РАМАЗАН ТІЛЕУХАН – Әділет генерал-майоры, ІІІ сыныпты мемлекеттік дәрежедегі заң кеңесшісі, Заң ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан Республикасы Прокуратура саласының құрметті қызметкері, Қаржы полициясының еңбек сіңірген қызметкері, Мемлекеттік тергеу комитетінің құрметі қызметкері, «ІІ дәрежелі Даңқ» орденінің иегері, 30 шақты медальмен марапатталған, қазіргі уақытта «Каспий» қоғамдық университетінің Әділет жоғары мектебінің профессоры.
Алғы сөз
Ауылда шалдар кешке қарай төбенің басына жиналатын. Өтіп бара жатсаң, шақырып алады да: «Кімнің баласысың? Қайда оқып жүрсің?» – деп сұрақтың астына алады. «Бәленбайдың баласымын. Осындай университетте оқимын», – деп жөнімізді айтамыз. Сонда әлгі ақсақал: «Әп, бәрекелді! Талабыңа нұр жаусын! Бірақ, балам, ертең ұят болып жүрмесін, «осындай жаман қылық жасады» деген атағың шығып жүрмесін! Екінің бірі оқуға түсе алмайды. Бұл да бір Құдайдың берген бағы!.. Жағдайың болмаса, қысылмай айт, біз де елміз, қолдан келгенше көмегімізді аямаймыз!.. Балам, сен әке-шешеңнің ғана емес, осы елдің, тұтас туыстарыңның үмітін арқалап жүргеніңді ұмытпа!» – деп, батасын беріп, жігерімізді жанып қоюшы еді. Сондай кемеңгер, сондай қасиетті кісілер еді шіркін!..
Оқудан демалысқа, каникулға келген кезде, әкем жарықтық та: «Құлыным, бәлен атаңа сәлем бердің бе? Ана атаңа ше?» – деп, алғашқы істеуге тиіс амалымызды еске салып, нұсқап жіберетін. Ауылда өзі оншақты ақсақал бар, бәріне барып, түгел сәлем беріп келесің. Жағдайыңды айтасың. Әңгімелерін тыңдайсың. Мақалдатып, мәтелдетіп сөйлеп бергенде, көкірегің кеңіп, құлағыңның құрышы қанады! Көнеден сыр шертіп, көшелі ойларын тәмсілдермен жеткізетін жарықтықтар. Тұла бойлары тұнып тұрған бір өнеге еді ғой ол қарттардың! «Осыны жастар білсе екен» дейміз. Қасиет-құндылығымыз қандай еді! Бір-бірімізге жанымыз ашып тұратын. Туыс екеніңді, ел екеніңді етжүрегің сезіп тұратын…
Мен нағашы атам Кәдіркей Сәдуақасұлының қолында өстім. Кіндігінен тараған үш қыз, бір ұлы бар болатын. Жалған дүниенің сынағы біткен бе? Жалғыз ұлы қайтыс болып, жарға соғылған кемедей жабырқау күйде жүргенінде мені бауырына басып еді. Қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқтырмай, мейіріміне бөлеп өсірді. Өле-өлгенше еркелетіп кетті, жарықтық! Өзі домбырашы, әңгімеші, шежіреші кісі еді. Кіммен танысса да, әуелі «Қай елдің баласы боласың?» – деп сұрап алып, ары қарай сол рудың шежіресін таратып, тарихын айтып кететін. «Арғын болсаң – Алтай бол, Найман болсаң – Матай бол, Дулат болсаң – Ботбай бол; олай болмасаң – не болсаң, сол бол» деген әзіл-шыны аралас сөздерді алғаш атамның аузынан естігем. Жанына ертіп жүріп, талай-талай тағылымды әңгімелерді көкірегіме құюға тырысқанын қазір бағамдап отырмын. Көп дүниенің қадіріне жетпегенімді, зейінсіз тыңдап, зердеме түймегенімді мойындағанымнан не пайда?!.
Қазір көп ойланам: «Жастарымыздың бойына қазақи мінез, имани құндылықтар қаншалықты сіңген? Қазақ менталитеті қандай еді? Сол ділді зерделеп жүрміз бе? Ата-бабаларымыздың бойындағы сол асыл қасиеттерді үлгі етіп жеткізе алдық па?» Осыларды ойлағанда атамнан көрген өнегем мен естіген әңгімелерім, сондай-ақ дәулескер күйші, «Құрмет» орденінің иегері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, әңгіменің майын тамызатын туған ағам Мұхамеджанның ақыл қосқан сөздері ойыма орала береді.
Енді, міне, өзіміз де алпыстың асуынан асқан шақта, сол айналайын атамның, асыл ағамның айтқандарының жадымда қалғанын жаңғыртып, келер ұпаққа жеткізіп кетпекке ниет қылып отырмын. Атамнан қалған аманатты жеткізбек болған түрім. Естіген дүние көп-ақ еді, есте қалғанын ғана айтып жатырмын. «Бұйырғаны осы болар» деп жұбатамыз өзімізді…
Жақсыдан – шарапат
«Бұл қазақ не көрмеді?» деп бастаушы еді атам Кәдіркей Сәдуақасұлы көп әңгімесінің басын. «Иә, қазақтың басына не келіп, не кетпеді? Өкімет сәл кеңшілік беріп, мал-басымыз көбейе бастаған тұста, «бай-кулактарды анықтау» деген бәле шықты. «Бай – жаңа өкіметке, сәбетке қарсы, ескіліктің сарқыншағы» деген секілді сұрқай саясаттың соңы орташа шаруасы барларды да қысымға алып, тасыраңдаған шолақ белсенділердің есіруіне жол ашты. Сондай ессіз неменің бірі менің үстімнен де арыз түсіріпті. Бұл – 28-30 жылдардың төңірегі, ашаршылықтың алдындағы болған жәйт.
Адам жаны қысылғанда араша болар аға, сүйеу болар серік іздейді емес пе? Мен де ары ойланып, бері ойланып, ақыры «Елдің азаматы ғой, ақылын айтар, бір пайдасы тиер» деген оймен Сәкен Сейфуллинге барып жолығуды жөн көрдім. Ол уақытта Ақмоладан шыққан пойыз Семей арқылы Қарағандыға келетін. Соған отырып, 6-7 сөтке жүріп, Алматыға келдім. Ішінде қазысы бар, жал-жаясы, шұжығы бар бір қап сүр етті арқалап алғам. Қалаға келген соң, сұрастырып жүріп үйін тауып алдым да, кешкісін есігін қағып кіріп бардым. Үстімде – өзбектің алашапаны, басымда – қазақы тақия. Таңырқай қарсы алып, үйіне кіргізген соң, «Кімсің? Қайдан келдің?» – деп жөн сұрады Сәкен аға. Өзімді, тегімді таныстырып, келген шаруамды айта беріп ем: «А, Сәкеңнің баласы екенсің ғой! Танимын ол кісіні, танимын! Ой, айналайын, шешін, жоғары шық», – деп бірден іштартып, көңілдегі алаңды сейілтіп жіберді ағам. Содан дастархан басында талай әңгіме шертілді. Әкем марқұм бұл кісі біздің өңірге келген кезде, үйге шақырып қонақ қылып, «Сен біздің мақтанышымызсың, Сәкенжан», – деп, өз қолымен тіккен сәнді саптама етікті сыйға берген екен. «Сол етікті әлі киіп жүрмін! Әкең бір жүйрік биені аман алып қалу үшін, кішігірім ота жасап, ішіндегі құлынын алып тастағанын өз көзіммем көргем. Қолы епті, көңілі дархан жақсы адам еді!» – деп әкем туралы біраз әңгіме айтып, көңілімді марқайтып, сезімімді сергітті. Қуырдақ жеп біткен соң, келген шаруамды ашып айтып, «соттап, атып тастайтын сияқты» деген қаупімді жеткіздім. Сәкен аға бірден біреулермен хабарласып, қысқаша тапсырма берді. Сосын: «Айналайын Кәдіркей, қорықпа, ертең ауылға қайта бер, ештеңе болмайды саған», – деп жұбатып, еңсемді одан ары көтеріп қойды. Содан түн ауғанша тағы біраз әңгіменің басын қайырдық екеуміз.
Ертесі көмекшісі Алматының әсем жерлерін аралатып, әбден қыдыртты. Түске таман бір асханаға апарды. Украин борщы бар, неше түрлі шөп-шаламы бар, балығы бар, еті бар – дастарханды жайнатып тұрып жайыпты. «Бісміллә» деп білекті түріп жіберіп, таңсық асты түгін қалдырмай соғып алдым. Көмекшісінің көзі бақырайып, тәбетіме таңғалғаны білініп тұр. «Досыңның асын қасыңдай же» деген бар, оның үстіне қалаға күнде кеп жатқам жоқ, Сәкен маған күнде дастархан жайып жатқан жоқ, несін тартынам?!
Ас ішіп шыққан соң қаланың тағы біраз көрікті жерлерін көріп қайттық. Кешкісін, мың болғыр жігітім, өзі әкеліп пойызға салып жіберді. Ауылға келгеннен кейін менің үстімнен арыз жазған белсендімнің өзі тергеуге алынып, былығы ашылып, айдалып кетті ақыры…
Е-е, қарғам, осылайша Сәкендей сұңқардың шарапатын көріп, бір пәледен аман қалып ем. Алайда арада аз жыл өткен соң, қайран азаматты жазықсыздан-жазықсыз атып тастады ғой. Шіркін-ай, Сәкендей ерлер аман болып, еліне қызмет еткенде әлдеқандай заман болар ма еді?!. Өкініші мен үміті қатар жүрген Өмір осылай өтеді де кетеді екен ғой…»
Түскен ақынның тапқырлығы
Дастарханынан қымызы, даласынан дарынды ұл-қыздары үзілмеген Жаңарқа өңірінде Түскен Сартбасұлы деген мықты ақын болған. Өткен-кеткенді ойына түйген азамат, әсіресе Алашордаға қатысты жайларды жақсы білген. Өзі дүниеден тарықпаған бай-бағланның тұқымы. «Жасасын кедей, жасасын, 40 жылдық молшылық болса да, көтере алмас кедей қасасын», «Құл жиылып бас болмас, құм жиылып тас болмас» деп жырлағаны үшін түрмеге де түскен. «Ат жақсысы – кермеде, жігіт жақсысы – түрмеде» деп, сонда да қайтпаған. Ақыры қырғын-қасап 37-жылдың алдында «байшыл ақын» деген желеумен тағы қамалған. Күндердің бір күні «Түрмедегі саяси тұтқындардың қалін біліп, жағдайын сұрайын» деген оймен Елтай Ерназарұлы деген ел басшылығындағы азамат келеді. Тұтқындармен жүздесіп: «Айтарларыңызды айтып қалыңыздар», – дегенде, ешкім үндемейді. Сонда Түскен орнынан тұрып: «Жолдас Қазақ ССР Орталық атқару комитетінің төрағасы Елтай Ерназарұлы, сізге Түскен Сартбасұлының айтар арызы бар», – дейді. «Иә, айтыңыз» дегенде, былай деп саңқылдай жөнеліпті: «Бұл күнде бұрынғы 300 жыл талтайып таққа отырған азулы ақпатшаның азабынан құтылдық! Қасқырлар қақпанға түсті, түлкілер түбекке тығылды. СССР көлемінде 5 пайыз орын алмайтын қазақ халқы өз алдына автономия болып құрылды. Еңбекші қазақтың қарадомалақ баласы өзіңіздей еліне қамқор бастықтың атын естігенде елеңдеп қалдық! Алақарға секілді мұңайып отырған түрмедегілердің қатқан тамырына қан жүгіріп, өлген денесіне жан жүгіріп, қимылдай бастадық. Сізге беретін ешнәрсеміз болмағандықтан, жалын-жалын сөздерімізді жапырақ-жапырақ қағазға жазып алып, байғазыңызға ұсынамыз!» От ауыз, орақ тілден шыққан орынды сөзге риза болған Елтай Ерназарұлы «Қайталашы қане» деп қайта айтқызыпты. Ақыры: «Бұндай адамды қапаста ұстағанша, әдебиет жолында пайдаланған артық!» – деп түрмеден шығартып жіберген екен.
Содан Түскен ауылына, Жаңаарқаға келеді. Келсе, Байғозы деген қандыкөйлек жолдасы қайтыс болып кеткен екен. Төбенің басына жалғыз жерлепті. Ауылдың жігіттерін ертіп, басына дұға бағыштауға келеді. Жүрелеп отырып, Құранын оқып болған соң, алақанын жайып дұғасын былай қайырыпты:
«Қарауыл белде, құлазып шөлде жатырмысың, қандасым?
Арып-ашып, өзіңді аңсап сәлемге келді жолдасың.
Арылтып тәнді, пида ғып жанды жинаған қайда мал-басың?
Жалмауыз көрге жабырқай кіріп, шыдайды қалай жамбасың?
Жамылдың топырақ, отырмыз тоқырап,
Опасыз жалған – әркімнен қалған, алдыңнан Алла жарылқасын! Аллаһу әкбар!»
Сонда мұндай сөз күтпеген жанындағылар: «Біз сені дұға оқи ма десек, не айтып кеттің, Түке?» – деп әрі таңырқай, әрі қалжыңдай сұрапты. Түскен саспастан: «Әй, шырақтарым-ай, арабша айтқанда, не түсінер едіңдер? Дұғадағы арабтың сөзі де осындай сөздерден құралған ғой» деп, дұғаның арабшасы мен аудармасын да айтып берген екен. Түкеңнің білім-білігіне сүйсінген жігіттер: «Бәсе-бәсе!» – деп бастарын шайқапты. Сол кезде ақын: «Жігіттер, мәселе – мазмұн мен мәнде», – деп, орнынан тұра беріпті…
Түйе палуанмен тіресу
Кейде әңгіме былай өрбитін. Бірде қатар келе жатқанымызда (ол кезде атам 83 жаста болатын), нағашы атам тайтеріге сүрініп құлап қала жаздады. Лып етіп демеп, көтеріп алдым. Разы кейіпте бетіме күле қарап:
– Ой, балам-ай, Рәтайым-ай, кәрілік шіркін, өз дегенін істейді екен-ау! – деп, сәл үнсіз қалды да, әңгімесін қайта жалғады. – Баяғыда, 28-жылы ұлы кәмпеске болды. Ауылдың белсенділерін Ақмолаға шақырды. Барсақ, Революцияның 10 жылдығына арналған үлкен мерейтой сияқты жиын өтіп жатыр екен. Алаңды аралап жүргенімізде жиналған қауымның гуілдеген дауысын естіп, Қарабектің Смағұлы деген жолдасым екеуіміз таяп барсақ, күрес болып жатыр екен. Топ ортасында өзі де түйедей денелі түйе палуан отыр. Сұрастырсақ, Арғынның ішіндегі қанжығалы Бөгенбайдың елінен екен. Тұрады да, ортада тұрған түйені көтеріп түсіріп, қайта отырады сабазың. Смағұлым мені қайрай бастады: «Ей, Кәдеки, бәйгеге түйе мен бір бума кездеме тігіпті! Күрессең, Құдай біледі, жығасың оны! Білем ғой, сенде қара күш жетеді! Тәуекел де!» Өзім де делебем қозып тұрған. Құдайыма күбірлей сыйынып, алға ұмтылдым. – Атам қазір күреске түсетіндей алға ұмсынып қояды. (Расында, қайратты адам еді атам! Бірде бауыздап жатқан құнанның аяғы шешіліп кетіп тұра бергенде, құлағынан алып, қайта алып ұрғаны бар! Сол кезде атам 70 жаста еді! Тағы сол жылы, қора айналып дәрет сындырайын деп жатқанында, жемдеп отырған тай шешіліп кетіп, жөнеле бергенін байқап, құйрықтан шап береді! Басып қалғанда, ит құсатып шоңқитып отырғызып қойған ғой!) Атам әңгімесін қайта жалғап кетті. – Содан «Мен шығам күреске» деп ортаға беттедім. Сол арада бір ақсақал ақырын ымдап шақырып, ақылын айтып үлгерді. Арғынның Қуандық руының кісісі екен: «Әй, қарағым-ай, апайтөс, сойлы жігіт екенсің! Шықсаң шық, намысты қорғау керек! Алайда, байқа, ана бәле буындырғанды жақсы көреді екен. Мойыннан қысып қылқындырады да, тастай салады екен. Байқа!» – деді. «Мақұл» деп басымды изеп, білекті сыбанып ортаға атып шықтым. Түйе палуаның менен бір жарым есе үлкен. Қатты жақындатпай, айлаға салып жүрмін. Бір кезде қырқа шалып қалып ем, ілінбеді. Шегініп үлгермедім, бірден бас салып мойынымнан қысып, қылқындыра бастады! Дүлей күшке шара жоқ, тыпырлап барам. Қарап тұрып жан бересің бе?! Екі бүйірінен қысып барып, қабырға астына бармағымды тықтым да, тартып қалып ем, бырт ете қалды! Қолының босағынын пайдаланып, жамбасқа алып ұрдым да жібердім!.. Содан түйені ақыл айтқан ақсақалға беріп, кездемені өзіміз алып қайттық. Әне, атаң сөйтіп, қысылған жерде қырын кетсе де, ел намысын қорғап қалған! Сөйткен атаң қазір тайтеріге сүрініп шалынып жығылып, тұра алмай жатыр. Әй, кәрілік-ай, опасызсың ғой!.. – Осылай деген атам, ойланған қалпы үнсіз қалды. Сол кәрілікке жетудің өзі де бір ғанибет қой. Алла әркімге өмірді өлшеп береді. Оған Құранның мына бір аяты айқын дәлел емес пе?
«Сондай Алла сендерді топырақтан, сосын мәниден, сосын ұйыған қаннан жаратып, кейін бөбек қып шығарып, соңыра ержеткізіп, кәртейтеді. Кейбіреулеріңді (ержетуден) бұрын өлтіреді. Кейбірің белгілі мерзімге жетесіңдер. Әрине ойланарсыңдар.» Ғафир:67
Шоң би мен кесірлі Кеттебек
Бес болысты басқарған Шоң би деген кісі болған. Омбыда оқып, Мұғалімдер семинариясын бітірген өте ақылды, орысшаға жетік кісі екен. Бидің «Кесірлі Кеттебек» аталған байлығы тасыған жамағайыны бар екен. Сол Кеттебекке бір шаруаға орай хат жазып, сәлем жолдапты Шоң би. Поштабай алып барса, кесірлі бай жата қалып: «Мына екі башпайыма қыстыра сал», – деп айтады дейді. Оның бұл қылығын Шоңға айтқанда, басын шайқапты да қойыпты.
Содан жер дауы бар, жесір дауы бар, сондай істің біріне шатылған Кеттебек сотталатын болыпты. Басына іс түскен соң, Шоңға келіп, бұйымтайын айтып, жәрдем сұрапты. Сонда Шоң би: «Маған несін ақыл сұрап келдің? Ақылды ана екі бақайыңның арасынан сұрамайсың ба?!» – деп, өткендегі әбестігін бетіне басып, жүзін ары бұрыпты. Алайда «өкпеге қиса да, өлімге қимайтын» туысын аяйды, жаны ашиды. Қырсық болса да, ауылына пана болып жүрген азамат. Оның үстіне Кеттебек те қайта-қайта жалынып, «Осыдан құтқарсаң, айғырымен үйірлі жылқы берем», – деп қиылып қоймайды. Содан не керек, Шоң би мынандай ақыл айтады: «Қазір жандарал келеді Омбыдан, сенен мән-жайды сұрап, жауап алады. Қандай сұрақ қойса да «пішту» деп отыра бер». «Ұқтым», – дейді кесірлі Кеттебек. Айтқанындай жандарал бұның жанын қуырып, сұрақтың астына алады. Бірақ оған Кетекең саспапты. Не сұраса да «пішту» деп отыра беріпті. «Әкеңнің аты кім?» десе, «пішту» депті. «Жасың нешеде? – пішту; оқиға қалай болды? – пішту. Солай, не сұраса да «пішту» деп қойып, отыра беріпті. Не күлерін, не жыларын білмеген ақпатшаның қызметшісі ойланып қалыпты. Қылығына қараса, сау адамға ұқсамайды. Оны анықтау үшін арнайы сараптамадан өткізу керек. Енді сол үшін мына делқұлыны Омбыға апарып жүре ме? Отырып-отырып, «Мынау жынды екен» деп қаулысын шығарып, хатшысына жаздырыпты. Сөйтіп Кеттібек құтылып кетеді.
Арада біраз уақыт өтіп, қайта бір кездесіп қалғанда Шоң би: «Оу, Кетеке, айғыр бастаған жылқы қайда?» – десе, қыртың «пішту» деп қойып, қарап отыр дейді!..
Әпендішалыс Әбен
Атам марқұм Тұрмағамбетов Әбен деген ақылы мен айласы қатар жүрген, әртістігімен сұрқай тірлікке әр беріп өткен бір замандасы жайлы жиі еске алатын. Әуелі Әбен атаның ерлікке пара-пар бір ісін айтып берейін сіздерге. Атам айтады: «37-38 жылдары «халық жауы» деген жаламен талай жақсы темір торға тоғытылып, домалақ арыз жазушылар қаптап, адам адамға сенбей, секемденіп, әркім өз басын арашалауға, өз басының амандығын күйттеуге өткен дүрбелең шақ туып еді. Бір күні біраз адам шақырылып, Сәкен туралы сұраққа тартылғанда, көбі «Сәкенді танисың ба?» дегенде, ат-тонын ала қашып шыққанда, Әбекең айылын жимапты. «Неге танымаймын? Елін сүйген, елі үшін қызмет қылып, әдебиетіне, мәдениетіне үлес қосқан, «Қырғыз АССР-і» деген атауды «Қазақ АССР-і» деген атауға ауыстыртқан адамды қалай танымаймын? Ондай адамнан қалай бет бұрамын? Танимын, жамандығын көрген емеспін», – деп ақтап сөйлепті. Содан «Сәкен Сейфуллиннің, халық жауының туысы» деген жала жабылып, өзі іске ілігеді. Бірақ өзі кедей таптан шыққан, артық қимыл жасамаған, сөзге ұста жанды «жау қылу» оңайға түспейді. Куәлар қатыстырылып, екі күн сот жүреді. Көбі кедейлігін айтып, істің соңы жабылуға айналады. Сонда ақталуға жақын қалғанын сезген Әбең сөз арасында сот болып отырған кісіге: «Әй, жалпақ сары сот жолдас, (сот кісі – өзі толықтау, мұрынының алды имек адам болса керек) «Әбен құтылады» деп мұрының иегіңнен сүйінші сұрап тұр ғой, соттай қоймассың мені!» – деп бір күлдірген екен. Содан ақыры, сот шешімі шығып, ақталғаны хабарланып, босатып жіберу үшін екі милиция қолынан жетектеп сот залынан шығарып бара жатса, қу тілді Әбең дауысын көтеріп: «Күзеткен мені екі милитсам, тамақ әкеп беретін екі милитсам, ертіп жүретін екі милитсам. Босатқанда да қалмадың-ау, екі милитсам!» – дегенде, отырған ел қыран-топан болыпты…
Рақымбек пен Әбеннің военкоматқа барғаны
Күндердің бір күні (жобасы 30-жылдардың төңірегі) Әбенді әскерге шақырыпты. Аты дүрілдеп тұрған, қадалған жерінен қан алатын Самарин деген военком шақырыпты. «Қалың орыстың ішінде не істеймін? Шошқаның етін жейтін жайым жоқ» деген Әбең ұзақ ойланады. Ақыры, ойлана келе, өзі аурушаң, жындышалыс Рақымбек деген ауылдасына келеді. Жолығып, мән-жайды баяндап, «Баенкомға бірге барып қайтайық», – деп жата кеп жалынады. Көңілі жібіген Рақымбек: «Барсам, барайын, бірақ не бересің?» – дейді ғой. Ауылдасының сырын білетін Әбең: «Насыбай жасайтын бір уқалам темекі берем», – деп, Рекеңнің қышыған жерін дөп басады. Содан не керек, екеуі аудан орталығына тартады.
Әбен тура Рақымбек сияқты киініп, бет-аузын да серігінікіне ұқсатып қисайтып алады. Үстіне жыртық шапан, аяғына бақайы шығып жүретін пима киіп алады. Екеуі арсың-күрсің военкомның алдына кіріп келеді. Бұларға жақтырмай қараған бастық: «Что вам надо?» – дейді түсін суытып. Сонда Әбен тақпақтатқандай: «Ақмолынский уез, Сберлобский сез, Аягөз, Бақанас, Ақсу-аюлы, Қарағанды, Жаңарқа, Сарысу, Сарыарқа, приказ Ғорыспалқома, пастанабление нөмір тәкой-ті, тәкой-ті!» – деп саңқ ете қалады да, артынша бірден қақырып тұрып Самариннің бетіне түкіріп кеп жібереді! Алдында тұрғандардың түрі мен қылығынан шошып кеткен военком: «Кого вы мне привели?! А ну ка уберите обоих!» – деп айғай салыпты. Сол арада Рақымбердінің де жыны ұстап, құтырып, ешкімге әл бермей, бәрі жабылып, опыр-топыр, екеуінің қолын бұрап, әрең алып шығыпты далаға. Алып бара жатса, Әбен айғайлап барады дейді: «Ақмолынский уез, Сверлобский сез, Аягөз, Бақанас, Ақсу, Аяулы, Қарағанды, Жаңарқа, Сарысу, Сарыарқа, приказ Ғорыспалқома, пастанабление нөмір тәкой-ті, тәкой-ті!» деп. Сөйтіп кете берсе – жақсы ғой, қолын босата салған сәтте, Самаринге қайта ұмтылыпты көзі шақшиып. Есі шыққан Самарин: «Алып кет, алып кет!» – деп айғайлап, солдаттарының дегбірін алып, быж-тыж болыпты.
Кәнсерт бұнымен бітпейді. Айғайлатып-шулатып жүріп далаға әрең алып шыққан екі «жынды» шыға бере тағы ерегісіп, төбелесе кетеді. Жыны қысып, күшіне мініп алған Рақым Әбенді қылғындырып, өлтіріп қоя жаздайды. Солдаттар араға түсіп, әзер айырып алады. Қойшы, қысқасы, әлгі солдаттар әрең дегенде екі «жындыны» жолға салады ғой. Тыныш кетсе, секем алдырып алатынын білетін Әбен түзу жүре қоймайды. Рақымға қайта-қайта тиісіп, бір-біріне тап беріп, алысып-жұлысып, айғайлап кете барыпты. Сөйтіп, Әбең таза әртістікпен әскерден қалыпты. «Табиғи талант» дей ме мұндайды?!.
Мылқау болу оқиғасы
Ел басына күн туып, жасы ұлғайып кеткендерді «еңбек армиясына» шақыртып жатқан алмағайып кезеңде Әбен сайқымазақтың ел аузына іліккен тағы бір оқиғасын айтып берейін. Әбекеңнің 30-дың есігін ашқан шағы болса керек.
Көпті көндіріп, еркіне бағындыру үшін өкіметің де айла-шарғы жасайды ғой. Ел ішінде «Несін айтасың, трудармияға барғандардың жағдайы жақсы екен; ат береді, киім-тамақ болса да» деген сөз тарап, өз еркімен кетушілер көбейеді. Солардың бірі болып Әбен де кеткен. Көп ұзамай қайтып келіпті сабазың. «Не болды?» деген көпшілікке, «ауырып қалдым, ауа-райы жақпады» деп қояды екен. Жеке қалғанымызда болған жағдайды жыр қып айтып берген.
Сондағы айтқаны: «Көз алдымызға жылы баспана, майлы тамақ, жүйрік ат елестеп, желпініп-ақ барып ек. Алыстан жатаған барақтарды көргенде-ақ көңіл шіркін секем алды. Бекер емес екен, ішіне енгенде жұпыны тірлікті көріп, жүніміз жығылып қалды. Біраз күннен кейін «ат міндіреді екен» деген есекдәмеміз де желге ұшты. Жұмыс – ауыр, тамақ – мардымсыз, жатақ – суық. Күн өткен сайын өзегімді өкініш өртеп барады. «Келіп нем бар еді?!» деген ой кеудені кеміреді. Ақыры, үйге қайтуға шешім қабылдадым. Түскі асты ішіп болып, жұмысқа кірісе берген кезде «ауырып қалдым». Ауырғанда да, анау-мынау емес, оңбай ауырдым! Аузымнан көбік ағып, талып қалдым. У-шу болды да қалды. Кәмәндірдің тіпті есі шығып кетті. Тамырымды басып, бетіме су шашып әуре болып жатыр бәрі. Мен сәл демалып алам да, қайта дірілдеп қоя берем! Қойшы, «саншас» деген жеріне апарып жатқызып қойды. Кәмиссиясы келді. Ешқайсысына сыр алдырмадым. Мылқау болдым да қалдым! Сұрақ қойса, мылқиып отырам да қоям немесе ыржақ-ыржақ етіп тұрып жылай салам. Сұрау, тексеру жалғаса бастаса, селкілдеп тала салам. Қойшы, қысқасы, 3 күннен кейін, «науқас, жұмысқа жарамсыз» деген қағазын жазып, кәмисабат етті ғой!..»
Сол Әбенмен кеткендердің біразы қиындыққа шыдамай, қашамыз деп ұсталып, сотталып кетіпті. Содан дәм-тұзы таусылмағандары мерзімдерін өтеп, 5-6 жылдан кейін қайтып келсе, «мылқау» болып қалған Әбен ауылда сайрап жүр дейді!..
Қалдыбайдың уәжі
Әбеннің Қалдыбай деген досы да қажытқан қара жұмыстан, қадірі жоқ тірліктен мезі болып, ақыры бір топ қазақпен бірге әскерден (трудармиядан) қашады. Бірақ қуаты мен жарағы толық қуғыншылар оларды қуып жетіп, ұстап алып, Омбының түрмесіне әкеп қамап тастайды. Қорлықтан көз ашпайтынына көзі жеткен Қалдыбай жолын тауып, қайта қашады. Осы жайды, басқа да өткен-кеткенді айтып, әсіресе Әбеннің әпенділіктерін айтып, күліп отырғанда, Қалдыбай:
– Әй, жынды неме-ай, істемегенің жоқ қой! Талай күнәға баттың-ау! –десе, Әбен айтады дейді:
– Мені қойшы, әйтеуір намазым бар, оразам бар; елдің де көңілін көтердім; қолымнан келсе, жақсылық жасадым. Жұмағыңа, бұйырса, барып та қалармын, сен ше? «Түрмеден қайтара қашқанда кісі өлімі орын алған» дегенді құлағым шалып қалған. Кісі қанын жүктеу оңай деймісің? – Осылай деген Әбен досына әрі сынай, әрі қулана қарапты. Сонда Қалдыбай, сәл ойланып барып, былай деп жауап беріпті:
– Әй, Әбеке, Құдайдың кеңшілігі мен мейірімінде шек бар ма? Өз ойымда мен де барамын-ау сол жерге… Ақыры сұрадың, айтайын. Ұстап алған соң, сыздамаған жер қалдыртпай сыбағамызды берді. «Бүйтіп жүргенше не өлу керек, не құтылып шығу керек!» деген ойға бекініп, жоспардың неше атасын құрып отырғам. Бір уақытта қарасам, темір тордың сыртындағы күзетшім қол жетер жерде қалғып-мүлгіп отыр. Мұндай мүмкіндік қайта тумасын түйсіндім де, ішімнен «Кеше гөр, Жаратқан» деп, бізге шәй берген шойын күріжкемен часабайдың басынан періп кеп қалдым. Тіл тартпай кетті. Күріжкенің түбіне миы жабысып қалыпты… Бірден жанұшыра орманға тарттым. Ауылға жаяу қайту керектігі, ел көзіне көрінбеу керектігі санамда сайрап тұр. Әйтпесе алдыңғы жолғыдай ұстап алатындығы анық. Орман іші қалың ағаш. Жүргелі неше күн. Қарыным аш. Жалғыз кездігім ғана бар. Бұратылып келе жатсам, дәу өгізді аяғына байлап алып, ұйықтап жатқан бір орыстың үстінен түскенім! Көп ойланып тұратын жағдай жоқ, «шуу!» деп айғай салып, айдай жөнелдім өгізді. Өлгендегі сөзін айтып орыс бақырып келеді, бірақ қарайтын шама жоқ. Өгізді таяқтап қуып келем. Ақыры бишара жан тапсырған соң, жібін шешіп, өгізді бір сайға апарып сойып алдым. Ең қызығы жақын бір жерден тұз тауып алдым! Қойшы, содан ет жеп әлденіп, артынан кішкене күрке жасап, ішінде жатып тынықтым. Күш-қуатым біраз қалпына келгеннен кейін, біраз етті арқалап алдым да, ары кеттім. Сөйтіп арып-ашып жүріп, Қазақстан аумағына да өттім-ау. Ел ішіне іліккен соң, еттің қалғанын елге тараттым. «Уһ» деп бел жазып, сол арада жүрген Асауқара деген жігітпен дос болдым. Памиласы Қашағанов, ол да мен сияқты түрмеден қашқан жігіт екен. Асауқара орыстардан таяқты әбден жеген, содан бойында орыс атаулыға жиіркеніш пайда болған ашуы мен қайраты сай мықты жігіт еді. Орыс көрсе, тура құлақшекеден ұрады екен сабазың! Екеуіміз қосылып, «Ит тойған жеріне, ер туған жеріне» деп, сапар шектік. Қысқасы, көрер жарығым бар екен, Жаңарқаға іліктік қой ақыры… Е-е, Әбеке, былай ойлап қарасам, екі адамды шейіт қылдым емес пе? Біреуі күзетте, біреуі бала-шағасының қамында жүріп шейіт кетті емес пе?! Екеуі кейін «Я, Алла, мені шейіт қылған адамды кешір, бұл да кірсін бізбен бірге Жұмаққа» дейтін шығар…» – Осылай деген Қабылбай досына жымия қарап отырып, күрсініп қалған екен. Бір қарағанда қылжақ сөз секілді көрінетін осы бір уәжде мұсылманның үзілмеген үміті жатыр емес пе, расында? Иә, төрелікті Тәңір Тағалаға қалдырған жөн…
Мата саудасы
Бірде Жаңаарқа ауданындағы «Тас» деген дүкенге мата түседі. Ол кезде дүниенің қат кезі. Жаңағы жаңалықты естіген жұрт, дүкеннің алдына лезде жиналады. Тігетін көйлек бар, жаңалайтын сейсеп бар, құрайтын көрпе бар дегендей, қажеті қат-қабат қауым кезекке тұрады. Түгіскен деген жерден келген Жетімек деген бай кісі де сол арада екен. Қараса: өшірет қырғын, адам көп. Мата жете ме, жетпей ме? Байекең Әбенді ымдап шетке шақырып, бұйымтайын айтады: «Әй, Әбен, кемпірім: «ұл-қыздың сирағы ұзарып қалды; дайындалмай болмас; мата алмай келме» деп әбден нықтап жіберіп еді. Кезек жеткенше кездеме көзден бұл-бұл ұшатындай. Қалауын тауып қар жандырып жүрген жігітсің ғой, маған бірдеме қылып мата алып берші». Әбен ұзақ ойланбапты. «Үлесіңді берем десең, бірдеңе ұйымдастыруға болады» – депті. «Ойбай, о не дегенің?! Берем-берем!» – деп елп ете қалады Жетімек. «Онда, былай қаламыз: қазір көптің көңілін басқа жаққа бұрам. Ел маған қарап тұрғанда, шаруаны тез бітіріп үлгерсең болды!» – деген Әбен ақырын басып топтан бөлініп шыға береді. Алыстай бере-ақ шыңғырып барып құлап түседі. Жалт қараған көпшілік «гуу» етіп жылжып, жақын келсе, аузынан ақ көбік ағып, селкілдеп жатыр дейді. Біреулер шошып, біреулер әуестікпен аңырып тұрғанда, бәзбіреулер «Ойбай, тілін жұтып қоймасын!.. Дем салатын адам бар ма?..» – деп, ем-домға кірісіп кетіпті. Әбен болса селк-селк етіп, қолды-аяққа тұрмайды дейді.
Осылай ел у-шу болып жатқанда Жетекең сып беріп дүкеннің ішіне кіріп кетеді. Аздан соң қолтығында бір бума матасы бар жайраңдап қайта шығады да, көп назарына ілікпей жылыстай жөнеледі. Көзін ашып-жұмып аңдып жатқан Әбеннің де дірілі сол кезде басылыпты. Аздан соң «уһ» деп басын көтеріп, түк болмағандай үсті-басын қағып тұра берсе керек. Таңырқаған жұрт тыныш тұрсын ба? «Ойбай, Әбеке, не болды сізге?» – деп өзеуреп, себебін білгісі келіп, өліп барады. Сөйтсе Әбен: «Не болушы еді? Көтеніме ұзындығы 20 см-дей шеге кіріп кетті!» – депті де, жылдамдата басып, матасын құшақтап бүкшеңдеп бара жатқан Жетімек байдың соңына түсіпті.
Қат затты қолға түсіру
Сәбет өкіметінің мұнда ғана аузына қолы жетіп, тоқшылық заман орнады ғой. Бір киімді жылдап киіп, бір қарынды әрең тоқтаған талай жылдар артта қалды емес пе? Ол кездері әсіресе шәй, плүш деген дүниелер сұмдық қат болып тұған еді. Ондай дүниені аудан орталығына барып таппасаң, қолға түсе бермейтін. Қайнақ су қарынға жұбаныш болғанымен, шекеден тер шығаратын, бойыңды балбырататын шәйдай қайдан болсын? Үйінде шай таусылып, біраз күн бабы болмай, қабағын кірбің шалған Әбен бір күні «қайдасың аудан?» деп тартып кетеді.
Автобустан түсе сала, салып ұрып ауданның бірінші хатшысының қабылдауына келеді ғой. Кіре берісте отырған хатшы қыздан рұқсат сұраса, ол: «Бос емес, болмайды», – дейді де, отыра береді. Қыстың күні. Әбеннің үстінде қалың киім. «Жақсы, онда босағанын күтемін» деген Әбен де орындыққа нығырлай жайғасады. Қаттырақ жүріп келгені бар, кеңсе де ыстық болса керек: Әбекең тершіп, қалтадағы беторамалын алып, қайта-қайта сүртініп отырса, хатшы қыз: «Ең құрыса шешінбейсіз бе?» – дейді жаны ашығансып. «Айтсаңыз – болды» деген Әбен атып тұрып, шешіне бастайды. Тымағын, тонын шешіп былай тастайды. Сосын шапаны мен етігін шеше бастайды. Одан кейін үстіндегі кәстүмі мен шалбарын сыпырып тастып, көйлек-дамбалымен қалыпты. Қыздың көзі атыздай болып: «Бұныңыз не?!» – десе, «Шешін дедің, шырақ, шешініп жатырмын», – деген Әбен дамбалының бауын ағыта бастайды ғой. «Ойбай!» деп тұра қашқан хатшы қыз, бастығының бөлмесіне кіріп кетеді. Іле-шала атып шыққан Райкомның бірінші хатшысы: «Ақсақал, ақсақал, бұныңыз не? Киініңіз, киініңіз қайтадан», – деп жік-жаппар болады. Сөйтсе Әбен әпенді: «Оу, біресе шешін, біресе киін деп, адамды ақымақ қылмаңдар! Ешкім ерігіп жүрген жоқ! Киін десең, киінейін, бірақ ақысын төлемейсіңдер ме еңбектің?!» – деп, бедірейе қарапты. Сасып қалған басшы: «Қандай ақы төлеуіміз керек сонда» демей ме? Әбеннің де күтіп тұрғаны осы! «Ақысы – 5 кг шәй, 20 метр плүш», – деп тақ ете қалыпты. Қарияның қулығын түсінген Райком хатшысы күліп жіберіпті де: «Болды, ақсақал, болды! Төлейміз!» – деп, сол арада бірден телефон ұрып, Райпотребсоюздың бастығына қоңырау шалып, Әбекеңнің айтқанын алып беріпті.
Зеңбірек оғына қалқан болған қараған
Мына әңгімені Кәдіркей атамнан 1960 жылы, 6 жасымда естіп ем. «Бала кезде алған білім – тасқа басылған таңбадай» дегендей жадымда қалып қойыпты. Ол кезде Айшырақ деген жерде тұрамыз. Атам бір күні «Жаңақорғанға баруым керек» деп жолға жиналды. Қалатын адам мен бе?! «Сізбен бірге барам», – деп қиғылықты салдым. Көңіліме қараған атам: «Ә, мейлі. Бірақ жолда жылап жүрме! Жылаған жеріңде тастап кетем!» – деп, өтірік қорқытқансымақ болды. Қыңған жоқпын. Атпен шықтық жолға. Атамның артына мінгесіп алғаныма, үлкен бір іс тындырғандай, разы болып мен келем.
Шамамен, 10 шақырым жер жүрген соң, Қорған деген жердің қасына келдік. Биіктеу төбенің айналасын қалың «қараған» деген, бойы аласа ағаш секілді өсімдік қоршай өсіпті. Атам қарағанды көрсетіп, таныстырып жатыр. «Көрдің бе? Түсіндің бе?» деп пысықтап сұрап қояды. «Көрдім, тәте, түсіндім» деймін мен де нығызсынып. Қорғанның тура жанына жеткенімізде атам атының басын ірікті де, маған еңсеріле бұрылды.
Балам, саған бір әңгіме айтып берейін. Осы жер туралы, мына қараған туралы. Есіңе жақсылап сақтап ал. Мен бұл әңгімені әкем Данайдың аузынан өз құлағыммен естігем. – Осылай деген атам сәл үнсіз қалды. Сосын байсалды кейіпте сөзін қайта жалғады. – Орыстың патша өкіметі күшіне мініп, жан-жағына алара көз салып, қазақ халқына да бодандық қамытын кигізе бастаған кезде орын алған екен бұл оқиға. 1847 жылы осы жерге сүйреткен 3-4 зеңбірегі бар, асынған мылтығы бар, 500 адамнан тұратын орыс әскері келіп қоныс теуіпті. Білген адамға бұл аймақ – Қазақтың кіндігі ғой! «Бұл әрекеті – басынғанның белгісі!» деп шамырқанған қазақтар Кенесары ханға кісі жіберіп, не істеу керектігін ақылдасады.
Алдымен елшілер келіп жолығады орыстарға. «Бұл жерден кетулеріңізді талап етеміз!» – деген хан сәлемдемесіне орыс офицері: «Біз бұл жерге ақпатшаның бұйрығымен келіп отырмыз, сондықтан кете алмаймыз! Ал егер күш қоданбақ болсаңдар, бәріңді зеңбірекпен атып қырып тастаймыз!» – деп өктемси жауап қайырады.
Жаудың пиғылы белгілі болан соң, Кенесары хан: «Жақсы айтқанды ұқпағанды жер құштырғаннан басқа жол жоқ! Қарағанды шауып, жақсылап қалың қылып буыңдар! Әуселесін көрейік бұл немелердің!» – деп жарлық береді. Хан жарлығы екі етілмейді. Қалың әскер жиылып, қарағанды шауып, биіктігін 1,5-2 метр етіп тікірейтіп тізіп тастайды. Сосын келісілген күні 2 мыңдай адам жаңағы буылған қарағанмен шеңбер жасай қоршап, қорғанға беттейді. Жақындап келіп тағы да «кетіңдер» деп ескерту жасайды. Алайда есірген жау зеңбірегін іске қосып, оқ атып жауап береді. Ханның бұйрығы бойынша қалың әскер қарағанды қалқан қылып, жақындай береді, жақындай береді.
«Ханда қырық кісінің ақылы бар» деген тегі рас! Сонда қанша атса да, зеңбірек оғы қарағаннан өтпепті. Жарым-жартысын сындырса да, дуалға соғылғандай, ары қарай тесіп өте алмапты! Қазақтың шалт қимылдайтын батыл жігіттері екпіндей жақындап, қарағанмен Қорғанды сығымдай қоршап келіп, өрт қойыпты. Нәтижесінде қашып құтылған 2-3-ақ орыстан басқа әскердің бәрі түтінге қақалып, отқа қақталып жер құшыпты. Содан қайтып бұл араға осы күнге дейін орыс жолаған емес!.. Міне, құлыным, бұл жердің осындай тарихы бар. – Осылай деген атам ішінен күбірлеп, бетін сипаған соң, атын тебініп жүріп кетіп еді…
Қазір Қорғанда малшылар тұрады. 20 шақты ғана үй бар…
Ағыбай батырдың екі өкініші
Мына әңгімені де атамнан естіп ем: «Бірде атақты батыр Ағыбайды Омбының губернаторы шақырыпты өзіне. Жолы болғыштығы үшін «Ақжолтай батыр» атанған бұл Ағыбай – қазақтың соңғы ханы көкжал Кенесарымен бірге азаттық үшін қан кешкен, Кенесары хан шәйіт кеткеннен кейін де Сыздық төренің әскерінің сапында сан мәрте ер екенін дәлелдеген, аты ұран болған баһадүр!
Батырдың Қыпшақ Егізбай деген досы бар екен. Орысшаға жүйрік, жөн-жосыққа жетік досына ат арылтып келген батыр: «Осылай да осылай, анау «жарты патша» шақырып жатыр екен. Бәтшағарлардың не ойлағаны бар екенін кім біліпті? Екеуіміз бірге барып қайтайық», – деп бұйымтайын айтыпты. «Айтқаныңыз болсын, Ақке! Тек 1-2 күн аялдап, тынығып алыңыз. Сәрсенбінің сәтінде жолға шығармыз», – деген Егізбай ет астырып, ақ көңілінің дәлеліндей аста-төк дастархан жайыпты. Әңгіме арасында Ағыбай батыр оқыс күрсініп қалып, бармағын тістеп қалады екен және бұл қылығын бірнеше рет қайталапты. Бұның артында бір сыр бар екенін аңдаған Егізбай: «Уай, батыр, неге бармағыңызды тістей бересіз? Сырыңызды айтасыз ба?» – деп еңсесін тіктеп, алға ұмсыныпты.
Сонда терең күрсінген Ағыбай батыр былай деп шешілген екен: «Е-е, Егізім-ай, әлі ешкімге айтпаған, есіме түскен сайын еңсемді езіп, өзегімді тырнап өтетін екі өкініш бар менде!.. Ер Кенекемнің қасында елдік үшін, азаттық үшін арпалысып жүрген күндердің бір күні хан ием мені бір байға жұмсады. Патша өкіметіне арқа сүйеп, зекеті мен салығын беруден бас тартқан сараң байдың ауылына барып, қолдан бермеген малын жолдан алып, бір үйір жылқысын айдап қайттық. Шыққан ісімізді шығынсыз орындап, олжалы қайтқанымызға мастанып, дабырлай қалжыңдасып, даурығып сөйлеп келе жатқанбыз. Бір уақытта соңымыздан құйғыта шапқан, тұлпарының дүбірінің өзі елең еткізген бір қуғыншы жетіп келді. Сауыт-сайманын түгел киіп, бес қаруын түгендеп-ақ шыққан екен. Екпіні сұмдық енді! Алдынан кесекөлденең шыққан жігіттерімді шетінен ұрып құлатып, жапырып келеді! «Мен танымайтын бұл қайдан шыққан батыр?!» деп, бір жағы таңғалып, екінші жағынан сарбаздарымның ат жалын құшып жатқанына жаман жыным келіп, ақыра қарсы ұмтылдым. Қылышына қол салмай-ақ шоқпарымен жайпап келе жатқан батырдың айла-тәсілін бағамдап үлгергем. Қарсы келіп құлаш сермей бергенде, шалт қимылдап, жалтара бере найзамды бойлай сұғып алдым! Шалқалай құлады. Жанына жетіп барсам, дулығасы шешіліп кеткен екен… Ой, Аллам-ай!.. Қолаң шашы желбіреп қыз бала жатыр!.. Өкінгенім-ай!.. Сүйегін алып, байдың ауылына қайта бардық. Өкіре жылаған әкесі: «Қаперсіз қалғаным-ай! Қызымның қайратына сеніп қалып ем! Әттеген-ай, бекер жіберген екенмін!» деп зар жылады. Көкірегім қан жылап мен де қайттым…
Екінші өкінішім Кенекеме қатысты. Қырғыз жерінде жүрген кезіміз. Бірнеше батыр қырғыздардың қоршауын бұзып шыққанымызбен, «қашпаймын!» деген хан ием қалып қойған, тұтқынға түскен… Жасыратыны жоқ, сол кезде өз арамызда да Кенесары мен Наурызбайға қарсы адамдар болды. Ашық кетпесе де, әңгіме арасындағы сыналай айтылған сумақай сөздері олардың пиғылын сездіретін. Анда-санда бір айтылса да, сол сұрықсыз сөздер адам көңілін суытып, жүрекке мұз байлайды екен ғой. Бұны кейін зерделедім… Ол кезде шындық айтылып жатқандай көрінуші еді. «Кенесары асқақтап, шалқақтап кетті!.. Хан дегенге қоңы ұлғайып, қаһары артып барады тегі!.. Өз бауырының қанын төкті… Бірге туған қырғызбен қырылыстырмақшы енді…» Осындай сыбыр сөздердің салқыны тиген біраз батыр қырғыздармен шайқасатын күннің түнінде қосынды тастап кеткен-ді. Патшаның азғырынды саясатына жем болған сол сатқындықтың кесірінен қолға түсті ғой Кенекем!.. Әй, нәлет-ай! Сол түні біреулер ханның атына мелдектете жем бере беріп, артынан суға тойдырып жіберіпті. Қырғыздар қоршауға алған кезде қатты тоқ аттың да кесірі тиді. Орман ханды қолдаған озбырлар Кенекемнің үстінен тор лақтырып, ұстап алды емес пе?!. «Кенекеңді қалай құтқарамыз?» деп кеңес барысында пікір екіге жарылды. Мен «жау ортасына қайта кіру үшін қолдың қарасын көбейту қажет; оған дейін елшілер арқылы бопсалап, Кенекеңді тұтқыннан шығарудың қамын жасау керек; қазір бару – апанға түсумен тең; ауызбірліктің түрі мынау…» деген тұжырымның тұтқасын ұстағанмын. Екінші тараптың басында тұрған Наурызбай бой бермей: «Жоқ, ертең қайта бұзып кіреміз, ағамнан жаным аяулы емес!» – деп кесіп айтқан. Түнімен «Барсам ба екен әлде бармай-ақ қойсам ба екен?» деп дөңбекшіп шықтым. Ертеңгісін есік алдына шықсам, Ақазуын мінген Науаным нөкерлерін ертіп жөнеп барады екен. Мені көріп қалды да, артына бұрылып: «Ақке, артымыздан келесіз ғой, иә? Ақке, кешікпеңіз!» – деп, жылыұшырай жымиып, желдірте жөнелді. Үндемей мен қалдым. Тоқтауын тоқтап қалдым-ау, бірақ жаным байыз таппады! Жарты күн сенделіп жүрген соң, ақыры Көкбестімді мініп, Науанның соңынан кеттім. Барғанымды қайтейін?!. Қырылған бауырларымның, басы жоқ хан иемнің үстінен түстім емес пе?!. Уһһ! Ер Кенекемнен, Науанымнан, батыр бауырларымнан қай жерім артық еді?! Қай жаным аяулы еді?! Алла-ай! Алла-а! Кешіре гөр мендей бейбақ пендеңді!.. Егеке, Науанымның кетіп бара жатып: «Ақке, артымыздан келесіз ғой, иә?» деген дауысы әлі құлағымда… Неге бірге кетпедім Науаныммен?! Неге бірге жан тапсырмадым бауырларыммен?!. Ойлап кетсем, жанымды жеймін!.. Өлмеген соң сүйретіліп жүре береді екенсің ғой!.. Міне, жасым 80-нен асты, сол ісімнің өкініші өзегімді әлі кеміріп келеді!..» Осылай деген қарт батырдың әжімді жүзін аққан селдей көз жасы жуып кеткен-ді…
Кеш қарая дәрет сындырмаққа далаға шыққан Ағыбай батыр үй артына айнала бергенде, өз көзіне өзі сенбей тұрып қалады. Итке арналып жасалған ұяның жанында тазы итпен қатар бір әйел байлаулы тұр дейді! Жанындағы табақта адамның бас сүйегі…
Шошып кеткен батыр үйге ентелей кіріп, Егізбайдан бұл істің жәйін сұрапты. Сондағы Қыпшақ Егізбайдың айтқаны екен: «Құмай тазы деген болады. Бұл тазының тегі – құстан, «бүркіттен» дейтіндер де бар. Көнекөздердің айтуынша: «Сарыалақаздың жұмыртқасынан кейде күшік шығады екен. Сол құмайтазы болады. Оны Тәңір берейін деген адамға кез қылады. Білетіндер: «Сарыала қаздың ай сайын әйелше қайызы келеді» дейді әуелі»… Нәсіп болып, сол құмайдың бірін айдаладан тауып алып, шапанымның жеңіне салып үйге алып келгем. Өсе келе керемет алғыр болды шынында! Көргеніңіз – сол тазы… Бір жорықта көзіме түскен көрші елдің бір сұлуына ғашық болдым. Ақыры, ол да нәсіп болып, оң аяғымен босағамнан аттады. Күндердің күні бір шаруамен сыртта жүрсем, «біреу тойға айналғанда – біреу қойға айналыпты» дегендей, сүйген сұлуымды қалмақтың бір жігіті алып кетіпті. Ол да бұл бойжеткенді көздеп жүрген болса керек. Мал ашуы – жан ашуы болса, жар ашуы – ар ашуы! Мекенін тауып іздеп барып, ауылын шауып, қатынымды қайта алып қайттым. Әлгі жігіт ауылында жоқ екен. «Кездесе алмай арманда қалдым-ау» деп келе жатқанымда, бір уақытта қалмақ батыры қуып жетті бізді. Бір-бірімізді ала алмай ұзақ сілкілестік. Ақырында әлімнің құрып бара жатқанын сезіп, әйелімнің атын атап «көмектес маған» деп дауыстадым. Бірақ ол орнынан қозғала қоймады. «Неғып отыр-ей мына атаңа нәлет!» деп қарамақшы болғанымда, оңтайлы сәтті тап басқан жауым астына алып ұрды. Жанұшыра жанталасып жатқанымда, атымның қасында тұрған құмайтазым атылып келіп, қарсыласымды кеңірдектен ала түсті! Қолым босаған мен де қанжарды қақ жүректен қададым!.. Үйге келген соң, кескен басты жанына қойып, опасыз сұлуымды итқораға орналастырдым. Бұл істің мән-жайы осылай, Ақке…»
Содан таң сыз бере бергенде «аттандаған» дауыс шығыпты. Қорадағы малға ит-құс кеп тиген екен. Бәрі далаға атып-атып шығып, атқа мініп қасқырларды қуып береді. Бір дәу қасқыр, арлан болса керек, бөліне қашыпты. Артынан құмай тазы да жеке дара түсіпті. Егізбай мен Ағыбай батыр да соңдарынан кетеді. Бір уақыттары әрең дегенде қуып жетсе, екі сырттан қанжоса болып алысып, ақыры арбасып, ырылдасып айбат шеккен қалыптарында бір-бірін аңдып тұр екен. Жете бере Ағыбай батыр «үніммен дем берейін» деген оймен «Айт-айт! Бас-бас!» деп айғай салыпты. Сол сәтте батырдың даусына жалт қараған тазыны арлан алқымнан ала түсіп, кеңірдегін шайнап жіберіпті! Қапелімде құмайтазының ажалына себепкер болған Ағыбай батыр санын тоқпақтап жылап жіберген екен. Егізбай батыр да қатты күйініпті. Амал нешік! Екі батыр сол жерге тазыны жерлеп, ауылға қайтыпты.
Содан не керек, екі дос Омбыға барады. Сөйтсе, батырдың тыныш жүргенін олжа көрген патша өкіметі орден тағып, алғысын айтып шығарып салыпты. Оған қуанбаса да, қартайған шағында аман қайтарғанына шүкірлік қылған Ағыбай батыр айрылысарда досына былай депті дейді: «Уа, Егеке, айтпаса сөздің атасы өледі. Жүрекке әмір жүрмейді. Сезім өктемдікке көнбейді. Ана әйел басқаны ұнатып қалғаны үшін емес, саған болыспағаны үшін айыпты. Бірақ адам баласын ит сияқты қорлауға болмайды! Айыпты кешірім жусын, ашуды ақыл қусын! Тілімді алсаң, ана әйелді босат. Қимасаң – қатын қыл, болмаса – төркінін тапсын. Сен сияқты азаматтың кеудесіне кеңдік жарасқан! Кең бол, кешірімді бол, Егізім!» Кейін кісі жіберіп, барлатса: Егізбай батыр басты жерлеп, қызды қайта қатын қылыпты дейді…
Ауылды асыраған аңшылар
Біздің өлкеде Сімтік пен Қопабай деген екі азамат өткен. Екеуі де қарулы, намыстарын ту еткен мықты жігіттер еді. Жұмысты да жапырып істейтін. Әсіресе Сімтіктің шалғышылығы, шөп шабыс кезінде жарыса қалған жағдайда ешкімді ілестірмес шапшаңдығы мен құлаштап шабар қайраттылығы жыр болып тараған ел ішінде! Сосын Сімтік қорқуды білмейтін жаужүрек жігіт екен. Қопабай екеуі, шамасы 1860-1900 жылдар аралығында, аңшылықпен айналысыпты. Бірақ бұл қызық қуған аңқұмарлық емес, елдің амандығы мен тоқшылығын көздеген ерлердің бір кәсібі болатын. Ол заманда құлан, арқар, таутеке, елік дегеніңіз, өріп жүрген, берекесі тасыған кезең еді ғой. Екі дос ара-арасында аңға шығып, аулаған аңдарын сойып, тұздап, халыққа таратып отырыпты. Осылайша талай қолы қысқа, қысылтаяң жағдайға түсіп қалған талай отбасыны асырап көптің батасын алған.
Күндердің бір күні Қопабай «жүрегінің түгі бар» деп ел тамсанатын Сімтік досын бір сынап көрмекке бел байлайды. Олжаларын сойып, реттеп болған соң, Қопабай «тұзды ұмытыптық, ауылға барып әкеле қояйын» деп атына мініп кетіп қалады. «Жарайды» деген Сәкең: «осында күтем сені» деп, отты айналдыра жағып тастап, алаңсыз ұйқыға кіріседі. Қопабай 4-5 шақырымдай ұзап кеткен соң, түн кіргенін күтіп, біраз отырады да, аяғын аңдап басып қайтып келеді. Алдын-ала дайындап әкелген аю терісін үстіне киіп, жымын білдірмей жақындап келеді де, терең ұйқыда жатқан Сәкеңді бас салады. Аюдайын ақырып, өкіріп, Сілімтікті алқымнан алып, қылғындыра бастайды ғой! Сөйтсе Сәкең шошу, жанталасу тұрмақ, еш саспастан қолын созып, астына төсеген тоқымның астына айбалтасын суырып алып, құлаштап ұрмаққа ыңғайлана беріпті. Батырға да жан керек, сол кезде Қопабай: «Ойбай, Сәке, менмін ғой бұл! Қоңқабаймын!» деп жанұшыра айғайлап жіберген екен. «Өй, Қақа, сен ауылға, тұзға кетпеп пе едің? Түн ішінде неғып жүрсің-ей мұнда? Өй, ойнаған түріңе болайын!» деп мырс-мырс күледі дейді сабазың!..
Арланды алу оқиғасы
Екі батырдың ең жиі қолданатын қарулары сойыл болыпты. Сойыл болғанда, сондай жуан әрі ұзын екен, олардың сойылдарын, ұрмақ тұрмақ, ешкім тіпті көтере де алмайды екен. Ал енді, екеуінің де қайраты, ептілігі сондай, соққанда сұмдық: бір ұрғаннан сілейіп түседі екен аң біткен! Бұны баса айтып отырған себебім: Қопабай ердің сойылгерлігі сынға түскен бір оқиға болыпты.
Күндердің бір күні, батырлардың даңқын естіп, алыстан ат арылтып көрші бір ауылдың ақсақалдары Қопабайға келіпті. Келген бұйымтайлары: ауыл маңында бір үйір қасқыр пайда болыпты; үйірімен келіп, Құдайдың құтты күні бір ту биені жеп кетеді. «Сол қызылкөз бәледен құтқармасаң – болмады. Еш қолға түсіре алмадық, берекемізді алып болды! Бір азаматтық жаса! Сұрағаныңды берейік», – дейді қариялар. Аз ойланған Қопабай: «Жарайды. Бірақ бұл іске мықты ат керек және сынбайтын сойыл керек. Шүкір, менде екеуі де бар. Бірақ атымды 1 ай жаратам; қорықпауы үшін машықтандырып, үйретуім керек. Ал сіздер жігіттеріңіз бен 10 шақты төбетті дайындай беріңіздер», – деп тапсырмасын беріп, үлкен кісілерді ауылына қайтарады.
Сонымен айтылған мерзім толып, уәделі күнде аңдып шықса, қасекеңдер биені жайратып тастап, шаруаларын бітіріп кетіп бара жатыр екен. Аңшылар тұра шауып қуып жетеді, жабылып жүріп, сол жерде ит-құстың 7-еуін ұрып алады. Қиялай қашқан үйірдің Көкжалы ұстатпай кетеді. Тоқтай қоятын Қопабай қайда?! Жанындағы жігіттермен, 10 шақты төбетпен арланның соңына түседі. Ақыры 40-50 шақырымдай індетіп келіп, қуып жетеді. Әлі кеткен Көкжал ырылдап, айбат шеккен қалпы тұрып қалады. Қопабай: «Ал, жігіттер, ұрып алыңдар!» – деген соң, жігіттер жан-жақтан жақындап келіп, сойылдың астына алады. Бірақ арланың мыңқ етпейді, тіпті елең қылмай, ырылдап тұра береді. Бұны көріп тұрған Қопабай әрі таң қалып, әрі ашуланып келіп, періп өткенде қасқыр қисалаңдап барып құлайды. «Ал енді өлтіріңдер, аямай ұрыңдар», – деген Қопекең шетке ысырылып қарап тұрады. Жігіттер кезек-кезек төпелегенімен, соққы батпайды, арлан айбат шегіп қайта тұрады. Сол кезде «Былай тұрыңдар!» деген Қопабай құлаштап тұрып ұрғанда, бір нәрсе жарқ ете қалды дейді. Қараса, қасқырдың тісі ұшып кеткен екен. Арлан бірақ сонда да құламайды. Қопабай ақырып келіп төбеден қайта соққанда да құламапты. Бәрі таң қалып, «бұл не бәле?» деп қараса, жан тапсырған арланның төрт аяғы жерге кіріп кеткен екен. Тайыншадай көкжалдың терісін сыпырып, ауыл ақсақалына сыйға тартыпты. Сөйтсе, бұл қасқыр «Тауқабан» деп аталатын, 50 жылда бір туатын көкжалдың сырттаны екен! Терісін көрген, қылығын естіген ақсақалдар солай депті…
Сімтік батырдың науқастануы
«Сом темірге балға бар, зорсынғанға Алла бар» демекші, алапат күші бар, қасқыр жүректі Сімтік те күндердің бір күні науқасқа шалдығады. Сірә, айдалада ұйықтап жатқан кезінде ұрынған болар, батырды жын қағып кетеді. Ара-арасында есінен айырылып қала беретін болған соң, «Сімтікті жын соғып кетіпті» деген сөз ел ішіне жайылады. Бара-бара жүріп-тұрудан қалып, жатып қалады. Жақсыны жатқа қимайтын қазақ азаматын ажалға, жақсы ұлын жамантқа қия ма? Үлкендер ақылдаса келе, алыстан атақты оқымысты Мықы молданы алдыртады.
Қасиетті Құранның арнайы аяттарын оқып, байқап көрген молда «Батырды жынның мықтысы соққан екен. Жазылуы қиындау болар» деп біраз ойланып отырып, ұсынысын айтыпты. «Бір тәсіл бар, қаласаңыздар, соны қолданып көрейік. Не жазылады, не жан тапсырады», – дейді батырдың ауылдастарына, жақындарына сынай қарап. Сонда бір қария: «Молдеке, бізде таңдау бар ма? Не болса да, көрейік. Бүйтіп бар мен жоқтың арасында жүргенше, бір жақты болғаны да дұрыс шығар… Есін жиған кезінде өзінен бір ауыз сұрайық», – дейді. Содан есі кірген кезінде Сімтікке Мықы молданың сөзін жеткізеді. Батыр қысқа да нұсқа қайырады: «Тәуекел! Маңдайға жазғанын көріп алдық!»
Содан не керек, Мықы молда түйенің қу басын таптырып, оған Құран аяттарын жазып шығады. Одан кейін Сімтіктің аяқ-қолын байлап, ел жоқ жерге, иен далаға сүйекпен бірге апарып тастауды бұйырады. «Алланың қалағаны болады; не жазылады, не жантәсілім болады», – дейді де, өзі отырып Құран оқуға кіріседі. Молданың айтуы бойынша, 2-3 күннен кейін туыстары: «Екінің бірін әкелерміз», – деп, арбаларын қоса сайлап, батыр тасталған жерге бет алады. Барса, көздерінше аяғына жан кірген Сімтік ақырын орынынан түрегеліпті. «Білміллә» деп, ары-бері қозғалып, бір уақытта бұларға жымия қарапты. Ештеңе болмағандай, сап-сау қалпы дейді! Бұлар қуанғандарынан батырды «бауырымдап» бас салыпты. Сөйтіп бір сынақтан аман қалған Сімтік батыр қалған талқанын таусап, қадірлі қарттыққа жетіп, өз ажалымен қайтыс болыпты…
Алынған кек
Қазақтың азаттығы үшін басын бәйгеге тіккен асыл ер Көкжал Кенесарының әкесі Қасым төре – Абылай ханның Топыш сұлудан туған баласы. Абылай хан қайтыс болар алдында халықты жиып, өзінен кейінгі ханды таңдауға мұрсат бергенде, көпшілік үлкен ұлы Уәлиді хан қылып Ақ киізге отырғызады. Сонда Абылай хан іштей халықтың Қасымды таңдамағанына қатты өкінген екен дейді. Өйткені Қасымның бойында ханға лайық парасаттылық, өжетттілік, табандылық, әділеттілік секілді қасиеттер молынан болған. Уәли қайтқаннан кейін хан сайланған баласы Ғұбайдолланы Ресей үкіметі бекітпей тастаған және орта жүзде хандық билікті жойған. Бұл өзің білетін 1822 жылғы патша өкіметінің жарлығы…
Сол Уәлидің кезінде Қоқан хандығы қазақтың біраз жерін жаулап алады. Қасым төренің Саржан, Есенгелді деген балалары болған. Барлығы бірігіп, Кенесары бастап, бір жағы Ресеймен, екінші жағы Қоқан хандығымен соғысып жүрген күндердің бір күні Кенесары тұтқынға түсіп қалады. Қоқан ханы оны зынданға салып қамап қояды. Ақылдаса келе бітімгерлікке Саржан, Есенгелді екеуі баруды жөн көреді. Қоқан ханына келген екі елшіге күзетшілер: «қаруларыңды шешіп кіріңдер, тәртіп солай», – деп, қару-жарақтарын түгел алып қалады. Сөйтіп ойларында түк жоқ қос саңлақты ішке кіре бергенде, аңдып тұрған жау сарбаздары жабылып өлтіреді. Есебін тауып құтылып шыққан Кенесары ұран тастап, елдің басын қосуға әрекет жасайды; әскер жинайды. Халық қайраткер ұлын Ұлытауға апарып хан көтереді. Арада 3-4 жыл өткенде сол Қоқан ханының жансыздары Түркістан базарын аралап жүрген жерінде Қасым төрені де өлтіріп кетеді (Атамның айтуы осылай)…
Күндіз отырмаған, түнде ұйықтамаған Кенесары бахадүр Қырғыздарға барады. «Әуелі бірігіп Қоқанды шабамыз. Ханын шапсақ, қара халық бізге қосылады. Түркі баласы бірігіп патшаға қарсы шығамыз» деп жоспарын ортаға салады. Бірақ қолдаған сыңай танытқан қырғыз манаптары астыртын патша өкіметімен хабарласып, екіжүзді саясат ұстанады. Сол аралықта Кенесары Шуға келіп, «Ағаларым Есенгелді мен Саржанның асын берем» деп жария салып, жан-жақтағы елге ат шаптырады. Айтқан уақытында дастарханды молынан жайып, құрбандық шалып, құдайы тамақ береді. Асқа Қоқаннан да 100-ден аса адам келеді. Кенесары хан сезімтал адам ғой, олардың тегін келмегенін біліп, аңдушы қояды. Арам пиғылдарына көзі жеткен соң, ас біте сала, қоқандықтарды тұтқындап, кінәларын мойынына қойып, барлығының басын кестіреді. Сөйтіп бір жағы арамдықтың сазайын берсе, екінші жағы ішіне қан боп қатқан кегін алады. «Тексізде тек болмайды, киесізде кек болмайды» деген емес пе? Осылайша Кенесары хан әкесі мен бауырларының кегін алған екен дейді…
Содан хан бастаған қазақ батырлары сол аралықта сырттан жақындап қалған қоқан әскерінің алдынан шығып, тырқырата қуып Ташкент түбіне дейін барған екен. Кенесарының әскер саны аз, 1500 адам болған дейді. Көп әскерге төтеп бермейтіні түсінікті, аз-кем шайқастан кейін, хан кейін қарай, Қырғызға қайтады. Ар жағын өзің білесің, балам. Қарапайым қырғыздар көнгенімен, бай-манаптары «Ресейге қосыламыз» деп, ақыры қу дүниенің, құлқынның ырқына жығылып, Кенесарыны қолға түсірді. «Қырғыз сатты» деп қоямыз. Жоқ, қырғыз емес, дүниеге құл болған қансыздар, тексіздер сатты! Негізгі кінә – бізде! Біріге алмадық, бірігуге мүмкіндік те бермеді… Жеме-жемге келгенде Сыпатай келмеді, Рүстем шеттеді, Ағыбай шалалық жасады, ақыры ханның басы патшаға сый ретінде кетті ғой… Қайран қазағым-ай, біріге алмай қор болдың-ау!..
Комментарий (1)
Толеукадырговорит
28.05.2022в14:04Керемет ангымелер! Балалык шагымда акем маркум осылай айтып отырушы еды. Рамазан ага улкен рахмет!!!! Бызге бастык болганда сызден коп талым- такие алып едык…