Маралтай РАЙЫМБЕКҰЛЫ. БІР УЫС ТОПЫРАҚ

Маралтай РАЙЫМБЕКҰЛЫ

Қайырлы болсын сіздерге,
Менен қалған мынау Еділ жұрт!..
( Қазтуған )

Өзегін өртеген ер аз тумаған…
Ақ моншақ толқыныңда саз тулаған.
Жайығым – жаһандағы жалғызым-ай,
Қай жерім артық менің Қазтуғаннан?!
( Автор )

Таң алды… Құстар сайрап күміс көмей,
Мұнысын бұрыс демей, дұрыс демей…
Жер тарпып шыр айналды құла тұлпар
Шығысқа көз қадады Құныскерей.

Құлагер оқыранды жайын ұғып.
Өзегі өкініштен айырылып…
Тым ұзақ қимай сонда қарап тұрды
Соңғы рет туған жерге қайырылып.

Жүрегін аяз қысып, тамырын сыз,
Қоғамнан қуғын көрді тағылымсыз.
Шағыл құм шалқып жатыр жал-жал болып
Көрері енді қайта мағұлымсыз.

Жанарда туған жердің нұры қалды,
Құлақта бозторғайдың үні қалды.
Бір уыс топырағын туған жердің
Еңкейіп ат үстінен іліп алды.

«Жау қуды өз елімнен тақымдатып,
Тоз-тоз боп қатын, бала…Атымды атып.»
Бір уыс топырақты сонда Құныс
Иіскеді танауына жақындатып.
Атырау – атажұрттың ордасындай,
Тайсойған соның алтын торқасындай.
Бір уыс топыраққа ыршып келіп
Бір тамшы жас құлады қорғасындай.

Бір өксік буып алған өзегін кіл,
Күн туған ер басына кез еді бұл.
Алдында қилы-қилы жол жатқанын
Сезбесін неге жүрек, сезеді дүр.

Санаға алуан ой толды тағы,
Толғантып алда тұрған жолдың қамы.
Қарады қолындағы топыраққа
Беліне түйіп алмақ болды-дағы…

Жарық қып бар дүния атырапты,
Күн шығып тіршіліктің отын жақты.
Ер Құныс уысынан төге салды
Бір уыс жасы сіңген топырақты.

«Тағдырдан мың тауқымет татқаныммен,
Ел ісін ерге лайық атқарып ем.
Бір шөкім топырағы туған жердің
Өзінің орынында жатқаны жөн.»

Серті бір, бірге аттанар бақиға да
Куәдүр сезіміне сақи дала.
Тағдырға мойынсұнған мұңды жанар
Қасында Шәки сұлу – Шәкибала.

Кісінің тоқтап қалар көрген көзі,
Артықтау жаратылған елден де өзі.
Дидарын жібек шәлі көлегейлеп…
Он жеті, он сегізге келген кезі.

Кезі еді-ау, ойға алмайтын ештеңені,
Артта қап туған жері, өскен елі.
Шошайған қоржынында шолақ мылтық
Аруға ес береді, сес береді.

Арға аян ата жолдан аттамасы,
Алла мен ардан басқа жоқ панасы.
Құныстың етегінен ұстатқызған
Әкенің адал көңіл, ақ батасы.

Анттасып, айқастырып қолды ұсына,
«Қызымды Тәңір қосқан жолда сына.»
Құнысқа құнсыз берген әке қызын
Батырдың ырза болып болмысына.
Өжет қыз көркіне сай ақылы да,
Ер Құныс кетті айналып жақынына…
Зер төккен ақ күмістен ер-тұрманы
Қарагер Шәкибала тақымында.

Жарысса желден жүйрік ұшқан аты
Иен дала сырын бүгіп сұстанады.
Бір сапар, ұлы сапар күтіп тұрды
Талатын ат тұяғы, құс қанаты.

Ой буып оқшау жатыр обалары,
Мұнартып ата-баба молалары.
Жат жұртқа жаратылған қыз баланың
Арты өрт, алды жұмбақ не болары..?

Шәки қыз қалың ойдың жетегінде,
Дүние-ау, туған жерге жетеді не?!
Әуеде қос қарлығаш ойын сап жүр
Өзінің туып-өскен мекенінде.

Тәңірден сый бола ма, қинала ма…
Мақсатсыз адам жолға жинала ма?!
Біртіндеп көкжиекке сіңе берді
Салт атты қос жолаушы ми далада…

БІРІНШІ БӨЛІМ

– Тұншығып өлгір қанына!
«Құмға келіпті, құмда жүр» дейді тағы да…
«Қағынан жеріп қаңғырып кетті» деп еді
Қайта келген ғой қағынған неме қағына.

Мойнында қан бар, ақыры мүлде оңбас-ты,
Диюдан күшті, адамнан епті албасты.
Қанына мүлде қарайып алған дейді ме,
Елге де тыныш, бізге де тыным болмас-ты.

Аш бөрі құсап малға да шапқан күні көп,
Жүре алмас енді жер басып тұрсам тірі боп.
Көрінген жерде иттей ғып атып тастаңдар,
Құныскерейдің құны жоқ!

Көтеріп жүрген дүние соны кең екен,
Қолыма түссе көрінген итке жем етем,
Иманы кәміл бәле болды ғой, тегінде,
Өзіне тіпті оқ дарымайтын неме екен!

Сүйектен өтіп қанына сіңген қастығы
Болар-ды, сірә, лауазым-билік мастығы.
Кіжініп отыр алақанына түкіріп
Гурьевтегі ГПУ-дың үлкен бастығы.
– Көрмеуге тиіс ертеңгі атар ақ таңды,
Құныскерейге құрыңдар мықтап қақпанды.
…Тайсойған менен Бүйректің құмын бетке алып
Қарулы жасақ тым суыт бүгін аттанды.

* * *

«Келдім, әке..! Кеш ұлыңды адасқан,
Қолым да қан, жолым да қан. Таласқан
Ит өмірден иттей болып шаршадым,
Бір Алладан басқа ешкім жоқ қарасқан.

Келдім, әке..! Бұлың, бұлың, бұлың-ды,
Мынау билік «банды» қылды ұлыңды.
Туған жермен бірге деуші ем кіндігім,
Қаңбақ құсап тамырынан жұлынды.

Келдім, әке..! Алды, артым тұман-ды,
Болашағым не болары күмән-ді.
Алла сізге иман берсің «әумин!»
Қабыл қылып дұғамды!»

«Кінәлі менмін, кінәмді кеш» деп егілген
Құныстың сонда бір жұлдыз ақты көгінен.
Күндерді соноу есіне алды еріксіз
Әкенің қаны баласы үшін төгілген.

Толған Ай анау толықсып тұрды маңдайда,
Тағдырды адам талғай ма, сірә, таңдай ма?!
Құмсағат ғұмыр санада кері құйылды,
Насыбай салды күміс шақшадан таңдайға.

Жаныма түскен жараны қалай жазамын?
Ұмытылмас мынау қоғамнан көрген азабым!
…Қып-қызыл туды қып-қызыл қанға суарған
Қазанның желі төңкерді қазақ қазанын.

Жердің де солар, елдің де солар иесі,
Елдің де қашты, жердің де қашты киесі.
Қолында барын жолынан алды жақсының,
Зорлығы басым имансыз кеңес жүйесі.

Кешегі кедей кенеттен бүгін күшті боп,
Сыртына шығып іштеріндегі сұсты кек.
Көңілі дархан, пейілі пейіш халықты
Өктемшіл билік жаңа жарғымен қысты кеп.

Көшеде қалды жақсы мен жайсаң көшелі,
Соғылған тауға кемедей болып меселі.
Тәркілеп барын, мал-мүліктерін ортаға ап,
Тентіреп кетті бағылан, байлар кешегі.
Бүлінді қоғам, қисыны келмей, іреуі,
Қираған үйдей түбінен тайып тіреуі.
Қызыл қан кешкен қызыл жағалы билікке
Қарсы шыққанның Құныскерей ед біреуі.

Заманның қалай құбылған желін ұқпасын,
Зәбірін, зәрін қалайша, қайтіп құптасын?
Отырса-дағы нық қылып ұстап шайқалтпай
Ауылдық кеңес төрағасының тұтқасын.

Айдауда азып азамат ерлер білекті,
Атадан туған айбарлы ұлды құл етті.
Толассыз талау, орынсыз салық қисынсыз,
Тұралап тұрған тұрмысын елдің тұл етті.

Тоңазып қапты, салқындау бүгін түн екен,
Құлагер аулақ жүгенін сілкіп тұр екен…
Билікпен сонда бітімге мүлде келе алмай
Төраға мөрін тапсырған өзі Құнекең.

Қаншама қуғын… қанша жыл өтті, расында,
Ешкім жоқ бүгін жанашыр болар қасында.
Іңірден бері үйіліп отыр ой қамап
Әкесі жатқан моланың мынау басында.

Сұмпайы пиғыл, дөкір заң жайлап жымысқы
Мылтығын кезеп туысқа жау қып туысты.
Әр ізін аңдып, басына бұлт үйіріп
Қақпайлай берді өгей баладай Құнысты.

Кешегі өткен хан менен бидің көзі деп,
Жабылып жала, орынсыз күйген кезі көп.
Атынан мұның топ құрып елді тонаған
Қарақшыларға тосқауыл болған өзі кеп.

Ұқтыра алмай билікке жөн мен жосынды,
Маңдайы талай тасқа да тиіп тосылды.
Оралда жүріп қызылға қарсы оқ атқан
Құнысқа тағы «Олжабай ісі» қосылды.

Қызылдар сонда көтеріп қамшы тасынған,
Кінәлі қылып өш алмақ болып асылдан.
Оралдан қашып Ойылға бұрған ат басын
Олжабай ерді милициялардан жасырған.

Қайда да барса тап болып билік сұғына
Құныскерейдің паналап келген ығына.
Құныскерейдің пейілі дұрыс бұған да,
Олжабай «тентек» шет көрмейтін-ді мұны да.
Ойға да қашқан, қырға да қашқан оғлан
Қиянат көрді әділет, ардың жоғынан.
Өрімдей жігіт қиылып кетті қыршындай
Қиғаштап атқан қызыл қанішер оғынан.

…Ай ауып кеткен, қараңғы түнге қамалып
Мұңайып отыр бір ойға бір ой жамалып.
Олжабайменен ниеті бір деп Құныстың
Соңына түскен қызылдар сонда шам алып.

* * *

Тамыздың таңы маужырап тұрды манардай,
Маңқиған дала – қанаты құстың талардай.
Қызылқоғадан қозғалған жасақ қажыды,
Бір айдай іздеп Құныскерейді таба алмай.

Айлалы арлан кетер ме тағы алдырмай,
Аялдау керек ат тұяғын көп талдырмай.
Тайсойған менен Бүйректің құмын қапысыз
Қарулы жасақ адақтап шықты қалдырмай.

Сандалып не бар Құныспен сонша кектесе,
ГПУ-дан xабар, Гурьевтен бұйрық жетпесе.
Тірі жан болса көрінер кезі болды ғой,
Көкке бір ұшып, жерге де сіңіп кетпесе.

Оқ дарымайды, ат жете алмас… жыны не,
Мұндай жан тіпті кездескен емес тіріде.
Құныскерейді көрмеген және білмеген
Милиция бастық Әлімнен басқа бірі де.

Е, одан бері қаншама жерді қар басты,
Тұра алмай қалған басқандай болып албасты.
Есіне алса әлі де Әлім шошиды
Құныскереймен кездескен сәтін алғашқы.

Шошытқан сол-ды Әлімді,
Әлімнің жауыз ниеті елге мәлім-ді.
Құныскерейге тор құру үшін әдейі,
Қожаxметті оққа байлатқан зәлімді…

Ол жолы Құдай сақтады,
Зираттың басы… Құныс та мылтық атпады.
Құныстың үні нажағай құсап жарқ етті
Мәйітті көрге ыңғайлай берген шақтағы…

– Әр артық қимыл жанға қас,
Қаруым менің кісінің түсін таңдамас!
Ажалға қатты асығып тұрған қайсың бар,
Бір қадам, кәне, алға бас..?!
Сендерге айтар арызым –
Атқарар соңғы әке алдындағы парызым.
Бір уыс мына топырағымды тастайын –
Сол болсын, Әлім, қайтарған маған қарызың..!

(Әкетай, сені кім өлтіргенін білемін,
Тірідей сойып тірсегін оның тілемін.
Қысқа жіп құсап күрмеуге уақыт келмей тұр,
Жүремін…)

Кенеттен келіп… Сайтан ба мынау, адам ба,
Дегенін істеп қаптаған мынау наданға.
Бесатарының шүріппесінде саусағы
Шегіне жылжып ғайып боп кетті табанда.

Құныс па, шіркін, қарулы жаудан жасқанар,
Жұмсаса қару – қараулар жерді жастанар.
Қуарын білмей, атарын білмей соңынан
Абдырып қалған естері ауып қасқалар.

Иланар болсақ ел ішіндегі күбірге,
Үн қосқан сынды Адайдан шыққан дүбірге.
Дәл содан кейін аттанып кеткен жайы бар
Барлығын тастап Уфа ма, әлде, Сібірге.

Тарлауыт асты тағдырдың жолын таңдамай,
Азаттық аңсап отқа бір түскен алғадай.
Үстіртке шығып Адайдың қолын бастаған
Іздері жатыр тасқа бір түскен таңбадай.

Қайда да барса аш бура құсап шабынып,
Замана желі бет қаратпады қағынып.
Үш жылдан кейін оралып тұрған кезі еді
Тайсойған менен бала-шағасын сағынып.

Жүрекке сыйған, құшаққа неге сыймайды,
Азамат ерді осы бір сезім қинайды.
Көлденең көзден жасырып, қайран, туған жер
Құныскерейін қиянатқа еш қимайды.

Кеудесін керіп кеңірек алды тынысты,
Әлімге, кенет, бір ой кеп қалды ( дұрыс-ты !)
Кеңқоқты менен Тарқоқтыдағы қыстаудан
Бір тапса енді табуы мүмкін Құнысты.

Көңілмен шолып тұрды да аздап қиырды,
Тізгінін тартты, жасағы түгел жиылды.
– Қожаxметтің зиратына тік тартамыз!
Милиция бастық сенімді үнмен бұйырды.

* * *

Құбыла тұтас арайға қызыл боялған,
Түнгі бір ойын тауыса алмай бой алған.
Қарулы жасақ кезеңнен аса келгенде,
Селт етіп Құныс ат дүбірінен оянған.

Мылтықтың оғы жаңбырдай болып жауды көп,
А, бәлем, енді қайтатын шығар қанды кек.
Есепсіз ырғын ысқырып ұшқан қырғын оқ
Назары жаудың Құнысқа қарай ауды кеп.

Дүркірей шауып келіп те қапты көп атты,
Абайламаса орынсыз қимыл ағат-ты.
Қапысыз кезеп қарулы топқа қарата
Бесатарынан бес рет қана оқ атты.

Жұмсаған оғы далаға кетпес көк бөрі
Құныскерейді оп-оңай жау ғой деп пе еді?!
Егесін тастап оқ тиген сәтте жалт беріп
Бес жылқы топтан ойқастап шықты шеткері.

Оқ жетер жерде ажалы түгел жетерін,
Түсінді бәрі мүлтіксіз мүрдем кетерін.
Милиция бастық нөкерлеріне бұйырды
Сәл кейін қарай шегіну керек екенін.

Ажалға жанын кім қияр дейсің қымбатты,
Аңдысып, шаршап, арбасып солай күн батты.
– Қоршауда қалдың! Шықпайсың тірі қоршаудан!!!
Айқайлап Әлім түн ортасында тіл қатты.

Қызылдың иті салғайсың аулақ іргеңді,
Қитығып Құныс мырс етіп қана күлген-ді.
Бопсаға көнер, айқайдан қорқар Құныс па:
– Әй, Әлім, ана жинап алғайсың мүрдеңді!..

* * *

Екінші тәулік қоршауда Құныс жатқалы,
Соншама ұзақ Құдайдың таңы… атпады.
Құнысқа әке зираты пана болып тұр
Зиратқа жақын келуге жау да батпады.

Бұдан да ауыр сынаққа талай төзген-ді,
Мөлшерлеп отыр санаға салып безбенді.
Ас пенен судан қысылған шақта бассалмақ,
Бұлардың ойын Құныс та анық сезген-ді.

Қалтада құрты тандайға татып талмаса,
Шөлін де басар, өзегін әрі жалғаса.
Оқшантай оғы дәл осыларға жетіп тұр,
Орталық жақтан қосымша күш кеп қалмаса.
Әрекет етпек қоршаудың шебін кесуге,
Алдағы түнді өз пайдасына шешуге.
Қалыңда қалған құлаға тақым бір тисе…
Санада ойлар сапырылысып көшуде.

Әлімде кегі… дуылдап бойда тасып қан,
Әкесін атып көңілін мұның жасытқан.
Түн ауа Құныс еңбектеп алға қозғалды
Қолтырауындай жеміне қарай асыққан.

Ұмар да жұмар қос адам жалғыз денедей
Құныстың қолы желкеге қонды кенедей.
Қабылан құсап атылды мерген Әлімге
Жеті пұт салмақ, үш аршын бойын елемей.

Қош деп те айтып үлгермей қалды жалғанға,
Қарғып та келіп жағаға қолды салғанда.
Күрт ете қалды Әлімнің сонда мойыны,
Тізеге басып бір бұрап жұлқып қалғанда.

Жұмсамас мерген қаруын босқа бекерге,
Тап болып қалды Әлімге ерген нөкерге.
Серейген бірі жақындап бұған кеп қапты
Бажайлап бақса сілтесе құлаш жетерге.

Сұғына кіріп сабына дейін алқымға,
Серейген байғұс жалп етті тұрған қалпында.
Күміс сап кездік оқтай боп барып қадалған
Шешімін айтып өмірдің мынау нарқына…

Шапшаңдау жүріп табанын сонда талдырып,
Құлаға жетті қалыңға кеткен қалдырып.
Жат десе жатар, тұр десе тұрар жануар
Үйреткен тілін жылқыға Құныс алдырып.

…Егесін көріп мейрімге ол да кенелді,
Тұлпарын көріп Құныстың көңілі теңелді.
Қар адамындай қап-қара сұлба түнекте
Құлаға мініп ойнақтай басып жөнелді.

ЕКІНШІ БӨЛІМ

Сыймады-ау басым тар ноқтасына кеңестің,
Түсіне қоймас мені ешкім.
Ар-намысымды таптатпаймын деп басқаға,
Елімнің дәстүр-ғұрыпы үшін егестім.

Әңгіме осы дәстүр дегеннен шығады,
Қазақтың салты – Құдайдай сыйлау құданы.
Сал-серіліктің сарқытын ішкен Ерғали
Ертеден таныс Құныскерейге құда әрі.
Жала ма, шын ба, ел ішін жүрген аралап,
Ерғалиға да өсек бар ерген – қаралап.
Ерғали сері Құныскерейді ес тұтып,
Оралдан келген Тайсойған құмын паналап.

– Ерғали қайда?! Ерғали шықсын!!! ( талабы )
Ерғали сонда Құнысқа бей-жай қарады…
Ерғали жатқан Құныстын үйін қапыда,
Қарулы жасақ – қызылдар қоршап қамады.

– Қашаннан бері ым-жымың бірге мұнымен,
Халықтың жауы, xалықтың жүрген ығымен.
Кеңестің жауын өз қолыңменен байлап бер,
Кеңеске егер дос болсаң рас, шынымен.

Сұрланды Құныс әзер бір шыдап тұрғандай,
Басынушылық, бассыздық мынау бұл қандай!
Ырза мен Зиман өкпеден келіп қысып тұр
Буынсыз жерден қапыда пышақ ұрғандай.

– Ей, Ырза, кімді атамын дейсің, атамын,
Қонағым – құдам, құдамды қалай сатамын?!
Бұл үйде емес басқа бір жерде байқарсың,
Құдаммен егер болып та жатса шатағың.

Бұлардың сөзге көнбесін мерген ұғынды,
Ұғынды-дағы бесатарына бұрылды…
Бесатар үні шаңқ ете қалды екі рет
Ырза мен Зиман дөңбектей болып жығылды.

Базарлы шағын солайша Құныс күрмеген,
Қарақшы деген атағы шықты дүрлеген.
Туған үй, туған ошақтан безіп түн қатқан,
Басталды содан бітіп те болмас дүрбелең.

Азаппен қатар ажалға басын байлаған,
Аталы жолдың сертінен, шіркін, таймаған.
Қарғыс та атқыр сол күнді еске ап Құнекең
Өкініп, налып бармағын талай шайнаған.

Көтеріп өтер тағдырдың болсын қандайы,
Кеберсіп аздап құрғаған сынды таңдайы.
Құланың басын еркіне қойды тізгінсіз
Бүйректің құмы, Сарыкөл еді маңдайы…

* * *

Бүйректің құмы-ай, қараса көңіл тояды,
Ақшамның нұры әуені түгел бояды.
Сарыкөл мынау Құрмаштың жазғы жайлауы
Оты мен суы төрт түлік малдың оябы.
Дидары нарттай Құрмашың осы. Бұл кісің:
Ақ сары өңді, етжеңді ірі – бір мүсін.
Берісі Көкжар, Орынбор асып, күз келсе
Мал айдап шетке күйттеген тәуір тұрмысын.

Көнеден Құныс Құрмашпен таныс сырлас-тын,
Қысылған шақта сырласқа мойын бұрмас кім?
Ауылдық кеңес басқармасының бастығы
Қолында мөр бар Құрмаштың…

Билікпен бұл да арасы салқын ежелден,
Билікке сырын білдірмей іштей безерген.
Құрмаштың Құныс есігін қақты іңірде
Төтелей тартып Сарыкөлдегі кезеңнен.

– Ассалаумағалейкум, арысым!
– Уа, уағалайкум-уассалам, бар бол, барысым!
Құнысқа Құрмаш құшағын жайды жайдары,
Жатырқамастан сыралғы ескі танысын.

– Қош келдің, Құныс, төр өзіңдікі, төрлегін,
Ат-көлік аман… көп болды, батыр, көрмедім.
– Әкеме тоқтап, басына құран оқыдым,
Уфадан осы бір айдай болды келгенім.

Тайсойған құмнан бір жола кетпек жайым бар,
Жайымды менің түсінген кісі пайымдар.
Қатын мен бала… жер-көктен іздеп таппадым,
Жанашыр жақын кім қалды мұнда уайымдар?

Аяулы маған не қалды дейсің ендігі?!
Ендігі үміт – дүниенің ғана кеңдігі.
Ағам мен інім мен үшін күйіп атылған
Сәлімгерей мен Жәрдемнің халі белгілі.

Тағдырым шығар маңдайға, мүмкін, жазылған,
Сытылып кеткен жан бар ма, сірә, жазымнан.
Соңымнан қалмай биліктің қызыл иттері,
Қай жаққа барсам – Қорқыттың көрі қазылған…

О, олар талай жолымды менің күрмеді,
Алдымды кесіп, артымнан қай ит үрмеді?
Содан да бері он жылдың жүзі болыпты
Қаңғырып қашып далада безіп жүргелі.

Бәрі бір енді, басымнан бағым ауғанда,
Тоқтармын барып тұяғы аттың талғанда.
Атымды жазып мөр басып берсең болғаны,
Тартқалы тұрмын Түрікпен, әлде, Ауған ба?
Құрмаш та сонда: «Құнекем, – деді, – Құнекем,
Маңдайың жарық, соңың бір қара түн екен.
Білгейсің өзің гүл етем десең, гүл етем,
Білгейсің өзің сұңқардай баптап түлетем.

Шығарам қалай үйімнен сені бұраусыз,
Азамат едің көңілің қардай қылаусыз.
Гүлдей ғып баптап өсірген мына қызымды
Қосамын саған, Тәңірдің алды сұраусыз.

Айналам суық, заманнан суық қайманам…
Шәкибалама бәсіре етіп байлаған
Қарагер тұлпар күміс ер, күміс тұрманы
Күміс жүгенін шайнаған…

Ертеңін ойлап уайым кешіп қызымның,
Мың ойға түсіп бұзылдым…
Тіміскіп жүрген ауылдың маңын айналып
Қызыл көз иті қағып кетер деп қызылдың.

Замана тілін кім ұғар мынау парықсыз,
Замана тілін ұқпасаң және ғаріпсіз.
Отаннан аулақ алысқа кетіп барасың,
Отбасыңменен екеу боп жүрген қауіпсіз.

Дүние, малды балалар үшін жинағам,
Жүйрікті қайтем жолына қыздың қимаған?!
Мінезі өжет өзіме тартқан бала еді
Далаға тастап кетпейтініңе иланам.

Айналам суық. Заманнан суық қайманам,
Азамат едің жолыңнан тура таймаған.
– Болыңдар бірге қияметқайымға дейін!!!
Қолыңды қәне жай, балам!»

Сөнген жоқ сол түн Құрмаштың жаққан шырағы,
Құрмаштың көңілі Құнысқа қатты құлады.
– Мөр басқан қағаз жалған аттарың жазылған
Азанға дейін дайын боп қолда тұрады..!

* * *

Бір ауыр кесел төсекке жыққан алқымдап,
Біресе ысып, біресе тоңып, лапылдап.
Дауыстап сонда қасына жарын шақырған
Әбілқайырдың ақырғы сәті жақындап…

Мәрия апай қобалжып үні құмыққан,
Қалтырап кетті жаураған жандай суықтан.
Өз атын естіп есінен тана жаздады
Отыз жыл бойы есінен шығып ұмытқан.
– Шәкибалам-оу, Шәкижаным-ай, қайдасың?!
Мына бір кесел асырар сынды айласын.
Шолпан мен Айман – қос шырағымды шақырғын,
Аманатым бар, аманатымнан таймасын..!

Отыз жыл бойы қасында жүрген кісіңнің
Дей алармысың жан-сырын толық түсіндім.
– Әбекем! Әбе, отағасы-ау, не дедің,
Атымды менің есіңе қайдан түсірдің?..

– Туған жер, қайран, сыздатқан мынау жүректі,
Бермеді Құдай бір көрсем деген тілекті.
Шәки-оу, сенің атыңды қалай атайын,
Отыз жыл бойы тығылып, бұғып күн өтті!

Отыз жыл бойы аңсарым ауған мекенім,
Тайсойған құмы… неғайбыл енді жетерім.
Туған жер сенде қайғысыз, қамсыз жүргендер
Түсінер ме екен сағыныш деген не екенін?

Шолпан мен Айман, жақындау келіп тыңдағын,
Әкеңнің көптен жасырып келген жұмбағын.
Кеудемде жаным тұрғанда айтып кетейін
Атадан қалған аталы жұртта кім барын.

Тағдыр ғой бәрі, келмесін деймін көңілге,
Бола да берер артық, кем кейде өмірде.
Ағаларың бар, апаларың бар сендердің
Қазақтың жері Атырау деген өңірде.

Ноқтаға басым сыймаған асау жас ем мен,
Жастықтың әсте болған жоқ, қалқам, бәсі өлген.
Екі ұл менен екі қыз сүйдім, бар болса
Алғашқы жарым Досқалиқызы Әсемнен.

Құса боп келем жасырып, жауып мұны мен,
Құлындарымның есіме түспес күні кем.
Құлындарымның кісінеп үні оятар
Отыз жыл бойы түсіме кіріп түнімен.

Тар заман қысып талайда кетті кегіміз,
Бір Алла жар боп бүгінге жеттік тегі біз.
Ел айтып жүрген Құныскерейің – мен едім!
Ысықтан өрген Тоғызбай, Сағын – тегіміз.

Қай жақта екен, тірі ме, бар ма, білмедім,
Есен мен Болат кішкентай ғана гүлдерім.
Айтмұхан, Айтжан жігіт боп кеткен шығар-ау,
Не болды екен, мен жоқта көрген күндерің?
Татулық, бірлік өмірдің ұлы мәні бұл,
Бауыры көптің түні де жарық, таңы нұр.
Сендерге айтар аманатым сол ақырғы,
Табысқайсыңдар бауырларыңмен қаны бір.

Барып кеп жатыр ой-санам соноу қадымға,
Ұмытпақ емес запысын көрген задында.
Тайсойған құмнан аттанған соңғы сәттерден
Бүгінге дейін бәрі де менің жадымда.

Қуғынсыз, мұңсыз беймарал күнге зарыға,
Тар күнде тағы сапарға шықтық тарыға.
Маңғыстау басып Бесқала асып келіп ек,
Түрікпен жері Кушкаға, мынау Марыға.

Қарады бәрі түсіме емес, ісіме,
Аллаға сендім, өзімнің сендім күшіме.
Өздерің куә, қадірсіз болған кезім жоқ
Жаманов десе сыйлады үлкен, кіші де.

Таусылған сынды көретін сорым, бағым да
Қош айтар сәт кеп дүния – жалған сағымға.
Ел тартып жатыр жүректің басын сыздатып,
Жер тартып жатыр жетпіске келген шағымда.

Ошақта маздап анамның жаққан оты қап
Құйғытып кетсем әкемнің жүйрік атын ап…
Алтыннан қымбат қасиетіңді білдім бе
Бір уыс қана топырақ..!

Бір уыс қана топырақ екен керегі,
Бір уыс қана… атажұртымның дерегі.
Бір уыс қана… мейірім қанып иіскесем,
Бойыма қуат, жаныма дәрмен береді.

Бір уыс қана топырақ неткен киелі ең,
Қорқамын сұмдық мен сенің кие, иеңнен.
Қол бұлғап үнсіз қиырда қалған байтағым,
Бір уыс сенің топырағыңды сүйем мен!

Өзіңе қайта келмеуге сонда бекігем,
Биліктен көрген қорлықтан қаңғып кетіп ем.
Бір уыс сенің топырағыңды тұмар ғып
Беліме түйіп алмағаныма өкінем.

Көрем де қайтем тағдырдың жазған қатасын,
Көк тасымда да атымды солай атасын.
«Әбілқайыр Жаманов» деген ныспымды ел
Есіне алып бағыштар дұға-батасын.
Қай жақтан білсін кім екенімді көмгендер,
Жыламау керек көз жасын көл ғып өлгенде ер.
Алланың алды дидары жарық болсын деп
Азан сап қойған атыммен бірақ жерлеңдер…

* * *

P.S.
Кеш болса-дағы кеп тұрмын әке, кеш мені,
Қытымыр уақыт қолымды менің шешпеді.

Өзіңді іздеп жар салып жарты әлемге,
Өзіңді іздеп үмітпен жүрдім өскелі.

Өзіңді таптым елу жыл салып араға,
Елу жыл бойы өшкен жоқ бейнең санада.
Томпайып жатқан топырағыңа тәу етем
Кешіксем кешкін, кешірім жаса балаңа.

Анамыз Әсем өмірден қорлық көп көрді,
Басынан түрлі мехнат, азап өткерді.
Түрмеден түрме, жер аударылды жазықсыз,
Айта да беріп қайтейін, әке, өткенді.

Уақыттың желі жіберді бізді қаңғытып,
Үйрендік біздер өмірден қатал мән күтіп.
Есен мен Болат есеймей жатып көз жұмды
Жаманқалада жетімханада дәм бітіп.

Дәуірдің бұлты көңілден солай көшуде,
Ұрпағың көктеп, немерелерің өсуде…
Анамыз Әсем, бауырым Айтжан дін аман
Елменен қатар есен-сау ғұмыр кешуде.

Осылай әке… тағдырмен талай қағыстық,
Жер қашықтығы жасай алмады алыстық.
Өзіңнен аумас, өзіңнің әке көзіңдей
Осында туған қарындастармен табыстық.

Алтыннан белгі қойсақ та сізге табылар,
Өзіңнен туған ұрпақтың, әке, бағы бар.
Атажұртың мен ұрпақтарыңның атынан,
Бір уыс мынау топырақ, әке, қабыл ал.

Жүрегі иіп, табаны тиген ананың,
Рухы асқақ бабалар жүрген даланың.
Қабыл ал, әке, бір уыс мынау топырақ
Өтеуі болсын кеудеңде кеткен наланың.

Жалғыз сен емес, дегені болмай жалғанда
Асаудай тулап мойынға құрық салғанда…
Жат қолда қанша сұраусыз кеткен жерің бар,
Жат жерде қанша ерлерің қалды арманда..?

Пікір қалдыру