ТУЫСТЫҚ ТУЫ немесе КӨПІР ҮСТІНДЕГІ ӘН

Шәуірдір ауылының күнбатыс жағында Сырдарияның үстімен өтетін аспалы көпір бар. Арғы беттегі ауылдарды аудан орталығымен жалғастырып тұрған осы көпір 1969 жылы салынған. Мұны ауыл инженерлері салған деседі. Қалай болғанда да содан бері тұрғындарға қызмет көрсетіп келеді. Рас, бірнеше рет жөндеуден өтті. Ағаштары ауыстырылды. Ернеулеріндегі сүйеніштер жаңартылды. Халықтың игілігіне жарап келе жатқан осы көпір талай тарихқа куә. Егер көпірге тіл бітіп, сөйлеп кеп кетсе талай сыр ақтарар еді-ау. Бірақ, темір тіл қатпайды. Есесіне осы көпірдің салынғанынан бері маңайда тұрып жатқандар бірталай әңгіменің басын қылтитар еді. Кешегі Кеңес өкіметі тұсындағы халықтар достығы жайындағы хикая әдәуір ұзап кетеді. Е, көне Отырар жұрты не көрмеген? Шыңғысхан шапқыншылығын айтпағанның өзінде кешегі ашаршылық, саяси қуғын-сүргін жылдар, Ұлы Отан соғысы тұсындағы оқиғаларды шолып өтсек, негізгі әңгіме ауанынан ауытқып кетеміз.

Жуырда ғана осы аспалы көпір үстінде қазақтың қабырғалы қалжыңқойы, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты Көпен Әмірбек пен кәдуілгі Гена кездесе кеткені. Көпен болса қазақтың көрнекті жазушыларының бірі Еркінбек Тұрысов және өмірден ерте кеткен жан-жақты талант иесі, жазушы-журналист, сатирик-ақын һәм күйші Оразхан Жарқынбек туралы «Көзкөрген» хабарына сұхбат беру әрі хабарды жүргізу үшін Нұр-Сұлтан қаласынан арнайы келді.

Сонда бүкіл Отырар жұрты әспеттеп, құрмет көрсетіп жатқан Гена ағайымыз кім?
Оған жауап бермес бұрын екі достың кездесуін сабақтап, әңгіме өрбітелік.
Дария үстіндегі аспалы көпір сол күні бесіктей тербетіліп тұрды. Ал, көпір астындағы дария қойдан жуас мінез танытып, бірсарынды қалыппен сылдыр қағып ағып жатты. Кезінде ашулы арыстандай ақырып ағатын дария бүгінде момақан қалыпқа түскен. Дүние-ай десеңізші, бүгінде судың өзіне сұғанақтық жасайтындар көбейіп тұр. Дария суын жол-жөнекей екі ел жырымдайды, одан қала берсе жағалаудағы тұрғындар өздеріне бұра тартады. Бұған Жер шары климатының өзгеріп бара жатқаны қосылып, дария екеш дарияның да дегбірін алып бітті. Сонда да сылдырлап ағып жатқан болмашы су адамдарға үміт сыйлайды.

Дүние бір тарының қауызына сыйғандай тарылып, шілденің шіліңгір ыстығы ми қайнатып, адамдар бей-жай, селесоқ күйге түскен күндердің бірінде көпір үстінде екі дос осылай кездескен. Әрине, Генаның қолында үнемі тастамайтын гармоны бар еді. Сонда Гена гармонды құлаштай керді дейсіз бір. Бұл тартылып бара жатқан дарияға, шөлден қаңсып тұрған далаға, нарық қиындықтарынан шаршаған тұрғындарға көңіл айтқандай, жұбатқандай бір әуен болды. Сары дала тыншып, гармонның бедеу қаққан үніне үнсіз құлақ түрді. «Есітіп жатырмын» дегендей су да шоршып-шоршып сыңғыр қақты. Алыстан інген боздады. Шақырайып ми қайнатып тұрған алтын күн де осы қылығына ұялғандай бұлт арасына жүзін жасырды.
Әлден соң төрткүл төңіректі қоңыр үнмен бір тербеп алған әуен көңілдірек қалыпқа ауысты. Енді гармон үні желіктіріп бара жатты. Кезенесі кеуіп тұрған жусан басын көтергендей болды. Аптап ыстықтың да беті қайтып, қырдан қоңырсалқын леп ескендей.

Бұл Гена ойнаған гармоннның құдіреті еді. Онымен қоса Гена ағай қырғыздың «Он сегиз жаш деген әнің әуелете шырқады емес пе? Бұл әнде сарытап сағыныш, мұңлы сыр, көңіл толқындарын тербетер әлдебір құдірет бар. Әннің қашан шыққанын бір білсе авторы біледі, бірақ кемінде бір ғасырға жуық шамада «Он сегіз жас» шырқалып келеді. Әнді араға біраз уақыт салып тыңдасаңыз, жаңа ғана естігендей әсерге бөленесіз. Тағы да тыңдағыңыз келеді. Мөлдір ән құдіреті деген осы. Иә, қай келіншек, жалпы әйел атаулы он сегізін сағынбайды? Осы ән осы сағынышын қоздатып, мұңға батырып барып, жүрегіне жұбаныш сыйлайды. Ал, енді тыңдамай көріңіз.

Жақын маңдағы ауылдардың қыз-келіншектері көпір басына жинала бастады-ай бір. Кім білсін, қырқада қалдырған ақ бантиктерін іздеді ме екен? Әлде балауса бал күндерін, қызғалдақтай қыз қалыптарын сағынған болар. Қалай дегенде де олардың жанарларында бір сыр тұнып тұрды. Гена соны сезгендей гармонын құлаштай созды. Әсем дауыс сай-саланы, кең даланы өрлеп бара жатты. Ауыл адамдары негізінен осы өткелді «селкілдек көпір» деп атайды. «Селкілдек көпір» де әшейіндегі секендеуін тыйып, тынши қалғандай. Темірде де түйсік болады екен-ау. Әйтпесе былайғыда селкілдеп, әрі-бері өткеннің зәресін алушы еді.
Келіншектер қиыр-қиырға қарады-ай келіп. Қыздар суға қарап, шаштарын тарап, жымия күліп тұрды. Жиналғандардың әрқайсысының ойында бір арман жасырынып жатты. Мұны айтқызбай-ақ аңғаруға болатын еді. Шіркін, көңіл деген көк дөнен ғой, қай қиырға алып ұшпайды. Ән сан құбылып, түрлене түсті. Енді Гена гармонын баяулатып әкеліп кілт тоқтағанда жұрт әлденесін жоғалтып алғандай аһ ұрып қалды.
– Гена ағай, тағы да, тағы да…
– Гена ағай, тағы бір ән.
– Көке, құйқылжытсаңызшы. Мына келіншектердің барлығы сізге ғашық болып тұр ғой…
– Әніңізге, әрине.
Гена гармонды тағы созды. Бұл жолы оның ауызына Шәмші Қалдаяқовтың «Арыс жағасындасы» түсті.
Бойында Арыстың,
Өзіңмен таныстым.
Жайнаған гүлдей құрбым сен,
Жағада тұрдың сен.
Иә, күлкісі жаз, көңілі көктем сол қыз қайда екен? Қайда? Әр жүректе біреуді іздеген сағыныш бар. Сондықтан ба екен, көпір үстіндегілер тегіс «Арыс жағасында» әніне қосылып кетті. Маңайды ән кернеді. Көпен де әнге қосылды. Тәп-тәуір дауысы бар екен. Сәлден соң көңілдерді көкке көтерген ән кептердей қанатын жайып келіп, баяу қонды. Жұрт тым- тырыс. Шамасы, ән әсерінен шыға алмай тұр. Осы кезде бір келіншек «ансамбль мүшелерін» оқыс оятты.
– Гена ағай, орысша әндеріңіз болушы еді ғой.
– Балқар тіліндегі әніңіз ше?
– Өзбекше ән айтыңызшы.
– Өзбекше әндерім биге сұранып тұр. Мына көпірдің үстінде билесеңдер сымы үзіліп кетіп, суға құламаймыз ба? – деп Гена ағайлары әзіл тастады.
– Құламаймыз.
– Жайлап билейміз.
– Би де есірік сезімнің бірі. Ойқастап билеймін деп көпірді құлатарсыңдар. Одан да үйреншікті қазақшама басайын, – деп Гена Шәмшінің тағы бір әнің бастады. Жиналғандар бұл әнге де түгел қосылды.

Сол күні көпір үстіндегілер шайқатыла тұрып бірінен соң бірі көп ән шырқады. Көптен кездесе алмай жүрген олар бір-бірлерін сағынысып қалыпты. Қазақ, өзбек, орыс, балқар, тағы басқа ұлттардың басы біріккен ұлы Отырарда осындай кездесулер жиі болып тұрады. Мұндайда олар ұлт дегенді мүлдем ұмытады. Бір үйдің баласындай жарасып, сырласады, ақылдасады, жұмысты да бөле-жармай ортақтаса атқарады. Сырт көз бұлардың болаттай берік татулықтарына тәнті болып қарайды. Бұл татулық ажырамастай бекіген. Оларды ешнәрсе де ажырата алмайды.

Көпір үстіндегі көңілді кездесуден соң Гена ағай мен Көпенді қонаққа шақырғандар қарасы көбейді. Бәрі де қымбат, бәрі де туыс. Екеуі қайсысының үйіне барарын білмей дағдарды. Соңында «тағы бір реті келер, барлығыңда қонақта боламыз» деп жиналғандардан жырылып зорға шыққан. Олар мұнан соң Көпеннің бауырының үйіне келді. Гена жақында ғана о дүниелік болған Төпен жайлы біраз сыр шертті. Ол Төпенмен етене араласып тұрды. Төпеннің төпелеп айтатын әзілдерінің барлығын жақсы біледі. Ретіне қарай айтып та отырады. Құраннан соң Гена досының әзілдерін айтып отырды. Ауыр мұң сейіліп, үйдің ішін көңілділік жайлады. Гена да айтқыштардың бірі ғой, төгіліп айтты. Тауысып айтты. Көпен жадырады. Бауырының әзілдерін есіне алды.

– Егер жазумен шындап айналысып, сатираның соңына шырақ алып түскенде мен жайыма қалатын едім. Ол суырып салма әзілқой еді ғой,– деп бір қойды.
Гена Көпеннің әзілдерін бірінен соң бірін айтты. Шай ішіліп, дастарханға бата беріліп, сыртқа шыққанда күн көкжиекке ілініп те қалған екен.
– Көпен! Күн кешкіріп қалыпты. Мен үйіме қайтайын,– деді Геннадий Бектұрұлы (Викторұлы).
– Жата кетпедің бе?
– Жұмыс бар ғой.
– Ә-ә, жұмыс деймісің? Рас-ау, ертең қолын босаса келіп кет. Сенің орнын бөлек. Ал, әзірге хош! – деді Көпен.
Геннадий Бектұрұлы үйіне қайтты. Гармонын асынып алыпты. Айтпақшы, ол «осындай гармонның менде 26-сы бар» деп еді-ау. Өз үйіндегі, балаларының шағырағындағы гармондарды қосып айтқан екен ғой. Мұндай өнерпаз жанның әр үйінде бір-бір гармон тұруы керек-ақ.
Геннадий Бектұрұлы Қайырхан жұртында қайдан жүр? Бұл енді қарап отырсаңыз, үлкен тарих.
Бұл – сталиндік саяси қуғын-сүргіннің бір тармағы еді.

Оның әкесі Виктор соғысқа дейін Молдавияда тұрды. Соғыстан соң да тыныштық болмады ғой. Сол дүрмекпен Виктор да бұрын көремін деп мүлдем ойламаған Қазақстан жеріне аяқ басты. Тағы да оларды шалғай ауданға жіберді. Ауа райы өте қатал, үнемі шығыстан аңырап жел соғып тұратын аймаққа олар әуелгіде үйренісі алмады. Оның үстіне жазы өте ыстық болады екен. Жан-жағының бәрі құм. Құмы суырылып тұратын жерде тамақ жасап ішудің өзі қиын. Олар жергілікті тұрғындардың жандарының сірілігіне тәнті болды. Ну орманды, жасыл желекті аймақтан келгендіктен бе, өздерін от үстінде жүргендей сезінді. Бірақ, шыдау керек еді. Сталиннің сұсты көзі оларды алыстан да көріп отырды.
«Адам үш күннен соң молаға да үйренеді» деген тап рас екен. Олар әуелгіде қатты қиналғанымен, бірте-бірте жергілікті ауа райына да бейімделе бастады. Мұнда ауа райы қаншама қиын болғанымен, адамдарының жүректері соншалықты мейірімге толы екен. Осы мелдектеген мейір де шығар-ау, олар жат жерге бірте-бірте сіңісіп кетті. Виктор мен Мария осы өлкеде Геннадий мен Николайды, тағы екі қарындасын өмірге әкелді. «Шәуілдір» кеңшарында дүкен ұстаған Виктор көп ұзамай жергілікті тұрғындардың сүйіктісіне айналды. Мұндағылар өз ісіне адал, адамдарды алаламайтын, достыққа берік, жаны таза адамдарды, мейлі ол кім болсын, бауырына тартады екен. Мұндай бауырмал, кеңпейіл жандар да болады екен-ау. Айран-сүттерін көк тиынсыз тегін береді. Үйлеріне шақырып, қонақ етеді. Әлденеге үлгере алмай жатса, топтанып келіп жәрдемдерін аямайды. Кеңқолтық халық бауырмашыл да. «Сенікі, менікі» дегенді білмейді. Барын бөлісіп жейді. Алғаш келгенде қазақтар бұлардың да отбасына қарайласып тұрды. Сосын ғой, Виктор сіңісе келе осындай адамдармен ажырамастай достасты. Сол достығы мәңгілікке ұласты. Ұрпағы қазақтың бір қиырындағы ауылда тұрақтап қалды. Өздерін қазақ деп есептейтін олар отырарлық болу маңдайымызға жазылған бақыт деп санайды. Сан қырлы өнер иесі Геннадий Бектұрұлына аудан халқы дән разы. Оның қолынан келмейтіні жоқ. Бұл жөнінде сәл кейінірек таратып айтамыз.
Жалпы, балқар жұрты қандай халық?

Болгария жеріне адамдар палеолит дәуірінде қоныстана бастаған. Біздің заманымыздан бұрынғы 8-6 ғасырлардағы грек тіліндегі деректерге қарағанда, бұл жерлерді фракийлер қоныстанған. 1 ғасырда фракийлерді Рим империясы бағындырып, мұнда Мезия мен Фракия провинцияларын құрады. 395 ж. Болгария жері Византия империясының құрамына кірді. 7 ғасырдың 70-жылдарында Аспарух (Исперих) хан бастаған бұлғарлар (түркі тайпалары) Азов теңізі маңы мен Солтүстік Қауқаз өңірінен көшіп келіп, 680 ж. Балқан таулары мен Дунайдың төменгі ағысында славян– бұлғар тайпалары мемлекетінің негізін қалады. 9 ғасырда Сердиканы, Адрианопольді, т.б. аймақтарды қосып алу нәтижесінде бұл мемлекет шекарасы кеңейді. Бірінші Бұлғар патшалығы (1018-1186) Византияға бағынған. 1187-1396 жылдардағы Екінші Бұлғар патшалығы алғашқыда Батуға салық төлесе, 13 ғасырдың аяғы мен 14 ғасырдың басында Ноғай ордасына тәуелді болды. Бытыраңқылықтағы Болгарияжерлерін 14 ғасырдың аяғында Осман сұлтандығы өзіне бағындырады. 15 ғасырдан бастап қалалар көркейіп, елдің әл-ауқаты артты, болгар шонжарларының бір бөлігі ислам дінін қабылдады. Өндірістік қатынастар, сауда дамып, ірі жәрмеңкелерде тауар айналымы артты. Орыс-түрік соғыстары (18-19 ғасырлар) болгарларды тәуелсіздік үшін күреске жұмылдырды. 1908 ж. жиырма екінші қыркүйекте Болгарияөзін толық тәуелсіз ел деп жариялады. Бірінші Балқан соғысында (1912-13) БолгарияТүркияның біраз бөлігін өзіне қаратқанмен, Екінші Балқан соғысында (1913) қайта айырылып қалды. Болгария1- дүниежүзілік соғыс кезінде Германия мен Аустрия-Мажарстан жағында болды. 2- дүниежүзілік соғыс қарсаңында Болгариябейтарап саясат ұстанғанымен, 1941 ж. наурызда Германия, Италия және Жапония арасындағы үштік одақ пактісіне қосылды. 1944 ж. тоғызыншы қыркүйекте Болгарияжеріне Кеңес Армиясы кірген соң, мемлекеттік монархиялық құрылымы жойылды. 1946 ж. он бесінші қыркүйектен 1989 жылға дейін Болгариясоциалистік даму жолын таңдаған елдер қатарында Варшава шартына, Экономикалық өзара көмек кеңесіне мүше болды. 1989 жылдан елде саяси өзгерістер, демократиялық жаңғыру, экономикалық нарықтық қатынастарға көшу басталды.
1991 жылға дейін үкіметті басқарып келген Болгариякомпартиясы биліктен кетті. Болгария БҰҰ-на, Еуропа Кеңесіне, т.б. халықаралық ұйымдарға мүше. 1992 ж. Қазақстанмен дипломатиялық қарым-қатынас орнатты.

Болгария 1947 жылға дейін аграрлы ел болатын. 1947-90 ж. индустриялды-аграрлы мемлекетке айналды. 1996 ж. жан басына шаққандағы орташа жылдық табыс 1160 АҚШ долларын құрады. Экономикасының негізі машина жасау, тамақ өнеркәсібі, қара және түсті металлургия, химия және мұнай-химия өнімдерін шығару, ағаш өңдеу салаларынан тұрады. Ауыл шаруашылығында дәнді дақылдар (бидай, жүгері), темекі, көкөніс, жеміс өсіріледі. Райхан майын экспортқа шығаруда дүние жүзінде бірінші орын алады. Экспортқа машина, пластмасса өнімдерін, темекі, шарап шығарылады. Қара теңіз жағалауында туризм дамыған.

1923 жылы қыркүйек айындағы антифашистік көтеріліс жеңіліс тапқаннан кейін, Бұлғарстанда буржуазия жеңіске жетті. Реакциялық топтар солшыл күштерге қарсы террор ұйымдастырып, БКП мен БЗНС партияларын қудалап жеңіске жетті. 1923 жылы қараша айында өткен «Халық жиналысына» сайлауда біржуазиялық топ Демократикалық бірлік партиялары жеңді. Олар депутаттық орынның 60%-ын қолдарына алды. БКП бар болғаны 8 депутат өткізді. Сайлаудан кейін, 1924 жылы қаңтарда «Мемлекетті қорғау» туралы заң шығарды. БКП-ның жұмысына тыйым салды. БКП-ның басшылары В.Комаров, Г.Димитровтар шет елге кетті. Елде коммунистерге қарсы ақ террор басталды.
Экономика саласында тұрақтылық басталды. Бұлғар ақшасы левтің құны өсті. Өндіріс пен құрылысқа көп көңіл бөлінді. Өндіріс пен қаржы салалары жаңа өнеркәсіп орындарын ашып, өндіріс тауарлары көптеп шығарылды. Темекі монополиясы нығайды. Шетел капиталының үлесі артты. Ауыл шаруашылығында егіс көлемі өсті. Қант қызылшасы мен темекі плантациясында мол өнім жиналды.

1926 жылы реакциялық үкімет басшысы А.Цанков отставкаға кетті. Жаңа үкімет басшысы болып А.Лянчев тағайындалды. Оның алғашқы жүргізген шараларының бірі – «мемлекетті қорғау» заңы арқылы сотталғандарға амнистия жариялады. Буржуазия реакциялық ішкі саясаттан бас тарта бастады. 1928 жылы отандық буржуазия өнеркәсібін қолдап, көптеген жеңілдіктер жасады. Шет елден алған заем арқылы, несие бөлу арқылы ұлттық өндірістің дамуына жағдай жасады. Ауыл шаруашылығының капиталистік жолмен дамуына көмектесті.
Дүниежүзілік экономикалық дағдарыс 1929 жылы Бұлғарстанда да басталды. Ауыл шаруашылығы айтарлықтай күйзеліске душар болды. Ауыл шаруашылығының өндірген тауарларының бағасы 2 есеге арзандады. Ұсақ шаруалардың жағдайы өте ауыр болды.
Өнеркәсіп өнімдерін шығару 40% азайды. Елде жұмыссыздық кең етек алды. Ұсақ және орта өнеркәсіп орындары банкроттыққа ұшырады. Экономикалық дағдарыс әлеуметтік қайшылықты күшейтті. Халықтың тұрмыс жағдайы төмендеп елде үкіметке қарсы оппозиция күшейді. «Халық блогы» бірлігі құрылды. 1931 жылы халық жиналысына өткен сайлауда оппозициялық «Халық блогы» жеңіске жетті. Бірақ жаңа үкіметтің бұрынғы Ляпчев жүргізген саясаттан айырмашылығы аз болды. Экономикалық дағдарыс тереңдеп, Болгарияда жаңа мемлекеттік төңкеріс дайындалып жатты.

1932 жылы Бұлғарстанда профашистік «Звено» партиясы құрылып, әскери және монархиямен бірлесіп, мемлекеттік төңкеріс ұйымдастырады. Мемлекеттік төңкеріс 1934 жылы мамыр айының 19-ы күні жүзеге асты. «Халық блогы» үкіметі құлатылып, оның орнына К.Георгиев басқарған әскери-фашистік жаңа үкімет құрылды. Үкіметтің алғашқы шараларының бірі – парламентті таратты. Саяси партиялардың қызметіне тыйым салынды. Әскери адамдарға арқа сүйеген монархия 1935 жылы қаңтарда монархиялық төңкеріс жасады, К.Георгиев үкіметі отставкаға кетті. Болгарияда монархиялық-фашистік диктатура орнайды. Үкіметке патша сарайына жақын адам Г.Кюсейванов тағайындалады. Болгария патшасы Бористің қолдауына сүйеніп, Германия мемлекетімен достық қатынас орнатады. 1936 жылы қараша айында Борис Германияға барып Гитлермен кездеседі. Болгария мен Германия арасында экономикалық-сауда келісіміне қол қойылады. Неміс капиталы Болгария экономикасының 2/3 өз қолдарына алады. Ауыл шаруашылығы дамып, егіс көлемі мен мал саны өседі. Темекінің, жеміс– жидектің егіс көлемі артты. Болгарияда мал етін өңдейтін ет комбинаттары мен ірі тоңазытқыштар салынып, еттің 85% Германияға тасылады. Болгария темекісін өңдейтін темекі фабрикалары салынып, темекі өнімдерінің 90% Германияға жіберілді. Болгария Германияның шикізат өнімдерін шығаратын вассалына (тәуелді) айналды.

1938 жылы екі ел арасындағы жасырын келісім бойынша Германия Болгарияға қару-жарақ беріп, әскерлерін неміс қаруымен жабдықтайды. Германия Болгарияға теміржол вагондарының 100%, жүк таситын автомобильдің 90%, тыңайтқыштың 100%, паровоздың 80%-ын беріп отырды. 1937 жылы Болгария үкіметі Югославиямен «мәңгілік достық» келісіміне қол қойды. 1938 жылы шілде айында Грециямен достық қатынас туралы Самолника келісімі болды. Екінші дүниежүзілік соғыстың бірінші кезеңінде Болгария өзінің профашистік саясатын жасырып, бейтараптық саясат ұстайды деп жариялады. 1940 жылы халық жиналысын таратып, елде жаңа үкіметті Б.Филов басқарады. «Ұлтты қорғау» заңын шығарып, террорлық саясат басталады.

Фашистік жастар ұйымы құрылады. Германияға жұмысшылар жіберіліп, соғысты жақындата түсуге көмектеседі. Елдің экономикасы толықтай соғысқа дайындалды.
1941 жылы наурыз айының 1-і күні Вена қаласында Болгария «үштік одаққа» кіру туралы келісімге қол қояды. Фашистік Германия әскерлері Болгария жеріне кіргізіліп, Югославия мен Грецияны жаулап алу плацдармына айналдырады. Болгария мен Германия бірігіп, Македония мен Францияны жаулап алады. Монархиялық фашистік Болгария үкіметі және патша Борис Германияның одақтасына айналып, 1941 жылы маусымда Германия Кеңес одағына соғыс ашқанда, Болгария антисоветтік саясатын жалғастырды. 1944 жылы 5 қыркүйекте КСРО Болгарияға соғыс жариялап, Кеңес Армиясы Болгарияны азат етті.

Бәлкім, осыдан соң ба екен, Молдавиядағы бұлғарларды жер-жерлерге тарата бастады. Мұны Гена әкесі Бектұрдың айтуымен ғана біледі. Жалпы, оған ата жұртының тарихы аса маңызды да емес. Бірақ, тарихтың кейбір дерегін біліп қойған артықтық етпейді. Гена бұлғар жұрты жайлы айта да бермейді. Ол өзінің туған жері Отырар жайлы айтқанда алдына жан салмайды. Өйткені, ол осы Отырарда туып, өсті ғой. Кіндігі осында кесілді. Тәй-тәй басқан жері Отырар топырағы. Сол топырақтан оның ойына қазақы қан жүгірді. Тілі осында шықты. Сол тілден нәр алды. Сол нәр оның бойына қуат құйып келеді. Наның да осы тіл арқылы тауып жеп жүр.
…Ол мектепке барғанда Шәуілдірде орыс сыныптары бар болатын. Сол кезде «орыс тілін білмесең, өмір сүре алмайсың» деген ұстаным берік үстемдік етіп тұрған еді ғой. Сондықтан болар, әкесі оларды орыс сыныбына берді. Геннадий Вераны сол кезде көрді. Ол– поляк қызы еді. Әке-шешесі әуелі Ташкентке жер аударылған. Кейін оны Қазақстанға жіберген. Қазақстанда болғанда да дәл осы Шәуілдір ауылына түскен. Тағдыр дегенді қойсаңшы, бастауыш сыныпқа барып, мектеп бітіргенше қатар оқыған сол Вера Григорьевнаны жар етемін деп кім ойлапты. Сары шашы желбіреп, көгілдір көзі мөлдіреп тұратын Вера оған ыстық көріне бастады. Бәлкім, сыныптас болғаннан соң кейбір болмашыға таласып-тармасқан да шығар, алайда тағдыры ортақ осы қызға бүйрегі бұра берді. Осы жақындық екеуін табыстырған.

Жас шаңырақ туып-өскен жерінен ұзамады. Қазақстанды Отаным деп білген екеуі қол ұстаса жүріп бірге оқығанындай, бірге еңбекке араласты. Вера медициналық жоғары оқу орынын бітіріп келіп, ауылдағы ауруханаға гинеколог-акушер болып жұмысқа орналасты. Содан бері ол бүкіл Отырар ауданының дүниеге келген перзенттерінің кіндік шешесі атаныпты. Вераның отырарлықтарға аса ыстық болатынын осындай тарихы бар. Вера білікті маман ретінде де кейінгі келген мамандарға білгенін үйретуден жалыққан жоқ. Қазақшаға ағып тұрған поляк қызын отырарлықтар бауыр тұтты. Ана санады.

Бүгінде Отырардың көшесімен келе жатсаңыз, Вера апайды көрген жұрт тоқтай қалып сәлем береді. Өйткені, олардың көпшілігінің баласының, немересінің кіндігін кескен осы кісі. Сонымен бірге ана мен бала денсаулығын сақтау жолында да білікті дәрігердің қосқан үлесі орасан. Иә, бүкіл отырарлық қазақ баласының кіндік шешесі атану үлкен бақыт! Мұны, Вера әжей жақсы біледі. Өзің қазақтың бір қызымын деп санайды. Бақыт дегеніңіз қарап отырсаңыз, табан астында. Оны біреулер басты айналдырар байлықтан іздеуі мүмкін. Бұл дұрыс емес. Байлық бақыт бола алмайды қашан да. Баяғыда байдың малы бір жұттық деуші еді. Сондай-ақ аса байлық бір сілкінгенде жоқ болуы мүмкін. Вераның ұғымында Бақыт деген үлгілі отбасың, перзенттерің. Айналаңды қоршаған адамдар саған нұрын шашып тұрса, сен де оларға құрметті болсаң, бұдан артық не керек? Сосын ең керектісі, әрине, денсаулық. Қазақтар айта беретін «Аса байлық не керек, Ден сау болса болғаны» деген тап рас. Құдайға шүкір, денінің саулығында жапырып жұмыс істеді. Еңбек оны құрметті етті. Еңбек оны биікке көтерді. Сол еңбектің арқасында айналасынан дос тапты. Вера қазақтардың аса бауырмал халық екенін ес жиғаннан біледі. Өзі осында туғаннан соң ба, поляк деген ел барын білмепті. Кейін әке-шешесінің айтуымен, ту-ту алыста елі бар болғанымен, олар енді қайтып сол жаққа бара алмайды. Өйткені, олардың жаны да, қаны да қазақ болып кеткен.

Құдайдың берген екі ұлы, екі қызы бар. Олар да қазақтар арасында өсті. Тілдері де қазақша шықты. Қазақ болып ойланды. Қазақ болып тойға барды. Қазақ болып еңбек етті. Қолдарына кетпен-күрек алып, бау-бақшаларына қарады. Көне Отырардың жері қуаңшылықтау болып келеді. Сор жерлер көп. Алайда, жергілікті тұрғындар есебін тауып, түрлі дақыл егеді. Кеңес өкіметі тұсында Отырардың жүгерімен аты шықты. Мына Балтакөл тұрғындары күріш, тары егеді. Балтакөлдің тарысы Қазақстанға белгілі. Қазір мұнда қауын-қарбыз егетіндер көп. Біраз жұрт түйе ұстайды. «Дала кемесі» атанған осы жануар толағай табыс көзі. Келе-келе түйе бағып, қымыран, шұбат өндіріп, табыс тауып отырған ағайындар бар. Осыларды көріп, Геннадий мен Вера да балаларына «жұмыстан қашпаңдар, қай жерде де еңбектің берекесі бар» деп отырады.

Геннадий мен Вера ұл-қыздарын қазақ тәрбиесімен баулыды. Көршілері түгелдей жергілікті ұлт өкілдері болғандықтан да қазақ тәрбиесі оларға ұнаған. «Біреудің ала жібін аттама», «Үлкендерге құрмет көрсет», «Үлкендердің алдын кесіп өтпе», «Өтірік айтпа», «Достарыңа адал бол», «Ұрлық жасама», тағы осы сияқты тәлімді әңгімелер кімге де болса керек- ақ. Жалпы, жақсылық жасауға, өзгелдерге көмек көрсетуге, адалдықты, имандылықты жақтауға келгенде ұлтқа бөлінудің қажеті қанша?! Жақсы қасиеттерге баулу барлық халыққа ортақ. Ал, қазақтар балаларын жақсы қасиеттерге кішкентайынан баулиды екен. Бұл ретте олар дала қыранын мысалға алады. Қыран балапандарының қанаты қатайғанда заңғар көктен жерге тастайды. Қорықпаған бала бүркіт қалықтап ұшып үйренеді. Қазақтар да солай. Баласының бұғанасы беки атқа отыруды үйретеді. Шабандоз болып өскен бала әбжілдікке үйренеді. Жылқы тектес халық қой, тазалықты да, бекзаттықты да, жомарттықты да олар даласынан алған. Гена мен Вера осылай ой түйеді. Сондықтан түрлі тағдырмен көшіп келіп, осында орнығып қалған басқа ұлт өкілдерімен етене араласқанымен қазақтарға бүйрегі бұрады. Ұлдары қазақ балалары сияқты ләңгі теуіп, асық атып өсті. Сөйтсе, бұл ойындар мергендікке, ептілікке баулиды екен ғой.

Қазақтардың малсақтығы өз алдына бөлек әңгіме. Малдың жасына қарай оларды түрліше атайды. Мысалы, биеден жаңа туған төл алғашқында құлын аталады. Сосын тай болады. Тайдан кұнан шығады. Құнаннан дөнен шығады. Қойдың да нешетүрлі аты бар. Аралас-құралас жүргендіктен олар мұны жақсы үйреніп те алды.
Содан кейін қазақтың бір ерекшелігі бейнелеп, астарлап сөйлейді. Мұны Гена ағай жастайынан зердесіне тоқыды. Кейін есейе келе тойларға асаба бола бастағанда қазақтың сөз астарына жетік болу керектігін айқын аңғарды. Қазақтың шешен халық екеніне көзі жетті. Өзі де шешендікті меңгеруге тырысты.

Қазақтар «қолыңа жұғып қалмайды, барлық өнерді үйрен», «Үйрен де жирен», «Жігітке жеті өнер де аз» деп отырады. Түптеп келгенде осының өзі тәрбие. Барлық кәсіпті шама-шарқынша үйренгеннен адам жаман болмайды. Онсыз да үй тіршілігінде тұрмыстық техникаларын ақаулана қалса шебер шақырмай-ақ өзің жөндей саласың ғой. Мәселен, шарбағың қисайып қалды. Өзің түзей сал. Пешіңнің мұржасы түтін тартпайды. Шатырға шық та мұржаны тазала. Осы сияқты толып жатқан тірлікті жетік меңгерудің жолдары баланы жастайынан еңбекке тәрбиелеуде жатыр. Қазақ болып кеткен Гена осыларды балаларына үнемі айтып отырады. Қыздарының да бойында инабаттылық қасиет осы тәрбиеден шыққан.
Геннадий Бектұрұлы қазақтың жөн-жоралғыларын да біркісідей біледі. Айталық, қазақтардың құрметті де киелі күні – Құрбан айт. Ораза кезі де сондай. Бұл күндері олар жаман әрекеттерден тиылады. Құдайға құлшылық етеді. Сайып келгенде адамзат баласы Құдайына сиынып, тазалық, адалдық жолында жүруі тиіс. Қазақтың Абайы: «Адамзаттың бәрін сүй, бауырым деп» дегенді айтқан. Осыны бар адамзат ту етіп көтеріп жүруі керек деп ойлайды. Ал, Абайдың ұрпақтары соншалықты бауырмал екенін өз өмірінен жақсы біледі. «Неткен жаны жомарт халық» деп іштей ой түйетіні бар. Міне, осындай шығарға жаны бөлек халық арасында өсіп-жетіліп келе жатқанына шүкіршілік етеді.
Жаны қазақ болғаннан соң ба, олар да қазақтың төл тағамдарына аса құмар. Қонақ келсе, қазақшалап ет асады. Қазақ балаларының кіндік шешесі атанған Вера апай қазақ тағамдарын жасауға келгенде алдына жан салмайды. Қамыр илеп, қазанға салады. Көршілер айттап келіп қалар ма екен деп бауырсақ, бәліш пісіріп қоятынын қайтерсіз. Қазаны оттан түспейтін бұл шаңырақтың шаттығы күн нұрындай шашырап жатады. Айттап келген кішкене балалар Вера апайдың бауырсағы дәмді болатынын жақсы біледі.

Вера апайдың тағы бір қасиеті ауылдың өзі құрыптас әйелдерімен абысындай араласып кеткені. Олар да жиын-тойларынан Вераны қалдырмайды. Кішкентайынан қазақтар арасында өсіп келе жатқандықтан да Вера ұлттық салт-дәстүрлерді, әдеп-ғұрыпты біркісідей біледі. Ол бір кездері көршілерімен бірге білегін түрініп жіберіп, киіз басқанын да ұмытпайды. Қазақ әйелдері әр қырқымнан соң жиналып текемет басады екен. Қарап отырсаңыз, мұның өзі бір мереке,мейрам. Сол күні текемет бастыратын үйдің қазаны бұрқ-бұрқ қайнап жатады. Самауырыны екі иығынан демалып тұрады. Қыз-келіншектер ауылдың алты ауызын айта жүріп, шидің үстіндегі түтілген жүнге түрлі ою салады. Оюларының да аттары көп. Әуелі жүнді түрлі бояуға бояп алады. Мұндайда ою салғанды Вера да ұнатушы еді. Сосын киіз үстіне ыстық су құйып, оны шиге орап, сыртынан тепкілейді, домалатады, білектейді. Әлден соң текемет те дайын болады. Олар осы қарқынмен екі- үш текемет басып тастайды. Сондағы олардың қуанышын көрсеңіз. Негізі текемет қыз жасауына да қосылатын. Жақсы жасалған текемет кәдеге жарайтын. Жекжаттар бір-бірлеріне барғанда текемет ала баратын да үрдіс болушы еді.

Текеметтің пайдасы көп. Сонау соғыс жылдарынан соңғы үркіншілік жылдары ауыл тұрғындары қоржын тамда тұратын. Едендер қазіргідей ағашпен жабылмайды. Үйдің табанын сабан қосып илеген лаймен тегістеп сылап шығады. Ол кепкен соң үстіне қамыс төсейді. Қамыстың үстіне текемет салынады. Міне, осылай еткенде астыңнан сыз өтпейді. Соғыстың алдында, соңында саяси қуғын-сүргін салдарынан келген түрлі ұлт өкілдері жергілікті тұрғындардың осы амалын жаппай үйреніп алып, бала-шағасын қыстың ызғарынан, жаздың аптабынан қорғады. Басқа амал да жоқ еді. Қазіргідей құрылыс материалдары самсап тұрған жоқ. Үйдің іргетасы кейде болып, кейде болмайды да. Тапқандар, қолы ұзындаулары тау, қыр жағалап тас әкеледі. Ол кезде цемент деген түске де кірмейді. Шифер болса да жоқ. Пысықтар үйдің іргетасын таспен қалайды. Мұндай үйлер берік болады. Қабырғаны қам қыштан қалайды. Қалың етіп қалағандықтан, қыста суық, жазда ыстық өткізбейді. Ал, шатыр болса да қамыстан жабылады. Төбеден тамшы ағып кетпес үшін оның үстін қалың етіп сылап тастайды. Қалай болғанда да үй төбесін жылына бір сылап тұру керек. Мұнысыз болмайды. Міне, Геннадий отбасы да, Вера отбасы да осы тіршілікті көріп өсті. Осы ортаға бейімделді. Тіпті тезек теріп, қи шапақтады. Поляк қызы осылай қазақ болды! Қазақы тіршілікке бейімделді. Бұл да бір дәурен екен-ау!
Геннадийіңіз де осы ортаның бел баласы. Ол жастайынан өнерге бейім болып өсті. Гитара тартты. Гармон, аккордион, мандолин құлағында шебер орындады. Қазақшаға ағып тұрды. Сондықтан ба екен-ай, Вера атты бойжеткеннің өнерлі жігітке үйірсек болғаны.
Соғыс жылдарынан соңғы ауыртпалықтан ба, Геннадий сегізінші сыныптан соң мектеп бетін қайта ашпады. Сегіз қырлы, бір сырлы өнерлі жігітке жұмыс дайын еді. Ол әуелі механизаторлар даярлайтын курста оқыды. Артынша шоферлық курсты да бітіріп алды. Тындырымды да алғыр, өз ісіне жауапкепршілікпен қарайтын оны кеңшар басшылары жабдықтаушы дәрежесіне дейін көтерді. Геннадий ауылдың көркемөнерпаздар үйірмесінің белді мүшесіне айналды. Бірнеше музыкалық аспапта шебер ойнайтын жас жігіт үлкен сұранысқа ие еді. Оның үстіне қазақша, орысша, өзбекше, қырғызша тамылжыта ән салатынын қайтерсіз. Кейде тіпті ауыл жастары қойған сахналық көріністерге де қатысып жүрді. Осы өнер оның тамадалық қырын ашты. Ол ендігі жерде қазақтың, орыстың, басқа да ұлттардың тойын басқаратын деңгейге жетті. Генаның ұтымды әзілдері, қазақы қалжыңдары кісі өлтіреді. Оның Төпен досының ауызынан қағып алған әзілі де бір төбе. Сонымен, тамада Генаның даңқы аспандады. Бүкіл ауыл оны іздеп жүретін болды.
Тараз қаласында Ш.Қалдаяқов атындағы республикалық ән байқауы өтетін болды. Оған Геннадий Стаматов та шақырту алды. Енді не тұрыс, ол Таразға жиналды. Барса, республикамыздың түкпір-түкрірінен небір жезтаңдай әншілер жиналған екен. Мұндайдың талайын көрген Гена сасқан жоқ. Сахнаға еркін шықты. Аккордионды құлаштай созды. Майдақоңыр үн залды кернеп бара жатты. Ол жерлесі, қазақтың ұлы композиторы Шәмші Қалдаяқовтың «Арыс жағасында» және «Құрбым,жан құрбым» әндерін нақышына келтіре бірінен соң бірін айтып шықты. Көрермендер залы сілтідей тынды. Ән біткенде зал дүр сілкінді.
– Тағы да…
– Тағы…
– Жаса, Гена!
Зал дүрлігіп кетті. Алайда, байқау шарты бойынша қатысушы екі әннен артық орындай алмайды. Осы шартқа бағынып, Гена да сахнадан түсе берді. Оны тыңдармандар қоршап алды. Оның ұлтының балқар екенін білгенде біреулері таң қалысты.Енді біреулері қолтаңба сұрап жатты.
Ол осы байқауда жүлделі орындардың бірін еншіледі.
Геннадий Бектұрұлының әншілік өнері осылай асқақтады! Бұдан өткен қуаныш бар ма?
Республикалық байқаудан жүлделі оралған Генаның ауылдағы беделі биіктей берді. Енді ол қолдан түспейтін болды.
Дегенмен Генаның мамандығы бойынша кеңшарда жұмысы бар ғой. Ол бұл жұмыстардың ешқайсысын шала-шарпы атқарған емес. Әуелі нан жеп жүрген тиісті жұмысын бітіріп барып, қоғамдық жұмыстарға, көркемөнерпаздар үйірмесінің концерттеріне қатысады. Күндіз кеңшардың қысы-жазы бір бітпейтін шаруасында болып, кешке ауыл жастарымен түрлі шараларға қатысып жүретін оны былайғы жұрт сыйлайтын. Өнеріне қызығатын.
Кеңшар жұмысында ол қандай жұмыс атқармады десеңізші. Шөп те орды, жер де жыртты. Қыстауларға жемшөп тасыды. Астық жинасты. Жүгері егуге, егістікке тыңайтқыш ендіруге, оруға да атсалысып жүрді. Бір басында бірнеше өнері бар жігіт қай ортада да тапсырылған жұмысты тындырымды атқарып жүрді.
Кеңес өкіметі келмеске кеткеннен соң да ол қарап отыра алмады.Түрлі шаруаның басын шалып көрді. Ақырында техника жөндейтін шеберхана ашты. Бұл кәсібі тиімділігін көрсетті. Қазір әр үйде кемінде бір автокөлік бар.Оның үстіне өндірістік бірлестіктердің, шаруа қожалықтардың сандаған техникалары бар. Олардың арасында ақауланып қалатыны болмай тұрмайды. Мұндайда шаруа Генаны іздейді ғой баяғы. Гена да «қолым тимей жатыр» деп бәлдеңбейді. Жұмысын тастай салып, шаруаның сүйреп әкелген техникасын жөндеп бере қояды. Ол алғысын жаудырып, қырға кетіп бара жатады.
Сан алуан жұмыстан қолы босамайтын Геннадий ағай шаршағанда қолына гармонын алады. Құлаштай созып, құйқылжытады келіп. Арасында әуелетіп ән жібереді. Қазақша, қырғызша, орысша әндер бірінен соң бірі төгіледі. Шаршағаны басылып, қолына құрал-саймандарын қайта алады.
– Гена ағай ән салып жатыр,– деп ауыл тұрғындары сауып отырған сиырын тастай салып, ән тыңдайды.
Кешті жаңғыртып тұрған әсем ән ауыл тұрғындарын серпілтіп тастайды. Қарттар оралмасқа кеткен бал дәурендерін еске алып, көздерін сүрткіштеп тұрады. Жастардың делебесі қозады.
Бүгінде Көксарай ауылының кеші осылай думанды тегін концертке айналып жүр. Әрине, шілденің аптап ыстығы шаршатады. Тымық кеште оның осылай серпілетіні бар.
Кейде кешкі тымықта ол әуенге елти отырып Санкт– Петербург қаласында тұратын інісі Николайды ойлайды. Ол сонда тұрақтап қалған. Үйлі– баранды. Шәуілдірді сағынып жыл аралатып келіп тұрады. Ол да ағасы Геннадиймен Шәуілдірдің шаңын жұтып, топырағына аунап өсті емес пе? Балалық бал дәурен күндері қалған Отырар оған қашан да ыстық. Осында оның әке-шешесі мәңгіге тыныстап қалды. Әкелері Виктор Стаматов 1979 жылы қайтыс болды. Қайтыс боларының алдында балаларын жинап:
– Шырақтарым! Тағдыр біздің маңдайымызға осыны жазыпты. Ұлтымыз балғар еді, анау еді, мынау еді деудің енді керегі жоқ. Әрине, түп жұртыңды біліп жүргендерің жақсы. Бірақ, біз жаны жомарт, көңілі көктем қазақ бауырларымыздың арқасында осындай дәрежеге жеттік. Біз осында сталиндік қуғын-сүргін салдарынан азып-тозып келгенімізде қазақтардың бауырына тығылдық. Бізді солар сақтап, аман алып қалды. Ендеше, оларға мәңгі қарыздармыз. Басқа бір жағдай болып қалмаса бұл жерден ірге көтермей-ақ қойыңдар. Олар ешкімді алаламайды. Осында бұғаналарын қатып, қабырғаларын қатайды. Ендеше, осы жер сендердің атамекендерін. Бұл жерде көштен қалып, аштан өлмейсіңдер. Менің аманатым осы,– деген.
Отырар алқабын жерсініп кеткендіктен бе әлде қазақтармен етене жақын болып кеткендіктен бе, Геннадий үдере көшіп, басқа жаққа қоныс аударуды ойлаған жоқ. Николай болса да оқу іздеп кетті. Содан қызметке орналасып, орнығып қалды. Оның жөні бөлек. Ал, Ольга мен Татьяна о бастан өрісі бөлек, жатжұрттық қой, білім қуып жүріп екеуі де орыс жігіттерінің етектерінен ұстады. Бүгінде екеуі де Новороссийскіде тұрады. Ағаларының үйіне олар да жиі келеді. Мұндайда Сырдың суына шомылып, құмға бауыр төсеп жатып, өткен-кеткенді еске алатындары бар. Геннадия ағалары гармонын соза түсіп, нешетүрлі ән айтады. Құмды жақтан талықсып бір әуен құлап келе жатады. Бұл Ольга мен Татьянаның балғын кездерінде сан рет тыңдаған әуендері. Әкесі айтушы ма еді, шешесі айтушы ма еді, әйтеуір жүрек шымырлатар әсем ән болатын.
Сағыныш деген адам бойындағы ең бір аяулы дүние. Адам қиялмен, сағынышымен ғұмыр кешеді. Пендені алға сүйрейтін ілгері үміт. Туған жерге деген сағыныш, көздері кеткен әке-шешелерін іздеу, балалық шақтарын ұрлатқан өңірді көру, міне, осының барлығы айналып келгенде жүректегі бар пердені шертіп өтеді. Көңіл пернесі дыңғыр қаққан соң адам бойын сағыныш әлдилейді. Он сегізін сағынбайтын бойжеткен болмайды. Ольга мен Татьяна да тоқаштай тәтті, тұмардай қымбат шақтарын іздейді. Құм ішінен іздерін тапқысы келеді. Құм шіркін көшпелі ғой, онда қайдан із қалсын, өткен күндер белгісін таба алмаған шерлі жүрек сыздайды. Міне, қос қарлығаштың кейде осындай да күй кешетін күндері болады.
Геннадий парталасы һәм ақыреттік жолдасы Вера екеуі 2 ұл, 4 қыз сүйді. Сергейі Шымкентте тұрады. Дәрігер. Ол да әкесіне тартып музыкант болды. Жұмысынан қолы қалт еткенде гитарасын шертіп отырады. Ал, Юрий кран жүргізеді. Алып құрылыстарда жұмыс істейтін ол да қолы қалт еткенде гитара, аккардион ойнайды. Екі бала да қазақшаға ағып тұр. Қазақтармен етене араласып, солармен бауырласып алған. Жиын-тойларда музыкант ретінде шақырылатын ағайындылар мына індет басталғалы тоқырап тұр. Оқта-текте Көксарайға, әке-шешелеріне келгенде бәрі қосылып әуендететіндері бар.
Жалпы, Геннадийдің бір басында 26 гармон бар екен. Сөйтсек, ол балала­рының үйлеріне де үш-төрт гармон қалдыра берген екен ғой. Жақсы гармон көрсе сатып алғанша асығатыны бар. Үйлерінде аккордионның да бірнеше түрі тұр.
Ал, енді Геннадий мен Вераның Светасы Қызылорданың Жаңақорған ауданының жігітіне тұрмысқа шыққан. Күйеу балалары Ильяс татар ұлтының өкілі. Ауылда трактор айдайды.
Лариса Шымкентте тұрады. Күйеуі Ғалымжан мен деген мүсінші. Қазақ жігіті.
Сонда Геннадий отбасында бірнеше ұлт өкілі тоқайласып тұр емес пе? Бұл– ұлттар татулығының белгісі. Мұны ол мақтаныш етеді. Енді Люда мен Таняның қай ұлтттың жігітіне бұйыратынын кім білген? Қыз бала ғой, олар да өрістерін табар…Табар да Стаматов шаңырағының керегесін кеңейтер. Құдай сол күнге жеткізуді нәсіп етсін!
Бүгін Геннадий ерте тұрып Көксарай ауылының бас имамы Өмірзақтың үйіне келді. Екеуі ежелден дос-жаран. Әңгімелері жарасады. Имандылық, тазалық туралы жиі әңгіме қозғайды. Өмірзақ дін адамы емес пе, ислам діні туралы толғайды. Көктен төрт кітаптың түскені туралы айтады. «Ең асыл дін-ислам діні» дейді ол. Бұл Геннадийдің көңіліне қонады. Себебі, ол мұсылмандар арасында өсті. Өзінің де осы дінге бүйрегі бұрады. Ислам дінін хақ діні деп таниды. Қазақтар ортасында өскеннен соң ба әлде Өмірзақ имаммен етене араласатын болғандықтан ба, ислам діні жайлы білетіні бірқыдыру. Кейде торқалы той, топырақты өлімде бас қосқанда шариғат туралы ауыл қарияларымен әңгіме шертіп отыратыны бар.Сондай-ақ ол қазақ халқының ру шежірелерін де бір кісідей біледі. Осыған қарап, оны қазақ екен деп қалатындар қаншама. Ол ел бірлігі, халықтар достығы туралы былай толғайды:
– Қазақстан көпұлтты Республика екені бұрыннан белгілі. Кеңестік дәуірде ҚСРО-дағы жалғыз интернационалды ел аталғанымыз тегін емес. Ежелден бауырмал, қайырымды қазақ халқы тағдыр-тәлкегіне ұшырап, әлемнің әр тарапынан келген ұлттарды жатсынбай, оларды туған-туыстарындай жақсы көрді. Міне, сондықтан, қазір Қазақстан көпұлтты мемлекет атанып отыр. Дәл Қазақстан сияқты ұлттар достығы өнеге, халықтар достығы үлгі – дүниежүзінде ел жоқ. Біздегі халықтың ынтымақ, бірлігіне, жарастығына тәнті болған шетелдік саясаткерлер мен қоғам қайраткерлері «Қазақстаннан үйрену керек» дегенді жиі айтады. Барлық ұлттардың терезесі тең, мүдде- мақсаты бір және олардың еркін еңбек етуіне, кәсіппен шұғылдануына, саясатпен айналысуына барлық жағдай жасалған ғой. Ең ерекшелік сол – кейбір ұлт өкілдерінің балалары мектепте өз ана тілінде оқиды. Мысалы, Ресейде мұндай үрдіс жоқ. Қазір адал еңбектерінің арқасында кәсіппен шұғылданып, байып жатқан отбасылар көбейіп, қауымға айнала бастаған ұлт диаспоралары бар. Ұлттық салт-дәстүрлерін сақтап, өз діндерін ұстанып, бір шаңырақ аясында тату-тәтті өмір сүріп жатқан халық тек Қазақстанда жасап жатыр. Бұған әрине, қуанасың және мақтанышпен айтасың. Осындай ел бірлігі мен тұтастығы жолында өз бағдарламасы мен мақсаты бар Қазақстан халқы Ассамблеясының жұмысына дүниежүзі риза десек артық айтпаймыз. Әрине, оның басында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тұрғаны айтпаса да түсінікті.
Қазақстандағы ұлттар достығын көзбен көріп, жүрекпен сезіп жүргендердің бірі менмін. Көңілі даладай дарқан қазақ халқы қазір барлық ұлт өкілдерін өзінің туған-туыстарындай көреді. Диаспоралар қазақтың бөлінбейтін қауым-тайпасына ежелден айналып кеткендей. Жер шарындағы негрден басқа барлық ұлт Қазақстанда жасап, өмір сүріп жатыр. Бір елде жүзден аса ұлт өкілдерінің тату-тәтті болып дауласпай, жауласпай өмір сүріп жатқаны бұрын-соңды тарихта болмаған жағдай. Өйткені, халықтар достығы біздің саясаттың басты ұстанымы. Көрші мемлекеттердегі ұлтаралық дау-жанжалды және Ресей мен Украина арасындағы қантөгісті ақпарат құралдарынан естіп, көргенде мамыражай бейне тыныштықтағы Қазақстан жұмақты елестетеді. Ұлтаралық, дінаралық қақтығыс, соғыстан кейбір мемлекеттердің жойылып кеткенін тарих дәлелдеді. Сондықтан, біз ұлттардың достығы мен бірлігіне қуанамыз. Тәуелсіздік алған алғашқы жылдары кейбір мысықтілеу саясаткерлер «Қазақстан көпұлттылығынан түбінде күйрейтін ел» деген сыңайлы пікірлер айтып, үрейлендірген болатын. Ал, керісінше Қазақстанда ұлтаралық достық пен келісім орнап ең бейбіт ел деген атаққа ие болды. Кеңестік дәуірден басталған, интернационалдық тәрбие мен идея қазір жаңаша жаңғырып, «Қазақстан ұлттар лабораториясы» бұл күнде, тіпті, өзгеше бір ұлттар достығының «брендіне» айналды десем қателеспеймін. Мен өзім ұлттар достығы тәрбиесіне қатты көңіл бөлемін.
Қазір ақпарат құралдарында, теледидар арналарында Қазақстандағы халықтар достығына байланысты әңгіме, сұхбаттар, көрсетілімдер жиі беріле бастады. Өйткені, оның өзіндік сыры бар. Қазақ ежелден бауырмал болғандықтан ұлт– нәсіліне қарамай, жалпы, адамзатты жақсы көреді. Ұлы Абайдың адамзатты сүй дейтін қағидасы бар емес пе. Адамдар арасындағы сүйіспеншілік пен махаббатты қасиетті дініміз ежелден уағыздап келеді. Бойында бұрыннан исламдық рух бар ұлт ынтымақ пен достықты қадірлейді. Кеңес үкіметі құндылықтарының бірі ұлтаралық достықты, ынтымақты алғаш орнаған күннен бастап басты ұстаным етті. Соның нәтижесінде КСРО-да ұлттар достығы қалыптасып, интернационалдық тәрбие барынша жолға қойылды. Қазақстандағы халықтар достығының орнығуы Кеңестік саясаттан бастау алып, жалғасқанын ұмытпауымыз керек. «Қазақстан жүз ұлттың Отаны» деген қағиданы біз жүрегімізге құйып өскен ұрпақпыз. Қазіргі Қазақстан Халықтар Ассамблеясы туралы айтқанда оның кеңестік дәуірдегі тарихын есте ұстауымыз керек. Тәуелсіздіктен кейін ол өзгеше сипат алды. Сол кезде қалыптасқан халықтар достығы қазір жалғасып жатыр. Бұл күнде Ассамблея атқарып отырған жұмыс сан алуан. Өзінің алға қойған мақсатты жобалары, шаралары бар. Ұлттар достығының шынайы ұйытқысы, рухани күші болған Ассамблеяның мерейтойы өзімізде ғана емес, өнеге-үлгі ретінде кейбір шетелдерде де аталып өтсе жаман болмас еді. Өйткені, ұлтаралық, дінаралық араздық кейбір мемлекеттерде қантөгіске әкелуде. Достық отаны Қазақстан гүлдене берсін.
Қазақстанда әр ұлт өкілдерінің кәсіппен шұғылдануына барлық жағдай жасалған. Бізден басқа мемлекетте дәл біздегідей терезесі тең еңбек етіп, кәсіп жасап, қалаған ісімен айналысып жатқан диаспоралар жоқ. Сондықтан олар Қазақстанда бақытты өмір сүріп жатыр. Тіпті, кейбір ұлт өкілдері жер иесі қазақтардан артық тұрады. Алматыдағы, Түркістандағы, Шымкенттегі сауда орындары мен тағы да басқа жерлерде еңбек етіп жүрген әртүрлі ұлт өкілдерін көргенде қазақтың кеңдігіне қайран қаласыз. Осыдан біраз жыл бұрын тарихи отандарына кеткен біраз немістер Қазақстанға қайта келді. Қазақтың дархандығы мен кеңдігін және бауырмалдығын Герольд Бельгер көп жазды. Жақында дүние салған оны өзінің өсиеті бойынша достары қазақтар Кеңсайға жерледі. Міне, қазақтың өзге ұлтқа деген сүйіспеншілігін осыдан көруге болады. Олай болса Қазақстандағы ұлттар достығы жасай берсін!
Осылай деген Гена көкжиекке қарап ұзақ ойланып тұрды. Ол бізді бастап селкілдек көпірге әкелді.
– Осы көпір маған көп ой салады. Көпір-қатынас дәнекері. Арғы беттегі тұрғындарды бергі бетке, бергі беттегі тұрғындарды арғы бетке өткізеді. Сөйтіп, екі жақтағыларды табыстырады. Маған тіл де осы көпір сияқтанады. Ол да екі ұлтты табыстырмай ма? Достық, татулық та алтын көпір. Елдегі біздің алтын көпірлер көп болғай. Сол алтын көпірді жасайтын адамдардың қол шеберлігі ғана емес, жүрек дарқандығы. Мен бұл дарқандықты Қазақ даласынан таптым. Қазақстан менің Отаным,– деді тебіреніп.
Біз аспалы көпірдің үстінде тұрмыз. Гена ағай, бүкіл Отырардың Гена ағайына айналып кеткен Геннадий Бектұрұлы гармонын алып, сырлы да сазды әуендерді бірінен соң бірін құйқылжытты-ай келіп. Өзі де ән ырғағына беріліп, жүзі нұрланып тұрды. Иә, ол бақыт нұры еді.
Құмды жақтан самал соқты. Әлдеқайдан құстар шықылықтады. Сарша шілденің күні елжіреді. Қоңырсалқын самал әсем әнді ілестіре кетіп, барша өңірге таратып жатты. Дария бұлқынысын қойып, сыңғыр үнімен әнге көркемдік үстемеледі. Айнала түрленіп, жаңа түскен келіншектей құлпырды. Дала симфониясы әуелей түсті.
Мен көпір үстіндегі ән үзілмесе екен деп тіледім.

Сабырбек ОЛЖАБАЙ

Пікір қалдыру