МАРҚА СҰЛУ

МАРҚА СҰЛУ

(Былғары табыт балладасы)
Роман

Марқа сұлу мәрмәрінен қашалған…

Құйрық-жалсыз жалқы кісі. Талыстай қызыл табан, тырнадай сидаң сирақ. Шыбын жаны тірі, семген тәні сірі. Бағзы бітік жыры тектес тағдырлы.

 Мың жылға татыр замандық ғұмыр кешіпті… Замани екен.

 Таң қараңғысы тұсар қансонарлық дүние кезіпті… Кезбе екен.

 Жадын жаттанды жалғандық жаттай жаулапты… Жады екен.

 Ол – жапан түз бен жаһан таулар қоршаған мұзарт мекеннің тұрғыны. Алтайдың ақшаңқан биіктері мұнартқан дүниеде «Замани Толы – Жады Толик – Кезбе Толу» дегенге санасы сүрленіп кеткен. Азан шақырып қойған Толғанбай есімі осы бір берен лақапты тасбақа сауытындай жамылғалы да қыруар уақыт жылжыды… Не бір бұлан-талан заман бұрқ-сарқ етті.

 Бүгін де барыс сұлбалы Бөкенбай тауы төріне – Ақсөңке сайына бақсыдай аруақ шақыруға аттанған. Өткен қоңыр күзден бері Қыранжартас үңгіріне жиналған адам бассүйегін түгендеуге аяқ басып тұрғаны осы… Қасында онүш жасар қалақтай бала – Отан. Ол да тілсіз. Мақау.

 Мақау бала да мынау мұхит дүниеден мақұрым секілді. Ерсе – Кезбе Толуға ғана ереді… Дүниені де Замани Толымен жүріп таниды… Ақыл-есін жат жайлаған Жады Толикен желаяқтай желеді.

 Түздің түсі суық Қыранжартасына да бала қосанжарласа табан тірейді. Жартас қойнауына сәнді жиһаздай жиналған адам баласының бассүйегінен жаны жатсына шіміркенеді… Жас жүрегін суық ызғар қарыған бассүйекті тасқа балалық қызығушылықпен жанарын суғарады.

 Зор тұлғалы Қыранжартас бағзыдан үнсіз. Өзі оқшау біткен бір болмыс. Қаңқ деместен қаңқияды… Қыңқ деместен мелшиеді… Қанын ішіне тартқан қарасұр күңгейі мен қызыл қан жұтқан қыналы теріскейі бейсауат пендені тіксінтеді.

 Ал қыран тұмсықты имек бітісінің астында кісі бойы үңгір аузы үңірейе қарауытады. Құранды ердің алтынды қас сынығы үңгір аузында жылтырап, құм-қиыршық арасында тапталып жатыр. Алтынды қас сынығына қалқиған бала да, қақпыш шал да назар аудармайды.

 Алыстан құбақан тартқан алып жартас бауырында Толғанбай бозінгендей боздайтын. Қасіретті зұлмат зарын зарлайтын. Жартас үңгіріндегі тас үстіне қойылған қу бесік арқалығына ілінген күміс қоңырау қоса сыңғырлайтын. Басына тағылған бір уыс үкі Марқа сұлудың марал самалымен желбірейтін.

 Қыранды жерің қайда?

 Қормалды елің қайда?

 Құранды ерің қайда?

 Ұранды ерің қайда?

 

 Қыранды жерің қуарыпты…

 Қормалды елің суалыпты…

 Құранды ерің қирапты…

 Ұранды ерің сұлапты…

 

 Қыранды жерім Ақсөңке сайда!

 Қормалды елім Ақсөңке сайда!

 Құранды ерім Ақсөңке сайда!

 Ұранды ерім Ақсөңке сайда!

 Қоңыраулатқан қоңыр дауысты салқын самал іліп әкететін. Тау самалы төр жайлауды жағалап, Мәрмәр тауды сағалап, Қалжырдың бойын, Маңқанның қойнын ашып, жалпақ жұртқа жоқтау жырындай тарататын.

 Ел бірақ Толғанбай толғауына еті өліп кеткен. Селт етпейді… жыртың-жыртың күледі. Мақау бала ғана селк ете түседі.

 Шошынған бала жүрегі ғой… сұңғыла бала сезімі ғой!..

 Қоңыраулы бос бесікті жанға жайлы маусым самалы тербейді. Қарағай бесікті де қар суымен бала әкелген. Аңқылдай соғатын «Алтайдың алтын күрегі» сіреуке қасаттың мұртын бұзған сәтте бесік қоңырауы шіркеу ішін күңіренткендей күңгірлеп қоя беретін-ді… Бір кезде балағынан балапандап сәби өрген байбесік былтырдан бері бассүйек күзетіп, бір уыс үкісі үлбіреп, күміс үні сыңғырлап, аруақ атаулыны бірге шақырып, бірге жоқтайтын болды.

 Жетім бесік бүгінде иесіз күйде бос тербеледі… Иен қалған шіркеудің қоңырауындай тау мен даланы сыңғырлай тербетеді.

 Қоңырау үніне малтыққан Толғанбайдың зұлмат зары Отанның сәби кезінде тұңғиық сана саңылауына ғайыптан себездеген бесік жырындай сезілетіні бар. Мақау жанның тұман тұтқан түйсік түбінен зар-запыран дауысты тәңірінің құдіретімен ерекше сезінетіні де таңғажайып бір құбылыс… Толғау мағынасына бойлап, тоң қатқан түйсігінің тереңіне сүңгіп, ешкімге де айта алмай, жан әлемін жаралаған дүниені тірі жанға жеткізе алмай, селк-селк ететіні де бір сұмдық.

 Бала Отан әлде бір болашақ серпілісті сезінердей… Әлде бір келешек алапатты аңғарардай!..

 Бұған тіпті Толғанбай да таң қалады. Ол да балаға қарап, тау арасын тітіретіп, бөріше ұли жоқтайды. Қыранжартас та жаңғыра күңіренеді.  Жаң­ғы­рық жартас-жартасқа соғылып, ұзаққа кетеді.

 Жетім жаңғырықтай жаз бойы қаңғырып-қаңғырып келіп, жансыз жартасқа Толғанбайдың да қайта оралатыны қызық. Бүгін де сүреңсіз сұлбасы жартас жанына жылжи жетіп, өзіне тән әумесер қылығы айна-қатесіз қайталанды.

 Ау-у-у!..

 Ассалаумағалейкүм, қу бастар!

 Ау-у-у!..

 Ассалаумағалейкүм, қу жастар!

 Ау-у-у!.. Ау-у-у!..

 Текшеленіп сөреленген бастың бірін ұстай берген бала тап құлақ түбінен шыққан зарлы дауыс тербелісінен санасы селк етіп, қолындағы кесек сүйек аяқ астына дүрс ете түсті. Көкмайса үстіне құлаған қу бас еш ауырсынған жоқ. Түк болмағандай домалап, «дың» етіп дыбыс шығармай, «шың» етіп шыңғырмай үнсіз қалды. Мақау бала ғана қу бастың шыңғыра құлағанын, ауырсына ыңқылдағанын сана саумалымен естіді… Басынан бақайшағына дейін жүгірген жұлын-тұта толқынымен сезінді. Бір кезде оқ тескен бейтаныс бассүйектің дыңылдаған, зыңылдаған нәзік толқыны саумал санасын тіксінтті.

 Селк етті тарамыс тәні… солқ етті ет жүрегі!..

 Отан сен де мақаусың,

 Бассүйек сен де мылқаусың!..

 

 Баладай бүгін қуаншы,

 Сәбидей жылап уаншы!..

 

 Қу сүйек күнге жуынсын,

 Айлы түнде суынсын!..

 

 Қуарып кеше жатқансың,

 Ала таңмен оянып,

 Қызыл қанмен боянып,

 Мәңгілікке батқансың!..

 Сай-салада шашылып,

 Жоқтаусыз жүдеп қалғансың!..

 Басына бүгінде қыран қонбайтын, тек қарға-құзғын ғана саңғитын Қыранжартас қуысында Толғанбай да толғауын шорт үзді…

 Мысыр пирамидасындай шатырлап, ұқыппен жиналған бассүйектер мұны жылусыз, үмітсіз қарсы алды. Олар жады да болса жалбарына жететін Толғанбай иесіне мүлгиді. Жиылған жарғақ бастардың ыржиысы мен жымиысын, мұңы мен ой-сезімін мақау Отан ғана байқайды… Ол да аруақтарға басын иіп, сәлем беріп, мимырт жүрісті мамыр күнімен масайрап тұрады.

 Бала ғой, мақау ғой!..

 Бассүйектер – баяғы заманнан Толғанбайға таныс толағайлар. Туыс бастар. Іші қуыс бастар. Ақсөңке сайының алқалы ақсүйектері… Құдайы қонақтары. Бассүйектерге жан-тәнімен берілген ерек жан иесі бұл. Оның сыры жер асты тереңде емес, жер беті жарық әлемде. Ел ертеде-ақ жұмыр бастарды ұмытқан. Мұның бірақ ұмытуға қақысы жоқ. Аруақтар елесі санасында сәулеленіп, түсінен шықпайды, ойынан өшпейді. Кейбір найзағайлы жазда ұстамасы ұстап, айсыз аспан астында аңырай зарлап, айкезбедей түнделетіп келіп-кетіп жүретіні де содан.

 Бассүйектер сырқау жадын мәңгілікке тұтқан. Қазір мұның аруақ толы Ақсөңке сайында ғайыптан көзі жұмылып кетсе де, арманы жоқ. Ел арасында аруақ шақырып жүрген жалғыз жады болса да, тамұқ отын тірідей кешсе де, бассүйектердің пенделерге білінбес биік санасында ол самұрықтың тұтанған қауырсынындай жаңғырып, рух әлемін жаңғыртып тұрары хақ.

 Жиыны – бес жүзден астам бас…

 Шейіт кеткендеріне ғасырға жуық уақыт өткен. Біразын ит-құс сүйреп жоғалтты. Қазір үш жүздейі ғана қалыпты. Қыранжартас астындағы астауша үңгірге шатыршалана текшеленіпті. Етегі таспен шегенделіпті. Үсті аршамен жабылыпты. Өткен күздегі жас арша да жартас көлеңкесінде көкпеңбек күйі сақталыпты.

 Бастар да қу толағай қалпы. Жақ сүйексіз, қырым қылтанақсыз жарғақ. Шұрқ-тесік оқ тиіп, ажал құшқандар. Кебінсіз кеткен шейіттер. Арман арқалаған шерлілер. Шерілер басы. Бәрі де қазақтың қу басы… Жез таңдайлы қорғасын оқ жалманынан түсіріп, сүйек ішіне сіңіп кекен.

 Сақалы селеудей ақсақал мен ақ жаулықты әжелер, атпал азамат пен айпара аналар, бозсері жігіт пен аққу мойын бойжеткендер, бұғанасы қатпаған бозөкпе мен бәлиғатқа толмаған қыздар, бесіктен белі шықпаған сәби мен құрсақта жан тапсырған шараналар басы. Асыл рухтар аптап аңылжытқан маусым айында құдіреттің күшімен о дүниеден оралатын… Содан қырық күн бойы шілде шуағына шомылып, түні бойы ай-жұлдызды шағырмақ аспан астында дұға дәметіп, рухтары қайта алмай қалқып жүретін.

 Толғанбайдан дәмететін!..

 Бұл да көктем мен маусымда оралушы еді. Жылда қайталанатын әдет. Биыл да бұлжымай орындалды. Былтырдан бері жанына мақау Отанды ертіп алатынды шығарды. Ол да аруақтарға тез бой үйретіп кетті. Бассүйектен тіксінсе де шошымады. Шошынбады. Мыңжылдық Замани Толы көрмегенді – Отан көреді, білмегенді – бала біледі, сезбегенді – мақау сезеді… Аруақпен сана тілінде сөйлеседі, белгісіз бас жұмбағын шешіседі. Жады Толикке серік, рухтарға жуық. Мақау болса да, жұмбақ жан ғой!

 Бала белгісіз бастарды екіден алып, оған тасысып жүр. Науадай кең арна сай іші құрғақ. Адам қаңқаларынан осы күнге жеткен бірен-саран жуан жіліктер мен жамбас сүйектер әр жерде құлазып жатыр. Қаңқа біткенді ит-құс пен қарға-құзғын ғасырға жуық уақытта парша-паршасын шығарып, жегенін жеп, жемегенін ой-қырға шашып тастаған. Осы сарысүйек құдалардай шатысып жатқан сүйек-саяқтың арасына бастарды Замани Толы толғана жүріп орналастыруда… Жүздерін төрт тарапқа да қаратуда.

 Шірімей қалған адам сарысүйектерін Ақсөңке сайының айналасынан көп ұшырастыратын жұрт «аруақ көрінеді» деп, бұл маңнан әзірейіл шыға келетіндей аулақ жүреді. Құзғын иектейтін құрғақ сайдың елден қашық болғанына Жады Толик та қуанады.

 Аруақ жайлаған Ақсөңке іші ысып тұр.

 Таң атпай келген Толғанбай мен Отан қайсы бас қай жерде оққа ұшқанын тап басып тануға тырысады. Ғасырға жуық уақыт аз емес… Қателесіп кетсе, аруақпен үнсіз сөйлесетін мақау бала көмекке келеді. Тылсым дүниені жазбай танитын тұңғиық балаға аруақтар жәрдемдеседі. Көк тәңірісі оған сондай қабілетті тұтқиылдан дарытқан. Есесіне ешкімге сыр ашпасын деп, мақау етіп қойғандай, бірақ бұл қабілет те мақауға қатты шошынғаннан пайда болған.

 Кепкен қайыстай Толғанбай не көрмеді?! Бәрін де көріп, бәрін де естіп, бәрін де бастан кешіп келеді. Түбі – өледі… Ал әзірге өлмеген соң, адам басын жинап әуіре. Күз келе жинайды. Жаз шыға шашады… Пенде басын бұған күзеттіріп қойған құдай ғой. Бұған да кінә жоқ. Күнәсі бар! Ол да – баяғыда ұмытылып қалған. Білетіндер барзақ әлемнің белін асып кеткен. Сондықтан болар, бұл – таза, бұл – пәк.

 Бар-жоғы ауылдағы Былғары табыт обасын күзеткен – жады…

 Маңқиған жартас басына марал самалдай соғып тұратын кезбе. Бұлыңғыр күнде, бұлдыр заманда бұлдырықтай күйінде жадыланған жан ғой… Содан да «жатжады» деп сөгеді жұрт. Ал Қыранжартастың қалжырамас жоқшысы.

 Жоқтаушысы…

 Ауыл-ауылда жиі ұшырасатын шайпау қатындар есігін қақса, бір уыс құрт-ірімшігін қимай, бір ұрттам сүтті шайын шаша ұсынып, табалдырықтан асырмай, сыртынан «босағажады» деп, ұрт ауыздығына салатыны тағы бар. Толғанбай оларға үндемей құтылады.

 Ол оқыс жоқтауын жосылта кетті…

 – Әй, қу бас құмайым-ай!.. Сен адамның сырттаны едің! Сен барда елім ер еді… Сен – биік бел едің! – деп тағы толғана бастады, әлде бір жуан бассүйекті аялай сипап: – Ал сен неге үңірейе үңілесің? (Қолына тағы бір басты алды) Қайран, болыс апа!.. Затың әйел демесем, ер-азамат істей алмағанды істеп едің… Қаратоғайда тұңғыш мектеп аштырып, қазақтың көзін ашып ең! Саған да дар оқ жұмсадық… (Жұмыр бастың тағы бірін таңдады) Ей, дүние-ай! Бұлақтай білім жинаған имамның басы деп кім айтады?! (Қасқа басты қолына ұстады) Мыңдап жылқы айдаған шынжыр балақ, шұбар төстің басысың… Қақ маңдайынанан қақ айыра тиіпті… көктей өтіпті қорғасын!

 Бастарың жатыр үйіліп,

 Жартас астына жиылып…

 Мойынымыз кетті иіліп,

 Қалдық біздер сұйылып…

 Ай-ай, қасқа бастарым-ай! Қыршыныңнан қиылған жастарым-ай!.. Фәнилік достарым-ай!

 Ай-ай, ақсүйектер!

 Болдың міне, қу сүйектер!

 Ел алқаған ақсүйектер,

 Жандарыңды күн иектер,

 Тәндеріңді түн иектер,

 Маубас болған зор сүйектер…

 Бізге жеткен сор сүйектер,

 Қубас атанғанған қор сүйектер!

 

 Ай-ай, ақсүйектер!..

 Толарсақтан төгілген қан,

 Кеудеден ұшқан шыбын жан.

 Тілерсектен төгілген тер,

 Бұйырмапты сендерге көр…

 Біздерді де жын жайлаған,

 Сендерді де жын жайлаған,

 Сұм дүние көз байлаған!

 

 Ай-ай, ақсүйектер!..

 Жер бетінде тат сүйектер,

 Ел ішінде қат сүйектер,

 Ер ұмытса қу сүйектер,

 Жұрт ұмытса жат сүйектер!

 

 Ай-ай, ақсүйектер!

 Құлазыған қу сүйектер!..

 Толғанбай зұлмат зарын толғана тоқтады. Мақау бала да зар үнін жан-жүйесімен тыңдай сезінді. Оның да жанар жасы тамшылап, қолындағы жұдырықтай ғана сәби толағайына сіңіп жатты. Пәк қой, мақау ғой!

 Мақау баланың көз жасын көргенде Толғанбай шыдай алмай кетті. Кеңкілдеп кеп жылады-ай! Жанарынан бірақ бір тамшы жас үзілмеді. Оның ішіне түскен көз ұясы баяғыда құрғап қалған еді. Екі иығы ғана селкілдеп, кілегей жанары жәутеңдеп, бозінгендей бойлауық үні бала жүрегін, дала селеуін тербей жөнелді.

 Әй, мақау құл, мылқау құл!

 Сүйек – мылқау,

 Сен – мақау,

 Дала – мылқау,

 Ел – мақау,

 Мақау-мылқау жиылып,

 Құл болдық-ау – құлмылқау…

 

 Еркелейсің, күлесің,

 Күйесің де сүйесің…

 Қандай күйді кешесің,

 Шоқтай жанып өшесің,

 Қу мақау-ау, құлмылқау!

 Ала жаз ауыл-ауылды аралап, қыр-қырды қыдырып жүретін Толғанбай емес пе?! Үстіндегі өрім-өрім киімін тастамайтын, күс-күс жалаң аяғымен су кешетін, сауыс-сауыс шашты басын күн сәулесі тесетін түз безер жанның жан-дүниесін кім түсінсін?! Арқасында тері дорбасы. Тері дорбасында баяғы бұлғақ уақытта жазықсыз ажал құшқан сәбиінің сарғайып кеткен бассүйегі… Қу толағай. Оны ешкім білмейді.

 Білетін – Отан мақау. Ол да бүгін аңдаусызда біліп отыр: бидай көже құйылған құмыраны алам деп. Өзге жұрт бейхабар. Толғанбай өлсе де жоқтар жанашыры жоқ. Жаратқан ғана жоқтар!

 Оларға – босағаға отыра кететін бейшара: ақыл-есі кем пенде. Ал ақиқатында ақылы айрандай ашыса да, шындықты шырқырап айтқысы келетін пәруар. Айта алмайды бірақ… Зар-запыранын сыртқа шығара алмай сорлайды. Құмыққан құса мен күйік сезім санасын салдауырын қылып, темірдей сірі тәнін тезектей кептіріп тастаған.

 Нәзік жаны құрым қайғыны құндақтай көтертіп, қасірет теңізіне малшынтты!..

 Тап қазір де қаптаған қу бастардың ортасында жібектей жаны жылап тұр. Көңілі өлгендерге құлап тұр. Бас атаулы тағдырын тереңнен танып, жүрегі қалап тұр. Толағай атаулыны аялай сипап жүр. Жанарын жел қағып өтсе де, санасын ащы сел басып барады. Көкірегін өксік оты баяғыда өртеп жіберген. Сана түкпірінде белгісіз бір үміт сәулесі ғана анда-санда жарқ ете қалады. Сол сәтте ол өткеніне өкініп, келер күнге үміт қолын созады.

 Бас біткенді жоқтап, бас біткенді ақтап, бас біткенді сақтап келеді. Кейде бас біткенді боқтап та алады?! «Жоқтама» дейді, «ақтама» дейді, «сақтама» дейді, «боқтама» дейді бір ойы… Оған бірақ ар-ұяты жібермейді! Бас біткен бұған басын шайқайды: «Тастама!» дейді торғайша шулап.

 Тастай алмайды жады жаны!..

 Ел көмілмей жатқан ақсөңке сүйектерден шошынып, «Ақсөңке сайы» атап кеткен аруақтар мекені маужырайды. Мамыр күнімен мамырлай көтерілген бозторғай дауысына елжірейді. Көк шөп қуалаған көп шегіртке шырылдайды. Кең дүние гулейді… Тек осынау маңғаз дүниеде Толғанбай толғау айтып зарлайды. Мақау бала мұңлы жанарын жуып жылайды. Бала ғой!

 Ит-құс кемірген қу сүйек пен жел-құз ақжемдеген сары сүйек шашылған сай ішінде жоқтауға зарыққан аруақтар үнсіз егіледі… Ақсөңке сайы ғана аңылжыған аптаппен аңырайды.

 Ашық күнде аппақ әлем қара жамылғандай болыпты…

 Қабырғасы қара науадай тік біткен кең, құрғақ сай құлдай бере Қыранжартасқа тіреліп, тұйықтала жалт бұрылады. Бар сұмдық осы аядай жерді астаң-кестең өтіпті. Қара жартас пен қос қабырға үстіне жасырына құрылған «Максим» пулеметтері тап бүгінгідей түс әлетінде аспаннан бұршақ жау­дырған. Бала-шағамен қосқанда бес жүзден астам адам қара жерді құшқан. Жазықсыз жан тапсырған. Мүлде көмусіз қалыпты.

 Ал Ақсөңке сайға адам баласы жолауға ғасыр бойы тиым салыныпты…

 Жады Толғанбайдың топыраққа жамбасы тигенше толғанатын қайғысы бұл. Мыңжылдық қайғысы. Өзімен мәңгілікке ала кететін жоқтау жыры. Тірілерге тиесілі түпсіз қайғы наркескен мойнына артылыпты.

 Күн екінтіге ауды.

 Қойынға тығылған көлеңке кісі бойы ұзарды…

 Көк төрінде кенет ақбауыр ұшақ пайда болды. Мақау бала ербеңдетіп қолын бұлғай берді. Баланың шақырғанын күткендей, көк сауырлы, ақ бауырлы шағын француз ұшағы бұларға қарай көлбей ұшты.

 Ақсөңке сайына құлдилай құйылып келіп, қабырға беткейді қарақұстай бауырлай берді. Ішіндегі адамдар да анық көрінді. Олар төменде қол бұлғаған бала мен шарылдай шыңғырған адамға қарқылдай күлісті… Сол бойы шетелдік шағын ұшаққа мінгендер төбелерінен тағы бір айналып өтіп, өз жайларына кетті.

 Алыстан андағайлаған Азутау шыңы ұшақты қол бұлғап шақыра берді… Миниұшақ қаршығадай қалықтап, жолаушыларына көтеріңкі көңіл күй бітіріп, әсем қалықтап бара жатты.

 Көсе иек Толғанбай ұшақтан сұмдық шошынды! Айғыр шегірткеше шырылдағаны да содан: ұшақтан емес, ұшақ ішіндегілерден… Олар келіп қу бастарды көміп тастай ма деп қорықты. Ұзақ уақыт бауыр басып, әбден меншіктеніп қалған қу толағайлары ғой.

 Бассүйексіз бұл жетім. Тіпті, тұл. Осы бастар мұны өлтірмей жүрген. Өліп кетсе, кім ие болады? Кімге қалады ақ бастар мен оқ бастар… Ішкі оғын алам деп, домбыраның шанағындай быт-шыт қылып шағып, қаңқа сүйектеріндей шашып тастамасына кім кепіл?!

 Ақсөңке сайы да аруақтарсыз аңырап қалары ақиқат. Қыранжартас та қу бассыз әдірем қалады. Тым құрыса баяғыда ұмытып қалған, ұмыттырып жіберген тірілер үшін жады Толғанбай жаз басында бір жоқтайды, қоңыр күзде бір жоқтайды… Оған да шүкір! Құдайдың мұны бергеніне де разы-қош аруақтар! Аруақтардың сай-сүйегін сырқыратып, жоқтауын асырады. Пасхада жұмыртқа үлестіретін кержақтардай жазда бастарды таратып, күзде «бестас» ойынына тас таңдаған баладай жинап алады.

 Кім жетеді жады Толғанбайға бұл жалғанда?! Уақыты келгенде Ақсөңке сайы ішіне бастарды бестастай шаша салады, уақыты келгенде Қыранжартас қойнына бестастай жинап алады… Аруақ толы сайға жер жете ме бұл маңда?!

 Қанша көрікті болса да, қанша қорқынышты болса да ата-баба аруағынсыз ұлы тау мен ұлан дала жетім екен. Сарқыраған бұлақ пен жарқыраған көл жетім. Білектісі босбелбеу, бұрымдысы бозбеттеу қазіргі қауым жетім. Иесіз жатқан жер мен жоқтаусыз қалған ер жетім. Бұлыңғыр замандарда бұла күн кешкен аруақты Алтай жетім… Жоқтаусыз жұрт жетім.

 Толғанбай бірақ жетім емес, ақ бастар мен оқ бастары қасында…

 Мақау Отанның ғана кеудесі қуанышқа толы бүгін. Ол Толғанбай жадының айғай-ойбайына да қарамаған: «Е-хе-хей!.. Мен де ұшам! Мен де ұша алам!» деп жүрегі жарыла айғайлады ішінен. Үнсіз бай-байлады… Бірақ оның бай-байын ешкім ести алған жоқ. Қолын ербеңдетіп, ұшақ көлеңкесі соңынан далаңдап шапқылай берді. Көбелекше көлбеңдеп, қолын керіп, айнала жүгірді.

 Баланың ұшатыны ақиқат еді…

 Бөкенбайдың боз жусанды Байдалы биігіне көтерілгенде қос қолын қанатша жайып жіберіп, төменде таздың төбесіндей әр жерде шашылып жатқан Былғары табыт ауылына қарай ұша жөнелуші еді. Сұмдық сана саңылауы ашылып, бойдағы қиян-қилы қуат күшімен биік басында ұшу қабілеті оянатын.

 Ауыл іргесінде доп қуып жүретін балалардың тап қасынан әп-сәтте албастыдай пайда бола кететін. Сонда олар «Жынбысың? Перімісің? Әзірде ғана Байдалының ұшар басында құзғындай қалқиып отыр ең, – деуші еді таңданысып. – Құссың сен! Құссың!» Мақау Отан бір жаратқан құдіреттің күшімен құсқа айнала алатын. Оны айдалада иесіз қалған, санда жоқ, санаттан сызылған ауылы ғана білетін. Мұны бөгделер қайтсін!

 Ұшақты көріп қуанған бала мәз. Ал, Толғанбайдың құрым жүзі қуқыл тартты. Үрей биледі. Көкірегін ызғар кеуледі.

 Мақау баланы асықтыра түсті. Екеуі кешке дейін қауырт қимылдады. Көз ұясы үңірейген қу толағайларды Қыранжартас астынан құшақтай шығарып, шыбын жандарын үзген жасаңға жылдамдата жайғастырды. Тақыр бастар да күн сәулесін сағынып қалыпты. Жүздерінде күн нұры ойнап, қабақтары жадырап, маңдайлары жібіді. Самайлары жіпсіді.

 Қызыл іңір ене сәбидің бассүйегі жатқан тері сөмкенің тарамыс бауын шешті. Ішінен оны-мұны азық шығарып, жүрек жалғасты. Екеуі асықпай аяңдап жолға шықты. Жол қашық емес. Түн ортасы ауа жетіп те қалар.

 Түпсіз тұңғиықты паш етер Темірқазық терістіктен туды…

 Бүгін де ол көкніл ғарышқа суалмас жанарын қадады. Туған орнынан тапжылмас Темірқазық терістікті нұсқағандай жарқырап тұр. Қарашығы кенет бұлдырады. Жұлдыздар түгел жасаурады. Олар да тұңғиықтан тамып кетер тамшыдай жаппай жылап тұр екен.

 Толғанбай Темірқазыққа қарап таңқалатын. «Менің Темірқазығым! – дейтін күбірлеп; сосын өзіне сұрақ қойып, өзі жауап қататын: – Сендердің Темірқазықтарың қайда? Темірқазықтарың жоқ! Ал менікі бар. Тап төбемде.»

 Түн түнегін түргісі келгендей Марқа сұлудың марал самалы желпіді. Соңдарынан самал леп сай іші аруақтарын түнгі әуенге елтітіп, сыбызғыша сыңсып жатты. Қыналы Қыранжартас қана қатып-семген күйі мүлгіп, қалқиған қалпы қарауытып қала берді.

 Толғанбайдың құлағына бөрінің жетім үні талып естілді.

БІРІНШІ БӨЛІМ

I

Арқада ақуыз таң ата қоймаған талмауыт шақ еді.

Саралақаздың тақыр бөтегесіндей Сарыарқа тепсеңінде бой көтерген Астана қаласы. Даланы мыңдаған жылдар мекен еткен даңғайыр жұрттың алапасын асырарлық ақиық қала мұнарта мүлгиді. Түн тұңғиығында гауһардай жарқыраған керік мойын ғимараттары көз жауын алады. Күндіз кербез сұлудай көрінетін шаңқан қала тұнжырай қалыпты. Бір көрген дұшпанның көкірегінде қызғанышын үрлесе де, кердең кеудесін басып, сағын сындырарлықтай мысты. Түн құшағы тербеген ордалы шаһар.

Қаракөк аспан шаңырағы ала бұлтты. Таң алдында талықсыған сұлудың жанарындай Шолпан шығыстан жасаурайды. Аққұба даланың таңғы желі терісінен азынап, төңірек қара күздің лебі үргендей ызғарлы.

Жаздың басы болса да, әуежай іші салқын…

Әуежайда кісі қарасы мол көрінді. Асығыс-үсүгіс адам ағыны. Түнгі жолаушы дүрмегі үзілмепті. Бурыл бас профессорды қысыр жыландай жас әйел қолтықтаған. Эскорт сұлу бөксесін билей басады. Олар ақбоз әуелайнеріне отырғанда, мұнар басқан қала енді оянып жатты.

Қарбалас бастала қоймаған мезгіл.

Отызға енді іліккен сұлу Аршын сұқтана қарасқандарға көңіл аудармағансып, алпысты аралап кеткен еріне жанаса жүрген-ді. Қап-қара тері креслоға да қатарласа отырды. Профессор Мағдан Жұрағатұлы да сүйіктісінің соңынан сөз ермесе де, көз еретініне үйреніп қалған… Салиқалылық сақтап, сабыр мен сенімге жеңдіретін-ді. Қайта көкірегінде «қолыма қандай құсты қондырған мен қандаймын» деген еркекке тән өрлік сезімі ұялайтын. Кеудесін көтере түсіп, Аршын сұлудың қасында атақаздай маңғаздана басатын.

 Онысын жас әйел де сезіп, аққудай мойнын созып, аппақ төсін үзіп, қаздаңдай жүретін. Еркек атаулы өзіне көз салмай өтпейтініне сенімді сұлу ондайларға елеусіз мойнын бұрғансып, ер-азаматтың намысын шабақтар, нәпсісін оятар көгілдір түсті ұялы жанарын ойнақшыта өтетін. Мұндай жымысқы, жасырын қылықты байқап қалатын кейбір ұрғашықұмар көзін қысатын-ды.

 Қылмаң қылықты Аршын сұлу көлеңкелі келген өткір көзқарасын да аса ептілікпен тіктейді. Әйелден айла артылған ба, түзу жүріп, түзу тұрған әйгілі ғалым азаматы байқай да бермейді. Екеуінің ерлі-зайыпты болғанына да жыл жарымнан енді асқан.

 Бүгін де солай болды…

 Өскеменде ел ордасынан асқан ұшақты профессордың дарынды доктаранты Дулат асыға күтіп алған соң, әуежайда жарты сағаттай ғана аялдап, Зайсан қаласына ұшқан. Сауыр тауының салмасы етегіне шашырап жатқан шағын қалашық Зайсанда бір топ адам Мағдан Жұрағатұлы мен Аршын сұлуды траптан құшақ жая қарсы алды. Әуежай ауласында жайылған фуршет-үстел басында қонақтар танысып үлгерместен ән-жыр шырқалып қоя берді.

 Доктарант Дулаттың туған ағасы Сұңғат бірден-ақ шарап құйып, «Шөлдеп келдіңіздер!..» деп, гүл суғарғандай «суара» бастады.

 Осы өңірге әйгілі әнші Ғазиз домбыраны қағып-қағып жіберіп, халық әндеріне басқан.

 Орда бұзар отыздың бел ортасынан асқан азамат қыза-қыза келе:

 Алтайдың әншісі ем Ғазиз атты,

 Сұлуда көргенім жоқ сендей затты…

 Ағамыз ақ маралды құшқан екен,

 Арайлап алдарынан ақ таң атты,

 Көргенде көңіл сергір, жан-жанатты! – деп шырқай жөнелген-ді.

 – Пай-пай! – дескен  ағайынды Сұңғат пен Дулат та. – Біздің әнші досымыз Аршын жеңгейді көргенде ақын болып кетті… Қалай-қалай сілтейді!?

 Аршын сұлу да көлеңкелі көгілдір көздерін төңкеріп, қуана күлімдеп, жорта қысылғансып:

 – Оу, Ғазизжан! Қатты кетпеңіз! – деп сынықсыды.

 Сықылықтай күліп, профессордың қолтығына сұлулана тығылды.

 – Мағдан Жұрағатұлы, шаршап қалмадыңыз ба? Коньяк алыңыз!

 Дулат жетекшісіне бәйек.

 – Сауырдың самалы сарайымды ашып жіберді. Зайсан – келмеген жерім еді, – деп профессор желпініп қойды. – Күн ыстық екен.

 – Қазір бір сағатта салқынға шығамыз, аға.

 – Қайда? Зайсанның жағасына ма?

 – Жоқ, аға. Марқа сұлудың басына. Сонда жетіп, бірақ жығыламыз, – деп Сұңғат профессорды таңырқатып тастады.

 – Солай ма? Марқакөл алыс қой…

 – Ұшаққа алыс емес.

 – Мағдан аға, Сұңғат аман болсын! Ол – осы Алтайдағы әйгілі байлардың бірі ғой… Ұшағы бар, – деп сөзге Ғазиз қосылды.

 – Әй, алтайлық азаматтар, сендер мені таңқалдырып тұрсыңдар! Астанада жүргенде Дулаттың аузынан мұндай әңгімені естімегем… Ағаң сенің «скрытый» миллионер екен ғой! Оны неге айтпайсың?

 – О не дегеніңіз, Мағдан Жұрағатұлы?! Азын-аулық еңбегі ғой… Ұшақты да жақында алыпты. Мен де білмей қалдым, – Дулат қапелімде қысылып қалып, қызарақтап кетті.

 – Жә, қысылма! Осы жолы «Былғары табытты» қазсақ, әлемдік сенсация жасасақ, докторлығыңды қорғадық дей бер!..

 – Рахмет, Мағдан Жұрағатұлы! Бәрі сіздің арқаңыз ғой! Жолымды жолбарыстай ашып келесіз… «Былғары табыт» әзір. Студенттер де, техника да дайын. Тек сізді күтуде.

 – Жөн-жөн.

 – Барлық жаңалық сіздікі… Бізге сізбен бірге жүргеннің өзі мәртебе!

 – Дулат, маған енді артық… көпшік. Мына Аршын жеңгең екеуіңнің жаңалығың болады… Аршын екеуің де доктор болуға дайынсың. Лайықсыңдар!

 – Аға, – деп Сұңғат әңгімеге килікті. – Аттанайық! Қалған әңгіме жолда. Ұшақ дайын. Бата аға!

 Айнала алақандарын жайысты.

 – Атақоныс Алтай аман, жұрт тыныш болсын! Қасындағы Қытай жерімізге көз алартпасын, жаға жыртыспасын! Беймәлім «Былғары табыт» ашылсын, ішінен інжу-маржан шашылсын! Марқа сұлуға сұқ көз сұқтанбасын, Аршын жарға серілер оқтанбасын! Әмин!

 Жұрт жапатармағай бет сипасты. Қылшылдаған қасқыр жігіттер Аршын әйеліне көз салғандарынан секем алғанын бата беру рәсімінде аңғартып өтті… Жас әйелдің сылқылынан күдік алып қалса керек кексе арыстан-профессор.

 Су жаңа француз ұшағы алты кісілік екен. Жетінші ұшқыш. Ұшқышты жалдапты. Өскеменнен алдырылыпты. Орысша сөйлейтін жас қазақ жігіті болып шықты. Сұңғат ұшқыштарды шұғыл даярлайтын Алматы жақтағы оқу-жаттығу мектебіне түсіп те қойыпты. Штурвалға болашақта өзі отырмақ.

 Ұшаққа жеңгеймен кең-мол жайғасыңыз деп, Дулат отырмады. Ағасы қонақтарға Алтай жерін әуеден таныстыратын болып, бірге аттанды.

 Ұшақ жерден көтерілмей жатып, ұялы телефондар өшірілді…

 Профессор Мағдан Жұрағатұлы жасынан жер аралап, ежелгі қорғандарды сағалап, ұшақта да, арбада да отырып үйренген көнтерілі археолог еді. Ол шағын әуе лайнерінің шайқалақтап алып, лоқ етіп әуе ойпаңына түсіп кеткеніне де, қаршығадай қайқаң етіп биікке көтерілгеніне де былқ еткен жоқ. Тек Аршын сұлу ғана алғашқы сәтте басы айналғандай болып еді, Қара Ертістің үстінен асқан соң ол да жүрегін тоқтатып, төменге көз тігуге көшті.

 Дөңгеленген иллюминатордан көкпеңбек Зайсан көлі алыстан жарқырай мұнартып, Қалжыр мен Қара Ертіс қара жыландай созылып жатты. Бөкенбайдың қайрақтай қара қабырғасы қарауыта шалынып, Тақырдың тары шашар жазығы жылмия созылды. Бір бүйірден Қарабүйрек тауы сиырдың сыңар бүйрегіндей дөңкиіп шыға келді. Бір бүйірден сары жалқын Алқабек құмы көзге ұрады.

 Шекара бойлаған Алқабек өзенінің арғы жағасын сіресе қырсаулап, сонау Қара Ертіс жағасына дейін алтайы түлкінің қызыл-сары жонындай белес-белес болып жатқан құм шағылдарға биіктен төнген Мәрмәр асуы да терісінен бүркіттей бүре түспек боп, тұғырда қас-қақпай күзетіп отырған ата қыран сияқты. Тау төскейі табиғи тұғырдай көрініп, төбесіне қыран асу Мәрмәр мұнарта қонақтапты.

Қара Ертістің батысқа болдыртып кеп Зайсан көліне құяр сағасы тұсынан қия қосылатын Қалжыр өзені де Бөкенбай тауының ішін терең шатқалмен алқына аралап, бұрма-бұрма бұрылыстарда жартастарға соғылып, сылаңдаған сұлу жүзуінен жаңылып, сүзектен тұрғандай қалжырап жетеді екен. Осының бәрін өз ерекшелігімен екшей таныстырып отырған Сұңғат құс ұшар биіктен бұла бүркіттей шолады.

 Бұған профессор-археолог та таңырқай түсіп:

– Інің Дулат емес, сен тарихшы-археолог болуың керек еді, – деді. – Сенің мамандығың қандай?

– Ой, аға, қойшымын ғой… Зоотехник. Семейден бітірдік. Әкей ертерек дүниеден кетті де, тесікөкпе болып өстік… Аяғымыздың жеткен жері сол болды.

– Иә! Біздің халық талантты ғой… Тек, қолы қысқа. Тәрбие де жөн-сал боп кетті қазір. Сендей азаматтар географ та, тарихшы да, басқа да бола алады. Амал қанша?!

– Ауыл жаққа да адам керек, аға! Бәріміз қала деп шапқыласақ, мына жатқан жерге кім ие болады? Бос жер жоқ. Иен жатқан жер жау шақырады… Шекара іргеде. Қысық көз көршіміз мынау – аткөпір… Лықси-лықси келіп, желкемізге шығып отыр. Лақ етіп ақтарыла салуы қалды. Ол жақта ел бар деуші едік бұрын… Оны жұтып болды. Ендігі кезек кімдікі деп айыр тілін жалаң-жалаң етеді… Аждаһа. Көмейі кең. Бұл бір ашық күнде аспаннан төнген апат сияқты, аға!

– Иә!

– Сіздер секілді ақылды ағаларымыз бар ғой деп, ел арқаны кеңге салып отыр. Астанада қазақ элитасы не ойлайды? Біз соларға сенеміз! Сол сеніммен қос інім Дулат пен Қуатты да Алматыда КазГУ-де оқыттым. Астанаға жібердім. Үйлерін де алып бердім.

– Әй, бауырым-ай! Кімнің дегені болып жатыр. Қазір ой ілімімен айналысқан ғалымдар, жазушылар, жалпы білімпаздар қорғансыз ғой… Олардың қолында түк жоқ, – деп профессор пұшайман күй танытты. – Біз де бала-шағаның қолына қарап қалдық.

 – Аға, артық кеттім білем, кешіріңіз! Іштегі қыжыл, сіздей ағамызды көрген соң, ауыздан шығып кетті. Бұл жақта айтатын адам да қалмады… Әкімдерге айтсаң «Бәрі әдірем қалсыншы!..» деп шаршаған. Өз бизнестерімен әуре. Ел бір жақта, билік бір жақта.

 – Бірі – түстік, бірі – терістік боп кетті ғой…

Осы кезде барыс сұлбалы Бөкенбай тауының Байдалы биігінен асып, Ақсөңке сайына ілінген ұшақ та кенет төмендей ұшқан. Әңгімемен ісі жоқ, төменге телміріп, көк жасыл табиғатқа көкшіл қарашығын суғарып отырған Аршын сұлудың:

– Анау не? Адам ба? – деген дауысы шығып кетті.

Бәрі де шар тәлеңкедей терезеге үңілді. Қызу әңгімеге кірісіп кеткен Сұңғат Байдалы биігін артқа тастап, ел «Аруақ толы Ақсөңке» атап кеткен құрғақ сайды құлдай ұшып келе жатқандарын бір-ақ білді.

– Спускайтесь, штурвал! – деп айқайлады Аршын сұлу. – Там ребенок… Руку махает!

– Апырай, ә! – деп Мағдан Жұрағатұлы да көңілі көтеріліп, таңданысын жасыра алмады.

Сұңғат:

 – Жеңгей, ол Толик қой… Жады Толик. Аруақтармен сөйлесіп жүр, – деді жайбарақат.

 – Аруақ. Ол «дух» па? – Жас әйел тосырқай сұрады. – Штурвал, еще раз летаем над ними!.. Пожалуйста!

 Ұшқыш та сұлу әйелдің сұрауына көңілі кетіп, қайыра бұрылып, сай қабырғасын қабырғалай ұшты. Төмендегі Толғанбай мен бала Отан да бірі қалбаңдап, бірі қол бұлғап жатты… Ал жеңіл де шағын ұшақ Марқа сұлудың ускуч-ұшқыш балығындай ақ бауырын жарқ еткізіп, қайқая шапқан арғымақтай қайқаңды аса берді.

 – Ой-ой-ой, дикий человек!.. Любапытный мальчик! Что вы потеряли?

 Аршын сұлу да өзімен-өзі әңгімелескендей күйге енді…

 – Бұл сайда адамдар өлген бе? – деп профессор енді ғана мән берді.

 – Иә, аға! Баяғы атыс-шабыс кезде адамдар қырылыпты… Сүйектері әлі күнге шашылып жатыр дейді көрген ел. Аруақ шақырады деп жүреді маңынан өткендер. Түнде көрінеді деседі. Сайдың табанынан шығып, қырға көтерілгенінен ел шошып, жоламайды… Кезбе Толу ғана барып жүреді. Ал анау бала – әлгі Ғазиздің ұлы. Жады Толикпен ереді де жүреді… Көп жасағаннан «Замани Толы» деп балалар ат қойып алған.

 Өз білетінін Сұңғат бүкпесіз жеткізді.

 – Странно! – деп Аршын сұлу аузын ашты.

 – Оларды жерлемеген бе, сонда? – деп Мағдан Жұрағатұлы да ойланып қалды.

 – Кезінде жерлеуге рұқсат бермепті… Жау деп. Кейін де ешкім жолаған емес, пәлесі жұғады деп. Адамдар аулақ қашады… «Ақсөңке сайы» деп ат қойып алысқан.

 – Ойпырым-ай, обал болған екен! Имансыз қалды ғой… Дұға бағыштай ма?

 – Оны білмеймін! Оларға арнап құран оқыған адамды көргенім жоқ.

 – Өздері қазақ па? Бірақ қазақтан басқа көмусіз қалған кім бар? Тіпті кешегі неміспен соғысқан Екінші Дүние соғысында да көмген ғой, – деп профессор өз сұрауына өзі жауап та беріп тастады.

 Сонда да Сұңғат осы өңір қазақтарына тән жылдам жауап қататын әдетпен:

 – Қазақтар, – деп қалды. – Аға, бұл Бөкенбайдың үсті сүйекке толы… Кезінде ел көшкенде жондап жүріпті. Жұрт Қытай ауғанда Қалжырды қалқа тұтқан ғой. Алқабек жақ жабық. Шекара түбі самсаған әскер. Адам аяғы жете бермес Қалжыр бойы, Шүмек басы қиын жер, соны пана тұтыпты. Бірақ оған жеткізбепті… Сай-сайда қырып тастапты.

 Ұшақ Қалжырды бойлай ұшты.

 Өзен бойлаған терең шатқал мен жылға, сайлар, жал-жал жалама жартастар мен қайың-тал орманы көк шырша көмкерген құзар қабырғаларға ұласты. Қарағаймен аралас көктерек көкке шаншылады.

 Жас та болса шебер ұшқыш екен, сұлу табиғат пен сұлу әйелдің жанында барын салып бақты. Қалжырдың ішінде мамыр-маусымда ағысқа қарсы талмай жүзетін ұшқыш балығындай бұлтыңдап, кей аласа биіктер белінен төте асып түсіп келеді. Аршын сұлу да алдыға еміне қарап, қапталдағы қабырға сілемдеріне сүзіле түсіп, жанары әсемдікке тоймай отыр.

 Кейде орнынан көтеріліп:

 – Неткен  сұлулық! Красата! Красата! «Красата – спасет мир», – деп орысша-қазақша дауыстап жібереді.

 Сұңғат та Қалжырдың қазір өткел бермес боп тасып жатқанын, биыл қыс ұзақ болып, тауда қар жай ерігенін Мағдан Жұрағатұлына таныстырып келеді. Қызыл уылдырық шашатын ұшқыш балығының құлама сарқырамалардан оқша атылып, жүзіп шығып жатқанын жырдай заулатуда… Марқакөлден ағып шығар жалқы өзен Қалжыр құпиясын ашып отыр.

 Көл аузында құдіреттің күшімен қойылған, мыңдаған жылдар бойы жойқын ағынға табалдырық боп жатқан мәрмәр тас – Табалдырық бетімен жайындай жайыла ағады екен. Тұщы су ағыны ғасырлар бойы тоқтаусыз шайса да, былқ етпепті тәңірінің қойған мәрмәр Табалдырығы.

 Табалдырықтан асқан өзен азбан айғыр ағызар ағынға айналып, алып шәйнек шүмегінен сарылдағандай қысаң қиямен ақтарылады-ай келіп… Марқа сұлудың қылша мойын Шүмегі жат жұрт тұрмақ, алтайлықтардың өзін таңдандырады. Асау Қалжыр басы құлай аққан, сарқырай ақтарылған Шүмектен басталады.

 Құдіреттің шеберлігінде шек жоқ қой, биіктен көлбей құлдилаған Шүмектің топан суы жолындағыны түгел жайпап кетпесін деп, алдынан кесе көлденең қожыр-қожыр жартасты таутұғыр қойып, шұғыл бұрма жасапты. Азбандай арқыраған өзен құдайдың кермесі – халық айтатын Көлденеңге кезігіп, ақкөбік жал-жал толқыны көкке шапшып, алқына тыныстап, ашуын басады..

 Міне, осындай таутұғыр бұрмалар – бурадай шабынған Қалжырдың аптығын басар тәңірінің тоспасы. Мұндай кесе көлденең жолығатын тоспа бұрмалар Шүмектің төрінен Бөкенбайдың жалпақ жазығына жеткенше бірнешеу екен.

 Тауды жарып, тасты ағызған Қалжыр таситын мамыр-маусымда Россиядан келетін экстримал жүзгіштер де рәзіңке қайықтарын сала алмайды. Бастарын тікпейді. Тіккені – ажал құшады… Бұл мезгілде тау суы да суық. Суға кеткен адамның қол-аяғы тырысып, қаны суып кетеді.

 Дегенмен, бастарын тәуекелге тігетін марқалық марғасқалар баршылық. Олардың ата-бабалары – атам замандардан бері осы бір таңғажайып кәсіпке тәуекел еткендер… Бүгінде ұрпақтары жалғастырып келеді. Әлі күнге бұл әрекет өзгерген емес. Ол – Шүмектен ұшқыш балық аулау.

 Кенет:

 – Тау! Тау! – деген Аршынның ащы дауысы бәрін елең еткізді. – Аппақ!

 Әңгіме желісі шорт үзіліп кетті… Ұшқыш балығын аулау туралы сөз аяқсыз қалды.

 Қалжырдың ұры шатқалынан ақбауыр шағаладай қайқая көтеріліп, жалт етіп шыға келгенде, алдымен алмастай көзге шағылған Азутау еді. Бөрінің қайралған азуындай сорайған тау шыңын ақ қар басып жатқан. Ұшар басын шаңқан қар-мұз сылап, кешкі күн сәулесі күміске бояған көл беті мен айнала сыңси қоршаған таулы орман суреті жүректерді жұлып алып, жанарларды жұмаққа енгендей байытып, сезім біткенді селдете оятып, жан әлемді жарқырата ашып жіберді.

 Аршын сұлу мен Мағдан Жұрағатұлы керемет бір күйге бөленіп еді.

 – Ғажап! – деп, Мағдан Жұрағатұлы да дауыстап қалды. – Қандай сұлулық?! Жұмақ деген осы ғой!

 Марқакөлге маралдай шомылған Азутаудың сұлу суреті естен тандырарлықтай ғажайып болатын.

 – Магда, ризамын саған!.. Вот это – пейзаж! Я буду рисовать! Спасибо, мая Магда! – Аршын сұлу көңіліне лықсып келген алғыс сезімін жасыра алмады. – Девичий красата, мая!.. Сколько тебя ждала? Эх, горы-горы!

 – Аға, жеңгей! Азутау ғой… Келіп те қалдық. Мынау – Табалдырық. Анау шалқып жатқан – ару Марқа сұлу, – деп асығыс таныстырып, Сұңғат ұшқышқа бұйыра сөйледі. – Көл үстімен ұш! Қонақтарға көрсетейік… Ұранхай ауылына дейін барып қайтайық.

 Төңіректі қоршаған тұмса табиғатқа сұқтанып, қонақтардың естері ауып қалғандай болды. Демдері шықпай қалды… Көктен қарағанда көз суырған сұлулық тілдерін байлап тастаған.

 Қалың қарағайлы орман жынысы жүндей жапқан биік тау сілемдері сопақ астаудай болып бітіпті. Азутау ғана аппақ ұшар басын керіктей көкке созып, тәкаппар мүсінімен сұлу көл шанағына төніпті.

 Еңкейе бастаған күн шапағы көлбей ұшқан ұшақтың сүйір тұмсығынан көз жібергенде, көл үстін қызғылт өрт құшағына бөлеп алыпты. Балтырын көлге малып, кеудесін тау төріне оздырған қайың-тал мен қарағай-шырша алтайы түлкідей құбылады.

 Қоңыр кеш те көл бетіне қонақтауға қанатын жайып келе жатты…

 Әйгілі Ақмоншақ аңғарының аузына қиялай орын тепкен Ұранхай ауылы шашырап жатыр екен. Ағаштан қиылған дөңбек үйлер мен көл жиегіне мүйістей сұғына біткен, көкпеңбек күреңше жапқан биік дөң көзге ұрады. Ауыл ішінде табиғи өрілген қайың-тал мен қарағай-шырша қапталдағы орманмен жарысып, қия беткейден құлай аққан тау бұлақтары үй іргелерін аралап, Ақмоншақ өзеніне құйылып жатыр.

 Ту сырты мен қос қапталын қарағайлы тау жоталары тіреп, тұп-тұнық көлге еміне еңкейген Ұранхай – сұлу табиғатпен ғажайып бір жарасым тапқан құтты қоныс еді… Бұл жерге адам баласы бір келіп қоныс тепсе, көзі қиып кете алмай қалатын. Судың тұнығын ішіп, ауаның жұпарын жұтқан жұрт жұмақ іздемейтін.

 Сұңғаттың тау бұлағындай сорғалатып айтқан әсерлі әңгімесі қалалық қонақтар аузының суын құртты…

 Үстінен қырандай қалықтай ұшып, қабырғасын қызыл қарағай көмкерген Ақмоншақ аңғарына шейін сұғынып қайтқан ұшақ қызыл арай тартқан батысқа бет алды. Әлі де көл бетінен жоғары күн шеңбері су жүзін күреңге бояп, бөрінің сыңар азуындай ақсиған жеке-дара Азутау шыңын аппақ мәрмәр түспен айшықтап тастапты.

 Ұшақ жылдамдығын үдете түсті. Алыстан Матабай ауылы мұнартып, ал көлден шыққан сызашық – Қалжырдың басы Шүмек пен мәрмәр текшелі Табалдырық бары тіпті білінбеді.

 Жеңіл ұшақ та үйректей су бетін бауырлай ұшты… Қып-қызыл күн де көкжиектегі су жиегіне ілінуге таяу.

 – Сұңғат, суға қонамыз ба? – деп Аршын сұлу шындап сұрады.

 – Жоқ, жеңге. Бұл амфибия емес…

 – Солай ма? Жаль! Суға қонамыз ба десем?!

 – Күн де кешкіріп қалды, – деді Мағдан Жұрағатұлы. – Марқаның қас сұлулығын қызықтап, уақыттың да қалай өткенін білмей қалыппыз. Көзім жұмылғанша естен кетпес сурет болды… Рахмет, бауырым!

 Сұңғат та абдырап, қысылып қалды…

 Ол:

 – О не дегеніңіз!? Біздікі қызмет ету ғой, – дей беріп еді, профессор сөзін бөліп жіберді.

 – Қысылма, бауырым! Сен маған ғана емес, алдымен жерге қызмет етіп жүрсің… Бүкіл Марқа өңірін таныстырып жатырсың. Оны мен ғана емес, мына қара жер де сезіп жатыр, білгенге… Жер мен адам бір. Адамсыз жер де жетім қалады. Онда ол да ұзаққа бармайды. Космоста быт-шыты шығып жоғалады… Жерді де құдай адам үшін жаратқан. Біз мұны да білуіміз керек. Елді де, жерді де ойлауымыз керек.

 – Магда, он же как Гид… Все знает. Ему положено!

 Аршын сұлудың сөзін жақтырмай қалса да, жап-жас көрікті әйелінің пікірін бөлмеді. Оны қолдағандай кейіп танытты.

 – Сұңғат, жеңгең де риза! Гид деген түк те емес сенің жаныңда. Зайсаннан бері бар әлемді айнадай жайып салдың…

 Осы бір сәтте ұшқыш жігіт:

 – Готовтесь! Садимся, – деп ескертті.

 Сұңғат Зайсан қаласынан ұшып шыққалы қорғаныс белдіктерін босатпаса да, қонақтардың белдігі беріктігін қайтара тексеріп, орнына отырды. Ұшақ та қанат кедергілерін жазып, жылдамдықты тежей бастады. Шүмектің оңтүстік бетіне қалықтай құлдилаған ұшақ қанаты қос бүйірге теңселе тербетіліп, отырғандар жүрегіне болмашы үрей ұялатты.

 Іштерінен құдайды еске ала жалбаранып отырысты. Тек Аршын ғана дауыстап:

 – О, құдай, сақтай гөр! – деп орысша да, қазақша да қайталай берді.

 Ұшақтың резіңке дөңгелектері жерге төселген тасты жолаққа тигенше, Аршын жаратқанға жалбаранды. Тас төсенішті дала әуежайының жабындысына дөңгелектер толық тигенде, жалбарынған жас әйел алып лайнер қонғандай алақанын шапалақтап та жіберді. Оған еркектер де еріксіз қосылды.

 – Спасибо, командир! – деді Сұңғат та.

 Күн де көкжиекке батқан еді… Марқаның марал самалды барқыт кеші түскен.

 Ерлі-зайыпты қонақтар да рахмет десіп жатты… Бәрі де тысқа шығуға асықты. Ұшақ есігі ашылғанда, сырттан Дулат пен Ғазиз де жүгіріп жеткен.

 Олар да:

 – Қош келдіңіздер, Марқаға! – деп, ыржия күліп тұрды.

 Есік ашылысымен босаға жақтауындағы көк түймені басып қап, Сұңғат автоматты түрде шағын сатыны тас жабынды бетіне түсіртті. Алдымен сатыға спорттық аяқкиіммен Аршын сұлу табан басты. Оны Ғазиз сүйрік саусақтарынан қыса ұстап, қаруын таныта күтіп алды.

 Аршын сұлу саусағын қысқан жігітке риза кейіппен сүзіле қарап, сынықси ырғала, буын-буынын босата бұрала майысты. Оның аузынан:

 – Жігіттер, жұмақта жүрсіңдер екен ғой, – дей бергенде; Ғазиз де іліп түсті.

 – Періште де ұшып жетті ғой… Жұмақ жігіті сізді қарсы алады. Жайылып жастық болуға әзір!

 Аршын ақзудай аппақ тістерін көрсетіп, мейірлене күлді. Ғазиздей сері, өнерлі, қарулы жігіттің мейіріне шөлдеп жүргенін аңғартып алғанына көңілі қош екенін өзі де күлкісімен секемсіз сездіріп өтті.

 Бұл да бір кезінде эскорт болған сұлу әйелге тән шеберлік қой… Қылықты сұлуға құдайы да мойнын бұрар.

 – Жеңгей, – деп Дулат араласа берді. – Аға! Қалай жеттіңіздер? Шаршап қалмадыңыздар ма? Таулы жер. Ұшақ та шағын.

 Дулат профессор жетекшісіне бәйек болып жатыр. Сыныптас Ғазиздың сұлу көрсе, сұңқардай іліп түсетінін білетін доктарант жуып-шайып жібергісі келіп, әңгіме арнасын бұра берді.

 – Ғазиз, аға-жеңгем шаршады. Сен өзің шығарған «Марқаның марал самалын» орындауға дайындала бер… Сірнені білші! – деп жұмсады. – Аға, Астананың төрінен бір-ақ сәтте Алтайдың ақмарқа басына бірақ шықтыңыз. Мынау көк кілем күреңше…

 – Дулатжан, – деп сөзін профессор бөліп жіберді; «жан» деген сөзді жетекшісі бұған аса бір риза болғанда ғана айтатын әдетпен. – Мынау бір керемет сапар болды. «Былғары табыт» сапары десек те болады. Жолымыз болар, бәлкім!

 Ғазиз артық айтып қалғанын сезгендей, қонақтарды қимаса да, артына қарайлай жөнеле берді.

 – Болады, аға! Болмаса болдырамыз! – деп інісі үшін Сұңғат жауап берді. – Маған сеніңіз!

 – Сенем! Сен сияқты сақпан тасындай жігіттер тұрғанда, бәріне де жол ашық, – деп, Мағдан Жұрағатұлы кеудесін кере кешкі керім самалға керді. – Ауасы мас қылады ғой Алтайдың… Шіркін!

 – Мұндай саф ауа Аляскада да жоқ екен, – деді Дулат қосылып.

 Аршын да күрең шөпке билей басып:

 – Да, Магда! Это истина! – деп қосыла кетті.

 – Түу, ине шанышар жер жоқ қой! Осылай да шырша өседі екен-ау! – деді профессор қарсы алдарында иін тірескен орманға қарап: – Жарықтық, жер сақиы! Осы орман ғой азонға байытып тұрған.

 Жылқының жалындай ұйысқан орман кеш қоюлығын ұлғайта түскен. Қас қарайып қалып еді. Шүмек басы да салқын тартқан.

 – Түн суық болатын сияқты!

 – Жайлау ғой, аға, тауда түн салқын.

 – Мағдан Жұрағатұлы, ас дайын!

 – Құнан қойдың етін астық, аға, – деді Сұңғат. – Қымызбен қыж-қыж қайнайсыз… Жас жабағы етін қостық.

 – Мені қойшы, жеңгелерің тоңып жүрмесе – болды…

 – Тоңдыра қоймаспыз!.. – деп айтып қалып, қарадай қысылып, – аға, қам жемеңіз! Электр радиторлар жағулы, – деп жуып-шайды Сұңғат.

 Осы бір сәт айнала самаладай жарқырап кетті…

 Ымырт қараңғылығын қанатымен серпіген періштедей электр жарығы самсап қоя берді. Сонау қарағайлы тау етегінен бастап, шағын ұшақ қонған етектегі жазыққа шейін күреңше бетіне құрылған жарық шамдар маңайды жарқыратып жіберді.

 Жан-жағын жыныс тайга орманы тұтқан ортадағы табиғи жазық – Шүмек айлағы. Осы табиғи айлақтың қақ ортасын таспадай тіліп, түп-түзу ұшақ жол-жолағы – паласа салыныпты. Қос қапталына меруерттей тізіліп, сары шамдар жағылыпты.

 Ұшақ қонар тас жабынды күре салу үшін тәуір-ақ бейнеттенгендері көрініп тұр. Алдымен күреңше шымын ұзына бойы кесіп алып, қара топырағын белуардан ойыпты. Астына өзен құмын жайып, шыққан қара топырақты айнала жаймалапты. Жалпақ қазылған ұзына ор бойына Қалжырдың жұдырықтай малта тасын атпен арбалап тасып, сатылап өріп шығыпты. Беткі қабаттағы күрек бойы күреңше шым деңгейіне жеткенде, жұмыр малта бетін таудың жалпақ тасымен жауыпты.

 Қарапайым жолмен жасалған тас жабындылы даңғыл паласа шағын ұшақ түгілі, реактивті әскери ұшақты да көтеретін түрі бар…

 Мұны да ескіше ойлап, жаңаша пішетін Сұңғат-бизнесмен жүзеге асырған… Шүмекке «дрон» әкеліп жүрген де сол. Жылқысының жамбасына қазақы таңба басып, жалы астындағы теріге «чип» қондырып, ұялы телефонмен бақылауға алған да жаңалыққа жаны құмар Сұңғат қой.

 Ал қалың шыршаға іргелес бес бірдей ақшаңқан киіз үй тігіліпті. Тау жолына төзімді бүгінгі заман көліктері оңашалау қаңтарылыпты. Олардың қасында оншақты аттар да мамағашқа байланыпты. Әрірек қытайлық минитрактор тіркемесімен тұр.

 Осының бәрінің қасынан қиып, парсы кілемінен де жұмсақ күреңшені басып, қонақтар киіз үйлерге жақын келді. Алдарынан қолына құман, мойнына орамал салған бір жас бала шығып, «Ассалаумалейкүм!» деп амандасып, иіліп тұрып ізетпен су құйды. «Өркенің өссін!» деп, профессор дән риза болды. Аршын сұлу да баланың басынан сипап, рахмет айтты.

 Алты қанат ақорда шаңырағы биік, босағасы берік, уығы ұзын, еңсесі еңкейіп енбестей ерен екен. Жабдықтары да көшпенді қазаққа тән жабдықталыпты.

 Айнала қалы кілем тұтылып, уық басы төрге бөрі мен қара бұлғынның иленген терісі ілініпті. Табан асты ақ текемет төселіп, үстіне Алтай қара аюы мен қоңыр аюының терісі салыныпты. Тап ортаға дөңгелек жер-үстел қойылыпты. Үстел үсті тағамнан қайысып тұр.

 Қонақтар тізе бүгіп жатқан кезде, Сұңғат пен Дулаттың жетпіске жетіп қалған анасы Ақжамбы мен Ғазиз есіктен көрінді. Ғазиз үйеме астау ет көтеріп, әжей қойдың басын кішірек ағаш астаушаға салып алыпты. Басында – айпара ақ жаулық.

 Ақжамбы әже:

 – Ат-көлік аман-есен жеттіңіздер ме? Қош келдіңіздер Марқа сұлуға! Жайғасыңыздар төрдегі ауылға! – деп амандасты.

 Профессор Мағдан Жұрағатұлы қайырылып келіп, ананы құшақтай жүздесті. «Қарақтарым, өздерің кең отыра беріңдер!» деп, ана ақ жаулығы көлеңдей шығып кетті.

 – Анамды көргендей болдым! – деп профессор көзіне келіп қалған жасын ірке алмай қалды. Қалтасынан шытын алып, жасаураған жанарын сүртті. – Сендер бақытты екенсіңдер, жігіттер!

 – Рахмет, аға! – деді Сұңғат.

 – Әуезов айтатын Абай атамның ауылына түскендей болдым ғой… Қайран қазағым-ай, сен жазда осындай курортты жайлауда өмір сүрдің-ау! Құнанбай заманы – отарлау заманы, ал Абылай заманы – қазақ заманы… «Орыстың темір ноқтасы» адымымызды аштырмады ғой біздерге… Сендер, дегенмен, бақ қонған ұрпақсыңдар! Тәуелсіздіктің арқасы ғой осының бәрі. Кешегі уақыт болса, мұндай мұңсыз күн қайда?! Малың да, жаның да санақта. Есептеулі… Өз қолымыздағыны өзімізге бұйыртпай, Москва мен шетел асырып жаттық қой, – деп жөткірінді құс жастыққа жамбастай берген Мағдан Жұрағатұлы.

 Осы кезде шыдай алмай кеткен Ғазиз:

 – Қазір де Астана мен Алматы, Атырау мен Өскеменнен ары асып кетіп жатыр, – деп тоқтап қалды.

 Сыныптасына жақтырмай жалт қараған Дулат:

 – Мағдан Жұрағатұлы, асты бастап беріңіз! – деп алақанын жайды.

 – Ал, жігіттер, асымыз адал болсын! Арымыз таза болсын! Әмин!

 Ғазиз бен Сұңғат білектерін түріп жіберіп, ет турауға кіріскенде, Дулат жетекшісіне қой басын ұсына берді. Сұңғат дөңгеленген ішекті кертіп жіберіп, Аршын сұлуға «Жеңгей, ауыз тие беріңіз!» деп, жас жабағының уылжып тұрған қазысын қыналы саусақтарына қыстырды. Ғазиз да құнан қойдың жамбасынан алып, «Тау сонысын қалқып жеген малдың дәмін көріңіз!» деп, профессорға асатып жіберді.

 Дулат доктарант қана бар өнерін салып:

 – Арғынша турап, аралап жеу, Дулатша турап, даралап жеу. Қоңыратша турап, құндызша жеу, Керейше турап, құмайша жеу. Қыпшақша турап, қидалап жеу, Албанша турап, майдалап жеу, Адайша турап, аудара жеу, Әлімше турап, жаудыра жеу. Жалайыр – жау-жапырақ, Найман – тау-жапырақ, бар қазақтың жесі – әлем-тапырақ, – деп тақпақтап кеп, тай етінен ұшқыш жігіт алақанына көсіп салды. Ол әбес көрсе де үндей алмай, бір уыс майлы етті уыстап отырып қалды.

 – Ой, пәлі! Нағыз шәкіртімсің, Дулатжан!

 Профессор доктаранты сөзіне разы болып, бұл ғұмырында талай басты мүжігенін танытып, құлақтарын кесіп, балалар жесін деп жеке қойды. Құйқасын қидалап турап, оған ми қақпағын ашып, миды қосты. Араластырып мипалау жасады. Тілін алып, Ғазизге берді.

 Көзіне ғана тимеді… Отырғандар «Алакөз болмасын!» деп, оларға бөліп бермей, бастың өзінде қалдырды. Қазан-ошақ жақта Ақжамбы ана келін-кепшікке өзі берсін деп шешті.

 Мипалаудан іліп алып аузына салды да:

 – Бастан ауыз тиіңдер! – деп шағын астаушаны қыдыртып жіберді.

 Әлгінде қолға су құйған бала шара толы қымыз көтеріп кірді.

 – О, қымыз да келіп қалды! – деп Дулат қуанды. – Құйып жібер! Шөл басылсын! Бұлақ суы қайда?

 – Қазір, аға! Босағада ғой, – деп бала су да құя бастады.

 – Жеңгей, сізге қымыз, – дей беріп еді;

 – Жо-оқ, су беріңіз! Қымыз іше алмаймын… Жақпайды!

 – Мне тоже, вода, – деп ұшқыш жігіт те Аршын сұлуға қосылды.

 – Біздің қымыз – дәрі, Аршын жеңгей! Қорықпаңыз! Әбден пісілген. Бүгін таңғы саумал ғана қосылған. Ақжамбы апамның қолынан шыққан, – деп Ғазиз де жік-жапар болды.

 – Жарайды, Ғазиз, жеңгемді қинама! – деп Дулат тағы араша түсті.

 – Былқылдап-ақ пісіпті, таңдайда ериді, – деп Мағдан Жұрағатұлы қарбыта асады.

 – Марқаның еті – бал болады, аға! – деді Сұңғат.

 – Қымызын тартыңыз, – деп қалды Дулат та.

 – Нағыз күшәла қосылған балдай дәрі қымыз бізде, аға, – деп Ғазиз да мақтауын асырды.

 – Иә, «Алтайдың ақ сонысы» демей ме?!

 – Дөп түстіңіз, соны басын шалған жылқының қымызы ғой. Содан «Алтайдың ақ сонысы» атайды, – деп Сұңғат анықтап берді.

 – «… ақ соныны» тап осы арада игі жақсының талайы ішкен, – деп Ғазиз қосыла кетті. – Осы елді басқарған патшасы мен игі жақсы атаулысы Шүмекке түнеп, бал қымызын сонылата сімірген… Арманда қалмаңдар!

 – Солай ма? Онда аянбай ішу керек! Ішіңдер!

 Мағдан Жұрағатұлы сұраулы жүзбен Аршын сұлу мен ұшқыш жігітке қарады… Олар да игі жақсылар аталған жерде қолдарына қымыз толы тостағанды қалай алғанын білмей қалды.

 Ешкімнің кеу-кеулегенін күтпестен:

 – Жұғысты болсын! – деп, Аршын сұлу шын көңілімен тартып жіберді.

 Аршынның қасында отырған жас ұшқыш та сіміріп салды. Отырғандар да «Бәрекелді» десіп, дөнен қымызды қотарып салысты. Ғазиз халық әндерінен шырқап-шырқап жіберді.

 Ақ шағаладай құрт талмап отырған қонақтар кіді болып шықты. Профессор да ақтың дәмін бұзатын ішімдікпен араластырғысы келмей, бірден-ақ шәкіртіне ескерту жасады… Ғазиз дәметіп еді, Сұңғат рай бермеген соң, ол да өлерменденбеді. Қымбат шөлмектер көзі мөлдіреп, қақпақтары ашылмай қалды.

 Олар қонақтар көңілін табуға тырысып, біраз отырды. Түн ортасы да ауып қалған. Ғазиз бата сұрады.

 Археолог профессор жөткірініп алып:

 – Біз бір былғары табыт ішінде жатқан елміз ғой… Ұлы Тәңірім елімізді орыстың ойранынан, қытайдың қидасынан сақтасын! Ел іргесі аман болсын! Жерімізді жаудың шойындай табанынан, ұлтарақтай жапырақтауынан сақтасын! Ел ұйтқысы аман болсын! Жер құйқасы бүтін болсын! Әмин! – деп арқалана қайырды.

 Арқалы профессордың батасынан бәрінің арқасын мұз қарып өтті… Жабыла жүздерін сипасты.

 Қонақтар кекірік атып далаға шыққанда баданадай-баданадай жұлдыздар көздің жауын алып, қолмен уыстап ұстардай жерге жақындап кетіпті. Таулы жерде жұлдыз жақын.

 Түн салқын тартты…

 Қонақтарды құтты орындарына жайғастырып жатқызғанша, жетіқарақшы да жамбасқа жылжыды. Түн тыныштық құшағына құлады. Қиық ай қиялап кетіпті. Оқта-текте әлде бір құс пен аңның беймаза дауысы естіледі.

 Астана қаласынан алаң-елеңде аттанған ерлі-байлы екеу жат дауысты елең құрлы көрмей, алаң сезімсіз ұйқыға берілді. Ұзақ жолдан шаршап, тырп ете алмай қалыпты. Шырт ұйқы шырмауында жатты.

 Жұлдыздар жылқыдай жусады. Түнгі ызғар күшейді. Ылғал ауа көкмайса шөпті шыққа шылады. Шегіртке шырылы үзіліп, қанаты ауыр тартты.

 Аршын сұлу тітіркеніп, сақа күйеуіне тығыла түсті.

II

Түн түнегін таң серпіді…

Сарытаудың шығысқа қарай созылған биік сілемдері қарауытып, терең шат-шатқалдары қара күйедей қабарытып, Марқа сұлу тұманыта мұнартып жатты. Самал ғана желпіген тау төсі салқындап, тұнық ауасы тіршілік сарайын ашқан мезгіл еді. Жұлдызы жыпырлаған көктім көк біртін-біртін сөне бастаған шақ. Шық торлаған өрмекші торы үзілердей майысты.

 Осы бір балбыраған табиғат тұнығын бір-ақ сәтте бұзар таң сызаты бүгінде оқыс келгендей болды. Қаракөк шығыс жақ ағара шаңыттанып, құланиек кең дүние жақтай керіле түсіп, тез-ақ қызара білінді. Сол-ақ екен қалғып отырған тау қыраны дүр сілкініп, шыққа малшынған боз қанатын сілкіп-сілкіп қағып, төңірегін тегіс оятты.

 Құс ұйқылы ауыл азаматтары да оянып кетісті.

 Тек самырсын шайыры иісіне қаныққан қонақтар таза азонда мас болып, милары сергіп, жүйкелері босап, тырп ете алмай, кең тыныстап жатты. Жеке отауда профессор мен жас әйел бір-біріне тығылысқан қалпы тәтті ұйқыға беріліпті. Жас ұшқыш жігіт те қамсыз кірпік үзіпті.

 Оларды мазаламауға тырысып, оянған жұрт аяғының ұшымен жүрді. Тіпті Ақжамбы ана да дауыс көтермеді ұлы Дулаттың абыройы үшін… Келіндер де күбірлесіп кетті.

 Таңмен бірге қызу тіршілік дүрк ете түсті…

 Қос келіннің бірі шелек көтеріп қарағай арасындағы сыйырларды саууға кетсе, бірі шыққа шыланған қой бүлдірген теруге аттанды. Сыйлы қонақтардың ас қамына Ақжамбы ананың өзі кірісіп кетті. Қазанға Алтайда ғана өсетін бек шөбінің жұмыр тамыры мен сусарымсақ араластырып, дәмді сірне дайындалды.

 Күн сәулесі көл шетіне жанай түскенде, қонақтар да тысқа шығысты. Ақ ордалы киіз үйге дастарқан әзір болғанда, асқа келіп отырысты. Киіз үйдің ішіндегі таза ауаны табиғи саз чесногы – сусарымсақ пен алтайлық қазақтар шөп атаулының ішіндегі тамырлардың бегі атаған жұмыртқадай бек қосылған сірне иісі бұрқырай алып кетті.

 Қонақтардың тәбеті шауып:

 – Паһ! Паһ!.. – десіп жатты.

 Мағдан Жұрағатұлы:

 – Дулат! – деді. – Бұл жерде менен де үлкендер бар екен. Анаңды шақыршы!

 – Қазір, Мағдан Жұрағатұлы! – деп, Дулат орнынан көтеріле беріп еді;

 – Отыра бер, Дука! Мен шақырам, – деп Ғазиз лып ете қалды.

 Ақжамбы келгенше жұрт су ішіп, ораза ашысты. Анасы Сұңғаттың жап-жас әйелі Уатайды ерте келді. Ол шай құюға кірісті. Апасы үстел шетіне тізесін бүкті.

 – Әже, – деді профессор, – сізбен сырттай ғана таныс болып жүруші едім… Дулаттан естіп. Сайдың тасындай ұлдарды тәрбиелеп жеткізген сіздей анаға мың алғыс!.. Дулатыңыз – өте білікті азамат. Білімді жігіт. Көргені бар, түйгені бар. Сұңғат та сұңқар екен, осы заманның жасы… Қуатыңызды да көргем. Иманға ұйыған азамат. Қызыңыз тұрмыста көрінеді. Жалғыз жүріп жеткізіпсіз… Рахмет, сізге, басымды ием! Нағыз ер екенсіз! Батаңызды беріңіз!

 Ақжамбы сөз қозғауды артық санап, алақанын жайды.

 – Қарақтарым, арқаларыңды елге тапсырдым, жамбастарыңды жерге тапсырдым!.. Мағдан қарағым, балам – саған аманат, сен – құдайға аманат! Әмин!

 Ақжамбы көңіліне кеп қалған сөз жүйесін ірікпеді…

 Бәрі де жүздерін сипады. Ақжаулықты ананың семсердей сөз төркіні түйсігін тіліп түскен профессор Ақжамбыға аңырая қарап қалды.

 – «Аманат» дедіңіз әже… Шешен де, көсем де ел ішінде, – деп Мағдан Жұрағатұлы тағы ойлана сөз тарқатты. – Әже, мен естімеген салмақты сөз… Тауып-ақ айттыңыз! Аманат – ауыр сөз. Лайым, аманат болсын Дулат. Әумин!

 Профессор өз-өзіне серт еткендей сөйлеп кеп, өзі үшін бетін сипады. Басқалар да ана аманатына біз куәміз дегендей жүздерінде ыстық ықылас күлімдеді. Әркімнің Ақжамбыдай аналары естеріне оралып, сағыныш сезімі көздеріне мұң шілтерін торлатты. Мағдан Жұрағатұлы да аяулы анасын ойлап, жеңіл күрсінгендей болды…

 – Е-е, қарағым! Етекбасты демесең, бала десе – бауыр еті езілетін анамын. Сендей білімпаз адам күнде келіп жатқан жоқ; жатқан жеріңе сәби аунатып алар ем, реті келмей тұр. Анаға бәрі бірдей: ұл-қыздың… Десе де, ұядағы ұл мен қиядағы қыз уайымынан алысқа қанат қаққан қырдағының уайымы қадірлі… Кіндік қаны тамған жерден алыстаған соң, сіздердей жөн білер азаматқа «Аманат»! Артық айтсам, ғафу ет!

 Апасынан мұндай тілекті күтпей қалған Дулат жетекшісіне әдейі айттырып отырғандай қысылып, арқасы мен маңдайын тер жауып кетті. Қала сорып тастаған ақсары жүзі мойнына дейін күйдірілген тауықтай қызарды.

 – Апа! Апа-а! – деп қызарақтай қиналды.

 Аршын сұлу:

 – Дұрыс айттыңыз, апа!.. Ол доктор болады. Солай ғой, Магда! — деп қиыла өтінгендей кейіп танытты. – Біз міндетті түрде боламыз!

 Аманат тілектен абдырап қалған Мағдан Жұрағатұлы:

 – Жо-жоқ! Ұлыңыз – маған аманат! – деп анаға ант бергендей қысылды. – Ел анасы сіздей-ақ болсын!

 – Қарағым, заман өзгерді ғой, ер-азамат жаладан аман болсын! Ел іші елегізімесін! Қазақтың қолы қысқармасын, ниеті бұзылмасын! Ел аман болса, бәрі орнына келеді әлі… Сірне суып қалмасын. Ішіп-жеп отырыңдар! Менің тыста шаруаларым бар еді, – деп орнынан көтеріле берді.

 Сонда ғана ес жиғандай болған профессор:

 – Дулат, анаң сенің ақылды жан екен. Менің де уәдемді алып үлгерді… Тек ендігі кезек сенде: Былғары табыттан – Алтайдың алтын адамы шықсын… Әлемге әйгіленейік Аршын үшеуміз… Қазақстанды танытамыз! Алтай жері, елі мәшһүр болады дүниеге.

 Дулат не айтарын білмеді. Оны Ғазиз құтқарды.

 – Аға, одан алтын адам болмаса да, алтын қазына шығарына мен кепілдік берем, – деп тұтқиылдан араласты. – Жады Толик баяғыда Табытыны қазыпты дейді ел-жұрт…

 – Қашан? – деп қалды Аршын сұлу шыдай алмай.

 – Өткен ғасыр болып кетті ғой қазір. Он алтыншы жылы дейтін үлкендер. Олар да қазір қалмады… Солар айтатын: осы Марқа сұлу өңіріндегі қанішер кержақ Боковпен бірігіп алып, Жады Толик талай нәрсені істепті. Соның бірі – көр қазу… Екеуі Былғары табыт обасын да қазыпты, — деп Ғазиз бір әңгімеге бір әңгімені үстеп, орыс Боков туралы хикаяға Толғанбайдың көр қазуын қызды-қыздымен ойдан қосып жіберді; бір сәт өз өтірігіне сеніп қалған ол жазықсыз Толғанбайдың кержақ Боковпен бе, басқамен бе көр қазуын кім біліп жатыр деп, жалған айтқанынан қайта алмай қалып, әңгімесіне тұздықтай енгізіп, жалғастыра берді: – Ішінен дәу бассүйек шығыпты… Ай жарық екен. Ай жарығымен атқа мінген алып аруақ жетіп келсе керек. Әлгі алып: «Әй, антұрғандар! Менің басымда нелерің бар? Орнына қойыңдар да, жөндеріңді табыңдар! Әйтпесе осы арада ажалдарың менен» депті. Зәрелері ұшқан Боков пен Жады Толик дәу басты көрге жастап, қабірді жауып тастапты. Сонда бас алтынмен қапталыпты…

 – Вот чуда! Но легенда?! – деп Аршын сұлу тағы килікті.

 Профессор оған жақтырмай, қабағын кере қарады. Аршын сұлу да артық айтқанын сезіп, жым бола қалғандай болды. Жас әйел күйеуінің алақанын дөңгелек үстел астынан тауып алып, қысып-қысып қойды.

 Ғазиз әңгімесін жалғастырды. Өлген мәйітті тұрғызып жіберердей шеберлікпен қиюластырып, құтыртып әңгіме айтатын жігіттің майда қоңыр дауысы бәрін де әп-сәтте баурап алды.

 – «Антұрған Толғанбай, ғұмыр бойы басымды күзет!..» деп бұйырып, «әумин!» деп бата беріпті. Ал кержақ Боковқа «Өлсең сүйегің суға кетсін! Басың табылмай, шірісін!» деп, қарғап кетіпті… Сол бата мен қарғыс айнымай келіпті: Жады Толик жүзден асып кетті, әлі жер басып жүр… «Былғары табыт» аталған төбені күзетіп келеді. Малдан басқаны маңына жуытпайды… Боков кержақ болса, жаңа орнаған Совет үкіметіне қызыл әскер болып алыпты. Қолына қару тиген соң, тыныш жатқан елді қан қақсатыпты. Бұрын бұзақылығымен аты шықса, енді қарақшылықпен аты шығыпты. Оңашада кезіккен қазақтың атын тартып алып, қарсы келсе, «Мен өкіметпін» деп, атып та тастапты. Жалғыз-жарым жүрген қыз-келіншекке зорлық жасапты. Мына тұрған Тарлаулыда тұрыпты… Ыза-кек буған марқалық жігіттер бір күні Боковты ұстап әкетіпті. Ат құйрығына байлапты. Өліміші етіп сүйретіп, әйелдердің алдына әкепті. Сонда қаражүрек қарақшы қатындарға жалынып: «Бір жұтым су татырыңдаршы!» депті. Ашу кернеген әйелдер: «Міне, саған су! Су емес, зәрімізді іш!» деп, зәрлерін жинап беріп, аузына құйыпты… Қанішерді ит қорлықпен өлтіріпті. Ал сілімтіктің сүйегін Қатай жазығы мен Тоғыздың арасында ағатын Қарамола суына атпен сүйретіп алып барыпты… Қарамола десе – Қарамола ғой.

 Сұңғат:

 – Ғазиз, қонақтар ас алмай қалды. Сен қысқарта айтсаңшы! – деп әңгіме желісін үзгісі келді. – Ас алыңыздар! Шәй ішіңіздер!

 Оған бірақ отырғандар:

 – Айтсын! Айтсын! – деп шу ете қалды. – Әңгіменің қызған жеріне жеткенде…

 Мағдан Жұрағатұлы:

 – Сұңғат, мұндай әңгімелерді бұрын ел іші жасқанып айта алмайтын… Текті әңгіме екен. Ақиқат айтылу керек. Ауыр болса да шындық қой, – деп Ғазиз әңгімесінің жалғасуын қалады.

 Ғазиз қымызбен тамағын жібітіп, баяғының әңгімешілерінше жалғастыра жөнелді.

 – Қарамола суына кетпен-күрек ала келген жігіттер бірден іске кірісіп кетеді. Өзенді қақпайлап бұрып жіберетін жайдақ, қағытпа жер тауып, суды жалған арнаға бұрады. Өңкей көкпар тартып жүрген қарулы жігіттер қоя ма, суы тартыла қалған құр арнаның тастақты тұсын белуардан қазады. Құмдауыт пен малта тастар қабырғасын шегендеген терең көр сүт пісірім уақытта дайын болады. Мылжа-мылжа мәйітті ішіне ұзынынан тастайды. Өзенді қайта бұрып, жылдар бойы ағып жатқан арнасына салып жібереді… Ал «қаһарман қызыл әскеріміз жоғалып кетті» деп ізденген қызыл өкімет те, солдаттар да, шекарашылардың иісшіл иттері де таба алмапты. Қанішер Боковтың сазайын осылай беріпті. Қарақшы басы қара судың астында қалыпты.

 – Ел ішінде қарақшы қолға айбалта сілтер жігіттер бар ғой, шіркін!..

 Дулат шамырқанып кетті.

 – Қарғыс қарғаға ғана тимес!..

 Сұңғат та сөз қосып қойды.

 Аршын сұлу да:

 – Қарғыс тиді ме сонда? – деп қалды.

 Ол үшеуінің сөзіне мән бермегендей күймен Ғазиз әңгімесін жалғастрды, бірақ тез тиянақтады.

 – Былғары табыт обасы басында айтылған қасиетті аруақ қарғысы Боковтың басына айнымай келіпті… Жұрт та жым-жырт болып алыпты. Бірін-бірі «басын кесем» десе де сатпапты… Сатқындыққа бармапты. Өкіметтен келгендерге жақ ашыспай қойыпты.

 Әнші Ғазиз әңгімесін доғарды.

 Тыңдаушы жұрт та бір сәт сабаз мінез танытып, тым-тырыс бола қалды.

 – Иә-ә! – деп профессор тыныштықты үзді. – «Билікке емес, бірлікке сен!» деген осы. Билікпен қоқаңдаған Боков сазайын тартқаны жөн болыпты.

 Аршын сұлудың дауысы шығып қалды, бағанадан қыстығып, әрең шыдап отырса керек.

 – Алтын бас не болыпты?

 Тым-тырыс тыныштық тағы орнады. Бәрі де үнсіз жауап күтті. Ғазиз тосылып, кеуіп қалған өңешін қымызбен жібітті.

 – Аруақтың алтын басы Былғары табытта жатыр. Ол – аруақтың аманаты… Кезбе Толик кейде төбеге түнеп те жүреді, – деп Ғазиз ұзақ-сонар әңгімесін аяқтады.

 Көпшілік те кеңінен тыныстады…

 Бағлан қозының балғын етіне бүлдірген қосып, піскен қаймақ араластырған сірне дәмі таңдайларын үйірді. Аршын сұлу мен ұшқыш жігіт тамсана түсіп, қымызды да бәлсінбей жұтты. Қонақтардың ойларынан бірақ аңызға бергісіз Ғазиз әңгімесі кетпеді.

 Таңғы асты тез ауқаттанған топ тысқа топырлай шықты. Күн құрық бойы көтеріліпті. Аспан ашық, көкжиек көтеріңкі. Қалжырдың алқымы ақ нұрға малшыныпты. Түнгі шық ұшып кетіпті. Ылдида сағым ойнайды. Маңай манаурап тұр.

 Қалжыр аузы жағынан салқын леп келеді.

 – Мағдан Жұрағатұлы, – деп Дулат жетекшісіне жақын келді. – Жаңа ғана төменге телефон шалдым. Студенттер Қалжыр ауылына келіпті… Ауыл әкіміне хабарластым. Сізге сәлем айтып жатыр.

 – Жайғасу жағы қалай екен?

 – Былғары табытқа алыс емес пе? – деп сұрады Аршын сұлу да.

 – Бүгінше Қалжыр ауылында болады. Ертең Былғары табытқа барады. Арасы алыс емес. Ертең біз де таңмен жолға шығатын шығармыз, – деп Дулат өз жоспарын білдірді.

 Аршын жұлып алғандай:

 – Жаль, что! Марқкөлге жүзе алмаймыз ба сонда?! – деп өкініші мен назын білдіріп үлгерді. – Магда, мен қалайын да екі-үш күн… Суретімді салайын. Сосын барам ғой.

 Профессор жас әйелі назына құлақ аспағансыды.

 – Мағдан Жұрағатұлы, атақты ускуч балығын аулауға барамыз. Жеңгей, сіз де атқа отыруға ықшам киініп алыңыз, – деп, жетекшісін қабағынан танитын Дулат сөз ләмін аударуға тырысты.

 Оған бірақ Аршын сұлу қуана қоймады.

 Мұны байқап үлгерген Сұңғат та:

 – Аршын жеңгей, атпен бүгін серуендеп қайтыңыз. Ускучтың қызыл икрасын ұстаған жерде жейсіз… Марқа да қашпайды, оны да қыдырарсыз, — деп дәмелендірді.

 Үндемей келе жатқан Ғазиз де:

 – Қайық та дайын. Балық та аулаймыз, — деп қалды.

 Бұл сөз құлағына тигенде Аршын сұлу:

 – Магда, мен осында қалам, – деп, күйеуіне батыл айтты. – Сіз де ауылға барып, қайтып келіңіз!

 Профессор жас әйелдің жын қуған сылаң мінезін білгендіктен «жатарда сөйлесермін» деп ойлады да, бөгде жұрт көзінше келіскен сыңай танытты.

 – Жарайды, қалқам! Ертең көлге барасың.

 Аршын сұлу профессордың мойнына асыла кетіп:

 – Рахмет саған, Магда! Мой любимый! — деп бетінен сүйіп алды.

 Жастық жалыны жанын үздіктіріп, қызулы тәні тоят таппай тұрған Аршын сұлу киіз үйге қарай жүгіре жөнелді. Киімін ауыстырып алуға асықты.

 Уылдырық шашатын балықтай бұлаң қаққан бедеу арудың соңынан ұрлана көз жүгірткен Ғазиз бен Сұңғат профессордан аулақтап, кермеде байлаулы тұрған аттарға қарай жүрді. Дулат қана олардың бұлықсыған бедеуге құмартқан көзқарасын байқаса да байқамағансыды… Жетекшісін жетектеп, киіз үйге шейін апарды.

 Көңілінде профессорға деген аяушылықпен қоса, ағасы мен сыныптасының ұрыкөз қылықтарынан қарадай ұялушылық сезім қатар бас көтерді. Жетекшісі алдында өзін кінәлі адамдай сезінді. Профессор түсін билеп, сыр білдірмеді… Киіз үйдің сықырлауығын ашып, ішке еніп кетті.

 Дулат керме жанында қарқылдай күлісіп, темекі шегісіп тұрған ағасы мен құрдасына қарай жүрді. Табан астында ат шашасын көтерер күреңше майысып жатты.

Келе сыныптасы Ғазизге бас салды.

– Қатынқұмар! – деді жағын жанып: – Жолаушы болма! Ол сенің теңің емес.

– Ол да оның теңі емес, – деді Ғазиз де. – Күйлеп жүр… Менің кінәм не?

– Ұятқа қалдырмашы! Жетекшіме обал!

– О баста ойлану керек еді. Жас қатын – жалбағайдікі…

– Жә-жә, жігіттер! Үндемесем, аға тұр, жаға тұр дейтін емессіңдер ғой… Қойыңдар! Әзірге намысқа тиер ештеңе болған жоқ. Сен де Дулат шамдан ба! – деп Сұңғат сабырға шақырды.

– Сәке, намысқа тиіп, қанды қоздырып жүрген қаншықтың өзі… Ондайда еркек емеспіз бе, сезімді шабақтамасын!

Дулат шарт кетті.

– Сен не, құнажын күйледі деп, артыла бермексің бе? Әлде ол маған күйлемей жүр дейсің бе? Шыда! Азаматтың басын сыйла!

– Дулат, қайдағы бір қатын үшін қырылмайықшы! Мен саған уәде етейін, шалдың көзінше «смирно» жүрем. Ал оңашада жолығыссақ, ренжіме!

– Тфу! Саған дауа жоқ… Әйтеуір, бүлдірмеші!

– Етегін көтерсе, есек те қарап тұрмайды… Қызталақ қатынды аямашы! Талайды көрген ғой… Мені де көргісі келеді де, – деп Ғазиз қыршаңқы тілімен қыршып алды.

– Дулат, – деп Сұңғат амалсыз араласты. – Доғарайық. Қонақ екенін ұмытпаңдар! Абырой бізге керек.

– Қонақтың «көңілін» қалдырмау керек қой… Барлық жағынан да разы қылайық! – деп Ғазиз тағы да тілімен шағып алды.

– Қалжыңды қой! Профессор әлемдік жаңалық ашу үшін келіп отыр. Елге жайылып жүрме!

– Жайылмай жүрген жайым жоқ. Одан несін қысылам! Қатыным құтырық ауру, жармес науқас екенін ел біледі… Маған сөгіс жоқ. Қу тіземді құшақтап жүрмін. Бір қысыр қатынға көңіл аударсам, несі айып!?

– Жігіттер, болды. Қонақтар келеді, – деп Сұңғат екеуін де тыйып тастады.

Мектеп қабырғасынан бақталас өскен екеуі басы қосыла қалса, қырқысып шыға келуші еді. Қазір де сол әдеттеріне сылқым әйел қылығы май құйып жібергендей көрініп кетті.

Ғазиз сыныптасын Күршім Мәдениет үйінен Сұңғатқа айтып алдырған Дулаттың өзі болатын. Енді амал жоқ, тілін тістеп тұр. Орақ ауыз, от тілді сыныптасының тағдыры тайқы болғаны рас. Сүйіп қосылған жары да музыкант еді, тұңғышын тапқанда қызыл шудан көтеріліп кетті… Содан да іші күйікке толы.

Мағдан Жұрағатұлы Аршын сұлуды ертіп келеді деген Дулаттың үш ұйықтаса ойында жоқ еді. Жетекшісі «Ол Астанада қалады. Ақмола өңіріндегі ауылына баратын шығар» деп, мұны мамырда-ақ сендіріп тастаған-ды. Арқадан «Жеңгең Алтайды көруге, Былғары табытты қазуға келе жатыр» деп ұялы телефоннан әуежайда тұрып хабарлағанда, «Қап! Ғазиз қырындап, әуіре етеді-ау!» деп өкінген.

Ал Ғазизді қайтару кеш еді… Амалсыздан дәмді ауыл әңгімесін айтып, әнін шырқап, профессордың ішін пыстырмас деген оймен де еріксіз өзін жұбатқан.

Құлын мүшесі шиыршық атып, спорттық киім тәніне жабыса қалған, басындағы кепкі жараса кеткен Аршын профессорды қолтықтап, суда қалқыған қаздай жақындады. Еркек көзінің құртын жеді… Профессор да сұлу әйел адында масаттана түсіп, алшаңдай басты. Басында шляпа, үстінде ине-жіптен жаңа шыққандай спорттық костюм.

 Ғазиз ғана «Мына сайқалдың сынықсуын-ай!» деп, зығырданы қайнайды…

 – Кеттік! – десті Аршын сұлу.

 – Кеттік! – десті Ғазиз әнші.

 – Маған жүйрік ат керек. Шабан емес – резвый! – деп Аршын сұлу таңдау айтты.

 – Жеңгей, жығылып қалмайсыз ба? – деп Сұңғат қауіптеніп қалды.

 – Һа-а! – деп, Аршын менсінбей таңырқатты. – Мен чемпионмын ғой.

 – Жеңгелерің ат спортынан қала чемпионы… Қорықпай бере беріңдер аттарыңды!

 – Тақымды болып шықты ғой… – деп қалды Ғазиз.

 – Тақымым берік, – деп Аршын да Сұңғат ұсынған жүгенді ала берді.

 – Оны қазір байқаймыз! – Ғазиз де іліп қалды.

 – Байқасақ – байқайық! – Аршын сұлу да көзін қысып, жігітті шарықтай жанып қасарды.

 Сұңғат:

 – Жеңгей, бізде шабан-шардақ ат жоқ, – деді, шамданса да шыдап: – Тау жылқысы сергек келеді… Мына ат құтырып тұр. Басы жұмсақ.

 Ер қасына қол арта бере Аршын сұлу ақ тиіндей жеңіл қарғып, ертоқымға сарт ете қалды. Пұшпағы қанамаған келіншек серіппелі тән ширақтығын танытты. Атпал азаматтар еріксіз сүйсіністі.

 Бәрі де үндеместен атқа қонды…

 Сол-ақ екен үзеңгіні тебініп қап, Аршын сұлу топтан суырылып шыға берді. Астына мінген жирен ат та ауыздыққа езуін жыртқызбаған мал еді. Шашасын шалғын тарап, жалын жел қағып, құстай шырқады.

 Аршынмен бірге Сұңғат пен Ғазиз аттары да ытырыла жөнелді. Бір сәт қалыс қалған профессор мен Дулат та қамшы басты. Құйма тұяқ қылқұйрықтылар сілтей шапты. Жануарлар ұзап бара жатқан жиренге жете алмай, үздік-создық келеді.

 Бәрінің алдында – аппақ киімді Аршын сұлу… Бәйгеге шапқан баладай еңкейіп алыпты.

 Шүмектің шаңқан жазығы жануарлардың бауырын жазды. Қапталдағы қалың шырша дөңгелене қалып жатыр. Сұңғат та, Ғазиз де Аршын сұлуды қуып жетпесе, Табалдырық алдындағы шомбал тастарға барып киліге ме деп қауіптенді. Екеуі де ат сауырына қамшы үйіріп, тау төсінде айқайға басты.

 Сұңғат:

 – Қап, әкеңнің аузы… қаншық-ай! – деп боқтап та жіберді. – Бас, Ғазиз! Бас! Жирен ұшқыр. Сенің атың алысқа шабады. Жиренді қуып жетесің! Барлығады қазір… Шап!

 Ғазиз де:

 – Жетем! Жетем! — деп айғайлап, ұзай берді.

 Олардан көп қалыс қалған Дулат пен профессор ештеңені ести алған жоқ. Алдағылар жазаң бетіндегі дөңесті асып, лезде көзден ғайып болды. Профессор жүгенді тартып, басы айналып келе жатыр еді. Біртіндеп желіске түсіріп, амалсыз солқылдаған текіректен тоқтауына тура келді. Оған қарайлай шауып келе жатқан Дулат та озып барып, қайта айнала кері бұрылды.

 Қызып алған аттың басын шаужайлап:

 – Мағдан Жұрағатұлы, сізге не болды?! – деп шошына сұрады.

 Ер қасынан ұстап, ат үстінде әрең отырған профессор:

 – Басым айналып барады… Түсір! – деп зорға айтты.

 Жүзін тер жауып, өңі бозарып кетіпті. Дулат аттан секіре түсіп, қолтығынан демеді. Салмағы ауыр Мағдан Жұрағатұлы Дулаттың иығына асыла ауып түсті.

 – Дәрімді!.. – деді жетекшісі зорлана.

 Дулат шындап шошыды. «Алтайға алып шығып, ажалына себеп болмайын» деген ой санасын сілкіп өтті… Профессор да шалқасынан жата кетті. Дулат пластик құтыны темір сырмалы қалтасынан алып, тіл астына шашып-шашып жіберді.

 Шәкірті ұстаз-жетекшісінің басын көтермек болып еді, ол «қозғама» деп ишара білдірді. Көзін жұмып, көк жасаңның үстінде қол-аяғын керіп, ұзақ жатты. Дулат та үндемей, ақырын күтті. Жетекшісі де еркін тыныстағандай болды.

 Күн де жадырап, сұлу төңіректі сәулесімен аймалап тұр еді…

 Ал бұл кезде Ғазиз бен Аршын да қатарласып, жігіт ағасы барлыға бастаған жиреннің шылбырынан алып, бұрып әкетті. Көлден қотарыла ағып, Табалдырық бетімен таси сырғып жатқан Қалжыр аузындағы өркеш-өркеш жақпар жартастарға жеткізбеді жиренді.

 Алқына шапқан арғымақтар Аршын сұлу мен Ғазиз әншіні алып қашқандай ытырыла шауып, күңгей алаптағы қалыңға ойысты. Олардың соңын ала жеткен Сұңғат «Тоқта!» деп Ғазизге айтқысы келді де, оның ендігі жерде қайырылмасын сезіп, атының басын ірікті. «Барсын! Зарығын бассын!» деп ойлады. Артта қалған Дулаттар әзірге жете қоймасын межелеп, «Әй, Ғазиз-ай!» деп іркіле берді… Артынан баруға ар санады. Екеуін де өз арларына тапсырды.

 Күткен профессор мен Дулат бірақ төбе көрсетіспеді…

 Ал Аршынға алқын-жұлқын жеткен Ғазиз орман арасына қарай аттарды бұрып әкетті. Қарағай ішіне ене бере ат үстінен Аршын сұлуды құшақтап, «Келші, жаным! Күткенім сен екенсің ғой… Сүйші, сәулем!» деп аймалай берді. Қосарласқан аттардың ауыздықтарын тартып, атүсті екеуі де қысылмай, қымсынбай сүйісіп қалысты… Ат тұяқтары ғана самырсын иісі аңқыған ағаш арасында айналақтап тыпыршыды.

 Көлеңкелі қарағай арасында күн нұры селдірей құлайды.

 Аршын тұншыға сыбырлап, «Кейін… реті келер!» деп үздіккен сезімін сабырға жеңдірді. Жігітті де кеудесінен итеріп, алыпұшпа арынын басты. «Қой енді! – деп қайырып тастады. – Ұят болады! Кейін өзім… бәріне де жол табамын!»

 Көзі алды бұлдырап, асау сезім нәпсісін атүсті шабақтаған Ғазиз еліріңкіреп бара жатқан соң, Аршын сұлу қамшымен тартып-тартып жіберді. Сонда ғана ол есін жиып алғандай болды. Қалт тоқтап: «Сука! Мә саған!..» деп, қамшымен жеңіл ғана сипай салып кеп жіберді. Жон арқасын жанай өткен қамшы ұшы артқы ер қасына тиді.

 Салмақсыз жанап өтсе де, Аршын өтіріктен шар ете түсті…

 – Кешірші, жаным! Құлың боп өтейін!

 Ғазиз атын тебініп кеп, жас әйелді айқара құшақтап алды. Аршын сұлу да әлсіз бұлқынып қап, жігіт ағасы құшағында солқылдап кеп жылады. «Бақытсызбын мен! Махабатты аңсаушы ем, жолықпады жасымнан… Қорлық, зорлық көргенім! Сені азамат деп ойлап ем?!» деген сәтте, Ғазиз сұлу әйел сөзіне шекердей еріп, «Ешкімге де бермеймін, жаным! Қандай тәтті едің! – деп ернінен өбіп, еміреніп кетті. – Әнім сенсің, Аршын! Жаным садаға! Құрбаның болайын! Аршыным! Аршам!»

 Қармағын қапысыз қаптырғанын сезген Аршын сұлу қайта ойнап шыға келді. Құшақтан балықтай бұлқына құтылып:

 – Ертең көл үстіне шығамыз ғой, – деді жасын жанарынан домалатып. – Сені серік етемін… Анау Сұңғатты жолатпашы қайыққа! Суқаным сүймейді.

 – Аршыным – арманым!.. Екеуміз ғана қыдырамыз. Белің қандай қиылған?! Білегің қандай оралған?!

 – Сүйіп қалдым сені – Ғазиз!.. Дауысыңды сүйдім! Ерге тән мінезіңді сүйдім! Күйдірмеші енді! – деп, жиренді тебініп қалып, еркек қасынан сытыла жөнелді.

 Салма бұтақты қарағай ішінен әлгінде шауып келген жаққа қарай шыға берді.

 Ғазиз:

 – Ақылдым менің! – деп, сылқым сұлудың соңынан еріксіз ере жөнелгенін білмей қалды.

 – Қуып жет! Хи-хи! – деп, сыңғырлай күліп, ер-азаматты ынтықтыра түсіп, тағы бір өнер шығарды.

 Желе шапқан Аршын бұларды асықпай күтіп, атын көкмайсаға шалдырып тұрған Сұңғатқа суырыла жетті. Ол күле қарсы алып:

 – Нағыз шабондоз екенсің, қарындасым! – деді. – Қуып жете алмадық қой…

 – Қайдам, нағыз жігіт жетпей қоймайды. Нашарсыз да, – деп, әлі де алқынып тұрған атымен мұны шеңберлей айналып шықты.

 – Әлгі балығыңыз қайда? Тірідей уылдырығын жейтін…

 Қастарына асықпай келіп қалған Ғазиз:

 – Күйеуің келсін, балық кашпас! – деді жорта түк болмағансып.

 – Магда жаным, жайбасар!.. Бәрінен құр қалып жүреді, өстіп…

 – Құр қалғаны – сіз болсыңыз, тұлпармын деген тақымды азаматтар – есек те, – деп қалды қыршаңқы тілді Ғазиз шыдай алмай кетіп.

 – Сұлуды сүю үшін тер төгу керек, — деп Сұңғат та қостағандай болды.

 – Отқа түсу керек!.. – деп, Аршын астындағы тықыршыған жиреннің жүгенін тартқылады.

 Ғазиз:

 – Байың отыңа күйіп қалғаны көрініп-ақ тұр!.. – деп кекете қызғанып қалды.

 – Иә, күйіп қалған… Күйген жүрегі – сүйген! – деп Аршын сұлу жігіт шамына тиіп алды. – Қиналмай-ақ кандидаттық қорғатты… phd доктор да болам! Оны маған туған әкем де істей алмайды.

 Ғазиз тосылып қалды…

 Сұңғат екеуінің бір-бірін жақсы көре тұрып, бір-бірінің намыстарына тие сөйлегендеріне таңырқап, өзара қызғаныштарына қызыға қарады. «Құмарлары басылмай, сезімдері тарқамай тұр-ау!..» деген ой құйындай соғып өтті. Жаңа ғана қарағай арасындағы апаш-құпаш құшақ айқастырысқаны екеуін де шала өкпелетіп, жандарын жаралап кеткенін түсінді. Қолың жетпеген соң, найзағай отындай қысқа сезім күйігі басылмайды… Бұл да ондайды бастан кешкен.

 – О, Магдалар көрінді!

 Аршын профессор күйеуіне қарай шаба жөнелді. Олар аттарды аяңдатып, жүгенді бос тастап, соны шалдырып келе жатты.

 – Тфу, сайтан! – деп Ғазиз әрі сүйсіне, әрі ызалана буынды. – Сәке, мына қатын мені өлтіретін шығар… Қайдан ғана кез болдым?! Дулат мен үшін әдейі алып келгендей… Тұла бойым өртеніп барам!

 – Қой, бауырым, шатылма! Ыстық-суығың басылмаған жас емессің. Қатын да құшып, бала да сүйген азаматсың. Не болды сонша, басыңды жоғалтып?!

 – Білмеймін, Сәке! Ағамызсың ғой… Тап мынандай сайтанды көрмеппін?!

 – Көрмесең – көрдің, міне! Тыныш жүр!

 Сұңғат та ат басын қонаққа бұрып, алдарынан шықты. Мағдан Жұра­ғатұлының өні қызарып, беті албырап кетіпті. Сұңғат тіксініп қалды.

 – Аға, сізге не болған?

 – Қаныңыз көтеріліп тұр ғой, – деді Ғазиз де.

 – Ә, абыржымаңдар! Қымыздікі. Қысым да бар тауда, – деп профессор бұларды тыныштандырып тастады.

 – Дулат, телефон неге шалмадың? – деп Сұңғат сонда да сасқанын сездірді.

 – Мен оған… шалдырмадым! Аршын шошып қалар деп…

 – Магда, абай болшы! Сен төсек тартсаң, я не переживу!

 Аршын сұлу күйеуіне қиыла қарады…

 Профессор да сыр білдірмеуге тырысып:

 – Қане, жігіттер, ускучка барайық! – деп атын тебінді.

 Дулат профессордың аттан түсіп, күреңше үстінде жүрек тұсын уқалап, ұзақ жатқанын жасырып қалғандай болды… Жетекшісінің өзі де жұртқа білдіргісі жоқ екенін байқаған соң, жақ ашпауға тырысты. Аршынның сезбегені де жөн. Кім білсін, жас әйел Астанаға қайту керек деп, мұның жылдар бойы санасында сарымайдай сақтап, ғаламат археологиялық жаңалық ашсам деген жоспарының күл-талқанын шығарып жүрсе… Аш құлақтан тыш құлақ. Жетекшісінің коньяк ішкіш жүрегі шыдауға тиіс. Бұдан зорғыны көрген ол зорығып кетпес.

 «Зорықса – аттай жүрегі Аршындай жас әйелден зорығар» деген әзәзіл түйінге келген-ді…

 Жылдам қан қысымын түсірген шашпа спрей дәріден кейін профессор бұларға жеткенше атқа мініп, сергіп те қалған. Енді ештеңеге қарайламай, Сұңғат тасыған Қалжырға қарай тартты. Жол жорғалы аяңы бар атқа отырған Дулаттың жетекшісі шалқар шабыстан кейін кәрі қырандай қомданып, қанаттанып алған.

 Ал жастар жағы күліп-ойнап келеді…

 Аршын сұлумен алма-кезек қысыр қалжың қағысып қалады. «Жеңгей, жер түбінен келіп тұрсыз. Қалжырға батырып аламыз» деседі. Ол да «Несі бар, мен түспеген су бар ма? Түркиядан бастап, арап пен мысырлықтың, қытай мен үндістің, грек пен малайдың суын кешіп, дәмін татқанмын… Марқаның суы таңсық емес!» деп, зілсіз мақтанады.

 Ықшам киінген адамдарды Шүмек жазаңы самалы қағып қояды. Бүлдіргені пісіп, балығы уылдырық шашып жатқан жұмақ шақ. Марқаның қалғымайтын күзетшісіндей ақбас Азутау андағайлап, Қалжырдың көлден шығар аузы мен атпен серуендеген жүргіншілердің желкесінен сұсты қарайды.

 Көлдің үйрек тұмсығындай сүйірлене біткен жалпақ аузынан жігіттей жуасып шыққан Қалжыр суы мәрмәр Табалдырық бетімен сыпырыла сырғып, Марқа сұлудың аппақ алқымын аймалай сүйіп, аялай жуып жатыр. Момын Қылжыр өзені Табалдырық бойымен екі жүз құлаштай жайымен жылжып барады да, бірден еңістеп кетіп, түйе ағызар тасқынға ұласады. Ары қарай асау Қалжыр бір шақырымдай екпіндеп барып, халық Көлденең атап кеткен бұрма таутұғырға тіреліп, ашулы аюдай арқырай соғылады.

 Сұңғат қонақтарды аткөпір алқынып жатқан осы тұсқа әкеле жатқан. Бұл ара тасқынды болғанымен, балығы ағыс бетімен ұша жүзетін ғажайып суретімен де ерекше еді. Ағын жүзімен құстай ұшатын қанатты ускуч көз алдыңда үйір-үйір болып, құлаған су ағысын қанжарша жарып, мәрмәр Табалдырық бетіне қайтсе ілігуге асығатын. Сол жолда бар күштерін сарп етіп, ұрпақ шашу үшін ұлы күресін мәңгілікке тоқтатпайтын. Мыңдаған жылдар бойы ұшқыш балықтың азапты жолы армансыз қайталанып жататын.

 Биыл да бұл сұлу сурет сұрапыл су ағысында мамыр туа сызылып жатты…

 Судың тұнығын сүзіп ішетін, шөптің сонысын таңдап жейтін жылқы жануар мен бастаудың басын, қоныстың құйқалысын таңдап қонатын алтайлық қазақтар секілді еді ұшқыш-ускуч балықтар да… Қара қанат, бұла балық қырық қатпарлы Қалжырдың қырық құлаш құлама күркүреуінен шағаладай ұшып шығып, қырық батпан ағыстарын қылыштап турай жүзеді.

 Қаншама баспалдақты Табалдырықтарын сұңқардай ұшып өтіп, қаншама шат-шатқалының бұрма-бұрылысындағы шұңғыма иірімдерін кесіп, бұлғақ күн мен түнді басынан кешіп, шымырлай тынып жатқан Марқа сұлуына жетеді дейсің… Ал Марқаның өзі мың сан бұрымды сұлудай, жон жайлаудың басында бұрқылдап, жер астынан мұздай болып қайнап шығып жатқан ерке бұлақ, мөлдір қайнарлардан құралатыны белгілі. Қалжырдан көтерілген ұшқыш-ускуч балықтар мұнда да тоқтамастан көлге құятын арқалы өзендерді өрлеп, сол өзендерден сан тарамдана тарап жатқан таяз өзенше-өзектерге жетіп, жаппай уылдырығын шашады.

 Дүние жаралғалы бері білектей ұшқыш-ускуч балыққа тиесілі таңғажайып таңбалы тағдыр айнымай қайталанып келеді… Әлі де Алтайдай әсем әлемде қайталана береді. Ал Аршын сұлу мен Мағдан Жұрағатұлы сияқты адамдар да шәйі жібектей Шүмекке бір келіп-кетуін доғармас.

 Алып аңғар шатқалға салт аттылар қырғауылдай қиялап түсті. Жалғыз аяқ соқпақпен қаздай тізіліп келеді. Тау қиясында құлын кезінен тұяқ тоқтатқан жануарлар жазбай басады. Аршын сұлу мен профессор ғана жүрексініп қояды.

 Жүрексінетін де жөні бар. Алба-жалба аңғарды жаңғырықтырып Қалжыр дауысы құлаққа келеді. Жан-жағыңда қара-құла жартастар аңғал-саңғал арбияды. Қазір құлап кететіндей еңкейе опыраяды. Қарағай аралас сап түзеген қайың-терек, шілік-тал орманы басып, ұсақ қараған, итмұрын аралас өскен ұшқат-қарақат жынысы бұлар бауырлап келе жатқан соқпақты қос қапталынан қысып тастапты. Арасынан Алтайдың ақтөс қара аюы мен қоңыр аюы, аламойнақ аюы мен сүлей сілеусіні, бұлаң құйрық барысы шыға келетіндей көрінеді.

 Аршын сұлу төңірекке үрке қарайды…

 Ұңғыл-шұңғыл шат іші де салқын екен. Тоңазып та келеді. Қалжыр суынан ылғал білінеді. Түс ауып бара жатса да, терең шатқалдың тік қабақ қия қабырғалары көлеңке тартыпты.

 Кешікпей қия шатқалды құлдай арқыраған асау ағыс үстінен шықты. Үйдей тастар мен атам заманғы ағаштардың тамыры дөңкиіп жатқан түйетайлы жағаға кез болды. Бәрі аттан түсіп, күліктерді шеткерек апарып, ауыздықтарын алып, жайыла алатындай етіп жігіттер шылбырлап тастады.

 Қалжыр өзені иен жатқан көрдей шатқалда жын шақырғандай үрейлене өкіріп, дем ала алмай желігеді…

 Сұңғат суға жақын бармай, тоқтаған жерде тұруларын айғайлай өтініп, Ғазизді ертіп, қалың жынысты ыра ашып, қабырғаға көтеріліп кетті. Мағдан Жұрағатұлы біртүрлі салқын сезім билеп, көңілін қоңылтақсыған бір күй биледі. Осы жерге жастармен несіне елігіп келдім деген ой да бір бүйірден мазасын кетірді. Аршын сұлудың көңілінен шығам деген намыспен желпілдегеніне өзін кінәлап та тұрды.

 Олар да аз уақытта айналып келді. Қолдарында ағаш сапты қауға ау – сүзекі мен бүгінгі күннің керемет қармақтары. Сұңғат балық аулайтын құралдарын жоғарырақ апарып, жемтігін көміп қоятын аюдай жасырып қойса керек.

 Сұңғат:

 – Қалжыр бүгін ашулы екен, – деп айғайлады. – Менің ізіммен жүріп отырыңдар. Көктасқа барамыз. Оңға, солға бұрылып кетпеңіздер. Қауіпті!

 – Алысқа бармаймыз ғой?!

 Аршын сұлу дауысынан үркініш білінді.

 – Жоқ. Елу метрдей… Абай болыңыздар!

 Өзен гүрілі құлақ тұндырады. Олар балапандй тізіліп, Сұңғатқа шұбай ілесті. Қалың шілік талды айнала, қабырғалай жүрді. Белуардан өскен шөп аяққа оратылса да, шілік-тал арасындағы сүрлеу сорабы айқын. Төмен қарай түскен сайын өзен бойы да тік бола берді.

 Шырмауықша ширатылған сораппен шілікті тал арасынан шыға келгенде, алдарынан сұмдық сұлу, сұмдық сұсты сурет қарсы алды…

 – Паһ, пәтшағар! – деген профессор дауысы жарықшақтана шықты.

 – Страшно, папочка! – Аршын сұлу да қорқыныштан күйеуін бас салып, бетін жауырынына басты.

 – Қорықпаңыздар! – деп Сұңғат басу айтты.

 Ғазиз бен Дулат та ел айта беретін Көлденеңді көрмеген. Шүмектен лақылдай құлаған тарлан түс Қалжырдың құдіретті ағысы көз алдарында көкірекке қорқыныш ұялатып еді.

 Бәрі де шатқалды бойлай, қабырғаны қиялай атпен түскенде, қалың орман қапталдары күргейлеп, байқай қоймапты. Төбе тұстан бүркітше сорғалап түскен өзен ағысы бұлардың жанынан жанай өтіп, төменде Көлденеңге бар пәрменімен ұрылып жатыр екен.

 Кесе көлденең түсіп жатқан Көлденең – тәңірінің құдіретімен қойылған таутұғыр – күңіренген шатқалды тоқсан градусқа жалт бұрыпты. Таутұғыр қылтанақсыз қия мен қорымды жартастан құралған қара құз-жота болып шықты. Таутұғыр болып кес-кестеген Көлденең түбі – аузынан жынын шашып жатқан жалмауыз иірім екен. Иірім айналасын қиядан құлап, биіктен ағып келіп, жағаға толқынның жойқын қуатымен шығып қалған мыңжылдық қарағай мен ағаштардың салындысы басып жатыр.

 Төңірек толы жын атқан жыныс пен қу сөңкелі ну орман. Биіктен бурыл тартып, көбік шаша сумаңдаған Қалжыр осы ұлыжіңгір табиғат аясында Көлденең иірімінен шөлін қандырып жатқан аждаһаның тілі тектес.

 Арыстандай арқыраған Қалжыр өзені мен күркірей күңіренген шатқал Сұңғаттан басқасының аптығын басты… Қысаң арнамен құлаған су толқыны бетінде күміс қанаттары күн сәулесіне шағылып, бұрала билеп, бауыры бірде тиіп, бірде тимей ұшқан ұшқыш-ускуч балығын бұлар байқап та үлгермеді.

 Қалжырдың құдайы қонақтары қия алаңқайға тоқтасты.

 – Анау жатқан жалпақ көктас бетімен барып аулаймыз, – деді Сұңғат. – Дулат сен ағаға көмектес. Ғазиз сен жеңгейді байқа! Өткенде келіп, бұл араны аршып кеткенмін, аға, сізді алып келемін ғой деп…

 – Мұнда жылда балыққа келесіңдер-ау?!

 – Әрине аға! Ата кәсіп қой… Мамыр туа майқанға шығамыз.

 – Қалай? – деп қалды Ғазиз де.

 – Ускучка дегенім ғой.

 – Майқан емес, майдан деші…

 – Қорқынышты екен?

 Аршын сұлу әлі де қорқып тұрғанын білдірді.

 – Сен суға бармай-ақ қой. Еркектер де жетер, – деп Мағдан Жұрағатұлы жас әйеліне алаңдады.

 – Қорықпаңыз, аға! Суға мұндай сұлу жеңгейді жібере қоймаспыз… Одан да өзім… өзіміз суға кетейік! – деп, Ғазиз қалай қыстырылып кеткенін аңдамай қалды.

 Ішінен «Қап, мынаны-ай!» деп, Дулат:

 – Мағдан Жұрағатұлы, саспаңыз! Біз бармыз! – деп, Ғазиз қалжыңын елемеген күйге айналдыруға тырысты.

 Профессор да жігіттер сөзін елемеген кеп танытты…

 – Аға, – деді Сұңғат, – соншама алыстан келіп тұрып, Қалжырдың ұшқыш балығына қармақ қаптырмай кету – жеңгейге емес, сомадай боп жүрген бізге сын!

 – Майқан дедің бе? Майдан дедің бе? Шошыттың ғой жеңгеңді!.. – деп Мағдан Жұрағатұлы жаңағы Ғазиз сөзіне қарымтаны Сұңғатқа айтқан болып қайырды.

 «Аһ, қумүйіз! Тегін алпыстан аспағансың ғой…» деп, Сұңғат Аршынға қарата сөйледі:

 – Жеңгей, бып демеңіз! Қармақ салсаңыз – болды… Ускуч ұшып келіп өзі қабады.

 – Солай ма? Онда мен дайын!

 – Сіздей сұлуды балық емес, Марқа барысы да бас салады! – деп, Ғазиз қалжыңға сүйеген болып, профессордың әлгіндегі сөз ләміне тие қыжыртты.

 – Қойшы, Ғазиз! Барысың не? – деп, сызыла қалды Аршын сұлу.

 – Барыс та бар мұнда… Тек жолықтыру қиын. Қыста жылқыға түнделетіп, талай тісін қандаған. Тай-құлынды опат қылған, – деп Сұңғат қостап қойды.

 – Азутаудың барысы соңғы жылдары «Шүмек пен Қалжырға дейін түсіп жүр» дейді ел де, – деп, Дулат Астанада жүрсе де, ауылдағы жаңалықтан хабардар екенін аңдатты.

 – Дулат, алдымен қармақ қаптырайық! Сосын сүзекі де сүзер… Мен Көктасты байқайын! Қармақтарды дайындай бер!

 Сұңғат інісіне тапсырма беріп, суға қарай кетті. Қиялай барып Көктасқа шықты. Сүйірлене біткен мәрмәр тас Қалжырдың шетіне жебенің ұшындай батып, үшкір тұмсығын тасқын су шылап жатты…

 Тұмсық үстін ала шоршып ұшқан балықтар көзіне оттай басылды. Сол-ақ екен құмарлығы оянып жүре берді.

 – Дулат! – деп айқайлады. – Қармақтарды әкел! Аға, жеңгей, сіздер де келіңіздер! Балық салатын қапты ұмытпа!

 Көктастың маңайы қолайсыз көрінді. Доңғал-доңғал тастар домалана жатыр. Арасын су аралап, көбік ата ұрғылайды. Әрі қарай тереңдеп кетіпті де, құлай жөңкілген толқын жүзінде қарсыласа ырши секіріп, ұша көтеріліп, жанталаса жүзіп бара жатқан ускуч-ұшқыш балығы көз жауын алады. Делебеңді қоздырады. Есіңді алып, әлдебір азарт сезім иітіп әкетеді.

 Олар жайлап келіп, Көктасқа шықты. Сарылдаған су дауысы құлақтарын жапты. Бір-біріне айқайлап сөйлесуге тура келді. Қалжырдың құла тасқынына қарап, естері шығып кетті.

 Дүниені құла тасқын басқандай күйге енді…

 Жоғары қарай қабыршақтары күнге шағылып, қанаттары жебедей қаулап, үйір-үйірімен ағысқа қарсы ұша жүзіп жатқан балықтарды қызықтап, әлде не айтыса айқайлап жатты. Қонақтардың естері ауып қалып еді. Мынау қысаң шатқалды әлемде қайталана бермейтін ерекше құбылысқа тап келген-ді.

 Құстай ұшқан ұшқыш балықтар шағаладай шарықтап, биік жалды тайқы толқынға бой бермей, бірін-бірі ықтай жүзіп жатты. Әуеде қанаты талса алмасып отыратын жыл құстарындай, балықтар да алапат ағысқа қарсы алмаса жүзіп, тасқын толқынын жарып жатыр еді.

 Дүние су сарыны мен адам шуынан шұрқырап тұрды…

 Талмастан ұшып жеткен ускуч-ұшқыш алдымен Ғазиз қармағын қапты. Іле Аршын сұлуға да ілікті. Ал профессор қармағына ілінген білектей балық бұлқына беріп, езуі ерек жырылып, уысынан шығып-ақ кеткені… «Қап, сайқал-ай!» деп дауыстап жібергенін өзі де ұқпай қалды.

 Кешікпей бәрі де ұшпа балыққа қарқ болысты. Жеңді білектей келген балық қап түбін қампайтты. Аршынн сұлудың саусағындай сүйрік ускуч-ұшқыш ағынды ыра жүзуге арнайы жаратылғандай… Сарғыш бауырлы, бүйірінен жонына дейін шұбартқан барыс теңбілді, қоңыр-құла түсті, қызыл қанат балық сұлу-ақ. Оның сұлу бейнесіне қарап жатқан ешкім жоқ. Бәрі де қармақ қызығына батып, пендеуи құмарға беріліп кеткен.

 Бұл кезде Сұңғат бөлініп шығып, от жағып жатыр еді. Дулат інісі жеткізіп берген бес-алты балықтың ішін жарып, қызыл уылдырығын алды. Уылдырыққа аздап тұз сеуіп, үгітілген ащы усарымсақ септі. Ал балықтарды қабыршағынан тазалап, шағын мескейге тоғытып, отқа қойды.

 Осының бәрін лыпылдатып, спорлықпен тез бітірген соң, қияға көтеріліп кетті. Қармақшылар мәре-сәре болып жатқанда, тас астына тығып қойған рәзіңке комбинезонды киіп келді. Кеудесіне шейін киген су өткізбес рәзіңке киіммен өзенге түсті.

 Қолында – қарағай сапты сүзекі…

 Суға жарым-жартылай батып жатқан шомбал тастар мен шоқпар тастарды қалқалап, ағысқа қарсы тұрып, сүзекті ұмсына салды. Ағысқа қарсы жанкештілікпен ұша жүзген ускуч үйіріне қарай бағыттады. Атам заманнан сүзекімен сүзген жұрттың ұлы ғой, балық үйірін жазбай басты. Бір үйіріп алғанда-ақ бес-алтауы сүзіліп шықты. Балықтарды беліне байлаған кенеп қап ішіне салды.

 Оның мына құралын байқаған қонақтар өзара таңданысып, қармақтарын ағысқа лақтырысты. Сұңғат сүзекіні үш қайтара үйіріп, уылдырыққа буаз балықты өзіне жетерліктей алды да, бойын қармай бастаған Қалжыр суынан шыға берді. Көктас үстіндегілерге де айқайлап, қия алаңқайдағы ошақ басына шақырды.

 Күн де еңкейіп кетіп еді…

 Шатқалдың қабырғалары бауыры қарауытып, бұлар тоқтаған тұсқа көлеңке де қуып жеткен. Шатқал іші салқын тартып, су жағасының ылғалы бойды тітіркендіреді.

 Көктас қызығынан келгендердің қарындары ашып-ақ қалыпты. Таза ауа мен атты жүріс те өзектерін талдырыпты. Жапырлай балыққа кірісті. Құтты бір аш жүргендей… Майлы ұшқыш балық та тәтті екен. Бас алыспай, ауыздарының сілекейіне дейін жұтқызып қойды.

 – Жеңгей, кезінде Ұлы Екатерина патшайым осы уылдырықты Алтайдан арнайы алдыртып жепті… Сіз бүгін ауыз тиейін деп отырсыз. Ең ғажабы – свежий күйінде. Мұны «тірі икра» деп те айтады бізде, – деп Сұңғат өзі әлгінде ғана тұз сеуіп дайындаған қызыл уылдырықты ұсынды. – Қасықпен алыңыз!

 – Қане, аңыз уылдырықты да көрейік! – деп Аршын сұлу да қызыл уылдырыққа қасық батырды.

 – Аңыз емес – ақиқат.

 Ғазиз дәлелдей түсті.

 – Мына Қалжырдан қызыл балық аулауымыз керемет болды! – деп Мағдан Жұрағатұлы да желпініс білдірді. – «Былғары табыт» болмаса, Қалжырға саяхат та жасалмас еді…

 – Дулат сіздің шәкіртіңіз болмаса, біз де бұл шатқалды кезбес ек, – деді Ғазиз.

 – Дулатжанға да, Сұңғатқа да рахмет! – деп Аршын сұлу уылдырықтан іліп алып, аузына тағы тоғытып салды. – һім! Дәмін-ай! Микроэлемент осында ғой… Патшайым жейтіндей екен!

 – Ол да жей алмаған, – деді Дулат. – Қалжырдың басында қолма-қол ішін жарып жемеген!

 – Әйгілі «Царь рыба» осы ұшқыш балық! Қызыл уылдырықты осы балық шашады емес пе? Сібір балықтарында қызыл уылдырық жоқ, – деп профессор әріден қозғады. – Ағылшынның атақты жиһанкезі Джорж Кеннан «Сибирь и ссылка» атты еңбегінде де Алтайды аузының суы құрып айтқан… Біздің бабаларымыз білген ғой, қай жерге қоныстануды!

 – Тек біз білмей жүрміз, – деп қалды Ғазиз. – Нағыз президенттер астана салатын аймақ қой!

 – Қозғалайық, ағайын! Көлеңке ұзарып кетті, – деп Сұңғат жол қамына шақырды.

 Тасошақты өшіріп, ыдыс-аяқты жоғары жақтағы жартас қуысына жасырып, жылдам жиналысты. Жайылымдағы аттарға жетіп, былғары ерге қонысты. Шаршағандарын қалалықтар жам жолға түскенде білісті.

 Үркердей топ Қалжырдан Шүмекке қарай үрке аттанды.

III

Көкпар тақым сұлу жалғыз қалып бара жатты…

Француздық миниұшақ Шүмек жазаңынан аспанға тез көтеріліп кетті.

Аршын сұлу қартаң күйеуіне қолын қайта-қайта бұлғады. Көк күреңшесі жығылмаған жұпарлы жазаңның қақ ортасында «жеңгелеген» Ғазизбен қала берді. Ғазиз де жеңгесінің «бір тал шашын» түсірмеске ант беріп, қуана ыржиып тұрды.

Қарағайлы құзардан асқан қара шыбындай ұшақ та көзден жылдам ғайып болды.

– Ғазизжан! – деп, ат жақты ару меруерттей тізілген тістерін көрсете күлді. – Мен жалғызбын… Магданы мұңға, сені сорға батырмадым!

– Жаным, менің! Ақылды ақ аршам! Сенің бір амалын табарыңды білдім ғой… Сұңғат та сабаз! Дулатты күдіксіз көндірді… Азамат қой, Сұңғат! Әріден ойлайды… Көңілді қалдырмайды. Бәрін түсінеді!

– Дулаттан әйел адамға келгенде, түк те шықпайды. Тым жасық!

– Жасық емес – пасық… Интеллигент сымақ!

– Бас пайданың құлы… Сезімнің құлы емес. Қарау. Сұңғат ер екен.

– Құдай сосын да береді.

– Бар болған соң береді де…

– Бір берсе, бере береді екен. Осы құдай да қызық! Жә, қойшы! Ақ аршам менің, көлге барайық!

– Олар бүгін орала қоймас?!

– Бүгін де, ертең де… Атқамінерлер күтеді оларды. Дастарқаннан босамас.

– Босамай-ақ қойсыншы!

– Босатпайды! Сұңғатпен келіскем… Менің қу тіземді құшақтап жүргенімді біледі. Кеттік!

Екеуі киіз үйге жақын тұрған «Мерседес-Бенс» джипіне жақындағанда, алдарынан Ақжамбы ана қарсы жолықты. Ақ кимешегінің арқасына тастаған ұзын ұшы көгал бетін сипайды.

– Қызым, – деді ана, – бері жүрші! Бір нәрсе айтайын!

– Жарайды, әже! – деп Аршын сұлу оңашарақ шыға берді де, Ғазиз көлікке барып отырды.

Ақжамбы әжей мен Аршын әжептәуір сөйлесті… Шыдамы таусылған жігіт ағасы амалсыз көліктің дабыстағысын қосып, жүрейік деген белгі берді. Аршын да айналсоқтап, әжені қимағандай қалып танытты.

Олар Матабайға баратын жолға түскенде, Ғазиз қарағай қалтарысты жол бұрылысын айнала беріп, қалт тоқтады. Аршын сұлуға қолы жетпей, өліп жүрген жігіт ағасы арынын баса алмады. Бас салып сұлуды құша берді.

Ол да қарсылық танытпады. Екеуі де құшақ айқастырып қалысты.

Таңдайын суыра тілінен сүйген Аршын сұлу ер-жігіттің шөлін қандыруға тырысты. Тығыз анарынан уыстата ұстатып, ақ тамағын аймалатты. Бұдан әріге бірақ барғызбады… Еркек кеудесінен намысына тиместей жеңіл итеріп, аптығын ақырындап басты.

– Есіңді жи, жаным! Ұят болады! Әлі үлгересің! – деп алқынған Ғазизді тоқтатып алды. – Күндіз ғой. Жол үсті.

Әлі де ақылына ие бола алмаған Ғазиз:

– Жолдан шығайын! Қарағай арасы иен… – дей беріп еді, тәжірибелі жас әйел:

– Ғазиз, жаным! Мені ренжітесің сен… Кеш бар ғой, – деп тыйды. – Ақылға кел!

Сонда ғана жаныға бастаған жігіт түзеліп отырды. Қисая құшақтаймын деп, бел-омыртқасы да ауырып қалыпты. «Пәтшағар, қатын!» деген сөз тіл ұшына келіп қалса да, өзін әрең ұстап үлгерді.

– Көлің қайда? Ол жақта үй бар ма?

Ғазиз машинаны оталдырды.

– Ренжіп қалдың ба?

Аршын сұлудың дауысы жылы естілді.

Ғазизді намыс буса да:

– Жоқ! – деп, дауысы қатқыл шықты. – Ол жақта үй де бар, күй де бар… Бәрі бар.

Джип көлігі орнынан оқыс ытқып кетті. Аршын мырс етіп күліп жіберді. «Һім!» деген үні естіліп қалды.

– Сендерге бәрі оңай, – деп ашу қысты Ғазизді. – Әуселеңді кешке көрерміз!

Аршын сұлу ішінен «Жеребец ты какой!» деп айтып қала жаздап, үндемей құтылды. Мінезі шапшаң жігітке «Шәргез» деген ат қойып, «Қатының жайсыз болса осы ғой!» деп ойлады.

Ой-шұңқырлы тау жолы. Шүмектен шыққан жол Тарлаулының қызыл қарағайлы, ақ қайыңды таулы қырқаларын биіктей барып, қайта теріскейге құлады. Бұл жақ жын атқан орман иірімдері екен.

Уық бойы көтерілген күн де орман ұшарын жалап, қара көлеңке ішіне сәулесі жетпей қалыпты. Иен-тегін таулы аймақ алғаш көрген жанды өз ұлылығымен мысын басады. Қазір де Аршын сұлудың мысын азамат емес, Алтай басып келеді.

Ғазиз де жап-жаңа джипті ытырынта айдап, құтырынта бұрылтады. Бір жағынан бәденді сұлуға деген ашу мен ынтызарлық та бар, бір жағынан көлге жетсем деген асығыстық та бар. Бір бұрылыстан шұғыл бұрылам деп, инерциямен көлік қапталы көтеріліп, қос дөңгелек жерге тимей қалды.

Сол кезде Аршын сұлудың дауысы:

– Ойбай! Ақырын! – деп қатты шығып кетті.

Ғазиздің өзін де аударылып кетем бе деген қорқыныш билеп өтті… Жылдамдықты тежеп, жеңіл джипті баяулатты.

– Қорықпа! – деп қойды қорқынышын сездірмеуге тырысып. – Бұрын мұндай джип көлігін айдап көрмеген басым… Сенімен аударылсам да арман жоқ!

Сөз соңын Аршын сұлу іліп әкетіп, қырғидай қиды…

– Астымда қалып, тақымымда қиналып жүрме!

– Оны да көрерміз! Айтпақшы, Ақжамбы әжей не айтты?

– Айтпаймын!

– Айтпасаң да сезем!

– Иә, нені?

– Мені жамандаған шығар!

– Қателестің. Жаман сөз айтпады. Қайта сені мақтады!

– Қалайша?

– Нағыз азамат деп! Ауру әйелін он бес жыл бойы бағып келеді… Басқа еркек болса, баяғыда далаға тастап кетер еді. Керемет азамат! Әйелі де өзіндей өнерлі еді. Тіл тиді ме, көз тиді ме? Тұңғышын босанғанда «қызыл шу» – сәбидің құбыжық боп көрінген «жолдасынан» көтеріліп кетті деді.

Ғазиз алдына тесіле қадалып, үнсіз қалды… «Жанына тигізіп алдым-ау» деп Аршын да айтуын айтып қап, өз сөзіне өкінді.

– Жаным! Көңіліңе ауыр алмашы! Өмір ғой!

– … – Ғазиз жауап қатпады.

Аршын сасайын деді.

– Кешірші, Ғазиз! Менен бір ағаттық кетті…

Рульге еңкейе жабысып қалған Ғазиз еңсесі езіліп, кеудесін әрең көтергендей болып көрінді.

Ол:

– Аршын! – деді. – Әйелім сырқат екені рас. Тіпті төсек қатынасына да жарамайды… Жанына жолатпайды. Менен… өзінен туған мылқау ұлымнан көреді… Көктемде – құс келген кезде, күзде – құс қайтқан кезде сырқаты күшейіп кетеді. Сол кезде байлап ұстаймын! Иә, бұл – өмір. Қайтем, көнем де!

Екеуі де сұлу табиғат ортасында үнсіз қалды. Қия демей, жартас демей жамырай өскен қарағайлар басын самал тербеп тұрды. Олар да мұң пердесін жамылғандай үнсіз қарауытады.

Әлден бір уақытта Аршын сұлу:

– Ғазиз, Ақжамбы әже маған «ер-азаматтың көңілін қалдырма!» деді, — деп өтірікті қосып жіберді. – Мен сені сүйіп қалдым!

Аршын анығында шындықты жасырып қалды. Ақжамбының «Қарағым, жас екенсің! Кіммен қарайсаң, сонымен ағар… Азаматтардың басын қадірле! Намысын нәпсіге таптатпа! Күйеуіңнің жасы үлкен деме, басы үлкен деп ұқ! Ғазиз де қасірет кешкен жан…» деп, әнші жігіт жайында айтып, «жүрегін жаралап, қорламауын» тапсырған.

Кештетіп қайтып келулерін, күйеуінің ақ шашты ана деп, тапсырып кеткенін арына тигізбей жеткізген. Бұл бірақ кемпір-семпір сөзіне құлақ асқансып, сынық мінез танытқансып, Марқаға ғана көз салатынын сездіріп, күйеуіне адал жансып, Ақжамбыны сендіргенсіп аттана берген.

Таудың тепең-тепең тепсеңді жолында рульмен алысқан Ғазиз:

– Ақ арша, жаным! Жол жаман. Креслоңды шалқайтып алшы!

– Жарайды. Мен көзімді жұмайын, басым сонда айналмас.

– Сөйтші, сәулем!

Ғазиз өткен өмірдің көңілсіз ауанынан шығып, өз-өзіне енді келді.

Бұраңдаған қара жол мен бұлдыраған сағым сәуле орман ішін кеулепті. Ғазиз шабан айдап келеді. Терең сай ішін кемерлей аққан суды қайта-қайта кесіп, жол да жыланқұйрық. Қара джип те ылдилаған сайын дөңгелек шанағы ортасынан су жарып, малта тастардан тайғанақтап қояды. Матабай жеткізер емес.

Бұлар сай іші тереңдеп барып, бір тұстан қабырғалай көтеріле берді. Орманды қабырғамен қиялап салынған қырын жол қауіпті болса да, көкірекке жел бітіреді. Азонға қанық ауа жан семіртсе, саумал самал тән сергітеді. Аршын сұлу қалғып та кеткен.

Қиялап барып қырқалап тепсеңге көтерілген сәтте жанарды малындыр­ған сұлулыққа тап болды. Матабай тепсеңінен Марқакөл шараға толған сәбидің күнәсіз көз жасындай мөлдіреп жатты. Маңайын ашық күнде көкпеңбек балауса орман-тоғай жынысы тұтып, шалқар Марқа сұлу көк аспанды өзіне табындырып, үңіле төндіріп, кең дүниені шарайнасына сыйдырып жіберіпті.

Ғазиз иығынан аялай сипап, Аршын сұлуды оятты. Саф ауадан санасы сәбидей алғаусыз тұнықтыққа бөккен Аршын ояна келе өзінің қайда отырғанын ұмытып:

– Ә-ә!.. а-а!.. – деп барып, оқыс дауыстап жіберді. – Оу-у! Мынау не! Түсім бе? Сұмдық-ай! Осындай да сұлулық болады екен-ау!.. Ғазиз, рас па? Әлде көзім сағым көріп тұр ма?

 – Рас, ақ аршам! Сен де осы Марқа сұлудайсың!

 – О-о, боже мой! Этого не может быть?!

 – Может, жаным, может! Бұл Марқа ғой… Марқа сұлу!

 – Вот это, да! Символ красоты!

 – А ты – мой символ… Жаным! – деп Ғазиз таң қалып отырған Аршын сұлуды құшақтай алып, жабыса сүйіп-сүйіп алды.

 Бұған Аршын сұлу да бұлқынбады… Екеуі ұзақ сүйісіп барып, бірін-бірі аялай ажырасты.

 Аршын сұлудың құшағынан босанған жігіт ағасы жас баладай жайраңдап кетті. Тіпті қызбен жаңа ғана сүйісіп үйреніп жүрген жас жігіттей, көңілі желпілдей берді. Неміс джипін де орнынан жұлқи қозғады.

 – Байқашы! – деп Аршын кеуде белдікті тақты.

 Өзін билеуге тырысқан Ғазиз баяулата түсті де, бірқалыпты жүріске салды. Бірақ Матабайға еңкейген тау жолы тегіс емес еді. Жақпар тасты, жол-жөнекей қақпа-соқпа бұрмалы болып шықты.

 Ақынжанды әнші Ғазиз жанынан суырып сала өлеңдете әндетіп жіберді…

 Ахау Алтай!.. Ахау Арқа-ай!..

 Бірің биік, бірің жазық…

 Қайда барам өзек талып?

 Қол жетпегенге сөз жетеді.

 Көз жетпегенге ой жетеді…

 Ойхой, дүние-ай!..

 Ару Марқа-ай!..

 Ару алқа-ай!..

 Қайдан келдің,

 Ай-ай, Аршын-ай!..

 Марқа сұлу айнам менің,

 Арда Алтай Қағбам менің!..

 Аха-хау-у-у, Қағбам менің!..

 Осы сәт Аршынның ұялы телефоны ән салып қоя берді. Артқы орында жатқан қол сөмкесінен алып, «Алло!» деді.

 Іле жауаптаса бастады.

 – «Магда, менде бәрі жақсы! Ғазиз қасымда… Әлі жолдамыз, жетіп қалдық… Матабайдың үстінен түстік. Көл кешегіден де әдемі екен… Таудың үстінен көрдім… Сіздерші? Дәріңді іштіңіз бе? Иә! Ұмытпаңыз! Жақсы!»

 Телефон құлағын жаба салды.

 – Олар бағана жетіпті, – деді Ғазизге қарап.

 – Самолет қой.

 – Былғары табыт жақын ба?

 – Ұшып бару – түк емес. Олар бүгін Қалжырға қонады. Ертең ел ұмытқан ескі ауылға барады.

 – Ел ұмытқаны несі?

 – Былғары табытты айтам да… Е-е, ол ауылды жұрт ұмытқалы қашан? Дулаттың арқасында ауданға аты шығып, дүрілдеп жатыр ғой. Ондай ауыл түгілі, аудан аты да ұмытылып қалған жоқ па?!

 – Да-а! Счастия не в красоте, счастия в земле… Астанаға да бақ қонды ғой, Алматыдан бірақ күнде көшіп… Былғары табыт та солай!

 – «Тақ ауған жаққа бақ ауады» депті осы Күршім-Марқадан шыққан алтайлық жазушы ағамыз… Сол айтқандай, Арқаға да бақ қонған шығар. Баяғыда ұлы хандарымыз жаз шыға Арқада, қыс түсе Түркістанда отырып, елді екі шылбыр, бір тізгінмен билепті ғой. Ал арғы замандарда ұлы қағандарымыз Алтайдан билік құрып, шартарапты уысында ұстапты. Аттарына дейін алтын жапқан асыл мәйіттері Катон-Қарағай жерінен аршылып алынып жатыр емес пе?!

 Ғазиз тақыр жаяу әнші емес, көп дүниеден хабары бар білікті екенін байқатып қалды.

 – Көп біледі екенсің ғой, – деп Аршын сұлу қылымсып қойды. – Қара жаяу әнші ме десем.

 – Алматы мен Астанадан басқа өңірлерде де ақылды азаматтар бар… Мені қойшы! Мені он орап кететін жігіттер жетеді. Тек оларды билікке тартып, бас жіп ұстататын азамат жоқ. Қит етсе, «қызыл шеңбер» ішінде жүргендерден таңдау жасайды… Кезінде аудан мен облыстан жарып шыққандарды жоғарыға жұлып әкететін. Қазір билік қотанынан аспағандарды шыбындатып қоямыз. Одан қалса, құда мен жекжат, күйеу балалар мен құда балалар тізгін ұстап, тыртаңдап жүр… Олар не біледі? Өңшең молокосос. Асфальтный трафарет. Оңбай жүргеніміз де сол. Білікті азаматтардан гөрі билікті жезөкшедей қақтаған жылпостарды, жағымпаздарды тартамыз. Тілімен бал тамызатын «бұлбұлдар» министр болады қазір. Кәсіби мамандар әдірем қалған…

 – Сен әнші емес, саясаткер… сенатор болуың керек.

 – Болар ем, о баста өнерді қудық өрлетем деп… Тағдырымыз керітартар болды.

 – Онда менімен кездеспес едің!

 – Қателесесің. Жазмыш жазулы… Озмыш жоқ. Сен мендіксің, аршам!

 – Жазмыш-озмыш дегенге сенбеймін!.. Жә-ә, жаным! – деп Аршын әңгімені келе жатқан ауылға қарай аударып әкетті. – Неге Матабай? Бұл жақтың жер аттары да жұмбақ, бірақ адам санасын жаулап алады екен. «Былғары табыт» деген сұмдық суық естіледі… Қорқынышты!

 – Сұлу атаулар ғой. Алқабек, Марқа сұлу… Жүрегіңді суырып әкетеді! Матабай емес, «Матайбай» дейді Әлөш деген Қаройдан шыққан шежіреші, білікті бизнесмен ағамыз. Сондай бай адамның жайлауы екен. Ал журналист Сайлау мен суретші Қабдырахман ағамыз құлжаның матасуынан шыққан деседі… Сөздерінің жаны бар.

 – Матасуы несі?

 – Арқардың үйірге түсуін айтады… Әй, біз қазақ болудан қалып барамыз. Тілімізді түсінбес халге жеттік. Ауыл мен қала тілі деген шықты қазір… Кейінгі жастар элементарный нәрселерді білмейді.

 – Әне, өзің де тұздық қосып жібердің!..

 Орыстың боқтық тұздығынсыз сөйлей алмайтын халге жеттік. Ол рас енді. Ал кешегі өткен ер Кенжебайлар секеңдеген Сергейлерді қойша қырып, Қалжырға ағызып жіберіп еді…

 – Кенжебайың кім? – деп, Аршын сұлудың қашанда тез қызығушылық мінезі рең берді. – Қанішер ме еді сонша!? Қорқынышты адам ғой. Сен де зәрені ұшырып, айта салады екенсің.

 – Қанішер емес, қалтқысыз ержүрек… Қандықол қанішер – Сергей. Қазақтар «Серке» атап кеткен шекарашы ғой. Сол сұмырай панасыз жұрт кездессе, мылтық атып шошытып, қазақты басынған. Өзіңдей сұлу әйел мен сұлу қыздың абыройын төгіп, талайлардың зығырданын қайнатқан.

 – Сол үшін бе сонда?..

 – Қыз-қатын қорлау аз ба саған?! Елді Қоратаста қамап, бір-бірлеп қырғаны ше?!

 – Заң бар емес пе?

 – Қайдағы заң? Шекарашыға заң жүріп пе ол кезде… Қызыл шекарашының өзі – заң… Бандыны ұстаймыз деп, өздері бандитке айналған жоқ па?! Соққыға жығу, атып тастау түк емес оларға. Ал сен жоқ заңды айтасың.

 Ғазиз қызбаланып кетті…

 Аршын аузын тиып:

 – Ашуланбашы! Өткен – өтті… Кетті. Ұмыт оны! – деді басу айтқансып.

 Бұған көлікті бұрма-бұрмамен бұрып, жыны қозып келе жатқан Ғазиз тыз ете қылды.

 – Сен қандай адамсың өзі?! Ол әйгілі Шәушіктің Кенжебайы ғой… Бізбен бауыздаушы!

 – Е-е, мен қайдан білейін! – деп, жас әйел ақталғандай сынықси үн қатты.

 Қызынған Ғазиз тоқтай алмай, сонау қызыл өкімет билікке келіп, шекара бойында елді басынып жүрген кезең жайлы айта жөнелді. Аршын сұлу да әнші азаматтың енді ашуына тиіп алмайын дегендей, монтанси қалды.

 – Ер Кенжебай мен Құндақбай мерген екеуі ғой елге пана болуға жараған. Екеуі де осы келе жатқан Матабай ауылы аталып жүрген Матайбаймен туыс… Жалпы, Марқа сұлу жерінде қалың қожамбет руы бір-бірімен матаса байласқан ағайын. Мұны келімсектер қайдан білсін?! Олар секілді тек-тағайын түгендемес тексіз жұрт емес қой.

 – Қарға тамырлы деші!..

 – Иә!

 Ғазиз сабырға келіп, Құндақбай мен Кенжебайдың ел ішіндегі әңгімесін жол қысқарсын дегендей, қалай жалғастырып кеткенін өзі де аңдамай қалды.

 – Марқа сұлу еліне ерлермен бірге туған жердің бейіті де пана болған.

 – Қойшы ары!..

 – Әйгілі Түрікпен бейіті қорғап қалған ол екеуін… Түрікпен Айтуғанұлының сүйегі – жарболды екен. Шекарашы қызыл әскер халықтың жазықсыз қанын төккенде торғай құрлы көрмеген ғой. Анау Серке сияқты сұмпайылар Керегетас пен Қоратаста қызыл биліктен үркіп қашқандарды құлан атқандай қамап қырған.

 – Құдай сақтасын!

 – Қызыл шекарашы мен милиция құдай болған заман. Алтай аспақ қазақ жабайы аңның кебін құшқан. Санамалап бастан атар ермекке айналыпты.

 – Сұмдық-ай!.. Шекарашылар ішінде қой дейтін қазақ болмап па?!

 – Ол кезде шекарашы біткен қызыл орыс… Елде ескікөз қалмады қазір. Алөш ағаның қалғұтылық жәлмембет Молдаш атадан естуінше, ол кісінің онекі жасында Құндақбай садақ атуды үйретіпті. Молдаштың өзі осы күнгі қаңғыбас Толғанбайды қызыл әскерге болысқан депті… Болса болар, сол уақта жарлы-жақыбай жігіттер орыстың қызыл солдатына көмектесіп, милиция болып, қоқаңдап қалғандары баршылық. Оны да қазір бір құдай біледі.

 – Толғанбай кім?

 – Сондай бір жады бар. Жұрт «Жады Толик» дейді. Үлкендер «Замани Толы» дейтін. Менің ұлым Отан «Кезбе Толу» атайды… Жүрмейтін жері жоқ. Былғары табытта жолығасың әлі. Үнемі сол обаны күзетіп жүреді.

 – Ә, оны… баламен бірге Марқаға ұшып келе жатқанда көргем. Қайран қалғам!

 – Қашан? Қайдан? – деп Ғазиз таңырқай сұрады.

 – Біз Шүмекке ұшып келгенде ше!.. Бір терең сайдың ішінде жүрді. Сұңғат аға аруақпен сөйлесіп жүр деді.

 – Бала ше? — деп қалды Ғазиз шыдай алмай.

 – Баланың аты – бала… шапқылап жүгіріп, төменде қол бұлғап қала берді.

 Ғазиз үндемей отырып қалды. Бір сәт бетіне шіркеу мақау ұлы мен жынды әйелін ойлады…

 Сезімтал Аршын сұлу да ер жігіттің жайын жылдам түсініп, әңгіме ауанын тез өзгертуге көшті. Ел ішіндегі ескі бейіт пен қан кешкен ерлер туралы әңгімені қайта ұштап жіберді.

 – Әлгі бейіт пен батырлар не болды сонымен?

 Ғазиз де оқыс сергігендей күйге келіп, үзіліп қалған әңгіме желісін жалғады.

 – Қазақтың бейіті қорған болар қайқы кезең ғой… Неміспен соғыс жылдарында Түрікпен бейіті боранда қалған Қаройдың бір кемпіріне апта бойы пана болғаны бар. Ал Кенжебай мен Құндақбайдың жөні тіпті бөлек.

 – Иә!.. – деп Аршын сұлу қостай түсті.

 Ғазиз де жөткірініп алып, жолға тесіле қарап отырып, әңгіме арқауын тарқатуға кірісті.

 – Әлгі Сергей шекарашы – Серке командир о баста Марқа сұлу жеріне момын орыс болып келген мұжықтың тұқымы екен. Қазақ арасында өскен ол қазақтың салт-дәстүріне жетік, тіліне жүйірік болыпты. Осал тұсын жақсы біліпті… Қолына қызыл өкімет билігі тиген соң, құтырынып шыға келіпті. Бұрын алтын шайып, Алқабек құмындағы қалмақ қалдықтарымен байланысып жүріпті. Торғауыттар арқылы Жеменей жағынан жасырын келген қытайлармен сауда жасасып, алтынды контрабанда жолымен жымын білдірмей өткізіпті…

 – Алтынды?! – деп таңдана, құмарта сұрады Аршын сұлу.

 – Алтынды, – деді Ғазиз де. – Оның несі таң? Патшалық Ресей заманында Марқа сұлу жерінде ғана жиырмадан астам алтын кеніштері жұмыс істеп тұрған. Ағылшындар ашқан. Ресей мен Европа қызығын көрген.

 – Алтын… Қайран алтын! Қайда екен? Содан Сергей-Серке не бітіріпті?

 – Қызыл билік келген соң құйындатып шыға келген. Кешегі мелкий контрабандист большой командирге айналып үлгеріпті… Комиссар атаныпты. Оның ел ішіндегі әлімжеттік лаңына Кенжебай шыдай алмайды. Құндақбай ағайынына дайын болуын ескертіп, өзі алтын қазушы кержақтарды жағалап жүрген Серке комиссардың соңынан түседі. Серке қызыл өкімет келген соң тоқтап қалған кеніш маңына жасырын шахтер орыстарды жинапты… Соларға құпиялап алтын қаздырып, баяғысынша шайдырып жүргенін Кенжебай да біліп қапты…

 …Ғазиздың да тағдырлы әңгіме қозғағанда жолжорға сарынға түсетін әдеті еді. Қазір де Марқа сұлу айдынындай айдындана сөз суырған. Қасындағы Аршын сұлу да көкарай табиғатқа сұқтана отырып, Кенжебай мен Құндақбай кешкен қилы дүниеге құмарта еніп кеткен-ді.

 … – Бір жолы бес солдатпен Қалжыр ауылы жағынан шыққан Серкені иен кеніш – Шаңдыбұлақ басынан Кенжебай күтіп алады. Кештетіп келген Серке мен солдаттар белдеріндегі қалайы құтыдан арақты сімірісіп, салт жүрістен шаршаған күйі сылқ-сылқ құлай кетеді.

 Серке комиссар иенде жабылып қалған кеніш басындағы тас жаппаға тегін келмесе керек. Шамасы, ұрлап алтын шайып жүрген белгісіз бір сыбайласын күтсе керек.

 Солдаттар ұйқыға кетті-ау дегенде Кенжебай да түн түнегімен биіктен баспалап түсіп, кермеде суытуға қойылған аттарға келіпті. Қонышына тығып, әдейі ала келген ұзын бізді суырып алады.

 – Сендерде жазық жоқ, жануарлар! Жазықтарың – қызыл Серке қожайындарыңа… – деп күбірлейді де, алты аттың тілінің астына арнайы жасалған жуан бізді таңдайдалата сұғып-сұғып алады.

 Таңдайларына қарай тесіп өткен тесіктен сырылдай аққан қандарын жұтып, жануарлар қала береді…

 Түн ортасы ауа ұйқылы-ояу далаға шыққан солдаттардың бірі жылқыларды суытудан босатуға жақындай береді. Ол да шала мүлгіп, әлсіреп тұрған жылқыларды босатып қоя береді де, өзі тастан қаланған жаппа астына ұйқыны соғуға кетеді.

 Иен тау арасында бұлар қорқар жау жоқ. Серке күзет те қоймайтын.

 Серке салған сергелдеңнен жүректе кек қайнаған Кенжебай көрер таңды көзімен атқызады. Ал сырылдай аққан өз қандарын өздері жұтып тауысқан алты ат кермеден көп ұзамастан теңкиіп-теңкиіп жатты.

 Таң бозынан алдымен тұрған Серке теңкие өліп жатқан аттарды көргенде:

 – Подьем! Подьем, дормаеды! – деп тас жаппаға қарай тұра ұмтылған.

 Ол бірақ екі аттауға шамасы жетпей, Кенжебайдың бесатары оғынан мұрттай ұшқан. Дауысты шала-пұла естіген бесеу де дамбалшаң жүгіре-жүгіре шығып, өліп жатқан аттар мен Серке комиссары қасына барған.

 Кенжебай суық жымиып, төрт оғы ғана қалған бесатары қорамсасына тағы бір оқ жүгірткен.

 – Жауды аяған – жаралы, – деп күбір еткен Кенжебай оларды да жақын тасадан бір-бір оқпен жусатқан.

 Жылқысын «бізбен бауыздау» жасаған, жасағын бесатармен жамсатқан Кенжебай қызыл комиссар Серке мәйітін алдына өңгеріп алыпты. Ондағы ойы қызыл комиссар-сымақты жым-жылас қылу еді. Сол бетінде сүйекті Қалжырға ағызып жіберіпті.

 Мезгіл жаз кезі екен.

 Қызыл комиссардың ұшты-күйлі жоғалуы мен бес орыс солдаттың сүйегі із-түзсіз кетпепті… Күдік Кенжебай ер мен Құндақбай мергенге түсіпті. Бәлкім, әлдеқандай жансыз белсенділерге сыбырлаған да шығар.

 Жай күнде тыныш таппай, қарапайым жұртқа әкіреңдеп үйренген ауылдың қызыл белсенділері қылмыскерді өздері алдымен тауып, қызыл билік алдында жарқырай көрініп, жақсы атқа қалғысы келіп, жанталаса атқа қоныпты. Батпақбұлақ басында отыратын Кенжебайға тартыпты.

 Ер Кенжебай да қапы қалмасқа бекініп, аз ғана малын ағайын арасына таратып, қатын-баламен сыбай-салтаң күтіп жатса керек. Тас үй мен тас қорасын бекініс қылып, қоршап келіп қалған белсенділерге:

 – Әй, жандайшаптар, тоқтаңдар! – деп саңқ ете қалыпты жарқышақ дауысымен.

 Бұта-қараған мен түйе тасты паналап, баспалап келе жатқандар жым болыпты. Өздері де жүрексініп келе жатқандар жата-жата қалысыпты.

 Сонда Кенжебай:

 – …Алақанымдасыңдар! – депті тас үй төбесіне шығып, тасмұржа айналасына жалпақ тастан қаланған арнайы қақпатас қоршау құрып, биіктен тасалана қарауылға алып. – Бәрің ағайынымсыңдар. Бірің бауыр, бірің сауыр… Ал күшпен алам десеңдер, баудай түсірем… бірің де тірі кетпейсіңдер! Серкені өлтірсем, бір сендер үшін өлтірдім! Ол адам емес, жауыз еді. Керегетаста елдің қырғаны үшін жазасын тартты!.. Сендерге не жоқ, Серке үшін жер жастанбақсыңдар ма? Қолымды жазықсыз қанға былғатпаңдар! Ағайынмен ұзында өшім, қысқада кегім жоқ. Маған аз ғана мұрсат беріңдер… Екі сағат. Менің шаңымды да көрмейсіңдер. Сосын қудалай беріңдер.

 Қоршап келген қызыл белсенді ағайын әрі ойланып, бері ойланып:

 – Кенжебай, біз сені «ұстай алмадық, қашып үлгеріпті» дейміз. Осы бетіңде елден кет! – деп екі сағатқа мұрсат беріпті.

 Жүрек жұтқан ер әп-сәтте қатын-баласын аттарға отырғызып, жылыстай беріпті. Тау арасында таутекедей биік-биікті алып, Қаройға қарай бет қояды. Ондағы ойы Құндақбай мерген алдынан шығып қала ма деп қарауылдау еді…

 Ағайын арасындағы қызыл белсенділер бірақ уәделі сөздерін жұтып, артынан түсіпті. Оқ жетер жерге жақындауға бата алмай, алды-артын алыстан орағытқан қорқаулардай еріп отырса керек. Бұл кезде аудан орталығынан тездете жетіп үлгерген Іңку* жендеттері де батырмен атысқа килігіпті.

 Ер Кенжебай амал жоқ қаша ұрыс салып, отбасын қақпа-соқпа қиын жермен алып жүруге тура келіпті. Осы кезде Құндақбай да Қарой жағынан шапқылап жетсе керек. Екеуінің басы қосылған соң дұшпандарына дес бермепті. Отбасын тау арасына қарай қашырта құтқарып жіберіпті… Аяққа оралғы болар бала-шаға ұзап кетсін деп, екеуі милицияларды алыстан тигізбей атып, соңдарынан құр дәметтіріп, маңдарына жуытпапты. Шақпақтастың қимасына қарай жетуге асығыпты. Оқтары да азайып, шақтап жұмсауға тура кепті.

 Кеш қарайып, көз байланып бара жатқанда Шақпақтастың салмасындағы Түрікпен бейітіне ат тұяғын тіресе керек. Аттары да болдыра бастаған екен. Амал жоқ аял құруға бел байлапты.

 Ескі қорым өткен ғасырларда салынған еді. Іргетасы Шақпақтың шағылмас сом, жалпақ тасынан өріліп, қабырғасы жылқының қылы мен саумалына иленген кірпіштен қалың етіп қаланған. Бесатардың оғы ала алмас күмбезді бейіт.

Аттарын ертоқымымен қалдырып, Құндақбай ұзын шылбыр арқанды босатып алып қалады. Сәйгүліктерді сауырынан алақандарымен сипап, қырға қарай жайылымға жібереді де, екі мерген бейіт ішін бекініс қылады. Зиратты қоршап алған Іңку милициясы мен ауылдық белсенділер «қақпанға өздері кеп түсті» десіп, баспалап күзетіп, жамбастап жатып алады.

 Суыр інін аңдыған ауылдың ақымақ төбетіндей бейіт аузын милициянерлер мен белсенділер қарауылға алысыпты. Ай жарығымен анда-санда үңірейген ауыздан аруақ шығардай атып-атып қойыпты. Түні бойы қос мергенді зираттан шығармай жатып алуға көшіпті. Таң ата қашқындардың оғы таусылғанша атыс бастап, өлідей не тірідей қолға түсірмекке жоспар құрысыпты. Ескі бейіт қашқындардың да шейіт кетер жері деп күлісіпті.

 Ал жандарын шүберекке түйген екеу аспанда жетіқарақшы туған соң жылыстап кетуге бел байлапты…

 Кенжебай жал болып жатқан мүрде топырағын сипап, қысқа қайырып дұға оқыпты. Дұға соңын:

 – Түрікпен ата, сен елге би болыпсың… Пана болыпсың. Бізге де пана болдың. Алла саған разы болсын! Біз разымыз! Бізге де әділ төрелігіңді бекіт! Күнәлі болсақ, осы молада жан кешейік! Кінәсіз болсақ, ел үшін қан кешейік! Әумин! – деп қайырыпты.

 Екеуі қаракөлеңке зират ішінде үнсіз бетін сипады.

 Сонда Құндақбай мерген:

 – Серке – қас жау… Ағайын – сатқын болды. Қайран Марқа сұлу қоныс болудан қалыпты… Бір туған бауырың қос өкпеңді көздеп атқаны қиын екен. Жаныма сол батып барады, аға! – деп бесатар ұңғысын сығымдай берген.

 – «У ішсең – руыңмен», Құндақбай. Енді бізге қалғаны – қызыл ағысқа ұшқыш балықтай қасқайып қарсы жүзу ғана… Қара құлжадай заңғар тастың басынан қарауыл қою екен, – депті Кенжебай ер.

 – Аға, мен ағайынға оқ атпаспын… бірақ қанға бөктіргенді аямаспын! Былғарының сайы мен Алпыс саланың жықпыл-жықпылында Ұлан-Нарыннан ауған қалың саржомартты қараторғайша қырғанын ұмытпаспын! Тігерге тұяқ та бола алмас Мақпузадай жалғыз сәби ғана тірі қалды ғой… Оны қалай кешіреміз! – деп Құндақбай мерген кемсеңдеп жіберді.

 – Қанға қан, бауырым, тұяққа тұяқ! – деді Кенжебай да зығырданы қайнап.

 – Құлжадай қарауыл болмаспын! Қаражартасқа бекінсем де, қанжығада көрісем!.. Кекті кекпен жуармын! «Ақнайман қырылғанды» жеті атам тіріліп келсе де, кешіре алмаспын! – деп Құндақбай мерген жүрегі мұздады.

 – Елді басынып болды ғой, бауырым! Қолға қару алмасқа амал қайсы? Керегетаста жалғыз бауырымды бес баласымен оққа байлады… Серкеден кек алмасам, атым өшсін деп бесатарға білек салдым. Өзіңнің де жезделерің отбасымен мерт кетпеді ме Қоратаста… Бізге шегінер жер қалдырмады ғой бауырым! Елді басынып болды…

 – Елді басынса да, ерді басына алмас… Шейіттерден шыбыным артық емес, аға. Өлсем де тік тұрып өлермін… Тізем бүгілмес!

 Құндақбай мерген мен ер Кенжебай бір мезгіл үнсіз қалды…

 Бейіттің тақиядай көрінген биік күмбезі төбесінен сүттей жарық ай сәулесі себездеген. Қос босағаға отырған ерлер тыстағы дұшпандарын қалт жібермей қадағалапты. Екі жағы да есесін жібермеске ант-су ішісіпті.

 Бұлардың шығар аузынан басқа жері бітеу келген бейіттен құтыла алмасына көздері жеткен іңку жендеттері де жүз қадам жерде тас паналап, көз алмай жатыпты. Түн ортасы ауа ай жамбасқа аунапты.

 Тау ішіне қою түн түсісімен Құндақбай орнынан көтерілді…

 Күмбез төбесінен шығып тұрған найзаның ұшындай білектей темірге қараған. Кенжебай тыстағы қызыл жендеттер баспалап келіп, бас салып жүрмесін деп, босаға аузынан ұзамады… Құндақбай қыл шылбырды шиырып-шиырып лақтырғанда, жеңді білектей сорайған темірге барып дәл ілінген.

 Алдымен Кенжебай ағасын бейіт күмбезі көзіне өрмелетті. Алтайдың ат көрінбес қарлы боранында паналаған бейсауат жолаушы есік көзін қар бітеп қалса, күмбез тесігінен шығып кетсін, болмаса осы тесіктен ішіне түсіп аман қалсын деп, арнайы қалдырылған көз еді… Кісі сиярлықтай күмбез көзінен ірі Кенжебай жылдам-ақ сытыла шығып, Азутаудың барысындай жымын білдірместен жылжи түскен. Жер бауырлап жата қалған.

 Соңынан көтерілген сыптай Құндақбай да дыбысын сездірмеді. Бейіттің ту сыртынан түскен бойы жер бауырлап, бесатарларын арқасына жатқыза жылжыды. Қырға қарай көтерілген соң мұңлы қаракөк мұнарға жұтылды…

 Ал бейіттің үңірейген ауызын аңдыған қызыл жендеттер таң ағарып атқанша ауыздарын ашып қала беріпті.

 Түрікпен бейіті қос ерді құтқарып жіберіпті… Жарболдының әрі батыр, әрі биі болған Түрікпен ата аруағы жендеттердің көзін байлап, үрейін шақырып, таң атқанша оларды тырп еткізбепті.

 – Құндақбай, – депті ер Кенжебай. – Өлсем – аруағым разы! Тірі жүрсем, Тәңірім разы! Менімен кет кардонға… Сені жер бастырмас!

 – Кенжебай аға, – депті Құндақбай мерген. – Марқа сұлуды қиып ешқайда бармаймын!.. Ноқталы басқа серт өлім. Не болса да туған жерде көрем!

 Екі азамат ат белінде осылай қоштасыпты…

 Тыңайған аттарына мінген ерлер екі жаққа айырылыпты. Қашқындар қарасын қара түнмен батырыпты.

 Аршын сұлу әрең шыдап отыр екен.

 – Түу-у! Ауыр әңгіме екен…

 – Иә, ерлер туралы әңгіме қашанда ауыр!

 – Олардан ұрпақ бар шығар?

 – Бар. Мен Кенжебайдың жиеншарымын… Шекара асып бара жатқанда бір тұяғым елде қалсын деп, жеті жасар қазы Ақлиманы тастап кетіпті ағайындарына. Ақлима апам да дүниеден озып кетті.

 – Құндақбайдан ше?

 – Одан да бар. Олар да өсіп-өнген. Құндақбайдың өзін Өрел жақта ұстап, атып тастапты…

 – Кенжебайдың өмірі… белгісіз бе?

 – Белгісіз емес. Ондай ер жұмбақ қалушы ма еді? Ел басы ерге байланған алмағайып уақытта қол қусырып отыра ала ма?! Алтайдың арғы бетінде отызыншы жылдардағы қытайға қарсы қазақ-дүңген көтерілісіне қатысыпты… Кейінірек келе таудағы көшкін астында атымен қалып, қайтыс болыпты.

 – Бұл жақтың тарихы тонна-тонна сұмдыққа толы екен. Неге ешкім жазбайды?

 – Кім жазады? Қиямет-қайымға кімнің жүрегі дауалар… Анау Күршімнің Қойтасынан да, Катондағы Өрелдің сынтасынан да осы Құндақбай сияқты ерлер шыққан. Шекара бойында үрейленіп, жанышталып қалған қазақтың өзі сатып жіберген. Олар да қызыл жандайшаптардың опасыздығынан мерт болған… Өрел мен Қойтас ауылы аңыз қылып айтады. Ерлерді жазу үшін де ерлік керек. Сатқын жалдаптар ұрпағы арамызда жүр… Басыңды бәйгеге тігу керек сол ерлер сияқты. Жасырмай жазу үшін ту сыртыңнан пышақ ұрғызбас түкті білек керек. Ең бастысы – Үлкен жүрек керек… Бар ғұмырыңды сарп ету керек. Кезінде қызыл билік жазбақ түгілі жақ аштырмады. Бәлкім, ендігі ұрпақтан шығар!

 – Адамдарының өмірі қандай қорқынышты!

 – Алтай жабулаған арғымақ… Алтай – эпикалық аймақ. Қазақ та эпикалық ел. Тарихы тегеурінді, тағдыры оппалы… Өмірдің өзіндей өксікті!.. Е-е, дүние-ай!

 – Сен неге жазбайсың? Құймақұлақ екенің көрініп тұр.

– Менікі құймақұлақ Алөш аға сияқты сапырып айту… Жазуға жоқпыз. Оған талант керек. Ұятқа қалар жайым жоқ. Әнімді айтып жүре берейін.

– Сен жазушы сияқты суреттемей-ақ қой. Өзің қазір қалай айтып отырсың, солай қағазға түсір. Соның өзі – үлкен олжа. Ертең ол да ұмытылады… Оқиға да көшпелі алтын сияқты, жым-жылас санадан өшіп қалады.

– Ол рас. Ұлтқа олжа болар еді… Сен қасымда жүрсең, бәрін де жазар едім. Қамшылайтын жан керек… Сөзіңді екі етпес сұлу жар керек!

– Қойшы! Солай ма? Тау қопарам деші!

– Қопарар ем… Әттең!

 Ғазиз баяу айдап келе жатқан джиптің дауысына құлағын түргендей тына қалды. Әлде бір тылсым әлем тербеп кеткендей болды.

 Дереу дүр сілкініп:

– Қалжыр мен Мәйтерек болысы болған өңір тарихы мен Дәулетбай, Омар, Жүніс, Дариға болыстар тағдыры тұншығып жатыр ғой, шіркін!.. – деді арқалана түсіп. – Иә-ә, жазу керек!.. Олар да бір күні қозғалар. Әйтпесе Алаштың көсемі Әлихан Бөкейханұлымен, Ахмет Байтұрсынұлымен бірге суреттері кітаптарда басылып жүрген Жүніс болыстың тағдыры туралы кім біледі? Оны да Райымжан Мәрсеков құрған Алаш атты әскеріне отыз шақты жігіт жинап бергені үшін жәйлауда қызыл белсенділер өлтірген ғой. Оның ұрпақтары тірі жүрсе де әлі күнге үнсіз… Ақын Арғынбек Апашбайұлы бар, ақын Шәмел Қалқаұлы да осы өңірден кеткен мысқал. Монғолияда қалған ол бар. Ал қожамбет ішінде «шақантайлар» атанып кеткен Шақантай батырға Абылда атты жетімектің «Тұқымың жүзге жетпе, өзің күзге жетпе!» деп қарғайтын қарғысының оқтай тигені туралы неге айтпасқа? Әйгілі көкжарлы Көкжал Барақ батырмен бірге жүрген Толыбай батырдың мынау жатқан Алқабектің шағыл құмында жасырынған қалмақ шерігінің оғына қалай қапияда тұтылғаны туралы айтса ше? Құмның ыстығына шыдамай, сусыз шөлде жау жоқ деп, темір шығыршықты сауытын шешіп тастап келе жатқаны, содан алданып жебе тигенін жазса… Шауып келе жатқанда оқ тигеннен қолындағы найзасын құмды шаңдаққа қадағанда, екпінмен қадалған найза шаңдаққа бел ортасына дейін кіріп кетіп, батырдың қарулы қолынан аттың өзі ағынын тоқыратып алғаны туралы, сәйгүлігі айналақтап шеңбер жасай бергенін неге жазбасқа, жаным?! Аршам-ау, айтылмай жатқан ақжарылқап әңгіме көмбесі көмулі қалып барады.

Бір сәт Ғазиз жауға шабар батырдай шамырқанып қалды… Көлік ортекедей секірді.

– Ақырын, Ғазизжан! Сабыр! – Аршын сұлу дауысы да шығып кетті.

– Кешірші, қалқам! Аршам менің, маған күш-қуат берген!

– Сен жаза аласың… Жаз!

Матабай-Матайбай ауылы да қарағай арасынан көлбең етіп, көл айдыны көз жауын алды.

Екеуі түс ауа тар қолтыққа тығыла қоныстанған Матабай ауылына да жетті. Ауыл тыныш қарсы алды.

Жұрт арасында көп жүретін танымал әнші жігіттің көкірегінде қаншама елдік әңгімелер тұнып жатты… Мынау маңғаз Марқа сұлу хикаясынан бастап, Жарболды ата ұрпақтарының қамшы ұстаған басшы адамдары ағайынға болыстық билік үшін «өкпелеп», арғы бетке ауып кеткені жайында айтыла салар сырғыма сөз сонары елеусіз қалды.

Матабайдан ұялы телефон мүлде ұстамайтын болып шықты. Телефон биіктен ғана қосылады екен. Екеуінің сұрағанын құдай көктен емес, Матабай ауылы қоныс тепкен тар қолтықтан бере салды.

Мұнда егерьлердің жап-жаңа моторлы қайығы мен ескі ескек қайық дайын екен. Өзін осы өңірдегі егерьлердің басшысы әрі Сұңғаттың досымын деп таныстырған Темір Қауменов Аршын сұлудың әдемілігіне ұрлана қарай берді. Аршын сұлу да иықты келген ірі азаматқа жанарын аударып өтті. «Оңашада жолықса, балуан білегіне жастанып, бура балтырына мастанып сынайтын-ақ жігіт екен!» деген сайтан ой сумаң ете түсті.

 Өзін бірақ тыйып ұстау керек деп шешті. Кім біледі қандай адам? Тіпті, қасындағы Ғазиз де жұмбақ. Өткенде қамшымен зілсіз сілтеп жібергенінен-ақ секем алып қалған… Ал мынау қандай сойқан, құдай білсін?! Көлге тұншықтыра салып, өзі тұншығып өлді деп жүрмесіне кім кепіл?!

 Егерьдің дайын асы бар екен. Картоп қосылып қуырылған ускуч. Ғазизге тақым тиістіре жабыса отырып, тойып алысты. Қызыл уылдырықтан да қарбыта асасты.

 Шүмектей шұңқыр емес, Матабай салқын көрінді…

 Көл жағасы табанға жұмсақ тиетін жап-жасыл майса. Тұп-тұнық көлдің нәзік толқыны тастақты жағалауды шылп-шылп сүйеді. Иілген тал-терек пен сұлу қайың-қарағай көлдің көркін асырып тұр. Мамыр күнінің сәулесі майда толқын жалына шағылып, кемпірқосақ түспен құбыла шашырайды.

 Егерь Темір:

 – Монша жаққызып қоямын. Кешке Марқа суына шомыласыздар! – деп ізет танытты. – Қайық іші құрғақ. Кең. Сырмақ пен көрпе-жастық салып қойдық. Қармақ та бар. Қалбырда шылаушын жетеді.

 – Рахмет, жігітім! Жайырақ келеміз ғой.

 – Көл суы қашан жылиды? – деп сұрады Аршын сұлу.

 – Кешке қарай.

 – Ғазизжан! – деді Аршын сұлу «жан» деген сөзге әдейі нәзік екпін түсіріп; егерь өзінен дәмеленбей-ақ қойсын дегенді сездірді. – Төсқап пен бояуларым қалып қалмасын! Сурет салатын құралды да ұмытпа!

 – Жақсы, жаным! – деп Ғазиз алыста қалған көлікке кетті.

 – Суретшісіз бе? – деп Темір қызығушылық танытты.

 – Жо-оқ, хобби!

 – Ұқсас екенбіз!

 – Сіз де саласыз ба?

 – Менің мамандығым – суретші…

 – Онда неғып жүрсіз?

 – Сол сурет үшін!

 – Қалайша?

 – Ұзақ әңгіме… Мұнда ешкімге еліктемейсің. Тәңірі жаратқан табиғаттың сұлулығына не жетсін?! Ұлы суретші Тәңірінің пейзажына таңданумен жүрмін. Өзіммен-өзім. Оңаша. Тыныштық иітеді…

 – Қызық адам екенсіз?! Пейзажист шығарсыз… Бұл жақтың адамдары да түсініксіз! Жұмбақ. Көп нәрсеге мән бермейді. Олар үшін қала маңызсыз. Мәдениет қалада ғой.

 – Қайдам! Қала мәдениеті болса, дала мәдениеті де баршылық. Сол қаладан қашқан жандар Марқа сұлуға келеді… Ат сабылтып Алтайға тартады. Мұзтау мұзартына мұң шағады Европадан келіп… Мен де сондайдың бірімін. Қалада суретші болып күн көру мүмкін емес! Алматыда бір досым бар. Кезінде Мәскеуден суретшілік білім алған, қазір бос. Мемлекетке керегі жоқ. Жылда Австрияға кетеді: көше суретшісі… Қазаққа да керек емес. Нәпақасын Европадан тауып жүр.

 Осы кезде Ғазиз да оны-мұныны арқалап оралды. Келе көкпеңбек джинси тырсылдаған тақымынан көтеріп, Аршын сұлуды қайыққа отырғызды. Егерь жігіт жұмыр да сұлу саннан көз ала алмай қалды…

 – Сілекейің шұбырмасын! – Ғазиз дауысы қатқыл естілді.

Аршын сұлу да сылқылдай күліп:

 – Тау тағысы… сағынып жүр ғой! – деп қара көзін қысып қалды.

 Ұялы біткен көкніл көздің отты сағымына шарпылған егерь жігіт жүрегі тулап, бойын ыстық леп аралай берді. «Кешке келерсің!» деген сұм ой оралып өтті. Темір өңірге белгілі әнші Ғазизге жауап қатпай, үнсіз көзбен шығарып салды.

 Марқа сұлу суына су жыландай сумаңдай енген сүйір қайық жағалаудан тез-ақ алыстай берді. Ғазиз де қуатты қарқынмен қолтығын жазып, құлаштай есті. Алақанының құшыры қанып, кеудесін жара өрепкі сезім көтерілді. Қуаты қабындай берді.

 Көл беті тыныш. Баяу лекіткен майда самал бар. Күн нұрына қыздырынған Марқа сұлу жүзі сүйсіне жыбырлап, сағым ойнаған сәулені ашқарақтана жұтады.

 Жағадан ұзай бере Аршын да жұмыр иығын жалаңаштай бастады. Қайықты құлаштай есіп келе жатқан Ғазиз қанша жерден құмартса да сезімін ноқталап, сездірмеуге тырысып, іштей «Қандай сұлусың, жаным!?» деп мейірлене күледі.

 Аршын сұлу да тән сұлулығын таныта түсіп, ғайыптан пайда болған Марқа сұлу табиғатының ортасына ойда жоқта тап келгеніне мастана мейірленеді. Қайық басындағы бұрыштама орынға жайғасқан ол сұлу қара шашын арқасына жайып жіберіпті. Қайық арқауында қарама-қарсы ескек есіп отырған Ғазизге көзін жұмып, ашық қалған қаз омырауы мен екі аяғын қайшылаған қалпы джинси шалбарлы балтыр, тырсиған бөксесін еркін тастап, ештеңеден қысылып-қымтырылмай рахаттана қыздырынуға көшті.

 Жас әйелдей керім керіле жатқан Марқа сұлу келбеті төңіректегі көркем тау табиғатын өзіне сұқтандыра түсіп, Азутау шыңының ақ басын идіріп, дүние біткенді тәкаппар келбетіне идіріп тастапты… Қанды көбік жұтқан көкжал азуындай көлге шың басының суық келбеті шаншылыпты. Көгілдір су бетінде толқындар да ақ кіреукелене көлбеген ақазу мүсіні көлеңкесінен жасқанып, толқыны тынып қалған сияқты. Торғын бу сәбидің ұлпа деміндей жүз шарпып, салқынға қаныққан саф ауа сарайыңды ашады.

 Ғазиз де көл ортасына сұғына енген сайын дегбірі кетіп, көзін күн нұрынан жорта жұмған Аршын сұлуға телміріп, құмары арта түскен. Жан-жағын қоршаған көкарай үлбіреп, мамырмен дүние балбырап, ұзақ қыстан Марқа сұлу қалжырап жатқан бір бұла мезгіл еді.

 Ескек те суға малшынғандай жүзу де баяулай берді…

 Ғазиз қалай ғана ашық-шашық Аршын сұлуға ұмтыла бергенін білмейді. Аршын сұлу да еш қарсылықсыз азамат аймалауына ыңғайлана көнді… Екеуі де таң атқалы бір-біріне құмартқан жандар ғой, алқын-жұлқын айқаласып, қайық табанына салынған киіз сырмақ пен жұмсақ көрпе үстіне сұлай кеткен-ді.

 Қайықтың бел ортасындағы ескекші отырар жалпақ арқау тақтайды Ғазиз жас әйелмен арпалыста аяғымен қағып қалып, суға шалп еткізіп түсіріп жіберді. Арқауға бірақ бұрыла алмады. Аршын сұлу тәнін үстіндегі лыпасынан жұмыртқадай аршып, қара тырнақ башпайынан қара шашына шейін өліп-өшіп сүйіп, ыршына түйінделген омыраудың қоңыр бөпешігі мен құлпырған кіндік асты құндыздығы бетінен елти өбе берді. Ыстық сезім мен құмарлық ырқына беріліп, екі тән де ери шарпысып, екеуі де ес-түстен айырылар оттай күйге құлады.

 Қос қуатты тәннің құмарта қосылысуын көктен түскен күн шуағы да өртей нұрына шомылдырды…

 Маңғаз маусым айы Марқа сұлу айдынын да рахман нұрына малды. Көл суы күн сәлесінің отты шарпуынан жылдам ыси бастады.

 Әлден уақта жас әйел мен жігіт ағасы аптықтарын басысып, шөлмектегі суды ішісті. Біріне-бірі жанаса беріп, бір-біріне тоймайтын жас ғашықтардай аялай қарасады. Кеберсіген еріндерімен жалаң тәндерін сүйкей сүйісіп, бір-біріне нәзік сезіммен иісіп, алақанымен сипай тиісіп қалысады.

 Қалтқыдай қалқыған қайық түбінде олар балаша ойнап жатысты…

 Жанға жайлы маусым жазы ашық аспан астында, Марқа сұлудай маңғаз табиғат бесігінде екеудің армансыз құмарларын тарқатысты. Көл ортасы қайықты баяу шайқап, оларды кешке дейін ұзақ тербетіп бақты… Күш-қуаты асып-тасқан жігіт пен әйел сылқым сезім көліне ықтиярымен шомылып, тұмса табиғат ортасында табиғи ләззат шыңына шықты. Қызыл арай таңда көкжиекте тоғысар қара жер мен көгілдір судай солығын басып, сезім мұхитын мелдектей кешті.

 Қайық үстінде анадан тумай жалаңаш жатқан екеуінің тәнін күн сәулесі қуана аймалайды. Арыстай азамат та сұлудың сүйкімді тәнін тілімен тінтіп, алақанымен сипап, саусағымен мытып айналып-толғанады. Жас әйелдің етженді ерні мен сүйір тілінен сүйген сайын тоят таппай, жан-жүйесі балқиды. Бір-біріне балықтай жанасқан сайын жан-дүниесі сұмдық сезім отына шарпылып, күллі әлемді ұмытып, сезімнің суымас айдынында қалқиды.

 Айқаласқан екеуге кеш те қоңыр көрпесін жапты…

 Тау төбесін ала жарық жарты ай туды. Су бетін ымырт көлбеді. Көктен жерге түсіп, көлге шомылған ай сәулесі дірдектей діріл қақты.

 Сонда ғана Аршын сұлу:

 – Суға шомылам! — деп назданды. – Сенің құшағыңнан су жылы шығар…

 – Тоңдың ба, аршам! — деп қалды Ғазиз.

 – Тоңазыдым! Су бетінде ай дірдең қағады… Қарашы!

 – Байқа, батып кетіп жүрме! Марқа сұлудың суы сұлу қыз бен сұлу жігітті құшағынан босатпайды…

 – Ондай да құпиясы бар ма?

 – Неге «Марқа сұлу» атанды дейсің?

 – Иә, қалай?

 Аршын сұлу бұрала тұрып, керіле қолын көкке соза берді. Балықтай балғын, модағай гүліндей бұла мүсін ай жарығында жігіт жанарын арбады. Суға үңілген қыздың құлын мүшесі су перісінің сәулелі тәніндей магнитше тарта түсіп, жігіт көңілі қайта құмарта беріп, тоқ балтырға қолы тиген сәтте Аршын сұлу ускучтай бір-ақ ыршыды… Қайық жақтауынан ұша көтеріліп, көл суына сүйріктей сүңгіді.

 Мұндай шалт қимылды күтпеген Ғазиз аңырайып қалды. Қайық қалтаң қақты. Бассейінге қарғығандай Марқа суына еркін секіріп, қайқаң етіп атып шыққан Аршын сұлу құлаштай жүзді.

 Жүзіп бара жатып:

 – Мама-мия!.. Жизнь мая прекрасна! — деп айқайлады. – Ғазиз, мен саған ризамын! Сүйемін көлді! Сүйемін сені!

 – Алысқа ұзама!

 – Қорықпа! Мен жақсы жүзем…

 – Байқашы, аршам!

 Ай сәулесі ойнаған айдында су перісінше бұлаңдай жүзіп, Аршын сұлудың қара шашы түнгі көл түсімен астасты. Қарауытқан таулар арасында айкүміс түске боялған Марқа сұлу да буаз маралдай керіліп жатты.

 Енді Ғазиз да шыдап тұра алмады. Суға секірді. Қалтылдаған қайық бос қалды. Екеуі де қоңыр салқын су ішінде рахатқа бата балықша «қуаласпақ» ойнады… Көл құшағында жастық қызыққа батты. Бұла тәндерін салқын су сергітіп, ширата түсті.

 Мұңсыз табиғат аясында қос шағаладай мамырлады…

 Адамға тән ел-сел сұңғыла сезімді бастан кешіп, талықси шаршаған сәтте қайыққа оралды. Шөпілдесе сүйісті.

 – Қайтайық, сұлуым! – деді Ғазиз.

 – Шаршадың, жігітім! – деді Аршын.

 – … – Ғазиз тіл қатпады.

 – Үндемейсің ғой?!

 – Қысырдың қырық жаны… қырық айласы бар… екенін бүгін мойындадым!

 – Солай ма екен, ә-ә, жігітім?!

 – Марқа сұлумен қосылып, қолқа-жүрегімді суырып алдың! Құр сүлдерімді қалдырдың…

 – Қайықты қалай еспексің?

 – Бір жөні болар.

 Ол аузын жиып үлгермей, Матабай жақтан жарығы жанған моторлы қайық дауысы естілді. Жарық алыстан көрінсе де, дауыс күшейе берді.

 – Бізге келе жатыр ма?

 – Шамасы солай!

 – Егерь жігіт шығар, – деп, Аршын сұлу есімін есіне түсіре алмады. – Неге іздеді екен?!

 Дауысынан әлдеқандай қобалжу білінді.

 – Біз кешіккен соң…

 Екеуі де жалма-жан киіне бастады. Су ішісіп, сөмкеден алма мен банан алып жеді.

 – Марқаның суы керемет екен! Суықтау екен бірақ, – деді Аршын. – Әлгі сұлуларды жұтып қоятыны қайда?

 – Бұл киелі су. Біз сияқты күнәһар жандарды жуытпайды… Жұтпайды.

 – Һім!.. Жуындырса да жұтпайды деші! Сендер неге «Марқа сұлу» дейсіңдер?

 – Алтайдай асқақ азаматтың қойнында жатқан ару ғой… Содан Марқа сұлу – Марқа ару дейді. Тек мұздай бұлақтардан, мөлдір тұмалардан құралған тұнық қой… Суы ластанбайтын зипа. Арудың аруы… Тау басында. Тұмалармен жуынады. Қалжырмен тазаланып тастайды. Мұндай періштедей таза көл әлемде жоқ. Оған кәміл сен!

 – Ғазиз, неге Марқа сұлу атанғанын айтпадың ақыры?

 – Ол ұзақ хикая…

 – Аңыз ба?

 – Аңыз емес – ақиқат.

 – Айтып бересің ғой.

 – Айтып берем, бір реті келер.

 – Шынында ғажап екен. Түбіндегі тастары мен балығына дейін көрініп жатыр. Хрустальдай жарқырайды.

 – Қытайдың қызығып отырғаны да содан. Суымен қоса самырсын сасыған азонын айтсаңшы! Жұпар ауа… Қытайдың Бежін, Шанхай сияқты алып қалаларында қазір ауа жетіспейді. Олардың миллионер байлары осы Алтайдың арғы бетіне ағылады екен, таза ауамен тыныстаймыз деп…

 – О жақта мұндай жер жоқ па?

 – Оларда да Алтайдың бір шұрайлы бөлігі жатыр, бірақ Марқа сұлудай көл жоқ. Марқаның «туған сіңілісі» Қанас көлі бар… Тәңірі жаратқан Мұзтау мен Сарытау секілді екеуі де бір-бірінен айнымайды.

 – Ол не? Көл ме?

 – Көл. Марқаның бүйрек тұсында… Бұдан бірақ төрт есе кішкене. Соны қытайлар жайнатып жіберіпті: маңайына биік-биік үйлер мен қонақ үйлер салып тастапты. Адам деген құмырсқа… Ине шаншар жер жоқ. Қаптаған қалың қытай.

 – Оны қайдан білесіз?

 – Өткен жылы Сұңғат ертіп барған. Аудан әкімімен бірге… «инвестиция қарастырамыз» десіп. Сонда сұмдыққа кез болдық. «Қытай қорғанынан жөңкілген жұрт… немесе қатерлі қауіп!» деп сұхбат та бергем елге келген соң, тәуелсіз медиа порталға. Олардан басқа сайттар көшіріп басыпты. Елең еткен біреуді естімедім!

 – Неге елеңдеуі керек?

 – Ойбай-ау! – деп Ғазиз күйіп кетті. – Ойбай! Қытай Шынжаңды түгел жұтып қойыпты… Алтай қаласында қазақты көрмедік. Өңшең қысық көз, қисық тіс, кем иек қаптап кеткен. Әйгілі жеті Қабаның бесеуі бізде… Ал арғы беттегі екеуінің бірегейі – қазақ Қыран атайтын, Алтай қаласын қақ жарып ағатын Қыран Қаба өзені бойына шейін туризм деп, қора-қора қытайды қоныстандырыпты. Түрі жаман! Қаба ауданына қарасты Қанас көлі – қара қытайдың ойнағы. Ойнақ та сонда, ойнас та сонда… Қанас көлін бітіріпті ластап… Ауасы да азып, жері де тозып кетіпті. Суыр мен тышқанына дейін жоғалыпты… «Жеп қойды қара қытайлар» дейді жергілікті қазақтар. Мына қытай іргелес отырған қазаққа төніп келе жатқан апат… Жай апат емес, алапат апат! Аждаһа! Қаныңды бауыздамай ішеді… Жерді тулақ жасайды. Жұртыңнан жұрнақ қалдырмайды.

 – Қорқытпашы! Ана егерь де жоламай кетті… Қиыс кетіп барады. Әлде олар емес пе? – деп, Аршын сұлу жағалау жақты жанамалай жүзген түнгі катер-қайыққа үңілді.

 – Балықшылар болу керек.

 – Қойшы, Ғазиз! Қорқытпашы мені! — деп өтірік сынықсыды Аршын сұлу. – Мынандай жұмақтан айрылып қаламыз ба деген қаупің де орынды.

 – Алтай қазір иен… Ал иен жерге кім көзін сатпайды? Елсіз жер де ерсіз әйелмен тең. Бос жатқан жер іргеден жау шақырады…. Қазір Мұзтаудан басталған Катон-Қарағай мен мына бес Қаба ағып жатқан құйқалы өңір, Марқа мен Күршім жері елсіз. Шекара белдеу иен.

 – Мемлекет бар емес пе?!

 – Сол мемлекет қой бәрін бүлдіріп отырған… Билік біздің – көрсоқыр. Көздерін шел басып кеткен. Ойлағандары инвестиция деген атпен келіп жатқан топан ақша… Марқа сұлуды да инвестицияға сатпақ.

 – Қойшы! Қорық қой.

 – Қорық бүгін, ал ертең осы қорық дегеннен қорқатын боламыз! Алматы маңында қорықты ашкөз әкімдер жалға беріп те жатыр ғой… Марқа сұлу да миллиард уыстап, ерігіп отырғандардың тақымында кетпесе болды.

 – Қалай?

 – Қорықты кепілге қоя салады. Мол ақша. Әкім де миллионер болып шыға келеді… Ол және мемлекетке бағынышты ғой. Инвестор сұраған мемлекеттік кепілдемеге де дөп келіп тұр. Мемлекеттік қорық – мемлекеттік кепілдеме… Бұдан артық табылмас. Иесі – мемлекет, а на самом деле – никто!

 – Сұмдық! Бұлай бола қоймас.

 – Осылай болады. Мұның жоспары баяғыда Қытай мемлекетімен бекітіліп қойған… Қара қытай қаптауға дайын отыр. Шекара бойындағы аудандар сол үшін жабылған. Халық азайсын, шу шығармасын деп… Тіпті басы ауған жаққа тентіреп көшіп кетсін деп. Содан жұрт Алтай мен Тарбағатайдың шекара бойынан, Алакөл мен Нарынқол шекарасы жағынан ауып кетті. Құтты қалмақтың «Ақтабан шұбырынды» заманы қайта келгендей болды… Тау басындағы Шірікаяқ сияқты шұрайлы мекендерден адам қалмай, тентіреп кетті. Енді бос қалған жерге қытай ие болмағанда, кім ие болады?! Қытай сұрамағанда, кім сұрайды?! Астана мен Алматы ауған жұртты қайтарып көр! Мықтылығыңды көрейін, данышпандығыңды таниын! Ерлігіңді сынайын! Оған баяғы Абылай саясаты қажет, Қабанбай батыр руһы керек… Ал қазақтың Павлодар облысы секілді жерінде алты мың халқымен де аудандар жабылған жоқ сол кезде…

 – Қалайша? – деді таңырқай түскен Аршын сұлу.

 Қызынып алған Ғазиз:

 – Солай. Парадокс. Әлде орыс ағайындардан қорықтық па?! Халқы отыз мыңнан астам болса да, шекара аудандары қалайша жабылуға ұшырады? Маған осы ойлар әлікүнге маза бермейді… Тіпті мынандай сұмдық сөзді де естідік қой, – деп таусыла түсті.

 – О қандай сөз?! – деп Аршын сұлудың қызығушылығы артып, дауысы шығып кетті.

 Тыныш көл бетінде шолп етіп балық шоршыды.

 – «Күллі шекарадан мың шақырымдық жер берілді… Алтай мен Тарбығатайдан, немесе Алатаудан ғана емес, оңтүстіктен де берілді. Шуламаңдар! Найман мен албанның ғана жері ғана дейсің бе, дулат пен қоңыраттан да жырымдалды… Жұртты жылатқан жоқпыз, қонысы қалды… тозған жерлер ғана кетті көршімізге…» дегенді де естідік қой. Тіпті ұшар шыңдарға да ара түсе алмадық қой. Хантәңіріні қырғыз бен қытайға, Мұзтауды орысқа өз қолымызбен үлестірдік… Құтты шүлен таратқандай болдық.

 – Қойшы?!

 – Арымдай ақиқат! Әй, біздің әкімдерге дауа жоқ! Қазақтың Хан жайлауын көкпарға салғанымызда шаруамыз жоқ. Қазақтың Хан намысын аяққа таптағанда шімірікпеді ғой! Бәріміз үнсіз қалдық… Үндемес ойнауға етіміз үйреніп кетті. Баяғыда да «үндемес заман» болған. Қазір де соның кебі. Үрейден арыла алмай қалған елміз… Сондықтан да үнсізбіз. Ата-баба аруағы қозғалады әлі… Алла қозғамаса, аруақ қозғайды. Олар ұрпаққа ренжулі!

 – Ел білмей қалған шығар!?

 – Білді. Білгенде не істейді? Билікке сенді. Президентке сенді. Үкіметті басқарып отырған басшы мен қосшыларға… сенді! Ал билік білгенін істеді… Ақыры мынау. Шекара жезөкшедей жалаңаштанып шыға келді. Жұрт үдере көше бастады. Шекара бойлаған қысық көз қытай анау. Миығынан күледі. «Қазақтың қанды басын бері тарт, арлы басын ары тарт!» деп алақанын ысқылап отыр.

 – Мына әңгімеңді мен ғана естиін! Марқа түні естіді… Басқа ешкім естімей-ақ қойсын! Түнде айтқаның да жөн болды. Көл мен жел ғана құлақ түрді… Осы жерде қалсын түнгі әңгіме! – деп, Аршын сұлу біреу тыңдап тұрғандай жан-жағына елегізи қарады.

 Ай сәулесінде майда толқын діріл қақты.

 – Иә, бүгін Марқа сұлу естіді! – деді Ғазиз өз-өзімен сөйлесіп. – Марқа сұлу мен Таян хан рухтары қозғалар әлі… Мен киелі рухтарға сенем!

 – Оларың кім тағы… Түн. Қорқытпашы! Түнде дауыс аласқа естіледі. Сыбырлағанды құдай естиді!

 Аршын сұлу шындап сескенді.

 – Түнгі әңгіме… Иә! «Түн әңгімесі». Біз түнде ғана айтамыз. Түн әңгімесі үрей шақырады!

 Ғазиз ай жарығында әлдеқалай алабұртып, «Түн әңгімесі» деген сөзді қайталай күбірледі. Аршын сұлу түн тыныштығына тығыла отырып, санасы мен жүрегін жаулаған шындықтан жасқанды. Табан астында қалтылдаған қайық екеуіне пана бола алмайтындай көрінді.

 – «Қалтылдаған қайық та қазіргі қоғамнан аумайды…» – деп Ғазиз өзіне-өзі күбірледі.

 Жігіт құшағына құлай отырған Аршын сұлу оған мән бермеді. Бергісі де келмеді. Арманшыл жігіттің тауқыметті тағдыры жігерін жеп, тауын шағып тастағандай еді. Бүгінгі көл бетіндегі сезім серуені мен ойлы сөз де сезімтал жанның қоңылтақсыған көңілін жұбата алмай, жұтатып кеткендей.

 Марқа сұлу тыныштығын алыстағы мотор үні ғана бұзды. Мотор үні де баяу жақындап келе жатты. Айдың жарық нұрын көлдің қабарытқан түнгі жүзі жұтты.

 Егерь Темір де жағалау бойлай жүзіп-жүзіп барып, бұларға түн жамыл­ғысын толық жапқанда ғана бұрылып еді. Екеуінің түнгі сезіміне сызат салғысы келмегендей алыстан орағытып, асықпай жетті.

 Олар бірақ мұны жарқылдай қарсы алмады.

 – Қарындарың қабысып қалған шығар… Қуырдақ пен ас дайын! – деді ол.

 – Арқама жабысып қалды… Кісі жеуге даярмын!

 Аршын сұлу егерь жігіттің көңілін қалдырғысы келмей, Ғазиз үндемесе де, ол үшін өзі тіл қатты.

 – Моншаға түсіп шыққан соң, бәрін ұмытасыңдар… Пардан көл суына сүңгіп шыққанда, сергіп сала бересіңдер!

 Темір көл ортасында қаңтарылып қалған ескекті қайықты моторлы қайыққа мұрындықтап алды. Түн тыныштығын моторлы қайық дүр етіп отала бұзды да, Матабай ауылына қарай көбең тартқан көл бетін жарық прожекторымен жасқап, су жүзінде зырқырай жөнелді.

 Түнгі аспанда ай да түстікке жылжыды…

 Дайын дастарханнан қуырдақ пен «виский» аш өзектеріне түскендей болды. Ғазиз тілі демде күрмеліп қалды. Күні бойғы көл үсті малтыққан қызу сезім шәрбаты мен ымырт түсе су перісіндей шарпысқан суіші қимыл азаматтың қуатын қайырыпты. Көл үстіндегі ымырттағы екеуара ауыр әңгіме желісі де жүйкесін иіріп тастапты. Диванға отырған жерінде қалжырап, басы бір жағына қисайды да қалды.

 «Виский» бойына қуат құйған Аршын сұлу ғана қысырдың қымызын ішкендей қайта ойнап шыға келді.

 Ол қасында қор ете қалған Ғазизге қарап:

 – Слабак! – деп мырс етіп күлді.

 Темір де күні бойы сұлу әйелді тағатсыздана күтіп, жараған жүйріктей сілекейін жұтынып жүр еді…

 Аршын сұлуға басымен нұсқап:

 – Пашли в баню! – деді ақырын ғана. – Пусть отдыхает!

 – Пошли! Только тихо!.. – деді Аршын сұлу да.

 Екеуі есікті шиқылсыз жауып, сыртқа беттеді.

 Қарағайлы төңірек қаракөлеңке…

 Арсыз ұйқы мен арсыз түн қалжыраған Ғазизді қабағат ұрып, оның мұрындары қос моторлы ұшақтай шұрылдап, қамсыз ұйқы құшағына берілді. Түсіне Марқа сұлу бетінде – қалың тұман ішінде адаса жүзген қайық кірді… Қайық толы адамдар. Жүздерінде жарқындық жоқ, көздерінде үркініш-қорқыныш басым. Қайық та қалтылдап қояды. Өзі де солардың арасында екен.

 Аяқ астынан түсетін Алтай тұманындай осы бір түс буалдырынан Ғазиз санасы айыға алмай жатты. Ал егерь Темір сұлу әйелге қосыла мұртының астынан мысық мысқылмен жымиды. Оның ішіне бүккен есебі де түгел еді… Шетелдік «Вискийге» орыс арағынан күндіз араластырып қойған.

 Аршын тау түнінен қорыққансып, табалдырықтан ұзамай жатып егерь жігітті белінен құшақтап алды. Қарулы еркек сылқым әйелдің жұмыр иығынан ұстап, бауырына қыса тартты. Қызыл қарағайдан қиылып, көл жағасына жақын салынған моншаға қарай асыға басты.

 Олар сүт пісірім уақыт өте булары бұрқырап, үстеріне ала-құла сейсеп жамылып, тысқа шықты. Аршын сұлудың ақ балтырын көк майса жалады… Сол бойда монша іргесіне бұрып әкеп салынған тостағандай тоған шұңқырға күмп етті. Ала сейсеп ағараңдап малта тастар бетінде қалды.

 Марқа сұлу жағасында ноқталанған қайық толқынмен баяу тербеліп тұрды. Толқынның шымды жағаны сүйген түнгі шөп-шөп үні естіле берді. Тоғанға тоғылған екеудің сылп-сылп сылқым шолпылы түн тыныштығына жұтылды.

 Аршын төс, баршын балақ Азутаудың тасасына ай да шымылдық перделеген пәк арудай жүзін жасырды.

 

 ЕКІНШІ БӨЛІМ

 I

 Ауыл үсті абың-күбің.

 Былғары табыт ауылы бұрын-соңды бұлайша бұлан-талан болған емес. Бағзы замандарда болса болған шығар, бірақ бұған дейін жапырыла жінікпепті. Барын киініп, бақанын көтеріп шықпапты. Бөтен адам атын да естімеген, зәузатын да танымайтын ауыл еді.

 Бәріне кінәлі – ауылдың іргесіндегі Былғары табыт қорғаны мен Жады Толик атанған Толғанбай… Әйтпесе барыс құйрықтана созылған Бөкенбай жалының Байдалы биігі етегін ешкім де ескере қоймаушы еді. Бар-жоғы жиырма шақты түтінді тәңірі де ұмыт қалдырған-ды.

 Қызыл Керішке дейін Бөкенбайды бойлай жайылған Тақырдың ұлы жазығына жан біткендей жыбыр-жыбыр. Ағылған жеңіл көлік арысы Күршім мен Самардан, берісі Зайсан мен Тұғылдан келіп жатыр. Атқа мінісіп алған жастар қарасы тіпті мол. Олар жапсарлас жатқан Қалжыр, Теректі, Боран мен иықтас жатқан Қарой, Қайнар, Ақбұлақ, Қалғұты секілді ауылдардан құйылуда.

 Той десе – қу бас домалайды…

 Былғары табыт ауылына Астана мен Алматыдан археологтар келіпті. Солар төбе-төбені қазады екен, алтын адам іздейді екен… Соған ақсарбас атап, Сұңғат бай-бизнесмен бәйге шаптырып, көк серке тарттырып, көкпар береді екен деген «ұзынқұлақ» жұртты жинап-ақ тастапты.

 Қалжыр ауылында кешелі-бері аудан басшысы мен ауыл әкімқаралары күткен Мағдан Жұрағатұлы көңілі көл-жайлау еді. Тек анда-санда Аршын жарын ойлап, алабұртып қалатыны бар… Ондайда Дулат пен Сұңғат екі жақтап кеп тақымдап, әңгіме ауанын әрнеге аунатып, алаңдаған көңілін коньякпен басып тастайды. Коньяктың қызуы мен алқалы топтың мақтауы түнде Аршын сұлуды да ұмыттырып, балбырата масайтып, салқын үй, салулы төсекке жантайтып тынған.

 Күн көтеріле қауқылдасқан жастар профессорды қалың тоғай көмкерген Қалжыр ауылынан тыр жалаңаш бөктердегі бір уыс Былғары табыт ауылына әкеліп, Ақжамбы ананың шар шаңырағында тайшеке тартып, қой басын мүжітіп, көпшілікпен той қызығына кірісіп-ақ кетісті. Аудан басшысы мен шашбау көтеріп жүрген әкімқаралар түн ішінде тайып тұрысыпты.

 Көкпар мен бәйге жарысқа дайындалысып, қарбалас басталып кетті…

 Тысқа желпінісіп шыққан көппен бірге профессор да кең тыныстады.

 – Дулат, – деген, – әлгі жеңгеңе хабарласа аламыз ба?

 – Қазір аға! – деп, Сұңғат бұрын жауап берді. – Мен егерь досыма Темірге жаңа ғана хабарластым. Матабайдың биік шоқысына шығып, сізбен сөйлесуге күтіп отыр.

 – Бәрекелде!

 Профессор шын қуанды.

 – Міне, телефоныңыз! – деп, Дулат та ұялы байланыс қорабын ұстата берді.

 – «Алло! Алло! – деп профессор қалбалақтап, алақандай телефон қорабына кіріп кетердей сасқалақтады. – Аршын! Аршын!.. А-а.. а… Басқа адам ба? Иә! «Магда» де… ( Бір сәт дегбірсізденгеніне өзі де қысылып, сабырға келіп, арғы жақтағы дауысты күтті.) Иә, Аршынжан!.. Ботам! …Мен жақсымын. Давление… Өлшеген жоқпын. Қалыпты сияқты. Өзің ше? «Ауырып қалдым?.. Судан…» дейсің бе? Түспеуің керек еді. Тау басы. Су әлі салқын ғой… Көлге енді түспе, жаным! «Сағындым!» дейсің бе? Мен де сені… «Бүгін-ертең шыға алмаймын!.. Емделем» дейсің бе? …Емдел. Моншаға түс! «Ғазиз да ауырып қалды?..» Ой, күйсегеніңді ұрайын! «Темір күтіп жатыр…» Азамат екен! Сәлем айт! «Әйелі қарақат қайнатып беріп жатыр…» дейсің бе? Ести алмай жатырмын… Жөн. Жылы киін. Моншаға түсіп, терле, ботам!.. Біз бе? Бүгін емес… Ертең бастаймыз қазуды. Алматылық археологтар сияқты қазатын шығармын! Олар Тарбығатайда кірештеп ашқан… Сол тиімді. Оба үлкен, жатаған емес екен… «Төбе» дейсің бе? Биік. Қолайлы… Сен әзірге асық па, жаным?! Дулат бар ғой қасымда… Дәрімді қадағалайды. Рахмет, ботам!.. Әбден жазыл! Сұңғат өзі алып қайтады… «Ертең» дейсің бе? Жарайды. Мазаламаймын, ботам!.. Ертең осы уақытта. Жақсы, жаным! Осы уақытта хабарға шық! Ботам менің! Құшақтап сүйдім!»

 Мағдан Жұрағатұлы ұялы телефонды өшіріп, Дулатқа бұрыла берді. Көңілі жайланып:

 – Ал жігіттер Былғары табыт көмілген төбеге тарттық! – деді жан-жағына асқақтай қарап.

 Кешеден бергі атқамінерлер мен жұрттың кеу-кеуі де ғалым кеудесін асқақтатып жіберіп еді…

 Профессор момақан күйде томпайып жатқан төбеден бір жұмбақ жақсылықты ақ жүрегімен күтіп, Алтайға асыға жеткен еді. Алғаш телефонға түсірілген суретін доктаранты Дулаттан алдырғанда-ақ санасы сілкінгендей сыздап, көпті көрген жүрегі дүрсілдей соғып, өзін біртүрлі бақытты сезінген. Жақсылыққа жорып, ұлы жаңалық ашатындай күй билеп кеткен-ді сол бір сәт. Өмір бойы әлемді аузына қарататын ғаламат жаңалық ашсам деген ішкі бір түйсік пен аңсарлы арман Мағдан Жұрағатұлын алдағы күнге емексітіп, бар жақсылықты алдағы күннен күттіріп келе жатқан… Сол сәт жақын қалғандай бір ұшпа сезім билеп алған-ды.

 Ол Алтайға – Марқа сұлуға келгелі алаң көңілі орнығып, өз-өзіне өте сенімді болатын. Арқадағы ақ шағала шаһардан да осы бір үміт пен сенім алып-ұштырып жеткізген.

 – Аға, көлікке отырайық, – деп Сұңғат өзі бастады.

 – Жұрт та жиналып қалыпты. Көкпарды сағынған ғой. Көкпар мен бәйгені ұмытқалы қашан бұл өңір? – деп Дулат та қостай берді.

 – Ұлттық дәстүрден ажырап барамыз… Сұңғат, сендей мырза жігіттер аман болсын! Салт-дәстүрді жаңғыртатын азаматтар керек. Қазақ қалаланып барады… Қазақтығынан да айырылып барады. Болашағымыз қалай болар екен? Қаланы қоныстанайық, даланы тастамайық… Дүркірете дамытайық! Онсыз қазақ жаны – жетім… болмысы – жұтаң… Шындық:

 – Иә, аға! – деп Сұңғат та әңгімеге араласты. – Сізді пайдаланып, жұмыссыздық жайлап, жайдақ отырған жұртты бір желпінтіп алайын деп жасап жатырмын.

 – Ісің алға бассын! Ниетің қабыл болсын! Азамат деген сен… Мына ел, жер сендей адамдардың арқасында есен-аман ғұмыр кешіп келеді, бауырым! Сендер аман болыңдар!

 Кенет үйдің ығынан Толғанбай шыға келді. Қасында мақау Отан бар. Ол бірден Мағдан Жұрағатұлына қарай беттеді. Алдын кес-кестей берген Дулатты итеріп жібермек болып:

 – Былай тұр! – деп күректей тарамыс қолымен жасқай берді.

 Қазақтың кей ауылында кездесетін осындай мүскін, зиянсыз адамдарды профессор жақсы білетін.

 – Жібер, Дулат! – деді жайбарақат. – Ассалаумалейкүм, ақсақал!

 – Уағалейкүмсалам! Сенбісің Былғары табытты қазбақшы?

 – … – Профессор үндемей, сөз соңын күтті.

 – Қазба! Мен сияқты болып қаласың… Қарғысқа ұшырайсың! Мен қазғам… Кейпім мынау. Жаманшылық шақырма! Аруақты қозғама! Ренжиді!

 Осы сәтте шошаладан шыққан Ақжамбы әже Толғанбайды байқап қалып, адымдай ұмтылды.

 – Әй, Толғанбай! – деп, қаттырақ дауыс көтере келді. – Ұят болады! Қонақтан… Жүр былай! Тамақ ішеміз! Қане, алдыма түс!

 Профессорға тұнжыр тартқан шүңет көздерімен сілеусінше қараған мылқау баланы Ақжамбы әжей алақанынан қыса ұстап, Толғанбайды алдына салып жөнелді. Ғалым таңырқап қалды. Толғанбай айтқан зілді сөздерді көңіліне алмаса да, тұнжырай қараған бала көзқарасы өңменінен өтіп кеткендей болды.

 Еріксіз:

 – Мына бала кім? – деп сұрады.

 Дулат:

 – Досым Ғазиздың жалғыз ұлы… Мақау, – деді.

 – Аты кім? Түсі суық екен… Көзі де өткір.

 Сұңғат әңгімеге араласты.

 – Аға, өте сезімтал бала!.. Есімі – Отан. Жазғы каникул болса, Күршімнен ауылға келіп алады. Апам да еркелетіп жіберді. Елгезек. Ішіңдегіні біліп тұрады… Толғанбайдан басқаға жуымайды. Балалармен де көп ойнамайды. Қашан көрсем Байдалы тауының басында бүркіттей боп шоқиып отырғаны… Шақырсаң қас пен көздің арасында арт жағыңнан пайда бола кетеді. Жын ба, шайтан ба деп, өзің шошып қаласың?! Жұрт құс сияқты «ұшады» деседі. Қызық жаратылыс иесі. Қасиеті бар бала… Толғанбай да тастамай ертіп жүреді.

 – Тегін адам емес! Бір нәрсе бар бойында… – деді Мағдан Жұрағатұлы. – Сақтау керек! Мұндай жандар өмірге жайдан-жай келмейді… Бәрін білетін, бәрін алдын ала сезетін қабілетті жандар болады. Кешегі ұшаққа жолыққан осылар емес пе?

 – Осылар ғой, Ақсөңке сайында жүрген.

 – Бәсе, солар шығар деп ойладым жаңа!

 – Кеттік аға, жұрт күтіп қалды!

 Дулат пен Сұңғат асықтыра берді.

 Джип көлігінің алдыңғы орындығына жайғасқан профессор тозып кеткен ауылға көз тігіп отырып:

 – Апаң аман болсын, Сұңғат, Дулат! Сендердің өстіп емін-еркін талтаңдап жүргендерің, сол аққұба аналарыңның арқасы! Бүгін де бәрі де анаға байланысты болып тұр ғой. Бұрын да бірақ солай болған. Қашан да аналарға салмақ көп түскен. Салт-дәстүрдің сыртында, бала тәрбиесі мойындарында. Бала деген ертеңгі ұлт. Ұлт тәрбиесі – аналарға парыз, ұл тәрбиесі – әкеге парыз… Анасыз ұлт жоқ. Ақжамбы аналардай ана азайып кетті ғой. Жұртымыз азғындап бара ма деп, қорқам! – деп толғанып қойды.

 Бұлар Былғары табыт төбесіне келгенде, жұрт жапатармағай биікке шығысып, баяғыда басталып кеткен көкпарды қызықтасып кетіпті. Бәрі де шуға шу қосып, елеуірлеп алыпты.

 Сұңғат көкпаршыларға жақын келіп аялдады. Бірақ аттар жақындап кеп қалса, тұра жөнелетіндей моторды сөндірместен дайын отырды.

 Ал тау бауырлаған жазықта отыздай салтатты құйын-перен айналсоқтап, тақым жыртысып жүр. Кейбіреуі ауыздарына қамшыларын тістеп, кейбіреуі ат бауырын ала қамшылайды. Өзара көкпарға таласып, жылқы жануарды омыраулата төске шаптырады. Бір-біріне кимелей ұмтылысып, жан беріп, жан алысуға көшкендей.

 Кейбір қызба жігіттер қамшы жұмсасып қалады. Арқадан тартып та жібереді. Бірақ әбден дода қызығына батқан олар қайқаң ете қалысып, әлдене айта ақырысып, елең құрлы көрмей кететіні бар.

 – Пай-пай! Жастық шақ-ай!.. Жігіттік-ай!

 Мағдан Жұрағатұлы да қызынып шыға келді. Делебесі қоза бастады: «Қайран жиырма бес пен отыз бес!.. Тарт жігітім, тарт! Қанды басын бері!»

 Дулат жетекшісінің додаға қызынғанына іштей қуанып отырды…

 – Мағдан Жұрағатұлы, жас шағыңызда додашы болған сияқтысыз?!

 – Көкпар тартпайтын қазақ бар ма? – деп, алқын-жұлқын майдандасқандардан көзін ала алмай: – Өй, азамат! – деген сүйсінісін жасырмады.

 Көкпар тартқандар бұлар жаққа дүркірей ойыса берді.

 – Қой! Аулақ кетейік! Көліктің үстіне шығып кетер… Тартыстары қарқындап барады, – деп Сұңғат джипті жұлқа жөнелді.

 – Аға, – деді Дулат. – Былғары Табыт төбесіне шығайық!

 Сұңғат жусанды даланы жүздіре төбеге қарай бет қойды. Жаяу жұрт айқай мен аттанға басқан зор төбеге қарай аппақ джип келе жатса да, олар айылын жимады. Бөрінің артынша шулаған шұрқан жұрт қақ жарыла қоймады. Сонда да сыналай көтерілген көлік ішіндегілер сырғи-сырғи төбе басына да жетті.

 – Ой, пәлі! Алақандағыдай айдынданды ғой бар маңай!..

 Профессор балаша қуанды.

 – Жарықтық төбе де биік екен… Бірақ осы қорғанның төбесін таптағанымыз қалай болар екен?! – деп тосылып қалды. – Бағанағы Толғанбайларың да қайдағы жоқты айтты… Мыңжылдық мазар ғой, ренжітіп алмайық!

 – Бұл төбе басында шағын ауылдың талай мерекесі аталып өткен, аға. Еш саспаңыз! Халық жаңбыр жаумаса, тасаттық та береді. Құрбан айтта құдайға құрбандық та шалады… Жастар үйленсе, молдаға некелерін осында келіп те қиғызған… талай рет, – деп Сұңғат профессордың дүдамал ойына басу айтты.

 – Мағдан Жұрағатұлы, – деп Дулат жетекшісі көңілін аударып жібергісі келді. – Көкпар ұлттық спорт түрі ғой… Сіздің көкпаршы екеніңізді осы уақытқа шейін білмеппін!

 – Е-е, жастық шақта не болмайды?! Тарттық көксеркені… кейін өмір өзімізді көксерке қылып тартты. Тағдыр – тартыс. Көкпар өмір әлі тақымынан босатпай келеді… Құдайға шүкір, көкпарынан айырмасын! Тақымынан босатпасын!

 – Аға, – деді Сұңғат көкпаршыларға қарап отырып: – өткенде Алматы қаласы аумағына кіретін қорғандарды көрсетіп жатыр телевизордан. Сонда айтып жатыр: қорғандар қалай болса – солай қазылып, бетін жаппай кетіпті… Ішін қаладан қоқыс таситындар боқтыққа толтырып тастапты. Осы біз неге немқұрайдымыз?

 – Адам азғындады ма, азамат атаулы мәңгірді ме, кім біледі? Әйтеуір, иесіз ел болдық қой… Өмірімізді қоқыс басып кетті.

 – Жанымызды кірлетіп алдық, аға!

 – Тәнімізді жуармыз, жанымызды жуындыру оңайға түспес…

 Ғалым ойлана жауап қатты.

 – Ойпырмай! Аға, мыналар қайда көтеріліп келеді? Естері дұрыс па? – деп Дулат Сұңғатқа оқыс дауыстап жіберді.

 Осы кезде жер көшірердей дүрілдеген дода арасынан екі жігіт суырылып шығып, Былғары Табыт төбесіне қарай тіке салды. Артынан қалың топ та ере қоймады. Олар қызып алған аттарымен тау бауырындағы шаңдақта айнала желе-шауып қала берді.

 Етектей жүрген жұрт та сасқалақтай қашып, салт аттыларға жол ашты. Төбе үстінде ұйлыққан топ та бала-шаға демей ығыса жөнелді. Бұл бір күтпеген жай еді.

 – Саспа, Дулат! Жігіттер өздері біледі… Ескертіп қойғам! – деп Сұңғат есігін ашты. – Түсейік! Аға, қызық алда… Сізге тарту!

 Профессор аңтарылып қалса да, көліктен түсе берді. Дулат та алдымен атып шығып, қолтығынан демеді.

 Бұл шақта көкпарды екеулеп тартқан жігіттер жұртты жапыра ығыстырып, джиптің алдына дода малын дүрс еткізе тастай салды. Әй-шайға қарамастан ауыздықпен алысқан аттарын ойнақтатып, шулаған елдің арасында әлдене деп айғайлады.

– Көксерке! Көксерке!

– Дулат аға, көксерке бер! Көксерке! — деп атпен бастырмалата төністі.

Олар профессор екеуін ат тұяғымен таптатардай екпіндеп, елеуірлей даңғаза шу көтерді. Дулат пен профессор арқаларын джип көлігіне сүйеп, үн шығара алмай қалды. Сасқандарынан естері шықты.

 Тек Дулат:

 – Сұңғат! Сұңғат, аға! – деп дауыстай берді.

 – Тоқта! Тоқта, жігіттер! – деп Сұңғат сонда ғана араласты. – Жарайсыңдар, жігіттер! Көкбөріні керіп-ақ тастапсыңдар… Көксерке дайын! Қазір!

 Ол джиптің артқы есігін ашып, дайындап қойған көксеркені шығарды. Әлекендей жаланған жас жігіттер «Жаса, аға!» деп жерге жамбасын тигізбей, ат үстінен жұлып әкетті…

 Шуылдасқан жұрт көңілі шауып бара жатқандарға қайта ауды.

 – Ай-ай, азаматтар-ай! Осылай бір ат ойнақтату арман ғой бізге…

 Мағдан Жұрағатұлы әрі сүйсіне, әрі өкіне дауыстады.

 – Аға, бермен келіңіз! – деп Сұңғат джип алдында жатқан, сілікпесі шыққан көкпарға шақырды.

 Жақын келген Мағдан Жұрағатұлы сонда ғана шошына қарады. Аузынан «Астапыралла!..» деген сөз қалай шығып кеткенін өзі де аңдамай қалды. Көз алдында бұзаудай болып бөрінің өлексесі жатыр екен. Жаны шошына ышқынды.

 – О, тәңірім сақтай гөр! Астапыралла! Сұмдық-ай! Бұл не қылғандарың?!

 – Астафиралла! – деп, Дулат та қайталады жетекшісінің мақамын.

 – Сұмдық-ай! Бұл не қылғандарың?! – Профессор тіксіне берді.

 Сұңғат бір сұмдықтың болғанын енді ғана аңдады… Бірақ байыбына бара алмай, інісіне көзі шатынай, сұраулы жүзбен қарай берді.

 Ол да шошынып тұр екен. Тілі байланып қалыпты.

 – Не боп қалды, аға?!

 Сұңғат дауысы жарықшақтана естілді.

 – Ой, сұмдық-ай!.. Білместік пе? Нақұрыстық па? Сұңғат, ұлым-ау! О заманда, бұ заман! Бөріні көкпарға тартқандарың не?! Серке құрып қалды ма?

 – Тіпті ту туша да бар ғой, аға! – деп Дулат та жыларман болды.

 Сұңғат шарт кетті.

 – Осыны да сөз деп!.. Даланың аңы емес пе, адам үшін жаратқан!

 – Қап! Әттеген-ай! Әбден азып-ақ кетіппіз!? Жадымызда ештеме қалмапты… Жатжады болып кетіппіз. «Жатжады» деген осы!

 – Аға-ау, тым құрыса осындай тарту-таралғы дайындап жатырмыз деп, маған айтпадыңыз-ау! Келеңсіз тарту!

 Дулат та Сұңғатқа қарап шыр ете қалды.

 – Ой, қойшы, сенде! Жоқтан өзгені уайымдамай. Тауда бөрі көп… Бір қасқыр өлсе, Алтай жетім қалмас!

 Дулат шыдамай кетті білем:

 – Жетім қалады… Сен не білесің? Ақша мен пайдадан басқа! Әкіри! – деп, «әкеңнің» дейтін боқтықты осы өңірліктерше айтып жіберді.

 – Боқтанба!

 – Жадымыз – жұтаң… Ұмытылған бәрі, – деп профессор ағалы-інілі екеудің әңгімесіне мән берместен өз бетінше сөйледі.

 – Аға, енді қайттім? Мені жер қылдың ғой… Бұл қай қысасың?!

 – Сұңғат, – деді профессор кенет ес жиғандай болып: – көкпарға бөрі тартуды кім шығарған?

 – Профессор мырза, – деді шамданып қалған Сұңғат: – мен шығарған жоқпын! Баяғы заманда бөрі тартыпты ғой… Көкпар дегеннің өзі «көк бөрі» дегеннен шыққан дейді жұрт.

 – Шықса шыққан шығар… бірақ «жад» деген болады, жігітім! – деді профессор. – Ол – ұлттың мыңжылдық болмысы… Ал болмыс жаннан да қымбат! Осыны түсін! Жад жұтаса – болмыс жұтайды… Ұлт жоғалады! Бөрі – біздің жадымызға сіңісті… Бөрі болмысты жұрт едік. Оны ұлы Мағжан ақын айтқан. Қазір жұтауға ұшырадық, болмысымыз бұзылды… Бір заманда ірі едік. Жан-жағымыздағы анталаған дұшпандарымыз жұтатты… Ірідік. Мынау соның айқын көрінісі. Бөріні қой орнына құрбандыққа шалуымыз ғана қалыпты… Асып жеуіміз қалыпты қытай құсап!

 Профессор таусыла, түңіле сөйледі. Сұңғат толық түсінбесе де, ой сорабын анық аңғарып, тосылып қалды…

 Дулат та профессорға бәйек болып, енді пейдж докторлық бұйырмас деп түңілді. Мағдан Жұрағатұлы жүрегі айнығандай лоқсыды.

 – Мағдан Жұрағатұлы, – деп Дулат шыр ете түсті: – сізге не болды? Қан қысымыңыз көтеріліп кетті ғой. Көлікке отырыңыз! Қазір дәріңізді берем. Терең тыныс алыңыз!

 Ал көкпарға қотарыла келген көп жұрттың бұлармен ісі жоқ. Олар ырду-дырду думанмен мәз. Жас-кәрі деместен еліріп, есірік буып кеткендей жыртылып-айырылуда… Кешкі ас мәзірін күтіп, қарны ашқан жас балалар да жылап жүр. Оларға бірақ көңіл аударып жатқандар шамалы.

 Профессор кондиционері істеп тұрған салқын көлікке отырды. Даладағы жанып тұрған аптаптан жан шақырғандай болды. Профессор салқын су ішті. Дәрісін де тіл астына қойып, көзін жұмды. Қасындағы екеу де үн-түнсіз мелшиеді.

 Әлден уақта Мағдан Жұрағатұлы өз-өзіне келгендей болды. Жұмған көзін ашып, жанарымен маңайына барлай қарады.

 Сұңғатқа қарата сөйледі.

 – Бауырларым, ақылды азаматсыңдар! Біз бөріден тумағанымызды бәріміз білеміз… Аңыз арқылы ата-бабамыз ұрпағын бөрідей болсын деп армандаған. Солай тәрбиелеген де… Бөрідей сойлы болғаны шындық. Оған кәрі тарих куәгер.

 Сұңғат сонда ғана жетесіне жеткендей болып, жаңа ғана барыстай тыжырынған кейпінен айни бастады. Профессор оған бірақ мән берместен ойын ірікпеді.

 – Бұл – ұлы миф… Алтайдан тараған сонау Сақ-Ғұн дәуірінде. Әлемді шарлап кеткен Атилла бабамыз туы арқылы. Бөрі басты Байрақ көтерілгенде дүние тітіреген… Римдегі қасқыр емізген Ром мен Ромула да осы Алтай аңызының сілемі. Тотем. Біздің бөрі тотем – кодымыз. Асыл тегіміз. Біздің киелі санайтын, қасиет тұтатын сипатымыздың бірі. Бірегейі. Осыны бек тұтыңдар, бауырларым!

 – Кешірім өтінем, аға!

 Сұңғат дауысы бәсең шықты.

 – «У ішсең – руыңмен» деген, – деп, Мағдан Жұрағатұлы өзін де кінәлады: – Біз – үлкендер кінәліміз! Орыспен отандасамыз деп, оталып кеттік… Кешегі Екінші дүние соғысында аталарымызды аруақтандырған да осы бөрі бабалардың өр рухы. Қазақтың жанының қыртысын қара жерімен қоса жыртып, жалмап қоям дегенде, жолбарыс азаматтарды Кремльге қарсы шығарған да осы құрыш-берен бөрі болмыс… Бөрі болмысты елміз біз бағзы заманнан. Осыны түсінбей жатырмыз, азаматтар! Түйсінбей келеміз әлі… Түйсінбейді түйтікке кез болдық! Иә, түйтігіміз түтеленіп кетті.

 Профессор бір сәт тоқтап қалды. Іле сөйлей жөнелді. Ол Дулат пен Сұңғаттың тыңдап отырған-отырмағанына да мән бермегендей сыңай танытты.

 – Тәуелсіздік таңы атқалы талан-таражға ұшырадық. Той-томалақпен, ырду-дырду мақтанмен жүрміз. Арқа төрінен Алаштың астанасын саламыз деп, асыра сілтеп арқырадық… Рас, салдық! Бірақ қандай қажыр-қайрат пен қаржы-қаражат сарп еттік. Оны біліп жатқан жоқпыз. Бәлкім, сол ұлы қуат-қайратты халқымыздың рухани һәм әлеуметтік мәселесіне жұмсағанда мемлекетіміз қандай жігерленер еді… Жарқырар еді. Оған ой сала алмадық, жүрек жамалын аша алмадық. Ақыры, көкпарға түстік… Жеріміздің байлығын рәсуа қылдық: қысық көз қытай, көк көз орыс, жирен шаш батыс пен мулат американдық иеленіп отыр. Ендігі күніміз қалай дөңгелейді, жігіттер? Алдымыз тұйық жар, жан-жағымыз тұзды сор… секілденеді маған. Көкпарға түскен елімізді ойлауымыз керек, азаматтар!

 – Мағдан Жұрағатұлы, – деп Дулат ағасы үшін әңгімеге араласуына тура келді: – бір білместік болды… Көрші жатқан алтайлықтар «бөріні көкпар қып тартады екен» дегенді естіген ғой даңғойлар… Ақыры көкбөріге қол салыпты.

 Інісі ағасын ақтап алғысы келгендей кеп танытты.

 Дулаттың жетекшісі тағы да мифтің терең ғылыми қабатын қозғай әңгімеледі. Ағыл-тегіл келген ойын ірке алмай, өзін тоқтата алмай қалғандай көрінді.

 – Түркілік тотем… түркілік таным… Жатырын жатсынған жұрт… Жұтадық. Қандай жұрт едік?! Ал «алтайлық» деген халық жоқ. Олар – қара қырғыз зарлай ауғанда қалып қойған жұрнақ, – деді профессор. – Жатырын жатсынып кеткен жұрт қой, қазір өздерінің кім екенін ұмытып, алтайлық атанды. Дінінен айырылды. Ділінен айырылды. Жадынан айырылған… «Жады» деген осы!

 Профессор жөткірініп алды. Ұзын-сонар лекция оқырдай қайта жалғастырды. Доктарант Дулаттың көз алдына әйгілі Әуезов елестеп кетті… Кең маңдайы жарқырап, маңғаз сөйлеген жетекшісі «Кіріспе» дәріске енді кіріскендей еді.

 Баяғыда Алматыда Мұхтар Әуезов осылай бір сөйлейді екен дейді, сол кезде дәріс тыңдаған түбіт мұрт студенттер – бүгінгі күні сексеннің сеңгіріне көтерілген ақсақал жазушылар… Мұның профессор жетекшісі данышпан жазушы Мұхтар Әуезовті көрмепті. Ол кезде мектепте оқыса керек, бірақ жастай жесір қалған мұғалима шешесінен талай естіпті.

 Анасы хакім атанған ақынның өлеңін жатқа айтқызып, «Абай жолы» романымен баулыпты… Сонау соғыс жылдары істі болып, Сібірдің тескен тауын әкесі асып кеткен қара күзде бұл алты айлық болып іште қалыпты. Әкесі Жұрағат «Бала тапсаң, Абай мен Әуезовты оқыта бер!..» деп өсиет айтып, бір жапырақ хат жазыпты.

 Бір-ақ рет Магаданнан келген сол бір хатты анасы тұмардай сандық түбіне тығып өтіпті…

 Ол хатты профессор ұлы да әлі күнге сақтап келеді. Қабырғасы иін тірескен кітап толы кабинетіндегі үстел үстінде беті әйнек, қарапайым ағаш рамка-қалып ішінде сақтаулы. Хат соңында «Оралар-оралмасым бір … аян!-деп, «Алла» деген сөзді жаза алмай, жаратушы есімі орнына көп нүкте қойып: – Ұл тусаң – «Мағдан» деп ат қой. Қыз келсе – «Маржан» болсын. Әкесін ұмыттырма! Біліп жүрсін. Мен оралам әлі-ақ!..» деген үміт арқалаған сөйлемінің астын сызыпты.

 Ғалымның «Мағдан» есімінің сондай сойқан сыры бар…

 Өшпейтін сия қарындашпен жазылған хат ағаш жақтаудың ішінен көзге бірден шалынады. Қарапайым ағаш рамка қасында үнемі Абайдың бір томдығы мен Әуезов романының ескі, шүберек мұқабалы қос томдығы жатады. Профессордың «настольный книгасы»… Үнемі бос кезінде қолына алып, көзәйнегімен оқып отырады. Дулат кандидаттық қорғау кезінде үйінде қонып қалып жүріп, талай мәрте куәгер болған.

 Ал әкесімен азғана ғана отасып, Жұрағаттан жалғыз қалған тұяқ үшін жесірлік ғұмырды таңдаған анасы Жамал туралы көзіне жас алып отырып, «Сөйткен анама не істей алдым?!» деп налыған еді.

 Осы бір құйындай соғып өткен оймен Дулат жетекшісі сөзіне қайта құлақ қойды. Ой әлемі ширыға қалған сәтте Мағдан Жұрағатұлы кітапта жоқ, қайнар тереңнен бұрқырай бас көтеретін әңгіме сілемдерін ағыта жөнелетін әдеті бар. Дәріс тыңдаған жұрт «Әуезовшілеп кетті!..» десіп, аңырайысып қалатын.

 Тап қазір де профессор жетекшісі қазақтың баяғы қазына көкірек қарттарынша сондай бір маңғаз көңіл күй мен шұңғыма ой ауанына ойысыпты.

 – …Қашқарлық, қотандық, тұрпандық тараншылар сияқты ғой. Олар да қазір «ұйғыр» атты ұлы түркі тайпасының бірінің атын иемденіп, түркі тарихында қарадай арандап қалып жүр емес пе?! Ол өтіріктеріне өздері сеніп алған… Ресей ғалымдарының өткен ғасыр басында туыс түркі ұлыстарын өзара арандату үшін таңып жіберуімен қалыптаса бастады ғой «ұйғыр» атауы. Алтайда шаңырақ көтерген Ұйғыр Қағанаты заманындағы ұлық істерге дейін меншіктеп, «біз істегенбіз» деп, бүгінде жалаңаш кеуде қағатынды шығарды. Алтай мен Қаңғайдың ақ қар, көк мұз сауырында сарт атаулының шыбығы үсіп, шыбынша қырылып қалар. Тіпті тарихты бұрмалап, жалған роман жазатын болыпты жазушылары… Оны тараншы тілінен орыс пен түрік тіліне аудартыпты. Тіпті Түркияда шығарып, тарихты бұрмалап, насихаттатып та жатыр. Соған бір қазақ ғалымы, бір қазақ тарихшысы «жалған тарих» деп жауап бере алған жоқ. Мұндай сорақыны қайтерсің?! Олар айлап салт атты жүріске жарамайтын, бала кезінен есек пен қашар мініп, жер тырмалаған тараншы жұрт еді ғой. Сарт-сауан еді… Ұлы түркі қағандары атүсті ұзақ жорыққа, атүсті жасақ майданына жарамаған соң, тылда егін ексін, азық-түлік, жеміс-жидек өндірсін деп еркек кіндіктісін аламанға алмаған. Сайыпқыран Шыңғыс қаған заманы ғана емес, кешегі құба қалмақпен жан алысып, жан берісіп шайқасып жатқан Қазақ Ордасы заманында жоңғар қонтайшылары қолтығына су бүркіп, қыз алысып, құдандаласа құшақтасып, дұшпанымызға «вассал» болғаны тағы шындық… Бір түркінің баласы деп оларға жанашыр болғанымызбен, қазақ даласына қандыбалақ күн туғанда атажауымызға иіліп, ту сыртымыздан сойыл соққаны тағы бар. Талай мәрте сын сағаты соққанда, жүзін теріс бұрғаны тарихтан белгілі… Күні кеше Оспан батыр мен генерал Дәлелқан Сүгірбай Алтайда Шығыс Түркістан үшін арыстанша алысып жүргенде, бұлар Құлжада сепараттық бітім жасап, опасыздық танытты… Тараншылардың бөрі анасын ұмытқаны ақиқат! Қазақ пен қырғыздай бұла бауырларын ұмытқаны шындық. Қу бастарын қорғалап, жандарын сауғалап кетті… Біз осыны есте ұстауымыз керек! Қазақ та бір текті тұлпар… Тұлпардың басына да қайыс ноқта тарихта талай кигізілмек болған. Орыстың темір ноқтасы тас-талқан болып сынады, ал қытайдың қайыс ноқтасы бір киілсе, қайтіп үзілмейді. Тек созылады. Су тигендей ширығады. Оған куә – Шығыс Түркістан тағдыры… Тараншы сарттар тағдыры… Сондағы қазақ, қырғыз, татардай мұсылман жұртының бүгінгі хал-ахуалы. Бүгінде біз де бөрі анамызды ұмытып, қайдағы бір барысты тотем тұтып жүрміз. Ілбісті ие тұтқан елді ібіліс иектемесін… Мен осыдан қауіптенем! Көкбөрінің текті киесі ұрмаса, нетті!?

 – Кие дегенге сенбейміз ғой қазір, — деп қалды Сұңғат.

 Мағдан Жұрағатұлы оған орнынан бұрыла қарады.

 – Жаратушы Ие бар болса, жаратушы қондырған қасиетті Кие де бар, ұлым!.. Елдің иесі болса, жердің киесі бар. Жан-жануар мен жартас-жаламаның, су мен ауаның, көк шөптің де киесі бар. Кие атпасын де! Кие атса, оңбаймыз! — деп шүйіле түсті профессор. – Көк түріктің киесі атты ол халықты… Көк бөрінің тәңірісі ұрды оларды! Қытайға кіріптар қылды… Кие ату деген осы. Елі бар, Туы жоқ. Жері бар, Тұғыры жоқ. Жатырын жатсынды… Ана бөрі мен Ата Түркіні ұмытты. Соның соңы сұрапыл-сойқан аждаһаның аранына жұтылу алдында тұр қазір. Ол жақтағы қандас қазақ бауырларымыз да жоғалудың аз алдында… Иесіз ел болды олар, киесіз жер болды өңір. Осыны есте ұстау керек.

 Сұңғат күңк етті.

 – Қасқырдың киесі… жатыры?!

 Сұңғаттың мұқият құлақ түріп отырғаны байқалып қалды.

 Ағасы тағы бірдеңені бүлдіріп жүрер деп, Дулат профессордан бұрын жауап беруге тырысты.

 – Аға, аңыз ғой. Аңызда айтыла береді…

 – Қарағым, Сұңғат! – деді қызына сөйлегенін өзі сезіп, профессор сабырға келді. – Біздің түркілік тотем Европа ғана емес, Америка үндістерімен үндесіп жатыр ғой. Ана бір тілші ғалымдар мен жас тарихшы жігіттер салт-дәстүр мен ет жеуімізге дейін ұқсастық тауып отыр. Ол аз десең түркі тілі үндіс тайпалары арасынан табылды. Дәлелденді. «Күн, балта, қайық» секілді көптеген сөздер сол қапында әлі күнге шейін қолданылатынын анықтады… Ғылым үндістердің кей тайпаларын Алтай топырағынан ауған десіп жатыр. Ұлы ауулар болған… Тәңірі сондай күннен, сондай заманнан сақтасын!

 – Әлхамдулла, мұсылманмын! – деп қалды Сұңғат та қасарысып. – Анамды былғамаңыз!.. Адамнан тарағанбыз.

 – Иә, біз Кісі ұлынан тарағанбыз!.. Түркі бабам «Кісі» деген. Адам деп айтып жүргеніміз кейін.

 Кенет көлік есігін жұлқи ашып, мақау Отан көрінді. Әңгіме шорт үзілді…

 Мақау бала аузын жыбырлатып, қолымен ауаны сермелеп, әлдене айтып жатты Сұңғатқа. Сұңғат та оны түсінгендей кеп танытып, рульге жөнделіп отырды. Отан да артқы орындықта жайғасуға – Дулат қасына секіріп мінді.

 Сұңғат джипті бұра беріп:

– Апам шақырып жатыр. Бір қолайсыз жағдай болса керек, – деп жөнеле берді.

 Мағдан Жұрағатұлы әңгімеден мән, көкпардан сән кеткенін түсінді.

 Тек:

 – Бәйгені көре алмадық, – деп қалды.

 Осы сәт Дулаттың ұялы телефоны шырылдады.

 – Алло! Иә! Қасымда… Қазір берейін! Той басқарып жүрген жігіттер, аға!

 Сұңғат:

 – Дауысын қаттырақ шығаршы! – деді ойқы-шойқы ауыл арасы жолымен алысып. – «Сұңғат!»(ар жақтан дауыс анық естілді) Иә!

 Телефон үні оқыс жоғалып кетіп, мазасызданған дауыс тағы естілді.

 – «Сұңғат! Қалжырдың көпірін су опырып, құлап қалыпты… Тақырдан шапқан бәйге аттары қаңтарылып жолдан қайтыпты. Мұндағы аттарын қосқан жұрт та сол жаққа кетіп жатыр. Не істейміз? Бәйгеге тігілген сыйлықты қайтеміз?»

 – Абдырамаңдар! Кешкі асқа дайындалыңдар! Бәйге бұйырмады… Сыйлықтарды әзірге қоя тұрыңдар! Былғары табыт қазылған соң, көрерміз! Бәйге тағы берерміз! Қаржау аға қайда? «Декабрист»… Соған айт!

 – «Жарайды! Алаңдама! Мұздай қылам!»

 – Қаржау аға қайда деймін?

 – «Апам шақырып, сендердікіне кетті. Өскеменнен кісілер кепті…»

 Телефон үні естілмей кетті.

 Мағдан Жұрағатұлы ішінен тынды…

 Інісі Дулат қана ұялы телефонын сөндіре беріп:

 – Қырсық шалды… аға! — деді.

 Сұңғат үндемеді. Профессор жай сөйледі.

 – Бұл қырсықтың басы болып жүрмесе игі!?

 – Неге олай дедіңіз? – деді Сұңғат жұлып алғандай тіксініп.

 – Жүрегім сезеді! Боршасы шыққан бөрі де… Жын-ойнақ, той-томалақтан бастамауымыз керек еді. Көкпардың түкке керегі жоқ болатын! Өзімнен де бар. Сендер жассыңдар… Қасиетті іске бел буып отырмыз! Киелі төбе басына құран оқытып, құдайдан алақан жайып, рұқсат сұрауымыз керек еді!

 – Ол кеш емес, ағасы!

 – Әй, қайдам! Құдайды ойламай, қағынып кеттік қой… Кеш пе деймін?!

Сұңғат көлік жылдамдығын ақырындатып, ұялы телефонға үңілді. Лезде әлдебіреуді терді.

 – «…Ертең Қалжырдағы имамды жеткіз! Иә! «Келмейді…» Келеді. Декабристің досы. Иә, Қаржау ағаның досы… Мен айтты де! Декабрист айтты де! «Қалай» деме!.. Көпір құласа, трактормен өткіз! Таңертең ерте бастаймыз қазуды… Таң сәрісінен жет! Дұға оқып берсін! «Сосын…» Сосын бос.»

 Сымсыз айфонмен жедел тапсырма берген Сұңғат үйге де келіп қалыпты.

 Есік алдында бөгде адамдар мен анасы Ақжамбы тұр екен. Апасы абыржулы көрінді… Дулат пен жетекшісі джиптен асықпай түскенше, Сұңғат пен мақау бала Отан барып амандасып жатты.

 Бұлар жеткенше Ақжамбы апасы бастаған бөгде адамдар мен Сұңғат ішке кіріп кетті. Профессор екеуі беті қайта қоймаған аптаптан қашып, арнайы құрған шатыр астына көлеңкеледі.

 – Бұлар кімдер болды екен? – деді дүдамал оймен Дулат.

 – Тыныштық болсын! – деді жетекшісі.

 Дулаттың жүрегі дүрсілдеп, әлсіз қорқыныш биледі.

 – Өздері сықиып киініп алыпты.

 – «Үш әріптің» жігіттеріне ұқсайды, – деді көпті көрген профессор.

 – Бұлар не іздеп жүр? Әлде бізге келді ме? Онсыз да қарауылдамыз ғой, Мағдан Жұрағатұлы! Барлық құжаттарға қол қойғанбыз.

 – Бізге болса, алдымен жолығысар еді. Мынау серезна!

 Үйден Ақжамбы апасы көрінді. Ол басындағы аппақ жаулығымен көзінің жасын сүртіп, Дулат ұлын шақырды.

 Дулат профессорға қарап қипақтап еді, ол:

 – Бар-бар, Дулат! – деді.

 Дулат ата жөнелді. Бара анасына иіле беріп еді, қайратты анасы қаталдықпен кеудесінен алақанымен итеріп тоқтатты.

 – Сен бар ғой деп жіберіп ем… Арманда кетті-ау! – дегенде Дулаттың жүрегі суып кетті. – Жоғал! Көзіме көрінбе! Бар аналарға!

 Дулаттың тілі байланды. Ауылдан Алматы мен Астанаға ертіп кеткен інісі Қуаттың қайтыс болғанын сезді… Соңғы жылдары Сұңғат еңселі етіп салған үйге ұмтыла берді.

 Үй ішінің әптер-тәптері шығыпты…

 Әлгі салқын жүз, сырық бойлы үш-төрт жігіт әлдеқандай түйіншекті буып, тысқа қарай шығарып келеді екен. Дулат босағада қаққан қададай қат­ты да қалды.

 Төрдегі үстел басында, Сұңғат қасында отырған кекселеу адам:

 – Дулат Қарқынұлы, – деді ақырын ғана. – мына қағазбен танысып шығыңыз!

 Иығы салбырап кеткен Дулат немқұрайды келіп, жанары жасаурап отырып, қағазға үңілген кейіп танытты. Санасы сан саққа сабылып, көзі ештеңені де көрмеді. Інісі Қуат мына жарық дүниеде жоқ дегенге алаң көңілі сенбеді… Іштей мүмкін емес деген ой жанын қоярға жер тапқызбады.

 Екі жапырақ парақтың соңына қолын иректей салды.

 – Сіз, ғалым адамсыз. Сабыр етіңіз! Археологиялық жұмыстарыңызды бұл үшін тоқтатпаңыз!

 – Соншама не істеп қойыпты?! – деп қалды қыстыққан Дулат.

 Ағасы да үнсіз сазарып отыр.

 – Бауырым, ол террор жасады!

 – Мүмкін емес! Қуат террорист емес… Өтірік айтасыңдар!

 – Шындық солай… жарылып өлді!

 – Қайда? Астанада ма?

 – Жоқ. Оған жеткізбедік!

 – Сонда қайда?

 – Өскеменде… сонда қашып келіп… – деп сөз аяғын жұтты. – Прокуратураның алдындағы заң символы түбінде… Ескерткіш әйел-символ күлпарша болды.

 Дулаттың құлағы шыңылдап, басы шулап кетті.

 – Мүмкін емес! Мүмкін емес! – деп орындықтан ауып түсті.

 Миы зеңді… Әлде кім бетіне су бүрікті. Дулат тез есін жиып алды. Апасы Ақжамбы екен. Белін буынып, қап-қара жеңіл шәлі жамылып алыпты.

Бұған үңіле қарап:

– Жи есіңді! Әкең өлгенде де өлмегем… Бозөкпе! – деп зекіп жіберді, үлкен жанары жасаурап тұрса да, жасын тыйып тұрғаны білінді.

Дулат қалай ширақ тұрғанын өзі де түсінбеді.

… – Өлер Қуат – өлді… берсе, сүйегін әкелем! Сен ана профессорың мен жұмысыңа қара! Сұңғат менімен жүреді!

Әңгіме осымен тәмам дегендей, қара орамал шетімен көзін сүртіп, айнала берді.

– Апа-а! – деп, Дулат үні ту сыртынан жарықшақтана шыққанда, айпара ана:

– Қысқарт! Мен ұл тапқам… езілме! Жасыңды көрмейін! Қуат емес, сен құрбан болуың керек еді… Бар тысқа! Қонағың жалғыз қалды… Тісіңнен шықпасын! — деп қысқа қайырды.

Ананың қатал мінезі мен семсердей орып айтқан суық сөзіне үстел басында отырған Ұлттық Қауіпсіздік Комитеті қызметкері де тіксінді…

Дулат адуын мінезді, қайратты анасына ләм деместен шыға жөнелді. Тысқа шыға жүрегі жер тартып, басы айналып кетті. Қабырғаға қырындай сүйенді.

Мұны байқап қалған Мағдан Жұрағатұлы бір сұмдықты сезіп, жылдам басып қасына келді.

– Сабыр, ұлым! – деп қолтығынан демеді. – «Үш әріп» пе? Олармен өзім сөйлесем.

Дулат жүрегі ауырлап тұрса да, шыр ете қалды.

– Олар емес! Өзім ауырып… Кеттік, Мағдан Жұрағатұлы! – деп үйден ұзап кетуге тырысты.

Екеуі жеке тігілген әскери шатыр астына көлеңкелеп отырды.

Бағанадан үйдің артында Отанмен оңаша жүрген Декабрист Қаржауды Сұңғат шақырып алды. Бәрі мақау Отанмен бірге Ұлттық Қауіпсіздік Комитеті қызметкерлерін суық шығарып салысты.

– Аға, – деп профессордың қасына Сұңғат жүгіре басып жетті: – бәрін мына Қаржау аға бітіреді… Күн шыға бастай бересіздер. Мен апамды Өскеменге апарып келейін!

Өңі өрт сөндіргендей күреңітіп кетіпті.

– Сұңғат, сен бізге қарайлама! Жол болсын! – деп ғалым қысқа қайыруға тырысты. – Жұрт бар ғой…

Дулат ағасына ойсыз тесіле қарап, Қуат бауырының өліміне сене алмаған күйде мәңгіріп отырды.

Ақжамбы ана да аяңдап қастарына келіп қалыпты.

– Қарағым! – деді Мағдан Жұрағатұлына; профессор орнынан көтерілді. – Қуат ұлым қалада бір нәрсе бүлдіріпті! Маған бармасқа болмайды. Құдай қаласа, бірер күнде кеп қалармын! Келіндер күтеді… Сау болыңыз!

– Бәйбіше! – деп қалып, профессор сөз ләмін тез түзетті: – Әже, алаңдамаңыз! Сапарыңыз жеңіл болсын!

– Рахмет, қарағым!

Олар көлікке асығыс отырысып, ауылдың шаңын көтере жүріп кетті.

Дулаттың осы бір сәт ішкі жан-дүниесінде нәзік бір сезім толқыны тербеп өтті… Ол бетін басып, солқылдап қоя берді. Жетекшісі де доктарантының көкірегінде лықсыған қайғы-шері тарқасын дегендей үнсіз қалды.

Доктарант булыға берді… Өкси берді аузы-мұрнын алақанымен басып. Қанша тұншыға жыласа да, бауырына келгенде бауыры езіле берді. Іші бір сұмдықты сезгендей суынып, жамандыққа қайран қамырықты көңілі қимады. Солқылдаған солығын әлден уақтан кейін сабырға әрең жеңдірді.

Күн де ұлы бесінге құлады.

(Жалғасы бар)

Асқар АЛТАЙ

Комментарий (1)

  1. Reply
    Аааговорит

    Түк түсінсем бұйырмасын..

Пікір қалдыру