан тіркейтін шешімге бекіпті. Нәтижесінде осыған шейін екі қиырда ентігіп, әредік қана жолығысып қалатын Соқа мен Мала енді бірінің артынан бірі іркес-тіркес жүретін қалыпқа жетіпті.
Мынаны көрген Соқа: «Ендігі жетпегені осы еді», – деп күйзелсе, Мала: «Күнімді Соқаға салып қойғаны несі? Одан да өз бетіммен жүрсем еңбегім өнімді еді ғой», – деп налып, тек амалдары жоқтықтан ертеңгісін жұмысқа шығатын болыпты.
Осылай әркім өз әрекетін дұрыс санап, екінші жақтың еңбегін іске алғысыз қылып жүргендерінде оларды сүйрейтін трактор бұзылып қалып, екеуі егістіктің дәл ортасында қаңтарылып тұрып қалыпты. Қас қылғандай, сол тұста нөсер жаңбыр жауып, айналаны мый-батпаққа айналдырып жіберсе керек.
– Мынаның бәрі сенің пиғылыңнан. Егер үн-түнсіз соңымнан салпақтағаныңда жаңбыр астында бүйтіп сүмеңдеп тұрмас едік, – депті Соқа осы кезде бұрқылдап.
– Пәлеңнен аулақ! – депті Мала шіңкілдей, – Аспанды алақаныңмен тіреп тұрғандай күпсінген өзің емеспісің? Тіпті, тауды төңкеріп, тасты үгітердей қоқиландың келіп. Сөйтерің бар қашанғы су астында сүмеңдемекпіз көрсетсеңші күшіңді, тоқтатсаңшы мына нөсерді?
Орынды айтылған уәжге жауап таппаған Соқа ұялғанынан көзін төмен сала:
– Осы екеуімізге не жетпейді, жоқ жерден тәжіке тудыратындай? – депті бәсең үнмен, – Бәрін қояйықшы. Бітіреріміз бір іс, көздегеніміз бір нәсіп, ендеше несіне кеңірдек жыртысқандаймыз? Одан да жұмысымызды білейік. Ертеңгі күні егініміз жайқалып тұрса абыройымыз асқақ. Ендеше, соған жұмылайық. Келістік пе?
Біреу алдыңда иіліп тұрса шап-шап етіп нең бар, Мала енді дауысын жұмсарта:
– Әлбетте. Мен береке, бірлік жағындамын! – депті қуана.
Ертеңінде бұлт ыдырап, жаңбыр басылғанда жөндеуден өткен трактор келіп, Соқа мен Мала ортақ жұмысқа көңілдене кірісіп кетіпті.

————————
*Соқа – егін салар алдында жерді аударыстыратын құрал.
*Мала – соқаның артына тіркеліп, аударылған топырақты
ұсақтайтын қондырғы.

17. ШОРАҒАЙ мен ШАБАҚ

Ертеде бір үлкен қарасуда ұзындығы құлашқа тең Шортан тіршілік етіпті. Өзінің түсі өте суық болса керек. Содан да шығар, былайғы балықтар онымен ұшырасып қалудан қорқып, қарасын байқаған сәтте кейбірі су астындағы батпаққа жасырынса, кейбірі салындыны, немесе қамыс-қоғаның түбін сағалап жан бағатын жағдайға жетіпті. Міне, осыны байқаған Шортан өзін мына судың қожайынындай сезініп, «қаһарлансам қара суды теріс ағызамын» деген үстем оймен тірлік кешкенге ұқсайды.
Оның сүйікті әдеті – Күнде ертеңгілік су бетіне көтеріліп, күнге қыздырынып жату екен. Осыны білетін басқа балықтар бұл кезде тығылған орындарынан қозғалмаса, күн көзі қайта бере өзендегі шөп-шалам түбірімен, оның арасындағы қыбырлаған-жыбырлағандармен нәпәқасын айыру үшін жайылымға шыққанда ғана бір-бірімен тілдесіп қалуға мұрсат табатын болыпты.
– Ана көксоққанның көзіне түсіп қалған жоқсың ба? – деп сұрайды екен сондайда алғаш тілге келгені амандық-саулықтан бұрын жан-жағына жалтақтай тұрып.
– Оған кездессем сенімен осылай сөйлесіп тұрамын ба? Тіпә, тіпә, пәлесінен аулақ! – дейді екен екіншісі желбезектерін дамылсыз қозғай.
– Өзінің көмейі тым үлкен, екеуімізді қосарлап жұтса қақалмайды дейді білетіндер.
– Астапыралла! Жаным түршігіп кеткенін қарашы!..
– Иә-иә, жаның түршігетіні рас. Кездеспей-ақ қоялық!
Әрине, балықтардың бұл сөздері құлағына жете ме, жетпей ме, ол жағын айта алмаймыз, сөйткенмен, «жел болмаса шөптің басы қимылдамайды» демекші, суды ен жайлаған дүлейдің айбаты күннен күнге арта түскені жасырын емес еді.
Осындай күндердің бірінде өмір бойы ешкім естімеген не көрмеген бір тосын оқиғаның қара салғаны шындық-ты. Ол – кіп-кішкетай шабақтың аждаһа сынды Шортанды елең қылмай, оның тұрағында асыр сала ойнап жүрген қылығы болатын.
– Астапыралла! – депті мынаны көргеннің бірі аузын аша, көзін жұма, басын шайқап, – Мынаны көрсеткен көзіме сенейін бе, сенбейін бе?!
– «Өлетін бала молаға қарай жүгіреді» дегеннің кері шығар, өз көзіме өзім сене алар емеспін, анау сорлы құрыды ғой! – депті екіншісі оны күңірене қолдап.
Шабақ болса мұның бірін елең қылмастан ойынын жалғастырыпты. Ол алып Шортанның ана жағынан бір, мына жағынан екі шығып мәз дейді. Сақ-сақ күліп басқа балықтардың үрейін ұшырғаны және анық.
Ол осылай жүргенде, қас пен көздің арасында, сол маңда және бір сұлба пайда болыпы. Иә-иә, анасының тасасынан атып шыққан Шорағай бүйірден қосылып, Шабақты қуып ала жөнелген екен. Бақылап тұрғандардың мына көріністен тіпті зәрелері ұшыпты. Демдерін іштеріне тартыса оқиғаның соңын күтіскендер тастай қатып қалыпты.
Бірақ, басқалар күткен қатқылдық бой көрсетпей, жалт бұрылған Шабақ қарсы шапқанда Шорағай қақтығысудан тайсалғандай кері қаша жөнелсе керек. Содан, мына қызыққа қараңыз, Шабақ қарсыласының апшысын қуыра біраз жүзіп, ақырында Шортанның дәл маңдайына жабыса тоқтап дем басыпты.
– Қазір жұтады! – депті осы сәтте бір сары сазан аһ ұра.
– Жұтпас. Шабақ Шортанның жұмырына жұқ болмайды, – депті екіншісі өз болжамын жеткізе.
Екінші сазан айтқандай Шортан Шабақты көзіне де ілмепті. Тек Шорағайға:
– Айналайындар-ау, күнұзаққа ойнап шаршадыңдар ғой, енді тамақтанып, біраз тынығып алсаңдаршы, – депті мейірім таныта. Ал, Шорағай мен Шабақ қоғаның сүтті борығына бас қойғанда оларға сүйсіне қараған қалпы жымиып қойыпты.
– Мына борық тым тәтті екен. Бізде де борық бар, бірақ оның дәмі дәл мұндай емес, – депті Шабақ арғы жағына ел қонғанда қарнын сипай.
– Ендеше сен күнде келіп тұр: бірге ойнаймыз, бірге борық сүтімен қоректенеміз, – депті Шорағай масаттана.
Осы кезде Шортанға қайтадан тіл бітіпті:
– Борықтың дәмі қайда болмасын бірдей. Сондықтан, анау жерде анадай, мына жерде мынадай деу орынсыз. Қазір неге тәтті болып тұр? Өйткені сендер ойнадыңдар, көңіл жарастырдыңдар. Алдағы уақытта да осылай тату-тәтті жүрсеңдер көңілдерің жайлы, өмірлерің мәнді болмақшы. Екеуіңе қарап осыны бүгін мен де түсінгендеймін, – депті ол жадырай, – Енді мен де айналама мейіріммен қарайын.
Содан бері қара судағы балықтар түсіністікте ғұмыр кешіп, береке-бірліктің шуағына шомылыпты.

18. ТАСБАҚА мен ТАРАҚАН

Теңіз жағалауында, қайдан пайда болғаны белгісіз, бір Тарақан тіршілігін түзіпті. Өзі өте ширақ әрі жүйрік болыпты. Қазір мына тұста мұрты жыбырлап тұрса, енді бір қарағаныңда сонадайдан қара көрсетеді екен.
Бірде сол Тарақан теңізден сүйретіле шығып жағалаудағы құмдаққа қарай бауырымен жер сызып келе жатқан бір тіршілік иесін байқап қалады. Анаусы тас жабуды құрсанып, сол ауырлықты көтере алмағандай өте баяу қозғалатын көрінеді.
Бұрын мына өңірден байқамаған белгісіз тіршілік иесіне таңдана қараған Тарақан әп-сәттің арасында оның жанына сидаңдай жетіп барып:
– Сен кімсің, әй? – деп сұрапты жөн-жосығын білмекке жүгіне.
Тасбақа тосын дыбыстан жасқанғандай басын тас жабуға жасыра оңына бір, солына екі қарапты да, жақыннан көзіне ешкім түспегеннен кейін қайтадан қозғалысқа еніпті.
– Саңыраусың ба? Мен кімге айтып тұрмын, сен кім боласың?! – депті Тарақан енді айқай салып.
Сонда ғана дыбыстап тұрғанның тырнақтай біреу екенін байқаған белгісіз тіршілік иесі:
– Мен Тасбақамын. Ал, өзің кімсің? – деп қарсы сұрақ қойыпты.
Тарақан маңғаздана қалыпты.
– Мен Тарақан деген ағаңмын.
Тасбақа ананың не айтып тұрғанын түсінбегендей басын шайқай:
– Тарақан?.. Аға?.. Көзге ілінер-ілінбес бойына қарамай аға болуын қара! Сен емес, мүмкін төбедей төңкеріліп жатқан мен саған аға шығармын, ә? – депті кекесінді мырс ете.
Тарақан намыстаныпты.
– Мына жердің иесі мен екенімді ұмытпағайсың, Тасбақа! Ендеше, байқап сөйлегейсің. Әйтпесе, келген жағыңа қайтадан қалай кетіп қалғаныңды білмей қаларсың.
– Сонда мені қуатын сен бе?
– Енді кім деп едің! Әлде, мына арадан екеуімізден басқа тағы біреуді көріп тұр ма едің?
– Қайдан білейін. Тырбаңдаған аяқтарыңның әрқайсына бір-бір шайтан мініп алған шығар деп ойламасам былайша ешкімнің қарасын көрмеген сияқтымын.
– Көрмейсің де. Өйткені, мына жағалаудың иесі, тағы қайталаймын, мен ғанамын. Басқалар мен кел десем келуге, кет десем кетуге тиісті. Солай!
Тасбақаның көзі бағжаң етіпті.
– Ойпырмай, айтсаң айтады екенсің-ақ. Сонда осыдан тура жүз жыл бұрын тап осы арада дүниеге келген мен бөлек те, кеше ғана тырбаңдап орнынан тұрған сен бәрінің қожайынымысың? Күлдірмеші, айналайын. Әйтпесе жарылып кетіп жүрермін…
Бар денесі селкілдей күлген Тасбақаға қарай тұрып Тарақан ернін шүйіріпті.
– Мәссаған, нағыз суайт сен шығарсың! Жүз жыл дейді ғой… Сонда сенің жасың жүзде ме? Қой, шырағым, ғасыр жасасаң сүйегің саудырап қалар. Ондай өтірігіңді маған емес, анау қаздиған тастарға айт. Сөзіңе сенсе, бәлкім, тілге жоқ солар сенер. Ал, мен сене алмаймын!
– Сен, сенбе ол өз еркіңде, менің аталарым екі жүз, тіпті үш жүз жыл жасағандар! Білдің бе?!
Тарақан мына уәжге не иланарын, не иланбасын білмей сәл тыйыла қалғанда Тасбақа жөнімен жүрмек ниетте орнынан қайта қозғалыпты. Бірақ, ұзай алмапты. Сөзден жеңілуді намыс көрген кішкентай жәндік алдын кес-кестепті.
– Жоқ, бұлай кете алмайсың. Тәжікеміз әлі біткен жоқ. Ал, айта қойшы, жүз жыл бұрын тап осы жерде не болып еді?
– Не болғаны несі? Теңіз дәл осылай толқынын жағаға қарай жайып көпіршіктеніп жатқан.
– Сонсын?
– Сонсын біздер, жұмыртқадан жаңа жарып шыққан кіп-кішкентай тасбақалар, сол теңізге жету үшін суға қарай жанұшыра жүгіргенбіз.
– Өтірік! – деп бақырып қалыпты Тарақан, анау байғұстың өтірігінің үстінен дөп түстім деп ойлап, – Өйткені сен жүгіре алмайсың!
– Жүгіре білгенімнен ғой ұшып жүрген шеңгелі мықты құстарға жем болмағаным. Әйтпесе дәл осы күні алдыңда арқа-жарқа болып отырмас едім.
Мынаны естігенде ойына әлдене түскендей Тарақан серпіліп сала беріпті:
– Ендеше тап қазір жарысамыз. Озып кетсең айтқаныңның бәрін жөн деп табамын, ал қалып қойсаң өз обалың өзіңе, суайт деп мазақтаймын. Келістік пе?
– Жақсы, – депті Тасбақа желімдей жабысқан мына пәледен жуырда құтыла алмайтынын біліп.
Тарақан қуанып кетіпті.
– Онда су жиегіне шейін жүгіреміз. Ал, кеттік!
Тасбақа ауыз ашып үлгергенше Тарақан қолды-аяққа тұрмай безек қаға көбігі көпіршіген толқын жиегіне жетіп алыпты.
– Енді мойындайсың ба? – деп сұрапты сонсын қасына алқынып әзер жеткен Тасбақаға миығынан күле қарап, – Жеңілген дегенің осындай болады.
– Мойындаймын, сен жеңдің. Бірақ, менің де саған қояр бір шартым бар: теңізде жүзіп жарыссақ қайтеді? Біз құрғақта жаратылыс тапқанымызбен суда жанымызды сақтағанбыз. Мысалы сен де құрғақта сайрандағаныңмен дымқылды жақсы көресің, рас қой? Ендеше, шартымды қабыл аларсың?
– Қабыл алдым! – депті Тарақан әлгі жеңісінің буымен не айтып қойғанына мән бермей, – Кеттік онда!
Жүзу білмейтінін ұмыта суға күмп бергенде теңізге бір батып, бір шығып әбден діңкелепті. Оның «Көмектесіңдер!» деген дауысынан айнала жаңғырығыпты. Ақырында әлі таусылып, шым батуға айналғанда Тасбақа арқасына қондыра жағаға алып шығыпты да, қиыршық құм үстіне жатқызған күйі аяқтарынан созғылап жасанды дем алдыруға әрекет жасапты. Соның арқасында Тарақан өлімнен қалыпты.
– Рахмет! Мен саған қарыздармын, – депті есін жиғанда ол тілге келіп, – Біз дос болып қалайық, жарай ма!?
– Әлбетте, – депті Тасбақа, – Тіршілікте достыққа жететін ештеңе жоқ.
Олардың сөзін қостағандай осы мезгілде теңіз толқындарын жыйып, тыншый қалған екен.

19. БЕС САУСАҚТЫҢ БІРЛІГІ

Әлденеге өкпелей бір-бірінен теріс айналып кеткен бір қолдың бес саусағы күндердің күнінде ғайыптан жүз көрісіп, іштерін кернеген түйіткілдерін ақтарысып тастапты.
– Бәріңді жұмылдырып жүрген мен едім, соны бағаламадыңдар, – депті сонда Бас-бармақ өзеуреп, – Егер мен болмасам әрқайсыңның әр тұста шашылып қалатындарың анық-ты. Олай болса, ымыраға жығып, жұдырыққа айналдырған маған қарыз екендеріңе шәк келтірдіңдер! Мен соған налыдым.
Балаң-үйрек бұл тұжырыммен келіспейтінін жасырмастан мырс ете қалып өз айтарын сабақтапты:
– Бас-бармақ, сен жөн-жосықсыз балпылдама. Егер міндетіміздің бүге-шігесін ақтарар болсақ мен сендерге емес, әуелі сендер маған қарыз болып шығатыңдарыңды ұмытпаңдар. Көп жырғамай бір ғана жағдайды айтайын: адам аңға шықты делік. Әнеу бір бұтаның түбінен бір қоян атып шығып, бүктетіле зытып ала жөнелді деп ойлаңдар. Мылтықтың шүріппесін басатын кім? Әрине, менмін. Ендеше, менің амал-әрекетім бәріңді тығырықтан алып шығатынына неғып сенбейсіңдер? Осыны ойласам ішім қыж-қыж қайнайды.
Мынаны естігенде Ортан-терек бір орында тағат тауып тұра алмапты. Ол басқалардың назарын өзіне аудару үшін әуелі жөткірініпті. Сонсын:
– Сендердікі қара аспанды төндірердей не налыс осы?! – деп бастапты сөзін, – Бармақ бізді «жұдырыққа айналдырса» өзінің бас пайдасын ойлағанынан. Егер біз болмасақ жалғыз өзінің құны қара бақыр екенін ол жақсы біледі. Ал, Балаң-үйрек шүріппе басса ап-ауыр мылтықты бәріміз жабылып көтеріп тұрғанымыздың арқасында. Одан да маған қарасаңдаршы, біп-биік, шып-шымыр емеспін бе? Осы бойыммен, осы күшіммен сендерге бас-көз болып шырылдап жүргенім белгілі. Өйткені, жоғарыдан бәрін көріп тұрамын. Көремін де сүрінгенді сүйеп, жығылғанды демеп жіберуге барымды саламын. Айта қойыңдаршы, араларыңда менен басқа кім бүйте алады? Ешкім. Олай болса, маған арқа сүйесеңдер кем болмайтындарыңды біле жүргендерің артық болмас…
Олар осылай даурығысып тұрғанда өнбес дауға қалай қосылып кеткенін байқамаған Шүлдір-шүмек те ағытылып қоя беріпті:
– Айтыңдар, айтып қалыңдар. Сонда деймін-ау, сонда қызылкеңірдек болып тұрған үшеуің жандарыңда мен болмасам түйілер кезде түйіліп, жазылар кезде сәтімен жазыла алатын ба едіңдер? Алақанға су құйса менің жоқтығымнан ол төгіліп жатса масқараларың шығады ғой! Ендеше, бостан-босқа керілдеспей, менің де барлығымды көңілдеріңе тоқ санауға тырысыңдар. Сонда әділдік орнайды!
Ағаларының дау-дамайына Кішкене-бөбек араласпапты. Ол кішілігін сақтап, әдептен озбаған қалпында үнсіздікке бой алдырыпты.
Арада қанша уақыттың өткені белгісіз, әр саусақ өз айтқандарын жөн санай іркіліске қақпа ашқанда бір жұмыстың шеті шығып, соны атқаруға жинақталған Қол басқаларды ымыраға шақыра алмай біраз әуре-сарсаңға түсіпті. Тіпті болмаған тұста:
– Маған өзі не болған!? – депті назалана, – Буын-буыным сіресіп қатып қалған ба, мына саусақтарды қозғалтуға шамам келетін емес. Қой, мұным болмас, дәрігерге көрініп, ине салдырып алайын…
«Ине» деген сөзді естігенде саусақтар селк етіпті.
– Әй, болмайды, мен инеден қорқамын! – депті Бармақ мұрын астынан міңгірлеп.
Балаң-үйрек те монтансып шыға келіпті:
– Инесі несі, ей?! Қой, терімді тескізгенше икемге келейін. Бәлкім сонда дәрігерге сүйремес…
Екі әріптесі жуасығанда Ортан-терекке не жорық:
– Мына қолда иман жоқ екен-ау, бірдеңе болса инеге жүгіретіні несі? Қой, аш құлақтан тыныш құлақ, тәубеме жығылайын! – депті ол да моп-момақан кейіпке ойысып.
Саусақтар өзді өзі болып күңкілдесіп жатқанда көптен үнсіз жүрген Кішкене-бөбекке тіл бітіпті:
– Ой, менің қайран ағаларым-ай! – депті ол сонда, – Сіздер болмасаңыздар мен не істер едім, ішім пысып, дүниеден безіп кетер ме едім, қайтер едім. Бірақ, бездірмедіңіздер. Өйткені, күнделікті талас-тартыстарыңызбен дұрыс ойлануға уақыт қалдырмадыңыздар. Бас-бармақ аға, сіздің айтқаныңыз жөн – әр әрекетіңізбен ымыраға жығып, жұдырыққа айналуымызға септігіңізді тигіздіңіз, Балаң-үйрек аға, сізге разымыз – әр іске икеміңіздің артықтығын мойындаттыңыз, Ортан-терек ағам да қамқорлығымен тәнті етуден жалықпады, Шүлдір-шүмек ағам не істесе де үнсіз істеп береке-бірліктің айқаймен емес, іскерлікпен келетінін дәлелдеді. Ендігі жерде осы бірлігімізді жоғалтпасақ дер едім.
Мынаны естігенде қалған төрт саусақтың ауыздары ашылып қалыпты.
– Ойпырмай, бұрынғының адамдары «жас өспей ме, жарлы байымай ма» дегенді бекер айтпаған екен ғой, – депті Бас-бармақ басын шайқай тұрып.
Балаң-үйрек тілі байланғандай үн-түнсіз біраз бөгеліп, әндем шамада ғана тілге келе:
– Ақыл – Жастан, асыл – Тастан деген осы шығар, – депті естілер-естілмес.
Ортан-терек те құр қалмапты:
– Болды, болды, мен жеңілдім. Енді дүние күйіп кетсе де сабырға жүгінетініме сеніңдер, – депті тербетіле.
Бұл дүрмектен Шүлдір-шүмек те қалыс қалмапты:
– Ағайындар, алатынымызды алдық, еститінімізді естідік, енді ың-шыңсыз міндетімізді атқарайық, – депті неге болмасын дайын кейіпте орынынан тұра беріп.
Иә, береке-бірліктің ұйымшылдықта тамырлайтынын ұққан саусақтар бұдан былайғы жерде бір-бірімен орынсыз тәжікелесуден аулақ болыпты.

20. ГҮЛ мен КӨБЕЛЕК

Түн түріліп, күн шығар мезгіл болса керек. Айнала қараңғылығынан арылуға бейімделіп, көз жетер тұс әжептәуір айқындалып қалған шамада қалбаңдаған Көбелек олай қарай бір, былай қарай екі ұшып, байыз таба алмай жүріпті. Тым мазасызданып кеткеніне қарағанда әлденеден қорыққаны анық байқалып тұрған еді.
Қауыз ішінен сығалаған Гүлдің оған жаны ашығанымен уақыты әлі жете қоймағандықтан көмек қолын созуға мұршасы келмепті. Ол не қылған көмек десеңіздер түсіндірейін – екеуінің де түсі күлгіндікке малынғандықтан Көбелек өзіне қауіп төнгенде ылғый Гүлге қонып, тектес рең жайғандықтан дұшпандары одан көз жазып қала беретін болыпты. Осыны жанына дем санаған Көбелектің қауыздан шығар Гүлді күтіп жүргені бесенеден белгілі болатын.
Көбелек осылай қалбаңдап ұшып жүргенінде күн көкжиекке көтеріліп, сол тұста қауыз ашыла, ішінен күлгін бояуын жайған Гүл жайнап шыға келіпті. Тап осыны күткен Көбелек ебіл-дебіл жете гүл шашағына жасырына қалыпты да, сырттан қауіп жоғын байқағанда бұлқан-талқан болып ашулана сөйлеп кетіпті.
– Мен сені дос санап жүрсем мынауың не, дұшпандарыма ұстап бере жаздадың ғой. Бұл қылығың жарамайды!
Орынсыз жалаға Гүл қарсылық танытыпты:
– Досым-ау, – депті ол мазалана, – Өзің де білмеуші ме едің – қас қарайғанда қауызым жабылып, күн шыққанда ғана ашылатын еді ғой. Олай болса, орынсыз жала жапқаның қай сасқаның. Міне, мен құшағымды жайдым – Енді байыз табатыныңа сен. Ұзағынан сүйіндірсін.
Көбелек ашуын тарқата алмай қопаңдап отырғанда бір торғай олай да былай ұшып өтіп, соңынан Гүлге қарап:
– Сен көрген жоқсың ба? – деп сұрапты.
– Кімді сұрап тұрсың? – депті түкті түсінбегендей болған Гүл өз жасушаларымен Көбелекті жасыра қозғалақтап.
– Әнеу бір көбелекті айтамын да. Қарным ашып барады, соны жей салайын деп едім.
– Көбелек пе? Оны көрсем өзім де сазайын тарттырайын деп едім.
– Не қылмайсың деп?
– Кеше кешкісін жайбарақат ұйықтайын десем қауызымды қайта-қайта тоқылдатып маза бермегені. Содан ұйқымның қанбағанын қызарып кеткен көзімнен көрмеймісің? Көрсең ол жарықтыққа сәлем айт – сазайын тарттырамын оның.
Гүлдің сөзіне сенген Торғай маңайды тағы бір-екі айналғаннан кейін қарасын батырыпты.
Ол кеткеннен кейін терең тыныс алған Гүл:
– Міне, – депті былайғы тұста қауіп жоғын байқай, – Енді біздер жайбарақат ойнай аламыз. Ойнаймыз ғой, ә?
– Ойнауға болады. Бірақ, менің шаршағаным басылатын емес.
– Оны басу үшін не істеу керек?
– Сәл ғана мызғып алайын. Әйтпесе, ұшып бара жатқанымда да қалғып кетіп құлап қала жаздағаным әлгінде.
– Жақсы. Сен көз шырымын алғанша мен ойлана тұрайын.
– Қандай ойын ойнайтынымызды айқындап алғайсың.
– Әлбетте, досым.
Гүл көзін жұма ойланып қалады. Сәл шамада:
– Алақай, күн шықты,
Қараңғылық тұншықты.
Қауыз аштық – жайнаймыз,
Кешке шейін ойнаймыз, – деп айқайлап жібереді. Содан шошына басын көтеріп алған Көбелек:
– Жайшылық па? – дейді жан-жағына алақтай қаранып.
Гүл мәз.
– Мен өскенде ақын болатын сияқтымын, өлең шығардым ғой, көрдің бе?
– Иә, естідім.
– Ендеше бүгін өлең шығарып ойнаймыз.
– Қайтіп? Мен ақын емеспін ғой.
– Болмасаң боласың.
– Жоқ. Одан да мен сенің шығарған өлеңдеріңді басқа гүлдерге жеткізейін, келістік пе?
– Онда бастайық!
Гүл сәл ойлана тұрып бір шумақты бастап кетеді:
«Кереметті қараңыз,
Күннен ләззат аламыз.
Достарымыз көп болсын,
Көңіліміз тоқ болсын».
Ұйқыны ұмытқан Көбелек Гүлден қағып алған шумақты басқаларға жеткізу үшін қалбаңдай ұша жөнеледі. Көп өтпей айналадағы басқа гүлдерден қошемет дауыстар естіледі:
– Жаса, көгілдірім!
– Шабытың шалқысын, ақыным!
– Талабыңа нұр жаусын!
Сол күннен бастап көгілдір Гүл – ақын Гүлге айналыпты.
Әрине бұл арада Көбелектің де еңбегін айтпай кетуге болмайды. Ол нағыз достың жанашырлығын танытты ғой.

Төкен ӘЛЖАНТЕГІ

Пікір қалдыру