ҚАНДЫ ЖОЛ

 

Ұзақбай Доспанбетов

 Романнан үзінді

 БІРІНШІ ТАРАУ

Шілденің шыжыған ыстық күндері бұл маңда ала-құла мінезді келеді. Сәл жел білінсе шаң көтеріліп,  ал ауа қозғалысы мұны азсынғандай одан әрмен екіленсе ұсақ құм  түйіршіктері суыра соғып, көз аштырмайды. Быжы өзенінен батыста, Малайсары тауынан түстікте, осы тау мен Желдіқара қыраттарының, төбешіктерінің түйіскен тұсында, ойдым-ойдым үстіртте орналасқан бұл аядай тұс Сарыөзек аталушы еді. Жер жәннаты Жетісудың кіндік тұсындағы бұл бір құрғақ, сусыз мекен. Көгі жоқ, тусырап жатқан кейбір бөліктерінде жалаңаштанып қалған топырағы сары, сұр, сұрғылт түстерімен де бөлектенеді. Мұндағы шөптесін де боз жусан, баялыш, бұйырғын сынды құмды өлкенің тумалары іспетті түбірі қатты, шөлге шыдамды түрлерінен құралған. Жаз мезгілінде бұл бағытқа ешкім мал айдамайды, ал қыстың қарлы аязында мал да, адам да молшылықтың көзі осы бағдарда екенін иісінен сезгендей осылай қарай мамырлайды. Иә, бұл желтоқсан мен ақпан айларының аралығында қара оты  мол өлке санатында. Әрі жел түгілі қарлы боран ұйтқыса да сары, сұрғылт топыраққа көмулі шаң мен құм да құйрығын қысады.

Сол топырағының реңкі мұның Сарыөзек атануына да түрткі екені анық. Бұл Сарыөзек осыдан шығыс-түстік бетте қалың таулардың қойнауына сұғына біткен Қоғалы өңірі, оған жалғас Күреңбел атты кедір-бұдыры мол кеңістік жұртшылығына жақсы таныс. Себебі, олар өздері жайлаған аталмыш мекендерде алты ай жазда көк майса дегенің аттың сауырын соққанмен қыс түсе бәрі қалың қар астында қалады. Алла-тағаланың бұл ырзығы өзге қиырлардан гөрі мұнда ерте жауады. Қазан айының орта шенінде, кейде тіпті қыркүйектің соңын ала басып салады. Алғашқы кезектегілері тез ерігенмен кейінгілері де көп зарықтырмайды. Қарашаның соңы мен желтоқсанның басында Қоғалы мен Күреңбел өңірі әдетте омбы қарға көміліп жатады.

Ол қазақтардың мыңғырған мал ұстайтын заманы. Шөпті қанша маялап үйсең де төрт түлікті түгел қолға қаратып қою мүмкін емес. Әсіресе, қой-ешкі атты ұсақтарға қиын, олар тіске ілінер ештеме таппай маңырап-боздап, бір-ақ күнде кіріптарлыққа ұшырайтыны ақиқат. Сосын да қыркүйектің орта тұсында әркім өзіне тиесілі отар-отар қойларды, ешкілерді қара оты мол Малайсары тауындағы қыстауларға қарай айдайды. Сосын да олардың көбісі осы Сарыөзекті басып өтеді. Тек тебінде жайылуға икемді жылқылардың ғана негізгі бөлігі Қоғалы мен Күреңбелде қалады. Олар өздерінің болат тұяқтарымен қалың қарды аршып, оның астындағы әрдайым бітік шығатын шөптің, бұталардың қалдықтарын пышақтай өткір тістерімен қыршып жеп, қыс айларын өткеріп салады.

Ал әлгі Малайсары тауының қары жұқа, қара оты мол сауырларына айдалған қой-ешкі көктемге салым кері қайтқанда да көбісі осы Сарыөзекті басып өтеді. Себебі, ол тағы да жол үстінде ғой. Жыл шырайына орай кейде мұнда ары-бері өткенде сәл-пәл дамылдап аялдайтындары да бар. Сарыөзек сөйтіп, жайлау мен қыстау ортасындағы табиғи қақпа іспеттес жаратылысымен де елдің есінде қалушы еді. Ал жылдың өзге мезгілдерінде бұл Сарыөзек бос тусырап жатушы еді, қыста мұнда қар да жұқалтым, қара оты баршылық дегенмен бұл тар қыспақтағы мекен, соншама елдің малы үстінен өткесін оның боз жусан, баялыш, бұйырғын сияқтыларынан не мәзір қалсын, ал жазда шаң мен құм көз аштырмайды. Оны кім не емге жаратсын?! Міне, биыл ғана, осы 1928 жылдың көктемінен бергі аралықта ғана бұл Сарыөзек мынау қуаңдау жаздың өзінде кенет құмырсқаның илеуіне айналғандай. Енді қалай, қара тобыр халық дегенің көктен жауғандай бір-ақ күнде құжынап берді.

Алғашқы қарқында Ресейдің ішкі қалаларынан қатынаған мамандар бұл Сарыөзектің астынан алтын тауыпты, енді ол үлкен кен орнына  айналмақшы деген ақпарат елең еткізді. Тек ол дақпырттың өмірі ұзаққа бармады. Себебі, жер қойнауын ашып, тереңге үңгіп жатқан ешкім байқалмады. Есесіне, мұнда Желдіқара, Малайсары жақтан тас, алыстағы Қоғалы тауларынан қарағай тасу ісі, саман кірпіш құю ісі үдеді. «Е, большевиктер өкіметі мұнда үлкен қала салмақшы, сөйтіп іш жақтан орыстардың жаңа легін көшіріп әкелмекші» деп сәуегейсігендер де төбе көрсетті. Бұл сәуегейлік те өзін-өзі ақтамады. Себебі мұндағы басшылық сары түктілердің қолында дегенмен барлық қара жұмысқа қазақтарды тарту жағы көпе-көрнеу айқындалды. Мал ұстап жарыта алмаған, соқа басы сопайған қазақ жігіттері орыс ақшасына қызығып, осында топ-тобымен келіп жатты.

Ол  заманның бір қиындығы қазақтар іс мәнісін сондағы орыс әкімдерден сұрауға жасқанантын. Ал, бірен-саран қазақ белсенділер екі елі ауыздарына төрт елі қақпақ қойып, томсырайып жүретін. Себебі, жаңа өкімет байлардың малын тартып алады екен, барша жұрт ортақ қазаннан ас ішеді екен, оған көнбегендер итжеккенге айдалады екен деген тәрізді қауесеттердің де желді күнгі өрттей қаулаған кезі. Бұған қоса Қазақстан астанасын осы Сарыөзектен таяқ тастамдай жердегі Алматыға көшірілетіні хақындағы шешім де көп қаңқу сөзге тамызыққа жараған.

Кенет   мұның бәрін басқа да бір қауесет басып-жаншыды. «Бұл Сарыөзектің үстінен үлкен жол өтеді, әрі ол жай емес, шойын жол, онымен шайтан көзді арбалар жүреді екен» деген алқын-жұлқын пайымдаулар ауыздан ауызға көшті. «Апырау, қазақтың кең сахарасына жаюға сонша шойынды қайдан алады, әлде Сарыөзектің астында  алтын   емес, шойын темір сіресіп жатыр ма екен» дескен сауалдар да осындағы оқтын-оқтын екілене соғатын желмен бәсекеге түскендей еді. Ең соңынан бәрінен де дұрысы осы болып шықты. Сарыөзектің үстінен темір қанат аэроплан дүрілдеп ұшқанда онсыз да үркек жұрттың одан әрмен жүрегі аузына тығылды. Бүйірінде «СССР» атты жазуы бар бұл неме таяқпен ұрып алатындай ғана биікте қалықтап, кейде бір жанына аунап түсердей қисая дүрілдегенде өзіне қонатын жер іздеп жүргендей де көрінетін. Бақса олай емес, оның іздегені басқа екен. Ол алдағы күнде салынар жол бағдарын белгілеп жүр екен. Желдіқара бағдарынан тас тасығандар, одан арғы күншығыс беттегі Айнабұлақ жақтан мал іздегендер бұл аэропланның кішкентай терезесінен адамның басы көрініп, оның жерге төрт бұрышты жәшік сияқты бірдемені лақтырғанын көздерімен көріпті. Ол жәшік құралпылас зат жерге құлап түскен бойда, одан кіп-кішкентай жалауша атқып шығып, соққан желмен бірге желбірей жөнеледі екен. Әрі алыстан-ақ көзге шалынары бар.

Иә, осыдан екі жыл бұрын Мәскеудегі БК(б)П Орталық Комитеті Түркістан-Сібір темір жолын салу туралы шешім қабылдап, соның негізінде сондағы орталық үкімет былтыр ол құрылысты бастау туралы бұйрық таратқан. Сарыөзектегі биылғы күрт өзгерістер сол бұйрықты жүзеге асырудың алғашқы нышандары еді. Сөйтіп, бұл тусыраған аядай мекен көзді ашып-жұмғанша сол үлкен жолдың бойындағы үлкен бекеттердің біріне айналуға тиіс болғасын мұнда жанталасқан тіршіліктің бірден буы атқақтаған. Жұмысшылар бас сауғалайтын барақ типті ұзын-ұзын ағаш үйлер, сауда, басқа да қажетке жарар дүңгіршектер, төбесі ғана жабық қоймалар, мал қоралары асығыс салынуда. Тіпті қайдан әкелгені, кімнен алғаны белгісіз қазақы үйлер, қостар, лашықтар да жыпырлаған.

 

***

Міне, осы 1928 жылғы шілде айының әуе айналып жерге түскендей ыстығында кешегі ақ патша әскерінің жоғары шенді офицері, бүгінде атын да затын да өзгертіп, күндегі нәпақаға осындағы қара жұмысқа белшесінен батқан Фома Ларионович Клещов кенет үлкен олжаға тап болғандай кеудесін қуаныш кернеді. Бұл осы қазақ жерінде жүрегіне жақын тұтқысы келген танысын екі айлық үзілістен соң қайта ұшыратты.

Құндақбай Төленді баласы, қасында уыздай жас жігіт бар, екеуі де ат үстінде Сарыөзектегі көп дүңгіршектерді қақ жарып, әрбір ұсақ-түйектің өзіне қабақтарын кіржите зейін қойып, баяу ілбуде еді. Қарсы алдарында сырғауылдай бойы бар, тікесінен тік шаншылған Клещовты олар назарға алатын да емес. Мынау әлдекім қолмен қоя салғандай, қиял-ғажайып ертегідегі құбылысша пайда болған қайнаған тіршілік ортасының әрбір үтір, ноқатына дейін бұларға таңсық. Уақыт шаңқай түстің кезі, сосын да ма мұнда ерсілі-қарсылы жаяу жүргіншілер едәуір. Ара-тұра аттылар да кездеседі. Орыстан гөрі қазағы басым, түстері көмірдей қарауытқан еркек-әйелі аралас жандардың даусы да басыңды қамшымен осқандай тым жайсыз естіледі. Әне, жай тақтайдың үстінде қолдан тоқылған шұлық, сәтен көйлектер, аяқ-киім сияқтылар қойылған дүңгіршектің алдында суыртпаққа жанжалдасқан екі-үш қатынның шаң-шұңы алабөтен шықты. Базары қайсы, базар емесі қайсы, мүлдем айырғысыз, бәрі жаңадан құрастырылып жатқасын әркім өз ақылының жеткенінше әрекеттенеді. Мұнда «кому надо холодной вод-воды» деп, су сатып жүрген орыс балаларының да зыр жүгірісі қыр қазақтарына бірден көз үйрене қоймас тосын дүние. Аз ғана тиын-тебенге шелектегі суынан бір кружка су әперіп, жағы талмай сарнаған сол сары үрпектер бір жайдан аяныш та тудырады. Мынадай қапырық ыстықта шөл дегенге кім шыдасын, сосын да ол сары үрпектердің саудасы аздап жүретіндей көрінсе де солай.

Бір кездегі екі қолына ақ биялай киген, әскери формасы өзіне керемет жарасып, өзгеше өң берген, бұл күнде қашқын атанған Фома Ларионович Клещовты бұрынғы әріптестері қазір көрсе танымас та еді. Киген киімдері әлдекімдердің ескі-құсқысы, жалбыраған жамаулары бар, шаң-топыраққа қанша көмсең де өзгерері жоқ, кең жауырынды, тіп-тік ұзын бойына, жалпы сымбатты жаратылысына әлдекім қызғанышпен қасастық жасағандай осындай әлем-жәлемді әдейілеп жапсырып кеткен бе дерсің. Көптен сабын көрмеген кіршең бет-ажары ғана күнге күйіп, қызыл күреңдене тотыққанмен әлдекімнен қағажу көргенге ұқсамайды. Түзу мұрны, сап-сары жездей қас-қабағы, теңіз суы түстес күңгірттеу қос жанары мұның бойындағы зор адамгершілік қасиетті айғақтап тұрғандай. Тек өсіңкіреп кеткен сақал-мұрты ғана сәл ұйпалақтанып сыр алдырады.

Мұның Құндақбайға және оның жас серігіне қаршығадай қадалған көздеріне ұлан-асыр дүние сыйып тұрғандай көрінетінін қайтерсің? Иә, шынында ойлы қарас! Әрі қуаныш та, дегбірсіздік те бір-бірін тепкілей ығыстырып, сол қос қарашықта орын бөлісіпті. Бұл Фома ең алдымен өзіне назар аудармай тұсынан өткен қос аттының не мақсатпен жүргенін өз бақылауы арқылы анықтамаққа оларды тіптен жіті нысанаға алды. Құндақбайдың томардай      төртбақ денесі ер үстіне қондыра салған орыстың бөшкесіне де ұқсайды екен. Аяқтары ұзын. Әлденеге үңіле қарағанда  шығыңқы шекесі одан әрмен шодырайып кететін сияқты. Қас-қабақтары да солай, қазақтардың ежелгі құралы – садақша керіліп, қараған адамның зәресін ұшыратындай.

Құндақбай екі-үш жаяуды бүктеулі қамшысымен бөгеп, әлдененің жөнін сұрады. Өз шаруасымен асыққан қара домалақ немелер иықтарын қиқаң еткізіп,  «білмейміз» деген белгі берді. Фома Клещовтың бұл Сарыөзекте ағаштан шпал жасау жұмысына кіріскеніне екі айдың жүзі болған. Қоғалы тауларынан тасылған қарағайлар таусылып қап, кешелі бері сәл-пәл қолы бостау еді. Сарыөзекте не бар, не жоқ, бұл бәрін бес саусағындай біледі. Мыналардың өздері іздеген нәрсені жолдарында көлденең состиған осыдан сұрамай аттап өтіп кетуі мұның қитығына тисе де бұл сабыр сақтады. Қанша таныспын десе де түз қазақтарының іш қойнауында көп дүние бүркеулі ғой. Соған да қаныға түспектей бұл – кешегі ақ патша армиясының офицері мына атты екі қазақтың соңынан ілбіді. Аттылардың жүрісі тым баяу, сосын да оларға жаяудың ілесуі мүлдем қиын емес.

Бұлар ұзақ жүрді. Кенет Фома Клещов басын артқа сілке қайқаң етіп жүзін көкке көтерді. Басындағы жіңішке күнқағары бар ескі кепкісі ұшып түсе жаздады. Көздері қарауытып, жаңа ғана маңдайынан өткен шақырайған күні бар ашық аспан біржола жоғалып кеткендей бұл аз-кем уақыт түн түнегінде тұрды. Қос алақанымен маңдайын екі жақтан қыса сәл-пәл есін жинады да, уқалай бастады. Мұның септігі көп, «Үйренген жау атыспаққа жақсы» дегендей үйреншікті ауру да солай, тілін тапсаң тез беті қайтады. Осы отыз екі жасында от пен оқтың, саяси жанжалдың, қуғын-сүргіннің талайын өткерген мұның өстіп денсаулығының да оқтын-оқтын сыр беретіні бар еді.

Бұл өзіне-өзі келгенше уақыт шіркін қарап тұра ма, оның да біраз бөлігі жұтылды ғой. Фома шаң қонған ұзын кірпікті тұнық көздерін қайтадан ашып, алға тосса Құндақбай серігі екеуі біраз ұзап кетіпті. Бұлар тұрған үстірттеу жазықпен сәл қозғалсаң үлкен ойпаң басталады. Онда да біраз дүңгіршектер, құрылыс алаңдары бар. Құндақбайлар сол ойпаңға қарай құлап барады екен. Фома дүр сілкінді, енді бөгелсе олардан көз жазарын сезіп, тас кесектерге сүріне-қабына аяқтарын жеделдете басты.

Бұл жеткенше Құндақбай серігі екеуі сол ойпаңға құлар тұстағы ағаш тақтайлардан асығыс-үсігіс құрастырылған төрт бұрышты болымсыз үйшіктен шыққан, біршама таза киімді, тіпті біреуінің үстінде бозғылт кең халат бар, екі кәртамыс орыспен сөйлесіп тұр екен. Алғашында ол екеуі Құндақбайдың сөздерін жете түсінбей бара-бара ғана байыптағаны білінеді. Клещов Құндақбайдың орысшаға біршама жетік екенін білетін, сонда да мына екі қандасының мұны әрең түсінуі бұл Құндақбайдың өтінішін әлдебір одағай нәрсеге ұқсатады. Соны сезген Фома жүрісін үдетіп, тіпті аздап жүгіре басты. Ол қастарына келгенде де Құндақбай оған түстеп қарамаған. Алғашқы екі орысқа дікеңдей де бастаған:

– Неге білмейсіңдер? Дәрігер болғасын үлкенге де, жас нәрестеге де бірдей қолдарың шипалы емес пе? Біздің қазақтың тәуіптері алдыма келген науқастарды мынау ересек, мынау бала деп бөле-жармайды!

Үйшіктен шыққан екеудің бозғылт халаттысы мына Клещовтың Құндақбайға қалай да бір қатысы барын сезіп, енді даусын мәнерлей созып, бұрынғыдан гөрі ұғынықты түсіндіруге жанын салды:

– Мен сізді жақсы түсінемін, әкесі! Сіз де бізді түсініңіз! Біріншіден, біз қайталап айтамын, бала дәрігері емеспіз. Екіншіден біз ол науқас балаларды көріп тұрғамыз жоқ. Сіздің баяндауыңызша ол балаларды іш ауруы айналдырғанға ұқсайды. Ал іш ауруының алуан түрлісі бар. Ал, біз, мына әріптесім екеуіміз, азды-көпті хирург мамандығын меңгерген жандармыз. Көрмейсіздер ме, мына жерден үлкен шойын жол өтеді, жүздеген, мыңдаған жұмысшылар тартылады. Осы біз тәжікелескен тұста үлкен темір жол бекеті салынады. Бұл айтуға оңай, ал орындалуы ұзақ-сонар шаруа. Осында дене жарақатын алған, аяғы, не қолы сынған, не шыққан, немесе басқаша зақымданған жұмысшыларға дәрігерлік жедел жәрдем көрсету үшін, әрі құдайдың жазуымен келгендерміз. Ал кішкентай балаларды емдеуге қауқарымыз жоқ!

Бозғылт халатты, жалпақ бетті оташы орыс сөзін тауысып та үлгермеді. Құндақбайдың дәл құлағының түбінен:

– Немене, балаларың сырқаттанды ма? – деген дауыс саңқ етті. Құндақбай сонда ғана жалт бұрылды. Кенет Құндақбайда жын қаққандай түр пайда болды. Өз көзіне өзі сенбегендік қана емес, қуанған мен қорыққан бірдей ғой, мұның қуанышы соншалық үйдегі қос нәрестең қазір айығып қаз тұрып кетті десе де осындай-ақ болар.

– Пам! Пама!!! – деп жер дүниені басына көшіре айғайлап, Клещовты бас салды. Екеуінің айқасқан құшақтары әрең жазылды. Клещов уақыт оздырмай:

– Немене, үйдегі балаларың сырқат па? – деп қайталай сұрады. Құндақбай енді жаман алабұртып, тісімен тас шайнағандай жақ сүйектеріне күш түсіре әңгімені қайта басынан бастады. Мына қос першілге жеткізгенін енді жіліктей бөлектеп, әрқайсысын өз орнына жеке дара қойып, бипаздай баяндады. Құндақбайдың ауылы, осы Сарыөзектен   жүз шақырымдай қашықтықта, сонау Қоғалы тауларының етегінде еді. Әйелі Ақтолқын бірнеше жыл бала көтермей жүріп, былтыр ғана егіз қыз тапқан. Бір кілтипаны ол егіз қыздың кіндігі бір боп туып еді. Әдетте, ондай нәрестелердің бірі өліп екіншісі ғана тірі қалатын. Құндақбай мен Ақтолқынның қуанышына орай қолы аса шипалы тәуіп кемпір табылып, егіз қыздың кіндігін сол кескен. Сосын да екеуі де жас ананың көкірегіне жабысып, емшек сүтіне мейлінше қанып, бұл күнде бір жасқа толып, жетіліп-ақ қалған. Әрі әлгі қолы шипалы тәуіп кіндік шешенің ақылымен егізектерді алғашқы үш айда биенің саумал сүтіне шомылдырған. Соның да себі тиген тәрізді еді. Кенет осыдан екі апта бұрын сол кішкентай қос егізек шырқырап жылауды бастады. Анау-мынау қазақы емнің шипасы болмай, Ақтолқынның да, Құндақбайдың да әптер-тәптерін шығарды. Ол бір осы Жетісуда алакөбең кезеңнің тықыры білінген шағы ғой, анау-мынаудан сезіктеніп, Қытайға қарай бірен-сарандап, жылыстап, мал-жанын әкете бастағандар болған. Әлгі тәуіп кіндік шеше де солардың қосағында кетіпті.

Құндақбай мен Ақтолқын отырып алып жер сабалады. Құндақбайдың өзінен алты жастай кіші Мыржақбай атты інісі бар-тұғын. Құдай қарғағанда сол Мыржақбайдың әйелі Нұрсұлу да екеуінің шаңырақ көтергендеріне бес жыл өтсе де бала көтермеген. «Жә, қамықпайық, түптің түбінде ана егізектердің біреуі біздікі болар» деп Құндақбайдың екі қызының біріне иектері қышитын. Құндақбай мен Мыржақбай қалай тату болса, абысын-ажынды Ақтолқын мен Нұрсұлу да солай бір-бірімен сырлас, әкей-үкей еді. Сөйтіп, әлгі егізектер қос шешенің құшағында, жақсы-ақ қамқорлықта болатын. Енді мынадай күнде Мыржақбай мен Нұрсұлуды да қайғы басты.

Ағасы Құндақбай секілді Мыржақбай да ұшып-қонба жігіт, әрі оның өздері туып-өскен Күркілдек пен мына Сарыөзектің екі ортасында соңғы кезде жүрісі көп болған. Сол бір естігенін айтты:

– Ағасы, мына Сарыөзекте сары түкті келімсектер  дегенің ат-көпір, бәрі шеттерінен білгіш, маман, сонда жердің  шаң-топырағын қазып, қала салмақ па, жол тартпақ па, әлде қазақтарды  мұрнын тескен тайлақтай өзге жаққа алдаусыратып алтын іздей ме, итім білсін  сол жағын, тек араларында оқуы күшті першілдер де бар екен, соны өз құлағым шалды. Мына екі бөбектің жайы қиындады,  соларға апарып қаратсақ қайтеді?

Мыржақбайдың бұл ұсынысы ағайын-туған, көрші-қолаң ортасында үлкен дау тудырды. «Мынадай күннің ыстығында ауру балаларды сонша жерге сүйреу құдайға өз қолыңмен апарып бергенмен бірдей, онан да ақысына атан түйе сұраса да ол орыс першілді осында алдыр, көзімен көрсін, ем-домын осында жасасын» десті біреулер. Ақыры, осы ұйғарым басшылыққа алынған. Ал ол першілге кім барады? Мыржақбай «мен барайын» деп бірден өре түрегелген. Қабағы тырысып-бырысқан Құндақбай төмен тұқырып, ауыр ойға шомды да «жоқ, өзім барамын» деп шешті. Бұл мәселеде туған бауырға да сенбеген. Тек ол туған бауырдың көңілінде дық қалмасын дегендей «менің орысшам жақсы, байқа, бала, менің орысшам сенің орысшаңның енесін ұрып жібереді» деген әзіл-шыны аралас сөздерді де қосты. Сөйтіп, осындағы Жәкіжан дегеннің он алты жасар баласы Жүнісбайды атқосшылыққа алып жүріп кеткен.

Мұнда байқастаса түртінектеп жүріп әрең тапқан қос першіл – егде орыстар атан түйені жүгімен, тіпті «үйірімен үш тоғыз» етіп берсең де олай қарай аттап басатын емес екен. Сосын Құндақбай мәселеге басқа қырынан келді. «Сендер көзі ашық оқымысты, білгір мамансыңдар, жас нәрестелер ауырып, осындай белгілер танытса қандай дәрінің шипасы бар, соны берсеңдерші» дегенге көшкен. Фома Ларионович Клещов тап осындай әңгіменің үстінен түскен. Құндақбайдың баянын мұқияттап зердесіне құйды. Сосын бұл да қабағын сәл кіржитіңкіреп, ауыр ойларға шомды.

Бұл анау-мынаудан өзі жан сауғалап жүрген неме, әрине, дәрігер емес, бірақ бастан кешкені, көріп-білгені ұшан-дария. Бірінші дүниежүзілік соғыста Қара теңізге, Түркияға таяу кеңістіктерде от кешіп жүріп, өзінің жаралы достарының қанын тоқтатуға мәжбүр болғаны бар. Соғыста тек оқтың, қылыштың ғана сойқаны емес, әрқилы іш ауруларының да етектен тартқанын көрген. Далалық медицина қызметкерлері оларға ақ ұнтақ дәрілерді ішкізетін. Бірақ олар жас нәрестелер емес. Бұл Фома, Құндақбайдың тілімен айтқанда «Пама» туа бітті әскери адам аталса да салт басты, сабау қамшылыға жатпайды, мұның да жас сұлу жұбайы, кішкентай қызы болған, сол қыз ішін өз қолымен тырналап, ыңырсығанда әйелінің суға дәрі ерітіп ішкізгені есінде. Қазір сол әйелдің, жас нәрестенің қайда екенін білмейтін бұл бейбаққа оның бәрін саралап еске түсіру де үлкен мехнат, кәрі нағашыдай қыр соңынан қалмас үйреншікті ауруы шекесін дың еткізіп, қайта күш алып кете жаздады. Бірақ Фома Ларионович бұл жолы оған қарсы қайрат тапты. Сап-сары жездай қас-қабағының астындағы теңіз суы түстес қою жанарын көтере бұл енді өз қандастары – қос першілге қадалды. Үстінде әлем-жәлем жұмысшы киімдері бола тұра қызыл күреңдене тотыққан бет терісі, етті түзу мұрны, жалпы иықты көсем тұлғасы мына егде қос сұңғылаға әсер еткендей. Олар да сәл-пәл райларынан қайта бұған мұқият зейін қойды.

Жалпы орыс тілі ұлы халықтың ғасырлап, тырнақтап жинаған асыл ырзығы ғой, сосын да оның етек-жеңі кең, аса бай тіл. Егер орыс пен бөгде бір ұлттың өкілі сол тілде шүлдірлессе ол бір басқа да, орыс пен орыс жұғысса олардың әуені мүлдем өзгеше қиысады. Оған ұмсынсаң айдалада сағым қуғандай адасып  қаласың. Олардың өзара тілін түсіну үшін орыс боп туып, Ресейдің сонау орманды, батпақты қиырларында солардың ызыңына құлақ құрышын қандырып өсуің шарт. Сосын да Құндақбай орысшаға қанша жетіксінгенмен мыналардың мақамын ұғуға аса зердесі жетпеді. Тек Фоманың өзінің сойылын соққанына еш күмәні жоқ.

Бұлар едәуір тәжікелесті. Фома екі қолының саусақтарын жазып жіберіп, одан бір ойыншық үлгісін жасамақтай әлденені құрастырғанын түсіндіреді-ақ, тек қос першілдің оған қарсы қояр уәждері де салмақты шығатындай. Ақыры, жеңіс қашқын офицердің ығына жығылғандай. Себебі, мұның асқан білімпаздығының, көпті көргендігінің, зиялылығының, сөйлеу мәдениетінің мысы басқанға ұқсады.

Орыс першілдер Құндақбайға екі түрлі ақ ұнтақ әзірлеп, ақ қағазға әдемілеп орап берді. Біріншісін тәулігіне үш рет суға ерітіп ішкізесің, егер оның науқас сәбилерге шипасы тимесе екіншісін де сөйту қажет. Құндақбай өз атқосшысына:

– Әй, Жәкіжанның баласы, Жүнісбай қалқам, сен өте зерделісің, менен әлдеқайда ұғымталсың, мына алғашқысын оң қалтаңа, соңғысын сол қалтаңа дұрыстап сал! Қайсысын қай ретпен балаларға ішкізу керек, сол жағын Ақтолқын жеңгеңе менің көзімше сен айтасың! Ал кеттік!

Құндақбай сөйдесе де ер үстіне бірден қарғып мінбеді. Өз атының да тізгінін арық өңді, бойшаң Жүнісбайға ұстатып, бұлар енді үшеулеп жаяулап кері жүрді. Ойпаңнан көтерілгесін Фома мен Құндақбай қатар да, ал қос тізгінді қолына қымқырған Жүнісбай бұлардың соңдарынан ілбіді. Алдағы екеудің сыпаттарына қарап, Жүнісбайдың күлкісі де келетіндей. Фоманың сырықтай бойы бар да, Құндақбайдың болмысы орыстың қияр тұздаған бөшкесіндей деген теңеуге өзі сұранып тұрғандай. Тек аяқтары кеудесіне лайықсыз ұзындау. Ес біліп, көз ашқалы ер үстіне байланғасын ба аздап қамыт аяқ деуге де келеді. Небәрі жиырма сегіздегі оның бұл жастан көп үлкен көрінетіні де бар.

Алдағы екеудің өзара аса сөздері де жараспағандай. Құндақбайдың іші алай-түлей, сонау алыстағы Шаған таудың баурайында Күркілдек атты қораш ауылда, мұның ағаштан, шымнан құрастырылған кішкене баспанасында ыңырсып жылаған егізектер, олардың айналасында құрақ ұшқан қос шеше Ақтолқын мен Нұрсұлу, мұның екі туып бір қалған дейтін інісі Мыржақбай көз алдында көлбеңдеп, «қадымың шірігір, тез бері бас аяғыңды» деп, дігірлеп тұрғандай. Құндақбай солай қарай алып ұшайын десе мынау құдайдың өзіне арнап жіберген елшісіндей жанды тап осы халде тастап кетуге жүрегі дауаламады. Мұның осы «Паманың» талап етуімен жасалған ақ ұнтақ дәрілердің кішкентай нәрестелерге емге жарарына сенімі нық еді.

Өзара қысқа хал сұрасқасын Құндақбай:

– Біздің ауылға қонаққа кел! – деді. Шымыр денелі тапалтақ қазақтың мына мейманқостығы Клещовқа анау аспандағы айға барып, менің бір ұмытқан нәрсемді әкеп бер дегендей шықты. Сосын да жас балаша қипақтап, жүзінен күлімсіреген белгі танытуға әжептәуір-ақ күш жұмсады.

– Мен мұнда шойын рельстердің, яғни, шойын табандардың астына төсейтін шпалдар, ағаштар жасау жұмысында едім, тәртіп қатты, ешқайда аттап басуға мұрша жоқ, тек мына таулардан қарағай тасу қиын екен, сол қарағай жоқтықтан кешелі бері қолымыз босап қалды.

Фома Клещовтың бұл сөзіне Құндақбай аузын апандай ашып, бар даусымен шалқалай күлді:

– Жер ыңғайын білмес жат жұрттықсыңдар ғой. Бұл жақтың тауларынан мынадай жазда қарағай тасу есектің маңдайының сорынан бір былай емес-ау. Анау қарсы алдыңда қарайған Матай тауы. Ал былай шығысқа өрлесең біздің Қоғалының таулары қыспаққа алады. Бұл жақтың қыста қары қалың. Қарағайды қыста тасу керек!

Клещов мойнын күшпен бұрғандай өзінің ұлты бөлек танысына тіптен діттей қарады. Осы бүгіндікте бірінші рет көргендей оған қадалған қос жанарын көпке дейін тайдырып әкете алмады. Мұны таңырқатқан, осымен нешінші рет екені беймәлім, Құндақбайдың бет терісінің алабөтен сап-сарылығы, әрі көздерінің тұздай көктігі еді. Осыдан екі айдай бұрын мұнымен алғаш жүздескенде-ақ осы белгісі Клещовты тұсаулы аттай бөгеген. Мұнда орыстың қаны бар ма деген сауал өзіне ілгекше жабысып, барынша тұралатып еді. Жат жерде бас сауғалаған неме сондай ұсақ-түйекті өзі қармар талға балай ма, әйтеуір, осы бір одағай пішінді жанға тез үйірсектеген. Төрт бұрышты шекесі де шығыңқы, ал кеудесі бөшке десең бөшке, қос аяқтың үстіне әлдекім әдейілеп апарып қондыра салғандай. Қолдары салалы, сәл имектеу аяқтары да ұзын. Ал қайрат жағын атама, осы жақтың құмдауыт далаларында өсетін сексеуілдің діңін қолымен езіп жіберетіндей бар. Оны басқаша әдіспен де аңғарасың, бұлшық еттеріне қолың тисе ол бұлшық ет емес, қара тастың өзі ме дерсің. Ия, Клещов осы Құндақбайға қарата «да, редкий экземпляр» деген тіркесті іштей сан мәрте қайталап үлгерген.

Құндақбай секілді осы Клещовтың іші де алай-түлей еді. Бұған салса бір оңашалықта аяқты кеңге салып, осы бір жаратылысы бөлек қазақпен ұзақ-ұзақ жүрекжарды әңгімеге барар еді. Бұған әрі Құндақбайдың осындағы жергілікті қара домалақ өзге жұрттан гөрі орысшаға біршама жатықтығы да итермелейтіндей.

Ал Құндақбайдың аузына көп сөз түсе қоймады. Не айтарды білмей бұл да қипақтап, кенет жерден алтын тапқандай қуанбасы бар ма? Жаңа осылай қарай беттегенде бір дүңгіршектің аузында орыстың сары шашты жуан қатыны дағарадай шыны ыдысты еңкейтіп, әлдекімдерге арақ құйып жатқанын көрген. Тұздалған қияры да бары байқалған. Сол тағы да алдарынан шықты.

– Әй, Пама, кәне, сенің затың орыс қой, анау сенің атаңның асынан бір-бір шыныдан өңешімізге құйып жіберейік. Сенің атаңның асы дегенмен бізге де жұғымды боп барады! Өзі бір қызталақ сусын екен! – Құндақбай осы сөздерді добалдай орысшасымен жеткізгенде Фома Клещов амалсыз мырс етті. Сосын жүзін тез қайта суытып:

– Жоқ! Сені ауру нәрестелер күтіп жатыр! Сен маған алаңдама! Тез жөнел! – деді. Құндақбай оны елең қылмады, әлгі сары шашты әйелге қарай ұзын аяқтарымен аршындай басып, оған кере қарыстай бар екі стаканға толы арақ құйдырды.

– Кәне, Пама!

Клещовтың ішуге зауқы соқпап еді, тек өзіне керек адамдай көрінген Құндақбайдың көңілін жықпауды ойлап, «атасының асын» бұл да өңешіне қарай бір-ақ төңкерді. Тұздалған қиярды да қытыр-қытыр шайнап, басын арақ емес бөтен бір ой дың еткізгендей алабұртты. Уақыт тар, сосын да қашқын офицердің ақтарылып қалғысы келгендей көңіл-күйі оянды:

– Ауылдарыңда не жаңалық бар? – деп сұрады.

– Жаңалық сол ет өткізіңдер деп жатыр.

– Оны кәдімгі ет күйінде ме, жоқ, тірі мал күйінде ме?

– Құдайым-ау, қаны тамшылаған етті қанша жерге апарады? Аяқты мал күйінде! Бұл бүгін ғана қарасын шалдырған зобалаң емес. Мекелай патшаның аяғы аспаннан келгесін-ақ көп ұзамай жылы шырай беріп, ішке еніп, бәлшебектер ұзын саусақтарын қойны-қонышымызға сұға бастады ғой! «Жылы-жылы сөйлесе жылан інінен шығады» деген. Сол жылы шырайына алданып қап, ішек-қарнымызды ақтара салыппыз. Алғашында бәрі ет пен терінің арасындағыдай еді, енді аждаһаша ысқыра бастады. Осыдан алты-жеті жылдай бұрын мал мен астықты там-тұмдап жинады. Ал қазіргісі тым шымбайға батып барады!

– Хош, ол жағын түсіндім. Сонда ол жиналған малды қайда апарамыз дейді.

– Кедейлерге таратпақ шамасы. Артылғанын, бір «Союзмясо» деген аузы апандай абжылан шықты емес пе, соның жұмырына жұқ болсын деп тоғытуда.

– Кедейлердің өз малы қайда?

– Пама-ау, кедейлерде мал болушы ма еді, олар тек байлардың малын бақты емес пе? – деп, арақтың қызуы ішін жайлай бастаған Құндақбай біршама шамдана жауап қайырды. – Енді бұл бәлшебектер үкіметі сол байлардың малын ақсақ-тоқсағына дейін сыпырып, оны да тегіс кедейлерге үлестірмекші. Сондай сыбыс күннен-күнге үдеп барады. Араны ашылса жаман ғой. Менің бір жамағайыным, мыңғырған бай, аты Сәрсен, сол осы сыбыстан қауіптеніп, бәрін алдын-ала қаузап, мал-жанымен, сонау таулардың аржағына, Қытай жеріне асып кетті!

– Қытай жеріне? Кәдімгі Қытай мемлекетіне қарасты өлкеге ме? – Фома Клещовтың даусы бұл жолы тым ересен шыққандай еді. Бұлардан аулағырақта, екі аттың тізгінін алақанына қымқыра қысқан Жүнісбай Құндақбайға енді-енді «аға, болыңыз, уақыт зымырап барады» деп асықтырмақшы еді, тек мына орыстың құлақ жарардай сұрауынан, әрі екеуінің мағыналы әңгімеге көшкеніне елітіп, сабыр сақтады.

– Ия, Пама, Қытай жеріне, шүршіттер еліне! Солардың мекеніне! – деп, анықтай, созбұйдалай түсіндірді.

Қалайда, Құндақбайдың уақыты тығыз ғой, сосын да сол Қытайға соңғы оншақты жылда өзінің де төрт-бес рет ат ізін салғанын, тіпті біраз ауылды, ауқатты адамдарды мал-жанымен өткізіп те жібергенін жасырып қалды. Тап қазір сөзді көбейту Құндақбай үшін тиімсіз, сосын да сол атышулы Сәрсен баймен шектелді де тынды. Фома да солай, өзінің сыр алдыра жаздағанын сезгендей бұл да осы мәселеде тілін тартты. Сөйтіп, тез әңгіме тақырыбын өзгертті.

– Құндақбай дос, сен мынаны зерделеші! Байлар ол малды кедейлердің есігінің алдынан зорлықпен айдап әкеткен жоқ қой. Байлар іскер адамдар, сол іскерлігімен мал, ақша жиды. Енді сол мал, дүниені қолынан іс келмейтін, әлжуаз жандарға үлестірсе бәрін желге шашқанмен бірдей емес пе?

– Е, ол жағын бізбен ақылдасып па?

– Менің естуімше, Мәскеуде, большевиктер үкіметінің өз ішінде жік шыққан. Сондағы ең білімді адамдар бардың малын жоқтарға үлестіруге қарсылық білдірген. Сосын олар қызметтен аластатылған. Ал білімсіз адамдар дүниені бүлдірмей ме? Дүниені түзейтін білімді адамдар, үкімет олардың ақыл-парасатын пайдалануы керек қой. Ертең сондай білімділерге өздері зар болмай ма?

Бұл сықылды сауалдардан Құндақбайдың төрт бұрышты шығыңқы шекесі одан әрмен бырысып-тырысты. Фома Клещов тағы да бір тас қабырғаға соқтыққанын түйсіне, өзінің де бас бұйдасыз лағып бара жатқан халін таразылады. Аузынан не леп шықса да мұның жан-жүрегіндегіні суыртпақтап, көлденең көзге әшкере ететіндей. Енді ауызға қара құлып салудың ең бір ұтымды төте жолын қарастырмақтай жан-жағына алақтай қипақтады. Ал, Құндақбай, керісінше, ішінде бір жарылғыш зат іске қосылғандай өзін әуеде қалықтап ұшқанға ұқсатты. Көптен іздеген әлдебір ойлар тетігі қолына ілігіп, сол әкетіп бара жатыр ма, әкем-ау?! Бұның бәрі замана ауаны хақындағы мына орыс толғамдарының әсері екенін тез бағамдай, тәбеті ашыла енді бұл да өз тарапынан қармақты тереңге салуды көздеді. Сондағы ойлап тапқаны жаңағы осы «орыстың атасының асы» аталатын сусыннан тағы бір кезекті қайталау еді. Сөйтсем кеудесінде асыл қазынасы бардай мынау неме тіптен ақтарылар деп дәмеленді. Тек бұл жолы Фома бұдан үзілді-кесілді бас тартты. Сөйтіп екеуі әрең екі айырылысты. Фома Клещов «Осыдан екі айдай бұрын, сонау мамырдың жаймашуағында «Доланалы» аулындағы тойда, көкжасыл беткейде сізбен қалай жолыққаным бүге-шігесіне дейін көкейімде сайрап тұр. Мен тозақ пен жұмақтың талай өткелегін өткерген пақырмын. Ал «Доланалыдағы» мен қызықтаған жайлар солардың талайын басып-жаншып кетті. Мүлдем түсі, мағнасы бөлек жыр. Менің ақын достарым болушы еді, солардың бірін жолықтырсам, бірақ ондай күннің аулы алыс-ау, сонда да алдағыны кім болжап кепті, сол ақын достардың бірі әлдеқалай көзіме жарқ етсе басқаның бәрін бөлек түйіп қойып, сол «Доланалыдағы» қазақтардың тойын тілім жеткенше әспеттер едім. Ал ақын дос бұдан тамаша дастан тудырар еді. Жарайды, қызыл тілде буын жоқ, мен сіздің тұрағыңыз Күркілдектің атауын өлсем ұмытпаймын. Қазір менің екі қолым байлаулы, онда-мұнда ұзап шығуды жағдай көтермейді. Сонда да амал табамын. Бір ыңғайын келтіріп, Күркілдек аулына, сіздің от жаққан жеріңізге міндетті түрде қонаққа келемін! Мұны ер адамның анты ретінде қабылдаңыз!» деп, уәдеге қарық қылып, Құндақбайды атына мінгізіп шығарып салды.

Құндақбай мен оның атқосшысы, жас жігіт Жүнісбай көзден өшкесін Фома көп дүңгіршектер мен қыбыр-жыбыры таусылмас ортада тағы да қаққан қазықша сілейіп ұзақ бөгелді. Ол мына кезеңді де үлкен сыбағаға балады. Әсіресе, Құндақбайдың Сәрсен атты аса ауқатты өз қандасының мал дүниесімен Қытайға ауып кеткені хақындағы ақпары мұны дүр сілкіндірді. Большевиктер өкіметінің тыңшылары бүгін бе, ертең бе өзін тарпа бассалардай қуыстанып, жанын шүберекке түйіп жүрген бұған бой тасалар тағы бір саңлау табылғандай еді. Енді қалай, соңғы апталарда бұл Сарыөзекке әрқилы дәрежедегі ресми адамдардың, әскерилердің келуі жиіледі. Әрі олар мұнда тұрақтап қалмайды, келеді, кетеді. Оларды басқа біреулер алмастырады. Қай-қайсысы да әр нәрсені түртінектеп, өз көздерімен көреді, тексереді. Сөйлеспейтін адамы жоқ, басшымен де, жалшымен де, орыспен де, қазақпен де ескі таныстардай-ақ ауызды-ауызға тақап, әрқилы деректерді, ақпарларды сығып алады. Кейде бұлар тау-тау құм үйінділерінен болмашы алтын түйіршіктерін іздеген кеншілерге де ұқсайды. Міне, Фома Клещовтың ерен тұлғасы сондайлардың бірінің көзіне оттай басылмасына кім кепіл?!

 

***

Орыс офицері Клещов кешкен хал Сарыөзектен шығыс-түстікке қарай беттеген Құндақбай Төлендіұлының да басында бар еді. Ол да мынадай оқыс кездесуден өзі күтпеген майлы шелпектің дәмін татқандай тамсанып-ақ келеді. Оның тасасында жүрек қыжылдатар бөгде шындықтар да таудың тарғыл тасындай сұстанып бүктүсіп жатса да солай. Сарыөзектен сол бағдар- мен шыға берісте қарсы алдыңда алыстан қарайып Матай тауы көлденең жатушы еді. Батысында Шолақтау, шығысында Алтынемел жоталарымен ұштасатын бұл жаратылыс осы Құндақбай бетке алған Қоғалы тауларының ең батыс бөлігі деуге де лайық. Себебі, Жетісу өлкесін бүкіл шығыс-түстіктен қымтай көлегейлеген Жоңғар Алатауының бір шеті осы Матай, Шолақ тауларымен тұйықталады. Бұл шеткілердің ең көрнектісі осы Матай, себебі, осы маңдағы шоқылардың бәрінен де алып тұлғалысы осы.

Бұл Матайдан көптеген өзендер бастау алады, бұған қоса айналасындағы сілемдері алысқа сілтеп, аса күрделі көгі мол жер бедерін құрайды. Негізінен мал баққан, егіншілікке де бейімделіп үлгерген қазақтар үшін бұл атырап ешқашан суалмас сиыр емшегіне де ұқсайтын. Жата-жастанып ем де жат. Тек сырттан келген біреулер жамбасыңа көк сүңгіні қадамасын.

Міне, ат үстінде теңселген Құндақбай сол Матай тауының сұлбасына көзінің астымен сүзіле қарап, бұл да ой құшағында келеді. Жаңа Фома Клещов атаған «Доланалы» ауылы осы Матай маңына біршама жақын да еді. Енді бір бие сауымындай уақыттан соң оның да тұсына жетті. Жалпы осы қазір Құндақбай мен Жүнісбай аттарын шоқақтатқан мына мол кеңістік, кедір-бұдыры таусылмас ұшан-теңіз өңір Күреңбел аталушы еді. Күреңбелді жазық далаға жатқызу қиын, себебі, ол осы тұстан үлкен еңіске ұқсайды, әрі айналасын мол сілемді таулар қоршағасын ба жалпы бітімімен ойыс, тіпті қазаншұңқырды да еске салатындай. Тек етек-жеңінің аса кеңдігі ғана ондай атауларды өзіне дарытпайды.

Матайдың шығысында басталатын Алтынемел жотасын жергілікті қазақтар Доланалы деп те атайды. Шынтуайтында бұл атаулар төңірегінде қарама-қайшы аңыздар да көп. Мысалы, Матайдың ескі заманғы атауы Қарақорым екен. Ал осында ең көп кездесетін аңдардың бірі аюдың аталығы матай делінеді. Әрі қазақ тарихнамасында өз орны бар Қазыбек бек Тауасарұлының атасының ныспысы Матай екен. Міне, осы екі дерек бұл жотаның Матай аталуына негіз болған деседі. Ал Алтынемел мен Матайдың екі ортасындағы атышулы қылта Алтынемел асуы, немесе, Жаманасу аталады. Бәз біреулер бұдан да қателік табады, «Алтынемел» бұлардан алыс өрдегі мүлдем басқа тау, ал мынаның әуел бастағы атауы «Алтын ер», кейін қалмақтар келгесін солардың мақамымен «Алтынемел» атанды деп дәлелдейді. Мұнда да шындық бардай, себебі, ары-бері жүріп көргендер оны кәдімгі аттың арқасына салатын ағаш ерге ұқсатады. Ал «Жаманасу» оның жанама атауы, себебі одан әрі-бері өту оңай шаруа емес, ал қыс айларында ақ қар, көк мұз мүлдем бекітіп тастайды. Әлгі халық әуеніндегі «Түйе тайып жығылған жаман асу» делінетін жол да осыған дәлел секілді.

Қазақтың ұлы ғалымы Шоқан Уәлиханов 1856 жылы тамыз айында алғашқы Құлжа сапарында осы аталмыш асудан өткені белгілі. Жалпы Жетісудың осы бір бөлшегі тұнған тарих. Оған мына молынан көсілген Күреңбел өңірінің жаратылысы да ықпал еткендей. Әлгі Фома Клещов тіл ұшына іліктірген «Доланалы» ауылы таяқ тастамдай жерде жатқандай шалынатын тұсқа жеткенде Құндақбайдың әлденеден тұлабойы тітіркенді. Өзі туып-өскен өлкенің барлық келбеті, көркі тап осы аралықтан ашыла бастайтындай.

Бұл күнде 28 жасар Құндақбай Төленді баласы кенет осынау табиғат аясын алғаш тамашалағандай-ақ көз жанарына күш түсіріп, жан-жағына түйіле қарады. Әне, айналасын кішкене сайлар    қоршаған дөңестегі «Доланалы» ауылы бұжыр-бұжыр болып шақыраяды. Саман кірпіштен, не шымнан қаланған, ағаштан қиылған орыс үлгілі үйлер, араларына қазақтың киіз үйлері де кірігіп кеткесін бе осылай тым алабөтен көрінеді екен. Құдай өз қолымен жасаған көк-жасыл кілемнің үстінде шашылған асықтардай кішкентай адамдар тұрағы табиғат сәніне сән қоса алмайтын сияқты.

Сәлден соң осы қалпында Құндақбай табиғат суретіне одан әрмен елікті. Бұл тұста батысқа ығысқандай көрінген Матай тауы сәл бұлдырланып, қою күлгін түске малынады. Ең биік шоқысы ескі заманғы батырлар басына киген дулығаға ұқсап, үшкірлене адағайлайды. Осы түрі биіктегі ауа қозғалысына да әсер ететіні хақ. Қашанда ауа райын баққыш қазақтар Матайдың төбесіне бұлт үйірілсе мына Доланалы ауылының маңына не қар, не жаңбыр жауады деседі. Ал осы Матайға аталмыш «Жаманасу» арқылы жалғасқан Доланалы биік емес, қарсы алдыңда көлденеңінен сұлаған ұзын жота. Өзі бірнеше бөліктен құралған. Сол бөліктердің қай-қайсысы да бұжыр-бұжыр тастардан шекелері шодырайып көрінеді. Әрі әр бөліктің өз атаулары, өз ерекшеліктері бар. Сай-сайларында бұлақ сулары мөлдірейді, жымдасып, тұтасып өскен қалың тобылғы сол сай-салаларды қап-қара етіп көрсетеді. Ерте, ерте заманда бұл жотада долана да тым сіресіп өскен екен. Тек ілуде-шалуда бір келетін жаман қуаңшылық жағдайында алапат өрт басталып, долана біткенді түгел жайпап кетіпті. Оны қалпына келтіруге көшпелі қазақтың мойны жар бермеген.

Доланалының төбесі де, етек-жеңі де аса түкті, шөптесіні мол. Тіпті жаңбырсыз, ылғалсыз жылдардың өзінде бұл сыр бермей көгеріп, жұпар иісті аңқытып жатады. Сосын да мұндағы еті тірі, шаруаға ысқаяқтау кейбір ауқаттылар өзгелерге ұқсап, ұсақ малдың өзін күзде сонау Сарыөзектен арыдағы қыстауларға, Малайсары мен Желдіқараға қарай айдамайды.  Матайдан соққан желдің әсерімен жиі-жиі жалаңаштанып қалатын Доланалының төбесі мен қойнауларында тұтасқан қалың тобылғыны қой-ешкінің қысқы жайылымына жаратады. Сосын да олар хақында «жайлауы мен қыстауы қарға адымдай жерде ғой сығырлардың» делінген сөз де жиі-жиі қайталанады.

Батыстан шығысқа қарай ұзыннан ұзақ көсілген Күреңбелдің осы «Доланалы» ауылы жайғасқан тұсында жел дегенің үзіліп-үзіліп, әрі сол ырғақты сақтай біркелкі есуші еді. Қазір де солай. Құндақбай өзінің жалаңаш мойнын, маңдайын, құлақ түбін сол ауа қозғалысына әдейі тосып, көкіректегі ауыр қыжылдардың салмағын жеңілдету үшін пайдаланбақтай келеді. Қазір түс ауа шақырайған күн Доланалы жотасы мен Матайдың екі ортасында, арқан бойындай ғана биіктікте тұрған. Ал кешке қарай ол аспан шырағы Матайдың дулығалы шоқысынан ары аунап түседі. Кешкісін ол жарықтық тіптен мол шұғылалы, көкжиекке иек сүйегендегі қалпы жер-дүниені өртеп бара жатқан құдірет шоғына ұқсайды. Ол суреттердің бәрі елкезбе Құндақбайдың жадында жақсы сақталған.

Күреңбелдің осы тұсынан шығысқа бұрылсаң алыста Шаған тауы көлденең түсіп жатады. Қырқа бөлігі қарапайым көрінеді. Ал баурайында ұзын ақшыл, сарғыш бояулар жалпақ белбеу тәрізденіп тауды толайымен орап алғанға ұқсайды. Сірә, ол қазіргі Доланалы мен Матайдың екі ортасында, сәл биікте шақырайған күн көзі тура түскен, сол Шағанның бергі бағыттағы осы маңға жақындау бөліктері. Ал алдағы Қоғалы жақтың өзге тауларының ұшар бастары ғана қылтиып, өздері тасада жатады. Құндақбай мен Жүнісбай жаңа ғана тастап шыққан Сарыөзек жаққа, теріскейге қарасаң Арқарлының аласа шоқылары шошаяды. Тап қазір ол жақта жұқа кілегей бұлттар қыбырсыз керіліп, олар да Матай басындағы күннен беттерінен оты шыға қызарып қапты.

Мұндай көп биіктер әлі алда, Қоғалыда, Құндақбайдың туған ауылы Күркілдектің айналасы нағыз құжынаған таудың қыспағында ғой. Сонда да Құндақбай мына көріністерді тастап кетуге қимағандай, аттың шапшаң жүрісін қаламағандай келеді. Сарыөзектен беріде бұлар Май, Кіші Май, тағы бірер кішкентай өзендерді кешіп өткен. Әрі Құланқырған аталатын, бағзы заманғы тірліктен сыр шертері бар терең жыраны да көздерімен бір сүзіп, ой құшағына шомған түрлері бар. Жалпы бұл Күреңбелде ағын су, өзен атаулы аз да, есесіне жағалай бүк түскен таулардың қойнауларынан сарқырай құлаған бұлақ сулары жетіп артылады. Бұған әрі Күреңбелдің түгін тартсаң майы шығатын топырағын қос. Сосын да бұл ең алдымен егінші, малшы халыққа жайлы қоныс.

Арғы тарихта да, бергі тарихта да бұл Күреңбел үшін талас көп болған. Оның жырына ілессең тым ұзаққа шабасың. Тек біреуін ғана қысқа қайыра кетейік. Қазір Күреңбелді негізінде қалың жалайырдың бір бөлігі, қаңлылар, жалайыр-қарақалпақтар, аздаған ыстылар, дүңгендер, татарлар, орыстар мекендейді. Мұндағы қарақалпақтар дегеніміз осыдан үш ғасырдай бұрын жалайыр-балғалының бір атасы «ақтабан шұбырынды» заманында жау соққысының кесірінен бөлініп кетіп, сонау Арал теңізі жақтағы қарақалпақтарға барып сіңіпті. Сонда күнкөріс үшін өздерін қарақалпақтармыз деп жариялапты. Кейін жау күйрегесін елін қайта тапқан оларды Жетісу көсемдері, жалайыр билері ішке қайта тарту мақсатында осы бір ең бір шұрайлы өлкеден қоныс беріпті. Олар әлі күнге түбі жалайыр-балғалы бола тұра өздерін қарақалпақтармыз дейтін көрінеді.

Бұл Күреңбелде әрқилы белгілер де көп. Мысалы, өз заманында осы өңірдің жақсысы мен жаманын қойдай иіріп, аузына қаратқан, белгілі хан тұқымы, аға сұлтан Тезек төренің зираты да осында, Алтынемел асуының шығыс бөктерінде жатыр. Оң-терісі аралас әрқилы қылықтары ел жадында сақталса да оны  бәз біреулер әулие тұтады. Енді қалай, суық қолды бір сұғанақ басқа дүние жетпегендей Тезек төре бейітінің кірпішін ұрлап үлкен мал қорасын салған екен. Сол төңіректегі елдің бірсыпырасы онысын жақтырмай күңкіл сөзді өрбітеді. Ал суық қолды неме ол күңкілге миығынан күле қарайды. Сөйтіп жүргенде бір қуаң күздің күнінде оның төре бейітінің кірпішінен қалаған қорасы ішіндегі малымен қоса өртеніп кетеді. Осыған ұқсас оқиға бұдан сәл теріскей-батыста Қоянкөз биігінде Шоқан Уәлихановтың зиратына келерде Колпаковский жарлығымен қойылған құлпытасқа байланысты да айтылады. Сол құлпытасты бір ысқаяқ орыс әлдебір қажетке жаратпаққа кесіп жатқанда бір қиыршақ тас дәл көзіне тиіп, жанарын ағызып жібереді. «Ой, мынау нағыз әулие екен» деп, әлгі орыс зар еңіреп, бір шеберді жалдап, өзі қоса жанталасып, ұлы ғалымның бейітін қалпына келтірген болады.

Күреңбелде Тезек төре моласына таяуда тағы бір тас белгі бар. Оған қатысты әңгіменің бас-аяғы тым ұзақ, ал суын сығып, сөлін ұсынсақ былай. Осы өңірді Тезек билеген уақытта жалайырлар мен найман-матай арасында осы Күреңбел үшін талас, ұрыс болып жалайырдан төрт, қарсы жақтан үш адам өледі. Бір кісісі артық шығын болған жалайырлар Шу бойындағы үйсін-дулатқа кісі шаптырады. Әлі төре өз қарамағындағы дулаттың басты адамдарын жиып:

– Аға баласы жалайыр найман-матаймен арадағы дауға орай миятқа шақыра келіпті. Бірің бе, бәрің бе, қаншаң, қайсың барасыңдар? – дейді. Мұнда тек ел үлкендері ғана емес жас жігіттер жағы да жиналып қап еді. Бәріміз барамыз, матайларды қырамыз, жоямыз дегендер өретүрегеледі. Үлкендер жағы басу айтып:

– Қазақ пен қазақ қан төгісіп, қашан ұшпаққа шығып еді? Жас өскін ұрпақтың мойнына құн арта бермейік! – деседі.

– Ал сонда кім барады?

Осы сұраққа жауап іздестіру үстінде Шапырашты Сұраншы батыр, Талғардағы Туғанбай би, Ботбайдағы Қарабай мен Диқанбай, Қасқараудан Байғазы мен Кебекбай, Сәмбет Дәуітәлі, тағы біраз марқасқалардың ныспылары тізіледі. Әлгі төре мен оның айналасындағы ақылдастар алқасы бұлардың ешқайсысын жаратпайды.

– Алтынемелге батырлар баратындай онда қаптаған жау жоқ. Би-шешендер баратындай қырмызы жібектей сөзден өрмек тоқитын өнер сайысы өткізілмекші емес! Ағайын арасы қанша бүлінсе де соңы бітімге апаруы шарт. Бұған екі елдің дауын екі ауыз сөзбен шешкен, нақтылай қысқа қайыратын, отыз тісінің арасынан ұшқан әрбір леп қара еменге қадалар сұр жебедей өткір, аруақты жан барсын. Әз ата Ыстының аруағын арқалаған Бөлтірік Әлмен баласына ақ жол тілейік! Байғазы мен Кебекбайды өзіне серік етсін!

Алтынемелге Орта жүз жақтан арғын-тобықты Құнанбай, Құсбек төре, найман Тәнеке би келіпті. «Ұлы жүз аға баласы» деп, олар сәлем беріседі. Бөлтірік:

– Құнанбай, Тәнеке есімдеріне құлағымыз қанық, ал мына сыпырма бөрік кигенің кім? – деп, Құсбек төрені қағытады. Тәнеке ара түсіп:

– Ой, Бөлтеке, бұл біздің Құсбек төреміз ғой! – дейді.

– Алдияр бас, аузыма тас!  – деп Бөлтірік кішіктікпен шегініс жасаған түр көрсетеді. Сөйтіп сәл бөгеліп, Бөлтірік қайта сөйлейді:

– Төре! Елшісіз бе, жаушысыз ба? Біздің елдің төресі дауды бітіруді бізге табыстады. Шынында мұндай жерде төренің төбе көрсетуі оғаштау. Сосын да түріңізге қарап, Қызылжардың былғары сататын ноғайы екен, мына екі жақтан өлген боздақтардың терісін саудалап келген ғой деп жорып едім.

Құсбек төре бетін өрт шалғандай қызарып жақ ашпапты. Бөлтіріктің қарқынын сезген Құнанбай:

– Сіз аға баласысыз, осы даудың билігі сізде! – дейді.

– Жоқ! – деп Бөлтірік келіспеген рай білдіреді. «Ұлы жүзді қауға беріп малға қой, Орта жүзді қалам беріп дауға қой, Кіші жүзді найза беріп жауға қой» деген. Билік сіздерден!

Бұдан соң Тәнеке кіріседі:

– «Аға тұрып  іні сөйлегеннен без». Үш жүзге билігі жүрген Төле Әлібекұлы атаңыз емес пе, жол сіздікі! – дейді.

Сосын ғана Бөлтірік алдына қамшысын тастап, шарт жүгініп, билік айтуға көшіпті:

– Бұл Күреңбел, Алтынемел, Матай таудың етегі әуелі құдайдікі. Бұл жер атанғалы неше ықылым ел жайлапты. Қисап жоқ, оларды санап тауысам десең ақылыңнан алжасасың. Алтының алтын, ал емелің қалмақша. Ия, қалмақ та мекендеген мұны! Қақас, он екі баулы ноғайлы да сүржамбастанған мұнда. «Әуелі ноғай қонған, сосын үйсін Шомай қонған» деген қанатты сөз де күні бүгінге дейін әуеде қалықтап жүр. Сонау тас молаға зер салыңдаршы! Ол мәйіт Алақай кемпірдің моласы. Алақай үйсін-дулаттағы Қасқарау елінің қызы, келін боп түскен жері осындағы жалайыр іші. Сол Алақай қолы шипалы тәуіп екен, кезінде найманның алты жігіті мұрындарына самал түсіп, осында оларды Алақай апамыз алты сиырдың сүтімен емдеп, дерттен құлантаза айықтырған екен. Найманның жігіттері апамызға алғыс айтудың орнына түнделетіп, әлгі алты сиырын айдап қашып кетіпті. Міне, наймандардың сондай күйде де қараулыққа баруға жүректері дауалапты. Уа, ағайын Алтынемел жалайырға тиесілі!

Құнанбай бұған келісіп:

– Ал өлген жеті адамның құны қандай? – дейді.

Бөлтірік бұл ретте қасындағы Кебекбай мен Байғазыға жол береді. Кебекбай:

– Өлген жетеудің үшеуі найманнан, төртеуі жалайырдан! Найман жақ бір адамға құн төлесін! – дейді.

Құнанбай ердің құнын нақтыламаққа қайта сауал қояды. Сонда Байғазы қамшы тастап:

– «Судың түбін шым бекітер, даудың түбін қыз бекітер», – деген аталар үрдісі бар. Анау артық өлген бір адам үшін наймандар жалайырға қалыңсыз қыз берсін! – дейді.

Бас билік иесі Құнанбай да, басқалар да осыған тоқтасады. Бұл жәй бітім емес, екі елдің арасын достыққа бейімдеген үлкен оқиға еді. Сосын да осы жиын өткен жерге де кейінгі ұрпақ тас белгі қойған.

 

***

Міне, ел сөзіне бала кезінен қанық, ұғымтал Құндақбай осы әңгімелердің бәрін іштей қайталап саралағандай келеді. Аттың тепең жүрісі ұзақ-ұзақ қиялдарға шақырып, әлі де еліте түспектей.

Тіпті қасындағы Жүнісбайды ұмытып та кеткендей еді. Кенет Жүнісбай мынау көксеңгір аспанды әсем дүниеде әзірге өзінің бар екенін жінішкелеу дауыспен еске салды:

– Ағасы, жаңағы орыс сізді мына «Доланалы» ауылында алғаш көргенін сілекейі  шұбырып езгілей берді  ғой. Ол «Доланалыдағы» сіз бен оның кездесуінде бір астар бар секілді. Ныспысы, Пам, Пама ма, сол Памаңыз осыны айтқанда көздері шайтанның көзіндей жалтырап, танауы желді күнгі жапырақша желбіреді. Әлі жол ұзақ, аша кетсеңізші, біле жүрсек артығы жоқ!

Құндақбай аузын апандай ашып шалқалай күлді. Жүнісбайдың байқампаздығы үшін де, әрі осы сауалды қойғаны үшін де оған дән риза еді.

– Осы биылғы мамыр айында мына «Доланалы» ауылында үлкен той дүркіреді емес пе? Түу шіркін, ас та төк үлкен той. Аламан бәйге, жорға жарыс бәрі дүрілдеді. Ақындар да айтысты. Қыздар мен жігіттердің қағысуы ол да бар. Өңешін керіп өзінше өнер көрсеткендердің өздері бір төбе. Сонау өрдегі Сатылы тауы жақтан келген бір жезтаңдайдың:

Өлеңді айтушы едік жасымызда,

Терісі ақ қозының басымызда! – деп шырқағаны есімде қалыпты. Аты-жөнін ұмыттым. Әрқилы ойындар да жұртты желіктірді. Сонда мына жаман ағаң да орыстың ащы суын әкесі содан өлгендей сіміріп құтырды. Енді қайтейін, бұлшық еттерімде қазандай қайнаған күш өзіме бас бермей кетті. Содан мен де бір көрініп қалайын дедім бе, әйтеуір, тойдың ең бір қызу шағында қалың көпшіліктің ортасына шығып, «менімен күресетін кім бар» деп жаман даусыммен жар салыппын ғой. Мендегі дауыс сонау Матайдың биігіне шығып айғайласам оның қуыс-қолтығындағы аю мен қасқырдың жүрегі жарылып өлетін дауыс қой. Содан тойшыл жұрттың бәрі маған жалт қарасыпты. Таудың тарғыл тасындай домаланған мені қос білектің күшімен шырқ үйіруге кімде дәме болсын. Айнала жым-жырт, бәрі сең соққандай тілдері байланып қалды. Кенет көп ортасынан біреу бері шықты. Шапанының етегі екі тізесін қаққылап, қақырынып-түкірініп маған қарай келе жатыр. «Әзірет әлі болсаң да көрдім сені» дегенін құлағым шалды. Қап-қара сақалды бетін алақанымен бір сипағаны да есімде. Тойдың басқа жақ шетінен «Әй, Жұмағазы, шапаныңды шешсеңші! Мә, саған қайыс белдігімді берейін!» деп, екінші біреудің айғайлағаны да естілді. Сөйтсем, бұл маған қарай еңкілдеген мына алдымыздағы Тастыөзекте тұратын жалайыр-қарақалпақ Далабайдың баласы, жас шамасы жағынан маған қарайлас Жұмағазы екен. Мұның қазақша күрестің майталманы, әдісқой екенін естіген де, көрген де едім. Бірақ денесі талдырмаштау. Есесіне бұлшық еттері тарамыстай қатты. Оның шапанын шешіп, әлгі өзіне ұсынған қайыс белдікті беліне буынуына көз ілескен жоқ. Бірден жетіп, иығыма қолын салды. Екеуміз алыса кеттік. Менікі жойқын күш, онікі әдіс-айла! Тура әлгі жабайы қабан мен оқжыланның шарпысуындай. Алғашында алдырмауға жанталасып, қара күшке ерік берер  сәтті қалай да оңтайға келтіруге тырыстым. Бірақ мынауың осындай күрестің неше алуанын өткерген тіс қаққан қу ғой, қалай қол салсам да уыстан шығып кете береді. Айтпақщы, сол тойда манағы орыс та бар еді. Пама Ларионыш! Клещов деген пәмилесі де бар. Мен, Пам, Пама деп құлағын жаңғырта беремін. Ол өзі қазақша бір ауыз сөз білмейтін неме, менің орысшаға жетік екенімді сезіп, тойдың басқы бөлігінде-ақ маған үйірсектей бастаған. Мына таудың атауы қалай, мынау не қылған төмпешік деген сияқты сауалдарды төкпелетуіне қарап қазақ жеріне қадам басқанына көп болмағанын да ажыраттым. Өзіме үйірсектегеніне қарсылық жасамадым, тек үстіне жапсырған лыпалары сол бет-ажарына лайық еместеу көрінгесін талғдыр тәлкегіне ұшырап жеткен-ау бұл қиырға деп түйдім. Ондайлармен сыр бөлісуге менің де аңсарым ауады. Екеуміз әуелбастан-ақ біраз шүлдірлесіп үлгердік. Мынау ұлан-асыр тойдың да біраз бүге-шігесін менен ұқты. Жас баладай ынта қойғыштығы да, кішіпейілдігі де адамның пейілін оятады. Артынан білдім, ол Пама мына тойда жалғыз емес екен, айналасы алтау-жетеуді құрайтын топ екен, мына таулардың қай бөктер, қуыстарында қандай ағаштар өседі, соны осындағы көпшіліктен білу үшін келіпті. Мына Пам, Пама менің қасымда, өзгесі өзгелерден сыр тартуда, шамасы. Сонымен, қойшы, әлгі Жұмағазы екеуіміздің алыс-жұлысымыз ұзаққа созылып бара жатты. Айнала қоршап кеу-кеулескен жұртта қисап жоқ. Олардың кеу-кеуі соншалық қатты, қос құлағымның түбінде ызың білінді. Ал жаңағы Пама жабайы қабан мен оқжыланша шарпысқан біздің төңірегімізде дедектеп, о жақ, бұ жағымызға шығып, біздің күрес тәсілімізді біржола ұғып қалмақтай ол да өз тарапынан жан ұшырды. Кенет Жұмағазы Далабай баласының қандай айла, әдіс қолданғанын мен де сезіп үлгермедім, ауыр салмағыммен төңкеріліп барып, жауырыныммен жерді соғып солқ еткізгендей болдым. Қазақ салтында жауырын жерге тиді, демек, сен жеңілдің деген сөз ғой, бірақ мен оған жеткізбедім, дереу үстіме етпеттей құлаған  Жұмағазының екі қолынан тарамыстай саусақтарыммен мытып ұстап көтердім де, бар күшіммен оң жаққа қарай лақтырып кеп жібердім. Көрген көз көп, куә көп өзімді жыққан палуан емес, әлдекім лақтырған ағаш таяққа ұқсап Жұмағазы екі арқан бойындай жерге барып дүрс етті. Мен тез атып тұрып кеттім, ал Жұмағазы қол-аяғы тырбаңдап, құлаған жерінен тұра алмай қалды. Сондағы тойшыл жұрттың аузынан, екіленген даусынан тұлабойымда бір діріл жүгірді. Мен де саққұлақпын ғой, осындай күйде де әлдекімнің «бәрібір жеңіс Жұмағазынікі, Құндақбайдың жауырыны бірінші жерге тиді ғой» дегенін естідім. Бірақ басқалар оның үнін өшіріп жіберді. Мені қолдаушылардың екпіні бет қаратпастай еді. Сөйтіп, жеңіс маған бұйырды. Кейін естідім, Жұмағазы қайтарында атқа мінуге жарамай оны арбаға тиеп әкетіпті. Ол тойдың қызығы мен үшін сонымен біткен жоқ еді. Шауып бара жатып аттың бауырынан ары-бері өту, не жердегі тасты, орамалды іліп әкету сияқты ойындарға да белшемнен баттым. Міне, осының бәрі таң-тамаша еткен Пам, Пама Ларионыш маған біржола желімдей жабысты. Біз тойдан кейін де осы маңда екі-үш түнеп қалдық. Маған желімдей жабысқаны соншалық менің ішкі сарайымды аша түсу үшін бе, өз өмірінен де ұзақ-ұзақ сыр шертті. Ой оған көшсем бас-аяғы жоқ өзге дүние кетеді. Осымен доғарайын, ауылға асығайық. Ана өлгенде көрген екі қыз не боп қалды, Ақтолқын мен Нұрсұлудың халдері қалай, мына дәрілерді, жаным Жүнісбай, тезірек жеткізейік!

Ал Жүнісбай тақақтауын қоймады:

– Ой, аға, сіздің әңгімеңіз аттардың аяғына тұсау емес қой. Аузыңыз ашық болса да, жабық болса аттардың жүрісі осы! Бұдан қаттыға баса алмаймыз. Бұдан қатты жүріске бастырсақ онымыз зорлық болады. Дәрілер менің қалтамда, неден қысыласыз? Ауылға жеткесін өзге әкәку-көкекумен мұндай жырға мойнымыз жар бермес! Сізді онсыз да желаяқ, елес қуған атап, ел аман, жұрт тынышта бір көруге зар болатындар қаншама?! Менің сол Пам, Пама жайын білмекке ындыным құрып барады. Ол өзі сары түкті орыс дегенмен сізге құдай жолықтырған адам ба деп қалдым. Сондай бір сезік ішімді кеуледі. Орайы кеп тұрғанда ашылсаңызшы!

Құндақбай өзінің жас серіктесінің өтінішін жерге тастай алмады. Тек бұдан кейінгі төкпелері үздік-создық әрі қызықсыздау шықты. Тек уақыт кеңдігі ғана біраз жайды ашуға мүмкіндік берді.

 

***

Әттең дүние-ай, егер Ресейдің екі астанасы Мәскеу мен Петербордағы төңкерістер кезмайыс келмесе Фома Ларионыч Клещов бұл шақта сол аталмыш қос астананың бірінде аса мәртебелі мырзалар қатарына енер еді. Ол үшін ойда жоқта бұрқ еткен Бірінші дүниежүзілік соғыс барлық алғышарттарды жасап берген. 1914 жылдың жаңаша күнтізбе бойынша 28-маусымында әлдебір он төрт жасар бала сол кезде ең атышулы қалаға айналған Сараевода Австрия-Венгрия  тағының мұрагері Франц Фердинандты атып өлтірді. Бірінші дүниежүзілік соғыс теория жүзінде ойда жоқта бұрқ етті делінетіні осы бір кішкентай қастандық осы соғысқа себеп ретінде аталды. Кейін тарихи ғылым ол тұжырымды теріске шығарды, соғысқа мұрындық болған сол кездегі Европадағы аса ірі мемлекеттер басшыларының ашқарақ саясаты екенін дәлелдеді. Жә, ол өз алдына бөлек әңгіме!

1914 жылы сол қастандықтан соң тура бір айдан соң, яғни, шілденің шыжыған соңғы күндерінде басталған бұл дүниежүзілік қанды қасапты 18 жасында қарсы алған Фома Клещов әу бастан-ақ оттың ортасына түсті. Үлкен екі топ мемлекет екі жақ болып тіс салысқанда бәрінен де асып түскені осы қырғынның басты қоздырушысы, әрі демеушісі Германия мен Ресей арасындағы майдан еді. Міне, сол майданда неміс снарядтары төбеден жауғанда Клещов өз Отанының тағдырын ойлап қан жылағандардың қатарында еді. Орыстың ескі аса ауқатты династиясынан шыққан, әрі жастайынан жақсы білім алған бұл Фома Клещов үшін жеке бастан гөрі Отан атты ұғым әлдеқайда жоғары тұратын.

Клещов бұл қанды қасапта жан аямай қимылдады, ең бастысы бұл сонда-ақ генерал Крымов дегеннің көзіне түсті. Көп ұзамай оның адъютантына айналды. Міне, осы жағдай Клещовтың тағдырын күрт өзгертті. Бұл өзгерістер соғыс аяқталып, 1917 жыл туғанда тіптен алай-түлей оқиғаларға ұласты. Соғыс бітті, енді бейбітшілік орнады деп дәмеленген жас офицер бет қаратпас дауылға тап болғандай еді. Екінші Николай патша тақтан құлап, ақпан айында Керенский бастаған Уақытша үкімет бар билікті қолына алғанда бұл өз бастығы генерал Крымовтың қасында көптеген ұйқысыз түндерді өткерді.

Бірде генерал Крымов бұл Фома Клещовқа жасырын сыр ашты:

– Сен не қиындықтар туса да абыржыма! Сені алда адамның басы айналатындай зор карьера күтіп тұр! Анау түрі қалмаққа ұқсаған ескі генерал Корниловты естуің бар шығар. А, көрдің бе, онда тіпті жақсы, міне, сол ескі генерал Корнилов бүкіл Ресей әскерінің Жоғарғы бас қолбасшысына айналыпты. Керенский сондай жарлыққа қол қойыпты. Ал Корнилов екеуіміз тонның ішкі бауындаймыз. Оның жай-жапсарын кейін уақыт келгеңде әлі талай таразылаймыз. Ал әзірге бізді біршама ауыр сынақтар күтіп тұрған тәрізді. Содан сүрінбей өтуге жан салайық.

Ысқаяқ генерал Крымовтың бұл сөздері алғашқыда нағыз сәуегейлікке ұқсаған. Петроградта Уақытша үкімет билік тізгінін ұстады дегенмен ол Ресей астанасы іштей өртенуде еді. Большевиктер партиясы да күш алып, Уақытша үкіметтің көзін жоюды ашықтан-ашық жоспарлап жатты. Міне, сонда ғана Керенскийдің бұл қалмақ пішіндес, қисық-қыңыр мінездері көп, жоғарыдан түскен нұсқауларды бірде орындап, бірде әрі итере салатыны бар, сөйте тұра сол кезеңдегі аса беделді, тәжірибелі генерал Корниловты бұлайша асқақтатуының құпиясы ашылды. Петроградтан алыста емес Могилев қаласында ставкасы бар Лавр Георгиевич Корнилов мына генерал Крымовтың  3-ші атты әскері мен П.Красновтың казак дивизиясын, сондай-ақ «кавказдық түземдік корпус» дейтінді біріктіріп, Петроградтағы большевиктік ұйымдарды талқандауға бағыттады. Бір қызығы, тап осы қарқында Корнилов әлгі өзімен «тонның ішкі бауындай» Крымовты осы үш әскери күштің бас қолбасшысы етті де, ол басқарған 3-ші атты корпусты П.Красновқа берді. Міне, осы ауыс-күйіс адьютант Фома Ларионыч Клещов үшін әлгі «бас айналардай карьераны» тіптен жақындатқандай көрінді. Енді қалай, осыншама әскери бірлестікке қаладағы әлдебір саяси ұйымдарды жойып жіберу шіркей қаққандай ғана іс емес пе? Сөйте тұра бұл аса жауапты науқан ретінде бағаланды. Егер бұл науқанда жеңіске жетсе Крымовтың атақ-даңқы бүкіл Ресейді баурап әкетпей ме? Ал оның бас көмекшісі, бұл шақта өзінің бүкіл табиғи қабілетін жұмсап, белсенділік танытқан, кейде өз бастығы Крымовқа да жөн сілтейтіні бар Клещов Фома Ларионыч та атақ-абыройдың астында қалмай ма? Ия, соншалықты үміт, дәме желіктірген күндер де туды.

Ал мұндай желік Крымов пен оның көмекшісі Фома Клешов түгілі олардан әлдеқайда биікте тұрған, бүкіл Ресей әскерінің Жоғары бас қолбасшысы Лавр Георгиевич Корниловтың да кеудесін кернеді.

Ол Петроградты большевиктерден тазартқаннан кейінгі билікті ондағы Керенскиймен бөліскісі келмеді. Ол Петроградқа шабуылды бастамай жатып, Керенскийдің үкімет басынан кетуін талап етті. Корниловтың сол қарқында беделінің биіктегені соншалық Уақытша үкімет басшысы Керенскийдің қарамағындағы біраз ықпалды қайраткерлер қарт генералдың тіліне еріп, өздерінің қызметтен кететінін жариялады. Сөйтіп, аттың жалы, түйенің қомында алауыздық туды. Әрине, бұл алауыздық өз дегенін жасады. Керенский Корниловты  Жоғарғы бас қолбасшылықтан тайдырды дегенмен Корнилов өз қарауындағы бүкіл әскери күшті Петроградтағы большевиктер ұйымына қарсы жауып салды. Енді большевиктер ұйымы Корниловқа және Керенскийге қарсы, яғни екі бағытта соғыс жүргізуге мәжбүр болды. Сонда да небәрі үш күнге созылған шайқаста олардың екеуін де күйрете жеңді. Тіпті Корниловтың өзі және оның үзеңгілес достары Деникин, Лукомский сияқты ақ қаптал генералдар тұтқындалып, түрмеге жабылды.

Тек Керенский ғана осындай жеңілістен соң да әзірше өз билігін сақтап қалды. Тек тағы бір жарым айдан кейін ғана әйгілі Қазан төңкерісінің салдарынан олардың күні таусылды.

Бұдан кейінгі кезеңде түрмеден қашып шыққан Корнилов, Деникин, Лукомский және П.Краснов, Каледин, Баратов, Крымов, тағы басқа серкелер Дон облысына қарай ығысып, тағы бір үлкен сойқанды сонда ұйымдастырды. (Бұл атақты Дон көтерілісінің жайы орыс жазушылары Алексей Толстойдың «Хождение по мукам», Михаил Шолоховтың «Тихий Дон» рамандарында егжей-тегжейлі баяндалған). Бұл да жаман сәтсіздікке ұшырады. Өзгесі өзге, тіпті Ресей патшасы тағынан үміткер Корнилов пен Каледин өз көкіректеріне өздері оқ атты. Ал Деникин олардан гөрі сергектеу екен, Францияға барып бас сауғалады. Алайда, большевиктер бүлігіне қарсы күрес мұнымен де тиянақталмады. Деникин әскерлерінің қалдықтары сонау Қырым түбегіне шегініп, сондағы «Орыс армиясы» аталатын жасақтарға қосылды. Міне, соған барып қосылғандардың ішінде Крымов пен оның сүйікті адъютанты Фома Ларионыч Клещов та бар. Бұл «Орыс армиясының» бас қолбасшысы П.Н.Врангель еді. Англия, Франция сияқты әлеуетті елдердің көмегімен бұл П.Н.Врангельдің қоластында жақсы қаруланған сексен мыңдай адам болды. Алайда, 1920 жылдың соңына таман күннен күнге қарқын алған Қызыл Армияның тегеурініне шыдамай ақгвардияшылар мен олардың серкелері шетелге қашып құтылды. Сол соңғы сәтте ғана Фома Клещов өзіңмен жаным бірге дейтін бастығы Крымовпен ат құйрығын кесісті. Себебі, бұл Фома өз отанын тастап кетуден бірден-ақ тайсақтады.

Міне, сол күннен-ақ Клещов үшін патшалық әскери үлгідегі киімді тастап, қара шаруаның  лыпаларын  иығына жапсырып бой тасалайтын күндер, айлар, тіпті жылдар тізбектелді. Енді, қалай бірінші дүниежүзілік соғыс кезінде бұл Фома атақты генерал Крымовтың адъютанты ретінде қанша адамның көзіне түсіп үлгерді? Жарайды, ол кезең ет пен терінің арасындағыдай ғана,ол соғысқа кімдер қатыспады, әрі оған қатысқандардың қайсысында қандай көзқарас болды, ол жағын кім ажыратып жатыр дейсің. Ең жаманы сол соғыстан кейінгі соңғы үш жыл ғой. Осы үш жылда бұл кімдермен жүздеспеді? Ен аулақта, оңашада, қараңғы түндерде, уақыт кеңде  бұл осы сауалға жауап іздесе қорқыныш атты пәле жай ішкі сезім емес, өзін алып жейтін, түрі жаман обырға айналып кетеді. Көз алдынан зулап өтетін елестер мен суреттер қисапсыз. Әрқилы адамдар сұлбалары әлдекім тастан қашап жасағандай сап түзейді. Ұзын мұртты, қалмақ пішіндес, ержүрек, бірбеткей генерал Корнилов, зор білімді, аса қайратты, өзіңе тура қараса мәңгілік міз бақпастай әсер ететін Деникин, өңі жұқалтаң, есесіне кесек мұрынды, тарамыстай қатқан кеудесі иіліп-жазылуға оңтайлы, көзілдірікті, асқан білімдар, әрі шешен П.Краснов, екі иығына екі тау құласа да былқ етпестей денелі Каледин, тағы сондай даралық белгілері санап тауысқысыз генералдар – Алексеев, Лукомский, Баратов, «қара» барон Врангель, ең соңында өзінің «сүйікті» бастығы Крымов сияқтылар көз жанарын тартады. Ал бұлардың тасасынан Фома Ларионычтың өзі куә болған ұлан-асыр аласапырандар тіптен атойлап, мұның табанының астынан қара жерді жұлып әкеткендей зәресін ұшырады. Басқа жағдайда бәз біреулер осыншама оқиғаға куә болғанын, қатысқанын дәреже тұтып, ең жоғарғы марапаттарға сілекейін шұбыртар еді. Ал қазір бұл Фома соның бәрін өзге түгіл өзінен де жасырып, бұта қорғалаған торғайдай бейшара халге түсіп, бұқпантайлап қашып жүр. Ия, сол бұрынғы аласапыран үстінде мұның анау-мынаумен, жоғары шенді, кіші шенді әскерилермен, шаруалармен, жұмысшылармен, басқалармен жүзтаныстығы шектен асқан. Мұның жүзтаныстары тап қазір Мәскеу мен Петроград айналасынан, Солтүстік Кавказ бен Дон жағалауынан, Солтүстік Таврия, Кубань, Краснодар, Украина, Қырым түбегі сияқты аймақтардан да табыла кетері анық. Ал енді солардың қай-қайсысы да мұны тап басып таныса қызыл көрген қарғадай болмасына кім кепіл. Әрі тап қазір большевиктер өкіметінің жағдайы мәз емес. Қазан төңкерісінен бері он жылдай уақыт өтсе де әрі-сәрілік мол. Онымен қосақтаса мына «конфискация» деген науқанның туы желбіреді. Оған ашықтан-ашық наразылық білдірушілер жаңбырдан кейінгі саңырауқұлақша жыпырлауда. Осыған орай большевиктер өкіметі де қатайып, «кешегі үстем таптың сарқыншақтары» деген айдар тағып, сол наразылық аулынан табылғандарды топ-тобымен айдап әкетеді. Ал Фома Клещов сынды кешегі ақгвардияшылардың қатарында қан кешкендер қолға түссе тіптен мұрты майланбай ма?

Бұл Фома сол 1920 жылдың жазында Солтүстік Таврияда өз бастығы Крымовтың қармағынан құтылған соң өз туған жері Петроград төңірегін желкемнің шұқыры көрмесін деп, бірден шешесінің төркін жұрты Мәскеу қаласынан жүз шақырымдай қашықтықтағы Черемушкино селосына жетіп жасырынған. Мұның туған шешесінің інісі Рябинин Евдоким мен оның баласы Марк өте іскер адамдар еді. Евдоким Рябининнің бұл Марктен басқа да үш қызы, кішкентай екі ұлы бар-тұғын. Осындай үлкен отбасының иесі Евдоким күні-түні дамыл таппай өзіне қарасты шаруалардың қарекетін кірпік қақпай бақылайтын. Балаларының үлкені Маркті де соған баулыған. Міне, осыларға сеніп бас сауғалаған Фома Клещов көп жайды осында ұқты. 1917 жылы помещиктер жерін бөліске салғанда Евдоким Рябининнің өзіне де үлкен үлес қалыпты. Тек келесі 1918 жылы бұл жерлер қайта бөліске түсіпті. Сонда Евдоким Рябинин секілді ауқаттылардың дүниесі тіптен ойсыраған. Енді бай мен кедейдің арасында соғыс дегенің қайта бұрқ етуге шақ тұрыпты. Көптеген жастар, оның ішінде Рябининнің баласы Марк те бар, үйлеріне тыққан қаруларын алып, жан-жаққа қарай жым-жылас жоғалып жатты. Сірә, біразы мына Фома Клещов қатысқан Дон, Украина атты қиырлардағы дүмпулерді естіп, соларға қосылмаққа беттеген. Ал тағы бір алуаны Колчак қозғалысын таңдаған сыңайлы. Тек Рябинин отбасына Фома Клещов келіп қосылған 1920 жылдан кейін «жаңа экономикалық саясат» (НЭП) күш алып жағдай жақсарды. Мұнда социализмге де, капитализмге де орын бар еді. Не дақылды өсіресің өзің біл, тек салық төле, одан артылғанын өзің же, не сат. Міне, осыдан кейін-ақ Фома Клешов өз нағашы ағасының қарамағында бейбіт еңбекке біраз ысылып қалған еді. Тіпті үйленіп, бала сүйіп те үлгерген. Тек өткен 1927-жылдың басында ғана бөгде бір зобалаң атой берді. Енді «кооперация» деген атаумен дүркіреген ұжымдық еңбек түрі насихатталды. Жай насихатталып қоймай ауқаттылардың меншігіндегі жерлер енді біржола мемлекет меншігіне алына бастады. Оны жүзеге асыруға Мәскеу жақтан көптеген уәкілдер ағылып келді. Олардың ішінде Фома Ларионычты жақсы танитын, кешегі әскерилер – Қызыл Армияның қан кешкен офицерлері көптеп бар екен. Біразы Фоманың көзіне оттай басылды, тек олар мұны ажыратып үлгермеді. Сондай бір күнде Фома өзіне пана болған Евдоким Рябининмен шала қоштасып, жас жарын, кішкентай сәбиін тастап, белгісіз бағдарға қарай тайып тұрды. Нағашы ағасының «осыдан алты жылдай бұрын Марк атты сайдың тасындай үлкен ұлымнан көз жазғанмын, енді сенің күйігіңді тартамын ба, әрі мына жас жарыңның, кішкентай сәбиіңнің обалы кімге болады» деп жылағанына да қарамады. Содан жылыстай-жылыстай үрей қуған бұл Фома қазақ жерінен бір-ақ шықты. Құндақбайға іш тартып, әрі оның орысшаға жүйріктігінен де пайда тапқысы келіп, осы хикаятты оған оңашада баяндаған да еді. Тек тап осы күйінде емес, сәл өңін өзгертіп, өзін қашқынға аса ұқсатпай қосымша себеп-салдарларды қоса тықпалап жырлап берген. Тек бір анығы – өзінің кәсіби әскери адам екенін, осы заманғы орыс қаруының неше алуан үлгісін меңгергенін, соғыс тәсілдерін, барлау қызметін жақсы білетінін тәптіштеп-ақ жеткізді.

 

***

Міне, Құндақбай Матай тауының баурайынан бері ұзап, Шағанның бөктеріндегі өз ауылы Күркілдекке қарайғы жол үстінде өзінің жас серігі Жүнісбайға Фома хақындағы сол орыстың өз аузынан естігендерін ғана айтты. Соның өзі де өмір тәжірибесі мардымсыз жас жігітке едәуір әсер етті.

Тек тап осы тұста біздің өз тарапымыздан қосар бір шындығымыз мынау. Орыс офицері Фома Ларионыч Клещовтың бір топ қандастарымен теміржол құрылысына қажетті қарағай әзірлеуге лайық қуыстарды іздегенде ең алдымен осы Доланалы аулына тұмсық тығуына бөгде бір себеп те бар. Сарыөзекте бір орыс нәсілді, бірақ өте маскүнем, есесіне осы өңірде тұрақтағанына едәуір уақыт өткен, бір сөзуарлау шалды жолықтырған. Міне, сол арқылы там-тұмдап мынадай бір деректі анықтаған. Бұл Доланалы ауылы бұрын «Веселое» атанған таза орыс селосы екен. Ондағылар «мы – семиреченские казаки» деп кеуде қағып, әрі әскери киімдерімен сестеніп, қару-жарақтарын жалаңдатып айналадағы жергілікті қазақтарға күн көрсетпепті. Ашықтан-ашық малдарын тартып алып, самогонды суша сапырып, үнемі той-тойлап жатады екен. Осыдан жеті жыл бұрын, яғни, 1921 жылы сол кезде Жетісу облыстық әскери ревкомның төрағасы, облатком төрағасы, әрі облаткомдағы ұлттық істер жөніндегі бөлім меңгерушісі қызметтерін қоса атқарған Ораз Жандосов келгенде мұндағы жалайыр, қаңлы, суан, тағы басқалары ұлардай шулап, мына «Веселое» селосындағы «семиреченские казаки» аталғандардың зорлық-зомбылығын ашына жеткізеді. Ораз Жандосов қауырт істің адамы, сол «Веселое» селосындағы орыстарды бір-ақ күнде таратып жібереді, олардың босаған үйлеріне қазақтарды кіргізеді. Бұрын жергілікті қазақтар үйді тек шымнан қалайтын, ал Доланалыдағы саман кірпішті үйлер сол орыстардан қалған. Бұл үрдіс көп ұзамай Қоғалы өңіріндегі өзге ауылдарға да көшіп, сары топырақ, мал қиы, топан араластырып, кірпіш құю әдісі игерілген. Ал Фома Клещовтың мұнда тұмсық тығуы сондағы тарап кеткен өз қандастарының қалған-құтқанын тауып, өзіне керекті ақпарлар жию мақсатынан еді.

Орыс офицері туралы жыр таусылғасын Құндақбай мен Жүнісбай үнсіз тепеңдеді. Арықша бойшаң Жүнісбай өзімен қатар қозғалған Құндақбайға оны бүгін ғана көріп-білгендей-ақ бүкіл болмысымен бұрылып, әлсін-әлсін қарағыштайды. Көкірек қуысы біршама кең жас жігіт соншама оқ пен оттан өткен орыс офицерінің өзге емес, тап осы Құндақбаймен жақсы таныстыққа бел буып, іш қырындысын түгел ақтаруының сырын енді ғана ұққандай. Сірә, ол Пам-Пама мына Құндақбайдың қарапайым көптің бірі емес екенін асқан қырағылықпен таныған. Құйған қорғасындай төртбақ денесі, үстіне ешкім батып кіре алмастай айбаттылығы, осындай домаланған денемен-ақ қимылға шапшаңдығы, орыспен шатысы бардай сап-сары бет терісі, олардың тіліне жетіктігі, әрі жаңа ғана ауызға алынған Доланалы аулындағы тойда көрсеткен өнері сол әккі орыстың ықыласын қалай билеп әкетпесін? Бұл сауалдардан Жүнісбайдың кеудесінде басқа да сауалдар таяқша шаншылды. Енді қалай, екеуі бір ауылдан дегенмен Құндақбай мына бозбала жігіттің күнде көріп жүрген адамы емес. «Онда кетті мұнданақ, мұнда кетті мұнданақ» дейтіннің нағыз өзі. Тіпті мұны көрген күнде де Құндақбай бұл Жүнісбай сынды бозөкпенің қасында теңселуге осыншама уақытты ысырап етпейді. Бүгінгі жүріс құдайдың бір көңілі түскен шағында керегіңді қарпып қал дегендей Жүнісбайдың төбесінен тастай салған құшақ-құшақ ырзығы тәрізді. Осыны дұрыс пайымдаған зерделі жас құдайдың осы сәтті күнінде сол ырзықтан әлі де үлес алмаққа ашқарақтанды. Кей жайды бұрынырақ өзінің де құлағы шалғаны бар, бірақ оның көбісі үзік-үзік, себеп-салдарлары толық емес, әрі өтірік-шыны да аралас, сосын да бәрін Құндақбайдың өз аузынан тыңдағысы келді:

– Ағасы, ауылға жеткенше әлі үш бие сауымындай уақыт бар! Адамның ас үстінде араны ашылмай ма? Сіздің Сарыөзектегі орыс жайындағы сыдыртпаңыз іштегі ынтызарыма одан әрмен май құйды. Сіз менің әкем Жәкіжанмен әмпей-жәмпейсіз. Мен де сізді сол әкемнен кем көрмеймін. Сіз туралы әркімдер кейде асырып, кейде жеріне жеткізбей тұқыртып айтады. Соңыңыздан ерген ініңізбін, ескіше толғасақ қарға жүнді қаттасым, үйрек жүнді оттасым деуіңізге лайықпын. Біле жүрсек құдай алдындағы күнәһарлыққа жатпайды. Сіз татарлармен де, дүңгендермен де, орыстармен де, өзбектермен де ауыз жаласқан дейді. Ең бастысы мына өзіңіз атаған Доланалы ауылындағы тойда көрсеткен өнерді, шапқан аттың үстінде шырқ үйірілгенді қайдан үйрендіңіз, әлде іштен оқып туған жайыңыз бар ма? Бүгінгідей сізбен оңаша дидарласудың орайы әмсе келе бермес, соны жырлап, мына жаман ініңізді бір жарылқап тастасаңызшы.

Небәрі он алты жастағы балаң жігіттің мына базынасы Құндақбайды сәл-пәл ұйытты. Сонда да бүгінгі арғы-бергі ұзақ жүрістен шегенделе бастаған аяқ-қолдарын жөнге келтіргенсіп, Жүнісбайға қабағын тұнжырата қарады:

– Қарашығым-ау, менің ойым онға бөлініп келеді емес пе, қысыр әңгімеге зауқым бар ма, үйдегі науқас нәрестенің халі нешік, Ақтолқын жеңгеңнің халі нешік, ал әлгі Мыржақбай мен Нұрсұлуды кәперге алмай-ақ қояйын, сен үш бие сауымындай жер бар дейсің, әуелі соны екі бие сауымындай етіп қысқартсақ қайтеді?

– Ағасы мына жүрісіміз де осал емес, әуелде аттарға тым зорлық жасап, жолды ұзартып алмайық. Алдағы кедір-бұдыр тіптен молдау! – деп Жүнісбай ол жағын да ескертті. «Мал жайын білетін жанның баласы ғой, сөзінің жаны бар» деп түйді Құндақбай. Сосын:

– Алдағы сайда бұлақ ағып жатыр, соған аттардың ауыздығын алып, шап тартпасын босатып, жақсылап суарайық. Сарыөзекте ішкен арақтан ба, менің де шөлқұрсақ болған жайым бар, – деді.

Бұлар сайдағы бұлақтың каусарына мейірлерін қандырып, ары қырқаға көтерілгенде таудың жұпар иісті жібек желі маңдайларынан еселей желпіді. Содан ба, Құндақбайдың шабыты қайта қозды. Бұның әрі Жүнісбайға көңілі тойғандай да еді, жөн білетін, сөз білетін неме екен, меселін қайтармайын, бәрібір аузым бос қой, тіл мен жақтың несін аяйын деп шешті. Задында бұл Құндақбайға үзеңгілес жігіттердің бұл шақта біраз бастары құралып та қалған, тек заман өзгерісі тез, қырдан қашқан түлкінің жонындай  құлпыратыны бар, өздерін үлкен бір әпселең күтіп тұрғаны да әлсін-әлсін сыр аңдатады, сосын да атүсті жүріске берік, сөз ұғарлығы бар, алды-артын болжағыш жігіттерді жанына көптеп үйірсек етуді қажетсінетіні де дағдыға айналған.

 

ЕКІНШІ ТАРАУ

Ұлты,  діні бөлек Клещовтың ғұмырнамасын әдіптеймін деп дамыққан Құндақбай өз тірлігіне көшерде оның алғашқы буындарын таппай күмілжіді. Астыңғы, үстіңгі тістерін бір-біріне қажағанға да ұқсады. Сосын да бұл «өз дүнием ғой, қайда қашып құтылмақ» деген кейіппен ендігі әуенді тым әріден тартып сабақтады.

– Менің түп-тұқияным үлкен ата – Ұлы жүзге қарасты Қаңлыдан тарайды. Қаңлының шежіресін инемен құдық қазғандай түртінектесең, бағзы-бағзы замандарда мына жұмыр жер бір құшаққа сиятындай жалғыз төбе іспеттес екен, міне, сол төбеден бір-ақ шығып, қайтар жолдан көз жазып, адасып, сансырап өлерсің деседі. Арысын қой, ол әзірге тыныш ұйықтасын, берісіне ғана қанағат қылайық. Әйтеуір қазақтағы тамырын тереңге салған   ең байырғы ру осы Қаңлы көрінеді. Жақ жоқ шешендерден құлағымның шалғаны бұл Қаңлыға қарасты жұрт Ғайса пайғамбар туардан көп бұрын, Сырдария өзенінің жағалауында көшіп-қонып жүріпті. Оқымысты, бізден гөрі өнегелілеу елдің көз еті сарғайған ғұламалары ол жайында Қытайда, жеті құлыптың ар жағында сақтаулы шаң басқан көне жазбаларда дәлме-дәл деректер бар деп сұңқылдайды. Ол төңіректегі сөздерді мен Ташкентте тұрған кезімде естігенмін!

– Аға, сіз Ташкентте де тұрып па едіңіз? – деп, Жүнісбай жалма-жан сөзді бөлді.

– Әрине! Ол жағы кейінірек! Әзірге алқымнан алма! Қаңлылар кезінде жауынгер халық болғанға да ұқсайды. Шыңғысханның, Ақсақ Темірдің жорықтарына бастан-аяқ қатысқан сыңайлы. Соның қызуымен біраз өлкені, сулы, нулы қиырларды тақымға басыпты. Онда біраз өсіп-өнген соң қаңлылар үшін заман дегенің тағы түлкібұлаңға салыпты. Ұлы-ұлы көштер сайын дала, сахара жазықтың бетінде шаң боратыпты. Міне, сол көштердің екпінімен қаңлылар жел қуған қаңбақтай тағы да аударыла-төңкеріле сүргінге түсіпті. Оның өзі де бір күнгі, не бір жылғы оқиға емес сықылды. Білетіндер оның нобайын шамалай алмайды. Жай, долбармен соғады. Сол ұлы сүргіннің шағында қаңлылар басы ауған жаққа бет алып, шілдің боғындай тозып, бір-бірінен көз жазыпты. Естуімше, бір бөлігі қазіргі Ташкент маңында тұрақтапты, тағы бір шоғыры сонау түу батысқа, Атырау теңізінің жағалауына, қарақалпақтар мен түрікпендердің ішіне еніпті. Тек бір бөлігі ғана осы Жетісу жеріне жетіп жығылыпты. Сірә, бұл ретте Шыңғысхан ұрпақтары қол ұшын берген сыңайлы, себебі олар бұл қаңлылардың бұрынғы аталарының сол Шыңғыс хан, Жошы хан, Бату хан тұсындағы жорықтарда көрсеткен ерліктерін еске алған секілді. Жетісу да кең жаратылыс қой, оның қай бөлігі қалай додаға түскенін түйіндер шама жоқ, ал осы маң, Қоғалы, Күреңбел, Сатылы, Көксу таулары маңында орыстар келгесін Жаркент уезі құрылыпты. Онда бары екі болыс ел екен. Түгірек, Алтынемел болыстары аталады, шырағым. Бұл жағынан өзің де құлақдарсың, сірә, әкең Жәкіжан да тас керең пенде емес қой. Анау-мынау дау-дамайы көп көші-қон үстінде біздің қаңлының бір бөлігі осында орныққан. Атақты Тезек төренің де ықыласы жауыпты. Біздің қаңлы – Қызыл-Қаңлы, Бадырақ-Қаңлы, Қаспан-Қаңлы болып үшке бөлінбей ме, мен соның Қызылынанмын. Бұл Қызыл-Қаңлының өзі Қызыл және Жәнтеке атты екі ағайынды елден тұрады. Екеуі бір-бірімен қыз алыспаған. Ал Жәнтеке Бәйбіше, Тоқал болып және екіге бөлінеді. Менің әкем Төленді осындағы Бәйбішеден тарайды. Жақын ағайындар бізді кейде «Бәйбіше балалары» деп те атайды. Ал, қарағым Жүнісбай Жәкіжан баласы, әңгіменің бір сыдырғысы осы. Ал қалғаны шым-шытырық, бір арнада тоғыспай жатады, басын құрау да қиын. Хикаятыңыздың бас-аяғы жан-жаққа тым-тырағайлады деп сөге көрме!

Құндақбайдың бұдан кейінгі әңгімелері шынында шашыраңқы шықты. Егер сырт елден келген біреулер тыңдаса оның қызыл сызықпен тартылғандай негізгі желісін ұстай да алмас еді. Тек бұл жайлардың шет-пұшпағы Жүнісбайға бұрыннан аз-кем таныс болғасын ғана бұл сол аз-кем білігі мен аға тұрғыластың ырғағандарын ойша құрастырып, негізгі мазмұн нобайын өзі қалыптастырды.

Енді қалай, ел ішінде Құндақбай жайлы алып-қашпа аңыздар аяқ алып жүргізбейді. Көбісі адам айтса нанғысыз қияли ертегілерге де ұқсайды. Шыны, өтірігі қайсы, кәне, ажыратып көр. Тек бұларды Құндақбай өз аузымен ежіктегесін ғана Жүнісбай ол хикаятқа біржола бой алдырды.

Сонда Жүнісбайдың ойша түйгені былай    боп шығады. Бұл Құндақбайдың әкесі Төленді жай ғана қара шаруа адам екен. Ешқандай бас жарып, көз шығаратындай қылықтары болмаған. Шаған таудың баурайындағы көп апиыншы қаңлылардың бірі ғана. Баласы Құндақбай өз әкесіне төртбақ, құйған қорғасындай қайратты денесімен ғана ұқсап қапты. Ал бет терісінің сары жездей балқып тұратыны шешеден дарыған деседі. Шешесі – Мәуес Қаспан-Қаңлының  қызы. Тек ол да қара шаруаның адамы, Төлендіге бұл жағынан дәл қосылған. Тек олар өсірген екі үлдың үлкені Құндақбай туар-тумастан-ақ бұлардың уысынан шығып кетіпті.

Есі кірер-кірместен-ақ аттың жалына жабысқаны, тез қайрауы жетіп ерте есейгені, қимылына көз ілеспес шапшаңдығы, қолдыаяққа тұрмастығы, қайраты бойына сыймас морт мінезі, міне, осының бәрі Құндақбайға деген көзқарасының өзгешелігіне алғышартқа жараған. Ал Төлендінің осы Құндақбайдан жеті жыл кейін туған екінші ұлы Мыржақбай мүлдем басқаша, бұл өз әкесі мен ағасына төртбақ денесімен ғана сәл-пәл ұқсаңқырайды. Ал басқа жағынан мүлдем кереғар. Мысалы, Құндақбайдың бет-әлпеті сары жездей балқыса, Мыржақбай нағыз қара шұбардың өзі. Мінез, қимыл-әрекет, сөз саптау жағынан да әлдеқайда шабандау. Тек бұл ағалы-інілі екеу бір-біріне қатты бауыр басып өсті. Мыржақбай өз ағасының артықшылықтарын ерте-ақ сезсе де мұнда қызғаныш атаулының жұрнағы да білінбеді, қайта оны іштей мақтан тұтарлығы басым. Әрі оның өміріне ешқандай қауіп төнбесе екен деп, жастайынан-ақ ернін жыбырлатып, құдайға мінәжат ететін де дағды тапқан. Мыржақбайдың мұндай дағдысының да өзіндік себебі бар.

Құндақбай он үш-он төрт жасында-ақ әке-шешеге ләм-мим деместен үйден безіп кететін де өнерді бастап еді. «Жаратушы ием-ау, мынау қайда жоғалды, аты-жөні бар жүріс пе, жоқ, бұл бала мынадай жасырынбақпен ұзақ жасамайды» деп, біршама мазасыздау Төленді осындайда жар қосағын шанышқы сөздердің астына алып, күйіп-пісіп жүрсе, кіп-кішкентай Мыржақбай әке-шешеге сазара қарап, аузын буып ұстайтын. Сірә, олардың күйігіне күйік қосып алудан сақтанғаны. Есесіне бұл да іштей елегізіп, ересектерден естіген алла-тағаланың атына арналар жалынышты тілектерді өз шама-шарқынша тізбектеуге көшетін.

Тек әке Төленді мен оның кенже ұлы Мыржақбайдың осы   Құндақбайға деген көзқарасы кенет өзгере бастады. Он бес жасында-ақ байлардың, орыстардың  жылқысын баққан осы бала күні-түні сол қылқұйрықтылардың соңында уақыт өткізе бермейтін. Малды уақытша өз серіктеріне тапсырып, Шаған таудың қойнауларынан аң атып әкеліп, үй ішін жарылқап тастауды кәсіпке айналдырды. Құралайды көзге атқан мергендігі, ойлы-қырлы жерлерде жүріске жақсы аттарды таңдап мінетіні, небір азу тісі ақсиған қатерлі аю мен барыстардың көз алдынан орғып өтетіні, терісі қымбат, не еті дәмді түз тағыларының ауық-ауық сіңірі шыққан кедей Төлендінің есігінің алдында жайрап жататыны әке-шешенің ғана емес, айнала көрші-қолаңдардың, ағайын-туғандардың жағасын ұстатты. Төленді мен оның әйелінің іштеріне аздап ел қона бастаған шақта олар бас амандығын көбірек ойлап, «әй, балам, алдыңдағы кісі малын кәперден шығарма, соған зер сал, содан түскен түсімің де бізге талғажауға жарайды, аңшылықты доғар, екі кеменің құйрығын ұстаған суға кетеді» деп ақыл айтқансыды. Бұл ақылдан Құндақбай өзінше қортынды шығарды.

Сол жылдарда-ақ Құндақбайдың ең жақын достары тәп-тәуір шоғыр еді. Мұның шабандоздығын, мал танығыштығын, мергендігін, ұшқырлығын біз де бойға сіңірсек деген үміт жетелей ме, әйтеуір мұнымен түйдей құрдас, не екі-үш жас үлкен Құлжатай, Кенебай, Денебай, Шұңбай, Шаңбат дегендер аз уақытта оның жаны үшін жан берер оққағарларына айналған. Бәрі де осы Қызыл, Бадырақ, Қаспан атанып бөлінетін үш ата Қаңлыдан тарағандар. Бұл топта бәрінен де мойны озығы Құлжатай. Бұл әрі Құндақбайға туыстық жағынан да ең жақыны еді. Міне, солар аңшылықты бірге атқаруға кірісті. Олжа әрдайым теңдей бөлінеді.

Бірде мынадай бір оқиға болды. Шаған тауы мен оған жалғаса біткен Қотырқайың тауларының екі ортасында Қараңғысай атты қуыс жатушы еді. Бұл Қараңғысайдың бітімі өзінше бір жыр. Тек оған жету үшін Шаған мен оның үлкен бір шоқысы Ақтауды асып түскен жөн. Ол жақта жабайы аң дегенің мылтықтың ұңғысына өздері келіп орала кетеді десең де артық емес. Міне, жаздың ең бір толықсыған шағында  Құндақбай, Құлжатай, басқа достар сол Ақтаудың бергі құламасында, көлеңкелі тұсында сәл-пәл аялдауға тоқтаған. Кенет бұлардың дәл иегінің астында, төменде үш атты өздерінен қашқан бір аттыны қуып келеді екен. Көп қуған жоқ. Кенет қашқынның аты сүрініп, ол ер үстінен қалпақтай ұшты. Қуғыншылар тез жетіп, бәрі жалғыз қашқынды тарпа бас салады. Ол аздай қамшыларын үйіріп, онсыз да жан даусы шыққан сорлыны шықпыртып сабай бастады. Мұны көріп тұрған Құндақбай «Кәне, тез, арашалайық, мәнісін білейік» деп бұйырды. Бұлардың да ер үстіне қарғып мініп, төмен қарай ызғытуына көз ілескен жоқ.

Қашқын ұлты қазақ, кәртамыстау, бет-аузы жас пен терден, әрі соққыдан жаман бұзылып кеткен, тек тарамыстай кеудесінде қайрат дегенің әлі де бардай жан екен. Үш бірдей әзірейілден соққы, тепкі көрсе де атының шылбырынан айырылмапты. Сілекейі шұбырған аузынан ұшқан қарғыс сөздер төбе құйқаңды шымырлатады.  Құндақбай бастаған топ оны тез айырып алды:

– Бұл не ойран?! – деген Құндақбайдың қатқылдау даусы бәрін жалт қаратты. Қуғыншыларға керегі де сол ма:

– Бұл ұры! Ұры! Пайғамбар жасына жеткенше осындай қылықты ішсе асы, кисе киімі етіп келеді! Бұған ешқандай аяушылық жасалмауға тиіс!

– Ия, бұл ұры! Нағыз кәззап ұры!

– Ұры! Ұры! Әрі біреудің қоймасынан, қора-қопсысынан әкеткенін жамбасының шұқырына сап сақтайтын әккілігі тағы бар!

– Бұл шектен шыққандық! Табанын тіліп, тұз құю керек! Өзге жаза бұған бұйымға жарамайды! – деп ентіге екіленді. Таудың қия бетінде қашқынның соңынан түсу оларға да оңайға соқпағаны анық! Дауыстары қарлығып, түкіріктеріне шашалып, демігіп, бірінің сөзін екіншісі естіртпей бастырмалатты.

Кәртамыс қашқын да қарап қалмады:

– Әй, қу татарлар! Қазаққа ұрлықты үйреткен мына сендерсіңдер! Жер қазса да ұрлық! Көкнәр ексе де ұрлық! Апиын сатса да ұрлық! Сонау Сібір жұртының қыспағынан аш-жалаңаш құр сүлдерлерің сүйретіліп, қазаққа жеткенде түрлерің қандай еді? Әкем марқұм басын шайқап ырғап отыратын. Жаман түйенің жабуындай жалбыраған қайыршы киіммен жетіпсіңдер! Енді, міне, қазақтың өзін қамшының астына алуға жарапсыңдар! Ой, көкелерім-ай! Сонау Сібір жұртынан бізге жеткізген бар ырзығың ұрлық-қарлық, алдампаздық, өзгені шөміштен қағу! Мені ұры атасаңдар, өздеріңе қандай атақ жапсырамыз? Ол жағын мына көптің көзінше өздерің  тауып беріңдерші! Мұның аты сауда деп, көзімізді бақырайтып қойып, қаншауың қаншамызды тақыр мұзға отырғызып жүрсіңдер?! Оның шын мағнасы сауда емес, көпе-көрнеу қазақтың жон терісін сыдыру. «Аңқау елге арамза молда» деген! Біле білсеңдер менікі де ұрлық емес, сенің өңешіңде кеткен  өз нәпақамның жартымсыз жұқанасын қайтару!

Кәртамыс қашқын да тілді адам екен. Өздерін қоршаған  Құндақбай тобының қазақ жігіттері екенін, әрі олардың мұны мына татарлардың жәбіріне енді бере қоймасын сезді ме, әйтеуір осылай сарнап кеп бергенде тыңдаушы екі жақ та сілтідей тынды. Әсіресе қазақтар тобының басшысы, атынан түсіп, бұларға тым жақын келген Құндақбайдың аласа төртбақ денесі осы көк майсалы қия беткейге біткен діңгектей жансызданып, мүлдем сіресіп қапты. Құлағын қалқитып төмен қараған қалпында сап-сары жүзі сәл-пәл күреңденіп, шығыңқы шекесі одан әрмен тырсиып, қызарып бара жатқандай. Қос қабағы да қорғасынша ауырлап, олар да төмен әкетіп барады, шамасы. Құлжатай, Кенебай, Денебай, Шұңбай, Шаңбат атты үзеңгілес достары  Құндақбайдың көңіл райын оның қияпатындағы осындай өзгерістерге қарап танитын дәрежеде еді. Сосын олар да өз басшыларына ұқсап, қашқын қазақтың төкпелеріне одан әрмен зейін қойды. Қашқын қазаққа керегі де осы екен, бұл тоспаны бұзған судай одан әрмен ағытылды. Бұл татарлардың қазақ жеріне қалай келгенін, қазақтардың рақымшылығын қалай пайдаланғанын, олар түгіл әлгі қытай жақтан ауған дүңгендердің де осыларға еліктеп, қазақтарды иектегенін, бүкіл қаңлыны апиынның буына бөктіргенін ой талмай ырғады-ау. Құндақбай бастаған топ та аса түйсіксіз емес, бұл қашқынның аузынан ұшқындарды бұрын да там-тұмдап естіп жүргендер. Тек ондай аттыға аса мән беріп үлгермеген сыңайлы. Тек мына кәртамыс пенде аяусыз соққы жеп ашынғаннан ба бұлардың іштегі жарасына сояу тырнақтарын салып, беткі қыртысын сылып түскендей. Ия, Құндақбайдың басына осы жас өмірінде ең ауыр тоқпақ осылай тиді. Кәртамыс қашқын соны сезіп, мынау жас тобырдың іш қойнауында зерде атты бірдеменің ораулы күйде жатқанын аңғарған сайын ұзақ шабыс үстіндегі бәйге атындай қанаттанды. Құдайдың өзі де бұған тіл мен жақ жөнінде біраз жомарттық жасаған екен. Ел мен ел арасындағы дауды жіліктеп шешіп беретін айтулы шешендер де осындай-ақ болар. Құндақбай ғана емес, қуғыншы татарлардың өздері бір уыс боп бүрісіп, түстері бұзылып, кенет қуғыншыдан гөрі өздері бас сауғалаған, әлдекімнен көмек дәметкен бейшараларға ұқсап бара жатты. Жас сұрперенді осы жағы да асықпай, аптықпай тиянақты шешім қабылдауға үндегендей. Өз жігіттерін қоса қаңтарып, қашқын қазақтың іш дүниесіндегісін сарқа тыңдауға барынша пейіл берді. Байқаса, бұл татарлардың қазақ ортасына келуі өзінше бөлек жыр екен. Себеп-салдары санап тауысқысыз, кіріспесі, негізгі өзегі, тарам-тарам тарауларға бөлінетіні тағы бар, терең астарлы қат-қабат жыр. Бұл жаққа тек татарлар ғана емес, дүңген, орыс, тағы басқалар да кеп сіңісіп жатыр емес пе? Тек олар не кәсіппен шұғылданды, ал татарлар қайтті, міне осы жағын жіліктегенде басқалардың кәсібінде жағымдысы молырақ та, ал татар ағайындарда жағымсызы бәрін басып-жаншып кетеді екен. Міне, Құндақбай осы жағын мықтап ішке түйді. Басқа да көп жайға қанықты. Құндақбайдың осы балауса шақта екі қолға бір ермек таппай жүргендей шағында мына қашқын кәртамыс құдайдың көктен тастай салған асыл қазынасына да ұқсағандай.

Бір шамада қашқын ішке сыймай жүрген запыранын тауысып, енді кей жайды қайталай бастағанда Құндақбай оны кілт тоқтатып:

– Уа, ақсақал! Әзірге осы тойғанымыз да жарар! Дәл бүгіндікте сіз қай қылығыңызбен мыналардың көзіне түсіп, кәріне ұшырадыңыз? Соны аршып айтып беріңізші!

– Уа, жаным, шырағым, өскен өркенім, біреудің кәріне ұшырайтындай залалым болған жоқ. Мен ақтан күйген адаммын!

– Сонда да мына татардар сені не үшін айыпқа тартпақ? Сол хақында өз аузыңыздан бір ақпар күттік!

– Бұлар мені өз малымды алғаным үшін ғана әзірейіл атап, жанымды жаһаннамға жібермек. Ал өздері сүттен ақ, судан таза екен!

Сол шақта ғана қуғыншылардың біріне тіл бітті:

– Әй, қақпас! Төріңнен көрің жуықта неге жалғандыққа барасың? Біреудің қорасындағы малы сенің малың ба?

– Әй, құдайын ұмытқан кәззап! Сен жуандық көрсетпе! Сенің дәуренің өтіп бара жатқан тәрізді. Мен әкеткен құла дөнен осыдан үш жыл бұрын сен ұрлаған менің торы биемнің құлыны! Оған айғағым мол! Ең құрымаса мал сілекейі қайтсын деп, құла дөненді алғаным рас! Қыларыңды қылып ал, кәне! «Иттің иесі болса, түлкінің тәңірісі бар» деген. Бәрін айғаққа сүйеніп істелік!

Құндақбай осымен дауды доғарды. Қашқын қазақты қуғыншылардан айырып алысты. Құғыншы татарларды «істің анық-қанығын өзім тексеремін, айғаққа сүйенеміз, ары ағайынға төрелік айтқызамыз, қылдай қиянатқа жол берілмейді» деп кері қайтарды. Құғыншылардың көнбеске шарасы жоқтай, бір жайдан олар Құндақбай тобының сын-сықпыттарынан да сескенгендей.

 

***

Құндақбай қашқын қазақты Шаған таудың осы өздері мекен еткен деуге келерлік шоқысы Ақтаудың күннен тасалау биігірек беткейіне қарай әкетті. Мұнда қуыс-қолтық, көлеңкесі мол бұталы, аршалы, тоғайлы тұстар жетіп-артылады. Сонда оны орталарына алып, сабыр суын басуға септесті. Қуғын көрген оңай ма, бұл әбден тұлабойынан әл кетіп, кенезесі кеуіп, солықтап та қалған екен.   Құндақбай бастаған балауса топ қайда асықсын, әрі бүгіндікке мынаның өзі мол олжа көрініп, нағыз ақ түйенің қарны жарылған күн туғандай мәре-сәре көңіл-күйлері бар. Қашқын қазақты туған әкелеріндей-ақ әлпештеп, қымыз ішкізіп, ет жегізіп әбден тоғайтты. Бұл өзі жас шамасы алпыстарда, ақ аралас жіңішке қас-қабағының айналасын тер іздері  әлеміштегенмен біршама сүйектілеу, қайратты адам көрінді. Көздерінің қарасы да тау бүркітінің қарасындай алғыр. Жан аларман қуғыншылардан қашып жүріп, мынадай қамқор жастардың ортасына топ еткеніне бірден сене алмай, «мынау өңім бе, түсім бе» дегендей үркектігі де сол көздерінен білінеді.

Бұл қашқын аталған неме осы Шағанға қарама-қарсы беттегі Түлкілі тауының етегіндегі ауылдардың бірінен екен. Ныспысы Есендік, шыққан тегі сондағы жалайыр-қарақалпақ руының бір тармағы. Ет жеп, қымыз ішіп, әбден тоғайғаннан соң да тағы біраз уақыт өткізіп, бұл Есендік өзінің жаңа жағдайының сырын толық түсіне алды. Екі таудың қыспағындағы Қоғалы өңірінің адамдары ғой, Есендік осындағы жігіттердің біразының әке-шешелерін танитын да болып шықты. Ия, «адам танысқанша, жылқы кісінескенше» деген. Мұның шын өнерінің кілті енді ашылды. Есендік Құндақбай тобы алғаш шамалағаннан да әрмен жүйрік, не нәрсені тілге тиек етсе де қиыннан қиыстырып, орыстың тас қалаушыларындай мінсіз өріп беретіннің өзі екен. Бұл кездесу Құндақбайдың  іш дүниесін төңкеріп, тастаған ұмытылмас оқиғаға айналды. Енді қалай?

Есендік тау қиясында ашық аспан астында екі күн, екі түн осы «сен тұр, мен атайындардың» қоршауында жамбастап жатып, ескі тарихты тереңнен қазбалап, «Тотының тоқсан тарауына» ұқсатып, ұмар-жұмар етіп, кезек-кезегімен тастады. Шөліркеп, тусыраған қу далаға жойқын су барса ол қалай өзгереді. Құндақбайдың жас көкірегі де солай. Мұнда енді мынау өмірге, тіршілікке, ел мен ел арасындағы қатынасқа деген мүлдем жаңа көзқарас қылаң берді. Мейлі, оның түзуі де, аздаған қисығы да болса да солай. «Ойда он сиырдың мүйізі сынса қырда қырық сиырдың мүйізі сырқырайды» тәрізді Есендіктің аузынан ұшқан тіркестер өзінің құлыптаулы ішкі мазмұнымен Құндақбайды әбден-ақ баурады. Бұл енді осы он бес жасында-ақ көп өмірін текке ысырап еткен кекселерше басын тау мен тасқа ұрмақтай елегізді. Бұрын өзінің қазақтарын жүйрік ат ұстап, тауда бүркіт салып, қолма-қол аюмен арпалысқан ерен тұлғалыларға баласа, енді оның бәрі сырт көрініс қана екен. Шын мәнінде қазақтар мына ойдан, қырдан жосылған кейуаналар үйіне қонаққа келіп, асын ішіп, аяғын теуіп кетіп жатқан, әрі соған көндіккен бейшаралар болып шықты. Таңдайынан бал тамған Есендік өткеннің зобалаңдарын тасбиықтың тасындай санап беріп,  Құндақбайдың көзін бұған әбден-ақ жеткізді. Жеткізбей қайтсін, Есендік баяндарынан иненің жасуындай жалғандықты іздеген адам таппас еді.

Құндақбай өміріндегі жаңа кезең қауырт басталды. Ол Есендік өз жырын сарыққан күні-ақ сол маңға таяу татар қоныстарының бірінен сары үрпек шашты қожайынның жарамды атын күштеп тартып алып, оған Есендікті мінгізді де Түлкіліге қарай шығарып салды. Соңғы айтқаны:

– Егер мына татарлар сені тауып, астыңдағы атты дауласа «бұл жануарды Қызыл-Қаңлыдағы Құндақбай Төленді баласы өз қолымен сыйлап еді» деп қасарыс. Маған жүгініске келсе аржағын өзім тындырамын!

Сол күннен бастап Құндақбай тобы татарлар мекендеріне қырғидай тиді. Әнеукүні ғана олардың қуғыншы қандастарына берген уәдесін мүлдем ұмытты. Қоғалы өңіріне о бастан-ақ дендей енген татарлар Шаған, Түлкілі, Аламан, Сатылы тауларының ең бір құйқалы, шалғынды, сулы етектеріне орыс, дүңген сияқтылармен иықтаса қоныстанған. Қазақтар секілді көшпелі емес, орыс пен дүңгенше аса диханшы да емес, әртүрлі кәсіптің басын бір шалып, көбіне сауда ісімен шүғылданатын. Осындағы қазақтардың, басқалардың да көзінің құртын жейтін жылтырауық тауарларды алыстан қос дөңгелекті арбалармен, не жылқы мен өгізге теңдеп артып таситындары да бар. Құндақбай, Құлжатай бастаған топ ең алдымен сондай кәсіпке жарамды жылқы мен өгіздерді, сауын сиырларды тартып әкете бастады. Берсе қолынан, бермесе жолынан. Қатты қарсыласса бастарына қызыл кигізіп кетеді. Аз уақытта-ақ ел ішінде Құндақбай тобының лаңынан бесіктегі балаға дейін шошып оянатын халге жетті. Сәл ес жиып үлгерген татарлар тарапынан да бас көтерерлер шықты. Бірақ Құндақбай тобының екпіні бет қаратпастай. Ойда жоқта бұрқ еткен құйын сияқты соғып өтеді. Қоқаңдаған еркек қараларды қас-қағымда жусатып салады да көзге іліккен жарамды мал-дүниені айдап, не өңгеріп әкетеді.

Осылай апталар, айлар өте берді. «Қызыл-Қаңлыдағы Төленді баласы Құндақбайдың қарақшылары» деген тіркестер құлақ сарсытты. Ақыры татарлар өздеріндегі от тілді, орақ ауызды үлкендерді Құндақбайдың әке-шешесіне, сондағы беделді ақсақалдарға жұмсады. Бірақ олар да татымды жауапқа жарытпады. «Ойбай, Құндақбай біздің уысымыздан шығып кеткен бала, тұқымымызда мұндай жоқ еді, Алла-тағаланың қайдан әкеп жапсырғанын білмейміз, шамаларың жетсе өздерің ұстап, орыстың ұлықтарына бересіңдер ме, жоқ, үйтіп жейсіңдер ме, ерік өздеріңде, біз құн дауламаймыз» десті.  Бір жайдан бұл олардың шыны да еді, себебі, Құндақбай мен ол бастаған тасырлардың қылықтары әке-шеше мен жақын ағайын-туғандарды, ел ағаларын да шошыта бастаған.

Сосын бүкіл Қоғалы өңіріндегі татарлар өзді-өзі болып, біраз уақыт бас шақты. Орыс ұлықтарына шағынса оның да пайдасы аз. Бұл 1915 жыл ғой, Ресей патшасы түу батыста бірнеше мемлекетпен белшесінен қанға бөгіп жатқан кез, қазақ пен татардың кикілжіңіне мойын бұруға мұршасы да жоқ. Біршама көзі ашық татарлар ол жағын дұрыс бағамдады. Сосын да өздерінше амал қылуға әрекеттенді. Сондағысы мынау. Осындағы татарлар арасында аса сауатты аздаған егде кісілер болушы еді, тіпті олардың біреуі кезінде сонау Петерборда бірнеше жыл бойы жата-жастана білім алған, сондағы ең үлкен ғұламалардан дәріс тыңдаған. Бұлардың күні бүгінге дейін Ресейдің ішкі қалаларынан газет-журнал  алдыратыны қазақтарға да аян. Тіпті оны Құндақбайдың да құлағы шалған. Міне, соларды бас қылып бірнеше адамды Құндақбай тобының тікелей өзімен келіссөзге жіберді. «Татарларда не аласыларың бар, соны атаңдар, содан тез құтылып, бәтуаға келейік, тек елге тыныштық беріңдер» деген бағдарда еді бұлардың ұстанымы.

Әрине, Шаған, оған жалғас Қотырқайың, қарама-қарсы беттегі Түлкілі, Сатылы тауларының қуыс-қолтықтарында із жасырған Құндақбай тобын келіссөзге шақыру да оңайға түскен жоқ. Алайда, бұлар әрқилы айла-шарғымен оған қол жеткізді. Ал Құндақбайдың бұларға пейіл берген бір себебі, бұл келіссөзге келушілердің  ішінде әлгі Петерборда оқыған татардың бар екені жанына майдай жаққан еді. Әлденеден соның уәжін тыңдауға аңсары ауды, оған өз достарын да көндірді.

Құндақбай, сөз жоқ, қауіпсіздік жағын да мықтап ойластырды, бұл кім кімге сенетін заман, татарлар патша әскерлерінің есебінен үлкен қол ертіп келуі де ғажап емес. Сосын да ол келіссөз үшін Шағанның бір биігі Ақтаудың ар жағындағы Қараңғысай қуысының ернеуін таңдады. Мұнда, тау шатқалында әлдеқандай күнде бой жасырып кетуге де жағдай бар.

Татар елшілері бұлар күткендей қабағын салып ызғар шашқан емес, біршама бейбіт бір уыс қана топ екен. Әлгі Петерборда оқыған кексе ғұламасы сыбызғының үніндей құлаққа жағымды даусы бар, жұмсақ мінезді жан екен. Ол  Құндақбай тобының тым балауса екеніне мүсіркей қарап, сол заманғы талап шеңберінде ұлт пен ұлт арасындағы текетірес, кикілжің жақсылыққа апармайды, міне, қазір бүкіл Еуропа қырғын соғыс үстінде, бұл да осындай ел мен елдің арасындағы дүрдараздықтың кесірі, әрине, қазақ пен татар ешқашан соғыспайды, алайда, біздің арамыздағы болмашы түсінбестікті өзге алпауыт ұлттар зұлымдықпен өз пайдасына жаратуы әбден-ақ ықтимал, бұл үлкен құрбандыққа жол ашады. Сосын да сіз бен біз ақылға келіп, жарастық табуымыз шарт, шешілмейтін түйін жоқ деген бағдарда біраз тілдің майын тамызды. Құндақбайдың алғашқы қарқында сәл-пәл жүні жығылғанмен бірден елп ете қоймады. Бұл әлгі Түлкілі тауының бөктеріндегі бір кезде қашқын атанған Есендік аттыдан ұққандарын көлденең тосты. Аса ұғымтал  Құндақбай Есендік төкпелерін қыл-қыбырына дейін жадында сақтапты. Бұл үлкен жәрдем еді. Татар оқымыстысы алғашқыдай емес, бірте-бірте алайып, төртбақ жаратылған мына балауса қазақ жігітіне басқаша көзбен қарай бастады.

Бұл енді өзінің көп білетіндігін тың айла-тәсілмен кәдеге асырмаққа оңтайланды:

– Сен, жаным, білесің бе, орыста ағылшын тілінен ауысқан «гангстер», «рэкетир» деген терминдер бар. Ел тонауды, оған жора-жолдастарын қатыстыруды тұрақты кәсіпке айналдырған, өзі де бұзық, ойы да бұзық адамдар солай аталады. Сенің ісің солардың әрекетіне ұқсап-ақ тұр. Мен көп кітап оқыған жанмын, содан танығаным «гангстер», «рэкетир» атанғандардың ешқайсысы ұшпаққа шыққан емес. Керісінше…

Құндақбай оқымыстының бұл әуенін ортан белінен үзді:

– Ол «аққылшық» дедің бе, ағылшын» дедің бе, ол сығырларың жаңағы атағандарыңның шабынан өздері түрткен шығар. Жатқан жыланның құйрығын басып, ол мойнына оратыла кеткенде ол жыланды неше алуан атаулармен атап, қарғысты қарша борататындар біздің қазақта да жетеді. Өздерінің құйрықтан басқан қылығын ондайда есепке алмайды.

Бұлар ұзақ тәжікелесті. «Татар елшілігінің» басшысы шынында хас сұңғыланың өзі еді. Егер осы жолы келісіп, істің  бұрауын қатайтпаса бұлармен қайта беттесу тіптен қияметке айналарын, екі ортада әлі талай шапқыншылыққа сылтау табыларын, әрі өз басы өз қандастары алдында абыройсыздыққа ұшырарын дәл пайымдады. Сосын қалай да осы қарқында бұлармен бітімге келуге құлшынды. Иә, татарлар тарапынан да әр кезеңде қиянат, кеудемсоқтық жасалған екен. Оны мынау төртбақ жаратылған, таудың тарғыл тасындай берік, бет-әлпеті сары жездей балқыған, шот маңдайлы, көздері көк, сөздері де қорғасын оқтай дәл тиетін он бес жасар боз бала жігіт қолмен қойғандай тізді. Мойын бұрғызбас дәлелдерін қоса жентектеді. «Егер сіз бұларды теріске шығарсаңыз келесі жолғыда қазақтың ақ самайлы көнелерін, от тілді, орақ ауызды шешендерін ертіп кеп, бәрін солардың сынына саламын» деген бағдарда қоқан-лоққы жасады. Оқымысты татар бұл Құндақбайдың шын ішкі ниеті екеніне имандай сенді. Сосын бұл да біраз шегініске тәуекел етті.

Ақыры, олардың да, бұлардың да жақ еттері ауырып, түкіріктеріне шашалған шақта сол заманның ажарына қарайлас бір ұйғарымға тоқтады. Оның мән-мағынасы мынау: Осы Шаған, Түлкілі, Аламан, Сатылы тауларының етектерінде, орыс пен қазақтардың арасында шашырай орналасқан татар қоныстарының біріне  Құндақбай Төленді баласы өз достарымен жылдың қай мезгілінде де ауық-ауық түнделетіп ат басын тірейді. Сосын аспанға үш рет оқ атады. Бұл «мен осындамын, мен келдім» дегеннің екі жаққа да ұғынықты белгісі болуға тиіс. Осы шартты белгіден соң сол орында   Құндақбай жігіттерінің біреуі ғана қалады да, өзгелері бой тасалайды. Жаз айларында далада, ашық аспан астында, ал жылдың басқа мезгілдерінде, не ауа райы қолайсызда жақын маңдағы қазақы ауылдардың бірінде ұйқыға жатады. Ал, Құндақбай тобы ат басын тіреген қоныстағы татарлар сол түнде шырт ұйқыдан оянып, таң ағарып атқанша бір ту бие, екі-үш қоржынға толы азық-түлік, аздаған оқ-дәрі, сабын, насыбай, апиын, шарап әзірлеп қояды.   Құндақбай тобы таңғы елең-алаңда сол сыйлықтарды алады да қайта із суытады.

Осы үрдіс біраз уақытқа созылды. Ол кезде Ресей елі сонау түу батыста қан майданға бөгіп жатты. Оның салқыны қазақ өлкесінде де білініп тұрды. Соған орай замана ауаны оқыс бұрылыстар жасауда еді. «Шәпке киген орыстардан қорқамыз» деген тіркестер ауыздан ауызға көшті. Қазақта жоқ, қап-қара бояумен әшекейленген қару-жарағы бар әскерилер аттарын дүбірлетіп, ауыл ортасын қақ жарып өткенде баршасын бір уысқа сыйғызып бүріп ұстайтын. Сосын да татарлар жағы осындай «келісімшартқа» мойынсұнуға мәжбүр еді. Әрі мынадай алакөбең уақыт жағдайында бұл үрдіс аса ұзаққа шыдас бермес деп те дәмеленді. Тек замана шіркін қаншама ырғалып-жырғалғанмен олардың бұл үмітін жуарақпанда ақтамады. Құндақбай тобының тізесі батқан татар қоныстары бір-бірімен жіпсіз байланысып, бұл зорлыққа тас бекініп шыдап бақты.

Әрине, Құндақбайдың бұл қылықтары қай заманның да, қай халықтың да шариғатына сай емес. Алайда, сөз атасы шындық. Сол шындық атты ұлы ұғымның құдіретіне бас игендіктен ғана оқырман алдында көзбояушылыққа жүрегіміз дауаламады. Сосын да Құндақбай Төлендіұлының балауса шақта осындайлыққа да барғанын айналып өтпедік.

Бұл хикаятты естігенде Жүнісбай Жәкіжан баласы оны өз өресінен бағалап, аға тұрғыластың астына одан әрмен көпшік қойды. Сөйтіп әңгімеге тіптен құнықты. Бір жайдан Құндақбай Жүнісбайдың осындай ықыласы үшін де дән риза еді. Өзінің жастық кезеңі хақында өзге де еске түсіргендерін үзіп-жұлқып ақтара берді. Кейбіреулері қызықсыз көрінгенмен де Жүнісбайдың көкірегіндегі құнарлы топыраққа дәл уақытында тасталған дәндей сіңіп жатты. Солардың ішінде Жүнісбайды ерекше елең еткізген тағы бір жай мынау.

 

***

Осындай қылықтары бола тұра Құндақбай өз міндетіне алған шаруаға аса ұқыпты еді. Өзі баққан бай жылқысынан, не орыс ауқаттыларының малынан бірнеше жыл бойы бір бас та шығын берген жоқ. Малға қасқыр шапса Құндақбай сол түз тағыларының өздерін «ит-құс» тиген қойдай бөріктіріп, іздерін қан сасытатын. Қысқы, жүні жақсы жетілген терілерін үлкен олжаға айналдыратын. Ал барымташылардың ысқырығы естілсе Құндақбайдың желке жүні тіпті күдірейетін. «Іздегенге сұраған» дегендей-ақ. Қашан да шайқас тілеп жүретіндей бұлшық еттерінде қайрат дегенің қыз-қыз қайнап, өздері-ақ алып ұшатын. Сан рет барымташылар бұлардан жылқы алмақ түгілі өздері мінген қылқұйрықтылардан айырылып, тау шатқалдарында тұтасып өскен қалың шөптің арасымен еңбектей қашты. Бірде Шаған мен Қотырқайың тауының түйіскен тұсында жаяулап қалған барымташылар арғы шыңырауға қарай домалай құлады. Соны қарсы беттегі биіктен қызықтаған қойшылар ауыздарының суы құрып, ел-жұртқа аңыз қып таратты. Иә,  Құндақбай бар жерде қасқырдың да, қарақшының да күні қараң еді.

Басқасы тағы бар. Бұл Төленді баласы көші-қон кездерінде де, қыс-қыстау, жаз жайлау, көктеу мен күзеу сияқтыларға уақтылы жетіп, мал қоңдылығын сақтауға да кәнігі. Құндақбайдың осындай қырларын алыстағы ағайындар да естіп жататын. Солардың бірі сонау Қапал өңіріндегі атақты байлардың бірі еді. Мұның малының көптігі соншалық, ол туралы әрқилы хикаяттар құрастырылатын. Міне, сол бай Құндақбайға кісі салып, өзіне жылқышы болуға шақырды. Төлейтін ақысы мұндағыдан төрт-бес есе көп. Әрі басқа да артықшылықтары баршылық. Құндақбай көп ойланбай келісті.

Қапал өңірі Құндақбай туып-өскен Шаған тауының айналасына егіз қозыдай ұқсас. Әсіресе, көк-жасыл жамылғысы, Баянжүрек, Ешкіөлмес атты шоқылары тіптен айнымайды. Тіпті бұл екі шоқы сонау Қоғалыдан қолмен әкеліп, қондыра салғандай әсер етсе қайтесің. Құндақбай бұл жаққа алғаш жылқы табынын өріске шығарған күннен-ақ бауыр басып үлгерді. Еш алаңсыз өзінің үйреншікті кәсібін дөңгелетіп әкетті.

Ал Құндақбайды жалдаған сол заманғы қойны-қонышынан тер сасыған, дүниеқоңыз пасық байлардың қатарына жатпайтын. Замана ауанына ояу көзбен қараған, әрбір жаңа дәуір адам баласына жаңа міндет артарын зерделеген нұрлы ақыл иесі, асқан қырағы жан еді. Иә, ол осы өлкеде бұрынырақ өмір сүрген, бүгінде жаны жәннаттағы атақты әкелі-балалы байлар Маман-Тұрысбектің істерін жалғастырушы жақын туыстарының бірі. Бұл да сол Маман-Тұрысбек секілді тек мал басын көбейтуді ғана мақсат тұтпай, сауда-саттыққа да бой ұрып, ақша тауып, құрылыс, оқу-ағарту, егіншілік сияқтыларды дамытуға жанын салды. Малшы-жалшыларды бір мысқал да кемсітпей өз балаларымен тең ұстау үрдісін жетілдірді.

Міне, сол бай Құндақбайды өз қарамағында бір жыл ұстап, келесі жылдың жазы туғанда бұған оқыс ұсыныс жасады.

– Жаным, сен жігіттің бір сойы екенсің. Қазір ақшаның үкімі жүрген заман. Кәсіптің не түріне қол сұқсаң да шытырлаған қағаз ақша керек. Сол жөнінде таршылыққа ұшырайтын түріміз бар. Бүгінгі таңда біз үшін ақша табудың бір ғана жолы үстем шығуда. Ол жылқы сату. Сонау Ташкент шаһарында болат тұяқты жануарлардың бағасы шарықтап тұрған тәрізді. Міне, сол Ташкентке жылқы айдап апарып, сатуды саған жүктесем деймін. Саспа сөзді ақырына дейін тыңда! Мал айдайтын, күзететін, түскен ақшаны қапшыққа салып сақтайтын, ас-су әзірлейтін көмекшілердің бәрін мұрындарынан тізіп беремін. Ал сен баршасына басшылық жасайсың? Не деп болады бұл күнде? Жылқы ысқырса желдікі, айдаса жаудікі! Жолай қандай құбыжық тиіссе де бетін қайтарар сенен оңтайлы пенде әзірше қарасын шалдырар емес. Өзіңнің де, басқалардың да бес қаруын сай етемін! Ол жағынан кемдік болмайды. Тек алдыңа түскен малды көзіңнің қарашығындай сақтап, Ташкент шаһарына жеткіз, дұрыстап өткіз! Байқа, бала, бұл жолы сатуға бөлінген жылқылардың ішінде небір тарланбоздар, мойындары қаздай иілген әсем сәйгүліктер дегенің жетіп-артылады. Жолай қандықол қарақшылардың, барымташылардың көздері ең алдымен соларға түседі, құдай сақтасын олардан, сонда да жаман айтпай жақсы жоқ деген, жазатайым құдай ондайға       душар етсе еш қимылдан тартынба, не күнде де шариғат пен мына орыстың заңы біздің сөзімізді сөйлейді, сойылдан басы жарылған, не кеудесін оқ тескен ұры-қарақшылар біздің үстімізден шағымдана алмайды. Тіпті сол ұры-қарылардың сыртындағы дөкейлердің тым мейманасы асып бара жатса мына қалған дәулетімнің жартысын салсам да, сені босаттырып аламын! Оған менің құдіретім жетеді. Ол жағынан титтей де күмәнің болмасын. Ал Ташкенттің өзінде әрбір бас малдың нарқын белгілейтін сартісті, сақа саудагерлер өзіңмен бірге барады. Олардың жұмысына қол сұқпай-ақ қой. Сенікі тек ары-бері жолда, шаһардың өзінде бәрін қорғау, сол жөнінде бәріне басшылық жасау. Аман-есен күнде ең соңынан өзіңе жасар қосымша сыйлығым тағы бар.

Бұл ұсынысқа Құндақбай Төленді баласы төбесінен алтын жауғандай қуанды. Тіпті бай қожайынның аузындағы сөзі таусылмай тұрып бұл қанат қомдады. Енді қалай? Қоғалы өңірі, Көксу бойы, мына Ақсудың желкесінен төнген таулары, Іле мен Қаратал өзендері секілдіні оқта-текте ары-бері кесіп өткені демесең көп алысқа ұзап көрмеген он алты жасар Құндақбай үшін Ташкент дегенің  «Мың бір түн» ертегілерінен құлаққа таныс Бағдад шаһарынан бір былай емес еді. Құндақбай осы қалпында өзін қиял-ғажайып ертегілерінде бейнеленген көне, бағзы заманғы тіршілік ортасына сүңгіп бара жатқандай сезінді.

Сонымен бұлар жол жүру қамына қауырт кірісіп кетті. Оған аса көп уақыт та кетпеді. Бай қожайын жол жабдығын дайындауда сөзінде тұрды, бәрі тап-тұйнақтай, ал сатуға айдалатын жылқы алдын-ала әзірленіп те қойған екен. Бәрі жондары жылтырап, Ешкіөлместің баурайында жайылып жүріпті.

Бір ғажабы, Құндақбай осы бай қожайынды сол Ташкент сапарына дайындықтың соңғы күндерінде ғана дұрыстап көргендей ол әлденеден әмсе көзін тарта берді. Мынау бір жыл бойы өзі жалшылықта болған адам емес, кенет көктен құлаған тосын пендедей бет-жүзіндегі қыл-қыбырлар, болмашы өзгешеліктер бадырайып көрінетінді шығарды. Құндақбай, міне, соған таңырқады. Байқасаң, ол бай қожайынның бет-жүзінде пәлендей бадырайған да дәнеме жоқ. Татар тақиясын киген жұқалау ақ сары жүзді, қияқ мұртты адам. Бар болғаны тұлабойына қонымды, ешбір олпы-солпысы жоқ ұзынша  қара пиджагы ине-жіптен жаңа шыққандай қашан да мөлдіреп тұрады. Онысының тағы бір бөлектігі – алдыңғы өңірінде жоғарыдан төмен тізілген алтынға бергісіз жез түймелер еді. Күтуші қатындар күнделікті ысқылап тазалай ма, әйтеуір, ол жез түймелер күн сәулесін ұялата, әрі бір-бірімен бәсекелесе жылтырайды. Тағы бір атап айтары онсыз да жұмсақ мінезді бұл бай қожайынның екі езуінен күлімсіреген күлкі ізі үзілмейтін. Осының бәрі қосылып бұл бай қожайынды өзге қыр қазақтарынан алабөтен оқшаулайды.

Алайда,  Құндақбайды таңырқатқан бұл емес. Оның мұнтаздай кескін-келбетін алғаш көргенде-ақ жадында тұтқан. Ал мына Ташкент сапары қарсаңында көкірек қуысына сап етіп орныққан басқа бір өзгешелігі сол – оның осы татар тақиясының астындағы соншама пәктікпен тосылған ақ сары жүзінде тазалық, күн шалмаған айқын рең ғана емес, соның бәрінің тасасындағы бөгде бір, әлде асқан қайрат-жігер ме, әлде теңіздей толқыған білім-парасат па, әйтеуір, сондай аттылардың аулынан табылар тосын қасиетке ұқсаған нышан қос қанатын қақылай атойлағандай еді. Олар не нәрсе деп, өзіне-өзі сұрақ қойғандай күйдегі Құндақбай оған жауап іздеп те жатпады. Тек өзіне артылған мына жауапкерішіліктің салмағына салмақ қосылғанын сезгендей бұл да өз бойындағы жігерді жігермен жанып, әрбір аяқ басысына қосымша мағна бергендей.

Сонымен бұлар қозғалып берді. Бас-аяғы жиырма шақты жігіттің алдындағы мал саны шамамен бес жүзді құрайтын еді. Құндақбай олардың түр-түсіне, мөлшеріне қарап, өздерін осы сапарға жұмсаған бай қожайынның дәулеті бұл ойлағаннан он есе, тіпті жүз есе көп екенін бажайлады. Осыншама малды саудаға шығару, әрине, екінің бірінің қолынан келе бермейді. Ат үстінде тепектеген алғашқы бірер бие сауымдық уақытта Құндақбай қиялға беріліп, өзі туып-өскен Қоғалы өңіріндегі аса ауқаттылардың мал-жанын мына бай қожайынның дүниесімен салыстырып еді, мына соңғынікі қара көрсетпестей екен. Ия, Қоғалы өңіріндегі мұнша малды бірден сатуға шығаратындай пенде жоқ. Қиялдан қиял туып,   Құндақбай осыдан 15-20 жылдай бұрын дүниеден өткен, мына қазіргі бай қожайынның аға туыстары, осы Жетісуда атағы жер жарған әкелі-балалы Маман-Тұрысбек дегендерді еске алды. Олар хақындағы кейбір қауесеттер де қаздай тізілді. Ал олардың дәулеті дегенің есеп-қисапқа сыймайтын, өлең сөзбен сыпаттасақ жырлаған ақынның жағы талып құлайтын, тіпті мына тәңірім жаратқан жұмыр жердің бір бөлшегін алып жатқандай мол еді. Сонда олар осыншама дәулетті қалай жиған? Ия, олар кәсіптің жаңа түрлерін тапқан. Сауда жасаған, ақша жиған, жол салған, үйлер тұрғызған, мектеп ашқан, орыс зиялыларымен қатынас жасаған. Міне, енді ғана мына жарты мыңдай қылқұйрықтының кісінеген, шыңғырған дыбыстарына қарап, ол шаруалардың нобайын шамалады.

Иә, сөйтіп, мұның алдында екі түрлі кеңістік айқара ашылды. Бірі қазақтың сахара сары даласы да, екіншісі бұл бұрын көріп-білмеген тіршіліктің тосын қойнаулары еді. Осы сапарды өзіне сыйлаған құдайға, сосын, татар тақиялы, ақ сары жүзді, қияқ мұртты бай қожайынға үсті-үстіне алғыс жаудырды.

Бұлар Ташкентке айға тарта уақыт жол жүріп жетті. Бұрын мұндай үлкен шаһарды көрмеген Құндақбайдың алғашқы әсерлері өзінше бір жыр. Бірақ оның бәрін басқа бір нәрсе ілезде жуып-шайып кетті. Ол басқа бір көргенінің мәні сол – ол Құндақбайдың тұлабойында жасырулы басқа бір өнерге деген құлшыныстың, қабілеттің тығындаулы аузын ашып жібергендей еді. Ол жылдарда Ташкент қазақтардың астанасы аталғанмен сауда орындарында өзбектер үстемдік ететін. Әсіресе, мал базарлары солардың ала шапаны мен тақиясы арқылы өңдерін өзгертіп жіберуші еді. Табиғат қолайсыздығына орай жер өңдеуге әккі де, төрт түлік жөнінде әмсе тапшылыққа ұшырайтын өзбектер қызылсыраған шақтарында Наманган, Қоқан, Самарқан сияқты ірі мекендерден осылай қарай шұбайтын. Бұлардан гөрі мойны қашықтау Бұхарадан осы Ташкенттегі мал базарына қарай сабылатындар жоғарыда аталған үш шаһардың келімсектерінен де асып түсетін. Қойны-қоныштарына ақша тығып, неғұрлым алыстан жеткендер қалайда құрқол  қайтпауға тырысады ғой. Мұнда, Ташкентте малдың өтімді, әрі қымбат болуына бір себептің сыры сонда жатыр еді.

Ташкентте сауда дегенің бірден қызды. Құндақбай тобын осында жұмсаған Қапалдағы бай қожайынның есімі мұнда да біраз атқұмарларға мәлім екен. Тіпті оны қой, бүрынғы Маман-Тұрысбектердің, өлі аруақтардың құлағын шулатып, бұлар айдап апарған жылқыларды қолдан-қолға тигізбей жақсы бағаға әкетіп жатты.  Құндақбай тобындағы бір қапсағай денелі, аузы-басында түгі мол кәнігі жылқышының сондағы мына бір сөздері кейінгі ұрпаққа қаз-қалпында жетті:

– Ала шапанды өзбек ағайындар пұлды текке шашпайды, бізге бір бас мал үшін шытырлатып ақша тастағансып, ертең бұл қазақтың Найман атасынан шыққан Маман-Тұрысбектің малының төлі деп, неше саққа жүгіртіп, оны мал емес, адамның әулиесіне жеткізе мадақтап, осы маңдағы, не көршілес қазақ пен қырғызға қайта сатып, бес есе асыра пайда табады!

Бұл сөздерде жалғандық жоқтығына Құндақбайдың бірте-бірте күмәні қалмады. Құндақбайдың өзі де мал баққан қазақтың баласы ғой, әсіресе қылқұйрықтылардың жүйрігі, жорғасы, аяңшылы, етжеңдісі сияқты ерекшеліктеріне орай оның бағасы да әрқилы болатынын жастайынан-ақ санасына сіңірген. Сонда да мынадай бір ғажайыпты бұрын аңдамапты. Бұл ғажайып мұның көз алдында от боп ойнады. Кеуекбастау, мойнын созып жіберіп, жерден шөп іліп жесе ойық желкелігі, тар мықыны, шақпақ еттілігі айқын шалынатын көрнексіздеу бір байталды бір кексе өзбек көп жылқының ішінен ұстатып, бері алып шықты да алақ-жұлақ етіп жан-жағына күдік көздерімен қарағыштап бірден саудаласты. Әлгі Қапалда қалған ақ сары жүзді, қияқ мұртты бай қожайын атаған, осы Ташкентте әр бас малдың нарқын белгілейтін сартісті, сақа саудагерлердің бірі де тез табыла кетті. Бұл мына кеуек бас байталдың құнын атағанда өзбектің басындағы тақиясы ұшып түсе жаздады:

– Ау, мұсылман ағайын, бұл түйе емес, жабағы жүні жалбыраған жаман байтал ғой! Мына атаған сомаңа түйе екеш түйе де жетегімде кетпей ме?

– Егер оны қымбатсынсаң байталдың басын шешіп, малдың ішіне қоя бер!

Бірақ өзбектің байталды жібере қою ойында жоқ еді, ақыры екеуі тіл мен жақтарын аямай шарпысып кеп берді. Бір жайдан  бұған Құндақбайдың өзі де таңырқады. Себебі мына сартісті, сақа саудагердің атағаны мынадай көрнексіздеу байтал емес, жотасы келісті, сауырына қақ тұрардай аса ірі жылқының құнынан да асып түсіп еді. Аузынан түкірігі шашырап, ала шапанының алдыңғы қос өңірі далақтаған кексе өзбектің соған зығырданы қара қазандай қайнайды. Сартісті қапалдық саудагер де қайысатын емес. Соңында тиын санауға тақыс өзбектің өзі икемге келе бастады. Там-тұмдап оның бағасын өзі алғаш сұрағаннан сәл жоғарырақ етіп атады. Бұл да оңай-оспақтың қатарына жатпайтын еді.

Ол жылдарда Ташкенттегі мал базарындағы бір дағдылы көрініс – қандайда біреу өзі сатып алмақ түлікті жетектеп әкеп мал иесінен саудаласса өзгелер бұлардың айналасында үймелей кететін. Сірә, мал нарқынан хабардар болмақ ниеттен туған үрдіс. Қазір де солай, мына екеудің шарпысуына құлақ қоюшылар шоғыры әжептәуір-ақ еді. Бара-бара олар одан әрмен көбейді. Әйтеуір, бір кезде өлдім-талдым дегенде бұл сауда мәресіне жетті-ау.  Екі жақ та тоқтаған соңғы баға аталды. Ала шапанды өзбек қалтасынан ақ шүберекке ораулы бір бума ақшаны шығарып, қапалдық сартісті саудагердің алақанына салмақ еді, кенет ту сырттан саңқ еткен біреудің ащы даусы бәрін елең еткізді:

– Әй, туысқан қазақ, андағы байталды мен аламын! Міне, мендегі ақша! Мен көбірек төлеймін! – деп басқа бір кексе өзбек бәрін киіп-жарып, ішке ентелей енді. Мұның атаған бағасы шынында сәл-пәл жоғарылау еді. Қапалдық сартісті саудагер де мұндайға әккі екен, ол саспастан:

– Е, онда мына байтал сізге бұйырды! – деп, осы соңғыға пейіл берді.

– Неге оған бұйырады? Мен де бағасын өсірдім! – деп, аузы ақжемденген алғашқы өзбек қайта екіленді. Бұл да байталдың бағасын бір саты жоғары етті.

– Онда мен де өсірдім! – деп екінші өзбек қайта нығарлана бұл да биіктете түсті.

– Онда мен де өсірдім!

Осы қалыппен көзге көрнексіздеу кеуек бас байталдың бағасы тіптен әуеледі. Ал қапалдық сартісті саудагер де осы Ташкенттің базарына біткен діңгектей болып, міз бақпастан:

– Иә, кім асып түседі, байтал сонікі! – деп сұңқылдады. Байталға таласушы екі өзбек те өлермен екен, сәлден соң оның құнын шынында түйенің құнынан асырып жібергенге ұқсады. Тек бірте-бірте алғашқы өзбектің тауаны таусылғанға ұқсады. Соны байқады ма, үшінші біреу бір бүйірден додаға қосылды:

– Әй, ындыны жарымағандар! Сендерге не бар? Бұл байтал менікі? Әй, кісәпір қазақ, жұмырыңа жұқ болар ақшаң міне, ал да байталдың бас жібін маған ұстат! – деп, тым өктем дауыстай басқаларды бірден ығыстырды. Бұл да өзі жастау да есесіне денесі тым етжеңді, әрі олпы-солпысы мол өзбек жігіті екен, әрі нарттай қызыл жүзі де тырсиып жарылғалы тұрғандай қалпы бар, сосын да өз жасынан біршама  үлкенірек көрінеді. Киген киімдеріне де қымбаттық маталар молқолдықпен жұмсалыпты. Бұл неме кеуек бас байталдың құнын бірден аспанға шарықтатты. Алғашқы екі кексе өзбектің ауыздарына құм құйылды. Ақыры ол қапалдық саудагерге тиісті ақшасын төлеп, байталды әкетіп бара жатқанда мұнда манадан қызықты оқиғаға аузы аңқиған көпшіліктің көкірегінде суық жел үргендей шөжіп бара жатты. «Иә, мынауың шынында осы базарды толайымен көтеріп әкетердей алпауыт» деген мағнадағы күрсініс бәрін еңсерді.

Тек бұл кеуек бас, ой желке, көзге қораш байталдың саудасы осымен аяқталмаған екен. Бұл жай Ташкентке мал айдап апарған қапалдықтардың өз ішіндегі дабыр-дұбырды үдетіп жіберді. Себебі, бұл аталмыш жануар осы болмысымен-ақ тым қымбатқа сатылған еді. Алғашында мал иесі – қазақтар мына ала шапанды өзбектер қызды-қыздымен намысқа тырысып, өзара жарысқа түсіп, «кім жеңедінің» буымен қалталарындағы қағаз ақшаны пішенге айналдырғанын аңдамай қалғанға сайды. Тиын санағыш немелер де кейде жаңылысады ғой десті. Тек әлгі малдың нарқын белгілеуге тиіс осындағы сартісті, сақа саудагер бәрінің ұнжырғасын түсірді:

– Әй, жарықтықтарым, оған несіне бас қатырасыңдар? Тиын санағыш өзбектер бұл кәсіпте ешқашан жаңсақтыққа бармайды. Қайта біздің өзіміз ұрынып қалдық, шамасы. Шыққыр көзім соңында ғана айырды. Көп малдың ішінен оған түстеп қарамаппыз да. Жаңағы сатылған емес, қолды болған байтал түбінде аузымен құс тістеген хас тұлпарға айналады. Тек бабын дұрыстап келтір. Жаңағы оны жетектеп әкеткен өзбектің жас мырзасы кейін оны ондағы-мұндағы қазақтардың біріне елу, не жүз бас жылқыға айырбастайды. Өзі сондай мал танығыш атбегі ме, жоқ, қасында сондай бір сұңғыласы пыш-пыштады ма, итім білсін ол жағын!

– Сонда немене, тізерлеп жер шұқылаған жаман өзбектер мал тануда қазақтарды шаң қаптырып кеткен бе? – деп, бір қызуқандылау  жас жігіт мойнын соза дауыстады. Сартісті саудагер оның сөзіне мырс-мырс күлді. Бұл жай осындағы ат төбеліндей ғана қапалдықтар шоғыры арасында іш күйігі тәрізді бір жаман сезімді тіптен дамытты. Тек мұның бәрі олардың меншігіндегі мал емес екендігі ғана бірте-бірте саналарына жетіп, оның жарасын жеңілдетті. Ал, Құндақбайдың өз басындағы жағдай ғана мүлдем басқаша шықты.

Рас, қазақтар қылқұйрықты жануарлармен жаны бірге жаратылған халық. Ол жағын   Құндақбай  өзінің осы қысқа ғұмырында көрген-білген, бастан кешкендерімен-ақ дәлелдейді. Жаңа туған құлынның, не сәл жүні жетілген тайдың бітіміндегі кейбір ұсақ белгілерді тауып, сол арқылы оның аяғының желі бар жүрістіге, не мына сартісті әккі саудагер атағандай аузымен құс тістеген хас тұлпарға айналарын болжайтын сыншы атбегілер қазақта ертеде де, кейінгі кезеңде де көп шыққан. Тіпті ондайдың аздаған жұқанасы Құндақбайдың өз басында да бар. Тек сонау алыс шеттен айға тарта жол жүріп, қазақ-өзбегі аралас мына ию-қиюдың ортасына жеткенде бұлар өздерін жылқы малымен бірге жаратылғанға, ал өзбектерді ол мәселеде өздерімен шендесе алмас тобырға балаған өркөкіректік бар емес пе еді. Бәрінен де бұрын сол өркөкіректік сезімге обал болды. Қазағын былай қоя тұр, мұндағы арғы атасынан жер емшегін емген таза өзбектердің өздері мал тануда құлын мен тай ішінен аяғының желі барларды айыруда «жылқы бақтым – жорғалаттым» деп төс қаққан қапалдық шабандоздардың өздерін жер соқтырып кетуі айтуға ұят масқара ғой.

Құндақбай маңдайына қара қамшы тигендей есеңгіреді. Бұлардың білгені, танығаны, ұққаны өзгелердің білігінің шалымына тұрмайды екен-ау дегізгендей.

Тіпті бұл сатудағы мал мұндағы еш шабандоздың меншігіне жатпайды деген шындық та дәл Құндақбайдың ішкі жарасын  жеңілдетпеді. Тек осы күннен бұл өздері саудаға шығарған қылқұйрықтыларға, жалпы айнала кеңістікке, Ташкент шаһарының көзге іліккен шет-пұшпақтарына бұрынғыдан тереңірек зейін қоюға дағдыланды.

 

***

Иә, Ташкент шаһары Құндақбайға едәуір ықпал етті. Көне заманғы алпауыт ғимараттар, мешіт-медреселер, шаһарды бірнеше бөлікке бөліп, таспадай тартылған мөлдір сулы өзендер, тұнжыраған хауыздар, көше бойлап желбіреген сан қилы ағаштар сонау Жетісудың таулы аймақтарында туып ержеткен жас сұрперенге неге өйтпесін? Тек көп ұзамай мұның бәрі адырам қалды. Бірде Құндақбай осындағы өз досы, әрі жақын туысы Құлжатайды, тағы бірер атшыны ертіп циркке барды. Қазақтың өзге өлкесінде жоқ өнер, міне осында десіп, үгіттеген де біреулер шығып еді. Байқаса шынында солай екен.

Цирк әртістерінің сан жетпес алуан сиқырлары Құндақбайды біршама күлегеш еткен. Енді олардың орнына қызыл-жасылды әшекейге бөленген аппақ арғымақтар шыға келгенде Құндақбайдың көздері ұясынан ұшып түсе жаздады. Түңлікті киіз үй тәріздес шатырлы цирк ғимаратының дөңгелек табанында шырқ үйіріле шабысқа басқан әсем арғымақтар кенет бөгелеңдеп, төбесіне қадалған шоқ гүлдерді жасанған сұлу қыздарша шайқап, кәдімгі адамша билеп берсе қайтерсің? Одан кейін тағы шабыс. Апырау, мақұлыққа мұндай өнерді қай ғұлама үйретті екен? Бұл Ташкентте мақұлықтың тілін білетін біреулер табылғаны ғой. Кенет цирктің дөңгелек табанын айнала шапқан, көздің жауын алардай ақбоз сәйгүліктердің арқасында тікесінен тік шаншылған жас жігіттер пайда бола кетті. О, ғажап! Мынау жан-жағынан анталаған қалың көпшіліктің көз алдында құлап түсіп масқара боларын ойлайтын емес. Кенет ол тікесінен тік қақайған жігіттер – цирк артистері аттың арқасына көлденеңдей құлады. Онымен де таусылған жоқ, әлі де шабысын бұзбаған аттардың бауырының астынан ары-бері өтіп, ер үстінде қайта шаншыла кетіп, тіпті оны да місе тұтпай екі қолмен, соңынан бір қолмен ердің басына жабысып, екі аяқты қайшылай көкке көтере заулағанын көргенде Құндақбайдың көздері атыздай болды. Әлгі өздері жылқы сатқан базардағы кеуек бас байталдың саудасы төңірегіндегі қызу-қызу тұжырымдар құлағында қайта жаңғырды. «Е, біз өзбектер мал тануда, тұлпар шығар құлын-тайларды айыруда қазақтарды тақыр мұзға отырғызып кетті» деп, қан қақсасақ мал табудың тірі құдайлары мұнда екен. Мұнда қазағы, өзбегі, басқасы – бәрі араласып, бірігіп, мақұлықтың тілін үйреніп үлгеріпті ғой. Біздің білгеніміз тоғыз да, білмегеніміз тоқсан тоғыз екен ғой.

Бұл көргені Құндақбайдың мінезіне үлкен өзгеріс енгізді. Сол күннен ол қасына бірер адам ертіп, циркке барғыштады. Мұның әсіресе, ат үстінде ойнаған әртістердің өнері делебесін қоздырды. Тетігін тапсаң ондайлық мұның өз бойынан да табылатынға ұқсады. Бірте-бірте ол түйсігіне құдайдай сенді.

Иә, бұл Құндақбай үшін ойыншық емес. Құйған қорғасындай төртбақ денесі онда-мұнда резеңкеше созылғанға ұқсап, өзіне жаңа кеңістік тілегендей. Сары жездей балқыған жалпақ маңдайлы жүзі оттан суырған темірше қызарып, ал көк көздері өңменіңнен өтер суық қарудың жүзіндей көрген адамның зәресін ұшырар халге жетті. Сөз жоқ, Ташкент циркінде тамашалаған кереметтері мұның бойында жасырулы тосын қабілет, тың мүмкіндіктерді жойдасыз күшпен жұлқып, көзін ашқандай еді. Әлсін-әлсін ауыр ойларға шомып, мінезіндегі басқа да өзгерістер сонау Қапалдан бірге жылқы айдасып келген үзеңгілестердің бәріне танылған.

Ақыры Құндақбай нық шешімге бекінді. Бірде кешкілік қала сыртында жалпылдап жанған оттың айналасында, әлі өте қоймаған жылқыларды түнгі жайылымға жіберер сәтте, бәрінің төрт көзі түгелде Құндақбай: «Ау, ағайындар, болмашыға алданып, құшаққа сыймас зордан мақұрым қалмайық» деп бастады сөзін. Сөйтті де бұлардың құлағына жат көрінер шешімін ежіктеп ұзақ ырғап, әрең жеткізді. Бірақ барынша ұғынықты етіп, шөп-шаламына дейін қалдырмай жеткізді.

Сол шешім бойынша ол күндіз цирк басшыларының қолдары боста оларға барып дәміл-дәміл сұхбаттасып жүрді. Олардың әрқилы сынақтарынан өтті. Ақыры, цирк әкімшілігі мен Құндақбай арасында келісім-шарт жасалды. Бұл келісім-шарт бойынша Құндақбай Қапалдан айдап әкелінген жылқының саудасы аяқталғасын, одан өзіне тиісті пұлды санап алады да, түгелімен цирктің есеп-шот жүргізушілерінің қолына тапсырады. Ал цирк ұжымындағы ұстаз тәлімгерлер мұны шапқан ат үстінде ойын көрсетуді үйретеді. Ақыры сөйтті де, қасына досы Құлжатай мен екі атшыны қалдырды да өзгесін тегіс елге қайтарды.

Иә, бұл да Құндақбай ойлағандай аса оңай шаруа емес еді. Қазақша айтқанда аттың құлағында ойнайтын анау-мынау балалық қағылездік Құндақбайдың өзінде де о бастан бар десек те мұндағы өнерпаздық одан он есе, жүз есе қиын да күрделі шықты. Бірақ Құндақбай мойымады. Барлық қиындықты тісімен тістеп көтеріп, темірдей шыдамдылықпен бұл өнерді түп-тамырына дейін меңгеруге күш салды. Бір өкініштісі сол, екі айдан соң Құндақбай тапсырған ақша мұның жаттығу ісіне жұмсалып бітті деп цирк әкімшілігі ауыздарын қу шөппен сүртіп отырды. Шыны солай ма, жоқ, цирк есеп-шотын жүргізушілер қараулыққа басты ма, ол жағын ашып-айыруға бұл дәрменсіз. Енді не істеу керек? Қасындағы достарының қалтасын қағуға ары бармады. Сондағы ойлап тапқаны оқу-үйренуден қолы боста осы цирктің қара жұмыстарын тегін атқарайын деп ұсыныс жасады. Цирк әкімшілігі келісті. Сөйтіп, осы Ташкент шаһарына жазда келген Құндақбай қыстың бел ортасына дейін осында омалып, қаңтардың соңын ала жолға шықты. Қасындағы достары мұны әлдененің шалығы шалғанға балады. Енді қалай, сонау Қапалдағы ең атақты байдың осыншама жылқысын жер түбіне апарып сатуға басшылық жасап, осыншама уақыт жырақта жүріп, енді, міне, қалтасында көк тиыны жоқ күйде ат үстінде теңселген мұның болмысына қандай көзбен қарау керек? Басқалар солай да, ал Құндақбайдың өз басы мыңқ етер емес, зерделей бақыласаң әлдебір іргелі шаруада ұтылыс тапқан пендеге ұқсамайды. Керісінше бойындағы жігер-күш бұрынғыдан әрмен лаулап жанғандай олжалы жанды көбірек еске түсіреді. Ташкенттен ұзаңқырап, Қаратаудың қыраттарынан бері асарда серіктеріне мынадай бір мағналы сөз тастады:

–Мен енді Қапалға бармаймын. Жолай Қоғалыға бұрылып, сонда қаламын. Қоғалының таулары, әсіресе, ондағы Шаған, жалпы туған жер ат байлар алтын қазығымыз ғой. Оны сағынғанымды енді ұқтым. Жалғыз ол емес, мынау Ташкент шаһарында не білдім, соны өз жерлестеріме, сондағы қаңлының, жалайырдың, сарыүйсіннің, тағы басқалардың жігіттеріне үйреткім келеді. Бір өзімнің ішіме бәрі сияр емес. Түбінде баршасы үшін кәдеге асарын сеземін.

Құндақбай «айтпан, айтқанымнан қайтпанның» адамы ғой. Ол қасиеті осы он алты жасар шағында-ақ көз қарықтырған. Сөйтіп, келер жылдың көктемі, жазы, тіпті күзіне дейін Шаған мен Түлкілі тауларының қыспағындағы Күркілдек, Көкбастау, Тастыөзек, тағы басқа ірілі-ұсақты елді мекендердің айналасы нағыз цирк алаңдарына айналды. Құндақбайдың қазақ жігіттерін ат үстінде би билеуге үйретудегі белсенділігі жұрттың жағасын ұстатты. Жалғыз мұнда емес, ол өлкеден батысқа ұласқан Доланалы, Алтынемел, Матай тауларының етегі, Шағанға шығыс беттен жалғасқан Қотырқайың, одан әріде алыстан төбесі шалынатын Сатылы тауларының кең-кең қойнаулары, Күреңбел, тағы басқалары жас жігіттерді шырқ үйірген мұның даусынан әлсін-әлсін дүр сілкініп тұрды. Бір қызығы, сонау Ташкентке аса атақты байдың малын айдап апарып, аздап пұл иеленбек бұл Төленді баласы бір жүгеннен басқа дымы жоқ құрқол қайтқанмен мынау өз шәкірттерінен ақы сұрауды ойламады да. Бар есіл-дерті қазақ тұрмысында жоқ тың өнерді бұлар қалай меңгерер деген бағдарда болды. Міне, осы атақ-даңқ, сол әрекеттер қандыкөйлек жолдасы, алдағы аласапыран жылдарда төбелерінен ысқырған оқтан бірге жасырынып, оған бірге көкірек тосқан серігі Бұлғақбай Білдебайұлымен де танысуына мұрындық болды.

Бұлғақбай мына Шаған таудың арғы шығыс-теріскей бетіндегі Ақтекше деген ауылдан еді. Жалайыр-мырзаның «Бәйбіше» атты тармағынан шыққан, мына Құндақбайдан бір мүшел үлкендігі бар, біршама ақыл тоқтатқан жігіт санатында. Сол Ақтекшеден бері тау асып, Қоғалы өңіріне құлаған, қасында екі атқосшысы бар Бұлғақбай Күркілдектен сәл арыдағы Асан сайы дейтіннің тұсында бір топ жігіттің ат үстінде ары-бері жүйткіген машақатын көріп таңырқасқан. Бұл не, мына жігіттер көкпар тартқаннан сау ма, жоқ, оған ұқсамайды, бірі ер үстінде тік тұрып, астындағы қылқұйрықтыны құйындатса, екіншісі оның шауып бара жатқан қалпында ары-бері бауырынан өтудің амалын жасайды, басқаларынікі тіпті қызық. Едәуір дал болысқан Бұлғақбай тобы амалсыз осыларға қарай бұрылған. Мыналар Құндақбайдан цирк өнерін үйренуші жігіттердің осындағы бір шоғыры еді.

Құндақбай мен Бұлғақбай тез тіл табысты. Құндақбай өз жайларын айтты. Ал Бұлғақбай мына Шаған таудан бері асып, жоғалған қысырақ үйірін іздеп келгенін білдірді. Екеуі де бір-бірін сырттан танушы еді, екеуі екі елдің серкесі, қалай танымасын? Қай-қайсысы да бұл кездесуге іштей мәз. Құндақбай аласа бойлы шымыр денелі де Бұлғақбай одан сәл биіктеу, әрі бұл да жұмырлау келген, бір көргеннен-ақ оның да қайраты тасыған жан екені білінеді. Өңі қаралау, қысқа сақал-мұрты да сол қара өңінің бояуын қалыңдата түсетіндей. Жақ сүйегінің қимылы етжеңді бет терісін ары-бері әрең созғылайтындай. Сөйлегенде аппақ күрек тістері жалаңаштана көрінеді. Құндақбайдың әлі есінде, мұның қасындағы жігіттер бұл екеудің сөздерін бөліп әкетіп, өздері үйренген цирк өнерінің кейбір құпияларын даурығыса баяндап еді. Әрі Құндақбайды да дәріптеп, біраз әуелетіп әкеткен. Оның Ташкентке сапары қаншама оң ықпалын тигізгенін де сөзге қақала ежіктескен. Ал Бұлғақбайдың қасындағы екі атқосшының бірі өзінің ауылдасы, ол да жалайыр-мырзадан шыққан Қойшыбек деген жігіт еді. Бұл да сөздің реті келгенде іркілмейтіннің өзі. Сол қарап тұрмай:

– Сіздер өзбектерден ондай-мұндай тәлім алғандарыңызды шаңын бұрқырата қаққылайсыздар, ал сол өзбектерің осында келіп, мына Бұлғақбайдың өнерін неге үйренбейді? – деп салды.

Құндақбай жігіттері сап тыйылды. Бәрінің бет-жүздерінде бұл кісіде өзбектер үйренетіндей қандай өнер бар еді деген жазу табанда көз тартты. Ақыры екі жақ та жамырасып, мынадай мәмілеге келді. Бұлғақбай мына Құндақбайдың да ынта-ықыласын танып, әрі өз ауылдасы, туысы Қойшыбектің де көңілін қимай өзінің бір өнерін баршасына іс жүзінде паш етпекке ниеттенді. Енді Бұлғақбайдың бұйрығымен бәрі Асан сайының елсіздеу биігіне қарай өрледі. Мұнда да мөлдіреп аққан су бар. Оның кей тұсында қалың өскен бұталы өсімдіктер кездеседі. Сондайдың бірінде аттарды қалдырды да ары қарай бәрі жаяу-жалпылап көтерілді. Бұл жүріс біразға созылды. Ендігіде Бұлғақбай қасына Құндақбай мен Қойшыбекті ғана алып, өзгесін осында бой жасыруға бұйырды. «Тым-тырыс тыныштықты сақтаңдар» деп қатаң тапсырды. Үшеулеген бұлар өздері де бұқпантайлап, тіпті еңбектеп тағы бір қалыңға жетіп аялдасты. «Кәне, мылтықтарыңды кезеніп, сақадай сайланыңдар» деді Бұлғақбай. Сөйдеді де бұл екі алақанымен аузын бүркемелей кәдімгі түз тағысы   – қасқырша ұлып кеп берді. Құндақбай да кәнігі аңшының өзі ғой, қасқырдың қалай ұлитыны бұған таңсық емес, бірақ мына Бүлғақбайдың соның даусын айнытпай салып, жүрек тітіркенте аңыратуы мұны естен тандырды. Қысқасы, көп ұзамай төбелеріндегі бір жазаңдау биіктен кәдімгі қасқырдың сұлбасы қылаң етті. Сауысқанша сақ Бұлғақбай оны дәл көздеп атып түсірді. Қасқырдың өлі денесі бері аунап кетті. Қойшыбек солай қарай ата жөнелді. Ол қасқырды сүйретіп мұнда әкелгенше төмендегі жігіттер де сарт-сұрт етіп, осында жетті.

Қойшыбек қызыл шырайлы жүзді, әрі бұл да толған торсықтай денелілеу келген, он жетідегі жігіт. Қатты дамыққанда, не қуанғанда қызыл шырайлы жүзінің одан әрмен от боп жанатыны  бар. Қазір де солай:

–  Міне, біздің Бұлекең, Бұлғақбай ағамыз қасқырды қасқырша ұлып қасына шақырып, дәл омыраудан атып түсірді. Бұлекең тек қасқырды ғана емес, түлкіні де сол түлкінің өзінше қыңсылап, ысқырып, шақырып алып, баудай түсіреді.

Құндақбайдың да, оның осындағы шәкірттерінің де көздері атыздай болды. Ол күнгі ырғасып-жырғасуда шек жоқ. Ақыры, осы Құндақбай осы Бүлғақбайды қасындағы атқосшыларымен аулына қонаққа шақырды. Мұнда да Бұлғақбай Білдебай баласының бүгінгі өнері қу шөпке от тигендей тараған. Сосын да ауыл-аймақ тез жиналған. Ол кезде Құндақбайдың әкесі Төленді де, әрі шешесі Мәуес те тірі еді. Олар баласының айтқанын екі етпей табанда бір жарамды қойды бауыздап тастады. Ол күні кешкілік Бұлғақбай Білдебай баласы бұл ортада күйші ретінде танылды. Бірнеше ескі күйлерді құйқылжытып, Жетісудың, Арқаның, тіпті алыстағы алшын елінің біраз саңлақтарының аруағын тірілтті.

Бірде әлгі Қойшыбек тағы да тыныш отырмай:

– Бұлғақбай ағаның өзі тудырған күйлер де бұлардан кем түспейді! – деп салды. Жиналған көпшілік енді солардың бірін тыңдауға құлшынды. Шаған таудың арғы бетінде, Көксу бойында осы Бүлғақбайдың жасаңдау бозбала шағында бір бай өмір сүрген. Ол байдың сегіз әйелі бала көтермей, тоғызыншы әйелі тапқан жалғыз ұл суға батып өледі. Соның күйігінен әлгі байдың өзі ғана емес, ауыл-аймағы түгел еңіреп-боздайды. Бұл халді Бұлғақбай өз көзімен көрген. Міне, сол күйікке арнап, «Сыпыра жылау» атты күй шығарған. Міне сол жоқтау-күйді орындағанда, міне, керемет, қос ішектен күңірене көкке өрлеген үнге буындары босап, Күркілдектегі ел жылап еді.

Міне, сол күннен Бұлғақбай мен Құндақбай айрылмас достарға айналды. Құндақбай өз жігіттерін жан-жаққа ұшыртып, Бұлғақбай аулынан жоғалған қысырақ үйірінің ізін де тауып берді. Соңынан олардың өздері де табылды. Міне, одан беріде де он жылдан астам уақыт өтіпті. Жылына бір рет, кейде одан да жиірек бұлар жолығысып тұрды. Бұлардың әрбір жолығысулары үлкен дыр-думанға, ойын-сауыққа айналатын. Тек соңғы екі-үш жылда ғана қу тіршілік қол-аяқтарын байлап, ортадағы Шаған тау әрі-бері өткізбес мұзарт асуға айналғандай Құндақбай мен Бұлғақбай бір-бірін көре алмаған. Сөйтіп, аралары суып бара жатқанға ұқсаған.

Құндақбай мына Жүнісбай Жәкіжан баласына бұл жағын да ескертуді ұмытпады.

 

***

– Адамның тәбеті ас үстінде ашылады ғой. Ашқарақ жан аузына бірдеме тисе одан әрмен қомағайланып, қақалып, не аш өзегіне артық салмақ түсіп, бұ дүниемен қоштасары бар! Әй, Жәкіжан баласы, сондай бір күй маған да қол салды. Ауылға таяқ тастамдай қалды, білем, сонда да мына жайдан арылмасам көңілім көншір емес. Заман қандай, заң қандай, бүйтіп көсілер шақ қайта туа ма, жоқ па, аллам білсін. Уақыт тар, желе-жортып баяндайын, ұңғыл-шұңғылын өзің түгендерсің! – деп, Құндақбай кенет қайта дүрілдеді. Жүнісбай Жәкіжан баласы жасы үлкендеу тұрғыластың мұнысына таңырқады да, әрі қуанды да, Иә, дұрыс айтады. Заман қандай, заң қандай, бүйтіп, дидарласар күн өртеңнің орнына айналып кетер әуелде! Әрі әңгіме дегенің аттың аяғына тұсау емес қой. Жүнісбайдың осы райын таныған Құндақбай  іштегі тоспаның аузын одан әрі ашты.

Иә, бұл жолы да Құндақбайдың кеудесіне сыймағаны өзінше бір ғажайып жәйт еді. Құдай жаратқан табиғатқа,  ондағы жан-жануарларға қатысты жәйт. Адамның кей кездегі сол табиғатқа деген қырсыздығы, оған табиғаттың қайтарған жауабы тәріздес бір-бірімен жалғастығы берік шындықтар тізбегі.

Мына Матай тауының етегіндегі, бүгінде атышулы Шанханай аулының бергі іргесінде, Майтөбе атты тағы бір мекен болушы еді. Жалпы бұл Қоғалы аңғары Жетісудың ең бір түгі мол, шөбі қалың уысына ұқсайды. Ал, Майтөбе сол уыстағы жасыл желегі жалпылдаған, тіпті ат сауырын соғып, алға бастырмас тұтасқан өте жынысты, шұрайлы бөлшегі еді. Өте ертеректе жалпы Қоғалыда бұдан алыс шығыста, сонау Аламан тауына  таяу Бостан аттыдан өзге ауыл да болмаған екен. Себебі, таулар қыспағындағы бұл Қоғалы аңғарын тұрғылықты қазақтар негізінде жаз жайлауы ретінде пайдаланған.

Мамыр-қыркүйек айлары аралығындағы көк шалғыны төрт түліктің бүйірін тез шығарып, қыс қарсаңында майдан баса алмайтын халге жеткізеді. Мал қыстатуды сәтті өткізудің ең бір ұтымды әдісі төрт түліктің сөйтіп сауабын алу екенін қазақтар ерте заманнан-ақ ұғынған ғой.

Міне, ерекше түкті жаратылған Майтөбе де осы ен жайлаулардың ортасында. Мұнда да ертеректе,  орыстар келгенше ешқандай ауыл болмаған. Тек аздаған жатақтар, диқаншылар, не көшкенде жүк артар көлігі жоқ кедей-кепшіктер оннан-мұннан түтін шығарып отырушы еді. Олардың сұлбалары Майтөбенің қалыңының тасасында жасырынып, көп көзге де көрінбейтін. Міне, осы Майтөбенің бұдан өзге де бір тартымдылығы бар. Күзге салым қыстауға қарай жылжығанда, не көктем туа жайлауға беттегенде осы Майтөбені басып өтетіндер жыртылып-айырылады. Және де жай басып өте бермей, мұнда аяқтарына жем түскендей едәуір тұралап та қалады. Малдары да, өздері де. Мұндағы жер түгінің қалыңдығы соншалық аядай мекенге аса көп ел, көп рудың малды-жандылары түгелімен сыйып кетеді. Болат тұяқты жылқылар мен онсыз да күйлі қой-ешкілер мұндағы шалғын мен бетеге, селеу, жусан сияқты өсімдіктер май татығасын ба қырық жылғы аштықтан келгендей тұмсықтарын батыра бас алмайды. Бұл таяқ ұстаған шопандарға да, олардың желкесінен төнген жуан қарын байларға да қосымша тыныштық әпереді.

Олардың мұндайлығына осында ірге аудармай отырған кедей-кепшіктер, жатақтар да дән риза. Енді қалай, қыстау, жайлау іздеп бір-бірінен әмсе алшақ отыратын қазақ ауылдары осындайда сағынысып көріспей қайтсін. Ағайын-туған, жекжат, құда-құдандалдар бір-бірімен төс қағыстырып, хал-жай сұрасып, диларласып қалады. Өзара ерулік берісіп, араға аяқ-табақ қатынайды. Мұндай көріністі қыздыратын тағы бір қосалқы жай бар. Әдетте қазақ ауылдары жайлау мен қыстауларда аздап үрдіске айналған ру, туыстық белгілер бойынша шоқталып жайғасса, ал мына Майтөбедегі көктеу мен күзеу жағдайында бәрі мидай араласып кетеді. Мұнда жалайыр, қаңлы, суан, албан, жалайыр-қарақалпақ, аздаған найман мен алшын-жағалбайлылар бір-бірін баса-көктей қостарын тігеді. «Әй, мұның қалай» деп көкезуленетін ешқайсысы жоқ, өзара екі туып бір қалған бауырлардай-ақ ынтымағы жарасқан елге айналады.

«Еру елдің ерулігі болса, көшкен елдің көмегі болады» деген қазақта мақал да бар ғой. Үстеріне баса-көктей құлаған малды-жандылардан осындағы кедей-кепшіктер, аз-мұз нәпақа да табатын. Анау-мынауға айырбасқа сауын мал, соғымға, не соқа-тырмаға жегуге жарайтын өгіз, түйе сияқтыларды алып қалатын. Басқасы тағы табылады. Мысалы әр ел, әр рудың қыз-жігіттерінің көптеп танысып, табысатыны да осы маң. Сосын да бұл Майтөбе өзгеден гөрі ауызға көбірек ілігетін жердің бөлшегі тәріздес. Әрине, бұл қиырда малға қараған қазақтың күзеу мен көктеуіне жарайтын аядай тұс осы ғана емес, Матаймен іргелес екінші тау Шолақтың баурайында да Бақтияр, Қосқұдық, Көктөбе, Жартасты аталатын мекендер баршылық. Шығыс беттегі Доланалы, Түлкілі, Сатылы, Аламан тәрізді биіктер айналасында да солай. Алайда, солардың бәрінен де осы Майтөбе таңдайынан бал тамған әңгімеші, шежірешілердің тілінің ұшына көбірек ілігетін.

Міне, осы Майтөбе өз жаратылысына орай басқа бір оқиғаның алаңына айналды. Осында ит тұмсығы батпас қалыңдардың бір жықпалында Көкшолақ атты қаншық қасқыр жылма-жыл өз бөлтіріктерін өрбітіп жатушы еді. Өзі асқан жырынды неме, ұсақ қой-ешкіден бастап, ірі қараларға дейін тамағынан тартып құлатып, бөлшектеп, сүйретіп әкеп жемтікке айналдыратын. Өзі де тоқ, бөлтіріктері де солай, бәрі мәре-сәре болып, үнемі «той-тойлап» жататын. Бұл Көкшолақты осындағы ел-жұрт, әсіресе, малшы-жалшылар, аңшылар, атбегілер жақсы танитын. Сөйте тұра ешқайсысы ол аналық қасқырға тиіспейтін. Қалай тиіссін, ол Көкшолақ ақылы бар адам сияқтанып, осы Майтөбедегі, не оның айналасындағы жұртқа ешқашан тіс батырмайтын. Өзінің не бөлтіріктерінің іші ұли бастағанда оларды інге жасырып, іннің аузын да шөп-шаламмен бастырып, ұзақ жолға шығатын. Осылай тым алысқа сілтеп, жемтік малды, не оның мүшелерін сол алыстан таситын. Жергілікті жатақтар ғана емес, көктеу мен күзеуге жосылып келіп, жосылып кететіндер де талай байқаған. Сосын да өздеріне зияны жоқ мақұлыққа ұрынып не жыны бар?

Бірде осы үрдістің бұзылмасы бар ма? Шамамен, 1915 жылдың жазы еді. Бір байшікештің кәмелетке толмаған еркетотай баласы жаңадан үйретілген тайға мініп, онда-мұнда шапқылап жүреді. Бірде ол тай бас бермей кетеді, бала тізгінді қанша тартқанмен, езуінің жырылғанына қарамай тай бір жақ қырымен Майтөбенің қалыңына қарай ытқиды. Сонда жаман адасады. Бала да, тай да әбден талықсып, жүрер бағыттарын білмей қалжырайды. Сонда да бала мұндай жүріске бастықпаған тайды екі бүйірінен тепкілеп, бастары ауған жаққа қарай өңмеңдете береді. Міне, сондай халде бұлар әлгі Көкшолақ қаншық қасқырдың інінің үстінен шығады. Көкшолақтың өзі жоқ, бұларды оның бөлтіріктері арсалаңдап қарсы алады. Жаңадан үйретілген жас тай мұндайды да көрмеген ғой, бір бөлтірік тіптен ерсініп, тайдың алдыңғы тірсегіне тісін тигізеді. Сонда тай аспанға шапшып, арқасындағы бала жерге ұшып түседі, әрі тайдың тізгінінен айрылып қалады. Еркетотай бала бұған жаман намыстанып, бір жанында салпақтаған кішкентай қанжарымен әлгі тайды тістеген бөлтірікті бірнеше жерден сұққылап өлтіреді. Сосын өзі қашқан тайдың соңынан жаяу-жалпылап, әзер дегенде ғана ауылға жетсе керек.

Ал Көкшолақ қасқыр қайтті? Жемтігін сүйретіп әкелген бойда қанға бөгіп жатқан бөлтірігін көріп оны ұзақ иіскелейді. Тірі бөлтіріктерін де аймалағансып, иісшіл тұмсығын олардың да қойны-қоныштарына сүңгітеді. Сосын тай мен баланың іздерімен жүріп, біраз аралықты түртінектеп қайтады. Сонда бір жайды ғана анықтайды, ия, алыстан келген жау жоқ, мынау сөзсіз жақын маңдағы елдің лаңы. Міне, сол күннен бастап, дүние бүлінеді. Ең алдымен аналық Көкшолақ қасқыр сондағы бір төмпешікке шығып, құйрығын астына басып, тұмсығын көкке беріп, ой ұлысын келіп. Адамның жан жүйесін босатар жаман даусымен Қоғалы аңғарының аспанын қақ айырмақтай күн демей, түн демей аңырайды. Кейін белгілі болғанындай Көкшолақ қақырдың бұрын өзінде жоқ дағдыға басып, бүйтіп ұзақ ұлығанын сондағы кейбір жүргіншілердің құлағы шалған да екен. Тек өз шаруаларымен сабылған немелер оған аса мән бермей, аздап таңдай қаққаннан әріге бармапты.

Осы Көкшолақ қасқыр үзбей ұлыған күндер мен түндерде оның апаны айналасында басқа бір көрініс белең алыпты. Жер-жердегі арлан қасқырлар мына Көкшолақтың зарлы үнін естіп, өздеріне ғана белгілі іздермен жүріп отырып, осының маңында топталыпты. Белгілі із ғана емес, өздеріне ғана белгілі уақытта жүргесін де олардың бұлайша шоғырлануын адам заттыдан ешкім байқамапты да. Сөйтіп, аналық Көкшолақ қасқыр «жоқтауын» доғарғасын бәрі қазақ салтында бар «бәтуаласу», «бата оқыр» сияқтыларға ұқсас өзара түсіністік жағдайын бастан кешіпті. Бір қызығы, осында топтасқан арландардың көбісі мына Көкшолақтың бұрынғы бөлтіріктері екен. Бұл да отқа май құйған тәрізді бәрінің көкірегіндегі қыжылды, өшпенділікті одан әрі қоздырса керек. Міне, сол күннен бастап Көкшолақтың өзі, оның бұрынғы бөлтіріктері, бұл күндегі тайдай-тайдай арландар бұрын тіс батырып көрмеген жақын маңайдағы елге құйындай тиеді ғой. Малын да, адамын да жарып, ойда жоқта жер астынан шыға келген қаптаған қалың жаудай шабады. «Апырау, бұл не қылған нәубет, мына Көкшолақтан мұндай мінезді бұрын көрмеп едік қой» тәрізді күбір-күбір сөздер бірдің аузынан шығып екінші біреулердің құлағына дендеп еніп жатты. Майтөбелегі кедей-кепшіктер, жатақтар, әрі күзеу-көктеуге тоқтағандар біраз қорғанып та көрді. Бірақ Көкшолақ қасқыр мен оның «шашбауын көтеруші» арландардың екпіні бет қаратпастай еді. Пышақтай өткір тістерімен қой-ешкінің де, ірі қаралардың да жағын айырып, не іштерін жарып, жүрген жолдарын қан-жынға толтырды. Майтөбе өзінің атауына лайық шынында жаман майланып жатты. Бұл үрдіс бір күн, не екі емес, айларға созылды. Осы әредікте әлгі байшікештің еркетотай баласының жаңадан үйретілген асау тайға мініп, адасып жүріп қаншық қасқыр Көкшолақтың апанының үстінен түскені, оның бір бөлтірігін пышақтап өлтіргені де белгілі болады. Иә, жақын маңдағы тірі пендеге залалы болмаған Көкшолақ құдай түртіп оятқандай кенет ымырасыз жауға айналып шыға келуінің осындай себебі бары мұндағылардың одан әрмен ойын онға бөледі. «Жоқ, мына көкжалды, оның тобырын өз күшімізбен саябырсыта алмаймыз, бізге тосын көмек керек» деген қортынды жасайды. Ол тосын көмекті қайдан таппақ? Бәрі бастарын шаға келе сонау Шаған таудың баурайындағы Күркілдекте тұратын қызыл-қаңлы Төленді дейтіннің небәрі он бес жасар баласы, сол кезде-ақ құралайды көзге атқан мергендігімен танылған Құндақбайды еске түсіреді.

Бұл Құндақбайды еске түсіргендер асықпай сабырмен одан әрмен ақыл тоғыстырады. «Жоқ, жалғыз адам жау алмақ емес, бұған өзімен терезесі тең тағы бір серік керек». Оны да елдің үлкен-кішісі қатысып іздестірді. Сондағы тапқандары осы Майтөбеден күншығыс жақ бетте, ол да осы Матайдың етегіндегі елге жататын жалайыр-қарақалпақ жігіті Жәкібай деген еді. Бұл Жәкібай Құндақбайдан бес-алты жас үлкендігі бар, жиырмадан асыңқыраған жігіт-тұғын. Бұл да тамаша мерген, аңшы, әрі құсбегі. Тек тап сол қарсаңда бұл жалайыр-қарақалпақ Жәкібайдың басына бір қасірет орнаған. Тегінде бұл Жәкібайдың атақ-даңқы өзінің туған інісі Әкібаймен бірге шыққан. Жәкібай мерген де, Әкібай қара күштің иесі. Екеуі жай ағалы-інілі емес, егіз қозыдай бір-бірімен жұбы жазылмас, әмсе бірге жүретін, той-томалаққа да, саятқа да бірге баратын дағдылары бар. Ағайын-туған оларды «Әкібай, Жәкібай» деп қосақтап атайтын.

Міне, тап осы қарсаңда бұлар осындағы таулардың бірін өрлеп, аң атуға беттесе керек. Сәлден соң алдарынан ақырған аюдың дауысы шығып, бүкіл тау бөктерін көшіріп әкете жаздайды. Мерген Жәкібай оқтаулы мылтығын оңтайлап, ал оның палуан інісі Әкібай қатқан қара сойылды екі қолдап ұстап, аюдың жолын бөгеуге, не қақ тұмсықтан ұрып шоңқайтуға әзірленеді. Аю бірден көріне қоймайды, тек жер-дүниені көшірген даусы тіптен жақындай түседі. Сол маңда бір биік жартас бар екен, Әкібай дереу соған көтеріледі. Сірә, сонда аюдың көзіне көрініп, өзіне қарай бұрып әкетпек ниеті болған. Сондайда мерген ағасы оны ту сырттан атып құлатуға тиіс еді.

Бірақ мұндағы жер жағдайы, жартастың айналасы бұлар болжағаннан әлдеқайда күрделірек екен. Жырынды аю соны пайдаланып, жартасқа бұл да атқып көтеріліп, Әкібайды бассалады. Ағасы мылтығын ата алмай қалады, қалай атсын, аң мен адамның құшақтары айқасып жатқанда қанша мерген десек те атқан оқ інісіне тимесіне кім кепіл? Әкібай мен аю арпалысып, едәуір уақыт ысырап етіледі. Бұл өзі біршама биік жартас екен. Аю да тым ірі, Әкібай оның құшағынан әрең ажырап, жартастан секіріп кетеді. Ағасы Жәкібай сонда ғана мылтығын тарс-тұрс еткізіп, аюға қарай екі-үш оқты шығарып үлгереді. Аю құлайды, бірақ одан пайда жоқ, аюдың тісі мен тырнағы салған жарақаттары бар Әкібай да сол құлағанан қайтіп бас көтермейді. Сонда ақтық демі таусылады. Кейін осы жартас ел аузында «Әкібай ұшқан жартас» аталады.

Сөйтіп, қызыл-қаңлы Құндақбай Төлендіұлымен бірге Майтөбедегі ел үлкендерінің алдына келгенде жалайыр-қарақалпақ Жәкібайдың басындағы жай-күй осындай еді. Сонда да бұл үндемей қала алмады, қолқасын тыңдаған соң:

– Жаны жайсаң ағалар, кергитін мен емес, тек тұлабойымда күш-қуат жоқ, әлдекімдер кеудемнің бір жақ бөлігін балтамен шауып әкеткендей жарым-жартыланып қалыппын! – деді. Жәкібай солай десе де өзінің түз тағысында кеткен кегі мына үлкендер қолқасы арқылы шала-шарпылау болса да қайтатынын сезгендей бұл дүр сілкініп, тез бабына келді. Ақыры, Құндақбай екеуі жарау аттарға мініп, мылтықтарын асынып Майтөбеге келді. Мұнда олар әккі көкжалдардың жүріс-тұрысын аңдығандай із кесіп, күні-түні Көкшолақтың аталмыш апанын қарауылға алды. Айнала тым-тырыс, жым-жылас, шықылықтаған құстардан басқа елең еткізер дым жоқ. Көкшолақтың өзі де, оның «шашбауын көтеруші» арландар да ұшты-күйлі жоғалған.

Алғашында Құндақбай мен Жәкібай біраз ойды сарп етті. «Бұлар қайда жоғалды, әлде жұмырларына біраз жұқ барғасын басқа қиырға қарай қоныс аударды ма?» Міне, осы тәріздес сұрақтардың біразын көз алдарында көлденеңдетті. Ел ішіне оралып, кәртамыс ескі аңшылардың біразынан ақыл-кеңес сұрады. Бәрібір ол сауалдарға мардымды жауап табылмады. Ақыры, бұлар екі айырылысып, Құндақбай  өз аулына кетпекке жиналып еді. Тек осы аралықта әлгі қасқырлар қайтадан жаман шапқыншылық жасады. «Ия, ия, мынау оңай жау емес, оны жою үшін тек қару қолдану аздық етеді, ақыл-тәжірибе керек» дегенге сайды. Сондағы бір көнекөз қария «қалайда сол аналық Көкшолақ қасқырдың көзін құрту керек, сонда басқалары да алысқа кетпес» деген ақыл салды. Бұған қоса аса әккі қаншық қасқырдың өз апанына келіп-кетіп жүретін өз іздері болады, соны ажырата білген жөн деген тағы біреудің ескертпесі кәперге алынды.

Құндақбай  мен Жәкібай екінші кезекте аттарын тым алыста қалдырып, ертегінің бір қурайды паналаған тыңшылары тәрізденіп, Көкшолақтың апанына асқан сақтықпен жақындады. Түз тағыларының иісшілдігіне орай бұлар апанға ықтасын жақтан бекінді. Бұл асқан шыдамдылықты қажетсінетін жұмыс. Екі жігіт алты малтаны ас етіп, аз сусынды місе тұтып, осында апталап жатты. Ақыры таң қараңғылығында Көкшолақтың сұлбасы апан аузында қылаң етті. Бұл оның келісі ме, кетісі ме, екеуі ажырата да алмай қалды. Бір анығы қос мерген мылтықтарын бір мезгілде дүрс еткізді.  Көкшолақ аспандағы айды алмақтай биікке секіріп барып құлап түсті.

Бұдан кейінгі шаруа бұл кәрі қаншық қай тараптан келді, ізі қайсы, бұған қатынайтын арландар қай ізбен келеді, міне, соны айыру. Ол да қиын жұмыс, сосын да Құндақбай мен Жәкібай өздері бекінген ықтасынға қарама-қарсы бетті түгел қарауылға алуға мәжбүр еді. Көкшолақ өлгесін екі күннен соң үш бірдей арланның тұмсық, құлақтары шалынды. Үшеуі бірдей оққа ілінді. Келесі түнде таңға жуық тағы екі арлан көрінді. Оларды да жайпап салысты. Осылай күн құрғатпай келген арландардың бәрін Құндақбай мен Жәкібай қапысыз атып түсіріп, өздері бекінген ықтасын жақтағы бір қалыңның ішіне сүңгіте берді. Қысқасы, сөйтіп, бұлар Көкшолақ қасқырдың бүкіл тұқымын құртып, осы маңдағы елге тыныштық әперіп еді.

 

***

Иә, қызыл-қаңлы Құндақбай Төлендіұлы биылғы кәнпеске басталған 1928 жылы небәрі 28 жасқа толды. Осы қысқа ғұмырда бастан кешкендері ертегінің қауырсын қалам ұстаған сартісті ғұламаларына неше кітап жазуға азыққа жарар еді? Оны ешкім санап тауыспас. Осы Көкшолақ қасқырға қатысты оқиғаның заңды жалғасы да бар, бірақ оны Жүнісбайға айтуға зауқы соқпады. Себебі, Күркілдектің төбесі көрінді. Тек ойына түсірді де қойды. «Келесі бір оңтайлы сәтте тілдің майын тамызып, ұңғыл-шұңғылын түгендеп берермін, бұл ұғымтал шіркінге!» Тек мына баяндалған жайдың бір қортындысын көлденең тартып үлгерді:

– Осы уақыттың ішінде әлгі жалайыр-қарақалпақ жігіті Жәкібай маған қатты бауыр басыпты. Мен кеткесін өз жамағайындарына: «Әй, не білдіңдер, мен қазір сол қаншық Көкшолақ қасқырға иман тілеп жүрмін! «Тәйт, не дейді мына сығыр, жұрттың малын қынадай қырған түз тағысына иман тілегені несі, мақұлықтың да о дүниеде баратын жұмағы мен тозағы бар ма екен» дегендердің сабыр суын басып, «сол Көкшолақ қасқырдың арқасында мен жоғалтқанымды тапқандай болдым, менің әлгі жартастан ұшып өлген інім Әкібай тіріліп келгендей көңіл-күйім дұрысталса қайтесің? Бір қызығы, Әкібай мен мына қызыл-қаңлы Құндақбай бір-біріне қатты ұқсас. Жас шамалары да, түр-түстері де! Екеуі де төртбақ, екеуі де палуан, мерген, шабандоз, ұшпа мінезді, нағыз қолғанат, айтқаныңды қалт қылмайды? Осы қызыл-қаңлының алтын асықтай жігітін менің Әкібай інімнің өтеуіне құдай жіберді ме деп пайымдаймын. Бұл өзінің Күркілдегіне кеткелі менің іші-бауырым қайта құлазыды, тек оның әзірге тірі пенде екендігі ғана көңілге демеу» депті.

 

Пікір қалдыру