Табиғат АБАИЛДАЕВ. ГҮЛ ӨМІРДІҢ БЕТІНДЕ БҰЛТТАР ЖҮРІП…

Екінші өмір

Кейде жындай көрінер көркемің де,
Өрт өмірде болады өртенуге.
Сұрап көрді өткенім ертеңімді,
Сұрақ белгі болмайды ертеңімде.

Сынап көрді, кеткен күн сынап көрді,
Сабырыма жаратқан сынақ берді.
Гүл-өмірдің жүзінде бұлттар жүзіп,
Бір сүрініп, бір тұрып жылап келді.

Өткеніңнен жанарым түңілші бір,
Естілмейді аяулы бүгін сыбыр…
Таяп қалды қош дейтін тағы уақыт,
Аяқталды осылай бірінші өмір.

Серт беремін көңілді қалдырмасқа,
Жалыны жоқ жүректі жандырмасқа,
Екінші өмір басталды жүрегімде,
Әлем басқа, ендігі тағдыр басқа.

Өлеңімнің жолдарынан

Қайта жанды өшіргенім,
Қате болды кешіргенім.
Өлеңімде – түпнұсқамын,
Өмірімде – көшірмемін.

Арбағандай өзге сенім,
Толып қалды көзге шерім.
Ертеңімнен түк таба алмай,
Ертегіммен кездесемін…
Ей, ертегім, ойымды ап кел,
Сен де ақынды мойындап көр.
Сызылмаған өлеңдерім,
Жазылмаған қойындәптер.

«Кеткен күндер кетті», – дедім,
«Ерткен күндер ертті», – дедім…
Қойындәптер табар ма екен,
Бойымдағы дертті менің.

Сөйлей қалсам – сөзім бөтен,
Сәттер ғайып төзімге тең.
Айлар бойы айыға алмай,
Өз дертіммен өзім кетем.

Тағдырымның тоңдары нән.
Қайырым жоқ қорғанынан.
Бір кешірім күтіп келем,
Өлеңімнің жолдарынан.

Көзіңдегі оқылмаған өлеңді…

Түсін, гүлім, әлде мені түсінбе,
Дидарыңды жүрегіме тоқығам.
Жан біткенге көрінбейтін пішінде,
Көздеріңнен өлең болып оқылам.

Өзің, гүлім – жүректегі тұнығым,
Сезімдердің шеруі де бөтендеу.
Күлкілі боп көріне ме қылығым?
…жетпейтінге «жетем» деу…
Күнім, менің паңдығымды кешіргін,
Өзгелік боп кетсең-дағы сен енді.
Өшіре сал, келсе егер өшіргің,
Көзіңдегі оқылмаған өлеңді…

Айтпашы бірақ ешкімге…

Жанымды дерттей меңдеп қалсаңшы,
Сарғайған Сары Күз керім.
Еріндеріммен емдеп алсаңшы,
Жүректегі сезім іздерін.

Жасындай, сірә, сөне көрмеші,
Жарқырап тұрып кенеттен.
Ғасырға мына сене бермеші,
Өткен бе өмір електен?

Арман таңыңнан мені көрсеңші,
Жанымды тосын тылсым ғып.
Өмірді бірге келіп өрсеңші,
Саусақтарыңнан мұң сырғып.

Жүректі, шіркін, ойландырайық,
Түнімен көзін ілдірмей.
Алтыбақанды айналдырайық,
Құрбыларыңа білдірмей.

Бір жолда тағдыр түйісе қалсын,
Ғайып боп жаннан ес мүлде,
Еріндеріміз сүйісе салсын,
Айтпашы бірақ ешкімге…

Өзіңді іздеп барам!

Бұлқынған бұлақтардан,
Сыңсыған жел үнінен,
Арманнан жылап қалған,
Жастықтың желігінен,

Будақ бұлт жанарынан,
Шырақ күн жүрегінен,
Сәттерден сан арыған,
Сәттерден түн еріген,

Уақыттан жылжып аққан,
Бақыттан баяу жүрген,
Кездерден түн жылатқан,
Минуттан аяу білген,
Айналған жер шарынан,
Лайланған күдіктерден,
Өткен шақ шер-зарынан,
Үкілі үміттерден,

Ең ұлы біз деулерден,
Сезімді күз деп қалам.
Өзім боп түздегі өлең,
Өзіңді іздеп барам.

Сүйетіні беймәлім кімнің мені…

Гүл-ерінге құрбан қып мұң-шеруді,
Түнеруде (ұға ма түн шерімді).
Біреулерге шайырдың паңдығы ұнар,
(Ал біреуге шайырдың бүрсеңі үлгі).

Қабағымда атой сап күннің реңі,
Тамағымда естелік түннің зері.
Қалайтыны беймәлім кімнің нені,
Сүйетіні беймәлім кімнің мені…

Жүргенімен жүгендеп, тұсап бәрі,
Зәру менің жүрегім құшаққа әлі.
Төзімімді бір сұлу пышақтады,
Сезімімді бір сұлу құшақтады.

Жүрегіме Жан емес жарылыс тең,
Жарылыста Түнде де жарық үстем.
Көз алдымда жүрерсің сағынбай-ақ,
Көз алдыңнан кетермін
сағынышпен!!!

2-хат

(Смс-ке сыймаған шумақтар)

Сен жүрген жолдың бәрі,
Сезімге тәуелді ме?
Тіл қатшы, Мұңның Жары –
Сезбеппін әуелгіде.

Көзіңнен сыр аңдығам,
Көзіңде түнеп қалып,
Сөзімде жыр қалғыған,
(Шегіндім, тілеп барып).

(Назымның назы ерек,
Шайырдың өртер ішін.
Бір ақын жазып әлек,
Жазылмас ертегісін).
Қасымнан табыл, еркем,
Сендікпін, сенемісің?
Мен саған барам ертең,
Сен маған келемісің?
(Өтінем, келе салшы,
Мен емес, өлең үшін).

4-хат

Жақындау қиын саған,
Құсадан өлер ішім.
Өзіме тиым салам,
Сен соған сенемісің?

Шағылмас тауым анық,
Келмейді күйіп кеткім.
Жанардың жауын алып,
Жүрекке сыйып кеттің.

Байланып тіл де мына,
Қарысты қарыс жағым.
Арта алмай гүлге кінә,
Өзімнен алыстадым.

Сұрықсыз Түн Түріне,
Рең берші, баршы күліп.
Әрбір тал кірпігіңе,
Байлансын бар сұлулық.

Сүйрелеп түзге уақыт,
Жолымды қиюда ма?
Бұйырған бізге бақыт,
Сыртыңнан сүю ғана.

Төзіммен шыдай көніп,
Сезімді сыйлай білдім.
Өзгені былай қойып,
Өзіме қимай жүрмін!

6-хат

Сен, я сенбе, күнім, менің сөзіме,
Сенің көзің жүрегімді түйреген.
Ғашық болу арқылы мен өзіңе,
…Өмір сүріп үйренем…

Сенсем-дағы сарсаңы мол сөздерге,
Өз-өзіме бүгін доспын, бөтенмін.
Өліп-өшіп сүйдім деген кездерде,
…сүймеген де екенмін…
Үміттерім күдігіме арбалған,
Сетінеген сезімімді тербе сен.
Мен жалғыз боп өте салам
жалғаннан,
…Сен келісім бермесең…
Сенсіз…
Сенсіз…
Әуежайдай мың ұшақты түнеткен,
Маңдайынан күн орнына түн өпкен.
Оңашада отырамын сырласып,
Тарихы жоқ мемлекеттей жүрекпен.

Сенсіз…
Жүре берем жүрегімді тұсатпай,
Ей, жүрегім, мықтысың ғой
күші аттай.
Ұша алмаймын,
құша алмаймын көкті енді,
Бір жолаушы жетпей
тұрған ұшақтай.

Сенсіз…
Жанарым да өтпей қалған кездіктей,
Тағдырым тұр не басталмай,
тез бітпей.
Сенсіз менің жанарымда —
жалғыздық,
Жүрегім де ашылмаған сөздіктей.

Сенсіз…
Қалған сынды жүрек сөзі расталмай,
Сенсіз ғалам — жазылмаған
дастандай.
Сенсіз менің жанарымды білесің,
Бұлт пен құсы ғайып болған
аспандай.

Келші…
Тыныштығымды қайтара сал,
орал да,
Жанардан да, жаһаннан да жоғалма.
Жыл құсындай асығып жет,
алтыным,
Жүрек деген елсіз қалған аралға.

Пікір қалдыру