КӨЗІМ АЛДЫ АҚ ТҰМАН…

Мағиза ҚҰНАПИЯҚЫЗЫ

 КЕШІР, АНА

Күміс рең, сиреп қалған шашыңды,

Тарамадым, өрмедім.

Қолдан оқыс түсіп кеткен затыңды,

Кешір, алып бермедім….

Туған жердің суы бал ғой, шөлдесең,

Қою шәйді қанып іш.

Кермек тартса жасым шығар ол менің,

Тамып кеткен сағыныш…

Қасыңа бір жету арман бұл күнде,

Қону – қиял боп барад.

Аяқ бітсе сөз ұқпайтын жүрегім,

Қазір саған аттанад…

Елес қуған екі қолы ербеңдеп,

Сағынарсың қызыңды.

Неткен азап!

Бітпейтұғын сергелдең…

Басып келем ізіңді.

Аяғанмен бірімізді біріміз,

Бізді аямас өзгелер.

Махаббаты сенен өзге пенденің,

Қас қаққанша өзгерер.

Ширықтым көп…

Бола алмаймын сабырлы,

Досым сен де жоламан.

Жер бетінде бар әйелден қадырлы,

Бір адам бар, ол – анам!

 

CӨЗ АУЛАҒАН КҮН

 

Қадалдым неге жалғыз нүктеге,

Сүңгі-мұз кірпік… көз жаурап?

Үйлесім таппай мынау тірліктен,

Кеңістікте ұшқан Сөзді аулап.

Шақшадай баста – зымыран ойлар!..

Табаным жерді мекендеп.

Тізбегін сөздің аңдумен өттім,

Тұсымнан қашан өтер деп…

Сан соқтыртады сиқыр Сөз – әлем,

Аңғал жандарға тек біздей.

Жалған сәулеге көз байланғанда,

Өтті де кетті жеткізбей.

Көл бетінен де жылылық іздеп,

Айды да Көктен қызықтап,

Қосмекенді – өмір кешкеннен соң ба,

Алаң-салаңмын ұмытшақ.

Жүректі шаншыр сезімдерім көп,

Жай таппас, жыр боп тынғанша.

Сиқырлы Сөзді зарыға күтіп,

Құсұйқы болған түн қанша?!

Шаттыққа шомам – Сөз аулаған күн.

Бөліспей қалай іркемін!

Кестелі жырмен,

Жылаған жүрек

Көз жасын еппен сүртемін!

 

СОЛАЙ ШЫҒАР

 

Жаны – жақын, тәні – жырақ,

Жұрттың бәрі біздей ме екен?

Қолым сізге хат жазады,

Көзім Сізді іздейді екен.

Қанатынан қиялы ұшқыр,

Құстың бәрі біздей ме екен?

Қоштасқан боп кеткеніммен,

Үмітімді үзбейді екем.

Сарғаюдан жеміс күтер,

Қараңызшы күздей ме екем?

Сағынышым сағым сында…

Көзден моншақ тізбейді екем.

Тоңған күзді қымтайды қар,

Ол да бір күн бүрлей ме екен?

Ми патшалық құрғанменен,

Жүрекке әмір жүрмейді екен!

 

БӨТЕН КІСІ

 

Арзандау шаттықты алымсынбай,

Қымбатқа мұң сатып алған кісі.

Өмірдің керуен – базарында,

Оқыстан жолығып қалған кісі.

Көзімен ұрттап-ақ тауысардай,

Сезімі жүрекке жеткен кісі.

Және де сені ойлап тауыса алмай,

Қиялға ілесіп кеткен кісі.

“Тоқташы айтатын сөзім бар” деп,

Назарды өзіне бұрған кісі.

“Мен едім жолықпай жүрген жан” деп

Қасқайып алдымда тұрған кісі.

Болғанмен ежелден сөзі таныс,

Бейтаныс боп өзі келген кісі.

Қалғаннын тығылып еш пайда жоқ,

“Көздерін жұмса да көрген” кісі.

“Ақыл сөз құлаққа кірмейді” деп,

Әзілдің шарабын ішкен кісі.

Өзіме қайтарып беріңізші,

Ұйқыма ұрлыққа түскен кісі!

 

ШЫН БАҚЫТТЫ БОЛАРМЫЗ

 

Ғұмыр бойы сағынам?

Әлде бес күн?

Кетем бе әлде соңынан мәңгі елестің?

Еске алу бар, өкпе бар, жек көру бар,

Бірақ саған мін тағар халде емеспін.

Жел соғады кешкісін мазамды ала,

Сүле сапа қарайды бозаң дала.

Саған деген телегей сезімдегі,

Өсек деген бір түйір тозаң ғана!

Жанып жатқан кеудемнен сезіктенем,

Жүр деп бұған қалайша төзіп денем.

Сеннен есеп алуға қақым да жоқ,

Кездеріңнен ертерек кезікпеген.

Артта көктем,

Солда – жаз,

Оңымда – күз,

Бір тілегін қалқаның орындаңыз.

Тым бақытты ертерек болмасақ та,

Шын бақытты болармыз соңында біз…

 

ЕРЕЙМЕН ТАУДАЙ

 

“Көзіме бір сәт көрінсеңші» деп,

Ереймен тауды аңсаған.

Иманжүсіптей зарықтым мен де,

Жаратқан болсын жар саған.

Ереймен таудай ерек көремін,

Не жетсін жақсы тілекке.

Әрі адам әрі табиғатсың сен,

Сөзің жетеді жүрекке.

Жаныңды сенің түршіктіреді,

Тіршілік мынау қан майдан.

Шынардай тұлғаң сәл иіледі,

Өпкенде келіп маңдайдан.

Құшағың сенің – ықтасын орман,

Жер бетінде жоқ жайлылық.

Қас-қағым сәт те мәңгілік екен,

Қайтемін босқа қайғырып.

Мейірім – күнге жүзімді төсеп.

Азырақ кейде жүзіп қап,

Теңіз-ойыңнан маржандарыңды,

Сүзіп отырам қызықтап.

Жапырақ-жүрек біреу болғанмен,

Бөлінед дейді түр түрге.

Сол жапыраққа жайғасар жан боп,

Менің қалуым мүмкін бе?!

Жазуың түгел сыйып кететін,

Көзіңдей жазық бар мұнда.

Жалтару мүмкін болмайды екен,

Көзқарасыңның алдында.

Ойнайды екен онда сағымдар,

Жасыңда жүзіп тырналар.

Сөзіңді естіп үлгергенімше,

Көзіңнен жетті бір хабар.

Әзілің сенің таудың бұлағы,

Бола ма оны ішпеске?

Өзеннің беті қыста буланып,

Тыныс алғаның түсті еске.

Отырам кейде хабар ала алмай,

Ауылдай қонған шеткері.

Өзімшіл келер әйел затымын,

Сағынса деймін тек мені…

 

КЕҢДІК ПЕН ЖЫЛЫЛЫҚ

 

Тәңір сізге сыйлаған соң ғажап нұр,

Сол ғажап нұр айналаға тарап тұр.

Сіздің жүрек ат шідерлеп қоюға,

Күзеулік қып отыруға жарап тұр!

Мейірімнен әр таңыңыз арайлар,

Құс бірдеме айтқысы кеп қарайлар.

Қарқарадай көрінгенмен ішіне,

Шынтағың да айланбайтын талай бар.

Тәңір сізге сыйлаған соң жылылық,

Кеткен содан ізгіліктер тіріліп..

Бетке жылы көрінгемен зәрі бар,

Түбімізге жеткен талай жылымық…

Сол бір сәттер сақталар деп көзімде,

Жасырынам жолығатын кезімде.

Айтқым келіп оқталдым да, тоқталдым.

Көптік жалғау болмайтынын сезімде!

 

МҰЗДЫ КӨЛ

 

Мұзды көлге қойып кеткім келеді,

Мұздақтарын ойып кеткім келеді,

Жан ұшыртып жүгіргенше жағада,

Қасақана тайып кеткім келеді.

Шыдам бітіп қаным басқа шапшыған,

Түк көрмеймін көзім алды ақ тұман.

Іздеген жан тауып алсын,сырғамды,

Сылдыр сылдыр қамысына тапсырам!

 

Қанат байлап ұшып кеткім келеді,

Ұша алмасам үсіп кеткім келеді.

Судан таймас дейді екен шешінген,

Шешінбей-ақ түсіп кеткім келеді!

 

Мына үскірік айғар ма?

Білмеймін,

Ат қайғысын тай ұғар ма?

Білмеймін.

Қатқан мұзға жатып алсам екпеттеп,

Жүрек тұсы ойылар ма?

Білмеймін…

 

Қырық шырағым таусылғанша   жағайын,

Қырық есектік айламды іске салайын.

Мұз астында болып жатқан тірліктің,

Ебін тауып бір хабарын алайын.

 

Бұратылдым берілген соң аш мұңға,

Мұзға айналған тұсы қазір жастың да.

Мен түскен соң қармақ салса қайтемін,

Ең жақыным мұзды көлдің астында!!

 

ТУҒАН ЖЕРДІҢ АСПАНЫ

 

Өз еркіммен ұшып ем өз көлімнен,

Асып түсті көргенім сезгенімнен.

Туған жердің аспаны қимағанда,

Жауады екен көбелек көздерінен!

 

Көбелектер ақ қанат нұр сіңірген,

(Қалған ғұмыр өтер ме күрсінумен?)

Бұрымыма біреуі құлай кетіп,

Сүйіп жатты біреуі кірпігімнен…

 

Өртегенді білетін сөндіруді,

Қайратына үйреткен көндіруді.

Туған жердің жетіп кеп ақ бораны,

Жұлқа тартты «кетпе!» деп қол жүгімді!

 

Көрсептеді күн көзін налып тіпті,

Тағы кімдер?..

Жанары талып күтті?

Туған жердің аспаны қимағанда,

Бір ауылдың мазасын алып бітті!

 

ҚАНАСҚА ҚАСИДА

Қанасым саған жете алсам аман,

Оқып беремін бір өлең,.

Өзіңе шексіз жақындау үшін,

Бұлтың боп бірде түнерем.

 

Аспаның болып шайдай ашылам,

Таусыла қоймас жыр-әнім,

Сәбидің таза күлкісін бір сәт,

Қарызға ала тұрамын.

 

Хәлімді сұрап келген-кеткеннен,

Күтуден әбден қажыған,

Қарағайларым танымай қалса,

Есімнен мен де жаңылам…

 

Таңғы самалдан сәлемін жолдап,

Бір ауыз сөзге сыйғызған,

Жусанның демін ұмытам қалай,

Есімді зорға жиғызған.

 

Жай түсіп өлген қарағаймен де,

Амандасамын түбір боп,

Сұлулық пенен салқындық егіз,

Дер еді сонда күбірлеп.

 

Ұшқаттың ұстап ақ білегінен,

Шашыма қосып гүл өрем,

Кеудемде ұзақ тұншыққан құсты,

Қызылқайыңға жіберем.

 

Қыздың шолпысын алып қашқандай,

Жүгірсе бұлақ аттан сап,

Шаттығы жетіп шырқау шегіне,

Аспанға шашса ақ моншақ.

 

Көк сия көлім қиялға кетем:

Өзіңді бір сәт мәз қылсам,

Жер бетінің бар ақынын жинап,

Жағаңда өлең жаздырсам…

 

Сабыры шексіз балықтарың-ай,

Шықпайтын мүлде тереңнен,

Секпіл тастарым – жарықтарым-ай,

Бесік жүрекке бөленген!

 

Ауылдасыммен амандасам ба,

Кірпіктеріме тамшы іліп,

Жер әлемде жоқ жұпар ауаға,

Армансыз жүрген малшынып.

 

Қасқа бұзаудың мөңірегенін,

Теңер ем тіпті сырнайға,

Удан да ащы бір нәрсе ішкің,

Келеді екен мұндайда…

 

Мың жылдық ана –  ару Алматы,

Сағынышыма бас иді,

Бабымды таппай көше автобусы,

Олай да бұлай тасиды…

 

 

 

Пікір қалдыру