АБАЙДЫҢ ӨМІРБАЯНЫ

(Жалғасы. Басы өткен санда)

6. АБАЙ НЕМЕСЕ «ЕКІ КҮЙМЕК БІР ЖАНҒА ӘДІЛЕТ ПЕ?»

Ерте ояндым, ойландым, жете алмадым,
Етекбасты көп көрдім елден бірақ.
Абай

Жастайынан билікке, ру арасындағы дауға араласқан Абайдың түбінде бір жолығатын тосқауылы – тергеу мен түрме болатын. Мұның түбінде заңдылық та бар. Өйткені, Абайдың «ұзақ алыс, арбасудан кейін бірде – өзгені сүріндіріп, бірде өзі сүрінуі» табиғи нәрсе. Тек, соның артындағы «кек пен кіжінудің» сызы жанды да, жүректі де зар қақсататын. Арыз, «көрсету қатты молайып, мөр көбейіп, Абайды екі рет жер аудартуға да жақындайды Бұл оқиғалар 1866-1886 жылдардың арасын қамтиды.

Ол «жапырағы жасыл жас үмітпен» «өзін тым зор тұтып», «елді түзетуді» үлкен дәме етіп, жан қуаты мен тән қайратын қатар жұмсап, қатал, бірақ әділ билік орнатқысы келді. «Айтысып, тартысып» жүріп қарыштай аттаған қадам оны 1876-1886 жылдары екі рет Семейдің абақтысына (каталажка) бастап әкелді. «Абақты – түрменің өзі емес. Бірақ уақытша жаза орны болса да, әр тұтқынды жазалыға лайықты қысымда ұстайды. Темір торлы терезе, құлыптаулы есік. Сол есіктің орта тұсындағы тар тесік – тұтқынды сыртқы дүниемен қатынастыратын тар өткел» бар. Сол «тар өткелде» булығып, бұрлығып, қысылып-қыстырылып, ұлықтармен, адвокаттармен, тергеушілермен ырғасып, тілін ұстарта жүріп, «мырзақамаққа» (үй тұтқынына) шықты. Жүріс-тұрысы еркіндікке көшкен соң, ұстазы Камалидден (Кәмәли) хазіретпен әңгімелесті, ұмытыла бастаған шәкірт кезіндегі әдетімен медресе кітапханасының есігін ашты.

Абай басқа бір әлемге құмарлана ұмтылады. Бар ықыласы білімге ауады. «Абай шын мағынасында мұсылман еді… Сырты софы мұсылман емес, үлкен сынмен, терең оймен өз жүрегімен тапқан мұсылмандық болатын. Кітап сөзі, молда сөзі, шариғат жолы дегеннің барлығына сынмен, діннің негізін, мақсат-бағытын алып, сол ұғынғанын ақиқат діні етіп ұстанған… Мұсылманшылық жолындағы үлкен ғұламалар жазған ірі сөздердің барлығын да білетін. Семейге барғанда Камали хазірет сияқты (өзінің ұстазы – Т.Ж.) үлкен молдалармен бас қосып, мәжілістес болды. Қазақ, татар молдаларының барлығы Абайдың дін мәселесіне жетіктігіне көзі жеткен соң, бұл кісіні (Абайды): «Өз заманының ғұламасы» сияқты көрген. Ол «Таурат», «Заур», «Інжіл», «Құран» сияқты қасиетті төрт кітапты да салыстырып оқиды.

Медреседегі шығыс классиктері мен ойшылдарының, дін ғұламаларының іліміне сусыны қанған соң, қалалық кітапханаға көңілі ауып, оның тұрақты оқырманы болады. Бұл тұңғиық жол оны Нұркенің оқыған қызының нәзік сүрлеуімен қиыстырады. Сөйтіп, 1879-жылдың қысы, 1880 жылдың көктемін қалада өткізеді. Болыстық Ысқаққа көшкен соң ел ісінен де суына бастайды. Қаладағы мазмұнды күндерінен жұбаныш тапқан Абай, арпалыспен өткен жылдарына өкініп:

Өкінішті бар өмір кеткен өтіп,
Өткіздік бір нәрсеге болмай жетік.
Ойшылдың мен де санды бірімін деп,
Талап, ойсыз, мақтанды қалдым күтіп, – деген ойға келеді.

Сондай сәтті, сұранысты күндері кітапханаға келіп, Толстойдың бір кітабін сұрайды. Қыр қазағының тілегіне таң қалған ақ кіре бастаған қаба сақалды орыс азаматы: «Толстойдың кітабі сізге неге керек?», – деп таңдана сұрайды. Абай Толстой мен сол жылдары орыс қоғамында үлкен пікір аңысын тудырған «толстойшылдық ағым» туралы білгісі келгенін айтады. «Содан екеуі кітапханадан бірге шығып ұзақ әңгімелеседі. Артынан жақын таныс, сыйлас, тату адамдардың һаліне жетеді». Бұл адам Абайға: «Менің дүниеге көзімді ашқан – Михаэлис» дегізетін Петербург университетінің жаратылыстану факультетінің студенті, патшаға қарсы қозғалысқа қатысқаны үшін Семейге жер аударылып келген Михаэлис еді.

«Михаэлистің айтуы бойынша Абай кітап оқуды тәртіпті ретке келтіріп: көркем әдебиет, сын, фалсафа, тарих, табиғат ғылымдары, әлеуметтік әдебиеттер – деп жүйелеп, белгілі бір мақсатпен іріктеп оқитын болады. Зилылардың арасындағы таныстар мен пікірлестері де көбейіп, Гросс, Долгополов сияқты ғалымдармен етене араласып, «жаңа бір дүниенің көкжиегі ашылады. Пушкин, Лермонтов, Некрасов, Толстой, Тургенев, Салтыков-Щедрин, Достоевский, Белинский, Добрлюбов, Писарев, Чернышевскийдің шығармаларын таңдап, талдап оқып, пікір алысатын деңгейге көтеріледі. Гете мен Байронға, Мицкевичке назар салады. Жазда қырға шыққанда солардың кітаптарын ала кетеді. Сол 1880-1881 жылдардың мөлшерінде Лермонтовтың «Кең жайлау – жасыл бесік жас балаға», «Бородино» атты өлеңдерін қазақшаға аударады. Өзі де сол жылдары «Қансонарда бүркітші шығады аңға», «Шоқпардай кекілі бар қамыс құлақ» атты өлеңдерін жазады. Бұл оның өлеңді өнер деп түсініп, бет бұра бастаған кезі еді. Екінші қыста, Спенсер, Луис, Дарвин сияқты Еуропа оқымыстыларына ауысады. «Әсіресе, Дрепердің «Европаның есею тарихы» деген философиялық еңбегін ден қоя оқиды. Бұл туралы американың саяхатшы ғалымы Дж.Кеннан да жазды.

Абайдың «өзінің айтуынша: «Отыздың ішінен бастап Еуропа оқымыс­тыларының көп кітаптарын оқыдым. Қырыққа таман келген уақытта, бұрынғы дүниенің асты-үстіне шығып өзгеріп, «Күншығысым – Батыс, Күнбатысым – Шығыс болып кетті» дейтін кезі осы. Абай әрбір кітапты оқыған соң, соның ағымына ақыл-оймен терең бойлайтын әдет табады. Мәселен, «Будданы» оқып шыққан соң: Будданың сөзі қалай терең еді. Жасымда кез келмеді-ау», – деп өкінеді. Лермонтовты сүйіп оқып: «Бұл махаббатқа уланған шын ақын. Махаббатын улаған – ашу», – деп бағалапты.

Исламдық ілімді жетік біле тұра, Алланың хаһ екенін мойындай тұра, тек қана «Мүтәкәләм» бағытына жүгініп қоймады. Шындықтың бәрін бір ілімге сүйеніп дәлелдеуден бас тартты. Бұл ретте Абай сол замандағы «жәдидшілерді – «жаңашылдарды» қатты қолдап, солардың ілімінің тезірек ғылым жүзінде іске асуын асыға күтті. Мұны Тұрағұл Абайұлы да: «Әкем жаңа ілімді сондай аңсап күтіп, сол оқу келгенде ғылымды игеру жеңілге түседі деп отырушы еді», – деп растап кетті.

Таным тұрғысынан алғанда Абай күй талғамады. Бақассыз ғылымды жақтап, дініне, тіліне, тегіне қарамастан көңіліне жаққан ғұламаның сөзін сөйлеп, тұжырымын шындық деп ұқты. Солардың пікірін көкірегінде тоқи жүріп, өзі де оқымысты ақын болды. Абайдың көзқарасының қалыптасуы жөнінде Мұхтар Әуезов: «Абай – имам Ғазалидей сыншы, мұсылман, ұя бұзар діндарға ұқсай бастайды. Діні әрі-беріден соң Ғайса дініне де жақындап, өзінше: ақыл-діні бола бастайды. Осы жайлары қара сөздерінде де айқын көрініп тұрады. Міні, Шығыс жағасынан Абайдың барлық тұлға мазмұнына орнаған поэзиялық, ой-саналық ілгелері осындай. Аз нәрсе емес. Үстіңгі бір жамылғы ғана, бір қабат жұқа қабыршақ қана емес. Көңіліне орнаған терең тамырлы бұйымдар… Сонымен өз тұсында, XIX ғасырдың екінші жартысыңда Шығыс ілімінде майданға шыға бастаған жаңашыл, рационалшылдар дін реформашыларының шеніне араласады. Абай татардан шыққан Каюм Насыри (дің) алдындағы Шаһабуддин Маржаниды қостайды. Осы айтылған рационалшылдық пен салт-сана, ой-өнер жүзіндегі жаратылған жаңашылдыққа бейім болмаса, Абайдан Еуропа жағасының белгілерін көре алмас едік», – деп түсіндірме береді.

Шығыс пен батыс әдебиетінен оқыған қызықты кітаптарды: Сократ хакім мен Аристотельдің өсиеттерінің, «Мың бір түн», «Шаһнама», «Бақтажар», «Ләйлі-Мәжнүн», «Көрғлы сұлтан» дастандардың, А.Дюманың «Үш мушкетер», «Он жылдан соң», «Король қатын Марго», инквизиция туралы «Қызыл сақал», Хаггардың «Жаһангез» («Сүлеймен патшаның кеніші» – Т.Ж.) мазмұнын әңгімелеп, талдап, пікір қосып айтуды ғадетке айналдырады. Африкадағы зәңгілер туралы хикаяларды айтып береді. Баласы Ақылбайға «Зұлыс», «Дағыстан», Мағауияға «Медғет-Қасым», Көкбайға «Абылай», Бейсембайға «Қозы Көрпеш-Баян сұлу», «Түсіпхан» дастандарын жаздырады. Ертекші Баймағамбетті, скрипкашы Мұқаны қасында ұстайды. Енді, «ашу мен айланың» шырағын өшіріп,

Сеніскен досым да жоқ, асығымда,
Ақыры өлең қылдым, жасыдым да.
Көрмеген көп дүние көл көрінді,
Кірлемеген көңілдің ашығында,
деп, бар ықыласымен өлеңге, өнер, білімге ден қояды.

Сөйтіп, «80-жылдардан бастап Абайдың жандүниесі екі кісі болып бөліне бастайды. Өткеннің «тонын өртегісі келеді» [1.224]. 1880-1886 жылдардың аралығында «Болыс болдым, мінки», «Патша құдай сиындым», «Жасымда ғылым бар деп ескермедім», «Интернатта оқып жүр» «Сәулең болса кеудеңде», «Қараша, желтоқсанмен сол бір екі ай», «Қыс», «Әм жабықтым, әм жалықтым» атты өлеңдерін жазады. Бірақ құлашын жазып, құрышын қандырып алмайды. Себебі, бұл оның:

Ерте ояндым, ойландым, жете алмадым,
Етек басты көп көрдім елден бірақ,
деп өкінген, «ерте оянған, ойланған, жете алмаған», нағында жеткіздірмеген, «етекбасты көп көрген» мерзімінің басы еді.

Қанша ақыл-қайраты, ой қуаты, ерік-жігері күшті болғанымен де, Абай ғұмыр кешкен заманында еркін ойға екпіндей ұмтылса да, ортасының ықпалынан тыс өмір сүре алмайтын, оған мүмкіндік те бермейтін. Үш жылға жетер-жетпес мерзімге созылған еркін өмір тыныштығы 1882-жылғы жазда бұзылды. Оған, түрткі болған себеп, өзі үш кезек болыс етіп сайлатқан «Ысқақ ойына келгенін істейді. Ел иелері – жігітек – Бұланбайды, тоғалақ Мақсұтбайды сабайды. Болыстың қатыны кез-келген қостың семізін сұраусыз, тергеусіз ұстатып, сойғызады. Ысқақтың ауылында кезекті бір жиналысқа Абай да келеді. Ысқақ әлі төсектен тұрмапты. Түске дейін күткен ел, ішінде Оразбай да бар, тарқап барады екен. Абай қатты ренжіп: «Ана Оразбай не деп барады, білесің бе? Ендігі кезектегі сайлауда ісім сенімен болсын – деп барады» – дейді. Иә:

Қолдан келе бере ме жұрт меңгермек,
Адалдық, арамдықты кім теңгермек?!.
Мақтан үшін қайратсыз болыс болмақ,
Иттей қор боп, өзіне сөз келтірмек.

Менменшіл, паң, өр кеуде Ысқақ өзіне ғана емес, Абайға да сөз келтіреді. Осындай зорлық пен қорлықтан соң, Жиренше мен Оразбай түңіліп кетіп, Абайдан Ысқақты болыстықтан түсіруді сұрайды. Ысқақтың мінезінен өзі де жиіркеніп жүрген, 1881-1882 жылғы сайлауда Ысқақтың өтпейтінін білген Абай жаңағылардың өтінішін орындап: «Енді болыстықты Бәкемнің (Құдайбердінің) орнына беремін», – деп жасы 20-ға әрең толған Шәкерімді болыс сайлатады… 1884-жылдың сайлауына Абай ендігі болыстықты өзімен бірге туысқан кенже інісі Оспанға бермек болады».

Міне, қияметтің қысас пен шатақ осыдан басталады.

Осы арада түбегейлі анықталмаған бір дәркүмән бар. Болысты орнынан алып, орнына қоятындай ол жылдары Абайдың қандай билік құқы бар еді? Ешқандай да. Абайдың құзырлы би болғаны, одан ешқашан бас тартпағаны анық. Сол беделін «қызмет бабына» пайдаланғаны ма? Әлде, Әрхам Ысқақовтың: «Болыс болған атағы – Ысқақтыкі болғанымен, оған басшылық ету Абайдыкі болады», – дегені шындық па? Екіншіден, «Жаңа низам» ережесі бойынша 24 толмаған адам болыстыққа сайланбайды. Бұл ережені неге бұзып, неге өзі сынап жүрген заңсыздыққа барады? Зерттеушілердің пікірі сәл өзгеше. Олардың бір парасы «Семей статистикалық комитеті хатшысының жоғарыға: «Өкінішке орай, қазақ тілін білмегендігімнен де, жергілікті қазақ ертегілері мен мифтерін жинайтын бөлімнің (мүмкін, экспедициядан шығар – Т.Ж.) қызметіне көмек көрсете алмаймын. Бұл реттен алғанда, бөлімнің жұмысына Семей уезі Мұқыр болысының болысы (управитель – Т.Ж.), өте сауатты қазақ, оның үстіне орысша қиыстырып жаза алатын Ибрагим Құнанбайұлы Өскенбаевтің зор пайдасы тиюі мүмкін», – деп жазған түсіндірмесіне жүгініп: Абай – 1881-1883 жылдары Мұқыр елінің болысы болған. Құнанбайдың ұлдарының дәуірі жүрген заман осы кез, – деп сендіреді. Сонымен Абайдың Оспанды болыс айлау туралы ниеті сезілген соң-ақ ел ішінде күбір-сыбыр басталып, жік түседі. «Жаны аяулы жақсыға қосамын деп, ырылдаған итін сақтап жүрген» (10.80) Күнтулар әйгілі арызқой «молла» Үзікбай Бөрібаевтың атынан бұрынғы дауды қайта қоздырып, Абайдың үстінен тағы бір арызды тікелей генерал-губернаторға, Омбыдағы Корпусқа қарай жолдайды. Сөйтіп, Үзікбай Бөрібаев:

Кейбіреу – закүншік,
Оңдырмассып берсе арыз, – дегеннің нағыз өзі боп шығады.

Ал, «жасынан көңілі сүйген кісіге – жақсы, сүймегенін – үйінен сүйреп тастайтын, қарсы келгенді бас салып сабап, қолымен батыл қимыл қылатын ожар Оспанды болыс қоямын – деген Абайдың ниетіне ел тегіс қарсы болады». Бұл – «Қажының балаларының елді билеген-ай!» – дейтұғын дәуреннің» тұсы Ырғызбайдың естісі де, тіпті қырты мен қылжыры да: «Ырғызбайлығым шығар» – деп жұртқа орынды-орынсыз, кепілді-кепілсіз, ырықты-ырықсыз жуандық көрсете бастайды. Сондай себептердің барлығы жиылып келіп, болысты ояз емес, өзі сайлап, үйреніп қалған Абайдың… «інісінің ең тынышсызын болыс сайламақ болғаны елді тарықтырады. Ең алдымен бұрынғы дос болып жүрген Ербол, Жиренше, Оразбай, Күнту сияқты сенген адамдары» түңіліп, оған өз ағайындары да қосылады. Олар Абайға: «Оспан үшін дауыс береміз» – деп алдарқатады да, шындығына келгенде қатты «ширығып, мықтап дайындалып, іс пен сөзді бір жерден шығару үшін төбелеріне тас қойып анттасады. Неге? Өзгені былай қойғанда Жиреншенің сондай арандатуға бармайтын жөні бар еді. Өйткені: «Көп сайлаудың бірінде «Тентек ояз» – «Қара ояз» атанған бір ұлық Жиреншеге жазықсыз дүре салмақ болғанда, Абай оязбен қатты жанжалдасып, араға түсіп, ар-намысын қорғап шыққан. Соның артынан «Тентек ояз» Абайды Семейдің абақтысына (каталажка) жаптырған. Абайдың әр дайым қасында ұстайтын сенімді, белді билері осы Жиренше мен Оразбай болатын».

Сондай тәуекелге барған достарының дауасыз дұшпанға айналуының себебі не?

Қай қызығы татиды қу өмірдің,
Татуды араз, жақынды жат қыларға?, – деп өзі айтқандай, «Абайдың өзі тұрғылас жастардан дос етіп, қасына ертіп, адам ғып шығарған кісілері – Оразбай, Жиренше, Ербол» неге бітіспес дұшпан боп шыға келді?

Арызқой Б.Үзікбаевтің «шын жүректен өкініп» айтуына қарағанда, оған Абай: «Құнанбаевқа қарсылықтың күшеюінің басты себебі: ол өзі болыс боп сайланған соң, барымта атаулының барлығына тиым салыпты, қылмыстыларды қыспаққа алыпты, жазаға тартыпты, қазақ арасындағы дәстүр бойынша бұлар қылмыс болып саналмайды». Бұл жолы да Абайға тағылған кінәлардың және араздықтың басы тағы да «жесір дауынан» өршиді. Әкесі Құнанбай ескертсе де, «жесір дауынан» Абай бас тартпаған «Абай әйел басына азаттық әперем деп талай дауға кіріп, қатты пәлеге ұшырап, өз басын өзі арандатып жүрген. Мұрынның бір қызы Сыбан ішіндегі айттырған күйеуін менсінбей, сүйгенімен көңіл қосады. Арты пәлеге ұласып, екі ел шабысарман болып, ақыры Абайға жүгінеді. Абай: «Қызға азаттық әперіңдер», – деп Оразбай мен Жиреншені жібереді. Дауды ұтылай келіп, қыздың басына еркіндік тиетіндей шешім шығарарда Сыбанның бір ділмары: «Ата жолы осы ма еді? Кеңгірбайдың әруағы қайдасың?!.», – деп әруақ шақырады. Әруақ, оның ішінде әулие би Кеңгірбайдың әруағы аталғанда Оразбай мен Жиренше де қаймығып, даудың шешімін Абайдың өзіне қалдырады. Осыны Абайға айтқанда: «Кеңгірбай бидің кесімімен теңдік көрген әйел жоқ. Еңлік-Кебек оқиғасындағы қанды шешімі үшін «Қара Қабан» атанған», – деп қызға еркіндік әпереді. Қазақта, әруақтың алдындағы кінәдан басқа барлық нәрсенің кешімі мен кесімі бар. Сондықтан да, ата әруағы үшін Оразбай мен Жиреншенің кектенетін жөні бар еді. Онсыз жер басып жүру намыс саналатын ол кезде. Қайтар жолда Абайдан бөлек кетіп, Кеңгірбайдың мазарының басына кеп: «Абай асқан екен! Кеңгірбайдың билік жолын бұзғанымен қоймай, оған қалың найманның көзінше «Қара Қабан» деп тіл тигізді. Кешпейміз. Жауласамыз Абаймен», – десіп, Байғұлақ, Күнту бар, жиыны 16 атқамінер серт байласады.

Сөйтіп, «жесір дауы» Абайдың қимас достарымен ат кекілін кесуге алып келді. Бұл, Құнанбай-Бөжей-Базаралы-Абай арасындағы «бітіспес жаулықты» қоздырған қастаншықпағыр оқиға болды. Ендігі қауіп Абайдың тіке өз басына төнді. Оразбайдың: «Елдің бүлінетін ойы бар», – деп сыр тартқан сөзін Абай тыңдамайды. Өйткені, Тихонов атты ояз әйелімен бірге Оспанның ауылында қонақтап жатқан. Ерке әйел күйеуінен Оспанды сайлату туралы уәдесін де алып қояды. Амалсыз Оразбай да, «жан досы» Ербол да сол анттың ішінен табылады. Бұл реттен алғанда Абайдың:

Ішім – өлген, сыртым – сау,
Көрінгенге деймін-ау:
Бүгінгі дос – ертең жау,
Мен не қылдым, япырмау, – дейтін де жөні бар еді.

Күнту болыс боп, күш алған қарсы жақтың отыз жылдан астам уақыт бойы кеудеге шемен боп қатқан кегі еріп, уытын жаяды. Енді: «Құнанбай жағының барлық бас бұзарлары үшін Абайды жазалауға кіріседі. Сонымен, 1883-1885 жылдары Үзікбай Бөрібаевтың арызы қайтадан қауырт қозғалады, тіпті, екпіндей жазылады. Абай айтқан «жасырын адам» – Қаратай Сапақов болып шығады. Құнанбайдың әрі қас дұшпаны, әрі досы – «майысқақ Қаратай» (!) Абайды тағы бір сүріндірмек екен. Алайда, Абай күреске әбден шынығып, «ұлық алдында жұмысты болудың нәтижесінде – адвокат, тілмаштармен араласып, заң-законді біліп, орыс ұлығының әлді-әлсіз жағын аңғарып, есесін жібермейтін дәрежеге жетіп еді». Ол төмендегі тергеу ісінің қорытындысынан анық байқалады.

«Осыдан кейін 1883 жылдың 27 көкек күні тергеуші Новоселовтың атына берген тілхатында Бөрібаев: «Болыс Құнанбаевтың үстінен жазылған барлық арыздарым мен таққан айыптарым жалған болатын, сондықтан да сол арызымдағы айтылғандардың түгелін қайтып алдым. Ол үшін ант беруге әзірмін. Ал тергеуші осы өтінішіме сүйеніп, ресми сот ісін қозғамай, тергеуді тоқтатсын. Оған қоса айтарым, менің ешқашан да Құнанбаевқа қарсы дұшпандық ниетім болған емес, соны қоса жазсын. Ал, Құнанбаевқа қарсылықтың күшеюінің себебі мынадан: ол өзі болыс боп сайланған соң, барымта атаулының барлығына тиым салып, қыспаққа алып, жазаға тартты, қазақ арасындағы дәстүр бойынша ол қылмыс болып саналмайды. Сондықтан да болыстағы беделді, азулы адамдардың делебесін қоздырды. Әсіресе, Қаратай Сапақов сияқты қазақтар Құнанбаевқа қарсы адамдардың басын қосып, топ құрды. Құнанбаевтың үстінен арыз түсіріп, оны бастықтардың көзіне жеккөрінішті көрсетіп, уақытша болса да болыстықтан шеттетуді ойлады. Жаулыққа бекінген сондай адамдардың, басы қосылған мәжілісте өтірік жаламен қылмысты ойлап тауып, жол шығынын өтеу үшін қаражат жинады. Олар орталарынан мені сайлап шығарды да Семейге жіберді. Ол куәлікке қол қойғандардың барлығы да Сапақовтың алыс-жақынды және Құнанбаевтың жаулары еді – деп мәлімдеді.

Ибрагим Құнанбаев тергеуші Новоселовты бұл істі жүргізуден ауыстыру туралы мәлімдеме жасайды. Соған орай тергеу жұмысы Семей уезінің судьясы Маковецкий мырзаға тапсырылады.

Арызданушы адам ретінде Үзікбай Бөрібаевтан тағы да жауап алынды. Ол: «Осыдан сегіз-тоғыз жыл бұрын … осы істі тергеуге келген тергеуші Новоселовқа берген алғашқы жауабымда арызды Құнанбаев пен Аюбаевты мұқату үшін жазғанымды мойындадым. Ал тергеуші екінші peт қайталап сұрағанда, мен бұл куәлігімді жоққа шығардым. Себебі, орыс чиновнигі өтірік арыз бергенім үшін жауапқа тартады екен деп қорықтым… Қазір қарап отырсам, Құнанбаев пен Аюбаевтың заңсыз әрекеттері туралы менің арызымда айтылған өсек-аянмен, алыпқашты әңгімелердің барлығы да жалған, ойдан шығарылған жала екен», – деп жауап берді.

Тергеудің нәтижесін қорыта келе, Уездік судья осы жылы 27 тамыз күні облыстық басқарманың атына: «Бұл істі Бөрібаевтың жеке басының Құнанбаев пен Аюбаевқа деген өштігінен туған. Құнанбаевтың қылмысты әрекеттері туралы мәлімдеген Бөрібаевтың арызындағы деректердің барлығы да елдің ауызындағы лақап пен дақпыртқа құрылған, оның өзі көріп, білген бірде бір айғақ жоқ. Сондықтан да әрі қарай тергеу жүргізудің ешқандай да мәнісі жоқ. Істі жабу керек» – деген қатынас жолдады. Облыстық басқарма: «Үзікбай Бөрібаевтың арызы бойынша бастаған бұрынғы Қоңыр-көкше тобықты болысының басқарушысы Ибрагим Құнанбаев пен старшын Аюбаевтың заңсыз әрекеттері туралы істі тергей келіп, бұл дау Бөрібаевтың жеке басының Құнанбаевқа деген өшпенділігінен және оның шабындығын тартып алғаннан кейін туындағанын анықтады. Бөрібаевтың өзінің мойындауы бойынша ол жер қайтарылып беріліпті, ал Құнанбаев туралы Бөрібаевтың өзге айыптаулары жалған, өзі білмейтін жайлар, оның барлығы ойдан шығарылған. Оны 1884 жылы 21 тамызда тергеушіге берген жауабында растады. Сондықтан да Құнанбаев пен Аюбаевқа тағылған айыптардың барлығы өтірік, дәлелсіз, тек жеке өшпенділіктен туған жала деп есептеп, 1857 жылы шыққан Заңның XV томының II кітабындағы 304 статьяға сәйкес Қаулы етеді:

Бұл іске қатысты тергеу бұдан әрі жалғастырылмай, тоқтатылсын. Қоңыр-көкше-тобықты (қазіргі Шыңғыс) болысының бұрынғы болысы Ибрагим Құнанбаев пен старшын Мұса Аюбаев жауапқа тартылмасын. Бұл шешім оларға Семей уездік бастығы арқылы жариялансын. Тергеу ісі осымен аяқталды деп есептелсін. Облыстық Прокурор мырза Облыстық басқарманың бастығынан бұл шешімді бекіту туралы қатынас жолдасын.

Сол үшін қол қоямыз: Төраға, кеңесші – И. Ловицкий. Кеңесші В. Филипович, Кеңесшінің міндетін атқарушы – Д. Покровский.

1884 жылы 10 қазанда прокурорға тапсырылды».        

Облыстық басқарманың жоғарыдағы үкіміне көнбеген Абайдың дұшпандары Үзікбай Бөрібаевтың арызын тағы да қаузайды. Бұл жолы Омбыдағы Дала генерал-губернаторына төте жолдайды. Абайға шындап қауіп төнеді. Ол Абайды жер аударуға пейіл танытады. «Бірақ сол уақытта мұның қасында корпустің кеңсесін басқаратын Лосовский деген чиновник… бұрын Семей уезінде істеген, Абайды жақсы білетін адам болады. Сол Абайды корпус генералына жолықтырып, бетпе-бет сөйлестіріпті. Абай оқымысты кісіше еркін, тең сөйлессе керек, дәл не сөйлескені мәлім емес. Бірақ әңгіменің артынан Абайға: «Сен ортаңнан басың асқан адам екенсің» – депті». Сонымен, іс толықтай жабылған. Қайтып бұл жөнінде мәселе қозғалмаған.

1885 жылғы мамыр айында өткен Қарамола сиязында Абайдың төбе би болуы және оған Семей облыстық генерал-губернаторының ықыласының аууы да сондықтан. В. Лосовский Омбыға бара салысымен тура тоғыз жылға созылған тергеу ісін арнайы жандаралдың жарлығымен мүлдем жабады. Ол хаттаманың мазмұны төмендегідей:

«Дала генерал-губернаторы кеңсесінің жарлығы.

1-бөлім, ІІ-стол. 1885 жылы. 21 маусым. Омбы қаласы»…

«Болыс басқарушысы Құнанбаев пен ауыл старшыны Аюбаевтың ісін тергеуді тоқтату және жала жапқаны үшін қазақ Бөрібаевты сотқа тарту туралы.

 1) Құнанбаевты парақорлығы, заңсыз жылу жиғаны, өз бетінше шешім қабылдап, үкім шығарғаны, билер мен старшындардың мөрін тартып алып, сол жалған приговорларға қол қоятыны туралы айыптаған Бөрібаевтың арызы дәлелсіз болып шықты.

2) Осындай заңсыз әрекеттерді болыстың жүзеге асыруына көмектесті деп айып тағылған Аюбаевтың бұл іске ешқандай қатысы анықталмады.

3) Сөйтіп, Құнанбаев пен Аюбаевқа тағылған Бөрібаевтың жаласы тек әділетсіздік қана емес, қылмыс болып табылды.

4) Жоғарыдағыдай жалған арызы арқылы Бөрібаев жазықсыз адамдарды соттауды көздеді.

5) Сол мақсатына жету үшін қылмысты істерді тексеретін әр түрлі мекемелерге Бөрібаев өтірікке негізделген арыздарды жолдады.

6) Соның нәтижесінде Құнанбаев пен Аюбаев ұзақ уақыт тергеуде болды.

Ақыр соңында бұл адамдар үшін тергеу сәтті аяқталып, олардың кінәсыздығы дәлелденді.

7) Бөрібаевтың өзі арыздағы көрсетілген айыптарының өтірік екенін мойындады. Оның себебі – бұл болыстың ішінде жікшілдік топ құрылған. Сол топтың адамдары өзінің жақындарынан болыс сайлау үшін Құнанбаевтың үстінен домалақ арыз ұйымдастыруды Бөрібаевқа тапсырған. Сөйтіп, болысты сотқа тартамыз деп үміттенді.

8) Соңғы тергеуде өзінің сөздерін бұрыс аударды деген Бөрібаевтың шағымына сенуге болмайды. Оның бұрынғы куәліктері толық расталды.

9) Осы істің қорытындысын бекітуге шешім қабылдайтын комиссия жалған арыз арқылы жазықсыз адамдарға жалған айып тағылуы-тек қана ар-ожданды қорлау ғана емес, сонымен қатар заңға қайшы әрекет деп есептейді. Сондықтан да, үкімет пен өкіметтің сот орындарының шешіміне қарсы шыққаны үшін және жалған іс қозғағаны үшін жауапқа тартылады. Комиссия Бөрібаевтың іс-әрекетін Қылмыстық жауапқа тарту туралы Ереженің 940 статьясына және 1868 жылы шыққан заңның XV томының II бөліміндегі 1169 статьясына сәйкес келеді деп шешті. Империяның жалпыға ортақ заңына сүйене отырып, Бөрібаевтың үстінен тергеу ісі қозғалғандығын Губернаторға хабарлау керек.

Құнанбаев пен Аюбаевтың кінәсыздығы туралы облыстық басқарманың шешіміне келетін болсақ, ол өз күшінде қалады». Сөйтіп, абақты да, үй қамақ та, тергеу де аяқталған сияқты болады.

 Абай үшін аса қауырт та қат-қабатқа толы 1885 жылғы және оның жеке басындағы елеулі оқиғаның бірі – мамыр айында Шар өзені бойында өткен Қарамола сиязы. Оған Семей облысының бес дуанының болыс-билері түгел қатысқан. Әр болыс, әр дуан өзінің дау-дамайын қоса ала келді. Ондай «сыбағадан» Абай да құр қалмаған. Ілгеріде баяндалған Ү.Бөрібаевтың арызынан басқа, өзге дуан билер де шағым түсіреді. Губернатор «жағалай танысып келе жатып: Абайға: «Партияшыл, ел бүлдіргіш Құнанбаев сенбісің? Неге партия қыласың?» – дегенде; «Жалғыз мен емес, дүние түгел партия. Жанды-жансыз мақұлықтың барлығы да алыс-жұлыспен тіршілік етеді. Тіршілік – күрес. Сіздің өзіңіз де партия қыласыз», – дейді. «Сені болыстар неге көп жамандайды? – дегенде: – Олар көп, мен жалғызбын. Көп жуан, әрқашан тентек, бұзық. Бұзық көппен алысқан жалғыз – жаманатты болмай тұрмайды. Бірақ көп екен деп жаманның сөзін мақұлдау керек пе? – деп тең сөйлеседі… Жандарал Абайдың билігіне өзі құштар боп, өзге рубасыларға кеп: «Сиязды жақсы өткізіңдер. Ұрыда ақысы кеткендердің ақысын толық әперіңдер. Сиязды жақсы жүргізу үшін Абай сияқты кісіні төбе би сайлаңдар» – дейді.

Сөйтіп, Абай даудан құтылады. Міне, осымен Абай өмірінің:
Дәмі қайтпас, бұзылмас тәтті бар ма,
Бұл бес күннің орны жоқ аптығарға.
Қай қылығы татиды қу өмірдің,
Татуды араз, жақынды жат қыларға, –
деген ең қысасты бір кезеңі аяқталды.

 7. ТАЛҚЫ немесе БИ ЕКЕУ – ДАУ ТӨРТЕУ»

Қысқа күнде қырық жерге қойма қойып,
Қу тілмен қулық сауған заңы құрсын.
Абай

Сонымен, Абайдың «өзгертпек едім заманды» деп кіріскен үш реткі болыстық билігі тұсында «өзге надандардан» несімен ерекшеленді?

Бірінші: Қазақтың дәстүрлі әдет заңы мен «Дала Ережесінің» арасындағы қайшылықтарды үйлестіруге ұмтылды. Ел арасындағы жоғарғыдай даулардың өзеурей өршуіне бодандық, басыбайлылық мақсатты көздеп, қазақтың дәстүрлі әдет-ғұрып заңдарына қарсы шығарылған 1868 жылғы «Уақытша ереже» де мүмкіндік беріп, дау-дамай мен талас-тартысты бұрынғыдан да ушықтырып жіберді. Ондағы 135-167 баптар қазақ арасындағы «халық сотына» арналды. Оған Абай:

Ант ішіп, күнде берген заңы құрсын,
Арын сатып тіленген малы құрсын.
Қысқа күнде қырық жерге қойма қойып,
Қу тілмен қулық сауған заңы құрсын, – деп баға берді.

Өйткені: бұрын әр болыстағы бидің саны төртеу болса, жаңа низамда олардың саны сегізге өсті. «Би екеу болса – дау төртеу болады» дегендей, енді бір кесімнің өзін 8 би кезектесіп кергілейтін болды. Онымен де қоймай, бұл кесімді болыс бекітті. Болыстың кесіміне ояз қол қойды. Ояз – шағым иесі жүгінетін шешуші мекеме болды. Ал, оның шешімін генерал-губернатор бекітті. Осы аралықтағы барлық тергеу үдерісіннің өткелінен өту мерзімі жылдарға созылды. Әкеден балаға ауысқан таусылмайтын даулы майданға ұласты. Мысалы, Құнанбай Өскенбаевтің ісі 20 жылға созылып, сонда да толық бітпей Абайға ауысты. Абайдың үстінен 1872 жылы түскен арыз 1898 жылға дейін шешімін таппады. Сөйтіп, би – берекені ұйытушы емес – әрекені қоздырушы билік тұтқасына айналды.

Абайдың: «Әрбір болыс елде: старшина басы бір би сайлағандық, бұл халыққа көп залал болғандығы көрініп, сыналып білінді. Бұл билік деген біздің қазақ ішінде әрбір сайланған кісінің қолынан келмейді… Тәуке ханның «Жеті жарғысын» білмек керек… Ескі сөздердің қайсысы… ескіріп, жаңа заманға келіспейтұғын болса, оның орынына татымды толық билік шығарып, төлеу саларға жарарлық кісі болса керек еді, ондай кісі аз, яки, тіпті жоқ… Бұрынғы қазақ жайын жақсы білген адамдар айтыпты: «Би екеу болса – дау төртеу болады» деп. Оның мәнісі: тақ болмаса, жұп билер таласып, дауды көбейте береді – дегеннен айтылған сөз. Үйтіп, би көбейткенше, әрбір болыс елден толымды-білімді үш-ақ кісі билікке жыл кесілмей сайланса, олар түссе – жаманшылығы әшкере білінгендіктен түссе, әйтпесе, түспесе…», – деген «Үшінші сөзіндегі» пікірі соған дәлел. Абайдың өзіне:

Қызуы кеткен сөз бағып,
Қызығы кеткен ел бағып, – дегізіп, оны әбден ығыр қылып, «етекбасты еткен» уытты шындық осы еді.

Абай өз өмірінде, болжам бойынша үш рет, ал нақты деректер арқылы дәлелденуі бойынша екі рет Төбе би, яғни, бүгінгі тілмен айтқанда, конституциялық соттың төрағасы болып сайланған. Бұл, Абайдың өзі «Үшінші сөзінде»: жазған «толымды би» туралы жоғарыдағы пікірінің жүзеге асуының бір көрінісі болып табылады. Ол, бірінші рет 1885 жылы «Қарамола» сиязында және екінші рет 1888-1890 жылдың аралығында қытаймен шекаралас жерде өткен «Көктұма халықаралық төтенше сиязында» Төбе би сайланған. Сол қызметі үшін 1890 жылы 25 тамызда Дала генерал-губернаторының №89 бұйрығы бойынша портупеямен және зерлі қылышпен марапатталған. Семей уезінің бастығы К.С.Навроцкий өзінің 1903 жылы Абайға берген мінездемесінде: «Ол өте парасатты және ақылды адам, 2 рет үш жылдан болыстыққа сайланған. Ілгеріде Құнанбаев Семей және одан да сырт уездердегі қазақтардың арасында ерекше бедел мен ықпалға ие болған сыйлы адам. Ол бірнеше рет уездаралық дауларды шешіп, берекеге келтіретін, адалдығына сеніммен, құрметпен қарайтын, қазақтардың арасынан сайланып қойылатын ең қадірлі лауазым – Төбе би болып сайланған», – деп жазды.

1885 жылғы шілдеде өткен «Қарамола» сиязында 74 баптан тұратын «Ереже» қабылданды. Губернатордың тікелей ұсынысымен бұл Ережені өзге ел ағалары – билермен ақылдаса отырып Абай жазып шығады. Соңына: «Ереженің» қазақ рәсімінше таза көңілмен һам әділетпен уә һам растығына иландырып мөрін басқан Семей уезінің құрметті қазағы Ибраһим Құнанбаев» – деп, рет саны бойынша 18-боп қол қойған. «Ережедегі» 2 бап тікелей Абайдың өз ұсынысымен кіргізіліпті. Айтушылардың пікірімен салыстыра келгенде олар:

40-бап: Ұрлыққа жаһат еткен адамдар ұры бірлан бірдей жаза тартады. Бірақ, дүре, абақты – серік болған ауқатты кісілерге бұйыруға көнбесе тиіс – дүр;

46-бап: байы өлген жесір қатын: байының бір туысқан бауырына, яки ағайынына тиеді. Егер де сүймесе – ықтияры өзінде» – деген баптар [72].

Ал, Абайдың Көктұма сиязына Төбе би болып сайлануы туралы: Ә.Ысқақов: «Семей облысы мен Жетіу облысының жері шектес. Екі елдің ортасындағы ұрлық, барымта, кісі құны, жер дауы, жесір дауы үздіксіз шиеленісіп, бітімсіз, тынымсыз қалыппен күнде араз боп, ұлыққа шағынулар түсіп жатады. Сондықтан да, екі облыстың басшылары екі облыстың ортасына сияз ашып, билерді жинап, бітім жасатпақшы болып, Көктұма деген жерді белгілеп: болыс басы бір би болсын, пәлен күні жиылыңдар – деп бұйрық береді. Семейдің жандаралы Абайға: «Сол сиязға барып, қазақ ортасына тыныштық орнатып, тоқтам жасаңыз» – деп ерекше хат жазды» [4.116-117], – деген мағлұмат бере отырып, сол сиязға қатысқан Көкеннің болысы Нұрке Шынқожаұлының көшірі болған Мүсірәлі Қожанұлының естелігін келтіреді.

Ал, бұл пікірді М.Әуезов: «Жетісу мен Семей облысының бас қосқан червечнай (төтенше – Т.Ж.) сьезінде Абай тағы да екі облыстың билерінің үстінен қарайтын төбе би болған… Көктұма сиязінде Абай жазған Ереже 92 статья еді – деседі. Бұл ережелердің барлығы да қазақ елінің ескіден келе жатқан жол-жоба, әдет-заңына, ескі билік салтына сүйеніп, елдің ортасындағы ғұрпына дәлденіп жасалады. Патша үкіметі қазақ елінің ішкі өмірін білмей, жалпы әкімшілік билік жұмысын ешуақытта жөнге сала алмай, билеудің жөнін білмей қойған соң, жалғыз тапқан шарасы осы болатын. Ру-рудың ақылдасып, еселелесіп, екі арасының тыныштануына келгенде, бұл істеген сияздерінің негізі дұрыс болатын, ел ішінің жағдайына келгенде дәл тапқан ақыл деуге болады. Сонымен, осындай сияздердің барлығында Ереже жасаушы да, төбе би болушы да – Абай дедік. Мұның жазған Ережелері әрқашан сьезге жиылған елдің көңілдегі арманын дәл тауып, қышуын қандырғандай болып, сьездің мақсат, міндетіне үнемі жанасып, ауымай дәл түсетін болған, жазып әкеліп ұсынған Ережелері, көбінесе, қапысыз болғандықтан, қосымшасыз, түзетусіз түгел өтіп отырған», – деп кеңейте дамытады.

Ел ауызында: Абай Қытай мен Ресейге қараған қазақтардың арасындағы шекаралық жер дауы (әсіресе, күнгей мен терістіктегі қыстау мен жайлауды табиғи жағдайға үйлестіре пайдалану), жесір дауы, құн дауы, барымта дауы сияқты мәселе көбейіп, екі арадағы қарым-қатынас асқынып бара жатқандықтан да, екі елдің билік иелері шекаралық мекенде еларалық сияз ашқан. Онда Абай Төбе би болған – деген дерек сақталып қалған. Ондағы қатысқан адамдар мен олардың арасындағы билік тері мен шешендік сөздері де сақталып қалған. Сияздың өткен жері, бір деректе – Көктұма, екінші деректе – Қарағаш деп көрсетіледі. Бұл екеуі дербес өткен екі сияз ба, жоқ, бір сияз ба? Көктұма мен Қарағаштың арасы 70 шақырым. Келген адамның саны мен олардың мініп келген көліктердің жайылымын еске алатын болсақ, бұл көшпелі жұрт үшін бөле-жара қарайтын өлшем емес. Ауызекі әңгіменің дені «Қарағашты» мекзейді. Еларалық мәмілеге Абайдың төрелік етуі, әрине, ғанибет әрі табиғи.

Осы 1885-жылғы төтенше сияздан кейін де көрсету бұрынғыдан да қатты өршиді. Мұның басты себебі: бірінші, Кереку, Өскемен, Көкпекті, Зайсан, Семей, Жетісудың Мақаншы-Лепсі дуандарының бас қосқан төтенше сиязында және сияздан кейін Күнту бастатқан Абайдың тобықты ішіндегі дұшпандарымен сиязда есесі кеткен өзге сырт дуандардың жекелеген би-болыстары топталып бірігіп Абайдың үстінен арызды тоғыта береді. Жер дауы, жесір дауы, билік дауы майданында үнемі жеңіліс тапқан «Аршалы уақ-керей» болысынан Рақыш Төтіс баласы 3-4 уездің 30-40 биін жиып, қол қойюға шақырады: Абаймен өштігіміз де, қастығымыз да жоқ» – деген сол уақ керейдің өкілі Әлімхан қарсы шығып, Өскемен, Зайсан, Керекудің билерін сөзбен иландырып, қосақтан алып шығады.

Екінші билік ерекшелігі, ел ішін тыныштандыру үшін: ««Ұрының айып пұлы жетпесе, бұрын ағайындары төлейтін. Енді Абай: Құнды ағайыны емес, ұрыға ат майын беруші, ұрыны сүйеп, қолдаушы төлейтін болсын», – деп кесім шығарды. Әр түрлі кек қайырудың, мысын басудың, ашық майданға шақырудың амалымен барымташы ұстаған шонжарларды, қандай да бір туыстық қисынмен ұрының сөзін жақтаған адамды, соның ішінде өзінің туған ағасы Тәңірберді де бар, қылмысын мойындамай, жалтарған барымташылар мен ұры-қарыларды, біреуге жазықсыз жала жапқан пәлеқорлар мен арызқойларды, «Есеңді қайырып берем», – деп біреудің ескірген дауын сатып алып (мұндай да «кәсіп иелері» болған), «Берекені» (өзара бейбіт келісімді) бұзып, әрекеге бастайтын даукестерді қаһарына алып, қатты жазалап, құн кесіп, есесі кеткеннің есесін табан астында еселеп қайыртып отырған.

Мұндай шешімге келгенде, «неғылайынға» бармаған, ешқандай бопсаға көнбеген. Айтқан кесімін орындатқан. Сол өзі болыс болып жүрген кездегі «даукестердің» – дауды сатып алушылардың «өлермендік» өмір шындығын Абай:
…Терін сатпай, телміріп көз алатып,
Теп-тегіс жұрттың бәрі болды аларман, – деген өлең жолдарында ащы ызамен бейнеленген.

Кәкітай және Тұрағұл Құнанбай оғландарының куәлік беруінше: осындай қатулы мінезбен, әділ де батым кесіммен қимылдаған «Абайдың атағы барша халықтың-қазақтың арасына кеңінен жайылып, қатал да әділ билігімен белгілі, беделді би, болыс болды. Мұндай қатал биліктен сескенген «бөтен елдің басшы адамдары өзара бір-бірімен құда-тамыр болып, бір-біріне жақындық қылып, (Абайға – Т.Ж.) араздық, жаулық қылмай жүрді. Ұрлық қылған кісіге, зорлық қылғандарға жазаны аямай салып, қатты қысымшылық көрсетуші еді. Ұры – оның маңынан жүре алмаушы еді».

Оның бұл кездегі қызметі туралы Ояздың өзі Генерал-губернаторға: ол болыс болған жылдары сол елде бір де бір ерті барымта, талас-тартыс, дау-жанжал болған емес, ел-жұртты әділ басқарды – деп, мінезі туралы баласы Тұрағұл:«Жалпы, ұрылар айтады: «Абайдың алдына өтірікпен бара алмаймыз, жанымыз қалса – шын сөзіміздің арқасында қалады» – деп. Менің әкемнің ұрыдан алатын парасы – шын сөз еді», – деп жазуы Абайдың қатал, әділ, турашыл, қолы таза (пара алмаған) болыс болғандығын дәлелдейді. Шындығын айтып, қылмысын мойындап, адал іске ант берген барымташы, даукес, ұрылардың біразын Абай өзінің жанына алып, істер – кәсіп тауып, алдына мал салып, үйлендіріп, жер-қоныс беріп, ел қатарына қосқан. Соның бірі – кейіннен өзінің адал көмекшісі, тізгін ұстары да, сөз ұстары болған Қорамжан ел ішіндегі сыйлы адамның бірінің қатарына қосылады. Тіпті, өзге болыс пен ояздың ісі адал адамдары да Абайға кеп жүгініп, әділ кесімін алады, ол кесімді сол елдің жығындылары ләм деместен орындайды. Оның: «Ендігі жұрттың сөзі – ұрлық-қарлық, Саналы жан көрмедім сөзді ұғарлық», – деп түңілуінің бір себебі, осы барымта мен сырымтада жатыр.

Қазақтың бұрынғы жаугершілік заманнан келе жатқан барымташыл әдетінің қалуы қиын соқты. Тіпті, ол сөзі ел ішінде ерегес туғызып: «Ал, қоймаймыз» – дегендердің өзі «бір партия құрып», көп әуре-сарсаңға түсірді. Абай кезі келіп туған бір самородок (сом алтын – Т.Ж.) еді. Халқына бар өнерінің пайдасын көрсете алмай, қызықты өмірінің бәрі елдің шуылдақ партиясымен әурелікте өтті. Бұл туралы: «Әуелде тәңірім сорлы етті, Арсыз елмен әуре етті», – деп мұңын шақты.

Сол кездегі қазақ арасындағы үшінші ең үлкен мәселе – жер дауы. Кез-келген болыстың шешуіне тиісті ең басты және ең маңызды даудың бірі. Болыс, старшын (ауыл), қыстау мен жайлау дауына келгенде, Абай 1868 жылғы Патша өкіметі шығарған Қазақ облыстарын басқару туралы «Уақытша ережеге» жүгініп, арнайы экспедиция шақыртып, болыс пен болыстың, жайлау мен қыстаулардың арасын межелеу, картаға түсіру жұмыстарын жүргізіп, оны генерал-губернаторға бекіттіреді. Соның өзінде, С.Бегімбетовтің жылғы және Б.Үзікбаев сияқты даукестердің арандатуы мен дау-дамайы тиылмайды. Бекітіліп кеткен жер телімін қайта телімдегісі келеді. Бір мәрте емес, жыл аралата жазылып, барған сайын өршіген «жер дауы» Абайды өмір бойы тергеудің астынан босатпайды.

Жер мәселесі жөніндегі ұшынған даудың соңына өлермендікпен түскен Сыман Бегімбетовтің 1870 жылы басталған арызы 1904 жылға дейін, яғни, 34 жыл бойы, қашан Абай өлгенше толқын-толқын қайталанып отырған. Сонша күйінді болатындай, шынымен де Абай жер межелеу барысында әділетсіздік жіберді ме? Соған көз жеткізу үшін өзге дау-дамайға назар аудармай-ақ,тек осы арызды ғана діттейміз. 1870 жылғы қатты қақтығыстан кейін бұрынғы болыс екіге бөлініп, арнайы экспедиция шығып, жер межесін жасайды. Соның актісіне Абай қол қояды. Іле С.Бегімбетов экспедицияның өзге мүшелерінің де емес, тіпті, қол қойған өз елінің болысының да емес, тек Абайдың үстінен ғана арыз жазады. Абайдың жерге қандай қатысы болуы мүмкін?

Сөйтсек, мұның түпкі түбірі «Бөліп ал да, билей бер» – деген отарлау қағидасына құрылған 1868 жылғы «Дала ережесінен» (Степное положение») тамыр тартады екен. Бірінші, онда қазақ жері – қазақтың емес, империяның, яғни, патшаның меншігі деп көрсетілген. Сондықтан да, қазақтардың өздеріне бөліп берген жерге ғана иелік етуге қақысы бар еді. Соны анықтау үшін, 1870 және 1889 жылы болыстардың жер межесі «Ереженің» 57 және 58-баптарына сәйкес қайтадан белгіленеді. Сол кезде, Көкен мен Семейтау жұртымен қоса тобықтының төрт болысының жері мен оған қарайтын түтін саны да өзара ауыс-күйіске түседі. Сол кезде Бұғылының 500 түтіні Шыңғыс болысына қарайды. Мұны істетіп отырған кім? Әрине, ұлықтарға беделі зор Абай! – болып шығады.

«Ежелгі жау – ел болмас» дегеннің керін келтіріп, өзінің Құнанбай ұлдары билік тізгінін ұстайтын Шыңғыс болысының құрамында қалғанына көнгісі келмеген Сыман Бегімбетов және Хакімжан Төребаев пен Асқар Абыралин әуелі 1899 жылы тамызда Семей облыстық жер басқармасына, 1899 жылдың 11 қыркүйегінде және 1902 жылдың 21 шілдесінде Облыстық Әскери-губернаторға заңдық күші бар арыздар мен мәлімдемелер жолдайды. Қалайда Шыңғыс болысынан шығып кетудің амалын қарастырып: бізді Құнанбай ұлдарының қорлығына қасақана қалдырып, белгі соғып кетіпсіз – дей келіп: «Біз жер түгілі малымызды һам мал түгіл қатын-баламызды Құнанбайоғлының пайдасына берсеңіз де, Ибраһиммен, Шыңғыс елімен болыстас болғанымызша, дәл (қазір) крестьян болуға ықтиярмыз», – деп қарғана ант береді. Іле, Бұғылыдан Шыңғыс болысына қосылған 67 шаңырақ иесі: «Жаңа меже бойынша қыс қыстауымыз – Шыңғыс, жаз жайлауымыз Бұғылыда қалды. Қонысымыз кетсе – кетсін, осы меже бойынша Шыңғыс елінде қалғанымызға бек ризамыз. Сізден өтініп тілейміз: азғырушылардың тіліне еріп: бізді Шыңғыс елінде қалғанымызға риза емес деп өтірік арыз бергендерге сенбесеңіз екен. Қол қойып, таңба басамыз», – деп бұған қарсы мәлімдеме жасайды. Ақыры бұл арыздың оңайшылықпен тыншымасына көзі жеткен Дала генерал-губернаторы 1901 жылы 13 қазанда Көкен, Семейтау және тобықты болыстарындағы жер бөлісін тоқтатуға бұйрық береді. 1904 жылғы жер туралы жаңа заң шыққан соң, яғни, Абай дүниеден қайтқан соң ғана, бұл арыздар жабылады.

Құнанбайдың Жігітектердің 15 қыстауын тартып алған жылғы жер үшін болған Мұсақұл-Тоқпанбет шайқасында дүниеге келген Абай, Шыңғыс пен Бұғылы болыстарының жер дауы тындым болғанда дүниеден озады. Ол 60 жас жасады және сол 60 жыл бойы жер дауының жанкешті жазықты-жазықсыз даугері болып өмір сүрді. Сөйтіп, ол өзінің өмірін:

Бас-басыңа би болған өңкей қиқым,
Мінеки, бұзған жоқ па елдің сиқын.
Өздеріңді түзелер дей алмаймын,
Өз қолыңнан кеткен соң енді өз ырқың, – деген өкінішпен аяқтады.

Төртінші билік ерекшелігі, қыр елінде ғасырлар бойы барынша дәстүрлі заң ретінде қолданылып келе жатқан әйелдің сағын сындыратын жесір дауы мен неке бостандығына байланысты жасаған Абайдың: «Бұдан бұрын ері өлген әйел жесір әйелді алатын әмеңгері жоқ болса, байының ағайындарының басқа біреуге беруге құқы болған. Абай: «Бұл – әділет емес. Ол әйел баста бір сатылған (қалыңмал төлеген –Т.Ж.). Жасау-мүлкімен кеп алғашқы қалың мал орайын төлеткен. Енді, екі сатылмақ – зорлық. Алатын әмеңгері болмаса, еркі өзінде, ол әйел – азат», – деген еркін шешімдері мен кесімдері болды. Бұл ретте ол қазақтың дәстүрлі «Жеті жарғысы» мен «Уақытша ережедегі» баптарды қатар пайдаланды.

Құнанбайдың өзіне таққан: «Тым қызылшылсың, жесір дауына, қыз дауына орынсыз араласасың. Ол – кекті намысты, кетпес жаулықты қоздырады» – деген ескертуі расқа айналды. Қаратай, Сүйіндік, Құлыншақ, Күнту, Байғұлақ, Әбді, Базаралы, Оразбай, Жиренше, арасындағы қанды кек сол «жесір дауынан» ушығып, ақыры Абайдың өзін «мырзақамаққа» отырғызумен аяқталғаны белгілі (Бұған арнайы тоқталамыз).

Сонымен, Абай өзінің 12 жыл болыс болған кезінде: «Елді қазақ дәстүрімен билеймін», «Ұрыны қатты тиямын», «әйелдің еркі өзінде болсын» – деген мақсатына жете алмады.

Базаралыдан да, «Мырзақамақтан» да, болыстықтан да құтылған кезде Құнанбай да Меккеден қайтып оралды. Абайдың өзі жоқта көрген қияметтік қақтығыстар мен дау-дамайдың қастаншықпағыр тамыры қайда жатқанын Құнанбай жақсы білді. Сол оқиғалардың бәрін де өз басынан тәжірибеден өткізген. Сондықтан да, Абайдың іс-әрекеттеріне өзінше мінездеме беріп, ескерту жасайды. Абайға қаратыла айтылған бұл «үш мін» – жазғырудан көрі, қарапайым ғана дәстүр-салтты сақтауды, тектің, сенімнің, ар-ожданның қадір-қасиетін құрметтеуді, махаббаттағы адал некені таза ұстауды ескерткен әкелік қамқорлыққа сай келеді.

Құнанбайдың Абайға айтқан бірінші сыны: ел билейтін адамның ұстамдылығы мен дос-жаран, одақтас таңдауына және жеке мінезіне қатысты. Бірінші, «Сен жайдақ су сияқтысың. Көпке күліп сөйлейсің, көп сөйлейсің және менменсіп сөйлейсің. Сөзіңде зіл, салмақ, пәрмен жоқ. Сондықтан да жұрт сенің сөзіңді жүре тыңдайды. Ел басқару ісінде бұлар – қадіріңді кетіретін іс. Көрінгенмен жақын боласың, – дейді. Абай әкесінің бұл сөзінен қорытынды шығарса керек, оған Тұрағұл Абайұлының: «Топтағы, биліктегі мінезінен жалғыз айтатыным: иә билікке тартысып, иә аразымен (араз адамымен – Т.Ж.) бас қосқан жерпде кінә айтысып, сөзін сараң сөйлеп, не суырылып отырғанын көргенім жоқ. Байлаулы жерінен қысқа тұжырым сөзді ақырын айтса да, сол сөз тоқтау болып қалушы еді» – деген естелігі дәлел.

Сонымен қатар, ел билігі қолына тиген тұста, Абайдың Оразбай мен Ерболды жақын тартып, оларға алаңсыз сенгеніне қатты мазаланып жүрген Құнанбай: «Бұлар адал дос болмайтын алдамшы адамдар. Құдайдың жан қылып жаратқаны рас болса, осылардан татып отырғаныңды бір көрермін-ау», – депті. Құнанбайдың айтқаны он жылдан кейін дәл келді. Сатқындықты – Ерболдан, жаулықты – Оразбайдан көрді. Әрине, «ой кірген соң» Абай бұл мінезден арылды. Ерболға ма, жоқ, Оразбайға ма, әйтеуір: «Қажымас дос – халықта жоқ, Айнымас серт қайда бар?»,– деген өлең екеуінің біреуіне арналғаны анық.

Абайға қаратылған: «Тым қызылшылсың»,– деген емеуіріні көп екінші ескерту – Абайдың әйел қауымына деген көзқарасына, яғни, көшпелі өркениет басталғалы өршімесе, өшпеген «жесір дауына» қатысты айтылған. Оның мән-мағынасы мынада, билік тізгіні қолға тиген тұста: айттырған жерінен бас тартқан, жеке бас бостандығын сұраған, не ғашығымен бірге қашып кеткен қыздар мен әмеңгерліктен бас тартқан жесірлер – әділ, беделді би ретінде араша іздеп, Абайға көп шағымданған. Абай бұл даудың барлығында да әйелдерді қорғап, қазақ жолымен бітпесе, орыс заңына сүйеніп, теңдік әперіп отырған және оны алаңсыз, ерекше ынтамен істеген.

Ол заманда жесір дауы – адамның құнымен тең даулы мәселе: «Ерден кетсе де – елден кетпейді» – деген дала заңы бұлжымай орындалауы тиіс кез болатын. Абай, осы мерзімнің ішінде: Кеңгірбайдың шөбересі Зағипа Жүсіпқызының, Бәзілдің қызы Шөкейдің (Хадишаның), Тінібайдың немересі Айғанымның басына бостандық әпереді. Алайда, мұның барлығының арты ел арасында кісі өлімімен аяқталып отырған кеселді кекпен аяқталды. Соның ішінде, Кеңгірбайдың шөбересі, яғни, жігітектің қызы, Шәкерімнің де «Бір қыз бар Зағипа атты» деп ән шығарған, бүкіл Жігітек ауылының бозбалалары жатқа бермейміз деп төбе-төбенің басына қарауылда тұрған Зағипа қыздың оқиғасы ескі жараның ауызын ашады. Қыз әкесі қазақ билерінің кесіміне көнбейді. Сондықтан да, Абай қаланың соты арқылы Зағипаның басына бостандық әпереді. Үкімді орындаушылар келгенде Әбді: «Құнанбай балалары қастықтарын қоймады. Ұлық арқылы мұны істетіп отырған Абай. Ол – Құнанбайдың ұлы болса, менің атам – Кеңгірбай. Баламның еркін билеп басынбасын. Қорлығына көнбеймін.» – деген намысты кекке ұласады. Алысады, жұлысады. Аңдысады, сойылдасады. Кек қайтарысады. Барымталасады. Оқиға осылай ушығып тұрғанда Оралбай мен Көрімбала екеуінің арасындағы махаббат хикаясы килігеді. «Базаралының інісі Оралбай – бөкенші ішіндегі Сүгірдің Көрімбала деген қызын алып қашады. Ағайынды Балағазы мен Базаралы екі жастың еркін махаббатын найзаның ұшымен қорғайды. Ел бүлініп, пәле ұлғайып, шабындыға ұшырайды. Бөкеншілер Жігітектің біреуінің әйелін ұрлап әкетеді. Еруліге-қарулы етіп жігітектер бөкенші Шалғынбайдың әйелін алып қашады. «Екі жақ жасанып ұрысып, найзаға адам шаншылып, қан шығарысып қалады. Ақыры Базаралы елде жоқ кезде Бөкеншілер Көрімбаланы ұрлап әкетіп, Қаракесек Олжабайға қосады. Соңынан қуып барған Оралбайды «тілінен тіл беріп» Көрімбаланың өзі тоқтатады».

Бұл, оқиғалар жоғарыдағы жігітектің 17 адамының «итжеккенге» айдауылымен тынады. Осыншама ығырға себеп болғанына қапаланған Зағипа қыз атасқан жеріне де, уағдаласқан жігітіне де бармай, құсадан өледі. Сол сияқты қала соты арқылы арашалауға ұмтылған Айғаным мен Халиолла да ғашықтық дертінен өмірлерін қайғылы аяқтайды. Тек Шөкей-Олжабай мақсатына жетеді. Абайдың билігі арқылы ушығып келген бұл үш оқиғаның дауы Құнанбайдың араласуымен шешілді. Ол Абайды арашалап қалған. Бірақ, Абай бетінен қайтпаған. Басқа уезге қарайтын көрші Сыбан мен Мұрын болыстарының теңдік іздеп, өтініш айтқан қыздары мен жесірлерінің де дауына араласып, бая-шая болған. Сондай бір «жесір дауында» Кеңгірбайдың билігіне қатысты Еңлік пен Кебек оқиғасын мысалға келтіремін деп, өзінің дос-жаран боп жүрген аталасы Жиренше бастатқан топпен араздасады. Бұл араздық – жылдар өткен соң Абайдың басын бәйгеге тіккен оқиғамен аяқталады. Абайдың: Екі күймек бір жанға әділет пе, Қаны қара бір жанмын, жаны жара, – деуінің сыры осында.

Өйткені, «әйелдің бас бостандығын» қорғап бір күйінді болса, қазақтың «жесір дауына» қалып екі күйінді болды. Бір мәселеге екі рет күйінді боп, жауапқа тартылған Абай, бәрібір, бұл бетінен қайтпаған. «Жесір дауының» шынымен де, «ел намысы» екенін танытқан улы тамыр Абайдың жеке басына да шырмалды. Дау иелері Абай мен Нұрке «берекеге» келсе де, «Көкен тауындағы Жалпақ деген жерде өткен бір ояз елдің сиязында, тобықтының шонжарлары: «Абай намыс етпесе, біз намыс етеміз. Абай көнгенмен, тобықтының әруағы көнбейді» – деп бітіп кеткен дау үшін Нұркеден «жесір дауын» даулайды. Нұрке: «Абайдың өзі дауламаса, өзгеге берер жауабым жоқ», – деп сиязға шақырса да бармайды. Қатыспаса да, Нұркенің сыртынан кесім шығарып, айып кескізеді. Мұның мәнісі: Абайдың Мағауия атты ұлы Нұркенің қызын айттырады. Бірақ жеме-жемге келгенде Мағауия айнып кетеді. Бұған намыстанған қыз Айтқазы деген мырзамен қашып кетеді. Абай Айтқазыны шақырып, батасын беріп, Нұркемен арадағы мәселені екеуі шешеді. Достықтарын сақтап қалады. Міне, Оразба, Байқұлақ, «жер табан» Бейсембі осыны сылтау етіп, алдағы болыс сайлауының алдында Абай мен Нұркенің арасына араздық орнатқысы келеді. Бұл дау жылдарға созылса да, Абай мен Нұрке іргесін ашпайды. Абайдың, дауды сатып алып, берекеге кірген елді бұзып, «өнбес іске малданып» жүргендерге тиым салмақ болғаны да сондықтан.

«Жесір дауынан» Абайдың тапқан жалғыз-ақ пайдасы болды. Ол – Абайдың жанын жұбатқан аз жанашырының бірі Мұқаға қатысты мына оқиға. «Көрші Көкен елінің скрипкашы жігіт Мұқа қысылтаяң шақта Абай ауылына кеңшілік іздеп, пана тілеп барған. Жесір қалған әйелге ғашық болып, соны әмеңгеріне тигізбей, алып қашып, Абайдан араша сұрап келеді. Артындағы ағайындары Мұқаның үйін шауып, үлкен пәле басталады. Сондай ауыртпалы салмағына қарамай Абай оларды іргесіне қондырып, келіншекке ара түсіп, бастарына азаттық алып береді. Мұқаны дос көріп, балаларына музыка үйреттіреді. Абайдың әндерін қала мен далаға таратушы да осы Мұқа» болды.

Құнанбай Меккеден қайтып келген соң соның барлығын естіп, ойында саралап, бұл оқиғаның түпкі зиянды зауалын болжайды. Оның үстіне тура сондай дауға Абайдың жеке өз басының шалынғанына қатты наразы болады. Себебі, Абай Әйгерімді құдалық түсірмей, қалыңмалсыз, бәйбішесі Ділдәнің келісімінсіз суыт түрде босаға аттатқан. Бұл, дін ісіндегі некенің парызы мен қарызына, мұһминдік етек әдебіне қатысты болғандықтан да, Құнанбайдың Абайға қарата: «Көрінген ит бір жалап кететін жайдақ су сияқтысың», – деуінде сондай бір астар жатыр. Шүкіманның некеге отырмай босаға аттауы мамайлардың қатты ашуы-намысын тудырып, екі жақ «Еңлік-Кебектің» зиратының басында қарулы ерегеске барып қайтқан. Құнанбайдың «Еңлік-Кебектің» керін сен құшқызайын дедің бе. Бұл тиым ісі» – деуі соны аңғартады. «Ар ұялар іс қылмас ақыл зерек», – деп айтқан Абайдың өзінің ақылы осы оқиғаның тұсында құштарлықтың буынан тұманданып кетсе керек.

Шындығына келгенде, Шүкіман (Әйгерім) мен Абайдың махаббаты – некесіз басталған махаббат еді. «Байшорадан шыққан атқа мінер пысық Аюбайдың Мұсасы (Тергеу ісінде қатар айыпталған Мұса Аюбаев – Т.Ж.): «Еламанның (аталасы) жуандығына, зорлығына көнбеймін. Ит – ұяласынан қорқа ма?» – деп жүрген жігіт екен. Сол Мұса Абайды қонаққа шақырады… Мұсаның жамағайыны, ауылдасы Бекей, Шекей дегендер бар екен. Қонақ күтіп, шәй құйып беруге Бекейдің бойжеткен қызын Мұса шақыртып алады. Кең маңдайлы, нұр жайнаған қара көзді, ақша жүз, алқызыл бетті, күлкісі бұлбұлдың сайрағанындай қыз екен… Үйіне қайтқаннан кейін көз алдынан кетпейді. Абай Мұсаның әйеліне кісі жіберіп, сол арқылы қызды көндіріп, көңіл қосады. Анда-санда жолығып, мауқын басып жүреді… Қыста Орда тауына бүркіт салуға шығып, екі түлкі алып, кешке Кіші Орданың Шілікті кезең деген жерін қыстайтын Бекей ауылына келіп қонады… Гүл жайнап тұрған Бекейдің сұлу қызының беті сұрланған, ажары қайтқан, қайғы-қасірет шеккен адам сияқты… Ел жатып, ұйықтағаннан кейін қыздың қасына барып, хал-жайын сұраса, жылап отырып: «Өзіңізге аян мен бұрын еркек көрмеген жан едім, атастырған күйеуім жақын арада келіп, қол ұстаймыз депті. Менен сорлы жан бар ма, құр жылаудан басқа дәрменім жоқ», – дейді… Абай Мұсаны оңаша алып, өткен істі баяндайды… Мұса: «Көп қатын алу сендердің салттарың емес пе. Сол қызды ұнатсаң, мен ертең әйелімді қосып беріп, ауылыңа апарғызып берейін. Қыздың қайны – берген малын алар», – дейді… Сол күні Бекейдің қызын шақыртып алып киіндіріп, Мұсаның әйелін қасына ертіп, ауылына алып қайтады». Әрхам Ысқақов жұмсартып баяндаған Шүкіман-Абай арасындағы некенің тарихы осындай. Оң жақта отырған қыздарын ұятты еткені үшін Байшоралар Ырғызбайға қарсы сойылдасуға дайындық та жасаған. Мұның бәрін, әрине, Құнанбай білді, сондықтан да бұл некені қостамаған.

Бұл Құнанбайдың Әмір мен Үмітей арасындағы оқиғаның алдындағы ескертуі еді. Бірақ, тағдырдың табалы зауалынан қашып құтыла алмады және ол оқиғаны Абайдың Құнанбайдан көп бұрын біліп жүргені анық. Соған тиым салмадың – деген де зіл бар. Абайды «мырзақамаққа» дейін апарып, Оразбай-Жиренше-Ерболмен жауластырған да Абайдың осы әйел теңдігін әперем деген шешімімен тікелей байланысты. Демек, Құнанбайдың «тым қызылшыл-қатыншыл болма» дегендегі «жесір дауы» мәселесі, оның тағдырлы жазмышына айналды.

Үшінші ескертудің зілі де ауыр, мағынасы да терең, тектік-діни намысты қозғайтын мәселе. Құнанбайдың дүние ісінен бет бұруға ұмтылғаны шындық. М.Әуезовтің қатирасында Құнанбайдың Меккеде қалып қою ниеті болғанын, тек орыс-түрік соғысы басталып кеткеннен кейін кешіккені үшін Ресей консулы айып-пұл салып, ырықсыз қайтарған деген жазу бар. Әке мен бала арасындағы суысуды, яғни Құнанбай мен Абай арасындағы қатқыл сөздердің тамырын олардың өмірге деген көзқарастарының қайшылығынан іздеу ең сенімді себеп сияқты көрінеді. Әрине оның да жаны бар. Бірақ мұны бітіспейтін егерлік деуге келмейді. Түпкі түйткілді Құнанбайдың емес, «өрге шауып, төске өрлеген» Абайдың да іс-әрекетінен іздеген дұрыс. «Әкеден бала ойы өзге» болған күннің өзінде де, үнемі соңғысының дегені – бола бермеген сияқты.

Сондай бір әкелік айбатты Құнанбай қажыдан қайтып келген соң, Абайдың мына мінездері үшін көрсетсе керек. Құнанбай қажыдан келгенде, ауылының маңынан шошақ найзалы мылтықты солдаттарды, шұрқырасқан үйір-үйір жылқы мен қора-қора қойды көреді. Себебін сұрағанда, Абай: Орыс пен түрік соғысын ескерте келіп, мына жылқыны – орыс әскеріне көлік ретінде, қойды – азық-түлік, қаражат ретінде жиып жатқанын, сонымен қатар қалың қазақтың Русияны қолдап, түріктерге қарсы шығуы туралы үндеу хат жазып жатқандықтарын – айтады. Сол арада Құнанбай қатты ашуланып, Абайға ауыр-ауыр кінә тағып, істеп жатқан әрекетін дереу тоқтаттырады. Мұны, Абайдың үстінен жазылған арыздағы: «Өткен жылдың қыркүйек айында старшын Аюбаев екеуі қызмет бабын пайдалана отырып, заңды өрескел бұзып, өз пайдаларына қазақтардан 30 ат, 300 сом ақша, бір түйе және 300 қой жинап алды. Қойды ауыл үстінен өткен солдаттардың тобын азықтандыру үшін деген желеумен алды. Бірақ солдаттарға соның бір бөлігін ғана берді, оның өзін де ақшаларына сатты. Қалған малды өзі сіңірiп кетті, бұл халықтың қатты наразылығын тудырды», – деген мәлімет пен Абайдың өзінің тергеушіге берген жауабы да растайды.

Бұған, архивте сақталып қалған қыр елінің Абай бастатқан бір топ беделді адамдарының (хаттың мәтіні орысша және араб әрпімен қазақ тілінде жазылған): «Христиан дініндегілерге түріктер салған қантөгіс соғыс туралы хабар біздің алыста жатқан Арқаға да келіп жетті. Біз үшін жаудың әділетсіздігі аян. Түріктер бізбен бір діндегі адамдар. Біз олардың кінасын көріп отырмыз. Олар бізді қорғап отырған христиан дініндегілерге қысым жасауда. Мұсылман діні басқа діндегілерді қысымға алуды талап етпейді және мақұлдамайды. Олар мұсылманшылық парызын ұмытып, тонаумен, қысым жасаумен, қантөгіспен шұғылданып отыр. Жау түріктердің жеңілетіні бізге жарық күндей аян. Азаматтарымыз бен сәйгүлік жылқыларымызды әскерге қосамыз. Соңғы тұяғымыз қалғанша көмек беріп, адалдығымызды көрсетеміз. Сөйтіп бізге тыныштық, тәртіп, заң орнаса, алғыс айтамыз». «Хатқа қол қойған болыстардың тізімінде Абайдың, інісі Ысқақтың, құдасы Мүсірәлі Алыбаевтың аты-жөні атап көрсетілген», – деген хаты дәлел.

Меккеден жаңа келген, жолай Станболдағы, Қырымдағы, ішкі Ресейдегі саяси жағдайды, Ресей қол астына жаугершілікке түскен мұсылман жұртының қайғы-қасіретін көріп келген Құнанбай Абайдың бұл қадамын қолдамағаны түсінікті. Өйткені мұсылман дүниесін өз көзімен көрген, түркі елінің мақсат-мүддесіне қанық Құнанбай үшін ислам дүниесіне қарсы қаракетке бару – қияметтік қиянат еді. Сонымен қатар, Абай соңғы жылдары қазақтың дәстүрлі заңы мен әдетін «орыс заңына» жығып беріп, ұлықтарға иек сүйеген тәсіліне де қарсы шығады. Бұл, оның Абайға айтқан үшінші ескертуіне, яғни, «мініне» тікелей қатысты және әкенің баласына айтқан соңғы өсиетті тапсырмасы еді. Оны тыңдамасқа Абайдың еш лажы да жоқ еді. Әке сөзінен кейінгі өзінің көңіл-күйін Абай: Ойға түстім, толғандым, Өз мінімді қолға алдым, – деп білдірді. Расында да, Абайдың «ойланатын да, қолға алатын да» жөні де және оның себебі бар еді.

«Бедел қажы» ретінде Құнанбайға серік боп барған Ызғұттының айтуынша және Бөкен Жиреншеұлының растауынша, Құнанбай сол бетінде елден мүлдем кетіп, Меккеден қайтып келмеуге бекінген екен. Тек әкесінің берген аян бұйрығынан сескенгендіктен ғана елге қайтыпты. Ол туралы Мұхтар Әуезов өзінің қойын дәптеріне: «… Құнанбай қажыдан қайтқанда түсінде Өскенбай кеп: «Қайт шапшаң, неғып жүрсің!» – депті. Түрік пен орыс соғысы жақындап келеді екен… Осман патшасы қолға түсіп, түрік жеңіледі. «Тез қайтпасақ бітім болғанша қалып қояды екеміз» – дейді. «Рұқсатсыз кеттің деп» орыс консулы 25 сом штраф салады», – деп жазып алыпты.

«Құнанбай мінезінің бірбеткей, берік, ұстамдылығын оның өмірінің соңғы жылдарындағы, әсіресе, («ерікті қылуетке» түскендей болған мінәжаты) айқын көрсетеді. Ұзақ өмірінде талай алыс-жұлысты басынан атқарып кеп, ақыры Меккеге барып қайтады да: «Дүние сөзіне енді араласпаймын», – деп өз-өзіне серт беріп, төсегінің шымылдығын түсіріп ап, елден аулақ отырып алады. Сол күйде дау-шарға шынымен бір де бір рет араласпай, жеті жыл бойы тіршілік ісінен анық тыйылып отырып барып қайтыс болады. Заманында хатқа жазып қалдырған адамдар болмағандықтан, Құнанбайдың көп тапқыр сөз, терең ойлары сақталып қалмаған. Бірақ анық Құнанбайдың өзі айтты деген сөздер сонда да жоқ емес. «Арымнан – жаным садаға, жанымнан – малым садаға», «Жарлы кісі жамалар, жамалар да қуанар», «Адамның не нәрсе қасиеті болса, сол нәрседен міні де туады», «Өтірік пен шынның арасы төрт-ақ елі: құлақпен естіген өтірік, көзбен көрген шын» – деген сияқты сөздері Құнанбайдың өз ортасына үлгі айтам деген адам екенін танытады».

«Құнанбай 1886 жылы тамыз айында 82 жасында, ал Шәкерімнің жазбасында: «Қажы марқұм 1885 жылы август айында 81 жасында – тауық жылы өтті», – делінген.

Бір адамның бақталайына бұйырынған осыншама табалы тартыс, енді, оның рух мұрагері Абайға көшті. Құнанбайға тиесілі барлық сыбағаны Жазмыш иесі Абайға сый етіп тартты. Құнанбайдың қырық бір жасында дүниеге келіп, қырық бір жыл оны «көңіл иманы» (М.Әуезов) еткен Абай қырық бір жасында тар заманмен бетпе-бет келіп, жалғыз қалды. Құнанбайсыз жасаған қалған он сегіз жылғы өмір оны «жәбір сұлтанынан» рух сұлтаны дәрежесіне көтерді.

Сонымен, Абай қырық бір жасқа толғанда, 1886 жылы күзде «өмірден Құнанбай өтті», яғни, Құнанбайдың тарихи уақыты мен міндеті де тамамдалды.

Әке өлімі Абайды да бірден есейтті. Ол әкесінің қырқын берген соң, жылына жетпей:

Қартайдық, қайғы ойладық, ұйқы сергек,
Ашуың-ашыған у, ойын-кермек.
Мұңдасарға кісі жоқ, сөзді ұғарлық,
Кім көңілді көтеріп болады ермек?
Жас қартаймақ, жоқ тумақ, туған өлмек,
Тағдыр жоқ өткен өмір қайта келмек.
Басқан із, көрген қызық артта қалмақ,
Бір құдайдан басқаның бәрі өзгермек, – деп жабықты.

«Сырласарға да, мұңдасарға да кісі таппай» Жалғыздықпен бетпе-бет қалды.
Сол қырық бір жылдың ішінде Құнанбайдың атын кейінге аңыз қып қалдырған оқиғалардың барлығына да Абай куә болды. Көрді, араласты, соңына ала әке билігін қолына алды.
Өзім де өрге шауып, төске өрледім,
Қазақта қара сөзге дес бермедім, –
деген, кез-келген тұлғаның маңдайына бұйырмаған деңгейге көтерілді.

Енді, өзі кесім айтып, биліктің «екі тізгін, бір шылбырын» қолына алып, әкесі Құнанбай айтқан «жәбір сұлтанына» айналды.

Өстіп, бақ пен тақ тартысында «ақылға да, ашуға да» шырақ жағып, заман тезіне тартылып, жазмыш сыйлаған тағдыр талқысында сыналып, ағайын-туыс, дос-жардан көрешегін көре-көре келіп, 1886 жылы жол айрығына жетті.

Абайды жер аудартпақшы болған Күнту мен Үзікбайлар ұлықтың пәрменімен бетінен қайтып, 1887 және 1889 жылы Оспан бәрібір қоймай жүріп екі мәрте болыстыққа сайланды. Абайдың ырқымен бұрынғы бөлініп кеткен ел Шыңғыс болысына қайтып оралып, біраз жыл тыныштық орнады. Елдің ығыр еткен дау-шарлы жұмысын Оспанға тапсырған Абай, 1891 жылға дейін тартысы мол «қажытқан, етекбасты» тар жолды көз қиығында ұстай жүріп, өзінің мәңгілік рух айдынына бастайтын ақ жолға бар болмыс-бітімімен бет бұрды.

(Соңы келесі санда)

Тұрсын ЖҰРТБАЙ

Пікір қалдыру