Тәуелсіздік белестері

Қазақстан егемендігін алған тұста еңсесін енді тіктеп, тәуелсіздіктің даңғыл жолына қадам басқан кезде біраз қиындықты басынан өткерді. Елдің есін жиып, алға қарай ілгерілеуіне біраз уақыт пен түбегейлі өзгерістер қажет еді. Дегенмен ата-бабадан мирас болған күрескерлік қайсар рухтың арқасында еліміз бүгінгі деңгейіне жетті. Осы тұста Қазақстанның Тәуелсіздік жылдарындағы жеңісті де жемісті өзгерістерін саралап көруді жөн көрдік.

Ұланғайыр атырап шегенделген күн

Әлемнің екі алпауыт елімен шектесіп жатқан біздің ел саяси тұрғыдан да, экономикалық және климаттық тұрғыдан да ең қолайлы аймақтың бірі екені белгілі. Асты – кеніш, үсті пейіш ұланғайыр даламызға көз тігіп қызықпайтындар кемде-кем. Ел егемендігін жариялаған алғашқы сәттен бастап әлем жұртына «Қазақстан» атын әйгілеу үшін ең алдымен ата қонысымыздың тарихи ауқымын айқындаудың маңызы зор болды. Сөйтіп, аз уақыт ішінде Отанымыздың шегі халықаралық нормаларға сай заңдастырылып, шекарамыз шегенделді. Одан ары мемлекетіміз барлық көршілес елдермен достық қарым-қатынасты нығайтып, әлемдік аренада белсенділік танытты. Кедендік қатынас жолдары мақұлданып, сыртқы елдермен байланыс арта түсті. Әлем елдері Қазақстанның тәуелсіздігін мойындап, бейбіт қарым-қатынас құруға асықты. Өзара тауар айналымы артып, бұл өз кезегінде экономиканың жағдайын жақсартуға оң әсерін тигізді.
Шекарааралық қатынас көлемі артып, қазақ халқы шетел асып, өзге мемлекеттерде сапар шегуге мүмкіндік алды. Жас болса да бас болып келе жатқан Тәуелсіз Қазақстанға шетелдік азаматтар келіп, елдің өткені мен бүгінін таныды.

Төл теңге төрімізде

Ең алғашқы ұлттық валюта – қазақ теңгесі 1993 жылы жарыққа шықты. Банкноталар Англияның «De La Rue» фабрикасында басылды. Ал қазақ валютасын ойлап тапқан суретшілер Тимур Сүлейменов, Меңдібай Алин, Ағымсалы Дүзелханов, Қайролла Әбжәлеловтер Англияда жүріп, банкноталарды жасауға біраз тер төкті. Осылайша 1993 жылғы 15 қарашада Қазақстанның ұлттық валютасы – теңге айналысқа енгізілді.
1992 жылы 26 шілде күні Ресей өзінің төл валютасын енгізгеннен бастап, өзге елдердің, соның ішінде «рубль аймағындағы» Қазақстан, Өзбекстан мен Тәжікстан елдерінің қаржылық жүйесін бөліп жібергенін хабарлады. Сондай-ақ, Ресей Орталық банкі Қазақстанға қазақ нышандары бар рубльді шығарып беруді ұсынған.
Соған қоса, олардың мынадай талаптары болды: біріншіден, рубльді пайдалану үшін Қазақстан Ресейдің құрамына, Ресей Федерациясының субъектісі ретінде енуі керек. Екіншіден, тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында жинаған небәрі 700 млн-нан астам АҚШ долларындағы алтын-валюта резервін Ресейдің орталық банкіне тапсыруы қажет. Қорыта айтқанда, олар өз рублін Қазақстан тәуелсіздігімен алмастыруды ұсынды.
Сол уақыттан бастап, Қазақстанда КСРО-ның рубльдері ғана айналыста қалды және өзге рубльден бөлінген аймақтан олардың келуіне шек қойылмады. Ақыры, оған дейін құнсызданған рубль әрі қарай құнсызданып, инфляция қарқыны 2900 проценттен асты.
Міне осындай келеңсіз оқиғалардың орын алуы Қазақстанның төл валютасын шығаруға еріксіз жол сілтеді. Сөйтіп, 1993 жылы 12 қарашада ҚР Президентінің Жарлығымен Қазақстан Республикасы аумағында Ұлттық валютаның енгізілуі туралы шешім қабылданып, 15-18 қарашада КСРО-ның 1961-1991 жылдарда шығарылған рубльдерін Ұлттық валютамыз – теңгеге айырбастау шаралары жүзеге асты.
Осы сәттен бастап Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі эмиссиялық банк саналды. Қазақстан Республикасы Ұлттық банктің эмиссиялық қызметі оның құрылымдық бөлімшелері: Алматы қаласында орналасқан Қазақстан Республикасы Банкнот фабрикасының банкноттары мен Өскемен қаласында Монета сарайында дайындалған монеталар көмегімен іске асады.
Теңгенің алғашқы банкноталары еліміздің тариxын мейлінше терең таныта білген банкноталар болды. Теңгенің қасбеттеріне еліміздің мәдени, саяси өмірінде өшпес із қалдырған тариxи тұлғалар бейнесі басылса, сырт тұсына кең байтақ жеріміздің сұлу табиғаты мен тариxи сәулет нысандары енді. Банкнота дизайнын жасау барысында тариxи тұлғалар таңдалып болғаннан соң, суретшілер екінші проблемаға тап болды. Енді ол тұлғалардың шынайы түр-бейнесін табу керек. Қиындығы сол, тариxи тұлғалардың басым бөлігінің суреті болмады. Мысалы, Әл-Фарабидің бейнесі қандай болғанын ешкім білмейді. Өз уақытында бұл сурет КСРО Ғылым академиясының стандарты болып бекітілген. Алайда оның өзін ғалымдардың шығармаларынан, мұрағаттан іздеп табу қиынға соқты. Әбілxайыр xанның суреті ағылшын саяxатшысы Аткинсонның жұмыстарынан табылды. Ал Абылай xанның бейнесі орыс мұрағаттарынан алынды. Сүйінбай тұлғасы қазақ сурет өнерінің негізін қалаушы Әбілxан Қастеев салған портрет арқылы салынды.

Ұлы даланың Ұлттық банкі

Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі 1925 жылы 29 маусымда КСРО Мемлекеттік банкінің Қазақ өлкелік кеңсесі ретінде ашылды. ҚР Президентінің 2001 жылы 18 сәуірде Жарлығымен ҚР Ұлттық Банкінің орталық аппаратының құрылымына өзгертулер енгізілді. Оның ішінде банктік және сақтық қадағалау департаменттері біртұтас банктік және сақтық қадағалау департаменті, әкімшілік департаменті шаруашылық басқармасы, банктерді тарату процесін бақылау басқармасы банктер мен сақтандыру ұйымдарын тарату процесін бақылау басқармасы болып қайта құрылды және қауіпсіздік қызметі басқармасы қауіпсіздік басқармасы болып қайта аталды.
Сол жылғы 11 шілдедегі Жарлықпен ҚР Бағалы қағаздар жөніндегі Ұлттық комиссия таратылып, оның функциялары мен өкілеттігі ҚР Ұлттық Банкіне берілді. ҚР Президентінің 2001 жылы 21 тамыздағы Жарлығымен Ұлттық Банктің негізгі міндеттеріне бағалы қағаздар нарығының тұрақты қызмет етуіне жәрдемдесу, қамтамасыз ету, сондай-ақ бағалы қағаздар нарығын мемлекеттік реттеу міндеті жатқызылды. Президенттің 2002 жылы 17 мамырдағы Жарлығымен ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі қайта ұйымдастырылып, оның жинақтаушы зейнетақы қорларының қызметін реттеу жөніндегі функциялары мен өкілеттіктері ҚР Ұлттық Банкіне берілді.
Ел президентінің 2003 жылғы 31 желтоқсандағы Жарлығымен Ұлттық Банк туралы ереже мен құрылымы бекітілді. Ұлттық Банк ҚР орталық банкі болып табылып, мемлекеттік банк жүйесінің жоғары деңгейі етіп тағайындалды. Ұлттық Банкі мемлекеттік мекеменің ұйымдық-құқықтық нысанындағы занды тұлға болып табылады, өзінің дербес балансы болады, өзінің филиалдарымен, өкілдіктерімен және ұйымдарымен бірлесіп тікелей бағыну схемасындағы біртұтас орталықтандырылған құрылымды құрады. Ұлттық Банк елімізде және одан тыс жерлерде өздері болатын елдің зандарын ескере отырып өз филиалдары мен өкілдіктерін аша алады.
ҚР Ұлттық Банкісінің негізгі мақсаты республикамызда баға тұрақтылығын қамтамасыз ету болып табылады. Ұлттық Банкке бірнеше міндет жүктеледі. Мәселен, мемлекеттің ақша-кредит саясатын әзірлеу және жүргізу, валюталық реттеуді және валюталық бақылауды жүзеге асыру мен қаржы жүйесінің тұрақтылығын қамтамасыз етуге жәрдемдесу міндеттерін Ұлттық Банк атқарады. Осылайша, Ұлы даланың Ұлттық банкі өмірге келді.

Ел қорғаны болған қарулы күштер

Тәуелсіздік алған тұста құрылып, бүгінде ел үшін абыроймен қызмет етіп жатқан саланың бірі – Қазақстан Республикасының Қарулы күштері. Ел тыныштығы мен шекара күзетін қамтамасыз етіп отырған бұл саланың мемлекет қауіпсіздігі үшін маңызы қашан да жоғары.
1992 жылы 7 мамырда Қазақстан Президенті, Қазақстан Республикасының Жоғарғы Бас қолбасшысы Н.Ә. Назарбаев «Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қорғаныс комитетін Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрлігі етіп қайта құру туралы», «Қазақстан Республикасының Қарулы Күштерін құру туралы» және алғашқы қорғаныс министрі етіп генерал-полковник Сағадат Нұрмағамбетовты тағайындау туралы жарлықтарға қол қойды. Бұл күн – Қазақстанның дербес Қарулы Күштерінің құрылған күні болып бекітілді.
«Қазақстан Республикасының қорғанысы мен Қарулы Күштері туралы» Қазақстан Республикасының Заңының 5-тараудағы 18-тармағы бойынша Қарулы Күштер агрессияға тойтарыс беруге, Қазақстан Республикасының аумақтық тұтастығы мен егемендігін қару-жарақпен қорғауға, мемлекеттік және әскери объектілерді күзетуге және қорғауға, әуе кеңістігін күзетуге, сондай-ақ Қазақстан Республикасы бекіткен халықаралық шарттарға сәйкес міндеттерді орындауға арналған.
Осы Заңның 4-бабы бойынша: Қарулы Күштер, басқа да әскерлер мен әскери құрылымдар Әскери доктринаға және Қарулы Күштерді қолдану жоспарына сәйкес қорғаныс саласындағы міндеттерді мүлтіксіз орындайды. Егер қандай да бір залал туған шақта оның құрамына Қорғаныс министрлігіне қарайтын әскер түрлерiнен басқа Iшкi iстер министрлігінiң iшкi әскерлерi, Ұлттық қауiпсiздiк комитетiнiң шекара қызметi және басқа да әскерлерi, республикалық «Ұлан», азаматтық және аумақтық қорғанысты басқару мен құру органдары кiредi.
Еліміздің ҚР Қарулы Күштері құрылған күннен бастап Құрлықтағы әскерден, Әскери-теңіз күштері және Әуе шабуылынан қорғаныс әскерінен тұрды. 1997 жылы 17 қарашада Президент Жарлығымен Қазақстан Республикасының Қарулы Күштері үш жақты құрылымға ауыстырылып, Жалпы әскери күштер, Әуе қорғанысы күштері және Мемлекеттік шекараны қорғау күштері болып бөлінді. Сонымен бір уақытта Бас штаб Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің Бас Штабы болып қайта құрылды. Көп уақыт өтпей, Шекара әскерлерінің Қорғаныс министрлігіне бағынуының негізсіздігі айқын болып, 1999 жылдың 2 шілдесінен бастап олар Ұлттық қауіпсіздік комитетінің қарамағына қайтарылды. 2007 жылғы 21 наурызда Қазақстан Республикасы Президентінің №299 Жарлығымен мемлекеттің әскери қауіпсіздігін қамтамасыз етуге, соғыстар мен қарулы жанжалдарды болдырмауға, Қарулы Күштерді, басқа да әскерлер мен әскери құралымдарды дамыту мен қолдануға негіз қалаушы көзқарастар жүйесін білдіретін Қазақстан Республикасының жаңа Әскери доктринасы бекітілген еді.
1992 жылы 29 қаңтарда Қазақстан Республикасы Еуропадағы қауіпсіздік пен ынтымақтастық жөніндегі ұйымның қатысушысы болып, сол жылғы 2 наурызда Біріккен Ұлттар Ұйымының мүшелігіне қабылданды. Осыған орай Кеңес Одағының шарттары мен міндеттемелерінің құқықтық мұрагерлігін мойындайтынын мәлімдей отырып, Қазақстан өзі қол қойған шарттар мен келісімдерді, оның ішінде қаруды шектеу мен қысқарту мәселелері жөніндегі міндеттерін де адал орындап келеді. Орташа және шағын радиусты аумақта әрекет ететін ракеталар келісімдерде көрсетілген мерзімдер ішінде біртіндеп жойылды.
Қазіргі кезде Қазақстанның геосаяси жағдайы экстремизм, шекараға таяу жерлерде әскери қақтығыстардың өршуi, жаңадан ядролық мемлекеттердің пайда болуы әсерінен үлкен өзгерiстерге ұшырауда.
2007 жылғы 21 наурызда Қазақстан Республикасы Президентінің №299 Жарлығымен мемлекеттің әскери қауіпсіздігін қамтамасыз етуге, соғыстар мен қарулы жанжалдарды болдырмауға, Қарулы Күштерді, басқа да әскерлер мен әскери құралымдарды дамыту мен қолдануға негіз қалаушы көзқарастар жүйесін білдіретін Қазақстан Республикасының жаңа Әскери доктринасы бекітілді.
Әскери доктрина Қазақстан Республикасы Конституциясының негізгі ережелерін, Мемлекет басшысы жарлықтарының талаптарын, Қазақстанның 2030 жылға дейінгі даму стратегиясын, Ұлттық қауіпсіздік стратегиясын, Қазақстан Республикасының заңнамалық және өзге де нормативтік құқықтық актілерін, сондай-ақ Қазақстан қатысушысы болып табылатын халықаралық шарттарды нақтылайды.
Әскери доктрина қорғаныстық сипатта, ол ұлттық мүдделерді қорғауды, елдің әскери қауіпсіздігіне кепілдік беруді батыл шеше отырып, Қазақстан Республикасының бейбітшілікке бейілділігін айқындайды, асимметриялық қатерлерге: терроризмге, экстремизмге, есірткі тасымалына, қаруды заңсыз таратуға, заңсыз көші-қонға қарсы күресті ескере отырып, Қарулы Күштерді, басқа да әскерлер мен әскери құралымдарды дамыту шарттары мен жаңа бағыттарын нақтылайды.
Оның ережелерін іске асыру әскери басқару жүйесін одан әрі жетілдіру, өзара байланысты саяси, дипломатиялық, экономикалық, әлеуметтік, ақпараттық, құқықтық, әскери және Қазақстанның әскери қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған басқа да шаралар кешенін жүргізу есебінен қамтамасыз етілетін болады.
Бүгінгідей заманда, яғни бейбіт кезеңді ҚР Қарулы күштері әскери күштi, жауынгерлiк даярлықты қамтамасыз етiп, басқару органдары мен әскерлердi ел iшiндегi қақтығыстарды, Қазақстан Республикасының мемлекеттік шекарасында немесе аумағының шегiнде туған кез келген заңсыз қарулы күш көрсетудi тұмшалап, тойтара алатын деңгейде ұстау қызметімен айналысады. Одан бөлек әуе кеңiстiгiн күзету, сондай-ақ, мемлекеттік шекараның жедел-стратегиялық тұрғыда маңызды өңiрлерiн жабу, елдiң кез келген ауданында жағдайды тұрақтандыру жөнiндегi батыл iс-қимылға әзiр болу және халықаралық мiндеттемелерге сәйкес бiтiмгершiлiк және өзге де операцияларға қатысу да Қарулы күштердің міндетіне жүктелген.

«Болашақ» – Қазақстан бренді

Қазақ жастарының әлемнің үздік жоғары оқу орындарында білім алуға мүмкіндік сыйлаған бірден бір жоба – «Болашақ» стипендиясы. 1 жылдық оқу құнының өзі бірнеше мың доллар болатын Оксфорд, Кембридж, ММУ сынды университеттерде баласын оқытуға ата-ананың қалтасы көтермейтіндігі айтпаса да түсінікті жайт. Бірақ Тәуелсіздіктің елең-алаңынан-ақ мұндай шетелдік беделді оқу орындарында жастарымыздың білім алуына жол ашылды. Оған ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев құрған бағдарлама мүмкіндік берді.
Осы жылдардың ішінде «Болашақ» халықаралық стипендиясы Қазақстанның бірегей брендіне айналды. Мұны Елбасымыз елордада өткен «Болашақ» халықаралық стипендиясының 25 жылдығына арналған «Адами капитал – жаңғыру негізі» атты форум қатысушыларына жолдаған құттықтауында атап өткен еді.
«Болашақ» халықаралық стипендиясы ел экономикасының басым секторлары үшін кадрлар мен мамандар даярлау мақсатында Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың 1993 жылғы 5 қарашадағы қаулысымен құрылған. Бағдарлама академиялық оқудан, одан өзге әлемнің жетекші компаниялары мен университеттерінде ғылыми-өндірістік тағылымдамадан өтуді қамтиды. Сол уақыттың ішінде «Болашақ» бағдарламасы еліміздің стратегиялық басымдықтарына негізделе отырып, дамудың бірнеше кезеңінен өтті.
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев қазақстандықтармен түрлі кездесуде, халықаралық оқиғалар барысында не болмаса форумдарда бағдарламаның қалай құрылғанын және қанша жас өреніміз шетелде білім алып жатқандығын үнемі айтып отырады. Халықаралық бағдарламалар орталығының мәліметтеріне сәйкес, бағдарлама жүзеге асырылып келе жатқан 26 жылда 13 870 стипендия тағайындалды. Ал қазіргі уақытта 1 199 стипендиат шетелде білім алуда. Стипендиаттардың 44,8 пайызы Ұлыбритания мен Ирландияда, 41,5 пайызы АҚШ пен Канадада, 6,4 пайызы Еуропа құрлығындағы елдерде, 5,5 пайызы Азия мен Океанияда, 2,2 пайызы Ресей Федерациясында оқып жатыр. Елбасы дәл осы жастар егемен елімізді өркендетіп, Қазақстанды заман талабына сай жаңғыртуға атсалысса екен деп тілейтіндігін де сән мәрте айтқаны есімізде.
Жалпы «Болашақ» бағдарламасымен шетелде білім алған жастар бүгінде Үкіметте, министрліктер мен жергілікті атқарушы органдарда, квазимемлекеттік секторларда жемісті еңбек етіп жүр. Елбасы «Болашақ» бағдарламасымен білім алған жастардың аудан және облыс әкімдерінің орынбасары болып қызмет еткендігін, өкінішке қарай, бүгінде бұл тәжірибе тоқтап қалғанын айтты.
Халықаралық бағдарламалар орталығының дерегі бойынша, түлектердің 40 пайыздан астама экономиканың шынайы секторында, 20 проценті білім және ғылым саласында, 7 проценттен астамы медицина мен денсаулық сақтау саласында жұмыс істейді. Болашақ түлектерінің төрттен бірі ірі компаниялар мен мемлекеттік ұйымдардың топ-менеджері болып еңбек етеді екен.
Қазіргі кезде «Болашақ» бағдарламасының стипендиясын жеңіп алған студенттер АҚШ, Ұлыбритания, Германия, Ресей, Аустралия, Австрия, Венгрия, Дания, Жаңа Зеландия, Жапония, Израиль, Испания, Италия, Канада, Қытай, Малайзия, Нидерланд, Норвегия, Оңтүстік Корея, Польша, Сингапур, Финляндия, Франция,Чехия, Швеция, Швейцарияға сияқты елдер арасынан өзіне ыңғайлысын таңдауына мүмкіндіктері бар. Үміткерлер әлемдегі 32 елдің алдыңғы қатарлы 630 оқу орындарында оқи алады. Бүгінгі таңда стипендияны іске асыруда магистрлік және докторлық бағдарламаларға, сондай-ақ біздің ел үшін анағұрлым қажетті болып табылатын техникалық және медициналық бейіндегі мамандарды дайындауға ерекше көңіл бөлінеді.

Ел төрінен орын тапқан Елорда

1997 жылғы 10 желтоқсаннан бастап Қазақстан Республикасының елордасы сол кездегі Ақмола қаласы болып бекітілді. Қала Қазақстанның орталық бөлігінің солтүстігіндегі Ақмола облысында, Есіл өзенінің алабындағы өзен маңы жазықтығында орналасқан. Миллионер қаласы мәртебесіне 2017 жылдың маусымында қол жеткізіп, ол кезде тұрғындар саны 1 002 874 тұрғын болды. Әкімшілік жағынан қала «Алматы», «Сарыарқа», «Есіл» және «Байқоңыр» атты 4 ауданға бөлінді.
Қазақстанның жаңа заманға лайық жаңа астанасын салу идеясы Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаевқа тиесілі. Елорданы Алматыдан Ақмолаға ауыстыру туралы шешімді Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесі 1994 жылы 6 шілдеде қабылдады. Астананы ресми көшіру 1997 жылғы 10 желтоқсанда жүзеге асты. Президенттің 1998 жылғы 6 мамырдағы Жарлығымен Ақмоланың атауы Астана болып өзгертілді. Жаңа астананың халықаралық тұсаукесері 1998 жылғы 10 маусымда өтті. 1999 жылы Астана ЮНЕСКО шешімімен «Бейбітшілік қаласы» атағын алды. Қазақстанның бас қаласы 2000 жылдан бастап «Астаналар мен ірі қалалардың халықаралық ассамблеясының» мүшесі.
2019 жылы 20 наурыздан бастап Нұр-Сұлтан қаласы атанды. Қала Есіл өзенінің жағалауында орналасқан. Ол екі бөлікке – оң және сол жағалау болып бөлінеді. Қаланың гидрографиялық желісі тек Есіл өзенімен ғана емес, сонымен қатар Есіл өзенінің оң ағымдары Сарыбұлақ пен Ақбұлақ өзендерімен де түйіседі. Қаланың 25-30 шақырым радиусында көптеген тұщы және тұзды көл бар.
2020 жылғы 1 қаңтардағы мәлімет бойынша қала тұрғындарының саны 1 136 008 адамды құрады. «ҚазСтаттың» ресми есебі 2017 жылғы 1 қаңтарда елордада 972 672 тұрғынды, 2017 жылғы 1 маусымда 1 002 874 тұрғынды, ал 2020 жылғы 1 қаңтарда есептің жаңа методикасына сәйкес 1 136 008 тұрғынды тіркеді.
Нұр-Сұлтан қаласының экономикасын сауда, транспорт пен байланыс, құрылыс құрайды. Қазақстан экономикасының сауда секторының жалпы өніміне қосқан үлесі бойынша Нұр-Сұлтан қаласы Қазақстан Республикасының облыстары мен қалалары арасында Алматы қаласынан кейінгі екінші орын алады. Нұр-Сұлтан мен Алматы қалаларының жиынтық аймақтық өнім көлемі Қазақстанның жалпы сауданың жартысынан астамын құрайды. Бөлшек тауар айналымы бойынша да Нұр-Сұлтан қаласы республикада екінші орында. Құрылыс өсімі бойынша Нұр-Сұлтан қаласы республика бойынша көшбасшы. 2009 жылы Қазақстан бойынша эксплуатацияға берілген тұрғын үйлердің 1/5 бөлігі Нұр-Сұлтан қаласына келді.
Ал, елордадағы еңселі ғимараттар мен мәдени-тарихи орындардың жөні тіптен бөлек.
Өткеннің жаңғырығын бүгінмен ұштастырған жоба
Елбасы Н. Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы ел дамуының жарқын үлгісі мен нақты қадамдарын көрсететін келелі ой, салиқалы пікір, батыл шешімдерге құрылған маңызды құжат. Бұл мақалада сананы жаңғырту, ұлттық болмыстан, ұлттық кодтан айырылып қалмай, оны әлемдік құндылықтармен үйлестіріп, Қазақстанның игілігіне жарату жолындағы мақсат-мүдделер туралы өзекті мәселе көтерілді. Онда Тұңғыш Президент Қазақстан үшін қайта түлеудің айырықша маңызды екі үдерісі – саяси реформа мен экономикалық жаңғыруды қолға ала отырып, Біртұтас Ұлт болу үшін болашаққа қалай қадам басатынын және бұқаралық сананы қалай өзгертетіні жөнінде алысты болжайтын көзқарастарымен бөліседі.
Мемлекет басшысы аталмыш жаңғырудың негізгі қызметі мен ерекшеліктеріне ой жүгіртіп, бұл жаңғырудың маңыздылығына тоқталады: «Жаңғыру атаулы бұрынғыдай тарихи тәжірибе мен ұлттық дәстүрлерге шекеден қарамауға тиіс. Керісінше, замана сынынан сүрінбей өткен озық дәстүрлерді табысты жаңғырудың маңызды алғышарттарына айналдыра білу қажет. Егер жаңғыру елдің ұлттық-рухани тамырынан нәр ала алмаса, ол адасуға бастайды. Сонымен бірге, рухани жаңғыру ұлттық сананың түрлі полюстерін қиыннан қиыстырып, жарастыра алатын құдіретімен маңызды».
Саяси, экономикалық реформаларда егеменді еліміз бірқатар жақсы нәтижелерге қол жеткізгені баршаға мәлім. Ол адами құндылықтар, рухани қазына, жастарды тәрбиелеу, олардың бойына патриоттық рухты сіңіре білу жұмысында рухани салаға басымдық берудің қажеттілігін алға қойып отыр. Бұл дегеніміз – ұлтымыздың барлық ұлттық салт-дәстүрлерін, мемлекеттік тіліміз бен әдебиетімізді, мәдениетімізді, ұлттық рухымызды жаңғырту деген асыл ұғымға келіп саяды. Елбасымыздың рухани жаңғыруға, руханиятқа, білім, ғылымға маңыз беруі – үлкен көрегендік пен ұлттың алға ілгерлеуін жылдам қарқынмен жылжытатын қозғаушы күш. Бұл – тәуелсіз еліміздің бақытты болашағы мен алаңсыз келешегі үшін жасалып жатқан жұмыс. Өйткені, рухани байлықтың кемел болғаны бұл жеке азаматтарымыз үшін де, әрбір жеке тұлғадан құралған қоғам, туған еліміз үшін де өте маңызды үдеріс.
Н.Ә.Назарбаев бұл ретте, тұтас қоғамның және әрбір қазақстандықтың санасын жаңғыртудың бірнеше бағытына жеке-жеке тоқталды. «Сананы жаңғыртудың» мазмұнын негіздей отырып, Президент жаңғырудың алты бағытын белгіледі. Онда «Бәсекеге қабілеттілік», «Прагматизм», «Ұлттық бірегейлікті сақтау», «Білімнің салтанат құруы», «Қазақстанның революциялық емес, эволюциялық дамуы» мен «Сананың ашықтығы» бағыттары бар.
Аталмыш бағыттардың бәрі барынша өзектендірілген және уақыттың талаптарына нақты жауап береді. «Мәңгілік ел» болуымыз үшін бізге ауадай қажетті қасиеттер мен құндылықтардың қайнары тоғысып, ақыл-парасаты толысқан, ғаламдық ғылымды игерген адамдар көп болса, еліміз өркениетті, бәсекеге қабілетті болатыны ақиқат. «Болашақта ұлттың табысты болуы оның табиғи байлығымен емес, адамдарының бәсекелік қабілетімен айқындалады… Сондықтан, әрбір қазақстандық, сол арқылы тұтас ұлт ХХІ ғасырға лайықты қасиеттерге ие болуы керек. Мысалы, компьютерлік сауаттылық, шет тілдерін білу, мәдени ашықтық сияқты факторлар әркімнің алға басуына сөзсіз қажетті алғышарттардың санатында. Сол себепті, «Цифрлы Қазақстан», «Үш тілде білім беру», «Мәдени және конфессияаралық келісім» сияқты бағдарламалар – ұлтымызды, яғни барша қазақстандықтарды ХХІ ғасырдың талаптарына даярлаудың қамы», – деп ашып көрсетеді. Бәсекеге қабілеттілік саясат пен экономикада, білім, ғылымда, технологияда, яғни барлық салада болуы тиіс. Бәсеке болған жерде әрбір тұлға өзінің ең сапалы қызмет түрін ұсынады. Білім мен тәрбиесі ғажайып түрде үндескен, ұлттық идеологиясы темірқазығына айналған табысты ел болуымыз үшін жақсылыққа ұмтылып, жаманшылықтан арылып, саналы түрде барлық қасиеттерімізді ізгілендіріп, сананы рухани жағынан үнемі жетілдіріп, дамытып отыруға тиістіміз.
Елбасы Н.Ә.Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында тарихтың өткеніне көз жүгіртіп, жаңа тарихи кезеңдерге жан-жақты баға бере отырып, рухани жаңғыру арқылы болашаққа деген өзінің парасатты пікірлері мен көзқарасын білдірді. «Екі дәуір түйіскен өліара шақта Қазақстанға түбегейлі жаңғыру және жаңа идеялар арқылы болашағын баянды ете түсудің теңдессіз тарихи мүмкіндігі беріліп отыр… Мен барша қазақстандықтар, әсіресе, жас ұрпақ жаңғыру жөніндегі осынау ұсыныстардың маңызын терең түсінеді деп сенемін. Жаңа жағдайда жаңғыруға деген ішкі ұмтылыс – біздің дамуымыздың ең басты қағидасы», –деп ел келешегіне үміт артты.

Қазақ спортшылары биік шыңда

Тәуелсіздің алғаннан кейінгі азат еліміздің алғашқы спорттық жетістігінің алғашқысы – хоккей чемпионаты. 1993 жылы Қазақстанның хоккей құрамасы Словенияда өткен әлем чемпионатына қатысып, тәуелсіз Қазақстанның алғашқы чемпион атағын Өскемендік Торпедо командасы еншіледі. 1995 жылы Қазақстанның құрамасы Азия кубогінің жеңімпазы атанып, келесі жылы Қытайдың Харбин қаласында Азия ойындарында жеңіс тұғырына көтерілді. Одан бөлек, қазақстандық хоккей саңлақтары 1999 жылы Корей елінің Чангвон қаласында өткен Азия чемпионатында үздік ойын көрсетті.
Еліміздің былғары қолғап шеберлері жеңіс шыңдарынан талай рет көрінген, әлі де көрінетініне сенеміз. 1996 жылы АҚШ-тың Атланта қаласында ұйымдастырылған Олимпиада ойындарында Василий Жиров қарсыласын тізе бүктіріп, ақтық сында алтын медаль еншілеген. Ал Болат Жұмаділов болса, кеудесіне күміс алқа тағып, Сиднейдегі Олимпиадада дәл осы көрсеткішті қайталаған. Сол Олимпиадада Мұхтархан Ділдәбеков күміс алқа тағып, бірнеше рет Азия мен әлем чемпионы атанған.
Бекзат Саттарханов, Ермахан Ибраимов, Еркебұлан Шыналиев, Бақтияр Артаев, Бақыт Сәрсекбаев сынды батырларымыз Олимпиада ойындарында бақ сынасып, маңдайлары жарқырап, алға шықты.
Спорттың басқа түрлерінде де спортшылардың жеткен жетістіктері аз емес. Қазақ спорты үшін 2000 жыл аса сәтті болды. Сиднейдегі Олимпиадада Ольга Шишигина алтыннан алқа тағып, чемпион атанды. Қазіргі кезде ол жастарға салауатты өмір салтын насихаттап, спортқа баулу жұмыстарымен айналысып, қазақ спортының дамуына зор үлесін қосып жатыр. Әлия Юсуповадай көркем гимнастика өнерінің хас шебері жайлы айтпай кетпеу мүмкін емес. Әлия 2004 жылы Афины қаласында өткен Олимпиада ойындарында жеңіске жетпегенімен, еліміздің ұлттық біріншіліктерінде қатарынан бес рет топ жарған.
Қазақ спортында бокс пен күрес қатар жүреді. Тәуелсіз еліміздің күресте де талай жетістіктері бар. Соның бірі 2008 жылы Пекинде өткен Олимпиада ойындарында Аслан Житкеев күміс медаль еншілегені болса, Теңізбаев Нұрбақыт грек-рим күресінен қола медаль тақты.
Азия құрлығындағы барлық спортшылардың басын қосқан жетінші қысқы Азия ойындарында біздің спортшылар керемет ойын көрсетіп, бүкіл дүниежүзіне қазақ атын паш етті. Еліміздің қос астанасында өткен дүбірлі додада спортшыларымыз 32 алтын, 21 күміс, 17 қола медальді еншілеп, үздіктер көшін бастап келді.
Елімізде 7-ші Қысқы Азия ойындары мен 28-ші Дүниежүзілік қысқы Универсиада сияқты ірі спорттық жарыстардың өткізілуіне байланысты әлемдік стандарттарға сәйкес келетін бірқатар ірі спорт ғимараттары («Сарыарқа» республикалық велотрегі, «Астана Арена», «Алатау» шаңғы және биатлон стадиондарының кешені, «Барыс Арена», «Алау», «Алматы арена», «Халық арена» мұз айдындары, «Сұңқар» шаңғы трамплиндерінің халықаралық кешені), сондай-ақ, алғаш рет Алматыда Олимпиада ауылдарына ұқсас 5000 орындық Атлетикалық қалашық салынды. 2018 жылғы 11 шілдеде Елбасының қатысуымен Ақмола облысының Щучье қаласында жаңа «Бурабай» халықаралық шаңғы базасы ашылды. Нұр-Сұлтан қаласында 2019 жылы пайдалануға берілген Жекпе-жек сарайына аты аңызға айналған қазақстандық балуан, Олимпиада чемпионы Жақсылық Үшкемпіровтің аты берілді.
Тәуелсіздік жылдары елде «Қазақстан Республикасының жазғы Спартакиадасы», «Қазақстан Республикасының қысқы Спартакиадасы», «Қысқы Жастар ойындары», «Жазғы Жастар ойындары», «Қазақстан Республикасы Президентінің жүлдесі үшін 17 спорт түрінен халықтық спорт ойындары», «Мүгедектер арасындағы Спартакиада», «Ақ бидай» республикалық ауылдық спорт ойындары», «Мектеп және колледж оқушыларының жазғы және қысқы республикалық Спартакиадасы» сынды республикалық кешенді іс-шаралар өткізу ісі қайта жанданды.
Дене шынықтыру және спортпен шұғылдануға тартылған мүмкіндігі шектеулі адамдар санының өсу серпіні сақталды. Бүгінгі таңда олардың саны 34 114 адамды құрады. Республикада мүмкіндігі шектеулі тұлғаларға арналған 13 спорт клубы және 3 мектеп жұмыс істейді. Жыл сайын 5 мыңнан астам мүмкіндігі шектеулі спортшының қатысуымен түрлі санаттағы тұлғалар үшін 40-тан астам халықаралық және республикалық чемпионаттар мен турнирлер өткізіледі.
Тәуелсіздік жылдарында елімізде кәсіпқой спорт та қарқынды түрде дамыды. Бокстан, велоспорттан, футболдан, хоккейден кәсіпқой клубтар құрылды. Василий Жиров пен Геннадий Головкин бастаған еліміздің кәсіпқой боксшылары әлемге танылды. 2020 жылы боксшымыз Данияр Елеусінов орта салмақтағы бос IBF континентальдық белбеуін жеңіп алды. Геннадий Головкин Камил Шереметаны жеңіп, әлем чемпиондық атағын қорғады.
Биыл әлемдегі ең беделді Ultimate Fighting чемпионатында алғаш рет 3 спортшымыз бақ сынады. Қазақстандық спортшы Шавкат Рахмонов ММА әуесқой нұсқасы бойынша Әлем чемпионы атанды.

«Халық үніне құлақ асатын мемлекет»

«Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы – бұл ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына арнаған Жолдауына арқау болған бағыттардың бірі. Мемлекет басшысының бұл тұжырымдамасы көптеген мәселеге қозғау салып, қалың ел тарапынан қолдау тауып отыр.
Билік бұқараға барынша жақын болуы керек. Шенеуніктер алдына келген адамға шекесінен қарамай, қайта мәселесін шешіп беруге ұмтылуы тиіс. Президент Жолдауында айтылған пікірді, міне, осы екі ауыз сөзге сыйдыруға болады. Бізді қуантатыны, айтылған сөз іс жүзінде де жүзеге асып жатыр. Оған мысалды көптеп келтіруге болады.
Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты Жолдауында мемлекеттік институттардың рөлін нығайту, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғау, халықтың тұрмыс сапасын жақсарту мәселелерін кеңінен сөз етті. Жолдауда қазіргі әлеуметтік-экономикалық жағдайға жан-жақты, терең талдау жасап қана қоймай, оның шешу жолдарын да көрсетіп берді.
Ел дамуы үшін халық пен биліктің арасы жақын болуы керек. Мемлекет халқының қалауына құлақ асатын, ел дамытуды бірге атқаратын билік аса қажетті. Бірігіп көтерген жүк қашанда жеңіл болады. Ел ертеңінің жарқын болуы билікке ғана емес халыққа да маңызды. Ізінен ерген ұрпағының бейбіт күнде бақытты күн кешкенін барлық адам қалайтыны сөзсіз. Сол үшін дәл осы бастама елдің еңсесін тіктеп ұстауға зор септігін тигізері анық.

Нұрсұлтан МЫҚТЫБАЙ

Пікір қалдыру