Сатыбалды ДАУМОВ. ТҰҢҒЫШ МЕКТЕП ТУРАЛЫ СӨЗ


Құт-қоныс елге аямай барын берген,
Қараймын осы ма деп Нарын деген.
Сап-сары алтын артқан сан мың нарға,
Сияқты ол ұбақ-шұбақ қалың керуен.

Жалаңаш құмдарының ұзын легі –
Бейне бір қарияның қызыл иегі.
Мың қыртыс қатпар-қатпар бұйра адырлар
Әжімдей жер-ананың жүзіндегі.

Еске алсам өскен күндер дүрбелеңін,
Нарынды құр үйілген құм демедім.
Тіріліп көне тарих тұра келер,
Қозғасаң жал-жал құмның іргелерін.
Нарын өңірі тарихтың керуен жолындағы үлкен бір бекет сияқты. Оған өмірдің талай көші түнеп өткен. Оның арғы-бергі шежіресінен сыр сабақтасаң-ақ, «тұңғыш», «алғашқы» деген сөздер тіліңе қабаттаса оралады. Бүгінгі әңгімеміз сол көп тұңғыштардың бірі, іргесі қаланғанына биыл 150 жыл толғалы отырған Жәңгір мектебі туралы болмақ.
Иә, Жәңгір мектебі! Жәңгір болғанда да өзімізге тарихтан белгілі хан Жәңгірдің мектебі!
Күні бүгінге дейін Жәңгірді өзіміз құбыжық көріп, өзгелерге де құбыжық қылып көрсетіп келгеніміз белгілі. Соңдай адамның есімін енді келіп мектеп деген қастерлі ұғыммен қатар атау, бәлкім, құлаққа тосын естілер. Өйткені біз, Байтоқ ақынша айтсақ, Жәңгірдің «сонау тұрған Нарында, Нарыншың қызыл құмында алпыс бөлме, жүз есік хан ордасын салғызғанын» бала жастан оқулықтардан біліп өстік. Ал оның бүкіл қазақ даласындағы тұңғыш мектепті де салғызғанын білдік пе? Жоқ, көпшілігіміз білген жоқпыз. Оған, әрине, Жәңгір кінәлі емес, біз кінәліміз. Неге дейсіз ғой. Біз оның қашанда қол астындағы еліне көрсеткен «тепкісін» ғана айтумен келдік, ал туған халқын рухани томаға тұйықтықтан құтқаруға тырысқан текті ісін аузымызға да алған емеспіз. Шын мәнінде Жәңгір – европаша білім алған, бірнеше шет жұрттың тілін меңгерген тарихтағы ірі тұлғалардың бірі ғой. Осыдан бір жарым ғасыр бұрын оның қазақ, орыс, татар, араб тілдерінде қатар оқытатын мектеп ашқызуы өзі шыққан биікке елін қоса көтеруді көксегендігі емес пе?! Сонда біз халқымыздың тарихында елеулі із қалдырған осындай ірі тұлғадан ат-тонымызды ала қашып неге беземіз? Мұны бұрын айта алмай келдік, айтқызбай келді делік. Ал енді өзінің туғанына 190 жыл толуы мен өзі іргесін қалаған мектебінің қоңырауы алғаш қағылғанына 150 жыл толуы тұспа-түс келіп отырғанда, «ақты ақ, қараны қара» – деп, ол жайындағы бар шындықты жайып салудың орайы келіп ақ тұр емес пе?!
Мектепке Жәңгір атын да біз таңып отырған жоқпыз: халықтың о бастан оған азан шақырып қойған атының өзі де – осы.
«Соңғы кездері, Жәңгір Бөкейұлы хан болып бекітілгеннен бастап, біздің оқып, білім алуымыз едәуір тезірек әрі кеңірек көлемде ілгері басты. Осы ханның ықпалымен және жәрдемімен, сондай-ақ басқа да жағдайларға байланысты ордадағылар сауаттылықтың қажеттігін түсіне бастады, шәкірттер мен оқытушыларды қолдап, демеп отыру үшін марқұм хан ақшасын да, өзінің күш-жігерін де аямай, білімнің пайдасы туралы ордалықтардың құлағына құюмен болып еді. Өз ордасында ол мектеп ашып, онда 60 адамға дейін мұсылманша оқыды, орысша қара танып, бір жағынан орыс тілін үйренді. Бұл мектеп «Жәңгір мектебі» деген атпен ордада әлі күнге дейін бар»…
– Бұл жолдардың авторы – 1851 жылы Орынбордағы Неплюев кадет корпусын тәмамдаған, заманында Орыс географиялық қоғамының қыз­мет­кер-мүшесі болып сайланған, өзі де Жәңгір мектебінің алғашқы түлек­терінің бірі – Мұхамедсалық Бабажанов. Елдің оны жәй ғана Салық деп атап кеткені, Дәулеткерейдің «Салық өлген» деген күйі соның қазасына арналғаны белгі. Ол өзінің әуелі «Северная пчела» журналында жарияланып, кейін, 1861 жылы Петербургте «Қазақтың қазақтар туралы жазбалары» – «Заметка киргиза о киргизах» деген атпен жеке кітапша болып басылып шыққан еңбегінде осылай деп жазады.
Мектеп өз шәкірттеріне есігін 1841 жылдың 6 желтоқсанында ашқан екен. Бұл – тек Бөкей ордасындағы ғана емес бүкіл қазақ сахарасындағы тұңғыш мектеп болатын.
Тірліктің көші ілгері тартқан ілбіп,
Жағалай меңіреу түз жатқан мүлгіп.
Бұл мектеп түнектегі жалғыз шамдай,
Нұрына барша қазақ артқан үміт.

Жарығы жетпегенмен қалың көпке,
Атары түгел мәлім Нарын бетке.
Алыстан арман қолын созады оған,
Азғыр да, Галовка да, Жәнібек те.

Бір содан жан сергітер тарап үлгі,
Ұйқыдан оянғандай дала күллі .
Қараңғы саналарға құйды сәуле,
Толстой, Пушкиндердің даналығы.
Мектеп қазақ жастарын Орынбор кадет корпусы мен Ресейдің басқа да қалаларындағы оқу орындарына түсуге даярлап отыруға тиісті болған. Мектеп ашуға күш салғанда Жәңгірдің өзі де осындай мақсатты көздеген.
Тағы да Бабажановтың куәлігіне жүгінелік
«Біз Жәңгір мектебінде тәрбиелендік, бұрынғысынша ол қазірде де кадет корпусы үшін даярлық класы іспетті саналады. Бір күні кеште біз ханның алдына шақырылдық және оның бізден корпусқа түсуге деген ықыласымызды білгісі келетіндігі алдын ала ескертілді. Ханның үйінде біздің жасымызға лайықталып дастарқан жайылған екен. Ол жылы қарсы алып, біздің ойымызды сұрай бастады. Үзіліс кезінде біріміздің алдымызға біріміз түсіп біз өзіміздің ризалығымызды және оқуға баруға әзір екендігімізді білдірдік. Осыдан кейін ол бізге уыстап күміс ақша үлестірді де, қоя берді. Бұл 1845 жылдың басында. қыста болған еді».
Жәңгір өлгенге дейін, тіпті ол дүниеден өткеннен кейін де үш жыл бойы мектептің бар шығыны ханның өз қаржысы есебінен өтеліп тұрыпты да, ол тек 1848 жылы ғана Халық ағарту министрлігінің қарамағына көшіріліпті. Бабажановтың «марқұм хан ақшасын да, күш-жігерін де аямады» деуінің сыры осында болса керек. Халықты қатыгездікпен қанаған хан туралы қашаннан санамызға сіңіп, қатып-семіп қалыптасып қалған ұғымымызды, ол жөніндегі біржақты түсінігімізді шайқалтуға осы мысалдардың өзі-ақ жеткілікті емес пе?!
Орынбордағы шекара комиссиясы жанынан қазақ жастары арасынан тілмаштар, іс жүргізушілер даярлайтын қазақ тіліндегі екінші мектеп тек 1850 жылы, яғни Орда мектебінен кейін 9 жылдан соң ғана ашылған екен.
Осы тоғыз жыл ішінде Жәңгір мектебі қазақ даласына білім сәулесін түнектегі жалғыз шамдай жеке-дара шашып келген. Ал 1868 жылдан бастап Бөкей ордасының әр тұсында, айталық, Жаңақалада, Таловкада, Владимировкада, Басқұншақта, т.б. жерлерде учаскелік мектептер ашылуына байланысты ол енді соларға методикалық басшылық беріп отыратын орталыққа айналған, 1883-1891 жылдары осы өңірдегі Халық ағарту министрлігіне қарайтын мұндай учаскелік мектептердің саны сегізге жетіп, бәрі де Орда мектебінің филиалдары міндетін атқарған. Олардың ішінде кейін қазақтың тұңғыш коммунист қызы Алма Оразбаева мен қазақтың тұңғыш инженер қызы Мәдина Бегалиеваларды білім бұлағынан сусындатқан қыздар мектебі де бар.
Сол кездің өзінде мектептің жап-жақсы оқу базасы болған. Татар, башқұрт және қазақ мектептерінің инспекторы В.В.Катаринский мектепте оқулықтар мен оқу құралдары жеткілікті екенін, шәкірттер Ушинскийдің, Паульсеннің оқулықтарын, Ресейдің географиялық картасын, т.б. пайдаланып жүргендігін айта келіп, былай деп жазады:
«Жоғары бөлімнің шәкірттері 4 жыл оқығаннан кейін Паульсеннің кітабындағы мақалаларды әжептәуір жақсы оқыды, оқығандарын өз сөздерімен айтып шығып, оны қазақшаға аударып бере алды және сол аударғандарын әріптермен таңбалап жазып шықты».
Жәңгір мектебінің арғы-бергі тарихына үңіле түскен сайын небір қызықты деректерге кезігесің. Мәселен, мына бір сурет 1879 жылы қалалық училищеге айналдырылған Орда мектебінің түптеу /переплет/ шеберханасынан түсіріліпті. Он үш шәкірт екі қатар етіп қойылған столдардың жанына жайғасыпты. Балдаққа сүйенуіне қарағанда, біреуінің аяғы кем-тар сияқты. Ұстаз ортада түрегеліп тұр. Мұның өзі мектептегі оқу-тәрбие жұмысы сол кездің өзінде жап-жақсы ойластырылып қойылған бағдарлама бойынша жүргізілгендігін, негізгі пәндермен қатар еңбекке баулу сабағы да өткізіліп тұрғандығын аңғартады. Біздің қазіргі кездегі оқушыларға кәсіби бағдар беру деп жүргеніміздің өзі осы емес пе?!
Қазақстандағы оқу-ағарту ісінің бастауында тұрған Орда мектебінің ұзақ жылдар бойғы қалыптасқан мол тәжірибесі Қазан төңкерісінен кейін жаңа арнаға түсіп, бірден кәдеге асқандығын байқаймыз. Республикамызда жоғарғы оқу орындары әлі жоқ кезінде мұғалім кадрларын даярлау мақсатымен Ордада ұйымдастырылған Бөкей ағарту институтына қажетті оқу базасы да, білікті ұстаздар да осы институтының негізінде ашылған педтехникум мен педкурстардаң жүгін де ол бірге көтерісіп, бұл оқу орындары өз міндеттерін өтеп барып жабылғаннан кейін ғана өзінің төл шаруасымен – жас ұрпаққа білім беру ісімен бірыңғай айналыса алды.
Мектептің шоқтығы бір жарым ғасырлық ұзақ тарихымен ғана емес, халқымызға небір зиялы азаматтарды бергенімен де биік. Оның буын-буын түлектерінің арасынан шыққан жарқын тұлғалар арғы заманда да, бергі заманда да аз болмаған. Мұхамедсалық Бабажановтың өмірі мен қызметін жоғарыда қысқаша хабардар еттік. Ал осы Бабажановпен бірге Орынбор кадет корпусынды оқыған топтың ішінде тарихта елеулі із қалдырған адамның бірі – Мұхамеджан /Мақаш правитель/ Бекмұхамбетов. Ол тек ел басқару ісіне, билікке ғана араласып қоймай, әдебиетпен, өнермен де айналысқан, өзі жазған және ел аузынан жинаған бірсыпыра өлеңдері 1908 жылы Қазандағы Каримовтар баспаханасында «Жақсы үгіт» деген атпен жеке кітап болып басылып шыққан. 1910 жылы Астрахань қаласында «Астрахань губерниясында көшіп қонып жүрген қалмақтар мен қазақтар туралы кітап» / «Книга о калмыках и киргизах» кочующих в астрахиньской губерний» жарық көріпті. Сол кітапта Мақашқа қатысты мынадай жолдар бар: «Қазақтар туралы ол жазған бірнеше тарихи және тұрмыстық очерктер, повестер, әңгімелер, анекдоттар қолжазба күйінде сақтаулы тұр. 1904 жылы 74 жасында қайтыс болды».
Бұлардың ізіне ере Петербургтегі паж корпусын тәмамдаған Ғұбайдолла Жәңгіров кезінде патшалық Ресейдің көрнекті әскери қайраткерлерінің бірі болған. 1877-1886 жылдары ол орыс-түрік соғысына қатысып, 1878 жылы оған – генерал-майор, 1888 жылы – генерал-лейтенант, ал 1894 жылы инфантерия генералы атағы берілген. Александр ІІ патшаның бұйрығымен Ғұбайдолла Жәңгіров Телеграф департаментін де басқарыпты.
Мектеп түлектерінің арасында Ресейдің, тіпті шетелдердің іргелі оқу орындарында оқып, жоғары білім алғандары да аз болмаған. Мәселен, Бақтыгерей Құлманов 1881 жылы Петербург университетінің әуелі заң фақультетіне түседі де, 1884 жылы шығыс тілдері факультетіне ауысып, оның толық курсын 1889 жылы бітіріп шығады. Сол сияқты 1883 жылы осы университеттің математика факультетіне оқуға түскен Сәлімгерей Жантөрин 1896 жылы заң факультетін тәмамдаған ағайынды Батырқайыр және Әбділкәрім Ниязовтар, Тарту университетінде жоғары білім алған юрист Сәлімгерей Нұралыханов та – Орда мектебінің түлектері болатын. Төңкерістен көп бұрын қазан университетінің медицина факультетін бітірген тұңғыш дәрігерлеріміз Мәжит Шомбалов пен Махмут Шолтыровтың, Саратов университетінің медицина факультетін тәмамдаған Батырғали Жүсіпқалиевтың осы мектепте сауат ашқаны белгілі.
Бұл тізімді қанша созғанмен, белгілі-белгілі деген мектеп түлектерінің өзін бәрібір түгендеп шыға алмас едік. Бірақ халқымыздың мақтанышына айналған тұңғыш қызыл генералдарымыз Рамазан Құрманғалиев пен Шәкір Жексенбаевтың білім нәрінен алдымен Орда мектебінде сусындағанын, Ұлы Отан соғысында оның Темір Масин мен Ахмедьяр Құсайыновтай қос түлегінің Кеңес Одағының Батыры атанғанын; Асан Тайманов, Фазыл Мұхамбетқалиев, Ерден Әзірбаев, Ғакаш Бияшев сынды төрт бірдей академикті ғылымның қия шыңына қанаттандырып, Шәңгерей Бөкеев, Тайыр Жароковтай ақиық ақынның шабытын шыңдаған да осы мектеп екенін қалай айтпай өте аларсың!
Әрқайсысының өмірі бір-бір тарих дерлік аттары аталған және аталмай қалған мектеп түлектерінің қай-қайсысы да алдымен өздерінің ұстаздарына қарыздар екендігін мойындайтыны хақ. Егер сөзімізді әріректен сабақтар болсақ, алғашқы мұғалімдерден Ольденкоптың, Әминовтың есімдері тілге оралады. Одан беріректе ҷуваш мұғалімі, Ордадағы Торғын училищесінің директоры болған Никифоровтың, училищеде мұғалім-инспектор болған және осында жүріп «Бір және екі кластық училищелерге арналған орыс тарихы» оқулығын жазған Д.И. Кочуровтың, өздері оқыған мектепке кейін өздері ұстаз болып оралған Нұғыман Залиевтың, Ахметфайыз Тажетдиновтың, көптеген оқулықтар мен сөздіктердің авторы Ғали Бегалиевтің баладан талай-талай дана тәрбиелеп шығарған еңбектері қандай құрметке де лайық! Сол сияқты республикамыздың көрнекті мемлекет қайраткері Сейтқали Меңдешевтің де бір кезде Орда мектебінде ұстаздық еткенін осынау мерейтой қарсаңында тағы да бір еске алудың артықтығы жоқ. Ал Ұлы Отан соғысынан кейінгі жылдарда Қазақ ССР-нің еңбек сіңірген мұғалімі, үш орденнің иегері Ғұмар Зарипов, Ғали Ойханов, Хабир Абсалямов, Мұхтар Әжіғұлов, Мәрзия Тайжұмиева, Ұлпан Айтмұханбетова, ағайынды Жұмағұл және Оразбай Ділмашевтар сияқты өресі биік, өрісі кең ұстаздардың алдын көріп, солардан дәріс тыңдағандығын осы жолдардың авторы ешқашан жадынан шығармақ емес.

Бір жарым ғасыр бойы жүректерге білім нәрін егуден бір танбаған Орда мектебі – бұл күнде 600-ден астам шәкіртке 70 шақты мұғалім ұстаздық ететін іргелі білім ордасы.
Ол сонау отызыншы жылдардан бері жас ұрпақты Максим Горький сынды ғұлама жазушының атымен баулып келеді. Ал мектептің мерейтойы жақындаған сайын баспасөз бетінде оған Жәңгір есімін беру керек деген тілек-ұсыныстар аракідік болса да айтылып қалып жүр. Бұл ұсынысты біз де құптаймыз. Құптай отырып оны сәл өзгертіп айтқымыз келеді. Мектептің ежелден Жәңгір атымен аталғанын, елдің оған азан шақырып қойған атының өзі осы екенін сөзіміздің басында ескерткенбіз. Мектептің өз атын өзіне қайтарып беру керек! Міне, мәселені осы тұрғыдан қойған жөн. Шындық сонда ғана қалпына келеді.

Пікір қалдыру