М.Әуезовтің «Абай жолы» роман-эпопеясының 3-кітабы «Абай аға», «Кек жолында», «Қарашығын», «Өкініште», «Қақтығыста», «Қоршауда» деген алты тараудан тұрады.
«Абай аға» деген бірінші тарау «Күз аспаны күңгірт, бұлыңғыр. Ауада дымқыл сыз бар. Таң салқыны қазір күздің суық желіне айналған. Маңайда қызарып солған қурайлар көп көрінеді. Бүрінен айрылған тобылғыда қуқыл ренді. Ұзарып сарғайған селеу мен бозғыл көде, жусан – бәрі де жел лебінен қалтырайды. Бас шұлғып, елбек қағады. Қара жел қуған қаңбақ кең жазықта көп бұлаңдап, тынымсыз кезіп, жосып өтеді. Таң жаңа атқан. Салқын түннің қалың шығы жүргіншілердің аттарының тұяғын жылтыратып, шашасына шейін суландырған» деп басталады.
Шаша – ат тобығының артындағы қыл.
Ералының кең жазығына көшіп келе жатқан Абай аулының шетінен ақын жастарының ішінен Ақылбай өлең шығарудың бір алуан жарыс үлгісін көрсетеді. Ол – төрттік жырды төрт ақын болып, іліп-қағып айтатын бір дәстүр. Мағаш ат үстіңде құныса түсіп, Кәкітай мен Ақылбайға қарап, тағы бір төрттіктің алғашқы бір жолын оқыс бастады: «Күз болды ма, бәтір-ау, неге тоңдым» – дейді. Бұл жерде «Абай жолының» кейінгі басылымдарында да, біз сөз етіп отырған жинақта да «Күз жетті ме, батыр-ау, неге тоңдым» деп түпнұсқа өзгеріске түскен сияқты. Біз мектепте оқығанда «бәтір-ау» деп оқығанбыз. Көрнекті ақын-жазушылар шығармаларында «Бәтір-ау, енді қайттім», «Бәтір-ау, өзің тіпті өзгермепсің ғой» (Қ.Ысқақов) «Бақытты қайтем, бәтір-ау, қолға түспеген» деген сияқты тіркестерден көптеп кездестіруге болады. Таңданғанды немесе дал болғанды білдіретін бұл сөз Қазақстанның бар аймағында қолданылады, диалект емес. «Күз болды ма, бәтір-ау, неге тоңдым» деген сөзді Мағаш оқыс бастағанда, «бағанадан кезек қағысып, шапшаңдыққа өздерін қайрағандай боп келе жатқан ақын жігіттер тегіс елең ете қалысты. Бірақ алдымен іліп әкеткен Ақылбай болды:
«Тоңғаның рас, бозарып түсің де оңды», – дейді.
Сол кезде өзінің шарылдаған қатты үнімен дауыстап тұрып, іле жөнелді:
– Бірің тоңып, бірің оң, жұмысым жоқ,
Ойына түк кірмейді Кәкітай шоңның, – деп қатты күліп жіберді».
Бұл жерде Абай тәлім-тәрбиесі, үлгі-өнегесі мектебінің ізі сайрап жатыр.
Төрт шәкірттің екеуі Ақылбай мен Мағаш (Мағауия) – өз балалары, Кәкітай – бала күнінен Абай бауырына салып, Мағашпен бірге өскен туған інісі Ысқақтың баласы.Енді төрт ақын ««шоң» деген сөзге таласып, Абайға жүгінеді.
Абай: «Қазақта «шоң» деген кісі аты да бар. Кісі болғанда Шоң, Торайғыр деген ағайынды екеуі – бірдей суырылған шешен, Сүйіндік ішінен шыққан қос өркештей адамдар болған. Олар айтты деген нақыл-тақпақ исі Орта жүзге мәлім. Ал сол «шоң» деген сөздің түп төркіні, мен білсем, қазақ сөзі емес. Мына Ұлы жүз, Үйсін ақындарының, шешендерінің ескі ырғақтарында да ұшырып отырады. Осы сөздің асыл түбі қырғыздан ба деп топшылаймын. Қалайда, Кәкітай бәрінді қирата жеңіп отыр. Шынында, «тоңдым», «оңдымдарыңа» еркек ақын болып қайратты ажар берген Кәкітай! – деп Абай әзіл етеді.
Міне Абай айналасы жол бойы осындай әңгіме-жырға толып келе жатқанда, кенет Абай «сәл ғана томпайып жатқан ескі екі моланың» қасына кеп тоқтайды.
«Абай аға» аталған бұл тарауда байырғы заман тарихынан сөз қозғамақ болған Абай бейнесіне назар аударайық: «…селдір сұлу сақалына енді сәл ғана ақ араласқан. Айналасына азырақ әжім жиылған мұңлы көзін кейде қысыңқырап қарайды. Кейде әлдебір күңдерді алаңсыз көңілмен есіне түсірмектей, көзін жұмып тұрып ойланып қалады».
Абай енді «Еңлік пен Кебек оқиғасын» баяндай келе: «Шанда бір осы тұсқа соғып өткенде, әлдебір арылмаған қарызым бардай боламын. Ақындық қарызым сияқтанады… Осы екеуін махаббат үшін өз елінің қатал үкімі, өз замандастарының қолымен, зорлықпен өлтірткен болатын. Жүз жылдан бұрын да, содан кейін де, дәл бүгінгі күнге шейін де ұлға тұсау, қызға бұғау болған ел заңы осы екеуін ат құйрығына байлатып, сүйретіп өлтірткен», – дейді.
Шанда (үстеу) – анда-санда, оқта-текте. Шанда бір кездеседі. (Сөздік. Бұралқыұлы М.)
«Биыл жүз рет жадырап жаз, кірбең тартқан күз кепті» деп Абай айтып тұрған уақытпен есептесек, 2-кітапта сөз болатын 1881 жылы Александр ІІ патшаның қайтыс болған тұсымен сәйкес келеді. Сонда «Еңлік пен Кебек оқиғасы» 1780 жылдары болған болып шығады. Бұл Шәкерім Құдайбердіұлының «Жолсыз жаза яки кез болған іс» («Еңлік-Кебек») поэмасында бұл оқиғаның 1780 жылы болғандығы тіпті анық жазылған.
Екі ғашықтың өліміне себеп – жер дауы мен жесір дауы. «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама» заманында иен қалған Шыңғыс тау өңіріне 1780 жылдары Сыр бойынан Мамай батыр көшті бастап әкеледі. Тобықтымен бірге туысатын Қанжығалы (Арғын) Шыңғысты Матай-найман алды дегенді естіп, орта жолда қалады. Тобықты биі жігітек Кеңгірбай мен «Ту тіккен Тобықтының қолбасшысы» жуантаяқ Тоқтамыс екеуі Матай руымен бірде келісіп, бірде таласып, кісі өлімі болып жатқан кезде «Еңлік, Кебек оқиғасы» тап келеді. Кебек – Тобықты-жуантаяқ, Еңлік – Найман-матай руынан. Бұл – жер дауына байланысты болса, Еңліктің атастырылған жері тағы Найман ішіндегі Сыбан руы. «Найман тым көп, Тобықты аз, Арғын алыс, Қорықпауға болмайды көрер көзге» деп Шәкәрім айтқандай, екі ру біріккен кезде жолаушылап кеткен Тоқтамыстың келуін тосып, батыр, ержүрек, қайсар Кебекті қорғап қалу үшін Кеңгірбай айла-шарғы қолданып, уақытты созып, бірнеше ай келіссөз жүргізгенмен, қалың Найманның ыза-кекке толы талабын орындамауға шарасы қалмайды. Сондықтан екі ғашық жасырынған үңгірді өзі көрсетіп береді.
«Еңлік пен Кебек қуғыннан қашқан аңдай боп, мына Орда тауын паналап, азғантай ғана дәурен сүрген-ді. Сол бұйырмаған махаббат, достықтан біткен екеуінің баласы, жөргектегі нәрестесі жас ұлан, әкесі мен шешесінен айрылған күні жөргегінде жылаған күйінде мынау шеткі Ақшоқының есіз биігінің басына апарып тасталды. Дәл сол қаза күні байып батқанша шегі қатып, жылап жатты. Суық дүние, тылсым дүние ортасында, тасбауыр адамнан алыс, жалғыздықта үні өшті! Мәңгі өшті! – деп Абай сөзін аяқтайды.
Байып батқанша – тағат, тыным, байыз тапқанша. (Бұралқыұлы М.). Бұл тіркес қазір диалектіге айналған.
ХІХ ғасырдың 2-жартысында екі ғашыққа қаланған шағын мұнара құлап, ізі ғана қалғандықтан, 1960 жылы Абай ауданының тұрғындары Семей-Қарауыл тасжолындағы Ералы жазығында «Еңлік-Кебек» мазарын тұрғызған. Екеуі жасырынған жерге де бару – туристерді қазір де қызықтырады.
Осы кезде жеті ауыл Жігітекке тән қыстық пішеннің қақ жартысын Абайдың ағасы Тәкежанның баласы Әзімбай зорлықпен орғызып алғаны туралы хабар жетеді. «Әзімбай деген көкауру, қыңыр кесел боп өсіп келе жатқан. Ол және Абайдың інісі аталады. Ара ағайын емес, Әзімбай айыпты болса, Абайдың ары бірге қысылады. Бұ да қоса жауапкердей сезінеді. Осыны ойлап тұрып, Абай өзінің қалай күрсінгенін де аңғармады». Абай бұл істі анықтауға Мағауия мен Дәрменді жібереді.
«Таңертеңгі астарын өзді-өз отауларында ішкен Мағаш, Ақылбайлар» мен ұранқайда тамақтанған «ауылдың өз адамы боп кеткен дағдылы қонақтары: Ербол, Көкбай, скрипкашы-әнші Мұқа, Баймағамбеттер» «Кешегі сойылған ала тайдың қос телшесін» жеп, әңгіме-дүкен құру үшін Абай үйіне келеді. «Бұл топ – Абайдың өз үйінің қонағы». Бұл отырыста Абай қонақтары ақиқат, әділет, шапағат, зұлмат, күпірлік, шындық туралы ой бөліседі.
Осындай ғылыми кеңес сияқты отырысты Жұман қырт атанған кісі келіп бұзады. Абайдан басқасы үлкен адамға төрден орын босатып, «даурыға сәлем» беріседі. Әйгерімге қайнаға есепті болғандықтан, сәлем салып, «сыпайы сызылып, орнынан тік тұрып қабыл» алады. «Үй иесінің бұған ұғымсыз сөздері талай рет талдырып», қажытқандықтан, Жұман «баласына белгі етіп, жастық алғызды да, күпісіне қымтана түсіп, жантайып» ұйқыға кетеді.
Абай ет піскенше «Хақиқаттың шешуі: Жаратушы кім? Ғалам дегеніміз не? Жан не нәрсе және адамның хақиқатты білуіндегі дерегі не?» деген мәселелер бойынша ұзақ ой толғайды.
«Жұманның көптен күткен қазаны түсіріліп, жұрт асқа әзірлене» бастағанда, оның сөзге араласқысы келіп, даңғырлап сөйлеп кетеді:
– Осы қазақ иттің не оттайтынын білмеймін. «Жұман қырт», «Жұман қырт» деп маған ат қойып, айдар тағып алды. Соңымнан бір қалсашы. Егер көп сөйлейтін кісі қырт болса, кешелер дүйім елді жиып алып, күні бойы Құнекең жалғыз өзі сөйлеуші еді. Бүгін мынау Абай тап бір ет асым жапа-жалғыз өзі сөйледі. Көп сөйлеген қырт болса, анық қырт осылар емес пе! Менде осы не ақысы бар «қырт» деп қыр соңымнан қалмайтын! – дегенде, Абай қолын жуа алмай, өне бойымен селкілдеп, қатты сықылықтап күлді. Екі көзінен жас аққанша күлген. Бұның күлкісіне сыңғырлаған Әйгерім күлкісі де қосылды. Абай әл жия бере, Жұманға оқыс бір жауап айтты:
– Уәй, ақсақал? – деп күле түсіп, – Қырт атану үшін көп сөйлеп әуреленудің қажеті жоқ. «Қатын, тышып алғаным ақыл болған екен» деген сөз де жетеді! – дегенде, үйдің іші ду күлді. Бұның есіне Жұманның соңғы қыста өз үйінде отырып айтқан бір сөзі түскен еді. Жұман қыстыгүні таңертең дәретке шығып келеді. Аздан соң күн бұзылып, қатты жел тұрып, ақ түтек боран болып кетеді. Сонда Жұман терезеге қарап қатынын шақырып алып:
– Уәй, қатын, сен білдің бе? Бағана ұлыжарықта отырып алғаным қандай ақыл болған, ә?! – депті.
Шыңғыстың болысы Бөкеншіден шыққан Күнту болғандықтан, Базаралы айдаудан қашып келгендігі туралы оқыс хабарды тағы да Жұман жеткізеді. Жалпы Ырғызбай тұқымдары Тәкежан, Майбасар, Шұбарлар болыс болғанда ру аралық қатынас өте шиеленіседі. Әрі Абайдың сыншыл өлеңдері кеңінен тарап, Оразбай бастаған топ оны өздеріне арналғандай сезініп, кек тұтады. Бұлар Оспанды болыстықтан құлатуға Кеңгірбай бидің моласына барып, серт байласады. «Тілмаштар мен начальниктің» аралығында бір жағы қара, бір жағы аққа боялған сары барқытпен бүркеулі биік сандыққа отыз елубасы салған «көгершін жұмыртқасындай жылтыр, әсем шарды» санаған «Казанцев санын бір соқты да, әйеліне бұрыла беріп: «Провалили!» деді. Анна Митрофановна да жайбарақат отырған жүзі жалт етіп, ду ете түсті. Көзі шарасынан шыққандай шаншыла қарап, оқыстан шаңқ етіп айқайлап: «Как так!» деп орнынан атып тұрады. «Ояз қатынына шейін «көтек» деді! – десіп, айнала отырған бар жиын мәз-мейрам болып» күледі. Бұл сөз қолынан бірдеңе түсіп кеткенде немесе бір оқыс жағдай болғанда кезінде әйелдер аузымен жиі айтылған. Қазіргі уақытта көркем шығармаларда ғана болмаса, көп кездеспейді. Мұндай сөзді ер адам айтпайды, ол әйел адамға ғана тән. Сондықтан М.Әуезов ояз әйелінің аузынан шыққандай етіп шеберлікпен көрсетіп отыр.
1851 жылы «Ескі там» жерде мектеп ашқан Құнанбай Абайдың Оразбай, Жиренше сияқты достарын ұнатпай, «осылардан тартатыныңды бір көрсем-ау» деген мазмұндағы сөзін М.Әуезов «Абай өмірбаянында» келтіргендей, бір кездегі жақын достары болған адамдардың жаулық іс-әрекеті осылайша ашылады.
Ұзақ айдау-сүргінде болған Базаралыны Семейден Абай тапсырмасы бойынша Ербол, Көкбай, Шұбар, Ақылбай, Мағауия қарсы алуға аттанады. Алыс сапардан оралған жолаушыны арнайы қарсы алу, амандасу, көрісу – бұл қазақта ежелден бар дағды. Мынау – соның бір көрінісі.
«Кейін жиын тарқарда Абай жіберген інілер ренжіп кетпесін деп, далаға Базаралы әдейі ере шығып, жақсы қабақпен ырза-қош айтысып, өз көзінше барлық топты аттандырып салды» деп тарау аяқталады.
«Кек жолында» деген екінші тараудың бұлай аталатын себебі Тәкежан мен Базаралы арасындағы қақтығысқа байланысты. Тәкежан (Абайдың туған ағасы) кіші шешесі Нұрғаным мен Базаралының жақын байланыста болғанына кектенсе, Базаралы Тәкежанның жатақ ауылдың жинап қойған пішенін тартып алғанымен қоймай, қалған пішенін бар малына жегізгеніне кектенеді.
Тарау басталғанда айдаудан келген Базаралыны Құнанбай жағынан Абай ғана елеп-ескеріп, арнайы қонақ етеді. Көкбай, Мұқа, Әлмағамбет, Әйгерім Абай әндерін орындайды. Келесі кезекте Дәрмен жазған «Еңлік-Кебек» дастаны аяқталмаса да, келген жеріне дейін тыңдауға көшеді. Жоғарыда М.Әуезовтің Шұбар деп отырғаны – Шәкәрім Құдайбердіұлы. Кеңестік цензура Шәкәрім сияқты Алаш арыстары туралы жылы сөз айттырмақ түгілі атын атауға тиым салғандықтан, М.Әуезов көп нәрсені ашық айта алмай, енді кешегі жетім Дәрменді Шәкәрім бейнесіне айналдырады. Өйткені М.Әуезов мазмұндап отырған Дәрмен өлеңі Шәкәрімдікі екенін көзі қарақты оқырман жазбай таниды. Мысалы: «…Жігіт қарлы боранда, беймезгіл шақта бөтен ауылға келсе де, күңгірт жолаушыдай емес, ашық-жарқын, жақсы дос жүзімен келді. Жабырқау үйге жадыраған күлкі, аң туралы қызу әңгіме, орамды әзіл, жайдарылық ала келді. Еңлік жігіттің қызу нұрлы жүзіне сүйсіне қарап, күлімсірей көз тігеді. Қайта-қайта қарағысы келеді бұл жанға. Сол кезде жігіт Ықан қартқа өз жөнін айтып кеп, атын мәлім етті. Кебек!.. Кебек осы екен!.. Отқа жақын отырғандықтан аңғарылмады. Бірақ қыздың жүзі жігіт атын естігенде ду етіп қылды. Жүрегі де су еткендей, белгісіз бір сезім лебі шарпып өткендей… Ет жүрек сәт суына қалып тулағандай! дей беріп, әнші, еркін ақын домбыраны баяулата бәсеңдетіп кеп, дастанын» үзеді.
Ал Шәкәрім «Еңлік-Кебек» поэмасында:
Үй иесі қонақтан жөн сұрады,
Асын (езілген құрт. Р.З.) жеп әңгімеге айланған соң.
Кебек айтты:
«Аң қуған Тобықтымыз,
Мен Кебекпін дегенге білемісіз.
«Атым Кебек» дегенде жалт қарады,
Бағанағы айтылған бойжеткен қыз.
Міне мұның Шәкәрім поэмасының желісі екенін Дәрмендегі Еңліктің: «Кебек!.. Кебек осы екен!» деген бір ауыз сөзінен-ақ тануға болуды. Бұл жерде «Бағанағы айтылған» деген сөз Нысан абыздың «Ажалың биік қабақ сұрлау қыздан, Батырым, ондай жанға көңіл бөлме» дегенінен шығып тұр.
Құрт – қой, сиыр сүтінен жасалады. Әрине қой сүтінен жасалған құрттың дәмі де, сапасы да жоғары болады. Құрт жасау үшін ашыған сүтті ағаш кеспекке құйып, бірнеше күн іркіт жиналады. Оны үлкен қазанға құйып қайнату кезінде іркіт қоюланып, ақ, ақсары болған кезде отын сөндіріп, суыған соң оны сол кеште таза қапшыққа құйып қояды. Таңертең оны алақанға салып, әртүрлі кескінде (формада) домалақ, ұзынша етіп құрт жасайды. Дайындалған құртты өреге немесе арнайы дайындалған баланың қолы жетпейтін биік жерге жайып кептіреді.
Құрт көже – тағамдық қуаты мол жеңсік ас… Құрт көжені әзірлеу үшін қажетті мөлшердегі суға ұн салып қайнатып алады. Суды онша суытпай құртты салып, қолмен езе бастайды. Езілген құртқа… сөк немесе күріш қосып, қайтадан бір қайнатып алады. Ыстық көжеге май немесе шыжық қосып оның дәмін келтіре түседі… (Сейіт Кенжеахметұлы).
Алдын-ала дайындалмаса, қайнатылып дайындалған кепкен қатты құрт қолма-қол езіле қоймайды. Езілмей қалған құрт қалдығын малта деп атайды. Махамбет Өтемісұлының:
«Алты малта ас болмай…
Қу толағай бастанбай,
Ерлердің ісі бітерме» дегендегі – осы малта.
Бұл жерде жазушы «Мағаштар да ынтығудан өкініп қалысты» деген сөзді жайдан-жай алып отырған жоқ. Өйткені бұл тақырыпқа Мағауияда да поэма жазған бірақ оны Абайдың ұнатпағаны туралы естеліктерде айтылған.
Абайдың «Өлең – сөздің патшасы, сөз сарасы» деген өлеңіндегі:
Батырды айтсам, ел шауып алған талап,
Қызды айтсам, қызықты айтсам, қыздырмалап.
Әншейін күн өткізбек әңгімеге,
Тыңдар едің әр сөзің мыңға балап, – деген терең ой Дәрмен дастаны арқылы осылайша сараланады.
Абай айналасына өнерпаз жастарды жинап, олардың кең құлаш сермеп, қанат жаюына мүмкіндік туғызғаны – тарихи шындық. Мұны осы жердегі Көкбай (1861-1925) мен Кәкітай (1868-1915) да өз естеліктерінде айтса, Шәкәрім (1858-1931) өлеңдері арқылы жеткізді. Ал Мағауия, Абай, Ақылбай араларына 40 күн салып, 1904 жылы қайтыс болғанмен, Ақылбай мен Мағауия шығармалары да біздің заманымызға жетті.
Романда Шәкәрім Шұбар деген атпен алынып, байлықты ғана мансұқ еткен Оразбай, Тәкежан сияқты шонжарлар ықпалында болып, Абайға іштей қарсы адамның бірі ретінде суреттеледі. Бірақ Шәкәрім «Абай марқұм өткен соң өзіме айтқан жырларым» деген өлеңінде терең палсафалық ойларымен Абай даналығынан нәр алғанын ашық жазып кеткен.
М.Әуезов көпшілік жұрт Шәкәрімнің заты тұрмақ, атын білмейтін Кеңес өкіметі тұсында типтік образ Дәрмен арқылы тарихта «Еңлік-Кебек» дастаны жазылғандығынан хабар берсе, енді нақ Дәрменнің кім екенін Дәркембайға айтқызады. Баяғыда орыс ішіне жалға кеткен Дәркембайдың інісі Көркембай өлер шағында жалғыз баласы мен өлмелі кемпірін «қолыңа ал!», «елге алып кет!» деген сәлем жолдайды. Ол осы Дәрмен еді. Бірақ Дәрмен Көркембайдың өз баласы емес, Қодардың немере інісі Көгадайдың баласы. Көгадай өліп, жетім қалған Дәрменді Дәркембай «әрі ағайынның баласы, әрі Көркембайда ұл жоқ болғандықтан», інісіне өз қолымен апарып береді. «Сонау бір жылдарда Құнанбай Меккеге жүрерде Дәркембай қасына ертіп барып Құнанбайдан есе сұрауға апарған бала Қияспай дейтін осы Дәрмен екен ғой. Қияспай деген лақап атты «қыңыр» деп мінеп, бір көлденең ағайын қойыпты. Өз аты Дәрмен екен», – дейді жазушы. Ал Абай туралы естеліктерде Қияспайдың әзіл-қалжыңға, тапқыр сөзге жүйріктігі туралы көп айтылады.
Сонда Дәрмен образынан тарихта болған төрт адамның бейнесін көреміз. 1 – жетім ауру бала, 2 – Шәкәрім, 3 – Қияспай, 4 – Кебек сияқты сүйгенін алып қашқан ержүрек жігіт. Бірақ Дәрмен Кебектің кебін кимейді, оған Абай мен Әбдірахман көмектесіп, дүлей күш екпінінен аман қалады. Бұл келесі кітапта сөз болады.
Әзімбай Жігітектің шөбін ақыры бермегендіктен, осы мәселені шешу үшін Абай Базаралының өтініші бойынша қасына Ербол мен Дәрменді алып, Тәкежанның үйіне барады. Абайдың «Қараша, желтоқсан мен сол бір-екі ай» деген өлеңіндегі «Ерте барсам жерімді жеп қоям деп, Ықтырмамен күзеуде отырыр бай» дегені – осы Тәкежан.
«Қалың, жылы киім киген бай-бәйбішенің бұл күнде күзекте тігіп отырған үйі де жылы екен. Айнала қалың киіз, текемет, кілем тұтылған. Ортада сары қидың оты маздап жанады. Малға жібермей, үйдегі өлі етті асқызып жатқан Қаражанның ажарын сезіп отырған Абай көп іркілмей, осында келген шаруасын айта бастаған».
Өлі ет – бұрыңғы үйде тұрған дайын етті асып беру. Мұны арам өлген малдың етімен шатастырмау керек. Арам қатқан малдың етін қазақ жемеген. Көптен келмеген сыйлы қонақ келгенде, үйде ет толып тұрса да, қазақ бата жасатып, арнайы қой сойғызған. Бұл сыйлы қонақтың сыбағасы есепті болған. Ал «өлі ет» асып беру, қонақты жақтырмағанның бір белгісі болып саналған. «Фразелогиялық сөздіктегі» (2007) «Өлі сыбаға – еңбексіз тиген, еңбек сіңбеген үлес» (576-б.) деген жаргон сөз. «Өлі сыбаға» деп қазақ айтпайды. Сөздікте «өлі ет» деген сөздің мағынасы берілмеген. Қазақтың құдаласу рәсімінде «өлі-тірі» апару деген салт бар. «Өлі» – бұл малдың сыбағалы мүшелерінен таңдап пісірілген дайын ет апару, «тірі» – бұл тірі мал (мысалы: тірі қой) апару. Қант-кәмпит қоса барады. Мұны қазіргі уақытта келінді көру құдалығына барғанда кез-келген қарапайым отбасы да жасай береді. «Қалыңсыз қыз болғанмен, кәдесіз қыз болмайды» дегендегі атқарылатын негізгі құдалық кәделердің бірі осы.
Кәде – қазақ халқының рәсімдік және ғұрыптық жоралғыларының жиынтық атауы. Кәдеге жарау – іске асу, пайдаға жарау.
Абай Тәкежанға екі түрлі шаруамен келеді. Бірі – Тәкежанның Серікбай деген баукеспе ұрысы Семейтаудағы Бура руынан алып кеткен бір үйір жылқысын сұрастыру, екіншісі – Тәкежан мен Жігітек арасындағы шабындық мәселесі. Мұның екеуіне де қарсы дау айтылады.
«Жақсылық мына Тәкежан мен Қаражанның отының басында, ошағының бұтында ма екен немесе ана теңінде буулы жатыр деп пе ең? Атаның ұлы болма, адамның ұлы бол дейді жақсылық, Аяныш, әділет, адал жүрек керек дейді жақсылық! Есітіп көріп пе ең, сен мұндайды!!» – деп Әзімбайға қатты зекіп, ұрсып тастайды.
Тең (теңінде буулы) – кілем, алаша немесе текеметке орап буылған үй бұйымдары.
Абай тысқа шығып, жалшылардың жүдеу тұрмысын көреді. Орта қап қиды отыншының әйеліне ұрсып отырып, әрең берген Қаражанға ыза болады.
– Шіркін, Қаражан-ай! Сенен де мырза бай бар ма екен? Кедейін сендей жарылқаған бәйбіше көрсем көзім шықсын! Қайтіп қана қара қидың орта қабын қиып бердің, – дейді.
Абай өлеңіндегі:
Кәрі қой ептеп сойған байдың үйі,
Қай жерінде кедейдің тұрсын күйі.
Қара қидан орта қап ұрыспай берсе,
О да қылған кедейге үлкен сыйы, – деген астарлы ащы мысқылға толы сарказм сөз осылайша ашылады.
Қи – тура мағынасы қойдың құмалағы. Қой қорада малдың құмалақ, нәжісінен пайда болатын тығыз жабынды. Сиырдікі жапа деп аталады. Оны да жинап, бөлек кептіреді, бірақ жылуы қойдікінен төмен болады. Қазақтар қой нәжісінен пайда болатын бұл қалың жабындыны ойып алып, кептіріп, отқа жағатын қызуы мол отын ретінде пайдаланған.
Тәкежанның жерін аяп, қыстауға дер кезінде көшпеген қараулығы тағы бір зиянын тигізеді. Тәкежан мен Әзімбай қойына бір топ қасқыр шауып, көп малын қырып кетеді. Ал жаңбыр мен дауылдан әрі қасқырдан ығып, өзінің айналасына үйірілген қалған 50-дей қойды аяған Иса жаяу-жалпы жүріп, бес қасқырдың төртеуін бір өзі «қара тұмсықтан» дәлдеп, шоқпармен ұрып өлтіреді. Бесінші қасқырмен шоқпарын көлдеңен төсеп, тіресіп тұрғанда, көмек те келіп жетеді. Иса ерлігі аңызға айналғанмен, қасқырға қатты таланған қойшы жігіт кәрі шеше, ауру әйел, жас балаларын артқа тастап, алтыншы күні қайтыс болады.
Мұның бәрінен хабарсыз Абайға сол кезде Әзімбай қосында болған Ақылбай келіп, Тәкежан жылқысына жау шапқанын хабарлайды. Бірақ Ақылбайдың айтқаны күлкі туғызады. Ақылбай баяу, жай сөйлейтін әдетімен, жаудың санын, таңертең тигенін, Әзімбай мен барлық жиырма шақты жылқышының соққыға жығылып, қан жоса боп қалғанын, сегіз жүз жылқылы қостан «бұтартар» тай-тұяқ қалмағанын, шабуыл жасаушы Базаралы мен Абылғазы екенін байыппен айтып береді. «Жылқыға жау тигенде, өзің қайттің!» деген Абай сұрағына таңертең жылқы аралайық деген Әзімбайға ерініп, барғысы келмегенін, қоста бақыршы бала екеуі ғана қалғанын, қыстыгүні қостың «төбеқызар» қып жаққан отын және бақырға куырған куырдағын жақсы көретіндігін, «Сөйтіп, суықта жылқыны аралағанша, Әзімбайлар кеткен соң, қоста қуырдақ қуыртып, жеп отыр едім» дегенде Абай ыза бола бастайды. Басқа тыңдаушылар күле бастайды. Ал жылқыға жау тигенде, сен соны біліп отырдың ба, жоқ, кейін білдің бе? – деген Абай сұрағына бақыршы бала қуырдақты жаңа түсіргелі жатқанын, «жер де айқай, көк те айқай» болып кеткеннен кейін тысқа шыққанын, бірақ маңайдың бәрі аппақ боран болып кеткенін, өзінің сол кезде қуырдақты жаңа жей бастағанын, өзі бір семіз жабағының сан етінен ұсақ қып тураған, майы кілкіген қуырдақ екенін айтып, «қуырдақ жайына тағы ауысып» кетеді. Айналаның бәрі «Аттан! Аттанға!» толып кеткеннен кейін тыпыршыған бақыршы баланы қайта шығарғанда «Бар жылқыны Шолпаннан асырып әкетіп барады, енді қайттік?!» дегенін Ақылбай саспай баяндайды. Ал сен қайттің?, Атқа міне шаптыңыз ба? – деген Абай мен Мағаш сұрағына «Ақылбай үй ішін түгел түңілдіріп, шын жауабын» айтады. «Жоқ! Мен шапқаным жоқ! Қуырдақты жеп отыра бердім. Біреу-міреу хабарға келер деп тосып қалдым!» – дейді. Дәрмен, Мағаш, Кәкітай тарапынан қарша бораған сұрақтардың ешқайсына саспай: «Шынын айтайын, қорқақтық еткем жоқ. Бірақ еріндім!», – дейді. Әрі жылқыны «Шолпаннан асыра қуып кетіпті, жер болса қалың қар, оны қуғанда, мен қай жерге дейін шаппақпын?! Кем қойса, Ералыңа қуып жетермін. Сондай ат шаптырым жерге қалың киіммен қыстыгүні шапқылаудың өзі бір жаза ғой және жалғыз барып, жалынып сұрамасам, төбелесіп, жау түсіріп алатын мен емес қой! Тіпті, батыр жігіт болмай-ақ қоям, мүлде!» деп сөзінің аяғын қыңыр сөйлеп бітіреді. Үй іші Абайдың ажарына қарап, «ашуланады да, Ақылбайды ұялтып, ұрсып жерлейді-ау» десіп отырғанда, Абай Ақылбайдың «мінезіне шұғылдан қызығып, әуелі біраз күліп» алады.
«Мен білсем, – деп, Абай осыдан ары жазыла сөйледі: Бұл іс – исі Тобықты істеп көрмеген, тегі үлкен, бөлек іс. Ашудың ісі және әділет керек, әділ ашудың арыны бар. Арты да алысқа, қиынға кетер. Оны көре жатармыз. Бірақ адамның адамшылығы істі қалай аяқтағанынан ғана көрінбейді. Қалай бастағанынан да танылады. Әнеугүні Шүйгінсудағы Жігітек ауылдарын зарлатып Тәкежан баса қонғанда Базаралы айтты деген кекті сертті есітіп ем. Мынау соның алғашқы серпіні ғой. Ердің кегі болғанда, езілген елдің де кегі екен. Құнанбай баласы құдайды ұмытқалы қашан! Алысқа шықпаса амалы қане! Онан соң бұл әрекет бүгін дегеніне жетпесе де, түбінде көпшілікке, момын, адал жұртқа «ендігі замандағы тартыс жолы, есеңді іздеудің жолы осылай болар!» дегенді аңғартса керек!» – деп бір тоқтайды.
Бұл жерде «Адамның адамшылығы істі бастағанынан білінеді, қалайша бітіргенінен емес» деген Абайдың «Отыз жетінші қара сөзіндегі» ой көрініс тапқан.
«Бұқпа торғайдай басынан асыра тас лақтырып, бұқтыра түсіпсің» деген сөйлемнен «Торғай жаңбыр жауса, баласын қорғайды, бұршақ жауса, басын қорғайды» деген халық мақалын «бұқпа торғайдай» деп перифраз тәсілі арқылы бір ғана тіркеспен түйіндегенін көреміз. Мұндай халықтық құнарлы сөздер мен мақал-мәтелдер, аңыз әңгімелер мен мен ертегілердің өмірдегі функционалдық қызметін бір-ақ сөзбен танытуда М.Әуезов жеткен жетістік романда жетерлік.
«Қарашығын» деген үшінші тараудың бұлай аталу себебі Абайға тиетін келесі соққы осы «қарашығын» арқылы болмақ. Патша өкіметі тарапынан салынатын екі салықтан басқа «қарашығын» деген салықты жергілікті байлар орыс ұлықтарымен келісе отырып, өздерінің қалтасына түсіру үшін салмақ. Бірақ тарау «Қарашығыннан» басталмайды, Абай аулының жол тосып, үлкен әбігерге түскен қарбаласынан басталады. Бұл «күйеу келтіретін, келін түсіретін, қыз ұзататын дағдылы той әбігері де емес». Бірақ «ең бір қадірлі әбігер». Өйткені Абайдың екі жылдан бері Петербургте оқуда болған «Ділдадан туған ақылды баласы Әбіш (Әбдірахман)» келмек. Жолаушылар келгенде «Абай да мол құшағын кең жайып, Әбішті бауырына алды. Соншалық қатты қысып, құшып тұрып, құлағынан, бетінен, көзінен сүйіп, ұзақ уақытқа шейін өз бауырынан босатпады. Әке мен бала екеуінде осындай сағынышты құшақтан басқа бір ауыз сөз болған жоқ. Әбішті көп уақыт жүрегіне басып тұрып босатқанда Абайдың қара сұр жүзі аппақ сұр боп, өзгеше оңып өзгергендей» деп сипаттайды жазушы.
Әбіш скрипкада бұл ел бұрын естімеген, Орыс пен Еуропаның небір классикалық музыкаларын ойнап, офицер киімімен де, ерекше отырыс-тұрысымен де жұртты таң қалдырады. «Оқу тәрбие мен шаһар тәртібі бұлардан әрбір қимыл-қозғалыстарын, пішін-мүсін, қалып-қабілетін мүлде басқа еткен сыпайы бекзада үлгіде қалыптанған Әбішке» «…бұлардан сондайлық алабөтен өзгешеліктеріне кейде кешіріммен, кейде қызығу, мақтанумен, шексіз қошемет, құрметпен де» көпшілік таңырқап қарасады.
Әбіш кезекті Мұқаға береді. Бұл – Мағаштың мәслихатымен сүйген қызын алып қашып, Абайдан пана тапқан «сыпайы мінезді, өнерлі күйші-скрипкашы және әсем әнші Мұқа» да Абай шәкірттерінің бірі. «Домбырашы Ақылбай, күйші Мұқа, әнші-күйші Әлмағамбеттер қонақ тартып өткен полька-мазурка сияқты билердің кейбір қайырмаларын өздерінің домбырасына ақырындап, іліп-тартып, ұғып қалып отырғандарын да байқатып отырды» деп жазады жазушы.
Ертеңінде барлығы жиналып, үлкен үйге барады. Абайдың Әйгерімді алғанына наразы Ділдә баласын құшақтап, ұзақ жылау арқылы өзінің жабырқау пәс көңіл-күйін де білдіреді. Еркежан мен Ділдәнің байыппен айтқан әңгімесінен Ұлжан (1810-1887) сияқты ананың да қайтыс болғанын осы арада білеміз. Ұзақ аурулы болған Ұлжан өмірінің соңғы шағында «ақырын, баяу, үнсіз өмір кешіпті. Ұлжан әл үстінде жатқанда, Майбасар көңілін сұрап отырып, өрескел сөйлепті: «Қалайсың, бізді тастап еріңнің артынан сапар шеккелі жатырсың-ау! Көпті көрдің ғой, айта кетсеңші, өлген деген қандай болады екен? – депті. Сонда Ұлжан сәл езу тартып, ақырын ғана әзіл айтыпты: «Пәруәйсіз қайным-ау! Көрсем – қартайғанша ой түспеген сені көрдім. Бұрын мен өліп көріппің бе? Өзің өлгенде көресің, несіне ынтықтың!» – деп, ең соңғы өлім сағатында да «даңалық қайратынан айырылмай, өлімнен де жасқанбай, бұқпай… кең сабырға толы момын жан өмір есігін ақырын ғана жауып жол кешкендей», – дейді жазушы. Ал Құнанбай (1804-1886) Ұлжаннан бір-екі жыл бұрын қайтыс болады.
Шешесінің қасында екі күн болған Әбішке Ділдә оның үйленуі туралы үлкен өтініш жасап, ноғай Махмұттың қызы Мағрипаны бір көруін сұрайды. Шешесі таңдаған осы қыз расында да бір ғазиз жан боп шығады.
Тарау «Қарашығын» деп аталғандықтан, М.Әуезов «Недоймке» және жаңадан енген «Түндік басы» деген Патша өкіметінің салығы мен Тәкежан, Жиренше, Өтеп старшын, Жаманқара писарь ойлап тапқан «Қарашығын» деген салық түрлеріне тоқталып, қаладан бір топ ұлықтың шыққанын баяндайды. «Неше жылдан бері недоймке төлемейді, патшаның алымын бермей, қарын шашы алынбай құтырып алған ел – Шыңғыс. Содан дәл үш күннің ішінде, барлық биылғы алым мен «недоймкені» және «қарашығынды» да түгел жиғызамын» деп келе жатқаны туралы суық сөз тарайды.
Қарын шашы алынбаған – тым жас, сары ауыз деген мағынада. Жаңа туған баланы қырқынан шығарғанға дейінгі шашы – қарын шаш деп аталады. Қырық күн толғанда той ырымы жасалып, қырық қасық су құйылған суға түсіріп, қарын шашы мен тырнағы алынады. Бұл жерде уақытымен салық төлемей, тыңдағысы келмей, есірген ел деген мағынада.
Патша салығынан былтырғы Базаралы-Тәкежан дауынан кейін онсыз да тұралап қалған жатақ ауылы ғана аман қалады. Өйткені Жігітек аулына алымшы ретінде барған «алақұйын атшабар» Далбай мен «ақылсыз жігітек Дүйсенді» ауырып жатқан Базаралы «тым құрыса, сендердей жендеттердің көзін жойып кетейін!» деп екеуін дырау қамшының астына алмақ болғанда, олар жалына бастайды. Базаралының «Бізді Шыңғыс асып көшіп кетіпті, жете алмадық дендер!» деген сөзін ұлықтарға айтатын болып, құран ұстап, екеуі ант береді. Міне бұл – мұсылман діні дәстүріндегі анттасудың ең жоғарғы түрі. Бірақ кез-келген дау-дамайға қасиетті құран ұстап, ант бере бермейді, осы сияқты қатты қысылтаяң болған жағдайға ғана сенімді болу үшін осы тәсіл қолданылған.
Бұл кезде Сақ-Тоғалақ арасында жүрген Оспан болысқа да Абай ұрсып, қарапайым халыққа озбырлық жасап, қолдан қылмыс жасап отырған байларды жазалау керектігін айтады. Абайды жақсы көріп, сыйлайтын Оспандай асыл іні: «Үндеме… енді, қоя тұр… Сөз бітті! – деп, Оспан Абайдан ендігі ақылды сұрағысы келместең, тұра жөнелді» деп тарау аяқталады.
«Өкініште» деген төртінші тараудағы басты оқиға ұрлық-зорлықтың басы боп отырған озбыр Оразбайдың басқа дуаннан малын іздеп келген куәгерлер алдында қылмысын ашу үшін Оспан болыс оның қол-аяғын байлап, Оязға кіруге үлгертпей, сонау Семейден арбаның артына танып әкеледі. Сол өлкеде бұрын-соңды болып көрмеген мұндай кесек істі жаратылысынан батыр тұлғалы Оспаннан басқа Оразбайға ешкім жасамақ түгілі, оған қарсы шығуға да дәрмені жетпеген. Сырт қарағанда «досы сүйініп, дұшпаны күйінетін» шаруа болса да, Оспанның жауыздық атаулыға алғашқы ашық күресін аяқтауға үлгере алмауы – Абай үшін үлкен өкініш. Ендігі күрес жолы тек жалғыз Абай мойнына түспек…
Бірақ тарау бұл оқиғадан басталмайды, Абай мен Әбіштің сырлы сұхбатынан басталады.
Әбіш Абайдың алдына келген ұрлық дауының да куәсі болады. Тарбағатайдағы Мұрын елінен «бір айғыр үйір жылқыны» ұрлап әкелген Мыңжасар – жазықсыз ауылдарды қан қақсатып жүрген «атақты» ұры. Бірақ мұны Оразбаймен салыстыруға болмайды. Оразбай – қалай байыса да, соны ерінбеген еңбегімен ұқсатып, бойына сіңіре білген бірбеткей, қайсар да омыраулап орып сөйлейтін көкдолы адам және де өзі ойдан-қырдан жинап әкелген Тобықтыға кірме нашар ата Есболаттарды екі ауыл еткен ру басшысы. Мыңжасар қанша жырынды болса да, бірақ ол қашқын Оралбай сияқты жалғыз. Мыңжасар Есболат руының Оразбайы қатарындағы бай-шонжарға жатпайды.
Әбіш осы ұрлық дауынан кейін Абайға Ломброзоның орынсыз бір оқшау ойларын айтып береді. Чезаре Ломброза (1835-1909) – фатализм (латынша – қашып құтылмайтын) дүниетанымының итальяндық өкілі, криминология мектебінің негізін қалаушы, дәрігер. Ломброзо: «Қылмысты адам тумысынан сол жаманшылыққа бейім боп туады» дейді екен. Дүние жүзіндегі бар елдің бұзақы, қаныпезерлерінің бас бітімінде, дене жаралысында сол бұзықтығы айқын көрініп тұрады-мыс. Қысқасы, ол адамдар туғанда жауыз, бұзық болатын болашағы бірге туады-мыс. Тәрбиесі, өскен ортасы, бастан кешіретін ауыр-жеңіл тіршілік жағдайлары есеп емес… Сөйтіп, бұзық боп тумақ та, бұзық боп өмір кешпек. Айнымай, өзгермей, жауыз боп өте бермек» деген ойды таратып айтады.
Бұл пікірге Абай қосылмайды. «Мыңжасарға жаманшылық істетіп жүрген оның туысы емес. Түп себебін айтсам – жоқшылык. Оның үстіне. ауыл-аймақ, ата-тегімен көріп келе жатқан қорлық, теңсіздік. Ал бойына біткенін алсаң, сол Мыңжасар осы жүрген көп қазағыңнан әрі ақылды, әрі намыскер және қайсар да өжет! Өзі жоқшылықтан шықпаған атаның баласы. Ұры болмаса, сол ата-анасындай бай үйінің босағасында шіріген малшы-малай болар еді. Оған намыскерлігі жібермейді. Өйткені біздің сахара тұрмысында жалшылық ауыр еңбек қана емес, бір жағынан, адамдық сыпатқа ауыр соққы, қорлық. Соған көкірегінде оты бар намыскер кедейдің көбі шыдамайтынын күнде көріп жүрмін. Бірақ аштық пен жоқшылық тірлік қамын іздетеді», – дейді.
Абай: «Мыңжасар расында тепсе темір үзетін қайратты адам. «Жатыпішер жалқау да емес. Айлық жол Мұрынға, сонау Тарбағатайға жапа-жалғыз, аш бөрідей күндіз-түн жортып бару, арып-ашу, шаршап-шалдығу, қауіп-қатер кешу, мал алып қайту оңай демеңіз! Қалайда, ол еріншектің ісі емес. Ол – қажырлы қайраттың ісі. Осы адамға қайда барып кәсіп ет, күн көр дейсіз? Фабрик-завод, егін-дүкен мұнда жоқ. Азамат қайрат жұмсарға мал менен малайлықтан бөтен тұяқ ілінер бұдыр жоқ. Арқасынан қысқан аштық, жоқшылық анау. Осымен бүгінгі қазақтың дәл осы күнгі көшпелі, баянсыз, ырыссыз, надан тірлігі қазіргі көп нәсілін ықтиярсыз қылмысқа айдап отырғаны бар. Қаланың тәкаппар чиновниктерінен, ойсыз, етекбасты адвокаттарынан осы қазақ халқын қатты айыптаған бір сөздерді әлденеше рет есіттім. «Он, киргиз – конокрад» (ат ұрлаушы. Р.З), «киргизға не керек, карапчить (карабчить) керек (қарақшы, жаргон сөз. Р.З.)», «киргиз – барантач» (барымташы. Р.З.) дейді. Осыған, тіпті, жандарал, корпус кеңселеріне дейін ойланбастан шын сенеді» деп ұзақ сөйлеген Абайға Әбіш:
«Бүгін осы жайлауда, Өскенбаевтың аулында Ломброзо ең ауыр, ең дәлелді соққыны алды. Оған қарсы шығып құлатқандар қазақтың ақыны – Ибрагим Құнанбаев, қазақтың тынымсыз ұрысы – Мыңжасар!» – деп қуақылана жауап береді.
Абай Әбіштің еңбексіз отыруды ауыр көретінін сезініп, Дәрменмен ақылдасып, Шыңғыс сыртындағы бір қызық үңгір «Қоңырәулиені» көріп қайтуларына кеңес береді.
Ділдә сияқты адуынды шешенің қатаң тапсырмасын алған Мағаш пен Дәрмен, Кәкітай үшеуі жолшыбай қымыз ішіп аттану үшін Әбішті Махмұт аулына әкеледі. Мұнда Ділдә таңдаған сұлу қыз – Мағрипа бар. Бұл жерде ежелгі салт-дәстүрге байланысты ауыл арасында болатын қалжың әңгімелерде есеп жоқ.
«Қонақтардың ішінде Ақылбай, Мағаш, Кәкітай құндыз бөріктер киген. Қала тігіншілері тіккен бешпет-шапандары бар, сәнді болатын. Ауыл иелері де киім үлгілеріне қарағанда, шеттерінен кербез киініпті». Ал Әбіш киімін жазушы: «Сарғыш қызғылт жұқа жібекпен тыстаған жеңіл қара тымағы бар, бозбала тымақ. Үстінде қымбат бұлдан жұқа, кең етіп тіккізген сұрша шапаны бар. Жағасын қызғылт қоңыр барқытпен кең қайырған. Сырт киімі осындай болғанымен, іште юнкерлік жазғы ақ китель. Аяғында әміркен жалтыр етік. Оның өкшесінде шылдыраған жарқырауық шпоры да алынбаған-ды», – деп суреттейді. Әбіш бәрібір басқалардан бөлек, үлкен шаһарда оқып, офицер болып келгені киім үлгісінен де ерекшеленеді.
Юнкерлік жазғы ақ китель – тік жағалы жеңіл офицер пиджагы.
Әміркен етік – қымбат теріден тігілген лакталған етік.
Шпора – атты тебінетін өкше темір.
Қымыз ішіп, Мағрипаны бір көруге ғана аялдаған Әбіштерге бұл ауыл арнайы құлын сояды. Ал дәстүр бойынша «Құлын сойып, қонақ еткен ауылдан түстікпен ғана аттанып кетуге болмайды». Мұны Тәкежан мен Әзімбай отырған күзеуге барған кездегі Абай, Ерболдарға өлі ет асып берген қонақ күту рәсімімен мүлде салыстыруға болмайды.
«Мағрипа кірген жерден Әбіш бұл қыздың ерекше біткен дене сұлулығын, жүз нұрын айрыкша бағалаған». Әбіш Мағрипаны, ол Әбішті кіршіксіз махаббатпен шын көңілден ұнатады…
Ертеңінде бұлар қолдарына бір-бір шырақ ұстап, Қоңырәулиені еркін аралайды. Әулие атануына себеп болған кісі бейнесіндегі әулие тасты тауып көреді. Әбіш осындай үлкен көлі бар үңгірде «қараңғылықта тіршілік ететін мақұлық (балық)» болатынын, «Оның түсі күн сәулесін көрмейтіндіктен, адамның жалаңаш етіндей ақ сұр» келетінін, «Ұзындығы бір жарым кездей. 13-14-тегі баладай» болатынын, «Өзінің көзі жоқ, мүлде соқыр» болатынын баяндайды. Бұған Әлмағамбеттің зәресі ұшып, «Ер Төстік болмай-ақ қоямын. Жер астының сұлуы емес, осы Тобықты ішінен таңдаған қызым қолыма тиетін болса, менің ертегім сол! – деген Әлмағамбетті қалжың еткен жастар тобы жеңіл әзілмен, дырду күлкімен сыртқа шығады.
Қоңырәулие маңындағы үлкен қорымның «Тобықты бейіті емес екенін» Көкбай байқап, Арғынның «қос дөңгелек» таңбасын, Керейдің «ашамай» таңбасын, Найманның «шөміш» таңбасын танып, «Орта жүздің бар атасы бас қосқан зират көргенім осы» деп құран оқып, бата жасайды. Жазушы Абылай хан туралы «Сабалақ» деген поэма жазған ақын Көкбай Жанатайұлы арқылы қорым тарихын баяндатқызады: «Көп адамы қырылып, ашынған Абылай қолдағы батырларына жар салыпты. «Кім де кім ерлік етіп айласын тауып, осы қалмақты дәл осы үңгірден шығармай қырып беретін болса, бұдан былай қолбасылық дәрежені үнемі сол кісіге бұйырамын!» депті. Сонда Абылайға ерген көп батырлардың ішінен үздік шыққан Қаракерей Қабанбай болған еді. Айтқаным айтқан, сертімнен шыққаным осы, қайратың үшін бұдан былайғы жорықта ұдайы қолбасы сен боласың және бұдан кейін сенің атың Қабанбай емес, «Дарабоз» болсын!» – депті. Қабанбайдың бұл кезде жасы егде тартып, сақал-шашына бурыл кірген кезі екен. Содан мұны барлық аңызда «Дарабоз» атайды!» – деген тарихты айтып береді. Халық жазушысы Қ.Жұмаділовтің «Дарабоз» романында бұл оқиға жан-жақты баяндалады.
Оразбайдың артынан суыт жүріп, қалаға қуа жеткен Оспан «Казанцев ояздың кеңсесіне жаңа кірген» онымен «сәлем беріп, жалпылдап амандасып, жарқырап, ақсия күліп, іші-бауырына» кіре бастайды. «Оразеке! Ашу ағадан, айып ініден! Маған томырылып кетіпті деп есітіп ем! Мен, өзің білесің, қазақ баласына жалынып, жорғалап көргем жоқ-ты. Сенен қорқып отырғам жоқ. Қойның толы арыз болғанмен, одан шошиын деп отырған Оспан жоқ. Менің болыс болғаным жаңа ғана. Істеген ұлықтық қылмысым жоқ. Елге де жазықты емеспін. Ал мынау сен кіргелі отырған ұлығың болса, оның қатынының қойнынан да шыққам жоқ. Бұны Казанцев өзі де біледі. Құдай ақына, қазір сен екеуміз қатар кіріп көрелік, әуелі сені тындамай, мені тындайтынына қолынды бері әпкел» – дейді Оспан. «Мынау үйдің іші қапырық, түншықтырып барады. Тыста көлеңкеге шығып сөйлесейік. Ашуланып кеткеніңді біліп, артыңнан әдейі қуа келдім! Інілік бір базынам бар, соны тыңдап шық! Сон соң, мен қайтып жүре берем. Арызыңа ара түсейін деп келгенім жоқ. Жүр, тысқа шығайық! – деп, таңданудан арыла алмай отырған Оразбайды далаға алып шығып, қарсы бетте көлеңкеде тұрған Баймағамбет көшір боп отырған өз күймесіне алып келеді де: «Сақалыңды… соқыр төбет! Отыр жаның барында мына арбаға! – деп, от шашқан үлкен көзін Оразбайға оқтай» қадайды. Оразбай: «Өй, қу сотқар! Сен не тантып…» деп айғайламақ болғанда, «оның ұзын қара сақалымен кеңірдегін қоса қысып, мытып жіберіп, екінші қолымен сарт етіп Оразбайды жауырынынан бүріп» алады да, «Қоянды бүрген бабындағы қара бүркіттей шеңгелдеген қалпында Оразбайды тік көтеріп алды да, күйменің түкпіріне арық тоқтыдай қып, қойып кеп» жібереді. «Осы бетте өзі де күймеге секіріп» мінген Оспан «тыпырлаған Оразбайды кеудеден қатты бір қойып, талдырап» тастайды да Баймағамбетке: «Шапшаң! Айда! Елге тарт!» – дейді.
Мұндай істі кез-келген адам жасай алмайды. Өйткені Оразбай да осал емес, үлкен бір рудың басшысы. Ұрлықпен жинаса да – соны бойына сіңіріп, байып алған адам.
Оразбай: «Құнанбай баласы, не осы жерде өлтіріп, қара сорпамды ішерсің! Болмаса, ахиретке дейін екі қолым жағаңда! Тек қыларыңның бәрін бүгін қылып қал! Жауымның үлкені – Оспан, Ыбырай». Бұл жерде Ыбырай деп отырғаны – Абай.
Әбіштер «Қоңырәулиеден» қайтқанда «дауыл бұлтындай төніп» келе жатқан осындай жағдайдың үстінен түседі. «Оспан ісінің әлегі Абайдың өзіне де, жақын-жарандарына да Әбіштің үйленуі жайындағы сөзді сөйлетпеді және жігіттің өз тарапынан, Дәрмен арқылы айтылған сөз де, бүгінде белгілі байлау жасауға жол бермеді. Дәрменнің де, Мағаш, Кәкітай, Ділдәнің де және жақында Абай аулына келіп кеткен Өтегелдінің де жалғыз білгені бар. Әбіш: «Қыз алатын болсам, жер жүзінде Мағрипадан басқаны тілемеспін» депті деген бір өзгеше қымбат сөз. Әзірге Мағыштың құлағына жеткені де осы ғана. Ол тек осы бір үлкен жақсы сертті амалсыз медеу етіп, үнсіз қалды» деп «Өкініште» деген төртінші тарау аяқталады.
«Қақтығыста» деген бесінші тарау «Әбіш биыл да жазғы демалысқа елге қайтқан. Бірақ бұл жаз соншалық басқа, бөтен. Бала шағынан бері елге келіп жүріп, дәл қазіргідей жүдеу жүз, жадау көңіл аға-бауырын, аулын да білген жоқ-ты» деп басталады. Өйткені «өткен қыстың бас кезінде Оспан қайтыс болған». Бір әке, бір шешеден туған Тәкежан мен Ысқаққа қарағанда Абай жаратылысынан алып денелі, кесек мінезді Оспанды ерекше жақсы көрген.
«Жайнаған туын жығылмай,
Жасқанып жаудан тығылмай…
Жан біткенге жалынбай,
Жақсы өліпсің, япырмай!» – деп келетін «Оспанға», «Кешегі Оспан» деген өлеңдер жазған Абай романда бір қыс бойы сары уайымнан шыға алмайды. «Оспан әйелдерінің үлкені – Еркежан. Ол – Зереден, Құнанбай, Ұлжаннан қалған шаңырақта отыратын қаралы келін. Екінші үйдегі әйелі – Зейнеп. Бұл – Өндірбай қажының қызы. Баяғыда Құнанбай Меккеге кетіп бара жатқан сапарда Оспанға атастырып кеткен қалыңдық болатын. Зейнеп үлкен әнші еді. Әсіресе, жанынан жақсы жоқтау шығаратын, өз зарын өзінің әуенімен де айта білетін әйел. Үшінші – Торымбала. Бұл өзге әйелдерден жас және үлкен өнері білінбеген момын, бұйығы адам». Оспаннан қалған осы үш әйелдің келісімі бойынша ендігі жерде Тәкежан, Абай, Ысқақ үшеуі әмеңгерлік мәселесін шешуі керек.
Тәкежан Ұлжаннан туған тұңғыш болғандықтан, малы көп қарашаңырақта отырған «Оспан үйінің дүние-мүлкін үлеске салу жөнінде!» әрекет жасап, бауырының жылы өтпей жатып, Еркежанды иемденгісі келеді.
Ежелгі қазақ қоғамындағы «жер дауы, жесір дауы» романдағы ірі оқиғалардың бірі. Жесірін жатқа жібермей, оған – қамқоршы болатын оның жақындары. Бұл ерте заманнан «аға өлсе, жеңге – мұра, іні өлсе, келін – мұра», «әйел ерден кетсе де, елден кетпейді» деген қағидаға айналып, әдет-салт нормасы ретінде заң болып қалыптасқан. Оспанның жылы өткеннен кейін Тәкежан – Зейнепке, Ысқақ – Торымбалаға әмеңгер болады. Оспан көзі тірісінде өзінен туған бала болмағандықтан, Абайдың Ақылбай деген тұңғыш баласынан туған Әубәкір, Пәкизат деген ұл мен қызын асырап алған. Бұл балалар Еркежанның қолында өседі. Нақты өмірде Еркежанның өтінуімен Абай әмеңгер болады. Бірақ бұл романда айтылмайды. Бұл жағдай былайша суреттеледі:
«Мен бай іздегем жоқ. Кенже өлген күні, – деп Оспанды ауызға алып, ант еткем-ді. Өзі мен екеуміз жөргегінен алып бауырымызға салып өсірген балапанымыз бар. Әубәкір мен Пәкизат. Мен баласыз қатын емеспін. Осы екеуінің ғана тілеуін тілеп, Кенженің артын күгіп, дүниенің өзге тілегін тыйып отырам деген антым бар. Айтпа маған сұмдық сөзді. Үш қайнағама осынымды жеткіз. Үлкен үйден сүйреп тастаса да, енді ерге тимеймін. Болмаса, осы шаңырақты, кешегі енемнің, Кенженің шаңырағы атандырам да, тапжылмай отырам деді. Сөз осымен бітті деп, Шұбар мен Ерболды қайта сөйлетпеді. Салмақты, салқын жүзінен қатал тілекке қатты бекінген қайрат көрінді». (Абай жолы, 3-кітап). Еркежан осылайша сөзінен айнымай, романда екі баласымен үлкен шаңырақта отырып қалады.
Оспан үйінен шыққан Әбіш пен Дәрмен жолшыбай Дәркембай қартқа соғады.
Дәстүр бойынша Дәркембай қонағына мал сойғызбақ болып, баласы Рахым мен әйелі Жаңылға тапсырма беріп жатқанда Әбіш тоқтатады. Ол қонақжай үй-ішінің ыстық пейіліне риза болып, алғыс айтады да, жаңадан сауылған қой сүтін пісіріп беруді өтінеді. Бұлар қойдың сүтінен ақ ірімшік жасап, балқаймақ қосып, қазақтың «ақлақ» деп аталатын тамағын істеп береді. Бұдан қазіргі қаймақ қосқан творогты қазақтар ежелден пайдаланғанын көреміз. Сондай-ақ іркітті қайнатып, кептіріп алған құрт пен мәйек қосқан қызыл ала ірімшік, қойдың майын қосып, ашытпай пісірген ұсақ ши бауырсақ көшпенді тұрмысқа қолайлы ешуақытта бұзылмайтын тағам болған. Бұл – көшпенді ауылдың кез-келген үйінде болатын құнарлы тағам түрлері.
Ақлақ – қой сүтінен жасалған дәмді тағам. Сүтті қайнатып, ірітіп ақ ірімшік етіп алады да, ыстық қалпында оған сары май салып араластырады. Ақлақты қарттар мен сәбилерге береді. Кейде жаңа келіп қоныстанып жатқандарға ерулік есебінде де апарады. Ақлақ жеңсік ас қатарына жатады. (С.Кенжеахметұлы).
Жүсіпбек Аймауытов пен Мұхтар Әуезовтің 1918 жылы «Екеу» деген атпен «Абай» журналында жазған «Абайдың өнері һәм қызметі» атты мақаласында осыған ұқсас «ахлақ» деген сөз кездеседі. Бірақ бұл сөздің мағынасы ана «ақлақтан» мүлде бөлек. Мұнда жазушылар: «Абайдың ақындық өнері, тар жолы, бірбеткей емес. Әр тараулы, сегіз қырлы. Ол тараулар мынау: мінез түзететіндік (ахлақ), тереңнен толғайтындық (пәлсапа), сыншылдық (критика), суретшілдік (художественность), жүректің мұң зарын, сырын тапқыштық (лирика), ащы тілдік, ызалықпен күлетіндік (сатира), һәм керемет переводщиктік… Ғашықтық жайын, әйел турасын жазғанда, Абай аса шеберлеп, қызықтыра сипаттайды. Ондай өлеңдерінде ахлақ жолынан алыстау кететін орындары болады. Бірақ мұнысы – ақындық жолында кешерлік іс. Ақынның жүрегі не нәрсенің болсын жарастығын, келісімін, сұлудың сұлуын іздейді. Жүрегінің сезімі, көңілінің шабыты билеп, өз бетімен жазып кеткен сөзін былай неге жазбадың, ахлаққа хлаф деу жол емес, ол – зорлық. Оның суретшіл көңіліне, жүрек қиялына басқаның мөлшері өлшеу емес» деп жазады.
Мұндағы ахлах (ахлақ) – араб сөзі, тәртіп, әдеп, этика деген мағынада қолданылады. «Ахлаққа – хлаф» дегендегі «хлаф» (хиләп – араб сөзі) – кең ауқымда функционалдық қызмет атқаратын «қарама-қайшылық, кереғар» деген мағынадағы танымал сөз. «Шариғатқа хиләп» десе, шариғатқа қарсылық деген мағынаны білдіреді. (Арабтанушы Мақсұт Шафихов).
«Мінез түзетіндік» мағынасында бұл сөз роман-эпопеяда «Шынында, ғаделет, хақиқат, ахлақ мәселелерiнде қауымның игiлiгiн ойлаушылар аз ба?» («Абай жолы», 2-т.168 б.). «Бұл ұждан, ахлақ, адамгершілік алдындағы қарыздарыңыз деп санаймын! Солай емес пе? («Абай жолы», 4-т. 17 б) деген сияқты бір-екі жерде ұшырасады. (Эл-дық вариант бойынша)
Ірімшік – сүттен жасалады. Сүтті қайнатып, оған қымыз, айран, шұбат сияқты ащы іріткі қосып ірітеді. Іріген сүттен ірімшік түзіліп, ол әбден қызарғанша бабымен қайнатады да сүзіп алып, табаққа, дорбаға салып кептіріп алады. Әрине қой сүтінен жасалған ірімшік өте дәмді болады Ірімшік қыста да, жазда да жақсы сақталады. (Сейіт Кенжеахметұлы).
Дәркембай Базаралы мен Оразбай арасында елге кең жайылып кеткен сәлем сөзді Әбішке де айтады. «Сыртынан қапсыра құшақтағалы жүрген жау бар. Абай «қапыда қалып, опық жеп жүрмесін» деген болар. Өзінің жауабында: «Оразбайға сәлем айт. Мені маймыл етіп, өзі түлкі болмақ қой. Маймылды түлкі жолдас қып жолға ертіп шығыпты. «Не көрсек, бір көреміз. Не тамақ кездессе, бөліп жейік» депті. Келе жатса бір темір қақпан жатыр. Ортасында қып-қызыл ет тұр екен. Түлкі маймылға: «Қонақсың, жаңа жолдас болғаның осы, жол сенікі. Анау етті сен жей ғой!» депті. Маймыл қақпан сырын білмей, басып қалса, аяғын шауып қалып, темір қақпан ұстапты да қалыпты. Түлкі етті өзі қағып жейді. Сонда маймыл зарлап: «Не болдым, сорладым ғой!» десе, түлкі жұбатып өсиет айтыпты ғой. «Екі түрлі бақ болады. Біреуі – басқа, біреуі – аяққа қонады. Мынау саған қонған сол! «Тепкілесе кетпейтін темір бақ» деген осы» депті. Сол айтқандай, Оразбай «Жігітекті алдадым» деп жүр ғой. Алдағаны рас болса, мені тепкілесе кетпейтін темір баққа жеткізген. Мешеу боп елім жатыр. Төсекке таңып, табжылтпай басып, белім жатыр. Темір бақты тапқан кедей көп еді ғой. Соның бірімін. Желігім жоқ, желі болмаған соң, бәлем де жоқ. Елігерім де жоқ және «араз бол, жау бол» деп маған қарсы қоймағы Абай ғой. Біз Абаймен жау емеспіз. Сан сындар болған. Абайға қарсы азғаным жоқ-ты. Әлі де азбаймын. Ағайын енді менен аулақ жүрсін! – депті». Бұдан Дәркембай мен Базаралы сияқты қарапайым халық өкілдері Оразбаймен рулас Жігітек болса да, Абай жағынан таймағанын көреміз. Ал Жігітекке қарағанда, туыстық жағынан алыстау келетін Тобықтының Көкше руынан шыққан бір кезде басына іс түскен Көкбай ақын да Абайға өмірбақи адал болып, сыйласып өткен.
Дәркембайдың Базаралы туралы айтатын сөзінде «Бірде-бір артына ергенді ұстатпады. Өзі де қылыштың жүзіндей қатердің үстінде жүрді. Ол үшін сират көпірі болмады ма?» деген сөз кездеседі. (Абай жолы, 3-том)
Сират – діни ұғым бойынша тозақ үстіндегі ұстараның жүзіндей өткір қыл көпір. Ахирет күнінде барлық адамға осы көпірден өту бұйырылады. Екі дүниені қатар ұстап, әділетті ғадауатпен майдандастырмай, адамгершілік, адалдық, ар мен ұят, ынсап, рахым, талап, еңбек, білім, шапағат жолын ұстанған адам зыр етіп өте шығады екен. Сираттан өткен адам ғана жәннатқа барады деген түсінік қалыптасқан. М.Әуезовтегі функционалдық қызмет атқарып тұрған осы бір ауыз сөз жазушы Асқар Алтайдың «Сират» деген нақтылы деректерге құрылған тамаша романына қойылған атауға арқау болды деп топшылаймыз.
Ғадауат – 1. дұшпандық, қастық, жаулық. 2. Қырғиқабақтық, береке-бірліктің, ынтымақтың жоқтығы, қиянатшылдық.
Жол үстінде Дәрмен тағы бір аңыздық желісі бар бір әңгіме айтады. «…Осы көктемде, ел қыстаудан әлі көшпей тұрған кезде, Жиренше бір топ кісімен бөкенші Асылбектікіне қыдырып кепті. Жазға салым сүр жесу, қыдырып қонақ болысып, сақтаған сыбаға жесу бар ғой. Асыл ағандікіне келе бере, амандасып болмастан Жиренше: «Б-е, байғызым, үнсіз, қыбырсыз жатырмысың, тастың түбінде… Түбін ойлап жатырсың ғой байғызша!» деп күліпті. «Байғыз үн қатпай, қыбыр етпей, күндіз жатып түнде ғана аз ұшады. Неге қыбырламайсың сен» деп сұрағанда, «Мен түбін ойлап тыныш жатам» дейді екен ғой. Қазақ солай әңгіме етеді. Асыл ағаң бұлардың желіктірген сөзіне елікпей жатқан момын жанның бірі болу керек. Ананың бізге ермейсің деп кекеткені ғой. Асыл ағаң Жиреншеге іле жауап беріпті. «Е-е, сен де жүрмісің бәбісегім! Әр қидың түбіне бір барып бәбісек көкекше «пыс» деп қойып, Олжайды түргіп оятып жүрсің бе, бәбісегім!» депті. Әбіштің көз алдына айдарлы ала қанат, сақау көкек – бөбісек елестеп, екеуі де күледі.
«Түбін ойлап жатырсың ғой байғызша!» деген М.Әуезов сөзін түсіну үшін «Сүлеймен мен Байғыз» туралы ертегіні білу керек. Мәтін мазмұнын бір сөзге сыйғызып жіберуді әдебиет теориясында поэтикалық перифраз (мәтінді қысқа қайырып, өз сөзімен айту) деп атайды. Көптомдық «Ертегілер» жинағының бірінші томында «Сүлеймен патша мен байғыз» және «Байғыз» туралы ертегілер болғанмен, ел аузындағы нұсқа бойынша жүйелі түрде берілмеген, әрі мағынасы да толық ашылмағандықтан, белгілі ақын-сатирик, этнограф Қажытай Ілиясұлының баяндауына назар аударайық: Ерігіп отырған Сүлеймен пайғамбардың ерке тоқалы құстардың сүйегінен сарай салдыруды талап етеді. Он сегіз мың ғаламның тілін білген Сүлеймен пайғамбар бүкіл құстарды тұмсығынан тізіп, жинап тастайды. Енді қай құс қалды дегенде байғыз жоқ болып шығады. Оның неге келмей жатқанын біліп келуге жұмсаған құсқа байғыз: – Ой ойлап жатырмын, – деп келмей қояды. Ыза болған Сүлеймен қырғи мен қаршығаны жұмсайды. – Даусыңды дұрыс естімей жатырмыз, басыңды шығарып айтшы» дегенге иланып қалған байғыз басын шығара бергенде қырғи мен қаршыға шап беріп ұстап алады да, Сүлеймен пайғамбарға алып келеді. Жан алқымға алған Сүлейменге байғыз аспай-саспай өзінің не ойлап жатқанын жаймен айта бастайды.
– Мен ең алдымен өлі көп пе, тірі көп пе деп ойладым, – дейді.
Қайсысы көп екен?
Өлі көп деп білдім.
Қалайша, тірі көп емес пе?
Мен есепсіз ұйықтаған адамды да өліге санадым, – дейді.
Үндемей қалған Сүлеймен: – Тағы не ойладың? – дейді.
Еркек көп пе әйел көп пе, соны ойладым, – дейді.
Қайсысы көп екен?
Әйел көп, – дейді.
Қалайша, еркек көп қой? – дегенде,
Мен әйелдің тіліне ерген еркекті де әйел санатына санадым, – дейді. Әйелінің азғыруына еріп ағаттық жіберіп алғанын сонда ғана түсінген Сүлеймен пайғамбар сымға тұмсығынан тесіліп тізіліп тұрған құстарға азаттық беріп, әйелінің басын алыпты, – дейді. Барлық құстың тұмсығындағы қос тесік содан қалыпты да, байғыздың тұмсығының бітеу күйінде қалуы содан екен. Бұл жерде М.Әуезов ертегі желісін поэтикалық перифраз тәсілі арқылы бір-ақ ауыз сөзбен жеткізіп отыр. Әрине қазақ танымында сасық (бәбісек) көкектен байғызды артық көретіні, айтпаса да түсінікті.
ХІХ ғасырдың 2-жартысында қазақтар «қарашекпенділер» деп атаған переселендер қазақ даласына келе бастағаны тарихтан белгілі. Міне Дәркембай аулына да осындай 30 шақты үйден құралған переселендер келеді.
Орыс әйелдері сүт сатып алмақ болып, ақша берсе, қазақ әйелдері қолын итеріп, сүтті тегін құйып береді. Өздері кедей ауыл болса да, қазақтың жомарттығына бұлар таң қалады. Өздері «мать Дарья» деп атайтын үлкен әйел Дарьяның атын қолма-қол өзгертіп, қазақ әйелдері Жария қойып алады.
Осы түнде «бүгін жылқыға барайық, түнде далада жарыс салып, сауық етеміз, атқа мініндер!» деген Әзімбай бір топ өзі сияқты «даңғой, «даукес», «барымташы», «бақырауық», «ұры» бай ұлдарын жинап алып, олардың қасындағы атқосшы-жылқышыларымен оншақты адам болып, қалың жылқыны Дәркембай егініне жауып жібереді. Осыдан шайқас басталады. «Қазақтың жырынды сойылшылары бас пен білек, тізені көздесе», Федор, Афанасий бастаған мұжықтар «ондай тақыспен жұмысы жоқ. Тек кез-келгенді белуардан көстите береді». Орыс крестьяндары сойылмен төбелесудің жөнін де білмесе де, «Ура, ура!», «Ур-ра!» деп, үлкен соғыстағы сүрендерін салып, білек құрыштарын» жазып, қызу кіріседі. Дарья мен Фекла бастаған бірнеше батыл крестьянкалар да бақандарды алып, «Антихрист!», «Окаянные звери» деген балағат сөздермен «соғысқа әбден қызығып алған, қорқу жоқ». Осы кезде «бақырауық Мақа» Фекланы сойылмен салып жібереді. Жұдырығы тоқпақтай, еркек пішіндес кесек әйел Мақаның атын ауыздықтан ала түсіп, оны аттың үстінен жұлып алады да: «Эх, суккин ты сын, барантач!» деп цензураға жатпайтын боғауыз сөзді айтып тұрып, бажылдап жатқан Мақаны Шоқла аталған Фекла жалаң аяқ табанымен қақ басқа теуіп-теуіп жібереді.
Бұл көрініс – ежелгі салт-дағды бойынша ер адамды ұрмақ түгілі, алдынан кесе-көлденең өтпейтін қазақ әйелдері үшін мүлде жат құбылыс. Бірақ соның өзінде «Шоқ!», «Шоқ!» деп риза болысып, «жалғыз баласы Иса өлгелі бұл суық өмірде ең алғаш» рет қатты күлген Иіс кемпір болады. Иістің күлетін жөні бар, өйткені бұл – қазақ таным-түсінігіне сай келмейтін, ертеңгі күні үлкен мазақ күлкіге айналатын ер адам үшін қорлық іс.
Антихрист – христиан дініне қарсылар.
Окаянные звери – қарғыс атқан малғұндар.
Потрава – егінге мал түсу, шабындықты бүлдіру, таптап кету.
Бұл күні мол ет асылып, бәрі мәре-сәре болады.
Негізінде Арқа өңіріне он мыңдап келген орыс «келімсектерін» Патша өкіметі Шығыс Қазақстанның Тарбағатай өңірінің шұрайлы жерлері мен Өскемен, Ақмола, Кереку (Павлодар), Қызылжар (Петропавл), Көкшетау облыстарына қоныстандырған. Ал Абай тұрған өлке төрт түлік мал өсіруге ғана қолайлы, тастақ жері көп әрі үлкен жолдан шеткері болғандықтан, мұнда әкелмеген. Бірақ ХХ ғасырдың ортасында Кеңес өкіметі ядролық базаны тура Әбіштер қызықтайтын «Қоңырәулиеден» 18 шақырым қашықтыққа орналастырады.
Абайдан кейін ХХ ғасырдың бас кезінде өмір сүрген Алаш зиялылары «Абайды бүкіл қазақ тегіс танып, тегіс білуі керек» (А.Байтұрсынұлы) десе, ол орысқа тәуелді болып отырған қазақ халқы ат үстінде «сойыл, шоқпарға» қанша мықты болғанмен, мылтық пен пулеметке қарсы тұра алмайтынын жақсы түсінген Абайдың күрес жолын нұсқайды. Ол жол – орыстың өнер-білімін үйреніп, тілін біліп, констуциялық ережесін меңгере отырып, «мылтықсыз майдан» арқылы тәуелсіздік жолында күрес жүргізу. Алмағайып кезеңдегі Абайдың осы ұстанымын М.Әуезов шебер аша білген.
Абай Дәркембай аулына арнайы келіп, Ырғызбайлар тобын ат үстінде өзі қарсы алады. Мұны көргенде Тәкежандардың артындағы көп Ырғызбай жасқанып, еріксіз қобалжуға түскенін байқаған Абай: «Әй, Ырғызбай, мынау елді көрдің ғой! Өліспей беріспейді. Мен солай ет дедім. Тек соқтығып көр, арындаған Ырғызбай, артың ашылады. Басыңа қызыл тақия киіп, бөксеңе шақпақ таңба соқтырып қайтасың. Осылай етуді мен бұйырамын, мынау айыпсыз жылаулар болған жұртыма! Тек қазір кейін қайт та, үш кісі жіберіп сөзге кел», – дейді.
«Бөксеңе шақпақ таңба соқтырып қайтасың» деген сөз баяғы заманда айыпты болған кісіні дүрелегеннен кейін отқа қыздырып, жалаңаш құйрығына таңба басқан. Ешуақытта кетпейтін бұл таңбаның да өзіндік формасы болған. Мұндай адам дау-шарға жоламаған, өйткені қылмысы ашылып қалудан қорыққан әрі бұл жазаның үлкен түрі болып есептелген. Осы жаза қазақ ертегілерінде, «Мың бір түнде» де жиі ұшырасады. Абай сөзінен кейін Ысқақ, Ақберді, Шүбар үшеуі де «жүзбе-жүз келгенде, Абайдан ығып жүретін туыстар» болғандықтан, Тәкежаннан бөлініп, Абай қасына кеп, сәлем бере, аттан түседі. Ырғасқан сөз кеш бата «келіскен байлау бойынша отыз ат кедей аулында қала» беретін болып шешіледі.
Оспанның жылын декабрьдің ортасында емес, 2-3 ай ертерек өткізу керек деген Тәкежан мен Ысқақ ұсынысына Абай да қолдау білдіреді. Өйткені «қалың қыс кіріп» кетсе, қатынас қиындайды. Ал «Сентябрьдің бесінде Қарамола деген жәрмеңкенің орнында Семипалатинск, Устькаменогорск, Зайсан уездерінің бас қосқан чрезвычайный съезінде» Абайдан жауап» алынбақ.
Әбдірахман көп қазақ баласының азғантай ғана оқып, тоқтап қалатынын айтады. «Қазіргі оқығаннан сіз ойлаған адамды таппадым. Бірақ осындай көрнекті өріске қадам басқан бір-екі кісі қазақ оқығандарында болған екен. Естімесеңіз, соларды айтайын… Бұның бірі – осыдан жиырма бес жылдар бұрын, жастай қайтыс болған Шоқан Уәлиханов деседі. Екіншісі – Орынбор маңынан шыққан Ыбырай Алтынсарин! – деді. Абай Алтынсарин атын естіген, оны жақсы біледі екен. Шоқанды білмейді».
Абайдың Шоқанды (1835-1865) білмейтін себебі оның жекелеген зерттеулері болмаса, тұтас еңбектерін («Қашқарияға саяхат», «Жоңғария очерктері», «Қырғыздар туралы жазбалар», «Қытай империясының батыс провинциясы және Құлжа қаласы») патша өкіметі жариялауға құлықты болмаған. Ал Абай заманында Ы.Алтынсариннің (1841-1889) «Қырғыз хрестоматиясы» (1879 ж.) жарық көргені мәлім. Бұғанға дейінгі бір томдықтардан басқа Ш.Уәлихановтың орыс тілінде «Бес томдық шығармалар» жинағы академик Әлкей Марғұланның құрастыруымен 1984-86 жылы жарияланса, 6-томдық жинағы қазақ тілінде 2010 жылы ғана тұңғыш жарияланды. Бірақ Абайды жоғары бағалаған Патша өкіметінің үнемі бақылауында болған эмигранттар сияқты Шоқанды алғаш бағалаған еркін ойлы танымал орыс достары болды.
Алаш арыстары аузынан кезінде «Абай – қазақтың жалғызы, Шоқан – ғалымның жалғызы» деген сөз тараған.
Әбіш шешесі Ділдәнің айтуы бойынша танысқан Мағрипаны шын көңілден ұнатып, бір минут есінен шығармаса да, үлкен бөгет бар. Мұны естігенде Мағыш: «Науқасыңызға қиналамын, Әбіш. Бірақ бөгет дегеніңіз сол ғана болса, оны мен үшін ойдап, мені сақтамақ ниетпен бөгет десеңіз, мен жауабымды айтайын. Тірлік шын сүйген жанмен жанынды қызыққа да, қауіпке де түгел қосқан күні шын жақсы тірлік болса кереқ. Мен Абай ағамның кітабынан ұққаным рас болса, осылай еді. Жан қиысқаң достықты іздеймін. Сіздің басыңызға не келсе, соны бірге көтеріп, өмір кешіп өтсем, арманым жоқ!» – деп шын ғашықтың сөзін айтады.
«Әбіш пен Дәрмен ноғай ауылына ендігіде күйеу боп келетін болып, қуанысып қайтысты» деп аяқталады тарау.
«Қоршауда» деген алтыншы тарау басында Оспанның Еркежан, Зейнеп, Торымбала деген үш әйелінің әмеңгерлері туралы сөз болады. Өйткені дала заңы бойынша «жесірін алмаған әмеңгер, мал-мүлікке де қолын сұға алмайды».
Әмеңгерлік мәселесі сөз болғанда мына нәрсе есте болу керек. Қазақ ешуақытта жесірін жылатпаған, жетімін жатқа бермеген. Бұл салт-дағды ежелден орныққан қатаң ереже бойынша жүргізілген. Егер жесір қалған әйел «мен енді күйеуге тимеймін, бірақ осы елден кетпеймін» десе, оған рұхсат етіліп, балаларын барлық туыстары еркелетіп, қамқорлық көрсеткен. Тура осындай жағдай Құнанбайдың Күнкеден туған тұңғыш баласы Құдайбердіге (1829-1866) де тән. Оның Дәметкен (Төлебике), Ботантай деген екі әйелі де әмеңгерлік жолымен күйеуге тиюге қарсы болып, балаларымен ел ішінде бұрынғыдай отыра берген. Құнанбай қажыға аттанар сапарында жастай жесір қалған осы екі келініне ризашылығын білдіріп, батасын береді. Ал Кеңес үкіметі тұсындағы «әйел теңдігі» деген мәселе социалистік саясаттың бір тәсілі болатын.
Құдайбердінің балаларына деген Абай жанашырлығын өткен тараулардан білеміз. Абай Құдайберді ағасын «Бәке» деп атаған. Бұл тарауда әңгіме басқаша. Өйткені Тәкежанның баласы Әзімбайдың көздеген мақсаты – мал-дүниесі көп Ұлжан отырған қарашаңырақты басып қалу. Ал онда басы қаралы келін болып Еркежан отыр. Сондықтан Әзімбай: «Өз әкесіне Ысқақты үнемі серік етіп, тізелерін біріктіріп отыруды «биылғы есептің үлкені» деп білген. Оспанның үш ағасы, ең жақын мұрагерлері болғанда, соның екеуінің сөзі бір жерден шығып отырса, бұлар елді болады. Әзімбай үй ішінде Тәкежан мен Қаражанды шүйлеуден басқа Ысқаққа айтатын сөздерін, есептерін алдымен Мәнікеге келіп айтатын. Өзара келісім орнағаннан кейін Тәкежан мен Қаражан «Ысқақ пен Мәнікені, бар естияр үлкендерді, көрші-қоландарымен ерулікке» шақырады.
Ерулік – дәстүрлі халықтық жөн-жоралғының жарқын үлгісі. Жаңадан көшіп келген, жапсарлас қонған отбасына бұрыннан отырған көршілері малдың сүбелі мүшесін асып, мол қонақасы беріп, ықылас-пейіл білдіреді. Ерулік беру арқылы ауыл тұрғындары жаңа көршілерін өздеріне етене жақындастыруды, бөтенсітпеуді де көздейді.
Ал бұл кезде Абай үйіне досы Павлов (шындығында Долгополов. Р.З.) қонаққа кеп жатыр. Дөңгелек столға айнала отырған Кәкітай, Мұқа, Дәрмен, Әлмағамбеттер өз алдына ақындық өнер жарыстыруда. Осы сәтте қызықты әңгіме, ертегілерімен даңқы шыққан Баймағамбет келеді. Ол ауылдан бір шығып алса, талайға шейін оралмай қояды екен. Абай оған күле қарап:
Ажының жақсы-ақ қызы едім.
Жетістірем деп алды!
Бүйтері бар түбінде
Әуелде мені неге алды?
Желіккеннен желігіп,
Жынды сары жоғалды.
Ойбайлаған болайын-ай!
Жоқтамасам обал-ды! – деген үйіңнің қасынан жоқтау естідім, өзі барып тұрған ақын екен ғой», – дейді.
Баймағамбет: «бөріктінің намысы бір», мен үшін өзіңіз бір ауыз сөз айтпадыңыз ба, сонда? – дейді. Абай осыған орай іле-шала, дәл осы арада туған бір ауыз әзіл өлеңді және айтып жіберді:
Қарақатын дегенде, Қарақатын,
Үзіп-жұлып алып жүр қанағатын!
Ала жаздай байың кеп бір қонбайды,
Қазақтың не қыласын шариғатын! – дедім мен оған. Мұныма не дейсің!
– Е, жетістіріпсің! Халыққа жеткен ақылың, Қарақатынға келгенде, осы болғаны ғой! Жетістіріпсің! – деп, Абайға өкпелегеннен бір-ақ шыны шай ішіп, кесені төңкере тастады да, тұра» жөнеледі.
Оспанды жанындай жақын көрген Абай «Не шешсеңдерде келісемін» деп әмеңгерлікке мүлде араласпауға тырысады. Тәкежан Еркежанды қалап отырғанын айтқанда да, Абай қарсылық білдірмей: «Мен бір-ақ нәрсеге қарсымын. Ол – зорлық! Қалай байлап, қалай үлессең де осы әйелдердің ықтиярынсыз шешпейсің, Тәкежан… Одан өзгенді өзің біле бер, билей бер! – дейді.
Абайдың үнемі қара халық жағында болуы, жеті жатақты жақтауына кектенген бай-мырзалардың ашу-ызасын туғызып, Абай үстінен тағы арыз түседі. Мұның басты ұйымдастырушысы – Оспаннан кегін ала алмай қалған Оразбай. Абай жауап беру үшін қасына Ербол мен Көкбай, Баймағамбет, Жастардан Мағаш, Дәрмен, Кәкітайды ертіп Қарамолаға (қазіргі Шар, Жарма ауданы) келеді. Ал Әбіш ел атынан арыз ұйымдастыру үшін ауылда қалады. Дәркембай да ауылдағы Әбіштің қасынан табылып, қолынан келген көмегін аямайды. Ал Әбіш бір топ қағазды Семей губернаторының өз кеңсесіне Әлмағамбеттен жөнелтіп, көшірмелерін Қарамолаға, сол жандарал алдына ел-жұрт атынан Абайдың кәрі досы Байкөкше мен жатақтан Серкешті жібереді.
Бұл кезде ауруынан айыққан Базаралы «Абай халық үшін, халық Абай үшін» деп өзі жиған қоржын толы приговорларды алып, бөлек сапар шегеді.
Семейге келгенде қарт ақын Байкөкше түс көреді. Тарихта «Абылайдың түсі», «Кенесарының түсі» деген аңыз жырлардан алынып, көркем шығармаларға арқау түстер бар. Ал мынау Абай түсі болмаса да, бірақ ақын көрген түс. Назар аударып көрейік: «Түсінде жалғыз Абайды қоршаған маңайды таныпты. Мұнар басқан бұлыңғыр күн екен. Ерте ме, кеш пе аңғармапты. Қай мекен екенін де білмепті. Бірақ бұлдыр сағым ішінен жапа-жалғыз Абайды көреді. Ол сақтанып, бірдеңені күгіп тұрғандай. Сол шақта бір үлкен қарбалас, ұйқы-тұйқы күй болады. Енді аңғарса, Абайға жан-жағынан көп жарақты жыртқыштар ұмтылған екен. Бірі – қабаған қара төбеттей. Біреуі – бүйірі солған, аш көкжал бөрідей. Тағы біреуі – қан иісін сезіп, жаланып жүрген түлкідей. Қара жалды қабыландай әлденелер қамап, қысып алған. Тағы бір ұйқы-тұйқы қарбалас болып кетеді. Мұнар ішінде ұмар-жұмар күй. Байкөкшенің көзінен жыртқыштарды да, Абайды да жасыра береді. Жүрек суылдап, көзге жас келеді. «Абай!» – деп айғайлап, ұран тастайды. Жастанған көзін енді бір кезде жаңағы қатер майданға қайта тастаса, дүние өзгеріп кетіпті. Күн шайдай ашылған екен. Жаңағы жыртқыштардың ортасында енді Абай емес, бір арыстан ортқып тұр. Аспанға атылып, жан-жаққа құлаштап от лақтырғандай қайрат төгеді. Қара төбет, көк бөрі, зымиян түлкі, теріс азу қабыландардың жүні менен қанын жаңағы арыстан айналаға шашып, боратып төгіп жатыр. Белі сынған, жілігі үзілген, көз-басын қан жапқан өңшең қанқор жаман жау енді сімтік-жәутік бопты. Әр жерде қыңсылап, ыңырсып, өлімші боп, өзді-өзі жарасын жалап, жатып қапты. Майдан басылған. Енді биік орында жапа-жалғыз тұрған арыстан: «Тағы да жауың бар ма?» дейді. Тақыр тасты тарпынып, сойылдай құйрығын шабыңып, өз жонын өзі сабалап, айбат атып тұр екен. Көргенім осы, ал жігіттер, атыңа қон! – деп, Байкөкше сөзін бітірде де, атына қарай қозғала берді. Дәрмен, Мағаштар таң-тамаша, қайран боп тұр. Олар енді: «Әттең, есіл сабаз», «Айтқаның келсін, дуалы ауыз!», «Асылым, дегенің болсын!» деседі. Сүйсінген сөздерін бітіре алмай жатты», – деп жориды жазушы.
Бұл кезде «Ең үлкен мүддесі – осы жолы қырда қазақ, ойда ұлық жаулығын жиып келіп, неғылса Абайды мерт қылу жолында» Қарамолаға Оразбай да келіп жетеді. «Сияз құрылатын өлкедегі Керей, Матай болыстары мен байлары, қажылары… Уақ, Бура, Найман, Бәсентиіннің де бай-бағландары Оразбаймен соңғы жылдар табысып, ауыз жаласып қалған. Қаланың көп сомалы байларынан да Оразбайдың құда боп, тамыр боп, мол алық-берікке араласып алған жандары көп. Ал қырды алса, бес болыс Тобықты көлеміндегі елдің жарымынан артығы бұл күнде Оразбайдың уысына келіп» түскендіктен ол да осал жау емес. Әзімбайдан әмеңгерлік дауын естіп алған Оразбай: «Қазақ Ыбырайды «әділ» деп, «ақылды, кемеңгер» деп адасуын қоя ма? Көр, міне, «әділ Абайдың» істеп отырған арамдығын. Өзге қазақты қойып, бір ата, бір анадан туған Тәкежан, Ысқақты қан қақсатып отыр. Ол екеуін мұрадан бір жолата құр алақан қалдырып, Оспан мүлкінен, Құнанбайдың қара шаңырағынан қуып шығып, бардың өзін бір өзі тартып басып алыпты. Әділі осы ма? Жақсысы осы ма? Бүгінгі тіріге, кешегі өткен өліге, келер нәсілге – бәр-бәріне арамдығын, зорлығын түгел өткізіп отырған жоқ па? «Оспан мұрасы Абайдың абыройын айрандай төгер!» деп ем, айтқаным болды. Елді азғырып, кешегі жақсы Құнанбайдың артын аздырып, үй іші бір ұяның берекесін тоздырып отырған Абай осы. Кімге қиянат жасамай отыр? Ата жолынан өзі де азды, тіліне, өсиетіне, соңына ергеннің де бәрін аздырып-тоздырып отыр! – деп, үлкен айыптар тағып, екіленіп, есіп» сөйлейді.
Бұл тың өсек айналасындағыларға Абайға деген күдік туғызады. Жиренше Абайдыкі «кемеңгер», «шешен», «данышпандық» біздікі «білімсіз надандық» емес пе? деген сияқты сөздерді Оразбайдың қытығына тию үшін әдейі айтып, оған тәмәм жұрттың көзінше Абайды барынша жамандатқызады. Жиренше тағы да «Абай сөзі, Абай өлеңі» дегенді әнші-домбырашы, бала-шағаға дейін жаттап айта бастағанын айтқанда оны Тобықты Абыралы да қостайды. Сол кезде Оразбай: «…сөлмірейген Жуантаяқтан молда алып едім, балаларға иман үйрет, намаз білдір, қол хатын үйрет деп алсам, өзі бір есі жоқ дәндүріс болу керек. Тегі, көп оқып, көп тесілген кісінің миы ашып, ауысып кететіні көп қой осы! Миы ашыған бір көк ми екен. Бұ не оқытып жатыр деп, бір күні үй жанында тыңдап отырсам, балаларды маңыратып, Абайдың бір тантыған сөзін жаттатып отыр. Болысты мазақ қылады. Осы мына Молдабайды айтқаны ғой деймін, – деп, үндемей отырған Молдабайды қағытып, кекесінмен күліп» қояды. Осы сияқты көп жамандаудан кейін Оразбай: «Тілмашынан хабар алдым. Ол өзі менің тілеуімдегі адам. Сол айтыпты: «Менің аңғаруымша, ояз бен одан арғы ұлықтардың да Абайға кәрленуі мығым көрінеді. Осы жолы Абайың жел қуған қаңбақтай жер аударылып, төңкеріліп кетер» депті. Біз Қарамолаға сол Абайдың айдалғанын көзімізбен көріп, артынан топырақ шашып қалғалы барамыз. Мен соған аттанамын, жарандар!» – дейді.
Оразбай қасындағы Тобықты жуандарының жасы үлкені Байғұлаққа бата тілетіп, бозқасқа сойғызады. Бұған «кешегі қонақтарының үстіне Семей оязының қала маңындағы… Ертіс бойының болыстарын» шақыртады. «Оның үстіне, Өскемен, Зайсан ояздарының осы жәрмеңкеге келген көп жуандарын, бай-бағландарын да қоса шақыртқан. Өрдегі Семіз Найманнан Құрбан дейтін бай-жуан бар. Ертіс, Алтай төрінен, Қаратай елінен келген Ережеп шақыртылыпты. Керей, Матайдың, Мұрын, Сыбанның да толып жатқан мырза, төрелері осында». Осының барлығын бір Оразбай қонақ етеді.
Қымызға қызып алған Сыбанның тәкаппар бір төресі қолына домбыра алып тыңқылдатып отырып, бір ауыз өлең де айтып салды:
Сәлем де Ыбырайға, бөлем еді.
Ас беріп Құнекемді елемеді.
Ел жиып ағайыннан алғыс алса,
Аз ғана шығасыдан өлер ме еді? – деп тоқтағанда барлық топ қарқылдасып, мәзденіп күлісіп» қалады.
Мәздену (етістік) – мәз болу. (Несіне мәзденесің.)
Бұдан да басқа Абайды жамандаған сөздерден адамның шашы тік тұрады. М.Әуезов өз жазбаларында Абайдың жауларымен де ауызба-ауыз сөйлескенін жазған еді. Олар естелік айтқанда мұндағы жаманат сөздерді сол қалпында айтпаса да, мазмұнын ғана айтса, дарынды жазушыға сол да жеткілікті. М.Әуезов нақтылы өмірде болған Абай жауларының дойыр әрекеті арқылы «Мыңмен жалғыз алыстым, кінә қойма» деген ақын сөзін түсінуге жетектейді.
Қарамола басына азғантай топпен елеусіз келген Абай маңында бұрынғыдай амандасуға келетін төрт дуанның атқамінер жуандарынан бірде-бір кісі жоқ. Арыздың көптігін айтып, советник Лосовский Абайдан теріс айналады. «Еңісте» деген тарауда Лосовский туралы Михаэлис айтқан «ол да көп қарғаның бірі, тек айырмашылығы басқалардан да қауіптірек «ақ қарға» екендігінде» деген сөзі расқа шығады.
Абай қоралай тұрған топтың орта тұсына кеп, алға таман шығып, тыныш қана тұрады.
«Ең алдында келе жатқан шалқақ төсті, биік бойлы, қасқа бас төре. Ол – келбетті адам. Дөңгелек жирен сақалы бар. Екі иығын жаңа эполет басқан, төсінде оқалы аксельбант. Толықтау қарнын көлденең буған ока белбеу. Төсінен қиғаш түскен әсем бауға ілінген, қаралы күміс сапты, сәнді сұлу қылыш бар. Бұл ұлықты өзге қошеметші қоршаудың бәрі жалғыз оқшау бөліп, алдына салыпты. Арт жағын ала полковник шеніндегі үш-төрт ояз келеді. Солар тобына ілесе, штатский қара фрак, сюртуктер киген советниктер, хат жүргізушілер қозғалды. «Жандарал! Жандарал!» десіп, болыстар қатары сусылдаған сыбырмен үн берісіп қалды. Қамыс-құрақ басын ақырын жел желпіп, судырлатып өткендей қысқа сыбыр қазақ тобын түгел айналып шықты… Жандарал жандармдар қатарынан шыға бере оң жақтан бастап, қазақ болыстарының знакты адамдарының бәріне жағалай қол беріп амандаса бастады… Жандарал қазақ тобын жағалап, орта тұсқа шейін келді. Әлі күнге «здәрәсти, тақсырдан» басқа, жөні түзу сөз тапқан бір қазақ жоқ. Бірде-біреуі жандаралға өздерінің аты-жөнін айтуға да жарамады… Енді бір кезекте жандарал Абайға тақап келіп еді. Оның мойнында знагы, үстінде оқалы шапаны жоқ. Бірақ қалаша, сыпайы сұлу тігілген ұзын бешпет, жұқа сұр шапаны бар. Келбетті жүз, ойлы пішінді Абай бұның қасына жандарал келгенде еркін, маңызды тұрған қалыппен, титтейде өзгерген жоқ. Жандарал бар қазақтың тобынан басқарақ ажары, келбеті бар бұл қазаққа бір секундке таңырқағандай көз тастады. Абайға да бас иіп, қол созып амандаса берді. Сол кезде Абай да салмақты сыпайылықпен, тәрбиелі адамның қозғалысын жасап бас иді:
– Здравствуйте, Ваше превосходительство! – деді және ілесе Жандаралдың қолын қысып, амандасып жатып, – Ибрагим Кунанбаев! – деп, өзін атап таныстырды Бұрын бөгелмей жүріп келе жатқан жандарал, енді Абайдан жарым адымдай кейін басты да, жалт қарады.
– Кунанбаев! А-а, әлгі ел бүлдіргіш Кунанбаев сіз бе?
Абаймен екеуі осыдан соң қарсы көз қадасып тұрып қалып, орысша жауаптасып кетті. Абай тез жауап берді:
– Иә, сол менмін, Ваше превосходительство.
– А, сіз неге ондай болдыңыз?
– Мен алысамын! Себеп солай…
– Неге алысасыз?
– Алысу – тіршілік заңы. Дүниеде жанды-жансыз заттың бәрі де алысумен тіршілік етпей ме? Мен ғана емес, тіпті, сіздің, өзіңіз де алысасыз, Ваше превосходительство.
Жандарал сәл ойланып, тоқырап қалды. Тағы бір адым шегіне түсіп, Абайдың бас-аяғын барлап, сүзе қарап өтті. Ол бір сәт қатты ызаланғандай. Басының қасқасыңа дейін қып-қызыл боп кетті… Мына салтанатты шығысында, осынша жүрт алдында әлдеқандай сахаралық киргиз мұнымен қорғанбай, қысылмастан жауаптасады. Жауабы қандай!? Жандарал өзіне белгілі кейбір шағым қағаздарға сүйеніп, «Бұл қыңыр киргизді ұстатып қойса неғылады?» деген ойға да келді.
Жандаралдың қазақ басшыларымен бар кездескені осы екі-үш минут бойында жағалай амандасып өтумен тамам болады. Абайды ояз бірге жүруге шақырады. Урядниктің подносқа қойып екі стакан шай апара жатуы сияқты болымсыз көріністің өзі жұртқа үлкен әсер етеді.
Абайға жандарал «ақылсыз, ұшқалақ» тәрізді көрінеді. «Мінезбен, ақылмен, бойдағы адамдық қасиет, қуатпен салысуға келгенде», өзін «жандаралдан әлдеқайда биік, астам» тұрғандай сезінген Абай сабырмен ғана ығыспай жауап айтып, неше мәрте сөзден тосылдырады.
Осы кезде Базаралы мен қазақшаға жүйрік Семейдің сағатшысы Савельевтің кіруі әңгіме арнасын өзгертеді.
Жандарал Абайға көз қиығын тастап «осының өзі істетіп отыр ма, тағы бір айласы ма жұмбақты қазақтың» деп ойлап еді, бірақ Абайдың жүзінде қатты танданған халден басқа ешбір елесте жоқ екен. Базаралы Абайды өзінің тың өнерімен тағы таңырқатып орысшалап тұр:
– Қырғыз степ слапой, тақсыр, – деп ұзын, сұлу аппақ саусақтарымен бір көзін басты. – Токмо один клаз ес, он Құнанбаев! Қырғыз степ глухой, тақсыр, – деп бір құлағын да жаңағы саусағымен басқанда, жандарал еріксіз езу тартты. Қазақ арызшы сондай тапқыр тәрізді. Базаралы даусын сенімдірек шығарды. Саусағын екінші құлағына апарды да, – токмо один ух ес, он Құнанбаев! Он не бойдит, – дейді, өзі бұл сөздерін Абайды көрмей тұрған кісіше айтып тұр. – Не можно! – деп жүзін тез салқындатып бас шайқады. – Степ томнай, глухой бойдет! – деп басын тағы шайқап, – не можно! – деді.
Савельев енді өзі де жымиып, жандаралға Базаралы сөзін орысша жеткізейін деп еді, жандарал оған қолын көлденең сермеп, кіріспеуге белгі жасады да, Базаралыға қарап отыр. Базаралы әлі сөйлеп тұр: – Қаспадан күбрнатр нобай шалабек! Наш пригоуар много… много степ послал… Много-много степ просит. Наш пригоуар поскай пойдот санту, министр, белый сарь. Степ просит пустит нас министр, Петербор… сарь… псе пойдом! Тода пойдом! – деді
Абайды жақтаушылар арызы дәлелді болып шыққандықтан, әрі Базаралының «Біз Петерборға дейін барамыз» деген сөзі Жандаралға үлкен әсер етеді. Басқа да Абайды жақтаушылар молая түседі. Үш чиновник ақылдаса келе, сьезд өткізу үшін беделді билерді сайлау керек соның бірі Ибрагим Құнанбаев деген шешім шығарып, жандарал қалған істі Лосовскийге тапсырып, аттанып кетеді. Бүгінгі көзқараспен қарағанда Кеңес өкіметі (1917-1987) тұсында да арыз-шағымды мұқият тексеру патша өкіметі кезінен келе жатқан мәселе екендігін Абай жолынан анық аңғаруға болады. Өйткені арыз-шағымнан Абай тартқан азап Кеңес өкіметі тұсында Әуезовтің басынан да тура солай өткен.
1885 жылы Абай бес дуан елге төбе би болып, жарғы шығаратын атақты «Қарамола құрылтайы» романда осылайша Байкөкше ақынның көрген түсінің айнақатесіз келуімен аяқталады. Съезд арты той-думанға ұласып, әртүрлі жарыс түрлерінен бәйге алған жас жігіттер жүлделерін Абайға деген үлкен құрмет ретінде ұсынып кетеді.
Негізінде осы құрылтайда билермен үш күн ақылдаса отырып, бекітілген Абай жазған 73 баптан тұратын «Ереже» деп аталған Жарғы 1886 жылы Қазан қаласынан кітапша болып басылған. Мұның татарша аударылған бір данасын 1985 жылы жазушы Ғабит Мүсірепов Орталық архивке өткізген. Ереже әуелде орысша басылған. Басқа да архивтік нұсқалары бар. Қазір түпнұсқасы да табылды.
Абай би-болыстарға арнап: «Мансаптың бәрі қорлық емес, игілік үшін өзін құрбан ететін мансап адамға қасиет бітірсе керек. Ондай мансапты сен адам болсаң ит қорлықпен, ұлықтың табанын жалап жүріп таппас боларсың. Халқыңа қадірің асқан жақсы болсаң сендей мансап өзіңді өзі іздеп кеп тапса болар! – дей келіп, өлендей, үлкен даналық бар сөз айтты:
– Биік мансап – биік жартас. Оның басына екпіндеп ұшып қыран да шығады, ерінбей еңбектеп жылан да шығады! Міне, осының қайсысы болдың, осы отырғандар? Қыран болмасаң, халқың үшін жылан болдың емес пе? – деген сөзі болыстардың барлығына қамшымен қақ бастан қасқайта тартқандай, ауыр соққы болды. Ал Оразбайдың «жасаған айлалы, арам қоршауы мен құрсауларын Абай бір-ақ қимылмен талқан етіп кеткендей» болғанымен, «бірақ ол Абайды жығатын жардың мүлде жоғалмайтының осы жолы, әсіресе, анық танып, біліп алды. Абайға жауыққан болыс пен жуан шонжар атаулының бәрімен де тұмсық түйістіріп, ауыз жаласып алған», – дейді жазушы. Яғни алда әлі тартыс тұр деген сөз.
Қарамоладан аман-есен қайтқан соң Абай өз арнасына түседі. Дәрменнің «Еңлік-Кебек», Мағауияның «Медғат-Қасым» сияқты жырларын қайта тыңдайды. Жиын үстіне келген Базаралы Жұман қырттың төрт текені байлап қойып, оның әрқайсына Тәкежан, Оразбай, Жиренше, Абай деп ат қойып оңаша сөйлестіріп отырғанын әртүрлі дауыспен айтып, елді бір күлдірсе, Дәрменнің бес қасқырмен алысқан Иса өмірінен жазған дастанына Абай риза болады.
«Тек жалғыз ғана арман, тым құрыса, біреу… біреу ғана болса, қалса деуші еді ана көңілі… Енді сол біреу – осы Дәрмен болар ма?! Осы ғой! Артымнан мен жетпегенге жетіп, мен көксегендей ортаны көксеп ұшармысың алысқа! Жетермісің жақсы жайылымға? Мен ұшқаннан арыға ұшар болшы! Мен танығаннан арғыны танышы, кейінгі елің көрер ырыс-қонысты барлашы! Ол сол, сен бүгінгі шоншыл жүрекпен таныған өрісте!» деп соңғы тарау аяқталады. Алла риза болсын оқыған жұрт!