…если человеческие мысли обладали
бы способностью ранить, убивать…
Александр Куприн.
Орта бизнестегі Мүліктің үстінен ішкі істер департаментіне кімнен екені белгісіз арыз түсті. Тор көз дәптер бетіндегі жазбада оның «Мәре-сәре» азық-түлік дүкенінде, «Бауырсақ» кафетериінде келеңсіздіктер орын алған деп жалпылама кінә тағылыпты. Көп күттірмей жеткен учаскелік полицияның сыриған сержанты қатар тұрған дүкен мен кафені ұзақ тексерді, азық-түлік қорлары сақталған бөлімнен бастап, прилавкалардың асты-үстін, мұздатқыш, тоңазытқыштарды, асүйді, биік столдарға дейін шұқшия үңіліп, кейбір тұстарды суретке түсіріп жүріп алды. Зеріктіргендей осы жұмыстардың бәрінде қасында болған Мүлік:
– Өзге мекемелерден артық та емес, кем де емес жұмыс жасап келеміз, – деді. Сыриған полиция қызметкері салқын тіл қатты:
– Жайдан жай арыз жазылмайды.
– Иә, бұл арыз төркінінде бөтен сыр бар ма деп тұрмын.
– Әрине, жайдан жай арыз жазылмайды, – деп қайталай зілденді учаскелік полиция қызметкері. – Арызда ашып айтылмағанмен, мен кемшіліктерді көріп келемін.
– Айтыңыз, жөндейік, шарасын алайық.
– Оны арнайы анықтамада көрсетемін. Егер жазсам…
Полиция қызметкері сыздана сыриып шығып кетті.
Дүкен мен кафенің үрпиісіп қалған қызметкерлеріне:
– Алаңсыз жұмыстарыңызды жасай беріңіздер, – деген Мүлік біршама ескертпелер жасады: – дәмдердің сапасын, шеккілердің дәлдігін, тазалықты қадағалаңдар.
Кабинетіне кірген Мүлік ойға қалды: «Бұл кімнің әрекеті? Жақын маңдағы дүкен, кафелердің ісі ме екен? Бізге адам көп келеді, соны көре алмай… Кім білген…»
Сөйткенше азық-түлік тасыған машиналар келді. Мүлік күнделікті шаруаларына кірісті. Иесі белгісіз күдікті арыз апта өткенде естен шыққандай еді. Бір күні сыриған полиция қызметкері келіп:
– Департаментке өрескел кемшілік жоқ деп мәлімдедім, – дегенде Мүлік тіптен көңілденіп қалды. Өткенде кінәмшіл, тіміскіленген адамдай көрінген сержант бүгін жүрегі жұқа, жып-жылы жанашыр жандай сезілді. Оған:
– Дәм-тұз алдырайын… кофе, шай… – дегенде, полиция қызметкері асығыстығын айтып, кідірмей сыртқа беттеді.
Бастапқыда бұл неткен пәле-жала деп абыржыған Мүлік енді иығынан жүк түскендей жеңілденді. Қалыпты тірлігіне көшті.
Арада екі апта өткенде иесі белгісіз арыз полиция департаментіне қайталап түсіпті. Компьютерде теріліп, ақ қағазда басылған арызда магазин мен кафетерий жұмысындағы кемшіліктер жөнді тексерілмеген деп полиция қызметіне айып тағылып, дүкендегі касса аппаратының ақаулы екендігі, кафетерий құймақтарының салмағы тиісті мөлшерден төмендігі және басқа жәйттерге назар аударылыпты. Бұл жолы тексеруге полиция капитанының өзі келді. Учаске қызметі сынға алынғасын ол дүкен мен кафетерийдегі аталған олқылықтарды, кемшілік болуы ықтимал жүйелердің бәрін қарады. Касса аппаратының ескі екенін, сол себепті кейде қолданылмайтынын анықтады. Ал, құймақтар, бауырсақтар, сэндвич, пирогтар мақтауға тұрарлық дәмді екен.
– Мүмкін, – деді капитан, – арыз беруші келген күні тағамдар олқы әрі дәмсіз болған шығар?
Мүлік аспаз, даяшы қыздардан сұрады:
– Біреу реніш білдірген жоқ па?
Мұнда көптен істейтін қыздар маманданып қалған тәжірибелі адамдарды, ондай жағдайлар болмағанын айтты.
Мүлік ілулі тұрған арыз-шағым дәптерін тексерушіге көрсетті:
– Мұнда бірлі-жарым ризашылық пікірлер ғана бар. Сын-ескертпе жоқ.
– Ім-м, – деп пікір түйді капитан, – сіздің жеке өзіңіздің ешкіммен былайынша… түсініспестігіңіз болмап па еді?
Біраз ойланып қалған Мүлік мүдіре жауап берді:
– Білмедім, жадыма ештеңе түспей тұр.
– Ім-м… Оғаш жағдай… Бәсекелестердің әрекеті деуге де келмейді.
– Әрине, әркім өз бұйырмысымен еңбек етіп жатыр. Біреудің біреуде не шаруасы бар.
– Ім-м… Солайы солай…
Басын шайқаған полиция капитаны ой үстінде кетті.
Екінші арыз жай мінезді, мұндайды көңіліне алғыш Мүлікке ауырлау тиді. Өткен өмірді еске алды. Өзі де, жан жары Нұршат та педагогикалық институтты бітірген. Бұл география, тарих пәндерінің, Нұршат математика, физика пәндерінің мамандары. Нұршат бір курс кейін оқыды. Екеуі осы қала мектебінде еңбек етті. Балалары жас советтік кезеңде күнелтіс нашар болмап еді, нарық келе күйсіреді. Ел тәуелсіздік алғасын орыстар Ресейге үдере көшкен жылдары қалада пәтер арзандап, несиеге бір үйдің төменгі қабатынан қатар тұрған екі пәтерді сатып алған. Дүкен, кафетерий ашып, жаңа тірлікке көшті. Нұршат кафетерийге басшылық жасайды. Өзі екі мекеменің шаруасын қатар үйлестіріп келеді. Үлкені Нәзік осында шет тілдер факультетін бітірген, әжептәуір компанияда қызметке жақында кірісті. Ұлы Керей биыл мектеп бітіреді. Астанада оқығысы бар. Кішісі Керім алтыншы сыныпта. Отбасы өмірі жоспарлы ілгерілеп келеді. Байып кеткен жоқ, кедей де емес.
Ішке Нұршат кірді. Өзіне қарағанда ол өжеттеу деп біледі. Студент кезінде ұяң қыз еді, бүгінде әбден ширыққан. Физика мен математика пәндерінің өзі, күрделі есеп-қисаптар, тартылыстар мен қозғалыстар заңдары адамды тәрбиелеп, жаттықтырады екен. Ал, бұның география, тарих пәндері кісіні бірқалыпты, бәсең жүруге үйретеді. Мұны Нұршат екеуі әлдеқашан зерделеп алған.
Тал бойында еш мін жоқ, студент кезіндегіден де көркем көрінетін келіншегі мұның жүрегін елжірете басу айтты:
– Біреулердің ұсақ қулығы тәрізді, оған бола босамашы. Ауырып қаларсың.
– Керейдің болашақ оқуына кедергісі тие ме деймін. Бәрі табысқа байланысты.
– Талайлар қансорпа тартыспен күн кешуде. Бұл түк те емес! Босамашы. Күйремеші.
– Біреу бірдеңе ойластырып жүр ме деп сақтанам да. Әйтпесе, қалай… аяқ астынан… екі рет… Адамдардан иман кете бастаған ба… Бізді әлектейін деген біреу ме… Жат пиғылды…
Ширығып тұрған Нұршат та ойланып қалды. Ол Мүліктің мәселені кеңінен қамтитын байыпты ақылын бағалайтын.
Ұзатпай учаскелік полиция капитаны келді, дүкен мен кафетерийдегі бұрынғыдан да әсем өзгерістерді байқап, сүйінішін жасыра алмады:
– О-о-һ! Қандай тамаша!
Ол кафетерийдегі әдемі жібек перделер орнына ілінген тәбет шақырғыш ажарлы суреттері бар шыпталарды, өрнекті жаңа ыдыс-аяқтар мен шынаяқтарды, жаңарған коктейль бокалдарын, жаңа сәнмен құлпырған даяшы, аспаз қыздарды көргенде ризашылығын білдіре жүрді.
– Тіпті касса аппаратын да жаңартыпсыңдар, – деп көңілденді. – Біраз қаржы жұмсалған екен. Жарайсыңдар. Сіздерге кінә тағушыларды айтам-ау…
– Біреулерге ұнамай жүрген шығармыз. Қала үлкейіп келеді, талғам да биік. Не сөз бар, – деп елпеңдеді Мүлік.
– Әрине, – деп қостады капитан, – қараңыз, қаншама студент қыз-жігіттер, қызметкер жастар осы жерде сүйсіне сусындап, жеңіл тамақтанып, жаңа әсермен істерін жалғастырады. Жүздерінде жарқын ризашылық қана бар.
Дүкенде сатып алушылар баршылық еді. Мұнда да жаңа тыныс, жаңа леп.
– Қам жемеңіз. Қызметіңіз үлгі тұтуға лайық. Басшылыққа осылай ақпарат беремін, – деді капитан.
Мүлік капитанға рахметін айтып үлгергенше, ішке өңі қызара бөрткен толықша әйел мен жігіт кірді. Әйел бірден:
– Мүлік Майшин керек еді, – деп сұрады. Мүлік ишарамен басын изей, керек адам өзі екенін білдірді.
– Біз салық комитетіненбіз, – деп салқын тіл қатты әйел. Ресми түрде аты-жөндерін таныстырды. Капитанға бұрыла ізет білдірді:
– Кешіріңіз, жұмысыңызға кедергі келтірген жоқпыз ба?
– Жо-жоқ, мен жүргелі тұрмын, – деген капитан Мүлікпен қоштасып, тысқа беттегенде: «Пәлеқордан тағы бір үшбу түскен болды-ау» деп ойлап үлгерді.
– Сөйлесетін жер бар ма? Жүріңіз, – деп сұраған әйел ілгері бастаған Мүліктің соңынан ілесе: – Мемлекет сіздерге табыс табуға қолайлы жағдай туғызды. Ал, сіздер оған қаралық қыласыздар, – деп ысылдап келеді.
Әйелдің, шамасы, қасындағы жігіттен қызметі бір саты жоғары болуы керек, кабинетте белсене, төтесінен сөйледі:
– Мүмкін, ешкімге білдірмей айла-шарғымызды жалғастыра береміз деп үміттенген шығарсыздар, бірақ, құдайға шүкір, елжанды қырағы адамдар бар. Олар тың мәліметтер беруде.
– Ол кім? – деп бәсең сұрады Мүлік.
– Кім екенін не қыласыз! Өзіміз-ақ қазір көз жеткіземіз.
– Қаралық қыласыз, айла-шарғы жасайсыз деп дәлелсіз ауыр айып тағуға бола ма?
– Сіз немене, мені әдепке үйретейін деп отырсыз ба? Ұзақ жылғы тәжірибемнің арқасында ненің не екенін бірден ажырататын күйдемін. Магазинде сауда жасаған, кафеде тамақтанған адамдар санынан-ақ бәрі белгілі.
Асыға басып Нұршат кірді. Кабинеттегі салқын ахуалдан үнсіз тұрып қалды.
– Бұл кім? Кіргенде есік қағу мәдениеті болмай ма? Біз қызмет бабында отырмыз, – деп зілденді тексеруші әйел.
– Зайыбым Нұршат. Кафетерий жұмысын жүргізеді.
– Көреміз қалай жүргізетінін. Бізге жеткен хабар бойынша және байқағанымыздай, дүкен де, кафетерий де салықты мөлшерінен анағұрлым аз төлеп келеді. Бұл қылмысты өтеудің ең жеңіл жолы – үлкен айыппұл төлеу, ауыр жолы – жыл кесіліп жазасын өтеу. – Бұл сөздер кісінің мысын басу, кекесінмен жанына тию әдетімен айтылды.
Мүліктің бет-әлпетінде естігендерін ауырсыну реңі байқалды. Дегенмен, байыпты жауап берді:
– Тым қатты кетпеңізші. Біз салықты комитеттің бастапқы белгілеп берген мөлшерінде төлеп келеміз. Ай ма ай. Кешіктірген емеспіз.
– Одан бері он екі жыл өткен жоқ па? Сауда, қызмет ауқымы өсті. Неге толықтыру жасалмады?
– Сіздерден ондай нұсқау келген жоқ.
– Неге нұсқау күтесіздер? – Салық қызметкері әйел Мүлік пен Нұршатты көздерімен ызалы шолып өтті. – Жарайды, көп сөздің қажеті не. Мекемелеріңіздің соңғы айдағы және бүгінгі ақша айналымын, табысын тексерейік.
Орнынан тұра берген Мүлік кенет «еңк» деп тосын тыныстап, орындыққа қайта отырды. Алақандары кеуде тұсына барып қалды. Жүрегі ауыр шаншыды. Қос самайы, желкесі солқылдап, ыссы темірмен қарығандай өртене, жараға тұз сепкендей ашып қоя берді. Әп-сәтте жүзі солғын тартты. Мүліктің күйін сезген Нұршат сол бойда қасына келді.
– Не болды? Мұндайға шыдамсызсың. Байқашы.
– Әлдеғалай. Қам жеме.
Аз-кем тыныстаған Мүлік баяу орнынан тұрды. Нұршат салық қызметкерлерін бастай жүре мән-жайды түсіндіріп бағуда:
– Әуелде салық мөлшері белгіленгенде дүкен мен кафенің орналасқан қолайлы орындары ескеріліп, көтеріңкі қойылған. Бастапқыда бұл бізге оңай соқпады. Кейін жұмыс жүріңкірегесін біраз жеңілдеді.
Тексеруші әйел соңдарынан баяу ілескен Мүлікке бұрылды:
– Сіз немене, ауырып қалған жоқсыз ба?
– Біреу бізді үсті-үстіне төпеуге кірісті. Сіздің сөздеріңіз де…
– Шыдаңыз. Салықпен ойнауға болмайды. – Улы тіл шаға түсті.
Салық қызметкерлері дүкен мен кафетерийдің қаржы ісінен мысқал-мысқал кемшіліктер тапқандай. Екеуіне сексен мың теңгеден айыппұл белгіледі.
Бұл сәтте Мүлік болып жатқан жағдайға көңіл бөлетіндей халде емес еді. Нұршатқа қинала тіл қатты:
– Дәрігер…
– Сіздің денсаулығыңызға біздің зиянымыз тиген жоқ, – деген қызметкер әйел әлі бір тіл қатпаған әріптес жігітпен бірге жөнеле берді. Бұл әйел азғана белгі түскен жерлерді тұтқиыл тексеруге жұмсалатын жазалаушы тәрізді еді.
Мүлік сол күні аурухананың жансақтау бөлімінен бір-ақ шықты. Қан қысымы күрт көтерілген. Жүрек соғысы әнтек ойнақши жиілеп, орныға алмай қинады. Инфаркт сесі бар. Қан құрамындағы шекер аспандап кеткен. Кенет тиген ауыр соққыдан жүйке ойсыраған. Ол көпке дейін өз-өзіне келе алмады. Нұршат қасында отырды. Төтенше хабарды естіген туғандар, жора-жолдас, бір септігіміз тиер дегендей, ауруханаға ағылды. Ауылдастар ішінде Сұлтан мен Заматтың, Керменнің жанашырлығы бөлек. Кермен дәрі-дәрмекке достардан әжептәуір қаржы жинап әкеліп, Нұршатқа берді. Бірге өскендігін көрсетіп бақты. Сергек жүретін ол қалаға соңғы жылдары көшіп келіп, әл-ауқатын жақсартқан, белсенді қам-қаракеттерімен көзге түскен-ді. Ол жұғымды қасиеттерімен сүйкімді көрінетін.
Он күн дегенде Мүліктің сырқаттары біршама жеңілдеді. Ауруханадан үйге шықты. Аяқ, қолдары қалтырап келген ол біраз уақыт отбасында әжептәуір тыңайды. Үйреншікті жұмысын аңсады. Онда келгенде қызметші қыздар есік, терезеге жапсырылған қағаздарды сиырып, қырып алып жатыр екен. Біреу түнде дүкен мен кафетерий антисанитарлық күйде, күтімсіз, лас, жұқпалы аурулар ошағы деп қорқынышты қағаздар желімдеп кетіпті. Бұл Мүлікке қосымша соққы еді. Сәскеге таяу санэпидстанциядан арнайы техникасымен, құрал-жабдықтарымен алас-қапас бір топ адам келді. Оған да арыз түскен. Дүкен де, кафетерий де тарс жабылып, түбегейлі тексеріс басталды. Толық дезинфекциялау жүргізілді. Бұл сәттерде мұздатқыш, тоңазытқыштардағы ет және ет өнімдері, тағамдық заттардың бәрі сараптан өткізіліп, кінәрат табылмағасын үйге, қызметші қыздардың мекен жайларына тасып алынды.
– Астық және дәнді дақылдар жиналған төменгі бөлмелерден бір майтышқан шықты, – деп мәлімдеді топ жетекшісі дәрігер. – Дезинфекция біткесін сол жерлерді қайта бітеп, сылау, сырлау керек.
– Тышқан мұнда қайдан жүр? – деп таңырқады Нұршат. Дауысы дірілдей сөйлеген Мүлік:
– Бірлі-жарым болар-ау. Ал, бізге істелген бүлік, кімнен де болса, бізді құртып тынайын деген кесапат, – деді.
Бір-екі сағат өтер-өтпесте суыт түрде ветеринарлық станция мамандары жетті:
– Сіздердің мал бордақылау цехтарыңыз бар екен. Ауыл шаруашылығы басқармасынан төтенше тапсырма бар. Малдарыңыз адам денсаулығына аса қауіпті жұқпалы аурумен ауырады екен. Анықталса – түгел өртейміз.
– Содан әкелінген жылқы, сиыр еттері тап-таза. Міне, дәрігерлер тексерді, – деді күйіп-піскен Нұршат. – Бұл не деген дұшпандық.
– Бос сөз не керек! Қайда цехтарыңыз? Жүріңіздер!
Өзін әрең ұстап тұрған Мүлік қабырғаға сүйене құлады. Оған жүгірген Нұршат ветстанция қызметкерлеріне ашулана дауыстады:
– Барыңыздар! Өртей беріңіздер! Мекен-жайы өнеркәсіп аймағында.
Тағы жедел жәрдем шақырылып, ол Мүлікті ауруханаға ала жөнелді. Бұл жолы Мүлік ауруханада бір ай жатты. Барған сайын әлсірей берді. Сирек сөйлейді. Бір күні бар күшін жиып, Нұршатқа:
– Мені құртып жатқан арыздарды ұйымдастырып жүрген адамның залым пиғылы, – деді. – Залым пиғыл меңдеген адамын жаралайды, кейде өлтіріп тынады. Сен мықты бол. Менсіз саған қиын болады, әрине. Сен мықты бол. Пай-пай, енді бұрынғыша он жыл өмір сүрсем… Пай-пай… – Осылай деп ол ұйқтап кеткендей көзін жұмды.
– Жамандық айтпашы… айтпашы… – Нұршат үнсіз көзіне жас алды.
Әлгі сөздері көп күшін алған Мүлік ессіз халге тереңдей берген.
Палатаға аяғын еппен басып Кермен кірді. Әйелі Жәниямен келіпті.
Нұршат Жәниямен қауыша, толқи амандасты.
– Қалай? – деп сыбырлай сұрады Кермен.
– Жаңа азырақ сөйлеген. Содан әлсіреп қалды. – Қоштасқан сияқты ма… – Нұршат дауысын шығара пырс-пырс көзіне жас алды.
Әлден соң Мүлік көзін ашты. Керменге күлімсіреген рай танытты. Оған бірдеңе айтқысы келетін секілді.
– Мынау өткенде доктор сұраған дәрілер, – деп Кермен Мүлікке көрсете, Нұршатқа берді. – Дәрігер қарап, тексеріп салсын. Сұрастырып әрең таптым.
Кермен де Мүлікке бірдеңе айтқысы келетін сияқты. Жәния екеуін есікке дейін шығарып салуға жүрген Нұршатты иығынан, жауырынынан сипалай жұбатқан Кермен:
– Құдай оңғарса сауығып кетер, – деді.
Мүлік ауруханада тағы бір апта жатты. Қан қысымы әлі толық тұрақтай қоймады. Жүрек кенеттен атқақтап кетеді. Дене әлсіреген. Дәрігер:
– Орталық нерв жүйесіне ауыр соққы тиген. Моральдық соққы. Содан жүйке езгіге түскен. Үй жағдайында жақсарып кетер, – деп екіұшты кеңес берді.
Үйге шыққанына үш күн. Бір қалыпты ауыр күйде. Тамақ ішпейді. Күн санап қу сүйегі қалып барады. Жақтары солып, көздері тереңдеп кеткен. Нұры азайған. Кісіні танитын секілді. Әлсіздіктен сөйлемейді. Адамдар үн-түнсіз әлдебір төтен жағдайға әзірленуде. Оған кіріп шығу да сиреді. Тек Кермен ғана Мүлікпен жүздесуге ниет білдірді. Ол Нұршатты иығынан, жауырынынан сипай көңілін білдіріп, екеуі Мүлік жатқан бөлмеге енді. Кермен «кһм, кһм» деп дыбыс бергенде Мүлік көзін ашып, қуанғандай жылы жүз танытты. Бірдеңе айтқысы келетін тәрізді.
Нұршат екеуін оңаша қалдырып, бөлмеден шықты. Осы сәтті пайдаланған Кермен Мүлікке еңкейе, жүзі кенет ызғар шаша сөйлей бастады:
– Баяғы бүлдіршін бала кездер есіңде ғой?
Мүлік мәселенің не туралы екенін түсінген рай білдірді.
Ауылдасым, жанашырым деп жүрген адамы ызалана сөзін жалғады:
– Лақтырған тасың шекеме тиіп, бетім қан-жоса болды-ау… Таңбасы қалды-ау… Мен соны әлі кешіргем жоқ. Іштен тынып жүргем. Сазайыңды тарттырдым! Осыны біліп өл! Ұқтың ба? Біліп өл! Төсегіңде буыршындай ойран саламын әлі!
Әлсіреп, қимылсыз жатқан Мүлік кенет басын тік көтеріп, көздері түнгі жасындай жарқ ете қалды, әруақты үн қатты:
– Ө-ә-ә-һ!!!
Бұл дабыста «менің соңғы айларда бастан кешкен қасіреттерімнің иесі сен бе едің?!» деген айыптау да, үкім де бар еді.
Өлім халінде жатқан Мүліктің көз оттары Керменнің өңменінен өтіп кетті! Көртышқан сығырын шошындыра жасқады. Әлгібір әруақ-ты «Ө-ә-ә-һ!» дабысы мен ашулы көз оты жымысқы ауылдастың кеудесіне көк сүңгідей сіңіп, қадалып қалды!
Залым пиғылдың бүкіл қан тамырларын, жүрек пен сезім, нерв жүйелерін құрсап, салмағымен езген зілі мен зәрі әлгі бір қатаң да күйінішті, әруақты дабыспен сыртқа шығып, нысанасына дәл тиген еді.
Оқ тигендей Кермен орындықтан әрең тұрып жатқанда оқыс дауысқа жүгірген Нұршат ішке енді. Кереуетте жатқан Мүліктің жүзіне еңкейді. Әдеттегідей көзі жұмулы. Солғын жүзінде алау пайда болыпты.
Жаралы керіктей үйден әрең шыққан Кермен көшемен тәлтіректеп кетіп бара жатты.
Мүлік нәр татпастан, көзін де ашпай тағы бір тәулік жатты. Бірте-бірте бойы жеңілдегендей әсерге бөленді. Бес-алты күнде үй ішінде тұрып жүретіндей күйге жетті. Тәбеті ашылды. Бір айда бұрынғы қалпына жақындады.
Бірде оңашада Нұршатқа мүскін ауылдаспен арадағы бағзы оқиғаны айтты:
– Бес-алты жастағы бала кезіміз. Үйінің қасынан өтіп бара жатқан маған ол себепсіз тас лақтырып, аяғыма тигізді. Сол тасты өзіне зымыратқам, шекесін жарып кетті. Басында таңба қалды. Көзін шығарып кетпегені, бетіне тиіп, тыртық түспегені қандай жақсы деп, өзімді кінәлі санап жүретінмін. Өліп қалам-ау деген кешегі күндері сол оқиға есіме түсіп, кінә өзіңнен ғой, дегенмен, ренжімеші, кешірші дегім келген. О дүниеде өкінбей тыныш жатайын деп. Сөйтсем, ол баяғыны әлі кек тұтып жүр екен. Жалатай арызбен мені діңкелетіп, сәтін салса, өлтіріп тынбақ болған. Мен бақилыққа жөнеледі-ау деп сенген күні бәрін айтты. Мен өлсем төсегімізді де ластамақ пиғылда болыпты. Жора-жолдастан ақша жиып бергені, мені аман алып қалудың қамы емес, сенің көңіліңе жол табудың қулығы екен.
Жымысқы ауылдастың өзінің иығынан, жауырынынан қайта-қайта сипалағаны есіне түскен Нұршаттың жүзі алабұртып кетті.
– Немене, саған бірдеңе деді ме?
– Жоқ. Бірақ сезіктенгем.
– Неткен азғын еді.
…Көп ұзамай Мүлік пен Нұршат шағын бизнесін жаңа тыныспен жүргізді. Отбасы тірлігі жоспармен ілгері озды.
Досыңмын деп жүрген арамза ауылдас сол жазда түсініксіз азапты аурудан сарнап жатып өліп кетті.
Құяң
Дарылдаған АН-24 ұшағымен қала әуежайына түн ауа қонғанда, кезінде осындағы су шаруашылығы институтын бірге бітірген екі досы Мағзұм мен Әлхан қарсы алды. Әуежай кафесінен бір-бір шынаяқ шай мен «Қазақстан» конъягын ішіп, Әлханның Боранды ауылына қонаққа жүрді. Көптен көрмеген достар сағынысып қалыпты, студенттік шақтың қызықты хикаяларын жол бойы толғай-толғай, бірте-бірте осы өңір әңгімелеріне ойысты. Облыстық басқарма бастығы Мағзұм да, Боранды ауыл советінің төрағасы Әлхан да бүгінде ел басқарып, мазмұнды көркем сөзге едәуір төселіп қалыпты. Өңір тарихынан майын тамыза көп сыр шертілді. Борандыға келгенде ауыл төңірегі расында да қарлы боран құшағында еді.
– Боранды осындай болмаса, Шыңғыстың шығармаларына арқау болар ма еді? – деді Әлхан желпіне. Оны қостаған Мағзұм теңеуді айшықтап бақты:
– Борандының мінезі біздің Шерағаңның – Шерханның қаһарындай. Ол осы ауылда туып өскен.
– Баукең ше, Баукең?! Біздің даңқты жерлесіміз Бауыржан?! – деп жалғады Әлхан. – Борандының ұлдары осылай өзіне ұқсап туады.
Мерет студент кезінде мұнда әлденеше келген. Табиғатына тәнті болған. Жасыл таулар, топырағының майы шыққан алқаптар мен баурайлар, самсаған жеміс ағаштары, бау-бақшалар, егіндіктер… Адамдарын айтсаңшы, адамдарын! Бірақ сол бір балаң күндерде бұл екі дос дәл бүгінгідей сырларын кең аша алмаған тәрізді. Біраз өмір көрген қазіргі кездегі әсерлі әңгімелері де, оларды ықыластана қабылдау да жан-дүниеңді байыта берердей.
Кешке таяу екі дос Меретті осы оңтүстік аймақтағы қара балшықпен емдейтін мақтаулы санаторийге әкелді.
– Айтпақшы, – деп сұрады Мағзұм, – мұнда қыс мезгілінде келуіңде не гәп бар? Өңіңде мін жоқ, күй-қуатың атқақтап тұр. Буын-суын сырқырап дегендей, бір жерің ауыра ма?
– Соңғы жылдардың мінез-құлқы ұнамай жүр. Перестройка деген алақұйын мынау… Елімді ойлап, уайымнан белім кеткен жәйім бар. Екі аяқ әлсіз. Аяңдап жүрейін десем, аяқтарым денеме ілесе алмай, етбетіммен құлап қала жаздаймын. Бір жерде тікемнен тік тұра алмаймын. Теңселіп құлап бара жатам. Басқаға байқатпай, бір нәрсеге сүйеніп тұрам. Белімнен төмен қысы-жазы қара мұздай. Жылынбайды. Бәрі құяңның салдары дейді дәрігерлер. Осы қыстан соң аяқтарым іске аспай қала ма деп қорқып келдім. Әрі сендермен жүздесем. Көтеріңкі көңілдің де септігі тиер деймін.
Меретті екі дос үн-түнсіз тыңдады. Олар жарыса:
– Біз сені жәй тынығуға келеді деп жүрсек, – деді. Әлден соң Мағзұм бір құпиясын ашайын деген сыңай байқатты:
– Осыған ұқсас жағдай менде де болды. Ол әрі ауыр, әрі қуанышты, әрі бақытты оқиға.
– Ей, ендеше ішке кірейік, – деді Әлхан, – үшеуміз бір-бір люкстен орын алып, Мереттің қасында бір-екі күн болайық. Сен әлгі хикаяңды айт. Қызық тәрізді.
Үш дос санаторийге енді.
Ақ желеңді кезекші дәрігер суыт кірген үшеуге қарсы жүрді. Ол сәлем бергенше Мағзұм сұрап үлгерді:
– Көпжасар қайда, інім?
– Үйінде болуы керек. Әлгінде кеткен. Ассалаумағалейкүмдер!
– Уағалайкүміссалам! Тез телефон соқ! Жетсін шапшаң! Шетелден қонақ келді! Орналастырсын!
– Өзім-ақ орналастыра саламын. Бос орын баршылық.
– Соқ телефоныңды! Келсін! – деп қайталап бұйырды бүгін таңнан көңілді жүрген Мағзұм.
Лезде Көпжасармен байланысқан дәрігер:
– Сізді танитын кісілер секілді, міне, берейін, – деп трубканы Мағзұмға ұсынды. Мағзұм дауыстай жөнелді:
– Ай, Көпжасар, тез жет! Шетелден қонақ келді! Гиркан теңізінің жағалауынан! Ада аралынан! Дайстаннан!
Мағзұм Каспийдің ежелгі Гиркан атауын, бағзы ада сөзінің арал мағынасын студент кезінен, Мереттің айтуынан білетін.
Көңілді Әлхан мойнын соза, телефон трубкасына аузын тақап дауыстады:
– Ақ, қызыл сусындарыңнан сарқылып қалмайтындай ала кел! Қызық хикая бар!
Концерт залы алдындағы кең фойеде әдемі әуен ойнала бастады. Санаторийдің жоғарғы қабаттарынан түсетін салтанатты баспалдақтармен қыз-жігіттер, көркем келіншектер мен ерлер, ішінара ересек кісілер мен әйелдер фойеге бет түзеген. Жастары қырықтан енді асқан біздің кейіпкерлер, әсіресе, Мағзұм мен Әлхан оларды елемегендей, алайда, байқатпай қызыға көз тастап қояды. Қима қасты небір қылаң сылқымдар көздерін төңкере өтіп барады. Сындарлы, қыран тұмсық, қаршыға жанарлы Мағзұм мен ұзын бойлы, бозғылттау қой көзді Әлхан олардың биік талғамына сай көрінетін сияқты. Көздің құртындай құрмағырлар қызулы жандарды еліктіре жөнелердей. Тек Мерет қана селқостау. Мәжбүрлі селқостық.
Кезекші дәрігер администратор қызды ерте жүріп, Меретті кең қонақжайы бар люкске, Мағзұм мен Әлханды жеке-жеке бөлмелерге орналастырып үлгерді. Есімі Ағнияз екен. Ресейден, Қиыр Шығыстан жақында келіпті. 1986 жылғы Желтоқсан көтерілісінен кейін қызметін республикамның мүддесіне жұмсаймын деп елге оралған.
Артынып-тартынып Көпжасар келді.
Дөңгелек жүзді, ақкөңіл, сүйкімді замандас. Мереттің қонақжайында таныстық үшін бірнеше тостақ алған соң ол ашыла түсті.
– Маңғыстау маған Түркия жақтағы шетел сияқты, – деп лебіздерін білдірді. Ағалар бастан өткен қызық оқиғаларды айтпақ деп, тыңдауға Ағнияз да келді.
Әлхан Мағзұмға қарағыштай берді. Мағзұм болса баяғы бір ғажайып күндерді еске ала толғанды:
– Әліге дейін ешкімге айтпаған сырым бар еді. Достар бас қосқан бүгінгідей қуанышты шақта ашқаным артық болмас.
Ол Меретке бұрыла нақтылады:
– Мана өзің айтқандай ауыр жағдайлар сынынан өткен жәйім бар. Менікі салқыннан жабысқан құяңды. Ұлы сөзде ұят жоқ, бірте-бірте әйеліме де бара алмайтын, одан қашқақтайтын хәл кештім. Белден мүлде айырылдым. Емшілердің кеңес беруімен Үлкен Шаһарымыздың минерал сумен емдейтін санаториінде бір айдай жаттым. Судың қаншалықты пайдасы тигенін білмеймін, бірақ ол кеселден мені құтқарған бір таңғажайып сұлу деп білемін. Қазір ақындар «іздедім сені» деп ғұмыр бойы жырлап, қиялындағы аруды бір көрместен жүр ғой, мен сондай сұлуды көріп, дидарласу, жақын болу бақытына иемін. Ұлты түрік. Фатима. Үлкен Шаһарымызбен шектес қалашықтан. Асханада бір-бірімізді алыстан бір көрдік те үнсіз түсінісе қойдық. Ең алғаш жақын келгенде ол маған «ешкім сезбесін, бұл өмірге өте қауіпті» деп сыбыр ете қалды. Себебі күнде кешке қарай су жаңа «волга», «жигулилермен» кезек-кезек аға-жеңгелері, іні-келіндері, ынтызар жігіттер келіп, онымен түнге дейін бірге болып қайтып жүрді. Артық бір ауыз сыбыс аса қатерлі ме деп қалдым. Жай сөзге қалудың өзі отбасы абыройына өлім екен. Дәстүрлері сондай қатаң. Көбіне Фатима жалғыз немесе бірлі-жарым түрік әйелдерімен, түрік қыздарымен серуендеді. Олардың бәрі құпия тыңшылар сияқты.
Белімнен айырылғалы мен әйел затына назар аударуды мүлде қойғам-ды. Немқұрайлы едім. Фатиманы көргеннен бойымда бір табиғи күш ояна бастағанын сездім. Ғұмыр бойы мәдениетті орталарда қызмет етіп келемін. Небір керімдер бар. Бір де біреуіне көңілім селт етпейтін. Ал, мынаны көргеннен мен бірте-бірте өрши өртендім. Денсаулықта байқамаймыз, ал, шындығында бұдан асқан жасампаз, өміршең қасиет жоқ екенін сонда білдім. Бұл қауіп-қатерден де, ажалдан да тайсалмайтын ғажайып рух қуаты, рух көктемі, рух салтанаты ма деп қалдым. Меніңше, осындай жағдай сол күндері Фатима табиғатына да тән болды-ау деймін. Екеуміз кейде сақтықты ұмытып, оңаша тілдесіп қалатын болдық.
Бірде ол қасымнан өте бере, елеусіз ғана «түнгі үште күт» деді. Баршаның қатты ұйқыға бататын уақыты. Дыбысы шығады деп есікті кілттемей, саңылаулап ашып қойғам. Ол кірген бойда құшақ пен құшақ айқасып, ес-түссіз сүйісе бердік, сүйісе бердік… Байқаймын, жаным болмашы тірілгендей… Әлденіп барады… Сол заматтан денелер өрттей шарпысты дейсің… Бүкіл жұлыным желкемнен төмен, сегізкөздікті қуалай сырқырап бергені… Ішкі кернеу одан да басым… Бойдан кетер азапты да асқақ, жалынды сәтте жаным шыққандай шыңғырып жібергенім есімде… Жарты сағаттай талып жатыппын. Фатима да сондай ауыр күй кешкен. Естен тана… Ол да құяң екен. Жасында автомобиль апатына ұшырап, соның зардабы бірте-бірте күшейген. Екеуміз қимылдауға да, сөйлеуге де дәрмен жоқ, бір сағаттай үнсіз жаттық. Сосын ол әрең орнынан тұрып, сүйретіліп шығып кетті. Ертесіне мен түске дейін нөмірде болдым. Тұрсам, аяқ-қолдарым, бүкіл денем қалшылдап, басым айналып, құлап қалардаймын. Соған қарамастан Фатиманы аңсаймын. Түндегі жанымды шырқыратқан азабым сондайма тәтті, өлімнен де күшті, өмірден де қымбат тәрізді. Фатиманы тағы бір сүйіп, ажал құшуға бейіл секілдімін.
Түс қайта бөлмеге дәрігер келді:
– Сіз бүгін емге келмедіңіз ғой. Не болды?
– Үдемелі емді көтере алмадым ба…
– Ертең қалмаңыз. Мезгілімен тамағыңызды ішіңіз.
Кешкі асқа баруға ғана дәрменім жетті. Фатимамен алыстан көзбен амандастым. Екеуміздің арамыздағы тартылыс күші кенет ұлғайып, жақындасақ бір-бірімізге жабысып қалардаймыз. Сол екпінді әрең бағындырып, үнсіз бөлмелерімізге кеттік.
…Бәрі Мағзұмның әңгімесіне елтіп қалыпты. Алдымен ес жиған Көпжасар болды. Арақ, шараптан бір-бір тостақ құйып, іркілмей алып тасталды. Ішкі эмоцияны теңгеру үшін тағы алынды. Жаядан бір-бір тілім тіске басты.
– Әй, Мағзұм, хикая сонымен бітпеген шығар? – деп сұрады Әлхан.
Сол бір алыс, қымбат сәттердің алыстап бара жатқанына өкінгендей, Мағзұм баяу тіл қатты:
– Молшылықтағы тұрмыс, отбасы қуаныштары, қызмет қызығы, мансап дегендей, мұның бәрін әркім де көріп жүр ғой. Менің бастан кешкен бақытым, кешіріңіздер, соның бәрінен де ерекше ме деп ойлаймын.
– Әлқисса, әлқисса, – деді хикаяның жалғасын күткен Әлхан.
Мағзұм әңгімесін өрбітті:
– Біздікі нағыз махаббат еді. Ол жиырма бесте, мен отыз бірдемін. Ол екі жыл тұрмыста болыпты. Түрік деп шыққан адамының түбі курд екенін кейін біліп қалған. Ұлттық көзқарастарынан. Ертесіне-ақ жөнін тауыпты. Тірлікте бар ма, жоқ па – білмейді… Ал, біздің арамыздағы қарым-қатынас бүкпесіз, тап-таза еді. Үш күн өткен соң тағы қауыштық. Жанымыз ынтыға табысқанмен, тән азабы төзгісіз еді. Шешуші сәтте біреу бел ортамнан төменгі жұлыным мен сегізкөздік нервілерін қопара жұлып жатқандай қинады. Тағы да естен тандым. Бір уақытта көзімді ашсам ол ауыр жаралы адамдай баяу ыңырсып жатыр екен. Әлден соң өзіне келіп, күбірледі:
– Сізді маған құдай таңдап жіберген шығар. Соңғы жылдары жігіт туралы ойламаушы ем. Бәрі бірдей өтірікші болар ма деп көңілім қалған. Байқайтын шығарсыз, маған ғашық көп. Ештеңеден тайсалмайтын жауыздар да бар. Бірақ ешқайсысы сіздей бола алмас. Сізді көргелі, сізбен болғалы маған жан кірді, жүрегім қуанышқа, отқа толды. Үмітсіз сырқаттан айығам-ау. Құлантаза жазылатын шығармын. Тек сізбен.
– Мен де сауалып қалармын. Сенің жалыныңмен. Беліме жан кірді.
– Әлі біраз боласыз ғой?
– Бір айға деп есептеп келдім.
– Өте жақсы. Ендеше, мен курсты бір аптаға ұзартамын. Емді бірге бітіреміз.
Ол осылай дегенде көзіне көзім түсіп кетті. Кеудемді өртеп жіберді. Мұң толы, үміт толы, түбі мұхиттай қарауытқан көк-жасыл изумруд жанарлар. Өліп-өше сүйдім келіп. Оның өн-бойы жалындап, балқыған кеудеме сіңіп бара жатқандай. Ұзақ аймаластық. Есік алдына дейін шығарып салдым. Аяқ алысы жеңілдеген. Ол шығарда бұрылып маған қарады. Жүректеріміз бір-біріне ұмтыла жөнелді. Құшақтарымыз айқасып көп тұрдық. Қия алмадық. Сосын ол жедел басып шығып кетті. Дүрсілдеген жүрегі кеудемде қалып қойды.
Отыз күн емімді алдым. Әуелі күнара, сосын күн сайын кездестік. Әрқашан аңсарымыз ауып қауыштық. Құштарлығымыз барған сайын өршіді. Құяңнан барған сайын айықтық. Қоштасарда:
– Мен ауруымнан нобайлап құтылдым-ау деймін. Көңілімде жүрген бір азаматқа тұрмысқа шықсам, енді бала көтеретіндей күйім бар, – деді. – Оған дейін хабарласып тұрайық.
Менің кеудемде оның жүрегі, оның кеудесінде менің жүрегім атойлап, қимай қоштастық. Бес күннен соң жұмыс телефоныма соқты:
– Алдағы жұмада келіңізші. Мен бухгалтерлік есеппен Алматыда болам. – Құпия мекен-жайды айтты. Алып-ұшып жеттім дейсің…
Осылай екі аптада, ай сайын қауышып тұрдық. Үш жыл бойы. Ол бір бақытты күндер еді. Құяң деген пәлені түбегейлі ұмыттық. Құяңның, белсіздіктің бір емі – жаның сүйген адамға деген махаббат екен.
Ол тұрмысқа шығардан бес апта бұрын қоштасу үшін кездестік. Құпия пәтерде бір тәулік болдық. Тұрмысқа шыққан соң және ұлды, қызды болғанда телефондады.
Бізді ұшыратқан Жаратқан Иеге мың рахмет!
Әңгіменің нүктесін қойғандай іркілген Мағзұм, тағы бір қымбат ойын айтқысы келген сыңайда отырды.
– Жалғасы болса, іркілме, – деп өтінді Әлхан.
– Қоштасудан соң кездеспесек те, ол менің тіке жұмыс телефоныма сиректеу соғып, аман-саулық білісіп жүрдік. Ұлы төртке шыққанда көкейдегі құпиясын сыбырлап мәлім етті:
– Ұлым, әрине, әкесіне және өзіме ұқсаған. Күмән жоқ. Сондай-ақ оның көзі мен қабағында, дөңес мұрнында сенің де елпің бар! Құдай біледі, дәл солай! Бұны өзім ғана байқап, ажырата аламын. Басқа ешкім аңғаруы мүмкін емес! Рас айтамын! Дәл солай! Мен сені әлі ойлаймын. Содан болар.
Фатима осылай деді де, жексенбі күні орталық әмбебап магазинге ұл-қызымен, күйеуімен баратынын, тауар іздегендей ұзақ аралайтынын, шындығында мақсаты ұлын маған көрсету екенін айтты. Үйге бірдеңе қарайық деген сылтаумен әрі жалғыз жүріп сезікті болмайын деп Күніммен бірге бардым. Фатима бұрынғыдан да көркейе түсіпті. Күйеуі өзіне лайық. Мейірбанды екені көрініп тұр. Тауарларды қарағыштаған болып, ұлға да елеусіз зер сала жүрдім. Иә, үңілген жан елпінен менің нышандарымды, кескін ерекшеліктерімді танитындай. Таңғалғаным – баланың маған екі-үш рет көз тоқтата қарағаны. Жүрегім атойлап кетті. Тезірек ұзап кетістік.
– Әнебір бала саған көп қарады, – деді Күнім. Мен мән бермегендей, үндемедім.
– Бұл бір жұмбақ жәйт екен, – деді Мерет. – Фатима сіздер соңғы кездескеннен кейін айжарым уақыт өткенде тұрмысқа шыққан. Соған қарамастан…
Жағдайды дәрігер Көпжасар тұжырымдады:
– Қазіргі ғылым мұндай деректердің сырын ашып келеді. Ер зәузатының «көлеңкесі», табы белгілі бір жағдайда әйел бойында жасырын сақталады да, бала көтеру үдерісіне қосыла кетеді.
…Мағзұмның майын тамыза айтқан әңгімесі аяқталғанда түн ортасынан ауған еді.
– Ертең жұмыс, үйге барып тынығайық. Келіп тұрамыз, – деп жігіттер жүруге ыңғайланды.
– Бір нәрсені анықтап алайыншы, Мерет, – деді пальтосын киіп жатқан Әлхан. – Мағзұмның құяңы қатты салқын тигеннен басталған. Әлгі бойжеткендікі апаттан екен. Ал, сен уайымнан дейсің. Бұндай да болғаны ма?
– Болғаны ғой. Сексен алтыншы жылғы Алматы көтерілісі кезінде Орталық Комитет ұйымдастырған екі апталық саяси курста оқып жатқам. Жендеттердің халыққа қарсы қанқұйлы зұлымдығын көрдім. Он тоғызыншы желтоқсанда жүре алмай қалдым. Менікі содан басталды. Былтырғы Маңғыстау көтерілісі сырқатты асқындырды. Менікі орталық нерв жүйесіне моральдық соққыдан болған. 1920-1930 жылдары асыра сілтеуден шетелге қашқан Маңғыстау қазақтарының ерлері бес жыл бойы әйелдеріне бала көтерте алмайтын, әйелдері жүкті бола алмайтын күйге түскен. Құяңның бір түрі. Иран ғалымының бір кітап зерттеу еңбегі бар.
– Иә-ә, – деп бас шайқады жігіттер.
Достарды көліктеріне дейін шығарып салған Мерет Мағзұмның қиял-ғажайып ертегісіндей сырлы әңгімесі әсерінен көпке дейін ұйқтай алмады.
Ертесіне Ағнияз Меретке емдерін белгілеп берді де ұсыныс жасады:
– Қара балшық, парафин, уқалау және басқа емдерді ала беріңіз. Сонымен бірге мына рефлектормен де емделуге болады, – ол стол үстінде тұрған төрт бұрышты шап-шағын аппаратты көрсетті. – Бұл қытайдың дәстүрлі инемен емдеу тәсілін электр импульсімен жүргізуге арналған. Германияда ойлап шығарылған. Жұлындағы және жұлыннан тарайтын нервтер нүктелеріне импульстерді мынадай, – ол аппаратқа жалғанған ұшы қара «карандашты» көрсетті, – электродпен дарытып, оятады. Бұл жүз пайызға дейін нәтиже бере алады. Сәтін салса, түнде Мағзұм айтқан хикаядан кем соқпас. Бірақ емі қымбат. Аппарат жеке өзімдікі. Алам десеңіз…
– Келген жұмысым емделу, бұны да көрейік. Мағзұмға тап болған сұлу маған кездесер деймісің.
– Мына аппарат дәл сол Мағзұм айтқан әсерлерді береді. Қымбат болғасын басқа адамдар алмай жүр. Ендеше, сіз түске дейін басқа емдеріңізді алып болыңыз, түстігіңізді ішіңіз, әйтпесе көтере алмауыңыз мүмкін. Сосын маған, осы кабинетке келіңіз. Әр емнен кейін екі сағат ұйқтайсыз. Бұл аппарат қалжыратып барып айықтырады. Жұлынға, нервке сіңген зардапты шығару оңай емес.
Алғашқы күні Ағнияз аппарат электродын нерв нүктелеріне тек тигізіп қайтарып отырды. Соның өзінде нервтер қара бақайға дейін домбыра шегіндей дыңылдап, дір-дір қақты, шошынды. Мерет әрең шыдап жатты. Бөлмесіне қалай жеткенін, төсегіне қалай құлағанын білмейді. Келесі күні электрод ұшы нерв нүктелерінде ұзағырақ ұсталды. Осылайша әсер беру уақыты ұлғая берді. Ара-тұра Мереттің қатты даусы шықты. Көбіне «ы-ы-ы» деп қозғалақтай берді.
– Егер осы сеанстың бәрі бір мезгілде берілсе, бұған адам шыдай алмайды, – деді Ағнияз.
Ем қанша ауыр болса да, Меретке ол ұнай берді. Себебі күн санап сырқаттан айығу үстінде. Бірте-бірте әйел затына көз салатынды шығарды.
– Әнеугі хикаядағыдай біреу кездессе, ол емге қосымша десерт, – деп сыпайы әзілдеді Ағнияз.
– Ондай сыйлықты Құдай тек Мағзұмға бұйыртқан.
Жиырма күн дегенде Мерет толық дерлік қалпына келді.
Бұл уақытта Әлхан мен Мағзұм апта сайын келіп тұрды.
– Қалай? – деп жымыңдайды достар. – Біреу табылды ма?
– Өзі таңғажайып сұлу болуы керек, әрі құяң болуы керек. Сирек критерий. Таптырмады, – деп әзілдейді Мерет. – Бірақ Ағниязда рефлексотерапияның немістер шығарған жаңа аппараты бар екен. Мағзұм бастан кешкен жағдайды сол аппарат күшімен сезіндім. Қазір мықтымын. Өте қуаныштымын.
Мерет санаторийден шыққасын Көпжасар, Мағзұм, Әлхан төртеуі Сарыкемердің үстімен өтіп, Ер Қосай тауына тағзым етті.
– Адай елінің Қазақ хандығын құрысқан даңқты тұлғасы Адай атамыз, оның ұлы Құдайке, немересі Ер Қосай хандықтың әскербасылары, былайынша айтқанда қорғаныс министрлері болған. Мына тау сол заманның бір куәгері, – деді Мерет. – Айтпақшы, сіздердегі Пржевальский жылқысы деп жүргеннің не заманнан бергі атауы – алақұлан. Баяғы жаһангерлер жергілікті халықпен ісі жоқ, бірінші рет көрген аңына мен таптым деп өз есімін тіркей берген. Ұлы Жүзге сіңіскен біздің Алақұлан деген руымыз бар. Студент кезде біз баспасөзде шыққан мақалаларын, кітаптарын оқыған экономист, академик Түймебай Әшімбаев сол Алақұлан тұқымынан. Інісі Тұтқабай Әшімбаев бізде обкомның бірінші хатшысы болып облысты басқарды.
Төртеуі машинаға қарай жүргенде Мерет достарына пейілін білдірді:
– Ең тәуір мейрамханаға барайық. Аттанар алдында сіздерге рахметімді айтып, жауап сыйымды көрсетейін.
– Оу, – деді таңырқаған Мағзұм, – біздің үй, Күнім әзірленіп отыр. Қонағасың бар. Қисыны солай.
– Жарайды, – деп келісті Мерет, – Ақ Қалаға сіздер тағы бір келгенше менің сыйым сүрлене тұрсын.
Мереттің сауығып келгеніне бірден бір қуанған адам, әрине, әйелі Арай болды. Ердің белінің қатаюы әйелі үшін Құдай күмәнсіз жаратқан бақыт.
Жансорғыштар
Құрман ол кезде кәсіптік-техникалық училищеде қоғамтану пәнінен сабақ беретін. Адам, қоғам мәселелеріне кім-кім де немқұрайды емес қой, ол болса сол кезгі қызметіне орай жұртшылық арасындағы жәйттерге жүйелі көңіл қоя жүретін. Ал, замандасы Себен ұлтымыздың, өлкеміздің арғы-бергі тарихының білгірі болатын. Жиі кездеседі. Көбіне ол небір керемет хикаяларды толғайды да, Құрман тыңдаудан жалықпайтын. Себен музей қызметкері, жұмыс орындары жақын. Күнде кешке таман жұмыстан шығып, көрші тұратын болғасын бір-біріне қарайлап, үйге жаяу, әңгімелесе жүретін. Жол-жөнекей бүгін де «Сымбат» кафесінің алдынан өтіп, оңға бұрылды. Кафенің көлеңке бетінде, әдеттегідей, бірнеше зейнеткер шахмат ойнап, бірқатары көрермендер мен жанкүйерлер қатарын толықтырып тұр екен. Ішінде, күткендеріндей, орыс жігіті Сергей де бар. Бұрынғы әскери қызметкер. Зейнетке шыққасын кішігірім мекемеде заңгер болып істейді. Үшеуі бір ауданның түлектері. Сергей мен Құрман ауылдас. Кей-кейде үшеуі осы жерде ұшырасып, үйлеріне бірге жүреді. Сергей білім-білікті, ғұмыр бойы әралуан қала, кенттерде қызмет еткен, көргені көп азамат.
Зейнеткер шахматшылардың ойындарын қызықтап біршама кідіріп қалды. Шілде ыстығы басыла Атыраудың әйгілі масалары мазаны ала бастады. Мойындарын, қолдарын шарт-шұрт шапалақтап, берекеттері қашуға айналды. Ал, зейнеткер шахматшылар үсті-бастарына масаға қарсы иісмайларын жағып алған, түнге дейін жарыс жалғастыратын нағыз ойынқұмарлар. Үшеуі үйлеріне беттеді.
Себен маса туралы хикаяларды қозғап келе жатты. Құрман әңгімені жаз айларында жерде қаптап кететін бүргелер, таскенелер, алуан-алуан шыбын-шіркейлер, кейбір үйлер арыла алмай жүрген кандалалар, қансорғыш жарқанаттар туралы өрбітті.
– Маңайымыздың бәрі қансорғыштар. Жауыздар. Солардың ортасында өмір сүріп жүрміз, – деді Сергей. Сол сәтте Себен кенеттен:
– Адам баласы не көрмей келеді дейсің. Жансорғыштар да бар, – деді. Бұрын естімеген мына сөзден үшеуі кілт тоқтады.
– Бұл немене тағы? Жансорғыш деймісің?! Астапыралла! – деп таңырқады Құрман мен Сергей.
– Иә, жансорғыш. Мұндай атау бұрын қолданыста кездеспеген шығар. Мен осылай деп жүрмін, – деген Себен сұмдықтарды баяндауға ыңғай білдірді.
Тақырыптың өте маңызды екенін байқаған Құрман қолайлы орында отырып тыңдағанды жақсы көріп, ұсыныс білдірді:
– Мына сыраханада аз-кем дамылдайықшы. Күн әлі ыссы, шөл басайық.
Ішке кіріп, сырадан бір-бір жұтқанша қой етінің майы тамшылаған ыстық кәуабы да әкелінді.
– Ал, айтшы, бұл не тосын жәйт, – деп Сергей мен Құрман Себеннің аузына телмірді.
Себен алдындағы бір нүктеге үнсіз қарап отырып, сигаретін тұтатты, екі-үш сорып, асықпай әңгімесін әріден бастады:
– Туабітті орташыл, лидер деп айтуға лайық, маңайын үйіріп жүретін адамдарды өмірде көріп келеміз. Сол қасиеттері арқасында олар сондайма күрделі жұмыстарды жасқанбай бастап, мұрсатта тиянақты аяқтап, қоғамға ересен пайдасын тигізіп жүреді. Бұның басты сыры сол адамдардың биік адамгершіл, жаңашыл, моральдық және рухани, сондай-ақ физикалық әлеуетінде. Олар тіпті шаршау дегенді білмейді. Неліктен? Себебі ондай тұлғалар өзін қолдап, қатар еңбек етіп жүрген жандардың күш-жігерінен, эмоция тасқындарынан күнделікті қуат-танып, алға екпіндей береді. Сонымен бірге олар, жалындай жүре, өзінің ой, идея және қимыл-қарекет қуаттатарымен ынтымақтастарын еселеп қамти, оларға күш беріп жүреді. Әрине, мұндай тұлғалардан айналып кетпессің бе! Түрлі қоғамдық, саяси қозғалыстар жетекшілері, ауқымды өндіріс ұйымдастырушылары, даңқты әскербасылар, ұлт көсемдері осындай ұлы қасиеттерге ие. Бұл жағымды, өнегелі мысал.
– Жаңағы жансорғыштарды айтшы! Ол немене? – деп Сергей Себенді дігірлей түсті. Себен қоғамдағы һәм жекелеген адамдар арасындағы құбылыстардың нақ аналитиктеріндей, сабырмен тақырыпты жалғастырды:
– Ондайларды кемінде үш немесе тіпті төрт топқа бөлуге болады: біріншісі – күнделікті ортасынан алыстай жүріп, басқа біреудің шын мәнінде жанын соратындар; екіншісі – өзін қоршағандар шеңберінен, үшіншісі – жақындары есебінен қоректенетіндер; төртіншісі – төңірегінің жанын күйдіріп ләззат алатындар.
– Ой, Құдай сақтай гөр! – десті Құрман мен Сергей. Алақандарымен жүректерінің тұсын басып, тыныстарын әрең алды. Себеннің аузына қарады.
– Бұдан көп бұрын, – деп әңгімесін жалғады Себен, – мен Н. деген азаматпен қызметтес болдым. Былайынша жақсы адам – жұмысын тәуір меңгерген, ұйымшыл, ақкөңіл деуге болады. Қызметі менен жоғары, мекеме көлігін мінеді. Сол кісі қақаған қыс демейді, дүниені қуырған ыстық шілде демейді, «қырға шығып серпіліп қайтайықшы» деп кейде аяқ астынан қояр да қоймай қолқа салатын. Жүріп кетеміз. Бір жағы үкіметтің шаруа жәйін қараған болып, бір жағы тынығып дегендей, жаңа адамдармен танысып, пікірлестер тауып, қалаға көңілді бірлеп қайтамыз. Көп ұзамай сол жолғы сапарда бірге жүріп, ықылас-ниетіне Н. аса риза болған жігіттің кездейсоқ қаза болғанын естиміз. Аяп, қиналып қаламыз. Әсіресе мен «япырау, байыпты, ұстамды жастың сондайма қисынсыз ажалға тап болғаны несі?!» деп таңдана ой кешемін. Көп ұзамай әлгіндей сапардан соң ұқсас оқиға тағы қайталанды. Арасында кездейсоқ апатқа тап болып, әйтеуір аман қалғандар да кездесті. Бұл жағдайлар мені көп мазалады. Себебін сеземін, алайда ешкімге мән-жайын айта алмаймын, ешқандай шара қолдануға дәрмен жоқ. Лажсыз күй кештім. Ақыры сол кісіден аулақтауға, жұмыстан кетуге мәжбүр болдым.
– Осындай жәйттерге мен де куә болдым, – деп сөзге араласты Сергей. – Жас офицер кезім. Шекара қызметіндемін. Орталықтағы командиріміз заставаларды, бөлімшелерді жиі аралап, құрамның әскери-саяси жағдайын тексереді, қатаң ескертулер жасап, тапсырмалар береді. Кешке аға офицерлермен бірге болып, ертесіне линияны одан әрі аралауға жүреді. Ол кеткен соң бізде міндетті түрде не офицер, не жауынгер қаза тапқан, әлде, ауыр жараланып, қызметке жарамай қалған төтенше оқиғалар ұшырасатын. Егер шекара бұзушылармен атыста біреу әлгіндей қайғыға тап болса, бұл түсінікті. Ал, біз біреудің оқыстан суға кетіп, мұнарадан, таудан құлап мерт болғанын, мертіккенін көріп қайғырамыз. Оқиғалардың түпкі себебін сеземіз, түсінеміз, алайда дөп басып айта алмаймыз. Не деп айтасың? Қалай дәлелдейсің? Денсаулығымды сылтауратып, сол жерден ақыры кетіп тындым. Несін жасырамын, кездейсоқ бақытсыздыққа өзім тап болам ба деп қорықтым.
– Әйгілі қолбасшының кешегі ұлы соғыста «Не жалейте солдат!» деген астам ұстанымы болған, – деді Себен. Сан мыңдарды аямай ажалға тоғыта берген. Советтер жағының шығыны жиырма жеті миллион! Бүкіл дүние жүзінің шығынынан көп. Сұмдық қой! Талай генералдың, маршалдың айбынды атақтары солдаттар мен сержант, офицерлердің сүйектері мен алау қандарының, жалау жандарының үстінде көтерілген.
Себен тақырыпқа қайта оралды:
– Өз төңірегі шеңберінен жанын байытатындар көбіне сыртқа сездірмей, өзін өзгелерден артық санайтын, сенің досыңмын, менен өткен жанашырың жоқ деп жүріп, оларға залымдық жасайтын, зұлымдықтарын басқалардың қолымен істеуді қалайтын зымияндар. Әрине, бізге беймәлім биікте жоғары әділет деген талқы ордасы бар, мүмкін, Құдай деп жүргеніміз сол шығар, ол бұның бәрін айна-қатесіз көріп отырады, шарасын алады. Бірақ жай оғы әлгінің өзіне емес, қолшоқпары болған немелерге немесе соның шеңберіндегі біреуге түседі. Ал, анау негізгі діттеген тұлғасының қиналыстарынан, өліп кетсе – шырқыраған жанынан, сонымен бірге әлгі қолшоқпарының ұшқан жанынан өзіне қуат табады. Сүттен ақпын, судан тазамын деп жүріп, келесі құрбандықтарын таңдайды. Оның залымдықтарын білмейтін былайғы жұрт жылмиып жүрген кесапат иесін қандай инабатты адам деп сүйсінуден жалықпайды. Бір күндері біреуі жауыздыққа тап болғанша. Биіктегі әділет әлгіні ақыр жазалап тынады. Бірақ ғұмыр бойы ол қанша адамның жанын сорып үлгереді! Ол жансорғыштар ішіндегі ең арамзасы. Өйткені бәрін біліп істейді, содан жаны тоғаяды. Ал, бірінші, үшінші категориядағылар өздерінің әлгіндей қасиеттерін білмейді, санадан тыс жағдайда өзінің жан тәбетіне бағынады.
Осылай дей келе тыңдаушыларының бет-әлпетін бір шолып өткен Себен:
– Кешіріңіздер, менің хикаяларды мәнерлеп баяндау шеберлігім аз. Мәселені тұрпайы тілмен, әдеби, ғылыми теңеулерсіз жеткізіп отырмын, – деді. Құрман мен Сергей оның әңгімесінен үйлесімсіз ештеңе аңғаратын хәлде емес еді. Мынадай тың, тосын тақырыпты еліге тыңдай берген. Өмірде кездесіп жатқан күмәнді, бұлыңғыр оқиғалардың аржағынан олардың себепкерлерін байқап отырғандай еді. Себеннің нақпанақ сөздерінен оның өзі талай құйтырқы қыспақтардан аман шыққан адам ба деп қалысты.
– Үшінші категориядағылар өздерінің жан түршігерлік қасиеті барын білмейтін де шығар. Бәлкім, ұзақ уақыттар өткесін төтенше жәйттер тізбегін саралай келе, іштей белгілі бір күмәнді қорытындыға келулері әбден ықтимал, – деп Себен ойын өрістетті. – Мәселен, – деді ол, – алпысыншы, жетпісінші жылдары өлкенің аса қауқарлы компаниясында қатардағы бөлімдердің бірін басқарған Ә. деген еркекжалды әйел болды. Өзі сүйекті, тұлғалы, ірі адам, үстіңгі ернінде түкті мұрттың, астыңғы ернінде атасақалдың сесі бар, білектерін қаптап қыл өскен, бірден көзге түсетін айбынды тұлға. Билік айта гүрілдеп сөйлейді, орнымен, әділ сөйлейді, содан да оның пікіріне баршасы құлақасып, қоштай, ынтымақтаса жүреді. Оны халық белгілі бір дәрежеде бейресми жетекші көретін. Кейбір даулы мәселелер сол Ә. пікірталасына қосылғанда оң жағына шешіле қалатын. Сондай қаһарман, жағымды адам. Ол бір қарағанда біз бүгінгі әңгімеміздің басында бейнелеген даңқты кейіпкерлерге ұқсайтын. Әріптестерінің ақадал қошеметтерінен, жан тебіреністерінен жинаған күш-қуатын Ә. өздеріне еселеп қайтарып жүрген деп білеміз. Зейнет жасынан кейін де көп уақыт бұрынғы қызметін атқарып, жетпіске таяғанда жұмыстан қалды. Көңілі бұрынғыдан күрт пәсейіп, денесі сола бастаған, баяғы тасқын күш жоқ, әлі азая түскен. Сосын-ақ оның жақындары арасында тосын оқиғалар көбейді. Әуелі өзіне лайық қайсар табиғатты күйеуі кенеттен дүниеден өтті. Дәрігерлер жүрек сиқасынан деп тұжырым жасады. Дене шынықтырумен айналысатын, күтімді, сақадай сай жүретін, тың, ауырмаған адамның мұрсатта көз жұмғаны көпшілікті таңғалдырды. Ал, Ә. ширығып алды. Халық мұны «өлгенмен бірге өлмек жоқ» дегендей, Пәленшекеңнен кейін босамайын, тірлік қылайын деген ниеті ғой деп түсінді. Сосын араларына бір-екі жыл салып інілері, балалары және туыстары, барлығы бес-алты адам дүние салды. Ауыртпалықтарға Ә. күшейген қайсарлықпен қарсы тұра білді. Халық мұны «жарықтық қайғыға бой алдырмай, жігерленіп жүр ғой» деп бағалады. Ақырында жақын-жуықтың бәрі бақилық болып, қасында жан атаулыға септігі, жылуы жоқ, тек тірлік кешіп жүрген кіші ұлы ғана қалды. Күші сарқыла бастаған, бұрынғы гүрілдеген дауыс та, айбын да жоқ Ә. енді төсегінен бас көтермейтін күйге түсті. Дегенмен, өмірге құштарлығы сөнбеді. Бір күндері қауқарсыз кіші ұлы да өмірден өтті. Сол баяғы гүрілдеген дауысы қайта оралғандай Ә. «Құдай мені алмай, маңайымды жалмады» деп жылады. Күш-қайратын жиып тыңайғандай, ұлының кәделерін өткізді. Халық мүсіркеді. «Туған-туысынан ешкім қалмады байғұстың» деп аяды. Бірер жылда әбден әлсіреген, титықтаған ол жасы жүзден аса қайтыс болды.
Сергей мен Құрман соншама адамның күрделі өмір тарихын, қиын тағдырларын ой елегінен өткізіп үнсіз отырды. Кәдімгі масадан басталған қарапайым әңгіменің өмір деген кең дүниенің адам ұға бермейтін құпия сырларын қозғаған пәлсапалық толғамдарға ұласқаны оларға жеңіл тимеген.
Ұзақ үнсіздіктен кейін:
– Мұндайға қолданар шара жоқ қой, – десті.
– Қайдан болсын, – деп қостады Себен. – Осының өзі зерделеп қарасаң – табиғаттың, жаратылыстың ісі сияқты. Ондай адамдарды дәл тану да мүмкін емес. Тек бірнеше факт болғаннан кейін жүрегің сезеді, ақылың пайымдайды, алайда, ол сондай адам деп заң органдарына, ешкімге айта алмайсың. Сезім мен пайым дәлел емес.
– Меніңше, – деп ойын одан әрі жалғады Себен, – ғылым алға басып келеді, құпиясы қалың мұндай құбылыстарды танып-білуге, ашуға, залалсыздандыруға мүмкіндік туар.
Сергей өзінің заңгер екенін байқатты:
– Өзіне жақын шеңберден, төңірек аумағының есебінен қоректенетіндерді құрбандықтарына жасалған айла-шарғылары бойынша анықтап, жауаптау болмас деймісің?
– Әрине.
– Енді айтыңызшы, төртінші категориядағылар кімдер?
Себен мырс етіп күлді:
– Бұл басқаларға жан азабын тарттырып, қинайтын кәдімгі қаныпезерлер. Олардың әрекетінен қан қысымы көтеріліп, жүрек ауруларына, жүйке сырқаттарына шалдыққандар аз емес. Кейбір жұқа жандар азапқа шыдамай, өліп те кетеді. Ондайлар басқарса, сүттей ұйып отырған ұжымдар іштен іріп, тоз-тозы шығады. Психологтар мұның сырын ашып, әлгіндейлер қызметінен түседі, әкімшілік жазаға тартылады. Бірақ қылмыстық іс көтерілмейді. Себебі олардың қырсық әрекеттері басшылық қызметке лайықсыздық, ұжымдағы моральдық-психологиялық ахуалды асқындыру деп қана бағаланады. Шындығында ондайлар аз мерзімде талайдың тағдырына залалын тигізіп үлгереді.
– Оларды да жансорғыштар деп атауға бола ма?
– Соларға ұқсас немелер. Байқағаным – олар қызметтес адамдардың, әсіресе, өзіне бағыныштылардың жанын қинап, содан ләззат алады, күш жинайды.
– Ендеше?
– Иә, иә. Зерттеп, дәлелдей білсе, бұлар да әлгі топтарға жатып қалады.
Сергей мен Құрман жарыса сұрады:
– Ал барлығын қоса алғанда мұндайлар біздің қоғамда қанша болуы мүмкін?
– Он мыңға, бәлкім, жиырма мыңға біреуі келіп қалар.
Үшеуі үнсіз сыраханадан шықты.
Жиі-жиі пікірлесіп тұратын Себенді серіктері оқымыстылығы бар замандас деп білетін. Ол мына тақырыпты біршама кең қамти зерттегендей көрінді. Себен осы қасиетімен тартымды еді.
Үшеуі үн-түнсіз үйді-үйлеріне тарады. Қансорғыш масалар шаққан денелерінің ашық жерлерін шарт-шұрт шапаттап барады.