Қарттық пен жастық

Қарттық пен жастық
(«Менің Сібірім» повесінің Үшінші бөлімі. Көкшетаудан естеліктер.)

Соңы. Басы өткен санда.

Кенеттен Рита және қасында тұрғандардың бәрі оқыс қозғалып алға-артқа теңселіп қалды. Жоғары тұрған Ритамның жүзі көз алдымда бола қойып, қасындағылар да біресе алға, біресе артқа шайқала берді. Отыра берген орындығым жұлқынып, болып жатқанға еріксіз беріліп жоғарыға, төмен селкілдеп, сатыр-сұтырмен бір тасталғандай. Қателесетін шығармын, бірақ осы адамдар айқайламады ма? Үрей үндерін шығарғызбай қойды ма? Он жолда жазғандарым бір сәтке созылды! Санаңда: «Авария! Бұдан бетер масқара бола ма? Бір жаққа ауысайын ба?». Дегенмен үрей болмады. Шайқап жатты, орға ұшқандай сілкіп, лақтырып жатты, ұшып келе жатқан автобусымызға бірдеңе болды, бірақ құламады және осы бір нәрсені мен түсінген болармын, себебі Ритаға «Қорықпа, қорықпа…» деп айтуға үлгердім, өткінші екенін ұқтым-ау. Бұдан жаман болмағасын, аяғы шығар. Қатты соққыдан соң бәрі тоқтай қалды. Сол мезетте (әлде бұған дейін естімедім бе?) айқай-шу естілді. Әсіресе балалар шулап жатты. Барлығы бір уақытта шығарда ығы-жығы боламыз деп қауіптенгеннен, мен дауысымды барынша шығардым:
– Бәрі аяқталды ғой, айқайлаудың қажеті не? Тоқтадық, енді ақырындап шығайық.
Он жасар қыздың дауысынан басым автобустағылар айқайлай берді… Рита шығып, мен артынан кеттім бе өзі? Есімде жоқ. Сынған есіктің екі жармасы алға шығып кетті, үстіңгі жағы әлі ұсталып тұрды, сірә, біреу ұстап тұрған болар. Есікті сындырып жатқандарын кеш аңғардым, сол жақ жармасымен иығымнан беріп кеп жіберді. Алайда қатты тимеген-ау, өйткені айналадағы болып жатқанның бәрі ауырсынуды шегіп жіберді. Медбикелер қайдан ғана пайда болды?
– Йод қажет пе? – айқай салдым, бұранды тығыны бар құтыны ылғи бірге алып жүретін мүсәтірмен сумкамнан алып шықтым. Аяғы қан болған әйел алдымнан шыға келді және біреуінің қолы қан, енді үшіншінің тізесіне құйып жаттым. Бәрі жарыса сөйлеп жатты. Бір шал медбикеден әйеліме хабарласып, қабырғасы мен қолын қатты ауыртқанын айтуды өтініп жатты, қолын таңыпты біреу (ол болса медбикеге енді жақындап келді). Түсіңде сияқты болып жатты бәрі (үйіне таңудан келе жатқан екен). Йодымды медбикеге ұсындам. Медпунктінен түк алмай жүгіріп шығыпты. Ританы жоғалтып, әлгі шалды «жедел жәрдем» көлігіне қарай апара жаттым, онда әлдебіреудің басын таңып жатты – құлағы жарақаттанған екен. Әйтеуір опат болмағандарына қуанып жаттық. Айқайлап сөйлесіп жатты, дауыстары түрліше шуласты, бәрі бірін-бірі итеріп айнала берді, болған оқиға кімнің кінәсі екені туралы дауласа берді. Мені көре салып, Рита бозарған, қобалжыған күйі қайталай берді: «Қатты шошыдым. Мен бәрін көрдім: оң жақтағы бұрылыстан жүк машинасы бізді бір соқты. Ол соққасын, біз жолдың ар жағына ұштық та, сол жақ кюветке түстік, біздер жаққа, сосын – оң кюветке…Мен бұның бәрін көріп тұрдым, түсінесің бе, мен бетіммен қарап тұрдым ғой сол жаққа. Қалтырап тұрғаным! Бағанаға соғылдық, көрдің бе? Ол тұрмаса, біз…»
Сонда ғана аңғарғаным, аяғымыз астында автобуспен майыстырылған бетоннан жасалған құбыр сынып жатқаны, үстімізден қисайып бағана тұр, үзілген сымдар салбыраса, автобустың алды (менің арқамның дәл артында болған жүргізушінің кабинасы) қоңыздың қанатындай бір жаққа қарай ажырап қалыпты.
Үйге қайтар жолда бізбен бірге тізесі ісіп кеткен бір қыз келе жатты, аяғын йодпен жағып, сіреспеден екпе жасау керек екенін көндірдім.
…Ритадай емес, болған жайды тікелей көрмегендіктен бе, ол тұрып тұрғасын сілкінуді қаттырақ сезінді мен отырғаннан гөрі, әлде 72 жастағы адам 18 жасарға қарағанда енжар болғасын ба, аварияны көп уайымдамағаным?
Не болса да Рита келесі күні жатып тұрмады, сондықтан жатақханаға мен өзім бардым, Равиль және қыздармен кездесуге (Римма Рабинович – дөң мұрын, жайдары да тірі қара торы қыз және сары шашты жуас неміс қызы Нина Герман). Равиль велосипедпен келді, бәрін мұқият тексеріп, бізден аз ғана алды – «студент қыздардан не алушы еді», мен алғысымды айтып, анасына сәлем жолдадым. «РИТА» деген ойылған жазуы бар кілт үстелімізде дайын жатты… Ританы ұнатқаны сондай жылы көрінді! Рита ертең менен жатақханаға кетеді, үйінен алғаш рет ажырап, шешесі не менің қасымда емес, бөтен жерде ұйқыға жатады. Ертең Рита және мен нәрселерін бөтен бөлмеге көшіріп апарамыз… Бұның бәрін түсініп ұғу қиын-ақ.
Міне, тағы да төбедемін. Кеше, Ританың нәрселерін салу, тамақ дайындау, жуу, аз ғана мүлкімізді екіге бөлуден (мүлкіміз: екі ыдыс аяқ саған, біреуі – маған, термос – саған, жаңа плитка – саған, ескісі – маған, қасық-масық, құтылар, дәрі-дәрмек, үлкен пышақ – саған, маған бәкі), аз ұйықтағаннан, Ритамен жатақханасына сумкаларын тасып бір барып келгендегі ығы-жығыдан шаршадым, екінші ретінде жеңіл шабаданымен Ританы жалғыз жібердім, ал кешке тағы да екеуіміз барып келеміз, өзімді күткен дұрыс, жүрегім сәл сыр берді. Үйіміздің қасында, жайпақ төбенің алдында тұрмыз, ол төменге беттесе, мен жоғары көтерілуім тиіс (өзі ұнатпаған арзан асханаға, тамақты нашар дайындайды, бірақ маған жарап жатыр), келісіп алып тарастық. Сүйістік, ол (көңілімді аулау үшін әрине) қалжыңдап қояды, мен болсам шаршағанымнан, кәрілігімнен түк сезбей тұрғаным, қоштасып тұрғанымызды аңғармай да қалдым. Санам айтып тұр-ау: міне, ол төбеден төмен түсіп жалғыз өзі шабаданымен кетіп бара жатыр – мен артынан қарап тұрмын. Содан тамақтануға бара жатырмын (ол айранын ішер), жарты сағат болса да демалуға асықпын. Бұл кеше болған еді. Бүгін болса – басқаша. Кеше шығырап салдым оны, құрбысы екеуі ерте жатады, мен ымыртта автобусқа дейін және кейінгі жолды жаяу өтіп, төбеме қайттым. 31 тамыз еді, Маринаның қаза болған күні – 25 жыл өтіпті! Қызы, Аля мен жақын достарымызға сәлем жолдарын жазуға отырдым. Рита екеуіміздің төрт жарым апталық досымыз, қара мысық төсегімде ұйықтап алып жөніне кетті. Ританың жақсы қыздар арасында таза төсекте жатқанын ойлап қуануға тырыстым. Сосын – түнгі түстерім. Ал бүгін тұрғанымда күтпеген мұң басты! Бала кезінен айырылысқанымыз бірінші емес, бірақ дәл осылай болмап еді. Төрт айдан артық айырылмай бірге болдық және өмірінің маңызды оқиғалары бізді айрықша біріктірді. Жігітін әскерге жіберген қатындай өкіріп жыладым, кеше төбеде онымен қоштасқанымды түсінбей жаттым, оны сол күйі қалай жібердім, тезірек бөлмені жинап алып, жатуға асығып, асханаға бұрылғаным қалай болды?..
Төбені айналып, Ританың айранын алам деп асханаға келсем, жабық тұр. Бұлттардан көгеріп тұрған салқын күн, бұлттар астында – қала шатырлары. Менің төбем коктобельдік бейнесімен жанымды жылытып жатты және оған ойылып салған метрлік тастар, Киммерия сияқты ақшыл сары түстес тік жансыз тастар. Айнала жым-жырт. Қозының жүніндей қатты шөп пен аласа ғана жусан арасында кішкентай қызғылт гүлдер. Көрген сайын кішкентай болсын гүл шоқтарын жинаймын, бірақ бұрынғыларын тастай алмаймын, құрғап тұрса да солмайды. Тастарына сүйсіне қараймын, мына көрініспен жарасып, ертегідей тірі көрінеді өздері. Және әрқайсысы – біртума. Айналасы – дәл сондай тастардың сынық бөліктері, миниатюралары сияқты, қызғылттау, ақ, сары, үшкір. (Үстелімде біраз жиналып қалды.) Бір жан жоқ. Мына масайраған тыныштық-ай! Самайымдағы шаштарымды жеңіл жел лебізі артқа тастағандай. Ритадан айырылғанымның мұңын біреу басып жұбатқан сияқты… Көтеріліп жолға шықтым. Тасқа ұрып сынған шөлмектердің сынық шыны жылтыры төбе тыныштығын бұзып жіберді. Айқай салған дауыстай. Шөлмекті бұл арада сындырудың не қажеті бар еді? Қайта жуып сатып жібермей ме. Нендей ыза екен…
«Бұл – Каин, – шыныға толып кеткен ағарып тұрған үшкір бұрыштарды айнала өтіп ойлап келемін, – Шөлмектерді де, тастарды да сындырып жүрген Каин. Жек көрушілік! Ал ана тұрған, – төбенің әр жазығына, Коктобель жұпары аңқыған жусанына, жерден шығып тұрған қарапайым ғана жұлдызшалар, солмайтын гүлдері, сол жерден және шығып тұрған түрлі-түсті тас төбешіктеріне қараймын, – бұл – Авель… »
Үйге қарай түсіп келе жаттым.
Өмір неткен мейірімді еді! Жалғызсыраған мұнды жаныма әлдебір нәрсе дауа болатынын кім сенер еді? Шипасы Ританың келуі болды. Күлкісі мен еркелігі, жылы құшағы…
– Апа, сені қатты сағындым! Ой, не үшін? Жылама, жыламашы…
Дәмді, қамқорлықпен дайындалған кешкі ас (ақша аз), тоймай жеп мақтап отырғанына мәз боласың. Астың жылылығы, жаңалықтары, алғашқы лекциялары туралы әңгімесі…
Әрине Рита, екінші күнгі сабағын аяқтап, құрбыларына асықты, қараңғылана түсті де автобусқа дейін шығарып салуға бардым.
…Бұның қашан басталғанын білмеймін тіпті. Рита кетпей тұрып па? Әлде қайта оралғанымда ма? Шаршағандықтың ағыны, сезім-толқулар сіресуінен қашан шығып едім? Әлде кіріп кеткен мысық тышқанның қалдығын қытырлап отырғанда ма?
Бәлеге көнуге үйреніп қалдым ба? Себебі мысық пен тышқан – бұл штамп.
Рита келіп жүргенде, мен оны тамақтандырып, сабағын қарасам, екеу болып таныс әлемге енгендеймін, асыққандық қайта көңілімді аулайды, өзінің бар болғаны мен құрбыларымен ортақ өміріне, институты мен жатақханадағы алғашқы қадамдарына қуанамын; қолымнан келген көмегіме де мәзбін.
Рита екеуміз бір айдан артық бірге тұрған кішкентай ғана, төбесі аласа, жұпыны бөлмеміз өзінше мені жұбатқысы келетін сияқты – тыныштығымен, емтихандардың қарбалас кезіндегідей сол бір бейнесімен, ақтығы, үй иелерінен бөлек болуымен, қара ит Шарикпен (табандары ақ) және қара мысығымен (мойынының астында ақ жүні бар, сосын да сәуегейлікке жарамсыз).
Пеші және бар (сынған аяғын жөндеп қойдым, төңкерілген қалбырға сүйеп қойдым – жанып тұр).
Жылытқыш та, – суық болса, төсегіме аяқ астына саламын. Мүмкін мысық та келіп кірер. Үй иелері қалың ұйқыда.
Шарик сол бойы шынжырын ұрумен әлек, күніне бірнеше дүркін бас салады, ырылдап, дауысы қарлыққанша үреді кеп, тістеп мүжиді, бір шетке шынжырды созып алыстайды да, секіре қадалған жері қазығына қарай шап береді, жүні түксиіп, табандарымен ұрады кеп – қиналатынын-ай! Беріспейді бірақ. Алайда көмектесер жан жоқ. Рита ғана жасырына (мен бата алмаймын) шынжырын ұзартып біраз босатады, ол болса бұрын жетпеген жерлеріне айнала жүгіре бастайды. 72 жылдық өмірімде итпен ондай жағдайды бір де көрмегенімді ойлап қаламын.
Ал төменірек тартылған шымылдықты ашсам, бөлме жарықтана түсті, ал қабырғадағы шегеге қадалған үккіш күмістей жарқ ете қалды. Өзі-өзімді құптай бергенімді айтсаңшы, өзі де ауыр күнімді одан сайын ауыр қыламын деп қорыққанымнан топсаларды босаңсытып жүрдім.
Рита келіп кетті, күн сайын оқып жүрміз, тамағын беріп, қоштасқанымда сағынып тұрамын. Үйлеріне ол туар алдында келіп едім, сосын екі жылға қош айтыстық; ол 4-7 жаста болған шағында жиі көрісетінбіз, 7-12 жаста болғанында – бір бөлмеде бірге тұрдық, 12 жасынан – жаз бойы біргеміз: Москва, Вологда, Малоярославец, Таруса, Ленинград, ол жақтарда ескі достарымның үйлері және Паланга, Кенисберг, Клайпеда, Либва, Кретинг жақтарға алты рет сапарымыз, бұған қоса әркез Москва мен Тарасуға сапарымыз, ағылшын және француз тілдерін үйрену. Екі рет, ол қыз 8 және 9 жасар болғанында, бізбен Олечка да барған еді, ағылшын тілін де үйрене бастады, ойнауға да бет алды, мен пианино жіберген едім. Рита да ойнауға үйір. 9 жасына дейін, Павлодардағы кезге дейін, Вологда маңайында, Сібір жақта, Башқортастандағы Салаватта тұрып, Уфаға барып келдік.
Москваға да аттанар кез таяу. Онсыз жалғызсырап қаламын… Үлкен қала тағы да.. Алдымда күтіп тұрған қалаларымның асфальт жолдары…
Қораз бұрынғыша бейбіт әнін айқайлауда. Жылы, көкшіл мейірімді күнге қуана, күн шуақтары астында дүкенге барып, сорпаға қосар арзан ғана көкөніс консервілерін сатып алармын, мүмкін Оляма автоқалам да табармын – қуанатынын білемін. Төбеден түсер жолдан оң жаққа аласа ғана үйлері мен бұталары бар жылы елсіз көше бойымен автобусқа қарай – жолы мейірімге толы. Жусанды төбеден өтіп бүгін әлгі арзан асханаға да барамын. Ол да қуанар еді мына күн мен табылған тамаққа…
Володя плитасындағы жыландай иірленіп жатқан ұп-ұзын баусымын бір ай бойы аттап жүрген шыдамымның сыйы болар, біріншіден, әлгі плита ақыры сынып бітті, ал екіншіден, шаруашылық тауарлары бар дүкеннің мекен-жайын таптым. Онда 11 сомдық жабық плита емес – не аларыңды білмессің, 2 сом 40 тиынға ашық плита бар екен! Оған қоса косымша спиральдері де бар. Өзімдікі! Таңқурайдай қызғылт отпен жанып, сөнбейді және бәрі сол арада қайнай қояды… Және бармақтай жуандығы бар қара айдаһарға сүрініп жатпайсың! Баусымы төрт есе жіңішке, қысқарақ, плитаны орындыққа қоюға болады, сымы да есікке қарай жолыңда жатпайды…
Шағын дүкенін айтсаң, бұған дейін қайда болды екен! Сәнді де айла-шараға толы дүкен емес, бала кезімдегі тарустық жөнді шағын дүкен. Шетпір мен сылағыш иісі аңқып тұрады ішінде (таразыға тасталған сылағышқа қарап, бір әйел «халуа!» деп әзілдеген еді – ол сөзі бір сый тағы, кезінде сылағышты халуаға теңеп едім, тек жазып алмадым сонда…). Дәл сол шалғай көше бойында – тарустық екінші бір дүкен – түсімдегідей: азық-түлік сатылады, шағын да жайлы ғана, нан иісі мен тосаптың (қай тосап екенін түсінбедім) жұпары алып кеткен ішін, және компот, әлгі кептірілгені – жергілікті алма мен алмұрттан дайындалғаны. Ондайы осындай дүкенде ғана кездеседі: қысқа ғып туралған, жуан және қоңыр кесектерінің бір түрінен-ақ дәмі тіліңе келеді, ал нәрсуы – қою, қоңыр түсті, күбішедегі квастай қышқыл-тәтті, қалалық қымбат компот емес: құм түстес, сәл тәттілеу не қышқылдау, шамалы дәмі сезілетін… Ал дүкеннің кіреберісі?Ауыз үйі – деревнядағыдай, терезесі бар, терезе астында – кең орындық, жатып ұйықтауға қысқарақ, бірақ шаршағаннан құлап жатарсың-ау! (біреу жатып ұйықтап та жатты әне! – бидай салынған қапты жастаныпты; бұл арада түн керемет өтер еді, шекпен жамылып нендей түс көресің…) Тамаша күн болады екен!
….Жаңа баусым туралы қысқа жазсам да, тағдыр өзі көмектесті! Қызып тұрған плитаға тиіспей, пештің шетінде тұрған бойы тимедім – бұрынғы едендегі оралған жылан орнына сымы шек сияқты тартылып тұрды, оны ұмытып (жіңішке болғасын, мен соқыр үшін ол жоқ), бос кеңістікпен келе жатып, сымын жұлып алғаннан бұрын, шеттегі плитканы түсіріп құлаттым – тек міне керемет! – плиткам зәрем ұшым ұстап алған баусымға салбырап тоқтады, ал көгілдір (эмальден!) макарон салынған табағым (әлгі анау дүкеннен сатып алынғаны) аса ширақтықпен түбі көкке қарап плитаның орнына аунап түсті; бәрі де бүтін – тамағым, плитам – цирк көрінісінің өзі!
Көшемен келе жаттық (өңім), Рита және мен. Жолда кебіс жатты, жолдың өзі сияқты кедір-бұдыр, жалғыз өзі.
– Апа, тағы бастадың ба! – деді Рита.
Бала кезінде айтқан едім оған: қанша жүрсең де, екі бірдей тасталған кебіс кездестірмейсің, ал бір-бірден тасталып жатқанына өмір бойы кез боласың – кебіс пе, галош па, еркектің бәтеңкесі ме, әйелдің аяқ киімі, үйдікі ме…бұл әлі жазылмаған тақырыпты мүмкін әлдебір кезде қалам ұшына алармын. Оны 1933-жылдан бері Чарьз Лэмге (19 ғасырдың очерк жазушысы) арнағым келіп жүр. Жуырда Чапаев көшесінің ортасындағы кішігірім ор ішінде адам айтқысыз қоқыс арасында (серіппе, сынған доңғалақ, сымдар, қалбырлар) ересек адамның бәтеңкесі, ал оған жабыса баланың кенептен тігілген жыртық кебісі жатты. Есімде болса, бірнеше жыл бұрын бір рет жұп бәтеңкенің бірге жатқанын көрген сияқтымын! Дегенмен (өңімде болса егер) ондаған жылдан бері көз алдыма түскен керісінше көріністен соң мына бір үй сыртында бөтен жерде бірге тұрғаны сондай ғажап еді, тіптен алғашында көзіме сенбей, кейін қиялым ба деп ойлап та қалдым, әлде бұл расымен де шынында болған жоқ па… Қалай болғанмен де, бұл бір жайт тағдыр жазуымен тасталған бәтеңкенің жалғыздығы туралы тақырыпты құлдыратар еді, ал тақырыптың құлдырағаны жайлы сенімім болмағандықтан, мен ол ойды іске асырып естелігіме бір сый жасармын.
Рита тұмаумен төсек тартты – менікінде, үш жарым күн бойы тағы да бірге тұрдық. Қатты шаршасам да (ауруды бағып, үйдің шаруасымен жүріп, барлық алғандарымда төбеге тасу), ештеңе жазбасам да, өзімнің керек екенімді сезінгеннен бақытты болдым, отбасы мен жайлылықтың алдамшы сезімі, бірігудің иллюзиясы (негізінде жақсы көретін жалғыздығымның орнына…). Суық суды не үшін ұнатады: денсаулыққа пайда – сергектік – белсенділік. Батылдық. Алайда ішімізде өзгеше де сипат бар емес пе, олардың да қалауы – өмір… Бір қызығы, шаруа жұмысы, өзгеге қызмет ету, сол өзгеге қарасу – оңай емес қой! – бұндағы шығатын барлық қуат қалай да белсенді емес, енжарлық – жылытқан судың рахаты…
Немерем Олечка соңғы үш жылда менімен қоштасарда жылап алатын (алты-тоғыз жасында).
– Мені артық жақсы көресің! (Рита)
Оляны да өте жақсы көремін. Жабайы ғана, тәрбиесіз. Жеті жасында Рустем мен Зораб үшін егіліп жылаған. Бірде айтқаны: «Әже, мамам қай кітапты оқып еді маған? Әлгі мұңды хикая, соны жаттап алғым келеді» (көреген Олег туралы жыр). Алтындай көзі… Алты жарым жасында детонациялаған, ал жеті жасында – басталғаннан бір ай өткесін! – ойнап отырып дауысымен әр нотаны бейнелей түсетін! Бемоль, диез, бекар мен кідірістерді жұтып алды; бас кілті туа біткендей өзімен. Екі жыл өткесін Бек отбасында ойнап, қыңыр кәрі неміс әйелдерін кофе шынаяқтарын қойғызып, өз шағын пьесаларын тамсандыра тыңдатты…
…Күз! Суық – күн шықты-ау дегенде, бұлт пайда болады… Күн батар кез. Шапшаң келе жатырмын, алдымда –төбелер, аласа ғана. Төбе дегенің таудан әлдеқайда тартымды. Тау дегенің – ауыр, еш жерге жол ашпай басады өзіңді. Төбелер болса – алысқа кете барған жол. Төбелерді көрсем жасарып қаламын, неге? Коктебель – төбе болғасын ба, 1911-1917 жылдары Марина екеуіміздікі, 1919-1921 – онсыз, әлде төбе арасындағы жол – Wanderjahre (5) болғасын ба, алыстағы көкжиегі арбайды, жолы кете баруға шақырады. Балдағыма таянсам да (әзірше таянбай, қадамымды нық басамын балдақпен! Таянатын күн жақын-ау…) – келе жату дем алумен тең! Келе жату!..
Цветаевтікі қанымда (әкеміз жаяу жүргенді ұнататын! Ойға батып кете барады, біз екеуміз қасындамыз, Шварцвальда, Саксон Швейцариясын басып келеміз, 1905-ші, 1910-шы жылдар…). Маринаның «Жаяу жүріске мадақ өлеңі» бойымда жалғасып келеді, 78-ші жасым кетсе де!
Келе жаттым. Үш ағаш: біреуі – қалың, жасыл да мықты. Қасындағысы – жапырақтары ұшып түскен, биігірек. Және үшіншісі – ашық сары түсті, жасылы бар арасында – бойында әлденеңе отқа ұқсай ма…
Кешірек, айдың жарығымен Ританы автобусқа шығарып салғанымда (өзі шаршап, аз ұйықтай ма әлде әлдебір нәрсені уайымдайтын көрінеді – бәрі ішінде, айтпайды ғой…), сол қызды ойлап келе жатырмын, өзі трухачевтік тағдырының жамылғысын киді ме? Мінездерінде… суық лебінен жаурап қалдым, brusqueria (6), бір түрлі алыстағанынан (кейде солай, ал кейде – жылуыма ұмтылады). Өмірі қалай болады екен? Құдай-ау, өзің сақта! Осыдан екі ай бұрын ғана жүрген жерімізде шағын тоған болып, аптап ыстықта жері құрғаған жері шөл (жаздым ба әлде?), әлгі үйректер жүзіп жүрген жерде, енді тауықтар серуендеп, бүгін «о дүниеден» қарағаныңдай түнгі, күзгі салқын жаңбырдан кейін міне – көл! Ұзарып тынық жатыр, суы қараңғы, айнадай бетінде – сары жарықпен жылтыраған терезесі бар үй. Айдың сәулесі қай тұсында шағыласар деп қарап келемін. Міне – әлсіз жарқылы, сәулелері – бағанадай. Кенет қалқып бетке шығады өзі! Екі көкшіл ай! Енді он қадамдай жерде – бір-ақ абриспен бейнеленген басқа үйдің астынан ай жарығымен ағарған су айдынында – жұлдыз. Аспанда өзі дәл шатыр үстінде тұрған сияқты. Су жүзінде – шатыр астынан суға малып түскендей жарқырап тұрғаны. Соншама жарқырағанына күдіктеніп те қалдым. Әлде… өзі сателлиттің бірі ме екен?.. Қайдан!
Алғаш стипендиясынан Рита маған трикотаждан тоқылған көк көйлек пен рахат-лукумның қорабын әперді!
– Көкегі бар сағат іздеп көріп едім, жоқ екен… – Бұнысы мен оған стипендиясының ақшасын әкесі жібергенінше тұп-тура жеткізу қажет деп айтқанымнан соң істегені. Трухачев-цветаевтікіндей жомарттылығына болайын! Бірақ өзгешелігі – жаны ма? Басқасы ма? Қаны болар… Бірнеше күн бойы тамақтың бір түрін жеп жүрер – енді қажеті де жоқ. Қалада алмұрт табылса – сол ғана керек (қымбатқа шығады), алманы жаратпайды, не алса да (киім болсын, аяқ киім болсын және тамақ та) – бірінші сұрыпты қана қалайды! Тек бұнысы «маңғазданғаны» емес, бұнысы – өзіндік табиғи болмысы, менікіне қарама-қайшы…қарапайымдылыққа деген ерекше құлшынысым бар, бала кезімнен кебістегі жамауға да қуана аламын.
Кеше алғаш рет Ританың бойында кенеттен келетін мұңын сезіндім, үнсіз де жұбанышы жоқ мұңы және онысы – трухачевтердің бастауы, жас кезінде атасының бойында ызғарлы жалынмен жанып, енді ұлының, Ританың әкесінің бойында байқалып қалады. Жұбанышсыздығы маған Маринаның жас шағына ұқсас болып көрінді.
Өзіне жақындау кеше мүмкіндік болмады, дәл Маринадай. Аля (7) болса мазақтап күлер еді: Марина – Ританың бойында! Мен болсам – ешкімге білдіртпей бір күрсінем де қаламын… Қызға тән қисынсыз тілегін орындағым келді (әдетте оларына төтеп беруге дайын тұрамын). Түп негізіне қарасам, менікі дұрыс шығар, алайда à vol d’oiseau (8)– тым болмаса сонысымен бақытты сезінсін! Рита туралы менікі осы. Аля жақсы түсінеді ғой бұны – өзі жазған еді.
Ританың бойына тән кенеттілік бар, тек ішінен тынған. Андрейге де бұл тән. Борис болса – сол кенеттіліктің өзі. Әрбір сәт; және сонысы онымен бірге өмірді ақылға сыймайтындай қылатын. Андрей және Ритамен өмір де -қиын-ақ.
…Бүгін түсімде Куниндерді көрдім, үшеуін – ағасы, әпкесі және ағасының әйелін, сағынышым тасып бара жатты – күні бойы соларды ойлап, ерекше көңілде болдым. Алайда бұл түстегі ғана жайт емес, көңілім сондай болғандықтан түсіме келгендері. 66 жасымнан емес, 16 жасымнан бастап қасымда болса, қаншалықты жеңіл сезінер едім өзімді. Тағдырым алдағы «Естеліктерімді» жазуға көмек болатын оларды айырмайтынына сенемін.
Аляға – адам айтқысызына – жауабым: Маринаның өзгелерден алшақтығы – жалғыз онікі емес. Романтизм паңдығында жүргендердің бәрінде бар. Жеке онікі – «армен жарықтанған өнер» соңы – паңдықты жену. Көзі тірісінде…тірі қалғанында, ол ағарған хрусталь болар еді. Бәрінен де данышпан болар еді.
Шариктің алдына тамаққа толы лай консервіні әкеле жатырмын. Тамақты қарсы алардағы балет биін орындап, ол әлгі консервіні алатын да бос күйі қайтарып береді. Бастар алдында сәл тоқтап қалады, тауықтарға «жақындамаңдар» деп үріп алады да, тамағын жейді. Иттердің де өз дәстүрлері бар екен.
Мысығымыз болса Ars Amandi (*Махаббат өнеріне) тереңдей түсті – еркелеткенге үйреніп алды. Нағыз мысықтар сияқты сипасын деп басымен сүзеді кеп. Дәл осылай 15 жыл бұрын Фея деген сұр (көкшіл сұрша) мысық сипасын деп келетін еді. Көршілердікі еді. Фея Бодалочкина (Сүзуші) деп атайтынмын оны: «Фея» дегенім ылғи да кенеттен пайда болатын, шын пері сияқты (маған келуі иелерінің ауласын айналып, көршімнің қожалығынан өтіп алып, содан ғана менікіне жету еді). «Бодалочкина» – сиқырлана пайда болып алып, кішкене ғана көкшіл сұр да шымыр басымен сүзіп сипағанды сұрайтыны.
Сол сияқты мына есімі жоқ мысық (қартайғанымның белгісі – екі айда атамаппын соны) – нағыз ерке мысыққа айналды да назданғанынан ұрғашыға ұқсай бастады. Бұған дейін өз-өзін тышқан аулау үшін жаратылған еркек мысықпын деп ойласа керек. Шаруақор жабайы мақұлық болатын.
Жібіміз болса сол қалпы есіктің тұтқасында байлаулы, ұзын өзі (жақын арада сонымен шабаданымды байлап алармын). Сол жіпке мініп алып жолбарыстай марғау ойнайтын, ол бұл дүниеде жоқ, жіп болса – сол бойы. Рита келгенінде немесе күндіз жата қалсам, ілмектің орнына есікті байлап аламын. Тап осындай есікпен әлгі марғауды өлтіріп түсірген еді біреулер.
…Бірде, түнге қалып па, ауырып жаттып па, Рита маған:
– Апа, қазір өзімді сенікінде болып сезіндім, сонау Сібірдегі Пихтовкада, Куйбышев көшесінде, сол бір бала кезімдегідей… Дәл сондай кішкентай үй мен пеш…
Күн сайын түскіге барарда (түскінің бір бөлігін үйде пісіремін), төбедегі жолмен баратынмын. Бірде сол жерде өліп жатқан ақ тауық кездесті. Ит пе екен? Лашын ба? Алайда – таланбаған; толықсыған да әлсіз денесіндегі ақ қанаттарымен жел ойнап жатты, ал екінші жақ бүйірінің қауырсындары жусанмен араласып жолда жайрап жатты. Төбеге жақын бір үйдің қасында балалар ойнап жүрді. Біреуіне: «Сендердікі емес пе? Қарап келсеңші» – деп айттым. Тыңдаған болды да, ойынын жалғастырып бармады. Тауық біраз күн бойы сол қалпы жол үстінде жатты.
Бір күні ойға батып, сол үйренген соқпақпен емес, басқа жолмен кете бардым, келесі күні де инерциямен – сол басқа жолмен, мүмкін, үшінші күні де солай кеттім. Бірде төбемен ширақ қана келе жатқанымда мазасыз ой келе қалды – неге былай келемін? Бұрылып қарадым да, әдеттегідей жүру үшін қайта сол үйренген жолға шықтым. Соқпағым жоқ. Ританың келуіне ылғи асыға барамын. Сондықтан іздейтін уақытым болмады, алайда соны қарап сәл болсын шектеліп келемін. Сосын түсіне қалдым: ізде-іздеме – соқпағым жоқ! Жоқ болды. Соқпақтың жоқ болуына қаншалықты қарсы болсам да, соқпақ жоқ екені даусыз мәселе болды. Және төбенің еш жерінде әлгі тауық та болмады. Соқпақпен бірге жоқ болды.
…Келе жатып түрлі-түсті тастарды қарап келемін: еңкейіп тапқанымды көтеріп аламын, жақын қараймын да тастаймын. Үстелімде (Москвада да Көкшетауым қалады) отызға жуығы жиналыпты; екі вершоктан үлкенін алмаймын. Бірде, шөп пен топырақ арасында, тастардың сынықтарымен төселген жерде жарқылдаған қызғылт тас көзіме түсті. Таңдана иіліп қарасам, кәмпиттің қағазы екен, оның үстіне арзан ғана жеңіл қағаз, мен ойлаған қымбат та ерекше тас емес тіптен.
…Шарикті еркелетіп сипағанда, ол сасқанынан есінейді. Анна Ивановнаға Шариктің шынжырмен айқасқанын айтып едім, күтпеген жауап естідім:
– Володяға айтамын соны, соншама ауыр шынжырды күні бойы көтеріп көр… Жеңілдеуін таба алмай жүр!
Яғни шынжырды қысқартқаны – Шарикке мейірім жасағандары. Ал Рита және мен болсақ, оның шектелген бостандығын аяймыз да, өзімізше жақсылық жасаған болып, шынжырын ұзартуға тырысамыз…
…Әлі де жазғы күндерге күздің ызғары түседі. Жылыну үшін өзімді суық су құйынуға көндіремін.
Күн сайынғы бақытым – Ританың келуі. Күтіп отырмын, сосын жазамын. Бұл – менің еңбегім, Трухачевтермен міне үшінші буын: күйеуім, ұлым, енді мына қыз…Құдай-ау, көмегің болсын! Ана бұрыштан біреу көрінді (терезеден көріп отырмын). Жоқ, ол емес. Өмір осы, жолы қайталаулармен өтуде: ол емес, ол емес, басқалары… О, осы бір сағыныш азабы! Жастық шағым (бала кезім де), есейгенде де – осы. Мына қарт шағым – сол жоқтан арылу, олай емес. Сағыныш азабының бір реңкінен ғана! Алайда күші сол – Ританы да сол Борис пен Андрейді сағынғандай сағынғанбаймын ба? Алшақтайтын жандарға деген сағыныш (махаббатта алшақтау деген бола ма?)…
Шариктің шанжырына ызалы шап беруі мен арсылдауына деген мысықтың немқұрайлығы тіптен қызық. Сабырлы тепе-теңдік. Бір сәтке ғана құлағы елең етіп, өз-өзін жалағанын қояды да, қайта бастайды: «Әй соны қойшы! Өз шаруасы!»…
Аулаға шығып кенет көргенім: ақымақ тауықтар (келгенімізде кішкентай ғана, болмашы еді) – өскендері керемет! «Ақымақ тауықсымақтар, нағыз тауықтарға айналдыңдар ғой!» Күннің көзінен қолымды салып қорғанып тұрмын. Талицадағы әжейдей қорғанғандай, әлгі Володимирсктегі Дроздов селосында.
Горькийдің әжесі немересі Алешасына сәтті кездерде айтқаны: «Аспанда періштелер қуанып тұр»… Горькийдің бойында болатын сол: басын бір жаққа сәл иіп, қарап тұрып қуанатыны… Атасы да ызадан қызып қалатын: егжей-тегжейге аса ызалы, дауласқанда қайтпайтын. Ішіндегісімен айқасуға тырысты ма, әлде сол бойы көнді ме? Горький дегеніңіз қиын адам еді…
Маринаның бойында шайтанға тән үмітсіздік, маған қарағанда, әлдеқайда күшті еді. Содан болар, өзінше құлағы керең бола қоя ма? Әлемді естімей қалады? (алшақтауы). О, әлбетте, володимирлікке тән тыныштық пен сәл күлкі оны да айналып өтпеді (қанына сіңген ғой). Бойында – бәрі! Алайда онысы қоюланған, тез және сирек болса керек.
Мен бақытсыз өмірімде бақытты болдым! 1916 жылы Марина мен туралы Эрдт есімді эротоман шалдың «Әпкеңіз бақытсыз ба?» деп сұрағанында (менің «Дым» шығармам жайында) – «Әпкем өте бақытты…» деп қайтарған еді (сондағы интонациясында мен үшін асқан тәкаппарлық пен менменшілдік бар еді, және ол ерекшелігін айтып бері мүмкін емес, алайда мен үшін ол жеткізе білді).
Сол уақытта Марина бақытты кезеңінде еді (айырылу, өлім, жоғалту) дегендер азырақ кезеңі, 46 жасына дейінгі Сережасымен сақталған достығы бар кезде (менің сондай досым Маврикий еді, Маринаның оны сүйгенін-ай! Бірақ ол менімен екі жылдан сәл асып қана тұрды!). Марина бақытсыздығын үлкен ожаумен ішті. Мен – жұтыммен…әлі тірімін…тек ол жұтымдарымның құнын және көмекке мұқтаждығымды бір жаратушы біледі.
Ғажап нәрсе! Ританың жазуы әкесінікіне тартқан (жазуды әкесі үйретпеді, қалай болғаны?) Одан бетер ғажап нәрсе, қан тартудың тылсымы!.. – атасы Бористікінен аумайды. 54-жылдардағыдай әкесінікі, ал атасының 25-жасындағы жазуының ұқсастығы анық.
Бүгін Ританы шығарып салып (бұным үшін өзінен біраз естіп алдым және), әлгі жаңбырдан қалатын тоғанның қасынан өттім. Сол қалпы көкшіл ай, сол сарғайған қалпындағы терезе, су бетіндегі кескіндері, тек бұның үстінде – үлкен бұлыңғыр дөңгелек. Қиыр Шығыс аймағында бір астрономның айтуынша, бұндайды қарға болжайды екен (кішкентай кемпірқосақтай түсті болса – аяз алды). Рождество қарсаңында ол кісімен аспанды көру үшін далаға шыққан едім, ол маған рождестволық жұлдызды көрсетті. Төбеге шыққанымша, түнгі 11 болып қалыпты, дөңгелек пен ішіндегі ай алға кетіп, театрдағы шымылдық сияқты көшеміздің үстінде ауыр да салмақсыз болып тұрған еді. Ал біздің биік шығаберісте жас жігіттер мен қыздар, ойнаған гитараларының үні шектерінің шаңдалған алтын түсіне сай. Анамыздың гитарасын саусақтарымен ойнатып тұр, 70 жылдан кем емес уақыт өтсе де, Москва және Нервадағы кезеңіндегідей өзгермеген сол қалпы.
Анна Ивановна кеше кешке өзінің ерке жылауығын Людасын (ақылды және!) жетектеп келді, туған күніме астра гүлдерін ұсынды, көңілімді жібітті! Төбемен төмен қарай келе жатқанымда, Людасы артымнан: «Касета аласың ба?» (кәмпит дегені) – деп айқайлап сұрады. Үйден кетудің өзге қажеттілігін ол білмейді…
Сүйікті бөлмем – тым дымқыл: тұз ылғалданып қалды, ылғал терезеде – есекқұрт.
Шарик тамақ алдында міндетті түрді тауықтарға үріп алады: менікі дейтін сияқты – сосын тамағына кіріседі. Серуенге шығар алдында Молли (Цветаевтардың иті) алғысын және дәмеленуін түшкірумен білдіретін («серуенге шығамыз» деген сөзден кейін). Иттердің өзінше дәстүрлері. Ішіндегі айырықша масаттануын сыртқа білдіруі. Ал иттер бойындағы ерекше имену, сезімін білдіргендегі ұялшаңдығын-ай!
Андрэ Моруаның тамаша новелласын ойлап келе жатып асханадан шыққанымда, аспан қайта құбылды: бұлттар ақшыл және қаралау түстермен төмен қарап шырматылып тұрды; әдетте бірге араластырып қабылдайтынымыз – аспан мен бұлттар – екі түрлі болып бөлінді: бұлттары – шатыр, үсті – шегінген тереңдік және ол бекем серттей бос аралықта ғана көрініп тұрды.
Төбеге бір жақ бүйірімен жатқан домалақ қара бұлтқа қарай келе жаттым, қиғаштанып ашық қалған шетінен мысырлық зеңгірліктің саңылауы. Төбелер мен жол арасындағы ұзын үшбұрыштанып жатқан жерде – жолы төбемен ұштасып жатқан шегінде күн нұрына боянған күміс бұлттар, құтты қозылар сияқты, бала кезімде көктем келгендегідей.
Жарық пен қараңғылықтың бұл жекпе-жегі жерге желмен құлап жатты, ол жел және мені жолымнан итеріп құлатқысы келетін сыңайлы. Алайда қаймағы бар кортоп салынған ыдысымды қол созым жерде ұстап тіресіп келе жаттым, және Ташкенттегі жер сілкінісі мен адам баласын ұрып соғатын дауыл туралы ойладым.
Ентігіп тоқтадым: оң жағымда – қала, үйілген бұлт арасынан шыққан сәуленің үшкір бұрыш астында – қалайы тілімшелердей шатырлар шалғай төменде жатты.
Демімді алып, бұрылысқа шықтым, ол жердегі жол бірнеше қадамдай тура жатыр – қирауы әлі басталған жоқ, ақырын ғана бүлінуі алда. Көрші тұрған үйдің салынуы жылжуда – көлбеу итарқа кіргізіліпті, аяқ жағында бөлмелердің тағы бір қатары бар екен, жоспарланған терезенің жартысына дейін қалыбы салынып, сирек байлам және балшық дайын тұр. Қыс алдында асығуда.
Құрылыс қасынан төмендеу жағында көл пейзажы айқара ашылып жатқаны – Борис Пастернактың ашық теңізге шығуы туралы жазғаны сияқты! Норд-ост уақытында мырыш болып жатқан Қара теңіздей!
…Соншама ыстықтан соң (күн ыстығынан қиналуға айналған жылылықтың рахаты еді) – мына бір сауғын-ай! Жазғы пальтом (жалғыз сонымен келіп едім) ауыр болып көрініп еді, енді түкке тұрғысыз жапырақ сияқты. Үстіме барымды киіп алдым. Түнде қымтанып жамыламын да дірілдеймін – алқызыл айдай дөңгелек электроплитаны аямай қосып қоямын. Кетуім міне-міне, алайда мен оны күтпей отырғаным және күте алмаймын: Ритам әлі орнықпады, әлі тіркелмеді мында. Онымен қалайша айырылысамын?
Анна Ивановна жұмысында еді (тәулікке шыққан-ды), суым жетпеді. Солардікіне бардым. Есік алдында екі табурет алдындағы орындықтарда Володя қызымен отырған еді: аңшылығына қажет патрондармен әлек, қыз болса (ерке боздауықтың қияңқылығын-ай!) табуреткасында қауыршағымен байсалды ғана болып ойнап отырды. Әкесінің сабырлығы Людасына да берілсе керек. Володяның қобалжығынын елестету мүмкін емес. Осы бір идиллия жүрегіме қадалғанын айтсаңшы – жалғыз қалған екеу, әйелсіз күндіз-түні, еркек және бала… Суды алып тұрғанымда Володямен олардың сынып қалған көкек сағатын әңгіме еттік, бала кезімнен қалған естелігім және қалауым – анамның сондай сағаты бар еді…
…Кетер алдында бір күн бұрын Мейірімді Жанмен қош айтысуға барғанымды жазбадым әлі, қайтар жолда түнделетіп келе жатқасын адасып қалып едім: көшемен жоғары келе жаттым, өзімше ойлағанымдай, Чапаев көшесімен, алайда жүрегім қатты соға бастады – үйлер мен жол кескіні бейтаныс, көше шамдары жанып тұрған жоқ, үйлерде ара-арасында – сарғайған терезесі, кей аулаларда – иттің үргені. Бір жан жоқ және. Дегенмен келе жаттым, әне-міне үйім алдымнан шығар деп үмітімді әкеле жаттым, тек «біздікінше емес», «оғаш қиылған» бұрылысқа қадам басып адасқанның күйін шектім – жапада қалғанның үрейі мен мұңы бойымды алды; асыға жүріп, тым асыққанымнан да қорқа төмен қарай кеттім де, жолымды сілтер деген үмітіммен үйге жетуді ынтығып келе жаттым. Жаңбыр себелей бастады… Маңдайымдағыны жинап алып, біздің көшеміз қай тұста болуы керек екенін есіме түсіріп, қайда барарымды шештім. «Сакко және Ванцетти» көшесі асфальтты жолағымен төменде жатты. Түстім де – өтіп кеттім! Бұрылдым – сол бір қараңғыда, адамы жоқ үрейде (ал алдымнан не артымнан біреу шықса, одан бетер жаман болар еді…) «міне» дегенім жарқ еткендей, «Біздікі. Жетем енді» деп тыныш қана қуанғаным.
Көшелер параллель еді, өзгесіне түсіппін. Апалы-сіңілі сияқты? Иә, ертегінің әпкелері, мейірімдісі мен қатыгезі. Мейірімдісі, Чапаев көшесі – біздікі!
Поштада Рита екеумізді ерекше жылылықпен екі терезе қарсы алады (біздің кішкентай бөліміміз) – пошта, жинақ кассасы. Кассада – Нина, жайдары қара шашты жас қыз. Поштада – орта жастағы, ақ шашты, қызарып тұрған, сабырлы әйел. Бауыр басып қалдық – олар да бізге үйреніпті. Ойламаған жерден Нинаны Орталық жинақ кассасына ауыстырыпты, алыс жерге; орнына ақсары көркем жүзді Тамара келді, күлімдеп аз сөйлейді. Бірде, әлгі қызғылт жүзді пошташының есімін енді жаттап алғанымда, әдеттегідей бір буда хат алып (аударма ақша да, телеграмма да, бандерольдерді де алып жаттық), түсімдегідей көргенім: жүзі тым басқа екен; бір түрлі өзгеріпті, бозарыпты, – қызарғанын қалай көргенім? – тіпті олай емес, метаморфозаны аяқтай келе айтарым, оның есімі де басқаша екен; Варвара Степановна… (жаңа ғана жоқ болып кеткеннің толық есімін атаған мен үшін түсіндіргені: «Ол уақытша орнымды ауыстырған еді»). Міне, алғашқы жұптың орнына басқалары қарсы алады бізді, жайдары да жылы шыраймен, дегенмен көңілің қамығып, жаман түсіңде болатын әдейі ауыстырылған өзгерістің сезімі.
…Базар мен дүкен аралауға келемін.
Универмаг. Екінші қабаттамын. Түсіп келемін – басым айнала жаздады: түсімдегідей Палангада литва универмагының басқышымен түсіп келемін, есік артында алаң болады, гүлзар мен собор (готика…). Шықсам, Көкшетаудың Ленин көшесі, арық, мұржалар салынып жатыр. Универмаг жоспарының қалыпты үлгісі – басқышы мен қабаттардың орналасуы қайталануда.
Ританың жатақханаға көшкеннен босаған керуетіне ауырып жатқан оған матрасымды салдым; астында – үй иелерінің ескі жылы кеудешелері, пиджак, плащ. Соларды жастанғаным… Осыған дейін жеркене қолымды тигізетінмін (азамат соғысы кезінен биті қаптаған кеудешелер мен шинельдер уақыты әлі есімді). Әзірше осылардың үстінде жатуға тура келеді – жұп-жұқа бөз жаймамды әкеп төсеймін. (Тоңбасам болды! Қымтап жайлырақ төсеуге тырысамын!)
Бәрі де қайта басталуда! Демің барда – өмір де бар-ау! Былай болды: күн уақыттан тыс жарқырап тұрды (таңертең, күн батыс жақтан!), және жарығы тым жарық еді. Бірден ұқпадым: шығыстан, көл жақтан сәулесі шағылысып тұрды, суәлелері үй иелерінің терезелеріне түсіп, шұғыласы күннің өзінен, артық болмаса, тең жарқырап тұрды. (Осы үшін москвалық бөлмемді құрметтейтінім). Маңыздана сөйлеймін: «Күннің сәулелері маған, үстел мен жазуыма кедергі емес, бөлмеде жанып тұрмайды! Тек ауладағы қабырғаның сарысы – рефлектордың өзі. Бөлмем күндізгі мерзімде күн жарығына шомылап тұрғаны (солтүстікке қараса да)!»
Шариктің көлеңкесі күн сәулелерімен ерсілі-қарсылы – тереземдегі тюль арқылы көрініп тұр (шілтер шымылдық менікі емес, ондайды жек көремін, дегенмен бұл жерде көнемін: қаңбақтай кезбемін ғой)… Қораздың айқайы. Сегіз сағат ұйқыдан соң сана шыныларын тазартып, бар нәрсені қалайсың тағы: жазу – ас әзірлеу – кір жуу мен тамаққа көкшіл көшемен келу. Ызғарлы суық пен сары уайымнан кейін тағдыр жылуды сыйлап отыр! Мен осындамын ба осы? Мен Montreux (Монтрё), Territet (Террите), Veuy (Вуй), Neuefchatel (Нёшатель) деген жерлердемін… өмірімнің сол бір бала кезінде, Марина екеуіміздің Трехпрудное селосындамын, таңдары мына бір өлеңдегідей (әнін қалай жеткізсем екен?):
Балалар, жина-ла-мыз мек-теп-ке,
Әтешім әнін сал-ды ер-те-е…
Тез-де тез, тез-рек ки-йін
Күн қар-ап тұр те-резе-ге…
Бақытты күн мен ұзаққа созылған кештен соң тік шатырға назданған түннің жайлы жұмсақтығы түсіп жатыр; мыс тақтасын бір соғып түнгі қүзетші, швейцарияның көшелерімен өтіп келе жатып, мейірімге толы ерекше әнімен ұйқыға шақырады:
Qué, bon qué, On a sonné dix heures…
(*Жақсы болды ісіміз, Біз сағат онда қоңырау соқтық…)
Терезелердің шамдары сөніп жатты. Ал егер сөнбей қалса, күзетші жарықтың себебін білуге асығады, қажет болса науқасқа дәрігер шақыртуға дайын.
Өзіндік бір ерекшелігі бар мына жердегі жұтаң болса да таза тұрмысымда, әзер дегенде ас дайындап, кір жуамын да үй жинаймын, бақырларым мен кешке қарай келген жеңісімнің қуанышын ескерсек… Міне, қырыққабатты жуғаннан қалған суды шайыма қайнаттым. Суды әкеп тасымаймын, төлейтін ақшам жоқ.
Тұрмысыма қажет нәрселерді сатып алмаймын (Анна Ивановна берген заттарды пайдаланамын), бақырларымды санап шыдап жүрмін. Сорпа, екінші асым, компот, піскен және қуырылған картоп, винегрет, жұмыртқа, кофе – барлығын эквелибристтің шеберлігімен кішкентай ғана кәстрөлге, екі шағын табаға, екі эмальданған және біреуі таба орнына жүрген алюминий табаққа сыйғызамын; суды ауыз үйден құтымен тасимын, әр барған сайын аласа есікке басымды төмен июге мәжбүрмін, кейде соғыламын. Кәстрөл үлкенірек болса, не тобатайым болса, өмір басқаша болар еді! Алайда жоқтың аты – жоқ. Сатып алу – қымбат. Аштық пен күйзеліс кездегі үйренген нәрсе – жоқтыққа наразылық та жоқ. Қайта барлығы болса, ерсі көрініп, өзімді жайсыз сезінер едім. Армандайтын нәрсе болсам еді! Нендей мейрам десеңші – жұпыны табаң, қасығың мен үккішіңді әкеле жату (кетсем, Ритаға тастап кетемін). Кеше, суықтан алғаш рет пеш жағып, теңдесі жоқ қазына тауып алдым – үлкен эмальденген қақпақ, сірә бөтеннің нәрсесін менсінбей пештің артына тыға салған көрінеді; тамақтың қалғанын сақтауға арналған әпкесіне қақпақ болып екі ай бойы қызмет атқарған таба босап қалды. (Жаппаса болмайды, төбеден мына ылғал кесірінен сылағы түсіп жатады).
Сыпырғыштар ше! Бақыт қой – шамалы уақыт тауып, төбеге шығып, жусанды талдап жинап алып, әкеле жатасың да байламға біреуден бе, екеуден қоссам ба деп ойлайсың…
Жоқ, бай болу – ұят және бұған қайғырмайсың. Бұдан қалды, ол – күлкілі нәрсе.
«Мысықты ешкім байқамайды да, қара мысықты ешкім сипамайды да…» Көмескілеу сабырсыздықта не айтып кеттім? Бұл сөздерді әлдебіреу айтып кетті ғой… қашан, кім еді? Түсімдегідей болған өңімді қауып жеткендеймін сол жадымда: Сібірдегі ағаш үйде сегіз жасар Ританың сөзі: «Мысықты ешкім байқамайды да, қара мысықты ешкім сипамайды да… мысық шүберектерде жатып, шүберекке оранады… Қай мысықты айтып тұрғанымды білесің бе?» Міне он жыл өткесін, басынан жеткіншектік пен қыз шақты өтіп, жыл сайын қоштасарда, оның суықтығы мен жатсынуын байқаймын, – мен болсам жыл сайын жасым ұлғайып, әлім кетіп, оған деген ынтықтығым күшеюде. Қиын бала болғасын, тым қатал болып, шаршағанымның өшін содан алып ашуланатыным үшін кегі ме мүмкін? Олай болса – төзуге дайынмын. Сосын да сұрақ қоюды тидым. Дегенмен түсінбейтінім: алты жыл бойы ол жаз сайын менің қасымда Лёраның Таруса бақшасындағы жидек бұталары арасында, Семхоздағы Мария Ивановнаның бағында да жүретін. Ол мені олардың өмірінде көріп, қартайғанымызды көрді. Лёра кетті, Мария Ивановна да әне-міне. Соншама жыл бойы бір байламда болған, оны тәрбиелеген мен үшін қалайша алаңдамайды? Ол және айырылысқанымызды уайымдамайды да. Мен болсам сағыныштан зарықтым-ау! Бұл және жыл сайын қайталанады, ал енді кездеспесек ше? Оған келсе, алақанындағы «мүмкін-ау» оңай-ақ! Жолыңа көлеңкесі түсе қалса, айырылысудан күйіп-піспей қалай жүресің? Заман басқа, бәрі басқаша…
Қақпаларды қораның көлемін азайту үшін орнын артқа ауыстырды, күртік қардан жабады енді. Іс шаруақор сабырлықпен істеліп жатты… Кенет күтпеген қуаныш:
– Шар, сізге үй салынытын болды! Қар астында енді жатпайсыз! Суық болса да, бөлме ішінде боласыз! Шар, түсінесің ғой – үй!
Сия дегенің Көкшетауда жоқ! «Мелодия» болсын, киоск болсын – жоқ… Қаншама күш кетірдім! Бос құты болса қолымда, химиялық қарындаштан өзім… Ойлағаным сол екен – алдымнан сияға арналған бос құты шағы келді… Мәз-мейрам болып көтеріп алдым! Гримм, Андерсен, Густав Меринг желісімен өмір сүру (Мариялардікі, мұқтаждық сол, қоқыс арасында табылған алтын…).
Рита жуырда ауырып жатты, мен болсам радикулиттен бүгілгенім (аптаптан ауыз үйде тамақ пісіргем, жел өтіп кетті). Кір жуу өз алдына – ол жұмысты тастайсың ба? Бұрамалы сақ қимылыммен, арқамды жұбата сұрап, одан бетер асқынбасын деп, солға-оңға айналмай, есалаң адаммен сөйлескендей байқап-бағып, шараны әкеп, цистерна алдында тізереп отырып, дөңгелегін айналдырамын… Сосын өзім ойлап тапқан мәжбүрлі қалпымда қолдарымды бүгіп, ауырлығы қымбат, тоттан алтынмен жылтыраған суды қайта тасимын.
Шайылған, сығылған, жайылған! Және бір қуаныш – және қандай! Дүкендерде картоп пайда болды! Алыстағы базардан тасымаса да болады. Қою сорпа пісіріп алып, өзіме де, рахаттана тойып аламын! Әкелдім-ау! Жәшікке сарғыш-қызғылт жұмаршақтарды төгемін, Сібірде танып алғаным: қызылы – «Берлинка», ағы – «Лорх», ұзынша да сәл қызғылты – тез пісетіні…
Жеті жыл бойына бақшамен тығыз байланыста – ондайды ұмытасың ба? Бақша сол жерден кеткелі айырылған ерекше әуесқойлығым; алғаш жылы бірсыпыра жерде 22 дақыл өсірген едім. Қиыр Шығыс аймақты ұната алмағаным рас, алайда кейінгі Сібірдегі уақытым, – әсіресе жеті жылымның ағаш үйдегі жалғызсыраған үш жылғы өмірім үшін алғысым шексіз: еш жерде, ешқашан (бала кезімнен басқа) мұнша еркіндікті сезінбедім!
…Бес жасынан Рита маған «Апа» («Апа, қымбаттым» – және ер адамға үндегендей сөйлейтін) дегені ақырын-ақырын «апатайға» ауыса бастады, алдымен Мария Ивановнаға Мариша мен Лена апалы-сіңілілердің айтқандарына еліктеп еркелегеннен пайда болған еді. Менің қартаюым, оның есеюі – атаулардың ауысуынан байқалады…
Бес килодан асқан жүкті (екі қолыма бөліп алған) төбеге көтеріліп тасу – болмайтын нәрсе! Әбден қалжырадым. Тағдырым әйтеуір көзімді сақтап келеді және қаншама жыл бойына! Бұзыла бастаған көз торына салынған тыйым еді. Көктен түскен шабыт сияқты келген ой – жүгімнің жіптен жасалған бауын таяқ тұтқасына байлап алып, әлгі қол арбаны сүйрегендей әкеле жатырмын, ұмытыла бастаған физика заңына сәйкес ауырлығы төрт (бес пе?) есе жеңілдей түседі. Жүксіз десе де болар аяңдаймын.
Жақындағы таулар кедергі болса, алыстағылары (төбелерге келсе жақыны да) қайта көмектесетінін жазып па едім осы? Дөңгелене жатқан төбелер Көкшетауды құшағына алғандай, уатып тұр және: біз осындамыз, айналып тұрмыз міне, суық, боссыздықтан, шексіздіктен қорған тұрмыз…
…Былай еді өзі: жапырақтары бұтақтарынан үзіліп түсе берді, мен олардың ыстықта күйігендерін аяп жүрдім. Кейінгі ой: «Ағаштар жалаңаштанып қалды ма осы? Жай ғана көрінді ме?» Олар болса жалаңаштанып жатты, жапырақтары түсе берді, шөптің үсті қалың кілем астында жатты. Бір ағаштары сарғайса, енді біреулері – ала түсті. Өзгелері әлі жасыл, жасыл жапырақтарына сақ тұр. Анда-мында көз тастасаң – бұтақтар жалаңаш. Сонда ғана еш қамсыз көркіне сүйсіне қарап жүрген мен ұқтым: күз!..
Түнде жай ғана байкадан тігілген көрпе және шәлімен жамылған болмайды екен. Ританың бұрынғы төсегінен жаңа, қалың, ұп-ұзын шеттері қызыл да өзі көк төсенішті түсіріп алып, үстімен соны жауып жаттым. Шатыр ішінде жатқандаймын. Күн астында еритін қардай падаграм да жылыда басылды. Жылы болса, түс кіреді екен.
Жылытқышты жылытқан болып төсекке алам, суиды. Аяғым мұздай. Өшіп қала ма деп қорқамын. Аяғым қатып тұрғанда, қандай ұйқы? Ертең басым тағы ауыра ма? 72 жасымда 27 жасымдағыдай қалпымды қалағаным – өлгенім бе, тірілгенім бе? Екеуі де болар, ауысып тұрады және…
Лёра әпкем енді жоқ! Теңдесі жоқ өмірімнің бір бөлшегі үнсіз қалды енді. Москвадағы үп-үлкен бөлмесі, анасының портреті бар, әкеміздің бірінші жұбайы, бұрымы төгіліп, сәл ғана жымиып тұрған, көк жібекке оранған көркем әйел. Қонақжай бөлмесі, ылғи шайы мен ерекше дәмді кешкі астарға толы үстелі – тамақтарды 86 жастағы күйеуі асханадан әкелетін (олардың үйінде мен 1959-1966 жылдары түнгіге қалып жүретінмін).
Түн батқанша әңгімеміз жарасатын – әкеміз жайлы, барлығымыз жайлы, Марина туралы, өткен жылдар мен білген және есімізде қалған адамдар туралы… Ал тарустық бағы ше – еңбегінің жемісі, гүлзарлары, Оканың сайлары мен төбелері, шешек атқан бұталары, мысықтары, фотосуреттерде ғана тірі мерт болған ерке Трезоры… Кісілері келетін терасаның түрлі-түсті әйнектері, дәмді шайы – бәрі қалды! Екеуі де бір жылда кетті – 86 және 83 жастарында. Мария Ивановна 76-да кетуде. Мен нешеге дейін жетер екем?
Кітап, сурет, кесте, хаттар, қонақтарды қарсы алу мен әдемілікке деген бітпес құштарлық арасындағы өмір. (Әкеміздің өмірі жайлы кітап жазғаны тамаша іс! Оны оқып, жыладым-ау…) Жазда – таңдамалы гүл бұталарын өсіп баптау, Оканың сиқырлы көріністері. Гүл бұталарын Зоя Лодий үшін арнаған еді –мына бір раушангүлін және басқаға, кімге екенін ұмытыппын – ол арнаулары, кітаптарда жазылатындай, арнайы тақтайшаларда белгіленетін… Жасыл (менікінен – жартысы!) аман қалған көздерінің көзқарасы. Күлгені, қалжыңы… Міне соңы келді. Жүрек түкпірінде қайталанбас бір сезім қалды, бағасы – тастың салмағына тең келетін үмітсіздіктің салмақсыздығы. Жоқтығын-ай! Еріксіз болған адамның жоқтығына көну мүмкін бе? Бұған қоса – кінәлілік сезімі!.. Андрей Болконский және оның әйелі Лиза, Лёра және мен. Оның ауырған кезіндегі қиындықтары мен дөрекілігіне менің шаршағанымнан туған сабырсыздығым, екі рет қана білем, еріксіз шығып қалған дөрекі жауап сөздерім – бәрін бүлдірген балдағы қарамай!.. Сонда неге ғана шыдамадым, а? (Ал бүгін – Ритамен неге сондаймын? Қалжырағанымды неге айқаймен ақтаймын? Тәртіпсіздік пе? «Шыдаңыздар! – деп өзгелерге айтамын. – Себебі кейін, дәл маған қалғандай, өздеріңе көз жасы ғана қалады!»).
Бақытымды айтсаңшы (оның жомарттығын айтсаңшы!) – маған арнап кетер алдында қарындашпен әзер оқылатын жазған сөздері: «Жаным, Ася, әлек болып жіберген сәлеміңе ризамын…»
Әкем, анам, Лёра, Андрей, Марина – бәрінің орнын басып жалғыз қалдым. Бала кезімді еске алар жан қалмады. Түн бойына естелікке шомылғанымыз-ай! Сұрамағанымды енді сұрай алмаймын ғой. Ешқашан! Ешкім маған «Настаська»… «Настась» – деп айтпайды да…
Мысық күні кеше далада балалап, марғаулары тоңып қатты. Таңертең ол маған өлі қара марғауын әкелді, ақ табандары керілген сияқты (тырнақтары оюланып кесілген сияқты, әдемі ғана үлкен екен өзі, өмір сүретін мақұлық ажал ауызынан аман қалмады). Мысық оны басымен сипап, жылуын бөлісті, бізге үрейлене де түсінбей қарай берді. Анна Ивановна көз жасын жасыра алмады. «Тастармын..» дегене сөзбен әлгі марғауды әкетті сосын. Әкетекеніне көнген едім, содан өзіме келіп, іздеп бардым да, ол байғұсты аулада көміп тастадым. (Түскіге шығып едім, ойыма сап ете түсті – көму керек оны! Сағат екі болып қалыпты, тамақ қалмаған-ау енді деп қайта оралдым. Ол төбеге бұрыла бергенімде жолымда жатты, есіме сол мезетте келіп еді. Құрбан болған марғаудың жаны құтты шақырғандай еді мені сол жерге…)
Юди Каганның тақырыбы: қайталану, құбылыстардың жұптылығы.
Көшемен келгенімде айнала шулап жатты, бұтақтарға қарап басымды көтердім: құстардың үлкендігін-ай! Торғайлар сондай болушы ма еді? Келесі күні Мейірімді Жан әйелінің үйінде үстел басында отырғаным; сабырлы да қатты шығатын, тың табиғи драматизмі бойынша таңқаларлықтай екпіні бар үш жасар Леначкалары, көзі үлкен, денесі көрінбейді тіпті!, қимылы сынаптай ақпалы он екі жасар Васяларымен отырмын, аналарының дауысы естілді бір уақытта:
– Ағаштардың шулағандарын қарасаңшы! Байқадыңыз ба? Құстардың үлкендігін! Торғайлар сондай болушы ма еді?
…«Мыстан кемпір!» – осы ғана ма? Жоқ! Бүгін Уәлиханов көшесімен асфальт салынған жолмен тез ғана келе жатқанымда, әлдеқайдан 7-8 жасар бала мен жаққа секіріп келіп, қолын мұрныма тақап алып: «Бармалей!» дегені болсын. Өтіп кеттім, тек жүрегім мына бір кенеттіктен соға бастады. Ренжігенім бе? Ойланып қалдым. Кінәлімін: көзілдірігімді шештім (оғаштығымның белгісі). Алайда ол көмектеспеді. Қайтар жолда тағы да сол. Мен, сәл тоқтап:
– Бармалей туралы оқып па едің? Өзің оқуды білесің бе?
Ренжіткен бала жүгіріп кетіп, алысырақ тұра қалды, ауызы – абыржығаны да, мазағын жалғастырғысы келгені де болар – қисайыпты. Көңілім түсіп кете бардым. Бұған да жеттім бе? Балаларға тұрпайы көрінем бе сонда? Мәселенің бар болғаны, Мыстан не Бармалей болғаным ғана ғой! Әңгімеміз жалғасса не болар деп тағы ойлай бердім. Бармалейдің тіптен басқа екенін сендіріп айтып болмаймын. Ол болса оқыды да, суретін көрді де, біраз үнсіздіктен соң жауабы қайта келеді, сол сенімді мазағы:
– Сен – Бармалей!..
Бірнеше жыл өткен соң 12-жасар жүдеу ғана еті тірі Вася, Мейірімді Жан мен Мейірімді әйел екеуінің ұлы, ол сұрағыма жауап берді (бойымда не нәрсе Мыстан Кемпірге ұқсайды екен):
– Жоқ, көзілдірік те, ұзын мұрын да, таяғыңыз да емес. Шашыңыз! Тым ұзын… (Москвадан келгелі шашымды алдырмадым, бас киімнен ұзарып шығып тұрғаны.) Жоқ! Яғни шашым да шығар, дегенмен негізгісі – ылғи да өзіммен бірге ұшып жүретін жайсыздық болар, әлдебір нәрселерге алаңдап, үлгермей жатқаныма және күннің өтіп кеткеніне өкініп-ақ келе жатқанымда, қастарынан асығып өткенімде, мұрным, көзілдірігім, таяғым, шашым – unheimlich (*үрейлі) нәрсе… сосын да ол кеңес балаларын еріксіз өткен-кеткенге шеттетіп, ескі ертегіге көшіргендеймін – әлдебір Ұшқыш Голландық, Мәңгілік яһуди…
– Кімге ұқсайтыныңызды айтайын ба? Марфа Посадница! – 50 жасар маған сонау лагерьде айтылған сөз еді… опера театрының солисті, қарт Сладковский айтқан еді. Россинидің «Жаласын» тамаша орындаған еді; сонда театр көрермендерінің барлығы тұрып қол соғып қошемет көрсеткенде, ол қәрі мойнын қатайта түседі; тақыр басы – қызарған шар, бәрі де шеберлікпен созылады, қорытынды нотаның гүрілі мен күрсілі…
Иә, ойлап тапқаным керемет екен! Жүктің ауырлығынан қалжырап келем (бар-жоғы 5-6 килограмм, одан көп емес… сол бір күшім қайда екен (денем емес, ылғи арық едім) – жастық кездің табандылығы мен қуаты арқасында кітапқа толған үлкен шабадандар және дағдарыс жылдарында от жағу үшін бөренелерді аударғаным-ай… жалғыз табандылығым ғана қалды, сол өзі ғана 5 кило жүкті әзер әкеле жатыр!) – таяғымның тұтқасына азық қалтасын іліп алып, өзге жаңа ұшын жерге тақап, доңғалапен әкеле жатқандай тартып келемін… керемет!
…Уәлихановтағы асфальт жолдармен, жиі жүретін жолмен келемін, әлі жұмсарып жатқан асфальтқа таспен салынған «инкрустациялар» ұшып бара жатыр, балалардың геростраттық танымалдыққа деген ынтасы – «Валя», «Славик», «Серега»… Шеберлікпен жасалған – «беттеу»… Ал басқа бала «рухы» (әттең, үлкенірегі болар) мектеп тақтасына жазғандай бормен сызғаны: «Тоқта! Бұл жақ өмірге қауіпті!» Одан ары – мысқалдаған өзгеше өрнектер: «Өлгенше махаббат – екеуіміз де ақымақ!»… Тристан мен Изольда, Ромео мен Джулия дегендерің сендерсіңдер ме?
Келген күннің бақытына қуанамын-ау (өмірге жарық берген сондай күндер қаншама және!). №4 автобустан қателесіп түскенімді енді түсіндім, Ританың институты қасынан түсе салып төрт квартал жоғары және арырақ келе жаттым. Арырақ бір-ақ аялдама жүріп өткен жөн, түсіп жоғарырақ және төбеге шығып алсам – үйдемін, ол жақта мыстандап, бармалейлеп жүрген балалары бар көшелердің орнына жусан иісті тыныштық… Сабырлығымыз үшін ойламаған жерде берілетін сыйлық – өмірдің өзі…
72 жасымда – бала кезімдігі көбелекті есіме түсіріп, жел мен күн сәулесінде нәзік қана сарғыш түсті пыр-пыр еткен шымылдығы бар автобуста келгенімді өзге бір таныс-бейтаныс қалада емес, Көкшетауда екенін қалай ұмытуға болады!..
Түстерім-ай! Қайталанатын түстерім бар – тек әрқайсысының өз вариациясы болады, бөлімдері және: Коктебель, Максов үйінің маңындағы теңіз… Таруссадағы алма бақтары, түсімде тек бір алмасын да тата алмадым! Демалыс үйі… («Узкое», 1924-28 жылдар) Әкемнің музейі тағы. Түрліше көремін.
Бейтаныс қала, жолдан келгенім.
Керемет таулар – Альпа таулары, тек Алтай, Орал емес…
Кейін біраз уақыт өткесін, бұдан бұрын түсіме келмеген, таныс ашық түсті үй көрдім – кең алқап пен мүк арасында, ішінде әлдебіреумен ерекше бақытты екенімді сезіндім, ерекшелігі және таныс та жақын көрінді, түсім бе, өңім бе, – 23-26 жасымдағы Феодосия сияқты. Ол түсімде жеңіл ғана арба (шынында – екі доңғалағы бар арба еді), биік те берік, күн нұрына бөленген екеуміз, жарық пен ауаға толған ашық бөлмелерде, «жаңа жердегі» түс болып көрінгендей. Шын мәнінде бәрі керісінше болып еді, фотосуреттің негативінде сияқты: күңгірт бақша («Бузулак», татарша «қараңғы бақ» дегені – күн көзі кірмейтін үй…) Сирек көретін түсім, бәрінен де сирек келетіні: әлгі алқаптардағыдай бақытымды сезініп келе жатқаным, бірақ әлгі үй, ашық түсті жаңа үй, екінші қайтіп түсіме келмеді, сол түсім туралы естелігім түсіме енгені ғана. Енді бірде қалың орманмен келіп, шатыры тайыз қонақжайды көріп тұрмын, қараңғы болса да жайлы, айналасы ескі тамырлары сыртқа шыққан ағаш, әлдебір тылсымды іздеп аңсаймын, ол жердің бір мейірімі бар және «сол бір дүние» жақын екенін сеземін…
…Ал керек болса – тағы Бармалей! Мұң басып, жүрексінгенім, өз ойымда бір-бірден өзімнен Бармалей атрибуттарын шеше бастаймын (көзілдірігімді шынымен қойдым); көзілдірік артынан балдағым кетеді, ойымша шашымды да қиып тастаймын, бармалейлік белгілерім қалмаған сәтті білу кере және.
Ағаштар болса сарғаюда, бұл әрқашан да Сокольники, 1907-ші әлде 8-ші жылдың күзі, Марина екеуміз қонақтамыз. Бақшаның ылғалды аллеялары, жел мен көгерген жапырақтары. Барлық аяғына дейін сезілмей қалған күздерімнің ішінде (толық сезілмегесін, түсіме қайта-қайта келе береді ғой) ылғалды Сокольники ғана, және жайсыз да көңілсіз сол бір күннің келетіні неліктен екен?, оған және тіптен оралғың келмейді…
Шар аз ғана тамаққа (тым аз!), ит жанына жақын еркелеткеніме мәз және бар көңілімен алғысын білдіреді, бірақ бар құндылық пен өмір мәні сол еркелікте емес (аз-маз ит жауырынан сипау ғана – күн сәулесінің сәл жылуымен тең) – үйді күзетіп үруде екенін жақсы түсінеді…
Шариктен үренген жөн!
Жазушы күн бойы жағалаумен келе жатып, артынан ауды сүйрейді. Кейде, үйіне жеткеше, қоржынында бір-екі-үш балық қана қалады да, қалғаны – ұмытқа сырғып жоқ болады.
Жолбарысқа ұқсайтын әлгі марғауды біреулерге беріп қойғанда, қара мысық есінен ауысқандай, көзімен жан-жақты жағалап «қайда ол?» деп жүргендей еді. Сонда іскер жүгізуші Володяның әйеліне айтқаны: «Жануардың қиналғанын көрдің бе! Адам сияқты өзі! Барып алып келші өзін…»
Ол әйел болса қолы босамады, оның үстіне кісілер алдында «ұят», марғау болса есік арасына қалып мерт болды. Алғашында Ританың көңілін бұзбайын деп жалаң шындықты айтқым келмеді (демалыссыз күндері оқумен ғана өтті). Сосын айттым.
Өзге біреуді түсіну қиын екен: мен ойлағандай ойбайламады (әдетте тез қозатын қызым). Үнсіз қалды. Басқа бір нәрсені айтып: «Сүйсініп қаласың деп ойлап едім» дегенімде, ол маған: «Сүйсіндім әрине… Оны айтып қайтемін», – деп қайтарды ғой. Мінезі мен түсініктері басқаша. Ақылды Майя Кудашева (сол мезетке бұрынғы Кювилье, болашақ Роллан) ортақ танысымыз туралы айтқаны: «Сөгіп, несіне а*р*тық айтуым керек? Ба*р* болғаны (ұмытылмас француз «р» дыбысын-ай соның!) ол кісі бізге тән сезімде*р*ді білмейді. Не себепті ол дәл біздей сезінуі ке*р*ек екен? Мүмкін ол, – сөздерін саралап баяу сөйлейтін, – мүмкін ол – мине*р*ал?!» Сонысы басым түсетін! Маған сөйтіп басым түссе ғой! Өзгелерді сөз қылмайтындай.
…Киселі бар стақан күн көзіне түсті (күн көзі стақанға түсті), күңгірттік аметисттей нәзік шуақпен боялды, ондайды ойлап таба алмайсың!
…Рита туралы жаңа уайымым: тым шаршап жүргені! Лекцияға толы ай! Апта бойы ұйқысы қанбай жүр! Ағылшын тілін оқып жүр: фонетика, интонация, мәнерлеп оқу, аударма, әңгімелеп беру; тіл білімі, психология, қазақ тілі; неміс тілі (мүмкіндігімше онымен французша сөйлемін, өзім оны 12 жасымнан оқып едім), революция тарихы (партиянікі де); анатомия (мәйітханада ол ғана есеңгіреп қалыпты); дәрітану, – күн бойына бір тақырыптан екіншісіне дем алмай ауыса береді. Мен болсам ұнататын тамағын әперемін (көкөністер мен тәтті тағамдар). Кейін асханалар болар… Ал менің кетуім керек: кітабымды жазу үшін. Өзімді езгіге салған мына тұрмыс ауыртпалығынан құтқаруым керек және. Бұдан ары шыдай алмаспын. Менің оған деген барымды салуым – ол үшін жоқтың қасы. Сол аздың өзін алып кетемін!
Жазып отыратын үстелімде кітаптар мен жазбаларым, дәрі-дәрмек, тастар, дәл осы жерде тамақ та әзірлеймін. Табақтың шетіне Ританың салатына туралған қызанақтың жарты бөліктерін салып қойдым, шикі қырыққабат, пияз, қаймақ та бар! Бұл не өзі?! Не айтып келе жатыр едім?..Ә-ә… (склероз бірден жауабын тапқызбады, қайта ол жауапты қатырып тастады).
Осыдан 43 жыл бұрын туған күнімде болған жайт; 11 жасар Андрюша таңертең бас жағымдағы орындықтың жиегіне алманың 12 бөлігін жайып салыпты! 12 күн бойы алманың жартысын ғана жеп алып, екінші жартыларын сақтап келіпті, туған күніме тосын-сый жасау үшін… (Ол кезде айтатыны: «Үстіңізге жақсы киім кисе, әлемдегі ең көркем әйел болар едіңіз! Шашыңыз бұйраланып, жасыл көзіңіз жайнап, еріндеріңіз де (тамақты аз жегесін, бозарып тұрсыз)…онда сіз…»).
Бұл тақырыпқа оралатын себебім – таудан құлаған борандай «Мыстан кемпір!» айқайы. Бәрі қосылып айқайлайтын болды… Өзге кемпірлердің де мұрындары ұзын да шаштары ағарған, тек олар жорғалап жүрсе –мен ұшамын-ау. Ол өзгелерін мыналар аяса, мені… Өзімнің Мыстанға тіптен ұқсамайтынымды түсіндірдім, себебі ол Мыстан күбіге отырып ұшады да ізін сыпырғышпен жоқ қылады, ол және балаларды ұстап алса, мен тимеймін. Артынан қара мысығы жүреді… Жан-жаққа бытырап, дөңгелене тұрады да тыңдаған болады ол тентектер. Мен енді дегеніме жетіп, түсіндірдім, енді жеңдім-ау дегенімде, артымнан тағы да «Мыс-та-ан! – және оған қосады-ау: – Аяғы тастан…»
Совет балаларын шешендікпен алдай алмайсың! Алған бағыттарынан қайтару мүмкін емес! Төбеме шығып алғанымда, бұрылыстан қоршаудан біздің қара мысығымыз сызылып шыға келді; еріксіз дір етіп, ұрлана жан-жағыма қараймын: мына қараны біреуі байқамады ма деп, көрсе – мыстандығыма одан бетер сенеді ғой…
Көптен бері жаза алмадым, суық түсті, содан асханаға да бармай қалдым, үйде әзірлеймін тамағымды: арзан (ақшам тым аз), оның үстіне жылынып аламын. Он екі жылдан бері пешке жақындамаған мен пешімді екі рет жақтым, Сібірдегі кезден, 1964 жылдан бері, Куйбышев көшесіндегі үйімнен (міне тағдыр!). Ол кісіні кезінде «Четверетый Рим» романыма кейіпкер ретінде кіргізіп едім (соғыс уақытында қаза тапқан еді). Міне, мына Көкшетауда олардың бұрынғы үйі мен музейіне кез болдым, ал оның әпкесі («Новый мир» баспасында жазғанымды оқып) менімен кездескісі келді, ол әпкесінің көзі сонікіндей екен. Меніңше, ол революцияның ең абзал жаны еді, ал сырт келбеті – ең көріктісі. 10 жасына дейін осы Көкшетауда тұрыпты. Ағасы туралы жазған кітабын оқыдым, сонау заманда екеуінің атпен осы қалаға келгендері туралы. Рита екеуміз келіп, бала кездерінде тұрған бөлмелерді аралап шығамыз (Трехпрудныйдағы үйіміздей өзі), сонау кездегі үй макеттеріне, портреттері мен бюст мүсіндеріне қараймын. Әпкесінің жасы 71-де міне, қызғыл шырайлы, үлпілдек ақ шашты.
Мысықпен түнгі әңгімем: үстіме мініп алған шымыр денесін алып тастауға тырысамын: «Не үшін үстіме мініп vous perchez comme un coq ???» (*үстіме мініп неге қораз сияқты жүресің?) Ол жануар айтқанымды тыңдаған болып, маңдайымен сүзеді де, айналып-айналып жатып ұйықтай қояды. (Сонысына қалай үйренсем екен?) Бір сөзбен айтқанда, мен Пигмалеон болсам, ол Галатеяның өзі мен үшін. «Галатеялығының» асқаны соншама, мұржа тазалаушыдай болған жабайы мақұлықтан шынайы кәдімгі мысыққа айналды, көрген сайын пырылдай бастайды (бұрын атымен болмаушы еді ондайы!). Еркелігі қайда барсаң алдыңнан шыға келеді.
– Апа, – деп айтады Рита, – мына мысықты «жасаған» сенсің. Саған дейін сипағанды білмеуші еді ғой, ешкім сипаған емес. Сен кетсең…
– Мысық ұмытады мені, ал сипағанды өзгелерден күтетін болады.
Төбенің ауртпалығын байқадым: қуанышымнан мұңыма айналды. Жел болса жеңіл пальтомды әкетуге дайын және, екі күртеге қарамай, сүйектен өтеді.
Ақшаның жоқтығы. Үнемдеуім әр нәрседе: түскі асыма бармайтын болдым, екінші мен кешкі асқа деген 30 тиыным қалтамда қалады – алайда үйде әзірлеймін; шаршаймын. Бөлменің суығы таңертең жазғызбайды, электропешім кешке қарай жылытқанда ғана жаза аламын. Үй иесі тәулікке жұмысына кетеді, отынды екі рет қана қалдырып кеткені бар. Тоңсам да, отынды сұрамаймын (үш-төрт күнде бір рет айтамын), төлейтін қаражатым жоқ қой. Ұлымнан сұрағым келмейді, Москвада зейнетақым күтуде. Бөлме іші дымқыл, отынды көбірек жағып кептірген дұрыс болар еді. Буындарымның ауруы асқына бастады. Төсегім суық әрі дымқыл; жарық болғанда, жылытқышпен жылытқан болам. Тек жарық кенеттен сөнсе, амал жоқ. Бұның бәріне қоса, Ританың алшақтағаны тағы бар; кей күні келсе де, көңілі басқа жақта, мейірімі жоқ, неміс тілін де оқымай тастап жүр. Кетер кезім де жақындады – оқулық қайталап оқылмай қалады-ау! Бастауымыз жап-жақсы еді… Бірақ мен сол 15 жасымда күнделігіме жазып едім ғой: «Бәрі де мұң өзеніне тамшылап ағып жиналады…»
Барлық қиындықтарыма қосылып, қараңғы ерте түсетін болды, ал Рита, тарихтан семинарына дайындалып, кітапханада кеш батқанша отырып, жатақханасына қараңғыда барады, шамдар орталықта ғана бар; кейде менікінде сабағын қарап, кеш батқанша қалып, қараңғыда кетеді. Кеш еді, жаңбыр себелеп тұрды; төменге баратын тік төселмеген соқпалы жол суда жатты. Бұл күні Рита мәйітханаға алғаш рет барып, есеңгіреп қалды сонда. Күні бойы басы ауырып, кешкі 9-да, үйге кетіп болмаса төсекке жатудың орнына, сәл қалғыған болды да қатты ұйықтап кетті. Қалайша оятам оны? Бір сағаттай ұйықтағасын, ояттым да, дұрыстап жат дедім. Ол тұрып алды да: «Кеттім!» – деп шықты. Шығарып салайын деп киіне бастадым. Ол айқайлай бастады. Мен онысына:
– Өзіңді нашар сезгенде, жалғыз түнделетіп жүресің бе?! Осында болып тұрғанымда – шығарып саламын!
– Бұның – жәбірлегенің!
– Жоқ, бұл – сақтық. Және бұным өзім үшін де істегенім – алаңдай бергім келмейді. Сені уайымдап жатқанымша, жаңбырда қалып қараңғыда жүргенім артық…
Рита ашуына мініп алды. Тіпті қолымнан ұстамай келе жатты біраз. Жаным суығынан қатып келе жаттым. Аялдамаға келгенде, дөрекі сөйлеп мысқылдағаны және. Қашып кете ме деп, артынан жүрдім.
– Артымнан аңдығаның не?
– Ойыңда не барын білмеймін…
Автобуспен кеттік. Түскен аялдамадан барар жері шамалы ғана еді, адамдар жүр (ал мен жақта кісілер аз). Қараңғы мен сазда жүрмес үшін, қалжырағаным да бар, төбе жағымыз қорқынышты және, ит те жолығуы мүмкін, – әйтеуір Мейірімді Жан әйелінің үйінде қонуды жөн көрдім, оған қоса үйлері де жатақханадан алыс емес. Ританың шығарып салуынан бас тарттым – бәсекеміз кезекпен атыс сияқты.
– Жаурап қалдым, кетемін! – осыны айтып Рита бұрылып кете барды. Мүмкін, алдын ала «Pardon me» деп айтқасын ба, мен онысына еш нәрсе жауап бере алмадым, жауап беруге өзімді мәжбүрлей алмадым.
Бала кезінен арамызға қаншама қиянат жасадым, қиянатым – жауап ретінде осы бір салқындығым… Тәуір болып қалса, келесі күні сағат 5-те келіп кетеді деп келістік. Ал бұдан соң – бейтаныс үйлер арасында сүріну, саз илеу, суық және төртінші қабатқа апарар саты, Ританың әкесімен алғаш күні болған жер. Есіктерін қағып, қоңырауларын соқтым, үйде ешкім жоқ, түн жамылып қайтып барамын, шаршадым, жалғыз аяңдап келемін, жоқ, бұдан да жаманы: серігім – үрейім. Түн ортасы, автобус көп күттіріп қойды, жатақханадан түскен жарық жақында анық көрініп тұр. Рита мені Мейірімді Жанның жылы үйінде деп ойлап отыр-ау. Автобус бола ма өзі? (Бұрынғы кезде осындай сәттерде қобалжитыным-ай! Қазір ес кірді ме, әлде қайта естен айырылғаным ба?) 40 минут күттім. Келді әйтеуір! Автобус, екі жақтан үрген иттердің дауыстары арасында таумен жол, саз бен суық, түн, үрей мен шаршау. Алайда айналайын Чапаев көшесі аяды мені, сол көше бойымен өрмелеп келемін – үйге қарай… Шарик және, Шариктің шынжыры, Шариктің итаяғына салынған тамақ қалдықтары, және «Кішкентай Креолім менің, кетпеңізші» (мысыққа).
Келесі күні, сенбі болатын, бәрін тексеріп, жинап, Ританы сағат 7-ге дейін күттім – келмеді. Демек, ауырып қалған. Пісірген тамағымды құтыға салып, буып алдым да, қараңғыда жолға шықтым. «Зауыт бақшасы». Аялдамадан түсіп, ешқайда бұрылмай, алға қарай жүре бердім, бірақ жатақхана көрінбеді.
Көшені де танымадым. Сұрағаныма жатақхана деп сол жақтағы бір үйді көрсеткенде – ол болса ылғи аялдамаға жақын және оң жағында тұратын – барлығы сандырақ болып көрінді…
Соның өзі еді! Дегенмен сандырақтаған жағдайымызда бізді тастап кетпейді ғой: мейірімді бір әйел, аяған болар, қолтықтап алып, қараңғы көшеден өткізді, артқы көшелермен келе жатып бүгін автобустар Маркс көшесімен емес, Урицкиймен жүргендерін түсіндірді де жеткізіп салды. Мейірімділік деген адамзат арасында бітер ме? Бес қабаттан өтіп әзер дегенде жүгіммен кіргенімде, Ританың құрбысы Нина Герман есігін ашып:
– Рита сіздікіне кетті, әжем үйінде түнеп шығам деген, – деп айтты.
Нина бірге шығып, әлгі сандырақтаған бейтаныс аялдамаға жеткізді. Қолымдағы сорпа, винегрет, қаймақ пен майы бар наныммен қайта сол жолыма түстім.
– Ешкіммен санасатын сен жоқ, – дедім Ритаға – ойыңа келгеніңді істейсің, саған керегін! Келіскен сөзді жай ғана бұза саласың! Сағат бесте келмесең, тамақты өзім апарамын деп келістік қой! 7-ге дейін күттім, банкаларды жуып, бәрін салып, бардым емес пе – сексеннің сеңгіріне жақындағанда жеңіл дейсің бе бұның бәрі?
Алайда Рита кінәлі кейпімен үндемей тұрды. Тек осы екі күн, қараңғыдағы зая болған екі жүрісім, үрей мен шаршау, мұңды кештер, шамдары жоқ қаламен төрт айналғаным, босқа сатымен көтерілуім – бәрі титығыма жетті.
Кеше күні бойы үден шықпадым, жаурап, пеш жақтым, тамақ пісірдім, Ританың неміс тілін қарастым, керуетті жылытқышпен жылыттым, бұның бәрін қайталауға күшім жетпейтін сияқты. Кешке жазуыма отырдым, үш жарымда жаттым, төрттен тоғызға дейін ұйықтадым – барлығы 5 сағат – 6 сағат бойы кірлерді жуу, шаю, кептіруге ілумен болдым – Ритаға тамақ бердім және.
Бұл жолы да тоқтай қалып жан-жағыма қарағаным неден екен? Соқпақтың бұлдырлаған кейіпі жыртылған бір өлшем жерден соң аяқталады – трактормен болар, а? – бір өлшемнен бұрын қиғаш бұрылыс, бұрыннан бері жусан мен мүк арасында тыныш жатқан қою қоңыр жаңа ғана жыртылған топырақтың бөлігі. Жыртылған бұл жердің мәні түсініксіз; ені екі метрдей, ұзындығы – үш, бірақ жоғарыға ұмтылған биіктігі ұзындығынан орасан. Ары қарай кесілген жері тағы төрт метрге жалғасты, тек жалпақ жазықтық, ал жалғасы ретінде әлдебір тұрақтың іздері, жол бойында құрылатын уақытша лагерь сияқты, екі-үш кірпіш (жасанды пеш пе?), қисық леген, сынған күрек пен таба не кастрөлге ұқсас бірдеңенің қисайған қалдығы – сығандардан қалған күйік жер.
Тағы бір таң атты, ақымақ аш тауықтар сол бойы жоқ жерден жем іздеуде, қораздары болса, жұмыр аяғында секіріп қойып қарлыққан әнмен жұбатуда оларды. Жалаудай шайқалған айдары мен соқырлау да өткір көзі әр қадамының ырғағымен селк ете түседі. Бөлме іші суық дымқыл, дегенмен жеті сағаттай ұйықтап алдым, өзімді сергіту үшін суық сумен шайынамын. Тек…су жоқ қой! – Табылды! Суыған жылытқыштан құйып аламын!
Ақшаны санағаным мұңға батырады – үнемдесең де «plus ultra» (*шектен тыс), поштаға да ақша түспеді, әр ойлаған сайын бірдеңе болып қалды ма деп үрейім қашады. Сиыр майы – Ритаға, маған өсімдік майы да жарар. Қайта-қайта санай беремін, қолдағы барымды Ританың 19 жасына қарай, туған күніне және Оляға жаңа жылдық шағын болса да сыйлықтарына жеткізсем екен… Тағы бір санап бұрынғы шешімімнен арыламын тағы – үй иесіне отынға үш сом беруден; қораздары қалған қоқымды шашқан жерді ұратындай, мен тиындарымды санай беремін. Қоқымды тауықтары қалдырмай шоқып жеп алған; бірақ қораз болмай жерді ұруда, мен – санаудамын.
Үміт бар жерде өмір бар деп айтады екен ағылшын мақалы. Үмітімді үзбей, көмекті күтімен ылғи, үмітім мені ешуақытта алдаған емес!
Ақшаның жоқтығын-ай! Қымбатты ауыз үйім! Ашылған есіктеріңнің ерекше жайлылығы бар…
…Білемін мен! Аштық, суық өтер-кетер,
Тәнім сынан өтер, рухым болар бекем,
Жайшылықта көмек сұрар сөз естілер,
Үміт оты, шыдам оты жанса өшпей егер!
28 жыл бұрын лагердегі жазған мен бе едім осыны?
Кеше Куйбышевтерде болғанымда, жайсыздықтан шаршаған студенттер үшін жатақханада жедел түрде жөндеу жұмыстары басталды деді. Жылытатын батареяларды қосып, әжетханаларды жөндейді, министр орынбасарының өзі ректорға жолығыпты – бәрін жөнге салады!
…Өмірдің – үміт артарсың ба –
Сиқырға толы бұрылыстары…
Ертең (ескі күнтізбе бойынша, ертең – Покров) Көкшетауда сабын да сатып ала алатыныма сенемін (дәріханада сатылмайды екен, дүкенде де жоқ, ларектері ит өлген жерде – барудың өзі қиын). Екі күнге кетіп су қалдырмаған үй иесі келіп, су берер және… Қол жуып, кірге (сабынның жоқтығын!) суды цистернадан әкеліп жүрдім, тек ауыз су бітіп қалды. Әлгі әкелетін бөшкеден шелектеп тасуға не мен, не Ританың шамасы жетпейді.
Ританың немқұрайлығынан жалғызсырап уайымға салындым, оған көмегім болсын деп, діңкем құриды. Әбден қажыдым және ол шаршағандық бойымды айнала қысқандай, келе жатсам да, ештеңе көрмеймін, сезбеймін, жалғыз өзім және сыздаған ауырсыну.
Әлдебір нәрсе көзімді тартқан болды: жусанның аласа бұталары арасында – екі аппақ қауырсын! Өткенде іздегенім осы еді. Қызық-ау, дәл осы сәтте табылғаны жұбатудың нәзік жылуындай көрінді. Яғни ақ тауығымыз осы жерде болған екен, тапқан соңғы жері осы ғой, жоғалған соқпақтың іздері де осында!
Алғашқы қардың таңы, алғыш кысқы түннен соң құлағалы тұрған, шатыры жартылай ғана жабылған Шариктің үйшігіне жақындадым. Алдымнан шықпақ түгіл, тұрмады да. Мұңайып байсалды кейпімен отырғаны, ол мұңында ерекше айбын бар еді. Сол суық түні қатты тоңып еді, оған көмектескен ешкім жоқ. Маған аянышты да, ризашылықпен де қарап қойды, бірақ әлі де дірілдеп отырған сияқты. Сөздерімнен басқа берерім жоқ еді. Ондай сөздер (айтылған үн екпіні) бәлкім мұңын көбейте ме, кім білсін? Оған тамақ әкеле алсамшы! Ештеңем жоқ. Ал тамағым пайда болғанда, сол бір мезетке қарағанда, құны арзандаған еді. Тамақ әкеле жатқанымда, күннің көзі біраз шығып, қар еріген еді. Шынжырын даңғырлатып, алдымнан жылы шырайлы Шар шығып еді. (Ал сол бір үмітсіз сәт жұбанышсыз кетіп қалған еді, сол мезеттегі Шар қайғысымен оңаша қалып еді…)
Көл болса сырын айтып жатты: «Мені екі жарым ай бойы күн сайын көріп жүрдің және күніне бернеше рет! Тұратын көшелеріңнің түкпірінде. Мейлі, көше тым ұзаққа созылса да… Сол уақытта бір рет болсын, жаныма келмедің-ау, бір шаруаңды қоя тұрып…» Төбесі мен жасыл ағаштары көркейіп тұратын саяжолы бар Маркс көшесінің шеті де оған қосыла: «Соншама рет ескерткішке фотоға түсіріп аламын дегенің қайда? Түсірмедің ғой! Саяжайымда түк қалмағанда, ал төбем ағарып тұрғанында енді түсіріп тұрғаның не? Қазамды түсіріп жатсың ба?»
Отын ұстап бөлмеме кіріп келдік: қоқыс, ағаш қабықтары, қар, ал от жағатын қуат та қалмады. Бу мен ыстыққа тойып, асығыста картоп, салма, компот пісіріп, су қайнату және әдеттегідей еденді жуып жинау. Бөлмем сорлы емес, қайта біраз сәнденген. Жұпыны да ретсіз іші: әр жерде көрпелер мен киім кептіріліп жатыр, керует астында тамызық, қағаз, қоя салынған қоқыс (жағып жіберетін). Былайша от жаға беруге шамам жетпес – қартайдым…
Аса ызғарлы күн еді, суық желге барып, тоңып цистернадан жаман суларын алып келуге қиынға соқты; тесіктен қолыма суық су атқылап ағады кеп, крандары тез жабылмайды. Қолымды, әбден домбығып қалмасын деп, лайшық суға жуып, шүберекпен тазалап сүрттім.
Осындай бір сағатта (жарық та өшіп қалды!) үй иелерінің шығаберісіне ұшып кірдім, едендерінің бояуы жаңа, төсеніштері тап-таза, аласа есіктерінде – гардина, герані бар терезеде крахмалданған шымылдық, диванның үстінде (алғаш түнеген жерім) – малахит түсті орман мен алтын бұғылары – екеуі де өлшемсіз салтанатқа толы… Тамаша сұлулық. Иттің үргенін естігендей, тым-тырыс қозғалмай тұра қалғандары…
Ескірген лашығыма қайта ораламын, жүректің ауырғаны сияқты, жауырымның астында бір ойлағаным сыздайды да тұрады (сол ой болып қала бермек – күшім жетпес!) – әлгі үйдің төсенішін жуып алу ғой, үш метрдей ол қалың төсенішпен 12 апта бойы жүріп, біраз бастық қой…
Электр қуатына және отынға төлеймін деп уәде бергенімде үй иесі айтарлықтай жылы шырайын білдіріп еді (бір шелек көмірді өзі әкелді, «жылынуыңыз керек қой» деп…өз қолымен көсеуді ала салып пешті жағып, күл салатын леген де берді), алайда ол бар мейірімін бір мезетте пайда болған «жаман мінезі» шайып тастады. Екі жарым айдай арамызда болған ілтипатты әңгімелеріміз бен оған деген құрметім, әдептілігі мен жылылығына сүйсінген қуанышыма су сепкендей мына бір сөздерін-ай – бақшадағы басқышта тұрған оған менің «Отын берер ме екенсіз?» деп сұрағыма ол кенеттен салқын ғана қатайған, бөтен қатыгездікке өзгерген дауысымен айтқаны: «Соңғы рет беремін де қоямын. Одан ары өзіңіз біліңіз! Володя ұрсып алды, өз үйіміздің екі пешін жағуға отын бар да, сіздікіне – жоқ…» Мен абыржып қалдым: «Қалай болғаны? Мына суықта жақпаса, қайтемін…» Ол болса, асқан салқындықпен өзін тежемей-ақ (достығымыздың аяқталғанын айқындаған дауысын күшейте): «Ал онда менің шаруам жоқ! Білгеніңізді істеңіз…»
Бұл классикалық сәт еді (Достоевский бойынша, «Нашар әзіл» желісі, түйсігім бойынша болса – нашар түсім). Әңгімемізге не жетпегенін түсініп, мен отынды қайдан сатып алсам деп сұрадым… «Сіз маған сатар ма едіңіз…» Жарты сағат өтпей, шақырып алды: «Отынды кесейін деп едім, тек көмекке адам болмай тұр…» – мен болсам, сонау Сібір заманынан отын кеспеген адам, араға ұстандым да, кесе бастадық. «Мына іс қолыңыздан келеді екен…» – «Үйрендік қой… Өзіңе қарай тартсаң дұрыс, итермей…» – «Ой, қарасам сіздерге, мықтысыздар ғой! Не ғана көрмедіңіздер-ау! Ағаш кесу лайық па сізге…» Кесіп-кесіп, аз ғана шаршап, бес жақсы орамды шаттана құшақтап, ентігіп қалмағаныма қуанып үйге кірдім. Тек сол бір қуанышым жан ауруыма ауысты: Рита бір сәтке кітабынан басын алды да қойды, өз-өзімен, ештеңеге қатыспайды, бір жылы сөзге жарымады, сабағына үңілді қайта, «Апа, жарадың!» дегені жылытар еді-ау!
Кейін Ританың одан да ауыр соққысы күтіп еді: «Мында бітірер шаруаң қалмады, бұл жерде тұруыңа себеп те жоқ, кете берсең әбден болады! Мында келе беруден жалықтым, мені күте бергеніңнен да шаршадым, жеке еркін болғым келеді!» – «Олай болса, өзің-ақ кір жуып, асханаға барып, жеке өзің сабағыңды неге дайындамайсың?» Отын мәселесімен Анна Ивановна алдындағыдай абыржып қалдым. Жоқ, одан да бетер жаман болдым әрине! Өзіме сене алмай тыңдап тұрдым: «Неге кетпейсің өзі?»
Бала кезімнен үйренген әдетімше, демімді алдып да, сыздаған ауыруымды білдірмей, өзімнің салқын да жаттыққан дауысымды естідім: «Өзім керек деген уақытта кетемін. Неміс тілінің алтыншы класын аяқтап, жатақханадағы жылу туралы анықтаған соң».
«Анықтайтын түгі де жоқ! Өзгелер тұрып жатыр ғой, мен де тұрамын!»
«Көкшетаудың үш сұлулығы! Сарғыш та көкшіл (көлі мен таулары) сұлулығы жасыл әсемдігі болмаған жағдайда – бос болар еді!» – қалтамдағы шағын қорапшаға түртіп қойған жазуым… Содан бері таулары қарға оранып ағарған еді…
…Россияда ауылдық соқпақтар әлі бар. Дәл сондайлар, асфальт төселмегенінше, Көкшетауда да жетерлік! Көкшетау мен ол туралы жазған повесімді Шарик пен Галатеяны ұнататынымдай беріле сүйемін!
…Женя К. досым Көне Қрым жерінен жазған хатында ол туралы бір баланың айтқанын келтіреді: «Міне Мыстан!» Күледі және. Кездескенімізде ол да, ағасы Юзя да менің «Мыстанымды» оқып (тек бір-ақ бала емес, мыстан мен бармалейдің хоры!) – мен әділ-қазыларын сайлап аламын, екеуіміз қатар тұрамыз да, Мыстанның бірінші сортын таңдатамыз. (Юзя әділ-қазылар алқасына кіре алмайды, туыс болғасын әділ қарай алмайды!) Дегенмен ішіндегі нендей құштарлық алға тартар екен – Сұлулыққа деген құмарлығы ма, әпкесіне деген көңілі ме, әлде бауырының Атағына деген ынтасы ма.
Ританың махаббаты да таусылған екен. Мен болсам онымен бірге болған өміріміздің жарасымды рахатына тоймай қуанып едім. Сол бір сөздерін іште қалдырмай айтқаны өкінішті-ақ! Онысын маған айтқаны бекер болды – бірнеше күндік қамқорлығыма шыдамады-ау! «Еркіндігіңді тойғаныңша ішерсің әлі – жылдар бойы, қасіретіңнен талай жыларсың да!» – дедім мен сонда. «Сені жақсы көрмеймін деп ойлама, жақсы көремін сені, тек … Жақсы көремін, тек тезірек кетсеңші!»…
Шарик пен Креольчик болса мені жақсы көреді, жалғыз емеспін. «Мяу» – шығам дегені. Есікті сығырайта аштым (сәл ғана, суық тартады әйтпесе!), қара жебе атып шықты есіктен, Креольчик-Галатея серуенге шықты.
Сонымен 1 сом қалды және қанша екен? Телехабарламам Женя Цветаеваға Москвада жетіп үлгере ме екен? Май мен қаймақ екі күнге жетер, картоп, пияз, сәбіз бен қырыққабат. Қант аз ғана. Нан мен 200 грамм болсын өсімдік майы керек еді, тағы не еді? Анна Ивановнаға арнап бөлген бес сом салып қойған жерде (жол билетіне сақтап қойғаным) екі сарғайған сом жатыр! – өз көзіме сенбей қараймын. Ұмытқаным қызық екен! Қараймын да күлемін-ау: ғажап емес пе? Әлгі Голем туралы аңыздағы Мариямның алтыны сияқты болды ғой…
Ал ақшаға ақша қосылады деген осы: Женя Цветаевадан 40 сом келді де дүкен аралап жүрмін. Мейірімді Жан әйелінің үйінде түнеп шықтым, ақылды қыздары Леночка қасымда болды. Ол қыз Октябрь мерекесіне орай балабақшада «қызыл жалау» туралы тақпақ оқыудан бас тартып, «таяқта ол ақ өзі» деп «өзі» дегенді «үзі» демей нық айтады. Сынапты бала Вася маған бір қолымен қанша сығатынын және кластарында екі жасынан бастап кітап оқыған бала туралы әңгімесін сеніп айтты…мен болсам жылы кешкі астан соң жеті жарым сағат бойы өлген кісіше ұйықтадым.
Үй иелерінің қыздары Людаларына қара ит (Шарик) әпердім, Ритаға – сабын, тіс щеткасы мен пастасын, өзіме – дәптер мен қарындаш, өзіме және – шұлық және Оляма арнап шұлық алдым, май, ірімшік, Ританың «Алыча» деген джемін, нан, күнбағыс майын; әзер келе жатырмын, К-ның немересіне сабақ өткізіп, таумен келемін, Ританы тамақтандыратыныма қуана келемін. Одан шағын хат қалыпты: «Қымбатты апа! Сенікіне келіп едім, К-ға кеткенсің ғой. Енді бүгін келмеймін (сабақтарым көп, кітапханаға кеттім). Ертең! Бетіңнен сүйдім.» Пеш жаға бастадым, ертеңге дайындаймын. Кеш түсіп, жазуға отырдым.
…Поезда Көкшетау туралы повесть болады, көшелері мен тауларының фотосуреттері (көлін де түсіріп алуға барынша тырысамын!). Ританың маған бір ай бұрын әперген қорабынан қалған рахат-лукумның екі қатып қалған сынығы және.
Менің өтінішім бойынша, К-ва Рита оқып жүрген институт ректорынан бөлмесінде батареялар қосыла ма деп сұраған болатын. Ол кісі мүмкін қыстың ортасында ол қиын деп жауап беріпті, себебі жылу қосулы, бірақ жылы болудың амалын ойластырып табар деп айтты. Оның үстіне Ританың да қайта жылылау бұрышына оралатын түрі бар, – Нинаның оқуы нашар көрінеді, ол туралы қателесіппіз, басқа бөлмеге ауыстырар ол баланы, Рита болмағанда әлгі қыздың керуетіне нәрселерін ауыстырып, оны терезеге шектегеніне тіпті Ританың мұғалімі де таң қалыпты.
Бұдан артық ешнәрсе істей алмаспын, кету керек. Ертең келінім Нинаға телеграмма жіберермін – жауап берсін, билет ала берсе болар. Мейірімді Жанның әйелі ұзын, қара, шұға пальтосын берді, менікінен әлдеқайда жылы.
Көкшетауда қыс: қар жауып, жел соғып тұр. Шарик жыртық үйшігінен шықпай жатыр, түрі қайғылы, өзі сабырлы, дірілдеп жатыр. Тамақ салынған табақты үйшіктің ішіне тықтым, ол болса тамаққа бас салып ашкөздікпен жей бастады, тұмсығы риза, құйрығы метрономдай қозғалса да, одан артық қимылға халі жоқ. Үй иесінен ашық қалған үйшіктің бұрышын ілулі тұрған жылы күртемен жабуды сұрадым да, табандарының астына еден жуып жүрген қаптың жыртысын тастадым – шамалы болсын жылытар. Ол мақұлық ашкөздікпен тамағын жесе, мен, ұялсам да, өзімнің жылы бөлмеме кетуге асықтым. Жел әлі соғып тұр.
К-ның немересіне ағылшын тілінен сабақ беріп жүрмін, кейін Ритаға жылы лебізін білдірер…
Оны қалай қалдырамын? Жүрегі ылғи ауырады. Тек 6-7 сағат қана ұйықтап, 17 сағат бойы сабақпен айналысуға болмайтынын түсінгісі келмейді; ешкімнің сөзі өтпейді. Ауырып, жатып қала ма деп қорқамын.
Жылыға оранған Люда келіп кетті.
– Кәмфит берші!
– Кәмпитім жоқ!
– Анау ше? Қат бер! Тах-хы бер! Нән берші! Нә-ән… (жылай бастады)
Салығын жинап кетті.
Мейірімді Жанның Леночкасы соның жасында; таразыда тауар өлшеп тұрғанындай ерекше, рахаттана, асықпай тәтті сөйлейді, әрі мәз өзі:
– Өскесін менің көзілдірігім болады! Оны кигенімде (рахаттанған кідіріс) қазіргіден де жақсы көретін боламын.
Осы екеуімен коммунизмді құрып көріңіз енді!
Володя – жалғыз өзі! – түнгі екіге дейін тынбай істеді (әлгі Славик деген ағасы ұқсас болса да айтарлықтай жақын болмаса керек, мына бір рет істелетін қомақты жұмысында көмекке келмеді), үй тым-тырыс ұйқыда еді, менікінде – жазу жұмысы жалғасып жатты; аулада қазып қойған бағаналарға жатақтарды кіргізіп алып, ауланы енімен де, ұзындығымен де жабатындай бойынан және көлденеңнен нығайтып орнатты, ал таңертең аула ішінде тақта арасынан сәл ғана күн сәулесі түсіп тұрған жайлы көлеңке орнады.
Сол-ақ екен, аула ішіндегі жел мүлдем басылды, Шарик үйшігінде қымтап жабылған күрте ауладағы қар үстінде жайрап жатты, ал үстінде Шариктің өзі. Қалай ғана, а? Алдымнан тұра қойды, күртенің жеңдерін үйшігіндегі бұрыштарына орап тағы қымтап қойдым, ішіне қарасам – қараңғы жайлылық! Өз-өзіме риза болып кеттім. Үйді жинап, ауыз үйдегі бидондағы су бітуге жақын екенін көріп, екі шыны құты ұстап үй иесіне қарай шықтым – тым болмаса бір салмаға жететіндей су керек. Бір қадам аттап, таңдана тұрып қалдым: Шарик екеуімізден басқа ешкім жоқ уақытта жаңа ғана жапқан күрте аула ортасында жатыр, ал үстінде Шарик ұйықтаған жайы. Тұмсығын көтеріп, құлағын қозғап, есінеп, қызғылт тілін салбыратып, құйрығын бір бұлғап, қанағаттанған бойы сибариттік қимылмен кілеміне жайланып жастана жалпиды. Сонда ғана түсінгенім: жел емес, әлдебіреу – ол әлдесі және Шариктің өзі! – шатырынан күртені сүйреп түсіріп (мықтап тығындап жайғастырған күртенің етегін тартып жыртқанын көрсем ғой! Шынжырымен болатын айқасын қайталады-ау!), үстіне жайғасып ұйқыға басатын. Бұл мақұлықтың ішінде данышпанның жаны жоқ деп көріңіз!
Ол ашылған жайтқа мәз болып, таңданған табанымызбен құшақтас­қанымызды атсаңызшы!.. Бос шыны құтылар дәл кастаньеталардай тақылдап жатты.
Аппараттың сиқырлы қобдишасында Валерьянның қола мүсінін алып кете алмадым! Қоштасар алдында, тым болмаса, еркіндігі жарасқан көлі объективтің тылсым әйнегі арқылы сол қобдишама түссін. Ританы салқын көк айдын алдына менімен бірге баруын сұрап-сұрап көндірдім. Оның қолына таянып қатып қалған қатпар жолда тайғанап келе жаттым, асықтым – күн бата бастады, ал шаруам көп, оның үстіне мына қатты суық… Көлденең жатқан көшелерден өтіп, Қопа көліне қарай жақындағанымызда көргенімізді сұрасаңшы! Алғаш күндері болған балтырдың иісі де, судың шашырауы да көрінбеді! Судың өзі болмады! Жаға шеті қозғалыссыз тым-тырыс, қатып қалған толқындардың суреті, ал жалпы су бөлігінен қалғаны – суық ызғардың үмітсіз демі, Данте шығармаларына салған Густав Доренің иллюстрациялары… Дірілдеген қолмен жапқышты әзер дегенде сезіп ұстаймын да, қараңғылана түсе бастаған күңгірт ауада, жақыннан тау және жағамен, алыстан сарғыш ымырттағы аспанмен тұтасып, қатып қалған бозғылт толқындардың немқұрайлы маңғаздығын объективке ұстап алып түсіремін – боз пленка суығының фото айқындағышында не қалады екен? «Апа, тез болшы, тоңып қаламыз!» – Рита бір жыл бұрын Либавада сатып алынған, ескі болса да, жылы етігімен мұзды таптап тұрды… Төбемізге Чапаев көшесімен Куйбышев музейінің қасынан келе жатқанымыз…
Көкшетау тым суып кетті. Володя аулаға сырықпен тіреп сабан жауып қойды, Шариктің патшалығында күңгірт орнады. Есесіне таяп қалған кәрі жасында бораннан да, омбы қардан да қорықпауға болады, Анна Ивановна айтқандай, «екі тәулікке созылған күртік қарлардан кейін үйшігі көрінбей», тіпті қазып алуға мәжбүр болды. Қартайған шағында Шар жылылық пен тыныштыққа бөленді…
Көшемен жаяу жүру қиынға соғатын болды: тау етегі тайғанақ, аяқ болса (2-3 сағат пешті айналып жүргенде не жылытқышқа тіреп ұйықтап қалған мезеттен басқа таңнан түнге дейін қатып қалған) тайғанайды кеп, таяғым ұшып түседі және, мұзға басыңды жарасың ба деп қаласың! Куйбышеваның үйіне күн сайын барып келемін, алдын ала келісіліп қойғандай, немересі Валерьянға тегін сабақ беремін, көрікті атасының есімін беріпті Воликке. Ер баланың кішкентай ғана бөлмесінде жайғасып, 72 жасар миыма теңдесі жоқ болып көрінетін ағылшын грамматикасының сырларын 17 жасар баланың басына құйып отырғаным. Мейірлене тыңдап отырады ол бала, себебі өзі табиғатынан мейірімді, куйбышевтердің қанынан ширегін мұраланған атасынікіндей тамаша көкшіл көзімен қарап қойып, тапсырманың тең ширегін орындап, келесі жолы толық орындаймын деп уәде береді. Қабырғаның ар жағында жүрегінің ауруы болса да, ылғи мейірімді де сергек болып жүретін әжесі адамдарды қабылдап жүреді, ағасының музейінде шаруалары болмаған уақытта – тіпті шет елден келушілерге экскурсия жасап отырады, өзге жұмыспен адамдарды қабылдап жүреді. Ай жарығындағы төбемен үйге қайтар жолда Воликтің жайын, болашағын ойлап келе жатамын: өзі қызық бозбала, үйінен ешқайда шықпайды, оқуға ынтасы да жоқ, математика мен «сіңлілерін» алғашынан ұнатпай қалды, бірақ үнемі оқып отырады. Әжесіне деген ерекше мейірбандығы мен әзілқойлығы бар. Бірде маған айтқаны: «Аң аулауға ма?» – «Жоқ, ұнатпаймын. Бірде барып батпаққа баттым, одан кейін қаламадым…» Мені шығарып саларда, Мотяларының (Маркиз есімді керемет сүйкімді мысық иесі, басы жалғыз болғасын, оны әйел «ұлым» дейді) түскі не кешкі тамақты дайындап, шақырғанын күтіп тұрады, ал тоқ та дәмді тамаққа Воля құмар. Не күтіп тұр бұл баланы?
Қолғабым болса да, саусақтарым жаурады әбден (Шарик сияқты қартайып, аяздан езілдім) – төрт табаны аязды күні тоңады, – ал қала көшелерін түсіру үшін қалай және қашан шығамын? Бос уақытым қалмады-ау: біресе азық тасимын, біресе тамақ пісіремін, енді бірде Ританың ағылшын, неміс тілдерін қараймын да ұмытыла бастаған француз тілінде сөйлеуіне қозғау саламын. Кенеттен 35 жасында қаза болған әйгілі Валерьянның қола мүсіні үйінің алдында бойымен тұр; бала кезінде тұрып ойнаған шағында, кейін музейге айналған үйінің алдында ол қола бойымен, мүмкін, дүниенің ақырына дейін тұратынын қайдан білсін. Бүгін түсіре алмадым, қараңғылана түсті, ал күні кеше қола мүсіннің сол жағын онсыз да сымбатты көркін одан сайын көркейтіп күннің көзі жарқырата түскенде, фотоаппаратым болмай қалды, алмаппын, әйтпесе сол мезетте-ақ түсіріп алар едім. Кетпес бұрын түсірсем екен!
Резеңке бәтеңкемен қопарылған көшелерден өтіп алысқа жүрмесін деп, Е.В.К-ва билетті өз байланыстары арқылы алып берді. 25-қазанға алыпты.
Көкшетаудағы соңғы күндерім өтіп бара жатты.
Азығымды санап қойып, қалғанын пісіріп жүрдім: үй иесі жоқ жерде ұсынған қазанында қабығымен картоп пісірдім, қалса егер – жолға алармын. Ботқаны (қарақұмық болсын, өзгесі болсын) – өзіме қалдырдым, Рита жемейді ондайды. Күніне екі рет тамақтанамын – бір литрлік құтыны жолыма аламын. Аз-маз нан, ірімшік, қант, майым бар. Жол үстінде шығындалмайтыныма мәзбін, бәрі өзімдікі. Ақшаны Ритаға арналған сәлемдеге үнемдеп жүрмін, жуырда 19-ға толады, құрбыларымен дастархан жайып, аз болса да оқудың арасында қуанып қалсын. Өсімдік майының қалғанын таба орнына тәрелкеге құя салдым – ботқаға қосатын пиязды қуырармын.
…Бар күшімді салып келемін, аз таныс болса да, Рита үшін пайдасы болатын үймен танысу керек, оны да бірге ертіп апардым; үйдегі жандар: облыс аумағындағы дәрігер, шешесі мен әкесі (жасы ұлғайған ұстаз) және жасөспірім қыздары, ол бала мектептен өзге музыка мектебінің оқушысы – ойнап берер бізге. Рита бөтен үйдің жылуына жайласты (мен болсам сәл уақытқа Мейірімді Жандарға соғып үлгердім. Ол кісі поездан түсті, жолда суық тиіп ауырып жатыр. Ритамды осы кісілерге сеніп қалдырамын). Сағат 11-ге таяғанда автобус аялдамасында тұрып қоштасып жаттым. Ол сабағын оқуы керек әлі. Римманы біздікіне түскі асқа шақырдым, сорпа мен екі екінші дайындап, тосап қойып шай беремін. Оның үстіне басылып тозған (көмір, күлден кірлеген) еденді де жуу керек…
Жылынбасам да барып келемін, төбеме қарай бет алдым. Соңғы рет көтеріліп келемін, қажыдым, зорға келемін.
Қақпаны іштен жауып қойыпты. Есікшені Володя істеп үлгермеді, ол есік қақпаның ішіне мықтап қағылыпты. Есікті қағып едім, тым-тырыс. Түнемелікке қайда бардым енді? Куйбышевтер үйіне ме? Ол бірақ төменде, алыс. Он бір жарым болыпты… Әлгі қазақ көршілерінің есігін қағып көрсем бе екен? Амалым қалмады да, иығыммен итеремін кеп қақпаны (ар жағынан Шарик иіскеп, ниетімен «көмектесіп тұр»), тағы қағамын да, кенеттен итергенімнен қақпа гүрсілдеп ішке қарай ұшып ашылды. Әйтеуір Шариктің үстіне емес, қақпа дегенде адам бойындай кең тақтай. Бір жақсысы жарығы бар, тек пеші жағылмаған бұрышыма кіріп, жылытқышқа су жылытып, жаттым әйтеуір.
Келесі күні барлығы үйіліп түсті: сәлемдемені жию (Москваға негізгіні жіберіп, жүксіз барамын деген оймен), ыдыс жуу, тұздық қосылған макарон, картоп қуыру, еден жуу, түсін қайтармақшы болып сабын суда бар күшіммен өзіміз бүлдіріп тоздырған ожауды ысқылап жатқанымда, Римма мен Ританың жас дауыстары естілді. Екеуі тату дос! Бұларына қуанамын да! Ританың үлкен сұр көздері, алшақ орналасқан және әсем кең маңдайлы, ақ сары өзі. Римманың қой көзі көрікті, дөң мұрын, оймақ ауыз, шашы қарақоңыр, сұлу қыз!
Қолымды жуып, сорпаларын, сосын екінші, тағы бір екінші түрлі тамақтарын бердім. Олар жеп болғанша, адам күшінен тыс жігерімді салып, екі жарым метр төсенішті сығып бітірдім! Аязға шығардым! Пеш әлі де жағулы…
Рита қапты тігіп, салемдемені салып қойды да, үшеуіміз көшеге асыға шықтық (пошта жабылып қалмағанша үлгеру керек). Сол арада екеуін түсіріп алдым фотоға. Бұдан өзге жоспарлағаным – үй иелері қыздарымен бірге және отбасымен бірге Тая… Риммаға қалған көкөніс пен шаруашылыққа қажетті ұсақ-түйектерді ұстатып, Рита және өзім сәлемдемені арқалап, таудан тарттық.
– Апа, бұл саған, жолыңа! Меннен – міндетті түрде қалдырмай же! (Бір қорап мармелад пен тәтті тоқаштар – жолдағы тақуа үстеліме «жұмақтың дәмі».)
Римма екеуіміздің әңгімеміз жарасып жатты – ол өзіндікілері туралы айтып, «Новый мир» журналындағы естеліктеріммен шаттанып жатты, сол уақытқа бауырласып кеттік. Қызға тән наздықпен қоштасарда сүйіп алды мені. Сүйкімді жастық-ай! Алдында әлденемелер күтіп тұр ма оны? Ал Ритамның алдында не?
Сәлемдемемен жүргенше әзер үлгердік… Алайда жинақ кассасы жабық. Тамара кетпекші екен. Ал керек болса! Енді не істедік? Шотымды жабар бұрын 25 сом алуым керек еді!.. (Ол ақшаның бір бөлігін машинисткама, қаншама жыл бойы қолтаңбаларымды талдап реттейтін Елена Алаксандровна Водо жан досыма сақтап қоямын дегем.)
Пошта терезесінен дауыс естілді:
– Анастасия Ивановна, сіз үшін аударма бар: Ескі Қрым жерінен, 25 сом!
– Апа! Мынау бір керемет қой! – деп сыбырлады Рита. – Кімнен екен?
– Женя Кунина жіберген, одан басқа кім болушы еді. Ақшадан қысылғанда хат жолдағанмын оған, бірақ сұрамадым, ойыма келмейді ондай… О, бұл тамашасы туралы жазып беремін оған, Големнің тағы бір ғажабы!
– Рита болса екі хатымды ашып үлгерді – Көкшетауға жолданған соңғы хаттар! Мария Николаевна Изоргинадан, тамаша әнші, әрі жақсы әйел; Маруся Волошинадан, Коктебелде болғанда онымен танысып, екі аптадай аралысып едім; Григорий Николаевич Петниковтан, бұл ақынды жас кезімде жазушылардың Герцен Үйінде кездестіріп едім, енді Коктебельдегі Макс үйі.
Екінші хат: «Енді міне астанаға, солтүстікке жазып отырмын. Қалжырамай келсеңіз жақсы болар еді, алайда адам күші сарқылмайды ғой, әсіресе жақсылық істегеніңде, мейлі, ол жақсылық бағаланбаса да… Жарайды, оларды жазғырмай-ақ қояйық! Біздікінде зеңгірлігімен көз тартарлық тыныш күз түсті. Кейбір нәрселерді жазып қойдым. Сіздің жазбаларыңызды күтудемін. Әлі болсын жарқырап тұрған мамыргүлдің жасылында жабайы жүзімнің қазғылт өрімдері, Қрымдық қазанның белгісі. Сіздікімін, Г.Петников.»
Хатты жайымен бүгім салдым.
Шарикке соңғы рет тамақ салынған бір табақ беріп, Креол-Галатеямен қоштастым (суықтың кесірінен маған аз келетін болды!). Соңғы рет пеш жағып, Ританы күтудемін. Әттең, бірақ ол кеш бойы сабағынан босамай қойды!
Неміс тілінің оқулығын тамамдадық!
Шарикті түсіріп алу керек! Нанның қыртысымен қызықтырған боламын. Шынжыры жететін жабулы ауланың ойылған есігінің алдына нанды саламын – тұмсығын шығарып көрсетер деп. Алайда ол табанын созып, нан қыртысын тартып алады да, қашып кетеді. Мен болсам одан асқан қулыққа барамын: екінші үлесі алысырақ жатыр, сондықтан ол табанын созып аламын деп тырмысып жатқанша, екінші кадр жасап аламын. Қара мысық жүгіріп өтті. «Кис-кис» дегеніме бұрылып қарайды да, үшінші кадр дайын! Және бір кадр – Шармен бірге Рита!
Бір ай өткесін Ританың Көкшетаудан жазған хатында: «Апа! Шарик сен кеткен соң үш аптадай ұли берді – сағынғаны ғой сені… Әлгі біздің есігіміздің алдында жата береді өзі».
Міне, нәрселерімізді ұстап таумен төмен түсіп келеміз, Рита қолтықтап келе жатыр. Үстімде ұзын қара пальто (Мейірімді Жан әйелінің бергені), Ританың ескісін аяғына жапсын деп қалдырдым. Басымда шәлі, маңдайымда ұзын мұрнымның үстінен шығып тұр.
– Сыған кемпір! (өтіп бара жатқан балалар тағы).
Рита екеуміз күлеміз оларына. «Апа, бұл Мыстан дегеннен жақсы ғой!»
– Рита, үш-ақ сағат ұйықтағасын түрім үрейлі ғой бүгін!
(Ішімнен ойлап келемін: сыған болуға да жарадым-ау. Сығанның қорқынышты кемпірі! Леонид Андреевтің немересі ағылшынша Марина туралы жазған еді: «Ол арық та қара торы болатын, күміс әшекейлерін киіп, жүдеу сыған әйеліне ұқсайды…» Марина жас кезінде пысық еді, алтындай шашты…)
Көл ақшыл сағымдай толқып жатты.
Құдайға рахмет, автобус көп күттірмеді. Көкшетаудың көшелері жалт-жұлт етеді… Вокзал. Көкшетау туралы әңгімем басталған сол вокзалдың өзі. Міне, оң жағымыздан № 91 поезд пыс-пыс етіп келіп қалды…

Анастасия ЦВЕТАЕВА
Аударған Дана Жантемірова

Комментарий (1)

  1. Reply
    Айымбетов Мәдиговорит

    Жақсы шығарма, жеңіл оқылады. Аудармашы орыс тіліндегі мәтіннің стилін барынша сақтауға тырысқаны айқын көрініп тұр. Орфографиялық, бірен-саран стильдік қателер ұшырасады. Кітап болып шығардың алдында тағы бір мұқият қарап шығу керек

Пікір қалдыру