Сержан Шакрат. ЕЛ ӘЗІЛДЕРІ

Маңғыстауда белгілі сайқы-мазақтар болған. Жүрген жерлерінде көпшілікті күлкіге қарқ қылып, қулық ойындар ұйымдастырып, әзіл әңгімелер айтып, көңілдерін көтереді екен. Солардың бір-екеуінің қызық оқиғасын айтқымыз келіп отыр.
Аттары Алдан, Салман деген екі құрдас бірде Жыңғылды ауылынан Ақкетік (қазір Форт-Шевченко) қаласына барады. Таныстарымен көрісіп, қыдырғаннан кейін дүкен аралайды. Алдында мал сатқан, ақшалары бар. Ол кезде Ақкетікте теңіздің ар жағынан келген таулық, қызылбас, орыс көпестерінің сауда дүңгіршектері болған. Солардан ауылға керек-жарақ, шәй, секер, жеміс-жидек, киім-кешек алады. Келіншектеріне көйлек, камзол, орамал, балаларына да киім, ойыншық, қуыршақтарды ұмытпапты. Әсіресе, баланың даусымен іңгәлайтын қуыршақты қатты ұнатты.
– Әй, осы орыстардың да шығармайтындары жоқ, нәрестенің үнін аудармайды-ай, – деп күліседі.
Және ауылға барғанда базарлыққа жеміс-жидек, сүйгілікті дәм деп екі-үш домалақ қауын алды.
Жүрерде бір достарының үйінен тамақтанып аттануды ұйғарды. Көрші-көлем, біраз адам жиналып, ет жеуге отырды. Тартылған тамақ лезде желініп, бәрі тойса да, табақтың түбі тықырлап қалды. Сонда Алдан күлімсіреп бір әңгіме айтты.
– Ертеде бір ашаршылық заманда, ондайдан енді құдай сақтасын, ауылда бір үйдің қазан көтергенін байқаған аш көршілері сол шаңыраққа, шақырмаса да кіріп, отырып алған. Үй иелері оларды қуып шыға алмайды, амалсыздан балаларының аузына ұстайын деп отырған азғантай нәпақасын соларға береді. Бәрі тарақанша жабылып, табақты әпсәтте тазартып береді. Түп жағында ағарған бірдеңе бар екен, оны май деп ойлап, таласып, біреуі жұлып жеген. Сонда үйдің әйелі бос табақты қарап отырып, айтты дейді:
– Ой, қасқалар-ай, табағым түбі тесік болған соң, оған мақта тығып қойып едім, соны да жеп қойыпсыңдар-ау, жалмауыздар!
Жұрт ду келген.
Енді Салман жымиып әңгімені жалғастырды.
– Сөз тамақ жөнінде басталды ғой, мен бір қызық айтайын. Белгілі Қашаған ақынды білесіздер ғой. Сол кісі де қонақасы туралы сараңдықты шенеп, шумақтар төгіп жібереді екен.
Бірде Жаныштай дегеннің ауылына келіпті. «Асығыспын, келесі бір ауылға жетуім керек» десе, түскен үйі бәпек болғансып, бопсалайды. «Үйбәй-ау, Қашеке, қонып кетіңіз» деп қуланады. Бәрі бір кететін шығар деп ойлаған ғой. Қашекең «Ал, жақсы, ана ауылға ертең барармын» деп отыра кетіпті. Сөйтсе, әлгі үй оған көбе де (қозы) соймай, қара ұннан нан пісіріп, жалаң шәй беріпті.
Осыны естіген біреулер Қашағанға «осыған арнап өлең шығармайсың ба?» деп қоймаған. Сонда ақын: «Әй, неғылайын сәл нәрсеге өлең шығарып, ұят болар, бірақ тіліме мынадай бірдеңелер келіп еді» деп, ағыта жөнелген. Оны Салман домбыраға қосып, адайдың бір тәуір терме сазымен айтып береді:
Алпыс үйлі Жаныштай
Қонаққа қон деп жабысты-ай.
Қонаққа қимай көбені,
Отқа нанды көмеді.
Қалыңдығы төрт елі,
Шет жақтарын өртеді.
Мен жемедім, қыз жеді,
Қыздардың іші бөртеді.
Түн ортасы болғанда
Көрпені қыздар серпеді.
Қара нан қандай қайратты,
Қыздардың ішін пайратты.
Қайратын оның сұрасаң,
Зеңбірек доптан айбатты.
Түнімен атты сығалап,
Жан сақтадым бұғалап.
Оқ-дәрісі көп екен,
Таусылмады сірәда-ақ!
Жиналғандар бәрі қыран топан болды. Олар әзілкештердің сөздеріне қызығып, «тағы-тағы» деген екен, екеуі «жол жүреміз» деп, асығыс аттарына отырып, кете барыпты.
Содан екеуі келе жатыр. Өткен-кеткенді айтысып, күліп ойнап біраз жүргеннен кейін Алдан айтады Салманға:
– Қазір алдымызда бір ауыл кездеседі, сонда бір қызық күлдіргі ұйымдастырайық.
– Қандай?
– Сен қатын боласың. – Салман ашуға басады.
– Өй, атаңа нәлет, көрсетейін саған қатынды!
– Жо-жоқ, сап, сап! Сен өзіңе қарашы, тап ай-күні жетіп тұрған буаз қатыннан айнымайсың.
– Не дейсің-ай?! Ө-мәй, сен сияқты іші қабысқан құмай тазыға ұқсап, өлекседей бүктетіліп тұрмады ма?
– Әй, не десең де, менің қатыным бол!
– Оттапсың оңбаған! Не бөсесің? Жазаңды берейін бе?!..
– Тоқта, тоқта… Мен саған түсіндірейін. Сен ана ауылға туатын әйел болып, толғатып барасың.Қоржынындағы сатып алған әйеліңнің киімдерін ки… Ұқтың ба?..
– Е-е, мынауың қызық екен. Әуелден солай демейсің бе? Ха-ха-ха!
– Толғатқан қатын болып, ыңқылдап, сыңқылдауды қатырасың ба?
– Қатырғанда қандай!
– Онда атыңнан түс те, киін.
Салман әйеліне арнап алған көйлекті, комзолды киіп, басына орамал тартып алғанда нағыз «екіқабат» әйел болып шыға келеді. Алдан тарқылдап кеп күлді:
– Ха-ха-ха! Менің мына «тоқалым» қандай керемет! Үйдегі бәйбішем қызғанатындай. Ха-ха-ха!..
– Әй, бәдік, көп сөйлеме. Ауылға жақындап қалдық. Ойынды бастайық.
Екеуі рөлдеріне кірісті. Салман уһлеп-аһлап, Алданға сүйеніп ыңырсып келеді.
– Ой, кең алла-ай, далада туып қалам ба деп қорқып едім, мына ауылға жеткеніміз жақсы болды-ау. Уһ! – дейді ол кәдімгідей «қиналып». Ауыл адамдары, әсіресе, әйелдер алдарынан шығып, бұларды қарсы алып мүсіркейді.
– И-и, бишара-ай, толғатып келесің бе?Күнің жақындағанда сапарға шығып нең бар еді? – дейді ауыл әйелдері жандары ашып. Сөзге Алдан араласты:
– Айттым ғой бұл дүзіқараға, үйде қал деп. Жоқ, әлі уақытым бар деп болмады ғой! Әй, халайық, көмектесе көріңдер! Нәрестенің кіндік қаны осы ауылға таматын болар. Құтты болғай! – деп жампаңдайды.
Ауыл адамдары қолдан келген қамқорлықтарын аямай, оларды бір үйге кіргізді. Халықтың ежелгі босандыру тәсілін қолдануға кірісті. Шаңыраққа бақан тіреп, оған жүгеннің тізгінін байлады да, Салманға жүгеннің ауыздығын қос қолдап ұстатып, асып қойды.
– Ал, қарағым, енді күшене бер! – деді.
Алдан жалма-жан оның құлағына сыбырлайды: «Ойбай, қасқа, күшенбе, сен түйеше гуілдетіп, абыройды айрандай төгерсің!» Оған Салман да міңгірлейді: «Күшенбесем де шығып барады, қайтейін…» Бірақ қоршаған әйелдер түсініп, күліп жатыр: «Босануда ондай-ондай болады, күшене бер, бәріміздің де басымыздан өтті ғой. Соның арасында Алдан «күйеу» қыңқылдап:
– Осы әйел толғатқанда «Жарыс қазан» деген пісірілетін еді,– деп тастап еді, әйелдер: «Оны білеміз, келген бойда тамақ астық» десті.
Біраздан кейін бір келіншек шықты сыбанып:
– Осының қарны тым жоғары, мұны түсіру үшін тарту керек, – деп, Салманның беліне жабысты. Басқа әйелдер де қостап, оны кергілей бастады. Алдан шыбыжық болып айқай салды:
– Ойбай, тартпаңдар! Баланы тұншықтырдыңдар!
Осындай қарбаластың үстінде біреулер Салманның тартқан орамалының астынан оның әйел шашының жоқ екенін байқаған.
– Әй, мына қарбаша еркек сияқты тоқырбас, — деп шу ете қалды. Оларға Алдан сөз тауып, жауап беріп жатыр.
– И-и, бұл байғұстың да көрмей жүрген қорлығы жоқ. Былтыр кезік болып қатты ауырып еді, содан шашы түсіп қалды.
– Бай-бай, бишара-ай, енді ауырған соң жүкті болмай-ақ қоя тұрсаң қайтеді? – деп әйелдер бастарын шайқайды.
– Ойбай-ау, мына азбан қоя ма?! Күні-түні маза бермейді! – деп Салман мұңайған болды. Әйелдер бәрі жабырлап кетті:
– Бұл еркек ит дегеннің бәрі сондай!
Алдан да қалыспайды:
– Енді әйел қылып алғаннан кейін сендерге қарамай, кімдерге қараймыз? О несі-ай
– Әй, мына мақұлықта бет жоқ екен! – деп әйелдер күлісіп жатыр.
– Бұрын қанша бала көтеріп едің? – деп сұрақ қойды біреуі. Оған жауап беріп жатыр:
– Қазақ ырым етіп, еш уақытта баланың санын айтпайды. Әйтеуір, құдайдың бергені бар.
Біраздан кейін әйелдер кеңесіп, ақылдасқандай болды. Біреуі айтты:
– Осының толғағы дұрыс жүрмей жатыр, етегіне қол жүгіртіп қарау керек.Алдан не істерін білмей, сасып, оларға жалына бастады:
– Ол өзі бір қытықшыл байғұс, тіпті өзім жақындағанда да қытығы келетін. Қолдарыңды жүгіртпей-ақ қойыңдаршы.
Әйелдер оны тыңдамай, біреуі барды да, етегінің астына қолын салды да, шоршып, ыршып түсті:
– Тіфә, бәлекет! Мынау мен көрген бас та емес, тас та емес!
– Енді не?!
– Шолтиған бірдеңеге қолым тиді!
– Ойбай, баланың аяғы болды ғой! – Алдан айқай салып, бетін басып, жылағандай болды. – Бала жүгініп кеткен екен ғой! Басымен келетін нәресте аяғымен келіп тұр ма? Ойбай! Енді бала үстінен өлетін болды-ау! Енді қайттым! Бұл бишараны атқа таңып, ауылға көмуге апаратын болдым-ау, ойбай! Не бетіммен барамын! А-а-а!!! – Жер тепкілеп азар да безер болып «жылап» жатыр. Бір кемпір бұған ұрса жөнелді:
– Тәйт әрі! Өзің бір күйгелек ит екенсің. Не, еркек басыңмен жылап! Дүниеде баласы жүгінген тек сенің қатының ба? Көргенбіз ондайдың талайын! Бәрін де оңғарып, жазып алғанбыз! О несі-ай, сиырша мөңіреген! Теріс келген баланың емін біз білеміз. Әй, қатындар, жайыңдар жерге ана киізді. Сен оңбаған жылауық неме, жатқыз қатыныңды осы киізге!
Киіз жайылып, оған Салманды салды да, оншақты әйел жан-жағынан ұстап, дөңгелетіп айналдыра бастады. Арасында жоғары көтеріп, жерге сілкілейді. Екі әйел екі бұтынан ұстап, көкке қарай секеңдетеді. Кейде тоңқайтып қойып, құйрығына тепкілейді.
Соның бәрінде ырым дұғаларын айтып, тәңірге жалбарынады.
Алдан жан даусы шығып, бәпек болып жатыр:
– Қасқаның өзі туа алмай, қиналып жатқанда өлтіретін болдыңдар-ау! Мұндай емдерің бар болсын!
Әлгіндей қимылдарға зорға шыдаған Салман «уһ» деп демін алып: — «Болды, болды», бала орнына түсті, толғағым да тоқтады» деп ыңыранды. Енді жайғасып отырып, демалысқа көшті. Салман Алданның құлағына сыбырлап, күлістік атады:
– Әй, мыналар шынымен менің ішімнен бала шығара жаздады ғой!
– Ол шыға қойса, менің балам болар еді-ау, – деп сықылықтайды Алдан да.
– Ой, жарымес, саған-ақ берер едім соны! – Екеуі ыржалақтап күлісіп жатыр.
Сөйтіп отырғанда «Жарыс қазанның» табағы тартылды. Бәрі сұғынып ет жеп жатыр. Әсіресе, Салман сылқытып ала бастады. Алдан оны түртіп құлағына:
– Әй, жүгермек, әйел адам сияқты қолыңның ұшымен жесейші. Сен уыстап айдап жатырсың, жұрт не ойлайды?
– Қарным ашып барады, енді қайтейін…
Ал шынында да айналадағылар әңгіме қылып жатыр еді.
– Ойпыр-ай, мына бейбақ ашқарақ екен. Туайын деп отырып, осылай тамақ жегенді бұрын көрсек, көзіміз шықсын! – деседі. Тамақ жеп болғаннан кейін Алдан «әйеліне» сөз тастады.
– Қалайсың, жан-жарым? Жаның жайланды ма? Аллаға сыйынып жүріп кетуге жарайсың ба?
– Жарайтын сияқтымын. Тынышталдым, енді ауылымызға жеткенше шыдайтын сияқтымын, – деп жатыр Салман.
Содан екеуі ауыл адамдарына рахметтерін жаудырып, «қызметтеріңіз алладан қайтсын» деп, қоштасып жүріп кетті. Екеуі былай шыға, күлкіден жарылып барады.
Ауыл адамдары да гулесіп, бұларды біраз әңгіме қылды. «Апыр-ай, өздері қызық екен, жүріс-тұрыстары бір түрлі, сөздері де әр қилы» десіп, талқыласты. Ақыры көңілдеріне бір күдік келгендей болды. «Әй, осылар ауыздарымызды аңқайтып алдап кеткен жоқ па? Арттарынан барып, тексеру керек» деп шешті. Содан олардың соңдарына екі жігітті жіберді.
Біраз жүргеннен кейін Алдан мен Салман арттарына қараса, екі атты желіп келеді.
– Ә-ә, бұлар бізді тексерейін деген екен. Салман, әйел киімдерін әзір шешпегенің жақсы болды. Тез аттан түс те, қауынның біреуін көйлектің астынан, кіндігіңнің тұсына қысып ұстап тұр. Аналар жақындағанда қауынды төмен қарай қоя бер және бар даусыңмен шыңғырып, айқайла, — деді Алдан.
Дәл солай болды. Қуғыншылар жақындап келе бергенде Салман жан даусымен бебеу қақты:
– О-о! Жасаған ие жанымды қалдыра көр! Уһ! Әулиелер, қолдаңдар! – деді де көйлегінің астына қысып ұстап тұрған қауынды екі бұтының арасынан төмен қарай қоя берді. Ол жерге топ ете түсті де, ылдиға қарай домалай жөнелді.
Енді Алдан айқайға басты:
– О! Құдырет, құдырет! Бергеніңе шүкір! – деп қауынды қуып жетті де, көтеріп, шапанының етегіне орап алды. Әлгі дүкеннен сатып алған қуыршақты қойнына тығып алған екен, соны қысып-қысып, дауысын шығарды.
– Іңгә-іңгә! Ба-а-а! Іңгә-іңгә!
Алдан мен Салман қосылып айқайға көшті. Бүкіл даланы жаңғырықтырып, екеуі дүниені астан-кестен етті.
– Ә-ә-әй! Тәңірім берген екен! Алақай! Алақай! Ұзағынан болсын!
Келгендер абдырап шошып кетті. Аттары айқай-шудан, қуыршақтың дауысынан үркіп, кейін қарай жалт бұрылып, осқырып шаба жөнелді. Алдан қарқылдап күліп:
– Ә-ә-әй! Кіндік кесіп кетіңдер! – деп айқайлап еді, олар арттарына қарамай, қолдарын бір сілтеп, тайып тұрды. Ентігіп ауылдарына келді. Бәрі қаумалап, сұрап жатыр:
– Кәне, не болды? Қалай екен?
– Әлгі қатын жолда тағы толғатып тұр екен. Қасқа жаны көзіне көрініп, ойбайлап тұрды.
– И-и, бишара ауылымыздан бекер кетті. Жібермеу керек еді.
– Бір уақытта бұтының арасына бір нәрсе домалап, атып шықты.
– Өй, қасқа, бала қағанағы жарылмай шыққан ғой.
– Сол домалап бара жатыр еді, еркегі жетіп көтеріп алды да, етегіне орады. Сол кезде қағанағы жарылған шығар, баланың дауысы шықты, кәдімгі «іңгә-іңгә, ба-а-а!» деген.
– Астағыпралла! Мұндайды кім көрген! Әйтеуір туса болды.
– Біздерге «кіндік кесің!» деп айқайлады. Аттарымыз үркіп, өздеріміз де қорқып, кетіп қалдық.
Біраздан кейін біздің екі «әртіс» ауылдарына – Жыңғылдыға келеді. Жайраңдап күліп, өздерінің жасаған ойындары туралы ауылдастарына майын тамызып, күлкіні ағызып, бүге-шігесіне дейін қалдырмай айтып береді. Жұрт қырғын күлкіге батады. Бірақ олар айтыпты:
– Шырақтарым, ойындарың әзіл болғанмен ауылдың аузын аңқайтып, келемеш қылып кеткендерің ыңғайсыз болған екен, барып түсінісіп, кешірім сұрауларың керек. Өзіміз сияқты сенгіш, жайма құшақ адамдар ғой. Көңіл кірбеңдерін ашыңдар.
Бірнеше күн өткеннен кейін Алдан мен Салман «толғатқан» ауылдарына келеді. Ел арасында әңгіме жата ма, олардың қулығын бұл ауылда түгел естіген. Тіпті тістерін қайрап жүргендері де болып шықты.
– Ә-ә, мыналар анадағы біздің ақ пейілімізді аяққа басып, алдап кеткендер, сазайын берейік!
– Мынау әлгі күшеніп-күшеніп туа алмай кеткен қаншық еркек пе? Иттің ішін жарып туғызайық! – дегендей іс насырға шаба жаздады.
Дегенмен үлкендер басу айтып, араша түсті-ау.
Ал, Алдан мен Салман күле береді, күле береді.
– Әй, біздікі ойын ғой, күлкі ғой! Кешіріңдер! – деп аха-хуға сала береді. Содан кейін «ауылға арнаған құрметіміз бар» деп, үйдің үлкен қариясына шапан жауып, кемпіріне жақсы маталардан көйлек, жаулық сыйлады. Сөйтіп тынышталды-ау, әйтеуір.
Өткенде бұларға далада қуып жеткен екі жігіттің біреуі сұрақ қойды:
– Бәрі де күлкі ғой, бірақ мына Салманның етегінен домалап шыққан нәрсені түсіне алмай қойдық, ол не?
– Ха! Соны әлі түсінбей жүрсіңдер ме? Салман туды ғой. Көздеріңмен көрдіңдер ғой – деп Алдан тағы құлаққа көшті.
– Қой, әрі. Ер адам туатын ба еді?
– И-и, саған бір құпия айтайық. Шет елдерде ерлер бір-біріне үйленіп жатқан көрінеді. Ол бізге де жұққан. Салман екеуіміз де сондаймыз. Туғыздым ғой мен оған!
– Кет-ай, бәлекет! Не айтып тұрсың?! Соқ өтірікті!
Естіген жұрт аң-таң. Бір уақытта бәрі шулап қоя берді:
– Әй, бұл шайтандар бізді тағы алдап тұр! Кәне, сабайық бұларды!
Алдан жарқылдап күліп, қолын көтерді.
– Жарандар, тыңдаңдар! Ер адамның туған нәрестесі өте тәтті болады екен, тәттілігі қауындай! Қауындай! Түсіндіңдер ме? Оның дәмі тіпті керемет! Шәрбат қауын!
Жұмбақтың шешуін айтқандай күлімдеп тұрды.
Сөзін естігенде халайық үнсіз мылқау көрініске түсіп, бір сәт мелшиіп қалды да, кенет күлкінің оты тигендей бомбыша жарылды.
– Ой! Әлгі домалақ қауын екен ғой! Ха-ха-ха!!! Сұрқиялардың шығармайтындары жоқ-ай! Ха-ха-ха!!! Қауынмен алдаған бізді!
Әлгі екі жігіттің біреуі тағы қол көтеріп, сұрақ қойды:
– Ал іңгәлаған баланың дауысы қайдан шықты?
– Ох, біз ұмытып кетіппіз ғой. Кішкентайларға арнаған сыйлығымыз бар, — деп Алдан аттың қанжығасына байлаулы қалтадан қуыршақты шығарып алып, қысып еді, ол бөбекше бебеулей жөнелді: «іңгә-іңгә, ба-а-а!»
Жұрт одан сайын айран-асыр болды.
– Ойпырай! Бұлар керемет екен! Күлдіруге шебер екен! Ха-ха-ха! Нағыз сайқы-мазақтар екен! Құдай күлкіден айырмасын! Жасаңдар!
Ауылда көпке дейін құйқылжыған көңілді үн тыйылған жоқ.

Көріпкел

Маңғыстаудың белгілі өнерпазы әнші-термеші Амандық Көмеков бірде Атыраудағы тойға қатысып, енді поезбен Ақтауға қайтып келе жатты. Қасында бір жолдасы бар, ол бұрын инсульт соққан, бір жақ қол-аяғы кеміс, беті қисайған кісі. Жүріс-тұрысы қалт-құлт, тілі шүлжің. Жыршының нағашысы, сондықтан оған ауру болса да, әзіл айта береді. Амандық жайраңдаған әзілқой жігіт екені белгілі. Күлімдеп күлдіргі сөз айтатын қуақылығы жетеді.
Купеге орналасып, әлгі жолдасын төсекке жатқызды да, өзі басқа кісілермен танысып, шүйіркелесе бастады.
Вагондағы тазалаушы жас келіншек көрінді. Қарақалпақ жағынан келген, соған «қасымда ауру кісі бар, шай, су әкеліп тұр» деп аздап ақша берді және соны сөйлетіп, сыр тартуға кіріседі. Ол поезд қызметкерлерімен таныс екен, солар туралы сыпыртып, мәлімет бере жөнелді. Оған Амандық тағы екі-үш жүз теңге ұстатып еді, байғұс одан сайын ақтарылды.
Амандық сұрай-сұрай бәрін біліп алды.
Вагондағы жол серік (кондуктор) Қарлыға деген келіншек екен. Ертерек бір әзербайжанмен танысып, үйіне кіргізіп алса, ол Қарлыға рейске кеткенде үйін дүние мүлкін сатып, зым-зия ғайып болған. Енді бір күйеуі бар, бірақ оны менсінбейді. Үйінде күйеуі жоқта ақ «Нивамен» біреу келіп сонымен ашына болып жүретін көрінеді.
Ал поездың бастығы Рәхиля деген әйел болып шықты. Бұл да күйеуінің үстінен жүреді екен. Өзінің қызметтік купесінде, оңаша ойнас жасайтыны бар. Өзінің жақында суға кетіп, қызы өліпті.
Осының бәрін келіншек сұңқылдатып айтып шыққаннан кейін Амандық оған:
– Сен менімен сөйлескеніңді ешкімге айтпа. Мен мына ауру бағып келе жатқан көріпкел емшімін ғой, – деп қояды.
Сол-ақ екен қарақалпақ келіншек басқаны айтпаса да, мұның көріпкел екені ішіне сыймай, жария қылады.
Содан әлгі Қарлыға, Рәхиля дегендер купенің алдынан былай-былай өтіп, Амандыққа көз қиықтарын сала бастайды. Өзі әйелдердің көзі түскендей тым сайлы жігіт, ақсия күліп бұл да оларға сынай қарап, бірдеңе білгендей ыңғай көрсетеді.
Бір мезгілде Қарлыға билет тексерген болып, купеге кіріп келді. Амандық сәлемдесіп, оған байыпты, салмақты пішінде сөйлеп жіберді.
– Әй, қарағым, жүзің жарқын жан екенсің де, бірақ біреуден қорлық көріпсің-ау, – деп салды.
– Ой, аға, о не дегеніңіз? – деп таңданды келіншек.
– Көз жанарыңда бір кірбің бар сияқты, және тамырыңды ұстатшы, – деді термеші. Келіншек білегін ұсынды. Амандық білегін сыйпап, көзін жұмып отырды да бір уақытта:
– Апыр-ай, осы аппақ білекті біраз адам ұстаған екен-ау, – деді. Қарлыға тіксініп қалды.
– Жолаушы, ондайды айтпаңыз! – деп қиыла қарады.
– Айтпасам да болар еді, бұл жерде оны еститін ешкім жоқ. Сондықтан қорықпа, қарағым! – деп Амандық мүлгіп кетті де, содан кейін: – жүн… жүн… көрінеді, бірақ мал емес, адам сияқты, үстін жүн қаптаған бәле… астағыпыралла … жүнді адам… жүнтөс… Не де болса, сол адам іспетті мақұлық сені қатты алдапты.
– Үйбәй-ай, аға, сіз сұмдық білгіш кісі екенсіз. Шынында да бір әзірбайжанмен көңіл қосып едім, сол мені тақыршаққа отырғызып кетті ғой…
– И-и, қарағым-ай, арты жақсы болғай. Жаның аман болсын, дүние де, бай да табылар, әлі басың жас, – деп Амандық жылдырмалатып жатыр.
Әлгі жатқан ауру адам кеудесі бүлкілдеп мұның қулығына тырқ-тырқ күледі. Бірақ күлкісі күлкі сияқты емес, байғұстың аузы қисық қой, сондықтан бетінің қимылы да, тілінің дыбысы да басқаша, күлкіге ұқсамайды. Қарлыға оған таңдана қарайды.
– Мына кісі қайтеді? – дейді.
– Әлгі әзірбайжанды боқтап жатыр, – дейді Амандық айылын жыймай. Инсульт кісі одан сайын теріс қарап ыржияды, күлгені сол. Нағашысына Амандық:
– Тек жат! Қазір саған ем жасаймын, – деп қояды. «Көріпкел» тағы әңгіме бастады:
– Қарылғажан-ай, қазірде басың бос емес қой…
– Түу, қайдан білесіз-ай? Ағатай, бәрін айнадай айтасыз… Әй, әлгі әзірбайжаннан кейін біреумен қосылған едім, бірақ…
– Иә, иә, ар жағын айтпай-ақ қой, бәрі де білініп тұр.
– Не білініп тұр?
– Енді жасыруға болмайды, сен соның көзіне шөп салып жүр екенсің… Сол дұрыс бола ма?
Кондуктор ұялып, қызарып кетті.
– Ол еркегім ойдағыдай болмады… – деп міңгірледі.
– Енді жұбайлық қарым-қатынасты аяқ асты қылу дұрыс емес, – деп Амандық оған ұрсып тастады. Содан кейін көзін ашып-жұмып, тағы білімпаз бола қалды.
– Шіркін-ай, бір ақ нәрсе.. Жаны жоқ дейін десем, қозғалады, жаны бар дейін десем, қаны да, жаны да білінбейді, бұл не болар? – деп аңқыйып жоғары қарайды. Біраз ойланып отырып:
– Қарлыға, маған көрініп тұрғаны, ақ түсті көлік сияқты… – деді.
Келіншектің көзі атыздай болды.
– О, ғаламат, соны да біліп отырсыз ба? Маған ақ «Нивамен» келіп тұратын бір жігіт бар еді. Аға, мен соны жақсы көріп қалдым және одан бала туғым келеді, сол мүмкін бе?
– Әй, қарағым-ай, перзентті болу күрделі мәселе ғой. Оны анықтау үшін біраз тамырыңды тыңдау керек…
– Не көп тамыр ма?
– Әйел адамның бойында алпыс екі тамырдың тоғысқан жері бар…
– Ол қайсы?
– Нәрестенің ана сүтін еметін жері…
Әйел күліп жіберді.
– Бұл қиын емес қой, не, көрсетейін бе? – деп өңіріне қол салды.
– Өй, ұят болар, қоя тұр! Тағы бірде оңаша қарармыз… деп Амандық қайтарып тастады.
Бәрін естіп жатқан ауру нағашысы күлкіден жарылуда. Бірақ күлкісі түсініксіз, бір түрлі ыңырсу, қиқылдау сияқты.
– Сен, нағашы, тыныш жат! – деп Амандық оған өтірік ұрысып қояды.
Содан кейін купеге поездың бастығы Рәхиля кіріп келді. Оған Қарлыға Амандықты жер-көкке тигізбей мақтап жатыр.
– Ой, мына аға деген керемет екен. Барлық сырыңды ашып сайрап отыр, –деді де, шығып кетті.
– Ал аға, машайық болсаңыз, маған да айтып қараңызшы, – деді Рәхиля күліп. Амандық оған тесіле қарап отырды да:
– Ой, қарағым, не айтатыны бар, сенің көкірегіңді бір қасірет кернеп тұр ғой, – деп еді, келіншек шошып кетті, көзі жыпылықтап, жас қоралана берді.
Амандық төбеге қарап:
– Су… су… – деді, – ойпырай, ағын су ма, әлде телегей теңіз бе? Білмедім, әйтеуір соған бір пенде батып барады, құдай-ай, оны ешкім құтқармады ма?!
Рәхиля жылап жіберді.
– Жоқ! Ешкім де құтқара алмады. Қызым кетті ғой суға тұншығып, – деп өксіді. Амандық оған басу айтып жатыр.
– Қарағым-ай, жараңа тиіп кетті-ау, көзіме көрінген соң айтып едім, кешіре гөр, – дейді.
Төсекте жатқан сырқат кісі тағы да селкілдеп ырқ-ырқ етеді, жиенінің сөздеріне күлгені, бірақ оны күлкі деп ешкім түсінбейді.
– Бұл кісі не дейді? – деп сұрайды Рәхиля.
– Саған көңіл білдіріп, қайыры болсын айтып жатыр бұл да, – дейді Амандық алдарқатып.
– Кәне, енді тамырыңды ұстап қарайыншы, – деп еді, Рәхиля жеңін түріп, қолын ұсына берді. Өнерпаз оның білезігін сыйпалап отырда да:
– Ойпыр-ай, тап Қарлығаның тамырындай, – деді – екеуіңіздің де жүрістерің сұйық…
Рәхиля шалқасынан түсе жаздады.
– Ойбай, аға, байқап сөйлеңіз, білгіш дегенге артық кетпеңіз…
– Не артық кеткені бар?! Ойнақшыған жанарыңнан да бәрі көрініп тұр. Мен көзіме түсіп, көкірегіме аян болып тұрған нәрсені айтпай тұра алмаймын. Служебный купеңізді нағыз жын-ойнаққа айналдырыпсыз, –дегенде Рәхиля сасып, жанын қоярға жер таппады.
– Құдай-ай, соны сезіп қалдыңыз ба? Жолдасым арақ ішіп, дұрыс қатынасқа жарамай жүрген соң жолда ептеп қызық көретінім бар еді… Мұны енді ешкімге айта көрмеңіз, құлдығыңыз болайын, – деп жалбарынды.
– И-и, қарағым-ау, бұл осы жерде қалады ғой, білгенді жария қылып, бейпіл ауыз болу бізге жараспайды…
Сол жерде Қарлыға мен Рәхиля Амандыққа қатты сыйлық жасады. Керемет қонақасы ұйымдастырды.
Енді бір қараса, купенің есігінің алдында жолаушылар жиналып қалған, бәрі де «көріпкелге» көрінгісі келеді.
Жыршы «Қасымда ауру кісі бар, соны қамқорлап келемін», – деп олардан зорға құтылды.
Төсекте жатқан аузы қисық нағашысы ырс-ырс күледі. Ал Амандық «көріпкел болу оп-оңай екен ғой» деп жайраңдап, қарқ-қарқ күледі.

Балаларды ауыстыру

Бір кемпірдің бала-келіні, немересі бар. Немересін жақсы көргеннен өзінің қасына алып жатады екен. Бірақ бір күні келіні:
– Енешка, өзім туған баламды өзіме беріңізші! – деп ұлын алып кетеді. Немересіне үйреніп қалған кемпір үш-төрт күн өткеннен кейін шыдай алмай, өз баласына:
– Әркім өзі туған баласына ие болатын болса, жүр менің қасыма! – деп оны өзінің бөлмесіне жетектеп кеткен.
Сөйтіп бір күн өтеді, екі күн өтеді, үш күн өтеді. Төртінші күн дегенде жатарда келіні кемпірге келіп:
– Ладно, енешка. Давай, балаларымызды ауыстырайық, – деп тұрған көрінеді.

Игральный сезон

Құрман деген кісі кезінде алыс отгон жайлауда ферма меңгеруші болыпты. Күзем қырқымы аяқталып, күйек маусымы басталарда ауданға радиограмма жіберуі керек. Құрекең соны «мәдениетті» түрде орысша жазбақ болады. Ол кезде дәп солай, орысша болғаны жөн.
«Стригальный сезон кончился» деп бастапты. Ал енді «күйек алу» дегенді не дейді? Оны білмейді. «Случка» дегенді естігені бар еді, соны ұмытып, әрі ойланады, бері ойланады.
– Әй, «слу..» – деп басталатын сияқты еді, сірә, «слушание» шығар, «слушание начинается» деп жазғысы келсе, қасындағы біреу:
– Өй, Құреке, «Слушание» деген «тыңдау» ғой. Қойлар шағылысып жатқанда не тыңдайды? Мұның тіпті келмейді, – депті.
Сонда Құрман ойланып, айтыпты:
– Күйекте малдар ойнасады ғой, давай, «игральный» деп салайық.
Осыған келісіп, завферма ауданға мынадай радиограмманы ұрып жібереді: «Стригальный сезон кончился, игральный сезон начинается». Аудандағылар түсінбей, артынан Құрманнан сұрайтын көрінеді:
– Құреке, «игральный» дегеніңіз не пәле?
Сонда ол:
– Түу, соған да түсінбедіңдер ме? Енді күйек алғанда қошқар мен қой ойнамай ма? – деп жұрттың бәрін күлкіге батырыпты.

Марш! Ал!

Мәкең, Маршал Әбдіхалықов, болашақ жазушы, КазГУ-де оқып жүрген кезі, «әскери іс» (военное дело) сабағынан емтихан тапсырғалы отыр. Бір орыс офицер сынақ жүргізуде. Мәкең столдан билет алып, жауап берейін десе, ештеңе білмейді. Бұл кісі азаматтық пәндер – тіл, әдебиет, тарих не басқа оқулар болмаса, әскери сабақты жақтырмайды және оқымайды да.
Офицер: «Кәне, жауап бер» деп сұрайды. Мәкең міңгір-сіңгір ештеңе қақпайтынын сездіреді. Сынақшы ашуланып, есікті көрсетеді де:
– Марш! – деп айқайлады.
Мәкең саспай күліп:
– Ал! – деп дауыстайды.
Осылай тағы қайталанады.
– Марш!
– Ал!
Офицер бұлқан-талқан кейіп:
– Что такое? Почему вы говорите «Ал»? – деп сұрайды.
Мәкең айылын жимай:
– Меня зовут не «Марш», а «Маршал», Марш плюс Ал, – деп күледі.
– Как Маршал?
– Да, посмотрите, – деп, оның алдындағы құжатын нұсқайды.
– Вот интересно, – деп офицер сабасына түсіп күледі, – Сам Маршал, а в военном деле ни черта не понимает! Ладно, только за твое имя – тройка! – деп қоя берген екен.

Пікір қалдыру