Нәсіпқали СЕЙІТОВ. Абайды абайлау

Абай – дананы мен әрбір мүшел жасым өткен сайын
мүлдем жаңа қырынан танып отырыппын
Автор

І
Бір мүшел жас…
Шикіөкпе бала кезім.
Өмір деген не өзі?! Шала сезіп,
Ойын қуған ойсызда қайдан болсын
Пайымдылық дейтұғын дара сезім?!

Пайымдауға жетеміз жетпеді де,
Бағаланбай Ұлылар өтпеді ме?
Хакім Абай солардың бірі-тұғын
Көктей өткен ғасырлар өткелінен.

Оқитынбыз мұғалім ұсынғанын
(Белгілі жайт Кеңестің тұсындағы).
Абай-ата жыры да болған шығар,
Шынымды айтсам, мен бірақ тұшынбадым.

Ақыл жоқ-ты Ұлының жайын ұғар,
Барған жоқпын жырлардың байыбына.
Ол кездегі ынтамыз – «кәкір-шүкір»,
Қиял ғана «мінгізді қайығына».

Жырға ниет, десек те, аппақ еді:
Шиырлаумен шектелмей тақпақ елін,
Екі оқысаң, есіңде қалып қояр
Эпостарды ерінбей жаттап едім.

Себебі олар қиялға дем беретін,
Мазмұны мен ауқымы кең келетін.
Оқуға оңай, көкейге қонымды еді
Жорға-жырлар төрт аяқ тең келетін.
Жөні басқа Абайдай ұлылықтың,
Ойы – батпан, шертетін сыры мықты.
Осыншалық толымды толағайдың
Әл бермесі балғынға ұғынықты.

Бүгін мәлім Ата Ұлтқа Ар болғаны,
Көкіректе запыран, зар болғаны.
Түсінікті: тануға, табынуға
Балғын бала әлемі тар болғаны.

Қорыта айтсам, сол бала кезімдегі
Бұлыңғырлау, бұлдырлау сезімдерім.
Ұлы Абайдың есімін естісем де
Ұлылығын түйсініп сезінбедім…

ІІ
Екі мүшел…
Өрге өрлеу қарқынды алып,
Қайқы қылыш жүзіндей жарқылдадық.
Білсем деген көбірек, ұқсам деген
Талпыныс та, төзім де сарқылмады.

Өмір мені, аңсаған алыс қырды,
Сан алуан пендемен таныс қылды.
Адам емес, алайда кітап қана
Талай-талай дүлдүлмен табыстырды.
Сол дүлділдер өкілі – Абай-хакім
Түбі терең толымды ой айтатын,
Ғибраты тек қана қазақты емес,
Тәнті қылған халықты алыс-жақын.
Ақыл кіріп, ой-санам сабырланып,
Ғибратты мен де ерек қабылдадым.
Мен де, сөзсіз, қаладым Атамыздай
Күңгірттердің Ақылға бағынғанын.

Байланысын адам мен замананың
Ойлы жырлар өтінен шамаладым.
Ұғындым мен, ақиқат ұлықталған
Қоғам ғана үндестік таба аларын.

Бізге ол кезде «жоқ» жоқ-ты жоқталатын.
Ашқұрсақ ек, тек көңіл тоқ болатын.
Күйкі тірлік күңгірттеу болса дағы
Ертеңдерге еш күмән жоқ болатын.

«Аға халық» жол бастап, апаратын
Емексіді Ертеңнің шапағаты.
«Дүниенің бар кілті – орыстарда…»
Медет қылдық көңілге Ата хатын.

Абайсыз-ақ «орысқа мінгескенмін»,
Тілін, ділін меңгеріп, «күнде өскенмін».
«Заман солай, күнің жоқ орысшасыз…».
Осы «шартпен»
Ата-ақыл үйлескен-ді.

Қалай болар «жат жұртқа жанай қону?..»
Ойымызға кірмеді абай болу.
Одан сайын орысқа табындырды
Хакім жайлы хикаят – «Абай жолы».

Бұл еңбекте Ертеңге арайланған
Жеткізем деп Қазақты қалай ғана
Тиянақ жоқ, тұрлау жоқ ит-тірліктен
Торығады, зарлайды Абай-дана.

Оюлы ойлар тұрарлық мәпелеуге
Туған халқын ұшпаққа әкелер ме?!.
…Бұл орайда,
«Ертеңге кертартпа», – деп
Тіл таппапты Ұлы Абай әкемен де!

Құбыжық қып көрсеткен бай-манапты
Кеңес кезі…
Әлгі жайт жанға жақты.
«Арман-жолда әкемен қастасты», – деп
Разы боп, тамсанып, таңдай қақтық…

…Жайып салған күдігін ойындағы
Заман жайлы зар-мұңын мойындадық.
Сезбедік біз, алайда, орысқа ерсек
Қазақ-әлем тұрғанын жойылғалы…

…Абай сүйген өр халқын, ерен елін…
Ой астарын түсіну керек еді:
«Орыстардың жақсысын үйрен», – деді,
«Құл болыңдар орысқа», – демеп еді…

…«Ұлы Абай» деп неге оның қойған атын?
Түп-тамырын ол кезде ойламаппын.
Абай – теңіз шалқыған, ұқтым оны,
Тереңіне, әлі де, бойламаппын…

ІІІ
Үш мүшел жас…
Жырыммен жақындастым,
Ұлы Абаймен кеңірек ақылдастым.
Көзбен емес, көңілмен
қайта оқыдым,
Түсіну мен таңдану тақымдасты.

Қайта-қайта оқыдым «Қара сөзді»,
Жүк түсерін миыма сана сезді.
Ілделдалап көтердім, әупірімдеп
Салмағы зор зілбатпан дара сөзді.

Көп білмекке жүйкені
қамдандырдым,
«Сөздер» мидың жұмысын
жандандырды.
Ой-електен өткізген тұжырымдар
Тұтқиылдан тап болып, таңдандырды.

Шын шұқшисақ,
«Сөздердің» көп дерегі.
Заманға Ата, түсінем, өкпелі еді.
Бірақ мені қинады оқшау сұрақ:
Атам неге Қазақты жек көреді?!.

…Сөзден сөзге бір-бірлеп
«аяңдайсың»,
Әрбіріне зер салып, аялдайсың.
Қырық бес сөз: айтылған
талай пікір,
Қазақ жайлы оң-пікір таба
алмайсың:

Оңай жолмен мал табу,
терін төкпеу…
Жалқау да сол қазақта, еріншек те.
Байлық үшін ұят пен арын сатпақ,
Қайраты кем, намысы аз келімсектен.

Еңбек етіп, адам аз тырбаңдаған,
Күшті алдында шыжбаңдап,
жырбаңдаған,
Өсек тасып өзгеге пыш-пыштаған,
Ойсыз-мұңсыз ыржақтап,
ырбаңдаған.

Атақ қуып шабылған, қарызданған,
Бірін-бірі аңдыған, арызданған
«Қазақ жауы қашан да қазақ қана»
Іштарлықтай кеселмен ауызданған.

Өркендеуге, өсуге қадам қылу
Жетіспей қап, шектелген адамдығы.
Хайуанның қасынан бір-ақ шығар
Дәрмен жетпей жеңуге надандығын.

Ойланбайды қазекең, мұңданбайды.
Айтқан сөзде ойсызға құн болмайды.
Тыңдайтұғын айтқанын
жан болмауы –
Атам үшін кеудеде тұнған қайғы!

Бастық болу?… Сұмдықпен
өрмелейді.
Оза шапса оғылан, кермелейді.
Бұл қазақтың, әйтеуір, оңғаны жоқ,
«Бұл қалыппен шықпайды
өрге», – дейді.

Бүкіл Ұлтты көрсеткен
жатаған ғып…
Осы жайтқа мен қатты қапаландым.
Талай-талай сұрақтар ошарылып,
Көлденеңдеп көңілде жата қалды.

Біздің Қазақ зейінді, зерек еді, –
Оны қалай Аташым елемеді?!
Осал тұсын Ұлтымның тере бермей,
Мықтылық та айтылу керек еді!..
…Абай ата ойларын төкпеледі,
Балдан жұрдай, улары өктем еді.
Мен осыған қиналдым кәдімгідей,
Тым қатты деп Атама өкпеледім…

IV
Төрт мүшел жас…
Кемелмін, көрегенмін.
Жабысқан кез жалына өр өлеңнің.
Үш жыл өтті орыстан енші алғалы,
Еліміз де, мен де енді егеменмін.

Қатынастар Кеңестік тұраланып,
Жылдар өтті Одағы құлағалы.
Тізгін-шылбыр түгелдей қолға тиді,
Ел бағдары алайда ұнамады.

Билік алды қазақтың «батырлары»,
Орынтаққа жабысқан тақымдары.
Олар түгел жинады жан-жағына
Өзіне ұқсас пысықай пақырларды.

Жебір шығып әлгі топ, сорымызға,
Дірдектетті қоғамды, торыды ызғар.
Аренаны әп-сәтте жаулап алды
Абай-ата сомдаған образдар:

Буыршын да сол топта, атандар да
Ханды жақтап, қараға қоқаңдаған,
Қайып кеткен інгендей
қайқақтайтын
Кәрін тіксе «бас бура» қаһарланған.

Ұрылар да сол топта, жағымпаз да,
Қан қақсатқан халықты алымпаздар.
Қулық, сұмдық, арсыздық –
бәрі сонда,
Имансыз да сол топта Ақын жазған.

Аярлықпен шендесіп,
жақын жатқан
«Ұялмайтын бет сонда,
талмас жақ та»,
«Пара» десе, томпаңдап жүгіретін,
Көз салмайтын қалтасы толмас жаққа.

Құдай атып, қор қылдық
қолда барды,
Келеңсіздік жыл санап қордаланды.
Билік – басшы, ел – қосшы,
қиқуладық,
Қулық-сұмдық қоғамды торлап алды.
Аталатын «Елдік» деп құба белді
Бір тексеріп көретін сынақ енді.
Кеше Кеңес кезінде байқалмаған
Талай мерез жамырап шыға келді.

Жеке билеп желіккен «кемеңгері»,
Аузын жапты кіріптар «ел ерлері»
Абай айтқан Қазақтың портреті
Келе жатты біртіндеп бедерленіп.

Ішмерездер кенеттен
сайқалданған
Бұрын не ғып, апыр-ау,
байқалмаған?!
Шамасы, Одақ тәртібі қатаң болып,
Қазақ-мінез «қалауын»
айта алмаған…

…Елу жаста енді ашқан
жаңалығым:
Селт еткізер сәулелі-саналыны
Бар мерезін қазақи табиғаттың
Көре білген Абайдың даналығы…

V
Бес мүшел жас…
Алпыс жас асқаралы.
Ақылгөйлік шеруі басталады.
Сақшы сана жүйкеге тыным бермей,
Зерделеймін заманның
қас-қабағын.

Бұл заманның бөгеті, қамалы көп.
Бұзып өтер айла мен амалым жоқ.
Қалай ғана дәл айтқан Абай-дана:
«Жамандықтан қазақтың аманы жоқ».

Мүләйімсіп күштіге көзін сатқан,
Намысы жоқ – талауға
көніп жатқан,
Қанша қорлық көрсе де,
қыңқ етпейтін
Көнбіс екен қазекең әлімсақтан.

Бар жақсыны қулықтан аласа ғып
Қырттар кілең байлыққа таласады.
Әкесін де сатады байлық үшін,
Әлем-жәлем ниеті алашабыр.

Жете қалса шегіне тақ таласы
Құртып тынар құзғындық
бақталасын.
Қоғам азды, адамы бір-біріне
Сенім емес, сатқындық сақтағасын.

«Сырты – пысық, іші – нас»
пенделерден
Теріс қарай қоғам бар дөңгеленген.
Қыстас жандар қамалды жаламенен,
Басшыларға құл болды өңгелері.

Талмаусырап ел жатыр,
тұнып қайғы
Ентігеді көк тер боп, солықтайды.
Байлық үшін барған топ
сан қылмысқа
Құдайдан да, заңнан да
қорықпайды.

Шаруаны жұрт парамен
соқталайды
(Бар адамға – жақсы әдіс,
жоққа – қайғы).
Пара беру айналды әдетке әбден,
Қазақпыз ғой… Енді әдет
тоқтамайды.

Әділдік жоқ, халықтың қашты құты,
Түзетуге дәрмен жоқ, шықты зықы.
Өрелі істе – сан сала өндірісте
Стандарт жоқ, кілең бір бықы-тықы.

«Ағалардың» жеткіншек
көрген «ісін»
Болашақта сол «іске» келмегі шын.
Осыны ұғар естілер бірен-саран
«Болса дағы сырты сау,
өлген іші».

Бірен-саран естілер шырылдайды.
Есті сөзге есерлер бұрылмайды.
«Жігері жоқ жүректе сөз ұғатын»
Тобырменен мәжіліс құрылмайды.

Келеңсіздік халықтан құт қашырды.
Бір күйіндім ыза боп, бір ашындым.
Қинайтыны: дана Абай айтып кеткен
Қазаққа тән мерездің бәрі ашылды…


Алты мүшел…
Жетпіс жас артта қалды.
Іс-қимылды қарттыққа шақтап алдық.
Зерде менен зейінді нықтадық та
Ел мүддесін, жөн дедік, жақтағанды.

Ел ертеңі болса деп шұғылалы
Жамандықты жаншуға құнығамын.
Әй, дегенмен, Қазақты «әдеттенген»
Жөндеп алу – қиямет!.. Ұғынамын.

Түсінісіп ұғуды алыстатып,
Зая кетер уағызың, шариғатың
«Әдет» деген қаймана қазағымның
Әл бермейтін ешкімге табиғаты.

«Әдеттену – бас қатер қазақтарға
Қазақ жаны әдеттен азаптанған».
Бұл тұжырым – Абайдың бас қайғысы
Жынды етуге Атаны аз-ақ қалған.

Ұлтты ұйытпай сорлатқан
қамалап ап, –
Жаман әдет айтылды санамалап.
Құтылудың жолдарын Абай-көкем
Ең болмаса айтпапты жанамалап.

Алайда Атам
Қазақтың басына бұлт
Төндіретін жайт жайлы ашылады:
Басты кінә – естінің сөзін ұғар
Жетелі жан жоқ болып, ашынады.

«Бола алмайды тосқауыл жамандыққа
Адамдарды айырар адамдықтан
Есті сөзді ескермеу», – дейді дағы
Кесел түбін іздейді надандықтан.

Пейілі тар көпке ұнар іс қылмайды,
Уағызыңды к…-не қыстырмайды.
Абай айтқан алғашқы ой –
таза шындық:
Жаман әдет жөн сөзге
пысқырмайды.

Келесі оймен, Атеке, таласамын:
Тек надандық шарты емес
«аласаның».
Он орайды бүгінгі он «ғалымды»
Бұрынғының көшелі қара шалы!

Жампоз шықса, жабылып
табалайтын,
Арызданып, даурығып абалайтын
Алауыздық надандық белгісі емес,
Табиғаты ол, қазақты «жаралайтын».
Өз асылын талақ қып,
бәс жетпейтін,
Жылтырағын өзгенің әспеттейтін
Қазақы әдет – «есекті» есті қылып,
Шын тұлпарды тұқыртып,
«мәстек» дейтін.

Өзге ділге еліктеп азаптану,
Орыс болып кетуге аз-ақ қалу –
Мұның бәрі надандық емес шығар…
Түп-төркінін анықтар
«Қазақтану»…

Бүгін Қазақ, ұлы Ата, надан емес.
Алайда елді кезіп жүр талай елес.
Дипломы бес-бестен сабаздар көп
Бірақ соның талайы Адам емес!

Байлық десе, байыздап отыра алмай
Сан сұмдыққа барар сол оқығандар.
«Байы!» деген биліктен
пәрмен түсіп,
Себеп болды сол пәрмен тоқырауға.

Топтала қап «пысықай үйірлері»
Шыға келді томпиып бүйірлері.
«Артын жуу есектің» құрып кетсін,
Аузын майлау басшының тиімді еді.

Сартап қылған арлыны, саналыны
Пара деген, әрине, жаман ұғым.
Бірақ Қазақ тым икем қабылдауға
Жаңа заман ұсынса, «жаңалығын».

Бұл «жаңалық» айналды әдетке енді.
Қысыр сөзбен қылмыстар әдептелді.
Жаман әдет…
Абай да жеңе алмаған,
Мен – ақымақ, «жеңсем», – деп
әлектенген…

* * *
Қазағымның бағы мен талайларын
Көктетуді көксеген Абай-дарын.
Ұшқыр ой мен ұлағат – ұшан теңіз
Жарқыратты көңілдің сарайларын.

Ақық-жырдан аспаным арайланып,
Талантына тамсанып қарайладым.
Түп-тамырын ұғынып
Ұлылықтың
Әзер-әзер Абайды абайладым…

Пікір қалдыру