Серік Байхонов. Сарыөлең суреттері

Алакеуім таң қараңғылығында жолдың екі бетінде көрер көзге ебедейсіз серейіп-серейіп тұрған электр бағандарын артқа тастадық. Электр бағандары бүгінгі өркениеттің хабаршысы. Көне өркениетті іздеген адам мына бағандардан алыстау жүргені абзал. Бұйра тал мен қызыл шілік кемерлеген өзенді бойлай созылып жатқан қостабан қара жолды құлдап келіп, күн шығысқа қарай бұрылдық. Жал… Жал… Көз ұшына дейін созылып жатқан қара жал. Алыстан қарағанда түйелі керуенге келетін тізбектелген жатаған төбелер шығыс беттегі тау асуларын бетке алыпты. Сонау көз ұшында Өр Алтайдың ақбас шыңдары жатыр менменсіп. Төр Алтаймен қоштасып шыққан мына керуен төбелер сол Өр Алтайдың биігіне жете алар ма екен?..
Машинамызды қара жалдың етегіне қалдырдық. Талаптан бастап, мен қостап төбе-төбені жағалап безіп жүрміз. Тас… Тас… Қайдағы тас?.. Тастан тастың айырмашылығы болушы ма еді?.. Осы тастарды күн сайын көзбен көріп, қолмен ұстап, сырт көзден қызғыштай қорып жүрген Талаптан секілді жолсерігім барда жанымды қинап қайтейін, кезекті төбенің ұшар басына көтерілдім де, шығысқа қарай ұмсынған қара жалдың биігінде сабылып жүрген серіктеріме қарап қойып үнсіз отырдым.
Кенет тау арасынан ызың ұшты. Бала күннен құлаққа сіңіп қалған дыбысқа құлақ түріп, елеңдей қалғанмын. Иә, соншалық таныс ызың. Бала күнімізде тары қорып жүріп торғайларды үркіту үшін сақман ататынбыз. Сақманнан сарт етіп шыққан құмалақтай тас ызыңы құлақтарына жеткен торғай атаулы дүрк көтеріліп, безіп ала жөнелетін еді-ау…
– Бар!.. Бар!.. Мында!..
Таңғы тыныштықты дар-дар айырған ащы дауыстан селк ете түскенім. Жерден жеті қоян тапқандай сонша бақырғаны несі?..
Басталды!
Көп ұзамай төбе басындағы орта тұсынан қақ айрылған атандай қара тастың жанында иіріліп тұрдық. Үңілемін келіп, үңілем, тастың шығыс жақ бүйірінде ағараңдап жатқан жыбырқай сызықтардан басқа ештеңені көре алар емеспін. Мына біреуінің нобайы кесірткеге келеді. Бәлкім айдаһар шығар?.. Енді бірде ұзын құйрығын бұтына қысып, шабуылға әзірленген қорқау қасқырға ұқсайды. Үштағанын орнатып үлгерген Паша бетіме қарайды. «Түсірейін бе?» «Керек емес, басқасын табамыз» деп Талаптан шыр-шыр етеді.
Өн бойы жып-жылтыр қара тасқа еміреніп, емешесі езіліп отырған Талап­танға қараймын. «Мына сызықтардың адам қолымен салынғанына қандай дәлелің бар?» дегім келеді ғой баяғы. «Оған мына тастың өзі дәлел…» Тастың өзі дәлел бола алмайтынын білмейтін кеще емеспін. Әлемде не көп – тас мүсін көп. Жылдар бойы жел кеміріп, жаңбыр шайып, табиғаттың өзі өмірге әкелген сол тас мүсіндерді дүниеге адам мүсіншінің қиялы әкелді дегенге сенетіндер де табылып қалады. Кемпір тас… Қасқыр тас… Айдаһар тас… Одан қалды Бурабай көліндегі «Жұмбақ тасты» тапқан да тастардың өз бойына тылсым құпия жасырып жататына сенген өз аталарымыз емес пе еді?..
Тастағы бейнелердің адам қолымен жасалғанына сенетін Талаптан дәлел ретінде тастардың өзін куәлікке тартады. Мына «жанды да, жансыз» деп, өзіміз екіге бөліп қойған дүниеде сол тастарды қай топқа қосуымыз керек? Өз басым жұмыссыз қалған кезінде қой соңында жүріп тарихи кітаптарды оқи-оқи мыйы ашып қалған құрдасымнан гөрі ғылымға сеніңкіреймін, әрине,
Ғылымға сенсек, қазба жұмыстары кезінде табылған ең көне жәдігерлер – тас құралдар екен. Кәдімгі мұражай сөрелерінде қайысып тұратын мүжілген, мыжылған алақандай қара тастар. Бір қарағанда сыртқы түр-түсі жебеге немесе пышаққа келетін сондай тастардың бірін сіз де тауып алдыңыз дейік. Ең алдымен адамзат өркениетіне қатысты, қатыссыз екенін білгіңіз келеді әрине.
Көнеден жеткен сол қара тасқа саналы адам-пенденің алақаны тиген-тимегенін білудің жалғыз ғана жолы бар деседі. Жылма-жыл әлемнің ең дөкей архелогтары ғылыми форумға жиналатын көрінеді. Солар жаңадан табылған жылтыр тасты кезек-кезек алақандарында ұстап көріп, ортақ қорытындыға келеді екен. Қорытындыны, ары кеткенде, ғылыми тәжірибеге, бері кеткенде, ішкі түйсікке сүйеніп жасайтындары көрініп-ақ тұр. Тастағы адам алақанының табын сезіну үшін археолог болып туу немесе арнайы оқу орнын бітіру шарт па екен?.. Түн ұйқымнан қалдырып, намаздігер намазшамда тау тасты кездіріп қойған Талаптанға осыны айтсам деймін.
Өр Алтайдың ақбас шыңдарына қараймын. Жаңа әлде ғана таң қараң­ғылығына малынып, тәкәппарсып жатқан таулардың ұшар басына күміс сәуле қоныпты. Шыңдардың ара-арасынан найзадай суырылып шыққан күн сәулесіне шағылысып, табанымыздың астында Сарыөлеңнің сап-сары жазығы жатты.
Төбе… Тағы бір төбе… Шығыс жақты бетке алып тізбектеле созылған төбелердің бірінен соң бірін артқа тастап келеміз. Жоғарыға қарай жылжыған сайын жақпар тастардың бетінен әр алуан суреттер жиі ұшыраса бастаған. Арқардың құлжасы… Мүйізі денесінен зор бұғы мен тау ешкі… Уақыттың теперіш-тепкісіне шыдамай, шет-шеті шытынай бастаса да, бедер-бейнесін сақтап қалған қара тастың жаны неткен сірі еді деп ойлайсың.
Тастар жиі ұшыраған сайын Талаптанның жаны кірген. Қыз-қыза тас бетіндегі жылқы бейнесінің жанында тұрып қазақтар мен жылқылар тақырыбына сүт пісірім лекция оқысын. Талаптанның сөзіне сенсек, адамдардың жылқыны қолға үйретуі дегеніміз адамдардың ғарышқа ұшуынан кем түспейтін ғылыми жаңалық. Ең қызығы, адамзат ұрпағының ішінде сол жылқыны бірінші болып ерттеп мінген – өзіміздің қазақтар. Бұған мына таудың арғы бетіндегі Берелден табылған жылқы мүрдесі дәлел. Берелден табылған сол жылқы мен Қызылорданың ипподромында жем жеп тұрған қазанаттың атасы бір, қаны бір…. Ал енді адамдардың топтасып аң аулау сәтін түгелге жуық бейнелейтін күрделі композициялар жайлы айтқанда Талаптан құрдасты жетпіс жеті атасынан бері аң аулап келе жатқан кәсіби аңшы екен деп қалғандайсың.
Құшаққа толар-толмас қойтастың бетінен доңғалақтың немесе кәдімгі дөңгелектің бейнесін тапқан сәтте жерден жеті қоян тапқандай қуанғаным. Мына жанымдағы серіктерімнің алдында менің де төбемнің тесігі барын білдіріп қалар уақыт жеткенін сезіп тұрмын. Қамераның қарсы алдында тас үстінде қонжиып отырмын. Не айтсам екен?.. Көшпенділердің дөңгелекті ойлап табуы әлеми өркениеттің түп бастауы еді… Қазақтар тапқан дөңгелек болмаса машинаны былай қойғанда, жеті қат көк, ғарыш әлемі біржола игерілмей қалар еді… Қазақтар осы қарапайым дөңгелекті ойлап тапқан күннен бастап, сол дөңгелек секілді шыр айналды жұмыр жер…
– Серіктің сөзінің жаны бар, мына таудың арғы бетіндегі Қазантайдан басына скафандр киген адамның бейнесін менің қайнағам көріпті… – деп сөз қосты Талаптан.
Мына жаңалыққа елеңдей қалған серіктерім енді болмаса кезекті ғарыш сапарынан құр қалардай Қазантайдың қай тұста екенін жамырай сұрап жатыр.
–Қазантай дегенің ано-оу таудың арғы бетінде… Жылытаудың қойнауында… – дейді Талаптан қызулана сөйлеп. – Ол жақтағы ескерткіштердің жанында біздің Сарыөлеңіміз түк те емес… Атынан да көрініп тұр емес пе, бар өркениет сол қойны-қонышы ықтасын, жылы таулардан басталған…
Талаптанның Жылытау жайлы жарты сағаттық лекциясынан кейін жанымдағы серіктерімді Сарыөлеңнің сары жазығында бұдан ары бір күн де ұстап тұра алмасымды сезіп тұрмын.
Тағы да тау арасынан ызың ұшты. Сонау биіктен құлаған тастың ызыңы. Құлаған тас пен ұшқан тастың тоқтайтын, не қонатын жері болуы керек еді, бұл жолғы ызың қайтадан тау мен тастың арасына сіңіп жоғалды.

Жылытау жәдігерлері

Сарыөлеңде көзіміз көрген ғажайып жартас суреттерінен кейін бізді Жылытауға апарып таң қалдырғысы келген тарихшы Талаптанның сөзіне сенерімді де, сенбесімді де білмеймін.
«Сенбейтін несі бар, атының өзі-ақ Жылытау деп айғайлап тұр емес пе?.. Өйткені ертедегі адамдар негізінен тұрмысқа қолайлы жылы таулардың баурайын мекендеген ғой» – деп кеуделейді «қызық жігітіміз». Сөзінің жаны бар, әрине. «Алғашқы адамдар судан шықты ма, ағаштан түсті ме?» деп басталатын бітпес даудың жалғасы іспеттес әңгіме. «Ә дегенде еңбектеп жүрген адам маймылдар су ішінде жыныстық қатынасқа бару үшін бойын тіктеп тұруға мәжбүр болды» дегенге сенсек, біз – су адамымыз. «Ағаш басындағы жемісті алып жеу үшін еріксіз бойын тіктеді» дегенге сенсек, біз – ағаш адамымыз. Мүйізі қарағайдай археологтардың: «Алғашқы адамдар жылы жерлерді мекендеді» деген пікірі адамзаттың түп бастауын сонау Африка құрылығынан апарып бірақ шығарғаны белгілі. Ешкім көзбен көріп, қолмен ұстамаса да, адам ақылына сиятын болжам. Иә, болжам. Шынында да алдыңдағы «бір жұттық» малды малданып, шапан-шақпытқа алданып, арқа етің – арша, борбай етің – борша болып жүргенше, тәңірі берген бананды (немесе қауын-қарбызды) тоя жеп, атасы тегін ананастың (немесе қайыңның) тәтті сөліне мелдектеп жүре бергенге не жетсін…
Ал Талаптанның сөзіне сенсек, алғашқы адамдар тау үңгірлерін үй етіпті, ал өзіміздің қазақтардың түп аталары теп-тегіс даланы емес, сол таулардың арасындағы ықтасыны мол қойнау-қолаттарды қолайттаған көрінеді. Бойлары көк тіреген динозаврлардан зәрезап болып қалғандықтан шығар? Динозаврлар – табиғаты жайлы, яғни шөбі шүйгін, суы мол жерлерде мекендейді, ал адамдарға – асуы қиын қиян шатқалдар да жетіп жатыр… Құда да, құдағи да тыныш. Табиғи бөлініс, табиғи үйлесімділік дегенің сол… Шынында да ақыл-ойы бойы теректей динозаврыңызды он орап алатын адам-пендеңіз өзінен жүз, тіптен мың есе үлкен болса да, кәдімгі кесірткемен таласып қайтсін.. Ендеше, оның сол атам заманғы кесірткемен бірге тірлік кешкен адам-пенденің қайдағы-жайдағы маймылдан кейін пайда болуы тіптен де мүмкін емес… Сенсеңіз де, сенбесеңіз де солай…
Дарвинизм ғылымын толыққа жуық мойындайтын, оның үстіне бүкіл саналы, санасыз ғұмырын дария-судың жағалауында өткізген адам бола тұра, өз басым бүкіл саналы, санасыз ғұмырын тау баурайында өткізген Талаптанды түсінетін секілдімін. «Тау адамы» мен «су адамы» деген ұғым қайсыбір елде де бар. Қытай мен кәрісті былай қойғанда, өзіміздің түбін қуалап келсең бір әке, бір шешеден тараған ағайындарымыз да – Албан (яғни, биікті мекендейтін адам), – Суан (яғни, су жағалауын мекендейтін адам) болып екіге жарылып отыр емес пе?.. Ендеше сол бір қадым замандарда адамдар мен кесірткелер Төр Алтай мен Өр Алтайды өзара бөлісіп алуы әбден мүмкін ғой…
Қалай дегенде де біз секілді үш күн бойы тау басына қарай өрмелеп, ақ қар, көк мұз басқан тау шыңдарына жете алмай келе жатқан пенденің осылай ойлауы әбден заңды. Жолдар… Жолдар… Динозаврыңды қайдам, қадым замандарда шығыс­тан батысқа қарай толқыған халықтар көші осы жолдардың сорабын қуала­ғанына кімнің дауы бар? Ол, әрине, беріде болған оқиға. Ал оның алдында ше?..
Өмірге саяхатшы болып келген көшпенділер саяхатшы күйінде өмірден өтетіні рас болды. Табиғаттың төл перзенті ретінде ынтызары сонау көкжиектің арғы жағындағы бейтаныс әлемге ауып, ұшқыр қиялы қиян шеттегі беймәлім дүниені іздеп шарқ ұрған сол аталар нені іздеді?..
Тау жолы биіктей түскен сайын менің Талаптанымның да даусы биіктей берген. «Халықтар көші» теориясы бойынша адамдардың шығыстан батысқа қарай ағылғаны жайлы теория миыма жазылып қалған жазған басым шығыстан батысқа қарай бастаған мына сапар кезінде серігімнің әрбір сөзіне күдікпен қарайтын да жөнім бар.
Машинамыз жан-жағын тау жүлгелері қоршап жатқан алып аңғарға келіп тоқтаған. Мына қызықты қараңыз… аяғымның асты жайрап жатқан жып-жылтыр қиыршық тас. Мен үшін таныс көрініс. Мен мұндай тастарды бұрын да көргенмін, ана бір жылы суы тартылған Арал теңізінің табанынан көргенмін. Төр Алтайдың біз келе жатқан осы тұсы бір кездері теңіз табаны болды дегенге сенер ме едіңіз? Сенуге тура келеді, өйткені, біз көтеріліп келе жатқан мына алып шыңдардың арғы бетінде Алтайдың інжу-маржаны – Марқакөл жатыр. Алпыс бірдей бұлақтан су ішіп, жалғыз ғана Қалжырға енші беретін Марқакөлді жалғыз болды дегенге көңілі түскір сенер ме?..
Теңіз деңгейінен әлдеқайда биікте жатқан Алтайда не көп – көлдер көп. Алтайдың батыс қойнауындағы Тайынты мен Шыбындыны, Сібенің бес көлін, Сартымбет пен Дулығалыны былай қойғанда, Алтайдың шығысында – Қырғызкөл мен Телмеңкөл, Үбсікөл мен Бонзаған жатыр. Шартты түрде жер бетінің ең биігі саналар Байөлкенің шүмекті көлдерінің тағдыры өз алдына әңгіме. Алтайдың мұздақтары азайған сайын бір кездері теңіздей толқыған сол көлдердің де бағы тайып бара жатқаны өкінішті.
Тағы да Өр Алтай мен Төр Алтайдың мәселесі көлденеңдей беретін секілді. Менің Талаптанымның сөзіне сенсең, жылы таудың үңгірлерін үй етіп, қойнау-қолатын мекендеген адамдар Төр Алтай түгілі ақ қар, көк мұз басқан Өр Алтайдың сақылдаған сары аязына да пысқырып қарамауы әбден мүмкін. Адамдар табиғаты қытымыр екен деп Тибет тауларын тастап кеткен жоқ қой… Егер Талаптанға ерсең, егер Талаптанның сөзіне сенсең, адамзат өркениеті мен адамзат құпиясын сонау жер түбіндегі Тибеттен, Тибеттің Шамбаласынан емес, өзіміздің Алтайдан, Алтайдың Мұзтауы мен Жылтауынан-ақ тауып алуға болатын шығар…
Дегенмен, артында Ғылым академиясы секілді беделді «қоғамдық» ұйымы, Зейнолла Самашев пен Галина Қущ секілді «жанкештілері» бар археология атты көне ғылым Талаптан екеуміз ашқан «жаңалыққа» ішек-сілесі қатып күлетіні тағы анық. Оның үстіне осы жолы Талаптанның қолындағы өзім берген «әдебиеттер» өзіме қарсы.
… «Бұрынғы Раздольное, қазіргі Сарыөлеңдегі Түлкіне қыратынан аралап жүріп байқағаным, жартас суреттері негізінен сүлы, жайылымды, табиғаты көркем алқаптарда салынған. Жазғы жайылымдықтар мен мал қыстатуға ыңғайлы жерлерге көбірек шоғырланған. Бұл көпшелілердің қыста – қыстауларда, жазда – жайылымдық жерлерде ұзақ мерзімін өткізгендіктерін білдірсе керек…»
Ең бастысы, бұл сөздерді айтқан Талаптан да, мен де емес, жарты Қазақстанды қазып, қазып қана емес, көрген-білгенін жазып шыққан Зейнолла Самашевтың өзі болса қайтер едіңіз….
Қазақтың «осы жер дегені – көш жер» екеніне «мына таудың арғы бетінде тиіп тұрған» Жылытауға жарты күн жүрген кезде көзім жеткені…
Жылытауға бұрылар тұстағы «Әулие бұлақтың» басында шаршап отырған кезде Бақытхан жетті. Төрт каннистра бензині, тамақ толтырған бірнеше целлофан пакеті бар. Бақытханның сонша жерден арнайы келгеніне ішім жылып-ақ қалып еді, бұл «жомарттықтың» себебін Талаптан түсіндірді. «Арғы түбі – семейлік болғанмен, өзіміздің Жылытаудың жігіті… Абайдың өзімен жолдас-жора болған Омар болыстың тікелей ұрпағы… Сен екеуміз үшін емес, ата-бабасының аруағы үшін мазасызданып жүр…»
«Ертеңгі сайлау болмаса Жылытауға өзім алып барар едім» деп жік-жапар болған жігітке ішім жылып қалды. Жолдан бұрыстау болса да, Омекеңнің басына бұрылдық. Құран бағыштап Бақытхан мен аруақ алдындағы қарызымыздан құтылған соң қайтадан жолға шықтық.
Ел иесіз болса да, жер иесіз болушы ма еді?.. Бақытхан секілді еті тірі азаматтары барда бір кездері теңіз табаны болған мына жердің біржола жоғалып кетпейтініне сенгім келеді…
Машина багына – бензин, ал өз ішімізге «ел қонған» соң, Талаптанға тіл бітті. Сөзінің сыңайын бақсам, Бақытхан ғана емес, біздің Талаптанның да Жылытаумен бір байланысы бар. Жасы жер ортасына таяған шақта Жылытау ескерткіштерінен кандидаттық еңбек жазып жүрсе де өзі білсін… Сондықтан көзім – жолда, құлағым – Талаптанда. «Жылытауда қола дәуірі кезіндегі елу екі ескерткішті сексен жетінші жылы облыстық тарихи-өлкетану мұражайы ұйымдастырған экспедиция ашқан. Ескерткіштер Жылытаудан солтүстік шығысқа қарай төрт шақырым жерде қаз-қатар жатыр. Жер бетіндегі плиталардың биіктігі бір метрге дейін жетеді. Барлық құрылыстардың ортасында тас жәшіктер бар. Ерте ортағасыр ескерткіштерінің санатына жататын бұл ескерткіштердегі мүрделерде адамдар жатқызып емес, отырғызып жерленген. Бұл нені айтады?.. Бұл…»
Байқағаным, Талаптанның іші көне қорғандар мен обаларға бұрады. Ал маған керегі – жартас суреттері. Сондықтан әңгімені жаңа арнаға бұруға сылтау таба алмай келем.
Қостабан қара жол тағы да тауға тартты. Алдымызда сайрап жатқан жолдың сорабы өркениет ауылының оншалық алыс еместігінен хабар беретіндей. Жолдың екі бетінен көне қыстаулардың орындары байқалады. Көп ұзамай алдымызда батар күннің шұғыласына малынып ақ айдын айна көл жатты жарқырап. «Жер бетінде адам аяғы тимеген жер жоқ екенін» айтқым келіп Талаптанға қараймын. Жылы тау десе – жылы тау, қойнау-қолаты мол, қырат-қырқасы аласа, мал баққан қазақтың қолайттайтын-ақ жері ғой мынау. Марқакөл жалғыз болмауы тиіс деген манағы тұжырым рас болды…
Өз-өзімнен елегізіп, айналама жалтақ-жалтақ қараймын. Жан-жағымыздан батар күннің сарғыш шапағына малынған жақпар тастар төніп тұр. Ақ айдын айна көлдің арғы жағынан төртқұлақ тамдардың – көне де, жаңа бейіттердің сұлбасы қарауытады. Қам кірпіш… Қызыл кірпіш… Силиқат кірпіш… Ал аяғымыздың астында… сылағы түскен жалаңаш қабырғалары ырсиып, есік-терезелері үңірейген үйлер… Үйлер… Әлдебір жаугершіліктен немесе табиғат апатынан кейін асты-үстіне келіп қираған ескі ауылдың орны… «Біздің қайын жұрт осы…» деді Талаптан күрсініп. Алдымыздағы қараң қалған ауылда алты аласы, жеті бересісі бар адам секілді айтты. Бұдан арғыны түсінбейтін кеще емеспін ғой…
Жылытаудың қойнауындағы қойлы ауылдың да аты Жылытау. Бір кездері бай шаруашылықтың мыңғыртып мал өсірген үлкен бөлімшесі болыпты. Өзіміз «өтпелі» деп жүрген нарық кезеңінің қиыншылықтары Жылытау ауылын да айналып өтпеген. Археологиялық ескерткіштер мен көне жәдігерлер іздеген адам ескі мола, көне қорымдарды жағаламай-ақ іздегенін осы Жылытау ауылының орнындағы төмпешіктерден табатын секілденеді.
Шаңырағы ортасына түскен мектеп үйінің жанынан ете бере әңгімесін кілт тиып, бір сәт үнсіз қалған құрдасымның мамандығы мұғалім, мұғалім болғанда тарихшы екені еске түскені…
Алдымыздан сары ала төбет үріп шықты, Талаптанның осы ауылға күйеу екенін сезген болса керек, үдірейе қарап тұрды да жылыстап кетті. Ана шеті мен мына шеті атшаптырым ауылдың ортасындағы шатыры бүтін жалғыз үйден спорт киімін киген қараторы жас жігіт шықты. «Біздің Құматай осы…» – деді Талаптан. – «Немене, балдыз, тағы да телефондарың істемей қалған ба?..»
Ауылда электр жарығы бар. Телефон бар. Ең бастысы тамақ бар. Адамдар ғана жоқ. Неге жоқ?.. Тамақ барының дәлеліндей есіктің жақтауындағы бақанға ілінген жамбас пен сүбенің қаны сорғып үлгермепті. Ағаш бастырманың астындағы сәкіде ет мүшелеп жатқан Құматайға қарап ішім жылып тұр. Азды-көпті ірілі-ұсақты малының арқасында тіршілік жасап, ауылының отын өшірмей келе жатқан мына жігіттің жаны неткен сірі еді деп ойлаймын…
Әңгімемен түн ортасына дейін отырып, кештеу жатқанбыз. Динозавр-кесірткелердің Жылытау жақты айналып өту себебін түн ортасы ауған соң білдім.
«Түнгі отырыстан» кейін шырт ұйқыда жатқанмын; ышқынған, қышқырған ащы дауыстан оянып кеткенім. Еденге қатарлай салынған жер төсекте қаз-қатар сұлап жатқан серіктерімді оятып алмаудың қамын жасап, аяғымның ұшынан басып есікке келдім. Біреу сыртынан бастырып қойғандай, ашылар емес. Амалсыз терезе әйнегіне үңілем. Түк көрінбейді. Ысқырып тұрған жел ме, мұржа ма?.. Мына желдің құтыруына қарағанда онсыз да адыра қалған мына ауылдағы бәкене үйлердің шұрқ тесік шатырларынан түк қалмайтын шығар?…
Әлемді зар қақтырған «Қатриналарың» мен «Дианаларыңды» қайдам, өзім білетін Арыстанды Қарабас пен Ебінің желі деп жүргеніміз мына сұмдықтың қасында ойыншық екенін сеземін…

2

Жылытаудың таңы атты. Үйдің қарсы алдындағы, төбешіктің басында әлдекімдер қыбырлап жүр. Паша мен Құбатай. Төбенің басында шошайып тұрған үштағанға қарағанда, кино түсіру жұмыстары басталып та кеткен болды. Амалсыз киініп, төбе басына көтерілдім.
Жатаған төбенің басынан айнала алақандағыдай айқын көрінеді. Бұрындары ұбатып-шұбатып өріске мал айдайтын қарбалас уақыт. Тау бөктерінде жайрап жатқан үйлердің маңынан қыбыр еткен тіршілік белгісі білінсе-ші. Тау баурайындағы жүзшақты үйдің бес-алтауының ғана шатыры қалыпты. Ал дәл алдымда… ағаштан, тастан тұрғызылған көне бейіттердің саны мына ауылдың қазіргі тұрғындарын он орап алатын. Иә, көне бейіттер… Жаңа бейіттерді көре алмағаныма қуанарымды да; қуанбасымды да білмей басым қатып тұрған жайым бар.
Бір қызығы, жақпар тастардан қалап тұрғызған көне кесенелердің нобайы Жылытауды қоршап жатқан шошақ таулардан аумайтын… Аспанмен таласқан алып таулардың кішкентей көшірмесі…
Манаурап жатқан мына таулардың сынығындай кесенелер мен қорым тастардың бойында қанша сыр жатқанын кім білсін. «Жер астынан құлақ етіп қияқты, менің ата-бабаларым тыңдап жатқан сияқты…» Өзім құран сүресінен кем көрмейтін мына өлең ойыма қайдан ғана оралды десеңші… Дегенмен, түндегі алапат желді қоспағанда, Жылытау жайлы пікірім екіұшты…
– Жылытаудың жұты да, құты да осы желінде, – деді Құматай батыс бетте қарауытып жатқан тау жүлгелерін нұсқап. – Ан-о-оу Айыркезеңнің ұшар басына қараңыз. Айыркезеңнің басына бұлт үйірілді дегенше… Жалпы Айыркезең мен малдың жайын біздің Бекен ағайдан сұрайсыз… Жоғары біліміміз бар демесеңіз, біздер ағайдың қасында жіп есе алмаймыз. Жас күнінде аурушаң болып оқи алмай қалыпты. Жылытауда алпыс жылдан астам мал баққан… Ендігі жолбасшымыз сол кісі…
Көз ұшында қарауытқан егіз шыңды бетке алып келеміз. Сөз тізгіні – Бекен ағада. «Оқи алмай қалған» үлкен кісінің зердесі Талаптан екеумізден тұтқырлау ма деп ойлап қоям.
– Айыркезең біздің ауа райын болжайтын барометріміз ғой. Оның басына бір шекім бұлт ілінсе, арты дауылға айналды дей беріңіз, – деді Бекен аға. – Жылытаудың құты да, жұты да Айыркезеңнің желі деген сөздің жаны бар. Біле білсең, Жылытауды ұстап тұрған осы жел… Қыс айларында қырат-қырқаның қалың жауған қарын үрлеп, шөбін аршып тастайды да, ұсақ мал өз аяғымен жайылады. Ал жел соқпаған жылдары бүкіл ауыл таяғын ұстап қалушы еді…
Жел атаулының неше атасын көріп те, естіп те жүрген жазған басым түнде көрген аласапыраннан кейін қаншалық қасиетті болса да, «Айыркезеңнің желі жақсы еді» деген сөзге сене алар ма екенмін.
Ойымнан саяхат-сапар кезінде өзім көрген жер атаулары кетер емес. «Жиделі» дейді… «Теректі» дейді… «Майлы» дейді.. «Жайлы» дейді… Сосын… «Қоғалы» мен Қопалы»… Жаз жайлауда сары арқасында азды күн сауық-сайран салған аталарымыздың қыс қыстаулары. Қай-қайсысы болмасын шыңдарынан бастау алып, тау шатқалдарын қуалай аққан өзен-судың бойындағы тал-терек пен шілікті, қоға мен қопаны сағалап қонған жылы тау, жылы мекендер… Атам қазақ үшін Өр Алтай мен Төр Алтайдың шекарасын ажыратып берген көне қоныстар…
– Бұл Ыстабан мен Жаңабатыр руының жері, – деді Бекен аға айналасына шола қарап. – Екеуі де Найманның ішіндегі аумалы-төкпелі заманда өз жерін жауға бермеген жауынгер рулар. Қытайға да, орысқа да, тіптен Кеңес үкіметіне де көп қарсылық көрсетті…
«Жастайынан аурулы болып, оқи алмай қалған» азаматтың сөзі осы. Ал оқыған-тоқыған ағаларымыз бен аталарымыздың жайы өзімізге белгілі, әрине. Аумалы-төкпелі заманды көзіммен көрмесем де, үлкен кісінің сөзіне сенгім келеді. Сенгім келетіні – табиғаты қытымыр мынандай шалғай түкпірді жүрек жұтқан адамдар ғана мекендеуі мүмкін. Қазақ жерінде «Майлы» мен «Жайлы» ғана емес, осындай «Тұйықтар» мен «Күйіктер» көп. Ойыма Жамбыл облысындағы Күйік асуы оралды. Күйік десе – Күйік, желі адам ұшыратын, өзені тауға қарай теріс ағатын «мінезді» жер. Кәдімгі батыр Бауыржан мен Шерхан Мұртазаның ауылы.
Адамдар табиғатқа тартып туады деседі. Сол адамдардың мінез-құлқы да уақыт өте туған жерінің табиғатына ұқсап кететін болғаны ғой…
Көптен техника табаны тимеген қара жолдың көзге көрінер-көрінбес сорабын қуалап келеміз. Жолдың екі беті белуардан шөп. Алдыңғы орындықта отырған Бекен ағай екі көзін шөптен алмайды.
– Ысырап болған дүние-ай!.. Шалғы салар ма еді, шіркін…
«Қайдағы шалғы… Қайдағы шөп?.. Шөп көп… Бірақ оратын адам жоқ…» Бұл менің ойым. Басқа – басқа, шөп жағынан аздаған хабарым бар. Мынау – изен… Мынау – майшағыр жусан… Боз жусан… Көкбас жоңышқа… Мен білмейтін шөптерді Бекен аға танып жатыр. Тобылғы… Түйеқұйрық… Қоңыраубас…
– Жалпы таудың шөбі әлжуаз боркемік келеді… Таулы жер дегенмен, біздің Жылытаудың шөбі құнарлы ғой…
Бекен ағаның айтуынша, ертедегі адамдар малдың жайын білу үшін алдымен шөптің жайын білуге тиіс болған. Шөптің жайын білетін адамдардың Жылытауды сағалағаны айдан анық. Ендеше, көне адамдар салған сүрлеу-соқпақтардың қайта-қайта Жылытауға бастай беретін жөні бар-ау, әрине.
– Шөбіңді білмедім, адамынан бұрын малының амандығын сұрайтын аталарымыз бәрін малмен өлшеген… Ердің құны – жүз жылқы, қыздың құны – қырық жеті. Қадым замандарда салынған жартас суреттерінің дені жабайы аңдар мен үй жануарлары болып келетін себебі осы… – деп, сөзге Талаптан араласты. – Ал біздің Бекен қайнағаның қолы ашық… сол көшпенділерден қалған соңғы тұяқ қой…
– Қызымыздың қырық жетісін санап бергендей сайрайсың ғой өзің…
– Қолы ашық деп жатқаным сол емес пе?.. Артық кетсек, кешіріңіз, қайнаға…
Тау ішіне дендеп енген соң машинамызды беткейге қалдырып, жаяу тарттық. Аяғы-аяғына жұқпайтын Талаптанға ере алмайтын болған соң, Бекен ағаның соңынан ілестім. Жан-жағым епетейсіз сорайып-сорайып тұрған жалаңаш жартастар. Көптен бері бейсуат адамның табаны тимеген терең шатқалдарға елегзи қарап, Бекен ағаның соңынан бүлкілдеп келем. Анда-санда аяқ астынан тас қоралар мен көне қыстаулардың орны ұшыраса бастады. Тас. Тек қана тас… Жайрап жатқан тас ауыл…Үй де, мал қора да тастан қаланған.
– Мында!.. Мында келіңдер!..
Басталды. Тағы да басталды.
Тіп-тік жартастың жып-жылтыр қабырғасында мүйізі қарағайдай марал суреті бейнеленіпті. Біз жеткенде өзі де маралға айналған Талаптан тастан тасқа секіріп, құз жартастың биігіне шығып та үлгерген. Бұдан ары қарап тұру ыңғайсыз, қорқа соғып әрең дегенде жартасқа көтерілдім-ау. Жерден жеті қоян тапқандай фотоаппаратымның түймесін қайта-қайта басамын. Марал. Кәдімгі марал. Маған мына маралдың тарбиып жатқан тарам-тарам мүйіздері ғарышқа қарай ұмсынған антенналарға ұқсайтын секілденеді…
Көңілімде «мынандай дәу мүйізді көтеріп жүру мүмкін бе?» деген күдік те жоқ емес. «Елуінші жылдары Алтайда кесілген марал мүйізінің салмағы бір пұтқа жақындапты» дегенді бір жерден оқығаным бар. Жерге түскен соң осы ойымды айтқанымда, Бекен аға бір сәт ойланып қалған.
– Салмағын білмедім, бір жарым метрлік мүйізді көзімізбен көргенбіз, – деді сосын.
Бір кездері аталарымыз арқар мен марал мүйізінен үй тұрғызып, мал қора соққаны жөнінде менің де бір жерден естігенім барын айтып жатырмын.
– Марко Полоны айтып тұрсың ғой – деді Талаптан. – Жалпы Марко Полоға сене бермеу керек.
Бұдан ары Марко Поло жөнінде ұзақ-сонар лекциясын бастап келе жатыр еді:
–Маралдың марқаға қандай қатысы бар? – деді Бекен аға жұлып алғандай.
Үлкен кісінің сөзіне қыран-топан күліп жатырмыз.
Алғашқы табысқа арқаланған серіктерім болса тау-тасты кезіп жөнелген. Міне тағы бірі. Тағы… Байқағаным, Жылытаудағы жартас суреттерінде бірыңғай жан-жануарлар бейнеленген. Суреттердің қайсы бірі болмасын көне қыстаулардың маңынан кезігеді. Ендеше Су Бихайдың «көне суреттер негізінен елді мекендерге жақын жерде орналасқан жартастар мен жақпар тастарға салынған» деген пікірінің жаны бар.
Су Бихай жазады: «Қазақ даласында біздің дәуірімізге дейінгі сегізінші-жетінші ғасырларда өмір сүрген сақ тайпалары өздерінің құрал-саймандарынан киім-кешектеріне дейін түрлі хайуанаттар бейнеленген әшекейлермен безендірді. Олар өздері туып-өскен кең даланың тау-тастарына әртүрлі суреттер салды. Жартас беттеріндегі хайуанаттардың бейнесі барған сайын кескіндік, үлгілік, белгілік үзбелі сызықтармен бейнеленіп, әсірелеу сипатындағы образды кескіндер туды. Алтай, Тарбағатай, Іле өңіріндегі жартас суреттерінде көбінесе белгілік үлгідегі (таңба ретіндегі) тауешкі бейнелері көптеп кездеседі. Орхон өзені бойынан табылған Күлтегін құлпытасының басында қашалған таңбалар тауешкі бейнелі үзбелі сызықтардан құралған. Бұндай суреттер кейін келе Түрік қағанатының рәмізіне айналып, Түріктер дәуірінде олар өмір сүрген өңірдегі жартас беттеріне түгелдей қашап, егеп түсірілген»
Жылытаудағы суреттердің дені тау ешкілері мен маралдар. Әрине табиғаттың төл тағысы маралды қолға үйрету адамзат тірлігіндегі ерекше құбылыс болғаны анық. Жартастағы суреттер қазақ жерінің қай жерінде де бар десек, марал бейнесі көбіне-көп Алтай тауларында ұшырасады… Ата кәсібі – қашан да балаға мирас. Алтайда марал шаруашылығының дами бастағаны күні кеше. Бәлкім алтайлық ағайынның ата кәсіпке қайта қол ұруына мына суреттердің де әсері болған шығар. Көшпенділердің жан-жануарларды қасиеттеп, киелендіруінің әсері атадан балаға мирас болып келе жатқанының тағы бір айғағы бұл..
Су Бихай сондай-ақ Тянь-Шань мен Алтайды мекендеген ежелгі көш­пенділердің хайуанаттарды киелендіріп, адамдардың оларға тәуелділігін арттыру үшін түрлі қыр тағылары мен үй жануарларын негіз етіп, әртүрлі жануарлардың ерекше белгілерін сұрыптау арқылы оларды абстарктілі тұлғаға айналдырғанын жазған еді.
Негізінен табиғатқа тәу еткен көшпенділер тіршілігі жан-жануарларға тәуелді болғаны анық. «Адамдар өз дамуының балалық кезеңінде табиғи құбылыстардан қорықты, содан кеші отқа, суға табынды» деген қағиданы жаттап өскен біздің ұрпақтың жан-жануарларға табыну ұғымын қабылдай қоюы қиындау, әрине. Дегенмен… Аталарымыз өзі шыққан тауының биік болғанын қалағаны секілді, суын ішіп отырған құдығына түкіргісі келмесе ше?
Мен бірдеңе білсем, сол киелендірілген жан-жануарлардың абстрактілі бейнесі – мына суреттер, сол өздері дүниеге әкелген рәмізіне тәуелді көшпен­ділердің ұрпағы – азынаулақ малына тәуелді болып көне қыстауын қимай жүрген Бекен аға. «Ел иесіз болса да, жер иесіз болмайтынына» еріксіз сенесің.
Серіктерім ұзап кеткелі қашан. Құз жартастың басында жападан жалғыз отырмын. Биіктің басынан айнала алақандағыдай айқын көрінеді. Сонау көз ұшында қарауытып жатқан көне кесенелер көзіме оттай басылады. Ендеше осы тұстан туралай салсаң Жылытау ауылына дейін ары кеткенде оншақты ғана шақырым. Ендеше адамдар күні кешеге дейін көне жұртын сағалаған екен-ау…
Төңіректі көзбен шолып қанша тұрғаным есімде жоқ. Бір қарасам, жаңа ғана жартас маңында күйбеңдеп жүрген серіктерім жым-жылас жоғалыпты. Арт жағыма бұрылып едім, құлама құзар жартастың дәл етегінде тұр екенмін. Әшейінде биіктіктен қорқатын басым, жүрегім суылдады.
Асығыс төменге түстім. Енді ойдым-ойпат, сай-сайдың бойын қуалап безіп келем. Көңілі түскір әлденеге елеңдеп, елегзи беретіндей ме, қалай?.. Адасқан аңшы мен мал қараған малшы болмаса, кім көрінгеннің табаны тие бермейтін мына түкпірде әлдебір құпия бұғып жатқан секілді. Енді болмаса жан-жағымнан төніп тұрған мына жансыз жартастарға тіл бітіп, сөйлеп кететін секілденеді.
Серіктерімді іздеп қырат-қырқалардың арасын кезіп жөнелдім. Бел асқан сайын көненің көзі ескі қыстаулардың орындары жиілей берді. Жертөле етіп қазып, бет жағын тастан қалаған мына қыстауларды адамдар қай кезде мекен етті деген сұрақ мазалай берген… Осындайда жанымда қандай да бір сұрағыңа жауабы дайын Талаптан болса ғой.
Таптым-ау ақыры. Су жырып кеткен жыраға ұқсайтын терең шұңқырдың жанында Құматай, Бекен аға үшеуі әңгімені соғып отыр. Аяғымның астында үңірейіп жатқан шұңқырға қараймын. Табанын шөп басып кеткен шұңқырдың кенересі жақпар тастармен шегенделген. Кәдімгі құдық. Адам қолымен қазылып, адам қолымен шегенделген құдық.
– Манағы «Түйеқұдық» дегенім осы… – деді Бекен аға айналасына шола қарап қойып. – Бала күнімізде ит өлген жерден осында су алуға келетінбіз. Ол кезде төбесі жабық еді, кейініректе құлады ғой… Ішіне түйелі, атты адам еркін еніп кететін…
Үңірейіп жатқан шұңқырға қараймын. Жерден қазылған жәй шұңқыр емес. Таудың баурайынан үңгіп тесілген жасанды үңгір, ғылыми тілмен айтқанда, жабық галерея ғой мынау. Дәл осыған ұқсас жабық галереяларды арғы беттегі Тұрпан ойпатынан көргенім бар. Суды қасқалдақтың қанындай қастерлейтін өлкеде мұраптардың бірнеше ұрпағы дүниеге әкелген күрделі су жүйелері. Мұндай құдықтарды Қаратаудың етегіндегі Бесарық су қоймасының маңынан кездестіргем… Мұндай құдықтарды әдетте «кәріз» деп атайды. «Кәріз» дегені – кәдімгі кері із. Адамдардың суды кері ағызу үшін ойлап тапқан әдіс-тәсілі.
Талаптанның алдында бір мақтанып қалатын сәттің туғанын сеземін. Камераға қарап:
– «Бұлақ көрсең – көзін аш» дейді… Ал бұлақтың көзі көрінбей жасырынып жатса ше?.. Оны іздеп табу керек. Сұйық өзіне түскен қысымды жан-жаққа өзгертпей жеткізеді. Бұл – кәдімгі Паскаль заңы. Осыны ойлағанда, аталарымыздың физикадан да хабары болған ба деп қаласың… – деп сайраймын ғой баяғы.
– Физикаңды қайдам, жер асты суының деңгейін сол жерде өсетін шөптің түр-түсіне қарап-ақ айыруға болады, – деп сөз қосты Құматай. – Оның үстіне бір кездері осы құдықтың суы төменге қарай өз бетімен аққан болуы да мүмкін…
– Мен есімді білгелі бұл құдықтың суы төменге қарай өз бетімен аққан емес, – деді Бекен аға.
– Онда мына шөп қайдан келген?
Байқаймын, құдықтың кенересі ғана емес, төмендегі ескі қыстаудың маңының да да шөб қалың. Шұңқырдың табанынан басталған қалың шөп төменге қарай жүлгелене созылып жатыр. Ендеше осы маңда жер асты суы жақында жатқанын адамдар шөптің түр-түсіне қарап ажыратуы әбден мүмкін ғой. Ар жағы оңай. Тау бөктерін үңгіп құдық қазады да, керіз әдісімен су шығарады. Қажет кезінде суды өз бетімен ағызып, төмендегі ойпатқа су жинауға да болады. Осылайша Жылытаудың ішінен тағы бір жылы қоныс пайда болады.
Бір кездері «Түйеқұдық» аталып, ел кеткен соң иесіз қалған осынау керіз-құдық Жылытаудағы басты жәдігерлердің бірі екенін іштей мойындап тұрмын. Өйткені тұтас елдер мен мемлекеттердің тағдыры көбіне-көп қарапайым су жүйелерінің тағдырына қатысты болғаны бесенеден белгілі. Жарты әлемге билік жүргізген моңғолдардың өткені мен болашағы Алтайдың шығыс бетіндегі мұздақтардың, одан қалды, осы мұздақтарды емген өзен-көлдердің тағдырына келіп тіреледі емес пе? Жарты ғұмыры ат үстінде өтетін көшпенділер жауынан жеңіле қалса, Алтайдың қойнау-қолатына қашып тығылып, Жылытау секілді шөбі шүйгін, малға жайлы, дұшпан көзден тасалау ықтасын жерлерде күш жинайтын болыпты. «Шын жыласа соқыр көзден жас шығады» демекші, сарқырап жатқан өзені, жарқырап жатқан көлі жоқ бітеу бұрышта дүниеге келген көне керіздің жылтырап жатқан суын сол шын ышқынған сәттегі соқыр көзден шыққан жасқа теңегім келеді.
Түйеқұдықтан төменде ойдым-ойдым үй орнындай шұңқырлар қарауытады. Ойпат жерді шұңқырлап қазып, айналасын таспен шегендеген көне тұрақтардың соңғы жұрнағы. Мына бір шұңқырға кірер есіктердің бірнешеу екенін байқап тұрмын. Мына шұңқырдың маңынан қолдан үйген тас обаның сұлбасы байқалады. Тастан төрт бұрышты етіп қалаған тас обаның нобайы тас ошаққа келетін секілді ме, қалай?..
–Мұнда… Мұнда келіңдер!..
Үй орнындай жерде үйіші жатқан қалың күлдің жанында қаққан қазықтай қалшиып тұрған Талаптанның жанына келдік.
– Таптық-ау ақыры, таптық-ау!.. – дейді жерден жеті қоян тапқандай.
Нені таптық? – деймін түкке түсінбей.
Күлтөбені…
Қайдағы Күлтөбені?
– Кәдімгі күл төгетін төбені таптық… Мына күлді қарағанның немесе тезектің күлі деп айта аласың ба?.. Ертеде адамдар бұл жерде темір қорытқан. Әйтпесе, осыншама күлдің бір жерде үйіліп жатуы мүмкін емес…
Жерден бір уыс күлді көсіп алып, көз алдыма әкеліп тосты. Күлдің түсі көкпеңбек. Талаптан енді дәл аяғымыздың астында үңірейіп жатқан тышқан ініне шыбық жүгіртті. Іннің біршама терең екені, іннен шығып қалған күлдің көлемінен-ақ байқалып тұр.
Енді іннің аузына емес, ішіміздегі жалғыз тарихшы Талаптанның аузына қараймыз. Өйткені біздің Талаптанның білмейтіні жоқ…
– Маған емес, мына шұңқырға қараңыз… Мына қыл-қыбыр мен қиды байқайсыз ба?.. Демек, шұңқырдың төменгі қабатына мал қамаған. Адамдардың өздері үйдің екінші қабатында тұрған. Сонда түнге қарай аяқтарының асты малдың жылуымен қыз-қыз қайнап тұрған ғой… Ал үйдің үшінші қабатына мәйіттерін жерлеген… Кәдімгі әмбебап комплекстің өзі… Не деген ақыл!..
– Сол аталарымыз сенен ақылды болмаған шығар… – деді Құматай күле сөйлеп. – Осының бәрін қайдан білесің?!.
Талаптан өзінің қалайша ақылды болғанын екеуміз бір сәт оңаша қалғанда түсіндірген. Институттағы білім бөлек, жұмыссыз іші пысып жүргенде Әлкей Марғұлан мен Лев Гумилевтің кітаптарын бас алмай оқыған. Әлекең болса жетінші-сегізінші ғасырларда көшпенділердің тау арасындағы ескі қыстауларда топтасып өмір сүргенін ғылыми жағынан дәлелдеп жазса керек.
– Қайын жұрттың алдында бір мақтанып қалайын дегенім ғой. Әйтпесе Әлекеңнен асып қайда барушы едік…
Басқа-басқа осы жолы Талаптанмен келіскім жоқ. Өйткені мың естіген бір көргенге жетпейтініне баяғыда көзім жеткен. Мына көне қыстауға Марғұлан да, Зейнолла да, тіптен Галина Қущ те келмегені анық. Ал жаңалықтың үлкен-кішісі болмайды.
Ендеше өмір бойы ғылыми жаңалық ашуды армандаған менің Талаптаным үшін бүгінгі күн ерекше күн болғалы тұр-ау…
Ғылыми жаңалық ашуға қызықпайтын адам болушы ма еді. Талаптанның айы оңынан туғанын естіген Бекен аға бір сәт ойланып қалған.
Сол сол-ақ екен әңгіме арқауы ғылыми жаңалық ашу тақырыбына ауысты. Бұл жерде менің пікірім баяғы; бүгінде жаңалық ашу мүмкін емес, өйткені жер бетінде адам аяғы тимеген жер қалған жоқ. Ал енді археология ғылымына келсек, ата-бабалардың қорымын қазып, моласын мазалаудың қай бір жақсы жағы бар дейсің…
Бекен аға екеуміздің ойымыз бір жерден шығыпты.
– Археологтар келіп жалынып қоймаған соң, ана Қарамола беттегі обаларды апарып көрсеткем. Суретке түсіретін шығар деп ойласам, ертеңіне апыр-топыр қазып тастапты. Тым болмаса, алдымен құранын оқып, құрбандығын шалып жатса бір сәрі… Адам беліндей жерді қазып, бет тақтайын алып тастап еді… төрт бұрыш шұңқырдың ішінде бір қырындай бүрісіп отыр бейшара…
– Сіз де айтады екенсіз, қайнаға… Ау, біз мола қазып жүрген жоқпыз ғой, – деп шамданды Талаптан. – Тау-таста ен тегін жатқан ешкімге керегі жоқ суреттерді киноға түсіргеннің айыбы жоқ шығар…
– Қойдық енді… Қойдық… Мына обасы түскірді көрген соң айтып
жатқаным …
Өзінің де артықтау кеткенін сезген Талаптан Қазантайға барар жолда үн-түнсіз тұнжырап отырған қайнағасына қайта-қайта жалтақтады. «Жаңалық ашу» мәселесінен қозғаған әңгімесі өрбімей қойған соң:
– Бүгінгі ең үлкен жаңалықты біздің Бекен қайнаға ашатын болды. Егер осы жолы Қазантайдан сына жазулар таба қалсақ, жаңалықтың көкесі сол болар еді-ау… – деп, қайта-қайта алақанын ысқылады. – Ал басына скафандр киген адамдардың суреті бары рас болса, айымыз оңынан туды дей беріңіз…
«Қазантай»
Жол бойы тоң-торыс отырдық. Тас обалардан басталған әңгіменің аяғы мола қазумен аяқталарын кім білген.
Әрине, археология ғылымы мен мола қазу деген ұғымдардың екі басқа екенін өз басым түсінемін. Сонда да болса қазба жұмыстары төңірегінде ғылымға көлеңке түсірер, естіген адамның төбе шашын тік тұрғызар небір оқиғаларды естіп те, оқып та өскен адамның осындай күдікке бой алдыруы заңды. Сонау Еуропадан барып бір-ақ шыққан Египет фараондарының мәйіті секілді, қазақ даласындағы көне жәдігерлердің басым көпшілігі дала кезген тонаушылардың қолында кетті емес пе? Бір кездері мына тау мен тастың арасын мола қазатын қорқаулар секілді адам қасқырлар кезіп жүріпті. Сақ дәуірінің дәстүрі бойынша мәйіттің дүние-мүлкімен бірге көмілгенін білетін олар обалар мен қорымдарды қазған, қолдарына іліккен алтын бұйымдарды балқытып ақшаға сатқан. Кейінірек тарихи құндылығы бар жәдігерлерді сатып алу жөнінде орыс патшасының жарлығының шыққаннан кейін де тонаушылық тоқтамаған, қайта заңды дәрежеге көтеріліп, тұрақты кәсіпке айналған ғой.
Алтын адам… Есіктен табылған Алтын адам… Шіліктіден табылған Алтын адам… Қайдағы Алтын адам?.. Қазақ жерінің қойнауына жамбасы тиген алтын адамдардың соңғы сарқыты ғана емес пе? Алтын жарықтық мың жыл өтсе де өңін бермейді дейді ғой. Ендеше Эрмитаж бен Орыс мұражайы қоймаларының қуыс-қуысында жатқан алтын әшекейлерге күдікпен қарайтын жөніміз бар.
Алғашында кәдімгі қарақшылыққа негізделген кәсіптің келе-келе ғылыми мақсатпен бүркемеленгені тағы рас. Сол жылдары Императорлық Орыс География қоғамы деп аталған беделді ұйымның жолдамасымен Алтай асқан ғылыми экспедициялар негізінен шекараны барлау мақсатында жасақталды. Қалтасында сол беделді ұйымның куәлігі бар қауға сақал ағайынның көкейінің бір түкпірінде көне қорғандар мен обалардың астында жасырынып жатқан алтын әшекейлер мен бағалы бұйымдар жатқаны тағы шындық.
Кеңестер одағы тарап, ел еңсесін тіктей алмай жатқан кездері баяғы қорқау кәсіп қайта жанданып, «қара ниет археологтардың» айы оңынан туғаны тағы бар. Әсіресе, «орысы мол» Шығыс Қазақстаннан Ресейге қарай үдере көшкен көзі қарақты ағайын алдымен шіркеулердің мұрағатына қол салып, артынан мұражайлар мен кітапханалардың жертөлесіне үңілгенінен де хабарымыз бар.
Бұл – менің ойым, әрине. «Әр кәллада – бір қиял» демекші, дәл қазір Бекен ағаның көкейінде не жатқанын білер ме едім…
Қазантайға жеткенше асығып келеміз. Асығатын да жөніміз бар. Бекен ағаның сөзіне сенсек, мола қазғыш қарақшы-қорқауларыңды қайдам, соңғы он-он бес жылда Жылытаудан он бес шақырым жердегі Қазантайға археологтардың ат ізін салмағаны анық. Оның үстіне ұзынқұлақтан осында тастағы сына жазулар бар дегенді біз де естігенбіз.
Кеңес дәуірінде салынған көнетоз қыстау қорадан өте бере тоқтадық. Қыстаудың солтүстік бетіндегі көрер көзге елеусіз жон-арқа қыраттың басына көтерілдік. Тас… Тас… Таусылмайтын не деген тас?.. Серіктерім қыраттың күңгей бетіндегі жақпар тастың маңында үймелесіп қалыпты. Кинокамераның үштаған тұғырдың үстіне барып қонжиғанына қарағанда түсіру жұмыстары басталып та кеткен болды. Асыға басып жандарына келдім. Үңілемін келіп, үңілемін. Шыт-шыт жарылып кеткен тастардың бетінде быжынап жатқан сызық суреттерге көзім жетер емес. «Көріп тұрғандарыңыз, руникалық жазулар емес» деген Талаптанның даусына сенгеннен басқа амал жоқ.
– Мен сауатсыз адаммын дедім ғой. Бірақ мына сызбалардың сурет емес екені көрініп тұр емес пе? – деп, Бекен аға ақтала бастаған.
Мен бірдеңе білсем, дәл осы жолы Бекен ағаның ақталатын жөні жоқ. Алтайдан табылған сына жазулар аз емес. Бекен ағаның сына жазу деп жүргені – ру таңбалары мен жақпар тасқа салынған суреттер екенін өзім де сезіп тұрмын. Сурет болғанда жеке суреттер емес, тұтас композициялар. Оның үстіне суреттерді, оның ішінде ру таңбаларын жазу емес деп аласыз ба?
Бір байқағаным, жартасқа салынған суреттер мен жақпар тасқа салынған суреттердің стилінде біршама айырмашылық бар. Ең бастысы, аталарымыздың материалды пайдалануды білгені анық. Жартасқа салынған суреттерден айлап-апталап тас егеген шебердің шыдамдылығы, туындысының уақыт сынына төтеп беруін мақсат еткені көрінсе, жақпар тасқа қашалған бейнелерден іждахаттылықпен бірге, көркемдік шешім, нақты ишара байқалады. Шыт-шыт жарылып кеткен жақпар тастардың бетіндегі өше бастаған мына сызықтар уақыт сынына төтеп бере алар ма екен?..
– Ана бір жылы келгенімде тіптен көп секілді еді… – деп, Бекен аға қынжылыс білдірді.
Қалжыр мен Сарыөлеңдегі атан түйедей жартастарды көтеріп әкету оңай емес, ал мынандай онсыз да қабат-қабат шытынап тұрған жақпар тастарды сындырып алуға болады, әрине. Бетіндегі бірнеше қошқар мүйіз оюы үшін сырмақ пен киіз текеметке аттың құнын беретін коллекционер ағайынның көкейінде не жатқанын кім білсін?..
– Арбаға ұқсайды ғой мынау… – деген Құматайдың даусы ойымды бөлді.
Қайта-қайта үңілем. Жақпар тастың бетінде бірнеше дөңгелек бейнеленіпті. Дөңгелек болғанда, тертесі бар доңғалақ, тұтастай алғанда, кәдімгі қазақы ырдуан арбаның нақ өзі.
Көшпенділердің адамзат өркениетіне қосқан бір үлесі – Ұлықбек Есдәулет ақын «ырдуан арба ырғалып» деп жырға қосатын ырдуан арба осы. Алтайда кезіккен арба суретіне қарап, әлемдік өркениеттің ұлы жаңалығы – дөңгелек пен арбаны ойлап тапқан адам әулетінің ұшқыр қиялына еріксіз бас иесің. Ал мені «тұрмыс билеген» заманда арбаны ойлап тапқан адамның қиялы ұшқыр ма, әлде өзі тапқан жаңалығынан көркемдік шешім іздеп, онысын тас бетінде бейнелеген адамның қиялы ұшқыр ма деген ой мазалай береді.
Бұл – менің ойым. Ал жарты ғұмырын Алтайдағы жартас суреттеріне арнаған Зейнолла Самашев бұл жөнінде: «Біздің дәуірімізге дейінгі екі мың жылдың ортасында Қазақстанның жартас жазуларында тұтас шеңбер түріндегі дөңгелегі бар арбаларға негізделген жылқы жеккен жеңіл екі аяқты арбалардың (колесницалардың) бейнесі пайда бола бастапты. Қазір Жетісудан, Оңтүстік Қазақстаннан, Орта Азиядан, Таулы Алтайдан, Оңтүстік Сібірден, Моңғолиядан, және басқа аумақтардан табылған жүздеген жылқыға жегілген арбалар белгілі… Шығыс Қазақстанда әзірге
сондай арбалардың сегізі ғана белгілі. Олардың үшеуі жылқыға жегілген. Екі жағдайда – жегінді жылқылар қырынан көрсетілген, біреуінде – бір-біріне қарай атылып, айбат шегіп тұр» деп жазады.
«Архелогия ғылымының майын ішкен» Зейнолла ағамыз жылқыға жегілген арбаға неге шүйілді, олардың бір-біріне қарай атылып, айбат шегіп тұрғанына неліктен назар аударды? Шыңғысхан дәуірінде арбаларға әдетте өгіз жекпеуші ме еді? Меніңше, Зекең ағамыз қазақы арбаның Темүжін заманынан ертеректе дүниеге келгенін айтқысы келген болар.
Ғылымда бөстекі сөзге орын жоқ. Көрдің… таптың… сараптап жаздың… қорытынды шығардың… Алтайды бала күнінен зерттеп, сол еңбегінің бейнеті мен зейнетін қатар көріп келе жатқан Зейнолла Самашевқа қосып-аларыңыз бар ма?… Ғылым аулына ат ізін салмасам да, екі жылда бір тиген кезекті демалысымда қымбат уақытты босқа өлтіріп, тау-тасты кезіп жүрген маған не жорық?.. Өзі ойлап тапқан арбасына өзі қолға үйреткен жылқысын жегіп алып, жер шарын шарлаған қаймана қазақтың жоғын жоқтап, барын барлайтындай мен өзім кіммін?..
Қалай десем екен… Адамдар алдымен жабайы аңдарды, соның ішінде жылқы мен түйені қолға үйретті. Түйе мінген адам алты айшылық жерге арымай-талмай жетсе, жылқыға мінген адамға алты күндік алыс жол ауыл арасы болып қалады. Содан соң итеріп жіберсең дөңгелей жөнелетін доңғалақты ойлап тапты. Дөңгелекті тапқан соң, өзі де дөңгелекке ұқсайтын доп-домалақ жер беті шыр айналып жөнелген. Арғы жағы белгілі. Арғы жағы оп-оңай. Осы жерде Кулибин мен Циалковский ашқан жаңалықты көшпенділердің авторлық құқына қол сұғу емес деп айтып көріңіз.
Көшпенділердің адамзат өркениетіне қосқан үлесі ұшан-теңіз екенін айту дәстүрге айналған заманда сол дәстүрдің ырқына жығылуға мәжбүрміз. Ал сол дәстүрдің шын авторлары – көшпенділерге осыдан келіп-кетер не бар?.. Егер «ғылыми жаңалық» тұрғысынан келсек, Қазантайдағы ешкімге қажетсіз мына арбаның авторы кім?.. Қайдан?.. Қай жерден оқып едім?.. «Біреу – қыз алып қашады, біреу – қызығына қашады» деген осы шығар?..
Қазантайдағы жон арқаның ұшар басында тұрып Су Бихайдың: «…Арбаны тек көне қытайлықтар ойлап тапты, басқалары Қытайдан алды деген бір беткей пікірден аулақпын. Ежелгі тарихи дәуірде өндіріс пен тұрмыстың қажетіне бола адамдар арбаны өз беттерінше жасап алуы шындық, бірақ олар кейін бір-бірінен үйреніп, арба жасаудың өзіндік әдістемелерін бір деңгейде тоғыстырды. Қазақ даласының батыс шетіндегі сақ тайпалары біздің дәуірімізге дейінгі жетінші ғасырдан бастап арбаны негізгі тасымал құралы ретінде пайдаланған» деп жазғанын ойладым. «Тура бида – туған жоқ», шын ғалымның әділдігіне іштей ырза болып, мың мәрте алғыс айттым.
Дегенмен, осы арада көңілімде қаншама ғұлама дегенмен Су Бихай да пенде емес пе, осылайша үзілді-кесілді қорытынды шығару үшін кішкентай да болса ғылыми дәлелі болуы керек қой» деген ой көлденеңдей берген. Ойыма түркі-моңғол тайпаларының сонау он жетінші ғасырда дүниеге келген жазба мұрасы «Алтын шежіресіндегі» өлең жолдары оралды. Қазақы күймені күлігіне жегіп, қаған иенің алтын табытын қазақ арбаға жайғастырып, еліне беттеген шақта, Сүннеттің көлікті батыры:

Қауым жұрттың қағаны, ұлысымның иесі ең,
Қаршығаға қанат боп кеткенің бе, хан ием!
Қаңғырлаған арбаның жүгі болдың, хан ием,
Қиқулаған құстардың қанаты болдың, хан ием!
Қаңғырлаған арбаға салмақ болдың, хан ием! – деп жоқтайтыны оралды. Осынау жоқтау өлең:

Қазақ арба қозғалды,
Қалың жамағат қуанды»
деп аяқталатын еді-ау…
Қазантайдағы қырқаның басында тұрып осыдан жеті жүз алпыс жыл бұрын Еуразияны кесіп еткен жанкешті жиһанкез Гильом де Рубруктың: «… Олар көшпелі үйлерді үлкен етіп жасайтыны соншалық, кейде олардың ені отыз футқа жетеді. Бірде сол арбаның екі доңғалағының арасын өлшегенімде, жиырма футқа жетті, үйді арбаның үстіне орналастырған кезде екі шетінен ең кемі бес футтан шығып тұрды. Үйді тартып келе жатқан арбаға он бір-он бірден қатарлай жиырма екі өгіз жегілгенін ерінбей санап шықтым. Арба доңғалағының үлкендігі кеменің мачтасындай еді, ал көшір-адам үйдің кіре берісінде шоқиып отырып, өгіздерді айдап келе жатты» деп жазғанын есіме алдым.
Иә, жылқы жегілген арбаға қайта-қайта шүйілетін Зейнолланың бір білгені бар екені анық.
Қазантайдан қайтар жолда Талаптанның әңгімесі тағы да ғылыми жаңалық ашу мәселесіне ойысқан. Біздің көңілімізден шыққанын сезді ме, манадан бері тоң-торыс келе жатқан Бекен аға да жымың-жымың етіп, көңілді отырды. Жол бойы әңгімеміз тағы да жылқы жағына ойыса берген. Өзімді көрсетіп қалудың ыңғайы келгенін сеземін. Менің «осыдан аттай жүз отыз бес жыл бұрын орыс саяхатшысы Пржевальский Алтайдан жаңа жылқы тұқымын… жо-жоқ… түрін ашты» деген сөзіме арнайы білімі бар Құматай сенгенмен, Бекен аға сенбеді.
Жалпы «жаңалық ашу» деген ұғымның тайғанақтау ұғым екенін Талаптан да қостады.
Ал мен… Жеме-жемге келгенде маған тіреліп тұрған не бар. Жеке басыма келсем, Жылытау мен Қазантайда өткізген екі күнде керген-білгенім, көңілге түйгенім мен үшін ғылыми жаңалық ашудан да құндырақ болуы мүмкін ғой…
Алтайдың биігіндегі Марқакөлге апарар жолдағы Жылытау шатқалында мемлекеттік тарапынан есепке алынған қорымдар мен ескерткіштер саны оннан асады. Олардың құпиясын ашу сіздің еншіңізде, жас жиһанкез.

Пікір қалдыру