9. ҚЫСАЛЫ ҚҰСАЛЫ КЕЗЕҢ
Шығармаларындағы ұлы тоғыс пен толғаныстарды былай қойғанда, оның жеке өмірінің өзі ірі-ірі рухани және дүниеауи трагедияларға толы болды. Сондықтан да, ол қыстыға жүріп құсалы өмір сүрді. Бір қарағанда, осынау кең дүниені тарайтқан заманды да, қоршаған ортаны да, араласатын ағайынды да, алғайтын аға-бауырды да Абайға сол қысас пен құсаны тарта жүріп өмір сүруі үшін жаратқандай болып көрінеді. Тартыстан толас тауып, «жаны жай тапқан» кездегі тыныштықты тағы да сол ағайын-бауыры, дос-жараны бұзды. Оған араласпаса, Абайдың өзі де осы ортадан ысырылып қалатын еді. Өйткені, оқпанның ауызы Абайдың тікелей өзіне қаратылып, өміріне қауып төндірді. Мазасыз, мағынасыз, діл мен діннің шариғатында жоқ бая-шаялықтан жүрегі шайлыққан Абай:
«Болды да партия,
Ел іші бүлінді.
Әуремін мен тия,
Дауың мен шарыңды….
Ортаңа кеп салдым,
Өзімде барымды.
Япырмау, неңді алдым,
Сау қоймай арымды», –деп назаланды.
Абайдың жеке басын қауіп пен қатерге бастаған, «жақынды – араз, алысты – жат қылған», «сенісерге дос қалдырмаған» жанкешті араздыққа бұл жолы Абайдың туған інісі Оспан ұшыратты. Оспан – ақкөңіл, аусар, шаруаға да, саудаға де бейім, асқан жомарт, шектен тыс еркін, кісінің көңілін қайтармаған, өзінің де беті кісіден қайтпаған, аға-бауырына бауырмал, бірақ ашуына ақылын билеткен көкдолы, бір сөзбен айтқанда, кесіп-пішуге келмейтін қалыпсыз мінездің иесі болыпты.
Құнанбайдың кенже ұлы болғандықтан да қарашаңырақтың иесі ретіндегі барлық ерік-тізгін соның қолында қолында болған. Сауда жасап байы-ған. Бірақ, қолы ашық, ауылынан жанынан кесе көлденең өткен адамды шақырып алып қонақ етіп, ат мінгізіп жіберген. Малша, жалшы, күтушілерін мырзалықпен ұстаған. Сауыққой. Ертегіші, әнші, күйші, палуан, нағашысы сайқымазақ Шектібай сияқты он-он бес өнерлі адамдарды қысы-жазы қасында ұстапты. Оларға кетерінде астына – ат, үстіне шапан, алдына – мал салып беріп отырыпты. Ағалары ай сайын кезектесіп қонаққа келуге міндетті болыпты. Уақытында келмесе айып ретінде апталып үйіне жібермепті. Абайға: Сен – үйдің, малдың қамын ойлап қайтесің, алдыңдағы қағазыңа ие бол. Шаруашылығыңды мен көтерейін, – деп сырт жұмысынан босатыпты. Абай мен Ысқақтың үйінен күні-түні арылмайтын қонақты: «Ана екі кедей аштан өліп, не қонақтың алдында ұятты болып қалмасын» – деп қалжыңдап, осы Оспан күтіп, олардың жатын орын, ішер тамағын, мінер көлігін мойнына, ризалықпен шығарып салып отырыпты.
Жалғыз кемшілігі, үш әйелінен де бала көрмепті. Соны уайым көріп, отыз бестен асқанда Абайға: «Мына өмірден не қызық көрдім деймін. Ең болмаса болыстықты ермек етіп, көңілімді алдарқатайын», – деп өтініш етеді. Мұны орындамасқа Абайдың амалы қалмайды. Алғашында ақ көңіліне орай Оспан елден бөлініп кеткен бес жүз үйді қайтарады. Абаймен дос көңілді Оразбай да қайтып оралады. Сөйтіп, «Оспан екі сайлау болыс болып, кектескен жауларына тиісті жазасын тартқызып, қызығын көріп, мауқын басып», жалыға бастаған тұста ендігі билікті інісі Шәкерімге бергісі келеді. Әрине, бұған Оразбай көне қоймайды. Оның да атқа мінетін кезі келген еді. Сол кезде Оспан өзінің долылығына басады. Семейге шағымдануға керткен Оразбайды артынан қуып барып, тура ояздың кеңсесінің алдында ұстап алып, пәуескенің артына байлап, сол байлаулы күйінде ауылына алып келеді. Абай арашаға түсіп, босатады.
Семей мен Шыңғыстың арасы 200 шақырым. Төсеулі жол жоқ. Екі-үш күндік мұндай қорлыққа көнетін адам Оразбай емес еді. Енді, елдесіп өлгенше – белдесіп өлуге бекінген Оразбай: «Құнанбай баласы! Жер басып жүрсем осы зорлығың мен қорлығыңды алдыңа бір келтіремін», – деп Абаймен де ат кекілін кесісіп, ел-жұртымен Бұғылы болысына ауысып кетеді. Абайдың:
«Жүрегім, ойбай, соқпа енді,
Бола берме тым күлкі.
Көрмейсің бе, тоқта енді,
Кімге сенсең, сол шикі…», –деген өлеңі сол орайда туған.
Бұл оқиға, 1891 жылы өтті. Ал, Оспан 1892 жылы 41 жасында жеті күн ауырып, қайтыс болды. Енді, қаласа да, қаламаса да Оспанның бар ауыр салмағын Абай арқалап қалды. «Абай Оспанның өлімімен уланып, дерттеніп, оның өлімін жоқтап, алдағы күндегі тынышсыз, ызалы, кекті, етекбасты ығыр өмірден шошынып:
«Жайнаған туың жығылмай,
Жасқанып жаудан тығылмай.
Жасаулы жаудан бұрылмай,
Жау жүрек, жомарт, құбылмай,
Жақсы өмірің бұзылмай…
Жақсы өліпсің, япырмай!» – деп жоқтады.
Таба мен мазақ, қастық пен қорлық өзінің бауырынан, ағасынан, баласынан, нақтылап айтсақ, қазаққа әйгілі «жесір дауынан» шықты. Ақылбай – Абайдың 18 жасында дүниеге келген төлбасы. Құнанбайдың жас тоқалы Нұрғанымның Ақылбаймен тетелес нәрестесі қазандағы қайнаулы құртқа түсіп өлгеннен кейін, оны бауырына салып алған. Ақылбайдың ерке өскені сондай, Құнанбай мен Нұрғанымды арқаланып, Абайдың өзіне де бойсына бермеген. Құнанбайдың ұлы, Нұрғанымның еркесі болғандықтан да, ерте отау құрып, Абайдан аулақ қоныс теуіп, өзін Абайдың аға-інілері Тәкежан, Ысқақ, Оспандармен тең ұстапты. Аса аңғарсыз емес, бірақ өте болбыр, киімге салақ, мөлшерсіз аңғал, аңқау болыпты. Кім не десе соған сенеді екен. Оның бұл мінезін ағайын-туыстарының Абайға қарсы пайдаланған сәттері де аз емес.
Оспанның артында екі жесірі қалады. Әмеңгерлік жолмен әуелгі таңдау Тәкежанға беріледі. Оның ықыласы Еркежанға ауады. Еркежан үлкен қайнағасына пейіл бермегендіктен де, Тәкежан екінші жесірге үйленеді. Басы бос қалған Еркежанға Тәкежанның ұлы Әзімбай да сөз салады. Оған: Еркежан шешесі есепті болғандықтан да Абай да, Еркежанның өзі де қарсы болады. Сол кезде өздерін менсінбеді деп намыстанған ағайындар Ақылбайға: «Сен Құнанбайдың кенжесісің. Нұрғанымның бауырында өстің. Еркежанды сен ал,– деп қыспаққа алады. Аңғал Ақылбай соған көніп қалады. Мұны естіген әрі Абайдың ұлы Әубәкірді бауырына салып отырған Еркежан: «Мен Ақылбайдың шешесі іспеттімін, туған бауыры Әубәкірді бауырыма салып отырмын. Мазаққа қалдырмай мені Абайдың өзі алсын, не еншімді бөліп берсін. Әубәкіріммен жеке отырамын», – деп Абайға сәлем айтады. Енесіне ұмтылған сәуріктей болған Ақылбайға қатты ренжіп, өзге амалы қалмағандықтан да, Еркежанның қолына өзі барған. «Сен менің баламсың»,– дегенді зілдене аңғартып, Ақылбайдың тәрбиесін қолдан шығарып алғанына өкініп:
Сүйер ұлың болса – сен сүй,
Сүйінерге жарар ол.
Сүйкімі жоқ құр масыл би,
Сүйретіліп өтер сол.
Табылмас қайла,
Ойбайла,
Не пайда?..
… Тәңірі сорлы етсе пенде,
Не бітірер құр жылап.
Жігері жоқ, ақылы кенде,
Жанбасыңнан жат сұлап! –
дейді.
Әкесінің осы өлеңін оқыған Ақылбай әлгі өлеңнің соңына:
Бір жаман мен бе
Дедің бе,
Көңіліңде, – деген сөздерді қосыпты.
Егерде, Абай өз басының тәуекелімен арашаға түспегенде, жалғыз Ырғызбай тұқымын емес, бүкіл тобықтыны «Қалқаман-Мамыр», «Еңлік-Кебек», Қодар-Қамқа, Айғаным-Халиолла, Әмір-Үмітей оқиғасының зауалы мен наласы, табасы күтіп тұрғаны анық етеді. Өзге-өзге, бұл бүкіл қазақты ауызына қаратып, Төбе би болып жүрген Абай үшін сүйекке басылған таңба болар еді. Ағайын арасы болғанымен де, өте қауіпті, ар-ұятты іс еді. Сол күннен бастап Абай Жидебайда тұрақтап қалды. Осы арада, Абай 1893-1895 жылдары болыстық қызмет етті-міс – деген дәркүмән сөз бар, бірақ та нақты дерекпен расталмай отырғанын ескерте кетеміз.
Ағайынның табасы сейіле бастағанда Абай үшін тағдырдың зауалды, құсалы кезеңі басталады.
Жазмыш оның ең талмауытты тамырын үзді. «Өткеннің орнын толтыру үшін Абай өз балаларын орыс мектебінде оқытты, өзге қазақтар сияқты шен-шекпенді емес, білімді уағыздады. Екінші баласы Әбдірахман қалалық училищені бітіргеннен кейін, Абай оны жылына бірнеше жүз сом қаржы шығара отырып Тюменьдегі реальды училищеге береді. Абай оқу үшін осынша көп ақша шығарған алғашқы қазақтың бірі. Әбдірахман Тюменьнің реальды училищесін тамамдаған соң, Петербургтегі технологиялық институтқа аттанады. Онда бір танысының (Лосовский мырзаның) кеңесімен Михайлов артиллерия училищесіне түседі. Өкінішке орай, өз еліне қамқорлығы тиеді деп үміт еткен Әбдірахман артиллерия академиясына баруға дайындалып жүрген кезінде, 1895 жылы өкпе ауруынан қайтыс болады. Бұл «құса» деген жазылмайтын дерттің Абайдың бойына ушыға жайылуының басы еді.
Ол әкелік зарын:
Жасқа – жас, ойға – кәрі едің,
Атаңның атын жоймаған.
Замана, неткен тар едің,
Сол қалқамды қоймаған, – деп жеткізіп, жазмышқа шағынды
Әбдірахман Алматыда қыс күні дүниеден қайтқандықтан, денесін онда аманат ұстатып, наурыз айында Шыңғысқа алдырады. Мәйіттің алдынан шығып, аттан түсіп, арбаның жиегінен ұстаған күйі жаяу жүріп отырыпты, жол бойы дауыс шығармай үнсіз көзінен жасы сорғалап аға беріпті. Ол бұл зар күйінен арыла алмай, кең сақраның әр тұсынан толассыз тоғытылып жатқан көңіл айтушыларға да қарамай, тіпті, «Әбдірахман өлді» дегенді естігісі келмей, теріс қарап: «Бұдан кейін де өмір сүрдім деп ахиретте қайтіп айтамын», – деп бетін күнбатысқа қаратып жатып алғанда қалың қауым жиылып кеп үйіріліп тұрыпты. Сонда елінің бір ақсақалы Абайға кеп: «Абайжан, мына еліңе неге көңіл айтпайсың. Әбіш деген аяулы ұлы қайтыс боп, қайғыдан не істерін білмей сенделіп қалды», – депті. Абай басын көтеріп алып: «А, солай ма еді. Әбіш менің ғана балам деп жүрсем. Ел баласы екен ғой. Мұным ағат-тық болған екен. Барайын, барайын», – деп басын көтеріпті.
Бұл қазаның азасы бүкіл Абай ауылын қаралы күйге түсіреді. Әбдірахманның келіншегі Мағрипа құсалы күй кешіп, Абайдың өзі: «Пенде өлмейді арманнан, Мінеки, мен де өлмедім», «Шыны сорлы мен-дағы, Мағыш байқап қараса», – деп жұбатса да құсалықтан айықпай, Әбдірахманның жылын берер-берместе бұ пәнимен қоштасады. Абайдың бұдан кейінгі көңіл-күйі өзі айтқандай:
Көк ала бұлт сөгіліп,
Күн жауады кей шақта.
Өне бойың егіліп,
Жас ағады аулақта.
Жауған күнмен жаңғырып,
Жер көтеріп күш алар.
Аққан жасқа қаңғырып,
Бас ауырып, іш жанар, – деген үнсіз құсалыққа көшеді.
Кең кеңістіктің іші запыранға толса, «көк ала бұлт сөгіліп», ағыл-тегіл жылап, тазарып алады. Жаңбыр жауса – жер көгереді, ал, уайым-шерге құмығып, көзінен жас аққан адам – солады.
«Осындай ғафилдікті көп өткізіп, елемеген кісінің не дүниеде, не ақыретте басы бір ауырмай қоймайды. Әрбір уайым-қайғы ойлағыш кісі не дүние шаруасына, не ақырет шаруасына өзгеден жинақырақ болса керек. Әрбір жинақылықтың түбі – кеніш болса керек. Енді, олай болғанда, үнемі уайым-қайғыменен жүре аламыз ба? Үнемі қайғыға жан шыдай ма екен? Жоқ, мен үнемі уайым-қайғымен бол демеймін. Уайым-қайғысыздығыңа уайым-қайғы қыл-дағы, сол уайым-қайғысыздықтан құтыларлық орынды харакет табу керек һам қылу керек. Әрбір орынды харакет өзі де уайым-қайғыны азайтады, орынсыз күлкімен азайтпа, орынды харакетпен азайт! Шығар есігін таба алмай, уайым-қайғының ішіне кіріп алып, қамалып қалмақ, ол өзі де бір антұрғандық!..» [«Төртінші сөз»], – деп білген Абайдың да үнемі үстемелеген уайым-қайғыға жаны шыдамады.
Өкінішті өмірдің өтеуі мен жұбанышын іздеп, жалған мен пәнидің, бар мен жоқтың арасын парықтады. Бірақ ол қасарыса үстемелеп уайым-қайғы, үмітсіздік әкелді. Ақыры, асқынған уайым-қайғы «шығарға есігін «таба алмай», құсалықтың құрдымына тарта бергенде – «Харакет» тапты. Ақыл-ойдың төрт діңгегі – Шариғат, Мағрипат, Тарихат, Ақиқатқа ден қойып, Жаратылыстың пайда болуы, Жаратқан Алланың сипаттары, адамгершіліктің негізі – иман, ар-ождан, ғылым, бақас ғылым, жан қуаты мен тән қуаты сияқты философиялық тағлымдарға ден қойды.
Сол кезде, яғни, 1897 жылы, оның бұл бағыттағы ізденісін оданда терең және намыспен, шұғыл айналысуға мәжбүр еткен, қазақ халқының болашағын анықтап беретін, шешуші мәселеге тап болды. Семейдегі ұстазы Камалиддин (Камали) хазіреттен: «Семейге архирей Сергей келіп, жалпы дін, оның ішінде қазақтың дін ұстауы туралы айтыс ұйымдастырмақ. Егерде, біздің ұстанған дінімізден бір шикілік шықса, сол арада бүкіл қазақты шоқындырып, христиан дініне өткізбек. Ол туралы патшаның жарлығы да бар екен. Он бес мешіттің хазірет, имамдары мені ұсынды. Иә, мен Ислам діні мен «Құранға» қатысты мәселелерді толық түсіндіріп бере аламын. Ал, ол өзге дін туралы сұрай қалса, сүрінуім мүмкін. Сөйтіп, дін-исламның, қазақтың иман обалына қалуым мүмкін. Сондықтан да мен: «Абай төрт діннің де қасиетті кітабін оқыған. Сол қатыссын – деп сені ұсынып отырмын. Еліңнің ар-ожданын, иманын, марқұмдардың рухын қорғауға қалай қарайсың, келісіміңді бергеніңді қалаймыз», – деген суыт хабар жетті. Ұзақ ойланып, келісімін берді. Біздің ойымызша, оның Құранның тәфсіріндей болған атақты «Ғақлиқат-и таслиһат» деп аталып кеткен «Отыз сегізінші» сөзі сол архирей Сергеймен болатын айтыстың тұсында қағазға түскен һашия, мұталлаға боп табылады.
Бұл – қазақтың дініне, иманына, рухына, келешектегі болмысына төнген нақты және нағыз жазалы қатер еді. Адамның ең қасиетті сезімінің бірі – діни сенім. Иман – Абай үшін жан бостандығының кепілі. Дінді өзгерту, Абай үшін рухани құлдыққа, басыбайлылықка түсу. Қазақ елінің жағдайында бұл толықтай ұлт ретінде жойылып кету деген сөз еді. Өйткені, діни танымның ықпалымен қоса адамдардың арасындағы қарым-қатынас, бауырмалдық сезім, тектік қасиет, сыйласым мен сыйластық та өзгеріске ұшырайды. Дәстүрлі заң да, тұрмыс-салт та, биліктің түрі де жаңа низамның ырқына бейімделеді. Мұның барлығы жиынтықтала келіп ұлттың өткенін ұмыттырады.
Ал мұндай қатер дәл Абай өмір сүрген тұста қазақ халқының басына ХVІ ғасырдан бастап төніп-ақ келе жатқан. 1555 жылы епископ Гурий басқарған жаңа епархия құрылып, қазыққа отырғызып, қылыш астынан өткізіп, суға тұншықтыру арқылы зорлап шоқындыру басталды. Мешіттер мен медреселер бұзылып, оның орынына шіркеу мен монастрлер салынды. 1593 жылы мешіттер мен медреселерді жер бетінен жойып жіберу туралы жарлығы шықты. 1731 жылы Елизавета Сенаттың қасынан «Шоқындыру кеңсесін» құрды. 1797 жылы Қазан руханият (духовный) академиясы ашылды. 1869 жылы Мәскеуде миссионерлер қоғамы ұйымдастырылды. Бұған дейін түркі тектес хахас (барабы татары), сақа, бурят, тоба, алтайлықтар, қалмақ іспетті ұлыстар шоқындырылып үлгерді. 1822 жылғы I низамнан басталған миссионерлік саясат, 1868 жылғы екінші низамның тұсында нақтылана түсіп, 1892, 1898, 1902 жылдары оны жүзеге асыратын жоспар жасалды. Түркістан өлкесін шоқындыруға дайындайтын архирей кафедрасы құрылып, ол Алматы қаласында орналасты. 1901 жылы Алматыда миссионерлік эпархиальдік мекеме ұйымдастырылды. Алматыдағы кафедралық соборда қазақтарды салтанатты түрде шоқындыру рәсімі өткізілетін болып жоспарланды. Ильминский мұны: «Миссионерлік дегеніміз – бұл да өзінше рухани соғыс, мұнда да соғысушы жақтар өздерінің жоспары мен күштерін еш уақытта ашық жарияламайды», – деп түсіндірді.
1891 жылғы қыркүйек айында Діни (архирей) басқармасы Мәртебелі Ағзамға мұсылмандар арасына Иса пайғамбардың православиелік дінін тарау туралы ұсыныс жасап, мақұлдатты. Бұл құпия «Жарлықты» Абай оқыған (егжей-тегжейі сәл кейін баяндалады): Ережеде: «олардың өздері дінге кіруге ризалық берген-міс» – деген желеумен жүргізілуі тиіс,– деген айлалы амалды жүзеге асыру үшін арнайы жоспар жасады.
Бұл хабарды естігенде Абайдың қандай көңіл күйде болғанын түсіну қиын емес. Таным тұрғысынан алғанда оның халқын заман-ақыр, ал өзін қияметтік талқы күтіп тұр еді.
Абай мен архиепескоп Сергийдің құпия айтысы (дискуссиясы) екі жарым сағатқа созылған. Абайдың досы, осы оқиғаның куәсі Көкбай молланың айтуынша (мазмұндалып берілді): Семей қаласындағы мұсылман оқымыстыларының барлығы мешітке жиылып, дін-исламның ар-ожданын қорғауды Абайға тапсырып, мінәжат қылып, бата беріп шығарып салады. «Ақ шіркеудің» (қазір де бар) алдында священниктер мен поптар: «Қазір сендердің сақалдарыңды кесеміз», – десіп сапыларын жалаңдатып тұрады. Бұл мәжілісте Абай мен Сергий дін жайынан қаншалықты тереңге барды, не жайынан талас қылды, ол арасын мен толық білмеймін. Артынан Абайдан сұрағанымызда: Сергий маған: Сендердің құдайға сиынуларың, құлшылықтарың, ақтықтарың – қорқудан туған. Солай ма?» – деді. Мен оған: «Біздің Алламыздың бір қуаты «Рахман, Рақым», яғни, рақымды мәпағат иесі. Оның қуат күші – қара күш емес, әкенің балаға деген мысы мен сүюі сияқты» – дедім. Содан кейін Сергий айтқан христиандардың нанымындағы «Үш жүзді құдай» (Христостың құдайлық үш сипаты) туралы пікіріне қарсы: «Алланың бірлігіне (жалғыздығына) үш жүзді болу жараса ма, сол үш сипат бір жүзінде болса, құдайлығына көп бола ма?», – қарсы уәж айттым. Содан кейін дін жайын аз сөйлесті де, жалпы ғылыми әңгімеге түсіп кетті. Мен де дін жайын қайта қозғағамын жоқ» – деп жауап беріпті. Сыртқа шыққанда поптар мен свяшенниктер сапыларын, аса таяқтарын көтерісіп, шуылдасып, Абайды сөзден ұтылмақ болғанда Сергий: «Сендер шуылдақты қойыңдар. Ибраһим Құнанбаев сендердің тістерің бататын кісі емес. Заманынан озып туған адам», – деп тоқтатыпты.
Міне, осылай ұлтының ар-ожданының қорғаны болғаны үшін де, жаппай шоқындырудан аман сақтап, жасанып келген архирейдің бетін қайтарғаны үшін де қазақ жұрты оған мәңгілік мәпағат пен шапағат көрсетуі – парыз. Бұған оның «Ғақлиһат-и тәслихат» атты рисаласы толық жауап береді. Осыдан кейін Абайдың жүзі бүкіл қазақ қауымының алдында ашық әрі өтімді болса керек еді. Олай болмады, оны бұрынғыдан да намысты қорлық пен зорлық, тәтті тәнін ащы таяқ күтіп тұрды.
Бұл Абайдың «үнемі арманда болып өткізген өмірінің ең мағынасыз қорытындысы», «саяси өлімі», Абай мен Орзабайдың соңғы үкімдерінің асқынып кеп, шарпысқан тұсы, яғни, архив деректері 1898 жылдың маусым айы деп көрсетілген (М.Әуезовте – 1897 жыл) Мұқыр болысындағы сайлау. Даланың екі көкжалының қарама-қайшы мүдделерінің ең рет соңғы қақтығысуы, қашанғыдай қыр елінің айықпас қоздырушы ұстамасы – «жесір дауымен» шиеленіседі.
Абай – қаралы, Оразбай – жаралы болған 1891-1897 жылдардың аралығында, алдыңғысы – даналыққа, соңғысы – даралыққа ұмтылады. Оразбай жеке болыстық шектен шығып, енді бес болыс тобықтыға тұтас билік ықпалын жүргізуге ұмтылады. Дегеніне жеткендей боп тұрғанда жуантаяқтың жуаны Бәзілдің қызы Хадиша айттырылып, қалың малы беріліп қойған руы есболат-Оразбайдың аталас бауырынан бас тартып, көрші Абыралыдан жолаушылап келген қаракесек Олжабаймен ашық-машық боп, қашуға бекінген кезінде екеуі де қолға түседі. Оразбай мен Байқұлақ қыз бен жігіттің аяқ қолын кісендетіп, Олжабайды өлім жазасына ұйғарады. Хабар Абайға жетеді. Абай екеуін де суыт өзіне алдыртады. Айдауыл жігіттер екеуінің де қол-аяғындағы кісенімен алып келеді. Есіктен кіре бергенде Хадиша қыз қырдың сыңсу әдетіне салып:
Шығады бүркіт алған қыр басына,
Алаштың болдым жолдас мырзасына.
Бір кісен жеке тимей аяғыма,
Олжабай ортақ болдың бір басына.
Олжеке, тартынасың неге жүрмей,
Бағана қалсаң еді маған ермей.
Бір жұмыс неде болса істеген соң,
Қарада жан қала ма дауға кірмей.
Алдыңа келіп тұрмын, Абай аға,
Бар шығар сізде-дағы мендей бала.
Айдайды кісен салып аяғыма,
Әсіне құдіреттің бар ма шара, –
деп өлеңмен арызын айта жөнеледі.
Абай жуантаяқ пен есболаттың, соның ішінде Оразбайдың қасарысқан қарсылығын иығымен басып, Хадиша мен Олжабайдың басын қосып, сол арада айдауыл қосып беріп Абыралыға жөнелтеді. Онымен тынбай, қыз баланы кісендеп, әдепті бұзған жігіттерге айып салып: «Мына Олжабай мен Хадишаны (Ә.Ысқақовтың естелігінде Шөкей) жазықсыз ұрып-соғып, қыздың аяғына кісен салғаны үшін мына бес жігіт қыздың қалыңмалын төлесін», – деп қыр әдетінде жоқ тосын билік айтады.
Кектеніп есболаттар кетеді. Ол барып Оразбайдың ішіне түйнек боп қадалады. Әрине, бүкіл тобықтыға дегені жүріп тұрған Оразбай үшін үлкен соққы болады. Есесін, 1898 жылғы болыстық сайлаудан қайырып, Абайдың ел арасындағы ықпалын басып, оны биліктен мүлдем шеттетуге ұмтылады. Бұл ретте, жігітек, бөкенші, атқарушы болыс Әбен Бітімбаев бастатқан мырза-жөкең Оразбайды ықтап, Мұқырдың ішіндегі көкше табын ығыстырып, өктемдікке көшеді. Оразбай Абайға: «Мен осы жолы көкшені Ақшатауға ысырып, қонысына өзім орналасамын. Абай ара түсемін демесін. Келсе – аман қайтпайды. Қашан айтты демесін», – деп алдын-ала ескертеді. Қысылған жұрт: «Сайлауға өзің кел. Оразбайдың сүйеген адамы болыс болса, басымызға әңгі таяқ ойнайды. Ел іргесі бұзылады. Атаң Құнанбай мен Қаратайдың достығын есіңе ал. Біздің ел сол үшін ығыр болып отыр», – деп Көкбай, Нұранбай, Мағзұмбай үшеуін жіберіп: «Мен сөзден қалғанмын» – Абайды ырқынан тыс мәжбүр етеді.
Аз адаммен келіп, оязға жолығып, аулақтау тұста сәлем бере келген адамдармен сұқбаттасып отырады. Жұрттың ықыласы Абайға ауып бара жатқанын көрген тентек мінезді Әбен Бітімбаев: «Жүріңдер. Сайлауға тіккен үйге барайық. Қара құдай келіпті ғой», – деп қол жиып, көлеңкеде мәжіліс құрып отырған Абайды қамшысымен нұсқап: «Ей, жігітек пен бөкенші! Сендердің он жеті атаңды Сібірге айдатқан Абай, әне, оңаша отыр. Кеңгірбайдан туғандарың шын болса, кек алатын кездерің келді. Өлтірсеңдер де еріктеріңде. Абайдың құны – ары кетсе он кісінің құны шығар. Оны үш мың жылқысы бар Оразбай төлейді. Шығын – бізден, қолқайрат – сендерден», – деп аттарынан түсіп, Абайға қарай ұмтылып, қамшыларын үйіре жөнеледі.
Әбен де қамшысын білеп үлгереді. Көкбай мен Уәйіс Абайдың арқасына шапандарын жауып үлгеріп, үстіне жата кетіп, қамшыға өз арқаларын төсейді. Кәкітайдың: «Абайды өлтірді!» деген орысша айтқан аттанымен ояздың бұйрығымен күзетшілері аспанға мылтық атып, топты таратады. Көкбай мен Уәйістің жонын қамшы тіліп кетіпті, Абайдың оң жақ самайынан қан ағып тұрады. Адам түгендегенде Кәкітай жоқ болып шығады. Сөйтсе, ол бірден Семейге заң орынына арыз беруге шұғыл аттанып кетіпті. Иә, Абайдың бұл арада:
Сұм дүние тонап жатыр, ісің бар ма,
Баяғы күш, баяғы түсің бар ма?
Алды – үміт, арты – өкініш алдамшы өмір,
Желікпен жерге тықпас кісің бар ма?, –
деп күйінсе – күйінетіндей жөні бар еді.
Сонымен, Оразбай дегеніне жетті, Абай қанды жарақат алып, ауылына қайтады.
Бұл – Абайдың, өзі туғаннан бастап өршімесе – басылмаған кекті ерегестің сүйекке салған ең соңғы таңбасы және сол дұшпандық пен қорлықтың да ең соңғы шарпысуы, Абайдың өзі тоқтатып, татулыққа бет алған «Берекенің» басы болды. Найманның – Серікбай, керейдің Бегеш атты билері Байқошқар жайлауында отырған Абайға келіп: «Абай мырза! Сен жалғыз тобықтының Абайы емес, мұқым қазақтың Абайысың. Тобықтыға сыймасаң да алашқа сиясың. Еліңді тастап ер атанбассың. Сізбен: қазылған орыңызда, шашылған топырағыңызда бірге болайық деп келдік. Бүкіл қазақ атынан Абайдың абыройын қорғау үшін келдік. Не байламыңыз бар!», – деп Абайдың рұқсатын күтеді.
Ол кезде: Оразбай мен Әбен Семейге бас сауғалап кеткен. Кікітай: қазақтың төбе биі (бүгінгі конституциялық соттың төрағасы есебінде) Абайдың атынан Сенатқа шағым-хат ұйымдастырып жатқан. Серікбай мен Бегеш жазалы құн кесіп: «Абайдың алдынан кешу алмасаңдар төрт арыстан төрт жүз кісі ертіп кеп, шаңырағыңды ортасына түсіріп, қазан-ошағыңды күл-талқан етеміз» – деп, Абайдың: «Билігіне ризамын. Кесім құнын алмаймын. Бітім-тынымын жігітек пен бөкеншінің өзі табар. Оған алаң болмаңдар», – деген ризалығымен еліне қайтады.
Ендігіге не сұрау бұл жалғанда,
Ақыл-ой, ар-намыс жоқ еш адамда.
Туған жер, өлген мола жібермейді,
Әйтпесе, тұрмас едім бұл арада, –
дегенді Абай сол кезде айтты ма, жоқ, бұрынғы өкпенің сызы ма, әйтеуір, ел-жұртынан бір рет түңіліп, сырт елге кетпек болып аттанғаны, ілгеріде айтылған Серікбай мен Бегеш би алдынан тосып, тізгінінен ұстап, кері қайтарғаны:
Дәмі қайтпас, бұзылмас тәтті бар ма,
Бір бес күннің жөні жоқ аптығарға.
Қай қызығы татиды қу өмірдің,
Татуды – араз, жақынды – жат қыларға, –
деген ойға келгені анық.
Бұл оқиға туралы пайым да, болжам да, бопса да көп. Алайда, сол қастандық пен биліктің куәсі, Абайдың қасында отырып шешімін естіген Тұрағұл Абайұлының дегені – деген болып табылады. Біз Тұрағұлдың естелігіне жүгенеміз:
«Ақылы көзінде, елдігі де, жаулығы да қас пен көздің арасында тұратұғын сорлы қазақ, менің әкемді көрген соң, әкемнің досы жаққа шыға бастаса керек… Бірнеше татымсыз адамдар келіп, жанжал шығарған …Бірақ таяқ (қамшы – Т.Ж.) тиді не, тимеді не, әйтеуір, Абайды ұрдық – деген атын көтеріп, мұратына жетеді. Осы іс туралы ағайын-туғаны, балалары, ел-жұрты, дос-жары жиылып: Біз де пәлен етеміз, өлеміз, өлтіреміз, бітім жоқ – дегенде менің әкем айтты:
– Барша жамандықтан – жамандық туады, жақсылық тумайды. Мен жасымда, қарғағанымды – жер қыламын деп, ашуға да, айлаға да шырық жағып, түнегендей болғанмын. Дұшпанын жеңбекте жолы болған адамның бірімін. Мен алғаш атқа мінгенде, Жігітектің дәулеті де, дәурені де өзімізбен тең, жайы келсе артықпыз деп жүрген ел еді. Солардың қанша жандарының айдалып, байлануына, бірінің артынан бірі барамын деп, шұбап жүріп бейнетке, қазаға ұшырауына себеп болған шығармын. Рас, өздерінің ұрлық, зұлымдықтарынан да болған шығар, бірақ, менің қатты зәрленіп соңына түскенімнен де болды. Сол жігітек деген: ел қандайлық елдіктен кетіп, кедей болып, торғайдай тозды – десең де, бүгін астымда жатса да аяғымды тістеуге жарады. Бұл: жаманшылықтан туған жаманшылық – деп біліңдер. Өлеміз, өлтіреміз, бітім жоқ – деген дұрыс емес. Мен енді бұл бітімсіздікті қостауға жайым жоқ. Жөні келсе, мен бітімнің кісісімін», – деп елді тоқтатты.
1898-жылдың 1899 жылға қараған қысында Оразбай Меккеге қажылыққа жүрмек, бітім, ризалық сұрады. Семейде, Жақия қажының үйінде бас қосып, ризалық-кешімін берді. Оразбайдың Медеу деген ұлы жол-жобасымен әкеме келіп, бітім алды. 1899 жылы болыс арасын қайта межелеп, жігітек, бөкенші елі Шыңғыс болысына қарап қалды. Олар өздерін ашулы арыстанның алдына қол-аяғын байлап тастаған кісінің күйін кешті. Әкем араз ағайынның басты-басты адамдарын, ақсақал-қарасақалын шақырып: «Қырық жыл елдік болса да, қырық жыл жаулық болмайды. Жаулықты ұмыталық. Менен жаулық шығады екен демеңдер», – деп, қойынын ашып жіберіп, жүрегін көрсеткенде … олар да бұрынғы жаулығын сол арада ұмытты… Әкем дүниеден қайтқанда, әкемнің аруағын сыйлап, шын достығын көрсеткен де осы араз ағайын болды… Солардың арқасында жалғыздық көргемін жоқ».
Бұл – шын сөз. Абай мен Оразбай достықтың белгісі ретінде, 1900 жылы туған, өзі бауырына басқан немересі, Мағауияның Ақылия атты қызын Оразбайдың Медеуінің Санияр деген жас нәрестесіне бесік құда болды. Ақылия апай нағыз дананың тұқымы еді. Әлқисса, біз сол апайды көріп, әңгімелескен сайын, оның дидары мен сөз мәнерінен Абайдың бұлдыр елесін көргендей мұғжизаға бөленуші едік.
Әрине, бүкіл қазақ елін түршіктірген бұл әреке таяу арада аяқталмады. Абайдың еркінен тыс екпін алып, Кәкітайдың ұйымдастыруымен Петербургқа – Сенатқа дейін жетті. Ояз, облыс губернаторы да тергеусіз қалдырмады. Соның барлығы Ояз бастығының Дала генерал-губернаторына (мазмұндалып беріліп отыр): «1893 жылға дейін Оразбай Аққұлов өзінің руластарымен бірге Шыңғыс болысына қарады, Қазір де сонда тұратын аса ықпалды қазақ Ибрашгим Құнанбаев екеуі … қандай да бір өзара есеп айырысудың салдарынан араздасып, жауласып кетеді. Қақтығыстың шиеленісіп, асқынып кеткені сондай Оразбай Аққұлов соңына ерген елімен бірге Бұғылы болысына ауысып кетеді… Бұл екеуіне тиімді болғанымен, дұшпандықтары басылмады. Құнанбаевті – көкен елінің болысы Нұрғожа Шынғожин, Мұқыр елінің болысы Дүтбай Уандықов, Бұғылы елінің болысы Есентай Төлебаев, ал Аққұловты – Мұқыр болысының қазағы Әбен Бітімбаев және тағы да бірнеше ықпалды адамдар қолдады. Бір жағының қандай да бір әрекетін екінші жағы өтірік-шынын аралаластыра отырып жоққа шығарды, жау жағының билеуші адамына жазықты-жазықсыз жала жауып, айып тақты. Олардың арасы 1898 жылы қатты ширықты, бірақ та заманы өтіп, қартая бастаған Құнанбаев пен Аққұловтың арасындағы тартыс бірте-бірте бәсең тартты, ал олардың ұлдары әкелерін татуластыруға бар күшін салып, екі болыстың арасындағы араздықты жоюға тырысып жүр», – деген хатымен аяқталып, тергеу ісі тыным табады.
Ал, бұл берекенің басы – Абайдың өзі болатын.
Ел ішіндегі артыс-тартыс, жала мен жазғыру, араздық осылай тындым тауып, Абай енді бойын тіктей бергенде, қайырылып басын көтере алмайтындай заман мен жазмыштың зауалына тап болды. Бұл зауал оның «өлім күйін» шертті.
Абай қазақ ұлтының бүкіл болмысы мен ар-ожданының, рухының, ақыл-ойының нысаналы нысанасы. Тағдыр оған барлық тауқымет пен тауфихты, рақат пен азапты, қуаныш пен ренішті, махаббат пен ғадауатты, даналық пен балалықты, мәрттік пен қарттықты, жомарттық пен сараңдықты, дана мен наданды «ақ бұйрықпен» (Абай) алдына тосып отырды. Оны сол арқылы сынағысы келгендей, тілін ащы ғып жаратып, соның уытын төгіп кетсін дегендей сыңай танытып, «соқтықпалы, соқпақсыз жерде есіріп, мыңмен жалғыз алыстырып» қойып, «қолайлы жағдай» жасаған сияқты.
Өмірінің соңғы жылдарындағы ақын жүрегін жаралаған ең ауыр оқиғалардың бірі – патша жандаралдарының үйін тінтуі және оны астыртын бақылау-ға алуы еді. Дала данышпаны дәл сол жылы рухани басыбайлылықтың қазақ халқына мықтап төнгеніне көзі жетті. Оның түңілуіне себеп мынау: 1902 жылы қазақтарды жаппай шоқындыруға кіріспек болған православие архирейінің жарлығының көшірмесін миссионер Алекторовтың құпия тартпасынан қолына түсірген сонау Көкшетаудағы Шаймерден Қосшығұлов – Шыңғыстаудағы Абайға жолдайды.
Ол хат Абайдың қолына жетпей жатып, 1903 жылы 21 мамыр күні Омбыдағы Дала генерал-губернаторының кеңсесінен Семей облыстық әскери губернаторына шұғыл телеграмма соғылды. Онда Дала генерал-губернаторының: «Өлкенің бас архиепископының өтініші бойынша, Сізден мынаны анықтап беруіңізді өтінемін. Көкшетау қаласынан Шаймерден Қосшығұловтың атынан Арқат Почта-телеграф кеңсесіне Ибрагим Құнанбаевқа жолданған хатты хат иесі алды ма, жоқ па, соны біліңіз. Хат тапсырылмаса ұсталынып қалынсын», – деген мағынадағы бұйрығы жазылған еді. Діни көсемінің пәрмені өлке ұлығының, облыс ұлығының, ояздың алдынан бір-ақ күнде өтіп, сол күні Арқат бекетіне: «Көкшетаудан Қосшығұловтың атынан Ибрагам Құнанбаевқа жолданған хат Арқат почта кеңсесіне келіп түсті. Қастандық насихаттың тоқтатылуына және Құнанбаевті ақылды, түсінігі мол адам ретінде білетіндігіме байланысты хатты тапсыруды өтінемін. Оны алған кезде ояз бастығы қатысып тұрсын», – деген пәрмен түсті. Осы ресми қатынастардың негізінде «Мұсылман діншілдерінің реакциялық қозғалысы туралы» қылмыстық іс қозғалады.
Хат қандай жағдайда болсын, әйтеуір, Абайға табыс етілгені анық. Шаймерден Қосшығұловтың жеке хатымен қоса қазақтарды шоқындыру туралы «Жарлықтың» көшірмесі де шықты. «Жарлық»:
«1891 жылы қыркүйек айында Діни (архирей) басқарма Мәртебелі Ағзамға мұсылмандардың арасында Иса пайғамбардың православиелік дінін тарату туралы ұсыныс айтқан еді. 1902 жылы наурызда Мәртебелі Ағзамның бекіткен заңына сәйкес мемлекеттік құпия істер жөніндегі кеңесші: «Патшаның бодандығындағы барлық бағыныштылар бір дінге көшуі керек, бірақ та оларды бағындыру және шоқындыру, бір дінге көшіру – «Ережеге» байланысты құпия, ың-шыңсыз, бірте-бірте, күш қолданусыз, зорлаусыз, алайда асқан ептілікпен, айламен, «олардың өздері дінге кіруге ризалық берген-міс» – деген желеумен жүргізілуі тиіс. «Өздері православие дініне өтуге өтініш білдірді, өздерінің еркімен енді» – деген айлалы амалды жүзеге асыру үшін арнайы жоспар жасау керек», – деген сөзден басталды.
Бұл құжатты оқығанда Абайдың қандай көңіл күйде болғанын түсіну қиын емес. Таным тұрғысынан алғанда оның халқын заман-ақыр күтіп тұр еді. Елінің ертеңін ойлаған жан үшін осы құжаттың өзі де жүрегінің басына у құюға жетіп жатыр еді. Өмірінің соңында «Алланың өзі де рас, сөзі де рас» деп өлең жазған және қара сөздерінде дін мен иман туралы бірнеше ғақлия жазған Абайға шоқындыру пиғылы Семей қаласында өткен 1897 жылғы діни айтыстың тұсынан мәлім болатын. Абай соның бәріне төзді. Бірақ патриарх ұсынып, мәртебелі ағзам қол қойып, мақұлдаған мына рухани қорлыққа шыдамады. У бойына тұтастай жайылып кетті. Абай хатты алған кезде: «Қазақтарды жазаға тарту туралы мәртебелі ағзамнан пәрмен сұралады. Пәрмен берілгеннен кейін қазақтарды жазалау үшін әскер жабдықталады және олар кресті алға ұстап жорыққа аттанады. Қазақтардың бәрін де шоқындыруға және православие дініне кіргізуге мәжбүр етеді. Ал бұл талапты өз еркімен орындамағандарды қырып салу керек», – деген кесімді үкім шығарылып қойған еді.
Шаймерденнің қолына қалай түскен бұл мәліметтен, 1902 жылы 22 наурызда патшаның мұсылмандарды шоқындыруға жарлық бергені, ол науқанға дайындықтың құпия түрде жүріп жатқаны анық байқалады. Архирей ағзамның, екі бірдей губернатордың, ояздың төбе шашы тік тұра алашап- қынға неге түскені енді түсінікті. Мұндай қауырт һам құпия мәліметті таланға тастағаны үшін патша да, патриарх та бастарынан сипамайтыны анық.
Құпия хат: «Ауылдарда, старшындарда «ауыл мектебі» деген бүркеніш атпен мектеп ұйымдастырылып, бірте-бірте олардың санын көбейтіп, алғашқыда қазақтардың көңілін табу үшін оларға қазақ мұғалімдерін жіберу керек. Оларға міндетті түрде орыс окуын оқытып, балалармен орыс-ша сөйлеуді, қазақ әрпін қандай жағдайда болсын қолданбауды тапсырып, сөйтіп қазақ кітабын оқи алмайтындай жағдайға жеткізу керек. Бірақ оны заң ретінде қолданбау керек. Сонан кейін мына тәсілге көшу ұсынылады: барлық мектептердің мұғалімдерінен «мұғалім» деген инспектордың арнайы бекіткен куәлігін талап ету керек, ал инспекторға қазақ мұғалімдеріне куәлік беруді әдейі қиындатып, сарсаңға салып, қасақана кешіктіру туралы алдын ала тапсырылып қойылуы тиіс. Куәліксіз сабақ берген мұғалімдер қатаң түрде заң арқылы жауапқа тартылсын. Осы тәсілмен молдалардың санын кемітіп, ол міндет ауыл старшиндеріне жүктелсін. Поптарға белгілі адамдар ғана мұғалімдікке алынсын. Содан кейін ретіне қарап сылтау тауып: «Старшындар өздерінің ақымақтығынан және істің мәнісін білмегендіктен ананы-мынаны бүлдірді-міс, халық санының өсуі кеміп кетті-міс» – деген, тағы басқа да молдалар туралы лақап таратып, ауыл мектептерін молдалардың қолынан алып, поптың ықпалына еріп, айтқанына көнетін және оның үнемі қол астында жүретін адамға тапсыру керек», – деген нұсқаумен басталды.
Бұл мына бағдарлама бойынша қазақ шәкірттері орыс оқуын: «Қазаққа күзетші болайын деп, біз де ел болып, жұрт білгенді біліп, халық қатарына қосылудың қамын жейік деп ниеттеніп үйренбейтін» сол можантопай можандардың: Аз білгенін көпсініп, Көп қазаққа епсініп, Елге пайдасы тимейтіні» анық еді. Бұдан шығатын қорытынды: патшалық әкімшілік пен миссионерлік басқарма қазақ халқының арасындағы мектептерді сауаттандыру үшін емес, керісінше, ұлтты аздыру, жұртты рухани тәуелді ету үшін ашқан және сол бағытта «өте сақ әккілікпен, табанды түрде» жұмыс істеген. Абайдың қолына тиген жарлықпен Ильминскийдің синод прокурорына жазған нұсқаулары мұны толық дәлелдейді. Нұсқау бойынша: Бірінші: қазақ мұғалімдері мектептен шеттетілді. Екінші: мектеп – миссионерлердің ұясы болсын деді. «Абай жолындағы» «Ақ шіркеудің» оқиғасы да соған куә. Үшінші: шала оқыған қазақ баласы губернатордан бастап губернанткаға (күтуші) дейінгі орыстардың алдында «қорқып, сескеніп, үрейленіп» тұруы тиіс еді. Оған да қол жеткізді. Абайдың сондайларға қарата айтылған:
Өнерсіздің қылығы:
Тура сөзін айта алмай,
Қит етуге бата алмай,
Қорлықпенен шіруге.
Аз ақшаға малданып,
Өнбес іске алданып,
Жол таба алмай жүруге,–
деген жолдарынан миссионерлік оқу өтіп кеткен шәкірттердің сықпыты көрінеді. Міне, рухани құлдық.
Отаршыл діни қаскөйлер енді ұлттың ұйытқысы – аналарды арбап, елді емшек сүтінен бастап ірітуге құныға кірісті. Мәдениетке тарту деген сылтаумен қыздар мектебін ашты. Ондағы ойы: «Қыздар мектебін ашу керек және қазақ қыздарын орыс оқуына оқытудың мақсаты мынау: ол ертең қазаққа тұрмысқа шығып, ана болған соң өзінің күйеуі мен баласын орыстарға бейімдейді. Олай болған күнде қазақтың оқуын тез жоюға қол жеткіземіз және орыс оқуын ғана оқытамыз. Содан кейін арнайы (ең шешуші) Заң шығарылуы тиіс, сол заң арқылы қазақтарды әр қонысқа бөліп-бөліп тастап, оларды крестьянға айналдырамыз», – деген пиғыл еді. Осы екі мақсатқа да миссионерлер XIX ғасырдың аяғында, XX ғасырдың басында ішінара қол жеткізді. Адвокат Плеваконың шешесі – Алма, генерал Корниловтың шешесі – Рахия, Жүсіпбек Аймауытовтың әйелі – Евгения, сол қыздар мектебінің жемісі еді.
Ұлттың рухани тұтастығын ыдыратудың аса қауіпті әрі аяр, ұзақ жылдарға арналған жоспарын Абай өлерінен бір жыл бұрын білді. Архирейдің нұсқауында жоғарыдағы Н.М.Ядринцев пен В.В.Радловтың ұсыныстары толық ескерілді. Онда қазақ даласына орыс оқуы дендеп кірген соң:
«…Қазақтардың өз атынан бізге шоқындырушы уағызшы керек деген арыз ұйымдастыру керек. Бұл міндетті орындауға жіберілген адам (уағызшы) қазақтардың барлық талаптарын орындауға, көмектесуге міндетті, оларды өзімен бірге ертіп жүріп бойын үйретсін, өзімен қол беріп амандасқан қазақтардың өкілінс сый-сияпат көрсетсін, өзіне тартсын. Дінге үйір қыла берсін, сөйте жүріп: «Қазақтардың дініне ешкім де қысым көрсетпейді» – деп пікір тарата берсін, ал олардың уағызға келуі және тыңдауы өздеріне пайдалы, бір-біріне қастық жасамауға, шындықпен өмір сүруге көмектеседі деп сендірсін. Қазақтарды осылайша тыныштандырып алған соң мынадай ұсыныс жасау керек: «Мұның барлығын қазақтардың өзі сұрап жасаттырып еді, ол үшін миллиондаған сом ақша кетті, қазақтардың өзі уағызшы сұрап еді, ол да қанағаттандырылды, соның бәріне қарамастан қазақтар үкіметті алдады, сол үшін жазаға тартылуы керек» – деп жарлық жасау керек. Қазақтарды жазаға тарту туралы мәртебелі ағзамнан пәрмен сұралады. Пәрмен берілгеннен кейін қазақтарды жазалау үшін әскер жабдықталады және олар кресті алға ұстап жорыққа аттанады. Қазақтардың бәрін де шоқындыруға және православие дініне кіргізуге мәжбүр етеді. Ал бұл талапты өз еркімен орындамағандарды қырып салу керек», – деп кесімді үкім шығарылып қойған еді. Бұл сөзді оқу Абайға өте ауыр соқты. Кез-келген жылы жүзді миссионердің жылмиғанына еріп жүре беретін қандастарына деген қыжылын Абай «Мәз болады болысың, арқаға ұлық қаққанға», «Ояз бардағы қылықты, ояз жоқта етпейді», «Күштілерім сөз айтса, бас изеймін шыбындап» – деген өлең жолдары арқылы сынады. Елдік бірлікті ірітіп отырған да сол мінез еді.
Мұның кілтипаны, миссионерлер шоқынған адамның бірнеше ұрпағына дейін үзілмейтін аңду қойып, бақылау астына алғандығында және олармен қалай жұмыс істеудің әдіс-тәсілін сызып, қағазға жазып кеткендігінде. Абай оқыған хатта бұл туралы: «Сол кезде қазақтар: «Бізді орыстар үнемі күзетіп отырар деймісің – деп православие дінін қабылдайды, іле-шала орыстарды алдап, кресті сандықтың түбіне тыға қойып, өзінің дінін ұстауды жалғастыра береді. Міне, осы кезде барып ауылға шіркеу мен мұнара салып, қолына күн сайын крест ұстатып отырғызып, уағыз тыңдату қажет. Сонда ғана татар мен сарттардың қазақтарға жасайтын ықпалынан құтыламыз»,– деп көрсетілген еді.
Бұған қарсы өзегін өртеген өксік пен буырқанған қорлық сезімінің қыстыққан ызасын Абай Лермонтовтан аударған:
Өлтірер, жерге тығар, молда қоймас,
Сүйтсе де жер томпайтпай қойып болмас.
Дірілдеп сол молаға шықса шалдар,
Басқыш болып аспанға шығара алмас.
Бикүнә зорлықпенен шыққан жаным,
Бейіске басшы болар деме, залым!, –
деген жолдар арқылы жеткізеді.
Демек, Абай рухани тәуелділіктің сақталуына қалам әрекеті арқылы үлес қосты. Өкінішке орай, осындай рух қарсылығына қарамастан ресейлік архирей басқармасы жаппай шоқындыру науқанына кірісу туралы Жарлық беріп қойып еді. Абай оқыған жарлықта:
«1902 жылы 61 пәрмен бойынша Ақмола мекемелерінде жарлыққа сәйкес қазақ молдалары дін ісінен шеттетілді. Егер молдалар пәрменді бұзса қатаң жауапқа тартылып, «Ереженің» 79-тармағы бойынша жазаланады. Крестьян басқармасының бастығы мұны қатаң бақылауға алып, мәлімет беріп отыруға тиіс. Осындай шаралар арқылы істі оңға қойып, жолға түсіріп алған соң миссионерлерді жіберу керек. Олар қазақтардың ұстанған дінінің дұрыс емес екендігін және Иса пайғамбардың жіберуімен келгендігін, сонымен қатар Заң бойынша патша ағзам қандай дінді ұстанса, оның құзырындағылар да сол дінге кіру керек екендігін, ал қазақтардың дінінің бұл дінге… жат екенін дәлелдеуі тиіс. Содан кейін император ағзам бүкіл консульдықтарға: «Менің құзырымдағы қазақтарым ислам дініндегі мүфтиге бағынатын, бірақ та ислам шариғатына қазақтардың бағынғысы келмейді. 68 жылғы Ереженің 97 және 98-тармақтарына сәйкес олар мүфтилік бағынудан алынып, әр болыста діни рәсімді өтеу үшін жеке-жеке молда сайланған болатын. Сонымен бірге молдалардың міндеті – туған балаларды тіркеп, оларға ат қою болатын. Қысқасын айтқанда, шариғаттың барлық заңын орындауға тиіс еді. Алайда қазақтар өзінің молдаларының талаптарын орындамады, оларды көзге ілмеді, өзінің рухани дәстүрін ұстанды, балаларына – Қойлыбай, Жылқыбай, Итаяқ деп ат қойды, кейін өздеріне арнап орыс мектебін ашуды талап етіп, өтініш білдірді. Мектеп ашылды. Енді қазақтар өзінің дінін өзгерткісі келетіні туралы өтініш жасап отыр – деп хабарлау керек», – деп жазылып тұр еді.
Өзін-өзі құрбандыққа байлаған ұлт – ұлт емес. Ал қазақ ұлты бойындағы көптеген қиянқилы мінездеріне қарамастан ондай мәңгүрттікке жеткен жоқ. Жүрек оты өшкен емес. Адам ретінде, ақын ретінде Абайдың күйінсе күйінетіндей жөні бар. Бірақ ұлттың жүрегіне дауа мен жұбаныш тауып беріп кетті. Рухани тәуелсіздіктің ұрығын септі. Рух қайсарлығын жырлады. Тәуелді ұлттың тауқыметін қалай таратпау керектігін ұқтырды. Өзі де азап шегіп, ар-ұятымен, жан-тәнімен, тағдыр-талантымен арпалыса жанталасты. Сұқ көздің сұғы қадалды. Тергеу мен тінтуден өтті. Рас, 1903 жыға тінту Абай үшін ығырсыз аяқталды. Генерал-майор Галкин Дала генерал-губернаторына:
«Сіздің 1 тамыз күнгі сұрауыңызға орай мәртебелі тақсыр мынаны хабарлаймын: Шыңғыс болысының қазағы Ибраһим Құнанбаев қазір 60 жаста, үш некелі, олардан 20 бала сүйіп отыр, өзгелерге қарағанда ауқатты тұрады (1000 жылқысы мен 2000 қойы бар). Құнанбаев өте ақылды әрі білімдар адам: ол үш жылдан екі мәрте би боп сайланды, үш жылдан үш мәрте Шыңғыс болысының болысы боп қызмет етті. Үкіметтің тағайындауы бойынша үш жыл Мұқыр болысында болыстық етті. Қызмет бабында Құнанбаев өзінің пайымды билігімен, ықтияттылығымен, жігерлілігімен, үкіметке берілгендігімен және діни байсалдылығымен даралана көрінді.
Құнанбаевтың бір ұлы Михайлов артиллериялық училищесін бітіріп, офицерлік шен алды, ол Түркістан округінде қызмет етіп жүргенде қайтыс болды. Құнанбаевтың күйеуге тиген қызы қазақ интернатында оқып арнайы курс бітірген, оның басқа балаларының барлығы орысша жазып, оқи алады. Олардың сауатын ашқан әкесі. Құнанбаев орыс әдебиетін ерекше ынта қойып оқиды, кітаптарды, газеттер мен журналдарды жаздырып алып отырады.
Бұрын ол бұратана дала тұрғындарының арасында ерекше ықпалға ие болған еді, қазіргі беделі ондай емес. Өйткені ол тым тез қартайып, денесі ауырлап кетті, қазақтардың ісіне араласпайды, рубасылардың үздіксіз кеңес сұрап келгеніне қарамастан, ол партия таласына араласпайды.
Жергілікті әкімшіліктің ұлықтарымен әңгімелескенде Құнанбаев өзінің мемлекеттік мүддені толық түсінетіндігін байқатты және Азиялық аймақта жүргізіліп жатқан отанымыздың мәдени миссиясына оң қабақпен қарайтынын көрсетті. Ол мұсылман діншілдерінің үкіметтің көздеген мақсатына қарсы әрекеттерін айыптайды. Оның айтқан пікірінің шындығын оның мінезі дәлелдейді деп ойлаймын.
Осы мәліметтердің өзі-ақ саяси тұрғыдан алғанда Құнанбаевтың ешқандай айыбы жоқ екеніп дәлелдейді, сондықтан да сенімді адамның қатарында тізімге алынуы тиіс», – деп мәлімдеме жасады.
Иә, Абай Құнанбаевтың Семей ұлықтарының арасында ерекше беделге ие болғаны рас. Лобановский іспетті ояздар Абайды өте жоғары бағалады. Сондықтан да оны ғазауат майданының сахабасына қоспады. Қорғап қалды. Тек, өмір азабына, енді ақылдың азабына толы:
Ол рухани тірі өлік болудан қатты қорланды. Абайдың: «Мен өзім тірі болсам да анық тірі емеспін. Әншейін, осылардың ызасынан ба, өзіме-өзім ыза болғанымнан ба, яки бөтен себептен бе? – еш білмеймін. Сыртым сау болса да, ішім өліп қалыпты. Ашулансам – ызалана алмаймын. Күлсем – қуана алмаймын. Сөйлегенім – өз сөзім емес, күлгенім – өз күлкім емес, бәрі де әлдекімдікі», –деп («Тоғызыншы сөз») түңілуі соны растайды.
Сол қасыретімен де ол өз өмірін өнер туындысына айналдырды. Тіршілік тынысының әр сатысы қайшылықты құбылысқа толы болды. Бұл оған рухани әрі шығармашылық нәр берді. Бірақ та адам ретінде жүйкесін тоздырып, ғұмырын қысқартты. Үміті мен жұбанышынан айырды. Оқымысты А.А.Аникстің: «Гетенің трагизмінің тамыры – ол өмір сүрген кездегі Германияның әлеуметтік-саяси өмірінің қайшылығында жатыр», – деген тұжырымын Абайға да қарата айтуға болады. Абайды «тірі өлік» еткен де сол Абай өмір сүрген қоғамның, оның ішінде басыбайлы, бодан ұлттың дерті еді. «Жұмбақ жандардың» құпиясы оңай ашылмайтынын және оған мұрсат та бермейтінін:
Менің сырым, жігіттер, емес оңай,
Ешкімнің ортағы жоқ, жүрсін былай!
Нені сүйдім, дүниеде неден күйдім,
Қазысы оның – Арым мен бір-ақ Құдай!.. –
деп оның өзі айтып кеткен.
Арнасын таппаған – ақыл, өрісін таппаған – ой, сарасын таппаған – сана жаныңа жайылып, тәніңе сіңген у мен тең. Ақылдың азабын тартқан Абай: «Шығар есігін таба алмай, уайым-қайғының ішіне кіріп қалып, қамалып қалмақ – ол өзі де бір ант ұрғандық және әрбір кісінің қылығына күлсең – оған рақаттанып күлме, ыза болғаныңнан күл, ызалы күлкі – өзі де қайғы», – деп өзгені уатқанымен де өзін-өзі жұбата алмады. Жұбатуға «жан қуаты» жетпеді. Бұны тіпті Абайдың өзі пейіл бере мойындап: «Соншалық өмірің баянсызын, дүниенің әрбір қызығының ақырының шолақтығын көрген, білгендер тіршіліктен жалықса (да) болады», – деп ақтай сөйлейді.
Бұл не: Абайдың жалған мен жарық дүние арасындағы, мәңгілік пен бақилық арасындағы, өлім мен өмір арасындағы ақыл арпалысының қайшылығы ма? Жоқ, пейілін пенделікке жеңгізіп, тәркі дүние пәлсафасына ырық берген ақындық пәни сезімі ме? Бәрі де мүмкін. Бірақ:
Алды үміт, арты – өкініш алдамшы өмір,
Желікпен жерге тықпас кісің бар ма?, –
деп өзі айтқанындай, ушығып-өршіп алған өлім жазасы ұшыққа көнбей, Абайды «жерге тығып» тынды. Енді, жазмыш, оны бауыр еті баласымен:
Арқамды жүктен босатқан, қарағын,
Аузымды сөзден босатқан, қарағым.
Алдымды кісіден босатқан, қарағым,
Қош бол, Мағашым, қарағым, –
деп қоштастырып, бақиға аттандырды.
Б.Исабаев: «Мағыштың (Мағауияның – Т.Ж.) сүйегін жерлеуге алып жүргенде Абай: Мағашымның денесін ауыртады», – деп, жол үстінің ұсақ тасын теріп, пәуескенің алдында жүріп отырыпты. Жерлеген соң … жылап жүрген ер мен әйелдерді қайтарып, балаларымен өзі моланың ішіне кіріп, біраз отырады да, тағы бір кезекте Баймағамбетке: балаларды алып моладан шыға бер – деген белгі береді. Содан балаларды арбаға отырғызып, өзі сыртта күтеді. Абай жапа-жалғыз, баласының қабірі басында екі сағат тапжылмай оңаша қалады, сыртқа шықпайды. Кешке таман ғана моланың ішінен шыққанда сақалы аппақ болып, беті-жүзі күлбеттеніп, бар денесі жер тартқан жандай құр сүлдерімен ғана шыққан екен. Баймағамбет: « Абай моладан шыққан бетінде: «Ей, Тәте! (Әкесі Құнанбайды «Тәте» деп атаған) әруақты ер едің ғой, мені Мағыштың артынан қалдырма, ал, қасыңа!», – деп, белдігін мойнына салып, сақалынан алты тарам боп жасы тамшылап, қажының зиратын үш айналып жіберді, мен бөгей алмадым», – депті кейінгілер сұрағанда».
Сөйтіп, жазмыш, Мағауияның қазасы арқылы: «жаны жара бір жанды екі күйдірді» (Абай). Абайдың төзім атаулы тамырлары заман запыранының қысымынан жарылып, денеге тұтас у жайылып:
Егер менің ішімді жарып көрсең,
Жылауыңды ұмытып, шошыр едің!, –
дегізген шарасыз күйде: «Бар баласынан айырылған мен бейбақ мына дүниенің жарығына, ел бетіне қай бетіммен қараймын», – деп теріс қарап жатып алады. Тіл-ауызы байланды дегенді естіп, есіктен аңырап келіп: «Бір анадан төртеу едік. Мен бәріңнен бұрын туып ем. Енді мен сенің де артыңда қалғаным ба?!.», – дегенде Тәңірберді ағасының бетіне ұзақ қарап тұрып: «Ез күнде өледі, ер бір-ақ өледі», – депті. Абайдың өзі бұлай құмығып өткенде, расында да: Ойлы адамға дүниеде түк қызық жоқ, – болғаны ма?!.. Қандай үрейлі, зілді, ауыр әрі қатал, бірақ ғаділетті сөз!
Абай – ақыл майданында жалғыз қалған адам. Тәні де, Жаны да мынау жалғаннан жалыққан. Мағауияның қырқын өткізгеннен кейі үш күннен соң бетін теріс қаратып алып, тірі адамға тіл қатпай үшінші күн таң алдында: «Ух, келген екен ғой!» – деп ажалдың келгеніне қуанғандай боп күрсініп, «өзі ермей, ерік бермей, қор еткен жұртына: «Енді есірке, тыныш ұйықтат, бақ сөзіме!» – дегендей боп, тіршіліктен уланған ішкі жалыны сыртқа бір-ақ шықты. Сонымен, «күйіп тұрып сүйген жүрек!..» тоқтады.
Бұл, 1904 жылдың ескіше 23 маусымы еді. Ақыры, «Өлген орны – қара жер – сыз болды». Жеке зират бұйырмады. Қабірі үш рет қазылды. Тағы да қырық күн өткенде тұңғыш ұлы Ақылбай дүниеден өтті.
Ақылия және Мәкен Тұрағұлқыздары: «Әкем (Абай – Т.Ж.)Тұрағұл ағама: Сен бел шешпегелі ай болды. Үш күн мұрсат. Ауылыңа бар, – депті. Екі күн өткенде көңілі елегізіп, мазасызданып, әлденеге елеңдей беріпті де, әкемнің үйіне желе жортып келіпті. Есіктен кіре бергенде тұла бойы діріл жүріп, тітіркеніп кетіпті. Әкемнің беті қызарып, жанарының жиегіндегі қызыл сызығы қан қызылданып, басы мойынмен тұтаса ісініпті. Ауыр күрсініп ерекше бір назбен Тұрашқа: – А, дертті болдым ғой, – деп күрсініп бетін бұрып әкетіпті. Беті нарттай қызарып, от-жалын шашып, тақиясы басына симапты. Мағауияның қырқын берген күні Абай әкем қайтыс болыпты. Жас шыбықтарды қиып арбаға салып, әкемнің сүйегін жайлаудан Құнанбай зиратына қою үшін етекке түседі. 30 жігіт қосшы алған Тұрағұл аға Жидебайға жете бергенде арбада, сүйекке қарайлап отырған ел «Кішкене молда» атап кеткен кісі жұртты тоқтатып: – Шырықтарым, Абай ағаны осы Жидебайға Оспан зиратының қасына қояйық. Басына толған іріткі қан ақыретке тама бастады, – дейді.
Отыз жігіт қабір қазыпты. Астынан жақпар тас шығыпты. Соны қашап отырып сүйекті қойыпты. Басының бір тамыры жарылып ет пен терінің арасына қан ұйып қалса керек, – деп Тұрағұл аға өзінше болжал жасайтын. Біз, анау жылдары әкемнің басына ескерткіш тұрғызамыз дегенде Семейге бардық. Сонда көргеніміз, қабірдің жан-жағы, шынында да, тас екен. Зады, ауаны ішке жібермесе керек, іші құрғақ екен. Тұраш ағамыздың бізге әкеме (Абайға) тікелей қатысты айтқан сөздері осы, шырағым».
Абай – ақыл майданында жалғыз қалған адам. Сол жалғыздықтан құсалы болды. Мұның тауқыметін оның өзі: «Дүниеде жалғыз қалған адам – адамның өлгені. Қапашылдықтың бәрі соның басында!», – деп айтып кетті. Ақылдан уланған жұмбақ адам солай тыным тапты және сол «жұмбақ жан» күйінде мәңгілік қалады.
Өкініштісі, осынау бір қаракөктің тұқымына бата беріп, қуат пен ақыл сыйлаған Кеңгірбай бидің «Тоғыз-тоғыз!» деген емеуіріні, сонда мекзелген тоғызыншы ұрпақ Әубәкір Ақылбайұлының:
Тоғыз ата болғанда,
Тоз-тозала болмақпыз, –
деп жоқтағаны дәл келді.
Олардың «зәбір сұлтаны» – кеңес өкіметі болды. Әубәкір аштан өлді. Өзге тұқымының да тоз-тозаласын шығарды. Тұрағұл – жер аударылды, Мекайыл – 1931 жылы атылды. Қалғандары ұлы отан соғысында қаза тапты. Ояз бастығы: «Бір «Абайдың өзінде жиырма (әрине, қазақ әдетімен немерелерін қосқанда) баласы бар» – деп анықтама берген толайым тұқымнан қазір жалғыз-ақ еркек кіндік қалды.
Оған да шүкір.
15.05. – 01.07.2020. Астана.