БОПАЙ ХАНЫМ

Маржан ЕРШУ (АЙЕК)

Әбіш Кекілбаев – Бопай ханым тақырыбына тұңғыш рет түрен салған жазушы. 1995 жылы Мемлекеттік хатшы болып қызмет атқарған тұста Әбіш ағамыз бас болып, Ресейдің Орынбор облысы Елек ауданының Димитровка селосына жақын орналасқан «Доңыз» әскери айлағы (полигон) аумағындағы ел аузында «Бопай сай» атанып кеткен Бопай ханым жерленген жерге барып дұға оқытып, ас берген. Әдебиетте Әбіш аға Бопай ханым тақырыбын алғаш рет көтеріп, «Үркер», «Елең-алаң» романдарына арқау қылды. Әбіш Кекілбаев ағамыздың маған бір айтқаны осы Бопай ханым туралы таным көкжиегімді кеңейту еді. Осылайша «Бопай ханым» поэмасын жаздым.
Әбілқайыр ханның сүйікті жұбайы, заманында ел билеу ісіне араласып, қазақ даласында ең алғаш қыздар мектебін ашқан, данагөй ханым атанып, аты аңызға айналған Бопай ханымның туған жері Кең Жылыой. Жақында Ресейдің Орынбор облысынан Бопай ханымның бір уыс топырағы оның кіндік қаны тамған туған жері Жылыой ауданы Ақкиізтоғай мен Құлсары арасында орналасқан Бақашыға қойылды. Басына белгі орнатылды. Осы игілікті істің ұйытқысы болған «Ақмешіт –Бекет ата» мешітінің шырақшысы Ислам Мырзабекұлы. Ислам ағаның бастауымен Бопай ханымның өмірі мен қызметін зерттеу мақсатында биыл  арнайы топ құрылды. Біз тарихымыздың көп тұсын жырдан, ақын-жыраулар поэзиясынан табамыз ғой. Біздің Жылыой жерінде
«Орынбор, Тұзтөбенің тұзын көрсең,
Жылыойдың таң қаларсың қызын көрсең.
Атыңнан түскен қайтып міне алмайсың,
Қалқаның судан қайтқан ізін көрсең» – деген халық әні бар.

Бопай ханым. Суретті салған ағылшын саяхатшы-суретшісі Джон Кэстл. 1736 жыл.

Бұл ән Жылыойдың қызына деген құрметтен туғаны анық. Бұрын осы халық әнін естігенде Жылыой аты неге алыстағы Орынбор, Тұзтөбемен ұйқасып тұр, араларында қандай байланыс бар деп ойлайтынмын. Және де әннің үшінші, төртінші жолы да ойлантады. Мүмкін бұл ән Бопай ханымға арналған шығар? Солай болуы әбден мүмкін ғой. «Орынбор, Тұзтөбенің тұзына ұйқастырып», «Ақтөбенің қызын көрсең таңғаларсың» немесе «Маңғыстаудың қызын көрсең таңғаларсың» деп неге айтылмаған?
Ертеден келе жатқан дәстүр бар емес пе? Мысалы: Мұхаммед Хорезми, Хорезми ныспасы, Хорезмде туғандықтан фамилиясына теңестірілген жер аты. Арабтар Отырар қаласын Фараб деп атаған, Әбунасыр әл-Фараби деп аталуы да осы қалада тууына байланысты аталып кеткен. Махмуд Қашқари Қашқарда туып өскендіктен Қашқари деп аталып кеткен. Тарихта мұндай мысалдар көп. Бопай ханым туған жері Жылыой болғандықтан, «Жылыойдың таң қаларсың қызын көрсең» деген сөз осыдан шыққан. Әбілқайыр ханның жұбайы, ақылшы, сенімді серігі болған Бопай өз заманында алыс-жақынды түгел таңғалдырған адам. Ақыл-көркімен ғана емес, көрегендік, мәмлегерлік, ел басқару ісіне араласуымен. Әннің «Қалқа­ның судан қайтқан ізін көрсең» деген шумағы ауыспалы мағынада айтылған. Бұл жай судан қайтқан қыз аяғының ізі емес, Бопайдың салған ізі, атқарған қызметі, өнегелі өмірі. «Атыңнан түскен қайтып міне алмайсың» деген шумақтан таратар ойымыз: Әбілқайыр аттан құлап, ес-түссіз жатқан шағында Бопайдың ағасы Мырзатай тауып алып, Бопайға алып келеді. Бопайдың емшілік, сынық салатын қасиеті болған. Әбілқайырды емдеп жазады. Осы оқиғадан кейін Әбілқайыр мен Бопайды тағдыр тоғыстырады. Әбіш Кекілбаев ағамыздың ата-бабасы бір замандарда Жылыой өңірін, Жем өзені бойын мекендеген. Бұған – тарихи деректер куә. Менің туған ауылым Ақкиізтоғайдың атауы да тегін қойылмаған. Әбіш ағамыздың бабасы Таған бай Жем бойында бабасы Қожаназарға ас беріп, сол асқа Орынбордан тарантаспен Әбілхайыр хан мен Бопай ханымның ұлы Айшуақ хан келгені жайлы дерек бар. Айшуақ хан Кең Жылыой жеріне анасы Бопай ханымның туған жері болғандықтан алыстан ат арытып келген ғой. Қазақ дәстүрі бойынша ханды ат кермесінен аяғын жерге тигізбей, жер бетіне төселген ақ киізбен қарсы алған. Хан аяғына төселген ақ киіздің көптігі мен тоғайдың әдемілігі ел ауызында аңыз болып таралыпты да, біздің ауыл сол астан соң «Ақкиізтоғай» деп аталып кетіпті.
Ресейдің Орынбор облысы Елек ауданының Димитровка селосынан 30 шақырым қашықтықтағы Бопай (Бердяевка) өзенімен іргелес жатқан Бопай сайы жанындағы қырат-жазықтық Бопай ханымның мәңгілік тыныс тапқан орны екен. Өкінішке орай бұл аймақ 1929 жылдан Ресей әскери айлағының құзырына кіреді. Бұл аймаққа кіруге рұхсат жоқ. «Кірсең, ескертусіз аты­ла­­сың» деп белгі орнатылған. Кезінде Бопай ханымның қабірі басына орна­тылған құлпытас пен кесененің бұл күнде жұрнағы да қалмаған. Орыстың мұжықтары пеш саламыз деп тасын бұзып әкеткен. Бопай ханымның асыл сүйегі жат жерде қалмаса екен деймін. Сүйегін елге әкеліп, Ақтөбе жеріндегі Әбілқайыр хан жерленген «Хан моласына» қастерлеп қою керек деп ойлаймын. Ол үшін мемлекеттік деңгейде шараларды ұйымдастыруымыз керек-ақ.

БАСТАУ. БАҚАШЫ . БОПАЙ САЙ

Бір қыз бар Орынборда аты мәшһүр,
Тыңдасын құлақ түріп кәрі-жас бір.
Кең Жылыойдың көркем бір перзенті екен
Әбілқайырдың ханшасы Бопай – қасқыр.
Тыңдасаң дала – дастан шежіресін,
Сай-сүйегің сырқырап егілесің.
Бабалар рухынан қуат алып
Биік болып өзің де көрінесің.
Естілердің есті сөзі құлағымда,
Бопай аты жаңғырып тұрады да.
Қолының табы қалған, ізі қалған
Орынбор, Елек бойы, мына құмда.
Өткен күннің өшпейді жалын әні,
Болған соң мән-маңызды мағыналы.
Туған жердің жусаны жылда көктеп
Бопайдың салған әнін сағынады.
Қыз бақытты тартып туса атасына,
Көтерілді Кең Жылыойдың жотасы да.
Бопай ханымның бір уыс топырағы
Жерленді туған жері Бақашыға.
Келбеті көне аңыздай көркемделген,
Келелі оймен келешекке желкен керген.
Саясаткер, мәмлегер Бопай сөзі:
«Ел өсер, қанат жайып өркендеумен».
Халқына қанат болған самғарында,
Ақыл-оймен барлады жан-жағын да.
Қиын-қыстау кезеңде ел тағдырын
Бұрым қылып жалғады арманына.
Алла сүйген пенденің танымы көп,
Ойлайды ел: кісіліктің қалыбы деп.
Алыс-жақын құрметтеп қадір тұтқан
Әбілқайырдың ақылды ханымы деп.
Сол Бопай, аңыз Бопай, Бопай жайы,
Қараңғыда халқының болған айы.
Ыңылдап мұңды күйді шертетіндей
Орынбор, Електегі Бопай сайы.
Бұзды ма төңіректі тосын ырғақ,
Күрсінгендей тал-терек басын ырғап.
Бопай ханым кесенесін бұзып тынған
Мұжықтар «пеш қылам» деп тасын ұрлап.
Текті ұрпағы іздейді қара да тұр,
Сан тарихқа көз болған дала – батыр.
Кесенеңнен бір белгі қалмағаны-ай
Топырағың тегістеліп бара жатыр.
Заман желі сан түрмен құбылады,
Бопай едің шуақ шашқан шұғылалы.
Келер ұрпақ тарихтан сыр ақтарып
Сенің әзиз жаныңды ұғынады.
Құлақ қойып қанықсаң жайға мына,
Қол-аяғың тұрғандай байланып, ә?!
Бопай сайға бұл күнде бару қиын
Айналғасын әскерилер айлағына.
Жырлаймыз моншақ тізіп жанарларға,
Күштіміз қолға ұстар қалам барда.
Бопай ханым сүйегін ардақ тұтып
Туған елге әкелер шамаң бар ма?
Кең даланың қастерлеп қасиетін,
Бопай ханым тұлғаң ғой бас иетін.
Әлпештеп балдырғанның жас үмітін
Тасқа жаздық бабалардың өсиетін…

ҚОЛ МЕН ЖОЛ

Саралап сан тарихтың күйін ұқтым,
Күрмеуін шешкен талай қиындықтың.
Бұл Бопай емшілігімен аты шыққан
Қызы екен Адай батыр Сүйіндіктің.
Емдеп жазған аяғы ақсағанды,
Сипалап ұшықтайды қақсағанды.
Жанына қуат берген бір құдырет
Іздейді тарыққанда жақсы амалды.
Қиылған қас, ботакөз, қаймақ ерін,
Бір өзіндей перизат қайда керім?!
Мейір мен жылылыққа бөлеп жүрді
Бопай қыз қасиетімен жүрген жерін.
Сырқат көрсе кетеді қан атойлап,
Алғандай жүрегіне шала байлап.
Түс кезі. Киіз үйге кіріп келді,
Ағасы Мырзатай батыр:
«Қайдасың, а, Бопайлап!».
Күткендей ауыр салмақ бір сын алда,
Дегендей: Жәрдемің бер! Үміт жалға!
Мырзатайдың қолында сұлқ жатыр
Ат жақты, келісті жігіт,
Бұл кім өзі?
Адам білмес мұңы бар ма?
– Жан емеспін ертеңге бал ашыған,
Қан ағады қолтықтағы жарасынан.
Аттан оңбай құлаған байғұс сынды
Тауып алдым Жем өзеннің жағасынан.
Деп Мырзатай осылайша айтты сырды,
Жиналған көп Бопайға бетін бұрды.
Ес-түсінен айрылып жігіт жатыр
Бар денесі қалшылдап ару тұрды.
Ойланды жүрегінің демін басып,
Кеткендей тұла-бойдан сұсы қашып.
Жігіттің самайына қол тигізді
Түсінбей өзін өзі қатты сасып.
Сағат жылжып, таң атып, күн батады,
Күңірентіп қобыз үнін тыңдатады.
Жігіттің көзі жұмық тынысы әлсіз
Дем салған Бопай шомды мұңға тағы.
Өмір менен өлімнің арпалысы,
Дүние-ай, азабыңды артамысың?
Дерттінің дертіне дауа іздейді
Бопай қыз бар қуатын сарқа күшін.
21 күн, 21түн ойлады ауру қамын,
Алақанынан төгілер іштен жалын.
Кенет жігіт талықсып үн қатады:
Сипашы маңдайымнан, тағы жаным.
Кетпеші, аялашы тағы осылай,
Жанымның қиналысын табасың-ай.
Қолыңның жылуын-ай, жұмсағын-ай
Бойыма қуат сыйлап барасың-ай.
Қыз үнсіз. Жанарынан жас төгілді,
Жастық-ай, қызулық-ай мас көңілді.
Жігітке жігер бітіп күннен күнге
Емші қолдың қасиетінен мұң жеңілді.
Батыр жігіт жарқ етіп көзін ашты,
Жанарынан жарқыл от-жалын шашты.
Өткір көзі өңменінен барады өтіп
Тіке қарау қыз балаға жарамас-ты.
Қыз шегінді артына төмен қарап,
Қайта-қайта қадамын іштей санап.
Дүрс-дүрс еткен жүрегі жарылардай
Оттай жанып маңдайы, тіл мен тамақ.
22-күннің атқанда таңы жарық,
Тіл күрмелді…
Көз, Жүрек сүйіп қалып.
Киіз үйдің ішінде екеу тұрды
Сезімдерге арбалып күйіп-жанып…
Асылы ма, көп ішінен таңдағаны?
Бар ма әлде іштей бір ойлағаны?
Ұсынды қыз кестелі орамалын
«Орамал тон болмайды, жол болады…»

АТ ПЕН ЖАҚ

Сүттей аппақ таза ғой таңның әні,
Табиғатқа байлаулы жан құмары.
Әбілқайыр дертінен айыққанмен
Ғашықтықтың дертіне шалдығады.
Құмарлық па көңілде көз ілмеген?
Ғашықтық па, мұндай күйді сезінбеген.
Бопай қызға жіпсіз-ақ байланғандай
Жүрегі бір ғаламат сезімменен.
Аһ ұрып оңашада мұңаяды,
Қиялы озып тұрса да қиядағы.
Сүйгенін алып қашып кетер ме еді
Қай Адай қызын берсін ұядағы?!
Өмірдің тұзы кермек, балы тәтті,
Бопайдың бар мінезі жанға жақты.
Жасырып тегін, даңқын, сұлтандығын
Бақташы боп Сүйіндіктің малын бақты.
Әбілқайырдың бұл іштей шешімі еді,
Не үміті орта жолда кесіледі.
Сүю деген адамдық қасиет қой
Не сенімі биікке өсіреді?!
Күндер өтті дөңгелеп күліп қарап,
Асау сезім оны кім құрықтамақ?!
Әбілқайырдың көңілін ән тербейді
Айналасы өнерін қызықтамақ.
Өзі – көркем, сөзі – нық, күші – мықты,
Бақташы емес, батыр деген аты шықты.
Бүкіл ауыл Әбілқайырды жыр ғып айтып
Беріп жатты кезектесіп ерулікті.
Жанына жамандықты бойлатпаған,
Әр сөзін күмістейін салмақтаған.
Бопайдың жүрегі аттай тулап кетті
Демей ме,
«Ел мақтаған жігітті,
Қыз жақтаған!».
Қыз көңілі өзіне құлағасын,
Қалайша дәрмен етпей тұра аласың?
Атастырған жері бар, байлаулы бас
Жолын тапсаң үдеден шыға аласың.
Әбілқайыр сан түрлі ойға кетті,
Қиял-арман, мақсаты шарлар көкті.
«Бопай қызды аламын, алмай кетпен»
Деген бір Сүйіндікке хабар жетті.
Сүйіндік таңданысын жасырмады:
Бұл жігіт бақташы ғой қосындағы.
Өрлігін қара мына пәтшағырдың
Қалың малың жетер ме басыңдағы?!
– Жігітім, шарт қоямын нағыз ерше,
Оған сенің дәулетің, әлің келсе.
Алдыма ала аяқты 90 күрең,
Ақсұр 60 атты айдап келгін.
Қалың малы Бопайдың осы көнсең.
Саған айтар шартым жоқ бұдан басқа,
Ата сөзін айтпас ем тіл алмасқа.
Аттан құлап тағы да жүрмегейсің
Тіл-жағына сүйенген өй ,бір қасқа!
Әбілқайыр намыстан күйіп жанды,
Қолы қысқа ұғынар қиын халді.
«Әкелем» деп күреңді, ақсұрды да
Тілек тілеп Құдайына сыйынған-ды.
Достық деген көпір ғой ұлы көште,
Жігіт сөзі – ер сөзі бір емес пе?!
«Ер мұңын ер түсінер» деген бар ғой
Жәнібек батыр қалқан боп тұр емес пе?!
– «Әбілқайыр! Дос деп сені таңдағанмын,
Қиналғанда демейтін жан болармын.
Қиналма, сүйгеніңе қосыларсың
Ала аяқты 90 күрең,
Ақсұр 60 атты
Үйірімнен таңдап алғын».
Ер Сүйіндік сөзінде тұра алады,
Әбілқайырдың өрлігін сынағаны.
Ат пен жақ аңыз болып кеткен екен
Аңыз-жыр боп тербеткендей бұл араны…

БАҚ ПЕН ТАҚ

Әбілқайыр жастайынан батылдығымен танылып, дарынды әскербасы және білгір саясаткер болды. 1726 жылы Ордабасындағы халық жиналысы­нда Әбілқайыр қазақ жасақтарының бас қолбасшысы болып сайланды. Бұланты өзенінің жағасындағы (1728), Аңырақайдағы (1729-1730) жоңғар­ларды талқандаған соғыстарда қолбасшылық қабілеті ерекше көрінді. Әбілқайырдың жүргізген саясаты қазақ мемлекетінің қалыптасуы мен дамуы жолында маңызды рөл атқарды.
«Қазақстан тарихы»
Энциклопедиялық анықтамалық.
Алматы. 2010 ж.

Алтын табақ күн көкте дөңгеледі,
Қос жүректі қуаныш тербегені.
Жөн-жоралғы, бата-ырым салтын жасап
Бопайдайын сұлуды ап елге келді.
Өмір-өзен сан түрлі ағысы бар,
Жақсылыққа жандар ғой жаны құмар.
Шаңырағына шаттық боп шуақ шашқан
Бопайдың құт болғаны бағы шығар.
Қолбасшы боп ту көтерген қалың көптің,
Кеудесінде ойнайды дауыл – екпін.
Әбілқайыр жетінші ұрпағы еді
Ең алғашқы хандық құрған Жәнібектің.
Ел іші. Қазақ жаны торыққанда,
Нағыз ерлер қиындықтан қорыққан ба?
Әбілқайыр кең ойлайтын кемеңгер-ді
Батырлықпен аты шыққан жорықтарда.
1710 жыл. Бұл тарих таңбаланған,
Қызу Кеңес жүреді ордаларда.
Әбілқайырды Кіші Жүз хан көтерді
«Алтынның қадірі бар» деп қолда барда.
Тақ деген елдің күші, жердің демі,
Тақ деген билік пенен сезім селі.
Тақ деген таңғажайып гауһар тастай
Жалт-жұлт етіп көрінер көзге өңі.
Хан біткеннің жыры көп, сыры көп-ті,
Тарих-көшке бірі кеп, бірі кетті.
Тайғақ кешу тар жолда адаспасаң
Тақ деген құрметті де құдыретті.
Әбілқайыр көңіліне кір жасырмай,
Ақылдасты Бопаймен сырласындай.
Хандықтың хал жайынан хабар айтып
Мәселенің түйінін түйді осылай.
«Әйелімен ақылдасқан қандай қылық?»
Деп еді кейбіреулер маңдайды ұрып.
Қызылқұм. Құрылтайға –
Бопайды алып барды
Көргенді, естігенді таңғалдырып.
Бопайдың зеректігі серік жанға,
Әбілқайыр мұңға батып ойланғанда.
Жан жағыңда жауың көп анталаған
Торына түспейтұғын айлаң бар ма?
Қалмақ, жоңғар, ордалы орыс та үстем,
Сақтау керек жеріңді айла, күшпен.
Ел тағдыры сынайды ер тағдырын
Сарыуайым кез болса сарқып іштен.
1748 жыл. Маусым айы Кеңесінде,
Кіші Жүз, Орта Жүз келді кеңесуге.
Ханнан соң Бопай ханым сөз алады
Айтқан сөзі хатталды, ел есінде:
«-Бейбіт өмір халықтың жыры емес пе?!
Келісіммен ірге берік тұр емес пе?
Халқының қамын ойлар хан тілегі
Сіздердегі тілекпен бір емес пе?!
Суықты да, ыстықты көргеніміз,
Жетпей ме бәрімізге кең жеріміз?
Осы елдің амандығы, тірлігі үшін
Бір емес, үш ұлды да аманаттап
Кезекпенен Ресейге бергеніміз.
Уақыт қатал. Жол тайғақ. Қазақ жалғыз,
Елдің мұңын ұқсақ деп жүрген жанбыз.
Ағалар! Ардақтылар! Жиналған көп
Шашылсақ жоқпыз да,
Жиналсақ бармыз!
Кесірлік келе алмайды келісімге,
Алауыздық дау туғызар ел ішінде.
Ақыл менен мінезің қайрат болса
Оқу-білім көтерер өрісің де.
Мұндай шақта алайық қалай тыным?!
Сөз айтайық кәдеге жарайтұғын.
Ханның сөзі айбарлы болғанменен
Жылуы бар бәріңе тарайтұғын.
Келісіп пішкен тоның келте болмас,
Ойсызға ойлы адамның сөзі қонбас.
Осы еді ғой айтарым баршаңызға
Жазында қам ойлаған қыста тоңбас».
Мөлдіреп екі көзі тостағандай,
Жарқ етті де таңырқатты ақша маңдай.
Жиналған көп бастарын шұлғи берді
Бопай ханым сөздерін қоштағандай.

АНА МЕН ДАЛА

Бопай ханымның орыс патшайымдары Анна Иоанновнаға, Елизавета Петровнаға, елші А.И.Тевкелевке, Орынбор генерал-губернаторы И.Не­плюев­ке, канцлер А.П.Бестужев – Рюминге жазған хаттарынан оның мәмлегер, саясаткер екенін аңғаруға болады. Тарихшы А.И.Левшин: «Бопай ханым өзінің ақылдылығы арқасында бүкіл Кіші жүздің құрметіне бөленді және кейде оны басқаруға үлкен ықпал етті. Әдетте әйелді барлық қоғамдық жұмысқа араластырмайтын қарым-қатынастың болғанына қарамастан, Бопай ханымның жеке мөрі болған. 1731 жылы А.И. Тевкелев бастаған патшайым Анна Иоанновнаның елшілігі келген кезде, Бопай бірінші болып өз мөрін басқан еді », – деп жазды.
«Қазақстан тарихы».
Энциклопедиялық анықтамалық.
Алматы. 2010 ж.

* * *
« …Еліміз бұрын болмаған орыс патшасының рақымына қол жеткізу нәтижесінде біріншіден, тыныштыққа қол жеткізді. Екіншіден, ешқандай сыртқы жау енді бізге батылдықпен шабуылдай алмайды.»
Бопай ханымның 1748 жылы маусымдағы
Ел кеңесінде сөйлеген сөзінен.

Дала – тарих, дала – сыр, дала – аңыз,
Даладай дархандықты сағынамыз.
Даланың өз заңы бар тасқа жазған
Құпиясы құм астында қалды нағыз.
Ақиқат бар өткеннен көнермеген,
Тарихын қаза берсең тереңдеген.
Ақ жаулығы желбіреп ар туындай
Ана – Дала жүрегі елеңдеген.
Әйелді көнбіс десін, сенгіш десін,
Нағыз әйел кең ойлар, кең пішкесін.
Аналар бар ел ісіне араласқан
Ақыл-ойы ерлермен тең түскесін.
Бағаласаң, әйел – күш, әйел – дана,
Жарасқанда бойында ой мен сана.
«Ханым» деген мәртебелі зор құрметке
Ие болған тарихта екеу ғана.
Екі тұлға заман – көшке көрік берген,
Тағдыр жүгін қамшы ғып өріп көрген.
Сол бір асыл – Шыңғыстың Бөртесі де
Екіншісі – Бопай еді шыққан өрден.
Тектілік те зиялылық деп аталған,
Бопай ханым ақылымен шын қаһарман.
Әйелдің теңдігі жоқ заманда да
Әбілқайыр ресми жиынына бірге апарған.
«Бопайдың мөрі» деген бар ғой жазбаң,
Қайраткер, мәмлегерлікпен төрге озған.
Орынбор ұлықтарына пікір қосып
Қос патшайым –
Анна мен Елизаветаға хат та жазған.
Орыстың небір ғалым, ұлықтары,
Бопайдың саясаткерлігін ұлықтады.
Қазақтың мүддесі үшін шешім тапқан
Шешендігіне таңдай қақты тынып бәрі.
Емші де өзі, бақсыдай киесі бар,
Адам баурар қасиетін сүйесің-ау.
Бопай ханым Әбілқайырдың шамы емес пе
Сұңғыла терең ойдың иесі – жар.
Өзге жұрттар өзіңнен бұрын танып,
Қас-қабағын қимылын бәрін бағып.
Суреттейді осылай көрген жандар
Бопайдың табиғатына таңдай қағып.
Әйел даңқын жатқан соң халық танып,
Дүниені кетердей жарық қарып.
Салады Бопай ханым картинасын
Суретші Джон Кэстль де шабыттанып.
Бопайды көрген жандар таңғалуда:
«Бір жұмбақ, бір қасиет бар ма мұнда?
Айбар мен ақылдылық жасырынған
Сұлулық пен нәзіктіктің ар жағында».
Суретші ойын жазды қалам алып,
Бопай тұрды өзгеден дараланып.
1736 жылы салынған картинаны
Ғасырлар ғасырларға барады алып.
Дала – қасиет, дала – жыр, дала – мекен,
Қазақ үшін қасиет бар ма далаға тең?!
Дала үні. Ана үні. Бопай – үн ғой
Ақ жаулығы ай астынан қараң еткен…

6 . ОТ ПЕН ШОҚ

«Пенде азды-көпті тірлігінде артындағы ұрпағымен де атын қалдыра алады. Бірақ, ондай ұрпақ жан-жануардан да қалмай ма?! Кісінің атын мәңгі-бақи өлтірмейтін оның тірлігінде тапқан абыройы. Мен өз атымның осындай ұлы және даңқты елге де белгілі болғанына шексіз қуаныштымын.»
Әбілқайыр хан
(С.М.Соловьев. Россия тарихы.
20 ғасыр, 1550
* * *
«Әбілқайыр 1731 жылы қазан айында Ресей империясының қарамағына кіргендігі жөнінде ант берді. Әбілқайыр Үш жүздің басын біріктіріп, өзі билеуді, хандықты мұрагерлік жолмен қалдыруды жүзеге асырмақ болды. Сөйтіп, ол жеке мүддесімен қатар халықты апаттан сақтауды да ойлады. Алайда Ресей саясаты отарлау саясатымен ұштасып жатты. Әбілқайыр Петербург сарайы мен Орынбор әкімшілігінің саясатын дер кезінде түсінді. Әбілқайыр ханның Ресей патшайымдары Анна Иоанновна мен Елизавета Петровнаның талаптарына мойынсұнбауы, Кіші жүзде дербес саясат жүргізуге тырысуы, ел тәуелсіздігін сақтау бағытындағы шаралары отаршылдықтың барлық көріністеріне қарсылығын байқатады».
«Қазақстан тарихы».
Энциклопедиялық анықтамалық. Алматы. 2010 ж.

Бұл ғасыр қиын кезең қазақ үшін,
Жеріңе, еліңе де мазалысың.
Жан жақтан анталаған жауың болса
Түтіліп бордай кеміп тозамысың?
Қайрат кшпен, айламен озамысың?!
Солтүстіктен – Сібір казак, башқұрттар салды ойран,
Батыс жақтан – Еділ қалмағы көтерілді қанат жайған.
Шығыстағы жоңғарлар алып күштей
Қазаққа қауіп төнді
Шығатын бар ма жолың?
Күшің, айлаң.
1726. Ордабасы. Құрылтайға ел жиылып,
Үш Жүзден бас қосылды төр бұйырып.
Қанаттасып, күш қосып бірге шаппақ
Ел үшін Аруақ деп бір сыйынып.
Құрылтай шешім алды қиын шақта,
Таудай қуаттымыз деп жиылсақта.
Әбілқайыр бас қолбасшы сайланғасын
Ерлер мінді елім деп асау атқа.
Қазыбек, Жайылхан би – ел мақтаны,
Ақыл-кеңес сөздерін салмақтады.
Қабанбай, Бөгенбай, Жәнібектер
Көтерілді батырлар жан жақтағы.
Кең далада кескілескен ұрыс қызды,
Қазақтар қарсы жақтың шебін бұзды.
Әдіс-тәсіл, күш-қайрат жүрек керек
Әбілқайыр жауға қарсы жоспар сызды.
Білектер мен жүректер құдыретті,
Ой-саналы сезімдер сүйер көкті.
Қанша ай, қанша жылдар ертең үшін
Қазақтың ат үстінде күні өтті.
Қадірлер туған жердің ой-тасын да,
Ерлердің ер мінезін айтасың да.
Әбілқайырдың даңқты қолбасшы аты шықты
Аңырақай, Бұланды шайқасында.
Әбілқайыр үш жүз қолын біріктірді,
Қалмақ жақтың көңіліне күдік кірді.
Жоңғарларға ойсырата соққы беріп
Қазақтың қазақтығын бір ұқтырды.
Өмір өтті ат жалында арпалыста,
Еділ мен Жайық үшін сан соғыста.
Әбілқайырдың қуатты сөзі қалған:
«Болса да қайғы көзім жас,
Жайықтан қазақ айрылмас!»
Тарау-тарау жол тұрар тірлігіңде,
Үні тұрар домбыра күмбірінде.
Ұлы күш боп біріксе жауға дәйім
Қазақтың қасиеті бірлігінде.
Әбілқайыр ел мұратын бағалаған,
Жан-жаққа көз жіберіп аралаған:
Екі жол бар қазақта
Басқа жол жоқ!
Хан шешімі осы деп саралаған.
Жасырғанмен жайыңды жең ішінде,
Тарылмай ма қауқарың өрісің де.
Төрт тараптан қаумалаған қалың жаудан
Сақтау үшін жеріңді, Отаныңды
Ақ патшамен келу керек келісімге.
Ресей алып елді кең қанатты,
Қыр басына ап келді салтанатты.
Әбілқайыр отарлық езгіні емес
Бейбіт жолмен дамуды көздеп жатты.
Ұнамады кейбіреуге қылықтары,
Мінезі, ақыл – ойы, ғұрыптары.
Әбілқайыр ата салтын берік ұстап
Қазақтың қасиетін ұлықтады.
«Апырай, айлакер ғой өктем жанды,
Көргем жоқ мұнан өткен сұмдық ханды.
Ие болсаң қазаққа Барақ сұлтан
Айнымас достығымыз болар мәңгі!»
Деп генерал-губернатор Неплюев
Бараққа сыр айтқансып, алдап-арбап
Тіс қайрап Әбілқайырға айдап салды.
Атар деп алдан күткен ақ таңы да,
Осы болды Барақтың тоқтамы да.
Жапан түзде жорытқанның жолын аңдып
Түсірді Әбілқайырды қақпанына.
Қызыл сөз, қызыл қылыш тот баса ма?
Барақтың жоғын айтып жоқтаса ма?
Ел сенбей әрі-бері сенделеді
Жинап алған төрт биі ақтаса да.
«Бар кінә Әбілқайырдың өзінде екен,
Екіұштылау сөйлеген сөзінде екен.
Бараққа қол батырған кезі бар-ды
Кінә менен күнәні сезін, көкем».
Осы сөз!
Билердің нық шешім – байламы деп,
Барақ елге кең қолтығын жайған жүрек.
Қателесті бірақ та бармақ тістеп
Ойламапты бұл жұртты айбарлы деп.
Ақиқатты айтпаса жай таба ма?
Дегендейін: Есіңді жи! Байқа бала!
Қазыбек би, Ер Есет пен Абылай сұлтан
Би кеңесін шақыртты қайта қарап.
– Өкпе-реніш бәрі де бекер еді,
Барақ айыпты, айыбын көтереді.
Төрде отырған билер де бір ауыздан
Осы дейді шешімнің төте жолы.
Жалған дүние-ай!
Кең дүние-ай, қызыл-жасыл,
Бұл дүниеден өтті ғой небір асыл.
От пенен шоқ қазақтың кең маңдайын
Шарпып өтіп барады небір ғасыр…

7. АҚ ПЕН ХАҚ

«… Ақыл дегеннің өзі де әлсіз жеріңді білу емес пе?.. Ендеше мынау біреу біреуге көз алартпай тұра алмайтын заманда қазақты күш құтқара алмайды, ақыл ғана құтқара алады…»
Әбіш Кекілбаев «Елең-алаң» романынан
Он екі томдық шығармалар жинағы, 1999 ж,
«Өлке» баспасы.

Бұлттар, бұлттар қайда ауып барасыңдар?
Жандауаңа қандай ем табасыңдар?
Күйініп күрсінгенде үнсіз қалмай
Ақ нөсер боп төгіліп ағасыңдар.
Бұлттар, жай-күйімді ұғарсыңдар,
Төбемнен биік қарап тұрарсыңдар.
Бопайдың, шерін ұғайын деп
Мойныңды маған бір сәт бұрарсыңдар.
Көз жасым – нөсерлеткен сағынышым,
Көз жасым – бір Аллаға жалынышым.
Көз жасым – кеудемдегі көмбем еді
Өзегім өрттей күйер жалын ішім.
Дүние-ай, жалғыздықтан жапа шектім,
Аспан жаққа шағынып зарым төктім.
Әбілқайыр жоқ енді қорған болар
Ала-көп екен мына көптің.
Тұр Бопай! Есіңді жи! Қарап елге!
Уайым, қайғы-мұңға бара берме.
Әбілқайыр бастаған ұлы көшті
Жалғау керек қаймықпай қара жерде.
Жер деген қасиетті топырағым,
Үміт жалғап ақ таңды атырамын.
Нұралыны хан қылып сайлау үшін
Би-сұлтандар Кеңесін шақырамын.
Деп осылай Бопай ханым шешім алды,
Бөріжүрек отмінезді батыл жан-ды.
Ішкі-сыртқы жағдайды тез бағамдап
Алысқа көз жіберіп салмақтанды.
Бопайдың ақылы – ұста, жаны – терең,
Қазақтың маңдайдағы бағы дер ең.
Хат жазып бір мәмлеге келіседі
Орыстың патшайымы –
Елизавета Петровнадай ханымымен.
Ел алдында парыз бар өтелмеген,
Ел дегенде бел буып бекемденем.
Әбілқайырға кесене тұрғызбасаң
Ат құйрығын үзісіп кетем деген.
Бопай сөзі ойлантты патша тағын,
Қыр мінезі болған соң отша жалын.
«Жасаймыз» деп сөзіне ден қояды
Сыйладық дер: «ел білер бақсы атағын».
Бопайдың жүрегінде ел жүретін,
Тыңдағанды ұйытып сендіретін.
Бір тылсым күш өн бойын билеп тұрар
Бір дүлей күш дұшпанын жеңдіретін.
Ел басына бұлт төнгенде ауық-ауық,
Келер деп бажайлайды неден қауіп.
Бопай ханым ақылы қалқан болды
Қиналғанда оңтайлы шешім тауып.
Көкейінде арман бар ойлар көптен,
Ел бірлігі үшін деп терін төккен.
Орынбор, Ақтөбенің іргетасын
Салуға Бопай ханым ықпал еткен.
Бопайдың үш ұлы да темір қанат,
Хан көтерген үшеуін де жұрты қалап.
Нұралы, Ералы, Айшуақ хан
Көздері – от, өздері – шоқ, сөзі – садақ.
Ізгілік пен адалдық бойындағы,
Ақ пейілі дастархандай жайылғаны.
Бопайдың қасиетті асыл қалпын
Алыс-жақын, дос, дұшпаны мойындады.
Даласы үшін Бопай ханым мұңға батты,
Қара түнде ойымен шырақ жақты.
Ел тағдыры түскенде талапайға
Қызыл тілмен сөндірді жанған отты.
Бопай апа! Ардақтысың!
Халқыңның ақ маңдайысың!
Жүгіреміз жолыңды жалғау үшін.
Тебіреніп, толғанып жырға қостым
Жеткенше бар дауысым!…

Пікір қалдыру