Күлтегіннің тасынан кертіп-кертіп жазамын

Ұмтыл ЗАРЫҚҚАН

* * *
Алыс-алыс жолдарға жортсам дедім алқынып,
Ай астында арқырап, арғымақтай тарпынып.
Жеткізбейді қалалар, өткізбейді көшелер,
айқай салған дауысым өз кеудемде жаңғырып.

Қарашаның жаңбыры қабырғадан сорғалап,
сор да кештім, ой кештім, аспан қарап, жол қарап.
Жол дегенім жол емес – туралған бір тұяқтар,
түн дегенім түн емес – кілең қара арғымақ.

Көкжиекке қызыл күн құрық сала бергенде,
ескі үмітім оянар басын шұлғып кеудем де.
Қасат-қасат қар кешкен, ауыр-ауыр ой көшкен,
қасиетті қара өлең, менде өзіңдей шерменде.

Торғын бұлттар төбемнен төгіп өтсе ғазалын,
ақ қағаздан көрем бе, қара сөздің азабын.
Алпыс бақсы апаннан ертіп келіп жазамын,
Күлтегіннің тасынан кертіп-кертіп жазамын.

Тұман шөккен, бұлт көшкен, аспанда Ай бозарған,
қашқан жандай қашан да құтылмайтын ажалдан.
Бір қолымда жүрегім, бір қолымда анашым,
ерте қайттым ештеңе бұйырмаған базардан.

Шешем сынды жалғызым, шешем сынды шерлі өлең,
самайына ғасырдың боз жусаны бүрлеген.
Самұрықтай сілкініп, сайкүліктей сыланып,
қанша ғұмыр көшті екен, пай-пай біздің кеудеден.

Көкжиекке қызыл күн жапсарласа бергенде,
қанат бітіп қапыда аспанға аса бергенде.
Қара түнді қақ тіліп арқыраған арғымақ,
менде өзіңдей шерменде, менде өзіңдей шерменде.
* * *
Төсегімнің басына Айдың ізі төгілер…
Ли Бәй

Түркінің бейуаз тастарын сүйіп тұлданған мен бір жануар,
шымыр да шымыр тұманға сіңген шыңырау жолдан танып ал.
Бейуаққа шомған таулардай үнсіз түксиген түнек ғасыр бұл,
көл бетіндегі кестелі іздей көзімнен ұшқан жасыл нұр.
Қанымдай ыстық, арымдай таза шарабым дайын, шайырым,
жабырқау күзде жағада мұңсыз тербеле тұрсын қайығың.
Алақандайын ақ отауыма аспанның елін көшіріп,
Соябтан ұшқан самұрықтайын ұзаннан ұзақ көсіліп.
Сонар да сонар Соябтың жолы Құсжолы сынды құлаған,
көл бетіндегі кестелі ізге аршылып қара күнәдан.
Теректей басым теңселіп түзде, теңіздей шулап атырап,
Шу бойындағы бәйтеректерден құлаған біз бір жапырақ.
Біз туған жер мен біз көмген жердің мұнарға шомған деміндей,
таң ағарған сайын көл бетіндегі кестелі сәуле өлімдей.
Күншығыс жақтың көбесін сөгіп көтеріп жетім желкенін,
жоза тастардың жонынан тіліп жанымның ділін шертер кім?
Қанымдай ыстық, арымдай таза шарабым дайын, шайырым,
жабырқау күзде жағада мұңсыз тербеле тұрсын қайығың.

Сыр

Мұрат Шаймаранұлына

Қаншама ұзақ жол жүрдім,
төбеме мұздай Ай қадап.
Аспанның асты ақ теңіз, –
ақ теңіз үсті тайғанақ.

Қыпшақы қара қылыштың,
жүзімен жонған серттей бір.
Қап-қара біздің жүректі
қақ бөлер бір күш жетпей жүр.

Іштегі жарам іріңдеп,
сыртымнан дұспан аңдысып.
Өлең жазбадым, өрт кештім
өтімді жарып, қан құсып.

Қаншама ұзақ жол жүрдім,
сабандай шашым сарғайды.
Ақбауыр жылан жолдардай
жонымнан жұлдыз аунайды.

Қайнатып қара қорғасын,
құлаштап қайғы сапырдым.
Қырық ер шықпас қамалдан
құлап бір бара жатырмын.

Талтүс пе, әлде таң алды,
іңір ме осы зауал шақ.
Толғай да толғай таусылды
қанға бір тоймас қорамсақ.

Арғы өмір дейді, бергі өмір,
біздей де ешкім айталмас.
Көзім де менің теңселер, –
кеудеңе сел боп құйған жас.

Арғы бет дейді, бергі бет,
Басылмас мүмкін аңсарым.
Жәйірға кеткен Жәркендей,
жазылар бір күн дастаным.

Ақыры бәрін сезіндім,
ақыры бәрін өткердім.
Атам бір жатқан молаға,
мола емес жұртым деп келдім.

Қаншама ұзақ жол жүрдім,
сабандай шашым сарғайды.
Барлықтан түскен бір сәуле,
Алатау жақта аунайды.
Желтоқсан деген ай емес…

Еркіндік дейді
бұл құстың атын
қанаты күйік
қарғам-ау.
Желтоқсан сайын
жаныма менің
қосылар ылғи
бір жамау.

Құдайдың өзі
ұмытқан елміз
қашанғы Тәңір
сақтасын.
Азаттық дейтін
асыл ұғымды
иманға орап
сатқасын.

Садаға деймін
біздің бұл тірлік
итке де қимас
өмірім.
Алаштың басын
көрінен қазып
бөрідей шулап
кемірдім.

Қуаты қайда
тілімнің құрғыр
туада сені
қарғап ем.
Әлмисағым да
маңдайға басқан
арылмас у ы
дуама ең?

Еркіндік дейді
бұл құстың атын
азаттық болсын
мысалы.
Иенге қарап
ұлимын неге
тордағы жанай
құсалы.

Желтоқсан сайын
осы бір жүрек
қыстығар неге
тұншығар.
Желтоқсан дейтін
ай емес мүмкін –
желтоқсан дейтін
құс шығар.

Желтоқсан дейтін
ай емес мүмкін
бұл айдың аты –
азаттық.
Бәріміз неге
қарқылдап күлдік
қанатын жұлып
мазақ қып.

Желтоқсан дейтін
ай емес мүмкін
желтоқсан дейтін
құс шығар.
бұл менің бейуаз
ғұмырым емес
бейуақта көрген
түс шығар.

Желтоқсан деген
ай аты емес –
жазылмас жанның
сырқаты.
Желтоқсан дейтін
құс болса егер
қанаты қайда
қанаты?!

Еркіндік дейді
бұл құстың атын
қанаты күйік
қарғам-ау.
Желтоқсан сайын
жаныма менің
қосылар ылғи
бір жамау.

Құдайдың өзі
ұмытқан елміз
қашанғы Тәңір
сақтасын.
Азаттық дейтін
асыл ұғымды
иманға орап
сатқасын.

Қап-қара қарға
қып-қызыл
қанның
жуғанын үнсіз
көріп пең?
Қып-қызыл қанның
ішінде жүріп
тойлаған елміз
желіккен.

Еркіндік дейді
бұл тойдың атын
езуі қанға
шылқа мас.
Азаттық дейді
бұл тойдың атын
азабы мәңгі
тарқамас.

Желтоқсан дейді
бұл айдың атын
жұмақтан келген
құс емес.
Ғұмырым менің
баяғы ғұмыр
желігіп көрген
түс емес.

Желтоқсан cайын
қар жауған емес
қан жауған ылғи
оқ жуаған.
Бұл айдың аты –
азаттық емес
бұл айдың аты –
қорланған.

Желтоқсан деген
ай емес деймін
бұл айдың аты –
жоқ шығар.
Жанымды менің
кесіп өткенде
алаңда қалған
оқ шығар.

Қайықшы

Қабағы түндей тұнжырап,
теңіздің тыңдап өксігін, –
Қайықшы отыр жағада,
кеудесін тырнап ескі мұң.

Шақырып оны толқындар,
шымырлап теңіз телегей.
Бозарып бұлттан шыққан Ай,
желкені жыртық кемедей.

Шығады Ол қазір сапарға,
толқынға қарсы қасқайып.
Өзіндей кәрі теңіз ғой,
сүйегі кеткен сарғайып.

Түседі Ол қазір теңізге,
тұтатып алып бір шылым.
Тіледі ескі ескегі,
тұманды түннің тұмсығын.

Шығады Ол қазір сапарға,
тәуекел етер ойланбай.
Тағдыры жалғыз табытын,
теңізден қашап қойғандай.

Қиянға сүңгіп барады,
қияқ Ай сүйреп шылбырын.
Қайықшы және қарт теңіз,
арбайды үнсіз бір-бірін.

Арбайды үнсіз толқындар,
арбайды оны кешкі ымырт.
Жағада енді тұрмайды,
жағаны жұтқан ескілік.

Қабағы түндей тұнжырап,
бүркейді тұман кескінін.
Қайықшы қалды табытта,
теңіздің тыңдап өксігін.

Шұғара

қызыма

Анау нұрлы әлемде,
мынау сырлы ғаламда,
жұпар аңқып жырымнан Хақты іздедім, Шұғара.
Қаламымның ұшымен жынды жасқап дүбәрә,
құдайсыз құл қоғамнан биік тұрдым, Шұғара.
Сансыз баптың сайраған ізі жусап төбемде,
бабалардың жолы деп ырым еттім өлеңге.
Қара сөздің қуатын,
қара өлеңнің киесін,
жеті ғалам бояуын,
жұмақтың пәк самалын,
маңдайыңа қондырып сенде келдің өмірге,
айналайын, Шұғара.

Есімің дүр Құраннан Хақтің сөзі, Шұғара,
бесігіңе бейістің жақсын нұрын, Шұғара.
Күнбатыста, шығыста ердің сойы, Шұғара,
аспан атын жамылып Құдайды іздер, Шұғара.
Имангүлін сіміріп, жүрегіңмен, кеудеңмен,
алыс-алыс жортқайсың әкең түскен сүрлеуден.
Көп күттіріп кеудемнен көктеп шыққан ғұмырым,
ай маңдайың жарылсын қасқасындай құлынның.
Бесігіңді Алтайдың аршасымен аластап,
туған далаң секілді тұғырыңда тұр асқақ.
Сансыз баптың сайраған ізі жусап төбемде,
соның бәрін өзің деп ырым еттім өлеңге.
Өзің келген бұл өмір, махаббаттан жаралған,
маңдайында мамырдың ақ бұлттары таранған.
Әуез бар ма әлемде, әлдиіндей әжеңнің,
ал әзірге ұйықтай ғой, о, кішкентай әлемім.

* * *

Домбыра, қос ішекті ішің қуыс,
қос ішек – бірі ағайын, бірің туыс.
Талдырып дүниенің қос иығын,
қомданып көкірегіме қонды бір құс.

Домбыра, іші қуыс қу ағаш-ты,
қос ішек – бірі ағайын, бірі – Алаш-ты.
Кіндігі кесілместен кері самал,
кірді де керегеден ала қашты.

Домбыра, сенде жетім, менде жетім,
еңкейіп Ай жуады көлге бетін.
Жұлып ап жапырақтай жүрегімді
мен саған тиек жонып бермек едім.

Қайнатып саған құйған қорғасындай,
сұрланып тұрып алды шың басында Ай.
Шыжғырып содан бері жүрегімді,
бір өксік көмейімде жүр басылмай.

Қу ағаш шерткен сайын шерге қанбай,
келемін қара өлеңді мен де жалдай.
Жалғанның арғы бетін, бергі бетін
қосылып қос ішекке қондыралмай.

Қос ішек, қоңыр белде тайпалғанын,
қоңыр үн қауызында шайқалғанын.
Өмірге өлең керек дегенменен,
жеткізіп соның бірін айталмадым.

Сазына сырлы әлемнің салар ирек,
менде бір күй боп ұшқан «Көкала үйрек».
Аңсарын асыл сөздің аңқыта алмай,
отырмын маңдайымды саған сүйеп.

* * *
Көлеңкесі қоюлап қырқадағы,
ескек желге емініп бұлт ағады.
Сенің қарашығың ба, қарақаттай,
бір бұрышта қалтырап түн тоңады.

Мен осындай кіршіксіз түн көрмедім,
уысыма ұйытып үлгірмедім.
Ерініңнен үзілген бір дұғаны,
бір дұғаны үн-түнсіз күбірледім.

Соңы сүрдек, білерім басы даңғыл,
мен өзімді таппадым ғасырдан бұл.
Жұпарыңа шөлдедім жалғыз ғана,
жалғыз ғана жұмағым жасыл жаңбыр.

Бірде айғып, айрылып бірде есімнен,
ақ бауырым жазылып түнге сіңген.
Өз-өзімнен құмығып қалам кейде,
қабірімнің жүргендей іргесінен.

Жан арымды жаңбырмен жусамау деп,
кіндігімді жусанмен бусам-ау деп.
Қабіріме қараймын, қараймын да,
ойға батам сәуірде тусам-ау деп.

Ойға батам, ал ойым мұнартады,
иығыма қос қолын түн артады.
Қабірімнің ішінен Шолпан туып,
қабірімнің ішіне Күн батады.

Комментарий (1)

  1. Reply
    Ғазиз Ештанаевговорит

    Жақсы өлең оқыдым, бауырым. Жасай бер.

Пікір қалдыру