Мұхтар Мағауин. БАЛАҚАН (Ғұмыр-бастау шежіресі)

Жалғасы. Басы өткен санда.

2006 – Қара-үңгір елу тоғыз жылдан соң

Менің саналы ғұмырымның бастауында тұрған, кейін, қаламгерлік жолыма өзіндік, ерекше сәулесін түсірген қайран Қара-үңгірді тағы бір рет көру – мұң болып еді. Үнемі қимдстықпен еске алып жүрсем керек. Бірақ жер шалғай, мүмкіндік жоқ. Ақыры, менің студенттік жылдарым басталғанда, Мұқан аға, артықша қаражаты үшін, Қара-ирек деп аталатын алыс отарға қоныс аударды. Бастауыш мектеп мұғалімі. Осы ерекше мекенде тәтем екеуі өз өмірінің ең бір тыныш, байсал, барақат кезеңін өткеріп еді. Тұтас сегіз жыл тұрыпты. Мен әуелі, 1958 жылы, бірінші курстың жазғы демалысында бардым. Бұдан кейін жыл сайын, екі-үш айдан тыныс таптым. Ең соңы – аспирантураның ақырғы кезеңіне өткенде, үлкен, ауыр жұмыс бастауы, 1964 жылғы көктем, айналасы жиырма күндей ғана қымыз ішіп, асығыс қайтып едім.

Бұл ғажайып Қара-ирек – Жорға тауының түстік тарабы, небәрі елу-алпыс шақырымдай жерде. Әрине, алғашқы жылдың өзінде осындағы малшы, еңбекші жұрттан Қара-үңгірдің жайын сұрастырғам. Сол жазда және жалғас екі-үш жыл бойы. Бұл ауыл жазғы жайлауда сол Жорғаның өзіне тақап барып қайтады. Алайда ешкім ештеңе білмеді. Ондай қоныс, қыстау туралы естімеген. Тек осы Қара-ирек қана емес, Шұбартаудың әр шалғайы, ен жайлаған үлкен кісілердің бәрі бейхабар. Жауыр-тағыны біледі, Жорға, Ешкі-өлместі көрген, ал Қара-үңгір… жоқ. Мұндай мекен дүниеде болмаған сияқты. Бірде, шамасы 1960 жылы, жазғы сейілден соң Алматыға қайтарда, біздің ауылға әлдеқалай келіп қалған көлденең машинаға мінгесіп едім, әлдебір шаруаларымен шыр айнала жүрді, ең кереметі, Бесбұлақтың үстінен шығып едік. Күзге салым, шөп қайта бастаған, әйтсе де баяғы Бесбұлақ, бар көркімен, өзгеше көрініп еді. Тура, қақ ортадағы дөңес үстінде тұрған Әзімбай ақын қыстауының тұсы. Әлі де жайлаудан қайтпаған бірнеше үй. Ең аяғы бұлар да Қара-үңгір жайын білмеді.

Тағы қаншама заман өтсін. Енді ол да алыста қалған, қимас естелікке айналған Қара-иректі бір көріп қайтуға аңсарым ауған. Айтқанымдай, біздің ата-анамыздың бақытты жылдары, менің үздіксіз оқу мен қатқыл ізденістен соң қайыра ес жиятын жазғы тынысым, жаңадан қаншама ой түйіп, әуелгі бір, мәнді әңгімелерім жазылған құт мекен. Бұл кезде баяғы алыс отардағы мыңғырған мал жоққа сайған. «Қайта құру» желеуімен тежеусіз талапайға түсіп, ақыры, совхоз, аудан басшыларының құрдым өңешінде ғайып болған. Бұдан соң кәсіпсіз, панасыз ел түп көтеріле көшіп кетеді. Енді алыс-жақын төңірегі сияқты тұлдыр Қара-иректе жалғыз-ақ үй қалыпты. Үлкен әкелері осы өңірде жасаған, менен екі-үш жас кіші Армия деген кісіміз. Бұрнадан білем, өзін-өзі жеткізген, оқымаса да көкірегі даңғыл, және қайратты, еңбекшіл жігіт. Бұл кезде, әрине, ақсақал жасы алпысты иектеген.
Сонымен, 2006, тамыздың соңы болса керек, бәйбішем екеуіміз, қасымызда Моңғол ұлысынан келген, туған бауырымдай болып кеткен Өміртай Лахан дейтін жігіт, «Жұлдыз» журналына тиесілі, жайлы машинамызбен, Қара-ирекке келіп түстік. Бұл да, аз-кем емес, тура қырық екі жылдан соңғы, ғажайып сапар болды. Айта берсем, арнайы жазуға татитын, өзгеше хикая, бірақ бүгінгі тақырыптан ауытқуға қисын жоқ.

Сонымен, алдын-ала хабарланып отырған, жалғыз үйлі, малды-жанды Армия бізді айрықша құрметпен қарсы алсын. Қара-иректің мен студент, аспирант кезімде ішіп тауыспаған қою сары қымызы. Рақаттана сораптап отырмыз. Міне, осы алғашқы мезетте, құмар қанбас қымыз үстінде, әлдеқалай ойыма келіп, Қара-үңгір жайын сұрап едім. О, ғажап, Армия біліп шықты! Жай ғана білмейді, мектепке барар алдында, 1950 жылы үй-ішімен қыстаған екен. Кейін де көрген. Қазір бұл өңірде жан жоқ. Шындығы, баяғы, 50-жылдардың басы, ел орнында отырған кездің өзінде Қара-үңгір қысқы тұрақ қатарынан шығарылған екен. Былайғы жұрттың ұмытуы, ұмыту емес, басынан-ақ естіп, білмеуі осыдан.
Менің ішім жанып, дегбірім таусылып кетті. Ертең барайық, деді Армия. Бүгін үлгереміз бе, деппін. Күн жоғары тұр, үлгереміз, өзіңіз шаршамасаңыз, дейді. Онда үлкен асты кешке жейміз, дедім. Сонымен, қымыздың да аяғын күтпей, Армияның, бұрнада совхоз директорылары мінетін «Газ-бірдеңе» деген әмбебап машинасымен жүріп кеттік.
Мен межелеген шамадан жақынырақ болып шықты. Даланың ескілікті қара жолы әлі де сайрап жатыр. Алдымен, көлденеңдей тартып, Ешкі-өлмес тауына жеттік. Баяғы, бала кезімде мұнартқан, өркеш-өркеш төбесін ғана көретін өзгеше тау. Қақ ортадағы, суық бұлақ, шілік, шалғынды, ойыс жазаңнан өттік. Терең сайды өрлеп, қырқадан асып, шұғылынан солға бұрылдық. Жарым-жартылай жолсыз, бірақ тапал төбешіктер арасындағы, жайдаққа жақын қыратпен келеміз. Алдағы жатаған бір белестен асып, ойға түсе бергенде, машинамыз быт-быт деп, лоқси тоқтады. Шындығында, осыншама асығыс, жалғыз машинамен шығуымыздың өзі қате. Армияның қой сойып жатқан баласының екінші көлігі тағы бар. Міне, оқыстан тоқтадық. Мұндай шалғайда далада қалу оп-оңай… Әйткенмен, іс мәнісіне бойлап үлгермедім. Қарсы алдымызда, бүткіл көкжиекті жауып, төбесі үшкіл, қос қанаты жайыла еңкейген, пирамида кейіпті биік тау тұр еді. Қара-үңгір!

Қара-үңгір тауының сыртқы, шығыс тарабы… О, керемет! Біз кідірген жер – шөбі қалың емес, бірақ майда, тығыз, ұзынынан созылған ойпаңның жиегі екен. Баяғы, Мұқан аға екеуіміз үйрек атпақ болған, енді құрғаған көлшіктің табаны. Міне, мен, шамасы осы арада тұрдым. Анау, әудем жерден қос атты шыға келген. Төкен аға. Бұдан соң, сегіз жыл бойы көріспеген, қаншама азап шегіп, өліп барып қайта тірілген ағайынды екеуі өкпелері өртене табысып еді… Енді тақау төңірегіме қарадым. Баяғы көлшік жоқ. Бұдан үлкен сулар да құрдымға кеткен. Ал тау… мен үшін қастерлі, қимас Қара-үңгір толқына манаурап тұр. Иә, тау құламапты. Сол қалпында. Менің өзім де… жасым ұлғайып, қаншама қилы заман кешкенмен, сол баяғы, бала сезімнен арылмаған сияқтымын. Әйтсе де, дәп осы араға қатысты жан толқынысымды сыртқа шығарудың мәні жоқ, аз ба, көп пе, аңырып тұрған біршама уақыт, еріксіз тоқтамнан соң, машинамыздың кілтипаны да табылған екен. Табылмаған, азғана үзілістен кейін, жөндемей-ақ, оңдамай-ақ өзінен өзі от алған. Бәлкім, менің өзгеше естелігім үшін тұтыққан. Иә. Қайткенде ғажайып жағдай. Дәп сол араға келуіміз. Еріксіз бөгеліс. Жүйкем жұқарақ болса, көзіме жас тығылар еді.
Енді өзім де білем. Ескі қыстау тиіп тұр. Азғана жүріп, таудың жатаған шалғайынан айналдық. Тағы да солға қарай қиысып, көлденең қырқаның үстіне шықтық. Алдымыз жарқ етіп ашылған. Тау етегі, Жауыр-тағымен аралықтағы бітеу сай – менің қимас қыстауым!

Бәрі өз орнында. Тек тозған, ескірген. Өзі және мүлде басқа бір кейіп. Әрине, жарты ғасырдан астам, ұзақ заман бойы ешкім тұрмаған, иен қалған қора-жай мүлде қаусаған. Төбесі жоқ. Сары кірпіш қабырғалар ғана. Соның өзі мұжылған, кетілген; ең биік тұсы – кеудеге жетер-жетпес қана. Көбіне тізеден төмен. Жаңбыр шайған, жел ұшырған. Енді бір елу жылда іргесі ғана қалмақ. Бәлкім, іргесінің өзі жермен-жексен…

Міне, бір заманда әйгілі Әзімбай қыстауының біз тұрған, төргі екі бөлмесі. Әзекеңнің өзінің құт мекені. Қабырғалар тым қалың, жарым құлаштай екен. Мынау – табалдырығын дөмпеш топырақ басқан есік. Мен үш жылғы үш қыста неше мәрте кіріп, шыққан сырлы босаға. Ішке аттадым. Сол жақ – төргі бөлме. Мына қабырғада әжемнің сүйек төсегі тұрды. Атам екеуінің ортасында мен де ұйықтаймын. Кейде таң бозынан, тіпті, одан көп бұрын оянатын едім. Қараңғылық сейілгенше, сол жақ қапталдағы үлкен терезеден қашан жарық түседі деп, әрнені қиялдап, әлдебір ертегіні іштей қайталап, күндізгі көп арқарды қайыра көруге құмартып, үнсіз, қимылсыз, сарылып жатар едім. Кейде қайтадан ұйықтап қалам. Көбіне көрер таңды көзіммен атырам. Сол шаршы. Сол бөлме. Сол терезе… енді жоқ. Терезе тұрыпты, қабырғаның өзі жоқ. Ал атам мен әжем бақилық болғалы қашан… Кері бұрылдым. Мынау – қыстауға қонған алғашқы күні атам оңдап қалаған жал пеш. Мұржасы қайда, тұрқының өзі түгелімен жоққа сайған. Ең төменгі, нұқыл табаны ғана. Жас баланың өзі аттап өтердей. Мен, үлкен бала, аттамадым. Айналып, аралық есіктен шықтым. Мына жерде – отжағар болған. Күні кеше ғана атам қи қалап, шақпақпен тұтатып еді. Содан соң… «Айым да сен, Ғалия-ау, күнім де сен… Ғалияның қолында бұйда пышақ…» Мен тамағым түйіртпектеліп, шыдай алмай, бұрылып, сыртқа шықтым. Азғана бөгелсем, атамның елесі көрінердей…
Енді ескі жұртты айнала жүрдім. Біздің екі бөлмеден әріде – тағы бір қуыстар. Бірнеше бөлме орны. Бұл жақ көбірек құлаған екен. Құлаған емес, мұжылып, шайылып таусылған. Сол қанатта – кең қойқора. Негізгі тұрақтың түстік бетінде тағы бір қабырғалар сілемі. Нақты есіме түсіре алмадым. Бәлкім, кейінірек салынған сыйыр қора, немесе, басқа бір қажетті жайлар. Кері қайттым. Күресіннен әрмен қия – оң қанат, үйімізден қырық-отыз қадамдай жерде тағы бір, шағын құрылымның іргесі опырылып жатыр. Азғана ойланып барып еске түсірдім. Баяғы, Жүніс ата ашамен қасқыр ұрып алған атқора ғой!..

Қыстау іргесін түгендеген соң, тура терістік бет – алға қарай елу қадам жүрдім. Содан соң шеңбер жасап айналдым. Міне, осы шама… Мен шойын дөңгелекті арбаның астына құлаған жер. Дәп сол бір сәт қайтадан басыма түскендей, төбе құйқам шымырлап кетті. Қалай айтсаңыз да, ғайыптан тірі қалдым. Енді міне, әуелде осындағы қызық жалғасқан, бұдан соң өкіметімнің шойын арбасының табанына біржола түскендей, қысталаң тұрмыс, одан да зор рухани азап астында кеткен, қырық жылға татыр төрт жыл төрт ай… одан бергі ізденіс, күрес, арпалыс үстінде өткен, ақыры, бар мұраттың үддесіне жеткендей, еңселі, мерейлі заманым… Міне, орта жасаған бір адамның өмірі, елу тоғыз жылдан соң, ежелгі құтты ұяма келіп тұрмын. Енді не арман бар!..

Төңірегі тықыр, қаңбақ пен қурай ғана өскен қыстау іргесін шиырлап болған соң, қарсы, батыс тараптан ентелеп тұрған Жауыр-тағы сілеміне бажайлай көз салдым. Арқары жоқ, жалаң тасы ғана қалғандай. Түстік бетте, аласара келе, доғалана бұрылып барып, Қара-үңгір биігіне жалғасып жатыр. Иіннің арғы беті, биік жартас етегінде, ұзынынан созылып, көгере түрленіп тұрған көп терек, баяғы қалпы, азаймаған, көбеймеген. Бәлкім, сол кездегі өскіні, алдыңғысы қурап, соңғысы орын басқан жаңа бір нәсіл. Енді Қара-үңгір биігіне көз тоқтатып едім. Мен ойлағандай, тым тіке емес, түйетайлана көтеріледі екен. Кенет, таудың ұшар басында жалғыз арқар көрінді. Үлкен құлжа емес, ешкі де емес, жарым мүйізді тоқты сияқты. Манадан бері барлығын видеоға түсіріп жүрген Өміртай сол сәтінде басып алса керек. Түз тағысы мүлде құрымапты. Бәлкім, екі таудың да арғы бір қапталында тобымен жусап жатқан

шығар…
Енді мен Өміртайды ертіп, егіз биік аралығы, баяғыда топ-тобымен шұбырып, арқар өтетін терең сайға қарай жүрдім. Мінеки, біздің үй іргесінен небәрі алпыс-жетпіс метрдей ғана жер екен. Көлденең жартас түбі. Анау бір жылы, қар кеткенде әдейілеп көріп едім. Арқардың саудыраған, әлі де қызылы көшпеген қу сүйектері үйіліп жатқан. Ең сұмдығы – шаңырақтай мүйіздер. Мен нақпа-нақ көргем жоқ, алайда, үйірлі қасқыр әр кезде, осы арадан тосқауыл жасап, бір-екіден басып жатқан сияқты. Көп емес, аз да емес. Неше арқар қапияда жем болғанын санамақ едім, ажырата алмадым. Әлде үшеу, әлде бес-алтау. Оның есесіне, асық жіліктен омпасы шодырайған шикілі құлжалар көз тартқан. Өзім ала алмаймын, ересек біреуге айтсам, қаншама жаңа құлжалы болар едім. Әйткенмен, сол сәтінде-ақ бұл ойдан жерідім. Ауырып өлген қой емес, қасқыр жеген арқар. Яғни, бұл құлжа да арам. Енді бүгінгі күні, дәп осы жерден жарым жілік көрінбеді. Бұрынғы бар, кейінгі бар, қаншамасы үйіліп жатса керек еді. Міне, қу сүйектің өзі тозған, күл-топыраққа айналған, ұсқынсыз сарғыш жаңқалар ғана қалыпты.

Тағы да тау жаққа қарадым. Аз-маз өрлеп шықтық. Көп емес, асса бірер жүз қадам. Міне, осы Қара-үңгір шегіне кіргеннен бері бірдеңе жетіспей тұр еді. Ақыры есіме түсті. Секі тас. Секі тас қайда? Бәлкім, мүлде болмаған. Жоқ, қателесуім мүмкін емес. Жадымда қалған, өшпестей таңбаланған қаншама сурет ішінде ең ерекше біреуінің жаңсақ шығуы қисынсыз. Әнеу бір шама сияқты. Өміртай екеуіміз алға жылжыдық. Иә. Мінеки. Айна-қатесіз. Бар екен. Әйткенмен, секі тас емес. Там үйдің бір бұрышына жақын, төрт қырлы, жайпақ, шомбал, сандық тас. Дәп түбіне келдік. Арғы жағынан табылды. Үстіндегі секі тасы. Кісі бойындай, ол да төрт қырлы, дәп іргесінде көлденеңінен құлап жатыр. Менің баяғы, нысаналы белгім. Өз бетімен құламаған. Еріккен, бейбастақ жігіттер трактордың тросымен тартып жыққан. Сол, айдаладағы ескілікті нысандарды жаппай қирату дәуірінің басында. Әлдебір, жынды суға тойып алған тракториске, немесе, кәдімгі, жүк машинасының шопырының көзіне күйік болып көрінген. Қара-үңгір тауы өзінің мың да мың жыл бойғы нысаналы белгісінен айрылыпты. Барын көрген менен басқа кім жоқтамақ. Одан да зорғымыз тапалып, бүлініп жатқанда.

Етекке қарадым. Қос қоңыр төбе баяғы орнында. Алыста Шұбар-айғыр тауы шұбатыла көгереді. Беріде, көлденең қырқаның сол жақ қапталы, жазаң қылыда Әзімбай ақынның төбесі жабық, қоршамалы бейіті. Жаяулап, солай қарай жүрдім. Орта жолда, тіпті беріде – біз қысы-жазы су алатын құдық болса керек еді. Жайпақ, төбесі жабық шағын апан түбіндегі таза көз. Қалай қарайласам да, көзге шалынбады. Әрине, топырақ басып кеткен. Асса, елеусіз ғана шұқанақ болып қалуға тиіс.

Енді міне, Әзімбай ақынның зираты. Сол қалпында тұр екен. Тек сыртқы қалың қоршауы ғана әжептәуір шайылып, аз-маз аласарған. Оның есесіне, төбесі бітеу зират қаз-қалпында. Тек дөдеге жиектері сәл-пәл ашылыпты, үстіге жапқан салалы талдар ұштығы ағараңдап көрінеді. Мына қалпында тағы бір елу жыл мызғымай тұруы анық. Жалпы, қазақ күмбез, зират атаулыны жүз жылға деп есептеген. Ал біз көріп, білген белгілі нысандар жүз емес, екі жүз жылға тартса керек. Қайткенде орны ұмытылмайды. Иә, Әзекең. Байлықты, барақат ғұмыр кешкен Әзімбай. Айтқанымдай, артында бірқанша сөзі қалған, ең бастысы – Ақтамберді батыр-жырауды маған жалғастырған. Алла разы болсын!.. Тізе бүгіп, құран бағыштадым. Иә, осыдан елу тоғыз-алпыс екі жыл бұрын құртақандай бүлдіршін едім. Осы Қара-үңгір жұртында ғаламат қатерден аман қалдым, одан соңғы қаншама алапат қиындықты жеңдім, енді, қартаң шалға тақау, алпыс алты жасымда құтты мекенім, сенің басыңа қайыра келіп тұрмын. Тәңірім алқағаннан, аруақ қолдағаннан. Маған қашанда тыныс қосып, дем берген аталар аруағының ішінде сен де барсың, Әз-аға! – дедім.

Бұл кезде күн еңкейіп қалған екен. Қанша қимағанмен, ат басын кейін бұруға тура келген. Келген сорап – Ешкі-өлмеспен емес, қарсы тарап – Жауыр-тағыны айналып, баяғы, әжем екеуіміз қонақта болған Әубәкір ақсақал отыратын, енді ол да құлап біткен ескі қыстау үстімен жүрдік. Арғы қаптал – күргей тау, бірақ екі аралық ашық. Бөгеліссіз жылжып, Қара-ирекке ақшамда жеттік. Ет пісіп, қымыз құйылып тұр екен.
Осыдан соң, арада төрт-бес ай өтпей, мен туған елден түпкілікті қоныс аударып, жұрт асқан едім. Әзіргі тұрақ – Орталық Еуропа, Чех республикасы, Алтын Прага шаһары. Өнімді, жаңа бір жұмыстар басталған.

Келесі жылы елге шұғылынан соқтым. Артымды тиянақтау үшін ғана. Алайда, туған жұртыңнан біржола қол үзіп кете алмайсың, тағы екі орамнан кейін, 2009 жылы ұзағынан барып едік. Бұл жолы Айшешек, Жағанбике, Бату, Байдар дейтін, жат жұртта туған төрт немеремен қоса. Бір жағы Шыңғыстың арғы беті, Абай-Атаның басы, екінші тарабы – Қарқаралы. Өміртайдың Бақанас-Кеңсуат жұртында, осы екі өңірден маған сәлем бере келген құрметті қонқтарымызды күткен, одан соң өзіміз де, арғы, бергі бетте мерекелі, мәртебелі мейман болған қаншама қызықтан кейін, қимас Қара-ирек, қастерлі Қара-үңгірге қайыра баруға көңіл ауды. Енді тағы да Өміртай бастап, тобымызбен шықтық.

Әрине, әуелі Қара-ирек. Жалғыз үйлі, бір өзі көп ауылға татитын Армия бауырым. Сойылған қой, сапырылған қымыз. Бүгінгі заманның шежірелі ақсақалына айналған Армия інімнің осы өңір ескілігіне қатысты қаншама әңгімесі. Ал қалалық қана емес, шет елдік немерелер үшін жаңа бір әлем. Баяғыда Мұқан аталары сабақ өткізген, енді төбесі мен төрт қабырғасы ғана қалған, терезелері үңірейіп тұрған ескі мектеп, ата мен әже тұрған, екі бөлме, кең дәлізді үйдің іргесі – ерекше естелік болса, қарсы беттегі мол сулы қасқа бұлақ, Қасабай байдың біріккен үш күмбезді, өзгеше зираты, аршалы тау, сарымсақты белес, тоғайлы, қарақатты сай-сала – мүлде басқа бір өмір елестері.

Екі қонақтан соң Қара-үңгірге аттандық. Өткендегі жүрі жол. Ешкі-өлмес. Қара-үңгір тауының сыртқы беті. Ақыры, міне, қастерлі, көне қыстау. Құлазып жатыр екен. Әрине, үш жыл бұрынғыдан өзгеріс жоқ. Бірақ бұл жолы жаныма жақын қоныстың мүлде иен қалған, адам атаулының жадынан шыққан сүреңсіз қалыбын айқынырақ сезінсем керек. Ал төрт немереге бәрі қызық. Құлаған қора – ертегілік мекен сияқты. Атамыз кішкентай кезінде жүрген жерді айналып шығамыз деп, тақау төңіректі түгел адақтады. Содан соң, мен байқамай да қалдым, ересектеу Айшешек пен Жағанбике түстік доға – әріге кетіпті. Әп-сәтте, мен үнемі сырттай тамашалайтын, және тым алыс көрінген, шын мәнісінде, жүз елу-екі жүз метрге жетпес топ терекке барды. Сол кезде ғана назарым түсіп еді, тіке, ұзын жартас түбінде созыла, қалың өскен жасыл теректің ортасы ойылып, мүлде жоққа айналыпты. Тақау төңірек елсіз, алыстан келген әлдекімдер құрылысқа қиып әкеткен. Қайткенде, таң қаларлық, күтпеген жағдай. Жүз жыл бойы тұйық, терең сайдың көркі болып тұрған, өзгеше бітімді топ дарақ еді, ішің ашиды екен. Мен ренішімді айтқанда, алабұртып келген немерелерім, қайта өсіп шығады деп жұбатты. Рас. Шоқ терек жаңадан өсіп шығады. Бірақ ескі қыстау күн озған сайын қара жермен теңесе бермек. Ол да ештеңе емес. Ғұмыр тарихында 1932 жылы ашаршылықтан соң иен қалса да, арада бір мүшел өткенде қайтадан қоныс тапқан Қара-үңгір, бүткіл Қара-ирек, Жорға өңірі енді қанша заман қаңсып жатпақ? Байырғы халқы жаңадан өсіп-жетіліп, енді қырық жылдан соң қайыра қоныстануы мүмкін бе? Мүмкін, мүмкін ғана емес, анық деп алдарқаттым өзімді.

Қош, Қара-үңгір! Мені тұпа-тура ажалдан сақтап қалдың, бауырыңнан тараған сырлы тылсым, нешеме ғасырлық қазақы рухыңмен көкірек-көзімді ашып, рухани қуат құйдың, бұдан соңғы бар жазуыма дем бердің, мен сені ешқашан ұмытпаймын!
Қош, Қара-ирек! Ендігі тіршілік ғұмырда қайыра көрмесімді біліп тұрмын. Мың жасайтын пенде жоқ. Ал піл сауырлы қара жер мәңгілік дейді. Қара-үңгір мен Жауыр-тағы, Бесбұлақ пен Тас-су, Жорға мен Шұбар-айғыр осы орнында тұруға тиіс. Бауырына қайтып оралатын туған жұртымен қоса. Ал мен, бұл анық, қайрылып келіп, қайта жүрмеспін. Бірақ уақасы жоқ. Бар қызығын көрдім. Қадарынша, өшпес таңбаға түсірдім. Соның өзіне тәуба. Риза болмас жөнім жоқ. Әйтсе де қимаймын. Амал не, қош, қош!..

8–9.V.2020,
Күміс Бұлақ, АҚШ.

Екінші бөлім
Өскін – 1947-1954 жылдар

Балалық шақтың бастапқы кезеңі – «Бүлдіршіннен» соңғы жылдар туралы жазам ба, жазсам неше жасыммен шектелуім керек деп әжептәуір ойландым. Жазу қажет екен. Ал қамтылар меже – орта мектепті бітіріп, Алматыға үлкен оқуға аттанар күнмен тоқталсам жөн еді. Яғни, он жеті жасым, 1957 жыл, июнь. Алайда, айтқанымдай, ұзақ ғұмырдағы ең ауыр, зар заман – 1951 жылғы июль мен 1955 жылғы октябрьдің соңы – шын мәнісінде қырық жылға татитын төрт жыл, төрт айлық зұлмат дәуірдің әуелгі екі жыл, төрт айын таңбалауға дәрменім жетсе де, кейінгі екі жылын тәптіштей қайталау – тым ауырға түседі екен. Психологиялық тұрғыдан. Мәселе мен көрген артық-кемді тұрмыс таршылығында емес. Бар жүйкеммен сезініп, күнделікті азапқа айналған рухани күйзелісте. Төңіректегі бала-шаға, үлкенді-кішілі жұрттың теріс көзқарасы демеймін. Ондай жағдай атымен болған жоқ. Жаңа ғана ес білген, қаршадай кезімнен кеудем көтеріңкі, ал орта мектепке өткен алғашқы күннен бастап үздік қана емес, озғын оқыдым, бәрінен артықпын дейтін менмен мінез біржола қалыптасқан, бүгінгім осы болса, болашағым тіпті керемет, бері дегенде Мұхтар Әуезов қатарлы ғаламат жазушы боламын деген арман, қиялға астас, нық сенім бар. Әйтсе де, он екі, он үш жасқа жетіп, уақыт озған сайын, өрісім тарыла бастағанын анық аңдадым. Ақыры, 1953 жыл, 23 октябрь күні ғазиз әжем бақиға аттанған соң, қара түнек қойыла түсті. Көңіл түкпірінде тұнған мұң енді арылмас қайғыға ұласты. Арада бес-алты ай озып, қажетті он төрт жасқа толған кезде мені комсомолға өткізбей қойды. Бұл деген… сенде болашақ жоқ деген сөз. Мектепті қалай бітірсең де, ешқандай жоғарғы оқу орнына қабылданбайсың. Рас, көп ұзамай бұл тыйымның күші жойылды. Әйткенмен, алдағы өмір өткелдері қандай болмағы айқын еді.

«Бөрі арығын білдірмес», – деген қазақ. Мен – бұрнада ерлігімен, ақыл-парасатымен жер дүниені дабылдатқан Ежелгі Ғұн, Көк Түрік, Ұлұғ Ұлыстың бүгінгі әулеті екенімді танып, білмесем де, сол айдынды бабалардың құтты қасиетінің әлдебір жұқанасы қан-тамыры, жүйке-жүрегіне дарыған, және осы ерекше жағдайымды кәміл сезінген Мұхтар бала Мағауин – ең ауыр күндердің өзінде көкірегім көтеріңкі, рухым берік болды. Сырттай қарағанда. Іштей қаншама күйзелсем де. Оқу әлі де үздік. Алайда, бұрынғыдай тым шырқау емес. Кеудем қанша асқақ болса да, жүйкем жұқарып, жігерім мұқалып, тіршілік азабынан қажи бастаған едім. Бұл қалыпта енді қаншаға шыдаймын? Нақтылап айтайын, бұл кезде мен он төрт жасқа жаңа шыққам.

Ақыры, бәрі де сәтімен шешіліпті. Онан беріде бір адамның тұтас ғұмыры – алпыс алты жыл. Бүгінгі нәтижесі – жазу столының басында, өткенді саралап, жаңа бір тұрпатты естелік жазбалармен отыруым. Тәуба және қанағат.
Сонымен, қотанымызға қайтып оралсақ, балалық шақ туралы дәйекті естелікті одан әрі жалғастыруым керек екен.

Менің мектепте оқығым келмейді

Алыс отардан аудан орталығы Баршатасқа көшіп келдік. Жақсы орналастық. Ең бастысы – Мұқан аға соғыс пен тұтқын, бұған жалғас, орыс жеріндегі кіріптар қара жұмыс – қаншама алмағайып кешуден аман шығып, енді отбасымыздың ұйытқысы болып отыр. Және Кенже-ағам Төкен бар. Ата, әже және мен – бәріміз, ол заман үшін аса мол, кеңіс саналған үш бөлмелі үйде, бірге тұрамыз.

Менің жаңа өмірмен таныстығым – телеграф бағаналарынан басталды. Бұл жерде де көршілес шыққан баяғы Әлихан көрсеткен. Анау жылы Мысықта мені тоғанға ағыза жаздаған тентек Әлихан. Бұл кезде тоғыз-он жаста. Баған ағашқа құлағыңды тоссаң, гуілдеп, шулап тұрады екен. Семей мен Алматы сөйлесіп жатыр, деді. Мені сынағаны, әлде қалжың. Жақсы білем, осы, басына сым тартылған жуан, қу бөренелерді алғаш көргенде Мұратқан айтқан. Осы сымдар арқылы телефонға қосылып, алыс жерлермен сөйлеседі, деп. Ал мына ызың мен гуіл – желдің әсері. Кәдімгі қурайдың ызыңы сияқты. Тек әлденеше есе күшті.

Тағы бір, бұдан да өткен қызық – радио аталады екен. Осы сымға жалғанған кәдімгі сөз және ән-өлең. Біз көшіп қонғаннан соң үшінші, әлде төртінші күні Кенже-ағам әлдеқайдан алып келген. Қақ ортасында жұдырықтай тетігі бар, қатырма қағаз, кәдімгі табақша. Көп сөйлейді екен, және бос сөз. Ара-тұра ән салады, күй шығарады. Мұндайда тыпа-тыныш, тыңдап қана отырам. Атам мен әжем де мәз болды. Осыншама керемет деп. Бір жолы атам айрықша қайран қалған. «Бір ағашта бес алма» деген ән. Ұмытылмапты, жоғалмапты, біздің бала кезімізде айтылатын еді, бірақ «бес алма» емес, «екі алма» болатын, сөзін бұзыпты, әйткенмен әуезі сол қалпында деп еді. Кейін ойладым, шынында да «бес алма» емес, «екі алма» – жұптық, жарастық белгісі, айрылмас серт. «Жанқалтамда қос өрік» деген де бар ғой. «Сәулем, саған мен серік», – дейді одан соң.

Осындай және басқа да қызығы болғанымен, аудан орталығы Баршатас маған мүлде жат көрінді. Бықыған жұрт. Біреу анда, біреу мында, сапырылыса жүріп жатыр. Көршілер бұрынғыдай, асса екі-үш үй емес. Іргелес тақауының өзі он, он бес. Қыстақтың арғы бетінен санаса, қырық-елу. Бәлкім, жүз. Тамыр-таныс, жақын білісті айтам. Белгісіз бір кісілер атама сәлем беріп, келіп-кетеді. Көшеде жүрсең, тағы қаншама, әрқилы жұрт.

Осыншама халқы бар Баршатас маған ертегілік Бағдатқа тақау, үлкен қала болып көрінеді. Үйлер ығы-жығы, көшелер ретсіз, оңды,солды. Бірде тақау төңіректі байқап көрейін деп, екі-үш қораны айналып едім, қайтар жолды таппай, адаса бастадым. Естігенім бар, ай далада адасқан кісі айналып, бір орынға келе береді, деп. Мен айналмас үшін, ортаға тақау, ашық алаңға шығып тұрдым. Енді былай ма, алай ма… Басым қатып, бөгеле бердім… Сол сәтінде жұмыстан қайтып келе жатқан Кенже-ағам ұшыраса кеткені. «Менің жолымды тосып жүрсің бе…» – деді. Иә десем, өтірік. Жоқ десем, ұят. Жауабымды күтпеді, бауырына тарта жетектеп, мен ойлағаннан басқа бір жаққа беттеді. Өз үйімізге. Үш-төрт қорадан өттік пе, өтпедік пе, тым тақау екен. Отардағы жалғыз қыстау емес және мен үлкен баламын, әжем менің бар, жоғымды аңдамапты. Бұдан соң, ертеңіне, өткен қателігімді қайталамау үшін, үй іргесінен бірден ұзамай, төңіректей айналып, тақау тұсты межелеп алдым. Енді адаспаймын. Бірақ аз-маз ойқастағанмен, көп ұзамаппын.

Мұның бәрі – алғашқы аптадағы оқиғалар. Арада он күн өтті, өтпеді, мені мектепке сайлаған. Шағын, қоңыр түсті оқушы портфелін алып қойыпты. Ішіне Әліппе, Есеп кітабы мен бірнеше дәптер және ұшталған екі қарындаш салып, қолыма ұстатқан. Енді жаңа бір өмір басталмақ. Мен оншама ынталы емеспін. Быйыл төртінші класқа өткен Мұратқан айтып еді. Мектеп пен оқу жағын. Жиырма, отыз бала бір класта, яғни, үлкен бір бөлме, парта деп аталатын стол-орындықта отырасың. Тұтас төрт сағат. Тапжылмай. Тұруға, жүруге, өз бетіңмен сөйлеуге рұқсат жоқ. Мұғалім сабақ оқытады. Әлгі жиырма-отыз балаға қатарынан. «Қалай, – деймін. – Бәрін бірдей қалай оқытады?» Бәріне айтады, содан соң жекелей сұрайды. Арасында он бес минут үзілісі бар, осы төрт сағат бойы. Әзірше, бастауышта. Кейін бес-алты сағаттан. Мұнысы қиын екен. Қиын емес, қисынсыз. Жалғыз өзіңді оқытса жөн. Төрт сағат, бес, алты сағат. Ал мұғалімнің өзін емес, анау балалардың қалай айтқанын тыңдап отыру деген… Бәрібір, басқаша оқу жоқ.

Сонымен, бір күні аға мені мектепке алып барды. Бірінші кластың таңдамасы, Ақылбеков деген мұғалім. Далбырлаған, қартаң кісі екен. Қуана қарсы алды. Екінші, әлде үшінші қатар, бос орын, әлгі, парта дейтін бітеу орындық-столға отырғызды. Сол сәтінде оқу басталған. Әліппе – «Т» дейтін қаріп. «А» бұрын өтілген екен. Енді осы екі дыбысты қосу керек. «А», оған қоса «Т»: а, т – болады «АТ». Бұл «АТ»-тан соң тағы да «А»: а, т, а – болады АТА. Әліппе кітабымды ақтарып қарасам, бұл – бар оқудың басы ғана. Бұдан әрі… «Ә», «Е», «Қ»… Осындай да оқу болады екен. Мен жалығып кеттім. Жан-жағыма қарай бастадым. Мұғалімнен арғы, төр қабырғада – үлкен, төртбұрыш, қап-қара тақтай тұр. Тақтай емес, тақта аталады екен, артынан білдім. Терезеге қарсы, сол жақ қабырғада – ұзыншақ ақ қағазға көк бояумен ірі таңбалар жазылыпты: «Оқы, оқы және оқы. Ленин.» Сол кезде мұғалімнің қатқыл дауысы шықты: «Мағауин, жан-жағыңа жалтақтамай, тура қарап отыр!..» Дір етіп, тура қарадым. «Қане, мынау қандай қаріп?» – «А» ғой…» Соны да сөз деп. Осындай мазақ бола ма. «Оқы, оқы және оқы», – дедім мен қырсығып. «Ой, жарайсың! Міне, мұғалімнің баласы осындай болады.» «Мен атамның баласымын», – дедім. «А?.. Иә, атасының баласы осындай болады… Әліппенің мына бір жерін оқып жіберші?» «Қаз, Қара, Қора…»

Дәп осы кезде қоңырау соғылды. Мұғалім: «Ал, балалар, үзіліс, класта шуламай, далаға шығып ойнаңдар, бірақ сабақтан кешігуге болмайды», – деді де шығып кетті.
Қолма-қол мен де шықтым. Біржола. Портфелімді алып. Үйге қайтатын жол сайрап жатыр. Мана анық аңдағам. Мектеп қыстақтың ең жоғарғы шетінде кен. Бірден оңға бұрылып, төбешік етегін көбелей жүрсең, алдың ашық, тіпті, шеткері қоралар көрініп тұр.

Үйге келдім. Және бірден атама айттым. «Енді мектепке бармаймын», – дедім. Ат, Ата деп ежіктеп жатыр, мен бәрін білем, бұлайша оқығым келмейді, дедім.
Бір-екі сағаттан соң аға да сабағынан оралды. Сен кетіп қалыпсың ғой, мұғалім ұрысты ма, деген, абыржыған қалыпта. Жоқ, дедім. Менің оқығым келмейді. Онсыз да бәрін білем. Аға ой түйіп, жауап қайырып үлгермеді, атам бірден айтқан. Мұхтаржан Әліппені өткен жазда бітіріп қойған, енді бармайды. Келесі жылы екінші кластан бастайды, деп.
Сонымен, менің бір сағаттық оқуымнан соң бірінші класс мәселесі шешіліп еді. Келер жылы екінші класқа барам. Қазірдің өзінде екінші класс оқушысымын. Бәлкім, тұпа-тура үшінші кластың өзі!

Кітап оқығым да келмейді

Сонымен, менің бірінші класым бітті. Енді одан арғы оқуды жалғастырсам керек қой. Есеп, Ана тілі дегендей. Бұған да ынтам жоқ екен. Біразын білем, қалғанын ендігі жылы, сол екінші класта оқып алам. Әзірше басқа бір әңгіме кітаптары.

Мұқан аға орта мектепте әдебиет сабағын өткізеді. Сегізінші, тоғызыншы, оныншы – небәрі үш класс, оның өзі толық емес, әр класта он бес-жиырма баладан ғана. Тәрізі, сабақ сағаты жетпегеннен, қосымша ретінде мектеп кітапханасын тапсырыпты. Енді әңгіме кітаптарын оқисың, деген. Мені ертіп жүрді. Өзінің сабағына кірерде осы кітапханаға тастап кетеді. Биік, ауқымды мектеп үйінің оң жақ қапталы, төбешік етегіндегі екі бөлмелі оқшау үй, қатар-қатар тақтай сөрелерде сығыласа толған кітап. Бәрін түгел, қатарынан оқи алмайсың. Бір-бірлеп қарау керек. Таңдап, ең жақсысын.

Бәрі де жақсы сияқты, бірақ ең қызығы керек еді. Көп ақтармай-ақ таптым. «Жау танкісін қиратуды үйрен!» деп аталады. Көкшіл түсті, шағын кітапша. Сыртында… өңеші сорайған, тәрізі, тұтас темірден құйылған құбыжықтың суреті тұр. Танк деген осындай болады екен. Ішін ашып, оқи бастадым. Сондай да сондай сұмдық. Атады, тапайды, төңірегін түгел жайпап шығады. Бірақ совет әскеріне, тіпті, кез келген жүректі адамға оп-оңай екен. Қаласаң, қиратып саласың. Ол үшін… гранат дейтін, ұстайтын қысқа балдағы бар жарылғыш пәлені кәдімгі жағармай құйылған бөтелкемен қосақтап байластырасың. Ендігісі қиын емес. Еңбектей жылжып, танктің артына шығасың да, үстіндегі моторға лақтырасың. Бітті. Жау танкісі үйген ағаштай, лапылдап жанады. Дәп солай. Бірақ маған ертегі болып көрінеді. Және қисынсыз ертегі.

Бұдан соң тағы қандай кітаптар ақтарғаным есімде жоқ. Бұл өтірікші кітап дегеннің ешқандай қызығы қалмаған. Оның үстіне, менің оқуым тым жедел емес екен. Әлгі жау танкісін қиратуды бір сағат, бәлкім, бір жарым сағат тәптіштеп отырдым. Әуелде, алғашқы беттерді қатарынан, содан соң, ішкі суреттерге қарап, аттамалай жылжып. Ағам сабақтан келгенше. Содан соң сұрап едім. Жау танкісін қирату осыншама оңай ма деп. Аға қолын сілтеді. Басқа бір кітаптарды оқы, деген.

Бұдан әрі осы мектеп кітапханасы және үйде қандай кітаптар оқығаным есімде жоқ. Анығы – есте қалардай мәнді емес. Әлдебір ертегілер жинағы. Қазақ емес, басқа халықтардың. Содан соң ағайынды екі піл Қари мен Кәридің тарихы. Жаңа туғаны, өсіп, үлкен болғаны. Жұмысқа қалай жегілгені. Қиындық сәттерде біріне бірі көмекке ұмтылғаны… Содан соң «Сырлы арал». Жюль Верн деген француз жазған. Міне, оқитын кітап осындай болуы керек. Бес адам әлдеқайдан қашып шығып, әуе шарымен ұшады. Шексіз мұхит үстінде, шарды көтеріп келе жатқан жеңіл газ сыздықтап сыртқа кетіп, әлгі бесеу суға құлай бастайды. Бар жүгін лақтырады, әйтсе де, тоқтаусыз төмендей береді. Діңке құрып, өлдім-талдым дегенде әлдебір аралға ілініпті. Иен арал. Енді өлмес тіршілік қамы басталады. Не қару жоқ, не тамақ жоқ. Ақыры… Сайрус Смит деген инженер тығырықтан құтылар амал табады…

Екі-үш апта бойы ежіктедім. Оқуым жоққа жақын, тым баяу екен. Әйткенмен, қалың кітапты тауысқанша, әжептәуір жетіліп қалған сияқтымын. Бірақ өкінішті жағдай, қызғылықты хикая ортан белінен үзілген еді. Екінші жарымы жоқ. Әлі қазақшаға аударып бітпеген. Ендігі, арғы жылы шығады. (Ақыры, мүлде шықпады ғой деймін. Кейін, университет жылдарымда орысша арқылы ғана түгендеп едім.) Әйткенмен, иен аралда қалған бесеудің бұдан соңғы тағдыры айқын сияқты. Бәрі де аман-есен, туған жұртына қайтуға тиіс. Әуелде күнкөрістің өзі мұң болса, енді кәдімгідей, жетімді тірішілік жасай бастаған. Өңшең қажырлы, қайратты кісілер. Алайда, бұлардың ішінде білгір, тапқыр инженердің қызметі ерекше болыпты.

Өскенде мен де инженер боламын, деп едім бүкіл отбасымыз дастарқан басында отырған кеште. Осы арада үлкен екі ағам Мұқан мен Төкен менің болашағым туралы кеңесіп кеткен. Инженер деген жақсы. Мұғалім де жақсы. Бірақ ең жақсысы – дәрігерлік, десті. Патша заманында оқыған Бөжей атаң сияқты білімпаз дәрігер болу керек, деді атам да. Қайда жүрсең де өлмес мамандық. Екі дүниеге бірдей, деген әлде Мұқан аға, әлде Төкен аға. Дәрігер атаулы немістің тұтқынында да өзінің негізгі жұмысын атқарып, басқалардай артық қиындық көрмепті. Мұндағы ләгір, түрмелер де дәп солай екен… Мен бұл соңғы сөздің толық мағнасын көп ұзамай-ақ, алдағы көктемде кәміл ұққан едім. Яғни, дәрігер болған басқасынан жүз есе артық. Әйткенмен, ойланып көру керек еді.

Қысқа қарай ақын Абайдың қалың, біртомдық кітабы жеткен. Атам екеуіміз үшін рақат болды. Рас, менен гөрі атама. Әуелде, кітапсыз-ақ жатқа білетін өлеңдерін қайта таныды. Бұрын хатқа түспеген жаңа дүниелерге қанықты. Мен оқып отырам. Атам мүлгіп тыңдайды. Кейбір қиын, күңгірт тұстарын таратып ұғындырады. Бастан-аяқ түгел оқып шықтық. Ғақылияға дейін. Атам өтіп кеткен кейбір өлеңдерді қайыра пысықтайды. Ал мен, шынымды айтсам, жалыға бастадым. Иә, «Ғылым таппай, мақтанба…» «Қан сонарда бүркітші шығады аңға…» «Қартайдық, қайғы ойладық…» тағы басқалары. Мағналы болса да, кәдімгі өлең. Әңгіме емес, ертегі емес.

Қатарынан жаттамайсың. Жаттамағанды қайыра баяндай алмайсың. Тіпті, жадыңа тұтқан өлеңның өзін. Ғылымға жетілмей мақтанбау керек, дейді. Бес жаман нәрседен аулақ жүру қажет екен. Жаңа қар жауғанда бүркітші аңға шығыпты. Енді біреулер қыран құстың орнына күйкентай мен қарғаны баптапты… Атам үшін қызығы таусылмайды. Ал маған басқа бір кітаптар керек еді.

Иә, айтпақшы, мектеп кітапханасынан сегізінші, тоғызыншы кластардың әдебиет оқулығын әкелдім. Алпамыс. Ер Тарғын. Қобыланды. Отқа салса жанбайтын, суға салса батпайтын Алпамыстың аңдаусызда терең зынданға түсуі. Аман құтылуы. Ер Тарғынның қалмақты қыруы. Қобыландының Тайбурыл тұлпарының шабысы. Бәрі жақсы. Әйткенмен, тұтас жыр емес. Жекелеген үзіктер. Басы жоқ, аяғы жоқ. Бұдан да мүлде оқымай қойған жақсы екен. Не болды, не болады деп бас ауыртпай.
Ақыры, менің туа біткен жалқаулығым жеңіп кетті. Аға өзі ұстап отырған мектеп кітапханасынан тағы бір дүниелер ұсынып еді, бастап қарадым да, жауып қойдым. Маған не ертегілер жинағы, немесе «Сырлы арал» сияқты қызғылықты хикаялар керек. Енді әуелгі құмарым басылып қалыпты. Аға арнайы қисық жол дәптер әкеліп, жазуға тартпақ еді, бұл да тым ауыр жұмыс көрінді. Оқитын кітап тұрғанда, жазу неменеге керек. Қыс ортасына жетпей, жазу тұрғай, кітап оқудың өзін доғардым.

Кино деген болады екен. Кере түсірілген, аппақ мата бетіне шығатын жылжымалы суреттер. Аудан орталығы Баршатаста клуб дейтін, ойын-сауық үйі бар. Аптасына бір, кейде екі рет, сенбі, жексенбі күндері көрсетеді. Аға мені арнайы алып барған. Ақша төлеп кіресің. Көп жұрт, кең бөлмеге жиналған, қатар-қатарымен, орындыққа жайғасқан. Аға маған да бір орын алған, әйткенмен, тізесіне көтеріп отырғызады. Артқы бір тұста тесік ұядан сырылдап жарық төгіледі. Алдағы, экран аталатын үлкен, аппақ матаның беті жапыр-жұпыр, қарбалас суреттерге толып кетеді. Әлдебір сақалды орыстар. Дулығалы, сауыт-сайманды, үлкен, түзу семсерлі. Қарсы келгеннің бәрін жапыра қиратып жатады. Бұл қараниет жаудың бір тобы – тұпа-тура біздің қазаққа ұқсас. Бұларды да түгелдей кескілеп, топырлата айдап жатыр. Кейін ойлаймын, Иван Грозный және Александр Невский. Бала болсаң да, туыстарыңды қырып жатқанда ішің ашиды екен. Тек бұл ғана емес. Кешегі соғыс. Тағы да біздікілер, ішінде бір қазақ жоқ, сақалсыз орыстар, неміс атаулыны шабылған шөптей жусатып жатыр. Енді бірде теңіз соғысы. Алып кеме, таудай толқындар. Осындай бірлі-жар суреттер болмаса, ешқайсы қызық емес. Аға мені көрсін деп апарады. Ал мен амалсыз барам және кейінгі кезде мүлде жалығып, осы кино үстінде ұйықтап қалатын болдым.

Жаралы жұрт

Бұл кезде кешегі соғыстың зардабы қайтпаса да, қазақ ауылы бар тіршілігіне шүкір қылып, ес жия бастаған.
Біздің үй мен көргенде алғаш рет соғым сойды. Ту сыйыр. Басқа жұрттың да тіршілігі қалыпқа түскендей. Жалғыз біз ғана емес, қолы жеткен біраз жұрт соғымды болған сияқты. Енді көрші-қолаң, алыс-жақын туыстардың өзара шақырысуы басталған. Есімде қалған бір жағдай – Мұқаш деген кісінің үйіндегі қонақ. Өткен жазда ғана жаңа там салып алған екен. Ағайынның арқасында. Өзінің бір қолы шынтағынан жоқ. Жасы тым қартаң болмағанмен, біршама егде. Айтқан әңгімесі тым әсерлі көрініп еді. Майданға екі рет кірдім, деді. Әуелгі жолы түгелдей қырылдық. Біздің баталион – бес-алты жүзден небәрі қырық кісі қалдық. Кейін, тылға әкетіп, үстімізге жаңа әскер төкті. Арада ай өтпей, қайыра түстік. Әлімізге қарамай, бұл жолы да шабуыл. Немістің серпімі қатты. Тағы да жапырлай жығылып жатырмыз. Абырой болғанда, бұл жолғы ұрыстың бас кезінде мына сол қолымнан рани болдым. Яғни, жарадар. Снаряд жарылғанда, бес саусағымды алақаныммен қоса, жұлып әкеткен. Қан торсықтың аузынан төгілген судай, атқылап қоя берді. Алдында үйреткен, қолма-қол білегімнен тартып байладым. Біздің кісілер кәмәндірдің бастауымен ілгері ұмтылған. Осы кезде арттан медсестра да жетіп еді. Бірден-ақ жара аузын дұрыстап орады. Содан соң, айналайын, осы орыс қызының сүйемелімен, басым айналса да, өз аяғыммен медсанбатқа жеттім. Одан өзімдей, әрқилы жаралы салдатпен қоса, машинаға тиеп, кері қайтарды. Сол күні шұғыл операция жасап, шынтағымнан төмен кесіп тастады. Бастан құлақ садаға, дейді ғой. Мен бір қолымды бердім. Өзге жұрт, біздің шабуылға шыққан әскер түгелге жуық жойылып, ақыры кері қашып, санаулы ғана кісі аман қалыпты. Қырық жыл қырғын деген осы. Ажалы жоқтың өзі әрең шығады екен, деп еді. Маған айрықша әсер еткен әңгіменің есте қалған ұзын-ырғасын ғана айтып отырмын. Менің екі ағам өздерінің соғыс хикаясы туралы тым көп ашыла бермейтін. Ілгері-кейін, әр кезде, онда да шет жағалап естіп едім. Шолақ қол Мұқаш ақсақал айтқан әңгімеден әлдеқайда үрейлі. Әсіресе, Харьков түбінде, екеуі екі жақта, қоршауда қалған кездері. Алғы шептен ұрған біржақты зұлмат емес. Төрт тараптан және әуеден тынымсыз соққылаған қанкешті дүлей. Он есе артық қырғын…

Қайткенде тірілер тіршілігін жалғастырып жатыр. Қазаның орны толмаса да, қаптаған қайғы жұқармаса да, қатерден соңғы, соғысқа қатысқаны бар, қатыспағаны бар, үлкен-кіші, жалпы жұрттың көңілі көтеріңкі. Әсіресе, алды майданға ілініп, арты үлгермей қалған жастар. Аудандық клубта сенбі сайын кино, жексенбі сайын ойын-сауық. Киноны айттым, ал ойын – кәдімгі қазақы қалыпта. Ол заманда біздің жақта, біз ғана емес, барлық шалғай ауыл, қыстақта кейінгі заманның би кештері жоқ. Бірде Кенже-ағаммен барып, аңдап қалған едім. Қыздар мен жігіттер «Көрші-көрші» ойнайды. «Орамал тастамақ», «Ұзынқұлақ», тағы басқа да, қыз бен жігітті табыстыратын, ұғыстыратын, ұлттық ойындар. Осы ойын кезінде және арнайы ұйымдастырылған ән мен күй мерекесі.

Аудандық клубта ғана емес, әрбір үйде, қонақ үстінде тағы да қызғылықты мәжіліс. Және мұндай отырысқа тақау көршілер, тіпті, алыс-жақын, әлдеқалай естіген жұрт та ешқандай шақырусыз келе береді екен. Осы орайда, біздің өз үйімізде болған ерекше бір кеш.

Қыстың басы, күн еңкейген мезет еді. Біздің үйге аттарының бауырын қырау басқан екі кісі келіп түсті. Қуана қарсы алу, жапырлай амандас. Келер сәтте білдім. Тобықтының шеткі ауылы Бақанастан. Бірі – бүткіл әулетімен бізге жиен Қатпа атамның үлкен ұлы Мырзашүкір. Екіншісі – Керімқұлдың ұлы Қабыш деген. (Кейінде Шәкерімнің «Құр құдығын» тауып берген адам.) Біздің көшіп қонғанымызды естіген соң, атама сәлем бере келіпті.

Сағынышты, жапатармағай әңгіме. Әрине, дастарқан жайылды, ет асылды. Мауық басылып, ас қайырылған соң, қазақ әдетінше, қызғылықты әңгіме; бұл жолы бірден ән мен күйге кезек келген. Қыран қабақты, жүзі байсалды Қабыш аға әзілкеш болып шықты. Және әнші. Әрі күйші. Мырзашүкір жиен ән салмады, бірақ төгілте күй тартты. Міне, осы кезде, арада көп уақыт өтпей-ақ есік ашылып, екі-үш жігіт кірген. Тақау көршілер. Содан соң таныс, бейтаныс тағы төрт-бес кісі. Одан кейін әйел, еркегі аралас үлкендер, жігіт-желең, қыз-келіншек. Айналасы жарым сағат, асса бір сағат өтпей, әжептәуір жұрт жиналып қалыпты.

Ол заманда қазақ кез келген үйге сұраусыз, және есік қақпай бара береді. Біздің тараптан ешкім де таңырқамады. Бар жағдай кішкентай бала менің өзіме түсінікті еді. Біздің үйге алыс ауылдан екі қонақ келгенін көршілердің бәрі байқаған. Бәлкім, кім екенін де таныған, немесе естіген. Содан соң дайындалып отырса керек. Арнайы бақыламаса да, ет желініп бітер мезгілде жұқа, бір қабат терезеден шалқып шыққан ән мен күйді естіген. Болды, бітті. Бірінен бірі хабарланады. Абай атам айтқан әсем ән мен тәтті күйге кім құмартпас. Той болмаса да, қонақты, сауықты шаңырақ. Емешегі үзіліп келді. Енді орын жеткені жағалай отырып, қалғаны иін тіресе түрегеп, тағы бірі ауызғы бөлме есігінен сығалап қана тұр.
Ән мен күй жаңа қарқынмен, одан әрі жалғасқан. Қабыш аға домбыра әуезіне күй аңызын жалғастырып еді. Соның ішінде «Тепеңкөк» есімде қалыпты. Қабекең күй тартқанда, Тепеңкөк аттың шабысымен қоса, өзі де, сол, малдас құра отырған қалпы тепеңдей жылжып, ортаға шығып кетіп еді… Әлбетте, бар сауық екі қонақпен шектелмеген. Бізден – Кенже-ағам. Қызыққа жиналған жұрт ішінде де күйші бар, әнші бар. Бірінен соң бірі жалғап, мерекені одан әрмен қыздырған. Біздің үйдегі осы бір сауық кеші түннің бір уағы, бәлкім, таң қараңғысына дейін созылып еді. Соңғы жиырма бес жыл бойы өлім мен түрме, азап пен қайғыдан басқа ештеңе көрмеген қайран ел! Жазылмаған жараны осылай білтелеп жатыр екен ғой…

Қысқы сапар

Арада апта өтті ме, ай өтті ме, атам екеуіміз де жолға шықтық. Жалғыз ат жегілген кәшауа шанамен. Баба жұрт, аруақтарға құран оқу, содан соң, Байқошқарда отырған ағайындарға амандасу, одан әрі, жоғарғы Бақанас ауылындағы Қатпа атамның орнына бару. Барғанда, Мақып әжені көру, көргеннен бұрын – Қатпа атамның өзінен соң көп ұзамай, майданда шәйіт, әзиз ұлдың қазасына көңіл айту, құран оқу.

Ескі-жұрттан біз кеткелі төрт жарым жыл. Ата қыстауымыз еміс-еміс қана есімде. Енді бар сұлбасын көрдім. Қазір басқа біреулер отыр. Арнап түспедік. Бірден-ақ әудем жердегі бабалар зиратына бұрылып едік. Барған бетте атамның өңі бозарып кетті. Бұрнағы, Құрымбай би бейітінің жұқанасы жоқ, орны ғана тұр екен. Орын болғанда, қар басқан іргесі мен аласарған бір жарым қабырға. Әлдекімдер кірпішін алып, қой қораның кемісін бүтіндеген. Бәлкім, тағы бір жердегі және бір қажетке. Атам үнсіз түнерген қалпы, күмбірлете дауыстап, құран оқыды. Содан соң қол ұшымен нұсқап емес, иегін көтеріп, бабаларымның жатқан орындарын көрсеткен. «Мынау – оң жақтан үшінші – Құрымбай атаң. Арыда – менің ағам, сенің Берікбол атаң, беріде – Құрымбайдың інісі Жұрымбай атаң. Және үлкен әжелерің Бәкізе, Қарагөз де осында. Ал там зираттың сыртында… – атам тамағын кенегендей, аз-маз бөгеліп қалды, – Төкен ағаңның әкесі Бекмағамбет және Мұратқанның әкесі Құдайберген…» Осы кезде біздің ескі қора жақтан омбылай жүріп, бір әйел, бір еркек – екі кісі келіп еді. Атам әрең амандасты. Содан соң шанамызды қайтадан үлкен жолға қарай бұрып едік.

Біздің Ескі-жұрттың тұсы – өзенді бойлап біткен қалың тоғай екен. Бұл – Бақанастың қысаң тұсы. Төменде – екі қапталда – Қос Босаға аталатын екі биік, одан әрі – терең сай. Енді жоғары өрлегенде, тоғай жалпайып, ендей түсті. Бұрынғыдан әрмен, қалың өсіпті, деген атам. Үй басатын, отынға шабатын адамы жоқ, өспегенде қайтсін. Көп жамандықтың бір жақсылығы, деді содан соң.

Көп ұзамай-ақ, екі өзеннің құйғанында тұрған Байқошқар ауылына жеттік. Біздің Молотов колхозының орталығы. «Кеңсе басы» аталады. Үлкен қыстақ Баршатасқа көзім үйренген мен анадай жерден-ақ неше үй барын санадым. Аралары сирек орналасқан он екі қора екен. Біз орта бір тұстағы Болатбай ағаның үйіне ат басын тіредік. Бұл Болатбай аға – менің атамның әпкесі, баяғыда, мен туғанда он төрт күн бойы алдына алып отырып, бағып-қаққан Қайша апамның үлкен ұлы. Бұрын көрмегем жоқ, көрмеуім мүмкін емес, тек есте қалмаған. Орта жастағы, орта бой, домалақ бет, бидай өңді, мұртты кісі екен. Қалбалақтап қарсы алды. Әйелі – мұрны пұштиған, өзінен өзі қитығып тұрған, сүйкімсіз кісі көрінді. Бірақ онда шаруам жоқ, босағадан аттар-аттамаста шамасы тоғыз, он жастағы екі ұл маған үйіріліп түскен. Бірден сыртқа алып шықты.

Жаңа Болатбай аға айтқан. Мынау – Мұхтар деген бауырларың. Содан соң маған: мынау – Екпін, мынау – Асқар, деп. Кешіне, әлде ертеңіне білдім, Асқар – Болатбай ағаның өзінің баласы, ал Екпін – әкесі соғыста өлген, бұл да жақын бір туыстың тұяғы. Екеуі мені оңашалап алған соң мән-жайымды тексере бастады. Мектепке бардым ба, санай білем бе, хат танимын ба. Содан соң: «Күштісің бе?» – деп сұрады. Әрине, күштімін. Онда қазір күресесің, дескен. Бізбен емес, анау бір баламен. Анадайда кетіп бара жатқан, мен құралпас ұлды шақырды. Тұнжырдың ұлы, деген. Нағыз ездің езі. Және қорқақ. Сен оп-оңай алып соғасың. Бала келді. Мынау – Мұхтар, деді. Мұхтар емес, нағыз мықтар. Керемет күшті. Енді, қорықпасаң, күрес, деді. Екеуіміз ұстасып, күресе кеттік. Келер сәтте күпсек қар үстіне жығып салдым. Екпін мен Асқар – екеуі бірдей мәз болып, мені арқамнан қағып жатыр. Ал әлгі балаға, ұмыттым, аты Жеңіс болса керек, осы жығылған балаға: «Керегіңді алдың, енді жолыңнан қалма, бара ғой», – дескен. Келер мезетте, әуелгіден алысырақ, тағы да үй арасында бара жатқан басқа бір баланы шақырды. Мынау – Орақ деген. Шымырдың баласы. Жаңағы сен жыққан Тұнжырдың ұлынан да нашар. Жалғыз қолыңмен-ақ алып ұрасың. Бұл баланың бойы бірдей болғанмен, бітімі сұңғақтау сияқты. Күресе кеттік. Көп ұзағамыз жоқ, мен жығылып қалдым. «Мынау болмайды, – десті Екпін мен Асқар. – Біздің балуан байқамай қалды. Әй, мына Мұхтар қолғабын шешпепті ғой. Дұрыстап ұстап та үлгермеген.» Сол арада менің қолғабымды шешіп алды. Орақпен қайта күрестік. Мен қалың, қаракөл тон кигем. Орақтың үстінде жеңіл күпәйке. Көп тірескен жоқпыз. Екпін жақсылап ұстатқан. Оп-оңай алып соқтым. «Міне, көзіңе қара, – десті екі ағам. – Қайта күресесің бе? Тағы да жығады…» Орақтың қайта күрескісі келмеді.

Күн жылы. Далада азғана жүрдік. Екі қабағын бірдей қалың тоғай басқан өзен жаққа бардық. Жаңа біз асқан өткелге дейін. Беті қарлы көк мұз. Әлдебір тұсы ашық екен. Жаяу сырғанақ ойнайық деп, еді Асқар. Мен мақұл көрмедім. Атасы іздеп қалады, қайтайық, деді Екпін. Үйге келдік. Бауырсақпен шай ішіп жатыр екен. Кешіне – ет. Біз, әрине, тамақ қана ішіп, отырғамыз жоқ. Екпін, Асқар үшеуіміз асық ойнадық. Әуелі үйірмекіл. Қызығы аздау. Содан соң хан. Кім ұтып, қалай болғанын ұмытыппын.
Ертеңіне, күн көтеріле, шанамызды оңдап, қайтадан жолға шықтық. Өзенді өрлеп келеміз. Көп ұзамай баяғы Мысыққа жеттік. Одан соң тағы соншама жүріп, Бақанас ауылына түстік. Қатпа атамның үйі. Мырзашүкір аға және мен түрін ұмытып қалған Мақып әже қуана қарсы алды. Тек менен соң атамды құшақтаған кезде көңілі босап еді. Мақып әже мен Қатпа атамның оқыған, екінші ұлы (тағы да атын ұмыттым) әскерге алынып, әпесер болып жүргенде, әкесінен соң көп ұзамай қазаға ұшыраған екен. (Кейін, арада алпыс жыл өткенде, Семейдегі жиеншар туысының үйінен суретін көрдім, жағасында үш ромбигі бар, сымбатты жігіт екен, орыс-герман майданында, қосақ арасында кеткен мың сан боздақтың бірі, қалай ішің ашымас…) Ас келгеннен соң атам осы баласына және өткендегі барлық жиен жұрттың аруағына бағыштап, қоңыр-күңгір даусымен, бар мақамына келтіріп, ұзағынан құран бағыштап еді. Бұл кезде біздің үстімізге бірер кісімен, анадағы Қабыш аға да келген. Бірақ ән-күй болмады.

Қатпа атамның жұртында бір қондық па, екі қондық па, нақты жадымда жоқ. Әрине, Қабыш ағаның үйінде болдық. Ол да ұмыт. Және бірталай әңгіменің тиегі ағытылса керек. Бұл да есте қалмапты. Тек қайтар жолда Мырзашүкір аға: «Нағашы, қандай қалауың бар?» – деп еді, маған қарата. Төсек тұсында ілулі тұрған, кеше тартылмаса да, бірден көзіме түскен домбыраны сұрадым. Қатпа атамның өз қолынан шыққан домбыра екен. Шанағы үш бұрыш, он екі перне, үш ішекті. Шанақ қуысында ұзынынан тартылған тағы екі ішек бар екен. Қолыма берген соң анықтап қарағаным. Бұл кезде мен домбырашы болуға құмартып жүргем. Бірақ ақыр түбінде домбыра қонбады. Әуелде кемшін көруші едім, кейін ақталдым. Шын биік өнер қашанда қосарсыз, дара бітпек деп.

(Сол жолы білдім бе, кейіннен ұқтым ба, Қатпа атам данышпан Абай атамның тәрбиесін көрген екен. Ал Мақып әже әулие ақынның шайын құйып берген. Арада жиырма неше жыл өткенде, осы Қатпа атамның немере інісі, ол да бізге жиен, шет жайлап бой сақтаған Бөпебай аға Тұлғажанов ежелгі жұртына бара жатқанда, арнайы өтініш жасап, Мақып әженің әңгімесін жаздырып алған едім. Сол кезде өзім бас редактордың міндетін атқарып отырған «Жалын» журналында бастырдым. Ұлы Абайдың ғұмырбаяны, күнделікті әдет, мінез-құлқына қатысты құнды дерегі бар, өзгеше мұра болып шықты.)

Қыстан – жазға

Алғашқы, аппақ қар жауған күні, немесе ертеңіне мен қатты ауырып қалдым. Тәрізі, ыстығым жоқ, бірақ басымды көтере алмаймын. Таңертең бір шыны шайды әрең іштім. Сірә, демалыс күні болса керек, әйтеуір Кенже-ағам үйде. Мені дәрігерге апармақ болды. Киіндіріп, алып жүрді. Тап-таза аппақ қар аяқ астында есіліп жатыр. Кенже-ағам сүйемелдей шыққанымен, көп жүре алмадым. Аяғымда әл жоқ. Басым да айнала береді. Ақыры, қаусыра құшақтап көтерді, содан соң арқалап алды. Аудандық емхана біздің үйден асса екі жүз қадамдай ғана жерде. Алды, арты ашық, оқшау, өзара қатарласа, жалғас салынған бірнеше там. Сырттан қарағанның өзінде төңірегінен оқшауланып тұрар еді. Қабырғалары біршама биік, және түп-түзу, сырты шаңқан. Бұрнада естігем, дәрігері түгел неміс, бәрі де емхана шегінде тұрады, ең үлкені – бас дәрігердің аты Крегер. Әлдеқалай сыртынан көргенім бар – мұрынды, қартаң әйел. Және соған жете-қабыл тағы әлденеше дәрігер. Түгел білікті, тура келген ажалдан басқаның бәріне араша. Тіпті, бұрнада қазақ түйнеме атаған соқыршектің өзіне ем тапқан. Сырқат кісінің қарнын жарып, кеселді пәлесін сылып тастайды екен. Әрине, жарылған қарын қайта тігіледі. Құдай сақтасын. Аурудан гөрі дауасы қорқынышты. Міне, осы ғажайып емханаға келе жатырмыз. Сыртынан айналып барып, қарсы беттегі негізгі есіктен өттік. Босаға күзеткен әлдебір орыс, шын мәнісінде қызыл жирен неміс кемпірімен тілдескен соң, ішкі, қабылдау бөлмеге кірдік.

Өзі аппақ, шашы ақсары, сұңғақ бойлы сұлу қыз, әрине, бұл да неміс, күле жайраңдап қарсы алды. Бірден таныдым. Танымай-ақ білдім. Кейінгі күндерде біздің шаңырақта көп әңгіме болған Марта қыз осы. Марта қыз қандай көрікті, қандай таза болса, ол отырған, біз кірген кең бөлме де соншама ерекше. Стол, әрқилы түтік пе, шынылы ыдыстар ма, ең бастысы – бұрқыраған, өте сүйкімді дәрілер иісі. Мүмкін, дәрі де емес, дәрігерлік бөлменің ерекше лебі. Марта қыздың өзі де жұпары бұрқырап тұр. Мен бірден-ақ басым жазылып, көзім шырадай жанды. Марта жеңешем (ақыры жеңеше болып шығарына сеніп тұрмын) мені жетелеп әкеліп, арғы қабырғада тұрған, үстіне көкшіл мата жабылған, бас-аяқсыз ұзыншақ төсектің шетіне отырғызды. Әуелі аузымды ашқызып, әлдебір қасықшамен тілімді қарады. Иә, айтпақшы, есіктен аттамай тұрып, пимамды шешкем. Енді құлағына киген, екі тарам түтікті, жалпақша, салқын, домалақ аспабын кеудемнің әр тұсына қойып тыңдады, етпеттей аударылған соң, жауырынымның асты, үстін, арқамды түгелдей адақтап шықты. Содан соң шалқалай, ұзынымнан жатқызып, қолтығыма жып-жылы түтік шыны салды, ыстықты өлшеуіш екен. Азғана бөгелістен кейін қайта алып, оны да тексерген. Содан соң жадырай күлген. Кенже-ағам да күлді. Екеуі орысша, бәлкім, немісше сөйлесіп жатыр. Марта жеңешем мені басымнан сипап, иегімнен ұстап, майда, әдемі дауыспен мақтап қойды. Тілін түсінбесем де, мақтағанын біліп тұрмын. Сонда да Кенже-ағам қайталап берді: «Жақсы деп айтады, жақсы, ақылды бала екен, жазылды, енді ауырмайды дейді.» «Мен осында келген соң жазылып кеттім», – дедім. Сұлу жеңешемді көрген соң… деп айтуға батпадым. Әзірше қалыңдық. Нағыз жеңге болуы – ертең, келер айда, қайткенде көп ұзамай.
Біздің үйдің болашақ келінін бұдан соң да әлденеше рет көрдім. Әуелде, осы қыс, Кенже-ағам арнайы апарған. Тап-таза, шағын бөлмеде тұрады екен. Екі төсек, екі қыз, бір стол, екі-үш орындық. Және қабырғада сырлы шкаф. Біз келгенде тағы бір қыз болды. Әрине, үшеуі де неміс. Үшеуі де әдемі. Ал менің жеңешем бәрінен де сұлу еді. Кенже-ағам үкілі домбырасын ала келген. Енді осы төртеуі сауық құрып, қазақтың әнін тыңдай, бәлкім, немістің де әнін айтып, мерекелеп отырмақ. Мені ертіп келуі – Марта жеңешемнің тұрған жайын нақты көрсету екен. Әжең, немесе ағаң іздей қалған жағдайда, осы арадан табасың, деген. Мен айтпаса да ұғып, кетуге айналдым. Марта жеңешем тұра тұр дегендей ишарат жасады да, шкафтан әлдене алып берді. Шоколад деп аталады екен. Сырты жылтыр, суретті қағазбен оралған тәтті мәмпәси.

Осы жылғы қыс тым тез өткен сияқты. Көктем ерте шықты. Енді жаппай қызық басталған. Аудандық клубтағы ойын-сауық қана емес. Басы аман әрбір шаңырақта мереке. Жас жігіттер кешке қарай, орындық қойып, үйлерінің алдында отырады. Тақау көрші, біз бен аудандық емхана аралығында Қабыләшім деген жігіт тұрды. Шамасы жиырма жаста. Әлдеқалай жақын, құралпас тағы бір жігіт бар. Толя деп қояды. Төкен бе, Төлеу ме, қазақ. Бұл Толя Қабыләшімді Коля дейді. Сонымен, достас екі жігіт, Коля мен Толя қызметтен соң, күн еңкейе, үйлерінің алдына шығады. Коляның қолында скрипка, Толя мандолин алған. Әрқайсы жекелей, ара-тұра қосыла тартады, кейде әнге қосатыны бар. Арлы-берлі өткен жұрт амалсыз бөгеліп, көше концертін тыңдар еді. Бейсауат үлкен-кіші ғана емес, көбіне-көп бойжеткен қыздар. Әзілдесіп, күлісіп, ара-тұра қосыла әндетіп, мейлінше жарасты кейіпте, қас қарайғанша тұрысар еді. Бұл – шетін, ерекше жағдай болмаса керек. Менің көзім шалмас тағы бір тұстарда және дәп осындай келісті кездесулер өтіп жатады екен.

Үлкендерге еліктеген кішілер шықты. Арамызда бір-ақ үй бар Өмірбек ағаның домбырашы екі ұлы – Қайрат пен Жеңіс – Қайраты он жаста, ал Жеңіс менен де кіші, алты жаста. Екеуі кейде қосыла шертіп, кейде жекелей кетіп, аса маңызды кейіпте отырар еді. Бұлардың да тыңдаушылары бар. Қыз-қырқын емес, қатарлас балалар мен әуесқой, тілектес үлкендер. Бір жолы Кенже-ағам менімен бірге барып, күнделікті жолынан әжептәуір бөгеліп, тыңдап тұрды. Содан соң кешіне маған, үй ішіне айтып еді. Бұл екеуі де баяғының домбырашыларындай, дәулескер күйші болады, әсіресе, кішкентайының перне басуы ерекше, деп. (Ақыры бұл ағайынды екеуі домбырашы болмай шықты. Қайрат кейінде Алматыда, Ауылшаруашылық институтында, көркемөнерпаздар үйірмесіне қатынасқан екен, оның тартымындағы «Дайрабай» және тағы бір күй ұзақ уақыт бойы Қазақ радиосынан беріліп жүрді. Ал Жеңіс физика ғылымын таңдаған екен, кандидат, доцент, Жоғарғы мектепте ұстаздық жасады. Алматыда, ағайын туыс ретінде көп араластық, өзара қонақ пен тойда ғана домбыра шертетін. Екеуі де өмірден өз орындарын тапқан, пайдалы қызмет жасаған азаматтар еді. Ал орта жолда тоқыраған өнерге келсек, кәсіпті домбырашы болмағанның өзінде үлкен биікке жетсе керек-ті. Өткенде, төрт жасында күй толғаған тағы бір бала – Сарқытбайұлы туралы айттым. Ол тіпті беріден тоқтаған сияқты. Мәнісі не? Сол заманда ұлттық өнердің мүлде насихатсыз қалуы, тіпті, шетке қағылуы дер едім. Нәтижесінде, болашақ талай жүйрік үй ішіндегі ермектен аспаған. Ал ән мен күйге әуес манағы Қабыләшім туралы кейін де сұрастырып жүрдім. Сол, әлде келер жылы Тау-кен институтына түскен екен. Ол заманда қазақтағы ең таңдама оқу. Біздің ауылда әзірше ешкім қол созбаған, сирек мамандық. Бірер курстан соң, денсаулық жағдайына байланысты демалыс алыпты. Екі-үш жыл үзілістен кейін қайыра жалғастырады. Ақыры бітіріп шыққан. Бұдан арғы тағдырынан хабарым жоқ.)
Енді Кенже-ағам мен Марта қыз туралы. Ерекше махаббат екен. Өзі көрсеткен үйге екі, әлде үш рет іздеп барғаным есімде. Әлденеге қажет болған, немесе күтпеген қонақ келген. Оқалы, қызай тақия киген, көрікті, кербез сері Кенже-ағам үкілі домбырасын толғай шертіп, әдемі даусымен әуелете әндетіп отырар еді. Екі-үш қыздың ортасында. Немесе оңаша үйде Марта екеуі ғана. Менің байқағаным, сол кезде емес, кейіннен ойлағаным – неміс қыздары жалпы жұртқа ортақ ойын-сауыққа қатынаспайды екен. Тіл білмейтін қалың қазақпен араласуы қиын, анығы – мұншама еркіндікке жол жоқ. Әйтсе де, Кенже-ағам келген соң, демалыс, мереке күндері өз сауықтары өзінде.
Кенже-ағам жазға қарай үйленеді деп жүрдік. Болашақ келін біздің үйге келіп, танысып кеткен сияқты. Әйтеуір екі әжем де көріпті, екеуі де риза болыпты. Алайда тағдыр басқаша шешілді. Кенже-ағам немістің пленінде болған. Ал Марта – таза неміс қызы. Плендік, күмәнді жігітті тиесілі орындар онсыз да шақырғыштап, жауап сұрап жүрсе керек. Енді жол беруге болмайтын сұмдық. Аңдағы немістен кетсе, мұндағы неміске жалғаспақ. Тиесілі ишарат жасалады. Нақты, қатаң ескерту. Кенже ағама ғана емес, арам ойлы неміс қызына да. Ақыры екеуі де айрылысуға мәжбүр болған. (Бұл ерекше оқиға – қазақ жігіті мен неміс қызының тар замандағы талайсыз махаббаты – менің «Эльза жеңешем» атты әңгімеме арқау болып еді. Өмірде нақты өткен оқиға қаз-қалпында дерлік таңбаға түсті. Ең тәуір әңгімелерімнің бірі.)
Сол жылы жаз ортасына жетпей, Марта қыз Аягөз қаласындағы орталық емханаға ауыстырылды. Әрине, өз қалауы емес, арнайы жарлық бойынша. Жылай-жылай кетіпті. Кетерінде біздің үймен бақұл қоштасқан екен. Әжем айтып отыратын. Мен де көзіме жас алдым, деп. Біз де амалсыз. Көзін бұлап кете барды, деп. Біздің үлкендер сондай болғанда, Кенже-ағамның шарасыз жағдайы мен қасырет-қайғысын елестетудің өзі қиын. Бірақ айрылмасқа амал не.
Ол заманда қатынас қиын. Аягөз бен Баршатас аралығы екі жүз емес, екі мың шақырым есепті. Және бір ауылда отырса да, бұл екеуінің қайыра жүздесуіне жол жоқ. Ақыры, Кенже-ағам өз жұртымыздың мінезі жарқын, көңілі кең бір қызына үйленіп, балалы-шағалы, тату отбасына айналды. Ал Марта қыз сол беті тұрмысқа шықпапты. Біздің бүгінгі ауылдың шежірелі қартына айналған, жасы маған жете-қабыл Нәстілек деген туысымыздың әлдеқалай айтқаны бар. Тағы бес-алты жыл өтіп, Төкен аға бензовоз шопыр болып, Аягөз бен Баршатас аралығында тынымсыз қатынап жүрген заманда, қайтадан, риясыз көрісіпті, деп. Баяғы, тікелей тыйым жоқ, бірақ жаңаша жағдай. Дәурен озып кеткен. Анығын айта алмаймын. Мен білетін нақты дерек – бұрнада медучилище тәмамдаған Марта енді неміске де кеңшілік заман туғанда Семейдің дәрігерлік институтын бітіріп алған екен. Аягөз қаласында атаққа шыққан хирург болады. Ақыры, зейнетке жетіп, алпысты орталаған шағында, шекара ашылған әуелгі лекте тарихи отаны Германияға көшіп кетіпті. Жалғыз, сопа басы. Және, сөз жоқ, іште тас болып қатқан, арылмас қайғы – алғашқы махаббат естелігімен бірге.

Уайым және қатер

Осы 1948 жылдың қыс айларында, менің бұрнағы қамсыз, жайсаң өмірімде алғаш рет бұлдыр уайым елес берді. Арты насырға шабуы, бақытсыз жағдайға ұласуы мүмкін үрейлі сұмдық.
Қыстың бір күні, түн ортасында терезе қағылған. Қатты, тынымсыз. Содан соң біреулер үйге кіргендей, біреулер шыққандай көрінді. Ұйқылы-ояу жатыр едім. Енді шайдай ашылдым. Атам мен әжем де ояу екен. Атам төңкеріле күрсініп, басын көтерді. Әжем қалтырай киініп, тұрып кетті. Ілкіде шет жағасын естіп, өзімше түйін түйгем. Мынау – соның жалғасы, немесе қорытынды түйіні. Мен өкпе-бауырым езілген қалпымда, көзімді қайтадан жұмдым. Төргі үйде ағам мен тәтем де ояу сияқты. Яғни, Іңкібіді бұл жолы екінші қапталда тұратын Кенже-ағама келген. Қинала толғанып, қанша жатқанымды білмеймін. Ақыры таң сыз берді. Талығып барып ұйықтап кетіппін.
Мен оянғанда бәрі бұрынғыша сияқты. Біз жататын ортаңғы үйде дастарқан жиналмаған. Енді әжем маған ас қамдап жатыр. Кенже-ағам аман-есен қайтып келіпті. Үлкен аға екеуі оңаша, әлденеге кеңесіп отыр. Соңыра көрдім. Кенже-ағамның сол жақ бетінде ұзыншақ, көгілдір жолақ пайда болыпты. Бүгін – демалыс болса керек, бірақ осыдан соң да екі күн бойы жұмысқа бармады. Бетінің таңбасы тарқағанша. Өткенде, екі ағамның өзара әңгімесінен естігем. Онда жауап алып отырған Іңкібіді Мұқан ағаны жуан, ұзын сызғышпен бетінен тартып жіберген екен. Әйтеуір таңба түспеген. Енді қаттырақ ашуланса керек. Сол күні және бұдан кейін де екеуара сөздерін құлағым шалғаны бар. Өздерін қалай ұстау керек, қайтсе, қалай жауап беру керек… Өстіп, күн сайын емес, апта сайын да емес, айына бір, әлде екі рет жауапқа әкетіп жүрді. Ағайынды екеуіне ғана келген сұмдық емес. Осы Баршатаста тұратын бес-алты жігіт. Оның ішінде, біздің оң қанатта, екі үйден кейінгі Сейіт ағай. Есімде қалғаны, бір күні, кешкі тамағымызды ішіп болар-болмаста сыртта айқай шықты. Сейіттің үйі өртеніп жатыр, деген. Біздің кісілер тұра ұмтылған. Кісі болғанда, екі ағам көмекке, қалғанымыз не болып жатқанын көрмек үшін. Әлі өртенбепті. Үй төбесінде екі-үш кісі жүр. Төменде саты қойылған. Тағы біреулер су тасып, жоғарыға әперіп жатыр. «Міне, міне! Әне кетті!» – десті, үйдің жайпақ, топырақ төбесін күрегімен қазбалап, су құйып жатқан кісілер. Мен де көрдім. Жалаңдаған от емес, жалт еткен ұшқындар. Өрт қауібі пештің мойнынан шығыпты. Енді ғана қаулап жанбақ екен. Ақыры, жабыла көмектесіп, өзен дәл іргеде, қаншама шелек су құйып, өшірген еді. Міне, сол Сейіт. Басқалардан көбірек, және тынымсыз шақырылса керек. Ақыры, көп ұзамай-ақ, бір күні Сейітті ұстапты деген үрейлі хабар шықты. Өткен түнде тұтқындап алып кеткен. Одан әрі Аягөз, одан соң Семейге апарған. Ақыры, көктемге қарай, менің сол кездегі түйсінуім бойынша тым ауыр, алайда, арада төрт жыл өткенде шынымен жеңіл көрінген үкім шығыпты. Сейіт отанын сатып, неміс тұтқынына берілген қауіпті қылмыскер ретінде Ақжал қалашығына жер аударылыпты. Осы Семей обылысының шегі, тәрізі, алтын қазатын шахталары бар кеніш.
Міне, осы кезде бұған мүлде қарама-қайшы, қуанышты бір хабар жетті. Әуелі, таң атар-атпаста, әлдебір кісі үйге аптыға кірген. «Шүйінші, Әбілқасым келді!.. – дейді. – Осы жаңа ғана…» Енді ағайын жұртқа тезінен хабарлап жүргені. Біздің аталас туыс екен. Мұндағы жұртта Абылай ханның жолын бақты дейтін Жанбай-жарғыштан тараймыз. Әбілқасым Арқабаев. Барса-келместен аман-есен оралыпты. Жүзі жадырай ашылған атам шайдың аяғына қарамастан, киініп, тура тартты. Әрине, мен қоса кеттім. Қалған кісілеріміз артынан бармақ.
Біз келгенде үй-іші түгел абдыраған, айрықша қуанышта. Әбілқасым аға төргі бөлмеде, киімшең, ақ жастықта етпеттей жатыр екен. Ұйықтап емес. Солығын басып. Атам келе сала, тізе бүгіп, жаурынынан құшақтап еді. Сонда ғана еңсесін жазды. Тұқыра бере, үлкен ағаның бауырына кірген. Жас емес, тым кәрі де емес, қырықтың жуан ортасындағы кісі екен. Аса жүдеу. Бірақ уақасы жоқ, он екі мүшесі түгел, ауру-сырқаудан тыс, енді еркіндікте тезінен оңалады. Атамның маған айтқаны.
Беріде білгенім, бұл кезде Біріккен Ұлттар Ұйымында үлкен мәселе көтерілген екен. Советтер тәртібі миллиондаған жазықсыз жанды мыңдаған концлагерьде қамап ұстап, ауыр жұмысқа салып, азап астында өлтіріп жатыр, әлемдік қауымдастық мұндай зұлматты қатаң айыптап, мүскіндерге ара түсуі керек деген тұрғыда. Әрине, бізде тек қылмыскер жұрт қана сотталмақ. Әйткенмен, тым көп. Осыған орай, көз үшін бірлі-жарым кісілерді босата бастаған. Бұлардың ішінде оқыған, көзі ашық, саяси сенімсіздер көп ұзамай қайтадан тұтылып, одан әрмен айдалып жатады. Мына Әбілқасым туысымыз бұл топтан тыс екен. Кісілікті болса да, қарапайым еңбек адамы.
Көп ұзамай, Итжеккеннен қайтқан екінші адамды көрдім. Менің атамнан біршама кіші, әйтсе де елуден асқан Ақметжан дейтін ақсақал. Біздің ел әулие тұтатын аруақты Байқотан би – Бабаң әулеті. Үйге өзі келді. Ағайын-туысты аралап жүрген жолында, менің атама арнайы сәлем беруге. Екеуі күнұзақ кеңесіп бітпеп еді. Өткен кеңшілік заманды еске алса керек. Кейінгі советті де біраз жерге апарған сияқты. Менің есімде қалған ерекше кеп – Ахметжан ақсақалдың саптаяққа жапырақ темекі үгіп отырып айтқан сөзі. «Мағаш, – деді. – Тірі кісі орта жолда үзіліп кетпесе, бәріне де көнеді екен. Үш күннен соң тозаққа да үйренеді деген бар ғой. Бірақ мына насыбайға шыдау қиын болды…»
Атам бірде: «Ат жақсысы кермеде тұрады, – Ер жақсысы түрмеде отырады», – деп еді. Кейінгі заман әсерімен қалыптасқан лепес. Сол қаршадай кезімде, өскен соң мен де Итжеккенге айдалам дейтін елесті қиял пайда болды. Бір емес, қаншама оқиға, әңгімеден кейін. Айдалам. Мүмкін, сонда өлем. Бәлкім, уақыт озғанда тірі шығам. Алайда, соншама қапастағы ең қиыны – насыбай екен. Яғни қандай да үйреншікті, байлаулы ғадет. Кейін атамның насыбайын өзім үгітіп беретін едім. Он бес-он алты жасымда атып та көрдім. Тек екі-үш реткі әуестіктен аспап едім. Басқасына шыдармын, ең қиыны насыбай ғой. Қажетті болса да, пайдалы болса да, әлдебір ғадетке байлану – құлдық қамытын киюмен парапар. Ақыры, Итжеккеннен тыс қалдым, насыбай да атпадым. Қазір ойлаймын, насыбай атсам сексен бес жасында отыз екі тісі түгел болған өзімнің атам сияқты, мен де кейінде әрқилы тіс сырқауынан аман өтер едім, бірін жұлғызу, бірін бүтіндеу, немесе қатарынан жаңадан салу дейтін азапқа ұшырамас едім деп. Бірақ аумалы-төкпелі заманда алдын болжаған кім бар. Ақиқат байыптың өзі теріске шығуы мүмкін. Мендегі теріс – әуелде түйсінген, кейінде нақты таныған зұлмат заманда темір қапасқа түспей кетуім.
Сонымен, советтік лагерден аман өткен санаулы кісілер. Алдағы көктемде – бізге құданда жекжат, бұрнада аудан көлемінде басшы қызметте болған Мұнарбек Оразбеков. Беріден келген екен. Ал жаздағы жайлауда, тым арыдан қайтқан, ұзақ он жылын өтеп шыққан Қапан Ошыбаев деген кісіні көрдім. Бізге аталас туыс. Содан соң, арада жыл өткенде – Шақантай батыр әулеті, білекті балуан, ер көңілді, әйгілі Әбдірәсіл сері – менің «Әбдіғапар сері» дейтін әңгімеме арқау болған ерекше тұлға.
Міне, осы кезде, әлі мектептің бірінші басқышынан да өтпеген менің болашақ мамандығым туралы әңгіме қайыра көтеріліп еді. Әрине, заманның асты-үстіне бірдей, қайда да қалқып шығатын адам дәрігері. Мен бүгін-ертең-ақ үлкен жігіт болып, оқуға түсетіндей, сол екеуі, әсіресе Кенже-ағам кәдімгідей үгіттей бастады. Шынында да. Аранын ашып, күтіп тұрған Итжеккен анау. Біз білген төңіректе түрмеге түспеген адам некен-саяқ, сол беті хабарсыз кеткені қаншама, басын жоймаса да, әрең шыққан ақжолтайдың өзі азғана. Дәрігер болсаң, рақат емес, бірақ артықша қорлық көрмейсің, қайткенде басың аман қалады. Мен аз-маз ойланып батып: «Дәрігер болмаймын!» – деп кесіп айттым. Сонда кім? Бұл кезде «Сырлы аралдың» әсерімен әуестенген инженер мамандығының да қызуы басылып қалған. «Мен әлі де ойланып көруім керек…» – дедім. Әрине, дәрігер болам ба, болмаймын ба деп емес. Дәрігерден басқа кім болатыным. Қайткенде шешімі қиын мәселе. Шындығында, дәп қазір маған ештеңе де қызық емес еді. Бәрінен де осылай ойнап жүре бергенім артық сияқты. Сонда жиырма жасқа дейін ойнайсың ба? Әжептәуір дағдарып қалдым.

Найзағай

Сол жылы көктем ерте келді. Күн де тезінен жылынған. Кішкентай балалардың жұмысы – ойын ғой. Асықтың әр түрі, тығылмақ және басқа қызықтар. Тіпті, екі-үш бала бас қосып, қуыспақ ойнасаң да тамаша. Кейінде байқауымша, мен көп шуылды онша ұнатпайды екем. Жалғыз өзім – топ бала есептімін. Есік алды, қимылсыз қалпымда, жоғарыдағы тау жаққа, төмендегі жыпыр үйге, тіпті, бұлт көшкен көк аспанға қарап отырудың өзі үлкен ермек.
Бүгін де таңғы шайдан соң далаға шыққан екем. Жан жоқ, жалғыз өзім. Күн көтеріліп кеткен, жарқырап тұр. Аспан – ашық, тек түстік-батыста тоқымдай ғана бұлт көрінеді. Тоқымдай емес, текеметтей. Бірақ бітімі өзгеше сияқты. Жұқалтаң, төңірегі сарғыш сәулелі, тым төменде, арғы үйлердің үстіне асылып қана тұрғандай. Әйтсе де өңі суық. Кейін білдім, мұндай оқшау бұлт – шағырмақ аталады екен.
Аспаннан соң тақау төңірегіме қарадым. Әне – аудандық емхана. Марта жеңешемнің, жеңеше болмай қалған бақытсыз Марта қыздың жұмыс орны және мекен-тұрағы. Қазір кенже-ағам бұл жаққа қатынамайды. Әйткенмен әлдекім, анығы – Марта жеңешем көрініп қалар ма деп, қарап тұр едім. Тәрізі, біздің төңіректен шыққан әлдебір кимешекті әже ақ жаулығы шұбалып, солай қарай беттеп барады екен. Енді күндегі әдетімше, біздің Ескі-жұрт жаққа, қырға өрлей көтерілген қара жолға көз салдым. Адам онша жиын жүрмейді, қазір де ешкім байқалмады. Тап солай. Жоғарыдағы қара жол, төмендегі аппақ емхана, аспанда – жеңіл, бір шөкім бұлт.
Кенет жер әлем, тақау төңірек, алды-артым түгелдей қызыл-жасыл, ақ шұбақ жарыққа толып кетті. Соншама үрейлі, отты жалқын, ашық күннің өзін шағылдырған ғаламат сәуле. Келер мезетте жоғарыда көк аспан, төменде қара жер қақ айрылғандай, шатыр еткен, менің төбемді тесе жаздаған ашшы дыбыс шықты. Жаңғырықсыз, қайталаусыз, жалғыз-ақ шатыр-күтір. Әрине, бұдан бұрын талай естіген, көрген найзағай. Бірақ бұрынғы-соңғыдан мүлде басқаша. Мейлінше үрейлі, түсініксіз қатерлі. Менің абдырағаным, қорыққаным сондай, аспан қақырап, жер тітіреген сәтте аяғымды баса алмай, шатқаяқтап отыра кетіппін. Келер мезетте атып тұрып, үйге қарай қаштым. Онша ұзамағам, небәрі он-он бес қадам. Есікті өзім аштым, әлде мені іздеген әжем қарсы шықты, үйде кім болды, қандай сөз – ешқайсы есімде жоқ. Арада көп ұзамай, тақау төңірек, көрші-қолаң арасында «Әжейіп кемпір жай түсіп өліпті!..» – деген суық хабар тарады. Манағы, ең соңғы сәтінде мен ақ жаулығын көрген кісі. Бұл жақта тұрмайды, сол күні таңертең әлдебір шаруамен әлдебір үйге келіп қайтқан бетінде.
Аудандық емхананың тұсына жеткен кезде жығылыпты. Жығылғанын да, қалай әкеткенін де көргеміз жоқ. Әйткенмен, абыр-сабыр басылған соң, батыр Әлихан, үлкенді-кішілі төрт-бес бала, арнап бардық. Анадайдан көзге шалынған. Кісінің өзі емес, соңғы белгісі. Тықыр, сары топырақ бетінде ат тұяғындай ғана, қап-қара қан ұйып жатыр екен…
Әлде жетісі, әлде қырқына қатыстық. Әжем екеуіміз. Тәрізі, үлкен кісілер жоқ, тек әйелдер ғана жиналыпты. Құран оқылды, дұға жасалды. Жақын білгендер әрқилы әңгіме айтып отырды. Менің есімде қалғаны – бұл Әжейіп кемпір екі жыл артық ғұмыр кешіпті. Ажалды жағдайдан аман шығып, енді, тағдырдың әу бастағы жазуы ғой, көлденең қазаға ұшырады, десті. Бұдан екі жыл бұрын, соғыстан кейінгі жазда, Арқарлы жайлауына барады ғой. Естігем, біздің Жорғаның шығыс тарабы, ол да алыс отгон. Туыстарында жиырма-шақты күн қонақтап, түйемен кері қайтады. Алдында бес жасар немересі бар. Содан… адасып, көлденең тарап – шөлге шығып кетеді. Ақыры, екі күнгі мәнсіз шиырдан соң, оңынан жол таппаса да, өлмеске себеп, әлдебір бұлаққа ұшырасыпты. Енді осы арада аялдайды. Су бар, азық та әжептәуір – жарты қарын май, қоржын басы ірімшік пен құрт. Артын құдайдан күтіп, немересінің қарнын ашырмай, осы бұлақ басына байланады. Бұрынғыдан әрмен адасам деп қорыққан. Бұл екі ортада андағы жұрт пен мұндағы жұрт Әжейіп кемпірдің немересімен бірге ұшты-күйлі жоғалғанын естіп, сапырылып іздей бастайды. Қайдам. Баяғыда ел жаппай қырылып, қаңырап қалған құла дүз. Шексіз кең дала. Ешқандай үміт жоқ. Сол қалпында он төрт күн өтіпті. Ақыры… кішкентай ұлдың ендігі жарығы – дәп осы иен бұлақ басына жер қарап жүрген енженерлер келіпті, яғни, кен іздеуші геологтар тобы. Тақауырақ, әйтсе де шалғай бір қонысқа жеткізіп салады. Енді міне, дәм-тұзы таусылған шақ…
Әлбетте, жай түсіп өлген адамға қатысты әрқилы дүмше ұғым да елес беретіні бар. Мен мұндайды білмеймін және Әжейіп кемпірдің күтпеген қазасы төңірегінде бұрын да, соңынан да бөтен әңгіме шықпап еді. Алланың жазмышы, мейірбан, ізгілікті кісі еді, иманды болсын, десті. Әрине, кездейсоқ жағдай және аса сирек оқиға. Солай деп ұқтым.
Көз ашқаннан бері, күндіз де, кешкілікте, түнде де найзағай ойнағанын көріп, күннің күркірін естіп келем. Бала болсам да, қазақ ұғымындағы қалыпты жағдай. Қазіргі тілмен айтқанда, ешқандай мистика жоқ. Бұлт көшті, жаңбыр жауды, найзағай шатырлады, жай түсті. Әйткенмен, табиғаттың өзгеше бір құбылысы екен. Арада төрт-бес жыл өткенде, әлі де он екі-он үш жастағы баламын, бұған көзім әбден жетіп еді. Қорқыныш болмаса да, қатер.
Атам екеуіміз әлдеқалай жайлауға шықтық. Жайлау да емес, тым тақау, Балқыбек бойы, баяғыда Абай атам төбе би болған, Бегеш атам кіші би болған, арғын-найман, керей-уақтың қаншама дауы шешілген әйгілі сияз өткерілген Үйтас, әлдебір ағайынның қонысына. Біз келер-келместе қалың нөсер басталған. Арты созылмалы, сілбір жауынға айналды. Мен киіз үйдің ашық есігінен түстік-шығыс тараптағы белеске, анда-сандағы күркір мен жарқыл, жіптік жаңбырға қарап отырғам. Күннің арты ашыла бастағандай еді. Қарсы қабақ – қырат етегінде екі түйе жайылып жүр. Үйреншікті сурет. Бірақ жалғасы өзгеше шықты. Кенет қақ төбеден, аспанды шеңберлей иілген жасын көрінді. Қызғылтым, ақшыл жай оты ұзынынан созылып барып, әлгі екі түйенің қыр жағындағы біреуіне тура түсті. Үлкен, қос өркеш, әйдік атан төңкеріле жығылған. Шатыр еткен дыбыс содан соң ғана жетіп еді.
Таңырқап, немесе жаным ашып үлгермедім, келер мезетте біз отырған, түңілігі жабық, төрт қанат қараша үйдің іші ақ жалқынға толып кетті. Ізінше дәл іргеден гүмп еткен тұншығыңқы дыбыс естіліп еді. Осыдан соң шатыр-шұтыр. «Үйдің артына жай түсті!..» – деген атам, сол кезде. Көп ұзамай-ақ, тіпті, қолма-қол дерлік, жаңбыр да сап басылған. Жапырлап сыртқа шықтық. О, керемет! Киіз үйдің арты, небәрі он бес-жиырма қадам шамасында, көк шымның қақ ортасы, шұрық-шұрық тесілген, ошақ орнындай шұқыршақ көрінді. Және бірыңғай тегіс, немесе басыңқы емес, қара топырағы найза қадалғандай, ойқы-шойқы. Кейбір тұстары жоғары, үшкіл, кейбір тұста төмен, тереңге бойлағандай. Өзгеше ошақтан селдір, сұрғылт бу шығып жатыр.
Мен тым жақындап, бажайлай қарасам керек. Атам сақтандырды. «Бұдан әрі тақама, – деген. – Қарамай-ақ қой…» Аулақтап тұрдым. Сол кезде, атам емес, үй иесі әйел ғой деймін, өзгеше бір кептің шетін шығарған. Қапанның кемпірінің мұрнындағы жазылмайтын қотыраш жараны көрдіңдер, деді. (Анау бір жазда көргем. Бізге аталас туыс Қапан аға Итжеккеннен жақында ғана оралған екен. Бәйбішесінің мұрын ұшы мен танауы көкала қотыраш болатын.) Жазылмайтын және өршімейтін, бір қалыпты жара деді. Бой жетіп қалған шағында әкесі жай түсіп өледі. Мал шетінде. Сонда байғұс қыз, әкесінің жыртылып айрылған бөркін бетіне басып, жылай берген екен. Содан көп ұзамай, жазылмайтын жара жабысқан…
Міне, сол бір күні көзіммен көрген жай оты және естіген әңгіме. Әуелгі, түйені жайратқан жасын – жалғыз оқ болатын, кейінгі, ғайыптан ғана, тап үстімізден түспей, біз отырған үйдің шаңырағынан асып барып, дәп іргедегі тепсеңге құлаған найзағай – топ атылған зеңбірек сыпатты дер едім. Ал қотыраш мұрын, сөз жоқ, кәдімгі радиация нәтижесі.
Қайткенде, байырғы қазақ найзағайдан тым қатты қауіптене қоймаған. Тым қорықса, жауынды күні мал бағып, немесе сапар шегіп жүрмес еді ғой. Және бұлты қалың, жаңбыры көп сол өткен күндерде жай отына шалыну – сирек оқиға болған сияқты. Оның үстіне, көңілі таза қазақта орынсыз күнә туралы ұғым да көмескі.
Ал бабаларымыздың бағзы заманы – ерлік дәуірінде… мүлде керісінше. Жау біткенді жапырған, қан майданға құлшына кірген Шыңғыс хан заманында… біздің аталарымыз күннің күркірінен ғана қорқыпты. Керей мен найман, қоңырат пен жалайыр. Қият пен ұраңқай. Шанышқылы мен таз… Кейде, найзағай ойнай бастағанда, үйге тығылып, киізге оранып, артын күтеді. Кейде керісінше, далаға шығып, қылышын жалаңдатып, аспанға айбат шегеді. Анасы да, мынасы да орынды. Күннің күркірін Тәңірінің ашуы деп таныған. Және Көктің қаһарына қалатындай не жазып едім деп кейіген. Ал жазықсыз жан қандай да жазаға ұшырауға тиіс емес…
Хош. Орайы келіп қалған соң, сәл-пәл алға оздық және ескі бір заманға барып қайттық. Арғысы да, бергісі де біздің ғұмырбаянға тікелей қатысты болған соң.

1948 – жаз айлары

Жаңа жаз ерекше жайсаң туды. Ең алдымен мен үшін.
Әуелде еркін ойынға жол ашылды. Қазақтың асығы ғой. Менің аз емес – бес-алты құлжам бар. Қара-үңгір мен Жауыр-тағыдан келген. Және қорғасын құйылған үш-төрт сақа. Ешбір балада жоқ байлық. Және жүз елу асық. Түгел жаңа. Көбіне «Шеңбер» ойнаймыз. Яғни, көлденеңі төрт-бес қадамдай дөңгелек сызып, қақ ортасына, ойыншы балалардың санына байланысты, бір-бірден, кейде, ойыншылар толымсыз болса, кісі басы екі-екіден кеней тігіледі. Шеңбер сырты, тағы да соншама жерден кезектесе атасың. Бұл кезектің өзі сақаларды үйірген, алшы, немесе тәуке түскен бәсекеден басталады. Міне, қажетті кезегіңді алдың. Енді ретімен ата бастайсың. Ортадағы кенейдің қайсына болсын тигізу қажет. Жай ғана тигізбейсің, шеңбердің сыртына сүріп шығару шарт. Іште қалса, көлденеңінен тұрып, қайыра атасың. Тым үлкендер бір бөлек, мен құралпас, ілгерінді, кейінді кішілер өз алдына. Тәуір ойнағанмен, үнемі ұтылысқа шығып жүрдім. Менің асықтарым түгел жап-жаңа дедім ғой. Ал көнге неше түрлі қу асық, ешкінің шүкейті тігіліп жатады. Сен үнемі өзіңнің жалғыз асығыңды ала бермейсің. Оның есесіне біреу, екеу болса да, жаңағы кемтар кенейлер. Ақыры, төрт-бес қайыра ойыннан соң, ұтып жатқанның өзінде ала-құла шығады. Әрине, келесі кезекте көнге осы нашар асықтарды тігесің. Енді ұтсаң да, осы сияқты қотыраш кенейлер. Ақыры, ішім ашып, сараңдығым ұстап, келесі күнгі ойында тек қана қотыраш кенейлермен шығатын болдым. Кешке дейін болмаса да, ертеңіне түгел ұтқызып қана көңілім жайланар еді. Әйткенмен, алдыңғы жақсы асықтарың, бірді-екілі болмаса, мүлде дерлік сол беті кетпек. Бірер апта тынымсыз ойнағанда оншақты асық ауысып, он бес асығымнан біржола айрылыппын. Үлкен шығын. Ақыры, сараңдығым жеңіп, асық ойынын шектедім.
Осы кезде аудан орталығына Семей, әлде Алматының әртістері келіп еді. Былтыр да келіпті. Әрқилы ойын, ән-өлең. Өткен күзде, жаңа жеткен шағымда, тәтемнің сіңілісі Алтын тынымсыз қақылдап; «Татар айтар тары-жарма, ой, ой, ой, – Орыс айтар пышана, ах, милый мой…» – деп құлағымды сарсытқан. Маған мұндай балдырақтың қажеті жоқ еді. Аға өзімен бірге осы әртіс ойынға апарам дегенде, бармаймын дегем. Мүлде басқаша дүние екен. Яғни, кино сияқты, бірақ тірі кісілер көрсететін, оқиғалы қызық. Бұл жолғысы комедия аталады. Есебі, күлдіргі. Және анау-мынау емес, өзіңе есімін қойған Мұхтар Әуезов атаң жазған. Айман, Шолпан деген екі сұлу қыз және Көтібар дейтін алаңғасар батыры бар деген соң ғана көңілім түсті. Бұл жолы кешке емес, демалысқа сәйкес күндіз өтеді.
Шынында да ғажайып болды. Кең клуб ішінде қаншама үлкен-кіші жиналыпты. Алдыңғы жақтағы биік сахна әлем-жәлем. Бес етек көйлек, оқалы шапан, жырымбалақ шалбар. У-ду. Ән мен күй. Келген жұрт та мәре-сәре. Мен де күлдім. Соның ішінде бір күлкі айрықша есімде қалыпты. Бірінен бір өткен екі сұлу қыз қатар тұрады ғой – Айман мен Шолпан. Сонда, абалақтаған Көтібар батыр өзінің кісілерінен сұрайды. Мынаның Айманы қайсы, Шолпаны қайсы, деп. Айманның сол жағындағы – Шолпан, Шолпанның оң жағындағы – Айман деген жауап алады. Сонда аңғал, аусар Көтібардың басы қатады. Айманды танып алу үшін Шолпанды білу керек, Шолпанды анықтау үшін Айманды білу керек. Екеуі де белгісіз. Қайдан ажыратасың. Мен күлкімді баса алмадым біріншісі – Айман ғой, екіншісі – Шолпан. Анау ата соны да таба алмай тұр… Үйге келген соң да қызығым басылмай, атам мен әжеме айтсам керек. Ал сен қалай ажыраттың, деп сұраған тәтем. Міне былай… Әжем екеуін қатар тұрғыздым. Оп-оңай… Содан соң ағама айттым. Өскенде мен де осындай күлдіргі ойын жазатын Мұхтар Әуезов болам, деп. Мұхтар Мағауин боласың, деді аға. Ал мұндай қызғылықты ойынның сөзін жазатын адам – драматург деп аталады. Тек драматург болу үшін де өте көп оқу керек… Мен көп оқимын, әйтсе де «дра…ма…тург» деген сөз ұнамады. Өзгеше аталуға керек сияқты. Әйткенмен, манағы ойын бастан-аяқ сыңғырап тұр еді.
Ұлы Мұхаңның сол бір «Айман-Шолпаны» ұмытылмастай есте қалыпты. Ересек тартқанда кітабын таба алмадым, Алматыға келгенде ешбір театрда қойылмайды екен. Ақыры, екінші жылы болса керек, біздің университет, филология факультетінің көркем өнерпаздары арнап дайындап, сахнаға шығарып еді. Тамаша болды. Тек Әуезов комедиясының басқа бір нұсқасы. Нақты ажыратқаным – болашақ батыр Есет жоқ. Ал мен көрген әуелгі қойылымда сахнаға шыққан. Менен көп кіші, үш-төрт жасар бала. Қырсығып тұрды. Үлкендер анау-мынау деп алдарқата бастап еді: «Екі бауырсағым үйде ұмыт қалыпты, тауып беріңдер», – деп қиғылық салған. Атасы, әлде әжесі: «Тауып береміз, екі емес, бес бауырсақ!» – деп жұбатып жатты. Мен «Айман-Шолпанның» әрқилы нұсқаларын түгендеген емеспін, тәрізі, бұл көрініс, тұтасымен емес, бауырсаққа қатысты жер, сол, мен көрген ойын үстінде қосылса керек.
Әртістердің ойыны тарқамастан, әжем екеуіміз жайлауға шықтық. Жайлау болғанда, өзіміздің Молотовпен іргелес Киров колхозында тұратын Әміржан нағашымның үйіне. Әжемнің туған ағасы. Қыста қонаққа барып қайтқанбыз. Баршатастың дәп іргесі, Бақанасқа орта тұсынан құятын Балға өзенінің басында. Асса бізден бес-алты-ақ шақырым жер. Әміржан атам – сақалы күректей, бес уақыт намаз оқитын, келбетті қарт екен. Өз заманында атақты аңшы болған. Бесқара дейтін, қасқырды қарсақтай соғатын көктарғыл тазысы біздің елдің, тіпті, тақау төңіректің аңызына айналған. Арада қырық жыл өткенде, Аягөздік Ғазез Нұрпейісов дейтін білгір қарттың аңшылық әңгімелер баяндалған кітабынан да оқыдым. Сол Әміржан атам, ол кезде, әрине, жас жігіт, тұтас бес қара – ат, түйелі бес малға бермей қойған, ақыры, пәленбай дейтін шонжар болыс ұрлатып алып, бес қарасын артығымен төлеген ерекше тазы туралы әңгіменің жөні бөлек. Бұл арада біздің ауылдағы аңшылық жайы ерекше қастерлі болғанын ғана еске салып отырмын. Ғұмыр бойы ат жаратып, қыран тазы ұстаған менің атамның өзі Әміржан қайнағасын кісілікті дегдар ғана емес, ғажайып аңшы ретінде құрмет тұтар еді. Міне, осы, жұрт қатарлы жайлауға шыққан Әміржан атамның үйіне келіп түстік. Шыңғыстаудың бір тармағы – батыстан Шығысқа қарай ұзына созылған Ақшатаудың етегі.
Қойлы ауыл екен. Бір емес, қатарлас үш-төрт отар. Іргелес қонған бес-алты шаңырақ. Кейбірі – қара күрке, Әміржан атамның үйі – төрт қанат, қоңыр үзікті, тәп-тәуір. Бізге жетімді. Әйткенмен, шын кеңіс үй бар екен. Қақ ортаға тігілген ақбоз орда. Колхоз бастығы Нұғман ақсақалдың бес қанат үйі. Мұндағы апа әжем екеуімізді арнайы қонаққа шақырған. (Арада елу жыл өткен соң, елге барған бір жолы таңырқай отырып әңгімелеп еді. Әжемнің мені қалай әлпештеп, жақсы көргені. Менің өзім аса нәзік, көп үндемейтін, ақсары бала болғаным. Ас соңында ертек айтқаным…)
Әміржан атамның Кәкен деген, қартайғанда көрген жалғыз ұлы бар. Менің Мұратқан ағам қатарлас. Мектептегі оқуының кезінде бізге келіп-кетіп жүрген. Және бір баламен таныстым. Менен екі жас үлкен, бірақ өзін аға тұтып, қамқорсып қояды. Тәтемнің немере бауыры, әкесі соғыста өлген Жайық. Тағы үш-төрт бала бар, ешқайсының аты-жөні есте қалмапты. Әрине, ең басты шаруа – тынымсыз ойын. Бұл жолы асық емес. Төбеден төбеге, ойдан қырға жүгірген, тас атқан, құлаш жарыстырған тыпыр. Рауғаш тереміз. Көктемгі нәрі қайтып, қурамаса да, солғын тартқан екен. Ал сай-сайдағы қалың қарақат әлі піспеген, көк.
Осы жұртта маған ауыр әсер еткен, көңілден өшпес, әйтсе де жазуға түспеген, ерекше бір жағдаят ұшырасып еді. Соғыс біткелі үш жыл. Алайда, ешқашан ұмытылмас, шері тарқамас қайғы бар екен. Қорлықа деген кемпір. Үсті өрім-өрім. Бет-аузы қап-қара, терең әжім. Өткір көзінен басқа адамдық кейпі жоқ. Жалғыз ұлы соғыста өлген екен. Енді бір өзі. Жалғыздың жалғызы. Құрым күркеде тұрады. Қалай, қандай тіршілік жасап жатыр, білмеймін. Менің көргенім – қашан шықсам да төбешік басында отырады. Оба түбінде. Немесе жартас үстінде. Жай ғана отырмайды. Күбірлеп, күмбірлеп жоқтау жыр айтып жүргендей. Және бір орында ұзақ бөгелмейді. Бір төбеден бір төбе. Одан әрі. Және кейін. Тоқтаусыз, тынымсыз зар. Жақыннан көрмеген соң, не айтатынын білмеймін. Бәлкім, әрқилы сөз, әр түрлі әуен. Бәлкім, бір-ақ ауыз сөз, бір әуен. Қайткенде тынымсыз толғау, таусылмас зар. Жат жерде жазықсыз қазаға ұшыраған жалғыз ұлды жоқтау. Бірде, бұрылыстан шыға келгенімде, қарама-қарсы беттесіп едік. Мені көрмеді. Мен көрдім – көзінде жас жоқ екен. Жас баяғыда, бұдан үш, төрт, бес жыл бұрын таусылған. Алайда қайғы азаймаған, күн озған сайын қабындай түскен. Менің әсершіл, жанашыр жағдайымды әжем де байқаған екен. Бірде есік алдында отырғанда, төбе басынан көзге шалынып еді. «Қайтсін-ай, бейбақ сорлы, – деді. – Іші өртеніп барады ғой. Не шара…» Жалғыз әжем ғана емес, ауылдағы жұрттың бәрі көріп отыр. Қалай жұбатпақ. Жаны ашығаннан басқа не амал бар…
(Арада он үш жыл өткенде бақытсыз Қорлықаны тағы да көріп едім. Мен студентпін. Ауылға барған бір жолымда. Аппақ әже. Төгіліп тұрған, түсті, жақсы көйлек киген. Мүлде басқа жан. Сонда да қапысыз таныдым. Бізбен аталас Арап деген ақсақалдың үйінде тұрады екен. Немере әпкесі. Яғни, бұл зарлы бейбақ маған да жақын туысқан болып шықты. Орны толмас қайғы – жер әлемдегі жалғыз ұлдың қазасы ұмытылмайды. Бірақ бар зауал ішке түскен. Тірі жүргенде тағдырға көнбес пенде бар ма. Ақыры, кеше ме, өткен, арғы жыл, одан да бұрынырақ па, қайтадан адам қатарына қосылыпты. Мен жүрегім сыздай тұра, Қорлықа әженің жаңа жағдайына тәуба айтып едім.)
Біз ата жұртымыз, ен жайлауда екі аптадай болдық. Мен бұл дүниеде арылмас қайғы барын көріп, танып, білген соң, мұңданып, ересек тартып қайтқан едім. Алда өзін нендей хикмет күтіп тұрғанын кім біліпті.

Ескі-жұрт

Жайлаудан қайтқан соң көп ұзамай, Жұмагелді аға мені пионер лагеріне алып кетті. Мені көзінен таса қылмайтын әжем бірден келіскен. Ескі-жұртты көресің, ағаңның қасында боласың, деген.
Бұл Жұмагелді аға да, Төкен ағам сияқты, біздің үйде өскен екен. Бар айырма – өз әкесінің атында. Әйтпесе жақындығы бірдей. Атамның үлкен әпкесі Жәмиладан туған. Қиындық жылдарда жетім қалып, Шыңғыстаудың арғы бетінен беріге жетіп, біздің шаңыраққа біржола бекіген. Және әжемнің қолында өсіп-жеткен. Бұдан соң соғысқа алыныпты. Майдандағы ауыр жарақаттан кейін, 1943 жылы біржола босаған екен. Әскерден қайтқаны есімде жоқ. Келер жазда Сарғамысқа келіп кетті. Енді Сталин колхозы – Қос-Ағаш ауылында мұғалім. Біз Баршатасқа көшіп қонғаннан соң, аралық жақын, жиі қатынап тұратын. Осы жазда аудан шегінде ұйымдастырылған атаулы пионер лагерінің бастығы міндеті жүктелген екен.
Бұл кезде біздің шалғай жұрттың өзінде советтік рәсім, тұрмыс, қызмет қана емес, оқу, тәрбие жүйесі де біржола орныққан екен. Совет балалары күзден – көктем, тоғыз ай бойы міндетті мектепке барса, жазда, осы тәртіппен, түгел болмаса да біразы пионер лагерінде демалуға тиіс. Бұл жолғы лагерь біздің Ескі-жұрт, ата қыстауымызға орнапты. Қосарлы үш үй – алты бөлме түгел лықып тұр. Ұл, қыздар бөлек-бөлек, есіктен төрге дейін жер төсектер салынған. Ал лагерь бастығы Жұмагелді аға – өзен беттегі ең шеткі, бұрнада малшыға лайықталған жеке бөлмеге орналасыпты. Құрғақ азық-түлік те осында жиналған екен. Басқа күтушілер мен тәрбиешілер іргеде, киіз үй тігіп отыр. Мен Жұмагелді ағаның қасына жаттым. Басқаны қойғанда, кәмпит, прәндікке дейін сықап тұр. Бірақ көрмеген нәрсе емес, әрі менің ашқарақтығым жоқ, мөлшерден артық кетпедім.
Ес білгеннен бері ата жұртыма алғаш рет бажайлап қараған екем. Кейінде білгенімдей, соңғы бес атам екі жүз жыл бойы берік отырған, өсіп-өнген қастерлі қоныс. Осы орталық ұйық – жартасты қабақ үстіндегі қора-жай, етектегі мол сулы өзен мен қалың тоғай – кішкентай кезімнен есімде. Ал төменірек, өзеннің екі қапталын қамтып, оқшырайған екі биік – қысқы қарынан арылған Қос Босағаны жаңа ғана көрген сияқтымын. Одан бергі, қатарлас етектегі ата-баба зираты мүлде көңілсіз кепке жетелейтін. Атамның туған әкесі Құрымбай бабам туралы үздік-создық әңгімелер есімде. Ұлы Абаймен сыйлас, дос-жар болған. Одан арғысына әзірше бойламаған екем. Енді екінші тарап – жоғарыда, бірер шақырым жердегі белес басында шошақ үш күмбез көрінеді. Тұпа-тура емес, арлы-берлі жылжып қарасаң, үшеу емес, төрт күмбез екен. Менің тікелей аталарым емес. Әйткенмен, аты, заты белгілі ағайын жұрттан.
Мен тағы бір ересек балалармен қоса, Босағаның бергі биігіне шығып қайттым. Әжептәуір жерде Байқошқар ауылы көрінеді. Оның сол жақ қапталында – Үшқызыл тауы, тетелес үш шоқы. Екі аралық – өзенді өрлей біткен тоғай. Бергі жағында – құлаған, әлдебір ескі тамдар, арғы қабақта – мал қоралы үш-төрт үй. Өткенде атам айтқан, алды жазаң Бозқараған дейтін қоныс.
Арада екі-үш күн өткенде, лагерьдегі көп баланың ересектеу жиырма-отызы міндетті өлке-тану жорығына шығуға тиіс екен. Жұмагелді аға емес, басқа бір мұғалімнің жетегімен. Ескі-жұрт қыстауынан түсіп, өзенді жалдап, арғы қабаққа өттік. Енді Оң Босағаның етегімен, төмен құлдап келеміз. Кейін, мектеп жылдарында өзім жүз рет жүрген, қоян, құр атқан, қаншама қуаныш пен зар, ой-толғамға куәгер болған өзгеше сорап.
Мұғалімнің нұсқауымен ересектеу ұл-қыздар жамырай қосылып, ән-өлең айтты: «Жаз жайлатып, күн күлдіріп, – Біз ләгірге барамыз, – Асыл жібек гүл үстінде, – Аунап, ойнақ саламыз…» Тағы бір, қазақы, әдепкі әндер. Күн ыстық еді. Көп ұзамай, ән де тыйылды. Біреу ілгері озып, енді біреулер тауды қиялай тартып, улап-шулап келеміз. Нақты мен емес, басқа барлық бала.
Бірер шақырым жүріп, Талды сайдан өттік. Тағы азғана жүріс, өзеннің біз жақ, оң қабағы тұйықталатын Сары-тау. Алғаш көруім. Дәп осы тұста арғы беті қиялы биік, бергі беті жайпақ жартасты өзен терең қарасуға айналады екен. Жағалай үңілдік. Міне, керемет, қаптаған сарыауыз балық. Әрқайсы жарым құлашқа жақын және жыпырлаған көп. Жиырма, отыз, бәлкім қырық-елу. Тап астымызда бұлаң қағып, оңды-солды, найқала жүзіп жүр. Бәріміз де таң қалып, ішегімізді тарттық. Үлкен балалардың бірі кішкентай тас лақтырып еді, сарауыз балықтардың бергісі қақшып алды. Әйтсе де жұтпаған. Келер мезетте аузын ашып, тастай салып еді. Енді балалар жапатармағай, кішкентай тас лақтыра бастаған. Кейбірі сол беті суға батты, кейбірін манағы балықтар ұстап, жем емес пе деп тексеріп жатыр. Солай деп ұқтым. Алайда, көп ұзамай-ақ мұғалім жардан құлап кетесіңдер деп, бәрімізді кейін шегерді.
Саяхат межесі де осы сары биік екен. Кері бұрылдық. Бірақ қайтар жол әуелгідей қызық болмады. Балалар шаршай бастаған. Күн төбені тесіп барады. Желсіз қапырық. Көп ұзамай, өзенге құлайтын терең сайлардың бірі, биік жартас көлеңкесінде тыныс алдық.
«Ал, кім ертегі айтады?» – деген мұғалім дәп осы кезде. Ешкім белсеніп шыға қоймады. Түгелдей үлкен балалар. Ертегі білмейді, немесе ерініп, айтқысы келмей тұр. «Мен айтам!» – дедім. Және айттым.
Арада қырық жыл өтсін. Ауылдас, әр тарап ағайындар бас қосқан отырыстардың бірінде жасы менен көп кіші Молбай деген жігітпен таныстым. Талдықорған өңірінде туып-өскен, негізі біздің тараптан. Бұдан соң да әрқилы қонақта ұшырасып жүрдік. Бауырмал жігіт екен, үлкен аға деп, маған айрықша ықылас танытады. Біздің үйдегі жеңгесіне де қатты ұнапты. (Әлдебір жабдықтау мекемесінде қызмет атқарады екен, Құрманғазы көшесіндегі жазушылар үйіне көшкен кезімізде жаңа пәтерімізді қажетті қалыпқа жеткізуде әжептәуір демеу жасаған сияқты.) Келесі бір тойға ауылда, ауыл болғанда Шұбартауда тұратын немере ағасын ерте келіпті. Бүгінде аты жадымда жоқ. Міне, жаңағы Молбайдың осы ағасы айтып еді. Бұл Мұхтар жазушы атағына шыққан кезде баяғы бір ғажайып оқиға есіме түсті, дейді. Мен алтыншыдан жетіншіге көшкем, осы жазда қатарлас және үлкен-кіші көп бала пионер лагеріне бардық, артынан білгенім, осы Мұхаңның атасы Мағаш ақсақалдың қыстауы екен. Содан бір күні, өзенді құлдап, тау мен тоғай арасында саяхат-серуенге шықтық. Бірталай жерге барып қайттық. Шаршадық. Күн де ыстық еді. Сонда, үлкен жартастың көлеңкесінде тыныстап отырғанда осы Мұхтар керемет ертегі айтып берді. «Аю батыр» деген. Ханның қызын аю алып қашып кетеді ғой. Ақыры, хан жасауылдарымен шығып, аюды өлтіріп, қызын құтқарып әкеледі. Өзінің хан сарайына. Сонда хан қызы басқаша өмірге үйрене алмай, жылап отыр дейді. «Аю еді, аю еді, – Аю да болса байым еді, – Үңгір еді, үңгір еді, – Үңгір де болса үйім еді» деп. Мұхтар кіп-кішкентай, әлі мектепке де бармаған, осылай деп айтты. Өте қызық ертегі. Ақыры, хан қызы айы, күні жеткенде ұл табады. Манағы аюдың баласы. Арқасы аю түкті бұл бала ғажайып батыр болады. Айта берсе, бірталай әңгіме… Міне, Мұхтар осындай еді. Кіп-кішкентай, жұқалтаң ақ-сары бала, небәрі алты жаста, әлі мектепке де бармаған. Ал ертегі айтуы керемет. Біз үлкен балалар түгел қайран қалдық. Жетекші мұғалім айтарға сөз таппады. Міне, ақыр түбі кім болғанын көріп отырмыз… деп еді.
Бәрі анық. Тек қандай ертегі айтқаным жадымда жоқ. Оның ішінде хан қызының жоқтауы да ұмытылыпты. Сол кезде он үш-он төрт жастағы ересек бала, бүгінгі қарттың есінде сақталған екен. Әйтсе де, азғана нақты дәйек – бұл кезде менің мектепке бармауым рас, соған орай алты жаста деп отыр, шындығында сегіз жастамын. Қайткенде, өткенімді қырық жылдан соң қаз-қалпында алдыма тартқан қимас естелік.

Сөйлеуік тәте және жетімдер оқиғасы

Күн қайта бастаған шақ, тәрізі, тамыз айының орта шені. Біз – атам, әжем үшеуіміз өзіміздің туған ауылға көштік. Колхоз орталығы Байқошқарда, там қоралардан төмен, өзен жағасында киіз үй тігіп отырған едік. Мен ойнайтындай бала жоқ. Басқадай ермек те кеміс. Мейлінше көңілсіз болды. Осындай бір күні атам мені құнан шаптырым жоғары, қырман басында отырған Болатбай ағаның үйіне әкеп тастады. Жаппар-қожа аталатын құйқалы жер, өзен бойы, ойпаңға оншақты киіз үй тігілген көпауыл. Екі-ақ күн боласың, бүрсігүні алып кетем, деген.
Қолма-қол асыр ойынға кірістім. Негізінен құралпас балалар. Улап-шулап, тайызға шомылдық. Құм құйып, әрқилы құрылыс жасадық. Көйлегімізбен сүзіп ұстаған шабақ балықтарды жағалаудан қазған, лай сулы шұқырларға тоғыттық. Сәске түсте кірісіп едім, күн еңкейгенше қолым тимепті. Ақыры, арнап шақырды ма, балалар тарап, өзім келдім бе, сілем құрымаса да, қарным әбден ашып, үйге қайтып едім.
Бірден жасаулы дастарқанға отырдым. Осындағы тәте кеспе көже пісіріп қойыпты. Ағаш тостағанға құйып, алдыма тартты. Ішінде екі-үш жапырақ еті бар. Шетінен іліп алып, қасығымды аузыма апара бере, дағдарып қалған едім. Мұрны пұштиып, өңі бұзылып кеткен ашулы тәте жаңа мен келгенде, от басында сөйлеп жүрген. Енді тым тақау, дастарқанға тізе бүге бере, одан әрі жалғастырды. Болатбай ағаға ұрсып. Ұрысқанда, даусын көтермейді. Бөтен-бастақ сөзі де жоқ. Алайда, тынымсыз, бір қалыпты ызың. Быды-быды, быды. Сен кеше әйтуің керек еді, бүгін бүйтуің керек еді. Анада алай жасамадың. Енді басқарманың өзіне бар… Жұрттың еркегі анандай, сен – мынандай… Ызың-ызың… Пішту… Гу-гу… Быды-быды…
Болатбай ағаға емес, дәп менің өзіме ұрсып жатқандай, әбден зықым шықты. Тәбетім сап болған. Бірер түйін еттен соң, сорпа мен кеспе жүрмей қойды. Әрең-пәрең тауыстым ба, сол беті қалды ма – есімде жоқ. «Ішкені – ірің, жегені – желім» дейді қазақ мұндайда. Ірің де, желім де емес, тас жұтқандай күй кешсем керек. Долы тәте әлі сарнап отыр, екі қасық көже арасында он ауыз сөз… Ақыры Болатбай аға тамағын түгесіп, сол үнсіз қалпы дастарқаннан сырғанай шегініп, іргеге көлденеңінен жата кетті. Мен әлі де күйтсіз отырсам керек. Кенет… менің құлағыма… бір қалыпты, созыла айтылған ән әуезі жеткен. «Аулың сенің іргелі, – Шай көйлегің бүрмелі…» Болатбай аға даусын тым көтермей, әйтсе де анық, танық, ән салып жатыр екен. «Қош бол, сәулем, көргенше, – Қайта айналып келгенше…» Қайта айналып бітпей-ақ, келесі бір әнге көшті…
Содан, өз үйіме қайтқан соң, әжем мен атама айтсам керек, тәтесі ұрсып отырғанда, Болатбай аға ән салып жатады екен, деп. Менің бұл сөзім нақыл, мысал ретінде ауыл-үй арасына тарап кетіпті. Әрине, күлкі, әзіл. Бірақ менің көңілімде түйіртпек қалған. Сөйлеуік қатын бейнесі. Жұрт ішінде, әсіресе таршылық заманда әрқилы мінез болады, бірақ мұндайды бұрын естімегем, көрмегем. Кейін, ересек, жігіт шағымда ойымда тұрды. Менің болашақ әйелім – көркіне қоса, артық сөзі жоқ, биязы жан болуға тиіс деген…
Сонымен, бірінші күнім тым жайсыз аяқталған еді. екінші күні… кешегі ұрыс одан әрі жалғаспаса да, үйге қайтсам, атам тезірек келсе, деп тіледім. Бірақ тағы бір кешті батырып, әуелде айтқан уағында келді. Есесіне, осы екі аралықта менің кейінгі жазуыма сәуле түсірген ерекше бір оқиға болып еді.
Сәске түс шамасында ауылға бір арба бала әкеліпті. Өңшең жетім. Дегдом, яғни детдом – тақау Аягөз қаласындағы балалар үйінен шыққан панасыздар. Шамасы, жеті-сегіз, он-он екі жастағы бір топ. Біздің Молотов колхозына, ауданның барлық ауылдарына бес-алтау, оншақтыдан таратып берген екен.
Басқарма да, кеңсе де осы қырман басында. Және жұмысқа жегілген тағы қаншама халық. Жапырласа жетіп, таңырқай қарасып тұр. Әрине, үлкенді-кішілі біздер алғы кезекте. Жетімек балалардың көпшілігінің түрі бөтен екен. Өгіз арбадан жапырлай түсірген соң, біріне бірі тығылыса, көк шөп үстінде, малдас құрып емес, аяқтарын бүгіп, астына баса, жан-жақтарына жалт-жұлт қарап, дағдарып отырғандары көз алдымда. Қалай бөліске салғанын, немесе арнап, атап үлестіргенін көргем жоқ. Есім-жөндерін де кейіннен білдім.
Ағайынды екі орыс баласы: үлкені – қоңыр шаш Гена, кішісі – сары шаш Юра. Тағы да орыс – ересектеу Андрей, бір көзінде ноғаласы бар еді. Және Әли деген чешен баласы – мылқау емес, бірақ тілі мүкіс. Әлде дүңген, әлде қалмақ қыз. Тағы бірер баланың жөн-жобасы есімде жоқ. Қазақ – Ойрат, Қайрат деген ағайынды екеу. Өжет, тентектеу Ойрат пен момын, бұйығы Қайратты келесі жылы Шақпақ жайлауында көрдім, содан соң көп ұзамай, Аягөздің ар жағынан жақын туыстары табылып, алып кеткен екен. Қалған балалардың ешқайсының іздеушісі болмады. Ағайынды екі орыс баласы Гена мен Юра аман-есен ер жетіпті. Менің мектеп жылдарымда әр отбасында жүрсе керек. Соңғы бір жолы, алтыншы кластың қысқы демалысында Юраны Болатбай ағаның үйінен көрдім. Қазақша таза сөйлегені өз алдына, ертегі айтатын және өлең, жыр үзіктерін жатқа біледі екен. Ең қызығы – осы орыс баладан Шора батыр жырының ешбір қағазға түспеген, өзгеше нұсқасын естіп едім. Бар дұшпанын жеңіп, айдахармен айқасады. Қаншама арпалыстан соң, айдахар құйрығымен ұрған екен. Жан тәсілімі содан болады. Алайда, жаралы айдахар да өліпті. Міне, осындай, ерекше нұсқа. Өзі ойдан шығарған жоқ, әлдебір ақсақалдан естіп, көңілге түйген. Бұл Юра жайдары, жақсы жігіт болды. Ақыры, 60-жылдар шамасында, тың көтеру науқанымен біздің ауылға келген орыс қызына үйленіп, ендігі келіншегінің мекені – Украинаға көшіп кетіпті. Көп ұзамай, осыдан үш-төрт жыл бұрын әскерге алынған ағасы Генаның хатын көріп едім. Юраның атына жазылған. Болатбай аға оқытты. Бұл Гена әскерде, әлде одан соң әлденеден жазалы болып, түрмеге түсіпті, осымен екінші, үшінші рет хат жаздым, жауап жоқ, тюремщик деп менен жиіркенесің бе, бір анадан туып едік қой дейтін, реніш, өкпелі, мұңды хабар. Болатбай аға балаларына айтып, Юра баяғыда Украинаға көшіп кеткен, ондағы адресін білмейміз деп хат жіберді ғой деймін. Бәлкім, жауапсыз қалдырды. Кейін ойладым, сол арада өзім жаза салуым керек еді, деп.
Басқа балалардың да өзіндік тарихы бар. Әуелгі келісте бәрі де ес білген – сегіз бен он екі жас аралығында. Әрқилы үйге бекіткенімен, ешқайсы да қазақ рәсімі бойынша, қалтқысыз сіңісіп кете алмады, бірақ айтарлықтай қағажу да көрмеген, асыранды мүскін ретінде қай-қайсы да жаңа отбасында өсіп-жетті. Уақыт оза келе, Әли мен Әндірей әуелгі колхоз, кейінгі совхоздың белді жұмысшыларына айналған. Кейінірек екеуі де алыс отар Қара-ирекке жіберілген екен. Студент кезімде, жазғы демалысқа барғанда көріп жүрдім. Шалғай ауылда өсіп, жеткен, орысшасы жоққа жақын, қазақша судырап тұрған, бұрнағы Андрейден таза қазақы Әндірейге айналған жас жігіт жер қараған геолог орыстарға ілесіп, қалаға кетіп, жыл уағы толмай, қайтып оралған екен. Ал Әли – дүлей болатын. Мінезі емес, қайрат-күші. Қайда қиынға жұмсалады. Тілінің кемісі болмаса, ешкімге бөтендігі жоқ, жалпыға жұғымды. Аспирантурадан соңғы заманда Қара-иректен алыстап кеттім, бұдан соң туған ауылдың өзімен қатынас сиреді, Әли мен Әндірейдің кейінгі тіршілігінен хабарым жоқ.
Міне, осындай әрқилы тағдыр.
Жетімектер біздің ауданның басқа да колхоздарына таратылды, дедім. Бәрінің де талай-тіршілігі осы деңгейде болған сияқты. Мен уақытында бажайлап сұрастырмаған екем. Арнайы тексеріп, зерттеген және ешкім жоқ. Тек өзгеше бір жағдаят. Студенттік кезеңнің соңғы жылында, жолай, Көкталда біржола орныққан Жұмагелді ағаның үйіне соғып едім. Ауыл шеті, киіз үйлер жағында кешкілік кеңесіп отырған үлкендерге бір жас жігіт сәлем беріп еді. Көлденеңнен өтіп бара жатып, топ кісіге арнайы бұрылған. Оншақты қадам жерде атынан түсіп, тізгінінен емес, ағытып алған шылбырдан жетектей, созыла келіп, «Ассалау-мағалейкүм!» – деп амандасқан. Аты аңсағай, өрме жүген, ер-тұрманы да келісті. Беті қушық, қой көз, қоңырқай өңді, жас жігіт. Қазақ емес, бірақ қазақшасы мінсіз. Мұндағы үлкендер әке-шешесінің амандығы, денсаулық жағдайы туралы сұрап жатты. Сол сәтінде тәптіштеп жату ыңғайсыз, артынан білдім. Осы ауылдағы, екі ұлы қатарынан соғыста өлген бір ақсақал бауырына салып алған, баяғы жетімдердің бірі екен. Ол кезде кішкентай болса керек. Ендігі түр-тұлғасына қарағанда, таза орыс та емес, әлде неміс, әлде жойыт. Анығы – неміс деп білдім. Мүлде сіңіскен, нағыз қазақ есепті. Жайлаудан бір шаруамен келген екен.
Түптеп айтқанда, көп кейін, менің «Бір атаның балалары» хикаятымның жазылуына негіз болған жетімек балалар тарихы осындай еді.

Алғабас ауылы

Осы 1948, мен мектепке баруға тиіс жаңа оқу жылында Мұқан аға Баршатастан біршама шалғай, батыс тарап – елу-алпыс шақырым жердегі Алғабас колхозына бастауыш мектеп мұғалімі ретінде ауысты. Ал біз, яғни атам, әжем үшеуіміз бұдан азғана бұрын, өзіміздің ата қоныс – Бақанас өзенінің басына көштік дедім. Сырттай табиғи көрінгенмен, мен үшін өте тиімсіз жағдай. Кәдімгі мектепке баруым керек қой. Ол да ауыл, әйткенмен, басқа бір мұғалімнен оқуға тиіссің. Бірақ көшпеске амал жоқ екен. Атам осы Молотов колхозының тұрақты мүшесі. Басқа ауылға барса, жұмыс ыңғайы және жоғарыдан жарлық түсуі қажет. Әйтсе де, Мұқан аға мен Төкен аға, әрқилы ағайын, оның ішінде райкомда, әлде аткомда басшы қызмет атқаратын, атаммен ежелден біліс, сыйлас, Шыңғыстаулық бір ағайынның көмегімен, мәселені оңынан шешеді. Әуел бастан-ақ іс қағаздарында атамның жасы артылып жазылған екен. Яғни, бүгінгі алпыс емес, алпыс бес жаста. Есептен шыққан, қай колхозда жұмыс істеу, немесе істемеу өз еркінде. Ал бұл кезде мектеп атаулыда оқу басталып кеткен. Ақыры, октябрь айының басында отбасымыз қайтадан тұтасты.
Алғабас колхозының орталығы Қорық – аттас шағын өзеннің сол жағасына орныққан екен. Небәрі жиырма-шақты үй. Есебі, біздің Байқошқардан әжептәуір үлкен. Екінші ерекшелік – жері жазаң, маған ес білгеннен етене тау жоқ, алыс көкжиекте ғана тапалтақ қырқалар көзге шалынады. Мектеп пен біздің тұрғын жайымыз – сол заман үшін көрнекі, жайпақ төбе, үлкен қора ішінде. Атаулы мектеп – кең дәліздің төр жағындағы, арнайы жабдықталған, үлкен бір бөлме. Төрт класс, жиыны отыз екі бала, екі кезекпен, қосарласа оқиды. Таңертең – екінші, төртінші кластар, түстен кейін – бірінші, үшінші кластар. Параллель оқу деп аталады екен. Яғни, әуелі бір класс – жеті-сегіз балаға тапсырма беріледі, содан соң қатарлас келесі класс сабағы. Арыдағы ашаршылық, кешегі соғыстан соңғы, оқушы балалар шектеулі жағдайда, қазақ ауылында әдетке енген өзгеше қалып. (Келер жылы ғой деймін, аға бастауыш мектептегі параллель оқыту методикасына қатысты мақала жазып, «Халық мұғалімі» журналына жіберіп еді, одан соң әдепкі мектептегі пән оқулары туралы тағы да екі-үш мақала – ешқайсы басылмады.)
Көшіп келген күннің ертеңіне, мұғалім Мұқан аға мені оқу бөлмесіне жетектеп келді. Ең алдыңғы партада қағылез, көзі өткір, домалақ бет, бидай өңді бала отыр екен. Аты Блок. Мені бұрыннан бар осы Блокқа қысқаша таныстырған. Бұл – Мұхтар. Енді екеуің қатар отырып, бірге оқисыңдар, деген. (Блоктың кейінде айтуына қарағанда, “қазан айының 8-күні” екен.) Бұл Блок – Шайкенов – содан бастап, міне, жетпіс екі жыл болды, жұбымыз жазылмай, қатар жасап келеміз. Биология ғылымының докторы, профессор, қазақ, орыс және басқа да шет тілдерде шыққан екі жүз, әлде үш жүз зерттеу мақала, бес-алты монография мен танымдық кітаптар авторы, ақылды балаларынан соң бірнеше немереге жеткен, алыс-жақын төңірегіне құрметті ақсақал. Менен кейін көп ұзамай, 2020, 5 апрель күні сексен жасқа келіпті. Және мойындау керек, менен әлдеқайда ширақ, аяғы жеңіл, әлі күнге әр тараптағы ғылыми экспедициядан қалмаған, осы тұрғыдағы шет елдік сапарлар өз алдына.
Кейін, менің балалық шағым, бірге өткізген алғашқы күндер мен айлар туралы, оның ішінде Мұқан ағаның мұғалімдік, өз заманы үшін озық үлгілі қызметі туралы жазған, өзгеше деректі, тамаша естелігі бар. Сонда өзі бажайлап айтқандай, екеуіміз қатар отырып, жарыса оқыдық. Кішкентай кезімізден-ақ, менің кейінгі бір арам досым сияқты, бақталастық, көре алмаушылық болған жоқ. Блоктың кейінде айтуынша, бар оқуымыз қарайлас. Әрине, мен, болашақ жазушы, ана тілі сабағына айрықша мән берер едім. Бұл ретте озық болатын деп атап көрсетіпті Бөкең өзінің естелік мақаласында.
Ақыр түбінде Блоктың да қаламгерлік қабілеті ашылды. Жетпістен асқан шағында. Қалжыңдап отырғам жоқ. Шыны. Бұрнада таза ғылым соңында жүрсе, енді, көп жұмысы тынған, уақыт кеңіген шақта жаңа бір әуез. Туған ел табиғаты, оның ішінде көрікті Көкше, қазақ жерінің үстіндегі байлығы, жайылым, қазақтың қымызы, және өзінің ғылымдағы жолын саралаған, көлемді, көркем очерктер жазып, әр тарапта бастырған соң, жеке кітап етіп шығарды. Осы орайдағы өзгеше бір естелігі – «Алдаспан қалай шыңдалды» деп аталады. Екеуіміздің бірге оқыған балалық шағымыз, ең бастысы – өзі үздік педагог ретінде бағалаған Мұқан мұғалім туралы құнды деректері бар.
Мұқан аға біздің шалғай Шұбартаудан шыққан ең алғашқы мұғалімдердің бірі екен. 1937-38 жылдары сонау қиырдағы Жәркентке жетіп, мұғалімдер училищесінде оқыған. Ізінше ҚазПИ-ге түседі, алайда, әке-шешесіне қарайлап, сырттайға ауысыпты. Бұдан соң әскерге алынып, арты соғысқа ұласқан соң аяқсыз қалған. Жаркент училищесі сол кездегі рәсімдері бойынша, тек куәлік қағаз берген екен. Енді жаңа жағдайда, Алғабаста тұрған кезімізде Семейге арнайы қатынап, ақыры осындағы Педагогтық училищенің дипломын алған еді.
Бұл заманда қазақ ортасындағы ең құрметті кісі – мұғалім. Ауыл зиялысы. Балалар ұстазы ғана емес, жалпы жұртқа үлгілі тұлға. Ол кезде кез келген ауылға сырттан келген кісі әуелі колхоз бастығы кім деп, содан соң мұғалім кім деп сұрар еді. Егер дәп осы жерде жақын кісісі болмаса, сөз жоқ, тұрмыс жағдайы тәуір мұғалімнің үйіне барып түседі. Бейтаныс болса да, құрметті қонақ. Ал ауданнан келген уәкіл, әлдебір шаруа соңындағы қызметкер атаулы – колхоз бастығының үйіндегі үйреншікті қонақ.
Блоктың әкесі Шайкен аға ол кезде қырықтың үстінде болса керек, менің ағамнан үлкен, атамнан кіші. Алайда, кімнің болсын тілін тауып, жараса білетін, кеңқолтық жан еді. Ежелгі ел сөзіне де қанық. Блоктың шешесі Жаңылған апа да мейірбан кісі.
Ауылдағы ең елеулі саналатын және ауқатты екі отбасы бірден-ақ жарасты туыстық тапты. Қазақтың үлкен сияпаты – өзара шақырысу ғой. Біздің екі үй алғашқы қыстың өзінде екі-үш рет өзара қонақтасты. Әрине, Блок екеуіміздің арамыз одан әрмен жақындаса түскен.

Кітапқа құнығу

Біз көшіп келгенде аға жаңа кітаптар жинап қойыпты. Маған арнап. Көп болып көрінген он-он бес кітап. Осының бәрін жаңа жылға дейін оқып бітіресің, деген. Қайда. Келесі жылға кетпесе. Ішінде баяғы «Сырлы аралдың» жалғасы жоқ екен. Оның есесіне кетпектей-кетпектей екі том бірден көзге шалынды: Мұхтар Әуезов – «Абай» деп аталады. Яғни, Абай ата туралы. Абайдың өзінің бұлардан да үлкен, жуан кітабы сол қалпында. Және Жамбыл бар. Бұл да кетпектей, әрі қалың жинақ. Пушкин, Тургенев, Чехов әңгімелері. Алақандай ғана, шағын кітапшалар. Әлжаппар Әбішев, Ғабдол Сланов, тағы бір, мен атын естімеген, бірақ белгілі қаламгерлер. Иә, Мәлік Ғабдуллин – «Менің майдандас достарым», батырдың атын бұрнада естігем, тәрізі соғыс туралы. Содан соң «Арпалыс» – Александр Бек. Бұл да соғыс, Бауыржан Момышұлы туралы. Тағы не… Иә, есіме түсті, – Николай Островский, «Құрыш қалай шынықты». «Абайдан» басқа екі-үшеуін кейінірек кітапханадан алдым ба, нақты есімде жоқ. Бар-жоғы осы сияқты. Енді жағалай оқу керек. Аса көп жұмыс.
«Майдандас достардан» бастағым келіп тұрды да, өткен жылғы «Жау танкісі» сияқты қызықсыз болар деп, жалқаулығым ұстады. Кішкентай сары кітаптар тәуір сияқты. Аты Иван болса да, сойы қазаққа үйлес Тургеневті байқастап қарадым, – тәуір сияқты, әйтсе де, кежегем кері тартқан. Ақыры, жөн-жобасы белгілі Абай атамнан бастау қызығырақ көрінді. Атамның өзінің өлеңдері емес, мен есімін алып жүрген Мұхтар Әуезовтің жазғаны. «Абай» аталған үлкен романның бірінші кітабы. Кейінгі «Абай жолы» ғой
Шәкірт бала, кәдімгі Абай атам қаладағы оқудан ауылына қайтып барады. Қасында екі қосшысы бар. Үлкен кісілер. Үш күндік сапардың соңғы күні. Әжесін, үйін сағынған бала Абайдың дегбірі таусылған. Міне, қызық. Бірден-ақ тартып әкетті.
Бірақ менің оқуым, өткенде бір байқағанымдай, тым жедел емес екен. Ежіктемесем де, кібіртік. Және келген бетте, көрген бетте бірден бастамағам. Анау-мынаумен, үйренбеген мектеп сабағымен екі-үш апта өтіп кеткен. Бәлкім, тұтас бір ай. Әйтеуір күздің қара суығы. Содан қар жауғанша… қалың кітаптың төрттен бірін әрең игеріппін. Бұдан әрі оқуым да оңала бастағандай. Күн озған сайын жетігіп келем.
Міне, дәп осы кезде атамның жамбасы сынды. Күресінде мұзға тайып жығылып. Төсек тартып жатып қалған. Өзінің және көңілін сұрап келген ақсақалдардың айтуынша, алпыс жастағы кісі алпыс күнде әрең оңалмақ. Енді қимылсыз күткеннен басқа амал жоқ.
Өткен жылы, Баршатасқа келгеннен бері атам менің оқуыма назар аудармаған, қарамаған. Алғабаста және өз бетімше. Әйткенмен, Әуезов кітабын аңдаса керек. Жас жігіт кезінде көргем, білем, әуелде Қатпа атаң бастап келіп, таныстырды, кейінде ағасы Разақ екеуін аңға алып шыққам, деді. Абайдың жөнін жақсы білсе керек, енді қалай жазды екен, деді. Сол күні, әлде ертеңіне кәдімгідей оқып беруімді сұрады. Мен келіп тоқтаған жерден емес. Ақын Абайдың өмірі болған соң, басынан бастау керек. Мен жалқау, бұған мүлде ынтам жоқ. Әйткенмен, атам айтқан соң жалтара алмайсың, амал не, алғашқы бетінен қайта түстік.
Тіпті, жеңіл болды. Арада апта өтпей, әуелгі межеме жеттік. Одан соң әрі қарай тезінен жылжыған едік. Бұрнада жазсам керек, Шыңғыстау жайын, Абайдың туған, өскен ортасын біршама білетін атам үнсіз тыңдайды, мейлінше риза, тек екі-үш ретте ғана дәп солай емес дегені бар. Абайдың әкесі Құнекең – Құнанбай қажыға қатысты. Кемеңгер, әулие кісі екен. Ал Қодар… Қодардың өзі дүлей, оңбаған болатын, деді содан соң, таратып айтпай. Ертеңіне, әлде арғы күні, өкіметтің заңы бар, осылай қиыстырып жазбаса, ұнамайтын шығар, деп еді. Жаңа жылға дейін екі кітапты да оқып біттік. Бәрі мақұл. Мен ара-тұра жер, қоныс жайын сұрап қоям. Негізі дұрыс, дейді. Ал балалар бүлдірген теріп баратын, кейінде Абай Тоғжанмен кездесетін Жәнібек алқабы – біздің Байқошқардан құнан шаптырым ғана жер, деп нақтылап еді. Содан соң Абай атамның бір жылы менің бабам Құрымбай ақсақалдың шақыруымен, жазғы жайлауға өзіміздің ескі қыстауымыздың іргесі – Көпбейітке келіп қонғаны, осы орайдағы оқиғалар туралы айтып еді. Атаммен арадағы әңгіме тек Абай мен Әуезов туралы ғана емес. Сол замандағы елдің тұрмыс-жайы, тобықты мен керейдің белгілі кісілері төңірегіне барып қайтатын. Тағы бірде, алғашқы кітапты оқып отырғанда атама көлденең сұрақ қойып едім. Міне, Мұхтар Әуезов Абай былай деп ойлады деп жазыпты, іштей не ойлағанын қайдан біледі деп. Атам азғана бөгеліп барып, тиесілі жауабын тура айтты. Мұхтар Абайдың кім екенін, қандай жағдайда қайтіп ойлап, не айтатынын жете таныған ғой, сондықтан тұспалмен айтса да, қатесі жоқ, деп еді.
Сонымен, атам аяғынан тұрғанша, айналасы бір жарым ай мөлшерінде, кейінде әлемге әйгілі, қазақтағы қара сөздің асқар биігі «Абай жолының» әуелгі екі кітабын біршама зерделеп ұққан едім. Менің дүниеге көзімді ашқан, көкірегімді кеңейтіп, өрісімді ұзартқан өзгеше мектеп. Бұрнада бұлдыр елесі ғана бар өткен күндерді кәміл байыптаудың алғашқы сатысы. Бүткіл өмір, қаламгерлік қызметке әсер еткен бастапқы және толымды дәріс.
Бұдан соңғы жерде менің кітап оқуға деген ынтам өлшеусіз артты. Тургеневтің, Пушкиннің, Чеховтың таңдама әңгімелерін оқып шыққан соң, көкжиегім кеңіп, кітап оқуға біржола бет бұрған екем. Бірақ жағалай, қолға түскенді сыпыра шалу жоқ. Керек десеңіз, осыншама үздік мектептен соң, анау-мынау орташа әдебиетті менсінбейтін астамшылық пайда болыпты.
Енді мен оқуға біржола құнықтым. Ауылда «Қызылбұрыш» аталатын үй бар. Үгіт-насихат орталығы, шағын кітапхана. Жарытымды ештеңе шықпады. Сталиннің, Лениннің қызыл-күрең мұқаба, алтынды жазулы қалың томдары сығылыса толып тұр. Бұдан соң тағы бір саяси кітаптар: партия тарихы, социалистік құрылыс, кезекті бесжылдық. Басқадай, оқуға жарайтын дүниесі жоққа тән. Дихан Әбілевтің, тағы бір ақындардың өлеңдер жинағы – мүлде тартпады. Мұқан Иманжановтың «Жастық» аталатын, жұқалтаң, сарғыш түсті әңгімелер кітабы – тәп-тәуір, бірақ бұл да онша ұнамаған. Константин Симонов – «Орыстар» дейтін үлкен пьеса – мүлде жарамсыз шықты. Әлі де таң қалам – Лопе де Вега – «Шөп қорыған ит» – оқып шықтым, қызықсыз көрінді.
Көктемге жетпей-ақ мен үшін кітап ашаршылығы басталған.
Аңсап тұрам, жаңа бір дүниелер оқығым келеді – бірақ көңіл тоқтатар ештеңе жоқ.
Бар алданыш – жаңа жылдан бастап аға мен үшін арнап жаздырған «Пионер» журналы мен «Қазақстан пионері» газеті келе бастаған. Газетте мәнді ештеңе жоқ, ал журнал әжептәуір екен. Осы жылы ма, келер жылы ма, бірнеше санда Бердібек Соқпақбаевтың «Он алты жасар чемпион» дейтін повесі басылды. Сол қалпында, болған оқиға ретінде қабылдап едім. Бұл бала қазір өсіп жатыр, ертең үлкен бокстан әлем чемпионы болуы анық. Ендігі бір ұнаған дүние – «Әнші азамат», Қайнекей Жармағамбетовтің көлемді шығармасы. Әнші Әміре Қашаубаев туралы. Ғажайып даусымен шарықтап шығады ғой. Осы, өзімізбен іргелес Абралы, әлде Абай ауданынан. Атамнан сұрап едім. Естімеген. Оның есесіне басқа бір әншілерді жақсы біледі. Бұлардың ішінде Ағашаяқ ерекше екен. Екі аяғына бақан байлап алып, атты кісілермен бірдей жүреді. Өнерпаз сері. Атақты әнінде: «Қыз қайда, ойбай, қыз қайда… – деп, – Қара жол ма дегенім, – Шұбырынды із болды-ау, – Ала жаздай нәр татпай, – Іздегенім қыз болды-ау, үйбай!..» – деп өтірік өксігенде, көңілі босаң үлкен кемпірлер: «Қайтсін-ай, байғұс…» – деп көзіне жас алып, жаулығының ұшымен сүртініп отыратын, деді. Бұл да қызық. Бірақ әлемге танылған Әміренің тұрпаты бөлек. Мәскеуден өтіп, Парижге дейін барады. Мұнда ғажайып Эйфель мұнарасы… Дүние кең екен. Әнші емеспін, бірақ мен де барам бұл Парижге…
Десе де… өзіміздің ата-баба тарихына қатысты, әлде аңыз, әлде шындық, «Қазоты» дейтін шағын дастанның әсері айрықша болып еді. Қалижан Бекхожин. Ағайынды екі хан – Сұрша менен Атырақтың хикаясы. Атырақ ел шетіне тиген жауды қуып кетеді де, ақыры сол жат жұртты өзіне бағындырып, патша болып қалады. Бар жағдайы жақсы, ата-жұртын мүлде ұмытқан. Ағасы қаншама шақыртса да, қайрылмайды. Ақыры, Сұрша Атыраққа арнайы сәлем ретінде бір шоқ қозоты шөбін жіберіпті… Сөйтіп, туған топырақтан нәр алған шөп иісі сезімін қозғап, ойын толқытқан Атырақ отанына қайтып оралған екен… (Кейінде танығанымдай, ежелгі қыпшақ сарыны. Біздің ұлы Шоқан Галич-Волынь жылнамасынан ұшыратқан, осы Шоқанның жақын досы болған Аполлон Майков атақты балладасына (1875) арқау еткен, сақара жусаны туралы толқымалы аңыз. Түп негізгі ақиқат шындықтан бастау алады. Мен кейінде «Шыңғыс хан» тетралогиясында Қыпшақ Сары хан ұлы Атырақтың ХІІ ғасырдың алғашқы ширегінде Гүржістанда жарым патша дәрежесіне жеткені, оның ағасы Сыржан мен туған ұлы Қонжық хандар және Қапқаздағы қыпшақ қауымы туралы дәйектеп жазғам…)
Міне, сол бір балауса жылдардағы азғана оқуымның өзі менің өрісімді өлшеусіз кеңейтіп еді. енді білмекке құмарлық шектен асты. Бірақ төңірегім тар. Ағам мұғалім болса да, қажетті кітап тапшы. Тапшы емес, жоққа жақын.

Қазақтың қонағы

Бұрнағы қазақтың, шет жағасын біз де көрген қонақ шақыру және күту рәсімі мүлде бөлекше болған. Ішімдіксіз өтуінде ғана емес. Әуелі, келген бетте жеңіл шай тартылады. Бауырсақ, құрт-май, шелпекпен. Содан соң негізгі ас. Кейде бірден-ақ, осы, үйметабақ ет. Туралмаған, мүше-мүшесімен. Біздің ауылда ортақ табақтан қолмен жейтін. Асығыс жоқ, бар бабымен. Еттен кейін әңгіме-дүкен. Кейде ән айтылып, күй тартылады. Көбіне-көп қызғылықты әңгіме, ертегі, қисса-жыр. Қонақ рәсімінің еттен кейінгі ең мәнді бөлігі. Бұдан соң міндетті түрде жаңа шай.
Сол жылы соғыстан кейінгі екінші соғым сойдық. Жазда бұзауламай қалған, енді ту болып семірген көк сыйыр. Елдің қорланбаса да, біршама оңалып қалған кезі. Біз ғана емес, колхоз орталығы Қорықта отырған он бес-жиырма үй түгелдей дерлік. Тақау тұстағы фермалар да құр қалмаса керек. Шаруаның қолында қыл-құйрық жоққа жақын. Біз сияқты, бәрі де сыйыр, өгізше, тайынша. Сонда, көк сыйырды күресінде жығып жатқан кезде, соғым шүйгін болсын айта келген бір ақсақалдың мысқыл сөзі есімде қалыпты. «Міне, бәріміз де жалайыр болдық», – деген. «Соғымға сыйыр соятын жалайыр ақылды екен, – деді атам қалжыңға орай қатқыл жауап беріп. – Үлкендерге нәрлі сорпа, балаларға майлы көже, ер-азаматқа семіз ет. Біздің керейде бұрын да бірлі-жар кісі ғана жылқы соятын…» Содан соң айтты: «Күні кешеге дейін ақшом тартып, Алатауға дейін барып, қыстық бидайыңды осы жалайырдан алмаушы ма едің! Астық егуге енді ғана үйреніп жатырсың…» – деді. Ағайын жұрт жалайыр – Көкше теңіздің арғы бетінде. Біздің ақшомшы керуен Балқашты Күркілдек дейтін шығыс тұмсығынан айналып, ай жүріп, әрең қатынаса керек. Әйткенмен, қыс айларында мұз үстіндегі жол ашық, күнбе-күн барып түседі, аталас екі жұрт еркін араласып жатқан сияқты.
Сонымен, біздің ауылда қаншама сыйыр сойылды. Тек Блоктың үйі, яғни колхоз бастығы Шәйкен аға ғана жылқы жыққан. Жаңылған тәте көлденең жұрттың аңсары ауатындай, қаншама қазы айналдырыпты.
Әрине, соғым басына ең алдымен біз шақырылдық. Содан соң Блоктар бізге келген. Одан кейін қайыра шақырыс. Наурызға қарсы, барлық жұртта соғым еті шақталып, немесе таусылатын, қазақ «Ұзын сары» атайтын қара-өзек шақта екі үйдің де қоры мол, үшінші қайтара шақырыссақ керек. Әлбетте, осы екі үй ғана емес. Іргелес, сыйлас ағайындар түгелге жуық. Оның ішінде колхоздың бас есепшісі, яғни бухгалтер Ыбырай, шын мәнісінде оның әкесі Қашымашым дарқан. Және ауылкеңес төрағасы, шолаққол Қали деген кісі. Ферма бастығы, бізден бір класс жоғары оқитын Әлтайдың әкесі Ақай… Басқасы есімде жоқ.
Ет пен шай әркімнің өз үйінде бар, мұндай қонақтардың ең қызығы – үлкен астан соң айтылмақ әңгіме, ертегі, дастан. Немесе, әлдебір қызғылықты кітап – кітап болғанда, батырлар жыры, қисса, хикаят оқу.
Әуелгі ғана емес, қалған екі қысты тағы тіркесек, бұл сыйластық рәсімінің үлгі-өнегесі, әсіресе бала-шағаға тәрбиелік әсері айрықша екен.
Үйреншікті қонақ-кәде кезінде менің атам қилы-шытырық ертегілер айтады. Қазақ ескілігінен, немесе, соңынан түйгенімдей, «Мың бір түннен». Аға әлдебір көркем шығармалар мазмұнын баяндайтын; бірде Саттар Ерубаевтың «Менің құрдастарым» романын хикаялағаны есімде. Блоктың әкесі Шайкен ақсақал, кейінде аңдағанымдай, ескілікті әңгімеге жетік екен, көбіне билер мен шешендер сөзі, бірақ атаулы қонақтарда шешіліп сөйлемейтін. Оның есесіне Блоктың ағасы, бұл кезде аудандық орта мектепте оқитын, бізден төрт-ақ жас үлкен Мақсұтбек бар. Тәрізі, келесі жыл, қысқы демалысқа сәйкес келген қонақасыда, жаңа ғана басылып шыққан «Мың бір түн» кітабын оқып беріп еді. Ғажайып мұраның ғаламат бастауы, ағайынды екі патша, опасыз әйелдер, ақыры Шахризаданың бой көтеруі. Біздің жұрт жекелеген тармақтарымен таныс болса да, мына кіріспе хикая бір жосын. Үлкен-кіші бәріміз елбірей отырып тыңдадық. Ертеңіне бұл керемет кітапты Мақсұтбектен сұрап алып, екі күнде оқып бітіріп едім
Ферма бастық Ақайдың үйінде болғанда, Блок екеуімізден бір-ақ жас үлкен, үшінші класта оқитын Әлтай «Тоғыз батыр» жинағынан «Едіге» жырын оқып берді. Әлемдік ұлы эпосты алғаш естуім. Жүрек шымырлатар өзгеше толғаулар. «Мен қарға қонбас қара ағаш, – Қаз қондырдым жұрт үшін, – Құзғын қонбас қу ағаш, – Қу қондырдым жұрт үшін, – Қу қанатын сал етіп, – Еділден көктей өттім жұрт үшін!..» Жырдың бастауындағы Едігенің билігі. Бұдан соңғы қилы тағдырлар. Алайда, ақыр түбі ұнамады. Едіге батыр бұлай өлмеуге тиіс еді. (Кейінде білгенім, бұл – Шоқан Уәлиханов жазбасының Қаныш Сәтбаев қолынан өтіп, жеңілдеп басылған қалыбы екен. Ақыр түбі, негізгі қазына – Шоқанның түпкі нұсқасын біздің Едіге дәйекті зерттеп, арнайы монографиядан соң, әуелгі қалпында екі қайыра бастырып шығарды.)
Жұртшылық «Тоғыз батыр» атаған батырлар жырының үлкен жинағы, жаңылмасам, 1939 жылы басылыпты. Латын графикасында. Небәрі үшінші класқа барған Әлтай осы, уақыты өткен жазуды еркін оқыды. Тағы бірде осы Әлтайдың қолынан сыртқы мұқабасында қызыл-жасыл киінген алып адамның суреті бар, «Гаргантюа мен Пантагрюль» дейтін кітапты көргенім бар. Латын қаріпі, кейінде ұмытылған алғашқы аударма. Сұңғақ бойлы, ашаң жүзді Әлтай Боғаев (кейінде метірке бойынша Ақаев) өте дарынды бала болатын. Түптің түбінде Семейдің зоовет институты, ауылдағы совхоз директоры қызметімен шектелді. Мен тек Әлтай ғана емес, біздің ауылда туып-өскен, мектеп жылдарына айрықша қабілеті танылған тағы бірнеше жігіттің ақыры үйкүшік болып, не өнер мен ғылымда, не әкімшілік қызметте ешқандай нәтижеге жетпей, тоқырап қалғанына қайран таппаймын. Бұл не, ауылдың шалғайлығы ма, қызмет бабында сырт сүйемелдің жоғы, түскен ортаның қораш қалыбы ма – қайткенде буалдыр жағдай.
Қазақтың қастерлі қонақ-кәдесіне қатысты тағы бір ерекше оқиға. Алғабастағы екінші қыс болса керек. Қашымашым ұлы есепші Ыбырайдың үйінде отырмыз. Бұл шаңырақтың келіні – бізбен аталас туыс әлдебір ағайынның қызы екен, яғни жиен. Сондықтан Ыбырай – күйеу бала, араласымыз жақсы. Бүгін соғым басына тағы бір кісілер шақырылған.
Қараңғы жаңа түскен, әуелгі шайға енді ғана кіріскен кезіміз. Сырттан өне-бойын суық буған, тонды, тымақты екі кісі келіп кірді. Күтпеген, бірақ қалаулы қос қонақтың сақал, мұртты үлкені – Рыздықбай ақсақал екен. Көсе, қырма сақал кішісінің аты – Аяпберген. Екеуі де әжептәуір жаурап қалыпты және қарындары ашқан сияқты. Абайдан Абыралыны жиектеп, Семейден келе жатыр. Шұбартаумен аралық – биік тау мен қалың қар, Шыңғыстан тура аса алмайсың. Сондықтан алыс та болса жақын, айналма жол.
Бұрнадан жақсы таныс үлкендер қауқылдасып қалды. Жаңа қонақтар да шешініп, қол шайып, дастарқанға қосылды. Рыздықбай ақсақал күле отырып, екеуінің қыс көзі қырауда, нақты аңдамай қалдым, Семейге қандай шаруамен барғанын, бірде кешқұрым екеуін бірдей қарулы төрт жүлік ұстап алғанын, қойын-қонышын ақтарып, небәрі бес теңге тапқанын, ақыры бастағы тымағын алып киіп, жақсы, жылы шәпке екен, бірақ маған келмейді деп, қайта бергенін айтып, мәз болып күліп отырды. Шайға жалғас ет келді. Бұдан соң әдепкі қонақ-кәде. Әрине, сырттан, алыстан келген меймандар алғы кезекте.
Осы кезде елуді алқымдаған, мұртты, шоқша сақал Рыздықбай ақсақал: «Ал, Аяпберген, сен баста!» – деген. Шамасы қырыққа жаңа ілінген, көсе сары, сол қолы алақанынан шолақ Аяпберген азғана жайланып отырды да, шыңылтыр дауыспен шырқай жөнелді. Хазіреті Ғали мен Дариға қыздың хикаясы. Өзгеше сырлы тауарих аяқталып бітер-бітпестен шай келді. Рыздықбай ақсақал қаталап қалған екен, жөппелдеме екі шынаяқ шай ішіп, қоңыр-қүңгір әуезбен жаңа бір жыр бастаған. «Қырық уәзірдің қиссасы».
Қонақтың арты жыр мерекесіне айналыпты. Үлкен-кіші аңтарыла тыңдап отыр. Хан ұлы, кінәсіз бозбалаға сөз салып, ойлағаны болмаған соң былғаныш жала жапқан сайқал тоқал мен әділетке ара түскен қырық уәзірдің алмағайып тайталасы. Әрқайсы өз кезегінде жаңа бір мысал айтады, ал жәдігөй қатын бәріне де жауап тауып, баланың кінәсін ауырлата түседі. Тыңдаушы жұрт әрбір кезекті, қайырым хикаядан соң, уа, бәрекелді, немесе, қап, мынаған дауа бар ма десіп, кейде күліп, кейде дағдарып отырысты. Ал мен қатты толқыған сияқтымын. Баланың жағдайы тіпті қиындаған кезекті мысалдан соң Рыздықбай ақсақал маған қарап: «Қазір бәрі де оңымен шешіледі, – деп азғана бөгеліп барып: – Бұл қырық уәзірдің қиссасы басымен, асықпай айтса, үш таң, төрт түнге созылады, енді ақырын қайырайық», – деген. Бұл кезде жұрт ұйқыны ұмытқан, таң да тақап қалса керек, небәрі тоғыз кеш атқарылыпты, жыршы қарт ортасынан аттап өтіп, ең соңғы орамға түсті. Уһ… Кінәсіз бозбала ақталды, ақиқатқа көзі жеткен хан сайқал қатынды өлімге кесті…
Осы ерекше кештен кейін Рыздықбай ақсақалды бір-ақ рет көрдім. Арада отыз-бес-қырық жыл өткенде, Сексенінші жылдардың басы, әлде орта шені болса керек. Әлдеқалай елге барғанда, Қос-Ағаш ауылында. Совхоз директоры, баяғы Әлтайдың қонағында. Қатарлас он шақты жігіт жиналған, өзара сөз бермейді, дауылдап, мені де тыңдар емес, ал бұл кезде Еңбек Ері атағын алған құрметті ақсақалды мүлде елеп отырған жоқ. Әйткенмен, аралықта сына тауып, Шақантай батыр ұрпақтарының шежіресін жазып алдым. Көп ұзамай, «Жұлдызға» отырған кезімде, өзім сонау Көкшетаудан арнайы шақырып, көшіріп әкелген Қорғанбек Аманжол бауырымды арнайы бағыттап едім. Сондай данышпан ақсақал бар, ескіліктің кеніші, әрі Социалистік Еңбек ері, деп. Тамаша очерк жазып әкелді. Журналдың 1989 жылғы бір санында басылып еді. Көп ұзамай дүниеден өтіпті. Бала күнімде менің ескілікті тануыма септескен «Қырық уәзір» – төңкерістен бұрнағы кезеңде баспадан өткен. Тікелей бізге жетіпті. Рыздықбай ақсақалдың ішінде ешбір таңбаға түспеген қаншама қазына кетті екен деп ойлаймын.
Ілкіде, аспирантурадан соң, қорғаудан соң, қолым босаған бір мезетте, Академияның дәркер қоймасында сақталып тұрған «Қырық уәзір қиссасын» да түгендеп шығып едім. Енді «Жұлдыз» журналында отырған кезімде толығымен басып шығару ниеті болды. Алайда, мен арнайы тапсырған, ескілікке жетік бір ақсақалдың жаңа жазудағы сауаты тым төмен екен, кіріспе хикаяны әкелгенде көрдім, басынан түсіп, өзім көшіріп шықпасам, іске жарамай тұр, амал не, осымен тоқтадық.
Ақыр түбінде асыл мұра аяқасты қалуға тиіс емес-ті. Сырттай естуімше, тәуелсіз замандағы жаңа бір серпіліс, жүз томдық аталар сөзі қатарында басылып шыққан сияқты.

Қашымашым дарқан

Қазақ тым арғы, Шыңғыс хан заманының өзінде айрықша шебер ұстаны дарқан деп атаған және мейлінше қадір тұтқан. Әдепкі ұста әр ауылда бар, көп, ал дарқан – таңдаманың таңдамасы. Мен білгенде біздің жұртта дарқан аталған екі-ақ кісі болды. Әуелгісі – Бибол қарт, Баршатастан төменгі Қос-Ағаш ауылында тұратын. Әмбебап ұста ғана емес, әрқилы зергерлік бұйымдар шебері екен. Өзін көргем жоқ, әжемнің әңгімесінен естігенім. Екінші – теміршілігінен өнерпаздығы басым, осы Қорықта тұратын Қашымашым ақсақал.
Құрал-жабдық, қазан-ошақ қажеті ғана емес, тұрмыстық сәнді бұйымдар шебері. Үлкенді-кішілі болат пышақ, сабы өзгеше кейіпті бүктеме бәкі. Саптаяқ, ожау, әрқилы ағаш табақ. Әйтсе де, жалпы жұрттың аңсары – кәдімгі насыбай шақша. Оның өзі бүгінгі музейлерде жоқ неше қилы кейіпте. Ең атақты шақшаны Әбдірәсіл серіге жасап беріпті. Үлкен текенің шаңырақ мүйізінен қалыптаған екен. Кейінірек, әйгілі балуан сері түрмеден босап, ел-жұртын аралаған, ең алдымен біздің үйге түсіп, жайланып қонған күні қолыма ұстап көріп едім. Ұзындығы бір қар, яғни саусақ ұшынан шынтаққа жететін, бүгінгі өлшемге салсақ, қырық сантиметрге тақау. Сері саптама етігінің қонышына салғанда, түбі сынық сүйем артылып тұрады. Жай ғана толымды ұзыншақ емес, күміс жолақпен көмкерілген, қысыңқы қос бүйірі ою-өрнекті, ал дөмпештеу келген, жалпақ екі қаптал, сүйек бетінде – түсті шыныдан (слюда болса керек) ойып салынған, шамасы арпа дәніндей, аспан әлемін бейнелейтін дөңгелекше белгілер: бір жақта Жеті Қарақшы, Ақбоз ат, Көкбоз ат, ал екінші жақта – Үркер мен Үш арқар-Таразы. Әйдік, әрі сұлу шақшаның сопақша дүмі бітеу, аршадан қиылған екен, бетіндегі күміс тақтада оймыш жазу бар: «Көрсеқызарға берілмесін!» – деген. Қазақ қолқашыл болады, әркім сұрап, орынсыз салмақ салмасын деген ескерту. Шақшаның үстіңгі қақпағы да аршадан және тап ортадағы тығыны – сүйектен, жалпақша суырмасы сылдырмақты. Көрнекі ғана емес, әсем әрі қымбат мүкәмал. (Кейінгі заманда, ауылға қатысты әрқилы ағайыннан Әбдірәсіл марқұмның ғажайып шақшасының жөн-дерегін сұрастырып едім, ешкім ештеңе білмейді, тәрізі, серінің өзімен бірге жоғалған сияқты.)
Жалпыға арналған шақшалар да әдемі. Кейбірі мүйіз ұшынан, көбі орта және төменгі тұсынан. Бүгінгі музейлерде қазақ шақшасының әр тарапта жасалған бірталай үлгісі ұшырасса керек. Ал Қашымашым дарқанның шақшалары, көлденең көзге тұрғылас болғанымен, жай ғана жылтыраған мүйіз емес, кейбірі жеңіл-желпі, кейбірі әжептәуір ою-өрнекті. Ал менің атама арнайы жасаған шақшасы – Әбдірәсіл серінің үлкен шақшасының жеңілдетілген нұсқасы болатын: бір қапталында Үш арқар-Таразы, екінші қапталында – Үркер. Өкінішке қарай, бүгінгі күнге жетпеді, бүкіл отбасымызбен есіміз шыққан заманда, көш үстінде жоғалыпты, атам ырысынан айрылғандай, әуелде қатты ренжіп, артынша, насыбай атқан жерде қонышыма дұрыстап салмаппын деп, садақаға балап қана тыншыған еді. Ал Қашекең ата маған әдемі бәкі жасап берген. Оны да сақтай алмаппын. Осындай әрқилы шақша мен бәкілер бұл ауылда әркімде болды, бірақ бүгінде ешқайсының жұқанасы қалмаса керек. Біздің Байқошқар ауылында Қашымашым дарқаннан басқаша бір өнер иесі – көнші Қасен ақсақал болып еді. менің атаммен шөберелес, ең жақын туыс. Қазір әр тарапта жиі кездесетін мүйізді торсықша, тіпті, сатуға түсіп, жаппай айналымға енген, үлкенді-кішілі, оймышты көнек және қайыңның безінен ойылған әрқилы аяқ-табақ, ағаш астау, шағын табақтар жасайтын. Ер қосатын. Арғы бір жылдары Қытайға ауып, ақыры үлкен көшпен қайтып оралған, түптеп келгенде, бақытты тағдырлы атамыз еді. Ақыры, туған топырағында тыным тапты. Мен шетке кеткеннен соң, ауылға кейінгі бір сапарымда балаларынан сұрап едім, не бар деп. Ештеңе жоқ, түк қалмапты. Бәрі де күнделікті тұрмыста тозған. Бұл – елдің ес жиған, кейінгі кезеңі. Одан отыз жыл бұрынғы жадау, жұтаң ауылға не кінә бар. Қашекеңнің болмысын айғақтау үшін алға озыңқырап кеттік. Ол кезде, яғни 40-50 жылдар тоғысында бәрі өз орнында тұрған.
Соғым сою науқаны басталғанда біздің балалар арасында жарлыққа жақын хабар тарады. Барлық үйдегі барлық сыйырдың мүйіздерін Қашекең атаға жеткізу керек, деген. Ақыры, осы ауылдан, тақау қыстаулардан түгел жиналып, жарты қап болыпты.
Менің атам мен Қашекең бұрнадан жақсы біліс, енді көрші тұрған кезде еркін араласып, мүлде жақындасып еді. Қыстың ауасы кең, май тоңғысыз бір күні, түске таман, атам екеуіміз Қашекеңнің үйіне бардық. Сирек қоралы ауылдың арғы шеті. Әрине, таяқ тастам жер. Кешелер келіскен сияқты, Қашекең дайын отыр екен. Енді мүйізді жарты қап арқалаған Қашекең, атам және мен үшеуіміз Қорық өзенінің құрғақ арнасынан асып, жарым шақырымдай жерде, оқшау тұрған ұста дүкеніне келдік. Бұл заманда біздің ауылда тас көмір деген жоқ, ағаш көмір ғана. Оның өзін жаңадан өртеп алу керек. Екі ата өзара әңгімелесе жүріп, ошақтағы азғана көмірді үстемелеп көбейтті. Содан соң, Қашекең қабының аузын ашып, қысқы соғымнан түскен мүйіздерін сыртқа шығарды. Жиыны жиырма жеті екен. Тұқыл десек те, жалғыз мүйіз сыйыр болмайды, яғни бір мүйіз әлдеқалай жоғалған. Енді менің атам гуілдетіп көрік басты. Екі жағы кесек тастармен шектелген көмір тезінен қызды. Көрік аузына тақау тұс жалындай толқып жатыр, аулақтаған сайын күлгін тартқан баяу. Қашекең мүйіздің бес-алтауын көрік аузынан бері, қатарластырып қоя бастады. Көп ұзамай-ақ алдыңғы бір мүйізді үлкен қышқашпен қызудан алып, екінші бір, шағын қышқашпен түп жағындағы сүйек тұқылын суырып тастады. Сөйтіп тазаланған мүйізді қалың, тері қолғабымен, қос қолдай ұстап, бүйірін жапырды да, әріге тастады. Бұдан соң оттық көмейіне қарай жылжытылған келесі мүйіз. Оны да оп-оңай босатып, әуелгінің қатарына қосқан.
Атам көрікті ақырын ғана тынымсыз басып тұр, көмір бірқалыпты қызып жатыр. Мен Қашекең ата оттан алғанша, шеткі мүйіздер күйіп кете ме деп алаңдай бастадым. Бұл кезде екі атаның әңгімесі бәсеңдегенмен, мүлде тоқтамаған. Қашекең асықпайды. Жұмсарған мүйіздердің бірінен соң біріне кіріседі. Алғашқыларына соңғылары қосылды. Ақыры, ет асым уақыт өтпей, барлық мүйіз тазарып шыққан. Көрік басу да тоқталды. Қашекең ата мүйіздерді қайтадан саралап, мынаусы онша емес, енді мынаусы тамаша көк-ала шақша болады деп, қанағат айтқан. Жақсысын да, нашарын да түгелдей қапқа тоғытты.
Үйге қайттық. Екі атаның әңгімесі таусылмаған. Қай күні, қашанда. Әдетте кезекті, немесе жалғас хикая одан әрмен өрістейді. Кейде Қашекеңнің тұрғын жайына жалғас, шағын үй дүкенінде. Кейде кең дүниеге шығып, құрғақ арнаны бойлап, жоғарылы-төмен жүреді. Немесе үй алдында сәкіде отырады. Мен мүмкіндігінше қастарынан табылуға тырысам. Қызғылықты ғана емес, ғажайып әңгімелер. Бірі айтады, екіншісі қостайды, немесе үстейді. Өзіміздің Жобалай би. Бабаң мен Томан билер. Абылайдан бастап, Кенесары-Наурызбайға ұласқан қаншама тауарих. Бірде Қашекең Наурызбайдың тентектігі туралы әңгіменің шетін шығарған. Әлденеден астам сөйлеген бір қожаны шауып тастамақ болып, қылышын ала ұмтылғанда, анау тұра қашады, есік алдында шөгіп жатқан түйені айналып өтуге мұршасы келмей, екі өркештің арасынан қарғып өтеді ғой. Енді Науан батыр қылышын тура сілтеп, атан түйенің белін қақ айырған екен. Сонда ғана ашуы тарқаған. Осыдан соң ғана Кене ханның өзіне құрметті қожаға кешу жасапты. Ал жаңағы алмас қылыш «Наурызбайдың наркескені» аталыпты.
Бұдан әрі Хазіреті Ғалидың зұлпықары…
Қазақтың күні бүгінде толық танылмай келе жатқан «Қаһарман батыр» эпосының алғашқы бір нұсқасын мен осы Қашекең атадан естіп едім. Жыр аралас хикая. Ғажап еді. Бұл Қаһарманды анадан жаңа туып, бесікте жатқан кезінде, Қап тауынан арнайы келген жын-перілер, болашақта бізге қатер деп, ұрлап әкетеді ғой. Содан осы Қап тауы, адамзаттан шалғай жұртта өсіп-жеткен Қаһарман жындардың өзара соғысына қатынасып, қарсы бетті қырғынға ұшыратады. Ақыры, кездейсоқта өзінің адам нәсілі екенін естіп қояды, содан кейін жақтас жындарды және қиратып, мұсылман жұртына жетеді. Мұның кім екенін білмеген Мұхамед пайғамбардың алдында Хазіреті Ғалимен күреседі. Сонда, белінен алып, сілкіп қалғанда, Хазіреті Ғали тізесіне дейін қара жерге кіріп кетіпті. Ендігі жағдайды кәміл аңдаған пайғамбар араға түсіп, екеуің де мұсылмансың деп, мәмлеге көндіреді. Бұдан соң Қаһарман жасыл ту астында қаншама кәпір жұртын хақ дінге келтіріпті… Міне, осындай, еркін ойлы, шытырман хикаялы өзгеше эпос.
Қашекең айтқан тағы бір әңгіме – қалмақтың Ұсына батыры туралы болатын. Қоңтажының тоқалынан туған Ұсына алып күшті балуан, жебесін бұлтқа жеткізген ғаламат садақшы болады. Ер жеткен шағында хан тағына өтпейтінін білген соң, әкесі Қоңтажыны өлтіріп, орнын басып қалуды ойлайды. Ақыры бір күні, әкесі аулаққа шығып, дәретке отырғанда, сыртынан садақ тартыпты. Өмірі атқаны қапы кетпеген Ұсынаның жебесі жүрелеп отырған әкесінің өзіне тимей, ұмасын сыза жаралап барып, екі аяғының арасына қадалған екен. Жебесіне қарап, кім екенін таныған соң, Қоңтажы туған ұлын өлтіруге қимай, бірақ ұстатып, оң жақ жаурынының шеміршегін кесіп алып тастайды. Өзін бет ауған жағына қоя беріпті. Ауылынан ұзап шыққан Ұсына ендігі күнім не болады деп шерленіп, садағына оқ салып, бұрынғыдай болмаса да, бар күшімен тартып қалғанда, жебесі әудем жердегі қара тасқа қарыс-сүйем кіріп, әрең тоқтаған екен. Бұрнағы қуаты болса, қақ айырар еді. Ендігісі жарым күш қана. Ұсына сол беті қазақ арасына жетеді. Нағашы жұрты қазақ екен… Аңыз әңгіме бұдан әрі ертегіге айналып кететін. Арада қаншама заман өткен соң Шоқаннан оқыдым, кейінірек басқа да тарихи әдебиеттен бұлдыр дерегін ұшыраттым. Бұл Ұсына – қалмақтың атақты Шона тайшысы, өз жұртына сыймай, қазақта паналаған, бәлкім, Қарасақал атанған, өзгеше тағдырлы тұлға. Еш жерде жоқ, таңбаға түспеген өзгеше аңызды, орайы келген соң, араға қыстырдым. Қашымашым ақсақалдың кең өрісін, мен өскен ортаның ескілікке бейім өзгеше тұрпатын айғақтайтын тағы бір дерек есебінде. Артығы болмас.
Әрине, менің өз атам да әңгімешіл. Қазақ руханиятының кеніші. Қашыма­шым дарқаннан естіген хикаялар менің бұрнағы білігіме үстеме болып еді.
Мен сабақтан тыс уақытта атамның қасынан қалмаймын. Екі қарттың өзара әңгімесін шырғасын шығармай, көңілге түйіп отырам. Үйде де, түзде де. Әйткенмен, мен шегіне өте алмайтын меже бар екен. Қашымашым дарқанның бар сайманы жинақталған, барлық жұмысы жасалатын жеке бөлмесі – шеберхана. Мінезі қатқыл кісі, қаншама ерке, еркін болсам да, атам ілгері озғанда мені кіргізбейді. Өз немерелері де есіктен аттай алмайды екен. Айтып, ұғындырмай-ақ бірден аңдадым. Кішкене балалар тыныш отырмайды, анасы, мынасына тиісіп, тіпті, кейбір қажетті құралдарын ойыншық қылып алып кетуі мүмкін. Атам айтатын: Қашекеңнің бар жұмысы өте нәзік, менің өзім ешбір ұстадан көрмеген ерекше аспаптары бар, деп. Әрине, мен ештеңесіне тиіспес едім, ештеңесін алмас едім. Қадағалай қарап отырып, дарқан ұстаның жұмыс тәсілдерін толық танымасам да, біршама біліп шығатын едім. Және ежелгі қазақ рухы, қазақ қасиеті туралы шығармаларымның бірі осы ескілікті дарқан туралы болар еді. Рас, ойландым, жобаладым, кейінгі Дәркенбай Шоқпарұлымен жақсы қатынаста болып, оның жұмыс үрдісін де көрдім. Бірақ Қашекеңнің жөні бөлек еді. Бүгінгі замандағы қазақ дарқаны туралы хикаям толымсыз шығуы мүмкін деген қауіппен, бұл тақырыптан бас тартқан едім. Өткеннің көлеңкесі түспеген бір өкініш.

(Жалғасы келесі санда)

Пікір қалдыру