Кәмел ЖҮНІСТЕГІ. Абай және көнеден келе жатқан үзілмеген үндестік

Мұхаммед с.ғ.у. кейінгі мұсылман жұртының билігін қолына алған төрт халифтің бірі Хәзірет Әлі заманында теңдесі жоқ тұлға болған. Ұлы пайғамбар «егер мен ғылымның төрі болсам, Хазірет Әлі оның екі босағасы» деп оған баға берген екен. Ұлы ғалым Ұлығбек Хәзірет Әлінің сан жұрттың тілін білген ғалым, ақын әрі батыр тұлға болғанын «Төрт ұлыс тарихы» атты еңбегінде атап өтеді.
Хазірет Әлінің араб тілінен Әлішер Науай аударған «Меруерт бұлақ» атты өсиет өлеңдері мен ғибраттарын ағамыз Тұрсынәлі Айнабекұлының аудармасынан оқи отырып бұл ұлы тұлғаның ғажайып туындыларының заманнан заманға өтіп, кейінгі ірі тұлғалардың жүрегінен орын тауып, жаңғырығып отырғанына көзіміз жетті.
Әлемді рубаяттарымен таң қалдырған Омар Хаям Хазірет Әліден 500 жыл кейін өмір сүрсе, ұлы Абай Омар Хаям дүниеден өткеннен 722 жылдан кейін өмірге келген. Хазірет Әлінің өсиет өлеңдерінің әр тұсынан таңдап ала салған біраз шумақтардың Омар Хаям, Шортанбай мен Абай өлеңдеріндегі үндестігі еріксіз таң қалдырды. Бұл О. Хаям да, Шортанбай да Абай да шығыстың өнегелі өнерін зерттеп білгендігінің анық айғағы.
Шортанбай жырауды әйгілі еткен де, Абайды әлем таныған тұлға еткен де сол бір көнеден келе жатқан, адамды адамдық дәрежеде сақтауға шақырған ұлы үзілмес үндестік.
Шортанбайды тәуелсіздік үшін күрескер, діни қайраткер деп танығанда оның да жалғыз болмағандығын, сол бір тұста түркі жұртына ерекше әсер еткен татар ғұламасы, дін қайраткері, тарихшы Шаһабуддин Маржани, Камараддин, Ақмолда, Камараддиннің Қарқаралыда халыққа қызмет еткен бір топ шәкірттерінің болғандығын айтпай кетуге болмайды. Осы ағымның ортасында Шоқанның да, Ы.Алтынсариннің де болғандығы өзінен-өзі көрініп тұр. Бұл өзі бір саяси ұйым дәрежесіне жетпесе де тәуелсіздікті мақсат еткен, түркі халықтарының мәдениетін, діннің, тұрмыс-салтын сақтап қалу жолындағы үлкен бір ағым екенін, оны әрі қарай зерттей түсу қажет екенін алға тартқан жағдай. Шортанбай да кезінде Ш.Маржани Қамардан тәрізді Бұхарада ілімін жетілдірген, әрі осы аталған тұлғалардан замандасы, кейбірінің құрдасы да. Бұхар сол заманның академиясы болса, дала да көне мұраға толы болған. «1886ж саяхатшы П.И.Пашино Түркістан қаласында бір дін иесінің үйінде болып оның кітапханасынан Аристотель мен Платонның кітаптарын көрген.» (Егемен Қазақстан. 9.09.2020ж) 1949 ж А.Н. Бернитам экспедициясына қатынасқан Кемел Ақышев Қожа Ахмет Яссауи кесенесінің бір бөлмесі көне кітаптарға толы екенін көзіме көрген.
Енді осы бір үзілмеген үндестікті жұрт назарына ұсыналық.
1
Хазірет Әлі:
Иманың-үш нәрседен, пайымдағын,
Алғашқысы ұяттан айырылмаған.
Екіншісі ұмытпа, опалы болу жағын,
Үшіншісі-сақауат, қайырларын.
№32-өсиет

Абай:
Осы үш сүю иманы болады гүл,
Иманның асылы үш деп
сен тахқиқ біл.
(Алланың өзі де рас, сөзі де рас.)

Шортанбай жырау:
Иман-жанның жарығы,
Кешуі тар жалғанда.
Хабардар бол, а, пірім,
Баймақтың алды иманды.
Өлгенде малың иманың
Тіріңде қамың жиғаның.

2

Хазірет Әлі:
Замана өтседағы ел қалады
Қаншалықты дүние кем болады,
Дүние керуен сарай тар болады,
Ойлану о дүниені жөн болады.
№36-өсиет

Омар Хаям:
Мен тудым, өмірге одан қандай пайда?
Өлсем мен ойсырамас азғантайда.
Берген жоқ әлі ешкім түсіндіріп,
Өлмекке бір туған сен себеп қайда.
26-рубаят. Осы пікір 2,302 рубаяттарда да айтылған

Шортекең:
Опасы жоқ сұм дүние,
Оттан ыстық болар ма.
… Ақыретте көз салғын,
Баратұғын орынға.

Абай:
Өмір жолы –тар соқпақ, бір иген жақ,
Иілтіп, екі басын ұстаған хақ,
Имек жолда тиянақ, тегістік жоқ,
Құлап кетпе, тура шық, көзіңе бақ.
(Лай суға май бітпес)

3

Хазірет Әлі:
Әркім сөзін өзінше мәнді, санар,
Көтемдегі гүл сияқты сәнді санар,
Өзі қалай санаса солай санар,
Қысқа сөзді мағыналы дәмді санар
№ 46-өсиет

Абай:
Бет аузын сөз сөйлерде жүз құбылтып,
Қас кермек, мойын бұрмақ, қоразданбақ.
(Адасқанның алды жөн..)

Көздің жасы, жүректің қаныменен,
Ерітуге болмайды іштің мұзын.
(Талай сөз бұдан бұрын көп..)

Қайран тіл, қайран сөз,
Наданға қадірсіз
(Қуатты оттай бұрқырап)

Шортекең:
Сыртымнан ғайбат айтқанша,
Айт өзінің жүзіне
Шын емес деп иланба
Жалғаншының сөзіне
1-бәит
Ханның тілін қара алмас,
Өлінің тілін тірі алмас,
Өздері ғақыл біле алмас.
* * *
Аталы топқа кірмеген
Сөзге алмас құлағын.

Омар Хаям:
Талай жан өткен екен шам-шырақтай,
Айтыста ақылымен жан шыдатпай,
Солар да сөйлеп-сөйлеп кеткен қалғып,
Қаймалап қараңғыда жолын таппай.
55-рубаят
4

Хазірет Әлі:
Шараптың жалынына күйді ұят,
Өзін өзі өлімге қиды ұят,
Ел жоқ жерде пердесін жиды ұят,
Ел бар жерде пердесін киді ұят.
№53 өсиет

Омар Хаям:
Не пайда өзімді өзім тиа алғаннан,
Не пайда есті кейін жиа алғаннан,
Кінамды кешер құдай, аяп мені,
Не пайда бүлдіріп боп ұялғаннан.
151-рубаят

Шортекең:
Ашты-тоқты болсан да
Иманды сақта ұятты.
Ардан безген ұятсыз,
Дінсіз қылар мұятты.

Абай:
Ұят, өзі иманның бір мүшесі екен. Шын ұят сондай нәрсе, шариғатқа теріс, иа ақылға теріс, абиұрлы бойға теріс іс себепті болды.
Отыз алтыншы сөзі

5

Хазірет Әлі:
Таза елге ып-ылас арам келді.
Арамдық атырабына тарады енді.
Опасыздар опырып тамам жерді,
Бет алды жеуде деген хабар келді.
№56 өсиет

Омар Хаям:
Сұм тағдыр сұмырайларға нан бересің,
Су мен жер үй, салтанат сән бересің.
19-рубаят

Шортекең:
Пірлерден кетті керемет,
Патшадан кетті әділет.

* * *
Билер пара жемеңдер,
Жалғанды жолдас демеңдер
… Старшын, болыс болам деп,
Ысырап қыл малды төкпеңдер.
* * *
Естімеген заң шықты.
… Аяқ бас боп озған соң.
Бұрынғы байлар таусылып,
Ескі бір тондай тозған соң…

Абай
Мәз болады болысың
Арқаға ұлық қаққанға,
Шелтірейтіп орысың,
Шенді шекпен жапқанға.
…Оқалы тон тола ма,
Ар-ұятын сатқанға?
…Өзгелерді біз емес,
Түсірмекші қақпанға.
…Елең қағып елбірер
Еліртіп көзді аспанға.
…Жайы мәлім шошқаның,
Түрткенінен жасқанба.

6

Хазірет Әлі.
Біреуді білгің келсе мақалын біл,
Сөйлегенде сөзінің мақамын біл,
Мінезінің салмағын, шатағын біл,
Тегін біл, ата-баба атағын біл.

Абай:
Қайғысын не десең мақалдарынан танырсың. «Өзіңде жоқ болса, әкең де жат», «Ердің малы елде, еріккенде қолда», «Қарының ашса қаралы үйге шап», … Бұл мақалдардан не шықты. Әйтеуір ұрлық, қулық-сұмдық, тіленшілік … қылып мал тапса жазалы демесек керек екен.
Бесінші сөз

Шортекең:
Шұнақ би.
Құдайға мақұл ісің жоқ,
Біреудікін көздедің…
…Ұрлықпенен зорлықтан
Үмітіңді үзбедің.
… Шұнақ билер тұсында,
Шананы мінген күймелі,
… Қай жақсы бар жүйелі.
7

Хазірет Әлі.
Әркім көріп өлімді сабақ алар,
Сабақтың ең абзалы тәуба болар,
Жүріс-тұрыс, мінез-құлық
сараланар,
Рухани жан дүниесі тазаланар.
№86-өсиет

Омар Хаям.
Белгісіз бізге тәңірім арғы затың,
Пендеңе не қылсаң да
бар ғой хақың,
Құлыңмын күнәдан мас,
сенсең саумын,
Сенерім-сенің мейір-мархабатың.
96-рубаят

Шортекең:
Бір күнгідей болмады
Мың күн тірі жүргенім.
Қасықтап жиған дүниеден
Кәні пайда көргенім.
… Сөйлесетін күн қайда
Өлгенде көрдің астынан
Тәуба қылып қоялық
Құдайға сөзім ғасима.

Абай:
Өмірін берген құдайым
Ажалын да беріпті.
… Тағдырына тәбдил жоқ
Тәуба қылсақ керек-ті
… Қажыны алған бұл өлім
Сабыр қылсақ керек-ті.

Отыз төртінші сөз:
Жұрттың бәрі біледі өлетұғынын.. Һәммәні жаратқан құдай бар, ахиретте сұрау салады…бәріне сендік дейді… бұлдыр сеніп отырса… оны қайтіп түзете аламыз.

Отыз сегізінші сөз.
…шүкіршілігі (тәубасы) жоқ болса, әдепсіздікпен күнәкәр
болмайсың ба?
… бұл жолдағылар дүниеде жоқ болып кету қауіпі бар. Уа, кәпірлерге жем болып кетуде.
8
Хәзірет Әлі:
Бар заттың топырақ болып
кетуі хақ,
Ілімдінің мұратқа жетуі хақ,
Опасыздың өсек айтып өтуі хақ,
Азғындардың жолдан тайып
кетуі хақ.
№102-өсиет

Омар Хаям:
Пәк туып, ақырында арам болдық,
Шат туып, қайғы шеккен
қараң болдық,
Кеудені көздің жасы оттай өртеп,
Дене-күл, өмір-зая, тамам болдық.
84-рубаят.осы пікір
58,76 рубаятта бар.

Ей шебер, құмыра құйып,
лай айдаған,
Болсаң ғой сәл ойланып, абайлаған,
Балшықты баспас та едің,
теппес те едің.
Қорлайсың атаң күлін қалай,
надан?!
17 рубаят
Абай:
Адамзат- бүгін адам, ертең топырақ,
Бүгінгі өмір жарқылдап алдар бірақ.
Ертең өзің қайдасың білемісің,
Өлмек үшін туғансың, ойла шырақ.

9
Хазірет Әлі:
Әркім – ақ ұзын тілден тауан тартар,
Өкіну жүз түрінен зауал тартар,
Аз сөйлеген өмірін көпке ұзартар,
Тыныш жүргеннен пәле де
бойын тартар.
102 өсиет.

Омар Хаям:
Дүниеде ақыл ойға мінсіз бол сен,
Айтылса жаһан жайы үнсіз бол сен,
Құлағың, көзің, тілің сау тұрғанда,
Соқыр бол, саңырау бол,
тілсіз бол сен.
193 – рубаят
Шортекең:
Сыртынан ғайбат айтқанша
Айт өзінің жүзіне
Шын екен деп иланба
Жалғаншының сөзіне

Ет жүрексіз ерініңнің айтпа сөзін,
Тіл үйренген нәпсінің қу мінезін.
Тілде сүйек, ерінде жиек бар ма?
Шымылдық боп көрсетпес
шынның жүзін.

10
Хазірет Әлі:
Сынса көңіл сиқыр тілдің дертінен,
Жан дүниең жанып кетер өртінен,
Санаспайтын сән –
салтанат көркіңмен,
Тіл дерті тең көкіректің дертімен.
136 өсиет

Шортекең:
Құдайдан қорыққан мұсылман,
Қарауыл қояр сөзіне,
Жуан да қисық кезігер,
Алланың құрған тезіне.
…Атасы топқа кірмеген
Сөзге салмас құлағын.

Абай:
Қызыл тілім буынсыз,
Сөзімде жаз бар шыбынсыз,
Тыңдаушым да ұғымсыз
Қайран сөзім қор болды-ау,
Тобықтының езіне.
…Өтірік пен өсекке,
Бәйгі атындай аңқылдар,
Тұла бойым шіміренді.
(Келдік талай жерге енді)

11
Хазірет Әлі:
Шайтан жолға түспеуге талпынғайсың,
Мейрімділік ісіне ұмтылғайсың
149 өсиет

Абай:
Ел бұзылса табады шайтан өрнек,
Періште төменшіктеп, қайғы жемек
Өзімнің иттігімнен болды демей,
Жеңді ғой деп шайтанға болар көмек.
(Қартайдық қайғы ойладық)

Шортекең:
Дүрия көрпе жамылтып,
… Күн шыққанша ұйықтатып,
Шайтанға мұнша мықтатып,
Дүниенің қалай алдауы.
(бесінші бәйіт)

Ғайбаттың жаман екенін,
Біле тұра айтасың.
… Алланың берген ақ дінін,
Шайтанға қайтіп сатасын.
(алтыншы бәйіт)

13

Хазірет Әлі:
Қарттардың жаннан басқа
азабы жоқ,
Жігіттік дәуірдегі ажары жоқ.
212 өсиет.

Омар Хаям:
Кәрілік – қалған солып
бейне томар,
Күн қайда талтайып сап
төрде отырар.
199 рубаят

Шортекең:
Сарғайды кәріліктен менің әрім,
Ақ кірді сақалыма, бетте әжім,
Қияметтің кигізген құлылан тәжін.

Абай:
Қартайдық, қайғы ойладық, ұйқы сергек,
Ашуың –ашығын у, ойың кермек.

14

Хазірет Әлі.
Кімде- кім алға қойса сөз өнерін,
Ел алдында көтерер өз беделін.
212 өсиет
Омар Хаям:
Құранның оқығанда сөзі жарқын,
Білмейді біреу нарқын, біреу парқын.
Пиала ернеуіне жазған құдай,
«Әлінше оқысан,- деп,- білген әркім,»

Шортекең:
Зар заман, зар заман,
Зарлап өткен бұл заман,
Сөздің басы бисимилла
Біз айтайық, сіз тыңда.
* * *
Бәиіт айтып, баян қып,
Жанастырдым әр неге.
Мәселе кітап шығардым,
Кейінге қалған пендеге.

Абай..
Арғын – Найман жиылса,
Таңырқаған сөзіме,
Қайран тілім қор болды-ау,
Тобықтының езіне, — десе
енді бір өлеңінде;

Өлең сөздің патшасы, сөз сарасы,
Қиыннан қиыстырған ер данасы,
Тілге жеңіл, жүрекке жылы тиіп,
Теп- тегіс жұмыр келсін айналасы.
… сөз түзелді, тыңдаушысы сен де түзел, – деп тоқтайды.

15
Хазірет Әлі:
Кім елге берсе егер жәбір – жапа,
Кәусардың суы да оған болар қапа,
Кімде-кім өз тобына қылмаса опа,
Кешірмес қауымы да
оны қылса қата.
252 өсиет

Омар Хаям:
Ілінбе дәулет іздеп жаманатқа,
Өлмейтін жан табылмас жамағатта .
177 –рубаят

Шортекең:
Малы көп кісі би болар,
Көпке тентек, өр, қисық,
Қамшыменен ій болар,
Ер басына күн туып,
Бұта түбі үй болар
Ат басына күн туса
Көксімдегі күй болар.

Абай:
Болыс болдым мінекей,
Бар малымды шығындап,
…Күштілерім сөз айтса,
Бас изеймін шыбындап,
Әлсіздің сөзін салғыртсып,
Шала ұғамын қырындап.
…Оңашада оязға
Мақтамаймын елімді.
… Бұзақының бүлігін,
Жақсы ақыл деп құп деймін
…Өзі залым зәкүншік
Танып алды талайды
Көрмей тұрып құсамын,
Темір көзді сарайды.

16

Хазірет Әлі:
Хақ жолында өнерлі кәсіп қылмақ,
Алланың бергеніне нысап қылмақ ,
Жаныңды жәй таптырса
тағат қылмақ,
Өліммен тең – дұшпаға
бой ұсынбақ.
149 өсиет

Омар Хаям:

Жалғанда киген киім, ішкен тағам,
Болмайды еңбек етсең еште арам.
Бірақ біл, одан өзге мақсат көздеп,
Өмірің өкінішпен өтсе, жаман.
113 рубаят.

Шортанбай:
Шаруа малмен жарасты
Мал шырдасы жер еді.
… Бір шаруаның артынан
Егінді жерге салмақты.
Үйренбеген бұл қазақ,
Ұқсатып оны салмапты.
(Жыр насихат)
Шортанбай жырау 1870 жылдар шама­сында баласы Аязбайға Нұра өзені­нің бойында су диірмен салдырып, егін еккен. Егін суарған ізі әлі жатыр. Диірменнің тасы музейде.

Абай:
Қартайдық қайғы ойладық,
ұлғайды арман,
Шошимын кейінгі жас балалардан,
Терін сатпай, телміріп көзін сатып,
Теп –тегіс жұрттың бәрі
болды аларман.

Жан аямай кәсіп қыл,
Орынсыз ыржаң,
Болымсыз қылжаң,
Болама дәулет , нәсіп бұл,
Еңбек қылсаң ерінбей
Тояды қарның тіленбей.

Хазірет Әлі:
Ей, ол емес мол байлық саған келген,
Аянбай қазынадан бөліп берген,
Дүниеге келгеннің бәрі өлген,
Өлімді жеңген жан жоқ дүйім елден.
198 өсиет

Омар Хаям:
Қуыршақ біз, тағдыр сұм- тамашапаз,
Соған да боламыз-ау балаша мәз,
Сүңгиміз ғайып жалған сандығына,
Ойнап боп өмір деген алашада аз.
173 рубаят

Абай:
Жас қартаймақ, жоқ тумақ, туған өлмек,
Тағдыр жоқ, өткен қайта келмек.
Басқан із, көрген қызық артта қалмақ,
Бір құдайдан басқаның бәрі өзгермек.
* * *
Адам ғапыл дүниені дер менікі
Менікі деп жүргеннің бәрі онікі.
* * *
Абай:
Әрбір жалқау кісі қорқақ, қайратсыз тартады… мақтанғыш келеді. Мақтаншақ ақылсыз, надан келеді. Жалқаудан… өнерсіз, ешкімге достығы жоқ жандар шығады.
(үшінші сөз)

Хазірет Әлі:
Әрбір іске жалқаулық қылса, құдай оны бір қасіретке тап қылар.
(140 ғибрат)

Абай:
Жас бала анадан туғанда екі түрлі мінезбен туады. Біреуі ішсем, жесем, ұйықтасам деп туады. Бұлар тәннің құмары. Бұлар болмаса тән жанға қонақ үй бола алмайды.
Біреу білсем екен демелік. Не көрсе соған талпынып… оған қызығып, … сырнай керней… даусына ұмтылып… «ол немене», «бұл немене» деп… бәрін сұрап, тыныштық көрмейді. Мұның бәрі жан құмары, білсем, көрсем, үйренсем екен деген.
(жетінші сөз)

Хазірет Әлі:
Екі амал бар: біріншісі – нәпсі талабы, екіншісі тәңір талабына бой ұсыну. Бұл екі істің ортасында парық бар, бірінде атқарылуға тиісті істің ләззаты кетеді де табиғаты қалады. Біріншісі нәпсі талабы болса, екіншісі Тәңірдің тағаты үшін болар.
(137ғибрат)

Абай:
Тірі адамның жүректен аяулы жері бола ма?… Рахымдылық, мейірбандық, уа әрбір түрлі адам баласын өз баурым деу… бұлар-жүрек ісі. Тіл жүректін айтқанына көнсе, жалған шықпайды.
(14-сөз)
Хазірет Әлі:
Ақылды кісінің тілі жүрегінің артында болады., ақымақтық тілі жүрегінен бұрын болар.
(49-ғибрат)

Тіл астына адам жасырынады.
(115 ғибрат)

Абай:
… күніне бір мәртебе, болмаса жұмасына бір, ең болмаса айында бір өзіңнен есеп ал. …Өміріңді қалай өткіздің екен, не білімге, не ахиретке, не дүниеге жарамды күнінде өзің өкінбестей қылықпен өткізіпсің?
(он бесінші сөз)

Хәзірет Әлі:
Өлшеніп істелген іс оңай болар, өлшенбей істелген іс жексен болар.
(20 ғибрат)

Кім өзіне үгіт айтса, Құдай да оны өз панасына алар.
(94 ғибрат)

Әрбір істің қадіріне жетсең кор балмассың.
(183 насихат)

Абай:
Балаларды оқытқан жақсы … Құдайдан қорық, пендеден ұял, балаң бала болсын десең – оқыт, мал аяма. Әйтпесе, бір ит қазақ болып қалған соң саған… Яки жұртқа рахат көрсете ме?
(15-сөз)
Хәзірет Әлі:
Ілім – адам баласына ең ұлы мұра.
(8-ғибрат)

Даналық – адамдардың аңсаған арманы, оны тапқан жеріңнен ал, ие бола біл, ол дұшпан қолында болса да алудан тартынба.
(83-ғибрат)

Кісінің ілімі, кемеліне жеткендегі оның биязылығынан танылады.
(194-насихат)

Абай:
Пайғамбарымыз с.ғ.у кімнің ұлты жоқ болса, оның иманы да жоқ деген. …Ұят өзі иманның бір мүшесі екен
(36-сөз)

Хәзірет Әлі:
Білмегеніңізді үйренуден ұялмаңыз.
(87 ғибрат)

Ұят және сабырдай иман болмас
(122 ғибрат)

Кісіде үш түрлі иман: ұят, ақыл, үшіншісі жомарттық пен ұлт жандылық.
(29 насихат)

Адамдағы ұят –айыбын жабатын жамылғы сияқты
(50-насихат)

Пікір қалдыру