Тынымбай Нұрмағанбетов. ҚАР АСТЫНДАҒЫ АУЫЛ

Тынымбай НҰРМАҒАНБЕТОВ

Теріскейі Созақ ауданымен шектесіп, Жаңақорған ауданы арқылы өтетін Қаратау сілемдерінің арасындағы бұлақ көздерінен бастау алып Сырға қарай тоқтаусыз ағып жататын Ақүйік өзенінің екі жағына жабайы өскен шоқ талдардай болып орналасқан бұл ауылды көп жұрт Қазан төңкерісіне дейін біле де бермеген шығар. Бәлкім одан кейін де белгілі болулары екіталай-ақ болар еді, түстіктегі ауылдардан, теріскейдегі ауылдардан қыз алып қашамыз, қыз қашырамыз деп жүріп, тау арасында да ауыл бар екендігін аймаққа әйгілеп алмағанда. Одан бері де ел жұртты дүбірлеткен аққалпақтардың көтерілісі кезінде ер-азаматтары қалың елдің намысын жыртамыз деп екінші рет бүлдірген және бұл жолы оңбай бүлдіргендіктері болар, өкіметтің жазалаушы отряды пулеметтерін сүйретіп, мылтықтарын шошайтып жүріп, бұл ауылға да атбасын бұрып, көтеріліске қатысқан жандарды қырып салған. Ел көзінше атқан. Командирлері «Осы ауылды пулеметпен түгел қырып салсақ қайтер еді» дегенді де ойлай беріп, тіпті пулеметтерінің тұмсығын бұра беріп, өздерін өздері әзер тоқтатқан. Сабырға келген. Бәлкім олар алба-жұлба киінген балаларының беттерінен, көздерінен мейірім мен тазалық көріп аяды ма, әлде кісі өлімін көріп үрейлері ұшқан сол балалар үшін отқа да түсе алатын, оққа да ұша алатын аналары мен әжелерінің айбатынан қаймықты ма, кім білсін, ауылдың ер азаматтары жер жастанғанымен өзгелері аман қалған.
Осы оқиғадан кейін барып, ауыл ел санатына еніп, түстіктегі Жаңақорған ауданының құрамына ілінген. Ауылдан мектеп ашылған, колхоз болып ұйымдасқан. Кеңес үкіметінің әскеріне балаларын алатын болған. Арба мен машинаның жүруіне деп таудан асар жолдарын Дүйсенбай бастаған топ үш ай тастан тазалаған. Сосын барып бұрын аттылар ғана қатынаған бұл ауылға арбамен, машинамен ауданның басшылары, уәкілдері қатынайтын болған.
Жырақ өмір сүргенімен жаратылыстан болатын мейір-рахымды бұл ауыл да ел-жұртпен бірге көрген. Бұл ауылда да күзде, көктемде жауын жауған. Күн күркіреген. Қыста сабалап қар да жауған. Бұл ауылда да жаз болған. Және жаз болғанда қандай жаз десеңізші! Тау мен төбелерінің етегі түгел бұлаққа айналып, ана тұстан да, мына тұстан да, тастақ пен тастың арасынан да жол салып, жылтырап аққан салқын суға шомылған көкқұрақ саздар, көк шалғынды жайлаулар, қыр беткейлері тола көкбалақ жусандар. Осы ауылдың беттері айбақ-сайбақ балаларымен қосылып сол шалғындарда әрлі-берлі асыр салып жүгіресің бе, аунайсың ба, жоқ әлде көкбалақ жусанға аунап ашқылтым исін рахаттанып иіскейсің бе патша көңіліңіз білсін…
1952 жылдың 1953 жылға қараған қысы айрықша қарлы болды. Күндіз де, түнде де жауған қар көз жетер жерді түгел басып қалған. Тау да қар, дала да қар… Ал аспанда тіпті қардан өзге ештеңе жоқ дерсің… Әйтеуір, кейде жібектей түтіліп, кейде жапалақтаған қардың бәрі де сол жақтан түсіп жатыр ғой…
Ауылдардың жатағандау тамдарының өзі жауған қармен бірдей болып қалғанда, азаннан кешке дейін қар күреп, ана үй мен мына үйдің арасына жол салудың өзі кәдімгідей бейнет еді.
Бұғалтерлер дайындайтын курсты облыс орталығынан таяуда ғана бітіріп келген Сағымбайдың үйі осыдан екі жыл бұрын халық көптеу тұратын өзеннің бас жағынан жаңа мектеп салынғанда, босап қалған ескі мектептің шеткі бөлмесіне орналасты да, ұзын дәліздегі қаңғыр-күңгір көп үйден бөлініп теріс беттен есік шығарып алған-ды. Шешесі, әйелі, інісі – төртеуіне әуелгіде бұрын класс бөлмесі болған үй әңкиген үлкен, әрі суық көрінді де, жазда әрқайсысы әр бұрышта шашырай жатып, қыста бәрі де темір пеш орналасқан бұрышқа сығылысатын. Төсеген алашалары тылтыйып, өздері жататын бұрышты әзер жапты да, бір кебеже, бір сандықтары бұлардан қарадай үркіп, екінші бұрышта қалып қойды.
«Оқып, шаршап келдің ғой, біраз демал. Әзірге босай қоятын орын көрмей отырмын» деп, басқарма Исабай көңілін басып тастаған соң-ақ Сағымбай үйінің төрінде күзден бастап жатып алған. Ауылда қолдан қолға тимей жүрген екі-ақ кітап бар. Бірі – «Мың бір түн», екіншісі – «Батый». «Мың бір түнді» екі рет, «Батыйды» бір рет оқып шығып, енді не істерін білмей іші пысып, аш қарнын алақанымен сипап жатып бір жолы іштей «Немістермен соғыстың да ерте бітіп қалғанын қарасайшы. Тым болмаса «Қай қала алыныпты?» «Гитлер жеңе ме, әлде Сталин жеңе ме?» деп елеңдесіп отыратын» – дегені бар. Онымен де қоймай, бір топ іші пысқандардың ортасында отырып: «Жұрттың қара қағазын таситын почталық қызметтің де бұйырмай қалғанын қарасайшы» дегені тағы бар. Сонда мұның сөзіне үйіне қара қағаз келмегендер күлді де, үйіне қара қағаз келгендер күле алған жоқ. Сұқ саусақтарымен астарындағы алашаның бетін сызғылап, төмен қараған күйі отырып қалды.
Күнде таңертең Нұрлыбай інісі оқуға кетеді. Шешесі ертеңгі шайдан соң-ақ қолына ұршығы мен бір шүйке жүнін ұстап көршілеріне барады. Үйде оңаша қалған келіншек пен жігіттің әңгімесі біткен бе, тәйірі. Оның үстіне қосылғандарына жыл толмаған болса… Сағымбай әңгіме айтса – Әкүл таң, Әкүл айтса, Сағымбай таң.
Дастарханға жүгері қуырып салып, қайта-қайта шай ішетін әдеттері бар. Ондайда Әкүлдің құйған қара шайы бал татып тұрғандай дерсің. Бұл ауылда бидайдың ұнынан пісірген нанның өзі ілуде-біреудікінде… Кәмпит те күнде көретін нәрсе емес. Қайсыбіреулердің кәмпит орнына құрт тістеп отыратын әдеттері бар.
Ұзақ оқудан кейін қатты сағынып келгенінің әсері ме, бұларға таңертеңнен кешке дейін бірінің бетіне бірі қарап отыру да таң болмай қалған. Дегенмен екеуі қашанғы өбісе берсін, Сағымбайдың кейде ермек үшін келіншегін жоқ жерден ашуландыратын да әдеті бар. Ашуландырарда айтатыны – «Сенен бұрын Көлтоғанның бір қызымен әуейі болғанмын. Сен болмағанда соны алайын деп жүр едім. Серттесіп те қойып едік» дейді. «Сол қызыңа неге үйлене бермедің?» деудің орнына Әкүл жылап қалады. Мінезі ұяң. Күйеуінің әзіліне әзілмен жауап беруге де айласы жетпейді. Соны біліп Сағымбай да жас келіншекке мәтіби болып алған. Көлтоғандағы әуейі болған қызының әңгімесі ескіріп, Әкүлді тағы бір жылатып алғысы келген кезде «Түркістанда да бір қызым бар еді, менен екіқабат болып қалған» дейді. Бұл жолы Әкүл көбірек жылайды.
Сағымбайдың Әкүлді қайта-қайта жылатуды қызық көретіні… кешкісін құрақ көрпешенің үстінде құшақтасып жатып, татуласулары қызық… Тәтті…
Ертеңіне інісі оқуға, шешесі көршілерге қыдырып кеткенде Сағымбай зарлап сөйлеп, құрақ көрпешеге рахмет айтып жатады. «Сен болмасаң Әкүл екеуміз татуласа алмай тарасып кетер ме едік… Сен болмасаң аққудай Әкүлімнен айрылып, арманда қалар ма едім» деп…
Әкүл сылқылдап ұзақ күледі. Күлгені қандай! Күліп әрі ұялып отырып, бір-екі ауыз бірдеңе дегені қандай! Құдайым-ау жас адамдардың сезім құштарлығына дауа бар ма сірә… Сосын екеуі бірін бірі жаңадан көргендей, ал кеп құшақтасады… ал кеп сүйіседі…
Екеуі үйленерде шешесі тіккен құрақ көрпеше, обалы не керек, бұларға күндіз де қызметін аямады…
Қар қалың түскен соң-ақ Сағымбай қолына күрек алып, қар күреуге кірісіп кеткен-ді. Түске шейін күреді. Кешке шейін күреді. Сонда бітсейші… Оң жақтағы көршіге дейін жүз қадам… Сол жақтағы көршіге дейін жүз қадам… Мал қораға дейін елу қадам. Отын қораға дейін елу қадам. Там жанынан жаңа там соққандай қар дегенің тау болып үйілді де қалды. «Ұзынмын» деп жүрген батырдың өзі дәл қазір тау аралап келе жатқан ергежейлідей ғана.
Келіншегі бір жүгіріп келіп «Тер қатып қалар» деп үстіне күпәйке жауып кеткен… Екінші келіп «Шай қойып жатырмын» деп жұбатты. «Шай қойып жатырмын» деп мақтанғаны бұл аралықта енесі Омар қайнысының үйіне барып, төрт-бес кілә бидай сұрап әкелген. Бидайды Әкүлмен екеуі еденге төгіп жіберіп, тазалап, қол диірменге салып дығырлатып отырып тартты да, ұн екі табаға жететіндей болғанда, енесі қамыр ашытып, Әкүл шай қойды.
Содан Сағымбай да қар күреуден шаршап, жалыққан кезде Әкүл тағы да жүгіріп келіп «Бидай нанды табадан шығардым… шай да қайнады» — деді-ау. Бұл сөз «Етті қазаннан түсірдім, ағаш табақта буы бұрқырап тұр» дегенмен бірдей. Сағымбай енді күрегін иығына салып, үйге қарай жүрді.
Бұлар шай ішіп жатқанда мектептен Нұрлыбай да келді. Кітап-дәптерлері салынған шүберек қалтаны иығынан алмастан, дастарханның шетіне келіп жайғасқан. Аяғындағы етігін де шешер ме еді, шешпес пе еді, шешесі: — Алдымен етігіңді шешсеңші, – деп тастамағанда. Сонда Нұрлыбай етігін шешіп жатып та, көздері таба нанды тесіп тұрды-ау. Дастархан шетіне жайғаса беріп, алғашқы айтқан сөзі де: – Бидай нанды қайдан әкелдіңдер-ей? – болды.
• Қайдан әкелуші едік? Өзіміз қолдан көмдік те, – деді шешесі.
Бидай қайдан келді. Ұн қайдан шықты – Нұрлыбайдың онымен шаруасы жоқ. Таба нанның жартысын опырып алып: – Неге күнде бидай нан көмбейсіңдер? – деді осы сөзімен өзгелердің бәрін айыптағандай қабағын түйе қарап: — Жүгері нан… жүгері нан… Менің жүгері нанды жегім келмейді.
Сағымбай мен Әкүл үндеген жоқ. Жауапты тағы да шешесі берді:
– Шырағым, жүгері нанды да табылып тұрса жерсің…
Енді дастархан басына үнсіздік орнады. Бірақ қарап отырған ешқайсысы жоқ. Бірі нан жеп, бірі шай ішіп отыр. Әлгінде опырып алған жарты таба наннан Нұрлыбай дастарханға қыйқым да қайырған жоқ. Түгел өзі жеді. Қалған жарты таба нанның да көбісін Сағымбай жеді. Ене мен келін бір жапырағын ғана өзара бөліп, ауыз тиген болды.
• Кешке де бидай нан көмесіңдер ме? Жартысын таңертең мектепке ала
кететін – деген Нұрлыбайдың сөзіне де ешкім жауап қатқан жоқ.
Сағымбай түс ауа тағы да қар күреуге шығып, отын қораға қарай жол салды. Шешесі шай ішіп отырып: – Омбылап барып, омбылап қайтып сұрағанда бидайды бергеніне де рахмет. Балаларым бір тойды… Күнде-күнде бізге кім бидай бере берер дейсің, одан да отын қора мен мал қораның жолын аш… – деген.
Әлгінде жеген бидай нанның күшімен біраз қимылдаған. Денесі терши бастаған кезде үйден Әкүл шығып «Тер қатып қалып жүрер» тағы да иығына күпәйке жауып, екінші күрекпен ол да қар күреген болды. Жұмысы өнімсіздеу болғанымен әдемі келіншегінің осылай жанында жүргенін Сағымбай жек көрген жоқ.
Ауылда өздері сияқты жаңа үйленгендер де, үйлене алмай сораңдап, жер-көкке сыймай жүрген жігіттер де бар еді. Солардың үйлене алмағандары қар күрей жүріп, анадайдан мойындарын созып, бұларға қарады. Әрине қызықты. Бәлкім қызғанды. Осының өзі не тұрады. Ісі өнбесе де, әдемі көйлек киіп, әдемі орамал тартқан әдемі келіншегі қызыл пүлішпен тысталған жылы әрі ықшам елтірі күртешесімен ана тұстан, мына тұстан көз сұғын қадағандарды қызықтырып, жанында әлі де жүре бергенін қалап-ақ еді, кенет келіншегінің өз-өзінен «іш-ш-шай!» дегені. Деді де қолындағы күрегін қалың қарға қадай беріп, жүгіре басып үйге кіріп кетті. Үйге қарай жүгіре басқанының өзі қандай сүйкімді еді. Дауыстап «іш-ш-шай» деуі де, үйге қарай жүгіре басқаны да бір есептен күйеуіне еркелегені сияқты-тын. Оны Сағымбай түсінді. Түсініп тұрып ішінен: «Осындай келіншекті түнегүні ішім пысқанда Көлтоғандағы қызымды бір, Түркістандағы қызымды бір айтып, жылатқаным-ай» деп өкінді. «Осындай келіншегін де дені сау адам жылатар ма? Өкпелетер ме?» деп бірауық өзіне-өзі ұрысқан болды.
Отын қораның жолын ашып болып, енді мал қораға қатынайтын жолдың қарын күрей бастаған кезде күпәйкесінің бір жеңін сұғынып, екінші жеңін жолай сұғынып, аяғына гөрпілдеген саптама етік киіп, үйден Нұрлыбай шықты. Өзі ашулы. Бұрқылдап, бірдеңе деп күңкілдеп жүр. Бірақ онысын ешкім де түсінбейді. Оның осылай жұрт түсінбейтіндей етіп бұрқылдайтыны да бар. Шамасы шешесі, әлде Әкүл «Сен де ағаңа көмектессейші» деп айтқан. Әншейінде жұмыс істе десең, аяқ астынан басы әлде іші ауырып, болмағанда ұстап отырған кітабының кез келген бетін ашып, оқи қоятын қияңқы ғой. Әкүлден қалған күректі ұстай беріп:
• Сабақ оқиын десең, бір-р – деді бұл жолы Сағымбайға әдейі естірте күңкілдеп…
Сағымбай үндеген жоқ. Сосын саптама етігін әзер көтеріп, қарды ебедейсіз кешіп жүріп, ол да қар күрей бастады. Күреп жүр деген аты ғана. Қарды бір оң жағына, бір сол жағына шашып жүр. Әттең қолындағы күрегін лақтырып жіберуге ағасынан бата алмайды.
Аяғындағы саптама етіктің де хикаясы бар. Қыстық аяқ киімі болмағандықтан бұл Нұрлыбай төрт-бес күн оқуына да бара алмай қалғанда Ерөскен деген класс жетекшісі үйге келіп: – Балаңды неге мектепке жібермей жүрсің? – деп кемпірге зікір салыпты.
• Шырағым-ау, мен ол баланы мектепке жібермегенде не істеймін –
депті кемпір. – Аяқ киімі жоқ. Аяқ киім алатын ақша тағы жоқ.
• Аяғыңдағы кебіс-мәсіңді шешіп бер, болмаса балаңды мектепке
жіберуге қарсы болғаның. Демек халық жауысың! Екі бет қағаз жазамын да, НКВД-ға жіберемін – депті.
Содан кемпірдің зәресі ұшып кетеді. Зәресі ұшқанда не істей қойсын, ауыл үйді аралап Нұрлыбайға етік іздейді. Жылқышы қайнысы Омардың үйінен әбден тозған саптама етік табылғанда есі шығып қуанып, Темірбек деген етікші қайнағасына қолтығына қысып апарып, қайсыбір тесік жыртықтарын тіктіріп алған соң барып көңілі тыныпты. Болмағанда НКВД-ның адамдары айдап кететіндей сезініп жүріпті. Тіпті жүн түтіп отырып, көрші кемпірлерге түсінде НКВД-ның адамдарын көріп жүргенін де айтып қалыпты.
Сосын Нұрлыбай саптама етікті аяғына киіп, мектепке қарай шықпай ма? Мектепке жеткенше қатар балалары күліпті. Сабақ басталған кезде сабақ айту үшін тақта алдына шықса мұғалімі Ерөскен күліпті.
• Мына саптама етік әкең Баймұраттан қалған ба, әлде оның әкесінен бе?
Енді Нұрлыбайға кластағы балалар түгел күледі. Сонда Нұрлыбай беті бүлк етпестен: – Жоқ, ағай… Ол кісілерде мұндай етік қайдан болсын. Бұл жетінші атамнан қалған етік. Ол кісі «Осы етікті жетінші ұрпағым Нұрлыбай кисін» деп дайындап та кеткен екен» дейді.
Балалар енді Нұрлыбайға емес, мұғалімдеріне күледі.
Ерөскен шарт ашуланады.
• Оңбаған тұр бұрышқа!
Нұрлыбай бұрышқа тұрады. Бірақ класс қана емес, мектептегі атақты жағымсыз­дардың бір бола тұра ол қайдан тыныш қалсын. Бірде оң аяғындағы, бірде сол аяғындағы жамау етігін көтеріп, көрсетіп балаларды күлдіреді. Аузын қисаңдатып та күлдіреді. Теріс бұрылып, шалбарының жамауын көрсетіп, оң қарап тұрып, күпәйкесінің жамауын көрсетіп күлдіреді.
Ақыры шыдамы таусылған Ерөскен Нұрлыбайға зілдене қарап тұрып:
– Әй, оңбаған орныңа отыр! – дейді. Сонда Нұрлыбай партасына қарай кетіп бара жатып, саптама етігімен еденді тебеді.
– Еденді неге тебесің? – дейді мұғалім.
– Етігім аяғыма тар-р, – дейді Нұрлыбай.
Кластағылар жарылып тағы күледі.
Ерөскен енді Нұрлыбайды мектеп директорының бөлмесіне сүйрейді.
Мән-жайды біліп алған соң көксау директор ұзақ жөтеліп алып:
– Өзіңнен үлкен етік саған қалайша тар болады – десе, Нұрлыбай:
– Етікке сұққан бойда аяғымның ісініп, өз-өзінен үлкейіп кететін қасиеті бар – дейді.
Директор тағы да біраз жөтеліп алады.
• Қане, шығар аяғыңды!
Нұрлыбай бір жүн шұлық киіп, сыртынан екі шұлғаумен оралған аяғын шығарса, кәдімгідей жіп-жіңішке баланың аяғы…
• Ки – дейді директор.
Нұрлыбай шешесі үйреткен ұқыптылықпен әуелі асықпай жүн шұлығын киіп, сосын екі шұлғауды қабаттап орап, соңынан саптама етігін киіп шәлтиіп тұрады.
– Етігің әлі де тар ма? – дейді мектеп директоры. Сонда Нұрлыбай бет-аузы бүлк етпестен: – Бірте-бірте аяғым тағы да ісініп, үлкейіп келе жатыр, – дейді.
– Класыңа бара бер.
Бала шығып кеткен соң директор тағы да жөтеліп алып, қалтасынан бет орамалын шығарып, асықпай аузын, бетін сүртіп болған соң, Ерөскенге:
– Осы бала ержеткенде үлкен әртіс бола ма деп тұрмын. Ереке, сабыр ете тұршы – дейді.
– Әртіс болуын болар! Смеке-ау, бірақ ол жүгермек әртіс боламын дегенше, мына мен де әртіс болып бітпеймін бе? – деп Ерөскен шар-р ете қалады. – Өзіңіз ойлаңызшы… Ол әтәңә… Кешіріңіз, ол қазір класқа кіреді. Класс шу-у ете қалады. Өйткені ол мына мені де, сізді де жеңіп қайтты. Балаларға тағы қандай қыршаңқы сөз айтарын кім білсін. Сосын класқа мен кіремін. Балалар тағы да шу-у ете түседі. «Неге күлесіңдер?» деп сұрай қалсам, ол әтәңә… Кешіріңіз олар тағы күледі. Сонда не беделіміз қалды? Смеке-ау, бұл ауылдың жүгермектері түгел әртіс. Ал сіз Баймұратовты ғана байқап отырсыз.
– Мына мен келер жылы мектептен кетемін. Денсаулығым жоқ. Менің ауруыммен мектепте қызмет істеуге рұқсат жоқ. Ал сен басқа мектепке ауысып кет. Тіпті бір мектепке директор болуыңа да… Мен көмектесейін. Аупарткомның бірінші хатшысына сөзімді тыңдата аламын, майданда бірге болғанбыз.
Ерөскен аң-таң күйде тұрып қалады. Директордың сөзіне қуанбайды… ренжімейді де. Сосын сәлден соң директордың бөлмесінен еңсесі түскен күйде шығып, аяғын сүйрете басқан күйі, үшінші кластың есігіне кіріп бара жатады.
…Сол Нұрлыбай қазір қар күреп жатыр. Әлгі әңгімеден кейін ағасы болғансып: – Әй Нұрлыбай сен бұзық болып, мектеп директорының алдына барыпсың ғой – дегенде, ол мұрнын шүйіріп: – Сол көксауды қойшы – дегені бар. Жамау күпәйке, жамау саптама етік киіп жүріп-ақ мектеп директорын менсінбеген соң бұған не дейсің…
Нұрлыбай қар күреп жүріп те жайына қалмады. Есігінің алдын күреп жатқан құрдасы Мүтәліпті тілін шығарып мазақтаған болып, анау бірдеңе айтып мұны келемеждеген еді: – Ертең мектепке бара жатқанда көресің көресіні – деді. Ана бала жым болды. Осы кезде қар кешіп, алпа-салпа болған Мүтәліптің иті тұсынан өте қалып еді, қолындағы күрегімен белінен бір салғанда, ит қыңсылап қаша жөнелді.
Одан соң да қарап тұрмай бір кезде шалбарының бауын шешіп үюлі қардың бетіне сиді. Сигені де қызық. Шаптырып тұрып бір жазу жазды, онысы да оңған сөз емес. Сосын жазуды оқып тұрып, өз-өзінен жырқылдап күлді. Күлген күйі әлгі қардағы жазуды күрегімен сипап жіберіп қайта өшірді.
Зілдей саптама етігімен екі шақырым жердегі мектепке барып, қайтып келген соң пеш түбінде етпеттеп жатып сабақ оқыған, сосын қар күреген бала әбден сілесі қатып шаршап, кешкісін ерте ұйықтап қалған. Жетілік шамның түбінде «Мың бір түннің» қайсыбір тұстарын аралап қана оқып отырған Сағымбай бір сәт кітабын жаба беріп: – Апа, осы балаң мектепке барса – мектеп у-шу, асық ойнаса – асық у-шу, мал қайырса – мал у-шу, ержеткенде қалай болар екен өзі? – дей беріп еді, кемпір қиналмастан: – Қатын алған соң басылатын шығар – дегені.
– Ойпырмай, апа, осы балаңның жыны бір қатынмен басыла қойса қанеки, – деп еді, шешесі бұл сөзіне де абыржымады.
— Бір қатынға жыны басылмаса, екі қатын алар да… Күйеуінің өтірік қиыстырған Көлтоғанның қызы мен Түркістанның қызы есіне түсті ме, кемпір екі қатын алуды айтқан кезде Әкүл қызарақтап қалды. Әкүл қызарақтаған соң Сағымбайдың да үні өшті.
Қар күреу біткен соң Сағымбайдың қолы босады. Оқиын десе оңған кітап жоқ. Қар қалың түскелі ауданмен де байланыс үзілген. Газеттер келмейді. Күзде ғана Ресейдің бір облысынан келген рацияның тілін білетін жалғыз Пәзілбек қана. Оның өзі әлгі темірдің бұрандасын жарты сағат бұрап «Эрфви кратка-а… Эрфви кратка-а… один, два, три, четыре, пять… пять, четыре, три, два, один… Эрфви кратка-а» деп қайта-қайта әлпештегенде аудан орталығынан көп қырыл-дырылдың арасынан
– Бұл кім әй? – деген дауыс әзер есітіліпті.
– Тау қыраны! – депті сонда Пәзілбек колхоздың паролін айтқан болып.
– Әй, «Тау қыраны», тірімісіңдер? – депті әлгі дауыс.
– Тіріміз! – депті Пәзілбек сонда ерекше қуанышпен. – Бәріміз де тіріміз… жолдас… – дей бергенде рация үзіліп қалып, «Эрфви краткасын…» қанша қайталаса да, қайтып іске қосылмай-ақ қойыпты.
«Ол кімнің дауысы екен, сонда…» дегендерге Пәзілбек өз абыройын біраз көтеріп тастау үшін, әлде далбасалап… «Райкөмнің бірінші хатшысының дауысы… секілді» депті. Өзі райкөмнің бірінші хатшысын өмірінде көрмеген жанға да ауылдағылар кәміл сеніп «Біздің Саханың Пәзілбегі ауданның бірінші хатшысының өзімен-ақ сөйлескен екен сабаз… «Тірімісіңдер-әй» депті ғой. Жаны ашыған басшының сөзі осындай-ақ болмай ма?» деп бір-біріне айтып, дуылдатып әкетіпті. Сол дуыл енді басылсайшы. Өзеннің бас жағындағы ауылдарда да осы әңгіме… өзеннің аяқ жағындағы ауылдарда да осы әңгіме… Колхоздың кеңсесінде де… Мектеп пен дүкенде де осы әңгіме… Ағаділ ұстаға арба жасатуға барғандар да осы әңгімені есітіпті. Есітіпті емес-ау, өздері осы әңгімені айтып-айтып ұстаханадан ауыздары көпіріп шығыпты. Шығайын деп те шықпаған секілді. «Көп сөйлеп маған жұмыс істетпедіңдер» деп Ағаділ ұста бәрін қуып шығыпты-мыс…
Белгісіз адамның «тірімісіңдер-әй!» деген жалғыз ауыз сөзі тау арасында қар астында қалған «Қазақстанның 30-жылдығы» атындағы колхоздың үлкен-кішісін бір серпілтіп тастады.
Осы сөзге екі-үш адам қосылған жерде мақтанатындар табылыпты. Табылғаны ғой, осы сөзді жуған болып, Пейіздің дүкенінде екеуара бір бөтелкеден арақ алып ішіп, қылжалақтап мас болып қалғандар да болыпты. Сонда «мас болғандар өзара нендей әңгіме айтты екен» дерсіздер-ау». Арманда қалмағаныңызды қалап айта салайық. Бірінші мас бірінші хатшының гүжілдеген даусымен айтыпты:
– Әй, «Тау қырандары», тірімісіңдер? – деп, сонда екінші мас аяғын әзер басып, өзін құлап кетуден әзер сақтап қалтаңдап тұрып, Пәзілбектің шіңкілдеген дауысымен:
– Тіріміз! – депті қуанып. Сосын екі мас қосылып, қол соғыпты да, соңынан құшақтасып сүйісіпті.
«Тірмісіңдер-әй» деген сөзге Сағымбай мақтанған да, малданған да жоқ. Және Пәзілбек ағасымен шынымен бірінші хатшының өзі сөйлескеніне күмәнді-тін. Күмән қылатыны – Пәзілбектің рация хабарын тыңдап отырған да ауданның бір Пәзілбегі екенін ол шамалады.
Қайткен күнде де 1952 жылдың желтоқсанының үшінші онкүндігінде бұл ауылдың ең үлкен жаңалығы – қар астында жатып-ақ рациямен ауданмен байланысқаны ғана болды. Мәскеуде не болып жатыр, Алматыда не болып жатыр, ешкім ештеңе білмейді. Орыс жаңа жылын бұл ауыл өмірі тойлаған емес. Мектеп пен колхоз кеңсесінде ғана «Ертең жаңа жыл екен» деген қаңғыр-гүңгір әңгіме болса болған шығар. Мектептің қабырға газетіне бір суретші баланың елканың суретін салғаны анық. Бірақ анық не үшін салғанын ол баланың өзі де айтып беруі екіталай. Өйткені бұл ауылда үлкеннің де кішінің де ойында «бұл орыстардың ғана тойы» деген ұғым.
Құрақ көрпешенің үстінде шалқасынан күні бойы жатып Сағымбай кейде «Ойпырмай, мынадай ішпыстылықтан қалай құтылсам екен, ә?… Не істесем екен ә?» деп қиялдайтыны бар. Көлтоғандағы өзімен әуейі болған қыз бен Түркістандағы өзінен екіқабат болып қалған қызды айтып, соңғы аптада келіншегін екі жылатты ма, әлде үш жылатты ма, анығы есінде жоқ. Әйтеуір сықсыңдап жылап отырып-ақ келіншегінің шай құйып бергені, сықсыңдап жүріп-ақ отын қорадан күйеуі бұтаған отынды құшақтап әкеліп, үй жылыту үшін от жаққаны есінде. Бәрінде де екеуі түнде татуласып, ертесіне келіншегі ештеңе болмағандай жайрандап кеткен.
Ол әңгіме енді ескіріп барады. Қайталай беру өзіне де қызықсыз. Ал «ішпыстылықтан қалай құтыламын» деген қиял басынан шығар емес. Құрақ көрпешенің үстінде шалқасынан жатқан сайын ойлағысы келмесе де ішпыстылық жайы ойына өз-өзінен орала кетеді. Істерге іс, айтуға сөз іздеп шерменде болған адам да ақыры мұрат-мақсатына жетеді екен-ау.
Өзеннің басқа иінінде тұратын Сейілбек, Рәш деген құрдастары бар-тын. Соларға әртүрлі хат ұйымдастыруды ойлады да, құрақ көрпешенің үстінде әрі-бері аунап жатып, әлгі хаттарынан бірдеңе шығатынына анық көзі жеткен кезде барып, қолына қалам, қағаз алды. Қолы да жазуды сондай сағынып қалған екен, ақ қағаздың бетінде қаламды ой, қақшаңдатты-ау.
Әуелгі хатты өзі сияқтанып жұмыс таппай сенделіп жүрген құрдасы Сейілбекке жазбақ болды. Хатты көрші «Бірлік» колхозының басқармасы, өздерінің туысы Тасболат Жанпейісовтың атынан жазды.
«Қалқам Сейілбек!
«Бірлік» колхозының қой фермасының бастығы қызметі босап еді. Осы жұмысқа өзіңді лайық көріп отырмын. Қолың тисе, келіп жолыға аласың ба? Он күнге дейін ғана сақтауға мұршам бар. Аудан басшылары «мынадай қыста мал фермасын бір күнде басшысыз қоюға болмайды» деп мазамды кетіріп жүр. Оның үстіне жергілікті жерде де «ферманы басқаруға мен ылайықпын» дейтіндер жетіп жатыр. Алдыма күніге екі-үшеуі келіп кетеді. Өзіңді күтемін.
«Бірлік» колхозының басқармасы Тасболат Жанпейісов.
1952 жылдың 29-шы желтоқсаны».
Сағымбай хат соңына «басқарманың қолы да осыдан аспас» деп қайқайтып Жанпейісов болып қол да қойды.
Қайтып оқып көріп еді, қатып тұрғандай көрінді. Іштей «Сейілбек осындай хатқа сенбей отырса, Сағымбай атым өшсін» деп өзін-өзі жұбатып отырды да тағы да «Сенбеуі мүмкін емес» деп өзін-өзі жұбатты.
Өйткені өткен жазда бұл бұғалтерлер әзірлейтін курсқа аттанарда екеуінің Пейіздің дүкенінен екі бөтелке арақ алып, өзен жағасында оңаша бөскендері бар. Сонда Сейілбек «Айналайын Сағымбай-ау, мал санауды білемін. Өлген малды тірі малдан айыра аламын. Және оларды көп ұзатпай есептен шығарып тастауды да білемін. Ал ауырған малды емдейтін Павлов деген орыс бар. Әрқайсысына түйекештен төрт түйе алып берсең қойшылар қыста да, жазда да өзі көше береді. Қойшыларға қора мен кепе салатын жұмысшылар бар. Олар қыста жұмысшы болса, жазда шөпші. «Шөп жетілді, кірісіңдер» десең болды, әр малқораның басына екі көдеден шөпті үйіп тастайды. Ал енді маған «фермабастық бола алмайсың» деп айтып көрші… Бір жараулы айғырға мініп алып кейде қойшыларды аралап, кейде кеңсе жағалап жүруді білмейді ме екенмін» деп бар арманын жайып салған. «Шіркін жылқы фермасын берсе, жылдағы соғымың менің мойнымда болар еді-ау» дей беріп «Әй, құрдасым, қой фермасының бастығы да сені аштан өлтірмес» деп, жырқылдап күліп те алған. Солай күліп тұрып, қырлы стаканмен тартып жіберіп еді-ау сабазың.
Екі бөтелке арақ бітер кезде келешекте бірі фермабастық, екіншісі колхоздың бас бұғалтері болуға келісіп тараспап па еді… Тіпті серттескендей, екеуі құшақтасып сүйісті-ау… Әлде сүйіскен жоқ па еді… Ия соңғы жағы бұлдырлау бірдеңелер еді. Әйтеуір төбелесіп тараспағандары анық.
Сағымбайдың сүйісу мәселесіне күмән келтіргені… екеуінің де мас күйінде тарасуларынан да емес-ті. Бұл ауылда еркек пен еркектің сүйісуі бола бермейтін жай. Ең бастысы екеуі екі саланы басқаруға уәделескендері ақиқат…
Демек Сейілбектің «фермабастық боласың ба?» деген сөз естілсе болды-ақ, құстай ұшары анық. Және туыс болғандықтан Тасболаттың мына шақыруынан секем алмайды. Сенеді. Әзірге Сағымбайға керегі де осы ғана еді.
Екінші хат жазуға тиіс адамы – Рәш болатын. Ол осыдан екі жыл бұрын Қазалы техникумын бітіріп келіп, малдәрігердің көмекшісі қызметін атқарып жүрген момын жігіт еді. Соңғы айларда ауырып, төсек тартып жатқанын есітіп, бір рет көңілін сұрап қайтқаны да бар. Аурулығын есіне алып, хат жазудан айнығысы келіп, біраз отырды да «Құрдасыммен ауруынан айыққан соң ойнаймын» деп күтіп отыратын қазақ бола ма?» кенет өз-өзінен еліріп, алдында жатқан қалам-қағазға ентелей түскені. Қолының қандай да болса жазуды сағынғаны сондай, әлгіндегі Сейілбектің атына жазылған хатты місе тұтар емес. Тағы да бірдеңелерді жазғысы келіп саусақтары өз-өзінен жыбырлап тұр.
Не керек, Сағымбай Рәштің атына жазылатын хатты да бастап кетті. Рәштің Қазалыда бір баламен қалған нақсүйері болып жазып отырғандықтан Рәштің келіншегі Бейбіт түгілі, ересек адамдарда сеніп қалатындай, аман-саулықтың өзін өте салмақты бастады да, сосын барып ғашықтық мақамға көшті.
«…Рәш-ау, өзіңді, баяғы бақытты күндерімізді ұмыта алар емеспін. Қазалының шетіндегі шығыс жағы әктеліп, батыс жағы әктелмеген аласа тамда екеуміз қанша күнді, қанша түнді бірге өткіздік. Құдайым-ау, түнімен отырушы едік-ау. Қанша рет сол себепті сабағыңа да кешігіп қалғансың.
Ал енді сенің қазіргі тәртібіңе келейін. «Ай сайын соғып тұрамын. Жолаушылар пойызына міне алмасам, жүк пойызына жармасамын, сөйтіп Жаңақорған мен Қазалының арасын жол қыламын» деген уәдең қайда? «Аман болсам қаракөлден ішік тіккізіп беремін» деген сөзің қай жерде қалды? Дегенмен мен сенен әлі күдер үзген жоқпын. Үмітімді үзер жөнім де жоқ. Өзіңнен туған Ғаламат деген бала қазір бір жарым жаста. Ол бала туралы да анда-санда ойлап қоятын шығарсың? Қазір ол қаз-қаз жүре бастады. Былдырлап бірдеңе дейтіні де бар. «Сенің әкең қайда?» десем «Оу-у-у-у» деп шығыс жақты нұсқайды. Сосын орындыққа жармасып шығып, сенің қабырғада ілулі тұрған суретіңді көрсетеді.
Жақында жылқышы ағам жарты жылқының етін әкеліп тастады. Жолаушылар пойызымен-ақ жарқырап келіп, бір жеті мауқымды басып, жатып-демалып кетпейсің бе? Ғаламатпен екеуміз есіміз шығып қуанып қалайық. Осылай етер деп ендігі жерде өзімді-өзім жұбатып отырған да жайым бар.
Ғаламат екеуміз күтеміз. Хош. Ынтық ықыласпен!» дей беріп Сағымбай енді жас келіншекке тәуір ат іздеді. Өзіне салса ең тәуір ат Әкүл сияқты. Бірақ бұлай жазса бар еңбегі зая кетеді ғой. Бірауық ойланып, «Сәлима» дей салуға қаламын оңтайлай берді де, қайта айныды. Сосын қолындағы шошаңдап тұрған қаламын ақ қағазға тірей беріп «Гүлайна» деп жазды. «Келіншектің атының осылай әдемі болмағы Рәштің Бейбітінің қызғанышын лаулатпаққа керек» деп шешті іштей. Сосын құрақ көрпешенің үстінде шалқасынан жатып «Сөзі де, аты да нағыз сылқым келіншектің өзі болып шыққан жоқ па!?» деп масаттанды.
Екі хатты екі конвертке салып, желімдеді. Екеуіне де осы ауылдың адресі, құрдастарының аты-жөндері жазылар жерде Сағымбай кенет ойланып, оң қолындағы қаламын сол қолына ауыстырды. Әрине мұның жазуын құрдастары аңдамаған күнде, ауылда жазбай танитындар бар. Солар тұрып: «Ой мұны жазған өзіміздің Сағымбай екен ғой» деуі әбден мүмкін.
Сол қолымен жазылған адресі мүлдем басқаша шықты. Тіпті Рәшқа арнап жазған хат шынымен әйел заты жазғандай болды ма-ау, немене…
Мына ісіне масаттанғаны сонша, Сағымбай тағы да құрақ көрпешенің үстіне аунай кетіп, қарқылдап күлді. Осы кезде пешке салатын отын көтеріп, есіктен кіре берген Әкүл, сыңғыраған әдемі дауысымен: – Саған не болды? – деп еді, Сағымбай ойланбастан: – Жай нәрсе… Ана Көлтоғандағы алмай кеткен қызымның бір айтқан сөзі есіме түсе қойып… – деді. Әкүлдің үні өшті. Тіпті түрі бұзылып та кетті. Бірақ бұрынғыша аяқ астынан сықсыңдап жылай алған жоқ. Есесіне Сағымбай тағы да қарқылдап күлді. Еркек деген осы… Келіншекті алып алған соң не десе де, не істесе де еркі… Ал Әкүлді аларда бетегеден биік, жусаннан аласа болып осы Сағымбай Әкүлдің ауылына қанша рет барды… Әкүлдің «Райымды беремін» деген жалғыз ауыз сөзіне зар болып, үйіне тура соға алмай, Әкүлді бір көруге де ынтық болып, жақын жеңгелерінің аузын бағып, жағынып, жарамсақтанғаны ай… Қалай келін етіп, босағасынан аттатты, көңілі тынды. Енді міне күніге үш жылатып, үш жұбатып отырғаны…
Әкүл де ашуын сол арқылы басқандай, пештегі лаулаған шоққа әкелген ағаштарын салып жатты… салып жатты.
Ертеңіне таңғы шайды ішіп бола бергенде Сағымбай келіншегіне: — Мен колхоз кеңсесіне барамын, — деді, салмақтана сөйлеп. Әкүл «мұны неге айттың?» деген жоқ. Орнынан лып етіп көтеріліп, кебеженің ішінен шоқпен қыздыратын өтекті шығарды. Киім ілгіштен Сағымбайдың жаңа көйлек, костюм-шалбарын, пальтосын алды. Шалбары мен көйлегін үтіктеп, костюмі мен пальтосын шөткелеп, күйеуінің үстіне кигізгенде Сағымбай жай бұғалтер емес, бас бұғалтерлікке де лайық жігіт болып шыға келгені… Өзі де сымбатты жігіт еді. Қар күреп, келіншегіне отын бұтап, қор болып-ақ жүр екен, жаңа киімдерімен жасарып, жасанып кетті. Әкүл пальтосының ішкі өңіріне әтір септі.
Газетке орап, алдын-ала әзірлеп қойған екі хатты ішкі қалтасына салған бойда, сыртқа шыға бергенде ертеңгі аяз бетті қарып-ақ тұр екен. Сағымбай етігімен қарды қарш-қарш басып, үйден ұзап шыққанша келіншегі көйлекшең күйі селтиіп, соңынан қарап тұрды-тұрды да, екі қолын кеудесіне айқастыра қатты басқан күйі «іш-ш-шай!» дей беріп, жүгіре басып үйіне кірді.
Су жаңа киініп шыққаны мұндай абырой болар ма? Кеңсеге кірер жерде атынан енді түсіп жатқан басқармамен ұшырасып қалғаны. Исабай алдынан шығып, қос қолын ала жүгірген сымбатты жас жігітке көз қырын елеусіздеу тастаған болып тұрып:
– Шырағым, қар ерігенше шыдашы – деді.
– Қар ерте еріп кетсе қайтемін, көке?
Сирек күлетін ауыр мінезді Исабай мырс етті. – Кішкентай колхоздың шашылып жатқан қызметі де жоқ. Сен біреудің орнын алу үшін, ол біреудің орнын алуы керек.
«Түсінемін ғой көке» дегендей Сағымбай төменшіктеп қалды. Төменшіктемеске амалы да жоқ еді. Ол білетін Исабай кез келгеннің алдында осылай сырын да аша бермейтін жан.
Исабай кеңседегі бөлмесіне бұрылған кезде, Сағымбай бас бұғалтір Әбішке кірген. Ақкөңіл Әбіш: – Інім-ау, менің орныма сен лайықсың ғой – деп аңқылдап қарсы алды. Сосын екеуі суық бөлмені күлкілерімен жылытып отырғанда Әбішті басқарма шақыртты да, Сағымбай осы кезде Әбіштің столында жатқан мөрді қолына ала беріп, қойнынан конверттерді шығарып екеуінің етегіне бір-бірден басып-басып жіберді. Мөр ізі көмескілеу түсті. Сағымбайға керегі де мөрдің осылай көмескі түсуі еді. Өйткені мөрі жоқ хатқа бұл ауылдың сауатсыздары сенбейді. Қай жақтың мөрі деп үңіліп жатқан да ешқайсысы жоқ.
Әбішпен асығыс қоштасып, енді почтаға кірсе, Сарыбай көкесі ауданнан бір айдан бері әзер жеткен газеттерді олай, бұлай бөліп, әлекке түсіп жатыр екен. Сағымбай бұл кісімен де емін-жарқын амандасып тұрып, көзімен мөрін іздеген. Сарыбай көкесі бүкшеңдеп жатқан кезде, Сағымбай биылғы қардың көптігін, әлі де жауатынын әңгімелеп тұрып, конверттерінің етегіне почтаның мөрін бір-бірден басып жіберді де, енді таратылуға тиіс хаттардың арасына тығып жіберді. Сосын кішілік білдіріп, көкесіне көмектескен болып, Ескімектептегілерге тиесілі бір буда газетті қолтығына қысып сыртқа шықты.
Пальтосының омырауынан әтір исі бұрқырап Сағымбай ауылына қайтты. Өзеннің ана бет мына бетін мекендеген Ескікеңседен де, Герой (Сапарбай) ауылынан да сыртта қыбырлап жүрген ешкімді байқамады. Бірақ үйлердің мұржаларынан көтерілген түтіндер жүндей түтіліп, биікке көтеріліп жатыр. «Әкүл әтір сеуіп, шөткілеп кигізген пальтонымды ешкімнің көрмеуін-ай» деп ойлады ішінен. Осы ойы өзін көңілдендіріп те жіберді.., бірақ басқарма мен бас бұғалтер көрді ғой. Олар мұның жаңа киіміне мән берді. Мұрындары бар ғой, әтір исін сезінген де болар. Сол екеуінен басқасының дәл қазір маған қажеті қанша? Ең бастысы – хаттар жіберілді.
Сағымбай енді көңілденіп қана қоймай, төбе етегіндегі оқушы балалардың мектепке қатынайтын жалғызаяқ жолымен келе жатып, өз-өзінен күлді де. Төменде қарлы аңғарға иіріліп түскен қара жіптей болып Ақүйік ағып жатыр. Жағалауындағы қабыршықтанып қатқан мұздар аязды күннің сәулесімен жақұттай жалтырап, жарқырап көрінді. Және сол түстің кісі қарағанда қызарып, қызғылттанып, көгілдірленіп, сарғыштанып мың түрлі болып құбылып, жас жігіттің жанарын әдейі арбағысы келгендей құлпырғаны-ай!
Аяз әлі күшінде. Жігіттің екі бетін қарып келе жатыр. Бірақ ертемен жүгері талқан мен шай ішіп алған жас жігіт ауыл арасының көкбет аязынан жасқансын ба, тәйірі. Етігімен қарды қарш-қарш басып сол көкбет аязыңның өзіне айбат көрсетіп келе жатты.
Күйеуі қызметке бүгін тұрардай көрінгендігінен шығар, Әкүл күйеуін тағы да көйлекшең күйде сырттан күтіп алды. Сосын жаурағанын білдірмей, күлген болып: – Басқарма қайнаға не деді? – деді.
• Басқарма қайнағаң қар ерігенше келіншегіңнің жанында жата тұр, – деді.
Әкүл сыңғырап күлді. Келіншектің осы әдемі күлкісі күйеуін бір сәт бақытты етіп жібергендей еді. Екеуі осылай күліп тұрғанда көкбет аяз да қауқарсыз секілді. Аязды күні шиқылдап ашылатын сыртқы есіктен үйлеріне екеуі де күліп кірді.
Хат Сейілбектің қолына кешкі апақ-сапақтың кезінде тиді. Атына су беріп, алдына шөп салып, үйіне енді кіре берерде «почта шал беріп кетті» деп шешесі Фатиманың ұстата салғаны. «Қаңғырып жүрген бұл неғылған хат?» деп Сейілбек әуелі конвертке шошып қараған. Сонан соң балалар үйіндегі інісі есіне түсіп, саптама етігін босағаға шешіп, төрге шықты. Үйде жөнді жарық та жоқ еді. Бір мас болғанда шынысын сындырып, шамдарына қағаз қалпақ кигізіп отырған. Дегенмен сол ақ қалпақ шамға төніп келіп отырғанда хаттың «Бірлік» колхозының басқармасынан келгенін білді. Және басқа колхоздың басқармасынан хат алғанына бір сәт таңданды да, конвертті асығыс ашамын деп отырып ішіндегі хатты қоса жыртып алғанын да аңдамай, жыртылған жерді қолымен түзетіп отырып, болмашы жарықпен «Қалқам Сейілбек! Колхоздың қой фермасының бастығы қызметі босап еді. Осы жұмысқа өзіңді лайық көріп отырмын.» деген жерге дейін ежелеп әзер оқыса болар ма? Басына қағаз қалпақ кигізген мына шамнан көрген қорлығы-ай… «Осындай маңызды хат алып отырғанымда, жарығың сығырайып… Ой әкеңді… Осы дүниеден шамсыз өтсемде… деп шамын бір теуіп жібергісі келіп отырды да, өзін-өзі тоқтатты. Әттең ішінде жарты бөтелке арақ болмады. Егер ол болғанда… шамның керәсіні бір жаққа шашылып, сарғайып кеткен қалпағы екінші жаққа шашылып-ақ қалатын жері еді…
Ол саптама етігін асығыс киіп, жартысы жыртылған хатты қолына ұстаған күйі көршісі Жұмабек шалдың үйіне қарай ұмтылған.
Жұмабектің үйінде жарқыраған ондық шам. Сейілбек шамға жақындап келіп, бір тізерлей отырып хатты асықпай оқыды.
– Немене рәйкөмнен келген хат па? Шұқшиып оқыдың ғой, – деді Жұмабек мысқыл араластыра сөйлеп.
– «Бірліктің» басқармасынан келген хат екен.
– Е, «Бірліктің» басқармасы не депті?
– Мал фермасының бастығы қызметі босаған екен. Соған мені қолай көріп…
– Немене божбандардан фермабастық болар жігіт табылмай қалып па?
– Кім білсін…
Сейілбек енді қайтадан босағадағы саптама етігіне қарай ұмтылды. Хатта айтылған мәселе өте маңызды болғандықтан ол бірден жолға дайындалуды ойлаған.
– Фермабастық болып кетсең шапағатың тиер ме екен, отырып ет жеп кетсейші, – деді Жұмабек шал да көздерін сығырайта қарап отырып, мысқылдай сөйлеп. Сейілбек аялдамады. Өйткені қазанда қайнап жатқан бірдеңе болған күнде, оның анық ет емес екенін Сейілбек сезді.
Үйіне қайтып кірген бойда келіншегі Адашқа:
– Су жылыт… жуынамын. Таңертең жолға шығамын. Сандықтан ақ көйлек-дамбалымды шығар – деді.
– Көк көйлек-дамбалың да жуылып, дайын тұр ғой – деп Адаш жуас уәж айтқан болып еді, Сейілбек бұқа мойнын жалт бұрып қарап: – Фермабастыққа ақ көйлек-дамбал жарасатын шығар, – деп сөзді біржола кесіп тастағаны. Дауысы күндегі күйеуінің дауысы емес. Аюдай гүжілдеп тұр.
– Мақпай қайнағаның (Сақпай фермабастықты айтқаны) орнына ма? – деп еді, Сейілбек шарт кетті.
– «30 жылдықтың» фермабастығы болмасам болмай ма? «Бірлікке» фермабастық болсам ше? Әлде ол жаққа көшкің жоқ па? «30 жылдығыңды» енді желкемнің шұқыры көрсін!
Осы кезге дейін үндемей, ақ қалпақ киген шамның жарығымен жүн түтіп отырған шешесі Фатима осы сәтте ғана дыбысын шығарып: – Е, құтты болсын. Божбандардың арасына көшсек несі бар… Оған қуанудың орнына ашуланғаны несі… – деді ернін бір сылп еткізіп.
Әрі қарай әңгіме үзілді. Адаш зыр жүгіріп, сырттан шелекпен қар тасып, қазанды толтырды. Мұнысы түн ішінде өзенді қашықсынғаны. Баласы үй ішіне жуынатын болған соң Фатима жүні мен ұршығын көтеріп, Жұмабектікіне кетті.
Бозала таңнан жолға шыққан Сейілбек күн шығып, дүние ай-жай болған шақта Ақтайдың диірменіне жетіп те қалған. Жолының өнген себебі – диірменге қатынаған арбалы, аттылылардан сүрлеу түскен екен. Жол қиындығы содан әрі басталды. Ақтайдың диірменінен әрі қарай жортқан тышқан ізі болсайшы. Астындағы аты сауырынан келген қалың қарды кешті де отырды. Жануар бағулы әрі жарамды еді, қозы көш жерге дейін сыр бермеді. Әйтеуір қарсыз ғой деп өзенді кешіп жүрген кезі де болған. Бірақ тасты, ойлы-қырлы өзен іші жүріске қолай болмаған соң, әрі атының табанына таяуда ғана қақтырған тағасының да түсіп қалуынан сақтанып, Сейілбек қарагерін қайтадан қалың қарға салды.
Жануар Ержігіттің диірменіне алпа-салпа болып жетті-ау. Қырғызалыға күйеу болған соң, Ержігіт даудырап-ақ қарсы алды. Екі қолын қоса ұсынып амандасты. Қонағына шай қойып, атының алдына шөп салды. Жөн сұрады.
– Тасболат ағам шақырған екен, мал фермасы бастығының орны босады деп…
– Ойпырмай, қырғызалылар жер-көкті басқармасаңдар болмай ма? Атқа отыруға жарайтын божбандар да баршылық сияқты еді ғой, – деді Ержігіт біржағынан әзілге бұрған болып.
Оның «қырғызалылар жер-көкті басқармасаңдар болмай ма?» дегеніне Сейілбек қоқырайып қалды. Сол жер-көкті басқарушылардың бірі – өзі болғалы тұрғанына масаттанғанын да жасырмай, ырсың-ырсың күлген болды.
Шайдан соң Сейілбек біраз тынығып, шөп жеп әлденіп алған атына қайта мініп, жолға шықты. Бір жақсысы «Бірлікпен» аралықта да диірменге қатынағандардың арқасында жап-жақсы сүрлеу түскен екен. Аты қиналмады. Жұлқына тартып, үзбей жүргенде, күн ұясына енді бата бергенде Сейілбекті «Бірліктегі» басқарманың кеңсесіне жеткізді-ау.
• Басқарма әлгінде үйіне қайтқан — деп алдынан жұпыны киінген,бурыл
сақалды кеңсенің қарауылы шықты.
Сейілбек ат үстінде аңтарылып қалды. Басқарманың үйіне жетіп баруға бірден тәуекел етпеді. Өзге бір түсетін үйі өзіне ішетін көже тауып бергенімен, астындағы атының алдына салатын шөбі болуы екіталай қоңторғайлау отбасы еді. Ол ат үстінде бір сәт ойланып отырды да, «Не де болса түбі туыс кісі ғой, әрі хат жазып, шақыртып отырған өзі» деп тәуекелге бел буып, басқарманікіне қарай ат басын бұрды.
Басқарма әлі саптама етік, гәлипе шалбар, шолақ тонымен, түлкі тымағын қоқырайта киіп, есігінің алдында тұр екен. Шамасы үйіне жеткен беті де осы болар.
• Оу, таудың қазағы, қайдан жүрсің? – деп Тасболат басқарма мұны
көңілді қарсы алды.
Сейілбек ішінен бұған да шүкіршілік етті.
• Ия төрлет батыр. Мынадай қыста… мынадай қарда жол жүріп келе
жатқан сені батыр демеске де болмас.
Сейілбек атын байлап келген соң, екеуі тізіліп үйге кірді. Әйелі де жылы шырай беріп амандасты.
Сейілбек саптама етігін босағаға шешіп, төрге шықты. Молдасоқынып отырды. Тасболат та шешініп келіп, мұның жанына жайғасты.
– Ал жол болсын?
– Әлей болсын… Өзіңіз бір хат жазып шақыртқан екенсіз. Содан жеткенім осы… – деді Сейілбек фермабастық болып алған жандай, басқармадан ыға сөйлеп.
– Қайдағы хат?
Сейілбек ішкі қалтасынан бүктеулі хатты шығарды. Тасболат хаттың бүктеуін жазып, мұның түнде жыртып алған жерін қолымен түзетіп отырып оқыды. Сосын мырс етіп күлді.
– Інім-ау, бұл хатты саған кім жазып жүр?
– Қайдан білейін… Өзіңіз ғой… – деді Сейілбек күмілжіп. Әлі де хатты басқарманың өзі жазғандығынан күдерін үзгісі келмей.
– Мен саған мұндай хатты қайдан жазамын, інім-ау? Сардар деген мал фермасының бастығы аман-есен жұмысын атқарып жүрсе… Тіпті сол қызмет ойда жоқта босай қалған күнде, сені шақыртсам, божбандар мені таспен ұрып қумай ма… «Өз ауылымыздан фермабастыққа лайық кісі таппадың ба?» деп…
Әңгіме осымен үзілді. Бірақ басқарма көкесі Сейілбектің дәл осы келісіне аса ренжімеген де сияқты. Есік жаққа бұрылып: – Ау әйел қазан көтер – деді екпіндей сөйлеп. Мына қайның ту-у сонаудан келіп отыр, ағайындарымыздың сәлемін алып.
– Ет асылып жатыр. Самаурын қайнап тұр. Қайным ол жақта да бізді мақтап жүреді екен, – деді әйелі де көңілдене сөйлеп.
– Е, бәсе-е… – деді Тасболат та енді көңілі біржола бірленгендей.
Ет піскенше екеуі ақ бауырсақпен шай ішті. Әңгімеден де ауыздары босаған жоқ. Тасболат ананы-мынаны сұрайды, Сейілбек жауап береді. Әрине, фермабастық қызметі болмайтынға бет бұрған соң-ақ Сейілбек басылып қалған. Дегенмен қазан көтеріп, алдына ақ бауырсақпен дастархан жайған туысқандық көңіл де оны тым жерге қаратқан жоқ. Басқарма көкесімен тең отырып, қырлы стаканмен арақтан екі тартып жібергеннен кейін, фермабастықтардан кемдігі де болмай қалды. Қарқынмен сөйледі. Лекітіп күлді. Өзін көңілді, әрі еркін ұстауы бір есептен «Тым болмаса фермабастыққа лайық екенімді байқатып кетейін» деген арам ойының да әсерінен болса керек.
Ертелеп шығып, ауылына қайтып келе жатқан Сейілбек өзінің мықтап алданғанын білді. Бірақ тап кім алдағанын біле алмай ғана дал болды. «Менімен осынша ойнап, қалжыңдасатындай кім бар?» – дегенді ойлап, өзеннің бас жағында тұратын бірер жігітті есіне алды. Олардың реті келмейтін секілді. Аяқ жақтағы ауылдарды да ой сүзгісінен өткізді. Таба алмады. Осылай ойнаса жарасар қайнылары таудың арғы бетінде. Мынадай қалың қарда олардың Ынтымақтағы Сейілбекке хат жіберердей мұршалары жоқ. Және мұнымен әзілдеспек түгілі, арқардың құлжасындай анадайдан одырая қарап тұрған қолапайсыз біреулер.
Сейілбек енді құрдастарын бөлек сұрыптады. Бас жақта тұратын құрдастары… Олар тіпті қалжыңнан қашықтау жігіттер. Аяқ жақтағы ауылдардан… Рәш анау төсек тартып, ауырып жатыр. Сау болған күнде де оның біреумен дәл осылай ойнай қоятын әдеті жоқ. Қалтай… Сағымбай…
Сағымбайды есіне ала беріп, Сейілбек іркіліп қалды. «Айтпақшы ол оқуын бітіріп, үйінде жатыр екен-ау» деп бір қойды. Сосын оның жұмысқа орналаса алмай, үйінде зерігіп жатқанын да ескерді. Мынадай хатты жазу әрине, оның қолынан келеді. Келгенде қандай! Кешегі соғыс кезінде мектепте оқып жүріп-ақ талай келіншектің әскердегі күйеулеріне хат жазып беретін. Сонда жаз кезінде жанында бидай орып, пішен баулап жүретін Сейілбек сияқты маубастарға «Хат жазып бергенім үшін ана келіншек белінен құшақтатты, мына келіншек бетінен сүйгізді» деп мақтанушы еді-ау.
Осылай ойлай беріп, Сейілбек қойнынан хатты шығарды. Хаттың алғашқы жолдарын оқи бере-ақ есіне әлдене сап ете қалғандай меңірейді де қалды. «Мынау Сағымбайдың қолы ғой. Мектепте бір класта оқыды. Тіпті бір партада отырды. Осылай маржандай етіп, сұлу жазатын. Одан өзге балалардың бірде-бірі бұлай жаза алған емес.
Курста оқып жүрген кезде де ол дәл осы жазуымен Сейілбекке хат жолдаған жоқ па еді? «…Сенің фермабастық, мен бас бұғалтер болатын күніміз де жақындап қалған шығар» деп…
• О, аузыңды ұрайын, суайт… Сайқымазақ! – деді бір кезде Сейілбек
хаттағы жазулардан әлі де көзін алмай отырып. «Сол ғой… Со-ол! Бәсе дұшпан алыстан келмесе керек-ті…»
Осылай ойлаған бойда ол атын тебінді. Дәл қазіргі ашуымен Ескі мектептегі ауылға жетіп барғысы келді. Атынан түспестен қамшысының тобылғы сабымен Сағымбайдың терезесін ұрып, сыртқа шығарып алып, қамшымен арқасына… құйрығына шықпыртса жараса ма, әлде қалың қарға аунатып, сол құйрықты саптама етігімен тепкені дұрыс па? Қапелімде жанында ақыл қосар да ешкім жоқ… Әлгі екі тәсілдің қайсысы оңтайлы екенін анықтай алмай айдалада келе жатып алақтап сасқаны-ай!
Ойпырмай ашудың да қысқаны-ай… Өзін жұрт алдында әжуа қылатын осындай айла тапқан Сағымбайға бір ашуланса… осы хаттағы жазуларға абайлап қарамаған, дұрыстап ойланбаған өзінің аңғалдығына екі ашуланды. Сосын бірауық соғысқа қатынаспай-ақ раный болып, ақ қалпақ киіп отырған үйіндегі жетілік шамға да жыны келді… «Қалың қарға жығып салып, менің құйрығыма тепкілейтін адам болсашы… Шіркін-ай аяғымдағы саптама етігімді өзіне шешіп-ақ берер едім… күш алып тепкілеуі үшін осыны киші деп…» Ол осылай да ойлады, өзіне-өзі кіжініп отырып.
«Мына әңгіме ертең-ақ бүкіл Ынтымақ ауылына… өз ауылымызды да қойшы… «Бірлік» колхозына… одан әрі көрші колхоздарға да тарайды-ау. Бір ауылға қыз берген, бір ауылдан қыз алған… Әйтеуір, өзін білетіндер, өзін білмесе де ауылын білетіндер, ой жырқылдайтын болды-ау. Бір-екі қыс өтіп, әңгіме ескіргенше ауылдан шықпай жататын болдым-ау, масқара-ай!»
Бұл жолы Ержігіттікіне түскен жоқ. Өйткені кешелі-бүгін басынан өткеріп келе жатқан оқиғаны естісе, Ержігіттің өзеннің екі бетіндегі жартастарды жаңғыртып, қарқылдап күлетіні анық еді. Өзі ғана күліп қоймай, диірменге күндіз-түні тынбай қатынап жатқандарға қанша жырларын кім білсін.
Астындағы қарагерді алпа-салпа терлетіп, Ақтайдың диірменіне де жеткен. Бірақ бұл үйге де түспеді. Не де болса өз үйіне жетіп, атының басын бір-ақ тартпаққа бекінген ол кешке дейін нәр татпай, қарнының ашқанын да, аттың шаршауын да елең-құлаң етпеді.
Тасболаттың әйелі таңертең таба нан мен бір кесек етті газетке орап: – Қайным, қойныңа тығып ал, жолда қарның ашады ғой, – дегенде намыс қылып алмап еді, бір жағынан фермабастық болмасам да, фермабастықтыққа лайықтылығымды біліп қалсын» деген далбаса оймен.
Енді сол қияңқылығына өкінгендей болды. Алдымен Ескі мектепке соғып, Сағымбайдың үйінің терезесін қамшысының сабымен қағып, сыртқа шығарып алмақ болған ашуын да кейінге қалдырды. Ол әрекетін де, ана ауыл, мына ауылдағы іші пысып жатқан үлкен-кішілерге бір жыл, екі жыл күлкі болатынын да анық сезді де «Не де болса әуелі ашуымды басып алайыншы» деген сабырлы ақылға тоқтаған.
Кешкі алакөгімде мал қорасының жанында атынан түсе бергені сол еді, Жұмабек те іргелес мал қорасында сиырларына шөп салып, күйбеңдеп жүр екен. Бұрылып қарап тұрып: – Тентектен тез хабар деген… Барғаныңнан келгенің жылдам болды ғой. Фермабастық болтын дүкіметтеріңді ұмытып кетіпсің бе шырағым? – дегені.
Сейілбек үндемеді. Дәл осы сөзді қатары, әлде өзінен сәл кіші біреу айтса, қолындағы қамшысымен патырлатып сабап тастауы да кәдік еді… Әттең жасы үлкен. Оның үстіне ауылға сыйлы кісі.
Үндемеген күйі атын жетелеп, қораға кіргізіп, белдеу ағашқа байлады да, аяздап жатқан қарды қарш-қарш басып, үйіне қарай жүрді. Бойындағы ашу да сол қарш-қарш еткен қар секілді. Әттең сыртқа шығаруға себеп жоқ. Шама да жоқ. Өзі дел-сал болып екі күнгі жүрістен әбден-ақ шаршаған. «Шіркін, тап қазір бір бөтелке арақ болса ғой» деп ойлады ішінен. «Екі бөтелкесі табылып жатса, тіпті қанеки…» Бірақ бұл ойы да фермабастық болудан гөрі орындалуы қиындау бөстекі арман еді…
Рәштің атына жазылған хат екі күн жол жүрді. «Жолдан мен бере кетейін» деп пошташыдан алып, қалтасына салған Мұса деген кісі жол-жөнекей бір үйден жүгері нанмен шай ішіп, екі үйден айран қатқан көже ішіп, арада бір қонып алғанда, қалтасында жүрген хат әлденеше бүктелді, умаждалды. Тіпті бір үйде сол хат Мұсаның қалтасынан түсіп те қалып, «Сізден қалған болуы керек» деп соңынан әлгі үйдің баласы қуып-жетіп берген кезі де болған. Дегенмен хат ақыры жетер жеріне жетті-ау. «Мұса жәкем беріп жіберіп еді» деп ертеңгілік қоңқақ мұрын қара бала хатты әкеліп, қазанға су жылытып жатқан Рәштің келіншегі Бейбіттің қолына ұстатқанда, Рәш төрде төсекте жатқан-ды. Бірде мал доғдырға, бірде адам доғдырға көрінгенде, әуелі сарып деген кесел деп еді, кейіннен безгектің бір түрі екен деп шешті. Олардың берген дәрілері де шипа болмай-ақ қойғаны. Доғдыр деп аттарын дардай етіп жүргендері де, ауыл фельдшері, Қазалы техникумын тәмамдаған мал дәрігері дәрежесіндегі біреулер-тін.
Аудандық ауруханаға кетпек болып, түйініп, киініп отырғанда мынадай қар жауып кетіп, жол қатынасының үзіліп қалғаны.
Қанша айдан бері ауру бағып, шаршап жүрген Бейбіт әуелі хатқа аса мән бергісі де келмей, умаждай ұстаған. Пешке толтырып отын салып, ол отыны гүрілдеп жанған кезде қолдан істелген ағаш орындыққа отыра беріп, қолындағы хаты есіне түсіп, үңіліп қарағаны.
• Ұйбай-ау мына хат саған әйелден келіпті ғой – деді Бейбіт «Гүлайна»
деген жазуды аңдаған кезде ернін бір сылп еткізіп. Тағы да Қазалыдан жазыпты – деді таңданып.
Өзін ауру меңдеп, қарадай ентігіп жатқан Рәштің бұл сөздердің ешқайсысына да мән берер халі жоқ-тын.
Бейбіт хаттың аман-саулықпен басталған тұстарын сабырмен-ақ оқыған, тіпті ғашықтықтың от-жалынына оранған сөйлемдерге де шыдап баққан. «Өзіңнен туған Ғаламат деген бала қазір бір жарым жаста» деген жерде шыдай алмады.
• Әй, сенің Қазалыда әйелің, одан туған Ғаламат деген балаң бар екен
ғой – деді төсекте бетін іргеге беріп, ыңқылдап жатқан күйеуіне. Рәш үндеген жоқ. Бірақ жүзін әйеліне қарай бұрды.
– Сол әйеліңе «қаракөлден ішік тіккізіп беремін» депсің ғой.
– Қайдағы әйел? Қайдағы бала? – деді Рәш ентігіп.
– Е, мына хатты оқы. Шынымен ұмытып қалсаң, есіңе түсер.
Келіншегі лақтырып тастаған хат Рәштің көрпесінің үстіне түсті. Бірақ Рәш хатты ұстаған жоқ.
• Мен қарық болыппын да, сол әйелің қаракөл ішік кие алмай қалыпты ғой. Ойбай-ау, сен Жаңақорғанның ауруханасын қайтесің? Қазалыға тарт! Шығыс жағы әктеліп, батыс жағы әктелмеген тамға үш түнесең, жазылмаған нең қалады?
Рәш енді ашуланды.
• Ішігің не сенің?
• Оны келген хаттан оқы.
• Әктелмеген тамың қайдағы там?
• Қазалыдағы келіншегің ғой бәрін айтып отырған.
Рәш жан-жағын қармана бергенде, қолына іліккені дәріден босаған бір бөтелке еді. Енді соны келіншегіне сермей берейін деп, кеудесін көтере бергенде, басы жастыққа сылқ құлағаны…
Сағымбай бұл әнгімелерді көп ұзамай-ақ есітті. Ана ауылдың да, мына ауылдың да айтып жүргендері өзі жазған хаттардың әлегі екенін біліп, әсіресе Сейілбектің әуре-сарсаң сапарына қыбы қанған. Үйінде жалғыз өзі отырып, жынды адамдай кеңкілдеп күлген. Бірақ өзінің кесірінен Рәш құрдасының өлім аузынан қалғанына қысылды. Айтушылар сол оқиғаны баяндаған тұста қызарақтап отырды. Өкінді де.
Арада әлденеше күн өткенде Ескі кеңсе ауылында тұратын Темірбек деген ақсақал дүние салды да, қырғызалылардың бас жақ пен аяқ жақтағы үлкен-кішілері түгел сонда жиналды.
Ескімектептегілер де бір қауым ел болып, көңіл айтуға барған кезде, көрісуге қатар тұрғандардың ішінде Сейілбек те бар екен. Сағымбай да өзгелер қатарлы Сейілбекпен құшақтаса бергенде, Сейілбек келісаптың басындай жұдырығымен мұның ішіне екі түйгені.
• Көрге мына шалмен қоса түсірейін бе, аузыңды…
Аюдай денелі Сейілбек, бітімі нәзік Сағымбайды көрге түсірмесе де жерге сұлатып салардай қайраты бар-ды. Соны білетін Сағымбай жуаси сөйлеп: – Шалмен бірге жатқаннан мен қор болмаспын, бірақ өзіңмен дұшпандай ойнап, достай табысып, құшақтасып тұратын құрдасыңнан айрылып, аспанға қарап ұлып қаласың ғой. Сонда шын сорлайтын сен боласың-ау. «Сағымбайым керек болып жатыр… Ауыл арасына хат жазатын да ешкім қалмаған екен…» деп көрді қайта қаздырып, шалдан оңбай таяқ жейсің ғой. Осыны бір ойладың ба? – деді толқып әрі күліп сөйлеп.
«Денелі жандардың жүрегі жылы болады» деген сөз тап рас екен-ау. Сейілбек өкіріп жылап жібергені.
Сосын Сағымбайды қайта құшақтады. Былайғы жұрт ойлады «Сейілбек Темірбек шалдың өліміне жылап тұр екен» деп… Құрдасының неге жылап тұрғанын Сағымбай ғана іштей білді. Білгендіктен өзі де көзіне жас алып кемсеңдеп қалды. Бірақ сөйтіп тұрып-ақ болмысындағы азды-көпті жағымсыздығына бағып… «Сейілбек екеуміз қосылып осынша жылағанда Темірбек атамыздың да риза болмайтын не жөні бар» деп ойлады.
Ауданның таулы өлкесіне қалың қар түскелі бері аудандық партия комитетінің екі рет бюросы болып өткен. Бірінші бюрода малдың қысқы қамы жайлы мәселе қаралғанда «қалың қардың жауатынын алдын-ала біліп, бар малын сыр бойына түсіріп, аман сақтап отырғаны үшін «Қазақстанның 30 жылдығы» атындағы колхоздың басқармасы Исабай Үсенбаевқа алғыс айтылды да, екінші бюрода аудан халқының әлеуметтік жағдайы қаралып, «Жарығы жоқ, радиосы жоқ, рациясы істен шығып, Совет өкіметінен бөлек өмір кешіп, басқарған колхозының әлеуметтік тұрғыдан артта қалып отырғаны үшін» деп Исабай Үсенбаевқа қатаң сөгіс жарияланды.
Сын айтушылардың соңын ала сөйлеген Исабай аудандағы бірнеше колхозды, мекеме, мектептерді өз ауылдастарының басқарып отырғанын арқаланып: – Жолдас бірінші хатшы, біздің колхоз қанша артта қалса да, колхоздарға басқарма іздесеңіздер бізден аласыздар. Мектептерге директор іздесеңіздер, мекемелерге басшы іздесеңіздер бізден табасыздар. Осы отырғандардың ішінде фермабастықтарды да бізден іздеп, мазамызды алып жүрген жолдастар бар. Әділіне келсеңіздер біздің колхозға, аудан шаруашылықтарына, мектептер мен мекемелерге сапалы, басшы кадрлар әзірлеп бергені үшін тағы бір үлкен алғыс тиесілі еді, соны қимадыңыздар. Осыған өкпелімін. Өзгесі дұрыс. Кемшіліктерімізді мойындаймыз, – дегенде бюро мүшелері жарыла күліпті. Бір шетте отырған «Бірлік» колхозының басқармасы Тасболат Жанпейісов жуырда ғана өзіне келіп кеткен Сейілбек Бұхарбаевты есіне түсіріп, күлкісін тия алмаған соң, өзгелерден қысылғанынан дәлізге шығып кетіпті.
Бюроны басқарып отырған аудандық атқару комитетінің төрағасы Зұлпықар Мұсаханов та іс үстінде қатал болып көрінгенімен заты ақкөңіл кісі еді, ол да еріксіз мырс-мырс күліп, бюро тарқай бергенде Исабай Үсенбаевтың арқасынан қағыпты. – Осы уәжіңіз үшін де бір алғыс сізге тиесілі! – деп.
Бұл Жаңақорған аудандық партия комитетінің соғыстан кейінгі тарихындағы соңы күлкімен біткен бірінші бюросы екен…

Қар астында жатып-ақ бұл ауылдың адамдары «елден бөлініп қалдық», «артта қалдық» деген саруайымдардан аулақ еді. Керісінше «Сіздер алда келе жатырсыздар» деген болса, сол сөзге иланатын. Үйі мен малқора, отынқораларының арасында жүріп-ақ бірінен бірі асып, биік сөйлейді, басқа колхоз, басқа ауылдарды төмендетіп, оңтайға келсе мазақ етуге бейім отырады. Еркектері аттарына мініп алған сәтте, бүкіл дүниенің шылбыры мен жүгенін қоса ұстап тұрғандай, тістеніп сөйлеп, шіреніп отыратын кездері де бар.
Ересектерін қойшы, бірі аяғына ескі саптама етік, екіншісі ескі кебіс-мәсі, үшінші… төртіншілері осы ауылдағы соғыстан аман келген аға-әкелерінің ескі гәлипе шалбарын, шинелін киіп мектепке қатынап жүріп-ақ балаларының да мінездері шәлкез, тілдері тиген жерін ойып түсетін удай ащшы.
Мұның бір себебі – балалардың мектеп есігін есейіп барып ашуынан да болар. Бұл ауылда жеті жасында мектепке барған бала ілуде біреу ғана. Көпшілігі тоғыз-онға толғанда, кейбірі он үш, он төртінде бірінші класқа енуге тәуекел еткендер.
Қыс ызғары қайтып, түскен мол қардың көбесі енді сөгіле берген шақта (мектеп пен кеңсе қызметкерлері болмаса, былайғы жұрттың ай-күн есебімен де бәлендей шаруалары болған емес) ауыл «Сталин өліпті» деген суық хабарға тап болды.
Хабарды алдымен үйіндегі жәшік-радиодан тыңдаған мектеп директоры Смағзұм еді. (өзгелерде мұндай радио да жоқ)
Ол мектепке келген бойда мұғалімдерді жинап, ұлы көсемнің қазасын есіттірді де, мұғалімдер бөлмесінде бар мұғалім бас киімдерін қолдарына ұстап, бір сәт орындарынан тұрып қайғырды. Сонан соң директор: «Жоғарғы класс оқушыларына бұл қайғыны бір жерге жинап айтайық, ал төменгі кластағыларға өз кластарында есіттіріңіздер» деп тапсырма берді. «Бірақ ұлы көсеміміздің өлгенін бірде-бір оқушы естімей жүрмесін» дегенді Смағзұм тағы да қадап айтты. Және осы сөздерді айтқанда бүкіл өмірін сталиндік дәуірде өткізген директордың көзінен жас парлап тұрған-ды.
Маңдайында «3-ші класс» деген жазуы бар бөлмеге Ерөскен де кірген. Кластағы балалар кәдуілгі әдеттерімен тасыр-тұсыр етіп түгел орындарынан тұрды. – Отырыңдар, — деді Ерөскен селсоқ күйде. Бірақ өзі орнына отырған жоқ. Түрегеліп тұрған күйі дауысын суытып: – Кеше ұлы көсеміміз Сталин жолдас қайтыс болды… – деді. Балалар үнсіз. Бір-біріне қарайды. Сосын ағайларына қарайды.
Осы кезде соңғы партада отыратын екеу, қабаттасып қол ұрып жібергені.
• Тоқтат! – деді Ерөскен үрейлі үнмен. Қолшапалақ тоқтады. Класс іші үнсіз.
• Орындарыңнан тұрмайсыңдар ма, оңбағандар! – деді Ерөскен
қаһарланып. – Сталин жолдас өлгенде орындарыңнан тұрмасаңдар, аталарыңның басында тұрасыңдар ма?
Балалар сатыр-сұтыр қайтадан орындарынан көтерілді. Арт жақтан біреуі: – Жаңа да тұрып едік қой – деп міңгірлеген болып еді, Ерөскен өрекпіп кетті.
– Ол қайсың әй көсеміміз өлгенде орнынан көтерілуге ерініп тұрған.
– Сариев қой – деді біреуі ақырын ғана.
– Бәсе, сен екенсің ғой, домбыраның ішегіндей тыңқылдап тұрған. Әлгінде қол ұрған сен екеуің боларсың – деп жанындағы Мырзахметов Үпаш деген балаға да шүйліге қараған. Ол да орынан сүйретіле тұра беріп: – Қайдан білейік… ағай… Стәліннің аты аталған соң – деді күмілжіп. Ыслам деген баланың жанына жетіп барған Ерөскеннің алғашқы ойы – баланың құлағын бір-екі бұрап жіберу болатын. Бірақ шүйкедей арық сары баланың жанына жетіп барып, тағы ойланды. «Сталин жолдас өлген күні баланың құлағынан бұрауға бола ма екен өзі? Әлде болмай ма? «Көсеміміз өлген күні ағай менің құлағымнан бұрады» деп мына тыңқылдақ біреуге бірдеңе деп жүрсе… Әлде мектеп директорына кірсе… бұлардан шығады.»
Не керек дәл осы сәтте Ерөскен ашуы қайнап тұрып-ақ өз ойынан өзі шегінді. Оның есесіне балаларға «отырыңдар» демеді. Әдейі сілейтіп тұрғызып қойды. Әлгінде мектеп директоры мұғалімдерді бір минутке ғана тұрғызып еді, бұл үшінші кластың оқушыларын үш… тіпті бес минут тұрғызып қоюға бекініп, қол сағатына қарап тұрған.
Кластағы үнсіздікті Рүстемов Өтепберген деген ең момын әрі ересектеу баланың бұзғаны.
• Ағай енді көсеміміз Стәлиннің орнына кім Стәлин болады?
Мұндай сұрақты күте қоймаған Ерөскен кішкене мүдіріп қалды. Оның осы мүдіруін пайдалана қойып, әлгінде ғана сүмірейіп тұрған Үпаш тыңқылдап: – Қалтақ болады – дегені. Оның айтып тұрғаны – ауылдың жеке малын бағатын бір кемтарлау кісі еді.
Балалар әр тұстан жырқылдап күлген сәтте мұғалім тіпті сасып қалды. Дүниеде балалардан асқан айлакер бар ма, мұғалімнің осы пұшайман халін аңдағандай, әлгі Ыслам деген бала да кенет жігерленіп осы кезде тап бір жиналыста сөйлеп тұрғандай тақылдап:
• Қалтақтан кейін Стәлиннің орнына тағы кім Стәлин болады, ағай? —
деп қалғанда, Нұрлыбай деген антұрған аяғындағы ескі саптама етігімен еденді бір теуіп қалып: – Мен боламын! – дегені.
Әлгіндегі әр жерден шыққан жырқыл күлкі – күлкі ме, ендігі күлкіден кластың төбесі опырылып құлай жаздады.
Ерөскен сасқанынан жанындағы партаны жұдырығымен ұрып еді, онысын ешкім естімеді, есігендері елемеген болды.
«Жоғарғы кластың балаларын бір класқа жинадық» деген хабардан кейін, ұзын дәлізбен солай беттеп өтіп бара жатқан мектеп директоры кенет үшінші кластан естілген мол күлкіге елең етіп тұрып қалғаны. Таңданып, басын шайқады. Түсі де сұрланып кетті. Ұлы көсем өліп жатқан күні, алыс ауылдардың біріндегі мектептің бір класында мынадай күлкі болып жатуы – Сталинге шын берілген жан үшін ең үлкен қылмыс еді. Мұндай қылмыс үшін түрмеге түсуге, жер ауып кетуге де боларын Смағзұм жақсы түсінді.
Денсаулығына байланысты ашуланбауға тырысатын. Бірақ мына жерде ашуланбасына амалы да жоқ еді. Түрі өрт сөндіргендей түтігіп, директор үшінші кластың есігін ашты.
Директор ойда жоқта кіріп келген кезде күлкі екпіні азайды. Бірақ біржола басыла қойған жоқ. Соңғы партадағылар әлі де жырқылын тыя алмай тұрды. Олар бәлкім класқа мектеп директорының өзі келіп тұрғанын аңдамады, әлде неменеге күліп тұрғандарының да мәнін анық түсінбеді.
• Доғар-рыңдар-р! – деген мектеп директорының ащы дауысы саңқ ете
қалғанда барып, күлкі атаулы біржола тыйылды да, сасқалақтаған Ерөскен: — Смеке-е, сіз-з қ-қайдан кеп қалдыңыз? – дей беріп, директорына пұшайман күйде бұрылған болатын. Осы сәтте Смағзұмның бүкіл денесі қалшылдап тұр екен. Ерөскен директорын осындай халде бірінші рет көруі еді. Сондықтан зәресі ұша қорқып тұрып-ақ, директордың осы халіне таңданды да.
Директордың көздері қанталап кеткен. Қарасұр жүзі әлемтапырық. Класс іші әбден тынышталғанша директор осы қалпынан өзгерген жоқ. Сосын барып өзін-өзі сабырға әрең келтіргендей болып тұрып ол:
– Сабағыңызды жалғастыра беріңіз – деді Ерөскенге.
– Ә, сабақ-қ… Сабақ өтіп тұр екем ғой – дегені мұғалім өз-өзінен абдырап. Тағы да күліп жібергісі келген балалар өздерін әзер тоқтатты. Өйткені класта мектеп директорының өзі тұр еді.
Жым-жырт тыныштық класқа әбден орнаған кезде барып, мектеп директоры шығып кетті.
Сабақтан соң Ерөскен үшінші кластың үш оқушысы Нұрлыбай, Үпаш, Ысламды ертіп, мектеп директорына кірді.
Бұл жолы директор тыңдаушы ғана болды. Үш оқушыны директордың бөлмесінде тергеген Ерөскеннің өзі еді.
Алдымен Нұрлыбайды қолға алды.
• Әй, Баймұратов, (оңбаған деген сөзді мұғалім директордың алдында
айтпады) сен Сталиннің орнына Сталин боламын деген сөзің үшін түрмеге түсетініңді… сосын атылып, не айдалып кететініңді білесің бе?
• Білемін – деді Нұрлыбай міз бақпай қасарысып – Бірақ мен Қалтақтан
кейін боламын – дедім емес пе?
• Қалтағыңды қоя тұр. Сен сонда түрмеге түсуге асығып тұрсың ба?
• Несі бар… Көсеміміз Сталиннің өзі де жас кезінде бірнеше рет
түрмеге түскен.
Осы тұста директордың жүзі күреңітіп кетті. Бір-екі жөтелді де. Сосын Ерөскенге бұрылып: — Бұл қай бала өзі? – деді.
• Әлгі бұғалтерлік курсты бітіріп келген Баймұратовтың інісі… Ескі
мектептегі… жұртқа өтірік хат таратып жүрген.
Директор бір сәт төмен қарап, ауыр ойланып отырды. Ерөскен енді Үпашқа бұрылды. – Сен осы-ы… (Оңбаған деген сөзді сонша айтқысы келіп тұрып-ақ, айта алмағаны) Қалтақты қайдан тауып алдың? Ол сенің есіңе қайдан түсе кетті?
– Осы ауылдың адамы ғой – деді Үпаш төменшіктеп тұрып.
– Немене, саған біреу «Сталин жолдас өлсе орнына «Қазақстанның 30 жылдығы атындағы колхоздан біреу болады екен» деп айтты ма?
– Жоқ.
– Ендеше сенікі не сандырақ? Қалтақ Сталин жолдастың орнына барса ел-жұрт күлмей ме?
– Неге күледі? – деді кенет бала басын көтеріп. Ол кісі де Совет үкіметінің азаматы…
Директор үнсіз күйі баланың бетіне жалт қарады. Кескіні әлденеден шошыған кісідей.
– Ойбай-ай, мынаның сөзін-ай – деп Ерөскен қатты күйгелектеніп кетті.
– Осы сен сабақ айтқанда неге осылай сайрамайсың? А-а-а.. айтшы! Саған саясатты кім үйретіп жүр? Тұрған жеріңде бір ұрып, жерге қазық қылып қағып жіберейін бе? О, ә-әтә…
Ашудың әсерінен қаттырақ кетіп қалғанын аңдаған әрі директордың алдында тұрғаны кенет есіне түскендей сасқалақтаған Ерөскен балаға қарай жоғары көтере берген оң қолын қайта түсіре қойды. Бірақ сол екпінін әзірге басқысы жоқ.
– Осы сөздерің үшін сені… Магаданға жер аудартамын… Жер түбіне… Білдің бе? Тіпті үшеуің де Магаданға барасыңдар.
– Жоқ, мен түрмеге түсемін – деді Нұрлыбай аяғындағы саптама етігін бір қозғап қойып.
– Немене түрмеде жекжат-жұрағаттарың бар ма еді? – деді мұғалім балаға ежірейе төне түсіп.
Директор жөтелді. Бұл Ерөскенге «әңгімеңді осы жерден доғар» деген белгісі еді. Осы емеурінді түсініп, өзінің артық оғаштықтарға да кетіп қалғанын сезінген ол енді директорының алдында өзін-өзі ақтағандай болып: – Осыларға не істесем екен, а-аа? Смеке көріп тұрсыз ғой… Есітіп тұрсыз ғой… сөздерін… Бұлар осындай бір жертесер балалар. Сабақ сұрасаң үндері өшіп, мелшиіп төмен қарайды. Ал мынадай қисық-қыңыр әңгімеге келгенде… бар ма?
Осы тұста директор Ерөскеннің күйгелектенген әңгімесін әдейі бөліп, үш балаға бірдей: – Бара беріңдер! – деді өте қатқыл үнмен. Сосын үш бала тізіліп бөлмеден шығып кеткен кезде, ұзақ жөтеліп, бірақ жөтеле жүріп-ақ өзі барып есікті жапты да, Ерөскенге ежірейе қарап, біржола түңілген, біржағынан әңгімені де неден бастарын білмеген жандай бірауық үнсіз қалды. Жай тұрған жоқ, ашулы көздері Ерөскенге қадалып, оны жермен-жексен етіп тұрды.
… Ертеңіне сабақтан соң «Ынтымақ» жетіжылдық мектебі мұғалімдерінің құпия жиналысы болды. Құпия болатыны – мектеп директоры хаттама жасатқан жоқ. Жиналысты қорытар кезде: – Біздің мектепте саяси теріс көзқарастағы балалар да оқып жүр. Егер Мәскеу осында болған кейбір жайлардың анық-қанығын білетін болса, сарауыз балалар ғана емес, қар астында бұйығып жатқан осы ауылды бір бомбамен түгел құртып жіберуі де мүмкін…- дегенде бірі жетіншіні, бірі оныншыны бітіре салып, мұғалімдік қызметке кірісіп кеткен шала сауатты мұғалімдерінің жақ жүндері үрпиісіп кеткен-ді.
• Вот осылай! – деді директор жұдырығын стол үстіне қоя беріп.
– Ауыздарыңа берік болыңдар, егер өздеріңе өздерің амандық тілесеңдер.
Жиналыста отырған мұғалімдер орындарынан біразға дейін олай-бұлай қозғалуға да батылдары жетпеді. Үндері де өшті.
Директор стол үстіндегі жұдырығын қайта көтеріп: — Ал енді үйлеріңе қайта беріңдер – деген сәтте барып, орындарынан абайлап тұра бастағандар болды. Онда да әуелі директорға, сосын жан-жағындағыларға абайлап қарап алып…
Осы оқиғадан кейін мектеп мұғалімдері ерекше қатал болып кетті де, жағдайға қарай оқушылар да жуас көрініп жүрді. Әншейінде бұзықтығын мақтаныш ететін балалар да үнжырғасы түсіп қалғандай еді. Бірер айдан соң барып бұрынғы мінездеріне қайта оралды. Ерөскен «оңбағанын» сабақ кезінде балаларға қайта айта бастады. Балалар да екі-үш ай төмен түсіп кеткен бастарын қайта көтергендей-тін.
Үшінші кластағы Үпаш пен Ыслам «Магаданға бірге баратын болғандықтан» да мектепте бірін-бірі іш тартып, жымыңдасып, үзілісте бірге ойнаған кездері кәдімгідей қол ұстасып жүретінді шығарды. Бірде екеуі әдейі сабақ соңынан қалып, жетінші кластың бөлмесінде ғана тұратын глобусты қарап, Магаданды іздеді. Магадан деген жер ме, қала ма, әлде өзен бе, онымен де шаруалары жоқ. Әйтеуір іздеді…
Әуелі екеуі қабаттаса еңкеңдеп Еуропадан іздеп еді, таптырмады. Үнді-қытай елдерін жағалап та ештеңе таппаған соң, екі баланың көздері мұхиттардағы аралдарды да кезіп, Америка материгіне қарай өткен. Ол жақтан да Магадан деген жазу ұшыраспай, салдары суға кетіп, қарындары да ашып, енді үйлеріне қайтуға ыңғайлана бергенде кенет Үпаштың: — Таптым! – деп шаңқ еткен дауысы естілді. Екеуі қатар тұра қалып, ентелесе қараса, Магадан дегені Совет елінің бір пұшпағы екен. Қазақстанға да қол созым жер десе болғандай…
Екеуі де қуанды. Бірақ не үшін қуанып тұрғандарын өздері де сезген жоқ.
– Осы жерге сонда екеуімізді немен апармақ? – деді Ыслам Магаданға шын ықыласы ауғандай.
– Жаяу айдайтын шығар, мілицалардың өздері атқа мініп. Бір оқулықтан жер ауып бара жатқандардың сондай суретін көргенмін, – деді Үпаш.
– Ой, онда керегі жоқ.
– Айныдың ба?
– Айныдым.
– Онда батыр емессің…
– Болмасам болмайын…
– Жер ауатын адамнан мынаның, ананың керегі бар ма, келісесің бе, келіспейсің бе деп сұрамайды.
– Егер пойызбен апарса барар едім – деді Ыслам. Пойызды көріп, ішіне мінудің өзі керемет емес пе? Шіркін пойызбен жүйіткіп бара жатсаң… Қайда апарса да бәрібір емес пе?
– Ондай болса, кәніки – деді Үпаш та елігіп.
– Ал енді айырпланмен апарса ше? – деді кенет Ыслам оқыс жаңалық тапқандай шабыттана сөйлеп.
– Айырпланмен ұшасыңдар десе бар ғой… Мен қазір-ақ дайынмын – деді Үпаш та ерекше қиял дүниесіне батқандай болып тұрып. Сосын екеуі де екілене жарысып өмірі көрмеген Магаданды мақтап кетті.
Әңгімелерінің аңғары – Магаданға жер ауу тағдырларына бұйырғанына екеуі де риза, тіпті бақытты жандардай сезінді. Бірақ бір-бірінен әлі күнге дейін «Осы жер аудару деген не өзі?» деп әзірге сұраған жоқ. Ауыздары көпіріп, Магаданды мақтай-мақтай әбден шаршаған кезде барып, кітаптары салынған шүберек қалталарын арқалап сыртқа шыққан.
Сыртқа шыққан кезде екеуі қайтадан көңілсіз күйге түсті. Өйткені далада өздері ерінбей мақтаған Магадан емес, күнде көріп жүрген, айнала қар, айнала тау сілемдері мен ирелеңдеп аққан өзен еді. Бәрінен де үйлеріне дейін жетіп болмайтын жалғыз аяқ ұзақ жолды айтсайшы.
Аяқтарымен қарды қытыр-қытыр басып, жыбырлап-ақ келе жатып та естеріне әлі күнге дейін пойызға мінбегендері, мінгені не – көрмегендері түсіп, көңілдері жүдеп қалды. Ал айырплан қайда?! Ол аспанда ғой. Жол-жөнекей екеуі қайтадан айырплан жайлы күңкілдесіп келе жатып, ауыздары ашылып аспанға қараған.
Аспанда жайылып жүрген ақша бұлттардан өзге ештеңе жоқ еді…
Сталин өлген тұста берекесіз оқушыларының кесірінен оқытушылар арасында біраз беделі түсіп қалғанымен Ерөскен де балаларға сақтаған кегін кеудесіне түйіп қойған екен, ақыры дегеніне жетті. 1-ші май мерекесіне дейін-ақ пионерге өтулері тиіс Үпаш пен Ысламды оқу жылының аяғына дейін сандалтып қойды да, екі-үш күннен кейін жазғы демалысқа шығамыз деп жүргенде, соңғы сабақтан соң, бұларға елеусіздей етіп: – Сен екеуің мойындарыңа галстуктеріңді таға беріңдер. Пионерге өттіңдер, – дегені.
• Қалайша? Салтанатты түрде қабылдаушы еді ғой – деген Ыслам.
Әдетте үлкен жиын болып, барабан қағылып, горн ойнайтын.
• Сен екеуіңе не салтанат керек осы? Пионерге өткендердің тізіміне
қосып жібердім бітті. Все… маңдайларыңның кере қарыс бағы бар. Жастарың жетпегендіктен Магаданға жер ауып кетуден аман-есен қалып қойғандарың…
… Қыс кезінде-ақ әке-шешелеріне күндіз-түні қыңқылдап жүріп алдырып қойған қып-қызыл галстуктерін оқудың соңғы үш күнінде екеуінің жайнатып тағып келгені-ай… Әттең айыздары қанбай қалды. Алыста тұратын біреулері үйлеріне кетіп те қалған, кетпегендері де есіл-дерті демалыс болып жүргендер. Екі достың галстуктеріне қызыға қарамақ түгілі «сендер пионерге қашан өтіп едіңдер?» деп күдікпен қарағандар да болды. Әйтеуір, бір жақсысы екеуі де орындарында қалған жоқ. Төртіншіге аман-есен өтті. Күдіктері жоқ та емес-ті. Екеуі бұл жетістіктеріне ерекше қуанды. Сталин өлген тұста Ерөскеннің екеуіне «Үшінші класта екеуіңді үш жыл отырғызбасам ба?» деп кіжініп айтқан сөзі де болған.

Жазғы демалыс та басталды-ау! Бұл бір рахат… қалағаныңша ұйықтайсың. Қалағаныңша ойнайсың… Өзенге суға түсесің… Үй жанындағы тақырға асық ойнаймын десең де еркің білсін… Бірде мына ауылға, бірде ана ауылға жытып жүріп, әке-шешеңнің, ағаларыңның жұмсаған жерлеріне бармай қоюыңа да болады. Өтірікті қалай айтсаң да қыйылыса береді. Ғажа-ап!
Бір аптадан соң-ақ Үпаш пен Ыслам өзенге суға түсуден де, ана ауылдың тақырында, мына ауылдың тақырында асық ойнаудан да жалықты. Қайтадан Магаданды естеріне алды. Екеуі де жоғарғы кластарға арналған оқулықтардан Магадан туралы оқып алған екен, жарысып, таласып әңгімеледі.
• Өзі орманды жер екен – деді Үпаш.
• Аң-құсы да жыртылып-айрылады – деді Ыслам.
• Орманы қылқан жапырақты болады екен – деді Үпаш.
• Қылқан жапырақты дегені не?
• Қайдан білейін, кітапта солай жазылған.
Екеуі бірауық үндемей қалды. Бұл ауылда орман да жоқ болатын, сондықтан қылқан жапырақты деген сөздің мәнін түсінбеу екеуінің де меселін қайтарғандай еді.
– Шіркін бір жаққа қыдырар ма еді! – деді Ыслам кенет сондай торыққан үнмен. Кітаптардағы балалар пионер лагерлеріне, Артекке барады. Ал біз… бір өзен… тақырдағы асық… Басқа ештеңе жоқ.
– Ендеше Есекбелдегі Өтепбергендікіне қыдырайық – деді Үпаш қиналмастан. – Ол жазда ешкі бағамын, сөйтіп еңбеккүн табамын деген.
Ыслам қуанып кетті.
• Давай ертең кеттік.
• Кетсек, кеттік. Бізді кім ұстап тұр – деді Үпаш.
Әуелі екеуі екі есекпен баратын болып келісті де, соңынан Үпаштың көк есегіне мінгесіп баруға ұйғарым жасады.
Ертеңіне елең-алаңнан тұрып, қыс, көктем кітап-дәптерлерін салған шүберек қалталарына жарты таба жүгері нан мен екі бөтелке айран салып алып, екі дос есекке мінгесіп, Ескікеңседен Есекбелге қарай жол тартты.
Балалар өте көңілді еді. Абыр-дабыр әңгімелерімен, шықылықтаған күлкілерімен таңғы ауаны жаңғырықтырып, әп-сәтте Талтоғаннан да өтіп, сәскеде тұт бауына да ілінді. Айрықша көңілденулерінің бір себебі – екеуінің де мойнында қызыл галстук. Есекбелге осылай барайықшы деп кеше келіскен. Бұл кезде күн әбден қызған. Сондықтан екеуі есектерін тұт ағашының бұтағына байлап, галстуктерін шешіп іліп қойып, өзенге суға түсті. Бірауық тас-құм аралас жағалауда жатып қыздырынды. Сосын шүберек қалталарын алып, нандарын жеп, айрандарын ішті.
Екеуі бұл жолы Магаданды естеріне алған жоқ. Бірақ пойызды көрмегендері, оған мінбегендері туралы мұңдарын қайта естеріне алып, көңілсіздеу шүңкілдесті.
– Кітаптардың бәрінде пойыз туралы жазылған. Тіпті мәселе есептердің көбі пойызға байланыстырылады. Ал пойыздың өзін біз әлі көрген жоқпыз. – деді Үпаш осындай аянышты халіне бұдан әрі шыдай алмастай тырсиып отырып.
– Тым болмаса суретін де көрсек екен-ау – деді Ыслам да қызулана қостап.
– Ыслам сен дұрыс айтып отырсың. Біздің оқулықтарда трактордың, машинаның суреттері бар. Айырплан мен белесебеттің де суреті бар. Пойыздың суреті жоқ.
– Бұл кітаптың кемшілігі.
– Кітаптың кемшілігі емес, кітап шығарушылардың кемшілігі.
– Демек сол пойызың кітапқа суреті де сыймайтындай бірдеңе шығар.
– Бәрібір мен оған иланбаймын. Жер шары түгелімен дарбыздай глобусқа сыйып кетіп тұр ғой – деп Үпаш әлдекімдерді кінәлағысы келгендей рай танытты. – Есекбелден келген соң давай, екеуміз Алматыдағы кітап шығаратын жерге хат жазайық.
– Давай, келістік.
Екеуі жеп отырған бір-бір жапырақ нандарын тастың үстіне қоя салып, қол алысты. Сосын нандарын асығыс жеп, бөтелкедегі айрандарын да асығыс сіміріп жатты. Өйткені ойда жоқта екеуінің алдынан маңызды іс шығып тұр еді. Ендігі жерде Есекбелге барып қайтуға да асығулары керек сияқты.
Жүгері нандарын жеп, айрандарын ішіп болған соң, екеуі қайтадан суға түсті. Тереңдігі тізеден сәл-ақ асатын суға шалпылдатып жүзген болды. Және осылай жүзгендеріне сақ-сақ күліп алды.
• Шіркін дарияға барып түсер ме еді – деді Үпаш жағаға шығып
көйлек, трусиін киіп жатып.
• Онда шіркін құлаштап жүзер едік-ау – деді Ыслам да бірдей қостай
кетіп.
• Ол үшін әуелі моряктарша жүзуді үйренуіміз керек қой… – деді Үпаш
• Дария өте терең…
• Әуелі сөйтуіміз керек екен-ау. Мен ойлап тұрмын, осы күйі барамыз
да қойып кетеміз деп…
• Онда екеуіміз де дарияға ағып кетеміз. Капут боламыз.
Екеуі екі жерде тұрып, жарыса ұзақ күлді. Енді киініп жатқан Ыслам, трусигінің бір балағына аяғын сұға беремін деп құлап қала жаздады.
Есектеріне мінгесіп Есекбелге қарай жүре берген кезде Ыслам күрсініп: — Біз әлі Сырдарияны да көрген жоқ екенбіз-ау – деді.
• Оның рас… Есекбелдің өзін бүгін бірінші рет…
Одан әрі екеуі есек үстінде құшақтасып бірауық үнсіз отырды. Өйткені осы уақытқа дейінгі Сырдарияны көрмеулері де көңілдеріне тосын мұң әкелгендей болды.
Ұзақ үнсіздіктен соң Үпаш Ысламға: – Ақтайдың диірменін көріп пе едің? – деді.
• Көргенмін. Сен ше?
• Мен де. Ақтайдың диірменін екеуміз де көріппіз. Бұған да шүкір.
Екеуі жарыса күлді. Қатты күлгендері сондай, екеуі бірдей көк есектің үстінен аунап кете жаздап, әзер түзеліп отырды-ау.
• Ақтайдың кемпірі – Ажар менің кіндік шешем – деді Үпаш.
• Онда соғайық.
• Міндетті түрде. Егер соқпай өтсем, ол кісі өкпелеп, жылап та қалуы
мүмкін. Өзің білесің біздің ауылдың кемпірлері түгел жылауық қой.
• Рас айтасың… Неге солай ә-ә?..
• Өйткені біздің ауыл ашаршылықты көрген. Аққалпақ көтерілісін, сосын соғысты көрген. Сол кезде көп адамдар қырылған. Сондықтан да әжелеріміз қамкөңіл.
• Жанымызда дәл қазір Ерөскен ағайдың болмағанына шүкір – деді
Ыслам шын қуанғандай болып. – Болмаса мынадай сөздеріміз үшін астымыздағы есегімізбен қоса Магаданға бүгін айдатар еді.
Екеуі тағы күлді. Бірақ бұл жолғы күлкілері аса көңілді бола қойған жоқ. Өйткені әрқайсысы өзінің жылауық шешесі жайлы еріксіз ойлап кеткен-ді.
Ажар кемпір бұларды өз балалары келгендей қуана қарсы алды. Үпашты құшақтап бетінен сүйді.
• Айналайын, зіңгіттей болып өсіп кетіпсің ғой.
Ол кісі Үпаш өткен жылы шешесімен бірге диірменге бидай тартуға келгенде де дәл осылай деген. Шын мәнінде Үпаштың өсіп кеткен ештеңесі жоқ-ты. Керісінше кластағы балалардың ең бойы кішкентайы-тын. Осы қалпына намыс қылатын кездері де бар.
• Шешең аман ба?
• Аман.
Ажар әжесі одан әрі де Ескікеңседегі бәленше келін, түгенше келін, бәленше қайнаға, түгенше қайныларын түгел сұрап шықты. Үпаш барлығының амандығын аузы дамыл таппай айтып тұрды.
– Мойныңа ораған қып-қызыл мойынорағышыңнан айналайын – деді Ажар әжесі ауыл-аймақты түгел сұрап болған соң, Үпаштың бетінен қайта сүйіп.
– Әже, бұл мойынорағыш емес, галстук… Жақында пионерге өткенмін.
– Құтты болсын, айналайын. Не тақсаң да, қып-қызыл болып өзіңе жарасып тұр ғой.
– Әже, біз Есекбелге Өтепберген деген досымызға қыдырып бара жатырмыз – деді Үпаш одан әрі асығыстықтарын аңғартып.
– Жол жүріп барады екенсіңдер ғой. Онда жолдарыңнан қалмаңдар. Әжемнің қолын алып кетемін деп бұрылған екенсің ғой.
– Солай ойладым әже-е…
– Ой айналайын.
Ажар екі баланың алдына дастархан жайып, бидай ұнынан пісірген нан турап, кесемен айран ұсынды. Күбіден жаңада алынған май да әкелді. Балаларға ауылдың кез келген үйі мұндай құрмет жасай бермейді.
Кемпірдің: – Тойғандарыңша жеңдер. Қысылмаңдар – деп дем беріп отырғанының өзі де балалардың мәртебесін өсіріп жіберді.
Тамаққа тойған соң екі бала жүгіріп ойға түсіп өзеннің үстіне салынған су диірменді қызықтаған болды. Көп жұрттың қолдары жетпей отырған бидайдың аппақ ұнын жарыса уыстап көріп жатыр. Диірменнің үлкен бақалақ тастарының бірқалыпты дырылын да ұзақ тыңдады.
Түс ауа екеуі көк есекпен Қоспаның арасынан өтіп бара жатты. Қоспа дегендері – өзен ғана бөліп жатқан – екі биік тау-жартас. Шалдар айтқан аңызда өздері күні бойы бойлап-жағалап келе жатқан жіп-жіңішке Ақүйік өзені тұтас тауды осылай тесіп өтіп, өзіне жол ашқан.
Қоспаның арасынан өтіп бара жатқанда балалар рухтанғандай болып, қуаттанып, еліріп кетті. Үпаш алдында отырған Ысламның иығынан ұстап, есектің үстінде түрегеліп тұрып әуелі саусақтарын аузына салып ысқырды. Сосын айқайлады. Ысқырықтың жаңғырығы да шыңғырған жіңішке дауыстай қызық әсер етеді екен. Ал айқайлаған сәтте жер-көк көшіп бара жатқандай болды.
Сосын екеуі қосылып «Комсомолдар жырын» айтты:
Алға комсомол жеңіс жолында
Алға комсомол туың қолыңда!
Қосылып айтқан дауыстарының рәпәті шамалы болса да, екі жақтан төніп тұрған құз-жартастардың жаңғырығуы ғажап болды.
Екі баланың салған жерден «Комсомолдар жырын» айтатын себебі, екеуі де пионерге әзер өтсе-дағы аз жылда комсомолға да өтіп, қызыл-қоңыр түстес комсомол билетін де қалталарына салып алмақ болған сабаздар ғой. Кеудеге тағатын төс белгісі қандай!
Қоспаның арасынан екеуі көңілді шықты.
– Магаданға барғанда да әсеріміз осындай-ақ болар – деді Үпаш.
– Мен де солай ойлап отырмын – деді Ыслам.
Қоспаның арғы жағы Есекбел еді. Тау сілемдері көгілдірленіп көрініп те тұрды.
• Сапарға шыққанымыз қандай жақсы болды – деді Үпаш екпіндей
сөйлеп.
• Ғажап болды! Қоспаның өзін де екеуміз бүгін көрдік-ау.
• Соны айтсайшы.
Үпаш бұл кезде көк есектің белінде теріс қарап отырған. Осылай отырғаны қызық көрінді. Бір жағынан әлі де Қоспаны тамашалап қарауда. Бәрібір бұлай отыру да жалықтырған кезде ол Ысламның иығынан ұстап, түрегеліп тұрып төбе бастарынан Өтепберген досын іздеген болды.
Ол ақыры баурайда жайылған ешкілеріне биіктен қарап, төбе басындағы шоқының жанында ербиіп тұрған кластастары Өтепбергенді тапты да. Енді екі бала қосыла Өтепбергенге ысқырды. Ысқырықтары жетпеген соң айқайлады да.
Ақыры бұларды төбе басында тұрып көрген Өтепберген бірауық аузы ашылып, аңтарыла қарап тұрды да, төбе баурайының тастарын тасырлатып, ойға қарай жүгіріп келе жатты. Ақыры өзге жер бұйырмағандай өзеннің жайылып аққан, енділеу бір жерінде Өтепберген ана жақтан, Үпаш пен Ыслам мына жақтан екі жақтан кешіп келіп, су ішінде тұрып құшақтасқандары-ай! Әуелі Өтепберген мен Ыслам құшақтасты. Сосын Үпаш…
Бұл да үшеуіне ерекше шабыт берген көрініс еді.
– Сендерді келеді деп о-ойламаған едім – деді Өтепберген асып-сасып.
– Ал біз ойладық… – деді Үпаш қуланып – Күтпеген тұстан шығайық дедік.
– Сені сағынып қалмасын деп Есекбелге есекпен келдік – деді Ыслам да тауып сөйлегеніне жымиып.
Енді үшеуі қосыла күлді.
– Басқарма мәшинесін алдымызға көлденең тартып, «Осымен барып қайтыңдар» деп жалынып еді, «Есекпен барамыз» деп көнбедік – деді Үпаш қарқылдай күліп.
Үш кластас дос осылай өзен аңғарын сөздерімен, күлкілермен бастарына көтерген күйі әлден уақытта суды қатар кешіп жағаға шықты.
Кешкісін Өтепбергеннің шешесі Кенже оларға алдымен ірімшікпен шай беріп, соңынан ешкінің сүтін қатқан жүгері көже істеп берді. Диірмендегідей бидай нан бұл үйде де жоқ екен. Бірақ Кенже жүгері нанды ыстықтай майға мыжып берді де, ол ас та сондай дәмді болып, үш дос таласа жеді.
Түнде төсекте үшеуі қатар жатып, бірауық мектепті сөз етті. Сосын әңгіме Ескімектеп пен Ескікеңседегі асық ойындарына, суға түсу қызықтарына ауысты. «Ескі көрпені жыртасыңдар» деп Кенженің шырылдағанына қарамай, бірауық көрпе астында алысып та алды.
Кенженің ойбайына бағынып, тынышталған кездегі сыбырласып айтқандары да оңған әңгіме емес-ті. Енді «қай қызды жақсы көресің?», «сен қай қызды жақсы көресіңге?» кеткен. Аңдап бақса үшеуі де жоғарғы кластың қыздарына ғашық екен. Үшеуі де төменгі кластың қыздарын оңдырмады. Біреуінің мұрны ағып жүреді, екіншісінің қолы сия-сия… Үшінші қыз нашар оқитын тіпті миы жоқ болып шықты. Екі алатын қыздарды үш бала да менсінбей қойды. «Сен қашан келіншек аласың?» деген талқылау да тартымды болды. Өтепберген «Мектеп бітірсем, ала беретін шығармын» деді де, ана екеуі зоотехник болып алған соң барып үйленетін болды.
Бір жақсысы әншейінде дауыстарымен төңіректі шулатып жатқан балалардың қыздар жайлы әңгімелескен кездері үшеуі де сыбырласа қалғандары еді.
Сосын үшеулеп аспанда шашылып жатқан жұлдыздарды бірі батыстан, бірі шығыстан бастап санады да, бірінікі екі жүз жиырма сегіз болып, екіншісінікі оған жетпей қалып, соңынан «сенікі дұрыс емес, менікі дұрыс» деген ұзақ даумен қайта дабырласып жатып, ақыры шаршап, ұйықтап та кеткен.
Ертеңіне үшеуі ешкі бағудың қалың бейнетіне кірісті де кетті. Үшеуі үш жақтап жүгіріп жүріп, ертемен ешкілерді лақтарынан айырды. Сосын лақтарынан бөлінген үш жүз ешкіні айдап үшеуі тау беткейіне кетті.
Әуелде ешкі бағу сондай қиын да көрінбеген. Етекте бытырап жайылған ешкілерді көзбен ғана түгендеп, қыр басында таяққа сүйеніп тұрсаң болғаны. Қиқу түс кезінде басталады екен. Исі мұрынды жарған көк жусанды менсінбей, ешкі деген жарықтық тастаққа өсетін хош иісті шөптерді тінтіп іздеп, тауға да, тасқа да шығып қаңғырып кетеді екен де, бәрін жинар кезде түгендеймін, қашқанын қайырамын деп баққан адам қол-аяғын тасқа тілдіріп, ешкілерге айқайлаймын деп дауысы да қарлығады екен.
Осы күйді бұлар да бастарынан кешті. Дегенмен біреу емес, екеу емес, үшеу болғандықтан бұл күні ешкілерді түс кезінде өзенге түсіру аса қиынға түспеген секілді. Ешкілерді суарып, қалың сәмбілердің көлеңкесіне жатқызып болған соң, балалардың да көңілдері жайланып, бір көлеңкесі мол сәмбінің түбіне жайғасты-ау.
Бір мезгіл үшеуі шуылдасып ойнап жүріп өзенге түсті. Сосын Кенже апалары шүберек қалтаға салып берген бір таба жүгері нан мен бір қауақ айранды жәукемдеді де, қарындары тойған кезде жағалаудың көгіне ойнап жатты. «Магадан артық па, әлде өзіміздің Есекбел артық па?» деп бірауық өзара таласып та алды. Сосын болашақ армандарын айтысты. Бір белгілі болғаны – мектеп бітірген соң үшеуінің де бұл ауылда қалғысы келмейді екен. Үшеуі де Алматыға аттанатын болды. Үпаш та, Ыслам да зоотехник болғысы келеді екен де, Өтепберген ревизор болғысы келетінін айтты.
Үпаш пен Ыслам ревизор деген сөзді әлі естімеген де екен. Өтепбергеннің айтуынша ол бәрін де тексеретін адам. Мектепті де, колхозды да, мекемелерді де… Тексергенде есепшотпен тексереді екен де, қылмыс жасағандарды Магаданға жіберетін көрінеді.
Үпаш пен Ыслам тағы да алдарынан Магадан шыға келгеніне таңқалысып қалды. Көктемнен бері әңгіме етіп, өзін глобустан әрең тауып, сол жер туралы кітаптардан оны-мұны оқығаннан кейін, Магадан оларға туған жері сияқтанып кеткен-ді.
Өткен-кеткен әңгімелерді де ауыздары көпіргенше таласып, шуласып айтамыз деп әбден діңкелеп, енді шаршап, қылжиып-қылжиып жатқан кезде Өтепберген тосын бір сыр айтты.
– Жігіттер! (Осы сөз қатар жатқан бір қара домалақ, бір сары домалақты қуаттандырып жібергендей болды) Менің жасым үлкен ғой, (Өтепберген бірінші класқа он үш жасында барған сабаз еді) сендерге бір ақыл айтайын – деді.
– Айтсаң айт – деді Ыслам.
– Өтепберген біз сені сыйлаймыз. Сосын ғой Есекбелге өзіңді іздеп келіп отырғанымыз – деді Үпаш та.
– Ендеше құлақтарыңды бері бұрыңдар.
Анау екеуі құлақтарын Өтепбергенге бұрған болды.
• Алматыға барасыңдар ма, Магаданға барасыңдар ма патша көңілде-
рің білсін… Зоотехник боласыңдар ма, адам доғдыр, әлде малдоғдыр боласыңдар ма оны да патша көңілдерің білсін. Менің айтар ақылым, әйтеуір, ешкі бақпаңдар… Қайталап айтайын не істесеңдер оны істеңдер, бірақ ешкі бақпаңдар… Ер жетіп, бала-шағалы болып жатсаңдар, олар да ешкі бақпасын. Құдая, ешкінің аты өшсін… Шешем «Өтепжан-ау тым болмаса ешкі бағып, еңбеккүн тауып бізді асырасайшы» деген соң көне салсам, бұл бір қарғыс атқан жануарлар екен… Енді түсіндіңдер ме? –
деді Өтепберген екі досына бұрыла беріп.
• Түсіндім – деді Ыслам.
• Мен де түсіндім – деді Үпаш.
• Егер түсінбесеңдер әлі де түсіндіре түсейін – деді де Өтепберген әуелі
көйлегінің жеңін түрді. Екі білегінде тілінбеген жер болсайшы. Сосын дамбалының балақтарын түріп көрсетті. Екі саны, балтыры түгел тілінген, кей жері жара… – Осының бәрі тау-тастың басынан ешкі қуамын деп алған жарақаттарым. Тағы да түсіндіңдер ғой?..
— Түсіндік! Түсіндік! – деді екі досы қабаттасып.
• Осы айтқандарым ержеткенде де миларыңда жүрсе болғаны. Енді бір
мезгіл ұйықтайық, – деді де Өтепберген аунап түсіп, теріс қарап жатты.
Бәрібір ұйқы болмады. Ыслам мен Үпаштың көздері енді іліне бергенде Өтепбергеннің: – Ойбай, ешкілер өріп барады, – деген дауысы естілді де, бәрі орындарынан атып-атып тұрды. «Ешкілер өрсе, біз неге қосыла өруіміз керек? – деп қыдырып келген балалар да айта алмады. Өйткені олар да осыған дейін ешкі бақпағанымен қозы-лақ бағып көрген балалар еді.
Өріп кеткен ешкілерінің соңынан ентіге қуып жетіп, оларды жинап енді беткейде тарыдай шашырап жайылып жүрген жануарларды биіктен ғана бақылап, үшеуі қыр басында отырғанда Өтепберген желпініп отырып тағы бір әңгіме бастады.
• Жігіттер сендерге тағы бірдеңе айтайын ба?
• Айт!
• Айтшы… деп бірі қара домалақ, екіншісі сары домалақ бастар
Өтепбергенге қатар бұрылды.
• Айтыңдаршы дүниедегі ең дөкей адам кім?
• Дөкейің бастық па? – деді Ыслам.
• Бастықтан да жоғары, – деді Өтепберген.
• Таптым, ол Стәлін – деді Ыслам мақтанғандай кейіппен.
• Жоқ, нағыз дөкей мектеп директоры – деді Үпаш.
• Сонда мектеп директорының Стәліннен де мықты болғаны ма? – деді
сары домалақ бас Ыслам қара домалақ бас Үпашқа кекеткендей мысқылмен қарап. Бірақ қара домалақ бас та қаймыққан жоқ. – Мен білсем Стәлін де бір мектептің директоры болар-ау… Басқарманың өзі мектеп директорының орындаушысы емес пе? Мәселен мектеп директоры «Мектепке отын түсіріп бер» десе басқарма отын түсіртіп береді. Мектеп директоры «Сол отынды бұтап, пешке жағатын адам керек» десе, басқарма бір адамды амалсыз жібереді.
Балалар бірауық үнсіз қалды. Ешқайсысының мектеп директоры лауазымын кішірейте сөйлеуге батылдары жетпес те еді. Өйткені олар іштей «Біздің тағдырымыз да мектеп директорының қолында» деп ойлайтын. Үнсіздікті тағы да Өтепбергеннің өзі бұзды.
• Дүниедегі ең дөкей адам – ол Құдай!
• Кім айтты? – деді Ыслам.
• Апам айтты.
Балалар бірауық үнсіз қалды. «Сенің апаң қателесіп айтқан» деуге қара домалақтың да, сары домалақтың да батылдары жетпеді.
• Мына айтқаныңды Ерөскен ағай естісе, Магаданға үшеумізді бүгін
айдатады ғой – деді Үпаш сондай көңілсіз үнмен. – Және астымызға мінгесіп барар есек мінгізсе де жақсы. Жаяу айдайды ғой.
• Ал ең сорлы адам кім? – деді Өтепберген тағы бір жұмбақпен бұлардың басын қатырғысы келгендей.
• Қалта-аққ! – деп Үпаш тауып кеткендей тақ ете беріп бөгеліп қалды.
Өйткені балалардың ешқайсысы күлмеді және қостай қоймады.
• Мұны да таппадыңдар – деді Өтепберген екеуін басына сөйлеп. – Ең
сорлы адам – ешкі баққан адам – деп әлгінде айтпадым ба?
Екі бала үнсіз отыр. Олар Өтепбергеннен жеңілген, жеңілмегендерін де анық білмеді. Ешкі баққан жан сорлы болса, сорлы да шығар, бірақ дәл қазір көп ешкінің соңында жүрген мына мылжың Өтепберген олардың қолбасшылары, әрі ақылшылары секілді еді.
Үшеуі енді әңгімелерін бірауық доғарып, орындарынан көтеріліп төменде шашырай жайылып жүрген ешкілерін түгендеп, жан-жаққа қарағыштап тұрғанда алыстан шыңғырғандай бір үн талып жеткені.
• Бұл не? – деп қалды Ыслам шошығандай.
• Қандай дауыс өзі? – деді Үпаш та таңданып.
• Ол айдаһардың дауысы – деді Өтепберген жайбарақат.
• Неғылған айдаһар? – деді Ыслам жақ жүндері үрпиіп отырып.
• Қойшылар мен ешкі бағатындарды жағаларда ол жарықтық осындай
белгі беретіні бар.
• Сонда ол осында келе ме? – деді Үпаш көздері жыпылықтап.
• Келеді. Келгенде қандай… Әуелі сендерге ол айдаһардың тарихын
айтып берейін – деді Өтепберген анау екеуі қорыққан сайын көңілденіп, күле сөйлеп.
• Осыдан екі ғасыр бұрын оқымысты дуакештер адам жей беретін бір
үлкен айдаһарды дуалап, бір төбенің баурайына көмген екен. Дуаның күші кеткен соң сол айдаһар тіріліп, көмген төбені жақында жарып шығыпты. Енді бұрынғы әдетіне қайта басып жүр.
• Сонда адам жей ме? – деді Ыслам.
• Ешкі бермесең, әрине, өзіңді жейді. – деді Өтепберген күліп.
• Мына бізді де жей ме? – деген Үпаш жыламсырап.
• Жемейді. Айдаһар адамды жұтады – деді Өтепберген екі досына
сабақ түсіндірген мұғалімдей байсалды күйде.
Екі бала да жыламсырап, жан-жақтарына қарады.
• Ауылға кетеміз – деді Ыслам орнынан тұрып.
• Мен де кетемін – деді Үпаш та ілесе көтеріліп.
• Қорықпаңдар – деді осы кезде Өтепберген күліп. – Мәселен мен ол
айдаһарға кез келген бір ешкімді беремін. Тіпті ақсап жүрген, әлде құйрығы құрттап жүргенін бере салуым мүмкін. Бітті. Сүйретіліп жайына кете барады және риза болады. Егер мініп келген есектеріңді берсеңдер, үстіндегі тоқымымен қоса жұтады да жайына кете барады. Сендер осыған келісесіңдер ме?
• К-келісейік – деді Үпаш дауысы дірілдеп.
• Жаяу қаламыз-ау, дегенмен берсек берейік өзімізге тиіспесе… – деді
Ыслам да.
• Ө-өзінің ұзындығы қандай? – деп қалды Үпаш үрейден үрпиіп
отырып.
• Әуелі басын сұрауың керек қой – деп Өтепберген орнынан көтеріл-
ді. – Басы мына тастай – деп үй орнындай қара жартасқа саусағын шошайтты. Екі бала тасқа емес, тап айдаһардың басына қарағандай шошып тұр еді… Ал ұзындығы-ы… Басы осы қара жартастың түбінде жатса, құйрығы ана ойдағы өзенде сүйретіліп жүреді, су-су болып…
Ыслам мен Үпаш та енді зәре-құт қалмаған-ды. Екеуі де енді болмаса жылап жіберуге де әзір еді.
Осы кезде Өтепберген қарқылдап күліп жіберді.
• Қайдағы айдаһар-р… Мен сендерді алдап, ойнасам… Ол пойыздың паровозы, Жаңақорғаннан осы жерге дауысы талып жетіп тұрған. «Жүремін» деп қышқырып тұр.
• По-ойыз-з? – деді Ыслам аузын ашып.
• Ия, пойыз – деді Өтепберген де аузын қоса ашып.
• Паровоздың дауысы? – деді Үпаш. – Ол не істейді?
• Ол вагондарды сүйрейді. Вагонда адамдар отырады.
Екі бала да аң-таң. Көңілдері орнына түскенмен де үрей біржола кетпеген де секілді. Жан-жақтарына әлі де абайлап қарап отыр.
Кешкісін тағы да төбе асып, тастардың арасынан шөп іздеп, қаңғырып жүрген ешкілерді әзер түгендеп, айдап әкеліп, шеңгел қораға қамады-ау.
Ешкілердің бейнеті мұнымен де бітпейді екен. Үш бала желінді ешкілерді қуып жүріп ұстап, көгендеді. Сосын Кенже апалары қолына қауақ алып, ешкілерді сауады екен де, пісіріп, бұларға бір-бір кесе сүтті қазаннан құйып береді екен.
Үшеуі де төсектеріне қалжырап құлады. Бұл түні кешегідей абыр-дабыр да бола қойған жоқ. Өйткені шаршаумен бірге екі қонақ баланың көңілінде күндіз айтылған айдаһар туралы әңгіменің үрейі әлі ұмытылған жоқ та еді. Ұйықтар алдында Ыслам: – Өтепберген, біз ертең қайтамыз – деп еді, Өтепберген өкпелеп қалды.
• Сендер қайтамыз дейсіңдер, менің әлі мауқым басылған жоқ.
Сосын бірауық үшеуі де аспандағы жұлдыздарға қарап үнсіз жатты да, Ыслам бір кезде: – Жарайды, тағы бір күнге қалармыз – деді.
• Бір-ақ күнге – деп Үпаш нақтылады.
Осы әңгімеден соң үшеуі де қайта көңілденіп, көрпе астында құшақтасып жатып, ұйқыға кетті.
Ертеңіне үшеуі тағы да тау тастың арасында безектеп жүгіріп жүріп ешкілерді түгендеп, жайып, өздерінше мәз-мейрам болып жүргенде тағы бір күтпеген оқиғаға тап болғаны.
Оқу жылының соңғы күндері Үпаштың ышқырына тығып кластан ұрлай шыққан бір түйір бордың да пайдасы тиіп, үшеуі қара жартастың бетіне баланың басындай дөңгелек сызып, алыстан сол дөңгелекті көздеп тас лақтырып, дөңгелек аумағына кім көп тигізсе, соны чемпион атауға келісіп, қызу жарыс жүріп жатқанда, құлақтарына алыстан бір зыңылдаған үн жеткені. Әуелде «тағы бір айдаһар келе жатқан жоқ па?» деген оймен Ыслам мен Үпаш жан-жақтарына үреймен қараған. Маңайдан көрінген ештеңе жоқ болған соң, тас лақтыруларын жалғастыра бергенде Өтепберген: — Аспанға қараңдар! – деді салтанатты үнмен. Ыслам мен Үпаш аспанға қараса, шығысқа қарай айырплан ұшып келе жатыр екен. Соңында тартылған арқандай болып ақ буалдыр із қалып жатыр.
– Айырплан! – деп Ыслам айқай салды.
– Ойбай айырпланды қараңдар! – деп Үпаштың да есі шықты.
Саспаған Өтепберген ғана.
• Бұл реактивный самолет – деді ол білгішсініп. – Менің бұларды біле-
тінім, үнемі Есекбелдің үстімен ұшады. Былтыр да осылай ешкі бағып жүргенімде ағып өткен. Қол бұлғағанмын. Өтепбергеннің әңгімесі бітпестен-ақ Ыслам мен Үпаш қырдың тастарын тасырлатып, айырпланға ере шығысқа қарай жүгіре жөнелген.
• Айыр-рпла-аан-н! Айырпла-аан-н! – дейді екеуі жарыса айқайлап.
Сонан соң оларға Өтепберген де қосылып кетті. Үшеуі ойға түсіп, өзеннен кешіп өтіп, келесі төбенің басына тырмысып келеді. Айырплан әлдеқашан келесі төбенің үстінен де өтіп кеткен. Балалардың мәз болып, ентіге жүгіріп жүргендері оның ақ буалдыр ізі ғана.
Осыған дейін де Ыслам мен Үпаш осындай айырпланның ұшып өткенін көрген. Бірақ оның қай жылы, қай мезгілде екені де естерінде жоқ. Анық және ақиқат көріп тұрғандары осы жолы еді. Төбенің басында үшеуі де алқынып тұр. Алқынып тұрып-ақ бір-біріне сөз берер емес. Сөздерінің бәрі таңданыс пен қуаныш еді. Мына оқиғаның жанында айдаһардан қорыққандары да, Қоспаға таңданғандары да жай нәрсе болып қалды. Ең ғажабы – осы айырпланды көрулері еді!
– Мен зоотехник болмаймын. Ұшқыш боламын – деді Үпаш.
– Мен де – деді Ыслам да ойланбастан.
Өтепберген ғана сабырлы қалыпта тұрып:
– Айныдыңдар ма? – деді.
– Айныдым – деді Үпаш.
– Мен де айныдым… – деді Ыслам.
Ыслам мен Үпаш бір-біріне сөз бермей, ең ғажайып мамандық ұшқыш болу екенін алқына жарысып айтып тұрғанда кенет Өтепберген «Еш-шкілері-ім-м» деп кемсеңдеп қалғаны. Сөйтсе бұлар үркіте жүгірген кезде, ешкілер үш-төрт топқа бөлініп, шашылып кеткен екен. Бір тобы мына төбенің, екінші тобы ана төбенің басына шығып кетсе, үшінші тобы өзенге түсіпті.
Үш бала енді төбенің басынан ешкілеріне қарай ентіге жүгіріп келе жатты.
Кешкісін үш бала ешкілерді сауысып, сосын улатып-шылатып лақтарымен қайта қосқан кезде өздері де сол ешкілер мен лақтардан бетер қуанып тұрып айтқандары: «Бүгінгі күніміз де жақсы өтті-ау» деген сөз болды. Үшеуі де бұл сөзге жарыса ұзақ күлді де, әсіресе ұшқыш болу туралы әңгіме қызу жалғасып кетті.
• Мен енді осы мамандықтан ешуақытта айнымаймын – деді Үпаш
еліріп.
• Мен де… – деп Ыслам да қосыла кетті.
• Екеуміз бір айырпланды айдаймыз – деді Үпаш.
• Жоқ мен бөлек айырплан айдаймын – деді Ыслам кеудесін соғып… Әңгімеге осы тұста Өтепберген араласты.
• Сендер менімен бірге бір ай ешкі бақсаңдар ержеткенде ешкі бағамыз
деп бөсер едіңдер. Үшеуі тағы да жарыса күлді.
Сосын бір-бір кесе айран ішіп алып, құшақтасқан күйлері ұйқыға кетті. Ертеңіне Үпаш пен Ыслам ерте тұрып, ешкілер мен лақтарды айыруға
көмектесті де, бір-бір кесе айран ішіп алып, көк есектеріне мінгесіп ауылға беттеді.
Екеуі де сондай көңілді еді. Сол көңілдері екі күндік шаршауларын ұмыттырып та жібергендей. Есекбелден ұзай бере Ыслам ойда жоқта: — Осы Өтепберген ревизор деген сөзді қайдан естіген? – деп жаңа әңгімені бастап жіберді. Үпаш көп мүдірген жоқ.
• Соңымызда сыйдаңдап еріп жүр ғой деп ана ешкілердің бірі
сыбырлаған болуы керек – деді.
Екеуінің қарқылдап күлгендері сондай, құшақтасқан күйі тағы да көк есектің белінен аунап кете жаздап барып, әзер оңдалып отырғандары. Ендігі көңілдері мерекеден қайтқандай тіпті шат еді.
Бір кезде соңдарына бұрылып, екеуі де төбе басына қарап еді, жайылып жатқан ешкілеріне емес, бұларға қарап Өтепберген таяғына сүйеніп тұр екен. Ыслам мен Үпаш айқайлап қолдарын көтерген кезде Өтепберген де бұларға қолын көтеріп айқайлады. Бірақ күн сайын ешкілеріне бақырып-шақырып баланың қарлыққан дауысы төменге жеткен жоқ. Бәрібір Ыслам мен Үпаш көк есектің белінде бір-біріне жабысып отырып осы көріністің өзіне тебіреніп кеткен-ді. Бұл бір ұзақ жазғы демалыстың ең бір есте қалатын күні, сәті еді…
Үшеуі де осылай ойлап, түйіндеді.
Қоспадан өтерде Үпаш тағы да Ысламның иығына сүйеніп, есектің үстінде түрегеп тұрды. Өткен жолғыдай екеуі елеуреп тағы да өлең айтқылары келді. Бірақ бұл жолы «Комсомолдар жырын» айтқан жоқ. Үпаш «Бір баланы» бастап кетті. Ыслам да қосылды. Қандай мұңлы әуен еді… Екеуінің орындауында бұл ән тіпті ғажап болып кеткендей. Әйтеуір өздеріне осылай сезілді. Екі жақтан төнген қоспаның жаңғырығуы да мұңлы естілді. Көк есек те осы әнге елтігендей, аяқтарын ақырын ғана басып келе жатты. Сондағы Ысламның иығынан ұстап, есектің үстінде түрегеліп тұрып, Үпаштың жылағаны-ай. Ыслам да кемсеңдеп отырды. Бұрын білмейді екен, екеуінің де көңілі бос, боркемік болып шықты.
Бұл жолы екеуі диірменге соққан жоқ. Бидай ұнынан пісірілген таба нанның иісі қиял-елес болып мұрындарын жарып бара жатса да бұрылмады. Өйткені абыр-дабыр әңгімелері мен өз қуаныштары бір диірмен емес, екі диірменнің гүріл-сарылын басып кеткендей еді.
Диірменнің тұсынан өтерде Ыслам: «Менің де сен сияқтанып есек үстінде түрегеліп тұрғым келеді» деген соң, екеуі орын ауыстырды. Енді Үпаш алда, көк есектің арқаны мен темір қазығын ұстап отырды да, Ыслам оның иығынан ұстап, түрегеліп тұрып, жалғыз өзі ән айтты. Бір ән біткен кезде, тағы да екінші әуенді ыңылдап, есектің үстінде тұрып биледі де… Бұл қылығы бір есептен Үпашқа «сенен де асырып жіберген жоқпын ба?» деген қыры секілді еді.
Бірақ Үпаш та айла жағынан ешкімнен қалыспайтын. Сол мүмкіндігін дәлелдегісі келгендей, Ысламның мына қылығына бірауық күлімсіреп отырды да, ойда жоқта: — Ойбай, айдаһар-р! – деп айқайлап жібергені.
– Қайда, қане?
– Әне, анау, Әулие жаққа қарашы. Көрмей тұрсың ба, ирелеңдеп келіп қалды ғой… Ойба-ай!
Ыслам Үпаштың саусақтары нұсқаған жаққа оқыс бұрыла берейін дегенде, жерге жалп құлады. Құлап қана қойған жоқ, өкіріп жылады да. Қорқыныштан есі шыққан досы жылаған күйі орнынан тұра беремін дегенше, Үпаш қолындағы темір қазықтың ұшымен есектің иығынан шұқып жіберіп, шаба жөнелгені…
Ыслам өзен аңғарын басына көтере жылап, есектің соңынан елбе-делбе жүгіріп келе жатқанда Үпаштың күлкіден ішегі қатып отырды.
Әзер дегенде есегін тоқтатып, жерге түсіп, ол енді жете берген досын құшақтай алды.
– Қайдағы айдаһар? Ешқандай да айдаһар жоқ. Ыслам-ау, жан-жағыңа дұрыстап қарамайсың ба?
– Жоқ па? Қайдан білейін. Өзің ғой…
– Мен сенімен жай ойнасам… неғылар екен деп.
Екі дос татуласқандай болып, бірауық құшақтасып тұрды да, есектерін талға байлап, өзенге суға түсті.
Ыслам әуелі көз жасын, бетін жуып жатыр. Үпаш тізесінен әзер асатын суға сүңгіп, жүзген болып жүріп, әлі де күлкісін баса алар емес.
Қайтадан есектеріне мініп, Ыслам алдына, Үпаш артына отырып қалың тұт ағаштарының арасымен ауылдарына беттеп келе жатқанда Үпаш күлегештеніп: – Сені тағы да қорқытайын ба? – дегені.
• Қорықпаймын – деді Ыслам мықтымсынып.
• Не айтсам да, қорықпайсың ба?
• Қорықпаймын.
• Ал ендеше дайындал.
• Дайынмын.
• Мына тұт ағаштарының арасынан дауысы гүрр-р етіп дию шыға келсе ше?
• Қорықпаймын. Диюыңды шалқасынан түсіремін.
Осы кезде қалың тұт ағашының арасынан бірдеңе қорс-қорс ете қалғаны.
Екі бала да елең ете қалды. Әрине, қаттырақ қорыққан тағы да Ыслам еді.
• Әне дию… Айттым ғой – деді Үпаш.
• Қане… Қайда?
• Ойбай-ау жүгіріп келе жатқан жоқ па? Үсті-басы жүн-жүн болып.
• Апа-а! – деді Ыслам аңырап қоя беріп.
Сөйткенше болмай екі шошқа бұлардың қабатынан шауып өткенде, астарындағы есек үркіп, екі бала бірдей жерге құшақтасқан күйлері жалп-жалп құлаған.
Бұл жолы Үпаштың өзі де жылап жіберуге сәл-ақ қалған. Өйткені шошқаларды көргенде оның өзінің де зәресі ұшты. Бірақ сыр бермеді.
Екеуі екі жақтап жүгіріп қашып кеткен есектерін мінген соң барып, екі батыр ентіктерін басып, естерін жиды-ау. Үпаш енді қайта қуланып: –Айттым ғой, айтқанымша болмай… деді.
• Бұлар дию емес, шошқалар ғой – деді Ыслам.
• Бәрібір емес пе? Диюі не, шошқасы не, екеуі аталас емес пе?
Енді екеуі де күлді. Көңілдері орнына түсіп, өзен бойлап келе жатқанда
Ыслам ойда жоқта бір әңгімені бастағаны.
• Үпаш-ш – деді ол досына қарай аз-кем бұрылып отырып. Дауысы
әлдене сұрап әлде өтінетіндей жұбау.
• Не?
• Екеуміз доспыз ғой.
• Әрине доспыз.
• Ендеше бірдеңе айтайын.
• Айт.
• Мен саған әлі ашылмаған су жаңа сурет салуға арналған түрлі қаламдарымды берейін… Сен айдаһар мен дию туралы әңгімеңе менің қорыққанымды ешкімге айтпайсың ба?
Үпаш бірден қуана келісті.
• Айтпаймын. Қалай айтамын… Дию дегенім шошқа болып шыққанда…
Мен өзім де…
• Ол да, біл дә деші…
• Ол да, білдә…
• Айтсам бүгінгі түннен шықпай қалайын деші…
• Егер айдаһардан Ысламның қалай қорыққанын біреуге айтсам,
бүгінгі түннен шықпай, ертеңгі түнге жетпей қалайын.
Үпаш та осы сөздерді саңқылдап айтып бола берген кезде, Ыслам оған оң қолын ұсынды да, Үпаш оң қолымен сарт ұрып, сосын ұзақ қысты.
• Уәде Құдайдың аты – деді Ыслам.
• Уәде Құдайдың аты – деді Үпаш та – Түрлі қаламдарыңды бүгін
әкеліп бересің.
• Кешке дейін әкелемін. Бірақ апама көрсетпеуім керек. Сен де оны
ешкімге көрсетпе, айтпа… Мал құлағы саңырау. Есіңде болсын… мен мұны достығымыздың нығая түсуі үшін жасап отырмын.
• Түсіндім. Сенен түрлі қаламды алғаннан кейін, біздің достығымыз одан әрі нығаяды деп ойлаймын.
Есектің үстінде отырып екі дос әуелі құшақтасып, соңынан сүйісті. Сүйісіп болған соң екеуі де алақандарымен ауыздарын сүртті. Өйткені бұл ауылда еркек балалардың бір-бірімен сүйісуі әдетте жоқ нәрсе еді.
Жоқ әдетті ойда жоқта бастаулары жақсылық па, әлде жамандық па, анығын әзірше өздері де білген жоқ.
Одан әрі ауылға жеткенше екеуі қосылып ән салумен болды. Талтоғандағы Ескімектептің тұсынан да тақырда асық ойнап жатқандарға қыр көрсетіп, әндетіп өтті. Ескікеңсеге де әндетіп жетіп, есектерінен түсіп жатты.
Әні-міні дегенше жазғы демалыстары да бітіп, оқушылар мектепке жиналған. Әр кластың балалары әскери шеруге шығатындай бөлек-бөлек қатарға тұрған. Мұғалімдері командирлер сияқты. Ауыздарында рас-с, два… Оңға-а, солға-а! Балалардың аяғы тепкен жерлерінің шаңын шығарып гүрс-с, гүрс-с… етеді. Ыслам мен Үпаш та мойнындағы галстуктері қып-қызыл болып, сол рас-с, два-а, гүрс-с, гүрс-с-тің ішінде жүрді.
Саптарын бұзбаған күйі әр кластың оқушылары өз кластарына кіріп жатты.
Төртінші кластың балалары түгел көңілді. Класс іші гу-гу-у, ду-ду-у… Әңгімеден аузы босап отырған біреуі жоқ. Бірін-бірі түртіп қашып, ойнап жүргендердің де сөзден аузы құр емес.
Ерөскен ағайлары кіріп келген кезде барып тынышталып, парталарының қақпағын сартылдатып орындарынан тұрды. Ағайлары да көңілді.
• Оңбағандар жақсы демалдыңдар ма? – деді ол жарқылдай сөйлеп.
• Жақсы демалдық – деп балалар бірден шу ете қалды.
Ағайларының «оңбағандар» деген сөзі арқаларынан қаққандай естілді.
• Үшінші кластағы кездеріңдегідей тәртіпсіздік жасамайсыңдар ма?
• Жасамаймыз ағай – дейді біреуі.
• Тәртіпсіздік дегенді ұмытқанбыз – дейді екіншісі.
• Ер жетіп, ес жиып қалдық қой – деді үшіншісі.
• Өзіңіз де ұрса бергенді азайтып – дей беріп Ыслам аузын бас қойды.
Сонымен дуылдасып, шуылдасып төртінші кластың оқушылары
сабақтарына кірісіп те кетті.
Бұл ауылға жылына бір рет қана кино келеді де, ол киноның өзі бүкіл колхоздың тойы сияқтанып өтеді. Өйткені ол киноға бас жақ, аяқ жақтың үлкен-кішісі түгел жиналады да, бала-шағалар асыр салып ойнаса, үлкендер бір-бірінен аман-саулық білісіп, абыр-дабыр әңгімелесіп жатады. Көпшіліктің осылай бас қосуын колхоз басқармасы да, мектеп оқытушылары да пайдаланып, көпшілікке айтар қандай да бір хабарламаларын айтып қалады. Сол жылына бір рет келетін кино жазда келсе, жаз бойғы, күзде келсе күз бойғы балалардың әңгімесі. Ол киноны ауыздарының суы құрып отырып талдайтын да балалар. Өткен жазда ауылға «Тарзан» көрсетілген. Сонда оны ана ауылда да, мына ауылда да балалар ұйлығысып отырып әңгімелеп қана қоймай, Тарзан болып ана талдан мына талға секіреміз деп аяғын сындырып, қолын шығарып алғандар да бар.
Сонан соң жыршылар келеді. Олар ас-ауқаты молдау үйге түсіп, бір түн, кейде екі түн соларды мақтап, сый-сияпат көріп, келесі колхозға аттанып кетеді.
Бірақ балалардың ол жыршылармен көп шаруасы болмайды. Балалардың жылына бір келіп кететін кинодан кейінгі кіруге, көруге әуестенер жері – дүкен.
Әсіресе аяқ жақта тұратын балалардың жолы болғандықтан, сабақтан соң сол дүкенге бір кіру әдетке айналған сияқты. Бірақ бұл балалардың ешқайсысы ештеңе сатып алмайды. Өйткені қалталарында ақша жоқ. Бұлардың мақсаттары Пейіздің дүкеніндегі жәшік толы неше түрлі кәмпиттерге, жәшік толы прәйніктерге ауыздарының суы құрып, қарау ғана. Сосын жол бойы тамсанып, сол кәмпиттер мен прәйніктер туралы таласып әңгімелейді.
Оқулары басталған бойда сол бұрынғы әдеттерімен төртінші кластың аяқ жақта тұратын балалары Пейіздің дүкеніне кірген. Біреуі ана кәмпитке, біреуі мына кәмпитке қарап ауыздарының суы құрыды. Пейіздің ауданнан қай жылы әкелгені белгісіз қатты прәйнігіне қадалып тұрған көздер де бар. Тіпті сол кәмпит, прәйніктердің мұрынды жыбырлатып жіберетін жағымды иісін айтсайшы.
Алары да, берері де жоқ балалар топырласып тұрған кезде, үстеріне ойда жоқта Сағымбайдың кіріп келгені. Бұғалтерлік қызметіне қар ери бере қолы жетпегенімен, қызғалдақтар шыққан кезде бұғалтерлер кеңсесінің бір столына ие болғанын балалар да білетін. Жапырласып ағаларының қолын алды. Сағымбай көңілді әрі қызу еді.
• Мына топырлаған неғылған балалар, Пеке? – деді дүкеншіге қарап.
• Прәйнік жегісі келген балалар да… Сатып алайын десе ақшалары жоқ.
• Мыналардың бәрі менің інілерім ғой, Пеке-ау… – деді Сағымбай
бұларға жағалай қарап.
• Әрине, сенің інілерің…
• Бәріне бір-бір прәйніктен беріңіз – деді Сағымбай жарқылдай сөйлеп.
Осылай деп өзі қалтасынан шытырлатып жаңа ақшалар шығарып жатты
да. Пейіз балаларға бір-бірден прәйнік үлестірді.
Балаларда қуаныштан ес жоқ, рахмет айту тағы жоқ. Сыртқа қарай тұра-тұра ұмтылды. Сабырсыз біреулері әлгі прәйнікті ауыздарына сала бере тоқталып қалған. Өйткені Пейіздің прәйнігі дүкенде қанша жыл жатқандықтан тастай қатты еді. Бұл ауылда Пейіздің прәйнігін жеймін деп тісі сынған балалар да бар. Соны білетін әккі балалар бірден тас іздеді. Сонда таспен ұрғанда да әлгі прәйніктер әзер сынып жатты-ау. Содан ана баланың ауызы да бұлтың-бұлтың, мына баланың ауызы да бұлтың-бұлтың…
Прәйнікті таспен ұрып сындырғанда жерде қалған қыйқымдарды теріп жеудің өзі бір бақыт еді, және ол қыйқымдардың дәмін айтсайшы… Прәйніктерін жеп болғанша балалар өзді-өзі әлектеніп жатты да, прәйнік желініп болған соң, ал кеп Сағымбайды жарысып мақта… Оны колхоз басқармасынан да асырып жіберді. Колхоз басқармасы не, тәйірі кейбір балалардың мектеп директорынан да асырғанын қайтерсің… Бұрын бұл балалар бұл елде мектеп директорлығынан асатын мәртебелі қызмет бар деп ойламайтын да… Сөйтсе-е… мектеп директорынан асып кететін қызмет те бар болып шықты. Оның аты – жомарттық екен…

Қарашаның екінші жартысында Ерөскен класта сабақ өтіп тұрып, бір көңілденген сәтінде: – Әй, оңбағандар, сендерге бір құпия жаңалық айтсам, ешкімге айтып қоймайсыңдар ма? – деді қуақылана күліп.
• Айтпаймыз, ағай.
• Ағай аузымызға құлып саламыз.
• Ағай, құпияңызды жұртқа жайсақ, Құдай бізді… дей беріп, біреуі
ыңқылдап қалды.
• Ендеше сендерге айтайын – деді мұғалім сондай бір дархан көңілмен.
Келер жылы біздің мектеп Қосүйеңкі деген жерге көшеді. Он жылдық болады. Балалар ду-у еткізіп қол шапалақтап жіберді.
• Ал енді қол шапалақтап отырсыңдар ғой, қуанып. Бірақ сол мектептің
кесегін құятын өздерің боласыңдар.
Балалар тағы да қол шапалақтады. Дауыстап жатқандары да бар.
• Құямыз, ағай…
• Кесек құюға қазір де дайынбыз.
• Ағай Қосүйеңкіде пойыз жүре ме? – деген Ысламның дауысы естілді.
• Немене, пойыз жүрсе, сол пойызбен Үпаш екеуің мініп алып,
қашайын деп пе едіңдер?
Енді Ерөскеннің дауысы қатайды.
• Оңбағандар, кесек құюдан бас тартып, жылтыңдап қашып, яки өтірік
ауыратын болсаңдар бар ма… пойызға өз қолыммен мінгізіп Магаданға жер аудартып жіберемін…
• Ағай, колхозымыз да көше ме? – деді Өтепберген.
• Мәселе колхоздың көшетіндігі себебінен шығып тұрған жоқ па? –
деді оқушыларының бірінің есті сұрақ қойғанына да көңілі толып.
• Біздің колхозға ауданнан электр желісін тарту өте қымбатқа түседі.
Жол салу да солай. Сондықтан аудандық партия комитетінің бюросы осындай шешім қабылдады. Ал енді сабағымызға көшейік – деп Ерөскен класс журналын аша бастаған.
Мұндай үлкен әңгіме іштеріне қалай сыйсын. Сол күні төртінші кластың оқушылары мектептен шығысымен-ақ ауыздары жыбырлап, жол-жөнекей басқа класта оқитын аға-інілеріне болатын жаңалықты айтып, үйлеріне жеткен соң, кітап-дәптер салынған қалталарын лақтырып тастап, бұйырған көже-быламықтарын ішіп алған соң, тағы да тып-тыныш отыра алмай, әжелері мен аталарына, әкелері мен шешелеріне баяндап жатты.
Не керек сол түні-ақ Ерөскен ағайлары құпиялап айтқан әңгімені ауыл түгел біліп, ауыздары жыпылдап өзара талқылап, талдап барып, төсектеріне қисайғандар бар.
Ертеңіне ағайлары бірінші сабаққа ашуланып кірді. Сосын өзіне құрмет есебінде түгел орындарынан тұрған балаларға жағалай қарап тұрып: – Әй оңбағандар-ай, сендердің осындай оңбағандар екендеріңді әуелден-ақ біліп едім – деді шаршау үнмен. Кешегі құпия сырды таң атқанша ауылды жағалап жүріп айтып шығыпсыңдар ғой. Оңбағандар-ау, тілі жаңа шыққан балалар да тақылдап сол әңгімені айтып отыр ғой. Оңбағандар-ау, осы әңгімені мал жайып жүрген Қалтаққа дейін естіпті ғой.
Класс іші үнсіз. Сөйлемек түгілі бірде-біреуі тысыр еткізіп қозғалмады да.
• Өзімнің де обалым жоқ. Осы сендердің берекесіздіктеріңнен аузым
пісетіндей де болды ғой. Ал менің аузым піспей-ақ қойды… Оңбағандар-ау сендерге аудандық партия комитеті бюросының әлі газетке шықпаған, жарияланбаған шешімін айттым ғой, құпиялап. Бюроның құпиясын айқайлатып, айғақтағаным үшін мені Магаданға жер аударып жіберсе қайтесіңдер?
Кластағылар бірауық тағы да тым-тырыс. Сосын барып:
• Соңыңыздан барамыз – деді Нұрлыбай аяғымен еденді бір теуіп
алып.
• Біз де барамыз – деді Үпаш пен Ыслам қабаттасып.
Ерөскен балаларды түгендегендей жан-жағына қарап тұрып: — Соңымнан
үш-ақ бала баратын болғаны ма, мен жер ауып, жер түбіне кеткенімде – деді. Осы сәтте «барамыз», «барамыз» деген дауыстар кластың әр жерінен шығып жатты.
• Ал барарсыңдар бәрің де… Сонда маған Ынтымақтың қатқан құрты
мен қатқан ірімшігінен өзге не апарасыңдар? Осыны ойладыңдар ма? Әрине, мұны ойлаған біреуіңде жоқ.
Кластағылар тағы да тым тырыс отырып қалды. Расында да «ағайымызды Магаданға жер аударып жіберіп, соңынан бара қалсақ, қалта-құлтаға не салып аламыз» дегенді ешқайсысы ойланып үлгерген жоқ еді. Ерөскен балаларды әбден «жеңіп» болғандығына көзі жеткендей, енді ғана класс журналын аша бастады.

Көп ұзамай бұл өңірге тағы да қыс келді. Бірнеше күн, бірнеше түн толассыз жауған қардың қалыңдығы тізеден асты. Әр ауылдың ересектері тағы да үй-үйдің арасына. Үй мен мал қора, отын қоралардың арасына жол салумен әлек болып, ертелі кеш қар арасынан бастары қылтыңдап, күйтіңдеп жүрді де; мектеп оқушылары әр ауылдың мектепке дейінгі жолдарды өздері салды.
Майданнан аман келгендердің ескірген шинелін, галипе шалбарын әкелерінің саптама етіктерін кигендер алға түсті де, қонышты, қонышсыз бәтіңке кигендер, жаз, күзден қалған топлилерін далбай еткендер олардың соңынан жүрді. Көп балалар бірінің соңынан бірі тізіліп, мектепке бір барып қайтқанда-ақ іздік жол түсті де, одан әрі дүкенге қатынайтындар да, кеңседе жұмыс істейтіндер де, бас жақтың адамдары да, аяқ жақтың адамдары да сол жолмен жүретін болды.
Қар да ештеңе емес екен; қар соңын ала шығыс жақтан бет қаратпайтын алапат үскірік тұрдыда, бұл ауылдың жүргіншілерін біржола ықтырып тастады. Өйткені ол үскірікке қарсы жүру мүмкін емес-ті. Сонда сол үскірікке қарсы осы ауылдың оқушы балалары жүретін. Жүрмеске амалдары да жоқ-ты. Ескі шинель, күпәйкелерінің тер мен кір сіңген болмашы жағаларын көтеріп алған боп, бірінің соңынан бірі қаздай тізіліп ертемен мектепке барамын деп бірлі жарым беті, құлағы үсіп, сабақтан қалып жүргендер де бар. Бірақ негізгі топ тоқтамайды. Мектептен қайтарда ғана үскірік арқадан болып абыржымай, мамыражай қайтады. Қайта жел арқаларынан итеріп, демеп кететіндей де кездері бар.
Сонда топ балалардың желдің алдына түсіп, емпеңдеп келе жатып жол жөнекей әңгімелері не деңіз… Алдағы көктем, одан арғы жаз туралы. Көш туралы. Сосын Қосүйеңкіге барып, он жылдық мектептің қабырғасын тұрғызу үшін жаппай кесек құю туралы…
Балалардың кішкентай кеуделерінде, әйтеуір қар басқан ауылдан ұзап шығып, өзге жерді, өзге ауылдарды көру, өздеріне, өзгелерге игілік жасау жайлы үлкен мақсат, таусылмайтын арман бар еді…
Бұл кезде ауданмен арадағы байланыс тағы да үзілген. Рацияның тілін білетін жалғыз Пәзілбек бір кісі әзер көтеретін аппараттың бұрандасын ұзақ бұрап: «Эрфви кратка… эрфви кратка… Один, два, три, четыре, пять… пять, четыре, три, два, одинін қайта-қайта қақсап айтып, аудан орталығымен байланысуға әрекеттенген екен, ол жақтан сөйлескен адам тағы да «Ынтымақ» ауылының тірілігін сұрапты. Сосын аудан басшыларының шешімімен «Қазақстанның 30 жылдығы» атындағы, «Талдысу» колхоздарының дүкеніне ұшақпен мол азық-түлік жіберілгелі жатқанын айтыпты. Пәзілбек дауысы ғана есітіліп тұрған әлгі кісіге қарай мойнын созып: — Тағы не жібермексіздер? – деп сұраған екен, әлгі рациясы түспегір тағы үзіліп кетіпті де, қайтып байланыса алмай қалыпты.
Арада екі күн өткенде айтқан ұшағы шынымен Пейіздің дүкенінің жанына қонып, екі-үш адам көп жәшік, көп қапты, тағы да біраз буыншақ-түйіншектерді түсіріпті де, көрші «Талдысу» колхозына ұшып кетіпті.
Өзеннің бас жақ, аяқ жағын қосқанда бірде-бір бала ұшақ қонған кезде оның жанына жете алмай, анықтап көре алмай арманда қалды. Бірақ ұшақтың көкте қалықтап, дырылдап ұшып бара жатқанын көрудің өзі ауылдарда да, мектепке баратын жолда да, сабақтан үзіліске шыққан кездері де неше күндік қызу әңгіме болды десеңізші.
Ұшақ қалықтап бара жатқанда төбелердің басында, тамдардың төбесінде, өзеннің жағасында тұрып сол ұшаққа қол бұлғап, айқайлап, ескі құлақшындарын оған қарай лақтырған балалар да болыпты. Рас айтса, бір бала жермен жүгіріп-ақ сол ұшаққа жете жаздап қалған екен, бірақ бұл айтушыға ауылдағы үлкен-кішілердің бірі сенсе де, бірі сенбей басын шайқапты. Шынтуайтына келгенде тіпті ешкімде сенбегенге ұқсайды. Бірақ тағы бір төртінші кластың айтқанынан қайтпайтын Жетен деген атышулы атаманы «айтқаныңның бірде біріне сенбейміз» дегендердің де соңынан қалмай, түкірігі шашырап, екілене сөйлеп, мектептегі, мектепке әлі бармаған балаларға өзінің ұшақпен жарысқанын әлдекүнге дейін дәлелдеумен әлек болыпты. Сонда Жетеннен қатты қорқатын бірді-екілі балалар «Сенің ұшақпен жарысқаныңды көргеніміз рас. Сен тіпті ұшақтан озып, жеткізбей бара жаттың емес пе?» деп құтылыпты. Бірақ осы суылдақ сөзге Жетеннің өзі де сенер-сенбесін білмей, бірауық меңірейіп отырыпты да: «Қайдан білейін. Озсам озып та кеткен шығармын-ау, әйтеуір өкпем өшкенше жүгіре бердім, жүгіре бердім…» деген екен.
Кейде бұл ауылда қыс айларында ақ түтек боран да соғады. Сондайда бұл ауылдың балаларының мектепке бара жатқанда, мектептен қайтып келе жатқанда айырылып әлде көз жазып қалмас үшін бір-бірінің етегінен ұстап жүретіні де бар.
Осындай сыртта ақтүтек боран ұлып тұрған бір күні класта Ерөскен ағайлары қара тақтаға ақ бормен қайдағы бір есептерді тізілтіп жазып жатқан сәтте Нұрлыбай аяғындағы саптама етікпен еденді бір теуіп:
• Ағай, Қосүйеңкіге барып қашан кесек құямыз – дегені бар емес пе?
Үпаш пен Ыслам да оны қостаған болды да, өзге балалар күлді. Сонда Ерөскен қара тақтаға жазып жатқан көп есебін тоқтатып, бор ұстаған қолын көтеріп Нұрлыбайдың жанына келген.
• Әй, оңбаған тым болмаса, мына боран басылған соң айтсаң да
айналайын екен ғой, шыдасайшы.
• Қашанғы шыдаймыз… Жыл сайын есеп шығару. Жыл сайын ана тілін жаттау…
Сабақ оқудан жалыққан өзге балалар да Қосүйеңкіге тезірек барып кесек
құйғылары келетінін айтып, жамырасқан кезде, мұғалім: — Ендеше қарлы, боранды қыстың бәрін қысқартып, дүниенің бәрін жаз етіп жіберіңіз – деп Құдайдың атына арыз жазыңдар.
• Жазамыз…
• Қазір жазамыз.
• Ол кісінің әдірісі-і…
Класта кәдімгідей қалам-қағазын оңтайлаған балалар да болды. Осы
сәтте оқыс бірдеңе ойына түскендей, Ерөскеннің түсі бұзылып кетті.
• Әй, оңбағандар, «ағайымыз құдайшыл, бізге Құдайдың атына арыз жаздырған» деп, мені масқара етпейсіңдер ме? Онда мен Магаданнан бір-ақ шығамын. Мұны білесіңдер ме?
• Білеміз.
• Сіздің үстіңізден арыз жазбаймыз ағай…
Оқушылар осылай шуласқан соң барып, Ерөскен қара тақтадағы есеп-
терін жалғастырып жаза бастады.
Ақыры көктем де шықты-ау. Көктемің не, тәйірі… Жадыраған жаз да келді.
Оқу жылының соңғы күні төртінші класс оқушыларына жылдық қорытындыны есіттіріп, бәрінің де бесінші класқа өткендігін баян етіп болған соң, Ерөскен онсыз да қуанышты балалардың көңілін одан сайын елеуреткендей тағы бір хабарлама жасады.
• Келер дүйсенбіде таңертең жаман киімдеріңді киіп, бір күндік
азықтарыңды алып, мектепке келесіңдер. Колхоздың машинасымен жоғарғы кластың ер балалары Қосүйеңкіге жаңа мектеп салуға аттанамыз. Қыз балалар бұл жұмыстан босатылады.
Ағайлары осылай деген кезде ер балалар түгел дүркіретіп қол ұрып та жіберген еді. Қыз балалар да оларды қостаған болды.
• Немене кесек құюға асығып отырсыңдар ма? – деді Ерөскен ағайлары.
• Асығып отырмыз, ағай.
• Бара сала, машинадан түсе сала кірісеміз.
• Сонда күніге қанша кесектен құймақсыңдар? -деді Ерөскен ағайлары.
• Бес жүзден құямыз.
• Мыңнан құямыз.
• Оңбағандар осы уәделеріңде тұрмасаңдар, бәріңді Магаданға айдатып
жіберемін.
• Уәдемізде тұрамыз.
• Жаңа мектепті бітірмей ауылға қайтпаймыз.
Дегенмен, балалар бір нәрсеге түсінбеді. Ол – ағайларының ескі киім туралы айтқаны еді. Бұл балаларда ескі киім дейтін болмайтын. Жаңа киім деген де атымен жоқ. Мектепке не киіп жүрсе, бар киімдері сол болатын.
Дүйсенбіде жоғарғы кластың ер балалары мектеп жанына жиналып, колхоздың жалғыз машинасының үстіне жайғасып жатты. Бұларды жұмыс кезінде де басқаратын Ерөскен ағай екен. Ол кісі кабинаға отырған бойда, машина қозғалып кетті де, қуаныштан танаулары делдиіп кеткен оқушылар бірден «Комсомолдар жырына» басты.
Кесек құю қарқынды басталды. Мың кесекті ешқайсысы құя алмағанымен, жетінші кластың кейбір балалары бес жүзден асырып тұрды да, бесінші-алтыншы кластың оқушылары үш жүз-төрт жүз кесекке ғана қауқарлары жетті.
Көптің аты көп емес пе, аз күнде болашақ мектептің жанындағы тақыр жердің бәрі жыбырлаған кесектерге толып кетті де, мектеп қабырғасы тез көтеріліп, ұсталар есік, терезе жасап үлгіре алмай, қарбаласып жатты. Мектептің сылағы мен әктеуін де балалардың өздері атқарды да, ұсталар енді еденді қағып, сырлап үлгіре алмай әлекке түсті.
Ақыры қыркүйек айының бірінде іші-сырты ақталған су жаңа мектептің ашылу салтанаты өтті-ау. Мойнына қызыл галстук байлаған балалар класс-класс болып сапқа тұрды. Жаңа мектепке жаңа директор, жаңа мұғалімдер келген екен. Балалар мойындарын созып, соларға қарады. Бүкіл ауданды басқаратын аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы деген тағы бір адам болады екен. Балалар бұрылып ол кісіге де қарады. Аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы мектептің ашылу салтанатында сөйлеген сөзінде «Осы мектептің ашылуына аса мол үлестерін қосқан осы мектептің жоғарғы класс оқушыларына көп-көп рахмет!» деген кезде балалардың кеудесін көкке қарай алып ұшқан қуанышты сезіммен бірге «Өзімізге де, өзгелерге де игілік жасаймыз. Ауылымызды алға сүйрейміз» деген ұлы армандарының алғашқы белесінен өткендей, алапат мақтаныштары да болды.
Көпшілігінің әлі кімнің үйінде жатып оқитындығы, қыста не киетіні де белгісіз балалардың қазіргі тұрысында өздерінің де, шыққан отбасыларының да жұпынылығын аңдау қиын, бәрі бір-бір генералдың балаларындай!
Жаңа мектептің осылай алғашқы қоңырауы да соғылды.
Мектептен соң колхоз басқармасының кеңсесі де, дүкен де көшіп, ауылдың егінмен айналысатындары Сыр бойына, өзгелері Қосүйеңкіге күндіз-түні көшіп жатты.
Колхоздың жалғыз машинасы күндіз Сырға қарай домалап бара жатса, кешкісін тауға қарай қайта өрмелеп келе жатқаны… Машина кейде екі үйді, кейде үш үйді бірақ көшіреді. Ал бір кебеже, бір сандықтан өзге мүлкі жоқ үйлердің төрт-бесеуін бірақ артып, үй иелері мен бала-шағаларын қарғадай қонақтатып, соңынан шаңын шұбалтып кете баратыны бар.
Кезекті төрт-бес үй бірақ көшуге әзірленіп, жүктер тиеліп, енді әйелдер мен бала-шағалар мәшинеге мінгелі тұрғанда Жалғасбек деген жұдырықтай қара шал бес үйдің әлі мектепке де бармаған оншақты қара домалақ балаларына: – Мына жердің топырағын маңдайларыңа жағыңдар – дегені. Шалдың өзі бастап, аяғының астындағы жердің ақ топырағын маңдайына жаққан соң, әйелдер де жаға бастады. Шешелеріне қарап тұрып, әлгі қара домалақ балалар да беттерін, маңдайларын топырақпен майлады. Сосын тырмысып бәрі де машинаның үстіне өрмелеп бара жатты. Өз бетінше өрмелей алмағандарын жанындағылар қолтығынан демеді, аяқтарынан көтерді.
Балалар машинаның үстіне түгел жайғасып болған соң, бір-біріне қарап әуелі таңданысқандай күйде отырды. Сонан соң күлді. Күлген себептері – жаққан топырақтары ыстық күндегі термен араласып жүздері айбақ-сайбақ, күлкілі кейіпте еді. Таңданғандары – сол айбақ-сайбақ беттердің өзі сондай сүйкімді болып кеткендіктен; туған жердің топырағының өзі адамдарға осынша сүйкімділік пен мейірім сыйлай алатынын алғаш аңдауларынан еді.
Машина қозғалған кезде Жалғасбек шал пырс-пырс жылады. Әйелдер де аталарына ерген болып, жаулықтарының ұшымен көздерін сүрткіштеп отырды.
Балалар ғана аң-таң. Олар жылай алған жоқ. Жылауға себеп те таппады. Олар үшін мына көшулері – ерекше қуанышты оқиға ғана еді.
Машина жол бойын шаңға шұбалтып, жүйткіген күйі Шырағданның биігіне де шыққан кезде Жалғасбек шал кемсеңдеген дауысымен бұларға тағы да: – Бұрылып атақонысқа қараңдар! – деп айқай салғаны. Алдымен әйелдер жалт-жалт бұрылысып жатты. Балалар ересектерге еріп қана жүздерін бұрды.
Төбелерін жапқан ағаштары сыпырылып, есік терезелері алынып, кәрі шалдың тісіндей опырайған тамдардың сұлбалары алыстан да жұпыны, жермен-жексен болып көрініп тұрған-ды.
Жалғасбекке еріп, әйелдер тағы да сықсыңдап жылады. Балалар тағы да жылай алған жоқ. Ересектерге еріп ескі жұртқа сәбилік жүдеу көңілмен жапақтай қарағандарымен, тау арасындағы осы бір қиыр мекенді әрқайсысы да әлі талай еске аларын, сағынып елестетінін, сан рет іздеп те келерін олар әзірге білген жоқ. Сондықтан ересектердің жылауларындағы сыр мен мұң да сәби жүректерге бар болғаны құпиясы көп жұмбақ қана еді.

Пікір қалдыру