Сұлтан ОРАЗАЛИН. СТАЛИН ӨЛГЕН ЖЫЛ

СТАЛИН ӨЛГЕН ЖЫЛ

(Гибридті хикаялар)
(журналдық нұсқа)

Тағдыр – тәңір ісі.
                                      Күлтегін

Адам баласы керуен сияқты:
тоқтады, көшті де кетті.
                                    Қорқыт

Әкені аңсау

Мен жауынгердің ұлымын. Осы сөзден бойыма бір күш-қуат бітетін­дей. Әкем Шәріп отыз жеті жасында қан майданда қаза тапты. Мен қазір одан тура екі есе, яғни үш мүшел үлкенмін. Ол мәңгілік жігіт шағында қалды, ал мен ата жасына жеттім. Бірақ қанша жылдар өтсе де сәби кезімнен санамда таңбаланып қалған «егер әкем тірі болса ғой, онда…» деген арман ой көкірегімнен кеткен емес. Дүниелік соғыстың тарихи мезеттері тойланатын нысаналы күндерді айтпағанда, сол соғысты кинодан көріп, кітаптан оқысам да, әкем ойыма оралады. «Оқ тиіп, қансырап жатқанда жетім қалған біздер есіне түскен шығар», – деймін. «Жас өмірін қалай қиып кетті екен?» – деймін кейін жігіт шағымда. «Өсіп, өнген немере-шөберелерін көрсе ғой, қандай қуанар еді», – деймін бүгінгі күні. Әйтеуір көкірегімнен орындалмайтын, таусылмайтын бір арман кеткен емес.
Әкемнің қашан, қайда, қалай қаза тапқанын көп жылдар бойы іздесем де таппай келдім. 1944 жылдың көктемінде «қара қағаз» келіпті дегенді естігем, бірақ хат танымайтын анам қайғырып жүріп ол қағазды жоғалтып алса керек. Кейіннен сұрастырғанымда әскери комиссариат «хабарсыз кеткен» деген жауап беретін. Сондықтан да «ол бір жерде тірі жүр-ау, шіркін, аман-сау келсе ғой» деген үміт үзілген емес.
Шәріптің артында бес баласы қалды. Үш жастағы мен ұлдан жалғыз едім. Ең үлкеніміз – Кәмила, біз оны Әия дейтінбіз, әкем қаза тапқанда он жаста, естиярымыз сол. Ең кішіміз – Сара қарындасым бір-ақ жаста. Қалған екі әпкем – Дәмеш (біз Әсса деп кеткен) 8 жаста, ал Дәмет 6 жаста. Қаршадай болса да, Әиям сыртқа кеткенде бізге Әссам бас-көз болып қалады.
Әкеміз қаза тапқан соң үйімізді жоқшылық иектей бастады. Шешеміз Күлән, бес баланы асыраудың қамымен, науқастығына қарамастан, іргедегі ет комбинатына қара жұмысқа тұрады. Күні бойы, кейде шешеміз кешкі кезекке кеткенде қара түнде, соғыс кезінде көшіп келген әртүрлі ұлттар ығы-жығы тұратын ұзын барақтың бізге тиесілі аядай бөлмесінен шықпай ұйлығып, анамызды сағына күтеміз. Отын мен кәресіннің тапшылығынан бөлме іші суық, әрі қараңғы. Бізді Әиям мен Әссам (Дәмеш) әлденені айтып, алдандырады. Кейде Әиям қиялдап, әкеміздің соғыстағы ерлігін, балаларына тезірек оралу үшін фашистерді топ-тобымен қынадай қырып жүргенін көріп отырғандай қызыға әңгімелейді. Әкеміз үйде жүргенде балаларын мойнына отырғызып еркелеткенін, ал өзі әкесінің сүйікті қызы болғанын сағынышпен есіне алып, мақтанады. Кейде қараңғыда жүзін көрсетпей, мұңайып, үнсіз егіледі, жылайтын сияқты. Біз де томпайып, қыбыр етпей екі әпкемізді паналап, бұйығып жатып, ұйықтап кетеміз.
Анамыздан кейінгі үйдің үлкені болғандықтан Әиямның шаруасы көп. Майдангердің отбасына тиесілі азын-аулақ тамақты үнемдеп, жеткізу соның міндеті. Аптасына бір рет кәртішкемен берілетін нанды таң атпай кезекке тұрып, түс қайта Аягөзден алып келетін де осы шынашақтай қыз еді. Ол кезде қала мен ет комбинатының арасы 3-4 шақырым ашық дала. Жолды бірнеше сай-жыралар кесіп өтеді. Сол жерлерде теміржол бойымен келген қаңғыбастар қысы-жазы жасырынып жүреді. Олар жалғыз-жарым адамды тонап, бала-шағаны ұрып-соғып кетеді. Әиям да сондай халге тап болып бізге тиесілі наннан айрылып, бір апта аш қалдық.
Сол кезде комбинаттың асханасы күйеулері соғыста қаза тапқан жұмысшы әйелдерге көмек ретінде күніне ішіне тартылған ішек-қарын (ливер) салынған бір-бір бәлішті әр балаға санап тегін беретін. Күні бойғы талғажау ететін азығымыз сол.
Еміс-еміс есімде, кейіннен өздерінен сұрап анықтадым ғой, сол күндерде қаршадай әпкелерім: Әиям, Әссам, Дәмет үшеуі өздерінің өзегі талып тұрса да, «бауырымыз тірі қалсын, әкеміздің оты өшпесін» деп жалғыз бәліштерінің жартысын тығып маған беретін көрінеді. Бір күні көздерінің алды көгеріп, титықтаған қыздарын байқаған анам осы оқиғаны естіп, оларды бауырына басып, шарасыздықтан ұзақ жылапты.
Соғыс біткен соң ата-бабамыздың қонысы – Шыңғыстауға көштік. «Жетімдерімізді далаға тастамаймыз» деп ағайын-туыс жиылып шешемізді әмеңгерлік жолмен немере туысымыз Сахарияға қосты. Екінші әкеміз Сахария (Сақан) Шәріппен бірге өскен, түйдей құрдас адам екен. Темірден түйін түйетін зергер, қолынан бәрі келетін шебер ұста, Сталинград майданынан тірі оралған, көп сөзі жоқ, орнықты, мейірбан кісі болатын. Бізді асырады, қанаттыға қақтырып, тұмсықтыға шоқыттырған жоқ. Тәрбиеледі, оқытты. Егер, бойымызда бір жақсы қасиет болса, сөз жоқ, сол кісінің арқасы, өнегесі, үлгісі дер едім.
Бірақ Әиям шешесінің тұрмысқа шыққанын қаламады. Әкені ұмыта алмай, оңашада күйініп жылайтын.
– Шешем әкеміздің отын өшіріп кетті. Бірақ сен, Сұлтан, әкеңнің шаңырағын қайта көтеруге тиіссің. Ол үшін жақсы оқы, дұрыс азамат бол, –дейтін оңашада. Өзі әкесін іздеп түрлі жерлерге үнемі хат жазғанымен, мардымды жауап алған емес. Кейіннен бұл міндетті маған жүктеді. Қолынан келгені жұма сайын жеті шелпек пісіріп, әкесіне құран бағыштайтын.
Біз Шыңғыстауға келген соң көк майсалы, мөлдір сулы Құндызды өзенінің бойында тұрдық. Тіліміз «соғыс» деп шыққан, есіміз майдан оқиғаларын естумен кірген, ертегіміз де, ойынымыз да «соғыс» болған ұрпақпыз ғой. Ауыл балалары жиналып, жаз бойы осы ойынға құмар болдық. Жар қабағы, ықпыл-жықпылы көп, іргесінде сай-салалы дөңдері бар бұл жер нағыз майдан алаңына лайық еді. Қайда тығылып, «фашистерді» қалай жайратамын десең де еркің. Бірақ балалардың бір де бірі фашист болғысы келмейді. Бәрі де өзін Бауыржандай батыр санайды. Сондай керемет батыр болғанын немере ағам Самар бізді жиып алып майын тамызып айтып берген. Ол кітаптан оқыпты, соғыстан қайтқан әкесінен естіпті. Самардың айтуынша, Бауыржан немістерді тура Мәскеудің түбінде жалғыз өзі тоқтатып, өлтіргенін өлтіріп, қалғанын тырқырата қуып, Берлинге дейін барыпты. Гитлер одан зәре-құты қалмай қорқады екен. Ал Сталин: «Бұл қандай батыр, көрейінші» деп шақырыпты. Сталинге ешкімді қарумен кіргізбейді екен. Ал Бауыржан көсеммен әңгімелесіп болған соң кабинеттен шыға бере, күзетшілерге қалтасына тыққан пистолетін саусағымен шыр айналдырып көрсетіпті дейді. Сонда сүйсінген Сталин: – Жарайсың, Бауыржан! Сендей батыр тумас, – десе керек.
Самар «соғыс» басталардың алдында 7-8 жасар біздерді сапқа тұрғызып, аяғымызбен жер тепкілетіп, ән шырқатады.
Бесатарым қолымда,
Біз окопта жатамыз.
Қарсы келген фашисті
Қақ жүректен атамыз! – деп шырылдай шыққан даусымыз Құндызды өзенінің бойын жаңғырықтырады. Ән аяқталған соң өзі қаздиып тұрып: – Біздің жақ оң қолыма, «фашистер» – сол қолыма шығыңдар деп бұйрық берген еді, сол жаққа ешкім шықпады. Қабағы кіржиіп, ойланып қалған Самар: – Онда былай істейік, – деді. Қалтасында үнемі толып жүретін асықтарының бірін таңдап алып: – Мен мына асықты үйірімен. Кімде-кімге алшы және шік түссе, оң қолыма, тәйке және бүк түссе, сол қолыма тұрады, – деді. Өзін «Бауыржан – командир» деп жариялады. Осылайша біздің «соғыс» басталып кетті…
Мен, әрине, ағам болғандықтан, Самар-командирдің жанында жүремін. Әкемнің Бауыржанмен бірге соғысқанына ешбір шүбәм жоқ. Соны медет тұтам. Оның еміс-еміс бейнесін көз алдыма елестетіп, ұлының да батыр екенін көрсін деп «дұшпанға» өршелене шабуылдаймын. Осындай ес кетіп «соғысып» жатқан күндердің бірінде қасымызға ілмиген арық, киімі өрім-өрім, екі көзі тұздай, шашы өзеннің жиегіне өскен сасырдың сары желегі сияқты сап-сары бір бала келді. Ол біздің ауылға жер аударылып таяуда көшіп келген немістің баласы Айген еді. Ойнағысы келіп, қазақша-немісше былықтырып әлдене айтқан болады. Сол кезде таңырқай қарап қалған балалардың бірі: «Неміс!» – деп айқай салды. – Фашист! Оң қол жақтағы біздермен бірге, сол қол жақтағы «фашистер» де оған тап берді. Мен бірінші жетіп, жел соқса құлағалы тұрған сары баланы домалатып түсірдім. Үстіне қона кетіп төмпештеп жатырмын. Неге екенін білмеймін, ішім алай-дүлей болып, еңіреп жылап жіберіппін. Сол кезде Самар-командирдің дауысы шықты:
– Тоқтат! Бауыржан қолға түскен немісті өлтірмей тұтқынға алған. Бұл біздің тұтқынымыз.
Сөйтіп қолға түсірген алғашқы тұтқынымыз, кейіннен тай-құлындай тебісіп бірге өскен, қазақтан қыз алып, он бала сүйген, Құндыздыдағы атақты жылқышы, неміс екенін ұмытып, қазаққа сіңіп кеткен Каутер Айген деген азамат еді…
Соның Эрвен деген ұлы ғой, Қиыр Шығыста әскери борышын өтеп жүргенде әкесіне хат жазыпты: «Мұнда неше түрлі ұлттың балалары бар. Бұзықтар көп. Соның ішінде екі-ақ қазақпыз, бірақ намысымызды ешкімге берген емеспіз!» – дейтін…
Жылдар жылжып өтіп жатты. Әкемнен сол бойы хабар болған жоқ. Сақан ағам (Сахарияны солай атайтынбыз) мені ердің алдына отырғызып, ауыл ішінде бірге алып жүретін. «Мынау өз ұлың ба?» – дегендерге, «Жоқ. Шәріптің баласы ғой. Әкесі келсе өзіне беремін», – дейтін. «Ә, жақсының көзі екен ғой. Бәсе, Шәріпке аумай тартыпты, айналайын, жақсы азамат болып өс», – деп қоштайтын ауыл адамдары. Әкемді білетін бұл кісілер маған да ерекше жақын, ыстық көрінуші еді.
Мектеп бітіріп, Алматыға оқуға жүретін болдым. Алматы шешеме қиямет-қайым алыс жер, беймәлім қала болып көрінді. «Барма!» – деп үгіттеді. «Талабың тасып бара жатса, Семейде оқып та адам боласың. Оның үстіне қаражат жоқ. Жалғыз Сақанның табысы мына шиеттей он баланы асырауға жете ме, әлде сенің жолыңа береміз бе?» – деп кейіді. Сақан аға – көп сөйлемейтін адам. Бір күні таң ата екі аяқты мотоциклін тырылдатып жәйлауға тартып кетті. Ол кезде азын-аулақ ақша тек шопандарда болатын. Біреуден үш сом, біреуден бес сомнан қарыз алып, тоқсан сом жинапты. «Осы ақша жолыңа жетіп қалар, – деді. –Үлкен қаланың ықпал-жықпалы көп болады, байқап жүр, балам. Ең бастысы компаңға (топқа дегені) қосылма! Арақ-шарап, темекіден сақ бол! Не істесең де өз ақылыңмен істе, біреулердің жетегіне еріп кетпе», – деп ақылын айтты. Мен Алматыда оқып жүрген жылдары осы сөздерін оқушы дәптерінің тор көзді бетіне қарындашпен латын әрпінде айбақ-сайбақ етіп жазып, үшкіл хат жіберетін. – Ликбезден алған білімім, міне, хат жазуға жарады, – деп мәз болатын жарықтық.
Университеттің соңғы жылында үйленуге бел будым. Наурыз айының 28-і күні студенттер асханасында той өткізетін болдық.
«Неге 28 наурыз?! Неге мереке күндерінің бірі емес? Тойды жазда немесе күзде өткізу қолайлы емес пе? Мына көктемгі лайсаңда Алматыға кім барады?» деген сұрақтар мен реніш қаптап кетті. Бірақ қандай күш демегенін білмеймін, бетімнен қайтпадым. 28 наурызда той өтті. «Сұлтан, әкеңнің отын қайта жағыпсың! Құттықтаймын!» деген жедел хат Әиямнан бірінші келді. Сақан ағам: «Шәріптің шаңырағын көтерген екенсің, енді соған ие бол! Бізге алаңдама!» – деп туыстардан сәлем айтты…
Әкемнің дерегін көп жылдардан соң таптым. Жеңістің елу жылдығы қарсаңында Белоруссия үкіметі мен Ресейдің Подольскідегі мұрағатынан хабар жетті.
Шәріп Оразалыұлы Оразалинов, 1907 жылы Шыңғыстауда туған, 1943 жылдың жазында әскерге алынып, үш айдан аса Сергиопольдегі әскери бөлімде дайындықтан өтіпті. 1944 жылдың басында кескілескен ұрыс жүргізіліп жатқан Белорусь майданының алғы шебіне жөнелтіліпті. Орыс жерін азат етуде ерлікпен соғысқан. 1944 жылдың наурыз айының орта тұсында Витебск қаласының іргесіндегі әскери маңызы зор бекіністерді алуға қатынасқан. 1944 жылдың 28 наурыз күні, таңға жақын шабуыл кезінде, жауынгерлердің алдыңғы легінде оққа ұшыпты. Денесі өзі қаза тапқан жерге қойылып, кейіннен, елуінші жылдары он екі мың жауынгер жатқан қорымға қайта жерленіпті.
Мен алған ресми деректер осылай еді. Сол күндері Қазақ энциклопе­диясының Бас директоры, досым Рымғали Нұрғалиев те телефон соқты. Ол «Боздақтар» атты соғыста қаза тапқан семейліктер туралы кітап шығарып жатқан. Дауысы өте қуанышты:
– Әй, Оразалин, біз бүгін Подольскіден көп құжаттар алдық. Ішінде сенің әкең туралы да деректер бар. Оны білесің бе? – деді.
– Білем. Маған да келген.
– Ендеше мен «қара кемпір» (Менің шешеме еркелеп, солай айтатын) мен әкең екеуінің суреттерін біріктіріп, кітапқа басайын деп жатырмын, бірі кәрі, бірі жас болып отырсын, – деді мәз болып.
– Бұл қылығымды «қара кемпір» қолдай ма, жоқ па?!
Ол сәл ойланып тұрып, кенеттен ойына әлдене түскендей:
– Әй, досым, осы сен 1964 жылдың 28 наурызында үйлендің емес пе? – деді.
– Иә, тойды өзің басқарып, тамада болдың ғой?!
– Апырай, мынаны қара! Мына құжатта әкең 1944 жылы 28 наурыз күні оққа ұшыпты. Сен тура жиырма жылдан соң 1964 жылдың 28 наурызында үйлендің. Осыны біліп істедің бе?
– Жоқ. Әкем туралы деректерді енді ғана таптым емес пе?
Рымғали менімен бірдей абыржып, таңырқағанын жасыра алмады.
– Ғажап! Тағдыр дегеніміз қызық екен-ау… Сұлтеке, қандай сәйкестік… – дей берді.
Бұл күндері әкем тіріліп келгендей күйде жүрдім. Бірден Аягөз ауданында тұратын Әияма хабарластым. Ол кісі ауыр науқас еді. Телефонмен сөйлесе алмады. Кейіннен, балаларының айтуынша, тілдесуге дәрмені жетпей, менің хабарымды «түсіндім» дегендей басын изеп, жүзі нұрланып, екі көзінен жас парлай беріпті. Қайран әпкем, өмір бойы күткен хабарын естіген сәтте осындай дәрменсіз күйде жатыпты.
Витебск қаласының Ресей жақ бетінде, 5-6 шақырым жердегі орманның жиегінде алып ескерткіш тұр. Ол биік қорған сияқты тас қабырға түрінде қаланып, бетіне жауынгерлердің бейнесі безерленген. Тат баспайтын металдан үлкен әріптермен «1941-1945 жылдары қан майданда азаттық жолында қаза тапқандардың даңқы арта берсін!» деген жазу бар. Қабырғаның өн бойында осы жерде жатқан он екі мың жауынгердің тізімі беріліпті. Кейіннен таңбаланса керек, алтынмен жазылған әкемнің аты-жөні алыстан жарқырап көрінеді. Бұндай жазу Витебск облысының «Алтын кітабына» да кіріпті. Туған жері Құндыздыдан апарып топырақ салдым. Сол жердің тұрғындарына шағын ас бердім.
Әкем азат еткен бес-алты ағаш үйлі хутар әлі тұр. Іргесіндегі окоптар мен блиндаждардың да із-сорабы сақталыпты. Тоғай ішінде оқ пен снарядтардың гильзалары шашылып жатыр. «Әкем осы арада жарық дүниемен қоштасты-ау» деп мөлшерлеп бір уыс топырақты сол жерден, екіншісін бауырластар қорымынан алып, елге жеткіздім. Ауыл адамдарын жинап ас бердік. Сақан ағам мен анам Күлән жатқан зираттың ішіне топырақты «жерледік». Сыртында «Бұл жерде 1944 жылы 28 наурызда Витебск қаласының түбіндегі ұрыста қаза тапқан Шәріп Оразалыұлының зиратынан алынған топырақ жатыр» деген сөзді мәрмәр тасқа ойып жаздық. Келген-кеткен адамдар енді құранды үшеуіне бірдей бағыштайтын болды.
Өмір бойы аңсап күткен әкеме қолымнан келгені тек осы ғана…

Тошала… сот… боқай қасқа

Балалық шақтың қызығы мен қуанышына толы жаздың соңғы айы тамыз да аяқталып келе жатты. Шыңғыстың алыс құз-қойнауларынан бастау алатын Құндызды өзені қақ жарып ағатын, жан-жағын аласа тасты, тақыр төбелер қоршаған жасыл аңғардың кең жазыққа шығатын тұсын жұрт Саға дейтін. Біздің үй сол Сағаның шығар аузында. Дәл іргесінен өзеннің кіршіксіз мөлдір суы сылдырап жатады. Жар қабақтың жиегін бойлай, шоқ-шоқ тоғайдай ұйыса өскен сасырдың жаздағы жасыл желегі әлдеқашан сарғыш түске боялған. Төменгі жақта, екі шақырымдай жерде, Көшкінбай қорымы қарауытып көрінеді. Одан бері Күркілдек бар. Ол біздің жаздай асыр салған сүйікті орнымыз. Ертеде Көшкінбай қорымының төменгі жағындағы егістікке су апару үшін қолдан қазылған үлкен арықтың орта тұсын бөгеп, тереңдеп қазып, екі жағын тақтаймен шегендеп, қой тоғытатын күпке жасапты. Мал жайлауға кеткен соң ол біздің иелігімізге көшетін. Балалар суға түсіп, кептірініп жатқанда елден естіген қызық-қызық әңгімелерін айтысады.
– Білесіңдер ме, – деді бірде Қоңырқаз шолақтау қыр мұрнын жоғары көтеріп, әлдебір тылсым сырды ашатындай сыбырлай сөйлеп. – Әкем айтады. Біздің бабамыз, атақты Мамай батыр, Жезтырнақты атыпты, – дейді.
Бәріміз жым болып Қоңырқаздың аузына қарай қалдық. Тек Боташ қана ақшыл сары сәби жүзі күлімдеп: – Менің апам да ол әңгімені біледі, – деді өзінің көп нәрседен хабардар екенін сездіріп. Бірақ Қоңырқаз оған мән берген жоқ, әңгімесін әрі қарай жалғады. – Әне, анау, көз алдымызда жатқан Ақ жазық бар ғой. Ол заманда бұл жердің бәрі елсіз-күнсіз қу медиан екен, – деді, иегімен Көшкінбай қорымынан төменгі көкжиекте мұнартқан Арқат тауларына дейінгі жалпақ даланы нұсқап. – Бірде Мамай батыр жалғыз өзі аң аулап шаршап келе жатып, әрі кеш батып кеткен соң осы жазықтың бір тұсына қонбақшы болыпты. Күз айы екен, тоңазыған соң маңайынан кепкен бұтақ жинап от жағады. Жорықта жанынан тастамайтын торсығын шығарып сусын ішеді. Атының ер-тұрманын алып, отқа жібереді де өзі қылышы мен найзасын іргесіне алып, тоқымын астына төсеп, ерге енді жантая бергенде әлдене қараңдап отқа таяп келеді. Ұзын бойлы, жіңішке келген әйел екен дейді. – «Ен далада не ғып жүрген адам», – деп Мамай таңырқайды. Әйел үн-түнсіз оттың жанына Мамайға қарама-қарсы келіп отырады. Мамай: «Кімсің? Қайдан жүрген адамсың? – деп тіл қатса да үндемейді. Тек Мамай берген тамақтан шөкіп жейді. Түн ортасы таяп қалады. Мамайдың ұйқысы келеді. Әйел тапжылмай әлі отыр. Бір кезде от шалқып, әйелдің бетіне жарық көбірек түскенде қараса, әйел дегені үңірейген, тісі сояу-сояу кемпір екен. Екі көзі қып-қызыл. Саусақтарын көрсетпей ішіне бүгіп алыпты. Мамай секем алып, ұйқысы шәдай ашылады. Әйел Мамайға тесірейе бір қарайды да ол ұйықтамаған соң келген жағына кетіп қалады. Мамай оның жезтырнақ екенін сезіп, қам жасайды. Бір дөңбек ағашты әкеліп, үстіне шапанын жауып, ертоқымын басына жастап ұйықтаған адамдай етіп жатқызады. Өзі қылышы мен садағын алып, таяу жердегі бұтаның түбіне жасырынады. Жезтырнақ өлтіруге қайтып келсе айқасуға әзір отырады. Түн ауа қараңғылықты қақ жарып жүгіріп жеткен Жезтырнақ саусақтарын тарбитып, сақылдай күліп, Мамай екен деп шапан жапқан дөңбекті қолымен құлаштай ұрады. Сол кезде Мамай да садағын кере тартып Жезтырнақты атады. Оқ қара санына қадалады. Жезтырнақ әлдебір түсініксіз дыбыс шығарып, шыңғырып жібереді. Тырнақтары дөңбекке терең кірсе керек, қолын босата алмай, дөңбекті қоса сүйреп, ақсаңдай қашыпты. Сол кезде Мамай: – Құрт көзіңді! Менің ұрпағымның ізін де баспайтын бол! – деп ақырыпты. Содан бері бұл өңірге Жезтырнақ жоламайтын көрінеді.
– Апам айтады, – деді тағы да Боташ, – Арқаттың жыңғыл тастарының бір үңгірінде Жезтырнақтың ұясын көрген адамдар бар. Ол пәле өлмейтін көрінеді ғой. Біз бір-бірімізге тығылып, жан-жағымызға үрейлене қараймыз. Көшкімбай қорымындағы аузы опырылған қабірдің ішінде кеше басы қып-қызыл әлдененің қылт-қылт етіп отырғанын көріп шошығанын Беркімбай бағана жыр ғып айтқан. Сол есімізге тағы түсті. Осыны сезгендей Қоңырқаз сықылықтай күліп өзінің ойнақы даусымен:
– Беркімбайдың көргені көкек, – деді. – Құстан да адам қорқа ма екен?! Ал Мамай бабам айтады екен, «иесіз ен далада адассаң, немесе боран-шәшінде қалсаң моланы панала». – Молаға жын-шәйтан, итқұс жоламайтын көрінеді, – деді Қоңырқаз өзінің білімдарлығына масаттана қалып. Біз Мамай батырдың ұрпағына сүйсіне қараймыз.
Қазір Сағадағы думан тарқаған. Өзен жиегіне жағалай қонған ауыл көшіп кеткен. Сағаның шығар аузындағы қыратқа жаз бойы салынған ортасын жал пешпен бөлген ауыз-төр бөлмелі жолым үй ғана тұр. Үйдің сырт жағына шикі кірпішпен жалғастырып, кіреберіс, мал қора, кілет деп аталатын үш бөліктен тұратын қораны қоса есептесеңіз үйіміз недәуір қомақты, қыраттың үстінде қоқайып көрінеді. Бұл үй бұрын әркімнің босағасында қысылып-қымтырылып көшіп жүрген бізге кең сарайдай еді. Оның үстіне «Жаңа еңбек» колхозының бастықтары үйден жүз қадам жерге ұста дүкенін салды. Оны жұрт «қара дүкен» дейтін. Сақан ағам бас ұста болғандықтан оған сиырдың көн терісінен жасалған ескі көрік пен төс, балға, құрал-саймандарын кіргізді. Шешем Күлән көрік басушы болып саналады.
Сол бір мизамы ұшқан, жаймашуақ күз есімнен кетпейді. Табиғат ана бар мейірімін төгіп тұрғандықтан Саға бойы маужырап, маңайын қоршаған таулары қалқып, кең жазығында сағым ойнап, төмендегі Қараөлең, Құндызды, Қос ауылдары біресе аспанмен таласқан зәулім сарайға, енді бірде қалың көшке ұқсап кетеді. Жан-жағың тылсым сырға толы, ертегі елі сияқты.
Бірде кешқұрым Әиям мен Әссам мені ортаға алып, еркелете отырып әңгіме айта бастады. «Мектеп» деген болады екен. Ол керемет білім береді. Оны оқысаң жақсы адам боласың. Әкең Шәріптің атын өшірмеймін десең оқуың керек. Сол мектеп мына тұрған Жүрекадырда. «Біз де сонда оқып жүрміз» – дейді әпкелерім. Жаздай бірге ойнаған достарың Боташ, Қоңырқаз, Санақбай, Қалиақбар бәрі де сол мектепте оқиды. Үзіліс кезінде бірге ойнайсыңдар. Мен сеніңкіремей, қиқарлығыма баса беріп едім Әиям бетімнен сүйіп: – Сен Шәріптің ұлысың, сондықтан оқуың керек, – деді соңғы көзірін көлденең тартып. Мен тосылып қалдым. Көнген сияқтымын. Бірақ таңертең ұйқымды қимай, төсектен тұрмай қойдым. Өздері үстеріне тәуір киімдерін киіп, мойындарына қызыл галстук байлап алыпты. – Сұлтан, тұрсаңшы, мектепке баратын уақыт болды, – деді Әиям.
– Басым ауырып жатыр, – деймін өтірік ыңырсып. – Барғым келмейді.
– Барғысы келмесе, зорламаңдар. Кейін барады.
Бұны айтқан Сақан ағам. Ол кісі үнемі мені қолдайды. Шешем таяуда босанған. Бағила есімді бір қарындасым бар. «Арпа ішінде бір бидай» дегендей, бес қыздың ортасындағы жалғыз ұл болғандықтан менің тасым өрге домалап тұр. Ешкім бетімнен қақпайды. «Шешелі жетім – арсыз жетім» деген сол. Бірақ Күлән тәтем (шешемді солай атайтынбыз) менің орынсыз шолжыңымды көтере бермейді. Шапалақпен тартып жіберетіні де бар. Сондықтан ол кісінің қатқыл даусы шыға бастаса-ақ бәріміз жым боламыз.
– Неге бармайды? Бос жүріп көләгән болып кетеді. Барасың! – деп кесіп айтты. Мен тағы да ауырған болып, ыңырси бастаған ем, Әиям құлағыма сыбырлады:
– Сұлташ, не жесең басың жазылады?
– Түндегі сүттің қаспағы болса…
Мен үшін одан дәмді тамақ жоқ. Бір үйдегі сегіз жанды асырап отырған қызыл сиырымыз, шешем айтқандай, ағып тұрған бұлақ болатын. «Балаларымның ырысы ғой» дейтін анам қызыл сиырды. Соғыстан соңғы жылдардың жоқшылығын біздің үй де аз тартқан жоқ. Колхозымыз кедей. Біз сияқты балалы үйге ғана жылына бір-екі қап топырағы аралас қалдық бидай береді. Талғажауымыз сол. Қанағат етеміз. Ал сүттің қаспағы дегеніңіз…
«Шіркін-ай, – дейтінмін қарным қатты ашқанда қиялдап. Сталин ғой, қаспақты тойғанынша жейтін шығар».
– Мынаны жеп көрші, – деді Әиям бір кесе сүтті әкеліп. – Ішінде қаймағы да бар. Басың тез жазылады.
Бұл 1948 жылдың бірінші қыркүйегі еді. Мен мектепке бардым. Саға мен Жүрекадырдағы төртжылдықтың арасы 3-4 шақырым жер. Таудың бауырын жағалап отырамыз. Көк ащы, кіші сай, Сасырлы деген жерлерден өтеміз. Көктемде құтырып ағатын Жүрекадыр өзені тағы бар. Үш әпкем, Әиям, Әссам, Дәмет төртеуміз жаяу-жалпы мектепке кеттік. Бес жасар қарындасым Сара соңымыздан жүгіріп, жылап қалды. Мектеп дегеніміз бір бөлмелі шикі кірпіштен қаланған, іші сылақ көрмеген жалғыз там екен. Жаздай ойнаған достарымның көбі осында жүр. Бізді екі топқа бөлді. Екінші-төртінші сынып таңертең, бірінші-үшінші сынып түстен кейін бірге отырып оқиды. Әиям мен Дәмет ертең келетін болып қайтып кетті. Біз Әссам екеуміз сабақта қалдық. Бала саны аз. Екі сыныпта бар-жоғы 12 бала. Үшінші сынып бөлменің бір жағында, бірінші сыныптағылар екінші жағында отыруы тиіс екен. Оған мен көнбедім. Әссамның жанына отырып алдым. Мені көріп басқа балалар да өз жақындарының жанын сағалады. Мұғаліміміз Мырзақарин деген кісі таяуда соғыстан оралған, тұлғасы тегіне сай, қарны қабақтай, түсі суық адам. Елдің айтысынша, соғыстан бұрын ликбезден хат танып, біраз уақыт колхозда шопан болыпты. Соғысқа дейін арақты татып көрмеген Мырзақарин, ол жақтан ішкіш болып оралыпты. Сталинград майданында соғысқан. – Қан кештім, орталарыңа тірі оралғаныма тәуба демейсіңдер ме?! Арақ жөнінен ақыл айтпаңдар! – деп тыйып тастайтын мінезі бар. Жұрт оның атын атамай Мырзақарин дейді. Өзінің балалары көп. Соғыстан қайтқаннан кейін де екі баласы туыпты. Арақ ішпесе аңқылдаған ақкөңіл адам көрінеді.
Сол Мырзақарин біздің мектептің директоры, әрі жалғыз оқытушысы. Ол мектепке кіріп келді де қарсы алдымызда талтайып біраз тұрды. Бөлмені әлдебір иіс кеулеп кетті. Біраздан соң саусағымен әрқайсымызды нұсқап санап шықты.
– Әй, Сақанның ұлы, сен үшінші сыныпта не ғып отырсың? – деді маған. Мен сасқалақтап Әссама қарадым. Әссам:
– Сұлтан – Шәріптің ұлы, мұғалім, – деді. – Бірінші сыныпқа келді.
– Е-е, айналайын, әкең батыр ғой. Бірге өстік қой, Шәріппен. Е, айналайын, отыра ғой, – деп басымнан сипады. Содан кейін таяу отырған қара балаға қарап:
– Пәмилияң кім? – деді. Ол мұрнын қорс-қорс тартып:
– Апамов, – деді.
– Ей, мынау не дейді? Әйелдің атында пәмилия бола ма?
– Ендеше, Атамов, – деді қара бала.
– Олардың аты жоқ па, немене? Сол кезде жанында отырған ересек оқушы:
– Бұл Мырзақан шалдың немересі ғой, – деді.
– Е, солай демейсің бе? Сен Мырзақановсың онда, – деді қара балаға. – Сенің әкең де соғыста батыр болған, айналайын! – деп еді, әлгі бала қорсылдап жылап жіберді.
Сабақ басталды. Мырзақарин өзінің майдандағы ерліктері туралы ұзақ әңгімеледі. Содан кейін сағатына қарап: – Мынаны немістің офицерінен тартып алғанмын, – деді қоразданып. – Ал түс болып қалыпты, сабақ бітті.
Бірінші күн осылай аяқталды. Бұдан кейінгі уақытта да Мырзақарин бізге жарытып ештеңе үйрете қойған жоқ. Тек Әссам дәптеріме әріптерді жазып, соны қайталататын.
Қыс түсті. Бір күні Самар ағам келіп, Оразалы атамның шақырып жатқанын айтты. Қуанып кеттім. Әссам екеумізде ортақ бір дорба бар. Қағаз, қарындашым соның ішінде. Оған қараған мен жоқ, Самармен бірге атамның үйіне тарттым. Олар өзеннің жоғары сағасында түп жағын биік төбеге тірей салынған тас қорада тұрады. Кенже ағам (Кәмен Оразалин) таяуда ғана үйленген, кішкентай бір қызы бар. Лиза жеңгем екеуі төрдегі бөлмеде. Атам мен апам мені көріп қатты қуанды. Қызықтап әрнені сұрап жатыр. Бір кезде атам:
– Сұлтан, сабақ оқып жүрсең боқшантайың қайда? – деді.
– Әссам алып кеткен.
– Қағаз-қаламың жоқ, мұғалімнің тапсырмасын енді қалай орындайсың?
– Әссам жазып әкеледі, есепті де өзі шығара салады.
– Пәлі, оқығаныңа болайын, – деп атам мәз болды.
Сол қыс бұрқасынды, боранды, суық болды. Мен көбіне атамның үйінде қонып қалам. Кенже ағам күндіз-түні қағаз жазады. Кешке қарай бәріміз жиналғанда домбыра тартып, ән салады. Лиза тәтем де әнші. Екеуі қосылғанда тас қораның ішіне әдемілік, жылылық кіргендей әсер етеді. Атамның үйі ойнағанға жақсы. Жықпыл-жықпылы көп. Қыста Шыңғыстың ұйытқи соққан бораны қораның үстінен жүріп, қар басып қалады. Біз, Самар екеуміз, сол жерде күні бойы шана тебеміз. Атамның 6-7 қойы мен бұзаулы сиыры қорада тұратын. Бірде шырт ұйқыда жатыр едік үйдің іші абыр-сабыр болып кетті. Оянсам Кенже ағам балдағына сүйеніп, қолындағы бір ауыз ескі мылтығын қораның есігіне кезеніп тұр.
Үйдегі екі төбет дәлізде өршелене арсылдайды. Атам, апам, тәтем, Самар бәрі үрейленіп, Кенже ағама әлденені ескертіп жатыр. Олардың сөздерінен қораға қасқыр түскенін білдім. Қораның іші де азан-қазан. Сиыр өкіріп, қойлар маңырайды. Білте шамның әлсіз сәулесі жалп-жалп етіп, әлдебір көлеңкелер кезіп зәреңді ұшырады. Сол кезде қораның есігі сарт етіп ашылып кетті де, ар жақтан бұзаулы сиыр және төрт-бес қой есіктен қысыла-қымтырыла дәлізге атып шықты. Ашық есіктен көзі шамға шағылысып бізге қарсы айбат шегіп жатқан қасқыр көрінді. Кенже ағам жалма-жан атып жіберіп, мылтығын қайта оқтады. Оқ тисе керек қасқыр арс етіп, бір домалап түсті де, ағама қарсы шапты. Майдангер емес пе, Кенже ағам тайсалған жоқ, қасқырды тағы атқан кезде қолындағы мылтығы да ұңғысынан опырылып, өзі шалқасынан құлады. Біз шошып кеттік. Қасқыр секірген қалпы Кенже ағаның аяқ жағына келіп, кескен теректей гүрс ете түсті. Оқ дәл маңдайдан тиіпті. Ал ағам болса, мылтықтың дүмі соққанда балдағы тайып құлаған екен. Аш қасқыр малдың исін сезіп төбені тесіп түсіпті. Екі-үш қойды тамақтап та үлгерген. У-шу көбейген кезде қайта шықпақ болып төбеге секірсе де тырнағы ілінбепті.
Ертеңінде қасқырды көруге көршілердің бәрі келді.
– Апыр-ай, мынаның өзі тайыншадай ғой, арланы болса керек, – десті. Олар қасқырды төрт аяғынан тұрғызып, бізді үстіне мінгізіп көріп еді, менің де, Самардың да аяғы жерге тимей тұрды…
Оқу жылы аяқталды. Бірінші сыныпты бітіріп екіншіге көштік. Не оқып, не білгенім есімде жоқ. Екінші сыныптың алғашқы сабағында Семейдегі педтехникумды бітіріп келген, жаңа мұғаліміміз он тоғыз жасар Бейсен, менің хат танымайтыныма көзі жетсе керек. Әссама:
– Бірінші сыныпта қалдырамын, оқуды қайта бастайды, – депті. Сондай жағдай үшінші сыныптағы Боташтың басына да туған екен. Ол Мырзақариннен екі жыл оқығанда, әлі төрт амалды білмейтін көрінеді.
Бұл шешім маған айтарлықтай әсер еткен жоқ. Есесіне Әссам намыстан жарылардай күйініп, тіпті, жылап жіберді. Ол Бейсен мұғалімге: – Сіз Сұлтанды кешіріңіз, ол қабілетті бала, тек еркеліктен оқымай жүр. Осы тоқсан шыдаңыз, егер үлгермесе біріншіге көшіру қиын емес қой, – деп жалынды. Мені өзі қадағалап, оқытатынын айтыпты. Боташтың хат танымайтын кәрі әжесі де мектепке келіп, немересін өзі оқытуға уәде беріпті. Сөйтіп, «Жаңа Еңбек» колхозында тұңғыш рет ашылған бастауыш мектептің алғашқы сабағы осындай қолайсыз әңгімеден басталды.
Мектебіміз біздің үйден үш-төрт шақырым қашықтықтағы Қараөлеңде Тошала деген едені жоқ жалғыз тамға орналасқан. Ол бұрын қойма болса керек. Ішкі қабырғасын айбақ-сайбақ етіп ақтаған болыпты. Төрт сыныпқа бар жоғы 15-16 бала ғана жиналған. Сондықтан Бейсен мұғалім оларды бөліп-жармай бірге оқытады. Парта деген жоқ. Бәріміз жер еденге төселген кигіздің үстінде отырамыз. Мен әдеттегідей Әссамның жанына жайғастым. Сақан ағам жазда сатып әперген портфелім бар. Екі бүйіріне қалың тақтай салып, бетін жұқа фанермен көмкерген портфелім зілдей ауыр. Ішіне бір-екі дәптерден басқа қолыма түскен қағаздың бәрін кептеп тығып алғам. Оның түбінде «қарның ашқанда жейсің» деп, шешем салып берген бір уыс қуырылған бидай да бар. Ең қымбаттым сол. Қолымды портфелімнің түбіне қарай тереңірек бойлата беріп едім, Әссам шынтағымнан қағып жіберді. Түсі суық екен. – Дәптеріңді ал, – деді ол, – сабақ оқимыз. Кейін үйге қайтып келе жатқанда:
– Сен әкеңнің атына кір келтірдің, – деді түрі жабырқап. – Әкең сені жақсы адам болады деп үміт етті. Оқ тиіп қансырап жатқанда, «Сұлташым аман болса екен» деп тіледі ғой. Ал сен… – деп Әссам жылап жіберді. Ол бір уыс болып өзеннің жағасында бетін басып ұзақ отырды. Мен не істерімді білмедім. Әлдене санама жеткен сияқты. Естіген ел: – Шәріптің ұлы көк мый екен, бірінші сыныпта қалып қойыпты! – деп күледі-ау!
– Әсса, – дедім әпкеме жаным ашып, – мен жақсы оқимын. Тентектікті қоямын. Жыламашы!
Ол өксігін басып, бетімнен сүйді.
– Сен маған уәде бересің бе?
– Беремін. Өлләһи-билләһи! – дедім сенімді түрде.
– Онда жүр үйге қайтайық! Сенің оқуың туралы аға мен тәтеме айтпай-ақ қояйық. Естісе ренжиді. Бұл сөз маған жағып кетті.
Екеуміз біраз жүрген соң көк майсалы жарқабаққа келіп дем алдық.
– Сұлташ, – деді Әссам, – Анау-у көкжиектегі тауларға қарашы. Ол Шыңғыстау. Оның ар жағында Абай атаң өмір сүрген Жидебай бар. Ол кісі керемет ақылды болған. Сен жақсы оқысаң сол атаңдай боласың.
Әссам қиялшыл еді. Бар-жоғы төртінші сыныпта оқыса да, көп білетін. Өзі нәзік, аласа бойлы шүйкедей ғана қара қыз қайдағы бір Том Соер деген баланың басынан кешкен таңғажайып оқиғаларын маған майын тамызып әңгімелеп берген. Оның өзі ақылды бала екен.
– Сұлтан, – деді Әссам мейірлене қарап. – Сен анау Бөрлі жаққа көзіңді сығырайтып ұзақ қарашы.
– Жарайды. Көзімді сығырайттым.
– Не көрдің? Не ойладың?
– Тауларды көрдім, түк те ойлаған жоқпын.
– Сен бұдан былай құр ойнай бермей, ойлана жүр. Ақылды бала Том Соер сияқты ойшыл келеді.
– Жарайды, – дей салдым көңіліме қонбайтын әңгімеден құтылу үшін.
Үйге қарай тағы біраз жол жүрдік. Қараған, тобылғы өскен өзектен өттік. Менің тентектігім ұстай бастады.
– Әсса, шаршадым, – дедім жерге отыра кетіп. – Арқалашы. Әпкем мені арқасына мінгізіп, екі портфельді қолыма ұстатты, белі бүкшиіп, әрең жүріп келеді. Менің аяғым салбырап, жер сызады.
– Анау бұтаға дейін апарам. Одан әрі шамам жоқ. Бұтаға да жеттік. Мен арқасынан түспей жабысып алдым.
– Енді анау тобылғыға дейін жеткізші, аяғым ауырып тұр. Әссам тәлтіректеп тобылғыға да жетті.
– Түс енді, шаршадым. Мен өтірік бақырып жылай бастадым. – Түскім келмейді.
– Сұлтан, түс деймін. Жақсы бала тентек болмайды, уәде бердің ғой. Әрең тұр екен, әлі құрып жерге отыра кетті…
Біз Қараөлеңде екі ай оқыдық. Бейсен мұғалім түстен кейін Әссам екеумізді алып қалып маған қосымша сабақ үйретеді. Қайтар кезде Боташтың киіз үйінің жанынан өтеміз. Оның даусы әңгірлеп «екі жерде бір – екі, екі жерде екі – төрт» деп көбейту кестесін жаттап жатады. Апасы мәз. – Менің ботам әлі бәрінен озып, райком болады, – деп қояды. Боташ одан сайын екілене түседі (Шынында да Байбота Төлеуғалиев кейін аудандық атқару комитетінің төрағасы болды).
Қараөлең – менің есімде мәңгілікке қалған жер. Оған бес жасымда алғаш келгенде іргедегі бір-біріне жапсарлас салынған пирамида сияқты үш шошақ бейіттің үңірейген аузынан ерекше түршіктім. Қараөлең деген атына сай шөбі негірдің шәші тәрізді тұтасқан бұйра, қарақошқыл өлең шөп. Бойлап өскен қалың шидің арасынан түйе көрінбейді. Сол шидің жуандау бірін суырсаң түбінен сүті ағып тұрады.
Ауданнан сот шығып Қараөлеңде жиын ашады екен. Соған менің шешемді де шақыртыпты. Сағадағы ауылдан өгіз арбамен келдік. Арбаға соқаның төрт темір дөңгелегін салыпты. Оны майлайтын жасыл май таусылып қалғандықтан, темір білікке қажалған дөңгелектің шиқылынан бүкіл ауылдың төбе шашы тік тұрды. Сот өтетін Қараөлеңдегі екі бөлмелі тоқал тамның қасына адамдар жиналып қалыпты. Солардың арасынан бір милиция шығып шешемді бөліп әкетпекші болып еді, ол кісі қолын қағып жіберіп, мені бауырынан шығармады.
– Ысқақова, заң өкіліне қарсылық білдірсеңіз, айыбыңыз ауырлай түседі, – деді милиционер. – Балаңызды тастап кетіңіз.
– Жоқ, тастамаймын. Оның үстіне мен айыпты емеспін, – деді шешем қатқыл үнмен.
– Оны сот анықтайды.
Мен сонда ғана шешемді соттауға әкелгенін біліп, қорыққанымнан қыстығып жылай бастадым.
– Тәйт! – деді шешем. – Жаман ырым бастама!
Біз арбадан түскенде ауыл адамдары тегіс қоршап алды. – Күлән-ау, не сұмдық! Қандай жазығың бар? – дейді бірі. – Топты бала-шағаңды шулатып, соттаймыз деп жүргендерде иман жоқ шығар.
– Егер еңбек күні жетпейді деп айыптаса, Құндыздының бар қатынын түрмеге жабатын шығар.
– Осы сұмдықты істеп отырған ана жолың болмағыр колхоздың есепшісі, – деді қара қайыстай қатқан арық, жүдеу киімді әйел. – Таңның атысы, күннің батысы қой соңында салпақтап жүрміз. Бір табын малға байым екеуміз ғана иеміз. Ешқандай көмек жоқ. Сонда мен жатыпішер жалқаумын да ана есепшінің бөксесін көтере алмай бос жатқан ақ саусақ қатыны еңбеккер ме? Еңбек күнімізді дұрыс есептемей, өз қатынына жазып жүрген есепшіні неге тексермейді?
– Ол рас! – деп шу етті жұрт.
– Осы колхоздың жыртылғанын жамап, күн-түн дамыл таппай, арба-соқаны, ең аяғы үйіміздегі кесе-шәугімімізге дейін бүтіндеп отырған, қасиетті «қара дүкеннің» иесі Сақанды сыйламау не сұмдық?! – деді қара мұртты, балдаққа сүйенген шолақ аяқ қара кісі. – Соғыста жазықсыз жала жапқанды «сатқын» деп атып тастайды. Сталинградтың қан-қасабынан аман шыққан жауынгер Сақан өтірік айтушы ма еді? Әйелі Күләннің «қара дүкенге» көрік басып, еңбек етіп жүргенін бәріміз де білеміз ғой. Өзінің аяғы ауыр, әрі бес шиеттей баланы бағып-қағып отырған әйел жатыпішер ме? Сұмдық қой! Сақанның жуастығын пайдаланып, бала-шағасының аузынан жырып, еңбек күнін жеп қойған ғой, сұмырайлар!
Осы кезде ашық тұрған есіктен «Ең алдымен Ысқақова Күлән ішке кірсін» деген дауыс шықты. Жұрт жапырлай ұмтылғанымен жартысы үйге сыймай сыртта қалды. Бізді алдыңғы жаққа апарып шешемнің екі жағына екі милиция тұра қалды. Төрдегі көлденең столдың басында қарабұжыр бір кісі отыр. Түсі сұсты. Ол орнынан тұрып ұлы көсем Сталин жолдастың қамқорлығын ұзақ әңгімеледі. Соғыстың зардабын жою үшін жан аямай еңбек ету керектігін айтты. Көсем айтқан ұлы мақсатты орындауға кедергі жасайтындар да бар екен. Олар – еңбек еткісі келмейтін ұры-қара, жалқау, жатыпішерлер. Қазір заң күшейтіліпті. Колхозда тиісті еңбеккүн мөлшерін таппағандарды аяусыз жазалап, еңбекпен түзеу лагеріне жер аударатындарын қатал ескертті. Қарабұжыр ұзақ сөйледі. Шешемнің алдында отырған мен ұйықтап кетіппін. Бір уақытта қатты абыр-дабырдан оянсам қарабұжыр әлі сөйлеп тұр.
– Сот шешімі шыққанша Ысқақова Күлән қамауға алынсын, – деді. Жұрт шуылдап, кейбір әйелдер дауыс шығарып жылап та жіберді.
– Ей, сот, – деді бағанағы шолақ аяқ. – Сенің осы жерге салып қойған түрмең бар ма? Не айтып тұрсың?
– Осы үйдің кілетіне қамап, аузына бір милицияны күзетке қойыңдар, – деді қарабұжыр сот.
Бізді сол үйдің іргесіндегі кілетке әкелді. Аузы тақтай есікпен жабылған, түпкі қабырғаның жоғарғы жағында жарық түсу үшін ашық үлкен тесік қалдырыпты. Қораның іші ыбырсып жатыр. Бір шеттегі буылған теңнің үстіне отырдық. Бес-алты тақтайды қатарлап қаға салған есігінің арасы ырсиып сырттағының бәрі көрінеді. Менің қарным ашып, қыңқылдай бастадым. Бір-екі сағат өткен соң осы үйдің әйелі – жас келіншек милицияға көнбей, «алатын затым бар» деп кілетке кірді. Бірден бізге іргедегі шимен жабылған жерді нұсқап, «мына жерде тамақ бар, іше беріңіздер» деді сыбырлап. «Тәте, қорықпаңыз. Істің беті түзелген сияқты», – ол әлденені алған болып тез шығып кетті. Біз шимен жабылған қазанның бетін ашып едік Сталиннің түсіне де кірмейтін, қаймағы бір елі піскен сүт тұр екен. Жанында сықпа құрт, сүзбе бар. Мен тойғанымша ішіп, жеп алдым. Анам дәмін де татқан жоқ. Өңі қабартып, үнсіз отырды. Кешке қарай бізді қайтадан соттың алдына әкелді.
– Ысқақова Күлән, еңбеккүн нормасын орындамағаны үшін айыпты деп танылады. Бірақ бес баласы бар, әрі аяғы ауыр, сонымен қоса, жұбайы Ысқақов Сақанның коммунист, Сталинград майданының жауынгері болғаны ескеріліп тұтқыннан босатылады. Көрік басушы болып істей берсін. Бұндай жағдай қайталанса ауыр жазаланады, – деді. Сотқа ешкім де тіл қатқан жоқ. Біз шиқылдақ арбамызға мініп күн бата үйімізге қайттық. Шешем соттың «айыпты» деген сөзіне қатты намыстанып, өртеніп кете жаздады. Сол жолы арқа еті арша, борбай еті борша боп, колхоз үшін жанын салып жүрген бағанағы қатпа әйелдің жылағаны көз алдымнан кетер емес. Оны үш айға басқа ауданға жер аударды. Ал еңбеккүнін жеп қойған есепшінің мұрты да қисаймапты. Сот қонаға соның үйіне барып бір тоқтысын жеп, ертеңінде қайтыпты десті жұрт.
Бейсен мұғалім бір жылдай сабақ берді. Ол өзі елгезек, қызық адам еді. Балалармен бірге ойнайтын, қыста жұқа тақтайдан шаңғы жасап берді. Коньки тебуді де сол үйретті. Құндыздының өзеніне қызыл су жүріп қыс ортасында кең айдында көк мұз қататын. Біздің думанды жеріміз – сол. Бейсен мұғалім ойын арасында әрқайсымызды кезек-кезек тоқтатып, тосыннан сабақ сұрайды. Білмей қалсаң, ерінбей-жалықпай үйретеді. Бұндайда білім де мыйыңа тез қонады. Сол жылы мен бірінші-екінші сыныптардың сабағын толық игердім. Тіпті, оқу озаты болдым. Боташ та солай. Оның апасы мен Әссам екеуінің қуанышы қойындарына сыймай жүрді. Бейсен мұғалім келесі жылы қалаға кетіп, жоғары оқу орнына түсіпті. Оны бітірген соң Семейдің Н.Крупская атындағы педагогикалық институтының білімді, әрі беделді ұстазы ретінде көп жыл қызмет етті.
Келесі жылы «Жаңа еңбектегі» бастауыш мектеп жабылып, біз Жүрекадырға қайта ауыстық. Сорымыз қайнап Мырзақаринге тағы барамыз ғой деп тұрғанда жақсы хабар келді. Аудан бастықтары оны босатып, орнына Бақдәулет деген жас мұғалімді жіберіпті. Мырзақарин соғысқа дейін шопан болған қыстағына сұранып, сонда кетіпті.
Тегінде Мырзақаринді босату ешқандай жоспарда болмапты деседі. Майдангер, соғыста қан төккен адам. Анау-мынау кемшілігіне ауданның оқу бөлімі көз жұма қарайды екен. Бірақ жоспарлы тексеру жүргізу қажет. Аудан үш кісіден комиссия жібереді. Мақсаттары тек қана көріп қайту. Олар сабаққа қатынасады, балалардың білімін байқап көреді. Мұғалімнің сабақ жүргізу әдісін де тексереді. Көргендерінен төбе шашы тік тұрып жағаларын ұстайды. Оқу, білім дегеннің исі де жоқ. Сөйтіп соңғы қайтатын күні комиссия сабаққа қатынасып отырады. Мырзақарин соғыстағы кезекті ерлігін айта бастағанда терезенің түбінде отырған оқушы:
– Ойбай, мұғалім, бұзауыңыз еміп қойды, – дейді қатты дауыстап.
Мұғалім сөзін кілт тоқтатып:
– Қап, қарасан келгір-ай, енесін өріске айдап тастап едім, қайта келген екен ғой, – деп алды-артына қарамай сыртқа жүгіре жөнеліпті. Бұзауын байлап, қайта келгенше сабақтың уақыты аяқталады. Бұны көрген комиссия мүшелері ләм-мим деп жақ ашпастан кері қайтады. Бір аптадан кейін Мырзақаринді оқу бөліміне шақырып қызметінен босатқан екен.
Біз өзімізді төртінші сыныпта-ақ ересек адамдай сезіндік. Өйткені үш колхоздың ортасындағы жалғыз мектептің жоғарғы сынып оқушыларымыз. Оның үстіне балалардың көбі жаздай үлкендермен бірге шөп шауып, еңбекке пісіп келген.
Осы жазда Сақан ағам Дәмет екеумізді мектепке апаратын екі дөңгелекті, ұзын дертелі жеңіл арба жасап берді. Оған атты да, өгізді де жегуге болады. Дөңгелектің үстіндегі төртбұрышты қорабына екі-үш адам сыйады. Көрген жұрт арбамызды қызықтап «ойыншықтай екен» десетін. Сол «ойыншық арбамызға» жегуге Сақан ағаны сыйлап «Жаңа еңбектің» ең қымбатты күш көлігі, атақты Боқай қасқаны берді. Бұл – мүйізі шаңырақтай, тұрпаты айрықша жаратылған, кеуде тұсы көтеріңкі, артқы жағы аласа, жаясы жалпақ біткен, сирақтары пілдің аяғындай жуан, екі көзінде қызғылт ұшқыны бар қызыл қасқа бұқа еді. Отызыншы жылдары байларды тәркілеуден түскен, бұзау кезінен Боқай деген колхозшы баққан мал болғандықтан «Боқай қасқа» атаныпты. Тұқым-тегін ешкім білмейді. Осы Боқай қасқа «Жаңа еңбектің» құты еді. Үш колхоздың сиырлары соның арқасында қысыр қалып көрмепті. Соғыстың ауыр жылдарында, одан кейін де барлық ауыр жұмысқа соны жеккен. Оны айтасыз, алпыс шақырым жердегі аудан орталығы Қарауылға жедел ақпарат апару керек болса, ең сенімді, әрі жылдам көлік Егеубай атаннан кейінгі осы Боқай қасқа екен. Боқай қасқа ауылдан шыққаннан жорта жөнелетін. Апырай, тынысы бір тарылсашы, сол жортқаннан дем алмастан кеш бата Қарауылға жетіп, ертеңінде қайта оралатын. Арқасы жауыр болып, жүдеп жүрген кезі де болды, бірақ екі апта еркін жайылса күбідей болып семіріп шығады. Өзі өте жуас, көнбіс. Бала-шаға да ұстап, міне беретін. Бертінде ауылға трактор, машина келе бастағанда оның мойны босап, еркіндікке жиі шығатын болды. Қартайғанына қарамай, барлық сиырға ие болып жүргендіктен, жылда етке соятын мал алуға келетіндерге колхоз басшылары бермей жіберетін.
Міне, сол атақты Боқай қасқа бізді мектепке таситын болды. Сақан ағам оны арбаға қалай жегетінін көрсетті. Артындағы қос дөңгелекті таралейканы (біз солай дейтінбіз) бұйым құрлы көрмей қасқа бұқа үйден шықаннан жортып, мектепке әп-сәтте-ақ жеткізді. Тұмсығындағы шығыршыққа байланған ұзын божыны тартып едім тоқтай қалды. Сөйтіп біз қыстың ортасына дейін Боқай қасқаны жегіп жүрдік. Бұрын ауылдың маңайында жайылып, кеш бата үйге қайтатын жануар бір күні аяқ-асты жоқ болып кетті. Іргедегі таулар мен тоғайдың арасын түгел сүзіп шықтық. Табылмады. Содан ақпанның аяғына дейін оның не жемтігі, не өзі көзге түспеді. Бір күні біз мектепте жүргенде ауыл тегіс шулап:
– Ойбай, Боқай қасқа табылыпты. Жынтастың бойындағы тоғайдан шығыпты. Неден тарынғаны белгісіз, маңына ешкімді жолатпайтын көрінеді. Сақан көріпті, – десті.
Сақан аға үйде азық-түлік таусылғанда топты бала-шағаны асырау үшін тауды шарлап, аң қағып қайтатын. Өткен демалыста таң қараңғысынан тауға шығып кеткен еді. Бес атар ұзын винтовкасы бар. Бұл мылтық отызыншы жылдары бандымен айқаста қолына түсіпті. Қиядағыны қағып түсетін осы мерген мылтық – үйдегі алты баланың асыраушысы. Сақан аға қыстың басы мен аяғына қарай екі рет аңға шығып, арқар атып әкеледі. Біздің қыстық соғымымыз сол. Мүйізі қарағайдай құлжаны көргенде: – Неге тек құлжасын атасыз? – деп сұрасаң:
– Аналығын атуға болмайды. Одан ұрпақ өрбиді. Ал қартайған құлжа саяқ жүріп итқұсқа жем болады. Аңды қажетіңнен артық өлтіру – күнә. Ол да құдай жаратқан тіршілік иесі, – дейтін. – Менің бала-шағама екі арқардың еті толық жетеді. Біздің несібеміз сол. Одан артық ашкөздік жасау – әбестік.
Кейде аңнан бос қол қайтатын кездері бар. Онда саяқ жүрген құлжаның көзіне түспегені. Осы жолы да іздеген аңы кездеспей Шыңғыстың ішіне бойлап кіріп кетіпті. Балақ төбелер тым алыста қалса керек. Қожыр-қожыр тастары, ұңғыл-шұңғыл қуыстары көп, жәй адам батып бара бермейтін үрейлі Жынтастан қарауыл салып, оң бүйірдегі тоғайлы өзекке бет бұрыпты. Қайың мен терек, жыңғыл мен шілік ұйыса өскен тоғайға таяй бергенде үйірлі қасқырдың ізін көреді. Санаса он-он бір шақты. Бір кезде табаны күректей жалғыз сиырдың ізі алдынан шығады. Жазбай таниды – Боқай қасқаның ізі. Тоғайға жете бере қасқырлар қуып жетіп, бұқамен алапат айқас болған тәрізді. Маңай астан-кестен, кей жерде жентек-жентек қар қызыл қанға боялыпты. Жануар тоғайды паналамақ болған сияқты. Елу қадамдай жерде бұқаның мүйізі кеудесін тесіп өткен бір қасқыр серейіп жатыр. Орманның дәл жиегінен екінші қасқырдың жемтігі көрінді. Жарақаттанған бөрінің бұрыла қашқан қанды ізі сайрап жатыр. Бұқа оны біраз қуып барып, кері оралыпты. Шайқас шамасы таң алдында болған сияқты. Ұйыған қан мұз болып қатқан. Сақан аға мылтығын серт ұстап, ізді қуалай тоғайға кіреді. Сол кезде жуан терекке артын тіреп, айбат шегіп тұрған Боқай қасқаны көреді. Үсті-басы қан-қан, қасқырдың аузы тиген жон терісі жыртылып, салбырап тұр. Қоршап тұрған жеті-сегіз қасқыр Сақан аға мылтық атқан соң сескеніп, құйрықтарын бұтына қысып, еңбектері еш болғандықтан ықылассыз сөлпеңдеп жынысқа кіріп кетіпті. Боқай қасқаның екі көзін қан басқан, әбден қалжырап, теңселіп әзер тұр дейді. Бейне шайқаста жауына дес бермей, найзасына сүйеніп қатып қалған қас батыр тәрізді. Ол ағаны танып, ышқына өкіріпті де, буындары босап бүк түсіп жата кетіпті. Содан екі-үш сағат тыныстаған соң Сақан аға оны айдап, елге тақау, итқұс аз жүретін Қаражалдың іргесінде қалдырыпты.
Боқай қасқа наурыз айының ортасында ғана ауылға оралды. Бұрынғы көнбіс бұқа танымастай өзгерген. Барлық жері жұмырланып, жүні жылт-жылт етеді. Қасқыр жұлған терісінің орнына ақ жүн өскендіктен, түсі де өзгеріп, қызыл-шұбар бұқаға айналыпты. Ол ауылдағы күйлеп жүрген сиырлардың бәрін қашырып, бұқалық парызын бірер күнде-ақ орындады. Тіпті, қылмиған бір тайыншаны алып кеудесімен тапап, артқы аяғын сындырыпты. Содан кейін зор даусымен өкіріп, күлтөкпені шашып, әлдекімге сес көрсетеді. Өз бетімен кетіп бара жатқан атты адамға ай мүйізін білеп, өкіре шауып еді, ол қашып әрең құтылды. Боқай қасқаның бұл қылығы бүкіл ауылды дүрліктіріп, ешкім сыртқа шыға алмай қалды.
Мен сабаққа өзімнің бәсіре қара тайымды мініп келгем. Оны күнделікті орны, Ақтамберді батырдың моласы тұрған төбенің етегіндегі Төлеухан нағашымның тас қорасының алдына байлап, енді мектепке барғалы жатқанда күлтөкпеде өкіріп тұрған Боқай қасқаны көрдім. Түрі тым қорқынышты еді. Үйден жүгіре шыққан Мәмила апам мені жылдам қораға кіргізді.
– Қазір нағашы атаң келіп бұл мәлік келгірдің сазайын береді, — деді апам. – Әбден семіріп, тойынған соң, құдайын ұмытып, құтыруын! Кешегі көнбіс мінезін ұмытыпты. Апам Боқай қасқаны біраз ұрсып алды.
Төлеухан (оны біз Төке дейміз) нағашым жұдырықтай ғана, шоқша сақал, сары шал. Осы Боқай қасқа екеуі он жыл бірге жүріп колхоздың отымен кіріп, күлімен шыққан. Отызыншы жылдары партия қатарына өтіп, бандымен де соғысқан. Ауылда аты аңызға айналған, ер мінез, ақкөңіл, аңқау адам.
Сол Төкең Боқай қасқаның өз үйінің жанында ойран салып жүргенін естісімен жуан келте шоқпарды тақымына басып, атпен шауып жетті. Он жыл ұстап, баққан жануар өзін танып тоқтар деп үміттенсе керек. Мен бұл кезде тас қораның үстінде тұрғам. Бұқа Төкеңнің ащы айқайын елең қылмай, күлді үстіне шашып-шашып жіберіп, шаңырақтай мүйіздерін алға қадап, атты адамға қарсы ұмтылды. Төкең оң қапталдан келді де тағы бір ақырып, келте шоқпарын басынан асыра үйірген күйі бұқаға тұра шапты. Екеуі де тайсалған жоқ. Егер мүлт кетіп алып бұқаның шаңырақтай мүйізіне не аты, не өзі іліксе Төкеңнен тамтық та қалмас еді. Неткен жүрек жұтқандық! Бізде зәре қалмады. Сол сәтте, көзді ашып-жұмғанша шаң бұрқ ете түсті. Төкең, кәнігі барымташыдай, бұқаға тақай бере ат үстінен созылып барып қақ маңдайынан шоқпармен ұрып өтті. Боқай қасқа тәлтіректеп барып, шайқалып тұрды да шөке түсті. Төкең екпінімен ұзап кеткен еді қайта оралғанша бұқа есін жинап, басын сілкіп-сілкіп, алдыңғы тізесін тіктеді. Жан-жағына қарады. Ақырған дауыс тағы естілді. Бұл жолы ол Төкеңмен қарсыласқан жоқ. Шауып келе жатқан аттыдан аспай-саспай теріс айналып, Ақ жазыққа қарай бұрынғы әдетінше жорта жөнелді. Шаңырақ мүйізін бұғыға ұқсап желкесіне қайырып, тұмысығын көкке көтеріп алыпты. Оның бұл тұрпатында ешкімге мойынсынбаған өрлік бар еді. Көнбіс, жуас, кәрі бұқаның бұл шамырқануын ешкім түсінген жоқ. Ауыл басшылары біреуді жазым етер деп сескенді ме, күзге қарай бұқаны ет комбинатына өткіз деп Төлеуқан нағашыма тапсырыпты. Боқай қасқаны жамандыққа қимаған Төкең уақытты созып жүріп алса керек. Ақыры амалы таусылған соң: – Қош, кәрі досым, – депті күйініштен налып. – Екеуміз де үкіметке бір бәлшебектей-ақ еңбек сіңірдік. Бірақ сен алжыдың ба, білмеймін, бүйректен сирақ шығарып Сталин жолдастың әкелік қамқорлығын бағаламай, лағып кеттің. Енді міне… ақыры не болды?!
Бұқаның өзінен аумайтын ұрпақтары Құндыздыда әлі бар деседі.

Тақырдағы тарпаң шәкірт

Үстіне бір топ оқушы бала тиеген «полуторка» деп аталатын шағын жүк машинасы Құндыздыдан Қарауылға қарай таң алакеуімнен жолға шықты. Күзде өгіз арбамен бір қонып жеткен жерге машинамен күнбе-күн бармақ ойымыз бар. Дала сұрғылт, қар ұшқындап тұрған, күн көзі көрінбейді. Әке, шешеміз берген текемет пен тұлыпқа оранып, кабинаның түбінде бұйығып отырған он шақты ұл-қыздың қылтиып бастары ғана көрінеді. Жолсызбен келе жатқан машинамыз секек қағып, біресе дөңбекшіп, енді бірде әлденеден орғып-орғып өтеді. Ондайда бәріміз жаңқадай шәшірап, үстіміздегі жамылғыштарымызбен бірге сырғып, артқы бортқа соғыламыз.
– Әй, амансыңдар ма? – дейді машинасын тоқтата қойған Сағади шопыр есіктен басын шығарып. – Сендер жылынсын деп мына арғымақты әдейі секіртіп келем. Бәріміз мәз болдық. Кабинаның екінші жағынан шыққан Сақан ағам:
– Балалар, кәне, жерге түсіп, бой жазыңдар, – деді. – Аяқтарың тоңған жоқ па? Өзі менің жаныма келіп, қисайып кеткен құлақшынымды түзеп, күртешемнің түймелерін салды.
Ауылдан шыққанымызға үш-төрт сағат өтсе де жолымыз мандымапты. Ақтұмсықтан бастап қар басып қалғандықтан тау ішімен кететін таптаурын жолға түспей, төбесі алыстан қылтиып көрінген Қарауылды бетке алып, бөктердегі соқпақпен тұра тартып келеміз.
Күн түске қарай ауыпты. Жаяу борасыннан алдымызда жатқан ұшы-қиырсыз селеулі кең жазық теңіз бетіндей жыбыр қағады.
– Апырай, күн бұзылып кетер ме екен, – деді Сақан аға. – Жел күшейіп барады. Тақырдың кезеңіне жетсек жақсы болар еді. Оған дейін ел де жоқ, қу дала. Кәне, жолға шығайық, – деп Сағадиді асықтырды. Сағади болса – өткен жылы колхоз сатып алған осы жүк машинасының жүргізушісі болғандықтан елдің еркесі, Семейден ат-түйедей қалап, әкелеп-үкелеп шақыртқан маман. Сайтаны ұстаса колхоз бастығына да пысқырмайды. Жұрттың бәрі Сағадидің өзінен гөрі мәшинесін қастерлейді. Өмір бойы өгіз арбамен итеңдеп жүргенде осы «полуторка» келіп, Боқай қасқалардың да арқасы босаған. Машинаның үстінде отырған жұрт пыраққа мінгендей шаттанушы еді. Сонау көкжиекте жатқан Құйғанға бару үшін екі күн жоғалтатын ел енді Сағадидің көңілін тапса күнбе-күн барып, шаруасын тындырып қайтады. Сағадидің көңілі – қымбат та емес, бір-ақ жартылық. Өзі ақкөңіл жігіт. Арақ көрсе көзі жайнап, қазақша-татарша былықтыра сөйлеп, қаудыр қағып, бұйдаланған боташа соңыңнан еріп жүре береді. Бірақ қандай күйде тұрса да бағынатын бір-ақ адам бар. Ол – қара дүкеннің иесі, ұста Сақан. Ұстасыз Сағадидің күні жоқ. Колхоздың үкілеп отырған жалғыз мәшинесін жұмсайтын жері көп. Жолсыз, тау-таспен жүретіндіктен бір жері соғылмай, майыспай, бұзылмай тұрмайды. Ал бұл өңірде мәшиненің тілін білетін жалғыз адам бар – ол ұста Сақан. Темірден түйін түйетін шебер. Сағади жүк тиеп алып, қара дүкеннің қасына тоқтай қалғаннан-ақ ыңқылдап-гүрсілдеп, тақ-тұқ ентігіп тұрған «полуторканың» жүрек соғысына құлақ түрген ұста:
– Тоқтат, – дейді. Біраздан соң қайта от алдырады да: – Ей, көксоққан, енді біраз жүрсең, машинаңның моторы күйреп қалатын еді. Тез арада мотордың қарайып кеткен майын ағыз да, жаңасын құй, – деді. Жазған құлда жазық жоқ, Сағади айтқанын істейді.
– Енді мәшинеңді от алдыр да, дыбысын тыңда.
Алғашқы тарсыл-гүрсіл тиылып, машина жәймен бүлкіл қағады. Сағади қипақтап, кеше «ахаңмен ауырып» жүргенде байқамай үйдің бұрышын қағып, мәшиненің тұмсығын бұзып алғанын, оны бастықтар көрсе аямайтынын, ал жөндетуге Семейге апарса қыруар ақша сұрайтынын жеткізді. Сақан көп сөйлемейтін адам. Оған тіл қатпастан машинаның майысқан жерлерін мұқият қарап шықты да, ұстаханаға кіріп ұзақ ойланып отырып қалды. Сағади елпектеп, дегбірі қашып ұстаны айналсоқтап кете алмай тұр. Басқалардың алдында әулиесімсіп, дүниенің тұтқасын өзі ұстап жүргендей мардымситын сабаздың мына мүләйім кейпін көргендер мәз болып:
– Япырай, Сағадиді Сақанның мысы басып, қара дүкеннің киесі ұрды ма, сайтаны қағылып қалды, — десті.
Шынында мәшинесі жүрмесе өзінің көк тиындық құны жоқ екенін ол жақсы білетін. Сондықтан ұстаның алдында иілмеске лажы жоқ.
– Мына жүгіңді апарып, қайтып кел. Мәшинеңді түнімен отырып жөндейміз, – деді ұста. Айтқанындай, алды сәңірейіп тұрған «полуторка» ертеңінде заводтан жаңа шыққандай қалпына келіпті. Бұндай жағдай бұрын да қайталанған.
Сақанның бүгін Қарауылға баратын ойы жоқ еді. Таңертең балаларды жүргізерде қараса Сағади түнгі сайраннан әлі айыға алмай, аяғын әлтек-тәлтек басып жүр екен.
– Мынау мас қой, балаларды жазым етпесе жарар еді, – деген жұрттың сөзі түртпек болып, жұмыс киімін ауыстырмастан шолақ тонын іле салып, жүріп кеткен. Бірге шыққаны жақсы болыпты, ұста отырғандықтан Сағади бас жазуға бата алмай, түс әлетінде айығып-ақ қалды.
Көп ұзамай алай-дүлей боран басталды. Қарашоқының етегіндегі шилі, қарағанды өзекке жеткенде жол да жабылып, ескі сүрлеу ғайып болды. Азынаған жел жауа бораған қарды ұйтқытып, жер-дүние ақ түтекке оранып, шеті-шегі көрінбейтін сұрғылт түнекке кіріп кеткендей болдық. Машинамыз көбік қарды тіліп, жүріп келеді. Әлгі бір әзірде ескі сүр қардың құрсауына түсіп, бір орнында тыпырлап қалған еді, Бекен, Әбдікен сияқты ересек балалар итеріп шығарған. Алға жылжыған сайын кедергі де көбейе бастады. Біз, ұсақ балалар мен қыздар, бораннан тұмшаланып, киіз бен тұлыпқа оранып, бұйығып отырмыз. Сыртта не болып жатқанын болжау қиын. Көлігіміз бірде жүреді, біресе тоқтайды. Уақыттың да қай мезгіл екенінен жаңылдық. Шамасы кеш батуға таяған сияқты. Бір кезде бойым қатты мұздап, қойны-қонышым қарға толып кеткен соң басымды көтеріп жан-жағыма қарасам алдымызда әлдекім қараңдап көрінеді. Сақан аға екен. Мына ақ түтекте шопырға жол сілтеп барады. Ал үш-төрт балаң жігіт көтерем торпақты сүйрегендей, «полуторканың» екі қапталынан итеріп, оны тоқтатпай келеді.
Орныма қайта жайғаса бергенде ілгері отырған Дәмет қалқайып жаныма келді. – Сұлташ, тоңдың ба? – деді өзі жетісіп тұрғандай. Суықтан өңі бозарып кетіпті. Ол астымдағы кигіздің қарын қағып, тонымды қымтап, жаныма отырды. Нәзік, арық қолдарымен құшақтап, бетін бетіме тигізді. Дәмет – менімен тетелес туған әпкем. Қыста киетін аяқ киім болмағандықтан бір жыл оқуға бара алмай, төртінші сыныпты бірге бітірдік. Қазір екеуміз ауданда бір сыныпта оқимыз. Қағылез келген Дәметтің қоңырқай жүзіне қырлы, сүйкімді мұрны мен үлкен қара көздері ерекше жарасатын. Жұмсақ үнді, бауырмал еді, бірақ менің жүріс-тұрысымды үнемі бақылап, үлкен адамша қамқорсып жүргенін суқаным сүймейді. Сондықтан оның беті-қолымды уқалап жылытып, құшақтап бауырына басқанын жақтырмай әрі жанымда отырған достарым Боташ пен Қоңырқаздан қысылып, қолын қағып қалдым. Жалпы Дәмет екеуміз жиі шекісеміз. Менің қиқар мінезіме ол әбден үйренген, үнемі кешіріммен қарайтын. Біз төртінші сыныпта мектепке менің қара тайыммен барып жүрдік. Әрине, бәсіре тай менікі болғандықтан ердің алдына отырамын да, тізгінді өзім ұстаймын. Ердің үсті тар. Артымда отырған Дәмет менің белімнен құшақтап отырмаса сыпырылып, аттың жәйдақ арқасына түсіп кетеді. Сондықтан ол мені тарс құшақтап алады. Бұл маған ұнамайды. Өйткені ердің үстінде шалқайып отырғанға не жетсін! Сағадан мектепке дейінгі аралық – төрт шақырым. Ортада Көкашы, Кіші ой, Жалғыз бейіт дейтін жерлер бар. Әр қыстақтың мектепке баратын балалары Көкашыда түйісіп, көзден тасалау болғандықтан Кіші ойға дейінгі жазықта аттың басын жіберіп, әй бір қиқулап, далбақтап жарысатынымыз бар. Дәметтің жағдайы осы кезде, тіпті, қиындап, аттан құлап қала жаздайды екен. Онда менің шаруам қанша, қара тайды борбайлап, басқалардан озуым керек. Дәметтің құшақтаған қолын қағып жіберіп, ер үстінде еркін отырғым келеді. Жалғыз бейітке жете бере тоқтаймыз. Өйткені бейіттің қасынан шауып өту – жаман ырым. Сонда ғана Дәметтің ерден сырғып тайдың қыр арқасында әрең келе жатқанын көрем.
– Осы істегеніңді тәтеме айтам, – дейді ол көз жасын сүртіп. – Мен жаңа құлап қалсам, арттағы аттар басып кетер еді.
Менің қорқатын жалғыз адамым бар – ол шешем. Тентектігімді естісе болды айт-шайтқа қарамастан шапалақпен тартып жібереді. «Болсаң, дұрыс адам бол!» – дейтін жарықтық. Шешемнің осы мінезін білетін Дәмет үйге келген соң қипақтап жүрген мені аяп үндемейді. «Келесі жолы осылай істесең айтамын» дейтін. Бірақ келесі жолы да айтпаушы еді.
Күндердің күнінде шындық ашылып қалды. Көрші балалар айтып қойыпты. Ертеңінде мектепке барарда шешемнің өзі келіп, Дәметті ердің алдына отырғызып, тізгінді қолына берді. – Сен енді артқа отырасың, – деді маған.
Бұл қорлық жаныма қатты батты. Дәмет, тіпті, аттың тізгінін де ұстай алмайды. Қара тай да оны сезіп қайқақтап, бағынбай келеді. Мен шыдамай Дәметті алға қарай ығыстырып, тізгінді қолыма алдым. Әпкем ердің алдыңғы қасына кептеліп қалды. Тепектеген тайдың жүрісі де мазасын алса керек Көкашыға жете бере, ол жалынып:
– Сұлташ, кел ауысып отырайық. Бірақ сен бұрынғыдай шалқайып, мені басыңмен ұрма, әрі қолымды қақпа. Сонда сені күнде алға отырғызамын, – деді. Келістім. Сөйтіп үйден шыққанда ердің алдына Дәмет отырады. Көкашыдан бастап тізгінді мен ұстаймын. Шешем оны білген жоқ…
Машинамыз сүйретіліп, әр жерге бір тоқтап келе жатыр. Менің бойым жылынып, көзім ілініп кеткен кезде Дәмет өз орнына қайтты. Үсті-басымды қымтап, шешемнің өзіне берген түбіт шәлісімен аяғымды орап қойыпты. Менен көрген мысқалдай жақсылығы болмаса да жиырма үш жасында қыршын кеткен Дәмет көзі жұмылғанша тілеуімді тілеп өтті. Кейін, есейген шағымда, осы бір мейірбан, үлкен жүректі, бауырмал әпкемді балалықпен ренжіткеніме, қадірін білмегеніме өзегім өртенді.
Боран әлі соғып тұр. Күн батып, қараңғылық қоюлана түскен. Азынаған жел, ұйтқыған қар есімізден тандырып, қай жерде келе жатқанымыз да белгісіз. Ызыңдаған, гуілдеген дыбыстар құлағыңды тұндырады. Бір кезде машинамыз бір-екі ышқынды да тоқтап қалды. Әбдікен мен Бекен борттан ырғып, жерге түсті. Қалғандарымыз, іннің аузындағы сарышұнақ сияқты, тоннан басымызды қылтитып, жан-жағымызға үрейлене қарадық. Мына түнгі боранда далада қалсақ күйіміз не болады?
– Балалар, қорықпаңдар, – деді Сақан аға. – Осы қырдан ассақ алдымызда ауыл бар. Көкбай ақынның ауылы, – деп сөзін нақтылай түсті. – Кәне, бәрің де жерге түсіп, бой жазыңдар. Түгел жабылсақ машинаны өрге итеріп шығарамыз.
Сақан ағаның көңілді даусы бәрімізге қуат берді ме, үстіміздің қарын сілкіп тастап жерге түстік.
«Полуторка» дегеніміз қалақтай ғана машина. Он шақты адам жабылып, доңғалағын жерге тигізбей қырға шықтық. Боранның арасынан қарауытып жалпақ қораның сұлбасы көрінді. Жаңа Сақан аға айтқан ауыл осы болса керек. Ит үріп, мұрнымызға түтіннің исі білінді.
– Апырай, Сақан аға, құдай бағымызға берген адамсыз ғой, әйтпесе жол таба алмай мына ақтүтек боранда ығып, сүйегіміз қайда қалары белгісіз еді, – деді Сағади үйге кірген соң желпініп. – Мінгеніміз машина емес, таралейка, сіздің арқаңызда ғана моторына жан бітіп, бір шидің түбінде қалмай, сүйретіліп жеттік.
– Ей, Сағади шырақ, мәселе машинада емес, адамда. Күн сайын араққа тойып, қылжаңдап жүрген саған топты баланың тағдырын тапсыра алмай, үстіме киім де киместен ілесіп кеткенім рас. Бұл боран Сталинградтың оқ боранынан қатерлі дейсің бе? Одан да шыққанбыз. Бірақ сен сияқты сенімсіз адам оқ боранында серік бола алмайтын.
Сағадидің сарғыш өңі бозарып, жүні жығылып қалды. Осы кезде сырттан кірген еңгезердей шомбал денелі адам Сақан ағаны көре салып:
– Сақан-ау, сенсің бе? – деді қуанышты үнмен құшағын айқара ашып. – Мына ақ дүлей боранда қайдан жүрсің, досым-ау! Көріспегелі не заман! Келші, төс қағысайық! Амансыңдар ма, әйтеуір? Пәлі, мына бала-шағаны қайдан жиып алғансың? Тоңған, үсігендерің жоқ па? Бопты! Ал, Сақан, төрге шық. Құдай айдап әкелген шығар, қонағым бол.
Қауқылдаған шомбал қара осы үйдің иесі екен. Сағына тосқан қонақтарын көргендей, байыз таппай жүр. Қой, ешкі, сиыры аралас малы іргедегі қораға қамалыпты. Өздері мал қораға жапсарлас салынған екі бөлмелі жолым үйде тұратын көрінеді. Бір кезде шомбал қара бақыртып бір ешкіні үйге алып кірді.
– Сақан-ау, қорамда қой толып тұрса да өзімдікі емес, үкіметтікі. Ал мына серкеш ақадал төл малым, бата жаса!
Сақанның қарсылығына қарамастан, мал сойылып, қазанға ет салынды. Үйдің іші жылынып, жолдан қажыған балалар ас ішкен соң ұйқыға бас қойды. Дастархан басында Сақан аға мен шомбал қара ғана отыр. Екеуі бала кезден таныс екен. 1928 жылы Шыңғыс ішін кеулеп кеткен бандалармен соғыста, қара сирақ кедей балалары екеуі бірігіп талай ерлік көрсетіпті. Отыз екінің ашаршылығында бандамен соғыста қолдарына түскен мылтықпен аң аулап, аш-арықтарға талғажау тауыпты. Шомбал қара Көкбай медіресесін бітірген, көкірегі ояу, көзі ашық адам, отыз жетіде біраз қуғын көріп, соғыс басталғанда Сақанмен бірге әскерге алыныпты. 1942 жылға дейін бірге соғысқан оларды жылдың ортасында екі айырып, Шомбал қара Беларусь майданына, ал Сақан шебер қолды ұста болғандықтан темір жол жөндеуге Сталинградқа жөнелтіліпті. «Қырық жыл қырғын болса да ажалды өледі» – деген екеуі де қан қасаптан тірі оралып, соғыстан соң бір рет қана көрісіпті. Бүгін, міне, дәм жазып, тағдыр екеуін тағы түйістірді.
– Бәке, – деді Сақан, – көзімізді тырнап ашқаннан тағдырдың өтінде келеміз. Бала кезден жоқшылық пен қиыншылықты бірге көрдік. Тағдырымыз ұқсас. Ал ең қызығы, сен екеуміз үнемі оқтың аузында, соғыстың шебінде жолығып, достығымыз бекіді. Бүгінде ақ түтек боранда сені тапқанымды қарашы?!
Шомбал қараны сыйлағандықтан ба, әлде жасының үлкендігін ескерді ме Сақан оны толық атамай Бәке деумен болды.
– Оның рас, Сақан, – деді Бәкең. Өзге елдінің шатқалындағы бандылармен шайқаста тура келген ажалдан құтқарғаныңды қалай ұмытармын! Мені көздеп, атқалы тұрған жаудың бесатарының аузына ат-матыңмен көлденең тұра қалдың емес пе!? Ат өліп, сен жарақат алдың, ал мен аман-сау, тірі қалдым. Оны қалай ұмытарсың?! Бәрінен де сенің Тапалды топырақтан қазып алғаныңды естіп, ішек-сілем қатты. Тапалдың өзі айтты.
Сақан аға құрдасы Тапал есіне түсті ме, мырс етіп күліп қойды. Күні бүгін ауылда аман-сау шауып жүрген Тапалды біз де білеміз. Бойы он жасар баламен шамалас, бірақ жұмыр жалпақ бет, екі көзі бақырайған, қолтоқпақтай қара адам. Қолды-аяққа тұрмайтын, өте ширақ. Өзінің азан шақырып қойған аты ұмытылып, бүкіл ауыл ежелден Тапал атап кеткен. Сақан ағамен құрдастығын бұлдап, анда-санда үйге келіп, шешеммен қалжыңдасып, еркелеп, ет асқызып, арақ ішіп, бір жырғап қалады.
– Сен мені өстіп сыйлап тұратын бол, – дейді шешеме кетерінде. – Ана байыңды Сталинградтың қан-қасабынан суырып алып, аман әкелгенімді ұмытпа! Мен болмасам кім білсін…
Араққа тойып алған ол күжірейіп, мардымсып, бадырақ көздерін бізге алақ-жұлақ етеді. Ол кейде ауылдың балаларымен асық ойнап, баз-базында асыққа таласып ұмар-жұмар алысып жатқанын да көрдік.
Күнұзақ ұйқымды қандырған мен Сақан аға мен Бәкеңнің жанына таяп, әңгімелеріне құлақ түрдім.
– Есіңде ме, – деді Бәкең, – Егор деген еңгезердей орыс солдаты Тапалдың бойын келемеждеп, иығына ілген мылтығының құндағы жер сызып жүретінін мазақтап, қайта-қайта қорлағаны. Орманның ішінде, алғы шептен жырақта ерігіп отырған солдаттар оған дем беріп мәз-мейрам болды. Тапал байғұс не істесін, төбелесе кетуге дәрмені жоқ, жұдырықтай түйіліп, бізге жаутаң-жаутаң қарай береді. Әлгі солдат одан сайын есіріп алды:
– Ей, мартышка, кел менің етігімнің батпағын тазалап жібер, – деді.
Сол кезде сен атып тұрып, өзіңнен әлдеқайда денелі орысты кеңірдегінен ала түстің. Өмір бойы балға соққан, темір құрсаудай шеңгеліңнен шыға алмай тыпырлаған әлгі сорлының көзі алайып, демі құрып бара жатты. Сол кезде екінші жұдырығыңмен іштен бір түйгеніңде ол бүктетіліп түсті. Сен тіл қатпастан, ештеңе болмағандай, орныңа қайта отырдың. Өкірек солдатты жаңа ғана қоштап, қолпаштап отырғандардың жағы қарысқандай, үнсіз қалды…
Бәкең Сақанға сүйсіне, ерекше бір мейіріммен қарады.
– Тапалды, жаныңнан тастамай, Сталинградта да бірге жүргендерің дұрыс болды. Әйтпесе, кім білсін…
Ал енді оны топырақтан қазып алғаныңды айтшы. Сақан асықпай, езуіндегі насыбайын сұқ саусағымен іліп алып, бір қағазға орады да, оты өшпеген пешке лақтырып жіберді.
– Біз өздеріңнен бөлініп Сталинградқа келгенде 1942 жылдың күзі еді. Адам айтқысыз қан майдан жүріп жатқан. Қаланың ішіндегі өлікті жинауға да мұршалары келмепті. Қан сасиды. Біз шығыс жақтағы жау талқандаған темір жолды жөндеуге кірістік. Тасада тығылған неміс мергендерінің атқылағаны өз алдына, төбемізден қайта-қайта бомба жауып, жөндеп кеткен жолымызды талқандай берді. Амал жоқ, жолдың жиегінен терең ор қазып, жау шабуылында соны паналаймыз. Сәл саябыр болса қайта жұмысқа кірісеміз. Күндіз де, түнде де осылай. Бір кезде «әуе шабуылы» деген дабыл қағылды. Жол үстіндегі қалың солдат қазылған орға қашты. Мен траншейдің қабырғасына арқамды тіреп, жүрелей отырдым. Неміс самолеті жер бауырлай ұшып, пулеметтан оқ жаудырды, артынша бомбаларын тастай бастады. Көзіммен Тапалды іздеп едім, көрінбеді. Аяғымның асты жыбырлаған соң төмен қарасам Тапал траншейдің түбіне етпетінен түсіп, қорыққанынан бушлатымен басын бүркеп алыпты.
– Тапал, басыңды көтер! – дегенімше іргемізге бомба түсіп, құлақ тұндырған жарылыс болды. Есімнен танып қалыппын. Қанша уақыт өткенін білмеймін. Бір кезде тынысым тарылып бара жатқанын сездім. Көзімді ашайын десем, топырақ тығылады. Басым мең-зең, құлағым шыңылдап тұр. Денемді зіл-батпан албасты басқандай езіп барады. Жан-дәрмен басымды қозғалтып көріп едім, төбемдегі топырақ сусып, көзім ашылды. Маңайда өлген-жіткендерді теріп санчастың адамдары жүр екен, олар менің қылтиған басымды көріп:
– Тірі, тірі, – десті.
Бомба екі метр жерде жарылыпты. Қалың топырақ траншейдің он құлаш аумағын түгел басып қалған. Астында қанша адамның қалғанын бір құдай ғана біледі. Мен жүрелей отырғандықтан төбемде топырақ жұқалау түсіп, аман қалсам керек. Есіме Тапал түсті. Өзімді шығарған соң, сол жерде тағы бір адамның жатқанын айтып, орды қаздырдым. Бір құлаш тереңдіктің топырағы алынды. Тапал жоқ. Санчастың адамдары ренжи бастады. Оларға жалынып-жалпайып, тағы жарты құлаш қазғанымызда бір адамның сұлбасы көрінді.
– Это не солдат, какой-то мальчик лежит, – дейді медбике.
– Қайдағы «мальчик», ол – Тапал, – деймін қуанғаннан айқайлап.
Тапалым есінен танып жатыр, бірақ тірі. Жер астында жарты сағат жатса да тұншықпай аман қалғаны, басын бушлатпен орап, маңдайын қолымен тіреп жатқанының арқасы екен. Үстіне топырақ үйілгенде бет алдындағы қуыста біраз ауа қалыпты. Көрер жарығы бар, енді сәл кешіксек, Тапалдан айрылады екенбіз. Тапал дәрігерлік бөлімшеге бар­май, менің қасымда бір сағаттай серейіп жатып, құлан таза тұрып кетті.
– Сенің сөзіңе еріп, жүрелеп отырсам, бітіп едім, – дейді Тапал міз бақпай. – Онда төбемнен түскен топырақ кемі бір метр болар еді де, сен қазып алғанша, он-он бес минутта-ақ тұншығып өлетін едім. Ал өз ақылымның арқасында қорықпастан етпеттеп жатып аман қалдым. Дауың бар ма?
– Әрине, Тапалға дауа жоқ, – деп Бәкең күліп қойды. Екеуі біраз үнсіз қалды. Сақан қалтасындағы шағын дорбаны шығарып, ішіндегі махор­каны насыбайдың орнына атты. Оның қимылына қарап отырған Бәкеңе:
– Соғыс кезінен қалған әдет қой. Насыбай уқалайтын уақыт жоқ, махорканың өзін ататынбыз. Қазір де солай.
Ол ернін жымқырып біраз отырып, оттың күліне шырт еткізіп түкірді.
– Бағана, боран көлегейледі ме, әлде қараңғыдан аңғармадым ба, Көкеңнің медресесі мен зираты көрінбеді ғой, – деді.
– Ей, Сақан-ай, қызылдар үкіметті алғаннан бері қирамаған не қалды? Соғыстың алдындағы «халық жауын» іздеген науқанда Көкеңді де «молда» деп, «шынжыр балақ, шұбар төс Құнанбай тұқымымен ниеттес» деп күстәналады емес пе? Сол кезде оның медресесін қиратып, кірпішімен осы мал базын салған болатын. Ал зираты жауын-шәшіннен бүлініп, құлап қалды. Оған қараған пенде жоқ. Жұма сайын өзім барып басына құран оқимын. Шәкірттерінен осы өңірде тірі жүргені мен ғана. Көпшілігі отызыншы жылдары ұсталып кетті. Бірер білімді, орыс тіліне жүйріктері Ресейді, Өзбекстан мен Қырғызстанды, мына өзіміздің орыс басқан Жарма, Бесқарағай аудандарын паналап жүр деп естимін. Көкеңнен дәріс тыңдап, Абай үлгісін үйреніп, адамшылық пен білімділікті мұрат еткен талай боздақтарды білуші едім, олардың көбі осы соғыста қыршынынан қиылып кетті. Көкең Абайдың өсиеттерін шәкірттерінің санасына сіңірді. Өзі тірі пенденің ала жібін аттамаған адал адам. Алдын көрген шәкірттерінің бәрі де Совет үкіметіне адал қызмет етсе де жақпады. Міне, енді оның ізгілік оты өшіп, жұртында ұлып жалғыз отырмын.
Сақан Бәкеңді үнсіз тыңдады. Қоштағаны да, қарсылығы да білінген жоқ.
– Сақан, шыныңды айтшы, – деді Бәкең. – Сен кәмөнессің ғой. Мынау кәмөнестердің өкіметі. Немісті жеңдік, енді кімнен қорқамыз? Тағы да ел ішінен жау іздей бастадық. Сталин «Қойыңдар!» деп айтпай ма? Көзімізді тырнап ашқалы білгеніміз қуғын-сүргін, ашаршылық пен соғыс. Әлгі «ұшпаққа шығарамыз» деп күндіз-түні алдарқатып жататын социализмнің құлағы да көрінбейді. Жақсылықты өлген соң көреміз бе?
Бәкең астындағы кигіздің шетін астына бүктеп салып, Сақанға қарама-қарсы жүрелей отырды. Бейне кәмөнестердің көсеміне шарт қойып отырғандай. Сақан әлі үнсіз. Ернін қатты жымқырып, ойға батқан. Майдандас досының жан толқынысын түсінеді, бірақ жауабы жоқ. Бәкең тағы сөйлеп кетті.
– Өзімізбен тай-құлындай тебісіп, бірге өскен ана Шәкір Әбеновты «халық жауы» деп итжеккенге айдапты. Апыр-ау, Шәкірден қандай дұшпандық шығады? Ақын болған соң артық-кем шындықты айтқан шығар.
«Әуелі бұл колхозды бастық жейді,
Кредиттен, складтан астық жейді…
Мұғалім көрінгеннен сұрап жейді,
Бұқалтыр құйыршығын бұрап жейді», – дегені өтірік пе? Ал оның жұрт жылап отырып оқитын «Қозы Көрпеш-Баян сұлу», «Таңшебер – Жапал», «Кейпін батыр» поэмаларын Мағжан, Ілияс, Бейімбеттердің кітаптарындай өртеп жіберіпті. Атын да ататпайтын көрінеді. Ол да соғысқа қатынасып қан төкті емес пе? Кім үшін? Әрине Совет үкіметі үшін. Енді сол адам жау бола ма?
Бәкеңнің екпіні, тіпті, күшейіп кетті. Ішіне шемендей қатқан кермек ойларын мына иен далада кімге айтсын? «Үй сыртында кісі бар» деген заман. Сондықтан майдандас, сенімді досына ақтарылып отыр. Өзі үшін айтып отыр.
– Шәкір де тек жүрмейді, – деді сөзін жалғап, – Саясатта несі бар? Жұрттың бәрі қолпаштаған Сталиннің сүйікті ақынына тілі тиіпті. Ел-жұрт қарт жыраудың қазасына қайғырып жатқанда оның не айтқанын білесің бе? Білмесең айтып берейін.
«Айтпаймын мен өлеңді кекесінмен
Бөркін қисайта киген шекесінен
Қырық жыл бойы Сталин деп бақылдаған
Қазақстан айрылды-ау текесінен!» – депті. Сотталуына осы өлең де себеп болса керек.
Жантайып жатқан Сақан осы кезде басын жастықтан жұлып алды.
– Әй, Бәке, – деді бұл өлеңді енді ешкімге айтпа. – Артындағы жақын-жұрағатына кесірі тиер. Сен маған кәмөнессің деп сұрақ қойдың ғой. Білгенімді айтайын. Көзімді тырнап ашқаннан көргенім жетімдік пен жоқшылық. Он үш жасымнан дүкен құрып, қолымнан балғам түскен жоқ. Ағайын-туғанның жақсылығын жетім жүргенімде көрмедім десем, күпірлік болар. Оларға алғысым шексіз. Бірақ мені, тақыр кедейді, оқытам, пана болам, ұшпаққа шығарамын, сен де өзіңнің бақытың үшін күрес, өз үкіметімізді құрайық десе неге қарсы болуым керек? Сондықтан кәмөнес болдым. Жақсы өмір үшін күрестім. Кәмөнестер мен құран сөзінде көп ұқсастық бар. Соған сендім. Бірақ «құранды молда теріс оқыр» деп Абай құтым айтқандай, кәмөнестердің ішінде де сөзінен ісі алшақ, екі жүзді, екі тілділері аз емес екен, адал ниетті бүлдіріп отырғандар солар ма деп ойлаймын. Одан арғыға ақылым жетпейді. Көкпайдай ұстаздан оқып, сен сияқты мектеп көрген адам емеспін. Өмір бойғы білгенім алдымдағы төс пен балға, маңдайымның адал тері. Шыдайық, артының қайыры болар…
Майы таусылды ма әлеусіреген білте шам жалп етіп өшті. Терезеден бозарып таңның сызы білінді. Сақан орнынан тұрып:
– Бәке, тосыннан жолықсақ та бір-бірімізге сенісіп ішкі шерді тарқаттық. Таң атып қалыпты, енді ұйқы болмас. Діттеген жер жақын қалды. Боран басылған сияқты. Балаларды оятып, еру болатын уақыт жетті, – деді. Екі дос орындарынан ширақ тұрды.
– Көкеңнің басына барып құран оқиық, – деді Сақан. – Балалар жуынып-шәйініп, тамақ ішкенше қайтып келеміз.
Мен де ілесіп бірге шықтым. Жалпақ қорадан екі жүз қадамдай жердегі қарайған қорым – Көкбай Жанатайұлының зираты екен. Олар жандарында шошайып отырған маған мән бермей, дұғаны ұзақ оқыды. Біз Тақырдан аттанып кеткенде қырдың үстінде обадай қарауытып Бәкең жалғыз тұр еді. Өзі айтқандай, ұстазының моласын, ол жаққан ізгілік отын өшірмей күзеткен сабаз – иен даладағы арлан бөрі сияқты. Ішін тағы қандай ойлар тырнап жатқанын кім білсін!..
Көп жылдар өтті… 2011 жылы күз айында Шыңғыстауда Көкеңнің 130 жылдық мерейтойы кеңінен аталып, Тақырдың бойына ел-жұрт көп жиналды. Мен көрген қорымның үстіне таяуда алып кесене салыныпты. Оның іргесінде ақынның мұражайы бой көтерген. Осы екі көрікті ғима­раттың ашылу салтанатында ақын туралы сөз сөйлеп, тұсауын кесу мәрте­бесі маған бұйырды. Бұл бір жан тебірентерлік сәт еді. Жұрттың көңіл күйі ерекше. Ақын өмірі мен өлеңдерін ұрпақтары жатқа айтады. Мұражайдың ішінде оның кітаптары самсап тұр. Жолын қуған алғашқы шәкірттерінің тізімі мен кейбірінің суреттері қойылған. Арасында Бәкең де бар екен. Іштей күбірлеп дұға оқыдым. Көз алдыма бала кезгі көрініс келді.
Өзінің аруақты ұстазының қабірін күзетіп, ізгілік отын өшірмей ұстаған Бәкең әлі де сапта тұрғандай әсерде едім.

Атамның үйі

Өтті дүние дүркін-дүркін
Ұбақ-шұбақ кетті көш.
                                 («Реквием» Қ.Шаңғытбаев)

Бұл үйге өткен күзде Сақан ағам өгіз арбамен алып келген. Араға бір қонып жеттік. Ол кезде күн жылы. Шыңғыстың бөктері сары ала түске боялып, құлпырып тұр. Өгіздің мимырт жүрісі жалықтырғанда арбадан секіріп түсіп, алға қарай жүгіріп-жүгіріп аламын. Көңілімде әлдебір желік бар сияқты. Бастауышты бітіріп, ендігі оқуымды Қарауылдағы орта мектепте жалғастырмақпын. Атамның үйінде тұратыным көңілге медеу болса да беймәлім мектеп, беймәлім ортаны ойлап қобалжимын. Артымызда бұлдырап қалып бара жатқан Саға мен Бөрілі биігін енді көрмейтіндей қимастықпен үздіге қараймын.
Сырт қараған адамға атамның үйі құмырсқаның илеуі тәрізді көрінеді. Бірі кіріп, бірі шығып жатқан адамдар. Бәрін қоссақ он төрт адам осы үйдің тұрғыны. Ал күн сайын Алматыдан, Семейден, Құндыздыдан үзбей келетін қонақтар қаншама?! Қарауылда қонақүй деген болған емес. Сондықтан сырттан келген адам танысын сағалайды. Ал сол кезде «Жексен» атты кітабы басылған, ел ортасында аты шыққан Кәменнің үйі құмырсқаның илеуі болмағанда қайтеді?! Әрине, келгендердің бәрі тамақ ішуі керек. Шәй-суын арқалап жүрген қай қазақты көрдің? «Келгенше қонақ, келген соң үй иесі ұялатын» заман. Мал бағудан басқа кәсібі жоқ Шыңғыстаулықтардың күнкөрісі оңай емес еді. Бірақ рухы мықты, намыскер, ынсапты ел жоқтығын сездірмейді. «Өлімнен ұят күшті».
Бұл үйде қызмет істеп, мал табатын жалғыз-ақ адам бар. Ол – Кенже аға, өзі бар-жоғы мектептің мұғалімі. Атам мен апам талай жыл белі қайысып колхозда еңбек етсе де қартайғанда тиесілі сыбағасын – зейнетақы алуды ойламапты. Соғыстан ыңыршағы айналып шыққан елдің үкіметінен не сұрасын, ұят сияқты. Оның үстіне баласы – елге аты шыққан білдей жазушы. Шүйкедей кемпір-шал мен бала-шағаны асырай алмай не көрініпті?! Құдайға тәуба, біреуден ілгері, біреуден кейін тұрмысы бар, қиын күндерде де ешкімге алақан жайған адамдар емес.
Біз оқитын Абай атындағы орта мектеп – шикі кірпіштен қаланған, шатыры жоқ, жатаған, ішекше шұбатылған ұзын үй екен. Терезелері Құндызды жаққа қарайтын. Алыстан бұлдырап Бөрілі, одан бері Қарашоқы көрініп тұрады. Сабақ үстінде сол жақтан көз алмаймын. Әпкелерім жанымда болса да жүрегім елжіреп ауылды, шешемді сағынам. Майлы аяқ дейтін итім бар еді, өте ақылды болатын, қыста Сағадағы біздің жалғыз үйді қасқырлар торығанда алдыңғы екі аяғымен терезені қағып, бізді оятатын. Күшігінен қолымда өскен соның еркелегін есіме алам. Мен өмірімде сағыныш дегеннің қалай болатынын сонда түсіндім. Кейде бәрі ұмытылып күзді күнгі Сағаның кемпіршуағы көз алдыма келеді. Есік алдында мосының астына от жағып, шәй қайнатып, бар баласын оқуға аттандырып, кішкентай екі қарындасыммен ғана қалған анамды аңсаймын. Ол да сағыныштан сарғайып отырған шығар.
Мектепте құрбыларыммен таныса бастадым. Бізге дейін бесінші сыныптың оқу озаты тентектеу, екі көзі ойнақшып тұратын, мығым денелі, соқтықпалы Кенжеш деген бала екен. Оқуда алдына жан түсіп көрмеген. Әрі ерке, әрі сыныптың серкесі. Менің де оқу озаты екенімді білген ол бірінші күні-ақ сүйкеніп, иығымен қағып өтті.
Қазақта «Қайғысыз қара суға семіреді» деген мақал бар. Сол кезде кедей тұрсақ та, көңіліміз көтеріңкі еді. Кеш бата бәріміздің басымыз қосылады. Кенже аға қызметінен (мұғалім), біз мектептен қайтамыз. Ортадағы бөлменің бір жағы жал пеш, оның алдында үлкен қазандық бар. Кешкі асымыз – сол қара қазанның ішінде бүлкілдеп қайнап жататын бидай көже. Үйдегі он төрт адамның әрқайсысының міндеті бар. Күндіз сабақтан ерте қайтатын Дәмет екеуміз бидайды тас, мия, қыл-қыбырдан тазартамыз. Бекен ағам оны ағаш келіге салып түйеді. Әссам болса түйілген дәнді желпіп, қауызынан аршиды, қазандыққа от жағып, су құяды. Тұз салу да соның міндеті. Атам мен апамның бөлмесінде оймақтай ғана құрсаулы ағаш шелек болатын. Оның іші толған құрттың малтасы. Көженің дәмін келтіретін қатығы сол. Біз малта езуге құштармыз, бірақ апам жолата бермейді. Өйткені қыс ұзақ, ас ішетін ауыз көп, көжеге қатық қылып, талғажау ететін құртымыз шағын. Оны қазір жеп қойсақ ертеңіміз не болады?! Апам соны ойлағандықтан үнемдеп ұстайды. Ас ішерде ортаңғы үйдегі дөңгелек жер стөлдің басына алдымен атам мен апам, содан соң қалғанымыз жайғасамыз. Күні бойы әркім өз тірлігімен жүріп, кеш бата басымыз қосылғанда үйдің іші жылынып, шуақ кіргендей жадырап сала береді. Көжені Лиза тәтем түсіріп, қазанның түбінде жатқан бірер тал қойдың қабырғасы мен жілігін атам мен апамның алдына қояды. Оған еміне қарағанымызбен шөкімдей ет кімге жетсін, ұсақ балалардың қолында кетеді. Өзіне бір кесім ет тимеген атам қолындағы пышағымен сүйек-саяқты тақырлап, мұжып отырғаны. Бір жақсысы сұйықтау болса да, құрт қатқан көжеміз мол, жеткілікті. Тамақтанып, көңіліміз тоғайған соң Кенже аға көңілді бір әңгіме бастайды. Отыздан жаңа асқан кезі, «Жексен» атты хикаясы жарық көрген, елге ақын, сері, шешен жігіт ретінде аты әйгілене бастаған. Мектептегі қызметімен ғана шектелмей, ауданның барша ісіне белсенді араласады. Қос балдағын тастаған. Қалаша сәнді киінген, басындағы қара қалпағы аққұба өңіне ерекше сымбат беретін сұңғақ бойлы жігіт ағасын жұрттың бәрі сыйлайды. Өз қолында билігі болмаса да сол заманның көрнекті адамдары келіп түсетін Шыңғыстаудағы қадірлі үй – сол Кенже ағаның үйі. Бірақ ағамның сыртқы атағы дардай болса да тұрмысымыз әлгі, бар мен жоқтың арасындағы тіршілік. Үйдегі азын-аулақ тіске басар тамақты жеңгем өз балаларына да бермей, кілетте тығып ұстайды. «Қонақ болжаусыз» дегендей, тосыннан келетіндер көп, ұятқа қалмас үшін бір ішер дәмін сонда сақтайды.
Ең қиыны – ұн табу. Бұл ел егін салмайды. Ал Семейден тұтынушылар одағы арқылы келетін азын-аулақ ұнды басшылар жұртқа көрсетпей пышақ үстінен бөліп алатын көрінеді. Біздің үйге алыстан қонақ келсе ғана бірер қабын райкомның рұқсатымен сатады. Осы қыста соғымның шекесіне Кенже ағам қонақ шақырды. Бұл біз қуана көрісетін аңқылдаған ақын-жазушылар емес, тұтынушылар одағының аудандағы бастығы, тоқты қошқардай тыңқиған, жалпақ бет сары адам екен. Бұрын көшеден көргем, мардымсып, жер баса алмай шайқалып келе жатқанда жұрт одан кәдімгідей ығысатын. Әншейінде ешкімге бүгіле бермейтін ағам құрақ ұшып, жатып – жастық, иіліп – төсек болды да қалды. Әлгі адам жалғыз келді. Біздің түсімізге де кірмейтін тәтті дәмдіні алдына қойып, арақ-шарабын құйып ағам мен жеңгем «Сәкелеп» жатыр. Үлкендерді де, бізді де дастарханға жолатқан жоқ, басқа бөлмеде қамалып отырмыз. Апам арақты «кәресін» дейтін.
– Ана немең «кәресінге» тоймайтын пәле ғой, – деді жаратпай.
– Кенже аға да қызық, соған неге жалынып жүр, – деді Самар ағам ызаланып. – Тойған қандала сияқты сұмырайды қуып шығайын ба?
– Тек, естіп қалмасын! Оның сондай екенін Кәмен білмейді дейсің бе? Сендердің қамдарың үшін амалсыз иіліп отыр ғой, – деді атам терең күрсініп. – Үкіметтің азық-түлігі соның қолында.
Әлгі «тоқты қошқар» арақты әкесі өлгендей ішті. Біраздан кейін дүниенің тұтқасын ұстап отырғандай күпсініп, өзі болмаса осы ауданның күні қараң екенін айтып, бөсе бастады. Сотың да, прокурорың да, тіпті, райкомның да ісі күніне түсетін көрінеді. Бәрінің аузы майланған.
– Әрине, қант-шәй, тамақ бәріне керек қой, – деді жеңгем. – Әйтеуір ақшасын төлейтін шығар.
– Төлемей қайда барады, үстеме қойып сатамыз. Мыңқ етпейді. Апта сайын керек-жарақтарын беріп тұрамыз.
– Өзіңіз сияқты қамқор ағамыздың барына қуанып жүреміз, – деді жеңгем алыстан орағытып. – Келімді-кетімді қонағымыз көп, оның үстіне бала-шағаның басы бар дегендей…
– Иә, иә! Осы сен, Кәмен, бірдеңелерді шимайлайсың да жатасың, сонда не жазасың? Сол шимайың кімге керек? Өзіміз, міне, орталау біліммен-ақ, қатарда жүрміз, қолда бәрі бар. Кенже ағамның өңі бұзылып кетті. Шатақ шығатынын сезді ме жеңгем «қамқор ағасына» жылдамдатып ішкізіп жіберіп, негізгі өтінішіне көшті.
– Аға-ау, Кәмен, сіз сияқты ақ жайлау ағаларына сүйенгендіктен кітап жазады ғой. Әйтпесе, қайда-а-а-а… Бізді райкомға жалындырмай, өзіңіздің жеке тізіміңізге қосып қойсаңыз…
– Үстемесіне шыдайсыңдар ма?
– Мұғалімнің жалақысы сот пен прокурорға қайдан жетсін. Оның үстіне бала-шаға… Жеңгем сөзін аяқтаған жоқ.
– Жарайды, — деді жалпақ бет сары аса қамқор көңілмен. – Келінімнің көңілі үшін үстемесін азайтармыз. Шәкір ақын айтқандай, «Мұғалім көрінгеннен сұрап жейді» деген осы. Ол өзінің де қаражаяу еместігін білдіріп, бет-аузы май-май болып ыржиып күлді.
Қонақ кеткен соң Кенже ағам үйге сыймай тордағы арландай бөлмені кезіп, түн ортасы ауғанша ұйықтаған жоқ.
Ара-тұра осындай тосын оқиғалар болмаса үйіміз ду-думанға толы.
Үйде «тұз салу» деген әзіл әңгіме көп айтылатын. Оның мәнісі былай: әрқайсымыздың мойынға алған міндетіміз бар дедім ғой. Көпшілік болғандықтан оны бұлжытпай орындау керек, әйтпесе бір шикілік шығып қалады. Әссам көженің дәмін келтіретін тұз салудың шебері, сондықтан бұл мәртебелі міндет соның құзырында, оған ешкім араласпайды. Бірде Кенже ағам жұмыстан ертерек қайтып, қазандық тұрған ортаңғы бөлмеде домбыра шертіп, тынығып жатады. Әссам болса мектепте кешігіп, әлі қайтпаған соң Лиза жеңгем тамақ ішетін уақыттың таяп қалғанын айтып қазанға тұз салғанын көреді. Сол кезде көрші бөлмеден кірген апам: – Ой-бу, әлгі Дәмеш әлі жоқ, мына көженің дәмі татымай қалды-ау, – деп бір уыс тұзды қазанға ол да салады. Іле-шала мектептен асығыс-үсігіс жеткен Әссам киімін шешпестен барып өзінің «тұз салу» міндетін орындайды. Осының бәрін көріп жатқан Кенже ағам бүгінгі тамақтың мәні кеткеніне көзі жеткен соң өзі де бір уыс тұзды қазанға салып, кабинетіне кіріп кетеді. Осыншама тұздан соң қандай тамақ ішуге жарайды?! Бәріміздің қарнымыз шұрқырап, сол күні аш жаттық. Бұл әңгімені көңілденген кезде Кенже ағам әбден әсірелеп, әркімнің тұз салғандағы қимыл-қозғалысын, көженің дәмін татқандардың бет құбылысын, аш қалған іні-қарындастарының көңіл-күйін бейнелеп ішек-сілемізді қатыратын. Аш құрсақ жүрсек те сол бір күндердің қызығы, бір-бірімізге деген туыстық ыстық сезім жанымызды жадыратушы еді.
Кешкі тамақтан соң үлкендер өз істерімен айналысып, біз, ұсақ немерелер, атамды жағалаймыз. Тізесін, аяғының басын уқалаймыз, белін басып береміз. Арасында сөзге тарту үшін: – Ата, жамбасың неге ауырады? – деп сұраймыз. Атам селдір сақалын тарамдап отырып, өткен-кеткенін есіне түсіреді.
– Баяғыда, Қоянды жәрмеңкесіне бара жатқанымызда, шаршап келіп, бір дымқылдау көгәлдің үстінде ұйықтап қалып, тапқан ауруым ғой. Әлі күнге кеш бата жамбасым сырқырап мазамды алады, – деді.
– Ата, сіз Қытайға да бардыңыз ба? – дейді Самар тағы бір әңгіменің ұшығын шығарып.
– Бардым, балам. Ол елді тәуір-ақ шарладым ғой. Қызылдар келгенше шекарада бөгет болмайтын. Мен Әбен қажының керуенімен сатуға жіберген дүние-мүлкі мен малдарына ие болып, шекара асып, айлар бойы жүріп қайтатынмын. Ол жақта да қазақтар көп екен. Мен көргенде олар іргесі сөгілмеген аштық-жоқшылықты көре қоймаған ел еді, – деп атам әңгімесін келте қайырады. Ары қарай қанша қажасаң да бұл тақырыпқа жоламайтын. Атамның ашылып айтпайтын екінші әңгімесі – 1930 жылы байларды тәркілегенде өзінің де шолақ белсенділерден жапа шегіп, елден аласталғаны туралы оқиға. Бірақ сол бір алыс жылдарғы ойранды анам Күлән күні кеше көргендей бүге-шігесін қалдырмай айтып берген. Менің санамда Құлатай, үлкен Кәдір, кіші Кәдір дегендер зұлымдықтың айғағындай, Құндызды еліне «кәмпеске» деген нәубатты ала келіп, әкені балаға, атаны немересіне жауластырған сұм заманның сұрқылтайларындай көрінеді.
1928 жылы ірі байларды тәркілеу басталғанда ең алдымен елдің ардақ тұтқан адамдары – Байжан ұрпағы қара тізімге ілініп, мал-мүлкі таланып, өздері жер аударылып кете барады. Арада бір жыл өткен соң екінші кезек басталады. Әсіре белсенділер енді он-он бес тұяқ малы барларға ауыз салады. Соның бірі – елдің бас көтерер адамы Оразалы болатын. Оразалы – басындағы алты қанат үйінен басқа дүние-мүлік жинамаған адам. Бар байлығы – бес баласы – ер жетіп үйленген екі ұлы мен әлі буыны қатпаған жасөспірім үш ұл. Малдан – он бес шақты қой-ешкі, екі сиыры бар. Үкіметтің заңында бұндай шаруалар тәркілеуге жатпайды. Бірақ шолақ белсенділер оны «Әбен қажының «құйыршығы», соның тілеуқоры, патша заманында осы ауылда старшын болған» деп көрсетіп, қара тізімге іліктірген. Басындағы үйін, қолындағы малын тартып алып, кемпірі екеуін Көшкінбай зиратының төменгі жағына ен далаға апарып, екі керегеден жаппа беріп, бір лақты ешкі, қазан-ошағын ғана қалдырыпты. Бала-шағасын әке-шешесіне жолатпай, жеке ұстаған. Ол кезде менің анам Күлән әлі жиырмаға да толмаған жас келіншек, түн ортасында атам мен апама жасырын барып, ас-суын әзірлеп беретін көрінеді. Ауыл кеңес пен колхозды басқаратын Құлатай, үлкен Кәдір, кіші Кәдір дегендер күн сайын ат ойнатып:
– Байдың құйыршығы! Тұқымыңды тұздай құртып, әлі-ақ көзіңе көк шыбын үймелетеміз! – деп ақырып кетеді.
Бірде түн ортасы ауа қылаң ат мінген ұзын бойлы қаба сақал қарт адам келіп, атам екеуі ұзақ сөйлеседі.
– Сенісерге, іштегі шерді тарқатып, сөйлесетін де адам қалмады, – дейді әлгі адам. – Елден безіп, тау-тасты паналап, өзіммен өзім жүрсем де тыныштық беретін емес, мына жұрт. Аңдудамын, Оразалы. Сенің мына күйіңді естіп, бір көрісіп кетейін деп келдім. Енді дәм жаза ма, жоқ па, кім білсін. Біреу-міреу мені көрсе зияным тиер, – деп таң ата атқа қонады.
– Бұл, Шәкәрім қажы екен, – дейді шешем. – Оны кейіннен білдік қой. Сол кісіге беретін үйде нәр болмай өзіміз талшық етіп отырған жалғыз ешкінің бір тостаған сүтімен аттандырдық.
– Ол кісі қайтып келген жоқ па?
– Қайдан келсін. Ертеңіне Құлатай кімнен естігені белгісіз түс болмай жетіп, атамды ианаттап, есік алдында ат ойнатты. Жаңа ғана күшіктеген сары-ала қаншығымыз бар еді, сол ит күшігін қызғанып үргенде Құлатай атып тастады. Көзін ашпаған бес күшік қыңсылап жетім қалды. Сонда атам қатты назаланып:
– Ей, Құлатай! Тұқым жұрағатыңа дейін білуші едім, қанішері жоқ еді. Осыншама сұмырай болып қайдан тудың? Найсап, артың оңбас! Сенің де бала-шағаң ана көзін ашпаған жазықсыз күшіктердей шулап қалар! – деді. – Атамның айтқаны атқан оқтай дәл тиді. Көп ұзамай Құлатай бастаған бір топ белсенді қылмыстары үшін сотталып кетті…
– Құлатай түрмеден аман шықты ма?
– Ондай қараниеттілер жансебіл келеді. Бала-шағасы аштық жылдары опат болыпты. Соғыстың алдында азып-тозып Семейде қаңғып жүргенін әкең Шәріп көріп, асқанаға апарып, тамақтандырып, үстіне бір қабат киім әперіп кетіпті. Шәріп те қызық. Сол Құлатайдан көрмеген қиянатымыз жоқ. Бізді елден қуған да сол. Талайдың обалына қалды. Бірақ Шәріп ақкөңіл адам еді, Құлатай көз жасын көлдетіп жылаған соң бәрін кешіріпті.
– Ол елге қайтып оралды ма? Сіз көрдіңіз бе?
– Оралды. Қарабет адамда ұят бола ма? Оны сен де көрдің, – деді шешем мені таңырқатып.
– Қашан?
Шешемнің айтуымен ол оқиға көз алдыма келді. Өткен жылы, көктемде есік алдында малдың астын тазалап жүр едім, жалғыз атты бір жолаушы келіп түсті. Жүгіріп барып атын байлайын деп едім, шылбырын қолымнан жұлып алып, бетіме үңірейе қарады. Кәрі, екі көзі шүңірейген, аузы опырайған, түсі суық адам екен. Киімі өте жұпыны.
– Сен Шәріптің ұлысың ба? – деді қатқыл дауыспен.
– Иә.
Ол маған сұқтана қарады да, үйге кіріп кетті. Атын азын-аулақ шөбімізге байлап қойған еді, мен ерегесіп шешіп қоя бердім. Әлденеден бойым мұздап, тітіркеніп, неге екенін білмеймін, әлгі адамды өлердей жек көрдім.
Жалғыз отырғандықтан, біздің үйге алыстан келген жолаушы жайланып дем алып, ас ішпей кетпейтін. Жаңағы шал бөгелмей тез шықты. Кіргенде қоқырайып, мардымси басқан еді, шыққанда кішірейіп, шөгіп қалғандай көрінді.
– Шәріп кешірсе де Күлән, сен мені кешірмедің ғой. Қайтейін!.. Құдай жазалаған адамда шара бар ма?! Өлер шағымда әруақтарға құран оқып, тірілерден кешу сұрап қайтпақшы едім, ел шетіне ілінбей жатып бетім қайтты ғой, – деді кемсеңдеп. Маймақ аяғына шалынысып, қалталақтап атына барып еді, ол ұстатпады. Шешем иек қаққан соң атын әкеліп, мінгізіп жібердім. Ол маған тағы да ішіп-жеп, үңірейе қарады.
– Жолың болсын, қарағым! Әкең сияқты кешірімшіл бол! – деп бетін сипады…
Қиянда жатқан Шыңғыстаулықтардың бастары жиі қосылып, жырғап қалатын қызықты күндерінің бірі – соғым уақыты еді.
Соғымның шекесіне ағам алдымен елдің қадірлі ақсақалдарын шақыратын. Бұл жылдағы әдеті. Абай немерелері Әрхам мен Исраил бастаған шежіре қарттар соғымның дәмін тата отырып, таңды-таңға ұластыра, кейде қызғылықты, кейде күйікті әңгімелердің тиегін ағытады. Арасында Исраил ата домбыра тартып, ән салады. Көбіне Абай әндері. Кейде бізге беймәлім ән де айтылады. Ондайда қарттар жабырқап терең күрсініп, «қайран Шәкерім-ай» деседі. Қарттармен бірге қырықтан асқан қырма сақал, қағілез денелі қараторы жүзді Қабыш деген адам да келді. Жұрт оны аңшы десетін. Үнемі тау кезіп, тас басып, кейде құс, кейде тазы ұстап жүруші еді. Сол Қабыш біздің үйге домбырасын ала келіпті. Кенже ағаның өтініші солай. Қарттар өткен күндердің өкінішті сәттерін еске алып, сәл тыныстаған кез еді, Қабыштың шырқата салған даусы шықты.
Бұл ән –
Бұрынғы әннен өзгерек.
Бұған –
Ұйқасты өлең, сөз керек,
Өзіне орайлы.
Денең –
Жан нұрлы болса, жөнделмек.
Өлең –
Әнге өлшеп айтса, өңделмек,
Ұйқасса қолайлы.
Қабыштың әсем даусы сабырлы, бапты басталып, келе-келе екпіндей түсті. Біз бұрын естіп көрмеген өлең мен ән. Сөзі де, әуені де тосын.
Әнші домбырасы бебеулей бастағаннан-ақ Кенже аға мазасызданып орнынан тұрып терезе жапқышты қымтап, есікті нығарлап жауып қойды. Түн ортасы ауғандықтан қонақтардың көбі тарап кеткен, үйде Әрхам, Исраил және жақын ағайындарымыз қалыпты. Бұл Шәкерімнің әні еді. Айтуға болмайды. Халық жауының әні түгіл атын атауға тыйым салынған. Қабыштың даусы да, домбырасы да күш алып ойнақылана бастады.
Ән – өлшеуіш,
Өлең – күміс,
Қоспаңыз мыс аралас.
Артық алу,
Не кем салу,
Қапы қалу жарамас.
Әрхам басы салбырап, үнсіз қалды. Исраил әнмен бірге теңселіп, қамырыққан көңілін әрең тежейді. Көз алдына соңғы рет көргенде кеудесін күміс сақалы жапқан, еңсегей бойлы, ер тұлғалы қарт ағасы келген. Сабырлы сөйлейтін даусы да құлағында. Заманның тыныш, өзінің жас кезінде талай әнін үйреніп еді-ау. Қалың топтың ортасында сан рет шырқаған. Енді, міне, ұрлық қылғандай, жасырын тыңдап отыр.
Қайран
Қайғысыз, қамсыз күндерім,
Сайран
Сауықты, рахат түндерім!
Сендерден не пайда?
Асқан
Алпыстан мынау жасымыз
Қашқан
Кәріліктен ғаріп басымыз,
Қаласың қай сайда?!
Ноқталы бас
ағызған жас,
Қызусыз мас, желіксіз.
Хаққа көніп,
Жалын сөніп,
Көрге төніп еріксіз.
– Апырай, қажы өз тағдырын күні бұрын қалай болжап білген, – деді үлкен ағам – Мұхамеджар. – «Қаласың қай сайда» дейді. Неткен әулиелік!
Қарттар тіл қатқан жоқ. Іштей үгіліп, сол 1932 жылдың қанды қасабын, Шәкерім өлген күндердегі осы әулеттің жас өркендері де баудай түсіп, ажал құшқанын естеріне алды.
Қажы сияқты періштедей пәк, күнәдан таза, адал әкенің жазықсыз оққа ұшуы Семейдің түрмесінде адалдығына сеніп азабына көніп жатқан ұлдары Ғафур мен Баязиттің де үмітін қиса керек, олар Советтің тозағынан тезірек құтылу үшін өздерін өлімге байлапты. Ал үшінші ұлы Қабыш Семей мен Шыңғыстаудың арасындағы жолда түрмедегі азап пен аштықтан жан тапсырыпты. Шәкерімнің өзі жолға шығарып, Қытайға қашырған ақын баласы Зиятты аңдыған кеңес офицері сол елдің түрмесінде адам айтқысыз қинап, көзін жояды. Шәкерімнің жалғыз қызы Гүлнәр әкесі қаза тапқанда жайлауда екен. Қаралы хабар жеткенде «әкеден жаным артық емес» дейді де у ішіп, есінен танып жатқанында Айтмырза деген ауылдас ГПУ-дің солдаты үстінен түсіп, құтқарып қалыпты. Гүлнәр апайды мен кейіннен Алматыда оқып жүргенімде Тастақтағы там үйінде жолықтырып, сол бір қасіретті күндердің тарихын өз аузынан естіген едім. Ұзын бойлы, келбеті келіскен, өңді адам екен. Мені жассынған жоқ, әкесіне байланысты көп оқиғаларды егжей-тегжейлі айтып берген еді.
– Әділетсіздікке осыншама жанкештілікпен қарсыласу – нағыз жауынгер, рухы мықты адамдардың ғана қолынан келеді, – деді неміс пен жапондарға қарсы екі соғыстың ардагері, менің үлкен ағам – Мұхамджар. – Артында тірі қалған Ахат деген ұлы бар деседі. Ақынның сүйегі жатқан құрқұдықты іздесе жөн көрсетер куәлар осы Қарауылдың өзінде де тірі жүр. Құдайдан қорықса шындықты айтатын шығар.
– Өмір осылай кете бермес, қажының қасиетін танып, сүйегін арулап жерге тапсырар күнге де жетерміз, – деді Әрхам терең күрсініп.
Әңгіме осымен аяқталды. Көргені, білгені ұшан теңіз үш қарт әлденеден сескенгендей, бар қазынаны іштеріне түйіп, үнсіз қалған еді.
Көп ұзамай күткен күн де жетті. Сталин өлген соң, сегіз жылдан кейін, Шәкерімнің сүйегін құрқұдықтан қазып әкелген Ахат оны арулап, Абай ағасының жанына жерледі. Ел үш күн бойы ойдан-қырдан ағылып, ұлы ақынның сүйегімен қоштасты. Көп өтпей Шәкерімнің өлеңдері газеттерде жарық көрді. Оның арасында Қабыш айтқан ән де бар. Өшкені жанып, өлгені тірілген Абай елінің рухы көтеріліп, әр үй бұл қуанышты өзінше тойлағанын көзіммен көрдім. Аудандық газетте қолбала (курьер) болып қызмет істеп жүрген кезім еді, қалың топпен Жидебайға ілесе барып, бабамның қабіріне бір уыс топырақ салдым… Семейдің ақ селикатынан құйылған кірпіштен уақытша бесік-зират қалап жатқан Ахат аға әлі көз алдымда…
Соғым уақыты болсын, сырттан қонақ келсін, немесе үйдегі қуанышты оқиғалардың бәрі де Әрхам, Исраил ақсақалдарсыз өтпейтін. Атам олар келгенде сергіп, қуанып қалушы еді. Үшеуінің жас жағынан айырмасы болғанымен, отырыс-тұрыстары, дүниеге көзқарастары ұқсас. Біріне-бірі қайшы келмей, қайта бірі бастаған әңгімені екіншісі іліп әкетіп, толықтыра түсетін. Бейне өткен дәуірдің суреттерін кеуделеріне қондырған заман айнасы тәрізді. Сабырлы, салиқалы тұлғаларынан ақылдың, зиялылықтың лебі еседі.
– Мұхтар өзінің Абай туралы кітабында Көшбикедегі оқиғаны бүге-шігесін қалдырмай жазыпты, – деді Әрхам ата бір әңгімесінде.
– Ореке, Мұхтар сол оқиға туралы сізден көп мәлімет алдым деген еді. Көшбике оқиғасын да, Мұхтармен жолыққан кездеріңізді де өз аузыңыздан естісек қайтеді.
– Мұхтармен алғаш рет жолығып, сырласқанымыз 1942 жыл ғой. Онда біз Құндыздыда отырғамыз. Мына Кәмен соғыстан екі аяғынан бірдей жараланып, тірі келгеніне мәз едік. Екі балдаққа сүйеніп жүретін. Бір күні үйге қалбалақтап қуанып келді. «Алматыдан Аягөз арқылы Құндыздыға жанында бір топ серіктері бар Мұхтар Әуезов келіпті. Абай туралы кітап жазып жүр екен, сізбен жолыққысы келеді» деді Кәмен. «Е, мейлі, келсін, дедім. Абай жарықтық туралы білгенімізді айтудан неге аянайық». Мен Мұхтар туралы көп естісем де бұрын көрмеген едім. Келбеті келіскен, кең маңдайлы, көзі ұялы, сөзі зиялы, үні жұмсақ, сыпайы адам екен. Екі күндей әңгімелестік. Ол кісі, әсіресе, Көшбике оқиғасын көп сұрады. Менің Әбен қажының жанында көп жүргенімді біледі екен. Қажының мінез-құлқын, әдетін, Абаймен ренжіскен себептерін, Құндыздының сай-саласының атауларын сұрап, қағазына жазып отырды.
– Абайға қастандық жасалған уақытта сіз неше жаста едіңіз? Оқиғаны түгел көрдіңіз бе? – деді Әрхам.
– Бозбалалықтан өтіп, жігіт болып қалған шағым ғой. Елмен бірге болыс сайлауын қызықтап барған едім, аяғы апыр-топыр, жанжалға ұласып кетті. Абайға шабуыл жасаған сәтті көзбен көргенім жоқ, бірақ жанжалдың ортасында жүрген көпшіліктің әңгімесін естідім. Кейіннен ел мен ел татуласты. Абай Көшбикедегі озбырлықты кешірді. Біздің елдің басты адамдары кешірім сұрап Абайға барған оқиғаны, ел ішінің әңгімесін де Мұхтар тәптіштеп қайта-қайта пысықтап, жазып алды.
– Әбең қажыны жақтайтын, кейде даттайтын екіұшты әңгімелер көп. Біз, Абай ұрпақтары, оны біржақты түсінетін сияқтымыз. Қалай дегенмен де Әбең тегін кісі емес қой. Ореке, ол қандай адам еді?
Атам ойланып отырып қалды. Өткен өмір жолын тағы бір шолып шыққан тәрізді. Сұрақ ауыр еді. Құдай алдында да, аруақ алдында да шынын айтуы керек.
– Әрхам, сен өзің де көп нәрсені жақсы білесің. Жаңа «Біз Әбеңді бір жақты түсінеміз» деп Құнанбай аулының сөзін әділ айттың. Ол рас. Кезінде біз де, Жөкең балалары, Абайдың Мұқыр съезіндегі әрекетін өзімізше ұққан болатынбыз. Бірақ уақыт – төреші, ақиқатын анықтап берді. Бір үйдің балалары да бірде келісіп, бірде керісіп жатады. Ақыры қаны бір болғандықтан – табысады. Абай мен Әбен де бір-бірін түбінде түсіністі. Абай да, Әбен де мен үшін қымбат адамдар. Бірақ өз жүрегімнің үніне құлақ қойсам Әбен Мұхтар суреттеп жазғандай адам емес. Ол – білімді, зерек, орыс тіліне де жүйрік, шешен адам болатын. Абайды ерекше бағалайтын. Дүниенің парқын, сауданың тегін жақсы игерген. Маған да, елге де шарапаты көп тиді. Бір қауым ел соның панасында ғұмыр кешті.
Қарттар үнсіз, әрқайсысы өзі білетін өмір беттерін қайта парақтап отырған тәрізді. Бір кезде Әрхам:
– Мұхтардың 1942 жылы «Социалды Қазақстан» газетіне жазған мақаласын естіген шығарсыз? Мұхаң сізді Абайды пір тұтатын, ол туралы көп білетін адам деп мақтапты. Мұхаңмен кейін жолыға алдыңыз ба?
– Абайдың жүз жылдық тойын өткізерде Мұхтар елде ұзақ жатты. Сол жолы дәмдес болып, әңгімелестік. Дана адам екен, аман жүрсін азамат! – деді Оразалы.
Атам – бес уақыт намазын қаза қылмайтын, аузынан Алласы түспейтін адам. Құдайсыздар дәурені жүріп, бүкіл бала-шағасы немерелеріне дейін партия, комсомол, пионер қатарында жүрсе де әрбір жұма күндері әруақтарға құран бағыштап, бар әулетін шоқтай үйіріп, адамшылық, әділдік, обал-сауап туралы әңгімелер айтатын. Сол сөздерінің бәрінде де Абай өмірінен, оның өлеңдерінен мысалдар келтіруші еді.
Сондай әңгіме үстінде немерелерінің бірі:
– Ата, сіз Абайды көріп, сөйлестіңіз бе? – деп сұрап қалды.
– Абаймен сөйлесетіндей мен кім едім сонша?! Абайға жөпшенді адам батып бара да алмайтын. Оның айбары мен айдыны ерекше жаратылған жан ғой. Бірақ сыртынан бірнеше рет көрдім. Айыпты болып алдына барғанда маған айтқан сөзін естідім. Сол сөзі өмір бақи сабақ болды.
Атамның ақшыл сары жүзі қуқыл тартқандай, селдір сақалын қолымен уыстап ойланып қалды. Біздің дегбіріміз қашып, әңгімесін шыдамсыздана тосқанымызға көңіл бөлмей, алыс күндер оқиғасын есінде қайта жаңғыртқан соң байыппен сөйлеп кетті:
– Жиырмадан енді асқан албырт кезім. Ауылдың бір үйір жылқысы жоғалып, соны іздеп Шыңғыстан асып, Балқаш жағына шығып кетіппіз. Бір аптадай жоқ іздеп, жортпаған жеріміз қалмады. Бірде кеш бата тау қойнауында отырған бай ауылға жеттік. Ол кезде қай рудан екеніңді басыңдағы тымағыңнан-ақ таниды. Біздің тобықты екенімізді білсе керек, алыс елдің адамдары деп үлкен үйге түсірді. Үй іші бай, бар адамдардың тұрмысын аңдатады. Төрде отырған толық денелі, келбетті келген, алпыстар шамасындағы адам сәлемімізді ықыластана алды. Жанында бойы шағын, арық, бетінде теңбіл-теңбіл қара дақтары бар, қырылдап сөйлейтін, қасы қайқайып маңдайын басқан орта жасар кісі әрқайсымызға күдіктене, тесірейе қарады. Жайғастық. Біраздан соң жөн сұрасты. Жоғалған жылқымыздың жайын, түр-түсін түгел айттық. Отырған екеуі бір-біріне қарасты да ештеңені сездірмеді. Әңгіме арасында ел әңгімелерін, Құнанбай, Абай туралы сұрады. Олардың даңқы бұл жаққа да мәлім екен.
– Құнекең қазақ асқан адам ғой. Ал баласы Абай да ақылды, оқыған деп естиміз. Айтқан сөздері, жақсы істері бізге де жетіп жатады, – деді төрдегі толық адам. Алыстан келген, әрі Құнанбай, Абай елінің азаматтары деп мал сойып, құрмет жасады. Қасыма ергендер Мырза-Жөкеңнің үш-төрт жігіттері болатын, мына құрметке мерейіміз өсіп, желпініп бір-бірімізге қарап жымыңдаймыз.
– Өздерің тобықтының қай тармағынансыңдар? Мекендерің қай жер? – деп сұрады. Айттық. Құндызды – Қос пен Шеттің бойын естіген екен. «Жөкең руынанбыз» дегенімізде әлгі қасы қайқайған жымың етті. Серғазы, Әбен сияқты бай-бағландарымызды мақтанышпен әңгімеледік.
– Үйірімен жоғалып жатқанына қарағанда әлгі байларыңның жылқысы, тіпті, көп шығар? – деді қасы қайқайған көзін сығырайтып.
Не сайтан түрткенін қайдам, қырылдақ қараның кекесінді сөзіне шамдандым ба, білмеймін, жұлып алғандай:
– Ой, ақсақал, несін айтасыз? Күзде, мал жайлаудан бауырға түскенде, Құндызды мен Қостың арасындағы кең жазықта жылқыдан бос орын қалмайды! – дегенім. Қасы қайқайған қырылдақ қара мені тағы шаптан түртіп: – Сонда бір он мыңдай жылқы бар-ау, шамасы, – деді.
– Болса, болар.
– Апырай, тобықтының ең байы – Оразбайда бес мың жылқы бар деуші еді, мынауың біз естімеген мықты болды ғой, – дегені. Сол кезде сөзге төрде отырған толық адам араласып, әңгімені тиып тастады. Ертеңінде бізді шығарып саларда ол: – Балалар, елдеріңе сәлем айтыңдар. Жылқыларың желдеп келді ме, кім білсін, біздің малға қосылыпты. Мына ағаларың ере барып, алдарыңа салып берер, — деп қоштасты. Осыншама құрмет көрсеткен адамның атын да сұрамаппын. Ал қасы қайқайған қырылдақ қараға қитығып, қайта тілдеспедім. Жас­тық, мақтанның буымен айтқан аңғал сөзім кейіннен алдымнан шықты.
Сол жылы қысқа қарай мені Абай шақыртты.
– Апыр-ай, ол кісі мені қайдан біледі? Менде қандай сөзі бар, – деп абыржып, алдына бардым. Жидебайдағы үйінде екен. Ортаңғы бөлмесінде дөңгелек жер үстелдің жанында жастыққа шынтақтап, кітап оқып жатыр. Басын көтеріп отырды. Мен қарсы алдына келіп, тізерледім. Көзіме тік қараған еді, өңменімнен өтіп кетті.
– Ә, әлгі жылқысы Құндызды-Қостың кең жазығына сыймай жатқан Жөкеңнің суайты сенсің бе? – деді. Әлдеқашан ұмытылып кеткен ағат сөзім сонда есіме түсті. Ұяттан жерге кірердей болып қызарып кетсем керек. Абай барлай қарады. – Өтірік айтқыштар көз көрмес, құлақ естімес алысқа барып сайраушы еді, сен бізбен күніне қырық рет көрісетін іргедегі керейдің ең беделді адамының үйінде бөсіпсің. Шіркінде ес болсашы сезеді деген. Түріңе қарасам, ұятың бар жас екенсің. Адам боламын десең енді ондай сөзге жолама, шырақ, – деді ақын.
– Міне, балалар, Абайдың осы ескертпесінен кейін құдай алдындағы имандай шыным, ағат істен, өтірік сөзден бойымды аулақ салдым. Өмірде талай тар кезеңдер кездессе де шындықтан табаным таймапты… – деп атам әңгімесін аяқтады.
 

Қаралы көктем

Өмір дегенге,
Тірлікте, сірә, жетер ме ой.
Жарық сәуледен басқаның бәрі бекер ғой.
Бекер ғой бәрі
Бекер ғой бәрі – бөтен ғой
Өмір дегенің – бір күндік сәуле екен ғой.
(«Моцарт. Жан азабы», М.Мақатаев)

Сталин өлді…
Қанша ғұмыр кешсем де осы көктем есімнен шығар емес. Әлі күнге рахмат туы көтеріліп, қар астынан шыққан Шыңғыстаудың кәусар лебі жаныңды сергітіп, бусанған жердің бойыңа қуат беретін салқын иісі, сан түрлі дыбыстан құралған у-шуы – бәрі күні кешегідей көкірегімде сақталып қалыпты. Күн көзі ерте күлімдеп, ақпан айының аяғында-ақ сай-сала суға толып, наурыз туысымен жер қарайып, қылтия бастаған көк шөп мал-жанды жадыратып-ақ жіберді. Бұрын кездесе қоймаған табиғаттың бұл тосын мінезі қыстай суық құрсап, қалың қарға оранған жұрттың жақсылықты, еркіндікті, тоқшылықты аңсаған тілегі орындалатындай күйге бөледі. Нақты білмесе де әлдебір түйсік соны меңзейді.
Қарауылдың бес-алты көшесі төлдеген малдың шуымен жанданып, жұрт бір-бірін жаңа көргендей жарқын амандасады. Атамның бес-алты қой-ешкісі төлдеп, екі сиыры туып, аузымыз аққа тиіп, уыз ішкен немерелерін көрген апамның да көңілі шалқып жүр.
Сондай мамыражай күндердің бірінде класымызға екі көзі бұлаудай болған мұғалимамыз келіп кірді. Біз үрпиісіп қалдық. Жер-дүние жарқырап тұрған осындай шақта бұл бейбаққа не болды екен? Ауылды жерде сөз жата ма, Семейден оқу бітіріп келген өңді келіншек оқи алмай қалған оспадар күйеуін менсінбей, жиі-жиі таяқ жеп жүретінін естуші едік, сондай жағдай ма деп, әліптің артын бағып, тым-тырыс отырмыз. Сәлден соң мұғалима қобыраған шәшін түзеп, өксігін басқан соң:
– Балалар, – деді қайғылы жүзбен даусы дірілдеп, – Ұлы көсем Сталин жолдас қатты науқастанып қалыпты.
Бұдан әлдеқайда ауыр жаманшылықты күткен біз «Е,е, сол-ақ па, кім ауырмайды?!» дегендей бұқиып оқытушымыздың іс-әрекетін көзіміздің астымен бақылап отырғанбыз, класта жас мұғалимаға қатты еліктейтін екі қыз бар еді, солар дауыс шығарып, сыңсып қоя берді. Ұлдар жағдайды сонда ғана түйсініп, қайғылы пішінмен қабағымызды кіржитіп, басымызды салбыратқан болдық.
– Ұлы көсем ауырып, қиналып жатқанда қалай ұялмай сабақ оқимыз. Бүгін боссыңдар, – деді мұғалима жасқа тұншығып.
– Улап-шуламай үйлеріңе қайтып, ата-аналарыңа жағдайды айтыңдар.
Біз мұғалім сөзінен айнып қала ма деп тез-тез жинала бастадық.
– Әй, көшеде ойнаушы болмаңдар! – деген бұйрық естілді арты­мыздан.
Үйге келсем бәрі үркіп, үрейленіп отыр. Атам күрсіне береді.
– Апырай, жан-жағымызды жау торып тұрғанда басшымыздың аурып қалғаны қиын болды-ау, – дейді ол. – Ел үшін азамат аман болса екен!
Атам бүгін намазын әдеттегіден ұзақ оқыды. Ол біткен соң дұға қайырып, соғыста шейіт болғандарды есіне алды. Ең соңында Сталинге амандық тілеп, бетін сипады.
– Ата, сіздің батаңыз Сталин бабамызға жүрмейді, – дедім ақырын ғана. – Өйткені ол – кәпір, құдайға сенбейді.
– Тәйт! – деді атам. – Жоқтан өзгені қоқсытпай! Ол да құдайдың пендесі. Ажал алдында бәріміз де бірдейміз…
Наурыз айының алғашқы аптасы ырың-жырың болып, сабақ жөнді жүрмеді. Күн сайын мектепке жиналғанымызбен мұғалімдеріміз сабақ оқытудың орнына Сталиннің ұлылығын айтып, ара-арасында көз жастарын төгіп-төгіп алады.
Құлағымыз мектептің ауласына орнатылған қара табақшада. Мәскеудегі Сталин жолдастың үзеңгілес серіктері де алаң көңілде жүр. Маленков, Молотов, Хрущев, Ворошилов, Берия сияқты партия сарбаздары Сталиннің аман болуын тілейді.
Біз бос жүргендіктен мектептің ауласында ойнағымыз-ақ келеді, бірақ ұстаздарымыз қатал бақылап, тіпті, күлуге де тыйым салды. Тек қайғырып, қара жамылып жүру керек.
– Сталин әлі тірі ғой, – деді бірде тентек Кенжеш. – Жамандық шақырып, неге жылай береміз?
Мұғалиманың көзі шарасынан шығып кетті. Оның әлем-тапырақ бол­ған жүзін көріп бәріміз жым болдық. Бұлай ойлауға да болмайды екен.
Бір апта бойғы осындай көңілсіз күй жалықтыра бастады. Мұғалима соны сезсе керек, кеше өзгеше жол тапты. «Ертең ұлы көсем туралы Жамбыл бабамыздың жырларынан үзінділер жаттап келіңдер. Баға қоямын».
Сабақ өтпесе де қоңырау соғылып, класқа жиналдық.
– Бүгін ұлы көсемге деген сүйіспеншілігімізді Жамбыл жырлары арқылы білдірейік. Кәне, кім бастайды?
Таласа-тармаса кластағы оқушылар тегіс қол көтерді.
– Өте жақсы, өте жақсы. Советтің саналы оқушылары осылай болса керек.
Мұғалима класты тұтас шолып, әрқайсымызға сүзіле қарады. Өзіне еліктегіш екі қыз көзге түскісі келіп, қолдарын өршелене көтереді. Көсем ауырғаннан бері жылаудан алдарына жан салмаған екеуін оқулары орташа болса да мұғалима жан тартып, ерекше жақын тұтатын.
– Кәне, сен айта ғой, – деді Оразгүл деген былшық бет сары қызға. Ол орнынан лып етіп тұрып, тақпақтай жөнелді.
Күнсіздерге күн болған
Жер жүзіне нұр болған
Ақылдың кені данышпан;
Езілгенге қол берген
Кемтарларға жол берген
Заманның ері арыстан…
– Өй, бұл өлең Ленин туралы ғой, – деді тентек Кенжеш орнынан айқай салып. – Өткен күзде ғана жаттадың емес пе?
Өршеленген Оразгүлдің екпіні су сепкендей басылды.
– Ештеңе етпейді. Осындай қиын-қыстау шақта Ленин бабамызды еске алған да жөн. Ол – Сталин жолдастың ұстазы.
– Бірақ бүгін ауырып, қиналып жатқан Сталин көсемнің тілеуін тілеуіміз керек қой, – деді тентек Кенжеш райынан қайтпай.
– Кәне, олай болса өзің айтып жіберші?
Кенжеш тосылған жоқ. Жамбылдың «Сталин» атты жырын қисса оқығандай нақышына келтіріп толғады.
Оның биік тұлғасы
Жеткізбейді тауыңа
Оның терең ақылы
Түпсіз мұхит дария…
Жазық маңдай, жарқын жүз,
Туды ол адам бағына.
Қыран кеуде, кең топшы
Айбыны күшті жауына.
Оның аты Сталин
Тұлға болған таңыма…
– Сталиннің маңдайы жазық емес, тар ғой, – деп түкпірде отыратын Санақбай күңк ете түсті.
– Не дейсің? Қайсың сөйлеп отырған? – деп мұғалима зілденді. Ешкім үндемеді.
Кенжеш жырды жалғап әкетті.
Ел достығын ұстаған
Данышпаным Сталин!..
Алпыс жасты жасаумен
Асқарлаған Сталин!
Жасымен бірге қайраты
Аспандаған Сталин!
Ешбір жаудан, қамалдан
Жасқанбаған Сталин!..
Кенжештің даусы екпіндеп, екі беті алабұртып, көзі жайнап тұр. Өлеңнің құдіретіне елтіген балалар Сталиннің ауырып жатқанын ұмытып, жүздері жадырап, емін-еркін күле бастады. Кенжеш тоқтаған соң:
– Енді кім жалғастырады? – деген сұраққа Ганс қолын көтерді.
Ол Кенжештің мақамын айнытпай есе жөнелді. Бір аптадан бері еңсеміз басылып жүрген біздер батырлар жырын тыңдағандай өркештеніп, құмарымыз тарағандай күйге ендік.
– Бақыт үшін, халқы үшін,
Өмір үшін, жалпы үшін,
Коммунизм сәні үшін
Адамзаттың бағы үшін
Сталин – күнім, жарығым,
Жарқырай бер, сөнбегін!
Ұзақ болсын өмірің!
Әлі де мәңгі өмірге
Қырандай қанат сермегін! – деп Ганс бір қолын көкке созып, мүсіндей қатып қалды.
Мұғалима оқушыларына риза көңілмен:
– Адамзаттың бағы үшін көсеміміз науқасынан жазылады. Ол мәңгі жасайды, – деді нық сеніммен.
Осы кезде сырттан шу естілді. Көп адамның дабырына елеңдей бастадық. «Не болды екен?».
Көп ұзамай класымыздың есігі сарт етіп ашылып, ар жағынан өңі қашып, екі көзі бұлаудай болған бастауыш кластың мұғалимасы көрінді.
– Неғып, қамалып отырсыңдар?! Ұлы көсем қайтыс болды ғой! – деді ол.
Мектептің ауласы оқушыларға толып кетті. Ересек балалар біздей емес, қабақтарын түйіп алыпты. Әйел мұғалімдер бір жерге ұйлығып, беттерін орамалдарымен бүркеп, үнсіз жылайды. Соғыста бір аяғынан айрылып, қос балдақпен жүретін физика мұғалімі қайғыдан теңселіп, балдағына асылып тұр. Оның жанында үнемі арақ ішіп қызу жүретін Сандыбаев деген мектептің шаруашылығын басқарушы беті мылжа-мылжа болып физика мұғаліміне әлденені сыбырлады. Ол теңселгенін кілт тоқтатып, бас шұлғыды. Көзінде бір тамшы жас жоқ екен. Көп ұзамай екеуі жылыстап мектептің сырт жағына қарай шығып кетті. Ганс екеуміз баспағып, «не істер екен?» деп қарасақ, шаруашылық бастығы (завхоз) қабырғаның қуысынан бір жартылықты суырып алып: «Сталин үшін!» деп аузынан қыңқылдата жұтты. Қалған жартысын мұғалімге беріп:
– Қан төккен адамсың ғой, күйігіңді басады, түгел ішіп ал, – деді. Екеуі шаруаларын тез бітіріп, топқа қайтып оралды. Аулада митинг өтіп жатыр. Жылтыр бас, толық денелі мектеп директоры Сталиннің қасиеттерін ұзақ баяндап, ара-арасында көз жасына тұншығып, тұрып қалады. Сол кезде директормен қатар тұрған шаруашылық бастығы мен физика мұғалімі қызып қалса керек өкіре жылап, маңайын азан-қазан қылды…
Қара табақшада тыным жоқ. Сай-сүйегіңді сырқыратып қаралы әуен ойнауда. Көбіне сөйлеп тұрған Мәскеу. Ара-арасында Алматыдан қаралы митингіде сөйлегендердің сөзін беруде. Ондай жиын Қарауылда да өтті. Солардың арасында өз шаруасымен ауданға келген Құндыздының түйешісі, Социалистік Еңбек Ері Тәукен ақсақал да бастықтардың қолқалауымен сөз сөйледі. Бұл жолы жылап тұрып, жақсы айтты. Райкомдағылар қатты дайындаса керек. Ал осыдан бес-алты жыл бұрын оған Алтын жұлдызын әкеліп ауылдың клубында табыстаған кезде үлкен шатақ шыққан. Семей облысы партия комитетінің бірінші хатшысы бір топ нөкерімен келіп Тәукеңнің кеудесіне Алтын жұлдызды өз қолымен таққан соң түйешіге сөз беріледі. Аудан басшылары хат танымайтын Тәукеңнің сөйлер сөзін үйретіп, кімге алғыс айтуды тәптіштеп түсіндірген. Бірақ сөзін дұрыс бастап, енді рахмет айтар кезде түйешіні қара басты.
– Жолдастар! – деді ол қатты дауыстап: – Рахмет!.. – деді тұтығып. Көсемнің аты есіне түссеші. Тағы да: – Жолдастар… – деді көзі жыпылықтап. Бір жақ шекесіндегі жұдырықтай ұрасы қып-қызыл болып, тіпті, ісініп кетіпті. – Рахмет! – деді үшінші рет даусы пышаққа түскен малша қырылдап. Жұрт шулап кетті. Арт жақтан біреу:
– Маркске ме? – деді бәсең дауыспен сыбырлап.
– Жоқ! Ол емес!
– Ендеше Ленинге ме? – деді екінші адам.
– Жоқ, оған да емес, – деді түйеші қолын сермеп. Шарасыздықтан көзі шатынап, бейшара күйге түскен.
– Енді кімге рахмет айтасың?
– Әлгі, шегір көз, қара мұртты көсем бар емес пе?
– Е, Сталин жолдас па?
– Иә, иә. Маған жұлдыз бергені үшін соған рахмет.
Жұрттың көзі атыздай болып, үнсіз қалыпты.
Бұл бір қиын кез еді. Соғыс біткен соң ел ішінен «халық жауларын» аулап, байлап-матап жатқан. Соның алдында ғана осы ауылдың бір шопаны поштадан ауылкеңес зорлықпен жаздырған бір бума газеттерін жиып алып үйіне қайтарда саптама етігінің қонышына сұға салса керек, газеттегі Сталин жолдастың басы атқа мінгенде бұтының арасынан көрініп тұрыпты. Осындай саяси соқырлығы үшін бейшара шопан сотталып кетті. Ал мынау, тіпті, шетін оқиға.
Облыс басшысы орнынан жалма-жан тұрып түйешінің ұлы көсемнің атын ұмытқанына қатты ренжіп, зекіп тастады. Колхозшының саяси надандығы үшін аудан басшысы да сыбағасын алды. Сөз өзіне де тиетінін сезсе керек, хатшы артын жайдақтап ұлы көсемнің ерліктерін термелеп ұзақ сөйледі. Құдай оңдап, іс насырға шаппай бейбіт аяқталды…
Азалы музыка, міне, неше күн бойы толассыз күңіренеді. Мәскеу мен Алматы жарысқа түскендей, адамның аза бойын қаза қылатын жоқтаулар мен әуендерді беруде. Жолбарыс сауырлы қарт Шыңғыс мыңдаған жылғы тарихында дәл осындай қасіретті күйге бөленбесе керек, әбден мезі болып, аптаның аяғына қарай күн желдетіп, дауылдата бастады.
Осы бір сұмдық әуендер менің құлағымнан көп жылдар бойы ызыңдап кетпей жүрді. Тек бертінде ғана кімнің музыкасы екенін білдім. Бетховен… Соның Реквиемі… қасіретті сонатасы… азалы маршы… «Тағдыр есік қағып тұр» деп өзі жиі айтатын бесінші симфониясынан үзінді екен. Алып елдің еңсесін езіп, қара тұмандай тұмшалаған бір дәуір осы жаназа күйімен аяқталса жарар еді. Біз, балалар, оны қайдан түсінейік, Сталин өлген күннің ертеңіне мектептен жырақ Қарауыл өзенінің құрғап қалған арнасындағы ойпаңда доп ойнай бастадық. Оқудан қолымыз босап, еркіндікте жүргенімізге мәзбіз. Бір ескі құлақшынды тауып алып, ішіне шүберек толтырып футбол добын, ал сиырдың түлеген жүнінің ішіне домалақ ағаш тығып қол добын жасадық. Құлақшын-допты тоз-тозы шыққанша тепкілеп, футболға айызымыз қанған соң, өзіміз «мәткі» деп атайтын ойынға енді кірісіп жатыр едік жанымыздан өтіп бара жатқан бір атты адам кілт бұрылды.
– Әй, түйсіксіз, боқмұрындар! Ұлы көсем болса о дүниелік болды. Ал сендер қайғырудың орнына шуылдап доп қуып жүрсіңдер. Құлақтарыңды кесіп алайын ба осы, – деді айбат шегіп. Содан соң даусын бәсеңдетіп: – Мына қылықтарыңмен әке-шешелеріңе, мұғалімдерге зияндарың тиеді, біреулер көрмей тұрғанда тараңдар! Атты кісі өз жөнімен кетісімен біз оны келемеждеп, кейбір ұстаздарымыздың Сталин өлген күнгі ерепейсіз қылықтарына ұқсап, өтірік жылаған болдық. Тентек Кенжеш, тіпті, сайқымазақтанып «Абай» романындағы Оспанға ұқсап «Ой, бауырым, Сталин, топырағың торқа болсын» деп дауыс айтып, мені құшақтай алды. Мәз-мейрам күлкімен кеш батқанша тарқамадық.
Сталин өлді… Қара табақшалардың үні өшіп, Қарауыл жұрты мүлгіген тыныштыққа көмілген тәрізді. Үйге келсем бәрі орнында, қара қазандағы сұйық көжеміз бүлк-бүлк қайнап жатыр. Атам мен апам бұйығып, өздерінің бүкіл өмірінің куәсі болған, бетін сүйекпен өрнектеген, басы мен аяғы қайқы ағаш төсектің жанында отыр. Бұл төсекте біздің әулеттен кім жатпады?! Ата, бала, немере… енді шөберелер… Бәріміз осы төсектің үстінде өсіп, өрбідік. Заманының небір аласапыран дауылын бастан кешкен қария тағы қандай зұлматқа тап боламыз деп қамыға ма күрсіне береді. Кенже ағам жазушы, білімді адам ғой, заманның бет алысын түсінсе де іштей қыстығып, ешкімге тіс жармайды. Анда-санда ақ қағазға үңіліп, әлденелер жазады да, оны іле-шала өртеп жібереді. Кеш батысымен шалқасынан жатып, домбырасын кеудесіне қойып, аса мұңды, бітпейтін бір сарынды шерте береді. Кезінде, ел үркін болған ашаршылық жылдары, Құндыздының тумасы Мақажан ақын шерткен күй екен. Ол өзі шығарған ба, әлде ескіден қалған ба, ешкім білмейді. Осы күйді шерткен сайын: «Аягөз бен Құндыздының арасында аштықтан қырылған адамдардың сүйегі ақжем болып шәшіліп жатқанын бала кезде көргені, кейде өзінің алғы шепте жараланып, өліктердің арасында шалажансар күйде өмір үшін арпалысқаны елестейтінін» Кенже ағам айтып қалатын. Бұл күй бәрімізді жабырқатып жіберді.
– Әй, Кәмен, — деді атам дүр сілкінгендей оқыс дыбыстап. – Жә, болды! Халқымыз аман болсын! Елдің, ұрпақтың, мына топты бала-шағаның қамын ойла!
Бәріміз атама қарап тым-тырыс болдық. Кенже аға басын көтеріп, тіктеліп отырды.
– Бәрі де өтеді, – деді атам сөзін жалғап. – «Тиянақ жоқ, тұрлау жоқ, келді-кетті, Қайта айналмас, бұрылмас бұлдыр заман» деген жоқ па Абай жарықтық. Бұл да соның кері…
Сталин өлді… Бірақ дүние өз қалпынан өзгерген жоқ. Шыңғыстың іші көкорай шалғынға бөленді. Оның балақ тауларына көктемде ерте шыққан рауағашты теру үшін демалыс күндері белесебетке мінгесіп барып қайттық. Қарауыл төбенің бауыры да исі бұрқырап жаңғырып, жасыл түске боялған. Ерте көктемде туған төлдерімен қарымы недәуір көбейген қой-ешкісін атам сол жерге апарып бағады. Біз, оның немерелері, сабақтан келген соң, түскі шәйін апарып, әңгімесін тыңдап, жанында біраз ойнап қайтамыз. Атам төбенің бір қойтасының үстінде малдасын құрып алып жан-жақтағы таулардың тарихын әңгімелейді.
– Әне, ана тұрған үшкіл биік – Хан тауы. Бір заманда үйсін Майқы бастаған атақты он бір би Шыңғысты ақ кигізге отырғызып, сол таудың төбесіне көтеріп, қазақтың ұлы ханы деп жариялаған. Мына тұрған Орданың бауырына туын тігіп екі жыл қыстапты. Іргесін жалпақ тастармен шегендеген Шыңғысхан ордасының жұрты әлі жатыр. Мына біз отырған төбеден күзетшілері қарауыл қараса керек. Жер аттары сол заманнан қалыпты. Жарық дүниенің жартысына билік жүргізген сол қаһанның да дәурені біткен көрінеді. Бір Алладан басқа бұл өмірде өзгермейтін не бар?
Анау, Хан тауының сол жағында қаракөк түске боялып керегедей керіліп жатқан – Түйеөркеш. Жарықтық Абай сол таудың бауырында, Қарауыл өзенінің жағасында отырған Сүйіндік ауылында тұңғыш рет Тоғжанды көреді. Оның жастық шағының, қуанышты, бақытты күндерінің куәсі сол Түйеөркеш қой.
Атам әр күні, біз келген сайын жаңа әңгіме бастап, Қарауылды қоршаған көгілдір тауларды, кең қоныс, жалпақ өлкелерді көз алдыңда тірілтіп, осы жерлерде тіршілік еткен адамдардың ғұмырын өзі ішінде жүргендей баяндайды. Біз ол кісінің ертегідей қызық әңгімелерін тыңдауға асығатынбыз…
Қарауылдың ұшар басында төрт бұрышты сандықша қара жартас бар. Сол жерге атамның айтуымен бәріміз тас оба қаладық. Алыстан қарасақ сол оба осы өңірді күзетіп, маңайына көз сүзіп тұрған алып батырға ұқсайды. Атам үнемі соның көлеңкесін саялап отыратындықтан екеуі кірігіп кететін. Қазір атам жоқ, бірақ оның рухы мүк басқан шақпақ тастарда әлі бар. Жанына барсақ елі мен жерінің тарихын шерте жөнелетін сияқты…

Бомбадан қашқан көш

Тамыздың жиырма тоғызы…
Күн емес, алып шар шықты.
Аспан көзінен қан шықты,
Дегелең деген өр таудың
Кеудесінен сол күні жан шықты.
Б.Жақып

Біздің Саға тоғыз жолдың торабы ғой, шіркін! Аягөз бен Қарауылдың арасын жалғаған ұзын қара жол оны басып өтеді. Көктемде бауырдан жайлауға, күзде жайлаудан бауырға түсетін малшылардың көші осы арада бірер сағат дамылдап, бой жазып, ас-суын ішіп ілгері жылжиды. Қыс бойы көрші отыратын Құдайменде шопан жайлауға көшіп кетіп, алты ай жаз жалғыз үй қалсақ та қара жолдың бойындағы жүргіншілер мен колхоздың барша жыртық-тесігін жамап отырған жалғыз «қара дүкенге» шаруасымен келетіндердің көптігінен таңғы, түскі шәйімізді қонақсыз ішіп көргеніміз жоқ. Жазда мал аяғы азайып, тусырап бос қалатын Саға бойы қайта түлеп, шөбі ұзарып, суы мөлдіреп, өзен жиегін жағалай бітік өсетін биік қурай жаз аяғында алтындай сары шашағын сұлу қыздың шәшіндей жәйіп жіберетін. Біздер үшін бұл рахатты, қызық шақ еді. Мал базынан бірнеше шақырым жоғары тау қойнауына шөпшілер ауылы келіп қонғанда балалар саны көбейіп, біздің қызығымыз, тіпті, қыза түсетін. Ұзындығы тай шаптырым, даңғарадай бос жатқан мал базының төбесін жапқан сырғауылдарға ойдан-қырдан тапқан жіптерді: арқанның үзігін, сиырдың бас жібін, аттың шылбырын салбыратып байлап қойып, ну ормандағы Тарзан сияқты жіптердің бірінен-екіншісіне секіріп ойнау, ара-арасында Тарзанша айқайлап, достарды шақыру, паһ шіркін, ғажайып думан еді. Біздің бұл қызығымыз бар-жоғы екі аптаға созылып, шөпшілер қоныс аударып көшіп кеткенде Саға құлазып, тып-тыныш, моп-момақан қалыпқа түседі.
Көршіміз Құдайменде жасында заманға күйлеп, тағдырдың талай белінен өткен, осы өлкедегі көрнекті адам еді. Желдей есіп, тіпті, қызып кеткенде екілене сөйлейтіні колқоздастыру дәуірінде кедейден шыққан белсенді болып ауылды билеп жүрген кезінен қалған әдеті. Сол есіне түсе ме кейде сөйлесетін адам таппай, қой соңында жалғыз өзі әлдекіммен қызылшеке болып дауласатынын көргендер бар. Ұзын бойлы, сіңірлі, сылыңғыр қара кісі болатын. Ат жақты, шоқша сақалды, жал мұрынды, қасқабас тұлғасы бір қарағанда жоғары клас оқулықтарында суреті басылған Некрасов деген орыс ақынынан аумайтын еді. Соған қарап кейбіреулер оны сыртынан «орыс ақын» десетін. Сол Құдекеңмен жеті-сегіз жыл тату-тәтті көрші тұрдық. Әке-шешеміз оның ертеде ауыл кеңес болғанда алақандай ауылды бай-кедейге жіктеп, елді ала тайдай бүлдіріп, ту-талақайын шығарғанын, байларды тәркілеу кезінде есіп сөйлеп, еліріп жүргенін ептеп айтатын. Бірақ сақ адам ғой, есін тез жиып, бойын тартып алыпты. Содан кейін билікке жоламай бір отар қойдың соңында жүргелі не заман. Оған себеп жұбайы Мәкен апай деседі. Ол кісі әппақ борықтай, келісті, алды-артын болжап отыратын ақылды әйел көрінеді. Екеуі орта жастан асса да, күні кеше құштарлықпен үйленіп, ыстық-суығы басылмаған жандардай бір-біріне үздігіп тұрушы еді. Табиғатынан алғыр, зерек жаратылған Құдекеңнің жасында оқымай қалғаны өкінішті, әйтпесе дүниенің бет алысын, саяси алыс-жұлыстарды жіті аңғаратын, көкірегі ояу адам. Біздің үйдің үлкендері Алматы мен Мәскеудегі жаңалықтардың көбін сол кісіден еститін. Маленковтың салықты азайтып, мал ұстауға жарлық бергенін Құдекең қуанышпен хабарлаған соң менің бәсіре тайым пайда болды емес пе? Кұдекеңнің шаруаға көп қыры жоқ. Бойында ақсүйектік, бекзаттық қасиет бар сияқты. Таң атар-атпастан Мәкен апай жұбайының ас-суын, киім-кешегін әзірлеп, қойға мінетін атын ерттеп, өзі қақпаны ашып, жаяулап жүріп, қойды өріске беттетеді. Қайтып келген соң, Құдекеңді аялап тұрғызып, шәйін баппен ішкізіп, қолтықтап атына мінгізеді, етек-жеңін қымтап, қарына құрығын іледі. Содан соң шылбырын шешіп, тізгінін қолына беріп жатып:
– Құдыш-ау, Құдыш, өзіңді бір құдайға тапсырдым! Аман барып, сау қайт! Сақтанып, малыңды көзден таса қылма! Жолың болсын, Құдыш! Бір құдай жар болсын! – дейді ақшыл жүзі алабұртып, ат үстінде түз қыранындай өктем отырған жұбайына елжіреп. Құдыш ұзап кеткенше сілейіп, орнынан тапжылмайды. Кешке мал қораға қайтқанда алдынан шығып, аттан түсіріп:
– Құдыш-ау, бір құдай жар болып, аман қайттың ба?! – дейді.
– Сенің табаныңа батқан шөгір маңдайымызға кірсін деп, бала-шағаң, бәріміз тілеп отырдық қой.
Күнде осылай, бір өзгермейді.
Құдекең де Мәкен апайдың алдын кесіп, ерсі мінез танытқан жан емес. Жұбайын сыйлап, соның тілін алғандықтан, дүрілдеп тұрған ауыл кеңестік мәнсабын тастап, құдай оңдап, көп күнәдан аман қалды. Әйтпесе, өзімен үзеңгілес жүрген Құлатай сияқты қарғыс арқалап, итжеккенге кетер ме еді, қайтер еді.
Сағаның көркі – күндіз-түні шыңылдаған балғасы тыным таппайтын қара дүкені мен Құдыштың отары.
Биыл көктем туысымен мал көктеуге ерте шықты. Мал төлдеудің алдында қыстаудан бірер шақырым жоғары Сағаның қылқа мойнындағы көк майсалы шағын алаңқайға көшіп қонған Құдыштың ауылы у да шу. Қой қоздап, қозы маңырап, сақпанға келген қыз-желеңдер көлбең қағады. Мәскеуде Сталин өліп, өзді-өзі билікке таласып жатқанда, қиырдағы Сағаның онда не шаруасы бар. Қарлы қыстан аман шыққанға мәз. Құдыштың ауылы жайлауға көшуге әзір, тек жас төлдің аяқтануын, бауырдағы елдің бері қарай бет түзеуін күтіп отыр. Содан кейін әр отар малын алға салып, улап-шулап, бірінің артынан бірі қаздай тізіліп Саға арқылы Шыңғыстың терең қойнауларына жөнкіледі. Таяуда ғана бұрынғы «Жаңа еңбек», «Жүрекадыр», «Жаңа арна» колхоздары бірігіп, Сталин жолдастың жан серігі Жданов атындағы колхозға айналған. Бұрыннан да еншісі бөлінбеген ағайынды жұрт бірігіп бас қосып, коммунизм құрмақшы. Көсемдеріміз күніне құлағына құйған соң оған сенбейтін кім бар?
Бір күні таңға жақын қалың ұйқыда жатқан біз шошып ояндық. Жер-көк дірілдеп, маңай гүрілдеген дыбысқа толып тұр. Есіміз шығып, далаға жүгіріп шықсақ, Аягөз жақтан жыланша шұбатылған, іркес-тіркес көп машина ағылып келеді. Алты дөңгелекті, арбиған ірі, көк машиналар. Артынан білдік, бұл соғыс кезінде Америка берген «Студебеккер» деген жүк машиналары екен. Олар тоқтаусыз ағылып, Қарауылды бетке алды. Мен жолдың жиегінде отырып санай бастадым. Бірақ алпыс, жетпісін ғана тізімдеп үлгердім де шатасып қалдым. Бұлар үш-төрт күннен соң үстіне шағын жүктері мен адамдарды тиеп кері қайтты. Осы екі аралықта біздің көшетініміз де айқындалды. Үрейлі жұртты қуантқаны: әр отбасының мүшесіне елу сомнан ақша беретін болыпты. Соғыс біткелі қолдарына көк тиын ұстап көрмеген колхозшылар үшін бұл нағыз байлық емес пе? Құдай сәтін салса, оған үстері азып-тозған бала-шағасына киім-кешек алуға жетіп қалмақ. Оның үстіне бұл көші-қон айналасы екі аптада аяқталып, жұрт қара орнына қайтып келмек. Сынақ сәтімен аяқталса елімізге тісін қайрап отырған Американың жағы қарысып, дәрмені құриды. Соғыстың оты өшеді. Ал сол отты өшіретін мына біздің іргемізде сыналатын атом бомбасы болмақ. Оған қалай мақтанбасқа! Осындай жақсы хабарлар аңқау, ақпейіл жұртты сергітіп жіберді. Көшіп бара жатқан жұрт біздің ауылдың тұсынан өткенде әндетіп, қол бұлғап бара жатты. Бейне үлкен қуаныш, ұлы тойға бет алғандай. Қайран, жұртым-ай!
Екі-үш күннен кейін маңайындағы көрші-қолаңның және өздерінің азын-аулақ қой-ешкі, сиырларын айдап Қарауылдан атам келді. Аудан орталығынан бастап Шеттің бойына дейінгі Шыңғыстың бауырын жайлаған жұртты Қаратаудың қойнауындағы бір кезде Барақ Сұлтан мекендеген Көксеңгірге көшіретін болыпты. Ал атамның үй-іші, бала-шағасы әне-міне дегенше келіп қалмақ, біз солармен бірге көшетін көрінеміз. Көксеңгір Сағадан Аягөзге қарай 40 шақырымдай жер. Малды бабымен айдасақ бір түнеп жететін жол. Мен өзімнің бәсіре қара тайыма мініп, атаммен бірге мал айдасатын болдым. Дәл жүргелі жатқанда екі машинамен аудандағы туыстар да жетті. Біздің үйдің адамдарына да орын қалдырыпты. Әке-шешем тас түйін дайын отырған, көрпе-жастық пен киіз үйдің жабдығын тиеп, барлығы улап-шулап кете барды. Үйдің сыртқы есігіне салатын құлып табылмай бұзаудың бас жібімен байлай салдық. Көшіп бара жатқандардың бәрі сөйтіпті. Бүкіл Қарауылдың үйлері ашық-шашық бекітусіз қалса керек.
Атам екеуміз малды Шеттің бойына қарай Шыңғыстың бауырымен айдадық. Дала маужырап, төменгі Ақдалада сағым ойнап, алыстағы көгілдір белдеудегі Архат таулары біресе зорайып, біресе бұлдырап құбылады. Әрбір белді асқан сайын ескі қыстақтар кездеседі. Сай-салада шүйгін шөпке бөккен өлке де салқын бұлақтар сылдырайды. Бір кезде иін тіресіп отырған қалың жұрт отызыншы жылдардың сойқанынан соң селдіреп, тау бауыры құлазып бос қалған, аттаған сайын кездесетін қабырғасы құлаған қыстаулрдың қара орны ғана жатыр.
– Мынау – Ақтас, – деді атам. – Ана тік шәншілген қия тастардың іргесі толған мола. Ол жерде қызыл-жасыл қына басқан кесек тастардың астында қазақ пен жоңғар сарбазы қатар жатыр. Ақтамберді бастаған қазақ жауынгерлері Ақтастың түбіне бекініп, жауға шабуыл жасапты. Кейіннен Жүрекадырда екі жақ шеп құрып, көп әскер қатынасқан жойқын соғыс ашыпты. Жоңғарлардың беті сол соғыста қайтса керек.
Атам осы өңірде туып өскен Ағаш аяқ туралы да қызықты әңгіме айтты. Ол асқан әнші, сауыққой, әзілкеш, әрі аттың құлағында ойнайтын шабандоз екен. Екі ұзын бақанды аяғына байлап алып жүгіргенде шапқан атқа жеткізбейді. Анау көкжиекте бұлдырап жатқан, шамасы қырық шақырым жердегі Арқатқа таңертең шығып, кешке қарай бақанға мініп қайтатын көрінеді. Жүрген жері думан, істеген істері күлкілі, сайқы-мазақ бұл кісінің «қыз қайда, ойбай, қыз қайда?» деген әнін ауыл жігіттері той-домалақта нәшіне келтіріп, бет-ауыздарын құбылтып, жұртты күлкіге көміп, әлі күнге қызықтыра айтады.
Көп ұзамай Шыңғыстың ұлы денесінен бұлтиып шығып тұрған сарғыш төбеге келдік. Семіз сиырдың жон арқасы сияқты теңкиіп жатқан бел «Сабырбайдың сары шоқысы» деп аталады. Белдің желке тұсында кірпіші сары саздан құйылған төрт құлақты бейіт пен тас қорымға тоқтадық. Атам аттан түсіп, құран оқыды. Ұзақ отырып, көп адамдардың атын атап болған соң бетін сипады.
Біз ертеңінде түс ауа Көксеңгірге жеттік. Шалғын шөбі жайқалған кең алқапқа көптеген үйлер тігіліпті. Әр ауыл бөлек-бөлек, үйір-үйір болып қоныстанған екен. Араларында көрнекті ақ боз үйлер, шағын қоңыр отаулар, бірнеше керегені беттестіріп, құрай салған жаппалар , палаткалар, арбаларды қатар қойып, үстін киізбен жапқан баспаналар көрінеді. Бүкіл өлке адамның көптігінен құж-құж қайнайды. Біздің туыстар да оқшаулау жерге ұйыса орналасыпты. Абысынды Тәкеш, Күлән, Рысхайша, Лиза – Оразалының келіндері. Алды қырықтан жаңа асқан, арты әлі жиырманың ішіндегі келіншектер бізді көріп қатты қуанды. Әрқайсысы жүгіре басып қимылдап, атамның асты-үстіне түсіп, көрпе-жастық төсеп, шәйін қойып жатыр. Кейде бір іске екеулеп жүгіріп, қабаттасып, бір-біріне бөгет жасайды. Оған ренжитін ешкім жоқ, қайта сыңғырлай күліп, жайраң қағады. Сыйлас, берекелі отбасының адамдары екені көрініп тұр. Нұржан апам ғана ондайда жорта ұнатпаған болып:
– Жә, аталарыңның алдында жыртыңдамай, барыңдар, балаларыңа тамақ беріңдер, – деп оларды сыртқа жұмсайды. Ең кіші келіні болғандықтан Лиза тәтем атам мен апама шәй құйды. Өйткені қарттардың бабын біледі.
Көксеңгірде он шақты күн отырдық. Тамыздың тамылжыған күндері еді. Бомба жарылады, алапат қаруды сынайды деген күпілдек әңгіме көп айтылғанмен төтенше қауіп сезілген жоқ. Жұрт мамыражай, бір-біріне қыдырып, көптен көріспеген таныстар қонаққа шақырысып, кеш бата ән шырқалып у-ду болып жатты.
Кеш бата малды айдап үйге келсем жұрт абыр-сабыр, көңілді екен. Көшке іліккен отбасының әр адамына бес жүз сомнан өтемақы төлеп, үкімет жарылқап тастапты. Бұрын қолдарында көк тиыны жоқ елге мынау дегеніңіз өлшеусіз байлық. Олар қолдарына тиген азын-аулақ ақшаларын қалай жұмсарын білмей әлек. Кейбір қолы ұзындары машина тауып, 60 шақырым жердегі Аягөзге тартып кетіпті. Бала-шағаларына киім-кешек алмақ. Кешкі асқа отырардың алдында Тәкеш тәтем (Оразалының үлкен ұлы Мұхамеджардың әйелі) қалжыңдаған болып:
– Апа-ау, көшіп келгелі бір апта болды, жұрт тегін олжаға кенеліп, қуанып, мал сойып жатқан көрінеді. Біз солардан қаламыз ба? – деді. Оны басқа келіндері де қоштай жөнелді.
– Көптен бері басымыз бұлай қосылған жоқ. Балалар да қызылсырап жүр, – деді Күлән тәтем ақырын ғана.
Бұндайда келіннен гөрі, жиендігін алға тарта сөйлейтін Рысхайша тәтем жадырай күліп, атама қарата:
– Нағашы-ау, бір табын мал айдап жүрсіз, бала-шағаның амандығына бір тоқтыны атамайсыз ба, – деді еркелеп. Лиза тәтем абысындарының сөзін қоштағандай, жымиып күле береді.
– Әй, шал, мына келіндерің жамырап кетті ғой, – деді апам. – Балалар болса ойда-қырда жүр. Ана Мұхамеджар жаратын пәленің жанында қалыпты дейді. Өзіміз жол айрықта отырмыз. Сой, бір малыңды! Бата жаса!
Атам түк естімегендей, біраз үнсіз отырды да мені ертіп далаға шықты. Күйсеп жатқан малды аралап арасынан бір қойды көрсетті. Бұрыннан ойластырған шаруасы сияқты.
– Ананы ұстап, үйге алып жүр! Қойды артқы сыйрағынан сүйреп үйге кіргіздім.
– Ер жетіп қалдың. Мал союды үйрен, – деді атам қынабындағы өткір пышағын маған беріп. Өзі жүрелей отырып әлденені ұзақ күбірледі. Содан кейін даусын шығарып:
– Аштықта да, тоқтықта да тіренішім болған ақ адал малым едің. Ұрпағым өзегі талғанда сүтіңді ішіп, көңілі толғанда етіңді жеп, суыққа тоңғанда теріңді жамылып бүгінгі күнге жетті. Аштық жайлаған зұлмат күндері, Көшкінбай бейтінің түбінде екі керегенің астында жапа шегіп жатқанымда сенің енеңнің сүті бізді аштан өлтірмей талшық болған. Мен де сенің ұрпағыңды өсірдім, тұқымың үзілген жоқ. Енді, міне, тағы да көшкінге ұшырадық. Аяғы қайырлы, елім, бала-шағам аман болсын деп сені құрбандыққа шалдым, – деп бетін сипады. Келіндері аузын басып, тұншыға күлді.
– Апырай, атамызға не болған. Адам қойға да құран оқи ма екен? – десті…
Қара орманға қайта көшу қиын болған жоқ. Жүзге жуық әскери машиналар қаптап келіп, бір-ақ күнде әркімді өз қонысына ала жөнелді.
Біз Сағаға қайтып келсек үйіміз сол қалпы, есікті байлаған жібіміз де шешілмепті. Бірақ маңайымыз өзгеріп кеткен. Сояу-сояу арам шөп, ұйысқан алабота қаптаған. Бұрын көрінбеп еді, бір сары ала қаншық пайда болыпты. Шамасы аудан жақтан қаңғып келсе керек. Таңырқағанымыз: әлгі иттің жүні жидіп түсіп, қыр арқасы таз болып қалған. Ол көп ұзамай өлді. Күн райы да өзгеріпті. Қарауыл жақ бұлыңғыр сұр тұманға бөгіп, бұрын жарқырап тұрған даланың еңсесі түсіп, бозарып кеткен сияқты. Бомба сыналыпты. Керемет! Енді америкалықтар біздің бетімізге де қарай алмайды. Совет Одағы атом бомбасы бар қуатты елге айналды. Біз әлемдегі ең күшті елміз. Ура! Бірақ көп ұзамай Қайнар, Дегелең, Саржал жақтан түрлі қауесет тарай бастады. Адамдар белгісіз ауруға шалдыққан. Аң-құс қырылып жатыр. Енді апта сайын елді көшірмей-ақ бомбаны жара беретін болыпты. Көшіру керек, бірақ ақша жоқ. Сондықтан осы өңірдің тұрғындары құрбандыққа (списаниеге) шалыныпты. Бүкіл Совет халқының бақыты үшін ол түк те емес.
Тамыз айы аяқталуға таяп қалған. Дала жым-жырт. Күн маужырап тұрған. Бір кезде аудан жақтан көкжиекті кернеген қызғылт бұлт пайда болды. Бұл не? Табиғи бұлтқа ұқсамайды. Күн желсіз, ауа тымырсық болса да әлгі бұлт бізге қарай жылжып келеді. Бір кезде жаныма әдемі көбелек келіп қонды. Екіншісі… үшіншісі… Маңайым түрлі-түсті көбелекке толып кетті. Келіп жатыр, келіп жатыр. Ішінде бұрын-соңды көрмеген ірілері, ақ, сары, қызғылт, қоңыр түстілері, қанаттары сан түрлі ою-өрнектен тұратын әдемілері көз жауын алады. Бұлттай қаптап ұшып келген олар жер бетін жауып кетті. Сағаның бойы кілем жайғандай жайнап тұр. Үлкендер жағасын ұстап, бұрын-соңды бұндайды көрмегендерін айтады. Көксеңгірге көшерден бұрын біздің үйдің кенересіне қарлығаштар ұя салатын. Олар шыбын-шіркей, тіпті, көбелектерді де аулап балапандарын асырайтын. Қазір ол ұя да қаңырап қалып, кешеден бері көбелектер жаулап алды. Қарлығаштар біз көшіп келгелі көрінген емес. Далада торғай да жоқ. Бәрі безіп кеткен сияқты. Бомба сыналған күннің ертеңінде-ақ көбелектер көшкіні басталған. Шыңғыстың сай-саласын жаздай гуілдетіп, думандатып жататын бейкүнә жәндіктер іргеден төнген сұмдықтан құтылу үшін бас қосып, бұлт болып ұшыпты. Келесі күні таңертең тұрсам маңайда бірде-бір көбелек жоқ. Кешегі түрлі-түсті көбелекпен нұр жайнаған дала сұп-сұр. Бізді таңқалдырған сұлулық көзден ғайып болыпты. «Олар бұл жердің де қоныс болмайтынын сезіп, Тарбағатай жақты бетке алып зұлматтан қашса керек» десті білетіндер. Содан Құндыздының көгілдір өлкесінде құс та сайрамайтын болды, көбелек те көп уақыт көрінбей кетті…
Туысқандар Қарауылдағы үйлеріне аман-сау жетіпті. Дүние-мүліктері орнында көрінеді. Үлкен аға (Мұхамеджар) да аман, бірақ ептеп басы айнала беретін сияқты. Ұлы Отан соғысына басынан аяғына дейін қатынасып, фашистерді Берлинде талқандаған соң капитан Оразалин Мұхамеджар жапон самурайларымен соғысқа аттанады. Атам айтқандай, «бір Құдайдың қолдауымен» ол тозақтан да аман қайтты. Соғыстан соң азып-тозған «Жүрекадыр» колхозын басқарып, елінің еңсесін көтереді. Бұл еңбегі үшін майданда алған көптеген марапаттарына Ленин өрдені қосылды. Ал мына сынақ кезінде әскерилерге осындай сенімді адамдар қажет болыпты. Әрі коммунист, әрі жауынгер, денсаулығы шымыр, елуге де толмаған қайратты жігіт ағасын Қарауылдағы мұнай базасына әдейі қалдырыпты. Әскери машиналар мен тікұшақтарға жанармай бересің, әрі иесіз қалған Қарауыл кентін күзетесің деп жақауратады. Бірақ оның сырын кейін білдік қой, түпкі мақсаттары басқа екен. Үлкен ағам от пен оқтың астынан шыққан жауынгер емес пе, мына беймәлім тозақта да сөз айтпай қала беріпті.
– Ел көшіп кеткен соң жалғыз өзім отыр едім, – дейді Үлкен аға, – жаныма әскери ұшақ келіп қонды. Бес-алты адам екен. Көпшілігі полковник шеніндегі офицерлер, бір-екі солдат та бар. Олар мұнай базын түгел аралап көрген соң, менің қолымды қысып, сынақ болған кезде ештеңеден қорықпай-ақ ашық алаңда жүре беруге болады деді. Сынақтан соң өздерінің келетінін айтты. Олар ұшып кеткен соң бағанаға ілінген жарғақ қара табақ – радионы тыңдаудан жалыққан соң керосин құйылған үлкен бөшкенің көлеңкесінде ептеп мызғып алмақ болдым. Ұйықтап кетіппін. Бір кезде қалың өрттің ортасында жатқандай түс көріп, шошып оянсам, маңайым ойран-топыр, қара дауыл соғып тұр. Жарты сағат бұрын ғана дала тып-тыныш, желсіз мүлгіп тұр емес пе еді? Не болды? Жүгіріп ашық алаңға шығып Дегелең жаққа көз салсам аспанда алып саңырауқұлақ ілініп қалыпты. Ол біртіндеп сейіле бастағанда ғана жер дүниені сілкінтіп гүрс еткен дыбыс жетті. Мен жалма-жан жаңағы жатқан орныма бардым. Қара дауыл басылды. Аспан мұнартып кетті. Көп ұзамай басым айналып, құса бастадым. Қанша уақыт өткенін білмеймін, бір кезде әскери ұшақ келіп қонды. Ішіндегі адамдар бастарына шлем киіп, алды-артына қорғасыннан жасалған алжапқыш тағынып алыпты. Олар менің жағдайымды көрді де үлкен стақанға арақ құйып, ішкізді. Содан кейін тікұшаққа салып тау ішіне алып кетті. Терең бір сайға қара құрым адам жиналыпты. Ішінде өзім танитындар да бар. Бірі қойшы, бірі жүргізуші, бірі мен сияқты күзетші екен. Жастары өзім құралпас қырық шақты адамды бір жерге жинап, дәрігерлер қарай бастады. Әлі де естерін жинай алмай жатқандары бар. Сол жерде кеш батқанша болып, жағдайымыз түзелген соң келген жағымызға қайттық.
Үлкен ағамның айтуынша, адамның сай-сүйегін сырқыратып, үрейін ұшыратын оқиға – иесіз қалған кенттің иесіз қалған иттерінің сол күнгі түнде бірігіп Дегелең жаққа қарап ұзақ ұлығаны екен. Бұндай сұмдықты ол соғыста да көрмепті. Бір нәубаттың төніп келе жатқанын иттер де сезсе керек. Кейіннен бомба жарылған кезде ит атаулының зәресі ұшып, қаңқылдап, қуыстан-қуысқа тығылғанын мен өзім де талай көрдім.
Сөйтіп бұл көштен аман оралдық. Әзірше, басымыз түгел. Алда не болады? Іргеміздегі мына аждаһа қанша адамның басын жұтады? Ол бізге беймәлім…
Көп жылдар өткен соң ғана білдік. Әскерилер осы өңірдің қырық жігітін таңдап алып, әр түрлі сылтау айтып, сынақ аймағында ұстапты. Атом сәулелерінің адам ағзасына қалай әсер ететінін білгілері келіпті. Менің Үлкен ағам солардың бірі екен. Шыңғыстың сайында жиналған дендері сау қырық азаматтың тең жартысы алғашқы 4-5 жылда-ақ ақ қан мен обырдан қаза тауып, қалғандары кейінірек, бірақ бәрі де сол екі аурудан көз жұмған. Үлкен ағам тоқсанға таяп дүниеден өтті. Қарт жауынгерді, тіпті, атом сәулелерінің жеңе алмаған себебі, өзі айтқандай: кәресін құйылған қара бөшке екен. Әскерилердің айтқанын орындамай, соның артында жатқандықтан радиациядан аман қалыпты…

Пікір қалдыру